Әлдебір шал, өзінің шағын бақшасындағы гүлдерді әспеттей жүріп, дәйім «Бақшасарай, Бақшасарай» деп әндететін. Ол алпыстан асып кеткенді, оның жиырма жылын сырт жақта, одан осында, Қазақстанның солтүстігінде өткерген-ді. Көршілердің әңгімелерінен, сөзуар саудагер Айшаның айтқанынан біздің өңірдің бірталай тұрғындары олардың Қырымнан Тәшкентке жер аударылып, одан елуінші жылдардың ортасынан былай қарай осы тың игеріп жатқан қалада тұруға рұқсат берілгендігін аңдайтын. Айша көршісінің айтуына қарағанда, Кемал қарияны қолқа демікпесі буындыратын көрінеді, ал ондайда оған Тәшкентте, әсіресе көктемде қаланың үстімен теректің бітпестей ұлпасы әрлі-берлі жүзгенде тұруға мүлде болмайды екен.
Олар тыныш тірлік кешетін, әрі көршілерімен пәлендей араласа да қоймайтын. Шал мен кемпірдің көшіп бара жатқан чешен отбасынан несиеге алып қалған кішкентай үйі екі-үш жылдың ішінде бірте-бірте бақшалы мекенге айналып, құлпырып сала берді. Біздің көршілерге таңғажайып болып көрінетін жеміс ағаштар, неге екені белгісіз, шалдың ауласында әп-сәтте бой жазып кетті. Ал гүлдер ше? Олардан әлгілердің үйі маңайынан мүлде бос жер таба алмайсыз.
«Бақшасарай, Бақшасарай», – деп әндететін шал, ағашты ұластырып немесе гүлзарды түптеп жатып. Бидай өңді бәйбішесі Әни әрдайым әнге қосылып жүретін, ал баз-базда, маңайда ойнап жүрген біздей балақайларға кебір өрік, жүзімі мен алмасын алып шығатын. Оларға мұндай базарлықтарды Тәшкенттен жиі жіберіп тұратын.
«Бақшасарай, Бақшасарай», – деп әндететін шал, аяз шалған бұтақтарды тұқырта кесіп жүріп, бірақ оның
жанарларына тұнған мұнарлы мұңды алма ағаштарының көктемгі көркі де, шағын бақшадағы алғашқы гүлдердің шанақтары да, Қырымдағы соғысқа дейінгі тірлік жайлы естеліктер де жібіте алмайтын.
Неге екенін білмеймін, бірақ ылғи күйбеңдеп жүретін осы шал кей-кейде мені, бесінші сынып шәкіртінің назарын өзіне аударатын. Бәлкім, бұл жағдай менің оқытушылардың баласы болғандығымнан шығар, әйтеуір әкем директор болып істейтін мектебінен күн сайын кешқұрым келе жатқанда, өз учаскесінде күйбеңдеп жүрген қарияның қасына жиі аялдайтын.
Маған олардың не жайында әңгіме-дүкен құратындықтарын түсіну қиынға соғатын, бірақ қария, жымиып тұрып, әкейге «Муаллим» дейтін, ал әкей болса, оған татарша ма, арабша ма жауап қайырып жататын, кейде қазақша-татарша әңгіменің арасынан «Каир», «Алушта», «Ақмешіт» деген сөздер қылаң беріп қалатын, бірақ мұндай сұхбат қайтсе де шалдың әндеткен: «Бақшасарай, Бақшасарай!» – деген қайырма әуенімен аяқталатын.
Менің «Бақшасарай нені білдіреді?» деген сауалыма әкем: «Бұл – Қырымдағы қала, онда бұрынғы қырымдық хандар мен әмірлердің сарайы бар, ал «Бақшасарай» деген сөз «Бақша ішіндегі сарай» дегенді білдіреді» деп жауап қайтаратын. Ол тақауда жолдамамен Алуштаға барып демалып қайтты, сөйтіп «Қырым» атты ертегі іспеттес ел жайлы әдемі әсерлер мен әңгімелерге әбден қанығып келген-ді.
