Осы ауылда туып-өсіп, қазір үлкен қалада тұратын Жаңыл балаларымен қыдырып келгенін естіген әйелдер бірі кіріп, бірі шығып, амандасып кетіп жатты. Жұрт аяғы саябырлаған кезде Гүлайнаның әжесі де сол үйге беттеген. Қашанда әжесінің қыр соңынан қалмай, шалғайына оратылып жүретін Гүлайна бұл жолы да әдетінен жаңылмады. Міне, жолдың майда топырағын бұрқ-бұрқ еткізіп, жүгіре жортып еріп келеді. Көрші үйге баруға, әжесі аузынан тастамайтын «Жаңыл әпкесін» көруге құштар. Оны көз алдына елестетіп, ертегілердегі ханшайым алдынан шығатындай жүрегі алып-ұшады.
Жаңыл әпкесі шынымен әдемі екен. Бойжеткен қыздай қалпына қарап, кезінде мектепті өз апасымен бірге бітіргеніне сенер емес. Ауыл әйелдерінің киімінен өзгеше көйлегі сондай жарасады. Бірақ жүзіне күлкі үйіріліп тұрса да апасының басқа кластастары сияқты өзіне мейірлене төніп, бетінен сүймегеніне, тіпті бұл жаққа мойнын да бұрмағанына кішкентай қыз біртүрлі жабырқап қалды.
Әжесімен жарқылдай амандық сұрасып жатып, Жаңыл қасынан шықпай, бірдеңе деп қыңқылдай берген ұлына: «Ерсін, далаға шығып ойна», – деп сыбырлады. Ұлы жыламсырап, одан бетер жабысқысы келген, сол кезде Жаңылдың көзі томсырайып тұрған Гүлайнаға түсіп, бір амал ойына келе қалғаны: «Бар, ойыншықтарыңды көрсетші мына қызға».
Мұндай ойыншықтар Гүлайнаның түсіне де кірмеген. Ауладағы сәкінің бұрыш-бұрышында үйіліп жатқан ойыншықтарға аңтарыла қарап, тұрып қалды әуелі. Сосын өз көзіне сенбей ұстап көрмек болған. Бірақ ызылдап, шиқылдап, сылдырлап, тіпті адамша жүріп, күліп-жылайтын ойыншықтардың қайсысына қолын созса Ерсін соған бас салады. Бұрын естімеген дыбыстарға елеңдеп сол маңда ойнап жүрген тағы бір-екі бала келген… Бірақ көп тұрмады. Өздерінен ойыншықтарының қайсысын тығарын білмей аласұрған балаға күле қарап, қолдарын бір сілтеді де анадайда доп қуып жүрген ересек балаларға қарай беттеді. Гүлайна да соңдарынан ерді.
Доп ойнағандардың ішіндегі бөтен баланы бірден аңдады. Бойы сыйдиған ұзын, қимылы ебедейсіз екен. Алдына келген доптан қайта-қайта айырылып қала бергеніне ыза болған ауылдықтар оны қонақ деп аяп жатқан жоқ: кіжініп, айқайлап, намысына тиер сөздерді қарша боратуда. Қалалықтың соның бәрін елең-құлаң қылмай, емпелеңдеп жүгіріп жүргеніне таң қалды кішкентай қыз. Аяды да. Ауылдастарының сөздері үшін ұялып, ол жерден тезірек кетіп қалғысы келді.
Сол оймен үйіне беттеген Гүлайнаны Ерсін айқайлап тоқтатты. Үйілген ойыншықтардың қасында жалғыз отыр екен. «Кел, қызық ойыншық көрсетем» деді бір қисық көкала таяқты жоғары көтеріп. Ол не екен?
Қыз өзіне жақындай бергенде ойына әлдебір қулық келе қалды білем, қонақ бала қолындағы таяқты бұған қарай құлаштай лақтырмасы бар ма! Шыркөбелек айналып өзіне қарай ұшқан таяқты көзі шалған Гүлайна бұғып үлгерді. Көзін тарс жұмып, басын қос қолымен қорғап, таяқтың сарт етіп тиюін күтіп отырғанда Ерсіннің шек-сілесі қатып күлгенін естіп, көзін ашты. Ол аяғын әлтек-тәлтек басып, біресе ішін ұстап, біресе санын шапалақтап, тоқтай алмай күледі-ай келіп! Қолында – жаңа ғана бұған лақтырған көкала таяқ.
Аңырап тұрған мұны одан әрі таңқалдырғысы келіп, Ерсін көкала қисық таяқты аулада бұрқ-сарқ етіп қайнап тұрған самаурынға қарай сілтеді. Гүлайнаның жүрегі зу ете қалды: таяқ самаурынға тимесе екен, ерке бала мүлт кетсе екен деп тіледі. О, керемет! Мұның тілегі қабыл болып, ұшып бара жатқан қисық таяқ әуеде бір сәт кідірістеді де орта жолдан кері бұрылды! Қуанып кеткен кішкентай қыз қонақ баланың басынан аса ұшып барып, топырақты бұрқ еткізе құлаған таяқтың жанына жүгіріп жетсе де қолына алуға қорқақтады. Көзі – көкала таяқта…
Алшаңдай басып келген Ерсін таяқты жерден іліп алып жатып, бұдан: «Не, бумеранг көрмеп пе ең?», – деп мысқылдай сұрады.
– Бө-ме-ран?
Гүлайна басын шайқады.
Қыздың сөзіне Ерсін тағы ішек-сілесі қатқанша күлді. Күлкісін тия беріп, «бөмеран» деп қайталайды да тағы күледі.
Гүлайнаның онымен ісі жоқ, сиқырлы таяқты көзімен ішіп-жеп барады. Тілегін орындаған таяқты ұстап көрейін деп қолын созып еді, алып қояды деп ойлады ма, бала жалма-жан артына тыға қойды. «Ол мен айтқан соң қайтып оралды», – деді қыз оған тура қарап.
Өзінің түсінігі бойынша, шақырған кезде арсалаңдап шауып келетін күшігі сияқты, таяқ та бұның айтуымен қайтып келді, соны жеткізбек болған. Бала құлақ салғысы келмеді. Шегіншектеп бірер адым жасады да бұрылып, үйіне қарай тұра жүгірді.
«Ха-ха! Ол – бумеранг! Мен лақтырдым, маған ғана қайтып оралады», – деп айқайлады Ерсін үйге кіріп бара жатып.
Төркіндеп келген Жаңыл әпке үйінде жатқан бір айда Ералы мен Ерсін ауыл балаларына қосыла қоймады. Ұлдары туған ауылының балаларына сіңісе алмады ма, әлде жерлестері қаладан келген жиендерді жаратпады ма, бұған Жаңыл бас қатырған жоқ: үлкен ұлы Ералы музыкалық колледждің емтиханына дайындалсын деп осында әдейі алып келген. Балалармен жақын танысса, ойын қызығына кіріп кетер деп тіл табыспауларын тілеген іштей. Тілегі қабыл болды деген осы. Компьютерлік ойындарға байланып, тіпті ас ішіп, ұйықтауды ұмытып ойнайтын бозбала мұнда шетқақпай болып, екі-үш күн салаңдап бос жүрді де ақыры амалдың жоқтығынан музыкалық аспабын қолға алды.
