АЛАҚАНДАҒЫ ЖЫРТЫЛҒАН СУРЕТ

Мұстафа БАШПЫНАР

«Кешірші мені» дедім де жасырып келген суретті алақанына салдым.
Үрия екі бүктелген қағазды ашып, көз жүгіртті. Қағаздың төменгі сол жақ бұрышына ұсақ етіп «s» әрпі жазылыпты. Саядетдин ағай өзіне арнап салған бұл суретті Үрия алғаш рет көріп тұр. Өзегін өртеген күйінішке шыдай алмай, көз жасы бұршақтап қоя берді, мөлдіреген тамшылар үлбіреген әдемі жүзін жуып, сорғалап тұр… Қай батылдық жеңгенін білмеймін, қолымды ақырын созып, саусағымның ұшымен иегінен аялай демеп, басын көтердім. Бас бармағым сол жақ бетіндегі сүйкімді меңіне тиіп тұр. Осы сәтті мәңгілікке тоқтатып қою үшін бәрін берер едім. Бірақ… бірақ бұл мүмкін емес еді. Сәлден соң таң атады, Үрия ауылдан біржола кетеді. Ешқайда жібермей, алып қалуға дәрмен жоқ.
Осыдан екі жыл бұрын алғаш рет кездесіп едік, ал қазір қоштасқалы тұрмыз. Енді қайтып кездесеміз бе, жоқ па? Кім ол, не үшін келді мұнда? Тағдыр бізді не үшін жолықтырды? Енді неге кетіп бара жатыр?.. Осының бәрін басқаша суреттеуге болар ма еді? Ең болмағанда, бұл оқиғаның соңғы жағын өзгертсе… Әй, қайдам! Бұл сұрақтардың жауабын таба алмадым, бірақ мына жәйттерді анық білетінмін…
Кешкі уақыт болатын. Атамның бастамасымен тұрғызып алған үйіміздегі үлкен бөлменің ағаш есігінің ар жағындағы кранда анам мені жуындырып жатқан. Сол күні әпкем ерекше бақытты еді. Себебі жаңа құрбы тапты, аты – Үрия. Сол күні Үрияның үй-іші біздің ауылға көшіп келді. Бір жылдан бері салынып жатқан су тоспасында істейтін, жұрттың бәрі «Бөгетші Хасан» деп атап кеткен құрылысшы Хасан ағайдың қызы. Көршілер мен біздің үйдегілер Хасан ағай жақында көшіп келеді дейтін.
Бүгін келеді, ертең келеді, бір нәрсе кедергі болып, келесі аптаға қалды деп жүргенде ақыры келді. Келгенде де тура біздің көшедегі, Ыстамбұлға көшіп кеткен Сетенджілердің біраз уақыттан бері бос тұрған үйіне орналасты. Сенбі күні жүктерін әкеліп түсірді, сол түні көршілердің үйіне қонып шықты. Ертесіне анам мен көрші әйелдер көмектесуге барды. Әлденеге алабұртқан әпкем де солармен бірге кетті. Әйелдер үйді тазалап, жинастырып, түннің бір уағында ғана үйлеріне қайтты. Әпкем үйге оралғанда құдды қанат бітіп, ұшып жүргендей еді.
– Бөгетші Хасанның қызы менімен бір сыныпта оқиды екен, – деді ол. Келгелі Үрия туралы айтудан аузы босамады. Шашы сары екенін, оны қысқа қылып қидырғанын айта келіп «мен де шашымды қысқартамын» деп қиғылық салды. «Білесіңдер ме? Қысқа шаш сондай жарасымды, тура кинодағы қыздар сияқты» дейді. Сонымен қатар, Үрияның сабақты жақсы оқитынын да білдік. Әпкем онымен бірден тіл табысып кетіпті. «Сөйлегені сондай тәтті, айтып жеткізе алмаймын,» – дейді әпкем. Үрияның інісі де бар секілді, бірақ сәл тентектеу болса керек. «Сенің бауырың бар ма?» – деп сұрапты Үрия. Әпкем мен туралы айтып, «орта мектепке барады, үлкен жігіт болды,» – депті. «Мектепке бара жатқанда таныстырамын,» – деп қояды. Бәрінен бұрын осы сөзіне қатты толқыдым, бірақ әңгімесінің аяғын ести алмадым. Жаңадан көшіп келген қыз туралы әңгімені тыңдап жатып ұйықтап кетіппін.
