Асығып-үсігіп, өрістен қайтқан Дедей үйге кірген бойы қара ноқатын «тырс» еткізіп басып қалып, теледидарды қосып кеп жіберді. Қайнауы жақын самаурындай ысылдай-пысылдай жөнелген, бұрышта тұрған қара жәшігі бір кезде «көзін» бағжаң-бағжаң еткізіп, ашып-жұма бергені сол еді, ар жағынан бір қора адам шулап қоя берсін. Бірі алып, бірі сатып жүрген базардың қызған шағындағыдай көп кісінің өлермен даусы бірінен-бірі асып түсіп жанталасып жатыр. Айғай-сүреңі одан да басымдау естіле ме, қайдам.
Қазір әркім өз шаруасымен әуре. Біреуге-біреу қарайлап жүруші ме еді? «Дедей сиырын өріске айдап келген соң кірісерміз» деп кім аспанға қарап отырады. Мерзімді уақытында ойынды бастап кеп жіберген ойыншылар қызыл танау болып, аяғымен де, басымен де, тіпті қарнымен де пергілеп, жалғыз доптың «әкесін танытып» еңіретіп қуып жүр.
О, тоба! Жалғыз допты аласұра қуған тобырға дем беріп, айналасындағы көп қауым еліріп, түлкі көрген аңшыдай қиқуын салып, бір отырып, бір тұрып өлетін түрі бар. Мына Дедейің де сондай өлерменнің бірі екен. Көзі теледидарға қадала тесірейген күйі көлденең жатқан көрпешені төрт бүктеп, мықшиып отыра кетті. Аяғының шуашы сасып, іште доп теуіп жүргендерге қосыла кететіндей ентелеп қояды. Қозғалақтап онсыз да мақтасы шыққан көрпешені мылжа-мылжа етіп масқарасын шығарды.
Құмарлық дегенді қойсаңызшы! Бір кезде өзінен-өзі:
О, футбол, футбол!
Ойынның бұл төресі, – деп өлеңдете дауыстап жіберді. Осы кезде ішке енген құрдасы Томпи:
Үйді көшіріп жатқан бір өзің екенсің ғой, – деп сөйлей кірді де: «Қайқайта теп! Ойбай-ай!» деген Дедейдің оқыс даусына тоқталып қалды да, бұл сөздің өзіне арналмағанын байқап, мыж-мыж көрпешенің екінші шетіне жайғаса берді.
Келдің-ау, кеттің-ау деп отырған Дедей жоқ. Жетекшінің жетегінде жүргендей орнында отырып-ақ, қосыла шауып, барылдап отыр.
Туу, осылай да ойнай ма екен? Қатты келген допты әуелі кеудемен тосып алып, төмен қарай сырғи бергенде оң аяқтың алқымымен пермейсің бе? Әй, саған айтам, тоғызыншы номер, – деп күйіп-пісіп, қолын шошайтып орнынан қарғып тұрды. – Өзің шашың жалбырап, Роналду боламын деп жүрсің бе? Ондай болу саған қайда?! Дедей әлгіге «ұрсып-ұрсып» орнына – қайта жайғасты. Көзі іштегілерді ішіп-жеп, аузы жыбырлап, иегі шошаң-шошаң етеді. Перісінің буып отырғанын байқаған Томпи әрі қарай аңысын аңдап, бір көзімен доп тепкіштерге, бір көзімен Дедейге қарап отыр. Көп ұзамай-ақ, құрдасының жыны қайта қозып берді.
Туу, осылай да ойнай ма екен? Әуелеп келген допты төбеңмен «тоқ» еткізгенше, маңдайыңмен жерге қатты ұрсайшы. Ұшу бұрышын есептемейсің бе? Қиып ұрсаң қақпашының бұтының арасынан торға топ ете қалатын еді… Қап! Өзің оныншы нөмірлі мәйкіні киіп алып, болар емессің. Өліп кетсең де Пеле де, Марадона да бола алмайсың. Дедей бұл жолы «заочный» сабағын отырып-ақ айтып тастады.
Мына қақпашы да оңбайды. Біреудің аяғының астындағы допқа басын тосып құлағанын қарашы! Оп-оңай жарақат алады. Мұндай допты Ордабаев секілді жұдырықпен айып алаңының сыртына, қашыққа ұрмайсың ба? Ондай болу қайда саған!
Томпи да аңғарып отыр. Дедейдің ескертпелері ақ мәйкілі ойыншыларға арналып, зығырданы қайнап жатқан секілді.
Туу, мына иттің қылығын-ай! Аңыратып келіп, аспанның тесігін дәлелдегенін қарашы. Қақпа ана жақта ғой, албасты-ау, – деп санын сарт еткізді. – Өзінің қисық тепкенін біреуден көріп, ақталып жүр, – деп күйіп пісті.