Жаңылдың үлкен ұлының өз бойындай аспаптан ертелі-кеш небір күңіренген, құйқылжыған, ышқынған дыбыстарды шығарып ойнайтыны туралы әңгіме ауылда тез тарады. Әрнәрсені сылтау етіп көріп кеткендер де болды, солардың бірі – Гүлайнаның апасы. Кластасымен жүздесіп, шәй ішіп қайтпақшы болған апасына еріп кішкентай қыз бұл жолы да келген.
Аспап шындығында да Ералының бойымен бірдей екен. Сыртқы тұрқын әжесінің ақ матаға орап, қастерлеп ұстайтын, ал өзі әжесі жоқта ұрланып қолына алып, ішектерін ысқылап түрлі дыбыстар шығаратын қобызына ұқсатты. «Бұл – виолончель», – деді жасөспірім жігіт таңырқай қарап тұрған кішкентай қызға.
– Тартшы, – деді Гүлайна оның жайбарақат қалпын көріп батылданып.
Қонақ бала бәлденген жоқ, бір әуенді ойнай жөнелді. Аспаптың дыбысы да қобыздың үніне келеді екен. Гүлайнаның ойына әжесінің ара-тұра қолына қобызды алғанда:
«Жөңкіліп Сарыарқада киік жүрген,
Тұяғы тау мен тасқа тиіп жүрген,
Адамның сатқындығы қиын екен,
Жолында жаның қалмай, сүйіп жүрген… а-а-ай», – деп аһ ұрып айтатын өлеңі оралды. Түрлері ұқсас, дыбыстары ұқсас, ендеше әжесінің өлеңін мына аспапта да ойнауға болатын шығар деп ойлады. «Үйретсе ғой» деді іштей.
Ойын есікті тарс еткізіп ашып кіріп келген кіші ұл бұзды. Өзі құралпы балалардың бәрін жылауықтығымен мезі еткен ол туралы да әңгіме ауылды аралап кеткен.
Алғашында Ерсіннің ойыншықтарына қызыққан біраз бала бұл үйді айналсоқтайтын. Бірақ өзімшіл ұл маңайлап келген балалардан ойыншықтарын қызғанып, ауланы басына көтеріп аңырай жөнеледі. Содан біресе әжесі, біресе шешесі шығып ұрса берген соң балалар бұл үйге жолауды қойды. Ақыр аяғында жападан-жалғыз қалған Ерсіннің көп күні Гүлайнаның үйі жаққа мойнын созумен өтетін.
Бірақ ол да ойнауға келмей қойды. Ерсін қызықтыру үшін қыз ауласына шыққан кезде көкала таяғын оған қарай құлаштай лақтырып жібереді. Бірінші күндегідей жүгіріп келер деп ойлайтын. Қайдағы! Гүлайна бұл жаққа мойын бұрып қарамайды да. Көкала таяқ зуылдап қайта айналып, аяғының астына топ ете қалады.
Тағы бірде бұл амалы іске аспағанда ол әдетінше шешесіне жылап келе жатқан. «Мөңіреп бұзауымыз келе жатыр», – деді палауға сәбіз турап отырған Жаңылдың апасы. Сол жерде отырғандар ду күлді. «Күніне бес-алты рет жыламаса ішкені бойына сіңбейді», – деді інісі. «Ұйқысы да келмейтін сияқты ғой», – деп іліп әкетті келіні.
– Немене, баланың жылағанын көрмеп пе едіңдер? – деп шырт ете қалды Жаңыл.
Інісі мен келіні тілдерін тістей қойды.
– Оған несіне ашуланасың? – деді апасы, – дап-дардай баланың азынап жылай бергені ырымға да жақсы емес. Бір мезгіл өзің де ақылыңды айтпайсың ба!
Туыстарының мысқылдап, мазақтағанына ызадан жарылардай болған Жаңыл: «Гүлайна таяқпен ойнауға келеді деп едің. Кел-ме-ді-ііі!» деп жылап, табалдырықтан аттай берген ұлын есіктен қайтадан шығарды:
– Келмесе, келтір! Өзіңнен кішкентай қызды келмеді, ойнамады деп көзіңнің сорасын ағызып жүргенше алдап шақырып алмайсың ба! – деді тістене сөйлеп.
– Қаа-ла-ай? – деді мұндайды күтпеген бала.
– Ойыншықтарыңды ұстат, ойнасын. Үйренген соң өзі-ақ саған келгісі келіп тұрады. Ауылдағыларға бәрі қызық… Сосын өзің ойнағың келмесе ойыншықтарыңды жинап ал да кетіп қал…
Інісі мен келіні бір-біріне қарады. Апасы басын шайқады…
* * *
Ерсін жазғы каникул кезінде кафеде даяшы болып жұмыс істеп тапқан ақшасы қалтасын тесіп бара жатқандай, күнді әзер батырды. Бұрын өзі зыр жүгіріп жүрсе бүгін маңғазданып отырып кешкі ас ішпек. «Қасыма бір қызды ертіп алсам…» деген ой жылт ете қалды. Өзі оқитын университетте бүгін оқудың басталуына арналған би кеші өтетіні есіне түсіп, сонда беттеген. Алдында асыға басып кетіп бара жатқан топтың ішіндегі бұрымы бұлғақтаған қызға көз тігіп, соңынан ілесті…
Қыз ортасының гүлі сияқты көрінді. Әдемі билейді екен. Түрі де сүйкімді. Құрбыларымен кейде ағылшынша сөйлесіп жүргеніне қарап өзі оқитын шет тілдері факультетінің студенті болар деп топшылады. Өзін бір жерден көрген сияқты… Түсінде ме екен?
Әшейінде қыздармен оп-оңай таныса беретін Ерсін бұрымды қызға бірнеше күн бойы жақындай алмай-ақ қойды. Бір күні екеуі есік алдында соқтығысып қалды. Қыздың өзіне аңтарыла қараған жүзі мұның құлаштай лақтырған сиқырлы таяғына таңдана қараған бала бейнені көз алдына әкелді. «Бө-м-ме-ран?» деді Ерсін тұтығып. Қыз күліп жіберді.
