Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ. ЖАЗҒАН ЖЫРЫМ ӨЛМЕЙДІ…

Қ.-Ж.К. Т.

Жалғанның жарықтарынан,
Жұлдызыңды іздеп табасың.
Жаңғырған бағыттарынан
Жолыңа тауып жарасым.

Қастерлі жер мен әлемді
Бабалар аманаттаған.
Жанымда жақұт бар енді,
Аманда ғаламат ғалам.

Арманды танып алыстан,
Құшағын ашқан бауырмен.
Соқпақтар біздің тоғысқан –
Шекаралармен, дәуірмен.

Ертеңнен бақыт табамыз,
Үміт бар жүрек – жанарда.
Мәңгі Ел – Отан – Анамыз,
Бесікті тербе, Ақ Орда!
Өрiк пен шынар

Өрiк ерте гүлдедi,
жапырағын жаймай-ақ,
Шынар соған сөйледi,
кейде күлiп, кейде аяп:
– Жемiсiңдi көрмейдi ел,
не қалады бораннан? –
Өрiк үнсiз түнердi,
өңшең гүлге оранған.
Үсiк шалды, шынында,
ендi бiраз күннен соң,
Қарайып та бүрiсiп,
түк қалмады гүлден сол.
Бiр күнi өрiк бұрылып,
жауап қатты шынарға:
– Мүмкiн айтқан ақылың сенiң дұрыс шығар да,
Рас, ендi ел менiң жемiсiмдi
бiлмейдi,
Гүлдi көрiп бiрақ та,
көктем басы бұл дейдi.
Сол гүлдерiм жасайды
адамдардың көзiнде,
Әйтпесе олар шаршайды
ұзақ қыстың кезiнде, –
Солай дедi бiр өрiк,
шынар бiрақ саспады,
Өркен жайып бұтағы, өзi гүлдей бастады.

Елiк

Таудағы бұлақ басына
Тамсанып келдi бiр елiк.
Суға бас қойды асыға,
Тұныққа ернi тiрелiп.

Келедi аңшы iзiмен,
Шалғынды жайпап кешiп бiр.
Қап-қара дию жүзiнен
Ажалдың лебi есiп тұр.
Гүрiлден қорқып састы елiк,
Дiрiлдеп аяқ, құлағы.
Айнадай суға жас төгiп,
Жалынып жерге жылады:

«Тұяғымның дүбiрiн
Тыңдап қалшы, қара жер.
Жүрегiмнiң дiрiлiн
Қорғап қалшы, қара жер.

Көрiп көзде жасымды,
Бiр қарашы, қара жер.
Менiң титтей басымды,
Қорламашы, Ана-жер…»
Құлады тасқа, шаршады,
Қайғының жасын жұтты елiк.
Келедi қуып аңшы әлi,
Олжасын осы құт көрiп.

Бiр өзi қожа тәрiздi,
Мылтықты адам жол шегер.
Ол өзiн емес, жауызды
Көрер ед, суға төнсе егер.

Кенеттен бұлақ бұрылды,
Табанда тоқтай қалды да:
«Көр, – дедi, – адам, сұрыңды»,
Айнасын тосты алдына.

Бiр өзi қожа тәрiздi,
Балпаңдай басып зорсынған.
Ол өзiн, яғни жауыздың
Бейнесiн көрдi сол судан.

Қалды да аңшы қалт тұрып,
Қарады суға үңiлiп.
Мылтығын кенет лақтырып,
Жөнелдi кейiн бұрылып.

Су бетiн жайлап жалқын нұр,
Қиқулап құстар оралды.
Шуағын төгiп алтын күн,
Аймалап жатты соларды.

* * *
Тау жолында, тұманда,
Қар үстiнде, соқпақта
Жаздым талай шығарма,
Жыр жолдарын «шатпақтап».

Қайталайды оны өзен,
Сыңарын бiр тапқандай.
Айналаны сезер ең,
Бiр қызыққа батқандай.

Жырдан шығып бiр бейне,
Құс боп қанат қағады.
Тау төсiнде гүлдер де
Жыр боп жанып барады.

Бұлт тыныстап алқапта,
Жылынады күзде отқа.
Ұшады жел шалқақтап,
Бүркiт болып бiз жаққа.

Тау жолында тұманды,
Аппақ қардың бетiнде,
Айналаңыз бiр әндi
Шырқап кеткен секiлдi.

Мен ештеңе жасаман,
Жасағым да келмейдi.
Өзi қолдап Жасаған,
Жазған жырым өлмейдi.

Көзiмдi жұмсам – көремiн
Басқа бiр жалған жарығын.
Жақындап кетсем өлемiн,
Жоғалтып өмiр ағынын.

