«ШӘКІРТІМІН – АБАЙДЫҢ АТЫМ – КӨКБАЙ»
Қазақтың гауһары, асылы Абайдың даналық теңізінің кәусарынан ширек ғасыр қасында тонның ішкі бауындай жақын жүріп, оны мұқият тыңдап, миына жүгіртіп, ой-санасына сіңіріп, көрген-білгенін «өндіре тоқып» мейлінше іңкәрлікпен қанып ішкен, ілім-біліммен мұздай қаруланған өнерлі, өрен тұлға Көкбай Жанатайұлы (1861-1925) еді.
Ақиқатында, 1880 жылдардан бастап, «қыс болсын, жаз болсын, Абай ел араласа қасында ай жүріп, ауылына келсе үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана үйіме бір жұма, көп болса он күнге рұқсат алып келіп, артынан қайта барамын» деп жазады ақын Көкбай өз естелігінде. Оның бұл лебізінен ел тілеуқоры, халық қызметкері, ұлт қайраткері Хакім Абайдың өзі мағыналы сапарларында қаншалықты ұшан-теңіз абыройлы іс бітіретіні және де ғұламаның ғибратшылық ой-толғамдар айтылатынын әрі естіген, әрі көрген-білгендерін есті Көкбайдың жүрегінде, көңілінде, ойында сақталатыны, бір сөзбен айтқанда, осынша ұлы қазынаның куәгері болғаны теңдесі жоқ бақыт!
Барлығын есті ақылмен, көрегендікпен терең бақылаған, белгілі бір ой тұжырымдаған көңілі көсем Көкбай: «Билікке келгенде Абайдай әділ таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысы болса да көрген жоқ деп айта аламын. Абайдың билігіне, Абай тергеуіне әрқашан ел ішінде шиеленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар болатын. …Өзіміз көріп өзіміз естіп білген заманда, жауына келіп билік айтқызу Абайдан басқа кісінің тұсында болады деп білмейміз». Мінеки, Абайдың билік-кесім шығару, төрелік айту мәдениетіне берілген нақты тарихи сипаттама.
Демек, Абайдың адамгершілік ұстанымы – ізгілік, әділдік, шыншылдық.
Ұлы ұстаздың ұлылығы, білгірлігі, ірілігі, шешендігі, ойшылдығы жайында Көкбай былайша тебіренеді:
…Бір барсаң мәжілісінен кеткің келмес,
Хакімдей Аплатон анық туған.
Келбеті біліміне лайықты,
Апырым-ай, мұндай адам қалай туған!?
Дала дегеніміз – дүниетану мектебі ғой. Табиғат даналығы теңдесі жоқ бейне бір сырлы, жұмбақ әлем. Ұшқыр сезімге ие ақын жанын сансыз сыңсыған шұғылалы бояуларымен, қызықты әсерлі сыңғырлаған үндерімен, беймәлім тылсым сырларымен баурайды.
Абайдың өзі әңгіме, жыр тыңдағанда жан-тәнімен тұтастай беріліп, алаңсыз «таза көңілмен, үлкен ықыласпен» тыңдайды екен. Бірде «Ақбала – Боздақ» жырын айтқызғанда, «Ақбала мен Боздақ тау аралап келе жатса, алдарынан шағылысып жүрген құр, үйігіп жүрген екі түлкі кездесіпті: Сонда Боздақ Ақбалаға:
Бір қораз, бір мекиен талда ойнайды,
Адам түгіл, хайуан мал да ойнайды.
Құдайым бір нәрсеге бастап жүр ме,
Алдымызда кез келген аң да ойнайды, –
депті.
Сонда өлең ішіндегі оттай жайнаған ойлы, суретті, бейнелі оралымдарды сүйсініп тыңдайтын Абай:
– Ол – қуат табиғат сыйы, Құдай сыйы. Ақындық шабыты шын келгенде, адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде адам жай, жабайы бола алмайды – дейді екен.
Ақындықтың табиғи тума қасиет екендігін жүйрік білетін саңлақ 1885 жылы Шар өзені бойында өткізілетін Қарамола съезіне Абай бастаған алтын балық үйіріндей топ келе жатқанда бір сәтте Байкөкше ақынның өңіне жалт етіп қарады да:
– Мына кәрінің жыны ұстап келе жатыр – депті. Сонда шын ақында келер күндердің шырғалаң шытырман оқиғаларын өткір түйсінетін көріпкелдік те бар-ау!
Ақындық өнердің шарттарын толық түсінетін және Ұлы Даланың рухани құбыланамасы Абайдың ақындық, даналық болмысынан алуан сипатты ой-пікірлер түйген Көкбай Жанатайұлының тарихи-мәдени қызметі, әдеби-шығармашылық, ұстаздық жолы да мейлінше мағыналы. Себебі «Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша», «көкірегім ашылған соң кең сарайша» дегені бұған дәйекті дәлел.
Ұйымдастырушылық еңбегін айтар болсақ, 1901-1921 жылдарда Көкбай медресесі елге қызмет көрсеткен. Жатақханасы болған, тегін тамақтандырған. Араб тілі грамматикасы бойынша «Ауамил түркі елінде» дейтін ортаазиялық түрік тілдес халықтарға ортақ оқулық жазған. Көкбай араб тілінің орфографиялық және фонетикалық ерекшеліктерін бажайлап түсіндіріп оқытқан.
Сондай-ақ 1908 жылы мешіт ашқан, 1913 жылы Меккеге қажылыққа барған.
Оқыды Арғын, Найман, Керей мен Уақ,
Көрген соң тек оқуды кетті құлап.
Араб, түрік, орысша сабақ бердім,
Өзіме өз еңбегім кетті ұнап – депті Көкбай 1922 жылы «Арбалы Сарытау» жырында.
Абайдың тағылымын, ұлағатын ұқыптылықпен ұғып ұстанған Көкбай ақын Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына айтқанында Абайдың ақыл-кеңесін, ізгі өнегесін былайша көркемдік-философиялық тұрғыдан кестелейді:
Абай марқұм ескіге ермеуші еді,
Ескіні онша тәуір көрмеуші еді.
…Абайдан құлағыма бұрын тиген,
Дүние болады деп бір тайталас.
Дүние ескі жолмен оңалмайды,
Жуан кезде ұлықтар түгесілмей,
Әділет өз орнына қона алмайды.
…Заманды түзетпейді кісі билеп,
Адамның екі қолы өзіне имек.
Ғаламға ақыл патша болған күнде,
Теп-тегіс адамзатқа есе тимек.
Абайдың дүние-жалған, әділет, ақыл туралы ой-түйіндері Көкбайдың ақындық әлемінде жарқын көрініс тапқан. «Өзі зордың болады ығы да зор» деп, Абайдың өзі айтқандай, шәкірті Көкбайдың жүрегінде ұлы ойдың ұшқындары өніп-өсіп жайқалып-сәулеттеніп шыққандай.
