ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Қазақта қара шаңырақ қашаннан киелі де қастерлі. Бабаларымыз қара шаңыраққа кенже ұлын не үлкен баласын ие етіп табыстап кетіп отырған. Қара шаңырақтың құлағаны бір әулеттің қара жамылғаны болып саналады. Сондықтан оған мейлінше қатты көңіл бөлу керек-ақ.
Бүгінде қара шаңыраққа кім ие болып жүр? Олар ата-баба дәстүрін ұстай алып жүр ме? Бізді толғандырған бір жәй осылар еді. Оған мына бір оқиға да себеп болды.
Жуырда екі әйелдің әңгімесіне куә болғаным бар. Бұл өзі ойламаған жерден болды. Бір үйге қонаққа барғанбыз. Кейіндеп келген бір келіншек қайта-қайта телефонына үңіліп, әлдекімдермен салғыласумен болды. Бөтен үй. Басқа орта. Бұған не жетпейді екен дестік.
Келіншек бізден ыңғайсызданып, сыртқа барып сөйлесіп те келді. Түрі өрт сөндіргендей. Бұрын-соңды біліс-таныстығымыз болмағандықтан, жөн сұрауды артық көрдік.
Есесіне үй иесі оны жақсы таниды ғой. Сондықтан қонағының табан астында түтігіп, әлденеге алаңдаулы халын сұрау соған ғана лайық көрінген. Біздің сұраулы жүзімізді таныды ма, үй иесі келіншектен суыртпақтап, сыр тарта бастады. Әлден соң қонақ келіншек те ашылды.
– Әпкем ғой, – деді жүзі солғын келіншек күйініп, – бірнәрсені бүлдірмесе жүре алмайды. Ол әкемнің қарындасы. Осы әпкемнің үш сіңлісі бар. Үшеуінің де мінездері жетісіп тұрған жоқ. Бірінен бірі өтеді. Әкем дүниеден өте салысымен қара шаңыраққа таласты бастап кетті. Үйіміз айтарлықтай жақсы болмағанмен, ауласы кең, бақшалары жеміс салып тұрған берекелі болатын. Қорамыздан мал үзілмеуші еді. Апам шелек-шелек сүт сауып, айран, қаймақ, сары майды дастарханымыздан үзбейтін. Әкем кеткен соң осы үйге үшеуінің көзі түсті. Армандары үйді сатып, теңгесін үшеуі теңдей етіп бөліп алмақ. Ал, біздің әкемнен қалған қара шаңырақты оларға бергіміз келмейді. Біздегі сойқан соғыс осыдан басталды. Үйімізде күнде ұрыс-жанжал. Жастары үлкен болған соң көбіне-көп қарсы да келмейтінмін. Бірақ, олар үдетпесе басылмайтын сыңай байқатады. Осы түрлеріне қарағанда, үйді сатпай тынбайтын сыңайлы. Әкем отбасының жалғыз ұлы еді. Көп балалы болуды армандады. Бірақ, жазмыш қой, екі ұлы мен мен ғана дүниеге келіппіз. Екі ұл да жоғары білім алды. Қызмет бабымен екеуі де басқа қалаларда өсіп-өніп жатты. Жазғы демалыстарында балаларын әкем мен шешеме әкеліп тастайтын. Үйіміз базар еді. Бірақ, бұл бақытымыз көпке ұзаған жоқ. Әкем де, шешем де сағаттары соққанда бақилыққа аттанды. Олар кетісімен қарындастары үйге келгіштей бастады. Басында жандары ашыған соң келгіштеп жүр деп ойлайтынмын. Сөйтсем, олардың көкейлерін тескен басқа екен. Екі ағам болса да басқа қалаларда. Дүние-мүліктері өздеріне жетеді. Менің де қол қусырып отырған жайым жоқ. Аздаған бизнесім бар. Жолдасым да жақсы табыс табады. Әкемнен қалған үйге қарап қалған жайым жоқ. Бәлкім, осы жәйттер олардың мазасын қашыратын шығар, соңғы кездері тым тықақтап кетті. Мені осы үйді алып қояды деп ойлайтын болулары керек. Оны енді бүкпесіз ашық та айтты. «Сенің отаның басқа. Әкеңнен қалған үйге сен егелік ете алмайсың. Біз – әкеңнің бауырларымыз. Сондықтан үй бізге тиесілі. Сондықтан үйдің құжаттарын бізге бер» деп зіркілдеп тұр. Негізі, қазақшылықта қара шаңырақ ұлдарына тиесілі ғой. Бұл үйді сата ма, әлде басқа мақсаттарына жарата ма, екі бауырыма тиесілі емес пе? Осыны айтсам, олар бет бақтырмайды. Тіпті, мені жұлып жеуге бар. Мен жөнін айтсам, сөзге қонақ бермейді. Рас, олардың да жерге қарап отырған жайлары жоқ. Бастарында зәулім үйлері бар. Балалары зіңгіттей-зіңгіттей, бәрі де табыс тауып жүр. Оларға бұл да аз. Енді келіп, әкемнен қалған үйге таласады. Осы жәйттерді бауырларыма түсіндіріп жатқаным ғой. Олардың да жағдайлары жақсы болғаннан соң ба, «қайтесің, соларға бере сал» дейді. Ал, менің қара шаңырақты қиғым жоқ. Олар сатып жіберсе, бұдан кейін ол үйге қалай кіре аламын? Әке-шешемнің табандарының ізі қалған, екеуі қара балшық илеп жүріп, қолдары күс-күс болып тұрғызған баспананы оларға беріп қоямын ба? Ертең бауырларымның ұл-қыздары өсер. Сонда осы үйге келіп, Құран оқытып отырсақ, жараспас па? Маған салса, үй сатылмаса екен деймін. Сіздер не дейсіздер? – деп келіншек бізге қарады көзі боталай.
Біз ойланып қалдық. Расында, үйді сата салу қиын шаруа емес. Бізбен бірге қонақ болып отырған келіншектің айтқанының жөні бар-ау. Қара шаңыраққа ұл ие болуы тиіс.
Сонда әкелерінің қарындастары оған неге таласады? Жұмыс­тары­нан қолдары босамай ма, әлде әпкелерінің мінездерін біле ме, шалғайдағы екі ұл бұл әңгімеге араласқылары жоқ сыңайлы. Негізінен «әкеміздің көзі ғой» деп қара шаңырақты күрделі жөндеуден өткізіп, сақтап қоюлары керек-ақ еді. Ауылға келгенде Құран оқытып тұруға да бір үй керек қой. Бірақ, қазір әр ауылда мейрамхана бар. Бәлкім, осы жәйтті де ойлайтын шығар. «Қара шаңыраққа көшіп келіңдер» дейтіндей екеуі де жер таянып отырған жоқ. Қызметтері, жап-жақсы тұрмыстары бар. Сонда не істемек керек? Әрине, басқа шаңырақтың ішкі шаруасына араласуға құқығымыз жоқ. Дегенмен, әу бастан қара шаңырақ ұлға тиесілі екенін ескерсек, қарындастарының дүниеқоңыздығы ойландырмай тұрмайды.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға еске түсіп отыр. Түкпірдегі бір ауылда таныс кісілеріміз болды. Жақсы адамдар болған соң аралас-құраластығымыз бар-ды. Сол кісінің ұл-қыздары, Құдайға шүкір, көп еді. Кейін осы кісі қайтыс болғанда бір қызы «үйді маған бересіңдер» деп бауырларына қиғылық салып отырғанын кездейсоқ көріп қалғаным бар.
Ол әлдеқашан тұрмыс құрып, балалы-шағалы болып кеткен болатын. Сонда ол қара шаңыраққа неге таласып отыр деп таңырқаған едік. Сөйтсек, бауырлары шетінен бақуатты екен. Олар әлдеқашан енші алып кеткен. Ал, кенже ұл жаңадан үй тұрғызыпты. Әке-шешеден қалған үйді жөндеттіріп, бөлек отау етіп қоймақ екен. Бір мезгіл қонақтар келгенде пайдаланбақ. Сайып келгенде бардың реті табылады ғой. Бірақ, үлкен әпке әкесінің үйіне көз тігіп отыр. Сөйтсек, бұл апамыздың күйеуі маскүнем біреу болып шықты. Балаларына масыл болып отырғанға ұқсайды. Араққа беріліп кеткені соншама, баспанасын да сатып жіберген екен. Бұл жағдайда ол бауырларына басқа үй салып беріңдер деп өтініш айтса болмас па? Жалпы, жер ортасына таянғанда балаларын шұбыртып келіп, төркінінің бір бұрышында отыру жараса ма? «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» дегенді білмейтін бұл қандай адам?
