…АДАСҚАН ҰЛЫҢДЫ КЕШІРЕ ГӨР, ЖАРАТҚАН!

Ермек  АМАНШАЕВ

 хикаят

«Таң толық атпаған шақ. Елең-алаңда Авраам ғұмырлық қосағы Сарра мен ұлы Исаакты ертіп жолға шықты. «Ләм» деп тіл қатысудың өзі артық еді. Исаак басын төмен салбырата көзін жерден алмай, үнсіз басып келеді. Сарра мен Авраам да еңсе тіктей алар емес. Төрт күн жүргенде мұнартып Мориа тауы көрінді. Бұл межелі жер болатын. Авраам Исаактың қол-аяғын байлап, пышағын қынынан суыра берген еді… Сол мезетте Көк жарылып, ғайыптан бір тоқты (қой) түсті. Авраам құрбандыққа баласын емес, тоқтыны шалды.

Сөйтіп, олар кері қайтты. Содан бері Авраам лезде қаусап, тез қартайып кетті. Құдайдың өзіне жіберген сынағының нығмет салмағын көпке дейін ұмыта алмады.

Ал, Исаак болса, көз қуанта аман есен өрбіп, жайқала ержетті. Алайда, оны Авраам аса байқаған да жоқ. Өйткені, ол қуаныш атаулыны енді бұрынғыша сезіне алмайтын еді».

Сёрен Кьергегор. (Қорқыныш пен үрей).

 

Қоңыр салқын, сары ала күз. Мен биыл елуді еңсеріп, алпысқа қарай аяқ бастым, жасым 59-да. Елудің соңы, алпысқа бір-ақ қадам. Дегенмен де, әлпеш көңілді алпысқа оңай қия алмайды екенсің…

Шылым шегуге балконға шықтым. Тамаққа тәбетім жоқ. Бұл енді, ащы суды аяусыз сілтегеннен кейінгі әдет… Кеше, жиырма жыл тапжылмай еңбек еткен жарнама агенттігіндегі соңғы жұмыс күнімді атап өткен болатынмын. «Жә, жетер!» дедім. Қалған ғұмырымды өзіме арнауды ұйғардым. Алдағы бес жылға талғажау етер қаражатым бар. Басында соны кеміремін. Қалғанын көре жатармыз. Маған «қал!» деп қиылғандарын қайтерсің?! Бірақ, шорт кестім. Осы жарнама дегенге тойып болдым. Іргемді аулақ салайын деп шештім.

Жақсы отырыс болды. Тіпті, «қоштасып қаламыз» деп, бұрыннан бәсекелес болып жүрген агенттіктерден де келді. Таңға дейін тойладық.

Қаланың әжептәуір дәулетті ауданында тұрамын. Тау бөктері, таза ауа. Бірталай тірлік бітірдім деп, ауыз толтыра айтуға болады, қарақан басыма жетерлік жағдайым бар. Зәулім үй, заманауи сәнді көлік. Қоғамға, замана талабына саймын. Бір сөзбен айтқанда, еңсе тіктеп жүруге жарайды.

Бүгінгі күннің райы бөлек. Жайма-шуақ. Бабы күшті көкорай, асфальтталған аулаішілік жол, жапырай жайыла түскен сарғыш жапырақтар… бәрі-бәрі мамыражай… Ағаштар үнсіз тербеліп, күз әуенін үдетіп тұр. Бақша құстары да қоңырқай шырқайды.

Телефон шырылдады:

– Арсен, сен «онымен» сөйлестің бе? Неге? Туған қызың ғой! Бүкіл өмірін қор қылмай тұрғанда, тезірек, дәл бүгін сөйлес.

Бұл менің бұрынғы әйелім. Қызымыз қайдағы нашақор біреуге тұрмысқа шыққалы жүр… «Мен не істей аламын?». Қызымыз көптен бөлек тұрады, жеке өміріне араласпаймыз. Сирек кездесеміз. Онда да ақша мәселесі бойынша жолығып, оны шеше сала, тараймыз.

Уақыт болса зымырап ағып жатыр. Мынау қазіргі мамыражай дүниеге біздің мазаң тіршіліктің тырнақтай да бағасы жоқ секілді.

Есік қоңырауы шыр етті. Желбегей киіммен барып қақпаны аштым. Пошташы хат әкепті… Үлкен сары конверт.

Креслоға жайғасып, конвертті аштым. Оқушы дәптерінің жұлым-жұлым беттерін ұсақ жазумен толтырып тастаған. Соңғы хабарлама жан шошытты: «Сіздің ұлыңыз өз-өзіне қол жұмсады. Асылып өлді. Бұл – күнделігінің соңғы беті. Мен сізді күтемін».

«Менің ұлым?!»… Ештеңе сезер емеспін. Менің ұлым!.. Менің жалғыз ұлым! Асылып қалды дейді?

Төбемнен жай түскендей болды. Алқымыма тас тығылғандай… Конвертте мекен-жай жазылмапты.

«Мені кім күтеді?» Көзім суланды.

Соңғы рет оны бес жыл бұрын көрдім. Іс-сапармен келген. Кафеге отырып өткен-кеткенді қозғадық. Тапсырыс берушілермен кездесуім керек боп, асығыс кетіп қалдым. Әттең! Тіпті сонда шүйіркелеспек түгілі, дұрыстап, жылы қоштаса да алмаппыз-ау! Жәй ғана қол алыстық та, тарадық. Содан кейін кездесу жазбапты. Ал, енді ол бұл дүниеден баз кешкен.

Ол бір аймақтық банктің директоры боп қызмет етті. Табыссыз емес еді.

Орнымнан тұрып, сүтсіз, қою қара, ащы кофе құйдым. Дәптер беттерінен тұратын күнделік. Бірақ, оқуға дәтім жетпеді. Аулаға шығып, күзгі күннің шуағында ұзақ тұрдым.

Ол менің бірінші әйелімнен туған ұл еді. Анасымен сегіз жасқа толар толмаста ажырастық. Күнәсіз, бәлкім, кінәлаған күлкісі әлі есімде.

– Әке, сен қайтып келесің бе?

– ?..

Сәби ғой, ешнәрсенің мәнін түсінбей, күле берген еді. Соңғы рет құшқым кеп ұмтылдым. Әйелім ортаға түсті. Сөйтіп, мен біржолата кеткен болатынмын.

Күнделік беттерін қайта ақтардым. Күн сайын бір парағын асқан ұқыптылықпен толтырып отырыпты. Сол бетке сыймай бара жатса, соңғы сөздерді қысқартпай, бұрыш бұрышына жымдастыра жазыпты. Оқи бердім… Түске дейін уақытым осымен өтті. Ақыры оқып бітірдім. Ештеңе түсінер емеспін. Неге? Не себепті өзіне өзі қол жұмсады? Бұл оның соңғы күндері жазғандары, бірақ, өліміне байланысты түк таппадым. Бар болғаны кездесулер, пікірлер, зерттеулер ғана. Түнгі клубтағы сәттері. Мағынасы жоқ танысулар мен албырт алыпқашпа сезімдер. Ал, отбасы, ошақ қасы жайлы бір ауыз сөз жоқ.

«Мүмкін, ажырасқан шығар?». Мен олардың тойында болғам. Келін сыпайы, жарқын адам боп көрінген. Бәрі мүмкін. Өзім де үш рет ажырасқанмын. Қазір жалғызбын. Жападан жалғыз. Қолыма алқызыл маркер алып, оның жүрген-тұрған жерлерін, аралас-құралас болған адамдары жайлы ақпарлардың астын сыза бастадым. Ешкімді де, ештеңені де қалыс қалдырмауға тырысамын. Бір жерден: «Мен одан қалай да құтылуым керек» дегенді оқыдым. Кім ол? Досы? Қасы? Әлде тағдыры? Жоқ, соңғыларымен келісе алмаймын. Менің ұлым қашан да түзу жүретін, бұрыс қадам басуы мүмкін емес?! Расында да, астарлы сөз, мағынасын білмегесін жұмбақ бола бастады. Сонымен, оның қашып құтылғысы келгені қалай? Кімнен, неден? Күнделік жаза бастағанының өзі қызық болып тұр. Өз баламды танымай отырмын. Жұмысы туралы бір ауыз сөз жоқ. Әлде, демалыста болды ма екен? Қалай болғанда да әзір түйсігім жетер емес. Соңғы бес жылда қатты өзгеріпті.

Күнделікті жазбаларынан бөлек, әр түрлі қанатты сөздерден үзінділер келтірілген қиындылар тағы бар. Иә, бұл оның сүйікті ісі. Мұндайды мен де жақсы көремін.

Асүйде кешегіден қалған бифштексті талғажау етіп отырмын. Теледидардан кезекті сұрықсыз әзіл-сықақ шоу жүріп жатыр.

«Жиналу керек». Билет алынған, төрт сағаттан кейін ұшамын. Киімдерімді жинап, дайындала бастадым.

Әуежайға бармас бұрын қызыма соқтым.

–  Темекі шегейік.

Міне, оның үйінің кіреберісінде темекі шегіп тұрмыз. Сол баяғы көк джинсы шалбарын тастамаған күйі.

– Сонымен, оған тұрмысқа шығатын болдың ба?

– Иә, әке!

– Нашақор нашақор күйінде қалады. Олар ешқашан өзгермейді. Мұны білесің ғой?

– Иә, білемін, әке.

– Сақ бол, қызым. Өмір бір-ақ рет беріледі. Мен кеттім.

–  Қайда?

– Қарағандыға. Аслан дүниеден озды.

– Қай Аслан?

– Сенің қандас ағаң. Есіңде бар ма?

– Онша есімде жоқ. Ұмытқан шығармын. Өкінішті, әке!  – Үнсіз, ұзақ тұрдық та, қош айтыстық.

Ұшақта да ұлымның күнделігін қолға алып, зерттеулерімді жалғастырдым. Банк. Иә, ол банкте қызмет істеді. Ал, қызметі туралы неге ештеңе жазбаған? Бірінші кезекте, осыны анықтауым керек. Мүмкін, үйіне барсам ба?! Жоқ! Келінге не деймін? Не бетіммен көрінемін?

Қатар отырған кісі беймаза, сөйлемпаз екен. Неше түрлі сұрқай қалжыңдар айтып, онысына алдымен өзі мәз боп күле береді. Бірнеше рет жаратпай жалт қарасам да, түсінер түрі жоқ. Шорт кестім.

– Мен ұлымнан айырылып отырмын. – Шошып кетті. Дегенмен, ұялып қалғандай:

– Кешіріңіз, мен самолетпен ұшудан қатты қорқамын, жол қысқартайық дегенім еді!..  – Басымды изедім. Үнсіз отыра бердік.

Теміржол бекеті маңындағы қонақ үйге орналастым. Серуенге шықтым. Қаланың бұл ауданындағы – оқшау-оқшау жадағай балкондар жапсырылған біртектес қазыналық үйлер, оларды қоршаған аңырайған бос кеңістік, қою қараңғыда құбыжықтың сұлбаларын елестеткендей. Екі үйдің арасы әлі де он үй сыярдай, кең. Жә, бұларды тегіс аралап шығу үшін көп уақыт керек болады, қайтайын.

«Таңертеңгілік бір саптыаяқ сыра. Одан артық не бар?! Түндегі көрген түстен қапелімде арыла алмай, ұйқылы ояу маужыраған адамға, қосымша масаң күй  жамайды». Кафенің үлкен терезесінен далаға көз тастадым. Ағылған адам-нөпір. Айналадағы сыбыр-сыбыр әңгімеге қарағанда, кафеге жаңа даяшы қыз келіпті. Мэрилин Монроға ұқсайды. Өзі сондай жылы жүзді. Есімі Лена. Бірақ, мен оны іштей Мэрилин деп атаймын. «Сонымен, Мэрилин, бүгінгі кешті бірге өткіземіз бе?» Дегім-ақ келді… Бірақ… Мендегі астан-кестен көңіл-күй оған бөгет болды. Бір ғана саптыаяқ сыра! Болды! Басқа ішпеймін! Әйтпесе, масаң қалыпта былжырақтап… күніңді зая кетіресің!».

Қалада кафе көп. Ал, оның қайсысында ұлымның жиі болғанын қайдан білейін?..

Міне, мен ұлым тұрған тоғыз қабат үйдің ауласындамын. Пәтерінің терезесіне қараймын. Перденің арғы жағынан ештеңе көрінер емес.

– Біреуді іздедіңіз бе? – есік алдындағы орындықты тұсаулап «мінген» қартаң әйел тіл қатты.

– Жоқ, ешкімді.

Ауладан шығып, келесі көшеге қарай аяңдадым. Бірінші кездескен үйдің астындағы кафеге кіріп, тағы да сыраға тапсырыс бердім. Бірақ, іше алмадым. Ұлым есіме түсті.

«Саған не болды Аслан, сен ішімдікке онша әуес емес едің ғой. Әсіресе, таңертеңгі уақытта?»

Терезеге түйілдім. Даяшы келді. Жоқ, бұл Мэрилин емес.

– Тағы бірдеңе керек пе?

– Жоқ, рақмет. Сіз Аслан деген жігітті білетін бе едіңіз?

– Аслан? Бірінші рет естуім.

– Ол күнде осында келетін. Әсіресе таң атқанда.

– Біз таңертең жұмыс істемейміз.

Демек, бұл басқа кафе. Үнемі біреу сыртымнан бақылап жүргендей сезім пайда болды. Терезеге қайта аңтарылдым. Сабылған жолаушылардан басқа ештеңе байқамаймын.

Қонақүйде түні бойы теледидардан қайдағы бір жеңіл-желпі дүниелерді қарап, ұзақ отырдым. Арасында сыртқа шығып, темекіні ермек қыламын. Көк төсінде жамыраған  жұлдыздар жымың-жымың етеді. Иә, сол көп жұлдыздың арасында енді менің Асланым да бар.

Таңертең бірден ұлымның қызмет еткен банкіне тарттым.

– Менің ұлым Аслан, мұнда бұрын директор боп істеген еді. Ол туралы кіммен сөйлесуге болады?

Күзетші жол көрсетті. Жылы жүзді хатшы қыз күте тұруымды өтінді. Он минуттан соң қазіргі директордың кабинетіне кірдім. Орнынан қағілез шапшаң тұрып, қолымды қысып, көңіл айта амандасты.

– Асланның әкесі боласыз ба? Мен қатты қынжылып тұрмын. Қазаны естідім. Жақсы жігіт еді. Азамат еді. Қайырлы болсын! Бізден не білгіңіз келеді?

–  Жұмыс орнын көріп, ұлым туралы сөйлесетін жан тапсам деп келіп ем…

– Өкінішке орай, Аслан осыдан бес жыл бұрын қызметтен босанып кеткен. Содан арамыздағы байланыс үзіліп қалды. Кейін не істеп, не қойғанынан бейхабармын. Айтпақшы, Коля деген жігіт бар болатын, екеуі жақсы араласты. Содан сұрап көрсеңіз, бәлкім, бір нәрсе білер… Міне, телефон нөмірі.

«Қызметтен өз еркімен босанып кетті… Не себеп? Бес жыл бұрын кездескенімізде ештеңе айтпап еді… Бар сырын ішіне бүккен ғой… Әлде сол жолы менімен сырласып, ақылдасайын деді ме? Сондағы мазасыздау қалпі әлі көз алдымда. Бірдеңе айтқысы келіп, ұмсынғандай болып еді-ау. Мен де қабақ ашып, жай-күйін тәптіштеп сұрамаппын!.. Дүние-ай, жер бетінде мәңгілік жүретіндей боламыз-ау, кейде! Не де болса, Колямен сөйлесу керек».

Телефон шалдым. Паркте кездесетін боп келістік.

Күтіп отырып, жүрек жалғап алдым. Шаурманың да дәмін ұмытқан екенмін. Біреу мені сыртымнан бақылап тұрғандай әсер тағы оянды. Құдды, қазір келіп біреу арқамнан түртетін секілді.

– Сәлеметсіз бе, сіз Асланның әкесісіз бе?

– Иә, дәл өзі.

Түсі өңіп кеткен, күңгірт түсті кеудеше киген жігітке көз тіктедім. Коля деген осы екен. Ол да маған тесіле қарайды.

