Ислам Орта Азияға, оның ішінде қазақ еліне біздің дәуіріміздің VIII ғасырында ене бастады. 751 жылы Талас бойында қарақытайлықтар мен мұсылмандар арасындағы шешуші шайқаста бауырларымыздың жеңісі бүкіл Орта Азиялық аймаққа ислам дінін ғана емес, сондай-ақ оның мәдениетінің де еркін таралуына жол ашты. Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына үлкен ислам өркениеті келді. Ғылым, білім жанданды. Көптеген қалалар салынды. Онда медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді. Жергілікті халық арасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири секілді өз шығармаларында гуманизмді марапаттаған терең ойлы ғұламалар шықты. Олар тек қана қазақ елі немесе Орта Азия ғана емес, бүкіл мұсылман шығысы мәдениетінің мақтанышына айналды. Олардың есімдерімен қазір көшелер мен даңғылдар, университеттер мен институттар аталады. Біз олармен мақтанамыз. Олар қалдырған игі мұраларды үлгі етеміз. Бабалар мұрасы бізді қашан да рухтандырып отырады.
Біз өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Солай бола тұрса да, соңғы кездерге дейін қазақтар көшпелі болды, жазу-сызу дамымады, олардың арасында мұсылмандық жақсы тарамаған деген жаңсақ пікір үстем боп келді. Соның салдарынан ұлы далада туып өсіп, әлемдік өркениетке үлес қосқан көптеген ғалым бабаларымыздың аттары ғасыр парақтары арасында қалып қойды. Жаратқан иеміз бізге тәуелсіздік сыйлауының арқасында елімізге тән рухани, діни, мәдени жәдігерлерімізді қайта жаңғыртуға қол жеткізіп, олардың біразын анықтап маңдайымыз жарқырап жатқаны да бар.
Иә, ілгеріде өткен бабаларымыз бізге рухани мол мұра қалдырып кетті. Оларды игеріп қана қоймай, зерделеп, қастерлеуіміз керек. Өйткені Ислам – қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-санасының мызғымас бөлігі, тірегі. Тіпті, Ислам дәстүрлерінсіз қазақ мәдениетін елестете де алмаймыз. Сол себепті әркезде де Ислам біздің рухани дамуымыздың негізгі ұйтқысы боп келді және солай бола бермек.
Патшалық Ресей кезінде «бұратана халықтардың өткені, яғни ежелгі мәдениеті жоқ» делінсе, Кеңес дәуірінде «олардың көзін Қазан төңкерісі ашты» деген жалған идеология үстемдік етті. Сол себепті де біз халқымыздың көптеген жақсы қасиеттерінен, рухани мұрасының біразынан айрылып қалдық.
Әйтсе де біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тарихы тым тереңде жатыр. Әдебиетіміз бен мәдениетіміз ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрпымыз бен мінезіміз де Қазан төңкерісі әкелген жасанды арзан құндылықтарға емес, Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан. Олай болса Ислам біз үшін тек дін ғана емес, рухани мұрамыздың қайнар көзі, тіпті елдігіміз, бүгінгі тәуелсіздігіміз де.
Қазақ жерінде Отырар, Сүткент, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Баршынкент, Женд, Исфиджаб-Сайрам, Тараз, Баласағұн секілді үлкенді-кішілі талай-талай мәдени, ғылыми, рухани орталықтар болды. Соның ішінде тек бір ғана Отырарды ғана алсақ, ол әлем мәдениетіне өзіндік үлес қосқан Әбу Насыр әл-Фараби және басқа да дарынды парасат иелерін берді.
Жұрттың көпшілігі күні бүгінге дейін тек Әбу Насыр әл-Фарабиді ғана біледі. Шынында да Отырар тек Әбу Насырды ғана берді ме? Біздің зерттеулеріміз Отырардан 30-дан астам майталмандардың шыққанын көрсетіп отыр. Олар әртүрлі ғылым, білім, мәдениет пен дін салаларының өкілдері. Бірқатарының өмірі жайлы мағлұматтар, еңбектері біздің заманымызға жетсе, бағзылары туралы деректер бірер жолдардан аспайды. Әйтсе де олар біз үшін аса қымбат.
Енді солардың өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасап көрелік.
1. Аббас әл-Жауһари
Фараб ғұламаларының көшбасында мерзімдік жағынан қарасақ Аббас әл-Жауһари тұр. Ол туралы деректерді Ауданбек Көбесовтің «Әл-Фараби» атты еңбегінен ұшыраттық. Ол Аббас әл-Жауһариді «ІХ ғасырда құрылған Бағдад мектебінің өкілі, жерлестері Хорезми, Ферғани, Мервазимен бірігіп Бағдад расытханасы мен «Даналық» үйінің негізін қалаушылардың бірі. Аббас әл-Жауһаридің Отырар қаласынан шыққандығын көрсететін мағлұматтар бар. Отырар алқабындағы бір қалашықтың орнындағы төбе күні бүгінге дейін «Жауһар ана» немесе «Гауһар ана» деп аталады. Ол әлігінде көрсетілген жерлестерімен бірге 829-830 жылдары Бағдадта және 832-833 жылдары Дамаскіде жүргізілген астрономиялық бақылауларға қатысады. Бұл бақылаулар негізінде «Мамунның астрономиялық таблицалары» деп аталатын еңбек жазылады. Бұл еңбекке Әбу Насыр әл-Фараби үлкен мән берген.
Аббас әл-Жауһари математикамен де шұғылданған. Мәселен, ол «Евклидтің «Негіздерін» кемелдендіру» деп аталатын трактат жазған. Бұл трактат бізге әзірше мәлімсіз. Тек Насраддин Туси (ХІІІ ғ.) өзінің параллель түзулері жайлы еңбегінде әл-Жауһариден үлкен үзінді келтіреді. Бұл үзінді бойынша Шығыс математиктері ішінен ең бірінші болып Евклидтің параллель түзулер теориясын сынға алушы осы Аббас әл-Жауһари екендігі көрінеді. Ол өзінше бесінші постулатты дәлелдеуге әрекеттенеді. Бұл үшін әл-Жауһари мынандай жоруды қабылдайды: егер екі түзу үшінші бір түзумен қиылысып, тең параллель айқыш бұрыштар жасайтын болса, онда кез-келген түзумен қилысқанда да осы қатыс орынды болады. Дәлелдеу барысында Әл-Жауһари үшбұрыштың орта сызығы туралы теореманы және бұрыш ішіндегі кез-келген нүктеден бұрыштың екі қабырғасын да қиып өтетін түзу жүргізуге болатынын көрсететін теореманы дәледейді. Бұл теореманы 1800 жылы Евклидтің бесінші постулатын дәлелдеу үшін француз геометрі Лежандр пайдаланған. Аббас әл-Жауһаридің параллель түзулер туралы идеясын кейіннен әзірбайжан математигі Насраддин Туси дамытады», – десе, ол ортағасырлық ғалым Джамал ад-дин әл-Қифти (1172-1248) «Ихбар әл-улама би-ахбар әл-хукама» – «Ғалымдарды даналар жайлы мағлұматтармен таныстыру (Каир 2008)» атты трактатында Отырар ғалымын «Ибн Саид ал-Жауһари астроном, аспан денелерінің қозғалысы мен арақашықтығы және орбиталарды есептеу саласының білгір маманы. Аспан денелерін бақылауға арналған құралдарды жетік меңгерген. Ол Халифа Мамунге жақын адамдардың бірі болған. Халифа оны Бағдад қаласындағы Шамасия деген жерде аспан кеңістігін бақылайтын арнайы топқа қосқан. Сондай-ақ жұмысының барысында кейбір планеталардың және күн мен айдың орындарын анықтаған. Соның негізінде астрономия мамандары арасында танымал «зидж» жазған. Ибн Саид ал-Жауһари және оның әріптестері Саид Ибн Али, Халид Ибн Абд әл-Малик ал-Маруарузи, Йахия ибн Абу Мансур ислам әлеміндегі ең алғашқы аспан денелерін зерттеген тұлғалар. Кейінгілердің бәрі солардың ізін жалғастырушылар. Соңғылар туралы жоғарыда аты аталған тұлғалардың біріне жеке тоқталған кезде толығырақ хабар беріледі. Ибн Саидтың «Зидж кітабы», «Евклидтің кітабына түсініктеме», «Евклидтің кітабының бірінші бөліміне түсіндірме», «Ашкал кітабы» іспетті еңбектері бар» деп жазған.
Енді Аббас әл-Жауһаридің бізге белгілі кейбір трактаттарын атай кетейік: «Евклидтің Негіздері» атты бесінші кітабына (мақаласына) қосымша (Зийадат фи-л мақала ал-хамиса лин китаб Уклидис) Принстон (Иегуда 358), Стамбұл (Миллер кітапханасы, Фейзулла қоры 1359/4), Теһран (Адаб университеті), Тунис (Ахмад), Хайдарабад (Усманийа).
Неміс арабтанушысы Макс Краузе (1909-1944) Стамбұл қолжазбасына сипаттама, ал барлық қолжазбаларға түрік ғалымы Фуад Сезгин сипаттама жасаған.
«Евклидтің алгоритімінің» қос қатынасына барлық толық емес бөлшектерінің теңдігі ретіндегі қолдану кезіндегі қатынастар теңдігін анықтау негізінде пропорция теориясын құру тәуекелі болып табылады. Бұны ақын, математик, философ, астроном Омар Хайямның (1048-1122) Евклидке түсіндірме жасау әрекеттеріне жақын талпыныс деуге болады.
Османдық тарихшы ғалым Хаджи Халифа (1609-1657) оның [Евклидтің] «Негіздері» кітабын «кемелдендіру» трактаты барын еске алады.
Трактатта метематик, астроном, философ, әдебиетші, энциклопедист ғалым Насыр ад-дин ат-Тусидің (1201-1274) параллель сызықтарды сауықтыруға күмән келтіретін Евклидтің бесінші постулатын дәлелдейтіні жайлы тарау. Ат-Тусиді орыс тіліне аударған Б.А.Розенфельд, зерттеген Б.А.Розенфельд пен А.П. Юшкевич.
Ибн ан-Надим [әл-Жауһаридің] төмендегі математикалық трактаттарын еске алады:
Евклидтің кітабына [«Китаб тафсир китаб Уклидис»] жасалған тәпсірлер.
Евклидтің (Китаб әл-ашкал ал-мати задаха фи-л мақала ал ула мин Уклидис) «Негіздерінің» бірінші кітабына қосқан ұсыныстар кітабы.
Жер ортасынан Күнге дейінгі қашықтықты анықтау жайлы трактат («Рисала фи мағрифат буд аш-шамс ан марказ ал-ард»). Бейрут.
Джамал ад-дин әл-Қифти және Хаджи Халифа «Зидж (аз-Зидж)».
Сондай-ақ, әл-Жауһари «Мамун зиджін» тексерген авторлардың бірі.
Аббас әл-Джауһари туралы неміс шығыстанушысы К.Брокельман (1868-1956), Генрих Зутер (1848-1922), ортағасырлық мұсылман ғалымдары Джамал ад-дин әл-Қифти, Ибн ан-Надим, Хаджи Халифа, Тукан Кадри Хафиз, Құрбани осы заманғы зерттеушілер Фуад Сезгин, Кеңес одағылық А.П.Юшкевич те жазды.
Аббас әл-Джауһари еңбектерінің кейбір көшірмелері біздің заманымызға жетті. Олар Принстон (АҚШ), Миллет (Стамбұл), Теһран университеті мен Тунис және Испанияда сақтаулы.
2. Әбу Насыр әл-Фараби
Отырар ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, топ жарғаны – Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» («Әл-Мұғаллим ас-Сани»), «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби еді.
Араб, парсы шежірелері деректеріне қарағанда әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы Фараб (Отырар) қаласында, қайсыбір деректерде – оның тікелей ықпалында болған іргелесі Уасиджде (Оқсыз) әскербасының отбасында дүниеге келген. Ол да мұсылман шығысы дәстүрімен туған жерінің атауымен «Әл-Фараби», яғни «Фарабтық» деп аталған.
Ол кезде мұсылман дүниесінің ғылыми, рухани орталығы араб жұртының Бағдат, Басра, Дамаск, Каир шаһарлары болғандықтан жас Әбу Насырды ата-анасы Таяу және Орта Шығыс елдеріне сапарға дайындайды. Әбу Насыр Бағдадқа бармас бұрын жолай Шаш (Ташкент) пен Самарқан, Бұхара шаһарларына соғып, білімін молықтырған деуге болады. Әйтсе де Әбудің мұнда қанша болғаны жайлы араб шежірелері ештеңе айтпайды. Кейін ол жолай Иран еліндегі Рей, Исфаһан қалаларына келеді. Иран халқының мәдениетімен танысады. Содан әрі Бағдадқа аттанады.
Әбу Насыр логика, әуез (музыка), астрономия және басқа ғылымдар бойынша еңбектер жазған. Ортағасырлық тарихшы, әдебиетші, шежіреші Ибн Халликан (1211-1282) жерлесіміз жайлы: «Ол – аса ірі мұсылман фәлсафашыларының бірі (акбар фаласифа). Олардың ешқайсысы да оның деңгейіне жеткен жоқ. Әбу Әли ибн Сина да (980–1037) өзінің шығармаларын жазу үстінде оның еңбектерін пайдаланған, сол арқылы мәшһүрлікке қолы жеткен» деп еске алады.
Әбу Насыр өздігінен оқып жетілген ғалым. Ол ең алдымен грек ғылымы, фәлсафасы, әсіресе Аристотельдің еңбектеріне қызыққан, оның «Метафизикасын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шыққан. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын игерген.
Ортағасырлық тарихшылар оның қарапайым, аса қанағатшыл, жұпыны киініп, той-думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстаған адам болғанын жазған. Күндіз ол көбінесе қаладағы бақта күзетшілік қызмет атқарып, тапқан ақысына сатып алған шырақ жарығымен түні бойы кітап оқумен шұғылданған.
Сол бақтардың кейбірінің ізін мен Сирияның кіндік қаласы Дамаскі мен ежелгі шаһары Халаб және Ирак астанасы Бағдадтан көрдім.
Әбу Насыр әл-Фараби ғылымның фәлсафа, логика сияқты салаларының іргетасын қайта қалаған. Әр ғылым саласын жеке пән ретінде игеру жағын көтере отырып, олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез жайлы да күрделі зерттеулер жүргізген, математика саласында жаңалықтар ашқан, астрономия жайлы еңбектер қалдырған, физика ғылымын да тың ойлармен байытқан. Жаратылыстану ғылымының медицина, химия, минералогия секілді аса маңызды салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған шығармалар жазған. Көне грек оқымыстылары пікірлеріндегі озық қағидаларды талдаған.
