БҰЛ ӨМІРДЕ ӨЗ ЖОЛЫМ БАР ТАҢДАҒАН…
Иминжан ТОХТИЯРОВ
БІР КҮШ БАР…
Бір күш бар…
Мені әркез демейтұғын.
Мұңайсам,
Шаттық күйге бөлейтұғын.
Сол күшімді арнаймын, еліме мен,
Міндеттеген қарызым, ол – төлейтұғын.
Бір күш бар…
Мені әркез қорғайтұғын.
Сапарда сәтсіздікке қалмайтұғын.
Жамандақты жаныма еш жолатпай,
Бастаған әр ісімді қолдайтұғын.
Бір күш бар…
Елден мені айырмаған.
Қараласа, ақтайтын қайырлы адам.
Қаралаудан сен мені сақта, Құдай!
Сыбағам бар халқыма дайындаған.
Бір күш бар…
Маған талмас қанат берген.
Самғасын деп биікке талант берген.
Шабыт – жарық санамды нұрландырып,
Бұлақ көзін ашсын деп талап берген.
Бір күш бар…
Мені алға жетелеген.
Поэзия бесігіне мәпелеген.
Халқымның алдында мен мақсат қойғам,
Өтесем деп борышын өтелмеген.
Бір күш бар…
Берілменген көрінгенге,
Жетектеген әрқашан мені өрге.
Бір күш бар, ғажайып шын бір күш бар,
Тұрғызған қолтығымнан сүрінгенде.
Бір күш бар…
От боп маған жанғын деген.
Атың өшпес, келешекте қалғын деген.
Ұлтымның ұлылығын ойлап тұрып,
Бетіне тарихтың жазғын деген.
Бір күш бар…
Тылсым күшке бөлей-тұғын,
Бір күш бар жігер беріп, демейтұғын.
Айырмашы сол күштен, о, Жаратқан!
Мұрам қалсын артымда өлейтұғын.
Бір күш бар…
Мені әркез демей-тұғын.
АҚЫРЗАМАН
Ескерткені – топан судың басқаны.
Өртенді орман түтін болып аспаны.
Пейілі жаман, жемқор заман, бұл – заман,
Дүние қуған жасамысы, жастары.
Жүздерінде уайым жоқ, кім туған?
Адам дерті –
Арам серті діл буған.
Іс бітпейді айқай-шусыз, бұл қалай?
Кісікиік сияқты бір жын ұрған.
Мейірім жоқ,
Қайырым жоқ, аң – адам.
Бір сөз айтсаң алатұғын жағадан.
Заман келді,
Тұрқы жаман, бұл – заман,
Ұяты жоқ, мақрұм болған санадан.
Шығара алмай аяғыңды шалшықтан,
Тұңғиыққа тартқан заман әр түстан.
Заман келді,
Қорқынышты, бұл – заман,
Алғысы жоқ, құтылмайтын қарғыстан.
Заман келді,
Өтірігі өршіген,
Алдау, арбау, жаман қылық – ерсі ең.
Қара бастың қамын жеген күн туды,
Басқа түгіл араласпай көршімен.
Нарық емес,
Ғаріп заман, қас заман.
Боспалаудан болса дейсің бас аман.
Сөзін айтып хайуанның, арсылдап,
Түсіністен қалса адам – сол жаман.
Заман келді,
Үсік ұрмай солған гүл.
Қажет түгіл дәретің де болған пұл.
Ғалымдар жүр керегі жоқ, тентіреп,
Залымдар жүр «беделі» өсіп, пір болған.
Таланттарды басып озып талапсыз,
Былығы да, қылығы да жауапсыз.
Шешенсиді,
Көсемсиді мен-менсіп,
Ақыл айтып, өзгелерге сауатсыз.
Даңғойлар жүр, көзге ілмей басқаны,
Өрге қарай домалаған тастары.
Өзгелердің есебінен байыған,
Артық көрер ар-намыстан ақшаны.
Заман келді,
Адам құны тапталған.
Күнкөрісі – шөл боп Күнге қақталған.
Заман келді,
Әбжыландай арбаған,
Жемқорлары кінәсіз деп ақталған.
Туыстың да көрмейтұғын көмегін,
Адал емес, арам болды жегенің.
Не боп кетті?
Ей, Адамзат, бұл – заман?!
Осы шығар ақырзаман дегенің!
ӨТСЕМ БОЛДЫ АДАСПАЙ…
«Пушкинге ұқсап өлең жазсаң», – деп қалдың.
«Асыл сөзден маржан қазсаң», – деп қалдың.
