Мұхтар Мағауин. БАЛАҚАН. Ғұмыр-бастау шежіресі

Бейдауа дерттен мезгілсіз өткен немерем
Кәмиланың (28.V.1999 – 10.VІ.2017)
мәңгілік рухына… – Атасы.

Бақытты, қуанышты, мұңды, зарлы балалық шақ туралы естелік әйгілі «Мен» – қаламгерлік рухани ғұмыр туралы дилогияға жалғас кезеңде таңбаға түсуге тиіс еді. Мемуарлық хамсаның бір тармағы. Басқа да тарауларымен қоса, белгісіз уақытқа шегінді. Ақыры, арада жиырма жыл өткенде, қаншама әңгіме, толғау, хикаят, «Кесік бас», «Қыпшақ аруы», «Жармақ» романдары, ең бастысы – Шыңғыс хан туралы төрт томдық эпопея жазылып біткен соң, «Естеліктер кітабына» кезек тиген. Негізінен алдағы ағалар: Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұлан, Нығмет Ғабдуллин… Бұларға жалғасты, замандас, тұрғылас, әйтсе де өмірден бұрынырақ кеткен Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Сайын Мұратбеков… Елесі айқын тағы бір бейнелер. Ақырына жеткеміз жоқ, әйткенмен, дендеп қалғанымыз анық. Енді ұзатпай, ғұмыр бойы көкейде тұнған және бар бедері айқын, ұмытылмас балалық шақ туралы жазбаларға уақыт бөлу қажетіне ден қойдық. Әуелде, жеткін шағыма дейін бажайлап жазбақ едім. Енді біршама ықшамдап, келтесінен қайырғалы отырмын. Соңғы бір тарамды тағы да қусыру қажет сияқты. Балалық мемуардың көлемінен тартыну емес. Өзімді тәрбиелеп өсірген ғазиз Әжемнің қапалы өлімінен кейінгі екі жыл тым ауырға түседі екен. Жазу қиындығынан бұрын жүйке-жүрекке салмағы неше батпан. Ол да емес. Өткен ғұмырдағы ең қияпат мезгілді тәптіштеу – аса бір қолайсыз жағдаят көрінді. Және осыншама зұлмат заман біздің келешек ғұмырымызға ғана емес, өсу-өркендеу, таным-білім, бар жазуымызға қоңыр көлеңке түсіруі күмәнсіз. Бұл ретте Фрейдке жүгінбей-ақ нақты айта аламыз. Сонымен қатар, өткен тіршілік, оның ішінде балалық шақтың әрқилы әсер-ықпалы біздің бірқанша шығармаларымыздан нақты танылып тұрса керек. Өмірлік тәжірибе, оның ішінде бастапқы кезеңнің қуат-күші де осында.
Енді, айқындама, шағын кіріспе сөзден соң, бүгінгі ұзақ ғұмырдың бастау жылдары туралы бүкпесіз, риясыз хикаяға кірісейік.

Бірінші бөлім
БҮЛДІРШІН – 1941-1947 жылдар
Ақша қар, кең дүние

Күресінде, биік қабақ басында тұрмын. Аяқ асты көз шағылардай аппақ. Кіршіксіз таза. Тақау төңірек, тау мен қыр түгел ақ шаңқан. Кейін ойлаймын, асса екі рет қана жауған, әлі бекімеген күпсек қар. Қарашаның орта тұсы, немесе желтоқсанның басы.
Шыңылтыр аяз. Үстім жылы. Тәрізі, алдағы жылдарда кеңейтіліп, қайыра тігілген үйреншікті киім – қаракөл тон, үкілі, қаракөл құлақшын, аяғымда сырма, қалың байпақ. Жалғыз емеспін, қасымда әжем тұрса керек. Таза ауамен тыныстасын, өзінше қармен ойнасын деп сыртқа алып шыққан. Ал мен ойнағам жоқ, қимылсыз қалтиып, кейінде көргенімдей, біздің ата қыстауымыз орныққан жартасты қабақ үстінен төмен – қар басқан, ақбурыл тоғайға қарап тұрмын. Өзенді бойлай біткен қалың тал. Тура қарама-қарсы бет – аз-маз ашық алаңқайда бір кісі ағаш қиып жатыр. Отынға. Сол кісінің қарш еткізіп балта ұрғанына, бұтақты, биік, ақсұр талдар бірінен соң бірі қалай құлағанына үңіле қараймын. Қызығы – құлаған ағаш емес. Үлкен сауал, жылы жұмбақ үстінде ойланып тұрмын. «Мына кісі менің ағам ба… Әлде ағам емес пе…» Ақыры, тым көп бас қатырмай, «ағам емес» деген тоқтамға келдім. «Ағам емес…» Тағы да азғана толқыныс. «Ағам емес. Ағам болса қандай жақсы…» Бауырым езіліп, жүрегім сыздаса керек. «Ағам алыста, әскерде…»
Бұл ағам емес кісіні осыдан азғана бұрын, таңертеңгі шай үстінде көргем. Мен атамның, анығы – әжемнің алдында отырмын. Дастарқан басы, төменіректе тағы екі-үш адам. Әйелдер. Және бір үлкен жігіт. Үстіндегі киімі – сарғыш реңді сияқты. Яғни, әскер. Қадала қарап қалыппын. «Мен сенің ағаңмын», – деді ол да маған қарап. «Иә, аға…» – дейді анау әйелдер. Әжеме қарадым. Ештеме демеді. Ана кісі қол созса да мені ұстатпады. Ағам емес. Мүмкін, ағам шығар. Әжем жатырқайды деп бермей отыр. Бұрын көрмеген туысқан… Енді міне, бар күмән тарқады. Ағам емес. Ағам болса ғой…
Жадымда анық, нақты сақталған алғашқы естелік сурет. Мен әлі екі жасқа да толмағам. Асса бір жас, он ай. 1941 жыл, қараша-желтоқсан. Кейінгі есебім.
Бұдан ертерек, басқа бір бұлдыр елестер бар. Тек сенімім аздау. Қабақ басындағы көріністей нақты, әрі ашық емес. Әйтсе де ықтимал жағдай. Мәселен, соның бірі…
1941, наурыз болса керек. Немесе көкектің басы. Әйтеуір қар сөгілген, ерте көктем. Артынан білгенім – әжем етектегі тоғайдан отын әкелуге кеткен. Таңертең сияқты. Мен ұйықтап жатсам керек. Бір мезетте ояндым. Қасымда ешкім жоқ. Төсектен өз бетіммен түсе алмаймын. Әжемді іздеп, үйден шыққым келіп, жылай бастадым. Көп жылағам жоқ. Сірә, әжем арнап тапсырған, терезеден қарағыштап жүрген Мұратқан ағам есік ашып үйге кіріп, мені көтеріп алды. (Атамның немере інісі, дүниеден өтіп кеткен Құдайбергеннің ұлы, біздің үйде тұрып, өсіп жатқан; бұл кезде шамасы бес-алты жаста.) Мені жұбатып, құшақтай көтерген беті сыртқа алып шықты. Тәрізі, қораның күнес, жылы жағына. Келер мезетте арбақ-сарбақ қу отын арқалаған әжем де келіп жетіп еді.
Екінші – нақтырақ сурет. Ақсақ-орыс атанған дәрігер. Қыстауға жаңа қонған мезет сияқты. Жал пеш бықсып, жанбай жатыр. Үй салқын және түтінді. Кенет есік ашылып, қолында добал таяғы бар, мұрыны қолағаштай Ақсақ-орыс келіп кірді… Бұл – 1941, сентябрь айының соңы, әлде октябрьдің басы болса керек. Ақша қар оқиғасынан екі-үш ай бұрын. Ал үйде жалғыз қалуым, ол да қаршадай Мұратқан ағамның төсектен көтеріп алуы – айтқанымдай, 1941, наурыз межесі. Мен бір жастан жаңа ғана асқам.
Енді, менің сәбилік санамдағы үлкен меже – аппақ қардан кейінгі наурыз-көкекпен сәйкес тағы бір елес. Біз тұрып жатқан ата қыстаудың шығыс жақ, кеңіс, екі бөлмесінде ауыл балалары оқиды. Бастауыш кластар ғой. Бірде осы балалардың шұбыра созылып, тоғайдан қу тал, ағаш бұтақтарын сүйретіп келе жатқанын көріп едім. Тағы бірде, сол жылы, жазғытұрым дейік, сабақ оқып жатқан балалардың үстіне кіріп кеткенім бар. Көп бала, жапырлап отыр екен. Мұғалім Нұрғантай тәте (біздің, ол да әскерге кеткен аталас туыстың келіншегі екен) еркелете сөйлеп, жетектеп шығарып жіберді. Артынан әжем: «Қыз-ау, біздің Мұхтаржан сабақ оқығысы келген екен, неге отырғызып қоймадың», – депті, өкпе айтып. Сабағы – емеурін, неге шығарып жібердің дегені. Кейінде Нұрғантай тәтенің өз аузынан естігенім. Аңырап жыладың, Орекең апам қолма-қол келіп, кейіс білдірді, деп еді. Бұл кезде мен екі жастан асқам, өз аяғыммен жүріп, еркін ойнайтын кезім.
Осы көктемдегі тағы бір айқын сурет. Күн жылыған кез. Тәтем келді. Туған анам Рақима. Мен мұнысын білмеймін, әйтеуір өте жақын туысқан. Есімде қалғаны – өзеннен су алуға барды. Мені жетектей ертіп. Ата қыстау жартасты қабақ басында тұр дедім. Қарсы алды тіпе-тік. Сол жақ қаптал ғана түйетайлы. Төменге еркін түсуге болады. Бұдан арғы жарқабақ та тайқы. Жайдаққа жақын. Тәтем мені осы жиекте қалдырды. Суға баруға болмайды, құлап кетесің, осы арада тұра тұр, десе керек. Мен тәтемді жақсы көріп барам, айрылғым келмейді, бірақ сөзін тыңдадым. Су алып қана шығады ғой. Шындығында, әжептәуір бөгелген сияқты. Жуынып-шайынып, немесе таза ауамен тыныстап тұрды. Келер мезетте шашылып жатқан қоян құмалақтарын көрдім. Қой құмалағынан үлкенірек, бүйірі қабысқан, дөп-дөңгелек, қызғылтым сары, әдемі. Қолма-қол жинай бастадым. Уысыма толғанша. Бұдан әргісі есімде жоқ. Осыдан кейін де, бұрын да тәтемді мүлде көрмеген сияқтымын. Жаңағы жалғыз сурет. 1947 жылы алыс отардан аудан орталығына көшіп келгенде мен үшін мүлде бейтаныс жан. Мен әуелден-ақ атам мен әжемнің баласымын ғой.
Осы арада кісі оғлының балалық жады туралы бірер сөз.
Ертеден есте сақтау қабілеті – тұлғаның ерекше қасиетіне тікелей байланысты болмаса керек. Өткен заманда неше түрлі ақымақтың ғажайып зиыны туралы деректер бар. Сондай-ақ, атақты бір кісілердің есінің кешірек кіруі. Әйткенмен, өзімізді ақтамайық, сырт көзге сенімсіз жағдаятты дәлелдеу үшін де емес. Біз айтқан бұлдыр естегіге қарайлас бірнеше мысал.
Арыстан Лев Толстой. Бесікте жатыр. Құндақтап ораулы. Босанғысы келеді, бірақ тыпырлай алмайды. Қатты ашуланып, жылағаным есімде, дейді. Тәрізі, бөлеудің бастапқы кезеңі емес, тоғыз, он айлығы. Асса бір жас.
Әйгілі Юкио Мисима. Жаңа туған кезімді білем дейді. Шомылдырып жатыр екен. Ағаш астауға су қуйылғаны, жиектегі, жарық түскен жағал сәуле көз алдымда, дейді. Бұдан соң күмән айтқан. Мен күндіз емес, түнде туыппын, мұндай жарық болуы мүмкін емес, депті. Атап көрсетпесе де анық аңдалады. Күндізгі сурет, яғни туған күні емес. Одан әжептәуір кейін. Жаңағы Толстойдың он айы, бір жасы. Бәлкім, бір жарым, екі жас болуы да.
Даңғазалы Сальвадор Дали. Анамның құрсағында жатқан кезім есімде, дейді. Өте жайлы, барақат жылулы болды, дейді. Шыққым келмеді. Қазірде жиі еске алам, деген. Тәрізі, сәби, балалық кезде көрген бір түсі. Кейінде арыға ауысқан. Асыра айтылған сөз емес, жас бала өң мен түсті шатыстырған әдепкі құбылыс.
Бүгінгі психологтар нәресте ана құрсағында жатқан кездегі әрқилы сыртқы жағдайлар оның болашақ танымына тікелей әсер етеді деп көрсетеді. Есте қалмаса да, сананың әлдебір түкпірінде тұнып тұрмақ. Ал дүние есігін ашқан сәбидің болмысы күмән туғызбаса керек. Енді тіршілік жіптігінің жалғасуы ғана емес, сана мен мінездің қалыптасу кезеңі. Сол сәтінде есте қалса да, қалмаса да, кейінде ойға түспесе де. Сондықтан біздің сәбилік, тым ерте көрінетін үзік естеліктеріміздің де ешқандай жұмбағы жоқ.

Мен дүниеге келдім

Бұрнада жазғам, біз оншама жайылып өспеген тұқым екенбіз. Үлкен әкем Мағауия алты ағайынды болған: үш ұл, үш қыз. Ұлдан санасақ, Берікбол, Мағауия, Бекмағамбет үшеуіне – алғашқы екеуге ортақ жалғыз бала ғана бұйырған. Мұқан дейтін. Берікболдың жиырма жеті, Мағауияның жиырма бес жасында туыпты. Сонымен бітті. Енді, арада тағы бір жиырма бес өткенде менің елесім көрінеді. Бұл кезде ағасы да, інісі де өтіп кеткен Мағауия жалғыз қалған. Енді біздің алыс-жақын ағайын елбірей күтпегенде қайтсін. Тәтемнің айы, күні жетті ме, жетпеді ме, әйтеуір толғағы басталғанда атам мен әжем қатты абыржыса керек. Атам қолма-қол атқа мініп, өзеннің арғы беті, бірер шақырымдай ғана Бозқараған қыстауында күтініп отырған Қайша апамды алып келеді. Өзінің алдыңғы әпкесі, тоғыз бала тауып, тәрбиелеп өсірген, ең сенімді кісі. Ақыры, арада жарым күн, әлде бірнеше сағат өткенде бәрі де сәтімен шешіліпті. 29 қинуар, таң бозында тудың дейтін еді атам. 1940 жыл. Ай, күні нақпа-нақ.
Содан, абыр-сабыр, аса сирек, әрі ерекше оқиға, шілдехана, ауылдас, алыс-жақын ағайын түгел жиналады. Атам ұл туса деп, менің есімімді бұрнада сайлап қойған екен, бағзыда біздің үйге арнап келген, аңшылық қызығын көрген, бұдан соң да жүздескен, үнемі көңілде тұрған әйгілі Мұхтар – аруақты Әуез қожаның айрықша немересі Мұхтар Әуезовтің атына сәйкес, тағы бір Мұхтар. Ол заманда, тіпті, көп кейін, мен мектеп бітіріп кеткенше біздің ауылда, ауданда болмаған ерекше есім. Аудан орталығында қызмет жасайтын, төрт атадан туыс, жақын ағайын, атамның көз алдында, ағамен қатарлас өскен Кәмал Тәттімбетов бұл ерекше есімді мейлінше мақұл көріп, жазушы Мұхтардың кейінгі тағдыры, жаңа шығармаларымен қатар, пәле-жаладан аман, абыроймен Алматыда жүріп жатқанын әңгімелепті. Бір заманда ауылы іргелес жасаған Мұхаңды көрген де, көрмеген де бар, – бәрі де ерекше есім, жақсы атаққа орай игілікті, ұзақ ғұмыр тілеп, тегіс ризашылық айтса керек.
Қуанышты қарбалас үстінде үш күн өтеді, төртінші күні атам колхоз орталығы – бес-алты шақырым өрдегі Байқошқар ауылына барыпты. Ол заман тұрыпты, кейінгі кездің өзінде артта қалған саналатын біздің Шұбартау ауданында құжат мәселесі дұрыс жолға қойылған екен, ауылдық Кеңес, яғни ауылсовет төрағасы Иманжан деген ақсақал атамды құрметпен қарсы алып, бар шаруасын тындырып бер деп, өзінің хатқа жүйрік көмекшісі Семізбаев Исақ деген жас жігітке тапсырады. Әрине, бәрі де үлкен кісінің қалауынша. Мағауин Мұхтар. Әкесі – Құрымбаев Мағауия. Шешесі – Құрымбаева Орынбасар. Дәп солай. Тек туған мезгілі – осы құжат толтырылған күн мен ай – 2 февраль 1940. Уақасы жоқ, тәртіп солай болса… Осы кезде ғана атама төтенше ой түсіпті. Әскердегі ағасы… Оны да атап жазса… Әрине. Қаламы жүйрік хатшы – Мұхтардың соңына тіркей салады: Мағауин Мұхтар Мұқанұлы… Болды. Бәрі жөн. Тек тәтем ғана атаусыз қалыпты. Кейін қалжыңдайтын едім, сенің атың мүлде таңбасыз, Алматыдағы үйге шалың жазылады, өзіңді тіркей де алмаймыз, деп. Қайда барсаң да дәлелің жоқ, менің өзімнің шешем өліп қалған, деп. Әуелден үйренген, көңіліне алмайтын. Шал-кемпірдің бауырында өскендіктен, шынында да маған бөтен көрініп тұрар еді. Ал туған күн… Барша құжатта – 2 февраль. Баспасөздегі, барлық жердегі атамында осылай. Әйтсе де, алғашқы төрт күндік тіршілігімізді ұмыт қалдыру әбес, кейінгі ғұмырбаяндық және басқа да жазбаларда анығын көрсетіп жүрмін – 29 январь 1940.

Мен туған мекен

Менің туған жерім – байтақ қазақ даласы. Сары-Арқа мен Жетісу, Алтай мен Маңғыстау, Қызылжар мен Жетісай. Бұдан сыртқары, қазір басқа жұрттардың телімінде қалған Шығыс Түркстан мен Еділ бойы, Тамды, Үшқұдық пен Орынбор, Түмен, Омбы тағы жат емес.
Әйтсе де, ел ортақ, жер ортақ дегенмен, әрбір пенденің кіндік кескен нақты бір нүктесі бар. Осы тұрғыдан алғанда, мен туған жер – әйгілі Шыңғыстаудың күнгей беті, Бақанас өзенінің бойы, Балқыбек, Байқошқар өзендерінің құйғанынан құнан шаптырым төменде жатқан Көпбейіт-Босаға деген шүйгін қоныс. Бұл араға менің аталарым 1787-90 жылдар шамасында, қазірде Қытай шегінде қалған Жайыр таудан көшіп келген екен. Ескіше айтқанда, Керей, Абақ, Жастабан, Бегімбет. Осы Бақанас және онымен іргелес Дағандел бойына қоныстанған біздің бір тайпа жұртымыз патша заманында Дағандел-Керей болысы атанған. Советтер тұсында Қарқаралы беттегі, жері жапсарлас Шұбартау-Төлеңгіт болысымен қосылып, Шұбартау ауданын құрайды. 1926 жылғы санақ бойынша, 12 700 керей, 12 400 төлеңгіт болған екен, сонда жаңа аудан көлеміндегі халықтың жиын саны – 25 мыңның үстінде. 1931-1933 жылдарғы ғаламат ашаршылықтан соң асса төрт-бес мың ғана халық қалған. Сол кезде және кейін сыртқа шыққаны бар, мұнымен қоса, жаңадан келгені бар, арада жиырма бес жыл өткен, мен орта мектеп бітіріп, елден біржола кетерде, аудан халқының жиын саны 10-12 мыңнан аспаса керек. Бұдан соң әжептәуір өскен. 1962 жылы, сыртқы, Қытай шегінен құйылған қазақтармен қоса 17 мыңға тартыпты, бірақ көп ұзамай, қайта селдіреген. Бүгінгі межесі – 14 мың шамасында.
Ал дүниеге келген нақты қонысымызды айтсақ, арыда Жаңа-Талап, кейінде Молотов, одан соң Киров атанған колхоз, беріде бір орысы жоқ Горный совхозы, бүгінде Байқошқар ауылдық округінің шегіндегі Көпбейіт-Босаға деген қоныс. Баяғы, Абай қонған, ақындық бастауына күш алған Көпбейіт. Босаға атанып бөлектенуі – осы Көпбейіттің етегі, Бақанастың қос қабағын қысып тұрған, Оң Босаға, Сол Босаға аталатын екі шоқының баурайы. Бұл Көпбейіт-Босаға – айналасы екі шаршы шақырымдай ғана жер. Айтқанымдай, біздің әулет, шамасы 1787 жылдан күні кешеге дейін – екі жүз жылдан астам ұзақ уақыт бойы табан аудармай отырған ата жұрт. Дәп осы жерде менің бесінші, төртінші, үшінші, екінші аталарымның сүйегі жатыр. Тек әкеміз Мағауин Мұқан ғана сыртта – Алматы, Аэропорт аумағында жерленді. Менің өзім де сол Ата-қоныста тыныс табам деуші едім, ендігі топырақ Америкадан бұйырғалы тұр.
Хош. Жер ыңғайымен алға озыңқырап кеттік. Көпбейіттің төменгі шалғайы, Босаға шоқысының сол жақ етегі дейік. Арғы аталарымыздың екі ғасырлық мекен-жәйі – мен көргенде барлық қабырғасы аман, тек төбесі ғана жоқ, бес-алты тас қора – атаулы биікке көлденеңнен қиысатын талды сайдың күнгей бетінде тұрар еді. Атам Мағауия, жаңа заман табалдырығы, 1918 жылы көктемде ескілікті қоралардан шығып, өзгеше өмір бастамақ ниетпен, ежелгі мекеннен әудем жер төмен, өзен жағасы, алдыңғы беті жартасты, үсті тегіс, биік жарқабақ басына жаңа үй салғызады. Тас емес, саз балшықтан қалатып. Сол заман есебімен алғанда, іші кеңіс, аумағы үлкен. Шығыстан батысқа қарай созыла біткен, ұзыншақ қора-жай. Бүткіл құрылымды қақ ортадан екіге бөлетін, шұбатылған үлкен дәліздің сыртқы қақпасы екі ұштықта – тау жақтан және өзен жақтан шығарылған. Күнес бетте әрқайсы екі бөлмеден тұратын үш үй – ағайынды үшеу: Берікбол, Мағауия, Бекмағамбетке арналған. Және төменіректе бұларға жалғас жеке бөлме – малшы, қоңсы үшін. Ұзыншақ дәліздің қарсы, теріскей беті – үш тошала, әрқайсы өзара жалғас екі бөлшек – жаңа төлге, сауын сыйырға лайықталған ауызғы жағынан соң ет, азық-түлік сақталатын түпкіргі жайы бар. Бұларға жалғас, есігі өзен жақтан шығатын, кең, жайпақ, бес жүз қойлық қора өз алдына. Кейін, мен көргенде бір отар – мың қойға дейін қамалып жүрді. Бабаларымыз би болған, бай болған, бірақ кейінгі аталарымыз орта шаруадан аспапты. Жаңағы бес жүз қой, оған қоса мініс аттары, айғыр үйір жылқы және көштік оншақты түйе – ағайынды үшеуге ортақ мал. Жаңа қыстау осыған орай салыныпты. Қазір іргесі ғана жатыр. Соңғы бір барғанда қадамдап өлшеп едім. Күнгей, тұрғын бөлігінің жалпы ұзындығы – жиырма бес-жиырма жеті метр шамасында. Төрткіл, ұзыншақ қыстаудың ені – он екі-он үш метрдей. Аумағы үш жүз шаршы. Соның өзінде қазір тым қораш көрінуі мүмкін. Ол заманда осы өңірдегі ең көрнекті қыстау. Өзгешелігі сонда, біздің ауылда алғаш колхоз құрылғанда меншіктен шығып, колхоз кеңсесіне айналыпты. Кейінірек, жаңа орталық Байқошқардың құйғанына көшкенде, жалпы жұрт бұрнағы Босаға атауын ұмытып, Ескі-кеңсе деп кеткен. Сол қалпында советтік топографиялық карталарға түсіпті. Қатарындағы Көпбейіт атауымен бірге. (Тіпті, Вашингтондағы әлдебір ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарған балам Едігенің айтуынша, Американың дәйекті, үлкен карталарында да бар екен.) Иә, айтпақшы, біздің ортаңғы үй кеңсе болса, шығыс тараптағы, Берікбол атаға тиесілі, жатын екі бөлме мектепке айналған екен. Бірінші – төртінші кластарды қамтыған бастауыш. Біздің үй қайыра көшіп қонған, колхоздың жаңа орталығы құтаймай жатқан кезде сол мектеп қалпында. Әуелгі мұғалима – мен айтқан Нұрғантай тәте жаңа бір тұрмыста, біздің ауылда, 90-жылдардың ақырына дейін жасады, көп балалы, ізгі ниет, мейірбан кісі болатын.
Менің кейінгі жазбаларымда Ескі-жұрт атанатын ежелгі қоныстың бүгінде ізі бар да, өзі жоқ, ғұмырбаяндық деректің толымы үшін айтып отырмын.
Мен аталмыш ағайынды үшеудің ортаншысы – Мағауияның шаңырағында, ортаңғы үйде туыппын. Әуелгі екі қыс сонда тұрыппыз. Ал келесі жылдарда атамның шаруа жағдайына байланысты, қоныс-тұрағымыз әрқилы болған. 1951 жылы ғана қайтып келдік. Содан бастап біздің ақсақал осы арада аз-кем емес, тура жиырма жыл табан аудармай отырды. Әлбетте, қыс қыстауда. Мен мектеп бітіргенге дейін қысқы және көктемгі демалыс қана емес, бастапқы және кейінгі аралықтағы қаншама уақытымды осы ата қоныста өткізетін едім. Қуанышты, қызықты, қапалы, зарлы, қайткенде таңбалы ай, күндер – өзгеше заман. Менің жазуыма әсер еткен, тіпті, қағазға түскен қимас мекен. Ескі қыстау, оған байланысты мұңды, шарасыз, өзгеше көріністер түсімнен шықпайтын. Ақыры, эмиграцияға өтіп, жаңа бір өмір бастауында іште бұққан, сана түкпірінен көтерілген жұмбақты, сырлы суреттер мен осы орайдағы бұлдыр естеліктерді жинақтай байыптаған «Менің түрлі түстерім» дейтін әңгімеден соң ғана біржола айықтым.

Аз ғана хронология

Әлбетте, бастапқы елес естеліктер тұсындағы жас мөлшерін шамалағанмен, дәлме-дәл қай кезең, қай жылы екенін байыптай бермейсің. Кейін, ересек тартқан шағымда бұл кілтипан оп-оңай шешілді. 1940, 29 январь күні, таң алдындағы бозамықта дүниеге келіппін, дедім. Атам Мағауияның нақты сөзі. Өзіміздің ата-қоныс Көпбейіт-Босаға, екі ғасырдан бергі еншілі жер, меншікті қора-жайымызда. Келесі 1941-42 жылдың қысында және осы арада отырдық. Әуелгі естегілер ғана емес, жер бедері, тау мен өзен, қалың тоғай сол қалпында суретке түсіпті. Осы 1942 жылдың күзі мен алдағы 1943 жылға ұласқан қыста өзен бойы, ата жұртымыздан он бес шақырымдай жоғары, Шыңғыстаудың өрі басталар межедегі Мысық деген жерде болдық. Жаңа жылдың жазын және өткеріп, күзгі салқында, атамның міндетті жұмыс ыңғайымен Бақанас өзенінің етегі, аудан орталығы Баршатастан қырық бес шақырым Сарқамыс колхозына көштік. Жалғас қыста одан әрі жылжып, Аягөз ауданымен шектес Шағырай деген жерде отырыппыз. Осы және алдыңғы қоныс, тұрақ межелері – менің әуелгі, сәбилік кезеңнен шығар-шықпас, бұлдырға жақын бір-екі жылымды нақты айғақтауға негіз болып еді. Ал үш жасымдағы үзік-үзік оқиғалар – жыл мезгілі, маусымымен есте қалса, төрт жасым – 1944 жылдың қыс күнінен бергі балалық ғұмыр – жадымның терең түкпірінде, өшпестей таңбаланған екен.

Өмір бастауы

Мен өте әлсіз болып туыппын. Тәтем тұмса, он жеті жастан жаңа асқан. Әжем төрт, әлде бес қоянның терісінен құралған мамық жаялыққа орапты. Жылы жатсын деп. Бәлкім, шала туғам. (Заманның тарлығынан емес. Бұл кезде атам ферма бастығы. Және мен ес білген барлық уақытта тұрмысымыз өз қатарынан тәуір болды.) Кіндігімді кескен Қайша апам тура он төрт күн бойы бауырына басып, алдына алып отырған екен. Атам айтады. Сол алғашқы күндердің бірінде, тоқтата көз салсам, басың соншама үлкен, әрі үш бөлек екен, деп. Шодырайып, ара жігі көрініп тұрған ғой. Кейін, советте жалған саналған френология жүйесін бажайлап зерттемесем де, осы бас сүйек құрылымына назар аударғаным бар. Бесікте шайқалып, өсе келе толығымен тұтасқан, әйтсе де, біршама өзгешелігі бар екен. Төбе сүйегім – дөңес емес, жайпақ қақпақ сияқты, маңдайдан арғы екі самайда кемерлене біткен. Ал қарақұсым жалпақ, жоғары өрлей бере ойыстанып кетеді. Қақ төбеге дейін. Және екі қабағымның үстінде орталыққа қарай көлденеңдей біткен қос бұдыр бар. Осыған орай, маңдайдан тіке түскен жалғыз сызық… Мен кейінірек танып, қазақ тіліне аударған және дәйекті зерттеу мақала жазып, тұтас бір кітап қалыптаған Кұңфудзының төбесі шұқыршақ, ойыс екен. Әлдеқалай, балаларыма мақтанғаным бар. Менің басым да Кұңфудзының басына ұқсас деп.
Өзгеше күтім нәтижесінде тезінен оңалсам керек. Алайда, бір жасымда қызылша шығыпты. Одан кейін қарамық. (Медициналық атауын таба алмадым, кеудемнің әр тұсындағы, сирек, жүгері дәніндей жайпақ ізі ересек тартқанша тұрып еді, кейін байқалмай кетті.) Бас аман, жүдесем де төмендемегем. Және бір игілік, осыдан соң, қолма-қол шешекке қарсы ектіріпті. Біздің әулеттен патша заманының өзінде еуропалық білім алған дәрігер шыққан, енді жұрт жаппай дерлік тартынып жатқанда атам сұранып жүріп ынта білдірсе керек. Кейінде тәтемнің айтуынша, Фин соғысынан жараланып қайтқан маман дәрігер. Балалардың бәрін Ақсақ-орыс келе жатыр деп қорқытады екен. Мені ешкім қорқытқан жоқ, қорықпас та едім. Емі дарыған жақсылығын естісем керек. Шынында, екпе салғызбаған біраз бала жазда шетнеп кеткен екен. Ақсақ-орыс есімде. Еккені емес, әлдеқалай біздің үйге келгені. Ілкіде айтқанымдай, өзіміздің Ескі-жұртта. 1941 жылдың күзі, тәрізі, қыстауға жаңа қонып жатқан мезет. Үйде пеш тұтанбай, көкшіл түтін басқан, кенет есік ашылып (әрине, мен бұрын да көрген, бірақ кейінгі жадымда қалмаған) Ақсақ-орыс кіріп келе жатыр екен. Шынында да, әжептәуір кемтар, қолында жуан таяғы бар. Босағадан шоңқаң етіп, қалай аттағаны көз алдымда. Ыржия күліп кірді. Осы бір ғана сәт. Аңыра қарап қалсам керек. Түр-тұлғасы мүлде бөтен: өңі қызыл, көзі көк, мұрны қолағаштай екен. Бірақ жүзі жылы. Кейінде ойладым, бәлкім, жойыт текті. Бірақ мен үшін ажалға арашашы Ақсақ-орыс кейпінде қалды. Осыдан соң, қыстың басы, әскердегі ағамды қалай аңсағанымды қадарынша дәйектеп жаздым. Жаңа, 1942 жылдың ерте көктемі, мектепке қатысты екі сурет: өзімнің сабақ үстінде кіріп кеткенім және балалардың тоғайдан қу ағаш сүйретіп келе жатқан көрінісін де айттым. Бұдан соң, тәтемнің келуі, мені жетектеп суға барғанымыз. Ал жаз айларына қатысты бұлдыр елес те жоқ. Тек Мысыққа көшіп-қонғаннан соңғы жағдаяттар ғана жадымда сақталыпты. Онда да тұтас емес, үзік-үзік көрініс, оқиғалар.
Қырбақ қар түскен кездегі ұмытылмас бір сурет. Әудем жерде оншақты жылқы жайылып жүр. Бергі шетте бір көк ат ойқастап тұр. Сол сәтінде естісем керек, бұл саяқ көк – пұркаралдың мініс аты. Әрине, аудан көлеміндегі дөкей бастық прокурордың екі-үш аты бар, ал мына сида көкті біраз қунасын деп, өзі емес, көмекшілері әкеп тастаған. Көп жылқының ішінен оқшау көрінуі де осы ерекше иесінің айбарына қатысты. (Кейінірек, менің бес-алты, әлде жеті-сегіз жасымда атам мен бір үлкен кісінің «пұркорал күшті ме, райком күшті ме деп дауласқаны бар. Анау кісі «пұркорал күшті, кімді болса да соттап жібере алады», – деді. Менің атам «райком күшті» деп еді. Пұркорал аудандағы әлдебір мекеменің бастығын қудалап, түрмеге отырғызбақ болған екен, райком бермей қойыпты, пұркорал қанша тартысса да, ала алмаған… Пұркорал сенің райкомыңның өзін оп-оңай құртып жібереді деді анау ақсақал. Мен көргенімді айтам, деді атам да беріспей. Ақыры атамның «бәрі де кісісіне байланысты» деген сөзіне тоқтасып еді. Кісі ғана емес. Жүйелі заң жоқ жерде ақылға сыйымды қисын да жоқ. Прокурор ешқандай себепсіз-ақ кез келген мықтыны түрмеге тыға алады. Әйткенмен, атам айтқан мысалдың астары бар екен – коммунист-балшабек сотқа, жауапқа тартылу үшін партия қатарынан шығарылуы шарт, әлгі кісілікті райком қандай қысым жасалса да, мұндай қадамға баспай қойған, бірақ ақыр түбі өзі де аман кетпеуге тиіс, тек бұл жағын, яғни ақырын білмедім.) Міне, осыншама құдіретті кісінің мініс аты.
Ақыры, арада ай өтті ме, апта өтті ме, бір күні, ертемен, әлі төсекте жатқам, атам сырттан келді де, босағада, тымағының қарын қағып тұрып: «Пұркоралдың атын қасқыр жеп кетіпті! – деген. – Енді мықты болса, сол қасқырды жауапқа тартып, түрмеге айдасын!..» – деген, сірә, кекете күліп. Соншама оғаш оқиға. Пұркорал мен қызыл жағалар туралы бұрын да үй-ішілік талай әңгіме естісем керек. Өкімет пен заң туралы бесіктен беріде көңілге түйген қаншама сорақы әңгіменің сана түкпірінде тұнған өзгеше әсері. Пұркоралдың атын қасқыр жепті. Енді, мықты болса, сол қасқырды ұстап алып, түрмеге тықсын!… Мен де күлсем керек. Атам екеуіміз ғана емес, талай кісінің айызы қанған шығар. Көк аттың көлденең қазасына қуаныш емес, қаншама жазықсыз жанды шетінен көгендеп, соттап, айдап жатқан қанқұйлы пұркоралға деген өшпенділік. Әрине, көп ұзамай бәрі де тыншыды. Мен де ұмытсам керек.
Ұмытпаппын. Арада бір, әлде екі ай өтті. Немесе екі-үш апта. Пұркорал біздің ауылға келіпті. Қасындағы қосшыларымен біздің үйге қоныпты. Қалай келгені, кешкі, түнгі көріністер есімде жоқ. Тек таңертеңгі ерекше оқиға ғана. Мен ұйқыдан оянып, әлі де төсек үстінде жатырмын. Төр алдында үлкен, дөңгелек жозы, бес-алты кісі шай ішіп отыр. Қақ ортасында – пұркорал. (Тәрізі, қоналқада танып алғам.) Жуанқарын дәу. Төбесіндегі шашы сирек екен. Әжем құйған шайды сораптап, әрине, осы үйдің барын жеп, соншама маңызданып отыр. Шалқақтап, кержиіп отыр. Мардымсып отыр. Ал өзінің атын қасқыр жеп қойған. Мықты болса, сол қасқырды ұстап алып, соттасын. Көк атты жеген қасқыр қашып кеткен. Қайткенде ұстай алмайды…
Тәрізі, осының бәрін ойлағанда, мына қаны сұйық, қасқабас дәу пұркорал маған соншалық сорлы көрінсе керек. Кекірейіп шай ішіп отыр. Ал осы пұркоралдың атын қасқыр жеп кеткен… Күлкі қысып барады. Ақыры, шыдай алмадым. Көрпені ашып, басымды шығардым да: «Пұркоралдың атын қасқыр жеген!» – деп айқайладым. Содан соң қыстыға күліп, бетімді бүркедім. Келер мезетте қайта аштым: «Пұркоралдың атын қасқыр жеген-н-н…» Сол сәтінде дастарқан басынан сүріне-қабына тұрған әжем де қасыма жетті. «Мұхтаржан… айтпа… Айтпа, ақылың бар еді ғой…» Ақылым бар, бірақ күлкі қысып, сөзім ішіме сыймай барады. Көрпені бүркене беріп, тағы да: «Пұркоралдың атын қасқыр жеген!..» – деп, жалпыға белгілі шындықты үшінші, әлде төртінші мәрте қайталаған едім. Бұдан соңғысы есімде жоқ.
Кейін, арада қырық жеті жыл өткенде «Пұркоралдың көк аты» деген тәп-тәуір әңгіме жаздым. Пұркоралдың атын қасқыр жеген өзгеше оқиғаны баяндаушы – менен гөрі ересек бала. Және хикаяны жөргемдеген қосымша, ойдан құралған дәйектер. Небәрі үш жасқа толар-толмаста басымнан өткен әлей оқиғаның нақты көрінісі және кеңейтілген, басқаша баяны. Яғни, өзі, әрі өңге. Менің өмірлік оқиғалар мен ескілікті әсер негізінде әр кезде жазған, жарыққа жеткен әңгімелерім бірнешеу екен. Қай-қайсының да таңбаға түсуі кездейсоқ емес. Әйткенмен, нақты естелік, әдепкі мемуардан тыс көркем жазбалардың ешқайсын тікелей ғұмырбаяндық дерек деп қабылдауға болмас. Ғұмырбаяндық оқиғалар сұлбасы бар, мүлде басқа бір тұрғыдағы үлгі деп тануға тиіспіз. Әлбетте, қаламгердің барлық шығармасы оның көргені мен танымының, сыртқы әлемнің әсер-ықпалы мен әрқилы жан толқынысының көрінісі десек те.
1942-43 жылдың қысы дедім. Аязды, қатаң болған сияқты. Терезенің алдында, күнге, жарыққа қарап отыратыным есімде. Бір күні, үйдің әлдебір қуысында қалып, қайта тірілген қара шыбынды көрдім. Терезенің шынысынан ары өтіп кеткісі келеді. Міне, ақымақ. Біраз әуреден соң, ақымақ шыбынды ұстап алдым. Үлкен оқиға, төтенше қуаныш. Әжеме: «Шыбын ұстап алдым. Сойып, бір құлағын Кәкен ағама берем!» – дегенім есімде. Әжем шыбынды сойғызбады. Тәрізі, мен сойғалы тұрғанда езіліп қалған. Жетектеп апарып, қолымды жуса керек. Бұдан соң, қанша аңдысам да, қысқы терезе алдынан тым құрса бір шыбын көрмедім.

