СҮГІР мен МАФРУЗА


Сырлы Созақ сахарасының сайын даласына дейін күмбірлете күй төгіп, әуелете ән салып тұрады. Өйткені, бұл өлкеге Өнер қонып өткен. Талай талантты дүниеге әкелген Теріскей топырағында кешегі Ықылас Дүкенұлы, Сүгір Әліұлы, беріректегі Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзулла Үрмізов, Ергентай Борсабаев, тағы басқалары өткен. Өмірінің соңғы жылдары кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов өзінің болашақ «Өскен өңір» атты романына материал жинау үшін Теріскейге табаны тиіп, елдің тыныс-тіршілігімен, бай тарихымен танысады. Осы сапарда ол Баба Түкті Шашты Әзиз, Ысқақ баб кесенелерінде болып, бабалар рухына Құран оқытады. 1961 жылы Мұхтар ата Қазақ хандығының қалыптасу кезеңінде тірек қамал болған Созақ тарихымен танысу үшін аталмыш қыстаққа қайта келеді. Осы сапарында ұлы жазушының өмірінде естен кетпестей бір оқиға болады. Бұл шертпе күйдің негізін салушылардың бірі, дәулескер күйші Сүгір Әліұлымен кездесуі еді. Атақты домбырашының үйіне «Созақ» кеңшарының директоры Балтабай Әбдіраманов алып барады. Алғашқында жазушы күйшімен кездескісі келетінін директорға сөз арасында жұқалап қана жеткізген ғой. Сонда директор қағілездік танытып «машинамды жіберіп, үйге алдырайын» демей ме? Сонда сырбаз жазушы сыпайылық танытып «О, не дегеніңіз, Балтеке! Ұлы күйшінің әрі жасы үлкен кісінің алдына өзім барып, сәлем беремін» депті. Басқа біреу болса қайтер еді деген ой келеді осындайда. Сонымен Сүгірдің үйіне Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әділ Сасбұқаев, жас жазушы Тәкен Әлімқұлов бірге барады. Кең маңдайлы, жылы жүзді, айналасына ойлы көзбен барлай қарайтын үлкен парасат иесі Мұхаңды Сүгір күйші де тап басып таныпты. «Сүке, мына кісі Алматыдан келген қонағымыз, атақты жазушы Мұхтар Әуезов деген ініңіз. Ұзақ жолдан шаршап келдіңіз, күйшіні үйге алдырайық десек, үлкен кісіге, өнер адамына өзім барып сәлем беремін деп көнбейді. Алдыңызға келіп тұрмыз, аздаған бұйымтайы бар екен» дейді кеңшар директоры әңгіменің тігісін жатқызып. Әншейінде шешіліп көп алдында домбыра ұстай бермейтін Сүкең сонда риза болып көсіліпті деседі. Осы жолы ол қонақтарының алдында «Тоғыз тарау», «Шалқыма», «Назқоңыр», «Аққу», «Кертолғау», «Жолаушының жолды қоңыры», «Бозінгеннің бүлкілі» атты күйлерді іркілмей орындап берген. Сүгірдің сіңірді де жібітіп жіберетініндей жүрек қылын шертер мың иірімді күйлерін құмарта тыңдайды. «Мен бір талант таптым, Тәкен. Сен Сүгір жайлы жаз» деп жанында бірге сапарлас болып жүрген Тәкен Әлімқұловқа тапсырма береді. Өзі сәтін салса қайта айналып келіп, Сүгір күйшінің өмір және шығармашылық жолын зерттейтінін айтады. Дегенмен, кемеңгер жазушыға Созақ сахарасына қайта айналып келуді тағдыр жазбады.