Қайсысы? – деді үнсіз отыруды жөн санамаған Томпи да кәнігі шабандоздай жанамалап келіп қосылып. Мұны енді аңғарған Дедей таңдана қарап:
Ассалаумағалейкум! Жақсы келдің, – деп амандасқанын да, қуанғанын да екі ауыз сөзге сиғызып, қысқа қайырды. Өзінің тары қорып, сақпан атқандай борша-боршасы шығыпты. Сөйтті де жүзін әрі аударып: – Пас, пас. Көлденең берме! Шабуылшының алдына таста… Пас. Туу, осылай да ойнай ма екен? Аяқпен тепкенмен, баспен ойнау керек футболды. Басты істету керек. Әлі соны білмейсің бе?
Күйзеле бермесеңші, ауырып қаларсың…– деді Томпи құрдасына өзінше «пас» тастап.
Қалай жаның ауырмайды?! Осылай да ойнай ма екен? – деді Дедей
мұның қисық сөзіне мән бермей. Томпи тағы да қарап отырмай: – Ана екі балаң жүрген жоқ па, бәдігін сапырып. Біреуін осы доп тебуге бермейсің бе? Босқа қылышыңмен боқ шаба бергенше…
Олардан өзім дұрыспын ғой, – деп Дедей кеңк-кеңк күлді.
Айтпақшы, кіммен-кім ойнап жатыр, өзі?
Біздің елдің құрамасы мен шетелдің командасы. Ортақол ғана команда.
Есеп қандай? Біздікі қайсысы?
Көк жейде кигендер біздікі. 3:0 есебімен жеңіліп жатыр.
Ойбай-ау, сен бар біліміңді ана ақ мәйкі киген қарсыластарға айтып қойдың ғой. Обал-ай! «Сенген қойым сен болсаң күйсегеніңе болайын», – деді терісі тарылған Томпи.
Енді қайтейін. Шетелдің командасына жыным келді. Нақ бір күшті
команданы ұтып жатқан сияқтанып алаңда кердең-кердең етеді. Керіліп болар емес. Бұлар «Реал» немесе «Барселона» ма екен? Сосын, өзімше қарымта қайтарайын деп, олардың қатесін шығарып жатқаным ғой, – еп бәсең дауыспен ақтала сөйледі Дедей.
Ой, сөзің бар болсын. Тесіктің жыртыққа күлгеніндей болды, мұның.
Құрамында доп тебетін бірер ғана қандасың бар екен. Оларың да арық қой сияқты жалп-жалп құлағаннан басқа қауқар көрсетпеді. Үйіңде отырып, жер тепкілеп кіжінгенше, өзің шықпайсың ба белсеніп. Отырысың мынау, қобызсыз бақсы құсап, езбенді езіп…
Менен басқалар да жүр ғой спортты өркендетсе…
Міне, осы! Жаман қатыныңның жанында жалпиып отырып аласың да, кінәні өзгеге аударып шыға келесіңдер.
Бұл сөзді ауыр алып қалған Дедей:
Сен не? Менің отаныма келіп, қатын-баламды түкке алғысыз еткенің.
Кетші бар-ей, – деді жекіп.
Тоқсаның жабылып, тоқты жыға алмаған соң, үйіліп отырғаныңды не қылайын, – деген Томпи да ашуланып табалдырықтан атып шықты.
Үйге келген кісіге, «кет» дегенінің ерсі екенін енді ұққан Дедей,
Томпидың артынан дауыстап:
Құрдас, қайт! Ойын ғой, – деп ыржиды. Анау артына қайырылмады.
Осылай да ойнай ма екен?!
СЫПЫРА СЫЙЛЫҚ
Оқыс дауыстан селк етіп оянып кеттім. Сопақ басым басын басып кеткен кетпеннің сабындай болып, қақшаң етіп, жастықтан үркіп тұр. Сыртқа есік ойбайлап ашылып, іле-шала «ыңқ» етіп оңдырмай жабылды. Дыбысы тау көшірердей. Зеңбіректің зіркіліндей зіл батпан. Төбедегі шам: «Праваңды тесейін бе» дейтін МАИ-дың көзіндей ежірейіп, тас төбемнен төніп тұр екен.
Бөтен бөлме, айналаның бәрі бейтаныс. Айран-асырмын. Кілегейленген көзімді уқалап-уқалап, жан-жағыма тінте қарадым. Оу, бұл қай жер? Қайда келгенмін? Миым ашып отыр. Көзіммен сүзгілеп отырып, аяқ жағымдағы жуындыға тойған күшіктей, қыртыс-тыртысы жазыла маймиып тұрған қара сөмкемді көргенде барып, есіме түсе қойды.
