ҚОҒАМ ҚАСІРЕТІН АРҚАЛАҒАН ТУЫНДЫ

Тұрысбек СӘУКЕТАЙ

Көркемөнердің өмірбақи азбайтын жалғыз мұраты –
шындықтың мақтан тұтар жағы мен жантүршігерлік
жаман жағын да айнадан көрсету.
Шекспир.

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Япыр-ау, Шекспир не дейді? Жаз демейді, суретте демейді, сипатта демейді, баянда демейді, – «айнадан көрсет» дейді. Ал Сағат Әшімбаев не дейді? «Нақ өз заманын өз кезіңде жазған бірден – бір адам Шекспир» дейді. Ал мен не деймін? Өз заманын өз кезінде жазып емес, айнадан көрсете алған бірден-бір жазушы Тұрысбек Сәукетаев десем сенесіз бе?
Бір данышпан айтқан екен «Екі рет оқуға тұрмайтын кітап – бір рет оқуға да тұрмайды» деп. Ал мен бұл кітаптарды (Тұрысбек Сәукетаев, «Қилы тағдыр». Романдар циклі. 6 кітап) екі, үш, бәлкім одан да көп оқыған шығармын. Менің бұл кітаптарды оқуым – құмды шөлді ұзақ шарлап, кенезесі кепкен адамның кенет алдынан кездесе кеткен тастай тұмаға бас қойғанындай болды. Қомағайлана, тойымсыздана оқыдым. Оқымадым – сімірдім, сіңірдім. Өзім де сол әлемге сіңіп, еріп жоғалдым. Өзім – өзім емес, кітап кейіпкерінің біріне айналдым. Себебі кітаптан өзімді көрдім. Сізді көрдім. Оны… Оларды көрдім. Өз тағдырым мен тауқыметімді тағы бір бастан кештім. Барлық қызыл-жасыл әлем-жәлемімен көз қарықтырған, жалған жарқылымен, уда-шу даңғаза-даңғой жарнамасымен жұбатқан және алабажақ, шұп-шұбар жалаңаш кейпімен шошытқан ортамды, заманымды, қоғамды көрдім. Ғасырымның алқынған демін, солқылдаған жүрек соғысын, ышқынған үнін естідім. Әр парақтан сорғалаған жас, сойқақтаған қан төгіліп тұрғандай сезіндім. 1-кітаптың басында кездескен бас кейіпкерімнің азат жаны мен азапты тағдырын өз тағдырым деп қабылдадым. Одан соңғы сәтте одан бір сәт айырыла алмай, бірге сапар шектім. Тіпті оның соңғы тағдырына алаңдағаным соншалық – авторды іздеп барып, әлі қолжазба күйіндегі жалғасын оқыдым. Кез келген оқырман осы күйді басынан кешер еді. Себеп неде?
Себебі бұл кітап – тұнып жатқан тұңғиықты астан-кестен еткен тас кесек.
Себебі бұл кітап – тұмса дүниенің тас құрсағын дар айырып, дүниеге ерте келген шақалақтың шарылы.
Себебі бұл кітап – оқыдым деуге жүрек керек, оқымадым деуге ұят керек кітап.
Себебі бұл кітап – осы күнге дейін бойымыз үйренген көне қыпшақтың қыш қорғандарынан құлағымызға келіп жеткен күмбір-күмбір қоңырау үні де емес, сардалада жосыған жортуылдар дүбірі де емес, не болмаса сұлулық пен гармонияға, махаббат пен сезімге шомдырып, қуанышты күрсініспен аяқтап, оқырманды әже әлдиіндей тербеп, тәтті ұйқыға жетелейтін де кітап емес.
Себебі бұл кітап, керісінше, «Ұйықта, қазақ, баю-баймен» қалғып жатқан, тоғышар қанағатын місе тұтқан жан-дүниемізді астан-кестен етіп сілкіп-сілкіп алады да, тамырыңда қалған бір тамшы қазақы қаныңды қайнатып, өзіңнің қазақ екеніңді, ұлт екеніңді, тіпті адам екеніңді еске салады. Өзіңе де беймәлім бір бұла күш ұйқыдағы арыстандай жалын күдірейте бас көтеріп, ақ пен қараның, өтірік пен шындықтың, жала мен жазықсыздың, билік пен әлсіздің бітіспес күресіне араласып кете барасың.
Себебі бұл кітап – ­­кем дегенде жарты ғасыр ерте жазылған кітап. Бірақ бұл бүгін, ішіндегі барлық кейіпкердің көзінің тірісінде жазылды. Міне, осынысымен де құнды. «Нағыз қаламгер кешені емес, ертеңді емес, бүгінді жазу керек» деп еді-ау Пушкин. Ал дәл біздің қоғамда бүгінді жазу оңай ма?
Оған жүрек керек. Басыңды бәйгеге тіккен жанпидалық керек. Шыбын жанын шүберекке түйген ұлтжандылық керек. Батырлық керек. Біз батыр десе дулыға киіп, садақ асынып, қылыш сермеп, жау қуып баратындай көреміз. Жоқ, әр заман өз батырын өзі жасайды. Оның үстіне руханият әлемінің, рух майданының батырлары бүгін де бар. Бірақ біз осыған үйрендік пе? Жоқ, заманды көшкен соң, билікті құлаған соң, көсемді өлген соң ғана «сазайын беріп», «жау кеткен соң қылышымызды боққа шауып» үйренген басымыз бұған ашық күнде аспаннан жасын түскендей қарадық. Шошындық, кіржидік, тыржидық, түксидік. Шындықты жазбақ түгілі оқуға батылымыз жетпейтін байғұс басымыз «ескі әдіске» көштік. Көрмеген, білмеген, естімеген болдық. «Жоғарыға» жалтақ-жалтақ қарадық. «Жоғарының» қабағын байқап алған соң, «пәлеңнен аулақ» деп, жыбыр-жыбыр жамандауға көштік. «Эклектика» дедік, «диссидент» дедік. «Заманнан жылтыраған жақсылық таппай, жамандай беріпті» дедік. «Арғы тегінде бір бәле бар, қазақты жек көреді» дедік.
Абайға да осы кінәны артқанбыз. Өз заманымыздың тамаша ақыны Ақсұңқарұлы: «Абай – рентген. Кеудеңе тоссаң, күллі иттігің көрінеді» депті. Бұдан асырып не дерсің. Сол айтқандай, Тұрысбек Сәукетаевтің бұл туындылары – рентген. Оған қоғам мен билік кеудесін тосса, күллі иттігі, тыржалаңаш сиқы көрінер еді…
Сәукетаев несімен ерекшеленеді?
Біріншіден, қазақ романистикасын жаңа бір кезеңге көтерді.
Екіншіден, композициялық түзілімдегі реформа.
Үшіншіден, көркемдіктің поэтикалық сипаты.
«Сәукетаев қазақ романистикасында жаңалық ашты» деп тұрғам жоқ, жаңа кезеңге алып шықты деп тұрмын. Тәуелсіздік Мемлекетімізде қалай жүзеге асып жатқанын қайдам, ал әдебиетімізде, әсіресе, прозада ол былай жүзеге асты. Өзінің ғасырлар бойы жүріп келген сонар ізі фольклоризм, романтизм, реализм, футуризм, символизм т.б. әдістерінен сілкініп шығып, модернизмге батыл қадам жасады. Бұл қаламгерлер жиналып алып «Келіңдер, осы әдіске көшейік» деп жүзеге асыратын нәрсе емес. Қаламгерлер өздері де сезбестен бейсаналы түрде жаңа ағымға ілеседі. Батыста ғасыр бұрын қабылданып, өміршеңдігін дәлелдеген модернизм бізге келгеніне біраз болған. Дәлі, ол бізге емес, біз оған келдік. Қаламгердің екінші тынысы ашылғандай. Өзінің зерттеп отырғаны кейіпкер емес, алдымен адам екенін түсінді. Оның кейіпкері өз заманының перзенті. Өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы барша келеңсіздікке, екіжүзділікке, парақорлыққа, жемқорлыққа, байлық пен биліктің тойымсыз әрекетіне, олардың жазықсыз құрбандарына жаны ашыды. Басын тауға да, тасқа да соғып, өзі де жапа шеге жүріп, қарсы күресті. Қаламгер де қайтсін, өзі сомдап жонған кейіпкерін әділет жолындағы күресте жеңіске жеткізіп типаж-кейіпкер жасағысы-ақ келеді. Өзі де онымен бірге бейнет кеше жүріп, ширығып, шамданып, шамырқанып келеді де, дәл кульминацияға жеткенде, сылқ түседі. Әттең, тип-кейіпкер жасалмады. Кінә қаламгерде де, кейіпкерде де емес. Кінә қоғамдық ортада. Сөйтсе қоғамдық орта, қоғамдық болмыс пен сана, қоғамдық құрылым дайын емес екен. Яғни, типтік орта жоқ. Типтік орта жоқ жерде, типтік кейіпкер де жасалмайды. Осы жерде көп қаламгер өз геройын «өлтіреді». Ал сүйікті кейіпкерін өлтіруге қимағандар, оқырманды аяғандар еріксіз постмодернизмге жүгінеді. Әділдік пен мейірімді әлдебір тылсымнан, Құдайлық құдіреттен іздейді. Сөйтіп, ғайыптан әлдебір Айғыр-кісі, Кісі иесі, Бөрі-ана, Алқызыл түлкі көмекке келеді. Бұл – үзілмеген үміт, болашақтан әділет орнайды деген сенім, оқырманның үмітін үздірмеу. Бірақ қазіргі жас балалардың ішінде құбыжығы жоқ мультфильмді көргісі келмегені сияқты, қазіргі орта буын қаламгерлерді бұл әдіс, яғни постмодернизм, қанағаттандырмады. Эфсана – аңыз, қиял секілді көрінді. Сөйтіп олардың табан тірегені – символизм болды. «Жоғарыға да» жалтақтамайсың, «төменді де» түңілдірмейсің. Сөйтіп олар азат рухты, рухани тәуелсіздікті, ата қазақтың тектілігі мен ірілігін символизмнен іздеді. Осының нәтижесінде Сүлікқаралар, Бөрісырғақтар, Көкжалдар, Селебелер, Марқасұлулар өмірге келді. Сәл іркіліп қалғандаймыз ба, қалай? Ары қарай модернизмге батыл қадам жасап, табан тіреген бірден – бір қаламгер Сәукетаев болды. Бейнелі түрде айтсақ, сатырлатып жосып келе жатқан топ жылқы долы өзенге тірелсе, бір сәт ұйлығып қалар еді. Сонда ішіндегі жанкешті біреуі асау ағынға қойып кететін еді де, қалғандары да соңынан секіретін. Сәукетаев ерлігі осындай.
Сәукетаев – тәуелсіз кезең әдебиетіндегі модернизмнің көшбасшысы. Модернизм – жаңалық. Әдістегі, тәсілдегі, стильдегі жаңалық. Сәукетаев жаңалығы неде? Шындығында. Осы жерде мынандай дау тууы мүмкін. «Ау шындық дегеніміз – реализм емес пе. Кешегі алыптарымыздың бәрі реализм әдісімен жазды емес пе. Мүйізі қарағайдай соцреализмді қайда қоясыз?» Түсініңіз, оқырман. Реализм – қоғам көзімен қарағандағы шындық, модернизм – адам көзімен қарағандағы шындық.
Көркем әдебиеттегі тәуелсіздік идеясы Сәукетаевтан басталған демейміз. Ол қазақ қаламгерлері көкірек түкпірінде жатқан шерлі күрсініс болатын. Ашып айта алмады, заманы айтқызбады. Тек анда-санда бір оқыс одағай леппен, бұлың-бұлың суретпен белгісіздеу етіп аңғартатын. Мына бір ғана сөйлемді Ғабекең (Мүсірепов) кездейсоқ ала салды деп кім айтар? «Арбада іркілдеп жатқан екі шошқаға «сендерді әлі қанша сүйрейді екенмін» дегендей сары атан тәкаппар басын көтеріп, жасаураған мұңлы жанарын белгісіз көкжиектен алмай ұзақ қарады». Сұмдық символ емес пе.
«О, жасаған-ай, былтыр осы айт күні бір ауылды ет пен қымызға тойдырған бай-бәйбіше биыл аштан өледі деп кім ойлаған?» Бұл кейіпкерінің аузымен айтқызып тұрған Би – ағаның (Майлин) өз сөзі, өз өкініші, арманы емес пе.
