Кэндзабуро ОЭ (1935 жылы туған) – жапонның қазіргі заманғы аса атақты гуманист жазушысы, ондаған романдар мен повестердің, топ-топ әңгімелер мен толып жатқан эсселердің авторы. Өз шығармаларында Кэндзабуро ОЭ, оның пікірінше Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өзінің шырқау шегіне жеткен адамның көзқамандығынан (нигилизм), жауапсыздығынан және жатсынушылығынан асып түсуге талаптанады. Қаламгердің шығармашылығына әманда ғаламдық ауқым, эсхатологиялық («ақырзаман» жайлы діни ілім) сарындар, зорлық-зомбылықтың табиғатына алаңдаушылық, адамның жамағаттық негізіндегі және табиғи тірлік әдет-ғұрпына орайлы келетінді қарастыру тән болып келеді. Оның дүниетанымы мен шығармашылығына классикалық жапондық және еуропалық гуманистік әдебиет, экзистенциализм пәлсапасы, Юнгтің талдау психологиясы, Масао Ямагутидің антропологиясы және сондай-ақ Лотманның семиотикасы және Бахтин ұсынған гротескілі реализмнің эстетикалық көзқарастар жүйесі мол әсер етті. Әлеуметтік солипсизмді қабылдамаған Оэ, дат филологы Кристофер Нироптың: «Кімде-кім соғысқа қарсы шықпаса, ол соғысқа қоса қатысушыға айналады» деген пікірін негіз етіп алып, белсенді қоғамдық бағыт ұстанады.
Кэндзабуро Оэ өз шығармалары үшін бірталай ең жоғары және халықаралық әдеби марапаттарға ие болған. Олардың ішінде 1994 жылы берілген Нобель сыйлығының орны ерекше.
* * *
Науқасты күтуші әйел қосымша ақша тауып жүрген үш студентті енгізген үлкен бөлменің қараңғылығы сондай, сыртқы дүниеден ауыр шымылдықтармен бөлінген оған не жарық, не дыбыс бармайды. Оның жиһазбен нығарланып тасталғанынан көп сақталған заттарды сататын орынды еске түсіреді. Студенттер күнге малынып жатқан көгал алаңмен жүріп келіп, ауланың түбіндегі жеке бөлмеге жарықтан жыпылықтап, арасында жиһазға сүріншектеп, өздеріне көрсетілген орындықтарға жетіп, жеңіл күрсінді. Олар шамалы қорқып та қалды, тіпті қаша жөнелуге де әзір еді. Олар орманға, ағаштың орнына ескі, ешкімге қажеті жоқ жиһазға киліккендей болды. Енді науқасты күтуші әйел, суқараңғыда еркін қозғалатын түнгі аң іспеттес олардың орындықтарына қарсы тұрған биік торшердегі ажыратқыштың жаққышын тартып қалғанда, күңгірт сары жарық үшеуінің бет-әлпетін сәулелендіріп жіберді. Студенттер өз жүздерінде жасырынған құпияны іздегендей сәл сәтке бір-біріне қарап тұрды, бірақ сол мезетте-ақ жанарларын алып кетісті. Олардың орындықтары ашық жасыл барқыт жапқышпен қымтаулы тұрған-ды. Кереуеттің бұрышынан, ойда жоқта басын көтеріп, оларға тап бір аққалақ (сусар тұқымдас аң) сияқты қария үңіле қарап отырды. Ешқандай өзгешелігі жоқ – кішкентай ғана басы бар, қысқа қырқылған ақ шашты шал, тек көздері ғана өткір, қаршығаның жанарындай дерлік.
– Бұлар – студенттер, бір апта бойына сізге әлемде не болып жатқанын айтып отыратын болады. Бірақ сіз қайткенде де шаршамауға тиістісіз, маған күніне жарты сағаттан артық тыңдауға болмайды, – деп қарсылық білдіруге көнбейтіндей қарияға жөнін айтты күтуші әйел.
– Маған келгендеріңізге әсте ризамын. Мен аса көптен бері осынау төрт қабырғаның ішінде қамалып жатырмын. Енді қазір, өлерімнің алдында, кенет менің мына ғаламда не болып жатқанын естіп-білгім келді. Мен, міне, он жылдан бері газеттер мен радиосыз тірлік етіп келемін. Бір ғажабы, олар не күйге ұшырады екен? – деп қария дамылсыз жөтел мен қырылға басты.
– Және теледидарсыз деңіз, – деп қосты күтуші әйел.
– Бәрінен бұрын, мені осы жерге жауып тастағаннан бергі сіздер мұнда сырттан келген алғашқы адамсыздар. Сондықтан, маған жұмсақтық көрсететін шығарсыздар деп үміттенемін. Сіздердің әңгімелеріңізді қандай рахаттаныспен тыңдайтындығымды күні бұрын сезіп отырмын, – деді көтеріңкі күйде қария.