Нихал әпкем ертесіне «тұр, кешігеміз» деп ұйқымнан оятып алды. Әлі уақыт бар дегеніме қарамай, сүйрелегендей етіп үйден алып шықты. Ауладан шығып, бірер қадам аттағанымыз сол еді, таңғы ауада сыңғырлаған тұп-тұнық дауыс естілді. Әпкемді атап шақырып тұр, ондай дауысты бұрын естімеппін. Екеуміз дауыс шыққан жаққа қарадық. Сетенджілердің үйінің терезесінен қарап тұрған Үрия екен. «Тоқтай тұрыңдар, мен де шығамын» дейді. Біз күтіп тұрмыз. Әпкемнің көзі есікте. Мен қобалжи бастадым. Ұялғанымды білдірмес үшін ол келетін жаққа ту сыртымды беріп, сәл қырын қарап тұрмын. Көп күттірмей ол да шықты.
– Сәлем! – деді. Құдды басқа әлемнен келгендей, бұрын-соңды естімеген әсем дауыс, еріксіз жалт қарадым. О, Жаратқан! Неткен сұлу қыз! Таңертеңгі күн сәулесімен жылтыраған құлпынай секілді мөлдіреп тұр.
– Сәлем! – деді әпкем. Ал мен болсам қайтадан басымды көтеріп, жүзіне көз тіктеуге дәтім бармады.
– Бауырың ба?
– Иә, інім Режеп, – деді Нихал әпкем.
Басымды салбырата бермей, бір сәт қайтадан қарадым. Өте әдемі қыз екен, шашы қып-қысқа. Негізі амандасуым керек еді, бірақ не дерімді білмей, тілім байланып қалды. Қайта-қайта жұтына беремін, қызарып кеткен болуым керек.
Бұрын кітаптардан оқып, теледидардан көрген қыздардан әлдеқайда сұлу. Атамнан естіген ертегілердегі періштелер осындай болған шығар деп ойладым. Шындығында олардың қандай екенін кім білген. Үрияның қысқа қидырған сары шашы жылтырап, судырап төгіліп тұр. Сол жақ бетінің ұшындағы түймедей меңі сондай жарасымды. Көріп үлгергенім сол ғана. Ары қарай көз тоқтатуға ұялып, жанарымды төмен салдым.
– Мен Үриямын, көзің қандай әдемі! – деді ол. Бұл мен үшін сұрапыл соққы болды. Бұған дейін ешкім маған «көзің әдемі» деген емес. Керісінше, балалар «шегіркөз», «есеккөз» деп мазақтайтын.
Олар мектептің ауласына кірген кезде анадай жердегі орта мектепке қарай жүгіре жөнелдім. Неге жүгіргенімді білмеймін, бәрінен қашып кетуге тырысқандай, кеудеме әсем күй құйылғандай сезім бойымды билеп алған. Жүгіріп келе жатып, бар дауысыммен айқайлап жіберіппін. Құдды жолымдағы кедергілерден арылғандай денем жеңілдеп сала берді, жүгіріп емес, ауада қалқып келе жатқандаймын. Көз алдымда Үрияның тап-таза, пәк жүзі мен бетіндегі сүйкімді меңі ғана тұр.
Уақыт өз ырғағымен өтіп жатты. Тоспа құрылысы күннен-күнге қарқын ала түсті. Үрия біздің өмірімізге ерекше реңк қосты. Ол ауылға, мен оған бойымызды үйрете бердік. Үйлеріміз жақын болғандықтан ба, әпкем екеуі күн сайын дерлік кездесетін. Үрия кейде жалғыз келеді, кейде үй-ішімен түгел біздікіне жиналады. Басына раушан гүлді қызғылт орамал тағып жүреді, сол бейнесі жадымда жатталы қалыпты. Орамалын желкесінен бір байлап, бос ұшын иығынан асырып алға түсіріп қоятын. Сол кезде ауылдағы қыздардың бірі сияқты көрінеді. Мен де олардың қасынан шықпаймын. Атымды атаса болды, дереу жетіп келемін. Үрияның жүзін көріп, дауысын естігеннің өзінен қуанышқа бөленемін. Әпкем екеуі сабақ оқып отырғанда бақшадан гүл теріп, әкеліп беретінмін. Үриямен көзіміз түйісіп, жымиып қарағанын көрсем болды, іші-бауырым жылып сала береді. Әпкем құрбысын қызғана ма, білмеймін, әйтеуір кейде ашуланып қалады. Кей күндері екеуі әпкемнің бөлмесіне кіріп алып, мені кіргізбей қояды. Бұл қылықтарына ренжісем де істерге амалым жоқ.
