Кішкентай бригадир

Тынымбай ТӨЛЕПБАЙҰЛЫ

Ойын десе, бар дүниені ұмытып, құлдыраңдап кету қашанғы әдетім. Тіпті ішіп отырған асымды тастап жүре берем. Ондайда маған ешкім тосқауыл бола алмайды. Апамның: «Тамағыңды ішіп ал!», – деп жекіргеніне де қарамаймын.
Кейде ойынның қызығымен, үй бетін көрмей кететін кезім де болады. Таң қалай атты, солай орнымнан тұрып, кеседегі айранды сіміре сала Көбен, Естұр, Құрал мен Әлібек сияқты достарымды іздеп шығам.
Біздің ойындарымыздың бәрі бірдей сәтті де бола бермейді. Жазатайым балалықпен бір нәрсені бүлдіріп қойсақ, әке-шешеміз алдымыздан сыбағамызды дайындап отырады. Оны әдейі істемейміз. Ойынның қызығына берілгенде, байқамай қаламыз. Әрине, үйдің іші оның бірін білсе, бірін біле бермейді.
Әнеукүні, асық ойнаған жерде торғай шиқылдап мазамызды ала берді. Қайда жүрсек те, рогатканы қалдырмай, қалтамызға салып жүретінбіз. Онымен судағы балықты да атамыз. Сонымен не керек, асықты жайына қалдырып, рогаткамен құс аттық. Арты бітпес дауға айнала жаздап тынды. Шындығына келгенде оған ешкім кінәлі емес. Ағаш басына қонған торғайды көздеп атқан Көбеннің тасы құсқа тимей, үйдің терезесін сындырды. Абырой болғанда, Естұр жанжалды өршітпей тоқтатты.
Сабыр ағайға әйнек әкелетін болып уәде бердік. Артынша аяғымды ауыртып алдым. Өзіме де обал жоқ қой, қарап жүрмей нем бар десейші, тапа-тал түсте біреудің қорасына түсіп. Осыны ойлап тапқан – Әлібек қу. Ол сондай қу болмаса, мен аяғымды ауыртып алмас едім. Басында жұмыртқа ұрлайық деп ұсыныс жасағанда қуанып кеткенбіз. Мұндайды бұрын-соңды істеп көрмесек те, соны бір оңай тындыра қоятындай көріп, отырған жерімізден су шыққандай өре түргелдік. Сол күні Әлібек қағазға орап әкелген жұмыртқасын бір-бірлеп қолымызға ұстатты да:
– «Далада жеген тамақтың дәмі бөлек, сенбесеңдер жеп көріңдер», – деді. Күніге құрт пен ірімшік әкеліп жейтінімізді есінен шығарып, мақтанғандағысы оның. Енді соның дәмі аузымыздан кетпей, тағы да жұмыртқа тауып алып, отқа пісіріп жегенше асықтық.
«Шеткі үйден бастайық» деген Естұрдың ұсынысымен, ауласында қабаған иті бар Оспанның үйінің қасына келдік. Дәл қазір, басқалардың қандай хал кешіп тұрғанын білмеймін. Жеме-жемге келгенде, жаңағы екпіннің менде бірі жоқ. Ұрлықтың не екенін енді түсінгендеймін. Қорғасындай ауыр тыныс еңсемді басып, ішімнен тынып тұншығып барам. Тітіреткен сезіктен жүрегім лүп-лүп соғады.
– Іске сәт! – деді Естұр жайбарақат өзінің бір жас үлкендігін көрсетіп, – Қораның үстіне ішіміздегі жеңіліміз шығу керек деген ұсыныс айтты.
– Онда «Сопақбас» шығады, – деп Әлібек мені көрсетті. Оның ойынан дөп шықса керек, со мезетте Естұр маған қарап:
– Оңға қарай сәл жүрсең, есік бар, сол тұстан түссең болады. Ит – бер жақта, арасын бұзау қамайтын аула бөліп тұр. Бері шығатыныңда дыбыс бер, көмекке Әлібек барады! – деді.
Сөзбен бәрі оңай құсап, Естұр есіп сөйледі. Далада жатқандай көре ме, ойына түк кіріп шығатын емес. Ұрлық істеп, бәлеге қаламыз деп тұрған ол жоқ. Өзі бармайтын болғасын ба, жайбарақат. Доп қуып ойнап жүргендей, еш нәрсені түсінгісі келмейді. Менің жыныма тиді. Сонда да үндемедім, шықпаймын деп текетіресіп тұрып алуыма болар еді. Сол сәтте, таңдайымда жұмыртқаның дәмі тұрғандай, олармен бірге ұялмай қалай жеймін деп, өз ойымнан іштей қысылып, бетімнен отым шыққандай болды.
Тәуекелге бел байлап, қораның үстіне шықтым. Қорыққанымнан болар, екі аяғымның әлі кетіп, тәлтіректеп жүре бергенімде ішіне дүрс етіп, құлап түстім. Тұрайын десем, зіл батпан. Әлдекім жерге шегелеп тастағандай. Сүйретіліп барып тұрдым-ау. Өзім шамалағандай тауық қораның іші екен. Тап қасымнан қытқылдаған дауыстары құлағымды бітеп тастады. Ит тигендей, қарқылдап шулап жатыр. Күткен қорқынышым артта қалып, демде көз алдым жарқ етті де, ауыр тартқан денем бірден жеңілденіп сала берді. Жұмыртқаны қалтама салып алғандай мәз болдым. Осы аяқ астынан тап бола кеткен есірік көңілімді көре қалғандай, қарсы алдымдағы есіктен Оспанның інісі – Ашықбай кірді. Ол қораның төбесіне бір, маған бір қарап:
– Бұл жерде неғып жүрсің? Төбені құлатқан сен бе? – деді жай ғана.
Со кезде зәрем қалмай қорқып кеткенім сонша, сөзге келмей, бақырып жылап жібердім.
– Ой, саған не болды? Ұрмай, соқпай жылағаның не? Қорықпа, мен саған тимеймін. Одан да қораның төбесіне неге шыққаныңды айт.
– Ойнап жүрген добымыз қораның үстіне түсті. Соны алайын деп… Бұл сөз ойыма қалай түскенін де білмеймін. Өксігімді баса алмай зорға айттым.
– Мақұл айтқаныңа сенейін. Ендігәрі бұлай істеме. Үйдің терезесін тықылдатсаң, шыққан адам добыңды алып беретін еді. Сонда қораның төбесі құламас еді. Сен де бекерден-бекерге қорқып, босқа жыламас едің. Бұдан былай үйдің жанында ойнамаңдар, ит босанып кетсе, қауып алады. Жүр, ауладан шығарып жіберейін, – деді.
Мен аяғымды сылтып басып, Ашықбайдың соңынан ердім. Балалар алдымнан үрпиісіп қарсы алды.
– Неге жыладың? Ұрды ма? Жылағаныңды естідік, – деді Әлібек бірден.
– Бір жерің ауырып қалған жоқ па? – деп Естұр мен Құрал жарыса сұрап жатыр. Болған жайды айтып бергенімде:
– Аузыңа қалай түсе қалған, – деп таңданып, Естұр жымиды. Осымен ойынымыз аяқталып, үйге қайттық.
Келесі күні ойынға асыққан жоқпын. Сәске түс шамасында төсектен тұрып, жуынып шайындым да, нан мен тостағанда құюлы тұрған айранды ішіп алып, сыртқа шықтым. Кешегі уәде бойынша, ақ қайыңның қасына келіп, достарымды күттім. Олар да көп күттірген жоқ. Алдымен ұйқысын аша алмай есінеп, ұйқышыл Көбен жетті. Содан соң Естұр, Құрал, Әлібек үшеуі бірге келді. Бет алысымыз ауыл сыртындағы үлкен иірім – Қаратөбенің етегі.
Шырқау биікте қанаттарын дірілдетіп, өз әніне өзі ұйып, бозторғай қалықтап жүр. Сағым ойнаған алыстағы көкжиек, аспанмен астасып бұлдырайды.
Біз сиырдың түлеген жүнінен жасаған добымызбен бір-бірімізді қуалап жүріп, ұрып тигізгенімізге мәз болып, ирек жолдың шаңын бұрқыратып жүгірген күйімізде су жағасына жеттік.
Төбеден кіршіксіз мөлдір аспан төнеді. Су жағасы у-шу. Сап-салқын самал еседі. Қамыстың арасынан сұңқылдап, сайраған белгісіз құстардың әні келеді. Үстімізден ұшып жүрген айыр құйрық қарлығаштар тым әсем, тым сүйкімді. Енді сарғая бастаған шөптің арасынан шегірткенің шырылы естіледі. Өзеннің арғы бетінде күйкентайлар аспанда баяу қалықтап, кей жерге құйрық керіп тоқтай қалады да, қанаттарын тез-тез қағып, төменге қадала көз тіккендей болады. Оң жақ қапталдағы қамыстардың ақырын судырап, әдемі сыбдырлаған жапырақтары сары ала түске айнала бастаған. Мен тұрған ағын судың асты құмдақ, саяздау қайраңында суды өрлеп, бір топ көк жон балық ақырын жүзіп кетіп бара жатыр. Көргенде көзімде от ойнады. Қазір қолда шанышқы болса, мына көк жондарды шаншып алып қалар едім, деп қолымдағы қармағымды тастай салып, соңдарынан қуа түскім келді. Бесеуміз де жайлы орын тауып, бір-бірімізден қашықтап барып, қызыл құрт салған қалбырлар мен шегірткелерге толы шырпы қораптарын, көк балаусаның арасына қойып, бір-бір солқылдақ шыбық кесіп алып, суға қармақтарымызды шолп-шолп лақтыра бастадық. Тығын, қамыс, қоға сияқты әртүрлі заттардан жасалған бес қалтқы тып-тынық қалқиды.
Қармағым жақсы қапты. Инеден істеген қалтқымызбен әп-сәттің ішінде әрқайсымыз он шақтыдан балық ұстадық. Қызыл қанат ала бұға, күміс қабыршақ ақ балық, арасында шүрегей де бар. Әкем өткенде екі басты қармақты ауданға барғанында әкеліп берген. Енді соған жуан шыбық кесіп алып, оң қапталдағы өзен жағасын көрікті көмкерген, жұп-жұмыр жасыл қоғаның арасынан асыра лақтырып, шортандардың мекені балдырлы суға тастадым. Жиектегі сазға сабын шаншып, орныма қайтып келдім.
Күн тас төбеге көтерілген кезде, балық қармақты түртуін мүлдем қойды. Ыстықтаған соң, төртеуміз суға күмп-күмп қойып кеттік. Жағалаудағы құмның ішінен құлық таппай, суға түспейтін Әлібектің дағдысы болушы еді. Судың иіріміне ұқсас құм бетіндегі майда шұқырлардан сарғыш түстес, құлағы тікірейген тірі жәндікті сұқ саусағымен тығып жіберіп тауып алса, езіп тұрып табанына жағады. Мектепте Әлібектен жүйрік бала жоқ. Бойы сидиған үлкен балалардың өзі шаңына ілесе алмайды. «Құлық жақсаң, сендер де жүйрік боласыңдар деп бәрімізді үгіттеген. Алғашқыда айтқанына сеніп, жағып көрдік. Ақырында бізден түк шықпайтынына көзі жетті-ау, деймін. Қазір айтпайды.
Біздер суға түскен бойында, сүңгіп, жүзіп, кішкене табандарымыз су бетінде жарқылдап, жалақ ойнаймыз. Кейде құмға шығып ұзақ жатамыз. Ондайда қасымдағы балаларды өзіме қаратып, апамнан естіген, кітаптан оқығандарымды есіме түсіріп, ертегі айтам. Олар менің айтқан ертегімді тап бір алдарында мұғалім отырғандай қыбыр етпей тыңдайды. Қасымда Әлібек болса, олай емес, бұлай деп айтқыздырмай сөзімді бөлумен болады. Ақырында екеуміз төбелесіп тынамыз. Қанша алыссақ та, бір-бірімізді жеңе алмай шаршап барып қоямыз.
Күннің ыстығында суға түскен қандай рақат! Құмға етпетімізбен жатырмыз. Әлден соң-ақ ыстық құм денемізді күйдіре бастады. Әлібек құлық іздеп, құмның ішін әрі-бері кезіп жүр. Көйлегін басына орап алған, ешкіммен ісі жоқ. Қайтадан жалақ ойнап едік, қызбай қойды. Жасыл қоғаның шайқалғанын алдымен Көбеннің саққұлағы естіп қойды.
– Ананы қара! Қоғалар жау тигендей бүлініп жатыр. Дәу де болса, қармаққа үлкен балық түсті, – деген Көбеннің жан ұшырған даусына жалт қарадық. Шынымен де, қоғаның ішіне жан біткендей, бүлкілдейді. Жарыса жүгіре жөнелдік. Дер кезінде жетіппіз. Енді сәл кешіксек, сабын суырып, су түбіне алып кететіндей екен. Құрал бірінші болып жетті. Жіпті бірден қолына орап алды. Көбен шетте тұрып, қармақтың сабынан тартты. Естұр екеуміз Құралмен қатарласып, баудан ұстадық. Су беті астан-кестеңі шығып, таудай толқын көтерілді. Бір алапат күш, жібек жіпті біресе олай, біресе былай тартады. Әл беретін емес.
Сазды жерде тайып кетуге шақ тұрмыз. Көбен тұрған жер құмдақ. Ақыры жиектегі сазды батпаққа табанымызды тірей алмай, тайып, үшеуміз де жығылдық. Сонда да жіптен айрылған жоқпыз. Көбен екі бүктетіліп, қармақтың сабынан тартуда. Ол да құлауға шақ тұр. Балшыққа батқанымызға қарамай жанталасып, еңсемізді көтере, жібек бауды өзімізге тарта бастадық. Балық жиекке қарай жақындады. Артқа қарай жүріп, Көбен тұрған құмдаққа шығып бірлесе тартқанымызда, төртеуміздің күшіміз қойсын ба?! Жалғыздан жалғыз кездессе, бала түгіл үлкен кісіге бой бермейтін су жыртқышы қап-қара жайын мөңки бұлғаңдап шыға келді. Жағаға жеткенде, ол апандай аузын арандай ашып, тісін ақситып, аспанға атылып, қанша шоршығанмен, төртеуміз оны әй-шайға қаратпай, құрғаққа қарай сүйрей жөнелдік. Қанша бұлқынып секірсе де, суға жете алмайтын жағадағы құрғаққа шыққанда жіпті тастай салып, төртеуміз балыққа тап бердік. Естұр жайынның үстіне мініп алды. Құйрық жағына жабысып Көбен жүр. Құрал бас салып аузына қарап, шошып кетті. Қармақты көмейінен суырып алуға менің де батылым жетпеді.
Манадан бері біздің даурығып жатқанымызбен ісі болмаған Әлібек қасымызға келіп:
– Қандай үлкен балық? – деп таңданып қалды.
– Жайын ғой, – деді Естұр оған.
Желбіршегі бір ашылып, бір жабылып барып тынышталды.
– Жайынды асқан жақсы. Сорпасының дәмі сондай дәмді. Әкем Қараөзекке барып ау салғанда, осындай жайын түскен. Ол бірақ, мынадан кішілеу болатын, – деп, Естұрдың қабағы түсіп кетті. Әкесін ойына алып, көңілсіз қалды.
– Ауылға қайтайық!.. – деді даусы бұзылып.
– Қайтсақ қайтайық. Уәделескендей, бәріміз құр қол келіппіз. Құрт пен ірімшік, нан болғанда қаужаңдар едік. Қарын шұрылдап келеді, – дедім.
Қармақтарды жиып, ұстаған балықтарды тал шыбыққа тізген соң, жайынды қалай алып жүруді ойластық. Ұста әкесіне тартқан Құралдың ептілігі өзіне жетеді. Ол үн-түнсіз қармақтардың сабын қосып буып, ортасына балықты шандып байлады. Көбен тізген балықтарды қолына ұстады. Естұр мен Құрал алдынан, Әлібек екеуміз артынан ұстап, олжалы қайтқан біздер шат көңілмен ауылға апаратын жалғыз аяқ жолға түстік. Осы арада Әлібектің жүзі нілдей бұзылып кетті.
– Ауыр екен, алып жүре алмаймыз. Ауыл біраз жер, – деді селдір қабағы кіржиіп. Пыс-пыс танауын тартты.
– Одан да ана жайылып жүрген бұзаулардың бірін ұстайық.
– Міне, табылған ақыл, – деп сөздің әр жағын күтпей, бұзауларға қарай жүгіре жөнелдім. Бәрін бірдей алдыма салып қуып келгенде, қара ала бұзаудан басқасы қашып, ұстатпай қойды. Оның жуастығы бізге жақсы болды. Үстіне балықты қойып жатқанда үріккен жоқ. Жайынды қайтадан алып, арқасына ұзынынан қойдық, онда да мыңқ етпей күйісін қайтарып тұра берді. Көп бұзаулармен бірге айдап ауылға жеттік.
Алтынай кемпірдің үйінің қасына келе бергенде қаладан келген кішкене немересі Сандуғаш бұзаудың арқасындағы балықты көріп, біздерге қызыға қарады.
– Мыналарың немене, балалар? – деді қасымызға жүгіріп келіп.
– Бәсе, бұл не? – Маңдайын сипап Естұр жымың етті.
– Бұның аты жылан, – деді қылжақтай сөйлеген Әлібек кірпіктері жыпылық қағып:
– Алдайсың, бұл балық, – деді Сандуғаш оның өтірік айтқанына бір түрлі жабырқап, моншақтай көздері жылтырап, балығымызға сүзіле қарады.
– Шын айтам. Біздің суда мұндай балық болмайды. Тү-үу алыстан, біз білмейтін жерден сумен ағып келген – жылан балық. Кітаптан оқығаным бар. Содан білем, – Әлібектің жіңішке даусы шиқылдап, тауып сөйлегеніне өзінен-өзі мәз болды.
– Балық аласың ба? – дедім кішкене қыздың көңілін аудармақ болып.
– Иә.
– Мә, ала ғой. – Шыбыққа тізген балықтың біреуін қолына ұстаттым.
– Алақай, менің балығым бар. Әже! Әже!
Сандуғаштың көзі ойнақшып, қуанышы қойнына сыймай үйіне қарай жүгірді.
Үйдің қасына келгенде барып, жайынды бұзаудың үстінен шешіп алдық. Қайтадан қармақтың сабын біріктіріп байладық та, төртеулеп әрең дегенде, ішкі есіктің алдына қойдық.
Үйге келсем, бөлмеде әйелдер толып отыр. Мені көрген мезетте Әлібектің шешесі Ұмсынай, тершіген мұрнының ұшын алақанымен сүртіп, екі езуін жия алмай:
– Сүйінші! Інілі болдың! – деді.
Мен таңертең ойнауға шыққанымда апам іштегі текеметтерді сыртқа шығарып, үйді тазартып жүрген. Не айтарымды білмей, тосылып қалдым. Со кезде бір қалта асығым есіме түсті. Менде әу баста небәрі он асық болған, қазір сегіз жүз онға жетті. Бәрін ұтып алғанмын. Түпкі бөлмеден екі уысымды асыққа толтырып әкелдім де:
– Мынаны Әлібекке беріңізші, менің берген сүйіншім болсын! – дедім.
– Ой, айналайын! Несіне әуре болдың. Қуанышқа айтып едім ғой. Ақ ниетіңді қайтармайын, – деп көйлегінің қалтасына салды. Берген асығыма басқа әйелдер де мәз болып жатыр.
– Дұрыс қой, ырым еткесін ал! – Төрде отырғандардың арасынан біреуі қостай кетті. Сол арада:
– Көтек! Мынау не? – деген Ұмсынайдың ащы даусы шыққанда үйдегілер үрпиісіп, іштерінен тына қалды.
– Балық екен ғой. Қап-қара болып жатқан бұл немене деп қорқып кеткенімші, – дейді артынан қатты шыққан өз даусынан өзі ұялып, жуып-шайғансып. Әйелдер отырған орындарынан «Балықты көрейікші,» – деп тұра бастады.
– Мынау біз көрмеген үлкен балық екен, – деп көргендер таңқалды.
– Әкелген кім? – деп бірінен-бірі сұрап жатыр.
– Бауырының несібесі көп болады екен, – деді тоқсанға келген Ырысты әже.
Менің інілі болған қуанышым зор. Күтпеген қуаныштың үстінен бір-ақ шықтым. Ағам да бетімнен сүйіп:
– Інілі болдың, бауы берік болсын! – деді көз жанары күлімдеп. Ағамның қуаныш толы жүзін бірінші көруім еді, мен де ішімнен толқып жүрдім.
Енді осы қуанышымды достарыммен бөлісу ғана қалған. Екі қалтамды бірдей асыққа толтырып, шет жақта отырған ағамнан ойнап келуге ұлықсат алып, далаға шықтым. Сүйіншіге асығымды беріп, достарымды бір жарылқамақпын.
Айнала сайраған құстардың сыңғырлаған үндеріне толы, жердегі көктің мұрныңды жаратын жұпар исі әлі кете қоймаған, маусымның маужыраған ып-ыстық күндерінің бірі еді. Жаңалығымды айтқанша асығып келем. Маған жақын тұратын Естұрдың үйі алыстап кеткендей.
Ауланың ішінде бір өзі жүр екен. Мені көріп, қуанып кетті.
– Кімді айтса – сол келеді деген, сені ойыма алғаным осы.
Бидай өңіне нұр төгіле, езу тарта жымиды.
Қалтамдағы асығымды, сөз қатпастан алақанына салып едім. Ол аларын ала сала, түкке түсінбей қой көзі бажырайып, маған қарап қалды. Со кезде барып:
– Інілі болдым, соның қуанышына беріп жатқан сүйіншім! – дедім.
– Қуанышың құтты болсын! Інісі бардың тынысы бар деген. Аты кім? – Ол да ыржия күліп мәз болды.
– Білмеймін, атын әлі қоймадық.
Екеуміз өзенге қарай беттедік. Бізбен бірге ауылдан шыққаннан қалмай, танауымызды қытықтаған жусанның ашқылтым исі де артта қалып, күн сәулесімен күмістей жалтыраған өзен көрінді. Көк жүзінде шөкімдей бұлт жоқ, тек қарақұс қана баяу қалықтап ұшып жүр. Айнала жым-жырт, үп еткен леп жоқ. Суға жақындаған сайын, ауа дымқылданып, қоңыр салқын леп есті.