1943 – көктем, жаз бен күз

Осы жыл, үш жасым, қыс ортасында менің есімде қалмаған тағы бір оқиғалар болыпты. Тәрізі, наурыздың басы болса керек. Біздің Мысықтағы үйге іргелес, қозыкөш жердегі Бақанас ауылынан Қатпа атам келеді. Біз – Шұбартау болсақ, Бақанас – Абай ауданына тиесілі. Ескіше керей және тобықты. Ежелден қоян-қолтық аралас ағайын. Екі тарапта да қаншама нағашы, жиен бар. Бұрынырақ және сол күндердің өзінде Мұхтар Әуезовке Құнанбай қажы ауылы, Абайдың бұрынғы және соңғы ғұмырбаяны туралы мол мағлұмат берген Қатпа Қорамжанұлы. Бабам Құрымбайдың ағасы Жаманқұлдың Саршөкен деген қызынан тарайтын жиен. Ұл, қыз деп бөлмей қарасақ, біздің тұрғыдан алғанда, екі-үш буыннан табыспақ. Қатпа мен Мағауия қатарлас өсіп, айрықша тату болған. Және Қатпа атам біз дегенде үзіліп тұрады екен. Қашанда уақыт ұзатпай, жалғыздың жалғызынан жалғыз кішкентай Мұхтар нағашысының амандығын біліп кетуі шарт. Бұл жолы да осындай үйреншікті келіс. Және өткен жаздан бері Мұқан аға хабарсыз кеткен. Қайткенде құрдас туысымен көрісіп, шер тарқатып қайтпақ. Бір-ақ күн болды, дейді. Мен Қатпа атамды бұған дейін де әлденеше көрсем керек, бірақ бет-жүзі мүлде есімде қалмаған. Тек оқшырайта киген пұшпақ құлақты түлкі тымағы ғана елестейді. Міне, осы Қатпа атам көп ұзамай-ақ дүниеден өтеді. Әрине, атам топырағынан қалмаған. Ал әжем жазғытұрым батақұрға арнап барды.
Өзіміздің меншікті қоңыр биеге мініп, мені алдына алып еді. Біз – Мысық, Бақанас өзенінің оң қабағы. Қатпа атам тұрған атаулас қыстақ – колхоз орталығы, арғы жаға, қырат белесте. Аралық, кейінде талай жүрдім, үш-төрт шақырымдай ғана. Бұл – су тасып, қайтқан кез. Әйтсе де, біржола басылмапты. Біз қарсы бетке келген кезде, деңгейі әжептәуір көрінді. Әжем абдырап тұрып қалып еді. Арғы қабақтан бір ересек бала шықты. Қауіпсіз өткел жоғарырақ екен. Жүгіре жүріп көрсетті ғой деймін. Шамасы, кейінде Шәкерім қажының құр құдығы аталған тұстан өтіңкіреп барып суға салдық. Әлбетте, өзеннің ендірек, жайдақтау жері. Соның өзінде біршама терең және ағысты. Су үзеңгіліктен асты. Әжем мені қымтай ұстап, аяғын көтере отырды. Ептеп жылжып келеміз. Аз-маз ыққан сияқтымыз. Менің зәрем ұшқаны есімде. Суға кетеді екем деп. Өмірде есте қалған ең алғашқы қорқыныш. Бірақ тым ұзаққа созылмады, еңсеміз көтеріле берді, келер мезетте қарсы жағаға жетіп едік.
Қатпа атамның үйі. Әжем мен тағы бір әже, одан соң және бірнеше әйел көрісіп жылап жатты. Бұдан соңғысы жадымда жоқ. Қалай отырғанымыз, кері қайтқанымыз. Тек жаңағы тасқын судан өткен, мейлінше қорыққан мезетім ғана, санада өшпестей таңбаланыпты.
Жаз шыққан соң да осы Мысықта табан аудармай отырған сияқтымыз. Екі-үш қора-жай, қатарлас тігілген төрт-бес киіз үй. Колхоз қырға суармалы егін салады екен, бұл тұс – тоғанның басы.
Осы толық үш жас, Пұркоралдың көк аты мен күнес терезе алдындағы семіз қара шыбыннан соңғы, Қатпа атамның батақұрына жалғас тағы бірталай оқиға жадымда қалса керек еді. Бар, бірақ тым көп емес. Үздік суреттер ғана.
Әжем киіз үйлердің бірінде, тағы басқа үш-төрт әйелмен жүн сабасып отырған. Мен есік алды, іргеде өз бетімше ойнап жүрмін. Бұтымда әдемі қызыл шалбарым бар. (Кейін, қаншама заманнан соң әлдеқалай тәтеме айтқанда, қалай есте сақтағансың деп, таң қалып еді – дүниенің қат кезі, парашюттың матасынан тігіп берген екен.) Қасыма Әлихан деген бала келді. Менен екі-үш жас үлкен. Кейінде білгенімдей, атамның жасы кіші дос-жараны Бейсенбай деген кісінің кенже ұлы. Бұл Бейсенбай – Аманбайұлы, ер көңілді, тентек адам болған. Арғы аталары – Әбілпейіз сұлтанның жауынгер жасағын бастаған Жаназар батырдың сенімді қосшысы Қанай батыр екен. Кейінгі ұрпақтары бүгінгі күнге жеткен. Өжет, шалдуар Әлихан ертерек өтіп кеткен сияқты. Бұл кезде бес-алты жаста. Қасында, ол да ересектеу тағы бір бала бар. Екеуі мені ертіп, киіз үйден аулағырақ кеттік. Тәрізі, тау жаққа шықпақ, кейінде ойлағаным. Алайда, екі аралықта қыратты белдеулей қазылған терең тоған бар. Соның жайдақтау, ат, арба өтер жағалығына келдік. «Ары қарай өтейік», – деді Әлихан. «Сандалым су болады», – дедім. «Онда шешіп таста», – деген. Шешіп тастадым. Тайқы қабақтан түсіп, суды жиектедік. Жалдай бастадық. Енді ана ересек екеу маған қарамай, арғы бетке өте шықты. Мен солардың соңынан екі-үш қадам алға бастым. Баяу ағынды су тіземнен асып, саныма тақады. Тоғанның асты тайғанақ екен. Алдым – тереңірек сияқты, кері бұрылуға және шама жоқ. Шайқалақтаған қалпы тұрып қалыппын. Қайткенде қатер. Міне, дәп осы кезде егіндіктен қайтып келе жатқан Кәкен ағаның көзі шалған екен. Әлгі, мен шыбынның құлағын сыйламақ болған Кәкен аға. Бұл кезде бригадир екен. Кейінде жылқышы болды. Тығыршықтай, мұртты, қара-торы кісі. Еркетаев Кәкен. Содан тұра шауып, тоғанға жайлап түсіп, ат үстінен мені көтеріп алады. Тұра шапқанын кейін естідім, ал қалай көтеріп алғаны нақты есімде. Осының алдында әжемнің жүн сабасып отырғаны, Әлихан тентекпен тоған жағасына келгеніміз, сандалымды шешіп, су жалдағаным – бәрі қаз-қалпында. Бұдан соң әжеме қалай жеткенім есімде жоқ. Міне, осындай ерекше жағдай. Кәкен ағаның ұрпақтары бүгінде біздің ауыл шегінде жасаса керек. Алла разы болсын.
Екінші бір үзік сурет, тәрізі, қыркүйек айы, күн енді ғана салқындай бастаған, төменгі Сарқамыс колхозына көшкеніміз. Түгел көш емес, өзіміздің ежелгі қыстауға аялдаған кезіміз. Мал сойылып, аталарымыздың іргедегі ескі бейітіне барып, құран оқу, маған бата тілеу екен. Онысы есімде жоқ. Мен туған үйде отырғанымыз, пешке от жағылғаны, ең бастысы – тошаладағы кітап толы сандық. Жолай, аталас жақын туысымыз Исапа-Қойекенің ендігі иен қыстауының тұсынан өтерде, жыланшық қияда түйе жығылып, әжемнің жақсы сандығы сынған екен. Енді соның орнына қыстаудағы сандық. Беті ашылып тұрғаны көз алдымда. Лықа толы қаншама кітап. Әскерде жүрген, кейін білгенімдей, бұл кезде хабарсыз кеткен Мұқан ағаның кітаптары. Атам сандықты алсам ба, алмасам ба деп ойланып тұрыпты да, ақыры кітаптарды қимай, аузын қайыра жауыпты. Бәрібір сақталмаған екен. Кейінгі қоныстанушылар кітапты қайтсін, түбіне дейін төңкеріп, сандығын алады. Арада төрт-бес жыл өтіп, қайтып келгенімізде бұл көп кітаптың жұқанасы да жоқ, ал сандықтың із-тозы табылмайды. Мен сол бір мезетте, мұншама қазынаны тамашалап тұрып, жасыл-сары мұқабалы шағын бір кітапты таңдап алған едім. Бірақ бұл кітап та сол ескі қоныста қалса керек. Көшіміз қозғаларда мен ұйықтап жатқан екем, артынан сұрағанда әжем тауып бере алмаған сияқты.
Келесі, айқынырақ сурет – арада екі-үш күн өткенде. Сарқамыс колхозымен іргелес Екпін колхозы, кейінде Мәдениет, бүгінде Көктал атанған ауылға келіп түстік. Жасы атамнан кішірек, дос-жар, ол да ферма бастығы Дожан деген кісінің үйіне. Колхоз орталығы. Кеш батпай, ертерек жеткен сияқтымыз. Клим деген ұлы бар екен. Мен құралпас. Кейінде анықтағаным, інісінің, әлде жақын бір туысының баласы, перзентсіз Дожан бауырына салып алған. Мен сияқты ол да ерке екен. Және тентек сияқты. Бірақ екеуіміз жақсы жарасып, төсек алдында отырдық. Менің бар асығым көште, жүк арасында қалған, Климнің асығымен ойнадық. Жағал ешкінің мойын терісінен бітеу тігілген ұзынша дорбаны түбімен төңкерген. Қанша деп сұрап едім, білмейді екен, «Көп!» – деді. Мен қолма-қол санап бердім. Әлі есімде, қырық тоғыз асық, бір құлжа. Менің сексен жеті асығым бар еді және үш құлжа.

1943 – қарлы қыс, Шағырай қыстауы

Екпін мен Сарқамыс арасы тым тақау – өзен бойы, құнан шаптырым ғана жер. Ертеңіне қалай шыққанымыз есімде жоқ, колхоз орталығына да көп аялдамаған сияқтымыз, өйткені сол жылы қара күзде, осыдан түйе көш жердегі Шағырай деген қыстауда отырдық. Көп ұзамай-ақ қар жауып, қыс түссе керек. Шағырайдағы 1943-44 жылғы қысқы тіршілік күндері біршама есімде.
Шағырай – дара, жалғыз қыстау емес, үлкен ферма орталығы, бес-алты үй болса керек. Тұрғылықты жұрты біршама, келімді-кетімді кісілері де көп. Мен қатарлас бес-алты бала болды. Қысқы ашық күндерде шуақты терезе алды және теріскей, көң әлде топырақ басқан тапалтақ қабырғаға қойылған шолақ саты арқылы жоғары шығып, үй төбесінде ойнаймыз.
Саты мен төбенің есте қалуы – бұл Шағырайда бірнеше қора қой мен табын сыйыр және бір келе түйе қыстаса керек. Үйме-жүйме емес, бірақ тым жақын аралықта. Әжем мені қапырық бөлмеде қамай бермей, ұзағынан сыртқа шығарады. Көбіне өзі бақылап жүрсе керек. Әредікте басқа балалармен қосылып ойнаймын. Аяз қатты. Бірақ үстім жылы. Бұл кезде әбден күшейіп алғам. Ширақ, әрі екпінді болсам керек. Негізінен қораның күнес жағы дедім. Бірде күн ашық, аяз бәсең сияқты, менен әжептәуір үлкен, ақымақ бір бала, қаңтарылған арба үстінде жатқан білік темірді жалап көргісі келді. Шындығында жалап үлгермеді, аузы жетер-жетпесте тілінің ұшы жабыса жаздап, қызыл-шақа сыдырылып шықты. Маңдай тістері қан-қан, бақырып үйге қашқан. Қанаса да біржола жабысып қалмапты. Баланың кішкентай кезінде қауіп-қатер де аяқ асты, әжем естіген соң, көрген соң, шошып кетсе керек. Ақымақ бала, деді. Ал менің ақылым көп. Аяз қарыған темірді жаламаймын, тіпті, қолғаппен ұстап та көрмеймін. Солай деп айтты.
Тағы бірде үй сыртында тобымызбен сырғанақ теуіп жүр едік. Бір топ түйе әудем жерден көрінген. Қара шудалы, тым үлкен біреуі бері қарай ойқастай түсті. Жақындап келді. Қызыға қарап тұрмыз. Кенет, әлгі түйе мойнын созып, тура бізге қарай өңкілдеп шаба жөнелді. «Ойбай, бура!» – деді ересектеу балалардың бірі. Абырой болғанда, үйді айнала қашпадық. Қайткенде құтыла алмайды екенбіз. Жапырлап, сатыға қарай ұмтылдық. Түгел үлгеріп едік. Бура біз төбеге шығып болған кезде ғана жетті. Әлі есімде. Бойынан аспаса да, секіріп шығып кете алмайды. Көзі шатынап, екі езуінен ақ көбігі ақтарылып, мойнын соза жағын қайшылап, амалсыз бөгеліп еді. Бұдан арғысын білмеймін, тәрізі, атты малшылардың бірі, анығы – түйеші батырдың өзі қайыра қуып жіберсе керек.
Есте қалған өзгеше бір оқиға – үрейлі түн. Қыстың бір шамасы. Түн ортасы. Ұйықтап қалғанбыз. Сыртта айқай шықты. Әлдекім терезе қағып дауыстады. Мен оянып кеттім. Атам мен әжем асығыс киініп, сыртқа ұмтылды. Үйде тағы біреулер болды ғой деймін. Бәрі кетті. Менің ұққаным – қойға қасқыр шауыпты. Артынан естігенімдей, шаппаған, барлық қой қорада жатыр. Неше күннен бері торуылдап жүрген, бір-екеу емес, бес-алтау – үйірлі қасқыр әлде қораның іргесін қазбалаған, әлде тайқы жағынан төбеге шығып, үңгіп, ішке түспек болған. Қайткенде ию-қию. Дабыл көтерілгенде біздің қыран тазы Көкдауыл ырылдап, дыбыс бере бастаған еді. Атам мен әжем жалғыз ит сыртқа шығып, көп қасқырдың ортасына түспесін деп, есікті жауып кеткен. Менімен бірге қалды. Қалмағаны жақсы еді. Заманында қасқыр алған, түлкіні қынадай қырған, енді қартайып, аңнан қайтқан Көкдауыл тынши алмады. Арсылдап үрді. Арқа жүні тікірейіп, есікті тырналады. Шығып кеткені жақсы еді. Қолы жоқ, теріс жабылған есік ашылмады. Сыртта айқай, айтақ. Атам гүрс еткізіп мылтық атты. Содан соң тағы да. Көкдауылдың арылы мен арсылы күшейе түсті. Өзім күнде ойнап жүрген, үйде жататын ит емес, кәдімгі қасқыр. Тек сыртқа шыға алмай тұр. Енді менің өзімді жеп қоюы мүмкін. Төсек үстінде жатсам да. Бір-ақ қарғып… Зәрем ұшты. Көрпемді қымтана түстім. Мүлде бүркеніп алуға тағы қорқам. Мына Көк-Қасқыр қайтер екен деп, қайтсе қайтем деп, бүрісе жиылып, ақырын ғана сығалап жатырмын. Келер мезетте Ит-Қасқыр аз-маз тыншығандай болды. Маған мүлде қараған жоқ. Бар назары есікте. Аздан соң ырылдай түксиіп, босағаға жата кетті. Сол мезетте әжем де есік ашып, үйге кіріп еді. Бір жолға жаным қалыпты. Әйтсе де, мені неге тастап кеттіңдер, қорықтым деп айтпаған сияқтымын. Әжем – өзімнің әжем, Көкдауыл – кәдімгі өзімнің тазы итім екен.

1944 – ұзақ ғұмырдағы ең ұзақ жылдың бастауы

Қасқыр мен Көкдауыл оқиғасы – қыстың басы болса керек. Желтоқсан, 1943. Ол заманда маусым межесі нақты ажыратыла бермейді, әйткенмен, ескі жылға тиесілі суреттер сияқты. Ал жаңа жыл жобасы айқынырақ. 1944 – арада ай өтпей, жаңа жас. Төртке келдің, үлкен жігіт болдың, деп еді атам. Өз тілімен айтқанда, 29 ғинуар. Міне, осыдан бергі бар өмірім айқын сияқты. Буалдыр тұманы да, бұлдыр күңгірті де жоқ. Оның ішінде осы 1944. Менің сексен жылдық ұланғайыр ғұмырымдағы ең ұзақ жыл. Адам кейпінде, керек десеңіз, азамат ретінде жаңа дүниеге қадам басқан, ой-санам берік бағдар тауып, мінез-құлқым қалыптасқан, бар болашағымды айқындаған асқаралы асу, қым-қуыт оқиғаға толы, ғаламат бір дәуір.
Қыстың екінші жарымында қар қалыңырақ түсіп, ауа райы жылтым болған сияқты. Қазақ мұндайды «май тоңғысыз» дейді. Әйтеуір далада көбірек жүрсем керек. Бір күні, қар жентектеле бастаған кез, қораның күнес жағы, алдарында құшақ-құшақ пішен, жал-құйрығы қалың, күйлі, семіз үш ат тұрғанын көрдім. Сырттан келген, ертоқымдары алынбаған. Әрине, осының алдында ғана үйден шықтым, келген кісілерді де көрдім, бірақ менің естелігім сыртта тұрған, ертоқымды, күйлі үш аттан басталады. Бұл үш қонақ көп ұзамай жүріп кетті. Үшеуі де тап-таза, аппақ тон киген, жинақы, қатқыл демейін, байсалды адамдар. Сол сәтінде шет-жағасын білсем керек, толығымен кейінірек анықтаған сияқтымын.
Райкомның кішісі және соған септес тағы екі қызметкер. Біздің үйде екі мылтық барын естіген, соның бірін сұрап келіпті. Мұқан аға мен Құдайберген ағаның аңшы мылтықтары. Үлкен бастықтар, тым ірі, бас тарту мүмкін емес. Атам қиналыңқырап отырып, ақыры қолдарына ұстатыпты. Жалғыз ұлының мылтығын. Немере інісінің мылтығын алып қалған. Бұдан жеті жыл бұрын келмеске кеткен қимас бауыр. Бұл кезде Мұқан аға хабарсыз. Бірақ қазақша айтқанда, кебенек киген дерлік. Жиырма төртінші калибр екен. Ал өз кезінде қапысыз мерген болған Құдайберген ағаның мылтығы – жиырма сегіз. (Ересек тартқанда, он екі жасымнан бастап мен ұстадым. Әуелде қоян, құр, үйрек аттым, кейін – студент кезімде қасқырға жетпесем де, арқар, киікке көздедім: ол кезде қоңыр аңға тыйым жоқ еді, әрі елден жырақ Қара-Ирек деген таулы қоныс.) Қолдан шыққан және қалған мылтық жайы әжептәуір әңгіме болған сияқты және бір рет қана емес. Менің айрықша есімде сақталуының бір себебі.
Қар сөгіліп, жер дегдіп, жасыл шөп тебіндеген ерте көктемде кері қайрылып, Бақанас өзенінің жағасында үй тігіп отырдық. Осы кезде жоғарғы, өз ауылымыздан Кіші әжем де көшіп келіп еді. Иә, кәдімгі әже. Екінші. Шын мәнісінде менің ағам, яғни, кейінде танығанымдай, әкем Мұқанның туған анасы.
Маған әуел бастан әже деп ататқан екен. Әже. Ел таныған аты – Көкіжан. Бертінде білгенім – тума есімі Мырзақыз. Қожагелді Айбас батырдың әулетінен. Әкесі – момын шаруа болған Қожантай деген кісі. Ақсақалы Берікбол – Мағауияның туған ағасы. Ағайынды екеудің ортасындағы жалғыз ұл Мұқан әуел бастан-ақ Мағауияға тиесілі саналған. Бұрынырақ түссе де бала көтермей жүрген Орынбасар келін бауырына басады. Әулетіміздің бар шежіресін 2002 жылы жазылған «Менің аталарым» дейтін ғұмырбаяндық деректемеде таратып айтқам. Бұл арадағы қызығы – тума әжемді Әже деп атауым. Өйткені, өзімді тәрбиелеп отырған Үлкен әжемді апа дедім, ал Атам – Әке. Қазіргі қазақтың тілі мән-мағнасынан айрылып, шатысып бара жатқан заманда апа – «мама», ал әже – «апа» болып шықты, тіпті, әжептәуір сауатты жазармандар «Апа мен ата» деп майысатын болды, яғни «мама» мен «дедушка» бір қосақ; енді, сөз аяғын созбай, нақтылай кетсем, мен өз кезінде туған анам санаған, апа деп атаған Орынбасар әжемді осы естелік хикаяда «әже» деп жаздым, соған орай, жолы үлкен болса да жасы кіші, туған әжемді, кішкентайымнан үйреткендей, «әже» деп атаймын, тек айырық анықтамамен «кіші әжем». Ал тіршілікте «әке» деп атап өткен Мағауия ақсақалды «ата» деймін. Уһ… Енді аз-маз түсінікті болса керек.
Сонымен, жазғытұрым, біз Сарқамыс шегі, Бақанас өзенінің жағасында киіз үйде отырған кезімізде жоғарғы, өз ауылымыздан кіші әже көшіп келді. Төрт қанат үйін дәл іргемізге тіккен. Кіші әжем туралы естелік осы келістен басталады, әлбетте, бұрнадан білсем керек, кейінгі жадымнан дерегі өшсе де. Әжемнің бауырында менен төрт жас үлкен Мұратқан деген ұлы бар. Атамның немере інісі Құдайбергеннен екі жасында қалған екен, содан соң кіші әжем иеленіпті. Бұл Мұратқан мені кішкентай кезімнен қоса бағысып, арқалап өсірді десем артық емес.
Осы кезде біздің үйде тағы бір бала тұрды. Тураш деген. Он үш-он төрт жаста. Атам запперме, соның бар қағазын жүргізетін хатшы, есепші міндетін атқарыпты. Біздің үйде жатады. Сол тұста, төргі тұскиіз үстінде, керегеге ілініп тұрған төрт бұрышты, әжептәуір үлкен айнаның сыртқы тақтайына көк бояу қарындашпен ірілеп, «Тураш» деп жазып қойыпты. Бұл атаулы таңба мен мектеп бітіргенге дейін сол қалпында сақталып еді. Осы Турашқа қатысты бір көрініс. Атам, тағы бір кісілермен мал санасып жатқан. Мен Турашпен бірге жүрмін. Кенет әлдеқайдан дүңк етіп атылған мылтық даусы шықты, содан соң еміне шауып бара жатқан кісі көрінген. Көп ұзамай бұл атты кісі мал санаушылардың тобына келді. Есімі Бәуен, ауданнан, немесе колхоздан келген уәкіл. Қанжығасында қос аяғынан салақтата байлаған қоңыр қаз көрінеді, қанаты қусырыла жайылып тұр. Мерген аға атының тізгінін Турашқа ұстатып, санақшылар тобына барды. Амандасып, жөн сұрап, әлде бірге санасып жатқан сияқты. Әйтеуір бар назары сыртта. Осы кезде Тураш қоңыр қазды қанжығадан шешіп алып, менің қолыма ұстатты. Ауыр екен, сирағынан тартып, әрең көтеріп тұрмын. Аздан соң қаз иесі келді. «Әй, мына бала менің қазымды сұраусыз олжалапты ғой», – деген. Атымды да біледі екен: «Әй, Мұхтар, қанжығаға қолың қалай жетті?» – деді қабағын түйіп. Мен сасқалақтап, не айтарымды білмей қалып едім, Тураш араласты: «Бәуен аға, бұл қазды осы Мұхтар үшін атып алдың емес пе!» – деген. «Иә, солай екен ғой… – деді әлгі кісі. – Ала бер…» Енді аз-маз жеңілейіп қалғанмен, көңілім басылмаған. Біреудің құсын тартып алғандай. Тек кешке қарай жайланып едім. Бәуен аға біздің үйге түсті және қонып шықты. Қазды сол күні жедік пе, әлде кейін бе, есімде жоқ.
Турашпен қатарлас тағы екі-үш ересек бала болды. Біреуінің маған деген ықыласы ерекше, аты Күшікпан. Бұл балалардың ерекше есімде қалатыны – Бақанас өзенінен балық сүзеді екен. Киіз үйдің керегесіне сырттан тұтатын кәдімгі шимен. Аса ірі, семіз, жарым құлаш сарыауыз балықтар. (Ересек кезімде қармақпен өзім де ауладым, орысша «маринка» аталады екен.) Күшікпан мен Тураш, тағы бір балалар төртеу-бесеуден топырлатып әкеледі. Өз үйлерін де қарық қылса керек. Кейін Тураш та, Күшікпан да біздің аудандағы үлкен жігіттер қатарына қосылды, Тураштың мән-жайын нақты білмеймін, ал Күшікпан ит жүгірткен аңшы болыпты және ат жаратып, бәйгеге қосатын да өнері бар екен. Бұл екеуінің ұрпақтары осы өңірде жасап жатқан сияқты.
Мен және аты-жөні есімде жоқ, құралпас тағы төрт-бес бала, құмдақ, тастақ өзен жағасы, тайызда күнұзақ суға түсеміз. Тәрізі, жазғытұры, су салқындау көрінетін, бірақ тоқтам жоқ. Дірілдемесек те тоңазып, судан шыққан соң: «Аппақ етім, кеп, кеп, – Қоян етім кеп, кеп», – деп, шыр айнала жүгіреміз. Үстіміз қолма-қол құрғап кетеді. Сырлы сөз әсері деп ойлаймыз, әрине, сөз емес, тоқтаусыз жүгіргенде желпіген ауа әсері.

1944 – жазғытұрым, әрқилы оқиғалар

Міне, осы кезде Аягөзден Әріп апам қонаққа келді. Жанақ атамнан тараймыз, аралық тым жақын, үш-төрт буын. Қасында менен үш жасар үлкен, быйылғы жылы мектепке баруға тиіс Нұршыкен деген қызы бар. Дүниенің тар кезі, есімде, Мұратқанға мойны бітеу, тоқыма, жасыл кеудеше әкеліпті. Маған – суға шомылдыратын, жұпары аңқыған иіс сабын. Тәрізі, Аягөзге жақын, Шағырайда отырған кезіміз. Кейін биолог, ғылым кандидаты доцент, әлі көзі тірі Нұршыкен – Нұржамал Жақыпова әпкемнің айтуынша, түйемен көшіппіз. Екеуімізді бір түйе – теңдеулі кебеже ішіне отырғызған екен. Мен Нұршыкенге жол бойы ертек айтатын көрінем. Тербеліп, ұйқым келіп барады, қалғып кетсем, сен: «Ертегіні дұрыстап тыңда!» – деп төбемнен салып қалатын едің, дейді. Ес білгеннен ертегіге құмарлығым күшті, ал Шағырайдан Сарқамысқа көшкен сурет жадымда жоқ. Оның есесіне басқа бір көріністер. Бірде Әріп апамның Тураш-Күшікпандар әкелген ірі балықты тазартып отырғаны. Содан соң, кешкі, шам жағылған мезгіл, Нұршыкеннің тамағына қылтанақ кетіп қалды ма деген әбігер. Әріп апам мен Нұршыкен біздің үйде жиырма күндей болды ғой деймін.
Келесі бір ерекше оқиға. Үйде әжем екеуіміз ғана, кешқұрым, төсек салып, жатуға ыңғайландық. Кенет дүбірлетіп, үй сыртына бір кісі келіп тоқтады. Әлбетте, атам бұлай жүрмейді. Көлденең бейтаныс. Мен табиғатымда нәренжік, қорқақ болсам керек. Осыдан азғана бұрын тағы да зәрем ұшқаны бар. Күн ауған, бесінге тақау, көкжиектен будақ-будақ бұлт көтерілді. Сұрқы жаман. Екі әжем қатарынан қармаланып, енді дауыл болады деп, ортаға қазық қағып, желбаудың екі ұшын мықтап байлады, онымен де тоқтамай, сыртқы белдеуде тұрған үлкен бақанды әкеп, шаңырақ жиегіне тіреп, жерге қиғаштай бекітті. Көп ұзамай-ақ, күткен дауыл да жетті. Үйдің түндігі желпілдеп, туырлық, үзіктер гуілдеп, кереге сықырлай бастады. Мен көзім бақырайып отырсам керек. Әжем қорықпа деп жұбатқан сияқты. Содан, кеш түсе мені ірге жаққа алып, көрпе жамылып, құшақтап жатты. Келер мезетте ұйықтап кеткен. Ал мен ұйықтай алмадым. Әуелгіден бәсең тартса да, жел гулеп, кереге, уық сықырлап тұр. Маған дыбысы жетсе де лебі келген жоқ, ағаш төсектің ірге жағы – қалың тұскиіз. Бірақ одан пайда шамалы. Мына дауылды сойқан үйімізді іргесінен көтеріп, аударып әкететін сияқты. Ал менің өзімді қаңбақтай ұшырады. Бәлкім, бұлтқа дейін… Көп ұзамай әжем қайтадан оянып, аз-маз тыншыдым. Бұл кезде дауыл өтіп, жел де тынған екен.
Енді міне, бейуақта біреу келді. Мүмкін, жаңа дауыл, әлде одан да өткен сұмдық. Алайда бәрі оңымен шешілген. Белгісіз адам: «Ореке, жеңеше!..» – деп дауыстады. Келер мезетте қармаланып, үйге кірген. Әжем шам жақты. Кәдімгі кісі. Бұрын көрген де болуым. Суыт келісінің мән-жайын айтқан. Менің ұққаным – іргелес Екпін колхозының орталығы Көкталға Төлеу ақын келіпті. Енді осы кісіні көру үшін екі ауылдың үлкендері басқарманың үйіне жиналуы керек. Атаулы қонақасы.
Хабаршы жігіт әлдеқайдан ат ұстап әкелді. Сірә, атамның екінші мініс аты. Жүгендеп, ертоқым салды. Осыдан кейін тағы біреулерге хабар айтуға жөнелді. Әжем мені алдына алып, түн қараңғысын қақ жарып жүріп кеттік. Келсек, біраз жұрт жиналып қалыпты. Көбіне апалар мен әжелер. Самала жарық. Басқарманың ауызғы үйі екен. Төргі жақтан күмбірлеген дауыстар естіледі. Мұнда үлкен кісілер. Жайлап отырдық. Ет жедік. Бөтен ешкімді көрмедім. Оның ішінде Төлеу ақынды. Атам бірге болса, мен де сол жоғарғы үйге шығатын едім. Кейінірек әжемнен сұрағаным бар. Менің қандай да сөзім мен ісіме таңырқамайтын. Иә, өзіміздің Төлеу ақын, деді. Қасында Сапарғали ақын бар. Төкеңнің туған еліне он төрт жылдан соң алғаш келуі. Домбырамен, әнмен «Шұбартау, аманбысын, туған жерім» деген өлеңін толғады. Содан соң Сапарғали. Ақыры Төлеу ақынның өзі, өкімет пен партияға арнап, баяулатып, тағы бір-екі өлең айтты… деп еді. (Кейін айғақтадым, бұл Сапарғали – ол да Семейлік халық ақыны Әлімбетов екен.) Төлеу ақынның осы, ел аузына бірден таралған «Туған жер» толғауын сол жылы естідім, естімедім, жадымда жоқ, кейінде әрқилы жағдай, той мен қонақта талай рет тыңдаған едім. Отызыншы жылдары тар заманда елден ауып, Ресей шегі, Новосибирден әрі, Барнаулға дейін өткен қамкөңіл ақын, екідай қоштасқан жұртымен қайыра табысуын, ата-мекен қоныстарын қуанышпен көруін жырға қосқан. Сырлы, әрі мұңды толғау еді. Міне, енді соғыс кезі, халық ақындары қайта көтерілген кезде Мұхтар Әуезовтің назарына ілініп, құрмет тапқан Төлеу ақын – өз заманында біздің таптан шыққан көрнекті тұлға болатын. Ізгі, білімдар, қазыналы. Содан еліне қайтып оралмаған, нағашы жұрты – Құттыбай, Ақтайлақ билердің қонысы Шар ауданында тұрақтап, сонда өтіпті. Туған шешесі Қуандық ақын Абаймен дос-жар, сыйлас болған Төлеу ақын тіршілігінде ұлы Абайды төрт рет көрген екен, ақылды, сырлы естелік қалдырған, тек әлі күнге дейін толығымен басылған жоқ және мән-маңызы да ашылмаған. Мен «Жалын» журналында отырған 1970 жылы үлкен бір бөлігін жарияға шығардым, кейінде «Абайдың суреті» атты толғам-зерттеуімде қажетті бір тұстарын үлгіге келтіріп едім.
Сол көктем күндерінде атамды дегбірден айырып, әжемнің есін шығарған, ақыры қайыр болып, жадымда қалған ерекше бір оқиға.
Шаруадан бос кезінде мен үнемі ат үсті, атамның алдында жүрем. Сондай бір сәт. Үй маңында, әлде тақау төңіректе әлдебір салт кісі кездесті. Бәлкім, арнап келген. Атам мені ер үстінде қалдырып, әлгі кісіні ертіп, үйге кіріп кетті. Кейінде білгенімдей, малшыларға арнап, қыстық бірнеше пима келген екен. Соны көрсетуге, немесе аяғына шақ келгенін беруге. Көп бөгелмей сыртқа шығысты. Атам шылбырын ұстап үлгермеді, торы ат жалт бұрылып, жүре берген. Мен үстінде кеттім. Тәрізі, тізгіні түсіп кеткен, қайткенде ердің басында емес, әйтпесе ұстар едім деп ойлаймын. Сонымен, қалтиып, ат үстінде кетіп барам. Атам, әрине, құрау-құраулап жақындаса, жүрісін жеделдете түседі. Тіпті тақаса, желіп кетеді екен. Енді бүткіл ауыл болып, осы атты ұстауға ұмтылды. Әлі есімде, жаяу-жалпылы шұбырған жұрт, түстеп санамасам да, бұрылып бір қарағанда шамалап үлгердім – он бес-жиырма адам. Оның ішінде қолы екі жаққа жайылып, өкпесі ұша тарығып, қорқып келе жатқан әжемнің сұлбасы көз алдымда. Торы ат ешкімді жақындатпады, ұзап та кетпеді. Өзенді бойлап, еркін келе жатыр. Менің үстімде қаракөл тон, басымда қаракөл құлақшын («үкісі желбіреп бара жатты» дейтін әжем), ердің алдыңғы қасынан берік ұстап отырғаным есімде. Ештеңеден қорыққам жоқ. Қайта, қызық көрінсе керек. Ақыры, манағы атты қойшы болса керек, орағыта озып барып, алдын кесті. Қалған жұрт та қаумалап, үш тараптан жақындай берген. Сол мезетте қашқан ат оңға қарай жалт бұрылды. Бұл тұста өзеннің жары түйетайлы, жайдаққа жақын екен. Тезінен төмен еңкейгенде жығылғам жоқ, бірақ арнаға жеткен ат енді жалт бұрыла шапқан кезде аунап түсіп қалдым. Кебір топырақ емес, су емес, жағалаудағы бұйра құм. Оң жақ иығыммен түскен екем, бақыра түрегелсем керек. Жан ұшырып, жұрттың алдымен жеткен әжем көтеріп алды. Содан соң атам ішігімді шешіп, әр жерімді баспалап қараған. Иығым аз-маз ауырып тұр еді. Бірақ сүйек бүтін екен. Атам мен әжем ғана емес, барлық жұрт мәз-майрам болған. Оқыстан келген қатерлі жағдай оңымен шешілді. Бірақ бұдан соңғы кезеңде, тіпті, мен алты-жеті жасқа толғанға дейін әжем мені атқа жалғыз отырғызбайтын болып еді.
Осы және ілкідегі жағдайлардың бәрі 1944, наурыз бен көкек – жазғытұрым болған сияқты. Бәлкім, Төлеу ақынға қатысты оқиға – аз-маз кейінірек. Бірақ үзік естеліктер мәнісі одан өзгермесе керек. Алда менің бастапқы кезеңімдегі ең бір бедерлі оқиға – май мейрамы тұрған.

