ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ ХИКАЯТТАРЫ  ХАҚЫНДА

Ғарифолла  ӘНЕС

Ахмет Байтұрсынұлы эпикалық текті әуезе деп алып, оның түрлерін ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), ұсақ әңгіме деп жіктеген болатын. Повесть (хикаят) туралы «ұлы әңгімеден өресі қысқа, өрісі тарлау түрі ұзақ әңгіме деп аталады» дейді. Осы негізде ол М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын» романға емес, ұзақ әңгімеге, сондай-ақ М.Әуезовтің «Оқыған азамат» әңгімесін повесть үлгісіне жатқызған. Ж.Аймауытовтың «Күнекейдің жазығы», М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман», Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повестері қазақ прозасындағы қайталанбас көркем туындылар.

Қазақ әдебиетінің өткенін парақтай қалсаңыз, әйгілі «алпысыншы жылдықтар» көзге ұрып тұрады. 1960-жылдары шығармашылықпен айналысқан қазақ жазушылары бүтін бір ұлттың әдебиетінде дүрбелең туғызып, тіпті өздері ойламаған «жаңалық» ашты. Саясаттағы «жылымық кезеңнің» тууы, идеологиялық шектеудiң әлсiреуi 60-жылдары әдебиетке келген жаңа ұрпақтың соны шығармашылық iзденiстерiне, түрлі тың тәжірибе жасауларына мүмкіндік бердi. Проза жанрында С.Мұратбеков, Ә.Кекiлбаев, М.Мағауин, С.Жүнiсов, Қ.Жұмадiлов, Ш.Мұртаза, Ә.Әлiмжанов, Д.Исабеков, Қ.Ысқақов, Р.Тоқтаров, Ә.Тарази есiмдерi қазақ оқырманының санасында жатталып қалғандай. Сол жылдары әдебиетте тарихи тақырыпты шығармалар өзгеше қарқынмен дамыды. Бұл тұрғыда I.Есенберлиннiң, М.Мағауиннiң, Ә.Кекiлбаевтың тарихи романдары қазақ әдебиетінің қоржынына асыл мұра болып олжа салды.

Заңғар жазушы Ә.Кекілбаевтың әңгімелері мен хикаяттарының әрқайсысының жұлдызы бөлек, жолы ерек. Кез келген туындысын парақтап көрсеңіз, әр шығармасынан бір тағдырды байқайсыз. Бәлкім, жазушыны «шағын проза шебері» атандырған да сол шығармалар болар…

Алдағы сөз сол жұлдызды туындылардың «тағдыры» мен тағылымына арналмақ.

 

АВТОМОБИЛЬ

«Автомобиль» хикаяты алғаш рет 1977 жылы «Жұлдыз» журналында (№10, 25-91-бб.) жарияланды. 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Құсқанаты» атты повестер пен әңгімелер жинағында (61-110-бб.) шыққан. Хикаяттың орыс тіліндегі алғашқы нұсқасы жазушының 6 томдық шығармалар жинағында (2001, 2-том, 261-318-бб.) жарық көрген. Жазушы шығармаларының 20 томдық толық жинағына (5-том, 98-152-бб.) енген.

 

Әдеттегідей «Автомобиль» хикаяты да авторлық ұзақ толғау-арнаумен және қос эпиграф-сөйлеммен ашылады. Алдымен шығарманың шырайын кіргізетін дәйексөздерге тоқталсақ, оның алғашқысы жаһанға мәшһүр ежелгі «Ригведаның» бір гимніндегі «жанталаса жүгірген» ұзақ жолға бағышталған. Сірә, мұнымен жазушы өмірдің мәңгілік қозғалыс екенін һәм өмір мен өлім арасындағы желіп өтер кезеңнің атқан оқтай, тым шолақ екенін мегзегені болса керек.

Сол сияқты Әбекеңдердің замандас жазушысы, кеңес өкіметі тарапынан қудалау көрген Юрий Олешаның «Біз алғаш рет өмір кешудеміз…» деген астарлы, айтары мол сөз-ләмі де ойлы оқырманды селт еткізіп, түрлі тұжырымдарға жетелейді.

Ал ұзақтау авторлық арнауда жазушы «Өзіңді енді қайтып көрмес, құшақтаспас мәңгілік ғайыпқа қимайтын өз көңіліме жұбаныш болсын деп жазылған өзің мен әріптес достарыңның сонау ақжелең шақтары туралы осынау шағын хикаяны аяулы аға, дос, Қобылан, шофер Қобылан Зоранов, саған бағыштадым» деп тебірене толғайды.

«Сен біздің ауылда бұрын-соңды ешкім ата кәсіп ете қоймаған жаңа өнерге бірінші боп бет бұрғандардың бірі едің. Құландар жортқан құба түзге талай-талай соны соқпақты өзің салдың», – дейді жазушы бұл шығармасының марқұм досы Қобылан Зорановқа арнау сөзінде. «Қобылан Зоранов – Әбекеңнің ауылдасы, екі жас үлкендігі бар жеделдес ағасы. Ауылда алғаш машина руліне отырған жастардың бірі еді ол. Ақыры, сондай сапарынан орала алмай қалды… «Ақ түтек боранда бала кезден бауыр басқан рулі ғана басын сүйеді…».

Әбекеңнен бір көйлек бұрын тоздырды дерлік үлкендігі бар аға досы Қобылан Зоранов қазалы арнауда айтылғандай, молдығы, ерлігі, ірілігінен бейбіт заманда бейуақ опат болды. Ол 1963 жылдың қақаған қысында бақилық болған Үстірттегі биікті жұрт осы уақытқа дейін «Қобылан өлген» деп атайды. Қобылан марқұм болғанда артында қосағы Жәния жеңгеміз сол үш қарғасын әкесін жоқтатпай тәрбиелеп өсіріп, азамат қылып шығарды. Қазір олар үйлі-баранды, Ақтау қаласында тұрады.

Онды ауылына келген алғашқы автомобильді жазушы Жақан кейіпкеріне «сыйлапты». Жетім бала. Бұл ауылдағы ең жақыны көксұр Елемес – директордың кабинетінде тұңғыш көрген адамы, оның да ағайындығы төмендегідей болып шықты.

«Бұл ауылда менен жақын ешкімің жоқ. Әкең марқұм теңіз асып келген кірме еді. Менің әкеммен көжетамырлығы бар-тын. Баяғыда Текенің базарында танысыпты. Сүйекшатыс болайық деп мені өзіне өкіл бала еткен. Анаң байғұс біз қырда жүргенде қайтыс бопты. Жер аяғы қашық. Тұсында келе алмадық. Биыл басқарма қырға көшірмей, ойға қалдырды. Енді сені қайтып жалғыз тентіретіп қояйын. Түсінетін шығарсың… Қолыма алып, қолғанат етем. Азамат боп шығасың. Аман болса, келін алып беріп, бөлек үй етем», – дейді онан әрі Көксұр Елемес аталатын мына жанашыр.

Ә.Кекілбаевтың шығармаларына, әсіресе ел іші өмірінен жазылған әңгіме, повестеріне тән ерекшелік – олардағы адамдардың бір-біріне бауырмалдығы. Шідер үзгендер сирек. Көп кейіпкерлері тірліктің тірегін бірліктен іздейді. Осы ерекшелік бұл шығармада да шаң береді. Көксұр Елемес тақыс, ішкі есебі мықты адам. Жақанды қолғанат қылуында қол ұзартқысы келген ойы менмұндалап-ақ тұр. Таңдауының Жақанға түсуінің жалғыз себебі – әлгі өзінің оның әкесіне өкіл бала екендігі.

Елемес сол жолды ұстанып отыр. Азамат қылып шығарып, келін алып беретін, бөлек үй қылатын ниеті де алдарқату емес. Шын көңілі. Оны істемесе Елемес Елемес болмас еді. Досқа күлкі, дұшпанға таба болар еді. Елемес үйіндегі күйіне Жақан да риза. Не ішем, не кием демейді. Шаруаға төселе бастады. «Төрт аяқтыға есесі кеткен екі аяқты жоқ. Екі аяқтыларға есеңді жібермесең болар» – деп Елемес ағасы да ақылын айтып бағады.

Жақан осылай жылқышы ауылда жүре берер ме еді қайтер еді, егер Елеместі түлен түртіп, мұны колхоз орталығына жұмсамаса. Жұмсағанда да басқарманың Теңбілкөгін апарып келуге жұмсады. Жетектетіп емес, өзің мініп бар деді. Құдайекең берейін десе қолақпандай қылып ұстата салады екен ғой өзі. Енді, міне, шоқтығы Қарауыл Күмбеттің шоқысынан да асып салдыртып келеді.

Жақанның ауылға келуімен тағы бір кейіпкермен жүздестік. Ол – басқарма Шайхат. Қарабайыр көпке оның көп іс, қимылы жұмбақ тосын көрінгенмен, онша көшесіз кісі сияқты емес екен басқармаңыз…

«Автомобиль» жарық көргенде Маңғыстаудың көзі қарақты оқырманы түгел Шайхат басқарманы дөп басып тани кетті. Айтса айтқандай, қазір елдің сөз ұстар абыз қарияларының бірінен саналатын – Шаңытбай Махамбетов ақсақалдың Ондыға бір кісідей-ақ еңбегі сіңді. Көп жыл колхоз басқармасының төрағасы болып шаруашылықты өрге сүйреді. Шәкеңнің «Қара аңғардың аяғын бөгеп, тоған салдырғаны» да – шындық. «Ит байласа тұрғысыз Бөрілі ойға тары еккізгені» де – ақиқат. (Шығармада ой аты сәл өзгертіліпті. Дұрыс аты – Борлы). «Аудан орталығында жұмыс таба алмай жүрген бір корей шалын көшіріп әкеліп», Ондының көшесіне түйірлеп тал шаныштырып, жұртты ешкі-лақпен жауластырған да осы ағаңыз. Міне, сол ағасы Жақанның қайратын жанып-жанып, «техниканың құлағында ойнатпақ» боп аудан орталығындағы шоферлық курсқа жіберіп отыр.

«Мен сенің орныңда болсам, техниканың құлағында ойнап, Еділ-Донда ма, Тақия-Ташта ма жүрер едім. Оған жасымыз асып кетті. Енді сол өз қолымыздан келмейтін шаруаны жастардың тындырғанын жақсы көреміз», – деп басқарма әлгі айтқанын онан әрмен тиянақтап жатыр. Осы ауылда ең көп білетін, көпті көрген ел ағасының жалынды жастығында көргені Еділ мен Дон екен, онда да соғыста жүріп. Ал Тақия-Ташы – Хорезм ойындағы қыр жұрты қала деп қанша қампайтқанмен бәкене балшық үйлері иін тірескен үлкен бір елді мекен. Оны да шаруа бабымен ағаш үйдің сүйегін, шай, шекер, кездеме ала барып жүргенде көрген. Маңғыстау елінің хан базары – сол.

«Міне, маңдайымыздағы жалғыз машина шофер жоқтықтан қарап тұр. Техниканың маманы өзімізден шықпай көсегеміз көгермейді. Ауданда шоферлар дайындайтын курс ашылыпты. Соған сені жіберсек қайтеді?». Басқарма бұйрығын осылай берді. Барасың – болды, айттым – бітті, кестім – үзілді деген жоқ. Өзінше ағалықпен, салиқалықпен ұғындырды. Повестегі осы бір Жақан «көзін төмен салып, столдың сирағын шұқылап отырып», ал Шайхаттың «шаршы топтың алдында мінбеде тұрғандай оң қолын сермеп-сермеп», содан соң «столды екі жұдырығымен нығарлай жаншып» алып сөйлеген сәтте көңілге ұялай кететін әсем ұнасым бар. Түптей келгенде үлкен сыр тұнып жатыр. «Жасы асып кеткен» Шайхат пен оның тұстастары кешегі майдангерлер, тізгін қағып ілескен лектің көбін соғыс жалмаған, оралғанының да біразы жарымжан, мүгедек. Ал олардың артынан қаулап ілесуге тиіс Жақанның құрдастары отызыншы жылдың ойранына ұшырап, көбеймей қалған.

Бұл жақтан келгенде Жақан тек бастан емес, құрбы-құрдастан да жалғыз. Сосын ғой бар таңдауды өзі еншілеп, бірегей таңдауды өзіне түсіріп отырғаны. Әйтпесе Ондының өзгесі түгілі, білмейтіні жердің астындағы Шайхат басқарманың өзіне жұмбақ кәсіпке бет бұру елден алабөтен жапатайын жөндеп кие алмай жүрген жалақ ерін, жалаң аяқ Жақанға бұйырар ма?!

Сонымен Жақан – аудан орталығындағы бір жылдық шоферлық курстың курсанты. Өзі сияқты жиырма бір бозбаланың бірі. Курстағы жиырма екінші бір көзін қара былғарымен тартып таңған сау «жалғыз көзі шатынап тіп-тік қарайтын, пышақтың жүзіндей жұп-жұқа еріндері туғалы бір жымиып көрмегендей, кірпікшешеннің қылтанағындай тікірек шашы тебен инедей» Естемесов. Естемесов «өзін қосқанда жиырма екі қазақ тұрып, орысша сөйлейді. Тек біреудің ерсі қылығын көргенде аузынан еріксіз шығып кеткен удай ащы мысқылы ғана қазақша». Онсыз да «кел, айналайын» деп тұрмайтын Естемесовтың ызғарлы жүзінен орысша сөйлегенде жел терістіктен шыққандай үскірік есіп қоя береді.

Туды-бітті көрген орысы киномеханик Көлке, ол да үнемі қазақша сөйлейтін, орысшасы орашолақ орыс, Жақан үшін бұл дозақ емей немене. «Знаешь?» – деп қадала қараған Естемесовке «Не знаешь?» деп басын шайқамағанда не демек. Сумақай Сұлтандарға күлкі керек. Бір емес, екі емес, қайта-қайта солай. Ақыры шыдам шарт сынды. Жақан курсты тастап айдалаға безіп шықты.

Әуелі «…Аудан орталығын желкелей сұлаған тау сілеміне сүңгіді. Тау арасының сіресіп бүтін жатқан күртік қарын кешіп келеді. Ара-арасында белуардан батып-батып та кетеді. Тырмысып жүріп шығады, әйтеуір… Борша-борша терлей бастады. Екі көзін ілгеріге қадап ентелей түседі. Бір қырқадан соң бір қырқа көлденең сұлап жатып алады». Аудан орталығы Таушық тау ортасында. Омбылаған қар, үскірген аяз түгілі ашық жарықтың өзінде жаяу жүргенде қара діңкеңді құртады. Жер бедерін бейнелеуге келгенде шебер жазушы ештеңесін алып қоспаған. Қаспақ-қаспақ қырларды, дөңкиген дөңдерді, ұры жыраларды дәл сол күйінде суреттеген де қойған. Бала күнінде жалаң аяғын тас қажап қозы, лақ қайырған, басына шығып алыс көкжиекке көз жіберген шоқыларды сол тұрған-тұрған күйлерінде алақанға қондырған да қойған.

Сәті түскенде Естемесов бас болып жиырма серігі мұны тау арасынан іздеп тауып алысты. Онан арғысы өң мен түстей. Есін жинап өз-өзіне келген соң… «Орнынан атып тұра бермек еді. Алдында үңіле қарап тұрған қара сұр кісі кеудесінен басып қозғалтпады.Сенсін бе, сенбесін бе… Манадан бері мұның маңдайын сипаған жылы алақан… иә… иә… Естемесовтікі екен». Жақанның бақилық боп кеткен ата-анасынан соң маңдайынан сипаған алақан осы болды. Жоқ, Естемесов бұлар ойлағандай әшәдді емес екен. Ол иірімін тереңінде ұстайтын дала өзендері сияқты үлкен мейірім иесі болып шықты. Былайғы сырт көзге қаһары, орысша сөйлеуі – бәр-бәрі шәкірттерінің шиырылып өссін, ширығып тұрсын, тұтымы берік болсын, көздері ашылсын, енді ғана басталғалы тұрған өмір жолының сардиып жатқан сара жол емес, соқтықпалы соқпақ екендігін ұқсын деген жанашырлығы екен.

Сол күннен бастап қасындағы жиырма серігі күрт өзгерді, бір күнде дерлік есейді. «Кеше ғана бірін-бірі көрсе алыспай-жұлыспай тұра алмайтын алаңғасар бала жігіттер» – сайып келгенде бұлардың да төрт құбыласы түгел емес-ті. Біразында әке жоқ, бары соғыс мүгедегі. Көбінде алдына қарап өсер аға жоқ. Ол кешегі сор соғыстың салып кеткен ылаңы. Қысқасы, әр кеуденің де бір-бір мұңы бар. Сол мұң, нала әлгі бір түннен соң жалғыз бас Жақанға серіктерін жатырқатпай әкеліп табыстырды да жіберді.

Жақан ақыры машинаның құпиясын меңгерді. Тәлімгерлері Көксұр Елемес пен Естемесов айта беретін тұтым Жақанның да бойынан да табылды. Ауылдағы жалғыз машинаға жан бітірді. Әуелі қиқалаңдатып жүргізіп жұртты қаралай үркітіп еді. Келе-келе жүрісі түзілген соң Шайхаттың өзі отыратын болды. Ілкіде қиқалаңдап егіске көң апарып келген қара машина енді дала төсінде. «Мына бір мортықты дөң талай-талай жылқы қайырған жері… Сол баяғы көлденең сұлап жатып алған бір өң, бір кейіп кеспелтек жалдар… Төбесінде сырықтай бұлдырап көрініп тұратын нысана ағашы шошайған кертік тұмсық қара жал… Бұл маңайда не көп, осындай бірінен бірі аумайтын домалақ бас кесірткедей кеспелтек жалдар көп. Бәрінің басында да – құс саңғып тастаған нысана ағаш, не көне мола». Бәр-бәрінің аты бар. Кесіртке бас кертік жал – «Қарауыл Күмбет», анау марқа жон жалас – «Кәпір там», мынау иек астында дөңкиіп жатқан – «Қалматайдың қара жалы», … Қарашажының төрткілі, әуелеген Әуреннің үйігі, Тасбастың биігі… Бұлардың бәрі бұл өңірді көрген-білген әркімге-ақ таныс жер. Жазушының, Әбекеңнің балалық шағы өткен маңай.

Жақанның қолы қалт етсе, машинасының маңдайын ықыласпен бұрар темірқазығы да осы жалдардың арасында. Бұрғысы келе беретіні – онда мұның ақ желең арманы Жамал қыз бар. Бұл жолы ауылға ол мизам туа бір-ақ келді. Келсе көп өзгеріс боп қалыпты. Көксұр Елемес анада соққанында «Баяғыдай емес, арыған. Қыр мұрын сорайып сүйірлене түскен. Бет-аузы күнге тотығып қарайған…» еді. Тұмсығын шөп жеп тастаған шаң-шаң етігі босағада жатқан-ды. Қайтсін жылқыны жалғыз бағу оңай тиіп жүр дейсің бе?! Енді ол машақаттан құтыла бастаған сыңайлы. Жақанның орнын қитар көз бала басыпты. Көрші «Ұшқын» – Аусарыдан, Елеместің жиен інісі көрінеді. Ауру шешесі бар екен. Елемес көп ұзамай қасына көшіріп алмақ. Теңбілкөк тұлпар жылқышының белдеуіне байланыпты. Сірә, астына машина тигелі Шайхат басқарма аттан сырторай тарта бастаса керек. Төрде құдайдың құйрық-бауыр жескен жалғыз құдасындай болып сұлап, өтелші Өтемағанбеттің баласы Оразмағанбет жатыр. Кәдімгі әңгүдіктеу «жүріс-тұрысы түгілі сөйлеген сөзінің өзі келі түйгендей дүңк-дүңк ететін» Оразмағанбет. Бұл жолы тігіті мығым. Үстінде жылтылдақ қара костюм. Қолында жарқ-жарқ еткен сағат. Тіпті «ауылдың желкесіндегі жүлгеге баруға да ерінді; машинаның тасасына теріс қарап талтайып тұра қалды». Енді-енді жарапазаншы Жанақ шалдың қара есегіндей белі үзілгенше шірене қайқайып сілкініп-сілкініп алмақ еді, ерегіскен Жақан машинасын қозғап әкетті.

Бақса әңгүдік немеге тектен-тек жел бітіп жүрмеген екен, Жамалды алмақшы. Өтелші Өтемағанбет пен көксұр Елемес әлдеқашан уәдені пісіріп қойған болып шықты. Мәссаған, безгелдек! Жақан байғұс бостан-босқа ынтығып жүр екен ғой. Мұның арманы «Бір кездегі Теңбілкөкке мініп қыдыратындай есірік арман…» болды да қойды ғой. Дегенмен жігітіміз жарады. Оның «Жамалды мынандай сілімтіктің қанжығасына өңгертіп жіберіп қарап тұрар жайы жоқ. Елдің алдындағы, заңның алдындағы өйткен мақұлдығы құрысын…». Атасына алты нәлет! Қызды машинасының кабинасына отырғызды да алып жүре берді. Жер дүниедегіні білетін көксұр Елемес те, әлгі әңгүдік те қыңқ ете алмай қалды.

Содан бұлар тоқтамастан зулап тартып келеді. Әне, «іркес-тіркес шоқылардың етегінде тарыдай шашырап колхоз орталығы көрінді. Машина ауылдың қақ алдындағы биік қара жалдың құлауына ілікті». Әттең, бұл екеуі осылай жұп жазбаған күйі тарта берсе-ақ екен дейсің. Шығарманы оқып отырған жұрт соған сеніп, батасын беріп те қойған. Бірақ қыз қалауы басқа екен. Жақанның басына қас қағым сәтте орнай қалған бақ шіркіннің кетуі келуінен де тез болды. Ол да бір Нұркеннің басына барып байыз тапқалы келе жатқан, соған асығып зулап келе жатқан жәдігөй, алдамшы болып шыға келді. «Қап!» деп қара саныңды қанша соқсаң да ерік өзіңде. Солайы солай болды да қойды. Жақанға жалғыз басы сол баяғысынша сопайып, машинасына мініп, өз жөнімен тарта беруден басқа жол қалған жоқ. Күнге бет алып жүйткіп келеді. «Батып бара жатқан күн көзінің дәл оң жақ үстінен туған ай… Үйелеп жатып та қалмай, шалқалап құлап та кетпей, кербез сұлудың кұлағындағы күміс сырғадай сызылып» әдемі туған ай.

«Ай астында ақ жібек делбедей жарыса созылып, қалт-құлт бұлдырап қос тармақ қасқа  жол  жатты». Жазушы Жақаны үшін, Жақанға тілектес оқырманы үшін мұңмен біткен әдемі хикаяны осылай түйіндейді. Бұл түйін әлгі бір әлемтапырық көңіліңе сап-сап сабыр айтып тұрғандай ма қалай. Аяулы Жақанның, жігіт Жақанның, мәрт Жақанның жібек делбедей ақ жолы әлі алдында, оның айы оңынан туып тұр демей ме ол. Ендеше жолаушымыздың жолы оңынан болсын деп тілелік.