Сүгір бала кезінде Ықылас Дүкенұлымен кездесіп, оның шәкірті болған. Мұны Сүгірдің ауызынан кезінде Созақ ауданының шежіреші қариясы Есіркеп Өмірбеков жазып алған. Сонда Сүкең былай деген екен:
«Ауылымыз Жетіқоңыр құмының өр басында отыратын. Қариялар бамдат намазын оқуға тұрған кез еді. Мен де таңасып тұрған атымды отқа қоюға шыққанмын. Сол кезде құлағыма қобыз үні естілді. Күй тұла бойымды шымырлатып барады. Тыңдап тұрып қалыппын. Күй бірте-бірте жақындап келе жатты. Әлден соң екі аттылы көрінді. Атымның ерін алып, жүгенін сыпырдым да өріске жібердім. Аттылыларды күтіп алдым. Алыс жолдан келе жатқан Сүгір күйші екен. Қобызды ұйқыашарға тартыпты. Осы сапарда біздің ауылда екі аптадан аса жатты. Мен оның «Қасқырдың ұлуы», «Қамбар», «Кертолғау», «Ерден», «Аққу» сияқты күйлерін үйреніп алып, домбырада тарататын болдым». Осыдан соң Сүгір Ықыластың күйін орындаушы ретінде танылады.
Алайда, Ергентай Борсабаевтың қалдырған әңгімесіне қарағанда, Сүгір тоғыз жасына дейін қолына домбыра ұстамаған. Бұл кезде олар Мойынқұмның Үшкөкше деген жерін қыстайды екен. Кезінде «Көкшенің әр шұңқыры бір отар малдың қыстығына азық» деген сөз қалған.
Міне, осы құмда қыстап отырғанда бір күндері Сүгірдің лағы жоғалады. Сүгір оны шағылдан шағыл асып, күні ұзақ сабылып іздейді. Бір уақыттар болғанда қараса алдында желмаяға мінген бір ақсақал қарсы келе жатыр екен.
– Ата, сары лағымды жоғалттым. Көзіңізге түспеді ме? – деп сұрайды бала Сүгір.
– Балам, лағың үйіңе барды. Шөлдеп қаласың. Үйіңе қайта ғой, – дейді қария.
Сүгір оның қолындағы домбырасына қайта-қайта қарағыштай беріпті. «Домбырама қарай бердің ғой, көңілің кетсе ала ғой» деп жолаушы оған домбырасын ұстатыпты. Домбыраға қызықтай қарап қалған бала сәлден кейін жан-жағына қараса, желмая мінген жолаушы көзден ғайып болыпты.
Үйіне келген Сүгір әкесіне көргенін айтады. Әлі бір малын сойып, әруақтарға құран оқытады. Сүгір 15-16 жасқа келгенде «Әлінің күйші баласы» атанады. Атағы Теріскей өңіріне түгел таралады.
Енді Тәкен Әлімқұлов ағаны тыңдап көрелік.
«Сүгір үпілеген үйірімді тағы да қайталады. Тұңғыш перзентінің өлімі ойда жоқ. Көкейде көк бие мен қоңыр құлынның қасіреті. Айықпайтын, аяусыз қасірет! Сүгір: «бір бунақтан да күй жасауға болады екен ғой» деп ойлады. Осы мезетте құлын өгей енеге телінді. Бие бауыр баса қоймады. Бірақ көрнеу жатырқамады да. Мамакөнек қалыпта маңқайып тұра берді.
Күйші атаулыда басыр түйсік болмақ. Сол түйсік Сүгірдің кеудесінде оқыс оянды. Оның сезімтал саусақтары домбыраның сағасына шоршып түсті де, шымшыс та өзгерді. Өкініштің орнын уаныш басты. Домбыра аңырамай, еркелеп шыға келді. Бейне қу шанақтан қызыл құлын кісінегендей болды. Жіңішке әсем әуен төгілді. «Тәйри-тәйри, тәйри-тай» деген нәзік те ерке дыбыстар сағалықтан бұғалыққа қарай өрлеп, бара-бара құлшына кісінеп кетті. Жансыз ағашқа жан бітті, ыңқылдады. Пернелер иіп, екі ішек еңірегенде көк бие қоса еңіреді. Артынша оқыранып, еміренді. Қоңыр құлынды иіскегенде жануардың көзі жасқа толып кетті.