1944 – ең ұзақ жыл, үлкен той

Май деген мереке болады екен. Үлкен той. Біздің Сарқамыс пен Екпін, бәлкім іргелес Оржеңкей (Орджоникидзе) мен Сталин – төрт колхоз бірігіп өткерсе керек. Жоқ, әуелгі екеуі ғана сияқты. Басқалары да өз бетінше қоғамдаса жатады ғой. Әрине, барлық жұрт емес, үлкендер ғана шақырылмақ. Әжем үйде қалды, мен атаммен бірге бардым. Той орталығы – Екпін колхозы. Таңертең бұрнадан таныс Дожан ақсақалдың үйіне түстік. Клим екеуіміз – ескі достардай, бірден-ақ жарасып ойнап кетсек керек. Шай ішіп, бауырсақ жеген сияқтымыз.
Сыртқа шықсақ, піскен ет тегене-тегене болып тұр. Әлдебір ыспар кісілер қора іргесіне жайылған ши үстіне, жекелеген табақтарға лайықтап, мүшелеп бөліп жатыр. Қазірде таң көрінуі мүмкін, шынында, өзі атаулы той болса, дастарқан жасалып, табақ-табақ ет тартылмауы мүмкін бе. Сонымен, тойға іріктеліп келген жүз қаралы кісіге атаулы қонақасы. Әрине, жоғарыдан түскен жарлық бойынша, үш, әлде төрт қой сойылған. Бірақ бұл етті қайда, қалай жегеніміз жадымда жоқ. Оның есесіне, отыз күн емес, таңертеңнен түс ауғанша өткерілген ойын бастан-аяқ есімде.
Бәйге болмаған сияқты. Қысылтаң заман, ат жаратуға жағдай да, мүмкіндік те жоқ. Содан соң теңге алу. Алғаш көруім. Қызық екен. Бірақ алымшы ат бауырына түспесе деп қауіптеніп отырдым. Енді қазық қағу. Жерге бір жуантық таяқшаны бекітті. Есебі, кәдімгі қазық. Содан соң кезекке шыққан кісілер. Көздерін орамалмен байлап, тұрған орнында екі-үш айналдырып барып, қолына аппақ, ұзын сойыл ұстатты. Енді толғай ұрып, қазықтың басынан ұру керек. Бірі анда, бірі мында, енді бірі көлденең, ай далаға. Қыран-топан күлкі. Ақыры, томпақ бет, бадырақ көз қара жігіт дөп тигізген.
Бұдан кейін қыз қуу. Қайла деген қыз шықты. Астында ұзын мойын, аңсағай жирен. Дөнен. Былтыр құнан бәйгеден келген, деп жатты. Кейінде бүткіл Семей өңіріне белгілі Шимойын. Жігітті түстемеппін. Тұра шабысты. Шимойын жеткізбей кетті. Азғана жерде арқан бойы озған. Ал қайтарда… қуып жете берген Қайла қыз қамшы көтерген сәтінде аттан жығылып еді. Есеңгіреп қалды, деп жатты. Әйтеуір аман, мертікпеген. Ал Шимойын шылбырын сүйреткен беті, өзеннен өтіп, арғы қабаққа шықты. Қаз-қалпында көз алдымда.
Енді күрес. Бұдан бұрын ауылдағы балалардың күресін көргенмен, үлкендердің де күресетінін білмеппін. Төрт-бес жұп кезектесе жығысып жатты. Содан соң манағы, қазықты дөп қаққан жігіт дәп өзіндей зор кісімен біраз ырғасып жүрді де, қырқа шалып, гүрс еткізді.
Бұдан әрі, қау-қаулаған жұрт күреске балалар шықсын, десті. Кім? Той тойлап жатқан екі колхоздың екі заппермесінің балалары. Дожанның ұлы Клим мен Мағауияның ұлы Мұхтар. Әуелі әкелерінен рұқсат сұрау керек екен. Дожан – қабағы қалың кісі екен. Түксие тұрып бас изеді. Менің атам да мақұл көрген. Күлімсіреді де қойды. Ал Клим екеуіміз құлшынып тұрмыз.
Ортаға шығарды. Ұстаса кеттік. Ұзақ алысқамыз жоқ. Әлде бұрадым, әлде шалдым, көп ұзатпай-ақ алып соғып едім. Бұрын балалардың күресінен талай көргенімдей, «күшін алып», үстінен аттағам жоқ. Ойнақтап барып, атамның алдына топ ете түстім. Ал Клим жылап тұрған. Бөркім көзіме түсіп кетті, дейді. Әйтпесе жығады екен. Жоқ. Қайткенде мен жығатын едім. Климнің атасы емес, осы Екпін колхозының кейбір кісілері балалар қайта күрессін деп еді. Атам тіл қатпаса да біздің жақ дес бермеді.
Сонымен, той да тарқаған. Біз атам екеуіміз Дожан ақсақалдың үйіне қайтып бардық. Климнің әжесі шай әзірлеп қойған екен. Мен қаталап тұрмын. Бірақ осы үйдің баласын жыққаным үшін ұялып, жөндеп шай іше алмадым.
Аталмыш оқиға кейінде жазылған «Доңыз жылғы балалық» топтамасындағы «Климмен күрес» дейтін әңгімеге негіз болып еді. Сол күйі, қаз-қалпында. Айтқанымдай, бұл Клим бала алты жасында ма, жеті жасында ма, көлденең сырқаттан дүние салыпты.

Ең ұзақ жыл – жаздың басы, еркелік

Тәрізі, осы май, оған жалғас айда өткен тағы бір елеулі естеліктер. Айналасы алты-жеті апта, бірақ соншама шыған заман.
Мен ес білгеннен-ақ айрықша ерке болдым. Біздің байырғы әулетте соңғы елу жыл ішінде туған екінші ғана бала, кейінгі жиырма бес жылдағы жалғыз немере. Атам мен әжем тек мен үшін ғана өмір сүреді екен. Бұл ерекше жағдайды айтпағанда, Баба-қазақ бала атаулыны қалай жақсы көрген. Арғы-бергі орыс пен Еуропаның саяхатшы, зерттеуші зиялыларының барлығы қайран қала сыпаттаған. Осы, қазақ байдың көңілі кең, пейілі таза кездегі қалыпты мінезі. Әйтсе де, менің еркелігім жай ғана жақсы көру емес, әулие тұту, табынуға жақын, ерекше ыстық сезім нәтижесі сияқты. Қазақта ата мен әже тәрбиелеген баланың кеудесі жоғары болып өседі. Оның үстіне, кішкентай кезімнен менмен болсам керек. Еркенің ерекшесі. Бірақ атам айтқандай, ақылым көп, тәйтік емеспін, қисынсыз қияңқылығым жоқ. Атаң мен әжең қатарынан елбіреп отырса, ол заманда пейілі кең ағайын-туыс, дос-жар ғана емес, таныс-білістің барлығы әлпештей қараса, әрине, арсалаң болмас жөнің жоқ. Осы ерекше әспет, айрықша еркіндік менің бүткіл болашағымды айқындаған сияқты. Өршіл, биік кеуде ғана емес, өзіңнің артықша бітім, талайлы тағдырыңа күмәнсіз сенім.
Сонымен, менің қазіргі сексен жылдық ұзақ ғұмырымдағы ең бір бақытты, бұла күндер созыла тіркесіп, баяу өтіп жатты. Айтқанымдай, әр тәулік – айға тете, ал ай мен жыл – кейінгі бүткіл жасыңның мәнді, елеулі ғана емес, ең бір соқталы, ұзақ дәуірі сияқты.
Әжем маған тамақтың ең тазасын, нәрлі, мәндісін береді. Үйреншікті ет қана емес. Балық жайын айттым. Тәрізі, наурыздың соңы, Шағырайдан көшерде, түйелі жүк үстінде ақ тауық отырды, бір аяғынан қысқа байланған, анда-санда жалп ете түседі. «Әміркен тауық» дейтін әжем. Кейінде ұққаным – алдыңғы заманда біздің қазақ сапалы, жақсы дүние атаулының бәрін «әміркен» дейді екен, яғни америкалық. Әрине, американ емес, бірақ күн сайын дерлік жұмыртқалайтын, ерекше тауық еді. Өткен күзден білем. Бәлкім, одан бұрын да қолда бағылған. Ірі, аппақ жұмыртқалар. Әжем біріне бірін қоспай, қолма-қол қайнатып пісіріп, алдыма қояды. Бұдан соң – жент. Қуырылған май бидай. Құрт, ірімшік – болса болмаса. Ара-тұра бауырсақ, шелпек пісіреді. Бір жолы, Аягөзге барып қайтқан әлдебір кісі маған арнап, әрқайсы менің жұдырығымдай, бес-алты картоп әкелді. Әжем әдемілеп жуып, сыртын аршып, кесегімен туарды да, кәдімгі бауырсақ сияқты, май толы бақырға салып, шайқап отырып пісірді, содан соң кәкпірмен сүзіп алып, дәлеңкесімен алдыма қойды. Екі, әлде үш бөліп жегенім есімде.
Тамақ жайын тәптіштеп отырғаным, қазақ «Ас – адамның арқауы» дейді, осындай айрықша күтім, қадағалап бағу, таза ауа мен еркін қимыл және өршіл көңіл нәтижесінде мен денсаулығы күшті, әрі дәтім берік, қайратты болып өстім. Кейінгі қатқыл кезең – он бір мен он бес жас арасындағы таршылық, зарлы заманның өзі менің денсаулығыма айтарлықтай зардап келтірмеді, қысқы мектеп, кісі үйіндегі тапшылық, тіпті, қарын аштығының өзі, аралықта – өз үйімде аунап-қунаған бес-он күнде ұмытылып кетер еді.
Аз-маз ілгері оздық. Сол заман, әуелгі бүлдіршін кезімнен ерке-бұлаң болдым дедім. Айтқанымдай, атам мен әжем мен не істесем де құба-құп. Оның ішінде, шаруадан тыс кезде, атам үнемі ат үсті, алдына алып жүреді. Жұмыс жөнімен ферма аралап, немесе колхоз орталығы, ауданға кеткен кезінде жолын тосып отырам. Атам күндіз қай уақытта келсе де, ауыл шетіне тақай бере, әудем жерде мені күтіп тұрады. Өзім болмасам әжем көреді, немесе басқа бір көрші, бейсауат жұрт. Мұхтаржан, атаң келе жатыр, деседі. Мен қуанып, шапқылай жүгіріп, алдына жетем. Атам сол тұрған қалпында қолымнан ат үстіне көтеріп, алдына мінгізеді. Осыдан соң ретіне қарай: бірден үйге келуіміз мүмкін, әйтпесе, тақау төңіректі әрлі-берлі ойқастап, азғана жүреміз. Есімде, бір жолы атам мені күтпей, үйге келіп қойыпты. Күткен, бірақ мен маужырап, ашық іргеде ұйықтап қалыппын. Әжем әлдебір шаруада, немесе тынышымды бұзбай, оятпаған. Атам келіп аймалай бастағанда мен бақыра тұрдым. Анау жерге барамыз, деймін. Атам белдеудегі атын шешіп алып, мені де отырғызбақ еді, сол қырсыққан бетімде жаяу жүгіріп, ауыл шеті, межелі жерге келіп бір-ақ тоқтадым. Менен озбай, аяңдап ере келген атам осы арада көтеріп, алдына алған. Осыдан соң да бірден үйге бармай, әжептәуір сыртта, ат үстінде жүрсек керек.
Біздің үйге келімді-кетімді кісі көп. Соның ішінде Сарқамыс колхозына зотекнік, яғни мал дәрігері зоотехник болып келген Шағатай ағам есімде. Әйтеуір жақын туысқан. Үстінде жұқалтаң, таза пенжек, көк галифе шалбар. Еңселі, еркін мінезді кісі. Келген сайын атқа мінгізіп, мені алдына алады, дастарқан басында кәдімгідей әңгімелессе керек. Мен тым жақсы көрдім, Шағатай ағам қашан келеді деп күтіп жүретін едім. Мән-жайын кейінірек сұрап білдім. Абай атаның тұқымынан. Кәкітай немересі. Атаммен ежелден дос-жар Әрхамның баласы. Біздің әулет ежелден-ақ Құнанбай ауылымен сыбай, жекжат, басқа жақындығын айтпағанда, Абайға табыну, Шәкерімге құрмет нәтижесі, жиен-нағашылы тобықты атаулыны тікелей туыс санайтын, мейлінше жақын көретін.
Сол жазда есте қалған тағы бір жағдай – күндізгі ыстықта тағы да ұйықтап оянсам, атам мен әжем шай ішіп отыр, төрде қонағы бар. Бұрын да көрсем керек, кейінгі күндерде есте қалды, содан арада бес-алты жыл өткенде Алғабаста көрші тұрдық. Мұқаметқали Есенов деген кісі. Першіл. Яғни, мал дәрігері. Манағы Шағатай ағадан кейінгі барлық жұмысты атқаратын, мал басының амандығын қадағалайтын жауапты өкіл екен. Бірден аңдағаным – құлағына күн түсіп тұр ма, үлкен жарғағы қып-қызыл екен. Бауырсақ жеп, шай ішіп отыр. Шөлдеп барам, әжем маған бір шынаяқ құйды. Қонағымен жалғас мезетте сияқты. Першіл аға бәкісінің ұшымен, дәп алдында жатқан, бүктемесі ашылған кішкентай қағаздан әппақ ұнтақ алды да, сілкіп, шайына түсірді. Болар-болмас, көзге әрең ілінер ұнтақ. Мен қарап қалыппын. Сол кезде атам першілдің бәкісінің ұшымен, жаңағы кішкентай, сарғыш қағаздағы аппақ нәрседен шекіп алды. Бәкінің жүзіне ілініп тұрған, көрінер-көрінбес, болмашы ғана. Сілкіп, менің кесеме түсірді. Содан соң шай қасық алып, араластырған. Мен, қисыны, таңырқай бөгеліп барып, шайдан бір ұрттадым. Тіл үйірердей тәтті екен. Керемет тәтті. (Кейін түйгенім – кәдімгі глюкоза.) Асықпасам да, тезінен ішіп біттім. Шөлім басылмады. Тағы бір шыны ішсем. Алайда, бөгелместен орнымнан тұрдым. Енді аз-маз кідірсем, әжем шай құйып қоюы мүмкін. Содан соң атам мына кісінің тәттісіне қол созуы ықтимал. Тәттіні танып тұрсам да, мұндай қолапайсыз жағдайды қаламаппын. Соншама кіді, кінәмшіл екем. Құртақандай кезімнен қалыптасқан менмендік пе, туа біткен тәкаппарлық па – қайткенде арғы нәсілімнен келе жатқан кісілік қасиет дер едім. Санасыз түрде өзіңнің артығыңды сезіну. Астамы жоқ, тап солай.
Бұл, сырттай елеусіз көрінгенімен, кейінде өзім де қайран қалған өзгеше сурет ұмытылмай, сол күйі есте сақталыпты. Кейінде, 1990 жылы жазылып, «Доңыз жылғы балалық» топтамасына енген «Қант пен ірімшік» дейтін әңгімеге арқау болып еді. Әуелде тым мәнсіз санап, іркіп қалғам, көп ұзамай қатарына қосып, өзім басқарып отырған «Жұлдыз» журналында жарияладым.
Бұл Мұқаметқали Есенов – ескілікті сөзге құмар, дегдар адам еді. Айтқанымдай, кейінде тату, жақсы көрші болдық. Құпия сандығында қаншама көне кітап, қолжазбалар жиналған. Кешкілікте, есік алдында, немесе ауызғы үйінде отырып, сол қадым мұраның кезекті бір нұсқасын алдына жайып қойып, мақамын келтіре оқып отырар еді. Әредік жағдайда қонақта. Мен Біржан-Сара айтысының әуелгі толық нұсқасын және «Кербаланың қиссасы», һәм «Сал-сал» мен «Зарқұмның» үлкен үзіктерін алғаш рет осы Мұқаметқали ағаның аузынан естіген едім. Ақыры, осы ескілікке әуестігі үшін болса керек, 1951 жылы қарашаның соңында ұсталып, Итжеккенге айдалып, сол беті хабарсыз жоғалды. Менің «Жүсіпқалидың қызы Светлана» дейтін әңгімемде бас кейіпкердің ата сөзіне құмар жағдайы – осы кісіге қатысты естегіден. Айдалуы да рас. Және көршілес қыздың кейінгі мінезі. Ал сталиншілдік – сюжеттік өріс қажетінен туған жөргем еді. Көркем шығарма аясындағы табиғи жағдаят. Алды жарық болғыр Мұқаметқали ағаның ондай мінезін аңдамадым. Менің өмірбаяндық негіздегі қандай да әңгіме, хикаятымды өмірлік нақты дерек деп қабылдау қате болады. Ілкіде айттық.

Ең ұзақ жыл – Аталарымның Аруағы

Күн шапақ жарып, жаңа шығып келеді. Дүние қызыл жалқын. Биік, тіп-тік, жалпақ тас түбінде тұрмын. Сол жағымда – үлкен, шошақ күмбез. Нақпа-нақ есімде; атам: «Бұл – әулие Жобалай бидің күмбезі, деді. – Ал мынау – басына қойылған тас… Осы Жобалай атаңның аруағы қайда барсаң да сені қолдап, желеп-жебеп жүреді…» – деді. Бұдан соң тізе бүгіп, кейіннен талай естігенімдей, бар мақамымен, күмбірлетіп құран оқыса керек. Артынан білгенім, көш жолынан бұрылып, Би атамның басына мені арнап апарыпты. Би атам. Әулие болған. Қасиеті керемет. Өлсе де аруағы бар. Мені ғұмыр бойы қолдап жүрмек…
Сол жолы танып, кейіннен ұққаным: Жобалай – жастабан бегімбет керейдің басты аруағы. Дүрбін-Ойрат біржола қирағаннан соң, ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарында жылжи көшіп, ежелгі бабалар қонысы Шығыс Түркістанға орныққан абақ керей тайпасының жастабан руын басқарған, тарихи құжаттарда есімі сақталған түп нағашым Бәйсейіт бидің ортаншы ұлы; әкесінен соң, 1787 жыл шамасында осы жастабанның Сауыр, Майлы-Жайыр тауларын қоныстанып отырған жарым жұртын кері төңкеріп, салқар көшпен Шыңғыстаудың күнгейі, Бақанас өзені және онымен шектес, Қарқаралы беттегі Дағандел өңіріне орнықтырған осы кісі екен. Кейінгі тарихта болмаған жағдай – бұл бір қауым жұрт «Жобалай керей» атанған. ХІХ ғасырдың екінші ширегінен бастап, бір болыс ел болып отырған. Ол заманда, одан кейін, күні бүгінгіше есімі ел аузында. Тәуелсіздікке жалғас анау бір жылдары ескілікті күмбезінің үстінен аумақты, биік, әрі сәулетті жаңа күмбез тұрғызылды. Іргесі жаңа көтеріліп жатқанда бәйбішеммен бірге, арнайы соғып, мал шалып, құрылысшы жігіттердің бас-басына тиесілі сияпат арнап, аруаққа құран бағыштап едім. Келер жылы ашылуына бардық. Шылбырын шешуден сырт қалғаным өз алдына, мені атаулы сөзге де қоспапты. Әйткенмен өзім тіленіп шығып, елбіреген лепесімді жеткізген едім, кейін он үш томдықта басылды. (Бұл заманда оң мен солды тану тұрыпты, әдепкі кісі сыйлаудың өзін ұмытқан берекесіз ағайындар бізді жалпы мейман қатарлы белгілі бір үйге де бекітпепті. Шындығында, басқасын айтпағанда, бүгінгі ұрпақтары ішінде Жобалай биге менен жақын кім бар еді. Осы орайда, іргелес тобықты жұртының қазақы ежелгі қасиетін сақтаған кеңдігі мен мәрттігіне қайран қалмасқа болмайды. Содан тура төрт жыл бұрын Шыңғыстауда Кеңгірбай бидің атаулы асы өткен. Әуелі – бұрнағы күмбезді қорғалақтай, сырттан орнатылған айдынды жаңа күмбез. Ел ағалары алаштың асқаралы жазушысы деп, маған бірінші кезекте сөз беріп еді. Бұдан соң рәсімді лентаны қию құрметін де жалғыз бізге лайықтаған екен. Кешіне ақ ордада сияпат, ертеңіне ұлан-асыр той, ойын-сауық; соңынан тағы да қасқа мен жайсаңды бағып-күткен мол дастарқан, ән мен күй. Осы жалғас екі күндік мерекеде ежелгі Шыңғыстау жұрты тыйым, таршылық заманның өзінде Кеңгірбай баба туралы адал, ақиқат сөз айтқан деп ардақтап, бірінен соң бірі – қатарынан төрт ат мінгізді. Әлбетте, мәселе артық-ауыс сый-сияпатта емес, құрмет пен танымда. Бұл жағынан қаншама ұлы тұлға туғызған, тамыры терең ізгі қауым мені кемеңгер Абай мен Мұхаңның бүгінгі жалғасы санап, бар тілеуін қосып, риясыз көтермелеп келеді…)
Ал әуелгі, кішкентай кездегі көлденең көрістен соң арада жиырма жыл өткенде ғана қайтадан тәуап етудің сәті түскен. Менің нақты есімде қалғаны – осы қызыл шарық суретте Би атамның күмбезі оң жағымда тұрды, ал менің бойымнан әлдеқайда биік құлпытасы – етекке таман, сол жақта. Жаңадан көруімде, алдан қарағанда, құлпытас керісінше, күмбездің оң жағына қойылыпты. Яғни, бастапқыда күн бетте, ал атам құран оқырда осы екі аралықта, бірақ шығысқа емес, түстік-батысқа қарай бұрылып тұрсам керек. Оң мен солдың орын алмасуы содан. Яғни, Би атамның басына барған мезет менің жадымда берік таңбаланды деген сөз. Қайткенде, аруақ шақырған, мені бабаларымның дәргейіне табыстаған оқиға. Алғашқы емес, есте қалған әуелгі, ең елеулі жағдаят.
Арада екі, әлде үш күн өткенде, тағы да таң атып, күн шыға және бір бабамның басына апарды. Күмбез емес, тоқал төбешік үстіндегі үймек – тас мола. Шүршіт атаң, деп еді. Бай болған, батыр болған. Бұл жер бұрнада Қызылқайнар аталған екен, Шүршіт атаң келіп жатқаннан соң, Шүршіт басы болып кетті… Бұл жолы әуелгі дерек, кейінде Шүршіт бабам туралы көп әңгіме естідім. Әйгілі Құнанбай қажымен жаһаттас дос болған. Құнекең аға сұлтандыққа өтерде, әрине, шартты түрде болса да, ру басшылары тарабынан ұсыныс жасалуы керек екен, сонда жетекші сөз абыройы Шүршітке түсіпті. Ендігі бір дерек – кейінде Құнанбай балаларын мұсылманша оқытқан, Әуезов романында да бой көрсететін Ғабитхан молда тағдыры да осы ақсақалға қатысты; тәрізі, әскерден қашқан татар баласын Қарқаралы базарынан көріп, есіркеп алып келген екен, ақыры, таным, білімін бағамдап, сізге лайық деп, Құнекеңе өткізген. Шүршіт есімі айдаудағы поляк зиялысы Янушкевичтің белгілі кітабында да бар: Юсупбай (анығы Үйсінбай) болыспен сыйыспаған қияңқылығы айтылады. Бұл Шүршіт ақсақал менің тікелей бабам емес. Бірақ атамның насихатында қазақтағы барлық жақсы менің туған аталарым есебінде: арыдағы Абылай ханнан бастап, алаштың атақты аруақтарының барлығы. Десе де, таратып айтсақ, Шүршіт – әйгілі Шақантай батыр немересі. Бұл Шақантай менің сегізінші атам Қожагелдінің туған інісі Құдайбердіден таралады. Шүршіттің өз әкесі – қалмақ қызынан туған Құлбарақ. Кейінгі ұрпақтары түгелдей кісілікті болды. Мұның ішінде 1918 жылы наурызда ауыл үстіне қона жатып, зорлық зомбылық жасай бастаған ақ әскердің отыз екі салдатын қатарынан байлатып алып, түгелдей мұз астына жіберген Бөдес қажы бар. Ол заманда қазақта болмаған ерекше оқиға. Жалғас кезеңде советтен айрықша қысым, қудалау көрсе де, тұқым-жұрағаты үзілмепті, тағы қаншама жақсы азаматтар шықты. Әрине, мұның бәрі көлденең әңгіме, орайына қарай айтылып қалды.
Сол кішкентай кезімнен-ақ ата-баба аруағы мені назарында ұстап, пәле-жаладан сақтап, жебелеп келеді. Сол күндер, жаңағы екі атама жалғас тағы бір ерекше жағдай. Көш тау аңғарындағы жасыл жазаңға келіп тоқтаған. Күндіз, тапа-тал түс. Мен – бұрын көрмеген өзгеше күмбезден жиырма-отыз қадамдай жерде, көк шөптің үстінде отырмын. Күмбез зәулім биік, биіктігі сондай, іргесіне келіп, қатарынан сүйкеніп тұрған, өркештері баладай қос түйенің бойы кесек тастардан тікелей қаланған астыңғы тұғырға әлдеқайда жетпей тұр. Бұдан арғы, шошақтала біткен төрт қырлы биігі тағы үш-төрт түйе бойындай. Міне, осындай, нақпа-нақ, қапысыз таңбаланған, дәйекті сурет. Иә. Ертегілік емес, бірақ осыншама зор күмбез. Айттым, мен арқан бой жерде, қалың емес, сұйқыл тықыр да емес, майда көк шөп үстінде отырмын. Кейінде атамнан сұраған едім. Мұндай кейіпті үлкен күмбезді есіне түсіре алмады. Одан да беріде, менің студенттік, аспиранттық жылдарым тұсында, біздің үй осы Қарқаралы беттегі Қара-ирек деген жерде тұрды, баяғыда біз көшкен Жорғаның түстік-батысы. Сонда осы өңірде туып-өскен, немесе кейінгі заманда тұрақты отырған үлкен кісілерден талай сұрадым – Бақанас өзені мен Жорға, Өгізтау аралығында осындай нысан бар ма деп. Тоқсанбай деп айтты, тағы бір тұсқа сілтеді, жолай, немесе арнайы барып көрдім, жоқ, ол емес, мүлде қиыспайды. Ақыры, айна-қатесіз көзім жетіп еді. Бұл ерекше күмбез, соған байланысты өзімнің түйсік-сезімім – өңімде емес, түсімде өткерілген жағдай. Ойлап қарасам, сол кезде әлгі ерекше күмбезді ғана емес, осы күмбезге тақау, арқан бойындай ғана жерде, көк шөп үстінде отырған өзімді де көрген екем. Соншама бедерлі, сенімді, мен аз-кем емес, тура жиырма жыл елесін қуып, анығына жетпек болған көрініс. Бірақ жай ғана түс емес. Ата-бабамның аруағының нақты емеуріні. Өзімнің тікелей және жанама аталарым. Манағы, бірі данагөй би болған, бірі айбарлы батыр, енді бірі ақылгөй ақсақал болған, бәлкім, сол кезде есімде тұрмаған, бірақ алдынан өткен, тіпті, атам сыртынан ғана айтқан, басқа да айдынды аруақтардың жинақты батасы. Иә. Сен арғы аталарыңның аманат жолын берік ұстайтын ерекше тұлға боласың деген.

Ең ұзақ жыл – сырлы, мұңды көш

Біз көшіп келе жатқанбыз. Мен үнемі атамның алдында отырам. Атам көштің алды-артын шолып, немесе келесі қоналқа жайын нақтылап, озып кеткен кездерде ғана, әредік, әжемнің қасына, арбаға мінем. Бірақ көбіне-көп ат үсті. Қазір ойлап отырсам, сол құртақандай кезімнің өзінде атам менің айрықша зердеме, болашақ өзгеше талайыма нық сенген екен. Ат үстінде жай ғана отырмаймыз. Қаншама әңгіме. Жаңағы Жобалай атама байланысты хикаялар. Басқа жерде жатқан тағы бір аталарым: Томан би, Байқотан би. Елдің арғы-бергі ерекше тұлғалары жөніндегі аңыздар мен әңгімелер. Нақыл, ғибрат сөздер. Осы өңір, өткен заман туралы қаншама хикметті көңілге тұтыппын. Соның қайсын қай уақыт, қай жасымда естіп-білдім, қазірде нақты айта алмас едім. Және кейінде ұмытылған тағы қаншама әңгіме. Сол, ұмытылғанның өзі менің ақыл-ой дамуым, дүние танымым жолында қызмет етіп кетсе керек.
Біз көшіп келе жатырмыз. Қарақайыс жиырма-отыз түйе. Сол заман үшін салқар шеру. Барлық түйеге жүк артылған. Көп ұзамай көргенімдей, жадау, үш қанат киіз үй, құрым күрке. Қазақ елін, біздің жұртты жалмаған ғаламат ашаршылық туралы мен алғаш рет осы көш үстінде естідім. Әрине, бұрынырақ та құлағым шалды, бірақ жадыма тұтпағам. Енді сөзге қоса сурет. Жиыны он төрт күн көштік. Шыңғыстаудың Сырты, Бақанас өзенінен бастап, терістік-батысқа қарай, Қарқаралы тарабына. Осы он төрт күн орайында жол бойы бір де бір елді мекен, ербиген кісі көзге шалынбады. Оны да естіп келем. Күні кеше, бұдан небәрі он екі жыл бұрын осы өлкедегі барлық жұрт аштан қырылып қалған. Түгел. Түгелге жуық. Әлдеқалай жан сақтаған селдір жұқанасы күні кеше ғана біз ат құйрығын беріп шыққан Бақанас бойына қарай шұбырады. Жаяу, жалпылап жеткен – бұрнағының бір бөлшегі ғана. Көбі жолда қалған. Әр жерде аштан өлген адамдардың қаңқа сүйегі шашылып жатты, дейтін кейінде әжем. Сен көрмесін, шошынар деп, қалқалай береміз. Бір жолы қу бас біздің арбаның күпшігіне ілініп қалыпты. Өз-өзінен түспей қойды, дейді. Қаңқа сүйек дегенде, көбіне-көп осындай қу бас болса керек. Бар сүйек шіриді, тозады, ал бас сүйектің бітімі берік сияқты. Кейін, ересек шағымда, жазғы демалыста ауыл мен аудан орталығы Баршатас аралығында поштабай болып жүрген кезімде тау жолы, қия беттен өзім де талай қу бас көрдім. Сондай сұмдық. Студенттік жылдарда нақты дерегін іздеп тапқаным бар. Колхоздасу қарсаңы – 1926 жылғы санақ бойынша, Шұбартау ауданының шегінде халықтың жиын саны – 25 мың үстінде. Содан бестің бірі де қалмаса керек. Бұл – жалпы Шұбартау ғана емес, ең қатал аштық жайлаған бүткіл Сары-Арқаға келген зұлмат. Қалған қазақ та осыған тетелес сойқанға түсті. Жинақтап келгенде, қазақ атаулы ұрыс, соғыссыз, бейбіт заманда бұрынғы-соңғы адамзат тарихында болмаған ғаламат апат – орыс большевизмі қолдан ұйымдастырған қатал геноцидке ұшырады. Бар халықтың кемі үштен екісі, әйтпесе төрттен үші жер жастанды. Мұның бәрі, әрине, кейінгі пайым. 1944 жылғы жазғы көш үстінде мен тек қана соңғы нәтиже – осы өлкедегі алапат ашаршылық туралы алғашқы дәрісімді көңілге түйген едім. Төрт жасымда. Осыдан соң мен – арыдағы билер мен батырлар ұрпағы, кейінгі зобалаң мен зорлықты көзбен көріп, одан қалғанын оқып, біліп таныған болашақ қаламгер Мұхтар Мағауин – мына Мен кім болып шығуым керек?
Кең дала, кер дала қаңырап, күңіреніп, иен жатқан. Күн ұзақ, келесі және арғы күндерде тағы да жан адам көрінбейді. Әйткенмен, мүлде тіршіліксіз емес. Керісінше, адамнан басқа аң атаулы өріп, өсіп-өніп кеткендей. Бірде, қырқа белестен аса шыққан кезімізде алдағы бүткіл жазық қоңыр-ала көрінген. Мың сан киік екен. Мың қойдың жайылыс мөлшері белгілі ғой, қазірде жобалауымша, кемі қырық-елу, бәлкім, жүз мың. Тумысында екі аяқты кісіні көрмеген, біз тақап келгенше қаша қоймады. Содан соң ит үрді ме, адам иісін жатырқады ма, мыйдай араласып, ию-қию шапқын басталған. Әуелі ортадан қақ айрылды. Содан соң ойқастай, орғи шауып, бірде оңға, бірде солға жүйткіп, шат-шәлекей сапырылысып еді. Менің жадымда мәңгі-бақи таңбаланған ғаламат сурет. Бүгінгі заманғы білгіштер: жиырмасыншы жылдарда қазақ жерінде құрып бітуге тақаған киік тұқымының арада отыз жыл өтпей миллиондап өсуі – табиғаттың ғажайыбы деп жазып жүрді. Ғажайып – табиғатта емес, қазақ геноцидінде, бар халқы қырылып, иен қалған, оты мол, суы мол кең далада аң мен құс мыңғырып өспегенде қайтпек.
Қалай дегенмен де, жыртылып айрылған сансыз киік – көңілге көлеңке түсірмейді. Қайғы келтірмесе де, өткен қасіретті еске салатын – кәдімгі жыртқыш қасқыр екен. Кейде қоналқада, түн іші, тақау төңіректен үздіге жауаптасқан, үрейлі үні естіледі. «Өз басыңа көрінсін!.. – дейді әжем. – Иә, құдая, адам кеткеннен соң даланың ит-құсына дейін құтырды…» – дейді. Әлбетте, қасқыр бұрын да бар. Бірақ ол заманда ел тығыз – мұншама көп болмаса керек.
Қасқыр демекші, біздің көштің алдында кеткен, анығы – соңымыздан ілескен мал жайын білмеппін. Ол кезде ойға келмеді, кейінде сұрамаппын. Шамасы он-он екі мың тұяқ. Біздің ерекше көшіміз де осы қой түлікке байланысты. Бұрнада ауданның жарым жері иен қалған. Бір мүшел бұрынғы апат кезінде. Одан беріде бас көтерген азамат атаулыны соғысқа айдады. Яғни, халық саны артқан жоқ, тіпті, ашаршылықтан кейінгі жылдардан төмен. Алайда, социализм жолындағы советтік ауылда мал басы өсе бастаған. Бастаған емес, еселеп көбейген. Баяғыдай ырғын болмаса да, Бақанас бойындағы кең қоныстың өзіне сыймай барады. Ал өкіметке ет керек. Семейде жарым советті асырап жатқан алып ет комбинаты аранын ашып тұр. Моңғолдан, қытайдан қаптап келеді екен. Әйткенмен, өз тарабымыздан да құрғақ отырмауымыз шарт. Сондықтан да отгон, яғни шалғай отарға кеңінен қанат жаю керек. Сөйтіп, Шұбартаудың өлмелі он төрт колхозының екеуі – Сарқамыс пен Екпін қолдағы жарым малын алыс шүйгінге айдасын деген жарлық түскен. Сарқамыс – біз. Менің атам – осы тараптағы запперме, есебі, барлық мал басына жауапты ферма бастығы болып тағайындалыпты. Көшіп келе жатқан себебіміз де осы жағдайға байланысты екен.
Таңертең күн шығар-шықпаста көтерілеміз. Жүк артылған түйелер екеу-үшеуден тіркелген. Алдыңғы, жеңілінің үстінде жаулықты әйел, немесе өспірім бала отырады. Бірде санағаным бар. Жиырма төрт түйе. Және жайдақ арба. Әжеммен қоса тағы бір-екі кемпір, азғана жүк. Атам екеуіміз көбіне жөн сілтеп, көштің алдында жүреміз. Кейде шұбыра созылған соңын орап қайтатынымыз бар. Түске таман азғана аял. Бесіннен соң, көбіне күн еңкейген екінті, тіпті, кешкі алакеуімде қоналқаға тоқтаймыз. Бұл ертелі-кеш жүріс сорабы – бұлақ пен суға байланысты екен. Әрине, тоқтаған жерде түйенің белі шешіледі. Таңға дейін тыныс. Сонымен қатар, еруде бірер күн аялдаған жағдайымыз да болып еді. Тәрізі, тым шаршап кетпеу, қажетті тыныс үшін.
Бірде жазаң қыратқа шыққанда, жер үсті қалың сарымсақ екен. Кәдімгі жылқы жуа. Әудем жер түгелдей бозғыл көк. Жұрт тоқтай қалып, жапырлай түйеден түсіп, сарымсақ жұлуға кірісті. Осы кезде атам көшті жанамалай, желе жүріп, қатты дауыстап еді. Ұрсуға жақын. Жұрт амалсыздан қайта қозғалды. Әлдебір ересек баланың түйе үстінде сарымсақ аршып, тістеп жей бастағаны көз алдымда. Неге тоқтамадық, мен де сарымсақ жейтін едім, деп ойладым. Бірақ үндемегем. Бұл кезде күн еңкейіп қалған, екінтіден өтіп барады. Сөйтсек, алакеуімге қалмай, кеш батқанша алдағы межелі бұлақ басына жетіп үлгеруіміз керек екен.
Қайткенде мен үшін қызғылықты, ерекше сапар болып еді.