– Мынау – филология факультетінің студенті, анау – биологиялық факультеттен, ал мен – педагогикалық бөлімненмін. Бүгінге сізге танысумен шектелген де жетер! Сіз тым толғанып отырсыз, – деді әйел. Ол да жасы елуден асқан, мосқал кісі еді. Оның жақтары терең, тыртық сияқты қатпарлы әжімдермен «өрнектелген-ді», мұның өзі оған ашулы, тіпті мейірімсіз дерлік кейіп беріп тұратын.
– Жарайды, келісейін. Мына әйел де, тура мен сияқты, әлемде не болып жатқанынан білмейді. Одан не жайында сұрасаң да, жауапқа мардымды ештеңе ала алмайсың, – деді қария, баяу ғана күлімсіреп. Оның жымиысы тап бір ауаны тартып жатқандай, әлдебір ысқырықты еске түсірді.
– Ал қане, сіздерден сұраймын. – Студенттерді шығарып салып жатып, күтуші әйел айырғыштың жаққышына қол созды.
Әлдеқайда төменнен, қараңғыдан, қарияның қырылдаған дауысы келіп жетті:
– Сәл сәтке, сәл сәтке, сіздер кетерлеріңізден бұрын маған тек бір жағдайды ғана айтыңыздаршы: әлемде, жалпы пікір бойынша, бәрі жақсы жүріп жатыр ма? Мен тыныш өле аламын ба?
– Бәрі жақсы, бәрі тамаша, – деді филолог оны әурелеген мазасыздықты жасыруға тырысып.
Студенттер елдің бәрі тастап кеткен байғұс қариядан есік алдына шықты, сөйтіп, оларды тағы да талтүстегі күн сәулелендірді. Олар иыққа иық тіресіп адымдады, беттері нарттай болып қызарды да, ал көздері жайнаған жарықтан моңғолдардың жанарларындай тарылып кетті. Үшеуі де жеңілдікпен тыныстады және ешқайсысының да аула түбіндегі қосалқы бөлмеге – флигельге қарағылары келмеді.
Олар тоқсан жастағы қария бекітіліп тасталған жалғыздық қамалынан көгал алаңмен адымдарын бірте-бірте тездетіп бері шықты, оларды буындыруға әзір тұрған өлім рухы соңдарынан түскендей көрінді.
Күтуші әйел күнге табынушы сияқты қолдарын төбесіне қойып, әлде күн сәулелерінен қорғанғандай, студенттермен қатар жүрді, ал олар едәуір алысқа ұзап кеткенде, соңдарынан тез қуып жетіп:
– Мен сіздерден әу бастан оған әлем қазір бақытқа молынан шомылған деп айтуды сұрай бастадым. Және сондықтан сіздердің біреуіңіз бәрі жақсы, бәрі тамаша жүріп жатыр дегендеріңізде, қалған екеуіңіз оған қосылуларыңыз қажет еді, сонда ол айтарлықтай сенімді көрінер еді, – деді.
Биолог пен студент қыз келіскен сыңайда бастарын изесті. Шындығында оларға филологты әлдеқалай қолдаған жөн болар еді-ау. Оларды сайып келгенде өлімге бет алған қарияның алдынан нақты әлемнің жарқыраған, бұлдырлы суретін жайып тастау үшін жалдады емес пе? Студенттер қақпа алдында күтуші әйелмен қоштасты, олардың алғашқы жұмыс күні осылай аяқталды. Ауладан шығып, олар әрлі-берлі қазылып тасталған төселмелі жолдағы жырадан қарғып кетті де, метроның стансасына бет алды. Олардың беттерінен тер парлап тұрды.
– Менің өмірімде тап мұндай жеңіл жұмыс болған емес, – деді биолог мұңайған күйде.
– Тоқсан жас… Мен болсам, ол одан да кәрі және ендігі ештеңе түйсінбейтін шығар деп ойлап едім, ал ол бір таңғаларлығы, әлі ақыл-есі орнында сияқты, солай емес пе?
– Жоға, қалай десе де, ол әбден қаусаған. Күтуші әйел ол осы жаздың аяғына дейін жете қояр ма екен деді ғой, – дегенді айтты студент қыз.
– Ал біле-білсең, ол әлемде бәрі жақсы жүріп жатыр ма деп өз сауалын қойғанда, сен бәрі жақсы, бәрі тамаша деп жауап қайтарғаныңда, менде қарсылық сезімі көтерілді, – деді биолог. – Сондықтан мен үндемей қалдым, сені қолдамадым.
– Ал сен менің орнымда болсаң, оған не деп жауап берер едің? Егер күтуші әйелге берген уағданы ұмытсақ та, – деп кінәлай қарсы шықты филолог. – Бәрібір, өлімнің аузында тұрған қарияға әлемде не болып жатқаны жайлы шындықты айту қатыгездік емес пе, онда ол толайымен күдер үзумен өледі ғой!
– Мәселе онда емес. Тек менің ойлайтыным, бүкіл әлемде мұндай сауалға тиянақтап, нақты жауап бере алатын адам табылмайды. Әлемдегі ахуалдың қандай екендігіне көз жеткізе жауап беру тек қана жалғыз құдайдың пәрменінен келеді. Қарапайым адамға оның қарты жетпейді.