Бие иіді…
Күйші бусана балқыды.»
Бұл Сүгірдің алғашқы «Телқоңыр» күйінің шығу тарихы еді. Мұнан соң Сүгір іле-шала «Шалқыма» деген күй шығарады. Осыдан соң Сүгір бірте-бірте кемеліне келіп, жетіле береді, құлашың кең жаяды. Жігіттік дер шағыңда ол «Ұлытауда, Найманның Жырық руының Ибеске атасынан тараған Есенбек, Есенқабыл деген ағайынды батыр әрі дәулетті кісілер бар. Соның Есенбегінің кіші қызы Мафруза домбыраны Тәттімбет үлгісіңде шертіп, Орта Жүз, Арғын-Найман елінің арасында өзі теңдес күйші болмай, көңілі құлазып жүр екен» деген әңгімені есітеді. Сүгір жолға жиналады. Мафруза көптің құрметіне бөленіп отырған осы елдің ерке қызы болып шығады. Өзіне сенімді қыз еркінсіп:
– Домбырада күй сайысынан мені кім жеңсе, қойшы-қолаң, жарлы-жақыбай демей, шал болса да қартсынбай тиер едім, – дегенін Сүгір алдын-ала естіген болатын.
Мұны естіген соң Сүгірден дегбір кетеді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалады. Көңілі алабұртып, жүрегі өрекпіп, беймаза бір күйге түседі. Ұлытау баурайында жатқан сұлу да сылқым қыз түсіне кіріп, жанын жай таптырмайды. «Күйші қызбен бір кездессем» деген құштарлық оны байыз таптырмайды. Осы ынтызарлықпен ол әкесінің қалауынан тыс жолға шығып, Ұлытауға келіп, ат шалдырып отырған беті еді. Айтса, айтқандай, Мафруза мінезіне ақылы, ақылына көркі сай өнерлі қыз екен. Сүгір әкесінің : «Не айтып тұрсың? Ұшса құстың қанаты талатын, шапса ат тұяғы тозатын, көз көрмеген, құлақ естімеген қайдағы бір қиянды айтасың. Ол қызды жеңгеніңмен, мұратыңа жете алмассың. Өйткені, қырық жетіні матап беріп, құда түсіп қойған жерім бар» дегеніне қарамай, айшылық –айлық жерден ат сабылтып келгеніне өкінген жоқ.
Айтпақшы, ауылдан шығарда мынандай да оқиға болып еді-ау. Әлінің баласының аяғына тұсау болып жүргенін естіген ауыл қариялары жиналып, топтанып үйіне келген. Құлтас бастаған ел жақсыларын Әлі құшақ жая қарсы алады. Сый-құрмет көрсетіп, төріне оздырады. Құлтас би сөз бастайды.
– Әлі шырақ, адамнан екі түрлі бала туады. Бірі үй баласы, екіншісі ел баласы. Үй баласын ата-ана билейді, ел баласын ел ағасы билейді. Сенің балаң ел баласы болайын деген екен, оны өзің билепсің, шақыр балаңды!
Сүгір үйге қол қусырып, сәлем бере кіреді.
– Балам, естуімізше, баратын жерің алыс көрінеді. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген. Қасыңа үш-төрт жігіт ертіп ал. Бәрінің бір-бір өнері болсын. Өйткені, жат жерде сын көп болады. Аттың мықтысың мініңдер, киімнің тәуірін киіңдер. Жорытқанда жолдарың, Қызыр баба шылауларыңда болсын. Әмин! – деп бата береді.
Әлі үлкен ұлы Сатыбалдыны жолсеріктікке қосады. Сайдың тасындай бес-алты жігіт таңқұланиектене атқа қонды. Сарысу өзенін жағалай отырып, Қаражардан Сарыкеңгірге өтті. Одан әрі өрлеп, Ұлытауға да жетті.