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, қара шаңыраққа ие болып қалатын кенже ұл. Әкеден қалған мұра қашан да қымбат. Ал, сол шаңырақтан енші алып, отау тігіп бөлек шыққан ұл-қыздары сәлем беріп, төркіндеп келіп тұрады. Ата-салтын, дәстүрін құрметтейтіндер мұны жақсы біледі.
«Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты ұл ғой шіркін қашан да» деп бекер айтты ғой деймісіз? Ал, «шыққан қыз шиден тысқары» деп атам қазақ бекер айтпаған. Олар барған жерлерінің шаңырағын шайқалтпай, отбасының ұйтқысына айналулары тиіс. Ата-ана балаларына тәрбие бергенде осылардың барлығын құлақтарына құяды. Бірлігі жарасқан отбасында дүниеге келген ұл-қыздар ешуақытта ата салтынан, дәстүрінен ауытқымайды. Сонда жоғарыдағы «қыздардың» бұл қай қылықтары? Жастар болса бір сәрі, көпті көрген, өмірден түйген тәжірибелері мол, ұрпақ өрбітіп, қызықтарына кенеліп отырған жандардың қара шаңыраққа таласуларын немен түсіндіреміз? Бұл не, ашкөздік пе әлде пайдакүнемдік пе? Қанша жерден ашкөздік дегенімізбен, қара шаңыраққа қол салу қасиетсіздік дер едік біз.
Бір өмірдің шекері мен заһарын милықтан татқан Құрманбай көкеміз арзан сөзге жоқ, өр мінезді, өткір тілдің адамы еді. Жаңа заман таңында ерте оянып, ел ағарту, білімнің жолын қуып, сол білім қуатын елде жаңа көтеріліп келе жатқан жас өскінге бағыт-бағдар беріп, талайларды қанатының астына алған арда азамат болатын. Сол Құрманбай көкеміздің ауыл-аймаққа сөзі де, тілі де өтуші еді. Бірде ауылымыздың барлық жастары жұмыс іздеп сандалып кеткен тұста қара шаңыраққа ие болып қалатын қара таппай сансыраған тұс та кездескен. Тоқырау аталатын боқыраулы сол жылдардың елесі ұмытылар ма? Қыз-келіншек, әйел біткен қара қапшық арқалап қала кезіп, базар жағалап кеткен кезенейлі кезең. Жасырып-жабулайтын ештеңесі жоқ, бірер келіннің соңынан сыпсың сөз де ере бастаған шақ.
Міне, осы тұста бір танысымыз төрт баласын құшақтап ауылда қалды. Келіншегі пойыздан пойызға өтіп, қанар көтеріп, қап арқалап жүр деп еститінбіз. Кейін бір базарда тұрақтапты деген хабар жетті. Артынша, өзіне көмекші алыпты деген сөз келді. «Е, жағдайы жақсара бастапты ғой» дестік. Сөйтсек, көмекші емес, күйеу тауыпты сол пақыр. Көкеміз күйінді. Қалаға барып, келіншегін тауып алып, өз қолымен буындырып өлтірмек те болды. Сонда тоқтау айтқан Құрманбай көкеміз еді.
– Жарайды, келінді де, оның ойнақтап жүріп тапқан күйеуін де өлтірдің дейік. Әрине, сенікі дұрыс. Бірақ, мұны заң көтере ме? Төрт балаң аңырап далада қалмай ма? Мына қара шаңыраққа кім ие болып қалады?– деген көкеміз.
Содан ағамыз біраз күн теңселіп жүрді де қалаға барып қырғын салу ойынан айныды. Енді ол үйіне, бала-шағасына көңіл аудара бастады. Малын өріске уақтылы жіберетін болды. Балалары қайтқан малдың алдынан шығып, кешке сиыр сауады. Бой түзеп қалған балалары үйдің іші-сыртың күтіп қарап, шешелері бар уақыттағыдан да жарқырата түсті.
Ол бір үйдің кенжесі еді. Қара шаңыраққа ие болып отырған-ды. Келіннің күйігінен жүнжіп кетер дегенбіз, дәті берік екен, өзін-өзі тез қолға алды. Бөлек отау болып, әр жаққа шашырап кеткен бауырлары жиі келіп, қара шаңырақтың кем-кетігін түгендесіп тұрды. Ағамыз аяғынан тез тұрды. Жағасының кірі кетті. Шалбары қырланды.
Енді ойлаймыз ғой, егер Құрманбай көкеміз тоқтам айтпағанда ол қандай күйге түсер еді деп. Бүгіндері балалары ер жетті. Қыздар тұрмысқа шықты. Жарасымды отбасы болып, түтіндерін түтетіп жатыр.
…Сырлыбек деген бір сері өтті ауылымызда. Жарықтық ауызына жүз грамм тисе екі жүз грамм әңгіме айтпай тоқтамаушы еді. Сол көкеміздің отбасы жөніндегі түсінігі бұлыңғыр. Өйткені, көңілі қалаған күні үйін тастап, әлдеқайда қаңғырып кете салу ол үшін бұйым емес. Жеңгеміз де көнбіс біреу. Оның қайда жүріп, қайда тұрып жатқанымен шаруасы шамалы.
Бірде осы Сырлыбек ауылға екі-үш баласы бар бір келіншекті ертіп келді. Айтуына қарағанда осы келіншекпен көңіл жарастырған. Сонда үйдегі жеңешеміздің, іні-қарындастарымыздың хал-ахуалы қандай болады? Міне, гәп қайда жатыр?
Үстінен трактор өтсе де мыңқ етпейтін жеңгеміз біраз тулады. Жұлқынды. Жылады. Ақырында балаларын жетелеп, төркініне кетті. Ағамыздың жағасы жайлауда, өз қызығы өзінде шалқып жүріп жатты. Бір күндері үйден шу шықты. Шумен бірге ол жаңа жеңгемізді үйден қуып шықты. «Енді не болар екен?» десіп, әліптің артын бақтық. Көкеміз жорғасынан жаңылмады. Бір күні тағы бір сылқыммен жарасып, үйіне алып келді. Құрдастары жаңа келінді жуып, араққа бөгіп қалды.
Бұл жолғы жеңгеміз ажарлылау болып шықты. Ұяла басып, қымсына күліп жүргеніне қарап үлкендер «Енді қанша жерден Сырлыбек болса да, осыған тоқтайтын шығар» десті. Бірақ, қайда? Күндердің күнінде Сырлыбек көкеміз бұл жеңешемізден де жерініп шыға келді. Жеңешеміз жылап-сықтап, түйіншегін алып әлдеқайда кетті.
Сырлыбек көкем серілік жолына қайта түсті. Ауылдан ұзап біржаққа жоғалып кетіп еді, тағы біреуді тауып келіп тұр. Адамды арбайтын амалы бар ма, сыйқыры бар ма, кім біледі, әйтеуір осы кісіге келіншектер көне салады. Бұл жолғысы да көріктілер қатарына жатқызуға болатындай екен. Тағы да құрдастарын шақырып, көкеміз шағын той жасады. Араққа бөккен дос-жарандары құтты болсын айтып тарасты.
Ертесіне жеңгеміз екеуі үйлерінің іші-сыртын тазалап жүргендерін көрдік. «Енді осымен тұрақтап қалса дұрыс болар еді» десті жеңгелері. Біз де солай ойладық. Алғашқы жеңешемізбен кеткен іні-қарындастарымызды сағындық. Олар қандай күйде жүр екен? Бізді ойлай ма екен? Әкелерін сағына ма екен? Осындай «екен, екендермен» ұйықтап кететінбіз.
Таңертең тұрсақ, нағашыларына кеткен бауырларымыз келіп қалғандай, Сырлыбек көкеміздің ауласына үңілетінбіз. Қайдағы? Шарбақ тұр. Аула тұр. Бірақ, асыр салып ойнап жүрген бауырлар көрінбейді. Ызадан булығып жылап жібере жаздайтынбыз. Сосын Сырлыбек көкенің үй жағына қарамауға тырысатынбыз. Қайда? Қайтып қарап қойғанымызды білмей қаламыз.
