Шаттық Отаны

1951-жылдың қысы.
Күн төбеден ауып, шаңқиды да тұр.
Осыдан бірер сағат бұрын терезенің көзін әсем тіккен кестедей торлаған күміс қырау ептеп жіпсіп, шет-шеті жылтырап, ери бастады. Сыдықтың екі көзі сыртта. Бірақ ол еш нәрсені көріп отырған жоқ. Іші алай-түлей. Көңілі алаң. Ұстазы Евгений Григорьевич Брусиловский рояльға шынтақтай сүйеніп, вариация клавирына үнсіз шүйіледі кеп.
– Імм… біттім деңіз…
Брусиловский жақсы көріп, іш тартып жүретін шәкірттеріне «сіз» деп сөйлейтін. Осы ізетінің өзінен өресі биік адамның бекзаттық қасиеті сезіледі. Сыдыққа дәйім «Сіз» дейді. Жан жылытатын сөз. Сыдықтың «Балқадиша» вариациясы жазыла бастаған күннен Брусиловский оның әр бөліміне ынтығып, «әрі қарай… жалғастыра беріңіз» деп қостаумен болған. Енді міне, вариацияның соңғы бөліміне көп бөгелді. Ауық-ауық терезе жаққа бұрылып, әлденені есіне түсіре алмаған жанша көзін сығырайтып, сарыла мүлгиді. Ойланып-ойланып кетіп, кенет селт етіп оянғандай вариацияның беттерін әрі-бері асыға ашып, соңғы бөліміне тағы да тіреледі. Түйіледі, тұнжырайды. Сыдықтың қара торы жүзі біресе сұрланады, біресе бетіне оймақтай ғана қызыл шырай шыға келеді. Көкейінде «Не дер екен Евгений Григорьевич?» деген қобалжуы бар, әрі үмітті сауал.
– С… солай ма?
Брусиловский бұл сөзді шыңыраудан тартқандай зорға-зорға айтты. Сөйтіп елең еткізді де тағы да сұп-сұлық күйне ауысты. Сыдықтың жүрегі ұйыды, бір мылқау сәттің милықтырған мысы басып барады. Ол еш қозғалыссыз сіресіп, тас мүсін боп қатты да қалды. Бір кезде Брусиловский «Ә, солай ғой!» деп өз-өзінен оқыс мырс етті. Брусиловскийдің ой тұнған көзінен шуақ білінді. Ол Сыдыққа тесіле қадалды. Тамсана жұтынып, бірдеңе дегісі келіп ұмсынды. Қозғалақтады. Сыдық демін шығармай іштей күрсініп салды. Қандай рахат күрсініс еді! Жеңілдеп қалды. Брусиловскийді шабыт жалыны шарпып өткенін сезіп тұр. Ол булыққан күйі ләм-мим деместен мол денесімен ықшам бұрылып, рояльге төне берді. Жайлап клавишке қол тигізді.
– Оркестрде қ… қ… қалай, ә ? – деп Брусиловский вариацияның соңғы бөлімін бірден дүрілдетіп ойнай жөнелді.
Сыдық күлімсіреді. Бағанадан бері беймәлім ойдың құрсауында бір тіл қатуы қиямет болып тосылған дағдарысты сәт… енді қара жауыннан кейін жайнап бір ашылған шуақты дүниедей боп, Сыдық та шешілейін деді. Бір беймарал халде Брусиловскийге ашық қабақпен қарады.
– Осы тұста оркестр сондай жеңіл леппен әдемі желіп отырады.
Бұл сөз Сыдыққа сондай жағымды естілді. Дереу жадырап, жазылып сала берді. Брусиловскийдің жүрегін қуаныш кернегенде екі көзінің астыңғы жағындағы қарақаттай егіз қалдың діріл қағатын әдеті, ұсақ секпіл торлаған ақсары жүзіне қан жүгіріп, қызыл шырайы алаулап жанды. Ішіндегі беймаза толқын аласұрып сыртқа тепті. Салалы саусақтары клавиштерді қуалай теріп, өзінен ерік кеткендей боп қызып бара жатты.
– Клавиштер домбыраша шертіледі! Сөйлейді. К… Керемет! – деп көзін жұма шайқалды, мына вариацияны тап өзі жазғандай шабыт отына күйіп.
Құрқылтайдың ұясындай тар класс бір байтақ дала боп кеңейді; шамдары жарқыраған сәулетті сахна боп кетті ме, тәйірі! Жақұттай жарқылдаған зал толы көздер… жер солқылдатқан зор үнді оркестр! О, ғажап, дүние дүбірлеп кетті!