Сүгір көк майсалы, бал бұлақты көркем кеңістікке тігілген сегіз қанатты ақшаңқаң киіз үйге келіп түседі. Сән-салтанаты жарасқан, біркелкі киінген, насат жүзді жігіттерді үстінде бейқасап камзол, аяғында шытырмалы кебіс-мәсі, шаштарында шолпы-шашпауы сыңғырлаған сылаңдаған келіншектер жылы шырай таныта қарсы алып, үйге бастайды. Қырдың қызыл түлкісіндей жайнаңдаған қыздар қымыз сапырады. Шөл қанып, ентік басылып, көңіл демделген соң екі жақ жапатармағай жөн сұрасады. Әуелі ұлытаулықтар ұлардай шулап, жолаушылармен амандасады.
Көкорайдағы киіз үй іші би келіп түсетіндей әдемі безендіріліпті: ноғай кілем, ортада шашақты, масаты орамал жабылған үстел, оның үстінде он екі тілді сырнай, ырғайдан істелінген қаз мойын үкілі домбыра, керегелерде түлкі, бұлғын, қасқыр терілері, қамшы, құс мылтық, уықтарға ораған сан түрлі оюлы сырмақтар, бәрі-бәрі жұтынып тұр. Қалың етіліп төселген көрпенің үстіне бірнеше құс жастық тасталған. Мынадай салтанатты бұрын-соңды көрмеген Қаратаудың қырандары айналасына ұрлана қарап отыр.
Осы кезде үйге қыз жеңгесі келіп, дастарханға бауырсақ төгіп, сабадан үлкен ыдысқа қымыз құйды да оны сапыра бастады. Сапырып-сапырып барып көзеге қымыз құйды. Беті көпіршіктенген қымыз иісі мұрынды жарып жібере жаздады. Шөл қысып келген жігіттер байқатпаған болып жұтынып та алды. Жолаушылар алдарындағы қымызды ала бергендері де сол, есік алдына дейін келіп, атынан топ етіп түскен әлдекімнің дыбысы естілді. Сөйткенше болмай ішке еркекше киінген, онысы денесіне соншалықты құйып қойғандай жараса кеткен қағылез қыз іркілмей еркін кіріп келді. Ол жат жігіттерден именген жоқ. Жанарын жасқап төменшіктеген де жоқ. Жағалай отырғандарға иегін изеп амандасып, жеңгесі мен апасының ортасына келіп тізе бүкті. Сол қалпымен айналасындағыларға тәкаппар жүзбен қарап қойды. Мұнысы «менімен домбыра жарыстыратындай кімсіңдер сендер?» дегендей болып көрінді. Қыз жеңгесі ұсынған кеседен бал қымызды сарқып ішті де, шегіне отырып, домбырасын қолына алды. Оның құлақ күйін келтіріп, сұқ саусағымен бірер мәрте «дың-дың» дегізді де домбырасын күмбірлетіп ала жөнелді. Қысылмай-қымтырылмай домбыра тартып отырған бойжеткенге қонақтар таңырқай қарасты. Ол іркілместен үш күй тартты. Осы кезде қыз жеңгесі қозғалақтап:
– Еркежан, өзің ғана тарта беремісің? Қонақтарға да кезек берсеңші, – деп тіл қатты.
Ескертуді қыз ұната қоймады. Дегенмен, жеңге өтінішін жерге тастамады. Ол домбыраны керегеге сүйей салды. Кезектің келгенін білген Сатыбалды домбыраны іліп алып, өзі білетін күйді шертіп өтті. Сосын бірге келген серігіне берді. Ол бір күй ойнап, досына ұзатты. Осылай домбыра жағалап отырып Сүгірге тиді. Бұл қонақтардың «біздің ешқайсымыз қаражаяу емеспіз» деген қыры еді.