– Сіздер бір біріңізге қатты ұқсайсыздар, жазбай таныдым.

Сөзбұйдаға салмай, бірден Асланның қызметтен кеткен себебін сұрадым. Коля күлді.

– Бұл романтикалық оқиға! Ол жергілікті телеарнаның жүргізушісіне ғашық болды. Өте әдемі әйел. Екеуара махаббаттары да айрықша еді. Сол себепті, бұрынғы әйелімен оқыс ажырасты («Дәл менікіндей, асау, сабырсыз сезім»). Олар үйленді. Жұптары жазылмай, қол ұстасып бірге өмір сүрді. Ал, жұбайына бірте-бірте бұл да аздық етті. Күні-түні қасында жүруін қалады. Сөйтіп, Аслан банктен кетіп, телеарнаға режиссердің көмекшісі боп орналасты.

– Ал өзің Асланды қашаннан білесің?

– Алматыда институтта бірге оқыдық. Содан осында бірге келдік. Ол іле шала үлкен істерге араласып кетті, мен жұмыссыз жүріп қалдым. Апта сайын кездесіп, жиі араласып тұрдық. Күні кешеге дейін.

– Қашанға дейін?

Коля бірер сәт үнсіз қалды.

– Білесіз бе, сіздің ұлыңыз  өте іскер жігіт еді. Телеарнада да тез көтерілді. Режиссер болды. Сосын бағдарлама редакторы. Аз уақытта жаңалықтар бөлімінің директоры қызметіне дейін өсті. Яғни әйелінің тікелей бастығы. Осы жерде кеп екеуінің арасында кенеттен от тұтанды. Алдымен, жеңіл-желпі ұрыс-керіс, кейін ол ұлғая берді. Ақыр аяғында кезекті эфирге шығуға сүт пісірім уақыт қалғанда екеуі қатты ұрысты. Аяғы жанжалға ұласып, Ая тікелей эфирге шашы дуда-дуда, көзіне жаққан бояуы езіле ағып шықты. Басшылар екеуін де жазаламақ болғанда Аслан қызметтен өзі өтініш жазып кетіп қалды. Осы оқиғадан кейін екеуі ақыры ажырасып тынды. Ая қаламаса да, Аслан ат-құйрығын шорт кесті. Сол кеткеннен ұшты-күйлі жоқ. Қайда жүрді, қайда кетті – бейхабар қалдым.

– Бұл қашан болған оқиға?

– Төрт жыл бұрын.

Коля темекісін тұтатты. «Бір жылдың ішінде: ажырасып, екінші қайтара үйленіп, бір қызметтен тайып, келесісіне тұрып, жаңа жерде аз уақытта бас айналардай зор жетістікке жетіп, және оны сол жылда-ақ тәрк етіп тастап кеткен екен!». Иә, ұлымның тағдырында аз уақытта осыншама аумалы-төкпелі өзгерістер болғанына сенер-сенбесімді білмей отырмын! Кеудемді тіпті, мақтаныш сезімі де кернеп кеткендей.

– Шынымен де, содан кейін не істегенінен бейхабарсыз ба?

Коля бөгеліп қалды.

– Түсінесіз бе, әр түрлі әңгіме естігем, бірақ, оны айтсам, сізге жағымсыз тиюі мүмкін?..

– Не де болса, айтқаныңыз жөн.

– Бір мезгілде «Бомж» боп кетті деп естідім.

– Кім? Аслан ба?

– Иә. Солай естідім, рас-өтірігін білмеймін.

Сонда мен Коляға көкейімде жүрген соңғы сұрағымды қойдым.

– Аслан өмірінің соңғы күндерінде күнделігіне «Бассауғалайтын жер» жөнінде көп жазыпты. Оның не екенін білесің бе?!

– Жоқ, тұңғыш естуім. – Коля жөніне кетті.

«Ая! Тележүргізуші». Міне, бұл келесі бағытым. Мықты әйел екені рас шығар. Өйткені, ұлымның жылы орнын суытып, жаңа, әрі мүлдем бейтаныс жұмысқа ауысуына себепкер болғанына қарағанда, тегін адам емес.

«Әйелдерді мүлдем жек көретін сәттерім болады. Жо-жоқ, тіптен олай емес, кейде оларды адам баласының қатарына қосқым келмейді. Қайсыбіреулері кейде әлсіз, нәзік көрінгенімен, түптеп келгенде, нағыз қулық-сұмдықты шектен тыс игерген бәле боп шығады. Сөйте тұра оларсыз өмір жоқ. Тіпті, қызық та жоқ. Сондықтан да, әйелдер әркез дегеніне жетеді, еркелейді, желкелейді, бәрібір айтқанын істетеді!».

Ары-бері өткен әйелдердің «сиқырлы» жүздеріне қарап, ұлымның қапелімде қалай «құрықталғанын» түсінгім келеді. Неге бұл сиқыр күш ұлымның жүрегіне соншама  тырнақ батырды. Әлде ол әйелдерден жастайынан жаны көп жараланып, ішқұса болды ме екен. Әлде олардан ерте жалықты ма екен?..

Қонақүйге оралып, теледидар қосып, жергілікті арнаға көз салдым. Жаңалықтар. «Сәлеметсіздер ме, құрметті көрермендер, сіздермен бірге, мен Ая Сәбитова. Ал енді басты жаңалықтарға назар аударыңыздар…». Иә, расында, ұлымның талғамы жақсы. Мұндай қолаң шаш, қияқ қас, қыр мұрын, ауызға үріп салғандай аруға қалай ғашық болмассың?! Ау, бұл ару қай-қайдағыны еске түсірді ғой. Айтпақшы, хабарласып көрейінші.

– Алло, қалың қалай?

– Жан, қайда жоғалып кеттің? Үш күннен бері хабар-саухат жоқ, бұл қалай?

– Менің жоқтығымды сезінсін дегенім ғой…

– Қалайша. Қаражат тапшылығы құрығыр іздеттірмей қоя ма?..

– Бар қалауың сол ма?..

– Жоқ, бар қалауым өзіңсің, Жан! Асылық айтпа, өйтіп!

– Қойшы әрі, сен! Баяғы жартас – бір жартас!..

– Қайдасың?

– Қайтесің, оны?

– Барайын деп едім, қасыңа… Әлде өзің келемісің?

– Жоқ, бара алмаймын!

– Тағы да әлдеқандай жезөкшелермен шатасып жүрген шығарсың?

– Олардың арасындағы ең сорақысы сен!

– Сағынғаныңды білдіріп қойдың ғой. Тіл тигізіп, тиісе бастадың!

– Кетші әрі, саған дауа жоқ екен!

Телефонды өшіріп тастадым. Төрт жылдан бері кездесеміз. Шынайы сезім, сағыну, ынтығу, күйіп-сүю деген атымен жоқ. Арамыз 30 жас. Әрине, мұндай айырмадан ыстық сезім күту – құр қиял екені бесенеден белгілі ғой. Өткен шағы тұманды да күмәнді, шарапатынан кесапаты көп. Шамаң келсе, «арыңды жастайыңнан сақта» деп осындайларға айтылса керек-ті. Қанша рет ажырасып, қанша рет қоштастық – бос әуре. Жылап-сықтап қайта келеді. Бұл бір түсініксіз әдетке айналған. Онсыз кейде менің де ішім пысады. Бір қызығы, қанша жеккөрінішті болғанымен, менде оған деген оқта текте бір оянатын жылымық сезім жоқ емес. Ренішім кейде тез басылып қалады. Соған қарағанда, мені әбден зерттеп алған. Арамыз ит пен мысықтың ойыны тәрізді. Қиғылық салуды да, алдап-арбауды да әбден меңгеріп алған. Бірақ, ақылы шашының ұзындығындай қысқа, аңғал. Бәлкім, мұның да бір қайыры бар шығар?

Таңертең тұра сала айна алдына барып, жуынып-шайынып, қырынып-таранып тұрып, кескініме баға беріп қоямын: «Қартайып тұрған ештеңем жоқ-ау, сірә!».

Қонақүйдің мейрамханасында таңғы асымды асықпай ішіп алдым. Сағат он бірде телестудияға келдім. Сәлден кейін сары түсті шағын «Фольксваген» көлігімен Ая келіп тоқтады. Үстінде ашық жасыл былғары күртеше.

– Сәлеметсіз бе, Ая!

Ол маған аңтарыла қарады.

– Біз таныспыз ба?

– Жоқ, таныс емеспіз. Мен – Асланның әкесімін.

Басымнан бақайшағыма дейін зерттей көз салды.

– Сізбен сөйлесуім керек еді.

Осы сәтте оған әр қадамын салмақтай, бипаз басқан ер адам жақындады. Бір-бірімен сүйісе амандасты. Қолтықтасып, баспалдақпен көтеріле бастады. Кенет Ая тоқтады да, маған қарай бұрылды.

– Бір сағаттан соң «Бригантина» кафесінде кездеселік. Сонау, бұрышта! – Мен бас изедім.

Қою кофе ішіп, күтіп отырмын. Сәлден соң, бір топ адам улап-шулап кіріп келді. Ая екен. Жанындағыларға «әне отыр!» деп, мені нұсқады. Әп сәтте жас жігіттер айналама топырлап, түсірілім құрылғыларын қоя бастады.

– Не боп жатыр өзі? – Түк түсінбей Аяға қарадым. Ол жанымдағы орындыққа жайғасып, маған қарай еңкейді.

– Сіз дер кезінде келдіңіз. Өз-өзіне қол салушылар жөнінде бағдарлама түсірудеміз. Осы келеңсіз әрі қауіпті құбылыс қоғамымызда қандай себептерден орын алып отыр? Соны талдаймыз. Ал, Аслан біздің бағдарламамыздың бірден-бір қаһарманы. Сіз оның әкесісіз. Сондықтан да, осы қайғылы оқиғаның қандай себептері болғанын бәлкім, сіз тереңінен айтып берерсіз?

– Өзіңіз неге айтпайсыз? Сіз оның бұрынғы жұбайы емессіз бе?!

– Мен айтып болғам. Енді сіздің кезегіңіз.

Жағамнан өткізіп кеудеме микрофон қондыра қойды. Не істерімді білмей отырмын: кетіп қалайын ба, әлде… «Түсіремін» деп оператор айқайлады. Кірпік қақпастан обьективке үңілемін.

– Маған қараңыз. Абыржымаңыз. – дейді Ая.

Мен оған қараймын. Іштей күйзеліп отырмын.

– Ұлыңыздың өз-өзіне қол салған хабарын естігенде, қандай күй кештіңіз? – Үнсізбін.

– Түсінемін, оңай болған жоқ, бірақ, жауап беріңізші, өтінемін.

– Әрине, қатты қиналдым. Ол менің жалғыз ұлым ғой. Әлі күнге дейін өз-өзіме келе алар емеспін.

– Жарайды. Ол неліктен осындай қадамға барды деп ойлайсыз?

– Осыны өзім де анықтағым келеді. Тым құрыса түсінгім келеді…

– Ол қандай жан еді?

– Байсалды, байыпты еді. Жаны жайсаң, үнемі жақсы көңіл-күйде жүретін еді. Ешқашан ашуланған емес. Дарынды еді. 25 жасында банк директоры болды. Мен онымен мақтанатынмын.

– Бәлкім, балалық шағынан естеліктер айтарсыз…

– Ол сегізге толғанда, анасымен ажырастық. Кейін анасы жаман аурудан дүние салды. Аслан нағашы әжесінің қолында тәрбиеленді. Балалық шағы менсіз өтті. Дұрыстап әкелік тәрбие бере алмадым. Соған қатты өкінемін.

– Бала кезінде тиісті көңіл бөлгенде, мұндай жағдай болмас еді деп ойлайсыз ба?

– Оған бәріміз кінәліміз деп ойлаймын. Әр кездері қасында болған, сөйте тұра жан-дүниесін түсіне алмаған, тіпті, түсінуге де тырыспаған бәріміз кінәліміз. Соның ішінде Сіз де  барсыз, Ая!

Ая ойланып қалды. Операторға белгі берді:

– Болды! Түсірілім аяқталды.

Қарама-қарсы, үнсіз отырмыз. Жігіттер құрал-жабдықтарын жинастырып жатыр. Ая сөз бастады.

– Менің еш кінәм жоқ. Сіз шынымен оны нашар біледі екенсіз. Ол әрқашан, болсын-болмасын, өз-өзіне қиындық тауып, қайшылықта, күйзелісте жүретін және соны өзі ұнататын да еді. Біз бірге тұрғанда қай-қайдағы мәнсіз, керексіз сұрақтармен мезі етті. Адалдық пен борыш, зұлымдық пен сатқындық, тіршіліктің мағынасыздығы, шынайы махаббат туралы тым көп айтатын. Тіпті, жоқ жерден қара аспанды төндіріп, мазаны алатын. Одан да банкир боп қалғаны жақсы еді. Банкте жүргенде мұндай күмәншіл не кірпияз емес болатын. Теледидарға бекер жақындатыппын. Осы менің бар кінәм.

– Тағы қандай сұрақтар қоюшы еді?

– Әр түрлі. Әсіресе, мынадай сиықсыз сұрақтар: «Біз қалайша қосыла салдық?». «Бір-біріміз үшін жаралғанбыз ба?».

– Сіз не деп жауап бересіз?

– Белгілі нәрсе ғой. Махаббат. Жәй ғана, қарапайым, адами махаббат. Ал, ол мұндай жауапқа қанағаттанбайды. Содан жатып кеп дауласамыз. Бірақ, бәрібір мен оған ризамын. Қосылғанымызға еш өкпем де, өкінішім де жоқ. Онымен жолықтырған тағдырыма да ризамын.

– Не үшін?

– Бұрын-соңды ешқашан Асланның махаббатындай сезім шапағатына бөленбеген болатынмын. Оның қасында қол ұстасып, бірге жүргендегідей қуаныш, шаттық сезімі енді сірә, қайталанбайтын шығар. Бүкіл дүние онымен бірге жұптасып жүретіндей еді. Сол кез – өмірімдегі ең жарқын, шуақты сәттер. Ол сүйе білді… Жарайды, мен кеттім… Көріскенше. Аман болыңыз!

Ая ылдам-жылдам, шалт қимылдап, кафеден шығып кетті. Жігіттер соңынан ілесті.

«Ол сүйе білді». Меніңше, бейшара ұлым бар мейір-шуағын Аяға төгіп, қайтарымын ала алмады. Иә, бар гәп осында болуы мүмкін.

Жергілікті зират басына Молданы ертіп әкеліп, қоңырайған төмпешік жанында отырмын. Баламның басына дұрыстау бір белгі қою керек екен. Молда құран оқып болған соң, аялдамады. Жалғызбын. Бір уыс құмды төмпешікке себелеймін. Орнатылған белгіден ұққаным – екі ай бұрын жерленген. Ал, мен оның өлгенін білмей екі ай өмір сүріппін. Кенет, бейіт маңынан, айшық қадалған тұстан сығалаған бір қыз баланы байқап қалдым. Біртүрлі жүзі таныс секілді. Иә, дәл өзі! Әлгі таңертеңгілік кафенің алпамсадай терезесінің алдынан жөңкілген әйелдердің арасынан елес боп көрінген, содан кейін паркте кезігіп қалған қыз. Ол бір мезгіл маған көз тоқтатып қарап тұрды да, жылдам басып кете барды. Соңынан ілестім. Тездете басып, зым-зия жоғалды. Қуып жете алмадым. Иә, мен жете алмадым – өйткені қалтыраған тізем шыдамады. Зират қақпасынан жүгіріп шығып, такси ұстады. Көзіммен ұзатып қала бердім.

«Неге аңдиды? Кім ол? Менен не керек?». Қайткен күнде де, оның ұлыммен бір байланысы бар… Әлде ұлымның соңғы махаббаты ма екен?… Кім біліпті?..

«Фабрика» түнгі клубы – ұлымның күнделігіне сайсақ, жиі баратын орны. Кіру ақысын төлеп, күзетшілер арасынан өттім. Салтанаты келіскен-ақ клуб екен. Сабылысқан  көпшілік арасынан зорға ендім. Тарсыл-гүрсіл музыка құлаққа ұрады. Тікелей барменге барып, мұз салынған «Чивасқа» тапсырыс бердім.

