ТОР

Думан РАМАЗАН

Думан РАМАЗАН

ТОР

Сейтқазы түс әлетінде азырақ мызғып алмақ болып, жұмыс бөлмесіндегі ескі темір төсекке жантая кеткен. Тор сеткі төмен қарай созылып кеткендіктен, амалсыз шалқалай жатты. Сол сәт қабырғаның төбеге тірелген тұсындағы өрмекшінің торына көзі түсті. Әдемілеп тоқылған. «Осындай өрмек өретіні үшін өрмекші атаған шығар!» – Өз алдына бір жаңалық ашқандай таңдана қарады.
Төрт-бес шыбын ызындап ұшып-қонып жүрген. «Мыналар көз шырымын алғызар ма екен?» – дегенінше болған жоқ, тура көз алдында біреуі торға барып шырмалып қалды. Басына төнген қауіп-қатерді сезді ме, жанұшыра жұлқынды. Құтыла алмады. «Не құдіреті бар екен? Дәу де болса, желім тәрізді жабысқақ бірдеңе бар-ау! Дүниенің біз білмейтін құпия-сыры көп қой, шіркін!» деп ойлады.
Тордың шет жағында тымпиып отырған құртақандай өрмекші жалма-жан шыбынға қарай жорғалай жөнелді. Қимылы шапшаң. Лыпыл қағып, шыбынның үстінен әрлі-берлі жүріп өтті. Жібек жіптерімен орап, байлап-матап жатқан сияқты. «Енді құтыла алмас, жәукемдей берсем болады» дегендей, арт жағына жармаса кетті. Жан – тәтті ғой, шіркін, шыбын жаны шыға жанталасты. Бірақ еш қайран болмады. Қимылы біртіндеп бәсеңдей берді. «Кейбір өрмекшілер улы болады деуші еді, шырқыратып шақты-ау!»
Өрмекші тас кенеше жабысып алған. Шыбынды тырп еткізер емес. «Қан-сөлін сорып жатыр ма екен? – деді күрсініп, – Ой, құдірет-ай, құйтақандай жәндіктің істеп жүргенін қарашы!»
Шыбынның әлі құрыды ма, жоқ әлде кеудесінен жаны шығып кетті ме, әйтеуір мүлде қимыл-қозғалыссыз қалды. Соны байқаған өрмекші көткеншектей беріп, кері бұрылды да, жөніне жөней берді.
Қас қақпай қарап жатқан, көзі талып кетті. Тарс жұмып, сыртынан сұқ саусағымен жаймен уқалап-уқалап жіберіп, қайта сұқтанды. Шыбын қыбыр етпестен салбырап тұр, өрмекші ұшты-күйлі жоқ. Сол маңайдың бәрін көзбен шолып шықты. Қайда кеткені белгісіз, зым-зия жоғалған. Аңтарыла басын көтеріп, тіктеліп отырды: «Жын ба, шайтан ба?!» – Өз көзіне өзі сенбей телміріп ұзақ қарады. Өрмекші көріне қоймады.
«Кейбір өрмекшілер секіреді» деген сөзді құлағы шалған. Үстіне қарғып түскендей денесі тітіркеніп кетті. Сол мезет желкесі жыбырлап қоя берді. Жалма-жан сол тұсты оң алақанымен сарт еткізді. «Сеспей қатқан шығар, бәлем!» деп сипалап көріп еді, қолына ештеңе іліне қоймады. Аң-таң.
Тұла-бойы тұтас қышынып кетті. Әсіресе басы дуылдатып әкетіп барады. Қос қолымен қасына бастады. Осы бір жайсыздықтан құтылу үшін орнынан атып тұрып, шығар есікке қарай беттеді.
Табалдырықтан аттай бере қос қолын жоғары көтеріп, кеудесін кере керілді. Күн қағып, тотыққан жүзін салқын самал аймалады. Үсті-басын қасынып тұрып, тордағы хайуанаттарға көз салды. Қасқырлар темір тордың ішінде жандарын қоярға жер таппай, арлы-берлі арпалысып жүр. Бойларын ашу-ыза кернеген. Көздері шоқтай жанып, жалын атады. Қызық көріп, тамашалап жүрген жандарға тістерін ақситып, ырылдап, айбат шегеді. Еркіндікте шалқып-тасып жүргендер тордағы мұңлықтардың жай-күйін қайдан түсінсін?! Келеке қылып, мазақ етеді. Әсіресе, балалар мәз-мәйрам. «Біреуге – қайғы, біреуге – күлкі» деген осы шығар?!»
Терең ойға сүңгіп кетті. Көз алдынан өткен күннің елесі көшіп өтті…
Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіре сала осы хайуанаттар бағына ветеринар дәрігер болып орналасқан. Зымыраған уақыт-ай, содан бері де аттай отыз жыл өте шығыпты. Ол кезде тепсе темір үзетін бозбала еді, қазір күш-қайраты қайта бастаған жігіт ағасы.
Әкімшілік ғимаратына көз тікті. Алғаш жұмыс іздеп келген күні ойына оралды. Сол кездегі директор Еркінбай Жұмағұлов ашық-жарқын қабылдап, әңгіме арасында хайуанаттар бағында жұмыс істеудің қиын екенін түсіндіріп баққан:
– Қиындыққа шыдайсың ба? – деді сынай қарап.
– Әр кәсіптің өз қиыншылығы бар ғой! – деген ойланып та жатпастан.
– Жабайы жан-жануарлармен жұмыс істеу оңай емес, – Жөткірініп, – Қорықпайсың ба?
– Қорқатын несі бар? – Сенімді түрде тіл қатты.
– Бізде жұмыс көп, бірақ айлық аз! – Директор бәрін бірден шешіп алғысы келген сыңайлы.
– Ақша маңызды емес! – деп қойып қалған. Мақсаты қалайда жұмысқа тұру болатын. Не десе де тартынайын деп тұрған жоқ.
– Енді не маңызды?
– Таңдаған мамандығың бойынша жұмыс істеп, сүйікті кәсібіңмен айналысу…
– Бәрекелді, батырым! Бізге дәл өзіңдей қызметкер керек!
Бақ басшысы бұның жауаптарына риза болып, бірден қызметке қабылдаған. Содан бері осы хайуанаттар бағында жемісті еңбек етіп келеді. Дегенмен айлығы шайлығына жетпей қиналып қалатын кездері жалақысы көптеу жұмысқа ауысып кеткісі келетін. Бірақ жанына жайлы жылы орнын суытқысы келмеген.
Еркінбай Жұмағұлов қақ-соқпен ісі жоқ, өз ісіне адал, жауапкершілігі мен тәжірибесі мол жан еді. Адам баласын алаламайтын, кіммен болсын сыпайы қарым-қатынас жасап, тіл табыса білетін. Не нәрсені болсын орнымен істейтін. Жұмыста кемшілік бола қалса, кінәлілерді жерден алып, жерге салып, қатаң жазалайтын. Бір жақсысы, ашуы тез қайтатын, кек сақтамайтын. Біреудің артына түскенін, қудалағанын, себепсізден-себепсіз жұмыстан қуғанын көрген емес.
Хайуанаттар бағының тыныс-тіршілігін жіті қадағалап, қатаң бақылауда ұстайтын. Өзі де тыным таппайтын, қарамағындағыларға да тыныштық бермейтін. Ісіне шын берілген қызметкерлерді жақсы көретін, үнемі қолдап-қуаттап, мақтап отыратын. Ал кегежелері кейін тартып тұратындарды жақтырмайтын.
Бақтың тазалығына ерекше көңіл бөлетін. Соны білетін жұмысшылар торлардың іші-сыртын мұнтаздай қып қоятын. Хайуанаттарға да әркез жанашырлық танытып, қамқор болып жүретін.
– Әрқайсысына басыңмен жауап бересің! – дейтін мойнына жауапкершілік жүгін салмақтап салып. Содан кейін жаны қала ма, аяғының ұшымен жүріп қызмет қылатын. Әр хайуанаттың хал-жағдайын көзімен көріп, қатаң бақылап жүретін. Сәл ауыра қалса, жанын салып емдеп-домдап алатын. Әбден қартайып, жасы жеткендері болмаса, өлім-жітім көп болмайтын.
Қаланың жаңадан тағайындалған әкімі осындай тәжірибелі басшыны бір-ақ күнде қызметінен алып, орнына өзінің бала кезгі досының Жантөре есімді отыз жасар ұлын қойды. Бұл салада бір күн де істемеген. Мамандығы да мүлде сәйкес келмейді. Онымен қоймай өзі бір есерсоқ жігіт екен, келе сала жұмысшылардың басына әңгір-таяқ ойнатып, қырғи тигендей қылды. Істің жөнін, шаруаның жайын айқандарға көзін бақшитып:
– Көресіні көрсетем, қырам-жоям! – деп қоқан-лоққы жасайды.
Талай тәжірибелі қызметкерді болмашы нәрсеге бола жұмыстан қуып жіберді. Орнына тамыр-танысын алды. Көпшілігінің ата-тектері де бірдей. Орынбасарлыққа немере інісін тағайындады. Сыр-сымбаты келіскен сұлу бойжеткенді бас есепші қылып қойды. Білетіндер оны нақсүйері десіп жүр. Жаны бар сөз сияқты. Жұмыс уақытында да машинасына отырғызып алып кетіп бара жатады.
Жаңа келгендердің ешқайсысының бұл салада тәжірибелері де, арнаулы білімдері де жоқ. Бақ иесіз қалғандай күй кешіп, жұмысы қожырай бастады. Торлардың іші боқ-сідікке толып, ылығып-былығып, сасып жататын болды. Соның кесірінен жан-жануарлар бірінен кейін бірі жұқпалы ауруға шалдығып, өлім-жітім көбейді.
Бұрынғы директор да, орынбасары да, хатшысы да, есепшісі де мейірімді-қайырымды жандар еді. Ынтымағы жарасқан, айрандай ұйып отырған ұжым болатын. Ал қазір сүттей іріп, кетеуі кете бастаған. «Басшы қандай болса, айналасындағылар да сондай болады екен ғой! Ұры болса, ұры… Зәлім болса, зәлім… Зымиян болса, зымиян… Маңайына өзіне ұқсайтындарды жинайтын көрінеді. Жоқ әлде, айналасындағылар басшыға қарап бой түзей ме?! Әйтеуір, түсіну қиын… Қай жердің де дамуы мен кері кетуі бірінші басшыға тікелей байланысты екен ғой! Ақылды басшы алдыға оздырады, ал ақымақ бордай тоздырады екен!» – деп ойлады.