Ой мен сөз зергерінде өмір-тіршілік, дүние құбылыстарын қыран көзбен қырағы шолатын қасиет-қабілет бар. Өз ортасындағы қилы-қилы мінезі, ісі, құлығы, пиғылы, көзқарасы, талғамы ала-құла күрделі кейіпкерлерге (яғни адамдардың қарым-қатынас мәдениеті) әділ, шынайы сипаттама беретіндігі мейлінше қызықтырады. Мысалы, «Тоғыз көк» дейтін өлеңі сырты жылтырауық, іші қалтырауық аярларды, шіркіндерді, мәймөңкелеп міңгірлейтіндерді, сығыр сырдаң, сұм сұғанақтарды, бадырақ көз, бақыр бастарды, сырғыма, сырдаң суайттарды, жылмақайларды айна-қатесіз айнытпай көрсетеді.
Әділдіктің құрдымға кетуі – заманның сұрқы бұзылғаны, қоғамның іріп-шірігені, жақсылардың жігерінің құм болғаны, зиянды жандардың арамшөптей қаулап өскені.
Әділдіктің туын жоғары ұстаушылар – билер. Көкбай заманында ел ішінде арыстандық мінезбен, айбатпен, біліммен, көсемдікпен, халыққа қызмет жасаған ұлт қайраткері бір ғана Абай болса, өзгелер парақорлығын қоздатты. Дәуірдің сырын, күйін, толғаған һәм жоқтаған Көкбай:
Дозаққа біреу кетсе, Дүтім кетер,
Дүтім кетсе, Көкшенің құты кетер.
Кісінетіп қара айғырды байлап қойып,
Артынан тоғыз биді күпілдетер –
деп, биліктің беломыртқасы – әділет емес, басты мәселесі – «кісінетіп байлап қойған қара айғыр» екенін дәлме-дәл нақтылап көрсетеді де, ендігі екіжүзді билердің ұсқынын былайша сипаттап суреттейді:
Ендігі шолақ етік, шолтиған би,
Знак, шенге сатып монтиған би.
Ұрлыққа түнде аттанып, күндіз сөйлеп,
Пара жеп, қарны шығып томпиған би.
Тілі мірдің оғындай, сексеуілдің шоғындай Көкбай ақын «үйірінен дөнен қуып шығарған», «қарада қасқыр соққан қартаң айғырды» («Оразбайға»), «сабын жаққан терідей жылп-жылп еткен ғазазіл шайтанды» («Ағыбайға»), «қақиған пішіні жоқ, жаман шірік» бөспе паңсымақ ұлықтарды («Ояздарға») аяусыз шенейді.
Заманалар биігінен парасатты ой жүгіртіп, елдің ертеңін, өркендеуін тілейтін берекелі харекетімен, өнімді істерімен растайтын көреген сахара министрі Абай ең негізгі ұстанымдарының бірінде «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деп мәлімдеген-ді. Бұл – ойшылдың өсиетнамасы, елдік ұраны еді, киелі сөзі еді, жан сыры еді. Жақсының жарығы, үлгісі, кеңесі, даналық дәрістері халқын, қауымын өрге өрлетті, қияға шарықтатты, тарихи зердесін оятты. Солардың айқын дәлелі ретінде ақындық алғырлыққа ие шәкірті Көкбайға мынадай бір кемеңгерлік пікір айтады: «Абылайхан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, осыны өлең қыл. Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылған ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. Сондықтан бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып, ел ортасына жаю-жақсы өлеңшінің міндеті».
Абай, жарықтық, ел аузындағы кестелі тарихи-шежірелік деректерді жинақтап, бүтін жүйелі, келісті толғаулармен ұлт қаһармандарының ересен, жойқын, алапат қимылдарын шеберлікпен сөйлетуді, тапқырлықпен сипаттап жеткізуді шынайы көңілмен, сеніммен тапсырған, жөн-жобасын ыждаһатпен түсіндірген. Демек, Абайдың күйлі, қуатты толғанысы да, дауысы да Көкбайдың дастанында өріліп, күмбірлеп естілгендей…
Енді Көкбай Жанатайұлының «Абылай хан. Сабалақ» атты дәуірнамалық дастанын қалайша жырлағанына ойысайық:
Әу баста Хан Абылайдың әкесі Уәлидің хан тағына отыра алмай, азып-тозып, «қайың сауып», қалмақ шауып, өкпелеп кеткені, ақтабан шұбырындыға ұшырап, ұлардай шулағаны, Әбілмансұрдың жетімдік күйге түсіп, Төле бидің шаңырағын іздеп, «үсті-басы далба-дұлба» қалпымен сәлем бергені әңгімеленеді. Сұңғыла Төле биге «Отырысы сұңқардың баласындай» жас баланың нәсілі сүйсіндіреді де аты-жөнін сұрайды.
Адам болсаң – хан текті, құста – сұңқар,
Байқасам келіседі соған түрің.
Құс болсаң – ақсұңқардың балапаны,
Адам болсаң – қазақтың нағыз ханы.
Шырағым, төремісің, қарамысың?
Жөніңді бастан-аяқ айтшы, қане.
Неткен жетелілік! Неткен жүйріктік! Неткен ғажайып сезімталдық!
Ол айтады: Ештеңем де, ешкімім де жоқ тентіреген сорлымын. Есімімді Сіз атаңыз. Құп аламын.
Сонда Төле би: «Сабалақ» бол депті.
Сонан Сабалақ Төле бидің қойын, сонан соң түйесін бағып қағады. Аңғарымпаз Төле би оның «төре затты» болмысын таниды.
Би келіп тамаша ғып бұған бақты,
– Айтамын ғой бұл бала асыл затты.
Төрт борбайын жайғаны төрт тарапқа,
Тегінде билейді екен төрт тарапты –
деп сәуегейлік танытады Төле би.
Төле би баланы шын сынамақшы болып, оның досына басты беріп тұрып: Жасырмай көргеніңді айтып кел, не қылғанын? – дейді.
Бала құрбы-құрдастарын түгел шақырып: Оларға көз бен құлағын ұсынады, өзі құйқа мен езу жағын кесіп жейді.
«Мұның қандай, мырзалық, Сабалағым?» – деп сұрайды Төле бидің жолдасы.
Сол сәтте Сабалақ:
– Бірі – көз, бірі құлақ – жолдастарым,
Беруге осы болды қолда барым – деп жауап береді.