Естұр көңілді. Әр нәрсені бір айтып күледі. Маған ол ділмарсып кеткендей көрінді. Үш жасында әтеш шұқығаннан шаш шықпай қалған төбесін көрсетті. Бұжыр-бұжыр болып біткен орны шашпен білінбейді. Екі қарға жаны шығардай қарқылдап, төбемізден кетпей қойды. Ағаш басына салған ұясынан жұмыртқасы түсіп кетті, болмаса балапаны жерге құлады. Әйтеуір безек қаққан даусы тегін емес.
Сол сәтте оң қапталдағы шыбық талдардың арасынан бойы сорайып Ораз шықты. Менен екі жастай үлкендігі бар, өзі ұрыншақ, әркімге бір тиісіп, әлі жеткенге күн бермейтұғын. Бірде мені де Жаппардың қызына хат апарып бермедің деп қолымды бұрап шыңғыртқан. Содан кейін оны көрсем, көш жерден қашып жүретін болғам. Бұл жолы маған тиіспейтінін білем. Естұрдан қорқады. Бірақ не себептен екенін білмеймін. Осыдан төрт-бес күн шамасында Алаудың Оразды ұрғанын көрдім. Түс кезінде шелекпен су алып келе жатқан едім. Алдында жөнімен кетіп бара жатқан Оразды Алау артынан қуып жетті де, қолынан шап беріп ұстай алды. Бір ауыз сөз қатпастан жұдырығымен жағына бір қойды.
– Мә, саған. Балаларды ұрған қалай екенін көріп қой, – деп екінші рет алақанымен ұрды. Содан соң, құйрықтан бір тепті.
– Ендігәрі балаларға тиіскеніңді көрсем, оңдырмаймын, білдің бе? – деді зілдене. Бір таңқалғаным, ол ұрғанда Ораз мыңқ еткен жоқ. Қашып кетуіне де болатын еді. Оны да істемеді. «Таяқ жеген қалай болады екен, көрейінші» деген адамдай, қарсыласпай, мелшиіп тұра берді. Ақырында Алау өзінен кіші баланы ұра беруге ұялды ма:
– Өз жөнімен жүрген балаға тиісетін не жының бар? – деді таусыла сөйлеп. Оны қоя берді.
Екеуміз оны байқамаған болып жүре бердік. Тықыры білініп қасымызға таянды. Ол бізбен қысық көзін жыртитқан күйі қол беріп амандасты. Ойында ешнәрсе жоғын көрсеткені. Мен де тиіссе таспен ұрсам да қарап тұрмаспын деп, бейімделіп едім. Әйтпесе оған күшім жетпейтінін білем. Бір жағынан Естұр қасымда болғасын батырсынғаным.
– Суға түсуге келе жатырсыңдар ма?
– Ыстықтағанымыз жоқ, – деді Естұр оған немқұрайлылау.
– Ой, сендерді суға түсуге бара жатыр екен деп қуанып кетпеймін бе? Әйтпесе, бір өзіме көңілсіз, – деді де бұрылып жүре берді. Сол күні екеуміз су жағасындағы құмда арыстанның, жолбарыстың, пілдің, қасқырдың, түйенің үстінде отырған баланың суретін салып, біраз ойнадық.
Біздер көбіне ауыл сыртындағы қабақтың бойында ойнаймыз. Түйетайлы қабақтың үсті мұрынды қытықтаған боз жусанды жазықтық. Бұл жер емін-еркін ойнауға жақсы. Әркім мазалап, барып кел, шауып келге жұмсамайды. Табиғаты да керемет. Төменде айнадай жарқыраған көл бар. Судың беті жыбыры білінбейтін, тақтайдай теп-тегіс. Толқын болмайтын, жел тимейтін, айналасы қалың қоға, нар қамыс. Көлдің бойы масатыдай құлпырған көк шалғын, белуардан келетін мұртты қияқ. Ішінде небір құстың даусы төңіректі шуға бөлеп жатады. Жиегіндегі жалбыз бен борықтың бастары ұядан көрінбейді. Жұмыртқаның үлкені де, кішісі де, ағы да, қоңыры да, тарғылы да кездеседі. Шағалалар ұясын қорғалап, айқыш-ұйқыш төбеңнен ұшып шырылдайды. Қызғыштар қиқу салады. Қамыс арасынан қасқалдақтардың сұңқылдаған даусы естіледі. Үйректер су бетінде алаңсыз жүзеді. Ешкім оларға оқ атпайды. Иір мойын аққулар мен дуадақтар да бар. Қалың қорым іші базарға айналғандай, құстардың даусынан құлақ тұнады.
Ал ауылдың күн батыс жағына шықсаң, арасынан адам жүре алмайтын, балағы жер сызған қалың ши. Жанына жақындасаң, бұрын-соңды естімеген әуен мен дыбыс шығарып сусылдайды. Осы шоқ-шоқ шилердің шуылы қысы-жазы бір тынбайды. Үп еткен леп жоқ, тымырсық ауада да ызыңы келіп тұрады құлаққа. Бұл жерде жасырынбақ ойнаған жақсы. Жазатайым, тығылған жеріңе үстінен түсіп қалмасаң, қай пысығың да іздеп таба алмайды. Бір жаман жері, көк желек жамылған шидің арасында жылан да, қарақұрт та, бұзаубас та және біз көрмеген жәндіктердің не бір түрі кездеседі.
Қалың шилермен жалғасып жатқан нар қамысты сулы өзек – Қаратөбенің етегіндегі колхоз атымен аттас Қопа өзенімен қиылысады. Осы өзеннің жаратылысы да қызық. Жазық жерде аққан судың үні жылаған адамның даусына ұқсағандай жағымсыз естіледі. Құлама жардан ағып жатқандай, дыбысы көш жерге жетіп жатады. Ойнақши көпіршіп, сылдырапшапшитындай, астында қой тастар болса бір сәрі. Әлі күнге дейін осы құпияны ешкім жете түсінбейді. Әзірге ауыл ақсақалдары айтып келе жатқан жорамал ғана. Олардың да ата-бабаларынан естіген.
Ертеде өзеннің о шеті мен бұ шеті теңіздей жайылып, көз ұшында бұлдырап, көрінбейді екен. Көктем тасыған бір жылдары жағалауда қоныстанған ел түгелімен суға кетіпті. Сонан өзен тартылып, жіңішкергенде су сарқырап ағатын болған деп айтады. Бір жақсы жері – су лайланбайды. Түбіндегі тастар көрініп жатады. Әсіресе, шілде айында түбіне сүңгіп су ішсең, сап-салқын мейірің қанады. Жаз ортасында таяздайды, со кезде қайырлап қалған балыққа қарық боламыз. Балықтың көптігінен адамдар да, құстар да, ауыл иттері де бір жырғап қалады.
Інілі болған күннің ертесіне сәске түс кезінде үйден білдіртпей шығып, балалармен бірге қабаққа қарай ойнауға шықтым. Ауыл шетіндегі қой қораның қасына жақындай бергенімізде, қарсы беттегі құм төбеден көрінген құйын бірте-бірте ұлғайып, біздердің үстімізді басып төмендегі өзекке түсіп, көзден таса болды.
– Таздың үйіне бар! – деді Әлібек айқайлап. Алақанымен бетінің шаңын сүртті де, – Шілдік ойнайық, – деді жанында тұрған Естұрға.
Көптен ойнамай кеткен шілдікті айтқанда бәріміз де қуандық. Әлібек шілдікті шетінен басып қалып, жерден көтеріп алды да, құлаштап тұрып, алысқа лақтырып жіберді.
Осы арада ойынға Ораз да қосылды. Оның қайдан тап бола қалғанын білмеймін. Шілдікті ату кезегі Құралға келгенде одан Ораз бермесіне қоймай, жабысып қалды. Ол да шілдікті көтеріп, құлаштай ұрды. Бірақ дұрыс тимеді ме, қиғаштай ұшып, шеттеу барып тұрған Құралдың екі қабағының арасына сарт етті. Әуелі не болғанын түсіне алмадық, қос алақанымен көзін басып тұрды да, қолына таяғын ұстап, түсі қашып бозарған Оразға жұдырығын ала ұмтылды. Келген бетте жақтан бір қойды.
– Мә, саған жыртық көз! – Онымен қоймай, іштен бір тепті.
Оразға жеген таяғынан гөрі, сөзі қатты батты. Қызумен ішінің ауырғанына да қараған жоқ. Со бойда ұпайын жібергісі келмей, алыса кетті. Құрал оны аяғының сыртынан шалып жықты да, астына басты. Көзі ежірейіп, жалпақ танауы шелтиіп, адам танымастай түтігіп кеткен. Демде қабағының арасы көнтиіп ісіп кетіпті. Мұндай ашуы барын кім білген. Әншейінде орынсыз сөйлемейтін, өздігінен ешкімге ұрынбайтын, сөзге көп үйірі жоқ момын еді. Өзін тежей алмай, Оразды жұдырығымен екі жақ бетінен аямай ұрды. Мұрнынан қан бұрқ ете түскенде Естұр екеуін екі жаққа айырып тұрғызып жіберді.
– Мен әдейі істеген жоқпын, шілдік қисық кетті, – Ораз алақанымен мұрнынан аққан қанды сүртіп, ақталған болды.
– Сені кім шақырды? Шілдікті ұра алмайтының бар, ойынға неге қосыласың?
Құралдың қос жұдырығы түйіліп, ашуы басылар емес. Ежірейген көзі ұясынан шығып кетердей, оны жеп қоя жаздап тұр.
– Өзінің көзі оңып тұрғандай, менің көзімде не шаруасы бар. – Ораз жеңілгенін мойындағысы келмегендей, қайсарлығына салып сескенбеді.
Со кезде, құстай ұшып барған бойында құйрықтан бір тепті. Ол болса, өткенде көргенімдей, алақанымен мұрнынан аққан қанды сүртіп, түк болмағандай жүре берді. Бұдан соң ойынға ешкімнің зауқы болмады. Қарсы алдымызда жайылып жүрген бір топ бұзауды көрген Әлібек:
– Бұл жаққа қарай бұзауларды шығармайтын еді ғой, қалай келген, – деп бізді сөзге тартты. Былтыр қамыс арасынан шыға алмай, ұйығып екі бұзау өлген, соны айтып тұрғаны.
– Мына бұзаулар ірі екен. Екеумізді көтереді, жарыссақ қайтеді, – деді Әлібек маған. Асау аттардың үстінде шегедей қатып қалатынымды талай көрген менімен сынаспақшы.
– Арасында біреуі ғана әлжуаз, басқасы бізді көтереді. Ішінен қалағаныңды ұстап ал, сонан соң мен таңдаймын. Бүйірі шығып, бойлары өсіп қалған бұзауларды көргенде мен де қызығып кеттім. Сөзге келмей, күйісін қайырып, жайымен тұрған ала бұзауды барып ұстадым. Ол маңдайы ақ, қоңыр бұзауды қуып жүріп, артқы аяғынан шап беріп ұстап алғанда, бұзаумен бірге өзі де сүріне құлады.
Мен оны күтпестен ала бұзаудың үстіне мінгенім сол, алды-артына қарамай мөңкіп ала жөнелді. Сәлден соң басын тұқыртып, құйрығын көтерген күйі тапырақтауға көшті. Со кезде қақпайлап отыратын, қолыма таяқ алмағаныма өкіндім. Екі аяғы бірдей сайдың ішіндегі жыраға кіріп, омақаса құлады. Мен қалың шеңгелдің ішіне ұшып түстім. Бұтақ тиген денемнің әр жері қызарып, екі тіземнің терісін сыдырған жерінен қан шығып, удай ашығанына қарамай, жанталаса орнымнан тұра бергенімде, аяғымды баса алмай отыра қалдым. Естұр мен Құрал қолтығымнан сүйемелдеп, сайдан шығарған соң, аяғымды ақырындап басып жүріп кеттім.
– Түсте үйге келмегенің не? Кешке дейін нәр татпай қайтіп қана жүрдің? Не істеп жүрсің? Үсті басыңның сау тамтығы жоқ. Әлде балалармен төбелестің бе? – деп апам үсті-үстіне сұрақты жаудырды. Қанталап сырылған тіземді көргенде шошып кетті.
– Мынаған не болған? Әзберген мына балаңның тізесін қара, осы бірдеме бүлдіріп келмесе болар еді. Түрі жаман! – Күйіп-пісіп, екі тіземе де иод жағып, шыж-быж болды да қалды.
Мен мойнымды салбыратып, тіс жарғам жоқ.
– Байғұс-ау, бүйтіп жүріп денсаулығыңнан айрыласың ғой.
Қайта-қайта кейістік айтып, апамның жағы тынбай қойды.
Үйдің жұмысын істемейсің деп артынан ағам сөйледі…
– Жасың болса он бірде, сенде әлі түйір ақыл жоқ. Осы ойыннан жалығатын кезің болды. Одан да шешеңе көмектесіп, үйдің жұмысын істе. Қалаубекке де бір адам керек. Ендігі жерде ініңді бағу сенің міндетің. Бұдан былай ойынды қоясың, білдің бе? – деді ағам. Ешқашан даусын қатты шығарып айтпайды. Қашан да әңгіме айтып отырғандай жәй сөйлейді. Оны да күніге айтпайды. Істеген қылығың шектен шығып бара жатса ғана… Содан ба, сөйлеген сөздері есімнен шықпай, миымда қатталып қалады.
Күн ұзақты далада ойнап үйреніп қалғаннан ба, ертесіне елегізіп үйге сыймадым. Қалаубекке қарауға қорқам, қызыл шақа, өзі бір жапырақ. Іңгәләп жылағаны да қызық. Үні тым нәзік, әрі тым жіңішке.
Кеше күн ұзақты далаға шықпай отырғаным жаныма батып кетті. Бүгін таңертеңгісін ойынға келген балалармен бірге кетіп, түс жақындағанда келсем, үйдің іші қонақ келетіндей өзгерген. Жерге көрпешелер төселіп, әр жерге жастықтар қойылған.
Көрші үйдің келіні Әдемі ошақ басында жүр. Алау қорада байлаулы тұрған ісекті аулаға шығарып алып, бір өзі жыға алмай әлек. Өзін сүйрелеп, бой берер емес. Бір кезде алдыңғы екі аяғын орап алған жіптен тартып жықты. Ісектің кеудесіне екі тізесімен қонжия қалып, төрт аяқты бірдей матап байлады. Ағам жұмыстан әлі келмеген болса да, мал союды білмейді. Алау пышақты қайраққа салып, өткірлеп алды да, бір өзі союға кірісті. Іштен Қалаубектің жылаған даусы шыққан кезде, апам су құйған құманын қолыма ұстата салды.
– Алау ағаңа су құйып тұр, – деді.
Демде ауылдағылар жиналып қалды. Бәрінің де жүздері жайдарлы, бірінен-бірі қалмай, жарыса шыққан дауыстары көтеріңкі.
– Құтты болсын! Кішкентайдың бауы берік болсын! – деп қарт әже шашу шашып жиналғандардың көңілін бір серпіп тастады. Бәрі жерде шашылған, тәттісі бар, құрт пен ірімшікті жапатармағай алып жатыр.
– Біздің үйде де осындай қуаныш болсын, – деп қолына ілінгенін көйлегінің қалтасына салған Әдемінің сөзін естіп қалдым. Ол алыстағы бұрын мен естімеген ауылдан, өткен жылы жазда келін болып түскен. Біреулер апамды, біреулері ағамды сөзбен қағытып, өзара мәз болған дауыстары шығады. Жерошақ басында қазан толы бауырсақ майға қайнап быж-быж.
Келгендердің бәрі жайғасты. Ортаға дастарқан жайылып, гу-гу әңгіме енді қыза бастаған еді. Сырттан Әлім басқарманың дауысы шыққанда, іштегілердің бәрі бірдей елең ете қалды.
– Әй, мынау көрші ауылдың баласы ғой.
Алыстан көрінген аттылы кісінің дүрсілдеген тұяқ дүбірі жақыннан естілгендей, жұрт назарын аударды.
– Қай шаруасынан қалып бара жатыр екен, соншама атты солықтыратындай. Әй, танауың делдиіп кетіпті ғой. Жайшылық па?
– Соғыс!
– Не дейді?
– Керман біздің елге соғыс ашыпты!
– Аһ, аяғым! – Ошақ басында жүрген Үміт әжей қолындағы ожауымен жерге отыра кетті.
Сол-ақ екен, суық хабарды естіген үйдегілер де іргеден өрт шыққандай бірін-бірі жаныша итерісіп, сыртқа қарай өре жүгірген. Өрістен қайтқан малдай, жұрт сапырылысып кетті. Дастарқан жиюсыз қалды. Апамның өңі қуарып, үйге бір кіріп, бір шығып, іңгәләп жылаған ініме де қарамай қойды. Бірден даланың аңғал-саңғалы шығып, құлазып кеткендей, жел тұрып, шаң көтерілді. Шөп бастары жұлқына бебеу қақты, ағаш бастары бұлғақтай теңселді, үй маңындағы бір түп ши сыңсығандай дыбыс шығарды. Әр ағаштың басына бір қонып, қара қарға қар-р-р-қ, қар-ррқ деп далбаңдай ұшып жүр. Тамақ жырта қырылдаған қарқылы қандай жиіркенішті. Ауылдың үсті еңсені езген қара бұлттай түнерді.
Тұрақжан қайдан ғана келе қойдым дегендей, жиналған көпшілікке жаутаңдай қарап сәл тұрды да, туған апасының үйіне де соқпай, келген жолына түсіп шоқырақтай жөнелді.
Ол осы ауылдың баласы. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін көрші колхозда тұратын немере ағасы қолына алған. Колхоздың баспағын бағады. Қарғыс атқан соғыс деген бір ауыз сөзді естіген сәтте менің де, бала да болсам төбе шашым тік тұрды. Ауылдың екі жақ шетіндегі балалар бірігіп, «Ақ пен Қызыл» болып соғыс ойнағанды жақсы көретінбіз. Бала біткен қызыл болып ойнағанға құмар. Әр уақытта да қызылдар жағы жеңу керек. Соған орай іріктеліп алынады. Ақтарды ұстап алғанда, күшің басым болмаса, екі қолын артына қайырып, тұтқындай алмайсың. Жазатайым балалардың «соғыс» ойнағандарын үлкендер көріп қалса, қайдағыны шығарып жүрсіңдер деп ұрсатын. Балалар сонда да үлкендердің сөзіне мән бермей, ойнай беретін. Енді сол бір ауыз сөз қазір өзгеше әсер етіп, қас пен көздің арасында, менің денемді аяздай қарып жіберді.
Көп ұзамай-ақ әскерге алынатын топ көрші ауылдың адамдарымен бірге жүк машиналарына отырды. Топтың арасында ағам көзге бірден шалынды. Бойы ұзын, арқасында қабы бар. Шулаған дауыстардың ішінде ағамның да даусы қатты шығып, апама бірдеме деп жатыр. Қалаубекті құндақтап алып, әкем мен шешемнің жанына мен де жеттім. Ағам мені қаңбақ құрлы көрмей көтеріп, бетімнен сүйді. Інімді иіскеді де, маған қайтып берді. Аз күнде Балкүміс апамның тобылғыдай шырайлы жүзі күзгі шөптей қуарып, кішкене көздерінің жалыны жасқалып қалғаны жаныма қатты батты. Жұрт алдында әдептен аттай алмаған апам, ағамның құшағына ене алмай, қолын құшырлана қатты қыса берді. Бір жағынан өздерінен едәуір жас кіші Алау да келіншегімен жандарында тұрды. Содан да қысылған шығар. Машина жүруге таянғанда апамның шыдамы жетпеді. Өксіп жылады.
– Сабыр ет, Балкүміс! Соғысқа аттанып бара жатқан жалғыз мен бе? Көппен көрген ұлы той деген. Балаларға бас көз бол. Рас болса, соғыс көпке созылмайды дейді ғой жұрт.
Машина жылжи берді. Алаудан айрылмай, жабысып алған Әдемінің сай-сүйегіңді сырқыратқан даусы жиналған жұртты да жылатты. Айнала күңіреніп, улап-шулаған дауыстарға толды.

* * *
Қопа қолхозына митинг өткізу үшін аудандық партия комитетінің хатшысы Қобыланды Өмірбековтың өзі келді. Митингіге жиналғандардың басым көпшілігі кәріліктен жұмысты тастай бастаған ауыл қарттары, кемпірлер, әйелдер мен балалар. Қобыланды жиналғандарға біздің елімізге опасыздықпен шабуыл жасаған неміс фашистері деген кімдер, олардың түбегейлі мақсат-пиғылы жайлы айтты. Ендігі мақсат деп ой тұжырымдаған ол уылдағы қалған адамдардың басын біріктіріп, партиялық бүкіл жұмысты майдан мүдесіне көшіру қажеттігін түсіндірді. Сонан соң, армияға кеткендердің орнын толықтыру керек екенін, майданды азық-түлікпен, қысқы киімдермен, заттай, қаржылай жәрдем жинау керегін де ескертті.
Бас-аяғы бір айдың ішінде, өз қызығымен өзі болып жататын думанды ауылдың сұрқы қашты. Күнде ертеңмен өрімдей жас жігіттер шыға келетін есік алдында, енді ербиіп кәрі-құртаң қалды. Ауыл іші жым-жырт. Ит екеш ит те көрінбейді. Олар да дала кезіп, тышқан аулап, тамағын асырап жүр. Әншейінде жағаласып, жүгіріп жүретін кішкентай балалар да далаға шықпай, үйкүшік болып алған. Соғыс деген әр үйдің басына түскен ауыртпалық екен. Колхозда адам жетіспейді. Апам қырқынан шықпаған баланы қалдырып, жұмысқа шықты. Күніне он сағаттан жұмыс істейді. Әскерге жылы киімдер тігіп жатыр. Арасында үйге келіп, Қалаубекті емізіп кетеді. Кешкісін үйге келгесін де тыным тауып отырмайды. Кішкене сәбиді шомылдырып, су болған жаялығын жуып, тамақ дайындайды. Тағы да үйдің басқа да шаруасы бар. Түн баласы тыным таппайды. Қай уақытта ұйықтайтынын білмеймін, өзім ұйықтап қалам. Таңертең менен бұрын тұрып, үйдің жұмысын істеп жүргенін көрем. Сонда да аузынан шаршадым деген сөз шықпайды.