Қала бикешінің шляпасын киіп, гауһар жүзік, алтын сағат тағып әйелі кіріп келгенде, погребтан қаймақ құйылған ыдысты шығарып жатқан Ахмет шошып кетіп, қаймақ төңкеріліп, бет-аузына, сақалына құйылды. Дәл осы көріністе Ғабиден бай да бақуатты колхозшы, теңдікке жеткен әйелді жазып отырғандай көрінгенімен, әйел теңдігі саясатының әсіре масқара көрнісін әжаулап отыр емес пе. Сондай-ақ, Мағауиннің («Аласапыран») екі кейіпкері Ораз – Мұхамед пен тағы бір батыр – қазақтың арыстандай екі ер жігіті жекпе-жекте. Көздерін қан жауып, бірі өлмей тоқтамақ емес. Осы кезде Ораз – Мұхамедтің көзі қасындағы екі жат жұрттыққа түседі. (Бірі орыс, бірі поляк па?) Екеуінің жүздерінде де бірің өліп бірің-қал деген немкеттілік, тіпті қуаныш бар секілді. Даланың аңғал бөрілерін осылай бір-біріне айдап салғанына риза секілді. Сол сәтте жау болса да, қарсылас батырдың ерен күшіне, намыскерлігіне риза болған Ораз – Мұхамед сұлтан «Әттең дүние-ай, екеуіміз жауласпағанда ғой, сенімен емес, екеуіміз ана екеуімен жекпе-жек шықсақ етті» деп өкініш етеді. Міне осының бәрі біздің қаламгерлеріміздің көкірегінде қай заман болсын отарлауға қарсылық, тәуелсіздікті аңсау болғанын көрсетеді. Тек ашық айта алмай, астарлап қана білдірген. Сәукетаев осы тұйықтықтың томағасын сыпырды. Өзіне дейін қазақ романистикасына өзгеше сипат енгізді дедік қой. Қандай сипат? Қазақ романын эпикалық сарыннан, шартты схематизмнен, қажытқан урбанизмнен алшақтатты. Оның есесіне, Пифагордың өзі Ғаламтанудың үш негізі деп көрсетіп кеткен мифология, религия, философияны енгізді. Соңғы кезде сәнге айналған монологтық психологизмді азайтып, есесіне жанды, қақтығысты диалогты драматизмді молдап енгізді. Бұл – бұл ма? Автор қазақтың аз дегенде бір ғасырлық өмірінің бай полифониялық картинасын жасады. Не жоқ онда? Тағдыр, талан, мінез, мүсін, болмыс пен сана. Эмоция, фантазия, антропология, дәуірлік сипат, экспрессивті – эмоциональді сөздер тасқыны, тасқындап төгілген мінсіз поэтика, жанды образдар, жан түршіктірер катаклизм, дөрекі натурализм де осында… Есіме еркімнен тыс бір салыстыру келе береді. Орыс классикасында үлкен бетбұрыс, сілкініс тудырған Достоевский болатын. Сондағы жаңалығы – өмірді еш бояусыз өз қалпында, шындықты шын қалпында суреттеу. Ал қазақта ол Майлин мен Аймауытов еді. Ал шындықтың бейнесі жан шошырлық екені және рас. Сол үшін де орыс қоғамы Достоевскийге «ең қатігез жазушы» деген атақ беріп, оның туындылары бір ғасыр бойы ешкімнің назарына ілікпеген. Қазір «Қазақтың Есенині», «Қазақтың Толстойы» деп жүрміз ғой. Өз басым Сәукетаев қазақтың Достоевскийі бола ма деп қорқамын.
– Иә, қорқамын.
Екіншіден, композициялық түзіліміндегі ерекшелік. Дәстүрлі қазақ романдарында сюжет желісі төменнен – жоғарыға, бөлшектен – бүтінге қарай дамитын. Яғни, оқиға шымырлай қайнап бірте-бірте ширыға, шиленісе беретін де, ең жоғары нүктесі, яғни, кульминацияға жеткенде, атылып шешімін табатын. Ал біздің авторда керісінше. Бірден Жанартаудай бұрқ етіп атылған кульминациядан басталып, ары қарай оның мотивтері ізделеді.
Үшіншіден, ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын көркемділіктің поэтикалық меридианы. Бұған соңынан тоқталамыз.

І. «Айқараңғысы»

Сәуле түссе мәз болып шаңырақтан,
Күн кешкендей жүрміз ғой бағы батпан.
Ал ақиқат әлі де алаңда тұр,
Жалап қойып жарасын қаны қатқан.
Сол Алматы, сол алаң – бәрі жақсы.
Жалғыз куә – Алатау кәрі бақсы.
Мұз астында тарихым жылап жатыр,
Мұз үстінде ұрпақтың әні жақсы.
(Белгісіз ақын өлеңі)
Айқараңғысы – табиғат өліарасы. Ескі ай мен Жаңа айдың тоғысуындағы аласапыран кез, тас қараңғылық. Ал «Желтоқсан» –­ замана айқараңғысы, Ғасыр мен ғасыр, қоғам мен қоғам, билік пен билік алмасардағы аласпыран. Қалайда романның атының өзі сұстылығымен, тылсым сырды ішіне бүккен құпиясымен оқырманды өзіне шақырып тұр. Қарапайым халыққа алаңда жосып жүрген тобыр ретінде жылына бір рет қана көрсетіліп қоятын суреттен басқа біз Желтоқсанның қай сырын біліппіз? Сәукетаевтың «Айқараңғысы» романы сол Желтоқсанның нағыз бейнесін, оның туу себептерінің жария болмаған, халықтан жасырып келген құпиясын, сұрқия шовинизмнің ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан зымиян саясатын, саясат пен идеалогияның жалтақ, жағымпаз, екі жүздігін ашып көрсетті. Ел тағдырын сеніп тапсырған көсемдер мен лидерлердің, тұлғалардың байлық пен билік жолындағы қырқысын көреміз. «Элита» деп аталатын топтың ел көзінен тасадағы масқара бейнесін көріп, жағаңды ұстайсың. Транзиттік тұлғалардың да саясат пен биліктегі «ойындарын» аймандай ашып берді. Заманымыздың генетикалық құнары – зиялы қауымның да бет пердесі сыпырылып, ақ пен қарасы, шындық пен жаласы жарқ ете түседі. Заманымыздың ақыл-ойы, абыройы саналып келген «қаламгер» деген қауым да сиқы ашылып, көбінің әділеті, адамгершілігі, гуманизмі, ұлтжандылығы тек кітаптарында ғана екенін көресің.
Тарихи тұлғалар: Қонаев, Ташенов, Сүлейменов, Горбачев, Колбин, Назарбаев т. б. тек көсемдік, көшбасшылық сипаты ғана емес, тіпті қарапайым пенде ретіндегі астамшылығы мен тайсақтығы, өкініші мен күйзелісі қандай дәл берілген. Әсіресе, Қонаев осы кітаптан соң халқына, қазағына жақындай түседі. «Айқараңғысы» әлі күге кеппеген қанды жарасын жалап тұрған ақиқатты, мұз астына көмілген ыңырсыған жаралы Желтоқсанды, шаштан сүйреліп шыңғырған шындықты ашты…
Барлық оқиғаның өзегі, айналып соғып отырған алтын қазығы, бас кейіпкер – Әзиз Сұлтан. Сан-салалы күрделі сюжеттердің бәрі жібек тіндей тартылып, бас кейіпкерге келіп тоғысады. Автор шеберлігі ғажап. Бас кейіпкердің тұлға тұрпат, кескін-келбет, мінез-мүсін, ақыл-ой, қайрат-қарекет сипаттарын молынан пішіп, сомдап жонғандай кесек катарсистік образ жасап, оқырманды оған «ғашық» етеді. Оқырман енді одан бір сәт айрыла алмайды. Сан қилы тағдырдың, шытырман оқиғалардың, күрделі де қызықты сюжеттерінің, сиқырлы суреттердің, мөлдіреген сезімдер мен тұнып тұрған тіл шұрайының ләззатына шомыла малтығып жүріп, бір сәт бас кейіпкерден көз жазбайды, іздейді, тағдырына алаңдайды. Әккі автор оқырман үмітінің торығып үзілер шағында, күтпеген жерден бас кейіпкерді жарқ еткізеді. Автор небір шырғалаң оқиғаларды, сан салалы сюжеттерді, эпизодтық шегіністер мен лирикалық суреттерді, шешендік иірімдер мен детальдық символдарды, жұмсақ юмор мен тылсым мистиканы араластыра өріп отырып, бас кейіпкер тағдырымен байланыстырады.
Романның экспозициясының өзі ғажап контрастық символдан басталады. Классикалық тәсіл.
«Түнде жауған ұлпа қар күмістің ұнтағындай күнге шағылысады. Айналаң тұнған пәктік. Қарабайыр тіршіліктің сурет-елесі, пенделігінің бәрі-бәрі жер бауырлап, анау төменде көк түтінге қақалып, көксау шалдай күрк-күрк жөтелген лас шаһардың қалтарыс қойнауында қалыпты. Тек күлуге, сүюге ғана жаратылған кіршіксіз пәк көңіліңді алып шыққандайсың. Неткен сыңғырлы, сиқыр дүние!..
Кенет тау сілемінен ойнап шыққан қара бұлт қанатын жайған құстай екпіндеп келеді. Етегі жер сыза жөңкіген көлеңке қар бетіндегі ұшқындаған аппақ нұр мен жылуды жым-жылас етті… Қара бұлттардың төсінен сары жылан – найзағай ирең етті де, аспан шатынап айырылғандай, күркіреп барып, шарқ ете түсті. Көздерін ашса, өздері саясында дамылдаған қос қарағайдың ұзыны бел ортадан қырқай қиылып, бұтақтары күтір-күтір сынып, сүйегі үгітілгендей ыңырсып, ұлы басын иіп құлап бара жатты…» Дәл осы кезде қоғамда да тура осы құбылыс таяп қалған. Дәл осы кезде Алматы қаласын, жастар жатақханаларын, оқу, жұмыс орындарын осы желдей сумаңдаған бір топ елеусіз шарлап жүрген. Біз, не, ел емеспіз бе, намысымыз жоқ па, Қонаевті алып тастап, орнына әлдебір орысты қоймақшы. Бізде ел басқаратын қазақ жоқ па? Қашанғы орыстарды басындыра береміз. Алаңға шығыңдар! – десе, орыс топтарына барып: Бұлар бұзақылар. Ұлы орыс халқының қазаққа сіңген еңбегін бағаламайды. «Қазақтар балабақшаға басып кiрiп орыстың балаларын бауыздап кетiптi», «Кiшi станица жақта бiр топ қазақ жiгiтi орыстың қыздарын зорлап, айуандықпен өлтiрiптi…» Міне негізгі ұйымдастырушысы Қонаевтің өзінің қаншама жыл сеніп келген серіктері еді. Желтоқсанның бұрқ етуіне себепші аса зымияндықпен жүргізілген осы саясат еді. Осыны астыртын ұйымдастырушылардың біразының әлі көзі тірі. Намысқа тие айтылған сөз екі ұлттың да намысын қоздырды. Кешегі қолтықтасып жүрген орыс-қазақ әп-сәтте жау болып шыға келді. Мына эпизодқа қараңыз:
…Цех бастығы орыс әйелі цехтағы қазақтың қыздарына: «Немене, ес-дерттерің алаң жақ болып тұр ма?.. Сендерді үйретіп адам қыламыз деп жүрген біз ақымақ. Тойынған соң құтырайын деген екенсіңдер! – десе, екі қазақ қызы екі жағынан тебініп жетіп келіп, екі жағынан тұра қалды:
– Ей, крокодил! – деді қара қыз екі бүйірін таянып. – Азғындықтан басқа не үйреттің бізге? Ішкеніміз – арақ, тартқанымыз – темекі, жолдан тапқан баланы дәретханаға тастаймыз. Еңкейген ананы шашынан жұлып, қартайған әкені сақалынан сүйретіп панасыздар үйіне өткіземіз. Осы ма үйреткенің? Тілімді алдың, дінімді алдың – енді алмаған нең қалды?..
Механик, электрик боп істейтін орыс, хохолы бар, бес-алты еркек бар еді. Қолдарында бір-бір солқылдаған темір шыбық. Арматурадан әдейілеп кесіп алған. Міне, көрдіңдер ме дегендей, бұларға өшіге қарап, қоныштарын сарт-сарт ұрып қояды.
Міне, болашақ дауылдың алғышарттары осылай жасалып, әлдекімнің қолымен көселген шоқтар маздай түсті. Дәл осы кезде «Ақ үйде» не болып жатты?
Талай жыл Қонаевтың қолтығына кіріп, ол түшкірсе «Жәрекімаллалап» жүретін Айтуаровтың ішіне көптен қара мысық кірген. «Шал қартайды, енді оның айналасында менен басқа орнын басар кім бар? Өзімен текетірес түсіп, әркез иық теңестірем деп жүретін бір – екі бақталас бар. Алдымен соларды құрту керек. Соңдарына кісі сала жүріп, бірін саунада жезөкшелермен сауық құрып отырғанын, бірін ішіп-жеп қойғанын дәлелдеп, екеуін де омақастырды. Ендігі ең қатерлі – Ардабеков. Оны бірдеңемен сүріндіру қиын. Арын ақ малтадай таза сақтайтын адам. Байлыққа еш қызықпаған. Өзі автобуспен жүріп, әйелі сүттің өшіретіне тұрып жүргенін оңтүстік елі аңыз етеді. Бүкіл ел тілеуін тілеген адамды сүріндіру оңай ма? Ақыры бұзақыларын жұмсап, студент баласын қапыда ұстап алып, аузына арақ құйып, қалтасына есірткі салып, заң адамдарына ұстатып жібереді. Эфирден көрсетіп, газетке шығартады. Сөйтіп Ардабековті қапыда сүріндіреді. (Ардабеков – Әуелбеков. Ал Айтуаровтың кім екенін оқырман өзі тапсын).
«Енді шалдың орнына мен болмай кім болады» деп отырғанда, Колбин келетіні мәлім болды. Жанұшырған Айтуаров ескі досы Миронинмен (КГБ-нің бастығы) ақыл қосады.
«…– Мына пленум қызық болды-ау! – дедi Айтуаров көкiрек кернеген қыжылын жасыра алмай дауысы дiрiлдеп. – Осылай қол қусырып отыра беремiз бе?
Сонда не iстеймiз дегендей Миронин үнсiз бетiне қарады.
– Бiрiншiнiң орнына әкелген адамдарын көрдiң бе? Жәй бiр обкомның хатшысы. Оны он орайтын азаматтар өз iшiмiзде жүрген жоқ па. Қазақ болмаса да, қазақстандық бiр орысты қоюға болатын едi ғой. Бәрi – Қонаевтың кесiрi, соның iштарлығы!