…«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз көкейіме қона кетіп, денсаулығымды тексертіп көрейінші, деп салып ұрып емханаға барғанмын. Алғандарың ас болғырлар, «башбайымнан бақа басыма» дейін мүше-мүшеге бөліп, жүздеген кабинеттерде тергеп-текшеп, «өліп-тіріліп» қарады. Қойны қонышымдағы түрлі қағазды ақтарып көрген бас дәрігер: «Бүйрегіңнің бүлкілінде бүлік бар. Бауырың ауыр тартқан. Өт жолың өндіріп өткізбейді, кедергі – кеден, себебі – неден? Емделу керек. Емнің алдында минералды су ішіп, ішек-қарынды шайып, шайқау қажет, ақаңнан аулақ қонып, байқау қажет» деген секілді қорытынды жасап, емделу жолдамасына шимайлап, мөрін тарс еткізген.
«Қожа бір іс қылды, мәсісін кесіп кебіс қылды» демекші, содан шипалы судың тесіп шығып жатқан көзіне кеше кешкісін келіп құлағанмын. «Балық жеген су, су дер, қос айдаған шу, шу дер» деп су ішетін маңға жақын жерден жамбас пұлын төлеп, бір үйге жайғасқам. Үй егелері балалары қалада жұмыс істейтін кемпір мен шал. Өзіме жайлы секілді. Менен бұрын бір кісі орналасыпты. Кешкілік жөн сұрасып, танысып алдық. Жылы жүзді, әңгімешіл, жайдары кісі екен. Зейнетке шығуына бірер жыл қалыпты. Бір шаруашылықтың бас агрономы болып, сонау жігіт кезінен істейтін көрінеді. Өспеген де, өшпеген де, доптай домаланып, ширек ғасыр жүре беріпті. Шайды сораптап, әңгімені ерсілі-қарсылы гөйітіп, әлден уақытта жатқанбыз.
Миымды солқылдатып отырып, осыларды лезде есіме түсіріп шықтым. Жаңағы сыртқа шыққан сол – Әбекең болды. Қыт-қыттаған тауықтай қыдырып жүрген көңілім байыз тауып, саршұнақтай қаздиған басым жастыққа қайта «посадка» жасады. Бірақ ұйқым қайта ұйымады. Жарық шақшиған күйі шаңшылып тұр. Түннің ортасы. Шайқайнатым мезгілде серігім де даладан да оралды-ау. Есіктерді сатыр-сұтыр жауып, ырсылдап- пырсылдап, «атаңа нәлет-ай!» деп біреуді күйіне боқтай кірді. Тәп-тәуір боқтайды екен, ысылғандығы білініп-ақ тұр. Ұйқым іріп, мылжа-мылжа болып мен жатырмын. «Жылағанды сұрама, күлгенді сұра» дегенді білсек те:
Әбеке, кімді боқтадыңыз? – деп бір аунап түстік.
Ей, әлгі кім ше, атаңа нәлет, біздің директор ше, соны, – деді Әбекең пысылдап, қайта шешініп жатып.
Не жазығы бар оның?
Жазығы сол, аперис. Мені мақтап-мақтап, жұмсай берген. Мен есірік «қайтсем күрішті мол аламын» деп суды жалаңаяқ кешіп, есіріп жүре бергенмін. Ақыры міне, мынау. Бүйрек бозабразит етеді. «Ала тауық сабан шашар, өз сырын өзі ашар» демекші, оңайлықпен зәр жүрмейді. Далада тұр-еп, тұр-еп, өліп-талып шала-пұла іс бітіріп кіріп тұрғаным осы. Әлгі неме мен өсірген күріштің арқасында кейіннен ауданға хатшы болып кетті, атаңа нәлет!
«Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» демекші, күлкім күлкілдеп, бөртіп келсе де «отбой» беріп, басымды тарс бүркеніп, бүк түстім. Көзім ілініп барады екен. Жарқ-жарқ ете қалды. Тағы да Әбекең! Борбайынан бастап, басына дейін киініп жатыр. Ішкі-сыртқы шалбарын, көйлегін, жемпірін, тонын, бөркін түгел киініп алып, құнтиып шығып кетті. Свет шақшиып, есік «ойбайлап» ол қалды. Мең-зең болып, мелшиіп жатыр едім, аһылап-үһілеп бір кезде қайта кірді-ау. Қарап кірмей, тағы да боқтай келді. Үйреншікті сұрақты алдына тастай салдым.
Әбеке, кімді боқтап келесіз?
Е, әлгі кім ше, директорды.