– Сен дұрыс айтасың. Қазіргі болмыста болып жатқанға оң баға беруге ешкімнің халі келмейді. Алайда бұл мен күтуші әйел сұрағандай көрінген сандырақты мылжыңдау деген сөз емес. Тіпті біздің әңгімелесушіміз – он жыл бойына бөлмесінен тысқары жерде не болып жатқаннан титтей де түсінігі жоқ өлім алдындағы қария болса да, маған бәрібір осынша өтірік соғуға арым бармайды. Мен сондықтан оған қиялдағы болашақты, ілгерідегі жиырма жылды қалай көретіндігім жайлы айту керек деп шештім. Дәлірек айтқанда, әңгіме тап бүгін өтіп жатқандай баяндамақпын. Ол оп-оңай – тек осы шақтың етістіктерін қолданса жарап жатыр, – деді филолог.
– Яғни, сенің сексенінші жылдарыңдағы әлеміңде бәрі де тамаша болмақ қой? Негізі солай болғаны өзімізге де керек еді, – деді шүбәлі қалыпта биолог. Ол үшеуінің ішінде филологтың бастамашы болғанын жақтырмай тұрды.
– Бәрібір сендер қайткен күнде де мен түскен арнаға түсуге талпынуларың керек. Әйтпесе біз бұл қарияны дұрыс ойдан тайдырамыз. Біз бүгінгі күннің қиялы жайлы айтып жатқанымызды анық түсіндіруіміз қажет, ал қария оны бүгінгі болмыс ретінде қабылдайтын болады.
– Жарайды, мен арнаға түсуге тырысайын. Бірақ, сені ескертіп қояйын – мұндай тым жылы қамқорлықтың баз-базда ыңғайсыздықтар әкелетіні де ақиқат.
– Қалай болғанда да, сендердің міндеттерің – маған көмектесу. Бүгін мен түнімен ең жарқын болашақ жайлы ойлап шығатын боламын. Рас, мен өзім табиғатымнан күйректеумін. Бірақ мына шал маған ұнап келеді.
– Мен де арнаға түсуге тырысайын. Алайда өтінерім, тым жарқын қиялға салып жүрме. Маған салса, бізге апта бойғы тыныш жұмысымызға тиісті ақшамызды алатын болсақ, мен айтарлықтай қанағаттанар едім, – деп шын жүректен мойындады ыспадияр студент қыз.
Әрқайсысына он мың йеннен сыйақы, – осынау мейірімді жас адамдарға қаусаған шалға күніне отыз минөттен қызмет еткендеріне көлденең табыс таппақшы болған студенттер үшін ғаламат жоғары пайда болатын, сондықтан, университетте жарнама пайда болғанда, бұған келгісі келгендердің көп болғандығы сондай, тіпті жеребе тартуға тура келді – содан осы үшеуінің жұлдызы жанды. Міне сондықтан олардың рухтары жоғары болып, бірімен-бірі оп-оңай келісіп отырды. Ажырасар алдында олар метроның платформасында жазғы демалыс кезіндегі туристік сапардың маршрутын талқылады. Олардың әрқайсысы жиырма жаста-тын, сондықтан олардың зерделерінен қараңғы бөлмеде қалған тоқсандағы қарияға ентелеп келген өлім рухы мүлде дерлік ұмыт болғандай еді.
Сейсенбі күні қария шаршағандай болып көрінді және студенттерді басын көтермей тура аққалақ сияқты қозғалмай шалқалап жатқан қалпында қарсы алды – оның титтей денесін жеңіл көрпе ғана үрпитіп тұрды. Күтуші әйел студенттерді әлденеше рет қарияны толқытпауларын ескертіп барып бөлмеден шыққанда, қария бөгделердің қасында сергек болып көрінуге тырысып, сауал қойды:
– Қазіргі заманда әлемде туатын балалар бақытты ма?
– Бақытты. Рас, кемтар, жарымжан нәрестелердің де туатыны болады, – деп қойып қалды парықсыз студент қыз.
Филологты былай қойғанда, биолог та осындай абайсыздық жіберіп қойған қызға кінәлай қарады. Өзінің аңғалдығын енді аңғарған ол, құлақтарының ұшына дейін қызарып кетті.
– Мұндай жағдай олардың аналары көрінген дәрілерді ішетіндіктен туындай ма? – деп шал адам таңғаларлықтай қағылездікпен қыздың сөзін қақпалап әкетті.
– Иә, ұйықтататын дәрі, – деп жауап қайырды студент қыз, жердің астына кіріп кетердей.
– Әйелдер неге аяқтары ауырлағанда қуанбайды, ал ұйықтататын дәрі ішеді? Қазір олардың көбісі қорқынышты бастан кешіргеннен емес пе?..
Филолог қартты жылдам бөліп жіберді:
– Бірақ, кеміс туғандар да өз алдарына бақытты. Олар үшін тамаша жабдықталған арнайы клиникалар бар. Жақында газетте жұмысқа тұрып үйленген жасөспірімнің суреті жарияланды. – Жарымжандарға арналған клиникалар жайлы қиялды ол соңғы минөтте ойлап тапқан болуы керек.