Айтуаровтың iшiнде қандай ит ұлып жатқанын бес саусағындай бiлетiн Миронин жымқырған ерiнiнің жігі бiлiнер-бiлiнбес бүлк етiп жымиып қойды да:
– Иә, сәтсiз вариант, – дедi қоштап.
– Саша, қалай ойлайсың? – Айтуаров досының қолтығынан ұстады. – Мынандай демократия заманында үндемей қалғанымыз ұят емес пе. Халыққа қозғау салайық. Қоғамдық пiкiр туғызайық. Жоғары жақ Қазақстан жұртшылығының Пленум шешiмiмен келiспейтiнiн бiлсiн!
– Мұнымыз елдi көтерiлiске шақыру болмай ма?
– Жоқ, көтерiлiс емес. Жәй бунтик! Ұзағанда жүз елу-екi жүз адам Алаңға шығып бейбiт митинг өткiзсе болды. Мiне, халық қарсы болып жатыр деп айтуымызға жақсы…» Миронин өзінің сыннан өткен чекистеріне шұғыл тапсырма берді. Сол-ақ екен, нөмірсіз екі ақ волга сылаңдай зулап, қаладағы қазақ жастары басым орындарды бір күнде аралап шықты.
Ертеңінде Айтуаров Бас хатшының өзіне телефон шалды.
«– Михаил Сергеевич, масқара болдық. Бүлiгiп жатырмыз!
– Ол не бүлiк?
– Өзiңiзге талай рет ескертiп едiм ғой, Қонаев республиканы әбден былықтырып бiттi деп. Мiне, соның нәтижесi. Ұлтшылдықпен уланған қазақ жастары ереуiлге шығып жатыр.
– Қанша адам?
– Көп. Алаңға сыймай тұр. Ұлтшылдық ұран көтерiп, Қонаевтың портретiн ұстап алған…» Міне, осындай зымияндық саясатпен Желтоқсан оқиғасына түрткі болған да, Қонаевқа ор қазған да бір-ақ адам – Айтуаров. Бірақ Айтуаров ойлағандай жай «бунтик» болмады. Келесі күні алаңға қара нөпір селдей ағып, ақ үйді алқымға алды. Айтуаров халықтың қанды жарасын қалай тырнап, ескі запыранын қозғап алғанын өзі де сезбей қалды. Ашынған қазақ жастары не дейді тыңдаңыз:
«…– Өз ел, өз жерiмiз деп гүжiлдеймiз. Бiзде ел де, жер де жоқ. Өгеймiз. Өгей болмасаң, бiр мекемеге барып бiр жапырақ қағазды қазақша толтыра аласың ба? Жиналыста бiр ауыз қазақша айта аласың ба? Жүз қазақтың iшiнде бiр орыс отырсын ше, қазақша сөйлей бастасаң: «шо ты балтаеш на своем? Говори на понятном языке!» деп зекидi. Өгей болмасаң, осы тұрғандарыңның қайсыңның пәтерiң бар, қолдарыңды көтерiңдершi?.. Мiне, көрдiңдер ме, бәрiмiз бала-шағамызбен жатақхананың жалғыз бөлмесiнде тығылып, не көрiнгеннiң босағасында қаңғып жүрмiз. «Жетiм бұрышқа» баршы, пәтер iздеп жаутаңдағанның бәрi – қазақ. Бiр орысты көрмейсiң. Жалғызбасты шал-кемпiрiне дейiн екi-үш бөлме үйi бар. Ерiккен соң ит ұстайды. Қазақ сол ит құрлы да болмадық қой!..
– Осының бәрi, бiр жағынан, өз кiнәмiз, – дедi көкiрегi сыр-сыр етiп ентiккен күбi қара. – Көтке тепсе, басымызды төсеп бұға беремiз. Қамшымен шықпыртсаң, арқасын бiр қиқаң еткiзiп, қисық арбасын шиқылдатып тарта беретiн қара ешек сияқтымыз. «Қойшы, бiр жөнi болар!» деймiз. Күреспесең, тiреспесең қайдағы жөнi болады? Мектебiмiздi жапты – үндемедiк; тың игеремiз деп жерiмiзден қуып, ата-бабамыздың бейтiн трактормен таптады – қыңқ еткенiмiз жоқ; қақ ортамызға әкелiп атом бомбасын жар-
ды – былқ етпедiк. Содан кейiн бiздi басынбағанда кiмдi басынады? Мына­лар мал екен, не iстесек те көне бередi деп ойлайды. Оу, Алаш­тың баласы, мал екеш мал да тамағына пышақ тигенде, тұяғын серiп­пей ме? Тышқақ лақ құрлы жоқпыз ба? Қашанғы шыдаймыз
бұл қорлыққа!..»
Осы кейіпкер жанайқайында бір өтірік бар ма? Автор айдан алып отырған бір нәрсе бар ма? Бұл – бүкіл қазақтың жетпіс жыл бойы айта алмаған жанайқайы. Міне, осы ашулы топтың арасында әлдебір «қамқоршылар» пайда болды. «Жігіттер, жылынып алыңдар» деп жәшік арақ әкеп қойды. Сигарет таратты. Сигарет наша болып шықты. «Сөйтсе алаңға ылғи нашақорлар мен алқаштар шыққан» деу үшін әдейі ұйымдастырылған. Бұл да Айтуаров пен Мирониннің айласы. Айтуаровтың арамза қолымен көсеген ұшқын өртке айналды. Алаң тасқындаған селдей, лек-лек қара нөпір… Романда сол кезде билік басында болған талай адамның бетпердесі сыпырылып, нақ бейнесі ашылды. Горбачев, Колбин, Қонаев, Шаханов, Ташенов, Сүлейменов, Разумовский, Миронин, Устюгов, Сәменов т.б. тұлғалардың адамдық бейнелері ашылды. Әсіресе Қонаев бейнесі. Халқына алыс та жақын, таныс та бейтаныс, мәлім де беймәлім қырлары ашылды. Жұлдыз алыстаған сайын жарқырай түсетіні сияқты, Қонаевтың басшы ретінде де, адам ретінде де көп қасиетін халқы қазір түсінді. Қазіргілермен салыстырып түсінді. Неге ол шетелдерден қос-қостан вилла алмаған? Неге тұтас Алатауды өзіне меншіктеп алмаған? Неге көзі тірісінде өзіне қала салып, қала сайын ескерткіш тұрғызбаған? Неге немересімен жасты тоқалға үйленіп, кәрі текеше көзі қызарып бақылдап жүрмеген? Неге ол жерді бөліп-бөліп қарыз алған мемлекеттеріне сатып жібермеген? Неге ол қазақтың күре тамыры ауылдарды құртып жібермей, керісінше колхоз, совхозды дамытқан? Неге оның кезінде үйсіз-күйсіз қанғыбас, жұмыссыздар болмаған? Неге қазақтың мына деген жігіттері тәшкі сүйреп не шетелде құл боп жүрмеген? Неге? Неге? Неге? Сан-сауалдар халық көкейінде енді оянды. Ұлылықтың қадірін қазіргі ашкөздік пен бейшара тойымсыздықты көргенде біледі. Халифа Харон – Рашидтей әділ, Гандидей қарапайым басшының қадірін енді таныды. Ал Қонаев бейнесі Алатау сынды алыстаған сайын биіктеп, ғарыш жұлдызындай алыстаған сайын жарқырай түсті. Қонаев барша көсемдік, көрегендік, даналық, әділдік және оның да басқалар секілді пендешілдіктен аттап кете алмаған әлсіз сәттерін де ашып, оны тек көшбасшы көсем емес, адам ретінде халқымен қайта қауыштырған және Сәукетаев. Қазақ халқы сүйікті ұлымен екінші рет емірене, күңірене, сүйіспеншілікпен, кешіріммен қауышты. Ғасырға жалғасып келе жатқан алпауыт империяға, орыс шовенизміне ақырып қарсы тұра алмады, әрине. Ол мүмкін де емес еді. Сонда да үй ішінен үй тігіп, жіңішкелеп әрекет етті. 25 жыл қой баққан шопанға Алматыдан кезексіз үй берілсін, екі жыл шопандар бригадасында еңбек еткен жастар жеңілдікпен жоғары оқу орнына қабылдансын, колхоз-совхозда тұрғын үйлер көптеп салынсын, тарихи көне ғимараттар жаңғыртылсын деген өз бетімен шығаған бұйрықтарының бәрі кейін өзіне айып болып тағылды. «Орталықты қойшылар қаласына айналдырмақ… Ортағасырлық хан, ұлтшыл… Небары 40% қазақтан Республика басшылығында 83% қазақ отыр…» Міне, осындай айыптарды іздеп тауып, Москваның құлағына сыбырлаған тағы Айтуаров болатын. Сәукетаев халық пен Қонаев арасында жалаң мәмілегерлік роль атқармайды. Оның адамға тән осалдығын, пендешілдігін де көрсетеді. Ол өз айналасына іскер әділ, тура тілді, халық құрметтейтін, тым ұлтжанды қызметкерлерді жимады. Олардан саналы түрде бастартты. «Өзімнен асып кетеді-ау» деп қорықты. Ондайларды бір сылтаумен төменге сырғытып отырды. Мысалы, Ардабековты оңтүстікке обком секретары етіп жіберді. Сөйтіп қасына өзі біліп және ұнатпай тұрса да жарамсақ, жағымпаз, жылмаңдарды жинады. Айтуаров, Сәменов, Қарабалин…
Кейін осылардың қазған орына түскенде, бармағын шайнап өкінді. Мына үзіндіге қараңыз. Алаңдағы қара нөпір жастардың «Димаш аға, Димаш аға» деген күркіреген дауыстарын естігенде, қарт Димекеңнің көкірегін көк жалын шарпып, өксікке булықты. «Мiне, менiң ұл-қыздарым! Осы емес пе ұрпағым! Кешiре гөр, жасаған ием, халқым, қазағым барда қубаспын деп күңiренгенiм күпiрлiк екен. Осынша жоқшысы бар адам қалай жетiм көңiл жалғыз болмақ? Сағыңды сындыртпаймыз, намысыңды таптатқызбаймыз деп өре түрегелiп, әне мың-сан ұл мен қызы Алаңға келiп тепсiнiп тұр. От пен судан тайсалмай қай бала бүйтiп әке үшiн басын бәйгеге тiге алады? Айналайын, құлындарым, жарықтарым менiң!.. – Тереңнен тыныс тартып күрсiнгенде, көкiрегiн көк жалын шарпи соғып, өксiкке булықты. Көздерiнiң қиығынан ып-ыстық қос тамшы мөлт етiп, аққұба ашаң жүзiн қуалай домалап бара жатты. – Ардағым, асылым деп тұрсыңдар-ау, қарақтарым. Елжiреген жүректерiңнен айналайын. Ықыластарыңнан садаға кетейiн! Бiрақ мен сендер үшiн не iстеп, не тындырдым? Сендердiң тағдырларың, болашақтарың үшiн дәл өстiп басымды бәйгеге тiккен жерiм болды ма? Сендер ойлағандай мiнсiз әулиемiн бе? Сендер елестеткен кiсiлiк биiкке көтерiле алдым ба? Әттең дүние, өткен күннiң медетiнен өкiнiшi мол екен. Мен де жұмыр басты пенденiң бiрiмiн ғой, қарақтарым. Сүрiнген, адасқан тұсым көп болыпты. Қас деп доспен алысыппын, жуас деп нәрсiздi жинаппын айналама. Ендi мiне, көз алдымдағы көк тұман сейiлгендей, жақсы-жаманды басқаша парықтап, бармақ шайнап пұшайман болып тұрғаным мынау!..»
Ұлы кеуденің соңғы өкініші. Оны алаңға жібермеді, өз үйінде қамап ұстады. Қонаевті орнынан алып тастап, орнына Колбинды отырғызуға 17-ақ минут кетті. Бір көсемнің емес, бір ұлттың тағдыры 17 минутта шешілді.
Күллі романдар цикліне алтын стержені – Әзиз-Сұлтан. Оқиғаның бәрі соның айналасында өрбиді. Қазіргі қазақтың әлуметтік жағдайын, қоғам мен биліктің, саясат пен экономиканың сұрқай суретін бір ғана Әзиз-Сұлтанға ере берсеңіз көресіз. Әзиз-Сұлтан жаңа ұрпақ бейнесі. Біз қазіргі ұрпаққа біржақты баға беріп жүрміз. «Мәңгүрт, космополит, нигилист» дейміз. Бірақ қазіргі ұрпақтың бойында аға ұрпақта жоқ бір қасиет бар. Ол – шындық көзіне тура қарау, бетке айту, ерекше бір тазалық бар. Аға ұрпақтағы жасқаншақтық, жағымпаздық, тайғақтық, жарымсақтық, құбылғыштық жоқ. Педанттық көзқарастағы аға ұрпақ өздерінде жоқ осы қасиетті мәңгүрттік, көргенсіздік, тәрбиесіздік деп қабылдайды. Бірақ бұл ерекше адами тазалық. Әзиз-Сұлтан сол жаңа ұрпақтың Көшбасшысы. Оның көзімен қоғамдағы сұрқия көмбелер ашылып, оның от жалынды сөздерімен үкім оқылады. Мысалы, қазақ жерінің қойны-қонышында өріп жүрген қойшы-бақташылардың өмірі. Жиырма бес жыл мал соңыда салпақтаған Мұхамед-Шәріп шопан инсульт алып мүгедек болғаннан кейінгі күйі.