Әбу Насыр педагогика, психология, эстетика мен акустика, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ ол парасаттылық пен ағартушылықты жақтаған үлкен гуманист. Әбу Насыр – халықтарды бейбіт өмір сүруге, достыққа шақыра отырып, адам баласының білімі мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер. Сөйтіп ол метафизика, тіл білімі, логика, жағрафия, этика т.б. ғылым салаларын қамтитын жүзден астам трактаттар жазған.
Әбу Насыр шығармаларының басым көпшілігі қазірге дейін араб тілінен аударылмай жатыр. Астрономия, логика, музыка жайлы еңбектері де терең зерттеле қойған жоқ. Әбу Насырдың көптеген туындылары дүниежүзі кітапханаларында сақтаулы, бізге беймағлұм күйде. Демек, оларды іздестіру, жарыққа шығару, сөйтіп халықтың игілігіне айналдыру – болашақтың зор міндеттерінің бірі.
Қолда бар мәліметтерге қарағанда, Әбу Насырдың алпысқа жуық туындылары сақталып, бізге жеткен. ХХ ғасырдың 70–90 жылдары солардың кейбіреулері кейде толық, кейде үзінді түрінде ағылшын, француз, түрік, парсы, орыс, қазақ және т.б. тілдерге аударылып жарық көрді.
ХХ ғ. 60-80-жылдары Қазақстанда әл-Фараби мұрасын жинау, бастыру, зерттеу жұмыстары қолға алынып, жүйелі жүргізілді. Ә.Марғұлан, А.Машанов, О.Жәутіков, А.Қасымжанов, Ә.Нысанбаев, А.Көбесов, Қ.Жарықбаев, М.Бурабаев, К.Тәжікова, Г.Қ.Құрманғалиева және басқалар әл-Фараби мұрасын біраз зерделеді. Қазақтың ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фараби есімі беріліп, онда ұлы ғалымның мұражайы ұйымдастырылды. 1994 және 2009 жылы осы оқу орнының басшылығымен Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өтті. ҚазМУ аллеясына әл-Фарабиге ескерткіш орнатылды. Әйтсе де Әбу Насырдың мұрасын жинау, аудару және жарыққа шығаруды одан әрі жалғастыра беру қажет.
3.Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби
Әбу Ибраһим Исхақ бин Ибраһим әл-Фарабидің туындысы «Диуан фи-л-адаб» («Әдеп жинағы») деп аталады. Бірақ ол қай жерде, қашан шықты деген сауал да жауапсыз қалып келген-ді. Атақты неміс ориенталисті Карл Брокельманның (1868 – 1956) «Араб әдебиетінің тарихы» атты еңбегінде осы ғалым жайлы бес жолдан тұратын мағлұмат бар. 1897 жылы Веймар қаласында шыққан аталған еңбегінде ол Отырар перзенті жайлы былай деді: «Әбу Ибраһим Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби Түркістан өлкесіндегі Фараб (Отырар – Ә. Д.) қаласында туған. Біраз уақыт Забидте (Йеменде) тұрды. Сонда жүріп ол біздің заманымызға жеткен өзінің негізгі еңбегін жазды. Кейінірек туған қаласында ұстаздық етті де 850 – 961 жылы осында дүниеден өтті». К. Брокельман өз мәліметінің соңында ғалым еңбегі алты кітаптан тұратынын айтады. Олар мыналар:
1. Ас-Салим – «Бүтін» (түбірлі сөздер).
2. Әл-Мудаьаф – «Қосарланған» (түбірлі сөздер).
3. Әл-Мисал – «Бүтін (түбірлі сөздер) сияқтылар»
(бірінші түбірі – уау» немесе «йа» әріптерінен болған
сөздер).
4. Зауат ас-саласа – «Үшеу иесі» – (екінші түбірі
«уау» немесе «йа» әріптерінен болған сәздер).
5. Зауат әл-арбьа – «Төртеу иесі» – (үшінші түбірі
«уау» немесе «йа» әріптерінен болған сездер).
6. Хамз – «Хамзамен таңбалау».
Неміс шығыстанушысы әрбір кітаптың екі бөлімнен тұратынын, мұндағы есімдер мен етістіктер бөлек, жеке қарастырылатынын ескертеді.
К. Брокельман өз зерттеуін толықтырып, 1937 жылы Лейденде қайта бастырған. Соңғы басылымның Әбу Ибраһим Исхаққа арналған 195 – 196 беттерінде ол бұрынғы деректерге он беске жуық библиографиялық жаңа материал қосқан. Әбу Ибраһим туындыларының қолжазбалары дүние жүзінің қандай кітапханаларында сақтаулы екенін айта отырып, белгілі шығыстанушы ол жайлы азын-аулақ мағлұмат болса да көрсете берген. Ондай қалалар ішінен Париж, Лондон, Фес, Каир шаһарлары аталады.
Отырар ұланының толық аты-жөні Әбу Ибраһим Исхақ бин Ибраһим екенін көрдік. Ғалым ныспысыыың алдыңғы екеуі кунйа (лақап есім), өз есімі Исхақ (Ысқақ – Ә. Д.), әкесінің аты Ибраһим. Араб елдерінде құрметті кісіні әдетте үлкен ұлының (қызының) атына қарап «Әбу Насыр» (Насырдың әкесі), «Әбу Халил» (Халилдің әкесі) «Умм Зайнаб» (Зейнептің шешесі),
«Умм Халида» (Халиданың шешесі) деп атай береді. Одан кейін ғана оның өз есімі, сосын әкесінің аты, соңынан туған жерінің атауы (тайпасы, руы) беріледі. Соған қарағанда тілші ғалымның өз есімі Исхақ, әкесінің аты Ибраһим.
К. Брокельман Әбу Ибраһимді «біраз уақыт Забидте тұрған» дейді. Забид ерте кезден бастап-ақ оқу, білім, ғылым орталығы болуымен аты шыққан Йемендегі қала. Сондай жерге Әбу Ибраһим Исхақтың барып тағлым алуы да бек мүмкін.
Шығыстанушы ғалым жерлесіміздің туған жылын көрсетпеген. Кез келген мәлімет, фактіге ыждаһаттан қарайтын неміс шығыстанушысының Әбу Ибраһим Исхақтың туған жылын көрсетпеуінің себебін, ондай деректердің араб, парсы жазба ескерткіштерінен ұшыраспауынан болар деп шамалауға болады. Ал қайтыс болған жылы ретінде һижраның 350 немесе біздің жыл санауымыз бойынша 961 жыл көрсетілген. Соған қарағанда Әбу Ибраһим Исхақ жерлесі Әбу Насыр әл-Фарабидің замандасы секілді. Әбу Насырдың 870 жылы Отырарда туып, 950 жылы Сирия астанасы Дамаскі маңындағы Кіші қақпа маңында қайтыс болғаны белгілі. Әбу Ибраһим де Әбу Насыр сияқты араб елдерінде білім алған. Бірақ ол өз отанына қайтып оралып, ұстаздық етіп, туған шаһарында көз жұмыпты. Мұның өзі де көңіл аударарлық, қызық дерек.
Әбу Ибраһим жайлы жазба деректер аз. Сол себепті К. Брокельманның өзі де оның Отырарда туып, кейін сонда кайтыс болғанын, ғалым еңбектері сақталған кітапханалар тізімін көрсетуден аса алмаған. Өйткені К. Брокельман өз еңбегіне материалдарды XIX ғасыр соңында жинастыра бастаған. Ол кезде араб әдебиетін зерттеу араб елдерінің өзінде де жолға қойылып үлгермеген-ді. Соған қарамастан, атақты неміс ориенталисі араб әдебиетіне арналған ғылымда теңдесі жоқ тамаша библиографиялық еңбек қалдырды.
Отырар перзентінің аталған шығармасын біз 1986 жылы Тунис Араб республикасының Аз-Зайтуна университетінде оқып жүргенде, астанадағы араб әдебиеті институтының кітапханасынан ұшыраттық. Оны египеттік ғалым Ибраһим Анис Александрия кітапханаларының бірінен екінші дүниежүзілік соғыс жылдары кездейсоқ тауыпты. «Бұдан отыз жыл бұрын (1944 жыл болу керек – Ә. Д.) мен Александрия университетінің қарапайым оқытушысы едім», – дейді өз алғысөзінде. Бірде ол кітапхананың қолжазба қорынан бұрын кездесе қоймаған, өзіне белгісіз еңбекті ұшыратады. Таныса келе оның тіл біліміне қатысты шығарма екенін пайымдайды. «Бұл қолжазбаны әуелде атақты Әбу Насыр әл-Фарабидің туындысы екен деп қалдым», – дейді ол. Соңыра еңбекті оқи келе Ибраһим Анис авторы оның Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби екеніне көзі жетеді. Алғысөздегі тағы бір төрт беттік мақала авторы доктор Ахмад Мухтар Умар. Бұл дүниенің беттері цифрмен емес, араб әріптерімен көрсетілген. Одан кейінгі шағын зерттеуде Әбу Ибраһимнің есімі мен шығу тегі («исмуһу уа нисбуһу), туған (маулидуһу) және өлген жері, жасаған саяхат-сапарлары (рихлатуһу) туралы да айта келіп Әбу Ибраһим туындысына қысқаша бағдар жасаған. Отырар перзенті шығармасының араб филологиясы үшін теңдесі жоқ дүние екенін қадала айтады ол.
Мысыр ғалымының екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң, елуінші және алпысыншы жылдары да бұл еңбекті зерттеуге мүмкіндігі бола қоймаған сияқты. Тек жетпісінші жылдардың басында ғана ол Әбу Ибраһим еңбегіне қайта оралып, түбегейлі зерттеп, жариялауға дайындайды. Отырар ғалымының аталған «Жинағын» Каирде төрт том етіп (1 том 481 бет, 1974 жылы шыққан; 2 том 501 бет, 1975 ж. 3 том 470 бет, 1976 ж; 4 том 256, 1978 ж.) бастырып шығарады. Соңғы кітапқа қосымша ретінде 1979 жылы 705 беттен тұратын тағы бір том жарияланған. Сөйтіп, «Диуанды» баспаға әзірлеген профессор доктор Ахмад Мұхтар Умар. Көрсеткіштерді дайындаған араб тілі академиясынын мүшесі доктор Ибраһим Анис.
Әбу Ибраһим әл-Фарабидің еңбегі «Диуан фи-л-адаб» («Әдеп жинағы») деп аталатынын айттық. Бұған қарап оқушы қауым жинақ әдеп жайлы болса, неге онда тіл мәселелері сөз болады деуі де мүмкін. Шынында да күні бүгіндері кез келген жинаққа «әдеп жайлы» деген атау берілсе, онда ол, әрине, атына сай болар еді. Бірақ Әбу Ибраһим өмір сүрген орта ғасырларда оның өзіндік ерекшелігі болған.
Қазір әдеп, әдебиет деген үғымға ғана тән «адаб» сөзінің умайалық халифалар тұсында (VII – VIII ғ.) әдебиеттен гөрі эстетикалық мазмұны тереңірек-ті. Сөйтіп, ол кішіпейілділік, нәзіктік, қарапайымдылық, әдептілік, мәдениеттілік, адамгершілік, қайырымдылық секілді биік моральдық қасиеттерді көбірек сөз ететін.
Араб әдебиетшісі Ханна әл-Фахури (1914-2011) осы сөздің мағынасы әуелде әр түрлі болғанын айтады. Исламға дейінгі кезде ол ас-су, тойға шақыруды ғана білдірген. Сонымен қатар сол тұста және кейінірек адаб «ізгілікті» деп есептелген адамның мінез-құлқының жиынтығы мен оның жеке һәм қоғамдық өмірдегі көрінісін білдірген. Сондықтан да олар бірте-бірте адаб деп адам бойындагы ізгі қасиеттерді тәрбиелеу, салауатты білім беру, поэзияның озық үлгілерімен таныстыруды ұққан. IX һәм одан кейінгі ғасырларда адаб философия, математика, астрономия, химия, медицина, тарих, поэтика секілді ғылым мен өнер салаларының жиынтығына қатысты болған. Арабтар аталған ғылым салаларының бәрі қосыла келе адам ақыл-ойын байытып, қоғамдық қарым-қатынасқа да әсер етеді деп түсінген. Ханна әл-Фахури (1914-2011) сондай-ақ адаб XII ғасырдан бері ғана поэзия мен прозаны түсініп және оны білуге көмектесетін грамматика, филология, өлең өлшемі, риторика және эстетикалық нормаларды орнықтыруды мақсат ететін әдеби сынды білдірген дейді. Бұл ретте ливандық ғалымның «XII ғасырдан бері» деген пікіріне келіспеуге болады. Ханна әл-Фахури айтқандай, адаб XII ғасырдан бастап қана тек әдебиет және тіл біліміне қатысты салаларды қамтыған болса, онда X ғасырда өмір сүрген Әбу Ибраһим Исхақ еңбегі ғылымның бүкіл саласын қалай қамтымай қалды? Біздіңше, адаб сөзінің мәні X ғасырда-ақ тарылып, ол сол кезде-ақ тек әдебиет пен тілге қатысты шығармаларды қамтыған. Бұған дәлел ретінде Әбу Ибраһим Исхақтың «Диуан фи-л-адаб» («Әдеп жинағы») атты еңбегін алуға болады. Тағы бір айта кетер жайт, мұсылман шығысы әлемінде ғылымды жіктеу немесе классификациялау тұңғыш рет Әбу Насыр әл-Фарабиден басталған сияқты. Ұлы бабамыз әрбір ғылым мен ғылыми еңбектерді саралап, жүйелеп берген. Оның «Ихса әл-улум» (Ғылымдарды классификациялау (жүйелеу)») атты еңбегін қарасаңыз, оған көзіңіз жетеді.
Әбу Ибраһим Исхақ «Жинағы» «Кіріспемен» басталған. Онда ол сол кездегі өзге де авторлар секілді әуелі Жаратушы мен оның елшісі Мұхаммедке мадақ арнайды. Сосын «Диуанын» жазудағы мақсатына тоқтала келе: «Алла тағаланың мейірімі түскір бұрынғы қаламгерлер осы тілдік сөздер жинауда бір-бірінен асып түспек боп көп кітап құрастырды. Олар көлемі шағын, үлкен, орташа боп келетін еңбектеріне тірнектеп тергендерінің бәрін кіргізді. Дей тұрғанмен тауыса алған жоқ. Кейбіреулер өз міндетін мінсіз аткарып көп пайда келтірсе, ал енді біреулер парасатты пайымдауларымен биік шыңға көтерілді. Үшінші топ өкілдері өз ісін олақ атқарғандықтан, осындай кітап авторлары қатарында ғана аталады… Мен құдіреті күшті раббымның арқасында Тәңірім көсегесін көгерткір Әбу-Хасан Ахмад ибн Мансур шайқы мен оның Жаратушы ғұмырын ұзақ еткір балаларына және әмбе мұсылмандарға арнап осы кітапты жаздым. Жазу үстінде өз ісіне мейірленіп, іңкәр болған кісінің күйін кештім. Маған дейін ешкім де мұндай түзген еместі. Жүйе-жүйеге бөліп реттеу тәсілін де тұңғыш рет өзім таптым. Оған әдебиетші мәшһүр ғұламалар еңбектерінде айтылатын күллі ғибрат өнегелі һәм осы тілде қолданып жүрген сөздердің бәрін де кіргіздім», – дейді.