Брусиловский вариацияның соңғы бөлімін қайта-қайта ойнады. Шұқшия ойланып, байланып қалғандай көп қайырылды. Тұла бойына дыз етіп қан тола ма, шамырқанып, өзгеше бір қызулы леппен жұлқына сілтеп, вариацияны толқындай сапырды, ән қылып мөлдіретті, соңғы бөліміне бастырмалата ентелеп, аптығып жетіп, дуылдата қыздырмалатып, күй төпегендей құйындата, қиқулата үйірді. Екпіндетіп, екілентіп, жер танабын қуыра безген пырақтардың жойқын шабысындай арындатып-арындатып алды.
– О, шіркін, қайран күндер! Баяғыда Ленинградта қылшылдаған жігіт кезіміз. Таңды-таңға ұрып жүрдік. Бәріне үлгеріп, уақыт табатын едік. Қат-қабат тірліктен шаршауды білдік пе сонда? Кейде киностудияға шақырып, «мылқау» фильмдерге рояльмен сүйемел жасатады… О, сонда ес-түсім қалмай төгілуші едім. Сол күшті қайдан алдық біз? Адам өмірінің сол бір қылшылдаған жиырма бесінің қадір-қасиетін қазақтан артық ешбір жұрт ардақтап айтып көрген жоқ. Қайда… Қайда сол күндер?!
Сіз мені сол бір албырт шаққа қайта оралттыңыз. Бұл не деген отты сезім? Музыкада осындай бір шоқ маздамаса бола ма?!
Сыдық үнсіз ғана жымиды. Бірақ еш нәрсе айта алар емес.
Брусиловский рояльдағы нотадан көз алмай:
– «Балқадишадай» ән… Ақан Сері! Өмірінің қай кезеңінде шығарды екен ол? – деді.
– Алпысты алқымдаған шағында, Евгений Григорьевич, — деп
Сыдық ақырын ғана үн қатты.
– Мен Ленинградтан келген бойда музыка техникумының фольклорлық кабинетінде қазақ әндерін нотаға түсіре бастағанда осы Ақан Сері ә дегеннен маған ерекше құбылыс боп көрініп еді. Оның басынан кешкен сүйініші мен күйініші бір адамның басына сыймайтын сұрапыл дүние боп таңғалдыратын. Алпыс жасқа иек артқан сол Ақан Серінің соңғы жүрек лүпілі ме бұл? Иә, айт-айтпа, көп өмір артта сағымдай бұлдырайды. Қуанышы, махаббаты, қайғысы… бәрі-бәрі болды. Жүрек салқын тартып, тән суынған кез. Бірақ, бұл әндегі мұң, серпілген көңілдің бір оқыс желпінісі, алыстан, тым алыстан жылт-жылт еткен үміт сәулесі… о, оның болымсыз алданышы… күні өтіп, қызығы таусылып бара жатқан Ақан Серінің іште қоламтадай бықсыған өкініші вариацияның мына соңғы сегізінші бөлімінде жалынды жүректің суынбайтын лебіндей шарпуын қараңызшы! Неткен ке-ре-мет!
Қызына сөйлеген Брусиловский қасында Сыдық отырғанын мүлде ұмытты. Ол қалғыған жанша бір тәтті әуезге балқығандай көзі оймен бұлдырап, өз-өзінен жымиып, әлдене есіне түскендей тіл байлар ләзәтті хал кешті.
– Қазақтың бір құдіреті – күйі! Бір күйі – бір симфония! Затаевич дұрыс айтқан: «Домбыраны тыңдағанда оның дәл қасыңнан естілген әлсіз дыбысы – ол тым алыс дүниеден талып жеткен ұлы дүбірдің дүрсілі!» Сахараның Құрманғазы мен Дәулеткерей, Тәттімбеттей өз Моцарты, өз Бетховені болған! Ықылас секілді өз Паганиниі тағы бар. Ал Біржан Сал мен Ақан Сері, Мұқит пен Үкілі Ыбырай, Естай, Әсеттерді кімге теңгерсем екен? Әлемдегі ешбір консерватория дәл осындай әнші-композиторларды берсе кәне! Сіз бен біз халық музыкасына Глинканың түсінігімен үңілгеніміз жөн. Сіз бұл тұрғыда мені қуантып отырсыз.
Вариацияңыздың кей тұсы Тәттімбет лиризміндей сыр төгеді. Бір жерінде Құрманғазының тегеуіріні… Динаның кең құлашы… Эпикалық кең толғаудың лебі. Сіз Арқада туып, Әулиеата жерінде есейіпсіз. Бір қиырдағы батыс күйлеріне де қанықсыз. Құрманғазыға сондай етенесіз. Тап сол жерде өскен жандай сол дүбірлі күйлердің рухын бойға қалай дарытқансыз? Осыған ойланам да жүрем.