… Радио әндетіп тұр:
«Қазақтың бүгін шырқаған кезі,
Деді ғой Леонид Иличтің өзі.
Мақтанса бүгін мақтансын қазақ
Төбесі көкке жетпей тұр аз-ақ…»
«Егін егіп, мал баққан
Па, шіркін, қазақ елі көңілді!..»
«Дән егіп терлеген
Қазағым мықты ғой!..»
Жалған! – деді ышқынып Әзиз-Сұлтан. – Жалған! Шындық міне жаралы күймен жабырқап, өксіп көз алдыңда тұр. Шындық мынау – терезесі қырық құрау, қабырғасы шыт-шыт айырылып тіреумен әзер тұрған жар басындағы жарбиған жеркепе, сондағы бір үйлі жанның күңгірт тірлігі. Шындық мынау – өмірбойы қой соңында салпақтап келіп-келіп ең, ақырында аурулы болған соң, көшке ере алмай, жұртта ұлып қалған кәрі төбеттей не адамға, не құдайға керексіз боп, қараңғы бұрышта бүктүсіп жатқан ауру шал. Шындық сол – шыққан шөбі, аққан суы – у, тіршілікке ажал сыйлап жатқан өлі дала. Шындық сол – анау жалдың астындағы «Социализм» деген селодағы радиация індетінен аман қаламыз ба деген далбасамен жетідегі баласынан жетпістегі кәрісіне дейін арақ ішіп азып-тозып, аузын ит жалап, шарбақ түбінде қаусап жатқан ел…» Біз малшы – қазақтың газет бетіне шыққан, атқа мініп күлімдеп тұрған, кеудесіне медаль таққан суретін малданып келдік. Социалистік қоғамдағы бақытты еңбек адамы дедік. Неше алды-артын болжамаған жас қыз-жігіттің мектеп бітіре сап қой бағуға өз еркімен кеткеніне қуандық. Газет бетіне басына түлкі тымақ киіп, үстіне қызыл тон кигізіп шыққан суретін малдандық. Жалған саясатпен, ұранмен уландық. Ал қай орыстың балалары мектеп бітірісімен шошқа бағып кетті? Сол шопан өмірінің бір ғана сұрқай шындығын көріңіз міне:
­ «Қара нөсер. Шопан қоқайып ат үстінде отыр. Сірескен су киімнен қозғала алмайды. Баржиған саусақтары қамшыны әзер қысады, көгістенген еріні сөйлеуге келер емес. Түнімен тыным көрген жоқ, сүйретіліп міне тағы кетіп барады. Сорлы көке! (Әзиз-Сұлтан өз әкесі жайлы айтып тұр). Азаптан көз ашпаған бейбақ көке! Қоқиған су­-су киімнің ішінде бір сәт өз тәніңді елестетсең, жаның түршігеді. Сонда осы тозақтың өтеуі не? Тоқты басына айына төлейтіні-29 тиын, саулыққа-37 тиын. Бір үйлі жанның бала-шағасына дейін дірдектеп жүріп табатыны – 200 сом. Завод жұмысшысының жарты айлығы. Өл-тіріл, алдыңдағы мал аман болсын. Тышқақ тоқты шетінесе, қашан ветврач келіп құлағын кесіп, акт жасағанша, көміп қойған өлексені қайта қазып алып, жұрттан-жұртқа ақ құртын сорғалатып тасып жүргенің. Ветеринардың кейбір құдайға қарағаны болмаса, көбі жемсауы салбыраған пәле. Қырық жерден ілік іздеп кергиді. «Қасқыр тамақтан кеткен жоқ па, өз меншігің емес пе». Әуені белгілі. Алдына ыстық қуырдақ қойып, шөлмегіңді ашып, әке-көке деп әлдилеп отырып әрең акт жасатасың. Жекеменшік мал ұстау қиын. Қыстай комиссия. Тұтқиылдан сау ете түседі.»
Міне, шопан өмірінің бір парағы. Бір сөзі өтірік пе. Бұл аға ұрпақтың бәрінің көзбен көрген шындығы. Енді шопан балаларының өміріне келейік, әкелері жатып қалғалы, малға екі бала, небары 5,6 оқитын екі бала қарап қалды. Пәлен шақырым жердегі мектептен қатынап оқитын. Енді мектеп қайда? Малдың астын тазалау, суғару, шөп салу, қар күреу, сонау бірнеше шақырымдағы маядан өгіз шанамен шөп тасу. Талай рет боранда адасты да, қасқыр да қамады. Автор не дейді?
«Бұларда не балалық бар? Не ойнап, не күлуді білмейді, таңның атысы, күннің батысы, сарп-сарп жұмыс. Сәбилік сезім-түйсіктен ада, көкіректері қартайған. Он бір жасар шал. Жандүниесіндегі балалықты қарабайыр, қатыгез тірліктің зілмауыр салмағы таптап өлтіріп жатыр». Құдай-ау, бұдан асқан шынайы суреттеу бола ма, не деген дәл, шынайы. Екі баланың тілі де, ақыл-санасы да жабайыланып, түрпіленіп кеткен.
– 1- тоқсанды қалай аяқтадыңдар?
– Түгел үш, – деді Ескендір.
– Қайдағы, пискантурадан төртпін ғой.
– Неміс тілінен екі.
– Кетші, ей, әкең… Әнеукүні Жамал апай сенің басыңа укаскімен періп қап, мына бастың ішінде ой жоқ, маңырап тұрған қой бар, – деген.
– Шатпасыншы…
– Қазақ тілінен қалайсыңдар?
– Оны білеміз ғой енді…
– «Көсемсөз» деген не?
– Көсемсөз болса, сөздерді бастап тұратын сөз шығар. Жайлауға
шыққанда қойдың алдына серкеден көсем салады емес пе…». Міне, баланың бар ойы – қойдың ғана айналасында. Ақылы, санасы, тілі – бәрі тек малға байланысты ғана дамыған. Қазақтың маңдайына жазғаны осы ма?
Әдеттегідей, «бас кейіпкер – батыр, оның батырлығын мынадан көресің, бас кейіпкер – адал. Адалдығын мынадан көресің» деп сыдырта берсем қандай оңай болар еді. Бірақ, сыншының қандай анықтамасы да бұл жерде автор шеберлігін дөп басуға жетпей тұр. Автордағы қандай құбылысты да соншалық дәл, айқын, шынайы, жанды, жықпыл-жықпылын ақтарып, қасапшыдай мүшелеп тастау қабілетіне жету қайда? Сәукетаевтің төл сөзін төлеу сөзге айналдырсақ, нәрін, сөлін жоғалтар едік. Мына қоғамның қойнауынан оның көзі шалмаған бір қуыс, оның тілі айтпаған бір шындық қалды ма? Автордың өзіне жүгіне беретінім содан. Бір ғана Ескендір мен Ережеп емес, күллі қазақ жасының жүрер жолын қараңыз:
«Қара шаруаның қыр-сырына келгенде, майға салған қасықтай жылпып тұрған баланың оқуға келгенде жүзі төменшік. Жалы жығылып, өз-өзінен жасып, төменшіктей береді. Өйткені білімдері шала, дүмбілез. Өйткені ауыл баласы түгілі, ауыл мұғалімінің өзі қорадағы мал не болды деп әзер отырады. Содан келіп «қазақ мектептеріндегі білім нашар, баланы қазақша оқыту бекер» деген әңгіме шығады. Көрмегенім ауыл болсын деп, артына топырақ шашып, бейнеті мол жабырқау тірліктен қашып қалаға келгенде қыр баласының пейішке күмп ете қалары шамалы. Өгей орта, қырық қатпар жұмбақ дүние. Қайда барса өзінің шалағай, шала білімі алдынан шығады. Сөйлейтін жерде – тілі мүкіс, істейтін жерде – қолы бүкіш. Көретіні ылғи қағажу, шетқақпай. Ешкім бармайтын, айлығы аз, денсаулыққа зиянды, ең ауыр жұмыстарды солар істейді. Завод, фабрика, құрылыс комбинаттарындағы улы, зиянды цехтарда алты айрығынан тер кетіп айғыз-айғыз боп жүргендер кімдер? Ауылдан келгендер. Ауруханаларда сырқаттың дәретін алып, әжетхана тазалап, жігері жасып жүргендер кімдер? Ауылдың бойжеткені. Бір үйдің әлпештеген аяулысы. Басқалай жұмысқа орналасу үшін білім керек, прописка керек, тамыр-таныстық керек. Үй жоқ, күй жоқ. Жіпсіз байланасың. Қыңқ етсең, қандала сасыған жатақханадан тиген бұрыштан қуыласың. Әйтеубір бірдеңесі болар деген бұлыңғыр үмітпен күндер өте береді. Қажиды, түңіліп күйрейді. Араққа салынады. Адал еңбекпен ұшпаққа шықпасын білген соң, ұрлық-қарлық қылып, неше түрлі қылмысқа барып, азып-тозып жатқандар қаншама. Мың жерден кірігіп, қан-жыным араласты дегенмен одырайып, қалалық құрбы-құрдастарынан бөлектеніп тұрады. Олардың жанында өзін қор тұтып, кемсіну сезімі бойынан арылмақ емес. Айтты-айтпады, жылдар бойғы қыжыл көкірегінде қордаланып, кекпен булыққан ызалы ұрпақ өсіп келеді. Әбден ашынып ширыққан. Қуғыншыдан құтылмасын сезген сәтте жалт қайырылып, азуы ақсиып қарсы атылатын көкбөрі секілді ештеңеден тайынбас өр де өжет. Қай күні жанартаудай бұрқ етіп атыларын кім білсін…
Иә, ол күн Желтоқсан желі бұрқ еткен күні екен. Автор бір желіні ғана қуалап тек Желтоқсан оқиғасын ғана суреттеп кете бермейді. Ойдан-ой, суреттен-сурет, оқиғадан-оқиға, сюжеттен-сюжет тудырып, қоғамдағы әралуан келеңсіздіктерді «іле кетіп» отырады. Ол негізгі не жанама кейіпкерлердің жанайқайы ретінде беріледі. Үнемі құрғақ баяндау емес, кейде бас кейіпкердің монологтық толғанысымен берілсе, кейде әлдебір елеусіз ғана кейіпкермен тартысты, шарпысқан диалог арқылы беріледі, кейде детальдық символмен беріледі. Мысалы, дәл қазір баспа бетінде де, ақпарат құралдарында да көтеріліп жүрген мәселе-кинодағы қазақ кескіні. Бүкіл қазақтың намысына тиіп жүрген осы келеңсіздік Әзиз-Сұлтанның ішкі монологымен нанымды жағдайда найзаға шаншылып өтеді. Әкесінің шашын алып тұрған Әзиз әкесіне сүйсіне қарады. «Тік маңдай, биік қабақ, сом иегін сақал көмкерген атжақты ашық жүз. Міне, қазақ! деп ұялмай көрсететін салауатты сұлу қария. Осы біздің «Қазақфильмдегі» режиссерлардың көзі не көреді? Қазақ шалы десе қайдағы бір құдай ұрған кейіпсіздерді түсіреді, мыж-мыж, бойы бір қарыс қара шалды қай қоқыстан тапты екен? Экрандағы қазақ шалдары-аңқау, ақкөңіл болса, мұрны талпиған, аузы салпиған. Қушыкеш, суайт болса – табақ беті жайылып, көзі сығырайып, екі тал мұрты едірейіп тұру керек. Ал бай болса – надан, бітік көз, ісік қабақ, мес қарын, сойдақ тіс. «Қазақфильм» «білгірлерінде» сол баяғы фольклорлық сана. Бәрінен де қорлығы жыртиған, жапырайған қисық-қыңырды экраннан көре-көре көзі үйренген басқа ұлттар көшеде өңі түзу қазақ көрсе, «жоқ, қазақ емес» дейтін көрінеді. Тіпті актерларды қабылдағанда, кино өнерінің мықтылары келбетті, көрікті қыз-жігіт келсе, «жоқ, бұл қазақы типке келмейді» деп, қабылдамайтын көрінеді. Сонда тип-қазақ урод болуы керек пе. Осылай таңдап алынған әртістер соңғы кезде бүкіл әлемдік анекдоттың кейіпкерлері чукча, нивха, мәнжулердің рөлін ойнай бастады». Міне, кейіпкердің кейісті монологы. Бірақ бұл біздің де жан айқайымыз. Қай оқырман осыны теріске шығарады?
Автордың мақсаты – «суға салса, батпайтын, отқа салса, жанбайтын» жағымды кейіпкер сомдау емес. Автор тұтас бір ұлттың, бір қоғамның, бір кезеңнің әлеуметтік-психологиялық портретін сызып, мүсінін сомдамақшы. Ендеше, бір ғана бас кейіпкердің психо-анализі жеткілікті ме? Жоқ, әрине. Сөйтіп автор өзінің қуатты ішкі энергиясынан, суреткерлік түйсігінен туындап жатқан шеберлік-әдістерін іске қосты. Бірде тартысты диалог, бірде рационалдау, бірде детальді-символ, бірде сюрреализмге жүгінді. Психологиялық монологқа қарағанда тартысты диалог әлдеқайда ұтымды. Онда драмалық сипат басым. Бұл әдісте кейіпкердің, әсіресе, тұлғалардың, кесек мінездері, адамдық-азаматтық сипаттары, ұстаным-көзқарастары ашыла түседі. Мысалы, поездағы проводник өзбек пен Әзиз Сұлтан, түрме тергеушісі Аллахвердиев пен Әзиз, Сәкеннің елесі мен Әзиз, Горбачев пен Қонаев диалогтары. Бір ғана үзінді мысал келтірейік:
«Горбачев:(қысқартылып алынды)
– Шынын айтсақ, республикада атқарылып жатқан жұмыс көңіл көншітпейді… Шаруашылықтың барлық саласында даму қарқыны төмен. жiкшiлдiк пиғыл өрiс алып, жершiлдiк, ұлтшылдық ауан тамырын тереңге жаюда!..
