НАҒЫЗ ҚАЗАҚ

Жел қағып, жауын мүжіп, жарамсыз мүліктей жапырайып тұрған тракторды қайтсем де жөндеймін деп арпалысқалы екінші күн. Әуелі көліктің артқы жағындағы жанармай айдап, ұшқын бүркетін бұрма-бұрма түтігінің құрама бөлшектерін ағытып алып, кірпінің инелеріндей тікен шөткі жүгіртіп тазалады. Шешуге келмейтін тұстарын жоғары ауа қысымымен үрледі. Барлық құбырлары мен түтіктері қоқыр-соқырдан аршылды-ау дегенде іске қосып еді, былқ етпеді. Жылдамдықты реттеуіш қорабын тексеріп, май атаулының бәрін ауыстырып, от алдырып көрді – мызғымайды. Ескісінің қамытын ағытып, істеп тұрған жаңа қуаттандырғышты ауыстырып салды, жоқ, бәрібір үнсіз. Кілтипан болуы мүмкін-ау деген тұстарды асықпай бірнеше қайтара тексеріп шығып, «иә, сәт» деп қосып көріп еді, кенет «быт-быттап» ала жөнелгені! «Әп, бә-әсе, осылай болса керек еді-ау!» Арыстанның қаншама пенде шұқылап көріп, от алдыра алмаған техникаға өзінің ғайыптан тіл бітіретін сәтіндегі үйреншікті әдетімен көкірек тұсы бүлк етіп, жүрек соғысы жиілеп барып, қайтадан сабасына түсті.
Қасындағы механизаторлар шу ете түсті. Қағылез ақсары жігіт: «Айттым ғой… бүгін қайтсе де от алдырады деп. Мұның көк темір перісі бар! Давай, екі жартыңды қой!» – деп қасындағыға дікілдеді. «Өй, не болды сонша дігерлеп? Әкелем ғой қазір… Шыдай тұр!» деп шойқара да дүңк ете түсті. Шамасы, біреуі «Мына тракторды бүгін қайтсе де от алдырады», екіншісі «Жоқ, жүргізе алмайды» деп бәстескен сияқты. Арыстанның олармен шаруасы болмай, ісін әрмен қарай жалғай берді.
Қызыл трактор от алғанмен әлі де жөндейтін жері аз емес. Бейшараның кабинасы бір жағына қиқайып, топшысы майырылып, артқы дөңгелекке жабыса шапталып қалыпты. Жаны жоқ демесең бұлар да сырқат адам сияқты. Ауруын дәл тауып жөндесең, күтіп-баптасаң құлдыраңдап шауып ала жөнеледі. Ал емін таппасаң басы артық, жарамсыз мүліктей қараң қалып, қаңырап қала береді. Дереу сүйменді салып жіберіп, топшысын жүруге жарардай етіп түзетті. Соңыра төрт дөңгелегін бірдей тексеріп, жарылғанын жамап, шірігенін жігіттердің көмегімен ауыстырып, жел толтырды. Содан соң ғана үйіне дейін ілдалдалап айдап келді. Бүгін таңертеңнен дәнекерлегіш аппаратын іске қосып, енді жақтау темір мен шанағын түзетуге кірісті. Кабинасын оңдап, сынған шынысын ауыстыруы қажет.
Харьков зауыты шығарған осынау қолтоқпақтай шап-шағын тракторды қызылбұлақтықтар «Быт-быт» дейтін. Айтса-айтқандай, жүрген сайын тауық «қыт-қыттаса» бұл «быт-быттап» бара жататын. Сонысына қарамай өзінен әлденеше есе ауыр жүкті көтеріп жүре беретін құмырсқа сияқты, он алты аттың күшіндей жүк тартып, екі-үш тоннаны оп-оңай көтеріп кете береді. Тұрқы қысқа, шоқтығы да биік емес, шап-шағын. Кез-келген жеріңнен кілт бұрылып, өрге таскенеше өрмелеп, ылдиға шұғыл құлдилап, жер талғамай, ойлы-шұңқырлы жерлермен жүре береді. Әмбебаптығы жағынан да бұған жететін трактор жоқ – жүк тиегіш, күрегіш, жер де жыртады, тіпті картоп түптеп, көкөніс қаза алады. Тек тілін тап та пайдалана біл! Алғашқы ағайындарынан айырмашылығы – мұның қозғалтқышы мен жылдамдық ауыстырғыш қорабы құйрығында, ал алдында әр түрлі жүк салатын төрт бұрышты астау бар…
Арыстанның МТМ мен гараж тұрғанда есік алдын айра-жайра қылып, темір-терсекке толтырып, тракторды үйге әкеліп жөндейтін мінезін жөпшеңді жұрт түсінбей-ақ қойды. Мейлі, елдің бәріне бірдей жағу мүмкін бе? Ол жағы өзіне ғана мәлім. Басқасына есек қайғырсын! Ең әуелі балаларының аузынан жырып, сонау Алматы мен Семейді адақтап сатып әкелген қилы-қилы кілттерінің әркімнің бір қолында кетерінен қауіптенеді. Бұған дейін жиған-терген талай кілті кетті ғой ел аралап. Қайта сұрап көрші, қайтарып бере ме екен? Анау әкетті, мынау алды. «Ақ болды, көк болды, ең соңында жоқ болдының» кері. Жауаптары бесенеден белгілі. Ал енді жайшылықта елеусіз, жан баласына қажетсіз көрінетін бір ғана кілттің кесірінен қанша шаруаң тоқырап, қаңтарылып қалмай ма! Бір қызығы сол кілтті бүкіл колхоздың, тіпті мұқым ауданның жүргізушісі мен тракторшысын адақтасаң да таба алмайсың. Өйткені оны бұл құсап, табанынан таусылып іздейтін пенде бар ма? Іздемейді! Ал көрінеу жерде тұрсыншы, көзді ашып-жұмғанша қағып кетсін. Қағып кеткені аздай, ұстап алсаң «кілт алу – ұрлық емес!» деп өздері заң-зәкүн шығара қоятынын қайтерсің…
Мұның әлгі елде жоқ ерекше кілтті байлығы тасығаннан емес, бастаған ісім аяқсыз қалмасын деген құнттылығынан сатып алғаны әрі осы үшін қаңырығы түтеп, табанынан таусылып текедей тентірегені кімнің қаперіне кірсін!? Кіргенің не «Өй, сол да сөз бе екен!? Көр-жерді әңгіме қылып… бір түкке тұрғысыз темірді соншама әулиесіткені несі, ей» деп, өзіңді сөгіп, біраз жерге апарып тастайды ғой шіркіндер. Онымен қоймай кейбір қуауыз құрдастарының қалжыңға сүйеп: «Әй, осы сен күні-түні темірдің қасынан шықпайсың. Өзің… шынымен қазақсың ба?» деп, қитығына тиетінін қайтерсің! Көлденең кінәрат таппаған соң әйтеуір шабына шоқ тастап, тулатудың амалы… Басқа бопсаның бәріне шыдаған Арыстан дәл осыған келгенде ит жыны қозып: «Немене, өзің олақ болған соң барлық қазақ олақ, қопал болуы керек пе? Әлде басқа ұлттың барлығы техникаға жүйрік, тек қазақ қана бәрінен мақұрым қалуы қажет пе?! Жеті ғана емес, жетпіс жеті атам қазақ. Жәй қазақ емес, нағыз қазақпын», – деп бурадай шабынып, шала бүлінеді.
Тағы бір қитығына тиетіні – өз шаруасын оңдыра алмай жүрген, өмірі өзі өз болып, жылдамдық қорабын да ауыстырып көрмеген шіркіндердің отырып алып, білгішсініп кісіге ақыл үйретуі… Ал мына ауласы МТМ емес, көлденең кісі келе бермейді, келген кісі санаулы. Мұнда токарлық станоктан басқа дәнекерлегіш аппарат та, темірді тырп еткізбей ұстайтын қолтырауынның жақ сүйегіндей қарысып қалар қысқыш та, ағашты жонып, кесетін бөренесирақ тұғыр да, жел үрлейтін қондырғы да – бәрі бар. Көпшілігін Арекең өзі қолдан жасаған, іске алғысыз болып жатқан жерінен аттай қалап, қимаса сатып әкетіп, құрап алған…
Темірді шұқылап жүріп кейде Арекеңнің оңашада ойға бататыны бар. Сондай ойланған сәттерінде, Құдайдың құдіреті, кісі қайран қалар қилы-қилы жаңалықтар ашып тастайды. Онысын әлдекім дереу қаттап-шоттап отырса бар ғой, ә, айналасына алақтап, не істерін білмей жүрген талай пендеге жөн-жоба болар еді. Әттең, оның бәрін қағазға хаттай қоятын хатшысы қайда, көп ұзамай-ақ бірінің соңынан бірі кимелеген толқындардай, ой дегеннің жаңасы келгенде бұрынғысы ұмытылып қала береді. Былай қарасаң, әлгілері жаңалық дейтін жаңалық та емес, біреулер үшін бесенеден белгілі нәрсе де шығар. Алайда бұл үшін тың жаңалық саналып, онысы алдағы өмірінде бұлжымас қағидаға айналары анық. Мәселен, кейде бірдеңені пысылдап істеп жатып «Болар бала боғынан» дегенді ата-бабам қалай дәл тауып айтқан деп қайран қалатыны бар. Айна-қатесіз шындық қой! Алысқа бармай-ақ өз өмірін алсыншы. Не құдіреті барын кім білсін, мына өзі техника дегенге құрттайынан құмартыпты…
Шамасы, енді ғана ес біле бастаған үш-төрт жасар сәби шағы болса керек. Әлі есінде әке-шешесімен ауылдың бір басынан екінші басына көшіп бара жатты. Жыланбауыр трактордың кабинасында күпәйкесін майға малып алғандай май-май тракторшының қасында анасы, өзі және інісі үшеуінің отырғаны да тап қазіргідей көз алдында. Кабинаның ортасына шаншып қойғандай, ұшында көлденең тұтқасы бар екі темір таяқты күпәйкелі кісі сәт сайын ілгерінді-кейінді қозғайды. Мұны көрген інісі әлгі темірді ұстаймын деп қайта-қайта тап береді. Анасы «болмайды, балам» деп, оның қолын кейін тартып алады, тіпті болмаған соң бетін бұрып әкетті. Ал тентек інісі «дереу ұстат» деп, бар даусымен бақырып-өкіріп, табан астында сілесі қатып, көгеріп-сазарды да қалды. Мұндайды күтпеген тракторшы ағайдың дегбірі қашып, сасқанынан әлгі тетікті ұстауға рұқсат бере салғаны. Сол кезде бағанадан бері қызығып, әрең отырған Арыстан да бас салды. Сөйтіп тракторды жаңа үйге дейін үшеуі қосылып айдап келіп еді.
Алайда осы оқиғадан соң көпке дейін темір көлікке міне алған жоқ. Туыстары мен көршілерінің бұт артары өңшең ат пен есек. Асып кетсе, арба мен шанаға отырады. Ал Арыстанның көкейін тескен – май сасыған мәшине мен трактор. Сабақтан келе жатып, МТМ-ның қоршауының сыртынан сілекейі шұбырып қарап отыратын. Бір күні осыны байқап жүрген Саша ағай қасына шақырып:
– Сен трактор отырады?– деп сұрады шала қазақша.
– Отырамын! Иә, иә, отырамын! – Баланың көзі шырадай жанды.
– Уйде яйцо… как это, о-о… куриный жумыртка бар?
– Иә, жұмыртқа бар! Тауықтыкі ме?
– Да, тауык жумыртка… Сен коп акел! Трактор отырасын…
Баланың жүрегі кеудесін тесіп шығардай атқақтап, үйіне қарай құстай ұшты. «А-ла-қай! Жұмыртқа әкелсем, трактордың кабинасына отырғызады!» деп айқайлағысы келді. Бірақ өйтсе арманы орындалмай қалатындай тырс етпей шыдады… Өткенде анасы тауықтардың үй сыртындағы биіктігі кісі бойындай қалың қышыма-қалақайдың ішіне кіріп туатынын байқап қойып, соны алып шығуға Арыстанды жұмсаған. Әкесінің жаңбырға киетін қауқиған кенеп сулығын киіп, бір кіргенде он шақты жұмыртқаны теріп шықты. Одан бері екі-үш күн өтті. Қазір зыр жүгірген күйі соны ойлап келеді. Тауыққорадан анасына айтпай алса, ұрлық болады… Ал қышыманың ішіндегіні алса – ұрлық емес! Өйткені онда тек бұлардыкі ғана емес, көршінің тауығы да тууы ықтимал. Оның үстіне оларды мысық пен жылан жеп, әйтпесе, күзге дейін қышыма қурағанша жаңбыр мен күннің көзінен шіріп кетуі мүмкін. Әрі-беріден соң… әкесінің су өтпес кенеп сулығын киіп, бұл алып шықпаса, бәрібір жоқ жұмыртқа еді ғой. Ендеше ол ешкімдікі емес!
Алқын-жұлқын үйге жетсе жан баласы жоқ екен. Сыртқы есіктің сыртынан тұтқасына күрек тіреп кетіпті… Дереу киімін ауыстырып, өткендегідей су да, қышыма да өтпес сулықты киді. Қалың қышыманың ішіне қойып кетіп, 7-8 жұмыртқа тауып шықты. Бірден Саша ағайына апарып еді, ол трактордың кабинасына кіргізді. «Қық-пық» деп, ауызша от алдырып, рөлді арлы-бері бұрап, бір жетісіп қалды. Келесі күні «Бері кел!» деп, мұны қасына отырғызып алып, дүкенге апарып қайтты. Тағы бір сәтті күні өзі қасында отырып, айдатып көрсетті… Қойшы әйтеуір, қолы қалт етсе, МТМ-ға тұра жүгіретін бала мүшел жасында-ақ мәшине мен трактордың құлағында ойнайтын болды. Ал жазғы каникулда «Дт-75-ке» қос дөңгелекті дәу бөшкені тіркеп алып, Көктеректен су тасыды. Үлкендер құсап ақысына ақша алмаса да қап-қап ұн мен кеспе әкеп, ата-анасын қарқ қылғаны бар. Техникаға осылайша үйір болды. Тек жүргізгенге мәз болып қоймай, бұзыла қалса жөндеуге де жанын сала кірісетін.
Сегізінші сыныпты тауысқанда колхоз Үржардың арғы жағындағы «Южныйдағы» механизаторлар курсына жіберді. Ол жерде трактор мен комбайнның қилы-қилы бөлшектерін жіліктеп, тарата оқып, білгенін тереңдете түсті. Өмірі бірдеңені шала-шарпы, қалай болса солай істеп көрмеген еді. Әр атау мен ұғымның мән-мағынасын білгенше ынтығып, білмегенін сұрап, содан қандай да бір нәтиже шығармай қоймайтын әдеті бар болатын. Сол мінезіне бағып, ақыр оқыған соң СПТУ-дан тек куәлікпен қайтпайын деп, ұстаздарымен шығысып, трактор мен комбайнның қыр-сырын танытатын бірнеше кітап ала келді.
Ауылға келіп, балалық шақта өзі қызыққан, ортаға шаншып қойғандай, ұшында көлденең тұтқасы бар екі темір таяқты жыланбауыр тракторды да, «Быт-быт» пен «Беларусты» да айдады. Аудан орталығынан шопырлық курсты оқып келіп, төрт-бес жыл әр жерде машина айдап, арасында әскери борышын өтеп қайтты. Бір кездері аудандық ауруханаға жүргізуші болып орналасып, бас дәрігерді Үржар мен Аягөз, Семей мен Қарауылға апарып келіп жүрді. Әбден етене болғанда сан рет бұзылған ескі «Уазды» әп-сәтте жөндегеніне разы болған бастығы бірде: «Арыстан балам, мен өзімді ғана ойласам, сен сияқты жас болса да ас шопырды қасымнан екі елі ұзатпас едім. Алайда мынадай баспен сенің өмір бойы шопыр болғаның жарамас. Саған оқу керек! Түсе алсаң, жоғары оқу орнына, тым болмаса, техникумға түс. Мен қолымнан келген көмегімді аямаймын»,– деді ағынан жарыла. Сол сөз түрткі болып, бірсыпыра уақыт ойланып жүріп, бар қолынан келгені Семейдегі Былғары-тері техникумын бітіріп, жүн-тері дайындайтын мамандықты игеріп қайтты. Аудан орталығындағы сельпода, соңыра загатконторда істеді. Ісі ілгері басып, Мақаншының қақ ортасынан қатырып тұрып үй салды. Көңілі қалаған қызбен бас құрап, Қызылбұлақтағы шау тарта бастаған ата-анасын көшіріп әкелді.
…Арыстан содан бері шанағын тат басып, қаусаған қанша трактор мен машинаға жан бітірді екен десеңізші. Қай жерде жөнделмейтін техника тұрса, сонымен арпалысатын ерегеспе, өршіл мінезі бар. Әрі кіріскен дүниесін жол ортада тастап кеткен кезі жоқ. Бас механик те болды, завгарлық лауазымды да иеленді. Бәрінен де өз еркімен бас тартты. Өйткені Арыстан қандай бастық қойсаң да қол астындағыларға жол-жоба көрсетіп, үйретуге тағат-төзімі жетпей, білек сыбанып, өзі жөндеп кете береді екен. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, іске келгенде ыбылжып, керіліп-созылғанды суқаны сүймейтін. Ал мына қызыл тракторға кірісуінің жөні мүлдем бөлек.
* * *
Әңгіменің бәрі колхоз орталығындағы ерте көктемдегі жиналыстан басталды. Колхоз белсенділері: «Аудандық партия комитетінің хатшысы Орынбаевтың өзі келе жатыр, жұмысты қоя тұрып, бәрің қатысыңдар!» деп, клубқа қойша иірді. Жиналғандардың көпшілігі орыс пен қазақ, одан кейін украин мен неміс, ұйғыр мен дүңген, бірен-саран қытай сынды әр ұлттың өкілі бар. Горбачев билік басына келгелі сөз бостандығы, пікір алуандығы, демократия деген ұғымдар пайда болып, істен гөрі көбікше көпірген сөздің көбейген кезі еді. Бұрынғы сірескен көк сіреу мұздай темір перде ысырылып, елдің тілі шыға бастаған. Небір тотияйын тілді керазулардың күні туған. Кейбіреулер мұртты көсемнің темірдей тәртібін аңсап, шіркін, осылардың бәрін бір шыбықпен айдап апарып, тау қопартып, тас тасытса ғой деп кіжінетін.
Басқосудың екі шылбыр, бір тізгінін дереу қолға алған Орынбаев қазақ басшыларының ашуланса әуелі қазаққа шүйлігетін әдетіне басты. Төрағадан бастап, бұлардың бәрінің екі аяғын бір етікке тықты. Сол баяғы маңдайының соры бес елі қазақтың жүйкесін жүндей түткен әңгіме. «Қазақ десең өзіңе тиеді! Ата-бабаларың – саусақ ұшын қимылдатпай, өмір-бақи малды ермектеп өмір сүрді. Сондықтан сендер де жалқаусыңдар! Біреуің бір жөні түзу бастама айтпайсың! Ешқайсыңнан колхозға қайыр жоқ! Тым болмаса, қырға шығып, көкөніс екпейсіңдер, қолдарыңнан түк келмейді!» деп, табаға салып шыжғырсын-ай келіп. Колхозшылардың бәрі кінәсін түсінген баладай көзімен жер шұқып отыр. Арыстанның қаны басына тепті. Зығырданы қайнап отырып, «Сұрақ қоюға бола ма?» деп, қолын шошайтты. Хатшы бұған алая қарап, «Сұрақ соңынан» деп жекіп тастады. Төраға да соның сөзін қайталап, қосамжарлап жатыр. Әрине, хатшы соңынан көз қылып басқа ұлттарға да ұрысқан сыңай танытты. Әйткенмен, ол ұрсыс пен қазаққа шүйлігудің арасы жер мен көктей болатын. Орынбаев аузы көпіріп, недәуір уақыт зіркілдеген соң шаршады ма, саябырлады-ау ақыры.
Соны сезген колхоз төрағасы Ораз Құлжабаев тізгінді қолға алып, Орынбаевтың сөзін мақұлдап, тігісін жатқыза сөйледі. Ақыры сұрақтың да уақыты келді-ау… Арыстан сұрақ қойғысы келетінін білдіріп, тағы да қолын көтерді. Төраға бұдан сескеніп, әуелгі сөзді артқы жақта отырған басқа біреуге бермек болып еді, Арыстан орнынан ұшып тұрып:
– Менің сұрағым Орынбаев жолдасқа. Аға, айтыңызшы, сіздің ұлтыңыз кім? Қазақсыз ба, кәріссіз бе?– деді төбеден түскендей қылып. Мұндайды күтпеген хатшы бастапқыда аузына сөз түспей, абдырап қалды. Соңыра онысын сездіргісі келмей сызданып, сұрақшының өзіне дүрсе қоя берді:
– Мұнымен не айтпақсың? Менің ұлтымда қай ақың бар?!
– Ақым жоқ! Алайда, ұлтыңызды білудің мәнісі бар, көптің көзінше айтыңызшы, қане, қазақсыз ба, кәріссіз бе?
Семейдегі Былғары-тері техникумында оқып жүргенде қағынан жеріп, ана тілін менсінбейтін қандассымақтарын талай көріп еді. Қазақ деген аты ғана, бір ауыз ана тілін қоспай, жат жұрттың тілінде шүлдірлейді. «Неге қазақша сөйлемейсің» десең, «Мен қазақ емеспін, кәріспін» дейтін беттері бүлк етпей. Ауылдан келгендер де оларды жатырқап, қара орыс деуші еді. Соларды есіне алып, кәріссіз бе деп әдейі сұрады. Ұлттық намысын оятам ба деген еді, үміті ақталмады.
– Ал қазақпын… біліп тұрып неге сұрайсың?
Манадан бергі әділетсіздікке күйініп, әрең отырған Арыстан хатшының екі аяғын бір етікке тықты.
– Қазақ болсаңыз, неге қазаққа ғана шүйлігесіз? Сонда басқаның бәрі ақылды да жалғыз қазақ қана ақымақ па? Әлде басқаларға күйіңіз келмеген соң «жуас түйе жүндеуге жақсы» деп өз қазағыңызға шүйлігесіз бе? Колхоз ісінің тұралауына тек біз ғана кінәлі ме екенбіз? Осындай сыңаржақ сынды қашан қоясыздар?
– Кім сыңаржақ сынап отыр? Жалқау екендіктерің өтірік пе?
– Жалқау емеспіз! Бұл сұрағыңызға әркім өзі үшін жауап берсін! – Әлгіден бері қазақша жауаптасқан жігіт енді әріптестерін де әңгімеге тартайын дегендей, орысшаға көшті. – Мен, мәселен, колхоздағы ешбір ұлттың өкілінен жалқау емеспін! Сенбесеңіз мына отырғандардың бәрінен сұраңыз! Кез-келген ұлттың арасынан техниканы менен артық жөндейтін бір маманды тауып берсінші! Жігіттер, адалын айтыңдар, әлде мен қисынсыз әңгіме айтып тұрмын ба!?
Залдағылар бір пәс аңысын аңдығандай тым-тырыс тына қалғанда тракторшы Рудой Иван шыдамай кетіп:
– Арыстан дұрыс айтады! – деп гүр ете түсті.
Оны бірнеше жігіт іліп әкетті:
– Дұрыс, қанша тракторға осы Арыстан жан бітірді!
– Олар МТМ-да баяғыдан іске алғысыз боп қаңырап, қаңсып тұрған!
– Міне, дәлелі! Рахмет, жігіттер! – деп ол қайтадан қазақшаға көшті. – Ендеше сіз еш негізсіз бүтіндей бір халыққа жала жауып, арына күйе жағып отырсыз! Елдің алдында осы қателігіңізді мойындап, кешірім сұрамасаңыз, жоғарыға арызданамыз!
Орынбаев қып-қызыл болып, аузына сөз түспей тұтығып, әдейі орысшалап:
– Арыздана бер! Бәрібір ештеңе өнбейді! – деп шіренді.
Манадан бері аңырып қалған колхоз төрағасы:
– Әй, әй, Бейсенбаев! Сен аупартком хатшысына қалай-қалай сөйлейсің, а? Тоқтат, кәне! – деп, сөзге араласты. Арыстан оған қыңған жоқ.
– Сөзді бөлмеңіз, жолдас Құлжабаев! Манадан бері сіздерді тыңдадық қой. Енді бір уақ бізді де тыңдаңыздар. Мен жеке басымның емес, осы ел мен жердің проблемасын айтып тұрмын. Айтайын ба, жоқ па, халайық?
Арыстан залдағы ауылдастарына қарап еді, олар мұны қолдап, гу ете түсті. Біреулері ысқырып та жіберді.
– Дұрыс, сөйлесін!
– Біздің де үніміз естілсін!
– Жоқ, жігіттер, тәртіп сақтайық. Жиналыстың шырқын бұзбайық! Осыған дейін елдің бәрі сыбырлап, күбірлеп айтып жүрген, бірақ басшыларға жетпеген бір мәселе бар, ағайын. Ауыл жастары жұмыс таппай сенделіп жүргенде қашар, қора салуға неге айдаладағы армян, шешен бригадаларын жалдайтынын, ал қауын-қарбыз бен пияз егуге кәрістерді шақыратынын неге айтпаймыз, осы?
Залдағылар ойларын дәп басқанға тағы да гу ете түсті:
– Бәсе, осыны айтшы, қане!
– Ішіміз сезетін сияқты бірақ…
– Басшылар олармен ауыз жаласады да баяғы! Басқа не болсын!
Манадан бері елдің пікірін тыңдап, ойын жұптап тұрған Арыстан осы сөзді қостай кетті.
– Дұрыс айтасың! Біз ауылдағылар бір-бірімізді күнде көреміз. Басшылармен ауыз жаласып, колхоз қаржысын қымқырсақ, бірде болмаса, бірде, әсіресе ішкен кезде онымызды айтып қоюымыз мүмкін! Ал сырттан келетін жалдамалы бригадалар бір-ақ маусымдық. Келер жолы бұл жерге емес, басқа колхоз, не совхозға барады. Сондықтан ешкімге айтпайды. Өз артын өзі ашпайды ғой! Басшылардың сырттан адам іздеуінің басты себебі осы. Ал ауыл жастары жұмыс таппай, амалсыз қалаға кетуге мәжбүр болады.
Орынбаев енді жиын тізгінін қолға алмаса, мәселенің ушығып кетерін сезіп, сөзді дәл осы жерінен бөліп жіберді:
– Бейсенбаев, осы айтқаныңызға қандай дәлел бар?
– Қып-қызыл жала! Ешқандай дәлелі жоқ, – деп колхоз төрағасы да қыстырылды.
– Дәлел деймісіз? Мектеп бітірген ауыл жастарының жұмыс таппай сенделіп, бос жүргенін, сөйте тұра құрылыс салуға сырттан адам жалданатынын осы отырғандардың бәрі растайды. Оған қандай дәлел керек? – деп таңырқады Арыстан.
– Жоқ, сіз мені түсінбей тұрсыз, – деді Орынбаев сыпайылап. – Колхоз басшылары мен жалданбалы жұмысшылардың ауыз жаласатынына қандай дәлел бар?
– Ә-әә, соған дәлел керек пе!? Айтайын… Мысалы, кәрістерді алайық. Олар ерте көктемде сонау Үштөбеден келеді. Колхозшыларды маңына жолатпайды, сырын да ашпайды. Бірақ олардың кеңседегілердің аузын майлап, асырып жаздыртатынын елдің бәрі біледі. Былтыр бір қағаздардан кездейсоқ көріп қалдым. Олардың даладағы дәретханасының өзіне колхоздан 2000 сом бөлініпті… төрт өгіздің құны. Бұл – сұмдық қой! 2000 тұрғай, 20 сом да кетпейді оған. Ендеше қалған ақша қайда? Кеңседегілер мен кәрістер бөліп алған.
Құлжабаев бір қызарып, бір бозарды.
– Әй, Бейсенбаев! Сен не деп кеттің? Сөз бостандығы, демократия дегенге шектен шықпау керек қой! Давай кончай ондай әңгімені!
Арыстан оның бопсасын құлағына да қыстырған жоқ! Әлгі сөздерінің бәрін нақты айғақтармен дәлелдеді. Ал Орынбаев мәселенің өзінен алыстап, колхоз төрағасына ауысқанына қуанып қалды. Көпшіліктің алдында беделін түсіргісі келмегенмен, оған осы қазір көз қылып болсын ұрсып қою керектігін ұқты.
– Құлжабаев жолдас, мұндай кемшілікке қалай жол беріп жүрсіз? Ең алдымен колхозшыларға артықшылық берілуі қажет қой! – деп біраз көсіліп келіп, тізгінді ешкімге бермей, әлгіден бергі кикілжіңнің тігісін жатқызып, арғы-бергі сөзді түйіндеуге көшті.
– Жақсы, былай болсын, колхоздың бухгалтериясы толық тексеріледі. Кінәлілер тиісті жазасын алады. Ал сенің талабың не, жігітім? Тоқ етерін айтшы өзің?
Арыстан сәл тосылып барып жауап қатты.
– Әлгінде бізді қырға шығып, көкөніс екпейсіңдер дейсіз, – деп жалғады ол. – Неге шықпаймыз? Шығайық! Бізге кәріске жасалғандай жағдай жасалсыншы, біз де егеміз… Мысалы, мына мен қазірден бастап қырға шығуға дайынмын! Көмекші де дайын. Кәрістен асырып істемесем, атымды басқаша қойыңыздар! Тек бізді негізсіз мүйіздей бермей, бәрімізге бірдей мүмкіндік беріңіздер! Сонда біз де көкөніс егеміз. Кәрістерге жасағандай жағдай жасамай-ақ қойыңыздар. Ондай заңсыз талап қоймаймыз. Ал заңды талабымызды дереу қанағаттандырып, кедергі жасамасаңыздар болғаны.
Орынбаев енді іскер маманша мәселенің мәнісіне үңілді.
– Өзің бұрын-соңды егін егіп көріп пе едің?
– Көз ашқалы бері ата-анама көмектесіп келемін. Былтыр Сергей деген кәрісті үйіме тұрғызып, содан недәуір кеңес алып, көп нәрсеге қанықтым. Кәрістерге керек-жарағын тасып беріп, бақылай жүріп, көп-көрім тәжірибе жинадым. Оның үстіне көрші Мичурин совхозындағы қауын-қарбыз еккен қазақтар мен дүңгендерді де көріп жүрміз. Қиын ештеңесі жоқ!
– Жақсы, жолдас Құлжабаев! Істеймін деп тұрған мына жігіттерге сенім артайық. Бұлардың жоғарыға арыз жазамын дегенін қойғызыңыз! Ал өзіңіз қолыңыздан келер жәрдемді бұлардан аямаңыз!
Әрине, қолдан келгенше көмектесеміз!
Арыстан көпшіліктің алдында уәдені шегелей түсті.
– Біз жоқтан өзгені сұрай бермейміз. МТМ-да үш жыл бойы жүрмей тұрған «Быт-бытты» бүкіл қосымша бөлшегімен, қосалқы құралдарымен бірге берсеңіздер болды. Өзім жөндеп аламын. Ерте көктемнен жиын-терін біткенше бересіздер. Ал жер жырту, маналау және арық салып біткенше, он-он бес-ақ күнге «Дт-75» жыланбауыр тракторы керек!
– Жақсы, жақсы! Сұрағаныңды береміз!
Бәрі осыған тоқтасты. Басшылардың айтуынша, Көктерек ауылының аяқ жағындағы Ойранға колхоздың 50 гектар жеріне асқабақ егу керек екен. Жер дегди сала соған шықпақшы. Мына қызыл тракторге жанын сала кірісіп жатқаны сол. Өзін ғана жөндеп қоймайды. Арық қазатын, жүк тиейтін, күрегіш, тіркеме, соқа сынды қосымша құралдары да сақадай сай тұруы керек.

