АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ

АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ

 

Әбіш Кекілбайұлына

 

Тоқтаусыз талай ғасыр, жыл ағызған,

Таралып бір ауызға бір ауыздан.

Алаштың маңдайына абыз бітті,

Туа сап керуен-керуен кіл аңыздан.

 

Құмартқан қона бермес әлдекімге,

Мұң тербеп,. Ұялатқан шер көңілге.

Сан жылдар ынтық еткен сол аңызы,

Жетелеп кетті оның бір мәңгі өмірге.

 

Міз бақпай, мүлгіп жатқан баябанда,

Маңғытау – бізге жұмбақ баян ол да.

Аңыздың білмесе егер тілін абыз,

«Хас ару ұйқыдағы» оянар ма?!

 

Құпия жиып жатқан құба түзде,

Үңілдім Үстірттегі шұбақ ізге.

Ол келмесе Шерқала, Қызылқала,

Самбырлап сөйлер ме еді мына бізге?!

 

Отпаным – Тәңір берген тау киелі,

Бозашым – тебіренткен жан-жүйені.

Көз жазып біз абыздан қалдық бүгін,

Маңғыстау, сен кеше гөр әулиелі!

 

Құлазып мүлде абызсыз шаттықты аймақ,

Бейітіне мұңаямыз ақтық байлап.

Аңыз жоқ, ол кеткелі маңыз да жоқ,

Барады жердің бетін дақпырт жайлап.

 

Жер бетін абыз солай сақтапты аман,

Оятып марғау жұртын бақ таппаған.

Күтіп тұр енді қандай заман бізді,

Аңыздың ақырына кеп тоқтаған?!

 

Олжас  ҚАСЫМ

 

 

 

Қайран, Әбіш!

 

Қайран, Әбіш!

Қауызын жарған шақта енді бақыт,

Кеттің ғой қарашаны сен жылатып.

Сол күні төбе кезіп бір бота бұлт,

Боздады.

Тұрды оны жер жұбатып.

Бота бұлт бота арман арқалаған,

Боталап жанарынан сор тараған.

Ботакөз терезеден сығалайды,

Жастығы жолығардай тар қаладан.

Секілді көздің емес, жасы күздің,

Жасындай жалғыздардың ғасыр біздің.

Ұйытқып кеше тағы бір самал жел,

Үйіне жылап келді досыңыздың.

Асырып мәртебеңді асыл аңыз,

Жиекке ғарыш жатқан қосылған із,

Созады көкке қолые, сәл майысқан

сөреден сені іздеп оқырман қыз!

Ер Әбіш!

Есіл Әбіш!

Қайран Әбіш!

Бұл күнде таудан биік, айдан алыс.

Қаламға серт еткенмін мен де сендей,

Қайда ертіп барады, қайдам, ағыс.

Тағы да таңғалдырып тамам ұлтты,

Дария көшті солай дала рухты.

Бір тұрып, бір жығылған мені қойшы,

Жұбатшы, жұбатты өмір анау бұлтты.

 

Мұхтар КҮМІСБЕК

 

АБЫЗ

 

Сезінген шақтарымда ұятты анық,

Жүрегім тастайтындай күй ақтарып.

Мұңға ауыр берілемін мен кей кезде,

Бір дәуір көшіп кеткен сияқтанып.

 

Абызын сағынды ма мынау халық?

Леп белгі қаптап кетті сұрауқалып.

Өзімшіл қазағына күлімсіреп,

Кекілбаев жұлдызы тұр-ау жанып.

 

Қазағын қорғау үшін мұңды ызғардан,

Ұйқыдан түнде қалған, күндіз қалған.

Іздеймін абызымның бейнесін мен,

Үркердей ауа көшкен жұлдыздардан.

 

Абызда аты өшпейтін сен ғана бар,

Кім қалды әрбір сөзі ем бола алар.

«Әр ісім қазағыма болса» дейтін,

Әбіштей ұл туа ма енді аналар?

 

«Елім» деп соғатұғын қан тамыры,

Өзіңдей болар ма ердің хәл-қадірі.

Жұлдыздар арасынан көз тастайды,

Қазақтың аласпрмас Хан Тәңірі!

 

Табиғат  АБАйдіЛДАЕВ

Пікір қалдыру