Шығарманың ширығып біткен соңғы сәтінде сырт көзге елеусіз қала баратын бір сәт бар. Ол Жақанның жолшыбай Қосжан баланы кездестіріп, қасына отырғызып алатын сәті. Қосжан болғанда Жақанның сыныптасы, «мектептегі ең озат оқушы, сабақ үстінде күлмейтін, үзіліс кезінде ойнамайтын» Қосжан. Мына кабинаға мінген соң «сұрғылт жүзіндегі зіл батпан сабырлылықты құлан-таза қуып шыққан қалқан құлақ қара бала» – Қосжан. «Әрдайым ересектерге ұқсап бағатын бір мектептің маңдайға ұстаған жұлдызы, озат шәкірті жүрегін жарып бара жатқан қуанышын жасыра алмайтын алақызба, желөкпе, ұшқалақ, алаңғасар балалық мінезбен қайта табысыпты. Аңырайып аузы ашылып қалыпты. Жол жиегінен қосаяқ жүгіріп өткенде, отырған орнынан атып тұрам деп, маңдайын талай рет төбеге ұрып алды». Жақан «қай сабақтан сұрасаң да, бәрін іштей біліп тұрғандай, сайрай жөнелетін сұңғыла баланың мына дағдарысына масаттанып келеді. Дүниеде оның да білмейтіні бар екеніне, ол әлі білмейтін бір нәрсені өзінің енді, міне, біліп үлгергеніне масаттанып келеді».

Көңілі жүйрік оқырманның машина ішіндегі Қосжаннан бала Әбіш Кекілбаевты тап басып, тани қойғанында күмән жоқ. Сірә, Әбекең ет жүрегіне жақын Жақан ағасын әлгі бір Жамалынан қол үзіп, көкірегі қарс айрылып қалған сәтінде жалғыз қалдырғысы келмеген болуы керек, «екі балағын тізеден жоғары шиыршықтап түрген», «маңдайы үңірейген жыртық бәтіңкесінің бауын байластырып, мойнына ілген» баяғы жадау иін бала қалпы ағасының қасында жарбиып бара жатыр. Алдағы күн, оңынан туған ай, табан астындағы «ақ жібек делбедей ақ жол» бұған да ортақ.

Шағын ғана повестің екі-ақ бетінде желе жорта баяндалатын шофер Ғинаят бейнесінің өзі ауылдағы күш-қайраты тасыған, бойында талай өнердің шалығы, талантты ұшқыны бар, бірақ олары ауылдың шаңына көміліп қалған көзтаныс дос-жолдастардың көркем суретін сөзбен сомдағанымен есте қалады. «Өз-өзінен иығын қомдап қоразданып жүретін шойқара» Ғинаят «сөйтіп жүріп гармоншы», «сөйтіп жүріп суретші». Оның үстіне боқтампаз: «Бармаған жері, баспаған тауы жоқ неме қазақшаңды былай ысырып қойып, орысша, татарша, өзбекше, украинша жеті атаңнан бермен қарай марапаттап бергенде бүкіл ауыл іштерін басып, ішек-сілелері қатар еді». Онымен басқарма Шайхаттың өзі санасады, білдей басқарманың өзін үйіне туралап жеткізіп тастамайды, әдейілеп таңертең машинасын тезірек от алдыру үшін жүйткіп келіп, ауыл ортасындағы шошақ төбенің басына тоқтатады. Оның бұлай кеуде керуінің де жөні бар, өйткені «қияндағы ауданда колхозға басқарма табу оңай да, маңдайларына тигізіп жүрген бір-бір машинаға шофер табу қиын». Сөйткен Ғинаят «бұл ауылдың тансысы (ауыл клубында болатын би кеші – Ә.Ғ.) жоқ, ішім пысты деп», бір күнде кетіп тынады.

Иә, бұндай орынды пайдаланылған көркем суреттер, штрих-детальдар сонау 1950 жылдардағы, әлі ел ішіне техника жаңалықтары дендеп ене қоймаған, көшпелі тірліктің сарқыны молынан сақталған, орыс тіліне, орысшылдыққа көзсіз еліктеген кездегі қазақы ауылдың нақты көріністері.  «– Карбюратор, – дейді Естемесов. – Кәрбератұр, – дейді Жақан». Болмаса Шайхат басқарманың төрт ұлының аттары – Клим, Лазарь, Серго, Максим болып келеді…

Әрине, аты «Автомобиль» қойылған хикаят тек ауылға жаңа келген тұңғыш автомашина, болмаса оның руліне отырған тұңғыш жүргізуші туралы болса, мұндай келісті көркем дүниеге айнала алмас еді. Осы орайда қаламы жүйрік, таланты тасқындаған жазушы шығармасына тың желі тартып, өзінше өрмек өреді. Ол – махаббат желісі. Әдетте кез келген шығарманың шырайын кіргізетін «тұздық» – мәңгілік махаббат тақырыбы екенін баршамыз білеміз. Классикалық тұрғыдан бұл түйін әдетте әйгілі «үштіктің» ортасында шешіліп жататын. Ал жазушы болса бұл «майданға» төрт кейіпкерін бірдей салып жіберіп, бас тұлға Жақаннан басқаларын да оқырман есінен шықпастай етіп суреттейді.

Жақан – Жамал – Оразмағанбет үштігін төрттік қылып тұрған, повесте жұмбақтап суреттеліп, аяғына дейін жұмбақ болып қалған кейіпкердің бірі – Нұркен. Хикаяттың бас жағында почта бастық Нұркен келісті кейіпте суреттеледі: басында қақырайған ақ картуз, үстіне шақырайған ақ китель, ақ шалбар; «Аузында ақ құйрық папирос, көлдей газет, амандық-саулық сұраған адамға еріннің ұшымен ғана жауап берер еді. 

– … Понимаешь… – … Тойыс… – … Слушай…

Алда-жалда сөзіне түсінбеген миғұла біреу кез боп жатса:

– Ту, шорту! – деп шоршып кетер еді».

Ал енді Жақан ауылдағы қаңтарылып тұрған жалғыз көлікті зырылдатып жүргізіп қойған соң Нұркеннің басынан бағы тая бастады: «Почта баяғыдай көрші ауылдан атпен тасылмайды. Оны алып барып, алып келу Жақанның мойнында. Отарлар мен алыс бригадаларға келген хат-хабарды да жол-жөнекей ала кетіп, апарып тапсыратын осы». Нұркен енді ауылдағы азғантай атқамінерлігінен айырылды. Ертеден қара кешке сыз кеңседе қағаз қажап сығыраңдап отырғаны. Апта сайын аяғы салақтап жылқышы ауылға, Жамалды көрмекке жетіп барып тұратын сылтау тағы жоқ. Қазір ел аузында тек Жақан аты аталады: «Құйғытып кетіп бара жатқан кім? Жақан. Құйғытып келе жатқан кім? Жақан». Бұрынғыдай шытырадай киініп шалқып жүргенді қойған. «Тек Нұркеннің аспандап қарайтын ала көзі ғана ол көрінгенде жер шұқып сала береді. …Жақан жайбарақат күліп ыржиып тұрады. Құдайдың өзімен қыз алыспас ағайын кісіге ұқсап талтаң-талтаң басатын тәкаппар жігіттің бұртаңдап ашуланғаны қандай қызық еді…». Осылайша Нұркен кейіпкердің тұтымы берік пе, тіптен ол «тұтым» – Көксұр Елемес, басқарма Шайхат, жалғыз көз Естемесовтерде бар өмірлік принцип, өзіндік өзек мінез, қам-қаракеттің бар-жоғы хикаят аяқталғанда да белгісіз боп қала береді. Сондықтан да қыз Жамалдың ақкөйлек мінезді, тұтымы берік жалынды жас Жақанды таңдамай, әрі-сәрі Нұркенге не себептен көңілі құлап, жүгіргені қалың оқырман үшін жұмбақ, түсініксіз.

Әрине, өмір қандай күрделі, қандай жұмбақ болса, өмір-тірліктің сәні мен мәні махаббат та сондай жұмбақ құбылыс қой. Жамалдың ойында не бары, мақсат-арманы қандай екенін кім білген?!. Оның үстіне жазушы оның Жамалдың маңдайына біткен сұлулығының шешесінен жұққандығын, ал анасы Торғын – «талай көздің сұғын сарыққан Торғын сұлу» ақыр айналып Көксұр Елемеске бұйырғанын баса айтады. Осы ауылдағы қызылды-жасылды күйлі үй де солардікі. Басқарманың жанындай көретін Теңбілкөгі де тек Елеместің астында. «Көксұр Елеместің үйі кірсе шыққысыз. Көрпе-жастықтың тысы түгел атлас. Кербез Торғын желі басына шайы көйлек киіп барып бие сауады». Ата-ана тәрбиесі, тоқшылық, баршылық сырты сұлу Жамалдың ішкі дүниесінің соншалық бай, таза, ынсапты еместігінен хабар бергендей ме, қалай? Әйтпесе Жамалдай бойжеткен қыз Жақанның өзін өлердей жақсы көретінін сезбеді дейсіз бе? Әйтсе де өзін әңгүдік Оразмағанбеттің шеңгелінен құтқарған Жақанды көзіне ілмей, Жамал «естімей отыр десе керек, тамағын кенеп, қылғына, қинала сөйледі. Екі беті алаулап барады. – Нұркенді айтам. Ауылда ма еді?..» дер ме еді? Әрине, жадау жүзді, салыңқы иықты Нұркенге аспаннан шұға жауды ғой. Сырттай иемденіп, Жақаннан қызғанып жүрген Жамалын бақталасы өзі машинасымен қолына әкеп қондырып беріп отыр. Бұдан артық қандай бақ болуы мүмкін?!.

Ғұмыр тіршілігінде де, көркем шығармаларында да әрбір жанның жүрек түкпіріне үңіліп, ешкімді қиянатқа қимай, бәріне қуаныш сыйлауға бейім Ә.Кекілбаев қиындықтан көзі ашылмаған Нұркен замандасын да осылайша бақытқа кенелтуге пейілді. Өйткені хикаяттың басталуында-ақ біз Нұркен туралы «Пақыр тек жансыз-жақсыз жетім… Нұркен интернаттың қатырлақ қара нанының арқасында аудан орталығындағы орта мектепті тауысты. Жоғары қалаларға барып оқуға қысы-жазы аурудан шықпайтын  жалғыз шешесін тастай алмай, ауыларалық почта бөлімшесіне бастық болып қалды». Осы жолдарды оқыған жан Жақанның Жамалмен отаса алмағанына қаншама өкінсе, Нұркеннің бақыт құсын қолына қондырғанына соншама жаны тоғаяды. Тек олардың келешек өмірі қалай қалыптасар екен, қосақтарымен қоса ағарар ма екен дегендей түйткіл сауалдар ғана көңіл түкпірінде қалады. Оразмағанбет өзінің әумесер мінез-құлқымен бұл «майданда» жеңілсе, Жақан мәрт мінезімен, тұтымды тірлігімен жеңіске жетеді. Оқырманның бар тілек-ниеті Жақанның үстінде. Сол бақытты болса екен дейсің және оның өзіне тең өмірлік жар тауып, бақ-дәулетке жетеріне имандай сенесің. Өйткені ол «тұтымы берік» азамат қой…

Автор «Автомобильдің» арнауында «мені әлі күнге ұлығат шеруден қалдырмай ілестіріп келе жатқан осы сапарыма арқамнан қағып, аттандырып салған өзің едің. Сол сапар ақым, дос қарызым өтелген жоқ, енді өтелмекші де емес…» дейді. Өтелмейді деуінің мәнісі – Қобылан марқұм әлгі бір атың өшкір «айлап-жылдап жүретін ұзақ рейстен әлі оралмай қойды». «Автомобиль» хикаяты жазушының екі дүние қарызын өтемесе де ықылас қарызын артығымен өтей алған шығарма екені даусыз.

 

БӘЙГЕТОРЫ

«Бәйгеторы» хикаяты алғаш рет 1969 жылы «Жұлдыз» журналында (№11, 44-59-бб.) жарияланды. «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Бір уыс топырақ» (1974), «Шыңырау» (1982) кітаптарына кірді. Орыс тілінде «Когда уходят плеяды» («Художественная литература», 1980), «Легенды степей» («Художественная литература», 1982) жинақтарында жарық көрді. Неміс, мажар тілдерінде жарияланды. 1987 жылы Берлиннің «Volk und Welt» баспасы шығарған шетел жазушыларының таңдамалы новеллаларының жинағы жазушының «Бәйгеторы» повесімен ашылған. Әлем әдебиетінің 22 өкілінен тұратын бұл топқа бұрынғы Кеңес Одағы жазушыларынан тек қана Әбіш Кекілбаев енген. Жазушының 6 томдық орыс тіліндегі шығармалар жинағына (2-том, 227-260-бб.), жазушы шығармаларының 20 томдық толық жинағына (5-том, 65-98-бб.) енген.

«Арғы-бергіде әдебиетімізде ер қанаты – атты сөз етпеген ақын-жазушы сирек. Көбінің үкілеген бір-бір тұлпары бар. Сол аламан бәйгеге Әбіш те «Бәйгеторысын» қосты Ондыдан жаратып. Иә, тұлпардың алғаш қағанағын жарып түсіп тиген топырағы басқа емес, дәл осы Онды болып шықты». Жазушының әрбір шығармасынан, қаламынан шыққан әрбір жолынан киелі Маңғыстаудың дәлме-дәл суретін, болмаса тұспал, елес сұлбасын тап басып танитын жазушы Ә.Спан қиялға суарылған көркем туындының нақты географиялық кеңістігін де айқындап береді.

Аттың әуелгі қойшы торы кезінде қойшы ауылдың көшіп келген «бұрын бұл жүріп, бұл көрмеген соны жайлауы» – Үстірт. «Маңай көз талдыратын көл-көсір жазық. Қойдың өрісі жер тістеп өскен жатаған қоңыр жусан». Ал ернегіне қалың баялыш өскен өңір тек Үстіртке ғана тән. «Өкпе тұста Үстірттің тік құлайтын шың құзы бар, оның ар жағы ат құлатпас ақ шыңның қарнау қолтығы, қарнаудың өне бойы үңірейіп-үңірейіп тұратын кеуек үңгір» деп оны жазушы нақтылай кетеді. Міне, осы Үстірттегі «Екпінді» колхозының жайлауы Қарақұдық-Пысқында болашақ Бәйгеторы тұңғыш рет қолтығы сөгіліп қасқыр алды. Түз елінде жаңалық хабар жатпайды, тез тарағыш. Жүйрік жайы атбегі Сейіс құлағына да шалынды. Сөйтіп ол жылқышы ауылын қайта тапты.

«Сейістің үйі шоқы-шоқы Қаратауды қақ айырып құлайтын бір қара қапы аңғардың табанында екен. Тау жақта сылдыр-сылдыр судың дауысы. Есіктің алдында анадай жерде оймақтай егіс жатыр… Бұны келген күні-ақ, аңғардың аузындағы кішкене тоғанның қасына өскен өлең шөпке тұсап жіберді. Тау жақтан екі жағасына жал топырақ үйген салма арық құлап жатыр. Арықтың үстін исі мүңкіген түйежапырақ басыпты. Астында күні-түні су сарқырайды». Жазушы өзі туып өскен өңірдің тағы бір пұшпағын осылай жаралғанын жаралған күйде мөлдіретіп суреттей қойыпты.

Қаратауды қақ айырып құлайтын қара қапы – Ондының шығыс жағындағы Қарасай. Шығыс Қаратаудың оңтүстігіндегі қапы жалғыз сол ғана. Қапы бойы – бұлақ. Сол бұлақ аяғын салма жасап бұрып әкеліп алдын тоғанмен бөгеген. Қарасай бойы, бұлақ сағасы исі мұрын жарған түйежапырақ. Елде оның «нарпоз» дейтін де аты бар. Исі өткір, үйренбеген кісінің басын айналдыратын шөп. Қарасай аяғы қашаннан сейістердің ауылы болумен келеді. Оның сырын атбегі қарттар былай деп түсіндіретін: «Таулы, тасты жерде ұсталған аттың тұяғы берік, бейне қалыпқа құйылғандай әдемі болып келеді. Шамалыға тасырқамайды. Ал бос, кұмды өрістің жылқысының тұяғы қаңылтырдай жұқа, аламан шабыс түгілі былайғы күннің өзінде шытынап, жарылып тұрады». Ең бастысы сай аяғы ақ шөпті, жүйрікке жегізетін тары, сұлы егетін егістік жері де қасында. Және алды жазық. «Тақтайдай тегіс жазықтың үстінде жападан жалғыз қылаңытып тұратын төрт құлақты сары там» – іздегенге сұраған бәйге төбе.

«Жатаған таудың бауырында көздері жылтырап тұрған он-он бес тас үй» – бұл колхоз орталығы. Соғыстан соң еңсесі әлі де пәстеу ауылға тән көрініс. Орталарына жүйрігін алып өкше көтерген жолаушылар «жарты күншілік жол жүріп, Қаратаудың бір әсем қойнауына жетті. Әр жер-әр жерде әсем көгеріп ағып жатқан суы да мол». Бұл аудан орталығы – Таушық. Ондыдан дәл жарты күншілік жер. Батыс Қаратаудың ең шеткі қойнауы. Алды жазық. Сай-сайы бұлақ, етекке таман тепсең. Осындағы бәйгеде Бәйгеторы тұңғыш рет «Бәйгеторы» деген атақ алды. Үшінші болып келді. Енді жүйріктің аты екі ауылдан асып аудан барды. Ондағы үлкен бәйгеге қатысар күн де келді. «Бұлар кештете екі таудың арасынан бақшаң ете түскен кішкентай аппақ қалашыққа жетті. Ақ шаңқан қаланың алды әр жер-әр жерінен бір кездегі тастақ жотаның тұқыл жарықшақ тастары қылтиған жарқабақ екен. Жарқабақ пен қаланың арасы – мидай тегістік». Бұл – көрші ауданның сол кездегі орталығы Форт-Шевченко.

Таушық – Әбекеңнің бала кезінен таныс жер. Ана жарқабақ астындағы шүңкілдек құдықтан анасы метеймен талай су әкелгенде, бұл қасынан қалмай томпаңдап еріп жүретін. Бәйгенің де талайын тамашалады. Кейінірек сейіс шалдардың кеу-кеу әңгімесінен атбегілік өнердің де біраз сырларына қанықты

Әрине, Әбекең сейіс өз тұлпарын өзінше үкілеп, өзінше баптаған. Сарыарқаның сардиған cap даласы да, Сағынай асының сарыны да жоқ мұнда. Бәрі көз көрген үйреншікті орта. Бәйгеторы баржамен барып бірер бәйгеге қосылып келгені болмаса, Маңғыстаудың қара ойынан ұзап та шықпайды, өрісімен, өмірімен етене. Тіпті анау әр әрекеті қызық пен жұмбаққа құрылған шуылдақ көп екі аяқтылардың да қимыл қарекеттері жатырқарлық емес. Тек сәйгүліктің басынан бақ тайған күні иесінің ғаріп басқа қамшы ұрып, көзін зақым етіп тастап Көктеңбілге қарай жалт бергенін ғана жануар түйсігі бағамдай алмай қала барды. Бағамдамайтынның басы мұның сейісі кешегі бір қимас, көзден бір-бір ұшқан Бәйгеторы күнгі дәуреннің баянсыздығын, бейопалығын ана көкжиекке сіңіп бара жатқан суреттей көк дөненге мінген соң, тағы ұмытып кетті. Иесі ой байырқалатпаған түйсікке мұның меңіреу жануар миы қайдан жетсін?!.

Жаңашыл жазушы Ә.Кекілбайұлының шалқар шағын прозасында «Ортеке» әңгімесі мен осы «Бәйгеторы» хикаяты анималистикалық жанрда жазылған келісті туындылар. 1970 жылдардың соңында қазақ әдебиетшілері арасында анимистикалық жанр хақында біршама айтыс, талқы болып өткен еді. Әлемдік классикада талай үлгілері бар, ұлы Мұхаңның өзі Дж. Лондонның «Ақазуына» еліктеп жаздым дейтін «Көксерек» бар, мұндай күрделі жанрдың қиындығы, басты таласқа түскен мәселесі – көркем туындының кейіпкеріне айналған жан-жануарды «сөйлету керек пе?», «ол адамша ойлана ала ма?» деген риторикалық сұраққа келіп тірелетін. Бұндай таңдау, қаламға түскен шеберлік салмағы, әрине, суреткер Әбекеңнің алдында да тосқауылдай тосып тұрған болатын. Шеберлігі шексіз жазушы, біздіңше, үш түрлі жаңа жолмен, тың әдіс-тәсілмен қиыннан қиыстырып, сөз-ескерткіш тұрғыза білген.

Бірінші жаңалығына (жазушының тапқырлығы десек те қателеспеспіз) – хикаят-баянның басынан аяғына дейін қаншама эпизодтық кейіпкерлер кездессе де бірде-бірінің аты-жөні түстеліп, есімі аталмайтынын жатқызамыз. Бәйгеторының өзі сияқты бас кейіпкерге жетеқабыл бапкердің де аты жоқ: бар-жоғы Сейіс.

Барлық уақиға Бәйгеторының көзімен (ақыл-ойымен емес) берілгендіктен повесте қойшы – «қой шетінде жүрген кішкентай екі аяқты»; «оның соңында құлағы салпаңдаған тағы бір төрт аяқты» – ит; «сыңар көзді жүргінші»; «құла атты тапал сары»; «бұтына жарғақ шалбар киген бір жарбиған шал», «қалқиып қалпақ киген біреу»; «көзілдірікті күжбан қара гүрілдеген жуан даусымен…»; «кеңсенің көп қалпақтысы»; «бастарын орамалмен тағып алған, өңшең бір атқа жеңіл құбашап балалар», т.б.

Бәйгеторының «көзі» тек көз алдындағыларды ғана көріп қоймайды, ара-арасында «делбе үзіп», оқырманды әжуалы, болмаса юморлық бояуы бар ишаратты сәттермен де ұшырастырады: «Алғашқы сөйлеген көзілдірікті қара қайта шығып, біреулердің атақтарын айтып, шақыра бастады. Аты аталғандар ағаш тұғырға шығып, көзілдірікті қолын алды. Ол әлгілердің омырауына жарқырауық моншақтар тағады, не қолтығына қағазға ораулы бірдеңе қыстырады. Олар екі езуі екі құлақтарында, ағаш тұғырдан түсіп келе жатады. Осы бір алабажақтан көзі бұлдырап, басы зеңген соң танауын желге бұрып, керіліп зәр жіберіп алды». «Итке темір не керек?» дегендей, көз алдымызға Брежнев атамыздың заманындағы орден-медальдан шүлен тарату елестемей ме?!.

Екінші жаңалық һәм шеберлік – тағы да сол Бәйгеторының көзімен оның барша жұлдызды ғұмыры – жаңа туған құлын кезінен бастап хикаятты тәмамдап тұрған «күннен-күнге меңіреу тартып бара жатқан, қалжыраған кәрі жүрегінің» әлсіз дүрсіліне дейінгі ғұмыр-кезең түгел қамтылған. Дүниеге келеді, аспанды көреді, анасын таниды, үйірге қосылады, қой соңынан салпақтайды, қасқыр алады, бәйгіге ілігеді, үшінші жүлдегер атанады, бас бәйгені бермейтін тұлпарға айналады, соңынан өзінен де зор жүйріктер шығады, тұғырдан таяды… Ойланған жанға адам ғұмырынан несі кем?!. Жанры анималистика болғанымен қатпарлы, қыртысты, айтары мол туындының астарында тағы қандай құпия сырлар жатқаны философ жазушының өзіне болмаса, өзгеге беймәлім тылсымды дүние ғой. Оның үстіне автор «… Өзімен-өзі рахатқа батып, елігіп шабуды қойды. Қанша шапса да баяғыдай ләззат ала алмайды»; «Бүгінде ол алдында кетіп бара жатқан аттан көп қорықпайды. Ылғи қарақшыға бұрын келе берген соң, жүйріктің жауы соңында болатынын да ұғып алды» деген жолдармен көп көк аттың бәрі емес, бәйгі атының, жай қарапайым жаратылыстың емес, талантты, жұлдызды жанның жан дүниесін ашуға тырысқандай ма, қалай?..