Осының өзі-ақ ұлттың ұлы дәстүрі – басты ұстау мен оның мүшелерінің философиялық қасиеттерін тани білуі, түсінуі – Сабалақтың «патша затты» жаратылыс екеніне дана көкірек Төле би қайран қалады. Өрге өршеленген Сабалақ жылқы бағуға ауысады. «Жылқының – еті де жел, сүті де – жел, үсті де – жел» дегендей, жас берен Сабалақ қайраттанады, қанаттанады, рухтанады.
Қапияда жылқы баққан, ой баққан, үміттің отын жаққан Сабалақтың жанына үш аттылы егде кісілер жетіп келгенде, ол ізетпенен амандасады. Сөйтсе Төле биге дидарласып-сұхбаттасуға келген Қанжығалы қарт Бөгенбай екен. Жорыққа аттанып бара жатқан беті. Соны сезген Сабалақ түн ішінде Бөгенбай баһадүрге жолығып, мені де қан кешуге ілестіріп ала кетіңіз, «Амал-айла» үйренейін дейді. Бөкең де құптап, ел басына төнген қара құйынға қарсы жөнеледі, шекараға жетеді. Қайраты қара тасты да уататын Бөгенбай батыл едел-жедел дұшпанның он тұлпарын олжалап әкеледі. Мұны көрген өзі жас, өзі «жаңа пері» Сабалақ от ортасына барыстай атылып, «жымпырылып кететін» ептілігі де қайран қаларлық.
Дұшпандар тобының атандарын сыпыра таңдап алып, Бөгенбай батырға сыбағаңыз деп кісілік, ірілік танытады. Сонда ол: «Мен олжаға тойғалы талай заман» дейді. Сабалақ тартынып: Бата берсеңіз болғаны, жолымның оңғаны дейді.
Қанжығалы қарт Бөгенбай мінезінің ханға лайық, көзінің отты екенін кемеңгерлікпен танып, Нарқызыл тұлпарын «таза сақта» деп аманаттайды, қол жайып ақ пейіл дұға-тілектерін төгілтіп жеткізеді. Алды-артын парасаттап терең ойлайтын Сабалақ Төле биден рұқсат алып берсеңіз деген ниетін айтады. Иә, неткен кемел зеректік, зерделілік!
Сабалақ Нарқызылды барынша баптап-жаратып, мұздай қаруланып, «өлсем шаһитпын» деп, елдің кегін алмаққа, ердің есесін жібермеуге серт етіп, қалың қолға қосылады.
Жекпе-жекке дабыл қағылады. Қалмақтың бір алапат батыры қазақ батырларына қырғидай тиеді. Сонда Сабалақ тұйғындай түлеп, Әбілмәмбет ханға батаңызды беріңіз дейді. Қолында көк сүңгісі, белінде қанжары бар Сабалақ топтан суырылып шығып «Абылайлап» жер-көкті сілкіндіреді. Сол бір мезетте от шайнап, қан түкірген қалмақтың батыры бурадай буырқанып келгенде, оған кезегін береді. Ант атқан қанішер Сабалақтың сауытын қақыратып, найзасының ұшы денесіне сәл-пәл жетпей қалады.
Кезек Сабалаққа тиіп, «Я, жар бол!» деп, сұмырайдың өндіршегінен ұрып, жалп еткізеді, басын кесіп, Әбілмәмбет ханның алдына тастай берген-ді.
Әбілмәмбет ханның тілеуін-ай! Құдайдың қабылдауын-ай, Жаратқанның жарылқауын-ай!
Сабалақтың айбаты мен айбарына шаттанған хан Әбілмәмбет: «Абылайлап атойладың. Әкең, ел-жұртың, тегің кім?» – дейді. Сабалақ: – Абылай атам, мен – оның немересі Әбілмансұрмын. Әкемнің аты – Уәлихан – дейді.
Әбілмәмбет хан оған тәжін кигізеді, таққа отырғызады. Халқының қорғаны, ақыл-аузы болған ұлы қолбасшысы Шақшақ Жәнібек, аузынан дүрлер төгілген Қарауыл Қанай би аруақ қолдаған жас бөріге «еліңді ұйымдастыр», «тиянақты, ұқыпты бол», «еліңді еңбегіңмен биле», «әділет қыл», «шаршаған, шалдыққанның күй-жайын біл» аталы, баталы өсиеттерін ұқтырады. Абылай да осыларды көкейіне тоқып-сақтап, мұқият мінсіз іс қылады. «Жер ауған» Уәлінің арманшыл баласы өрен ұйымдастырушылығымен, өжет батылдығымен, көсемдік шешімпаздығымен, бастамашылдығымен, сонымен қатар серіктес ақылмандары Ер Қабанбай, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей би Боранбай, Шанышқылы Бердіқожа, Көкжал Барақ, Керей Ер Жәнібек, Ботақара Тыныбек сынды дарабоздар жоңғар қалмақтарының талайын қашырыпты. Қаһарман қазақтың абыройын, сөйтіп, Абылай хан «ғаламнан асырыпты».
Абайдың ақылымен Абылай ханның өмірбаянын, ерлік-қаһармандық істерін көңіліне өндіре тоқыған Көкбай Жанатайұлы кемеңгер билеушінің жалған-дүниеден қалайша қоштасқанын да (еңіреген Бұқар жырауға бұл дүние Расулден қалған ғой деуі) келісті сипаттаған.
Абылайхан дәуірінен соң, дастаншы Көкбай «Абылайлап» тұлпар мініп, ту ұстаған Саржан, Есенгелді, Кенесары, Наурызбай секілді тұйғындардың қасіретті заманына ауысады, «толымды сөз» өрбітіледі. Қазақтың қабырғалы, салиқалы ел болуын көксеген серкелер «ертерек түзетейік жағдайды», «отаршылар бізбен ел болмас», «сүйенейік бір патшаға ісі жөнді», «бас қосайық мықтымен» деп, Саржан мен Есенгелді өзара кеңеседі. Әкесі Қасымды бұндай ойлар қинайтыны мәлім. Сонымен Есенгелді, Кенесары қол жинайды.
Олар «қанымыз бір мұсылман» ғой деп Балаханға қосылмаққа ниеттенеді. Осылай етсек Бұхар жақ та ақылға келер, бірігер деп үміттенеді.
Қасым сұлтан да бұған көніп, ұлдарына батасын береді. Жолда олар Түрікпен басшысы бір ләшкерге жолығып сөйлеседі. Ол жолда кездескеніне өкінгендей рең танытып, біздің Ташкентті тұрақ етіңіз деді. Ташкенттің бегілер-бегі «өте есті батыр қазақ» Саржанды жақтырмады.
Төрелер, Сарт пен Түрікпен бегілер бектері бір ұяның балапандарындай үйірсектеп, қауіп-қатерсіз ғұмыр кешеді. Бәрі де Саржанның айтқанын екі етпейді.