Ең ұзақ жыл – Жорға тауы, иен жұрт

Көштің он екінші, әлде он үшінші күні, сәске түсте Жорға тауының етегіне жеттік. Соңғы жеті-сегіз күн бойы көгере бұлдырап тұрған оқшау нысан. Серек шоқы емес, төбесі жайпақ, дөңгелене біткен ерекше тау. Таңертең, көшпен бірге, тым ерте тұрғанбыз. Атам алға озып кетсе керек, әжем мені арбаға салған. Ұйықтап қалыппын. Енді күн шағылып барады екен, еріксіз ояндым. «Жорғаға жеттік, – деді әжем. – Көкдауыл түлкі қуып кетті, тау басына қарай…» Тау басына қарай көз салып едім, шақырайып тұр, биікке көз салу мүмкін емес, түлкі манада кетіп қалған. Аздан соң Көкдауылдың өзі көрінді. «Беу, – деп әжемнің кейігені бар. – Қартайғанын білмейді, аяғын алдырыпты, енді ақсаңдап қалды…»
Жорға – межелі жер екенін естігем, ақыры жетіппіз. Жолдың шеті болмаса да. Неше күн бойы бұлдыраған Жорға. Кейінде танығанымдай, ертегілік мекен, «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырында дәріптелетін әйгілі тау. «Жері биік» деп еді атам. Тым биік екен. Көшке апталық жерден, салт аттының өзіне екі-үш күн бұрын көрінетін Жорға, кейінде аңдағанымдай, күргейлене біткен тоқал төбешік қана екен. Ересек балалар басына дем алмай-ақ жүгіріп шығатын. Бірақ тақау төңіректегі бұлақ атаулының көзі осы ерекше төбешіктен басталатындай.
Сонымен, неше күн бойы бұлдыраған Жорғаны көбелей жүріп келеміз. Арада азғана уақыт өткенде, таудың жазаң етегі, оң қанатта, қаптаған қалың там көрінді. Жапырлай иін тіресіп тұр. Бұрнада бір-екі қоралы қыстаудан басқаны көрмегем, енді мына қатар-қатар, іркесе-тіркесе қабаттасқан үйлер маған ертегілік сурет болып елестеді. Нақты түсінігім болса, үлкен қала деп ойлар едім. Ең кереметі – жан жоқ, түгел иен. Сол сәтте естідім бе, кейінірек ұқтым ба, біздің Шұбартау ауданының әуелгі орталығы екен. Бұл жақтағы барлық жұрт аштан қырылып, одан қалғаны шар тарапқа босып кеткеннен соң, тып-типыл, иен жұртта қалған аудан әкімшілігі, қарындары тоқ болғанымен, ешқандай амал жоқ, бұрнағы қалың елдің ендігі жұқанасы жиналған Бақанас өзенінің бойы, Шыңғыстаудың күнгей бетіндегі Баршатас деген жерге көшкен екен. Аудан орталығы тап-таза, сол қалпында қала берген. Келер ай, келер жылда өз көзіммен көрдім, ендігі, ұлғаймақ құрылысқа сайланған мың сан шикі кірпіш сол беті тұр. Тек жаңбыр шайып, бұрыш-бұрышы кетілген. Қаңыраған там үйлердің етек жағы, әудем жерде, араларына саңылау қалдырып, үшбұрыштай, текшелей қаланған, дайын күйінде. Жаңадан салу қайда, ескісінің өзін қоныстану мүмкіндігі таусылған. Атамның айтқаны.
Біз көп ұзамай, ертеңіне, әлде арғы күні біржола дерлік тоқтастық. Көшкен жұрт тарала бытырап, Жорға тауының жақын төңірегіндегі шүйгін алқап, қасқа бұлақтар басына жапырлай қонса керек. Әрбір малшы мен отар қойлар енді нақты белгіленген қыстауларына жақын жерге орнығыпты. Біздің үй де, қасында екі-үш қоңсы бар, көп ұзамай байсал таптық. Ендігі күндерде атамды сирек көретін болдым. Он екі, он үш жылдан бері қаңырап тұрған қораларды қайыра жөндеп, тұрғылықты жағдайға келтіру қажет екен. Шындығында, иен жатты демесек, бүлінгені аз, көпшілік мекендер есік, терезесіне дейін бүтін, қаз-қалпында тұрса керек.
Біз Жорғаға, шамасы шілде айының басында кеткен сияқтымыз. Төңірек түгел тусырап тұр, күн ыстық. Бұдан соңғы екі-үш ай – жатырқап қалған жаңа жерге бауыр басу, ескі қыстауларды қалыпқа келтіру қарекетінде өтсе керек. Арттағы он мың қой да осы шамада жеткендей. Әлбетте, әр үйде еңбекке жарамды бірер кісі ғана бар. Оның өзі мал соңында, тәрізі, колхоз орталығы, бәлкім, ауданның өзінен қосымша көмек болды деп ойлаймын. Әйтеуір қара күзде, қыс басында, қайткенде одан көп ұзамай барлық жұрт өздеріне тиесілі қыстауларына жайланған сияқты.
Біздің үй әуелде қай жерде және қанша отырғанын нақты білмеймін. Тәрізі, сол Жорғаға тақау бұлақ, сайлардың бірінде. Сол жылғы күз ызғары жақсы есімде. Атам әуелі біздің, басқа жұрттан тәуір, ақ үзікті, төрт қанат киіз үйіміздің іргесін жусанмен күрегейлеп, оның үстін топырақпен бастырып, қамсады. Көбіне-көп күндізгі ошақта от жанып тұрады. Менің үстімдегі киімім жылы. Тек жатарда ғана тітіркенуші едім. Төсек суық, жатқым келмейді. Атам мен әжем үлкен көрпені төрт бұрышынан ұстап, жанып тұрған от үстіне жылытып алады, ал енді, қалқажан, тезінен астына кір, дейді. Мен бар киімімді сыпырып тастап, төсекке секіріп шығам. Сол сәтінде үстіме жылы көрпе жабылады. Көрпе отқа қызған, жып-жылы, ыстыққа жақын, бірақ астымдағы құстөсек керемет суық. Суық пен жылы арасында, бұйығып жатам. Тоңдым деп айтуға ұят. Соншама нашар болғаным. Жақсы, деймін. Жылы. Көп ұзамай, от жаққа әжем келіп жатады. Мені бауырына басып, біржола жылытады. Ара-тұра болмаса, көбіне-көп ірге жаққа атам келмек. Мен қашанда алғы беті сүйек өрнекті ағаш төсекте атам мен әжемнің ортасында ұйықтаймын.
Әжем менің ас-суымды мейлінше қадағалар еді. Айттым, ес білген кішкентай кезімнен. Өздері татпаса да, ет үзілмейді. Және негізгі тамағым. Әлдебір тоқтының жілігі. Сүрленген қабырға. Майлы төстік. Шәугімге қайнатып, кейде отқа қақтап пісіріп, алдыма тартады. Содан соң құрт пен ірімшік. Кәдімгі сары май. Май шайқағанда басқа балалардан көрсем керек, жай уақыттың өзінде «май жалау» деген бар. Яғни, әуелі екі алақаныңды отқа қыздырасың. Содан соң әжең үзіп берген жарты қасық, ширек қасық майды бір қолдан екінші қолға төңкере отырып, арасында отқа қыздырып, алақанда қалған ерітіндісін жалайсың. Қандай тәтті. Әрі ойын, әрі тамақ. Кейде осы майды кәдімгі, қуырылған бидайға шылап жейсің. Немесе, бірден-ақ майға қуырылған бидай. Әлбетте, қашанда астық тапшы. Сондықтан өте сирек және ең құнды тамақ. Құрт пен ірімшікті айттым. Қазақтың мың жылдық асы екен. Ақыры… кедейшілік, таршылық кездің мұрасы – қара көже деген бар. Кәдімгі бидай шала-шарпы қуырылады. Содан соң шикілі талқанға айналуы керек. Бітті. Бар керегіңіз дайын. Қара-көженің алғашқы шарты. Енді, қажет еткен кезіңізде, шөңкеге су қайнатасыз. Керекті мөлшерде. Жарым-жартылай, немесе түгелге тақау сүт қуйылса тіпті жақсы. Міне, осы, сүт аралас су бұрқылдап қайнаған кезде үстіне небәрі екі қасық, әйтпесе үш қасық шикі талқан себесіз. Талқаныңыз ұйлығып кетпеу үшін біршама араластырып отыру керек. Болды. Сүт пісірімге жетпей, әжептәуір қою, немесе аз-маз сұйқылтым, ақсұр быламық дайын. Қара көже дегеніңіз осы. Нәрлі, тойымды, ерекше тағам.
Манағыдай бір пұт бидайды түйіп алсаңыз, кемі үш айлық талғажау. Әжем күнара болмаса да, көп ұзатпай, осындай қара көже пісірер еді. Атама үлкен бір кесе. Әжем екеуімізге кәдімгі шай кеседен. Лықа тойып алатын едім. Осы қара көже хикаясын айтқанымда, ендігі, молшылық астында өскен немерелерім қатты қызықтайтын, ал келінім Алтын: «Көке, жасап көрсетші, біз де дәмін татайық», – дейді. Шынында да сағынышты тамақ сияқты. Бірде бидай табылмады, бірде келі болмады, енді қазір бидай да, уатқыш та бар, тек орайы келмей жүр. Талай қазаққа қуат болған қайран қара көже…
Осы, Жорғадағы алыс отарға көшкен алғашқы жылы, күздің қара суығы қысқы ызғарға ұласқанша, киіз үйде отырдық. Көп ұзамай қалың қар жауды. Жадымда қалған бір сурет: үстім қалың, аяғым жылы, бірақ сыртқа шығуға ерініп, есіктен қарап тұрғам, күпсек қарды малшылап, бір атты кісі келе жатыр екен. Ақша қар әлі бастықпаған, аттың шашасынан асады, алға жүрген сайын сусып төгіліп жатыр. Күн сәулесіне шағылысып, аппақ күмістей жалтырайды. Таңырқай, сүйсіне қарап қалыппын…

Ең ұзақ жыл – ескі қыстау

Шамасы желтоқсанның басы, немесе қарашаның соңы, өзімізге тиесілі үлкен қыстауға келіп қондық. Төлеңгіт Әзімбай ақынның жұрты екен. Кейінде білгенімдей, Құнанбай қажымен тұстас Меңаяқ бидің ағасы Бижаннан туған. Бай, бағлан, бір кезде болыс та болған сияқты. Біз атам, әжем және мен ең жақсы, кеңіс екі бөлмеге кірдік. Соңғы байыбым бойынша, жайылып жатқан үш, әлде төрт бөлменің төрі сияқты. Бізбен жалғас қоржын тамда және одан арғы жеке бөлмеде тағы екі отбасы бар. Созыла біткен үй-жайдың сол жақ қапталы – мың қойлық кең қора.
Біз келген кезде үйіміздің терезесі бүтін, есігі бар, тек ортадағы жал пештің мұржаға жалғас мойны құлаған екен. Атам қолма-қол іске кірісіп, пештің жоғарғы жағын, бәлкім, тағы бір кеміс тұстарын жаңадан қалады. Оттық бөлік те оңдалған сияқты. Содан соң пеш аузына қара қи салып, тәрізі, әжем әкелген шөпшекпен тұтатып еді. Бықси жанып, азғана түтіндеп тұрды да, кенеттен гуілдеп, тартыла жөнелді. Иелері бұдан нешеме жыл бұрын кеткен көне жұрттағы ескі пеш қаз-қалпында екен. Тұрғын үйдің ең басты қасиеті. Атам қайтадан тағы біраз қи салып, от мүлде күшейгенше, қағыстыра қадағалап отырды. Содан соң оқыс көңілденген. От алдында, тулақ үстінде малдас құрған қалпы, мені алдына алып отырып, әлдебір әдемі әнге басып еді. Сол мезетінде-ақ түгелдей көңілге түйіппін. «Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен, ау, үий, – Оң қабағым тартады күлімдесең…» Балуан-Шолақтың атақты әуезі ғой. Әрине, мен Балуан-Шолақты білмеймін, әйтеуір Ғалия деген сұлуға көңілі кетіпті. «Ғалияның қолында бұйда пышақ-ау, – Ғалияны көрдім де жайдым құшақ…» Маған «бұйда пышақ» емес, «бидай пышақ» болып естілді. Тәрізі, «бұйда-ай пышақ» деген созылым «бидайға» айналып кетті. Бұл неткен пышақ, деп ойладым. Ет емес, нан емес, бидайды қалай кеседі… Алайда, мән-мағнасын атамнан сұрамадым. Өлеңін бұзғым келмеген. Атам осымен ғана тоқтамады, тағы бір-екі ән айтқан. Қандай ән – есімде жоқ. Ал «бұйда пышаққа» келсек, мен – болашақ жазушы, сол қаршадай кездің өзінде әрбір сөздің түпкі мағнасын ұғуға тырысқан екем. Нақты есімдегі тағы бір мысал, келер жылы болса керек, көктемде, үй алдында әңгімелесіп отырған бір ақсақал жас жігітке: «Анау тобылғының арғы жағы от, кешке атыңды сол жерге арқанда», – деп еді. Бұрын естімеген сөз. Мен ыңғайына қарап, «шөбі қалыңдау» деген мағнасын ұқтым, бірақ анық көзім жету үшін, тұра жүгіріп, әлгі, қабаттаса өскен тобылғының арғы жағына барып қайттым. Шынында да, буырыл көдесі көтеріліп қалыпты. Жанып, немесе тұтанып жатқан от ізі көрінбейді. Яғни, «отты жер» – шөпті жер екен!.. Ал «бұйда пышақ» – әдепкіден үлкен, лөкеттен кіші, жүзі жалпақ, қарымды пышақ болып шықты… Қазақтың қисапсыз бай тілін игеру ғана емес, болашақ жазушылық жолдағы әуелгі бір сәбилік тәжірибелер.
Жал пеш тартымды, өте жылы, қонысымыз жайлы болып шықты. Ескі қыстаудағы жаңа оттан соң, арада екі-үш күн өткенде атам сыртына шыпшып қан шыққан үлкен қаптың түбінде көп ет әкелді. Әлі есімде, мен қуанып, қанша деп сұрағанда, он сегіз қадақ деп еді. Колхоздың жегін өгіздерінің бірі мертігіп, атам тиесілі куәларын тартып отырып, ендігі жұмысқа жарамсызын айғақтап акт жасаған екен, содан соң адал етті осы алыс отар малшыларына бөліп беруге шешім қылған, әрине, ол да қағаз, тиесілі еңбеккүн бойынша. Жиырма-шақты үйдің әрқайсына он-он екі килодан келсе керек, әрине, запперменің үлесі артығырақ. Көптен қызылсырап, қарнымыз ашып отыр еді. Арық та болса жас ет, нәрлі сорпа, қаужаңдап қалған сияқтымыз.
Енді мен жылы киініп, сыртқа шығып ойнай бастадым. Әрине, әжем қалт жібермей қадағалап отырады. Менің ойын киімімнің өзі күнделікті қымбат киім. Үстімде қаракөл тон. Сырты мен іші бірдей ұлпа. Тіземнен төмен түсіп тұрады. Басымда, ол да қаракөлден тігілген, төбесіне үкі қадалған құлақшын. Сән ғана емес, көз тимеске. Осындай, көлденең сұқтан амандық үшін ішік омырауына күмісті әлдебір салпыншақ пен үлкен, аппақ тана қадап қойған. Бұтымдағы шалбар да қалың болса керек. Ал аяғымда, бұрынғысы сыймай қалған, әжемнің өз қолынан шыққан сырма, киіз байпақ, яғни қазақша пима. Көбіне қармен ойнаймын, таспен тас атам, басқасы есімде жоқ.
Міне, дәп осы арада біз келіп қонған, сол жылы, одан соңғы және арғы жылы – жиыны үш қыстаған қонысымыз туралы айта кету қажет сияқты. Төрт жас пен жеті жас аралығы. Және менің үлкен өмірге аяқ басуымда, керек десеңіз, болашақ қаламгерлік қызметімде айрықша орын алған құтты мекен.
Қара-үңгір деп аталатын. Шынында да үңгірге жақын. Қыстаудың шығыс қапталы – аттас Қара-үңгір деген тау. Тура іргеден басталады. Тіке. Жалпағынан жайылған қос қанаттан көтеріле бере, доғал биікке ұласады. Ал бүткіл батыс тарапты қамтып жатқан Жауыр-тағы, – Жауыр тауы, түстік бетте әжептәуір жерден доғалай иіліп, аласара келе қайта көтеріліп, Қара-үңгірге жалғасады. Терістік тарап та мүлде ашық емес, бірер жүз метр шамасында, ұзынынан созылған жатаған қырқа, сол жақ қапталы ғана жайдақ. Яғни, Қара-үңгір қыстауы шынымен-ақ үңгірге жақын, жан-жағы түгелге жуық бітеу қуысқа салынған екен. Қандай боранда да ықтасын, жылы. Әб-ағасы би, немере бауыры болыс болған шонжар Әзімбай қолы жетіп тұрған заманында таңдап түскен қоныс.
Бұл Әзімбай дегдар ақын да болған. Негізінен жазба ақын. Ақтамберді жыраудың әйгілі толғауы – біздің заманға осы Әзімбай нұсқасында жеткен. Басқа да өлең, толғау, хикая-дастандары бар. Тек уақытында сыртқа танылмай, насихатсыз қалыпты. 1990 жылдар шамасында ғана жазушы Төлек Тілеухановтың әдебиетші қызы, Әзімбайдың жиеншар ұрпағы Алмагүл барын жинақтап, жеке кітапшасын шығарған еді. Бұл, әрине, көлденең әңгіме. Ал мен Әзімбайдың бай-бағлан болғанын, ақын болғанын сол кішкентай кезімнің өзінде естіп, біліп едім. Атаулы қыстауында отырсаң, естімеу, білмеу мүмкін емес. Және ерекше зираты көз алдыңда тұрса. Қоныстан соң көп ұзамай атам арнайы апарып, басына құран оқытқан еді. Жаңа айтылған қара қуысқа кіре беріс, көлденең қырқаның сол жақ қапталы, жазаңға шығар жайдақта. Шамасы үш бөлмелі, ұзыншақ, тоқал там екен. Төбесі жабылған, кәдімгі тұрғын үй сияқты. Бұдан соңғы ерекшелігі – осы жабық бейіт сырты, шамасы бірер құлаш жерден тұтасымен қоршалған, кісі бойынан астам жалаң қабырға. Заманында бейіт төбесінде жуан сайғаққа орнатылған күмісті ай болған екен, біз көргенде құлап қалыпты, осындағы бір әңгімеші кемпір, жиен немересі айтып еді.
Төңірегі түгел тау болса да, бұл Қара-үңгір қонысында кәдімгі бұлақ жоқ екен. Қысқы қыстау. Қолдағы мал қар жейді. Ал адам ішер су – төменіректе. Үсті жабылған, ашпалы, шағын апан болатын. Астында жайдақ құдықша. Қатып қалмас үшін оның да қысқы жабуы бар.

1944 – ең ұзақ жыл, ең үлкен қатер

Осы, менің сексен жылдық салқар ғұмырымдағы мейлінше мағналы, әрі ең ұзақ 1944 жыл – ең соңғы жылым бола жаздапты. Есіме түссе, тереңдеп ойлай бастасам, әлі күнге үрейім ұшып, төбе құйқам шымырлап кетеді. Бастауы қисынсыз, ақыры сенімсіз.
Қыстауға қонған, үй жылынған әуелгі апта сияқты. Тәрізі, желтоқсанның басы, жерде ұлпа қар. Есік алдында, өз бетімше ойнап жүргем. Әжем сыйыр сауып (?), әлде басқа бір шаруамен, анығы – мені бағып, тақау маңда. Кенет қораға тақап қалған өгіз арбаға көзім түсті. Мойынтұрықпен жегілген пар өгіз. Қанатты арба үстіне түйетайлап қи үйілген. Әлбетте, былтыр ел отырмаған, қой да қыстамаған қоныста қазақтың әдепкі отыны сары қи жоқ. Сондықтан күзеу, немесе жаздық басқа бір қотан орнынан қажетті қара қи әкеле жатыр. Жолжан деген, егде тартқан кісі. Қойшының аты – Жүніс, бірге ойнайтын Кәукар деген ұлы бар. Ал Жолжан – қыстауға бекітілген қара жұмысшы болса керек. Құлағы естімейтін, тас кереңге жуық. Бізбен іргелес шағын екі бөлмеде, Нұрқасым деген ұлы, Қауан деген келіні және Амантай дейтін, жаңа ғана еңбектей бастаған немересімен бірге тұрады. Әйелі өтіп кеткен екен, жасы мен құралпас Күлтай деген қызы бар. Дәп сол мезгілде ол да қора төңірегі, тақау маңда жүрсе керек.
Қи әкеле жатқан арбаны алдымен көрген де осы Күлтай екен. Қуана дауыстап тұра жүгірді. Енді мен де арбаның алдынан шықтым. Жолжан бірінші болып келген қызын арба үстіне отырғызды. Ілесе жеткен мені екі қолтығымнан алып, кейінірек, түйетай үйілген қи үстіне ұзынымнан тастай салды. Содан соң өгізінің басына кетіпті. Айттым, мені орнықтырып отырғызған жоқ, әлде таскерең дүлейлік, әлде ештеңеге қарамас бейқамдық, мені ұзына бойыммен тастай салды. Енді келер мезетте сырғанай құлап, арбаның астына түстім.
Тұпа-тура арбаның астына түстім. Бірақ артқы доңғалаққа жетпедім. Әлдебір ғайыптан асылып тұрып қалыппын. Орта жолда емес, ең төменде, күпсек қарға тиер-тиместе. Көлденеңімнен.
Кейін, ересек тартқанда, күні бүгінге дейін, талай рет талдап, тексерген едім. Әрбір сәт, секундімен. Сырғанап құладым. Бірақ жерге жетпей, асылып тұрып қалдым. Асылғанда, қалай, неге? Арбаның астында, дәп осы жерде әлденендей ілгішек болуы қисынсыз. Болса да, мен аяғым салбырап, немесе басым еңкейіп ілінсем керек еді. Жоқ. Көпе-көлденең түстім. Әлдебір күршек дейтін, арысқа тақау емес. Жерге де толығымен жетпедім. Күпсек қарға жанаса бере тоқтаппын. Бұл кезде арба жылжып кеткен. Мен құлаған кезде жүріп бара жатқан.
Күпсек қарды үстінен сыпыра, сол құлаған бетім, ұзына созылған, көпе-көлденең қалпымда сүйретіліп барам. Дәп сол сәтте өзімнің азапты ажалымды көзбен көргендей екем. Артқы доңғалақ баяу айналып, мені қуып келеді.
Бұл артқы доңғалақ – кәдімгі арба доңғалағы емес. Тәрізі, ауыр жүк, ұзақ жолда сына берген соң, жаңадан жасай алмайсың, сірә, келер жазға дейін, кәдімгі шөп машина доңғалағын салған. Табаны бұжыр-бұжыр, шойын доңғалақ. Менен бір, бір жарым қарыс жерде, одан әрмен жақындай алмай, алыстап қалып та қоймай, тынымсыз жорғалап келеді. Күні бүгінгеше көз алдымда…
Келер мезетте мені қуып жетсе, шиқ етуге шамам келмес еді. Бел ортамнан, анығы – қылша мойыннан бар салмағымен басып, жапырақ жаңқаға айналдырмақ.
Бұл, азапты, ауыр өлім мен жіптік өмір арасындағы алмағайып жағдаят қаншаға созылғанын білмеймін. Мұндай қатерлі сын кезінде уақыт ағысы баяулайды. Әйтеуір тым ұзақ көрінсе керек. Шындығында азғана мезет. Асса жиырма секунд. Жоқ, он бес секунд. Бәлкім, он секунд. Бірақ содан кем емес. Енді бір сәт… екі, үш, бір секундта бұжыр табан шойын тажал мені қуып та жетуі анық еді. Анық. Алайда, келер мезетте арба тоқтады. Аңырап жеткен әжем мені арба астынан суырып алған.
Кейінде естігенім, менің түйетай қи үстінен сырғанай жығылып, арба астына түскенімді сол сәтінде көріпті. Шаруасын тастай салып, айқайлап жүгіреді ғой. Дүлей, керең шіркін бірден ұқпаса керек. Айқайды естімейді, бірақ әжемнің ербеңдеген қолын көрген. Әйтсе де, ештеңе ұқпай, өгіздерін жетелеген қалпы, алға қарай жүре береді. Ақыры, келесі бір мезетте мына ерекше көрініске таңырқай қарап, тұрып қалыпты. Өгіз жарықтық, бір емес, екі өгіз – олар да тоқтайды…
Қапысыз ажал екен. Бірақ мен ғайыптан тірі қалдым.
Кейін осы бір үрейлі көрініс туралы көп ойландым. Әрбір сәтіне дейін байыптап, саралап. Ең кереметі – менің жерге жете бере, күпсек қарға жанасқан қалпымда асылып қалуым екен.
Нендей күш?
Егер парасат ауқымындағы қисынына қарасақ, менің әлденендей теміртекке ілініп қалуымның өзі ғажайып емес пе. Мыңнан бір, миллионнан бір, кездейсоқ мүмкіндік. Жоқ. Мені ұстаған және берік тұтқан – кәдімгі көлденең күршек емес.
Айттым. Аяғым салбыраған жоқ, басым еңкейген жоқ. Арбаның арысы, қанаттың түбі емес. Одан көп төмен. Қара жерге жете бере. Онда да қауіпсіз, сырғымалы күпсек қармен жанаста. Ұзынымнан созылып, көлденеңдей іркілдім.
Мені әлдебір құдіретті, тылсым күш ұстап қалыпты.
Аруақ! Біреу, екеу емес, Ата-бабамның ең асқаралы жүз сан Аруағы. Бәлкім… біреу-ақ. Бір өзі мыңға, миллионға татитын Жалғыз Аруақ. Қаған Атам!!
Сол күні, сол сәтте кете берсем… Өмірде мүлде болмағандай. Қайғыдан жер құшқан атам мен әжем де көп ұзамай артымнан аттанар еді. Сонымен олар да ұмытылады. Менімен қоса. Ал менің өзім… жыл бойы, нешеме жыл, жүз жыл, әлденеше жүз жыл бойы зар тұтады екем. Болмай қалған ғұмырды емес, бітіре алмай кеткен барлық ісімді жоқтап…
Иә. Мен – небәрі төрт жасар, құртақандай Аруақ, – Алаштың айдынын көтермек, бірақ жазылмаған, жарыққа жетпеген ұлы шығармаларымды жоқтап, кемі екі жүз жыл бойы, қазақ аспанында шырқай ұшып, шырылдап жылап жүретін едім.
Алайда, алдыңғы Бабаларым басқаша шешіпті. Өмірі одан әрі жалғассын, депті. Тәңірі көкірегіне арнап құйған барлық қасиеті жүзеге ассын, депті. Алдағы ұлан-ғайыр қиындықты аман-есен өткеріп, бар мұратына жетсін, депті. Өзінің мәртебесі, туған жұртының игілігі үшін. Яғни, «Алдаспан», «Қобыз сарыны», «Аласапыран», «Шақан-Шері», «Кесік бас», «Қыпшақ аруы»… тағы қаншама үздік үлгі. Ең ақырында… «Шыңғыс хан» эпопеясы!
Иә. Мені ең қатерлі мезеттен алып шыққан – Қаған-Атамның Нұрлы Аруағы екен. Төрт томдық ұлы эпопеяны бастар алдында, тура қырық күн, бәлкім, екі ай – жетпіс күн бойы көзіме көрініп еді. Өзі емес, алтынды-күмісті, қызылды-жасылды Нұры. Бір, екі рет емес, күн сайын, тәулік бойы, барлық сәтте. Әуелі күтпеген жер, алакөлеңкеде аңдадым. Содан, қараңғы түн ғана емес, қарауытқан, сәулесіз кез келген қалтарыста, кең бөлмеде, жұмыс кабинетімде. Бастапқыда тосын көрінсе де, таңырқағым жоқ, көзім жете тұра, масаттық та, астамшылық та болмады, еншілі сыбағам ретінде қабыл көріп едім. Қашан, қалай басталғанын білем, нақты қашан аяқталуын қадағаламаған екем. Айттым, ұлы эпопеяға кірісер қарсаңда, әлде қырық күн, әлде жетпіс күн бойы үстіме Нұр төгіліп тұрды. Аспаннан тынымсыз құйылған, сары-ала, көгілдір, қызылды-жасылды, алтын, күміс реңді, арасы жиі, өзгеше тамшылар; тек жерге құламаған, менің алды, артымды бірдей қамтып, ауада асылып қалған Нұрлы нөсер. Ұлы Қаған жаратылар қарсаңдағы әлемет құбылыс. Көзбен көрдім, кәміл сендім, енді Жихангер Атам туралы, ол да бұрын-соңды болмаған эпопеяның жолы ашылыпты.
Айна-қатесіз. Тәңірімнің Нұры, Қаған-Атамның алқау батасы. Қиял жетпес ғаламат. Бұл арада орайына қарай еске салдым, алдағы бір күндерде арнап жазармын. Осы және басқа да ғажайыптарды. Мені Мен қылған құдіретті Күштің аяны мен көрнекі белгілерін. Бірақ осы, әуелде, төрт жасымда сақтап қалған, кейін, арада алпыс төрт жыл өткенде көзіме көрініп, бойымды құрсап, алапат күш берген екі ғажайыпты айтудың өзі жеткілікті сияқты.

1945 – Қара-үңгірдегі алғашқы қыс

Жақсы орнықтық. Жайлы қоныс. Қар төбеден тіке жауады. Сырттағы алай-түлей боранның ұштық, лебі ғана жетеді. Сонымен қатар, кең дүние, табиғи тіршілік. Менің өзгеше өмірім ғана емес. Қорадан өрген бес-алты жүз қой. Сонымен қатар, ертеден кешке дейін, қай уақытта тысқа шықсаң да көзге бірден шалынатын арқар. Біреу, екеу емес, бес, он емес. Ондаған арқар. Көбіне қарсы қабақтағы қия беткейде, жартас басында андағай, серек тұрады, күнес жақта құйрықтасып және жекелей жусап жатады. Жуан, иір-иір шаңырақ мүйіз, омырауы даладай, сирағы сұлу, қабырғасы бітеу, қоңыр құлжалар. Бітімі ашаң, шошақ мүйіз ешкілер. Мүйізі жаңа шығып келе жатқан, тұрқы кішірек, бірақ қойдың қошқары мен серкесінен ірі тоқты-торым. Әудем жерде, ешқандай қаперсіз, бейқам жүреді. Мен тамашалап тұрам. Бес-он минут емес, бәлкім, сағат бойы. Бірде шетінен санағанда, үлкенді-кішілі он сегіз арқар болып еді. Шындығында бұдан көп, кейбірі тасада қалған сияқты. Міне, осыншама әсем, әрі айдынды жануар. Соңғы он екі-он бес жыл бойы елсіз иенде өсіп-өнген. Адам баласын көрмеген. Қазір де онша имене қоймайды, тым еркін.
Топ арқар көбіне қарсы бет – батыс тараптағы Жауыр-тағы жақта жүреді. Біздің іргедегі Қара-үңгір биігінде санамалап қана көрінер еді. Бірақ доғалай иіліп барып тұтасатын екі тау өзара жалғас, еркін қатынасса керек. Бірде күн ашық еді, Жауыр тауда жүрген көп арқар қозғалысқа келді, берірек емініп, жамырай шұбырып, етекке қарай жылжыған. Тура тартып, біздің қоралардың іргесі – екі аралықтағы сайға тірелген. Бұл кезде қар қалың. Әлдебір құлжа алға түсті. Күпсекті кеудесімен жарып, тәрізі, қатаңдау тұстарда орғи секіріп, жол салған. Қалған жиырма-отыз арқар соңынан тізіле шұбырып еді. Сол қалпы, бергі бетке түгелге жуық өтіп болғанда, біздің Көкдауыл үйден шығыпты. Көре сала, қарыштай секіріп, тұра ұмтылған. Өткелектен озып үлгерген арқар атаулы қиялай тартып, Қара-үңгірдің биігіне өрлеп барады. Ең артта қалған үш-төрт ешкі, бірер тоқты қалт бөгеле бере, кері бұрылды. Біздің Көкдауыл қырдағы көп арқардың соңынан кеткен. Көп ұзамай, табанына алдырып, ақсаңдап қайтып келді. Он төрт қар басқан кәрі ит еді. Әйгілі аңшы, әрі шебер атбегі болған атамның қолынан өткен ең қыран тазылардың бірі екен. Заманында түлкіні құйындай соққан, тіпті, қасқыр да алған. Енді әбден тозған. Арқар қайда, түлкіге шығуға жарамайды.
Арқар жануар айрықша сұлу еді. Және асқақ, айдынды. Біздің үйде мылтық бар, бірақ атам арнап шыққан емес. Бұл арқар мына қарлы маусымда қасқырға да алғызбаса керек. Тау мен тас. Үйірімен жүрмесе, жекелей қауқары жетпейді. Осы қыста екі аш қасқырдың әңгімесін естідім. Әуелгісі – қыстаудан төмен, жарты шақырым жердегі Әзімбай ақынның зиратының түбінде өліп жатыр екен дейді. Аштан қатқан, тәрізі, кәрі қасқыр. Жүніс қойшы көріпті. Үйге әкеліп, терісін сыпырып алайын деп едім, мұз болып сіресіп қалыпты, және бір шекесі мен көз, құлағын түлкі жеп кетіпті, дейді. Көп ұзамай, осы Жүніс атаның өзі тірі қасқырды соғып алды. Түн ортасы ауғанда, қораны бір айналып, етекке таман, бөлек салынған, төбесі ашық ат қораға барады ғой, шөпте тұрған аттар мазасы кетіп, пысқырғандай көрініп еді, дейді. Ай жарық екен, барса, атамның ақжал қоңыры мен өзінің қойшы-торысы тыншыған, бірақ шөп жемей, көлденеңдеп тұр, ал осы екеуінен төмен, есік пен төрдей жерде әлдебір сұр ит шоқайып отыр. Жүніс ата өзіміздің төбеттердің бірі шығар деп, назар аудармайды, содан соң, есік жақта сүйеулі тұрған ашаны алып, аттарға үстеме шөп салмақ екен. Сол мезетте ыңырсыған, әлде ырылдаған дыбыс шығыпты. Қараса, манағы ит дегені – ит емес, кәдімгі қасқыр екен. Жүніс ата жандәрмен қолындағы ұзын ашамен салып қалыпты. Шанышқам жоқ, қапелімде сасқанымнан ұрып жіберіппін, дейді. Онша қатты да емес. Қасқыр тыраң етіп құлапты. Осыдан соң шанышса керек. Қалай екенін нақты білмеймін, әйтеуір өлтірген. Таңертең бәріміз естідік, мен де көрдім. Кәдімгі қызылшолақ бөрі. Өте үлкен екен. Есік алдында, менің көзімше соя бастап еді. Артынан айтып жүрді, аштықтан арығаны сондай, терісі сүйегіне жабысып қалыпты, әрең айырдым, деп. Осы, бес жасқа жаңа толған қыста көрген өзгеше сурет, ерекше оқиға кейін «Қасқыр-Бөрі» деген, таңдама бір әңгімеме арқау болып еді.
Содан көп ұзамай, шынымен тірі және біреу-екеу емес, топ қасқырды көрдім. Күн еңкейген кез еді. Кенет, біздің қуыс ұйықты терістік беттен қорғалап тұрған көлденең қырқаның бергі бетінде тұмсықтарын төмен салып, бүлкілдей желген екі ит көрінді. Қыстауға қарағыштап, қиғаштай тартып барады. Келер мезетте қыраттың жазаңға жалғас сол жақ бұрышынан тағы үш-төрт ит көрінді. Әуелгі екеудің соңынан түсе бере, алға жүрмей, ұйлығып қалысқан. Қасқыр!
Мен қорыққам жоқ. Қыстаудың күресіні, есік алдында тұрмын. Ең бастысы – қасымда Көкдауыл бар. Бұл Көкдауыл екі-үш күн бұрын ғана үлкен сорға ұшырап еді. Мен көрмедім, сыртқа шыққан кезінде, қора іргесінде маң төбетпен таласыпты. Анау – тайдай сары-ала пәлекет. Күші кенеусіз, азуы пышақтай. Ал Көкдауыл – айттым, қартайған тазы. Баяғы, қасқыр алған, жасырақ кезі болса, жалғыз-ақ қарпып, астына басар еді. Енді бәрі керісінше. Бұзақар төбет кәрі тазының тура езуінен алған екен, айыра жыртып жіберіпті. Енді жақ терісі жартылай сыпырылып, бір шетінен тілі шығып тұр. Атам ренжіді, әжем жылай жаздады, ал менің бауырым езіліп, жаным ашыған. Енді міне, осы, қасымда тұрған Көкдауыл кенет айбарлана ырылдады. Жаурын жүндері түксиіп кеткен. Сол кезде көрдім, кешегі батыр төбет, құйрығын бауырына қысып алған, атқора жақтан тура бізге қарай салып келеді. Көкдауылға тиісу үшін емес, өзінен өзі қашып келеді екен. Өзінен өзі емес, анау қасқырдан. Көп қасқырдан. Келер мезетте сып беріп, әлдеқайда жоғалды. Бұл кезде Көкдауыл әбден долданған еді. Қас жауларын танып тұр. Төрт аяғымен бірдей тарпынып барып, серпи атылды. Анау беткейдегі көп қасқырға қарай ұмтылған. Ал қасқырлар… аңыра қарап азғана бөгелді де, құйрықтарын бұттарына қысқан, қыспағанын білмеймін, әйтеуір бір мезетте жаппай солға бұрылып, қарды бората шауып, белестен аса жөнелді. Көкдауыл әуелі қасқырлардың соңынан қырға шықты, келер мезетте әрірек ұзай бере, мүлде көрінбей кеткен.
Сол беті қайтып келмеді. Бір ғажабы, атам да, әжем де көп ренжімеді. Тек атамның: «Баяғыда батырлар жаудан өлген» деп айтқаны есімде. Бұл сөздің мән-мағнасын көп кейін ұқтым. Талай шайқастан аман өтіп, бейбіт қартайған батыр: «Мен әлдебір жамандар сияқты үйде қалмай, жорық жолында, жаудан өлуім керек», – деп аттанысқа шығады екен. Яғни, ең соңғы жорығында ажал табады. Қарыған, қуат тайған кезінде маң төбеттің астына түсіп, қорлық көрген көк тазы да, ақырғы күні, бір сәт делебесі қозып, өзі қаламаған, бірақ абыройлы өлімге ұмтылыпты.
Сол жылғы қыс айрықша қатаң болған сияқты. Кейде, әжемнің қарауымен болса да, сыртта ұзағырақ жүріп қалады екем. Азырақ десек те, сықырлаған сары суық. Осы және кейінгі жылда екі, әлде үш рет бетімнің домбығып кеткені бар. Әйтсе де, аязды күндерді ұнатамын. Күн шығып тұрса, ауа мейлінше ашық. Жауыр-тағының баурайында қаптаған, Қара-үңгірдің биігінде жекелеп жүрген арқар атаулы мұндай кезде соншама қунақ, сергек деп ойлар едім. Үйдің сыртқы есігін ашқанда, ауызғы бөлмені бұлт сияқты будақ-будақ боз түтін көмеді. Сондай әдемі. Ал түннің бір уақыты, жатар алдында түзге шыққанда тіпті керемет. Аспан жарқырап тұрады. Аппақ ай, ай болмаса да жымыңдап күлген мың сан жұлдыз. Кеудемді қуаныш кернеп, таңырқай, сүйіне қараймын. Анау – сол жақ шекеде тұрған, бармақтай ірі үш жұлдыз – Үш-арқар, шылбыр, бауы бар, тұтастай алғанда, Таразы аталады. Үш-арқар – Таразы. Атам айтқан. Ал оң жақ, шығыс бет, аспанның төріндегі ең жарық, жалғыз жұлдыз – Темір-қазық. Бұл темір қазыққа байланған, ұштығы шөміш кейіпті, жинақтап келгенде жеті жұлдыз – Жеті-қарақшы аталады. Темір қазықты шыр айналған, тіркесе, иіле біткен тағы жеті жұлдыз – Ақ-боз ат, Көк-боз ат. Бәрі емес, ұштығындағы екеуі. Темір қазыққа берік арқандалған, үзіп кете алмайды. Шындығында, керісінше. Ақ-боз бен Көк-бозды айналақтап жүрген – жеті қарақшы. Бірде ұзағынан қарап, тоңа бастағанда атам үйге алып кіріп, мәнісін айтып берген. Тиесілі аңызы деп. Яғни, болған оқиға. Бұл жеті қарақшы – жеті бұзық ақ-боз бен көк-бозды арқанынан ағытып, ұрлап әкетпек екен. Сонау, әлмисақтан бері. Бірақ қанша айналса да, қадамы жетпейді. Сонымен қатар, үміттерін де үзбеген. Ақыры, қиямет-қайым күні қолға түсірмек. Қиямет-қайым деген… бар дүниенің ақыры. Бірақ оған дейін қаншама заман. Бір жыл, екі жыл емес, жүз, мың, неше мың жыл… Әйтсе де, мен алаңдап қалсам керек. Мұның бәрі – ертегі, деді атам. Өзің тыңдап, айтып жүрген ертегі. Әйтпесе, жұлдыз қайда, біз қайда…
Міне, осындай ерекше кеңес. Атамның білмейтіні жоқ. Және ақыр түбінде бәрі де қайырлы. Бағдаттың базарындағы панасыз, жалаңаш балаға дейін, барлық жұрт мұратына жетіп жатады.