Кейінгі кездері жұмырбасты әр пендені мінез-құлқы мен іс-әрекетіне қарай хайуанаттармен салыстыратын әдет тапты. Ойлап қараса, бақ қызметкерлері де адам кейпіндегі жан-жануарға айналып бара жатқандай. Директордың кабинетіне кірсе, ашулы арыстанмен бетпе-бет қалғандай сезім күйін кешеді. Тіпті бастықтың өзімен бірге ертіп келген хатшысының өзі тап бір төрткүл дүниенің тұтқасын жалғыз өзі ұстап тұрғандай тәмпіш мұрнын шүйіріп, кердең қағады. Оны көрсе көз алдына сумаңдаған сұр жылан елестеп кетеді. Кеше қалта телефонына қоңырау шалып:
– Қайда жүрсің? Тез жет! – деді дауыс көтеріп.
Әй, бір жыны ұстағаны-ай! Сонда да жаны нәзік қыз бала екенін ескеріп:
– Әкеңдей адаммын, жөндеп сөйлессеңші, айналайын! – деген сабырлы қалпын сақтап.
Қыздың қояр түрі жоқ. Қайта одан сайын өршеленіп:
– Әкемнен садаға кет! Тезірек жет деп тұрмын ғой мен саған! – деді шәңк-шәңк етіп.
Шыдамы сыр берді. Әкесінен сыдыртып сыбап салды.
Көзінің жасын көл қылып, үстінен шағым жасапты. Директор шақырып алып, дүрсе қоя берді. Айтқанды ұғар емес.
– Қыз баланы боқтауға қалай аузың барды? – деп аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты.
– Айтар сөзі мен орнын білсін! – деді өзінікін дәлелдемекші болып. «Мен – бастықпын, сен – кімсің?» дегендей, бетқаратар емес.
– Шақыртқан – мен! – деді кеудесін ұрғылап, – Неге келмейсің? – Сізді бастық шақырып жатыр! – десе болды ғой. – Қайда жүрсің? Тез кел! – деп жер-жебіріме жетпей-ақ.
Директор қарындасына ескерту жасағанның орнына, бұған кәрін төге зіркілдеді. «Істегің келмесе, жолың ашық, кете бер!» – деді түкірігі шашырап.
Екеуара әңгіменің дәл осылай өрбитінін сезсе де, қапелімде не айтарын білмей, үнсіз құтылған. Осыдан кейін-ақ басшылық қыр соңына түсіп алды. Директордың орынбасары тіптен шектен шығып кетті. Баласынан да кіші жап-жас жігіт. Үлкенді сыйлау дегенді білмейді. Жер тіреп тұрғандай кеудесін шалқақ ұстап, кесек сөйлейді. Ананы бір, мынаны бір сылтауратып: көпе-көрінеу түртпектейтін болды. Шибөрідей шақ-шақ етіп, тыныштық бермейді.
Жан-жағына жіті көз тастап, өткен күнді ойша шолып келеді. «Бүйтіп жеккөрінішті болып жүргенше, өзім-ақ арыз жазып кетіп қалсам ба екен?! Бірақ, одан не ұтам?! Әліптің артын бағып, сәл шыдай тұрайын. Артық кетіп жатса, тағы көрермін!» деп қояды.
Хайуанаттарға бажайлай көз салады. Арып-ашыған, жүндері түсіп жүнжіген, жүдеп-жадаған. Үлкен қара жылан жатқан торға жақындап келді. Қаннен-қаперсіз иіріліп жатыр екен, бұны көре сала жиырылып, басын қақшитып алды. Ысылдап, айыр тілін сумаң еткізді. Күнде көріп жүрсе де, тұла бойы тітіреніп кетті. Өткенде дәл өзіндей ұрғашысын жұтып қойғаннан кейін кәдімгідей жүрексінетін болды. Соған әлі таң қалып, таңдай қағады. Неге өйтті екен? Ашыққаннан емес шығар! Өйткені, кеше ғана түрмеде отырған кәнігі үш қылмыскердің жазасын өтеуге енді келген жас жігітті ұрып өлтіріп, етін жеп қойғандары туралы хабарды оқып, жаны түршіккен. «Олардың ондай ауыр қылмысты ашыққандарынан жасамағаны анық қой! Жұмырбасты пенделер бір мезетте-ақ жыртқышқа айналып шыға келеді екен-ау!»
Кенет қыңсылай шыққан ащы дауыс естілді. Жалт қарады. Қарсы беттегі қасқырдың торында топырлап жүргендерді көріп, солай қарай жүрді. Бағушылар арланды қолдарындағы темірмен аяусыз ұрып-соғып жатыр. Түз тағысы бүрсең қағып, айнала қашып жүр. Жаны ашып кетті.
– Әй, жынданғаннан саумысыңдар?! Бұларың не? Қойсаңдаршы, ол да тірі жан иесі ғой! – деп ара түскен. Еліріп алғандар:
– Бұл директордың бұйрығы. Атаңа нәлет, кеше қаншығын талап тастапты. Сол үшін жазалап жатырмыз! – деп тыңдайтын түрлері жоқ.
Не десін?! Ақымақтармен ақымақ бола ма?! Амалсыз кері бұрылған. Жұманбай бағушы қарсы жолықты. Түтігіп кеткен. Салған жерден бұрқылдап қоя берді:
– Мыналар жынды-ей! О заманда бұ заман, жан-жануарды жазалағанды кім көрген?! Тіпті бір аптаға дейін тамақ бермей, аштан қатыратын болды.
– Не үшін?
– Ой, «тәртіп бұзды, бұзықтық істеді» дейді. Атаңа нәлет, күлесің бе, жылайсың ба?!.
– Директордың өзі бұйырыпты ғой!
– Енді соған білгенін істетіп қоямыз ба? Бағушы – бағушы емес, жазалаушы жендетке айналды ғой. Оларды көргенде арыстанның да үрейі ұшатын болды. Байқайсың ба, тіпті ақыруын, күндей күркіреуін қойып кетті. Оның үстіне бәрі де аш-арық, бұратылып жүр.
– Неге осындай күйге түсті?
– Ой, шынымен білмейсің бе? – деді таңырқай қарап, – Мәселен, бұрын арыстанға күніне 6-7 килограм ет берілетін. Қазір соның тең жартысын қысқартып тастапты. Бірақ, құжат бойынша әлі де күніне сол шамада бөлінеді. Білесің бе, қалғанын басшылық өздері жейді. Атаңа нәлеттер, жеміс-жидекті де ұрлап-жырлайды. Көрерсің, уақыты келеді, бәрінің артын ашамын. – деді қызбаланып.
Осыны айтты да, қабағы қарс жабылған күйі жөніне кете барды. Сейтқазы ойланып қалды. Кенет оң жақ қапталдан шаң-шұң дауыстар естілді. Арттарына алақ-жұлақ қарай қашып келе жатқан адамдарды көріп, жүрегі зу ете түсті. Не болғанын тезірек білгісі келіп, қарсы жүрді. Салманбай бағушы арсалаңдай алдынан шықты. Алқынып кеткен.
– Не боп қалды? – деді тақап келіп.
– Кеше қаншырын талап жеп қойған арыстан жаңа Бақыри бағушыны да жарып тастап, тордан шығып кетіпті, – деді ентігін баса алмай.
– Не дейді? – Көзі бақырайып кетті.
– Неғып тұрсың? Қаш!.. – деді де, жауап та күтпестен шығар қақпаға қарай далбақтап жүгіре жөнелді.
Сейтқазы шошып кетті. Десе де қорқынышқа бой алдыра қоймады. Арыстанды жақсы біледі. Адамға шабады деп ойламапты. Торына жалғыз кіріп, хал-жағдайын көзімен көріп жүретін. Талай мәрте бетпе-бет келіп, оңаша қалған. Оғаш қылығын байқаған емес. «Бұлар адам емес, аңды да ашындырды. Құдай ақырын берсін!»
Кенет сонадайдан балпаң басып келе жатқан арыстанды байқап қалды. Тап бір қыдырыстап жүрген сияқты. Қапелімде не істерін білмеді. Дәл осы сәтте қайдан сап ете қалғаны белгісіз, директор өңмеңдеп жетіп келді.
– Арыстанды бірдеңе қылып торға кіргізші! – деді жәутеңдеп. «Мынау шынымен менің бастығым ба?» дегендей таңдана қарады. Жүзінде қан-сөл жоқ. Судан шыққан саршұнақтай сүмірейіп, сүмпие қалған.
– Қалай?..
– Бірдеңе қылшы, енді! – деді директор жалынышты үнмен.
– Ажалыңнан бұрын өл дейсіз бе? – деді батылданып. Бір жағынан қырсығы ұстап, қитығып та тұр.
– Жо… жоқ! Енді бір амалын табайық та…
– Полицияға хабар беру керек!
– Хабарладық!
– Ендеше күтеміз!
– Олар келгенше тағы біреуді жазым етпесе…
– Оған жол бермеймін! – деді нық сеніммен.
Директордың аузы жабылды. Арыстан қақпа жаққа қарай желе жортып барады. Келушілер де, қызметкерлер де тым-тырақай қашып кеткен. Абырой болғанда күзетшілер қақпаны жауып үлгеріпті. Бірақ әр тұстан адамдардың қарасы көрінеді. «Қашып үлгере алмады ма, жоқ әлде білмей қалды ма екен?!» Тығылмақ ойнағандай әрнені қалқалай сығалап жүр. Демек, арыстанның тордан шығып кеткенін біледі. Соларды ойлап, жүрегіне қорқыныш ұялады. Егер біреуіне қарсы шапса, тұра жүгіруге бекінді. Бірақ арыстан ешкімге мойнын бұра қоймады. Бақтан шығудың жолын іздеп жүргендей, қақпа маңында арлы-берлі ойқастады. Қайта-қайта биік дуалға көз салып қояды.
Дәл осы кезде бақ қызметкерлеріне арналған бүйірдегі есіктен қолдарында шошайған мылтықтары бар мергендер кіріп келді. Басшысы болса керек, әскери киім киінген капитан жандарына жақындап:
– Қалай ұстаймыз? – деді ентігін әрең басып.
– Қандай жағдай болмасын өлтірмеу керек! – Директор мұрнынан міңгір етті.
– Мен барайын. Оқыс қимыл жасаса, көрерсіздер. Әйтпесе, маған тиісе қоймас! – дей беріп еді, директор жүрегі жарылардай қуанып кетті:
– Иә, дұрыс… дұрыс! – Дауысы саңғырлай шықты.
– Олай болмайды! – деп бір-ақ кесті капитан. – Хайуанға сенім жоқ. Талап тастаса, қайтесіз?! Біз сіздің өміріңізге басымызбен жауап береміз!