* * *
Арыстанның Мақаншының загатконторы мен сельподағы қып-қызыл ақшаның ішінен қашып, Көктерекке көшуінің, онда да трактор мен мәшинеге жоламай, егін егуге бел байлауының тағы бір себебі бар еді. Жай ғана емес, айрықша себеп. Әуелі күтпеген жерден әкесі ауырды. Ауырғанда да он екі мүшесі сап-сау, тек анда-санда ақыл-есін жоғалтып алатын… Бір күні әкесі таң атпай қыбырлап, не түзге шықпай, не жатып қалмай, әлденелерді сыбдырлатып, сипақтай берді. Арыстан «апырай, бұл кісі бірдеңесін таппай жүрме» деп таңырқап, бөлмесіне барса, жолға жиналған адам сияқты былғары қоңыр сөмкесіне керек-жарақтарын салып жатыр. Азырақ бөгеліп тұрып, жайлап қана тіл қатты: «Таң атпай қайда барасыз, әке?» Әкесі сол күйбеңдеген күйі: «Өз үйіме барамын. Әке-шешем шақырып жатыр екен! Қашанғы сендермен жүре беремін», – деп қояды. Мұндай жауапты күтпеген ұлы сәл тосырқап тұрып, амалсыз жымиып: «Ол кісілер баяғыда қайтыс болды емес пе?! Сіздің өзіңіз, міне, сексенге келіп қалдыңыз» десе, «Қой, өтірік айтпа! Олар – тірі! Кеше ғана көрдім ғой»,– деп, сенбейді. Жүзіне қараса, еш қалжыңсыз, шынын айтып тұр. «Жарықтық-ай, сонда бұл кісі түсінде көргенін айтып отыр-ау, басқа не» деп, бұлар аң-таң. Ал тамақ берсең, шоң шыныдағы көжесінің үстіне нан турап, үстіне тосап пен қант қосып, «мипалау» жасайды. «Жүрегіңіз айнымай ма?» деп сұрасаң, «Онда тұрған не бар екен? Бәрінің барар жері бір құрсақ емес пе!? Жоқтан өзгеден әңгіме шығармай, тыныш отырыңдар», – деп, әуелі өзіңе ұрсады.
Недәуір елеп-екшей келе әкесінікі кәдімгі кәрілік жеңгендегі алжу екенін ұқты. Алайда баяғы заман емес, қазір медицина дамып келеді, алжудың емі жоқ па екен деп, невропатолог дәрігермен ақылдасты. Ол «әкеңді әкеп көрсет, қарайын» деді сөзге келместен. Суық тигені болмаса, өмірі ауырмаған, дәрігердің алдын көрмеген қарияның онда бармасы аян. Содан ретін тауып, невропатологты асай-мүсейімен қоса үйге әкелді. Ол қарияның ары жақ, бері жағына шығып, қабағының салбыраған терісін көтеріп, көзі мен тілін ашып қарап, ақыры аяғын айқастырып қойғызып, рәзіңке балғасымен тізесінің ұршығының астынан тық еткізгенде, ақсақал дәрігерді қолындағы таяғымен бір салып, үйден қуып шықты. Жарықтық-ай, оның әлгіндей тексергенін ұрып жатыр деп ойлап қалса керек. Алайда бастаған ісін жол ортада қалдырмайтын Арыстан мұнымен де тоқтамады.
Бірде таңғы шәй ішіп отырғанда Орысбай деген милиция жолдасы келді. Үшаралда бір керемет емші бар дейді. Әйелі Айманды көрсетпек екен. «Бірге барып-қайтайық! Бәлкім, ақсақалдың еміне шипа табарсың!» деді. Арыстан бірден келісе кетті.
Күн ұясынан арқан бойы көтерілгенде бұлар мінген «Москвич» Жайтөбені артқа тастап, тақтайдай тегіс жолмен батысқа қарай заулап келе жатты. Жол-жөнекей мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері тоқтатпасын деген амалы ма, Орысбай шікірейтіп милиция формасын киіп алыпты. Фуражкасын қоқырайтып маңдай шынының астына қойған. Сәуірдің майдақоңыр самалы есіп, мамыражай күні жанға жайлы шуағын шашып тұр. Мұндай жаймашуақ күндерде сапар шегу бір ғанибет қой. Ал сапарластарың көңіл күйіңді емеурініңнен ұғар сыралғы достар болса, жаның одан сайын жадырай түспей ме!? Арыстан да осындай өзгеше бір сезімдерге бөленіп келе жатыр еді. Орысбай досы бұл екеуінің сонау Мурманск теңіз флотындағы әскери қызметті қатар атқарғандағы қызық оқиғаларды еске алып отырып:
– Осы сенің баяғыда старшина Слава Костылевпен бокстасқаның есімнен еш кетпейді. Қалақтай болып, бүкіл ротаны уысында ұстаған анандай диюмен қалай шықтың сонда? – деп сұрады.
– Ойпырай, сен соны әлі ұмытпағансың, ба?!
– Өй, өлгенше ұмытам ба? Әскерге алғаш барған көкөрім шағымыз… Өңшең түстері суық, жат жұрттың ортасына үш-ақ қазақ түсіп, жүніміз жығылып отырғанда… еңсемізді көтеріп, намысты найзағайша жанып кетпедің бе?
– Солай болып па еді?
– Әрине, солай! Айтшы, сонда қалай қорықпай шықтың?
Қорықтым, бірақ жыным кеп кетті… Слава қолында бокс қолғабы бар, ауаны тілгілеп ұрып, көлеңкесімен бокстасып жүр екен. Мен аузымды ашып, қызыға қарап қалсам керек. Қасыма келді де, менсінбей мысқылдай қарап: «Ей, киргиз! Ты когда-нибудь видел такую перчатку? Хотя бы во сне! – Ей, қырғыз! Сен мынадай қолғапты өмірі көріп пе едің? Тым болмаса түсіңде!» деп, қитығыма тимесі бар ма! Қаным басыма тепті. Сөзге келместен: «Давай, выйдем, увидишь! – Жүр, шығайық, сонда көресің!» деппін ғой. Сөйтіп шықтық…
Әрмен қарай Орысбай іліп әкетті.
– Одан арғысы есімде. Оған дейін сонау Мақаншыдан Мурманскіге бірге келсек те сенің боксшы екеніңді білмеппін. Ол да сені киіз үйден басқа түк көрмеген бейшара деп ойласа керек. Алайда, көрмеген кісі сенбейді, елдің бәрін бір-ақ ұрып жатқызып жүрген Слава, жүз жиырма сарбазы бар миноторпедалық базаны аяғынан тік тұрғызатын старшина Слава сол жолы саған бірде-бір дәл соққы дарыта алмай қор болды ғой. Сені әуелде қазір-ақ қуып жетіп, бір қойып, қалпақтай ұшырар деп шошығам. Жоқ, қалай ұрса да бұлтарып кетіп, соққы дарытпайсың. Жәй ғана бұлтарып кетпей, бір-екі қойып қаласың. Жаным кіріп, делебем қозып, әй, бір рахаттанғаным-ай… Ақыры еш амалы жоқтығын түсінген соң… сені құшақтай алмады ма…
Досының әңгімесі құлағына майдай жаққан Арыстан үстемелеп қойды.
– Мен де ұрып жыға алмадым. Оның вуздар арасында чемпион болғанын кейін білдік қой… Әй, дегенмен, кең пейілді азамат екен! Разы болғаны сонша кейін он алты алғыс жариялап, бөлім командирі полковник Суворов амалсыз отпускі берді емес пе! Бокс өнерін бағалай білетін Слава сияқты мәрт мінезді жігіттер сирек қой, шіркін!
– Иә, ол кезде алғысың он екіден асса отпускі беретін…
Сол алғашқы шекісуден соң Слава екеуі бокспен күн құрғатпай шұғылданып, жарысқа бірге барып жүрді. Бұл әуелі екі-үш бөлімнің басын қосқан тыл арасындағы жарыста, сосын дивизияда топ жарды. Бокстың арқасында таяқ та жемеді, ауыр жұмыс та істемеді. Миноторпедалық база болған соң техникалық спирт көп, «шалдардың» көбі қыза келе «көкжасықтарды» каптеркаға кіргізіп алып, ұшықтап алатын. Ал бұл болса, тікелей Славаның қамқорлығына көшті. Бөлімнің атын шығарып, командирдің алғысы мен марапатының астында қалды. Әттең, Ленинградтағы гарнизондағы жарысқа барарда өкпесінен кінәрат тауып, дәрігерлер жарысқа жіберудің орнына госпитальға жөнелтті. Баяғыда интернатта жатқанда өкпесі қабынып еді, әскерде жүргенде сонысы асқынып кетсе керек. Келер жылғы жарыс қарсаңында құлаған жардың астында қалып, миы шайқалып, қабырғасы сынды. Госпитальдан соң денсаулығына байланысты әскерден уақытынан бұрын босап, үйіне қайтты.
Үшаралдың жолы ұзақ әрі ала-құла еді. Жып-жылтыр, тақтайдай теп-тегіс жолмен ағып келе жатсаң, кейбір ойпаңдау тұстарда жаңбыр мен қар суынан асфальттің ойылғанын көріп, тежегішті баса қоясың. Әңгімеге айналып, тым тақатып алсаң, шұңқырдың ернеуін соғып, дөңгелекті жаруың мүмкін. Сондықтан үнемі сақ отыру керек. Ылғи жол үстінде жүретін Орысбай айтады. Жол жөндеушілер ақша көп алуы үшін кейбір шеттеу тұрған шұңқырларды көрмегенсіп, аттап кететін көрінеді. Тексерушілерге де «Біз кеткен соң жаңбырдан тесілген шығар» дей салады екен. Сенбей, келіспей жатса, тексерушілердің де аузын майлап қояды дейді. Енді бір тұста қарайған асфальт көріп, кібіртіктей бастасаң, әлгің жаңа ғана жамап кеткен жер немесе көлеңке болып шығады. Әйтеуір бұрмасыз түзу жолда да алаңсыз көсіле алмайсың… Әйтсе де үшеуі әлгіндей жан жадыратар жарқын-жарқын әңгіме айтып, ара-арасында әзілдесіп отырып, Үшаралға қалай жеткенін сезбей де қалды.