1945 – қыс, жаңа таным

Мен ертегі, әрқилы әңгімеге көз ашқаннан құмар болсам керек. Енді осы, Қара-үңгірдегі алғашқы қыста дүние рухани тұрғыда өлшеусіз кеңіген сияқты. Әу баста Абай атамның жебелеуімен. Есім-жөнін де, жекелеген өлеңдерін де бұрынырақ естігем. Енді кеңінен, тікелей таныстық. Атам қаншамасын жатқа білетін. Арнап айтады, мен бірден қағып алам. Ең әуелі «Ғылым таппай мақтанба». «Жасымда ғылым бар деп ескермедім». Содан соң «Патша құдай, сыйындым», «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап». Ең аяғы – Көкбайға: «Бұралып тұрып, буыны құрып…» Бұлардан гөрі тілге жеңіл, әйтсе де ұғымға ауыр «Сегіз аяқтың» бірқанша шумағы. Және әрбір өлеңді талдай түсіндіруші еді. Мән-мағнасын. Абай кім – өз алдына. Көкбай кім. Абайды әлденеше көргені, сөзін тыңдағаны, Көкбайдың мінезі. Кейбір шумақтарды әңгіме орайымен, немесе көңіл күйіне орай, қайыра айтатын. «Болмасқа болып қара тер, – Қорлықпен өткен қу өмір…» Осындай бірталай өлең. «Ескендір» мен «Масғұтқа» жетпедік. Оның есесіне «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек». Шәкерім ғой. Екі рет қайталамай, түгел жаттап алдым. Үйге қонақ келгенде кейінге дейін айтып жүретін едім. Содан соң «Қаласың қай сайда…» – деген өксік. Қажы ақыры немен тынатынын білген ғой, дейді. Бір емес, әр кезде қайыра, екі, үш рет айтқанын естідім. Және осы Шәкерім қажының ғұмыр кешуі. Қайғылы, қысасты өлімі. Мені кішкентай демей, бәрін ашып айтатын. Ал шаршамай, жақсы отырған кезінде ертегі сұраймын. Бағдаттың базары. Қилы, қызық, шытырман хикаялар. «Мың бір түн» екен. Ең қызығы – бабалар тарихы. Жобалай би, Томан би, Бабаң – Байқотан би туралы ғибратты, нақылды тауарих. Осы, тікелей өз аталарым ғана емес, бұлар да сенің атаң деп ұғындырған Абылай хан мен Кенесары-Наурызбай. Өзіміздің ауыл, аймақтан шыққан Алыбай, Айбас, Базар батырлар. Менің жасыма шақ келмейтін, бірақ көкейде берік орнап жатқан қисапсыз әңгіме. Менің ерекше зердеме соншама сенім. Әдетте көбіне-көп өзім сұраймын. Кейде өткенді пысықтап. Немесе, әлдене есіне түсіп, әлденеден жалғап, өзі айтады. Осындай, таусылмас, ұшан-теңіз кеңес. Болашақ қаламгер таныған алғашқы дәріс.
Әжемде ертегі, жыр жоқ. Оның есесіне, күні кеше бастан өткен ерекше хикаялар. Мен сұраймын, немесе ретімен шығарып, өзі айтады. Негізгі әңгіме – осы өңірде, бүткіл қазақта күні кеше ғана болған ғаламат ашаршылық. Ауылдағы жағдай. Атам екеуі жан сауғалап, Үржар, Аягөз жақта қалай күн көргені. Ең кереметі – сол кездегі өкімет туралы сорақы хикаялар. Сырттан келген қызыл жаға, ауыл ішіндегі, кеше елеусіз, бүгін ірі шыққан қанқұйлы белсенділер… Қыс аяғына таман бұл тараптағы әңгімелер одан әрі өрістеп, жан-жақты сыпат алған. Біздің қыстауға Жолжан саңыраудың құдағиы – Қауан келіннің шешесі келген. Ол заманда бала үлкен кісінің аты-жөнін сұрамайды, менің есімде «Қауанның шешесі» ретінде сақталып қалыпты. (Бұл кісі – осы біз отырған Қара-үңгір қыстауының иесі, анау төменде бейіті тұрған Әзімбайдың үлкен қызынан туған екен. Ақын, әрі бай нағашысы туралы қаншама әңгіме айтып еді.) Менің әжем кейіптес, өзгеше кісі екен. Енді екеуі түсіністі серік тапты. Біздің үйге келеді. Шай ішісіп, немесе жүн иіріп, әлде басқа шаруамен отырады. Шетсіз, шексіз естелік. Екі әже бірі айтып, бірі үстеп, таңды кешке жалғастырады. Сөйтіп, осы қаршадай кезімде қазақ ашаршылығының бар сұмдығы көкірекке зіл болып орнығып еді.
Бар малды тартып алған қысас, бұдан кейінгі жоқшылық, қаны сұйық белсенділердің үйде қалған соңғы талғажауға дейін үптеп әкететін рабайсыз зорлығы. Ақыры, халық қынадай қырылған жаппай ашаршылық. Аяғының дәрмені бар, шар тарапқа босып кеткен жұрттың әрқилы амал, тіршілігі, тек біздің Шұбартау ауданы ғана емес, барлық жер, барлық өлкедегі алапат сұмдық. Менің атам мен әжем Үржар, Мақаншы төңірегінен ұзамаса, Қауанның шешесі Балқаштан өтіп, Алматыға тақап барып қайтыпты. Ақыры, ақсақалымнан, екі баламның бірінен айрылдым, сол кезде атқашөпшік болып тіркелгеннен соң жан қалып еді, дейді. Кейін білдім, бұл «атқашөпшік» – «откочевник» екен, қазақ түгелге жуық қырылып біткен кездегі, өз ауылынан сыртта жүрген босқындар мәртебесі. Екі әженің әңгімесі тек ашаршылық турасында ғана емес. Қызыл жағалардың рақымсыз мінезі, бас көтерген азаматтардың қайғылы қазасы, одан бұрынғы және кейінгі жаппай қудалау. Мен үндемей, сөз бөлмей тыңдап отырам. Содан соң, оңаша қалғанда, әжемнен кейбір жағдаяттардың егжей-тегжейін сұрап, пысықтаймын. Осыған жалғас тағы қаншама қасіретті әңгіме. Сөйтіп, мен есім кірер-кірместен-ақ совет өкіметінің бар сұмдығын біліп өскен едім. Кейін, әрине, таным тереңдеді, жан- жақты, жалпы сыпат алды. Әйтсе де, менің ақыл-парасатым демейін, дүние танымымның алғашқы баспалдағы осы, атам мен әжемнің және бізге кіресілі тағы бір көлденең кісілердің жеке дәрістері нәтижесінде қалыптасты дер едім.

1945 – көктеме

Қара-үңгір – қара қуыстың ашаң, терістік беті, тай шаптырым жерде дөңгелене біткен, жатаған қос төбешік бар. Қыс бойы, аулаққа қарағанда, алдымен көзге түсер еді. Төбесінде қар көп жатпайды. Сірә, желмен ығып кететін сияқты. Енді әжем жасаған наурыз көжеден соң, күнес беті етегіне дейін тазарды. Бұл жолы қары еріп.
Көп ұзамай мал төлдей бастаған. Аппақ уыз. Әжем азғана сүт қосып, бүйенге құйып пісіреді. Керемет тәтті. Келесіде бүйен болмай, бақыршаққа қайнатып еді. Қасаңдау шықты. Және іші шұрық-шұрық тесік. Әуелгідей қайда. Бірақ бұл да жақсы.
Ең жақсысы – қозы-лақ. Алғашқы төртеу-бесеуі наурыздан бұрын көрінген. Жүніс қойшының дәлізіне шығыпты. Біреуін мен де алғым келіп еді. Бірақ «арамза» екен. Яғни, күйектен бұрын, әлдеқалай өтіп кеткен тәртіпсіз төл. Содан тартынып қалып едім. Енді жаппай төлдеу. Қозы да, лақ та соншама сүйкімді.
Бұл кезде қора іргесі, күнес жақта тебіндеп көк шыға бастады. Кәдімгі шөп. Әлдебір жапырақтар. Бұл да тамаша. Көз қуантады. Ақыры, қар біржола кетуге жақындағанда көктемеге шықтық. Қыстаудан тым алыс емес, таяқ тастам ғана жер. Киіз үйлер тігілді. Киіз үй дегенде – үй сияқты біз ғана. Жақсы төрт қанат. Туырлығын ыс шалғанмен, үзіктің бірі ақшыл. Маған кең сарайдай көрінер еді. Өйткені… басқа жұрт, қойшы біткеннің үйлері түгел қара-құрым. Үш қанат және киіздері соншама ескірген. Сондай-ақ, жалпы жұрттың тұрмыс күйі де тым төмен. Қай шаңырақта да сілкіп салар көрпе-жастық болмайды. Кешегі жаппай ашаршылықта қырылғаннан соңғы, түгел тозғындаған жұрт, бұдан кейінгі бес-алты жылда ес жиып үлгермеген, жарлы-жалбағай, кембағал күйде қала берген. Енді қырғын соғыс, үстеме таршылық. Әйтеуір, мал соңындағы, ежелгі халық, тоқшылық болмаса да, қарын аша қоймаған. Оның есесіне – түгелге жуық жалаңашқа жақын. Мен түнде тон ғана жамылып, төр алды, құрым киіз үстінде ұйықтаған үлкендердің көбі көйлексіз жүргенін көрдім. Жалаңаш кеудесіне қозы, лақ терісінен тігілген кәзекей ғана киеді. Оның үстінен шекпен, тон. Бұтта – қыстыгүні тері, жазда алашадан тігілген жадағай шалбар. Әйтеуір, жалба-жұлба емес, етін бүркеген қамсауы бар. Ал әйелдер жөні басқаша. Тәрізі, ең соңғы кез мата осылардың қажетіне жұмсалса керек. Кәдімгі ұзынетек көйлек. Үлкендердің басында кимешек, бұдан кейінгілері әрқилы жаулықты. Алыста қырғын соғыс жүріп жатыр. Баласы, жақыны әскерге кетпеген отбасы жоқ. Қаншамасына қара қағаз келген, қаншамасы хабарсыз. Сөйте тұра, ешқайсынан үміт үзбеген. Қайткенде, қам-қайғысыз кісі жоқ. Зұлмат заман, ауыр заман. Соның өзінде жадау тіршілік одан әрі жалғасып жатыр. Ал бала-шаға… қашанда басқа бір әлемде ғұмыр кешпек. Уайым шарпымаған, қайғы аз. Өйткені, бар мен жоқты толық түйсінбеген. Мен сәл өзгеше болсам керек. Бәрі есімде. Бәрін де білген, көкірекке түйген сияқтымын.
Осы көктемде, Қара-үңгірдің теріскей пұшпағында отырғанда қайтадан ортамыз толған. Әжем келді. Кіші әже. Айттым, шын мәнісінде үлкен, бірақ өз әжемнен төрт-бес жастай кішілігі бар, сондықтан кіші әже. Шындығында, туған әжем екен. Амалсыздан оны да айтқан сияқтымыз.
Иә. Мал төлдеп біткен кезде қысқы тұрақтан көтеріліп, тай шаптырым жерде киіз үй тіктік. Бір күні, түске тармасқан мезет, сыртта біреу келген сияқты. Мен, тәрізі, асық ойнап отырғам. Әдетімше, өзіммен өзім. Біреу келді. Топылы жоқ. Атты емес, жаяу сияқты. Әйткенмен, ішке кіре қоймады. Мен амалсыздан сыртқа шығып едім. Үйге тұмсығын тіреген үлкен түйе үстінде әжем отыр екен. Маған шекесінен, сынай қарады. Сол қалпы үнсіз. Мен іштегі әжеме айқай салдым: «Апа, апа! Әжем келді!» – деп. Өзімді тәрбиелеп отырған үлкен әжемді туған ана санаймын, сондықтан «апа», бүгінгіше «мама», мұны да айтқам. Келген әжем түйесін шөгерді ме, шөгермеді ме, домалай түсіп, мені бауырына басты. Осы кезде үйден шыққан үлкен әжеммен құшақтаса амандасып жатыр. «Тәуба, тәуба! – дейді. – Мұхтаржан мені ұмытпапты. Жаңылмай таныды!..» Үйге кіргеннен соң да, шай үстінде әлденеше рет қайталап айтты. «Мұхтаржан мені ұмытпаған екен. Бірден таныды…» – деп. Мені тым кішкентай санаған ғой. Көрмегелі бір жыл. Ал мен, танығаның не, өткен жазда әжемнің қалай көшіп келгенін, іргеге үй тіккенін, ақыры біз Жорғаға көшерде өзіміздің ауылға қайтқанын көргем, бұдан соң бауырындағы Мұратқанды оқытамын деп, аудан орталығында тұратын Мәуияш тәтенің үйіне келгенін естігем… бәрін білем.
Осы арада Мәуияш тәте туралы. Атамның немере інісі Құдайбергеннің аңшы мылтығы туралы айттым. Қапысыз мерген болған. Ашаршылықтың алғашқы кезеңінде бүткіл үйелменімізді асырап тұрса керек. Бұл кезде жиырманың ішіндегі жас жігіт. Аусар, әрі мейірбан екен. Алыс, жақынға тек қана жақсылық жасағысы келіп тұратын, дейді. Ақыры, бар қиындық өткеріліп, ел оңалмаса да, қайтадан тіршілік жасай бастаған кез – 38-жылы, әлдекімдердің көрсетуімен ұсталып, Аягөзге айдалады. Саяси емес, тұрмыстық жағдаят сияқты. Қалада үш ай тергеуде жатып, аман-есен босап шығыпты. Аягөз бен біздің ауылдың арасы екі жүз шақырым, жаяу, амал таппай тұрғанда кірешілерге кездеседі. Содан арада апта жүріп, мінгесе-ұшқаса елге жетіпті. Бұл кезде күздің қара суығы басталған екен, қамсау киімсіз жігітке салқын тиеді. Денсаулығы өте мықты еді, дейді. Тәрізі, өкпесі қатты қабынған. Ақыры, қырық күн төсек тартып жатып, дүниеден өтеді. Бұл Құдайберген інінің бір ерекшелігі – жылға жеткізбей, кейде екі-үш ай асырмай, әйел ауыстырады екен. Сегізінші әйелі Мәуияш – Қарқаралы қызы, қиыншылық жылдарда әлдеқалай ауып келген, осы соңғы әйелмен кәдімгідей отасады, екі перзент көріпті. Кішісі – жаңа ғана еңбектей бастаған Сәбікен, әкесінен соң көп ұзамай шетінеп кетеді. Үлкені Мұратқан екі жаста. Енді, құдай уақыты, Мәуияш келін жаңадан тұрмысқа шыққанда Мұратқан кіші әжеміздің бауырында қалыпты. Бар байланыс осымен бітпеген. Мәуияш тәте бұдан соңғы елу жыл бойы біздің әулеттің құрметті келіні болып өтті. Кейінгі күйеуі Оразғали да, бұрнағы бауырдың орнына келген әменгері сияқты ешқашан жаттығы болған емес.
Кіші әжем аудан орталығы, осы Мәуияш-Оразғалидың үйінде қыстап келген беті, ондағы ілік – Мұратқанның оқуы. Яғни, баласын өз қолымен бағып-қағып, ағайынның үйінде оқытады. Әрине, әкесіз бала туған шешесіне біржола бауыр басып, жат болып кетпесін деген қазақы есеп те бар.
Оқуы әлі бітпеген Мұратқан сол Баршатаста қалған екен. Арада жиырма-шақты күн өткізіп, біз жайлауға шыққан кезде бір-ақ жетті. Жеткенде, өлі мен тірінің арасында.
Сәске түс шамасы, үйде отыр едік, бір бала хабар берді. Мұратқан келді, ауырып, арба үстінде жатыр, деген. Екі әжемен қоса, мен де ұмтылдым. Әудем жер, шеткі үйлердің арғы жағына тоқтапты. Мұратқан жайдақ арбаның үстінде жатыр екен. Тұра алмайды, басын әрең көтерді. Содан екі әже екі жақтан сүйемелдеп, мен алға бір ұмтылып, одан кері қайтып, жылап келемін. Ақыры үйге жеткіздік. Басын биіктетіп, төрге көлденеңдей жатқызды. Екі әжемнің де сүреңі жоқ. Ал Мұратқан әлсіз дауыспен: «Ауырғам жоқ, аштық, апа, аштық қой… – дей берді. – Міне, жеті күннен бері, қара судан басқа нәр сызғам жоқ…» Сол сәтінде екі әже бірден қайрат тауып, тиесілі шарасын жасауға кірісті. Үйреншікті жағдай. Кешегі жаппай ашаршылық кезінде бастан талай өткен. Қатты ашыққан кісіге бірден әлді ас беруге болмайды екен. Ептеп қана, онда да тым жиі емес, арасын үзіп, тақыл-тақыл ғана. Енді анығын естідік. Оқуын бітірген, тоғыз жасар Мұратқанды бір үйлік көшке салып жіберген. Шынында, отағасы арба айдауға алса керек. Әуелде дорба түбінде азғана тамағы бар. Қарма нан, қыстан қалған ірімшік, құрт. Үш күнде таусылыпты. Содан соң көш иесі, – ерлі-зайыпты екі кісі бір түйір ас бермеген. Өздері ішіп-жеп отырды, ұл-қыздарымен қоса, дейді. Маған мезіреті жасап, дәм татырмады; қатқыл түрлеріне қарап, сұрамадым, дейді. Сұрасам да бермес еді. Арада тағы үш-төрт күн өткенде Мұратқан әбден әлсіреп, жегіндегі көлікті айдауға жарамай қалады. Содан соң арбаның артында, сұлық түсіп жата берген. Шөлдегенде су ішіп, ес пен түстің арасында. Енді бірер күнде үзіліп кетуі де мүмкін екен. Әлбетте, жаңағы үлкендердің де тамағы тапшы. Қайткенде тақыр-таза емес. Бар. Бәлкім, артығымен. Аманатқа алып шыққан баланы лықа тойдырмаса да, адамгершілік жөнімен, талғажаусыз қалдырмаса керек еді. Осыншама әшшады қаталдық. Күні кешегі жаппай ашаршылық зардабы десек те, қазақ үшін ақылға сыймас, ерекше жағдаят. Көш иесінің аты-жөнін күні кешеге дейін білетін едім. Енді ғана ұмытсам керек. Есімде тұрса да атап айтудың жөні жоқ. Өзімен кетсін. Қай заманда, қай жұртта да мұндай рақымсыз, безер адамдар болған. Көмек, жәрдем қайда, тікелей қастандықтан тайынбаған. Бәлкім, бұл ерлі-зайыпты екеуі, өздерінің ұл, қызымен қатар, әуесқой сүйініш үстінде бөтен, жас баланың аштан бұратылып, қалай өлгенін тамашалағысы келуі. Ата, әжесіне жеткен кезде, ауырып, өзі өлді деп тастай салады ғой. Апта бойғы қызыққа қосымша қанағат… Кешегі, адам баласы шыбындай қырылған ғаламат ашаршылық қалай бұзды десек те, ақылға сыймас, ерекше жағдаят.
Мұратқан үш-төрт күнде ес жиды, бірер аптада жүгіріп кетті. Шаруақор, қолды-аяқты бала. Мал жайғайды, тезек тереді. Екі әжем Мұратқан келгелі бар жұмыстан босап қалдық деп, ризашылық айтып отыратын. Бірақ үлкен ағамның негізгі шаруасы – мені бағып-қағу екен. Ойнату емес, барлық жүріс-тұрысымды қадағалау. Көбіне, басқа балалармен аралас кезімде сырттан қарауылдап жүреді.

1945 – Бесбұлақ

Көктемеден соң, күнұзақ көшіп, Бесбұлақ деген жерге келіп қондық. Аталмыш Әзімбайдың жазғы жайлауы екен. Жан-жағы жатаған қырқа. Етекте жағалай бұлақты жасыл алқап. Орта бір тұсында, дөңестеу жерде, бүгінде төбесі жоқ (сірә, ендігі тұрғын үйлерді оңдауға, бұзып әкетсе керек), биік қабырғалары ғана қалған, әлденеше бөлме, кең қорасы бар еңселі қыстау. Әзімбай немере інісі Оспанқұл болыспен қанаттаса жайлап жүріп, ақыры өрісім тарылады деп қауіптене ме, жазираның қақ ортасына қыстау салып тұрақтаған. Қара-үңгірден соң.
Ғажайып қоныс еді. Суы мол, шөбі шүйгін. Сарқамысқа тиесілі жиырма-шақты шаңырақтың үшеу-төртеуі осы орталық, қираған қыстау төңірегіне қонды, тағы бірнеше үй – Бесбұлақты жағалай ірге көтерді, қалған жұрт Жорға тауы, кең дүниенің тақау атырабына тоқтаса керек.
Бесбұлаққа көкектің соңы, мамырдың басында келіп түскен сияқтымыз. Нақты айтуым – бұл кезде күн ысымаған, жанға тыныс қоңыр жай. Алыста биік таулардың теріскей сай-саласында әлі еріп бітпеген қар аппақ болып толықсып жатыр. Қарап тұрғанда айрықша әсерленер едім. Шығыс жақта Ешкі-өлмес тауының қатар-қатар, өркеш-өркеш биіктері көрінеді. Ал терістік-батыс бетте, арғы жағы тіке, аяғы түйетайлана созылған Шұбар-айғыр тауы көгеріп көрінеді. Үстінде бұлдыр сағым ойнайтын. Бұл да әсерлі, ғажайып сурет. Ал әйгілі Жорға дәп іргеде, сондықтан айтарлықтай ерекшелігі байқалмайды. Қары да, бұлдыры да жоқ, дөңгелене біткен тоқал төбешік.
Бір күні, сәске түс, қойы үйездеген Жүніс ата әжеме дуадақтың жұмыртқасын әкеліп берді. Мұхтарға арнап алдым, деген. Үлкен, менің қос жұдырығымнан да үлкен. Және ерекше. Тауық жұмыртқасындай аппақ емес, қоңыр-тарғыл, көкшіл түсті. Әжем қуанып қалғанымен, обал болмай ма, деп еді. Жоқ, деді шайға отырған Жүніс ата. Мен жақсы білем, бұл дуадақ көбіне екі, кейде үш жұмыртқа салады. Ұя дейтін ұя да жоқ, азғана шөп төселген тайыз шұқыршақ. Мені көріп, ұшып кеткенде жалғыз жұмыртқа жатыр екен. Үшеу емес, екеу болса да шайқап қойған деп, алмас едім. Ендігісі өзіне құт. Бір, әлде екі балапан шығарады. Мына ұясынан безінсе, басқа бір, жаңа жерде. Онда жөн, деді әжем. Дастарқанның артын күтпей, және бір шәугімге салып, су құйып, отқа қойды. Әжептәуір қайнаған соң өзі аршып берген. Қабығы қалың екен. Жұмыртқаның өзі тауықтай үгіліп тұрған жоқ, кіртік. Әйткенмен дәмді. Бірден бітіре алмай, екі бөліп жеп едім.
Тағы бірде Төлеуқан деген бала жігіт бір дорба қарақат әкелді. Арнап барып, Жорғаның сайынан алдым, деген. Әжем Төлеуқанға құрт-май, қымыз құйып, риза қылып шығарып салды. Бірақ Төлеуқан әкелген қарақатты маған бере қоймап еді. Мұратқан ағаң басқа бір қарақат әкеледі, деген. Мен айтпай-ақ бәрін ұқтым. Төлеуқан – аз-маз шалық шалған мүскін еді. Бөтен-бастақ мінезі жоқ, алайда көзі үнемі боталап тұратын. Кей-кейде ауып та кетеді, мән-мағнасыз сөйлейді, күнұзақ тіл қатпай үйде жатады, немесе ертеден кешке дейін тау кезіп оңаша жүреді екен. Әжем шын ниетімен болса да, осындай кісі әкелген қарақаттан тартынып тұр. Далаға шашып тастамас, бірақ менің жегенім жөн емес. Зияны тимесе де, пайдасынан аулақ.
Әжем, міне, осылай, мені әрнеден қорғаштап отырар еді.
Бесбұлақ жайлауында ерекше есте қалған жағдай – атам колхоз орталығына кеткен, көп ұзамай қайтып келді. Астында ақжал қоңыр, ауылға тақап келе жатқанын анадайдан көрдім. Бөгелместен жүгіріп жеттім, атам әдетінше, ат үстінен қол созып, алдына көтеріп отырғызды. Әрине, айналып-толғанса керек, әйтеуір артық әңгіме шықпады. Үйге түсе салысымен, шұғыл хабар бар деп, әлдекімді жіберіп, тақау төңіректегі жеті-сегіз үйдің үлкендерін түгел жинатып алды. Содан соң, жүзі ашық, бірақ күлкісіз, байсалды қалпында: «Шүйінші!.. – деген. – Соғыс бітті!». Біздің кейінгі жазармандар жылтыратып айтатындай, «Жеңіспен аяқталды… Жауды жеңдік, немісті қираттық…» – емес. Жұпыны, әрі табиғи ақпар: «Соғыс бітті!…» Бір сәт күтпеген, меңіреу тыныштық орнады. Содан соң… бірнеше әйел қатарынан аңырай көтерілген. «Боздағым… Жалғызым… Арысым…» Сол аңыраған қалыптары өзара көрісіп кетті. Бүгін біткен соғыста осыдан төрт жыл бұрын, үш, екі жыл бұрын, биыл – баласы, күйеуі, жақын бауыры өлген, қаралы әйелдер. Әуелі екеу-екеуден көрісті, содан соң өзара алмасты, келесімен қауышты… Жер бетін зар мен жылау басып кеткен. Ақыры, үлкендері сабырға шақырып, әйел атаулы солықтап, беттерін жуып, әрең тыншыған. Көңіл айту, жұбату ғана емес, әрқилы үмітті тілек те болып жатқан сияқты. Қайғылы көрісу мен зарлы жоқтау келесі күндерде, алысырақтағы жаңа бір кісілердің келуімен одан әрі жалғасса керек. Бүгінде басқа тұрыпты, қалың қазақ тынымсыз мерекелеп, бітпей жүрген «Ұлы Жеңіс» күнін біздің ауыл осылай қарсы алып еді.
Арада қырық күн өтпей тағы да орталыққа барып қайтқан атам әуелгіге қарама-қайшы, ауыр хабар алып келді. Үйге кірген бетінде: «Соғыс қайта басталды…» – деген. Үйреншікті неміс емес, одан мүлде бөтен, жапан деген халық. Бұл жолы жұртты жинаған жоқ. Сәлем беріп, әрқилы шаруамен келіп кеткен жұрт естіп жатса керек. Содан бір-бірінен хабарланып, жаппай дағдарған сияқты.
Ал біз үй төңірегі, ауыл қотанында ойнап жүрген кезде, шамасы он-он екідегі, ересектеу балалардың айтқаны есте қалып еді. Батысқа қарай қолын сілтеп: «Германия – ана жақта, – дейді. – Соғыс біткен. – Содан соң шығыс жаққа екі қолын бірдей созады. – Жапония мына жақта. Соғыс жаңа басталды…»
Бұл жаңа майдан көпке созылмағаны белгілі. Ал қашан аяқталғаны, сүйінішті жаңа хабарды жұрттың қалай қабылдағаны менің есімде жоқ.

1945 – жазғы оқиғалар

Сол жылы жазғы жайлауда өткен бірталай оқиға есте қалыпты. Табиғи жағдай. Мен бес жастан астым. Еркелігім азаймаса да, өзімді үлкен санаймын.
Қайткенде, қырғын соғыстың аяқталғаны туралы хабар елдің еңсесін көтерген. Ал жаңа соғыс… бастапқыда ауыр естілсе де, ересек балалар артын жаймашуақтап еді. Біз өткен ұзақ майданда Әмірикамен, Ағылшынмен одақтас болыппыз. Алыстан. Енді Жапонға қатарымен, үшеулеп жабылып жатырмыз…
Бұдан соң және бұрын тағы қаншама сүйінішті жаңалық. Қазақстанда Абайдың Жүз жылдық тойы өтеді екен. Бұл, ешкім күтпеген, өзгеше хабардың қалай жеткені, менің атамның тебірене сүйінгені туралы бұрнада, «Абайдың суреті» атты зерттеу эсседе бажайлап айтқам. Қайталап жату қажетсіз болар. Көп жұртқа елдің қайтадан көтерілу жоралғысы тәрізді көрінсе керек.
Арада тағы бір-екі ай өткенде бұрынғыдан да сүйінішті жаңа хабар. Немістен тірі қалған әскердің алды қайта бастапты. Бұл сөз біздің ауданға да қатысты болып шықты. Пәлен жігіт елге оралыпты. Түген жігіт аман-есен. Ақыры, бір күні осы ауылға да кезек жетті. Рақымберді қойшының жақын туысы, ағайын жұртын аралай жүріп, бізге де келген екен. Тақау төңіректегі халық аман әскерді көреміз деп, үздік-создық барып жатыр. Үй аралығы әжептәуір, бірақ тым алыс емес. Екі әжеммен бірге мен де бардым. Содан өзім тұстас Әскержанмен ойнап, қалып қойдым. Аман әскер сары-ала киінген жас жігіт екен. Алдында естігем. Соғысқа кеткеннен бері көп өтпеген. Наурызда аттанса керек. Енді қайтып келіп отыр. Бірақ шын батыр. Аяғы жеткен жұрт арнап келіп, құшақтап, жақын туысы есен-сау оралған Рақымберді ақсақал мен бәйбішесіне қайырлы болсын айтып жатыр. Ал аман әскер тым маңызды. Салдат ойынынан соң, соғысқа бара сала неміс атаулыны жаппай қыра бастапты. Нақты есімде: «Бір қолымда пулимөт, бір қолымда аптамат, танк дейтін темір мәшиненің үстінде тұрып, жау ордасы Берлинге бар әскердің алды болып кірдім!..» – дейді. Жаңадан келген әрбір кісіге қайталап айтады. Кім сенді, кім күмәнді, білмеймін, мен өзім сенгем жоқ. Темір мәшиненің үстінде тұрсын, әлгі керемет мылтықтың біреуін ұстаса да жетіп жатыр ғой. Екеуінен қатарымен қалай атады… Мейлі. Алғашқы таныған әскерім, жүзі жылы көрінді. Ал ағасы соғыстан келген Әскержан мәз-майрам. Қой сойылған, қазан асылып жатыр. Рақымберді ата Әскержан екеуімізге екі бүйрек берді. Шыбыққа шанышып, қазан астындағы отқа пісіріп жедік. Содан соң асық ойнамақ едік, Әскержанның салдат ағасы болмай, екеуімізді күрестірді. Бұрын ылғи жығатын едім. Бірақ бұл жолы, ағасы әскерден келіп тұрған Әскержан күшейіп алыпты. Жамбастай, қатар түстік. Келер мезетте үстіге шығып кетті. Менің жаурынымды жерге тигізіп емес. Соңғы сәтте аударылып түскем. Енді етпеттей жатырмын. Бұдан әрі көтеріліп кетсем керек еді. Бірақ зілмауыр салмақ еңсемді жаздырмады. Сөйтсем… Әскержанға ағасы көмектесіп жатыр екен. Үстіден басып. Жаңа мені аударып кеткенде де осы ағасы демеген сияқты. Менің байқап қалғанымды аңдаған батыр салдат енді қолын тартып алды. Сол сәтінде мен жаңа күш тауып, төрт аяқтап, өкіре түрегелдім. Жылағам жоқ, ышқына дауыстап. Әскержан сасқалақтап қалып еді. Қолы да босап кеткен. Енді қайыра күреспедік. Бұдан соң, біздің күресімізге араласқан үлкен кісіге кектене қарадым ба, жоқ, Әскержанның өзіне осы арамдықты аңдап қалғанымды байқаттым ба – білмеймін. Қайткенде көмектес ағасы бар екен. Ал менің ағам жоқ. Неше жыл бұрын, мен тумай тұрғанда әскерге кеткен. Содан хабарсыз. Есіме түскенде жылай жаздап, қайтадан қатайып алсам керек. Ойлана қамығып азғана дағдардым да, бұдан әрі бөгелмей, төбесі көрініп тұрған үйіме қайттым.
Бұл ерекше оқиға кейін қаз-қалпында қағазға түскен еді – «Доңыз жылғы балалық» топтамасы – «Әскержанның ағасы» дейтін әңгіме. Бастан-аяқ нақты. Ең ақырғы, менің ағам да әскерден келіп, туған ағасы мүлде хабарсыз кеткен Әскержанның үйіне қонаққа барғанымызға дейін. Сол қалпы кәдімгі естелік десеңіз артық емес.
Бесбұлақ қанша шүйгін болса да, жұрт тозып кетпес үшін, бірер айдан соң ірге аударсақ керек. Әскержанның ағасының келуі – кейінде. Ал осы Бесбұлақтың кең алқабында отырғанда есте қалған тағы бір оқиға болды. Біз үлкенді-кішілі алты-жеті бала, ауыл іргесінде ойнап жүргеміз. Кенет оңтүстік-батыстан қалың қара бұлт көрінді. Және жел айдағандай, тезінен көтеріліп, сәт сайын жақындай берген. Көп ұзамай жарым аспанды бүркеді. Және құлағымызға тулақ сабағандай, сатыр-сұтыр дауыстар жеткен. Келер мезетте түсініксіз қара бұлт көлегейлеп, үстімізді басып еді. Сатыр-сұтыр күшейе түсті. Сөйтсек, мың сан шегіртке. Кәдімгі, ұшпа шегіртке. Орыстар саранча дейді ғой. Егін мен пішеннің апаты. Қат-қатымен, жөңкіле ұшып жатыр. Тым биік те емес. Ересек балалар тас, таяқ лақтырды. Әлденешеуі жерге құлаған. Кәдімгі бәпісек сияқты. Бірақ тым үлкен. Түсі қоңырқай. Тұрғысы менің ортаңғы саусағымдай. Ал жайылған қос қанаты – сынық сүйемнен астам. Кейінде, тіпті, екі ғасыр шегінде ауылға шыққанда, бұл жеміт шегіркенің талайын көрдік. Бірде Аягөз бен Баршатас аралығында, жол үстінде жапырлап отырғанда, машинаның табаны тайғанай жаздаған, бірақ бұл шегіртке қап-қара және жарым шынашақтай ғана. Ал мынау – алып шегірткелер еді. Кейін үлкендер Жорғаның арғы жағындағы Дағандел өзенінің бойы тап-тақыр болып қалыпты, деп жүрді. Әйтеуір, біздің жақта үлкен егіндік жоқ.
Сонымен, қара бұлттай тұтасқан, бүгінгі есепке салсақ, қаншама миллион қоңыр шегіртке аспандамаса да жерге түспей, ауыл үстінен жөңкіле ұшып барады. Әуелде қаптай жылжыған, түсініксіз қара бұлт, үстімізге жеткенде сатырлаған дыбыстан қорғаншақтап қалсақ та, бұл ұшпа жәндіктердің өзімізге зияны тимесін аңдаған соң, қызықтап қана тұрып едік. Ет асымдай уақытта әрең өтіп бітті. Содан кейін, тым көп ұзамай, көкжиектен жаңа бір бұлт көрінген. Бұлт емес, манағы шегірткенің келесі легі. Бұлар да аспанды жапыра, ауыл үстін бүркеді. Алайда, әуелгі топтан әлдеқайда аз екен, сүт пісірімдей уақытта сап болған.
Бесбұлақтан соң Тас-су дейтін жерге қонып едік. Жиегі үлкен, жылтыр қоңыр тастармен көмкерілген жалғыз бұлақ. Алайда, суы бұрқырап жатыр. Мол, мұздай суық. Қыраттан етекке қарай жайылған, кіші-гірім жылға есепті. Осы Тас-суда отырғанда ауыл үстіне бір топ, шамасы он-он екі жігіт келді. Үлкен емес, жас-өспірім балалар. Бызудан қашып шығыпты. ФЗУ ғой. Кәсіптік-техникалық училище есебіндегі қара жұмыс. Қоңырат кенішінен. Енді елге жетпек. Шыңғыстаудан әрмен, Жаңа-Семей, Тарбағатай, Ақсуаттан екен. Айналып, көлікті, жеңіл жол іздемей, қауіпсізден, жаяулап тура тартқан. Бұл балалардың бәрі де жүдеу еді. Үстері жыртық, аяқ киімдері жұлма-жұлма, кейбірі бәтеңке табанын жіппен, сыммен тарта шандып байлап алған. Бұлақ басында, жылға бойында құлап, сұлап жатқаны есімде. Жуынып, шайынды, тыныс тапты ғой деймін. Осы Тас-су бойында отырған бес-алты үйдегі әжелер мен апалар құрт, ірімшік беріп жатты. Өздері жағалай жүріп сұрады ма, әлде жаны ашыған жұрт арнап апарып берді ме – нақты айта алмаймын. Тәрізі, әуелде өжеттеу екі-үшеуі талғажау сұрады, бұдан соң жаппай қайыр. Бұл оқиға менің «Тас-судан өткен қашқындар» деген әңгімемде көрініс тапқан еді. Тек қуғын мен кісі өлімі жоқ. Бұл – басқа бір реттегі хикая. 43-жылы жазда, біздің үй Бақанас бойында отырған кезде, аудандық милиция әскерден қашып, бой тасалап жүрген бес-алты жігіттің соңына түседі. Ақшатаудың тұйық бір сайында үстінен басыпты. Төртеуі биікке өрлеп құтылған, енді біреуі күргей тастан өте алмай, қамалып тұрып қалыпты. Сол мезетте Мұқыметов Төлебай деген нәшәндік қарусыз мүскінді тапаншадан атып өлтірген екен. Яғни, бөтен хикаяға кіріссе де, ойдан шығарылған оқиға емес.
Тас-судан соң, осы жаз ортасы, Ақбейіт деген жерге көшіп келдік. Жорға тауының терістік-шығыс тұмсығы, бұрнағы, қаңырап қалған аудан орталығынан бірер шақырым жер. Бұлағы ғана емес, әудем жерде шағын көлшігі де бар. Үйрек ұшып, қаз қонып жүретін.
Бір күні топ бала үй іргесінде ойнап жүрсек, гүмп еткен мылтық даусы естілді. Әубәкір деген қойшы үйрек атып түсіріпті. Бұл Әубәкір – атамнан көп кіші, орта жастағы кісі болатын. Өткен қыста біздің іргедегі Жауыр таудың арғы бетінде отырған. Арнап келіп, қонаққа шақырды. Таудан тіке түссе, таяқ тастам ғана жер. Жақындығын айтам. Бірақ қыс түгілі, жаз күні ешкім тау аспайды. Біз де шанамен, Жауыр-тағыны терістік-батыс тұмсығынан айналып, әжептәуір жүріп барып жетіп едік. Арғы бет жазаң екен. Тағы бір таумен аралықтағы кең аңғар. Кәдімгі, малды қыстау бергі етекте. Екі-үш қондық. Әубәкір ақсақал мылтықты, қой баққан арасында аңдып жүріп арқар атады екен. Сол үйде жеген таңсық ет емес, арқардың қара-қоқым қуырдағы есімде қалыпты. Енді міне, құс атты.
Топ бала тұра жүгірді. Әрқайсы-ақ үйрек байланбақ. Мен жүгіргем жоқ. Сол арада қалып едім. Тәрізі, тақау маңда тұрса керек, атам айтты, сен де бар, деп. Мен қайткенде баруға құлқым жоқ, бірақ үйрек үшін емес, атамның сөзі жерде қалмас үшін жайлап басып, көлшік жағасына жеттім. Тізелей жалдап, судан шыға берген Әубәкір аға атылған үйректі қанатын салбырата, екі аяғынан ұстап алыпты. «Маған, маған, аға, маған бер!» – деп жапырлай тұрған балалардың сыртына жете бере тұрып қалған едім. Әубәкір аға өзі келіп, жаңағы үйректі қолыма ұстатты. Әйтеуір біреуге беру керек қой. Десе де, таңдау маған түсіпті. Менің ерекше көрінісім емес, запперменің баласы болғанымнан. Мұны кәміл ұқтым.
Екінші бір оқиға. Тек алалау емес, кездейсоқ жағдай деп білем. Әлде Бесбұлақ, әлде Тас-су. Жоқ, Бесбұлақ. Соғыстың бітуіне орай қой сойылған. Біздің шаңырақта емес, басқа бір үйде. Арнап босатылған мал. Ауылдың үлкендері түгел жиналған. Ортаға, үлкен ағаш астауға асыра салынған ет келді. Кейін Шыңғыс хан тарихын оқығанда қайран қалдым. Бізде, бұдан сегіз ғасыр бұрынғыдай, жаңа сойылған етті қазанға тұзсыз салатын. Піскен соң, туралып болған соң, үстіне тұздық құяды. Сарымсақ аралас, тұзды, майлы сорпа. Молынан, табақ шетінен аса жаздағанша. Құрметті, үлкен кісілерге арнайы кесе, шағын аяққа. Енді дастарқан басындағы жұрт ортадағы етті қолмен алып, табақ жиегінен шыпылдаған, немесе алдында, жеке тұрған тұздыққа малып барып ауызға салады. Сол күндерде, тіпті, 50-жылдардың орта шеніне дейін, біздің ауылдағы қалыпты жағдай.
Әрине, үлкен табақ үстінде туырыла піскен бас тұр. Бұл жолы атам емес, жасы үлкен Қарымсақ ақсақал ұстады. Отардағы он, әлде он бес мың қойдың мал дәрігері першіл. Кейінде аңдағаным, арнайы білімі жоқ, бірақ мал атаулының жағдайы мен сырқатын жақсы білетін, сондықтан жарлық бойынша бекітілген ветеринар. Бұл Қарымсақ атаның үйіндегі әже, аты есімде жоқ, мейірбан кісі еді. Бірде әжем екеуімізді арнайы шақырып, қонақ қылған. Маған асық жинап қойыпты. Жеті-сегіз шикілі. Яғни, жіліктен шикідей алынған. Арам өлген қойлар ғой. Бірақ асығы арам емес. Оның ішінде салмағы ауыр, сақа болатын үлкен бір оңқай. Енді осы Қарымсақ ақсақал, бата жасап ұстаған үлкен бастың бір құлағын түбірімен ойып, атамның алдында отырған менің қолыма ұстатты. Екінші құлақты, ол да атасының алдында отырған Әскержанға берген. Келер мезетте Әскержанның бақырған даусы шығып еді. «Мынау – шұнақ құлақ! Маған да анау Мұхтардың қолындағыдай бүтін құлақ керек!» – деп. Кейін ойлаймын, тәрізі, тілік ен салынған құлақ, немесе, үйіткен кезде күйген, немесе асқан кезде, басқа бір жағдайда ұшы кетілген, үзіліп қалған. Әскержан бақырған беті, шұнақ құлақты табақтағы етке қарай лақтырды. Жұрттың бәрі, әсіресе әжелер жапыр-жұпыр болған, өзі осындай кетік құлақ, енді соның үстіне тәтті тіл береміз, дескен. Қияңқы Әскержан бұл сөздің ешбіріне тоқтамады. Шірене тепкіленіп жатыр. Маған да бүтін құлақ керек, дейді. Сол кезде атам мені еркелете сыбырлап еді: «Мұхтаржан, сенің ақылың көп қой, мына құлағыңды Әскержанға бере салшы, сонда тіл жейсің, деп. Ақылым көп, бірақ мұндай зорлыққа көнбеймін. Келер мезетте ұзын құлақтың жарғағын қақ ортасынан тістеп, үзіп алып, бытырлатып шайнай бастағам. Міне, менікі де жарты құлақ… Бәрі де нақты, қаз-қалпында. Кейін «Құлаққа талас» атты әңгімеге көшкен оқиға.
Тағы бір ерекше жағдаят. Әлдебір қартаң қойшы дүниеден өтті. Ауырып жатқанда әжем екеуіміз барып, көңілін сұрап қайтқанбыз. Сол күні немесе ертеңіне өліпті. Жаназасы мен жерлеуіне бармадық. Әжем мені қашанда көңілсіз жағдаят атаулыдан қорғаштап жүретін. Үй арасы әжептәуір еді. Арғы қырқаның етегі, бірер шақырымдай. Әйтсе де өте жақсы көрінеді. Үлкендер қабірін қазып, әлдебір ескі зиратқа көміп қайтқан екен. Оншақты аттының тау аңғарынан шығып, қаралы үйге қарай беттегенін аңдап тұрдым. Бір кезде алды-арты жиылып, азғана бөгелді. Осыдан соң жаппай ат қойып, сол беті манағы ауылға барып кірді. Қазақ ауылға тақағанда шаппайды, керісінше, жүрісін тежейді. Сондай-ақ, әлдебір қысталаң жағдай болмаса, ауылдан шыға шаппайды. Мана, бәйгеге ұқсас топырдың жайын әжемнен сұрадым. Осылай да осылай, кісі өлгенде ауылға «Ой бауырымдап», шауып бару керек, деп ұғындырды. Кейінірек, арада үш жыл өткенде Мұхтар Әуезовтың «Абай» романынан толық суретін тауып едім.