Көппен бірге мен де «балдәурен – балалық шақпен» қоштастым. Балалық шақта қызықтап сайрандаған сол күндерім маған сондай қымбат болса да, бір ауық ойланып толғануға да, сағынып сарғаюға да мұршам болмады. Үйде жұмыс шаш етектен. Күні бойы Қалаубекпен болам, ол бір сәт ұйықтаған кезде, бөлменің ішін тазартып, су әкеліп, отынға дейін дайындап қоям. Інімнің жаратылысы өзгеше. Емгенге тоймай ма, жағы тынбай жылайды. Кейде онымен бірге өзім де қосыла жылаймын. Ондайда әкемді сағынып есіме аламын. Ағамның кескін-келбетін көз алдыма әкелем. Сөйлеген жылы сөздері құлағымның түбінен шығып тұрғандай болады. Соған шынымен-ақ сеніп қалып, айналама шарқ ұрып қараймын. Содан жарғағынан насыбайын алып, тілінің астына салып, ернін томпайтып, ауық-ауық түкіріп отыратыны есіме түседі. Жалғыз мен емес, Қалаубек те сағынғаннан жылайтын сияқты болады маған. Апам да түнде өлең айтып отырып жылап алады. Бір жақсы жері Қалаубек екеумізге ұрыспайды. Үйде жүргенде сөйлемей ойға батып, үнсіз жүреді. Не ойлайтынын білмеймін. Апамның ағам барда ұрғанын да сағынам. Артынан ағамның қалың орманның ішінде, поезбен кетіп бара жатырмыз деп, аман-саулық сұрап, жалғыз ауыз сөз жазған хатын оқып, қуанғанымнан сағынғанымды ұмытып, біраз күн жүрем.
Уақыт қалай тез өтеді. Көп ұзамай, жаздың орнын жанталасып күз басты. Ауылға «қарақағаз» деген бәле келе бастады. Хат таситын аяғы ақсақ Әбіш шал сауатсыз еді. Алаудың үйін қуантпақшы болып, емпелеңдеп кіріп келгенде, ішкі бөлмеден шыққан Әдеміні көріп:
– Сүйіншіңді дайында, саған хат әкелдім деп, қолындағы сөмкесінен суырып, бір қағазды ұстата салыпты.
– Ойбай-ау, ойбай! Енді қайттім?! – деп өңі бозарып кеткен Әдемі дауыс салғанға, сасқалақтап қалған Әбіш ақсақал үйден қояндай ытқып шығып, алды-артына қарамай қашыпты. Содан қайтып хат тасымайтын болған.
Мектепке баратын күн жақындай бастағаннан-ақ, алғашқы сабаққа барған кезімде болған осы бір оқиға есімнен кетпейді. Со кезде өзімнен-өзім қатты қысылам. Әсіресе, Құмар апайды көрсем, бетімнен отым шығады. Алайда әңгіме түсінікті болу үшін, барлығын жүйе жүйесімен түсіндірейінші.
Менің ол кезде оқуға құлқым болған жоқ. Содан ба, ағам мені мектепке өзі апарды. Апамның түнде ұйықтамай отырып тігіп берген қара шүберек сөмкесінің ішінде жатқан жалғыз дәптер мен ұшы ұшталған сары түстес карандашты сыйғыза алмай, бос қолыммен сыртынан сипап қоям. Қалтамда бір түйір қант бар. «Қарның ашқанда аузыңа салып сорарсың» деп үйден шығарда апам берген. Оған дейін менің шыдамым жететін емес. Мен оны қазір-ақ аузыма салып, тіл үйірген тәтті дәмін татқым келеді. Бірақ ағам сөйлей ме деп қорқам. Осылай күніге беріп тұрса ғой. Көңілім көтеріңкі. Кешегі мектепке бармаймын деп қиғылық салғаным есімнен шығып кетті. Анау өзіммен жасты, ойынды бірге ойнайтын Амалбек, Ештайдан ақыры бұрын баратын болдым деп қуандым. Олардың әке-шешесі: «Ерте бастан баланың басын қатырып, миын ашытпайық, келесі жылы барса да кеш емес. Оқу қайда қашар дейсің?!» – деп мектепке берген жоқ.
Кішкене жүрген соң:
– Аға, мені көтерші? – деп өтіндім.
– Шаршап қалдың ба?
– Жоқ.
– Мектепке көтеріп апарсам, балалар күлмей ме саған?
– Жақындағанда түсіресің ғой.
– Жарайды, – деп ағам мені иығына мінгізіп алды.
Біз келсек, сабақ басталып кетіпті. Ағам мені есік алдына қалдырды да, класқа өзі кіріп кетті. Сәлден соң есікті ашып:
– Қане, Әуелбек келе ғой, – деп ішке шақырды.
Апай ағама:
– Сен бара бер. Әуелбекпен енді өзіміз әңгімелесеміз, – деп ағамды кластан шығарып салды.
Мектепке тез үйреніп кеттім. Құмар апай да жақсы. Үні жұмсақ, аспай-саспай жәй сөйлеп, сабақ түсіндіреді. Балаларға айтатыны – айналайын. Басыңнан сипайды. Ондай жылы сөзді апамнан да естіген емеспін. Үйде емін-еркін жүріп, тентектіктің төбесінде ойнап қалған маған қиын. «Тәртіпті болыңдар!» – деп көп айтады. Мен болсам тәртіптің не екенін білмеймін. Ол жағынан далада өскен тағы да бір, мен де бір. Ойынның ұшығына тимесем, жүре алмаймын. Біреудің шашынан тартып, екіншісін түртіп қалып, қала берді шымшып алу маған түк емес. Осыны апай көрсе де ұрыспайды. Қасыма келіп, маңдайымнан сипап, мені бір туған баласындай санай ма: «Олай істеуге болмайды!» – деп мәпелеп түсіндіреді. Міне, осыдан соң тәртіпсіз болып көрші. Бетіңнен отың шығып, өзің ұяласың. Үлбіреген, майда қоңыр үнімен әлгіде айтқандарын қайталаса, қайтып бұзықтық жасауға арың жетеді ме? Әрине, жетпейді. Бір қызығы, Құмар апай сабақ түсіндіргенде ұшқан шыбынның ызыңы естіледі. Бәрімізді өзіне тартатын сиқыры бардай, баурап алады. Бір кісідей ұйып тыңдаймыз. Даусының не құдіреті барын білмеймін, тыңдай бергім келіп, маған ерекше құштарлық сезім пайда болады.
Менің қасымда Айманай деген қыз отыратын. Өзі ұялшақ, бетіңе тіктеп қарай алмай, именіп тұратын және де киіктің лағындай үркектігі бар еді. Бірде апай сабақты түсіндіріп жатқан кезде оның бірнеше рет түрткенін сезбей, отыра беріппін. Әбден ыза болған парталасым бүйірімнен шымшып алғанда барып қасымдағы қызға бұрылып қарасам, жұқалаң жіңішке қабақтары кірбің шалып, кірпіктері жыпылық қағып, маған жанарымен ымдап, екі аяғымның арасына түскен карандашын саусағымен көрсетті. Айманайдың осы бір салқын көзқарасы, көпке дейін менің есімнен кетпей жүрді. Содан бір күні ұйықтап қалып, сабаққа кешігіп қалдым. Сыртқа шықсам, азынаған жел. Күздің қара суығы қойны-қонышымды қуалап, денемді тітіркендіріп жіберді. Аспанда бұлттар жамыраған қойдай көшіп барады. Балағы бұлғақтап, сабалаған шеттегі қалың шидің шуылымен бірге бүрсеңдеп, мектепке жете бергенімдежел саябырсығандай, қара қошқыл бұлттар тұтасып, төңірек күңгірт тартты. Бойым жылымаған күйі дірдек қағып, ұлықсат сұрауға да мұршам болмай класқа кіргенімде, апай менің тоңғанымды түрімнен байқаса керек, ұрысқан жоқ. Кекілімнен сипады. Ендігәрі олай істеме, кешігіп келгенде ұлықсат сұрап кіреді деп те айтпады. Партаға келіп отыра бергенімде, қоңырау соғылды. Іште бір өзім қалдым. Сөмкемнен алған кітабым мен дәптерімді алдыма қойып, сия сауытты алғанда, қолымнан түсіп кетті. Жалма-жан жерге төгілген сияны сүртіп жатқанымда, балалар топырлап, ішке кіре бастады. Соңдарынан апай да көрінді. Еріктің тақтадағы жазуды сүртіп жатқанын байқап:
– Апай! Өшиіп қойды, – дедім.
Со кезде отырған орнынан ұшып тұрған, күлегеш Қоянбай:
– Апай! Сізді осырып қойды деп жатыр мына Әуелбек, – деді.
Құмар апайдың айнадай жылтыраған өңі құлазып, түсі қашып, қасыма жетіп келді.
– Тұр! – Апайдың ызғарлы даусы, бойымды аяздай қарыды. Әп-сәтте бетімнен отым шығып, ұялғанымнан жылап жібердім. Әншейінде мені мазақтап жүргізбейтіндері естерінен шығып кеткендей, балалардың әр жерден мырс-мырс күлгендерін естігенде, одан сайын ызаға булықтым. Сондағы кеудені ащы өксік жаншып, бойымнан әл-дәрмен кетіп, тілімнің кекештенгеніне іштей налығанымды тілмен айтып жеткізе алмаймын.
– Тұр! Көмекбаев, саған айтам! – Апайдың өктем даусы қайта шыққанда, үстіме тау құлап бара жатқандай, зәре құтым қашып, денем дір-дір етті.
Ойламаған жерден қасымда отырған Айманай шыдай алмай, ұшып тұрды:
– Апай, Көмекбаев сабаққа кешігіп, жаңа ғана келген жоқ па? Тақтаға жазғанды дәптеріне көшіріп жатқан кезде Ерік оны сүртіп тастады. Әуелбек соны айтты ғой. Сапарбаевтың айтып тұрғаны өтірік!..
Құмар апай үнсіз қалды. Мен болсам, ауыр дем алып ішімді босаттым. Көршімнің сөздері жаныма майдай жағып, әп-сәтте ауыр азаптан құтылып, көз алдым жарқ етті. Сабақ сұраған Құмар апайдың алдында өне бойы үндемей, төмен қарап мелшиіп тұратын Айманайға таң қалдым сонда. Таңдайы тақылдап сөйлегені әлі күнге дейін құлағымда қалып қойғандай. Бұрын ол мені шағып алатындай, партада шеттеу отыратын едім. Сол жерде иығым түсіп, басым салбырап отырсам да көз қиығым қасымдағы қызда. Бидай өңі, доғаша иілген қастары инедей қадалып, мөлдір шықтай ілініп тұрған кірпіктері, ақ моншақтай тізілген маржан тістері, үлбіреген гүлге ұқсаған ерні, әлі түсініп білмейтін сезімге беріліп, оны жаңа көргендей қызыға қарадым.
Сәлден соң:
– Қоянбай, тақтаға шық! – деді. Құмар апайдың зілді даусы бәсеңсіп.
Қоянбайдың демде түсі бозарып, жүнін жұлған тауықтай сүмірейіп, орнынан зорға сүйретіле тұрып, тақтаның алдына барды.
– Өтірік неге айтасың?
– Апай, маған солай естілді, – деді ол міз бақпай.
– Балалар ондай жаман сөздерді оқушыларға айтуға болмайды.
Естеріңде болсын! – деп қайтып Қоянбайға ұрысқан жоқ. Бір жыл сабақ берген Құмар апайды осыдан соң қалай ұмытайын.
Биылғы оқудың мәні жоқ. Мектепте оқушылар аз, екі класты біріктіріп оқытады. Сонда да бөлменің іші сиреп қалған, бұрынғыдай толып отырмайды. Біздің сабаққа келген-келмегенімізді ешкім тексермейді. Маған жақсы, көңілім ауса мектепке барам, болмаса бала бағып, үйде қалам. Естұр жұмыс істеп жүр. Оның шешесі төсек тартып, әл үстінде жатыр. Әлібек пен Құралдың қайда екенін білмеймін, оқуға келмей жүр. Алдыңғы партада Көбен екеуміз отырамыз. Оның әкесі колхозда басқарма еді, соғысқа кетті. Ол осы мектепте көктемнен бері оқиды. Бұрын қалада оқыған, есепті шемішкеше шағады. Ауыл өміріне үйреніп келеді. Осында асық ойнауды үйренді.
Балалар әлі күнге дейін Көбенге таңырқап, үйренісе алмай жүр. Оның оң қолында қос басбармағы бар. Оны «Қос басбармақ» деп балалар атын атамайды. Бізбен бірге ойнап жүрген Әлібек те «Көбен» деп айтқан емес. Кәдімгі бас бармақтан өзгешелігі сәл жұқа, басқа айырмашылығы байқалмайды. Қимылдатса, кәдімгі қайшыға ұқсайды. Қалада көпқабатты, мінгескен үйде тұрыпты. Сүтті, нанды, дүкеннен сатып алады екен. Кішкентай кезінде балалар бақшасына барған. Қаладағы мектепте спорттың неше түрі барын содан естідім. Өзі боксқа қатысып жүргенде, ауылға көшіп кетіпті.
Бірде күні бойы жаңбыр жауып, үйден шыға алмай отырған кезімде Көбен келді. Екеуміз сіркіреп жауып тұрған жаңбырға да қарамай, сыртқа шықтық. Ол мені ауласындағы екі ағаштың арасындағы көлденең темірге алып келді.
– Турникте ойнай білесің бе?
– Турникті бірінші рет көріп тұрмын.
– Онда тұрған не бар? Көрдің ғой, енді білесің. Мен саған турникте ойнауды үйретем. Оның ешқандай қиындығы жоқ.
Сол жерде турникте шыр айналып, неше бір түрлерін көрсетті. Қалай құлап кетпейтінін білмеймін, сыртынан қарап тұрған менің жүрегім шайлығып кеткені. Мен де көрейін деп, көлденең орнатылған темірден жүрексіне ұстадым. Аяғымды салбыратып жібере салғаным сол еді, өз денемнің салмағы өзіме зілдей ауыр болып көрініп, турниктен ұстаған қолым шығып кетуге шақ қалды. Көбенмен осылай достасып кеттім.
Жазғы демалысқа шыққан күннің ертесіне Аманқос жерден шыққандай үйге кіріп келді. Үстіне киген көкала шыт көйлегінің омырауы ілгектенбеген, етегінің оң жақ қапталы шалбарынан шығып кеткен алқам-салқам жүрісі маған бірден ұнамады. Шашы таралмаған, ұйпаланып жатыр. «Шаш қойған түріңе болайын,» – деп күлкім келіп кетті. Әй-шәй жоқ, бірден:
– Қос басбармақты шақырып берші, жұмысым бар, – деді біреу артынан қуып келе жатқандай ентігіп.
– Өзің неге бармайсың? Саған да малай керек пе? Бар өзің. – Сөзіне қарай мен де қырсықтым.
– Көршің емес пе, шақыра қойсаң бір жерің кеміп кетпес. – Жаңағыдай емес, даусы бәсең. Құдай біледі, дәл қазір ойына не келіп, не кетіп тұрғанын. Қолына ұстаған кепкасын теріс қаратып киіп алды. Ол ауылдағы бұзақы балалардың атаманы. Қасындағылар бұның айтқанын мүлтіксіз орындайды. Өзінің төбелескенін көрген жоқпын. Төбелесетін жанында жүргендері, жеңіліп бара жатса ғана көмекке барады деп естігенім бар. Ол жалғыз өзі жүрмейтін, бүгінгі мына жүрісіне таңқалдым. Босқа ерегесіп бәлесіне қалармын деп, қарсы келмей орнымнан тұрдым.
Көбен менімен ілесе шығып, онымен қол беріп амандасты. Ол бірақ қолын ықылассыз созды. Менің қасымда сен кімсің деп кеуде көтеріп, көкірек көрсетіп тұрғандай.
– Бір күнге велосипедіңді маған бере тұршы. Мініп үйренейін, – деді салған жерден.
– Бере алмаймын.
– Неге?Аяйсың ба?
– Онда шаруаң болмасын. Әлде, саған бермеймін деген сөз жетпей ме?
– Олай болса, мініп жүрген жеріңде тартып алам.
– Оған күшің жете ме?
– Сен боқмұрын, абайлап сөйле, әйтпесе ана қос басбармағыңның қайда қалғанын білмей қаласың! Со кезде Көбен жолбарысша атылып, Аманқосқа бір-ақ секіріп келді де, құлақ шекеден періп жіберіп еді, анау мұрттай ұшты. Ол жалма-жан тұра салып, оның жағасына жармаса кетті. Аманқостың қолы ерніне тиіп қанап қалды. Көбеннің қимылына көз ілеспейді. Жұдырықпен бетке бір қойып, іштен бір тепті. Төбелесіп жүрген адамға ұқсамай, еркін жүр. Циркте ойнағандай, оған бәрі оп-оңай. Мен іштей таң қалдым. Аманқос алақанымен ішін басып, бүк түсе құлады.
– Менде кінә жоқ. Осыны тілеп алған өзің, – деді оған Көбен. Осы кезде селдетіп жауған жаңбырдың астында қалған Аманқосты тастап кете алмай, екеуміз тұрып қалдық. Желмен бірге үстімізден сабалап ұрған су жерде кілкіді. Аманқос былғанғанын сезді ме, сәлден соң орнынан көтеріліп, сүйретіліп жүре берді.
Класта Айманайды көргенде қуанып кеттім. Жазғы демалыста ауылда болмады. Өңі тотығып, бұрынғысынан ашылайын деген. Оны жақсы көргендей, бір түрлі іші-бауырым езіліп, өзімді өзгеше ұстайтынымды сездім. Айманайдың бір жері маған қатты әсер еткендей, тынышым кетті. Осы қылығыма өзімнен-өзім қысылып, қасымдағы балаларға білдіртпей оған ұрланып қарай бергім келді. Әйтсе де, өткендегі маған істеген жақсылығын ұмытқан жоқ едім. «Көңіліме жылы ұшырайтыны, содан шығар. Әйтпесе неге?» – деп сабама түстім-ау.
Соғыстың қашан аяқталатыны белгісіз, үш жыл өтті. Әлі ешкім басына түскен ауыртпалықтан құтыла қойған жоқ. Біріне тартса, біріне жетпейтін жоқшылық. Қара қағаз дегенің әр босағаны қағып кетсе де, барлығы түтінін түтетіп колхоздың жұмысын істеп жүр. Биылғы егіннің бітісі жақсы. Шөп те мол. Бірақ қол күші бұрынғыдай жетіспейді.
Ағамның ауыр жарақаттанып, ауруханаға түскен хатын алдық. Оны да қасында жатқан біреуге жаздыртса керек. Қолы түсініксіз. Әйтеуір аман екенін біліп, қуанып қалдық. Айтпақшы, әкемнің соғысқа кеткен ағасының әйелі мен алты жастағы баласы бізбен бірге тұрып жатыр. Ағамның жеңгесін, мен әже деймін. Ол кісі көп сөйлемейтін, аққұбаша келген әйел. Жұмыстан келген соң, тамағын ішіп, үй тірлігімен айналысып болған соң, Бердібекті құшақтап жатып қалады. Апам болса, түннің бір уағына дейін жатпайды. Тіпті жұмыс таппай қалса, отырып алып шұлық тоқиды. Ағамның аяғына шақ келетін етіп, саусағымен қарыстап өлшейді. Біреу менің әкеме апарып беретіндей-ақ. Бердібек бала болып жыламайды. Өте жуас, өзімен-өзі ойнап отырып, ұйықтай береді. Үлкен болып Қалаубекті ұруды білмейді. Түсі сары болғасын ба? Беті салтақ-салтақ, кір-қожалақ. Мұрнынан ағары бір тыйылмайды. Сүртуді білмейді. Тілімен жалап қойып жүре береді. Маған дүниедегі қиын нәрсе хат жазу. Осыған мен үйрене алмай-ақ қойдым. Қолыма қағаз бен карандаш алсам болды ақ тер, көк терге түсіп, не жазарымды білмей қиналам. Сөйтіп, жазған «хатымды алып қуанып қалдым» дегенде төбем көкке жеткендей мәз болам. Соғыстан бес күн бұрын дүниеге келген Қалаубек үшке келді. Қаралығы да, бақырайған көзі де аумаған ағамның өзі. Тек мұрын жағы ғана келіңкіремейтін сияқты. Апам біліп айтса, танауы нағашыларына ұқсаған дейді.
Соғыс басталғаннан кейін, күз айының ортасында мұғалім болмай, мектеп те жабылды. Ауылдың төрт кластық мектебінде соғыстан бұрын бір апайымыз басқа жаққа көшіп кетіп, аяғы ақсақ мұғалім Ермекбай жалғыз қалған еді. Сүйек түберкілезімен ауырып, біраз ауруханаға жатты. Одан тәуір бола алмады. Кәзір үйінде кіріп шығып жүреді.
Мен екі жыл Қалаубекті бақтым. Бердібектердің бізбен тұрғаны жақсы болды. Олар әкемнің туған жерінен көшіп келген. Әкемнің ағасы Қосымбет бұрын дүкенші болып жұмыс істеген деп апамның айтқанынан білем. Жұмысқа кеткенде екеуін бөлмеге қалдырып, сыртынан құлыптап кетеміз. Біздер жұмыстан келгенше, бірде жылап, бірде күліп, отырған жерін былғап, өздерімен-өздері отырады.
Біздің ауыл ішетін суды өзектің бойындағы қамыс арасынан шығып жатқан бұлақтан тасып ішетін. Енді үйдегі адамдардың бәрі жұмысқа шыққан соң суды арбамен әкеліп, әр үйге құйып кететін болған.