* * *
…Қатира деген емшінің үйі қаланың кіре берісінде ғана екен. Бұлар ескі-құсқы қаңылтырдан құрап қойған тар қақпадан еніп, төбеден төніп тұрған ағаштардың астымен түпкірге қарай недәуір жүрді. Қаңырап қалған иесіз үйдей құлазыған ауладан тіршілік нышаны білінбейді. Ақыры Арыстан көшеге емес, ауланың төріне қараған кірер есікті қағып еді, арғы жақтан:
– Ашық тұр! Кіре бер! – деген үн саңқ етті.
Орысбай шылым шегемін дегенді сылтауратып кейіндеп қалып қойды. Айман да әлденеден тіксінгендей шегіншектеп:
– Сен кіре берші! Сенен соң кірейін! – деді бұған. Құдды емтиханға алғашқы болып кіруден қашқақтаған студенттердей.
Арыстан ауызғы бөлмеден өтіп, ортаңғыға сәлемдесіп кіріп барғанда төрдегі сырмақтың үстіне салынған құрақ көрпеде бурыл шашын желкесіне түйіп, ақ бәтеспен маңдайын бастыра шарт буынған орта жастан асқан әйел аузын жыбырлатып, иегімен алдындағы бөстекті нұсқады. Түсі суық екен. Бөстекке отыра бергенде көзіне жын көрінгендей, бұған ала көзімен ата қарады да, қолындағы құмалағын алдына шашып жіберді.
Ой, пай, пай, пай! Әкеңнің оқуы үлкен екен ғой, үлкен оқу оқыған! – деп, бір тоқтады. Басын қайта-қайта шайқайды.
Арыстан аң-таң болды. Бұл ес білгенде әкесі елуді еңсерген кісі еді. Қазір сексеннің сеңгіріне шықты. Соған дейін де, одан кейін де бір жерден оқу оқығанын көрген де, естіген де емес! Рас, жарты сандықтай ескіше жазылған кітаптары бар болатын. Алайда олар аруақтарға бағыштайтын аят-сүрелер ғана шығар деп ойлайтын. Оның үстіне оқыған адам бір жерге бастық немесе қаланың қаратаяғы болушы еді, ал мұның әкесі өмір-бақи ел қатарлы қара жұмыс істеді. Егін екті, мал бақты, ағашшы болып арба жасады. Зейнетке шыққанда банкте күзетші болды.
Осы кезде алакөз әйел тағы да саңқ етті:
Несіне таң қаласың, әкеңнің оқығаны мына сендердікіндей, хат танығанмен, қара танымайтын өтірік оқу емес, ескіше оқу, шын оқу!
Ой, сұмдық-ай, мына кісі немене, шынымен мұның ойын оқып отыр ма? Осыны ойлағанда төбе құйқасы шымырлап, маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Қарақұстан құйылған тер омыртқасының үстіндегі өзекті бойлап, қос жауырынының тұсынан сырғанап түскенін сезді.
Бірақ бірден айтып қояйын, әкеңді емдеу қолымнан келмейді. Өйткені оған перінің салқыны тиген. Мына шығыс жақтарыңда соқыр кемпір бар, соған барып үшкіртіп алыңдар! Бір көмектессе сол көмектесер! Әкеңнің әлі екі-үш жылдық ғұмыры бар.
– Шығыс жақ деп қай жерді айтып отырсыз?
– Сен өзің қайдан келдің?
– Мақаншыдан…
– Ендеше соқыр кемпірді сол Мақаншыңның шығысынан ізде!
– Жақсы, апай.Ұқтым, ұқтым…
– Ата-бабаларың ақ, адал жұмыс атқарған. Терең шариғи оқуы бола тұра қарапайым жұмыс істеген. Ал сен не істеп жүрсің?
Мына кісі қылмысының дәл үстінен түскендей Арыстан тағы да шошып кетті.
– Не істеп-пін?.. – деді даусы құмыға шығып.
– Қып-қызыл оттың ортасында жүрсің ғой… Есіңде болсын, дүние мен ақшаның қияметтегі сұрағы қиын. Таста ол кәсібіңді! Бағыңды кетпен мен күректен ізде! Бар!..
Арыстан сыртқа шыққанда Орысбай досы:
– Түрің боп-боз болып кетіпті ғой, не болды? – деп қасына жетіп келді.
– Кір! – деген дауыс шықты осы кезде. Орысбай әйелін итергендей қылып кіргізіп жіберді. Өзі ол жаққа аттап басар емес. Бұл шып-шырғасын шығармай айтып шықты. Оны естіген Орысбай одан сайын үдірейді.
– Құрысын, мен кірмеймін! Айман өзі… Айман өзі…
Әлден соң есін жиып, өз-өзіне келген Арыстан құрдасын қағытты.
– Қылмыскерді құрықтап, елге пана болар деп жүрсек, құмалақшы кемпірден өлердей қорыққаның не?
Ол да есесін жіберер емес.
– Өй, өзің ше?! Жаңа ғана бөздей бозарып шықтың ғой…
Қалашықтағы бір асханадан түстеніп алған үшеуі кері қарай жол тартты. Бірсыпыра уақытқа дейін құмалақшының айтқандарын әңгімелеп, таңдай қағысты. Әсіресе, Айман риза. Сырқатына ем тауыпты. Ауылға бара сала не істеп, не қоятынын айтып, ауыз жаппады. Оның тізесі күп болып ісіп, біраздан бері аяғын баса алмай жүр еді. Бармаған жері, баспаған тауы қалмаған болатын. Соны жаңа сойылған қойдың буы бұрқыраған жынына сал, жазда қышымаға шақтыр, содан соң иманжапырақпен ора деген бе, әйтеуір әңгімесі көп. Ең бастысы ісігі қайтып, шипасы тисе болғаны да!
Бір кезде Орысбай мәшине айдап келе жатқан бұған жалт қарап:
– Айтпақшы, Ареке, тағы ұмытып барады екенмін. Өткенде автостанцияда Сұлтанды көрдім, – деді.
– Не дейт, Сұлтан келіп пе? Қашан көрдің?
– Осы екі-үш күн ғана бұрын… Алматыға қайтып барады екен.
– Қайтып барады деймісің? Маған соқпай кеткені қалай?
– Іздеп таппаған сияқты. Сені іздеп Көктерекке барсам – Петровскийге, онда барсам — Мақаншыға кетіпті дейді. Кездесе алмағанына өкініп, дұғай-дұғай сәлем айтты.
– Е-е, қайшы өтіп кеткеміз ғой! Алматыға кетіп, көрмегелі көп айдың жүзі болып еді. Қатты сағындым өзін…
– Интернатта бірнеше жыл бірге тұрып едік, әбден сағындым ол итті, – деді досың да.
Арыстан мәз болып, рахаттана күлді.
– «Ол итті» деді ме? Ит жылғы болған соң, бір-бірімізді ит, күшік деуші едік… Тай-құлындай тебісіп, қатар өскен жігіт қой!.. Қап, көре алмай қалғанымды қарашы!
– Оның үстіне Сұлтан досың Қазақстан чемпионы болып, спорт шебері атаныпты.
– Өй, не дейді? Шын айтасың ба?!
–Шын болмағанда!
– Солай де! Дегеніне жеткен екен ғой сабаз!
Арыстан кәдімгідей тебіреніп кетті. «Е-е, Сұлтан-ай! «Қазақтың жігіті қандай?» деп сұраса, міне, мынадай деп сені ұялмай көрсетер едім! Ұялғаның не? Қайта сенің жаңа бір қырың мен қасиетің ашылған сайын, мерейің асып, мейманаң таси түспей ме! Өйткені күрес пен төбелестің неше атасын біле тұра өмірі сыпайылықтан аттамай, не біреумен сөзге келмей, бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүретінің бәрімізге ұнаушы еді. «Шыға шаппа, ұшқыр аттар сияқты емес, шын жүйрік көзге түсе бермейді, бой жасырады. Тіл-көзім тасқа, мына бала да сондай. Алысқа сілтейді. Әй, өзі де Сұлтан десе Сұлтан екен, нағыз жігіттің сұлтаны ғой», – деп еді әкем сені көргенде. Айна-қатесіз шындық! Дәл солай!»

* * *
Биыл Көктеректе көктем ерте шықты. Наурыздың соңына жетпей-ақ қырқа-қырқаның қары біртіндеп еріп, әр жері қарайып, таздың басындай аламыштана бастады. Сәуірдің басында құсқанаты жауып, соңы қарлы жаңбырға ұласты. Таң қылаң бере сырғақ сап тыйылып, құбыладан жып-жылы леп есті. Әлгі леп бір-ақ түнде ойдым-ойдым ойпаттарда қалған сірі қардан басқасының бәрін тып-типыл етіп, қара жердің жамылғысын сыпырып тастады.
Құрал-саймандарын әлдеқашан сақадай сай қылған Арыстан жер дегди бастағанда есепші мен агрономды «Нивасына» салып алып егіс басына барып қайтты. Мамандармен асқабақты қай жерге егетінін межелеп, жер жырту мен дән себуді қашан бастағаны қолайлы боларын ақылдасты. Жердің тоңы жібігені мен дегдігенін тексеруді де қаперінен шығармады. Өткен аптада қазақша «Көкөніс тұқымының сұрпы», орысша «Сортсемовощ» деп аталатын мекеменің бастығы кеңсеге келіп, үш жақты келісімшарт жасалған еді. Сол шартта барлығы тайға таңба басқандай көрсетілді. «Сортсемовощ» Арыстан бастаған бригадаға егін егерде сапалы тұқым беруге және бұлар күзге қарай қанша ұрық өсіріп әкелсе де қабылдап, сатып алуға міндеттенеді. Бригада өз тарапынан сол ұрықпен елу гектар жерге асқабақ өсіріп, «Сортсемовощқа» жоғары сапалы ұрық, ал колхозға сол асқабақтың қабығы мен етін өткізуді міндетіне алады. Ал ұжымшар бригаданы керек-жарақпен, техникамен қамтамасыз етіп, бұлар өткізген асқабақтың қабығы мен етін сүрлемге қосады. Осы шартқа қол қойып, егіс басына шығатын күндері тақай бере Арыстан әке-шешесін Мақаншыдағы інісінікіне апарып қайтты. Қыс түсе қырдан келе сала қайтып әкеп алмақшы.
Елең-алаңда үшеуі ауылдан бар-жоғы жеті-сегіз шақырымдай ғана жердегі Ойранға аттанды. Арыстанның астында өзінің ақ шаңқан «Нивасы». Қасында іргелес көршісі Жұмабай бар, елдің бәрі оның азан шақырып қойған есімі Жұмабай екенін баяғыда ұмытқан, тек қана Жұмаш дейтін. Ал зауыттан жаңа шыққандай етіп жөндеп, қайтадан сырлаған қызыл быт-бытының тізгіні тағы бір көршісі Ерұланда. Тракторға кеше таңертеңнен тіркеме тіркеп, балаған соғатын керек-жарақтың бәрін тиеп қойған болатын. Ең әуелі елсізде жаңбыр мен дауылдан паналайтын, түскі ыстықта бір уақ демалатын баспананы салып алмақ. Қалғанын жата-жастана тындыра бермекші.
Жол-жөнекей Арыстанның есіне тауық шақыра қоймаған елең-алаңда тұруға байланысты кәріс досы Сергейден естіген тәмсіл түсті. Осы әңгіме өзіне айрықша әсер етіп, кәрістердің сертке беріктігінің айғағындай көрінген… Айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін бақандай отыз бес жыл Корея Жапонияға бағыныпты. Гитлер бастаған Германия тізе бүккен соң АҚШ пен КСРО-ның екеуі екі жақтан кәрісті жапоннан азат етуге кіріседі. Екеуінің де кәріске жаны ашығаны шамалы, көздегені – тек өздерінің ықпалындағы елдерді көбейту. Соның кесірінен 1948 жылы Сеулде – Корея Республикасы, іле-шала Пхеньянда – Корей Халық Демократиялық Республикасы құрылады. Осылайша, әлгі екі жарылқаушысының кесірінен қаққа бөлінген корейлер күні бүгінге дейін бір-бірімен ата жауындай өштесіп келе жатқан көрінеді.
Сондай алмағайып, аласапыран заманда ел болашағын ойлаған сеуілдік ұлтшыл азаматтар күйзелген, қалжыраған халықтың еңсесін көтеру үшін жұртшылықтың арасында «Кәріс күшті ме, тауық күшті ме?» деген сауалнама жүргізіпті. «Әрине, кәріс күшті!» демей ме әрбір намысы бар жан. Міне, сонда олар: «Кәріс күшті болса, әрбір кәріс тауықтан бұрын тұрып, несібесін теріп жесін! Сонда ғана Кореяны алдыңғы саптағы гүлденген елдердің қатарына қоса аламыз!» деген екен. Сол сертпен Кореядан баяғыда кетіп қалған кәрістердің өзі тауықтан бұрын тұрып, кәсібіне елең-алаңда кірісуді әдетке айналдырған көрінеді.
Өткенде Орынбаев қатысқан жиналыста Арыстан «кәрістен асырып істемесем, атымды басқаша қойыңыздар» деген сөзді намысқа тырысып айтқанымен, «жігіттің екі сөйлегені – өлгені» екендігін жақсы түсінетін. Кеңседегі үш жақты шарттан кейін ол екі әріптесін әйелдерімен бірге қонаққа шақырды. Дастархан үстінде осы тәмсілді әңгімелей келе, кәрістен асырып істеу үшін бұдан былай тауықтан бұрын тұрып іске кірісетіндерін, өзінің тастай тәртіпке бағынуды талап ететінін, әйтпесе, ел-жұрттан алабөтен нәтиже шығару мүмкін еместігін, ал өзінің «арық сөйлеп, семіз шығуды» ғана ұстанатынын, осыған көнсе ғана бірге істейтінін айтты. Жігіттер алғашында үдірейісіп, осынымыз қалай болар екен деп, тосырқап қалды.
Осы кезде Арыстан күдік-күмәнді дереу сейілткісі келгендей:
– Әй, сендер жыл соңында бір-бір мотоцикл мінгілерің келмей ме? – деп, төтесіне көшті. Жігіттер де, олардың әйелдері де шамырқанды:
– Мінгізсе, мінеміз ғой!
– Оны бізге кім мінгізгелі жатыр?
Арыстан көмейіне ерекше сыр бүккендей күлімсірей қарады:
– Менің айтқанымды бұлжытпай орындасаңдар, өздерің-ақ мінесіңдер! Иә, «Бір жылға қоянның терісі де шыдайды» дегенді әрқайсың-ақ айтасың. Ал сендер бар болғаны алты-ақ ай тауықтан бұрын тұрып, жұмысқа кірісе аласыңдар ма?
– Ал алты ай бойы тауықтан бұрын тұрып, жұмыс істедік дейік. Сонда мотоцикл мінетінімізге қандай кепілдік бар? – деді Ерұлан күдігін жасыра алмай.
– Жөн сұрақ. Жауап берейін. Шарт бойынша, жер жыртып, ұрық сеуіп жатқанда бізге 100 сомнан төлейді. Оны үнемдей алмайсың, құлқыныңнан аспайды. Ал алғашқы суғаруда 150 сомға, екінші суғару мен шөптегенде 250 сомға дейін аласың. Арам шөппен алысатын әйеліңе алғашқы айда 140-тан, одан әрі 200-ден төленеді. Екі жарым, үш айға жуық солай. Міне, сол кезде әйеліңдікін не банкіге не үйіңе жинап отыр. Ал өзіңдікін керек-жарағыңа жұмсай бер! Жыл соңында жоспарды жүз пайыз орындасақ, ұрығымыз екінші сұрыппен өткеннің өзінде әрқайсымызға мың сом шамасында үстеме ақы төлейді. Ал жоғарғы сұрыппен өтсе, одан да көп. Ең мықты «Урал» мотоциклің 1200 сом. Ал енді өздерің айтыңдаршы: осындай қарабайыр есептің өзімен мотоцикл алуға бола ма, жоқ па?
– Өй, мынау итше күшті ғой? Неге мотоцикл мінбеске?
Жұмаш Ерұланға жапақтай қарады. Өйткені оның ағаттығын дәл тауып, көзіне шұқитын осы құрдасы.
Ерұлан әлі де тиянақтай түскісі келетіндей, күдігі сейілмей тұрғандай.
– Қайдам… Бастықтардың өздері жеп қойып, аузымызды аңқитып кетпесіне кім кепіл?
– Мен кепілмін. Менің осыған дейін біреуге уәде беріп, орындамай кеткен кезімді айта аласыңдар ма? Жігітше жасырмай айтыңдар!
Отырғандар бір-біріне қарасып, үндемей қалды. Аздан соң естеріне түсіре алмағанын, ондай болмағанын мойындады.
– Ендеше осыған мен кепілмін! Сендер айтқанымды бұлжытпай орындап, менен қалыспай істесеңдер, мен бастықтармен соттассам да төлеттіремін! Тіпті төлемей қойған күннің өзінде мына «Ниваны» сатып, сендерге мотоцикл мінгіземін! Осыған келіссең, арғы қолыңды бері әкел!
Ақыры осылайша сөз байласып, жігіттердің де, әйелдерінің де уәдесін алған болатын. Барлығы бірдей жаз бойы еш аянбай еңбек етеді. Ал бейнеттің өтеуін басшылардан өндіріп алуға Арыстан кепілдік береді. Осыған келіскен үшеуі әуелі балағанды тұрғызып алып, содан кейін ғана жер жыртуға кіріспек. Өйткені асқабақ дегенің жылу мен жарықты сүйетін нәзік өсімдік. Асығыңқырап кетіп уақытынан ерте сепсең, қылтиып шыққан бетте үсіп кетуі ғажап емес.
– Асеке, балаған дегенің қандай өзі, айта отыршы, – деді Жұмаш.
Арыстан төс қалтасынан қойын кітапшасын алып берді.
– Мә, дәл ортасын аш, бәрі сызулы. Жеткенше дұрыстап көріп ал!
– О-оо! Ерінбей-жалықпай сызып шыққансың ба?
Ерінгенің не айтып отырған? – деп Арыстан күлім қақты. – Сендерге аузым көпіріп бір күн түсіндіргенше, бірер сағатымды қиып, сызып шыққаным оңай емес пе! Оның үстіне адам не жасап жатқанын білмесе ісі өне ме?
Қатырыпсың!– Жұмаш таңырқап, басын шайқап отыр. – Үсті сонда қамыспен жабылады екен ғой… Мынауың не нәрсе?
Екеуі қағазға үңіле бергенде көліктің дөңгелегі шоқалаққа тап келіп, бастарымен сүзісіп қалды.
Ол… ол қасындағы қалқайма ғой. Тамақты сонда ішеміз…
Ақ шаңқан «Нива» Ойрансудан бөлінер бір құлақ арықтың арнасына жете бере тоқтады. Екі жігіт көліктен түсіп, дөңестеу жерге келді. Ауыл жаққа көз салып еді, Ерұлан әлі жарты жолға да жетпепті.
Арыстан көптен бері көкейінде жүрген іске осы қазір кірісетіндеріне сенер-сенбесін білмегендей, толқып та тебіреніп те тұр еді. Әйтеуір көкірегінде зор құлшыныс, алапат күш барын сезіп, жолдасына шаруаны дереу түсіндіре бастады:
– Мына арықтың арғы бетіне былтыр ғана кәрістер пияз еккен. Ал асқабақты дәл осы пияз бен сарымсақ, картоп пен бұршақ дақылдарының орнына ексе, жақсы өнім береді. Осы араны сол үшін таңдап отырмын. Мынау – солардың пияз кептіретін қырманының орны. Міне, жайған целлофандары әлі сол күйі тұр. Сен сыпырғышты ал да осының үстін мына жерден ана жерге дейін тазалап сыпыра бер! – деп қолындағы таяғымен целлофанның үстіндегі топырақты мөлшерлеп сызып шықты. – Балағанды дәл осы жерге құрамыз. Мына қалың целлофан жайылған жер үйіміздің едені болады.
Ерұлан келгенше бұлар қырманның үстін тазалап, үшкір күрекпен төрт қабырғаның бойымен құлаш сайын шұңқырларды қазып болып қалып еді. Трактор келе сала үшеулеп жүріп, тіркемедегі балаған жасайтын керек-жарақты жерге түсірді. Жұмаш енді не істейміз дегендей, жапақтай бастап еді, Арыстан дайын шұңқырдың біріне біркелкі кесілген діңгектің біреуін тікесінен тік тұрғызды да: «Қане, түбіне анау кесек тастарды әр жағынан әкеп сал!» – деді. Ол салған кезде «енді топырақпен көм» деді. Жұмаш көміп жатқанда Ерұлан одан арғысын біле қойып, сырықпен айналдыра түйгіштеп тұрды. Осы тәсілмен қалған діңгектер де әп сәтте орнатылды. Бұл – діңгектердің түбін бекітудің әрбір ауыл баласына таныс қарапайым тәсілі еді. Енді оларды бір-бірімен байланыстырып, мықтай түсу үшін үшеуі діңгектерді балтыры мен кеуде тұсынан екі жерден сырықтармен айналдыра байлап, сымтемірмен мызғымастай етіп бұрап тастады.
Жұмаш серіктерінің айтуымен діңгектердің арасын жарты күректің бойымен айналдыра қазып, морлап шықты да, самбырлай сөйлеп кетті:
– Арыстан, ей! Мұның бәрін қайдан үйренгенсің? Білмейтінің жоқ қой өзі…
Бағандардың төбесін ұп-ұзын сырғауылмен әр жерінен керте отырып, көлденеңінен жалғап жатқан Арыстан сәл кідіріп:
– Өмір үйретеді ғой, – деп қойып, ісін жалғай берді.
– Елдің бәрін өзің сияқты ақымақ қой деп пе едің? – Ерұлан сыныптасы Жұмашқа жорта ашуланғандай сыңай танытты. – Адам деген ел-жұрттың істегенін көріп, көңіліне тоқымай ма? «Көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді» демей ме…
Жұмаш жас баладай бұртия қалды.
– Кетші, ей, сен осы… Сұрауға да болмай ма?
– Сұрай бер, бірақ не сұрасаң да ойланып сұра!
Әңгіменің ушығып кетерінен қауіптенген Арыстан шаруа тоқтап қалмасын дегендей екеуін қамысқа жұмсады.
Екеуі сонадай жердегі бауланған қамыстарды жақынырақ таси бастады. Жұмаш әлі де күңкілдеп жүр. Ерұлан сылқ-сылқ күліп, бауды шешіп, әлгі діңгектерден сәл жуандау қылып алып, қос қолдап ұстап Арыстанға ұсынды. Ол керегеге тікесінен тік қойып, бұрау ағаштарға екі жерден тартып тұрып сымтемірмен байлап, үй қабырғасын тоқи бастады. Бір құлаштай қабырға тоқылғанда, Арыстан шаруаны екі серігіне тапсырып, өзі Көктерекке бәйбішесі баптап пісірген палауды әкелуге кетті.
Түстен кейін төрт қабырғасы тоқылып біткенде төбесін сырғауылдармен итарқа қылып, ұштарын айқастыра ашамайлап жапты. Сырғауылдарды бір-бірімен сырық арқылы қадам сайын бекітіп, үстінен қарақағаз тұтты. Алда-жалда қамыстан өткен жауын суы ішке тамшыламас үшін бір қарақағаздың шетін екіншісімен сынық сүйемдей бастырып отырды. Тақталап тоқылған қамыспен сыртынан су өтпестей етіп қымтап, дауыл көтеріп кетпестей етіп сымтемірмен ашалай тоқып тастады. Төбенің шет-шеті қабырғадан кереқарыстай шығып тұр. Күні бұрын Арыстанның өзі жұтынтып жасап қойған маңдайшасы мен табалдырығы, қос жақтауы бар есікті шығысқа, терезесін батысқа қаратып орнатты. Ертеңінде балағанның қабырғасына іш жағынан сынық сүйем сайын қиғаштай жіңішке ағаш қағып, үстінен бопыр араласқан лаймен теп-тегіс етіп сылап шықты. Қалқайма лапас соғып, оның астына тамақ ішетін биік үстел мен екі жағына ұзыншақ орындық жасады. Сирақтарын діңгекті өлшеп кесіп, түбін жерге көміп, мызғымастай бекітті.
– Ал, Жұмаш, үй дайын, қашан келіншек әкелесің? – деп қағытты Ерұлан.
– Қойшы-ей… Қайта-қайта ала берем бе?
Оның балаша бұртиғанын қызықтаған сыныптасы екі иығы бүлкілдеп, сылқ-сылқ күлді.
– Қажет болса, мұны тастатып, басқасын әпереміз!
Отыздан асқанша Жұмаштың сүр бойдақ болып жүріп, өткен қыста ғана бас құрағаны рас еді. Онда да құрдастары: «Ей, ақымақ үйленгенше, ақылдының баласы ер жетеді!» деген атаң қазақ деп, қақсай-қақсай, еш болмаған соң жабылып, бір момындау қызды алып қашып берген. Бұл кезде расында да сыныптастарының балалары бастауышты бітірген болатын.
Ерұланның бұл қағытпасына Арыстан күлген жоқ, қайта сонау алысқа, Тарбағатайдың көкке өрлеген тәкәппар Найзақара шыңына қадала қарап, ойланып қалды.
– Жігіттер, әрине, құрдастар қалжыңы деген жақсы! Үшеуміз ғана жүріп, ішіміз пысса, орнымен айтылған әзіл-қалжыңға не жетсін! Асылы «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейді қазақ. «Жарасса…» деп отырғаны – орайын тауып, қалжыңдай алсаң әрі сен айтқанды сол адам түсініп, әзілге әзілмен жауап қатса дегені,– деп ол жаңа бір салиқалы әңгіме бастап кетті.– Ал орнымен ойнай алмасаң, не құрдасың оныңды оңды қабылдамай, сүйкену, соқтығу деп ұқса, онда ойыннан от шығуы мүмкін. Қалжың көтере алмайтындарды қазақ «Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар» деп, ондайлармен әзілдесудің қауіпті екенін ескертеді. Оның үстіне осының бәрі өз арамызда ғана жарасымды. Ертеңгі күні балалар келгенде солардың көзінше бір-бірімізді қағытып, қыжыртып жатсақ, оны екінші адам түсінбей, ойыннан от шықса, береке-бірліктің қашқаны дей беріңдер. Қазіргі балалар дегенің момындау кісілерді басынып алып, бөзек қылуға даяр тұрады. Ал басынған бала айтқан тілді алмай, қиқақтайды. Сондықтан бұдан былай үшеуміз бір-бірімізді қағытып, қыжыртпайық. Қайта көтермелеп, қоштап, жұмылған жұдырықтай ынтымақты болайық. Осыны мықтап жадымызға тұтып, келісіп алайық. Жарай ма?
– Мынау ғой тисе беретін. Осы тимесе, мен жұмған аузымды ашпаймын, – деді Жұмаш жұлып алғандай.
– Мен келіспеймін! Одан да мына Жұмаш қолындағы шоқпарын тастасын! Осыған тиіспегенде кімге тисем? – деді Ерұлан. – Анда-санда әзілдемесем ішім жарылып кетпей ме?
– Менде нең бар, ей, Құдай-ау?! – Жұмаштың үні жалынышты шықты.
Арыстан Ерұланға назар сала, қадала қарады. Осы тағы да қылжақтап отыр ма, әлде шыны ма дегендей қараған еді.
– Саған жұмылған жұдырықтай ынтымақ арқылы келетін істің нәтижесі қымбат па, әлде қылжағың қымбат па?
– Екеуі де!
– Екеуі сыйыспай тұр. Ел көзінше қылжағыңнан бас тартуға тура келер. Тым болмаса, балалар мен әйелдер барда тілің қышыса, қыршып ал!
– Жақсы, елдің көзінше қылжақтамаймын! Ал оңашада аузыма қақпақ қойма!
Үшеуі осыған тоқтасып, уәде байласты.