Осы орайда «Ортеке» әңгімесіндегі жаңа туған киік баласының текеге айналғанға дейінгі тірлігінің жас мөлшеріне сай кезең-кезеңімен баяндалғаны, бірақ ғұмыры шорт үзіліп, адам қолынан ажал табатыны ойға оралады. Бәйгеторының бар мақсаты – бәйгіден озық келу, көптен оқ бойы озық тұру болса, Ортекенің арман-мақсаты – матауға түсу, төл өргізу. Ортекенің аталыққа айналуын жазушы ерекше көркемдеп суреттейді: «Көзінің алды қарауытып барады. Бар салмақты кеңсірігіне салып, ышқына мекіренді. Жерді тарпып-тарпып жіберіп, тап алдындағы жоны дір-дір етіп, тағат таба алмай тұрған жас тушаның сауырына бір-ақ ытқыды. Көзінің алдының қара тұманы қалыңдап, сүлдері құрып бара жатты. Мына тіршілікке келгелі бүйтіп діңкелеп көрмепті. Дәрмені сарқылып, қазір үгіліп кетейін деп тұрса да, тап мынандай рахат халді де бұған дейін көре қоймаған екен»; «Одан сайын құтырынып алған ор теке сусып түсіп, анадай жердегі жақпар тастың шетіне барып, көк қабыршақ тасты кірш тістеп алатындай, қайзалап-қайзалап қояды. Жаздай күнге қақталып жатқан көктарғыл тас алабұртып тұрған айғыр хайуанның езуіндегі бұрқылдақ көбікті жым-жылас сорып алады». Ортекенің жылына бір-ақ көрер матау қызығын, тояттану сәтін адам-жыртқыштың кезенген бір-ақ оғы тас-талқан етеді: «Шарасынан шыға бадырайған, дымға түсінбеген бейкүнә қос жанар айнала тосқан тажалдан басқа ештеңе ұсынбаған жарық жалғанды қимағандай тесірейіп жатыр…».

Үшіншіден, мыңдаған жылдық тарихы бар қазақтың көшпелі тұрмыс-тіршілігінің соңғы сарқыттарын көре қалған жазушы қай шығармасында болсын, бүгінгінің тілімен айтқанда, этнограф-жазушы ретінде көрінеді. Әрине, ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезов көшпелі өмірді танып-білуі жағынан Ә.Кекілбайұлынан, ол қатарластардан көш ілгері-тұғын, өйткені киіз үйде кіндігі кесіліп, қом үстінде теңселе өсті. Ал тақымы атқа тимеген біздер үшін Әбекеңнің, оның тұстастарының көне қазақ тұрмысы, ел ескіліктері тұрғысынан білмейтіні «жер астында» жатқандай болып көрінеді. Шынында да жазушының кез келген туындысын алыңыз, мәселен, «Құсқанаты», «Бір шөкім бұлт», «Бір шоқ жиде» …, қай-қайсысында да болсын біз шығарма кейіпкерлерімен бірге жаңа да ескі дәуірде қоса-қабат, қатар өмір кешкендей хәлде, әсерде боламыз. Бұл, сірә, автордың екі тізгін, бір шылбырды тең ұстап, қос заманның леп-үнін бірдей сезіндірер шеберлік қуатының арқасы шығар.

«Бәйгеторыда» тақырып аясына сай қазақтың ат баптау өнері, жарыс тәртібі, оның астарлы тұстары тым жайдақ емес, салиқалы, тым жайылыңқы емес, ықшам күйінде шығармаға кірігіп, өңін аша түседі. Алдымен Сейіс мұны ерекше күтімге алып қотыр-жараларын жазады, «енді-енді қазы жия бастағанда бұны шүйгін шөптен айырып алады». Шілде-тамызда тас қораға қамап, зілдей жабу жауып, сүмектетіп терлетеді… Осындай сейістік өнердің қыр-сырын нақтылап, салт-дәстүр, ырым-сырым элементтерін кірістіре отырып, нақты детальдармен баяндау арқылы «Бәйгеторы» хикаятының тақырыптық тұрғыдан көкжиегі кеңейіп, танымдық, тағылымдық мәні де арта түседі.

Аталған қасиет-ерекшеліктерімен «Ортеке» әңгімесі де, «Бәйгеторы» хикаяты да қазақ әдебиетіндегі анимистикалық жанрға жататын туындылардың арасында өзіндік орны бар, шеберлік шыңынан көріне білген шығармалар. Өйткені «алпысыншы жылдықтардың» көшбасшысы бұл орайда да түрлі ізденіс, сужаңа эксперимент жасауға батыл барып, көздеген мақсатына сәтімен жеткен болатын.

 

БӘСЕКЕ

«Бәсеке» хикаяты 1968 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Дала балладалары» атты повестер жинағына, 1975 жылы Мәскеу қаласындағы «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген «Баллада степей» повестер жинағына кірді. 1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Әбіш Кекілбаев. Таңдамалы» – екі томдық таңдамалы шығармалар жинағының бірінші томында жарияланды. Жазушының 6 томдық орыс тіліндегі шығармалар жинағына (1-том, 163-216-бб.), жазушы шығармаларының 20 томдық толық жинағына (5-том, 267-318-бб.) енген. Бірнеше шет тілдеріне аударылған.

Көптеген әдебиет зерттеушілер «Бәсеке» повесін де аңыз желісімен жазылған дегенге саяды. Ақиқатында олай емес. Ол аңыздан гөрі өмір шындығы деуге келіңкірейді. Шығарманың бүкіл фабуласы – баққа мас, байлыққа мас адамның артын ойламаған көзсіз әрекетінің соңы опық жегізуінде. Қоппа мақтан берекетсіз бәсекеге апарды. Ол жалғыз сұлу қызының тағдырының тәлкегімен тынды. Бақ шіркін де әлгі артына қарамай әр жерге қона беретін көк қарға сияқты екен. Бата да дарағын таңдамай дарып кете баратын боп шықты. Әйтпесе елден ел құрып есірік Есеннің жолы болар ма?!.

«Бір шоқ жидедегі» уақиға орны Үстірттің ұлы құмының сілемі болғанда «Бәсеке» өтетін жер Жем-Сағыз – екі өзеннің төңірегі, Үстірттің Арқаға қараған беті.

Балпан – осы өңірдің мыңғырған байы. Жылқысы құла сағым. Қойының санын өзге түгілі өзі білмейді. Әйтеуір бұл түліктің өлшемі – жүнін саудагердің күніне 10 арбадан тасып, 15 күнде зорға жөнелтіп тауысқанынан шамалайды. Мырза құдай бұл дегенде алақанын ашып-ақ бағыпты. Бәрі оңынан келе берген. Ең азы мына әйелі Жаңылды да әкесі ел адақтап құда түсіп жүріп айттырып әперді. «Әй, жаман, жасық, доңыз неме, қатын аласың ба?» – деп сұрады. Бұл да әкесінің сөзінің ыңғайына қарап, «жасық, доңыз» атанғанша, қатын алып құлағымды тыншытайын деген болуы керек: «Алам!» – деді. Алды. Әкесі байғұс ырзық дарыған жер еді деп еді, біліп айтқан екен. Жаңыл түскелі бұл көлденең пәле-пәтерден аман. Тек түбі түрікменнен келген қызыл мая іші жарылып өліп еді – ол да адал пышаққа түсті.

Балпанның өзге байлықты, барлықты құрдастары екі-үштен қатын алып, оны да місе тұтпай, көлденең көрпе мен көк көйлектің астын түрткілеп жүрсе, бұл ол жағына әуелден құлықсыз еді. Өйтіп ала өкпе болған жоқ. Бар білгені Жаңылдың ірге жағы мен екі жамбасының арасы боп қала берді. Ұлдан – Өтеген, қыздан – Ажар, қос перзент көрді. Құдайдың бұл бергеніне де шүкір. Өтегенді нағашы жұрты аяқтандырды. Сөйткен құдайы да тыныш, құдасы да тыныш Балпанда енді маза жоқ. Сауқаты жоқ сәлемшісінен құтыла алар емес үйі. Бәрінің көз құрты – Ажар. Соған құда түседі. «Бәрібір баяны жоқ жат жұрттық бала ғой» деп баяғыда бірінші келген құдамен баталаса салғанда-ақ болады екен. Құдай сақалдатқанда ол ойына келмепті.

Енді, міне, күніне екі-үш ауылдан келген құдаға бұл ауылдың иті екеш иті де үре-үре дауысы қарлықты. Қара қазан, сірә, оттан түспейді. Бүгін – Можан, ертең – Байсал. Енді бір күні, дәмесін көрдің бе, әлгі даукес Даржан келіп отыр. «Өзінен аумаған көк шұнақ тентек, көбік ауыз, даукес, әулекі баласы бар еді». Соған Ажарды айттырады. Атасының басы! Оны қиястанып отырып қыр асырды. Одан соңғы саудагер Шүрен, тілмаш Бекес, би Алшағырлар да бір жауаппен аттанды.

Ақыры, ең соңғы келген Сауытбай Балпан байдың қызымды бәйгіде аты озған, көп алдында өнері мен күші асқан жігітке берем деген шешімін естіп, жұртқа жаршы болып кетті. Сөйтіп, Балпан бай тағы алшаңға басты.

Бәсеке бәсекесімен, ең алдымен, ертең мұның атын бүкіл елге алып кететінін айтсаңшы. Онымен де тұрмай атағы өлген соң да артында қалатынын айтсаңшы. Тіпті ертең қызының жасауын артып жөнелтетін көштің өзінің, алдымен, Балпан атын батпандай қылып артатынын айт тағы бас түйеге. Балпан Балпанымен, осы бәсекеде аты озған қазақтың аты қанша жерге барар екен?! Бұл қызыққұмар қазақ қызыққа тойып көрген бе. Екі ауылдың арасында екі күннің бірінде екінің бірі басы жарылып жататын барымтаны қызықтап, оған місе тұтпағанда мешкей жарыстырып, ит таластырып ермек қылып жүргендерге мына бәсекенің тіпті жөні бөлек. Сөйтіп, ат жетер жердегі жұрт Балпан ауылына шұбырды. Келудің де келуі бар. Қасыңа ерген айғыр топ адамның саны мен сыны да бәсеке. Мінген атың мен ер-тұрманның да сынға түсетін жері – осы. Ең азы қамшыңның бүлдіргісі мен етігіңнің нәліне дейін бәсеке.

Тек осыншама тыраштықтан атымен ада бір жан бар мына алпыс үй толы мейман ішінде. Ол Сапақ деген сасық байдың Есен деген есірік баласы. Бір құлағы шұнақ, бір көзі әпірейіп аспандап бітсе, бір көзі жер бетін тінте қарап, түртінектеп шолып жүр. Жасы қырыққа таяп қалса да әлі үйленбеген. Мына бәсеке хабары құлағына тиісімен далақтап оның да келіп тұрған беті. Бәсекенің бірінші шарты өнер сайысы еді. Есен әнді ұрсын ба?! «Балпан бай қызын әнге-күйге берсе жын-шайтанға берсін» деп дау айтып одан басын арашалап алды. Даржанның «өңшең жігіт тұрып қызды қырма сақалға беріп қойса обалдары өзіне» деген сөзі қамшы болып, бұл сайысқа қатыспай-ақ өтті деп есептелді.

Екінші сайыс күрес еді. Есеннің шөбіне әлгі даукес Даржанның қызыл көз әңгүдік баласы түскен. Белдесіп келіп кеткенде ол әңгүдіктің қолы мұның иегіндегі бес тал сақалына тигені. Сосын бұл сартабайды салды дерсің. Асанбай хазірет бастаған қазылар тал түсте мұсылманның сақалына жармасқан әумесерге қалай жақ болады – жеңісті бұған берді. Есекеңнің ол күнгі бір оңымен оралтып бітірген шаруасы – етке тойғаны, артынан бір кесе сорпа мен бір кесе қымыз ішкені. Сосын өзен бойына барып шуаш сасыған аяғын суға малып, тоқ басқаны. Содан кейінгі жүктің түбіне сұлай caп соққан ұйқы да аз олжа емес. Алпыс үйлі ауыл толы адамнан сол күні тыныш ұйықтаған екі адамның бірі – Балпан бай да, екіншісі – Есен.

Бәсекенің үшінші күні алдыңғы өнер сайысында озып, күресте жыққан жиырма жігіттің аты аламан бәйгеге түседі. Озып келгеніне қыз бұйырады. Ажар бойжеткеннің бағы сөйтіп қыл аяғы қыл құйрықтының бағы мен бабына қарады да қалды. Көмбеден таң ата аттанған жиырма тақ тұяқтының ішінде Есеннің де бурыл аты кетті. Дүкенші Шүренге ұқсап, жүйрігін сүт беріп, ақтаған тары беріп Есекеңнің басына ат теуіп пе. Тіпті ащы терін де алып әуре болған жоқ. Тіпті бәйге төбенің басында күтіп тұруға да шыдамы жетпеген соң, әдеттегісінше «қызыңды ұрайын» деп, былш еткізіп бір боқтап, етектегі ауылға қымыз ішуге жөнелді. Қиқу шыққан соң ғана әуесқойлығы жеңіп емпеңдеп жүгіріп келіп еді, мәреге құрық тастам жерге бурыл аты келіп қапты.

Есеннің тақымында жауыр боп жүрген жануар қас тұлпардың өзі екен. Бас бәйгіні алды. Ол жасауымен Ажар сұлу еді. Ел теңселіп кетті. Сәлден соң бурыл атты жетелеген қазылар алқасы бері бұрылды. Есірік Есен атының бота жеген қыл құйрығының ұшынан сүйіп-сүйіп қояды. Балпан бай есеңгіреп кетті. Ажар отырған ақ үй жақтан жылаған дауыс шықты. Мына ойраны шыққан ортадағы жалғыз мәз адам – Есен. «Есірік неменің екі езуі екі құлағында…».

Герольд Бельгер «Бәсеке» повесінде дала шонжарының ару қызы феодалдық заманның қанды құрсауынан құтыла алмай есірік біреудің қолына түскені баяндалады» деп түйіндейді. Бұл сараң түйінде кешегі кеңестік кезеңнің салқыны шаң беретіндей. Сөз жоқ, Балпан бай да –

заманының құлы. Бірақ оны орға жыққан заманынан гөрі өзінің пендешілігі. Артын ойламаған аласуан әрекеті.

«Баламның бағы ашылсын, өнері асқан, күші асқан, аты озған жігітке жар болсын» деген тілеудей-ақ тілеу. Барлық әкенің кеудесінде қонақтаған ақтілегі осындай – ақтілек. Әттең байлық та, барлық та, ортасына бедел, аяқ басқан жеріне бедер де біткен Балпан байғұсқа әр нәрсенің опық та жегізер артын ойлар пайым мен парықтың бітпегенін қайтерсің. Қайта мұнымен салыстырғанда, «лепіріп сөйлеп, леки күліп жүргенмен, сараң кемпірдің түйген шүберегіндей шамалыға ішін алдырта қоймайтын Можан» құрдасы бұдан көш ілгері ме деп қаласың. Бәсеке басталарда-ақ «Бұл жынойнақтан бізге ештеңе тие қоймас» – деп осындай опыр-топырға мал шашып отырған Балпан бай әумесерді ішінен сілейте бір боқтап, тымырайып тайып отырған» сол Можан емес пе. «Асыл үлегіңді інгеніме шөгеріп алайын» деп, Балпанға қолқа салып жүрген ол немеңнің шұлғауын мойнына сүйретсе де шаруасы түгел. Келінсіз қалам деп отырған ол жоқ. Қайта Балпан қызының елден ел құрып есірік Есенге бұйырғанын желкесі жерге тигенше қақсап айтумен кетеді ол енді.

Можан былай тұрсын, даукес Даржан да Балпаннан озды. Бәсекеге қырық кісі нөкерімен келген саудагер Шүрен де ендігі жерде Балпанның жайынан бұрын, Ажардың бақытсыз болғанынан бұрын аламан бәйгеде өлген күрең қасқа атын уайымдайды. Соның кегіне Ажардың ақырын айызы қанып әңгіме етеді. Соның бәрінің сайып келгенде, Балпанға «өзіңе сол керек» деген ортақ табасы бар. Міне, жазушы Әбіш Кекілбаев бұл шығармасы арқылы оспадарлыққа, шашпалыққа, дарақылыққа осындай қатал да аяусыз үкімін шығарды. Тіпті Үстірт сияқты сауыры кең жазықтың өзі де ауырсынатындай үкім бұл.

Иә, «Бәсеке» – нағыз бәсеке, мақтан десеңіз мақтан, малшашпақ десеңіз малшашпалық. Әр шығарманың басталуы мен аяқталуы, шарықтау шегі мен өзіндік шешімі бар. Екінің бірі хикаяттың бұлайша тосын аяқталуын бойына сіңіріп, құптай қоймауы мүмкін. Өйткені тек жеке бастың ғана емес, тұтас жұртының барлығына, байлығына тояттап, риза болып отырған көңіл бұндай әділетсіз шешімді, жалт бұрылған финалдық тұжырымды қабылдауы қиынның қиыны. Осы қисынға сайсақ, «Бәсекенің» ақыр соңының сиырқұйымшақтанып кетуінің бір себебі – авторлық ішкі цензура болуы мүмкін деп топшылаймыз. «Жылымыққа» елтіген «алпысыншы жылдықтар» да аспаннан түспеген, «өз заманының геройлары» болатын. Сталиндік темір құрсау босаңсып, жеке басқа табыну сыналғанмен, құдіретті компартия тізгін-шылбырдан айырылған емес. Саптыаяққа ас құйып, интеллигенция өкілдерін басынап сипап еркелеткендей болғанымен, сабындағы қырағы қарауыл бір сәтке де қалғымайды. Ара-тұра «әй!» деп қойып, кезекті бір ретінде қамшымен жасқағанда басы ноқтаға симағандар туған топырақты тәрк етіп, жат жерге қашатын қасиет қазақ жазушыларында, өнер иелерінде болған емес. Ендеше ертеңгі күні өмір бойы М.Әуезовтердің басынан кетпеген қиқу – «өткенді дәріптеп, феодализмді идеал қылдың» десе – берер жауап даяр; ол – осы финалдық шешім.

Ал хикаяттың басынан аяғына дейін халқымыздың бақуатты тірлігін, той-думанын, берекесін, ауызбірлігін соншама әсерлі суреттеуге не себеп болды десек, ол, сірә, ойында жатса-тұрса «Үркер» мен «Елең-алаңдай» зор тынысты, кең панорамалы эпикалық туынды жазбақ болған жазушының ішкі әлемінің көкірекке сыймай лықсып сыртқа шығуы деп бағаласақ жөн болғандай.

Дарынды жазушы ешқашан өз халқына топырақ шашпайды, оның өткен тарихи жолын күстәналамайды. Ұлтының болашағын болжап, халқын шын жүрегімен сүйетін жазушы ғана өткеннің сөзін айтып, тарихын мақтанышпен жазуға құқылы. Сол себепті де байлығы тасыған бақуатты «Бәсеке» сүйекті романға барар жолдағы баспалдақ, бақ сыналар бастау көздердің бірі.

 

БІР ШОҚ ЖИДЕ

«Бір шоқ жиде» хикаяты алғаш рет 1978 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған. 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Құсқанаты» атты повестер пен әңгімелер жинағына (110-173-бб.) шыққан. Орыс тілінде 1985 жылы «Жазушы» және 1988 жылы Мәскеу қаласындағы «Советский писатель» баспаларынан жарық көрген «Мартовский снег» атты жинақта жарияланған. Жазушының 6 томдық орыс тіліндегі шығармалар жинағына (1-том, 345-432-бб.) кірген. Хикаят, өкінішке орай, белгісіз себептермен жазушының 20 томдық толық жинағына енбей қалған.

«Не все ли равно, про кого говорить?

Заслуживает этого каждый из живших на земле» – И.А. Буниннің осы сөздерін эпиграф етіп алған автор шығармасында адами ғұмырдың, адами тағдырдың қай-қайсысының да елеулі, ескерулі, есепте екендігін қаперге береді. Автор бұл жерде И.Бунин есімін тектен-тек ауызға алып отырған жоқ. Ол Әбекеңнің өте бір ден қойған жазушысы. Орыстың ұлы сөз зергерлерінің бірі. Буниннің Әбекең ықыласын баурағаны соншалық – бірнеше әңгімелерін қазақ тіліне аударды

Хикаят жасы жетпістің сегізіне қарап тұрған «күні кешеге дейін қозының торсығындай кішкене көрігін басып, сексеуілдің шоғына маңдайы шып-шып терлеп, тық-тық темір соғып отыратын» жарықтық Тілекең ұстаны жерлеуден басталады. Барша жоралғыны барынша тез бітірген имек мұрын молда «Ау, болсаңдаршы енді» дегенді емеурінімен сездіріп, тездетіп жүк машинаның кабинасына жайғасып үлгеріпті. Тек күлте сақал Күдері ақсақал ғана құрдасының үстіне үйілген қызыл төмпекті қия алмай, кідірістей береді…

Әбіштанушы Ә.Спан «Ай-Ана»» роман-эссесінде Әбекеңнің балалық шағында көрген, білген, аралас-құралас болған туған-туыс, көрші-көлемді санамалай келіп, кейін «Бір шоқ жидеде» бас кейіпкердің прототипі болған көршісін де атын атап, өзін түстеп береді.

«Сосынғы бір көршісі – Тақыш ұста. Сыртқа шығуы сирек. Күні бойы көрігінің қасында. Бір көрсең көрігін гуілдетіп әлденені соғып жатады, әлденені шұқыншақтап тықылдатып отырады. Тіпті болмаса соққан пышағын қылпытып қайрап отырады. Ол соққан пышақ шашқа түседі. Ішінде Әбіш те бар ауылдың азын-шоғын қара домалақтарының шашы сол пышақпен алынады.

Жұрт: «Тақыш Ұста – киесі бар адам. Ұстадан бұрын оның жеті атасынан бері қастерленіп ұсталған көрігі қасиетті», – деседі. Бірде ілулі тұрған көрік астында ұйықтап қалған бала шошымалы ауруға ұшырап, Түмен артынан ол баланы сол көріктің өзімен үрлеп жазып алулы.

Ұстаның бір қызық әрекеті – ештеңені қолымен ұстамайды. Ұзын шымшуыр қышқашы бар, сонымен шымшып алады. Шашылып жатқан қыл-қыпыр көрді ме – шымшуырының ұшымен іліп алып, отқа ытқытады. Ең азы шашылып түскен қуырған жүгерінің бірер түйірін көрсе де сол. Шымшуырымен алып алақанына салады әуелі, сосын барып аузына үгітеді».