Қонаев:
– Осы пікірді айту үшін ең болмаса өткен есептік көрсеткішке қарап алмайсыз ба. Онда Қазақстан 1-орында тұр. Одақ бойынша ұлттық табыстың 9% -ын Қазақстан беріп отыр. Екіншіден, ұлтшылдық жөнінде мәселе іздесеңіз, ана Кавказ, Балтық жағалауы республикаларына қараңыз. Қазақстаннан ұлтшылдық іздеу – жала. Кешегі тың игеруде бізбен санасатыңдар ма? Москва өзі билеп-төстеп, жерімізге «тың игеру» деген желеумен басқа ұлттарды әкелдіңіздер. Осының кеселінен қазақ ығыса-ығыса құм-шөлге шығып кетті. Оңтүстіктегі біраз жерді Өзбекстанға, бес облысты Россияға бермек болдыңыздар. Соның салдарынан Солтүстік облыстарда жеті жүзден астам қазақ мектебі жабылды. Алматыда қазақтың үлесі 25% болса да, үш жүздей мектептің тек біреуі ғана қазақша. Сіздер Қазақстанды тек шикізат көзі санайсыздар. Біздегі завод-комбинаттардың бәрі алғашқы өнімдерді өңдеп, қарабайыр процестерді ғана атқарады. Есесіне, экология жағынан өте зиянды, қара түтін қоспаларды ғана шығарады. Ал соңғы өнім шығаратын, интеллектуалдық ақыл-ойды талап ететін, денсаулыққа зиянсыз өнімдер шығаратын өндірістің бәрі елдің европалық бөлігінде шоғырланған. Неге? Осында үлкен саясат жатқан жоқ па? Сіз демократпын дейсіз, демократ болсаңыз осыған көңіл бөліңіз, демократия сізден басталуы керек…
Горбачев өз құлағына өзі сенбей, аңтарылып отырып қалды. Бір қызарып, бір бозарды. Құлағын жымырып, бас терісі жиырылғанда, жалтыраған төбесіндегі бес-алты үлпілдек қыл төбелескіш әтештің желке жүніндей тікірейіп кетті. Ал Қонаев ше? Қайран қартым-ай, Акеланың соңғы жекпе-жегі елестейді көзімізге. Тұла бойы қан жаралы қасқыр көсемі осылай алмап па еді ақтық демін. Қонаев бейнесі көз алдымызда биіктеп өсіп кетті. Ал Қонаевтай, Колбиндей, Горбачевтей тарихи тұлғалардың аузына соларға лайықты сөз сала білудің өзі ерлік емес пе. Ол үшін білім, білік, көсемдік, көрегендік, саясаткерлік, мәмілегерлік қасиет керек емес пе. Әрбір шарпысқан диалогтарды оқыған сайын тарихи тұлғалар туралы осы күнге дейін білетініміз түкке тұрғысыз боп қалды. Олардың жаңа қырлары, жаңа сипаттары ашылып, көз алдымызда басқа әлемнің есігі ашыла береді.
Тегінде жеке адамның мінез-құлқын жасау бір басқа да, тұтас ұлтқа мінездеме беру бір басқа. Қазақ мінезіндегі кертартпа, кесір, кесел мінездерді Абайдан асып сынаған кім бар? Біз бірақ «Тәйірі, ол бұрынғы надан қазақтар ғой» деп мұрын шүйіреміз. Ал қазіргі қазаққа бір қарайықшы. Жалқаулық, жағымпаздық, жалтақойлық, күншілдік, көрсеткіштік, дарақылық, даңғойлық, баққұмар, таққұмарлық, парақорлық, өзгені зор, өзін қор тұтып, «бас изеген шыбындап» құлдық психология жоқ па? Қай оқырман бұл өтірік, автор қазаққа жала жауып отыр деп айта алады? Кәне, кім?
Автор осының бәрін ерекше әдіспен, яғни, рационалдау әдісімен көрсетеді. Көбінесе бөтен ұлт көзімен қарап, бөтен ауызбен баға бергізеді. Өзі де, бас кейіпкері де «әй, кәпір» атанбаудың амалы. Рационалдау схемамен көрсетсек былай:
Автор → бас кейіпкерге → жанама кейіпкерге аударады. Мұнда ұлтқа, қоғамға, билікке, жеке тұлғаларға қатысты сынау, шенеу жат көзбен қаралып, баға беріледі. Сонысымен де құнды. Мысалы, поездағы үсті-басы жүдеулеу, тозған топы киген өзбек проводник Әбдімомын аканың орысшаға тілі келмеуін, киімін сол жердегі қазақтар күлкі етеді. Сонда қарапайым өзбек не дейді: «– Бiздiң Ташкентте үйсiз жүрген өзбектi көрмейсiң! –
дедi қонақ кеудесiн одан сайын қайқайтып. – Көбiнiң екiден пәтерi бар.
– Бiздiң Алматыда үйсiз қаңғып жүргеннiң бәрi қазақ. Есесiне орыстар итiне дейiн жеке бөлме ұстайды.
– Жақсы екен, қонақжай халықсыңдар ғой! – деп Әбдiмомын ака мырс-мырс күлiп алды да түсiн суытты. – Оны бастықтарыңның нашарлығынан көр! Басшы деп, әне Шараф аканы айт. Әттең, өлтiртiп жiбердi ғой кәпiрлер!
– Өз ажалынан кеттi емес пе? Қарақалпақстанға барғанда инфаркттан опат болғанын айтты да, көрсеттi де.
– Әй, бiлмеймiн. Кейде көргенiңе де, естiгенiңе де сенуге болмайды. Күмәнiм бар.
Ақырғы кезде орталық газеттер Өзбекстан туралы жарыса жазып, жамырай жамандауда. Ұйымдасқан қылмыс, парақорлық, коррупция, ұрлық-қарлық мидай араласып әбден былығып бiткен. Осының бәрiне жол берген адамға шаң жуытпай отырғанға Әзиз-Сұлтанның жыны қозды.
– Оны ақтап-мақтайтын дәнеңе жоқ. Жақсы болса, көрiнен қазып алып, басқа жерге көме ме!
– Аруақты өйтiп ғайбаттама, укам! – дедi анау шар ете түсiп. – Iшi күйген дұшпан не демейдi. Милләтiнiң мұң-мұқтажын жоқтаған адам жаман бола ма?
– Ел бастаған көсемде милләт болмайды. Оның ұлты, дос-жараны, туыс-бауыры – тек әдiлдiк қана.
– Өз ұлтының қамын жегендiк – әдiлдiк емес пе? Неге ол өзбек тұрып орыстың жағдайын ойлауға тиiс? Бұдан басқа өзбектiң отаны, барар жер-басар тауы жоқ. Тiлiн, дiнiн, салт-дәстүрiн жоғалтса, отының өшкенi. Орыс отансыз босқын халық па екен? Өзiнiң ұланғайыр өлкесi тұрып неге мұнда ентелейдi? Тар жерге мұрнын тығып неге қыстырылады? Қиналып, қағажу көрсе, кетпей ме өз елiне? Мен сауда жасап Россияның талай түкпiрiн шарладым. Есiк-терезесi үңiрейiп, қаңырап бос жатқан деревнялар қаншама! Айналасы сыңсыған орман, кiсi бойы көкорай шалғын. Түгiн тартса, май шығатын қара топырақты иен-тегiн алқап тұрғанда қумедиен далаға келiп тың игеремiз дейтiндерi қызық… Вай-вай, Шараф ака болмағанда, бiз де Қазақстанның таз кепешiн киер едiк қой!
– Не iстедi сонда?
– Сендердегi сияқты, қажетi болсын-болмасын завод-фабриктердi төпеп салып, келiмсектердi қаптатқан жоқ.
– Есесiне, Қазақстан көркейдi! – дедi Әзиз-Сұлтан сөйлете түспек оймен әдейi шаптан түртiп.
– Қазақстан көркейдi, бiрақ қазақ көркейдi ме? Әлi сол «жарық астауды» құшақтаған қалпы, қу далада ерiнi тiлiм-тiлiм боп қой соңында салпақтап жүр. Сая бақта сайраңдап, сәулеттi үйлерде шалқалап жатқан кiмдер? Бiздiң Шараф ака өз кезiнде әкесiн танытып Ташкенттi өзбектендiрдi. Ештеңеден қорыққан жоқ!
– Ташкент бұрыннан өзбек емес пе?
– Жер сiлкiнiсiнен кейiн «көмек», «екпiндi құрылыс» деген желеумен қаптатты ғой жан-жақтан. Өзбектердi қишлақтарға бытыратып жiберiп, Ташкенттi басып қалмақ болды. Бiрақ олар қырдағыны көрсе, Шараф ака қиядағыны шалады емес пе, айла тауып алдын орап кеттi. Вай-вай, о кiсiнiң кәлләсi жүдә қатты iстейдi ғой, тура машина! Қаптатып ылғи төрт-бес бөлмелi үй салдырды. Жан басы көп кiм? Өзбектер. Ең кемiнде бес-алтыдан бала бар. Демек, кезектiң соңында тұрса да үйдi алатын өзбек. Басқалар шеттеп қала бередi. Мың жерден бiрiншi тұрса да, бiр балаңмен төрт бөлме бер деп қалай таласасың. Заң, тәртiп алдында тырп ете алмайсың… Мiне, соның нәтижесiнен де берекесiн қашырмай, ұлт боп ұйысып отыр. Дiнiн, тiлiн жоғалтқан жоқ. Баламызды орысша оқытамыз, әйтпесе кейiн нан тауып жей алмай қалады деп жанталаспайды. Ал, сендер ше? «Шiркiн-ай, қайтсек орыс боламыз» деп екi етектерiңдi түрiп ап, елдiң алдына түсiп дедектеп келесiңдер. Өз тiлi мен дiнiнен безiнген Сiбiрдегi ана чукча, якуттердiң не күйге душар болғанын неге ойламайсыңдар. Қалай жандарың түршiкпейдi? Ана тiлiн бiлмегендi айып санаудың орнына жетiстiк көресiңдер. Қазақша қазiр даладағы қойшыдан басқа кiм сөйлейдi, айтшы? Қалаға келген кемпiр екеш кемпiрге дейiн немересiнiң бiр сөзiн ұғып, бес сөзiн ұқпаса да орысша шүлдiрлеп, ауылдағы өзi тұрғылас шал-шауқанға «Ой, Алла, менiң пәленшетайым бiр ауыз қазақша бiлмейдi-ау, бiлмейдi!» деп мақтанады.
Міне, өзбек-укәнің қазаққа берген бағасы. Баға емес-ау, үкім ғой мынау. Қайсысы өтірік? Мойындамасқа шара жоқ. Үсті көнетоз өзбек көз алдымызда биіктеп кетті. Сол секілді Колбин Жазушылар Одағымен кездесуге барарда қатты жүрексінеді. «Бір ұлттың ақыл-ойы, абыройы ғой бұлар, тығырыққа тіремесе қайтсін». Сөйтіп бар өнерін сап, езуін жимай жымиып, Олжасты (Одақ бастығы) бас салып, өзімсіне құшақтап, екі бетінен кезек сүйді. Олжас аң-таң. Өйткені өзін жаратпайтынын білетін. Олжас та көп үміт күткен. Әдебиеттің ақсақалдары мен көксақалдары ел мүддесін көтеріп, Желтоқсаншылардың «ұлтшыл, бұзақы» емес екенін айтар деген. Шойнаңдаған ақшұнақ шал бастаған қаламгерлер Колбиннің қолын сүюге таласып жатыр. «Республикамыз iрiп-шiрiп бiтiп едi. Сiз жақсы келдiңiз. Бiз Сiздей басшыны ширек ғасыр күткенбiз!..» деді ақшұнақ шал. Сол-ақ екен қалғандары шу ете түсті. «Иә, біз сізді сүйеміз», «Біз сізді көп күттік, бағымызға сіздей көреген басшы келді…» Олжас дәл мұндайды күтпеп еді. Өңі түтігіп, сұрланып кетті. Осыны әбден сезген әккі Колбин қайтарда Олжастың ұсынған қолын әрең алды. Ішінен шоқ-шоқ деп тұр. Өзі жасқанып, жүрексініп, елдің генетикалық құнары санап жүрген зиялы қауымның мына сипатын көрген соң, көңілі орнықты. Мынандай жағымпаздарды басқару оңай деді ішінен.