Маған ең ұнайтын сәт – қысқы ұзақ кештерде әпкем оларға барғысы келсе қыз балаға бұл мезгілде жалғыз қыдыруға болмайды деп есептейтін ата-анам қасына мені ертіп жібереді. Бәріміз фильм көреміз. Фильм қараған болып, шын мәнінде Үриядан көз алмаймын. Байқап қала ма деп те қорқамын. Ондай кездер де болған, бірдеңені бүлдіріп қойғандай өз-өзімді кінәлі сезініп, екі бетім ду ете қалады, дереу көзімді тайдырып әкетемін. Қашан үйге қайтқанша көзімді жерге салып, басымды көтермей отыра беремін.
Мен үшін мәнді де мағыналы болған сол күндер де біртіндеп өтіп жатты, Үрия әрдайым жанымда болатындай көрінетін. Бірақ өмір біз ойлағандай бола бермейді екен. Бұған Саядетдин аға себепші болды. Анамның алыстан қосылатын туысы, ұзын бойлы, келбетті жігіт, бәріміз жақсы көретінбіз. Анам оны салмақты, тәрбиелі жігіт деп мақтайды. Бір ғана кемшілігі бар — мұрны сәл қисық. Саядеттиннің әкесі төсек тартып жатқан, әлі он сегізге толмаған бозбала отбасын асырау үшін демалыс күндері ағаш шеберханасында жұмыс істейді, жаз айларында бар уақытын сонда өткізеді.
Екеуміз жексенбі күні базарда жолығып қалдық, қолында екі бөтелке салқын сусын бар екен. Бірін маған ұсынып, «бір жұмыспен келіп пе едің?» деп сұрады. «Жоқ» деп басымды шайқадым. «Жүк көлігіне мінгізейін бе?» – деді күлімсіреп. Бөгет құрылысы басталғаннан бері ауылға жүк көліктері толып кетті. Біз секілді қарасирақтарға бұл да ермек. Күні бойы жүк көліктеріне қол бұлғап, тоқтатуға тырысамыз. Көбісі бізді елеместен көшенің шаңын бұрқыратып өте шығады. Кейбіреулері тоқтап, бәрімізді мінгізіп алады да ауылды бір айналып шығып, түсіріп кетеді. Әсіресе түс кезінде бағып жүрген малымызды өзен жағасындағы ағаштардың көлеңкесіне айдап салып, жүк көліктерінің артынан жүгіреміз. Кейде жолға топырақтан бөгет жасап, көліктердің оны қалай бұзып өткенін тамашалаймыз. Жүк көлігі қоқыс төккенде ондайды алғаш рет көргендей айғайлап, мәз боламыз.
Саядетдин аға әзілдеп тұрған шығар деп ойладым. Бірақ жүк көлігіне тек соның арқасында ғана міне аламын. Өйткені біздің ауылда алғаш рет жүк көлігіне Саядетдин аға отырған болатын.
– Шын айтып тұрсың ба?
– Ант етейін! – деді ол, сосын бірер мәрте қарғанып қойды.
Қуанып кеттім. Сусынды ұрттап қойып жүріп келеміз. Жүк көліктерінің алыстан шыққан гүрілі естіледі. Бірінен соң бірі шаң көтеріп таяп та қалды. Бірнешеуі бізге белгі беріп өте шықты. Ақыры Саядетдин ағаның қол бұлғауын ескерген бір көлік тоқтай қалды.