Сері көкеміз бұдан кейін де екі-үш жеңге алып келді-ау, шамасы. Тіпті, олардың санынан да шатастық. Сөйтіп жүргенде сері көкеміз сүрінді. Сүрінгенде де оңбай сүрінді. Кеңшардың жұмысынан келе жатып, тракторымен апатқа түсіпті. Аяқ-қол сынған, қабырғалар қаусаған. Омыртқа осінен тайған. Көкеміз аудандық ауруханада айлап жатты. Соңғы жеңешеміз «енді бұдан түк те шықпайды» деп кесімді сөзін айтып, киім-кешегін алып, үйдің кілтін абысындарына табыстап, ауылдың айдау жолына түсіп, қала жаққа қарай көлік күтті.
Екі ай жатты ма, үш ай жатты ма, әйтеуір ұзақ жатып, көкеміз мүгедектік алып оралды. Үй қаңырап бос тұр еді. Қанша дегенмен, ағайын-туыс, ауылдағылар жабылып жүріп, үйін ретке келтірді. Жақын-жуық азық-түлігін жеткізіп беріп тұрды.
Сері Сырлыбек көке ғаріптің күйін кешіп жүріп жатты. Бұрынғыдай қаңғып кетіп, бір сұлуды жетектеп келетін шама қайда? Сұлу түгілі жейтін сұлыға да зар болып қалды емес пе?
Бір күні кешірек оянсам, апам тойға баратындай бар жақсы киімін киіп, жолға шыққалы тұр екен.
– Апа, қайда барасыз? – деп жармаса кеттім.
Бұл «мені тастап, бір өзіңіз қайда барасыз?» деген еркелігім де еді.
Апам жауап қатудың орнына:
– Айналайын-ай, нағыз адам екен! Адам ғой ол! – дей береді.
Кім нағыз адам? Түкке түсінсем бұйырмасын. Сөйтсем, Сырлыбек көкеміздің алғашқы жұбайы – біздің сүйікті жеңешеміз күйеуінің жағдайын есітіп, балаларын ертіп қайтып келіпті!
Үйден атқып шықтым. Бет алысым Сырлыбек көкемнің үйі. Міне, келіп те қалдым. Есік алдында зіңгіттей-зіңгіттей, бойлары серейген жігіттер тұр. Бұлар өзіміздің бауырымыз-ағамыздың ұлдары еді. Бара құшақтай кеттім. Олар да мені танып, бауырларына алып, құшақтап жатыр. Көзге кілкіп жас келді.
Ауыл адамдары лезде жиналып қалды. Сары самауырын сыртқа шығарылды. Қазан көтерілді. Ел абыр-сабыр. Құтты бір Сырлыбек көкеміз жаңа үйленіп жатқандағы кездей. Той деп осыны айт!
Жеңешеміз кәдімгідей жүдепті. Бірақ, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген. Аталарына, енелеріне, тіпті қайныларына сәлем салып, иіліп тұр. Сырлыбай барлық жұмысты бір өзі жапырып келгендей төрде мұртын ширатып отыр. Үлкендер келіп, бата беріп жатты. Құттықыз жеңешемізге алғыстарын жаудырды.
Расында, Құттықыз десе Құттықыз еді-ау! Ол келгелі көкеміздің де бетіне қан жүгірді. Үйінде тұра алмай жатып қалған Сырлыбек көке балаларының арқасында қайта аяққа мінді. Жұмысқа жарамаса да өздігінен үйге кіріп-шығып жүргеніне қуанатынбыз. Далада шуақта отырып, құрдастарымен әңгіме-дүкен құрады. «Ананы үйтіңдер, мынаны бүйтіңдер» деп балаларын жұмсап отырады.
Құттықыз жеңеше келгелі үйге мал бітті. Аулада гүл өсті. Үйіргелік учаскеде көкөністің нешеме атасы жайқалып өсетін болды. Қауын жегіміз келсе, Сырлыбек көкенің үйіне қарай беттейтін болдық. Ол өзі егін ішіне бара алмайды.
– Оу, балалар, бауырларың келді. Огородтан қауын үзіп әкеліңдер!—дейді.
Бізге де керегі осы. Қауын-қарбызға тойып алып, жайымызға кетеміз.
Бір тәуірі сол Сырлыбек көкеміздің балалары шетінен бауырмал болып өсті. Үйлеріне бара қалсақ, іші-бауырымызға кіріп, жібергісі келмейтін. Кейін шетінен жоғары оқу орындарын бітіріп, қызметке тұрды. Қыздар тұрмысқа шықты. Ұлан-асыр той болды.
– Шіркін, біздің Құттықыз! Құтты десең құтты ғой. Алтын келін ғой ол! – деумен өтті ауылдың үлкендері.
Отбасының берекесін, балаларының болашағын ойламаса осылай жасай алар ма еді? Мына қажыр-қайратпен ол төркінінде жүрсе де бауырларымызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, жібі түзу адам етіп өсірер еді. Бірақ, ол ата-бабалар салт-дәстүрін, балаларының болашағын тереңнен ойлады. «Біздің әкеміз кім? Біздің шыққан тегіміз кімдер? Ел-жұртымыз қайда?» деп балалары сұрамас үшін ол осындай ерлікке барды. Күйеуінің сансыз опасыздықтарын кешірді. Мұндай адамдарды қалай Алтын деп атай алмайсың енді?!
Бүгінде сол Сырлыбек көкемізден тараған ұл-қыздар бір әулет болып отыр. Отбасының алтын діңгегіне айналған Құттықыз жеңешеміз ақ жаулықты бақытты әже. Немерелерінің қызығына тоймай отырған жайы бар. Ең кереметі — ұл-қыздары басқа әулетте емес, өз жұртында қанаттарын жайып, өркендеп отыр. Кейде ауылға барғанда Құттықыз жеңешені кезіктіре қалсақ, «Ақ жеңеше! Ағамыздың осылай бақытты ғұмыр кешуі сіздің арқаңызда ғой» дейтінім бар.
– Қайным-ау! Қайдағы біздің арқамыз? Ағаң болмаса біз осылай жүрер ме едік? Ер-азаматтың аты қашан да ер-азамат қой! – дейді шынайы пейілімен.
Бұ неткен жаны жомарт жан деп еріксіз таң қаламын.
Қазіргі келіндерді көріп жүрміз ғой, қит етсе артынан келген дүние-мүлкін машинаға артып, төркініне тайып отырады. Бұған да місе тұтпай, «сүйдім-күйдім» деп қосылған күйеуін сотқа сүйрелейді. Әке-шешесі бақуатты болса күйеуін тентіретіп жібереді. Ағаларына айтып, ажырасқан күйеуін сабатып тастаған келіндерді де білеміз.
Ал, осы аралықта ажырасқалы отырған жастарды татуластыратын баяғының абыз ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері жоқ. Бар болғанның өзінде бүгінгі жастар оларды тыңдамайды. Өзімбілермендікке салынған жастар өмірге өте жеңіл қарайды. Олар «отбасым ойрандалды-ау» деп ойлап, бас қатырмайды. Бүгін ажырасса, жоғарыдағы Сырлыбек көкеміз сияқты тағы біреуін тауып ала қояды. Қыздар да солай. Отбасылық құндылық, тазалық, ибалылық, көргенділік деген асыл құндылықтарымыз бүгінде келмеске кеткендей. Бүгінде азаматтық істерді қарайтын соттар да дәрменсіздік танытып отыр. Олар алдарына ажырасқалы келген жастарға белгілі бір мерзім береді. Осы аралықта татуласқан епрлі-зайыптылар арыздарын қайтып алуға тиіс. Бірақ, арадағы жанжал өршіп кеткен әрі бір-біріне жаудай өшіккен жастар алған беттерінен қайтпайды. Қайта өршелене түседі. Сотқа келгенде бір-біріне әкелерінің құны бардай өшпенділікпен қарап тұрған бұрынғы ерлі-зайыптыларды көресіз. Судья енді не істей алады? Олардың арасында күн сайын жүрген жоқ. Мінездерін де жыға білмейді. Оныкі тек «татуласыңдар, әлі де ойланыңдар» деп кеңес беру ғана. Әке-шешелерің, ата-енесін тыңдамаған келін мен күйеу сотты тыңдай ма? Тыңдамайды. Оларды осылай өз айтқандарынан қайтпайтын етіп тәрбиелеген мына өзіміз. Қызы қайтып келсе анасы: «ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды» деп үйіне кіргізіп алады. «Құда-құдағидан, ауыл-аймақтан ұят болды ғой, ойлан, қызым!» дейтін шеше қазір емге таптырмайды. Жігіт жағы да жығылғысы келмейді. «Ерте тұрмайды екен, тамақ жасай алмайды екен» деген сияқты кемсітуші жаласы көбейеді. Анасы қызын ұзатарда құдағиына «қызымның кемшілігі болса жасыр, жақсылығын асыр» деп бермейтін бе еді? Басында осыны мақұл алған ене баласы ажырасқанда келінді жақтаудың орнына, ұлына болысып шыға келеді. Екеулеп миын шұқи берген соң келін кетіп, құлағына тыныштық алғысы келеді.