Екеуі бала кезді, бірінің аңғалдығын, екіншісінің жылауықтығын еске алып біраз күліп алды. Әжептәуір әңгімелесіп, жөн сұрасып, жылы қоштасты. Үйіне қайтып келе жатып Ерсін «мінезі ашық, ойын бүкпесіз айтатын әрі сондай әдемі қыз екен…» деп жымиып қойды. Шешесінің оқытушы екендігіне арқа сүйеп аудитория табалдырығын ара-тұра бір аттайтын, сабағына да ұйқысы қанғанда баратын жігіт келесі күні таңертеңгі асын жүре жеп, университетке тұра жүгірді. Сол әдемілікті көруге асықты…
Бір оқу орнында оқыса да Гүлайнаны екі жыл бойы көрмегеніне таң қала бергеніне: «Сабаққа бірде келіп, бірде келмей жүрсең диплом алу кешінде кездесер едік» деп еркелей тіл қатты қыз…
Өзіне қарағанда Гүлайнаның білімдірек, курстастар арасында беделдірек екенін де мойындады уақыт өте. Оның қобыз тартатынын, тіпті университеттің ұлт аспаптар оркестрінде ойнайтынын білгенде өзінің музыкаға бейімі жоқ екеніне өкінген. Есесіне спортпен шұғылданатынын біліп, таяуда тастап кеткен бокс секциясына қайта жазылды.
Екеуінің арасы күн өткен сайын жақындай түсті: алғашқы кездегідей бір-бірін «бөмеран», «жылауық» деп мазақтауды қойып, көздерінен шуақ төге қарайтын, еркелей тіл қатысатын болды. Тек жігіт анда-санда қала өмірінің әлдебір қитұрқы жайттарын түсінбей қалатын қыздың сәбидей аңғал жанына сүйсінгенде «Бөмераным!» дейтін еркелетіп.
Ерсіннің оқуға деген ынтасы артқанына, бейсауат жүрістерден арылғанына қатты қуанған ата-анасы оның себебін ойда жоқта түсінді. Достарының «бұл қыздан айырылма» деген ақылымен Гүлайнаны әке-шешесіне таныстырмақ болып екі кештің арасында үйіне ертіп әкелген, ата-анасы жылы қабақ таныта қойған жоқ. Әсіресе шешесі жыларман боп: «Не бүлдіріп жүрсің? Үйлену дегенді қайдан шығардың?! Оқудан кейін Еуропаға тағылымдамаға жіберуге келісіп едік қой», – деп Гүлайнаға жаман көзімен қарап аһ ұрғанда қыз кірерге тесік таппады. Асығыс қоштасып, шыға жөнелді…
Бүлінген ештеңе жоқ еді. Ерсін соны қанша айтса да шешесі өз ойынан қайтпай қойды. «Білем мен ауылдың қыздарын… Алматыға күйеу іздеп келеді олар… сен сияқты ашықауыздарды уыстарына түсіру үшін… Бола қоймас! Болдырмаймын!» деп кіжінді.
Анасының өктем сөйлеп, үйдегілерді бір шыбықпен айдайтынын, әкесі де, ағасы да оның айтқанынан шықпайтынын білсе де Ерсін бұл жолы көне қояр түр байқатпады. Шешесінің көзіне тура қарап тұрып «бәрібір сол қызға үйленемін!» деді де есікті тарс жауып шығып кетті.
Жаңыл бұл сөздерден жалаңаш етіне шоқ басып алғандай ыршып түсті. Үйді кезіп, ерсілі-қарсылы жүре берген, бір кезде әлдебір ой түсті ме, кілт тоқтай қалды. Ұлының мына кетісінің арты жақсылыққа апарып соқпайтынын, іске кірісу керектігін түсінді. Дереу. Дәл қазір. Ұлын «ауылдың қызынан» айныту керек! Мүлде көңілін қалдыру керек.
Жалма-жан түрлі амалдарды ойластыра бастады. Өзімен бірге оқыған Сәбираның жасы отыздан асқан ұлы әлі үйленбей жүр деуші еді. Телефон шалған, көтермеді… Әріптесі шетелдегі бір компанияға қызметкерлер жинап жүргенін естіген. Қызды мақтап-мақтап өткізіп жіберсе ше? «Кетсін. Мүлде жер аударылып кетсін» деп тістене сыбырлап отырып телефон шалған – тізім бекітіліп кетіпті. Тағы бірнеше жерге телефон соғып, әлдебір үмітпен Сәбираға тағы бір рет қоңырау шалған, ар жағынан «алло» деген дауыс естілгенде бар мәселесі шешілгендей қуанды.
Орағыта сұрақ қойып отырып, ұлының әлі үйленбегенін біліп алды. Сосын сөз арасында «Айтпақшы, бізде бір қыз оқиды. Өзі ауылдан келген, әп-әдемі. Көргенде, неге екенін қайдам, саған келін болуға лайық екен» деген ой келді», – деді жаны ашығансып.
Сәбира өз құлағына сенбей, жөпелдемеде айтуға сөз таба алмай қалды.
Тұтқаның ар жағындағы үнсіздіктен үріккен Жаңыл: «Тіпті шет жағасын айттым да, кет әрі емес сияқты», – деп қосып қойды.
Бұл Сәбира үшін күтпеген жай еді. Жалғыз ұлдың үйде отырып қартайғаны ғана емес, күндіз-түні компьютерге телміріп, құмар ойын ойнайтыны жанына батып, не істерін білмей жүрген. Елең ете қалды. Кеудесінде «әдемі қыз болса, мойны басқа жаққа бұрылып, ойынын қояр ма екен» деген әлсіз үміт бас көтерді.
– Ол қызды қалай көруге болады?
– Маған жұмысқа келе қалыңдар.
Университетке бару үшін баласын өлердегі сөзін айтып, әзер көндірген Сәбира Жаңылдың айтқан жерінен табылды. Енді міне, үшеуі жалпы дәріс оқылатын аудиторияның алдында тұр…
Топ қызбен бірге келе жатқан Гүлайнаны анадайдан байқап қалған Жаңыл тез-тез басып алдынан шықты да күлімсірей тіл қатты.
– Қызым, тоқташы… Саған келіп едім, өткендегіден ұялып жүрмін… Көңіл-күйіміз болмай отырған кезге тап келіп қалдыңдар, ыңғайсыз болды…
Сәл кідірген Гүлайна анасындай әйелдің кішірейіп сөйлеп тұрғанына қысылып қалды:
– Оқасы жоқ, әпке… ой, апай… Біздікі де дұрыс емес, екі кеште жетіп барғанымыз…
– Сендер жассыңдар… Сендердікі кешірімді, бізді айтсайшы… Сонымен кешіресің ғой әпкеңді?
Гүлайнаның жауабын тыңдамастан, бастырмалата сөйлеп кетті:
– Дегенмен Ерсіннің талғамы жақсы екен! Құрбыларыма, туыстарыма мақтанып айтып қойдым, «бір сұлу қызды ертіп әкелді» деп… Бәрі қуанып жатыр. Бір құрбым шыдамай, құтты болсын айтып келіпті. Сені көре кетейін деп күтіп тұр, әне… Жүр, таныстырайын.