Ұлы отандасымыздың кішіпейілділігі сонша, ол араб тіл білімі бойынша бұрын жазылған еңбек авторларына да құрметпен кол созып, пікір білдіре кеткен. Өзіне дейін де осы салаға қатысты өзге де жинақтар болғанын, олардың сәтті шыққандары мен қайталаулардан аса алмағандарын да жасырмаған. Отырар перзенті өз еңбегін аса бір шабытпен жазған сияқты. Материалдарды жүйелеуде де ол бұрынғы таптаурын ізбен кетпей, өзінше жол табуға тырысқан. Араб тілі мен әдебиетіне байланысты теориялық еңбектерді де назардан тыс қалдырмағанын аңғартқан.
Отырар перзентінің «Әдеби жинағында» сөйлем мүшелері мен олардың родтық категорияларға бөлінуі, есімдер мен етістіктердің кұрылысына қарай ерекшеленуі, жалғау жалғануы, мысал ретінде берілген сөздердің жүйесі, әріптердің орын тәртібі, сын есім және масдар іспетті араб тілінің басқа да түрлі мәселелері сөз болған. Сөйтіп, Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фарабидің бұл дүниесі жоғарыда айтылғандай, әлі әзір терең де жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Ғалым шығармаларының барлық томдарын терең зерттеп шықса, туған жеріміздің тағы бір ғалымының ғасырлар шаңы басқан еңбегі мен аты жарқырап жұртына жетер еді.
4. Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби
Әл-Жауһари жайлы да жазба деректер көп емес. Ханна әл-Фахури оны араб тілі лексикография саласының білгірі ретінде атаса, орта ғасырлық оқымысты Әбу Мансур ас-Саъалиби (961 – 1038) «Йатимат ад-даһр фи махасин аһл әл-аср» («Ғасыр жұртының ізгі адамдары хақындағы заманасының інжу-маржаны») атты төрт томдық еңбегінің соңғы кітабында (Каир, 1958) оны «ақын еді» (408-бет) деп бірнеше өлеңдерін келтірген.
Ғұламаның толық аты-жөні Әбу Насыр Исмаил (Исмайыл – Ә. Д.) бин Хаммад әл-Жауһари. Әбу Насыр – күийа (прозвище), өз есімі Исмайыл, әкесінің ныспысы Хаммад, одан кейін туған жерінің атауы берілген.
Әбу Насыр Исмаилдың туған жері, сөйтіп, Жауһар екен. Шынында да Отырар маңында сол тұста жергілікті халық Кедер, Оксыз, Гауһарана немесе Жауһарана деп аталған үлкенді-кішілі шаһарлар мен елді мекендер һәм шағын қорғандар болған. Ұлы ғалым фамилия етіп осылардың ішіндегі өзі туған Жауһарды алған. Бір қызығы Отырар перзентінің туған мекенін білдіретін «Әл-Жауһари» деген атау алдына базбір ғалымдар «Әл-Фараби» деген сөзді де қосып жазады. Мысалы, белгілі шығыстанушы А. Б. Халидов (1929-2001) жерлесіміздің толық аты-жөнін «Әбу Насыр Исмаил ибн Хаммад әл-Фараби әл-Жауһари» деп көрсетеді де өз пікірін «бұрын өмірге ұлы философты келтірген Сырдария бойындағы өңірден» деп шегелей түседі.
Әл-Жауһаридің Отырарда туғандығы жайлы Ас-Саьалиби: «Түркі шаһарларының бірі Фарабтан шыққан Әбу Насыр тамаша да ғажайып адам-ды, араб тілінің нағыз білімпазы еді…» деп жазады. Сөйтіп, болашақ ақын, талантты ғалым алғашқы дәрісті Отырарда Әбу Ибраһим Исхақтан алған секілді. Бұл кезде Әбу Ибраһимнің Таяу және Орта Шығыс елдерінен отанына біржола оралып, Отырарда еңбек етіп жатқан кезі болса керек. Әл-Жауһари соңынан сол кездегі өзге де оқымыстылар сияқты білімін тереңдету үшін араб елдеріне аттанады. Жолай ол Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан секілді Орта Азиялық, Парсы елінің мәдени, білім ордаларына соғып, соңыра Бағдадқа келеді. Жол-жөнекей арып-ашып, өмір тауқыметін тартып, қиыншылықпен сан рет жүздеседі. Ыстық-суықты басынан өткізеді. Сондықтан да Ас-Саьалиби: «Ғаріптік ол мүскіннен де жақсы білетін… Тәңірім оған күш-қуат, мейірімді жүрек, әдемі мінез берген-ді» деп тек айтпаған.
Әл-Жауһари Иракқа келгеннен кейін басралық филологтар Абу Зайд ас-Сирафи (? – 979) мен Әбу Әли әл-Фарисиден (900 – 987) араб тілі мен әдебиетінен дәріс алады.
Әл-Жауһаридің Басраға баруы кездейсоқ емес. Ислам діні бүкіл Шығыс елдеріне тарап, бірте-бірте араб тіліне өзге жұрт лұғатынан да сөздер ауыса бастағанын байқаған ғалымдар қасиетті Құран тілінің тазалығын ойлап таджуид (фонетика), тасриф (морфология), наху (синтаксис) деп аталған тіл ғылымын зерттейтін ілім негізін қалайды.
Әлімсақтан бері араб жазуында тек дауыссыздар ғана жатқа түсіп, дауыстылар жазылмайтыны белгілі, мұның өзі аталған тілден дайындығы аздарға араб тіліндегі хат-хабарды окудың өзі едәуір қиындық келтіретін. Сол себепті ғалымдар сөзді түрлендіріп, оған өң беретін харакаттар (қысқа дауыстылар) жазу тәсілін ойлап табады. Сөйтіп, бірте-бірте араб тілінің әр түрлі дыбыстарының айтылуы ерекшелігін түсіндіріп, жол сілтейтін еңбектер мен сөздіктер дүниеге келе бастайды. Мұндай игілікті іске басралық ғалымдар мектебі қосқан үлес зор.
«Басра қаласының ірге тасы, – деп жазады арабист В. М. Белкин, – ислам тарай бастаған алғашқы жылдарда-ақ (636) қаланған болатын. Оның Шатт әл-араб өзенінің Парсы шығанағына құяр жағасында орналасуы экономикалық және мәдениет жағынан да тез өсіп өркендеуіне себепші болды. Басра Индия һәм Қытаймен сауда қатынасын жасауда да жетекші роль атқарады. Халқы құрамы жағынан шығысы пен батысын көне мәдениет ошақтарында пайда болған түрлі идея, мәдени дәстүр иегерлері еді. Сондықтан да араб тілін зерттеу талабының тап осында пайда болуы таңқаларлық емес-ті. Басралық тілшілер концепциясы соңыра араб халқына тең тарады, беделге ие болды».
Міне, осындай тіл білімі ордасының туы тігілген жерден әл-Жауһари де тағлым алған. Басралық ғалымдар араб тілінің ұңғыл-шұңғылын зерттеу үшін жиі-жиі бәдәуилер арасына барып, біліктілік арттырып қайтатын. Осы дәстүрді әл-Жауһари де бұзбай, Араб түбегінің солтүстігін мекендеген арабтың Рабийа мен Мудар тайпалары арасында болады. Олардың тілдік ерекшеліктеріне көңіл аударып, байқағанының бәрін жазып, зәрдесіне тоқи берген. Білімін молайтып, араб тілін еркін меңгергеніне көзі жеткеннен соң, бір жылдары жерлесі атақты Әбу Насыр әл-Фараби ғұмыр кешкен Сирияға келеді. Шам елінің де сандаған шаһарлары мен қыстақтарын аралап, ақындары мен қаламгерлері, ғалымдарымен танысып, сұхбаттасады. Сөйтіп, білім көкжиегін кеңейтіп, ізденуден Отырар перзенті ешқашан жалықпаған. Түрлі қол-жазбаларды кешіріп, үлгілі жазудың да тәсілін үйренеді ол. Ас-Саьалиби: «Әл-Жауһари жазуының әдемілігі сонша, жұрт оның қолынан шыққан дүниелерді Ибн Мүқла әл-Мүхалхил, әл-Йазиди жазуымен қатар қойып, хас шеберлігі жайлы мақалдар да шығарып еді» дейді.
Мұнда бір белгілі шындық бар сияқты. Әл-Жауһариді Бағдадта салтанат қүрған әл Мұқтадир (908 – 932), әл-Қаһир (932 – 934), Ар-Ради (935 – 940) секілді аббастық халифалардың уәзірі, әрі хатшы-каллиграфы болған Ибн Мұқла (882 – 940), Исламға дейін өмір сүрген атақты бәдәуи ақыны әл-Мұхалхил Әдий ибн Рабийа (531 ж. қайтыс болған), белгілі тілші, әдебиетші, ақын Абу Абд Аллаһ Мұхаммад ибн Аббас ибн Мұхаммад әл-Йазиди ан-Нахуимен (922 ж. қ. б.) салыстыруына қарағанда жерлесіміз шынында да зерделі зерттеуші, атақты ғалым дәрежесіне көтерілсе керек. Өйткені Ас-Саьалиби оны жоғарыда аталған араб дүниесінің дүлдүлдерімен тектен текке салыстырып, үлкен ізет, сый-құрметпен атап отырған жоқ.
Ұлы ғалым өнер қуудағы мақсаты орындалған соң өмірінің шаңқай түсінде еліне қайтып, білімін ұрпақтары мен ізбасарларына беруді ойласа керек. Тигр мен Евфрат бойындағы зиялы қауым, білім ордаларын талақ етіп, ол енді туған мекеніне бет алады. Жол-жөнекей парсы жұртының өзіне таныс білім һәм мәдениет, өнер ордаларын аралап, Хорасан арқылы Дамғанға келеді. Ол Иранның Каспий теңізіне жақын жатқан ақындар мен өнер адамдары жиі жиналып бас қосатын шаһарларының бірі болатын, әл-Жауһариді сол жердің абзал адамдарының бірі, каламгер Әбу Әли әл-Хасан ибн Әли сыйлы конақ ретінде қарсы алады. Құрметтеп, сый-сияпат көрсетеді. Сөйтіп жүріп, ол әл-Жауһаридің көркем жазу тәсілін үйренген. Соңыра ол жерлесімізді Нишапурға дейін шығарып салады.
Нишапурға келген соң да әл-Жауһари медреселерде араб тілінен дәріс берген. Атына бұрыннан канық зиялы қауым Отырар перзентіне мұнда да көп құрмет көрсеткен.
Ас-Саъалиби оның тілге катысты «Ас-Сихах» атты кітабы бар екенін, оның сол кездегі осындай еңбектер ішіндегі ең озығы болғанына тоқталады. «Тіл жайынан мағлұмат беретін кітаптар ішінен ол дүние кемеліне келтірілген, әрі тіл мәселесіне байланысты жетістіктерді қамтуы жағынан да ең қолайлысы болатын» дейді.
Ас-Саъалибидің әл-Жауһариді тек тілші ғалым ғана емес, сонымен қатар ақын дегені жайлы да айтканбыз. Шынында да ол өзінің ең алғашқы ғылыми еңбегі «Қитаб әл-арудта» («Өлең өлшемі жайлы кітап») араб поэзиясының өлең өлшемін терең талдап, өзіндік теория жасауға тырысқан. Мысалы, энциклопедист ғалым, географиялық һәм биографиялык талай сөздіктердің авторы Йакут әл-Хамауи (1179 – 1229) «Муьджам әл-удаба әл- мағруф би-иршад әл-ариб ила мағрифат әл-адиб» («Белгілі әдебиетшілер (жайлы) түсіндірме сөздікті пайдалануда әдебиетші үшін қажет шебер құрал») атты 1923 – 1930 жылдары Лондон, Қаирде шыққан еңбегінің екінші томының 266 – 272 беттерінде, сондай-ақ араб тілінің философиялық жағы мен оның өзге де семит тілдері тобымен байланыс мәселелерін зерттеген полигистр-ғалым, тілші, әдебиетші Джалал ал-Дин Абд ар-Рахман ас-Суйутидің (1455 – 1505) 1908 жылы Қаирде басылған «Китаб би-ғаййа әл-уағат» («Есте сақтаудың мақсаты жайлы кітап») атты туындысының 195-бетінде һәм Әбу Фалах Абд әл-Хай бин Имад әл-Ханбали «Шазарат аз-заһаб фи-л-ахбар мин заһаб» («Алтын хабарлар ішіндегі алтын қиыршықтары» атты Каирде 1933 – 1934 жылдары шыққан кітабының үшінші томының 142 – 143 беттерінде, сонымен катар Умар Рида Каххала өзінің 1957 – 1961 жылдары Дамаскіде нашриатталған он томдық «Муъджам әл-муаллифийн тараджим мусаннаф әл-кутуб әл-арабийа» («Ғұмырнамалык араб кітаптары авторының түсіндірме сөздігі») атты шығармасының екінші томының 267 – 268 беттерінде әл-Жауһаридің бұл дүниесінің өзі тұстас ғалымдардың осы тақырыптағы туындыларынан мазмұндылығы жағынан асып түспесе, кем соқпайтынын айтады.
Араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен жағрафиясының жоғарыда аталған білгірлері өз туындыларында Отырар ұланының бәдәуилер арасынан қайтып оралған соң аталған тілдің кейбір проблемаларын сөз ететін «Китаб әл-муқаддима фи-н-наһу» («Грамматикаға кіріспе кітап») деп аталатын сүбелі еңбек жазғанын еске алады. Бірақ әл-Жауһаридің араб поэзиясы мен тіліне арналған осы екі трактаты біздің заманымызға жетті ме, яки ғасырлар белесінің қалтарысында қалып қойды ма, ол жағы бізге белгісіз.