Осындай жағдайлармен бүгін үйлене салып, ертесіне ажырасып кетіп жатқан жұптар бізде де жеткілікті. Айталық, 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, 17,7 мың жүп ажырасып кеткен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір қалаларда да, ауылдарда да ажырасу азаймай отырғанын аңғарамыз. 17,7 мың жұп! Демек, елімізде осыншама сәби дүние есігін ашпай қалды деген сөз! Осылай кете берсек, елімізде демографиялық ахуал қалай түзеледі? Онсыз да кең байтақ жерімізге көз алартып отырған елдер жетерлік. Бабалар аманаттап тастап кеткен жерді бір қорғаса Қазақ қана қорғайды! Ал, бала таппай, бала тапса да бір-екеуден асырмай, қит етсе ажырасып кетіп жатқан жұптар еліміздің ертеңін ойлай ма? Түптеп келгенде, отбасылық құндылық дегеніміз – мемлекеттік стратегия! Халық болмаса мемлекет те болмайды. Ал, мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуы, берік болмағы ұлттық құндылықтарға, оның ішінде отбасылық құндықлықтарға баса мән беруге тікелей байланысты. «Отбасы – шағын мемлекет» дегеннің мәнісі тереңде. Бүгін үйлене салып ертеңіне ажырасып кетіп жатқан жастар қалай мемлекеттің ұстыны бола алады? Сондықтан бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан терең мән берер кез жетті.
Сонда бұрынғының жолымен «балам, олай істеме, былай істе» деп отыратын ата мен ене қайда? «Ұят болады!», «Обал болады!», «Сауап болады!» деп қазақылық жолымен ұрпаққа жол көрсетіп отыратын аталар мен әжелер неге азайып кетті? Біз неге қарақан басымыздың қамын ғана ойлайтын дүмбілез, өзімшіл болып барамыз? Бүгінгі қоғамның ең басты кемшілігі де сол, ұлттық құндыдықтарды күресінге тастап, батыстың күл-қоқысына еліктеуден аса алмауында. Егер бабаларымыз қалыптастырып кеткен ұлттық тәрбиені, ұлттық құндылықтарды қолда берік ұстағанда қыздарымыз шетелдіктердің етектеріне ұстап, қара нәсілділерге тиіп кетпес еді.
Жуырда фейсбуктен бір ролик көрдім. Бұл Қытайда болған оқиға екен. Сол Қытай елінде тұратын бір қазақтың қызы қытай жігітіне қанша айтса да көнбей тұрмысқа шығады. Әкесі қызының ұзатылу тойына барған. Барған да, сөз берген кезде қойнынан пистолет шығарып, қызын атып тастаған.
– Мен бұл елде бай, ықпалды адаммын. Бірақ, қызыма ықпалым жүрмеді. Енді басқа да қазақ қыздары осылай бетімен кетпес үшін өз қызымды атып тастауға мәжбүрмін! – деді жүрегі қан жылап тұрған шерлі әке.
Біз қызың шетелдікке тисе атып таста дегелі отырған жоқпыз. Мәселе- қазақ қыздарын сондай ойсыздыққа жеткізбеуде. Бұл қай ұлтқа да болса үлкен қасірет. Ұлттың ұлы ұяты! Ендеше, қазақ зиялыларының бүгінгі бас қатырар бір міндеті осы. Қызы бұзылған ел мемлекет болып жарыттайды. Мұны бабаларымыз бағзыдан айтып кеткен. Сондықтан олар «қызға қырық үйден тию» деген жоқ па? Тіпті, қара күңіне дейін қыздарға қарауыл қаратты. Ал, қазір ше? Бетімен кеткен, ашық-шашық жүрген қыздарды кез келген қаладан таба аласыз. Олардың басқа да қылықтары мен былықтарына тоқталмай-ақ қоялық.
Соңғы жылдары әйелдердің мешіттерге баруы жиілеп кетті деген деректі жиі ұшыратамыз. Олардың рухани, діни білімдерін арттырып, көкірек көздерін ашуға талаптанып жүргендері қуантқанмен, ойландырарлық та жәйттер баршылық. Негізінен әйелдер қауымы мешіттерге жайдан-жай бармайды. Қарап отырсаңыз, жұма сайын мешіттердің алдында жағалай тұрып алып, алақандарын жайып қайыр сұрап отырғандарын көресіз. Солардың көбі мұқтаж отбасыларының мүшелері деген ой түйеміз. Бірақ мұның да екінші астары бар сияқты. Мешітке келген әйелдердің басым көпшілігі жандарына жылу іздеп келеді екен. Үйлене сала басынып, келіншектеріне қол көтеретіндер, жұмыс істемей үйлерінде масыл болып жатып алатындар бүгінде өте көп. Олар отбасын бағып, асырау керектігін білмейді немесе қасақана осылай жасайды. Құмар ойындарға кіріп кету, ішкілікке салынып кетулерінің соңы баспаналарынан айырылып қалу сияқты оқиғалар ерлер арасында жиі кездеседі. Осыдан барып бала-шағасының ішерге асы, киерге киімі қалмайды. Бала сенің жағдайыңмен санаса ма, шыр-шыр етіп жылайды. Осыдан соң ана байғұс қоржынын арқалап мешітке келмегенде қайтеді? Бірақ мешіттің өзі қамқорлыққа мұқтаж. Оларды бюджеттен қаржыландырмайды. Келушілердің садақасынан түскен теңгеге жандарын бағады.
Мешіттегілердің пана, ақыл сұрап келушілерге көрсетер көмегі ауызекі кеңестері ғана. «Кешірімді бол! Сабыр сақта» деген құрғақ ақыл тамақ болмайды. Сосын әйелдер намазхандардан алақан жайып, қайыр сұрамағанда не істемек?
Бүгінде тіршіліктің түрлі тауқыметтеріне шыдай алмаған күйеулер ыза-кектерін әйелдерінен алады. Әйелдерін ұрып-соғу, қол көтеру, балағаттау сияқты жағдайлар көбейген. Барар жер, басар тауы қалмаған кейбір келіншектер амалсыз мешіт жағалайды. «Осы жерде иман бар-ау, қайырымдылық бар-ау» деп үміт етеді. Бірақ, сол үміт етіп келген дүниесін таба алмай, тентіреп кететін жағдайлар да аракідік ұшырасып қалады екен. Онсыз да күйзеліп жүрген келіншектерді әуре ететін пысықайлар да бар. Олар мұқтаж адамдарға берген садақасын міндетсініп, әйелдерге небір сорақылықтар жасайды. Үйлеріне алып барып, ауыр жұмыстарға салып қоятындар да табылды. Кетейін десе кете алмайды. Үйіне апта аралатып келсе маскүнем күйеуі «қай ойнасыңның қойныңнан келдің?» деп және сабайды. Мұнан соң әйел байғұс күйзелмегенде қайтеді?
Иә, мешіт қоғаммен жұмыс істейтін болғандықтан, мұнда неше түрлі тағдырды, небір қиын жағдайда отырған отбасыларды жолықтыруға болады. Айталық, Шымкент қаласындағы орталық мешіттің найб иманы Мұхаметжан Естеміров тағдырлы отбасылардың көп екенін айтады. Олардың мұң-мұқтаждарын есітіп отырудың өзі бір азап көрінеді. Сондықтан дағдарысқа түскен әйелдерге қамқорлық көрсету үшін діни сектор ұйымдастырылған. Мұнда үгіт-насихат, ихсан ілімі, яғни көркем мінез, қоғамдық, мәдени іс-шаралар, діни оңалту бөлімі, дін мен дәстүр бөлімдері жұмыс істейді. Ендігі бір ретте пана іздеп келген әйелдерге ұлттық тәрбие берумен қатар, оларды ұлттық дәстүрлерге бейімдеу, құрақ көрпе тігу, оюдың түрлерін меңгеру, кимешек, тақия тігу сияқты өнерге баулу жұмыстары да қоса атқарылмақ.
