Күш атасы


Бір балуанға қарап

Серік БАЙХОНОВ

Ел болған соң оның ен-таңбасы іспеттес өз рәміздері болады. Ұлт болған соң, оның ділі мен тілі болады. Сол ділі мен тілін қалыптастырар батыры мен бағланы, көсемі мен шешені, еркесі мен серкесі болады; бәрі жиналып сол елдің, сол ұлттың елдігін құрайды. «Ел болу» деген ұғымның ғажайыптылығының өзі осыдан келіп туады. Біздің қазақ бейтаныс ада­мына жолыққанда «елің кім?» мен бірге, «баты­рың кім, бағланың кімді» сұрайды. Тұтас ұлттың қасиет-қадірін бір адам­ның бойынан көргісі келетін, дәстүр жалғастығы, ұрпақ жалғастығы ұғымын пір тұтатын халықтың жеке адамның тұлға ретіндегі қадір-қасиетіне ерекше мән бергендігінің белгісі. Оңтүстік өңірдің тілінің бояуы қанық адамдары қатарынан асып туған қара күш иелерін «күшті екен» демейді, «Қажымұқан екен» дейді. «Қажымұқан» сөзі басында батырлықтың, балуандықтың балама­сы­на баланып, келе-келе нақты зат есімнен абстрактілі зат есімге айналып кеткені қызық.
Табиғаты қатал қазақ даласы, сол қатал табиғаттың төл перзенті – көшпенділер ұрпағы қазақ елі, басқа-басқа, табиғи күш иелері батырлар мен балуандарға кенде болмаған. Тау көтерген Толағайды аңыз десек; тарихта бар Қара қыпшақ Қобыланды, Жалаңтөс Баһадүр, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Иманжүсіптер өз қатарынан асып туған алыптар болса керек-ті.
Сол алыптардың кешеден бүгінге жеткен жұрнағы, көненің көзі, асылдың сынығы іспеттес тұлға – Қажымұқан балуан еді. Ұлы тарих көзімен қарар болсақ, арамыздан күні кеше ғана кеткен Қажымұқан балуан жайлы аңыз көп, алыпқашты әңгіме көп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – балуан жайлы аңыз бен ақиқаттың ара жігін әлі күнге ажырата алмай келеміз.
Қажекең жайлы ауызекі әңгіме, көзкөргендердің естеліктерімен қатар, жұртшылық қолдан-қолға тигізбей оқыған, қазір де оқылып жатқан кітаптар да болды, әрине. Дегенмен, балуан жайлы жазылған сол кітаптардың әдеби көпшілігі көркемдік тәсілде жазылуы себепті, кей тұстарының аңыз-әңгімелерге ұқсап та кеткенін мойындауымыз керек. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында Алматы қаласындағы орталық стадионға Қажекеңнің есімі беріледі деген сөз шықты. Сол кездері «бәрін көріп-біліп отырған» Мәскеуді былай қойғанда, өз арамыздағы оқыдық, тоқыдық деп жүрген зиялы азаматтарымыздың өзі балуан өмірбаянының кейбір тұстарына шек келтіргені есімізде. Сол кезде белгілі ғалым, спортшы Әлімқұл Бүркітбаев сонау Ресейге, одан Прибалтикаға сапар шегіп, балуан жайлы деректі құжаттар жинастыруға мәжбүр болған. Бір қуаныштысы, сол жылдары Еуропа елдері әлемге әйгілі балуан есімін әлі күнге ұмытпапты. Мына өмірде ащы мен тұщыны Қажекеңмен бірге бөліскен қарт балуандар ауызекі естеліктер айтумен шектеліп қалмай, іздеушіге балуанға қатысты аса құнды тарихи жәдігерлер сыйлады, осы арқылы балуанды өз елі, өз жерінде тіптен жаңа қырынан тануға жағдай жасады. Бүгінде Темірландағы Қажекең мұражайына қойылған жәдігерлердің біразы сол Еуропа сапары кезінде ғайыптан-тайып қолымызға тиіп қалғанын айтуымыз керек.
Әлімқұл Бүркітбаев әкелген жәдігерлер мұражайға қойылып, жазушының балуан жайлы кітабы жарыққа шыққан соң Қажымұқан есімі төңірегіндегі аңыз бен ақиқаттың ара жігі ашыла бастаған. Ақиқат аренаға шыққан соң республика астанасы Алматыда батырдың атына лайық бірде-бір ескерткіштің жоқтығы, батыр атындағы көшенің ұзындығы төрт жүз метр ғана екендігі жиі айтыла бастады. Сол жылдары бір топ жігіт Қажымұқан көшесімен жалғасып жатқан Фурманов көшесін балуанның атына беру жөнінде бастама көтеріп, «Қазақтың Қажымұқаны» атты бенефис (акция) өткізген едік. Кеңестер одағы тарап, «қызыл комиссарлардың» беделі түсіп тұрған кез; дегенмен, бәрібір сөзіміз жоғарыдағылардың құлағына жетпеді. Бар мәселе өткеннің емес, болашақтың «беделіне» барып тірелгенін кейіннен білген жайымыз бар.
Осы жерде сол бенефис-акцияға дайындалып жүрген кезде өз көзіммен көріп, құлағыммен естіген, естіп қана қоймай, кинокамераға жазып алған мына бір әңгіме еске түседі…
Арбакештің әңгімесі