1945 – қойлы ауыл

Алыс отарға айдалған, атам запперме болып тұрған малды ауылда төрт түліктен тек қой ғана бар. Жылқы мен сыйыр бірлі-жарым. Ферма емес, жеке меншіктің өзінде. Бар малды әкеткен, мен көз ашқанда көңілге түйген «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» – деген ұраннан соң жекедегі ірі қара қайда, жалпы жұртта тұяқ малдың өзі жоқ. Тек қора-қора қой ғана. Жорғаға көшіп келе жатқанда емес, ферма басы Шағырайда сұрасам керек. Сұрағым да, жауабы да сол қалпында есте қалыпты. «Бұл қой кімдікі? – деймін. «Ортанікі», – дейді атам. «Орта деген не?» «Орта… орта деген – көпке ортақ, деген сөз. Көпшілікке тиесілі…» «Сонда бізге де тиесілі ме?» «Жоқ, колхозға тиесілі. Өкіметтің малы…» Тезінен түйсіндім. Біздікі емес, басқанікі емес. Өкіметтікі. Жеуге, пайдалануға ешкімнің қақысы жоқ. Осыған орай, колхоз басқармасы, райком… ешқайсының меншігі емес, бірақ атам бастап, шығынсыз бағып-қағуға міндетті… Кейін, арада бес, он жыл өткенде атам айтқан бір ғажайып сөз бар еді. «Бұрын адамның кінәсін мал басымен өтейтін еді, бүгінде малдың кінәсін адамның басымен өтейтін болды» деген. Яғни, сеніп тапсырылған алдыңдағы мал әлдеқалай шығынға ұшыраса, немесе төтенше жағдай болса, айдалып кете бересің.
Қайткенмен, ортаның малы жалпы жұрттың тіршілігіне сеп. Біздің жағдайда тексерусіз алыс отардағы мың сан қой. Қой болғанда қандай. Кейінгі, жүні үшін өсіретін мәліш құйрық емес. Еті үшін, терісі үшін бағып-қаққан қазақы қой. Бүгінде көпшілік таныған Еділбайдың қара қойы да емес. Біздің жұртта «Керейдің қызыл қойы» аталатын, осы Еділбай шамалас, ерекше тұқым. Мал басы мүлде құрып біткен ашаршылықтан соңғы кезеңде шекараның арғы бетінен айдап әкелген көрінеді. Кейінде оның да жұқанасы жоққа жақын. Мен көргенде, Моңғол ұлысы, Баян-Өлгейде мыңғырып өсіп жатыр екен. Әрине, бұдан соң Шыңжаң – Алтай аймағында. Кейінгі еректі киноларынан көрдім. Бар тарапта қазақтың қызыл қойы деп танылған.
Міне осы қазақы қой жаз ортасына жетпей, мейлінше семіреді. Еркек ат қойлардың құйрығы қазандай. Өрістен соң жұмсақ жатып, әрең тұрар еді. Қашанда бізбен бірге көшетін Жүніс қойшының отарын тамашалай қараймын. Аса семіз, оншақты құнан, дөнен қойлар болды. Шайлап, мүлде дерлік жатып қалған екі қызыл қойдың тұрпаты тіпті ерекше еді. Жатқан жерлерінен әрең тұрады. Құйрықтары бұдан әрмен өсе ме деп, өссе қайтер еді деп қадағалап жүрем.
Әрине, «ортаның малы», ешкім сойып жей алмайды. Есесіне әлденеше жүз саулық бар. Алты-жеті жүз қойлық әрбір отармен бірге қыстап, бірге көшіп жүретін, әрқилы қызметтегі төрт-бес үйдің әйелдері бүгінгі және кейінгі бар несібесін мал емшегінен таппақ. Жайлауға қонысымен, сауынға жарамды саулық пен ешкіні бөлісіп алады. Барлық әйел емес. Жұмысқа жарамды ұзын-етек атаулы шөп шабуға, қора жөндеу, басқа да шаруаларға жегілген. Ендігі тіршілік қажеті қолы бос қартаң қатындардың мойнында.
Біз Бесбұлақта, одан соңғы жайлауларда Жүніс қойшы және Жолжан және тағы бір-екі отбасымен қоңсы болдық. Үш, әлде төрт үйге қой сауылғанын білемін. Менің екі әжеме тиесілі бес-алты ешкі, отыз саулық бар. Бұдан артыққа шама да келмес еді. Бар тұяқты бастарын қарама-қарсы айқастыра, қатарымен қосақтайды. Содан кейін екі әжем екі жағынан бастап, айнала сауатын. Шамасы бір шелек, әлде бір жарым шелек қою сүт. Бұдан әрі екі-үш тарам іс бар. Ең бастысы – үлкен сабаға құйып, іркіт ашытады. Ертелі-кеш күрпілдете пісіп, арада апта өткенде май айырады. Одан соңғы іркіттен құрт қайнатады. Сабамен қатар, таза сүтті ірітіп, ірімшік жасайды. Ал әдепкі жағдай – піскен сүттің бетінен қаймақ алу, кәдімгі айран ұйыту. Бұл шаруа – күнделікті қажетке. Негізгі жұмыс – іркіттен айырған сары май мен өреге жайылып, кепкен соң жинала беретін құрт пен ірімшік. Екі әжем күн сайын, түске дейін, ұзақ жаз бойы қой емшегінен ажырамайды, қалған уақытта осы өнімдерін баптау, іске қосумен өтетін. Әлі есімде, осы алғашқы жылы екі әжем төрт қап құрт, төрт қап ірімшік және үш қарын май алып еді. Күзде кіші әжем Мұратқанды ертіп, бір қап құрт, бір қап ірімшік және бір қарын маймен, аудан орталығы Баршатасқа, Мәуияш тәтенің үйіне кеткен. Сонда қыстап, баласын оқытып, келер жазда, бұл жолы Мұратқанның оқуын тәмамдатып, бір-ақ қайтып еді. Енді былтырғы үйреншікті кәсіп қайта жалғаспақ.
Маған бұл қойлы ауылдың бар тіршілігі қызық көрінетін. Кең қотанда мыңғырып жатқан малға көңіл толады. Қазаққа тән мал атаулының өзгеше иісі соншалық сүйкімді көрінер еді. Айлы түнде, немесе тастай қараңғыда күзетшінің ара-тұра айтақтаған даусы, тайдай ірі, маң төбеттердің арпылдаған үнімен жалғасады. Кейде қоралы қойдың үрікпесе де, ары, не бері төңкеріліп жататыны бар. Мұндайда ояулар бірден шығып, ұйықтағандар да қолма-қол көтеріліп, қотанды айнала, жаппай дауыс салатыны түсінікті. Бәлкім, тақау маңда ит-құс торып жүрген шығар. Бұл кезде мен бұрынғыдай қорықпаймын. Тіпті, қойға шапқанының өзі қызық сияқты. Шындығында, ешқандай қызығы жоқ екен. Бірде үлкен көкшолақ өрістегі малға тиіпті. Үйірлі тобына емес, селкеу кеткен бір шоғына. Бірақ ешқайсын жәукемдеп үлгермеген. Тек бір тоқтыға ғана тісі ілінген. Жүніс қойшы алдына өңгеріп әкелді. Өз үйінің босағасына байлап қойып еді. Сонда көрдім. Үлкен тоқтының май құйрығының бір жағы – тең жарымын жұлып әкеткен екен. Қызыл-ала қаншымақ болған аппақ құйрық май. Көз ілеспеді, дейді. Төбе басында қарауылдап отыр едім, төрт-бес ұсақ тұяқтың аз-маз шеткері шыққанын аңдамаппын. Көк бөрі аузын арандай ашын, тұра ұмтылғанда, айқайлай атқа мініп, мен де шаптым. Сол екі ортада бір сәт жанасқан сияқты еді, екпіндеген қалпы мына тоқтының жарым құйрығын жұлып әкетіпті… Жүніс атаның киіз үйінің есік маңдайшасында қойдың айқастыра таңылған екі жақ сүйегі тұратын еді. Қасқыр шапқан кезде, аузы сол ашылған күйі қарысып қалуы үшін. Бұл жолы ауылдағы қотан емес, үй алыста қалған, қасқырдың жағы қарыспапты. Көк тоқтыға жаным ашып еді. Ақыры, осы жарасынан өлген сияқты. Бауыздап соя алмайсың. Ұрлық болады. Арам қатуға тиіс. Соның өзінде қойшының мойнына жазылса керек. Бірақ еңбек озаты, бұрнада бар малын шығынсыз бағып келген Жүніс ата бір тоқты үшін сотталмайды. Өз тоқтысын орнына салуы керек. Ит-құс жиырма, отыз қойын қырып кетсе бір сәрі. Өткен қыс, басқа бір отарда осындай да жағдай болыпты. Бірақ атам сыртқа шығармай, алыс-жақын ағайыннан тоқты-торым жинатып, орнын толтырған екен.
Алыс отар болса да, есепсіз дүние жоқ. Ең соңғы жетім лаққа дейін. Әрбір қойшы жауапты. Бәрін жинап келгенде, менің атамның мойнында. Сондықтан қатесіз есеп керек. Жазда жайлауға шыққан бетте, күзде қыстауға қайтарда жаппай қой санағы. Колхоз басынан, тіпті, аудан орталығынан арнайы уәкіл келеді. Ешқандай жалған ақпар, бүгесін болмас үшін.
Екі ретте де барлық малдың санағы Бесбұлақтың қақ ортасындағы дөңесте тұрған Әзімбай қыстауында өткерілетін. Кезекті бір қора қой осы үлкен қабырға ішіне қамалады. Енді біртіндеп шығарып, үш-төрт адам қатарынан санап тұруы керек. Мәселенің ең шатақ, ең қиын, әрі жауапты тұсы. Саналмақ мал кәдімгі есіктен шығарылмайды. Қабаттасып, тіпті, топырлап кетуі мүмкін. Кең қораның әлдебір бұрышы, өзінен құлаған, анығы – әдейі ашылған тар өткелек бар. Екі қой қатарынан сыймайды. Тек бір-бірлеп қана. Міне, бір отар – алты жеті жүз, сегіз жүз қой осылай сығылысып шығуға тиіс. Ауданнан келген, колхоздан келген уәкіл, фермадағы, мен атын ұмытқан есепші, менің атам, кейде қойшының өзі де бар, жабыла санап жатады. Шеткері қалған мен де міндетті түрде санасып тұрам. Ақыры, бір отар қой түгел өтті. Енді жаңағы санақшы үш-төрт кісінің есебі үнемі бірдей шыға бермейді. Үштің екеуі болса жөн. Кейде үш түрлі, төрт түрлі. Мұндай талас жағдайда мен де араласып кетсем керек. Әуелгі бір жолы. Бұдан соң мені дауға үнемі қатыстыратын болды. Және Мұхтардың айтқаны жөн деп, тоқтасатын. Тәрізі, жалғыз өзімнің есебім емес, басқа біреулермен сәйкес жағдайда. Кейінде, мен мектепте оқып жүргенде ауылға келіп, қонақ болған бұрынғы уәкілдердің бірінің айтқаны бар, біз қой санағанда, үнемі Мұхтар айтқан санға тоқтайтын едік, деп.

1945 – тырапай жылқылар

Бұл кезде жара жазылмаса да, қазалы жұрт тағдырға көнген, қашанда барға тәуба айтатын халықтың көңілі біршама орныққан. Әрине, сол кездегі емес, кейінгі пайым. Мен жылау-сықтау азайып, көнбіс, басқа бір тіршілік басталғанын ғана аңдасам керек. Осы кездегі және бір тосын оқиға.
Жаз ортасы асқанда, біздің ауылдың үстіне қосты-қосымен мыңдаған жылқы келді. Мұндағы малдан тұрпаты бөлек. Алғашқы лектің өзінде атам алдынан шығып, барлық мән-жайға қаныққан. Және тыныштық, ауыс-түйіс болмауы туралы мәмлеге келсе керек.
Бұл жылқы – тырапай екен, деп келді. Яғни, жаудың малы. Немістен. Шабындыда олжаға түскен. Енді өткендегі соғыс шығынын орнына келтіру үшін, мал ғана емес, ақша, дүние-мүлік те алынып жатса керек. Ал мына қосты-қосты жылқы – сол көп табыстың бір бөлшегі ғана. Берісі Шыңғыстау, арысы Алтайға дейін айдалмақ. Сонда ортаның малы қатарына қосылуға тиіс.
Мал айдаушылар – түгелдей қазақ екен. Қашан, қалай қосылғаны белгісіз. Ажыратып сұрамаған. Бұлардың ішінде біздің аталас туыс, ашаршылық кезінде жоғалып, содан мүлде хабарсыз кеткен Шығырық та бар екен. Қуана көрісіпті. Ертеңіне, әлде арғы күні біздің үйден қымыз ішіп кетті. Селдір сақалды, тығыршықтай кісі екен. Жасы отыздың ішінде. Біз көргенде жасөспірім бозбала болатын, дейді. Тума ныспысы басқа, тілін тістеп сөйлейтін еркелігіне қарай Шығырық атанса керек. Нақты есімі жадымда қалмапты.
Атам осы Шығырықтан мән-жайға қанығып, басқа да жылқышылар және ортаңғы топтағы бастықтармен сөйлесіп, тіл табысады. Біздің жұрт тарабынан зиян жоқ, сендер де селкеу мал көрсеңдер аңдаусызда қосып әкетпеңдер, деп.
Кейінгі бір тобы біздің ауылдың үстінен өте шықпай, бірер күн тыныстап еді. Өңшең аңсағай, ұзынсирақ көп жирен ішінде, аяқтары добал, шашасы жүндес, қабырғасы қалың, кеудесі зор, бастары ұсқынсыз әйдік, бүткіл дене бітімі тым ірі, өңшең торы, жиырма-отыз жылқы болып еді. Мініс емес, жегін, жүкші мал десті. Мен көргенде ешқайсы оттаған жоқ, батыс жаққа қарай мойын созып, тұмсықтарын желге бере, ошаралып тұрып еді. Алдында ғана атам жылқы баласының жершілдігі туралы бірталай әңгіме айтқан. Оның ішінде, баяғыда, Қоянды базарынан қашып, біздің ауылда ұсталған, ақыры кетіп тынған қара қасқа азбаның хикаясы. Найман, мұрын елінің таңбасы бар екен, дейді. Сонда, мың шақырым жерден өз жұртына жетпек. Мына жылқылар тым алыстан тартты, жаңа қонысқа үйреніп, мал болуы қиын-ау деген. Осындай ерекше әңгіменің әсері ме, әлде хабарсыз жоғалып, енді ауылға жете алмай жатқан ағам есіме түсті ме, әйтеуір жүрегім сыздаған. Бұл сурет кейін әлдебір әңгімеге тіркеліп еді. Осындай ерекше көрініс.
Тырапай жылқылар, көш пен қоныс, санақтан басқа, мал бағымына қатысты есте қалған тағы бір жағдай. Қашанда қой тоғыту деген бар. Тәрізі, жаппай қырқым алдында. Сол 1945 жылы және бұдан кейін де қызық көріп, атамнан қалмай барып едім. Жарым күн, бірнеше отар қойды бөлек-бөлек айдап, Жорға тауының батыс тарабы, Еспе деген өзенге шықтық. Жағасы құмдақ, жарқабақты сары су екен. Ағысын білмеймін, мол жайылған, жағасы жайдақ, тереңірек бір тұсы таңдалыпты. Неше мың қой бергі беттен арғы бетке айдалды. Ақырында, сары су қоп-қоңыр болып кеткені бар. Тәрізі, осы бір күн, осы тұс қана емес. Отардағы неше мың қой түгел тоғытылуға тиіс.
Арада он бес жыл өткенде, университет студентімін, осы Еспе өзенін арнап барып көрген едім. Тамшы су жоқ, сары құмы мен кебір топырағы қаңсып жатыр екен. Шағын өзен ғана емес, осы өңірде шалқып жатқан тас бұлақтардың көбінің көзі тартылған. Кейбір ескі қыстаулардың төңірегінен тамшы су табылмас еді. Тақау іргедегі жартас түбінде тоқымдай ғана көгеріс байқалады – бұрнағы бұлақ орны. Бұл, әрине басқа бір тараптағы әңгіме. Тіпті, тоғай-сулы Бақанас бойы, бұрнағы қалың шалғынды сайларды бүгінде құрғақ жусан басып кеткен. Мәңгілік қара жердің өзі осылай бар құнарынан айрылғанда, бүгінгі бей-берекет, өтпелі өмір жетегіндегі кісі оғлына қандай кінә тағарсың.

1945 – бұрнағы аудан орталығы

Жаздың ақырына қарай Ақбейіт деген жерге келіп қондық, дедім. Жорға тауының шығыс тұмсығы, бұлағы бар, шағын көлшігі бар, Әубәкір аға маған үйрек атып берген, еңіс жайлау.
Батыс қаптал, кең етекке салынған, енді қаңырап қалған, бұрнағы аудан орталығы тым тақау. Шамасы бірер шақырым ғана. Әуелде Мұратқан және одан да ересек балалар бастап барып, қорықпай, еркін аралап, қайран қалып қайтқанбыз. Барлық үй, құрылыс қаз-қалпында. Таң қаларлығы – көбіне қирап жатқан, бірақ төбесі жабық ескі қыстаулар сияқты емес, өңкиген жалаңаш қабырғалар ғана. Әрине, бастапқыда бәрі де кәдімгі үй. Енді иен ғана емес, мүлде құлазып жатыр. Бұл құрылымдардың асты мен үстін, бар жабдығын кім, қашан алып кетті – біліп болмас еді. Анығы – осы өлкеде аса зәру, әрі қымбат мәтше, тақтайларды түгелдей жаңа орталыққа тасып тауысқан. Қазіргі пайым. Ол кезде, әрине, ештеңе ойламайсың. Бір үйден соң екіншісін тамашалап, аралап жүрер едік. Бұрын көрмеген, ертегіден ғана естіген жұмбақ қалалардың елесі сияқты. Шын мәнісінде, асса жиырма бес-отыз үй. Ересек балалар әкелерінен естіген, немесе бұрынырақ келіп көрген жобамен, мынау – райкомның кеңсесі, мынау – исполком деп нұсқайды. Арғы бет, шеткері, оқшау орнаған, ұзыншақ, бөлек-бөлек там-қораны – мұнда түрме болған, дер еді. Бірақ осы атаулы қабырғалар тұрыпты, кәдімгі тұрғын үйлердің өзінің ішіне кіруге ешкім батпаған. Түсінікті жағдай. Мұндай, қарғыс атқан, иен қоныстар – жын-шайтан мекені. Күн ашық, тал түсте төңіректеп жүрсек, кеш түсе, ең батыр балалардың өзі тақау маңға келуден тартынар еді.
Топырлап барған келесі сапар нақты мақсатты екен. Үлкен балалар үңірейіп тұрған терезенің ағаш кәсектерін, айқара ашылған есік жақтауларын ажыратып алып, арнап әкелген шолақ жіппен біріктіре буып, арқалап, сүйрейтіп әкетуге ыңғайланған. Өнімді отын, қажетті тамыздық.
Мен бұл кезде биік, жалаңаш қабырғаларды қызықтаудан жалығып, үй арасында жүргем. Әлдебір түсті шара аяқ, шай кеселердің сынығы, үгітілген, бұрыштана, үшкірлене сынған, қолға ұстаудың өзі қауіпті терезе шынылары. Содан соң бір жерде алақандай, ақсұр шарбақша. Үлкенді-кішілі, бірнешеу. Қолға алғанда ыдырап, бөлініп жатты. Мұратқан ағама көрсеттім, «Қорғасын!» – деді қуанып кетіп. Бұрнада Баршатастан біледі екен. Батарея дейтін қажетті бір нәрсенің ішкі бөліктері. Үйге әкелген соң, май құйып, бақыр түбінде еріттік. Қоқысы бөлінген соң қарасақ, кәдімгі, мөлдіреген қорғасын. Мұратқан ағам қатарынан үш сақа құйып беріп еді.
Қаңыраған аудан орталығына байланысты, ертелі-кеш бірталай әңгіме естіппін. Бір ауданға айналған екі болыс ел осы арадан басқарылған. Басқарғанда, зорлық пен зомбылық. Жан ашымас жауыздық. Әуелі жалпы жұртты қойдай айдап, түрмеге қамай берген. Анада мен сыртынан көрген суық қора. Сыймай кетті, дейді. Сыймаған соң, жаңадан орын босату үшін шетінен өлтіре бастаған. Кейбірін атып, көбін аштан қатырып. Сенің Бөжей атаң осы түрмеге жабылды, дейді. Омбыда орысша оқыған адам дәрігері, менің атамның шөбере ағасы. Бар жағдайын кейін ұқтым. Енді боссың деп, түрмеден шығарып жіберген. Әдейі. Бір күн өтіп, екінші күні, өрдегі бұлақ басында, әлсіреп жатқанда, әлдебір теміртек қарумен ұрып, төбесін ойып түсіріпті. Сүйегі анау етекте, қазір жер болып кеткен көп қабірдің ішінде, деп еді. Енді бір, Уан деген атам түрменің босағасында ажал тауыпты. Осы Жорғаға орнығар алдында ауданның орталығы Былқылдақ деген жерде болған. Сол, әлде келесі жылы көрдім, қырат бетте екі-үш үй. Төменірек, жазаңда және бір үлкен қора. Түрмесі осы екен. Уан атам бізбен төрт-бес атадан қосылады, шешен, көсем кісі болған. Ақыры, тұтқынға алып, осы Былқылдақтың түрмесіне жабады. Аш, жалаңаш, таяқ астында әбден әлсіреп, іші бұзылған соң сыртқа шықпақ болады ғой. Құттыбай деген мілиса түрме есігін ашады, Уан атам аулағырақ барайын деп еңбектей жөнелгенде, түрмеден қашпақ болды деп, тура шекесінен атып өлтірген. Міне, осындай сұмдықтар.
Уан атаң, Бөжей атаң сияқты, елдің игі жақсыларын түгел қамап, кейбірін байсың, контырсың деп атып, түгелге жуық осы арада құртқан соң, үлкен көтеріліс болды, деп еді. Оны да шет жағалап айтқан. Мен кейінде біршама таныған, әлі күнге өзінің тиесілі бағасын таппаған, ерекше қозғалыс. Бақанас, Дағандел бойынан аттанған жұрт осы, Жорғадағы аудан орталығын басып алыпты. Совет өкіметі жойылды деп, өздерінің ортасынан хан сайлайды. Сол қалпы екі айдай бостан тұрса керек. Ақыры, бір жағы Қарқаралы, бір жағы Семейден әскер шығып, көтерілісті аяусыз жаныштаған. Қаншама жұртты атқан, қаншамасын алысқа айдаған. Әрине, бұл жасымда мен егжей-тегжейін білмеймін, алайда, наразы серпіліс болғанын, Шупин деген, тағы бір орыс бастаған әскердің қызыл қырғын жасағанын көңілге түйген едім.
Көп ұзамай ашаршылық келді, деген атам. Әжемнің әңгімелері арқылы әжептәуір хабарым бар. Осы Жорғада ғана емес, біздің туған ауыл Бақанас бойында, жұрттың қолындағы мал атаулыны тартып алған. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп, көгендегі тышқақ лаққа дейін алып кеткен. Халық жаппай қырылған ғаламат апат осыдан соң. Онның бірі ғана қалды, дейтін атам.
Мен ес білген, дүние таныған төрт-бес жасымнан бастап, көзбен көргендей көңілге түйген сұмдық. Осының бәрі менің кішкентай жүрегімде мұз болып байланған еді. Кейін, он бір жасымда аға, яғни туған әкем Мұқан ертегілік Итжеккен – қиыр солтүстік, Воркута лагеріне айдалды. Ғұмырлық, қайта шықпас жиырма бес жылға. Арылмас шер, ұмытылмас зәбір. Арғы замандағы білгірлер менің өмірлік көзқарасымды айқындаған шешуші оқиға деп тануы мүмкін. Жоқ. Ондай жеке бастық, отбасылық сұмдық болмаса да, мен – Мен болып қалар едім. Айттым, көз ашар-ашпаста елесін көрген, қаншама тарихын естіген зобалаң – ғаламат геноцид қана емес, өкімет-зорлық, жалпыға ортақ айдау мен азап, рухани қапас – менің болашақ таңдауымды басқа бір арнаға бұрмас еді. Мен ес білмей тұрып совет өкіметінің зұлмат кейпін ұқтым, енді қайткенде де азатшыл қазақ қаламгері ретінде қалыптасуға тиіс едім.

Омар басы – егіншілік

Шыңғыстаудың күнес беткейі, Бақанас өзенінің өрінде отырған біздің ауыл төңкерістен көп бұрын егін салуға машықтана бастаса керек. Бұрнада Жетісу, Алатауға ақшом тартып, қап-қабымен астық әкеледі екен, ақыры өздері де жер шұқуға мән береді. Әрине, молынан емес, көмекші азық ретінде, шектеулі атызда бидай мен тары. Және суармалы. Мен ілкіде айтқан, Мысық деген жердегі егін мен тоған – сол ескі күндердің жалғасы екен. Аз да болса үстеме талғажау.
Енді, сыртқы отарға шыққаннан соң, дәнді дақылдан мүлде шет қалған біздің ауыл көші-қонның келесі жылы, 1945, көктемде осы Жорға өңірінде егін салуға бекінеді. Әрине, колхоз бен ауданның рұқсаты бойынша. Бәлкім, анығы да осы, орталықтың нақты нұсқауы және қажетті көмегімен. Біздің Сарқамыспен іргелес Екпін – екі колхоздың алыс екі отгоны бірігіп. Көп емес, небәрі екі гектар жерге. Соның өзін қалай игергені таңқаларлық. Жұмыс күшінің жетімсізі өз алдына. Жалғыз тіс соқамен жер жырту керек. Қолдан тұқым себу керек. Бұдан соңғы, арнап суармаса да, сырттай бағым.
Мен бұрынырақ естісем керек. Азғана болса да, аса маңызды, әрі қиын шаруаның қалай жүзеге асқаны емес, сондай да сондай, ерекше оқиға, Омар басы деген құйқалы жерге егін егілуі. Күзге тартқан бір күні атам егіндікті байқастап қайтуға шықты. Әлбетте, бұдан бұрын да талай барса керек. Енді ору, жинау қарсаңындағы арнайы сапар. Алдына мінгізіп, мені де ала кетіп еді.
Ертемен көтерілдік. Омар басы тым алыс болмаса керек, шамамен жиырма бес-отыз шақырым. Аяңдай, байсал жүріп, түске таман жеттік. Егіндікке тақау ауылға. Оншақты үй жиын қонған екен. Көршілес Екпін колхозының біз қатарлы бөлігінен. Шеткі бір үйге түстік. Кірген бетте аңтарылып қалдым. Әжептәуір, төрт қанат киіз үйдің жоғарғы жағына тұтасымен, үстін-үстін жүн жиналыпты. Тығыз сығылысып, уықтың иінінен аса, биіктей үйілген. Қапсыз, қабаттастыра. Күземдік қой жүні. Ошақта от жанып, шай қайнап жатыр. Егде жастағы әйел мен мұртсыз, шекелі, үлкен сары кісі атамның сәлемін алып, күйбеңдесіп қалды. Төрге, қабырға жүннен төменірек отырдық. Сол кезде ғана назарым түсіпті. От басында, оң жақта бір бала отыр. Шамасы, менен бірер жас кіші, яғни, асса төрт жаста. Ешқайда, тіпті, жаңадан келген бізге де қарамайды, қолында ықшам, шолақ домбыра, сол, малдас құрған, безірейген қалпында соқтырта тартып отыр. Әлдебір күй әуеніне соншама берілген, көбіне аузынан дем алады, екі танауынан маңқасы жылт-жылт етеді. Екпін отгонының заппермесі Сарқытбай деген кісінің баласы екен. Мен таңырқап қана емес, қызыға қарасам керек. Домбыраны бұрын да көргем. Бірақ жас бала да тартады деп ойламаппын. Ал мына құртақандай бала тоқтаусыз шертіп отыр. Бір әуеннен соң келесі әуен. Ақыры, үйдегі әже: «Қалқам, Кеңес күйін тартшы» деп еді. Тәрізі, мен бұрнада естіген Кеңес күйі де ағылып кетті. Айттым, менен кіші, небәрі төрт жасар бала. Кейін, Баршатастағы Орта мектепте, кешігіп барса керек, менен бір емес, екі класс төмен оқыды. Домбыра тартқанын қайыра көрмеппін. Бірақ үнемі сұрастырып жүрер едім. Мен жоғарғы кластарға өткен кезде домбыраны қойып, мандолин мен гармонға ауысыпты. Ақыры, әуестігі біржола басылған сияқты. Ал сол бір күнгі әсері айрықша көрініп еді. Осындай домбырам болса, мен де осылай тартсам, деп ойладым. Бірақ атама ештеңе айтпаған сияқтымын. Ал жаңағы, ақыр түбі жетпей қалған ерекше баланың есімі ұмытылыпты.
Көп ұзамай шайға отырдық. Үй иесінің аты – Нұрқай екен. Сол жақ бас бармағы әжептәуір ісіңкі, қып-қызыл. Тәрізі, тынымсыз сыздап ауыратын сияқты, күрсіне уһілеп қояды. Күйіп барады деп, жеке шәугімге толтырылған суық суды осы бас бармағына оқтын-оқтын құйып отырды. Артынан білдім, «күйдіргі» деген, қатерлі сырқат екен. Бүгінгі медициналық атауы – «сібір жарақаты» – «сибирсқая язва». Бұл Нұрқай деген кісінің ақыры не болғанын білмеймін. Саусақтың сыздағанынан өледі деп ойламасам керек, әйтпесе атамнан сұрайтын едім.
Нұрқайдың үйінен шыққан соң, тура егіндік алқапқа келдік. Тай шаптырым ғана шамада. Сап-сары болып, найқалып тұр екен. Маған жарым даланы жайлап жатқандай көрінді. Айттым, небәрі екі гектар жер. Бұл кезде астық басатын қырман сайланып, әрқилы қажетті шаруалар жасалып жатса керек. Ешқайсы есімде жоқ. Тек кетер кезімізде, тәрізі, біздің жақтан жауапты, жүзтаныс, мұртты кісі шағын бір дорбаны атамның қоржынына салып берді.
Масақ екен. Үйге келген соң әжем әлдеқалай үгітіп, қауызын желге ұшырып, жарым аяқ бидайға айналдырып еді. Бұл тұқым «қожа бидай» аталады екен. Аппақ, баданадай ірі. Қазақ бидайының кейінде құрып кеткен жосын бір тұқымы. Майсыз қуырып жегенннің өзінде дәмі ерекше, иісі бұрқырап тұратын.
Алдағы жарым ай ішінде Омар басына егілген астық түгел жиналып бітіпті. Біздің Сарқамысқа тиесілі бір гектар жерден он қап бидай алынған екен. Үй басы екі, әлде екі жарым пұттан үлеске түсті ғой деймін. Біздің жұрт қатарлы сыбағамыздың бір бөлігін әжем маған арнап, ұзыншақ алаша дорбаға салып қойды. Қалғанын, қалғаны емес, көпшілігін шикілі талқан жасады. Қыстық қара көже үшін. Бұл кезде қазақ ауылында соғым сою үрдісі мүлде ұмытылған. Қызыл – сирек, әрі қастерлі тамақ. Біздің үйден ет үзілмесе де, жалпы жұрт үшін қат жағдай.

1945 – жайлаудың соңы, сүйініш

Осы Ақбейіт, әлде іргелес, басқа бір қоныста отырған, жаздың ыстығы қайтып, қоңыржай маусым келген кез, тәрізі, тамыздың соңы, қыркүйектің басында, біздің үйге, мен білгеннен бергі ең сүйінішті хабар жетіп еді. Бұл кезде соғыстан аман шығып, әскерден қайтып келген азаматтар саны көбейе түскен. Бұдан қырық жыл бұрын қырғынға араласқан он жігіттің екеу-үшеуі ғана, әйтсе де барға мәзір, қуаныш үстіне қуаныш. Атам сондай азаматтардың бірін колхоз басында көрген екен, аяқ астынан жарылқай салыпты. Менің кенже ағам, міне, үш жыл бойы хабарсыз кеткен Төкен Бекмағамбетұлы аман-есен екен. Жаңағы жігіт осы соңғы күндерге дейін бірге болыпты. Германиядан бір пойызбен қайтқан. Алайда, шекарадан өте салысымен, Төкен ағаны бөгеп қалыпты. Немістің тұтқынында болды, енді арам-адалын тексереміз деп. Қайткенде аман. Енді бес-он күнде келіп қалуға тиіс… Бұл кезде, кейін білгенім, әрқилы, қисынсыз өтірік көп айтылып жатқан. Бірақ атам қалтқысыз сеніпті. Бұл жігітті, немесе әкесін бұрыннан жақсы білсе керек.
Айтқам, Төкен аға – менің туған атамның әпкесі Қайша апамның баласы, кішкентай кезінде кенже іні Бекмағамбет бауырына салған. Ашаршылық жылдарында жоқшылық нәтижесіндегі ауыр сырқаттан әкесі өлген соң, біздің шаңырақта өсіпті. Ағайын түгілі, көлденең жұрттың өзі бөтен көрмейді, Мұқан мен Төкен тел өскен, екеуі де Мағаш ағаның баласы. Міне, осы екі ұлдың біреуі қызыл қырғыннан аман өтіпті. Ақ түйенің қарны жарылды. Екі әжем бірдей естері шыға қуанған.
Бұл заманда жалпы жұрт той дегенді ұмытқан. Тойыңыз не, қат-қабат қайғы, аза мен жылау. Енді атам үлкен мереке жасамақ болды. Неше жылдан бері біздің ауыл көрмеген той. Әрине, алыс отарда отырған жиырма-шақты отбасы үшін. Үлкен-кіші, бала-шағасын түгел шақыруға тиіс. Табақ-табақ ет тартылды. Есімде жоқ, әуелі өткенге құран бағышталып, барға бата берілсе керек. Әйтеуір күнұзақ думан. Ақыры көкпарға ұласты. Лақ емес, сойылған қойлардың бірінің терісімен.
Міне, дәп осы кез, той тарқағалы жатқанда және бір, үстеме, екі есе қуаныш. Аудан орталығынан, тәрізі, уәкіл, немесе басқа бір нақты шаруа жөнімен келген кісі жеткізген. Хат. Мұқан ағаның хаты!..
Жалпы жұрт қуана жапырлап, бірталай адам қайтадан үйірілген. Менің үлкен ағам да бар екен. Бірден ұққаным, хат өз қолымен жазылған. Бас аман, ден сау, депті. Көп әскермен бірге үйге қайтып келе жатқан жолда, Мәскеуден өтіп, Тамбов деген қалада тоқтау салынған. Мұнда темір жол зауытында жұмысқа жегіпті. Көп ұзамай босатып қалар деген үміт бар…
Сөйтіп, екі ағам бірдей қырғын соғыстан аман шықты. Мен бұл кезде қайсының кім екенін нақты ажырата алмаймын. Әйткенмен, атам мен әжелерімнен соңғы ең жақын кісілер екені анық.
Кейіннен бар жағдайды білдім. Мұқан ағаның туған әкем болып шыққанын айтпаймын. Екі ағаның қилы тағдырының бір кезеңін. Екеуі де 1942 жыл, май айының соңы, июнь айының басында, советтің жиырма-отыз дивизиясы қираған, қалған жарымы қоршауда қалған Харьков апатында тұтқынға түсіпті. Бірге емес, қатарлас әскер бөлімдерінде. Бұдан соң, фашистік лагерьдің алғашқы, ең қиын кезеңінде тарықса да үзілмей, атаулы сырқатқа ұшырамай, тірі қалады. Одан әрі – Түркстан легионында.
Кенже ағамның өзгеше талайы бар екен, пәле-жалаға ілінбей, қаншама тексерістен аман өтті. Сол беті, артық азап шекпей, еркіндік жағдайда сексенге келіп, бала-шағасының қызығын көріп, Алматы түбінде бақиға көшіп еді.

