Біз аяқ астынан көшетін болдық. Туған‑туысқан, көрші‑қолаңға жайылған дастархан жиыла салысымен, шешем мен Ізет әкпем әйнек шишасы бар, ондық шамның жарығымен мидай араласып кеткен, жуылған ыдыс‑аяқтың ішінен өз заттарын бөлектеп, біздікін бір қорапқа салып жатыр. Көзі көкпеңбек, екі бұрым қылып өрген шашы сары алтындай болып арқасында жатқан, алды бұрқырап, бұйраланып тұратын әкпем маған қарап:
– Мынау «Жартымын!» деп тақылдап қоймаушы еді, енді бізді ұмытып кететін шығар!? – деп, жазғыра қарап қояды.
Мен өзімді кінәлі сезініп, сыртқа беттедім. «Жарты, Алжан» деген Ұлы жүздің ішіндегі Албанға кіретін рулардың атауы, яғни, нағашы атамдар – «Алжан», мен – әкем екеуміз – «Жарты». Осы сөздерді естіген сайын, шешемнің құлағына талай рет сыбырлап: «Кетейікші бұл жерден!» – дейтінім есіме түсіп кетті.
Теңгедей бұлты жоқ аспаннан ай жап‑жарық болып төніп, «Кетесіңдер ғой!» деп, мүсіркеп, мұңдана қарайтын сияқты… Сүттей аппақ ақ мұнар төбеден саулай құйылып, айналаны сиқырға бөлеп, мұнарландырып, күндізгіден басқаша… мүлдем басқаша кейіпке бөлеп тұр. Жарқыраған жұлдыздар ғана жымыңдасып, бір‑бірімен сыбырласып алып, тентек балалардай маған қарап қутыңдасып, бастарын қылмаңдатып, «Ақыры кететін болдың, ә!» деп, көрінбейтін қолдарын бұлғап, шықылықтап күлетін сияқты… Олар да әртүрлі: біреулері қатты жарқыраса, біреуі сарғыштау, ана біреулері әрең‑әрең жылтырап көрінеді… Бірақ сондай көп, сан жетпейді…
Дала маужырап жатыр, күндізгі қат‑қабат тіршіліктің шуынан құтылып, тынығып жатыр… Айналаның күйін кешіп, жаның тыншығып, сен де маужырап, бұйығып, ұйқылы‑ояу отыра бергің келеді, отыра бергің келеді… Қанаты далпылдап бір құс ұшып өтті. Шегіртке шырылдады. Алыстан талып, сұңқылдаған бір құстың даусы естіледі.
Екеуінің даусы да сиқырлы түннің тыныштығын бұза алмады… Әкем есіктің алдындағы орындықта отыр екен, басымнан сипап, «Болайын деп қалды ма!» – деді. Мен басымды изеп, үнсіз қасына келіп отырдым.
Расында да, нағашы атамның күнде ертеңгі шайды ішерде бізге қоятын «Алжансың ба, Жартысың ба?» деген сұрағынан әбден мезі болған едім. Артымнан ерген сіңілім мен тілі шығып қалған інім «Алжан» болып шыға келетін де, мен жалғыз «Жарты» болып, атамның мазағына қалатынмын. Дастарханға қойған қаймақтан нанға жағып жейін деп, қолымды соза берсем болды, «Жарты қаймақ жемейді!» деп тартып ала қояды. Қаймақтан айырылған соң, шайымды іше берсем, «Жарты» шай ішпейді!» – деп, қолымдағы шыныны алып қояды. Әбден ыза болып, көзіме жас толғанда, «Жарты – жылаңқы!» дейді. Ол сөзді сіңілім де, былдырлаған інім де қайталайды. Мен ыза болып, жылап жіберетінмін. Шешемнің артынан: «Ештеме ішпедің ғой, мынаны жеп ал!» – деп, құйып берген шайын да, қаймақ жаққан нанын да жемей, жыным түсіп, орнымнан тұрып кететінмін. Терезенің жақтауына сүйеніп, тауға қараймын. «Осы таулардан асып, ар жағына көшіп кетсек қой, папам – бәріміз бірге тұрсақ қой!» – деп, армандаймын.
Атама қарсы бұл үйде, тіпті бұл ауылда ешкім қарсы сөйлемейді. Ол кісіден бәрі қаймығып тұрады. Кейде шешем қасыма келіп: «Ана кішкентай екеуі құрлы ақылың жоқ па, «елім – Алжан!» деп, алдай салмайсың ба?» – дейді. Мен шешеме жақтыртпай қарап: «Әкем – «Жартымыз» деді ғой… Қалай «Алжан» боламын?» – деймін сызданып. «Түһ, мынаны‑ай!!» – деп шешем кетеді қолын бір сілтеп, беті тыржиып…
Әкеме сүйеніп отырып:
– Әке, сіз қайда жүрдіңіз, біз неге бұл жерде тұрдық? – дедім.
Тосын сұрағымнан әкем сасып қалған сияқты көрінді. Біраздан соң:
– Мен жұмыс істедім. Асылбек ағаң есіңде ме? – деді.
Мен басымды изедім.
– Сол ағаң қайтыс болған соң, нағашы атаң мен апаңа қиын болды. Сол кісілерге қараймын деп, мамаң сендермен осында қалды. Ал, менің жұмысым алыс жақта болды. Жақында үлкен қалада оқып жатқан нағашы ағаң келеді. Ол кісі үйленеді. Атаң мен апаңа солар қарайды, – деді.
Сол кезде ғана қолында шай құйған кесесі, көзінің жасын сүртіп қойып, бастарын көтермей жатып алатын атам мен апамның қасынан аяғының ұшынан басып, шешемнің не үшін шықпайтынын түсінгендей болдым…
Бірінші рет атама деген ішімдегі тоң да ерігендей болды…
Ертесінде аз ғана дүниеміз жүк машинасына тиелді. Шығарып салуға келген туған‑туысқанмен қош айтысқан соң, нағашы атам мен шешем дауыс салып көрісіп қоштасты. Жыламаған адам қалмады…
Шешемнің әкесіне деген құрметі, сүйіспеншілігі ерекше еді…
Менен кейінгі сіңілім Айзатты нағашы атам мен апам: «Бізге алданыш болсын!» – деп алып қалды.
Содан шыжыған ыстық күнде жалаңаш таулардың арасындағы жақпар‑жақпар тастар қоршаған қия‑қия жолдармен жүріп, қараңғы түскенде, таудың бөктеріндегі бір үйге тоқтадық. Есік ашылғанда, бізді біреу қарсы алып, дастархан жайып, шай беретін сияқты көрінген… Қайдан… «Ши‑ық» етіп есік ашылды да ағараңдап, іш киіммен шыққан әйел әмірлі дауыспен: «Тез кіріңдер!» – деді. Інімді көтеріп алған шешем керіліп‑созылып тұрған мені сүйрегендей қылып кіргізді де, әйелдің көрсеткен жеріне қараңғыда түртінектеп жүріп, пальтосын төсеп, бізді жатқызды. «Жастық қайда?» – деп, қыңқылдаған мені шешем: «Жат тыныш!» – деп, иығымнан түртіп жіберді. Інімді ары итеріп, қырсығып жатып, әрең ұйықтадым. Түн ішінде жамбасым ысып кеткен соң, оянып кетсем, інім астын сулап қойыпты. Бақырып жылап жібердім. Шешем: «Ертеңге шейін шыда, әкеңнің үйіне келген жоқсың!» – деп, ұрсып жатып әрең қойдырды.