«Әр кеш сайын осы бір түнгі клуб өзіне тартады да тұрады. Бұл жер – алтын тор секілді, кірсең шыққың жоқ. Жығылғанша билейсің, қыздармен қызу араласасың,

әйтеуір, өзгеше бір әлем. Мен мұнда жат емеспін. Бәрі таниды. Кезексіз өткізеді. Өзіме арналған орын (үстел) бар. Иә, менің үстеліме қыздар шамды айналған көбелектей үйіріледі. Мен оларға ақша шашпаймын. Бәрі тегін… Бүгінгі түнде тағы да жолым болары сөзсіз…»

Барменді шақырып, у-шу болғасын, айқайлай сөйледім.

– Сіз Асланды білесіз бе?

– Әрине, білемін. Бірақ ол, неге екенін қайдам, соңғы уақытта көрінбей кетті. Аслан сізге не үшін керек?

– Мен оның әкесімін. Оның үстелі қайсы еді?

– Әне. – Бармен бір бұрышты нұсқады.

– Әдетте ол не ішуші еді?

– Тура сіздікіндей. Екі еселенген «Чивас».

Бокалымды алып, оның үстеліне бағыт алдым. Үстелде қос жігіт, ортасында бір қыз отыр.

– Бірге отырсақ қалай қарайсыңдар?

Жастар таңғала қарайды. Біреуі жымиып, тіл қатты:

– Әрине, көке, отырыңыз!

Олар ығысып орын берді. Билеуші топқа көз салдым. Құдды ортасында ұлым жүргендей. Қалай, қайтіп билегеніне дейін елестетуге тырысамын. Музыка самбырлап, құлаққа ұрып тұр. Әлгінде ишара білдірген жігіт маған қарай еңкейді:

– Қалай, көке, таңға дейін шабуға дайынсыз ба?

– Мен – Асланның әкесімін.

Жігіт сасқалақтап, таң қалып, иығымнан қағып қалды.

– Асланның әкесі? Міне, кездесу! Естисіңдер ме, жігіттер, мына ағай Асланның әкесі екен! Ол қайда жоғалып кетті?

– Ол қайтыс болды.

– Қалайша?

Ауыр үнсіздік орнады. Олар біртүрлі жабырқап қалғандай.

– Өкінішті. Әйгілі батыр еді. – дейді.

– Батыр деймісің? – деп сұрадым.

– Иә. Ол бұрынғы «арнайы әскери жасақ» қызметкері ғой. Сіз білмейтін бе едіңіз? — Сұраулы жүзбен қарады.

– Жоқ, білмеймін. Мен ештеңе білмедім ғой, сорлағанда…

Аңырып қалдым. Тағы қандай «арнайы жасақ»?! Түрімнің бұзылып кеткенін көрген жігіт сыра ұсынды.

– Мынадан алып жіберіңіз, жеңілдеп қаласыз.

Сіміріп іштім. Вискимен араласқан соң, бірден басқа тиді. Міне, ұлымның тағы бір белгісіз қыры. Бала кезінде каратэге қатысқаны есімде. Ал арнайы жасаққа баруына не түрткі болды екен?!  Жәй, әзілі шығар. Әлде, қыздарды қыздықтыру үшін айтты ма?!

– Мұмкін емес, арнайы әскери жасақта оның не жұмысы бар! – Музыканы қақ жара айқайлап жібердім.

– Қалайша?! Ордендерін өз көзіммен көрдім. Әскери операциядан кейін алыпты. Өзі көрсетті. Сіздің ұлыңыз шын батыр!

Таң қалдым. Бейбіт күнде қайдағы әскери операция?

– Естимісің, ол Асланның арнайы жасақта істегеніне сенбейді! – дейді әлгі жігіт жанында отырған қызға. Қыз маған бұрылды.

– Сәлеметсіз бе? Есімім Мәрия болады.

– Қуаныштымын.

– Мен оның үйінде болғанымда сөресінен әскери киім көрдім. Расында, арнайы жасақта қызмет еткен. Ал, аяғында оқтан қалған тыртық бар.

– Ол билейтін бе еді?

– Билегенде қандай! Бидің патшасы болатын!

Басым қатып кетті: телевидение, би, арнайы жасақ, армия. Тағдыр, сені тағы қайда бастаған, ұлым!

– Менің билегім келеді, – өз-өзімнен осылай күбірлеймін.

– Не дедіңіз? – деді жігіт естімеген күйі.

– Билегім келеді! – деймін айғайға басып.

Жігіттер күлді.

– Көкеміз бабына келді!

Мәрия келіп қолымнан сүйреді.

– Жүріңіз, билейік.

Қолыма бокал алып, соңынан ердім. Әп сәтте Мәрия екеуміз биді қыздырып жатқан топтың арасынан бір-ақ шықтық. Айналама көз тастап, қолымдағыдан ұрттап қоямын. Бір отырып, бір тұрып, бірде билеп, тоқтаусыз ішіп жүрмін. Басыма қай-қайдағы келіп, өз-өзімді бағындыра алар емеспін. Сәлден соң, айналам тас түнекке айналып, түк көрінбей барады…

Таңертең қонақүйде бір ояндым. Қасымда киімшең қалпы кешегі Мәрия жатыр. Ұлымның жолын айнытпай мен де қайталаппын: шуға толы би, ессіздік, таңертең бөтен қыздың  жанында ояну. Осы Мәрия қыз кеше ұлым туралы бірдеңелер айтып еді-ау. Әңгімесіне қарағанда, бұл қыз менің ұлымның үйінде болған. Оятамын.

Көзін жыпылықтата ашып, аңғал кейіпте қарайды.

– Қатты ұқсайсыздар!

– Қай жағынан ұқсаспыз?

– Барлық жағынан. Тіпті жалғызсырағанда қатты ішетіндеріңіз де ұқсайды.

– Сен оның үйінде болдың ба?

– Иә.

– Үйін көрсетесің бе?

Міне, біз бейтаныс аулада келеміз, автотұрақ, балалар ойнайтын алаң бар екен. «Хрущевка» аталатын үш қатарлы сары үйдің алдына келіп тоқтадық.

– Жоғары көтерілгенде оң жақ есік.

Мәриямен қоштасып, ішке кірдім. Көздеген есіктің алдына тоқтап, қоңырау шалдым. Не үшін? Кім біледі? Мүмкін, ғайыптан тайып, бәрі жалған боп шығып, оның өзі есікті ашса деймін. Бірақ, ғажайып аяқ астынан қайдан болсын? Ешкім ашпады. Аулаға шығып, есік алдындағы орындыққа отырдым. Темекі тұтатайын дегем, қапелімде сіріңкемді таба алмадым. Сол сәт біреу келіп оттық ұсынды. Темекімді тұтатып, басымды көтерсем, әлгіндегі мені аңдып, қыр соңымнан қалмай жүрген қыз тұр. Бейіт басында қуып жете алмаған қыз. Түріне үңіліп қарадым. Бет әлпеті нәрестеге ұқсас, өте жас көрінді. «Бала ғой, мынау!».

– Соңымнан еріңіз, – деді ол.

Соңынан ердім.

– Кіріңіз, – деді, кілтімен ұлымның үйінің есігін ашып. Ішке кірдік. Үй іші жап-жарық. Айнала жардың бәрі бос, аппақ боп сыланған. Кереует, сөрелер, үстел және отырғыш. Басқа ештеңе көрмедім. Тап-тұйнақтай жиналған. Ұлым үйін таза ұстаған екен. Әлде, мына қыз ба? Бейтаныс қызға қарадым:

– Сіз кімсіз?

– Маңызды емес.

Үйдің кілтін ұсынды.

– Енді бұның бәрі сіздікі. Алыңыз. Пәтерақыны түгел төлеп қойдым, ешқандай қарыз жоқ, – деді де, әлгі қыз есікке қарай аяңдады.

– Қайда барасыз? – деп, жанұшыра қолынан ұстай алдым. – Қалыңызшы, өтінемін, білгеніңіздің бәрін айтып беріңізші!

Ол қолын тартып алды.

– Менің Сіздің алдыңызда ешқандай бережағым жоқ. Уақыты келгенде, жөн білісіп, сөйлесерміз. Ал әзірге сау болыңыз!

Ақыры үйде жападан жалғыз қалдым. Алыстаған туфлиінің тық-тық еткен дауысы естіліп барады. Бұл қыздың айтар сыры көп секілді. Тағы бір құпияның шеті көрінді. Енді оны күту ғана қалды. Келесі кездесуіміз қашан болар екен?!

Шкафты ашып едім, өңіріне медаль тағылған әскери киім көрінді. Аға лейтенанттың погоны. Медальға «Жауынгерлік ерлігі үшін» деп жазылыпты. Демек, ол әскерде болған.

Қонақүйге барып, киім-кешек, басқа да дүниелерімді алып келдім. Енді бұл – біздің үй. Асүйдің бұрышында көктеп кеткен картоп жатыр екен, қоқыс салатын шелекке тастадым. Сөренің үстінде тұған кофені қайнатып іштім. Ас үйде ұзақ отырып, темекі тарттым. Үстел үстінде түрлі-түсті тастармен әдептелген, алтын жалатылған күлсалғыш тұр.

Ертесіне қалалық әскери бөлімге бардым. Компьютердің алдында отырған қыз ұзақ іздеп, Аслан туралы ақпаратты әрең дегенде тапты.

– Иә, ол келісімшарт бойынша қызмет еткен. Пәленбай жылы, пәленбай күні келген, жаралы болғаннан кейін қызметтен босапты. Әскерде арнайы келісімшарт бойынша жыл жарым жыл уақыт қызмет еткен.

– Сонда қай жерде болған?

– Ақпарат жоқ.

– Оған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі берілген ғой?

– Айтып тұрмын ғой, басқа ешқандай ақпарат жоқ. Түсініңізші, олар арнайы келісімшарт бойынша барған жасақшылар, сондықтан, артық мәлімет берілмейді, құпия сақталады.

– Түсінікті. Рахмет.

Сонымен, ұлымның бір жарым жыл ғұмыры мен үшін құпия күйінде қалмақ.

«…Халық көп жүретін ашық алаңқайда тұрып, өз-өзімнен ал, кеп күлейін! Жазғы аптаптың шақырайған күнінің күйдіріп бара жатқанына қарамай, көлеңкеме қарап, жынды адамдай күле беремін, күле беремін. Әрлі-берлі өткендер аң-таң, біреулері есіркей қараса, қайсыбірі қосыла жымияды. Анау атпалдай жігіттер мені нұсқап, «мына ауыштың күлкісін-ай», – дегендей. Маған бәрібір, ештеңе әсер етер емес. Бойымды әлдебір адуын сезім кернеп, қызулана түсем, тіпті айналама бар даусыммен: «Әй, адамдар, тіршілік деген ғажап қой, неге соны түсінбейсіңдер?! Мынау дүние керемет қой! Шамаларың келгенше, шаттықта, жақсы көңіл күймен өмір сүріңдер! Күліңдер! Бір-біріңе тек мейіріммен қараңдар!» деп айғайлағым келді. Әрине бұл ақылға сыймайды. Бірақ, осы жындылықтан күш-қуат алғандай боламын, жамандық атаулының бәрін уақытша серпіп тастап, ұмытуыма септігін тигізеді».

Тапжылмай әлі тұрмын. Мынау, сол алаң ба екен, әлде басқа ма? Не болғанда да, адам көп жүретін жер екен. Күлкімді тыя алар емеспін. Расында, мен жынданған шығармын.

«Ол неге өз-өзіне қол жұмсауға барды?». Осы сұрақ санамды шырмап алған. Жауап жоқ. Қой, себепсіз күле беруге болмас. Алаңнан алыстап шығып, іргелес көшелердің бірімен келе жатырмын.

Аядан ажырасқан бойда әскерге тартып кеткен. Алдын ала дайындалды ма екен? Ойланарлық жағдай – банк, теледидар, армия. Тағы қандай тосын сый күтіп тұр екен?

Күнделігіндегі жазбаларға қарағанда, біршама жайлы өмір сүрген секілді, басында алабөтен қиыншылықтар да болмағандай…

Жауын сіркіреді. Көрінген көп дүкеннің біріне кіре кеттім. Электроника сатады екен. Плазмалық экрандар жарқ-жұрқ етеді, қитұрқы әуен қосулы тұр. Теледидарда жаңалықтар көрсетіп жатыр. Кезекті теракт, тағы да сорғалаған қан, біреу аяғы жұлынып кеткен жігітті сүйреп барады, көк түтін, алаулаған от, неше түрлі қираған көліктер. «Жедел жәрдем»… Ұлымды ойлаймын. Мүмкін, ол да осының бәрін өз көзімен көрген шығар. Іштей күйзелген шығар… Менің түсінуімше, тозақ оты… қалың ойға шомып кетіппін.

…Біз,  бір  топ   жауынгерлер,  қыстаққа  сақтана басып кірдік. Автоматтарымыз оққа толы. Арақашықтықты мұқият сақтап, асықпай-аптықпай келеміз. Тыныштықты иттердің үргені ғана бұзып тұр. Біраз жер жүрген соң, кішігірім алаңқайға тап болдық. Біреу сыбырлайды: «Қызыл көйлектілер». Алаңқайда біздің үш жігіт соқаға таңылып тұр. Терілерін тірідей сыпырып,  бастарына қаптаған. Белінен бастап сыпырып, жоғарыға қарай керіп қойыпты. Бұл сорақы соғыс құбылысы – «қызыл көйлектілер» деп аталады. Терілерін тірідей сыпырады. Бұған дейін ұзынқұлақтан естігенімізбен, көріп тұрғанымыз осы. Тақтайшаға орыс тілінде «шурави», – деп жазып, аяқтарына таңып қойған. Біреуі әлі тірі екен. Оның «көмектесіңдер…» деп ыңырсығаны естіліп тұр. Майор тапаншасын шығарып, оның жүрек тұсынан көздеп атып жіберді…

«Ұлым менің, құлыным, әкең белуардан кешкен тозақ отынан сен де өткен екенсің ғой!… Жүрегім дүмпу салып дүрсілдейді, көзімнен жас парлайды.

Таксиге зорға отырдым. Көңілімді ауламақ боп, таксисті әңгімеге тартқым келді. Осылардың әңгімесі қызық. Ескілеу 412 нөмірлі «Москвичтің» шопыры да іздегенге сұраған екен. Сампылдап қоя берді.

– Машинаңыз ескілеу екен, жиі бұзылатын шығар? – дедім, аға жасына жеткен шопырға қарап. Сол-ақ екен, көлігіне қыруар жаңа бөлшектер салғанын, қозғалтқышын қалай жинағанын тәптіштеп айта бастады. Тіпті, қызды-қыздымен қозғалтқышқа азот бүркитін қондырғы қосып, түнгі трассаларда ызғытып жарысқа шығатынын да айтып, арқасы қозды.

– Мүмкін емес, – деймін, сенбестік танытып. Бекер-ақ айтқан екем…. Бір тетікті басып қалды да, ызғытып қоя берді. Құйындатып келеміз. Аспанда ұшып жүргендейміз. Көзімді жұмып алдым. Есім шығып кете жаздады. Аман-есен тоқтағанымызға қуандым. Шопыр маған күліп қарайды.

– Иә, көке, бұл «Москвич» емес, нағыз айтулы жарыстарға түсетін мәшина ғой. Азот бүркитін қондырғысы неге тұрады? Таңқаларлық! – Шопыр тағы мазасыздана бастады.

– Сайтан алғыр! Мынау қалай жүреді-ай? Жүргізушісі әйел болар.

– Әйелдің мәшине жүргізгенін ұнатпайсыз ба?

– Иә, ұнатпаймын! Оларға жақындап кетсең болды, бір пәлеге жолығасың. Жақында байғұс немерем осындай әйелдер үшін басы дауға қалды. Кәмелетке толмаған біреумен жүрем деп… Енді, қыздың шешесі үстінен арыз жазыпты. Кешірім беру үшін 4000 доллар сұрайды. Сенесің бе, полицейде жасайтын бір танысым әлгі шешесі мен қызының әрекеттерін бұрыннан біледі екен. Бақсақ, олар мұндай алаяқтықпен көптен айналысады екен. Бірталай ел біледі дейді. Солай табыс табатын көрінеді. Сақшылар да бұл әрекеттен хабардар, бірақ нақты дәлел қолдарында болмағандықтан, әлгі алаяқтарды ұстай алмай келеді. Міне, әйел деген осы! Иттер-ай! – Шопыр терезеден бір түкірді.