«Есениндей әсте өлмес есімі,
Тарих болып мәңгі қалсаң», – деп қалдың.
Бұл өмірде өз жолым бар таңдаған,
Ана тілден, халқымнан еш танбаған.
Еліктеуден, досым, ақын шықпайды,
Өз халқыңның отты ұлы боп жанбасаң.
Кімге керек басшысы жоқ жасақтың?
Піспеген бір дәніндей боп масақтың.
Пайдасы жоқ, халық өзі бермесе,
Салмағы жоқ оңай келген атақтың.
Қымбат маған әрбір сағат, әр күнім.
Отан үшін өлуге де әзірмін.
Жүрсем болды ұлтымды ұлықтап,
Асқақтатып өз елімнің қадірін.
Өзгелердің сөзі өткір, оқ деймісің.
Өзгелердің ақыны от деймісің.
Өз халқымның арасында Есенин,
Не Пушкиндей талантар жоқ деймісің!
Солай, достым, сөздеріңнің жаны бар.
Еркін білсін қабыл алма, қабыл ал!
Өзіміздің арамыздан ұйғырдың,
Пушкині де, Есенин де табылар.
Мен Пушкинге қояйыншы ұқсамай,
Айтпа маған Есенин деп тұпсалап.
Бақытым деп бағалайтын тұмардай,
Өз тілімнен адастырма, қыстама!
СЕН – МЕНІҢ БАҚЫТЫМСЫҢ
Мен де таптым өзімнің гүл бағымды.
Сен де таптың өмірден тұрағыңды.
Бір жастықта бас қосқан күннен бері,
Өшірмей сен келесің шырағымды.
Қисық бассам, түзетіп қадамымды,
Тұрмыстағы азайттың азабымды.
Таңмен бірге оятып әніңменен,
Әніңменен жайқалттың жас – бағымды.
Бір өзіңе аян ғой сырым менің.
Деймін сені періштем, пірім менің.
Жұмылғанша көзім де, жүрек тоқтап,
Тек өзіңе арналар жырым менің.
Сен – жастығым, шаттығым, жыр-әнімсің,
Жүрегімсің, өмірлік сыңарымсың.
Жат біреудің тимесін тіл-көзі деп,
Мойыныма тағатын тұмарымсың.
Өмірлікке таңдадым бір өзіңді,
Ұнатып мен жүзіңе сай мінезіңді.
Арулар көп болса да сен деп соққан,
Бір өзіңе арнадым жүрегімді.
Ыстығына өмірдің жансам деймін,
Суығына өзіңнің тоңсам деймін.
Махаббатым, сен сүйген алғашқы һәм,
Ақырғы да жұбың боп қалсам деймін.
Құштар болып өмірге тоймағаның,
Тоймағаның – сен мені ойлағаның.
Қандай жақсы, жетсем бір жетістікке,
Әрқашан да рух беріп, қолдағаның.
Қандай жақсы өзіңнің бар болғаның,
Қандай жақсы үмітті жалғағаның.
Қандай жақсы қол ұстасып бұл өмірде,
Арман қуған ақынға жар болғаның.
БІЗ ЖАҚҚАН ШЫРАҚ…
/жазушы Авут Масимовқа/
Алда талай тойымыз бар ғой деп,
Бір кісідей жағдайымыз бар ғой деп,
Үміт артқан арттан ерген жастарға,
Айтатұғын ойларымыз бар ғой деп.
Алда асқақ арманымыз бар ғой деп,
Сабыр сақтар салмағымыз бар ғой деп,
Нық қадаммен алға басып келеміз,
Өмірден де алғанымыз бар ғой деп.
Бізге арнаған үлделер де бар ғой деп,
Біз алмаған бүлделер де бар ғой деп,
Әрқашанда елдің қамын ойлайтын,
Азаматтық борышымыз – Ар ғой тек!..
Елесе егер, мәз боламыз балаша.
Елемесе, төреші ел – санасар.
Бағаланса, еткен еңбек ел үшін,
Жемісі мол жаз боламыз қаласа!..
Дейміз лайым: «Аман болсын халқымыз.
Халқымыз, ол – түп тегіміз, қалпымыз.
Өз кезінде, аға сыйлар жас болсақ,
Енді міне, елдің сыйлы қартымыз!..
Кешегі ұрпақ – оқырмандар тұрақты,
Мұрамыздан от алам деп қуантты.
Тек өшірмей алаулатса дейміз де,
Біздің жаққан, үкілі үміт – шырақты.
Ұйғыр тілінен аударған Анарбек БЕРДІБАЕВ