– Қылтамақтан ауырып өлетін адамдар бұрынғыша көп пе? – деп қария жаңа сауал қойды.
– Жоқ, олардың саны күрт азайып келеді. Қылтамақ қазір, бейнелеп айтқанда, бағындырылған науқас. Мысалы, туберкулез сияқты, – деді филолог көтеріңкі күйде. – Осының арқасында жапондықтардың өмірінің орташа ұзақтығы айтарлықтай жоғарылады.
– Яғни, Гиндза (Токионың басты көшесі) және өзге көшелер шалдарға толып кеткен ғой? Және солардың арасында жарымжан жасөспірім жұбайын қолынан алып, айтқандайын, ол кемтар болса, қолынан ұстай алмайды екен ғой, бәрібір бақытты түрде қыдырыстайды. Қазір осындайды көруге бола ма? – деп сұрады қария ақкөңіл күйде.
Студенттер оған күдікпен қарады да, үнсіз қалды. Сұрғылт-сары жазғы көрпенің астынан керілген қараторы бұғаналар мен өлген адамдікінен еш өзгешелігі жоқ шалдың жұдырықтай басы көрінді. Мына қақталған жұқалаң ет түстес еріндердің не айтатындығы маңызды емес, бірақ осы қаусаған дененің иесінде мына үш жасты қалжақ етерліктей қуат қайдан қалды десеңізші?!
– Ал, автокөлік апаттары қалай? – деп сұрады қария сабырлы да салтанатты дауыспен.
– Олар дәйім азайып келеді, – деп нығыз жауап қайырды филолог.
– Яғни, автокөліктердің саны онша өсе қоймаған ғой?
– Керісінше, олардың саны өте жылдам өсе түсуде. Қалалықтардың барлығы дерлік өз машиналарымен жүреді, оларды «автомобильшілер» деп атайды. Жан басына шаққандағы біздегі автокөліктер саны Америкадағы осыдан он жыл бұрынғы деңгейге жетті.
– Сонда автокөлік апаттарының саны неге өспейтіндігі түсініксіз. Бұл автомобильшілердің өзі таңғажайып халық қой: тап бір ұлулар тәрізді, олардың тас-талқанын шығарғанша, не қылсаң да, өздерінің автокөліктерінен шықпайды ғой.
– Жолдар жақсара түсті. Бұл тұрғыда әсіресе Токио ерекше биікке шықты, – деп қарияны сендіруге тырысты қызарақтаған филолог.
– Ах, міне мәселе қайда жатыр? Онда автокөліктер апаттарының неге азайғаны түсінікті. Обырдан өлгендердің саны кеміді, автокөліктер апатынан өлгендердің де саны азайды – сонда ең көп таралған өлімнің себебі қайсы? Егер Жапониядағы халық саны аса көп болмаса, онда бұл шамасы, дегенмен адамдардың өлімі жалғасып жатқандығынан шығар?
– Жалпы алғанда, солай…
– Сонда олар қандай сырқаттан өліп жатыр? Бәлкім, рактың орнына басқадай қорқынышты ауру келген шығар? – деп қария тықақтап сұрай берді.
Студенттер шамалы уақыт не деп жауап қайтарарларын білмей, үнсіз қалды. Олар ойлады: жиырма жылдан кейін жапондықтар құдай берген мына әлемде қазіргідей өлетін болады. Сонда ажалдың себебі не болмақ?
– А-а, әрине, солай. – Қария тап өзі ойда жоқта дұрыс жауап тапқандай сыңай танытты да, жастықтағы шүйкедей басын күштеп бұрып, қаршыға көздерін жарқ еткізді: – Бәрінен бұрын, шамасы, өзін-өзі өлтірушілік тым көп болуға тиісті. Бәрі түгелдей қатарынан өзін-өзі өлтіріп жатады ғой, міне, мәселе қайда жатыр, солай емес пе?
Сәрсенбі күні әбден қалжырауға айналған шал бәрінен бұрын: биік мәртебелі мұрагер шаһзада үйленді ме деп сұрады. Студенттер абыржып бір-біріне қарасты. Егер мына қария деген монархист болып шықса ше? Қазіргі ханзада үйленген кезде көптеген ақсақалдар оның таңдауына таңғалған болатын. Ал мына қария қалайша ілтипат білдірмек? Студенттер таза абыржып қалды. Ақырында олардың ішіндегі ең шешімдісі – студент қыз былай деді:
– Иә, ол үйленген. Тіпті нәрестесі де бар.
– Жұбайы, әрине, ол да ханшайым ғой? – деп сұрады қария.
Филолог та, биолог та өз порымдарынан біз құтылдық деген сыңайды көрсетіп, енді қақпанға түскендей болған студент қызға қарады. Қыз олардың мұнысына ыза болып кетті, әрі шалға соққы бергісі келгендей, ащы түрде лоқ еткізді:
– Жоқ, ол императорлық отбасына ешқандай қатысы жоқ қарапайым қызға үйленді.
Студенттер шал қайтер екен дегендей, оның құбылысын ынталана күтті, бірақ ол кірпігін де қаққан жоқ:
– Тамаша! Мұндай жағдайлар бағзы замандарда болған. Зерделерің де ме, «Манъесюде» мынадай өлең бар:
Атыңды айтшы маған, үйіңді білгім келеді!