1945 – қараша, желтоқсан

Жазғы жайлаудан соң жылжи көшіп, Қара-үңгірге тақау бір жерде күзеуге тоқтаған сияқтымыз. Егжей-тегжейі нақты есімде жоқ. Қысқы тұраққа қар екі жауғаннан соң ғана келіп түстік.
Жайлы, жылы қыстау. Мен көбіне үйде отырам. Өзіммен өзім асық ойнаймын. Ара-тұра ғана, былтырғы қатер-қорқынышы әлі тарқамаған әжемнің бағымымен далаға шығам. Алайда, күзеуден қара қи тасылмайды. Өткен қыста қой қорадан ойылған сары қи қыстаудың бір жақ бұрышында жал-жал болып қаланған.
Қарсы бет – Жауыр-тағының етегі қаптаған арқар. Былтырғыдан азаймаған. Тамашалай қарап тұрам. Әудем жер ғана. Құлжалардың жуан, иіртпек мүйізі айқын көрінеді. Соншама ауыр болса керек. Қалай көтеріп жүргені белгісіз. Ал шошақ мүйіз ешкілер мен тұқыл мүйіз тоқтылар қызық емес. Бірақ қара көбейтіп, сән беріп тұр. Бірі секиіп жартас басында тұрған, енді бірі күнесте жусап жатқан топ арқар соншама сәулетті, айдынды. Санауға тырысам. Он, он төрт… Он жеті… Анығы одан да көп. Кейбірі қожырдың тасасында, көрінбей жатыр. Өткен жылғыдай, аралық сайды қақ жарып, үйдің дәл іргесінен Қара-үңгір бетке өтуін күтем. Қазір қар қалың емес. Ешқандай бөгетсіз жылжыр еді. Және өткендегідей, үркіте шабатын Көкдауыл тазы да жоқ. Ақыры, әлдебір күні көп арқардың шағын бөлігі төтелей өткенін көрдім. Қара-үңгір тауының бергі беткейіне тоқтамай желе-жортып, ары қарай асып кетіп еді. Ертеңіне үлкен бір құлжаның биік басында секиіп тұрғаны бар.
Бұл кезде иен жұртқа қатысты жаңа бір әңгімелерді құлағым шалды. Үлкендердің әрқилы сөзінен. Өткен күзде, жаңа қонып жатқан, қыстауды жөндеу қамындағы жұрттың мұршасы келмепті. Енді жазда жайыла көшті. Күзде тағы да қыруар шаруа. Әйткенмен бұрынғыдан бос. Біздің жұрт қойма іздеп кетіпті. Әуелде кездейсоқ жағдайда, кейінде арнайы мақсатпен.
Кешегі кәмпеске. Қайткенде мың жылқы, екі-үш отар қойды жасыра алмайсың. Ал дүние-мүлік… жақсы күндерге үмітпен, тас үңгірге, әлдебір шалғай қуысқа тығады. Жаппай емес, әйткенмен, үйреншікті жағдай. Енді міне, әлдебір қойшы тауып алыпты. Бес қанат киіз үй, қалы кілем, шәйі көрпелер. Не пайда, бәрі де шіріп кеткен. Шірігенде, су басып, күнге күйіп емес. Тышқан жеп. Үңгір іші қорыс болып кеткен екен, дейді. Қымбат кілемдер, киіз туырлық, оюлы сырмақ атаулының бәрі түте-түте. Әйткенмен, кәдеге жараған нәрселер де бар. Көгі сөгілген, жартылай шіріген кереге мен уық. Онда да түгел емес. Әйтеуір іріктеп алып, жамап-жасқап, өзінің қара күркесін кәдімгі үш қанат үйге айналдырыпты.
Бұл – мен естіген ең үлкен қойма. Көбіне қыстаудың әлдебір бұрышында қалған, тақау іргедегі тас астына жасырылған ұсақ-түйек. Бестік, ондық шам, осы шамдардың пиаласы. Көбіне қобдишаға, шағын ағаш жәшікке салынған кітап. Және қайсында болмасын, азды-көпті асық. Таң қаларлық жағдай. Кәдімгі балалар ойнайтын қой асығы. Ең қымбат, қастерлі қазына ретінде, қайткенде қимай, қоймаға тыққан. Біздің үйге осындай асықты жәшіктің екеуі келіп еді. Асық, әрине, маған тәбәрік. Ал кітап – атама. Қарап, не екенін танып, білуі үшін. Атамның аузы ашылған, тақтайы тозған жәшіктерді қалай ақтарып, саралап отырғаны есімде. Бір жолғы кітап – құран екен. Әжем әспеттеп алып, сандық түбіне салып қойды. Бұдан соңғысы… ұстауға, оқуға болмайтын кітаптар. Көп кейін сұрағаным бар. «Оян қазақ!» Содан соң «Бақытсыз Жамал», деді. Жас кезімізде оқыған едік деп, мазмұнын айтып берген. Және әңгіме орайымен, Міржақып Дулатұлының ақ қашқан жылдың соңына таман, бір топ алашшыл азаматтармен бірге, біздің Көпбейіт-Босаға қыстауында айдан астам бой тасалап жатқаны. Иә. «Бақытсыз Жамал». Ал «Оян қазақты» таратып айтпады. Тағы бір тыйым кітаптар. Қолда сақтауға болмайды екен. Әкеп берген қойшы хат танымайды, жөн білетін әлдебір арамза көрсетіп жатса, тіл тартпай кетесің… Бірақ әліппе кітап есімде. Арабша болса да аңдалып тұрған. Жазулары ірі, бөлгіштеп таңбаланған, суреттері де бар. Әрине, Ахмет Байтұрсынов. Ол да сақталмаған. (Кейін, тәуелсіз алғашқы бір жылда репринт басылымы шығып еді. Қазір менің кітапхана қорымда.) Осы көп кітаптың ішінде Шәкерім қажының «Қалқаман-Мамыр» жинағы ғана қалыпты. Алдын көрген әкесі. Жыртуға, жағуға қолы бармаған. Атамның айтуымен, дастанды бұрыннан жатқа білетін едім, енді тағы бірнеше өлеңін жадымда тұттым. «Ойлаңыз, ақыл, білім қайда болмақ…» Қиындау екен, бірақ атама екі қайтара оқытып, бастан-аяқ жаттап алдым. «Білгенімді жазушы ем, – Бекем буып белімді…» Алғашқы төрт-бес орамы өзінен өзі есте қалған. Содан соң… «Қайтер еді, жігіттер, – Тым қымбатты кимесек…» Бұл да тілге оңай оралып тұр, әуелгі шумақтарын бірден тұттым, әйтсе де маған бастан-аяқ ұнамады.
Бұл кезде мен әжемнен ашаршылық туралы әңгімелерді қайыра сұраймын. Анығы – қаны сұйық қызылжағалар мен ауыл ішінен көтерілген мейірімсіз белсенділер. Соншама жауыз. Қайран қалам. Әсіресе, өзімізбен алыс та болса аталас туыс Қағазтай деген… Не мақсат, не себеп? Ол кезде қойылмаған сұрақ. Бүгін де нақты жауабын таба алмас едім.
Ал атамнан – үйреншікті ертегі ғана емес, өткендегі батыр бабаларым мен әулие билер туралы әрқилы әңгімелер, нақыл, ғақылия сөздер. Әрине, Абай атамды және Шәкерім қажыны неше қайыра пысықтадық.
Сөйтіп жүргенде, өз атамды біржола жоғалтып ала жаздадым. Қыстың басы, ескі жылдың соңы болса керек. Атам әлдебір шаруамен колхоз емес, аудан орталығына кеткен. Арнап шақырды ғой деймін. Онда… тіпті қиын жағдай. Салт атты, екінші аптада оралам, деп еді. Үш апта өтті. Тұтас бір ай өтті. Ешқандай хабар жоқ. Баршатаспен аралық – екі жүз шақырым. (Кейін білгенімде – жүз жетпіс.) Қар қалың, күн суық. Тұлдырсыз иен дала. Әжемнен қайта-қайта сұраймын. «Жұмысқа бөгеліп жатқан шығар, бүгін-ертең келеді», – дейді. Бүгін де, ертең де өтті. Жоқ. Арғы күні шыдай алмадым. «Мүмкін, келе жатыр, Қара-үңгір тауының басынан қарасақ, жарты көш жерден көреміз», – дедім. Күзде Мұратқанды орналастырып, қайтып келген, биыл бізбен бірге қыстап жатқан кіші әжемді ертіп тысқа шықтым, тау басына қарай беттедік. Төбесі көрініп тұр, бірақ соншама алыс екен. Алысынан бұрын тіпе-тік. Мен жүгіре жаздап, екпіндеп келем, ал тізесі ауырған әжем ере алмай, бөгелектей берді. Жайымен жылжып, биіктің орта тұсы қайда, ортаның ортасына әрең жеттік. Тағы да тоқтадық. Мен межелі жолға көз салдым. Атам әлі жоқ. Тура етекте біздің неше қабат, ығы-жығы қыстау. Әріде Әзімбай ақынның зираты, кіп-кішкентай. Одан әрі жазаңның бір тұсында қоңырқай қос төбе көрінеді. Сол қанат – қиыр алыста ұзына созылған Шұбар-айғыр тауы. Бәрі өз орында тұр. Атам жоқ. Ал біз дем алып тұрмыз. Мен емес, әжем шаршаған. Енді қайтадан жүре бергенде айтты: «Баяғыда бір кемпір бір баламен ойнаймын деп зорығып өлген екен…» Күле сөйлесе де, қадамы ауыр. Мен шошып кеттім. Менімен бірге биік тауға шығамын деп, әжем зорығып өлсе… Әйтсе де, бірден жалп еткем жоқ. Әжемді қолынан тартып бөгедім. Содан соң: «Мен шаршадым, тауға шықпай, үйге қайтайық», – деп едім. Шындығында, бұдан арғы биікке өзім де дауаламай тұрғам. Жайлап басып үйге қайттық. Сөйтсем, атам тау басынан да көрінбейді екен. Күндік жерде келе жатқан. Ертеңіне кешкісін әрең жетті.
Еңбек озаттарының жиыны, Семейге барып қайтыпты. Жалғыз емес, аудан басшылары, тағы он-он бес кісімен. Сыйлыққа бет сүртетін түкті орамал және бір жарым кез ақ мата берген екен. Екеуі де маған. Әжем ақ матадан көйлек тікті. Түгеліне жетпей, жеңі шолақ, жағасы құрақ болып шығып еді. Мейлі. Көйлексіз де жүре беруге болады. Ең бастысы – әскердегі сияқты, соншама уақыт хабарсыз кеткен атам аман-есен табылды.

1946 – кезекті жаз

Қара-үңгірдің іргесіндегі көктемеден соң, жазғы жайлауға шықтық. Атаулы қоныстарда кезегімен көшіп жүрсек керек. Жаңа бір әсер жоқ. Сол қаңыраған аудан орталығы. Ақбейіт пен Бесбұлақ. Тас-су мен Сандық-тас. Бәрі де үйреншікті. Тек Былқылдақ жайлауы ғана ерекше есте қалыпты.
Жатаған төбешіктер баурайындағы жазаң. Бұлағы етекте. Бұдан әрі – аумағы әжептәуір, тал, шілікті саздауыт. Былқылдақ аталуы да осы, арасы сыздық су, көк шыққан, томарлы, қопалы сазына байланысты. Батқалақ ортасындағы бір дөмпештен екінші дөмпешке қарғып өтеміз. Аяқ астың селкілдеп тұр. Жығылып қала жаздайсың. Енді жығылған не, бір орында тұрып секіресің. Жоғары, төмен – серіппе сияқты. Мына шоқалақта тұрып секірдің – бес, он қадам жердегі топ шілік түбімен қоса, шайқалып, бұлғалақтай бастайды. Бұдан артық қандай қызық керек.
Әжептәуір үлкен ауылмыз. Мен құралпас бірнеше бала бөлініп ойнаймыз. Бәріміз де жалаңаяқ. Бұрнадан қалған жақсы сандалым бар. Әжем қанша үгіттеп, жалынса да кимеймін. Осындай ыстықта киім кию қандай азап. Үстегінің өзі амалсыз. Келте жейде, шолақ дамбал. Кейде кеудем де жалаңаш. Ал аяқ киім – мүмкін емес. Суда жалдай алмайсың, батпақтан байқап жүресің. Ал мынау – жалаңаяқ, еркін өмір. Кейде табанға тікен кіріп кететіні бар. Қолма-қол суырып ала алмасаң, аяқтың ұшымен, немесе өкшесімен шоқалақтап шаба бересің. Ал кешке қарай үйге келген соң… тым аяншақ едім, ауырады деп, әжеме тікенімді алғызбаймын. Тек мен ұйықтап жатқанда, иненің ұшымен, ептеп қана шығарса керек. Оянып кетсем, сол беті қалады. Кейде бұл тікеннің төңірегі іріңдеп те кететіні бар. Сонда ғана шоқалақтан құтылар едім. Ұйқыда, үлдіреген іріңін тесіп, тазартса, шіруге жақындаған шөңгенің өзін алу оңай екен. (Аяншағыма қоса, етім жаман еді. Әлдеқалай түскен кішкентай жараның өзі әрең жазылады. Бірде, секіре шапқылап келе жатқанда, сынған шидің ұшы балтырыма кіріп кетті. Кәдімгідей жара болған. Және мүлде жазылмай қойды. Әжем май жақса да, әлденелер тартса да. Ақыры, сол қалпымда қыстауға жетіп едік. Енді бұрнада онша назар аудармаған, анығы – мұршасы келмеген атам шындап кірісті. Әжемнің сандығының түбінде, көп қажеттің арасы, әлдебір кішкентай шүперекке түйілген ақ алмастың тары дәніндей ғана екі түйірін майға шылап «өлтіріп», көкшіл шылауын жараның үстіне жақты. Тіпті, қабаттап жіберді ғой деймін. Содан соң ғана біржола айығып едім. Әйткенмен, ізсіз кетпепті – оң жақ балтырымның қақ ортасында, шамасы он тиындық мәнет орнындай тыртық қалды, бойым өсе келе төменірек түскенімен, біржола өшпей, күні бүгінге жетіпті.)
Осы жазда ойынға тоймасам керек. Таңертең шығам. Содан соң күнұзақ асыр. Ауылдан тым ұзап, қаңғып кетпейміз. Бірақ кеш батқанша үй бетін көру жоқ. Түс ауған мезетте әжем өзі іздеп келеді. Немесе Мұратқанды жібереді. Бауырсақпен, құртпен. Бұл кезде көбі таңертең де тойып ішпеген балалардың бәрінің қарны ашқан. Мен Мұратқан ағамның наразылығына қарамай, төрт-бес сықпа құрттың бір, екеуін ортасынан бөліп, серіктеріме ұсынам. Бәрін жалғыз өзің жеу ыңғайсыз. Әрине, жарты құртқа қарын оймайды. Ол түгілі, үш құртты қатарынан жеген менің өзіме қоңылтақ. Қайткенде әжептәуір талғажау.
Күн ыстық. Оның үстіне, тынымсыз жүгіріп, ойнап жүрсің. Бір кезде, қарын ашқаны түк емес, қаталап шөлдей бастайсың. Әрине, жайлауда су мол. Қырат етегінде қасқа бұлақ бар. Бірақ ол біз ойнап жүрген саздауыт пен шілікті тоғайдың арғы жағында. Әудем – екі жүз қадам жерде. Әп-сәтте жүгіріп жетер едік. Бірақ әуреге тұрмайды. Өйткені… бұл жақта да су мол. Былқылдақтың ойпаң бетінде әрқилы апан көп. Соның ең тақау тұстағы, жиегі жайдақтау, әрі толық біреуіне тоқтаймыз. Су мөп-мөлдір, тап-таза емес. Сарғыш. Және күнге қызған жылтым. Мұны аз десеңіз, іші толған жабыр-жыбыр: әзірге теңгесін жарып шықпаған, құйрықты бақашық, үлкенді-кішілі кәдімгі бақа мен қырқаяқ, құжынаған құрт. Уақасы жоқ, шөлдеп тұрмыз, үріп жібересің де, құрты сейілген жерден тойғаныңша ішесің. Міне, ғажап. Басқаны білмеймін, ешқашан ішім түйнеп, немесе бұзылып көрген емес.
Сол бір жаз, осы Былқылдақта, немесе Тас-суда отырғанда, басқа тұрғыда есте қалған жағдай. Өстіп, алаңсыз ойнап жүргенде, көзіме қап-қара бірдеңе келіп соғылғандай болды. Үлкен қара шыбын екен. Сол сәтінде-ақ оң көзім түйіліп ауыра бастаған. Уқалаған сайын одан әрмен қажалады.
Тәрізі, түс ауған шақ. Осы кезде мені қадағалап келе қалған Мұратқан ағама айтып едім. Көрер-көрместен шошып кетті. «Көзіңе шыбын… шыбын тышып кетіпті… – деген. – Кішкентай құрттар қаптап жүр… Енді қайттік… Үйге барайық, – деген Мұратқан. – Әжең жылы сумен жуып, шайып жібереді…» Амал жоқ, ойындағы құралпас балалардан бөлініп, үйге келдік. Бажайлап қарамастан-ақ әжемнің де зәресі ұшқан. «Арам қара шыбын… Енді насыбайдың суын тамызу керек… – деген абдырап. – Қорықпа, ештеңе етпейді. Мен Рақымды ертіп келейін…» Рақым деген – осы ауылдағы ересек жігіттердің бірі. Қазір ертіп келеді. Содан соң насыбайдың ашшы суын көзіме құймақ. Мен әжем үй айналмай-ақ тұра қаштым. Тауды көбелей, қырқадан айналып. Мұратқан бірге кеткен. «Мен үйге бармаймын», – дедім. Дәп осы кезде қолына жүген ұстаған Алтынбек деген бала кездесті. Мылтықты Әубәкір ағаның ұлы, біздің Мұратқан қарайлас, тоғыз, он жаста. Әлдебір саяқ құнан жоғалып, соны іздеуге бармақ екен. Мен де барамын, дедім. Мұратқан екеуі азғана кеңескен. Содан соң үшеуіміз бірге жүрдік. Қыр аса бере, жусап жатқан жылқыға жеттік. Алтынбек біреуін ұстап, жүгендеп алды. Содан соң Мұратқан екеуі келесі бір атты қармаған. Қайдан тапқанын білмеймін, шылбырмен ноқталады ма, бұл ат та мініске дайын болған. Енді Алтынбек бір ат, Мұратқан екеуіміз бір атқа мінгесе жүрдік. Ертоқымсыз жайдақ. Мен кейін отырып, Мұратқанның белінен құшақтап алдым. Сонымен әжем де, ол ертіп келмек Рақым да таба алмас жерге – белден асып, сай мен жылғаны жағалап, Алтынбектің саяқ құнанын іздеп кеттік.
Көзім ауырып барады. Тартып, түйіліп. Бірақ шағынғам жоқ, жылағам жоқ. Қайткенде үйге арнап келген Рақым қайтып кеткенше әжеме оралмақ емеспін. Күн батты. Бұл кезде менің көзім мүлде домбығып, ісіп кетсе керек. Енді ауруын да онша сезінгем жоқ. Алтынбек іздеген құнан табылмады. Ауылға қарай бұрылдық. Күн бата, алакөлеңкеде жетіп едік. Атты қоя беріп, үйге жаяулап келдік. Әуелі Мұратқанды жібердім. Үйде ешкім жоқ, деп келді. Содан соң қиялай ойқастап, тақап барып едім, әжем есік алдында тұр екен. «Мұхтаржан, келе ғой, – деді. – Қарның ашқан шығар. Бір жілік пісіріп қойдым…» Есіктен ептеп қарасам, жайпақ стол үстінде шам жанып тұр, табақта тоқтының асық жілігі. Әлгі пәлекет Рақым көрінбейді. Мен босағадан секіріп өтіп, төрге топ ете түстім. Сол сәтінде қайратты бір қол қармап ұстай алған. Атамның төрде, кереге басына ілінген сеңсең ішігін бүркемеленіп, тығылып тұрған Рақым екен. Келер мезетте: «Жеңеше, тез, әкел әлгі насыбайды!» – деген. Сол беті, тізесіне шалқалата жыққан күйі, сырқат көзімді кеңінен ашып, насыбайдың ашшы суын тамызып-тамызып жіберген. Сол беті қимылдатпай, тағы азғана ұстап отырды. Содан соң: «Мұхтаржан, енді жазыласың», – деп барып, атып тұрып, қаша жөнелді. Мен бақырған қалпым, соңынан жүгіре бере бөгеліп қалдым. Дала тастай қараңғы, Рақым ағаның қалай қарай қашқаны және белгісіз. Енді әжем құшақтап, аймалап, жұбатып жатыр. Аздан соң бет-аузымды таза сумен шылап, жуып жіберді. Келер мезетте көзім шырадай жанып еді. Ешқашан ауырып көрмегендей. Көп ұзамай, әлдебір отардан қайтып келген атам да мәз болды. Егер Рақым ағаң көзіңе насыбай суын тамызбаса, соқыр болып қалуың да мүмкін еді, деген. Сонымен, Рақым ағаға ашуым тарқады. Ертеңіне мені мақтап-мақтап, біздің үйден шай ішіп кеткен.

Енженер орыстар

Осы жаздағы ерекше бір оқиға – біздің ауылдың үстіне кен іздеуші геологтардың келіп түсуі болды. (Жұрт «геологты» білмейді, «енженер» дейді, яғни инженер.) Және дәп ауылдың үсті емес, шамасы бес-алты шақырым жерде орналасса керек. Машиналары бар, екі-үшеу. Бастықтары орыс, қалғаны – қазағы аралас, ала-құла сияқты.
Атаммен алғашқы күндерде кездессе керек: тұрмыс мәселесі, жер жағдайы. Тәрізі, арнайы бұйрықпен, ақшаға босатылған сойыс, бәлкім, жеке шаруалардан сатып алынатын қой. Қайткенде, жергілікті жұртпен қатынаспай тұрмайды. Осы, алғашқы күндердің бірінде қорапты машинасы біздің үйге қарай келе жатыр екен. Таңертеңгі уақыт, ауыл шеті, атамның алдында, ер үстіндемін. Бұдан бұрын өзі жүретін, көліксіз, әрі тым үлкен арбаны көрмесем керек. Әйтсе де, таң қалғам жоқ. Машина бізге тақағанда баяулап, ақыры дәл қасымызда тоқтады. Алдыңғы, жабық қорабында отырған екі кісінің бергі шеткісі екі-үш ауыз тілге келген. Әлбетте, атамның орысшасы жоқ, ал орыс шала-пұла қазақша білетіндей. Мен түр-тұлғасы мүлде бөтен кісіге бажайлап қарадым. Шашы жирен, көзі тұздай, жуан мұрынды қызыл-сары. Және қарынды, гүжбан пәле. Арғы жақтағы, машинаның қол дөңгелегін ұстап отырған – сида, жас жігіт, бірақ оның да түр-тұлғасы өзгеше. Сыртынан көп естіген орыстар осындай болады екен. Рас, бұрын дәрігер Ақсақ-орысты көргем, елес-суреті мыналар кейіптес болғанымен, айрықша мән бермеппін. Және бұл Ақсақ-орыс – мейірбан, жақсы адам дейтін. Мынау екеуі, әсіресе, машина ішінде мығым отырған бастығы – онша тәуір кісі емес. Бұған келер сәтте айқын көзім жетті.
Арадағы азғана әңгіме бітіп, енді, тәрізі, шай ішуге, біздің үйге қарай қозғаларда атам айтып еді. Айтты ма, ымдады ма, ұғындырған. Мені де машинаға мінгізу керек екен. Қызық деп ойлаған. Ал мен үшін ешқандай қызығы жоқ еді. Бірақ гүжбан орыс бас изеген соң, атам машинаға одан әрмен жанаса түсіп, мені ер үстінен көтеріп алды да, жабық қорапшаның үстіңгі, ашық терезесінен қол созған орысқа ұстатты. Сол мезетінде ішке кіргізіп, екі аралыққа отырғызған. Иә, үн-түнсіз емес. Мұрнынан ысқыртып, бірдеңе айтты. Қапысыз аңдадым. Жағымсыз лепес. Рас, боқтық емес. Әйткенмен, соған жақын, әлденендей ұнамсыз сөз. Әуезінен таныдым. Атам естіген жоқ, естісе де әуезін аңдамады. Ал гүжбан орыс мені жек көре тұрып, амалсыздан машинасына мінгізді. Бұл сары орыстың мені емес, атамды да емес, қазақ атаулыны соншама жек көретін астам мінезін бар жүйкеммен сезініп едім.
Тағы төрт-бес күн өткенде басқа бір жайлауға көштік. Әдеттегідей, арбамен, түйемен емес. Машинамен. Манағы арықша орыс. Аты Шопыр. Жүзі жылы. Маған күле сөйлейді. Бірақ мен жібімеп едім. Бастық орыстың анадағы ызбарлы лебі көкірегімде тұнып қалған. Ал әжем мейлінше риза. Үйді жыққан соң, әуре болып, түйелерге артпадық. Сол беті, кереге-уық, барлық киіз, шаңырағымен, машинаның үстіңгі, үлкен қорабына тиелді. Ал әжем екеуіміз кабина деп аталатын алдыңғы үйшікке отырдық. Жол ортада азғана бөгеліп едік. Машинамыз быт-быт деп, бөгеле тоқтаған соң, сыртқа шықтық. Шопыр алдыңғы қақпақты ашты. Іші толған әрқилы имек темір, бұрама түтік, тағы бірдеңелер екен. Әлденені суырып, әлденені үргіштеп, ақыры кілтипанын тапқан. Сүт пісірімдей ғана бөгеліп, жүріп кеттік және соншама уақытта кезекті қонысымызға жетіп едік.
Келесі күндерде үйге екі жігіт келді. Жаяулап. Екеуі де қазақ. Қымыз ішіп, құрт-май жеп отырды. Әжеммен азғана әңгімеден ұққаным, бұл енженерлер кен іздеп жүр. Алтын емес. Алтын ғана емес, басқа да әрқилы қажетті дүниелер. Өткен жылдары бөтен бір өңірде болған. Енді, осы шалғай өлкені мұқият тексермесек. Бар байлық – таудың ерекше тасында, құмдық топырағында сияқты. Төбешікті белдеулей қазады, үстіңгі қабатын аударып, төңкереді. Немесе, сол ашық қалпында қадағалап қарайды. Жөн-ақ. Бұл жақсы ағалар келесі келгенде, мен де әрқилы, жағал, қызғылтым, сары, көгілдір реңі бар бірталай тас жинап қойғам. Тым үлкен емес, жұдырықтай ғана, қырлы, жұмыршақ тастар. Қолдарына бердім. Кейбірі өздерінде бар екен. Үшеу-төртеуін алды. Бірақ Мұратқан көріп қойыпты, ауылдан шыға бере тастап кеткен екен. Бұдан соң мен де тас жинамайтын болдым.
Енженер тобының ішіндегі бар қазақ – жаңағы екеуі ғана. Қалғаны – әйел, еркегі бар, түгел орыс екен. Біздің жұртқа таң көрінген. Түр-тұлғалары ғана емес. Шаңқылдаған даусы, шәлдүрлеген сөзі. Жүріс, тұрыс, мінезі. Барлық ісі. Тақау күндерде біздің першіл Қарымсақ ақсақал қызғылықты хикая айтқан. Киіз үйлері жоқ, түгел шатыр тігіп алған, дейді. Қысқа қалса, жағдайлары қиын болмақ… Содан соң жазыла әңгімелеп еді. Бұл орысқа далада өскен шөпке дейін, түгел тамақ екен, дейді. Қарап тұрмын, бір мәтүшке тал жағалап, қалың шалғын ішіне кірді де кетті. Еңбектеуге жақын, әлдене іздеп жүр. Тақап келіп қарасам, сенесіз бе, кәдімгі мал сияқты оттап жатыр. Әне бір қурайды аузына тығады, әне бір жапырақты жалмап жейді. Ақыры, осы қурай мен жапырақты дорбасына толтырып алып, үйіне әкелді. Мен қонақпын ғой, кет деп айтпайды, ендігі қызығына қарап отырмын. Жаңағы көк шөпті түгелдей ұсақтап турап, су құйып, қазанға асты. Кәдімгі көже! Енді, сырттан келген екі-үш еркегімен қоса, рақаттанып ішіп отыр. Маған да жарым аяғын берді. Қышқылтым, бірақ кәдімгі тамақ. Анау жылы біздің қазақ осы кең дүниеде бостан босқа аштан қырылып қалды. Орыс сияқты, мына шөптің жөнін білсек, соншама қиындыққа ұшырамайды екенбіз… Әйткенмен, дейді, бар сөзіне күмәнмен қараған жұртқа, бұл, мал жейтін шөп біздің ішімізге жаға қояр ма екен, маған да тұрақтамай, үш-төрт күн азап шектім…
Өз құлағыммен естіген, айна-қатесіз әңгіме. Шөп көженің болуы рас. Тек кәдімгі көк емес, сыңайына қарағанда, қымыздық және басқа да табиғи тамыр, жапырақтар.
Бұл орыс деген… көп оқыса да, ештеңені білмейтін, аңқау жұрт екен, деп келді тағы бірде, осы Қарымсақ ақсақал. Анада Мағаштан қой алып кетті ғой. Өзім актілеп бергем, ақшасын есепке кіргізіп. Бес-алты күннен соң жолым түсіп еді. Сасыды, құрттап кетті деп, жілік-жілігімен лақтырып жатыр. Тым құрса дұрыстап тұздап, кептіріп қақтауды білмеген. Тіпті, әлдеқалай құрт түссе де, уақытында тазарту қиын емес қой. Жоқ, алды да лақтырды, алды да лақтырды. Менімен ере барған сары төбет осыншама етті қомағайлана жеп, күпті болып ауырып қалды…
Міне, оқыған, енженер орыстың өзі осыншама олақ, шалағай екен. Ақыры, іздеген алтынын, немесе басқа бір қазыналарын тапты ма, таппады ма, қысқы суыққа қалмай, біз жайлаудан қайтарда түп көтеріле көшіп кетіп еді. Анығы, бұл жерден ештеңе ұшыраспаған сияқты. Келер жылы қайтып оралмады.

1946-47 – Қара-үңгірдегі соңғы қыс

Жазғы жайлау қаншама қызық болса да, Қара-үңгірді сағынып қалыппын. Қыстаудың қарсы беті, шамамен екі-үш жүз қадамдай жерден тіке көтерілетін Жауыр-тағы мен оның беткейінде өріп жүрген арқарды ғана емес. Біз дәл етегінде тұрған, түйетайлана биіктеп, соншама зәулім көрінетін, тақиядай дөңгелене біткен Қара-үңгір шоқысын. Түстікте, әжептәуір төмен түскен, бірақ көз шалым жерді жауып, доғалана иіліп барып, екі биікті жалғастырған түйе мойнақ, оның орта тұсындағы, тіке жартас түбінде қаптай өскен сұлу теректі. Екі аралықтағы, өткен және алғы қыста қалың қарын топ арқар кеуделей кешіп өткен терең сайды. Бәрінен де жақын тұтқан – осы өткелектің бергі, қырат жағында тұрған секі тасты. Бұл бір өзгеше нысан еді. Әуелгі көктемде әжемді ертіп, арнайы барып көргем. Жайпақ, менің бойымнан да биік, шомбал тас. Қолдан қашағандай, тіке төрт бұрышты. Осы сандық тастың үстінде, тіке тұрған кісідей, бірақ құшақ жетпес жуан, ол да төрт қырлы және бір тас. Бәлкім, Қара-үңгірге алғаш көшіп қонған кезде ең әуелі көзіме шалынған да осы секі тас болар. Қыс бойы қанша мәрте тамашалап қарап едім. Сол орнында тұр екен. Көзге соншама ыстық. Осы қыстаудың бірден-бір белгісі, айнымас күзетшісі тәрізді.
Ал терістік – қарсы беттегі, Қара-үңгір тауына жалғасатын, жатаған белес те әдемі. Біздің қыстауды солақай бораннан қалқалап тұрған да осы көлденең қырқа, дейтін атам. Толық болмаса да, жарым-жартылай. Қайткенде әжептәуір қорған. Ал ұзыншақ белестің сол жақ қанаты, Жауыр таумен аралық, айтқанымдай, енсіз жазаң. Беріде – Әзімбай ақынның төбесі жабық, сыртқы қоршауы бар, өзгеше там-бейіті. Бұдан соң, біршама жерде қатарынан біткен, томпақ қос төбе. Қыс күндерінің өзінде бергі бетінде қар тоқтамайды. Одан да әрі – алыс көкжиекте, шұбала созылған, оң қапталы шоқылы биік, сол қанаты жатаған көрінетін Шұбар-айғыр тауы. Менің дүниеге көзімді ашқан, адам ретінде қалыптасу үрдісіме әсер еткен, көкірек-көзімде ұмытылмастай таңбаланған, осыған орай, кейінгі жазуыма да сүреңін түсірген, бәлкім, осы ұзақ ғұмырдағы ең қамсыз, ең бақытты кезең бесігі – байырғы қазақ жерінің өзгеше бір пұшпағының нақты көрінісі осындай еді.
Бұл кезде мен өзімді кішкентай балақан емес, үлкен кісі санаймын. Қыс ортасы, 29 қинуар күні атам айтқан. Міне, сегіз жасқа келдің, үлкен жігіт болдың, деп. Әдетінше бір жасты қосып қойды. Кейінде ұққанымдай, қазақ рәсімінде ана құрсағындағы тоғыз айды тұтас бір жылға балаған. Шындығында, бүгінгіше жеті жас. Соның өзі өте көп. Тым ұзақ, ерте заманнан келе жатқан сияқтымын. Ол рас, үлкен жігітпін. Соған орай көп білем. Көп білем деп ойлаймын. Бірде әжеммен отырып санағаным бар. Қырық жеті ертек. Оған қоса, Абай атамның бірталай өлеңі. Шәкерім ата – «Қалқаман–Мамыр», «Еңлік–Кебек». Тағы қаншама ескілікті әңгіме. Абылай хан. Кенесары–Наурызбай. Ағыбай батыр. Өз табымыздан шыққан Алыбай, Айбас, Базар батырлар, Асау балуан, Ноғасбай балуан. Би аталарым: Кеңгірбай, Жобалай, Томан, Бабаң. Осының бәріне қоса, орыс хикаялары. Атам әңгімелеген Сақади. Және Пошкен деген ақын болыпты. Жазда кіші әжем айтып берген өзгеше дастан. Тіриәгөріп деген байдың зорлығы. Оның сұлу қызы мен әкесі жапа шеккен сырбаз жігіттің қосыла алмай кеткен қайғылы тағдыры. Әйгілі Дубровский әңгімесі ғой. Үзік-үзік өлең мен қызғылықты қара сөз аралас айтып еді. Шәкерім қажының аударып таратқаны, деп айтты. «Ат – быр-быр, арба дыр-дыр, қоңырау шылдыр, – Тау, ағаш кейін қалды қағып бұлдыр…» бірнеше шумағын қолма-қол жаттап алғам. Мақтаншақ едім. Білгенім ішіме сыймай барады. Бірақ осының бәрі аз екен. Атам айтты. Енді хат танып, кітап оқу керек. Қазақ емес, орыс жазуымен таңбаланған. Соған орай, әлдеқайдан әлдебір кітап табыла кетті. Осы ауылдағы, демалысқа келген мектеп оқушыларының бірінен қалған сияқты. Бастапқы беттері жоқ. Мектеп оқулығы екен. Аю соққан әлдебір мысалдан бастадық. Бір адамды аю бас салады ғой, қапелімде. Сонда қасындағы кісілер жабыла балталап, әлгі аюды өлтіріп, жаңағы байғұсты өлімнен арашалап қалады. Сонда әлгі ақымақ, ажалдан қаққан жұртқа алғыс айтудың орнына, аямай шапқылап, аюдың терісін бүлдірдің, деп ұрсады. Кейінде білгенімдей, Крылов мысалы. Ертегі сияқты әсерлі шығып еді. Ең қызығы – бастан-аяқ өзім оқуға тырыстым. Атам арабша хатқа жүйрік болғанымен, орыстың жазуына шорқақ, қара танырлықтай ғана, кідіріп оқиды. Маған әрбір қаріпті жіктеп берген. Есіме бірден сақтадым. Бірақ мен де ежіктеуден аса алмаған едім. Нағыз кержалқау екем. Кежегем кері тартып тұрады. Ақыры, жазда оқуын бітіріп, демалысқа шыққан Мұратқан ағамның қолына түскеннен соң жағдай мүлде өзгерген. Бірақ оған дейін көп заман бар еді. Қатаң қыстан соң көктем, одан әрі ғана жаз келеді. Ал әзірше ауыз әңгіме.
Қыс ортасы ауып, күн жіпси бастаған кезде ауданнан бір топ уәкіл келді. Бес-алты кісі. Райкомның екінші хатшысы бастаған. Тақырбас, арық, бет-аузы быжыр-тыжыр. Мен бұрнада көрген уәкіл, бастықтарға ұқсамайды. Ұзын шашы жоқ. Сойдақ тістері ашылып, қарқ-қарқ күледі екен. Аты Оңалбай. Кейінде естігенім, шала-шарпы ғана хат таниды, аудан орталығында қара жұмысшы, соғыстың соңына таман, жоғарыдан түскен, басшылыққа еңбек адамын тарту керек дейтін нұсқаумен қолдан көтерген. Әуелі Семейде екі ай оқытып алыпты. Қыс ішінде айырпыланмен әкетіп, айырпыланмен әкелген ғой. Сонда, аудан орталығы, қыр басына қонғанда, қарсы алған кісілер қошаметтеп, кәшауа шанамен төмен түскенде: «Бұл Баршатас құлап қалған ба, осындай, шатыры жоқ тоқал тамдарда қалай тұрып жатырсыңдар…» – депті. Тіпті, «мынау – біздің Шұбартау емес», – деп самолетінен шықпай қойыпты-мыс. Сондай бір кептің болуы рас. Қаншама күлкі, әзілге себеп. Тіпті, менің студент кезіме дейін айтылатын, әлдекім өз ауылын менсінбеген, жоғарыдан сөйлеген жағдайға мысал ретінде. Оңалбай ағаңа ұқсап кетпе, деп. Негізгі, аңғалақ, әйткенмен, жаман адам болмаса керек. Міне, осы Оңалбай бастаған көп уәкіл біздің үйде сығылыса қонақтап жатты. Әуелгі күні түн ортасына дейін карта ойнаған. «Алпыс алты» аталады екен. Ең маңызды төрт кісі. Қалған екі-үшеуі – «Бетіқалар» – бесқарта ойнады. Қарап тұрғанда, асық емес, бір жапырақ, қатырма қағаз, ересек, үлкен кісілердің дабырлап, ара-тұра дауласып, жадырай күліп, өздерінше отырғаны қызық екен.
Ең қызығы – бұл кісілер біздің ауылға елу сіріңке әкелген. Үй басына екіден. Кәдімгі сіріңке. Алғаш көруім. Кішкентай, әдемі қорапшаларға салынған, басына «күкірт» дейтін, қою, қызыл-күрең бояу жағылған, кәдімгі, төрт қырлы ши. Иә, сіріңке аталады екен. Бір қорапта қырық шырпыдан. Осы күкіртті шилерді аласың да, жаңағы қорапшаның сыртқы, күкіртті қырына үйкейсің. Дыр етіп жанады. Қай жерде, кез келген уақытта пайдаға жарайды, тек қапелімде су болып қалмауға тиіс. Бұдан бұрын от атаулыны шақпақпен тұтататын. Онда да үнемі, күн сайын емес. Кешкілікте қоламтаға дымқыл тезек көміп қояды, таң атқанша қоздап, шоғын сақтап тұрмақ. Таңғы от осыдан жалғасады. Және әр үйде, үнемі емес. Кейбір салақ әйелдер аңдаусыз өшіріп алса керек. Мұндайда төтеден тұтатып жату – әжептәуір шаруа. Сондықтан көршіден алмасады. Жайлауда іргелес, тақау үйлер менің әжемнен талай рет от сұрап келгенін білем. Сондықтан сіріңкенің әр талы қымбат болса керек еді. Ал Оңалбай райком және тағы бір кісі шылым тартады екен. Қолдан оралма – мақорка емес, ол да үлкенірек, жалпақша, қағаз қорапқа салынған бапирос. Сыртында – ақбас биік тау етегінде шауып бара жатқан бөрікті кісі. «Қазыбек» аталады екен. Әлде тау, әлде адам, әлде бапиростың өзі. Оқып алдым, Қазыбек. Қайыра қарасам, Қазыбек емес, Қазбек. Тіпті, Казбек. Тәрізі, қате жазылған. Осы бапиросты түтіндетіп отыр. Шәкерім атаның өлеңі есіме түсті: «Қымбат ішік, қыл шапан, – Бапирос тарттым баптанып…» Екінші кісі шынында да баптанып отыр. Ал Оңалбай райком ішіне сора береді де, жөтеліп қояды. Әдейі. Бір жолы шынымен, қиқылдап-шиқылдап қалды. Алайда, саусағына қыстырған темекісін көтере ұстап, анда-санда түтінін бұрқ еткізіп, сораптауын тоқтатпаған. Маған қызығы бұл емес. Қолындағысы сөнген, немесе жаңа бапирос алған сайын сіріңкенің тағы бір шырпысын тұтатады. Әрине, біздің ауылға бөлінген үлестен емес, өз қалтасынан, өзінікі. Әйтсе де ши шағылған сайын ішім ашып отыр. Соншама қымбат дүниені ысырап жасағанға.
Ертеңіне, әлде арғы күні уәкілдер тобымен, қасына атамды ертіп, арқарға шықты. Арнап ала келген екі мылтығы бар екен. Күнұзақ тау жақтан гүрс еткен, одан тасқа жаңғырыққан даусы естіліп тұрып еді… Әуелде санадым, артынан жалығып, қойдым. Кемі он-он бес. Әйтеуір күн батарда бәрі де мәз болып оралған. Ақыры бір құлжа атып алыпты. Кеуде, санымен далада бөлшектеген екен. Біздің ауыз үйге кіргізгеннен соң, арнайы шақырылған Жүніс қойшы мүшелей бұтарлап жатты. Маған қызығы – арқардың еті емес, жуан, бұжыр-бұжыр, шаңырақтай мүйізі. Бұрын жақын дегенмен, әжептәуір жерден көрдім ғой. Енді тамағы қандана кесілген басы біздің пеш түбінде жатыр. Томпақ, қоңыр көзі ашық. Мүйізі үш иір екен. Ең үлкен, зау құлжа. Келер мезетте аспалы таразыға тартып еді. Жиырма төрт кила шықты. Таразыдан өтіп, қайтадан пеш түбіне тастаған соң да арқардың көзі жабылмады. Әуелгі келген, одан соң қозғалмай жатқан кездегі қорқып бақырайған, ашық қалпында. Сол сәтте ғана, әрине, тірі кезінде талай көрген өзімнің асау арқарыма жаным ашып еді…