Қонаевті орнынан алған пленумда да көргені осы сурет. «Колбин тағайындалды» дегенде бәрі лап етіп Колбинге қарай қаптады. Қонаев ана шетте жалғыз қалды. Түрінде таңдану мен жиіркену бар. Бәрі өзі өсірген кадрлары, күні кешеге дейін табанын жалауға әзір берілген сенімді серіктері. Енді Колбинге жармасып, жабылып, сүйіп, сипап әлек. Колбин де бір сәт мына топтан жиреніп кетті. Отыз жыл бір мемлекетті бсқарған Қонаевті оп-оңай сатып кеткен бұлар мені оңдырмас деп ойлады ішінен. Сондай-ақ, бір кейіпкердің тұтас тағдырын танытуда немесе типтің прототипін тануда кішкентай ғана символдық детальдің атқаратын рөлі зор. Мысалы, қара нөпір селдей қаптаған көтерілісшілердің жөңкілген тасқыны арасынан анда-санда қылт етіп көрініп қалатын ақ тонды қыздың желбіреген ақ орамалы. Сол ақ орамал желбірей қалықтап келіп қара батпақты көлшікке ұшып түсті … үстінен ұзынбұт офицердің керзі етігі таптап өтті. Бұл – көтеріліс құрбаны Сәбираның тағдыры. Бұл көтеріліске қатысқан жүздеген қазақ қызының тағдырына ишара. Қажет жерінде көрініп қалуға тырысатын, алуан түрлі цифрлық мәліметтерді жаттап алып, «ой, недеген білімді» деп айтса екен дейтін, шын мәнісінде ешқандай білімі жоқ, тек пысықтық, қулық, көрініп қалғыштық демонстративті мінез-құлықтың адамы, сөйтіп жүріп-ақ, әркімнің бауырына кіріп алғыштық қасиетімен-ақ «биікке қырандай қалықтамай-ақ, жыландай жорғалап-ақ» көтерілген Айтуаровтың өзі бағындыра алмай қалған бір кемшілігі бар. Ол – екі қарашығының дамыл таппай екі жаққа кезек жүгіретіні. Ұрымталь деталь.
Композициялық түзілімі аса күрделі. Теңіз суы бұлақтардан нәр алатынындай сан салалы, тоқсан тараулы сюжеттер бір арнаға тоғысып келіп, соның нәтижесінде Желтоқсан уақиғасының алғышарттары жасалады. Сюжет құрудың желілік жүйесін ғана емес, айнымалы және параллельдік түрін жігін білдірмей шебер қолданады. Біз бас кейіпкеріміз Әзиз-Сұлтаннан бір сәт ажырамай, ол өткен жолдың бәрін өттік. Нені көрдік?
Азып-тозып, тастанды болған, жұмыссыздық жайлаған ауыл. Қалаға ағылған қазақ. Қалтасында диплом, тәшкі айдаған жігіттер, ала сумка арқалаған қазақ әйелі. Баспанасыздық. «Жетім бұрышта» сенделген қазақтар. Көрінген қуысты жалға алып, иіс тиіп не өртеніп өлген қазақ бала-шағасы. Көше бойындағы тіленшілік. Мәдениет пен өнер саласындағы азғындық, жезөкшелік. Мектептен бастап парламентке дейін жайлаған тамыр-таныстық, жемқорлық. Ақшаға сатылған ар, ақшаға сатылған білім, ақшаға сатылған мансап, ақшаға сатылған атақ, қызмет. «Билік» деп аталатын, «зиялы» деп аталатын, «элита» деп аталатын топтардың адам шошырлық азғын бейнесі, көшбасшылар мен көсемдердің, тұлғалардың, жұлдыздардың жүрек айнытар бет-бейнесін көрдік.
Алаңдағы айла, арандатушылық, сонан соң оны күшпен басу. Аязда ақ бұрқақ сумен атқылау, темір келтекпен сабау, мұзға қатыру, итке талату, жабық машинаға салып әкетіп, иенге апарып қансырағанша тепкілеу, зорлау, түрмелерге тоғыту. Түрмедегі азап пен аюандық. Өтірік куәларды (орыс әйелдерін ақша беріп жалдап) сөйлету. Ақырында не істесе де, азаптың неше түрін көрсетсе де, рухын сындыра алмаған, бірнеше Желтоқсаншылар өлім жазасына кесіледі. Оларға бірнеше адамды өлтірді деген айып тағылады. Олжас жанұшырып араша сұрап Біріккен Ұлттар ұйымына хат жолдайды. Ату жазасы 20 жыл түрмемен алмастырылады да, біздің Әзизіміз қорлық пен азап арқалап, өзіне де беймәлім азап сапарына аттанады. Тек азаттық аңсағаны үшін ғана. Тек қазақ тәуелсіз ел болсын дегені, сол үшін күрескені үшін ғана. Ал бұл кезде Айтуаров болса, қос қарашығы зыр жүгіріп, өзіне бақталас болады-ау дегендерді біртіндеп «омақастырып», Қонаевтің да алды-артына тор құрып, сағат сайын Москвамен «Михаил Сергеевич, бізде бүйтіп жатыр» деп жағымсына хабарлап отырған еді.
Сонымен біздің Қазақстан Одақ құлағаннан кейін де, біздің көрші Қырғыз, Өзбек, Түркімен шығып кеткеннен кейін үш жарым ай отырды. Ең соңында Белоруссия, Украина, Грузия шықты да, Қазақстан солардан кейін сегіз күннен кейін ғана, өзінен басқа адам қалмағанда ғана шықты.
Ал, біз қайтеміз, оқырман? Алла сұңқардың баласындай сұлу кескін-келбет берген, қабыландай қайрат берген, бөрідей өжет те қайсар мінез берген, тұлпардай текті, атқа мініп, ақырып теңдік сұраған Әзизіміздің арғы тағдыры не болды? Бірге аттанамыз ба?

ІІ. «Бұлағай»

Момын едім, жақсы едім, ұяң едім.
Аттап өттім олардың қия белін.
Мұқағали

Автордың батылдығына бас шайқаймыз, тапқырлығына таңдай қағамыз. Тек қазақтың өміріне ерікті, еріксіз бойлап енген бұрынғы Одақ басшыларының көбіне саяси және пендеуи мінездеме бере отырып, қарапайым халыққа «жұмбақ» болып келген көп нәрсенің бетін ашады. Сонау Маркстен бастап, Ленин, Сталин, Голощекин, Мирзоян, Хрущев, Брежнев, Ельцин, Черненко, Горбачев, Колбин т.т. Алашордашылардың бізге беймәлім, аталмай қалған елеусіз қалған тұлғалары мен еңбектерін атап көрсетеді. Мысалы, Әлімхан Ермеков. Және бірде-бірі жалған емес, тарихи деректермен сәйкес келеді. Мысалы, қазіргі кезде аштық және оның туу себептері жөнінде зерттеліп, Алаш жөнінде де тың мәліметтер жазылуда. (Мысалы, Ғаббас Қабышұлының, Серік Ақсұңқарұлының дәл осы жылғы мақалалары). Біздің авторда бұл ертерек айтылған. Тек өзгешелігі – бірі-тарихи, бірі-әдеби тілмен берілгендігінде. Автор жеке кейіпкердің тағдыры мен мінез-құлқы арқылы қазақтың, ел қазақтың, ұлт қазақтың кескін-келбетін, мінез-құлқын, болмысы мен табиғатын ашады. «Қазақты жек көреді, оның бойынан жылтыраған жақсылық көрмей, тек мінезін тізеді» деген айыптан құтылу үшін, бұл жерде ежелгі приоритеттік ізбен жүрмей, рационалдау әдісін қолданады. Яғни, қазақтың ұлт ретіндегі жақсы да, жаман да мінез-сипаттары көбіне басқа ұлт өкілдерінің көзімен қаралып, сөзімен беріледі. Мысалы, орыс Колбин, қырғыз Айтматов, өзбек Әбдімомын, татар Салих Әбзи, поляк Ляховецкий, украин Кравчук, әзербайжан Аллахвердиев… Әсіресе, Колбин. Қазақстанға аз уақыт басшы болып тұрған кезде, қазақ туралы, Қонаев туралы ойының мүлде қате екенін түсінеді. Бұл Қазақстанға келмей-ақ ЦК-ға Қонаев жөнінде қанша күнәсы теріліп, арыз түскен. Келген бетте сол арыз бойынша майдан қыл суырғандай тексеру жүргізгенде, қолына мардымды ешнәрсе ілікпейді. Ел қатарлы көп қабатты үйде тұрады. Не қымбат жекежайы, не шетелдерге салып тастаған ақшасы, не қос-қос қымбат көлігі, не меншіктеп алған кәсіпорны, не қос-қос қатыны жоқ. Бар өмірін халыққа арнаған, тап-таза. Бар айыбы – Одаққа көп жалтақтаған, бұра тартып батыл шешім қабылдай алмаған. Бұрынғы Қонаевтің айналасында зыр жүгіргендер, енді Колбиннің айналасында зыр қағады. Бұл күлсе-күледі, бұл қабақ түйсе-жым болады. «Сіз келмегенде, Қазақстан құритын еді. Сіз дер кезінде келдіңіз» деп құрақ ұшады. Бірақ астыртын Одаққа «Қазақ халқы өзін басқа ұлт басқарғанға наразы. Ұлтшылдық әрекет күшейіп келеді» деген мәлімет жіберіп отырады. Айтуаров, Қайырлин, Сәмиев – үшеуі бақталас. Мақсат – Қонаевтің орны еді. Оны құлатып еді, енді мынаны қалай құртамыз? – ойлары осы. Бұл топтың әрекетіне көз жеткен сайын Қонаев бейнесі көз алдында биіктей берді. Колбин қартқа өзі телефон шалып, хал-жағдайын сұрады. Қонаев сырқаттанып, ауруханада жатқанда, кешегі маңындағы өзі өсірген жылмақай топтың бірі маңайын баспады. «Не халдесің, көке?» демеді. Жазушылар деген қауымнан шырылдап жеткен жалғыз адам – Шона Смахан мен Олжас қана. Талай жыл өзінің қоластында хатшы боп істеген ұяң жүзді, момын келіншек қана хал сұрап 2-3 рет келді. Сол кезде ғана Қонаев қол астында ұзақ жыл істеген осы әйелден «Шырағым, қалың қалай» деп бір рет сұрамағаны есіне түсті. Енді бақса, өзі қызмет те, қос-қостан пәтер де берген көп жылмаңдардан осы бір қарапайым жанның көп биік те таза екенін көрді. Бірінші рет хатшы келіншектің жағдайын сұрады. Бақса, жолдасы қайтыс болған, екі баламен пәтер жалдап тұрады екен, үй кезегінде тұрғанына 10 жылдан асыпты. Қонаев ұялды да, өкінді де. «Міне, халық деген осылар ғой. Халық деген мына Раушан ғой. Мен бірде-бір рет осының халін сұрамай, жақсылықты жағымпаздарға жасай беріппін-ау» деп бармақ шайнады. Ақыры шыдай алмай, сөзі өтер-өтпесіне сенімді болмаса да, қала әкіміне қоңырау шалды. Айналайын, ер екен. «Ләппай, аға, сіз айтқан соң болды, орындаймын». Қонаев қарттың көзінен қос тамшы мөлт етті. Көңілі құс боп шүйді. Талайларға қос-қос пәтер бергенде де мұндай қуанбаған шығар-ау… Колбин айналасындағы атақты «үштік» мұнымен де тынбады. Ылғи Колбинге арналған мақтау өлеңдер мен мақалдардан жинап бір том шығарып, Колбинге әкеп салтанатпен тапсырды. Ал өздері астыртын Одаққа «Колбин өзі туралы одалар энциклопедиясын шығартты» деп хабарлама түсірді. Кітапты әкеліп, салтанатпен тапсырып, енді алғыс күтіп тұрған «үшеуге» Колбин қатты ренжіп, кабинетінен қуып шықты. Және кітапты халыққа таратпай, өртеуді бұйырды. Бұл номерлері өтпеген соң, «атақты үштік» келесі қадамға көшті. Колбинді ел өмірін өз көзімен көруге шақырды. Әрине, қайда апарса, сол жерді көреді ғой. Орталық үлкен дүкен-магазин. Құдай-ау, не жоқ. Ет, шұжық, қазы-қарта, консервінің неше түрі, сүт өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс, қара-қызыл уылдырыққа дейін. Бәрі арзан. Сатушылар мұнтаздай униформа киген. Бақытты жүзбен күлім-күлім етеді. «Қазаққа енді не керек» деп ойлады. Кешке үйіне келгенде тамсанып айтып еді, әйелі «е, Вася, жақсы ұйымдастырылған театрды көргенсің. Сол магазинге 1-2 сағаттан соң әдейі мен де бардым. Сен көргендегі товардың бірі де жоқ. Бәрін жинап әкетіпті. Жалпы, біз тұратын аудан элита деп аталады екен. Мұнда кешке қарай ит жетектеген ханымдар шығады. Көбі жалғызбасты. Бір бөлмесі итінікі екен. Ылғи қызметкерлер. Ал шет көшелердегі қазақтар 4-5 баламен пәтер жалдап күн көреді екен… Колбиннің көзі талай шындыққа осылай жетеді. Алматы маңындағы бір облысқа апарады. Ең тамаша жерге ақ үйлер тігіліп, қолма-қол жасанды көл жасалып, ішіне қымбат патша-балық толтырылып, оларға 2-3 күн жем берілмей, бастықтың қармағына түссін деп дайындайды. Шошқа да, қой да үйтіліп жатыр. Қойшылар өмірін көрем десе деп, озат шопанның үйін қолма-қол евроремонт жасатып, ішін жаңа мебельге толтырып, кілем төсеп, телевизор, тоңазытқыштар қойып, шопанның шашын алдырып, жаңа костюм-шалбар кигізіп, айтатын сөзін қағазға жазып беріп, жаттатқызып дайындап жатыр. Бейшара шопан өзіне дәл емес киімнен қой шетіндегі қарақшыдай қолпиып, балағын қайырып, түйреуішпен түйреп қойыпты. Радио «Қазақ елі көңілді» деп әндетіп тұр. Колбинге бас тартып, арнау оқып Шарылдақ жүр. Дәл қазір осы емес пе. Бір өтірігі бар ма? Қазақ зираттары құлатылып, Момышұлының ескерткіші тоналып жатқан әрекеттер Колбинге жетіп, сол туралы сұрағанда Сәмиев: «Бұл ұлтшылдардың ісі. Жалпы зиратты орыс, қазақ деп бөліп не керек, интернационалдық зират болу керек» дейді. Сонда Колбин «Сіз әкеңіз өлсе, орыс зиратына жерлеп, басына крест қоясыз ба?» – деп, қатты тыйып тастайды. Колбиннің көп нәрсеге көзі жетеді. Қазақтың бетке ұстарлары ешуақытта екі-үштен кірмейді. Жеке-жеке кіріп, бірінің үстінен бірі арыз айтады. Не атақ, не қызмет, не үй сұрайды. Халық үшін бірдеме жасайық демейді. Бір күні қабылдауына қарапайым ғана ала тақиялы ұйғыр келді. Әдеппен ғана өтініш айтты. Сондағылары ұйғыр мектебі ашылса, ұйғыр әдебиеті мен мәдениетін дамытуға мүмкіндік берілсе. Ұйғыр кітаптары, оқулықтары басылса… Өз бастарына ештеңе сұрамады. Колбин бұларды қазақтармен салыстырып, қатты риза болды. Мұндай азаматтары бар ел ешуақытта жоғалмас деді. Осындай шындықтарға көзі жеткен Колбин расында аз уақыттың ішінде қарапайым халық үшін көп пайдалы іс жасады. «Тұрғын үй – 91» жобасы бойынша жедел түрде үйлер салдырып, ұзақ жыл кезекте тұрған жұмысшы, мұғалімдер, дәрігерлер, көп балалы отбасыларға өзі қадағалап отырып, үй бергізді. Қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерін аштырды. Тек сол қазақшаға баласын беретін қазақ шықпай сұмдық болды. Аз уақыттың ішінде халық құрметіне бөленіп, қалың қазақ «Көлбай көке» деп сүйіспеншілікпен атай бастады. Бұл, әрине, «үштікке» ұнамады. Енді мұның мүлт кетуін аңдып, шабына шоқ тастап та көрді.