Осынау қыратта шөп теріп жүрген балапан,
Әдемі қолыңда сенің күрекше бар, күрекше,
Ах, әдемі қолыңда сенің себетше бар, себетше
Студенттер бәрі жайымен өткенін көріп, жеңілдене күрсіністі. Алайда қария шабуылға көшті:
– Императордың үйі бұрынғыша жапондықтардың жүректерін билеп тұратын болар?
– Иә, солай сияқты, – деп жауап қайтарды студент қыз.
– Қысқасын айтқанда, билік бұрынғыша консерваторлар партиясының қолында ма?
Жауап берерден бұрын, қыз филологқа көз тастады. Болашақ әлемнің өкілі оған немқұрайды бас изеді. «Иә, тура дәлі осы, енді жиырма жылдан кейін де билік бұрынғыша консерваторлар партиясының қолында болады» деуге тиісті болса да, ол қызға басын изеді. Содан студент қыз:
– Иә, тура дәл солай, – деді.
– Жолдар айтарлықтай жақсара түсіпті, бірақ, бәлкім, ол үшін салықтарды одан әрі ұлғайтуға тура келген шығар. Он жылдың ауқымында, әлде одан да көп уақыт бойы билік басында консерваторлық партия болды, бірақ оның салықтарды көтеруі мұң-ақ екен, халық толқулары табан астында әр жерден бой көрсетті ғой. Қазір қалай, мұндай толқулар болып тұра ма?
– Жоқ, болмайды, – деп енді филологтың өзі көмекке келді.
– Яғни, жапон халқының арасында наразылар жоқ қой?
– Егер наразылар көп болатын болса, онда консервативтік партия сайлауларда жеңіліс тапқан болар еді.
– Сіз шындығында солай деп ойлайсыз ба? – деді қария, филологты қызаруға мәжбүр етіп. Бірақ, құдай қаққанда, ол бұл тақырыпты соза беруге жиналмаған сыңайлы. – Ал, жарайды, сіздер осынау қалыптасқан жағдай орайлы деп ойлайсыздар ма? Осы он жыл барысында басқа бір жерде – Кореяда немесе, айталық, Тайваньда жапондықтар көлденең пайда табарлықтай соғыс болған жоқ па?
– Соғыс болған жоқ, және, шамасы, ешқашан да болмайтын шығар, – деді филолог.
– Сіз, бәлкім, соғыс неге ешқашанда болмайды деп сұрайтын шығарсыз? Егер соғыс тыңнан туындап кеткендей болса, ол міндетті түрде ядролық соғыс болар еді – міне, соғыстың енді неге мағынасыз екендігі осында жатыр. – Филолог көздерін жарқ еткізіп, өзінің ақиқатшылдығына масаттанып кетті.
– Яғни, мен мына жерде өзге адамдармен бірге ядролық соғыста қаза таппай, жайыммен кәріліктен өлетін үмітім бар екен ғой, – деді қария жеңіл ғана өкінішпен.
– Жоқ, жер шарының барлық адамдарын бірден құртатындай ядролық соғыс болмайды. Бұл мүлде бұлжымайтын фактіге айналды. Ядролық қаруды іске қосатын түймелерге бақылау жасау жүйесі жасалды, сөйтіп біз соғысты шақыруы мүмкін кез келген кездейсоқтықтан сақтандырулымыз, – деді филолог.
– Не жолы ұлы державалар барлық мәселелер бойынша бейбіт келісіп қойды?
– Жоқ, әрине, бірақ есесіне ядролық қаруы бар елдердің арасында қауіптіліктің нығыз тепе-теңдігі орын алған.
– Өзара мелшиіс пе? Бірақ тіпті егер ядролық державалар қауіптілік тепе-теңдігінің батпағына батып жатса да, ойдым-ойдым соғыстар жүріп жатқан жоқ па? Былайша айтуға мүмкін болса, өзара айырбастайтын соғыстар жоқ па?
– Иә, ондай соғыстар кезінде Вьетнамда және Лаоста жүргізілгені рас. Бірақ, бұл алыстағы өткеннің шаруасы, – деп мәлімдеді филолог өзінің құрғақ қиялына бұрынғыдан да терең бойлай түсіп. Ол қарияның жанына бейбітшілік пен тыныштық ұялатуға талаптанды және өзі ең ізгі ниеттерге толы еді…
– Онда да қауіптілік тепе-теңдігі орнықтырылды ма? Мәселе вьетнамдықтардың ядролық қаруға қол жеткізгенінде болуы керек. Жалпы алғанда, әлем шапшаң дамып келеді. Бірақ бұл соғыстардың орнына тайпалардың арасындағы айырбастағыш соғыстар басталып кеткен жоқ па? Рас, мұндай соғыстардың қирату күші шамалы ғана, әйткенмен, десе дағы…
– Жоқ-жоқ, – деп тез киіп кетті филолог, бар күшімен қиын ахуалдан шығуға тырмысып. – Тайпалар арасында да бейбітшілік…
– Тағы да қауіптілік тепе-теңдігі ме? Не жолы Лаостағы тайпалардың көсемдері кішкентай атом бомбаларын иемденген? Мұндай жағдайда айырбастайтын соғыстар жекелеген адамдардың арасында өтеді. Не жолы қауіптілік тепе-теңдігінің көптеген қабырғаларымен қоршалған жердегі адамдар ойрандалғандық пен жекебастылықты бастарынан кеше бастамаған? – деп сұрады қатты таңғалған қария.