– Ой, апай… ұят-ай… жоқ, бармаймын… кешіріңіз…
Жаңыл тартыншақтағанына қарамай, қызды иығынан құшақтап аудиторияға қарай алып жүрді.
Сәбира сыпайы сәлемдескен әдемі қызға сүйсіне қарады. Сосын «Келінім сендей болса деп» армандаушы ем…» деді қызды көзімен ішіп-жеп бара жатқан ұлын түртіп қалып. Қарадай қысылып, басын көтере алмай тұрған қыз оны байқаған жоқ. Сыпайы қоштасып, аудиторияға кіріп кетті.
Жігіттің қыздан көз ала алмай қалғанын көріп, осы жайды пайдалану керек деп ойлаған Жаңыл мәселені төтесінен қойды:
– Ал, Сәбира, тезірек дастархан жай! Екі жасты таныстырайық!
– Бүгін бе?
– Енді қашан деп едің? Ұлыңның жайы белгілі ғой – басы бір жаққа қисаймай тұрғанда көңілін қызға бұра қою керек…
Осынысымен Жаңыл құрбысына ұлының ойынпаздығынан хабардар екенін білдіріп, тілінің сұғын қадай кетті.
Жүрегіне оқтай қадалса да Сәбира оған қарсы ештеңе дей алмады: баласы бұған дейін де таныс-бейтаныстардың алдында сан рет ұялтқан… Төмендеп, жасып қалған талай рет… Жаңылдың сөзі оңай тимесе де жаны ашып айтып тұр ғой деп іштей ақтап, басын шұлғи берді…
Жаңылға керегі де сол еді, бар билікті қолына алып, кешке Сәбиранікінде кездесетін болып келісті. Оның «Үйден гөрі дәмхана дұрыс емес пе?» деген ұсынысын Жаңыл шорт кесті.
– Осы сенің ақылың қашан кіреді? Дәм ауыз тиген соң екеуміз амалын тауып шығып кетпейміз бе! Екеуін оңаша қалдырып. Сосын жастар өздері тіл табыспай ма!
– Қыздың қалғысы келмесе ше?
– Түу, сен де бір… Ол жағын маған қалдыр.
Сәбира Жаңылға таңырқай әрі сүйсіне қарады. Ойпырмай, мен неге осындай пысық болмадым екен деп ойлады. «Сол пысықтығы ғой мұны талай жетістікке жеткізген!»
Аудиториядан шыққан Гүлайна өзіне жайраңдай күліп қарсы келе жатқан Жаңылды көргенде аң-таң қалып, жүрісін баяулатты.
– Қызым, қуанышым қойныма сыймай тағы келдім, – деді Жаңыл күле сөйлеп.
– Екеуміз жақынырақ таныссақ… Кей шаруаны ақылдасып алсақ… ер-азаматтарға айтудан бұрын. Сөйтіп оларға тосынсый жасайық!
Жаңыл қыздың ойлануына да мұрша берместен бастырмалата сөйледі:
– Осындайда достың болғаны қандай жақсы! Сәбира үйіне шақырып отыр. Оған да ұнап қапсың…
Көзі дөңгеленіп, басын шайқай берген Гүлайнаның бірдеңе деуіне мүмкіндік бермей, белінен орай құшақтап өзіне тартты. Ауылдан алыста жүрген қыз апасымен бір класта оқыған әйелдің «қызым» дегеніне, әрі ол сөздің өзі кездесіп жүрген жігіттің анасының аузынан шыққанына көңілі толқып, жүрегі қуаныштан алып-ұшты. Сондықтан әлденеге алаңдап, арт жағына қарағыштап тұрса да ибалы қыз кішірейіп, жетегіне ере берді.
Аудиториядан соңғылардың бірі боп шыққан Ерсін анадайда анасының Гүлайнаны құшақтап әкетіп бара жатқанын көргенде таң қалғаны сондай, бір орнында қатты да қалды. Қуып жетпекші болып ұмтыла бергенде кешегі оқиғадан хабары бар курстасы шап беріп ұстай алды:
– Қайда?! – Қайда барасың? – Тоқта!
Сосын кетіп бара жатқандарды көзімен ұзатып салып тұрып:
– Екеуі тіл табысқан сияқты, араласпа! Бәрін құртасың! – деді.
– Солай деп ойлайсың ба? – Ерсін оған үміттене қарады.
– Әрине. Гүлайнаны бір көрген адам оның сұлулығына елтімеуі мүмкін емес. Көрдің бе, біздің «темір апайымыз» да балқып, өзі іздеп келіпті… Солай, дос! Мұны енді жақсылап жуу керек…
Ерсін ойнақыланып, «құп болады!» дегендей, оң қолын шекесіне сарт еткізді. Сосын ақсия күліп, сарт-сұрт қол алысқан екеуі жолдың арғы бетіндегі дәмханаға беттеді.
Сәбира дастарханды жайнатып қойыпты. Жаңыл есіктен кіріп келе жатқанда ғана құрбысының ұлының атын да білмейтіні ойына оралды. Бірақ, сасқан жоқ. «Балам, қымбатты қонақты қарсы ал! Бағана тіпті танысып та үлгірмедіңдер, енді бір-біріңе аттарыңды айтып қойыңдар», – деп көңілдене сөйледі.
Жігіт «Айтбай, – деп қолын ұсынып жатып, – сіз Гүлайнасыз ғой, білем» деп ыржиды. Жаңыл ас үй жақтан келе жатқан Сәбираға қарап:
– Өзі гүл, өзі айна,
Мұндай қызды табасың қайдан? – деп әндетті.
Дастархан басына жайғасқанда Гүлайнаның қарсыласқанына қарамай «қыздың орны – төр» деп жоғарырақ отырғызды. Сосын есіне бірдеңе түсіп кеткендей Сәбираға қарап:
– Жалпы, осы біз өзгеруіміз керек, балаларымыз өсті, қашанғы олармен жағаласа береміз? Жолды беру керек. Тізгінді беру керек! Мен солай деп шештім. Сен де сөйт! – деді.
– Сөйтем, сөйтем…
– Құр сөздің керегі жоқ, ісіңмен көрсет. Дәл қазір! Әуелі төрге Айтбайды отырғыз…
– Жо-жоқ, апай, маған анау-мынауға жүгіруге осы жер ыңғайлы…
– Енді, Гүлайнаға шешең екеуміз су құйып отырамыз ба? Сен тұрғанда? Отыр, қонаққа қызмет көрсетесің…
Соны айтқанда бағанадан бері жарқылдап сөйлеп отырған әйелдің даусы да, жүзі де суып сала бергенінен жасқанды ма, Айтбай үнсіз барып Гүлайнаның қасына отырды. Жаңыл тағы жадырады. Сөмкесінен телефонын алып әрі-бері шұқылады да Сәбираға қарап:
– Телефоныңды әкелші, дастархан жайнап тұрғанда суретке түсіп алайық. Бәлем, мұны көргенде үйдегілердің ауыздарының суы құриды ғой, – деп Гүлайнаға қарап көзін қысып қойды. – Менің телефонымның анда-санда істемей қалатын ауруы бар…
Төртеуі екеу боп, үшеу боп, сосын Жаңылдың айтуымен «кәрілер боп», «жастар боп» армансыз суретке түсті.
