ШЕКСІЗ БІР ЕРКІНДІКТІ САҒЫНАМ КЕП…

Лиза ҚОСАЕВА

Лиза ҚОСАЕВА

ШЕКСІЗ БІР ЕРКІНДІКТІ САҒЫНАМ КЕП…

(М.Мақатаев рухымен сырласу)

Айнала тыныштық.
Қара түн
Бүркейді әлемнің жанарын.
Алыстан қаланың оттары
Сездірер тіршілік алабын.
Тіршілік алабы-алыста
Көз тастап тұрғандай ғарышқа.
Біз болсақ сондағы көп нүкте
Көрінбес қозғалған жарыста.
Айнала тыныштық.
Түн іші
Естілер көліктер жүрісі.
Ақ бедер көлбей кеп жағылған
Аспанның кеңейген тынысы.
Жұлдыздар жымыңдап қарайды,
Сырғиды бұлт-бедер арайлы.
Артынан ай шығар сылаңдап
Тұндырып сәулеге маңайды.
Айнала тыныштық.
Алып тау
Қалқиды ай төккен жарықта.
Тұңғиық қоюы сейіліп
Иегін артады алысқа.
Айнала тыныштық.
Сүт-сәуле
Жайылар жұлдыздар сөнгенде.
Күллі әлем шуаққа малынар,
Бозарып таңғы арай келгенде.

* * *

Тербет мені,
ғарыштың шырқау шегі!
Мендегі бақыт та зор,
мұң да-еңселі.
Ойларым ойып-ойып
ойсыратып,
Табаным сел жасардай
жүрген жерді.

Тербет мені,
шыңдардың ең биігі!
Алдандырғын
көктердің тұңғиығы.
Дауыл соғып кетердей
мен бұлдансам,
Ағызардай
жасымның бір сығымы.

Желпі,желпі
көкжиек самалыңмен!
Бір қуаныш қалсын да
балаң күннен.
Болмаса,
шар әлемнің шұғыласын
Күрең күнде
ұмытып қалармын мен.

* * *

Өткен күнді аңсайды жұрт,
өткенде
Жеңіп қойған
қайшылықтың бәрінде.
Жамандық та
күлкі әкелер
кеткенде
Ұмытылады
қасірет те,
өлім де.

Өткен күндер
өткенімен құндырақ,
Өтпей тұрса
азап болар басыңа.
Соның бәрін қия алмау да-
сандырақ,
Бастамас ем
ештеңені басынан.

Түндер өтсін.
Күндер көшсін.
Анығы –
Күйресең де
кешірерсің бұл сәтті.
Өткеннен соң
бұл кездер де
бәрібір
Болып қалар
асыл шақ боп
қымбатты.

Бүгін,ертең,
кешелерде құралған
Өз қолыңда
барлығы да
бақыттың
Келгеннен соң,
әр минутың
сыналған
Қадіріне жетейікші
уақыттың.
Қаңтардың
қақты ауасы

Далада аласұрған
жынды желі,
Иә,деймін
сонымен не өндіреді?
Айқайшы айдалада шауып жүрген,
Үнсізі бәріне де көндігеді.

Қаңтар желі
бұрқасын,
қары да жоқ,
Ұйықтатар әлдекімдер
жаныңа кеп.
Түсімде
түрленем де,
өліп-өшіп
Шексіз бір еркіндікті
сағынам кеп.

Сағынам кеп
сағымды сары белді
Тіршілік ары ма еді,
бері ме еді?
Жұтқыншақтан
өткенін сезінем де
Тірек іздей бастаймын
жаныма, енді.

Қайран күндер
қалқыған тіршілікте
Орайды біреулерді мұң -шілікке
Шілік кезіп адасқан
жанды көріп
Ыңыршағым кебеді
тұншығып кеп.

Қақалғандай күй кешем
өз асыма
Түлен түртіп
қоймайды тұрмасыңа.
Қаңтардың қақты ауасын
сіміріп ап,
Аунайсың
тағы екінші
жамбасыңа.
Демалыс.
Далада жел азынайды,
Үсіген
үнсіздіктің базын айтып.
Жанарын жасқа шылап жатыр біреу…
Келер ме екен
жеріме жазым қайтып?

Аулақтарға
үлекпен тартқандай қып,
Сүйретеміз….
қымсынбас жат маңдай түк.
Сарқырама астында ағызбасаң
Алып жүре алмассың
батпандай қып…

Жан арылар
бәрінен
түс тағында,
Ұмытып
бар қиянат
қыспағын да.
…Ұзақ ойдан қажыған
қиялшылдар
Сандырақтар
өзінің ұшпағында.