* * *
…Былтыр Көктерекке көшіп келгенде бақандай бес жыл ас-суын ішкен интернаттың қасынан өткен сайын Арыстанды осынау ыстық ұяға деген сағыныш па, қимастық па, әйтеуір өзі де біле бермейтін ерекше бір сезім билейтін. Осы бес жылғы ғұмырында Сұлтаннан жақын досы болмапты. Екеуі бір сыныпта оқып, интернатта бір бөлмеде жатты. Сұлтан спортты, әсіресе, жүгіру мен секіруді жанындай жақсы көруші еді. Балалардың арасында абыройлы болды. Ешкімге жөнсіз соқтықпайтын, ал сүйкенбей жүре алмайтындардың сазайын беретін. Содан ба екен, Арыстан Сұлтан не істесе соны істеп, онымен барлық жағынан теңелуге тырысушы еді. Бастабында бірер жылдай екеуі бірге жүгіріп жаттықты. Ерте көктемнен күздің қара суығына дейін көрші Қайыңды ауылына жүгіріп барып қайтатын. Ал кейбір ашық күндері оның арғы жағындағы Қызылбұлаққа да тартып кететін. Қыста шаңғымен ызғиды. О-һо, білген адамға шаңғы шіркіннің де өз рахаты бар ғой. Әсіресе, биік жотаның басына қайшылап не бір қырындап шығып, тік беткейден етекке дейін әп сәтте құйындай ызғытып, құлдилап түсу – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Әбден жаттыға келе жолдағы қараған мен қойтастарды айналып өтіп, құйқылжи сырғанауды да, биік жартастан қарғып өтуді де меңгерді.
Осы әуестігінің пайдасын, әсіресе, әскерге барғанда көрді. Бірде шаңғымен бес шақырымға жүгірген соң офицерлер биік жотадан құлдилап түсуді бұйырды. Кейбіреулер недәуір тік еңісті көргенде жүрегі суылдап, дереу бір жағына құлай кетті. Енді біреулер не де болса көріп алармыз деп, төмен қарай заулай жөнелді. Бірақ етекте тұрған старшина мен батарея командирінің айтуынша, жүз жиырма сарбаздың арасынан тек дағыстандық Хамза мен осы Арыстан ғана тік жардан секіргенде құламапты. «Хамзаныкі түсінікті, таулық жігіт, ал сен далада өскен қазақ қалай құламай қалдың?» деп, командирдің таңырқай сұрағаны есінде. Сонда бұл Қазақстан тек даладан тұрады, тау жоқ деп кім айтты сізге? Бізде де тау бар. Жастайымыздан шаңғымен құлдилап, шыныққанбыз деп, мән-жайды түсіндірген болатын.
Алайда тек сырғанауды әдет қылып, ойлы-қырлы жерлермен алыс қашықтыққа жүгірмесең, төзімділік пен қайсарлық қабілеттерің бойыңа мызғымастай бекіп, әдетіңе айналмақ емес! Жоғарғы сыныптарға көшкенде Сұлтан күреспен, бұл бокспен айналысты. Бокспен шұғылдануы да қызық. Не үйірмесі, не бапкері жоқ… адам айтса нанғысыз, кісінің ақылына симайтын жанкештінің тірлігі.
…Бір күні ауыл «Жәмилә» деген кино болады екен деп гу ете қалды. Арыстанның бесіншіні аяқтап, каникулға келген беті болатын. Күндізгі киноға үлгермей, кешкілік үлкендердің сеансына сыныптасы Мұратпен бірге барды. Клубтың алды ығы-жығы халық. Көпшілігі орыс пен қазақ, бірен-саран украйн, беларус, неміс бар. Алайда тілге бөлінгенде басқа ұлттардың бәрі бірігіпті де, олардың ширегіндей ғана қазақ сопайып жалғыз қалған сияқты. Соны сылтауратқан орыстар «қазақша кино болмасын, біз түсінбейміз» деп шатақ шығарып, киномеханикті орысша фильм қоюға көндіріп, қай күні қандай кино көрсетерін жазатын ауылдағы жалғыз тақтаға табан астында «Тачанка с юга» деп жазғызып қойыпты. Бұған дейін онда «Джамиля» деген киноның аты тұр еді. Оны теріс түсінген әлдекім өзінше тұспалдап, «қытай қазақтары түсірген «Хасен-Жәмилә» деген кино болады» деп, елге жайып жіберсе керек. Енді, міне, аяқ астынан өзгеріп, қазақтың нәумез болып тұрысы мынау. Жиналған кемпір-шал, бала-шаға не үйге қайтарын, не заңды құқұғын қалай талап етерін білмей, әркімге бір қарап, жаутаң-жаутаң етеді. Колхоз төрағасы Көктеректе тұрады, басқарма бастығы әлдебір шаруасымен Мақаншыға кетіпті. Ал бастауыш партия ұйымы хатшысының сөзін бұзақылар құлағына да қыстырмай, ойларына келгенін істеп жүр. Қазақ жігіттері бір шетте томсырайып, ұйлығысып тұр. Олардың да көкейінде «енді не істеу керек?» деген жалғыз ғана сұрақ. Өз жеріңде ана тіліңде айына-жылына бір рет кино көре алмау деген қандай қорлық? Басшылар күні бұрын жоспарлап қойған киноның өзін әлдекімдер қалаған сәтінде осылай өзгерте бермек пе!?
Сол кезде әлдеқайдан қазақша саңқылдаған дауыс шықты:
Құрметті ауылдастар! Ешқайда тарамаңыздар! Қазір сіздер көптен күткен «Жәмилә» деген кино болады! – деді біреу. Ой, тоба, үні дауыс зорайтқыштан шығып жатыр. Іле-шала осы сөз орысша да қайталанды.
Ел елең етісіп, қуаныштарын жасыра алмай дабырласып қалды.
– Е, мынау көрім болды ғой! Бәсе, солай болса керек еді…
– Әй, бұл кімнің даусы сонда?
– Кім болса, ол болсын, әйтеуір қазақша кино көрсетсе болды емес пе!?
Осы мезет манадан бері «Ал енді қайтер екенсіңдер? Біз не қаласақ сол болады» дегендей, шошақ мұрындарын шүйіріп, масайрап жүрген үстем ұлттың өкілдері киномеханиктің есігіне қарай лап қойды. Арты жетіп үлгермей, алдымен ентелей кіргендер сыртқа қарай қоғадай жапырылды. Жапырып жүрген екі иығына екі кісі мінгендей, төртпақ келген, бидай өңді, шегір көз, тақырбас қазақ жігіті екен. Аяқ-қолы диірменнің қалағындай шыр-көбелек айналып, қасына жолап кеткен жанды мұрттай ұшырады. Қимылына көз ілеспейді…
Қасында орысша сегізіншіні бітірген Болат та бар. Әлгі төртпақ жігіт оны орыс киномеханикпен тілдесу үшін аудармашылыққа алған сияқты.
– Ойбай-ау, мынау Емілбай ғой, – деді біреу топ арасынан.
– Ол кім еді? Әй, кім де болса, өзі бір ер екен!
– Айтбайды сағалап келген жамағайыны. Қытайдан елмен бірге өткен жетім жігіт.
– Солай де… Қимылы неткен шапшаң! Жалғыз өзі қалың қолды қашырған Алпамыс қой мынау!
Қойын-қолтық ұрыста Емілбайға қылар қайран жоғын түсінген орыстар тым-тырақай қашты. Кейбіреуі шарбақтың ағашына жүгірді. Бір-бір сырығын жұлып алып, сонымен шайқаспақ. Алайда тақырбас қазақ сырықпен қаруланғанын да қарғып барып, қайшылай теуіп, таяғын бір жаққа, өзін екінші жаққа ұшырды. Сол сәтте әлгіден бері бір шетте ұйлығысып тұрған қазақ жігіттері де ұмтылып, тырағайлап қашқан орыстарды біраз жерге қуып тастады…
Алайда бұлардың ана тілінде көру құқұғын үлкен жанжалмен жеңіп алған киносы «Джамиля» да орыс тілінде болып шықты. «Мосфильм» мен «Қырғызфильм» бірігіп түсірген кино екен. Шыңғыс Айтматов деген жазушының «Жәмила» хикаяты бойынша қойылыпты дейді білетіндер. «Қытай қазақтары түсірген «Хасен-Жәмилә» деген кино болады екен» деп, дүрлігіп келген елдің көңілдері су сепкендей басылды. Алданып қалған баладай нәумез күй кешкен, әрі көпшілігі Қытайдан енді келіп, орыс тілін мүлдем білмейтін ел Данияр деген қазақ жігіті мен қырғыз қызы Жәмиләнің махаббатын онша ұға қоймады. Есесіне қазақтың Емілбай деген намысқой жігітінің әбжіл қимылы мен ерен ерлігін өз көзімен көріп, батырдың даңқы мен дақпыртын үйді-үйге таратып әкетті.

* * *
Ығытын тапқан ыждағатты еңбектің арқасында асқабақтары қос құлақтанып, бітік шықты. Бұл кезде бригада жігіттері арықтарын жыланбауыр трактормен қазып, ойпаң жерлерін кетпенмен жал қылып көтеріп, дөңестеу тұстарын күрекпен кертіп, табанын тазалап, судың келуіне сақадай сай дайын болатын. Дереу үшеулеп балағанға жақын атыздан бастап суғаруға кірісті. Қызылбұлақтағы есік алдындағы бақшаға картоп пен жүгері еккенде әкесі Төлеужан екеуі үнемі бірге суғаратын. «Қай егінді де алғашқы суғару қиын. Алғашында қандырып суғармаған егіс дән беріп жарытпайды» деуші еді әкесі. Қиын дейтін себебі – атызды қанша маналап, тегістедім десең де бір жері дөң, екіншісі ойпаң болып, әуелден із түспеген соң су тегіс жайылмайды. Оның үстіне борпылдақ бос топырақпен байланған құлақ суы әр жерінен жыра қашып, орып кетіп, әбден берекеңді қашырады. Сондықтан алғашқы суғаруда үшеуі қатар жүгіріп әуреге түсті. Соңыра біреуі суды жетелеп, қалған екеуі арықтың екі жағына тұра қалып орып кетеді-ау деген ойпаң тұстарды шыммен бекітіп отырды.
Бұл тұста да Арыстан үйреншікті құлақ байлау әдісіне тың жаңалық енгізіп, аз күш жұмсап, мол пайда тигізу тәсілін ойлап тапты. Былтыр кәрістердің сарымсақ суғарғанын көргенде көкейіне бір нәрсені түйіп еді. Биыл ерте көктемде «Быт-бытты» жөндеп жүргенде МТМ-дағы ешкімге керексіз болып табан астында жатқан жарты еліге жуық қалың қаңылтырдан басарық пен жанарықтың мөлшерінен сәл үлкендеу екі-екіден төрт бөгесін қақпақ қиып алып еді. Олардың әрқайсына үстіңгі қырынан 20 диаметрлік бір-бір құбырды екі жағынан екі қарыстай мөлшерде шығып тұратындай етіп дәнекерлеген. Биыл асқабақ суғару үшін бас арықтан жанарыққа су ағызғанда әрбір құлақты кетпенмен байлап, ол біткен соң қайта бұзып, әуре болмады. Оның орнына әлгі бөгесін қақпақты екі адам екі жағынан басарыққа көлденеңінен бойлата сұғады. Мықтырақ беку үшін темір ұстасының шой балғасымен құбырдың үстінен бірер рет қағып жібереді. Сонда құлақ еш қиындықсыз байланып, жанарыққа аға бастайды. Ал басарықтағы артық су әлгі бөгесіннің үстінен асып кете береді. Жанарықтан атызға су шығарғанда да осы тәсіл қолданылды.
– Өй, мынауың таптырмас ақыл екен! Мұндай тәсілді ешқайдан көрмеппін, – деді жөпшеңгіге таңырқай бермейтін Ерұлан. – Мұны қайдан таптың?
Мақтанғанды да, мақтағанды да онша жақтыра бермейтін Арыстан сәл қымсына күлімсіреді.
– Таптық қой әйтеуір…
– Біреуден көріп пе едің?
– Жоқ! Диқаншылықпен айналысатын болған соң өткен қыста кітапханадағы недәуір кітаптарды ақтардық қой. Мичурин совхозының қарбызшыларымен ақылдастым. Бәрі сол ескі тәсілді қолданады екен. Көп ойландым. Бір күні қалың қаңылтырды осылай қиып, неге жасап көрмеске деген ой санама сап ете түсті. Солай тапқан амал ғой…
Суланған атыздың ылғалы жерге сіңіп, дегди бере Арыстан «Быт-бытқа» культиваторды тіркеп алып, қос қатар етіп егілген асқабақтың ортасы мен екі шетіндегі арам шөпті үш-төрт күннің ішінде тұтастай отап тастады. Ал бұл кезде Ерұлан мен Жұмаш таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай, қалған атыздарды суғаруға кіріскен. Тек суландырып қоймай, су өз жөнімен жайылған сәтте асқабақтың түбіне тақау өсіп, культиватор алмай кеткен арамшөпті жұлып тастап жүр. Суғару мен шөптеу жұмысы басталғанда-ақ Арыстанның келіншегі Әсел қос басына біржола көшіп алды. Жігіттерге дер кезінде ыстық тамақ дайындап, қолы босай қалса, балағанның қасындағы асқа қосатын жуа, жусай, қияр сияқты көкөністерін күтіп-баптайды. Көктеректегі үйі мен балаларға бас-көз болу үшін былтыр ғана мектеп бітірген сіңлісі Әсемді көшіріп әкеп қойған.