Дегенмен, қарбаласқа толы мына өмірде мұның өзі аздық етеді. Олар бір уақ көңілдерін демдегенмен, толыққанды көмек ала алмайды. Жалпы, бізде күйзеліске ұшыраған әйелдерді қорғайтын заң болғанымен, кей ретте солардың көпшілігі жүзеге аса бермейді. Оның түрлі себептері де бар. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да ашық айтты. «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салғандар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал, жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Әрине, ел Президенті көрегендікпен айтып отыр. Отбасында ойран салып, тайрандап жүргендер әр қаладан, ауылдан табылады. Бірақ, олар ұстала қалғанда сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Оған түрлі себеп бар. Айталық, ауыл-аймақтың «күйеуін түрмеге қаматып қойыпты» деген сөзінен ұялып, кейбір келіншек алғашқы берген түсінігінен бас тартады. Ал, біреулері күйеулерінің ожар мінезінен қорқып, тілін тістеп қалады. Өйткені, бірер апта уақытша ұстау орындарында жатып келген күйеу одан сайын тағыланып, әйелін жүндей сабайды. Осыны білетін әйел «күйеуім ұрды» деп өлсе айтады ма?
Сондықтан озбырларды жазалап отыратын тетік таба білуіміз керек. Ол қандай тетік болады? Мұны қоғам болып ақылдасып, шешкен жөн. Бәлкім, отбасының шырқын жиі бұзатындарды анықтап, оларды ақсақалдар кеңесіне салып отыру керек шығар. Отбасына қамшы үйіретіндерді білетіндер жасырып қалмай, тиісті заң орындарына хабарлап отырулары тиіс. Әйтпесе жабулы қазан жабулы күйінде қала бермек.
Шын мәнінде, әйелдер мен балаларға арналған зорлық-зомбылық әлі де күрделі күйінде. Статистикалық мәлімет мынаны мәлімдейді: елімізде бір жыл ішінде 500-дей әйел мен бала тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Отбасының берекесін кетіретін бірден-бір фактор — күнделікті ұрыс-керіс, материалдық тапшылық, жұмыссыздық, соның салдарынан үй иесінің күйзеліске ұшырап, ішіп кетуі. Мас болып келіп, бала-шағасын бықпырт тигендей сабауы. Қазір біреудің үйіне біреу кірмейтін заман. Егер көршінің үйінде айқай-шу болып жатса оған ешкім барып араша түспейді. Керісінше, «Отбасылық мәселелерін өздері шешіп алсын» деп теріс айналады. Сондықтан, басқа үйдің проблемасы көбіне жабулы қазан жабулы күйінде қалады.
Біздің қазақ қоғамында үйішілік жанжал ешқашан да әлеуметтік проблема ретінде қаралмаған. Жоғарыда айтқанымыздай, отбасы әр адамның жеке мәселесі деген көзқараста болып келдік. Шын мәнінде зорлық-зомбылық – отбасының ғана проблемасы ма? Түптеп келгенде бұл қоғамдық мәселе. Олай болатыны ір шаңырақ мемлекеттің бір-бір діңгегі. Ал, сол діңгек солқылдақ болса ше? Онда үй құлайды. Әр үйдің шаңырағы осылай шытынай берсе мемлекет қалай еңсе тіктейді? Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда жұмыссыздық, теңсіздік, алаяқтық, тәртіп бұзушылық, басқа да келеңсіз жағдайлар жиі орын алады. Сондықтан да Тараз қаласының құзырлы органдары бірлесіп республикалық «Тұрмыс» отбасындағы зорлық-зомбылықтың жедел алдын алу іс-шарасын өткізіпті. Шара барысында бірқатар олқылықтар анықталған.
Рейд барысында ішімдікке сылқия тойып алып, отбасына ойран салатындар, жұмыс жоқ деп әйеліне масыл болып жатып алғандар, қит етсе бала-шағасын баудай түсіріп сабайтындар да кезіккен. Соңғы жылдары елімізде әйелдерге қатысты тұрмыстық зомбылық азайды дегенімізбен, әлі де нәзік жандылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда олқылықтар бар. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары әйелдер зорлыққа тап болса, мұны бүкпесіз айтаиын болған. Бұл үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың жемісі деп білеміз.
– «Тұрмыс» отбасындағы зорлық-зомбылықтың жедел алдын алу іс-шарасына ішкі істер органының 411 қызметкері жұмылдырылды. Олардың 351-і жергілікті полиция қызметкері. Іс-шара басынан 6 825 полицияның профилактикалық есебінде тұратын күдіктілердің тұрғылықты мекен-жайлары тексерілді. Рейд қорытындысында отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарда құқық бұзушылықтарға жол берген 528 адамғаға қатысты протокол толтырылды. 64 адамның мінез-құлықтарында тұрақсыздық байқалады. Оларды ерекше бақылауға алу керектігі ескерілді. Жалпы, іс-шара барысында 1675 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде ҚР ӘК 73-бабымен 146 адам және осы баптың 1-ші, 2-ші бөлігімен 79 адам, ҚР ӘК 461-бабымен 46 адам жауапкершілікке тартылды. Іс-шара барысында 205 маскүнем ішкі істер басқармасының профилактикалық есебіне алынды. 86 нашақор анықталды. Шырқы жиі бұзылатын 152 отбасы бар екен. Біріккен рейд барысында анықталған 11 адам сот үкімімен ата-ана құқығынан айырылды. 17 нашақор мен маскүнемді мәжбүрлеп емдеу орталығына орналастырдық, – дейді ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Ақмарал Жанысова.
Полиция қызметкерлері жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында халық арасында ҚР қолданыстағы заңнамасын түсіндіруді де естен шығарған жоқ. Азаматтардың құқықтық көмек алу үшін полиция органдарына өтініштерінің көбеюі олардың сауаттылықтарының артқанын аңғартады. Бұл – қоғамдық ұйымдар полиция органдарының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізетін көпжылдық алдын алу шараларының нәтижесі екені анық. Біздің қазақ қоғамында келіншектер күйеулерінен таяқ жесе немесе зорлық көрсе жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып келді. Олар әлі де бар. Негізінен бұл тәрбиенің жақсы екенін де көрсетеді. Құдай қосқан қосағы әй десе болды, заң орындарына жүгіріп бара беретін келіндерден сақтасын. Иә, өмірде олар да бар. Қит етсе үйлеріне тайып тұрады. Әке-шешелеріне шағымданады. Енелері күн көрсетпейтінін айтып шағымданады. Шын мәнінде ене келіннің басты тәрбиешісі. Мұны жас келіндер түсіне бермейді. «Маған қатаң қарайды» деп ойлайды. Сол қатаңдықтың арғы жағында ененің ішкі есебі, қайтсем адам қатарына қосамын деген игі тілегі бар екенін ескермейді. Содан барып түскен жеріне кектене қарайды. Жас келіндермен жұмыс істейтін арнайы орындар мұны да ескере жүрулері тиіс.
Ал, шын мәнінде күйеуі ішкіш болса, маскүнемділікке салынып, күн сайын қол көтерсе, әрине, бұған төзуге болмайды. Соңғы жылдары салынып арақ ішу, әйелдеріне орынсыз қол көтеру азайып келе жатқаны да қуантады, әрине. Қазір жәбірленуші әйелдер құқық қорғау органдарына жүгіну арқылы өздерінің құқықтарын қорғай алатын болған. Шын мәнінде зорлық-зомбылық көрген аналар мен балаларды «Жамбыл облыстық дағдарыс орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз қамқорлығына алып келеді. Мұнда арнайы сала мамандары жәбір көрген анаға жан-жақты көмек көрсетеді.
