РАҚЫМСЫЗ ЖЫЛДАР ХИКАЯСЫ

Смағұл  ЕЛУБАЕВ

Қолымызға белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыштың «Махаббатпен арашалау» атты әңгімелер, хикаяттар жинағы түсті. Осы жинақтағы «Рақымсыз көктем» атты хикаяттың біз үшін орны бөлек болды. Хикаят жазушының Шығыс Қазақстандағы «Маңырақ» атты өз туған ауылы 30-шы жылдары бастан кешкен жаһаннам туралы екен. Қазақ халқына Сталин, Голощекин орнатқан дозақтан аман-сау қалған қазақ жері жоқ екен. Голощекин сұрқия саясат жүргізіпті. Қазақты қазақтың қолымен қан қақсатыпты. Қарап жатқан елге құтырған иттей тиген қолында қызыл мандаты бар өзге ұлт өкілдері емес, қазақтың шаласауатты надан жастары болыпты. Қызыл саясаттың көпірме сөзін Құрандай жаттап алып сол жандайшап жәркөлештер ауылға Ұжмақты бір күнде орнатамыз деп ойына келгенін істеп ойран салыпты. Шаш ал десе бас алыпты. Қойдай қоңыр халықтың шаңырағын ортасына түсіріпті. Отта тұрған қазанын төңкеріп етін өкіметке өткеріпті. Сонда бір сұрақ туындайды. Ол найсаптар үшін орталықта отырған анау қызыл бастықтарының бұйрығы қынадай қырылған мына өз халықтың обалынан артық болғаны ма деген?! Бұлар неге өз халқына қасқырдай шапты? Бұлар неге халықтың қарғысы мен көз жасынан қорықпаған? Бұлар неге өз халқына өзі жаудан жаман шүйліккен?! Бұлар неге қолына кішкентай билік тиіп еді, халықты қынадай қырып салды? Бүгінде бізді осы сауалдар мазалайды.
Сондай бір әпербақанның бірі «Маңырақ» ауылына да жетеді екпіні қара дауылдай боп. Аты – Әлімбай. 32-нің ашаршылығын бастан кешкен ауыл бұ кезде бас сауғалап біртін-біртін шекара асып қашып жатқан. Өкіл мақсаты – осы «откочевканы» тоқтату. 32-нің алдында осы әлімбайлар ауылды туталапай тонап тігерге тұяқ қалдырмай, түйір дән қалдырмай жылан жалағандай қылған. «Маңырақ» ауылында маңырайтын мал қалмаған. Тіске басар нан қалмаған. Енді міне бұл өлкеге елсіз қалу қаупі төнген. Яғни, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кете бастаған. Еті тірі ел азаматтары жақын-жуықтарын алып баяғыда Қытай асқан. Енді бұл ауылда қалған Қытайға қашуға қауқарсыз кемпір-шал, қатын-бала-шағаны жинап алып ауданнан келген әпербақан Әлімбайдың айтып тұрған сөзі:
«Так, жолдастар! Мені өкімет мұнда не үшін жіберіп отыр? Жаңағыдай керібаққан сөздерді тыйып тастау үшін, халықтың Қытайға қашуын тоқтату үшін! Маған аудан не істесең де қолыңнан қақпаймыз деген право берді! Ал, қайтесің?! Тіптен контрларды менің атып тастауыма да болады!! – деп қойынынан әлденені суырып алды. Онысы стволы жалт-жұлт еткен тапанша екен. – Былайша айтқанда, сендердің тағдырларың менің қолымда! Осы жерде менің айтқаным болады!» Оылай деп зірк-зірк етті шолақ белсенді.
Ауылда өтіп жатқан осы жиын үстіне бір топ атты қарулы әскер сау ете түседі. Жақын жердегі шекарадан шыққан қызыл жағалылар екен. Түстері суық. Қандарын ішіне тартып алған. Келді де әй-шәйға қаратпай мылтықтарын шошаңдатып жиында отырған жұртты қыранжапқандай шулатып алдарына салып айдап шықты ауылдан. Қылыштарын жарқылдатып өңшең ашқұрсақ өлмелі топты ат алдына салды. Өкімет өкілі Әлімбайды да адам құрлы көрген жоқ. Оның көрсеткен мандаты да оларға шыбын шаққан құрлы әсер етпеді. «Мына басмашыларды жинап алып Қытайға қашуға үгіттеп жатқан нағыз контр сенсің!» деп бет бақтырмады көк көз