Сейтқазы ойланып тұрып қалды. Капитанның сөзі ерекше әсер етті: «Шынында да талап тастаса, не болмақ?! Әй, өзім де алды-артымды ойлай бермейтін ақымақтаумын ғой! Капитанға рахмет! Басымның амандығын ойлап тұр. Ал директорға бәрібір, өз қара басының қамын күйттеп жүр».
Қашып құтыла алмасын сезді ме, арыстан өздеріне қарай тура жүрді. Жота-жонын күдірейтіп, желе-жортып келеді. Ештеңеден қаймығар емес, аялдайтын түрі жоқ.
Зәресі ұшқан директор әкімшілік ғимаратына қарай томпаңдап қаша жөнелді. Мұндай қорқақ болар ма, артына жалтақ-жалтақ қарай зытып барады.
Бас зорлықшыны танып қойды ма, арыстан шалт қимылдап, тура соған қарай тұра шапты. Сейтқазы таң қалды: «Шынымен танып қойды-ау!»
Бұлай болар деп ойламаған капитан мылтықтарын оңтайлап тұрған сарбаздарға:
– Атыңдар! – деді бұйырып. – Атыңдар!
Мылтықтың дауысы жамырай шықты. Құйғытып келе жатқан арыстан қара жердің шаңын бұрқ еткізіп, омақаса құлады. Қайтып бас көтере қоймады, бүктетілген күйі қимыл-қозғалыссыз қалды.
– Шипасы бітті-ау деймін! – деді офицер көңілі жайланғандай.
Арыстанның тоңқалаң асқанын көздерімен көріп тұрса да, ешкім де батылы жетіп бара қоймады. Сейтқазы ғана жанына жақындап барып, аң патшасының денесін бастан-аяқ көзімен шолып шықты. Екі бірдей оқ дәл шекеден тиіпті. Тілі салақтап, тырп етпестен сілейіп жатыр.
– Жан тапсырыпты! – деді қолын көтеріп.
Ең алдымен директор жүгіріп жетті. Артынан капитан бастаған мергендер де келді. Аң патшасының сеспей қатқанын өз көздерімен көрді.
– Әзірше, өз торына апара тұрыңдар! – деді бақ басшысы маңайына жинала қалған бағушыларға көз тастап. Олар үнсіз бастарын изесті.
– Сіздің кінәңіз! – деді бұл директорға тіке қарап. Ашуы бойында. Сыбап салғысы келіп тұр.
Сұсты жүзінен қаймықты ма, тілін жұтып қойғандай тіс жармады.
– О заманда, бұ заман, хайуандарды жазалағанды қайдан көрдіңіз?!. – Сейтқазының түрі адам шошырлық еді. Түтігіп кеткен.
Бақ басшысының еңсесі түсіп, басы салбырап кетті. Қарсы сөз айтуға жүрегі дауаламады ма, жоқ әлде шынымен өз кінәсін мойындады ма, әйтеуір ләм-мим деместен жөніне кете барды: «Мынаған не болған? – деп ойлады, – үйретілген асаудай жуасып қалыпты ғой!»
Сейтқазы шаршағанын енді сезінді. Жұмыс бөлмесіне қайтып келіп, темір төсекке құлай кетті. Көз алдынан жаңағы арыстан кетпей қойды: «Аң екеш аң да еркіндікті аңсайды ғой! Қашып кетуге қаракет қылып, тәуекелге бел байлағанын қарашы!»
Бақтан қашқысы келетін хайуандардың да қатары күн санап өсіп келеді. Өткенде маймылдар жерде жатқан бөренені көтеріп тұрғызып, баспалдақ қылып, дуалдан секіріп кетіпті. Енді қайтсін, саясында емін-еркін жүретін тұмса табиғатты аңсайтын шығар. Абырой болғанда алысқа ұзай қоймапты, сақшылар көшеден ұстап әкелді. Құстар да ұшып кеткен. Тіпті жыландар да ұшты-күйлі жоғалған.
Кенет көзі торға түсті. Екі шыбын ілініп тұр. Бағана біреуін өзі көрген, екіншісі қосарланыпты. Көз алдына сан түрлі тор елестеді. «Көзге көрінбейтін торлар да болады екен ғой! – деп қиялға берілді. – Адамдар да торға түсуден қорқады. Әр қадамын аңдап басады. Тіпті ең аяғы ойларын да қамауда ұстайды.»
Кенет мектепте бірге оқыған Ердеш досы есіне түсті. Мінезді-ақ жігіт еді. Мансабы өсіп, Мәжіліс депутаты атанғаннан бері көкжалдық қасиетінен жұрнақ та қалмаған. Қоқым-соқым лақтырса, тоңқайып қызыл көтін көрсететін маймылға айналған. Адам түсініп болмас жәдігөйлік іс-әрекеттерге көшкен, жағымпаздық жолға түскен. Ол үшін ұялмайды да, қымсынбайды да: «Адамның жамандыққа да еті өліп кетеді-ау! Сүйкімін жоғалтып, елге жеккөрінішті болып өмір сүру де қайбір жақсы дейсің?! Ар-ұятын ақша мен қызметке, яғни бас пайдасы үшін айырбастап, қу құлқынның құлы болып жүр. Есесіне, көйлегі көк, тамағы тоқ, уайымы жоқ.»
Зиялыларды көктей шолып шықты. Тағы да көз алдына маймаңдаған маймылдар мен жылмаң қаққан түлкілер елестеді. Арыстандар мен жолбарыстардың тұқымы тұздай құрыған. Ара-кідік қасқырлар мен барыстар бой көрсетіп қалады. Шаңқ ете қалатын кәрі бүркіттер мен жас қырандар қылаң береді. Бірақ олар да өздерін еркін сезіне алмайды. Көзге көрінбес тормен шырмап, аяқ-қолдарын жіпсіз байлап-матап тастаған. Үндері де құмыға шығады: «Адамдар да хайуанаттар бағындағы аң-құстардың күйін кешкені ме?! Не пәле?!»
– Біз осы кімбіз? – деді өзіне-өзі іштей күбірлеп. Тістеніп, тісін шықырлатты.
Алдымен әйелін ойлады. Оны аққуға теңейді. Ал балалары ше? Әзірше, адам қалыптарынан айни қойған жоқ. «Мына қоғам бір күні оларды да күйкентайға айналдырмасына кім кепіл?» – Кеудесін кере ауыр күрсінді. Иегі кемсеңдеп, жанарына жас іркілді. Көмейіне өксік тығылды.
– Әй, осы өзім кіммін? – Дауысы ышқына шықты. – Бәрібір арыстан бола алмаймын! Кезенген мылтыққа қарсы шабам деп, ажалымнан бұрын өлер жайым жоқ.
Ойлана жоғары қараған, көзі тағы торға түсті. Шет жағында бұғынып отырған өрмекшіні көріп, жын ұрғандай қарқылдап күліп жіберді.
– Тор… тор… тор… – деді сұқ саусағын шошайтып, – Өрмекші!..
Кенет жемтік аңдыған құйтақандай жәндік қусырылған қу дүниені уысында ұстап тұрған құдіретті күш иесіндей көрініп кетті. Сол мезет сұсты жүз өңменінен өтердей өткір көзбен сұқтана қарап, төбесінен төніп тұрғандай сезінді. Денесі дір ете қалды: «Астафыралла!»
Көзін жұма берді.
Торға түскендей тыпырлады да қалды.
Бойын үрей билеп алды…

ЖҰБАНЫШ

Жұбаныш жұмыстан ертерек кетіп қалғысы келді. Кабинетінің жарығын өшіріп, еппен басып дәлізге шықты да, сыртына «Бухгалтерия» деп үлкен әріптермен бадырайтып жазылған есікке бас сұқты. Бас есепші алпысты алқымдап қалған кексе әйел. Алдындағы қағаздарды ақтарыстырып отыр екен.
– Апай, айлық берілмей ме? – деді міңгірлеп.
Бас есепші көзінің астымен безірейе қарады.
– Ақша жоқ!
– Пәтерақыны төлеуім керек еді…
– Жоқты қолдан жонайын ба? – дауысы қатқылдау шықты.
– Бірдеңе қылыңызшы, апай! Қысылып тұрмын, – деді күмілжіңкіреп, Қожайындар пәтерден қуғалы жатыр…
– Не деген сөз ұқпайтын адамсың, түге?! – Бас есепші зірк етті. Бір сөзді мың рет қайталау керек пе?! Амалсыз кері бұрылды. «Апырай, адамдар не боп барады?! Сонша кекіреймей-ақ, жөнімен жауап қатса несі кетеді-ей! Жарайды, өздері білсінші! Бұларды көр түземесе, мен түзей алмаспын. Бәрінен де балаларға обал болды, ет жеп, сорпа-су ішпегелі қашан, азырақ таксилетіп, тым құрымаса ішіп-жемге тиын-тебен тауып алайын» деген ойлардың жетелеуімен сыртқа шықты.
Аспанның қас-қабағы қатулы, түнеріп-ақ тұр. Күннің күміс сәулесі қарақошқыл бұлттардың арасынан әлсіз ғана жылтылдайды. Салқын самал бет-жүзін аймалап, шашын желпіп өтті.
«Аудиын» оталдыра салып, орнынан қозғалып кетті. «Республика» даңғылына шыға бере алдыңғы жақта қол көтеріп тұрған жас қызды көріп, көзі жайнап кетті. Екі-үш машина бірінің артынан бірі іркес-тіркес тоқтай қалды. Бұл да тежегішті баса берді. Ішкі тілеуі орындалып, алдыңғылардың ешқайсысы ала қоймады. «Аз беріп тұр-ау шамасы!» деп ойлап үлгергенше болған жоқ, қыз жетіп келіп, ашық тұрған терезеге үңілді:
– «Лесозавод». Мың теңге.
Сұлу бойжеткеннің дауысы сыңғырлай шықты. Құлағына сондай жағымды естілді. Күндей жылы жүзі мен мөлдіреген сырлы жанарынан нұрлы сәуле шашырап, сезімін селт еткізді. Әтірінің хош иісі мұрнын жарып барады. Есі шығып кетті. Ойлануға да мұршасы болған жоқ:
– Отырыңыз! – деді басын изеп.
Айдай ару есікті жайлап ашып, жанына жайғасты. Қызыл кофта, жылтыр қара шалбар киіп алыпты, өзіне сондай жарасып тұр.
– Қарындас, жол қысқарсын, әңгіме айта отырыңыз, – деді қозғала беріп, – Қай жақтансыз?
– Қызылордаданмын, аға!
– Охо, жерлесім екенсіз! – Іші қылп ете қалды, – Өзіненсіз бе?