Әл-Жауһари өмір сүрген тұс араб тіл білімі саласында көптеген еңбектер жазылып, аталған тілдің сан қырының белгісіз жақтары ашыла бастаған кез. Сондықтан да Отырар перзенті араб тілінің лексикография саласын зерттеумен тереңдей айналысады. Соңыра ол жоғарыда айтылғандай, «Тадж әл-луға уа сихах әл-арабийа» («Тіл тәжі және араб (тілінің) ақиқат луғаты») атты, бірақ ғалымдар арасында қысқартылып «Ас-Сихах» («Ақиқат», «дұрыс», «занды») деп аталып кеткеи атақты еңбегін жазған. Бұл дүниені жазуды ол бәдәуи тайпалары арасында тұрған кезде бастаған сияқты. Өйткені оған өзі жинаған қырық мыңға жуық сөздерді кіргізген.
Әл-Жауһаридің аталған туындысы кейбір Ресей шығыстанушылары-ның араб тіл біліміне арналған зерттеулерінде шолу сипатында жалпылама аталатыны болмаса, арнайы зерттелген жоқ. Мысалы, Б. Г. Ахвледиани «Ас-Сихах» туралы: «X ғасыр соңында араб лексикография ілімінде «ұйқас тәсіл» атты жаңа бағыт пайда болды. Оны ұстанған лексикографтар сол кездегі поэзия талабына сәйкес сөздік сөздерінің соңғы дауыссызына мән беріп, оларды алфавиттік тәртіппен орналастыратын. (Араб тіл білімі) дәстүрі «ұйқас тәсіл» негізін әл-Жауһари қалаған десе де, бірақ ондай сөздіктердің еврей және араб тілінде оған дейін де болғаны факті» дейді.
Ас-Саъалиби оны Отырар ғалымының өзі де айтқанын еске алады. «Абу Мухаммад Исмаил ибн Мухаммад ан-Найсабури (орта ғасырлық оқымыстылардың бірі – Ә. Д.) құзырындағы кітапханасында: «Ас-Сихах – адаб жайлы өзіне дейін жазылған дүниелердің мырзасы. Ол адабтың барлық түрлерін қамтып, басқа кітаптарға шашырап кеткеннің бәрін бір жерге жинап, топтастырған» деп, әл-Жауһаридің өз қолымен жазылған кітабы барын ескерткен. Соған карағанда Әл-Жауһари өз дүниесін жазу үстінде шынында да өзіне дейін жазылған еңбектердің бәрін қарап, араб тілі сөздіктерін жасау жұмыстарының тәжірибесін ғылыми тұрғыдан қорытындылап, ешкімді қайталамай, ештеңені де ұмыт қалдырмауға тырысқан сияқты. Мұның өзі оның аса ыждаһаттылығы мен мұқияттылығын, өзгенің еңбегіне де аса ілтипатпен қарайтын ізгі ниетті ғалым екенін білдірсе керек.
Араб сөздері сөздікте қазақ, орыс тілдеріндегідей бастапқы әрпіне емес, сөз түбірінің алғашқы әрпіне байланысты орналастырылады. Сол себепті сөз түбірін білмей сөздіктен оны табу қиын. Мысалы, жалпыға таныс мадраса деген сөзді алайық. Араб тілінен бейхабар кісі сөздіктен оны әдетте «М» әрпінен іздегенімен таба алмас еді. Ол үшін түбірін білу керек. Аталған сөздің түбірі дараса етістігі. Ол «оқу», «зерттеу» деген мағына береді. Осы етістіктен енді «дарс» – сабақ, «мударрис» – оқытушы, «мадраса» – мектеп іспетті бернеше зат есім туындайды. Сөйтіп, соңғы төрт сөздің түбірі айналып келгенде дараса екен. Сондықтан да сөздіктен әуелі осы етістікті табу қажет. Оны айтып жатуымыздың себебі әл-Жауһари сөздігіндегі сөздер де түбіріне қарай алфавиттік ретпен орналастырылған. Дей тұрғанмен, ұлы ғалым сол түбір сөздің соңғы дауыссызының да белгілі бір әріптермен аяқталу қағидасын сақтаған. Жоғарыда В. Г. Ахвледиани айтқан «ұйқас тәсіл» дегеніміз осы. Ол әсіресе ақындар үшін өте қолайлы-ақ. Әуре-сарсаңға түспей-ақ олар ұйқаса орналаскан керек сөздерін сөздіктен оңай теріп ала қояды.
Әл-Жауһари сөздігінің кұнды жақтары туралы айта келіп, В. М. Белкин: «Сөздік – сөз мағынасына қысқаша түсіндірме жасауы һәм классикалык ақындар поэзиясынан мысал ретінде алынған дәйектемелерінің шағындығымен көзге түседі. Сөздікті кұрастырушы морфологияменсинтаксис ерекшеліктеріне де көңіл бөлген. Кірме, сондай-ақ мағынасы жағынан қарама-қарсы сөздерді бөліп көрсеткен. Араб әлеміндегі ең белгілі сөздіктердің біріне айналған «Сихах» араб лексикография тарихындағы жаңа бетбұрыс кезең болды» дейді.
Әл-Жауһаридің тамаша талант иесі, ал аталған шығармасының теңдесі жоқ туынды екендігі жайлы озық ойлы замандастары немесе одан бір-екі ғасыр кейін өмір сүрген дәуір данышпандары да айтып кеткен. Мысалы, Әбу-р-Райхан әл-Бируни (973 – 1048) өзінің «Қитаб ас-сайдана фи-т-тибб» («Медицинадағы фармокология жайлы кітап») атты еңбегін жазу үстінде оның аталған шығармасынан мысал алғаны жайлы айтқан екен. Мұның өзі де аз кұрмет болмаса керек. Ал тіпті Абу-л-Фадл Рази ад-Дин ас-Сағани (1181 – 1252) деген оқымысты «Ас-Сихахқа» қосымша тарау жазып та атын шығаруға тырысса керек.
Отырар перзентінің түсіндірме сөздігі соңғы рет 1956 – 58 жылдары алты том боп Қаирде шықты. Қазір ол оқушылар мен студенттер, аспиранттар мен ой қуушылар, ғалымдар мен сөз өнері өкілдерінің колынан түспейтін ғылыми, мәдени, рухани мұраның біріне айналды.
Әл-Жауһари өлеңдері де оның ғылыми еңбектері сияқты өз алдына сөз етуді, терең үңіліп, зер сала қарауды, жоғарыда айтылғандай философиялық мәніне ой жіберуді талап етеді.
Әл-Жауһари Отырарға қайтып оралып, отанында көз жұмған деп жазатындар да бар. Оның қайтыс болған жылы деп Йакут 398 – 1008, немесе 400 – 1010 жылды атаса, Әл-Ханбали 396 – 1005, немесе 393 – 1003 жылды көрсеткен. Сөйтіп, ол дүниеден шамамен 1008 жылдары өткен.
Талантты ғалым шығармасының жұқаналары қазір Тебриз, Каир, Бұлақ, Калькутта, Лейден, Эскуриал, Париж, Берлин кітапханаларында сақтаулы. Оларды тауып, зерттеп, кәдеге жарату қазақ ғалымдарының да абыройлы борышы екенін айтқан жөн.
* * *
Отырарлық шоқ жұлдыздың екеуі – Әбу Ибраһим Исхақ Ибрахим ұлы әл-Фараби мен Әбу Насыр Исмаил Хаммад ұлы әл-Жауһари еңбектерінің халқымыздың әдеби, мәдени, рухани ой мұрасын байытып, ұрпақтар тәрбилеудегі, кешегі жүріп өткен жолымызды танудағы рөлі күшті. Қазір тарихқа көзқарас қайта қаралып, кешегі ұмыт болып, көзден бұл-бұл ұшқан есімдер еліне оралып жатқан кезде даламыздың ерте кезде өмір сүрген, ғасыр парақтарының арасында қалып қойған перзенттерінің шығармаларын да аршып, анықтап, зерттеп, аз ба, көп пе демей, қабылдап, ел игілігіне жаратуымыз керек. Әлі де әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тарихында қаралуға тиіс Сығанақи, Түркістани, Қыпшақи, Тарази іспетті дәуір даналары жоқ емес, оларды біз тани алмай келеміз. Кешегіні білмей бүгінгінің қадіріне жету қиын дей отырып, ұмытылып бара жатқан өткенді тезірек игеру керек. Бұл ретте орыс әдебиеті мен мәдениеті үлкен де өнегелі іс атқарып келеді. Иә, ұлы мұраға ілтипатпен карап, көз қарашығындай сақтай білуде әлі де үйренер, тәлім, тағлым алар тұстарымыз аз емес.
5. Алам ад-дин ибн Исмайыл әл-Жауһари (әл-Фараби)
Отырарлық ғалымдар деп жатырмыз. Олардың өздері секілді ғалым ұрпақтары бар ма?
Неге болмасын. Бар. Мысалы Алам ад-дин ибн Исмайыл әл-Жауһари (әл-Фараби). Ол жоғарыда сөз болған әл-Жауһаридің баласы. Оны ғалымның Исмаил ұлы, яғни Әли ибн Исмаил әл-Жауһари деген ныспысы да айғақтап тұр. Біз әзірше қазақ жерінен шыққан Әбу Насыр әл-Фараби сияқты ұлы ғұламалардың ұрпақтары жайлы біле бермейміз. Қолымызда ондай жазба деректер де жоқ. Ал Алам ад-дин – соның алғашқысы.
Жерлесіміз баласының «Алам ад-дин әл-Бағдади» (бағдадтық) деген тағы бір ныспысына қарап оны Бағдадта туылған, сондықтан да бағдадтық деген қосымша ат алған деп ойлаймыз. Әбу-л Хасан Әли (Алам ад-диннің) Бағдадта дүниеге келуі де ғажап емес. Өйткені ол тұста жерлесіміз Исмаил әл-Жауһари Бағдадта тұрып жатқан-ды. Бірақ әлі әзір Алам ад-дин Исмаил әл-Жауһаридің жалғыз ұлы ма, әлде бірнеше перзенттерінің бірі ме, жазба деректердің жоқтығынан ол жағын айта алмаймыз.
Алам ад-диннің есімі кейбір ғалымдар еңбектерінде де кездеседі. Мысалы, «Алам ад-дин Әбу-л Хасан Әли ибн Исмаил әл-Жауһари (X–ХІ ғ.) – Бағдадта «ар-раккаб салар» (атты әскер қолбасшысы) деген атпен де белгілі. Бәлкім ол әйгілі математик Әбу Насыр Исмаил ибн Хаммад әл-Жауһаридің (1008 ж. қ.б.) ұлы болар. Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Фараб маңындағы Жауһардан шыққан, математик, астрономиялық аспаптардың шебері деген пікірді орыс, шығыс зерттеушілері де айтады.
Алам ад-дин жайындағы деректерді неміс ғалымы Генрих Зутердың (1848–1922) еңбегінен де кездестіреміз. «Араб математиктері мен астрономдары» деген кітабында ол отырарлық ғалым жөнінде бірнеше жолдық мағлұматтар келтірген.
Г.Зутер де Әбу-л Хасан Әлиді «Математика саласындағы аса күрделі еңбектері мен астрономиялық аспаптар жасауда және пайдалануда асқан шеберлігімен танымал ғалым, оның тамаша шығармалары кең таралған» деп жоғары бағалаған. Ал оның Исмаил әл-Жауһариге қатысы жайлы «әл-Жауһари деген ат ғалымның грамматик және лексиколог Әбу Насыр Исмаил бин Хаммад әл-Жауһаридың ұлы екендігін растай түседі» деп бөле-жара айтқан.
Алам ад-дин жайлы деректі жоғарыда аталған XІІІ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген Джамал ад-дин әл-Қифти еңбегінен ғана ұшыраттық. «Ибн Исмаил Әбу-л Хасан әл-Жауһари әл-манғұт Алам ад-дин әл-Бағдади деген ныспысымен белгілі» дейді.
Әл-Қифти Алам ад-дин «белгілі әскербасы» («ар-раккаб салар»), ғалым («алим фи-л илм»), Бағдадтың даналары мен тамаша ойшылдары арасында геометрия («илм ал-һандаса») мен математика («ар-рийадат») саласында алғыр ақыл («аз-зака») иесі, өте зерек еді» деп жоғары бағалаған. Бір қызығы ғалымдар арасында әрі атақты әскер басы, ал әскербасылар арасында атақты ғалым болғандар аз. Дей тұрғанмен Джамал ад-дин әл-Қифти жерлесіміздің осындай ерекшелігін атап кеткен. Түпнұсқадағы «раккаб салардың» алғашқы сыңары араб тілінде «салт атты» деген ұғымды білдірсе, екіншісі – парсы сөзі. Оның «қауым бастығы», «көсем», «басшы», «бастық» деген мағыналары бар. Сөйтіп, отырарлық тілшінің баласы тек ғалым ғана емес, сонымен қатар әскербасылығымен аты шыққанын байқаймыз. Бірақ Джамал ад-дин әл-Қифти Алам ад-диннің қандай майдан, қандай ұрыстарға басшылық еткендігін айтпайды.
Алам ад-дин негізінен астрономия, геометрия, математика, филология секілді ғылым салаларына қатысты еңбектер жазған. Оған таңдануға да болмайды. Өйткені VІІІ–ХІ ғасырларда тек әдебиет пен мәдениет, мұсылман заңы (фиқһ) мен тарих, философия мен логика ғана емес, сонымен қатар жаратылыстану ғылымы да барынша дамып, аударма өнері де жолға қойылған-ды.
6. Әбу Мұхаммед әл-Мұқаддаси әл-Фараби
Әбу Мұхаммед әл-Мұқаддаси әл-Фараби. Ортағасырлық араб тарихшысы Йақұт әл-Хамауи ар-Руми (1179-1229) «Муъжам әл-бұлдан» – «Елдер жайлы анықтама жинағы» деген еңбегінде Әбу Мұхаммед туралы бірнеше жолдық дерек келтірген, ол жайлы Әбу Дуджана деген кісінің екі ұлы Әбу Бәкір мен Әбу Зура һәм Әбу Бәкір бин әл-Мұқридің әңгімелегенін айтады. Сондай-ақ Әбу Мұхаммедті мақтап, ризашылық білдіріп еді деп әл-Хасан бин Мунир, әл-Хасан бин Рашиқ, Әбу Хатм, Мұхаммед бин Хиббан әл-Бусти, Әбу Саид Ахмед бин Мұхаммед бин Румайх ан-Насауиді атайды.