Жұмысты мен де арбамен су тасудан бастадым. Алғашқы күндері үлкендерге қолғабыс тигізгенімді қызық көріп, менің қуанышымда шек жоқ болатын. Өзіме-өзім сия алмай жүрдім. Сол күндері менен бақытты бала болмаған шығар. Бұлақтан шелекпен суды алып, арбаның үстіндегі бөшкеге құю, бойы бір тұтам маған оңайға соқпады. Одан әр үйдің есігінің алдындағы ыдысқа құясың. Жұмыстан шаршап үйге келгенде бірден есейіп кеткендей сезініп, күні бойы мені көрмей сағынып қалған Қалаубектің жабысқанына да қарамай, көңілім әуелейді. Мен онда жұмыстың ауыр-жеңілін қайдан білейін. Жігерім құм болмай, қолымнан келгенше намысқа тырысып, жұмысқа үйреніп қалғанмын.
Күндегі әдетіммен арбаның алдына малдас құрып отырып, қолымдағы тобылғы сапты ұзын қамшыммен жон арқасынан қанша ұрсам да мыңқ етпейтін, қашан да өзінің бабымен аяғын санап басып, үйреніп қалған алабас өгізімді сілтеп қойып, өзекке апаратын ирек жолға түстім. Ойдым-ойдым шоқалақ жерге арбам зіркілдеп, дөңгелектері шиқылдап, мені еріксіз елеңдетеді. Күн райы өте тамаша, ашық аспанда, аса биікте жұқалау шарбы бұлттар баяу жылжып барады. Мезгіл сәске түс. Жанға жайлы салқын самал лып етіп көтеріледі де, ізінше тына қалады. Айнала тағы да тыныштыққа бөленеді. Жанымнан шығып жатқандай, шегірткенің ащы шырылы естіледі. Жолдың оң қапталындағы жусанды бұтаның ішінен безгелдек ұшты. Мен де қоғалы сайға келдім. Одан әрі өзекке түскесін бұлақ тиіп тұр.
Қоғалы сайдан өте бергенде, шошаланың ызыңын естіген алабастың мінезі аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Құйрығын аспандата көтеріп, құлағы ербиіп, көзі шатынап кеткендегі өгіздің кейпін өзім де танымай қалдым. Шошаладан қашып, жанын қоярға жер таппай шошынғаны соншалық, кейін қарай кілт бұрылғанда, терте сарт сынып, арба аударылды. Жерге ұшып түстім. Алабас қолымнан шығып кеткен делбені шұбатып келген жағына қарай тұра қашты. Үстімнен бөшке төменге қарай домалап, қоғаға барып тірелді. Жалма-жан құлаған жерімнен тұрып жатып, сол жақ аяғымды баса бергенімде, көзімнің оты жарқ ете қалды. Даусым да бірге жарыса шығып, жаным қиналғаннан, шық түскен шөптей көздерім жасаурап кетті. Сол екен көзіме ерік беріп, ағыл-тегіл жыладым. Сонша жас қайдан шығып жатқанын білмеймін. Бұрын булығып, ішімнен жылаушы едім. Бұ жолы көзі ашылған бұлақтан өзен аққандай болды. Қай-қайдағының бәрі ойыма оралып, денем қайта ауырлап, көңілімді мұң басты. Еңсем түсіп, бордай езілдім. Балалық шақтың қызығы кеткен – өмірге деген қамығу бар, қызуы қашқан сүреңсіз күндерге налу бар, жалғыздықтан жапа шеккен ауыртпалықтың табы бар. Және әкеге деген сағыныш та бар. Міне, осының бәрі қосыла келгенде, шыдай алмай, санамда тапталып келген қорқыныш билеген сезіміммен бірге, өкінішке толы өмірімді жаспен жудым. Адамдардың сүйеніш іздеп жылайтын да кездері болатынын басыма түскен сол күні білдім. Бір ғана аяғымның ауырғаны болса, ыңырсып-ақ жатар едім. Ен даланы басыма көтеріп жыламас та едім. Ессіз далада жүре алмай, қапелімде мүсәпір хал кешкенім жаныма қатты батты. Жылағаннан да шаршайды екенсің, әбден божырап ұйықтап кетіппін. Аузы-басыма үймелеген шыбын-шіркейден бе, шошып ояндым.
– Айналайын, саған не болды? – Құмар апайдың үрке шыққан даусы естілді.
Көңілім босап, көзімнен жас ытқып шықты. Соның арасынша ұмыт болып кеткен, кешегі күндер бұлттан шыққан шұғыладай жарқ етті. Сондағы Құмар апайдың өзі болып, мөлдір қара көздері күлімдеп, мақпалдай жұмсақ қоңыр үні қоңыраудай күмбірлеп, ескен желмен бірге естілгендей болды. Маңдайымдағы кекілімді алақанымен сипаған, ішкі жан дүниемді бір сәт жылы сөзімен баурап алған, өтіп кеткен сол келеңсіз сөздің жағымсыз көрінісіне менімен бірге әлі де қиналатындай өзімді кінәлі сезінетінім рас. Бұл маған күш бергендей әсер етті. Демде ұнжырғам түскен көңілсіз күйден арылып, арқа сүйер адам табылғанына қуанып, үстімнен ауыр жүк түскендей жеңілдедім.
Болған жайды өксігімді баса алмай айтып бердім. Соңынан:
– Апай, не болды, маған? Өліп қалмаймын ба? – деп бақырып жыладым.
– Айналайын, жігіт деген қайдағы жоқ жаман сөз айтпайды. Ештеңе етпейді, жазылып кетесің. Еті ауырып қалған шығар. Елдің бәрін жылатып жатқан қу соғыс қой. Әйтпесе, сенің жұмыс істейтін кезің бе?
Құмар апай мені қаңбақ құрлы көрмей көтеріп, атқа отырғызды. Өзі атты жетектеп жаяу жүрді.
Жанымды көзіме көрсетіп, ауырғанына шыдай алмай жылағаным бекер емес екен. Тобығың шығып кеткен деп ауылдағы сынықшы Жамиға әже орнына салып бергенде, ауырғаны сап тиылып, жаным жай тапты. Түйенің шуда жүнін тұзды суға салып тартып берді. Әбден жазылып, орны біткенше балдақпен жүрдім.
Құмар апайдың жолдасы колхоздың агрономы еді. Біздерге сабақ берген жылы жаз айында, қызметі жоғарылап ауданға көшіп кеткен. Абыл соғысқа бір жылдан кейін кетті. Өздерінде бала болмаған соң, бір өзі жалғыз отыра алмай, шешесінің қолына қайтып келді. Ауырып дәрігерге көрінсе, жүйке жұқарған деп тауып, оған «таза ауада жүретін жұмыс істе» деп кеңес беріпті. Далада жүретін іздеген жұмысы табыла кеткен соң, жасы келіп зорға жүрген бригадир Елеудің орнына Құмар апай былтыр жаздан бері істеп жүр. Сәл толысқаны болмаса, өзгермеген бұрынғы қалпы. Сүйкімді қөркіне ер адамдардың бәрі қызығады. Ал әйелдердің арасында оны күндейтіндері де жетеді. Менің өзіме оның жұмысты беріле істейтіні ұнайды. Әйел болып артық ауыз сөз дегенді білмейді. Қазірге дейін апайдың сабақ бергендегі майда қоңыр үнін қатты ұнатушы едім. Сонда ғой, айналамнан шығып жатқан у-шуды да естімей, құлағымды тосып ұйып тыңдайтынмын. Бүгін де даусы бұрынғыдай емес. Жуандағандай ма, қарлығып шығатын сияқты. Маған солай.
Бригадирдің жұмысы қызық. Таң атар атпастан, әр үйдің есігін ұрып, айқайлап жүреді. Бір уақытта әрқайсысын үйлерінен қуып шығарғандай, зекіп ұрсып болған соң, астындағы атын жай ғана қамшысымен сілтеп қойып, бәрінің алдарында кетіп бара жатады. Кешкісін адамдар жұмыстан қайтқанда, түн құшағын жамылған ен даланы бір өзі иемденіп қалып қояды. Ондайда Ырысты көрсе, бір сөйлейді: «Үйінде жылап жатқан баласы жоқ. Сүйретіліп жүрген шешесі алдынан тамағын дайындап, кірін жуып қойса, қайда асығады. Дегенмен, әйел адамның алпыс екі тамыры жібімеген соң, өмірі өмір ме?» – деп мұқататын.
Шөп науқаны басталды. Ауылдың жиырма шақты үйі Көлдібай тоғайына көшіп келді. Осында келгендер жертөледен өздеріне жайлы пана жасап алды. Бөлмеден бір де айырмашылық жоқ десе де болады. Жерден екі қатар шыммен көтеріп, екі жағына сығырайтып әйнек қойды. Үстіне тал мен қамыс төсеп, шөп шаламмен жапты да, қалыңдап саз балшықпен сылап тастады. Бұл жерге бір келген соң көшу қиын. Күз айының аяғына дейін отыратынын білгесін, істеп алғандары еді. Колхоздың жаздағы жұмысы осында, шөпті бітіргесін егін орағы басталады. Осы арадан Құмсайға дейін еккен егіннің шеті көрінбейді. Күздің қара суығымен арпалысып, астықты жинап үлгергенше, күздің қалай өткенін де білмей қалады.
Осы жаққа жүрер алдында Құмар апайдың айтуымен дайындаттырып қойған құрал-сайманымызды алуға ауылдың бір шетіндегі ұстаханаға Көбен екеуміз бардық. Ұстахана қысы-жазы бірдей ылғи да толассыз, шың-шың етіп жатады. Ұзын мұржасынан сыздықтап шыққан түтіннің өзі желсіз күндері ауылдың үстін кейде қап-қара бұлттай басып тұрады. Ертемен ұрған балғаның дүңкілі үй-үйге естіліп, кішкентай ауылды ұйқысынан оятып жататын бұрыннан. Сол кезде адамдар да қыбырлап, жұмысқа шыға бастайтын.
Бүгінде Құрал ұстаханада істейді. Оны бір көруге құмар едім. Соның сәті түсті. Ұстаханада бір өзі істеген әкесі соғысқа кетіп бара жатып, осы жұмысын баласына сеніп тапсырған болатын. Көкесі айтқан соң, амал не? Іштей қиналса да, тартынған жоқ. Сонда оны естіген басқарма да мақұлдап қуанып кеткен. Оның істеген жұмысын Көбен екеуміз әлі көрген емеспіз.
«Өзі аумаған әкесі. Соғысқа бір жылдан кейін кеткенде баласын қасына алып үйреткен еңбегі еш кетпеген екен. Қолынан келмейтіні жоқ. Бәрін істейді» деген-ді ауылға аңшылығымен аты шыққан Қайсар ақсақалдан естідік. Өзі колхоздың қойын бағады. Қақпанның сынып қалған жерлерін істетіп алуға барады. Құрал оған со бойда тауын қайтармай істеп бергесін, мақтауын жеткізетін шығар. Бірде рахметін айтса, бірде құр сөйлеп кете береді» – дейді оны көргендер.
Біз барсақ, есігін шалқайтып ашып тастаған. Құралдың қолы көріктің құлағында, гуілдеп жанған от қызуы бетін жалайды. Күйелеш бетінен кішкентай қой көздері жылтырап, самайынан аққан тер мойнына құйылып, ашытып, қышытқанына қарамай қып-қызыл шоқтың ортасына түскен темірді әп-сәтте қызартып шығарады. Оның істеген жұмысын қызық көріп, қарап қалған екеумізді көргенде, екі езуі екі құлағына шығып мәз болды. Үйдің іші гүрсілдеген балғаның, ысылдаған көріктің үнінен бір сәт тыншыды. Сонан соң қызған темірді төске салып, тарсылдатып соға бастады. Қолы тіпті икемді, балға соғысы нық. Оның істеген ісін көргенде бала деп ешкім айтпайды. Шөп машиналардың саймандары бір бөлек үйіліп жатыр. Өңкей ұзынша-ұзынша шалғы тістер. Жауырынды денесі ауыр қозғалып, білегі бүлк-бүлк соғады.
– Әй, сендер нағып тұрсыңдар, төрге шықпайсыңдар ма?! – деп бізге күлгендегі аузы кең ашылып, кішкене қой көзі ұшқын атып, бар денесі селкілдеп кетті.
Үшеуміз ұстаханадан шығып, ескі үйдің көлеңкесіне отырдық. Осы кезде жел тұрып, үстімізден ұйтқып соққан шаңыт шарпып өтті. Аптап ауа тынысыңды буып бара жатқандай. Алыстан көрінген құйынның төбесі туша желбіреп, жөңкіліп барады. Әлі де бір бөлек үйіліп жатқан жұмысын көріп, Құралмен сөйлескеннен бері оның уақытын ұрлап жатқандай қуыстанып болдым. Шөпке дайындап қойған керек-жарағымызды алып, жүре бергенімізде артымыздан Құралдың:
– Маған ертең көмекші береді, – деген қуанышты даусы шықты.
Ұстаханадан алғандарымызды буып алып, арқаланып келе жатқанымызда, қолында темірі бар Естұрға қарсы ұшырастық. Кішкентай ауылдың ішінде бір-бірімізді көрмейміз дегенге кім сенеді. Ауданмен екі ортада колхоздың керек-жарағын тасып, қысы-жазы тыным көрмейді. Өзі жел қағып, жүдеген, көзі кіртиіп, бізді көргенде сәл ғана езу тартты.
– Арбаның белдігі жарылып, Құралға апара жатырмын. – Бізді күніге көріп жүргендей жүре сөйлеп кете берді.
Өзінің қөңілінің қошы жоқ па, кім білсін. Бұның да шешесінің жайы мәз емес. Соғыс басталғаннан бері төсек тартып жатып қалған. Енді үйдегі бас көтерер өзі болған соң, колхоздың жұмысынан қолы босаса, үйдің шаруасынан оның бұрылуға шамасы жоқ. Енді ол бұрынғысынан да салмақты, сабырлы болып кеткендей. Апам кейде істеген ісіме көңілі толмай қалса, ана өзіңдей Естұрды қарашы деп, жүріп тұрғанын айтып, мақтауын жеткізе сөйлейді. «Бала болып жеңілтек те емес. Сөзі салмақты. Жұмысына да тиянақты. Соның орнында болған Қонысбай бірін әкелсе, бірін әкелмей, немесе жолда түсіріп алып жүретін. Ертесіне жүрген жолынан іздеп, тапса тауып, таппаса дау-дамайға қалатын. Осы бала болғалы бір нәрсе жоқ дегенді естіген емеспіз. Жұмыстың жөн-жосығын біліп алған. Жауапты қарайды. Қыстай майшамның майы бітті. Мына көрші Ақсайда майшамға май қазірге дейін тапшы. Тіл ауызы тасқа, тіл-көзден аман болсын! Әкесі марқұмға ұқсаған, ол да жұмыс десе ішіп отырған асын тастап жүре беретін. Әйтпесе, су тасып жатқанда несі бар десейші қойшы ауылға барып. Бір-екі күн кідіріп барса да болатын еді ғой. «Өрт емес қой, тұра шабатындай» деп, жиналған жерде әйелдер айтып отырады. Со кезде мен де Естұрға еліктеп, өзімді салмақты ұстауға қанша тырыстым. Бірақ артынан ұмытып кетем де, өзімнің «таз» қалпыма қалай түскенімді білмей қалам. Үйістіп бірнеше рет қайталап көргенімнен ештеме шықпаған соң, жалығып қойып кеткенмін.
Ұстаханадан әкелгендерімізді екеуміз де біздің үйдің сарайына қойдық та, ауладан шыққан соң, қайда барарымызды білмей тұрып қалдық. Бұрын ала құйындатып ойнаған ойындарымыздың бірі де екеумізді қызықтырмады. Жүрген ортамызға қарай, пиғылымыз да оқшауланып, ойынға икемімізді жоғалтып алғандай, есейіп кеткенімізді білдік.
– Велосипед тепсек қайтеді? – деді Көбен.
– Мен де соны айтайын деп тұр едім, – деп қуанып кеттім.
Ол сөзге келместен үйіне жүгіріп кетті.
Екеуміз велосипедке кезекпен міндік. Көбен ауылдың жалғыз көшесін айналып келіп, маған берді. Мен велосипедке міне сала, Естұрдың үй жағын жағаладым. Ол Айманаймен көрші тұрады. Соңғы кезде неге екенін білмеймін, көңілім алабұртатын болып жүр. Сондайда Айманайды көрсем, көңілім орнына түскендей тынышталады. Соны неге көруге құштар болғаным өзіме жұмбақ. Мен бір қимасымды жоғалтқандай, салым суға түсіп қайтып келдім. Бұ жолы Көбен тез оралды. Велосипедті маған бере салған бойында:
– Айманай шелегін алып шықты, – деді.
Менің ойымды оқып қойғандай, ұрлығымның үстінен шыққанына бетімнен отым шығып, қатты қысылдым. Көбенге айтпақ түгілі, оңашада Айманайды ойыма алуға дәрменім жетпейтін. Ішінен бір нәрсені сезіп жүрген болды-ау деп шамаладым.
Со кезде:
– Көбен! – деп шақырған шешесінің даусы шықты.
Үйіне қарай жүгіріп бара жатқан Көбенге:
– Мен де суға барам, – деп дауыстадым. Ол басын изегендей болды. Оған мені күтпе дегенім еді.
Велосипедті заулатып келем. Айманайды анадайдан көзім шалды. Оны көргеннен-ақ жүрегім құлыншақтай асыр салды. Бір өзі қалың ойға кетсе керек. Жақындап қалған дыбысқа селк етіп, үріккен еліктей, қолындағы шелегін салдырлатып ыта жөнеле жаздап барып, мені көргенде аялдады.
– Ой, сен екенсің ғой. Қорқып кеттім. – Алақанымен кеуде тұсын басты. – Қайда барасың? – Мөлдіреген қара көздері күлім-күлім етеді.
Не дерімді білмей, дегбірім қашты. Маған сондай қиын сұрақ қойғанына іштей қиналдым. Осы қыздың несі барын? Қалай жауап қайтарарымды білмеймін. Өз-өзімді түсінбей, толқып тұрмын-ау, толқып тұрмын. Маңдайымнан шып-шып тер шықты. Осы арада бір нәрсе айту керек екенін ұқтым.
– Велосипед теуіп жүрмін.
– Кімдікі?
– Көбендікі ғой.
Адам қызыққандай өзі. Көкшіл түсі жылтырап тұр. Артқы дөңгелегін аяғымның ұшымен бір айналдырып, ыңғайлап алдым. Тәуекелге бел буып:
– Кел, отыр, – дедім.
Тауып айтқан сөзім осы болды.
– Қорқам. Мені құлатып алмайсың ба?
– Балаларды алдыма отырғызып айдап жүрмін, әлі ешкім құлаған жоқ.
– Құласам-шы?!
– Құлатпаймын, қорықпа.
– Біреу көрсе не дейді? Ұят қой.
– Велосипед тепкенде тұрған не бар?
– Үйдегілер көрсе, ұрсатын болды…
– Ештеңе де болмайды. Алдыма отыр. Мен де велосипедті теуіп үйренгенше, кемінде жүз рет құлаған шығармын. Тасқа да соғылдым, ағашқа да соқтым, сайдан да құладым. Кедір-бұдыр жерден де талай рет ұшып түстім. Алғашқыда басын дұрыс бағыттай алмай, тегіс жерде де құладым. Өзім де қол аяғымнан түк қалмай, әбден жарақаттандым. Денемнің бір жері көгерді, бір жері қанады, енді бір жерінің терісі сыпырылды. Сонда да қойған жоқпын. Содан үйреніп кеттім.
Қолындағы шелегін жолдың шетіне қойып:
– Көрейінші, – деп үркектеп айналаға қарап алды. Ауылдың іші қыз баланың велосипедке мінгенін ерсі көретінін сезетін сияқты.
Жеңі қысқа сары түстес көйлегінің жалаңаш білегінен ұстап, алдыма мінгізіп алдым. «Қайдан отыра қалдым» дегендей, өзінен-өзі қысылып, қыбыжықтай береді. Айманай бұрында колхоз бастық болған Жәнібектің қызы. Сабақ сұраған апайдың алдында мысы басылып, ұялғаны болмаса, сырт көздерге ғана иба сақтап, үркектейді екен. Басқа қыздарға қарағанда еркін, батылдау ма деп қалдым. Ол сәлден соң, көңілі жайдарыланып тіктеліп отырды. Бұл маған дем бергендей әсер етті. Өзімді көрсеткім келіп, ұшыртып айдадым.
– Неге сонша қатты айдайсың?! Мені қорқытқың келді ме? – Жарқылдай күлген даусы мың құбылды.
Қайбір тақтайдай тегіс жер. Кейде, кедір-бұдыр жерлерден ұшып-ұшып кетеміз.
– Мама! – Даусының қалай шыққанын білмей қалады. Басындағы қызыл орамалы желмен бұлғаңдап, көзімді жауып, бетімді жыбырлатады. Оған қарайтын мен жоқ. Көңілім ала құйын. Құдды, бойыма есірік біткендей. Жанығып келе жатқандаймын. Қыдығымды келтіргендей, сондай нәзік үн құлақ түбімнен естіледі. Өзім сол жұмбақ дүниенің шешуін таппай есірем. Енді бірде, көз алдым төгілген моншақтай жылт-жылт етіп, алдымдағы қыз гүлге айналып кеткендей мазасызданам.
Ол да басын бұрып, сықылықтай күледі. Тана көзі ойнап тұр-ау, ойнап тұр. Үні неткен таза, неткен ашық. Бұлақ сылдырына ұқсай ма, әлде қоңыраудың үніне келе ме, әйтеуір бір сиқыр бардай… Сүйтсем де, даусымды шығаруға қысылам. Менің даусым оның қасында, шегірткенің шырылдағанынан да тұрпайы. Бұрын нағып жек көргеніме енді өкінем. Соны әлі күнге дейін ұмытпаған-ау деймін. Мені келемеждеп келе жатқандай бір сөйлеп, бір күледі. Сондай ашық, ақ көңіл, мезгіл-мезгіл өзгеріп түрлене қалатыны табиғи жаратылысы ма екен? Әр кез әр түрлі әсер етеді маған. Тұрған жұмбақ. Нәзік үні, сыпайы жүрісі, неге екенін білмеймін, дегбірімді алып бітеді-ай. Оны көрген сайын, жанарымды ала алмай, қарай бергім келетіні несі екен?! Өзімді ұрып алатын адам жоқ. Әйтпесе, оның жаман оқығаны маған керек пе? Өзім бір келістіріп, оқып жүргендей. Алатын бағам кілең үш, арасында бір төрт жоқ. Бір қызығы басқалардай екілік алмаймын. Сүйтсем де өзімді көрмей, біреуді күстаналауға шебермін. Ақыл жоқтық қой. Енді ісіме опынып қысылып келем. Қап! Қасымда отырғанда достасып алсамшы.