– Аралданмын!
– Ааа, мен – Қармақшыданмын!
– Өз ағам екенсіз ғой! – Қыз күлімсіреді. – Тегін апарып тастайтын шығарсыз.
Жұбаныш миығынан мырс етті. «Пәлесін қара!» деп ойлады. Кесіп-пішіп ештеңе айтқан жоқ. Өйткені ақша да керек болып тұр. Сондықтан әңгіме ауанын басқа жаққа бұрғысы келді.
– Атың кім?
– Шырын!
– Шырын десе, шырын екенсің!
– Рахмет! – Қыз жымиып, көзін төңкере қарады.
– Студентпісің?
– Қайдан білдіңіз?
– Көріпкелдік қасиетім бар.
– Бәсе, тегін адам емессіз!
– Өзіміз де солай ойлаймыз, – Ыржиды, – Қалай Астана ұнады ма?
– Масасы болмаса, жақсы қала ғой! Біз тұратын жақта тіптен көп. Далада жүру мүмкін емес. Шаршатты.
– Шаршайтын жаста емессіз ғой!
– Жоқ, рас айтам, шынымен шаршатты.
– Желі мен аязы ше?
– Амал жоқ қой, аға!
– Есесіне, ауасы таза ғой!
– Иә, оныңыз рас.
– Қазір оңға бұрылам ғой.
– Иә, аға, дұп-дұрыс келе жатырсыз.
– Өзің студентсің, таксимен жүресің! – Сынай қарады, – Ақшаны қайдан аласың?
– Үйден жіберіп тұрады. Сабақтан кейін жұмыс та істеймін.
– Қайда?
– «Кипсиде»
– Қай жердегі?
– Бағанағы отырған жердегі. «Республика» көшесінің бойындағы ше?
– Ааа… Түсінікті. – Жымың қақты.
Бір кішкене көшенің қиылысына жақындай бергенде:
– Осы жерден тоқтасаңыз болады, – деді бойжеткен сыңғырлай тіл қатып.
Жұбаныш жалма-жан тежегішті басып, машинасын тоқтатты.
– Рахмет, аға! – Қолына мың теңгелікті ұстатты.
– Телефон нөміріңізді айтпайсыз ба?
– Не үшін?
– Бос кезіңде қыдыртайын!
– Ой, аға, рахмет! – Жүзі жадырап сала берді. – Жазып алыңыз.
Қыз телефон нөмірін айтты. Жұбаныш жылдам жазып алды:
– Қай кезде хабарласуға болады?
– Осындай кешкі уақыттарда…
– Жақсы, айналайын! – Жымың қақты, – Көріскенше күн жақсы болсын!
– Аман болыңыз, аға!
Қыз бұрылып жүре берген. Жұбаныш артынан сұқтана қарады. Бөксесіне көзі түсті. Бұлтың-бұлтың етеді. Жымия басын шайқады: «Айлық алған соң міндетті түрде хабарласамын. Меніңше, кетәрі емес. Бұндай сұлуды құшқан да-құшпаған да арманда шығар?!» – деді өзінен-өзі масайрап.
Көлігін кері бұрған. Сәл жүріп барып, ыңғайлы жерге тоқтады. Қалаға бос қайтпай, адам ала кетпек. Ұзақ тұрды. Қол көтерген пенде жоқ. Жаңағы қызды ойлады: «Мың теңгесін алмай-ақ қоюым керек пе еді! Ұят болды-ау! Әй, бірақ, ұятты ойлаймын деп, далада қалмаймын ғой! Одан да бензин құйып алайын.»
Осылай ойға батып тұрған, бір келіншектің жолға қарай құнжыңдап келе жатқанын көріп, ақырын солай қарай жылжыды. Алдына кесекөлденеңдеп тоқтай қалды:
– Такси керек пе?
– Иә! – Аузынан арақтың иісі бұрқ ете қалды. Шашы дудырап, бет-жүзі тотығып кеткен.
– Қалаға барасыз ба?
– Теміржол вокзалына, – Дауысы барылдап шықты.
– Апарамын!
– Апарғанда былай, сонда сәл-пәл күтіп, кейін осында қайта әкеп тастайсыз.
– Қанша бересіз?
– Бес мың.
– Алты мың берсеңізші.
– Жақсы, айтқаныңыз болсын!
– Отырыңыз!
Келіншек алдыңғы есікті жұлқи ашып, лып етіп қасына отырды. Жұбаныш алты мың теңгені қалтаға басатынын ойлап, көңілі тоғайып қалды: «Құдай өзі өлтірмейді ғой. Үйге ішіп-жем апаратын болдым.»
– Ән тыңдайсыз ба? – деді әйелдің көңілін ауламақ болып.
– Әрине.
– Қандай ән қояйын?
– Қазақ әндерін…
Магнитофон қосты. Мақпал Жүнісова ән шырқай жөнелді. Келіншектің жүзіне қан жүгірді:
– Мақпал мықты әнші ғой, әндерін сүйіп тыңдаймын.
– Танысып қояйық! Менің атым – Жұбаныш. – деді мойнан бұрып.
– Зина!
– Есіміңіз қызық екен. – деді таңданысын жасыра алмай.
Ол аузын арандай аша қарқылдап күліп жіберді. Қасқа тісі жоқ екен.
– Сіздің не ойлап кеткеніңізді біліп тұрмын. Зина деген сөз араб тілінен аударғанда «Хат тасушы» деген мағына береді.
– Аааа, солай ма?
– Иә, солай!
– Қай жақтан боласыз?
– Техастан. – Дарақылана күлді.
– Қазақылықты сақтап қалған Шымкент қой! – деді Жұбаныш сабырлы қалпын сақтап, – Келгеніңізге көп болды ма?
– Екі жыл.
– Қайда істейсіз?
– «Орталық базарда» киім сатамын. – Ол сұқ саусағымен базар жақты нұсқады.
– Вокзалға жай бара жатырсыз ба?
– Шынымды айтайыншы, кейде жеңгетайлықпен айналысамын. Базардағыдан әлдеқайда көп табамын. Қолымда ауылдан келген бес бойжеткен тұрады. Кілең он сегіз бен жиырма жас аралығындағы уыздай уылжыған қыздар. Соларға салатын белді жігіттер алып келемін. Біреуін астыңызға салып беремін, аға! Өзіңіз көресіз ғой, шетінен мынандай, – Әйел бас бармағын көрсетті. – Ең сұлуын маңдайынан шертіп жүріп таңдап аласыз, аға!
Жұбаныштың көзі жайнап кетті. «Бүгін бір сәтті күн болайын деп тұр-ау!» – деді іштей масаттанып. Көз алдына сымбатты сұлудың жалаңаш бейнесі елестеп, сілекейі шұбырды.
– Ойбу, ақшамды үйге қалдырып кетіппін ғой! – Зина қалталарына қол жүгіртіп шықты, – Мың теңгеңіз бар ма? Қайтып келген соң толық есептесемін.
Көңілі көлдей тасып келе жатқан Жұбаныш ойланып та жатпастан бағанағы бойжеткен беріп кеткен мың теңгені қалтасынан суырып алып, қолына ұстатты.
– Ана дүкенге тоқтайсыз ба? – Зина алдыңғы жаққа иек қақты.
Жұбаныш машинасын баяулата беріп, жол жиегіне тоқтады. Келіншек дүкенге зып беріп кіріп кетті де, көп күттірмей қайта шықты. Қолына пакет ұстап алған. Машинаға қайта отырды да, жарты литрлік «Сарыағаш» сусынын алып, Жұбанышқа ұсынды. Бір бөтелке «Шымкент» сырасының қақпағын тісімен пыс еткізіп аша салды да, аузына төңкере сылқылдатты.
– Темекі тартуға рұқсат ететін шығарсыз? – Әйел барылдақ дауысымен наздана тіл қатты.
Жас сұлудың құшағын аңсап келе жатқан Жұбаныш оның көңілін қалдырғысы келмей:
– Сізге болады! – деді басын изеп.
Зина босаған бөтелкені терезеден жол жиегіне қарай лақтыра салды да, сіріңке жағып, темекі тұтатты. Түтінді аузынан да, мұрнынан да будақтатты. Бір кезде ауыр күрсініп:
– Жар дегенде жалғыз қызым бар, – деді дауысы дірілдеп, – Жарымжан. Соны емдетуге ақша жинап жүрмін. Жақында Мәскеуге апаруым керек. Ота жасатам. – Иегі кемсеңдеп, көзіне жас алды, – Сауығып кетсе екен, байғұс балам! Содан кейін бұл құйын жүрісті мүлде қоям. Түсінесіз ғой!
– Әрине, түсінемін! Қиын екен! Тезірек құлантаза жазылып кетсін!
– Әмин! – Қос қолымен бетін сипады, – Айтқаныңыз келсінші!
Жұбаныштың аяушылық сезімі оянды: «Неткен аянышты тағдыр?! Сонда да мойымай жанталасып жүргенін қарашы! Бір күн болса да көмектесіп жіберейінші. Өзіме де пайдасы тиейін деп тұр ғой!» – деген ойға тас бекінді.
– Аға, Есенберлин көшесімен барып, «Дәулет» сауда орталығының ар жағындағы қысқа көшеден оңға кіріп кетесіз ғой! Сол жер көлік қоюға да ыңғайлы.
– Жақсы.
– Түсінігіңіз мол екен.
– Жақсылыққа жақсылық істеу парыз ғой.
– Нешедесіз, аға?
– Қырықтан асып барамын. Өзің ше?
– Өкшеңізді басып келемін.
– Сыр-сымбатыңа қарасам, әлі де жиырмадағы қыз сияқтысың. – Келіншектің көңілін көтермек болып, өтірікті сұңқитып жіберді.
– Ой, қойыңызшы, аға! – Миығынан мырс етті.
– Күйеу бала бар ма?
– Басын жұтқанбыз!
«Қалай-қалай сөйлейді?!» – деп тіксініп қалды. Бірақ артық-ауыз ештеңе айтпады. «Қайтсін енді, өмір әбден ашындырған екен ғой! Арқа сүйер азаматы болса, бұлай сорлап жүрмес еді ғой! Обал-ай!»
Осындай ойлардың жетегімен «Дәулет» сауда орталығының бүйір жақ бетіне келіп тоқтады. Әйел бар денесімен бұрыла қарады да:
– Аға, сіз менің ағамсыз, түсіндіңіз бе? Қазір ертіп келген жігіттерге «ағам» деп таныстырамын, жарай ма? Сіз, «иә, Зина – менің қарындасым» дей беріңіз. Егер ақша көбірек түссе, міндетті түрде бөлісеміз, аға! – Тағы қызықтырып қойды.