– Сөйтсе дағы, бүкіл жер шарындағы соғыс жойылған, – деді филолог салтанатты түрде, бірақ дірілдеген дауыспен.
– Бір сөзбен айтқанда, жерде жұмақ орнады. Бірақ егер қазір адамзатқа жекелеген адамдар арасындағы соғыстар лайық болса, онда жақынға деген махаббат, адамды сүю қайткенде де жойылмай ма?
– Уақыт өте келе, сонсоң олар тағы да пайда болады.
– Қауіптіліқ тепе-теңдігінің өткізбес қамалдарын қиратпай, бұған қол жеткізу мүмкін бе?
– Бір кезде қайткенде де…
– Бір кезде қайткенде де? Сонда қашан?
Филолог басын төмен түсірді де, жабырқаңқы күйде үнсіз қалды. Оның миында қалыптасқан құрғақ қиял жеке адамдар арасындағы соғыстың уына қанықты да, енді нашар иіс шығара бастады.
– Бұл бір кезде қайткенде де жүзеге асады, – деп, жиһаздармен ыбырсыған сарай тәрізді ауқымды бөлмеге лып етіп кіріп кеткен кішкене аң тәрізді, бұрынғысынша жеңіл қарлыққан, бірақ қазір әзілмен шираған дауыспен сөз қосты қария. – Бұл марстықтар Жерге жақындап кеп жүзеге асады. Адамдар өзара келісімге келеді, достар мен пікірлестерге айналады, тіпті тайпалар арасында одақтар құрылатын болады, барлық елдер алауыздықтың еш мағынасыздығын түсінеді және Мәскеу мен Вашингтон бір-бірден өкіл бөліп, әрі оның бірі Жерді қорғау армиясының бас қолбасшысы болып тағайындалғанда, жалғанда оған ешкім қарсы келмейтін болады. Бірақ бұл – марстықтармен соғыс басталғанда ғана мүмкін болатын жағдаят. Мұның үстіне бірер сағаттық барысында біздің планета біржола жойылуы кәдік.
Сөйтіп, қария, сырқат нәрестеше жіп-жіңішке дауыспен шиқылдап күлді. Үш студент күшке киліккен бет-бейнелерін төмен салып бұйығып қалды. Бәрінен бұрын филолог күйгелектенді – оның толқығаннан сіңірлері тартылып, жақ сүйектері тырысты. Ол шалды өзі бейнелеген болашақтың суретінен алып шығуға бекер талаптанды. Кім білсін, ал бұл бопсалы суреті – өзі сепкен улы дәндерден ойда жоқта қанат жайған зәрлі гүл шығар? Өлгелі жатқан қарияның көз алдынан тозақтың жарнамалық ролигін айналдырып өзі де ғаламат қатыгездік көрсеткен жоқ па? Бірте-бірте филологты қамти бастаған қорқыныш енді биолог пен қызға да көше бастады. Тек қана ашық-жасыл пердемен жартылай қараңғыланған кереуетте жатқан кеуіп қалған көне шалдың, білуге құмарлық пен қанықтырылған ширақтыққа толы болуы, көңіл күйінің жоғарылығы сондай, оны тек өзінің шексіз аңғырттығымен түсіндіруге болар еді.
Рас, оларға қайсыбір сәтте, қарияның қаршығанікіндей қара көздерінің түбінде олар қанағаттанғандық білдірсе де, терең торығудың ұшқындары да бой көрсеткендей болатын…
Бейсенбі және жұма күндері филолог бастаған студенттер қолдан жіберілгеннің орнын толтыруға және өлгелі жатқан қарияға бүгінгі болмыспен келтіріп, тамаша болашақтың суретін бейнелеуге тағы да талаптанды; бірақ олар өз жұмысын қаншалықты абыроймен орындаған сайын қарияның алдынан торығу тұңғиығы терең ашылды – бұл студенттерді өздеріне деген сенімділіктен біржола айырып, олар әбден абдырап қалды. Қарияның қандай ғаламат күйзеліске ұшырайтынын ойлаған биолог пен студент қыз филологтан қалмай, оны қандай тәсілмен болса да, бұл ахуалдан шығарып алуға тырысты. Оларға өз ақыл-ойында туындаған қиялдарды алып, бұл жайлы қарияға жеткізгілері, өздерінің нақты тіршілігі ретінде айтқылары келді. Бірақ студенттер қария қойған сұрақтарға жауап бергендерінше, олардың сөздері мағынасын жоғалтып отырды – жалпы айтқанда, нәтиже бұлар көздегеннен мүлде қарама-қарсы болды. Күнделікті жарты сағаттық әңгімелерден кейін, кереуеттен тұрмай жатқан шалдың не сезінгеніне қарамастан, студенттер өздерінің әбден шаршағандығын, көңілсіз әлсірегендігін түйсінді және осындай шиыршық атқан ахуалдан құтыла алмай қойды.