Әкем жүктің үстіне түнепті. Ертесінде жақпар‑жақпар тасы көп, жалаңаш таулардан құтылып, жазық жолға шықтық. Көп ұзамай құмырсқадай қаптаған адамы көп бір қалаға келіп, жол‑жол болып, қатар‑қатар жатқан темір жолдары бар, шиқылдап, дүрсілдеп, терезелері бар үйдей‑үйдей жәшіктер қозғалып, ары‑бері жүріп жатқан жерге келдік.
Менің бір таң қалған нәрсем – кәп‑кәрі әйелдердің байпақсыз, шұлықсыз жалаң аяқтарына аяқ киім киіп алғаны болды, әрі шаштарын ербитіп, жалаңбас жүргендері де қызық әсер етті. Олар маған өте кәрі, тым ұсқынсыз көрінді. Бірінші рет ақ жаулықты, қоңыр бешпентті нағашы апамды сағынып кеттім. Көзіме мөлтілдеп, жас келді. Қазір ғана тым алысқа, өзіме беймәлім жаққа кетіп бара жатқанымды түсініп, кеңсірігім ашып, көңілім бұзылды. Үнсіз жылап тұрған маған көзі түскен әкем шошып кетті:
– Не болды? – деді менің иығымнан құшақтап, бетіме төніп. Мен не айтарымды білмей, үнсіз басымды шайқап: «Ештеме», – деп, ернімді жыбырлаттым.
– Ой, оның біреудің қолын пышақ кесіп кетсе де, қарап тұрып, үнсіз жылайтыны бар. Қазір қояды! – деді шешем.
– Қой, жылама, қазір пойызға отырамыз! – деді әкем.
Сонда ғана анау дүрсілдеп, сартылдап ары‑бері жүріп жатқандардың пойыз екенін білдім. Бәріміз құрттай есік ашылысымен ентелеп, ішке кірдік. Есіктің алдында қолына бір қағазды ұстап тұрған толық, сары әйел түсініксіз тілде бірнәрсе дейді. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Сөрелері бар құрттай «бөлме» біздікі екен. Астыңғы орындықты ашып, сөмкелерімізді салдық. Керегесіне жабысып тұрған столды ашып, тамағымызды жедік. Үстіңгі сөреге әпкем екеуміз орналастық. Пойыз сарт‑сұрт етіп, жүйткіп келеді.
Тәтем әбден шаршаған болуы керек, пысылдап, ұйықтап кетті. Мен болсам, қабырға жақтағы кішкентай терезедегі темір жақтаудан ұстап қаттым да қалдым. Қорыққанымнан жүрегім дүрс‑дүрс етіп, кеудеме сыймай торғайдай тыпырлап, үн‑түнсіз жылап жібердім. Қазір мына тербеліп келе жатқан пойыз мені сілкіп, екінші сөреден шырпы құрлы көрмей, лақтырып жіберетін сияқты…
Қара терге түстім.
Кенет, астыңғы сөреден біреу тұрғандай болды. Созылып, менің басымды сипады. Әкем екен. Су‑су болған шашыма қолы тиісімен шошып:
– Не болды? – деді.
– Құлап кетем бе деп, қорқып жатырмын, – дедім сыбырлап.
– Жылағансың ба? – деді. Басымды изедім.
– Даусыңды естімедім ғой, – деді даусы жарықшақтанып.
Мен үндемедім. Әкем мені көтеріп алып, көзімнің жасын, терімді сүртті. Су берді. Астыңғы сөреге жатқызып:
– Қорықпа, мен қасыңдамын, – деді. Әкемнің кең құшағында бірінші рет алаңсыз ұйықтап кеттім.
* * *
Бұл он тоғызыншы ғасырдың елу төртінші жылдары еді. Біздің жүгімізді бір еңселі үйдің алдына әкеп түсірді. Үйден шыққан бір еркек, бір әйел келіп, әке‑шешемді құшақтап, амандасып жатыр. Артынан екі қыз, екі ересек ұл балалар келіп, әкем мен шешеме беттерін сүйгізді. Біз тұрмыз үрпиіп. Үлкен кісілер келіп, бетімізден сүйіп, бізді үйге кіргізді. Бетінде аздап шешектен қалған шұбар іздері бар, қапсағай денелі, толқынды шашы бір жағына ширатылып түсіп тұратын Ғазиз ата өте мейірімді кісі екен. Олар тұратын үй маған өте салтанатты көрінді. Әйнек есіктерінен самаладай қылып, тізіп қойған ыдыстары көрініп тұратын биік жәшіктерді, радионы, биік арқалығы бар диванды сол кісілердің үйінен бірінші рет көрдім. Аппақ дастархан жабылған биік столға отырып тамақ ішеміз. Тамақ жегенде, ыдысты салдырлатпай, аузымызды сылпылдатпай, сөйлемей отыру керек екенін Бибі апа қатты қадағалайды. Бұл үйде біз бір айдай тұрдық.
Сенбі, демалыс күндері шырттай киініп алып, қалаға шығамыз. Бибі апа осы уақытта өзі киіп жүрген көйлектің матасындай бұл алып, шешеме үш көйлек тіккізіп берді. Аяғына капрон шұлық алып берді. Байқаймын, шешем де қалалық әйелдер сияқты киінетін болды. Ол кісіге не кисе де, бәрі жараса кететін. Қазір ойласам, сол кезде шешем отызға толмаған кезі екен ғой…
Бір қауым ел болып, далаға шыға келсек, Ғазиз атаны үлкен құрметпен қарсы алып, жалпылдай амандасып, бәрімізді асханаға апарып, ас та, төк тамақ алып, иіліп төсек, жайылып жастық болып күтетін адамдар жолыға кететін. Сөйтсек әкем «Құда аға» деп атайтын Ғазиз ата Әулиеата деп аталатын қалада өте лауазымды қызмет атқарады екен.
Бір күні осылай қаланы аралап, қыдырып жүргенімізде, қасымыздағы бір кісі әкеме қарап:
– Ленинді атқан әйелді осы түрмеге әкеліпті дейді, – деді. Бұл маған бір сұмдық сияқты көрінді, Ленин атамыздың қолын алға созып тұрған ескерткішін де, күліп қарап тұрған суретін де көргенмін, тіпті, әпкемнің кеудесіндегі Ленин атамның бала кезіндегі бейнесі бар значогын күнде сипап қоятынмын… Сондай кісіні атқан жаман әйелді қамаған жерді көрейін деп, қанша ұмтылсам да, қаладай тізілген үлкендерден ештеме көре алмадым.
Ол әйел маған қарсы беттегі сылағы түскен, ескі үйдің терезесінен үлкен қоңыр көздері бадырайып, шашы дода‑дода болып, қарап тұрғандай әсер етті. Оны көріп тұрған сияқтымын… «Ана жерден шығып кетсе…» деген қорқыныш көңіліме ұялап, мазам кетіп, бірақ «әкем бар ғой қасымда!» деп, өзімді‑өзім жұбатып, оның қолына жабыса түсемін…
Сол кезде жиналып тұрған адамдар дөңгеленіп тұра қалды да, біреу баянмен сүйемелдеп, бір орысша әнді зарылдата жөнелді. Бір әйел ортаға секіріп шығып, шыр көбелек айналып, билей жөнелді. Оған қос қолын шапалақтап, бір ер адам қосамжарласа жөнеліп еді, тапырақтап келіп, әкемнің алдында тұрған менің аяғымды басып кетті.