Жүргізушіні танымаймын, бірақ Саядетдин ағамен таныс екенін әңгіме­лерінен аңғардым. Бірер айналым жасап түсіп қалдық. Жүк көлігінен түскенде өзімді сергек әрі сондай айбынды сезіндім. Қайтарда ауыл шетіндегі бұлаққа барып, салқын судан қанып іштік. Күн ыстықта бұлақтың салқын суына басыңды шайсаң рахаттанып сала бересің. Мойныңнан сорғалаған су тамшылары жотаңды бойлап, ышқырыңды құлдай төгілгеніне де мән бермейсің. Екеуміз күнге қақталып біраз отырдық. Соңғы тамшылардың сорғалауы тоқтап, денеме жұққан су кеуіп кеткен кезде Саядетдин аға қалтасынан қағаз алып, маған ұсынды.
– Мынаны Үрияға бересің бе?
Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Басқа біреу болса бас тартар едім, бірақ Саядетдин ағаның бетін қайтара алмадым. Қағазды алып, қалтама салдым. Не деп жазды екен? Хат қой бұл? Үрияға қалай беремін оны? Ренжіп қалмай ма?.. Осындай толып жатқан сұрақтар көңілімді қобалжытып, үйге қарай асығып келемін.
– Ооо, бұл нешінші хат осымен, құрбым-ау?!»
Бұл әпкемнің дауысы. Үрияға жасырын хат бергенімді әпкеме айтып қойған жоқ па екен… Үрияның жауабын ести алмадым. Олар күлісіп жатты.
– Қане, тезірек ашшы, қызығып тұрмын, – деді әпкем.
Бұдан артық тұра алмадым. Ұсталып қалармын деп қорықтым. Бірақ Үрияға берген қағазда не жазылғанын білгім келіп тұр. Саядетдин аға не жазды екен? Үрия жауап қайтара ма? Егер жауап берсе оны да мен апарамын ба? Мүмкін Үрия оның хатын күлкіге айналдырып, әпкем екеуі мәз болып отырған шығар? Кім білсін…
Алайда мен күткендей ештеңе болмады. Үрия жауап жазбады, әпкем екеуінің қосылып күлген даусы да естілмеді.
Сол аптада Саядеттин ағаны жиі кездестіріп жүрдім. Әр жолы жауап әкелдің бе дегендей дәмете қарайды. Мен оны байқамағандай боламын.
Шыдай алмаса керек, келесі жексенбіде тағы бір хат ұстатты. Бұл жолы сәл үлкендеу, аты жазылмаған конверт. Қызығуым арта түсті. Бұл жолы не бар екен ішінде?
Содан кейін хат дегенің лек-легімен ағыла бастады. Кейде тіпті жиілеп кетеді. Конверттер де үлкейе түсті. Олардың саны артып, көлемі ұлғая түскеніне мен де алаңдай бастадым. Әр хаттан кейін Үрия үнсіз қалып, ойға шомады. Тіпті менімен сөйлесуді қойды, біртіндеп алыстап бара жатқандай көріне бастады. Бұл маған ұнамайтын. Бұрынғыдай жылыұшырап қараудан қалды, күлімсіреуді мүлдем ұмытып кетті. Ең қызығы, арада бірнеше ай өтсе де Саядетдин ағаға бір рет те жауап жазған жоқ.
Басқа біреулер арқылы да жауап жолдаған жоқ, өйткені Саядетдин ағаның «жауап бар ма?» деген сұраулы көзқарасы өзгермеген болатын. Бір күні мені шайтан түртті. Негізінде, бұған Саядетдин ағаның өзі себеп болды. Берген хатын ашылмайтындай етіп желімдеуді ұмытып кетіпті. Конверттің ашық екенін байқаған соң ештеңе ойламастан оңаша жерге тарттым. Біреу қуып келіп тартып алардай қолым дірілдеп, конвертті асыға аштым. Ішінде бір парақ қағаз бар екен, суырып алдым. Хат емес, сурет болып шықты. Сол жақ төменгі бұрышына кішкентай «s» әрпін қойыпты.