– Рух дедіңіз. Евгений Григорьевич, ол жүрекке ана сүтімен сіңген құбылыс. Байтақ сахараның бір тұсында Құрманғазы, Дәулеткерей, бір жерінде Тәттімбет, Ықылас күйлері жалпақ далаға ескек желмен тараған. Қазақ ұғымында ән – құс қой. Ол да бір қиырдан бір қиырға қанат қағып, емін-еркін жетіп отырған. Бір ғана «Елім-ай» әні осы байтақ ұлысқа қалай аян болған десеңізші?
– Иә, иә… радиосыз-ақ, патефонсыз-ақ! Солай, солай… Енді сізге айтарым, вариацияның бір нотасын қисайтпаңыз. Бір ән ән боп төгіліп, вальс боп тербеліп, марш… күй боп түрленді. Вариация бітті…
Осы сөзден соң қоңырау шылдырлады. Үзіліс болды.
Брусиловский мұндай сәттерде өзімен өзі боп, бар дүниеден оқшауланып, жеке қалғанды ұнататын. Сыдық дәлізге шықты. Әлденеге қобалжыған, алаңдаған жандай толқып, терезеден сыртқа көз салды. Түс қайтып, күн нұры қарды ерітіп, алтын күрек соққандай дала жылы. Көше сылқ-сылқ ыбылыс; асфальттан шұбатылып әлсіз бу көтеріледі. Ерсілі-қарсылы дамылсыз ағылған машиналардың дөңгелектерінен соқта-соқта боп жентектелген қар үзіліп түседі. Арықтың жырым-жырым жиегінен лай су лықсып лақылдай ақтарылады. Қыс күні қанша жылтырап елжіресе де көктем лебі әлі алыс еді.
Сыдық коридорда келе жатып кілт тоқтады. Брусиловский «Балқадиша» вариациясын толқындай сапырып төгілтіп жатты…
Арада аз ғана күн өтті.
Сыдық «шақырып жатыр» деген соң қыстың сол бір үлпек қар жауған жылы күндері мемлекеттік өнер комитетінің үйіне келді. Мұнда оны коллегия мүшесі, осындағы Репертуар кеңесін басқаратын, өзі жақсы білетін Қажымұрат Жарқынов қабылдады. Бұл бір иманжүзді, өз ісіне тиянақты, ілтипатты жанға Сыдықтың да ықыласы ерекше. Жарқынов Сыдықты бірден ішке тартып, кішіпейіл, әрі сыпайы қалпымен үйіре сөйледі.
– Біздің төраға Сағынтай Ахметов ағаң, ол кісінің орынбасары Айташ Жұбанышәлиев ағаң, менің өз басым сенің оқуыңа, шығармаларыңа зер салып жүреміз, Сыдықжан. Ана жылы алғаш рет осы мекемеде… иә… оқуға түсуге келген жылың ғой… Жиырма сегіз әніңді тыңдаған кезіміз әлі есте. Және қандай әндер! Арқа әндерінің байтақ лиризмін бойға дарытқан терең сезімді болашақ композитордың дидарын көрдік деп дуылдаса қуанысып едік. Сол үміттің сәулесін жылтылдаттың, Сыдықжан. Оқи бер… тек оқи бер! Евгений Григорьевич бізді сенің бір шығармаңа ынтық қып кетті.
Сыдыққа бұл сөз жайлы тисе де Жарқыновқа таңырқай қарады.
– «Балқадиша» вариациясын айтып отырмын! — деді Жарқынов сәл ойлана мүдіріп.
Сыдық сөз ақырын күтті.
– Мәселе сол вариациядан шықты. Сыдықжан, өзің білесің, Құрманғазы оркестрі Моцарт, Глинка, Чайковскийлерге батыл қадам жасай бастады. Сол оркестрге өзіміздің төл ұлттық музыкамыздың симфониялық шығармалары жазылса деген тілек үстіндеміз.
Сыдық мұқият тыңдап, зейін қойды.
– Саған бір күй жазуды тапсырсақ па деп едік.
– Күй? – деп Сыдық іркіле сөйлеген Жарқыновқа аңыра қарады. — Симфониялық күй!
– Симфониялық?
– Мен Евгений Григорьевичтің сөзін айтып отырмын.
Жарқынов енді байсалды әңгімеге ойысты.
–Бізде жоқ жанр бұл. Евгений Григорьевич сенің «Балқадиша» атты вариацияңды бізге тұтас ойнап көрсетті де: «Біздің Сыдық енді симфониялық күй жазсын. Оған мүмкіндігі бар» – деді.