Көңілімде Ленинді атқаны да бар, аяғым да оңбай ауырып кетті. Жылап жібердім. Мені құшақтап тұрған әкемнің қолының сыртына көз жасым тамып‑тамып кетті. Әкем шошып, маған еңкейіп:
– Не болды? – деді.
– Анау аяғымды басып кетті, – дедім, арбаңдап билеп жүрген масаңдау еркекті көрсетіп, – енді өзімді басып кетеді, – дедім жылап.
– Қой, қорықпа, мен бармын ғой қасыңда, – деп, мені көтеріп алды. Әкемнің кең құшағында, көзімнің жасын сүртіп, кеудесіне басымды қойып, мас бишіге жақтыртпай, жоғарыдан қарадым.
Ертесінде Ғазиз ата:
– «Дунгановкадағы» тұратын үйлерің даяр болыпты, – деді. Әкем мен шешем қуанып кеткендей көрінді…
* * *
Түстен кейін машина келіп, ол кісілермен қимай‑қимай қоштасып, көлікке отырдық. Мен кетерде, шай ішкенде, алдына алып отыратын Ғазиз атаны қимай, тағы жылап алдым.
Ол кісі: «Қой, жылама, келіп тұрасыңдар!» – деп, жұбатып жатыр. Алдындағы көшкеніміздей, ұзақ жүреміз бе деп ойлағанмын. Бұл жолы тез жеттік.
Көшіп барған жеріміз Әулиеата қаласының түбіндегі бір кішкентай колхоз болып шықты. Айнала сырты биік, қам кірпіштен құйылған дуалмен қоршалған, оқшауланған, кішігірім ауыл екен. Бір қызығы, қазақтар аз да, тұрғындардың көбі: дүнген, қарашай, балқар, шешен, кәріс, әзірбайжандар. Бір үйлі орыс бар. Ол – жалғызбасты, жас әйел. Бәрі қазақшаға судай.
Бізге шатырын қамыспен жапқан қоржынтам сияқты үй берді. Шешем адыраспанмен түтіндетіп аластап, «тазалап» шықты. Бәріміз пеші бар түпкі үйде ұйықтаймыз, сол жерде тамақ ішеміз. Екінші басындағы бөлмеде көп кітаптар, суреттер, қағаздар үйіліп жататын. Менің көп уақытым соларды ақтарумен өтеді. Әдемі әйелдердің маған қараған көздеріне, сәнмен өрілген шаштарына, шілтерлі әсем көйлектеріне қанша қарасам да, жалықпайтынмын. Олар қазір орнынан лып етіп тұрып, маған бірнәрсе айтатын сияқты көрінетін…
Ұйысқан орман да қыбырлап, жапырақтары сыбдырлап, мені шақырғандай болады, қырбақ қардың үстінде отырған ала қарғалар да қазір жан бітіп, теңселе басып, жем іздеп, менің алдыма келетін сияқты әсер ететін. Кейін есіме алсам, көптеген атақты суретшілердің еңбектерін сол жерден көрген екенмін. Сол тамаша суреттердің кейін қайда кеткенін білмей қалдым. Ол бөлмеде аласа стол қойып, біз жақта «жозы» дейді, жазда шай ішетін болдық.
Әкем мұғалім болды. Жасым жетпесе де, сабақтан қалмаймын. Ұйықтап қалған күні: «Неге оятпадыңдар?» – деп жылап‑еңіреп, үйдегілердің шақ‑шәлекейін шығарамын. Ал, демалыс күні шешем ертеңгі шайды жасап жатқанда, тап‑тинақтай болып киініп алып, зып етіп далаға шығып, көршілерді аралап кететінмін.
Әсіресе маған үйдегілер «Балқар шал» деп атайтын Хасан атанікі ұнайтын. Шешемнің айтуынша, олар жаңадан үйленген. Әйелі өз жасауын өзі түгендеп, қырық жасқа толғанда осы шалға шығыпты. «Заңдары құрсын, қыздары кемпір болғанға шейін дүние жинатып қойған… Енді баласын қашан туады, оны қашан тәрбиелейді?!» – деп, шешем жақтыртпай отыратын.
Хасан атаның шашы да, сақалы да, білектері де, киімі де аппақ. Мен оны «Ақ ата» деймін. Шешемнің: «Айырмен бір шөмеле шөпті тік көтеріп, сиырына салғанда, білегі жарылып кететіндей көрінеді», – деген сөзін естіп қалғанмын. Аппақ білегі қалай жарылатынын көрейін деп, сиырына шөп салғанда, көз алмай қарап тұрамын. Ол қадалып қарап тұрған маған қарап, аппақ, ірі тістерін ақситып, күліп жібереді де: «Үйге кір, тәтең шай даярлап жатыр», – деп, шөпті айырмен іліп алып, ақырға лақтырып жібереді. Білегінің жарылып, қан ақпағанына көзім жеткен соң, үйге кіріп, күйбеңдеп жүрген кішкентай әйелге қарап, үнсіз тұрамын. Ол менің қасыма келіп, басымнан сипап: «Өте ғой!» – дейді. Мен шынында да, келесі бөлмеге өтем де, сәкінің үстіндегі жайылып жатқан төсекке барып, асыр саламын. Көмпиген, үлкен‑үлкен жастықтардың астынан еңбектеп өтемін. Бірінің үстіне бірін қойып, үстіне жүгіріп келіп, күмп ете түсемін. Көлдей көрпеге оранып алып, ары‑бері аунаймын. Осы кезде Хасан атам келеді де:
– Шай іше ғой! – дейді.
Мен Хасан атаның қасына отырамын да, ол берген шынының бетіндей дөңгелек, сап‑сары, жүгері ұнынан пісірілген күлше нанның шетінен сындырып, шүкімдейін аузыма саламын да, қақ бөліп, жартысын алып, жүгіріп далаға шығып кетемін. Көрші кәрістердікіне кіремін. Олар да жүрелеп отырып алып, шүпірлеп, ертеңгі астарын шөкемен шұқылап, ішіп жатады. Шүлдірлеп, дастарханға шақырады. Үндемей келіп отырамын. Олар ұсынған тамақтарын жей алмаймын. Бәрі ащы. Басымды шайқаймын да, өзімнің жүгері нанымды жеп біраз отырамын да, жүгіріп далаға шығамын.
Көрші Люба тәтенікіне кіремін. Ол ернін қып‑қызыл ғып бояп алған, қоп‑қоңыр шашының алдын бұйралап, жал құсатып жоғары көтеріп қойған, арқасына жіберген шашының ұшы да бұйра, үстінде әдемі, етегі төгілген крепдешин көйлек, тырнақтары да қып‑қызыл. Өте сәнді әйел… Ана… суретте көрген сұлу әйелдермен салыстырамын. Олардың айналасында қымбат заттар, шілтерлі перде, ағашпен көмкерілген, арқалығы томпайған креслолар, шілтерлі дастарханмен жабылған стол болатын. Ал, мына жерде терезені газетпен жауып қойған. Бұрышында өрмекші торын құрып алыпты. Еденнің тақтайларының арасы ырсиып‑ырсиып тұр, әрі шаң. Стол да газетпен жабылған… Әйелдің өзі де ана әйелдерге қарағанда тым қарапайым… Ол менің қадалып қарап тұрғаныма таңқала бір қарап алады да, иығын бір көтеріп, үстін қағазбен жауып қойған от жағатын пештің бұрышына барып отырады. Маған қарап:
– Што!? Будем завтракать! – дейді.