Сол күні Темірланның шығыс жағындағы Найман арықтың жағасында орналасқан балуан кесенесіне ат басын бұрдық. Қасиетті орынға шырақшы болып отырған Есбол аға құран оқыды. Осы ауылдың үлкені Серікбай ақсақал естелік айтты.
Бір күні шалдың арбасының артына отырып Темірланға бардық. Мілица кеңсесінің жанынан өтіп бара жатыр едік, іштен бірнеше бала жүгіріп шығып жолымызды тосты. Біреуі жүгіріп барып кәпірәтіптен үш-төрт бөтелке арақ әкелді. Арақтың қат кезі. Балуан екі бөтелке арақты екі бөліп ішті де, ары қарай ішпей қойды. «Қартайып қалдым, балалар, қалғанын өздерің ішіңдер», – деп батасын берді…» деген секілді әңгімелер.
Айтылған әңгімелердің көпшілігі өзімізге белгілі дүниелер болған соң, Қажекеңнен өзінен Есбол ағаға мұра болып қалған ескі үйге келіп, дастарханға отырдық. Отырыстың енді қызған шағында алқын-жұлқын болып Есбол ағамыз келіп тұр.
– Атаңның аруағы қолдады… Сен де тегін болмауың керек…
– Тыныштық па, көке?
– Қажекеңнің арбакеші туралы естіп пе едің?.. Келмей кеткеніне екі жылдан асып еді… Әңгімеге енді жаритын болдың…
– Шақырмайсыз ба, көке, – деппін, орнымнан атып тұрған бойда.
– Шоланда келіндерімен шәй ішіп отыр. Ол кісінің тәуіпшілігі бар, ішімдік ішілген жерге жоламайды…
Тамақ та, ішімдік те жайына қалды, ауланың түкпіріндегі ескі шоланға қарай жүгірейін. Төрдегі қос қабат көрпеше үстінде қос жастық жастанған шоқша сақалды ұзынтұра шал жатыр шалжиып. Осы шаңырақтың екі келіні – Есбол ағамыздың әйелі мен келіні шай құйып отыр. Ұзын шал мен жаққа пысқырып та қараған жоқ.
– Таныдыңыз ба, ата?.. Телебезерден сөйлейтін бала ғой… – деді жеңешем алдыма шай толы кесені қойып жатып. – Атасы жайлы кино түсіріп жүр.
– Қай атасы?..
– Палуан атасы да…
Теледидардың, әлде Қажекеңнің беделі; шалжиып жатқан көкеміз басын еріне көтеріп, бетіме аңтарылды. Мен де бетіне қараймын, мыж-мыжы шыққан бет-жүзінен жас шамасын айырып болар емес. Жанары таймаған көздері демесең, тоқсанның ол жақ, бұл жағын қусырып тастаған шығар деп шамалаймын. Көңілімде «алжып қалған шал емес пе?..» деген күдік те жоқ емес.
– Сіз туралы кітаптан оқығанмын, көке… Қажекең туралы әңгіме айтып берсеңіз, киноға жазып алар едім…
– Әңгіме көп қой… Қайсысын айтайын?.. Мына үлкен келіннің енесі жайлы айтып берсем бола ма?
Ұзынтұра шалымыз шарт жүгініп отырды да, келіндер жаққа бір қарап қойып әңгімесін бастап та кеткен.
– Қажекеңнің арбасын айдап жүргеніме бір жылдай болған еді… Шәуілдір жақтағы бір ауылға бара қалдық. Батыр бұл жолы ойын өткізген жоқ, ат басын бірден жақын ағайындарының бірінің үйіне бұрды. Ауыл адамдары жиналып, дастархан жайды. Төменіректе тура мына келін секілді шүйкедей әйел шәй құйып отыр. Байқаймын, төрде төбедей болып отырған Қажекең жаққа көз қиығын ұрлана тастап қояды. Дастархан жиналар кезде батыр: «Ағамыздың жылы өтті… Енді қазақы дәстүрмен мына жеңешемді алып кетуге келдім…» – деп сөз бастады. Алдын-ала келісіп қойса да өздері білсін, отырғандар: «Ет жақыны өзіңсің… Қолыңнан қақпаймыз», – десіп гу етті… Сонымен, түс қыңа су жаңа жеңешемізді арбаның артына салып алып, «Темірлан қайдасың?» деп тартып келеміз. Күн болса шыжып тұр. Бір кезде арбаның артында аяқтарын салбыратып отырған батыр «тоқта» дегендей белгі берді. Өзі арбадан түсіп, анадай жердегі бір түп жыңғылдың жанына жете жалпиып отыра кеткені. Манадан бері қалғып-мүлгіп отырған жеңешем орамалының астынан байқатпай қарап қалыпты. «Мынаның ұрқы жаман ғой, жаным қала ма, қалмай ма?» – деп мырс-мырс жылайды. «Әй, жеңеше, батырдың алты-жеті қатыны болған, өліп қалған бірі жоқ. Оларға қарағанда сен етегі қанаған әйел емессің бе?» – деп ұрсып тастадым…»
Төмен жақтан кесе сылдырлады. Қараймын, жеңешем, яғни үлкен келін басын тұқыртып алған, көзінің астымен жымиып отыр. Ал кіші келін жым-жылас жоқ.
– Айта берейін бе, бала?.. Сонымен жеңешемді үйге әкеліп көңілді бірлеген соң, батыр маған үш күндік «әтгөл» берді… Үш күннен соң арбамды салдырлатып жетіп келейін. Есіктің алдында күнге қарап бір-екі керілген соң батыр темір-терсегін шығару үшін шоланға кіріп кетті де, есік алдында жеңешем екеуміз оңаша қалдық. «Бірдеңе айтайын ба, қайным?» – дейді жеңешем жымыңдап. – «Сен кеше дұрыс айтыпсың. Мынауың әшейін ғана еркек екен ғой»… «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» деген, неменеге бетіңді басасың, келе-е-н…
Үлкен келіннің беті өрттей қызарды. «Көктен іздеген – жерден табылды» деген осы. Жалма-жан үлкен үйге қарай жүгірейін. Бұдан арғысы оңай. Асай-мүсейімізді дайындап, жанымызға арбакеш көкені ертіп алып, батыр кесенесінің жанына келдік. Құран оқылды. Енді көкемізді алдағы сұқпатқа алдын-ала дайындап алу үшін әңгімеге тартамын ғой баяғы.
– Жаңағы әңгімені айтып бермейсіз бе, көке?..
– Қай әңгімені?..
– Қажекеңнің Мінәйім әжемізге үйлену тарихын…
– Оны жаңа әлде айттым емес пе?..