Сыдық үндемеді. Сол заматта қиялы шартарапқа самғады. Вариация біткен күнгі кең көсілген әңгіме… Ұстазының күйше жазылған соңғы бөліміне қызыққан сәті, толқи айтқан әр сөзі… бәр-бәрі ойға оралды.
– Бұл жанрға әлі ешкім қалам тартып көрген жоқ, – деп Жарқынов әлгі сөзін тағы нықтап қойды.
Сыдықты ой басты.
– Симфониялық күй жазатын жөнің бар екен, Сыдықжан, мә, мына бір үш дана қағаз… толтыр…
– Бұл не, ағай?
– Шарт!
Сыдық алдындағы қағазды үн-түнсіз толтыра берді.
– Енді симфониялық күйдің жазылмаған несі қалды? – деп Жарқынов сыпайы ғана күлді. – Өзің пәтерде тұрасың ғой? Солай ма?
– Иә.
– Келін мұғалім.
– Иә. Кішкентайым бар. Бір жаста.
– Атақты композитор Штейнбергтен кімдер оқығаның білесің.
Бұл тосын сауалға Сыдық іркілмеді. Ізетпен езу тартты. – Штейнбергтен – Шостакович, Шапорин, Мұқтар Ашрафи, Брусиловский оқыған, – деді.
– Сол төрт мықтының бірі – Брусиловский! Брусиловскийдің өзіңдей шәкірті бар. Жаз, Сыдықжан, жаз, – деді Жарқынов көңілін өсіре, аялай сөйлеп.
Сыдық жүрегінің бір нәзік қылы шертілгендей сезінді. Өз вариациясының күйше дүбірлейтін бөліміне сұқтана ой жіберді. Бірақ көңілі, сергек те жүйрік көңілі енді… одан да зор дүбірді тіледі. Әлде вариация сол дүбірдің алғашқы дүмпуі ме?
Сыдықты қым-қиғаш ойлар қамалаған күндер, түндер өтіп жатты.
Ол көпке дейін ұстазына ештеңе дей алмай жүрді.
Брусиловскиймен кезекті сабақ үсті болатын. Өздігінен сыр аша қоймайтын Сыдыққа барлай қарап: — Мен сіз жөнінде өзімсініп… Қажымұрат Жарқыновпен сөйлесіп едім, — деп бірден ашық әңгіменің шетін шығарды.
– Білемін, Евгений Григорьевич.
Сыдық қысыла, қымсына күлімсіреді.
– Ана жолы үзіліс кезінде… Сіз бір соны саз, тосын аккордтарды
алып отырдыңыз…
Сыдықтың екі беті дуылдады.
– Әр жаңа ой – ғарышта жылтыраған шырақ!
– Қиын жанр екен симфониялық күй…
– Әрине,оның бітімі дәстүрлі күйден өзгеше болуға тиіс.
Брусиловский осы сөзімен Сыдықтың көңіл кілтін бір бұрап қойды.
– Иә, Евгений Григорьевич, онда форма жағынан сонаталы аллегро сақталады.
– Әрине.
– Симфониялық шарықтауға түскен мұндай күйде классикалық бітім болады. Сырттай қарағанда поэма секілді ме? Жо-оқ, Евгений Григорьевич, одан өзгеше… өзгеше…
Брусиловский Сыдықтың бұл ойын қуаттап бас изей берді. Сөйлеген сайын Сыдықтың да көңілі шайдай ашылып, шашыранды ойлары жарқырап ап-анық боп көрінді.
Брусиловский сол ойлы қалпы: — Вариацианың партитурасы Фуат Мансуровта ма? – деді.
– Иә. Бүгін репетициясы болатын еді.
– Ә, Фуат осында ма? Онда вариацияны тыңдай аламыз ба?
– Тыңдайтын шығармыз, Евгений Григорьевич.
Екеуі концерттік залға келді. Репетиция басталып кетіпті.
Вариацияның тамылжыған бір шуақты бөлімі желсіз түнгі көл
бетіндей шымырлайды.
Кенет оркестр кілт тоқтады. Фуат Мансуровтың қатқыл, салқын үні естілді.
– Ақан серідей терең лирик… Оған Сыдық Мұхамеджановтың нәзік лиризмі құйылады. Қалай-қалай мөлдірейді! Осыны сезіну керек. Құдай үшін, бейжай отырмаңыздаршы. Ұйықтамаңыздаршы. Бүгін неғып салбырап қалдыңыздар, түге? Қані…қані… ептеп тіріліп келе жатырсыздар. Ой, қандай сұлу музыка! Жақсы… жақсы…
Брусиловский мен Сыдық дирижердің мына сөзіне рахаттана күлімсіреп, ұйып тыңдады да тұрды. Сәлден соң Фуат: – Жақсы! – деп үн қатты, – үзіліс!