Бұл сөз қаражаттан қысылып жүрген Жұбаныштың құлағына майдай жақты.
– Жақсы, қарындасым, айтсаң болды ғой! – деді желпілдеп.
Келіншек екінші бөтелкенің қақпағын тісімен қақши салып, сыраны сылқылдата жұтты да, машинадан шықты. Асыға басып, көше жаққа кетіп қалды. Жұбаныш та көлігінен түсіп, керіліп-созылып алды. Бұл жерде жезөкшелердің тәнін саудалап жүретінін бұрыннан білетін. Бір-екі мәрте жора-жолдастарымен келіп, әдемі қыздарды таңдап алып, көңіл көтерген. Сол есіне түсіп, еріксіз езу тартты.
Жан-жағына барлай қарады. Теміржол вокзалы жақтан орта бойлы бойжеткен бері беттеп келеді. Көз айыра алмай қалды. Қысқа шашы маңдайына төгілген, ашаң жүзді, сүп-сүйкімді талдырмаш ару. Үстіне қызыл көйлек, аяғына қызыл туфли киіп, қызыл сумка асынған. Тал бойына ерекше сән беріп, үйлесім тауып, жараса қалған. Имене басып келіп, жанынан жанай өтті.
Жұбаныштың бірден тіл қатуға жүрегі дауаламады. Қыз сәл әрірек барып тұрды. Жезөкше деуге қиятын емес. Он екіде бір гүлі ашылмаған пәк бойжеткен секілді, мөлдіреп-ақ тұр. Көздері түйісіп қалды. Қымсына күлімсіреді. Жымиғанының өзінен жылылық сезіледі. Шыдап тұра алмады. Бойына бар батылдығын жиып, жанына жақындады.
– Қарындас, жай жүрсіз бе?
Қыз көзін тайдырып әкетті.
– Жұмыс істейсің бе? – Жұбаныш сұрақты төтесінен қойды.
– Иә! Күмілжи тіл қатты.
– Қанша?
– Сағаты – бес мың.
– Нешедесің, айналайын?
– Он тоғыздамын!
– Бұндай жүріске не итермеледі?
– Студентпін! – Кібіртіктеп, күмілжи берді, – Ақша керек еді, аға! – Дауысы да құмығып шықты.
– Ақшаны адал жолмен табуға болмай ма?
Қыздың жүзін мұң торлап, қып-қызыл боп қызарып кетті. Қайыра тіл қатпастан көше жаққа қарай жүре берді. Жұбаныштың көңілі сеңдей бұзылды: «Қайран, жоқшылық, не істетпейсің? Еріккеннен жүр дейсің бе, байғұс! Өстіп жүріп тағдырын талқан қылмаса жарар еді?! Бұндай сұлуды жар ету кез-келген жігіттің арманы ғой, байсыз қалмас! Күндердің күнінде, қатесін түсініп, дұрыс жолға түсер! Мен бірдеңе білсем, бұл бұзылған қыз емес. Әттең… бір кем дүние!»
Осылай ойға батып, есеңгіреп тұрған. Екі сұқытсыз қыз дарақылана күлісе жанынан өте берді. Кеудесі ашық кофта, тыртыстырып қып-қысқа юбка киген. Баттастырып боянып алған. Көздерінің айналасы көкпең-көк, еріндері күлгінденіп тұр. Қызға тән қылық, нәзіктік, тартымдылық жоқ. Ұзын бойлы тыртиған сарысы көз қиығын салып:
– Қыз керек пе? – деді езуін ыржитып. – Ләззатқа батасың, құмардан бір шығасың! Нені қаласаң, соны жасаймыз. Ешқандай шектеу жоқ. Көп жылғы тәжірибеміз бар. Көңіліңнен шығуға бар өнерімізді саламыз. Қысқасы, риза қыламыз! Көп те сұрамаймыз.
– Қанша?
– Сағаты – төрт мың.
– Неге қымбат? – Әдейі қағытып тұр. Себебі, ұнап тұрған жоқ.
– Екеумізді бірдей алсаң, сәл түсеміз.
– Екеуіңді не істеймін?
– Топтасып жұптасқан жақсы болады. – Қызықтырғысы келгендегі түрі ғой, – Осы уақытқа дейін соны да білмейсің бе?
Еріксіз күліп жіберді. Кеңк-кеңк етіп, көзінен жас аққанша күлді.
Бағанадан бері үн-түнсіз тымырайып тұрған орта бойлы, толық, қара бойжеткен арық қыздың қолынан тартып:
– Гуля, Құдай біледі, мынаның қалтасында соқыр тиын жоқ, – деді жұлқылап. – Сонысына қарамай, бізді жынды ғып тұр. Жүр, көше жаққа шығайық!
Сол бойы тыриған қызды қолынан дедектете жетелеп көше жаққа алып кетті.
Ымырт үйіріліп, қас қарайып келеді. Жел ышқына уілдеп тұр. Жастау кезінде ата-әжелерден: «Іңірде шайтан көшеді. Күндіз жарық сәуледен сескеніп, бұғынып жатқан жамандық атаулы бас көтереді. Көз байланған шақта сақ болыңдар!» – деген сөздерді жиі естуші еді. «Сол жын-шайтандар мыналар емес пе?!» – Қаңғыған ойлар қаумалады.
Кенет қалта телефоны шырылдады. Әйелі екен:
– Жұбаныш, қайдасың? – деді әдеттегідей.
– Ой, өзің білесің ғой, жұмыстан кейін жұмыс істеп жүрмін сол.
– Айлығыңды алған жоқсың ба?
– Сен де қызықсың, Бақыт, алсам, өстіп жүрем бе?!
– Тура бір айдай кешіктіріп… олар да қызық екен?! Адамдар қалай күн көреді деп ойлайды екен?! Жарайды, сен таксист болып, ақша тауып, отбасыңды асырап жүрсің. Ал басқалар ше? Аштан өлуі керек пе?
– Оны ойлап жатқан кім бар дейсің? Жоғарыдағылардың жеуден қолдары босамай жатыр.
– Осылар қашан тойынады екен?! – Сәл үнсіз қалды, – Жаңа ғана пәтердің иесі келіп-кетті. «Пәтерақыны уақытында төлей алмасаңдар, шығыңдар», – деп жер-жебіріме жетті. «Күйеуімнің айлығын кешіктіріп жатыр, ешқайда қашып кетпейміз ғой» десем де, құлақ асатын түрі жоқ. «Ертең соңғы күн», – дейді. – Біреуден қарыз ала тұрсаңшы.
– Ой, сен де қызықсың, қазір кім бере қояр дейсің?!
– Енді сұрап көрсеңші. Бірге оқыған курстастарың, достарың бар ғой. Біреуі болмаса, біреуі беріп қалар. Астанаға жайлы өмір іздеп келіп, далада қаңғып қалып жүрмейік.
– Сұрап көрейін…
Әйелінің жауабын да күтпестен телефонын баса салды. «Кімнен сұрасам екен?» – Жалма-жан телефонына жазылған аты-жөндерді қарай бастады. «Талғатта ақша жоқ… Шыңғыста бар, бірақ ол бермейді… Қайыржан беруі мүмкін, адал жігіт қой!» Қоңырау шалды, обалы не керек, бірден көтерді:
– Кәке, ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам!
– Бала-шаға аман-есен бе?
– Рахмет, бауырым! Бәрі ойдағыдай! Өздерің ше?
– Кәке, айлық түспей, қиналып қалдық. Қожайындар пәтерақыны талап етіп, жаналқымнан алып жатыр. Қарызға елу мың теңге бере тұрмайсың ба? Еңбекақымды ала-сала қайтарамын.
– Жүке, айып етпеші, өзіміз де қаражат жағынан қысылып жүрміз.
– Аааа… жарайды, жақсы.
Телефонды баса салды. Кеудесін кере ауыр күрсінді: «Айттым ғой, қазір кімнің шекесі шылқып жүр дейсің?! Бәрі де өзіміз сияқты болмашы айлыққа қарап отырған мәдени қайыршылар ғой!»
Осы кезде отыз бестер шамасындағы тапал жігітті ертіп Зина келді. Темекіні тісіне қыстырып алған. Түтінін аузы мен мұрнынан кезек шығарады.
– Жұбаныш аға, мына жігіттің аты – Азат. Әңгімелесе тұрыңыздар. Мен қазір келемін, – деді ысылдап.
– Көп күттірме енді.
– Иә, аға, қазір… – Келіншек кері бұрылып, томпаңдай жөнелді.
Жұбаныш жігіттің бас-аяғына көз жүгіртіп шықты. Жүзін жел қағып, қайыстай қарайып кеткен. Қолы күстене жарылып, кей жері қызарып тұр. Үстіне түте-түтесі шыққан қызыл жемпір киіп алыпты. Көк барқыт шалбары кір-кір, мыж-мыж. Үстінен күлімсі иіс шығады.
– Туған ағасысыз ба? – деді сынай қарап.
– Иә! – дей салды сөзді көбейткісі келмей.
– Мүлдем ұқсамайсыздар.
– Ол шешемізге, ал мен әкеме тартқам.
– Аааа… Бәсе…
– Қай жақтан келдің, бауырым? – деді Жұбаныш әңгімені басқа арнаға бұрғысы келіп.
– Семейден.
– Не істейсің?
– Құрылыстамын, аға! Тоғыз қабатты үй тұрғызып жатырмыз. Таңның атысынан, кештің батысына дейін тыным таппаймыз. Ауылда жұмыс жоқ, амалсыз отбасымыздан ажырап, қаңғырып жүрміз. Әйтеуір, жақсы төлейді. Бірақ енді жұмыс өте ауыр. Сондықтан кейде өзіңді-өзің демалдырғың келеді. Оның үстіне, әйелді көрмегелі де үш айдан асты. Бүгін айлық алып едік, содан бір көңіл көтерейік деп… – Азат езу тартты. Көзі жыпылық қағып, именшіктей берді. Жүзінен қысылып-қымтырылып тұрғаны анық сезіледі. Соны байқаған Жұбаныш оның көңілін демдеп, жанын жұбатқысы келді:
– Әрине, бауырым! Анда-санда көңіл көтергенге не жетсін?! Сен түгілі, осындай демалысты өзіміз де аңсап тұрамыз.
– Сол ғой, аға! – Ыржалақ қақты.
– Неше балаң бар?
– Құдай берген екі қыз, бір ұлым бар, аға! Қатты сағындым! – Азаттың жүзіне мұң ұялады. – Отбасыңнан жырақ жүрген қиын екен. Балаларың қалай өсіп жатыр, не киіп, не ішіп-жеп жүр, сабақтары қалай? Бәрін ойлайды екенсің. Ішкенің ірің, жегенің желім боп жүреді, ылғи, – Дауысынан діріл білінді. – Түнде де тыныш ұйықтай алмайсың!
