Ақын. Қайраткер. Тұлға – ұлт руханиятының биік белесі

Наурызбай аудандық Отбасылық оқу кітапханасында қазақ әдебиеті мен руханиятының көрнекті өкілі, ақын, жазушы, әдебиеттанушы, түркітанушы, Қазақ КСР Мемлекеттік және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлықтарының лауреаты, Халықаралық «Тарлан» сыйлығының иегері, «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақстанның халық жазушысы Олжас Омарұлы Сүлейменовтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Ақын. Қайраткер. Тұлға» атты әдеби кеш жоғары деңгейде өтті.

Тағылымы мол рухани шараның басты мақсаты – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.
Әдеби кешке еліміздің әдебиет және мәдениет саласының белгілі өкілдері арнайы қатысып, кештің мазмұнын тереңдете түсті. Қонақтар қатарында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет және өнер саласының үздігі Ләйлә Бақдәулетқызы Камакова, ақын, сазгер, Қазақстанның мәдениет және өнер саласының үздігі, екі кітап пен елуге жуық әннің авторы Жанболат Құрман, ақын, сазгер, журналист, қоғам қайраткері Жолдыбай Исабекұлы, сондай-ақ Шохан Уалиханов атындағы №12 мектеп гимназиясының зейнеткер-ардагер ұстазы, филолог Алтыбай Қайырғазы Қабдырахұлы болды.Кеш барысында қадірлі қонақтар Олжас Сүлейменовтің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесі туралы ой бөлісіп, қаламгердің шығармашылығының тереңдігі мен өміршеңдігін ерекше атап өтті. Әдебиет пен ғылымды сабақтастырып, ұлттық рухты асқақтатқан тұлғаның шығармалары бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтпағаны айтылды.

Шараның әсерлі тұстарының бірі – Оқушылардың шығармашылық инновациялық орталығының Шешендік өнер мектебі «Сөз маржан» үйірмесі оқушыларының өнер көрсетуі болды. Атап айтқанда, Садуахас Әділхайыр, Қуатбек Гүлнұр, Сүйіндікова Дайана, Садуахас Нұрали және Бижан Уалихан Олжас Омарұлының өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын жырларын ерекше нақышпен орындады. Жас өрендердің шынайы өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, әдеби кештің рухани мәнін арттыра түсті.Ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылып, оның қоғам қайраткері ретіндегі еңбегі де ерекше сөз болды. Қатысушылар Олжас Сүлейменовтің шығармалары – ұлттық рухтың айнасы, ұрпақ тәрбиесіне бағытталған асыл қазына екендігін атап өтті. Оның еңбектері арқылы әдебиеттің ғана емес, ғылым мен қоғамдық ойдың да жаңа белестерге көтерілгені айтылды.
Рухани кеш әсерлі естеліктерге, тағылымды ойларға және жүрекке жеткен жылы лебіздерге толы болды. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық сана мен рухани құндылықтарды дәріптеуде ерекше маңызға ие екені сөзсіз.
Ақерке Нұрланқызы,
Отбасылық оқу кітапханасының кітапханашысы