– Ендеше, төлемейсіздер ме? – деймін.

– Әрине, төлейміз. Басқа амал бар ма?.

Әмбебап дүкеннен оны-мұны алып үйге келдім. Түн. Ай сүттей жарық. Ұлымның жазбаларын оқып отырмын:

103.

Бұйрыққа екеуі де бойсұнды.

Ибраһим ұлын (бауыздай) бастады,  бірақ, пышақ өтпеді.

104.-105.

«Ей, Ибраһим! – деп үн қаттық Біз сонда.  Түсіңді іске асырдың.

Біз жақсы іс жасағандарды, анығында, былайша сыйлаймыз.

106

Бұл, (сен үшін) айқын сынау еді.

107.

Сөйтіп, Біз баланың орнына бір құрбандық бердік (қошқар).

108.-109.

Осылайша біз кейінгілер; «Ибраһимге салем!  – деп жүретін даңқ қалдырық:

«Ибраһим (Авраам), құдіретті пайғамбар, көрген түсіне сәйкес, Аллаға шынайы берілгендігін дәлелдеу үшін өз қолымен туған ұлын құрбан етуге ниеттенді.

Бірақ, қашанда мейірімді  Аллах оның ұлының орнына құрбандыққа шалуға көктен тоқтыны түсірді. Расында, Құдайға соншалықты сенгенін дәлелдеу үшін өзінің  туған  перзентін   қиюға жүрегі қалай дау алады екен?! Мүмкін, Исмаил әкесінен: «Жаңа ғана оңды-солымды танып келе жатқан мені, әке, мені неге қыршынымнан қиғың келді?» деп сұраған да шығар…

Кереуетте отырған күйі темекіні тауысуға айналдым. «Айпад»-қа үңіліп, интернеттегі пікірлерді оқуға көштім. Абдр-Рахман ас-Саади шейхтың: «Әкесі мен ұлы бір Аллаға ғана бойұсынған. Ибраһим Алланың қаһарынан қорыққандықтан, барлық парызды айнытпай орындауға тырысқан, сол себепті де құрбандыққа ұлын шалуға дайын еді. Ал, Исмаил өте сабырлы болды, Алланың үкіміне, ата-анасына қарсы шыға алмады. Ибраһим ұлының көзіне тіке қарай алмайтын еді… Пайғамбардың барлық игі істері Аллаға деген шынайы берілгендігін, шексіз махаббатын, сүйіспеншілігін көрсетеді…» Ибраһим бұ дүниенің бар қызығын, жалғандағы сүйіспеншілік атаулының бәрін бір Аллаға деген шексіз махаббатынан төмен қойғаны сонша, жаратқан разылығы үшін туған ұлын құрбан етуге дәті жетті. Ұлын өлімге қиған жанның жүрегінде мейірімділік ізі қала ма?! Сол себепті Жаратқан көктен тоқтыны түсірді. Сондай-ақ, Алла жолында құрбан шалу осы күннен бастап қасиетті парыз болып қалыптасты. Біріншіден, Исмаилды аман алып қалу арқылы, адамзат құрбандыққа адамды емес, мал шалуды бастады. Екіншіден, құрбан шалу – Аллаға мадақ. Үшіншіден, ақыретке дейінгі жасаған ізгі амалдардың қатарына қосылды». Түсініктеме осылай дейді.

«Иә, ұлым, қандай шытырманға тап болғансың!»… – алтын түсті күлсалғышты кереует астына итеріп, мазасыз ұйқыға бас қойдым.

Таңертең асқа жұмыртқа мен шұжық қуырдым. Бойдақтың күйі ғой. Бұрын-соңды тамақ пісіріп көрмеппін.

Қоңырау қағылды. Тымақ бастырып, күртеше киген еңсегей біреу табалдырықта тұр. Қолы қалтада. Едірейе қарайды.

– Ал, сіз кімсіз? – дейді.

– Мен – Асланның әкесімін.

Тағы үнсіздік. Жігіт қалтасынан қолын шығарды.

– Солай ма? Сәлеметсіз бе!

– Табалдырықта амандаспайды. Кіріңіз! – есікті айқара аштым. Қол алыстық.

– Есімім – Нұрлан. Төменгі қабаттағы көршіңізбін. Қаза қайырлы болсын, аға!

– Әмин!

– Мұнда енді ұзақ тұрасыз ба?

– Білмеймін. Тамақ ішесіз бе?

– Жоқ, рахмет. Мен кетейін.

Есіктің құлағына жармасты.

– Тоқтай тұрыңыз,– дедім сол сәтте. – Сіз Асланды жақсы білетін бе едіңіз?

Басын сипалады.

– Былай, енді, таныс болдық. Жалпы, терең білмесем де…

– Ол немен айналысты, қалай күн көрді, білесіз бе?

– Білемін. Бірақ, мұны кез-келген адам білуге тиіс емес. Сізге, әкесі болғандықтан айтуым жөн шығар. Тек, ешкімге тіс жармаңыз.

– Әрине.

– Ол ережесіз жекпе-жекпен айналысты.

«Тағы бір тосынсый».

– Мұның жасыратын несі бар?!

– Енді, бұл, жасырын төбелес. Өте қауіпті. Аңдамасаң, өлім аузына жеткізеді.

– Онда қалай тап болды?

Басы салбырап, төмен қарады.

– Кезінде өзім алып барып едім.

Көз алдыма елес келді: Аслан біреумен бет-жүз аяспай ұрғыласып жатыр… Саулаған қан…

– Өзі қалап барды ма?

– Басқа амалы қалған жоқ. Жылжарым бұрын бір сыраханада таныстық. Әбден азып-тозған, арып-ашқан… Кешіріңіз, әрине. Бірақ, жасырып қайтем, үсті-басы кісі көретіндей емес, лас, күйсіз еді. Әңгіме арасында бұрынғы арнайы жасақ мүшесі, каратэші екенін білдім. Сол кезде әлгі ережесіз төбелес жөнінде айтып едім. Бірден келісті. Және бірінші төбелесте-ақ қыруар ақша тапты.

– Жақсы төбелесе ме?

– О не дегеніңіз! Тажал еді ғой! Құдайға шүкір, ешкімді өлтірген жоқ… Бірақ, талайды еңбектетіп жіберді.

Орындыққа жайғастым. «Тажал. Жұдырықтау машинасы». Оны мұндай кейіпте еш елестете алмадым. Қаталдық, қатыгездік оған мүлдем жат еді.

– Маған жекпе-жекті көрсете аласыз ба?

Бүйірін таянып, сәл ойланғандай болды да, бас изеді.

Жертөленің жалғыз аяқ дәлізі. Бозаң шам жанып тұр. Дәлізден сарылдай аққан су дауысы естіледі. Былғары жакет киген, қолдары жазу сызуға толған біреу ертіп келеді. Ақыры, ғимараттың жарығы кеңдеу жеріне жеттік-ау. Жүз шақты көрермен жиналған екен. Барлығы қызу, айқайлап, айтақтап тұр. Ортада үлкен темір тор. Нұрлан мені езуіне темекі езген біреуге алып барды.

– Володя көке, таныс болыңыздар, бұл Асланның әкесі.

– Асланның әкесі деймісің?! Өте қуаныштымын!

Әлгі мырзаң алтын тісін ақсита күліп, қолымды қатты қысты.

– Жәй ғана Володя дей беріңіз. Осы істі мен айналдырып отырмын. Естіп жатырмыз: өткен іске өкініш білдіремін, қайырлы болсын..

– Рахмет.

– Асланды еске алып жіберейік, ендеше.

Әйнек қабырғалы, шағын бөлмеге бастап кірді. Есік аузында күзетші. Володя шөлмек шығарды.

– Батыл, мықты жігіт тәрбиелепсіз. Менің де балаларым сондай болса екен деп тілеймін. Келіңіз, ұлыңыздың жарқын рухы үшін ішелік. Жаны жәннәтта болсын!

Ол қағып салды. Мен іркіліп қалдым.

– Темекі тартасыз ба?

– Жоқ, біртүрлі зауқым соқпай тұрғаны…

Мен Асланның өлімінің бір себебі осы төбелестерде шығар деп ойлағам. Сұрақты төтесінен қойдым.

– Володя, Аслан неге бұлай жасады, білесіз бе?

– Өз-өзіне қол салғаны туралы айтып тұрсыз ба?!

– Иә.

– Бұл маған да жұмбақ. Неге дейсіз бе? Негізінен Асланның жағдайы жақсы болды! Жекпе-жектерден тапқан ақшасына көлікті де, үйді де сатып алатын жайы бар еді. Қалтасында артық қаржы пайда болған соң, көптеген жаңа достар пайда болды, олардың ішінде біздің тұрақты клиенттеріміз, яки ықпалды адамдар да бар. Шынында да, онда жанына керектінің бәрі болды. Рас, соңғы үш айда жекпе-жекпен айналыспай кетті. Басқа жұмыс тапқандығын айтқан. Содан біз де қыстамадық. Бір ғажайыбы – ол ешқашан жеңілмейтін. Сол себепті, нәтижесі алдын ала белгілі болғандықтан, жекпе-жегіне тігілетін бәсі де төмендеп кетті. Әрине, біз оны лайықты шығарып салдық. Асланның құрметіне дастархан ұйымдастырылды. Қоштасуға жекпе-жекке қатысып жүрген жігіттердің бәрі келіп, тікесінен тік тұрып шығарып салды.

– Жекпе-жекті көруге рұқсат па?!

– Мархабат!

Біз бөлмеден шығып, қалың тобырдың арасымен торға жақындадық. Қара пальто киген, көзіне күннен қорғайтын көзілдірік таққан егде адамның жанына тоқтадық. Володя бізді таныстырды.

– Николай Иванович, бұл – Асланның әкесі.

– Асланның әкесі? Қызық екен!

Николай Иванович маған иіле түсті. Жасы елулерге тақаған сұңғақ бойлы сырбаз ер. Сақал-шашына сәл ғана қырау қонған.

– Мына қара перде кигеннің әдістері сіздің ұлыңыздың ұрыстарына ұқсайды. Жақтың астынан құлаштап ұрады.

Төбелес қызып жатыр. Ауыр-ауыр соққылар былш-былш етеді. Екі қарсыластың да деңгейі шамалас тәрізді. Соққы алған сәтте сәл шегінеді де, қайта шүйлігеді. Кенет «Қара перде» еңкейе берді де, шалт қимылдап, қарсыласының жағының астынан былш еткізді. Анау кескен теректей сұлады. «Қара перде» үстіне қона түсіп, қан-жосасын шығарып төпелей бастады. Көрермен мәз-мейрам. Ерсілі-қарсылы соққылар тиген сайын астындағысының басы шайқалып, селк етіп қана жатты. Көпшілік тыныштала түсті. Сәлден соң өлі тыныштықты соққының дыбысы ғана бұзып тұрды. «Қара перде» ұруын тоқтатар емес. Бәрі демін ішіне тартып, соңын күтуде. Соға-соға қолы талған шығар… Ақырын баяулады. Орнынан үлкен іс бітіргендей тұрып, жан-жағына сүзіле қарады. Аңша ырылдап, қанға боялған жұдырығын жоғары сермейді. Көрермен оған масаттана шулайды. Күзетшілердің тордан шала жансар денені қол-аяғынан сүйрелеп шығарғанына қарап қаппын. Кеткім келді. Бірақ, Николай Иванович тоқтатты.

– Күте тұрыңыз!

Ол маған жеке кәртішкесін берді.

– Мүмкіндік болса, қоңырау шалыңыз. Біздің сөйлесуіміз керек.

Басымды изеп кете бердім. Үйден көлік кілтін іздедім. Оның көлігі бар болатын. Пиджактарының қалтасын ақтарып жүріп тауып алдым. Аулаға шығып кілттің батырмасын бастым. Қаңтарылып тұрған машиналардың бірінің шамы жыпылық қақты. Көк түсті ескілеу «Тайота Камри» екен. Қалың шаңға батыпты. Әйнектерін сүртіп алып, от алдырып, ауладан шықтым. Жолай көлік жуатын орынға кірдім. Жарқыратып жудырып, түнгі қалаға бет алдым.

Жолда келе жатып Асланды ойлаймын. Мұндай жаста өзін-өзі өлтіру үшін бұлтартпас себептер керек шығар-ау? Әрине, бақытсыз махаббаттың салдарынан немесе айналасымен ұғыса алмай шатырдан секіру сияқты тірліктер көкезу бозбалалардың ісі. Асланның жөні басқа. Не де болса, өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізген бір оқыс оқиға болғаны сөзсіз. Мүмкін, Николай Иванович бір нәрсе білер?.. Оған қоңырау шалу керек.

Ұйқыдан тұра сала ұялы телефоныма жармастым.

– Сәлеметсіз бе, Николай Иванович! Сізді Асланның әкесі мазалап тұр. Иә! Екі күннен соң? Қай жерде? Жақсы, түсіндім.

Екі күннен соң үйіне бардым. Зәулім екен. Қақпа алдынан бір бойжеткен күтіп алып, ішке ертіп кірді. Оюлы есік ашылып, бассейн көрінді. Николай Иванович судың ернеуімен бойлап жүзіп жүр екен.

– Отыра тұрыңыз, қазір шығамын, – деді.

Жеміс-жидек пен түрлі сусындарға толы әйнек үстелдің жанындағы орындықтардың біріне жайғастым. Жеңіл әуен ойнап тұр. Шаде. Үй иесі судан шығып, жаныма келді.

– Жағдайыңыз қалай, Арсен Бақытжанұлы?

Сүлгіге оранып, бос орындықтардың біріне отырды. «Айтпақшы, ол менің есімімді қайдан біледі?»

– Аты-жөніңізді білетініме таң қалмассыз. Адаммен танысар алдында, ол жөніндегі қажетті мәліметті жинақтап алатыным бар. Солай қауіпсіздеу.

– Сонымен, мен жөнінде не білдіңіз?

– Түсінісу үшін жеткілікті. Бір нәрсе ішесіз бе? Шарап, шай?

– Жоқ, рахмет! Сонымен не білдіңіз деймін?

Ол өзіне асықпай шай құйып алды.

– Алаң болмаңыз. Мен білген мағлұматта ешқандай өрескел жәйт жоқ. Сіз үш рет үйленгенсіз бе?

– Иә, онда тұрған не бар?

– Жоқ, еш нәрсе жоқ. Маған бұл көп жайтты аңғартады. Және сіз әскери борышыңызды Ауғанстанда өтегенсіз?

– Иә.

– Соғыс сынды азабы ауыр жүк пен жеңіл сәнге негізделген жарнама секілді қайшылықты құбылыстардың бір басыңызда тоғысуы оңай шаруа емес-ау, тегі?!. – Мүмкін… Бірақ менің кәсібімнің біздің бүгінгі әңгімемізге не қатысы бар? Одан да Аслан туралы айтсаңызшы. Ол жөнінде не білесіз? Сіздер жақын таныс болдыңыздар ма? Өмірінің соңғы күндерінде қандай күйде болды? Маған сол жұмбақ болып тұр.

– Соңғы сәттері дейсіз бе, өкінішке орай, менің оны көрмегеніме көп болды. Соңғы үш айда бір-бірімізден тым алыстап кеттік. Оның өз жұмыстары бар, мазалағым келмеді.

– Қандай жұмыстар?

– Оны мен сізге айта алмаймын.

– Неге? Сіз бір нәрсе білетін сияқтысыз.

– Түсінесіз бе, Арсен, көпшілік мәселелердің құпиясын ашуға сіздің өзіңіз жетуіңіз керек. Мен тек сол жолыңыздағы кейбір түсініксіз жәйттерге бағыт беріп, жөн сілтей алсам болды. Сіз оның өлімінің шын себебін анықтауға келген жоқсыз ба?

– Иә. Бірақ, сіздің де бір білгеніңіз бар сияқты ғой.