Бұл консерваторияда қырық студенттен құралған ұлт аспаптары оркестрі еді. Студент-оркестранттар залдан дабырласа күліп, бір-бірімен сөз қағысып, әзілдесе шықты. Дирижер Фуат Мансұров Брусиловский мен Сыдықты көре салып:
– О, сәлеметсіздер ме! — деп қуана амандасты. – Сәл кешіктіңіздер.
– Оқасы жоқ, Фуат, біз тыңдадық.
– Студенттер ғой, әлі…
– Жо-оқ, Фуат, шынымды айтсам, қайта студенттер таза, әдемі ойнады. Біздің опера театрының оркестранттарының ішінде, әрине, асылы да бар, музыка ойналып жатқанда мәңгіріп, қалғып отыратындары да бар, – деп күлді Брусиловский Сыдыққа мақұлдата қарап.
– Бұл сөзіңізге келісем, Евгений Григорьевич… Ім… Иә, ой, Сыдық! Қандайсың сен, а? Қандай қызықты вариация! «Балқадиша». Әсіресе, соңғы бөлім – күй! Сен домбыра тартушы ма едің, Сыдық?
Сыдық жымиды, ізеті мол Брусиловский Фуаттың ойын бөлмеді. Фуат болса әдеттегі тәкаппарлығы жоқ, қуақыланып: – Шын айтам, өзің күй тарта аласың ба, тегі ? – деді.
–Тартам, – деді Сыдық жайбарақат қана. – мысалы,«Балбырауынды».
– Тартысып көрелік, Сыдық.
– Тілек білдіруші өзің… Кәне, баста.
Брусиловский жүзінде күлкі ойнап, Фуатқа ым қаға қоштап, қыздырып тұр. Фуат бұларды залға алып кірді де орындыққа сүйеулі тұрған бір домбыраны шертіп көрді. Құлақ күйін тез келтірді де отыра қалып заулата берді. Домбырашы студенттер мына қызықты тамашалап, кеу-кеулеп, жапырласа жиналып, шуылдаса қоштады дирижерін. Фуаттың сұп-сұр жүзі алаулап, шеке тамырлары білеудей боп ісініп, аласұра тартты.
Фуаттың домбыра тартатынын музыканттардың бірі білетін, бірі білмейтін. Брусиловский таңғала басын шайқады. Күй дүбірлеп барып біткенде Брусиловский тебірене қозғалақтап: – Бұл домбыраның тілін білген музыкант оны осылай шалқытады, сөйлетеді. Оны тек қазақ қана емес, скрипка мен фортепианоны меңгерген кез-келген музыкант, мысалы, мына татар жігіті Фуат Мансұров бебеулеткендей тартып кетер еді. Бар гәп домбыраға деген ықылас-пейілде жатыр. Жарайсың, Фуат! – деді.
Фуаттың ақсары жүзі нұрланып, шырайы кірді.
Кезек Сыдыққа келді. Сыдық домбыра құлағын аспай-саспай бұрап, өзінше келтірді. Орындыққа нық отырып, реңі сәл суығандай боп, қанын ішіне тарта «Балбырауынды» ә дегеннен құйындатып, алапат екпінмен шығандатып әкетті. Бұрауының қаттылығы бірден сезілді. Сыдықтың саусағы қуатты екен. Күйді қуалай төксе де оның бише иіріліп, төгілетін иірімдерін мөлдірете қайырды. Брусиловский мына құбылысқа балаша мәз боп, есі шығып кетті. Сағатына қарап үнсіз мырс еткен Фуат қызыға таңғалып: — Оздың, Сыдық. Менен екі есе шапшаң ойнадың! – деді.
Сыдық күліп: — Алғаш рет Алматыға олимпиадаға келгенімде күй тартып келгем! – деп Фуатқа қыр көрсете сөйледі. — Мына быртиған келте саусақпен-ақ сіздің қыздардың саусағындай ұзын саусағыңызды мәу демедік.
– Сөзім жоқ, Сыдық,- деп Фуат жығыла сөйледі.—
– Тамаша! – деді Брусиловский де елігіп.
– Бәрі қызық үшін, Сыдық. Ал сен… үндемес композитор, тым-тырыс бұйығы жатқан бір жанартаусың. Сыртың сап-салқын. Ішің от-жалын. Мен альпиниспін ғой. Тау мінезін білемін. Вариацияңда нағыз симфонист композитордың ой толғауы бар. Солай, жанартау, жануың керек! Қозғал! Вулкан боп атыл!