Жаңа ғана боқтап қойып едіңіз ғой. Көршім «Ой кеще екенсің ғой»
дейтіндей көзқараспен маған тесіле қарап тұрып:
Ол бірінші директор болатын. Бұл одан кейінгі директорға арналған «порсы», – деді. – Маған жаман водовозды мақтап-мақтап мінгізіп, күндіз- түні жұмсай берген. Мен комбайн, трактордың асты-үстіне түсіп, орақ орғызып, сүдігер жыртқызып, ылғал жерге аунап жата бергенмін. Мынау соның «рахаты». Көзімнен жасым шырт-шырт шығып, өкіріп өлдім-ау, суымды төге алмай! Ол болса кейіннен герой болып, жөніне кетті, атаңа нәлет, оңбаған! Не керек, екінші директордың да көрапасын көрсетіп, зорға жаттық.
Бір кезде шошып ояндым. Жарық тағы да жарқырап тұр. Әбекең зорға киініп, аударылып, төңкеріліп сыртқа шығып барады екен. Бір мезгілде келді-ау, әйтеуір. Тағы да боқтай кірді. Менің ояу екенімді біліп, өзі түсіндіріп жатыр.
Бұл – үшінші директорға арналған «премия!» Ол да мені мазақ етіп,
жұмсай-жұмсай, егістікті көрмей-ақ, ауыл шаруашылық басқармасының бастығы болып өсіп кетті. Менің жүрісім мынау, ауым сірне-сірне… атаңа нәлет-ай! Үйге де жарымаппын. Баяғы екі бөлмелі үйді үлкейтпеппін. Жақында балам үйленіп, санымды сонда бірақ соқтым ғой.
Осы кезде өз бөлмесінен үй иесі де шықты.
Сендер тым дамбырлап кеттіңдер ғой, өзі…
Біз жамырай сөйлеп, жаппай боқтап, түсіндіріп жатырмыз. «Ақылсыз сұрақ беріп, ақылды жауап күтпе деген» деп, ол кісі қайта өз бөлмесіне кіріп кетті. Біз де жата қалыстық. Бірақ жатып жарымадық. Әбекең таң атқанша тағы да төрт рет далаға шығып, қызметтес болған басқа төрт директорды да түгендеп шықты. Жетеуіне жеті табақ, сорпасымен сыбағалары толық тартылды. «Ақсақпен жол жүрсек, жолға алаң боларсың» деп мен де ол кісілермен едәуір «таныс» болып қалдым, сволыштар-ай!
Таңертең соғыстан қайтқан солдаттай қалжырап, әлтек-тәлтек басып, суатымызға жөнедік. Одан соң батпақ жағу, шлангы жұту дегендермен жағаласып, тынбаймыз. Кешке сілеміз қатып, сілелеп келеміз. Түнемелікке албастымен алысқандай, баяғы Әбекеңнің бастықтарын боқтап, әбіржіп шығамыз. Қазіргі мендегі арман: «Аштан өлгенше, жарылып өлген абзал» деп бір рахаттанып ұйықтасам деймін. Оған қайда! «Жолдасың қара қарға болса, жегенің боқ болар» дегендей, Әбекең түнімен кіріп-шығып бұрынғы бастықтарына сыпыра «сыйлық» таратып әуре. Мен көзім бақырайып жатамын да қоямын…
Жетінші күні таңертең апақ-сапақта атып тұрып, «бүйтіп емделгені құрысын!» деп ауылға жөнедім. Қарап кетпедім: «Әбеке! Күндіз кездессек те, түнде жолықпайықшы. «Радиаторыңыздағы» суыңыздың сарылдауына тілектеспін» – деген біржапырақ қағаз қалдырдым.
Ол кісіге дауа жоқ ғой, маған да сыртымнан бір сыйлық арнады ма, кім білсін. Кейде құлағым қараптан-қарап шыңылдап қоя береді…
Есепшот № 0002000
Бастығымыздың бойында соңғы кездері бір өзгеріс байқалады. Шашын жылмита тарап, бетіне далап жағатынды шығарды. Қасын теріп, иіссудың түр-түрін қолданады деп осындағы қыз-келіншектер сөз етіседі. Есесіне, қызметтік жұмысына самарқау секілді, біздің де бұрынғыдай мазамызды ала бермейді, жиналысты азайтты. Өзіміз осынысына ризамыз, кеңсеге кештеу келіп, ертелеу қайтып жүрсек те, ешкім ешнәрсе дей қоймаса, өзгеде не жынымыз бар?!