Бектен құрмет көріп, сыйлық алған Түрікпен мен Сарттардың бағландары төрелерді бекпен қалайша қастастырам, қанын қалай төгемін деп қастандық ойластырады.
Сөйтіп:
Орыстың патшасына хат жазыпты,
Саржанның сәлемі етіп, айла жасап.
Бегілер бек пен Саржанды осылайша шағыстырып қырқыстырады. Саржанның күтушісі ноғай дейтін жалған лақапқа ие бұқаралық жебірей, бүркіттің өз боғын өзіне жегізетін аяр, алаяқты түрікпен, сарт мықтап азғырып шен-шекпенмен жарылқаймын деп, қазақтың екі кермиығын өлтіртуге көндіреді. Оған өзінің арам пиғылын іске асыру үшін төрелерді қонаққа шақырасың, қырық қаруды өзім беремін, қылышкер баскесерлермен қоршап аласың деп кеңес береді.
Айтқандай-ақ «ноғай залым» төрелерді қонаққа шақырып, төрге отырғызып, құрметтейді, оларды қондырады. Бір уақытта Саржанға біреуі кеп Бегілер бек: «Шапшаң келгін!» деп, шақырып жатыр дейді. Саржанның жамбасының астына қойған қылышы жоқ.
Сонан соң Есенгелдіні оятады. Ағайынды екеуі дәрет алады, намаз оқиды, бір-бірінен кешу сұрайды.
«Ғаламға аты шыққан кемеңгерлер» опасыздардың қолынан ажал құшты. Сонан кейін айбарлы Қасым сұлтан да құзғындарға жем болды.
Саржанның жесірі Қаламқасты түрікпен бастығы Сағындық би кепілге алады.
Кенесары тұтқындалған. Тоғыз жасар Наурызбайдың анасы «шыны дегдар» хан қызы еді. Не болса да Қоқандағы Балахан ханға жолығып, жөнімді айтайын деп жүріп кетеді.
Наурызбайды жетектеп әдеппенен ханға сәлем береді. Оның «затын танып» Балахан ізет-әлтипатын көрсетеді. Әуелі ауқаттан, сонсоң дем алыңыз дегенде, Наурызбайдың анасы:
– Тақсыр-ай, ішіп-жемек кеңшілікте,
Не көрмес пенде шіркін тіршілікте?!
Мен өзіңдей патшаның ханымы едім,
Ойлап па едім болам деп кемшілікте? –
деп, арғы бабасы қанішер Абылай, оның баласы Уәли хан, одан кейін Әбілмансұр жайынан тебірене толғап, «судан да ханның қанын арзан көріп» бегілер бегінің сұлтаны Қасымның, ержүрек оғыландар Саржан мен Есенгелдінің басын шапты. «Кәпірмен ел болман» деп, «ат кекілін кесіп едік», «мұсылманда бір жалғыз патша ғой деп» сеніп келген едік, «бегіңізді бір жөнге салыңызшы» деген зар тілегін айтады.
Дереу Балахан қаһарына мініп, мұсылманға қиянат жасаған Бегілер бегін алдырып, бір жендетіне жексұрынды «дарға тарт» деп бұйырады. Сол кезде Балаханның анасы түкпірдегі үйден шыға келіп, бұл сұмырай оның емшегін емген асыранды баласы екен. «Тілімді алмай егер де жаза қылсаң, Емшегімді сауамын көкке, балам!» деген соң, шариғаттың хүкіміне ұйып, анасының тілегін орындайды.
Күнәһар Бегілер бек зынданда мехнат шеккен «шын ақ сүйек қара көгін» босатады. Үш төренің басын жұтқан «қастық отын мықтап жаққан» жылмақай «залым ноғай» Кенесарыға жағымпазданып қутыңдайды. Ардан безген азғын арамза Бегілер бектен алмақ сый-құрмет, дәрежесін сұрағанда, «аулақ жүр, рахат көрме» деп, бетін қайтарады. Істеген қиянаттарына құрмет-сый бұйырмай, жұрдай қалды. Қандықол ноғай яғни бұхаралық жебірей, аты – Ежеп Кенеге айналсоқтап, қол қусырып қалбалақтады. Кезінде Саржанмен керуенде, базарда кездесіп еді. О, сатқын-ай! Жүз құбылған жүзіқара-ай! Кенесары тұтқыннан шыққан соң, жанында Сағындық би бар, іштерінде әлгі Ноғай бар, бір бұлақтың басына тоқтайды. Сағындық би намаз оқып жатқанда, Кенесары Ноғайдың жанын жаһаннамға жібереді, қылышының қанын жалап отырғанда, Сағындық би намазын аяқтап, «Не жазығы бар еді бишараның?» дейді. Сонда Кенесары бұл ноғай Саржан мен Есенгелдіні өлтіргенін әңгімелейді.
Кенесарының көкірегінде тастай қатқан кек, жан жарасы, ар-намысы, «балақтағы биттің басқа шыққаны», алтын ағалары мен әкесінің құнын жоқтау – нағыз қасірет, жазылмас дерт.
Бірде Кенесары ойнаған боп Қазыны қамшыменен осып жібереді. Ол намыстанып, Бекке шабарманын жұмсайды. Кенесары іс насырға шабатынын сезіп, малын түгендеп, түйенің қомын қомдап, жүгін артып, көшін Шудың бойына жөнелтеді.
Сарттар да азан-қазан, апыр-топыр болып артынан бұларды қуып береді.
Кененің ұйғаруымен «әуелі жақсы бидің өзін ұстайды». Кегі, есесі кеткен Кене:
Әуелі Бегілер бекті алды тұтып,
Батырды қоя алмады еркінсітіп,
Қанжарды дәл жүректен салып алып,
Жіберді жаудың қанын жұтып-жұтып.
Бір күннің ішінде Кене сексен сарттың басын алды. Жалғанның ісі ақиретке кетпейді. Ел серкелерін жайратқан, халқын зарлатқан жауыздардың жазалануы әділетті іс еді. Батырлардың рухы өлмесе керек-ті. Баһадүр Кенесары:
Сұп-сұр боп «кегімді ал» деп келіп тұрған,
Қасым, Саржан, Есенгелдіні көзі көрді.
Қайраты, айбаты, намысы жанартаудай лапылдаған Кененің осынау жойқын әрекетіне ағасы Рүстем «жау ғой деп өз досыңды қырып кетсең, барасың қалғанменен жалғыз қайда?» деп тоқтау айтады. Ақылды ер «мен сүйтіп қойдым ба деп» сабырлы кейіпке түсіп, «дұшпаннан кек алғанға мейірі қанып», алыптың ұйқысын бастан кешіреді.