Сүгір солақай болатын. Ол домбыраның құлақ тиегі мен сағақтағы тектің орынын ауыстырып, өзіне ыңғайлап алды. Сірә, домбыраның құлағын қаттырақ бұрап жіберді-ау, шамасы, қыз «бүлдіретін болды ғой» дегендей тыржың етті. Қызды қыздыра түскісі келді ме екен, әлде басқа бір ойы болды ма,Сүгір құлақты одан сайын қаттырақ бұрады. Сосын баптанып отырып, қыздың шертіп өткен күйлерін қаз-қалпында қайталап шықты. Күйге жаңа екпін, жаңа ырғақ, құбылмалы қайырмалар үстемелеп, түрлендіріп тартқанда бойжеткен байыз тауып отыра алмады. Бойжеткеннің түсі мың құбылып, іштегі арпалысын жасыра алмады.
Ұлытаулықтар күйді ұйып тыңдады. Сүгір мүдірген жоқ. Қыздың тартқан күйін қаз-қалпында қайталап, домбыраны алдына тастай салды. Күй тартысының ережесі бойынша бірінің күйін бірі тартып, қарсыласына өз күйімен жауап беретін. Әрине, қарсыласының күйін тарта алмаса-жеңілгені. Кезегін алған қыз да аянып қалған жоқ. Күмбірлеген күй тау суындай тасқындады. Күй додасы ұзакқа созылды. Тыңдармандар сонда сілтідей тынып, сайыстың соңы немен бітерін күтіп отыр. Ұлытаулықтар қыздарының шабысына дән риза болып тамсана қарайды. Жерлестері қолдап отырған соң ба, Мафруза екпін ала бастады. Бір уақыттар болғанда Сүгір «аз-кем тыныс алып келейін» деп қыздан рұқсат сұрады. Жергілікті жігіттер мұны қонақтардан күш қайтты дегенге сайып, желпініп қалды.
Үйден ұзаңқырап шыққан Сүгір көкке қолын жайып, Алладан медет тіледі. Қарабура атасынан жәрдем күтті.
– Уа, Әруақ! Қолдай гөр! Қызды өз аяғыммен іздеп келіп едім. Жас қыздың алдында жүзімді төмен қаратпа! – деп Жаратқанға жалбарынды.
Осы кезде күйшінің төбесінен екі қанатымен көкті қақ айырғандай алып бір құс зымырап ұшып өте шықты. «Уа, әруақ! Тілегімді қабыл ете гөр!» – деп Сүгір қуанып қалды. Сол замат денесі сергіп сала берген. Көңілі де жаңа ғана төбесінен зу ете қалған жұмбақ құстай көкке көтерілді. Сері сезім оны әлдилеп, бойын сергітті.
Ол үйге ерекше бір тың шабытпен оралды. Иін тіресіп отырған қыз-жігіт оған орталарынан жол ашты. Ол домбыраны іліп алып, қос ішегінің астын-үстін салалы саусағымен бірдей іліп, алма-кезек шерткенде шымыр күй желіден босатылған құлындай ойнап шыға келді. Мұндай әуен бұрын-соңды естілмеген еді. Тіпті, даладағы малға дейін тынышталып, күй күмбірі тымық түнде алысқа тарап жатты. Манадан бері тәкаппар күйде отырған қыз күй ырғағына бойын алдырып қойды. Ол күйдің ырғағынан жаңылысып қалды. Япыр-ау, күй желісі қалай-қалай ширатылатын еді? Қыз домбырасын әрі-бері сабалағанымен, Сүгір шерткен күйдің ізін таба алмады. Ауаға сіңіп жоғалған ғайып күйдің елесіне малтыған қыз домбырасын сипап отырып жігітке ұсынды. Қипалақтаған қыз: «жол-сізден, ізет-бізден» деді естілер-естілмес.
Енді Сүгір ширықты. Ол батылданып:
– Замандас, біріміз Қаратаудан, екіншіміз Ұлытаудан екенбіз. Екеуімізді кездестірген домбыра емес пе? Ендеше, бір домбырада бір күйді орындайық, – деп ұсыныс тастады.