Брусиловский бұл сөзге мейірлене езу тартты.
– Жанартау жақында қозғалуға тиіс! – деді ол Сыдыққа көңілі тола күлімсірей қарап.
Іле репетиция қайта жалғасты.
Сыдық екінші Алматы теміржол вокзалының алдында бір ескі үйді жалдап тұратын. Қуықтай ғана тап-тар үй. Екі кісі айнала алмайтын дәлізі бар. Өздері жататын бөлменің бір бұрышын алып қара пианино тұр. Өзі салдылраған ескі. Үйге кіргізудің өзі бір машақат болған. Консерваториядан алып келіп, жігіттер қаумалай көтерісіп есікке жетті де тұрды да қалды. Пианино есікке сыймады. Зілдей ауыр. Қозғалту қиямет. «Әй, орыстар-ай, осындай да есік салады екен-ау! Үйіне өзінен басқа тірі пенде кірмейтін неме болуы керек. Қарашы, қазақтың кең жерін тарылтуын!» деп жігіттер сөгіп, боқтап жүр. Енді не істеу керек? Сыдық қиналды. Налып, дағдарып тұрды да ақыры бір айласын тапты. Пианиноның артқы қабырғасының шегелерін босатып, асықпай бөлшектеді. Жігіттер мына іске аң-таң. Сыдықтың қолы ептейлі екен. Бәрі де ойдағыдай шықты, пианино шап-шағын боп жеңілдеді. Жігіттер енді оны жеп-жеңіл сырғытып, үйге оп-оңай кіргізді де Сыдыққа көмектесіп, лезде қайта құрастырды. Сол күннен бастап Сыдық «Балқадиша» вариациясына өзгеше бір құмарлықпен кірісіп кеткен.
Сол қара пианино…
Сыдық оған көкейдегі ойы әбден толғағы жете пісіп, жанартаудай буырқана бастағанда отырды. Сол күні жұбайы Қалдыкүл мектепте еді. Еңбектеген Ләйласында бір тыным болмады. Пианиноға жармасып, кішкентай саусақтарымен клавиштарды шықылдатып, ойын бөле берді. Жүрегінде Бетховен аккордтарындай зіл-батпан ауыр аккордтар сыздады. Ол… ол дүниені дірілдете сілкіндіретін бір сұрапыл күшпен кіріспе лебі екенін Сыдық жақсы білді. Тілеп жүргені, іздеп жүргені! Саусағы алғашқы нотаны ала бергені сол еді, бір шеттен тәлтиіп тұрған Ләйлесі клавишті шапақтай сабады.
– Ой, Ләйлә… Қойшы… құлыным!
Жоқ, Ләйлә қоймады. Қолындағы қарындашына таласты.
Сыдық әлі киілмеген жап-жаңа галошты көре салып, бір сыңарын алды да:
– Ләлке, бар… ананы алып келші маған, — деп күліп, есікке қарай лақтырып жіберді.
Ләйлесі томпалаңдай жөнелді. Сыдықтың саусағы алғашқы аккордты дәл басты. Сөйтті де салдыраған пианиноның үнін ұзақ тыңдады. Ол күндей күркіреді. Сыдықтың көз алдында жарқ-жұрқ еткен ұшқын ойнады. Жүрегі дегбірсіздене тулады. Тамыр-тамырының қаны тасыды. Клавишті енді басса жаңағы аккордтан көз жазып, мүлт кететіндей алабұртып ұшып түрегелді. Ләйләсін үкінің балапанындай үлпілдетіп жерден көтеріп алды да ыстық мейірмен искеледі-ай бір!
Осы сәтте сыртқы есік сықырлап ашылды да жұбайы: — Күн бүгін ұшынып тұр, ащы аяз, – деп үйге сөйлей кірді.
Сыдық көңілді отырды. Ол оны бірден сезе қойып: — О, екеуің мүлде жарасып қапсыңдар ғой! – деді.
Сәлден соң қызыл жалқынданып қыстың кеші батты. Жұбайы Ләйләсін емізді. Жапырайған ескі үйдің шамы жағылды. Пеші жанды. Радиосы самбырлап, сөйлей бастады. Олар күндегісінше кешкі асын ішті. Ләйләні тербеткен бесік жыры сызыла берді…
– От басым – Отаным! – деді Сыдық.
Жалт қарады жұбайы. Сыдық шабыт құшағында еді, өзгеше бір
жайсаң мінез танытып, ақынша желпініп, ақ тістерін жарқырата қоңыр үнмен:
Жигитом я стал, я иду молодой,
На всенародный ликующий той.
Жигитом я стал, я иду и пою
Родине радости песню свою – деді.