Алдындағы беті қағазбен жабылған кішкентай столдағы қара наннан жалпақ қылып кесіп алады да, тұз сеуіп, ыдыста тұрған сары түсті әлденеден қасықпен алып, жақсылап жағады. Сосын аузын керіп ашып, көмейлете асап, екі ұрты кезек‑кезек бұлтылдап, сүйсіне жейді. Нанға ернінің бояуы жағылады. Ол оны да жеп қояды. Сосын стақандағы суық судан бір сіміреді. Оның ернеуіне жағылған қызыл жолақты сұқ саусағымен лып етіп, сүртіп алады. Мен осының бәріне үн‑түнсіз қарап тұрамын. Ол келесі асаған нанын күйсеп жатып, қолымен маған «Кел!» дегендей нанын көрсетіп, ымдайды. Сол кезде мен далаға жүгіріп шығып кетемін.
Үйге келемін. Олар да ертеңгі шайларын ішіп жатады. Қолымдағы жүгерінің күлшесін дастарханға қоямын да, төрде малдас құрып отырған әкемнің тізесіне отырамын.
– Осылар‑ақ осы нанын күнде пісіреді екен, – деп, шешем аузын бір сылп еткізіп, жүгері күлшеден бір сындырып, аузына салып, маған шай құйып береді. Шай алдыма келісімен үйіп нан тураймын.
– Үстіне шығып, қарауылдайын деп пе едің, жә болды! Ана бұрыштағы Любанікіне бардың ба? – дейді шешем жақтыртпай.
– Иә, ол ерніндегі бояуды нанмен бірге асап‑асап жеп қойды! – деймін.
– Шайыңды іш! – дейді шешем. Сол кезде туралған нанның үстінен қасықпен басам да, шайын сүзіп ішіп, далаға шығып кететінмін.
Кейде тұмауратып, «қыдырмай» қалсам көршілер:
– Қызымка неге көрінбей қалды? – деп, іздеп келетін.
* * *
Бір күні әкем қаладан қатты абыржып келді.
– Құда аға: «Бәтиді апарып баға тұрыңдар. Ешкімге зияны жоқ, қорықпаңдар», – дейді. Олардікіне облыстан бастықтар қонаққа келеді екен. Қалай, қалай емес деп, солардың көзінше бір нәрсе деп қоя ма деп, бізге жіберіп отыр. Ертең әкелейік, – деп, жатқанын естідім.
Түстен кейін олар үйге көзі көкпеңбек, толық әйелді алып келді.
– Мынау қызың ба? – деп, қалтиып қарап тұрған мені бір ерен күшпен өзіне тартып алып, бетімнен сүйді. – Тү‑үһ, арығын‑ай, құры қу сүйегі тұр ғой өзінің, – деді көңілі толмаған үнмен.
– Тамақ ішпейді жөнді… – деді әкем кінәлі дауыспен.
– Таза арық болса, ештеме етпейді, әлі‑ақ өсіп кетеді, – деді әйел менің үлбіреп, бұйраланып тұрған шашымнан сипап.
Тамақ ішкен соң, әйел ұйықтап қалды. Әкем әкпем екеумізге қарап:
– Бұл кісі – Бәти апаларың. Ағамның әйелі. Аздап сырқаттанып қалыпты. Шешелерің қастарыңда болады. Қорықпаңдар! – деді де, өзі жұмысына кетті.
Неге қорқуымыз керек екенін түсінбедім…
– Ана кісі ұйықтасын! – деп, шешем бізді далаға шығарып кетті. Кішкентай інім шешемнің құшағында алаңсыз ұйықтап жатыр. Әпкем:
– Мама, бұл кісілер қайда тұрған, біз неге бұрын білмедік? – деп сұрады.
Шешемнің әңгімесінен түсінгенім: Бәти апа жас кезінде өте сұлу адам болыпты. Күйеуі қайтыс болған соң, сөз салмаған кісі қалмапты. Ақыры бір жасы үлкен адамға тұрмысқа шыққан екен, ол елден қызғанып, Бәти апаға білдірмей, дуа жасатып, ішірткі ішкізіпті. Содан бері ол кісінің басы ауыратын болыпты. Қазір емделіп, тәуір болған кезі екен. Үйде біраз жатып демалған соң, қайтадан емделуге барады екен.
Біз ол кісіні «Ақапа» деп кеттік.
Ертесінде Бәти апа үн‑түнсіз шайын ішті де, әпкем екеуімізді қасына шақырып алып, екі бұрым қылып өрген шашын тарқатқызды. Тоқпақтай‑тоқпақтай екі бұрымды тарқатқанша, біраз уақыт өтті. Бір қызығы шашы қалың, әрі ұзын болса да, шатаспады. Жібектей сусып, тараған сайын жалтырай түседі. Ақапамыздың шашын біраз өреміз де, иығынан асырып тастап, қайта жалғастырамыз. Тоқпақтай екі бұрымын айқастырып, басына орап, орамал салып еді, бөрік кигендей болды. Біз мәзбіз.
Жатарда Ақапам: «Шашымды тарқатып тастаңдар, ең құрымаса, түнде басым тынықсын!» – дейді. Біз шұрылдап, шашын тарқатқызғанына мәз боламыз. Мен, тіпті, қойнына жатып алып, шешемнің ымдағанына, «өйтпе!» деп, шетке шығарып сыбырлағанына қарамай, Ақапамның қалың шашына оратылып алып, «мен жоқ болып кеттім!» деп, ал кеп күлемін, ал кеп күлемін. Ақапам: «Ой, тоба‑ай, Асан марқұм да менің шашыммен өстіп ойнаушы еді, ұқсайды екен ғой тұқым деген…» – деп күрсінетін.
Бірақ мойнына асылып, шашын өріп, қойнына жатып жүрген Ақапа біраз уақыт өткен соң, бізді қатты қорқытты. Ертеңгі шайдан соң, шешеме тесірейе қарап:
– О, алтындай болған тетелесімнің (менің әкемді солай атайтын) мына албастыға қор болғаны‑ай, қап! – деді тістеніп. – Не бой жоқ, не тұр жоқ, қолтоқпақтай бір пәле! – деді сілкініп. Шешем бізге қарап, ақырын басын шайқады. Біз әлденеден шошып, кейін шегініп, алысырақ отырдық. Ол кісі бізге бір қарады да, – не, қорқып отырсыңдар ма? Уһ! – деді көйлегінің түймесін ағытып, – қысылып кеттім ғой… Мыналар да қорқып кетіпті! Кең далаға шығайыншы, басып кетті ғой бәрі! – деп, далаға шығып кетті.
Шешем бізге: «Далаға шықпай, есікті іліп отырыңдар! Бізден басқа ешкімге ашпаңдар!» – деп, тапсырма берді де пышақ, балта, оқтау – бәрін төсектің астына тықты. – «Мен Ақапаларыңды іздеп келейін. Мына жақта пойыз жол бар, соған түсіп кетпесін!» – деп, жүгіріп шығып кетті.
Есікті іліп алып, терезе пердені жауып, біраз отырған соң, мен қорыққаннан жылап жібердім. Інім де маған ілесіп бақырып жатыр. Әпкем кезек‑кезек екеумізді құшақтап жұбатып, ақыры біз қоймаған соң, өзі де қосылып жылай бастады… Жылап‑жылап, сілеміз қатып, ұйықтап кетіппіз.
Оянсақ, кеш батып кетіпті. Үрпиіп‑үрпиіп отыр едік, біраздан соң, әкем мен шешем келді. Өңдері түтігіп, шаршап кетіпті. Жыламсырап:
– Ақапам қайда? – дедім.