– Сосын суреттерді маған салып жібер, – деп Сәбираға қайта-қайта тапсырды Жаңыл.
Тамақ үстінде үлкендер коньяк алып, «бізді қолдаңдар», «енді үлкен болдыңдар» деп жастарға, әсіресе Гүлайнаға аздап ішкізген шарап әсер етіп, төртеуі көңілді отырды. Шәйға отырар кезде Жаңыл Сәбираны оңашалап, жоспарын айтты.
– Қазір бір құрбымызға операцияға жасағалы жатыр екен, тез келуімізді өтінді, сендер дастарханды жинап тастаңдар деп шығып кетеміз. Кетерде ұлыңа айт, ана қызды айналдырсын… кәдімгі еркек сияқты, – деді.
Сәбираның көзі бақырайып, аузы ашылды да қалды.
– Қ-қалай?
– Солай! Не бүгін, не ешқашан! Мен саған күн сайын қыз ертіп келе алмаймын. Әрі мына қызды өзің де ұнатып отырсың…
Ұнатып отырғаны рас еді. Саралап, ойланып жатуға уақыт жоқ. «Тәуекел!» деді Сәбира ішінен.
Екеуі сол сценарийді ойнап, үйден шыққанда Жаңыл әпкесінің, болашақта енем болады деп жүрген жанның «Мына жерді жайратып кеткен ұят қой, сен жинай бер, қазір Ерсінді шақырамын, сені алып кетсін» деген сөзін жерге тастай алмай Гүлайна ыдыс-аяқты ас үйге таси бастады.
Сәбира сыртқы есіктен шыға бере ұлына телефон шалып: «Мен үйге келмеймін, ана қызды алып қалатын бол, үйленесің соған», – деді.
Алғашында абдырап қалған Айтбай қызға көзінің астымен қарап отырып, үйімде осылай күн сайын лыпылдап жүгіріп жүрсе ғой деп армандады. Мұның тамағын дайындап, көйлегін жуып, еркелетіп… Бұл да шашынан сипап, бетінен, ернінен сүйіп, көз арбап тұрған төсін аймаласа… Шіркін… Өй, неменеге қиялдап отыр? Қазір-ақ сөйтпей ме!
Жігіт ту сыртынан келіп құшақтай алғанда жуылған ыдыстарды орын-орнына қойып жатқан Гүлайна шыңғырып жіберді… Жанталасып, орай құшақтаған қолдан босанбақ болып бұлқынды. Бұл әрекеті жігіттің құмарлығын қоздырып, бір қолымен тас қып құшақтап, екінші қолын қыздың төсіне апара бергенде жанұшырған Гүлайна қыршып тістеп алды. Мұндайды күтпеген еркектің қаны басына теуіп, жуан жұдырығын құлаштай сілтеген… Бастан тиген соққыдан көз алды жарқ етті де Гүлайна қараңғылыққа шым батып жүре берді…
Есін жиғанда бөлме іші алакөлеңке боп тұр екен. Алғашында қайда жатқанын түсіне алмады… Анадайда қорылдап ұйықтап жатқан Айтбайды көргенде… болған оқиға үзік-үзік боп көз алдынан зырылдап өте шықты. Үстіндегі көйлегі жыртылған… Бүкіл денесі сыздап ауырып, қозғалған сайын басы зырқ-зырқ етеді.
Айтбай ыңыранып, қырына аунап жатты. Өзін бас салатындай көріп, Гүлайнаның зәресі ұшты. Кетпекші болып әупірімдеп орнынан тұрған – кірер есік жабық екен. Сыртынан жауып кеткен сияқты. Ас үйдің балконынан төменге көз салды: биіктеу екен. Енді қайтті?
– Неғып тұрсың? – деген оқыс дауыстан селк ете қалды. Бұрылып қарағанда теңселе басып келе жатқан жігітті көрді де зәресі зәр түбіне кеткен қыз түннің құшағына бір-ақ ырғыды…
Ауруханада бір айдай жатқан соң академиялық демалыс алып ауылына кеткен Гүлайна көпке дейін оңала алмады. Уақыт өте келе жұрттың өзіне басқаша көзбен қарайтынын, мұны көрсе айтып отырған әңгімелерін қоя салып, өтірік күліп сөйлесетіндерін байқады. Сол маңдағы әйелі өлген, ажырасқан біреулердің әке-шешесін неге айналсоқтап жүргенін де түсінді. Өзіне ештеңе демесе де ата-анасының еңселері түсіп кеткенін көру жанын жегідей жеді.
«Ата-анамның бетіне салық болдым-ау. Не істесем екен?» деп санасы сансырап жүргенде шет тілдерін жақсы білетін қызметкерлер іздестіріліп жатқан бір хабарландыруға көзі түскені. Әке-шешесіне Алматыға дәрігерге қаралып, оқу мәселесін сөйлесемін деп кетіп компанияда әңгімелесуден өтті. Жолы болды деген осы да! Қазақ, орыс тілдерін былай қойғанда ағылшын тілін жақсы білетін, француз тілінде ауызекі сөйлесе алатын қызды жұмысқа бірден алды.
…Бірде жұмыстан қайтып келе жатқанда Ерсінмен кездесіп қалды. Көрмеген жандай өтіп кеткісі келген, бірақ шап беріп қолынан ұстай алған жігіттің мысқылдай айтқан сөзі қалт тоқтатты:
– Сатқын! Сырты сұлулар сатқын болады дегенге сенбеуші ем, рас екен…
Гүлайна ашудан қалш-қалш етіп, тұла бойы дірілдеп кетті.
– Кім сатқын?! Сүйгенің қиналған кезде сырт айналған сен бе, мен бе?
– Қиналған?! – жігіт жиіркене қарап, мырс-мырс күлді. – Кім қиналған?! Әке-шешемнің ыңғайын байқаған соң қалада қалу үшін жалма-жан басқа жігіт тауып, үйіне шауып барғаныңды білмейді дейсің бе? Анам сенің болмысыңды бір көргенде-ақ таныған екен. Өзім ақымақпын, бой бермей қойған. Тіпті суреттеріңді көрсеткенде де сенбеп едім…
Мына сөздер Гүлайнаның төбесінен мұздай су құйып жібергендей әсер етті: бастапқыда есеңгіретіп тастағанмен бірте-бірте есін жиып, әңгіменің мәнісіне бойлай бастады.
– Суреттер? Ол қандай суреттер?
– Айтбаймен табысып, төр басында мәз боп отырған суреттерің…
Суреттер… Иә-иә… Жаңылдың айтуымен екеу боп, үшеу боп, сосын «кәрілер боп», «жастар боп» суретке түсіп еді ғой сол кеште.