Олар маған Бақшасарайдың қалай пайда болғаны жайлы аңызды оқып берді. «Қырым аңыздары» деп аталатын бұл кітапша көп қолдан өткен, қажыңқыраған дүние екен, бірақ мен әкемнің майда әңгімесіне ықыласпен құлақ түрдім:
Бірде Меңдігерей ханның ұлы аң аулауға бармақшы болып, қамалдан кең алқапқа түседі. Аң аулау өте сәтті болған екен, қамалдың іргесінен-ақ құлаш жаятын қою орманнан тазылар толып жатқан құс атаулыны, түлкі, қояндарды, тіпті тағы үш текені олжалайды.
Мағұрланған хан ұлы демін алып, тыныстағысы келеді. Ол табысқа кенелген жалшыларын артынтып-тартынтып қамалға жөнелтеді де, өзі қалың нуға еніп, атынан секіріп түсіп, Шұрықсу өзенінің жағасындағы бір томарға жайғасады. Батып бара жатқан күнмен алтын сәулеге малынған ағаштардың ұшар бастары да суда сәулеленіп жатады. Тыныштықты өзеннің тастан тасқа секірген толқындары ғана бұзғандай әсер береді.
Кенет қарсы жағадан сыбдыр естіледі. Жағалаудағы түп-түп бұтадан жылдам ирелеңдеп бір жылан шыға келеді. Оны екіншісі қуып келеді екен. Жанталасты айқас басталып кетеді. Бірін-бірі буындыра орап алып, жыландар бір-бірінің денелеріндегі тілім-тілім еттерді өткір тістерімен жұлмалауға кіріседі. Айқас ұзаққа созылады. Ақыры әбден дал-далы шыққан, сілесі қатқан біреуі қарсыласуды доғарып, жансыз күйде басын сылқ тастайды.
Енді қалың нудан қою шөптің бетімен айқас алаңына үшінші жылан асыға ұмтылады. Ол жеңіскерге тап береді, не керек, соны қанды қырқыс және басталып кетеді.
Күн сәулесі төгіліп тұрған шөпте жылан денелерінің дөңгелектері жылтылдайды. Біреуі қайда, екіншісі қай тұста екенін аңғару мүмкін емес. Төбелестің қызуымен жыландар жағалаудан алыстай-алыстай қалың бұтаның арасына сіңіп кетті. Ызалы ысылдау мен бұталардың тырсылы сол жақтан жетіп жатты.
Ханның ұлы жеңіліс тапқан жыланнан жанарын алмады. Ол өзінің әкесі, өзінің тайпасы, өзінің халқы жайлы қалың ойға батты. Қазір олар да мына шалажансар жылан сияқты күйде еді. Тап осындай жұлмаланған қалыпта қамалда жан сауғалап, тіршілікті ойлап дір-дір етеді. Әлдеқайда алапат ұрыс жүріп жатыр, ал онда кім үстем түседі: алтынордалықтар – түріктерді ме, әйтпесе түріктер алтынордалықтарды күйрете ме? Ал мынаған және оның әкесі Меңдігерейге ендігі мына жылан сияқты орындарынан тұруға еш хал жоқ…
Шамалы уақыт өтті. Жас хан жыланның басын көтермекке күш салып, қозғалақтағанын аңғарды. Ақыры көтерді-ау – сөйтіп ол баяу ғана суға қарай жер бауырлап жылжи бастады. Соңғы күшін жинап, өзенге жақындады да, толқынға жасырынды.
Хан өз көзіне өзі сенбеді: сәл сәттен кейін жылан тіріліп, бірте-бірте жылдамырақ ирелеңдей бастады. Ол жағаға қайыра шыққанда, манағы жаралардың ізі де қалған жоқ еді. Сонсоң ол суға тағы да батты, өзенді жылдам жүзіп өтті де, таңғалған адамнан бірер қадам жерден бұталарға кіріп, ғайып болды.
Меңдігерейдің ұлы қатты масайрап кетті – мынау ғажайып ырым екен! Бұлардың еңсесі көтеріледі екен! Оларда, мына жылан сияқты, тіршіліктің нышаны бар екен!