– Дағдарыс орталығы – өмір тауқыметтерін көріп жүрген қорғансыз жандарға әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме. Қазір мұнда 27 төсек орын бар. Келгендерге үш мезгіл тамақ беріледі. Психологиялық көмек көрсетіледі. Бізде сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Орталықта 23 қызметкер бар. Соның ішінде психолог, социолог, заңгер мамандары қызмет көрсетеді. Мекемеміз 8 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Біріншіден, осында түскен ана мен балаға тұрмыстық әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мұнда түрлі дәрежеде жарақат алған келіншектер де түседі, соларға алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Жаны да тәні де жаралы жандармен психолог мамандар сөйлесіп, кеңес береді, жүйкелерін тыныштандыруға әрекет жасайды. Олардың балалары бар болса, жақын маңдағы мектепке оқуға жібереміз. Балалар мектепке алаңсыз барулары үшін оларға күтуші бекіткенбіз. Ал, аналардың омырауларында сәбилері болса тәрбиешілер қарауына алады. Бізге 4-5 баласы бар аналар да түсіп жатады. Құндақтаулы баласы бар аналар да келеді. Жәбір көрген аналардың көңілін аулап, бастарын қалың тұманнан арылту үшін әлеуметтік еңбекке баулимыз. Мәселен, біз оларға шұлық тоқу, құрақ құрау, тігін сияқты жұмыстарды үйретеміз. Бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында театрға, көрме, музей залдарына апарамыз. Басқа да рухани-танымдық жұмыстар жүргіземіз. Сенесіз бе, азаматшалардың ішінде өмірінде алғаш рет театр мен музейдің табалдырығын аттағандары да бар. Оларды көргенде жүрегің ауырады. Ал енді мекемеміздің келесі бағыттары: экономикалық және әлеуметтік-құқықтық көмек. Мұнда заңгерлер құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында жұмыс жасайды. Оның ішінде алимент рәсімдеу, оны алу, ажырасқан кезде балаларын тартып алған азаматшалармен жұмыс, жәрдемақы сынды түрлі көмектер көрсетіледі, – дейді Жамбыл облыстық дағдарыс орталығының директоры Жамал Қалыбекова.
Жамалдың айтуынша, былтыр дағдарыс орталығына 551 қыз-келіншек хабарласқан. Олардың барлығына кеңес берілген. Олардың арасындағы жәбірленушілерге де құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетілген. 137 әйел дағдарыс орталығының көмегіне жүгінген екен. 43 әйел осында балаларымен бірге келіпті. Олардың балаларының саны — 94. Былтыр сенім телефонына 180 адам хабарласып, оларға кеңес беріліпті. Ал биылғы жыл басынан 25 әйел орталыққа келіп түскен.
Дағдарыс орталығы 2014 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Осы уақытқа дейін мекемеге 647 адам өтініш жасаған. Олардың 217-сі әйел болса, 430-ы бала. Соның ішінде 89-ы отбасыларымен жарасыпты. Осында 35 жылдан бері күйеуінен зорлық-зомбылық көріп келе жатқан зейнет жасындағы әйел де жатыр. Ол өзінің аты-жөнін айтудан бас тартты. Бүгінде әже атанған, ұл-қыздарынан немере сүйіп отырған адам. Соған қарамастан орталыққа түрлі дене жарақатымен түсіпті. Алған жарақаты бар, жан күйзелісі бар, әжей екі айға жуық осы мекемені паналаған. Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері мен дін өкілі жәбірленушінің үйіне барып, қартайса да қол көтеріп келген ерімен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Осы түсіндіру жұмыстарынан соң әжені ұлы мен келіні келіп, орталықтан алып кетіпті. Дегенмен, оған әлі де тыныштық жоқ сыңайлы. Егде тартқан күйеуі қол көтеруін қойғанымен, ішімдікке сылқия тойып алып, аузына келгенін айтады екен.
Иә, мына өмірде не кездеспейді? Отыз бес жыл бойы күйеуінен таяқ жеу нағыз қорлық емес пе? Сонда олардың балалары қайда қарап отыр? Әкеге «мынауыңыз ұят, қойыңыз» деп айтуға шамалары келмей ме? Ағайын-туыс, көрші-қолаң мұндайға жол бермеуші еді ғой. Расында, отыз бес жыл бойы қорлыққа шыдап келген бұл кісінің де жаны сірі екен. Отбасы, ошақ қасында күн сайын ұрыс-керісті көріп өскен ұл мен қыз қандай болып өседі? Балаға өскен ортасы әсер етпеуші ме еді? «Сүтпен кірген сүйекпен кетеді» дейді халық. Жастайынан айқай-шудың ортасында өскен бала есейгенде сотқар болмақ. Ал әке-шешесі жақсы тәрбие берсе одан үлкен азамат шығады. Мұны айтып жатудың өзі артық.
Тағы бір келіншектің тағдыры аянышты көрінді. Ол бір жігітпен танысып, екеуі кездесіп жүреді. Жігіт өзінің әлі үйленбегенін, мұны сүйетінін айтады. Махаббат жалынына шарпылған қыз жігіт ырқына көнеді. Күндердің күнінде әлгі сормаңдай қыз сүйген жігітінің әйелі, бала-шағасы бар екенін біледі. Жігіт бірден мойындайды. «Енді сен менің екінші әйелім боласың» дейді. Оң жақта отырған қыз қалай екінші әйел болады? Өлмек болады. Ішіндегісін алдыртып тастағысы келеді. Бірақ ойлана келе неде болса өмірге тұңғыш сәбиін әкелмек болып шешім қабылдайды. Ал, ол босанғанда қыздың шешесі үйіне кіргізбей қояды. Екі оттың арасында қалған қыз амал жоқ, дағдарыс орталығына келсе керек. Қазір ол не үйіне, не басқа жерге бара алмай отыр. Өзінің отбасы «мынадай қарабетті үйге кіргізбейміз» деп шаптығады. Ал, сері жігіт «екіншім бол, болмаса жолың әне!» деп ол тұр. Сонда бұл қайда бармақ?
Өмірде осындай алдамшы жігіттердің алдауына-арбауына сеніп, от басып қалған қыздар қаншама? Олардың тағдырын кім ойлайды? Жазатайым жазықты болған нәзік жандылар ертең өздерін өздері өлімге қиса, мұның жауапкершілігі кімде? Жалпы, ер-азаматтардың мұны ойламайтыны неліктен? Отбасылық құндылықтар дегеніміздің өзі адалдық емес пе? Сонда жігіттер не ойлайды? Біреудің тағдырын талқандау қылмыстың ең үлкені. Сондықтан, мемлекет бұл мәселеге де көңіл аударуы керек-ақ.
Ортақ шаңырақтың берік болмағы аналарға да байланысты. Кешегі тоқырау кезінде қап арқалаған көптеген келіншектің бақыттарын басқа жақтан іздеп, балаларын шырқыратып тастап кеткендерін көзіміз көрді, жүрегіміз сыздады. Ол кезеңді қиын шақ еді делік. Ал, қазіргіге не жорық? Осы мақаланы жазып отырғанда Қазақ радиосынан қырық алты жастағы әйелдің жиырма төрт жастағы жігітпен көңіл жарастырғаны жөніндегі хабарды есітіп, төбем шымырлады. Әлгі қырық алты жастағы әйелдің күйеуі бар екен. Жігітке «ажырасқанмын» десе керек. Осыны малданды ма, кім білсін, жас жігіт әйелді құлай сүйсе керек. Бір күні фейсбуктен әйелдің күйеуі, бала-шағасы бар екенін біліп қояды. Қандай сезім құшағында болғанын өзі біледі, жігіт әйелді кездесуге шақырып, отыз алты жеріне пышақ ұрып өлтіреді. Бұл неткен сұмдық? Елуге тақаған әйелдің жас жігітпен көңілдес болғаны қалай? Ол күйеуін, балаларын неге ойламаған? Аз ғана сезім серпілісінің соңы неге апарып соқты? Бұдан шығатын қорытынды — әрбір адам, ол мейлі еркек болсын, мейлі әйел болсын, ертеңін ойлағаны жөн. Ең бастысы — отбасы беріктігін, тазалығын ойлаулары керек. Отбасы таза болмай – отан таза болмайды. Біздің ата-бабаларымыздың бағзыдан қан тазалығына, отбасы адалдығына терең мән беруінің сыры осында.