Ұйқысынан оянысымен кеңес құрып, Наурызбайды сәйгүлігіне мінгізіп, Ғұбайдолланың (әкесі Қасымның ағасы) кегін ал деп, Арқаға жібереді. Қаракөктің тұқымы, саналы саңлақ Ортау менен Ақтаудың қаласына жетіп, «Абылайлап» ойран салады. Батыр Науан бір шаһардың әлек-шәлегін шығардым, Ғұбай ханның құны үшін төрт орысты айдап әкелдім дейді ағасы Кенеге. Кене айтады: Бұл шіркіндерді Бұхараның ханына апарып, батасын ал, бау ашар өнерің ғой.
Бұхар патшасы да, халқы да, кемеңгер ханның тұқымы деп, зерделі ер Науанға ханның үйіне қондырады.
Бұхар ханы: Рахмет жаусын, қалауыңды ал – дейді.
Сонда Науан: Дүниеге қызықпаймын – деп, жауап береді. Хан ең таңдаулы жібек шідер, күміс баулығы бар текежәуміт Қызылауыз жүйрігін сыйлайды.
Мінекей батырлардың қылған ісі,
Болмады айтуға да ендігісі –
деп, Көкбайдың өзі айтқандай, Абайдың кестелеп, буындап түсіндіруінен ұққан тарихи-шежірелік әңгімелерді зерделілікпен тереңдетіп, «Наурызбай – Фатима» оқиғасын әлеуметтік, көркемдік, суреткерлік көзқарас тұрғысынан келісті келісіммен жырлайды.
Батырлық рухы биік, отаншылдық сезімі терең, ұлт келешегі үшін жанқиярлықпен жай оғындай атылған, барыс мінезді Құдайменде, Саржан, Есенгелді, Кенесары сынды сайыпқырандарға ілесе шыққан «Мүйіз жүрек Ер Науан» хақында күйлі, қуатты мәуелі ойларды ағындатып туындатады.
Деректанушы Көкбайдың бұл дәуірнамалық, полифониялық дастанында Батыр Науанның ата-тек шежіресіне зейін аударғаны да дұрыс болған. Қасым сұлтанның бәйбішесі Бибі-Керей Құрман батырдың қызы екен. Бибінің сіңлісі Асылтастың ғашық жары дүниеден ерте озған соң және кемел ақыл иесі Бибі мосқалданып, сырқаттанып, мәні болмаған соң, сіңлісін Қасым сұлтанға некелеткен. Осы Асылтасынан қазақтың гауһары Ер Науан туған. Науан қырқынан шыққанда анасы Асылтас көз жұмады да, Кене мен Күнімжан еркелетіп-баулып ержеткізеді.
Қасым сұлтан ұлдарын ержүректікке былайша тәрбиелейді екен. Бурабай көлінің жағасында құмға қанжарды өздеріне көрсетіп көміп, үстіне құм үйіп, балаларын бір шақырым жерге ұзатып, онан соң екпіндетіп жүгіртіп, «Қарғыңдар!» дейді екен.
Наурызбай дәлме-дәл қанжар қадалған жердің үстінде шыр көбелек айналады екен.
Наурызбай жастайынан әскери өнерге жаттығады. Бірде алтын балық үйіріндей батырлардың ортасында кеңес құрып отырғанда босаға жақтан бір жігіт құлшына сөйлеп, тегінің Жолбарыс хан Төлеңгіті екенін, ес білгеннен сауда жасап жүргенін айтып, «тайын атанға айырбастамайтын», есепсіз «алма мойын, бөкен сағақ» таңдаулы жылқылардың иесі Тілеуқабақ дейтін байды (екі ұлы мен екі қызы бар) тебірене айтады. «Алшынның отыз тайпа елінде» дәл осындай ырғын дәулет иесі жоқ-ау! Тілеуқабақтың Әли, Мұса дейтін екі қос мырзасын Алтын-Жаппас жұрты мыңға балайды. Бұған қызыққан Наурызбай он төрт ержігітті ертіп, Кене ағасынан бата сұрайды. Кене сонда: – Ей, Наурызбай! Патша құдай, жарылғасын. Қабырғаңмен кеңес. Сабырға кел – дейді.
Науан: – Кене аға, немене, қазаққа бата беріп көрген жоқсың ба? Менің он жетіге келген шағымда жорыққа шығып көрмедің бе? Кене хан кемел бата берді дәл осылай:
– Оңғарсын, сапарыңды патша құдай,
Үш жүзге аты шығып ұран болған,
Қолдай көр, Қасым сұлтан, Хан Абылай.
Жорықшылар «Әумин» десіп, «Аруақтап», Үшбурыл өзені бойындағы қопадан біреу шыға келді. Құдайдың дес берісі, елдің жайын білуге жақсы болды-ау деп жорықшылар жайраң қақты. Ол айтты: Үшбурылды ен жайлаған жылқыларды ешкім алған жоқ. Тілеуқабақтың Әли мен Мұсасы ай мүйізді айбарлы бектер. Үшбурыл өзені Мұғаджар тауынан басталып, Үстүртке қарай ағып, ақыры құрдымға зым-зия жоғалады.
Болмысында, сүйегінде ізгілік қасиеті қабындаған Ер Науан бұл жігіттің айтқанына дән разы болып, өз жөніне, өз жолына жібереді.
Ағыны дөңбек тасты аударған Үшбурыл өзенінен өте шыққанда, күңірентіп өлеңдеткен дауыс естиді:
Қыз:
– Ашпадым жездей келмей қабағымды,
Балдыз деп иіскелейтін тамағымды,
Серіні келеді деп мен отырмын,
Етіп жүр кімдер ермек қарағымды?
Балдызбен сөйлеспей ме сырын ашып,
Кететін жөні бар еді амандасып.
Апамның өліп кеткен күйігінен
Кетті ме батыр жездем Хиуаға асып.
Наурызбай:
– Торығып төмен кеткен ел оңа ма?
Бір батыр бір батырмен тең бола ма?
Іздейсің келмей кеткен сол жездеңді,
Жаңа жар ескі жардан кем бола ма?
Нағыз дәстүрлі қыз бен жігіттің ойнақы, әдепті айтысына ұласады. Ой шеберлігі, ой тапқырлығы, қазақы өмір шындығы, кейіпкердің жан толғанысы, қыздың өжет қылығы («Алыстан өлеңіңді қорқып айтпай, Қасыма, жігіт болсаң, келші бері!» деуі), жас оғыланның бар-жоғы он бес-ақпыз, ұрысты қояйық деуі бейнелі жарасыммен суреттелген.
Құндыздай құлпырған сұңғыла қыз «Патшаның саясатшыл баласындай, Жаралдың қандай жанның тұқымынан» деп, Наурызбайдың заттылығын, асылдығын танып, мейірбандықпен әсерленіп үн қатады.