Ақыры олар жұма күні соңғы рет әңгімелесті. Қарияның қазіргі кездегі жастар қандай идеялық бағыттар ұстанады деген сауалына, биолог:
– Олар, шамасы, осыдан он жыл бұрынғыдайғы қалпында қалған сияқты, – солшылдар да бар, консерваторлар да бар. Бір сөзбен айтқанда біз, идеялық келісе алмаушылықты жеңіп, ізгі достықты қалпына келтірдік, – деп жауап қайтарды.
Биолог жауап беруге асықты, өйткені күн сайын үндемеуге бет алып келе жатқан филологқа сенім артуға болмайтын болды, ал ол өзі, керісінше, өзінің алғашқы сенімсіздігін серпіп тастап, бар күшімен соңғы күндерін өткеріп жатқан қарияға жан тыныштығын табуға көмектесуге ұмтылды.
– Бірақ, әлемнің барлық елдері қауіптілік тепе-теңдігінің бетон тастақ шытырманында бой тасалап жатып алды ғой. Және барлық жапон жастары, олардың ішінде солшылдар да бар, дәйім консерваторлардың билігі астында тіршілік етуге мәжбүр болды емес пе? Бұл жерде ізгі достықтың еш қатысы жоқ, тек жастар тіпті әрқилы көзқарастар туындағанда да күресуге деген еріктерін жоғалтқан болуы тиіс. Өзге сөздермен айтқанда, олар азып-тозуға бет алған болар?
– Бәлкім, ол сыртқарғы түрде ғана азып-тозғанға ұқсайтын шығар және келісімпаздыққа оң иығын беріп тұратын болар, бірақ бұл жағдай бір көрмеге ғана солай, – деп биолог оны шапшаң сендірді.
– Ах, міне солай ма? Алайда, сіздің өзіңіз жекелеген адамдардың арасындағы соғыстар әлі бар деп сендірдіңіз ғой. Әрі жатқан жеккөрушілік ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір бұрқ етеді де, сонда студенттер мен жас полицайлардың арасында қанды қақтығыстар болуы ғажап емес. Ал сіздерде ондай болжамдар жоқ па?
– Әрине, жоқ. Болашақ бізге молырақ үміт күттіретіндей болып көрінеді, – деді биолог, көзбояушылықпен барынша қатты сөйлеуге тырысып. Бірақ мұнысы сенімсіз айтылғаны сондай, оның жауабы тіпті жалынышты шықты.
– Жарайды, сендер ертең маған соңғы рет келесіздер, сонсоң біз сендердің жиырма бірінші ғасырға қандай үміт артатындарың жайлы әңгіме қозғайтын боламыз. Мен жуырда өлемін, ал сендер жиырма бірінші ғасырға дейін ғұмыр сүретін болатындықтан, шамасы, оның бейнесі қаңдай болатындығы жайлы ойланған боларсыңдар. Ең жарқын жүзді болашақ сендерге қандай болып көрінеді, маған соны айтыңдар. Сендерді рахаттана тыңдаймын, дәл шыным, керемет рахаттана тыңдаймын, – деді қария, сөйтті де көздерін жұмды.
Студенттер қосалқы үйден шыққанда, филолог жолдастарынан өзін шамалы тоса тұруды өтінді де, өзі басты үйге бет алды, сөйтіп күтуші әйелмен ақырын әңгімелесіп отырды. Биолог пен қыз үнсіз мұңайып тосып қалды, мектепке барғаннан бері ең ауыр үй тапсырмасын алғандай сезімде болды. Ақыры жүгіріп келген филологтың беттері нарттай боп жанып, көздері алың-бұлың жүгіріп тұрды. Олар дарбазаның сыртына шыққан бетте, филолог:
– Мен ертең мұнда келмеймін! Маған ендігі бес күн үшін төледі, – деп ойда жоқта төге салды.
Биолог пен студент қыз оған ызалана әрі абдырай қарады.
– Бірақ мынауың иттік қой! Шындықтың орнына ұсынылып отырған жалғандық, – сенің өнертабысың! Ал сен қазір сужүрек сияқты, ертеңгі жағдайсыз жұмысты бізге аударып тастап, өзің қашып кетпексің! – деп айғай салды бозарып кеткен биолог оған ентелеп келіп және зығырданы қайнағандықтан қалш-қалш етіп.
Филолог та дірілдеп тұрды. Алайда ол бастан кешпей қоймайтын ұяттан ғана, ал биолог оны салып жіберуден өзін күшпен әрең ірікті.
– Мен қатты қорқамын. Мен осынау қариямен енді шамалы ғана сөйлессем, оны қуанышсыз ойлардың әлеміне біржола батырып жіберемін деп жасқанамын. Оның үстіне, мен өзім болмысымда күйреуік адаммын, сондықтан болашақты мен өзіме бұдан әрман бұлыңғыр күйде елестету мүлде мүмкін емес. Және мұның бәрі шалмен болған қарғыс атқыр әңгімелердің кесірінен! Мен бәрі осылай айналып келеді деп ойлаған да жоқпын! – деп зарлап қоя берді филолог, жолдастарына үрке де жалбарына қарап.