Әкем басымнан сипап:
– Емделуге кетті, – деді.
Ертесінде әпкем сабаққа барғанда, қыздар айтыпты. «Апаларың шашын жайып жіберді. Қорқынышты болды. Жүгіргенде, шашы желбіреп, қанат сияқты арқасына жайылып кетті. Ол айғайлап: «Ей, бері қараңдар! Менің Асаным менің шашымды жақсы көретін! Сендер де қараңдар! Көріңдер! Мен Москваға барамын! Сталин жолдасқа айтамын: «Асан болса, өлді. Тетелесімді жібер, ол – жалғыз!» деп айтамын! Мен Сталинге былай өлең айтып беремін!» – деп, басындағы орамалын жолдағы ағашқа байлап, аяқ киімін шешіп тастап, секіріп, орысша өлең айтыпты. Сол кезде аяғын әйнек пе әлдене тіліп кетіп, қаны судай ағыпты.
Шешем көрінбей тұрыпты. Әкем қасына барған екен: «Ойбуй, тетелесім келіпті! Болды, болды!» – деп, «Құда ағасы» жіберген көлікке мініпті. Аяғының жарақатын әкем ақ дәкемен орап, таңып беріпті. Сол кісілер ауруханаға алып кетіпті.
Тәтем бұл әңгімені сыбырлап, көрші Мария апайға айтқанда, қасында тыңдап тұрдым.
Көзімді жұмсам, жүгіріп бара жатқан Ақапам көз алдыма елестейді. Аяғының қаны тамшылап, шашы жайылып, құстай ұшып бара жатқандай… Әйнек кескен табанының ашып шыдатпай, ауырғанын сезінгендей болдым. Сол жерден аққан қанның қанықтығы соншалық, көзіме анық елестеп, денем тітіркенді. Мен жылап жібердім. Әкем алдына алып, әрең дегенде, ұйықтатыпты. Бірақ сол күннен бастап, түннің бір уағында шошып оянып, жылап, сілем қатып, қалжырап, таң атқанда әрең ұйықтайды екенмін. Айтатыным – «Ақапамның аяғы қанап кетті!» дейді екенмін. Құлақтарым қалқайып, мойным қылдай болып қылқиып, тамақ ішпейтін болыппын. Көрінбей қалған соң, көршілер шешемнен мен туралы сұрапты.
Жағдайға қаныққан соң, кәріс әйелдер таң сыз бергенде, үйге келіп, мені орталарына отырғызып қойып, күбір‑күбір етіп, дұғаларын оқып, кезек‑кезек бір кесе судан бір ұрттап алып, әбден ұшықтапты… Ең соңындағы әйел су бүріккенде, ұйықтап кетіппін де, түске шейін тұяқ серппей жатыппын. Содан кейін ғана түн ішінде шошып оянып, жылағанымды қойып кетіппін.
Біз содан кейін Ақапаны көрмедік. Кейін есейгенде, сұрастырсам, Әулиеатада бір ай емделіп, жазылмаған соң, Ғазиз аталар Қызылордада бір мықты дәрігер бар дегенді естіп, сол жаққа емдетіпті. Екі ай жатқанда, құлантаза жазылып, Жаркенттегі сіңілісіне барып, сол жақтан күйеуге шығып кетіпті. Өгей балаларын жақсы бағыпты. Қартайғанда, олар да ол кісіні өз туған шешелеріндей мәпелеп, жақсы қарапты. Дерті қалың ойдан, құсадан болған екен, жер аударылып келген бір дәрігер емін тауыпты.
Қазіргі тілмен айтсақ «депрессияға» ұшыраған ғой…
* * *
Сол кезде жылқы базарда елу сом болатын. Оны білетінім: әке‑шешем соғымға жылқы соятын. Оны бауыздарда: «Сағыныш қорқады!» деп, мені әпкем ойнатып, алысқа алып кететін. Жай отырсам да, әпкеме жабысып отыратынмын. Ол кісі менің қорғаным, асқар тауым болатын.
Ет ассақ, табақта қабырғасымен айналған қазы, сүйегімен пісірілген ет, қарын, желке, жая болатын. Осы аталған еттің біреусі болмаса, шешем: «Әйтеуір ет асты деген аты!» деп, жаратпай отыратын.
Соғым сойғанда, көршілер келіп көмектесетін. Буы бұрқырап, иісі мұрынды жарып, бір табақ қуырдақ дастарханға келгенде, «Соғымдарың шүйгін болсын!», «Игіліктеріңе жеңдер!» деген сөздермен қауқылдасқан жұрт біраз үн‑түнсіз табаққа төніп, іштеріне «ел қонды‑ау» дегенде, «Пай‑пай, жылқының етіне ештеме жетпейді ғой, шіркін!», «Соғымдарыңның еті бал татиды екен» дегендей сөздер айтылып, «Ал, жақсы, еттеріңді жөндеп алыңдар!» деп, батасын беріп, тез тарқасатын.
Ал, соғымбасына шақырған кезде қонақтар асықпай, ұзақ отыратын. Біраздан кейін өлеңге басатын. Олардың айтқандарынан көкірегімде сақталып қалғандары: «Шилі өзен, қамыс‑ай», «Сәулем, Сәулем, Сәулемсің», «Гүлдер‑айым», «Жетісу – жер жанаты», «Абай, күнім‑ай, ай күнім‑ай, ай‑ай!» деген өлеңдер…
Әсіресе соңғысын қоңыр дауыстарымен барынша созып, нәшіне келтіре, бірнеше рет қайталап, сүйсіне айтатын… Мектепке барып жүргенде, Абай атаның суретін көргенмін. Ана кісілердің «Абай, күнім‑ай, ай күнім‑ай» деп, өлеңдеткені есіме түсіп, «қайсысының баласы екен? Не айтып жатыр? Абайдың не қатысы бар?» деп, қарап қалатынмын…
Осы сұрақтарды әкемнен сұраймын деп жүрсем де, ойынға айналып, есімнен шығып кете беріпті.
Одан кейін «Ақ көгершін, көгершін! Қолқанат құс сен едің!» деген өлеңді әуелетіп, құбылтып, әдемі айтатын. Көгершіннің көкке созған қолдан ұшып бара жатқаны көз алдыма елестейтін… Аспанға қарайтынмын.
Қазір осы өлеңдерді естіп қалсам, әкем мен шешем, Хасан ата, Мария апа, Мұса аға, Хамра тәте, Мыңқой апа, Кенжебек аға, Валя тәте, Владимр ағалар қаздай тізіліп, өлең айтып отырғандары көз алдыма келеді… Көкірек тұсым шым ете түскендей болады… Сол кісілерді сағынамын… кеңсірігім де ашып, бала кездегідей, еріксіз «тостағанымды» бір жуып аламын…
* * *
Өмір өзен сияқты ағып жатыр, уақыт құмдай сусып өтіп жатыр… Адамдар да өз кезегімен келіп, өз кезегімен кетіп жатыр… Бәрі өмір сүргендерге баяғыдай көрініп жатыр… Уақыт жоғалғанның да, жоғалтқанның да жарасын емдеп жатыр, «ұмытпаспын!» дегендерді де ұмыттырып жатыр…
Әке‑шешемсіз өмір сүре алмайтындай көрінетін біздер де есейіп кеттік.