…Ескі үстелімді өңгеріп, самарқау есінеп отыр едім, хатшы қыз бәрімізді, «жиналысқа», деп бастықтың кабинетіне айдап кіргізді. – Жолдастар, – деді ол бәрімізге жағалай көз тастап, сөйтті де, телефон трубкасын бір көтеріп, ұясына қайта тастай салды. Іле жамбастай бұрылып, радиоқабылдағыштың құлағын «тырс» дегізіп, бұрап жіберді. Сәлден соң, қарғып тұрып, «Мә-мә» ансамблінің әуеніне салып, «Жорға, жорға» деген күйі терезенің алдына бір-ақ, барып тоқтасын. Мына оқыс қылық, тегін концертке қарап аң-таң біз отырмыз. Күлерімізді не күлмесімізді білмейміз. Мына одыраң ойын, сайқымазақ селкілге күлмесең, күлкінің атасы өлетін түрі бар. Іштегі сайтанға еріп, қайқаңдата күле салайын десең, «Жорға» деп жорғалап жүрген, басқа емес, бақа емес қолынан жем жүрген дап-дардай басшымыз, отырған жеріміз, соның кабинеті, өлетін жай жоқ.
Ішім жыбырлап, тамағымды қытықтап өлтіріп бара жатқан соң, шыдай алмай, жанымдағы Патсайыны, «көрдің бе» дегендей тіземмен нұқып жібердім. Әшейінде күлегеш сорлы, жарылардай зорға отыр екен, мырс ете қалды да, ағыл-тегіл енапат күлкіні төкті де салды… Менің де елеңдеп тұрған елгезек күлкім, келіншектің сыңқылы мен сыңғырына ілесе жөнелсін. Бір біз дейсіз бе, бәрі де атының басын әзер іркіп отырса керек, сол-ақ екен, кабинеттің ішін қалың күлкі керней жөнелсін.
Мұрны пысылдап, иығы селкілдеп, қарны іркілдеп, аузы қисайып жатқан біреу. Өзімнің «нормальный» күлкімнің нәшін келтіріп отырғанымда, біреудің төбемнен қойып қалмасы бар ма? Торға түскендей тоқталып қалдым, Дедейдің жан-жағындағы кісіні жұдырығымен төпелеп күлетін қу әдеті бар еді, мынау сол дәйіс екен. Менің сол жағыма қайдан сап ете қалғанын қайдам, тоқпағы төбеме тағы тақалып қалған екен, жалтара бере сытылып кетіп үлгердім. Бәріміз күлкі жарысында жүргендей зорға дегенде іркілдік-ау. Жұртпен бірге ыржақтап тұрған басекең де, орнына қайта жайғасты да: – Мырзалар мен ханымдар, күлкі керуені аяқталды! – деп қуақылана хабарлады.
Айтпақшы, қыз-келіншектерге рұхсат, жұмыстарыңызға бара беріңіздер, – деп сылқымдарға еркіндік берді. Олармен бірге бар шаттығы, күлкісі ере кеткендей соңдарынан сүзіле қарап біраз тұрды да, – Жігіттер, деді ол бір кезде. – Менің жағдайым қиын, сендердің көмектерің керек, – деді тұнжырап тұрып. Шошып қалдық. Жаңағы қылығы анау, ендігі сөзі мынау. Шынында сау адамның тірлігі емес.
– Мен науқаспын, – деді ол күрсініп.
Не дейді? – Бәріміз кәдімгідей үрпиісіп қалдық. – Операцияға түсетін болдым, – дегенінде Шонай онымен жаны бірге шығардай шыңғырып жіберді. «Бой жасап жүрмесе болғаны ғой, байғұс».
«Ақша жинайын деп отыр ма? – деп сыбырлап, сол құлағымды ысытып жіберді Зияш. Кабинетті арлы-берлі кезген басекең – «Жас болса, елуді орталады, балалар үйлі-баранды болды. Немерелерім де ержетіп келеді. Ал менің… менің жүрісім болса мынау; маған айнала көк жасыл, көктем болып көрінеді. Жүгіргім келеді, секіргім келеді, ұшқым келеді, – деп басекең қолын көкке көтеріп, кең тыныстады. – Көрікті қыз-келіншек көрсем, көзім жайнап, жүрегім дүрсілдеп кетеді, – деді ол қуанған кейіпте. – Өліп кете жаздаймын, бір жақты еткенше, басқа жұмысқа зауқым кем, – деп сөзінің соңын сыбырлай бітірді. «Не деп тұр-ей, мына кісі. Түк түсінбедім. Ауруымын несі, жайнаймыны несі?! Шынында бірдеңе ұрған мынаны. Әнеукүнгі тойда еліріп өлердей билегені жаман еді».