– Анық-қанығын мен де білмеймін. Тек жорамалдар ғана. Қайталап айтамын, Сіз ақиқатқа жеткізетін бұралаң жолды белшеңізден батып, өзіңіз өтуіңіз қажет. Перзент сіздікі ғой!

– Олай болса, мені неменеге шақырдыңыз? Көмектесудің орнына қайдағы бір жаңылтпаштармен басымды қатырдыңыз. Нақты бір нәрсе айта аласыз ба, жоқ па?

– Ашуланбаңыз. Менің сізді ренжіткім келген жоқ. Мынаны алыңыз.

Ол маған жарты бет қағаз ұсынды. Бір үйдің мекен-жайы көрсетілген екен.

– Бұл не?

– Бұл   үйде  көп тұрғын мекендейді. Сіз Альфонсты сұраңыз. Оны сол жердегілердің бәрі біледі.

– Альфонсыңыз Аслан жайлы бірдеңе біле ме?

– Ол балаңыз туралы талай қызықты ақпаратты айта алады. Тек өзіңізбен бірге бір бөтелке арақ пен тәуір тіскебасар апаруды ұмытпаңыз. Сізге айтпағым осы еді. Сау болыңыз!

Ол қайтадан суға сүңгіп кетті. Сілейіп тұрдым да, жөніме кеттім. Машинаға отырып, шылым тұтаттым. Николай Ивановичпен болған әңгіме ашуымды келтірді. Ол маған сондай жағымсыз адам боп көрінді.

Сонымен, ендігі бағыт – Альфонс. Қызық есім. Бұл лақап аты болуы да әбден мүмкін. Дүкенге соғып, бір литрлік бөтелкедегі тәуір арақ, маринадталған саңырауқұлақ, шұжық пен ірімшік және аздаған нан алдым. Көрсетілген мекенжайға келе жатырмын. Іздеген үйім іркес-тіркес ауланың ең түкпірінде сияқты, қапелімде көзге түсе қоймады, сондықтан машинаны алыстау болса да, жол бойына қалдырып кеттім. Барақ тәрізденген ескі, екі қабат үйлер. Терезелеріндегі әйнектері шағылған, сыртқы есігі желмен шиқылдай тербелген біреуінің жанына тоқтадым. Бірінші қабаттағы пәтерлердің бәрінің есігі аңырайып, ашық-шашық жатыр. Біреуіне кіре салдым. Сұмдық сасық, көңірсік иіс мұрынды жарады. Бөлмеде адам деп айтуға аузың бармайтын біреулердің алба-жұлба сұлбалары не болса соны жамылып, шашыла ұйықтап жатыр.

– Альфонс! – деп айқайладым.

Қорылдан басқа жауап болмады.

– Альфонс!

– Не айғайлайсың! – көрпе астынан бет-ауызы арақты іше-іше көкпеңбек ісік боп кеткен бір әйелдің түрі көрінді. – Жоқ мұнда, Альфонс!

– Қайда ол?

Әлгі әйел менің қолымдағы арақ салынған дорбаны байқап қалды. Сол ақ екен, лезде орнынан тұрып, маған жақындады. Жымиған болады.

– Мынауыңмен бөліссең, қайда екенін айтамын, – деп, саусағымен дорбамды нұсқады. – Маған көп керек емес, 100 грамм болса жетеді. Ә, қымбатты жолдас?

– Жақсы, стақаның бар ма?

Ол әлдебір қапшықтан темір күрішке суырып алды. Ернеуіне дейін толтыра құйдым. Сұйық арақтың қылқылдап құйылған дауысын естіп, көрпе астындағы бірнеше адам бас көтерді. Олардың бірі жалынышты тіл қатты:

– Ириша, бір жұтым берші!

– Қане ұйықтаңдар, тыныш жат, бәрің! – деп барқ етті Ириша.

Жамырағандар жамылғы астына бастарын қайтадан тықты. Ириша шімірікпестен қылқылдатып іше бастады. Тауысып біткенше бір дем алмады. Ішіп алған соң, күрішкені қапшыққа жасырды. Біреудің қалтылдаған басынан жұдырығымен қойып қалды.

– Ұйықта дедім ғой!

Маған жақындады.

– Ал, қане жүр, қымбатты жолдас!

Мен оның соңынан еріп келемін. Демек, Асланның бомж болғаны рас боп шықты! Біз екінші қатарға көтерілдік.

– Оны неге Альфонс дейді?

– Өйткені, ол барып тұрған қатынқұмардың өзі!

Екінші қатардағы бір есіктен басқасының бәрі шалқасынан ашық жатыр. Ириша жабық есікті тықылдатты.

– Аш, Альфонс!

– Кім бұл? – деген дауыс естілді.

– Аш, бәтшағар! Ириша, бұл!

Кілт сылдырлап, бір мезгілде есік ашылды.

– О, Ириша, сені мұнда таң атпай не айдап әкелді?

Табалдырықта үстіне жыртық-жамаулы киім киген, сығырайған көзілдірігі бар, ұнжырғасы түсіңкіреп кеткен, жүдеу жүзді біреу көрінді. Ебедейсіз жымияды. Мені көріп, езуін жиып алды.

– Ал, мынау кім?

– Бұл Аяз Ата! Сыйлық әкелді саған. Қара!

Ириша менің қолымдағыны көрсетті. Альфонс дорбама қарады. Іле-шала қуана сөйледі:

– Ал, кіріңіздер, қымбатты қонақтар, табалдырықта тұрғанымыз жарамас.

Пәтері едәуір жылы екен. Бүкіл терезесіне тақтай ұстағандықтан, қараңғыдан көз сүрінеді. Төбеде жалғызкөз шам әлсіз жанып тұр. Бұрышта бұл жердің сиқына үйлесе қоймайтын плазмалы теледидар экраны жарқ-жұрқ етеді.

– Біздің Альфонс –капиталист, байып болды, бірақ, ешкімді өзіне жібермейді! – дейді Ириша.

– Мұның өтірік енді! Өткен қыстың қақаған қырық градус аязында бәріңді паналатқан жоқ па едім? Үш апта бойы осында отырып жылындыңдар!  – деп даурыға қарсыласады.

– Жарайды, жарайды, қалжыңым ғой, – деп жуаси қалды Ириша.

Альфонс үстел үстіне стақандар мен тәрелкелерді қойып, орындық орнына жәшіктерді жақындатты.

– Отырыңыздар, қымбатты қонақтар!

Дорба ішіндегіні ортаға салдым.

– Саңырауқұлақ?! Мұны мен жақсы көремін! – Альфонс ризашылықпен алақанын ысқылайды.

Стақандарға көңілдене арақ құйды.

– Ал, барша әлемге бейбітшілік орнасын! – стақанды тамағына төңкере салды. Мен де аздап ұрттадым. Олар құтыдағы саңырауқұлақты қолдарымен алып, тіске басып отыр.

– Керемет! – дейді Альфонс.

– Неғып осы күнге дейін жарықтарыңды өшіріп тастамады екен? – деп сұрадым.

– Бізді ұмытып кеткен ғой. Бұл ауданды әлдеқашан күреп тастап, қалған тұрғындарды көшіріп жіберулері керек еді. Әлемдік дағдарыс басталып, күреу кейінге қалдырылды-ау, шамасы! Есесіне біз мұнда ырғап-жырғап өмір сүріп жатырмыз.

– Қумай ма?

– Әлсін-әлсін полиция рейдке шығып тұрады, тығылып үлгермегендерді аулап, ұстап әкетеді. Бірақ, олар бәрібір айналып осында қайтып келеді.

– Ал, сен Альфонс, жақсы орналасыпсың.

– Өйткені мен, адам баласы қандай жағдайға тап болса да, адамдық қалпын жоғалтпауы тиіс деп есептеймін. Қолымнан келгенше өзім де соған ұмтыламын. Ал, қане, мынадан тағы да ышқынтып жібермейміз бе?

Ол тағы да арақ құйды.

– Бүкіл елдің электрлендіру жүйесі үшін! – Тартып жіберді.

– Сонымен, сіз не жұмыспен келдіңіз? Айтпақшы, есіміңіз?

– Менің атым – Арсен. Асланның әкесімін.

Альфонс шайнауын лезде қоя қойды.

– Асланның әкесі? Ғажап! Сізді көргеніме сондай қуаныштымын! Тағы да армысыз! – бұл жолы қолымды қызу қысты. – Ол қайда жоғалып кетті? Қатты сағындым!

– Одан айрылып қалдық! Асылып өліпті!

– Не дейді? Асылып қалды? Аслан?… – Альфонстың көзінен жас парлап кетті. –Неге!

– Сіз оны соңғы рет қашан көрдіңіз?

– Екі ай бұрын мына телевизорды әкеліп берген. Өзіне керек еместігін айтты. Бұлай боларын білсемші, сорлы басым! Неге маған ештеңе айтпастан кетті?

– Сабыр ет, Альфонсжан! – Ириша оның жауырынынан сипады.

– Сіз де оны білетін бе едіңіз? – деп сұрадым Иришадан.

– Шамалы ғана. Ол тек Альфонспен ғана араласатын.

Альфонс көз жасы көл болып, еңіреп отыр.

– Мә, ішіп жібер, – Ириша оның стақанын толтырды.

Альфонс қолымен стақанды итеріп тастады.

– Жоқ, мұндай сәттерде ішуге болмайды.

Ириша ойланып тұрды да, стақандағыны өзі қағып салды. Содан соң әндете бастады:

– Айрылысу дегеніміз, айрылысу, –

Бұл – қоштасу, қайғы құшу.

Ал, бізді… Жер-Анадан…

Басқа жан айыра алмас,

Қанаты әлсіз тотықұстар

Аңырап ән салады,

Аяулым, біз екеумізді…

Ажыратып, қоя салмақ..

Неліктен,  – о, аяулым,

Біз бөлек өмір сүреміз,

Одан да, қосылып ап,

Бақытқа кенелмейміз?…

Әнін аяқтап, бей-жай, түк болмағандай орнынан тұрды.

– Ал, жарайды, мен кеттім, өздерің әңгімелесе беріңдер.

– Сау бол, – дедім мен оған.

Альфонс екеуміз қалдық. Аздан соң ол жылауын тоқтатты.

– Бастықтарың Ириша ма?

– Иә, ол біздің бастығымыз тәрізді. Бұрын мұғалім болған. Тіпті оқу ісін де басқарған екен. Күйеуінен ажырасқаннан кейін ішкілікке салынып, ақыры осындай күйге жетіпті.

Аслан неге өз-өзіне қол жұмсапты?

– Оны мен сізден сұрағым келген?

– Мен қайдан білейін. Бәрі жақсы еді ғой. Үйленді…

– Ол тағы үйленді ме?

– Иә. Иә, сүйкімді, жап-жас қызбен шаңырақ құрды.

– Жап-жас?

– Иә, өңіне қарасаң, тіпті сәби дерсің. Сіз оны көрдіңіз бе?

– Көрген сияқтымын. Ал, сіз Асланмен қалай таныстыңыз?

– Супермаркет жанында. Күн қатты салқын болатын. Ал, ол әлгі әмбебап дүкеннің қабырға тұсындағы бір бұрышта бүктүсіп ұйықтап жатты. Басына киім-кешек салынған дорбасын жастанған. Әрең ояттым. Сосын осында алып келдім. Өңі тұздай боп, азып кеткен. Шидей арық еді. Өз қолыммен тамақтандырып, аяғына тұрыздым. Тірі қалды, сөйтіп. Бір күндері жымиып күлетін жағдайға жетті. Сөйлей бастады. Енді сөйлегенде… қалай айтсам екен, әйтеуір түсініксіз бірдеңелер… Не де болса, жақсылыққа жорыдым. Екі күннен кейін өз-өзіне келіп, басынан өткенін баяндап берді. Сөйтсек, ол бір діни секта қатарына қосылыпты. Олар Асланның ішіп-жемін, жататын орнын мойындарына алған. Басында бәрі жақсы еді дейді. Алайда, дау аяқ астынан туған. Сондағы бір жас жігітпен ағалы-інідей жақсы сыйласыпты. Өзі қорғансыз, әлжуаздау болса керек. Бірде сол жігіт кезекті дұғадан кешігіп қалады. Ал ол жерде бұл – кешірілмес күнә, тіпті, қылмысқа парапар. Балаға жаза тағайындайды. Үстелге шандып байлап, соқталдай жігіттерге оған бар күшімен дүре соғуды бұйырады. Аслан ашуланып, «ұстазға» қарсы шығады. Олар құлақ аса ма? Шу көтереді. Аслан шыдай алмай «Ұстазды» құлақ шекеден қойып жібереді. Анау мұрттай ұшады. Асланды бәрі жабыла есінен танғанша тепкілеп, қақаған аязда күздік жадағай киімімен көшеге апарып тастайды. Міне, оны көшеден сөйтіп таптым.

– Секта қалай аталады?

– «Мәңгілік крест». Емдеу-сауықтыру орталығы деп көрсетілген.

– Сенің ойыңша, менің ұлым қандай адам болды?

– Көп сөйлемейтін. Біздікілер одан аулақ жүрді. Бұл жер шынында да оның орны емес еді.

– Ал, әйелі?

– Бұл жерден кеткеннен кейін де Аслан маған қарайласып тұрды. Апта сайын тамақ әкелетін. Бір күні бір қыз баланы ертіп келді. Сондай аяулы, бейкүнә қызды мұнда әкелгеніне таң қалдық. Ал әлгі бойжеткен Асланның бір уақытта осында тұрғанына сенбей, қапаланды.

– Аслан екеуің жақсы тұрдыңыздар ма?

– Жанымыз жарасқанмен, ашыла сөйлеспейтінбіз. Ол да көбіне үнсіз. Мен де тағибатымнан томаға-тұйықпын. Ол мына креслоға отырып ап, кітап оқиды, мен «Таласпен» сырласамын. Қызыл шарапты айтамын…

Бұрышқа көз салсам, шынымен де, ескі кресло тұр, қабырға түбінде кітаптар жатыр. Дюма. Құран кәрім. Библия. Абай. Тағысын тағылар. Ізденген түрі ғой. Қолыма іліккенін алдым – «Граф Монте-Кристо».

– Ол мұнда қанша уақыт тұрды?

– Жарты жылдай.

– Әскери өмірі туралы ештеңе айтпады ма?

– Әскерде болғанын білем. Бірақ, жарытып ештеңе айтпады.

Альфонстың иығына қолымды қойып, жылы қоштастым.

– Рақмет саған!

– Оқасы жоқ… О не дегеніңіз! Сіз жақсы перзент тәрбиеледіңіз.

– Сау бол!

– Аман жүріңіз…

Таза ауаға шықтым. Кеудемді кере, терең тыныстадым. «Менің ұлым шым-шытырық тұйыққа батқан екен. Бұдан әрі құлдырау мүмкін бе?! Жоқ, мүмкін емес!». Бірақ, сенемін, оның қандай тығырықтан болса да аман-есен шығары сөзсіз. Иә, ол өмір сүре білді. Үйленді. Қызмет етті. Табысқа жетті. Адасты. Қайта жол тапты. Әлгі қыз қайда жүр екен? Аслан жайлы қалған сырды сол білетін секілді. Ерсілі-қарсылы жөңкілген жұртқа қараймын. Кейде осы көпшілік аман жүру бақытын толық сезіне алмайтындай көрінеді. Ұлымның басына түскен қиыншылықтың бір бөлшегін осылар татып көрсе, шіркін, қандай болар еді?! Көрер едім! Жат ағым, секта оны қалай арбады екен? Мұны анықтау керек.

Үйдің алдында Нұрлан күтіп отыр екен.

– Сәлеметсіз бе!

– Сәлеметсің бе, Нұрлан. Тыныштық па?

– Тыныштық, әрине. Мен жәй… Асланға ақша қарыз едім. Міне!

Қолыма конверт ұстатты.

– Жарайды.

– Аслан маған қиналғанда қол ұшын беріп еді. Мойнымда қалмасын… Қош болыңыз… – деп, шығып кетті.