Әулиеатада адамдар өте бауырмал еді. Қай үйге бас сұға қалсақ та, жерге жайылған кең дастарханда, тандыр нан, не бауырсақ, ортада үйеме табақ палау тұратын. Үлкендер малдасын құрып отыра қалып, бата жасаған соң, саусақтарын біріктіріп алып, уысына түскен палауды табақтың шетіне үйкеп‑үйкеп алып, нығыздап асағанда, бір тал күріш алдарына түсірмейтін.
Әкемнің тізесіне отырып алып, кімнің палауды қалай асайтынына қарап отырамын. Осындай бір қонақта отырғанда, Мыңқой деген көршіміз:
– Әбеке, осы Сағынышың ба анау жақтан сағынып жүріп елге келгенде көргенің? Жақсы қыз болуы керек, әкесі аңсап жүріп көрген соң… жақсы оқуы керек. Бірақ түк тамақ жемегені қиын екен, бір күні жел болса, ұшып кетпесін, – деді. Біраздан соң, – е‑е, мен де сондай ерке болғанмын… басымызға күн түсіп еді, қайда қалды сол еркелік!? Туған жерді бір көруге зар болып, өтіп барамыз мына өмірден, – деді күрсініп.
Содан мен жел соқса, үйге жүгіріп келіп, жылап, басымды көрпемен орап алып, тығылып қалатын болдым. Менің өстіп, қорқып жүргенімді естіп, Мыңқой апа үйге келіпті. Қолында мәмпәзиі бар. Менің басымнан сипап:
– Сағыныш, жел адамды ұшыра алмайды. Оның күші жетпейді. Сен батыр қызсың ғой… Жел болғанда, екеуміз далаға шығып көрейік, көйлегімізді, киімімізді жұлқылап, шөптерді, жапырақты желбіретіп, ағашты шайқағаннан басқаға шамасы келмейді оның, – деді.
Екеуміз келістік.
– Осы қыздарың суретші, не өнер адамы болатын шығар… Біз көргенді бұл басқаша көреді, – деді Мыңқой апа басымнан сипап. Шешем қазан көтерді.
Апай әңгімесін айтты.
– Анада топ адамның ортасында әңгімемді айта алмадым. Мен самал желі аңыраған, жерін ақ селеу басқан, қыста атты адам қалың қарда омбылаған Арқаның қызымын. Мына жаққа байдың қызы болған соң, жер аударылып келдім. Омбыда оқыдым. Мен оқу бітірген кезде, патша тағынан құлап, қызылдар келді. Заман астан‑кестең болып кетті. Адамнан қадір, малдан береке кетті… Даланың желіне маңдайын тосып, желмен жарысып жүрген байлардың мыңғыраған малын кәмпескелеген комсомол, коммунистер баға алмай, қашып кетпесін деп, ойпаң жерге қамап қойып, олар өкпе болып, жылқы көп қырылды. Содан олардың елге салмаған салығы қалмады: даланың аң‑құсынан, сары майдан, жүн‑жұрқадан, сүйек‑саяқтан… айта берсе, көп… Төрт түлік малдан айрылып, жұрт ашыға бастады. Ел‑жұрт шошып, туған жерден үдере көшіп, шекара аса бастады…
Әкем мыңғыраған малы бар, атақты кісі еді. Ағаларым: «Кетейік! Заманның беталысы жаман. Қайда апарары белгісіз… Байларға жақсылық жоқ екені белгілі болды. Басымыз аманда, қоныс аударайық!» – деген сөздеріне әкем: «Өлсем, сүйегім туған жерде қалады!» – деп, көнбей қойды…
Бәйгеде ұшқан құсқа жол бермейтін сәйгүліктер ұстайтын. Соның ішінде атағы алты алашқа танымал «Сүлікқара» дегені болды. Соны қойымызды бағып жүрген бақташымыз алам деп, қолқа салыпты. Қатты намыстандық… Әкем оған бере ме, қуып жіберді.
Оның «үштік» деген топқа кіргенін қайдан білейік!? Арада бір‑екі күн өткен соң, мылтығы шошайған милициясы бар, тағы біреуі бар, әлгі жігіт келіпті.
– Мына «Сүлікқараны» кәмпескелеймін! – дейді.
Әкем:
– Осыны қалдырыңдар, орнына барлық жылқыны кәмпескелеңдер! – демей ме! Аналар көнбей, дау туады. Содан үшеуі әкемді сайға алып барып, «қарсылық көрсеткеннен атылды» деп, хаттама толтырып, атқан ғой… Олай істейді деген түсімізге де кірмеген… Соны естіген кезде, құлап түсіп, «о дүниеге» барып келіппін.
Бір құбырдың ішінен құлдилап ұшып, бір болар‑болмас жарыққа ұмтылдым. Ұзақ ұштым, ақыры жеттім. Керемет қанық бояулы, тып‑тыныш жерге келген екенмін деймін. Айналаға қарасам, анадайда әкем тұр. Қуанып құшақтайын деп жақындасам, құшағын ашпайды. Тоң‑торыс кейіпінен ашулы екенін байқаймын, қабағы қатулы… Содан именіп, тұрып қалған екенмін деймін…
– Қайт үйге! – дейді қатаң дауыспен. – Әлі ерте! – деп, сырт айналып кетіп қалды.
Менің ана жерден кеткім келмейді… Қимай көп тұрдым… ақыры әке бұйрығынан аса алмай, қайттым… Көзімді ашсам, үйдегілер жылап‑еңіреп, маған төніп отыр. Содан есімді жиып қатарға әрең қосылдым.
Әлгі «Сүлікқараны» алған сүмелек мені «оқыған‑тоқыған, советке қарсы!» – деп, жер аудартқызды. Міне, содан осы жерден бірақ шықтым! – деп, әңгімесін аяқтады.
Мыңқой апай түпкірде, бұрын бай дүңгендердің үйі болған, ағаштан салынған, еңселі екі қабатты үйдің екінші қабатында тұратын.
* * *
Бір күні көршілер абыр‑сабыр болды да қалды. Сөйтсе мал ұстаған үйлердің маңында егеуқұйрық пайда болыпты.
Олар туралы неше түрлі әңгіме айтылды. Мұса аға бесікте жатқан баланың мұрнын, құлағын жеп қойғанын, ұйықтап жатқан адамның аяғының башпайын кеміріп жатқан егеуқұйрықты ұрып жіберейін деп, қолына таяқ алған адамға шапқанын айтты. Ал, Кенжебек аға соғыс кезінде болған бір оқиғаны айтып берді. Үй иелері шөмеленің үстіндегі шөпті жерге лақтырып, аласартпақшы болып, келіні төбесіне шығады. Енесі күтіп тұрады. Бір уақытта шөптің төбесі күмп етіп, ортасына түсіп кетеді. Келіннің шыңғырған даусы естіледі. Көршілері жүгіріп келіп, шөмелені ашса, әйелдің құры сүйегі қалыпты дейді. Қаптаған егеуқұйрықтар жабылып, жеп кетіпті…
Содан бір күні жайбарақат шай ішіп отырғанымызда, аяқ астынан шақ‑шәлекей болдық та қалдық. Әкем, әпкем, шешем орындарынан ұшып тұрып, шулап‑шұрқырап, қолдарына таяқ, қышқаш, сыпырғыш алып, құйрығы ұзын, одыраңдап жүретін, бір сұр жәндікті қуып берді, ақыры екеуін өлтірді. Мен төсектің үстіне шығып алып, інімді тас қылып, құшақтап отырмын.
Сонымен әкем өлген егеуқұйрықтарды қышқашпен ұстап, шелекке салып, алысқа апарып, көміп келді. Қолын жуып, дастарханға отырғанда:
– Әке, егеуқұйрық тышқанның әпкесі ме? – дедім. Ол кісі күліп жіберді.