1947 – ерте көктем, ағам келді

Әдеттегідей, наурыз өткен соң мал төлдей бастады. Көп қошақан, азғана лақ. Бүйенге піскен тәтті уыз. Қораның іргесінен шыққан әлдебір жапырақтар ұшы. Әр тарапта тебіндей көтерілген жаңа шөп. Тақау төңіректегі қар еріп бітпей-ақ көктемеге қондық. Ауызда тұрған көлденең қыраттан әрі, Қара-үңгірдің жазаңға ұласқан арғы ұштығы. Мал маңыраған, жұрт жадыраған өзгеше мезет.
Атам мен әжемнің жүзі мейлінше ашық. Ағаның әскерден қайтып келе жатқан хабары жеткен. Көп ұзамай – шынға айналды. Аудан орталығы Баршатасқа келіп түсіпті. Атам сол сәтінде өзінің ақжал қоңыр атына мініп, ер-тұрманы түгел, тағы бір жақсы ат жетектеп, аудан орталығына аттанды. Міне, бүгін-ертең келіп қалуы мүмкін.
Әжем мені күн сайын жақсылап киіндіріп, жолды бағып отырады. Жер көгере бастағанымен, күн әлі салқын. Қара-үңгір де, Жауыр-тағы да қар мен мұздан арылмаған. Мен күн сайын, ертеден кешке дейін қаракөл ішігімді киіп, үкілі құлақшынымды тастамай, елеңдеп отыруға тиіс едім. Бір күн өтті. Екі күн. Жалығып кеттім. Ақыры, сол екінші күні ме, үшінші күні ме, қырсығып, быйыл тіккен, ендігі ойынға, жай уақытқа арналған, жүні ішке қараған тоқты тонымды киіп алдым. Міне, рақат.
Үй арасынан аулағырақ, қызыл тобылғы ішінде ойнап жүргем. Кенет дәл іргеден екі атты көрінді. Әжем: «Ағаң келе жатыр, тез үйге кір, тоныңды ки…» – деп дабыстаған. Жеделінен үйге кіріп, қаракөл тон мен үкілі құлақшынды алып шықты. Менің мұншама бөгеліп тұруға зауқым жоқ. Ештеңеге қарамай, тұра жүгірдім. Әрине, тұпа-тура өзімнің атама жеткем. Апта бойы көрмегем, сағынып қалсам керек. Және екінші ат үстінде отырған – мүлде бөтен адам. «Ағаңа… ағаңа…» – деді атам. Ал мынау бейтаныс кісі – басқа біреу емес, анадан бері айтылып жүрген өз ағам екен. Бәрібір, тосырқап қалсам керек. Өзгеше киімді бейтаныс аға ат үстінен ырғып түсіп, мені қаңбақтай көтеріп алып, құшағына басты.
Осы кезде, жолаушылардың үйге жетуін күтпей, жүгіре басып, әжем де жетті. Және ауылдың үлкені мен кішісі. Бала-шаға, қатын-қалаш. Бұдан арғысы нақты есімде жоқ, әйтеуір жұрттың жапырлап кеткенін ғана білем. Әрине, үйге келіп кірдік. Біреу келіп, біреу шығып жатса керек. Мал сойылды, қазан көтерілді. Кешіне кіші-гірім той. Айтқанымдай, ешқайсы есімде қалмапты. Тек таңертең оянғанымды білем. Төсекте, атам мен әжемнің ортасында емес, төр алдында, кеше бейтаныс, бүгін соншама жақын ағамның бауырында жатыр екем. Ағам ұйқыда. Сол ұйықтап жатқан қалпы мені қусыра құшақтап алыпты. Іргеден, керегенің көгі мен тартылған шиден өткен таза ауа сыздықтап тұр. Ағамды оятып алудан қауіптеніп, орнымнан қозғалмадым. Ояу болса да осы қалпымда жата берер едім. Әйткенмен, ақырын ғана қолымды созып, кереге басында ілініп тұрған ұзын, сұр шинельдің етегінен сыйпаған едім. Содан соң бір шалғайын қолыма жұмарлап ұстағам. Ал ағамның өзін құшақтауға батпаған сияқтымын.
Осыдан соң, әлде сол күні, әлде кейін, дастарқан басында шай ішіп, ағамның сараң әңгімесін тыңдап отырғанымыз есімде. Әскерден біржола босамапты. Әскер емес. Әлдебір зауытта мәжбүрлі жұмысын атқарып жүр. Шектеулі демалысқа ғана келіпті. Ақыры не болары белгісіз. Тағы да жүрегім шымырлап, ауырып кеткендей. Әйтеуір сол күні көңілім түсіңкі болғаны анық.
Ертеңінен бастап, ауылдас ағайындардың кезекпе-кезек шақыруы басталған. Қарымсақ ақсақалдың үйінде болдық. Мен бұрын да бірнеше рет барғам. Әжесі, яғни бәйбішесі жүзі ашық, жақсы кісі. Бұдан соң тағы бір үйлерде. Қашан, қалай – жадымда жоқ. Тек арада төрт-бес күн өткенде Әскержанның атасы шақырғанын білем. Шамасы, тай шаптырым жерде бір қора қой ұстап отырған. Атпен бардық. Бір ат. Ағамның алдында отырып. Барып түскеннен бастап, түгел есімде.
Әскержанның атасы мен әжесі жадырай қарсы алды. Тоқты сойған екен. Табақ тартылды. Ағамның әкесі бар ғой. Яғни менің атам. Басты Рақымберді атаның өзі ұстаған. Алдымен Әскержан екеуімізге екі құлақ кесіп берді. Екеуі бірдей. Тым үлкен емес, бірақ жарғағы бүтін. Содан соң шай келді. Енді Рақымберді ата менің ағамды әрне әңгімеге тартты. Өзінің хабарсыз кеткен, бірақ әзірше қайтып оралмаған үлкен ұлы туралы. Яғни, Әскержанның ағасы. Менің ұққаным, біздің ауданның көп жігіті қатар аттанған. Әуелгі әскер ойынынан соң бөлініп кеттік, дейді. Бірге жүргендер бар, ал Әскержанның ағасы басқа жақта. Содан, екі жылға толмай, соғыс басталған бетте хаты да тоқтап, мүлде жоғалттық, деді Әскержанның әжесі. Мен де хабарсыз кеттім, деді аға. Міне, аман-есен келіп отырмын. Оны айтасыз, біздің аталас ағайын, кебін есепті қара қағаз келген Садықтың өзі тірі шықты. Ал кебенек киген келеді. Бір жерде бөгеліп жатқан шығар. Мен де екі жылдан соң әрең жетіп отырмын ғой, деді. Әскержанның әжесі мен атасы әжептәуір көтеріліп қалды. Бірақ өңдері сынық еді. Ал Әскержан маған бәйек болып отыр. Шайға бес-алты жұмыртқа келген еді. Бұл үйде ақ тауық бар. Осы аппақ жұмыртқаны бірінен соң бірін аршып, менің аузыма тықпалайды. «Ағаң келді ғой, сен же…» – дейді. Қайдам. Біреуін жедім. Екеуінен соң беттей алмадым. Және Әскержанға жаным ашып кеткен. Алдыңғы жылы келген – жамағайын туысқан. Өз ағасы сол беті хабарсыз. Менің ағам келді. Енді Әскержанның ағасы да аман-есен қайтуға тиіс. Дәп сол бір сәтте осылай талдадым ба, нақты есімде жоқ. Бірақ жүрегім сыздап, шынымен жаным ашығаны анық. Кейінде, «Доңыз жылғы балалық» топтамасында «Құлаққа талас» және «Әскержанның ағасы» деген екі әңгіме жаздым. Қиялдан туған емес, ешқандай қоспа, үстемесі жоқ, өмірлік оқиға сол қалпында шыққан. Әуелгісі де, соңғысы да.
Біз қайтқанда қараңғы түскен екен. Айсыз, қалың қараңғы. Мен енді атамның емес, ағамның алдында келем. Үйреніп қалған екем. Бірақ ұйқы басып, көзім жұмыла берді. Ағам бір қолымен бауырына тарта отырған еді. Соншама жылы көрінді.

1947 – көктеме, Кенже ағам да келді

Үлкен ағам келіп түскеннен соң, арада апта өтпей, Кенже ағам да аудан орталығына келіпті деген хабар жетті. Атам өзі мініп жүретін ақжал атты барлық ер-тұрманымен сайлап, пысық жігіттерінің бірін келесі атқа мінгізіп, Баршатасқа аттандырды.
Атам қуанышты, әжем елеңдеп жүр, үлкен ағам да байыздап үйде отыра алмады. Өзінің мылтығын баяғыда райкомдар қолқалап әкеткен, Құдайберген ағасының мылтығын ұстап, үйрек атуға шықты. Мен, әрине, бірге кеттім. Қара-үңгір тауының сыртқы беті, ойпаңда көл бар деген. Үйрек те сонда. Тақау тұс, әйтсе де атпен шығып, тезінен жеттік. Анадайдан көрінген. Үйрек пе, қаз ба, әлдебір құстар ұшып, қонып жатыр. Енді атымызды әлдебір бұтаға байлап, жаяулап кеттік. Айналып, азғана жүрген соң ұзынынан созылған көлшіктің тұсына жетіп едік. Аға мені осы араға қойды. Қозғалмай тұр, үйректер де саған қарап, алаңсыз жүзеді, мен көлдің ана жағынан, тақау жерге барып, атамын, деген. Атам болса, қалмаймын, дер едім, ал аға деген… бөтен кісі, амалсыз көндім. Және уақыт озған сайын қорқып барам. Арғы жақтан атқанда, үйрекке емес, маған тиіп кетпей ме деген қауіп. Аға бергі беті қамысты, ұзыншақ көлді шыр айналып, еңкеңдеген беті, суға жақындай беріп еді. Жетіп те, атып та үлгермеді, бес-алты үйрек дүр етіп, жапырлай ұшқан. Сонысы жақсы болды. Енді ағам да кері айналып, маған қарай келе жатыр. Күтіп тұрмай жүгіріп бардым.
Қыстау іргесінен доғал, дөңгелекше көрінетін Қара-үңгір тауы осы, сырт жағында төбесі шошайып, жайыла біткен екен. Кейінгі танымға салсақ, пирамида кейіпті. Үйректен айрылған аға енді осы тау басына шықпақ болды. Арғы етекте – сендердің қыстау, дейді. Бұрын көрмеген. Енді төбесінен қарамақ. Қыстау ғана емес, тақау төңірек түгел алақан аясына түседі, дейді. Көктемеде отырған киіз үйлерге шейін. Менің ешқандай зауқым жоқ еді. Амалсыз қасына ердім. Жайлап өрлей бастадық. Мен кішкентай кезімде биіктен қорқатын едім. (Әлі күнге солай. Тіпті, биік үйлердің балконына шығудан тартынам.) Алға жылжыған сайын, басым айналғандай, әрең келем. Кенет әлдебір құстың, күйкентай, немесе жағалтай, торғайды қуғанын көрдім. Жоғарыдан сорғалай құйылып, іліп түсуге шақ қалды. Бейшара торғай әлдебір бұта, тобылғының арасына кіріп кетіп, әрең құтылған еді. Ағама айттым. Әне, торғай. Күйкентай жеп қоя жаздады, деп. Маған қарады да, қорқып тұрған түрімді көрді. Әрине, күйкентайдан емес. Мына биікке шығудан. Сол сәтінде еркелете күліп, жарайды, шаршап тұрсаң, тауға шықпай-ақ қоялық, деген. Қолма-қол етекке түстік. Атымыз байланған жерге қарай беттедік. Бұта, шілік, көк шөп.
Кенет, жаңа біз келген ауыл жақтан екі атты көрінді. Бірі алыстан қол бұлғаған. Көп ұзамай, арамыз жақындады. «Әне, Кенже ағаң», деген ендігі үлкен ағам. Келер мезетте бетпе-бет келісіп едік. Екеудің бірі – осыдан төрт-бес күн бұрын кеткен кісіміз. Екіншісі – киімі бөтен әскер. Атынан қарғып түсті. Ағам екеуі құшақ айқастыра көрісіп, бөгеліп тұрып қалған. Шынында да, біз күтіп жүрген кенже ағам екен. Қарап тұрмын. Бұл кенже ағам – үлкен ағамның інісі. Төкен. Ағайынды екеу. Соғыс басталмай тұрғанда кеткен. Енді сегіз жылдан соң әрең табысты.
Атқа қайта мінісіп, іргеде тұрған ауылға келдік. Бұдан соңғысы бұлдыр. Әрине, көрші-қолаң жаппай кіріп-шығып, қайырлы болсын айтып жатыр. Екі ұлы қатарынан аман оралған Мағаш-ағаның не арманы бар деуге тиіс.
Енді, бірге өскен осы екі ұл – қанды соғыстан аман қайтқан екі жігіт балаша мәз болып, ұзағынан әңгімелессе керек. Үлкені сияқты емес, кішісі біржола босапты. Бұл кезде үлкен ағамның демалыс мерзімі де тақап қалса керек. Алыстағы Орыс еліне кетуге қамданды. Үйде небәрі сегіз күн болып еді. Демалысқа біржола шыққан кенже ағам да бөгелмеген. Үлкен ағаны шығарып салуы керек екен.
Әжемнің екі ұлымен де қимай қоштасқаны есімде. Бірақ көзіне жас алған жоқ. Қайткенде көңілі көтеріңкі болған сияқты. Атамның да жүзі жарқын. Екі ұлымен бірге мал айдап кетті. Он үш қой, бір өгізше. Ағамның қажетіне ақшалау үшін. Жеті-сегіз күннен соң қайтып келді. Аттандырып салдық, бәрі жақсы, құдай қаласа, екі-үш айдан соң елге біржола оралады, деп.

1947 – Жорғадағы соңғы жаз

Бес-он күннен соң жайлауға көштік. Бұл кезде Мұратқанды ертіп, кіші әжем де келіп жеткен. Игілікті Бесбұлақ. Одан әрі, жұрт тоздырмай, кезегімен Тас-су және басқа да қоныстар. Өткен және арғы жыл сияқты, асыр ойын. Бірақ бар шаруаның бір жағы ғана. Бұл жолы Мұратқан ағам бір дорба оқулық кітаптарын ала келген. Атамның, әлде үлкен ағамның тапсырмасымен. Бес-алты кітап және өткен жылдардан қалған ескі әліппе. Бірден оқыта бастады. Оп-оңай. Апта өтпей Әліппені бітірдім. Содан соң жұқалтаң Ана тілі кітабы. Бұл да жеңіл, оншақты күннен аспады. Атам ағаны шығарып келгенде жайпақ, жұқалтаң және бір кітапша ала келген. Сыртында сүйір қағаз қалпақ, әртүрлі әлем-жәлем киімді бірнеше бала бұтақтарына көп шылдырмақ тағылған шошақ шыршаны айнала билеп жүр. Сурет үстінде Пионер, 1947, №1 деген ірі жазуы бар. Журнал деп аталады екен. Ағам беріп жіберіпті, мен келгенше оқып бітіріп қойсын депті. Еркін оқи алмағам. Содан қобалжып жүргем. Енді, әліппе мен Ана тілінен соң тіпті оңайға шықты. Бәрін де тезінен тауыстым. Бұдан соң есеп кітабына түсіп едім. Әуелі сандардың таңбасы. Содан соң қосасың, аласың. Атам үйреткен, бұрыннан білем. Және бөлу мен көбейту деген бар екен. Мұратқан ағам ұғындырды. Кітап оқудан қиын емес. Сонымен, жаздың бір-екі айында үзіп-жұлып, үшінші класқа жетіп едім. Мұратқан бітіріп кеткен үшінші. Жуантық, жаңа бір Ана тілінен бастадық. Мүлде қызықсыз. Өлеңі онша емес, әңгімесі тартымсыз. Өйткені, үзік-жұлық бірдеңе. Бас-аяғы бүтін бір ертегі жоқ. Жалығып кеттім. Мана айтқам, кер жалқаудың өзімін, бар оқуым осымен бітті. Сөйтсем, бітпеген. Осы биыл кәдімгі мектепке баруым қажет екен. Ағам айтып кетіпті. Бірінші класс. Одан әрі екінші, үшінші, бесінші… оныншы. Он жыл біткенше нең қалады. Әңгіме, қисса, ертегі емес. Қандай да мектеп оқуына ынта-құлқым жоқ еді.
Жазғы жайлаудағы барлық қызық – өткеннің қайталамасы. Айтарлықтай ештеңе есімде қалмапты. Тек бір ғана төтенше оқиға.
Алыс отардағы жалпы жұрт мал емшегіне қараған, сондықтан ас-судан тарыға қоймады, дедім. Оның есесіне, түгелге жуық сырттай тозып кеткен. Көйлек-дамбал – ішкиім атаулы жоққа жақын. Еркектер көбіне жалаңаш етіне лақ, қозы терісінен иленген жеңсіз кәзекей киеді, бұтта – алаша шалбар. Қысқы суықта жүні ішке қараған тері шалбар және әрқилы, қалың тон. Үйде төсек-орын атымен жоқ. Жұрт қысы-жазы құрым киіз үстінде, тонымен, шидеммен ұйықтайды. Бір ғажабы, мұншама таршылық әйел затына қатыссыз сияқты. Еске алып тұрсам, бәрі де көйлекті, тым жаңа болмас, бірақ жыртық-жамаусыз және салтақ, сауыс та емес. Үлкен әжелерде кимешек, жас және жасамыс әйелдердің басында – әрқилы шыт орамал. Әйел сыйлаудың, әйел абыройының көрінісі дер едім. Ең соңғы кез мата – осылардың қажетіне жаратылған. Әйткенмен, енді бірер жылда әжелер мен апалар да жалба-жұлба кепке түсері анық еді.
Олай болмады. Соғыс біткеннен кейінгі жазда, яғни 1946 жылы бергі бет – шығыстағы өзіміздің аудан орталығы Баршатаспен салыстырғанда, алысырақ батыс тарап – Қарқаралыдан екі жеңіл арбамен екі кісі келген. Жеңіл болғанда, артық жүгі жоқ, тек қана әрқилы мата тиелген. Кәдімгі, қазақы саудагерлер. Бар тауарын ақша емес, малға айырбастамақ. Мал дегенде, айдап жүруге жеңіл, аяқты ірі-қара.
Біздің жұрт жапыр-жұпыр болды. Көйлектік, іш және сырт киімдік бұл. Әлі есімде, бізбен іргелес қонған Жолжанның ұлы Нұрқасым мен келіні Қауан бір өгізшесін өткізіп, тура отыз екі метр, әрқилы кездеме алып еді. Басқа жұрт та қадарынша қамтып жатыр. Біз киім жағына онша құлшынбаған сияқтымыз. Тек екі әжеге кимешек-шаршылық аппақ шыт. Содан соң… кәдімгі ақша. Атам бір емес, екі қара өткізді ғой деймін. Және жақында ғана әжелер бастырған үлкен, қызылала текемет. Үлкендігі сондай, көлденеңінен шиырып, жинағанда, арба қорабының ұзына бойынан жарым құлаш асып тұрды. Менің дүниеге құмарлығым жоқ, әйткенмен, қимай, қарайлай берсем керек, бұдан да жақсысын жасаймыз, деді кіші әжем. Ал атам мейлінше риза. Көп ақшаны қаттап, әлдебір дорбаға салып, үлкен әжеме берді. Осы қалпында сандықтың түбіне түскен. Бұдан бұрын кәдімгідей иісі бар, суретті, етектей ерекше қағаздар көзіме шалынды ма, жоқ па, қайткенде ақша деген жақсы нәрсе сияқты. Ағаңа жібереміз, әскерден босатып аламыз, деген атам. Міне, тамаша. (Шындығында, осы бар, басқасы бар, көп ақша кетіпті. Кейінде ағамның өзінің айтқаны. Сол Тамбовта, алғашқы, екі айлық демалысқа босатарда қыруар ақша келді, дейді. Сауқат ретінде. Онша үлкен емес, елеусіз кішкене де емес, тұтас бір жәшік. Тым жеңіл көрінбес үшін, төрт бұрышына жұдырықтай-жұдырықтай төрт тас салыпты. Содан соң, жұмарлап нығыздалған газет, қағаз. Жәшіктің тең жарымына жуығы – түгел ақша екен…)
Енді, сол ма, басқа ма, тағы екі саудагер келіп жатыр. Екі арбамен. Біреуі – орта жастардағы, қатқыл жүзді әйел. Екіншісі – егде тартқан, сақалды, қартаң адам. Өткен жылғыдай алыс-беріс басталған. Атам тағы да ақшаға молықты ғой деймін. Қалған жұрт тайынша, торпағын салып, және қарық болып жатыр. Міне, осы, тиімді сауданың қызған кезінде шайтандай сап етіп, мілиса Мұқыметов келіп жетті. Өткеннен естіген, енді, тәрізі, арнайы шыққан. Шал мен кемпір екеуін қатарынан тұтқынға алды. Екі арбаны, саудалы малымен қоса, аудан орталығы Баршатасқа айдап жөнелді. Жаппай дағдарған жұрт мейлінше қапа болып еді. Жалаңаш ауылды киіндіргеннен басқа жазығы жоқ. Бірақ өкімет тағайындаған кісілер емес, өз беттерімен пайда қуып, алыс-беріс сауда жасау – қылмыс екен. Әйткенмен, жазықсыз екі бейбақ та су түбіне кетті десіп, өкінбеген, жаны ашымаған кісі жоқ. (Ақыры, қатаң тергеуден соң, арада екі-үш ай өткенде, бар айыпты қартаң кісі көтеріп алып, манағы егде әйел ағайын жұртын аралап қана жүр екен дейтін желеумен босап шығады. Ал артынан туыстары жеткен, бұл тарапта да жанашыр жекжат табылған басты айыпкер, бар малы өкімет пайдасына өтіп, өзі бір жылдық қара жұмысқа кесіліпті. Колхоздың шаруасы – қар күреу, қи ою. Біз күз түсе Баршатасқа көшіп келгенде, әлі үкімі шықпаған екен, кепілге босатылып, тақау маңда бір үйде тұрып жатқан; күресінде отын жарып жүргенін өз көзіммен көріп едім. Ақыры, келер жазда бостандық алыпты. Бірақ еліне жеткеннен соң көп ұзамай дүниеден өтіпті деп естідік.)
Міне, осындай жағдаят. Жұрт басына түскен қоңторғай, жалаңаш-жалпы тіршілік. Өкімет тарабынан ешқандай көмек, емеусін жоқ. Керісінше, жыртығыңды жаппақ бейкүнә әрекетіңнің өзі заңға қайшы келмек. Біздің ауыл пайдакүнем саудагермен сыбайластық қатынаста болды деп, жауапқа қоса тартылмағанына тәуба айтса керек.

Кері көш

Шөп басы сарғая бастаған, Жорғаның арғы беті, Тас-суда отырған бір күні төтенше хабар жетті. Атам запперме жұмысынан босапты. (Кейінірек естігенім, жай ғана босамаған, балағына шала байлап жіберіпті. Яғни, әлдекімдер көрсеткен қылмысты іс. Баяғыда колхоздың жегін өгізін етке сойған. Тағы бірде малын қырғызып алған қойшының қылмысын жасырған. Әскердегі балаларының жақсы хабары келгенде колхоздың екі қойын қатарынан сойып, ұлан-асыр той жасаған. Тағы басқа бірдеңелер… Қазір тексеру, тергеуге түсіпті. Алдынала айтсам, ақыры, қара күзде жаладан құтылып, аман шықты.) Кейінгі мәселесі шешілгенше өзіміздің туған ауыл – Молотов колхозына көшуге болады. Тек рұқсат керек. Атам сол рұқсаттың жөнімен орталыққа кеткен. Дәп осы кезде айрықша жақсы хабар жетті. Аға әскерден, әскер емес, Тамбов қаласындағы әлдебір зауытта еріксіз жасап жатқан жұмысынан құтылып, аудан орталығына келіп түсіпті. Бұрын шет жағасын естігем, енді анық ақпар. Аға әуелгі жолы аудандық оқу бөлімі және бір мекемелерден: «Бұл жақта мұғалім жетіспей жатыр, сондықтан Мұқан Мағауинді босатуыңызды сұраймыз», – деген, бір емес, қатарынан екі өтініш хат ала кеткен екен. Және көп кейін естігенім, атам бұрыннан жинаған және кейіннен қосқан ақша. Үлкен бастығының аузын майлау үшін. Осы екі түрлі толымды себеп нәтижесінде елге қайтқан. Кенже ағам сияқты, біржола. Және келе сала, манағы қағаз жөнімен, Баршатастағы Орта мектепке бұйырыпты. Енді үлкен аға да осы жақтағы бастықтардан рұқсат алған атаммен бірге келді. Бізді түп көтере көшіріп әкетуге.
Ертеңіне таң ата қамдандық. Алыс отардағы малшы жұрт өкіметтің таршылық заңына қарамастан, міндетті бағыммен қоса, жеке меншік ұстайды екен. Әуелде бірлі-жарым болса, жыл өткен сайын жаңа төлімен өсіп, өніп жатады ғой. Біздің үйде де әжептәуір мал құралып қалыпты: атам бұрнағы, шағын да болса жетімді дәулеттің соңғы көзі, кейінгі малдың құты санайтын көк бие, құлын, тайымен; бір сыйыр, бұзау, торпағымен, он бес қой. Және уақытша мініске алған ақжал ат пен аға мінген тағы бір дөнен. Бар жүгіміз үш түйеге артылды. Және өгіз арба. Жеңіл басылған көрпе-жастық, киім-кешекпен әжем екеуіміз отырдық. (Осының алдында ғана кіші әжем бұрнағы әдетінше, Мұратқанды оқуға алып кеткен.) Ерте тұрсақ та, бар малды жинақтап, үй жығып, жүк артылып, мұндағы ағайын жұртпен есен-сау айтысып, қозғалғанға дейін күн түстен ауып, бесінге жеткен. Жайлап жылжып кеттік. Аға көш басында, атам мал айдап келеді. Ешқайсының алдында отырмап едім. Бесбұлақ жайлауын, Қара-үңгір тауын қимай тұрғам. Көңілім пәс сияқты. Тек Баршатаста ағаңмен бірге тұрамыз деген сөз ғана көңіл аулаған.
Көп ұзамадық. Күн ұясына қона, Жорға тауының шығыс ұштығы, талды сайдағы әлдебір бұлақ басына тоқтадық. Түйелер шөгеріліп, жүгі түсірілді. Мал үйіріліп, қораланды. Әжем бұлақтан су алып, үшаяқ мосы асып, шай қойды. Атам мал ішінен құйрығы жалпақ қоңыр тоқты әкеп, аяғын буып бата жасады. Ағаға бауызда деп еді. Тартынып қалды. Өзің бауызда, деген әжем. Содан соң атам, енді сен сой деп, пышақты ағама берді. Өзің сойсаңшы, деп еді әжем тағы да. Бірақ бұл жолы ағаның өзі кірісті. Әжептәуір уақыт өткен сияқты. Атам әлдебір шаруамен жүр. Тәрізі, малын жайғап. Аға тоқтысын сойып, құнжыңдап жатыр. Ау, сен әлі терісін сыпырып бітпепсің ғой, деп еді атам. Бұрын мал сойып көрген жоқ, қайдан білсін, деді әжем. Атам сонда ғана кіріскен. Енді тезінен қазанға түскен ет піскенше ұйықтап қалыппын. Оятқан, оятпағаны, ет жегенім есімде жоқ.
Күн шығар-шықпаста түгел тұрып, асымызды қаужап, шайымызды іштік. Жүгімізді артып, жылжып кеттік. Өте баяу қозғалады екенбіз. Сол беті, сулы жерлерде қона жағалап, сегіз күн көштік. Тоғызыншы кеште Баршатастан құнан шаптырым, ортасы ойыс, іргесі дөңес, Шұрық деген жерге қонып едік.
Көш бойы бірде атамның, немесе ағамның алдына отырып, енді бірде әжемнің қасы, арба үстінде келемін. Үшінші, әлде төртінші күні аз-маз шатақ шығып еді. Жүк артылып жатқан. Жер жазаң екен. Бұлақ басынан өрген қой мен сиыр ұзаңқырап жайылып барады. Сонда арқан тартып жатқан ағам маған: «Мына атқа мін де, ана малды қайыра тұр», – деп еді. Баяғы, ат алып қашқан заманнан соң бір, екі жыл бойы әжем қорғаштаған, содан соң тізгін ұстап, жеке жүруге де үйренгем. Желе-жортып кете алам. Бірақ мал соңынан барғым келмеді. Тәрізі, ұйқым ашылмаған. Немесе табиғи жалқаулық. Және атам емес, көлденең біреудің жарлығын тыңдағым келмеген сияқты. Мен қозғала қоймаған соң, аға даусын көтеріңкіреп айтқан еді. Кәне, малды тезінен қайыр, деп. Ешкім ешқашан менімен бұлай сөйлеспеген. Аңырып қалып едім. Сол кезде түйенің екінші жағында жүк тартып жатқан атам оқыс басын көтерді. «Мұқан, сенің мына балада шаруаң болмасын, – деген. – Барғысы келмесе, бармайды…»
Сөйтіп, сол сәтінде аға мен екеуіміздің арамыздағы шекара нақты белгіленіп еді. Мен атам мен әжемнің баласымын. Мейлі, туған ағам болсын, ешкімнің әмірі жүрмейді!..
Шұрыққа тоқтап, түйелердің белі босаған соң, аға бізбен бірге қонбай, тиіп тұрған Баршатасқа кетіп еді. Ертесіне бар жүкті атам мен әжем қамдады. Әйтіп-бүйтіп қозғалған кезімізде күн әжептәуір көтеріліп кеткен.
Көп жүрмедік. Ет асым ғана. Сол жақ қанатта өркеш-өркеш Бесбақан тауы. Оң жақ жазаң. Алда жатаған қырқалар. Кезекті бір белестен асқанда… күтпеген көрініс: жалғыз қора емес, төрт-бес үйлі қыстау да емес, тіпті Жорға тауының етегіндегі ескілікті, құжынаған тұрақ та емес, жапырлай жалғасқан, іркес-тіркес сансыз үй – мен ертегіден ғана естіген кәдімгі қала… Шұбартау ауданының орталығы Баршатас қыстағы екен. Асса мың, мың жарым тұрғыны бар, үш-төрт жүз тоқал там. Ен далада туып өскен маған үлкен шаһар болып көрініпті.
Тайпақ қыраттан етекке түсе бердік. Кенет алдан екі қара көрінген. Екі бала, құстай ұшып жүгіріп келеді. Тақап қалғанда таныдым, алдыңғысы – Мұратқан. Кейінгісі – бейтаныс бір қыз. Мұратқан келе сала арбаға қарғып шығып, мені құшақтай алды, содан соң әжемнің бауырына кірген. Өкшелеп жеткен жаңағы бейтаныс, сары қыз да, баяу қозғалған өгіз арбаға бірден шыға алмай, артқы жағынан көтерілді. Келе сала ол да мені айқара құшақтап, бет-аузымды сулап сүйе бастады. Әжем шамасы тоғыз, он жастағы кішкентай қызға емірене қоймады. Небәрі бас изесе керек. Осыдан соң мені еріксіз сүю тоқталып еді. Сол күні, әлде ертеңіне білдім, менің тәтемнің емшектес сіңілісі екен.
Суы күпшектен асар-аспас Бақанас өзенінен кешіп өттік. Қаланың ішіне кірдік. Қақ жарып келеміз. Біраздан соң солға қарай бұрылдық. Қаптаған, қой қорасыз, жеке-жеке тамдарға таңырқай қараймын. Мұнда тұратын жұрт қалайша адасып кетпей, арлы-берлі жүреді екен, деп ойладым. Жыпырлаған үй. Ақыры, жоғарғы бір тұс, өзен жағасы, ең шетке тақау бір қораның алдына тоқтадық. Бізге арнап сайланған үй екен. Көрші-қолаң жапырлап кетті. Сонда, кезектесе құшақтап жатқан көп ішінде, сірә, біздің аталас туысқан, мұртты, егде кісінің айтқан сөзі есімде қалыпты: «Мынау – Мұхтардың анық өзі ме? – деген. – Ағасы сияқты, шашы сап-сары, түрі аппақ еді ғой… – Содан соң: – Шашы күлгін тартып, өңі бозарыпты… Күнге күйген ғой…» Оразбай деген жақын туысымыз екен. Мені кішкентайымда көрген, содан соң, біз шалғайда жүргенде, артық жасын кемітіп, әскерге әкеткен, ақыры аман қайтыпты. Мен көп кейін, студент кезімде, сыртынан естіп, арнап барып, «Абылай хан» жырын айтқызған едім.
Бауырсақ пісіп, ет асылып жатыр. Кімнің кім екенін танып болмайды. Ағамның өзі көрінбеді, тәрізі, мектебіне кеткен. Тек кенже аға ғана. Және кіші әжем. Көп бейтаныс ішінде ерекше көрінді. Содан соң тәтем. Түрін білмеймін, бірақ жұрттың сөз ыңғайынан ажыраттым. Мұрны тершіп, бауырсақ төңірегінде жүр. Өте көңілді. Иә, білем. Баяғыда, менің екі жасымда Ескі-жұртқа келген. Етекке түсіп, өзеннен су алғанымыз, қоянның қызыл-сары құмалағын жинағаным есімде.
Атам мен әжем, аға мен тәте, кенже ағам – бәріміз өзара жалғас бір үйде тұрады екенбіз. Кеңіс үш бөлме. Мұратқан мен кіші әжем – бұрыш айнала бере, Мәуияш тәтенің үйінде. Енді мен де мектепке баруға тиіс екем.
Жаңа бір өмір басталды. Бақытты, ұзақ төрт жылға созылған. Анығы – үш жыл, тоғыз ай. Содан соң… аға Итжеккенге айдалып кетті. Тұрмыстық қиындық, рухани қыспақ астында тағы төрт жыл және төрт ай өткен. Енді, сексеннің биігінен ойлана қарап тұрсам, бәрі де күңгірт тұман ішіндегі қияли ертегі сияқты. Сенер-сенбесіңді өзің де білмейсің. Анығы – кең дүние, тар қапас астындағы арпалыс күрес, іздену, қаламгерлік ұзақ-салқар жылдар… Мұның бәрі жазылған. Қағазға сол қалпында, нақпа-нақ түспесе де, шынайы көлеңкесі, әсері мен салдары. Ал екі аралықтағы және екі кезең – бақытты, бейбіт 1947 – 1951 жылдар, оған жалғас тағы да төрт жылдан астам зұлмат заманым… Нақты естелік ретінде қайта орала ма – дәп бүгін, жер әлемді тәжді тажал аталған жаңа бір індет жайлап жатқан бұлағай күндерде берік сенім жоқ. Қажет пе, деп ойлайсың. Қажет сияқты. Жоқ, онсыз да түгел айтылған… Түптеп келгенде, бәрі де Тәңірінің еркінде.
Әйтсе де, маған тура алпыс жылға жуық айнымас серік болып келе жатқан тағалы тұлпар – жазу мәшіңкемнің тізгінін ірке тұрып, осы бітіп тұрған, басы бүтін бөлімді қайыра пысықтау, кітапқа әзірлеп қою қажетіне ден қойдым…

(Жалғасы бар)

Пікір қалдыру