– Есім дұрыс, бірақ кеселмін, – деді басекең одан сайын жұмбақтап. Бірінші орынбасары Кәукәман «бұл кетсе, айналма кресло маған бұйыратын шығар» деген дәмемен қозғалақтап, нығыздалып отырды. Менің ішімді де арам ой аралап маза берер емес. «Кәукең бастық болса, оның орнына бөлім меңгерішісі жылжиды. Сонда, бөлім біздікі болар, айлыққа да оншақты мың қосылмай ма». Шартарапты шарықтап, жерге түстім. Ал мұнда баяғы әңгіменің жалғасы.
– Үлкен жерге тексерілдім, бәле мына жерде екен. Бастық танауын нұсқады. Томпи тамаша көргендей таңырайған танауға үңіліп, өліп кететін түрі бар. – Дәрігерлердің айтуынша, жүз жылда бір қайталанатын сирек кесел көрінеді. Мұрныма қызғалдақтың ба, қыздың ба, исі ме, аңқып келеді де тұрады. Айнала көк жасыл, әдемі көрінеді. Көңілім – көкте, өзім – жерде, ұшып-қонып отыра алмайтыным осыдан. Жасың дардай, тірлігің текежәуміттікі, ұят екен, тіпті! Қысыламын. Жақында келіннің подрушкасын айналдырып, қолға түсіп қала жаздадым. Бүйте келе, абыройсыздыққа ұшырарым анық. Ары ойланып, бері ойланып, операциямен алдырып тастайын деп шештім.
– Нені алдырасыз?– деп Томпи әуесқойлық танытты.
– Мынаны. Мұрын ішінде жұпар иіс шығарып тұратын бір түйін пайда болыпты. «Корсекизариюс» деген осы неме. Мені желіктіріп, киіктің матауындағы текедей бақылдатып бара жатқан осы пәле!
– Ойпырм-ай, ә!
– Неткен ғажап!
– Бұл кеселіңіз нан тауып жеуге келетін, керек кесел секілді, – десіп жамыраса қалдық.
– Ғажап болса, сол кереметті біреуіңе сыйламақпын. Өзі шетелге сатса да, құнды нәрсе көрінеді. Дегенде, «текемет сатсаң да, ауылдасыңа сат, шетіне отырасың» деген емес пе, рахатын өздерің көріңдер…
Мынасы, ойыны ма, шыны ма?
– Дәрігерлер айналдырған оншақты минутта ауыстырып, салып беретін көрінеді. Әлгі түйін танауларыңа жайғасса, талай қызыққа жолығасыңдар. «Жігіттік-гүлстан», Гүлбазарға, қызбазарға кіресіңдер де кетесіңдер. Баяғы аңыздарда айтылатын қызыл гүлің осы! Пай-пай, шіркін! Осы жасқа келіп көрмеген қызығымды, осы түйін пайда болған бес-алты айда жолықтырдым-ау!.. Басекең таутекедей талтайып тұрып, тәтті қиялға берілді.
Айтқаны рас секілді, соңғы кездері жас жігітше модный киініп, той- томалақтан қалмайтынын байқадық. Кафе, ресторандарды жағалап жүргенін де талай көрдік. Е, бәсе, алып бара жатқаны әлігі, «Корсекизариюс» дегені екен ғой. Салдырып алып, ойнақтасам ба екен, ай-хай! Орнымнан көтерілеңкіреп отырдым.
– Кәне, жасарам деген қайсың бар, бір тоқтамға келелік, – деп басекең елжірей үн қатты. Бәріміз ойланып отырмыз. Әркім өз қиялымен әуре.
– Дедей, сен қалай қарайсың?
– Ұсынысыңыз дұрыс. Келініңізбен екі ажырап, екі рет қосылдық, ананы салған соң, алаңсыз көше кезіп кетермін…
– Өй, сілең қатқыр! Сенің сондайың бар, – деді басекең зілсіз ғана.
– Сен ше? – енді Зияшқа қарады.
– Сеніміңізге рахмет өзіңіздің көлеңкеңізде ілініп-салынып келе жатырмыз. Менің бүйрегім ауырады ғой, – деп Зекең де тайқып шықты.
– «Жау жігіті бір басқа, дау жігіті бір басқа», деген осы. Дальше ары қарай кеттік. Томпи, сен не дейсің?
– Жөні келетін іс екен. Бірақ менің айлығым аздау. Анауыңыз желпінтіп, желдіртіп, жетектеп кететін құдірет секілді. Жүріп-тұруға, қыз-қырқынды қыдыртуға қаржы керек, әуелі айлығымды көбейтіңізші…
– Ой, сөзің құрысын, бюджет онсыз да аз. Сен қалай қарайсың, Былду?
– Біздің әйелдің мінезі жайсыз, сонымен ақылдасып келейін де…
– «Төмен қараған еркектен без» деген, сенен түк шықпайтыны белгілі болды. Кәукәман, өзің болмасаң, мыналардан үміт үзілді, – деп орынбасарына қарады.
