ТОТЯЙЫН ТІЛДІ ТАРЛАНДАР
«Жұлдыз» журналы жаңа жылдық бірінші санынан бастап әдебиет пен өнерге қатысты адамдардың қапиядан дәл соққан шешендік тапқырлықтарын, әзіл-қалжыңдарын ойнақы оқиғаларын жариялауды жөн көрді. Демек, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Қадыр Мырза Әлі, Қалтай Мұхамеджандар кемел суреткер, көрнекті ақын, әйгілі драматург қана емес, ойлары оралымды, әзілдері әдемі, қалжыңдары керемет талант иелері екені белгілі. Ел ішінде әлі күнге дейін құнарын жоймаған, ауыл-ауылды кезіп кеткен, халыққа ауызекі әңгіме түрінде ғана тарап жүрген бұл ұтымды, ұшқыр сөз сайысында талай-талай қазыналар жатқаны әмбеге аян.
Міне, осындай уытты уәждерді тудыратын шешендердің табан астында жарқ еткізген, тиген жерін тотяйындай ойып түсетін, бейнелі де шалымды сөздері көпшілік оқырман қауымының көңілінен шығатынына күмән болмаса керек.
КОНСЕРВІСІ НЕ, КОНСЕРВАТОРИЯСЫ НЕ?
Әйгілі әнші Бибігүл Төлегенова әкесі «халық жауы» деген жалған жаламен атылып кеткеннен кейін, отбасын асырау үшін 12 жасында Семейдегі ет комбинатының консерві цехында жұмыс істейді. Сол жерде ғайыптан-тайып әншілігімен Галина Серебрякованың көзіне түседі. Галина Иосифовна да «халық жауының» әйелі ретінде қазақ даласына жер аударылған еді. Ол жас Бибігүлге консерваторияға түсуге кеңес береді. Консерватория дегеннің не екенін түсінбеген Бибігүл: «Онсыз да консерві цехында істеп жүрген жоқпын ба, маған консерваторияның не керегі бар?», – деген екен.
АЗАПҚА ТҮСКЕН АҢҚАУЛАР
Бірде әйгілі өнерпаз Елубай Өмірзақов театр артистеріне «тағылымдық» әңгіме айтады. Өзінің тұмаудан танауына сарымсақ (чеснок) тығып жазылғанын сыр етіп шертеді. Содан соң екіншісіне көшеді. Бірінші мамыр шеруіне киейін десем, ақ брезентен тігілген топылиым көнеріп қалыпты. Соның сыртына тіс жуатын пастаны баттастыра жағып, қазандағы қайнап тұрған суға бір батырып алып едім, жап-жаңа болып шыға келді дейді. Енді үшінші тәжірибесіне көшеді. Іш құрылысының ауруына таптырмайтын бір ем бар. Өзі оп-оңай қазақы ем. Шампанның пластмасса қақпақтарын жинап, соларды әбден қайнатып ішсең, ішің тазарып, рахатқа батасың дейді.
Елағаңның «керемет» тәжірибесіне сүйенген Мүлік Сүртібаев екі танауына чеснок тығып, автобуста келе жатқанда түшкіріп, алдына отырған екі орыс кемпірінің маңдайына былжыраған чеснок былш ете қалады. Рахметолла Сәлменов паста жағып, оны қайнатқаннан кейін аяқ киімінің табаны қақырап, тас-талқаны шығады. Күләш деген актриса тығынның суын ішіп, іші кеуіп, дәрігерлер қарнына шланга жіберіп, әрең ажалдан арашалап алады. Әлгілердің оңбай опық жегендерін естіген Елубай: «Менің сөзіме сеніп жүрген өздерінің де обалы жоқ», – деген екен.
ЖОҒАЛҒАН 100 СОМДЫҚ
1978 жылы бір топ қаламгер Фрунзеге, Шыңғыс Айтматовтың елу жылдық мерейтойына баруға жиналады. Содан олар жолшыбай Қалтай Мұхамеджановты алып кетейін деп үйіне келсе, Қалағаң қалың кітаптың ортасында айра-жайра боп отырады.
Сапарластары: «Ау, жүрмейсің бе, мұның не, осы кітап оқитын уақыт па?», – дейді. Сонда сатирик Қалтай: «Е, қайбір жетіскеннен отыр дейсің, ертең қырғызға барғанда керек болып қалар деп, қатыннан тыққан тұтас 100 сомдық бар еді. Соны қай кітаптың арасына салғанымды білмей, есалаң болып отырған жоқпын ба?» – деген екен.
«ЖҰЛЫНҒАН САҚАЛ»
Сәбит Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» драмасын сахналағанда Әнуар Молдабеков – Сәкеннің, Ғабдолла Сүлейменов оның қас жауы – Шайтановтың рөлін ойнайды. Сахнада әбден қанына қарайған Әнуар Шайтановтың төсін жапқан ұзын сақалын білегіне орап ала бергенде, артист иегіне желімделген сақал жұлынып кетеді. Ғабдолла не істерін білмей «аһ» ұрады да қалады. Ал, Әнуар Молдабеков сақалды лақтырып жіберіп, асқан тапқырлықпен, аспай-саспай: «Сен кәззаптың сақалыңды қайтем, басыңды жұлып алмағаныма қуанғайсың!», – деген екен.
ҚАТЫН САУДАСЫ
Атақты күрішші, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың қартайған кезде кемпірі қайтыс болады. Соны естіп, інісі, ол да екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев көңіл айта келеді. Көпшіліктің есінде болар, Жазылбек әйел жағынан кемдік көрмей, Д.Қонаевтың рұқсатымен тоқал алып, одан Қойшыбек, Тойшыбек атты торсық шеке екі ұл туғызған еді. Содан Жазекең қайғырғандай болып, дастархан үстінде дәм алып отырып, ағасына қиын болғанын айта береді. Сонда Ыбекең: «Әй, Жазылбек, шын аясаң екі қатыныңның біреуін бер», – деген екен.
ОРАЗАНЫҢ ПАЙДАСЫ
Ақын Болат Жетекбай «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарған 1995 жылдары күн сайын «қызара бөртіп» жүретін болса керек. Тіпті, кейде басылымның бас редакторы Ахат Жақсыбаев ағасына да қоқан-лоқы көрсететін көрінеді. Ахаң гүжілдеген ақын інісіне кешіріммен қарап, өрескел қылықтарын көңіліне алмайды екен. Бір күні редакцияның кезекті жиналысында қыздай сызылған Болатты көріп, бас редактор таң-тамаша қалып: «Ай, Болатжан, саған не болған, мен сенің мұндай қалпыңды бұрын көрмеппін ғой, әлгі пәлекетті біржолата қойдың ба?», – дейді. Редакция ұжымы шу етіп: «Ағай, Болат ораза ұстады ғой», – деп түсіндіреді. Сонда иманды болғыр, кісілігі мол Ахат Жақсыбаев: «Шіркін-ай, 365 күн ұдайы ораза болса, Болатжан адам болып кетер еді-ау!» – деген екен.
Дайындаған: Жұмабай ҚҰЛ