Пәтерге кіріп, плащымды шешпеген күйі кереуетке құлай кеттім. Әбден шаршағаным енді білінді. Душқа кіріп, су астында ұзақ тұрдым. Әлгі қапас тірліктің лайына батқан денемді су тазалай алар ма екен?!…

Кафеде кофе ішіп отырмын. Қалалық  телефон  анықтамалығын ақтардым. Орамал тартып, пальто киген бір әжей кірді. Үстелден үстелге барып көмек сұрайды.

– Беріңіздерші, құдай үшін! Тиын-тебен болса да жетеді!

Кезек маған келді.

– Көмектесіңізші, құрметтім. Қара бақыр болса да… Өтінемін!

Қалтамнан Нұрлан берген конвертті суырып алып, қолына ұстаттым. Ішін қараған да жоқпын. Ол конвертті алды да әрірек кетті. Байқап отырмын: ашып, ақшаны тексерді. Сосын маған бажырая жалт қарады да, безе жөнелді. Қайта сұрап алар деді ме, асығыс басып, алыстай берді.

Телефон анықтамалығын ақтарып отырып, әлгі «Мәңгілік кресті» тауып алдым. «Медициналық мекемелер» бөлімінде тұр екен. Анау-мынау емес, «емдеу-сауықтыру орталығы» деп жазылған. Телефон шалдым. Нәзік дауыс естілді:

– Саламатсыз ба, бұл – «Мәңгілік крест» емдеу-сауықтыру орталығы. Тыңдап тұрмын сізді?

– Саламатсыз ба, Сіздің директорыңызбен бір мәселе жөнінде сөйлесейін деп едім!…

– Немене, науқас бар ма?

«Тағы қандай науқас?!»

– Бар.

– Бұрын бізде емделген жоқ па?

– Жоқ.

– Есіміңіз кім?

– Арсен.

– Жарайды. Мен сізді бейсенбіге, сағат 11-ге жазып қоямын. Кешікпей келіңіз. Директор міндетті түрде қабылдайды.

– Рахмет сізге.

– Жоқ, Сізге рахмет. Сәттілік тілеймін.

– Сау болыңыз!

Медицина және діни секта. Керағар ұғымдар. Сонда, наным арқылы емдей ме?! Әлде, ем арқылы иландыра ма?! Мұнда Аслан не істеді екен? Неден ем алды екен?!

Бейсенбі күні айтылған уақытта үш қабатты үйдің алдына келдім. Телефон шалдым. «Кімсіз?» деді күзетші.

– Есімім Арсен, сағат 11-ге жазылғанмын.

Қақпа ашылды. Арсылдап, шынжырлаулы екі қабаған ит тап-тап береді. Басты есіктен күзетші шығып, қол бұлғады. Аты-жөнімді журналға тіркеді. Күзетші мені ертіп үшінші қабаттағы есіктің алдына әкелді. Батырманы басты да, жоғары қарады. Бейнебақылау жүйесі жолға қойылған. Шиқылдап тағы бір есік ашылды. Қабылдау бөлмедегі хатшы қыз күлімдеп қарсы алды:

– Сәлеметсіз бе, Арсен. Қазір сізді директор қабылдайды.

Басқа есікке лып етіп кіріп кетті. Жан-жаққа зер салып мен тұрмын. Қабырғаға әулиелер бейнесі, крестер мен түрлі сертификаттар ілінген.

– Кіріңіз, – деді, әлгі қыз іле-шала.

Жалпақ жазу үстелінің басында ақшыл костюм киген, елулер шамасындағы бурыл шашты кісі отыр. Мойнына сом алтыннан шынжырлы крест, қос қолының быттиған саусақтарына әлде гаухартас, әлде жай таскөз сақина таққан. Мақпалдай жұмсақ дауыспен ақырын тіл қатады:

– Арсен?

– Иә.

– Отырыңыз, өтінемін.

Отырдым.

– Алдымен, айтыңызшы, біздің орталық жайында қайдан білдіңіз?

– Шынымды айтсам, бір бомждан естідім.

– Мүмкін. Таңғалмаймын. Олардың арасында танымалмыз. Қаншасының жанын емдедік. Бізге келгеннің көбі, нәтижесінде қоқыс ақтарғанды қойып, жөнге келеді. Үйленіп, үйлі-баранды боп кеткендері де бар. Құдайға сенесіз бе?

Ойға шомып кеттім. Сонау Ауғанда, қантөгіс майдан, атыс-шабыс, өлім мен өмір, оқ пен оттың ортасын белшемізден кешіп жүргенімізде сенімге келіп, иманға

жығылғандай болып едік, одан жылдар өте келе, бейбіт өмір ағынында сол сезім көмескілене бастағандай ма? Күйбіңі көп қу тірлік сол иманды әлсіреткендей.

– Шамасы, сенемін. Біздің еркімізден тыс әлдеқандай тылсым құдірет барына сенемін. Маңдайымызға жазылғанның бәрі де – сол Жаратқанның жазғаны болса керек!

– Тамаша. Біз науқастарымыздың Құдайға сенгенін қалаймыз, сонда ем жақсы қонады. Жалпы, аурудың қоршаған ортасы, туған-туысқандары, жора жолдасынан бастап, дос-дұшпанына дейін, бәрі-бәрінің құдайға сенгені өте маңызды. Өйткені, ықпалы күшті жақын-жуық адамдарының иман-сенімі – науқастардың өз ауруынан тез айығуына да бірден-бір себеп. Науқас неше жаста?

– Отыз үште.

– Отыз үш… Христос жасы. Нағыз қамал бұзар жас. Жақсыға да, жаманға да тез ден қойып кетуіне аса бейім кез. Ол көптен ауыра ма?

– Дәл уақытын білмеймін…

– Ұмытып қалдыңыз ба?

– Иә.

– Ондай-ондай болады. Тіпті, бұл онша маңызды емес, он жыл ма, он күн бе – бәрібір, емдеу әдісі бірдей. Науқастарымыздың жетпіс пайызы бізде дертіне дауа тауып жатады.

– Ал, қалған отыз пайызы ше?…

– Қалғандары үшін дұға оқимыз. Көкке қол жаямыз.

– Емдеу ақылы ма?

– Жоға, ақы алмаймыз. Біз қоғамдық мекемеміз. Бірақ, қайырымдылық қорынан алуға құқымыз бар. Жомарттар табылып жатса, мархабат!

Мен ең бастысын сұрауға бел шештім. Ақыры айттым:

– Осыдан бірнеше жыл бұрын сіздерде үлкен шу шығыпты деп естідім.

– Сіз нені айтып тұрсыз?!

– Науқастардың біреуі сізді дұға оқу кезінде соққыға жыққан екен.

Бет әлпеті әлемтапырақтанып кетті. Дереу, қатқыл кейіпке енді.

– Түсінікті. Сіз – журналист екенсіз ғой. Біздің мекеменің өткен-кеткенін қазбалап, тырнақ астынан кір іздегеніңіз бе, бұл? Әлде басқа жазар ештеңе қалған жоқ па?! Әңгіме бітті. Шығыңыз!  – Телефон батырмасын безілдетті.

– Света, шақыр күзетшіні. Шығарсын қонақты!

– Қазір! – хатшы қыздың жан дауысы шықты.

– Сіз мені қате түсіндіңіз, мен журналист емеспін.

– Енді кімсіз?

– Мен сол пациенттің әкесімін. Асланның әкесі.

Бөлмеге күзетші кірді:

– Жүріңіз!

– Күте тұр, – деді директор оны тоқтатып. – Сіз сол Асланның әкесісіз бе?

– Иә.

– Ал, мен сізге не үшін керек болдым?

– Ол жақында қайтыс болды. Өз-өзіне қол жұмсапты.

– Өз-өзіне?

– Иә.

– Сергей, бара бер.

– Күзетші шығып кетті.

– Демек… Ақылға сыймайды.

– Неге?

– Ол өте қайратты жігіт еді ғой.

– Ұлым сізден ем алды ғой?…

– Мұнда қалай тап болғанын білмейсіз бе?!

– Білмеймін.

– Ол инеге отырған. Біз нашақорларды емдейміз.

Аң-таңмын. «Аслан және нашақорлық – еш қиыспайтын ұғымдар… Бұл – мүмкін емес!»

– Мүмкін емес!…

– Алайда, бұл – рас. Сондай жігерлі де қуатты жігіттің инеге иігеніне мен де таң қалдым.

– Неліктен нашақор болды деп ойлайсыз?

– Бұл қадамға барған баршаның ортақ қателігі – алғашында қызығушылықпен дәмін татып көру. Содан… Ол ессіз құмарлыққа апарады. Сол себепті, пациенттерден «неге ине салдың» деп сұрамаймын. Көп жағдайда негізгі себеп: қиын жағдайға тап болу, жеке трагедия, сүйіктіңнің сатқындығы секілді қарапайым «сылтаулар»… Ендігі бір себеп – еліктеу. Негізі ақымақтық.

– Ол ақылсыз емес еді ғой?..

– Мейлі, тіпті, данышпан болса да! Ине – кез-келгенді еліктіре алады. Негізінде, Аслан, біздің көмегімізсіз-ақ инеден шыға алатын еді. Ол мықты жігіт болатын.

– Сонымен, айтулы күні не болды?

Директор мойнынан крестін алды.

– Сол күні Аслан бізде орнатылған жалпы тәртіпке қарсы шықты. Ол белгіленген жазаны әділетсіз деп қабылдады. Біз ондай жазаны кінәлі болғандарға тәжірибе-сабақ алуы үшін қолданамыз. Заңнан тыс болса да… Негізінде, әрбір жаңа пациент бізге түсер алдында ішкі заңдылық-тәртіптерімізді мойындап, оны бұзбайтыны жөнінде келісім-шартқа қол қояды. Шартты бұза ма, жазасын алады. Әрине, қатаң шығар, бірақ, сеніңіз, бұл – қажеттілік. Өйткені, біз бауыры не жүрегі ауыратындарды емдемейміз. Шипасы шатқаяқтау нашақорлықты емдейміз! Ондайда қаталдық керек-ақ! Басқалай емдеу мүмкін емес! Тәртіпке үйрету керек.

– Ол сізді ұрды ма?

– Иә, –Күліп жіберді.

– Мойындауым керек, бірінші болып мен қол көтердім. Бастаған өзім, жә, ол жауабын да беріп үлгерді. Ренжігенім дұрыс болмас. Оқиғаның бүкіл жұрттың алдында өткені ғана ыңғайсыздау болды. Беделіме нұқсан ғой. Әйтеуір, бәрі орнына келді.

– Сосын қуып шықтыңыз ба?

– Оның жұдырығынан есімнен танып қалыппын, есімді жиып, көзімді ашсам, қызметкерлерім қуып жіберіпті. Тауып алып келіңдер деп едім, ешқандай нәтиже шықпады.

Сол кеткеннен із-түссіз жоғалды. Ал, Сіз бізді қалай таптыңыз?

– Оны осы жерден қуып шыққаннан кейін, көшеде жатқан жерінен біреу тауып алыпты.

– Түсінікті. Тағы не білгіңіз келеді?

– Ұлыммен болған төбелестен кейін әлгі ішкі тәртіптеріңізге, емдеу жұмыстарыңызға ешқандай өзгеріс енгізбедіңіздер ме?

Директор ойланып, басын шайқады:

– Жоқ, бәрі сол күйінде қалды!

Төменге түсіп, ғимараттың сол жақ қанатына қарай жүрдік. Күзетші алдымыздағы бірнеше темір есікті ашты.

– Қараңғылыққа, кейбір тосын жәйттарға таңғалмаңыз. Бұл бекзат қыздардың пансионы емес қой, – деп ескертті директор.

Ішке кірдік. Науқастардың ыңқыл-сыңқылы, ыңырсыған жайсыз дауыстары естіледі.

– Қалай сындырып жатқанын естіп тұрсыз ба? Қазір өзіңіз көресіз.

Жертөлеге қарай аяңдадық. Дауыс жақыннан естіле бастады. Директор тор көз темірді ашты.

– Қараңыз.

Ол мені алға жіберді. Ұзын бөлмеге кіре бере, қосқабатты кереуеттерге көзім түсті. Әр кереуетте қолы байланған науқастар. Әбден ауру жеп тастаған. Бірі тапжылмай жоғарыға көзін сүзіп жатса, келесісі ыңырсып жатыр. Асланның да осылай қиналғанына сенгім келмеді.

– Бұл емделудің бірінші кезеңі. Әрбір науқас осындай ауыр кезеңдерден өтеді, – дейді директор түсіндіріп. – Адамның жүрегі дауаламайтын көрініс…

Бөлмеден  үндемеген күйі шығып кеттім. Коридорда жарға сүйеніп біраз есеңгіреп тұрдым. Дәрменім таусылғандай…

– Түсінемін. Қаталдау көрінетін шығар. Бірақ, өкінішке қарай, емдеудің басқа тәсілі жоқ.

– Аслан да осылай қиналды ма?

– Бәрі қиналады.

Жоғары көтеріліп, бірінші қатарға шықтық. Директор тағы бір есікті ашты. Спортзалға кірдік. Пациенттер футбол ойнап жүр.

– Емдеудің тағы бір тәсілі – спорт. Спорт арқылы денесіне рахат сезімі даруы керек. Әрине, героиннің орнын ауыстыра алмас, дегенмен, көңіл аулауға көмегі зор.

Екінші қатарға көтерілдік. Және бір есік тұр. Мұнда тігін машинасымен іс тігіп отырғандарды көрдік. Салалық мамандардың киімдерін тігіп отыр.

–  Бұл енді сізге түсінікті шығар. Еңбек терапиясы.

–  Көмегі бар ма?

–  Шынын айту керек, нашақорлар жалқау келеді. Ең болмағанда, олардың өзін-өзі жинақы ұстап, еріктерімен уақытында жұмыс істеуіне жағдай жасап, көмектеспесе болмайды… «Қоғамға әйтеуір бір пайда келтіріп жатырмыз» деген ой – оларға да ем-дом болмақ.

–  Үшінші қабатта не бар?

–  Асхана, ұйықтайтын, демалатын бөлмелер. Қазір онда ешкім жоқ. Жалпы бәрін көрсетіп шықтым. Көрер көзге қарадүрсіндеу көрінгенімен, ең қиын жұмыс бізде.

Бастысы, оларды қоршаған ортадан алшақ ұстауымыз керек. Бұл біздің – негізгі міндетіміз. Әйтпесе, ісіміз желге ұшқанмен бірдей. Кейбіреулері жарды жағалап, сыртқа шыққыштап, қалай да наша табуға тырысады. Ойластырмайтындары жоқ. Ондайларды бірден қуып жібереміз. Міне, әлгі дау-жанжалдың себепкері болған Қазбектің өзі. Келші бері, Қазбек!

Тігін машинасында отырған пациенттердің біреуі бізге қарай келді. Түріне қарағанда жиырмалар шамасындағы жігіт боп көрінгенімен, белі бүкірейіп, еңкіш тартып қалған. Директор арқасынан қағып:

– Қазбек – біздің тұрақты пациентіміз. Әлгі айтылған 30 пайыздағылардың қатарында. Тағы қайтып келді. Асланды білесің ғой, Қазбек?

– Иә, есімде.

– Танысып қой, бұл кісі – Асланның әкесі.

Қазбек менімен амандасты.

– Аманбысың, Қазбек. Менің есімім – Арсен. Қай жерге отырып сөйлессек болады? – дедім директорға.

– Бізде пациенттермен кездесетін арнайы орын бар. Міне, мына жерде, жүріңіз.

Ол бізді сонда кіргізіп жіберді.

–  Жарты сағат жеткілікті болар?

–  Иә, жарайды, – дедім мен. Директор есікті жауып шыққан бойда, столдың біріне отыра салдық.

–  Кел, отыр, Қазбек.

Ол маған қарама-қарсы отырды.

– Қалың қалай?

– Жақсы.

– Біреулер ренжітіп жүрген жоқ па?

– Жоқ.

– Асланды ұмытқан жоқсың ба?

– Жоқ.

– Ол туралы не айта аласың?

Қазбек ойланған күйі, тырнағын тістеп отырып қалды.

– Ол түнімен қайдағы бір кітаптардың мазмұнын айтып шығатын.

Үзіліс.

– Сонымен?