– Саған ол суреттерді кім көрсетті?
– Кім көрсетсе де көзімді ашты…
– Жоқ, сонда да айтшы? Өтінемін…
– Сәбира апай мамама салып жіберген қуанып… Біресе үшеу боп, біресе екеу боп түсе беріпсіңдер…
– Ал сенің мамаң ше?
– Не менің мамам?
– Сенің мамаңның суреттері жоқ па екен?
– Мамам айтып еді, құлағандардың миы айналып қалады деп… Шынында басың істемей қалған екен. Айтып тұрған жоқпын ба, Сәбира апай қуанып, мамама салып жіберді деп…
– Ерсін, сен түсінбей тұрсың… Ол үйде біз төртеуміз болғанбыз. Мені «шаруаларды ақылдасамыз» деп сенің мамаң ертіп апарды…
– Не деп соғып тұрсың? Мамам ол үйге барып, қонып қалғаныңды естігенде жылап маған жүгіріп келді! Ал Сәбира апай телефонына жіберген суреттерді көргенде менен бетер қиналып, жынданып кете жаздады…
Гүлайна тізесі дірілдеп жерге отыра кетті…
Ойпырмай! Мұндай да жауыздық болады екен-ау! Бәсе, бір күннің ішінде іші-бауырына кіріп кеткендей болып шырқ айналдырып еді, есебі бар екен ғой… Неткен қатыгездік! Неткен жауыз есеп!
Бәрі енді түсінікті болды…
Гүлайна тағы бірдеңелерді айтып жатқан Ерсінге ештеңе деместен өз бетімен кете берді. Тап қазір оған не айтсаң да сенбейтіні түсінікті еді.
Арада жылдар өтті. Сырғып ағып, өткеннің бірін есте қалдырып, бірін жадыңнан өшірген уақыт-емші жан жарасын жазбағанымен қауырт жұмыс, жақсы орта сонау қорқынышты оқиғаның сәл де болса көмескі тартуына әсер етті. Гүлайна еңсесін тіктеп, өмірдің қызықты, шуақты сәттеріне қуана қарайтын болды. Оқуын бітіріп, шетелде білімін жетілдірді. Өз жұмысын жетік білетін маманның ең шұғыл да жауапты тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындайтынына компания басшылары да назар аударған. Ісіне мығым, мінезі жақсы болғандықтан әріптестерінің арасында да сыйлы еді.
Осындай мақтаулы маманның аты дүрілдеп тұрған бір танымал өнер зерттеушісінің халықаралық көрмеге дайындап жатқан еңбегін ағылшын тіліне аударудан бас тартқанын ешкім түсінбеді. Бастығы олай үгіттеді, былай үгіттеді, жұмыстан шығасың деп қорқытты, бірақ Гүлайна шешімін өзгерткен жоқ. Себебін сұраған бастығына бұл тапсырманы орындай алмайтынын қайталай берді.
Компаниямен ірі сомаға келісімшартқа отырған мекеме бұрын басқа ғалымның ұқсас еңбегін осы маман аударғанын, терминдік, стильдік бірізділік сақталуы керектігін тілге тиек етіп, мына жұмысты да сол адамның орындауын талап етті. Екі оттың ортасында қалған басшы авторға «бәлкім, өзіңіз сөйлесіп көрерсіз?» деп күмілжіп еді, ол осы ұсынысты күтіп отырғандай-ақ келесі күні жетіп келді.
Кабинетіне кіріп келе жатқан ашаң жүзді, сұңғақ бойлы кісіні көргенде Гүлайна әдеппен орнынан тұрды. Сыпайы сәлемдескен кісі аты-жөнін айтып, «бәріміздің күнімізді түсіріп, жалындырып қойған соң бір кекшиіп, безірейген біреуді көрем бе деп уайымдап келе жатсам, әп-әдемі қарындасымыз отыр екен ғой» деп жайдары жымиды орындыққа жайғасып жатып. Сосын үлкен папканы үстелдің үстіне қойып, бұған тура қарап әр сөзін салмақтай сөйледі:
– Қалқам, сіздің бұрынғы жұмысыңызды қарап шыққам – маған өте ұнады. Сірә, музыкалық біліміңіз болуы керек – өнер саласының сөз қолданыстарын, кәсіби ерекшеліктерді сипаттайтын сөздерді орынды пайдалануыңыз еңбектің құндылығын арттыра түскен. Белгілі бір тұлғаның образын ашуға әр ұлтқа тән сөз орамдары көп әсер етеді ғой. Сіздің ана тілімізді бала кезден бойға сіңіріп өскеніңіз көрініп тұр – аудармада ағылшын тіліндегі баламаларды дөп басып тапқаныңызға сүйсіндім. Терминдер де сауатты аударылған. Ұзын сөздің қысқасы, қандай шарт қойсаңыз да орындаймын, бірақ мына жұмысты сіз аударуыңыз керек.
Гүлайна біраз үнсіз қалды. Ғалым оның үндемегенін жақсылыққа жорып, іштей «келісті» деп ойлады.
– Еңбегіме жоғары баға бергеніңізге рахмет. Мен ешқандай шарт қоймаймын, ағай. Бірақ сізбен жұмыс істей алмаймын. Кешіріңіз…
– Неге?
– Сұрамай-ақ қойыңыз… Бірақ, маған бұл өтінішпен келмеңізші…
– Неге?! Қандай да…
Дауысы қаттырақ шығып, орынан тұра берген ғалым Гүлайнаның жас парлаған жүзіне қарап, кілт тоқтады.
– Не болды?.. Кешіріңіз… Кешіріңіз, – деді мұндайды күтпеген ғалым сасқалақтап. – Сізді ренжітіп алдым ба? Кешіріңіз…
Гүлайна ештеңе дей алмай солқылдай жылап, орнына отыра кетті.
Мең-зең боп тұрған ғалым ойлана қарап:
– Мен жаныңызға бататын әлдебір жайттың есіңізге түсуіне себепші болған сияқтымын… Мұншалықты күйзелетіндей жайтқа қандай қатысым барын білмесем де кешірім сұраймын… Жыламаңызшы… – деді.
Солай деп сылбыр басып есікке қарай беттеді.
Келушінің кейбір тапсырыс берушілердей «ақшасы төленді, енді міндетіңізді орындаңыз» деп талап етпей сынық мінез танытуы, тіпті ештеңені түсінбей, білмей-ақ кешірім сұрауы Гүлайнаның сабасына түсуіне әсер етті.
– Тоқтаңыз, ағай, – деді сосын ақырын ғана. – Сіз де кешіріңіз… Уақытыңыз бар ма?
– Бар, қалқам…
– Сіз Мырзаханов Ерсіннің ағасы Ералысыз ғой?
– Иә… Ойпырмай… Сізді сол жүгірмек пе жылатып жүрген?