* * *
Клубтағы төбелестен соң Төлеужан ақсақал Емілбайды үйіне қонаққа шақырды. Сонда бұлар ойларына келгенін істеп жүрген бір топ бұзақыны қоғадай жапырып, құмалақша шашқан батыр жігітпен жақынырақ танысты. Былқып піскен бағланның еті желінген соң үй иесінің өтінуімен Емілбай өзінің өткен өмірінен азды-көпті хабардар етті. Айтуынша, он жасында тұп-тұлдыр жетім қалып, Үрімжі базарында әркімге бір жалданып күн көріпті. Бірде оны базардан қытай шалы өзі жоқта кемпіріне қолғабыс жасауға әкетіпті. Соның қорасында төрт-бес жылдай тұрып, әр түрлі шаруасын атқарыпты. Қожайынның өзі екі-үш күн, кейде бірер аптадай әлдеқайда жоғалып кетіп, оралып жүреді. Бір-біріне әбден бойы үйренген соң әлгі қытай мұны ұрлыққа баулыпты. «Ұры ешқашан қолға түспеуге тиіс! Кездейсоқ үстіңнен түскен пақырды ұрып жығып, естен тандырып кету керек. Ал ертеңгі күні куәлік етер деп қорықсаң, көзін жою қажет» деп, қойын-қолтық ұрыстың қыр-сырына машықтандырыпты. Ұрлық дегенді естігенде баланың тұла бойы түршігеді. Алайда онысын қожайынына сездірмей, түбі бір керекке жарап қалар деп, ұрыс тәсілін үйрене беріпті. Әуелі жарты жылдай құм толтырған қапты төпештетіпті. Содан соң ағашты ұрғызып дайындапты. Ал ең соңында кірпіш пен тасқа көшіріпті. Бірте-бірте ұрлыққа да ауыздандыра бастапты. Мұның жақсылыққа апармасын сезген Емілбай базардағы қандастарымен астыртын сөйлесіп жүріп, орайлы сәтте бергі бетке қашып өтіпті. Тепсе темір үзетін жігіт азаматтық пен төлқұжат ала алмауы себепті енді жұмысқа да орналаса алмай жүрген көрінеді.
Сол күннен бастап Емілбай Төлеужан ақсақалмен кезектесе сиыр бақты. Айтбайдың әйелі басы артық адам көріп, жақтырмай, күңкілдей берген соң бұлардың үйіне біржола көшіп алды. Бұған, әсіресе, оның қасынан екі елі ажырамайтын Арыстан қуанды. Енді қайтсын, алдында бірнеше әпкесі болғанмен, ағасы жоқ еді, ұлдың үлкені Арыстанның өзі. Оның үстіне Емілбай келе сала бұған бокстың мұқаллиясын үйрете бастады. «Әуелі жұдырықтың кереметін меңгеріп ал, соңыра аяққа көшеміз» деген ол. Елгезек бала әке-шешесі тапсырған шаруаны істеп бола сала құм толтыра ілінген қапты төпештеуге кірісті. Ең алдымен тік соққы мен екі жаннан ұрудың тәсілдерін тәптіштеп тұрып көрсетті. Әбден машықтанды-ау дегенде төбеден қиғаштай тастау мен төменнен көтере соғу әдісін үйретті. Тағы бір күні Арыстанның белесебетінің жарамсыз камерасын ұзынынан тіліп, таспа рәзеңке жасады. Сосын кәдуілгі дүкеннен азық таситын торшаға Арыстанның добын салып, шандып байлады да, екі жағынан әлгі рәзеңкелермен бекітті. Таспаның бір ұшын темір қазыққа байлап, оны жерге сіңіре қағып тастады да, ал екінші ұшын қарағаштың көлбеу тұрған бұтағына керіп байлады. Осылайша асты-үстінен рәзеңкемен керіп қойған допты дәлдеп ұру арқылы жылдамдық пен ептілікке дағдыланды. Серіппедей тартылған допты ұрып қалып, ол әп сәтте қайта серпіліп, өзін бетінен бір ұрғанша бұғып қалып, қорғану тәсілдерін де меңгерді.
Алайда қайыршыға жел қарсы дегендей, Емілбайдан ұрыс тәсілінің бәрін емес, бокстың өзін де толық игеріп үлгермеді. Күзге салым оның Таскескен жақта немере ағасы табылып, сол қасындағы жолдасымен бірге келіп алып кетті. Бұлар көңілі түскен жанға көлдей жігітке недәуір бауыр басып қалған екен, қимай-қимай қоштасты.
– Осында бір үйім бар деп ойла, балам! Егер ол жақ ұнамаса осында қайтып кел! Өзіміз үйлендіреміз. Шығарыпсалма сөз емес, шын сөзім! Аллаға шүкір, мал жетеді, – деді әкесі баласындай болып қалған жігітке шын пейілмен. Ал анасы кемсеңдеп:
Қолың босағанда кел, балам! Арыстаным іздеп елегзиді ғой. Бізді ұмытпа, – деп, жол азығын салып берді.
Қоштасу, әсіресе, Арыстанға қиын тиді. Емілбайды туған ағасындай етене жақын тартып, жібергісі келмей қиналды. Алайда боксқа баулыған ағасы ол жақтағы жақын туыстары мен куәгерлер арқылы азаматтық пен төлқұжат алатынын, соның арқасында қалаған жұмысқа орналасатынын алға тартқан соң көнбеске шарасы жоқ еді. Ақыр соңында ата-анасы, інісі, барлығы бірге автобусқа дейін шығарып салды. Кетерінде ол Арыстанның «қандай қиын жағдай болса да, жаттығуды тоқтатпаймын» деген уәдесін алып тұрып, өзі де іздеп келуге сөз берді. Арыстан сол уәдесінде тұрып, үйлі-баранды болғанша бокспен шұғылдануын тоқтатқан жоқ. Тіпті осы күнге дейін құм толы қабын, Семейден сатып ала келген, асты-үстінен рәзеңкемен керіп қойған сопақша камерасын және қолғабын қасынан тастамапты.
Алайда Емілбай сол кеткеннен қайтып оралған жоқ. Уақытша құжатпен Таскескеннен әрмен Аягөзге барып, жұмысқа тұрыпты. Сол жерде топтасқан төбелес үстінде біреу пышақ ала жүгіргенде жұдырығы әлгіге бата тимей, қата тиіп, мерт қылыпты да, сотталып кетіпті. Оны да кейін, Арыстан әскерге барып келген соң милицияға орналасқан Орысбай досы екеуі әр жерге сұрау салып жүріп зорға анықтады. Ал оған дейін Емілбай ағасын «әне келеді, міне келедімен» елеңдеп, ол келгенде боксты жаңа бастаған сары езу балапандай болып, ұятқа қалмайын деп, күн сайын ащы тері шыққанша жаттығатын.
Сөйтіп жүргенде Айтқазы деген досының ағасы Омарғазы әскерден келе қалды. Ол жасөспірім шағында облыс чемпионатына қатысқан, әскерде спортротада қызмет еткен, талай жарыс көрген жігіт екен. Енді күн сайын Сұлтан, Айтқазы үшеуі Қайыңдыға дейін жүгіріп барып, Омарғазыдан әр түрлі тәсіл үйрене бастады. Өкінішке қарай, көп ұзамай Омарғазы Алматыға оқуға түсіп, ауылға сирек қатынайтын болды. Сөйтіп, Арыстанның бапкер атаулыдан көргені Емілбай мен Омарғазы ғана. Олардың өзі бапкер емес, бар-жоғы бокстан недәуір хабары бар жігіттер еді. Сондықтан қайда барып, кіммен рингке шықса да сұрағандарға «үйірме де, бапкер де көргенім жоқ, өз бетіммен шұғылдандым» десе жан баласы сенбейтін. «Шеберлігің көзге ұрып тұр ғой! Несін жасырасың? Сен кемінде кмс, әйтпесе спорт шебері шығарсың» деп топшылайтын. Кмс дегені – «кандидат мастер спорта», яғни спорт шеберлігіне үміткер. Арыстан бокспен осындай жабайылау жағдайда ғана шұғылданған еді. Оны жеңіске жетелеген спортқа деген шексіз сүйіспеншілік пен жанкешті еңбек қана болатын.
Қанша жыл бойы ерінбей-жалықпай, қалай ғана жаттыққанмын деп қазір өзі де таң қалады. Сенбі, жексенбі күндері күні-бойы шаңғы теуіп, кешкісін мұрттай ұшушы еді. Кешке қарай бір-ақ шелек көмір жағылатын контрамарка пештің қызуы түн ортасында басылып қалып, иесіз төсектердің көрпесін қабаттап жапсаң да таң атқанша дірдектеп шығатын кездері аз болмайтын. Өкпесі содан қабынды ғой, басқа қайдан болсын.

* * *
Асқабақтар маусымның ортасына жетпей жер-көкті алып жайқалып, желі тартып, түйін тастай бастады. Енді культиватормен шөптесең, балаша баптап өсіріп отырған асқабақтың желісін қоса қырқасың. Сондықтан бұлар екінші қайтара шөптеуді кейінге шегеріп, егісті тағы бір рет жаппай суғаруға кірісті. Шаруа еңсеріле бастағанда Арыстан оны серіктеріне жүктеп, өзі мектеп басшыларының көмекке оқушы береміз деген уәдесін пысықтауға кетті. Қайтарда колхоздан бір киіз үй ала келді. Кешкісін бәрі жабылып тігіп, оған келіншегі екеуі көшіп алды. Келесі аптада моншаға түсіп, кір-қоңын жуғызуға кеткен Ерұлан мен Жұмаш келіншегі мен бала-шағасын ала келді. Арыстанның да мектептегі балалары бірге келді. Ерұланның төртінші мен алтыншыны бітірген екі ұлы мен әйелі, Арыстанның жұмысқа жарамды бір ұл, бір қызы мен келіншегі қосылғанда жұмыс қолы недәуір көбейді. Ерұлан бас болып, олар арам шөп отауға кірісті. Ал Жұмаштың ептеп іші біліне бастаған екіқабат келіншегі Әселдің орнын басып, ас пісіруге көшті. Енді мектеп оқушылары көмекке келсе, жұмыс өнбей, іс бітпей қайда барсын…
Алайда оқу жылы аяқтала сала арамшөп отауға жәрдемге келеді деген 9-сыныптың қыздары уәделі уақыттан кешіге берді. Өткен жолы мектеп директорымен де, қыздармен де әбден келісіп, әңгімені пісіріп қойған Арыстан бір шикіліктің болғанын сезіп, Көктерекке тартты. Барса, мектеп директоры шынымен де айнып қалыпты. «Қыздар асқабақ шөптеуге емес, қырықтыққа барып, жүн таситын болды. Күнде көріп жүрмеген соң білмейді екенбіз, колхоздың өз шаруасы да шаш етектен көрінеді» деп, ақталған болады. Шынымен, күні бұрын білмеген бе? Жоқ, біреу қасақана кедергі жасап отыр ма? Жөнді жауап бермей, қанша бұлталақтаса да, Арыстан да айтпасына қоймады. Сөйтсе әңгіменің түп-төркіні баяғы Орынбаевқа тіреледі екен. Бұйрық соныкі болып шықты. Мән-жайға әбден қаныққан Арыстан директорға: «Егер осыдан соң маған көмекке бермеген оқушы қыздарды Ащылыдағы кәрістерге жіберетін болсаңыз, Орынбаев тұрғай, бірінші басшы Арғынбаев бұйрық берсе де, сізбен басқаша сөйлесеміз!» деп, ескертіп, сес көрсетіп кетті.
Апырай, ә! Енді қайтпек керек? Әйгілі өлеңде айтылғандай, күндіз берген уәдесінен түнде тайып, жүктің бұрышын сипалатып қоятын кінәмшіл бойжеткендей бұлтақшыл бастықтарға қарсы қандай амал бар? Әрі-беріден соң есіне интернат түсіп, салып ұрып сонда барайын деді де, ойынан тез айныды. Тоғыз ай интернаттың қатал тәртібіне амалсыз шыдап, туған ауылын аңсаған баланы Ойранға жұмысқа баруға қалай көндірмексің? Көндіргеннің өзінде қыс бойы әке-шешесін, бауырларын ойлап, әрең жүрген алаңкөңіл бала қайбір жұмыс жасап қарық қылмақ? Енді не істемек керек? Оның үстіне қазір балалардың көбі сынақ тапсыруға дайындық үстінде. Тек емтихан тапсырмайтын, жақсы және үздік оқитындар ғана бос. Оларды қайдан таппақ? Шақшадай басы шарадай болып отырғанда әлдене есіне сап ете түсті. Көктеректің бүкіл баласы түс ауа ауыл сыртындағы футбол алаңына жиналушы еді-ау, сонда неге бармасқа?
Ауылдың Ойран жақ беті көктем шыға бетеге мен жалбыз, сабыншөп мен ебелек сынды жатаған шөптер тып-тығыз, бітік өсіп, қоңыр күз түскенше көкпеңбек көгал болып жатушы еді. Түске дейін не мектептен, не ата-анасының құзырынан шыға алмаған ауылдың барлық баласы түскілік шайын іше сала осында ағылатын. Содан табын келгенше у да шу доп қуады. Қыздар бір шетке жиналып алып, арқаннан секіріп, ақ терек, көк терек ойнап, өз қызығы өзінде. Табын келген соң әрқайсысы өздерінің сиырын айдап, үйлеріне қайтады. Көлігімен ағып келіп, тоқтай қалғанда балалар енді ғана екі топқа бөлініп, ойынға кіріскелі жатыр екен, мұны көріп, жамырай амандасты. Арыстан айналадағы балалардың бәрін жиып алып, мән-жайды асықпай баяндап шықты.
– Балалар, тек асқабақ пен арамшөпті айыратындарды, тесе ұстап, арамшөп отай алатындарыңды ғана аламыз! Кемінде 5-ші сыныпты, әйтпесе 6-шы, 7-шіні бітіргендер керек! Ұрланып кетпей, ата-аналарыңмен келісіп қана барасыңдар! Күнде таңертеңгі жетіде осы жерден көлікке тиеп әкетіп, кешке ауылға әкеп тастап отырамыз. Түскі тамақ бізден,– деді ол бүге-шігесіне дейін тәптіштей. – Ешқайсыңның ақыңды жемейміз! Бітірген істі өздерің санап отырасың. Бір норманың маңайына жолай алмағандарға – күніне 1.5 сом, бір норма орындағанға – 2 сом, – ал 1.5 норма орындағанға – 3 сом ақша төленеді…
Тақыр басты тақылдаған сары бала сөзін бөліп жіберді:
Ағай, сол ақшаға белесепет алуға бола ма?
– Алғанда қандай! Үлкендерге арналған белесебетің дүкенде 50 сом емес пе? Жалқауланбай, күніне бір норма орындасаң, 2 сом төленеді,– Арыстан оған күлімсірей қарады.– Күніне 2 сомнан айналса, бір айда 60 сом табасың. 50 сомына белесебетіңді аласың да қалғанын ата-анаңа бересің.
О-һо, онда мен барам, ағай! Мен барам!
Балалар осыны күтіп тұрғандай шулап ала жөнелді.
Мен де барам! Бұзауды жаяу іздеп, әбден шаршадым.
Мен де барам, ағай! Маған да белесебет керек!
Осылайша әп сәтте оншақты бала табылды. Олардың бірсыпырасы ертең достарын ала келуге уәде етті. Арыстан 6-7-сыныптың қыздарын да жұмысқа алатынын ескертті. Бір бала жүгіріп барып, қыздарды шақырып келді. Оларға барлық шартты қайталап айтып шықты. Соңыра балалармен уәделерін пісіріп, қандай киім киюі керектігіне дейін тәптіштеді. Әсіресе, бастарынан күн өтіп кетпес үшін қалпақсыз келмеуі керектігін ескертті.
Ертеңінде арамшөп отайтын ұл-қызы, үлкендері аралас үш бірдей бригада құрылды. Біріншісіне Ерұлан, екіншісіне Әсел, үшіншісіне Ерұланның келіншегі Алмагүл жетекшілікке бекітілді. Арыстан мен Жұмаш үлкендер таң бозынан отайтын атызды шөптейді. Ара-арасында істің ыңғайына қарай туған басқа да шаруаларды атқарады. Жұмашқа сол күннен бастап балаларды кешке «Быт-быттың» тіркемесіне отырғызып алып, ауылға апарып, таңертең ерте қайта әкелу тапсырылды. Ал Арыстанның тықылдақ қызы Мейрамгүл балалардың ортасынан сайланған өкіл Гүлнұрмен бірге кішкентай еңбекшілердің істеген ісін дәптерге жазып, хаттап-шоттауға кірісті. Есепшілікке де недәуір уақыт кететіндіктен, екі қызға күніне жарты норма қосып жазылатын болды.