Әбекең «Бір шоқ жидесінде» Тақыш ұстаның осы әдетін айнытпай суреттей қойыпты. Мұнда Тілеу зергер де сөйтетін еді ғой. Отының басы тап-таза болып жатады. Жазатайым түсіп кеткен қыл-қыпырды шымшуырмен қысып ұстап отқа салады. Құрдасының базыналық жасап қақ төрге шешкен кебісін де шымшуырмен қысып ап жітіреді босағаға. Мұндағы Тілеу зергер Тақыш ұстаның айнымаған көшірмесі: «Кең маңдай, қоңқақ мұрын, алақандай көзінің аласы мол». Мұның таңғалатын ештеңесі жоқ. Көзімен көргені – жазушының өмірлік азығы. Ал жасында, тіпті бала кезінде көргенін ұмытпау, сол қалпы жадында сақтау – сирек кездесетін, нағыз қаламгерде ғана болатын қасиет.

Шығарманың кейіпкері сағымның өзін сан соқтырып адастыратын салқар, қиырынан қиырына қыран қанатының өзі талып әзер жететін жазықтағы қарапайым ғана жандар. Бірақ жайдақтықтан, жадағайлықтан ада-күде аулақ. Дербес болмыс, бітім иелері. Мынау жалпақ әлемде өзіндік ізі, орны, үні бар саналы тірлік иелері. Шығарма әп дегеннен соның бірінің бақилық болған сәтінен басталады.

«– Халайық, Сұрапалдыұғлы Тілеу қандай адам еді?

Қызыл төмпектің аяқ жағында мырс-мырс жылап отырған күлте сақал кісі: –

– Жақсы адам! – деп тұншыға кемсеңдеді.

Аядай зираттың бір пұшпағындағы кішкене шоғыр жарыса тіл қатты.

– Жақсы адам! Жақсы адам!»

Қазақтың өлгенінің бәрі жақсы. Әйтсе де тап осы жолғы лебіз жалған айтылмаған боп шықты. Жетпіс сегізден арғы жасын топырақ астында жасау о бастан маңдайына жазылған Тілеу марқұм тіпті жайсаң адам екен.

Көп шығармаларында басты кейіпкерлері күйші, суретші, сәулетші, сейіс, құдықшы – әйтеуір бір тіні өнермен, көкейкөзге қатысты қарекетпен астасып жататын кәсіп иелері болып келетін жазушының бұл жолғы бас кейіпкері – зергер. Ағашқа жан берген, темірге әр берген ісмер. Дүниеде осыдан артық өнер бар, кәсіп бар деп білмеген кәсіпкер. Несие сөз түгіл ауыл-аймақтың аман-есендік хабарын айтуға да жоқ. Сырт көзге тұйық, өте бір жұмбақ жан. Бірақ «ошақ бағып отырған көтерем шалдың көкірегінде жүрген көк жұлынға» бара-бара қаныға бересің.

Бұл туысынан жалғыз екен. Жалғыздық, басқа жарымау деген тек бұл емес, ата-бабасынан бері қарай келе жатқан дерт десе де, сор десе де болғандай. Баяғыда Өтеу атасы жеті ұлынан бір күнде айырылыпты. Ол да шебер болғанға ұқсайды. Ауыл сыртындағы жиделі тепсеңнен бір қу томарды сүйретіп әкеп домбыра жасап алады. Ең соңғы баланың садақасына шалынған боз марқаның ішегін кемпіріне иіртеді. Содан ал кеп тартсын. Айдалада шошайған жалғыз үй, оның ішінен кіріп шығатын кемпірі екеуі болған соң тартушы бұл болғанда тыңдаушы сыңар болмай ма? Сол байғұстың мына зар сазды естіген соң ағыл-тегіл еңірей жөнелмесі бар ма. Шал «Қолындағы домбыраны тізесіне caп морт сындырды. Одан кейін кемпірінен жасырып тұл отаудың сағанағынан жасап алған сырнайы да баянды болмады».

«Құдайға өкпелеп айдалада жалғыз қалған қайсар ағасына Ақпан бір баласын апарып берді». Ол бала Сақтап аталары екен. Әкеден әлгі жалғыз күйді алып қалған Сақтап. Бақсыға тілі тиген Сақтап та басқа жарымапты. Баласы тұрмапты. Ақыры алпысында көрген ұлының атын Сырттан қойып, «қырық қазанның астынан өткізіп, қырық әйелдің емшегін емізіп, жаңа күшіктеген қызыл қаншықтың бауырына тастап барып» аман алып қалыпты. Бұл әулеттің керегесінің басына найза орнына көрік ілген сол Сырттан аталары екен. Сырттанға келгенде де баяғы қырсық сырт қалмайды. Байұлының 12 атасының 5 атасынан бес әйел алса да, ерні жібіп бала сүймейді. Сосын көрші ауылда оң жақта жүкті боп қалған бір қыздың сәбиін ап бауырына басыпты. Ол – Сұрапалды аталары. Сұрапалды атасына күйшілік пен зергерлік өнер бірдей қонады. Бірақ бұл да перзент көрмейді. Соңында қайын жұртынан бір ұл асырап алған. Ол – осы Тілеу. Баяғы Өтеу бабаның зар күйінің ендігі жалғыз мұрагері.

Мұның артынан қара ерген. Ол зарығып көрген Тілепалдысы еді. Ол соғыстан қайтпай қалды. Содан бері мына қоспа қосқан төрт қанат шатпаның бар тұрғыны кемпірі мен екеуі. Ауыл сыртында жиделі тепсең. Жарықтық о баста тоғай болғанға ұқсайды. Енді төрт-ақ ағаш қалыпты. Оның қапталында тірісінде қарасы көбеймесе де, өліп моласы көбейген ата-баба қауымы. Олардың көне жұрты мына үй тігулі тұрған қара көң. Оқшау, оңаша түкпірдегі мұның былайғы әлеммен байланыстырар қызметі шабындықтың қарауылдығы екен. Оны да автор сараң бір-екі ауыз сөзбен баяндай салады. Тілеу отырған жердің Ұлықұм екендігін содан білесіз. Үстірттің Аралға қараған шеті. Колхоз орталығы сонау қияндағы өзен бойында боп шықты. Бұған жақын өзен – Жем мен Сағыз. Соның бірінде болды.

Тілеудің ең жақын қоңсысы Күдері – құм мен қатқылдың арасындағы қатқылда база бар – соның қожасы. Екеуінің арасы бір жас, яғни құрдас. Екеуі жер шарының екі полюсі сияқты қарама-қарсы жаратылған жандар. Тілеу үндемейтін болса, Күдекең сөзуар. Бұл – жуас, ол – ширақ. Бұл – үйкүшік, ол – аяғына су жұқпас жүрдек кезбенің өзі. Бұл – ауыл арасынан арғыны аңғара бермейтін болса, ол – сұңғыла. Бірақ соған қарамастан екеуінің достығында қылап жоқ. Туды-бітті жүз шайыспаған кісілер. Бірі үшін бірі қоң етін кесіп беруге бар. Жалпы жазушының «далалық» шығармасының көбінің кейіпкерлеріне бауырмалдық тән. Ал мұнда ол тіпті басымырақ. Тілеу үйінің аяқ жетер жердегі тілеуқоры да, жанашыры да, жоқшысы да – осы күлте сақал Күдері шал. Екеуінің мұңы да бір. Күдекеңнің де ұлы соғыстан қайтпай қалған. Бірақ ол Тілеуге ұқсап отқа омалып отырған жоқ, сүйенер ұрпағы бар.

Кенет күтпеген жерден Тілеудің қара жамылған қарашаңырағына да тәңірімнің мейірімі түсті. Бақыра шөккен түйесімен бірге аңыраған даусы бірге шыққан әйел көп көңіл айтушының бірі емес, Зейнептің жеңгесі Жаңыл еді. Сонау Жем бойынан жалғыз өзі жолаушылап жеткен беті. Бесікте әлі қырқынан шықпаған нәрестесі. Бір жұма жатып, аттанар сәтте бесіктегі сәбиін бұларға бала қылып беретін шешімін айтты. «Қара болсын» деді. «Мырза құдайдың рақымы түсіп, ерке қыз құрсақ көтеріп жатса, бұл бесігін тербетер» деген ақ тілегін тағы айтты. «Төріңде ұстаймын десең де, есігіңде ұстаймын десең де, біздің көңіліміз баяғыдай» дегенді де үстеп қойды. Отыз күн бауырын сорғызғанын салық қылмады. «– Сендердің шаңырақтарыңның ендігі амандығынан садаға, мә, төсімді ошақтарыңа саудым, – деп демдеулі шай құман тұрған отқа қарай ұмсына омырауын аша отырды. Тырсиған қос емшектің үрпінен ытқи шыққан уыз сүт қызыл қоламтаға сар-сар етіп шаптырды». Болды!

Жаңылдың ендігі әрекеті басқаша – мына сәбидің нағашы жұртының өкілі ретінде өрбіді. Зейнептің алдына кішкентайларына әкелген көйлегі мен көрімдігін тастады. Арғы-бергі әдебиетте қазақ әйелдерінің қасиеті айтылудай-ақ айтылып, дәріптелудей-ақ дәріптелді десек те, тап осылай биікке көтерілгені сирек. Бар халықтың да әйелі жақсы, бәрі бауырмал. Дегенмен тек осындай кесек қимыл, тойнағы бөлек бауырмалдық тек қазақ әйелдеріне ғана тән. Аттанарында жастық ағаш түбінде қалып бара жатқан қызыл шақа сәбиіне бір бұрылып қарамай, тарта берген қазақтың қарқарадай ақ жаулықты, қара жадағайлы, қара торы бүйрек бет әйелі-ай, қазақты қазақ еткен де сенің осы қасиетің, осы қасиеттілігің ғой! Мың бол, мың жаса!

Сөйтіп, құдай жарылқамаған Тілеу мен Зейнеп байғұсты аяқастынан адам жарылқады. Ұлдарының атын Тұяқ қойды. Тұяқты болды. Сөйтіп, қаңырап қалған қара шатпадан сәби үні естілді.

Тұяқ бала күн тиіп ауырған сырқатынан қарақұйрықты үстіне бауыздатып жазыла бере тағы бір кейіпкерімізбен ұшырастық. Бұл бір нән. «Жоқ қарап жүріп соққан қазақтың да екі шай, бір ет сыбағасы бар шығар… Аман болса өзімнің сыбағалы шайым да бір келер» деп төрде бұрыннан жасаулы шайға бас қоймай шалжиып жатысы анау. Шынында да жоқ қарап жүрген, түйе жоғалтқан боп шықты. Оны түстеп сұраған Күдеріге берген жауабы:

«– Жоқ, құм арасында кесіртке санап отырған Әлімнің жаман екі шалына сәлем бере келдім.

– Әлім, немене, жиенің бе еді, нағашың ба еді?

– Болса болар да қояр. Қалмақ пен түрікменнің қызын атына өңгеріп жүрген біздің ауылдың шалдары іргесіндегі Әлімнің қызына қырындамады дейсің бе?».

Сөйтіп бұл «адыраңдаған Адай» бұл ауылға жиен болып шықты. Күдекең де осалдың сойынан емес. Ол – Адайға жиен. Енді артық-ауыс сөздің тергеуі де, сұрауы да жоқ. Қалжыңның қоламтасын көсеп бір-бірін қағыта беруге жол ашылды. Қонақ дастарқанға бата жасамай, Күдекең осыдан бір ұпай алмақ еді. Адыраңдаған неме «Шайыңа бата жасап, қазаның шағылып отыр ма?» деп шашасына шаң жуытпай кетті. Рулар қалай ырғасса да бәрі жарасымды. Бәрі қазақи болмысқа етене жайт. Бөтендігі жоқ, қайта қажет нәрсе. Соны ұғып жаны жадыраған соң ғой, күлмек түгілі жымиюының өзі жылында бір болатын Тілеудің көзінен жас аққанша күлгені. Тегі, нағашылы-жиендік те қазақты қазақ етіп ұйытып тұрған жолы оңды жоралғы.

Әбекеңнің көп кейіпкерінің домбыра көрсе, арқасы қозатын әдеті. Мынауы да сөйтті. Әуелі, ақырын басталған қоңыр әуен қызды-қыздыға келе аттанға басты. Енді бір сәт «сүйекті үгіп бара жатқан майда саз басқа әуенге ауысты». Жазушы күй тілімен сөйлеудің, күйді сөйлетудің де шебері. Әуен, саз десе елеңдей қалатын оқырман бұл жолы тартылғанның «Адай» күйі екенін бірден біле қояды. Соңында «Адайды» нағыз адайша тартқан адай қонақ әлгі домбыраны қолүздік қылып алып кетті. Қолүздік тегін алынатын салт болса да оны тәрк етіп, іздеп жүрген маясын Тілеу үйіне байлап кетті. Бұнысы енді – тағы кесек қимыл.

Өткен күнде белгі жоқ. Тұяқ та ержетті. Ұзап оқуға алыстың дәмі тартпаған екен, шоферлық курсты бітіріп тынды. Армия қатарына барып келді. Баласы ауылға оралғанда алдында анасы Зейнептің сүйегі жатқаны-ақ қиын. Көңілге медеу болар нәрсе анасына баласының топырағы бұйырғаны. Қараша үйдің ендігі тұрғыны – жетім шал мен жетім бала. Тілеудің ендігі уәйімі – баласын аяқтандыру. Бұл тығырықтан мың болғыр Күдері құтқарды. Етегі далақтап ел аралап қыз қарап кетті. Ай өткен соң далақтап қайтып келді. Сөйтсе шаруаны бітіріпті. «Баяғы домбыра алып кететін күйек сақалдың» қызына құда түсіп оралып отыр. Періштенің әумин дегені – осы.

Күдерінің қара шаңырағына да келін түсті. Үй әлі сол орнында. Неге деген сауал көлеңдейді осы жерде. Автор оның да жауабын бере кетуді ұмытпапты. Тілекең «Ақ тауды айырып, қара тауды қайырмағанмен, қой соңында кіш-кіштеп жүрсе де, атамекенінде басы қарайып ұрпағы жүргенінен ғанибет не бар дейсің?!» деп ұғады. Баяғыда атасы байғұстың сүйегін зорға көтеріп жатып айтқан аманатын аттай алмай жүр. Сөйтіп, қанша қиын, айдалада құбыр тартқандар қосында салт жүрген Тұяқ пен қара күрке мен қара шалды күзетіп от басында омалған келінге обал екенін де біліп жүр. Білгенмен қайтсін, «Мынау ұшан даладағы тіршілік белгісі – жалғыз үйлі ауылдың жалпылдақ отын қайтіп сөндіреді… Ата қоныстың аңылжып иесіз қалғанына жер астында жатып шыдаса шыдар, жер үстінде тірі жүріп қайтіп шыдайды…». Жер – жер ғой.

Тілеудің көңіліне тағы бір уайым түсті. Ол келінінің түскеніне жылдан асса да ештеңе көтермей жүргені. Сол уәйімі түскір енді зілбатпан зілмауыр қайғыға айналғалы жүргенде Күдері суылдақтың жыбырлақ аузының бір жаңалықты жарқ еткізгені. Енді шал байғұстан дегбір кетті. Күн санап жүр. Әулие-әнбиелерге оқыған дұғасында да есеп жоқ.

Ақыры келін ай-күніне жеткенде қолына асықты жілікті алды. Қобдиын қорыс қылып асай-мүсейін шығарды. Кәрі жанардың өшіп бара жатқан соңғы болмашы нұрын енді осыған төкті. Қас шебердің, бүкіл ен Үстіртті аузына қаратқан қазақтың соңғы зергерінің соңғы тұяқ серпуі еді бұл. Жалғызы Тұяқтың артында қалуға тиіс тұяқ үшін шүмек жасап отыр. Соны соңғы рет қолына алғанда, туғалы тайып көрмеген қолы түскір тайып кетті. Бармағына пышақ тығып алды. Сол пышағы түскір ұшына тиген екен де. Әуелі бармағы, артынан қолы күп болып ісіп кетті. Есі кіресілі-шығасылы күйге жетті. Есін бір жинағанда сол баяғы Күдері аузынан естіді – келіні ұл тауыпты! Өмірінде кісінің алдында көңілін босатып көрмеген Тілекең сол жолы іргеге қарап жатып, баяғы бабасының «Бебеу күйін» шалған сырнайын жонған сағанақтың бірін құшақтап, ұзақ жылады. Тіпті жұбанбай жылады. Немересінің шүмегінің нобайын аңғарғаны суалған жанардың соңғы нұры болғанда, мынау соңғы жасы болды. Енді сыртқы дүниемен жалғастырып тұрған құлағы еді – ол да мұны қалдырып барады екен. Оның да соңғы қармағаны – бір ызың. Анада баласына өзі тартып берген сарын. Баяғы бабасының «Бебеу күйі». Тұяқтың магнитофонынан естіліп жатыр ол. Жаны жай тапқандай болды. Ұйықтап кетті. Тек бұл түптің түбінде болмағы шарт әлгі оянбайтын, мәңгілік ұйқы еді. Тілеудің «езуінде бір өмір бақи жүгірмеген жайдары күлкі» үйіріліп кетті. Бұл – бақиға армансыз аттанғандықтың белгісі. Осылайша мынау cap даланың тағы бір жайсаң жаны уақыт бедеріндегі өмір деген өлшемін тауысты. Ғұмыр бойы қимаған тепсеңінің тереңіне бет алды. Жарықтық Үстірт соңғы бір жоқшысынан айрылды.

«Ешкімнің бетіне жел боп келмей, жағалас-жанталассыз ғұмыр кешкен, жарықтығым-ай, о дүниеге де тым-тырыс, жайбарақат қалпыңмен аттанып жүре бергенің бе…» – досының өлі денесінің жанына шөкесінен түскен Күдердің осы бір ауыз лебізіне автор кейіпкерінің бүкіл болмысын сыйғызған да қойған.

Тілеу марқұм болған соң қырық күн қатарынан бата оқыған келім-кетім арылмапты. Үй артына талай ат байланыпты. Келгендердің қай-қайсысы да Тілекеңе қатысты кепті қысқа қайыра алмапты. Талай жылды қамтып, талай жерді шарлап кетеді екен ол әңгіме. Сөйтсек қара қобдишасының қасында шөкелеп отырып, балғасын тықылдатумен өткен шығар дейтін кейіпкеріміз әйтеуір өлгенде бір мақталуға тиіс көптің бірі болмай шықты. Елі біледі екен қадірін. Ортасында орны бар адам екен ол. Мына Күдерінің аузымен айтылатын көп-көп қимастық сырдың асыл қоймасы, мөлдір бастауының басы екен Тілекең. Енді бақилық оның «аты алдына қосарланып айтылар сөз «жазған» емес «жарықтық». Сөйтіп мына жиделі тепсеңнің соңғы әулиесі болып қалды ол.

Қилы-қилы тағдырлар қиыннан қиыстырылған, бір қарағанда қырық құрау боп көрінетін шығарманың тұтас арқауы, негізгі өзегі – «Бебеу күй»: «Бебеу күй» десе бебеу күй. Бабаулатып қолды-аяққа тұрғызар емес». Жеті атасынан жанға жарымай, құрамыс әулетті Тілеу ақсақалдың тағдыры – мың өліп, мың тірілген Алаштың бір шөкім тарихы; «Бебеу күй» – мини «Елім-ай»! Қазақтың арғы-бергі тарихын сапырып, шежіресін жатқа шертетін жазушы халқымызға тән жеті атаны тарату, ата-баба моласын қадір тұту, әруақ сыйлау, атамекенге кіндігімен байлану, яки бүгінгінің тілімен айтқанда, отансүйгіштік, патриоттық сезім деген ұғымдардың мәңгіліктігін осы «Бір шоқ жидеде» жеріне жеткізе, тарқата тарамдайды: «Не де болса мынау қара шаңырақтың астына ойдан-қырдан қияласып қосылған құрамыс әулет әзірге Өтеу ауылының атағын жоғалтқан жоқ. Өтеу ауылы әлі күнге осы жайдақ тепсеңде. Иек артпа ілгеріде шешектен қырылған жеті баланың моласы. Күн батыс қапталда – кейінгі әулеттің қорымы. Өтеу тұқымының мынау ұлан-асыр дүниеден иемденгені осы бір екі зират пен бір жұрт. Өтеудің өлі ауылдарының қарасы мол болғанымен тірі ауылының қарасы ешқашан төрт-бес үйден асып көрген емес. Тілеудің тұсында жапырайған жалғыз күрке болып қалды. Отау бөліп қарамды көбейтем деп жүрген Тілепалдысы соғыстан қайтпады…».

Бірінші бүкілжаһандық соғыс, Азамат соғысы, Аштық, Репрессия… Халқы басынан кешкен ұлы нәубет, зор зобалаңдардан аман қалған әулетке ең ауыр соққы – тағы да алапат соғыс: «Тілеу осы жүргенде әлдеқашан сүйегі қуарған жеті атасының жетеуінің де моласын біледі, жетеуінің де басына барып бата тигізіп тұрады. Ал бауырынан шыққан жалғыз ұлының қайда жатқанын білмейді. Жұрттың көзінен қорқып көлкештеп баққанда бір уыс топырағы бұйырмай жат жерде қалғаны ойына түседі де, сүйек-сүйегі кеміріліп көзіне жас толады» (Әулеттегі жалғыз ұлды – Әбіш Кекілбаевты жазушы қылған да осындай тағдыр талқысы болатын!).

Көненің көзі – Күдері байғұс та досының қара жұртын қиып кете алмай әлі жүр. Оны көшіріп әкетуге тіпті осы заманғы өркениеттің өзінің әлі келмеді. Вертолет екеш вертолетке мінгенде де Күдекеңнің тапқаны Тілеудің үйі болды. Тілеу мен Күдерінің бар ілік-шатыстығы – қоныстастығы, қоңсылығы, араларында бір жас айырмашылығы бар құрдастығы ғана. Әйтпесе екеуі де Әлімнің «құм арасында кесіртке санаған екі шалы». Соған қарамастан бұл екеуінің жұбы жазылмастан келеді. Тіпті Тілеу бақилық болған соң да жазылған жоқ.

«Бір шоқ жидедегі» адамдар шетінен бауырмал. Бұл – ата-баба аманаты, қаймағы бұзылмаған қазақылық. «Кім болса да, ел ұстап, жер иеленіп, артында ұрпақ қалдырғасын, қалайша бабам деп бас ұрмассың. Заманында олар солай тіресіп-тістеспесе, біздердің бүгінде жұмыр жердің қай пұшпағында пышырап жүрерімізді кім біліпті!».