Екі бетінің ұшы қызғылттанып:
– Шаршаған шығарсың, суымды алып, үйге қайтайын, – деді жіңішке даусы сызылып. Аумаған Құмар апайдың даусы! Тап кәзір соған анық көзім жетті. Мен үшін ондай апай жоқ. Оған ешкімді теңестірмес едім. Қызды неге көргім келе беретінін енді түсіндім. Түсіне алмай жүрген ішкі дүниемнің құпиясын ашқандай ішімнен қуандым.
Жол жиегіне қалдырған шелекті алып, бұлаққа келіп, кішкене отырдық. Майда толқынға қызыға қарап, құрақ сыбдырына құлақ тіктік. Бұлақ көзі қайнаған су секілді. Астынан бүлкілдеп шығып, аға береді, аға береді. Ағып барып, сайға құлайды. Су бетінде шеңбер сызып, сақина жүзді. Қияқ мұрты жыбырлады. Екеуміз де үңіліп суретімізді іздедік. Бір-бірімізді үнсіз ұғысқандаймыз. Маған әдет болып кеткен бе деймін. Қасымызда ешкім жоқ болса да Айманайға көз қиығыммен ұрлана қараймын.
Қайтарда Айманайдың өзіне велосипедті тепкіздім. Бір-екі рет жығылып, қалт-құлт еткен денесін игергендей халге жетті. Соңынан біраз жерге бұлталақтап айдағанына мәз болып қуанды. Үйістіп жүргенде, уақыттың қалай өткенін де білмей қалыппыз. Айманай сиыр саууға баратын уақыт болып қалды деп асықты. Мен ертең шөп оруға Көлдібай тоғайына баратынымды айтқанымда:
– Келгесін велосипед тебуді үйретесің бе? – дегенінде қуанып кеттім. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болатын.
Қой қырқымға кеткен Тұрақжан да бізбен бірге баратын болды. Мен оны мектепте көргенім болмаса, дұрыс білмейтін едім. Соғыс басталған жылдың күзінде жаңбыр күні-түні қоймай жауды. Сол күні біздің үйдің сары сиыры өрістен келмеді. Ауыл айналасын, өзек бойын кезіп таба алмаған соң, көрші колхозды бетке алып, екі кештің арасында жүріп кеттім. Жалаң аяғымның астында тырбиып жатқан тікенектер мен енді қурай бастаған жусан күтір-күтір сынады. Шөңгені де күтірлетіп кешіп, елер емеспін. Алты ай жазда аяқ киім кимегендіктен, табаным көн болып қатып қалған. Осы жақта Ақсай колхозы бар деп естігенім болмаса, бұрын барған емеспін. Менікі солардың малдарына қосылып кеткен шығар деген жорамал. Әйтпесе, қайда кетеді? Алдымдағы көсілген жазық даланы көріп, денем жеңілденгендей, көңілім сергіп қалды. Жоқ іздеген адамның әдетін істеп, жан-жағыма жалтақтап, көзіме іліне қалатын қарайған іздеймін. Күз болса да, мұрныма жусанның кермек исі келеді. Биылғы көктемнің жауынды болғанын білдіргендей бітік шығыпты. Жым-жырт жатқан дала тыныштығын бұза ұшар көкке шырылдай көтерілген бозторғайдың ана жерден де, мына жерден де қарасы көрініп, даусы шығады. Бұрын жүрген жерге ұқсап, көзіме жылы ұшырай қалғанда есіме түсті.
«Анау-мынау емес, күрең айғырға міндім-ау, сонда. Мені осал деп көрші». Сонда арқаннан шірене тартқан төрт адамды қаңбақ құрлы көрген жоқ. Тулап-тулап аспанға құйрығын тік шаншып жұлып шықты да, көзді ашып-жұмғанша сағымдай бұлдырап көз ұшында қылтиып барып жоқ болды. Сол күні қарасын үзіп, кешкісін үйіріне бір-ақ оралды. Соның ертесіне жиналған көпшіліктің ішінен асауды үйрететін бір адам табылсайшы. Жылқышының өзі күні-түні аттан түспей, тақымы ауырып, зықысы қашып, шаршап жүрсе керек. Ауырып тұрмын деп сылтауратты. Агроном Абыл аға мені көргенде қуанып кетті.
– Ай, сендер аттың құлағында ойнайтын баланы неге көрмей тұрсыңдар! Мына бала емес пе былтыр шабдарды бас білдірткен, – деп мені қашып кететіндей қолымнан тас қылып ұстап алды. Менің де күтіп тұрғаным сол еді. Ат десе шоқтай жайнап шыға келетін әдетім. Өзім де зорға шыдап тұр едім.
– Иә, иә. Әуелбек айналайын, асауды үйретуге қалайсың, зауқың соға ма? – деп Аман жылқышы менің кекілімнен сипады. Бір жақтан:
– Қаршадай балада нелерің бар, ұялмайсыңдар ма? – деп сөйлегендерді құлағым шалды. Басымды изегенше, Аман ағаның қимылының тездігі соншалық, ат үстіне қонжия қалғанымды бір-ақ білдім. Со кезде асаудың тамағынан қылғындыра ұстап тұрған қарулы екі жігіттің үстіне шапшығанда, оларға да жан керек екен, тұра-тұра қашып үлгерді. Ышқына кісінеген күрең айғыр тулап-тулап қарғып кетті. Менің тақымым тастай қатып, жалына жабыса қалдым. Асау мөңкісін мейлі, аспанға атылып шапшысын мейлі, маған бәрібір. Тек омақаса сүрініп құламаса екен деп, ішімнен тілеймін. Ондай жағдайда аттың үстінен ұшып түсерім айдан анық. Біраздан кейін бұрынғы көлдің орны борпылдақ сортаңға кезігіп, тұяғы кіріп, кібіртіктей бастады. Менің күткенім болғандай, қамшыны бастым. Асаудың үсті-басы терден ақ көбік болып, сайтаны бастыға бастады. Мөңкуге шамасы келмей, титықтап жөнге келді. Алдында мен бас білдірген шұбар ат мынау құсап тулаған жоқ. Ол басында бір-екі мөңкіп алды да, алды-артына қарамай зуылдады. Жел көтеріп кететіндей қорыққаным бар сонда. Қазір ойласам, асау аттың үстінде жұдырықтай болып отырғаным өзіме ертегідей көрінеді.
Алдымнан қарауытып жота көрінгендей болды. Ессіз далада көңілге соны демеу етіп жетуге асықтым. Қырқаның үстіне шыққанымда бір өшіп, бір жанып тұрғандай жарық көрінді. Қызыл іңір. Шашылған тарыдай жұлдыздар жыпырлады. Ауылдың төбет иттері алдымнан үріп шығып, шаужайлай жүріп, біраз жер ұзатып қала берді. Қораның қарсы бетінде күйіс қайтарып тұрған сиыры бар, шеткі үйдің есігінің алдына келгенімде, ауызғы бөлмедегі сығырайған жетілік шам, сырттан кірген ауаның лебімен жалт етіп өшіп қала жаздап, әупіріммен қалды. Іштен өзім қатарлы бала шықты. Мені көргенде қол берді. Сол кезде көлегейлеген қараңғылық болса да шырамытып:
– Сенбісің? – деп басқан жерімнің топырағы жасқантып, үрей кезген есіріктен арыла алмай келе жатқан осы бір сәтте, көзіме сондай ыстық тартқаннан құшақтай алдым. Аяғымды баса алмай, шаршап келе жатқанымды демде ұмытып, жат жерде таныс кездестіргеніме қуанып, бойыма қан жүгіріп, түлеп қалғандай болдым. Ол да мені енді танып, қайта құшақтады. Тұрақжанның қабырғасынан күн көрінерлік дерсің. Шашы өсіп кеткен, ұйпа-тұйпа, мойны қылқиып, қалқан құлақтың нағыз өзі екенін енді байқадым. Қараңғыда бажырайған көзі жылтырап, сәл ғана езу тартқандай нышан білдірді. Әл дәрмені кетіп, құр сүлдесі тұрғанын ішім сезгендей. Жаным ашып кетті. Менің арықтығым мынаның қасында түк емес екен.
– Адасып жүрсің бе? – деді бірден маған.
– Сиыр іздеп жүрмін. Екі күннен бері жоқ. Ауылдың айналасынан таппай, осылай қарай кеткен жоқ па екен деп шығып едім.
– Менде екі күн болды, баспақтарды ауыл жаққа қарай шығарып жүрмін. Келсе, көрер едім ғой.
– Әй, шешек шыққыр! Суға бармай, әлі жүрсің бе? Ерте күнді кеш қылмай, әкелмейсің бе тездетіп, – Іштен сөйлеген әйелдің ызғарлы даусы шықты.
Тұрақжан үндеген жоқ. Иінағашқа екі шелекті салдырлата іліп жүре берді. Мен де ердім. Былай шыға бере:
– Баспақ бағып, жаңа ғана келген бойым. Мені жаны жоқтай көре ме, көзіне көрінсем болды жұмсайды. Ағам соғысқа кеткеннен бері көрген күнім құрсын, – деп нали сөйледі.
Құдық ауылдан шеттеу екен. Ай әлі тумаған. Түн жер бауырлап жатып алғандай, қап-қараңғы. Жоғарыдан ағып түскен бір жұлдыз жалт еткен жалындай, әлде қайда қараңғыға сіңіп жоқ болды.
– Сенсең жүруге менің шамам жоқ. Күні бойы мал соңында жүру оңай ма? Бұрында далада ұйықтайтын едім. Сонда біраз тынығып қалатынмын. Қазір оны да қойдым. Өткенде бір түп жыңғылдың түбіне қисая кетсем, көзім ілініп кетіпті. Көйлегімнің ішін кеулеп бір нәрсе бүлк-бүлк етіп, жыбырлатып алып барады. Шақырайған күннің астында маужырап, ұйқылы-ояу күйімде қолымды ішіме жүгіртсем, мұп-мұздай бірдеме алақаныма тиді. Ыршып тұрдым. Түсін көргенде жылан екен деп бақырып жібердім. Со кезде көк шегіртке зып беріп, шөп арасына кіріп кетті. Мұндай жерде жылан да, қарақұрт та, бұзаубас та болады. Содан бері қорқып, далада жатпайтын болдым. Күн ұзақты мал соңында салпақтап жүріп, аяғымды зорға алып үйге келгенімде әр нәрсеге бір жұмсап, дем алдырмайды. Осыдан малды колхозға тапсырсам, ауылдағы апаммен бірге тұрам. Ол да екі баламен жалғыз отыр. Өзімен-өзі ой кешіп кетті ме, қайтып сөйлеген жоқ. Ауылдың хабарын да сұрамады. Қайтарда суды мен алып жүрдім. Иінағашпен су тасып көрмеген едім. Иығымды тессе де шыдап бақтым.
Жерге төселген тулақтың үстінде екеуміз бірге жаттық. Тұрақжанның құлағыма сыбырлап айтқан сөздерінің бірін естісем, бірін естімеймін. Ол сөйлеп жатып ұйықтап қалды. Бір кезде ұйқысырап:
– Апа! – деп айқайлап жіберді де, екі иығы селкілдеп жылады. Қояр емес. Болмаған соң:
– Саған не болды? – деп бүйірінен түртіп едім. Сап тиылды. Менің кірпігім айқасар емес. Біз жатқан бөлменің іші қап-қараңғы. Тек алақандай терезеден себезгілеген ай жарығы ғана бөлме ішін жартылай ала көлеңкеге бөлеп тұрды. Қос бүйіріме кезек-кезек аунап, таңды атқыздым. Тұрақжан таңертеңгісін баспақтарын өріске айдап, мені шығарып келе жатқанда бетін тыржитып, ішін басты.
– Не болды? Ішің ауыра ма?
Ол маған жауап қатқан жоқ. Оның үстіндегі иығы жыртық боз көйлегіне көзім түсті. Жұлым-жұлым шалбары тізеден сәл түсіп тұр. Өңі ауру адамдікіндей сынық. Сол жерде қатты аяғаным соншалық, жылағым келіп кетті. Дәл сол сәтте ол менің ойымды іштен сезіп қойғандай, даусы ширақ шығып:
– Мен саған сырымды айтсам, күлмейсің бе? – деді.
– Неге күлем, мен онда қуанар едім. Ішіндегі сырын кез келгенге айтпайды ғой. Сенген адамына ғана айтады. Білгің келсе, сенің ауыр жағдайыңды көріп, таң қалдым. Қалай шыдап жүрсің?
Ол ойланып үнсіз қалды. Сәлден соң барып:
– Ауылды сағынып жүрмін. Адамдары түсімнен шықпайды. Ағып жатқан өзен суын да, көлдің бетіндегі жыпырлаған құстарды да, желмен бірге тербелген қамыстарды да, қысы-жазы бір бітпейтін шилердің шуылын да, қыста боран басып қалатын бәкене тоқал үйлерге шейін, бәрін, бәрін, сағындым. Айта берсем көп қой, қайсы бірін айтам. Кейде солар көмейіме жыр болып тығылады. Ол кезде өзімді-өзім ұмытам. Қиялға мініп, бұлттармен бірге қалықтаймын. Соның арасынша өңім бе, түсім бе екенін білмей қиналам. Түсіме әкем кіреді де жүреді. Ол кісі атпен кетіп бара жатады. Маған қарамайды. Мен соңынан қалмай, жалғыз аяқ жолмен ерем де отырам. Білмеймін неліктен екенін. Күндіз ойыма түскенде қорқамын. Күздегі шөптей өңі қуарып, демі дірілдеп шықты. Мұрнын тартып қойды. Күздің қара суық желі денесіне инедей қадалып, тоңып келе жатқанын енді аңғардым.
Ол мені шығарып салып, тұрған орнынан қозғалмай біраз тұрды. Тұрақжан айтқан уәдесін орындады. Артынан бір ай өтер-өтпестен колхоздың баспағын тапсырып, апасының қолына келді. Ауылға келісімен әйелдермен шөп тасыды.
Қазір бәрімізден озған Әлібек. Шешесі оны мектептен қол үздіргісі келмей, аудан орталығында тұратын қайнысының қолына жіберді. Қысқы демалыста ауылға келіп, көрініп кетеді. Жазғы демалыста әлі келген емес.
Көлдібай тоғайына келгенімізге бір жетідей болды. Айналасында ой-шұқыры жетерлік, өзекті сайлы жер. Көк майса шөбі белуардан келеді. Ат-машинамен құйқалы шабындықтың мол шөбін шабады. Машина жүре алмайтын жерлердің шөбін қол орақпен орғызады.
Бірінші күні бригадир апай он үш баланы қаз-қатар тұрғызып қойды да:
– Машина бара алмайтын жерлердің шөбін қол орақпен орасыңдар. Әр жұмыстың өз қиындығы болады. Байқаусызда қолдарыңды кесіп алып жүрмеңдер. Араларыңнан бастық сайланбайды. Себебі, сендер үлкенсіңдер, өздеріңе-өздерің қожасыңдар. Жұмыс басында жағаласып ойнауға болмайды. Оны білгендерің дұрыс, – деп ескертті. Сонан соң, соғыстан бір аяқпен оралған Оспан ағаның лыпылдата қайралған орағынан бір-бірлеп қолымызға ұстатты.
Шөп орып жүрген машинаның оң қапталындағы ойлы-қырлы жердің бас жағынан жағалай тұрғызып:
– Осыдан сонау қырға шейін орасыңдар, – деп сағым ойнаған көкжиек жақты қолымен көрсетті.
– Қане, балалар, іске сәт!
Командирдің бұйрығын орындаған солдаттардан еш айырмашылығымыз болмай, қап-қара бұлттай, қаптаған шегірткедей, шөпке жапырлап қойып кеттік. Сөйлеуге де шамамыз келмей, демалысымыздың өзі қиындап кеткенде, ине қадалғандай беліміз удай ашып, жаза алмай қалдық. Бәрімізді артқа қалдырып, озып кеткен Тұрақжан болды. Оның соңынан Көбен де қалысатын емес. Басқаларымыз бір-бірімізден озып кете алмай келеміз. Алдымыздан кесе көлденең жыралы сайға жеткенде:
– Ура, мен болдым! – Тұрақжан орағын жерге шаныша салып, орған жердің шөбін айырмен жинап үйе бастады.
– Ой, мақтаншақ! – Оның озып кеткенін көре алмай, кім қоштар екен дегендей жалтақтап, басымызды көтеруге мұршамыз келмей, шөп орып жатқан біздерге қарады. Өзімен бірге оқитын Жұрын деген қалқан құлақ:
– Мақтанған ба? Қалып қойғаныңа арланудың орнына, қайдағыны айтатының не? Басқаларда жұмысым жоқ. Қалқан құлақ саған айтам. Жұрын үн-түнсіз қалды. Аз ғана күнде жұмыс біздерді кәнігі орақшылардай ысылдырып тастапты. Алғашқы күнгідей беліміздің удай ашып ауырғаны да байқалмайды. Құмар апай келген сайын, біздерді мақтап кетеді. Біздер оған әбден үйреніп алғанымыз сонша, мақтауын күтіп, келгенін асыға күтетін болдық.
Өзімізше қалыптасқан тәртібіміз бар. Орылған шөпті шөмелейміз. Арамызда қалып қойғандарды тастап кетпей, оған көмектесіп, жаңа жердің шөбін оруға бәріміз бірге барамыз. Бізге күннің ыстығы да әсер етіп жатқан жоқ. Қаулап өскен шөптің көлеңкесіне бір сәт демалып алсақ, шаршағанымыздың қайда кеткенін білмей, тынығып қаламыз. Жұмысқа қайта құлшына кірісеміз.
Таңертеңгісін шығыстан шыққан желмен бірге, ақ ұлпа бұлттардың бетін кір басқандай, қара қошқылданды да, демде түнеріп шыға келді. Бір сәтте жел көтеріліп, шаңмен бірге шөп қиқымы ауада ұшты. Со мезетте жаңбыр сіркіреді. Құтырынған жел де саябырси бастады. Көгілдір аспанды торлап алған бұлт сылбырап жауды.
Бригадирді де аттың митың жүрісі шаршатса керек, үстері малмандай су болған шөпшілерді жаңбырдың артын күттірмей үйлеріне қайтарды. Бұл осында келгеннен бері шөпшілердің алғаш рет дем алғандары еді. Біз де бір-бірімізбен жарысып сайдың ішіндегі жырадан өте бергенде, Көбеннің аяғы шырмауыққа оратылып, етпетінен құлап, бетін шөпке жырғызып алды. Бір жақсысы еш жері ауырған жоқ. Алды-артына қарамай, бірден озып кеткен Тұрақжан алдымыздан көрінбейді. Жүгірген бойымда жертөлеге жеттім.
Жаңбыр жауып тұр. Ауа тып-тынық. Шөп басы шық көзіндей жылтылдайды. Табиғат маужырап тұр. Ентігімді баса алмай, су болған көйлегім денеме жабысқан күйімде осынау жұмбақ сырдың құпиясына үңіліп, үйге кіре алмай, төңірегіме қызыға қарап тұрып қалдым.
Көзіме шыпта есіктің сәл ашылып қалған саңылауы түсті. Сыртынан тіреп, жіппен тағы байлағанбыз. Бұлай болуы мүмкін емес-ті. Іштен жөтелген дыбыс шықты. Со кезде күдік ойды артқа тастап, үйге кірдім. Мұрнынан сап-сары қою маңқасы ағып жүретін Бердібек белінен байлаулы күйінде ұйықтап жатыр. Мен кіргенде оянды. Қалаубектің беліне байлаған жібі орнында жатыр. Өзі жоқ. Шашыранды ойымды жиып үлгергенше болмай жүрегім су еткендей тұрып қалдым. Со кезде:
– Қалаубек менің айранымды ішіп қойды, – деген Бердібектің сөзі маған демеу болды.
– Қалаубек далаға шығып кетті ме?
– Иә.
– Неге айтпадың, далаға шықпа, ұрсады деп…
– Онда жылайды ғой, – деді мұрнынан аққан суын тілімен жалап.
Үстімдегі көйлегімді ауыстыруға да мұршам болмай далаға шығып, қалай жүрерімді білмей сәл кідірдім де, жертөленің айналасын қарап шықтым. Ой-шұқырды, бұта біткенге көз жүгіртіп, үйреншікті келген жолым мен шөп орып жатқан жаққа қарай жүгірдім. Алдымнан апам мен әжем қарсы ұшырасты.
– Апа! Үйде Қалаубек жоқ. Бердібек өзі шығып кетті дейді, – деп айтуға ғана шамам келді. Жүгірген күйімде, қастарынан тоқтамай өте бердім. Алдымнан шыға келетіндей, бір үміт жетелеп бара жатқандай мені. Қайда бара жатқанымды өзім де білмеймін.
– Ойбай, не дейді!? – Апам естіген бойда, тізесі бүгіліп отыра кетті.
– Жүрегі ұшып кетпей, тірі болса болар еді, – деген апамның мұңды даусын естігенде, бойым тітіркенгендей үрей биледі.
Алдымнан бұлдырап жалғыз ағаш көрінді. Жаңбыр бұрынғысынан да үдей түскен сияқты. Басымнан сорғалаған су көзіме құйылып аштырмайды, алақаныммен сүртіп қоям. Жоқ іздеген адамның аяқ астына қарамай, алыстағы қарайғандардан үміт күтіп, көз алмай қалатын әдетімен ошақтай етіп қазып тастаған іннің аузына жақын отырған Қалаубекті басып кете жаздадым.
Қалаубектің отырған жеріне су жиналған. Бір қолына қара қоңыз, екінші қолымен суды шалпылдатып қойып, екі көзі көлкіген судың бетіне түскен жаңбырдың тамшысында. Иесіз далада күнде ойнап үйренген баладай, жайбарақат отыр. Мені көргенде тұра ұмтылып жылайды ғой деп ойлап едім. Оным бекер екен. Маған көңіл де бөлмей қойды. Енді еңкейіп Қалаубекті көтере бергенімде, шөптің арасынан тік шаншылып тұрған қара шұбар жыланды көзім шалып қалды. Зәре құтым қалмай, інімді көтеріп тұра жүгірдім. Екі аяғым екі жақта, талтаңдап, қалай жүгіріп келе жатқанымды білмеймін. Бұрында үйдегі қораның жанында жыланның іні болғаны есіме келгенде барып, бойымды билеген үрейден арыла бастадым.
