О, АППАҚ АР, АҚ АРМАН – МЕНІҢ БИІК ЖҰЛДЫЗЫМ!
ПОЭЗИЯ
Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген,
Поэзия секілді бір саулы інген.
Ботасы өлген секілді ертеде оның,
Абай жатқан баурында кер төбенің.
Қасым жатқан шет жағын боз даланың,
Саулы інген-жыр кезеді боздап әлі.
Ботасы өлген батады Ана мұңға,
Ілиястың Құлагер заманында.
Алаяқ пен не түрлі қырсау мінген
Поэзия — жүр әне, бір саулы інген.
Ботасы өлген батады Ана мұңға
«Аралды» ашқан Әбділда заманында.
Боз інген жүр, бір ойға бекіндім мен:
бұйдасын қиып кеткен секілді інген.
Бір желіге тоқтары, келері анық
деп ақындар жөңкіп жүр шелек алып.
Қайтіп бүтін бұл ырыс тисін бірден
Жебір қолға саумаған — исіндірген?!
Бір тамшыға біреу жүр құны қалып,
Біреу шықты, әнеки, тұлып алып.
Байғұс інген… бүйірі бүлкілдейді,
бота-қайғы бауырын түртіп жейді.
Бір шелекке нәр тамып бірер қасық,
бірер көңіл қалды, әне, құмар басып.
Ол бақыттан, достым, сен қалдың аман,
Ең тынышы — қой бағып, мал құраған..
Бос шелектің дауысы-ай даңғыраған,
бос шелектің дауысы-ай даңғыраған.
ТЕМІРҚАЗЫҚ
Айсыз қара түндерге ат құлағын қақтырып
Тәуекелдің қолына тағдырымды лақтырып,
талай жорттым жолсызбен,
айдалада ақ тымық,
барабанын құлақтың тыныштыққа шақтырып,
Тыныштық па?
Бәлкім, үн-дыбыс шығар бұ-дағы,
ауық-ауық жолшының шыңылдаса құлағы?
Сайтан сыбырласқандай қара түнде молдамен,
бір құпия келісім тапқан сын-ды болды әлем.
Түсініксіз құр сыбдыр:
ескі құран парағын
аударғандай әлдекім — елең қағып қарадым.
Темірқазық жұлдызын белгілеп ап сонда мен
талай-талай үйлерге адасқан боп қонған ем.
Құпия үміт жұлдызы!
Армандардың жас, асыл
Нұры болып тасасың!
Жаса, жаса, ақ жұлдыз — ақ тілеулер жасасын,
Қарт әже жоқ,
Жас ит жоқ — қызды ауылдар жасасын!
Біздің дала кең, шіркін,
адаспасқа жоқ амал:
адасқанда басыңа келген ойдың көбі адал,
сыбдыр естіп қияқтан, сыр түю де қоғадан
сезім, сезім екен ғой сескену де моладан.
Иесіз қыстау, еңкеу жер елес беріп не түрлі,
болады-ау жон-арқаңа кірпі аунаған секілді.
Ақыл қандай сасқалақ,
Көңіл қандай күйгелек —
Сұлы мұрты тізеңе қадалғанда ине боп,
сөлін екті даланың ол да саған, шырқырай
тартысқанда тістесіп мың дию мен бір құдай.
Жас терідей даланы созып алған тәрізді,
дию жеңіп құдайды — өзі қалған тәрізді;
көлеңкелер арбасқан;
салушы еді маған мұң,
айсыздығы түндердің
жайсыздығы ғаламның.
Темірқазық жұлдызын белгілеп ап сонда мен
арулардың аулына адасқан боп қонған ем.
Жалғыз жанған маяктай теңіз кезген кеме үшін
нысана ғып өсіп ем, сенім тұтып сені шын.
Жұлдыздардай көктегі жымың қаққанда толған
қыз,
ат қазықтан адасып,
тоқым төсеп қонғанбыз.
Иісіне жап-жасыл түтінімнің, түндіктің,
сүйгеніме қайтарған
сонда мені сен жалғыз!
Босағамның жұлдызы!
Беріктіктің қазығы,
беріктігімнен басқа болған емес жазығым.
Бір қалып жоқ өмірде, ақ жұлдызым, нұр-жүзім,
Көлеңкенің өзі де бірде қысқа, бірде ұзын.
Сонда сенсің маңдайды аудартпаған бағыттан,
О, аппақ ар,
ақ арман — менің биік жұлдызым!