Наурызбай хан Абылайдан бастап, Кенесары ханның бауыры екендігін айтса, қыз да есімі Фарида сұлу екенін, елінің құт қонған Қыдыр атасы Тілеуқабақтың малын олжаласаң, «Сені де, бәлем, төре, аруақ ұрар» деп шүйіліп, «Төреге кісен салған атақ жаман» деп, райынан қайтаруға әрекеттенеді.
Тік сөйлеген қыз сөзі тікендей қадалып, бұған шамданған Наурызбай «Абылайлап» ұрыс бастап, жылқыларын қолды етеді. Шанышпа тілді қыз да алапат қара құйынға соқтыққанына дағдарып, былайша өлеңдетеді:
Наурызбай қыздың мүбәрак пәк болмысына, шынайы тазалығына құмарта ғашық болып, қалағаныңды ал деп мәрттік жасайды.
Фатима сұлу шешіле сөйлеп, балауса балғын кезімнен екі тайды баулып едім, соны берер ме екен деп үміттенемін дейді. Және де «ерлігің, серілігің, сұлтандығың, қасиетті асыл ерендігің, ғаріптерге жанашырлығың көрініп тұр, сардар төрем деп қимастық көңілмен ішкі сырынан да сездіреді. Сұңқардай сергек Наурызбай Алланың жаратқан бір қызғалдағына «реңің оттай» жанып, сүйегім балқып, қимастық сезімім еркімді жеңіп барады дейді.
Алған бетінен қайтпайтын қасқыр мінезді Наурызбай Айдарлыда үш күн жатып, сені тосамын, сөйлеселік, «ишара, тұспал айтып, уағада етеді де», жылқыны қуып әкетеді.
Дереу Фатима сұлу да екі ағасына өлеңдетіп, былай дейді: Пері ме, адамзат па, диуана ма бір жігітпен айтыстым. Сөйтсем Хан Кененің жігіттері. Жылқыларды Қолбасы ханның інісі сыпырып кетті. Мұны естіген соң, ел дүрлікті, ақылдасты. Тоқетері, от ауызды, орақ тілді, намысты ақыл мен айлаға кемел Фатима сұлудың мойнына ел аманатын тапсырды.
Тұйғын мінезді Фатима сұлу тәуекелге бекініп: пірлердің дұға-шарапатымен, қызыл тілімнің қуатымен малымды да алармын, «Науанмен де толғасармын» деп, «қаулап жанған оттай» болып жөнеледі.
Науан да өзінен-өзі дегбірсізденіп, аруақтанып, бал ашып, ғайыптың сырларына ұйып, ақылымен кеңесіп, «Не табам елді жылатып, қағынғаннан», одан да Фатима сұлуға маған шын бұйыртса, құдайыма да, тағдырыма разымын дейді. Ол алпыс басты ақ ордамның құт берекесі болса, айым аумас, күнім қисаймас еді дейтін түпсіз ойларға шомды. Сол бір мезетте «бір өзі жүз кісілік серіге» татитын Ержан ағасы қозы көш жерден қызды көрді де «Ей, інім, еркексінбей, байқап сөйле!» дейді. Фатима ару сырнайдай сызылған даусымен саңқылдап-жарқылдап шырқап, жер мен көкті тебірентіп:
Күйеу ең біздің елге әуел баста,
Басыңа пәле болар, малды таста!
Қырмызы жігіт болсаң, жібектей бол,
Құр бекер өнеріңді желге шашпа! –
дейді.
Наурызбай қызға сөз салмақ алдында Ержан ағасымен келіседі. Қыздың ар-ұятын ардақтаймын, меселін қайтармаймын, малын шашау шығармай қайтарайын дейтін ойға бекінеді. Қыз сөзін былайша жалғастыруда:
…Алдыңда ту көтерген Ержан ағаң,
Төрелер, жыртылмасын алтын жағаң.
Қара жүз қып ерлерім, қайтармаңдар,
Жұмсап еді сенгеннен соң, жұртым маған!
Сонда Науан ер сөзінің тоқетерін:
Фатима, пісіп тұрған сен бір алма,
Тысқары топырақтан қылсын Алла!
Өзіңді осы күзде келіп алам,
Ғашық жар, сол уақытта айнып қалма! –
деп, оттай ыстық мейір-махаббатын тамылжытып, әсерлендіріп жеткізеді.
Сонымен Наурызбай Кенесарының ордасына келіп:
– Хан аға, Фатима Тілеуқабаққызымен уәдем бар еді. Қалыңдығымды қалың малсыз алуым үшін жылқысын қайтарып бердім. Болашақ келініңізді әкелуге рұқсат етіңіз!
Бауырының жүрек қалауын Хан ағасы бүтін болмысымен ақ батасын ақ тарыдай ақтарылып береді де, енді Тархан Шақшақ Жәнібектің жолын ашқан, Қара би немересі Абылай хан батырларының бірі, Жабай баласы жасы жүзге толған Керей Тоқсан бидің алдына барып, бата ал дейді.
Тоқсан би жас науша Науанға: Ақ ниетті атаң Абылайды көрген едім, әкең Қасым сұлтан мені өзіне серік етті. Саған атаңның бағын, тағын, тәжін берсін, бабаңның Ақ туы желбіресін, Кенесарының көсегесі көгерсін, көгершінім! Мұндай тағылымды сөздер руханилық деңгейіңді көтереді, ақылыңды байытады, намысыңды қайрайды, үміт отын лаулатады.
Тоқсан бидің ақ батасынан қайраттанған қолбасы Ержан бастаған жорықшылар Тілеуқабақ еліне жұлдыздай ағып жөнейді.
Фатима қыз:
– Науанға уәдемді бердім, – депті,
– Өмірлік серігім деп, сендім, – депті.
– Елді шаппай, жылқыны тастап кеткен.
Мұнысы Наурызбайдың ерлік! – депті.
– Ер Науан сұлуларға арман, – депті,
– Жаманға елім-жұртым барамын, депті.
Қыздың ұлы арманын түсінген Алтын жұрты сұлудың бағы ашылсын деп құмырсқаша қимылдап, ұзатпаққа кіріседі.
Айдарлы бойында Ержан мен Ағыбай батыр бастаған құдаларды Тілеуқабақ алдынан шығып, жүйріктерінен қолтықтап түсіріп, ақ шаңқан үйлеріне жайғастырады. Құдаларға ел жақсылары аққудың мойнындай иіліп сәлем береді. Құдалардың ортасында Кенесарының бас батыры Алшын Кереит Досқожа жыраудың аталас інісі Нысанбай жырау да бар.
Осы бір тарихи ұлы салтанатта, ұлы думанда көкпар тарту, жамбы ату, ат үстінен күміс жүзік алу, бәйге, балуан күрес, аударыспақ, алтыбақан, ақсүйек ойнау секілді неше түрлі ұлттық ойын-сауықтар тізбек-тізбегімен көрсетіледі. Тілеуқабақ Фатима қызын ұлы тілекпен, мол жасаумен құрметтеп ұзатады.