– Иә, солай десе де, болады. Тұқымдастар, – деді.
Сонымен менің ойымнан егеуқұйрық шықпайтын болды. Әпкем екеуміз төсекте жатамыз. Қарсы қабырғада үлкен сағат ілулі тұрады. Сыртында ағаш қорапшасы бар. Біздің үйдегі қастерлейтін «байлығымыз» осы. Оны жетісіне бір рет әкем ғана ашып, жүріп тұруы үшін кілтпен бұрайды. Басқамызға қол тигізуге рұқсат жоқ…
Әкпемнен уақыттың қай кезде қанша болатынын сұрап жүріп біліп алғанмын. Екі тілінің бірдей он екіге келіп тұрғанында, күндізгісі – түскі он екіні, ал, түндегісі – түнгі он екіні көрсететінін білетінмін.
Ол кезде адамдар ерте жатады, таңмен таласа тұрады.
Содан қалай түнгі он екі болады, қанша қатып ұйықтап жатсам да, көзімді ашып аламын. Шалқамнан жатсам да, отырсам да, әкем, шешем, інім жатқан төрге салынған төсектің аяқ жағында, соғысып жатқан екі егеуқұйрықты анық көремін. Алдыңғы аяқтарында ұстаған қылыштары бар… сайысып жатады… Біреуі мені қорғап, екіншісі маған жетіп, құлағым мен мұрнымды жегісі келеді… Енді жетті, міне, міне… дегенде, мені қорғайтыны екіншісін итеріп, домалатып жібереді… Содан сағаттың қос тілі үш санына келіп, тоғысқанына дейін діріл қағып қорқып, қарап отырамын… Бір күні әкем оянып кетті:
– Үй‑й, Сағыныш, не ғып отырсың? – деді. Мен ернімді сұқ саусағыммен басып, еденді көрсеттім. Әкем:
– Онда не бар? – дейді.
– Екі егеуқұйрық бар. Көрмей тұрсыз ба? Мен көріп тұрмын! Ана біреуі мені «жеймін!» деп, соғысып жатыр. Анау ар жағындағысы оны қылышымен жасқап, жібермей жатыр, – дедім сыбырлап. Әкем басымды ұстап:
– Ойбай, қара терге малынып кетіпсің ғой, – деп, мені көтеріп алды.
Шам жағылды. Әпкем, шешем оянды. Әкем алдына алып, киімімді ауыстырып, басымды орамалмен сүртті.
– Көп болды ма, өстіп ұйықтамай отыратыныңа? – деді әкем шашымды сипап.
– Анада сіз егеуқұйрықтарды өлтірген түні олар маған келіп алды. Тіріліп кеткен болуы керек. Екеуі күнде мен үшін соғысады. – Сағаттың «үш» санын көрсетіп, – екі тілі осыған келгенде, кетеді, – дедім.
– Бәсе, бұл неге жүдеп кетті десем… – деді әкем басын шайқап.
* * *
Ертесінде әкем мен шешем мені далаға шығарып, батып бара жатқан күнге қаратып отырғызып қойды. «Алас, алас, алысқа кет!» деген түсініксіз сөздер айтып, алдыма келіп, шыныдағы судан бір ұрттап алып, қып‑қызыл болып қызған қышқашты көлденең ұстап, бүркіп‑бүркіп жіберді… «Не істейді екен?» деп қарап отырған менің бетіме, кеудеме не ыстық, не суық екені белгісіз су шашырап кетті… Мен шошып: «А‑а‑һ!» – деп, бақырып, орнымнан ұшып тұруға ұмтылып едім, қасымда отырған шешем жібермеді… Екі‑үш рет өстіп бүріккен соң, үйге көтеріп келіп, олар мені жатқызып, үстіме қалың көрпе жауып тастады…
Әкемнің осы ұшықтағанынан кейін, егеуқұйрықтарды ұмыттым, әрі сәл нәрседен шошынып, қорықпайтын болдым…
* * *
Інімнің тілі анық шыққанда, «шешендер еліне көшіп жатыр екен!» деген хабар естідік. «Атамзаманғы қайтыс болған жақындарының сүйектерін қазып алып, ұнның ішіне тығып, алып бара жатқан жерінен ұсталыпты» деген алып‑қашты сөздер қалай лап етіп шықса, солай тез өшетін.
Біздің ең жақсы көретін Мұса ағамыз да Хамра тәтені және екі қызын алып, еліне көшіп кетті… Кетерде көзінен тарам‑тарам жас ағып, оны қолының сыртымен сүртіп қойып, бәрімізді кезек‑кезек құшақтап, әрең кетті… «Мына балалар осы жерде дүниеге келді!» – дей береді.
Басқалардың сол жерде тұрғанымызда, құйысқандары көтерілгенін көрмедік. Ізет әпкем хат жазып тұрды. Конвертті ашқанымызда, хаттың арасынан матаның кішкентай қиындысы шығатын.
– Әке, бұл не? – деп сұрайтынмын.
– Ізет тәтең осындай матадан көйлек тікті ме екен? Сен көрсін деп салған ғой, – дейтін әкем.
Шешемнің қолы шебер еді. Ол кісінің қолына бір жапырақ жақсы шүберек түссе, маған көйлек тігіп беретін. Жаңа көйлекті киіп алып, көршілердің үйлеріне кіріп, көрсетіп шығатынмын. Олар маған:
– Пай‑пай, мына қуыршақтай қыз кім екен? Сағыныш па, әлде басқа қыз ба? – деп, басымнан сипап, мәмпәзилерін, жүгерінің тоқашын, бауырсақтарын беретін. «Базарлықтарымды» сол үйлердегі кішкентай балаларға таратып беретінмін.
Шешем тігін тіккенде, бір мұңлы әуенді ыңылдап отырып, жылап алатын. Бір күні: «Мама, бұл кімнің өлеңі?» – дедім. «Е, Еңлік деген бір қыздың әке‑шешесін тастап, Кебек деген жігітпен қашқан кездегі айтқан әні ғой!» – дейтін. «Еңлік – Кебек» жырындағы Еңліктің:
Туған ел, амандасам жас‑кәріңе,
Бірге өскен құрбы‑құрдас дос бәріңе,
Жарасқан әзіл‑сауық, аға‑жеңге,
Аласың мені не деп естеріңе!
Аман бол, Найза шоқы, тоғайлы өзен,
Өрістеп қой асатын тұмсық кезең… – деп, өлеңін айтып, жылап отыратынын енді түсінгендей болдым. Атам мен әжемді, оларға тастап кеткен Айзатты айтып, жиі‑жиі көзін сулайтын болды. Содан тігін мәшинесін алып, тіге бастаса: «Мама, Еңлік болмайсың!» – деп, матасын алып, қашып кететін болдым. Осы әрекетімнен соң, шешем жыламайтын болды.