– «Балаларымды сағындым, шешелерінде бір шаруам бар еді» деп бір ағаларың айтқандай, барып-келмейсің бе?!
– Жұмыстан шыға алмаймыз, аға! – Аузын ашқан сайын сасық иіс мүңк ете қалады. Оны өзі сезбейді. Ынты-шынтысымен сөз сабақтайды. – Үлкен шаруаны мойнымызға жүктеп аламыз да, соны бітіргенше тыным таппаймыз.
– Иә, әрине, жұмыстың аты жұмыс қой!
Осы кезде Зина тағы екі жігітті ертіп келді.
– Аға, бопраздатып алайыншы! – Сіріңке жағып, темекі тұтатты.
– Жақсы! – Сондай кеңпейіл болып кеткеніне өзі де таң қалды. Әншейінде біреу сәл күттірсе, жыны қозып, бұрқылдап шыға келетін.
Келіншек ертіп келген сақалды қараға қарады. Түрі – шаршаңқы. Көзі кіртиіп тұр.
– Әзербайжансың ба? – деді әңгімеге тартып.
– Жоқ, сығанмын! – деді қазақша мүдірмей сөйлеп.
«Бұнда сығандар қайдан жүр? Алдап тұр ғой, сабазың!» – деді де қойды іштей.
– Атың кім?
– Петша!
– Петша? – Таңданысын жасыра алмады. – Не мағына береді?
– Еркін адам.
– Шынында да еркін адамға ұқсайсың!
– Құдайға шүкір!
– Қазақшаны қайдан үйрендің?
– Қазақ ауылында туып-өстім.
– Түсінікті!
– Мен сені «Пәтшағар» десем бола ма?
Зина да, қасында тұрған екі жігіт те күліп жіберді. Петшаның қабағы қатуланып, қарасұрланып кетті:
– Мен пәтшағар емеспін! – Дауысы қатқылдау шықты.
Жұбаныш орынсыз әзілдегенін сезе қойып:
– «Патша» деп тұрмын! – деді қателігін түземекші болып.
–Қойыңызшы, аға! Патша мен Пәтшағарды ажырата алмайды дейсіз бе?..
Жұбаныш қапелімде не айтарын білмей сасып қалды да, оның қасында тұрған ақсары жігітке қарап:
– Бауырым, сенің атың кім? – деді жайбарақат кейіппен.
– Сыңғырбай! – Айтуын айтып алғанымен, шыдай алмай өзі де күліп жіберді.
Жұбанышты тіптен күлкі қысты. Оның өтірік айтып тұрғанын іші сезіп:
– Менің атым – Мыңғырбай! – деді кекесінмен.
Бәрі ду күлді.
Осы сәт Зина тартып тұрған темекісін шертіп қалып, тас жолға қарай ата салды да:
– Болды, аға! Кеттік! – деді бастығындай бұйыра сөйлеп.
Жұбаныш ләм-мим деместен машинасының есігін аша берді. Зина тағы да жанына жайғасты. Үш жігіт арт жаққа отырды.
– «Лесозаводқа» ғой, иә! – деді көлігін оталдырып жатып.
– Иә, аға! Тура үйге тартыңыз.
– Жолдан бензин құйып алайық, – Әйелге жәутеңдей қарады. – Қызыл жанып тұр.
– Біздің үйдің жанында «КазМұнайГаздың» май құятын бекеті бар. Соның бензині таза. Содан құяйық!
– Жақсы! Әйтеуір, орта жолда тоқтап қалмасақ болды.
– Қызыл жанғаннан кейін де елу шақырым жүруге болады ғой, аға! – Зина өктемси сөйледі. – «Лесозавод» – мына тұрған жер ғой!
Өзінің жалтаңкөз кейіпке еніп кеткеніне таң қалған Жұбаныш: «қызыл жанып тұрғалы біраз болды» деп айтқысы келді де, «жылағандай болмайыншы» деп тілін тістей алды. Бір жағынан астына хас сұлуды салып бергелі тұрған келіншектің көңіліне кірбің түсіргісі келмеді.
Машинасының жарығын жақты да, жайлап қозғала берді. Әңгімені Зинаның өзі бастады:
– Бүгін бір той болайын деп тұр-ау! Құдай бұйыртса, менің қыздарым бәріңді риза қылады. Әй, бір арқыраған айғырдай шабасыңдар ғой! – Ақсия күлді.
Жігіттер жымың қағысты. Петша сұраулы жүзбен мөлие қарады:
– Шөп табыла ма? – Ыңғайсызданып тұрғаны тыжырынған бет-әлпетінен-ақ көрініп тұр. – Героин болса…
– Үйімнің жанында бір танысым сатады. Содан алып беремін, алаңдама, – деді Зина нық сеніммен. – Тек ақшаң болса болды.
– Ақша бар! – Сыған жігіт жымың қақты.
– Қазір беріп қойсаң да болады.
– Қаншадан?
– Он мың бере салсаңшы. Келгенінше аламын. Қорықпа, бір тиыныңды жемеймін.
– Жақсы! – Петша саудаласқан да жоқ, қалтасынан бір бума ақша суырып алып, он мыңын Зинаның қолына ұстатты.
Жұбаныштың көзі жайнап кетті. Сығанның кескін-кейпіне қараса, бір жерде жұмыс істейтін адамға мүлде ұқсамайды: «Бәсе, түрі де біртүрлі. Шегіп алған екен ғой! Бұнша ақшаны қайдан алды екен, зәнталақ?! Шіркін, андай ақша менде болса ғой! Босқа шашпай, орнымен жұмсар едім!» – деп қойды іштей.
Бір жағынан оның Зинаға ақша бергеніне де қуанып қалды: «Байғұс-ай, есебін тауып мынаның ақшасын түгел сыпырып алса ғой! Қызын емдетуге септігі тиер еді-ау!»
Алдыңғы айнадан арт жақтағыларды көзбен бақылап келеді. Ортада көк костюм киіп, ақ көйлекке қызыл галстук таққан жігіт ыздиып отыр. Жақ ашқан жоқ.
– Сыңғырбай, қайда істейсің? – деді айна арқылы иек қағып, – Мемлекеттік қызметкерсің-ау деймін!
Ол да айнаға тура қарап отырған, іркілген жоқ:
– Жоға… – деді сабырлы қалпын сақтап. – Журналиспін!
– Охо, біз туралы жазып жібермейсің бе?
– Жоғии! Сіздерді жазсам, ішінде өзім де кетемін ғой!
– Келін бар ма?
– Жоқ, Мыңғырбай аға! – Жылы жымиды.
– Нешедесің?
– Отыздан асып барамын.
– Талай баланы белде өлтіріп жүр екенсің ғой!
– Жоғии… шли олай нетпеңіз!
– Ауру емес екеніңді осы жүрісіңнен-ақ байқап тұрмын, – Жұбаныш қулана жымиды. Сыңғырбай да езу тартты. – Енді осы уаққа дейін неғып бас құрамай жүрсің?
– Сіз де қызықсыз, аға! Соқа басымыз әрең күн көріп жүріп, бала-шағаны қалай асыраймыз?!
– «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды.»
– Ой, аға, айтуға ғана оңай ғой!
Зина темекі тұтатты. Түтінін тағы да будақтатып аузы мен мұрнынан кезек шығарды.
– Қазір жатақханаға барамыз. Он бөлмем бар. Әрқайсың таңдаған қыздарыңды алып, соларға жайғасасыңдар. Шай-майларыңды өзім дайындап беремін. Тамақтарың тегін. Бауырсақ пісіріп қойғанмын. Қуырдақ қуырып беремін. Таңға дейін боласыңдар, – деді маңғаздана, – Оған қосымша он мың төлейсіңдер.
– Қымбат қой, апай! – Сыңғырбайдың көзі шарасынан шығып кете жаздады. – Оны неге ертерек ескертпедіңіз енді. Мен бәрі сол он бес мыңның ішінде екен десем.
– Қайдағы қымбат?! Ішінде не керектің бәрі бар. Евроремонт жасалған. Өзің сияқты сыңғырлап тұр. Кірсе-шыққысыз!
– Қымбаттау!.. – деді Азат та сөзге араласып.
– Айналайындар, айтыңдаршы, он сегіз жасар сұлу қыздарды бір түнге он бес мыңнан қайдан табасыңдар? Әрі біздікілер ауылдан енді келген, әлі бүліне қоймаған сарыауыз балапандар! – Зинаның дауысы қатқылдау шықты. – Қайта мен сендерге кеңшілік жасап тұрмын. Соны түсініңдер, жігіттер! Ұсақталмаңдар.
– Егер апай айтқандай болса, ешқандай да қымбат емес. Тек қыздар – сұлу, бөлме – жайлы болса болды. Оның үстіне, тамақ берсе, енді не керек?! – Петша қалтасынан он мың теңгені суырып алып, әйелдің қолына ұстатты. – Төсектері екі адамдық шығар, әйтеуір? – Жымиды.
– Әрине. Төсеніш-жамылғыштары да жап-жаңа. Халат, тәпішке, үлкен-кіші орамалдардың бәрі бар.
Келіншектің осы сөзінен кейін қалған екі жігіт те амалсыздан қалталарынан он мың теңгеден алып берді.
Осылай әңгімелесіп отырып, «Лесозаводқа» да келіп жетті.
– Тура жүре берейін бе? – Жұбаныш гүр етті.
– Алдыңғы бағдаршамнан оңға, содан кейін алғашқы бұрылыстан солға бұрыласыз.
Келіншектің айтуы бойынша жүріп келеді. Бес қабатты үйдің жанына келгенде:
– Міне, мына жатақхана ғой, – деді Зина қолымен нұсқап, – Әне, ана, түпкі жағына қарай өтіңіз.
Үйдің жоғарғы жағына барып тоқтады. Әйел сығанға қарап:
– Петша, сен менімен жүр! – Басқаларына бұрылып, – Ал сіздер, осы арада күте тұрыңыздар. Алдымен беретінімді беріп, комендантты майлап алайын. Ол өзі бір жұлымыр қатын, бөтен адамды байқап қалса шу шығарады.
– Онда оны Петшамен таныстырып-табыстырып жіберсеңші, – деді Жұбаныш әзілдеп. – Жынын қағып алсын.
Бәрі ду күлді.
– Әй, ол қатын Петшаның көзіне көк шыбын үймелетер. Беті аулақ!