– Жарайды онда… Келесі әңгіме… Қажекеңмен жолда көп жүріпсіз… Жолшыбай әр түрлі қиындықтар да кезіккен шығар?.. Бір-екеуін айтып берсеңіз…
– Әрине… Жол болған соң не бәле ұшырасады ғой… Біздің батыр ешқашан жолдасын жолға тастаған емес. Бір күні келе жатсақ, қос ат жеккен арба балшыққа батып жатыр екен. Батыр балағын түріп жіберіп, арбаны ат-матымен сүйреп шығарды ғой, пәтшағар!
Режиссеріміз Руслан Есқараев «біз дайынбыз» дегендей бетіме қарайды. «Мотор!»
– Сонымен… қалай болды, көке?
– Иә-ә… Қалай болушы еді… Бір күні келе жатсақ, машина батпаққа батып жатыр екен. Қажекең арт жағынан иығын тосып, итеріп қалып еді, сопаң етіп шыға келгені… Балшыққа батып жатқан машинаның шопыры рахметін жаудырып жатыр…
– Жаңа әлде арба емес пе еді, машина болып кеткені қалай, көке?..
– Иә-ә… Ол кезде не көп – ат-арба көп, ал машина дегенің айында-жылында бір ұшырасатын болғасын айтып жатқаным… Тек ат-арба деймісің, машинаның да, трактордың да талайын шығардық қой…
– Онда екінші сұрақ… Көргендер Қажекеңді қолы ашық, жомарт адам болған деседі. Осы жағынан бір әңгіме…
– Иә-ә… Қай кезде де қалтасынан майда тиын, кәмпит-пешеней үзілмейтін… Арбаның соңынан жүгірген балаларға қарай шашып жіберіп, мәз болып отырушы еді, пәтшағар…
Руслан бетіме қарайды. «Стоп!»… «Мотор!»
– Сонымен не болды дедіңіз, көке?
– Иә-ә… Не болушы еді… Содан үйге келген соң: «Әй, қатын, жұрт мені батырдың шопыры дейді… Ал қалтамда көк тиын жоқ», – деп, келіншекке қырғынды салайын… Біздің де жағдайымыз дұрысталып қалған кез еді… Содан бастап, барған жерде балалар балуанды емес, мені жағалайтын болды ғой…
– Қажекең… Қажекең туралы айтпайсыз ба, көке?..
– Оны жаңа айттым ғой…
– Сені де журналист дейді-ау… Интервьюді осылай ала ма екен? – деді Руслан түтігіп. – Не бәрі он минут пленка қалды…
Шалдың бір айтқанын екі айтпайтын қырсық мінезін өзім де сезіп қалғанмын, бұдан ары дайындықсыз жазуға бел будым.
– Сол қалтаңызға тиын-тебен салып беретін келіншекті қалай алғаныңызды айтпайсыз ба?
– Иә-ә… Мен өзім жалғызілікті жігітпін, қызға төлейтін қалыңмалы түскір жоқ. Келіншекті батырдың өзі әперген… Бір үйде қонақта отырғанбыз. Шәй құйып отырған қызға қарайлай бергенімді байқаған болар, төрде жантайып жатып, қалтасынан күндік табысымыз – бір уыс ақшаны шығарып: «Мына менің батырыма қыздарыңды бересіңдер ме?» – деп еді, құдалар жағы құлап түсті… Бір жылдан кейін кішкентайлы болдық. Сол күні батырға келіп: «Енді менің де өз үйім, өз бала-шағам бар, анда-мында қаңғырып жүре алмайтын шығармын», – дедім де, аты мен арбасын біржола өткізіп бердім…
– Сіздің де бой-сойыңыз ешкімнен кем емес көрінеді. Оңашада, іш пысқанда дегендей, Қажекеңмен белдесіп те көрген шығарсыз?.. Спарринг-партнер дегендей…
– Иә-ә… Бір күні мына Арыстың базарында балуандармен күресіп, шеттерінен қырып жатқанымда батырдың көзі түсіпті, жалынып-жалпайып жүріп өзіне арбакеш қылып алды ғой… Ол кезде бір адамға әлім қапталынан жететін… Бірақ батырдың өзімен белдесудің сәті түспепті…
– Арманда кеткен екенсіз ғой. Адамда арман таусылған ба? Қазір де көңіліңізден кетпей жүрген арманыңыз бар шығар?…
– Иә-ә… Армансыз адам болушы ма еді, балам?.. Қиын-қыстау кезде арқа етім – арша, борбай етім – борша болып батырдың арбасын аттай үш жыл айдадым… Үкімет болса батырға дағарадай үй салып берді, бес жүз шақа пенсиясы тағы бар. Ал үш жыл арбасын айдаған маған дымбылбас та жоқ… Арман деген сол…
Осымен сұқбатымыз бітті де, асай-мүсейімізді жинап жолға жиналдық. Кинопленканың қат кезі, Русланның қабағы ашылмай, бұрқылдап ұрсып жүр.
– Мені киноға түсіргілерің келсе, Шәуілдірге келіңдер, – деді қария қоштасарда. – Іштеріңде ауру-сырқауларың болса, әй мәмент жазып жібереміз…
Мен әңгімелеп отырған сұқбат сексен бесінші жылы қазақ теледидарынан көрсетілген болатын. Естігендердің ішек-сілесі қатып күлгендері көп…
Күлсе күлген де шығар, Қажымұқандай асыл адамға үш жыл серік болған армансыз адамға не айтса да жарасатын болар деп ойлаймын өз басым.
Айтпақшы, сол сапарда Шымкенттегі белгілі ақын Омарбай Малқаровтың үйінде қона-түстене жатып, естеліктерін тыңдағанмын. Әсіресе, Омекеңнің үйіндегі жеңешемнің әңгімелері қызғылықты көрінген. Жеңешем көбіне-көп Қажекеңнің аңқаулау қылықтары мен серілік мінездері (әйелдерге қатысты, әрине) жайлы майын тамызып әңгімелеген еді-ау…
Сол жылдары Қажекең өмірінің соңғы жылдарына қатысты алыпқашты әңгіме көбейіп кеткен жайы бар-тын. «Сиыр қамайтын қорада тұрыпты… Аштан өліп қала жаздапты…» деген секілді қаңқу сөздер әсіресе орыстілді басылымдардың бетінен жиі ұшырасып қалатын. Мұны оқыған оңтүстіктің қызуқанды жігіттері намыстан жарылып кете жаздап жүрді. Біз бенефис кезінде теледидардан көрсеткен арбакеш ағамыз, Омарбай ағамыз секілді замандастардың куәлігі де даңғаза мен дабыраға құмар ағайынның аузын жаптыра алған жоқ.
Қазақтың әңгімесі таусылған ба?.. Бұдан арғы әңгімені нақты деректер мен құжаттарға сүйене отырып өрбіткеніміз оңды болар…