– Жамбыл жыры! – деп қоштады жұбайы.
Сыдық күлімсіреген күйі пианиноның үстінде жатқан нота
қағазын алып, бір шекесіне Жамбыл жырын эпиграф етіп жазды. «Шаттық Отаны» деп тақырыбын қойды. Ләйләсі тәтті ұйқыға енгенде симфониялық күйдің кіріспесі қағаз бетіне құйқылжып кеп түсті.
Қыстың бір шыңылтыр аязды күні Брусиловский мен Сыдық класта оңаша отырды. Сыдық ұстазына жазған кіріспесін көрсетті. Брусиловский шығарманың тақырыбына қызықты. «Шаттық Отаны!».
– Қашан бастадыңыз?
– Біраз күн болды.
– Алғаш жазған күннен бастап өзгертіп көрдіңіз бе?
– Иә. Бірақ, қаз-қалпында қалды.
Брусиловский алғашқы аккордты алды. Әр нотаны мығымдап ұстап, оған нып-нығыз салмақ, оқыс серпіп жіберер дүлей күш сездіріп, өзі бірте-бірте әлуеттеніп, жігері қайнап, жүзі қып-қызыл боп кетті. Екі көзі шыныдай жарқырап, шарасы шақырая кеңейіп, одан шапақ тарады.
– Ақтарыла жаздап қалай шыдайсыз? Қиялым жетпейді. Оркестрді дірілдетіп… шірентіп ұстап тұру! Керемет!
Кіріспе күндей күркіреді.
Брусиловский терезеден сыртқа паң көкірекпен көз жібере
толқып: — Сіз Дунаевский көрген кең панорама — Отан келбетін көріп тұрсыз, әріқарай… жалғастыра беріңіз. Молодцом! – деді.
Сыдықтың көз алды жазира әлем болып жайнады.
Ол үйден консерваторияға, консерваториядан үйіне қайтып келе жатады. Көретіні бір ғажайып көріністер. Бірде теңіздей толқыған егін-жайдың, қалың шабындықтың, жайқалған көк орманның ішінде жүреді; бірде сайын далада құйындатқан арғымақтарды, шулы бәйгені… жайлаудағы тізілген көшті, ақ шаңқан үйлерді көреді, бір тұста қырдан асып, белді басып көкжиектен әрі ұзап заулаған экспресстердің жер солқылдатқан қарқынына таңғалады; тағы бір жерде зеңгір көкке сұңқарлар ұшып жатады. Шалқар көлдер мен ұлы дарияларда ақ кемелер шайқалады. Осының бәр-бәріне сұқтанған Сыдықты құдіреті зор рух билейді. Өмірге ынтық көзбен қарап, масаттанғандай болады. Тіпті, еңсесі биіктеп, айбарланып, қаны тасиды. Осындай тебіреніс сәтінде күйдің дүрілдете басталған серпінді, отты, топандатқан, тасқындатқан патетикалық бөлімі Сыдықты мүлде асқақтатып жіберді.
Брусиловский күйдің бірінші бөлімін көргенде: — биік идеалды адамның Отан туралы пафосы бұл! Нағыз біздің заманның шат-шадыман тынысы! Молодцом! – дегеннен басқа ештеңе айтпады.
Ұстазының бұл сөзі Сыдыққа жел берді. Күн артынан күндер зымырады. Сыдық толғауының арыны басылмады, қуаты қайтпады; сезімі нұрлана түсті, небір сәулелі ойлармен ғұмыр кешті.
Беттен аяз шымшыған тағы бір қысқы кеш еді. Сыдық консерваториядан үйіне келді. Жұбайы Ләйләсін тербетіп, өзіне таныс бесік жырын баяу сызылтып отыр. Қандай тәтті әуез! Күнде тыңдап жүр ғой. Оның мұншалықты сырлы, жан тебірентер әсерін енді ғана сезгендей боп елжіреп біраз тұрды. О, ғажап, ол алтын айы қалқып, жұлдызы жымыңдасқан жайлау түнін елестетті. Енді бірде шаңқай түсте бозторғайы шырылдаған маң даланы көрді. «Отан»… бәрі Отан! Үйім де, жайлау да, дала да — бәрі Отан!» Сыдық жүрегінде күйдің екінші бөлімі ән боп мөлдіреді. Күй әндетті. Ал, әннің ту сыртында мезгілдің, өмірдің… ұлы тіршіліктің толассыз дүбірі сезіліп күй боп ағындай берді.
Кезекті сабақ үстінде Брусиловский күйдің бұл екінші бөлімін ойнап отырып: — Күтіп ем, қызығып. Жобалап ем, тілеп ем осылай. М… м… мұны симфониялық шарықтау демегенде не дейміз! Осы тұста классикалық бітімі де көрінеді екен. Симфониялық тақырыптың арқауын қалай қуатты жүргізесіз! – деді.