Қатын қылық ашқан тұста одан өрбіген қыздан да ұят кетеді. Бүгінде аяр қылықтарға барып жүрген қазақ қыздарының тәрбиелерінде ойсыраған олқылықтар бар. Оларға не ата, не әже, не әке, не ана жөнді тәрбие бере алмаған. Арын сатып жүрген қыздан ертең кім туады? Сондықтан, қыз бала тәрбиесі өте күрделі мәселе. Олардың тәрбиесімен мектеп мұғалімдері де мықтап айналысулары керек. Қазір небір бәлекеттің жер бетіне шығып кеткен кезі. Қалта телефондарда сұмдықтың нешеме атасы жатыр. Соларды бей-берекет көрген жас жолдан тез таяды. Қыздар да теріс жолға түседі. Қазір мектеп оқушысының өзі темекі тартып тұрса таңданбайтын болдық. Ана бір жолы әлеуметтік желілерде әжетханада бір қызды құрбыларының жабылып сабағаны көрсетілді. Жаңағы қыздар соққыға жығылған бойжеткеннің ішкі киімдерін де сыпырып алып, бейнебаянды әлеуметтік желілерге жүктеп жіберген. Осындай бұзақы қыздардан ертең қандай ана шығады? Әкесі мықты, анасы бастық болса олар қарапайым отбасынан шыққандарды жәбірлей беруі керек пе? Қоғамдағы осындай теңсіздіктер де отбасындағы бірлікке әсер етеді. Мұны көріп те, есітіп те жүрміз. Баласын бетімен жіберген ата-аналар түбінде оңбай таяқ жейді. Мұны өмірдің өзі де дәлелдеп жүр емес пе? Сонда да базбір ата-аналардың бәрін де белден басып, төрге озғылары келетіні түсініксіз. Әділетті Қазақстан ендігі жерде мұндай озбырларға тізгін салса игі.
…Бұл бұдан біраз жыл болған еді. Онда ауылда тұрамыз. Соғыстан соңғы ел әлі есін толық жинап үлгермеген кезенейлі кезең. Кеңшардың барлық адамдары тайлы-тұяғына дейін қалмай жұмысқа шығады. Ара-арасында біздің Көпірбай көкеміз сияқты тентектері де бар. Сол Көпірбай көкемнің ішіп алса жұртқа маза бермейтін бір жаман әдеті болушы еді. Отбасына да жайсыздау деп еститінбіз. Сол үйдегі Базаркүл жеңешеміз көкеміз жұтыңқырап келген күні көршілерге барып, мұңың шағып, жылап-сықтап жүретін.
Бір күні кешқұрым Базаркүл жеңешеміз жүзінде тотыққандықтың ізі бар біздің үйге асығыс келді. Апам беймезгілдеу келген келініне қарап таңырқап отыр. Әкем қара қайыстан әлдене өріп отырған. Сәлем берген келініне басын изеп «Көп жаса!» деп қойып, жұмысын жалғастыра берді. Әлден соң Базаркүл жеңешемнің жыламсыраған дауысы естіліп қалды. Әкем басын көтеріп алды.
– Маған қайт дейсің? Мына атаңа айтпайсың ба шағымыңды, – деді апам.
Базаркүл әкеме қарап, батып ештеме айта алмады. Біраз төмен қарап тұнжырап отырды.
– Иә, келін! Не болып қалды? – деді әкем қолындағы қайысты бір бүйіріне қойып жатып.
– Шыдап болдым, ата. Ініңізбен ажырасамын, – деді жеңешем.
Менің зәрем ұшты. Үйдегі көздері бақырайған бауырларым шешесіз қалай өседі? Олардың тамағын кім жасап береді? Киімдерін кім жуып, жамап береді? Сиырды кім сауады? Балаларды мектепке кім жібереді? Үйді көктемде, қыс алдында бір әктеп қоюшы едік. Мұны кім жасайды? Деп уайымдай бастадым. Көз алдыма бауырларымның жадап-жүдеп жүрген жабығыңқы жүздері келді. Мен одан сайын қорқа бастадым. Көкем! Көкем тағы да ішіп кетеді ғой…
– Шыныменен ажырасамысың? Түпкілікті шешімін оса ма? – деп әкем келініне шаншыла қарады.
– Осы, ата!
– Ендеше, сен ақыры кетеді екенсің, ана Күлпаштың, Нәзидің, Са­ғымның, Сабираның, Қымбаттың, Балдықыздың, Жұпардың, Тоқби­кенің үйлеріне барып, бір күн сырласып, шай ішіп шық. Содан соң маған кел. Мен батамды берейін, – деді.
Мен таңырқап отырмын. Санап та отырмын. Әкем тоғыз апамыздың атын атады. Демек, әлі тоғыз күн бар. Тоғыз күн болса да бауырларымның қарны ашпайтын болды ғой деп қоямын. Бәлкім, тоғыз күннен соң жеңешем ойланар.
Мен де ойлана бастадым. Қарап отырсам, әкем айтып шыққан апайларым мен жеңешелерімнің барлығы жесірлер екен. Бірінің күйеуі соғыстан қайтпай қалған. Екіншісінің жары соғыстан жараланып келіп, сол сырқатының салдарынан қаза тапқан. Тағы бірінің қосағы аттан құлап қайтыс болған. Қысқасы, барлығы да жарым көңіл жандар еді.
Базаркүл жеңешем үн-түнсіз шығып кетті. Апам да ештеңе айтпады. Келінің шығарып салып келіп, тіршілігімен айналыса берді. Олар үндемеген соң мен майшам жарығымен сабағымды қарауға кірістім.
Санап жүрмін. Тоғыз күн де өтті. Базаркүл жеңешем көрінбейді. Әкемнің алдына келіп, батасы мен рұқсатын алып кетуі тиіс еді. Жоқ. Әлде әкемнің алдынан өтпей төркініне тартып кеткен бе?
Жүрегім зу ете қалды. Жүгіріп Көпірбай көкемдікіні келдім. Келсем, Базаркүл жеңешем күмпілдетіп ала сиырды сауып отыр. Мұндай қуанбаспын.
Сөйтсем, әкем кілең жесірдің үйіне жібергенде тұрмыс-тіршілігін көр, жесірдің күні қалай болады екен десе керек. Сол кездердің келіндері де таным-түйсігі мол жандар ғой, қайта айналып біздікіне жолаған жоқ. Келсе де қабағын ашып, жадырап келетін. Көпірбай көкем де жеңешемнен де, арақтан да жеңіліп, момақан күйге түсті. Тракторын тарылдатып үйдің жанына тоқтатып, қара талдың түбінде домбырасын шертіп жататынын талай көрдім. Бауырларым зіңгіттей-зіңгіттей болып өсті. Көпірбай көке бүгінде ауылдың сыйлы адамдарының бірі. Шақырған жерден қалмайды. Төрде бас мүжіп, «біз жас кезімізде мынадай болғанбыз» деп әңгіме айтып отырады. Оның әңгімесіне елітетіндер де көп. Қатарластары сенбейтін шығар. Біз сенеміз.
Жеңешеміз бүгінде айғыр келін атанған. Көкемізді бір шыбықпен айдайды. Көкеміз ыржаң-ыржаң күле береді. «Кемпірдікі жөн, кемпірдікі жөн» дегеннен артық сөз айтпайды. Бауырларым өсті. Еті тірі болып, мал жинаудың қыр-сырын меңгерді. Бүгінде ауылдағы тоқ отбасылардың бірі саналады.
Сол кезде жеңешем ашу үстінде үйден кетіп қалса не болар еді деп ойлаймын бүгінде. Бірақ, санасында сәулесі бар жан өткінші қиындыққа бола алтын ұясын, балаларын тастап кетпейді ғой. Дегенмен, Базаркүл жеңешем батыр екен. Күйеуін де, балаларын да бағындырды.
Қазір ғой, келіндер өстер ме еді? Қит етсе болды, артынан келген төсек орнын жинап, төркініне тартып отырады. Атасы мен енесі артынан барып, жалынып-жалбарынып алып келеді. Көп күн өтпей келіннің тағы кетіп қалғанын естисіз. Сонда оларға не жетпейді? «Сүйдім, күйдім» деп ақ босағаны аттады екен, сол үйдің ыстық-суығына төзбейді ме? Қыздардың басқа отбасы табалдырығын «бақытты боламын деп емес, бақытты етемін» деп аттайтыны кане? Бұл жерде екі жастың ата-аналарына да айтар өкпе-назымыз бар. Әр ана қызына ертең басқа шаңыраққа келін болатынын, «көргенді жердің қызы екен» дегізерлік тәрбие беру керектігін ұмытпаулары тиіс. Күйеулері оқ десе оқ, шоқ десе шоқ деп бәсекелесіп отыратын келіндерден жақсы ана шығады ма? Қыз бала басқа босағаны аттаған соң қалай да сол отбасыға сіңісіп кету, балалы болып, ата-енесін, күйеуін, әрі-беріден соң өз әке-шешесін қуантуға ұмтылуы керек. Ана бақыты деген осы. Бауырында балалары көп ана дүниедегі ең бақытты жан.