Алыптың портреті

Алғашқы сөз Қажымұқан балуанның деректі портреті жайында болмақ. «Тау тауды алыстан көреді» дейді халқымыз. Қажекеңмен етене жақын болған, төңкеріс жылдары үзеңгілес жүріп, қиын-қыстау күндерді бірге өткізген ақиық ақын Сәкен Сейфуллиннің көзімен қарасақ:
Ожар бет, қара мойын бейне құлжа,
Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа.
Шалқиған жауырынды, бұжыр қара,
Еңгезер, үйелмен дәу, тартқан шыңға.
Қалың бет, бура түсті қара нардай,
Жұп-жұмыр, жуан діңгек, бойшаң дардай
Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде,
Айбыны жолбарысқа болар пардай.
Топшысы кере құлаш, бітіс шалқақ,
Шалқиып балпаң басад, талтақ-талтақ.
Ұзақ жол керуеннің көшіндегі,
Сияқты жампоз атан, басқан малтақ.
Қажекеңді көзімен көрген, талай рет дәмдес болған сырбаз ақын Сырбай Мәуленовтың көзімен қарасақ:
Тастарды тастарға ұрған түйір көрмей,
Тұп-тұтас жұдырығы диірмендей,
Тоқпақ сан, шомбал кеуде, шор-шор иық,
Тұтқасы болса жердің үйіргендей.

Саусағы Алатаудың еменіндей,
Жотасы Қаратаудың кемеріндей,
Жүзінен шаттық-қайғы білінбейді,
Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей.

Ордадай омырауы алқа-салқа,
Жартастай бас терісі жаңқа-жаңқа,
Құлағы жымырайған жырым-жырым
Қарыны бұлшық еттей қалта-қалта.