ТОҒАЙ ЕРТЕГІСІ
— Жемсау бар ма бұлбұлда? —
Сонау-сонау өтіп кеткен жылдарда
бір қарғадан сұрап жатты бір қарға:
Қара қарға сұрады ала қарғадан,
ала қарға сұрады ұзақ қарғадан.
Бар есуас қанат қақты қарға боп,
Қарға болып қарқылдады бар надан:
— Жемсау бар ма бұлбұлда? —
Сауалға осы жауап іздеп бәр-бәрі,
тоғай кезді, көң-қоқырды шарлады —
таппады ақыр,
қарға шоқып қарғаны,
бірін-бірі қарғасың деп қорлады.
Бірін-бірі қарғасың деп қорлаған,
бірін-бірі жорғасың деп арбаған,
қарға ақылды бола ала ма қарғадан,
қарға қайдан озушы еді қарғадан!
— Жемсау бар ма бұлбұлда?
— Бар! — деп қалды әлдекімнің дауысы,
— Бар! Бар! — десті жаңғырығып тау іші.
Шулап кетті орман, дала: «бар», да «бар»,
Бар! Бар! десіп қарқылдасты қарғалар.
Қуаныштан бүйір бүлкіп, ет қызды:
Қара қарға — ұзақтарға жеткізді,
Ұзақ қарға қуантты ала қарғаны,
«бар! «бар!» десіп шуылдасты бәр-бәрі.
Бұлбұлдардың тегі — өнер ғой, ал, осы
қайдан шықты жемсау деген «бөлесі?»
«бар!» «бар!» десіп «бар» да «бар» —
Неге мұнша қуанады қарғалар?
Бұл сұраққа жауап беру жеп-жеңіл,
Осал жері бұлбұлдар мен пенденің:
Жемсау! (Қарын!)
Егер бұлбұл бітеу болса, бір үміт
Үзілер ме еді, қарғалар
Қарқылдауды қояр ма еді түңіліп?!
Ал, жемсау бар.
Онда не тұр? Қатқан іш
Жібімейді — тағдырлар тым жатты алыс.
Бірақ, бірақ, титтей болсын, бұлбұлдың
Қарғаларға ұқсағаны — мақтаныш!
«Бар», «Барр!» дейді қарға біткен
тоғайдағы, түздегі,
«Қар», «Қарр!» болып естіледі бізге бұл.
Кещелер ғой түсінбейтін ым-дымға
Қарға жұрты түсті сөйтіп дырдуға.
Әттең бірақ…
Қарғалардың білмегені-ақ жақсы еді
Жемсау барын бұлбұлда.
Тамыр
Монолог
Жаңбыр жаусын!
Жаумай қойсын!
Былай да
Қатысым жоқ қара бұлтқа, құдайға.
Сен — көктейсің, тұрған шақта мен аман,
бұтақтарым, жапырақтарым, мұңайма!
Мен аманда жарқырап бір шығып қал,
Жапырақтар, ши-бұталар, шыбық-тал!
Жел, шуаққа көрген емен елеңдеп,
Құс, көбелек жазған емес мені емдеп.
Көтерілген сайын сендер биікке
жерге кіріп барамын мен тереңдеп.
Бұтақ, саған бұлбұл келіп қонады,
Сайрап отыр, сайрап отыр ол әне.
Жапырақ, сенің обалың жоқ, обалың —
шымшықты да көтеретін жоқ әлің.
Ал мен туған топырағымда тоңамын:
жауын құрты — менің жалғыз қонағым.
Жиған сөлім топырақ сорып жатып ап —
Соны, соны сен әкеттің, жапырақ!
Елеп көзге ілген емес мені ешкім,
көрінуге мен де ұмтылған емеспін.
Қалдым ақыр қан, бояудан жұтап бар,
есесіне, сен өстің, ши-бұтақтар.
Менің нәрім — желге ұшатын қаңбақ па
Желдей тарап ап кеттіңдер жан-жаққа.
Жо-жоқ, бұлдап жатқаным
жоқ оны аса өз бұтағым тонасыншы — тонаса!
Разымын тағдырыма!
Бұл да рас:
Тағдырластар, о, тамырлар, құрбылас,
ғұмыр бойы сорып бізді жұтатқан
бір-ақ тілек тілейікші бұтақтан,
жапырақтан шаңдақтағы, жолдағы.
Не солғанда құлақтары салбырап
не толғанда жасыл басы жалбырап
бізді есіне алып қойса — болғаны…