Тілеу қарттың қара марқаны бір өші бардай шүйліге мүшелеген эпизоды бүгінгі компьютер мен телефонда басы қалған қала һәм ауыл баласы үшін дап-дайын «Этнографиялық әліппе» десек болады: «Айналайын ата-бабаның он екі жілік, отыз омыртқа, қырық қабырғаны тап осынша тәптештеп мүшелейтіні тегіннен-тегін емес-ті. Артындағы ұрпақ бір-біріне көз алартпасын деп, әрқайсысына бір-бір сүйек еншілеп кеткен. Ұшарын жел, қонарын сай білетін көшпелі елдің перзенті қай қара қазанда да өз сыбағам бар деп ойлайды. Сонда сыбағалы жілігі бұйырмаса, атасын атып өлтіргеннен аз тұлданбайды. Ер бала бес жаста құман ұстап, қонақтардың қолына су құяды, он жастан бастап пышақ ұстап ет турайды, он бес жастан бастап табақ тартады, жиырмасында кездігін жалаңдатып табақ жасайды. Сонда ықылым заманнан келе жатқан үрдісті бұзып жілік шатыстырсаң, маңдайыңнан бұзау тіс қамшымен бір-ақ тартып, айдап шығады. Бетіңе таңба түскені ештеңе емес, сені тапқан ата-ана тірідей жерге кіреді. Қара пышақтан қаусай жығылып жатқан бұл он екі жілік, отыз омыртқа мен қырық қабырға жөнін тапса, ала көз ағайынның көңілін бүтіндеп ел етеді, жөнін таппаса жүректеріне сүңгі сұққандай атыстырып-шабыстырып кетеді.

 Баласына ағайыншылықтың жолын ұстап, табақ тартқаннан бастап үйрететін көнекөз кәрілер қақсап бағушы еді. «Ең сый жілік – жамбас, одан соң – жауырын, одан соң – кәрі жілік, одан соң – асық жілік. Басты ең жоғарғы табаққа саласың. Құйрық май мен бауырды қиялай турап, бар табаққа жеткізесің. Он сүбе қабырғаны жоғарғы төрт табаққа, алтауын екі жауырынға, төртеуін екі асық жілікке жүктейсің, қалған сегіз жілікке екі-екіден бұғана қабырға қосасың. Төстікті – күйеуге, құйымшақты – қызға, көтен-мойынды – қойшыға, ішек-қарын, талақ, бүйрек, сирақты – қатын-қалаш, бала-шағаға ұстатасың…».

Ол кезде мал қазанға бір салғаннан артылмаушы еді. Сақи кісі күніне он мал сойылса да, өз үйінде жілік ұстамайтын, қонақтың сарқытын қанағат қылатын».

Қазақы ортаның боямасыз болмысын суреттеген жазушы дарқан далада пытырай шашылған жұрттың абзал, мәрттік қасиеттерін, кең-байтақ Үстірттің сартап жазығындағы бар берекенің басын бауырмалдық пен қайырымдылықтан, бір-бірін сыртқа теппеген бірліктен, жақын тартқан жарасымды туысқандықтан табады. Хикаят кейіпкерлерінің бәрі іштен бүлік іздемеген, іштен шұрқан күтпеген бейбіт, момын жандар.

Анау ауыл сыртындағы шөп басына жел ұшырып ілініп қалған ішінде көсем мен екі сардарының суреті бар аудандық газетті бір қызылкөз көріп пәле салмаса деген Тілеудің қаупі, жер дүниені қараң су алдыратын бомба ойлап тауып Күдеріні жылататын Әмірқан есерсоқ, ауылдағы салық төлемегеннің жер-жебіріне жететін имек мұрын агент – бұлар сырттағы ию-қию тірліктің мына құмға жеткен сарыны. Тілеу мен Күдеріні әрқашан жаугершіліктің қансоқта даласында көз жұмған балаларының жолдарына қарағыштатып, қапаға түсірген де сол сырттағы ылаң. Әйтеуір қауіп атаулыны сол жақтан күтеді бұлар. Ең соңында, Тұяқты алып қара жұртты қаңыратып кеткендер де сырттан келді емес пе… Автор осылайша бір шоқ жиде түбіндегі ауылдың да заманына тәуелді, ортасының бөлінбес бір бөлшегі екендігін көзге көрсетіп береді. «Адам – заманының құлы» деген ақиқат мұнда да үстемдік құрады. Дегенмен заманының шіре талқысы қанша қыспаққа алса да, шоқ жиде түбіндегі шоғыр топ адамдық болмысынан арылмайды, ажырамайды. Қазақтың ұлы даласын ұлықтаған осындай жандардың да болғандығына тәнті етеді.

Ә.Кекілбаев – құтты қаламын бір сілтер жазушы. Жарық көрген шығармасына қайта айналып соғып, қырнап-жонғанын, өзгерістер енгізген мысалын тауып келтірудің өзі қиын. Кейін қолы ұзарып, тіптен ел билеп, ең жоғарғы лауазымды тұлғаға айналған тұста да тоқтаусыз шығып жатқан көркем туындыларына, көптомдық басылымдарына ыждағаттықпен қарап, қағидаға айналып кеткен қателіктердің өзін жөндеуге қарекет қылмауы шынында да бізді таңғалдырады.

Бір қызығы – «Бір шоқ жидеге» автор қайта бір айналып соғып, оның аяқталар тұсын өзгерткен. Хикаяттың әуелгі басылымдарында шығарма Тұяқтың бұл әулеттің ежелгі емен шаңырағын көк қасқа машинасына артып ап ризық тапқан жаңа қонысына кете баруымен, Күдерінің өзінің жасын жыл қайырып есептеп жападан-жалғыз жұртта қала баруымен тынатын. Кейінгі басылымдарда, «Таңдамалысында» ол өзгерген. Тұяқ атамекеніне ат ізін салып, әке-шешесінің жыл садақасы алдында бастарын қарайтқысы келеді. Сөйтіп повесті әуелгі оқырманның қабірдің топырағы құрғамай жатып көшіп кете барған Тұяққа «тумағанның түбі шикі» деген осы-ay деп қоңылтақсуы жойылды. Автордың көкірегін жарып шыққан перзенті – шығармасына үнемі жауапкершілікпен қарауының бір мысалы ғана бұл.

«Бір шоқ жиде» – шағын прозадағы жазушы биіктігінің, кемелдігінің шыңы. Кестелі тілінен кемдік табылмайтын ұшқыр хикаяттың қос бірдей қанаты бар: оның бірі – жоғарыда аталған көшпелі тірліктің қалыпқа құйғандай этнографиялық асыл құймасы болса, екіншісі – ел мен жер, ата мен бала, бабалар аманаты мен ұрпақ сабақтастығы, бір сөзбен айтқанда, өмір сүру философиясы.

«Тіріңде көзіңді қуантып, өліңде аруағыңды ырзалайтын перзентке не жетсін. Ең болмаса, ит жығыс түсейін деп өнер сатып, бедел сатып, абырой сатып қанша тайталасқанмен бәрібір жеңілмей қоймайтын өзекті жанның уақыт алдындағы жалғыз ұтысы ұрпақ қана»; «Адам деген қызық қой… Кісіге қимайтыныңды балаңа қиясың. Өзіме бұйырмаған балама бұйырады деп тәубе етесің. Құдай тек қу басыңды сопитып ұрпақсыз қалғаннан сақтасын. Онда тәубе екеш тәубеден де мақұрым қалғаның ғой»; «Жалпы адамға ықыластан басқа не керек? Әке – балаға, бала –

әкеге, адам – адамға ықыластан басқа не көрсете алады? … Адамның адамға тартқан сыйы да, артында қалдырар мұрасы да сол – ықыласы ғана емес пе!».

Құрдасынан айырылып, пұшайман болған Күдері шал заман, жастар туралы не ойлайды? – «Қазіргі жастардың қайсысы ата қонысты мекендеп, ата зиратты бағып отыр?»; «Қазіргі жастар қара жүрек болмағанымен, құнтсыз ғой»; «Уақыттың өмірден басқа өлшемі жоқ. Бір өмірдің орнына екінші өмір келсе ғана мына дүниенің мәні тұра алады…»; «Шіркін-ай, адамгершіліктің жолы неткен тар… Алдамшылықтың жолы неткен кең…».

Ал этнографиялық талдауға көшсек, дәл осы хикаятың көлеміндей зерттеу жазып шығуға, повестің жарты мәтінін мысал-дәйекке келтіруге болар еді. Десекте «Өтеу қолындағы домбыраны тізесіне сап морт сындырды. Еркек көзінің жасын басқаға көрсетпейтіні сияқты көңілінің зарын да ешкімге естіртпеуі керек еді»; «Өтеу әулетінде әу бастан еркек сұрап, әйел жауап беретін»; «Қаралы үйдің сағанағынан жасалған сырнай шыққыр болады деуші еді. Рас екен. Ерніңе апарсаң болды, сарнай жөнеледі»; «Жарықтық, жидеден жасалған домбыра даңғырлап кетпей, былпып жұмсақ шығушы еді-ау…» деген жолдар, көптеп кездесетін тыйым сөздер, ұмыт болып бара жатқан көне ырым-сырымдар, ескілікті ұғымдар, тарихи тұлғалар, шежірелік деректер, байырғы қазақ қоғамындағы құрдастық пен нағашы-жиен қарым-қатынастары, бала асырап алу, бауырына салу, сөз этикеті, т.б. туралы алдағы уақытта таратып айтуға тура келеді.

Романға бергісіз хикаяттың соңғы бетін жаптық. Шүкіршілігін айтып, ақтығын өзімен бірге алып жүретін Тілеу қарт бұл өмірден риза көңілмен аттанды. Тұяқ баланың құрамыс әулеттің отын өшірмей, ата-баба аманатына адал азамат боларына сенгің келеді. «Елім-ай» мен «Бебеу күй» өткен тарихтың көзі мен сөзі болып қалмақ…

 

БІР ШӨКІМ БҰЛТ

«Бір шөкім бұлт» хикаяты алғаш рет 1966 жылы «Лениншіл жас» газетінде (4, 5, 8, 9, 11, 13, 15 қаңтар ) жарияланған. Сол жылы жазушының «Бір шөкім бұлт» атты повесть және әңгімелер жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Аталған жинаққа «Бір шөкім бұлт» хикаяты мен бірнеше әңгімелері топтастырылып берілген. Жазушының алғашқы прозалық кітабы туралы Р.Иманғалиев (Коммунистік еңбек. 1967, 14 қаңтар) және С.Әшімбаев (Лениншіл жас. 1967, 19 қаңтар) баспасөз беттерінде жылы пікір білдірді. Жазушы шығармаларының 20 томдық толық жинағына (5-том, 5- 65-бб.) енген.

«Бір шөкім бұлт» ширақ қыз жинаған отаудың жүгіндей шап-шағын ғана повесть. Бірақ көтеріп тұрған жүгі зілмауыр. Өзегі тау қойнында бүріскен бір Онды ауылының ғана емес, бүкіл ауылдың, қазақ ауылының қиын-қыстау жылдары басынан өткерген ауыр халі. Базарлы шақтағы әр кеуденің бір қиялы емес, ел бағының бастан тайып, баянсыздығын бір танытқысы кеп кеткен кездегі әр көкіректе қонақтаған ауыртпалық. Әр көңілдің көгінде күндізгі айдай бозарып беріш боп қатып қалған мұң.

Шығарма аты неге «Бip шөкім бұлт»? Бір шөкім бұлт – бір ғана Аққаймақ басындағы бұлт. Көлеңке. Ал кешегі сор соғыс бағын тәрк еткен Аққаймақ тағдырлар, күлдіреуіші күйреп, шатынап сынған шаңырақтар қаншама? Елде есебі жоқ олардың. Бәр-бәрінің басында бір-бір шөкімнен бұлты бар. Түптеп кетсең, әр кеуденің де қақ жарып аһ ұрғызар бір-бір мұң, наласы бар. Шығарма тақырыбы соны меңзеп ишаралап тұрғандай.

Хикаят авторлық арнау сөзбен ашылады: «Анау бір жылдары маңдайымыздан сипаған мейірбан жеңгелер, бұны сіздерге еншіледім. Әлі күнге көңілімнің бір түкпірінен сығалап тұрған, жадау иін, жыртық өкпе болсаң да, айырықша аяулы балалық шағым, бұл – саған ескерткіш».

Осы арнау сөзден-ақ хикаят сюжетінің авторға тікелей қатыстылығы, автобиографиялық сипаты бірден сезіледі. Сондықтан Ә.Кекілбаев шығармашылығындағы автобиографиялық деректер мен географиялық дәлдікті бір кісідей білетін жазушы Ә.Спанға сөз берелік.

«Далада туып өскен бала көңілі қашанда далада. Даланың ең бұйығы іш пыстырар тірлігінің өзі ол үшін басқа ортаның думанынан артық. Содан болар Шайтан күпті жиектей қонған екі үй қойшы ауылдың қам-қарекеті көзіме оттай басылды. Ауылдан аттанып жатқан қонақ Қаржау баланың нағашысы Ораз екен. Қонақтың сонау Шағадамнан тақым талдырып келу себебі жиені Қаржауды өзімен бірге алып кетіп оқытпақ. Көліктері – қомдалған нар. Екі нармен Бекдашы барып, одан кемеге отырып, Шағадам аспақ…».

Қойшы ауылдың екі үйі – бірі Ожанның отбасы, екіншісі оның досы Құттым марқұмның қара шаңырағы болып шықты. Ожанның әйелі Жаңылсын, қызы Аққаймақ, Құттым үйінде жесірі Шайзада мен ұлы Қаржау. Ауылдың бар жаны осы бесеуі. Құттым марқұм дүние салғалы жатқанда «Қарашығымды қарасыз, панасыз тастап барам. Алдында аға, артында іні жоқ. Қарасары да кемістеу. Тірлігінде төмендік көріп, көңілі арымасын, қатарынан қалмауына бас-көз бола көр. Ашхабад жақта жалғыз нағашысы Ораз бар еді. Осынымды соған жеткіз. Жетіншіні бітірісімен, өзі келіп, оқуға алып кетсін», – депті. Аманатқа адал, сертіне берік Ожан содан бері екі үйдің жұбын жазбай келе жатыр. Тіпті ит екеш итіне дейін таласуды білмейді. Екі үйдің бар тірлігінің дәнекеріндей Қаржау кеткен соң көңілі алдымен құлазыған Аққаймақ болды. Қаржауды тіпті түсінде көріп, онысын жорытып алуға Жаңылсын мен Шайзадаға айту қысылысы – бұл бала қыздың алғашқы бойжету болмысы болмасын. Е, бәсе. «Бұның бәрі сағыныш екенін, сағыныштың да сарғайтар дерт екенін қыз бала енді ұғып келеді».

 «Ол кезде Кеңестің хатшысы Шынжырбек балаңды оқуға тарт деп Құттымның үйіне келгенде, Ожан он жасар Қаржаумен бірге жеті жасар Аққаймақты да бір түйеге мінгестіріп жіберген-ді». Сөйтіп, екеуі мектеп есігін бірге ашыпты. Демек, екеуінің арасы үш жас. Былтыр екеуі Ондыдағы жетіншіні бітірген болып шықты.

«Ұштаған құмның күнбатыс құйрығында қыста іргелері белуардан топырақпен көмілген төрт-бес қара күрке тұрушы еді. Бұлар Ұштағанға бала оқыта келген Ондының кемпірлері. Аққаймақ та сол төрт-бес күркелі ауылда тұрады». Түсінікті. Аққаймақ көрші Ұштаған ауылындағы орталау мектепке оқуға келіпті. Мектеп жанында интернат жоқ. Ол кездің баласы солай өз үйлерінде, не ағайын-туманы сағалап жүргені. Сол жылдың ерте көктеміне дейін Аққаймақ алыстағы Қаржаудан үш рет хат алды. Соңғы хат… «Енді-енді ғана балалы құйтқыма жалттан арылып, тұңғиық сыр тұна бастаған қыз көзінде ұзын кірпіктері сұлқ жығылып, дым жүгіре бастаған кіреукелі кірбің күй бар» жағдайға түсіріп кетіп еді. Көктем. Жастық көктемі деген осы ғой. Әттең… «Ол тым ерте көктем» болып шықты ғой. Ерте басталған көктем ерте кетіп үлгіре бере суық хабар сарт ете түсті.

Соғыс басталыпты!

Бұл суық хабарды жеткізуші «почташы Түсіпке онша зейін қоя қоймаған екі әйел мынаны естігенде селк ете қалды.

– Қашан, кіммен?

– Қызыңды ұрайын, әйтеуір біреумен де. Ертең байыңа оянкоматтан пәбескі әкелемін. Сонда білерсіздер кіммен екенін».

«…Түсіп военкоматтан шақыру қағаз әкеліп берген күні Ожан отарын тапсырды. Түс қайта Қызылтам басына кетіп, кешқұрым қайтып келді. Атынан түсе сала Шайзаданы шақыртты. Оң жақ босағада беті-қолын жуып жатып:

– Құттым марқұмға көз жұмарында екі шаңырақтың, екі баланың жұбын жазбаймын деген антым бар еді. Мен жоқта бала-бажырлыққа бағып бастарың бытырап жүрмесін, – деді де Аққаймақ ұсынған орамалды алып сүртінді. …Айтқаны аманат та, сұхбат та сияқты емес, әншейін «қоңыр саулықтың қозысын үйге кіргізіп алыңдар» деген сияқты келте қайырған кесім. Өңі сол баяғы байсалды қалпы».

Кесімі келте Ожан – кесек тұлға. Маңдайға біткен жалғызы Аққаймақтың әке болып маңдайынан бір сипамапты. Құдай қосқан қосағы Жаңылсынға да іш алдырған жері жоқ. Сондай Ожан жасында «домбыра мен әннің соңына біраз түсіп көрді» дегенге нану қиын. Нанбайын десең, «анада Ұштаған барғанда домбыра жасатып әкеліп», Қаржауға көп күй үйретіп тастапты. Қаржау домбыра тартқанда былайынша тіпті «іш алдыртпайтын Ожан анадайдан анда-санда қиғаштай көз тастап, сырттай сүйсініп отыратынын» қайтерсің.

«Шайзада, үйіңнен дәм әкелші» – бұл Ожанның майданға аттанардағы айтқан соңғы сөзі. Зереңге құйылған ағарғаннан ауыз тигені – туған жерден татқан соңғы дәмі. Құттым досының үйінен татқан дәм. «Жаңылсынның даусы шығып кетіп еді, артына бұрылып, көзімен атып суық қарады». Сосын Жоласқанның жолына қарай жорта жөнелді. Жауың мың жерден жансебіл, Гитлер итің мың жерден жетібасты жалмауыз болса да Ожандардың мына бітім-болмысы алдында қабырғасы сөгілер-ақ. Солай болды да қойды емес пе? Жарақты жауды жер жастандырған осы халықтық, ожандық кайрат-жігер ғой!

Соғыс басталған соң Аққаймақ Ондыдағы мектепке мұғалім болып кетті. Шынжырбек оқуы бірдей балдызын қоймай, Аққаймақты ыңғайлауына қарағанда орнын тапқан болды. Сөйтіп, кешегі шәкірт қыз енді ұстаз. Соғыс кезінің зілмауыр ауыртпалығы оқу баласының да бұғанасын бұқтырған. Иіні жұқа бала – тоңғақ, карны аш бала – қадірсіз. Бар ағайынның есігін сағалап, қиын тасып, дүзгенін бұтап жүрген көзтүрткілер солар. Ал әкесі қасында, шешесі отының басында, ішіп-жемі жеткілікті бірен-саран Есеттер болса ерке, тіпті есерсоқ. Анада сол сотқар Есет дүкен күзетшісі Сәния кемпірдің баласы Үбәйді есебіңе қаратпадың деп түнде түзге шыққан жерінде, қар үстіне қол-аяғын буып тастап кетіпті.

Әбекеңдер әдебиет ауылына аяқ басқан жылдары соғыс кезіндегі ауыл өмірі жайлы шығарма көп болды. Оны да түсінуге болар. Әдебиеттің ол уақыттағы жас өскіндері өңшең дерлік соғыс уақытында ауылда ержеткен қам көкірек қарлығаштар еді. Олардың балалық шағы сол соры сопақ астаудай ортада өтті. Ызғары да, мұңы да, наласы да шемен көңілден әлі ажырап үлгірген жоқ-ты. Жетім көкіректің шікәмшілдігінен бе, әлде ақиқаттың өзі көп жерде солай болды ма – олар жазған шығармалардың көбінде өңшең бір мейманасы тасқан бастық, әңгірлеген ауылдық төраға, әпербақан бригадир жүретін аттандап. Солардың озбырлық әрекеттері көбірек сөз болып жататын. Оқиғалар солардың төңірегінде түзілетін.

«Бір шөкім бұлт» одан ада. Ауылдағы басқарма Шынжырбек нәті жуас, байыпты басшы, «елге адал, жұртқа қайырымды». Бар айыбы «әйеліне айбыны жоқ». Қашан көрсең де шаруа басында жүргені. Өзге кейіпкерлер түгелге дерлік еңбек адамдары. Ер-азаматтың орнын жоғалтпай жүрген айғыржал Шайзада, отқа көмген екі нанның бірін ошақтағы отқа жылына келген оқушы балаларға сақтайтын Жаңылсын, егісінен басқада шаруасы шамалы иі жұмсақ Ержан шал, сексеннің сеңгіріне шықса да еңсесін тіктеп жұмыстан қол үзбей жүрген Досан қария, қолы епсекті, қалт еткенде балалардың шашын алып беріп жүретін Асқармауыт… Өңшең бір мейірімнің, мейірбандықтың қайнар көзі.

Түйсіксіздікке келгенде өзгенікін түсіріп кететін түсірімсіз кейіпкер Түсіп мұнда да бар. Бұл – кәдімгі ауылға борандата келіп, есіктен «қызыңды ұрайын» деп енетін почташы Түсіп. «Бұл күнде бұл ауылдың Китлері Түсіп болды ғой», – деп Теңге кемпір жаманаттың бірден-бір хабаршысы қылып қойған Түсіп.

«Почтадан келе жатып, Шетпеден Қызылтамға жеткенше «Үйге барып, тағы да келінге жаутаңдағанша, Ержанды ертіп ап естіртуге баратын қара қағазы құрғыры бар ма екен» деп тілейтін; «Соны ойлағанда көз алдына былбырап піскен жылы-жұмсақ пен әр дәні баданадай-баданадай жүгері бөртпек елестейтін»; «Артынан бір нән зерең күңірсіген ақ сорпаны қағып салып, өне бойың шып-шып жіпсіп, жылы төсекке құлай кетсе, шіркін…» деп армандайтын Түсіп. Түсіптің ең азы насыбай атқанының өзі күлкі. Күлдәрі келінінің ертеңгісін суын тасып беруден басталып, дүкеннің қасында «майданда ефрейтор болған Елікпен билік таластырып тұрып төбелесіп қалған» ауылішілік тірлігі де күлкі. «Тышқақ лақтың шанашындай ар жағынан күн көрінген, жер тістеп жатқан қағанақ кеңсірігі» де күлкі шақырады. Ең азы оның атқа мінген құлағы түрік кісі ретінде айтқан майдан хабары, Ожанның қайтыс болған хабарын естірткені де күлкі. Жай күлкі емес, «Әй, сен де жер басып жүрсің-ау, антұрған» дегізетін қыжылды күлкі.

Түсіп – сөз жоқ, жазушының сатирадағы табысы.

Сиыршы Сәлмендердің әкеліп тастаған бір қарын қатығына қарық, күйеуі Шынжырбектің басқармалығы жаман басына бақ болған Күлдәрі, от басындағы еріні түрік сары қатын, тәмпіш мұрын сары қатын, бұжыр қатын, кебіс ауыз шабдар қатын, опырық кемпір, самай шашы қобыраған қара қатын, қоңқақ мұрын дудар қатын – бұлар да қырдағы ауылдың көлкештеуге келмейтін көлеңке тұстарын көрсететін сәтті штрихтар.