Гүлайна тағы жылап жіберді.
Ералы бұл жолы асып-сасқан жоқ, стақанға су құйып, қызға ұсынды. Оның өксігі басылған соң:
– Өтінемін, енді маған не болғанын басынан аяғына дейін айтып беріңіз, ештеңені жасырмаңыз, – деді.
Мәселенің анық-қанығын бұл кісі білуі керектігін түсінген Гүлайна талай жыл запыран боп, іші-бауырын удай ашытып келген жайды айтып, арылатын кез келгенін сезді… Оның әңгімесін ара-тұра басын шайқай қойып тыңдаған Ералы біраз үнсіз қалды. Сосын терең күрсініп:
– Шынымды айтсам, бұл оқиғаның жай-жапсарын анық білмейді екем. Шетелде оқыдым, одан мына зерттеуге кірісіп кеттім… Өзге бір әлемде жүргендей күн кешіппін. Мына өмірде не болып жатқанына мән бермеппін. Кезінде шешем бірдеңелерді айтқаны еміс-еміс есіме түсіп отыр. Бірақ онда оқиға басқаша жеткізілген сияқты…
– Әрине, басқаша жеткізілді… Ол кісі бәрін әу бастан жоспарлап істедім демейді ғой… Кешіріңіз, ол сіздің анаңыз, сондықтан менің сөздерімді жақтырмауыңыз заңды. Бірақ Ерсінге қалай жеткізгенін естігенімде екіжүзділігіне, аярлығына таң қалдым…
Ералы ыңғайсыздана жымиды.
– Сізден енді еңбегімді аударып беріңіз деп сұрауға да бет жоқ…
Орнынан тұрып, қалың папкасына қол созған оған Гүлайна ақырын ғана тіл қатты:
– Қалдырыңыз… Аударып берейін…
…Гүлайна қолжазбаның бірінші сөйлемін оқығанда-ақ елең ете қалды.
«Әдемі тұрқымен көз қуантып, саусақтарың тисе болды бірде мұңды, бірде шат, кейде ойлы, кейде ойнақы әуен төгілетін бұл аспап – менің бала кезден серігім. Оны мен «Аса мәртебелі виолончель» деп атаймын. Сиқырлы үні үшін, сол үн тарту ететін ғажайып әлем үшін жер жүзіндегі талай танымал өнерпаздың сүйікті аспабы болған, қаншама композитор тек осы аспапта орындауға арналған туындылар жазған виолончель – қазақтың қара қобызының осы заманға лайықталып жасалған түрі десем, сенесіздер ме?» деп басталыпты еңбек.
Тілі жатық, қобыз бен виолончельдің туыстығына небір тарихи мысалдар келтіре отырып, өз пайымдарын сенімді түрде дәйектей жазған еңбекті қызыға, жан-тәнімен беріле аударды. Дайын болған бөліктерін алып кетіп, кейбір жерлерін толықтырып беріп жүрген автор келген сайын аудармашы қызға таңдана, асқан бір ризашылықпен қарайтын. Жай келмейді, біресе гүл, біресе түрлі тәтті нәрселер ала келеді.
Бірінші тарауы дайын болған күні Ералы әлденеге толқып, қуанып келді. Сөйтсе қалаға музыкалық турмен келген шетелдік белгілі топпен бірге танымал виолончельші Болат Тыныбеков өнер көрсетеді екен. Қолында екі билеті бар, Гүлайнаны шақыра келіпті.
Мына қызықты қараңыз, кеше осы концерт туралы жарнамадан оны тыңдау үшін Лондондағы Альберт-холлға Чарльз ханзада мен королева Елизавета II арнайы барғаны туралы естіп «жерлесіміз қандай мықты!» деп сүйсінген. «Концертін көрер ме еді» деген ой да қылаң берген… Бүгін сол тілегі алдынан шыққанына әрі таң қалды, әрі қуанды.
Концертте көзінің қиығымен қызға қарап қойып отырған Ералы оның музыканы тыңдауына таңырқаумен болды: алғашында сахнаға дегбірсіздене көз тіккен қыз әлденеге алаңдаулы сияқты көрінді. Сосын виолончельдің бірде ышқынып, бірде күңіренген, бірде ойнақы, бірде мұңды үні залда қалқи жөнелгенде басқа бір әлемге сүңгіп кеткендей мына дүниені ұмытып, әуеннің өзгеруіне қарай жүзі мың құбылды. Біресе жасып, қабағын түйіп, біресе әлденеге үңілгендей үміттене алға ұмсынып, сахнадан төгілген әуеннен басқаны ұмытқан ол тыңдармандардың ду қол шапалақтауы естілгенде ғана мына әлемге қайта оралып, қасында отырған Ералыға жанары жайнай, қуана қарады. Осы концертке ертіп келгеніне риза екені айтпаса да түсінікті еді…
– Сіз музыканы мен ойлағаннан да тереңірек білетін сияқтысыз, – деді Ералы концерттен шықан соң.
– Аса терең демес ем… Бірақ ыспалы шекті аспаптарға, әсіресе виолончельге арналған бірнеше концертті жақсы көретінім рас.
– Бірнеше концертті?! Қайсысын?
– Шостаковичтің бірінші концертін көп тыңдаймын… Оны әлемнің танымал виолончельшілері орындайды екен. Сосын қайтыс болған әйеліне арнаған жетінші квартеті… Маған осындай мұңды дүниелер көбірек ұнайды. Адамның жүрегін сыздатады…
Ералы аң-таң қалды. Әуелде ертеден кешке дейін компьютерге тесіліп отыратын аудармашы деп қана қараған адамы көз алдында бір жұмбақ жанға айналып бара жатты. Бұл ойлағаннан гөрі жаны нәзік, түсінігі мол, білімі терең екені анық. Және кез келген адамды ортақтастырмайтын тұңғиық сырлы әлемі бар сияқты көрінді. Оған өзі сияқты үстірт қараған адамның бойлауы мүмкін еместей. Сол сәтте өзінің Гүлайна туралы онсыз да екіұдай сезімінің одан әрі шырматыла, түйінделе түскенін сезді.
…Шыны керек, қызға бір бүйрегі бұратындай. Бірақ танысқан күні естіген жайсыз әңгіме есіне түссе аспандаған көңілі төмен қарай құлдилай жөнеледі… Анасы мен інісі туралы естіген сөздерден жан-дүниесі астан-кестен болып, сан түнді ұйқысыз өткізіп, іштей аласұрды…
Ақыры қаумалаған сан сұрақтан арылу үшін анасына барып Ерсіннің қалыңдығы туралы әңгіменің жай-жапсарын сұраған. Жаңыл ішегін тартып, кіжіне отырып, «ауылдан күйеу іздеп келіп, ұлын торына түсіре жаздаған қызды» қарғап-сілеп, ұлын «дуалап кеткенін», соның кесірінен Ерсіннің жолы болмай, екі рет үйленіп, ажырасқанын айтып берді. Інісінен сыр тартып еді, біраз үнсіз қалған ол бұған тұнжырай қарап: «Қайтесің? Түбіне жетпейсің… Афёра века!» деп саусағын шошайтқан.