Сөйтіп өкінішке орай Йақұт ар-Руми бұл дананың туылған және қаза болған жылы, өмірі мен шығармашылығы жайлы ештеңе айтпаған. Сол себепті де Теһран, Стамбұл, Бағдад, Дамаск, Каир қолжазба қорларынан Әбу Мұхаммед әл-Фараби туралы сөз еткен Әбу Дуджананың ұлдары Әбу Бәкір мен Әбу Зура, сондай-ақ Әбу Бәкір бин әл-Мұқри, Хасан бин Мунир, әл-Хасан бин Рашиқ, Әбу Хатм, Мұхаммед бин Хиббан әл-Бусти, Әбу Саид Ахмед бин Мұхаммед бин Румайх ан-Насауи еңбектерін тауып, зерделеу керек.
Әйтсе де біз оны шамамен Х-ХІ ғасырларда күн кешкен деп шамалаймыз.
7. Әбу Фадл Сиддиқ әл-Фараби
Әбу Фадл Сиддиқ әл-Фараби. Ол хадисші. Фарабта туылған. Бірақ ныспысы соңында ас-Сунахи деп те жазылған. Ол сунақтық дегенді білдіреді. Бірақ бұл ғалымды Орта Азиялық Әбу Саъд ас-Самани (1113-1167) тек Сунахи ғана емес, сондай-ақ әл-Фараби деп те көрсеткен. «Ас-Сунахи, Мауараннаһрдегі Сейхунның (Сырдария өзенінің) арғы жағындағы Фараб атты қала (балда) маңындағы елді мекенге қатысты нисба. Осындай нисбамен (Сунахи деген атпен) көптеген адамдар белгілі болған. Солардың бірі Сунах елді мекенінен шыққан – Әбу-л Фадл Сиддиқ ибн Саид ас-Сунахи әл-Фараби»,- дейді де артынша: «Сунах – Исфиджаб (Сайрам) өлкесі шаһарларының бірі. Әбу Саъд әл-Идриси осылай дейді» деп өз дерегін толықтырып қояды.
Әбу Саъд Абд ар-Рахман ибн Мұхаммед әл-Астрабади әл-Идриси (?-1015) Самарқанда күн кешкен Орта Азиялық белгілі ғалым. Оның «Тарих-и Астрабад» – «Астрабад тарихы», «Тарих-и Насаф» – «Насаф тарихы» атты еңбектері бар. Ол жүз мың хадис білген деседі.
Хамдаллаһ ибн Әбу Бәкір ибн Ахмед ибн Насыр әс-Мұстауфи әл-Қазуини (1280-1350) «Нузһат әл-қулуб» – «Жүрек серуені» атты еңбегінде Сунақты (Сығанақты) Мауараннаһр өлкесіндегі Отырар, Шаш, Исфиджаб, Тараз секілді қалалар қатарына жатқызады, яғни ол Сунақты бөлек қала ретінде көрсеткен.
Иә, Сунақ (Сунах, Сығанақ) Сырдария бойындағы шаһар. Әбу-л Фадл осы Сунақта туылғанымен, өмірі мен қызметінің көпшілік бөлігін Фарабта – Отырарда өткізгендіктен, Әбу Саъд ас-Самани оның есім тізбегіне әл-Фараби деген сөзді де қосып жазды ма екен деп ойлаймыз.
Сонымен Әбу Саъд ас-Самани Әбу-л Фадл Сиддиқтың Самарқанға барып Марылық имам, белгілі хадисші Мұхаммед ибн Насыр әл-Маруази (Х ғ.) еңбектерін зерделегенін айтады. Сунақ-Фарабтық жерлесіміз сонан соң Бұхараға қоныс аударып, сонда Бұхаралық өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары – Саһл ибн Шазууайх әл-Бұхари, Хамид ибн Саһл әл-Бұхари, Әбу Әли Салих ибн Мұхаммед әл-Бағдади әл-Хафиз, Насыр ибн Ахмед әл-Хафиз және басқалардан хадистер жазып алған. Содан Фарабқа – Отырарға қайтып оралып һижраның 350/961 жылы қайтыс болады.
Бұхарада, Отырар перзентіне хадис айтқандар ішінде Бағдадтық ғалымдардың да болуына қарағанда Мауараннаһр халқының Таяу және Орта Шығыс жұртымен байланысы тұрақты болса керек.
Ал Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Насыр әл-Маруази Х ғасырда өмір сүрген Марылық дін ислам қайраткері, хадистанушы, өмірінің бірқатар жылдарын Самарқанда өткізіп, бірнеше кітаптар жазған, 10-нан астам шәкірттері болған ойпаз.
Әбу-л Фадл Сиддиқ ас-Сунахи (Сунақи) әл-Фараби Отырарлық ғалымдар Исмаил әл-Жауһари мен Исхақ әл-Фарабидің замандасы, тұстасы. Олар бірін-бірі білген болулары да мүмкін.
8. Саъд әл-Мүлік әл-Уасиджи (әл-Фараби)
Саъд әл-Мүлік әл-Уасиджи (әл-Фараби). Энциклопедист ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы жайлы жазған орта ғасырлық тарихшылардың көпшілігі және орыс оқымыстысы В.В.Бартольд (1869-1930) та оны әдетте Отырар маңындағы Уасиджде (Оқсыз) туылған деп көрсетеді. Фараб-Отырарға серік қалалардың бірі – Уасидж (Оқсыз) біздің заманымызға жетпеген.
Әйтсе де Отырар ауданының халқы Сырдарияның арғы беті – Отырар төбенің батыс тұсындағы қазіргі Маяқұмды – осы Оқсыз деп жорамалдайды. В.В.Бартольд Уасиджді «күмбезді мешіті, күшті билеушісі бар Кедерден екі фарсах төмендеу жатқан шағын бекіністі елді мекен» еткенін, оның ХІІ ғ. дейін дін аман болғанын айтады.
Әбу Саъд ас-Самани осы Уасиджден шыққан деп Уасиджи деген атпен белгілі болған Саъд әл-Мүлікті атайды.
Уасиджді Әбу Саъд «түркілер еліндегі мекен» деп көрсетеді де, «осы жерде Әбу Мұхаммед Абд ас-Саййд ибн Мұхаммед ибн Ата ибн Ибраһим әл-Афрани ан-Насафи, сонан соң Саъд әл-Мүлік деп аталған әл-Уасиджи де тұтқынға алынып еді»,- деп жазады.
Орта Азияның Насаф (Нахшаб – қазіргі Қаршы) уәлайатына қарасты Афуран, яки Афран кентінен шыққан хадистанушы Әбу Мұхаммад ан-Насафидің (Саъд әл-Мүлік Уасидждің) қандай кінәсы үшін қамалғаны белгісіз, бірақ оның өз кезінің білімдар адамы болғаны күмәнсіз.
Уасидж-Оқсыздық жерлесіміз Самарқанда Әбу Әли әл-Хұсайн ибн Әли ибн Ахмед ибн Абд ар-Рабин ас-Саканиден тағлым алыпты. Әбу Хафс Умар ибн Мұхаммед ибн Ахмед ан-Насафи әл-Хафиз ас-Саканиге сүйеніп хадис риуаят еткен. Әбу Саъд ас-Самани: «осы Әбу Хафс Саъд әл-Мүлікті Түркістан қалалары біріндегі Уасидж қамалында һижраның 414/1023 жылы қайтыс болды дейді» деп еске алады.
Ибн әл-Асир деген атпен белгілі Әбу-л Хасан Әли ибн Әби-л Карам Асир ад-дин Мұхаммед аш-Шайбани әл-Джазари (1160-1233) «Әл-Камил фи-т тарих»- «Толық тарих» деген еңбегінде осы ғұлама туралы: «Ол Саъд әл-Мүлік (патшалық бақыты) деген лауазыммен аталған. Оған ғұламаларды сыйлаған Хақан Мұхаммед ибн Сүлеймен құрметпен қараған. Ол раис Әбу Әли әл-Хасан ибн Әли ибн Ахмед ибн ар-раис ас-Санкабасиден хадис тыңдаған. Ал Саъд ал-Мүліктен Әбу Хафс Умар ибн Мұхаммед ибн Ахмед ан-Насафи хадистер айтқан» деп жазады. Екі автордың деректері бір-біріне ұқсас сияқты. Сондықтан да оларды үшінші бір бұлақ көздеріне сүйеніп зерттеу керек деп ойлаймыз.
Оқсыз перзенті жайлы қолымызда бұдан басқа деректер жоқ.
9. Йахия бин Ахмет Әбу Закария әл-Фараби
Йахия бин Ахмет Әбу Закария әл-Фараби. Ол жайлы деректі де Йақұт әл-Хамауи ар-Румидің «Мұъджам әл-бұлдан» – «Елдер жайлы анықтаманың» бірінші томынан таптық. Онда ол «Бараб» деген тақырып-сөз берген де: «Бұл үлкен және аумақты аймақтың (нахия) аты. Бұл жерді Фараб деп те айтады. Одан екі тілші – «Ас-Сихах фи-л луғаның» – «Тіл жайлы нағыз ақиқат» авторы Әбу Наср Исмайыл бин Хаммад әл-Жауһари және оның нағашысы «Диуан әл-адаб» – «Әдеп жинағының» авторы Исхақ бин Ибраһим (әл-Фараби) һәм тіл (білімі) имамдарының бірі Әбу Закария Йахия бин Ахмед әл-Адиб әл-Бараби шыққан», — дейді. Сөйтіп ол Әбу Закария Йахия әл-Фарабиді «әл-Бараби» деп көрсеткен. Дегенмен соңында бірақ «Әбу Саъд осылай дейді, бірақ мен (анық-қанығын) білмедім», – деп үстеп қояды.
Йақұт әл-Хамауи ар-Руми Джейхун деп атаған Әмударияның оң жақ жағалауында осылай аталатын қыстақ қазір де бар. Ол Бұхараның батысында. Бірақ Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби мен Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби Әмудария бойындағы Фарабтан емес, Сейхун (Сырдария) жағасындағы Фараб шаһарынан шыққан. Йақұттың өз айтқанына өзі күмәнданып «Әбу Саъд осылай дейді, бірақ мен (анық-қанығын) белмедім» деуі де сондықтан болса керек.
Жерлестері Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби мен Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фарабидің ізін ала шығып, ілімін жалғастырған тілші бабамыз жайлы деректі Исмайыл паша әл-Бағдади (әл-Бабани) атты қаламгердің «Һадийату-л-арифиин» – «Білгірлер сыйы» атты еңбегінен де ұшыраттық. Ол да бірақ Отырар ұланының аты-жөнін «Әбу Закария Йахия бин Ахмед бин Әбу Закария әл-Бараби» деп көрсетеді де: «Бараб Джейхунның жағасындағы үлкен аймақтың аты. Ол Фараб деп те айтылады. (Әбу Закария) көрнекті тілші, әдебиетші еді. Һижраның 425 (1033) жыл шамасында қайтыс болды. Ол «Китаб әл-масадир фи-л лүға» – «Тіл негізі жайлы кітаптың» авторы», — дейді.
10. Ахмет әл-Фараби
Ахмет әл-Фараби. Ол туралы мағлұматты кезінде Ауданбек Көбесовтың «Әл-Фараби» атты еңбегінен кездестіргенбіз. «Қазақстандық тарихшы ғалым Қажи Нұрсұлтанов 1968 жылғы «Білім және еңбек» журналының сегізінші санында жарияланған «Тағы бір Фараби» деген мақаласында ХІ-ХІІ ғасырларда Отырар бойынан шыққан, бұрын бізге белгісіз болып келген жаңа бір Фарабимен таныстырды. Оның есімі Ахмет Фараби. Ахмет өз дәуіріндегі белгілі математиктердің бірі болған сияқты. Қазір бізге оның «Китаб тадбир әл-хауз фи тадбир әл-ахуаз» («Хауызды дөңгелек хауызға айналдыру жайлы кітап») атты еңбегі белгілі. Бұл шығарма дөңгелекті квадратуралау мәселесіне арналған» деп жазған А.Көбесов.
11. Әбу Әли Хасан әл-Фараби
Әбу Әли Хасан әл-Фараби. Өз аты Әбу-л Хасан Әли. Әкесі Абд әл-Азиз. Бабасы Әбу Йахия. Арғы атасы Әбу Әли әл-Фараби.
Ол жайлы Наджм ад-дин Әбу Хафс Умар ибн Мұхаммед ан-Насафидің (1068-1142) «Китаб әл-қанд фи мағрифати улама Самарқанд» атты еңбегінен оқыдық. Аш-Шейх Әбу-л Хасан Әли ибн Абд әл-Әзиз ибн Әби Йахйа ибн Әби Әли әл-Бараби бізге, Самарқанға [һижраның] 521 жылы (1127-1128 ж.) келген. Ол бізден біраз нәрселерді үйреніп, бізге де біраз (жайды) жеткізген еді. Ол: «Бізге аш-шейх әл-адиб әл-Хұсайын ибн Хабл ас-Сабрани имам Әли ибн Исхақтан, имам Йусуф ибн Асимнан, Әбу Абдаллаһ Мұхаммед ибн әл-Фадл әр-Раууас әл-Балхидың Қасиетті Құранға жазған «Жами әл-Улум» атты түсініктемелерін берді», – дейді.
Оның есімі фақиһ (мұсылман құқығының маманы), Шафиғи мазһабының ғұламасы Әбу Исхақ Ибраһим бин Мұхаммед аш-Ширазиге (? – 1083) байланысты аталады. Отырар перзенті Әбу Исхақтың «Муһаззаб фи-л фуруғ» – «Түзетілген бөлімдер жайлы» атты еңбегіне түсіндірме жазыпты. Соған қарағанда ол да моңғол шапқыншылығынан кейін өмір сүрген сияқты.
Осы ретте мазһаб (діни құқықтық мектеп) туралы да айта кету керек секілді. Өйткені Х ғасырда Мауараннаһр жұрты қазіргідей түгел Әбу Ханифа мазһабында ғана емес, сондай-ақ имам Шафиғи (Әбу Абдалла Мұхаммед бин Идрис – 767-820) мазһабында да болған секілді. Осы соңғы діни-праволық мектепті Орта Азияға таратқандардың бірі «Құффал әл-Кабир» деген атпен белгілі болған Шаштық (Ташкенттік) Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Әли аш-Шаши (1038-1114) еді.
12. Бұрһан ад-дин Ахмед әл-Фараби
Бұрһан ад-дин Ахмед әл-Фараби. Ол XІ ғасыр басында туған мекені Отырар өлкесінде Қарахан әулеті құрған феодалдық мемлекеттің түрлі соғыстар мен шапқыншылықтар, алауыздықтар әсерінен ыдырап, тарих сахнасынан ауытқып кету қаупі басталған кезде дүниеге келген. Бірақ өкінішке орай қолымызда жерлесіміздің өмірбаяны немесе шығармашылығынан толығырақ дерек беретін жазба мағлұматтар жоқ. Ол жайлы неміс шығыстанушысы Карл Брокельманның «Араб әдебиетінің тарихы» атты еңбегінен бірнеше жолдан тұратын деректі ғана таптық.