Ал Әзиз болса, сонау патша заманынан бастап игі-жақсылардың қабіріне айналған Сібірге жиырма жылға сотталып кете барды. Мұз құрсаған осынау қиян түкпір бұл күнде бар сипатынан айырылған. Мұнда да орыс отары. Қолы жеткеннің бәрін меншіктеп, жергілікті тұрғындарды адам екен демейді. Табиғаттың тап-таза аңқау перзенттерін арақпен улаған. Батыстың үндістерді арақпен-ақ ақыл-есінен айырғаны секілді, бұларда жергілікті халықты арақпен улаған. Соның арқасында тайганың бар байлығы – аю, бұлғын, қаблан, түлкі, құндыз терілері, бұғы мүйіздері, еттері, қымбат ағаштар мен дәрілік шөптері аспан мен де, жермен де Ресейге тасылуда. Сорлы халық есептесуді де білмейді. Бір-екі шөлмектің шетін қылтитса бітті, мөлиіп тұрғандары. Ал түрмедегі аюандықта шек жоқ. Түрменің күзетшілерін де, бақылаушы бастықтарын да түрме ішіндегі «Пахан» билейді. Аштық, суық, таяқтан тұтқындар топтап өліп жатады. Мал секілді акт жасай салады. Сібірде жер қазып көму мүмкін емес деп, өртей салады. Өлген тұтқынды жағып, тірі тұтқындар жылынады. Паханға жақпағандар таңертең өлі болып жатады. Оны тексерер жан жоқ. Осы уақытқа дейін жүрегінде халқына, ата-анасына, сүйген Сәбирасына деген махаббаттан басқа сезім жоқ әсем бозбала Әзиз Аллахвердиевтің азабынан кейін, мына тозаққа тап болады. Жүрегіндегі барша аяулы сезімдерден жұрдай болып, әділет деген жоқ екенін, оны іздесе де таба алмайтынын, өзі осы уақытқа дейін оқып, сеніп келген «коммунизм, интернационалдық достық, гуманизм, демократия» дегеннің жалған екенін ұқты. Қайда барса көргені-күштінің әлсізді талап жеуі. Бақсы қазақ өмірбақи таланып, қорланып келіпті. Неде болса «ноқталы басқа-бір өлім» деп, алысып өлмекке, жастығын ала жатуға белін буады. Табиғи таза жаратылысы, оның үстіне жасынан спортпен айналысқаны да текке кетпейді. Жас жігітті жазықсыз қорлаған аюанды жекпе-жекте итше тепкілеп, орнынан тұра алмастай халге жеткізеді. Тағы да бір-екі бұзақының сазайын беріп, беттей алмайтын етеді. Сол-ақ екен, түрмедегі барлық қорлық көрген қорғансыздар мұның айналасына топтасады. «Бұға бермеңдер, айқасып өліңдер» деп айналасына жігер береді. Бүкіл тұтқындар көтеріліп, аш екендерін білдіріп, ереуілге шығады. Осының бәрі сенің ісің деп, мұны жеке карцерге қамайды. Ұрып-соғып тепкілеп азаптайды. Осы жерде ғана оның «қазақты адам еткен ұлы орыс халқына» деген өштігі оянады. Өзін өлтіруге келген үшеудің бірін өлтіріп, екеуін ауыр жаралайды. Өзі де өзін адамдық сипаттан айырылып, әлдебір тағы аңға айналғандай сезінеді.
Пифагор ғаламтанудың үш негізі – мифология, религия, философия депті дегенді неге айттым. Ал біздің автор қоғам тануда, адам тануда, яғни, кейіпкердің және кейіпкер арқылы оқырманның өз өмірін, өз қоғамын, өзін тануына осы үш әдісті пайдаланған. Жат жұрт әкелген күнә-сұмдықтардан, араққа сатылған жерлестерінің азғын бейнесінен қашып, Тайганың жан баспаған иен түкпіріне кеткен шаман Угдэ мен оның соқыр қызы Ойлэн. Адамзатқа тән ешбір зұлымдық, сұрқиялық, қаскөйлікпен уланбаған табиғаттың тап-таза бұла перзенттері. Бүлінбеген табиғат. Жүз жылдық самырсындар, қарағайлар. Буырқанған көл. Алуан түрлі жеміс-жидек. Табын-табын бұғы. Күркіреген қабылан. Жортқан қасқыр. Табиғатпен, аң-құспен, ай-күнмен қобыз арқылы тілдесетін шаманға да, қызына да Жаратушы ерекше қасиет дарытып, небір тылсым сырларын ашқан. Бейне Жаратушының құдіреті де адамдар азғындығынан қажып, осы бір періште сипатты, жаны, жүрегі күнәдан пак, қанағатшыл, момын пенделерді іздеп тапқандай. Осы бір түкпірде тұнып ұялап қалғандай… Әруақтың аяны, аян түстер, елестер…
Бұлардың араласынсыз кейіпкерімізді тірі тамұқтан құтқара алмас едік. Осының өзі – түбі әділет жеңеді, кісі өлтірген кісі қолынан өледі, не ексең, соны орасың, жат жарылқамайды. Тәңір таразысынан еш нәрсе сырт қалмақ емес… деген үлкен философиялық түйіндерге әкеледі.
Кейіпкерді топырлатпайды. Есесіне тағдырлы бір кейіпкер алса да, соның тағдыры арқылы қазақтың басынан өткен қилы-қилы кезеңдерді көз алдыңнан өткізеді. Бір тағдыр арқылы мыңның өміріне қанықтырады. Мысалы, бір ғана Мұхамед Шәріп ақсақалдың басынан кешкені арқылы сонау 1921 жылдың жұтын, 1933 жылдың қолдан жасалған аштығының, 1941 жылғы соғыстың қарапайым халық білмейтін көлеңкелі жақтарын тек баяндау емес, сұмдық суреттермен көз алдыңа елестетеді. Сондай-ақ, бір ғана Сәбираның тағдыры жүздеген Желтоқсанға қатысқан қыз тағдыры. «Көтеріліске қатысты» деген айып тағылып, жұмыстан да, жатақханадан да шығарылады. Қай жерге жұмыс іздеп бармасын «Желтоқсаншы» қыз жұмысқа қабылданбайды. Не тұратын баспана, не ақша жоқ, көшеде қаңғып қалады. Ақыры ауылына қайтады. Ауылы да, ата-анасы да «ерлермен бірге есе теңдік сұраған ер қыз-ау» деген жоқ, жыланша жиырылды. Ата-анасы мұны беттеріне жағылған күйедей көрді. Көшеге шықса «орыс зорлаған қыз» деп саусақтарын шошайтты. Үйлене алмай жүрген кемтарлар, шал-шауқан құда түсіп келді. Кеше ғана бір мектепте оқыған құрбы жігіттер «группен секс» жасауға шақырды. Туған ауылымнан бұлай қорлық көргенше, қалада қаңғып өлейін деп қайта қалаға кетті. Қалада қаңғып жүріп кино саласының атақты жеңгетайы Ұлбанудың қолына түсіп, «тірі товарға» айналды. Ұлбану шарасыз бейбақты қалталы қақбастың жемтігіне айналдырды. Желтоқсанның жай атын жамылып, қазір мен сөйттім, мен бүйттім деп жүргендер қаншама. Ал нағыз Желтоқсан туын көтеріп, қайнаған ортасында болған Әзиз – Сәбиралардың тағдыры осы болды.
Әзиз ше? Қайран Әзиз! Не болды дейсіздер ғой? Мен айтып едім ғой, қаны буырқанған тасқынды туындыда автор кейіпкеріне ие бола алмайды деп. Ендігі Әзиз әрекетіне автор жауап бере алмайды, ол тек оған ереді. Өйткені сан тарау сюжеттер селі, оқиғалар шиеленісі, алғышарттар, мотивация жасалынып қойды. Өзі жазып отырған шындықтың шыңырауы автордың өзін иірімдей тартып әкетті де, ол өз кейіпкеріне «ор қазып» жатқанын сезбеді. Біз жанұшыра авторға жаутаңдаймыз. «Япыр-ау, қолыңда тұр ғой, құтқарсаңшы Әзизді». Өзі де жанұшырған автор еріксіз сюрреализмге жүгінеді. Тайгаға «демалу» үшін орталықтан ұшып келіп апталап араққа бөгіп жататын дөкейлердің бір қызығы – аң аулау. Аң кездеспей, айызы қанбаған дөкейге «тірі аңдар» тұтқындарды әкеледі. Ойын шарты – тұтқындар жанұшырып қашу керек. Мас орыстар оларды ату керек. Құтылса – дау жоқ, өлсе өледі. «Қашқанда атылды» деп акт жасайды. Тұтқын бейшаралар жанұшыра қашқанмен, әрине, құтылмайды. Әзиз болса тіпті «өлсем» екен деп ойлайды. Мынандай қорлық пен азаптан өлім әлдеқайда жеңіл еді. Он тұтқын түгел жайрайды. Өнебойы шұрқ тесік қызылала қанға бөккен Әзиздің кеудесінде әлі тынысы барын қанішерлер байқамады. Міне, осы кезде біз – оқырман Жаратушыға жалынамыз. «О, Құдіретті Жаратушым, бір ғажап жасашы, Әзиз өлмесінші» дейміз. Ал автор не істеді екен? «Аннам өлмесінші» деп жылаған Толстой құсап, жылады ма екен? Автор тығырықтан шығу үшін тамаша әдіс сюрреализмге жүгінді. Алақанымен-ақ ғаламды көріп отыратын соқыр қыз Ойлэн, оның бақсы әкесі Угдэ Әзизді тауып алып, Құдіреттің, тылсымның күшімен өмірге қайта әкеледі. Әзиз екінші рет өмірге оралғанда, өзін өзі де танымайды. Жүрегінде сезім атаулы түгел өлген. Үнемі соққы мен төбелестен сұлу жүзі мен сымбатты дене де өзгерген. Бет аузы тілім-тілім тыртық. Дәл қазір оны туған ата-анасы да танымас еді. Ойлэннің құдіретті алақанының арқасында жар басындағы жалғыз жапада қорғансыз қалған ауру әкесін, қорғансыз екі бауырын, бұл ату жазасына кесілгенде шалықтап ауру болған, ақыры боранды бір күні үйден шығып кетіп, қасқырларға жем болған анасын, кино саласының пысығы, бірақ кәсібі «қыз аулау» Ұлбану мен дөкей шалдың жемтігіне айналған Сәбираны көреді. Неге өлмедім! – деп өкінеді. Жүрегін зұлымдық пен кек жайлайды. Әділетсіз қоғамға, әділетсіз заңға, қазақтың қыршындай қыз-жігіттеріне араша түсе алмаған, қоғамдағы осынша былық пен заңсыздықты көрсе де көзін жұмып, ақ үйде алшаң-алшаң басып жүрген «көкеге» лағынет айтты. Енді өлем емес өлтірем деген ойға бекінді. Жас өмірін қор еткен барлық жауыздарды бір-бірлеп бауыздасам, сонан соң маған бәрібір деген ойға бекіді. Угдэ жас жігіттің жан дүниесін оқып біліп отыр. Қарағым, райыңнан қайт. Бір-екі жауызды өлтіргеніңмен, жауыздықты өлтіре алмайсың. Ол адамзатпен бірге жасасып келеді. Осы Тайга талай бекзаттың қабірі. Жаратушым кекшілдікті қолдамайды десе де, көнбейді. Шаман да бір шешімге келгендей, қобызын сарнатып, Жаратқаннан бұған медет, қуат тіледі. Соқыр қыз мың жылдық самырсынның, жас қайыңдардың қуатын өз денесімен сорып әкеліп, әлсіз жатқан жігітті тыржалаңаш шешіндіріп, өзі де жалаңаш денесімен жігіт денесін орай құшақтап жатты. Ұлы табиғаттың тылсым қуатын өз денесі арқылы жігітке дарытты. Осылай 2-3 рет қайталаған соң, жігіт есін жиды, беті бері қарады. Бірақ бар қуатын бұған берген қыз шырынын алған жемістей сылынып түсті. Жігіт басында түсінбеді. Жігіт үшін осынау түкпірдегі осы бір әкелі-балалы тірі жан иелері жұмбақ еді. Әкесі таң ата қобызын сарнатып, әлденелерді шақырады. Содан күн шыққанша күңіреніп, сарнап талып құлайды. Қыз болса ормандағы әр ағашқа, әр гүлге алақанын төсеп, қуат жинайды. Қарт бақсы жігіттің қайтпасын сезген соң, оның қанына да, жанына да ерекше рух, ерекше қайрат, ақкөз жанкештілік дарытты. Жігітті