Әпкемнің «Биыл, жаңа оқу жылы басталғанда, сен мектепке барасың!» деген сөзін кейінгі кезде жиі еститінмін. Барлық жаңалықты естігенде, алдын‑ала уайымдап, өзімнен‑өзім жадап‑жүдейтін мен бірінші рет қобалжымай, қуана басымды изейтінмін. Себебі, әріптердің бәрін танимын, тіпті «әке», «ана», «ата», «әже» деген сөздерді жаза аламын. «Кел, балалар, оқылық!» деген тақпақты жатқа айта аламын. Жүзге шейін санай аламын… Ең бастысы – әкем мен шешем қасымда… әпкем де сол мектепте оқиды. Мектеп те үйге жақын, бірнәрсе керек болса, мамама, үйге жүгіріп келемін…
Мыңқой апа да: «Сағынышты мен оқытамын!» – деп жүретін…
Сөйтіп жүргенде, бір күні әкем үйге қобалжып келді. Өңі түтігіп кетіпті. Шешеме: «Құдай бұйырса, осы күзге таман елге қайтатын болдық. Мен ешқандай «халық жауы» емес екенмін… бір мектепке директор болып істейсің деді. Ұсталғаннан кейін бір жыл өткенде, ақталып кетіппін. Неге мені төрт жыл бойы Сібірде ағаш кестіріп қойғанын түсінбедім!?
Баяғыда ақталып кетіппін! Бізге ақталғанымызды айтуды ұмытып кетіпті! Бұл қалай? Жазықсыздан‑жазықсыз жаманатты болып… Жұмыс таба алмай… бас көтере алмай… елдің бетіне тура қарай алмай жүрдік емес пе? «Құда аға» таныстары арқылы біліп берді! «Ешкімге дабыралап, айтпай‑ақ қойыңдар!» деді… Бұны да жасыруымыз керек екен… – деді әкем дауысы жарықшақтанып…
– Құрсын! Өткенге салауат, әйтеуір аман‑есен келдің… Қой, ештеме демей‑ақ қояйық… жатқан жыланның құйрығын басып… – дейді шешем.
– Папа! – деп кіріп барып едім, әкем тез бойын жинап алды.
– Мен саған «қораз кәмпит» алып келдім, – деп, қағазға оралған тұмсығы, айдары, аяқтары бар нағыз қораз сияқты қып‑қызыл, мөп‑мөлдір кәмпитті ұсына берді. – Мынаны әкпеңе бер! – деп, екіншісін қолыма ұстатты.
Кәмпиттерді алып, далаға жүгіріп шықтым. Әкем мен шешемнің әңгімесінен не туралы айтып жатқанын анық түсінбесем де, енді бәріміздің бірге болатынымызды анық түсініп, жүрегім қуаныштан атойлап тұр еді…
* * *
Қайран әкемнің өмір жасы қысқа болды…
Елге келген соң, әкем мектеп директоры болды. Тағы бір інім дүниеге келді. Біздің жақсы оқығанымыз, сүйкімді болып, өсіп келе жатқанымыз, соғым сойғаны, елге сыйлы болғаны, шешемнің жапқан тандыр нанының дәмі ауыздан кетпейтіні, ел қатарлы отбасында өмір сүргені әкем мен шешемнің қысқа ғұмырларындағы ең бақытты кезеңдері еді…
Біз де есейіп кеттік. Тіпті заман өзгеріп, совет өкіметінің тарқағанын да көрдік. Тәуелсіздік алғанымызға қуанып, «Тәубе!» дедік. Нарық заманына икемделіп, арамыздан бизнесмендер де көптеп шығып жатыр. Бұрынғыдай сыбырласпай, демократия деп, ойымызды ашық айтуға дағдыландық…
Айзат солай нағашыларыма сіңіп, баққан атам мен апама адал болып, өмір бойы «Алжанмын» деп кетті. Екі інім де намысты, қайратты, ер жігіттер болып өсті. Екеуі де ердің жасы елуге келмей, ауырмай, сырқамай, бірінің артынан бірі жүректен кетті… Артында балалары қалды. Әпкем үлкен отбасының алтын қазығы болып отыр. Пайғамбар жасынан асып кетті.
* * *
Жылда соғым сойғанда, әкем мен шешемнің жарқын жүздері көз алдымнан кетпейді… «Абай күнім‑ай, ай, күнім‑ай, ай‑ай…» деп өлеңдеткен қоңыр дауыстары құлағыма келгендей болады… Мұса аға, Мыңқой апа, Кенжебек аға, Хасан аталар тізіліп отырғандай сезінемін… Сол кезге, бақытты балалық шағыма қайта оралғандай күй кешемін… Сағыныш жүрегімді кернейді. Жілікті шағып, майын алып беретін, кемігін сорғызып, сорпаға құрт езіп ішкізетін әкемді қасымнан көргендей боламын.
Мен де балаларыма жіліктің майын жегізіп, кемік сорғызамын. Сорпаның майын қалқып алып, бір қайнатып жіберіп, печеньені уатып араластырып, құмшекер, тарының талқанын қосып, жент жасаймын. Қазыны қабырғасымен қоса айналдырамын. Қазанға солай салып асамын.
Соғым сойғаным, әкем мен шешемнен көргендерімді істегенім – солардан қалған бір қастерлі ескерткіштей әсер етеді.
Жылаған баланы көрсем, жұбатқым келіп тұрады… Әке‑шешесінің бойындағы қайғы‑қасірет, уайым әке қанымен, шеше сүтімен балаға берілмесе екен, мен сияқты қорқыныш, уайыммен өмір сүрмесе екен, заман тыныш, балалар өз өмірлеріне сенімді, бақытты болса екен деп тілеймін!
Інілерімнің де ауырмай‑сырқамай жүректен бір сәтте бақилыққа аттанғанын мыңдаған адамдардың өмірлерін тәлкекке айналдырған, оның ішінде ең жақын адамдарымның – әкем мен шешемнің, Ақапаның тағдырларын тозаққа айналдырған заман зобалаңынан, қызыл империяның қазақ халқына көрсеткен теперіштерінен көремін…
Жазықсыз жазаланғанда, өмірге өкпесі, әділетсіздікке наласы, күйінгені, сағынышы, дәрменсіздігі, қайғысы, уайымы, әке қанымен жаратылған балаға беріліп, құрттай жүректерінен орын алып, бойындағы іштен тынған қорқынышы мен суылы ұлғая келе, асқынған жан жарасына айналып, олардың өмірлерін де ерте қиды деп есептеймін…
Кім біледі, Алла Тағаламның маңлайларына жазған жазуы осы шығар…
Артында қалған балаларын өсіріп, жеткізе алмай, арманда кеткен әкем мен шешемнің аруақтары бізді өмір бойы желеп‑жебеп, қорғап‑қоршап, қасымызда жүргендей сезінемін…
Жанар ӘБДІШОВА
4 комментария
Нұрмұхаметговорит
03.12.2021в19:37Өте жақсы жазылып, өмірдің ашы да болса шындығын, өте дәл, ешбір бүкпесіз жеткізе білген шығарма. Кейінгі ұрпақты ойлануға, қарапайым адамдардың өмірін нақты бағалауға жол сілтейді. Тілі өте түсінікті.
Асипова Бакиза.говорит
04.12.2021в06:44Жанар әкпе әңгімеңізді оқыдым Зәурешке рахмет маған түгел нүсқасын жіберіпті.Сонау балалық шақтың бал дәренін бастан өткізіп әке, шешемізбен отырғандай әсер алдым. Жазарыңыз көп, денсаулығыңыз мықты болсын.
Анонимговорит
04.12.2021в20:54Өте тамаша,жазылған екен оқып шықтым,Анаңыздың аты Әлиман ,әкеңіздің аты Әбдіш емес па өте таныс ,менде Албанның қызымын .
Нұрмұхаметговорит
05.12.2021в06:02Балалық бал дәурен күндері ешбір бүкпесіз жазылған. Қызыл империяның адам тағдврына тигізген, жазықсыз адамның қаның мойнына жүктеген адамдарға нәлет.