* * *
Өткенде Арыстан Үшаралдан келген бетте көріпкел айтқан соқыр кемпірді ел-жұрттан сұрап, іздестіре бастаған. Айтса айтқандай, Қытаймен шекарадағы Бақты ауылында кісі емдейтін, дем салатын бір соқыр кемпір бар дейді. Әлі жұмыс қызбай тұрған күндердің бірінде әкесін машинасына салып алып, Бақтыға тартты.
Тарбағатайдың күнгей бетіндегі күн көзіне шағылысқан күміс бұлақтардан басталып, мамырдағы тау басынан еріген қар суымен, жауын-шашынмен толығып, кенересі кеңейе түсетін Ойрансу деген өзен бар. Мақаншы төңірегіндегі Қатынсу, Қарасу, Көктерек сияқты ол да түстікте тұрған Тарбағатайдан басталып, Алакөлді бетке алатын. Әлгі өзендерден айырмашылығы – көп ұзамай Қарасу мен Көктерек Қатынсуға қосылып барып, Алакөлге құйса, Ойрансу ылғал мол жылдары жаз ортасына жетпей Мақаншы мен Бақтының ортасындағы батыстан шығысқа созылып жатқан тақтайдай тас жолдан асып барып, қуаңшылық жылдары сол жолға жетпей-ақ құмға сіңіп жоғалатын. Оның басты себебі Ойрансудың бастау бұлақтарының аздығынан болса, екінші себебі жаз шығып, күн қызған сәтте жан-жақтағы егістіктерге арық-арықпен суды бөлшектеп бұрып әкетуінен еді. Арыстан сол тұстан өте бергенде көрді, биыл Ойранның суы арнасынан асып төгіліп, Мақаншы мен Бақтының арасындағы батыстан шығысқа созылып жатқан асфальт жолдың астындағы қос босаға мен маңдайша тақылеттес етіп бетоннан құйылған ергенектен ағып өтіп, Алакөлге қарай жөңкіліп жатыр екен. Ендеше, шүкір, ылғал мол болады деген сөз.
Ақсақал ақ шаңқан еңселі үйдің есігінен дауыстап амандаса кіргенде іштен көкірегі ояу, саққұлақ кейуананың қуанышты үні саңқ етті:
– Сәлемші болсаң, төрге шық! О, Алла-ай, мынау соншама таныс дауыс қой! Төлеужан қайнымбысың?
– Иә, жеңеше… Төлеужанмын. Ал өзің, шынымен Ағымырдың бәйбішесі Бижанбысың?
Екеуі көптен көріспеген дос-жар кісілердей, құшақтасып амандасты. Бір-бірінен хал-ахуал сұрасып, қауқылдасып недәуір отырды. Арыстанның ұққаны – бұл кісілер арғы бетте Мөйке деген ауылда тұрыпты. Ағымыр қажы мен өз әкесі Төлеужан бір оқуды бірге оқыған екен…
Осы сәт жастық шағы еске түскен кейуананың әжім басқан беті жыбырлап, жымыңдағандай көрінді.
– «Жеңеше» дейсің, «қайныңмын» дейсің. Бергі бетке өткелі бері жиырма жылдың ішінде неге бір іздеп келмедің?
– Ойпыр-ай, жеңеше-ай, сөге көрме, сенің мұнда екеніңді енді ғана біліп отырғам жоқ па!?
– Сұрастырмасаң қайдан білесің! Ел-жұрт бар, «ойпырай, жеңешем бар еді, іргелес болмасақ та талай жыл көрші отырдық, дәмін татып едік» деп сұрастырсаң табар едің ғой!
– Жеңеше-ау, байтал түгіл бас қайғы болып кетпеді ме! Бергі бетке өте сала бізді Ақтөбеге қуды. Оны жерсінбей, атамекенге көшіп келіп, Қызылбұлаққа тұрақтадық. Тарбағатай бөктерінде он неше жыл колхоз сиырының соңынан салпақтадым. Мұқаншыға бертінде пенсияға шыққан соң ғана келдім…
Төлеужан ақсақал шыр-пыр болып ақталып әлек. Бижан кемпір оны осылай тығырыққа тіреп, қыжыртқанына мәз болып, жас келіншектей сылқ-сылқ күлді. Шәй ішкен соң жеңешесі қайнысын ұшықтап, әлденедей дұғаларды күбірлеп оқып, үшкірді. Келе сала ет салып қойған екен, Арыстан күтпей-ақ қайта берсек деп көріп еді, кейуана бірер сағаттан соң қайтадан дұға оқып, үшкіру керектігін айтты. Сөйтіп әкесі ол үйден көптен көріспеген жеңешесін көріп, көңілі сергіп, жаны жадырап қайтты. Соның әсері ме, сол үйден шыққанша, ақыл-есін жоғалтпай, сыр бермей кетті.
…Бұлар Мақаншыға қайтып келсе, кіші ұлының үйіне қыдырып кеткен анасы келіп отыр екен. Құмалақшы әйелден естігені мен Бақтыға барғандағы әңгімелерін ол кісіге шып-шырғасын шығармай түгел айтты. Анасы анда-санда ернін сылп еткізіп қойып, ұлының көзінен көзін алмай отырып, мұқият тыңдады. «Әкеңнің оқуы үлкен екен» деді ме, ой, Алла-ай, қалай тап басқан, ә!» деп тамсанып қойды.
– Ондай үлкен оқуды қашан оқып еді? – Арыстанды құмалақшы бір таңырқатса, енді анасының сөзіне де қайран қалып отыр.
– Е, балам-ай, «білгенің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз» деген сол, әне! Сендер білмейтін гәп көп қой, кө-ө-п! – деп кейуана ұзақ әңгімеге кірісердей алға ұмсынып қойды. – Менде де қайбір ес қалды дейсің! Білгенімнің көбін ұмыттым. Есімде қалғанын айтайын. Әкең мына тұрған Көктұмада әлгі айтқан Ағымырмен бірге медресе тауысқан екен. Бірақ діни оқу бітіргенмен, Ағымыр сияқты не бала оқытпапты, не молдалық қылмапты. Ол бір байтал тұрғай, бас қайғы шақ, патша тақтан құлап, барлығы асты-үстіне түсіп, аласапыран заман болып кетпеді ме? Әуелі қызыл қашып, ақ қуып, кейін керісінше, ақ қашып, қызыл қуып, қайсы келсе де қаруы жоқ қазақтарды қойша қырды ғой. Солармен қоса қабат алаш әскер жинап жатқанда әкең де соған жазылып, қазақ ауылдарын қорғаған көрінеді…
Ертеректе аталарыңмен жақсы араласқан Әкбар деген қажы болыпты. Әлгі айтқан Ағымырдың әкесі. Бұлар тегінде қожалар болса керек. Сол Әкбар қажы әкеңді көргенде шариғатқа да, шежіреге де жүйріктігіне дән разы бола ма екен, әйтеуір мейірімі түсіп:
– Өй, жорғадан туған жорға құлыным, заулашы! – деп отырушы еді…
Арыстан анасының әр нәрседен үзіп-жұлып айтқан әңгімесіне онша қанағаттана қоймай, төтесіне көшті:
Ал, апа, перінің салқыны тиді деген не сөз?
Ее, ол да бір қызық хикая… Ағымыр қырықтан асқан шағында ерте қайтыс болды. Әкбар қажы жалғыз ұлынан айырылған соң күрт шөгіп, ежелгі дерті қозып, төсек тартып қалды. Әл үстінде жатқанда әкеңді шақырып алып: «Заманның сиқы мынау. Қым-қиғаш, ұйқы-тұйқы… Мына кітаптар – саған аманат! Оқығаныңша оқы! Оқи алмасаң, аяқ астында қалмасын, таудың адам аяғы баспайтын бір биік жеріне көмерсің! Тегінде есіңде болсын: өзіңнің, не балаларыңның басына іс түсіп, қиналса, мына кітаптағы мына аяттарды әлденеше қайтара оқысаң шапағаты тиіп, қысылтаяңнан құтыласың! Аманатты адал орындасаң бұл кітаптар неше ұрпағыңа дейін шапағатшы болады!» депті.
Ол не кітап? Құран ба?
Қайдан білем, балам. Мен мүлдем хат танымаймын ғой. Әкең «Құран кәрімді» де, пайғамбарымыздың хадистерін де аузынан тастамайтын.
Анасы тағы бір ұзақ әңгіменің тиегін ағытып, түйінін тарқатты. Айтуынша, әкесі аманатқа қиянат жасамапты. Әкбар қажының кітаптарын көзінің қарашығындай сақтап, оқып, өз керегіне жаратыпты. Тек… бір күні Сәлім деген жолдасының талап етуімен пері түсіруге бел буыпты.
…Арғы бетте Ергейтінің бойында ертедегі Ақ үйлі Ақымбеттің ауылының ескі жұртында отырған кез екен. Қытай үкіметінің миға симайтын қилы-қилы науқандары асқына түскен шақ. Үйіне тінту жүргізілсе, өзінің де басы бәлеге қалатынын сезді ме Төлеужан әуелдегі Әкбар қажыға берген уәдесі бойынша аманат кітаптарды таудың адам аяғы баспайтын биігіне апарып көмуге бекініпті. Қайла-күрегін алып, елең-алаңда екі жолдасымен тауға аттаныпты. Сиыр сәскеде межелі жерге жетіп, аттарын сайдағы бұлақ басына отқа қойыпты. Өздері торсықтарын суға толтырып, құрал-сайманын алып, тік жарқабақтың басындағы бөрігіндей болып тұрған үйтастың түбіне айналма жолмен өрмелеп шығыпты.
Үшеуі ақылдаса келіп, әлгі үйтастың қар мен жаңбыр суы кірмейтіндей іргесін бірер күрек бойындай етіп қазыпты. Анандай жерде жатқан, үш адам әрең қозғайтын қақпақ тасты сүйменнің көмегімен шұңқырдың жиегіне жақындатып қойыпты. Енді кітаптарды әлгі жерге киізге орап жасырып, үстін әуелі топырақпен, сосын ұсақ қиыршық тастармен жауып, бетін қақпақ таспен бекітпекші. Осы сәтте Сәлім деген жолдасы кітаптарды қимай, әңгіме шығарыпты.
– Төлеужан, Әкбар қажының «бұл кітаптар неше ұрпағыңа дейін шапағатшы болады!» дегені рас қой!
Төлеужан оған таңдана қарайды.
– Иә, солай айтқаны рас!
– Ендеше неге біз ондай асыл кітаптарды жерге көмбекпіз?
– Ойбай-ау, жерге көмбесек, бұлар біздің басымызды жұтқалы тұрған жоқ па! Сақшының құлағына тисінші, ертең-ақ қамаласың, – дейді Төлеужан шыр-пыр болып.
Үшінші жігіт Керейбек те сөзге араласады.
– Оның үстіне біз мәңгіге көмбейміз ғой! Ертең заман түзелсе қайтадан қазып аламыз!
– Сол заманның түзелеріне мен сенбеймін! Реңі күннен күнге бұзылып бара жатқан жоқ па! – деп күрсінеді Сәлім. – Тіпті келер көктемге дейін кім бар, кім жоқ, Құдай біледі. Сондықтан бір кітапты маған қи! Ұсталсам, өз обалым өзіме!
– Болмайды! Өзің ғана емес, бізді де ала кетесің! Қанша мықтымын, рухтымын деген жігітті сындырды ғой бұлар. Құдай бетін ары қылсын, үрпіңе ши жүгіртіп, көбеңе ине сұқса, әрі ырғаққа ұстаған қырандай қылып ұйқыдан қысса, сандырақтап жатып, қалай айтып қойғаныңды білмей қаласың! – Төлеужан азар да безер болады.
Онда осы кітаптардың бір құдіретін көрсетіп барып қана көм! – деп қасарысады Сәлім. Үшеуі шай қайнатым уақыттай тәжікелесе келе ақыры бір кітапты ғана алып қалып, қалғанын көміп тастауға, содан соң пері түсіруге келісіпті. Сәлімді түлен түртті ме, кім білсін, әйтеуір жолдасы «бұл – аса қауіпті нәрсе, ойыншық емес» десе де көнбей қойыпты. Оның қасарысқаны аздай, соңыра Керейбек те соны қолдап шығыпты. Екі бірдей жолдасының көңілін қимаған Төлеужанның көнбеске шарасы қалмапты.
Содан не керек, Төкең тері тысты кітапты алып, пері түсіретін аят па, дұға ма, соны аңыратып оқи жөнеліпті. Қанша мерзім өткенін кім білсін, әлден уақытта таудың басында жел ұйтқып, жасын ойнап, дауыл соғып, алай да түлей болып кетіпті. Бір кезде төбелеріне қап-қара бұлт үйіріліп, арасынан әлдебір жат дауыс күндей болып күркірегенде, Сәлім мен Керейбек төмен қарай тұра қашыпты. Қолында қасиетті кітабы бар Төлеужан төбе құйқасы шымырлап, арқасы мұздап, даусы сан құбылып, өзгеріп кетсе де, оқи беріпті. Әлгі сүренің соңына қалай шығады, солай айналасында албастыдай басып, әбілеттей төніп тұрған қара бұлт көзді ашып-жұмғанша жоқ болыпты.
Төлеужан асай-мүсейдің бәрін көтеріп, төменге аттардың қасына түссе, Керейбек бір жерде бетін басып, домалап жатыр дейді. Ал Сәлім маңдайын тізесіне аямай соғып отыр екен. Сөйтсе, Керейбектің бір көзі ағып түсіпті де, Сәлім табан астында ақыл-есінен айырылыпты. Міне, сол кезде Төлеужанға да перінің салқыны тиген көрінеді. Жас кезінде ауырмаса да, жасарын жасап, асарын асағанда осындай дертке душар болып отыр.
Арғы бетте туса да, Қызылбұлақ пен Көктеректе Құдайсыздар өкіметінің тәрбиесін көрген Арыстан сенер-сенбесін білмей аңырып отырып қалды. Сенейін десе, құмалақшыны көргенше «перінің салқыны тиді», «пері түсіру» дегенді естіген де, көрген де емес! Сенбейін десе, әуелі құмалақшы мен дем салғыш кейуанадан, содан соң өз анасының аузынан осы құбылысты естіп біліп отыр. Әрі басқа емес, өз әкесінің басынан кешкен оқиға. Көзі тірі куәгер – анасы.
– Керейбек пен Сәлім ағалар қайда қазір?– деді жұлып алғандай.
– Сәлім байғұс көп ұзамай сол жақта қайтыс болды. Ал Керейбек бергі бетке өткен, қазір Қайыңдыда тұрады. Сыңар көзбен-ақ озат шопан атанып, орден тақты.
– Ал әлгі кітаптарды әкем бұл жаққа қалай әкеп жүр?
– Е-е, балам-ай, шын ниеттенген адам есебін табады ғой!
– Ол кітаптары қазір қайда?
– Қайда болушы еді? Сен әскерде үстіңе жар құлап, аяғыңды баса алмай жатқанда әкең атқа мініп, жападан-жалғыз таудың басына шығып кетті ғой. Үш күн жүрді сандалып… Сонда бір биік жартастың бетіне дұғаны қашап жаздым да, барлық кітапты киізге орап, сенің жолыңа құрбан болсын деп көміп кеттім деп отыратын.
Үстіне жар құлаған сәті қазіргідей көз алдында. Ол кезде үрейін ұшырмайын деп үйдегілерге жақ кірісін ашпаған. Госпитальда бірге жатып, екі аптадай мұны дәретке көтеріп апарып жүрген Орысбайға да мықтап ескерткен. Тек көрші бөлімде әскери борышын өтеп жүрген бір ауылдас азамат бар еді, сол ауылға жөнелткен хатына жаңалық ретінде жазып жіберіпті. Сол баланың шешесімен бірге істейтін әпкесі әке-шешесіне жеткізген. Естуін естігенмен, жер түбіндегі Мурманскіге қыстың көзі қырауда кім бара қойсын. Бар бітіргендері – Мақаншыдағы аудандық әскери комиссариатқа барып, жалынып-жалпайып жүріп, «жазылып келе жатыр екен, көп ұзамай өзі де хат жазар» деген сүйінішті хабарды місе тұтқан көрінеді.

* * *
Арыстан ойлағандай, арам шөппен арпалыс науқаны да оңтайымен басталды. Өзі бас болып үлкендер жағы таң атпай тұрады да, бір-бір кесе ащыған көжені сіміріп, жұмысқа шығып кетеді. Балағанға жақын маңдағы бір танаптың етегінен түсіп, жеті жарымға дейін недәуір жердің шөбін отап, тазартып тастайды. Содан қосқа келіп, ертеңгілік шайын ішеді. Бұл сәтте балаған мен киіз үйде қонатын балалар да ұйқысын қандырып, тамағын ішіп, жұмысқа сақадай сай тұрады. Ауылдан Жұмаш бастаған тың күш те осы екі ортада келіп үлгереді. Сөйтіп үш бригада бір-бір танаптың басынан түсіп алып, теселерін тықылдатып, арам шөпке аяусыз күрес ашып, шегірткедей қаптайды. Екі бала асқабақтың бергі беті мен жанарықтың ортасындағы, екі бала екінші қатардың арғы беті мен жанарықтың ортасындағы арамшөпті отауға кіріседі. Ал үш бала асқабақтың екі қатарының арасын отайды. Балалар жалығып, сылбырай бастаса, жетекші соларды сөзімен де, ісімен де демеп, алға сүйрейді. Қайсы жағының арамшөбі қалыңдап, ілгері баса алмай, кібіртіктеп жатса, соған жәрдемдеседі. Әйтеуір балапандарын ерткен күрік тауықтай айналып-үйіріліп жүргені. Балалардың белі талып, қары салдырады-ау дегенде, шамамен бір, бір жарым сағат сайын он минуттай үзіліс жасайды. Сол кезде түзге шыққысы келгендер барып қайтады. Ал бармайтындар алақандарына көк шөптің нілі мен топырақтан бір қабат болып, баттасып қалған қабыршағын тазалай отырып тынығады.
Міне, дәл осы кезде әдейі елдің көңілін көтергісі келгендей Қызағаң небір түрлі қызық әңгімелерін бастап кеп жібереді. Ол кісінің азан шақырып қойған есімі – Қызырхан. Өздерінен недәуір үлкен болған соң мұндағы ер адамдардың бәрі Қызаға дейді. Өзі елулерді еңсеріп қалған, жып-жинақы, тіп-тік жүретін, жайдары, жарқылдаған, әңгімешіл адам. Оның қызықты әңгімелері өте көп. Бірін бастаса, екіншісіне қалай ауысқанын, одан езуіңді жия алмай отырғанда үшінші… оныншысын қалай тауысқанын сезбей қаласың. Өзі Арыстанның жақын ағайындарының бірі. Құдайдың құдыреті, қазір бір әңгімесін бастаса, үзілістің қалай біткенін білмей қаласыз. Сондықтан Арыстан Қызағаңа бір әңгімеден ғана айтып отыруға рұқсат береді. Әйтпесе, елдің бәрі аузын ашып, сол кісінің әңгімесін ғана тыңдаумен кешті батырар еді.
Жиырмадағы жанып тұрған жігіт кезім. Әскерден жаңа ғана келген бетім, – деп бастайды Қызағаң. – Сары шалбардың буымен салып ұрып орыстар Петровский, қазақтар Қызылбұлақ деп атайтын ауылдағы «служагыма» жетіп бардым. Ондағы орыстар қазаққа күн көрсетпейді деп естуші едім. Рас екен. Аспанбектің үйінде досым екеуміз бір жартыны қылдай бөліп, қағып алдық та кино көруге құлыпқа бардық. Кассаның алды құжынаған орыс. Билет алайық десек маңына жолатпайды. Өздері алып алған, бірақ бізді бөзек қылып өткізгісі келмейді. Ішкергі Ресейдегі орыстың арасына барып, әкесін танытқан кісі қарап тұрып билетсіз қала ма!
А, ну-ка, посторонись,– деп ақырып едім, алғашында бергі жағы сетінегенмен, біздің екеу ғана екенімізді көріп, өткізе қоймады. Ақыры киіп-жарып, анаусын ары, мынаусын бері ығыстырып өте беріп едім, жұдырық жауып кетті.
Әй, мықты болсаңдар, жүріңдер құлыптың артына, – дедім. – Бәрі бірдей лап қойды. Кино жайына қалды. «Уа, Аспанбек қыраным! Ту сыртымды жауға берме, мықтап қорға!» деп, білегімді сыбанып, кірісіп кеп кеттім. Ту сыртым мызғымас қамалдай болған соң несіне қорқайын, алдымнан шыққанның алайғысын алай, бұлайғысын былай жайпап, мұзжарғыш кемедей бұзып-жарып келемін. Құлыптың арты жота, етегі сай болатын. Жотадан етекке дейін бір жүріп өтіп, артыма қарасам, орыстар әншейін көлденеңінен сұлап түсіп, баспалдақ болып қаланыпты да қалыпты. Асекең екеуміз сол баспалдақпен қайта көтеріліп, билетімізді алып, киноға кірдік де кеттік. Сол күнгі киноны Асекең екеумізден басқа ешкім көрген жоқ. Бірер шал-кемпір, қатын-қалаш жүрген сияқты еді, олар да безіп жоғалыпты.
Арыстан мен Ерұлан ішек-сілесі қатып, рахаттана күлді. Жұмаш дым түсінбей, екеуіне жалтақ-жалтақ қарайды. Бұл кезде Қызағаң түзге отыруға кетіп еді.
– Айтсаңдаршы анығын. Шынымен солай болған ба?
– Енді қалай айтсақ екен? – деп, басын қасыды Арыстан. – Қызағаң – мықты кісі. Алайда одан сайын қызық болса екен деп, ептеп қосып, үдетіп жіберетіні тағы бар. Соңыра қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін ажырата алмай қаласың…
– А-а, солай ма! Бәсе, аузыңды ашып қаласың…
– Иә, фантазиясы да мықты, – деп қостады Ерұлан. – Келесіде Қызағаңа жүйрік тазысы туралы әңгімесін айтқызайық!
– О-ой! Ұшар туралы айтқызсаң тоқтамай кететіні бар.
– Онда екі-үш әңгімесін бірақ айтқызайық та екі сағат тоқтаусыз істейік!
– Балалар шаршап қалмаса, біз шыдаймыз ғой.
– Балалар, жиырма минут демалып, екі сағат тоқтаусыз істеуге шыдайсыңдар ма?
– Шыдаймыз! Шыдаймыз! – Шамасы, олар да өздеріне қызық бір ермек тапқан сияқты.
Үш бригада үш атызға түсіп алып, шөп отауға кірісті. Егіс танабындағы арамшөптің көбі қаңбақ екен. Асқабақтың желісіндегі мұртшалар домаланған қаңбақтың сояу-сояу сабақтарына шырмауықша шырмалып, таскенеше жабысып алған. Бір-бірінен ажырату өте қиын. Оны ажыратам десең, желіні үзіп, асқабаққа зиян шектіресің. Сондықтан үлкендер өзара былай келіскен: қаңбақты аяғыңмен орап, бұтыңа қысып түбін ашасың да, тесемен тық еткізіп, тамырын қиып жібересің. Қиылғанына көз жеткізу үшін оны сабағынан ұстап, сынық сүйемдей ғана жерден көтересің. Көтерілсе тамыры қиылғаны. Көтерілмесе қайта қиясың. Ал тамыры қиылған қаңбақ бес-алты сағаттың ішінде қурап, солып қалады. Қаңбақтай көп болмаса да, әредік-әредік алабота, итсигек, сүттіген, су жағасының жусаны кезігеді. Асқабақтың желісіндегі мұртшалар сабағына байланбаса, олардың тамырын қиып, ортадағы шағын алаңқайларға лақтырасың. Ал арамшөп пен асқабақ шырмауықша шырмалып алса, әлгіндегідей тамырын ғана қиып, қиылғанына көз жеткізу үшін сабағынан ұстап, сынық сүйемдей ғана жерден көтеріп көріп кете бересің.
Жалғанда арамшөптің ішінде шырмауық пен миядан сұмпайысы жоқ шығар-ау. Желі тартып шырмалған шырмауықтың тамырын табу – молдалар айтатын қияметтің қыл көпірінен өткендей қиынның қиыны еді. Оның желісінің ана жерін бір, мына жерін бір көтеріп қалып, тамырын енді таптым-ау десең, жоқ болып шығып, қайтадан шөлден сағым қуғандай саумалап ұстап, бүкшеңдеп жүріп, беліңді талдырасың. Шырмауықты жерді шөптеген күні белің қиралаңдап қалады. Ал көкмия мен қызыл мияның сабағы шөптің емес, құдды талдың тамырын қиып жатқандай, шапқан сайын тесеңді кері лақтырып, оңайшылықпен қиылмай қояды. Бір емес, бірнеше рет сілтегенде ғана зорға қиылады. Миясы көп жерді шөптеген күннің ертесіне тесеңді қайратпасаң, жұмысқа шыққаның бекер. Жүзі майырылып, айналасына көк шөптің нілі мен топырақтан баттасып, керіштей қатып қалған бәлекет шөптетіп қарық қылмайды. Дәл сондай күннің ертесіне үлкендердің біреуі таңғы шөптеуге шықпай, теселердің жүзін қайрайды.
Үзіліске шыққанда Қызағаң манадан бері әрең шыдағандай, тағы бір қызық әңгімеге кірісердей, сусыннан қылқылдата жұтып алып, тамағын кеней бастады. Міне, сол кезде Ерұлан ол кісінің алдын орап:
– Қызаға, Ұшарды мына балалар білмейді екен. Ондай тазы Көктеректі былай қойып, бүкіл Мақаншы өңірінде жоқ шығар, – дейді.
Ұшардың атын естігенде Қызағаңның жаны кіреді. Көзі күлімдеп, қарашығының терең бір түкпірінен от ұшқындап, еңсесін тіктеңкіреп отырып, сөз бастайды. Айналасындағыларға жалт-жұлт қарап, тыңдаушының аңысын аңдып, пейілі мен құлшынысын тексеріп қоюды да ұмытпайды.
О-һо, Ұшар деймісің, оның жөні бөлек қой шіркін! Ол тазым есіме түссе, айтпа десеңдер де айтар едім… Баяғыда-а, жастау кезімде Ұшар деген керемет жүйрік әрі ақылды тазым болды. Қазіргі біреулер ұстап жүрген не тазы, не дүрегей екені белгісіз, салпылдаған, салпаңқұлақ тазысымақтар емес, сары ала қаздан тараған нағыз құмай тазының өзі еді, – деп бастады Қызағаң. – Уай, шіркін, сол Ұшардың арқасында талай қансонардың қызығын көрдім ғой. Ол кезде менің ат үстінде жүрген кезім. Анда-санда болмаса, қызметтен қол тие бермейді. Бітпейтін бір жиналыс пен қызу науқан. Ұшарымның іші пысып, аңға шыққысы келіп, тықыршып әрең жүр.
Бірде кешкісін ауданнан келсем, Ұшарым әдеттегідей арсалаңдап қарсы алмай, үріп-үріп, басымен «кеттік» дегендей белгі беріп, түзге қарай бастайды. Әудем жерге жүгіріп барады да, мен шыға қоймаған соң, қайтып келіп үреді. Мұнысы бекер емес, менсіз барып, жалғыз өзі түлкі алған-ау дедім де, жалма-жан киімімді ауыстырып, атты ерттедім. Мұның алдында да жалғыз өзі кетіп, бір түлкіні табалдырыққа сүйреп келген.
Содан не керек, атқа мініп, тазының артынан бүлкектеп, ердім де отырдым. Екі-үш қырды асып түскен соң өңшең бір қараған мен тобылғының ортасында өліп жатқан бір түлкіге алып келді. Қарғып түсіп, айналып-толғанып, Ұшарымның басынан сипап, дереу қынымнан өткір бәкімді алып, терісін сыпырайын десем, тазым тағы да үріп, басқа бір жаққа бастайды. Амал жоқ, сол күйі қанжығаға байладым да, тағы соңынан ердім. Тазым алдыға түсіп бүлкектеді де отырды. Әне-міне дегенше, тағы бір түлкіге бастап әкелді… Қойшы, сонымен не керек, аңшылықты әбден сағынған Ұшарым сол күні үш бірдей түлкі алған екен ғой… Әлгі қазақтың «Бүркіт аңды өзі үшін аулайды, тазы иесі үшін аулайды» деген сөзі бар емес пе!? Сол айна-қатесіз шындық екен. Біреуін де жемепті шіркінің…
– Пах, шіркін! Сізге аңға шығып та керегі жоқ екен-ау! – деді Жұмаш.
– Ойбай-ау, неге шықпайсың? Қол тиіп жатса омалып үйде отырмай, қансонарға шыққанға не жетсін! Өзің үшін, өз қызығың үшін шығасың ғой! – Қызағаң оған оқшырая қарады.
– Содан… – деп жетеледі Ерұлан.– Ұшардың тағы қандай қылығы бар?
– Сендерге – өтірік, маған – шын, әскерден келгенімде осы құмайым Мақаншының шыға берісінен күтіп алды ғой, – деп жаңа әңгімеге кірісті Қызағаң. – Тап бүгінгідей есімде, 20 июнь күні таң ата аудан орталығында автобустан түстім. Ол кезде Көктерекке автобус күніне бір-ақ рет және түстен кейін қатынайтын. Мына тұрған жерге түс ауғанша автобус күтіп жүрем бе деп, ауыл сыртынан көлік тоқтатуға шықтым. Соңғы үйлерден аса бергенім сол еді, бір ит маған қарай құйындай ұшып келеді. Қабаған ит пе деп, әуелде сасып қалып, қорғану жолын ойластыра бастадым. Сол кезде заулап шауып келе жатқан күйі үріп-үріп жіберді. Даусы біртүрлі таныс сияқты. Сөйтсем, о, сұмдық-ай, өзімнің Ұшарым екен! Жүрегім жарылардай қуанып кеттім. Өздерің білесіңдер, Көктерек пен екі ара автожолмен 20 шақырым. Мұндай жерге қаңғыбас неме болмаса үйдегі күтіп-бағудағы ит келе ме? Яғни менің келерімді біліп, күтіп алуға арнайы келген! Айналайын-ай, екі жыл көрмегенге мені әбден сағынып қалыпты. Екеуміз әлгі жерде армансыз құшақтасып, мауқымызды бастық. Итім арсалаңдап, айнала шауып, қыңсылап қояды. Екі жыл бойғы көрген-білгенін, арзу арманын өз тілінде айтып жатыр, айтып жатыр…
Сол екі арада бір «Беларус» тракторы келе қалды. Сұрасам, Көктерекке бара жатыр екен. Тазым тар кабинаға сыймайтынын білді ме, ауылға төте жолмен тура тартты. Сол шапқаннан арсалаңдап үйге жетіп, үріп-үріп, ошаққа от тұтатқалы жатқан апамның жаулығын ала қашыпты. «Құдай оңдағырдың мұндайы жоқ еді, мұнысы несі?» деп таң қалыпты апам. Сөйтсе, тілі жоқ мақұлықтың мұнысы апамнан сүйінші сұрағаны екен ғой!
Мен ол кезде ауылға телепон да соқпағам, телграм да ұрмағам. Ол уақта ауылда колхоз төрағасының өмірі босамайтын қара телепонынан басқа телепон да жоқ қой! Ал телграм ұруды қай қазақ құнттаушы еді. Сонда деймін, құмай тазының түйсігі анау-мынау адамның ақылынан асып түсетіні рас болғаны ғой. Әйтпесе, менің келетінімді бүкіл ауыл білмегенде жалғыз Ұшар қайдан білген!? Осы күнге дейін қанша ойласам да, осыған ақылым жетпей қойды…
Күн ұясына бата сала Жұмаш Көктерекке қайтатын екі бригада балаларын ертіп балағанды бетке алады. Ол жерден ұл-қыздар жуынып-шайынып, трактордың тіркемесіне отырып, ауылға қайтады. Балалар қосқа жетті-ау дегенде осында қонатын үшінші бригада орнынан қозғалады. Мұндағылар Жұмаш балаларды ауылға алып кете салысымен, шегірткенің шырылы мен құрбақаның құрылын тыңдай отырып, қалқайманың астында кешкі тамағын ішеді. Содан сығырайған ондық шамның жарығымен төсектерін салып, құлай-құлай кетіседі. Өйткені ертең тағы да тауық шақырмай, ерте тұрып іске кірісуі керек. Асқабақшылардың арамшөппен арпалысының әрбір күні осылай өтетін.
Көп ұзамай арам шөп екінші қайтара оталып бітіп, балалар келіскен ақшаларын алып, әндетіп үйіне қайтты. Жемістерінің алды құшаққа толардай болып үлкейген соң көп күй талғамайтын асқабақ ендігі шыққан арамшөпке бой бермейтін еді.