– Басеке-ау, мен де өзіңіздің аяғыңызды алып келе жатқан жоқпын ба, мені қинамаңызшы, – деп ол да жер шұқыды.
–Қызық болды ғой, өзі! Осындағы топырлаған еркектен жарамды біреуі шықпағаны ма? Өзім де қимаймын, қызығына да тойған жоқпын. Қайтейін, «ниеті бұзық өгіз, бұзаумен бірге жайылады дей ме», деп амалым құриды.
Осы кезде, бас есепші шошаң етіп орнынан тұрды.
– Басеке, менде бір идея бар! Домалағыңызды жөнімен домалатайық. Өңкей шірікке қор қылып не етесіз. Ақшасы бар бизнесменнің біріне сатайық, солай мекемеге қаржы түсірейік. Сонда, бұлардың зарлап жүрген материяльдық көтермелеуі, сыйлығына да жететін болады.
– Басың бас екен. «Ебелектен отын балмас» деген, мыналардан өзім де күдерімді үзіп отырмын. Біреуі иелене қойса деп едім, болмады. Ендеше, солай етейік, құжаттарды дайындаңыз. Басқаларың боссыңдар, марш!
Демімізді ішімізден алып отырған біз, қырғидан ыққан торғайдай дүр көтерілдік.
Жігіттер, айта жүріңдер, есепшоттың нөмірі – 0002000, деп дауыстады есепші соңымыздан.
Иә, үміткерлер болса, біз жаққа қарай қоңырауды сылдыр еткізіңіздер! Хабар күтеміз.
АЙТЫП БОЛДЫҢДАР МА?
Асай өкшесіне шөңге кіргендей аяғының ұшымен жеңіл жүрген бойы асыға үйіне кірді. Алқынып тұр өзі. Алқынып тұрған себебі тез-тез адымдап, әдеттегіден ылдым-жылдым жүрген. Мұнысы қуанғаннан болып тұрған шаруа. Қуанғанда адам бала секілденіп кете ме, алпысты алқымдаса да Асай есікті сарт-сұрт ұрып, өз үйіне екпіндей кіріп келді. Қуанышы аяқ-қолын жеңілдетіп, сонау биікке шарықтамаса да кісі бойы жерде қалықтағысы бар. Бірақ қу алпысың алқымнан алып, адымдатып тұрғанын қарасаңызшы! Апырақтап жүріп, қаракөлеңкелеу ауызғы бөлмеде біреумен соқтығысып қала жаздады. Келіні екен. Ыдыстарға су толтырып жүрген беті болу керек, бір қолында шәйнек, бір қолында ожау. Өзімен-өзі жарысып жүрген атасына таңырқай қарады. Асайдың ішіндегі «алақайы» сүттің қаймағындай қайнап шығып, екі езуіне иірім-иірім болып үйіріле бергені сол еді:
Немене, жау қуды ма? – демесі бар ма. Арсалаңдап келген Асай тас төбесінен біреу қос қолдап қойып қалғандай сілейіп тұрды да қалды. Әлгіде ғана көкірегін жарып бара жатқан қуанышы пырым-пырым болып тү-у сонау көкке көтеріліп кетсін. Қарияң қаққан қазықтай орнында қалшиып қалыпты. Келіні Гүләннән мұндай сөз шығады деп әсте ойлап көрсе кәні?! Иманы жүзін жылытатын әдемі бала еді өзі. Мынасы несі? Шақшадай басын шайқап-шайқап Асай табалдырықтан әрең әрі асты.
О, пахан, келдің бе? – деп кіші баласы қуанған кейіп көрсетті. –
Пенсияңны бір бөлігін маған таста, – деп сойған түлкідей ыржиды.
Үндемейсің, ә! Үндемегенің келіскенің. Төрге шық, партизан! – деп көрпешені көрсетті еркелігі басылмаған кенжесі. Бетіне қарасаң күлімдеп тұр. Сөзін тындасаң түйеден түскендей, түйдек-түйдек. «Ойпырым-ай, мыналарға не болған? Саудың асын ішіп, жындының сөзін сөйлегенін қара?» Тамағына тас кеткендей қабағы түйіліп, үстін-үстін жөткірініп, орнына барып омалды. Шайдың үстінде де шырайлы сөз естімеді.
Атты сатып, мотосекіл аламын. Мына кереңге айтпаңдар! – деп керіле кекіріп қойды. Кесірлі кекіріс.
Біліп қойып бәлеге қалмаймыз ба? – деп қауіп айтты мұның қыздай
қосылған қосағы.
Жоғалып кетті дей саламыз.