Сурет өте әдемі еді. Қарапайым, біртоға, мінезі ауыр ағаның осындай керемет сурет салатынын кім білген? Қара қаламмен салынған сурет — ауыл шетіндегі ескі тас көпірде екі адам аяқтарын салбыратып қатар отыр, көкжиектен көз алмай қарап қалыпты. Ар жағы кең дала, көк аспанға ұласып жатқан биік тау…
Сурет маған қатты ұнады. Бірақ жан дүниемде қызығудан гөрі қызғаныш басым. Бұл екеуі кім? Үрия мен Саядетдин аға ма? Ал мен Үрияның қасында тек өзім ғана жүруім керек деп есептеймін, алдағы өмірімді солай елестетемін. Бір жағынан қызғанып, екінші жағынан ашуға булығып, суретті паршалап жыртып тастадым. Жыртындысын қалтама тыға салып, үйге келген соң отқа тастадым.
Әттең, бұл менің жалғыз қателігім болса ғой. Кейінгі үш хатты ашпай-ақ жыртып, көзге түспейтін жерде өртеп жібердім.
Жыртқан суреттерім көбейген сайын ішімнен үрейлене бастадым. Бір күні бәрі әшкере болса Үрия мен Саядетдин ағаның бетіне қалай қараймын?
Үрия мені көргенде қалтамнан хат шығарып бере ме деп үміттенгендей бір шетке ығыса береді. Бірақ мен ишара танытпаған соң үміті үзіліп, жүзі солғын тартып, мұңайып қалады.
Саядетдин аға қайтпас қайсар, еш беріспейтін төзімді екен. Қыздан мүлде жауап болмаса да сурет салып, бар мұңын суретпен жеткізуді жалғастыра берді. Үрияның не сезінетінін білгісі келмей ме? Неге қысқа хат жазып, ойын ашық айтпайды? Ғажап!..
Осы сұрақтарға жауап таппай, сарсылып біттім. Саядетдин ағаның жүк көлігіне мінейік деп шақыруына, сусын ішейік деген ұсынысына елікпей, неше түрлі сылтау айтып, қашқақтай беремін. Расын айтсам, оның алдындағы кінәмді сезіп, сол үшін ұяламын. Сенімін ақтамадым, бірақ ол ештеңе білмейді.
Болашақты кім болжай алған, мен де сондай пендемін ғой. Егер не боларын білсем Саядетдин ағаның соңғы салған суретін Үрияға апарып берер едім. Қандай керемет сурет еді! Жай ғана қарындашпен салған. Өзен жағасында өсіп тұрған көк теректер бейнеленіпті. Солардың аясында екі адам қол ұстасып кетіп бара жатыр. Үрия мен Саядетдиннен басқа кім болуы мүмкін? Бақыт деген осы шығар, сірә. Әттең-ай, әттең! Махаббат деген осы екен ғой!
Сол күні жүрегімде әлдебір жанашырлық оянғандай болды, суретті Үрияға апарып берейін деп ойладым. Оған бірнеше себеп бар еді. Үрия соңғы күндері мүлдем тұйықталып, үндемейтін болып кетті. Ал мен Саядетдин ағаның сенімін ақтамай, сатқындық жасап жүрмін және бұл күн санап асқынып барады. Осы ойлар ар-ұжданымды оятып, суретті Үрияға тапсыруға итермеледі. Бірақ, бұл қолымнан келмеді, суретті аяусыз жыртып, долданып, келесі көшедегі сусыз терең құдыққа тастайын деп тұра жүгірдім. Бірақ онда тастай алмадым, құдықтың маңында адам толып жүр.
Қасынан өте бере құдыққа жақындап, қараңғы шүңетке көз тастадым. Осынау терең құдыққа әппақ қағазды, ондағы керемет суретті, суреттің астарына жасырылған кіршіксіз сүйіспеншілік пен ұлы махаббатты лақтырмақ болдым-ау!.. Әттең, өзімді тастасамшы сол құдыққа! Бірақ, әлгінде айтқанымдай, мен де қарапайым адаммын ғой, болашақты болжап біле алмадым…
Саядетдин ағаның қайғылы хабары бүкіл қаланы қасіретке душар етті. Мешіттен оқылатын жаназа соған арналатынын, ұстаханада болған апаттан қыршынынан қиылатынын қайдан білейін… Білсем бұлай жасамас едім.