1838 жылдың қазан айында Хан Кене Науан мен Фатимаға сегіз қанат ақ отау тігіп, келін түсіру тойын жасайды. 1839 жылдың көктемінде Фатима арудың ағалары Әли мен Мұса бастаған құдалар Ортауда отырған Кенесары ордасына қонақ болады. Салтанат сәнімен, мәнімен ерекшеленіп, Хан Кене құдаларына қымбат кит кигізіп, әрқайсысына су төгілмес жорға мінгізіп, шығарып салады.
Абайдың ұғындырғанын Көкбай Жанатайұлының әңгімелеуінше, 1838 жылы Ержан, Ағыбай, Наурызбайлар бастаған көш Арғын, Қуандық жеріндегі Ортауға келе жатқанда қара нөсер құйып, күн суытып, Фатимаға суық тиіп, сырқаттанады. Кененің бәйбішесі Күнімжан да бәйек болады. Бақсы-балгерлерді шақыртып емдетеді. Ай сипатты келінім құлан-таза жазылсын деп Күнімжан қыз-келіншектерді жолатпаған.
Жыл өтіп Кене келінін көрген дейді,
Сұлу деп аса көңіл бөлген дейді.
Фатима таңданғаннан суық тиіп,
Көз тиіп, үш күн жатып, өлген дейді.
Меңсұлу екі асылдан қалған екен,
Күнімжан бауырына салған екен.
Сол қызды бой жеткен соң, қалың беріп,
Сегіздің Мұстафасы алған екен.
Сыздық төре қарындасын Мұстафа батырға ұзатады. Сегіз серінің жеті ұлының үлкені. «Қазақтың Сегіз сері данасы да, Жырлапты мұны өзі, баласы да» дейді Көкбай. Яғни «Наурызбай – Қаншайым» жырын Сегіз Серінің ұлы Мұсайын жырлаған.
Хан Абылайдың мәуелі әулетін Хакім Абайдың бажайлап-баяндауымен тапқырлықпен толғап өлеңдеткендіктен, «Шәкіртімін – Абай аға, атым – Көкбай» деп тәмамдайды.
Енді ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында «Тауықтың әтешіндей» қоразданған болымсыздар Сегіз серіні жоққа шығаруға жанталаса әрекеттенді. Сондықтан да Сегіз серінің дастаншылдығы мен ұлдары балуан ақын Мұсайынның қиссашылдығы, әрі батыр, әрі жырау Мұстафа жайында байтақ мәліметтер «Жүсіпбек Шайқыисламұлына» дейтін деректемелік-тарихи толғауында нақтылы, жинақы баяндалған.
Жинаушы, бастырушы Жүсіпбек Шайқыисламұлы Кенесары-Наурызбай жайлы мынадай жинақтарды бастырғанын ескерткен дұрыс болар.
Наурызбай батырдың бір қыз бірлән айтысқаны. Қазан, 1901. 38-стр. Араб әрпінде және орыс тілінде.
Қисса-и Кене хан Һәм Наурызбай. Үшбу қиссаны жазып, баспаға даярлахшы Юсуфбек Шәйхуисламұғлы, 1903 жыл, 16-бет.
Қисса-И Наурызбай төре Қасымұғлы Қасым Абылайханов. Жазушы Жүсіпбек Шайхулисламұғлы. Қазан, 1912, 56-бет.
Келешекте осы қиссалардың мәтінін (мазмұны, тілі, құрылымы) тексеру, анық-қанығын айқындау керек-ау.
Хан Абылайдың қаһармандық, хандық, көшбасшылық, көсемдік тұлғасы Көкбай Жанатайұлының «Қандыжап» дастанында тарихи-әлеуметтік, көркемдік-философиялық дүниетаным тұрғысынан гүлдендіріліп жырланған. Алдымен «озбырлы ақ патша мен қытай, қалмаққа» қарсы жортуылдарында сағы сынбай, бағы нұрланып, абыройы асқақтап, атандай алшаңдап, дозақтың отының ішінде құдай қолдап, жұртын қорғап жүрген Абылай хан Жәнібектен бата алуға келеді. Сондағы қасиетті кісінің батасы былайша екен: Толғанып іс істе, халқыңды ғаделетпен басқарсаң, әр нәрсенің «анық-қанығына» көз жеткізсең, төрт құбылаң сай, көптің сынын қабылдай біл, жолыңды, жөніңді, жоғыңды түгендей біл, алдыңа келсе, айыбын кеш, дұшпаныңа әділ бол, уәдеден тайма, егін салдыр, еліңді отырықшылыққа үйрет, көршілеріңмен тату бол, бірақ сақтана біл, еліңе ие бол, әйтпесе доңыз төбеге шығады, дегенмен де «дұшпан тұр ызғар шашып батыс жақтан».
Шежіреші ақын Көкбай Хан Абылай заманының сойқанды жылдарындағы қасіретті қан кешулерін де кестелеп сөйлетеді. Айталық, Қалмақ ханы қытайдан он мың шерік алып қазақтан кек алуға аттанады. Жау қазаққа кісі салады. Ол – Қарастай Қалданның қызына үйленген Қолбасшы Шәріш Төле би алдына келіп, үш шартын қояды. 1) Шудың солтүстігі Сарыарқа алтын бесігіміз; 2) Қабанбай, Бөгенбай, Сарымалай, Ер Жәнібек елімді талай рет қан қақсатып, бес батырымды жер жастандырды, сондықтан да әрқайсысына қырық қыздан құн даулаймын; 3) Хан Абылайдың өзі алдыма келсін, сазайын тарттырамын; 4) әрбір қыздың ақ отауы, айдаған малы болсын және Абылай өз қызын берсін, 5) Қалданның жалғыз ұлы Әмірсана Абылайға іні болсын. Бітімім осы.
Шәріштің осынау айтқандары Хан Абылайды ой тұңғиығына батырады.
«Қайран елім, ер сыналатын заман туды» деп, ар-намыс туын жоғары ұстап, қалың тобын соңына ертіп Қабанбай «Абылайлап» соғысты бастап жібереді. Ер Қабанбай Шәрішпен жекпе-жек шығып, арыстанша арпалысып, сауыт-саймандары да талқандалып, Шәрішті тірідей Хан Абылайға алып келген бетте-ақ қаны қайнаған сабазың Шәріштің жанын жаһаннамға жіберген.