… Онда әлі мектепке бармаған кішкентай кезім. Біздің үйдің жанындағы қыста сиыр тұратын қораның оң жағында білінер-білінбес тесіктен қара шұбар жылан кіріп, шығып жүретінін көретінмін. Ит те оған тимейді. Иттің табағына, кейде сүт құйып қоятын. Содан жыланның сүтті ішкенін талай көрдім. Үйге келіп, кейде менімен ойнап кететін Есіркеп деген баланың қалтасындағы рогаткасы отырған жерінде түсіп қалғанын көрген бойымда алып, далаға шықтым. Жаңбыр жауып өткен ағаштардың жапырақтары күн сәулесімен жылт-жылт етеді. Торғайлар да өздерімен өздері сыр шерткендей шиқылдайды. Қай жерден шыққанын көре алмай, айналама қарап тұр едім. Ініне қарай жылжып бара жатқан жыланды көргенде, жерде жатқан кішкене кесектің түйіршігімен көздеп атқанымда басына тиді. Басын игере алмай, шайқалақтап, зорға жылжып кете берді. Дәл тигізгеніме қуанып кеткенім соншалық, үйге кіріп, тамақ ішкен ыдыстарды жуып жатқан апамнан сүйінші сұрағандай:
– Апа! Рогаткамен жыланды көздеп атып едім. Басына тиді, – дедім мергендігіме мақтанып.
– Не дедің? Жыланды аттым дедің бе? Онда нең бар?! Оған ит те тиіспейді. – Әлденеден шошынғандай апам маған ұрсып берді.
Арада біраз күн өткенде, әлі сауыға алмай, зорға жылжып бара жатқан жыланды көріп, басына ағарған құйып едім. «Кешегідей емес, сауығып қалыпты,» – деп таңертеңгісін шай ішіп отырғанда апам көргенін айтты. Содан кейін жылан көрінбей кеткен.
Қалаубекті көтерген күйімде жертөлеге кірдім. Апам баланы қолымнан алып, бетінен сүйіп, жылап жүр. Әжем де бетіне жармасып сүйіп жатыр.
– Қалаубек, кел ойнаймыз, – деп Бердібек те қуанып кетті. Апамның алдына шығып, інісінің аяғын тартқылап жүр. Бір сәт қуанышымызда шек болмай, мәре-сәре болдық та қалдық. Мен ішімнен апамның Қалаубекті айналып-толғанғанына қайранмын. Әншейінде, балам деп еміренгенде басынан сипайтын да қоятын. Маған ұрысқанда, төбемді ойып жібере жаздайтын. Сүйтсем, баласына деген бауырмалдығын ішіне сақтап, сыртына шығармайды екен ғой.
Құмар апайға біздің істеген жұмысымыз ұнап қалғаны соншалық: «Балалардың істегені көрінбейді, осы қарқындарыңнан айрылмаңдар!» – деп мақтап кетеді. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген рас екен. О, баста қаулаған шөпті таусылмастай көргенмін. Енді қарасам, артымыз тақырланып, шөмелелер жыпырлап, қыруар жұмыс істегенге ұқсаймыз. Ертеңнен бастап, үлкендермен бірге істейміз. Бүгінгі қарқынымыз күндегіден өзгеше, әдет бойынша Тұрақжан алда, одан сәл артта Көбен, басқаларымыз бір-бірімізден бірде озып, бірде қалып, жұптарымызды ажырата алмай қойдық.
Төбемізден күннің көзі қуырып барады. Сонда да өлген-тірілгенімізге қарайтын емеспіз. Бір қолымызбен уыстап алған шөпті, екінші қолымызбен орақты өзімізге қарай сілтейміз. Шегіртке шырылдап мазамызды алса, сайраған құстардың даусы көңіл-күйімізді көтеріп тастайды. Арамыздан күтпеген оқыс дауыс шығып:
– Әй, балалар! Бастарымызға су салайық. Шыжып кетті ғой, мына күн, – дегенде, орақты жерге қадай салып, басымды көтерсем, қалқан құлақ Жұрын биік шөмеленің көлеңкесіне қарай жүгіріп барады. Бәріміз шөмеленің көлеңкесіне үшке бөлініп, тізе түйістіріп отыра қалыстық. Сайдан шыға келген Оразды көргенде:
– Мынау қайдан жүр, әй! – Бәріміз бірдей шулап қоя бердік.
Ол бізбен сығырая күліп, қол алысып шықты.
– Иә, сөйле. Қайдан жүрсің? – деді бұрын тіл қатқан Тұрақжан.
– Үйге бара жатырмын. – Өзі кейін шегіншектеп, аяғын алшақ басып, бүйірін таянып тұрды. Жігіт болған түрі. Бұйра шашын желкесіне түсіргені болмаса, бұрынғыдай. Күнде көп жүрсе керек, қап-қара болып, түтігіп кеткен. Шалбарының балағын тізесіне дейін түріп алған. Кеудесі жалаңаш, күнге күйген жерлерінің терісі түскен. Жанарын сығырайтып отырған біздерге бір-бірлеп қарап шықты да, маған қайта бұрылып:
– Мында келші, – деп өзі шетке шығып тұрды. Балалар оның қайда жүргенін білгісі келіп, бірінен-бірі қалмай жаудырған сұрақтарының біреуіне де жауап берген жоқ. Қасына барғанымда бұрын мені оңаша жерде ұстап алып, қызға хат апарып бер деп қолқа салғаны бар еді. Сол қыздың қазір қайда екенін сұрады. Ауылдағы қыздардың бәрі сауыншы болғанын естіген бойда тіл қатпастан, үн-түнсіз бұрылып жүре берді.
Кешкісін дастарқан басында бір уыс қуырған бидайды, шым-шымдап аузыма салып, қытырлатып, шай ішіп отырғанымда жұмыс басына Ораздың келгенін айттым. Апам естіген бойында таңырқап қалды.
– Қайда жүр екен? – деді бірден.
– Білмеймін. Балалар сұрағанда жауап берген жоқ.
– Үйіне барып па?
– Енді бара жатыр екен.
– Сонда қайда жүргенін айтқан жоқ па? ФЗО-ға оқытуға тілек білдірушілердің балаларын алып кетуге келген адамға, Гүлмайраның өзі Оразды жетектеп апарып: «Әкесі соғысқа кетті. Енді бұл маған бағынбайды. Үкіметтің қарауында жүрсе барсын, – деп қолына ұстатқан. – Артынан бір ай өтпей, әлгі адам Оразды іздеп келді. Өзі бірінші кластан кейін мектепке бармай қойған. «Кейде үшті-күйлі жоқ болып кетеді» – деп әкесі мен шешесінің айтқаны есімде менің. Оның қанына сіңген болып тұр. Әйтпесе, аты-жөні жоқ, қаңғып жүре бере ме?
– Апа, қанына сіңген деген не сөз? – Апам менің сөзімді естімеген болып, Ораз жайында естігенін әжеме айта бастады. Әңгіме тыңдап отырғанымды пайдаланған Қалаубек алдымдағы қуырған бидайымды жеп алды да, иығыма бір мініп, бір шығып еркелей бастады. Бердібек оған бірдемені айтып:
– Білдің бе? – деп қояды. Әжемде үн жоқ. Апамның айтқанын беріле тыңдап отырған сыңай танытады.
… Олар бұрын аудан орталығында тұрған. Гүлмайраның күйеуі онда инженер болып МТС-та істепті. Бірде үйінде жағатын отыны қалмаған соң, қапшығын алып, ауыл сыртына тезек теруге шығады. Өзінің босанатын уақыты жақындап, бүгін-ертең деп жүрген кезі екен. Айтысына қарағанда, жаз екен. Жағатын құрғақ тезек таппай, ауылдан ұзағанында байқамай, шаршаса да жүре берген. Терген жарты қапшық тезегін көтеріп, ауылға қайтуға енді бет бұра бергенде, іші бүріп ауырып, жүруге шамасы келмей, жерге қисаяды. Қақ төбеден шақырайған күннің көзі тесіп шыдатқызбаса да, орнынан қозғала алмай жата береді. Тұрайын десе әл жоқ. Тамағы құрғап, ерні кезеріп, бір жағынан шөл қысады. Ерегескендей, аңызақ жел тұрып, шаң көтеріледі. Жапан дүзде қара көрінбейді. Жан қысылғаннан әбден терлепті. Жүрегі қысылып, көзі қарауыта бастайды. Әншейінде адам көрсе, алыстан-ақ ініне қарай жүгіретін саршұнақ, тышқан да, екі аяғымен тұра қалып, «бұ не» дегендей, жанынан жалтаң-жұлтаң қарап қояды. Өзін басынғандай, қиналып жатса да, ішінен күйінеді. Біраздан кейін ауырған жері басылып, есін жияды. Үйге тездетіп жетейін деп оқыстан тұра бергенде, қайта құлайды. Есін жиғанда, бұрын көрмеген қарт әжені көреді. Қайтадан толғақ келгенде, тағы да ес-түссіз қалады. Содан інгәлап жылаған нәрестенің даусын естиді. Сол жатқаннан үш күн қозғалмай жатады. Сөйлеуге бірақ дәрмені жоқ. Қайда жатқанын да білмейді. Ат арбасымен кетіп бара жатқан сығандар үстінен шығып, хал үстіндегі әйелді аман-есен босандырып алғанын соңынан біледі. Ұл туады. Гүлмайрамен қатар босанған сыған әйел үш күн баланы емізіп асырайды. Оныкі қыз екен. Баланы қызбен алмастырғысы келген сығанға бұл көнбепті.
Гүлмайраны ауыл болып сабылып үш күн іздегенде, күйеуі сығандардың үстінен шығып тапқан. Орыстар туған баласын жақсы қасиеті кетіп қалады деп сыған баласының қасына жатқызбайды дейтін, сол рас-ау осы. Қаңғып жүре беретініне қарағанда, сүтпен барса да сығанның қаны қалған болып тұр, – деп апам мен естімеген тың әңгіме айтып, ойламаған жерде бір таң қалдырып тастады.
Күн қызылы семіп, қараңғылық қоюлана түсті. Шашылған тарыдай жұлдыздар жыпырлады. Апамның быламығын жеп, сыртқа шыға бергенімде, есік алдында Құмар апаймен қарсы ұшырасып қалдым. Кейін шегіншектеп жол беріп едім, кекілімнен сипаған болып, жымиып өте берді. Біздің жертөлеге бригадирдің бірінші рет келуі. Мені таң қалдырғаны мезгілсіз уақыт еді. Бердібек пен Қалаубектің басынан бір-бір сипап, әжеммен сөйлесті. Артынан:
– Жеңеше, Қалаубекті Ырысты әжеге бақтырсақ қайтеді. Мына түрімізбен баладан айрылып қалып жүрерміз. Сақтанбасақ болмас. Кеше түнімен ұйықтай алмай шықтым. Басқа колымыздан не келеді? Со кісімен екеуміз барып сөйлесіп көрейікші, не айтар екен?
– Қызы кеше көзі көрмейді. Кіріп-шығудан қалды. Тоқсан үшке келді, не сөйлегенін білмейді. Алжып бара жатыр деген. Келген шаруам сол еді.
– Мейлі онда, айтып көріңіз. Не дер екен? – деді апам.
Ырысты әжені балалар «үлкен» әже деп айтады. Өткен бір жылдары, біздерді қасына отырғызып қойып, қасқырды қалай өлтіргенін әңгімелеп бергені бар-ды. Өзінде бір қыздан басқа бала болмаған. Содан ба, үйінің жанында ойнап жүрген балаларды көрсе шақырып алып, жайып қойған құрт пен ірімшігін үлестіретін. Ол кісі, «менде сендер құсаған кішкентай болғанмын. Өсе келе, балапан құсаған сендердің шешелеріңдей емес, түр-тұлғам еңгезердей еркек пішінді, даусым гүжілдеген жуан, ауылдағы әйелдердің күштісі болдым. Қазір шүйкедей кемпір болсам да, кезінде той мерекелерде балуан деген еркектеріңнің өзімен белдесіп, күреске түсіп бәйге алғанымды айтсам: «Мына кемпір алжып, не сөйлегенін білмейді» – деп былай шыққан соң, мазақтайтын шығарсыңдар. Қалай десеңдер де, өз еріктерің. Бірақ қасқырды көрмесеңдер де, естіп жүрсіңдер. Сол қасқырды жас күнімде қалай өлтіргенімді айтып берейін сендерге, – деп әжім торлаған кішкене көзін сығырайтып, ұмыт боп кеткен күндерін сәл есіне түсіргендей үнсіз қалып, бастағаны әлі күнге дейін есімде жүр. Біздер сонда, бұрын-соңды естіп көрмеген ертегі тыңдайтындай ұйып қалдық. Ол кезде «Үлкен» әженің жуан даусы қырылдап шығатындай қорқынышты еді.
… Осы Қопа өзенінің жоғарғы жақ саласы – Бөктерліде күйеуім Қосжан жылқы бақты. Үш үйлі жан тұрдық. Онда қызым Күміс сегізде болатын. Үйге жалғыз қалдырып, жылқы соңында, күн-түн демей сабылып жүре беретінбіз. Жастықтан ғой, ешнәрсе ойымызға кіріп шықпайды. Жалғыз өзі қорқып қалар-ау, бір нәрсеге ұшырап жүрмесе болар еді деген уайым болмайтын. Күміс қараңғы түскенде көрші үйге барып қонады.
Бөктерлінің жері шұрайлы. Әсіресе қыста жылқы малына қорегі мол. Мұнда өлең шөп пен құрақ өседі. Шөп атаулының дені – бетеге. Жылда Бөктерлінің қыратында қыстаймыз. Баспанамыз – жартылай жер, жартылай шым.
Бұл жерге жылқышылардың қоныс тебуі де тегін емес-ті, теріскей беті ну қамыс – ойдым-ойдым кең алқап. Ну қамыстың ішінде үп еткен леп жоқ. Ұшар басы көк терекпен таласқан, қамыстың биіктігі сондай, іргесінде тұрып, басына қарасаң, төбеңдегі бөркің жерге топ ете түскенін бір-ақ білесің.
Нудың бір жақсысы қыстың боранында ық. Жылқының тұрған жері жайлы. Жапалақтап жауған қар қалың жылқының тұяғына тапталып, лезде қара жерге айналады.
Бұл жердің бір жайсыздығы – бөрінің көптігі, түнді былай қойғанда, шет шыққан құлын-тайларды күндіздің өзінде жарып кетеді.
Бірде түнгі күзетте бір өзім қалғанмын. Жапалақтаған қармен бірге жел ұшқыны ұйқы-тұйқы. Аспан мен жер арасы аласапыран. Бір жақсысы, шымшып алатын аяз жоқ. Ұйтқып соққан желден де, қардың жұмсақ лебі басым сияқты. Үйездеп жатқан қалың жылқыны бір айналып шыққанша, біршама уақыт өтті. Айнала жым-жырт. Зу-зу еткен ну қамыстың талып жеткен дыбысына құлақ әбден үйренген. Жылқылар да тыныш. Астымдағы атты шылбырын шұбатып бос жіберіп, үстімдегі шапанды желбегей жамылып, түзге отырдым. Сол сәтте ырылдаған дауысты құлағым шалғаны. Артыма жалт қарасам, екі көзі оттай жанған қасқыр ұзын құйрығын бұтына қысып алған. Тістерін сақ-сақ еткізіп үстіме төніп келеді. Кезінде қасқырдың не бір көкжалдарын жылқыға шапқанда сойылмен талай ұрғанбыз. Содан етім үйреніп кеткеннен болар, пәлендей саса қойған жоқпын. Жыртқыштың ішінде қасқырдай естісі жоқ. Көрмейсің бе? Оңтайлы сәтті күтіп аңдығанын. Тырп еткізбей, үстімнен бас салмақшы ғой, шамасы. Аман қалудың бір-ақ жолы бары сол сәтте есіме түсе кетті. Бұл да болса, Алланың маған тигізген көмегі шығар. Әйтпесе, бұрын естіп көрмеген мұндай ой қайдан келе қалады. Жалма-жан қолымды шапанымның жеңіне сұғып, үстіме төніп қалған қасқырдың арандай ашқан аузына жұдырықты тығып жібердім. Екпінімен құлап қала жаздап, орнымнан тұрып үлгердім. Сүйегімнің ірілігінің пайдасын сонда көрдім. Әрі де, бері де кетпей аузында кептеліп қалғанда қасқыр қозғала алмай қалды. Со мезетте есімді жиюға шамам жетті. Маған ту сыртымнан күш қосылғандай жігер пайда болды… Екінші қолыммен тамағынан ұстай берем дегенше, аяғының тиген жері қолымның терісін сыдырып кетті. Бар күшімді салып, қайтадан аузындағы қолымды итергенімде көмекейіне барып тірелді. Сәті түскенін ішім сезді. Со кезде жағы қарысып, дем ала алмай әлі кете бастады. Алдыңғы екі аяғы иығымның үстіне түсіп, артқы екі аяғы жер тіреген қалпы тіп-тік боп асылып тұрды да, сұлқ құлады. Өзім де шаршап қалған екенмін, демімді алып, рахаттана тыңдағаным әлі күнге дейін есімде.
Екеуінің арттарынан мен де ілесе шықтым.
– Не бар саған? – деп апам мені көргенде ұрсып берді.
– Үлкен әжені көптен көрмеген шығар. Ол кісі балажан еді ғой. Жүре берсін, – деген бригадирдің сөзінен кейін, қайтып апам үндеген жоқ.
Біз жертөлеге кіргенде, әже бұрыштағы тулақтың үстінде қисайып жатыр екен. Келгенімізді білген жоқ. Күміс апа шай қамына кірісіп, от жаға бастады. Оны байқап қалған бригадир:
– Бізге бола әлек болма, әжеге келдік. Ұйықтап жатыр ма?
– Жоқ. Шамалыны құлағы естімейді. Қасына барып, құлағының түбінен даусыңды қаттырақ шығарсаң ғана, онда да шала-шарпы естиді.
Құмар апай шеттегі орнынан көтеріліп барып, әженің қасына тақалып отырды.
– Әже, сәлеметсіз бе? Денсаулығыңыз қалай, жақсысыз ба?
– Күміс! Үйге біреу келді ме?
– Әжеге келген шаруамызды өзің айтшы – деді апам қолына шайнегін ұстап тұрған Күміске.
– Сол дұрыс шығар. Жеңгейдің баласы кеше байлап қойған жерінен босанып, жертөледен шығып, далаға кетіп қалғанын әжеге түсіндіріп айтшы. Күндіз Қалаубекті қасына әкелсек, бас-көз бола алар ма екен? – деді бригадирдің қоңыр үні, жертөленің ішін жан бітіргендей сыңғырлап.
– Бригадир қызың саған келіп отыр, – деді Күміс әжесіне, құлағының түбінен бар даусын шығарып.
– Не дедің?
– Балаға қарай ала ма екен? – деп Күміс бар даусымен айқайлап, зорға дегенде түсіндірді.
– Жағдайымды сұрай келген екен десем, бала бақ дей ме?! О, тоба! Өлер шағымда бұны да естідім. Шырағым-ау, менде бала бағатын шама бар ма?! Көз көрмейді, құлақ естімейді, ол аз болса жүруден де қалдым. Бұрын таяқпен кіріп шығатын едім, енді жүрудің орнына еңбектейтін болдым. Далаға еңбектеп шығып келем. Жазатайым, бір нәрсеге ұшырап, жазым бола қалса, құдай алдында күнәкәр мен болмаймын ба?! Мені бүйтіп қор қылғанша, тездетіп алса екен. Екі иығы селкілдеп, жас балаша жылап қоя берді.
Бұны күтпеген бригадир орнынан қалай ұшып тұрғанын байқамай да қалды. Апам екеуі үн-түнсіз шығып кетті. Ашық есіктен бәрі көрініп тұрды. Ішке кірмегенім мұндай жақсы болар ма?! Оның үстіне аядай жерде бас сұғатын орын да жоқ еді.
Құмар апай жертөледен шыққан соң ойына әлдене түскендей ұнжырғасы түсіп, бір ауыз тіл қатпастан бұрылып кетті. Апам ауыр күрсінді. Үйге жақындай бергенде барып:
– Қартайған адамның күні күн емес екен ғой, – деді таусыла.
Мен де үлкен әженің қолы қалтырап, шынашақтай боп, бүк түсіп отырғанын көргенімде жан-дүнием түршігіп, бойымды аяныш сезім билеген.
Үлкен адамдармен жұмыс істеген көңілді. Бір өзің бұйығып, қалың ойға батып кету жоқ. Өзіңді сергек ұстайсың. Көпшіліктің іші әжуа-күлкіден арылмайды. Қайнаған жұмыстың ортасында жүріп, әркімге бір қарағанның өзі ғанибет екен. Шаршағаныңды білмейсің. Біз үлкендермен бірге істеген күні тағы да бір шөп машинасы қосылды. Бригадир Көбенге отыр деген. Ол аттан өлердей қорқатын, зәре құты қашып көнбей қойды. Тұрақжан оны аяп кетті ме, әлде өзіне ыңғайлы көрді ме, сұранып атқа отырды. Көбен екеуміз сүйретпедегі өгізді «ыңқ» еткізіп, қолдағы айырдың бас жағымен бір салып қаламыз. Қол күші қойсын ба, әп-сәтте, үйген шөптің еңсесі көтеріліп, пішенге айналды. Басқа балалардың барлығы да шөпті шөмелелеп, машинаның артынан жүріп отырды. Үлкендер болса, сүйреткімен шөп тасып, маялады. Бәрінен де әйелдер мәз болды.