* * *
Жақын маңдағы бұталардың бірінен екі торғайдың бір-бірімен оңаша шүңкілдескен ерлі-зайыптылардай жайлап қана шиқылдаса тілдескені құлағына келді. Ол Арыстанға ап-анық естіліп тұр. Біреуі, сірә, еркегі болар: «Қал қалай, жайлы ұйықтадың ба!?» деген сияқты. «Шүкір-р, керемет мызғып, жайлы тынықтым» дейді ұрғашысы. Еркегі оған: «Онда, жүр, Құдай берген несібемізді теріп жейік!» – деп қуана тіл қатты. Ұрғашысы дереу қостай кетті: «Мейлі, сөйтсек сөйтейік. Баста, қане!». Екеуі түнде паналаған бұтасынан пыр-р етіп жұптаса ұшып шықты.
Сол кезде киіз үйдің төбесіне тып-тып етіп, тамшы тамды. «Апырай, мына жаңбыр бүгін бастайтын жаңа шаруаға кеселін тигізбесе неғылсын, – деп уайымдады Арыстан, – қой, жоқтан өзгеге қайғырмай, тұрайын! Бәлкім, өткінші шығар!» Ол кеше ғана басшылармен сөйлесіп, колхоздың қара жұмысқа шөгел бес азаматын таңдап алған. Қазір Жұмаш соларды әкелуге тиіс. Қайтарында ескі машинаның ресорынан он қылыш соқтырып, жалаңдатып қайрап әкелген еді. Жүзі жендеттердің бас шабатын қылышындай қылпып тұр. Балалар арандап қалмасын деп, онын да темір жәшікке салып, құлыптап тастаған. Қазір сол жәшікке көз қиығын жүгіртіп өтіп, беті-қолын жуды. Әлгі жаңбыр бұл түзге барып келгенше басылып қалды. «Шүкір, өткінші екен. Жердің бетін дымдап та үлгермепті. Әйтпесе, атыздағы топырақты езіп, ол жүрген сайын табанға жабысып, мазаны алар еді» деп қуанды жуынып жатып.
Өткенде арамшөп отау мен суғару тоқтатыла сала әйелдер мен бала-шағаны ауылға жіберіп, екі аптадай тынықтырып алған. Ондағы ойы әрі демалсын әрі балалардың мектепке киетін киімдері мен құрал-жабдықтарын түгелдеп алсын дегені. Бірер күн бұрын әйелдер мен бала-шағаны қайта алдырып, үш-төрт атыздың асқабағын желісінен ажыратып, орта тұсқа қатар-қатар етіп жинатып қойды. Бүгін енді ұрық жинауға білек сыбанып, дайын отыр. Олар тынығып жатқанда еркектер жанарықтың ұзына бойымен жарыстыра екінші ор қазып, жиырма метрдей өзектің түбі мен жақтауына қатты целофан керіп, ұрық жуатын астау жасады. Әлгі астаудың басынан аяғына дейін сумен ағып келген ұрықтың айналасындағы жылбысқы шырыш пен талшықтарды ұстап қалатын сансыз жіңішке арматура мен жуан сымтемірден жасалған шабақтар шаншып қойды. Астаудың жоғарғы жағына ескі водовоздың үш тонналық бөшкесінің үстіңгі жағын кесіп алып тастап, арықты тереңдетіп қаза отырып, соған орнатты. Арықпен ағып келген су әуелі бөшкеге құйылады. Бұлар жиналған ұрықты сол бөшкеге төгіп, сырықтың ұшына қар күрегіш құралдыкіндей көлденең қағылған тақтаймен арлы-берлі араластыра жуып, шырышынан ажыратады. Соңыра суды көбірек ағызғанда шырыштар әлгі тік шаншылған шабақтарға байланып қалады да, тазарған тұқым арық ішімен ағып отырып, астау бітер жердегі торғайкөз торға жиналады. Сол тордағы ұрықты екеулеп көтеріп, жағадан төрт-бес қадамдай жердегі целофан төселіп, шет-шеті сары лаймен әдемілеп сыланған қырманға жаяды. Ол жерде әлгіндей ұшында тақтайы бар былғауыш құралмен арлы-берлі аударыстыра отырып кептіріледі. Кепкен ұрық үймектей жиналып, жел тұрғанда шелектермен көсіп алып, жоғарыдан төмен төгіп ұшырылады. Әбден кептіріліп, тазартылып болған соң су тигізбей қапталып, Үржардағы «Көктұқымсұрпына» өткізіледі.
Бұлар тамақтанып, ұрық жинайтын құралдарын сайлап болғанша бес жігітті алып, Жұмаш та жетті. Бес жігіт қылыштарын жалаңдатып шыға келгенде оның кеше ғана қайралған жүздері күнмен шағылысып, жарқ-жұрқ етті. Жігіттер алға озғындап асқабақты шауып, төртке бөліп кете береді. Бала-шаға мен әйелдер соңынан ере жүріп, жарылған асқабақтың ұрықтарын қолмен көсіп алып, арнайы шелектерге салып жүреді. Жұмаш пен Арыстан солардың соңынан «Быт-бытпен» еріп отырып, толған шелектерді трактордың тіркемесіне әкеп төгеді.
Тіркеме қорабы жартысынан аса бастағанда Арыстан «Быт-бытты» айдап, әлгі айтылған жасанды науаның қасына келеді. Әуелі алдында жуылып, торға жиналған тұқымды Ерұлан екеуі екі жақтап шығарып, қырманға жаяды. Ал жаңа келген ұрықты арыққа жартылай көмілген бөшкеге әкеп төгеді де, жинаушыларға қайта кетеді. Ерұлан бөшкеге түскен шырышпен шырмалған ұрықты манағы піспегімен пісіп, шайқап жуа бастайды. Осылайша жұмыла істелген берекелі жұмыстың арқасында бір аптаның ішінде отыз қап ұрық кептіріліп, қапталды. Бұған қоса колхоздың жұмысшылары арнайы келіп, асқабақтың қабығы мен етін алды. Арыстан қойын кітапшасына «жеті «К-700», он бес «Беларусьтың» тіркемесі және бес «Зилдің» қорабына аузы-мұрнынан шығара тиеп әкетті» деп жазып отырып, тасымалдаушылар бригадасына қол қойғызып алды. Осыған колхоз жүгерінің сабағын қоса отырып, қыста малға беретін сүрлем дайындамақшы.
Кенет таяқ тастам жерден шаң-шұң шықты.
– Өй, аға-ау, Мақаншы мына тұрған жер емес пе? Келініңіздің аман-саулығын біліп, барам да келем ғой, не бопты сонша? Адамнан адам шығу деген оңай деймісіз? – дейді Мырзағазы есімді жас жігіт. Шамасы келіншегі босанып, қуанышы қойнына сыймай, алабұртып тұрған сияқты.
– Айналайын сен қалай түсінбейсің? Ол менің құзырымда емес, бастықтардан сұрал!– дейді ағасы Жұмағазы.
– Бастықтарыңыз бар болса, сұралам ғой. Жоқ болған соң Сізге жүгініп тұрғам жоқ па!? Сіз де сол басшылардың бірісіз. Бөтен адам емессіз, қалай түсінбейсіз?
– Жоқ, мен түсініп тұрмын, жақсы түсіндім. Алайда… «барам да келеміңе» онша сеніңкіремей тұрғам жоқ па! Бүгін жұма, ертең сенбі, әлі екі жұмыс күнің бар. Қатының ұл тапқан соң елдің жел сөзіне еріп, тойлап кетпейсің бе?
– Жо-ға-а! Басымыз бар емес пе!
– Әй, қайдам, қазіргі жігіттердің сөзіне сену қиын ғой. Уәдені қарша боратады…
– Аға, міне, нан ұрсын!..
– Өткенде де осылай ант-су ішіп ең… Бір апта өтпей, ұмытқан жоқсың ба!
Келіспей қалғандар немерелес аға-інілі жігіттер екен. Інісі ағасына сүйеніп, перзентханада жатқан келіншегіне тартып кетпек. Ағасы ішімдікке әуестеу інісінің сөзіне сенбей тұрған сияқты. Сөзге Арыстан араласты.
– Ой, Жүке! Осы ініңді маған бер! Үржарға отыз қап дайын ұрықты өткізіп қайтайық! Жұмысты да бітіреді, жолай келіншегіне де соғады.
Аға-інілі екеуі де қуанып, қолдай кетті:
– Өй, Ареке! Мынау табылған ақыл болды ғой!
– Тіпті жақсы! Қатып кетті. Құтқардыңыз, аға!
Үржарға дайын ұрықты әкелу осылайша аяқ астынан шешілген еді. «Көктұқымсұрпының» өзінде барлығын бірден қабылдап ала салмай, әуелі бәрін електен өткізеді екен. Мырзағазы екеуі отыз қапты әрі елеп, әрі ұшыратын машинаның дәл қасына әкеп түсірді. Бұл жердің өзінде кезек. Әлі бірер сағатсыз кезегі келмейтін сияқты. Алайда кетіп қалса, кезегі өтіп кетуі мүмкін. Бәрі де шаруасын тезірек бітіріп, үйлеріне қайтуға асығуда. «Бүгін қайта аз. Кей күндері кезегің жетпей, Үржарға қонып қаласың» деп қояды тұрғандар.
Ес кетті, жан шықты дегенде бұлардың да кезегі жетті-ау әйтеуір. Отыз қапты бір-бірлеп електен өткізетін машинаға төге бастап еді, сонда көрді қанша тазаладым деген дәніңнен қауыз бен қылпық табылады екен. Көзге іліне бермейтін шаң да бұрқырап шықты. Одан өткізіп, қайта қаптаған соң таразыға тасып апарды. Таразыдан өткенді «Сортсемовоштың» бастығының өзі жазып отырады екен. Ол орта бойлы, қушық иықты, сілеусін көз, алпысты алқымдаған Семен Семенович Семенов деген кісі еді. Өзі аузы аузына жұқпай, көп сөйлейтін көрінеді. Салған жерден мұны кәріс екен деп қалса керек:
– Жә, жігітім, міне, қара 1 тонна 137 килә болды. Қане, тапсырушының фамилиясын жазайық! Пак, Сон, Кимнің қайсысы боласың? – деп қарап тұр.
– Ешқайсы да емеспін, – деді бұл мырс етіп.
– Онда дүңген шығарсың?
– Дүңген де емеспін, қазақпын! Немене қазақ асқабақ егіп, ұрық өткізе алмай ма!?
– Қой, жігітім, қылжақтама! Қазақ қашан асқабақ егуші еді? Иә, білемін, Мичурин совхозында қарбыз егіп, ұрығын өткізетіндер бар! Бірақ ол асқабақ емес, қарбыз ғой! Алда-жалда жоспарды орындай алмай қалса, туған-туысы мен таныстарын қарбызға қарқ қылады. Ал асқабақтан не пайда? Сондықтан қылжақтамай, анығын айт!
– Шыным сол, қазақпын! Жәй қазақ емес, нағыз қазақпын!
– О, Құдайым-ай! Сенейін бе, сенбейін бе?
Мына Семен Семеныч өзін мазақ қылып тұрғандай, Арыстан ашуға мініп, орыстың жас-кәрі демей, құрдасындай сен деп сөйлей беретін мінезіне көшті.
– Не, саған төлқұжат керек пе? Мә, ұста!
– О-о, рас екен! Арыстан Төлеужанов! Асқабақ ұрығы 1 тонна 137 кило. Жаздым. Бірақ саған мынаны айтуға тиіспін: Мен «Сортсемовощта» істегелі биыл, міне, тура отыз жыл! Осы уақыттың ішінде қазақ қана емес, әлі бірде-бір ұлттың өкілі асқабақ егіп, ұрық өткізген емес. Сен алғашқы қарлығашсың. Дүңгенсің бе, кәріссің бе дегенім сол, ренжіме!
– Қазақ екеніме енді көзіңіз жетті ме?
– Шынымды айтсам, әлі де сене алмай отырмын… Айтпақшы, асқабақты отқа немесе суға күйген науқастардың жарасына таңса, дереу жазылады. Оның несеп жүргізетін, ыстықты түсіретін қасиеттері бар. Жүрек қан тамыры аурулары, гипертония, зат алмасуы қиын науқастарға диеталық тағам ретінде ұсынылады. Асқабақ дәнін балмен араластырып жесең, ішек құрттарын, яғни паразиттерді түсіреді.
– Ой-боу, Семен Семеныч! Мұның бәрін несіне термелеп кеттіңіз? Айтыңызшы, төлқұжаттан артық қандай айғақ керек? Сосын, дәп қазір қаптарды тексеріп, бір тал қауыз таппасаңыз, жоғары сұрыппен қабылдарсыз деп үміттенем.
Семен Семеныч қарқылдап күлді. Несі күлкілі деп ойлады бұл.
– Жо-жоқ, жігітім, біз ешкімдікін жоғары сұрыппен қабылдамаймыз. Өйткені електен өткеннің өзінде кез келген қапты ашып көрсеңіз, әлі де аздап қауыз не кепкен шырыш шығуы мүмкін. Сондықтан біз ұрықты ең мықтағанда бірінші сұрыппен ғана қабылдаймыз!
– Онда сол бірінші сұрыппен қабылдаңыз!
– Жоқ, әлгінде мықтағанда деп ескерттім ғой. Ал сіздікін екіншімен қабылдаймыз! Екінші сұрыппен қабылдағанда сіздің қанша ақша жоғалтарыңызды білемін. Бірақ түсініңіз, сізден бірінші сұрыппен қабылдасақ, сол сұрыппен жоғарыдағыларға өткізетінімізге ешқандай кепілдік жоқ қой! Өзіміздің қалтамыз қағылмай ма? Сондықтан біз де ұтылмауды ойластырамыз.
Семен Семеныч айтқанынан қайтпай, ұрықты ақыры екінші сұрыппен қабылдады. Мейлі, бұл да қолдан келгеннің бәрін жасады ғой. Басқа амал жоқ. Сөйтіп, ойға алған шаруасы оңтайымен біткен Арыстан ауылға көңілді оралды. Оқушылардың сабағы басталып, жігіттермен бір айлық келісімі аяқталғанша тағы үш аптадай осылай бас алмай істесе төрт-бес тоннаға жеткізетін түрі бар. Тек жиын-терін біткенше апталап сіркіреп тұрып алатын ақжауын жаумасын деңіз. Сонда бәрі де ойдағыдай оңтайлы бітпекші. Ал қалған бірер тоннаны қыркүйек бойы үлкендердің күшімен-ақ жиып алар.