* * *
Мерейі үстем мереке болмаса да,
Жалғасады өмірлер,жалғасады,ә!
Мені көкке шығаршы бей-жай әлем
Әлем-жәлем шашылған той жаса да.
Мені көкке асқақтат бей-жай әлем
Менің барлық көрерім сенде деген.
Ұлықтауға жиналып жатырсың ба?
Ұмыт болған ұлды аңсап ертеменен.
Қолайыма көнгенін көтерермін.
Үміттерді біртіндеп жетелермін
Оның шексіз мазасыз күндерін де
Өтемесең,
келді енді,
өтелер күн.
Сезімім суалмасын
ойым күйреп,
Жанымды сары уайым-сағым билеп.
Бей-жай әлем көзіңді салмай-ақ қой
Ұландар өзіңе арнап бәрін бермек.
Өзіңе арнап
шарап– жыр ұсынады,
Ойнат бір сәт
санаңды
ішіп ал да.
Соңғы құсын
жыр қылып ұшырады
Қапалан ба
көкейде құсы барда.
Қапалан ба
көкірек сайрап тұрса,
Қанармыз
алдан-нұрға,
арман жырға.
Аспабым күйі келмей қалғанынша
Төгіп-төгіп
бұл жырды
жалғармын да.
Жалғармын да
ілігіп
тірлік-мұңға,
Алмастырып
шабытпен
жылды-жылға.
Жауһар жырды
шашайын
қабыл алса,
Жаһанның
жақаураған мың-мыңына.

* * *
О,пірім!
Маған тағы назар салшы!
Қарлығашың тағы да жараланды.
Құлазып қалды тағы жан баспаған
Мұхиты жартас соққан жан аралы.
Құлазып қалды тағы қара дүрсін
Қарап түгел қамтымай
маңайын шын.
Ақ таңнан азық іздеп ағарам деп
Тірліктен кейін қалып қарайыппын.

* * *
Бар мақсатты лақтырып түлендерге,
Кете бердім айналып «дүлей» ерге.
Қайырылмай артыма бара жатып,
Қайратымды асықтым түгендеуге.
Қажырымды мұқалған
қайрап-қайрап,
Құламауға ұмтылдым тайғақ жолда.
Адаспайтын жан бар ма,бұл өмірде?
Құлдырауда – заңдылық
самғап-самғап.
Өре шауып қайтемін, өршеленіп,
Сабырменен уақытты еңсерелік.
Аңғалдықпен әрнеден кешіккенде
Мен де ұққам бақыттың кеш келерін.
Түбі қияр тағдыр да бермегенін
Мен де сіздей
жаныммен шөлдегенмін.
Шалдығұйлы біреулер шалып жатса,
Өзім тұрып,өзіме сенген едім.
Мың құбылғым,
келеді, мың құбылғым,
Мен қазір мұңды деуден күлкілімін.
Ну орманда бір өзі сайрап жүрген
Өзіндік көкіректің бұлбұлымын.

* * *

Ұқсас тағдыр,ұқсас күн
Адасқаны-ай бір бақтың!
Өртке орап өзекті
Мен де сіздей жырлаппын.
Оқу да бір, ой да бір,
Елге барар сай да бір.
Қарасаздық жыр-пырақ
Шабыт төкпей қайда жүр?!
Ойдым-ойдым ой қудым,
Жолықпасқа қайғырдым.
Уақыт ара бөлгендей
Сіз кеткенде, мен тудым.
Жас тал өсіп жаңадан,
Толқынды ағын тараған.
Мөлдір жырдың тәңір де
Үзілмеуін қалаған.
Өмір жалғас табады,
Көктеп қайта сабағы.
Хантәңірін бетке алып
Шабыт кетіп барады.
* * *
Е, асыл ақыным!
Мен бүгін өзгешемін.
Бакайда сенің көніп, төзгендерің.
Дүниенің талқысы жүндей
түткен
Жаксы болған бұл күнді
көрмегенің.

Уақыттың бары асыл адамдарға,
Гәп деген жалқы емес,жалаңдарда.
Сарқып бір кете берер бар амалды,
Нәпсінің құрсауына шамаң бар ма?

Талай сынды басымнан асырамын,
Жайқалсын деп соңғы
бір жапырағым.
Уайымның шашыраған іркіттерін
Қиқалап түндеріме жасырамын.

Басым сынып барады,
басым сынып,
Толған айға тағы да асылды үміт
…Айдалада ақ кемпір қарап отыр
Алпарадай жандарға жасын сығып.

Пікір қалдыру