– Баланың істегені білінбейді. – Омар аға көлеңкеге бір қырынан қисая бере бізге бір сөйлеп қояды. Қайрақтан қолы босаса, қалтасынан төрт бұрыштап ұқыппен бүктетілген газеттің шетінен жыртып ап, темекі орай бастайды. Бір кезде сағым ойнаған көкжиектен түсіп келе жатқан екі аттылы кісіні көріп:
– Осы келген уәкіл болмасын, – деді. Оның сөзін естіп жатқан ешкім жоқ. Сөйлесе де қолымен тырбиған шөпті жұлып, темекінің күлін салатын жер шұқырлап даярлауды да ұмытпайды.
– Байқаусызда ұшқын құшса кетті ғой мына дүние… – дейді. Сонан соң темекісін тұтатып, асықпай сорып, жаңағы аттылыға көз тікті.
– Әй, мынаның біреуі Сүйкенбаев емес пе?
Бригадир де оларға көз алмай қарап тұр екен.
– Соған ұқсайды, – деді жәй ғана.
– Бұл қалай соғысқа бармаған?
– Сол екен. Оқыраш көз басқарма еріп келе жатса, тегін емес. Біздің колхозға бекіткен уәкіл болмасын. Бұрын бұл шегірткенің бастығы болған жоқ па? Үш-төрт әйелді алдына салып, ін біткеннің аузына дәрі шаштырып жүретін осы. Екі бүйірін таянып, бас киімін көзіне түсіріп, шырт түкіріп, талтайып ертеңнен қара кешке дейін тұрады екен. Сонда біреуінің шыдамы жетпей кетсе керек, шегірткенің айғыры құсамай, жолымнан кетші былай, – депті. Құдай-ау, соны айтқан кім еді, есіме түспей тұрғанын, – деді Оспан аға қиналғандай күрсініп.
– Айтқандай-ақ, сол екеуі екен, – деп Омар ағаның даусы қайта шықты.
Олар келген бойында, бригадирге шөпшілердің бәрін тегіс жинап, (ішінде біздер де бармыз) жиналыс өткізді.
Уәкіл басына аппақ күн қағарын бір шекесіне қисайта киіп, ұртындағы насыбайын шырт-шырт түкіріп қойып, жіңішке даусымен шіңкілдеп сөз бастады.
– Жолдастар! Біздің қаһарман қызыл әскеріміз жауды күннен-күнге тұқыртып, соққы үстіне соққы беріп ойсырата түсуде. Қанды шайқас жүріп жатыр. Міне, сол қызыл әскеріміздің күш-қуаты мына отырған сіздерсіздер. Тылдағы еңбек адамдары! Сіздер де еңбектегі бар табыстарыңызды соларға бағыштайсыздар! Ендігі міндет, шөп оруды тез аяқтап, жақын арада егін орағын бастау керек! – деді.
Уәкіл сөйлеп тұрып, Құмар апайдан көзін алмай қарағыштай берді. Осындайда тыныш отыра алмайтын Әлібектің шешесі Ұмсынай:
– Мынау қасқа өлетін болды-ау, бірдеме айтсайшы, сіңлім, – деп қасында тұрған әжеме сыбырлап сылқ-сылқ күлді.
Көлдібай тоғайы бір жарым айдың ішінде жыпырлаған пішендерге толды. Осының бәрі қолмен істелгеніне өзіміз де сенгіміз келмейді.
Пішен үстінде тұрған әжем мен апамның қимылы жылдам. Әжемнің дене бітімі әлжуаздау, содан ба, онымен салыстырғанда апам тез қимылдайды. Пішеннің орнын дұрыстап қалады да, жан-жақтан лақтырған шөпті үйлестіріп, орын-орнына жайғастырып жатыр. Сәл кідірсе, шөп үйіліп қалатын болған соң, екеуіне де дамыл жоқ.
Түс ауа пішеннің төбесін шығарып бітірген әжем мен апам бір сәт сырғып жерге түсті. Осы кезде бригадир де атын шоқырақтатып қастарына барды.
– Жеңеше, жертөлеге бас сұғып едім, Бердібек жалғыз өзі отыр. Қасында Қалаубек жоқ, – деді дегбірі қашып.
– Ойбай, не дейді?! Енді қайттым? – Шошыған дауыс жұрттың бәрін жалт қаратты. Апам сөзге келмей, жаулығы иығына түскен күйінде жертөлеге қарай жүгірді.
– Мен іздейін, қалсайшы, – деген менің сөзіме де жауап қатқан жоқ.
Со кезде Құмар апай:
– Сен де бара ғой. Екеулеп іздемесеңдер кеш болып, таппай қаларсыңдар, – деді.
Жүгіріп апамды артынан қуып жетіп, жертөлеге қалдырдым да, өзім төңіректі қарап шығып, қалай жүрерімді білмей, ойланып қалдым. Қаулаған шөптің арасынан, үстінен түспесең көрінбейді де. Өткенде шөп орған жақтан табылғаны есіме түсті. Жалғыз ағаш жақты бетке ұстап, жолдағы шеңгелдер мен бұта түптерін тінтіп, ағашқа да жеттім. Жанынан жіп-жіңішке тарамыстай су ағып жатыр. Мөп-мөлдір, шекеңді жаратындай, мұздай екен. Шөлім қанғанша іштім. Бітеліп қалған бұлақ көзі болса керек. Жиегінде жалбыз тербеледі. Исіне қызыққаным соншалық, бұл жерге не үшін келгенімді ұмытып қалғандай, қасынан кеткім келмей қалды. Шөпшілерге жақындап қалған екенмін. Дауыстары естілді. Бұл маған жертөледе қалған апамның үніне ұқсап, құлағымның түбінен шығып тұрғандай әсер етті.
– Баланы жоғалтып алсақ, әкесіне не деп айтамыз? Қарабет болды деген осы ғой, – деп дауыс салып жатыр. Апамды аяп, көңілім босап, жылағым келді. Ми толқып кеткендей, қарадан қарап күйіндім. Ойлауға дәтім бармай қашқақтасам да, болатын емес. Шыдай алмай делебем қозып, ашу қысқаны соншалық, кімге тиісерімді білмей түнеріп барам. «Сәбидің емін-еркін ойнайтын кезі емес пе? Оның ертеңнен қара кешке дейін белінен байлап кететіндей не жазығы бар еді? Елдің басына қара түнек орнатқан соғысқа лағынет айтып, «Әке-ау, ел-жұртыңнан асып, біздерді тастап қайда кеттің?» – деп айқайлағым келді. Қалаубектің әлі тілі шыққан жоқ. Белінен байлап қойған жерінен босанып, өткенде үйден шығып кетті. Ағамды сағындым деп айта алмаған соң, ішінен аңсап іздейді ме, білмеймін. Содан жертөленің айналасынан іздеп, зыр жүгірдім. Сол күні көптен жаумаған жаңбырдың астында, үстімнен су сорғалап іздегенім есімнен кетпейді. Міне, бүгін де Қалаубек үйден шығып кетіпті. Соны іздеп жүрмін. Аға, уайымдама, табылады ғой. Оны бірден табу қиын. Қаулаған шөптің арасынан, кішкентай болғасын көрінбейді. Ол да мен құсап «ағасын сағынған» сияқты. Айтатын оның әлі тілі шыққан жоқ қой. Әкеме барам деп үйден шыққан болар. Әйтпесе, жертөленің айналасында ойнайтын жер жетпеді деймісің.
Мен сағынсам да, шыдап жүрмін. Артыңнан баруға менің қолым тимейді. Соғысқа кеткен үлкендердің орнында колхозда жұмыс істеймін. Әйтпесе барар едім. Аға, өзіңді, бір көргеннің өзі не тұрады? Сонда құлазыған көңілім көкке бір жетіп марқаяр еді. Балалықтан аспай жүрген ақылым бір сәтте-ақ жетілер еді. Бойымда бір елі болса да, сөзсіз өсер еді.
Аға қасымызда жүрсең ғой, қайғы-қасіреттің не екенін білмей, бақыт шуағына бөленіп өсер едік. Мектепте оқып білім алар едік. Сан ғасырдың тарихына үңілер едік. Өткен-кеткенімізді танып, өмірдің бұлағы оқу екеніне көз жеткізер едік деп кейде ойлаймын.
Жалғыз ағаштан сәл асып, жоғары көтеріліп жүре бергенімде жусан арасынан Қалаубектің танауы шертиіп ұйықтап жатқанын көзім шалып қалды. Күйіп тұрған шілденің ыстығы қойсын ба, әбден шаршағанға ұқсайды. Ешнәрсені сезетін түрі жоқ. Бір қырынан жатыр. Күн қыздырған шекесі, терден борша-боршасы шыққан. Жалаңаш денесі бүршік-бүршік, сорғалаған тер. Қара құрым боп, аузы-басында, шыбын-шіркей, үймелеп жүр. Қалаубек үйдің төрінде жатқандай, аузынан су ағып, тәтті ұйқыда.
Бүгінгі кеште, алдымыздағы бидай көжені көңілсіз отырып іштік. Дастарқан басында бір ауыз сөз айтылған жоқ. Соны білгендей Бердібек пен Қалаубек те бір-біріне ұрынбай, алдындағы көжесін төкпей-шашпай ішіп тауысты. Артынан қол диірменге апам бидай тартты. Бірауық әжем де көмектесті.
– Әже! – Бердібек жардағы кішкене саңылаудан көзін алмай қадалып қалды.
Со кезде әжем орнынан ұшып түргелді.
– Жылан! – Тұрған орнында мелшиді де қалды. Бердібек әжемнің қолынан тас қылып ұстап алған.
Жарыққа қалдырған кішкене әйнектің түбінде қалған саңылаудан басын шығарып, май шамның күңгірт сәулесінен өтіп тесірейген көзі қорқынышты екен. Денем түршігіп кетті.
– Несіне үркесіңдер, тимесеңдер шақпайды. – Апам диірменін қолымен айналдырған күйі, түк болмағандай отыра берді. Сүйткенше болған жоқ, қара шұбар жылан көз алдымызға көрінген елес сияқты, көрінбей кетті. Әжемнің өңі қашып, біразға дейін тұрған орнынан қозғала алмай тұрып қалды.
Әжемнің қорыққаны соншалық, таңертеңгісін өңі қуарып төсектен тұрды. Шайға тұз салып ішіп отырған апам оған мал қораның жанында жыланның іні барын айтқанда таң қалып, орнынан тұрып кетті.
Бір реніштің, бір қуанышы бар дегендей болды. Келесі күні басқарма мен уәкіл келіп жиналыс ашты. Басқа жаққа баратын шаруасы барын білдіріп асығыс сөйледі. Уәкілдің сөзін бірін ұқсаң, бірін ұқпайсың. Үсті-үстіне бастырмалатып сөйлегенде, не айтқанын түсіну қиын екен. Бар ұққаным: Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығына сәйкес неміс-фашист басқыншыларымен кескілескен ұрыста көрсеткен ерлігі үшін, «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды дегенді құлағым шалып қалды. Жиналыс біткен бойында қасымда тұрған Омар құшақтап бетімнен сүйді. Сол жерде, тұрғандардың бәрі келіп кезек-кезек, мені сүйіп жатыр. Апамды әйелдер құшақтап: «Құтты болсын!» айтқандарын естідім. Басқарма мен уәкіл аттан түсіп, апамның қолын алғанын көрдім. Мен сонда да түкке түсінген жоқпын.
– Ағаң хатында, орден алдым деп жазған жоқ па еді, – деді Тұрақжан келіп қолымды алып жатып. Сонда барып мән-жайды түсіндім.
Құмар апай соңынан шөпшілерді қайта жинап, соғыста от пен су кешіп жүрген азаматымыздың баласы, байлаулы жерінен босанып үйінен шығып кетіп, осымен екі рет жоғалған жерінен табылды. Өткенде Ырысты әжеге барғанын да айтты Ол кісімен де осы жайында сөйлескенін жасырған жоқ. Көзі көрмейді, таяққа сүйеніп жүруден де қалған. Баға алмайтынына көзімді жеткіздім. Осы жөнінде сіздермен ақылдаспақшымын. Бұдан былай, бұл жағдай қайталанбау керек. Қалай болғанда да балаға қарауымыз керек. Шешесін жұмыстан босатуға мүмкіндік жоқ. Өздерің білесіңдер, қол күші онсыз да жетіспейді, – деді.
– Онда жұмыстың арасында баланы қарап келіп тұрсын. – Оспан ағаның осы ұсынысына барлығы бірдей келісім берді.
Шөп шабуды екі-үш күнде бітіретін болып, жұмысқа қызу кірісіп жатқанбыз. Күн тас төбеде тұр. Алғашқы күндері көлеңкеге тығылып, бір ауық дем алатынбыз. Қазір оның бірі жоқ. Күннің ыстығына да үйрендік. Апамның қосқа кеткеніне де біраз болды. Кідірген сайын, жүрегім зірк-зірк етіп мазам қашты. Бір уақытта жолдағы сайдан басындағы ақ орамалы көзге бірден шалынып, апам да көрінді. Өгізді тоқтата салып, алдынан шығайын дедім де, өзімді әрең тежедім. Анадайдан-ақ көңілсіз келе жатқанын ішім сезді. Пішеннің көлеңкесіне үн-түнсіз келіп отыра кетті. Тоқтап қалған шөп машинасының қасына барған бригадир де апамды көргенде ізінше кейін қайтты. Оспан ағай да апамның келе жатқанын байқап қалып, өзінен хабар күткендей, қолындағы темірін жерге қойды да, қалтасынан жыртып алған қағазына темекі орай бастады.
Мен өгіздерді қақпайлап, шөмелелерді жағалата жүрдім. Көбен сүйретпеге шөп тиеді. Жұмысқа әбден үйреніп, пісіп алған, қимыл-қозғалысы нық, қарулы. Спортпен айналысқаннан шығар, шаршауды білмейді. Мен оның істегеніне іштей қызығам. Оның орнында мен болсам, қарым талып, тез шаршап қаларым сөзсіз. Анда-санда маған қарап күліп қояды. Сүйреткіге шөпті тиегеннен кейін салынып жатқан пішеннің түбіне әкеліп, маяшыларға көтеріп берді. Пішеннің үстіндегі әжем қағып алып, жаймалап жатыр..
Шөпшілер пішеннің көлеңкесі мол жеріне жиналып, тамақ ішуге отырды. Әйелдердің бірі:
– Қалаубек орнында ма екен? – деді.
Со кезде апамның көзінен мөлтілдеп жас көрінді.
– Апа, маған неге айтпадың? – деп отырған жерімнен ұшып тұрдым.
– Әне қара! – деді біреу. Отырғандардың бәрі бірдей оң жақтарына бұрылып қарады.
Жиектегі қаулаған шөп арасынан, алғашқыда Қалаубектің басы қылтиып көрінді де, сонан соң өзі шыға келді. Адамдарды көргенде, сескенгендей қалт тұрып қалды. Көлеңкеде отырғандардың бәрі де сөз қатуға тілдері күрмеліп, көрген көздеріне елес көрінгендей аңтарыла калған. Осы мезетте бәрінің де: «Сол ма, сол емес пе?!» деген бір-ақ ой бастарына келіп тұрғаны айдан анық. Бірақ ойлаудың өзі қисынсыз еді. Жертөлеге тиіп тұрған жақын жер болса екен. Арасы біраз жер. Жолмен келді дейін десең, сайрап жатқан жол да жоқ. Шөбі белуардан келетін сайдан өтеді. Қалай келгені белгісіз.
– Мына бала кімнің баласы? – деген Оспан ағаның жұрттан бұрын шыққан даусы көпшіліктің есін жиғандай әсер етті.
– Қалай келген-әй?!
– Біреу әкеліп кеткен шығар? Әйтпесе өзі келуі мүмкін емес, – деген дауыстар шықты.
– Құлыным-ау! – Апамның жүрегіңді елжірете шыққан даусы, жұрттың бәрінің көзіне жас үйірді. Бір сәт жым-жырт тыныштық орнады.
– Апа! – Қалаубек апамды көрген сәтте екі қолын көтере жүгірді.
– Сөйледі! – Қуанышың құтты болсын! Әй қатын, естідің бе? Сүйіншіңді маған бересің? – деді Ұмсынай апама айқайлап.
Апам Қалаубектің даусын естіген сәтте құлағына сенерін де, сенбесін де білмей кілт тұрып қалып, қайта жүгірді.
– Құлыным-ау! – Апамның үні сай-сүйегіңді сырқыратып жіберетіндей мұңлы шықты.
– Құлыным-ау, не дедің? Тағы айтшы, – деп жерден көтеріп алып, көзінен аққан жасын сүртуге де мұршасы келмей, есі кеткенше сүйді. Қалаубектің сүймеген жері қалмаған сияқты. Сонда да апамның көзден шыққан жасы ағыл-тегіл болып, тиылар емес.
– Үш жыл көрген зардабын жаспен жуып жатқан болар, кім білсін!? – деп әйелдер сөйлеп жатыр.
– Қайтсін, бір азаптан басқа не көріп жүр. Баланы туа салысымен, далаға тастағандай болып, жұмысқа шықты. Нәрестесін уызына жарытып емізген де жоқ. Ананың жылы алақанын сезбей өсіп келеді. Не деген қорлық десеңші. Енді аузынан сүті кетпеген сәбиді қараусыз қалдырып жүрісі мынау. Асылы сүйегі берік жан. Жыласын! Іштегі шері шыққаны жақсы. – Әлібектің шешесі көзінің жасын сүртіп тұрып сөйледі.
Көзінен жас шықпаған адам қалмаған шығар. Бәрі де жанашырлық сөздерін айтып, бірінен-бірі қалмай, жарыса сөйлеп жатыр.
Күтпеген қуаныштан маған дүние дүр сілкінгендей әсер етті. Өзімді бақыт шуағына шомылғандай сезіндім. Апамның ішінен тынып жүргенін өткенде білгенмін. Біз үйде Қалаубектің сөйлемейтінін бір де сөз еткен емеспіз. Сол күні әжемді біреулер шақырғанда апам бармай қалып, іс тікті. Алдында ыңылдап өлең айтқан құсап отырған, артынан мұңлы даусын естігенде, менің сай-сүйегім сырқырады. Шыдай алмай жатқан төсегімнен тұрып:
– Апа, не болды? − деп сұрадым.
Мені ұйықтап қалды десе керек. Даусым шыққанда, тұйық ойдың тұңғиығынан шыға алмай шошып кетті де, қолындағы инесін саусағына кіргізіп алды.
– Не? – деді түк болмағандай.
– Ояу ма едің? Әжең келгенше, киімдердің жыртықтарын жамап отыра тұрайын деп едім. Қалғып кетпейін деп ыңылдағаным ғой. Қалаубекті ойлаймын… Үшке келген жұрттың балалары тақылдап сөйлегенімен қоймай, өлең айтады. Бөбек – баласы үшке толғанда шақырғанда, Ердос бізге тақпақ айтып берді. Әйелдер қалталарынан тәтті алып бергенде, жеңешем екеуміздің қалтамызда ешнәрсе болмай, сондағы ұялғанымыз-ай. Осы бала сөйлемей қала ма деп қорқам. Әлі күнге дейін бір ауыз сөз айтқан жоқ, – деп көзінің жасын сығып-сығып алды.
Мен де Қалаубек қашан сөйлер екен деп шыдамсыздана күтіп жүргенмін. Бірақ онымды апама айтпағаным мұндай жақсы болар ма. Әйтпесе жадау көңілін жабырқатып жіберерім сөзсіз екен. Ол бала болып, өздігінен жыламайды. Керегін қолы жеткен жерден өзі алып жей береді. Байлаған жерінен босанып кеткеннен бері Бердібектің алдына қойған айранын ішіп қойып жүр. Сол үшін әжем мен апам ұрысып қалып, бірнеше күн бойы бір-бірімен сөйлеспей жүрді.
– Осында келгеннен бері жылан көрдің бе?
Жаңбыр жауған күні Қалаубектің қарсы алдындағы шөптің арасынан көргенде қорқып кетіп, інімді көтеріп қашқанымды айттым.
– Неге сұрадың?
– Жәй, әншейін. Бекер қорыққансың, түсі суық болғанмен, жыланның іші жылы. Ол сендердің қорғаушыларың, біліп қой.
– Қалай?
– Бұрынғы аталарың ескіше оқыған білімді болған. Сол кісінің қабырының басында тастан басқа белгі жоқ. Ақтай деген молдаға құран оқытқанда, ағаң тастың астынан шыққан жылан көріпті. Шын ниетімен тазаланып барған адам құранын оқып кетеді дейді. Ал жолай соғып, тазаланбай барған адамды алдын ала кес-кестеп, тасқа жақындатпайды екен. Мен де түсімде ағаңды жиі көрем. Бір қызығы, қасында жылан жатады.
– Ол не?
– Ағаң соғыстан аман-есен оралады, – деп әңгімеміз аяқталып еді…
– Әй, сен қатын өтірік жылап, бізді тойдырдың. Одан да тойды қашан жасайсың, соны айт. Өткенде күйеуің орден алды. Жоғалған балаң өзі іздеп келді. Ержетті деген осы емес пе. Сөйлемейді деп жүрген балаңның даусын мына біздер естідік. Басқа-басқа, сенің жылайтын жөнің жоқ, – деді жерге түсіп кеткен орамалын сілкіп, басына тартып жатқан Күміс апа да.
– Қайдағыны айтатының не? Құдай жылағаннан сақтасын, қуанғаннан шыққан жас емес пе? Той дейсің, тойдан қашып жатқан кім бар? Келсін үйдің иесі, той сонда болады. Жу деген сөздеріңе мен де қосыламын. Бірақ мал ауылда емес пе? – деді көзінің жасын сүрткен апам, олармен бірге жарыса сөйлеп.
– Ол сөз емес, ертең шөпті бітіргесін, біздерге бір-екі күн демалыс бермес дейсің бе? Сонда май әкеліп жүрген Үсен ақсақалға айтсаң, малды алып келеді, – деді Оспан да сөзге араласып.
Осыдан кейін апам Қалаубекті қарап келуге жертөлеге бармайтын болды. Бір қызығы, жұмыс орнымыздың өзгергенін қалай білетінін білмейсің, артымыздан түс ауғанда келеді. Біздердің оған үйренгеніміз соншалық, мезгілінен өтіп кешігіп бара жатса, көңіліміз алаңдап, іздейтін болдық. Оның белінен байлап кеткен жерінен қалай босанып кететіні жұмбақ күйінде қалды. Шөптен бойы көрінбей, төбе шашы шошайып, күнге күйген денесі бұрынғысынан да қап-қара боп, жалаңбұт, шөп арасынан шыға келгенде, ылғи бірінші көретін Оспан аға. «Кішкентай бригадир» деп ат қойған да сол.