Қыз оны қабыл алды. Мафруза орнынан тұрып жігіт жанына іркілмей барып отырды. Осы кезде айнала отырғандар шу ете түсті.
– Мафруза, жеңілсең жолыңды жаса. Бірақ, домбыраның құлағын ұстама. Немене, одан кем бе едің? – деп қызды қайрай бастады.
– Құрбылар, еліме берген сертім бар. Қыз да болсам, серттен таяр жағдайым жоқ. Кім жеңсе, соның етегінен ұстаймын деп елге берген сертім бар, – деп бір тоқтады.
Сосын Сүгірдің тізесін баса келіп отырды. Сүгір қызға домбыраның жоғары пердесін бастырып, өзі ішекті асты-үстіне кезек шертті. Үй ішін тағы да әсем күй кернеп кетті. Екі адам бір бейнеге айналып, тұтасып кетті. Сәмбі талдай солқылдаған қыз белі күй ырғағымен тербелді. Ол жігіттің аса дарындылығына тәнті болды.
Мафруза тебіреніп, толғанып бір күй тартты. «Бұл саған арнаған толғауым. Күйдің де аты «Толғау», – деді Мафруза. Сүгір қолына домбырасын алып бір күй тартты. «Бұл сенің «Толғауыңа» жауап. Мұның аты «Кертолғау» болсын, – деді Сүгір. Осы күйдің соңы «дари-дори-дай» деп өзек өртеп дірілдеп тұрып алады. Діңкеңді титықтатып тұрып алатын бұл күй Сүгірдің жан сырын толғады ма екен, кім білсін. Тәкаппар қыздың өзі күйдің осы тұсында булығып шыдай алмаған деседі. Осыдан соң қыз «екеуіміз тел өскен қозыдай бірге жүрейік» деп «Телқоңыр» күйін тартыпты. Қыздың бұл күйіне масаттанған Сүгір «Шалқыма» күйін жолдайды. Осылай қонақтардың қайтатын уақыты да келіп жетеді. Сонда Мафруза қыз «Жолаушының жолды қоңырын» шерткен деседі.
Қаратау мен Ұлытаудың бел ортасында «Ақалайдың даласы» деген тақыр жер бар. Осы тақырдың ортасындағы тарам-тарам жолды жергілікті тұрғындар бүгінге дейін «Тоғыз тараудың жолы» деседі. «Тоғыз тарау жолмен жүріп елге келерсің» деп Сүгір «Тоғыз тарау» күйін тартқан дейді кезінде осы күй тартыстың куәгерлері. Мұны Сүгірдің шәкірттерінің бірі Ергентай Борсабаев тарихшы інісі Сүлеймен Тәбірізұлына айтып кеткен. Шертпе күйдің шебері Файзулла Үрмізов те осы әңгімені мың құбылтып айтып отырушы еді жарықтық. Домбырасын қолына алып, «Мафруза былай тартқанда, Сүгір былай тартыпты» деп күйді қолмен қойғандай, көзбен көргендей оқиға желісіне орай ретімен тартып отыратын. Ал, белгілі шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаевтың әкесі Әлімхан Жүзбаев Сүгірдің «Тоғыз тарау» күйінің тоғыз нұсқасын біледі. Демек, Сүгір Ұлытаудағы Мафрузаны ойлағанда жаңа күй шығарып отырған болса керек.