Арқамнан басқа дәуiрдiң
Сынығы маған қарайды.
Толқыныменен дауылды
Тағдырым алдан орайды.

Орманға күз кеп тығылды,
Жапырақ бiткен шуылдап.
Сұрамайды ол түгiңдi,
Сөздерiңдi де сыбырлақ.

Сезiмге сөнген қанықтым,
Бiздер де жоқпыз – оғаш хал.
Түбiнен күзгi жарықтың
Қарайды қара ағаштар.

Таңғы түстей бiр бейне…

Сомнамбули сонетi

Патриарш көлiнiң тыныш
қандай жиегi,
Терезенiң жарығы суды
келiп сүйедi.
Сен отырған орындық
рақаттанып, шетiне
Жiбек құрты ағашы
жапырағы тиедi.

Сенiң мөлдiр жаныңды соның
бәрi түсiнiп,
Сенiң қолаң шашыңды
естерiне түсiрiп.
Қайталайды тағы да
Патриарш тыныстап,
Қуанышын желпiп
бiр қалықтата ұшырып.
Терезелер кешкiлiк суға сәуле төгедi,
Шежiрешi осының бәрiн
көзбен көредi.
Ағаштардан, тастардан: маймыл,
қарға, түлкiлер,
Бақа, шаян жорғалап, өрiп,
шығып келедi.
Соның бәрi өзiңнiң
жан-мұңыңды бек бiлер,
Мына маған содан соң шындығыңды жеткiзер.

Мұражай. Шырақ
Иманғали Тасмағамбетовке
Онда уақыт қарайып көрiнедi,
Қабырғаға жаңғырған көмiледi.
Онда оттың ашылмай құпиясы,
Оны ешкiм де жақпайды,
жеңiледi.

Мың жыл жанған
отты да сезiнесiң,
Қалың ойға берiлiп, езiлесiң.
Темiр ғасыр жасаған ертедегi
Ат мүсiндi шыраққа кезiгесiң.
* * *
Мен тек қана көшiрем.
Мен автор да болмаймын.
Ешқашанда осы мен
Қайталана алмаймын.

Хикаят

Ауылда. Үйден шеттегi,
Жарықтың ғажап төккенi.
Әйнектен қарап ән-ерке,
Ойнайды екi көлеңке.
Шешесiн, қызын екеуiн
Сыртынан қарап өтемiн.

Есiктi жәйлап ұрамын,
Салқын су сұрап тұрамын…

Шөлiмдi суға қандырып…
Тағы да iшем алдырып.
Көп жылдар өтiп кетедi,
Терезе жылт-жылт етедi.

Әкесiз ұлы қолында,
Шеше тұр үйдiң жанында.

Жел диiрмен

Ескерткiш үшiн өзiмдi де, оны да
Кенебiңе түсiремiн,
қылқалам алып қолыма.
Питер Брейгель маған тiптi
үйреткен-дi әдiс бiр,
Сол әдiстiң сырын алып,
бояуменен жабыстыр.

Жақсы қызмет көрсеткен
қалаға да бейiлмiн,
Антверпенге жүремiн.
Жүгiм де жоқ – жеңiлмiн.
Орта ғасыр жолына
шашқандарым дастан ба?
Темiрдегi өрнек
құс көтерiлдi аспанға.
* * *
Меңiреу тыныштық орманда,
Аппақ қар ағашқа қонғанда.
Құстардың қанаты суылдап,
Ұшқандай орманнан арманға.

Бiлмеймiн бұл қай күн? Шабытты,
Әлемдi қар басып қалыпты.
Қар орап қаланың түтiнiн,
Орман өз сөздiгiн алыпты.

Мазасыз тiршiлiк маңайда,
Аспан, қар – көк айна, ақ айна.
Қолыма бiр бұтақ iлiнiп,
Шомып бiр кетемiн мен ойға.

Әлдилеп өзiмнiң орманым,
Рақатқа бөлейдi арманым.
* * *
Алма иісiмен тыныстайды
Нью-Йорк,
Жұмақтың бiр рақатына сүйенiп.
Дамылсыз түн саудасы да қызып ап,
Жасайды әбден дүниеге иелiк.

Сыра бары асханаға айналған,
Ал көршiлер танысып ап жайланған.
Қайыршы отыр саз үнiне құлақ сап,
Сол әуенмен әр нәрсенi ойға алған.

Қайыршыға артығымды лақтырам,
Қуанады ол. Жымияды тап бұған.
Гүлдiң иісi, шөптiң иісi бұрқырап,
Какаомен араласты шаттық ән.
* * *
Мен өзiмдi Амстердам бөлiгiндей сеземiн,
Суретшiмiн көшеде,
сол көшенi кеземiн.
Рембрант салған әйел маған
кофе бередi,
Түнде ол да сол көшеге
қыдыруға келедi.