Бурһан ад-диннің алғашқы білімді Отырарда алғанында дау жоқ. Ол кезде Йасы (Түркістан), Исфиджаб (Сайрам), Тараз, Шаш, Сауран, Сығанақ қалаларына араб, парсы жұртынан келген діндарлар, сондай-ақ түрлі ғалымдар келіп дәріс берген. Сол себептен Бурһан ад-дин де өзінен бұрын өмір сүрген отырарлық жерлестері немесе Орта Азия, Хорезм өлкесінен шыққан оқымыстылар секілді араб, парсы тілдерін жақсы білген. Бірақ Бурһан ад-динді біз Әбу Насыр әл-Фараби секілді Бағдад пен Шамда болды, сонда білімін молықтырған деп айта алмаймыз. Немесе өзі тұстас кейбір әкімдер сарайында тұрып, шығармасын солардың біріне арнады ма, жоқ па, ол жайлы да мағлұмат жоқ.
К.Брокельман оның «Заллат әл-Қари» («Намазда Құран оқу үстіндегі қателесу») деген еңбегін ғана айтады. Бурһан ад-дин жайлы әзірге бұдан басқа деректер бізге беймәлім. Араб әдебиеті мен мәдениеті, тарихына үңілсек, «Заллат әр-Қари» секілді дүниені Самарқан қаласының тарихы, ғалымдары мен даналары, сөз зергерлері мен ойшылдары туралы қалам тербеген Орта Азиялық Наджм ад-дин Әбу Хафс Умар бин Мұхаммад ан-Насафи (1068–1142) атты ғалым да жазған. Бұл тақырыпқа өзге де ғалымдардың қалам тартуы мүмкін. Өйткені қасиетті Құранды дұрыс оқу тәсілі күні бүгінге дейін өзекжарды мәселе. Әртүрлі мектеп өкілдері өз пікірінің дұрыстығын дәлелдегісі келеді. Соған қарағанда Құран кәрімді дұрыс оқуға үйрету Бурһан ад-дин өмір сүрген тұста да күн тәртібінен түспесе керек. Жалпы қасиетті Құран оқудың канонға айналған жеті түрі бар. Зерттеушілердің пікірінше Құран оқу кезіндегі қате әдетте кейбір әріптерді дұрыс айта алмау, кідірісті дұрыс жасай алмау секілді тағы да басқа мәселелер төңірегінде болады. Бурһан ад-диннің «Намазда Құран оқу үстіндегі қателесу» атты еңбегі де міне осы мәселелерге арналған. Соған қарағанда ол сөз жоқ араб тілі мен әдебиеті, дін тарихы, Құран мен сүннаны жақсы білген.
Түркияның Сүлеймания кітапханасынан мен оның тағы бір «Манзума фи-л муаннасати-с самаийа» атты қолжазбасын ұшыраттым.
Бурһан ад-динді К.Брокельман 1174 жылы қайтыс болған дейді. Ол өзінің туған мекені Отырарда көз жұмды ма, яки өмірі алыстағы араб елдерінің бірінде Әбу Насыр әл-Фараби секілді шаңыт жолға сарыла қарап, сағынышпен өтті ме, ол жағы белгісіз. Жерлес ғалымымыздың Бұхарадан табылған «Заллат әл-Қариінің» қолжазбасы қазір Санкт-Петербургте сақтаулы. Зерттеліп, кәдеге асырылса игі іс болар еді.
13. Әбу-л Қасым әл-Фараби//Әл-Фарйаби
Әбу-л Қасым әл-Фараби. Моңғол шапқыншылығына дейін өмір сүрген, аты да, шығармашылығы да оқырмандарымызға белгісіздеу болып келген ойшылдың тағы бірі Имад ад-дин Әбу-л Қасым әл-Фараби.
1854-1855 жылдары Қазан университетінің құрылғанына елу жыл толу мерекесіне орай университет ұстаздарының бірі шығыстанушы, проф. И.Ф.Готвальд (1813-1897) осы оқу орнының араб тіліндегі қолжазба қорымен таныстыратын арнаулы еңбек жазған. (Готвальд И. Ф. Описание арабских рукописей, принадлежащих библиотеке императорского Казанского университета. Казань, 1985). Онда ол әуелі қолжазбалардың жиналу тарихына тоқталған, сонан соң оларға сипаттама берген.
И.Ф.Готвальд өз еңбегінде Әли бин Махмуд бин Мухаммад ар-Раид әл-Бадахшани (XV ғ.) мазмұндап берген Имад ад-дин Ахмед Әбу-л Қасым әл-Фараби атты ғалымның «Халисату-л хақайқ» атты еңбегін келтіреді де, шығарманың 1851 жылы Қазанда басылып шыққанын ескертеді (Готвальд И. Ф. Описание арабских рукописей… 259-бет.).
Имад ад-дин әл-Фарабидің осы туындысын Қазан университетінің кітапханасынан көргендігін Қазақ кітаптарының қысқаша тарихын жазған А.Жиреншин де растайды (Жиренчин А. М. Из истории казахской книги. Алматы, 1987.). Осы ретте айта кетер жайт – Қазан университетінде шығыс тілдер факультетінің іргетасы қалана салысымен-ақ араб, парсы, шағатай, түркі және басқа да тілдердегі қолжазбалар жинала бастаған. Сөйтіп, университет кітапханасының қорына әр жылдары шығыс елдерінің тарихы, жағрафиясы мен әдебиетіне қатысты түрлі қолжазбалар түскен. Оның біразы ел арасынан жиналса, яки сатып алынса, ал енді бірқатарын белгілі дипломаттар мен қоғам қайраткерлері, ел басшылары сыйға тартқан, 1900 жылы И.Ф.Готвальдтың қайтыс болғанын үш жыл толу қарсаңында, осы бір еңбекқор да парасатты шығыстанушыға арналған жеке жинақ шыққан. Сол жинақтың 1–2-беттерінде И.Ф.Готвальдтың өмірі мен қызметін баяндайтын түркітанушы Н.Ф.Катановтың (1862–1922) мақаласы берілген. «Қазан университетінің профессоры болып жүріп, – деп жазған ол, – Готвальд 1851 жылы «Китаб халисату-л хуласа» деген Әли бин Махмуд бин ар-Раид әл-Бадахшанидің арабша шығармасын басып шығарды. Оны әл-Бадахшани 1210 ж. қайтыс болған отырарлық ғалым Әбу-л Қасым әл-Фарабидің «Халисату-л хақаиқ лима фиһи мин асалиб ад-дақаиқ» (Императорского Казанского университета почетный член, профессор и библиотекарь И.Ф.Готвальд (1813–1897). Казань, 1900, 1-2-беттер ) деген кітабынан алған еді» (Готвальд И. Ф. Описание… 259-бет).
Сонымен, Қазан университетінің баспаханасында И.Ф.Готвальд шығарған кітап авторы жоғарыда аталған Имад ад-дин Әбу-л Қасым әл-Фараби екендігі мәлім болды. Қазандық шығыстанушы жерлесіміздің аталған дүниесін баспаға дайындауда ортағасырлық ғалым, Әли бин Махмуд бин ар-Раид әл-Бадахшанидің еңбегіне сүйенген.
Данышпанның толық аты-жөні Имад ад-дин Әбу-л Қасым әл-Фараби. Өз есімі Имад ад-дин. Әбу-л Қасым (Қасымның әкесі) лақап аты. Бірақ К.Брокельман «Араб әдебиетінің тарихы» атты еңбегінің «Қосымшасында» оның толық аты-жөнін «Имад ад-дин Әбу-л Қасым Махмұд бин Ахмед бин Әбу-л Хасан әл-Фараби» деп жазады. Сондай-ақ ол әл-Фараби деген туған жерін білдіретін сөзден кейін жақша ішінде «Фарйаби» деген атауды да қоса көрсеткен. Оның бұлайша «Әл-Фараби» немесе «Фарйаби» деп екі түрлі атау көрсетуіне парсы әдебиеті тарихын жазған ағылшын ғалымы Ч.А.Стори (1888–1967) еңбегі себеп болған секілді (Стори Ч.А. Персидская литература. Библиографический обзор. М., 1972, 1-том, 515-бет.). Осы аталған автор өз зерттеуінде Имад ад-дин Әбу-л Қасым Махмуд бин Ахмед әл-Фарйабидің де атын айтады. Ғалымының парсы әдебиетінің де тарихына кіріп кетуінің себебі – Ч.А.Сторидің оны Фарйаби деп те жазуынан болса керек. Иә, Имад ад-дин Ч.А.Стори жазғандай Хорасандағы Фарйабта туылған. Кейінірек Бұхараға қоныс аударған түркі текті ғалым.
Шығыстанушылардың ешқайсысы да Имад ад-диннің туған жылын көрсетпеген. Соған қарағанда ортағасырлық араб, парсы шежірешілерінің еңбектерінде ондай дерек жоқ болса керек. Алғашқы білімді өз еліндегі медреселердің бірінде алған ол сол кездегі өз тұстастары секілді фәлсафа, этика, логика, тарих, жағрафия, астрономия іспетті тағы басқа ілім салаларынан сусындаған. Олай деуге оның қаламынан туған терең ой, сындарлы еңбегі дәлел болғандай.
Имад ад-дин еңбегінің толық аты «Халисату-л хақайиқ лима фиһи мин әл-асалиб (фи ануа әл-улум) ад-Дақаиқ» («Ғылым түрлері») бойынша нәзік тәсілмен (стилмен) жазылған таза шындық»). (Имад ад-дин әл-Фараби. Китаб халисату-л хуласа. Қазан, 1851).
Ч.А.Стори көрнекті ойшыл туындысының 1200 немесе 1201 жылдары жазылғанын айтады. Бірақ бұл шығарма күні бүгінге дейін жеке кітап боп толық баспа бетін көрген жоқ. Қазан басылымын есептемегенде, оның аталған шығармасы қазір Индия, Голландия, Түркия, Египет, Ватикан кітапханаларында, сондай-ақ Санкт-Петербург Шығыстану институтының қолжазба қорында сақтаулы. Шығыстанушылардың жазуларына қарағанда Имад ад-диннің аталған шығармасының Шығыстану институтындағы нұсқасы 1700 жылдары көшірілген сияқты. Көлемі – 117 бет. (Имад ад-дин Әбу-л Қасым әл-Фараби. Халисату-л хақаиқ лима фиһи мин әл-асалиб ад-дақаиқ (Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қоры).
Таза шындық» XІХ ғасырда бірқатар батыс шығыстанушыларының назарына іліккен. Шығарманың И.Ф.Готвальд жариялаған нұсқасына 1852 жылы белгілі неміс арабисі Густав Флюгель (1802–1870) рецензия жазған (Flügel G. Zeitschrift der Deutschen morgenländischen Gesellschaft. Leipzig. VI, 436/38.).
Әбу-л Қасымның әл-Бадахшани мазмұндаған шығармасының көлемі шағын. Бар-жоғы 62 бет қана. И.Ф.Готвальд оған қосымша ретінде төрт беттен тұратын «Есімдер көрсеткішін» қосқан (Имад ад-дин әл-Фараби. Китаб халисату-л хуласа. Қазан, 1851). Сөйтіп «Халисату-л хуласаның» тараушалары ықшамдылығымен ерекшеленеді: бір-екі бет қана. Соған қарағанда әл-Бадахшани Имад ад-дин кітабының оқушы үшін ең керекті жерлерін ғана алып «Таза шындықты» мазмұндауда шеберлік танытып, алдына қойған мақсатын ойдағыдай орындаған.
Ұзақ жылдары зерттеулер нәтижесінде Әбу-л Қасымның шынында да Хорасандағы Фарйабтық екені анықталды. Осы мәселені менің ұсынысыммен шәкіртім Нұрлан Анарбаев зерттеп философия (PhD) ғылыми дәреже алу үшін диссертация жазды.
Сөйтіп Отырар перзентінің «Таза шындығында» тақуа мұсылманға психология, мораль және дін ғылымы бойынша әрі қысқа, әрі нұсқа мағлұмат берілген. Шығарма ар-Раид әл-Бадахшани жазған алғы сөзбен басталған.
«… Кейбір бауырларым менен «Халиса кітабын» мән-мағынасын қысқаша мазмұндап, жаттап алуға ыңғайлы болу үшін аз-кем қысқартып, бас-аяғын жинақтауды өтініп еді» – деп жазады бадахшандық оқымысты. – Олардың тілегі мен ұсынысын қабыл алдым. Орындалған жұмысты «Хуласату-л халиса» деп атадым… Бұл кітап елу тараудан тұрады.
Бірінші тарау. «Ақыл жайлы». Білім иелері (Аһл әл-илм) айтқан: «Ақыл – жарқыраған жақұт. Оны құдіреті күшті, ұлы Алла мимен бірге дөңгелек етіп жаратқан. Жүрек арқылы ол жасырын (нәрсе) мен сезім бақылауымен танылатынды аңғарады. Ол былай деп әңгімелеген: Құдіреті күшті ұлы Алла тәңірі жарылқағыр Жебірейіл періштеге ақыл, иман, ұятты беріп, тыныштыққа бөленгір Адамға жұмсайды да: «Осылардың біреуін қалауыңша таңда» дейді. Адам ақылды таңдайды. Сонда тыныштыққа бөленгір Жебірейіл: «иман мен ұят, сен екеуің кетіңдер. Өйткені адам екеуіңнен ақылды артық көрді» дейді. Сонда иман ұятқа: «Сен кет. Құдіреті күшті Алла маған ақылмен бірге болуды бұйырған» дейді. Сонда ұят: «Құдіреті күшті Алла маған иманмен бірге болуға әмір еткен» дейді. Соңынан үшеуі бірігіп адам бойына тұрақтап қалды».
«Жан өмірі рухта, рух өмірі есте, ес өмірі жүректе, жүрек өмірі ақылда, ақыл өмірі ғылымда» деп базбір ойпаздың (аһл әл-мағрифа) айтқаны жайлы әңгімеленеді.
Екінші тарау. «Ғылым жайлы». Ғұлама адам (Алим әл-илм) былай деген: «Ғылым – ұғынықты да ақылға қонымды бүкіл ақиқаттың күзетшісі. Тыныштық пен батаға бөленгір пайғамбар: «Бұл дүние мен ол дүниенің (ақыреттің – Ә.Д.) жамандығы надандықта» деп еді.