Осылай кісілердің куәлік еткеніндей, қыз бен жігіт бір-біріне қол беріп, серт байласады. Елге абыроймен оралғанымен, Сүгір қызға берген сертін әкесіне батып айта алмайды. Сосын ел жақсыларына қолқа салады. Құда түсіп қойған жағдайы бар әрі жер шалғайын ескеріп, Әлі шал ыңғай бермей қояды. Көп кешіктірмей ол құдасына хабар жібереді. Артынша атастырған келінін түсіріп, ұлының аяғын тұсаулайды. Сүгір атамыздың екі қызы болды. Кейіннен бесіккертпе етіп алған келіншегі белгісіз кеселден өмірден озды. Жастайынан ұяң өскен Сүгір ата-анасының ықпалынан шыға алмайды. Аяғындағы тұсауы алынса да, ұзап шыға алмаған. Мафрузаны іздеп барса, бәлкім, сертіне берік қыз етегінен ұстар ма еді?! Сертінде тұра алмай, сүйгенімен қосыла алмай арманда өткен Сүгір, бәлкім ішіндегі барлық шерін күй етіп төккен шығар-ау.
Мафруза қыз Ұлытаудың ұшар шыңына шығып, Қаратау жаққа қайта-қайта қарағыштаған дейді бізге жеткен әңгімеде. Өзегін өкініш өртеген өжет қыз қол алысып, серт беріскен жігітті ұзақ күтіпті. «Сөзімнің өлгені – өзімнің өлгенім. Ел-жұртыма, қатар-құрбыларыма күлкі болмайын» деп жалындаған жастық ғұмырын жалғыздықпен өткерген. Алыс-жақыннан қыз айттыра келген ел жақсыларының ешқайсысына ыңғай танытпапты. Талай жігіттер Мафрузадан дәмеленіп, түн ұйқысынан, күндіз күлкісінен айырылғанымен, қыздың тоң болып қатқан жүрегін ешкім жібіте алмаған. Шіркін, бүгінде осындай сертке берік жан бар ма деп еріксіз ой тұңғиығына сүңсисің.
Кім білсін-ай, Мафрузаның наласы ма, Сүгірдің кіндігінен ер бала болмаған. Жасы ұлғайғанда Сүгір үй көлеңкесіне отырып алып, сары уайыммен күнді өткізеді екен. «Отымның өшкені ме?» деген тұңғиық ой оны жегідей жегені рас та шығар-ау. Ол өз қатарластарына «Жастың наласы – Құдайдың наласы» деген бар. Білместікпен жазықсыз жастың наласына қалдым. Осы қылығымды кешіре алмадым» деп отырады екен.
Шертпе күйдің негізін қалаушылардың бірі де бірегейі Сүгір Әліұлы 1961 жылы 79 жасында дүниеден өтті. Өзінің өтініші бойынша Қарабура зиратына жерленді. 1992 жылы Созақ ауылының қариясы Колхоз Сағындықовтың ұйымдастыруымен Сүгір Әліұлына арналып ас беріліп, басына күмбез орнатылды. Қазір Созақ ауданында Сүгір атындағы балалар музыка мектебі бар.
Қазір ұлы күйшінің сағанасы көптен жөндеу көрмегендіктен әбден ескірген, кірпіштері құздай бастаған. Кесенеге барар жолдың да тозығы жеткен. Иә, қазақ барда домбырасын ұмытпайды. Ақын Қадыр ата айтып кеткендей, «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ домбыра». Ендеше, домбыраны қадыр тұтатындар, күйді құрметтейтіндер барда Сүгір баба басына келіп тәу ететіндер азаймайды. Сондықтан, күй-құдіреттің кесенесін күрделі жөндеуден өткізіп, барар жолды жаңалап қою керек-ақ. Қабірстанды түгелдей таза ұстау да үлкен ұқыптылықты қажет етеді. Бұл – болашақ ұрпақ үшін де қажет. Биыл Созақ ауданы құрылғанына 90 жыл толуын атап өтеді. Осы іс-шара аясында атақты күйшінің кесенесі басына барушылар легі тиылмауы бек мүмкін. Ендеше, жоғарыда біз айтқан жәйтті бүгіннен қолға алу қажет-ақ.
Қасиеттілерімізді қайта оятып, олардың мұраларын қайта жаңғыртып, күйлерін кеңінен насихаттайтын күн әлдеқашан жетті. Бұл – ел дегенде ет жүрегі елжірейтін азаматтарға үлкен сын.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Пікір қалдыру