бұғының ыстық қанымен, үйірге түсер бұланның шыбығымен, қабыланның жүрегімен қоректендірді. Әбден бабына келіп, дертінен айығып, жас барыстай шиыршық атқан Әзизді енді ұстай алмасын сезді. «Сіздер маған өмір сыйладыңыздар, мен сіздер үшін не істей алам» деген жігітке қарт бақсы жылап отырып шынын айтты. Біз сонау ғасырларда жолбарыс мініп, қабылан жетелеген халық болыппыз. Албаты бір аңды атпай, албаты бір гүлді жұлмай, тек сүтпен, жеміс-жидек, балмен ғана қоректеніп өмір сүріппіз. Жерімізге алуан түрлі жат адамдар келіп, аң-құсымызды қырды. Отты сумен халқымызды аздырды. Қазір құрып кетудің аз-ақ алдындамыз. Осындай азғындықтан қашып Тайганың иен түкпіріне тығылдым. Мен өлсем, артымда жалғыз қызым қорған панасыз. Бір ұрпақ керек. Барып қызыл сақалдардан (орыстардан) тұқым ал десем, қызым көнбейді. Қалғанын өзің де түсінесің дегендей қарт отырып қалды. Әзиз не істерін білмеді. Көзі көрмесе де, қара шашы толқындаған, аппақ қыз, құлын мүшесі бұралып сүйкімді-ақ. Қыз еш қымсынбастан келіп мұның қолынан ұстап аулаққа жетелей жөнелді… Әзиз қыз қасында екі айдай тұрып қалды. Қымбат аң терілерінің арқасында Угдэнің қадыры қызыл сақалдарға жүріп тұрған. Ол жалған паспорт жасатып, Әзизді бастан аяқ киіндіріп, қалтасына ақша салып, поезға отырғызып жібереді. Бұл кезде түрмеде «қашқан кезде оққа ұшып өлді» деп акт жасалып қойған. Сөйтіп, аты-жөні де, түрі де басқа, азап, қорлық, қасірет тудырған жаңа адам Қазақстанға бет алды… Осы жерде оқырман жүрегінде әлсіз ғана үміт сәулесі оянды. Осынау тылсым Тайга түкпірінде, құпия құдіретке толы періштедей пәк, табиғаттың өзіндей таза арудың құрсағында Әзизіміздің бір тамшы қаны, асыл ұрығы қалып бара жатты…
Бірақ мұны әзірге сіз бен біз және бір Жаратушы ғана біледі, оқырман… Қорланған жүрек бүгін де кек қана тұнған қабылан-жүрекке айналған. Қанның дәмін алған жас барыстай құрбандық тілеп шабынып тұр. Өзінің азапты жолын қуалап бойлап отырып, дәл ғана он екі адамды бұл да өлтірді… Қанішерге айналды. Кегі қайтқандай болды… Бірақ осымен қоғам, заң, билік өзгере ме? Бір ғажабы біз Әзизді осы қанішер қалпында да жек көре аламыз ба? Неге? Біз адамгершілік пен моральдің көшірмесіндей, мінсіз, идеал кейіпкерді ұнатып үйрендік қой. Енді неге Әзиздің тілеуін тілейміз? Тіпті ол бір жауызды өлтірген сайын айызымыз қанатыны несі? Тіпті қазір кезкелген оқырманның қолына қару берсе, ойланбастан-ақ соларды атып тастауға дайын. Оқырманды осындай күйге түсірген кім? Әрине, автор, соның шеберлігі. Бұл дегенің автор бірде-бір оқырманды бей-жай қалдырмай, тұңғиығына тарта береді, тереңіне батыра береді деген сөз. Кейіпкер кешкен тағдырды бірге кешкізіп, оның барлық күйзелісін, жан толғанысын, қасірет-қайғысын бірге кешкізе алады. Сөйтіп, автор – кейіпкерге, кейіпкер – оқырманға айналады. Айырылмастай біте қайнасып кетеді. Міне, автор шеберлігі. Міне, көркемөнер құдіреті дегеніміз осы.

IІІ. Желқайық

Автор өзінің осы циклдері арқылы қазақтың Кеңестік кезеңдегі 70 жыл, егемендік алғаннан кейінгі 30 жыл-тура бір ғасырлық өмірінің полифониясын жасаған. Бір де бір құбылыс, бір де бір болмыс, бір де бір тағдыр автордың қырағы жанарынан шет қалмайды. Ірі саяси тұлғалардан бастап, көше сыпырушыға дейін – тірі тарих, тағдыр. Біз ақиқат деп танып келген ақиқатымыздың өзінің астарлы ақиқаты бар екен. Кейіп-кеспірсіз жұдырықтай көше сыпырушы Мотяның да, керемет дарынды, тума талант жас ғалым Бақтиярдың біртіндеп білімін саудалап алқашқа айналуының да, дарынды ақын Әбішкен Қайырдың өлеңін бір жылпосқа араққа сатуының да, жезөкше Розаның да, қылмыс әлемінің серкесі Цыганның да, аса текті, зиялы профессордың жалғыз ұлы наркоман Рашидтің де өз шындығы бар екен. Біз «Қазақстанның бар байлығын тиеп алып шетелге қашыпты» деп жүрген белгілі адамдардың да басқа шындығы бар екен. Осы шындықтарға көзіміз жеткен соң, енді біз еш нәрсеге бейжай қарай алмаймыз. Үн-түнсіз ғана көше сыпырып жүрген жұдырықтай кемпірдің қасынан танау шүйіріп өте бере алмаймыз. 90 жылдардағы қиындық, урбанизация, жұмыссыздық, баспанасыздық, ала сумка арқалаған базар жағалаған қазақ… Білім, ғылым, мәдениет, спорт саласындағы былық. Жемқорлық. Дипломның, ғылыми атақтардың сатылуы. Өз кітабын сатып базарда тұрған қаламгерлер. Көшеде қаңғып қалған атақты спортшылар, метрода қайыр сұрап тұрған нағыз дарын актер, музыкант, әншілер. Ал кино саласын Ұлбану тәрізді мыстандар билеп тұр.

ІV. «Бар екен де жоқ екен»

«Жаңаөзен», «Қызылағаш» трагедиясының астарлы ақиқаты. Осы ақиқатты білгені үшін ғана және оған жауап беруді талап еткені үшін ғана әйелі мен баласына қысым жасалып, ақыры өзі де дөкейдің жендеттерінің қолынан мерт болған Асылмұрат-Алтынбек бейнесі. Тамаша, нанымды берілген. Сейфуллиндағы жұмыс іздеп, жағалай қаңтарылған жігіттер. Саиндағы жезөкшелер. Тұтасымен сатылып кеткен Алатаудың бөктеріне малын жая алмай, меншікке айналып кеткен көлден малын суара алмай қаңғырған қазақтар. Пропискасы жоқ болғандықтан, әкесін көме алмай, зар илеген оралман. Бұл кітапта да елімізге танымал тұлғалар Асылмұрат, Исламғали, Мұхит, Дәуренбек, Елтөре, Нұрпатша бейнелері барша сипаттарымен айтқызбай танылып тұр. Негізі толыққанды, тағдырлы туындыларды заманның өзі тудырады. Мысалы, Пушкиннің ең тамаша өлеңдері Декабристерге байланысты туса, Лермонтовтікі І Николайдың реакциялық саясатына байланысты. Сол секілді қазақ әдебиеті тарихында да Азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы, аштық, репрессия туралы, Алаш ардагерлері туралы тамаша туындылар өмірге келді. Сол секілді тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз әдебиеті де өмірге топтап келіп жатыр. Жаңа леппен, жаңа тыныспен, жаңа мінез-мүсінмен келіп жатыр. Тәуелсіздік иісі ойдан, сөзден, өзіндік приоритеттен, әдіс-тәсілден, ұстанымнан, бағыт-бағдардан аңқып тұр. Міне, солардан Сәукетаевтің ерекшелігі неде? Мүсінді модернизімімен, терең психо-анализімен, ерекше жанрлық сипаты және мінсіз жіптіктей тартылған композициялық түзілімін, сюжеттік дамулардың әсемдік үйлесімімен және баяулы, реңкті, бедерлі, жанды образды тілімен. Ең бастысы – қоғамдық орта мен биліктің және билеушінің шынайы бейнесін шімірікпей көрсете алуымен. Толстой ақсақал «Нағыз көркем шығарманың бойында ғажап бір сиқыр бар. Ол жан дүниеңе ыстық сәуле секілді шым-шымдап таралады. Оның ләззатын тілмен суреттеп жеткізу мүмкін емес» депті. Қайран қартым-ай! Не деген дәл айтқан. Мен де Сәукетаев тілінің сиқырлы ләззатын тілмен дөп басып жеткізе алмағандықтан, көбінесе автордың өзіне жүгініп, өзінен үзінді ала беретінім содан. Сөздеріндегі айызыңды қандырар қышыр, төгіліп тұрған бояу, жарқ-жұрқ ойнап тұрған эмоциялық реңк, «кетігін тауып қаланып» тұрған экспрессивтік ұшқырлық, сыңғыр-сыңғыр төгіліп тұрған эстетикалық ләззат, гармониялық үйлесім қандай! Сенбесеңіз, оқыңыз…
– Алаңда басына әлі жүген ноқта кимеген бұла жастық шарқ ұрып жүр.
– Басы қақшаңдаған шұбар жылан көкірегінде оратылып жатты.
– Маңдайдағы жота-бұйраттардың бауырынан өрген көлеңке қара
шапанының етегі сүйретіліп, ауылға қарай баяу еңбектеп келеді.
– Боз мұнарға бөгіп шаңытқан жым-жырт кеңістік қоңыр кешке басын
сүйеп қалғып тұр.
– Жар басындағы жалғыз үйде жаңа бір таң жылап атып келеді.
– Сыңғыр күлкісін теңгедей шашып…
– Тыныштық тілеген тәні тәтті ыңырсып.
– Жылт етіп сығалаған күн көзінен айнаның сынығындай ыршып түскен
жарық тау мен тасқа соғылып, секіріп ойнап, қар бетімен сырғанап тайғанаған күйі күлпарша сынып шашырап…
– Жып-жылы ана құшағынан үзіліп түсіп, азынаған суық дүниенің
құшағына батып бара жатты.
– Теңге жапырақтар қуана қол соқты…
– Қанатты қиял, асқақ романтикамен қатар көр-жер қоқыс пиғыл, даңғаза
дарақылық та өрмелей-өрмелей тау басына шығып алған.
Ұлы шаһар екі өкпесі қысылып, ыңыранып жатты.
– Шалғын арасымен сықылықтап қашқан ерке күлкі…
– Ұлы махаббат өксіп кең даланы кезіп жүр.
– Етегі дөңгеленіп, қыз-көктем билеп жүр. Күрк-күрк жөтелген көксау
қала кір-қожалақ шапанын сүйретіп, Алатауға өрлеп кеткен.
– Жастық қуатпен тепсінген серпімді мінсіз дене ақ төсектің үстінде
уызға малған алтын қасықтай дір-дір етіп, жарқырап жатыр.
– Таң бозын басына киіп боздаған поездің ішінде азаттық аңсап
бұлқынған қазақтың жас жүрегі өзінің бұлыңғыр болашағына қарай зымырап барады.
– Сөйтіп, ізгі ой, ақ тілеудің деміне суарылған бір жапырақ қағаз араша
сұрап, шырылдап ұшқан қызғыштай дүниенің төрт тарабын шарлап кетті.
– Бір деммен арқыраған дарақы айғыр күлкі ауаны дар айырды.
– Қаракөк аспан тұңғиығынан сансыз күміс теңгелер сыңғырлай төгіледі.
– Қалғыған тыныштықты жақтан тартып-тартып жіберді.
– Менің аппақ, аңқау жүрегімді шырылдатып, күнәның қара қақпасына
қарай сүйрей жөнелді.
– Ақорданың жарқыраған кең дәліздерінде галстук тағып, қымбат костюм киіп, тоғыз қабат торқаға оранып, сырбаз жымиған сұрқиялық қазақтың кең даласына еш қымтанып-шымқанбай-ақ, екі сананын шапалақтап, тыржалаңаш шапқылап жүр…
Қорыта келе, мынандай түйінге тоқталамыз. Сәукетаев – өзінің авторлық амбициясын жан-жақты көрсете алатын мықты жазушы. Жай жазушы емес, суреткер, саясаткер, мәмілегер. Ал Әзиз тағдыры не болар? Амал жоқ, цикльдің келесі томын тосамыз…

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Пікір қалдыру