– Иә, оның махаббат туралы хикаясы қызық… Сондай-ақ, «құрбандық» туралы, тозақ оттары жайлы, тағы-тағысын, көп айтатын…

– Тағы нені есіңе түсірдің?

– Ол маған әркез қорғану тәсілдерін үйрететін.

– Не үшін?

– Ол кезде мен тым әлжуаз едім. Мұнда кім көрінгеннің бәрі тиісетін. Аслан мені солардан қорғаштады.

– Тағы не болды?

– Жалпы осы…

– Сөйлескің келмей ме?

– Жоқ.

Есікке қарай беттедім.

– Тоқтай тұрыңыз! – Қазбек оқыс айқайлап жіберді.

– Не боп қалды?

– Менімен сөйлескеннен түк шықпайды. Қағаз, қаламыңыз бар ма?

– Бар.

– Жазып алыңыз. Гоголь көшесі, 113 үй, 14… Василий. Оның досы. Екеуі мұнда емделуге бірге келген еді.

Жазып алдым.

–  Түр әлпеті қандай?

–  Ұзын бойлы, сары жігіт.

–  Рахмет! – Кездесу бөлмесінен шығып кеттім.

Дәлізде емделушілер күзетшілердің қарауылымен сапқа тұрып, әлдеқайда кетіп барады. Мүмкін, дұға оқуға шығар.

«Менің қайткен күнде де қашып құтылуым керек. Қаншама рет талпынып көрдім, еш нәтиже шықпады. Қайта келе берем. Оған қарай мені бір тылсым күш тартады да тұрады.

Оралмаудың жолын табуым керек. Әйтпесе, бәрі қайта басталады. Қайталана береді». – Неден, кімнен қашып құтылғысы келді? Қайта орала бергені несі? Түк түсінбедім.

Шеберханадан гранитке салынған ұлымның суретін алып, зират басына бардым. Жұмысшылар Асланның мәйітінің соңғы кірпішін қалап жатыр екен. Енді портретін ілді. Жұмыс бітіп, бәрі кетіп қалды. Жалғызбын. Мидай жазықтық болғасын ба, аңызақ жел тоңдырып барады. Көп бөгелмедім, киімімнің жағасын көтеріп, бүрсеңдеп үйге қарай аяңдадым.

Василий қаланың қақ ортасындағы үйлердің бірінде тұрады екен. Әрлі-берлі жүрген көліктің көптігінен, машинамды қоятын орынды әрең таптым. Сыртқы есікте сандары жазылған құпия құлып тұр. Үйдің нөмірлерін теріп көрдім, ешкім жауап бермеді. Кіреберісте күтіп отырдым. Қартаң тартқан әйел көрінді. Сосын, қасында мектепте оқитын қыз бала мен иті бар біреу келді. Қас қарайған шақ. Әйтеуір, бір мезгілде күткенім келді-ау. Әйел-баласын ерткен, үстіне қара былғары күртеше киген жирен шашты жігіт есікке жақындады.

– Василий?

Ол маған бұрылып қарады.

– Иә?

Орнымнан тұрып, оларға жақындадым.

– Сәлеметсіз бе? Менің сізбен сөйлесуім керек. Мен – Асланның әкесімін.

– Иә, не болды?

– Мен кеше «Мәңгілік кресте» болдым, сондағы бір адам сіздің мекен-жайыңызды берген.

Ол әйеліне қарай бұрылып:

– Оксана, үйге кіре беріңдер, мен мына кісімен сөйлесіп алайын.

– Кешікпе!

– Жарайды.

Әйел үйге кіріп кетті.

– Ал, сөйлеселік.

Василий үйден әрірек жүрді.

– Такси ұстауымыз керек, – деді ол.

– Не үшін? Менің көлігім бар.

Василий қала ішіндегі жолды көрсетіп келеді.

– Осы жерден оңға қарай бұрылыңыз. Міне, осы бұрылыстан тоқтаңыз.

Көліктен түстік, айналама алақ-жұлақ қарай беремін. Ылғи құрылысы бітпеген, ырсиып, тозығы жеткен ғимараттар.

–  Бұл жерге не үшін келдік?

–  Осы жерден бәрі басталды, әрі осы жерде аяқталды да!

–  Нені айтып тұрсың?

–  Қазір түсінесіз.

Жұмысы аяқталмаған, тастанды құрылыстың арасымен жүріп, қоқыс жиналып қалған бір жерге келдік. Салына бастап, сосын тасталған ғимаратсымақтың баспалдағымен ең жоғарғы қабатына көтерілдік. Жүрегім аузыма тығылды. Он бірінші қабат па, он екінші ме? Білмеймін. Балкон орнындағы аңырайған жарық жерге шықтық. Қабырғаның бір бұрышында көпшік, матрас, көрпешелер жатыр. Жанында жәшік тұр. Басқа ештеңе көре алмадым.

–  Қайда алып келдіңіз?

–  «Бас сауғалайтын» жерге.

–  Бас сауғалайтын?! – ұлымның күнделігіндегі үзінді жолдар ойға оралды: «Кейде сол бассауғалайтын жерге барғым келеді де тұрады. Тек сол жерде ғана жалғыздығыңды терең сезінесің. Жалпақ әлемде тек өзің қалғандай елегізисің. Ашық аспан мен шақырайған күннен басқасын көрмейсің. Өйткені, қабырғадан бөтен ештеңе көрінбейді. Сол жерде ғана өз-өзіңді, жалғыз екеніңді шын сезінесің, дүн-дүниемен өз қайғыңмен бірігіп кеткендей алдамшы сезімге бөленесің, өмірдің кейбір ақиқатын ұққандай боласың. Бір сәттік қасірет пе, бақыт па, түсініксіз! Осындай сәтті бұдан бұрын ешқайда, ешқашан басымнан өткермеген секілдімін».

– Осы   екен ғой, «бассауғалау» дегенің, бейшара, құлыным-ай! – Маған ұлымның бұл туралы жазғандары мүлдем басқаша, асқақ көрінетін еді. Аспанға қарап, мынау матрастың үстінде жападан жалғыз отырған Асланды елестеттім. Василий қасыма кеп отырды.

– Бұл жерге ол жиі келетін. Осындай іске араластырған басында өзім едім.

– Қалай басталып еді?

– Әскерден келген кезінде менің пәтерімнің бір бөлмесін жалдап тұрды. Қайсысы екенін білмедім, бірде жанымдағылардың біреуі оған нашаның азғантай мөлшерін беріп, дәм татырыпты. Алғашында бізбен бірге жүретін. Кейін, бөлек кетіп қалды. Бізден азғантай героин алады. Бақсақ, осы жерге жиі келетін көрінеді. Осында әлгіні қабылдап, ұйықтайды екен.

– Бұл жерді қалай тапты екен?

– Білмеймін. Бір кездері мекен етіп тұрған болуы керек. Бір күні маған: «осында тұрып көр, рахат» деді. Алты сағаттай отырдым, ешқандай рахатты сезгем жоқ. Ал, өзі осы жерден айналшықтап шықпай қойды. Ақыры, осы жерде өз өмірін қиып тынды…

– Осы жерде ме? – деп, қалшылдап қоя бердім.

– Иә, осы жерде. Анау ілгішті көріп тұрсыз ба?

Қабырғаға қағылған темір ілмекті көрдім.

– Ал, өзің ше, Василий, отбасылық өмірде бақыттысың ба?

–  Иә…

Василий маған абыржи қарады. Бойымды ашу, әлдебір ыза биледі. Оны балконнан лақтырып жібергім келді. Әттең, өзімді әрең ұстап тұрмын.

– Бұл жерді көрсеткеніңе рахмет. Енді жүре бер. Жалғыз қалғым келіп тұр.

Василий орнынан ауыр қозғалып, маған бұрылып қарады.

– Кешіріңізші мені, ұлыңызға қиянат жасадым. Әлбетте, кешіруге де келмес. Болған іс болды. Құдайдың алдында кінәлімін.

– Қош!

Ол кетіп барады. Әр басқан қадамы құлағымда жаңғырып тұр. Матрасқа отырып, темекі тұтаттым. Қабырғаның ойығына үңілдім. Кешкі аспан. Түн ауып барады. Көрпешені жамылып жатып, ұйықтап кетіппін.

Түс көріп жатыр екенмін. Екі қатар ұзыннан созылған жатаған үйлердің арасынан жұмыр тастардан салынған ұзақ, бұралаң жол көрінеді. Мен біреуді күтіп тұр екенмін деймін.

Ақ дастархан жайып, шағын үстел әзірлеп қойғам. Үстелдің үстінде түрлі тағамдар бар. Алыстан ат дүбірі естілді. Тастаққа соғылған тұяқ дүрсілі жақындай түсті. Қара ат мінген айбынды, сауыт-сайманы сірескен шапқыншыны көрдім. Құйғытып келеді. Дүрсіл үдеді. Тұла бойымды қорқыныш биледі. Құдды, аттылы кісі үстімнен таптап өтетін сыңайлы. Сасқалақтап, оң қолымның ортаңғы саусағын жоғары шошайттым. «Менің бар күнәларым – әйелқұмарлықтан», – деген ой келді. Біреу құлағыма кеп: «Бұл – Архангел Михаил!» деп сыбырлады. Ол омыраулатып шауып келеді. Кенет, артыма бұрылдым… көкте, ауада …Аспанда ханша тәжін киген әйел бейнесі қалықтады. Кенет, менің ортаңғы саусағымның, әлгі әйел бейненің басындағы тәждің найзадай ұштарының қақ ортасына қадалғанын байқадым…

Біреудің қадалған көзқарасын сезген күйде оянып кеттім.. Көзімді ашсам, ұлымның соңғы әйелі.

– Сіз ақыры, бассауғалайтын баспананы тауыпсыз…

Мен басымды көтеріп отырдым.

– Есіміңіз кім болады?

– Әйкен!

Ішінің шығып қалғанын байқадым.

– Жүктісіз бе?

– Иә.

– Бұл Асланның баласы ма?

– Иә. Сізді білсін дедім…

Жартылай өртеніп, күйген дәптер беттерін ұсынды.

– Ол күнделігін өртеп жібермек болған. Қолда қалғаны осы… Әйкен жәшікке отырды. Мен күнделіктегі әрбір толтырылған беттің ұлымның бір күндік өмірі екендігін жаңа ұққандаймын.

«Біз бір үйді қоршауға алдық. Бұл ауыл шетіндегі тастан жасалған, қоршауы бар жекежай… Олардың тегістікке неліктен шыққаны белгісіз. Бірнеше күн бойы тау арасында сәтті жасырынып жүр еді. Тіпті екі жігітімізді де атып түсірген. Енді олар мұнда. Ешкімнің алғашқы қадам жасауға батылы бармады. Капитан да үнсіз. Ол рация арқылы біреулерді шақырып жатыр. Жақын маңда біздің әскери бөлімшенің жігіттері бар екенін білетінбіз. Мүмкін олар көмектесер. Терезеге бағыттап, бірнеше рет оқ аттық. Олар да жауап қатты. Жойқын! Арада бір сағат өтті.

Сәлден соң алыстан мотордың гүрілдеген дауысы естілді. Бұралаң жолдармен бізге қарай танк келеді. Танк қорғанды бұзып өтіп, үйдің терезесіне тұмсығын тіреді. Жоғарыдан танкке оқ жаудырды, бірақ, өтпей, кері қайтуда. Танк екі рет гүрс еткізіп атты. Терезеден екі адам айқайлап, бастарын ұстап секіріп шықты.

Сол сәтте олар тасадағы мергендердің нысанасына ілікті. Команда берілген соң, біз алға қарай бет алдық. Екінші қабатқа граната лақтырып, алға жүгіріп, оқ аттық. Бітті! Операция бес минуттай уақытқа созылды. Аптаға созылған қуғын бес минуттық шайқаспен аяқталды. Қабырға бойында адам етінің шашырандысы жабысып қалған. Біреуді снаряд жарып жіберген. Жертөледен лейтенант шығып: «Таза!», – деді. Мен өз жігіттеріммен жертөлеге түстім. Тастай қараңғы бөлмеге кірдік. Арамыздан біреуіміз сіріңке жағып қалған сәтте, атыс басталды. Ол құлады. Біз оқ борап жатқан тұсқа қарама-қарсы бағытта еденге етпеттеп жата кеттік. Аяғымның «дыз» етіп, сыздап ауырғанын сездім. Бей-берекетсіз атқылап, айқайлап жатырмыз. Қабырға үгітіліп, шаң көтеріліп, бөлме түтінге оранды. Автоматтың ащы дауысы ғана естіледі. Біз де аяусыз атқылап жатырмыз. Айқаулауға шамам келмей, тек сыбырлап жатқанымды сездім. Сырттағылар да бізге көмектесе алмайды – қай маңда екенімізді білмейді.

Бір кезде тек біздің тарапымыздан ғана оқ атылып жатқандығын түсіндім. Қарсы беттегілер тыныш. Бар күшімді жинап, атысты тоқтату керектігін айттым. Бірнеше рет айқайлауыма тура келді. Әйтеуір, тынышталдық. Сырттан біреудің дауысы шықты: «Жігіттер, тірімісіңдер?». «Тіріміз!», – деуге тіліміз келді. Қолдарында шам және автомат ұстаған бірнеше жігіт жүгіріп келді. Бөлме ішіне көз жібердім. Ескі жиһаздар жиналған ұзын бөлме екен. Арғы бетте төрт адамның өлі денесі жатыр. Соған қарағанда, олардың жарақаты ауыр болған сияқты.

Яғни, мұнда әскери шағын аурухана болған. Науқастарды тасып үлгере алмай, жазыққа шыққан. Ал, жеме-жемге келгенде, оларды далада тастап та кете алмаған. Шайқасқа бел буып, ажал құшты. Мені сол жерден госпитальға алып кетті».

Күнделік бетін ығыстырып қойдым. Ол шын мәнінде соғысқа қатысқан екен. Дәл менің ауған соғысына қатысқаным сияқты. Бірақ оған бұл не үшін керек болды? – Дауыстап жіберіппін…

– Асланға не үшін керек болды дейсіз бе?

– Нені айтып тұрсыз?

– Соғысты айтам. Мен де сұрағанмын. Ол қалжыңдап «балалық әуестік», – деді.

– Бұл әуестік емес. Мен соғыс дегеннің қаншалықты азапты, ауыр жол екенін өз басымнан білемін.

– Мүмкін, өзін сынап көргісі келген шығар.

Ашық тұрған ойыққа жақындап, төмен қарадым. Айналаның бәрі лас, қоқыс.

– Бұл ақымақтық, – дедім. – Барып тұрған ақымақтық. Ол мерт болуы мүмкін еді ғой.

– Бәрібір өлді ғой.

Өткенді еске алдым. Аслан төрт жаста болғанда, мені Ауғанстанға алып кетті. Анасы оған әкесінің батыр екендігін, Отан қорғауға аттанғандығын үнемі жыр қып айтып жүрді. Содан ба, Аслан мені мақтан тұтатын. Ал, мен болсам… Елге оралған соң, ішімдікке қатты салындым. Бірқалыпты, күнделікті майдансыз абыр-сабыр, бірыңғай бейбіт өмірге бірден үйрену маған қиын болды. Ақырында отбасымды, ұлымды тастап кеттім. Өзімше жаңа өмір бастағым келді. Ал, ұлымның жағдайынан мүлдем хабарсыз болдым. Оған не болды? Шаруам болмады – Сол сәтте кеудем сыздады.

– Соңына дейін оқыңыз, – деді, Әйкен талап еткен дауыспен. Мен матрасқа кері жайғасып, кезекті бетті оқи бастадым.