Яхтасында кеменiң жалдаймын
бiр бөлменi,
Байланыспен аламын
бар хабарды жердегi.
Рубенстiң кейiпкерi
ол да бiздi күзеттi,
Ол да менi ең соңғы рет кешiредi,
iзеттi.
* * *
Бұрынғы өткен тайпалардың
патшасы,
Әмiршi әйел
Тарихына таңғалам.
Өттi уақыт,
Кеттi өзгерiп бар ғалам.
Сезiп тұрмын соның бәрiн таңбадан.
Бұғанадан төменде,
Сенiң аппақ денеңде
Екi сауыт тостаған,
Өмiр жатты – мас ғалам.
О, ғажап-ай, ғажап-ай,
Қылыштардың сартылына қарамай,
Қайратың мен еркiндiгiң өзiңнiң
Ақ қағазға жыр боп түстi, сезiндiм.
Шеберлердiң қолыменен жасалған
Және тас боп қарайды ол қашалған.
Мейлi аңызы бөтен елдiң болса да,
Ұнатамын
сол аралды соншама.
Гректердiң сол Лемнос аралы,
Рух болып бiздi бүгiн табады.
Дала қызын көрем және алыстан,
Ат үстiнде садақ тартып алысқан.
Жауға көздеп тартқан кезде жебесiн,
Көтерiлiп оң төсi мен денесi,
Кедергi боп керiлетiн сияқты.
Еһ, шiркiн-ай, сүтке толып төсi оның,
Төңкерiлген бейнесiндей кесенiң,
Танаулары қабысып,
Бiр нәресте емер едi жабысып.
Бiрақ оның бәрi түстей көрiнген,
Ол батыр қыз қорықпайтын өлiмнен,
Ол соғыста жан емес-тi жеңiлген.
Сол даладан сенiң сыбыр үнiңдi,
Жел жеткiздi бiзге мына бүгiнгi.
– О, жолаушы,
Әмiршiңдi мойында,
Не бiлесiң тiптi олар жайында?
Қабiрге кiр, сонда оны көресiң,
Ерлiгiне,
Өрлiгiне сенесiң.
Өзi азат боп құлдық пенен қорлаудан,
Сенi, менi қорғап қалған ол жаудан.
Тап есiктi,
Қабiрiне кiр оның,
Қурап қалған басын да көр, сүйегiн.
Бармыз бiздер арқасында солардың,
Сондықтан да мен де оның
Бас сүйегiн сүйемiн.
Осы әуендi ағаш пен шөп жырлайды,
Дала жыры тоқтамайды,
тынбайды.

* * *
Менде бiр оны бар дiлдәнiң,
Қалған ол алтыны әжемнiң.
Келедi өмiрдi жырлағым,
Берiңдер жарығын әлемнiң.

Сөмкеме электрқырғыш пен
Қос көйлек, қос кiтап саламын.
Миыма ғаламат бiр күшпен
Құранды құйып та аламын.
Содан соң жер шарын кеземiн,
Дүниенi көзiммен көремiн.
Жолыма жетедi, сеземiн,
Жаңағы он дiлдә дегенiм.

Парижге тартады жүрегiм,
Көремiн Булондай орманын.
Жердiң жетi ғажабын бiлемiн,
Бәрiн де бiр көру – арманым.

Ел кезiп бәтеңкем тозады,
Тас көше жұлымын шығарып.
Мальтаның храмы – ғажабы,
Есiгiн ашады ұлы алып.

Патшаның суретi бар дiлдә,
Жолыма шашылды, жарады.
Тек ендi қыз тұрса алдымда,
Болсам деп ойладым қонағы.

Көрдiм мен оның да қызығын,
Саусағым сүңгiдi шашына.
Шамның да сөндiрдi қызуын,
Бiздердiң лебiмiз қосыла.

Қараңғы бөлмеде арманға
Жеттiм мен, жеткiздi көргендер.
Сенемiн осы бiр жалғанға,
Алланың әмiрi берген дем.

Бөлмеде осы бiр жарықсыз
Бәрiн де көрдiм мен әлемнiң.
Жақсы ырым – өмiрде қауiпсiз
Бейнесi сен сүйген әйелдiң.

Еске алып өткендi iлезде,
Сапардан бiр кiтап жазамын.
Есiме шал айтқан бiр кезде
Құранның сүресiн аламын.

Ноктюрн

Түн тыныш.
Ит – сенекте. Қой – қорада.
Отыр шопан көмiлiп ойға дара.
Ерiн ап қоя берген ат сұлбасы,
Тұрғандай шағылысып айға ғана.

Отыр шопан. Оңаша ой бағады.
Саусақтары киiзде ойнады, әнi.
Түмен тұлпар өткендей
тас төбеден –
Самолеттен қирады ой қамалы.