Тұтасқан мойны дала жондарындай,
Білегі жолбарыстың қолдауындай,
Гүрзідей қолдарының тегеуріні –
Атасы Қобыландының қолдарындай.
Бұл ақындық құдіретті қойсаңшы, меніңше, осы өлеңнен ақындық әсіре­леу мен ақындық шарықтауды алып тастасақ, Қажекеңнің шын портреті шығады.
Балуанның өзінің айтуына қарағанда, ол тарихта бар Қара қыпшақ Қобыландының тікелей он бірінші ұрпағы екен. Алтыбас Ернақ батырдың немересі, Орта жүзге белгілі Лұқ балуанның жиені. «Алып анадан туады». Алыптың анасы Кәбира да ауыл арасында ерекше қайраттылығымен көзге түскен. Бұл жөнінде Қажекеңе дос-жаран ғана емес, туыс та болып келетін жазушы Қалмақан Әбдіқадыров: «Жас Кәбираның қайраттылығы ауылға аңыз болды. Отынды тоғайдан басқа әйелдер арқалап келсе, ол қу ағашты бұтарламай, түгелдей иығына салып әкелді. Бір әкелгені айлық отын болатын ағашты көріп: «Бұл Кәбира аман болса, үйіне тоғайды жерімен көтеріп әкеледі» десіп, бүкіл ауыл адамдары күлісті», – деп жазған еді.
Алыптың дүниеге келуі де қызық. «Санаулы күн өтсе де бала туа қоймайды. Сүйінші күткен қарт ананың қуанышына уайым араласа бастады. Егіз баласы ішінде жүргенде бөрене арқалап әкелетін Кәбира аяғы ауырлап, үйден ұзап шыға алмайтын болды. Енді жыл көтере ме дегенде, Кәбираға толғақ келді де безектетті. Екі күн, екі түн бақанға асылып тұрды. Жаны қысылып, сасқан қарт ана боз қасқа айтқызып, мал шалды. Ақырында арыстай ұл туды. Бала жалқы болса да, тұңғыш тапқан егізінен әрі салмақты, әрі үлкен еді. Мөлшерден артық толғақ Кәбираны талдырып тастады…»
Мұқанның кішкентай күнінен-ақ оның ерекше бала болып өсіп келе жатқаны байқалған-ды. «Денелі баланың асырауы да картайған Айсарыға оңай соқпады. Үш адамға бөлінген жалғыз сиырдың сүті сәбиді жарыта алмады. Бес-алты ай өткен соң, бір сиырдың сүтін түгел берсе де бала тоймады. Баланың мінезі ауыл адамдарына бір түрлі қызық көрінетін еді, өзге баладай айғайлап жүгіруді білмейді, ауыр жүк арқалағандай жайлап басып балалар жиналған жерге баратын. Өзге бала асық ойнаса, ол сиыр, жылқының топайын жинап, өз алдына ойнайды. Жанындағы балалардың еш нәрсесіне тимейді. Өзіне соқтыққанды аямайды да. Кейбір балалардың әке-шешесі келіп Мұқанды қорқытайын десе, балпаңдап қаша да алмайды. Оның жүгірдім дегеніне аяғы ұзындар аяңдап жүріп-ақ жетіп алады. Біреудің жекіп айтқан сөзіне оның қайтаратын жауабы жоқ, бетінен қорыққан белгі де білінбей, қысық көзінің қиығымен қарайды да тұрады. Оны кейбіреулер ұрды да, бірақ бала болып жылауды білмеді…»
Сол бала өсе келе болашағынан үміт күттірер балуан болды. 1909 жылы Рига қаласында Қажымұқанмен кездескен Надежда Николаевна Чепковсқая (балуанның жары Бәтима) кейіннен: «Ол өте сымбатты, бойшаң, қараторы жігіт болатын. Бойының биіктігі – 1 метр 86 сантиметр, салмағы 130 килограмм еді. Шынымды айтсам, мен оны бір көргеннен-ақ ұнатып қалдым», – деп жазды.
Жасөспірім жігіт өсе келе жұрт аузында аңызға айналған нағыз алыпқа айналды. Сол жылдары аты жер жүзіне тараған алыптың дене бітімін суреттеп жазғандар көп. Солардың ішінен өз заманында есімдері елге танымал болған бірнеше сырт ағайынның көзімен қарар болсақ…
«Ол Геркулес десе дегендей екен. Оның дене бітімі тым айрықша көрінді. Бір қарағанда ол адамнан гөрі шойыннан құйған сом тұлғаға ұқсайтын сияқты, бойы ұзын және қанжардай тартылған, бұлт-бұлт ойнаған бұлшық еттері бір керемет. Жұрт: «Мә, саған Геркулес!», «Мынау алыптың өзі ғой» деп таңырқасып, әрі шуласып қоя берді». (Спорт тарихшысы И. Д.Булгаков).
«Балуан ресторанға кіргенде отырған жұрттың бәрі демдерін іштеріне алып, тына қалды. Кең қабырғадағы үлкен айнаға балуанның денесі түгел сыймай тұрды» (Жазушы Л.Мартынов. «Желкемелер»).
Ал өз ағайынымызға келер болсақ, ғасырға жуық ғұмыр кешкен абыз ағамыздың мына сөздері көкейге қонады.
«Былтыр күзде өзім көрген Қажымұқан қазір аренаға шығардағы жалаңаш бейнесімен (турсиі ғана бар) шыға келгенде, менің көзіме ондағысынан да әлдеқайда зор, ересен алып тәрізді көрінді. Жартас кеудесі жалғанның жартысындай, бұлшықты білектері дөнбектей, бура сан, піл сирақ денесіне лайық құж-құж құлақтары, жырым-жырым еріндері жартасқа түнеген қара бұлттай қалың қабағының астында жанған ошақтай қос жанарлы ұясы үлкен екі көзі, соқтала біткен сом бітімді мұрны бәрі-бәрісі ертегіден естіген дәулеріміз тәрізді қияпат береді». (Дихан Әбілев. «Алыптың ақ батасы.)
Ары-берісі бір жылдың ішінде жазушының көз алдында балуанның екі түрлі дене-бітімімен көрінуі қызғылықты жәйт, әрине. Қажекеңнің бой бітімі мен дене салмағы жөнінде көз көргендер пікірі екі айырылады. Балуанды жас кезінде көргендер «ұзын бойлы» десе, картайғанда көргендер «ортадан жоғары бойы бар» дегенді айтады. Оның салмағы жөнінде де осылай. Күрес мектебін бітіріп, алғаш рет кілемге шыққан жігіттің салмағы 126 килограмм болса, болашақ жары Бәтима-Надеждамен кездескенде 130 килограмм екен. Соғыстың алдында балуанды Семей қаласында өткен Абай тойында кездестірген Әди Шәріпов ағамыз: «Біз оны таразыға салдық. Салмағы 230 килограмм шамасында еді», – деп жазды. Көз-көргендер пікіріндегі мұндай қайшылықтарды сол кездегі кәсіби спорттың ережелерімен түсіндіруге болатын секілді. Кілемге шыққан балуанға жылдамдық пен әбжілдік қажет болғандықтан, олар дембіл-дембіл салмақ қууға, өздерін спорттық бапта ұстауға тырысатыны белгілі. Ал цирк өнерпазы үшін күшпен бірге салмақ керек. Қажекеңнің, тек балуан ғана емес, өз заманының танымал цирк өнерпазы болғаны белгілі. Ал кейіннен жасы жетіп кәсіби күресті қойған, бірыңғай күш өнерін көрсетуге ойысқан алыптың салмағы өзінің табиғи қалпын тапқан болса керек.
Қажекең қайтыс болардың алдында оның жеке дәрігері Ахметов пен ғалым ағамыз Әуелбек Қоңыратбаев екеуі алыптың денсаулығын тексеріп, дене-тұлғасын өлшеді, нәтижесін баспасөз бетінде жариялады.
Ғылыми дерек ретінде мойындалған бұл дерек бойынша, жетпіс жетіге келген қарияның бойы – бір метр тоқсан жеті сантиметр, салмағы бір жүз жетпіс сегіз килограмм екен.
Прибалтикада, нақтысын айтқанда, Эстонияда белгілі балуан, белгілі цирк өнерпазы, классикалық күрестен әлем чемпионы Георг Лурихқа қойылған ескерткіш бар. Балуанның өз тұлғасының нақты көшірмесі ретінде жасалған жалаңаш бейнеге тұтас халық әлі күнге тәу етіп, төбесіне көтереді. Сол Георг Лурихтың Қажымұқанмен терезесі тең тұлға екенін көбіміз біле бермейміз.
Ал өзіміздің Темірландағы балуан мұражайының алдына қойылған жалғыз ескерткіштің мамандығы сәулетші, студент баланың қолынан шыққанын білеміз бе?.. Бір таңқаларлығы, жап-жас баланың қолынан шыққан сол ескерткіштегі тас тұғырдың үстінде қос қолын кеудесіне қойған алыптың бейнесі сонау биіктен көз ұшына көз тіккен қыран бүркіттен аусашы…