Қаралы хабарды естігенде жаным жаншылып, қатты күйзелдім… Туған ағамнан айырылғандай күй кештім. Ажал шіркіннің осылай аяқ астынан келе салатынын алғаш рет сол күні ұқтым. Мен көше кезіп ойын қуалап, анам үйде, әкем жұмыста жүргенімізде ажал біздің туыстарымыздың өміріне, әулетіміздің арасына осылай кіріп келіп, Саядетдин ағамызды алып кетті.
Жаназа хабарынан кейін ұстаханада не болғанын ауыл адамдарының әңгімесінен білдік. Біз кіруге қорқатын, бірақ іштей қызығып жүретін ұстаханада тосын оқиға орын алыпты. Саядетдин ағаның үстіне жуан бөренелер құлап кетіпті, марқұм ағайым астында қалған. Қала тұрғындары күні бойы осы оқиғаны күйзеліспен әңгіме етті.
Саядетдин аға түсіме жиі кіретін болды. Кейде соңғы суретін сұрайды, кейде Үрияға берген-бемегенімді анықтамақ болады. Уақыт өте келе бәрі ұмытылады деп өз-өзімді жұбатпақ боламын. Бірақ олай болмады. Керісінше, Үрияны көрген сайын есіме түсе береді.
Саядетдин аға салған суреттегі өзеннің арнасымен, сол ескі тас көпірдің астымен талай су ақты. Сайдың арғы бетінен арна тартқан су қоймасы да салынып бітті, каналдарға су жіберілді. Адамдардың әңгімелері өзгерді.
Үриялар қайтадан көшетін болды. Су қоймасының құрылысы аяқталған соң кері қарай көшетінін ойламаппын. Жақын туыстардай араласып, әбден сіңісіп кетіппіз, олар маған осы қаланың бір бөлшегі секілді көрінетін болыпты.
Анама ылғи қол ұшін беріп, көмектесіп жүретін. Бәріне араласатын. Мереке атаулының бәрін бірге өткіземіз, біздің тойларымызға, тіпті жаназаларымызға да қатысатын.
Үриялар кетерден бір күн бұрын анам оларды кешкі асқа шақырды. Үнсіздікке толы көңілсіз қонағасы болды. Үлкендер өткен екі жылды барлық жақсы-жаман, тәтті де ащы сәттерімен қоса еске алды. Бір күліп, бір мұңайып, әңгіменің тиегін ағытып жіберді.
Олар аулада әңгіме айтып отыр, қыздар әпкемнің бөлмесінде. Мен асығыс үйден шығып, жасырып қойған суретті алып келдім. Сол күні қараңғы құдыққа тастай алмаған соң үйге әкеліп — қалай ойыма келді екен — үлкен бөлмедегі жүк қоятын ағаш сөренің түбіне тыққанмын.
Әпкемнің сыртқа шыққанын аңдып тұрып, асығыс Үрияның қасына бардым. Ол әпкемнің бөлмесінде еді. Мені көріп, мұңдана жымиды. Қасына жақындап, бір сәт үнсіз тұрып қалдым. Әсем жаратылған қолын созып, алақанымен иегімді көтерді, кінәлі жүзімді төмен салып, басымды көтеруге батпай тұрғанмын. Көзіміз түйісіп қалды. Қатты қиналып тұрмын. Жүрегім шерге толы. Мұңға толы жанарына шарасыздана қарадым.
Бұдан әрі шыдай алмай, қолымдағы қағазды ұсындым. Үрияның көзі жайнап кетті. Өткен күндер, Саядетдин ағадан алған хаттар, мен әкелген конверттер есіне түскені анық. «Бұл не?» – деп сұрады. «Кешірші…» – дедім де суретті алақанына қойдым.
Екі бүктелген қағазды ашты. Алдымен суретке қарады, содан кейін сол жақ төменгі бұрыштағы кішкентай «s» әрпіне көз тоқтатты. Күлімдеуге ғана лайық, кіршіксіз мөлдір көзінен моншақтаған жасы үлбіреген әппақ бетінен төмен сырғып, тамшылап қоя берді. Енді мен оның иегінен аялай демеп, басын көтердім. Бас бармағым сол жақ бетіндегі жылдар бойы қызықтырған сол бір әдемі кішкентай меңді басып тұр…

Түрік тілінен аударған
Гүлісхан Домалайқызы




ПІКІР ЖАЗУ