командир. Әлімбайдың ұққаны бір Лужков деген шекарашыны кеше осы маңда осы ауыл басмашылары өлтіріпті. Сондан отряд бұл басмашы ауылды түгел тергеуге алып бармақ. Жұрт у-шу. Түк түсінбейді. Түк ұқпайды. Қайдағы басмашы? Қайдағы тергеу? Бірақ, көк көз командир таскерең. Ешкімді тыңдамайды. Қаһарлы. Қамшы сілтеп қойдай топырлатып айдап келеді. Құлағандарын жатқан жерінде жалғыз оқпен жер жастандыра салады. Бір қыр асқаннан кейін ауыл адамдарын топырлатып қатар-қатар тұрғызды. Анадай жерге барып сап түзеп тұрған солдаттар командир бұйрығымен бесатарларын көтеріп алды. Қатын-қалаш боздап қоя берді. Командирдің шолақ бұйрығы шаңқ етті. Кезенген қарулар бұрқ-бұрқ түтін құсты. Онсыз да қулағалы тұрған байғұстар баудай түсті. Ішінде өкімет адамы Әлімбай да кетті. Солдаттар командир бұйрығымен оқ тиіп жайрап жатқан жұртты мылтық дүмімен түйгіштеп өлі-тірілерін тексеріп шықты.
Ал, ауылда қалған балалар болса жетім қозыдай шуылдап көшеде жүр.
Өз ауылы Маңырақта болған осынау жантүршігерлік оқиғаны жазушы Нұрдәулет Ақыш қаламына Құдай берген талантының арқасында тайға таңба басқандай мөлдіретіп жазып шығыпты. Оқырман ретінде осынау өмірде болған тарихты тірілткен қаламгерге разы болдық. Хикаят тек ғана көркем шығарма емес, қанқұйлы жылдары қазақ бастан кешкен шынайы шындық болғандықтан шыбын жаныңды сыздатады. Қазақты малдан да жаман қор қылған отаршыл жүйеге деген қарғысың қарс айырады көкіректі. Көзге жас үйіреді. Өйткені, қаламгер Ақыш ешнәрсені қиялдан құрастырмаған. Өз ауылы бастан кешкен қасіретті қағазға түсірген. Сол арқылы күллі қазақты күңіренткен тарихты қайта тірілткен. Өз ауылы ғана емес мұқым халық бастан кешкен апатқа айналып соққан. 4 миллион қазақ сүйегі жинаусыз қалған аты өшкір апат шындығын көтерген. Әлі айтылып-жазылып түгенделіп болмаған теңіздей түпсіз қасірет-қайғының қақпағын ашқан. Сол жылдары Ұлы Дала ұл-қыздарының көз жасы тамбаған топырақ жоқ. Сүйегі шашылып жинаусыз қалмаған сай-сала жоқ. Ашаршылықты бастан кешпеген ауыл жоқ. Қазақ қаламгерлерінің бәрі дерлік сол ауыл төлдері. Ендеше, ең болмағанда өз ауылымыз бастан кешкен сол сұрапыл жылдар сырын суыртпақтап неге жинамасқа?! Үлкендерді сөйлетсек үйдей мәлімет аларымыз хақ. Сонда бізге жоқтаусыз кеткен аруақ риза болмас па еді?! Жер жастанған сол ұрпақтың жоқтаусыз кететіндей не жазығы бар еді?! Бүгінде қазақта мыңға жуық қаламгер бар. Солар бірауық өз ауылдарының тарихына үңілсер болса ата-бабалары бастан кешкен сол сойқан сұмдықтар сұлбасын көрер еді!! Әрбір ауыл тарихындағы сол бір сойқан деректер қағазға түссе сол бір сұрапыл жылдары Ұлы Дала бастан кешкен ұлы нәубеттің сорақы бейнесі бүтінделіп қалмас па еді?! Жазықсыздан-жазықсыз жапа шегіп, сүйектері сай-салада қалып, ажалынан бұрын өлген сол ата-бабалар үні мен зары қағазға түссе алдағы ұрпақ үшін ұмытылмас мұра болмас па еді?!
Бүгінде осы тақырып қақпағын ашқан қазақ қаламгерлерінің саны, өкінішке орай, оншақты ғана екен. Мыңға жуық қаламгерлеріміздің ішінен оншақтысы ғана 4 млн шейіт сүйегіне топырақ салуға жарапты. Өз еліңнің сөзін айт деп өзегіне Тәңірі талант дарытқан қаламгердің бірі – Нұрдәулет Ақыш. Өз ауылы бастан кешкен «Рақымыз көктемді» жазып ол өз елі алдындағы бір үлкен қаламгерлік парызын өтепті.

Пікір қалдыру