Асай байқап отыр, бәрін естіп отыр. Соңғы екі жылда отбасында абыройы әбден аяқ асты болыпты-ау. Шаншып қойған қуыс қурай сияқты салмағы қалмапты. Мына өзінен өргендерге әбден ызасы келді. Әсіресе қыздай қосылған қосағына не жоқ? Баяғыда водовозбен төркініне қыдыртып, апарып-әкеліп жүргенінде басқаша сайрайтын еді. «О, имансыздар! Когда пенсия – Көке! Басқа кезде – қақпас!» Әңгімелерінің рәпәті осындай!
…Ұжымда шопыр еді. Осыдан екі жыл бұрын зейнеткерлікке шығарының аз-ақ алдында машинасы асудан жазатайым аунап кетіп, өзі әзер аман қалған-ды. Сондағы қатты соққыдан екі құлақ тас тыққандай тас керең. Ойбайласаң да, байбайласаң да «беп» деген хабар жоқ. Қалқиып тұрады да қояды. «Локаторын» дәрігерлер шұқып та, нұқып та көрді. Сезбеді. Дыбыс жоқ. Емші-тәуіптер әрі-бері тартқылап түк шығара алмады. Айнала тым- тырыс, мүлгіген тыныштық, ештеңе естімейді.
…Мана апталап келмей кеткен сиырын ауыл сыртындағы жер астынан қайнап шыққан жылы су маңынан тауып, кеулі жайланды. Ыссылаған соң жылы суға түсті. Жанға жайлы тиген су астында көбірек тұрып қалыпты. Құданың құдіреті дә, бір кезде оң құлағы шың-шың етіп барып, «пах» ете қалғаны ғой. Басын аспанға атылған су астына қайта тосты. Сәлден соң-ақ екінші құлағы да шыңылдап барып, оқыс дыбыс шығарды. Ғажап! Шипасын салғаны ғой, керең құлақ ашылыпты. Алыстан болса да, дыбыстар естілетін секілді. Судың салдыры кәдімгідей ап-анық құлағына шалынды. Бұрын бұл жоқ еді. Керемет!
Ура! Құлағым естіді! – деп айғайлап қуанған жіберді Асай. Егесінің қуанышына ортақтасып, қисық мүйіз қара ала сиыры да мөңіреп жіберіп, мұрнын шүйірді. Жануар! «Кереңнің сиыры» дегенді ол да ұнатпайды екен дә. Кемістің аты кеміс. Енді міне, түгелденді. Әкесі тірілгендей алып-ұшқан Асай үйге қарай құстай ұшты. Қуанышын отбасымен бөліскісі келген, сондағысының соңы әлігіндей…
Үлкен ұлы аузы ырбиып тағы бірдеңені бықсытып келе жатыр еді, беті күреңіткен Асай:
Айтып болдыңдар ма? Болсаңдар енді мен айтайын, – деп шаншылып отырды. Бәрі бұған аңтарыла қарады.
– Мен бәрін естіп отырмын. Естимін, – деді көкірегі қарс айырыла күрсініп. – Таңертеңнен бері құлағым ашылды, таскереңдіктен құтылдым!
Айнала жым-жырт. Астына жіберіп қойған баладай бәрі көздері бақырайып, қимылсыз қалыпты. Асайдың жаңағы бір ауыз сөзі бәрін сиқырлап тасқа айналдырғандай. Бір кезде есін жинаған қыздай қосылған қосағы ақырын ғана сыбыр ете қалды, сынағаны-ау:
– Арақ ішесің бе? Күйіп кеткен Асай:
– Ішемін, әкел, у болса да ішейін! – деп айғайлап жіберсін. – Бетіме күле
қарап жетістіреді екенсіңдер, өңкей оңбаған, кещелер! Ашуға булыққан Асайдың еріндері де бір-бірімен жөнді қабыспай, ескі Газиктің капотындай жалп-жалп етіп, түкірігіне ие бола алмай қалды. Қолынан шәйнегі түсіп кеткен келіні бетінен өрт жүріп өткендей қызарып, бірдеңе жоғалтқандай төмен қарап, текеметті сипалай берді. Ұяттарын іздеп отыр ма, кім білсін. Қыздай қосылған қосағы ғана шәйі орамалын қайта байлап, қиғаштай қарады. Өзегіңе өрт түсіретін қарас. Тап баяғыша. Сонда да райынан әлі қайта қоймаған Асай:
Ал айтып болдыңдар ма? Тағы да айтыңдар. Естиік. Мен бәрін естіп отырмын, – деді ышқынған бойы. – Өңкей көкірегі бітеу, нағыз таскереңдер!
Әне мұндайдың да болғаны… осындайдан Алла сақтасын деңіз.