Ол біздерді көрген бойында:
– Апа! – деп айқайлайды. Сондағысы көп әйелдердің ішінен танып алу үшін айтады. Қалай жүрерін білмей, сасып қала ма, апамды көрген бойда томпаңдап ала жүгіреді. Бригадирдің де жаны қалмайды. Оны көрсе, алдына отырғызып алады. Содан жұмыстан қайтқанша аттан түспейді.
Үйге келісімен апам әжеме:
– Амандық боп, мына шөп оруды аяқтаған соң, анау ерте туған лақтың бірін сойып, әйелдерге кішкентай бір той-томалақ жасап беру керек енді, – деп ойын білдірді. Бердібек те, Қалаубек те төсегінде пысылдап ұйықтап жатыр. Төсегімде жатқан менің шашымнан сипаған апамның қолы жұп-жұмсақ, ып-ыстық. Бүгінгі күтпеген қуаныштан көңілім марқайып, көкірегім жарылардай боп, масайрап жатырмын. Содан ба, шаршағанымды да мүлде ұмыттым. Соңғы күндері біздің үйдің табалдырығынан аттаған көл-көсір қуаныш қабаттаса келіп, көз алдымда тұра қалғандай сезінем. Бүкіл өн-бойыма бітпеген алып күш толып кеткен сияқты. Мана жұдырықтай інімнің қалай тауып келгенін, ешкім де жөнді сөз тауып айта алмаған еді. Мен де Қалаубектен қалғым келмегендей, ертегідегідей ерен ержүректік танытып, дүниеде менің қолымнан келмес, мен істей алмас іс жоқтай, көңілім алаулап барып ұйқыға кеттім.
Мен асыға күткен шөп ору науқаны да аяқталды. Ауланың іші абыр-сабыр. Үсен ақсақал өзі алып келген лақты демде терісін сыпырып тастап, етін боршалауға кірісіпті. Бердібек пен Қалаубек еркінше құмға ойнаса керек, бет-аузы кіндіктен төмен жалаңаш денесі сатпақ-сатпақ түрімен, бауыздалған лақтың қасынан айналшықтап шыға алмай жүр. Бірде басын, бірде жерде аққан қанды көрсетіп, шықылықтап күліп, екеуі де мәз. Қазан-ошақтың қасында, кернейінен түтіні будақтаған сары самаурын қожылдайды. Апам келе ішек-қарнын аршып, құнжыңдап жатыр. Әжем бір жағында қолына құман ұстап тұр.
Үсен ақсақал жеңін түрген білегімен, маңдай терін сүртіп тастап, сойған лақты тез жайғап тастады. Қазан-ошақ жақтан исі танау жарған қызыл күрең бауырсақтың өзге еш тағамға ұқсамайтын керемет исі жайлап алған. Әйелдер жағы қазанға тамақ салуға кірісті. Әп-сәтте шай жабдығы даярланып, үлкендер ішке кірді. Біздер шөптің үстіне жайылған дастарқанды айнала отыра қалып, ыстық бауырсақты қаужаңдай бастадық.
– Өй, айналайындар! Алыңдар, жеңдер! – деп апам кіріп шыққан сайын, біздерге мейірлене қарап қойып, бір сөйлейді. Кеселеріміздегі шайды да бірнеше айналдырып үлгермей-ақ, дастарқанның ортасында қалған бауырсақты да тауыстық. Содан соң басымызды көтеріп, сөйлесе бастадық.
– Қалаубектің тойында бауырсаққа бір тойдым, – деп сөзді Тұрақжан бастады.
– Қап! Жаңа көмекейіме ұйлығып өлең жолдары келіп еді. Қарашы, бауырсаққа тойып алғанда жоқ болып кеткенін, – деді қолындағы кесесін беріп жатып.
– Қиналып көрсейші, мүмкін келер, – дедім мен де қарап тұрмай.
– Қушиып жатқан баста қайдағы ақындық, мақтанып сөйлей береді. Басы қауғадай адамдардың басында ми көп болады. Көрмейсің бе, көсеміміз Ленинді миы көптігінен басына шашы сыймай қашып кеткен, – деді. Тұрақжан сөйлесе тілі қышып тұратын қалқан құлақ Жұрын:
– Осы мен сөйлегенде, неге мұқата бересің? Не керек өзіңе? – деп орнынан ұшып тұрған Тұрақжан шет жақта отырған Жұрынның қасына жетіп барды.
– Қойдым, қойдым, ойнап айтам. – Шағыр көзі жыпылықтап, екі қолын көтерген күйі езуі бір жағына қисайып, сасқанынан күле берді.
Тұрақжанның со бойда екпіні басылып, не істерін білмей қалды. Бар болғаны:
– Енді айтсаң, ана шақшадай басыңды оям, біліп қой.
Той дастарқанының бірінші кезеңін осылай аяқтап, баяу ырғалып, орнымыздан тұра бастадық.
… Егін орағы басталды. Бір жақсысы, түсте ыстық тамақ береді. Бұрынғыдай үйден әкеліп ішпейміз. Бұл да Құмар апайдың арқасы. Егін орағын бастамай тұрып, ертеңгісін басқарма жиналыс ашып, егіннің бітік шыққанын хабардар еткен. Шыққан астықты ысырап қылмай жинап алу үшін бәріміз бір кісідей, жұмыла күш салу керек. Ер адамның жоқ екенін өздерің де білесіңдер, лобогрейкіге әйелдер де отырады. Осылай амалдап істегенде ғана тығырықтан шығуға болатынын айтып түсіндірді. Соның артынан сөз алған бригадир, егіншілерге түсте ыстық тамақ беру керек деп, басқармаға тілек білдірді.
Таңертең тұрғанда жейтін ешнәрсе таппай, қызыл шайды сораптап ішіп жұмысқа кететін едік. Енді жақсы болды. Есесіне түскі тамақты тойып ішіп алып, ішімізді көтере алмай бір сәт демалып аламыз. Үлкендер көз шырымын алады. Біздер аузымызға ерік беріп демалған боламыз. Уәкіл де жұмыс басынан кетпейтін болды. Орып кеткен машинаның артынан қалдырған бидайдың шашағын іздей ме, білмеймін, бір өзі жүреді де қояды. Бір түйір шашақтың масағын көрсе, қол орақпен орғызады. Оған қарсы сөз айтатын бұл жаһанда ешкім жоқ. Өзі би, өзі қожа. Ақ дегені – ақ, қара дегені – қара. Бірақ қанша күшті болса да бригадирге қарсы келе алмайды. Ол билік айтып, қожалық етіп жатқан жерге Құмар апай келе қалса, аузындағы сөзін шашыратып, ұрлық істеген адамдай қипақтап қалады. Құмар апайды жалғыз ол емес, ауылдың бәрі сыйлайды. Ауылда мұғалімді бұрыннан ардақ тұтады. Әлі күнге дейін біздер мұғалім отырған жерге кірмейміз. Далада анадайдан көрсек көзіне түспеуге тырысамыз.
Уәкіл бірде керек қағазын қалтасынан алып, апайға жаздыртқанын көрген Тұрақжан:
– Уәкілдің сауаты жоқ, көрдің бе, қағазын жаздыртып жатыр, – деп еді. Шамасы, оның біздің апайдай сауаты болмаған ғой. Бригадирге неге сөйлей алмайтынын содан кейін түсіндік. Бір жағынан апай көрікті. Жұрттың бәрі асқан сұлулығына қайран қалады. Әйелдер жағы оны көре алмай күндейді. Оның алдында еркектердің де мысы басылып, жанарынан тайсақтап сөйлей алмай қалып жатады. Кім де болса, оның «кел, мұндалап» тұрған жанарына қарауға құштар. Өзінің үстемдігін орнатып, асқақ менмендігін көрсеткендей, аспай-саспай сөйлейтінін қайтерсің. Бір айыбы – баласы жоқ.
Егін оратын машина деген аты ғана, жүруінен тұруы көп. Бригадир соның керек-жарағымен күн ұзақты шабуылдаумен жүреді. Арасында қолы босаса, әйелдерге көмектеседі.
Жұмыс басына төрт лобогрейка шыққанмен, шетінен іске жарамсыз. Жүрер-жүрместен тұрып қалады. Бірінің бұрандасы кетсе, екіншісінің шалғысы сынады. Енді бірінің сеялкасы жапырайып майысады. Әйтеуір себеп жетеді. Осының бәрі Құралдың қолынан қайта жөндеуден өтеді. Лобогрейканың біріне Тұрақжанды отырғызды. Өзінің ойынан шықса керек, бригадир айтқанда қуанып кетті. Бірден аттың үстіне қонжиды.
Бозала таңнан тұрғаннан қас қарайғанша, өгізбен қырман бастырамын. Апам жайлы болсын деп қасқа өгізді ерттеп көрсетті. Алғашқы отырған күні, басым айналып, жүрегім айнып, жаман болдым. Кешкісін талтаңдап, аяғымды баса алмаймын. Құйымшағым ойылып қалғандай, удай ашиды.
Ақыры қасқа өгіз де маған үйренді. «Міндің бе?» дегендей, отыра бергеннен қозғала береді. Үстіне отырған соң, «шу!» – деп даусымды бір шығарып, басын масаққа салғалы мойындарын соза берген өгізді шыбыртқымен жон арқадан бір тартам. Әбден еті өлген жануар мыңқ етпейді. Соңындағы дөңбек тас та дүңк-дүңк етіп, шеңберді айналып домалайды. Сытырлап сынып, бидай сабақтары үгітіле бастайды. Айнала берем, айнала берем… Міне, төңірек тегіс маған қосылып, шыркөбелек айналды. Ердің басын ұстап алдым. Осы кезде:
– Бала, құлап қалма! – деген Оспан ағаның даусы алыстан талып жеткендей болды. Өзім де шеңбердің ішкі жағына қарай қисайып бара жатқанымды сезіп, ердің қасынан қыса түсем. Бұл аздай, тұяқтары сыртылдап, бастары салбырап, бір мұңды әуенді тыңдағандай, шайқатыла тербеліп, аяқтарын санап басқандай майда қадам, сылбыр қимыл да мезі қылады. Бірақ бұған да көндігеді екенсің. Көзімді еріксіз жұмып, балалық тәтті ойға беріліп кетемін. Уайым-қайғысыз асыр салып, құлындай ойнаған бақытты күндерім сағымдай елес береді. Ой, шіркін! Сол кездерім қайтып бір келгендей өз қиялыма өзім сеніп, бір жасап қалам. Тәтті қиялға елітіп отырып өгізді шеңберден шығарып алам.
– Әй, көзіңе қара! – деп айқайды салады мұндайда Оспан аға.
– Тоқта! – деген дауыс шықса, «Уһ!» – деп демімді алып, өгізді тоқтатам. Төңірек зыр қағып, айналып тұрады. Өгіз үстінен аунап түсе жаздауға шақ қалам.
Бастырылған астықтың сабаны мен дәнін екі жаққа бөліп, жаңадан астық баулары төселгенше, ес жиып демалып қалам.
Басым шыр айналып, неше бау астық бастырғаным есімде қалмайды. Кешкісін, тақымымым мен сирағымның удай ашығанына да қарамай, өгізден түскеніме қуанам. Өне бойым салдырап, әбден шаршағанымды сезінем.
Төңірекке қызыға қараймын. Өгіз үстінен биіктеп кеткендеймін. Бәрі алақанда тұрғандай көрінеді. Көбен өгіз арбаға бау тиеп жатыр. Әйелдер сүйреткімен алыстағы Тұрақжанның артынан қалмай бүкшеңдейді. Ұшы-қиыры жоқ сары ала алқап алтынға бөккендей, күн көзіне шағылыса жарқылдайды. Әйелдер ашық тақырға шығарған ұлпа топанды күрекпен құлаштап, әуелете атып жатады.
Күн қысқарып келеді. Таңның ызғары білінді. Бұрынғыдай емес, астық деген барлық жерде қауырт пісе бастады. Қызу науқан енді басталғандай. Маялап жиналған астық баулары шетінен күнделікті бастырылып, күнде бір өгіз арбамен астық қабылдайтын мекемеге жіберіп жатады. Таң атқаннан, күн батқанға дейін шыр айнала берген митың жұмысқа мен де үйрендім.
Қырман басында адамдар күні-түні бірдей жұмыс істейді. Қыркүйек айының бірінші күнінен-ақ жел тұрып, аспанды бұлт үйіре бастады. Жаңбыр жауса бар істеген еңбек далаға кетті деген сөз. Осыны ойлаған басқарманың мазасы қашты. Жайқалған егін жауын астында жиналмай қалса, жақсылық болмасын біледі. Басына үрей үйріліп, қайта-қайта ауданға шапқылап көмек сұрады.
Енді егін басынан шықпай жүр. Үйіліп қалған астық бауларын бастыратын малатасқа түнде отырғызатын адам таппай, май тасып жүрген Үсен ақсақалды отырғызған болатын. Жасы келген үлкен кісінің өгіз үстінде бір түн отыруға да шамасы келмей, белінен шойырылып жатып қалды.
Қыркүйек айы болатын. Күн желдетіп, аспанда бұлт ойнай бастады. Желдің арты көзді аштырмайтын ұйтқыған шаң болып кетті. Жұрт астарына төсеп жүрген киіз-алаша, киім-кешектерімен қырмандағы астықты жауып, үлкен әбігерге түсті. Колхоз жақтан келетін қара жолдың шаңын бұрқыратып, желмен бірге қапталдаса дүрсілдеген дыбыс шықты. Пошташы қара домалақ шал, шабдарын салдыртып келіп қалыпты. Бір қолындағы қамшысын көтеріп алғаннан-ақ, қуанышы қойнына сыймай келе жатқаны көрініп тұр.
– Сүйінші, келін! Сүйінші! – Кімге айтқанын білмей, әйелдер бір-біріне қарап, аңтарылып қалды.
– Әзберген келе жатыр әскерден. Ертең поездан түседі. Үй-ішіне хабарла деп мені басқарма жіберді. – Өзі тұрған атты тепкілей береді.
– Уа, жинал тез!
Апам сасқанынан қолындағы күрегіне сүріне құлады.
– А, құдай, рас па? Шын айтасың ба, ата?
– Тоба! Шын айтасың ба дегені несі? Аппақ сақалыммен өтірік айтып, қай құдай қинап тұр мені…
– Әуелбек! – деді қасында тұрған мені байқамаған апам.
– А, Әуелбек! Естідің бе?
Жертөлеге келе:
– Қалаубек жүр, ағама барамыз, – деп отырған жерінен көтеріп алдым. Ол соңғы кезде байлаған күйінде отыра береді. Бірақ келгісі келсе қайдан болса да тауып алады. Қалаубекті көтеріп алдым. Апам Бердібекті қолынан ұстады. Екеуі тізбектеліп, артымда қалып қойды. Қалаубекті иығыма мінгізіп алып, алды-артыма қарамай жөнелдім. Әлі де көзіммен көрмей, сенбейтін сияқтымын. Әкемді көз алдыма елестеткім келеді. Алып-ұшқан жүрек өрекпіп, әлдебір елегізу бойыма пайда болған. Көңілім самғап ұшқан құстай игертпейді. Әкемнің құшағында екенмін деймін. Бақыттың қандай екенін көріп тұрмын. Сүттей аппақ, мамықтай жұмсақ, шырындай тәтті, ұядай жылы, көз сүріндірер сұлулыққа разымын, құдай. Енді өзіме келгендеймін. Әкемнің бейнесі көз алдымда: ұзын бойлы, қапсағай денелі, қалың қабақтың астынан қараған үлкен көздері, келбетті қара торы жүзі. Өзгермеген со қалпы. Қалаубек басымнан ұрғанда барып селк еттім.
– Анау не? – Қолымен алдымыздағы қалың ағашты көрсетті. Алыстан қарауытып тұрған соң қорыққан сияқты. Дала бұлыңғыр, алдымыздан жел гуілдеп жүргізбейді. Бірақ оған қарап жатқан мен жоқ. Аяғымды адымдай басып, екпінім басылар емес. Қалаубек болмаса құстай ұшып жүгірер едім.
– Ағаш қой. Біздің ауыл сол жерде, кәзір үйге барамыз. Ертең армиядан ағам келеді. – Менің айтқан сөзім оның құлағына кірмеген сияқты. Төбеме бұрылып қарасам танауы саңқиып, мүлгіп отыр. Бір-екі ауыз сөз айтқаны болмаса, әлі дұрыс сөйлей алмайды. Мінезі ауыр болатын сияқты. Тым тұйық.
Апам келгесін үйдің ішін ақтап, тазартты. Кір-қоңды жуып, түнімен ұйықтаған жоқ. Дегбірім қашқандай елегізіп, мен де дұрыс ұйықтай алмадым. Қалаубек қайта-қайта оянып, апамды іздеді. Қасына келіп кішкене басынан сипап отырса, қайтадан ұйықтап қалады.
Үйге симай, бір кіріп, бір шығып жүргенде түс те болды. Шайға енді отыра бергенде даладан дүбір естілді. Апам екеуміз өре түрегелгенде, шығар есікке сыймай кептеліп қалдық.
Ауылға жақындап қалған арбадан ағамды бірден көрдім. Үстінде сұр шинел, жұлдызы жарқыраған көк құлақшынға көз жүгіртіп үлгердім.
– Аға!
Апам жалма-жан қайта үйге кіріп, Қалаубекті көтеріп шықты. Мен жүгіріп арбаға жете бергенімде, ағамның қасында отырған көзі көкшіл әйелді байқап қалдым. Ол қолымен кес-кестеп ағамды қорғалай бастады.
– Жарасы әлі жазылған жоқ, болмайды, – деді қазақша таза сөйлеп.
Ағамның көзі ғана жылтырап көрінеді. Марлымен басын айқұш-ұйқыш орап тастаған екен. Жанарын алмай қадала қарағанмен, орнынан қозғала қоймады. Оның жай-күйімен шаруам жоқ. Өз әкем өңменімнен итергендей маған әсер етті. Бар болғаны қолын созды. Әкемнің қолын шап беріп ұстап алдым да, арбадан қалмай қайта-қайта сүйе бердім. Менің қолымнан келгені осы болды. Бір байқағаным, сарғая күткен бойымдағы сағыныш тағат табар емес. «Бәрінен де әкенің исін иіскеп, бауырына кіріп мауқыңды басқанға не жетсін!» Нақ қазір сол жетпей тұрғанын іштей сездім. Сағыныш бойымды өртеп барады. Осы арада мен дәрменсіз күй кешіп, жанымдағы әкеме жете алмағаныма күйзелдім. Ішім аласапыран.
Қалаубекті көтеріп, апам да артымнан жетті. Қуаныштан жылап жүр. Маған айтқан сөзінің бірін де естіген жоқпын. Ойым да, санам да әкеме ауған. Менің сарғая күткен сағынышым басылар емес.
Арба тоқтаған кезде, әкемнің аяқ жағынан келіп құшақтай алдым. Көз жасым тиылмайды. Неге жылап жүргенімді өзім де білмеймін. Ағам қасымда ғой, соған шүкіршілік етуім керек еді. Соны түсінбесем қайтерсің. Бәрі ойлағанымдай болмағанның кесірі.
Ағамның кеудесіне басымды қойып, өксіп-өксіп барып тынышталдым. Дүниеде сағыныштай нәзік нәрсе жоқ екен, көңілім әуелеп, бақыт құшағына кенелдім.
Менен кейін апам қасына келіп:
– Қалаубекті таныдың ба? – деді зорға сөйлеп. Ағама жақындап иіскетті. Таңған марлыны қызық көргендей, әкемнің басына қолын жүгіртті. Жанында бір әйел бар. Ағамның қасына қосып жіберген дәрігер екен. Енді түсіндім.
Әкем орнынан жаймен қозғала бастағанда, арбадан медсестра көмектесіп, қолтығынан демеді. Апам екінші жағынан келіп, қолынан ұстады. Қол аяғы сау екен, соған енді көзім жетті. Ағам әлі сөйлеген жоқ.
Бөлмеге кіргенде, төрдегі төсек көрпеге өзі барып отырды. Екі көзі біздерде, аузын жыбырлатып сөйлегендей болды.
– Жарасының орны әлі бітпеген. Тамақты талмап жұтады. Оқ жағына тиген, шайнай алмайтыны содан. Ешнәрсе етпейді. Бірте-бірте жазылады, – деп ағамның жағдайын түсіндірді дәрігер.
Үйге адам толды. Апам пошташы шалға қойды сойдырып тастады.
Дәрігер бір күн қонып қайтатын болды. Кетерінде ағамның басына ораған марлысын шешіп, жағына тиген оқтың орнын көрсетіп, марлысын жаңартты. Қара бақырдың орнындай, шұқырдың айналасы тыртық болып біткен. Жараның орны енді қабыршақтана бастаған.
– Жарақаты өте ауыр болды. Енді күтіну керек. Әбден жазылмайынша, ауыр зат көтеруге болмайды, – деп дәрігер бізбен қоштасып арбаға отырды.
Қалаубек ағамды іш тартып, қасынан шықпай, ойнап жүреді. Өзімен-өзі дабырлап сөйлегені түсініксіз болса да, біздер соған мәз боламыз. Бұрын бұның бірі жоқ, тіпті күлмейтін де еді.
Ағам бұрынғысынан да салмақты болып кеткен. Басынан өткізген ауыр күндерін айғыздағандай, қысқартқызып алдырған шашы аппақ. Жазық маңдайы қыртыстаныпты. Әлі де, сол ауыртпалықтан арыла алмай жүргендей тұйық. Жеңгелері: «Кербез қайнымыздың әңгімесін тыңдауға келдік,» – деп қалжыңдап сөйлегенде де жауап қатқан жоқ. Түнде терезе жақтан жел соғып, таңертең мойнымды бұра алмай қалдым деп, кеше Бөбек келді. «Кербез қайнымның артынан сәлем берсең кетеді,» − деп енем жіберді, − дейді. Оны естігенде, ішегім түйілгенше күлдім. Менімен қосыла апам мен әжем де күлді. Әкем ғана күлген жоқ.

Пікір қалдыру