– Онда Петша жұбайының көзіне көк шөп үймелетсін! – Жұбаныш тағы бір мәрте қағытып қалды. Сыған ала көзімен ата қарады. Бірақ ләм-мим деп тіл қатпады.
Жігіттер қарқылдап, тырқылдап, жырқылдап, күлкіге қарық болды.
– Оның басқа емес, құлқынын қанағаттандыру керек!
Әлденеге алаңдап тұрғандай көрінген Зина жауап та күтпестен асығыс-үсігіс машинадан түсіп кетті. Түрінен қобалжу байқалады. Бірақ оған ешкім де мән берген жоқ. Петша сүмең қағып соңынан ілесті. Қалғандары көздері бозарып қала берді.
Екеуі орта жолға барғанда тұра қалып, тағы шүйіркелесті. Петша қалтасына қол салып, ақша алып берді. Бұлар қас қақпай қарап отыр.
– Әпкеміз – молодес, тағы ақша сындырып жатыр, – деді Сыңғырбай миығынан мырс етіп, – Қандай уәде берді екен, ә?!
– Саған бәрібір емес пе? – Жұбаныш келіншектің жарымжан қызын ойлап, керісінше сығаннан тағы да ақша алғанына қуанды.
Сол сәт Зина жатақханаға зып беріп кіріп кетті де, Петша теректің түбінде қалып қойды. Бұлар демдерін іштеріне тартып, әйелдің шығуын тағатсыздана күтіп отыр.
Жарты сағаттай күтті. Келіншек шыға қоймады. Жұбаныштың көңіліне күдік кірді:
– Әй, ана қатын аузымызды аңқитып кеткен жоқ па? – деді жігіттерге жалтақтай қарап.
– Ой, аға, сіз оның ағасы емессіз бе? – Сыңғырбай үдірейе қарады, – Қалай алдайды?
– Ешқандай да ағасы емеспін.
– Не деп тұрсыз? – деді Азат та аңтарылып.
– Шынымен алдап кетті ме екен?
Жұбаныш машинадан атып шығып, жатақхананың есігіне қарай тұра жүгірді. Артынан тапырлап екі жігіт те ілесті. Сығанның көзі алақ-жұлақ етті:
– Әй, не боп қалды? – деді түкке түсінбей.
– Ана қатын қатырып кеткен жоқ па екен?!
Естері шыққан төрт еркек бірінің артынан бірі жатақханаға ентелей кірді. Жұбаныш Сыңғырбайға қарап:
– Сен осы есіктің алдында тұра тұр. Біз бөлмелерді түгел сүзіп шығайық! – деді де бірінші қабаттан бастап іздестіріп, сұрастыра бастады. Кейбіреулердің пәтеріне қарсыласқандарына қарамай баса-көктеп кіріп, қарап шықты. Зина деген келіншекті ешкім де есіне түсіре алмады. Бұнда жоқ екеніне көздері анық жетті. Бірінші қабаттың екінші жағында да сыртқа кіріп-шығатын есік бар екен. Сол есіктен жатақхананың арт жағына жүгіріп шықты. Екі жігіт ұзын теректің жанында емен-жарқын әңгімелесіп тұр. Екпіндей шыққан бұларды көріп, үрпие қарасты.
– Ассалаумағалейкум! – деді Жұбаныш жақындап барып.
– Уағалейкумссалам! – Екеуінің жуанды-жіңішкелі дауысы жарыса шықты.
– Мына есіктен әйел шықпады ма? – Жұбаныш арт жағына қолын сілтеді.
– Иә, шықты! – Шойынқара гүж ете қалды.
– Орта бойлы толықша әйел ме?
– Иә!
– Сары көйлек киген?..
– Дәл өзі! – деді қысқа бойлы ашаң жігіт шіңк-шіңк етіп.
– Қайда кетті?
– Ана жаққа шығып, такси ұстады, – Еңгезердей жігіт жол жақты қолымен нұсқады да, сұраулы жүзбен қарады, – Не болды?
– Атасына нәлет, ақшамызды алып кетті.
– Қалай?
– Қалай дерің бар ма?! – Жұбаныштың ашып ештеңе айтқысы келмеді, – Бір қатын төртеуміздің де қалтамызды қағып кетті.
– Қызық екен! – Дәуқара басын шайқады, – Бәсе, зырғақ қағып бара жатыр еді.
Алданғандарын анық білді. Ұнжырғалары түсіп, қабақ-бастары салбырап кетті. Жатақханаға қайта кіріп, алдыңғы есіктен шықты да, машинаға қайтып келді. Жұбанышты үш жігіт үш жақтан қаумалап, қыспаққа ала бастады.
– Ана қатын сені «ағам» деді ғой! – Петшаның көзі бағжаң етіп, сенге көшті.
– Қатырып кетті… – деді Жұбаныш басын шайқай берді, – қатырып кетті…
– Бағана «ағасымын» дедіңіз ғой! – деді Азат та түсін суытып. Дауысында зіл бар.
– «Ағасымын деп айтыңызшы!» – деп алдап түсірді ғой!
Петша едірейе қарады:
– Айт дегенге айта салатын ақымақсың ба, не? Жоқ, сен ақымақ емессің, – деді сұқ саусағын шошайтып. – Соның сыбайласысың. Бәлкім, әйелің шығар?!
– Аузым өзімдікі деп беталды оттай берме. Керек болса, мен оны танымаймын да.
– Бұл сөзіңізге кім сенер?! – деді Азат та қыстырылып. – Ақтала бермей, алаяқ қатынды тауып беріңіз.
– Танымасам-білмесем, қайдан табамын! Өзімді де сазға отырғызып кетті. Не ақша… – Қалталарын қақты, – Не бензин жоқ. Жолда қалар түрім бар. Жүріңдер, қалаға жеткізіп салайын, азырақ бензин құйып беріңдер.
– Ақымақты тапқан екенсің, – Петша құтырынып кетті. – Олай алдай алмайсың!
– Көп сөзді қойып, ақшаны қайтарыңыз! – деді Сыңғырбай да шытынап.
– Айналайындар, менің не жазығым бар? – деді Жұбаныш шыр-пыр болып. – «Ақша беріңдер» деп айттым ба?
– Әй, сен өйтіп жалтарма! – деді Петша өзеуреп, – Бәрібір құтыла алмайсың. Жаның барында ақшамызды қайтар!
– Әй, ақымақ, байқап сөйле! Мені олай қорқыта алмайсың?!
– Қорқытқан емес, маңдай термен тапқан ақшамызды талап етіп тұрмыз!
– Сенен ақша алдым ба, не? – деді Жұбаныш ызаға булығып, – Талап етсең, алған адамнан талап ет! Менде нең бар?!
Осы кезде Жұбаныштың қалта телефоны шырылдады. Қолына алып қарап еді, қоңырау шалып тұрған келіншегі екен.
– Қазір әйеліммен сөйлесіп алайын, – Сол қолының сұқ саусағын аузына апарды, – Құдай үшін тыныш тұра тұрыңдаршы.
Қосу тетігін басып, құлағына тақай беріп еді, Петша шап беріп телефонын жұлып алды.
– Әй, әкел бері! – деп сығанға тұра ұмтылды.
Азат пен Сыңғырбай Жұбанышты қақпайлап ұстай алды. Петша сытылып кетті. Телефонды құлағына апарып, әй-шәй жоқ, дүрсе қоя берді:
– Сен мынаның әйелі екенсің ғой. Біз ештеңе білмейді дейсің бе?
Ар жағындағы әйелдің ащы шырылы естілді.
– Не?.. Сіз кімсіз, өзі?
– Ақшаны алып кеткенді білесің, кім екенімізді білмей қаласың, ә? Давай, көп сөйлемей, ақшаны қайтар. Әйтпесе, күйеуіңнің өлігін де таппай қаласың!
– Қайдағы ақша?– Бөгеліп қалды, – Құдай-ау, не деп тұрсыз, өзі?
– Иә, білмей тұрғаның!
– Айтсаңызшы, не боп қалды?! – Әйелдің жандауысы шықты, – Телефонды күйеуіме беріңізші!
– Байыңа емес, полицияға тапсырамын. Екеуіңді де сотқа беремін. Темір торға қамаласыңдар.
– Әй, Петша телефонымды бер, – деді Жұбаныш жұлқынып, – Ол менің әйелім. Ақшаларыңа түк қатысы жоқ.
– Қатқаныңның басы қатысы жоқ! Ақшамызды қайтарып алғанша телефоның бізде болады. Әлі-ақ полиция бәрін анықтайды.
– Әй, жігіттер, жіберіңдер! – деді Жұбаныш Азат пен Сыңғырбайға алмакезек көз тастап. Олардың өз еріктерімен босатар түрі жоқ.
Жұбаныш бар күшімен жұлқынып қалып, сытылып шықты да, жолба­рыстай атылып барып, Петшаның қолындағы телефонын жұлып алып, қалтасына сүңгітіп жіберді. Ол да қарап қалмай, жұлқыласа кетті. Бұдан ары ырғасып тұра беруге болмайтынын түсінген Жұбаныш сығанды иектің астынан ала сылқита соқты. Петшаның басы қайқаң етіп, шалқасынан түсті. Тура бетонға құлап, қимыл-қозғалыссыз қалды. «Өліп қалған жоқ па екен?» деп шошып кетті. Алайда, оған қарайлауға мұршасы болған жоқ. Азат пен Сыңғырбайға кезек қарап:
– Құдай куә, еш жазығым жоқ, – деді алқынып. – Өтірік айтсам, Құдай жазамды берсін!
Сөзіне сенді ме, жоқ әлде, қаһарынан қаймықты ма, Сыңғырбай мен Азат тілдері байланып қалғандай үн-түнсіз қалшиды да қалды. Осы үнсіздікті пайдаланған Жұбаныш машинасына отырды да, орнынан қозғала берді.
Сәл ұзай бере тежегішті басып, артына қарады. Сыңғырбай мен Азат Петшаны қос қолтығынан демеп, орнынан тұрғызып жатыр екен. Сығанның тірі екенін көрді де, бұл маңайдан тезірек қара батыруды ойлап, қозғала берді. Көп жыл бокспен айналысқанына алғаш рет қатты қуанды. Әйтпесе, құтылу қиын еді: «Түрлері жаман, жазықсыздан-жазықсыз көкала қойдай ғып сабап кетер ме еді?! Жоқ әлде, одан да зорғысын істер ме еді, кім білсін!»
Телефоны тағы шырылдады. Әйелі екен. Қатты дауыс шығарғышқа басып қойды да:
– Бақыт, қалайсыңдар? – деді әлі де болған оқиғаның әсерінен айыға алмай.