Ол атына қарғып мінді де, қамалға қарай дүркіретіп шаба жөнелді. Әкесіне өзен жағасында көрген жағдаятты айтып берді.
Олар шайқас алаңынан хабар күтті. Ақыры ол да келіп жетті-ау: Оттоман Портасы кезінде Керейдің қолын қынадай қырып, өзін иір жартастағы қамалға қуып тыққан Орда ханы Ахметтің қолын тізе бүктіріпті.
Хан екі жылан шайқасқан жерге салтанатты сарай тұрғызуға әмір береді. Сарайдың маңайынан оның жақындастары мекен тепті. Бақшасарай осылайша пайда болған. Айқаста иірілісіп қалған екі жыланды хан сарай елтаңбасына шекіп салуға бұйрық етті. Үшеуін салса қайтер еді: екеуі айқасып жатыр, үшіншісі – шалажансар. Бірақ ол үшіншісін салдырған жоқ: Меңдігерей хан данышпан еді ғой…
– Бақшасарай, Бақшасарай! – Қария өзінің кішкене бақшасында түртінектеп жүріп, әндетуін қоймады.
– Ал мен Бақшасарай жайлы аңызды білемін! – дедім мен бірде оның үйінің қасынан өтіп бара жатып. Шал менің дауысыма баяу бұрылды: оның көгілдір көздерінде ол осы сөздің тек өзіне ғана мәлім құпиясын амалсыз жария еткендегі зәресі кеткендегі сұмдық қорқыныш та, оның ант берген сырына куәгер болған адамға деген өшпенділік те, өткен ғұмыр жайлы қасірет те тұнып қалған еді. Білмеймін, бәлкім, мұның бәрі тап солай болмаған шығар, бірақ балалық зерде дегеніңіз ғаламат тұтқыр ғой – сондағы қатты қорланған, бірақ өзінің ымырасыздығымен керемет тәкаппар көрінген шалдың сол бейнесі менің есімнен еш кеткен емес.
– Е-е, мынау сен кіші малай, муаллим баласы ма едің! – деп қопалақтап қалды ол, сөйтіп оның жанары ілезде бозараң тартып, келе жатқан кешкісіннің қара көлеңкесінде бейжай қалыпқа өткендей болды. – Ал, сен Бақшасарай жайлы білетініңді айтшы, қане?
Мен кідіріп-мүдіріп, әкемнен естігенімді жайып салдым.
– Мен – ана шалажансар қалған үшінші жыланмын. Теректің ұлпасынан тұншығатын да мына мен. Мені Тәшкентке қызыл әскерге апара жатқанда өлгем жоқ, ал онда менің түбіме жете жаздаған әлгі ұлпа бар, әрі мен үшін туған өзенім де, Бақшасарайдың тастары да жоқ. А-а-а? – Шал еңіреп қоя берді, Әни кемпірі есік алдына жүгіріп шығып, жын қаққандай болған шалды сүйрелеп алып кетті.
Бұдан кейін мен оны ұзақ уақыт бойы көргенім жоқ. Көршіміз Айша менің шешеме шалды жүйке ауруына шалдыққаннан ауруханаға жатқызыпты, бірақ ендігі шығаратын көрінеді деп жатты.
Шалдың үйі маңындағы бақша бағып-қағусыз қалғандықтан азып кетті, гүлдерді арамшөп буындырып тастады, оның үстіне жаздың аптап ыстық болып, бір тамшы да тамбай-ақ қойғанын қайтерсің.
Шал көшеге сирек шығатын болды. Жұрт оны үйінде киім тігеді екен, барқыттың қилы қиындыларынан еркектің пенжектері мен күртелерін құрастырады екен десіп жүрді. Сондай күртенің біріне мен үшін шешем де өтініш жасады. Мен оған киімімді өлшеп көрмекке келгенімде, ол маған қалың көзілдіріктің үстінен үнсіз ғана қарады да, әдеттегі «Бақшасарай, Бақшасарайын» айтпады. Мен оның көздеріне қарауға қорықтым – кезінде кернеп кеткен есалаңдықтың оқыс отын көруден тайсақтадым.