Шешесі айтқан қыз бен өзі көріп жүрген қыздың арасы жер мен көктей. Анасының бұл қызды соншалықты жек көруіне не себеп болды екен? Енді Ералының бойындағы зерттеушілік әуестік бас көтеріп, ақиқатын айқындауға бел буды. Сұрастырып жүріп Сәбираны тауып алған. Бірақ құрбысының ұлын көргенде-ақ түрі бұзылып, шошына қараған Сәбира: «Бір рет күнәға батқаным жетеді. Мені қинама, ештеңе айтпаймын», – деп безек-безек етті.
Көңіліндегі күдігінен арыла алмай жүрген тұста концертке келіп, мүлде басқа қызды көргендей болды. Жұмбақ қыз бұрынғыдан да ынтықтыра түсті.
Кітап дер кезінде баспадан шығып, Ералы ЮНЕСКО аясында өткізілетін көрмеге Парижге аттанып кеткен соң бірнеше күн өткенде бастығы кабинетіне қуана кірді.
– Ал, Гүлайна, құттықтаймын! Біздің кітабымыз өте жоғары баға алып жатыр. Ең бастысы, кітаптың аудармасы да, безендірілуі де көрмеге қатысушылардың назарын аударып, компанияға бүгіннің өзінде бірнеше адам хабарласты… Сондықтан, жаңа тапсырыстар күте бер…
Қуаныштың үлкенін Парижден телефон соққан Ералы хабарлады. Көрмені ұйымдастырушылар кітаптың еуропалық таныстырылымын өткізуді, оған автормен қоса аудармашының да қатысуын жоспарлапты. Барлық іссапар шығындарын өз мойындарына алмақ. «Мен көрме аяқталғанша осындағы музейлерде, оқу орындарында бір-екі айдай дәріс оқитын болдым. Ал содан кейін сіз бірнеше елде осы кітаптың негізінде аудармашылық тәжірибеңізді бөлісесіз. Бұған не айтасыз?» – деді саңқылдай сөйлеп. Еңбегінің мұндай баға алуы Гүлайнаны да қатты қуантты. Сондықтан ол Ералының сұрағына шын пейілімен көңілдене жауап қатты: «Не айтайын, келісемін…»
Екі-үш айда шетелге шығамыз деп жүрген Гүлайна екі аптадай уақыт өткенде компания ғимаратының алдында тұрған Ералыны көзі шалғанда жүрегі дүрсілдеп, бойы бір ысып, бір суып, мазасы қашты. Келгеніне іштей қуанып тұрса да «неге уақытынан бұрын келген?» деген сұрақпен жағаласа басына небір ойлар оралды. Сөйтсе елге қайтуға мәжбүр болған екен, анасы инсульт алып ауыр халде ауруханаға түсіпті. Неше жыл бойы апта аралатып, «іссапарға кеттім» деп он шақты күнге жоқ боп кететін күйеуін аңдып жүріп, басқа әйелмен ұстап алыпты. Сол жерде қан қысымы көтеріліп, құлаған… Кеше барып шығыпты. Денесінің бір жағы жансызданып, тілі күрмеліп қалғанын айтқанда Ералының даусы дірілдеп кетті.
Гүлайна өзін қалай ұстарын білмеді. Ералының осыны не үшін айтқанын да түсінбеді.
Сөйтсе ол анасының өтінішімен келіпті. Бір сөйлемді он бөліп айтып, Гүлайнаны ертіп келуді тапсырыпты, кешірім сұрағысы келеді екен.
– Біздің таныс екенімізді қайдан білген? – деп таңдана сұрады Гүлайна.
– «Жаңалықтардан» кітап көрмесі, менің кітабымның марапатқа ие болғандығы туралы хабарды көріпті. Кітапты аударған маманның суреті көрсетілгенде жазбай таныпты.
– Қылмыскерлер құрбандарын ұмытпайды дегенді естігенмін…
Гүлайна ащы сөздің аузынан қалай шығып кеткенін білмеді. Ералы ештеңе деген жоқ. Бар болғаны қызға балаша жәутеңдей, қиыла қарады…
Аурухана палатасына бойына барынша салқынқандылық танытпақ болып, басын асқақ көтеріп кірген Гүлайна биік төсекте жатқан әйелді көргенде кібіртіктеп қалды. Бұл – кезінде студент біткен ығып тұратын, ар жағында не жатса да бер жағымен күле сөйлеп, мәселе өзіне қатысты болса обал-сауапты ойына да алмай, тас-талқаныңды шығаратын «темір апай» емес еді. Жүзінде Гүлайна неше жыл бойы көз алдынан кетіре алмаған аяр күлкісі де жоқ. Ерні кеберсіп, көзі жасаурап, үзіле қарап жатқан әйел Жаңыл емес, бейтаныс бір мүсәпір сияқты…
Қимылдауға, сөйлеуге зар боп жатқан мұндай мүсәпірмен өкпе айтысудың да еш мәні жоқ. Соны ойлағанда Гүлайнаның иығынан ауыр жүк түскендей бойы жеңілдеп сала берді. Бастапқы кездегі «істегенін алдына келтірсем» деген ішкі қыжылы да, кейінгі жылдардағы «мені құртпақ түгілі мұқата алмағанын көрсе ғой» деген ойы да пыр-пырлап ұшып кеткендей. Төсектегі бұрынғы өктемдігінен жұрнақ та қалмай, әл-дәрмені құрып, бір уыс боп жатқан әйелге аяй қарады.
Жаңыл қыздан көзін алмай, жаны бар қолының саусақтарын сәл қимылдатып, ернін жыбырлатты. Анасына төніп тұрған Ералы «Сіздің атыңызды айтып жатыр, жақындаңызшы», – деді қызға қиыла қарап. Төсектен алысырақ тұрса да науқас әйелдің бөліп-бөліп «Гүл…ай…на…» дегенін бұл да естіген. Ералының көңіліне қарап, қасына келіп тұрды.
– Бә…рі…не мен кі…нәлімін. Се…нің о…ба…лыңа қал…дым… – Жаңыл әр сөзін бірнеше бөліп болса да ап-анық айтты.
– Мама, шаршап қаласыз… – Ералы анасының қолын уысына алып, аялай сипады.
Ұлының сөзіне басын шайқап, Жаңыл сөзін әрі қарай жалғастырды:
– Көз… жасың жі…бер…меді. Бу…ме…ранг боп ай…на…лып… соқ…ты. Ке… шір…
Сосын көз жасы жүзін жуып кеткен Гүлайнаға әрі сүйсіне, әрі таңқала қарап тұрған ұлының қолын қызға қарай әлсіз ғана итерді.