– Жұбаныш!.. – Әйелі қыстығып сөйлей алмай қалды.
Бәрі дұрыс, Бақыт!
Әйелінің мұрнын тартқаны естілді. Сәлден кейін тілге келіп:
– Телефонды алмайсың ғой, түге!
– Ой, оған қарауға мұрша болмай қалды.
– Амансың ба, әйтеуір! – Дауысынан діріл білінді, – Шошып кеттім ғой! Не болды? – деп сұрақты жаудыра бастап еді, Жұбаныштың сөйлесуге құлқы болмай:
– Көріп тұрсың ғой, аманмын. Қазір қайтамын. Алаңдама, – деді де келіншегінің жауабын да күтпестен телефонын баса салды.
Ашуы әлі бойында. Өзіне-өзі жыны келді: «Ақымақ басым, қалай сеніп қалдым?! Ана сайқалдың әртістік қабілеті күшті екен. Осындай алаяқтар да жер басып жүр-ау!»
Ызғытып келе жатқан. Бір кезде «Аудиі» қақала-шашала жұлқып-жұлқып қалды да, үні өшті. Бензин бітіп қалғанын бірден білді. Екпінімен біраз жерге дейін жүріп барып, жол жиегіне тоқтады. Қырсық қылғанда, қалтасында да, үйінде де көк тиын жоқ. Енді қайтпек? Басы әбден қатты.
Бағанадан бері айтысып-тартысып жүріп байқамапты. Күн суытып кетіпті. Өкпек жел екілене соғып тұр. Төңірек тастай қараңғы. Машиналар да сирек жүріп жатыр. Адам қарасы мүлде көрінбейді.
Не істерін білмей, әрі-бері қипақтап біраз тұрды. Алдыңғы жағында жанар-жағармай бекеті тұр. Соған жетіп жығылғысы келді. «Жағдайымды айтсам, қол ұшын созар бір мұсылман табылар» деп дәмеленіп те қояды.
Машинасының алдыңғы есігін ашып қойып, жақтауынан оң қолымен алға қарай итере бастады. Жаймен орнынан қозғалды. Мықшыңдап итеріп келеді. Кеудесі алқынып, маңдайынан тер сорғалады. Бойы бусанғаны сонша, тіпті бу шыға бастады. Әупірімдеп жетті-ау!
Көлігін қоя салып, именшіктей басып ішке кірді. Кассада бір қазақ, бір орыс қызы отыр екен. Кірпігі қайрылған қара көз аруға жақындап барып:
– Айналайын, күмәжнигімді ұрлатып алдым. Куәлігімді тастап кетейін, қарызға жоқ дегенде он литр бензин құйып берші, – деді жалынышты түрмен. – Ақшаңды ертең әкеп тастаймын!
Қыз басын қақшита бедірейе қарады да:
– Ертең жұмыста болмаймын! – деді жақтырмаған сыңай танытып. – Ақшаңыз болмаса, құя алмаймыз! Бөгет жасамай, былай тұрыңыз, – деп, бұдан кейін кірген орыс шалына орыс тілінде шүлдірлеп қызмет көрсетіп жатты.
Орыс әйелге көз қиығын да салған жоқ. Біріншіден, ойын толық жеткізе алмайды, екіншіден, қайыр да күтпеді: «Өз қазағым қайрылмай тұрса, орысқа не сорым!» – деді іштей күбірлеп.
Қайтып шыға бере есік алдында жүрген қарауыл қазаққа қарсы жолықты. Орта жастағы қарапайым кісі екен.
– Ассалаумағалейкум, ағасы!
Обалы не керек, ұсынған қолын алып, жылы амандасты:
– Уағалейкумассалам!
Ағасы, бензинім бітіп қалды, – «Аудиін» нұсқады, – Бір-екі мың теңге бере тұрасыз ба, ертең әкеліп беремін. Куәлігімді тастап кетейін.
Қарауыл иығын қиқаң еткізіп, қос алақанын бірдей жайды:
– Ақша жоқ!
«Жоқ болса, жоқ шығар, қазір кім жетісіп жүр дейсің?!» деп ойлады. Онда машинамды осында қалдырып кетейінші. Ертең алып кетемін.
– Жоқ, – Қарауыл қатқылдау тіл қатты, – Болмайды!
– Неге?
– Болмайды деген соң, болмайды! – Бір-ақ кесті.
Не десін?! Ешкімнің де көмектесе қоймасын сезді. «Адамдарға не болған?! Қиналып тұрғанымды көздерімен көріп тұр ғой! Қайырым-мейірім қайда кеткен?! Өздерінің де бір күні болмаса бір күні осындай жағдайға тап болмасына кім кепіл?!»
Амал жоқ, «Аудиын» қайтадан итере-митере қозғала берді. «Осы бекетке тақау қойсам, ешкім тиісе қоймас» деген оймен жүз метрдей ғана жүрді де, машинасын жолдың жиегіне қойып, есігін жауып, үйіне қарай жаяу тартты.
Жел уілдеп-гуілдеп, ысылдап-пысылдап, ысқырып-пысқырып тұр. Костюмінің жағасын көтеріп қойды. Бірақ ол қайбір жылу берер дейсіз, көп өтпей-ақ жаурай бастады. Қолдарын оңды-солды сермеп, секек қағып, секіріп қояды. Бойын қыздыру үшін жүгіре жөнелді. Лезде алқынып қалды. Басы айналды. Құлап қалмайын деп, қос қолын тізесіне тірей, еңкейіп тұра қалды. Демігін басып, өзіне-өзі келген соң қайта жүрді.
Ай да жоқ. Төңірек көзге түртсе көргісіз. Жер-дүниені қараңғылық құшағына басып алған. Арт жақтан әлдене сыбдыр ете түсіп, әлдекім жүгіріп өткендей болды. Шошына жалт қарады. Ешкім жоқ. «Жын-шайтан емес пе екен?!» деп ойлады. Бойын қорқыныш биледі. Көп тұрмастан қайта жүгіре жөнелді.
Зытып келе жатқан. Аяғы шалынып, етпеттей құлады. Тағы да алақ-жұлақ етіп, жан-жағына жалтақтай қарады. Жерден жартылай шығып жатқан тастан басқа ештеңе көріне қоймады. Алақаны удай ашып барады. Оған да қарауға мұршасы болған жоқ, тұра салып, қайта жүгірді.
Жарық көшеге де шықты-ау! Тоңғанын да ұмытып кетті. Демігін баса алмай келеді. Жел де бәсеңсіген. Екі-үш машина көше бойлап кетіп барады. Осы сәт ескілеу «Nissan Almera» келіп жанына тоқтай қалды. Орта жастағы ер адам алдыңғы терезесін ашып:
– Такси керек пе, бауырым? – деді дауыстап.
Жұбаныш оған қолын бұлғай салды да, әрі қарай жүре берді.
Кенет төңіректі тұман тұмшалады. Күнде көріп жүрген жерлері болғандықтан, жан-жағын анық бағдарлап, алаңсыз адымдап келеді. «Барар жерің көңіліңде сайрап тұрса, ештеңе кедергі келтіре алмайды екен ғой!» деп ойлады.
Бір кезде жаңбыр себезгілей бастады. Костюмін басына көтере жауып алды да, пәтеріне тезірек жетуді ойлап, тағы жүгіре жөнелді. Жаңбыр да онымен жарысқа түскендей, селдетіп қоя берді. Басын қанша қымтаса да, костюмінен су өтіп кетті.
Бойын әбден суық алып кетті ме, тісі-тісіне тимей дірдектей бастады. Көмейіне өксік тығылды. Қыстығып келеді. Жанарынан аққан ыстық жас сұп-суық жаңбыр суымен араласып, қойны-қонышына сорғалап барады.
Әйтеуір зорға дегенде пәтеріне де жетті-ау! Есікті әйелі ашты. Екі көзі төрт болып күтіп отыр екен.
– Қоңырау шалсам, алмайсың ғой!
Бақыт күйеуінің үсті малмаңдай су болғанына да қарамастан, бас салып, құшақтай алды. Көзінде – жас, айырылар емес.
– Телефонның дауысын естігем де жоқ, – Жұбаныш та әйелін құшағына қысып, маңдайынан сүйді.
– Қайда болдың? – деді жанары жәудіреп. – Не болды, өзі?
– Құдай үшін бүгін ештеңе сұрамашы. Есіме де алғым келіп тұрған жоқ, – Жұбаныш қабағын кіржитті, – Киімімді ауыстырып алайыншы!
Бақыт күйеуінің үсті-басы су-су болып тұрғанын енді аңғарғандай, жататын бөлмеге зып беріп кіріп кетті де, таза киімдер мен орамал алып шықты.
– Иә, тезірек ауыстырып алшы! – Күйеуінің киімін өзі шеше бастады, – Кәне, өзім сүртейін!
– Балалар ұйықтап қалды ма?
– Иә-да.
Жұбаныш сүртінер-сүртінбестен киімдерін тез-тез ауыстырып алды.
– Шай дайын тұр! – Бақыт тефальді қайта қосты, – Қайта қайнап кетсін!
Дастарханға жайғасты. Қара нан мен қара шай ішсе де, көңілдері тоқ. Вермишель пісіріп қойыпты. Қарны ашып келген, соғып алды.
– Қатты қорықтым! Шынымды айтсам, зәрем зәр түбіне кетті! – деді Бақыт жанары жасаурап, – Аман-есен келсе екен деп тіледім. Құдай тілеуімді берді! Ризамын!
Әйелінің ыстық ықыласы жүрегін елжіретіп, жанын жадыратты.
– Иә, Алла өзі өлтірмейді! – деді мейірленіп. – Көр де тұр, қиындықтың бәрін жеңіп шығамыз. Аман болсам, барлық жағдайларыңды жасаймын, жаным! Сен менің Құдай қосқан қосағым ғана емес, шын бақытымсың!
– Оған ешқандай күмәнім жоқ! – Бақыт дастарханды жинастыра бастады. – Мен бақыттымын! Өзіңдей арқа сүйер азаматым бар. Балапандарым аман болсын!
Жұбаныш алғаш рет пәтер тар болғанымен, пейілдің кеңдігіне көңілі шалқыды. Орнынан тұрып, үш баласы пысылдап ұйықтап жатқан жатын бөлмеге кірді. Маңдайларынан иіскеп, беттерінен мейірлене сүйді. Осы сәт өзін шын бақытты сезінді.
Киімін шешіп, төсегіне қисайды: «Менің бар байлығым мен бақытым осы бір қуықтай бөлменің ішінде екен ғой!»
Осыны ойлап, көңілі жұбанып, рахаттанып ұйқыға кетті.

Пікір қалдыру