Брусиловскиймен әр отырыс, әр жылы сөз Сыдықтың шабытын қозғаумен болды. «Әрі қарай… әрі қарай жылжытыңыз!» Сыдық та көпке созбады. Екінші бөлімнің тебіренісімен ол күйдің соңын бастапқы салтанатты дүбірмен шалқытты.
Сыдық симфониялық күйін тұтас бітіріп, соңғы рет ұстазына әкелді. Клавирді бастан-аяқ мұқият қараған Брусиловский: – Молодцом! Тек оркестр… оркестр! – деді көзінде ізгілік нұры ойнап.
Сол 1952 жылдың күзінде Қазақстан композиторларының пленумы өтті. Пленум концерттерінің бірінде дирижер Фуат Мансұров басқарған студенттерден құрылған ұлт аспаптары оркестрі Сыдық Мұхамеджановтың «Балқадиша» вариациясы мен «Шаттық Отаны» атты симфониялық күйін тамаша ойнап шықты. Консерваторияның беделді профессоры, музыка зертеушісі Варвара Павловна Дернова: – Симфониялық күй жанрын құдіретті шығармамен бастадыңыз! – деп Сыдықты шын разылық сезіммен құшақтап сүйді.
Бұл кезде Құрманғазы оркестріне Шамғон Қажығалиев бас дирижер боп келген. Шамғон «Балқадиша» вариациясы мен «Шаттық Отанына» бар ықыласын, бар жігерін салды.
Келер жылы… 1953 жылы Бухаресте өтетін жастар мен студенттердің дүниежүзілік төртінші фестиваліне әзірлік басталды. Фестиваль концертіне Қазақстан композиторларының он алты шығармасы ұсынылды; оны Москваның арнайы комиссиясы іріктеуге тиіс. Дәл осы кезде бұл комиссия «әлі консерватория бітірмеген» деп Сыдық Мұхамеджановты СССР композиторлар одағына қабылдамаған еді. Оқуын бітірсін деп документін кейінге қалдырған. Тағы да осы комиссия Бухарест фестивалінде орындалатын үздік шығармаларды сарапқа салды. Комиссия мүшелері бір ауыздан Құрманғазы оркестрі орындаған үш шығарма: Глинканың «Камаринскаясын», Құрманғазының «Сарыарқасын», Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отанын» таңдап алды. Бірақ комиссия мәжілісінде «Бұл қалай? Кеше біз «екінші курс студенті, әлі оқу бітірмеген» деп мүшелікке алмадық. Ал бүгін Глинка мен Құрманғазы шығармаларының қатарында Сыдық Мұхамеджановтың симфониялық күйін фестивальге жіберіп отырмыз деп не істерін білмей дал болды.
Құрманғазы оркестрі Москвада үш ай бойы репетиция өткізді. Оркестр шығармалардың бәрін жатқа ойнады.
Бухаресте оркестр жұлдызы жанып, бірінші орын алды. Ал фестивальден кейін Алматыдағы филармония залында оркестр үлкен концерт берді. «Шаттық Отаны» зор табыспен орындалып, музыка мамандарын таңғалдырды. Симфониялық күй Сыдықтың өзі ойлаған екпіннен екі есе жылдам орындалды. Бұл Шамғон Қажығалиев тапқан өте дұрыс шешім еді.
Сол 1953 жылы Мұқан Төлебаевтың «Коммунизм оттары» атты кантатасы мен Сыдық Мұқамеджановтың «Шаттық Отаны» атты симфониялық күйіне Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Содан бастап халық жүрегін тербеген бұл бір ағыл-тегіл дариядай шалқыған симфониялық күй республиканың жер-жеріндегі ұлт аспаптары оркестрлерінің ең сүйікті шығармасына айналды. Ол уақыт озған сайын құдіреттене түсіп, өмірдің аршынды, қарқынды, думанды тынысымен бірге жасап келеді. Құрманғазы оркестрі қай жерде, қай елде концерт берсе де «Шаттық Отаны» қазақтың өнген-өскен, жан-жақты дамыған профессионалдық музыкасының ең үздік үлгісі боп бағаланды. СССР Композиторлар одағының Алматыдағы бір көшпелі пленумында көрнекті совет композиторы, СССР халық артисі Андрей Эшпай: «Бір ғана «Шаттық Отаны» сияқты шығармамен тарихта қалуға болады!» деді.

Илья ЖАҚАНОВ,
Қазақстанның Еңбек ері

Пікір қалдыру