Аңыз бен ақиқат

1
Қажекең жайлы аңыз-әңгімелердің кең тарап кетуіне басты себептердің бірі – кеңестік қоғамның дәстүр-салты дер едік. Кәсіпқой спортты капиталистік қоғамның сарқыншақтары ретінде қабылдаған заманда Қажекең секілді кәсіпқой спортшы өмірбаянының көлеңкелі жақтары көп болғаны анық. Өйткені атамыз спорт аренасында жарты ғасырға жуық тіршілік кешкен (иә, тіршілік кешкен) қазақтың тұңғыш кәсіби спортшысы еді. Кәдімгі халықаралық ірі жарыстар мен біріншіліктерді қоспағанда, грек-рим күресінен төрт рет, еркін күрестен екі рет әлем жеңімпазы атанған кәсіби балуан.
Осы жерде әлем біріншілігінің жеңімпазы атағы туралы айтқанда, ол дәуірдің, одан қалды кәсіби спорттың ерекшеліктерін ұмытпауымыз керек. Ол жылдары (дәл қазіргідей) кәсіби спортта әлем біріншілігі дәрежесіне теңестірілген халықаралық жарыстардың, сондай-ақ сол жарысқа қатысатын балуандардың шеберлік деңгейіне қарай бөлінген өз рейтингі, өз классификациясы болды. Ол кездері қазіргі кәсіби бокстағы немесе кәсіби күрес жекпе-жектеріндегі секілді әлемдік жарыстар жыл сайын емес, жылына бірнеше рет өтуі мүмкін еді. Мұндай жағдайда бір жылда, бір салмақта бірнеше адам қатарынан әлем жеңімпазы атағын иемденуі әбден мүмкін болды. Мысал ретінде орыстың даңқты балуаны Иван Поддубныйдың қырық дүркін әлем жеңімпазы болғанын айтсақ та жеткілікті. Дегенмен, балуандар өз салмақ қатегориясы бойынша ғана емес, абсолюттік салмақта, яғни түйе балуан атағы үшін күресетін болғандықтан, бұл атақты жеңіп алудың қаншалықты қиынға түскенін де айта кету керек.
Алты жылдық арнайы спорт мектебін үш жылда бітірген, жарты ғасырға жуық кілемнен кетпеген балуанның барлық белдесулерін тізіп жатпаймыз. Он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында Қажекеңмен күреспеген әлем балуандары кемде-кем. Олардың ішінде Иван Поддубный, Иван Заикин, Збышко-Цыганевич, Ганс Қаун, Георг Лурих, Поль Абс, Жан Сабатье, Стурмент секілді әлем біріншілігінің жеңімпаздары болды. Өткен ғасырдың басында Еуропа мен Россияда кең тараған цирк жарнамаларынан Қажымұқанның осынау атақтары жер жарған алыптармен арада болған жекпе-жектері туралы хабарландыруларды жиі кездестіруге болатын. Алматыға келген сапарында өзі айтқандай атамыз жықты да, жығылды да. Өйткені кәсіби спорттың өз заңдылықтары солай еді. Кәсіби спортшылар арасындағы жекпе-жектер ақшаға тәуелді болды, оның үстіне бір жыл ішінде ондаған, тіптен жүздеген рет кілемге шығуға тура келетін. Ал сол жекпе-жектердің бірнеше сағатқа немесе бірнеше күндерге созылған кездері де бар.
Отызыншы жылдардағы нәубет кезінде Өзбекстан жерінде қашып жүрген Қажекеңді өзбектің өгіз көтерген Озар балуанымен күрестірмек болады. Озар балуанның: «Ол – арнайы күрес мектебін бітірген кәсіби балуан. Ал біз әуесқой балуанбыз, бізге күресуге болмайды», – дейтіні осыдан.
Соғыс жылдарында Алматыға келген балуаннан Әбділда ақын: «Қажеке, талайды көріп те, алысып та жүрсіз ғой, солардың ішінде көңілге толған біреуі болды ма?» – деп сұрағанда: «Неге болмасын! Жер кең, халық көп қой. Туған ғой небір жойқындар», – деп жауап берген балуан кәсіби спорттың қиындығын меңзеген болса керек.
Өз заманының талаптарына сай Қажымұқан жан-жақты спортшы болды. Грек-рим күресі мектебін бітірген ол американ (қазіргі еркін) күресінен де жоғары табыстарға жетті. Бұл жөнінде балуанның жары Надежда Чепковская: «…1910 жылы мен Халиоллаға екіқабат едім. Қажымұқанды арнайы телеграммамен Оңтүстік Америкадағы Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласына американ еркін күресінің чемпионатына шақыртты. Қажымұқанның сапары сәтті болып, еркін күрес бойынша Американың чемпионы атанды», – деп жазды. Қажекеңнің теңіздің арғы бетіне сапары жөнінде 1914 жылы «Русский спорт» журналы да жазған болатын. Балуанның бұл табыстарына қазақша күрес әдістерінің американ еркін күресіне жақындығы өз әсерін тигізгені анық. Жас Мұқан Санкт-Петербургтегі күрес мектебіне оқуға барғанға дейін он жылдай қазақша күреспен айналысып, Ақмола, Қызылжар еліне аты танымал балуан болғанын білеміз.
Атамыз Шығыс жекпе-жектерін де меңгерді. Қажекеңнің белгілі жапон балуаны Саракеки Джиндофумен күресі жайлы алыпқашты әңгіме көп. «Бұл шын күрес емес, цирк аренасындағы өнер көрсетудің бір түрі болатын», – деген сөздің де жаны болуы мүмкін. Бала күнімізде біздің ауылға цирк балуандары жиі келіп тұратын. Солардың бірі, осы күресті өз көзімен көріп, балуанның сеқунданты болған Григорий Динавицкидің өз аузынан естіген әңгіме мынау:
«Аренаға Жапония чемпионы Саракеки шықты. Оның салмағы 190 килограмм болатын. Күрес басталмас бұрын денесін майлап алған ба, қоладай жылтылдайды. Бұл джиу-джитсу күресі еді. Бұл күрестің ережесі бойынша аяқ-қолды сындыру, тіптен өлтіруге дейін рұқсат етілетін. Бұл шарт көпшіліктің зәресін кетірді. Міне, кілемге Қажымұқан шықты. Жоғарыдағы шартпен келіскен сыңайлы. Ол кезде балуанның салмағы қарсыласынан 60 килограмм жеңіл болатын.
Күрес Қажымұқан үшін сәтсіз басталды. Май жағып алған жапондықтың денесіне қол тигізу мүмкін емес-тін. Қарсыласы бірден дөрекілік танытты. Қажымұқанның сол жақ ерінін жаралап, құлағының ұшын жұлып алды. Енді бірде арандай аузын тамаққа салды. Барлық күшін жинаған Қажымұқан оң қолын қарсыласының езуіне салып жіберіп, періп қалғанда, алапат күштен Саракекидің бас сүйегі жалаңаштанып қалды. Жапондық балуан тіл тартпай кетті. Бірнеше жерден оқ атылды. Қажымұқанды атып еді. Жюридегілер жарыс ережесі осындай екенін айтып көндіре бастады. Өкінішке қарай, Қажымұқан да қатты жарақаттанған болатын» (Адам Вотчель. «Үш батыр». Знамя труда. 1991ж.)
Осы жолдардың авторы – Динавецкий қария біздің жас күнімізде, яғни өткен ғасырдың алпысыншы жылдары біздің ауылға жиі келіп тұрушы еді. Қарияның Қажекеңмен қатар отырып түскен суретін көрген бүкіл ауыл оны алақанға салып күтетін. Бұл жерде мәселе суретте ғана емес еді, қабақтай қарны бар демесең, қолтоқпақтай ғана шағын адамның клуб сахнасында тұрып бір жылқының салмағына тең кір тастарын тісімен (иә, тісімен!) көтергенін немесе бес тиындық қарабақыр тиынды саусақтарымен бүктегенін көрген көзде жазық жоқ шығар.
Қажекеңе байланысты аңыз-әңгімелердің кең тарауы осы цирк өнеріне қатысты болуы әбден мүмкін. Дегенмен, атамыздың цирк өнерпазы ретінде де өнерде өз ізін қалдырғаны жөнінде құжаттар мол. Бұл жөнінде балуанның жары Надежда Николаевна Чепковская былай деп жазды: «Ол Берлинде жуандығы еліден асатын сым темірді мойнына галстук, беліне белдік қылып орап, темірді қамырдай илесе, Парижде сахнаға мініп шыққан түйесін мойнына көтеріп алып кетті. Ол жетпіс бес пұт жүк салынған арбаны тісімен сүйреп сахнаға шығаратын, алып кеудесіне жиырма пұттық тас қойғызып, екі пұттық балғамен ұрып сындыратын…»
Сол кездері цирк аренасында «ғажап көпір» деп аталатын нөмір болыпты. Балуан көпір жасап тұрып, үстінен жүк машинасын өткізуге тиіс еді. Әлемде жантүршігерлік бұл нөмірді орындаған екі-ақ адам бар екен. Бірі – әлем чемпионы Иван Заикин де, екіншісі – Қажымұқан. Бұл нөмірлердің кез келгені бүгінгі Гиннестер кітабынан орын алуға лайықты рекордтар болатын.
Қажымұқан өмірбаянының ендігі бір қыры – оның спорттық өмір жолының ұзақтығы. Он бес жастан топқа түскен балуан жетпіс жасқа келгенше спортты тастаған жоқ. 1927 жылы Орынбор қаласында өткен Кеңестер одағының чемпионатында ауыр салмақта бас жүлдені иеленген шақта Қажекең елу алты жаста болатын.
Әдетте көпшілік спортшылар спортты тастағаннан кейін босаңсып, кейде денсаулығынан айрылатыны белгілі. Мұны жылдар бойы денеге, жүрекке түскен салмақтың, кәсіби спортшылар қолданған анаболиктің, допингтің әсерінен деседі. Қажекең болса, жетпіс жеті жыл, яғни өле-өлгенше тұғырдан түскен жоқ. Жетпістен асқанда Айдархан, Жанәбіл атты тұлымшағы тоқпақтай қос ұл сүйді. Ұлдары да әкеге тартқан алып күш иелері болды. Қажымұқан есімі жарнамаларға «жер жүзінің балуаны» деп жазылуы бекерден бекер емес.
Көрсеттің қайратыңды ел көзіне,
Жеттің де арман еткен дер кезіңе,
Дүрілдеп өттің дүние Бас балуаны,
Ұл тартып туса жақсы енді өзіңе, –
деген өлең жолдарында шындық бар.