Алла тағала риза болғыр Әли (Ибн Әби Талиб – Ә.Д.) жайлы әңгімеленеді. Ол былай деген: «Ғылым – өзен, даналық – теңіз. Ғалымдар өзен жағалап жүрсе, даналар теңіз ортасында (емін-еркін – Ә.Д.) сүңгіп жүр, кемедегі кемеңгерлері апаттан құтылу жолын күнілгері айтады». Тағы былай делінген: «Ақиқаттан қорқатын ғылым сөзі жаратылған жандының өмірін қияды… «(Имад ад-дин әл-Фараби. Китаб халисату-л хуласа. Қазан, 1851).
Сөйтіп, Имад ад-дин дүниедегі күллі нәрседен ақыл мен ғылым, имандылықты жоғары қойған. Оның әңгімені тек осы тақырыптан бастауы кездейсоқ емес. Білімділік пен имандылық қана адамды тәрбиелей алады. Адамның надандығы білімсіздігінен дегенді ол ашық айтқан. Отырар ғалымының ақыл мен ғылымға берген фәлсафалық тұжырымдары парасаттылыққа арналған шын мәніндегі ода секілді.
«Таза шындық» осылай ғибратты тараулармен әрі қарай жалғаса береді.
Сөйтіп, «Таза шындық» мораль және этика мәселелерін көбірек сөз ететін, заманы тудырған, өзі өмір сүрген қоғамы мен сол қоғам мүшелерін рухани тазалыққа үндеген игілікті дүние – дидактикалық шығарма. Иә, бұл дүниенің тазалық пен бірлік секілді жайттарды да қамти отырып, халықты адалдық пен имандылыққа шақырғандықтан да оның прогрессивті жағы болғандығын айттық. Ол белгілі бір дәрежеде Жүсіп Баласағұнның (XІ ғ.) «Құтадғу білігімен» де үндесіп жатыр.
К.Брокельман Имад ад-диннің «Мақсұд әл-аулийа фи махасин әл-анбийа» («Пайғамбарлардың қасиеттері туралы әулиелердің мақсаты») атты тағы бір трактаты атын атай отырып, Ч.А.Сториге сілтеме жасайды. Стори бірақ Имад ад-диннің бұл шығармасы атауының бірінші сөзін К. Брокельман секілді «Мақсұд» (мақсат) деп емес «мақасид» (мақсаттар) деп көпше түрде көрсеткен. (Стори Ч.А. Персидская литература. Библиографический обзор. І том, 515-бет.). Ол туындының пайғамбарлар өмірбаянын баяндаумен қатар арабтың алғашқы төрт халифасы жайлы да қысқаша әңгімелейтінін, әрі оның Әбу-л Музаффар Ибраһим бин Джалал ад-дин атты әміршіге арналғанын айтады.
Ағылшын шығыстанушысы К.Э.Босворт деректеріне сүйенсек, аталған әкім 1173–1203 жылдары түркі халқының Батыс қағанатына қараған Мауараннаһр жерлерін (Бұхара, Самарқан, Ферғана уалайатының батыс аймағы) билегенін көреміз. Соған қарағанда Имад ад-дин шамамен 1130 жылдары дүниеге келген сияқты. Әбу-л Музаффар сарайына ол әрине кемеліне келіп, атағы елге мәлім болған кезде келген. Ондай кезді біз 40 пен 50-дің арасы десек, туған жылы деп көрсетілген жоғарыдағы мерзім өмір шындығына жақын келеді деуге болады.
Иә, Имад ад-диннің «Пайғамбарлардың қасиеттері туралы әулиелердің мақсатынан» (Имад ад-дин әл-Фараби. Мақасид әл-әулийа фи махасин әл-анбийа. Ташкент қолжазба институтының қоры) басқа да «Унуан әл-мауағиз» («Уағыз тақырыптары») атты еңбегі бар. (Имад ад-дин әл-Фараби. Унуан әл-мауағиз. (Ташкент қолжазба институтының қоры). Олар да біздің заманымызға жеткен.
14.Абд ас-Самад әл-Фараби
Отырарды 1219 жылдың күзінде моңғол шапқыншылары қоршап, ақырында қиратқаны белгілі. Бірақ осы бір үлкен рухани, мәдени, ғылыми орда араға жылдар салып қайта көтерілген. Сондай шапқыншылықтан кейін дүниеге келіп, Отырарда өмір сүрген тағы бір ғалым – Абд ас-Самад әл-Фараби.
Кейбір жазбаларда ғалым Заһир ад-дин әл-Фараби деп те көрсетіледі. Отырардың бұл перзенті туралы аз мағлұматты Осман тарихшысы Хаджи Халифаның (1609-1658) «Кашф аз-Зунунынан» ұшыраттық.
Ол Отырар ұланының парсы текті әл-Байдауидің «Тауалиғ ал-Анзар» – «Тағдырға көзқарас» және «Минһадж әл-усул» – «(Фиқһ) Негізіне жол» деген еңбектеріне түсіндірме жазғанын айта келіп, оның һижраның 707/1307 жылы дүниеден өткеніне ғана тоқталған. Басқа дерек келтірмеген.
(Шираз маңынан) шыққан имам Насыр ад-дин Әбу-л Хайыр Абдалла бин Умар Мұхаммед ибн Әли (?-1290), әдетте бірақ «әл-Байдауи аш-Шафиғи» деген ныспысымен белгілі болған өз заманының озық ойлы ғалымы еді. Ол Құран кәрімнің жекелеген сүрелеріне тәпсірлер жазған, фиқһ ғылымына байланысты да бірқатар еңбектердің авторы. Абд ас-Самад әл-Фараби сөйтіп осы Насыр ад-дин Әбу-л Хайыр Абдалла әл-Байдауидің аталмыш екі дүниесіне түсіндірме жазыпты. Соған қарағанда Фарабтық ойшыл қасиетті Құран, хадис шәріп, фиқһ ғылымын, әрине, араб тілін де жақсы білген.
Моңғол шапқыншылығынан кейін де Отырардан Абд ас-Самад секілді ғалымдар шыққанына қарағанда Фараб шынында да қайта көтеріліп, бұрынғысынша мәдени, ғылыми, діни-руханият орталығы ретінде тіршілік ете берген.
15. Махмұд әл-Фараби
Махмұд әл-Фараби.1218–1219 жылдары басталған моңғол шапқыншылығы Қазақстанның Жетісу мен Сыр бойындағы қалаларын жермен жексен етті.
Н.Н.Туманович академик В.В.Бартольдтың (1869-1930) жарияланбаған, тезистері ғана түзілген еңбектері жайлы жазған сипаттамасында атақты ғалымның «Программа по истории государственности в Туркестане» деп аталатын жазбаларын келтірген. Осы шығарманың «Чингизхан» (Темучин) и влияние монголов на развитие государственной власти» деген сілтемедегі тармағынан «Махмут Фараби қозғалысы және оның әлеуметтік тамырлары» деген жолдарды оқимыз. Бұл сонда қай Фараби? Жоғарыда айтылған Имад ад-дин әл-Фараби ме? Жоқ, әлде ол елін, жерін сүйген Отырар перзенттерінің тағы бірі ме? Имад ад-дин әл-Фараби 1210 жылы қайтыс болды дедік. Ал В.В.Бартольд жазбаларындағы Махмут әл-Фараби болса, Отырарды моңғол шапқыншылары басып алғаннан кейін жат-жерліктерге қарсы қозғалыс ұйымдастырды дей аламыз. Мұндай ойға бізді В.В.Бартольдтың «Махмут Фараби қозғалысы және оның әлеуметтік тамырлары» деген жолдары жетелейді. В.В.Бартольд еңбегінде Махмут жайлы басқа деректер жоқ.
16. Қауам ад-дин әл-Фараби әл-Итқани
Қауам ад-дин әл-Фараби әл-Итқани. Назарымызды аударған оның Итқани, Атқани (Иқани) деген аты-жөні еді. Өйткені Түркістанның шығыс кіре берісі мен Отырардың солтүстік өкпе тұсында, яғни одан шамамен 30 шақырым жерде ескі Иқан деп аталатын кент бар. Қазақ Совет энциклопедиясында ол туралы: «Иқан орта ғасырларда салынған елді мекен; Түркістан қаласының оңтүстік шығысындағы қазіргі ескі Иқан бұрын солай аталған. Иқан қаласының негізі қашан қаланғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Хафиз-и Таныш (1549-1605) «Абдулла наме» атты еңбегінде Бұхара ханы Абдулланың 1582 жылы Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы жорық жасаған кезде Иқанға тоқтап өткенін жазады.
XVIII ғ. жасаған белгілі тарихшы П.И.Рычков «Орынбор губерниясының топографиясы» деген еңбегінде Иқанда 300-ге жуық үй болғанын және оның тұрғындары егін шаруашылығымен айналысқанын сөз еткен. Орта ғасырларда Иқан Түркістан өлкесі қалалары қатарында едәуір рөл атқарған» деп жазған.
Бірақ отандық зерттеушілер еңбектерінде ол Иқан деп жазылса, ал араб тілді бұлақ көздерінде Итқан, Атқан деп көрсетілген.
Міне, осы Иқаннан (Атқан, Итқан) шыққан да парасат иелері бар. Соның бірі Әмір Катиб бин Әмір Умар әл-Итқани. Оның өмірі һәм шығармашылығымен біз «Қазақ даласының жұлдыздары» атты еңбегімізде (1995 ж.) тұңғыш рет қысқаша таныстырғанбыз. Онда ғалымның алғашқы білімді өз отанында алып, одан кейін Иқан медреселерінің бірінде ұстаздық еткенін, соңыра Орта Азиялық ойпаз Бұрһан ад-дин әл-Марғинанидің (1123-1197) «Әл-Һидая» – «Басшылық» атты еңбегіне түсіндірме жазғаны һәм ғалым бабаның ол дүниелерін Ташкент пен Ресей кітапханалары қолжазба қорларынан ұшыратқанымыз туралы айтқанбыз.
Араб тілді жазба деректерде Қауам ад-диннің Түркістан мен Фараб төңірегіндегі Итқан (Иқан) кентінде һижраның 685 (1286) жылы шаууал айының 19, сенбі күні түнде дүниеге келгені айтылады. Әуелгі білімді ол өз отанында алған. Бірақ дәл қай жерде – Отырар немесе Иқан яки Түркістан, Арысбаникет (Усбаникет), немесе Исфиджаб – Сайрамда оқыды ма, өкінішке орай ол туралы деректер жоқ. Араб тарихшылары оның медресені тамамдаған соң Әбу Ханифа мазһабын шұқшия зерделегеніне тоқталды. Бұл ретте болашақ кемеңгердің қолына әуелі Орта Азиялық ғұламалардың еңбектері іліккен. Әсіресе ол Наманғанның солтүстік батысындағы, Сырдария жағасында болған шаһардан шыққан Ахсикенти және Марғинани атты ғалымдардың шариғат жайлы туындыларына көбірек үңілген.
Иқандық ғалым Дамаскіде біраз тұрған соң, көп ұзамай Мысырға аттанады. Әйтсе де ол онда да тұрақтамай Бағдадқа кетіп, онда осы шаһар қазылары бірі қызметін 25 жыл атқарған. Әбу Ханифа (699-767) кесенесі жанындағы медреселердің бірінде сабақ берген.
Қауам ад-дин 1345 жылы Шам астанасына оралады. Әйтсе де онда бар-жоғы бір-ақ жыл тұрып, 1346 жылы Мысырға кетеді. Каирдегі Саргатмашия (Сұрғатмашия) медресесінде ұстаздық етіп, 1356 жылы 73 жасында қайтыс болады. Ол медресе қазір де бар. Дін аман тұр. Мен Каирге барған сайын бабамыздың ізі қалған осы оқу орнын көріп, жерлесімізге дұға жасап отырам.
Біздің заманымызға Иқан перзентінің 10-нан астам еңбегі жеткен.
Олар қазір Египет, Түркия, Голландия, Өзбекстан, Ресейдің кітапханалары мен қолжазба қорларында сақтаулы. Біразының көшірмелері менің де жеке мұрағатымда бар. Екі трактаты Кувейт пен Түркияда жарық көрген.
2013 жылы оның өмірі мен ғылыми мұрасын зерделеуге арналған зерттеуім (Қауам ад-дин әл-Итқани (әл-Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани [1286-1357]. Өмірі мен мұрасы. Алматы, 2013) жарияланды.
Иқан жұртымен кездесіп, ол туралы әңгімеледім. Риза болған иқандықтар оған арнап әдейі мешіт салды. 2008 жылы 27 желтоқсанда мешітті барып ашып, Қауам ад-дин атын бергіздім.
2020 жылы 14 қарашада Иқан жұрты оның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық конференция өткізді. Қатысып баяндама жасадым. Сондай-ақ онда 2013 жылы шыққан «Қауам ад-дин әл-Итқани (әл-Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани» атты монографияны өзбек ғалымдары өз тілдеріне аударып жариялануына байланысты тұсаукесері де өтті.
17. Хұсам ад-дин Отырари
Хұсам ад-дин Отырари. Ол туралы деректі арабтың атақты саяхатшысы Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Баттутаның (1304 – 1377) «Тухфат ан-нуззар фи гараиб әл-амсар уа аджаиб әл-асфар» – «Қалалар мен саяхат таңғажайыптарын пайымдаушыларға сый» атты еңбегінен таптым. Ибн Баттута Орта Азияға Шыңғысхан ұрпақтары бұл өлкені бөліп алып билеп тұрған кезде келген. Ол әуелі жолай Жайық бойындағы Сарайшық қаласына тоқтаған. «Бұл қалада түркі текті қарияның забия (мешіті) бар. Қартты олар ата деп атайды. Ол әке дегенді білдіреді. Онда бізге ол дәм таттырып, бата берді. Бізді онда қаланың қазысы да қабылдады. Бірақ оның аты есімде қалмапты» деп жазады. Сонан соң Ибн Баттута Үргеніште, кейін Бұхара, Самарқанда болып Насаф – Нахшабқа (қазіргі Қаршы маңындағы ежелгі шаһар) да ат басын тірейді. Қала шетіндегі қоста ол фарабтық тақуа фақиһ, шейх, Маулана Хусам ад-дин әл-Йағимен кездеседі. «Оның есімі (Йағи). Түркі тілінде ол «кекшіл» (?) дегенді білдіреді. Ол отырарлық» деп еске алады жиһанкез.
Ибн Баттута Отырарлық дін қайраткері туралы өзге дерек келтірмеген.
Отырардың бұл перзенті Умрик деген лақап есіммен де белгілі. Ол «Бадр әл-аимма» – «Имамдар айы» деп атанған қазақ даласының Кердеріден шыққан тағы бір ғұлама ұланы әл-Кердери Қаһарзаденің шәкірті, сонымен қатар итқандық аталмыш Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани ұстаздарының бірі болған.
Бұл парасат иесі де зерттеуге мұқтаж.