Шығармада Қаржау мен Аққаймақ арасындағы махаббат тым сараң, тіпті сөз арасында дерлік баяндалады. Онысы заңды да. Бір үйдің баласындай болып өскен балалық шақ. Артынан Қаржаудың Ашхабадқа мұғалімдік оқуға кетуіне байланысты қыз көңіліне тұнған сары тап сағыныш. Үмітті күдік алмастырған алмағайып күндер мен түндер. Ақыры қыз көңілін Қаржаудың соңғы хаты жай таптырды. Қыз көңілінің естімесе деп елегізген лебізі осы хаттың ішінде келді. Тыныш заман болса айлы түнгі жолығыста не деп тіл қатарын білмей абыржыған «қызға қиыла, өртене тұрып айтылатын «сәулем» деген сөз мынадай қилы заманда қағаз арқылы жетті. Бұрын мұндай қолқа, мұндай тілекті естімеген қыз – көзбе-көз жолығыста да жақсы жігітке бәрібір сөз тауып айта алмас еді. Іштей лүпілдей, елжіреп қуанар еді». Көкірегінде осындай үнсіз қуаныш бар Аққаймақ Мырзайырға беттеген бұл сапарында Шайзада үйіне жетіп қонбақ. «Бала кезінен керегесінің әр көгіне дейін жақсы білетін, сүйегі ескірген бес қанат қоңыр үйдің» табалдырығын бүгін ерекше сезіммен аттамақшы еді. ІІІайзада шешесі сүйсініп ішетін «тәтті шайды қанша ішем десе де құя бермек-ті. Бүгін де, ертең де, тіпті бүкіл өмір бақи…». Бірақ қу жазмыш қыз қазір асыға күтіп келе жатқан сол сәттің өзін көп көре қапты. Шайзада үйінен бүгін дәм бұйырмады…

Соғыс алдымен бұл үйден Ожанды әкетті. Артынан Жаңылсын көз жұмды. Кешегі жалымен жағаласқан Шайзада төсек тартып үйкүшік болып қалды. Екі мұңлықтың ендігі бір үміті, бар медеуі – Қаржау. Ал ол болса… Оның ғұмыры шын мәнінде «1945 жылы 7 майда Берлиндегі ақырғы ұрыстардың бірінде штабқа кетіп бара жатқан жерінде қарсы алдынан тақылдай жөнелген пулемет оғынан шөк етіп отыра кеткенде, Қаржауды қан-қан қып санитарлар жерден көтеріп алған сәтте таусылған екен де…». Сор соғыстың бұл да азабы. Гүл ғұмырды көктей солдырған сұмдығы. Жанашыр командирі айтқандай, Қаржау қасіреті – «соғыс тап қылған қасіреттің ең ауыры». Оған да мойынсұнған есіл Қаржау госпитальдан жазылып шыққаннан бері жұрт білмейтін құпия бөлімшеде. «Қолыма пистолет қайта түскен күні атылып өлмеген екенмін» деп өкінді анасынан хат алған күні». Туған топырақты, таусылғалы жатқан ананы, Аққаймақты ақырғы рет бір көріп қалайын деп елге соққан сапарының сәті анасының өлі жүзін көріп, қабіріне топырақ салумен бітті.

Ол сол жолы Аққаймақпен де мәңгілікке қоштасып кетті. Туған жерге де енді ат ізін салмайтынына сеніп іштей таусылып кетті.

Артында Аққаймақ жер болып қала барды. Қаржау енді бұл үшін адыра қалған арман, жүректің басын мәңгі күйдіріп өтер күйік қана. «Капитан Қаржау Құттымов Отан үшін аса пайдалы қиын тапсырманы орындап, ерлікпен қаза тапты». Қаржау өлімі соның артынша ауылға жалғыз сөйлем боп жетті. Ондыдағы ақырғы «қара қағаз» Аққаймақты тапты…

Онан арғысы өң мен түстей, әйтеуір жерге сыймағанын біледі. Ұштағандағы баяғыда бірге оқыған қыздарына барып та көрді. Қайда барса да артынан қалмаған елес… Кешегі бір қас қағым сәттің елестері. Мұның қарақан қу басының жалғыз серігі солар ғана. Мына опасыз пәниден мұның пешенесіне жазылғаны осылар ғана болғаны ма. «Байғұстың шешесі күйіктен өлді деп еді. Бұл да көтеріліп жүр ғой». Әйелдердің осы мүсіркеуі дәл келмегей. Мұны естімейтін жерге қашып кетуге болар. Бірақ адам өзінен-өзі қаша алмайды екен. Оған Аққаймақтың Қаржаудың баяғы Ораз нағашысының үйіне барып қасіретін ақтарып, шер тарқатып кеп Шағадам асқанда көзі жетті. Осы сапарында тағдыр оны гармонын асынып жүрген соқыр әнші Тайбағармен табыстырды.

Көкірегі қарс айырыла боздап отырған соқыр әнші Тайбағар да – кешегі сор соғыстың бір пұшайманы. Қопарылған дәрі қос жанарын жалмап әкеткен.

«Жердің үстін қиып кете қою қиын-ау. Оның үстіне шиеттей екі бала бар», – дейді байғұс. Балалардың шешесі бұл соғыстан қайтар алдында ғана қаза тауыпты.

«Аққаймақ орнынан тұрып, айналасын қармалап жүрген соқыр әншінің қолынан ұстап алды…». Сол қол ұстасқан күйі Ондыға келіпті. Содан бері аттай он жыл өтті. «Шүкір, Аққаймақтың қазір көз қуанышы бар. Ел қатарлы тұрмысы, өсіп келе жатқан балалары, сыйластығы суымаған төсек жұбы түгел. Баяғы жалын атқан өксік өшіп, бұл күнде анда-санда жүрек түйнеп өтер өкініші желге, көкірек тістеп кетер көлденең шаншуға, ойда жоқта оралып бір сәт көңіліңді ойран-топан ететін алыс сарынға айналған…».

Бір шөкім бұлт болып көлбеңдеп көгінен кетпей жүрген де сол. Бұл аты да, заты да өзгермей қаз қалпында суреттелген Онды ауылының соғыс жылдардағы жайы. Тіпті онда автордың өзінің де «Әлі күнге көңілімнің бір түкпірінен сығалап тұрған, жадау иін, жыртық өкпе болсаң да, айрықша аяулы балалық шағым – бұл саған ескерткіш» деп осы шығарманың арнауында айтылғандай, балалық шағының табы бар. Анау Асқармауытқа шашын алдырып болған соң, алғыс айтуға ұялып, жаман жапатайын тақыр басына кептеп жымып бара жатқан қара бала – Әбіштің өзі.

«Осы ауылдың балаларынан балалық шақтың базарын көрген кім бар?». Шығармадағы Аққаймақ ойына оралатын риторикалық сауалдың жауабы біреу – ешкім көрген жоқ. Әбіш бала – сол көптің бірі ғана.

«Есіңде ме, – дейді Әбекең Ондыда бір сыныпта оқыған бала күнгі досы Ізбасар Шыртановпен газеттегі сұхбатында. – Тірсегіміз майысып, қамсауы жоқ жаман бөрік киген басымызды ішімізге тығып, «Қызылтамдағы» мектепке қарай бүрсеңдеп бара жататынымыз».

«Ізбасар да – соғыста шәйіт болған солдаттың баласы. Әкесі Шыртан соғысқа кеткенде қырқынан шығып қана қалған. Соғыс жылдарында шешесі Несіп ауылдық кеңестің төрағасы болды. Әбіш үйімен көрші отырды. Мектеп бұлардың үйінің күншығыс құбыла бетіндегі Қызылтамда еді. Қазіргі Ондының үлкен көшесінің шетіндегі зират ішінде әу баста қызыл кірпіштен салынған там болған екен. Содан Қызылтам атанып кеткен. Ауыл аты да біразға дейін Қызылтам делініп келген. Шығармада да сол атымен беріліпті. Мырзайырдың ойы, Басқұдық, Сәубет, Қалматайдың жалы, Қарауыл Күмбет, Ноғайтөбе, Сәлменбөгет, Шетпе, Тасбас, Жармыш – бәрі сол маңайдың жер аттары».

«Жарықтық ата-баба зираты. Анау көк тастан қашап салынған арыстанды көрмейсің бе? О баста батыр жығылған жер ғой. Мына біздің үйдің күлінің ар жағында қып-қызыл нар төмпекті көрдіңдер ме? Қырғынның орны. Осы төңіректің топырағына дейін қып-қызыл» – ауылдың қариялары осылай дәріптейтін зират Ондының бір басында әлі бар. Бертін келгенше арыстан мүсіні де тұратын.

Маңғыстаудың көне көздері Маңғыстау ойында қысы аққұла қатты болатын жер деп Түпқарағандағы Түбіжіктің дөңін, Бозашыдағы Қаламқасты, Үстірттегі Өтесті, сосын осы Қалматайдың қара дөңін үнемі айтумен өткен ғой. Әсіресе осы жердің қары наурыз өткенше сіресумен жатады да қояды. Қары көп жатып, астынан еріп сіңгендікі ме, бұл өңірдің көктемі де алабөтен. Әбекеңше суреттесек, «Әйтеуір, жер қойнында тамыры, дәні бардың бәрі өнеді. Сай, жыра бойлары таяқ тастасаң, жерге түспес боп қақалып қалады».

«Сол дөңдегі шөпшілер ауылында бала Әбіш Кекілбаев талай қабырға газетін шығарған. Ертеңгісін сары ала таңнан тұрып шөпшілердің түнде ұзап жайылып кеткен түйелерін айдап әкелген жалаң аяғының ізі жатыр сонда. Анау сорабы бүгінге дейін жеткен сардиған сары жолдың алғашқы жүргіншілерінің бірі де Әбіш болатын. «Шөпші ауылдан колхоз орталығына ең жиі қатынайтын, онда да негізгі шаруасы кітапханаға соғып жаңа кітап алатын жан осы ысқаяқ қара еді», – деп есіне алады Ондының көне көздері әліге дейін».

«Бір шөкім бұлт» хикаятының, біздіңше, басты мақсаты, шығарманың мұраты да ең алдымен соғыс қасіретін, оның ел-жұртқа әкелген зобалаң, зұлматын жария қылу болса керек. «Кек алынды. Жаман Гитлердің басы. Ол қу бас ненің өтемі бола алады? Басқаны былай қойғанда, осы ауылдың өзінен қанша адам опат болды. Тіпті, кешегі күйіктен өлген Жаңылсын. Зая кеткен өмір-ай! Қанша қала күл боп кетті дейді, қанша қаражат шашылды дейді? Бұл қасіретке өлшем бар ма өзі? Бүлінген қаланы, қираған құралды, жойылған ақшаны, өлген адамды санар-ау. Ал Үбайдың қанша күн аш жүргенін, бұның қанша рет зорыққанын, алқынған өкпені, деміккен жүректі, қарайған қанды, жыртылған етті кім есептейді? Бір мүшел өміріңді бір-ақ кеміріп кететін көз жасын кім санай алады? Саната ма олар? Міне, бұның жатысы. Көкірегі күрк-күрк. Одан түсіп жатқан анау қап-қара дымқыл қай қаланың күлі? Бұларға өтем бар ма? Ондай өтем бола ма өзі?» – бұл айналасын түгел соғыс жалмаған, өзі де бұ тірліктегі соңғы сағаттарын санап жатқан бір кездегі айғыр жалды әйел Шайзаданың ойы.

«Түтін түтеткеннен қара қағаз алмағаны кемде-кем. Сонда күні кеше  Қаратау жаңғырыққанша қарқылдап күліп, алшаң басып жүрген азаматтарсыз мына тірлік не болмақ? Қиссаның алып жалмауыздары да бұнша басты жұтпаған шығар? Сонда бұл не қылған апат? … Және де осынша қырғынды құдай емес, басқа емес, адамның өзі жасап отыр дегенде тіпті ыршып түседі. Әйтеуір, соғыс мұның миына кірмейтін, ақылы жетпейтін үлкен кесепат» – бұл «ой, дүние-ой!» деп күрсінуден көз ашпайтын, кей-кейде жал-жалдың аржағына барып сенделіп-сенделіп қайтатын, келген соң бір-екі сағат ешкімге басу бермей дауыс ететін, сол дауыс еткен соң біраз уақыт ешкімге, ештеңеге құлақ аспай меңіреуленіп алатын о бастан күйрек, жылауық Жаңылсынның ойы.

Бүкіл ауылдың еркектері қынадай қырылып, күн құрғатпай әр шаңыраққа «қара қағаз» келіп жатқанда офицер Қаржаудың 1945 жылы 7 майда кіндіктен төмен жараланып, еркек деген аттан айырылуының өзі біле білсек – үлкен символдық меңзеу, қазақ ұлтының басына келген нәубеттің трагедиялық шыңы, ең жоғарғы қайнау нүктесі.

«Бір шөкім бұлт» жазылған жылдары қанқасап соғыстың біткеніне 20 жыл толған болатын. Әкесін соғыс жалмаған Әбіштер ат жалын тартып міне бастаған тұс түгіл, одан бергі кездің өзінде тағы 50 жыл өтсе де, оның жарты мерзім, ширек ғасырын бодан емес, бостан кезде өткізсек те қазақ үшін бес берері, алты алары жоқ соғыс жылдары атты сұмырай кездің шындығы толық айтылмады,  ой-пікіріміз де, таным-түсінігіміз де «жаңалана» қоймады. «Мәскеуді қорғап қалған – біз», «Ең Батыры көп – қазақ», «Шығыстан шыққан Батыр қыздар бізде ғана» деген даңғаза мақтаныштан, көпірме қызыл сөзден әлі де арыла алмай-ақ келеміз.

Ал бетке басып шыжғырып айтар шындық қандай еді? Шындық сол – барша қазақ, күні кеше ғана ауыл-ауылдан сыпырып жинап алған жаяу әскер, атты әскер алғашқы бірер жылда отқа айдалды, оққа байланды, жансауғалаған өзгелерге «тірі қалқан» болды, бостан-босқа ажал құшты. Қазақстанда жасақталған бір емес, екі дивизияның маңдайы сор, сұрқиялығы зор таланы, жер бетінен жоқ болғаны әлі күнге ашық айтылмайды. Кеңестік идеологияның «өтіп» кеткені соншалық, роман-повестерде де – «Ура!», кинотеатрларда да – «Ура!», зерттеу-монографияларда да – «Ура!»…

Одан қалды біздің зиялылар әлі күнге дейін халықаралық әскер құқығы, әскерге алу (мобилизация) заңы, әскери тұтқын құқығы, халықаралық Конвенциялар туралы, оның сақталуы жөнінде аузын ашқан емес. Әйтпесе бір үйден әкесін де, балаларын да (тіптен нешеу болса – бәрін) қойша тізіп, қырғынға салу, тұқымын тұздай құрту – геноцид емей немене?!. Осы да «Уралайтын» жағдай ма?..

Қалай десек те, «Бір шөкім бұлт» жалпы соғысқа лағынет айтқан, оған қатысушы екі жақты да кінәлаған, кеңестік цензураның қылта-қылтасын айналып өткен шындығы мол шығарма.

Екіншіден, оқиғаның өрбуіндегі Құттым мен Ожан, Шайзада мен Жаңылсын, Қаржау мен Жаңылсын (Жаңылсынның жүрегі езіп жылауы), Аққаймақ пен Шайзаданың арақатынасы арқылы бір кездегі (дұрысы – күні кешегі!) қазаққа тән бауырмалдық сезімнің құдіретіне таң қаласыз. Шынын айтқанда, олардың арасында қан туысқандығы жоқ. Бірі нағашы, бірі жиен де емес. Сонда да олардың арасындағы жан туысқандығы, тілеулестігі, сертке беріктігі (Құттымның Қаржауды Ожанға тапсыруы) – қайталанбас құбылыс. Ағайынға арқа сүйеген ағайындық, рулық, қауымдық өмірден жалғыз-жалғыз жортқан индивидтік қалыпқа ауысып алған бүгінгі қазақ үшін мұндай жағдай есте жоқ заманғы ертегідей сезіледі. Ағайыншылық, бауырмашылдық, өзара тілеулестік жібі кіндіктес, қандас туыстар арасында бырт-бырт үзіліп жатқаны біздің ұлттық менталитетімізден алшақтап, жан дүниеміздің өзгеріп, «орыс болып», «Батыс болып» бара жатқандығымыздың басты белгісіндей болып көрінеді. Тумысында ата баласы емес – адамзат баласы, ағайынның емес – алты Алаштың қамын жеген гуманист жазушы Ә.Кекілбаев екі шаңырақ, үш әйел кейіпкердің басына құрған өрмек тінін ағайын-туыстыққа емес, адамдыққа, адалдыққа арқау етуі – шығарманың шырайын кіргізіп-ақ тұр.

Үшіншіден, жазушының қазақ ауылындағы сол кездегі психологиялық ахуалды, әрбір кейіпкердің сөз ауанын, мінез-құлқын ашатын төл сөздерін дөп басатын шеберлігі ерекше тәнті қылады.

«Бұрын өсек-аяңға жаны қас Шайзада ауырғалы ауыл-үйдің әңгімесін де тыңдайды. Мына кең дүниені алшаңдап басып жүре алмасаң да, тірлігінен хабардар болып жатудың өзі бір ғанибет білем. Құдайға шүкір, бұл күнде ауыл-үйде хабар молайды. Ғалидың баласы тау асып, Жармыштан бір томпиған келіншек әкелсе – о да хабар. Соғыста өлген Нақыштың әйелі Жәукенге қайнысы Қосарбай қырындап жүрсе – бұ да хабар. Әлидің баласы Қали әскерден келген күні жерге отырмай, қақ төрге астына келі қойдырып отырса – о да хабар. Қазір етікті Тәтіштен інісі Бәтіш жақсырақ тігетін болып кетсе – бұ да хабар. Ұста Нұрымның ор төс төбетінің қойға шабатын мінез шығарып жүргені де хабар, күйеуінің қара қағазы былтыр келген Жазылдың соңғы күнде бешпетінің ілгегі жетпей қалғаны да хабар. Дүкеннің қасында почташы Түсіп пен ефрейтор болған Еліктің билік таластырып тұрып төбелесіп қалғаны тіпті қырғын әңгіме. Ал енді ет жинаушы Өтестің орнынан дәмелі туған інісі Жетес ағасының үстінен арыз жазып, соттасқалы жатқаны хабардың хабары». Үйіндегі жүздеген каналы, ондаған сериалы бар телевизорлы, қолында айфоны, құлағында тыққышы бар бүгінгі буын үшін, әрине, бұл таңданысты хабар болмауы да мүмкін. Десек те жеңіл юмор мен сарказмға толы мұндай «хабарлар» – әрқайсысы бір-бір новеллаға жүк болар оқиға екені даусыз.

Осылай-осылай талдай берсек, «қазыналы аралдың» әлі талай ақиқат шымылдығын түріп, сол кезеңнің, сол бір дәуірдің бар болмысын көз алдыға елестетер тұтас сурет, кең пішілген көркем дүние екенін көреміз. Ат-сойлары «Бір шөкім бұлт» пен «Бір шоқ жиде» аталатын хикаяттары – жазушы Ә.Кекілбаевтың шағын прозадағы барын еселей төккен, қазақ әдебиеті қазынасына жаңа леп, тосын бояулар қосқан, әлемдік деңгейдегі көркем шығармалар. Келе-келе зор панорамалы, кең тынысты эпикалық романдарға ауысқан суреткер осы хикаяттарға және «Күй», «Шыңырау», «Тасбақаның шөбі» қатарлы повестеріне барын салып, талантты қаламының сиясы суалғанша жазғандай болып көрінеді де тұрады. Жазсаң – тек осылай жаз! Және де таланты көлкөсір қаламгердің бар жазғаны тек осы бір классикалық туындылар ғана болмаса керек! Өзі сыншы, өзі ақылман жазушы осындай өзінің межелі дарқан дарыны мен қалам қуатының биігіне жете алмаған, бір қайнауы ішіндегі дүниелерін көлкештеп, көпке көрсетпегендей, біздіңше…

Ал енді бұл мәрт жазушыға, көзі тірі классик суреткерге тән қасиет болса керек.

 

ҚҰСҚАНАТЫ

«Құсқанаты» хикаяты алғаш рет 1977 жылы «Жалын» альманағында (№4, 2-40-бб.) жарияланған. 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Құсқанаты» атты повестер пен әңгімелер жинағында (61-109-бб.) шыққан. Орыс тілінде 1985 жылы «Жазушы» және 1988 жылы Мәскеу қаласындағы «Советский писатель» баспаларынан жарық көрген «Мартовский снег» атты кітабында жарияланған. Жазушының 6 томдық орыс тіліндегі шығармалар жинағына (1-том, 217-280-бб.), жазушының 20 томдық толық жинағына (153-201-бб.) енген.

Құсқанаты» – қазақ шағын прозасының жауһары саналатын классикалық шығарма. Жазушы шығармашылығындағы бұл кезеңдік хикаятты кеңінен толғап, қатпар-қатпар қыр-сырын ашу үшін арнайы зерттеу жұмысын жазса да аздық еткендей. Біз бұл орайда повестің автобиографиялық-шежірелік және этнографиялық қырларына ғана аз-кем тоқтала кетпекпіз. Ал қаланың тыныс-тіршілігі мен ауылдың өміріне, қазақы көшпелілік пен урбанизация үрдісіне, қоғамдық-тұрмыстық өзгерістердің жеке адамға, тіптен тұтас қауымға, оның пиғыл-ниеті мен арман-аңсарынан көрінген төңкерісті психологиялық жағдаяттарына, т.б. толымды ойларға басқа тұстарда тоқталатын боламыз.

Автор хикаятына арнайы арнау-эпиграф жазбағанымен бұл кестелі баянын өз анасы Айсәулеге қойған көркем сөз ескерткіші десек болғандай. Сондықтан да Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы мен ғұмырнамасының білгірі Ә.Спан өзінің екінші роман-эссесін – «Ай-Ананы» (Алматы, 2009) жазған тұста осы «Құсқанаты» хикаятына қайта-қайта оралып соғып, шығарма астарындағы көпшілік қауым біле бермейтін шындықтардың шымылдығын түреді.

«Әліге дейін көз алдында: үш бума уық керосин құйған темір күбінің ар жағына, босаға жақ бұрышқа тығылды; көгі үзіліп, сылдырап тұрған төрт кереге – бұл үйдің үзік-туырлығы, қызының үйінің тоқымдары мен жабулары, ыбырсып жатқан көп киіздің астына түсті; талайғы тал шаңырақ аядай қуыстан орын тимей сыртқа, шошаланың төбесіне төңкерілді. Соның бәрін жайғастырып жүріп, адыра қалғыр, көзінің жасын тыя алсайшы. Жыламай да қайтсін!».

Хикаяттың бастауында жарықтық Қара кемпір (өмірде – Айсұлу анамыз) астана Алматыдағы жалғыз жазушы баласының (повесте – суретші) қолына көшер алдында атасы жарықтық өз қолымен шаңырағын көтеріп, енесі байғұс уығын шаншып қалқитып берген, қашанғы төрт сағанақты ұзатқан қызының «күбір сасыған қорасында жайратып қалдырып бара жатқандағы» көңіл күйі осылай баяндалады.