Қазіргі мына толқымалы толағай заманда адамдар басқы құндылықты дүние-мүліктен ғана іздейтін болды ғой. Материалдық байлық адамдардың көздерін тұмшалап барады. Кедей байға, бай Құдайға жетсем деген заман. Ұрлық-қарлықпен, зорлық-зомбылықпен қарындарын қампайтып алған кейбір адамдар өзгелерді көзіне ілмейді. Олардың көзі тек байлыққа ғана ашылады. Міне, осы отбасылар өздерімен дәрежесі тең жерден келін таңдайды. «Біздің құда мынадай мансапта отыр. Мынадай-мынадай байлығы бар. Ықпалы облысқа жүреді» деп бөсіп отырулары үшін де өздерімен иық тірестірерлік құда таңдайды. Бүгінде жігітке жарды өздері емес, әке-шешесі таңдайды. Мұндай үйге келін болып түскен қыз сіңісіп кетсе жақсы, сіңісе алмаса арада ай өтпей ажырасып кетеді. Жоғарыда біз елімізде бір жылда қанша жұп ажырасатынын айттық. Сол ажырасқандар арасында екі жақтың ықтиярынсыз үйлендіргендер де көп екен. Мұны белгілі психологтар да айтып отыр. Айталық, психолог Бердияқ Қабылбеков «Ата-аналардың ықпалымен үйленгендердің көпшілігі бірін-бірі түсінісе алмай, ажырасып кетіп жатады. Өйткені, олар бір-бірін жете зерттеп үлгере алмайды. Анасы «үндеме, жақсы жерге келін болып түсесің» деген соң кей қыздар алданып та қалады. Ата-ананың бұл жерде көздегені қызының бақытты болуы ғана емес, ықпалды адамдарға жақындасу, ымараласу ғана» дейді. Оның бұл сөзінің жаны да бар. Зерттеу, зерделеу, азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлерімен сұқбаттасқанда да осы мәселе алдымыздан шықты.
– Бізге келіп тіркеліп, көп ұзамай мінезіміз үйлеспеді деп ажырасып кетіп жатқандардың біразы әке-шешесінің әлпешіне көп бөленгендер. Олар басқа үйге барған соң келіндік міндеттерін орындап, ерте тұрып, үй тірлігіне араласып, атасы мен енесіне күтім жасауы тиіс қой. Мұны шолжаң болып өскен келін түсіне де, қабылдай да алмайды. Әке-шешесінің үйінде оған барлығы да қызмет көрсетеді. Бұл жерде ол басқаға қызмет етіп жүр. Өзімшіл болып өскен ол бұған көндіге алмайды. Содан барады да «кетемін» деп қиғылық салады. Оған молшылыққа малынып отырған үй таңсық емес. Мұндай үй әкесінде де бар. Жетпейтіні – өзіне көңіл аударатындар ғана. Үнемі үлде мен бүлдеге бөленіп жүргендер басқаға қызмет етуді құлдыққа кеткенмен бірдей көреді. Сондықтан, шешелер жағы қыздарын жақсы тәрбиелемесе түбінде опық жейді, – деді азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің қызметкері Айша Серікбайқызы.
Айшаның бұл айтқандарының жөні бар. Мінез үйлесімділігі, шынайы махаббат болмаған жерде шаңырақ шайқалады. Ендеше, ата-аналар өздерінің жағдайларын ғана ойлап қоймай, балаларының сезіміне де қарайлағаны абзал. Отбасылық мүдде, кландық байланысқа бола екі жастың обалына қалуға болмайды. Осындай есеппен көтерілген шаңырақтың күйреп, ортасына түсіп жатқанын есітіп те, көріп те жүрміз. Мұның аяғы екі ықпалды адамның бір-бірімен жауығып шыға келуімен де бітіп жатыр. Олар алыста емес, қасымызда жүр. Аттарын атасақ, талайлардың аяғын басып кетеміз. Жау арттырамыз. Іштері де сезіп отырған болар, олар тіптен көп.
Қысқасы, қара шаңырақ – қазақ халқының құт мекені. Бабаларымыз қашан да қара шаңырақты киелі тұтқан. Біз осы киелі құндылығымыздан бірте-бірте айырылып бара жатырмыз. Батыстың қаңсығына көп еліктейміз. Сондықтан да қыздарымыз қытайдың ба, негрдің бе, үндінің бе құшағында кетіп жатыр. Соларды көріп қазақ қыздарының соншалықты құнсызданып кеткеніне жаның ауырады. Қанша жерден мәдениетті, бай дегеніңмен, өзге ұлттың салт-дәстүрі біздікіндей бола алмайды. Түпкі санадан, ата дәстүрден ажырап қалған адам мәңгүрт болады. Сондықтан біз басымызға қаншама нәубет төнсе де ата салтымызды сақтап қалуымыз керек. Жаһандану атты жалмауыздан да бізді бір құтқарса ұлттық құндылықтарымыз құтқарады. Орыстың не орманның, негрдің де жемірдің салт-дәстүрі бізге мың қайнаса да сорпасы қосылмайды. Қазақ қазақпен ғана қазақ! Мұны ешқашан ұмытпауымыз керек.
Бүгінде қара шаңырақ туралы көп ойланатын болыппын. Түсіме қара шаңырақ кіреді. Біз осы қара шаңырақты аман сақтағанда ғана Қазақ болып қалатынымыз еске түседі.
Жуырда ауыл жаққа бардым. Қара шаңырақта қалған інімдікіне барып сәлем бердім. Ол қуанып қалды. Жайлауға баласын жіберіп, бір марқа қозысын әкеліп сойды. Қуырдақ жеп отырып, талай әңгіменің түйме-түймелері ағытылды. Ауыл жастары кәсіпті меңгере бастапты. Жаңадан отау тігіп жатқандар саны көп. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылда ажырасу деген мүлдем жоқ екен. Соған қуандым. Ағайындар бес-алты келін түсіріп тастапты. Жаңа нәрестелі болып жатқандары ба бар. Келіндерге, сәбилерге көрімдік бердік. Жаңа үй салып алғандарға байғазы беріп жатырмыз. Мұның өзі жарасымды. Бір жеңгеміз «ауылдың жеңсік асы» деп құрт, бауырсақ, қауынқұрт салыпты.
Қалаға бұрынырақта көшіп кеткендіктен де біз отырған үйдің ескіріп қалғаны жаныма аяздай батты. Шал отырған үй бүгінде қалқиып тұр. Заман талабы емес пе, інілер жаңа ғимарат көтерген. Сонда да әкеміздің өз қолымен тұрғызған үйі көзіме соншалықты ыстық. Менің ойыма ақынның мына бір өлең жолдары оралды.
Қайран үйім, қалыпсың ғой ескіріп,
Мен оралдым қадіріңді кеш біліп.
Әкем салған өз қолымен шарбақтың,
Қора-жайдың зар-мұңы тұр естіліп.

Есейгенде кетіп едік жамырап,
Қалды содан қайран үйім қаңырап.
Балалықтың, ата-анамның аяулы,
Жалғыз көзі осы қара шаңырақ.

Мініп алып анамның арқасына,
Келгендей бір жұмақтың дәл қасына.
Балалыққа кеудемде бар сағыныш,
Симай жатқан «Көксудай» арнасына.

Не жетсін пах шіркін-ай ауылыма?
Ғашықпын шаң, балшығы, дауылына.
Ескі үйім есіме салды бүгін,
Сағынып келдім басшы бауырыңа.
Иә, қара шаңырақ қашанда бауырына тартады. Қара шаңыраққа қарай-қарай қайттым.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Комментарий (1)

  1. Reply
    Мамандық папандықговорит

    Мен оның 👧мын

Пікір қалдыру