Қабақ түйдi. Ой қашты. Тоқырады.
Отыр шопан. Өшiрмей отын әлi.
Оттан қашты көлеңке. Таңғы самал.
Жусан иісi. Туған жер топырағы.

Түн тыныш.
Ай аспанда.
Шопан үнсiз.
Ой бағып отыр әлi, отыр әлi…

Естелiктiң самалы

Естелiктiң самалы жақындатсын араны,
Менiң ыстық ойларым сенi iздеп табады.
Сипай жазып кетедi жаныңдағы жараны,
Маңдайыңнан жұбатып сүйiп-сүйiп алады.

Менi дағы сақтасын сенiң алыс елесiң,
Нұрлы бейнең жадымда, жүрегiме енесiң.
Естелiктiң самалы болып маған келесiң,
Менiң де бар мұңымды ыдыратып бересiң.

Бұл өтпелi өмiрдiң қандай ғажап самалы,
Сүйiктiлер жайлы ой жаулап алсын сананы.
Мейлi, жұлдыз, тыныштық, жолдар бөлсiн араны,
Естелiктер бәрiбiр түсiмiзде қалады.
Табыспаған тағдырлар, алыстаған адамдар,
Естелiктiң самалы қосатын күн бар әлi!

Жалғыздық

Ғашығым..!
Әңгiменiң ашығы:
Сенсiз бөлмем –
Хатсыз почта жәшiгi.
* * *
«Күн еңкейiп қырқадан
Әрi аунаса, деме: ерте!
Жалбыр шашты шыршадан
Жолға сұлар көлеңке.
Сонда жасын сыптаған
Серттi ағашқа кел, ерке!» –
Деп ежелгi сақтарда,
Кездеседi екен жастар да.

* * *
Бәрi орнында сырттай шолып көргенге,
Қаз-қалпында тұрар түгi кетiлмей.
Көлеңкесi көлбей түсiп өзенге,
Қозғалмайтын көпiрдей.

* * *
Поезд зулап келедi даламенен,
Тамбурда әйнектен көз алар емен.
Жусан иiс саумалы шөл қандырған,
Қыр көз тартып өредi санаға өлең.

* * *
Төбесiнде сәбидiң тылсым аспан,
Самсап сансыз жұлдызы ұшқын атқан.
Түсiнедi ол күнi ертең пайдасызын
Құр күйбеңнiң тiрлiкте бүршiк ашқан.

Болмай қалса тiрлiктiң төрi тұрақ,
Сiлтейдi де бәрiне қолын бiр-ақ.
Көз алдына қайтадан келтiредi
Зеңгiр аспан, жұлдызды жолы жырақ.

* * *
Алай-түлей табиғат толқындары
Ғасырыңмен қауышып
шалқыр ма әрi?!
Өмiр, өлiм түйiсiп, жан-жануар
Сол толқынмен тоғысар,
бәлкiм, бәрi.

* * *
Ренжу деген түк емес,
Түсiнбеуден туады.
Бiрақ кейде бұл елес
Ойға тат боп тұнады.
Басып кейде ол еңсеңнен,
Аңдытқандай әр iздi.
Мұз астында теңселген
Тұңғиық су тәрiздi.

* * *
Түнгi сағат үштерде жер сiлкiндi,
Кеттi кенет дүрлiгiп ел бiртүрлi.
Жарқ-жұрқ етiп терезе, үй теңселiп,
Гуiл-суыл көбейiп, көл бұлқынды.
Жердiң ауыр күрсiнген
тынысын-ай,
Ұлым шошып оянды, құрысын-ай!

* * *
Көлбей түскен көлеңкенi
Батар күнге жел ертедi.
Үркер туып, түн басады,
Жұлдыз жермен сырласады.
Баяу барып ай батады,
Небiр жайды ойлатады.
Жылдар жылжып ғасыр құрап,
Сырын жұрттан жатыр сұрап.

Жел

Жел соққанда шұбырған
құс сап етер,
Балапанды ұясынан әкетер,
Сұрапылға ұшқыр қанат көз салдық.
Өмiр желi, көзге iлiнбей жабыстың,
Осынау сәттi iздеп жеттiң, табыстың,
Әз жанымнан сездiң
шатты бостандық.

* * *
Көлеңкенiң
Кешкi қисық сабағы,
Өткен күндi арбап кетiп барады.
Түн…
Жұлдыздар
Шашу шашқан аспанға,
Толған Ай да
Қоштасқандай қарады.
Жолды жылдар,
Ғасырлар да бағады.
Адам, сенi
Сансыз сұрақ қамады,
Жауап туса,
Сұрақ қайта жанады.

Пікір қалдыру