«Аяққап пен төсекқапты көзімдей көр деп екі абысынына ұстатты. Әбдіре мен жүк аяқты екі келініне қолдатып жіберді. Бұларды аттандырып салуға келген қатын-қалашқа ожауы мен табақтарына дейін таратып берді». Бірақ қазақы ғадетпен үш нәрсені ешкімнің қолына ұстатпады: жоғарыда аталатын үй сүйегі, шаңырақ һәм қара қазан. «Қаршадайынан жолдас болған мүліктен қалағына қорғасын құйған ұршығын ғана алды», қара тайлақтың жүні мен екі теру алашаны да өзімен бірге ала кетті.

Қара шаңырақ қай қазақ үшін де қастерлі екенін бәрімізге белгілі жайт. Әйтсе де әлі күнге дейін ауылды жайлаған Маңғыстау қазағының көпшілігінің ауласының ішінде киіз үй (жергілікті тілде – «ағаш үй») тігулі тұратынын айтсаңыз – көзімен көрмегендер сенбейді. Бұл жайтты ықылым заманнан көшпенді тірлік кешкен көнтерілі әулеттің ұрпақтары ғана, көмескі заманға кіндігі байланғандар ғана түсініп, түйсінеді…

«Сананы тұрмыс билейді» деген ып-рас. Ел жағдайы жақсарған соң күйттегендері – баспана жайы. Өйтпей де қайтсін. Баяғы бабадан қалған қара шаңырақ бұл кезде ілдебай халге түскен. Сынған жерін шандыған шари тартқан көн таспамен әбден зілмауыр тартқан. Болған үйдің керегесі отауланып шыққан ұлға күрке қылып беріп азайып, қанат саны өлшемге жетпей, шатпа делініп келген шаңырақ керегесінің етегін сары құмырсқа жеп аласартып, уығы қаламдана-қаламдана қысқарып, күрке халіне дейін жеткен. Шаруа елдің осы жайына қанық басшылар бас болып, осы бір олқы тұсты қолға алды. Бесқала бетке қайта керуен түзілді. Көтеремдіктен енді ғана көтерілген ауылдар керуен көлігін түйеден қамдағанда, жағдайы көбең күнелтіске жетті деген ауылдар, олардың «Шайқат басқармалары», «Жақан шопырларының» жамау, жасқау машиналарын аттандырды көкірегін күркілдетіп.

Жаңа ағаш үйлердің сүйегі солай жетті Маңғыстауға. Айсекең сияқты саркідір асаба бәйбішелерге нағыз қызу жұмыстың табыла кеткені де – осы жылдар. Жай жұмыс емес, қызыл қырман! Текемет басқанның өзі елеулі оқиға бола кететін бұл ауылда өре киіз басып, үзік, түндік пішу, тіпті, ұмытылғандай болған екен. Ондыда әуелі үйін жаңартқан – Сейбағыт жылқышы. Онда да асыл тұқымды жылқы отарын бағып, келімді-кетімді қонағы көп болған соң, колхоз қол ұшын берді. Әрі ол үйдің әйелі Жеткізген – тирақ адам. Бастасы болған соң, әрі қыңқыл-сыңқылы барырақ абысынын аяп, Айсәуле келіні бірер жұма барып жатып, қолғабыс тигізген. Солай тігілген Сейбағыт үйі біраз жыр болды.

Үйдің сүйегі келуін келгенмен, онан арғы жағы қарлы Қаратау болды да кетті. Әсіресе, киіз жағы. Елдің жекеменшігінде қой аз. Орта күйі бар деген үйдің өзінің бар қойының жүні бір қап толмайды. Және бәрі қайдан боз қой болсын. Қарасы да бар. Ал үй киізі боз болады. Тек ақ қойдың ғана жүнінен болса, құба-құп. Амал не, ол – арман! Колхоз байғұстың бар қарасқаны – жекеменшіктің бар малының қара жүнін аққа айырбастап берді. Сол жазда Қаратаудың көп бұлағының басы жабағы жүн жуылып, шуаш сасып кетті. Сол жазда әр ауылда жүн сабаған сабау сартылынан құлақ тұнды.

Үй тігудің дүрмегіне Айсекеңнің де қосыла кеткісі келеді-ақ! Бірақ қол қысқа. Солай екен деп, апшып жүрген бұл жоқ. Әбіші Алматыда оқуда. Осы елден ол жаққа барып оқып жатқан аз баланың бірі. Күні ертең оқуын бітіріп келгенде, алдына сырнайдай болып, жарқыратып қоймақ жаңа үйді.

Жаңа үйдің босағасынан келіні де қоса келіп, аттаса екен деген тілегі ішінде. Бірақ оны «Күпір болып кетер, асылыққа жазылар» деп сақтанып, естіртіп айтпай жүр. Мұның әзірге ризашылықпен еңсеріп бір тындырған шаруасы қолда бар жүнін жаңа үйлі болғандарға таратып берді. Осы күннен абысын-ажыны: «Балаң келіп, жаңа үй көтерсең, бір-екі қап жүн мен бір-бір өре киіз мойнымызда», – деп жүрсе, мұның сол пейіліне орай. Абысын-ажынның олары құр ықылас қарызының ауыз өтеуі болып қалмасын бек біледі.

Солай сүйегі жосаға боялып, жабындысы, бау-шуы біткен үйді көтеру елеулі оқиға. Бұл да – той. Керегені ата қосағы әже оң жақтан бастап жайып, құдай етегінен берген бата дарыған кексе келіндер жалғастырып әкетіп жаяды. Кереге жайылып болған соң кезек шаңыраққа келеді.

Киіз үйді, ата тіктеп берген шаңырақты ұлықтаған ел оны кейде «сағанақ» деп атайды. Ескі жұртта қалған үй төрт сағанақ делінуіне қарағанда, ол бар болғаны – төрт қанат. Бесінші қанат орнына қоспа қосып тіккеннің өзінде жорықта, қыста тебінде тігілетін жолым үйдің әужіміндей. Адай елінде киіз үй ұлықталғанда, ал оның бірден-бір қазақи белгісі кішірейтіп, тым қарапайым қылып «шатпа» деп те аталады. Бұл – көрші түрікмен халқынан жұғысты сөз. Олар еңселі деген үйінің өзін «шатпа» дейді. Мынау – сол күркенің алды, шатпаның өзі. Иесінің соғыстың алдындағы зобалаң, қашты-қудыны бастан өткеріп, енді ғана ел қарасын көруге ұмсынған жайынан хабар беріп тұрған материалдық айғақ. Сырт көзге күйкі, қораш көрінгенімен, бұл – қасиетті құтхана. Соның қадірін біліп, қимай қоштасып жылап тұрған қара кемпір басқа ешкім емес, Айсекең – Айсәуле анамыз. Қара жұрт, қара шаңырақтың қадірін біліп, әспеттеп, ұлықтап өткен көненің бір көзі. Әулие. Жаңа ғасырда сондай кейуаналар болар ма екен?! Болса, ол Айсекеңдердей бола алар ма еді?

Хикаят арқауына айналған негізгі үш кейіпкерден басқа да образ иелері жазушы өміріне тікелей қатысты: бірі – әке, бірі – ата. Олардың тәржіме халы тағы сол Қара кемпірдің көрген түсімен, ой ағымымен баяндалады. Бастан кешкендері мен тіптен ақырғы жатқан жерлеріне дейін Кекілбаевтардың әулетінде болған көші-қону, қашу-пысу, жау қолынан ажал табуларымен дәлме-дәл келеді.

«Аманбыз… Аман жүрміз, айналайын атеке. Баяғы өзің көргендей қайдан болайық. Одан бері де талай сұрапыл өтті ғой. Сен, атаке, туған жердің топырағы бұйырмай түрікпеннің жерінде қалдың. Баяғыда Қарабұғазда кешқұрым үйдің көлеңкесінде шариғат айтысып отырып, қайта-қайта қызыл шеке боп дауласып қала беретін құрдасың жеуміт Жұмагелді бар емес пе еді. Жаназаңды сол шығарды. Оған енемнің теңінде жатқан, сіз баяғыда ұрын барғанда буынған күміс кісені бердік. Қасына жайнамазыңыз бен таспиығыңызды қостық. Қараңызға біреу алып кетеді деп қорқатын қара тайлақ сойылды…».

Сондай-ақ «Құсқанатында» есек мінген шалдың Ленин ескерткіші жанында суретке түсіп, одан қорқып, артынан сол суреттің отбасына бір шапағаты тиіп кететіні баяндалады емес пе?! Бұл да болған жайт, өмірден алынған. Есек мінген шал басқа емес – Қоқым. Ол жайтты еске алушы, яғни баяндаушы – келін Айсәуле анамыз.

«Құсқанатындағы» назар аударарлық бір жайт – келін-Қара кемпір монологы арқылы берілетін бұл әулеттің генеалогиялық ақпары. «Сөйтіп жүріп өздері сонау Байбақтының Шоланымен құда. Шоланнан Дат туғанда, Даттан Сырым тумай ма? Сырым осыларды жиен тұтыпты деседі. Арқадағы асына үй апардық, қырық ірі қара соғым, қырық саба сауын апардық деп күпілдейді, осы ауылдың екі шалының басы қосыла қалса. Сөйтіп жүріп өздері түп нағашымыз баяғыда бір тайпа елді Сауран айналдырып әкеліп, осы қонысқа қондырған Есенқұл баласы Есек батыр деп бөседі…».

Шолан кезеңі шамамен Жаңай атамен тұс келеді. Бір өзеннің атын алған, не берген, аты артынан ру атын иеленген Жаңай, сірә, осалдың сойынан емес. «Бай – байға, сай – сайға құяды». Бұл – өмірдің өзінен алынған қағида. Ендеше екі жақсының баталасып құда болуы әбден заңды. Жаңай ауылының үлкендерінің «Байбақты – түп нағашыларымыз еді» деп кетуіне қарағанда, Шолан бұл жаққа қыз берген. Бұл ойымызды «Құсқанатындағы» «Сырым осыларды жиен тұтыпты деседі» деген жол нақтылай түседі.

Жаңайдың бір баласы Қожаназар бай Сисем Атаға жерленген. Сисем Ата тұрған жер аты – Аютөс, Үстірттің аюдың төсі сияқты ернегі, нулы, сулы жер. Жер құнары ояң тартты деген қазірдің өзінде әр сайының тұйығы тұщы бұлақ, шөбі айырттан келетін өңірді көруге көз керек. О баста көзін жер тесіп, сол үшін туысқан түрікмен халқына қару кезеп келген аталарымыз өрістің сол ажарына тәнті болып, келешекте елдің игі жақсыларын осында жерлеуге баталасыпты. Бұл да – саясат, көшпелі елдің көреген саясаты. Ата-бабасының жамбасы тиген мекенді ешбір ел, оның ішінде Адай ешкімге оңайлықпен бермейді. Өйткенше өлгенді артық көреді.

Соған қарағанда түрікмен әулиесі (шынында бұл жерде түрікмен келместен бұрын да бар ең ежелгі қоқымдық) Сейсемді атын жадтан жоғалтып жібермек болған ғой жаңа иелер. Несін айтайық, отаршылдықтың бұл қанқұйлы әрекетінен біздің бабалар да ада болмапты. Бірақ тап осы Сейсем Атаға келгенде ол қараулық жүрмей, жер байырғы атауымен қала барған. Сейіт би де Сейтімбет, Өтебай бауырларымен бірге осында жерленген. Қожаназардың басында тау тасынан биік етіп қаланған күмбез. Қазақстанның әуелгі шыққан «5» теңгелігінде бейнеленген ескерткіштер ансамблінде Қожекеңмен іргелес бірнеше тамдар көрініс береді.

Қожекеңнің асы Жем бойында беріледі. Жем – ол заманда сағасында бірнеше көл жасап, теңізге құйып жатқан үлкен өзен. Бойында да бірнеше көл бар. Қазіргі Құлсары кенті тұрған жердің жоғары жағындағы көл жағасына жағалай жүздеген үй тігіледі. Құрметті қонақтардың бірі Айшуақ – Әбілқайыр ханның ұлы. Салтанатын асырып пәуескемен келіп түскен хан аяғын жерге тигізбей көрінім жерден ақ киіз төсеп, аяқ жол жасалып қойылған екен. Бір сәт қапырық үйден далаға шығып самалдап отыру үшін де ақ киіз төселіп жасалған майдан алаңқай. Содан сол жер аты кейіннен «Ақкиізтоғай» аталып кеткен.

Таған да басы өскен ата. Бір баласы – Досы. Жаугершілік заман. Бір жағы орыспен, бір жағы Хиуа хандығымен, өpic, суат үшін қазақтың өзге руларымен де жаугершілікке келіп қап отырған елдің ереуіл аты – жараулы, бес қаруы – белінде. «Мен» деген ер-азамат амалсыздың күнінен батыр болатын жағдай. «Біреуді өлтірсең – қанішерсің, мыңды, миллионды қырсаң – қолбасшысың» деп Наполеон айтпақшы, қолыңнан жау жер жастанса бірден батыр атағың шыға келер кез. Жау бетін қайтарып, ауыл арасының барымташыларынан малыңды аман алып қалсаң да кеппе ағайын «көзсіз ер» деп дәріптей жөнеледі. Бұлардың қандайы, қайсысы екенін қайдам, әйтеуір, Тағанның бір ұлы Досының батыр атағы шыққан. Сонда оның көбірек қайрат қылғаны – Хиуа ханының аламандарымен шайқаста. Олар әдетте Маңғыстауды қыста шауып дағдыланған екен. Сұм немелер біледі, бұл уақытта қазақтың әр үйі әр көң, әр сайдың тұйығын қыстап, шаруадан қол босата алмайды ғой. Басы құралса алдырмайтын ер елді қой құмалағындай пышырап кеткен кезінде шабу – оңайдың оңайы. Содан сақтанған ел жерге қырау түсті-ақ қамданып, Хиуа бетке қарулы жасақ шығарады екен. Олардың міндеті – бүгінгі тілмен айтқанда, шекараны қорғау. Таған мырза – Тобыштың жасағын көлікпен, азық-түлікпен жабдықтаушы әрі топ басшысы. Бірақ бұл дәстүр біртіндеп саяқси береді. Қырағылық әлсірейді, оған кінәлі – орыс. 1825-26 жылдардағы Үстірт әскери экспедициясынан соң арты қып ете түскен Хиуа ханы орыс патшасына елші аттандырады. Ол елшілікті Жәңгір хан тапсырмасымен Жем бойынан қарсы алып, Орынборға апаратын – Исатай Тайманұлы. Патша бірақ елшілікті қабылдамайды. Сөйтіп, Уәйіс Нияз елші ұнжырғасы түсіп, талабын құптамаған құдайын бір, осы қайырсыз сапарға жіберген ханын екі, жолшыбай бағуы келіспей сыбызғы өкірісімен мазасын алып, ит зықысын шығарған пілді (ақ патша қабылдамай, енді кері алып қайтқан тарту) үш қарғап кері қайтады. Содан аяғын тартқан Хиуа ханы Адай жақтың іргесіне тыныштық берген. Сол-ақ екен, бұл елдің қырағылығына сынықтық түсті. Жұрт бейбіт тыныс алуға көшті. Сорға қарай, ол аңдысқан жау алмай қоймайдының кебін келтірді.

Осы жайлы оқиғаның куәсі әрі жырға қосқан жылнамашысы дерлік ақиық Абыл ақынның дастанында «Досы өлді Тағанұлы бес Зорбайдан» деген жол бар. Солай Досы осы соғыста көзсіз ерлік көрсетіп, шәйіт болғандардың қатарында айтылады. Ал ел жадында мына бір әңгіме мық шегедей қағылып, сіңіп қалыпты:

Баласының қазасын анасына келіп естірткенде, ол:

– Егер балам артынан келіп алған ажалдан өлсе – қорқақтығынан өлгені болды. Ез өлімнің жоқтауы жоқ. Жүзін жасыра салың тек әйтеуір, – депті.

Сонда:

– Жоқ. Досы жастығын алып жығылды. Алдынан қадалған бірнеше жебені шаққа суырдық. Біреуі тіпті жұлынбаған соң сабын қырқып тастауға тура келді, – деп болған жағдайды айтқанда барып ана:

– Е, онда арманым жоқ. Ақ сүтім адалданған екен, – деп демін бір алыпты.

Қожаназардың бір қосағы қалмақ қызы екендігі белгілі. «Бұлар апалы-сіңлілі үш қыз Аюкеге пір болған Қара Бозан, Қара Боқан, Қара Ботан Ламаның перзенттері екен» деген деректі алға тартады Әбекеңнің өзі (Кекілбайұлы Ә. Сыр десте, 1-том, 425-б.). Лама – будда дінінің дінбасшысы. Аты аталған Аюке – қалмақтардың атақты ханы, тарихи адам. Сонда хандықтың бас ламасының дәрежесі біздің муфти шендес. Демек ол – бүтін бір мемлекеттің аузына қараған тұғырлы тұтқасы. Аңызда лама байғұс шарасы жоқтықтан үш сұлу қызына көздері түскен қазақ батырларына, онда да аманатының бас жібін Беріш Итемген батырға ұстатып: «Бұлар енді менің қолымда қала қоймас. Жолдан алдым десеңдер – менің кім екенімді жал асқасын білерсіңдер. Қолымнан алдым десеңдер – менің кім екенімді жыл асқасын білерсіңдер», – дейді. Сөз мәнін аңғарған меймандар: «Ақ батаңызды алып, қыздарыңызды құтты деген орындарымызға қондырамыз. Екеуін арамыздағы екі батырымызға, үшіншісін – еліміздегі бір қадірлі кісіге телиміз», – депті (Сонда, 424-б.). Бір қыз сол уәде бойынша Табын Бараққа тиеді. Екіншісін Беріш Итемген алады. Осы жорықта Адай жасағының басшысы Кенжеұлы Қонай батыр екен (бейіті Сейсем Атада). Бұл өте зор денелі адам болса керек, шамалы ат көтере алмайды. Ол жорыққа мінетін ат тек Қожаназар жылқысының ішінен табылады. Осы сапарда да батырға ат тауып берген сол. Сахи Қожекең онымен де шектелмей, жасақтың көп сарбазын көлікті қылыпты. Сойыстыққа деп бірнеше үйірді тағы айдатып, әр сарбаздың қанжығасына бір-бір қарын жауқуырдақ азық өңгерткені және бар. Сондай жомарт, мәрт Қожекеңнің жалғыз жетпесі, көңілінің мүдә-наласы – перзентке зар екен. Досының ол жайын бек түсінбесе Қонай – Қонай бола ма?! Қызды әкеліп Қожаназарға телиді. Ламаның батасы дарып, ел сұлулығына қарап Ақсұқсыр (сұқсыр – қалмақша «сұлу» деген сөз) аталып кеткен сол шешеміз бір жылдан соң егіз ұл, екінші жылдан соң үшінші ұлды өмірге әкеледі. Қожекеңнің соңғы алған қосағынан Қошан туады, киімді бала – Есберді тағы бар, сөйтіп бұл әулет сәуірдегі ақ жауыннан кейінгі өлі шөптей дүреп өскен де кеткен.

Қара кемпір өзінің соғыстан оралмаған жап-жас кейіптегі жарын («Баласы екіге толмай жатып майданға кетті. Бар болғаны екі рет қана хат салды… Сол кеткеннен мол кетті») түсінде көріп, көз жасын сығып отырса да атын атамай, «Біздің үйдің адамы» деуден танбайды. Ал ананың ойымен берілетін, көзімен көрілетін Ұл бейнесі тіптен ерекше. Ұлы махаббат иесі баласына біресе елжірей еміренеді, біресе жаңа түскен келіннен қызғанып іштей сынайды. Бірақ ана көңіліне жетер не бар, хикаят та «Қара кемпір мынау жып-жылы күнге, ақша қарға, мәз-мейрам жұртқа көңілі біткендей ішінен: «Тәубе, тәубе!» – деп қояды» деген оптимистік жолдармен түйінделеді.

Ана үшін ұл қашанда – «көзінің қарашығы, ботасы, қоңыр қошқары, құлыншағы, аспандағы айы мен жұлдызы, жердегі асқар тауы мен айдын көлі, құлдығы, ақ патшасы, балапаны, жалғызы, жаман қара баласы». Сөйтіп айналып-толғанып отырған жалғызына қайран анасы кейде сын көзімен де қарайды, кітап-қағаз кемірген жаңа заманның жаңа ойшылының көп қылығы оған тым оғаш көрінеді: «Баласы кішкентайынан әуейілеу еді. Мал сауып жатқанда қой қосақтас деп жіберсең, ауылдың шетінде батып бара жатқан күннің шапағына қарап аузы аңқайып тұрар еді»; «Енді бұның көңіліне уайым қашады. Апырай, осы бала шынында да бір түрлі. Асық ойнамайды. Ләңгі теппейді. Қозы қумайды. Айдалада жел ұшырып бара жатқан қағаз көрсе, алымы жоқ, берімі жоқ соңынан шапқылай жөнеледі. Итсигектің басына ілігіп қалған жерінен жұлып ап, бас көтермей оқып келе жатқаны. Кейде қараптан-қарап отырып айтқан сөзді естімейді. Ауылдың алдындағы сағым шалып жататын құла далаға ертелі-кеш тесіледі де отырады. Осының бәрі тегін бе екен өзі».

Әуейі балаға бағаны ауылдың танылмаған «академигі», айтқаны айнымай келетін ақсақ қоймашы береді: «Мына пәтшағардың басы қызық екен. Маңдай жағы жаңа піскен шәмші қауындай дөңгеленіп жатыр да, желке жағы қазанның асқабағындай қыртыс-қыртыс»; «Нысаналы екен балаң, – дейді әлгі көгермегір қоймашы. – Иә, аузымен құс тістеген дүлділ, иә, қотыр тоқтыны көтеріп ұрып бауыздай алмайтын мырқымбайдың өзі болады».

Міне, сөйткен ұлының ұлы мақсат, ұзын жолға, парасат майданына түскенін түйсінген Ана жалғызына да, оның жан жолдастарына да тілекші болып, ақ жол тілеуден жалықпайды. Сол анасының аузымен Ә.Кекілбаев өзі көшбасшы болған «алпысыншы жылдықтарға» анықтама беріп, олардың арман-мақсатын, қуанышы мен уайым-қайғысын, бүгіні мен болашағын да болжай суреттейді: «Мына бір қиыр-қиырдан табысқан қиын жылдары туып, қырсығы арылмай өскен қырық құрау немелер бір-бірінің жыртық көңілін бітегенсіп өздерінше тырбанып бағуда. Тумай жатып маңдайларындағы бір-бір әкелерінен айырылды. Сосын жесірге бала, жетімге аға боп елпі-селпі өсті. Есек дәмелерін ескек қып, талаптарын тал қайық қып мініп, тағдыр айдынының тайталас төрінде бас қосып отыр. Желкендері әлі әлсіз, қайықтары әлі қалтылдақ»; «Борбайларын жантақ тырнап, еріндерін аңызақ тілген қу шекелерім-ай! Енді, міне, тас көшені тық-тық басып жүрсіңдер. Бағзы ата-бабаның барлық қапысын сендер қайырмақсыңдар. Оқымағандарын оқып, білмегендерін білмексіңдер, көрмегендерін көріп, істемегендерін істемексіңдер. Дүние жаратылып, су аққалы әулетіңнің төбесінде қалқа болып келе жатқан қашанғы тал шаңырақты тозған арбаның доңғалағындай өздерің өскен ақ шаңдаққа аунатып-аунатып тастап кеттіңдер. Енді бұдан былай әлі тауда туып, таста өскен, ағайыннан басқа өскен дейтін, қойды көрсе қолын шошайтып «мынау не?» деп сұрайтын бөтен ұрпақ сендердің бауырларыңнан өрбиді… Тек асу-асу белдерге тартынбай тартып та кете алмай, кейіндегі ұлы қосын, үлкен дүрмекке қайтып қосыла да алмай, ұзын дәме, қысқа қол екі ортада шөре-шөре боп қалмасаңдар болды ғой».