Бәрі бабымен жүріп жатқан тәрізді еді, бірақ бірде оның үйіне екі милиция келді. Дем арасында көршілер мен сырттан келгендер жиыла қалды. Білгісі келгендерге Кемал шал жеке кәсіппен айналысады, сондықтан жаңа заңға сәйкес, оның өндіріс құралдары – «Зингер» іс тігетін машинкасы мен үстелдегі тоқыма станогын тәркілеу керек деп түсіндірді. Милиция біздің маңайға бұдан бұрын да келген болатын. Майдангер көршіміз Есентайдың жалғыз атын кәмпескелейміз депті, өйткені ол атымен базарда ақша табады-мыс.
Есентай өз ауласына оқыста жетіп келген қызыл жағалыларды көріп қалып, алдымен оларға өзі жасап алған протезін жіберіп қалады, сонсоң жалғыз аяғымен шоқалақтап, кіре берістен атына қарғып мініп, майдангер жолдасы тұратын ауылға тартып отырады. Одан бір аптадан кейін оралды: бір мая анықтамалар мен түрлі айқындама қағаздарды ала келді – оларға сай, ол қалалықтарға базардан әрқилы тауарлар әкелуге көмектесетінін, әрі сол жұмысына соқыр тиын да алмайтындығын дәлелдеді.
Сөйтіп, көрші Есентай өлермендікпен құтылды ғой, ал мына жерде милициялар ұзақты күнге сыртқа шықпай қойды. Кенет абыр-дабыр шу шықты. Кемал шал желбегей көйлегінің етегін шалбарланбаған күйі, ызаға булыққан қалпы өзінің шамалы тапсырыстарын дарылдатып жырта бастады. Әлде аспаннан ба, әлде Кемал шалдың үйшігі жағынан ба – жиналғандардың үстінен «Бақшасарай, Бақшасарай!» деген айғай арындап тұрды. Сабырлы Әни кемпір үнсіз жылап, өзінің есінен танғандай болған шалын жап-жас милициядан, біресе жұрттың көз тіккенінен қорғаштаумен әлекке түсті.
Кенет шал көшеге үлкен атлас жастықпен жүгіріп шықты, оған бір-бірін денелерімен буындыра иірмелеген жыландарға ұқсас қос айдаһардың бейнесі қытайлық әдіспен тігілген екен.
– Бақшасарай, Бақшасарай! Мен сол үшінші жыланмын, мені тек Бақшасарайдың тастары ғана құтқара алады! – деп аттандады шал татарша, қос ұртынан ақ көбігі бұрқырап. Ол тістерімен жастықты жарып жіберді: сол-ақ екен, құстың майда мамығы елдің үстінен бұрқ етіп жайылды да, милициялардың, Әни бәйбішенің, қалш-қалш еткен Кемал шалдың үстіне үйіріле бастады.
Көп ұзамай қара халат киген әлдебір адамдар шалды байлап, милициялардың «қара қарғасына» ұқсас өз мәшинелеріне салып алып кетті.
Арада екі күн өткеннен кейін Кемал шал жындыханада қайтыс болды. Демікпенің кенет өршуі түбіне жетіпті десіп жүрді жұрт.
Оны шығыстың жерлеу салт-жораларымен шығарып салды. Жергілікті татарлар мен маңайдағы көршілер келді. Есентай өзінің арбасымен Әни бәйбішенің үйіндегі жалғыз кілемге марқұмды жатқызды да, базардың қасындағы мешітке апарды, одан Кемал шалды татарлардың зиратына алып барды. Ал кейін мен бұл кілемді Есентайдың үйінен жиі көріп жүрдім. Марқұмның қырық күндігін өткізгенде Тәшкенттен көптеген туыстары келді, олармен Әни бәйбіше бірге кететін болып шешілді, тіпті жер қияны Симферопольден де біреуді ел тосып еді, шамасы, жете алмады-ау деймін. Әкем құдайы дәмге барып еді, мен де ілестім. Ал молда арабша сүрелердің әуеніне сала бастағанда, мен, неге екені белгісіз, оның ырғағымен еркімнен тыс ере бердім:
– Бақшасарай, Бақшасарай!