* * *
Бір тәуірі осыдан кейінгі ойға алған шаруалары да ойдағыдай сәтті бітті. Ал тамыздың соңғы аптасында Ебінің ешкі ұшырардай елірген желі соғып, соңы дауылға ұласып, жоспардың тас-талқанын шығарды. Дауыл тоқтай бере шелектеп жаңбыр құйып ала жөнелді. Бұлар түстеніп алып, енді жұмысқа шыққалы жатыр еді, балаған мен киіз үйге қашып тығылды. Сүт пісірім уақыттай әңгімелескен соң Қызағаң аспанға қарап: «Арыстан-ау, әй, мына күннің сиқы жаман, апталап сіркіреп тұрып алатын ақжауынға ұласпаса неғылсын» деген қауіп айтты. Осыдан өзі де секемденіп тұр еді, әрі-бері ойланып, жуық арада басылмасына көзі жеткен соң жалдаған жігіттерді ауылға апарып қайтты. Түнде сәл саябырлағанмен, жауын ертеңінде қайта сіркіреді. Арыстан жеңіл көлігімен екі рет қатынап, балалар мен әйелдерді де Көктерекке апарып тастады. Содан сылбыраған сәттерде төртеуі итшілеп жүріп ұрық жинап, жуғанмен кептіретін жер таппай қиналды. Балағандағы төсектердің астына, киіз үйдің еденіне жайғанмен, күн түспей, жел қақпағанға недәуір ұзағырақ кепті.
«Тайдың жүрісі, баланың істегені білінбейді» деуші еді үлкендер, рас екен. Қыркүйектің алғашқы жексенбісінде балалар мен әйелдер келіп, жабыла жәрдемдесіп еді, недәуір ұрық теріліп, жуылып, қырманға жайылды. Сол кездері күн де жарқырап, еңбектері еселене түсті. Мұны байқаған Арыстан «енді бұларға айлық жазылмайды, ал атқарылған еңбекке ақы төленуі керек» деп шешіп, өз қалтасынан балаларға да, әйелдерге де қолма-қол ақша берді. Асар деп ойлап, мұндайды күтпеген жәрдемші әйелдер әзіл-шынын араластыра: «Ақша берсең, тағы да қуана көмектесеміз» деп, разы болысып аттанды. Өйткені бұларға төленген ақша жоспар орындалса, еселеніп қайтпай ма!? Ал қазанға дейін арқаны кеңге салып не тиын-тебеніңді аяп жүре берсең, жаңбыр соңы қара суыққа ұласып, күздің қара суығынан соң көп ұзамай қар жаууы ықтимал. Балбырап піскен өнімің қардың астында қалса, қып-қызыл ысырапқа ұшырап, қызғанғаның қызыл итке жем болмай ма!?
Қыркүйектің келесі жексенбісі де егжей-тегжейлі ойластырылған қарқынды еңбекпен өтті. Арыстан күні бұрын ауылдың Ойран жақ бетіндегі көгалға барып, балалармен кездескен еді. Жазда арамшөп отап, белесебет алған қарадомалақтар мұны көре сала қолын ала жүгіріп, арсалаңдап қоршап алды. Баяғы тақыр басты тақылдаған сары бала танауы делдиіп алдымен жетті.
Ағай, асқабақ шөптеп тапқан ақшама белесепет алдым ғой! Міне, қараңызшы, қандай әйбат, – деді қою жасыл белесепетін масаттана көрсетіп.
Өй, мынауың бала кезде бізге қол жетпес арман болды ғой! Керемет жүйрік өзі, анау-мынау мопедіңе жеткізбейді. Әке-шешең қарсы болған жоқ па?
Қарсы болды! Әсіресе, анам! «Мектепке киетін киімің де жо-о-қ…» деп келе жатыр еді: «Тәте, өзім тапқан ақша ғой, алайыншы!» деп қиылып едім, «Жарайды, алшы» деп, келісе салды. – Аман ішек-сілесі қатып, сықылықтай күлді. Оның күлкісінің еліктіргіштігі сонша қасындағылар да ыржалаң қағып, бір жетісіп қалды.
Мектепке киетін киімге де жәрдемдесе аласың! Мен сол үшін келдім! Алдағы жексенбіде асқабақтың ұрығын жинасуға барасыңдар ма? – деп, Арыстан барлық балаларға барлай қарады. – Жақсылап жинасаңдар, екі жарым сомнан қолма-қол төлеймін!
О-һо, мен барамын! – деді Аман сөзге келместен.
Басқалар да жамырап, қостай жөнелді.
– Мен де барамын!
– Мен де! – Әп-сәтте он шақты бала жиналып қалды.
Арыстан оларға жексенбі күні қатты жаңбыр жаумаса, дәл осы жерде сағат таңғы 6.30-дан бастап «Быт-быт» тұратынын, 7-де қозғалатынын айтып, кешікпеуді, жылы киінуді ескертіп егіс басына кетті. Аздаған жауын себелесе, алабұлт болса да жылы киініп келе беруі керектігін естеріне салды. Сөйтіп өздерінікі бар, басқалары бар жиырма шақты бала жұмыла кірісіп, трактордың тіркемесі мен науасын және арықтағы бөшкені ұрыққа толтырып кетті. Арыстан кешкісін оларды үйлеріне жеңіл көлігімен апарып тастады. Келер жексенбіде де дәл осылай істемекке уәделесті.
Бірер күннен соң кепкен ұрық салынған қаптың бәрін «Быт-быттың» науасына тиеп алып, Арыстан күн шықпай тұрып Ұржарға тартты. Дәл осындай «Быт-быттар» сағатына он жеті шақырымнан аса алмаса, Арыстан өзінікінің беріліс қорабы мен басқа да қосалқы бөлшектерін ауыстырып, ышқынса елу, ал моторға күш салмаса, сағатына қырық шақырымды еркін алатындай қылып жасап алып еді. Сондықтан ұзаса екі-үш сағатта Ұржарға жетіп баруға тиіс. Асфальтқа бір шықса, арғы жағы тақтайдай тегіс қой. Күн арқан бойы көтерілгенде Мақаншыға кірді. Ал сиыр сәскеге ілінбей Ұржардың төбесі көрінді.
Ұрық өткізетін жерге келе сала Арыстан алдымен елекке кезек алды. Бажайлап қараса, кезектегі орыстардың көбі қызара бөртіп алыпты. Семен Семенычтың кабинетіне қайта-қайта кіргіштейді. Сөйтсе ертең «Көктұқым-сұрпы» бастығының туған күні екен. Өнімінің бірінші сұрыппен қабылдануын қалаған әлдекім соны желеу етіп, бір жәшік орыс арағын әкеп берген сияқты. Содан күннің күлбеттеніп тұрғанын сылтауратып ертемен ұрттап-жалап, мұндағылар біраз жерге барып қалыпты. Арыстан оларға онша мән бермей, қаптардың бәрін електен өткізіп болып, енді мәшинені жүгімен қосып өлшей беретін дәу таразының үстіне «Быт-бытымен» бірге шығарып қойды.
Таразының басында шиқандай қызарып алған дәу орыс тұр екен. Асқабақшы жігіт оны бұрын-соңды бұл жерден көрмепті. Амандасып еді, сәлемін алмай, теріс айналды. Шамасы, жаңадан келген ноқай біреу сияқты. Онымен қоймай, бұған ала көзімен ата қарап, төбеден түскендей қылып:
– Ей, қаракөт, тракторыңды таразыдан әкет! – деп айқайлады. Мұны кісі құрлы көрмей, көпе-көрінеу басынып, астамсып тұр.
– Не дедің? Қайтала, қане! – Арыстанның қаны басына тепті.
– Не естісең, сол!
– Мә, саған қаракөт! – Шиқандай қызарған немені иектің астынан көтере соғып еді, кескен теректей сұлап түсті. Бұлай ұрады деп күтпесе керек.
«Көктұқымсұрпының» жұмысшылары бар, ұрық өткізушілер бар бір топ адам лезде жиналып қалды. Кейбіреулері әлгі дәу орысты тұрғыза алмай әлек болып жатыр. Басым көпшілігі сары шашты славян тектестер.
– Мұның не? Неге ұрасың?
– Қоғамдық тәртіпті неге бұзасың?
– Бұл үшін қандай статья барын білесің бе? – деп, жан-жақтан жекіп, сөзбен ықтырғысы бар.
Бір қырым артық еті жоқ, сұңғақ бойлы, сіңірлі, серіппедей серпіліп, шиыршық атқан қараторы жігіт олардың мұнысына қыңа қоймай:
– Оған сол керек! Тілін тартсын, – деді сазарып. Сол-ақ екен, әлгілердің арасынан бір-екеуі өзара ымдасып, мына қазақты дереу тәубасына түсіріп алмаса болмас дегендей білек сыбанып жақындай берді.
– Ей, ты че, на рабочем месте человека бьешь? – Ей, сен неге жұмыс орнында адамды ұрасың? – деді әуелі ұзынтұрасы ұрып жіберердей айбат шегіп. Соны арқаланған еңгезердей қылиы сөзге келместен қараторы қазақты құлақшекеден қонжитты.
– Мә, саған!
Арыстан еңгезердей қылидың бар пәрменімен жұмсаған соққысын бұға қалып өткізіп жіберді де бауырды көздеп сылқ еткізді. Еңгезердей қылидың бет-аузы тыжырайып, шөкелеп отыра беріп, оң жағына құлап түсті. Мұны көрген ұзынтұра шегіншектеп, көптің ортасына зып берді. Қараторы қазақ серіппедей серпіліп, енді тұрғандарға ақырды:
– Оған сол керек! Естеріңде болсын! Мен қаракөт емеспін, қазақпын! Нағыз қазақпын! Атым – Арыстан. Ұқтыңдар ма?!
Жиналғандар бәлесінен аулақ дегендей, кейін серпілді. Бұл әрқайсына бір төніп келіп, «Ұқтыңдар ма?» деп шұқшияды. Бірнешеуі қатарынан «Ұқтық! Ұқтық!» десті. Арыстан ол жауапты місе тұтпай, манағы ұзынтұраға «Мен кіммін?» деп төніп кеп сұрады. Ол тілімнен жаңылып қалмайын дегендей, дір-дір етіп қорқақтай айтты:
– Нағыз қазақсың! Атың – Арстан.
– Арстан емес, Арыстан! – Ол енді жаңа ғана орнынан сүйемелдеп тұрғызған шиқандай қызарған дәу орыстың қасына келіп:
– Тірілдің бе? – деп сұрады. Анау болар-болмас басын изеді.
– Кім қаракөт?
– М-мен…
– Ал мен кіммін?
– Қазақсың! Нағыз қазақсың!
– Е-е, міне, енді сөзің түзелді!
Осы кезде Семен Семеныч кабинетінен шығып, топқа жақындады.
– Арыстан, балам! Болды енді, ашуыңды бас! Тілінен қағынған Иван өз сыбағасын алды. Енді байқап сөйлейтін болады…
Осы күннен бастап Арыстан ұрық өткізуге Ұржарға келген сайын «Сортсемовощта» істейтіндердің бәрі де «Нағыз қазақ келді!», «Хал қалай, нағыз қазақ?» деп, қарсы алатын болды…
– О-һо, бауырым! Сен өзің елді шетінен сабайтын болыпсың ғой! – деді біреу бұған оқшырая қарап. «Мынау таныс дауыс қой! Бірақ түрі түк ұқсамайды. Ол… екі иығына екі кісі мінгендей дәу емес пе еді? Ал мына кісі… екі иығы қушиған қу сүйек, бойы да бәкене, – деп ойлады Арыстан осы сәт. – Алайда анау жылт-жылт еткен шегір көзді қалай шатастырарсың! Сол… соның нақ өзі…» – Мен сені кісі сабасын деп баулыдым ба боксқа?
– Емілбай аға! – деп құшақтай алды Арыстан.
– Иә, иә! Сол баяғы Емілбай ағаңмын. Баяғы алпамсадай ағам қайда деп танымай қалдың-ау… Сен байқа, бұлардан қатты сақтан! Бетіңе күліп тұратын, сырын ішке бүккен ішмерездері көп. Имансыздар обал-сауап дегенді білмейді. Нақақтан сотталып кетуің оп-оңай.
– Иә, аға, сақтанамын! Сіз кеткелі бірінші рет кісі сабап тұрмын!
Екеуі қосыла күлді. Неге күлгендері өздеріне ғана мәлім еді. Амандық-саулық сұрасқанда білді. Емілбай әуелі Қызылбұлаққа барыпты. Ел-жұрттан сұрастырып, Көктеректегі үйге кіріп, мұның Үржарға кеткенін біліпті. Жол-жөнекей Мақаншыға соғып, Арыстанның інісінің үйіндегі әке-шешесімен амандасыпты. Содан кейін ғана осында келіпті. Емілбай өзі туралы «жүрміз ғой» дегеннен басқа жарытып ештеңе айтпады. Айтпаса да Арыстан екі иығына екі кісі мінгендей дәу жігіттің енді бұған жоқ екенін, оның орнын иығы қушиған қу сүйек, бойы да бәкене басқа біреудің басқанын көріп, жүрегі қан жылады. Қатыгез тағдыр жаны жайсаң, ақкөңіл азаматтың нәзік жүрегін аяусыз тілгілеп, тайқы маңдайына енді түзелместей таңба салғанын анық ұқты.
Арыстан үйге жүріңіз, қонақ болыңыз деп, қанша қиылса да Емілбай көнбей қойды. Кейінірек келемін, асығыс бір шаруам бар деді. Не шаруа екенін ашып айтпады. Түрмеде бір емес, бірнеше мерзім отырып, сол жердің тұрақты тұрғыны болып алған адам сырт кісіге сырын аша бере ме. Өзі ашылғысы келмеген соң ширек ғасырдай көрмей, жатырқап қалған кісіге Арыстан да тақымдап, тықақтауды әбес санады.

* * *
Әкесі Төлеужан ес білген екі ұлын кішкентайынан ерте тұрғызатын. Сабақтары бар ма, демалыс па қарамайтын. Әсіресе, сиыр баққанда сабағы жоқ болса, Арыстанды ерте тұрғызып, өзімен бірге өріске ала кететін. Ал пішен піскенде кейде атына мінгестіріп, кейде атарбамен шөп шабуға апаратын. Жексенбі күндері кеш жатып, ұйқысы қанбай қалған Арыстан есінеп отырып: «Сабақ жоқ қой. Неге сонша ерте тұрғызасыз?» деп кейитін. «Әй, балам! Қазір ғой ұйқың қанбай, маған ренжіп отырсың. Бүгінгідей ерте тұру әдетіңе айналған соң есейгенде, уақыты келгенде маған рахмет айтасың. Өйткені ерте тұрған адамның шаруасы жылдам бітеді, ісінің берекесі болады» деуші еді. «Береке деген не нәрсе? Оны біз неге көрмейміз?» дейді бұл онша иланыңқырамай. Сонда әкесі ертедегі адамдар өмірінен мысал келтіре отырып, жол-жөнекей қилы-қилы тәмсіл айтушы еді…
– Баяғыда сен сияқты бала ма, әлде жігіт пе, әйтеуір бір жас адам ғұлама ғалым кісіге: «Береке дейтін нәрсе жоқ! Оны таң атса ұйқысы қашатын қариялар ойдан шығарған болар, сірә», – депті. Сонда әлгі данышпан адам жігіт сөзінің қате екендігін мысалмен ұғындыруды жөн санап:
– Иттер мен қойлардың қайсысы көп төлдейді? – деп сұрапты.
– Әрине, иттер! Олар жетеуге дейін күшіктейді. Ал қойлар бір-бір қозыдан, сиректеу болса да егіз, ал ұзаса үш қозыға шейін төлдейді, – дейді жігіт.
– Олай болса, айналаңа қарашы, екеуінің қайсысы көп?
– Қой көп…
– Бірақ, үнемі сойып жеп, саны кемітілетін де солар. Құрбандыққа да көбінесе қой сойылады емес пе?
– Дәл солай!
– Міне, «береке» дегеніміз осы, – дейді әлгі данышпан. – Қой қанша аз төлдесе де, қанша сойылып, еті желініп жатса да саны артпаса кемімейді. Ал, қойдан екі есе көп күшіктейтін итті ешкім сойып жемесе де оның саны аз.
Жігіт біраз ойланып тұрып:
– Расында да солай, ә! – деп соның мәнісін сұрапты. – Неге итте береке жоқ, ал қой берекелі?
Сонда әлгі данышпан былайша түсіндіріпті:
– Өйткені, қой күн батысымен көп ұзамай ұйықтап, таң атпай тұрып алады. Осылайша «Алланың рахымы түсетін уақытқа» дөп келіп, оларға береке жауады. Ал иттер түнімен әупілдеп, өздері де ұйықтамайды, елді де ұйықтатпайды да таң атар кезде ғана ұйқыға кетеді. Осылайша, Алланың рахымы түсетін уақытты бос жіберіп алып, несібеден құр қалып, Құдай берекесін алып қояды. Оның мәнісі сол!
– Бірақ, әке, адамның үйін ит күзетпесе кім күзетеді? – деп Арыстан әділет үшін иттерді ақтағысы келіп, қарсы уәж айтты.
– Дұрыс айтасың, ит күзетеді. Бірақ ештеңе күзетпесе де таң атқанша ұйықтамай жүре беретін қаңғыбас иттер аз ба?
Расында да солай екен-ау… Әкесінің осынау мағыналы тәмсілі Арыстанның жадында мәңгі-бақи жатталып қалыпты. Кіп-кішкентайынан ерте тұру күнделікті әдетіне айналған ол кейін есейгенде, қалада оқып, әскери қызметте жүргенде әкесіне іштей сан мәрте алғыс айтты. Шопыр болып, бастықтарды тасығанда бір рет те кешікпей, ешкімнен сөз естіген жоқ. Әкесі бойына сіңірген осы әдет өмір бақи пайдасын тигізіп, ісінің қайыр-берекесін беріп келеді.
Ерте көктемнен күздің қара суығына дейін созылған берекелі тірліктің арқасында жігіттер қар жаумай тұрып, асқабақтың бір түйірін қалдырмай жинап алды. Ұржардағы «Көктұқымсұрпына» өткізген ұрық көлемі ең соңында бес тоннадан асып жығылды. Оның үстіне кейінгілердің барлығы дерлік бірінші сұрыппен қабылданды. Ойға алған шаруасы ойдағыдай біткен Арыстан баяғы Ерұланның күмәні есіне түсіп, колхоз төрағасына барды. Экономистің де бухгалтердің де Құлжабаевтың рұқсатынсыз аттап баспайтыны мәлім.
– Жігіттерің жеті жүз сомнан, өзің мың алсаң, болды емес пе? – дейді Құлжабаевтың беті бүлк етпестен.
Арыстан ала жаздай істеген қисапсыз еңбектің өтемін колхоздан өндіріп алудың оңайға түспесін, бастықпен недәуір ырғасатынын түсінді. Түсімнің басым көпшілігін кеңсе қызметкерлеріне алып қалуға, бұларға жиырма пайыздайын ғана беріп, қалғанын өздеріне қалдыруға тырысады. Шартта қай жаққа қанша қалдырылатыны нақты көрсетілмеген екен. Ал бұл болса, еңбек өздерінікі болған соң түсімді де толық өзіміз аламыз деп жүріпті. Сондықтан ашуға ерік бермей, ойын айғақпен жеткізуі керектігін ұқты.
– Ореке, ерте көктемде Орынбаев қатысқан жиналыста «кәрістен асырып істемесем, атымды басқаша қойыңыздар» демедім бе? «Жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деген. Биыл біздің бәріміз ерте көктемнен қыс түскенше елең-алаңда тауықтан бұрын тұрып жұмыс істедік! Соның арқасында уәдемізді асыра орындап, «Сортсемовощқа» өткізген ұрығымыз бес тоннадан асып түсті. Сексен пайызы бірінші сұрыппен қабылданды. Бұл – сарымсақ пен қарбыз өсірген кәрістер де орындай алмаған жоспар. Өйткені олар өнімінің бір бөлігін тікелей өздері саудалайды.
– Жақсы, жақсы… Жігіттерің сегіз жүз сомнан, өзің бір мың бір жүз!
– Ал сіздер түскен пайданың қырық-елу процентін ұстап қалмақсыздар! Сіздерге жиырма проценті де жетпей ме? Өйткені дайын тұрған нәрсені алсын деп қана рұқсат бердіңіздер! Келісіп қойған жұмыс күшінің өзін бермей, қырықтыққа салдыңыздар! Жиын-терінге адам беріп, көмектеспедіңіздер! Біз осы алты ай бойы таңғы сағат төрт жарымнан тұрып, жұмысқа кірістік! Жұмыс кешкі тоғыз-ондарда ғана аяқталады. Ал сіздер кеңседе ең мықтағанда сегізде, әйтпесе, тоғызда іске кірісіп, бес-алтыларда аяқтайсыздар!
Құлжабаев енді түсін суытты.
– Болды, Бейсенбаев! Бұдан артық ештеңе бере алмаймыз!
Колхоз төрағасы мұның рулас апайын алып отыр еді. Арыстан соны еске алып, жездесін заңмен қысуды ойлады.
– Жездеке, аудандық прокурор досым екенін білесіз. Соған шағымданып, ревизорды тексеруге әкелсем қырық тұрғай, жиырма проценттің өзіне зар болып қаласыздар! Жігіттерге бір жарым мыңнан, маған бір мың жеті жүз болсын!
– Жездесін прокурормен қорқытқан қай қазақты көріп едің, балдыз?! Жігіттеріңе бір мың сомнан, өзіңе бір мың үш жүз! Осыдан артық аттап баспайық…
Екеуі ет асым уақыт ырғасып отырып, ақыры әрең келісті…
Желтоқсан айының ортасына қарай бригада мүшелері сыйақыға буда-буда ақша алды. Арыстан соғымбасы сылтауымен жігіттердің барлығын әйелі, бала-шағасымен бірге үйіне қонаққа шақырып, разылығын айтты. Босанар уақыты тақап, аузы-мұрнынан шығып жүрген Жұмаштың әйелі де қалмай келді. Басшының ең басты қуанышы – берген уәдесін артығымен орындап, тек сыйақымен ғана жігіттеріне бір-бір «Урал» мотоциклін мінгізуі еді.
Қызағаң отырыс соңында тебірене сөз толғап: «Әй, жігіттер, бәріңе де шын пейіліммен разымын! Ал арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты Арыстан бауырыма шексіз ризамын! Бір маусым толық істемеген пендеге шарт бойынша сыйақы тұрғай сайтан да жоқ еді ғой. Сонда да «ағам нәумез болмасыншы» деп екі жүз сом бергізіпсің! Рахмет оныңа! Ынтымақ, береке дегенің қияндағы қияли сағым ба десем, ниетті түзесең болды, басыңа қонатын бақ екен ғой! Ерте көктемнен сендермен бірге шығып, күзде соңына дейін шыдап істесем, әкесін танытып тұрып мен де бір мотоцикл мінер едім. Белдің талғанын, жастың келгенін сылтауратып ауырдым, қажыдым деп қашып кеткен өзіме обал жоқ!» – деп жиналған жұртты ду күлдірді.
Арыстан күле отырып, ойланып қалды… «Ештеңенің ебін тауып, ретін келтіре алмай жүріп «қазақ қопал, жалқау халық» дейді-ау басшылар. Нағыз қазақтың қандай екенін білмейді ғой «данышпандар». Білсе, олай демес еді. Әйтпесе, мына жігіттердің кімнен қай жері кем? Тауықтан ерте тұру керек пе – тұрды, жалықпай, талмай істеу керек пе – қыңқ етпестен істеді. Өздері ғана емес, жұмысқа бала-шағасын түгел жапты. Нәтижесі, мінекей… Осыдан басқа не керек? Ештеңе! Көпті көрген кісі емес пе, Қызағаң да дөп басып отыр: «ынтымақ, береке деген қияндағы қияли сағым ба десем, ниетті түзесең болды басыңа қонатын бақ екен ғой» деді. Айна-қатесіз шындық!»
Ортақ жетістікті атап өткендердің арасында бақандай үш жыл бойы гаражда жел қағып, жауын мүжіп, жарамсыз мүліктей жапырайып тұрған, биылғы көктемнен бері бір тыным таппай құлдыраңдап шауып жүрген қызыл «Быт-быты» ғана жоқ еді. «Жансыз темір ғой» дей көрмеңіз… алты ай бойы өзімен бірге жұмысты жапырып істескенге біртүрлі қимас, қиыспас досындай болып кетіпті. Завгар «бүкіл техниканы түгелдеп жатырмыз, әкеп қойыңыз» деген соң Арекең тірәктірін қимай, әрең-әрең апарды. «Басқа ешкімге беруші болмаңдар, бірер апта тынығайын, сосын рөлге өзім отырам. Еш болмаса, Ерлан мен Жұмаштың бірі жүргізеді» деген шартпен ғана берді.

Соңы.

Әбділдабек САЛЫҚБАЙ




ПІКІР ЖАЗУ