2

Қажымұқан әлемнің елу тоғыз елінде болып, алтыны, күмісі, қоласы бар, қырық сегіз медаль алған ғой. Балуан өмірбаянына байланысты алыпқашты әңгімелердің көбі осы медальдар төңірегінде өрбіді. Жалпы отызыншы жылдар Қажекең өмірінің көлеңкелі, күңгірт тұсы екенін айтуымыз керек.
1933 жылы Алматыға келген Қажекеңе қаржылай көмектескісі келген ел басшылары: «Медальдарыңызды тақпайсыз ба?» – дегенде, «Медальдардың алтыны мен күмісін азық-түліктің тапшы жылдарында Омбының «Торгсиніне» апарып ұнға айырбастадым. Ал қолаларын ауылға тастап кеттім. Қартайғанда темір саудыратып жүру не керек деп ойлап едім. Енді оларды қолға түсіру қиын, балалар», – деп жауап берген.
Еуропа мен Ресейде шыққан жарнамаларда, тарихи құжаттарда балуанның кеудесін жарқыратқан медальдардың жоғалып кету себебі бұл ғана емес. Бұл мәселені сол жылдардағы тарихи жағдайлармен, сондай-ақ Қажымұқан атамыздың жеке бас өмірбаянымен тығыз байланыста қарастыру керек.
Қазақ даласына аласапыран әкелген Ұлы Қазан төңкерісі кезінде сол кездегі алдыңғы қатарлы азаматтар қатарында балуан да саяси өмірден тыс қала алмаған. Осы кезде қазақ даласында «Алаш» және «Үш жүз» партиялары саяси аренаға шыққаны белгілі. Бұл жөнінде Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол; тайғақ кешу» кітабында мынадай жолдар бар:
«Расында «Үш жүз» партиясы жасаларда, білек қайратын көрсетпек болып, аз ғана ереуіл жасап алыпты. Болашақ «Үш жүз» бір күні қол-күш жұмсайды. Балуан Қажымұқанды алдына салыпты. «Үш жүз» партиясына жазылғандардың дені Омбы қаласының жатақтары, жәмшіктері, кедейлері еді. Мәселен, іштерінде атақты балуан да бар еді. Қажымұқан жұмыскер жалшы болатын. Ал «Алаш» партиясына кіргендер – Қазақстанның байшылдары, мырзалық қуғандары, «сыпалары», төре болайын деп жүрген жастары, ылғи гимназиядан тәрбие алған «Алаштың» бөбектері. Әрине, қандай бір істе болса да, қандай сөздерге болса да жатақтар мен жәмшіктерден гөрі «төре», «сыпалар» шебер болады. «Оқыған сыпалар» боқтауға да шебер, сөгуге де шебер, мақтауға да шебер. Дұшпанына ор қазуға да шебер, орға құлатуға да шебер. Надан жатақтар мен надан оқымаған жәмшіктер неге болса да олақ, неге болса да дөрекілеу келеді. Қажымұқанның да жуан білегі болмаса, дауласып, юрист Жаншаны жеңе алар ма?!.»
Өткен өтті, кеткен кетті. Көп ұзамай большевиктер партиясынан басқа партиялардың қатарында жүрген (немесе тілектес болған) қазақ зиялыларына тықыр таянды. Сталиндік «қызыл қырғынның» жаппай қасапқа айналуына сол кездегі қазақ руларының, оның ішінде Орталық Қазақстандағы Арғын мен Қыпшақ руларының арасындағы алауыздық та өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Осылайша, саяси өмірге араласқан адамдар тағдыры оңай шешіле бастайды.
Шет елде болған кезінде өз туысқаны Мұстафа Шоқаймен жолығып әңгімелескен, жиырмасыншы жылдары саяси аренаға шыққан қазақ зиялыларымен аралас-құралас болған балуанға бас амандығын ойлайтын кезең туады. Саяси науқан қызып тұрған Орталық Қазақстанмен салыстырғанда, қазағы мол оңтүстік өңірге аңсары ауады. Ақмоланың түбіндегі ағайын-туған асарлап салып берген жаңа үйін (екі бөлмелі жер үй) тастап, балуан асығыс жолға шығады.
«Жол, әке айтқан жол, ұзақ болды. Ол Қараөткел мен Қызылжарда, одан кейін Омбыда біраз болып (балуанның алтын, күміс медальдарды Омбының «Торгсиніне» өткізетін тұс осы. С.Б.) Семейге тартты. Жол болсын айтқандардың өзіне дұрысын айтпай, Орынбор кеттім деген…
Ертіс үстінде ағысқа қарсы жүзген кемемен көп жүрді. Толқында ойға ой қосылды. Кемеден түсіп, пойызға отырды. Алматыға аялдаған жоқ. «Көрген жерде ауыл бар» дегендей, Түркістаннан бір-ақ шықты. Ердің ел-жұрты көп. Қаратаудың күнгей бетінен өзіне жайлы орын тапты…» (С.Бақбергенов. «Самолет қанша тұрады?»).
Иә, бұратылып аққан сұлу Арыс өзенінің бойы жайлы да берекелі орын еді. Батысында – қасиетті Түркістан, шығысында – өзінің пірі, талай рет аруағына сыйынған Баба Түкті Шашты Әзіз бабаның мазараты жатыр. Өз атасы Қара Қыпшақ Қобландының қыс қыстауы – Қараспан таудың етегі қашанғы атамекені. Қасиетті де қастерлі Ордабасы тауы – үш жүздің басын қосқан әулиелі орын. «Халық жауы» атанып, басына бұлт үйірілер болса сонау Еуропа мен Қиыр Шығысты байланыстырып тұрған шойын жолдың торабы да осында. «Қызыл қырғынның» қасабы жете қоймаған, жаны қысылса жылыстап кетер Жизақ жері, одан әрмен өз ағасы өзбек елі тиіп тұр…
Өзбек елі балуанды жатсынбады. Туған бауырындай еркелетіп, бауырына тартты. Оның үстіне Ташкент төңірегі – өзбек пен қазақтың ортақ мекені, ағайынды екі ел қойындасып тіршілік етіп жатқан кез. Өзбек ағайын «дүние бас балуанын» басына көтеріп күтті, ел ішінен таңдатып келіншек әперді, Мұхтар есімді ұл сүйгізді.
Өзбекстан жерінде сайрандап жүріп жатқан Қажекең 1938 жылы ел жақтан немере ағасы Ескерместің қайтыс болғаны жайлы қайғылы хабар алады. Асығыс жолға жиналған балуан елге келді, ағасының туыстарына көңіл айтып, артында қалған жетім балаларының көз жасын сүртті. Көп ұзамай қазақ дәстүріндегі әмеңгерлік жолмен жеңгесі Мінәйімге үйленді, ағаның отбасының бас иесіне айналып, Темірланға келіп, Найман арықтың бойында отырған ағайын арасында біржола орын тепті.
Қажекеңнің өкіл баласы, өмір бойы балуан кесенесіне шырақшы болған Есбол қария айтады:
«Сол жылдары мен он үш жаста едім. Есім кіріп қалған кез. Қажекең қатты жасып жүрді. Үйде оңаша қалса болды, қолына домбырасын алады, көбіне-көп Сәкеннің «Ақсақ киігін» ыңылдап айтады. «Ешкім естіп қалмады ма?» дегендей, жан-жағына жалтақтап отырады. Сөйтсек, Сәкеннің ұсталып кеткен кезі екен. «Ақ патшаның» суреті бар біраз медальдарын жеңгелері мен келіндеріне таратып берді…»
Қазақ елінің серкелерін баудай түсірген отыз жетінің «қызыл қырғыны» Қажымұқан тағдырында осылайша өз қолтаңбасын қалдырды. Балуанның: «Жақсылықты жасымда – татардан, қартайғанда – өзбектен көрдім», – дейтін кезі – осы тұс. Өзбекстан Атқару Комитетінің төрағасы Юлдаш Ахунбабаевқа барып, алақан жайып көмек сұрайтын кезі – осы кез.
Балуан басындағы қара бұлт 1941 жылдың желтоқсан айында Алматыға келіп, әупірімнің күшімен көз көрген жолдас-жора, ағайын-туғандардың арқасында «үлкендерге», яғни Орталық Комитет басшыларының алдына кіріп, үлкен басын игеннен кейін ғана, табанынан тозып, кәрі сүйегін саудыратып жүріп жиған ақшасын самолет сатып алу үшін майдан қорына жібергеннен кейін ғана тараған еді.