Сөйткен жалғызы төккен тер, ерен еңбегінің, оқыған-тоқығаны мен маңдайға біткен талант-бағының арқасында алдымен өз қолы өз аузына жетті; шығандап даңқы кетті, жұрттың сөзін, елдің тізгінін ұстады. Ең бастысы – қаламымен әлемді тамсандырды, төске өрлеп, шыңға бергісіз Шыңғыстармен (Айтматов) иық теңестірді. Жесір ана ақ жаулықты, ақылман кейуанаға айналды, жетім бала шығармашылықта көсем жеккен жетекшіге, тірлігінде тұтас жұртты ұйытқан көшбасшыға айналды. Аппақ ниет Ана тілегі уақытымен жапалақтап жауған аппақ «құсқанатындай» нұрға, жақсылыққа ұласты. Әуейі бала әулие Абызға айналды. Повестің аяғы бұлайша бітпесе де шығармашылық азапқа толы ұзақ өмірлік жол, асыл да асқақ арман, ұлт қамы мен ар ісіне деген адалдық Ұлды – Әбіш Кекілбаевты осындай биіктерге көтерді…

Әрине, жоғарыда айтқанымыздай, шағын ғана хикаяттың құрылымынан қаншама шығармашылық жаңалық, жазушылық ізденіс, ал тілінен соны, суретті қолданыстар табуға болады. Мәселен, «Ішінен сурет шықты: поселканың қақ ортасында көсемге қойылған шойын ескерткіш бар-ды; соның қасында есегіне мініп, жымия күліп атасы тұр» деген сөйлемде жазушы анау-мынау емес, кеңес заманында тас құдайдан бір кем емес В.И.Ленинді ашық мазақтамаса да, оңдырмай түйреп өтеді.

Ал хикаят тіліндегі Күркіреуік-Жармыш, Ағашты-Онды, Сауран айналу, Арқаның дөңі, Хорезмнің ойы, Қарабұғаз, Қаратау, Желтау, Баку сынды жер-су атаулары, армян ұлты өкілін – ермелі деу, ырысхана, мәкүрік, мырза құдай, өлі ас, зәнзәбіл,  көрісу, тирақ, борпаяқ (неме) тұлғалы сирек қолданылатын сөздер, таныстығынан бейтаныстығы көп шүрменнің баласындай, тік кенере мауыт телпек, босаға күзеткен сары үйек жылан, кісе нан, күнге түкіріп, айға қақырып, түрме белбеу, ор шұнақ (қ.: «Көз жасы» әңгімесі), делең көйлек ұрғашы, өзегі қуыс адам, бата жүрмейтін көк мойнақ шөлмек, үрей қуық сорлы, жоғалған түйенің мойнына байланған кәрі жіліктей, құралайдың салқынындағы киіктей көшеге сыймай өріп жүрген көп қыз сынды сөз тіркестері мен күрделі теңеулер молынан ұшырасады. Автор бірде «Күйеу мен жиеннің назасы жаман», «Балықтың тіліне бақа түсінеді», «Иә, қазір қатын пайғамбар болған заман ғой», «Бұ заманда азаматқа дүние-мал уайым болмай барады ғой», «Кесер басына тағар міні жоқ» деп мәтелдесе; келесі жолы «Асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай» деп жұмбақтайды; енді бір тұста «Қалжасы үзілмесін деп үйдің оң жағын қан сасытып жібергендері. Кіндік кесерге қашар, азан шақырғанға бас сүйек ер, қарын шашын алғанға тоқтылы саулық аталды» деп қазақы салт-дәстүрден хабар береді. «Исі бұрқыраған салдырақ машина ыңыранып жел жақтағы құмақ жалдың басына көтерілгенде шапанын жамылып ауыл сыртындағы қалың шидің арасында ауданға апаратын қасқа жолға қарап түзге отырған. Алыс сапарға аттанып бара жатқан адамның артынан әйел түзге отырса, жолы болады деуші еді. Жалғызының жолы болғай…»; «Түсінде өлген адам төрге озып, дастарқаннан дәм татып жүрсе, жаманатқа көрінеді деуші еді» деп ырымдайды.

«Сөйтсе, жарықтық, жаңа дүкеннен әкелген бір бөтекесі бітеу малдың шарбысы екен. Туырылып тұр. Ауылда жүргенде қой сойғанда баласы: «Апа, кісе нан пісірші!» – деп жабысатын еді…» деген жолдарды оқығанда көз алдымызға Әбіш ағамыздың шаңырағында талай түскі асқа тап болғанымыз, біз шара табақ етке бас қойғанда Айсәуле апамыздың төрде жеке-даралау отырған «балапанының» алдына айналып-толғанып бөлекше пісірілген бітеу бөтеке (бүйрек. – Ә.Ғ.) ұсынып жатқанына сан мәрте куә болғанымыз, таңдана байқастағанымыз еске орала кетті. Сөйтіп, оның да жұмбағын осы ғұмырнамалық «Құсқанаты» баянынан тапқандай болдық…

Қашан да терең бойлап, кесек турайтын, қара қазақтың қамын адамзат қауымының ауқымында сөз ететін Ә.Кекілбаевтың «Құсқанаты» туралы аз сөзді осы повестегі мына жолдармен түйіндекпіз: «Баяғыда атасы байғұс бір күн түнде бұларды суыт көшіріп, Қарабұғаздағы кәсіпке бастап бара жатқанда елден қара үзіп, ала дөңге шыққан соң терістікте еміс-еміс бұлдырап жатқан атамекенге қарап тұрып:

– Қазақтың жанын қинайтын қара жұрт, қара шаңырақ, қара қазан еді. Қара шаңырақ пен қара қазан үшін қара жұртты қиып барамыз. Құдайым тек қара қазан мен қара шаңырақтың ырзығы мен ынтымағынан айырмағай, – деп көзіне жас алып еді. Сөйтсе, ошақ пен шаңырақсыз екі аяқты тірліктің төрт аяқты тірліктен ешқандай айырмасы жоқ екен ғой. Адамды адам қып жүрген әуелі сол күңірсіген қазан, дуылдаған күлкі емес пе?».

Қара жұрт – жер, қара шаңырақ – елдік һәм қара қазан – экономика әрбір қазақ үшін, әрі-беріден соң жалпақ Қазақ Елі үшін мәңгілік киелі ұғым боп қала бермек.

 

ШЕТКЕРІ ҮЙ

«Шеткері үй» хикаяты 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Құсқанаты» атты повестер пен әңгімелер жинағында (174-228-бб.) жарияланған.  1985 жылы «Жазушы» және 1988 жылы Мәскеу қаласындағы «Советский писатель» баспаларынан жарық көрген «Мартовский снег» атты жинақта жарияланған. Жазушының  6  томдық орыс тіліндегі шығармалар  жинағына (1-том, 281-344-бб.), жазушының 20 томдық толық жинағына (5-том, 267-318-бб.) енген.

Әбіштанушылардың назарынан тыс қалып келе жатқан шығарманың бірі – осы «Шеткері үй» повесі. Расында да жайлы арбаға қосақталған бесінші доңғалақ секілді жазушы шығармашылығында оқшау тұрған, жеке-дара, тосын бір дүние.

Орысша жарық көрген кітаптарының аты-сойында дөп басып танылғандай, шынында да, Ә.Кекілбайұлы – «Дала жыршысы». Кемел жазушының шағын прозасын шолу барысында біз оның көшпелі өмірдің соңғы сарқындыларын көзімен көрген, қазақтың этнографиялық ескілігін, байырғы салт-дәстүрін, шерлі шежіресін, ауызша шығармашылық қазынасын ана сүтімен бойына сіңірген және ол мирас-мұраларды қажетінше жарата алған, осылайша аңыз заман мен 1940-50 жылдардағы ауыл тыныс-тіршілігінің кең панорамалы көрінісін көркем бейнелеген суреткер ретінде танып келдік. Ал «Шеткері үй» болса, таза «қала тақырыбын» қаузаған, жазушы шығармашылығын жақсы танып парықтайтын оқырман үшін «Бұл жаңа бір дүние несімен құнды?» дегендей сауалға жауап тілейтін туынды.

Қашан да қалаға орнығу, қалалық болу, дала қазағының қала қазағына айнала бастауы – түйін-түйткілі мол өзекті мәселе. Сол себептен де болса керек автор хиқаяттың әу басында-ақ бас кейіпкерінің тұрақ-шаңырағының «таза қазақ» ортасы еместігін ескертіп өтеді: «Жалпы ол үйдің дастарқанына қарап ұйғырдың үйі, дастарқан басындағы әңгіме сыңайына қарап татардың үйі деп қалатынсыз. Анда-санда алапат кең қораның түп жағында үйіліп жататын түйенің құмалағы мен Қара Махмұттың тамаққа тойып алған соң  терезені ашып қойып, үсті-үстіне кекіретіні ғана бұл үйдің қазақтарға да аз-мұз қатысы жоқ еместігін байқататын».

Ал қыр қазағына қатысты жалғыз-ақ «далалық» эпизодта ауылдан келген бейтаныс екі мейманды, әрине, олардың келісін жақтырмаған бас кейіпкер Зуһраның көзімен, «оңдырмайды-ақ»: «Еңгезердей еркектің өндіршегі дүрс-дүрс етеді. Күшігендей шөмиіп отырған қара шұбар әйелдің ерні кесеге тисе, сырп ете қалады»; «Қара шұбар әйел бір сәт көзі тайса, біреу жетектеп кетердей күйеуіне қайта-қайта жалтақтай қарай береді»; «Далада туып өскен еркек қалтаға орамал салып жүруге қандай құнтсыз болса, қалада туып-өскен келіншек мейман терлеп отыр екен деп, сүлгі алып беруге сондай құлықсыз»; «Бөлек кереуетке жататын әдептен қонақ әйел қандай бейхабар болса, күйеуі тірі әйел бөлек төсек түгілі, бөлек жастық жастанбайтын әдеттен үй иесі әйел сондай бейхабар-тын». Бастары төсекке тиер-тиместен сыпсыңдай жөнелгендер туралы Зуһраның ойынша: «Сөйлескені неткен жексұрын еді!». Еркектің қорылдағаны, әйелінің тіс қайрағаны, майтымақтардың ала қап арқалағаны… яки олардың ешбір қылығы, қимылы ұнамаған күйінше жөндерін айтып та, сұраспай да жалт етіп жоғалады. Олардан әрең құтылған Зуһраның көкейіне бірден оралғаны: «Адамға бас-басына дара жай, дара тыныштық, дара бап керек. Онсыз тірлік тірлік емес. Мынандай бықсып жатқан өмір өмір болып па! …Анық білетіні – осындай оңашалықтан асқан рахат жоғы».

Жалғыздықтан көз жазбаған сұлу жесір келіншектің бұл баянсыз тірлігіне шүңірек көз, пісте мұрын, шанаш бет кішкене татар кемпірі – туған шешесі кінәлі сияқты: «Оралыңның барында ойқастап қалмасаң ешкім сені аямайды. Жесір қатын баққан жетім ұлдан не пәтуа шығады? Одан да Әлібегіңді қаза тапқан офицерлердің баласын өкімет оқытып тәрбиелейтін жерге бер. Әйтпесе екеуің біріңнің аяғыңа бірің оратылып, бақтарыңды байлайсыңдар». Шешенің о бастан-ақ кенже қызына (үш қыздың үлкені татарға, ортаншысы ұйғырға тұрмысқа шығып кеткен) айтатын ақылы тек қилы есепке, қисынды пайдаға ғана құрылады: «Кешқұрым қызды бөлмесіне шақырып ап ақыл айтатын. «Бұл еркектердің көркіне қызықпай, бөркіне қызық. Көрік әйелдерге керек. Ал бөрік еркектің абыройы мен дәулетін көрсетеді. И, и, сендер қайдан білейін деп едіңдер. Бұл еркек дегендердің көзге көрінбейтін екі, көзге көрінетін үш қасиеті болады. Көзге көрінбейтін бір қасиеті ақылы, екіншісін әлі бастарың жас, айтуға болмайды. Ал көзге көрінетін үш қасиеті бетіндегі айбаты, қолындағы қайраты, қалтасындағы дәулеті. Көзге көрінбейтін қасиеттерінен қателессеңдер оқасы жоқ, бірақ көрініп тұрған қасиеттерінен қате жібермеңдер. Әйел пақырдың бағы жанбайын десе сүйтіп қара басады. Құдайым сендерді тек сондай  масқарадан аман қылғай». Осы жолмен жүріп, осындай ақылмен ғұмыр кешкен сұлу Зуһра өмірі баянды бола алды ма? Ылғи да «О да бір дәурен екен ғой. Зымырап өтіп бара жатқан… («өмір-ай!» деуге бата алмай)… уақыт-ай» дейтінді» жиі қайталай беретіндігіне қарағанда оңғанынан опық жегені, қуанышынан қайғы-мұңы мол сияқты.

Байдан өлідей, баладан тірідей айырылған қаз мойынды, қайың балтырлы, аршын төс омыраулы, басы бос сұлудың ендігі бар кәсібі еркек атаулыны «сұрыптау», салыстыру, баға беру: «Құдай тағала, еркек деген немелердің сорттары қандай көп еді: ала қызба ала бүлік, ә дегеннен әупірімдей жөнелетін әңгүдік; қимылының бәрі сағыздай созылып, бірақ бір жабысса, қашып құтыла алмайтын жылмысқы; тап беруінен жалт беруі тез жылпос; емеурініңе-ақ өліп-өшетін елпекбай; сыздаймын деп отырып қаралай іш пыстыратын кергіме; жаутаңымен-ақ жалыныңды сөндіретін ынжық…». Хикаяттың соңында қара жерден мәңгілікке құтты орнын тапқан еркек атаулыға тағы да баға беріледі, жіктеліп, жіліктенеді: «Жапырлаған құлпытастардағы жас, кәрі, әйел, еркек шетінен жаудырай қарайды. Тірлікте ғой, осылар бір-біріне атымен ұқсамайды. Біреуі ақылды, біреуі ақылсыз, біреуі бақытты, біреуі бақытсыз, біреуінің жолы болғыш, біреуінің иті ылғи қырын жүгіретін жолсыз, біреуі сұлу, біреуі сиықсыз, біреуі сүйкімді, біреуі сұмырай. Ал мынау мұздай суық көк тас пен көк темірге жапсырылған алақандай шынының астында бәрі бір-бірінен аумай қалыпты. Бәрі де жер үстіндегілерден мейірім мен рахым дәметкендей жалбарына қарайды».

Бірақ енді, өкінішке орай, бәрі де кеш-тұғын. Ажарлы беттегі базарлы кезең сарқылды («Зымырап өтіп бара жатқан (қайран) уақыт-ай…»), «Кірсе-шықса көлдей шынының алдынан шықпайды. Ақ жүзінде шытынап сынған ақ мәрмәрдей қиқы-жиқы сызық көбейіпті. Соны күніне қырық сылап, көрсетпей әлек. Көрсеқызар еркектер оларды көрсе де, көрмегенсиді. Бірақ бұрынғыдай үйіне келіп айлап-апталап жатып алмайды». Күндер, шынында да, тоқтаусыз аз ғұмырды қысқартып, жылжып өте береді. Сырғыған уақыт бір кездегі әдемі келіншекті бүгінде айнаға қарауға құлықсыз етті. Қараса – аппақ жүзін аяусыз торлап алған шимайды көреді.

Ол шимай кісіні шытырман ойға салады. «Өз бетіңе түскен мынау шәт-шәлекей сызық сен туралы өзің түсіне қоймайтын өзге бір тілде жазылған үкім сияқты. Ұқпасаң да, тіксінесің. Секемшіл жүрек әлде бір болмай қоймас қатерден хабар сезетіндей».

Қыздай қосылған, соғыс өрті жалмаған Жәнібегінен ерлі-зайыптылық қызығын көріп жарымаған Зуһра отбасын құрып, шаңырақтың отанасы болуға да ұмтылады. Бірақ басқа бір әлемде өмір сүріп, төсек махаббатынан басқа қызығарлығы жоқ күн кешуге әбден қалыптанып қалған тойымсыз келіншекке ол өмір, жұптасқан ортақ тірлік тозақтай көрінеді: «Әлгі жұрттың ауыздарының суы құритын жұптық өмір, жұбай бақыты дейтіндері осы ма? … Зуһра әлгі шындық деп аталатын, өмір деп аталатын құбыжықпен енді, міне, бетпе-бет кездесіп тұр. Мынау сәл нәрседен секем ап, қабағын тарс түйіп алатын ала көз еркек – өмір. Анау сәл нәрседен құлағын тікірейтіп, азу тістерін ырситатын ор ауыз төбет – өмір. Зуһра да мынау осынша тұрпайы, осынша озбыр жұптық өмірден құтылғанша асықты. Баяғы салт басты, сабау қамшылы сауық-сайрандарын аңсады». Әлде бір еркекке тұрақтаған жұптық кезеңінен ескерткіш боп «оқ-дәрі қоймасының бастығынан қалған байлаулы күшік қол-аяғы серейген дәу төбет болды». Өкініштісі, ендігі жерде «Бұл сыртқа шықты-ақ жан-жақтан сұқтанып бағатын сімсік көздер енді мұның өзіне емес, итіне түседі. Оның аузына, серейген төрт аяғына, шолтиған құйрығына қарайды… Ит екеш ит те жұрттың назарына масаттанып, кердеңдей басады. Жұрттың бәрінің көзі итте. Ит жетектеп келе жатқан әйелмен ешкімнің шаруасы жоқ». Бірақ «Иті құрғыр адамдай емес тез қартаяды екен. Арлан төбет әбден алжыды… Оның ендігі ермегі – сол ажал аузында жатқан итін күту».

Зауал алдымен өмір бойы өзіне ес, қара болардай көрінген жалғыз итіне келді: «Бір күні төбет түні бойы оқтын-оқтын ұлып шықты. …Кенет аузы әнтек ашылды да, төрт аяғын бір-ақ серпіп, үзіліп жөнеле берді». Бұл табиғи, өз уақытымен келген ақ өлім, жасарын түгел жасаған тірлігінің ақыры-тұғын. Ал сопайған жалғыз басты, төңірегінде арқа сүйер туған-туысы, не бауыр еті баласы жоқ, аз күн қызық-думанға малданған қас сұлуға мұндай ит өлім де бұйырмады: «Ол күні таңғы алакеуімде шет жақтағы оқшау үйде не болып, не қойғанын ешкім білген жоқ. Тек төрт-бес күн өткен соң ғана ай аяғында алыстағы баласы салған ақшаны тапсыруға келген почташы кемпір есіктің алдына ұзынынан түскен әйелді көрді. Төңірегінде саудырап төгілген есіктің шынысы шашылып жатты».

Шаһар тіршілігінің бар шырайы осы дейміз бе, әйтеуір, хикаятта төсек «тартысына», әйел тоятына талай орын берілген: «Әйел батылданған жерде еркек тайсалушы ма еді! Зуһра сыланып-сипанған сайын одан дәмелілер от көрген көбелектей үйіріле түседі. Көздерін сатып отыратындарын тастап, сәл нәрседен себеп тауып, жұғыса кетеді»; «Дүниедегі екі аяқты, төрт аяқтылардың ішінде еркектердей көрсеқызар жоқ шығар»; «Енді, міне, бүкіл денесі тыныштық емес, мынау тұнып тұрған тылсым сұлулыққа жан бітіретін үрдіс, күрт қозғалыс іздейтіндей. Анау екі балтыр, мынау секең-секең екі көкірек, аршын төс омырауы, қос білегі, қаз мойыны, бос жіберген қолаң шаш ұйпалай қыдықтаған екі иығы – күллі тұла бойы түп-түгел кешегі түндегідей, кешегі далада өткен таң алдындағыдай жан ұшыра қимылдар арпалыс іздеп жатқандай. Олар үшін рахат мынандай маужыр тыныштық емес, сүйек ұнтап, сіңір ширатар алапат қозғалыс сияқты. Ол көп нәрсені енді түсінгендей», т.б.

Бұл жолдардан әсіресе шетелдік талай классик жазушылардың қалам ұшына азық болып, сиясын құрғатпаған қазыналы тақырыбы – жезөкшелік, «мәңгілік кәсіп иелерінің» тірлігінің ұшы қылтиятындай болып көрінеді. Бірақ автордың баян сарыны да, оқырманның таным-түсінігі де Зуһраның бойынан жан шошынар жалдамалы жалдаптықты көре алмайды. Тағы да соғыс зардабы, маңдайының соры қалың жесір әйелдің жетімсіз тағдыры, қиқулы қала тірлігінің зымыран уақыты, тірлік-тұрмыстың жеңілдігі… Десек те Зуһраның басындағы бөтен бір шет жұртта жүргендей төтенше тұттай жалғыздық, әсіресе жалғыз ұлынан жерінуі, аналық сезімнен жұрдайлығы, керісінше, көңілге сенімсіздік ұялтады. Міне, біз осы тұста «қала» тақырыбының қазақ жазушысы үшін оң жамбасқа келе бермейтін қиын тұстарын тап басқандай боламыз. Қай-қайсыбір қазақ тілді жазушымыз қала тақырыбын кемел игерді, қалалықтар туралы мынадай кесек туындымыз бар деп атап-түстей алмайтындығымызды да мүмкін осы бір тұстан іздестіргеніміз орынды шығар.

Сөз соңында айтарымыз, шағын проза жанрындағы туындылары біріне-бірі ұқсамайтын, әрбір шығармасы қалам сынағына, тақырып тапқырлығына, тілдің ұшқырлығына құрылған дүниелерінің жалғасы әрі соңғыларының бірі ретінде «Шеткері үй» – жазушы шығармашылығының айдынында ерекше қанатын жайып, оқшауланып тұрған хикаят. Дәп осы тұста «алпысыншы жылдықтардың» көшбасшысы өзінің жазушылық «эксперименттерін» абыроймен аяқтап, жаңа белеске – қиын да күрделі роман жанрына ауысуды әбден ойластырып, тарихи ізденістерге тереңдеп бойлап кеткен болатын… Бұл енді өзгеше бір шығармашылық әлем, басқа бір әңгіме арқауы.

 

х х х

Суреткер Әбіш феномені!.. «Алпысыншы жылдықтардың» қазақ қоғамын өрге сүйреген өршіл еңбегі… Жаңа Қазақстанның жаңа дәуіріндегі рухани дамуымыздығы олардың тарихи орны… Бұлар бір таусылмас, сарқылмас көшелі әңгіме. Қазақ қауымының әр жаңа буыны өз биігі, таным-білігі тұрғысынан өзінше тағылым алып, бағасын берері сөзсіз.

Пікір қалдыру