Содан Қалдан хан шамданып, қытай патшасынан батырлар сұрап алып, өзінікін де қосып, мұздай қаруланып, жер қайысқан әскерімен жөңкіліп, қазақ даласын жан-жақтан торлап, Арқаны қайтадан тартып алып, елдігін де, ордасында жып-жылмағай жоймақ болып, оттай лаулап, шегірткеше қаптап, алапат тегеуірінді қимылмен қиғылық салып, қиқулап, қазақтың еліне ентелей құйғытып жөнейді. Ертіс, Іле, Есіл, Нұра бойы, Көкшетау алабына көз тігеді. Бұл уақытта Хан Абылай Ер Жәнібек екеуі Төле бидің басына Құран оқымақшы болып жолға шығып кеткен еді.
Ойда-жоқта қалмақ әскерінің қолбасшысы Тарлық батыр қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан жолаушыларды көріп: «Тұрыңдар» дейді. Қалмақтың тілін түсінетін Абылай Жәнібекті оятады.
Тарлық батыр «Кімсіңдер?» деп сұрағанда: «Іздеп жүрген Абылайың – мен» дейді. Ол Абылайдың патшалық рәміздерін көріп, қол-аяғын байлап, Қалдан ханға табыстайды.
Қалдан хан Абылайға жеке үй тіктіріп, сый-құрметін аямайды. Қалдан хан қырық күн өткен соң, бектері мен батырларын түгел жинайды.
Күміс қақпалы ордасында Қалдан хан тәжін киіп, тағында отырып, Абылайдың арманын, арызын сұрамақшы. Осы бір сын сағаттың алдына сұңқардай сергек Ер Жәнібек Абылайдан бұрын кіріп, төрт аяқтап тақ тәрізді бола қалады.
Байқампаз әділетті Қалдан хан Ер Жәнібектен «Бұл қайткенің қазақтың ырымы ма?» дейді.
– Алдияр! – деді Жәнібек. – Ханым, Қалдан,
Саған қылдым намыс үшін жанды құрбан.
Ханыма тақ боп тұрмын жерге отыртпай,
Түскен жоқ хан Абылай хандығынан.
Хан Абылайға деген ілтипат қандай десеңізші! «Күн қасында сұлтаным, Ай қасында шолпаным!».
Сонан соң Хан Қалдан Хан Абылайды таққа отырғызады.
Әрі қарай көк жүйрік Көкбай ақын Қалдан ханмен Абылай ханның арбасып сынасқанын, ірілік, елдік мінез, терең парасат, өрен тапқырлық, шешімпаздық, отаншылдық рух танытқанын мейлінше мейірбандықпен сөйлетеді.
Қалдан хан айтады: Кешірім сұрайтын, аяғыма жығылатын жұртың қайда? Мен сені өлтірмеймін, еркіңе жіберемін, егер де белгілі бір бітімге пәтуалассаң, сонсоң еліңе қайтасың.
Абылай хан өзінің ұстанымын:
– Өлтірсең де бармаймын бітім ұстап,
Қалың қазақ еліммен ақылдаспай,
Шәрішті өлтіргенге жауаптымын,
Басына басым татыр өлтіре бер!
…Дүние ісі – дүниеде қайтады» деген,
Қазақтың бұл шапқаны кек алғаны, – деп, тегеуірінді қайсарлық танытады, көсемдік болмысына табындырады.
Қалдан хан мынаны төндіріп айтады: Қан кешуде найзаның ұшында емес, Шәрішті өлтіргенің үшін басыңды алам, арманыңды айт!
Жөн-жосыққа білгір Абылай бұған дауым жоқ, сонда өзің би, өзің даугер болуың дұрыс па дейді де, ғасырлық мұратын былайша пайымдап, кестелеп жеткізеді: 1) Қазақ елінің «Алды-арты, оңы-солы түгел қауіп», сол себепті қоныстандырып, егін ектіріп, отырықшы ұлыс ете алмадым; 2) Қайратты қас батырдың қолынан өлмедім, күш-қуатым құр бекерге ит рәсуа болды; 3) Шәрішті өлтіргеніме айыптымын, үш атадан жалғызбын, тұқымым тұздай құритын болды-ау?
Осынау 3-ші арманын айтқанда Қалдан хан тастай қатып: «Әмірсанам секілді жалғыз екен» ғой дегенде Ер Жәнібек: «Олай болса өлімін кешіріңіз, Төрелік әділ келді жаңа ғана» деп, тұтқиылдан құлдық ұрады.
«Ақылы Қалдан ханның теңізбен тең» емес пе, Әмірсананы Абылаймен жарастырып, «Өліміңді кештім!» – дейді Қалдан хан. Екеуіне «жер бетінде есен-аман» жүріңдер, екі елдің тыныштығын ойлаңдар деп тілеуқор болады.
Сонымен қазақ-қалмақ ынтымақтасып, Аякөздің бойында бітім жасайды. Бітімнің елдік ұраны былайша:
Тоқтасын бұдан былай елді шабу,
Екі елдің де пайдасы – бітім табу.
Опырылып қалғанның орны толмас,
Ашылған етек болса, қайта жабу.
Бітімге «Қандыжап» деп ат қойып, Қалдан мен Абылай бармағын басады.
Көкбай Жанатайұлының «Қандыжап» дастанында Абылай ханның қаһармандық, қолбасшылық өмірі тарихи зерделілік, ұлттық сана, отаншылдық, гуманистік көзқарас тұрғысынан жоғары көркемдік-философиялық дүниетаным деңгейінде әсерлі сипатталған. Дастаншы, деректанушы, шежіретанушы ақын шеберлік, тапқырлық, даналық танытып, сөзді, ойды гүлдендіріп, сәулелендіріп отырады.
Көкбай Жанатайұлының «Ғаділ патшың қиссасы», «Һарун Рашид патшаның қиссасы» дейтін әпсана-хикаяттарының сюжеттері «Мың бір түн» ертегісінен алынып, ертегілік-аңыздық, ғибратшылдық, діни-мұсылмандық сарындарға негізделіп, ақындық тапқырлықпен жырланған.
Бір жағынан жәдігөйлікті, азғындықты, дүниеқоңыздықты, аярлықты, сиқыршылықты, ұрлықты сұңғылалықпен әшкерелесе, екінші жағынан шежірешілдікті, өнерпаздықты («Кеудем толған шежіре қағазбен тең», «Өнерменен өзіңді сөйлеткен мен»), диханшылықты, еңбекшілдікті, кәсіпшілікті («Бір харекет қылмаса кәсіп үшін, Көктен тастап Құдайым мал бере ме?»), ізгілікті дәріптейді.
Негізінде, Көкбай қиссалары – ғибратнама қазынасы іспетті,
Асылы, Көкбайдың ақындық мәдениетінде Абай рухы, тағлиматы, көркемдік дәстүрі, ой сарындары, ұлылық ұшқындары жарқын көрініс тапты.
Серік
НЕГИМОВ