Кәдімгі Қажымұқан

Халық қашанда өз асылын ардақтап, аспанға қөтереді, атын аңызға айналдырады. Аңызға айналған жақсы ғой, дегенмен, көпшіліктің ортасынан шыққан кәдімгі қарапайым адамның бейнесі қансыз, жансыз суретке – иконаға айналып кетпесін деңіз.
«Әдетте батырлар, балуандар туралы артық ауыз әңгімелер де айтыла салады. Кейде аңызға айналған адамдардың бойына сыя беретін болған­дықтан, өлшемге, жарастыққа келмейтін қылықтар да жамала береді. Мұндай жамау, жасқаулар Қажымұқан туралы да аз болған жоқ», – деп жазды батырдың рулас інісі ақын Әбділда Тәжібаев ағамыз.
Балуан жайлы ақиқат сөз енді ғана айтыла бастады, әлі де айтылмағаны көп. Әзірге Қажекең жайлы әдебиеттер мен кинофильмдерде оның адами (кейде пенделік) қасиеттері ашылып көрсетілген жоқ. Шындық шеті сонау алпысыншы жылдардың басындағы жылымық кезең мен сексенінші жылдардың қайта құруы кезінде жазушылар Әлімқұл Бүркітбаев пен Сәуірбек Бақбергенов жазған шығармаларда қылаң берді. Онда да өз уақытының идеологиялық бағыт-бағдарының шеңберінде жазылды. Шынында да арыстарымыз ақталмаған жағдайда, ол кезде балуанның жеке басының кейбір тұстары мен репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларымен қарым-қатынасы жайлы ашық жазу мүмкін емесін көбіміз түсінеміз. Ол «балуан Мұстафа Шоқаймен, Мағжан ақынмен тамыр, таныс, жолдас болды» деп жазу түгілі, «Әмеңгерлік жолмен бірнеше әйел алды» деп айтудың өзі кеңестік моральға қиғаштау келетін уақыт болатын.
Қалай дегенде де алты миллион қазақтан шығып, алты құрлықты аузына қаратқан, жарты ғұмырын жат жерде өткізген балуанның өле-өлгенше туған топырақтан қол үзбеуі, өзінің қазақы қарапайым мінезін сақтап қалуы таңқаларлық. Ол өз Отанының нағыз патриоты болды, ешқандай дүние-байлық оны өз жолынан тайдыра алған жоқ. Екі жыл армия қатарында жүріп ана тілін ұмытып оралатын замандастарымыз қырық жыл ғұмырын сыртта өткізген аталарының ақындық, әншілік, атбегілік өнерден қол үзбегенін біле ме екен?..
Болып өсті несібем менің түзден,
Кім бар екен елінен күдер үзген?!
Есіме туған елім түскен уақта,
Жас домалап түседі екі көзден, –
деп өлең жазғанын біле ме екен?!
«Ол кездері ақшаға сатылып, шет елдерде қалып қойған балуандар аз болмаған. Мәселен, лезгин Робин Хасаев, эстон Георг Гаккен-Шмидт, орыс балуаны Иван Заикин және басқаларының аянышты тағдырын айтуға болады», – деп жазды батырдың жары Надежда Чепковская. Тұрмысты ақша билеген заманда мұндай мүмкіндіктер Қажымұқан балуанды да айналып өтпеді. Бірақ ол Түркияда өткен әлем чемпионатынан кейін түрік елінің атынан күресуді, қажылыққа барған сапарында Араб әмірлігі атынан күресуді ұсынған ұсыныстарды қабылдаған жоқ.
«Батырлық, байлық кімде жоқ. Ал қазақта бай мен батыр атаулы жетіп артылады. Бәрінен де елді аузына қаратқан ақын болғанға не жетсін», – деген екен Қажекең. Жат жерде жүрсе де өз тілін ұмытпаған, денесі таудай, ал жүрегі нәзік, көңілшек адам домбыра шертіп, өлең шығарған. Өзімен бірге боз кілемді шаң қылған шетелдік достарын өле-өлгенше аузынан тастамай айтып отырған, айтқан кезде әжім торлаған көз ұясына жас ұялайды екен.
Иә, кәдімгі Қажымұқан… Мына әңгімені самолет сатып алу үшін жинаған ақшаны жіберу мақсатында банкке барған балуанның жанында болған ақын Омарбай Малқаров ақсақал айтып еді:
«…Ол кезде обкомда нұсқаушымын. Майданға ақша жіберетін болып, аудандық милиция бөліміне келдік. Жігіттердің бірі қарсыдағы дүкенге жүгіріп кетіп, арақ әкелді. Екі бөтелке арақты бір дәу ыдысқа құйғызған батыр басына бір-ақ көтерді. «Тағы… Тағы… Сізді шелегімен ішкен дейді ғой», – деп жатыр жігіттер. Батыр басын шайқады. «Ол ерегістен болған жәйт. Мына ақшаны жоғалтып алып, басым бәлеге қалмасын…»
Жаныма милиция ертіп, батырды банкке алып келдім. Ірісі, ұсағы бар, бір қап ақша… Банктегі қыздар жарты күн санады. Ал Қажекең екеуміз Сталинге хат жазуға отырдық. «Бір-екі орыстың атын есіне салып қоймасақ, сол мұртың мені ұмытып қалған шығар», – деді балуан. Өзімен жолдас болған оншақты балуанның атын атап шықты да, ішінен біреуінің атын өшіртіп тастады. «Адамгершілігі төмен еді. Ерегісіп басын талай мыжығанмын», – деп кеңкілдей күлді сосын…»
Иә, «адамгершілігі төмен еді», – депті батыр. Батырлық пен байлықтан адамгершілікті жоғары қойған кәдімгі қазақ ата баласының ғана аузынан шығатын сөз.
Осы жерде бүгінге дейін Әлемнің бас балуанының өмірбаянына қатысты бірнеше түйткілді мәселенің басын аша кетуді жөн көреміз. Біріншісі, балуанның туған жылына қатысты күдік. Қазіргі қолда бар деректерде Қажекеңнің өз досы Поддубныйдан бірер жас кіші екендігі айтылады. Жан жары Бәтиманың жазбаларына қарап та балуанның туған жылына күдікпен қарайтынымыз бекер емес. Ал екіншісі – туған жеріне қатысты даулы пікір. Оңтүстік өлкеде Қажекең Қараспан тауының етегінде Шәуілдірде туды десе, арқадағылар Ақмола мен Қараөткелді атайды. Қажекең дүниеге келген мерзім қазақ даласының біржола отаршылдық езгісіне түсіп, атам қазақтың басына «балапан – басына, тұрымтай – тұсына кететін» алмағайып заман орнаған уақыт. Оның үстіне Сырдың қамысы қалың қазақтың қыс қыстауы болса, жаз жайлауы – ақ селеулі Арқасы. Арқа мен Сырдың арасында сапырылысып жүрген қалың елдің бір ұлы жол үстінде – Жамбыл таудың бауырында дүниеге келген Жамбыл ағасы секілді, аттың жалы, түйенің қомында туса да жарасып тұр емес пе?.. Әлемге аты жайылған бір азаматын бөліп-жарғаннан ұтатын қазақ ата баласы үшін осы бір өнбес дауды қоятын уақыт жеткен сияқты.
Иә, балуан жайлы алыпқашты әңгіме көп. Өткеннің бәріне тас атуды әдетке айналдырған ана бір жылдары баспасөз бетінде: «Балуан өмірінің соңғы жылдары қиындықпен өтті. Осыдан келіп жетпіс жасқа келгенде ел жағалап, көмек сұрауға мәжбүр болды» деген пікір қылаң беріп қалып жүрді. Соңғы кездері осы пікірдің қайтадан айтыла бастағанын байқап қаламыз.
Біле-білген адамға бұл енді мыйға сіңбес қисын. Қажекеңнің Совнаркомға, сол Совнаркомды басқарып отырған інісі Нұртас Оңдасыновқа хат жазғаны рас. Жазғанда бір басының жайы үшін емес, ағайын, туыстың мұқтажы үшін жазды. Шын мәнінде мына өмірдің қиындығымен қатар, қызығы мен шыжығын бір адамдай көрген жан Қажекеңдей-ақ болар. Балуан өмірінің соңы өз туысы – қалың Қыпшақ жайлаған Қараспан тауының етегінде, бұраңдап аққан сұлу Сырмен еншілес Арыс өзенінің жағасында, ағайын-туған, ел-жұртының ортасында өтті. Өзі секілді Әлем балуаны атанған Иван Поддубный соғыс кезінде Украинаның Емец қаласында немістердің биллиард клубын басқарып тұрған кезінде Қажекең ел аралап тірнектеп жиған ақшасын әскери ұшақ сатып алуға берді. Сол қиын-қыстау соғыс жылдарында жаны жомарт ел-жұрты жылы-жұмсағын ардагерінің аузына тосты. «Қазақ даласының Батыры» деген құрметті атақ беріп, әспеттеді. Ең қызығы, ежелгі қазақ дәстүрімен келіншек әперіп, жаны жайсаң Жәнәбіл аттас ұрпақ сүйгізді.
Қазақ даласының ардагері 1948 жылы жетпіс жеті жасында көрген сүт кенжесі Жанәбілінің алдында, ағайынның ортасында көз жұмды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің араласуымен басына зәулім кесене-күмбез орнатылып, қола бюсті қойылды.
Қажымұқан бейнесі егемен еліміздің рәміздерінің біріне айналды. Ел ерге қараған мезгілде жерге қарамаған қазақ даласы болса бір балуанына қарап өз көшін түзеді.

Серік БАЙХОНОВ

Пікір қалдыру