18. Мұхаммед бин әл-Хұсейн Мадж ад-дин әл-Усрушани, Мұхаммед бин Хұсейн әл-Фараби (?-1234).
Мұхаммед бин әл-Хұсейн Мадж ад-дин әл-Усрушани, Мұхаммед бин Хұсейн әл-Фараби (?-1234). Ол Әбу Насыр әл-Фарабидің «Фусус әл-хикам» — «Кемеңгерлік меруерті» атты еңбегіне шарх (түсіндірме) жазған. Ол Түркияның Мармара, Баязит, Сүлеймания университеттері кітапханасында сақтаулы. Барлық университеттердегі нұсқалары 116 бет және оларда 1291 жыл деген мерзім көрсетілген. Тек Баязит университетіндегі нұсқасы 78-ақ бет, Сүлейманиядағысы 106 бет. Соңғыда 1013 жыл деген мерзім көрсетілген.
Осман тарихшысы Хаджи Халифа да «Кашф аз-зунун ан-асами әл-кутуб уа-л фунун» атты еңбегінде Әмір Исмайыл әл-Хұсайни әл-Фарабиді атай отырып, оның Әбу Насыр әл-Фарабидің «Кемеңгерлік меруерті» атты еңбегіне түсіндірме жазған деп көрсеткен және оны [һижраның] ол 494 жылы қайтыс болды деп жазады. Ол біздің жыл санауымыз бойынша 1100 жылға сәйкес келеді. Соған қарағанда Сүлейманияда көрсетілген мерзім дұрыс сияқты.
Түркия «Куприли» кітапханасындағы қолжазбаларға сипаттама жасаған түрік оқымыстылары доктор Рамазан шешен мен Джауад Ізгі Джамил Ақпинар Әбу Насыр әл-Фарабидің «Фусус әл-хикам» («Кемеңгерлік меруерті») атты фәлсапалық шығармасына шарх (түсіндірме) жазған Исмайыл әл-Хұсайни әл-Фараби атты білімпаздың атын атаған да, оны 1489 жылы дүниеден өткен деп көрсеткен. Ол қолжазба каталогта 886 реттік санмен берілген. Қолжазба ортасында Әбу Мұзаффар Сұлтан Йағқұб Баһадурхан деген кісінің аты аталады. Өкінішке орай әзірге Исмайыл әл-Хұсайни әл-Фараби жайлы қолымызда басқа деректер жоқ.
Хаджи Халифа мен Джауад Ізгі Ақпинар айтқан әл-Фарабилер бір кісі емес пе екен?
19. Маула Мұхаммед әл-Фараби
Маула Мұхаммед әл-Фараби. Отырарлық бұл оқымысты да Қауам ад-дин секілді XIV ғасырда өмір сүрген. Ғалым ныспысында әл-Хорезми деген де атау бар. Соған қарағанда жерлесіміздің әкесі Хорезмдік сияқты. Ал Отырарда туылған Маула Мухаммад өзін Хорезми деп емес, отырарлық екенін білдіру мақсатымен әл-Фараби деп жазған.
Маула да алғашқы білімді Отырар медреселерінің бірінде алған. Содан кейін Шаш, Бұхара, Самарқан секілді қалаларда тағлым алып, білімін молықтырыпты. Сол шаһарларда оқи жүріп, жергілікті оқымыстылармен достық қатынаста болған. Оның себебі Отырар ұланының Шаштық (қазіргі Ташкенттік) Низам ад-дин бин Мухаммад Азиз аш-Шаши (?-954) еңбегіне түсіндірме жазуында деп ойлаймыз. Шаштық ғалым «Усул» («Негіз») деген трактат жазған. Ол әдетте «Усул «аш-Шаши» («Аш-Шаши «Негіздері») деп аталады. «Усул» (бұл жерде) Усул – Ислам үкімдерін шығаруда қолданылатын ереже-қағидаларға айтылады.
Низам ад-дин аш-Шаши де өз еңбегінде осы мәселелер жайлы ойларын ортаға салып, мұсылман заңы туралы мәні терең тұжырымдар жасаған. Ал Отырар перзенті аш-Шашидің осы туындысына түсіндірме жазыпты. Әрі оны Египетте һәм қазіргі Түркияда жүрген кезде 1379 жылы аяқтапты.
Ғалымның туған жылы да беймәлім. Бірақ сол кездегі тарихи жағдайларға ой жүгіртсек, болашақ ғалым Отырарда шамамен 1320 жылдары дүниеге келген сияқты, яғни ол Әмір Темірдің тұстасы. Ол кез аламантасыр, сүреңсіз соғыстар мен толассыз тартыстар үзілмеген кез-ді. Маула Мухаммад, әрине, ондай оқиғалардың куәсі де болуы мүмкін. Бірақ әлі әзір қолымызда ондай деректер жоқ. Оның қай жылы қай жерде қайтыс болғанын да білмейміз. Бұған жауапты ұзақ ізденістер мен шұқшия зерттеулер ғана береді. Тек көңіл көншітер нәрсе – Отырар перзентінің аталған түсіндірмесінің ғасырлар парағының арасында ұмыт қалмай, бізге жеткені.
20. Аға Хасан әл-Фараби
Аға Хасан әл-Фараби. Оның біздің заманымызға Түркия кітапханаларында сақтаулы «Һидая тәржімасы» атты еңбегі жеткен. Ол Орта Азиялық Бұрһан ад-дин әл-Марғинанидің (?-1197) «әл-Һидая» атты Әбу Ханифа мәзһабында жазылған еңбегінің аудармасы. Ал автор жайлы мағлұмат жоқ.
21. Әбу Фадл Таһир бин Мұхаммед әл-Фараби Заһир
Әбу Фадл Таһир бин Мұхаммед әл-Фараби Заһир. Өз аты Әбу-л Фадл Таһир. Әкесі Мұхаммед. Оның шығармасы «Диуан» – «Жинақ» деп аталады. Қолжазба Түркияның Баязит мемлекеттік кітапханасында сақтаулы. Өмірі жайлы деректер жоқ.
22. Абд әл-Латиф ибн Ахмед әл-Фараби
Абд әл-Латиф ибн Ахмед әл-Фараби. Өз аты Абд әл-Латиф. Әкесі Ахмед. Каир кітапханаларының бірінен мен оның «Әл-Харакату-л фикрийа уа-л-әдабийа фи-л алами-л араби ал-хадис Дар әл-Байда. 1983» атты кітабын ұшыраттым. Ол Мароккода шыққан еңбек. Сондай-ақ Бейрутте де 1995 жылы басылыпты. Туынды Түркияның Жумһурият университеті, илаһийат факультеті кітапханасында да тұр. Осы Абд әл-Латиф ибн Ахмед әл-Фараби атымен байланыстырылады.
23. Абдуллаһ бин Мұхаммед бин Йусуф Насыр әл-Фараби әл-Әзди
Абдуллаһ бин Мұхаммед бин Йусуф Насыр әл-Фараби әл-Әзди. Өз аты Абдулла. Әкесі Мұхаммед. Бабасы Йусуф Насыр әл-Фараби әл-Азди. Отырардың бұл перзенті тарихшы сияқты. Оның «Тариху-л улама әл-Андалус» – «Андалусия ғұламаларының тарихы» атты еңбегін Мысырдан және Түркияның Ататүрк университеті, илаһийат факультеті кітапханасынан ұшыраттым. Отырарлық бұл ойшыл жайлы да әлі әзір қолымызда деректер жоқ. Шығарманың тарих мәселесіне арналғанына қарағанда ол тарихшы сияқты.
24. Бадр ад-дин бин Нұр ад-дин бин Аййуб бин Ибраһим әл-Фараби
Бадр ад-дин бин Нұр ад-дин бин Аййуб бин Ибраһим әл-Фараби. Өзінің аты Бадр ад-дин. Әкесі Нұр ад-дин. Бабасы Аййуб. Арғы атасы Ибраһим. Бұл ғалымның өмірі мен шығармашылығы зерттелу үстінде. Қолжазбасы Санкт-Петербордың қолжазба қорында тұр.
* * *
Ибн әл-Фуати деген атпен білгілі Камал ад-дин Абд ар-Раззақ ибн Ахмед ал-Бағдади аш-Шайбани ал-Ханбали (1244-1323) ныспылы хадисші, тарихшы ғалымның «Маджма ал-адаб фи муғджам ал-алқаб» атты 5 томдық еңбегінде тек Отырар ғана емес, қазақ жерінің Қайалық, Имил (Еміл), Түркістан, Женд, Сауран, Исфиджаб, Қараспан, Сығанақ, Иқан (Итқан), Жікілдік (Тараз маңындағы шаһар) парасат иелері туралы мағлұматтар бар. Ол Фарабтан шыққан 3 (үш) ғұламаны Отырари – отырарлық деп көрсеткен. Олар:
25.Умдат ад-дин Әбу Талиб Мұхаммед ибн Абд әл-Азиз ибн Ахмед ибн Абд ар-Рашид әл-Утрари әл-Мукри
Осындай ғалым бабаларымыздың арасында ақындары бар ма?
Бар. Солардың бірнешеуін атап кетуге болады. Мысалы Умдат ад-дин Әбу Талиб Мұхаммед ибн Абд әл-Азиз ибн Ахмед ибн Абд ар-Рашид әл-Утрари әл-Мукри. Өз аты Умдат ад-дин Әбу Талиб Мұхаммед. Әкесі Абд әл-Азиз. Бабасы Ахмед. Арғы атасы Абд ар-Рашид.
Бұл парасат иесі Қасиетті Құранды өте жақсы оқыған. Оның мән-мағынасы жайлы талас пікірлерге де барған. Өмірі хақында өзге мағлұмат жоқ.
26. Ала ад-дин Әбу-л Харис Арслан ибн Дауд ибн Әли әл-Отрари әл-Муаддиб әл-Фақиһ
Ала ад-дин Әбу-л Харис Арслан ибн Дауд ибн Әли әл-Отрари әл-Муаддиб әл-Фақиһ (?-1303). Өз аты Ала ад-дин Әбу-л Харис Арыслан. Әкесінің ныспысы Дауыт. Бабасы Әли. Отырари – Отырарлық екенін, муаддиб – ұстаз, тәрбиеші, фақиһ – дін заңгері дегенді білдіреді. Бағдадта тұрған. Фиқһ, адаб ғалымы. Араб тілінен сабақ берген, кітапханашы болған. Ибн әл-Фуати «мен оның өлеңдерін жазып алдым, қызметінде болдым. Ол 702 (1302-1303) жылы дүниеден өтті» деп жазады. Өзге дерек жоқ.
27. Мадж ад-дин Әбу Әли Фадлаллаһ ибн Мұхаммед ибн Ахмед әл-Отрари әл-Мунаджжим
Мадж ад-дин Әбу Әли Фадлаллаһ ибн Мұхаммед ибн Ахмед әл-Отрари әл-Мунаджжим – жұлдызшы ғалым. Өзінің аты Мадж ад-дин Әбу Әли Фадлалла. Әкесінің есімі Ахмед.
28. Саййд Джалал ад-дин әл-Итқани әл-Отрари
Саййд Джалал ад-дин әл-Итқани әл-Отрари. Ол да аталмыш Қауам ад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1356) сияқты Иқаннан шыққан. Ол да ныспысына тек Иқанды ғана емес, сонымен қатар Отырарды да қосқан.
Саййд Жалал ад-дин әл-Итқани әл-Отырари Әмір Мұхаммед ибн Умар ибн Атиқ ибн Әбу Бәкр ибн Мұхаммед ХІІ ғасырдың екінші, ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Отырар перзенті [һижраның] 722 (1322) жылы 8 рамазанда Еділ бойындағы сарай шаһарында Махмуд ибн Мұхаммед ибн Дауыт әл-Луълуи әл-Бухари әл-Афшанджидің (?-1272) «Әл-Хақаиқ фи шарх әл-Мансума фи хилафийат ли-н Насафи» (екінші қысқаша аты «Хусул әл-ма’мух) атты еңбегін көшіріп бітіріпті. Ол қазір Түркияда Сүлеймания кітапханасының «Хазреті Хамед» қорында (№85) сақтаулы. Көлемі 263 бет. Соған қарағанда ол хаттат болған сияқты.
29. Қиуам ад-дин Әбу Әли Ахмед ибн Абд ар-Рашид әл-Отрари әл-Фақиһ
Қиуам ад-дин Әбу Әли Ахмед ибн Абд ар-Рашид әл-Отрари әл-Фақиһ. Өз есімі Қиуам ад-дин Әбу Әли. Әкесі Әли Ахмед. Бабасы Абд ар-Рашид. Ибн әл-Фуати оны адаб саласының білгірі еді дей отырып төмендегі
Адам баласының өмірде қулығы көп,
Алаяқтың қулығын өлім үзеді.
Егер жүзіңді сұраушы кейпінде көрсетер болсаң
Ал ол: «Мен ол жомартты жомарттыраққа құрбан етем!»
Уақыттың (заманның) өзгеруін күтіңдер, сөйтіп
Жаманшылық құрсауынан құтылғандай көрінеді» деген өлең жолдары соның қаламынан туған» дейді де №4 ескертуінде оны жоғарыда аталған Умдад ад-дин Әбу Талиб әл-Отыраридің немере інісі деп көрсетеді.
30. Камал ад-дин Әбу Насыр Йусуф ибн Әбу-л Қасым ибн Исмайыл әл-Итқани
Камал ад-дин Әбу Насыр Йусуф ибн Әбу-л Қасым ибн Исмайыл әл-Итқани. Өз аты Камал ад-дин Әбу Насыр Йусуф. Әкесінің есімі Әбу-л Қасым. Бабасының ныспысы Исмаил. Ол лексикография мен адабтың білгірі, фақиһ болған.
Отырар – Иқанның бұл перзентін де ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген деп шамалаймыз. Оның туған жері Отырар – Фараб деп жазылмаса да Иқан Отырар маңында болғандықтан, ол туралы мағлұматты да осында келтірдік.
31. Мұхаммед Абдалла әл-Фараби
Мұхаммед Абдалла әл-Фараби. Туған және қайтыс болған жылдары әлі әзір белгісіз. Кейбір деректерге қарағанда философия, логика саласының маманы болған сияқты. Мұхаммед әл-Фарабидің логика мәселесіне арналған «Шарх әл-гурра әл-мантық» атты «Логикаға ең үздік түсіндірмелер» трактатының көшірмесі АҚШ-тың Принстон университетінің қолжазба қорынан табылды. Ол жайлы зерттеулер алдағы күндер еншісінде.
Сонымен күні бүгінге дейін бізге 31 отырарлық ғалым белгілі болып отыр. Іздей берсек өзге де Фарабилер табылуы мүмкін.