– Бәлкім, біздің бүгінгі күнге дейін айтқанымыз өтірік екенін мойындасақ және бүгінде шын мәнінде болып жатқанды еш көлденең бояусыз баяндасақ жөн болатын шығар? – деп ұсыныс жасады студент қыз.
– Болмайды. Егер біз өйтсек, қария ақиқатында миына қан құйылып қаза табады. Шындығында ол біздің өтіріктерімізді тыңдап алып, олардың негізінде сол баяғы тозақ жататындығын түсінетін адамға ұқсас па? Ол жарымжан нәрестені өлтірген ананы соттың ақтағанын естігенде, рак ауруханалары аузы-мұрнынан шығып жатқандығын оқығанда, Лаоста лас соғыс тоқтамай қойғанын жария еткенде, ол жүрегі жарылып өлмей қалмайды деп қалайша ойламайсың? – дегендей үрке сұрады филолог.
– Ал егер біз оған айтқанымыздан бас тартпасақ, онда қария Гиндзада жарымжандар тоқтамайтын ағынмен қозғалады және жердегі бүкіл адамдар бір-бірлерін жек көреді әрі өзара соғысумен болады деп ойлайды, бүгінгі болмысты көз алдына осылай елестетеді және сонда ол тура терең торығудан өледі, – деп қарсылық білдірді қыз.
Қазып тасталған көшеден ыстық желдің лебімен жоғары көтерілген шаң студенттерді аяусыз орап алды. Маңайдан гүрсілдеп өткен бульдозер жүргізушісінің орындығында мақұлықтық күлкімен мардымсып отырған жас жұмысшы олардың мұңлы да қамкөңіл қалыптарына таңғала қарады.
– Бірақ сонда да біз мына өлгелі жатқан шалмен не істейміз? – деп ыңырсыды филолог. Оның жүдеу, шаң басқан жақтары мен кір іздерін айғыздап көз жастары жүгіріп жатты. – Менің ертең келгім келмейтіндігіне маған ұрыспаңдар. Мен тек қорқамын. Егер қажет етсеңдер – менің үлесімді алып, тыңқия тоюларыңа болады!
– Жоқ, ешқашанда! – деп қиқу салды қыз, оның қолын итермелеп.
Биолог та, филологқа жаны ашығанына қарамастан бас тартты және ешкімге назар аудармастан мұңая сөйледі:
– Жексұрын шал. Адам тоқсанға келді, ал ол әлі әлемде не болып жатқанымен әлектеніп жатыр! Өзінің қараңғы да тыныш бөлмесінде жайымен жатып өлмей ме түге! Әлемдегі ең бақытты қария болып өтер еді ғой! Не айтсаң да, жексұрын шал.
Сенбі күні әдеттегіден бір сағат кешірек күтуші әйел (ол әлі студенттерді тосып отырды) қария жатқан күңгірт бөлмеге енді. Оның беті әдетте студенттерді бастап кіргендегі ширақтығын жоғалтты, түрі мұңайған, шаршаған қалыпта еді.
– Студенттер ақыры келмеді. Ақшаны оларға университет мекен-жайына жіберуге тура келеді, – деп баяндады ол қарияға.
Ол кереуетте жатқан қалпы арықша иықтарын қушитты. Ол бұл жайға анық ренжулі еді.
– Не болып қалды, тағы баяғы сол ма ?! – деді ашулана күңкілдеп.
– Сіз студенттерге тым жоғары талаптар қоясыз, олардың жас мөлшерін ұмытасыз! – деп күтуші әйел қарияға ренжи қарады.
Қария жауап қайтармады, ол кереуеттен еппен маймылша секіріп түсіп, ақшыл-жасыл пердені тартып қалды. Оның ар жағынан көгал алаңға ашылатын, жазғы күннің жарық сәулесі төгілген қазіргі бөлме ашылды. Онда теледидар, стереофониялық комбайн, жаңа гәзиттер мен апталықтар шашылып жатқан үстел тұрды. Қария шамасы өз үйін небір жаңа дүниелермен толтыруға тырысатындардың қатарына жататындар сияқты көрінді.
Ол теледидарды қосты да, бейнелер көрінгенше уақытты бос жібергісі келмейтін кісіше, қарттарға арналған ең жаңа гимнастиканы жасай бастады. Ол жылдам да тура маймылша жіті қимылдап, өзінің кішкене ғана шымыр денесін шыр көбелек айналдырды. Мойынға арналған жаттығуларға ауыса беріп ол:
– Мені қазіргі студенттердің көз алдарына елестету кедейлігі қапаландырады! Бәлкім, келесі жолы олардан гөрі жастауларын шақыруға тура келетін шығар? Сонша көп айтып жүрген қазіргі жастардың түсініктері қандай екен өзі? – деді…
Аударған Марал Хасен