«Нағыз ләззат жекпе-жектің өзінде емес. Нағыз ләззат — үйге оралып, төсекке жатқан кезде, жекпе жектің өту барысын қайта бір еске түсіргенде тұла бойыңнан адреналин жүріп, денені тітіркендіретін сәт. Әншейін жоғарыға қарап жатасың, ал, сол сәтте ішкі жан дүниең алай-дүлей болады. Бұл – денеңді сан бөлшектерге пәрша-пәрша ғып бөлетін ішкі қажырың мен айналадағы өліара тыныштықтың өзара тұтаса қосылған сәті. Сабаңа түсіп, әбден тыншығанша біршама уақыт өтеді. Ең тамаша соққыларың мен өзіңе төнген қауіпті соққылардан қаша білген сәттерді еске аласың. Алғаш рет төбелестен біреуді қанжоса еткенің де ой елегінен өтеді. Қарсыласыңды жерге жығып, енді оны есінен танғанша соққыға жығу кезінде туындайтын ашу-ызаны да қайта сезініп, көз алдыңа елестетесің. Кей кезде, өзіңдегі ғайыптан пайда болған өлшеусіз қаталдықтан қорқып та кетесің. Жаның түршігеді! Мұның бәрі, мынау шектен шыққан қатыгездік менде қайдан пайда болды? Мүмкін жылдар бойы жинақталған ыза шығар. Және мұндай зомбылық маған тән емес еді ғой…

Бүгін жеңіліске ұшырауым әбден мүмкін еді. Өмірімде алғаш рет. Ол менен күштірек және ірі. Бар күшімен төніп, желкемнен төпелеп ұра бастады. Қолыммен бетімді жабуға ғана әрең әлім жетті. Ал, ол болса, қарманған қолымнан қан шыққанша ұрды. Кейін азайтыңқырады. Дем алысы мен ауыр соққыларының дауысын ғана естимін. Күлкім келді. Мынадай сойқан бетпақтың жұдырығына өз еркіңмен сұрану үшін қандай ақымақ болу керек! Мен ішек-сілем қатқанша күле бастадым. Соққыны да қабылдап жатырмын. Сәлден соң ол мүлде тоқтады. Өйткені, менің күлкіме әп сәтте түсінбей қалды. Сол мезетте мен айналып түсіп үлгеріп, жағының астынан жандырып жібердім. Жерге құлаған соң, аяусыз тепкіледім. Аяйтын несі бар?! Қанға боялды. Ал, мен, өз-өзімді тоқтата алмадым. Әлгіні езгілеп тастадым. Иә, жеңдім. Бірақ, мұндай жекпе-жекті ендігі жерде тоқтату керектігін түсіндім. Бұл, шын мәнінде ақылға сыйымсыз қатыгездік, әрі таза ақымақтық еді».

Әрине, солай. Бұл маған таныс жәйт. Тағы бір парақша оқылды.

– Мүмкін таңғы ас ішіп алармыз? – деп, Әйкенге ұсыныс жасадым.

Мейрамхананың әжетханасында қолымды дұрыстап жуып алдым. Айнаға ұзақ қарадым. Былғары тысты жиһаздары, граниттен жасалған едендері бар, сәнді мейрамхана екен.

– Сіз білесіз бе, бұл маған таныс.

– Не?

– Оның жазғандарын айтамын. Жас кезімде мен бокспен айналыстым, спорт шеберлігіне үміткер болдым, тіпті жүлделі орындарды еншілеп жүрдім. Сондықтан, бұл маған таныс.

– Қызық.

– Не қызық?

– Жай, ештеңе, – деп, ол тамағын жей берді.

Әйтеуір, бір мезгілде десертті де әкелді. Мен шоколадтан жасалған муссқа тапсырыс бергенмін.

– Сіз жалғастырасыз ба? – деп сұрады ол менен.

– Нені?

– Күнделікті оқуды…?

– Дәл осы жерде ме?

– Бәрібір емес пе?

– Жарайды.

Жанқалтамнан парақтарды шығарып, біреуін алып оқи бастадым. «Қар жауып тұр. Терезе орнына қағылған ұстандының тесігіне қарап отырмын. Жарық сығалайды. Жаңа жыл. Альфонс бомждардың тұрағында жергілікті өлшемге сай мереке ұйымдастыруға талпынып жүр. Қайдан екені белгісіз, жапырағы аз, сидаң шырша әкеліп, қолға ілінген нәрселермен әрлендірді. Креслодан қызықтап қарап отырмын. Жүз қайтара оқылған «Гулливер» кітабын қолыма алдым.

–  Альфонс, саған көмек қажет пе? – деп сұрадым.

–  Жоқ, сен отыра бер, өзім-ақ тындыра саламын. Гирляндының жоғы өкінішті. Болса, қатып кетер еді.

– Гирлянда алып келейік, онда? – дедім мен.

– Қалай?

Біз қар басқан көше бойымен келеміз. Дүкенде адам лық толы. Бәрі мейрамға орай керек-жарақтарын алуда. Жаңа жылдық ойыншықтар сатып тұрған әйелді көрдік. Мен Альфонсқа басымды изедім, ол сатушыға қарай жақындады.

–  Әлемнің ең әдемі жаратылысы, – деп бастады ол. – Осындай айтулы күні сізді кездестіргеніме сондай қуаныштымын. Маған әдемі бір күлкіңізді сыйға тартсаңыз…!

– Саған не керек?

– Маған сәл ғана уақыт бөліп, тыңдағаныңызды қалаймын. Бірнеше жыл бойы, жан жылуымен өмірімнің мағынасын арттыратын, сөйтіп, бақытқа кенелтетін жанды іздеп жүрмін. Міне, сізді бір көргеннен-ақ, дәл сондай жан екеніңізді түсіндім. Талай жылдар бойы іздегенім алдымнан шықты. Бірден кеудемнен итермеңіз. Сізге жын қаққан адам боп көрініп тұрғанымды білемін, бірақ, шын мәнінде олай емес. Мен –  табиғатымнан жаны нәзік адаммын. Маған тек сіздің жылы қабағыңыз бен шын көңіліңіз ғана қажет.

– Тыңда, жігітім, сен мені басқа біреумен шатастырып тұрсың.

– Жоқ, олай емес. Мен шатастырып тұрғаным жоқ. Дәл солай, мен шатастырып тұрғаным жоқ. Мен сізді, сіздің мөлдір жаңарыңызды көріп, осы өмірде іздегенімді енді тапқанымды түсініп тұрмын.

Альфонстың әңгіме-дүкенге айналдырып тұрғанын пайдаланып, мен ұрлана басып, сатушы әйелдің жанындағы гирлянда толы жәшікке жақындадым. Шапшаң

қимылдап, бір гирлянданы суырып алып, әрі қарай жүре бердім. Бір мезетте айқайлаған дауыс естілді:

–  Ұры! Тоқта!

Артыма қарасам, қолымдағы гирлянда екінші гирляндаға ілініп қалып, бірін бірі сүйретіп келе жатыр екен. Сатушы соңымнан жүгіріп келеді. Мен қашып келемін. Тұйық көшеге қарай бұрылғанда, тағы бірнеше адамның қуып келе жатқанын көп дүрсілден аңғардым.

– Ұстаңдар оны! Ұры! Ұстаңдар!

Қарсы келе жатқан біреу мені тоқтатпақшы болған, итеріп жібердім. Ол қалың қарға құлап түсті. Үйлердің арасынан бұралаңдай қашып, бір дәлізге жасырындым. Дүрсіл маңымнан өтіп кеткендей болды. «Құттықтаймын, Аслан, сен енді ұрысың! Миллиондарды емес, алтын да емес, гаухар да емес, гирлянда ұрлаған қарақшысың!»

Кенет бір пәтердің есігі ашылып, адамның басы көрінді. Жүзі таныс сияқты. Көз алмай қарайды.

– Аслан, бұл сенбісің?

Мен дұрыстап қарадым…

–  Радмир?

Ол менің банктегі қызметтесім болатын.

– Саған көмек керек пе? – деп сұрады ол.

– Көмектесші.

Біз Радмирдің джипымен көше бойлап жүріп келеміз. Ол маған тесірейіп қарайды, бәлкім, менің сыртқы келбетіме таңданған шығар.

– Тек сұрақтың астына алмашы, Радмир, жарай ма?..

– Жарайды.

– Банкте жағдай қалай?

– Бірқалыпты. Бұл жылды табысты аяқтадық.

– Құттықтаймын!

– Рахмет!

Жатаққа жақындап, Радмирмен қош айтыстым.

–  Көмегіңе рахмет!

– Оқасы жоқ. Хабарласып тұр. Енді мекен-жайымды білесің. – Ол кетіп қалды.

Шыршамыз сәнденіп шыға келді. Үстел басында мен, Альфонс және Ирина есімді «басшымыз» отыр. Алдымызда ашық консервілер, стакандар…

– Консервілердің пайдалану мерзімі өтіп кеткен, бірақ, жеуге жарайды – деп, ескертті Альфонс. – Ал енді тосынсый. Па-Бам!

Қапшықтан шампан шығарды.

– Мұны қайдан алдың? – деп тамсанды Ирина.

– Жақын маңдағы контейнерлерді қопарып жүргенмін, бір жігіт келіп, пакеттен мынау шампан бөтелкесін шығарып, маған ұсынды. «Жаңа жылыңызбен!», – дейді. Әншейін берді де, кетіп қалды. Аслан, аш!

–  Шынымен де, нағыз Жаңа жыл болды! – деп, тамсанды Ирина.

Тығын тарс етіп ұшып кетті де, мен көбік атқан шампанды стақандарға құйдым.

–  Жаңа жыл құтты болсын! – деп, бір-бірімізді құттықтай бастадық. Стақандарымызды соғыстырдық. Бұл менің соңғы жылдардағы ең тамаша қарсы алған Жаңа жылым шығар».

Қоңыр күз. Біз Әйкенмен саябақта серуендеп, сұр асфальтта қаулап жатқан сары жапырақтарды аяғымызбен шашырата теуіп келеміз.

– Бұл оқиғалардың менің Асланымның басынан өткеніне тіпті сене алмай жүрмін, – дедім мен.

– Сеніңіз, расымен солай болды.

– Бір ғана нәрсеге көзім жетеді, осыншама қиямет-қайымнан аман шығу үшін қаншама шыдам, қажыр қайрат керек еді…

– Иә, ол қайратты да батыл болатын, – деп, менімен келісті Әйкен.

– Бәрібір түсінбейтінім, – өз-өзіне қалайша қол жұмсады?

– Ол үшін де жүрек керек қой.

– Білмеймін. Меніңше, өз-өзіңе қол жұмсау – әлсіздіктің белгісі.

– Бірақ, бұл сіздің ұлыңызға қатысты теңеу емес.

– Мүмкін.

Үн-түнсіз келеміз. Саябақтың шетінде тоқтадық.

– Ертең көрісеміз бе? – деп сұрадым.

– Иә, сау болыңыз!

– Сау болыңыз!

Екеуміз екі бағытқа бұрылдық. Мен адамдар сабылып аққан тұсқа бет алдым.

«Мен, қос әлемде қатар өмір сүретіндеймін: бақыт пен мұң әлемі. Бақыт – ол кейде тым оңай, тым жақын секілді. Ойда жоқта парасатты, ақылы толысқан дана адаммен шүйіркелесе қалсаң да, тіпті, бабына келе піскен стейктің бір тілімін жақсы шараппен қосып азық қылсаң да жеткілікті, бақытқа кенелгендей боласың. Бақыт – ол оқтым-оқтым осылай да көрініс береді. Оны тауып та, жоғалтып та алуға болады. Ал, мынау ғайыптан пайда болып, жаныңды қажытатын ауыр мұң – жеті батпан жүктей үнемі санаңда жатады, жара боп жүрекке қатады. Мұң сәл тыншығанда – сен де тынышталасың, ал қайта қозса, оны басу үшін басыңды тауға да, тасқа да ұрасың! Сергелдеңге батасың. Мен бұл аурудың себебін де, емін де білмеймін. Ол маған туа бітті жабысқандай… Өміріммен сыңарлас келе жатыр. Ілуде бір жаныңды жадыратар шуақты көңіл күйіңді — аяқ астынан пайда болып, демде су сепкендей басатын, лап етпе үрей, сары уайым тағы бар… Бойды ұйытқан шер, шемен… Бұл, әлде құрығын алыстан сермеп, үнсіз таяған ажал ма екен, Әкетай?!…».

Ауыр мұңға мен де батқандаймын. Кеудемдегі дүрс-дүрс еткен кесек еттің шым етіп, сыздағанын сезіндім. Терекке сүйендім. Жүрегім лүпіл қағып, аузыма тығылардай, қапелімде қояр емес. Бір әйел адам жақындап:

– Сізге көмек қажет емес пе? Мүмкін жедел жәрдем шақырайын? – деді.

Басымды шайқауға ғана шамам келді: – «Жоқ, қажеті жоқ». Әйел кетіп қалды. Әйтеуір, сәл жаным тынышталғандай болды. Дәріханаға барып, валидол сатып алдым.

Дәріні тілдің астына салдым. Өмірімде алғаш рет жүрегім қатты шаншып ауырды. Үйде кереуетте төбеге тесіліп ұзақ жаттым. «Бәрін басынан бастау керек, енді оның бірінші әйелімен сөйлесуім керек» деген ой келді.

Тоғыз қабатты үйдің ауласында тұрмын. Ымырт үйіріліп келеді. Терезесінде жарық жағулы. Баспалдақ бойымен көтеріліп, есік қоңырауын бастым. Ол есікті ашты.

– Сәлеметсіз бе, Гүлнар! Мен – Асланның әкесімін.

– Сізге не керек?

– Аслан қайтыс болды. Естідіңіз бе?

– Қайтыс болды?!

Ол үн-түнсіз қалды.

– Қандай жағдайда?…

– Өз-өзіне қол жұмсапты.

Ол үнсіз ұзақ тұрды да:

– Кіріңіз, – деді.

Біз асүйге қарай бет алдық.

– Шай ішесіз бе?

Мен басымды изедім. Қара шай құйып берді.

– Бес жыл! Бес жыл бойы мен ол туралы дым естігім келмеді және ештеңе естімедім де. Бес жыл бойы мүлдем ұмытуға тырыстым. Енді ғана өмірім өз арнасын таба бастағанда, сіз келіп, маған оның өлгенін хабарлап тұрсыз. Неге? Сіз неге келдіңіз?

– Мен тек оның неліктен осындай қадамға барғанын түсінгім келеді.

– Мен қайдан білемін? Оның кеткеніне қай заман?

– Аслан қалайша сізден кетіп қалды?

– Біреуге ғашық болып қалды. Кім екенін айтпаймын. Ес-түссіз ғашық болды. Үнемі бастаған ісін соңына дейін жеткізуші еді ғой. Мен бұл туралы ешнәрсе білмейтінмін. Күндердің бір күнінде кенеттен кететінін айтты. Әп-сәтте шабаданын жинап, кетіп тынды. Мен есеңгіреп қалдым. Біздің некеміз берік, сезіміміз кіршіксіз деп ойлаушы едім. Соңғы сәтке дейін сол шынайы сезіміміздің арқасында ықылас-мейіріммен қол ұстасып, бірге өмір сүрдік. Ол мені есімнен тандырып, тастап кетіп қалғанда, бір сәтте өмірімнің тас-талқаны шықты. Жек көріп кеттім. Әлі күнге дейін жек көрем!..

«Ол әрдайым қай істі қолға алмасын, ақырына дейін жеткізетін. Еш нәрсені жарты жолда тастап кетпейтін. Ол ұшса — құзар биікке самғайтын. Егер құласа, шыңыраудың  түбіне құлдырайтын. Байқаймын, сеземін… Гүлнәр да әлі күнге дейін Асланды сүйеді екен».

– Соңғы жылдары немен айналысыпты? Білесіз бе? – деп, қызығушылық танытты, ол.

– Телевидениеде жұмыс жасады. Ажырасты. Кейін әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеді. Бұдан соң бірер уақыт есірткімен әуес болды. Одан емделіп, қаңғыбастардың қатарына қосылды. Одан да айығып, күнкөрістің қамымен ережесіз төбелестерге қатысты. Тағы да үйленді. Сөйтіп жүріп… О дүниелік болды…

– Мұның бәрін қай уақытта істеп үлгерді екен?

– Сіз өзіңіз айттыңыз ғой, ол әр істің ақырына дейін баратын. Мүмкін, басқаша өмір сүруге уақыты да болмаған шығар…

– Тағы да үйленген екен ғой. Әлгі әйел оның соңғы жары болмаған екен ғой. Ия, бәрімізге ауыртпалық түсірді!

– «Бәрімізге» дегеніңіз қалай?

– Әйелдерін.., біздерді айтам. Бәрімізді де түбінде тастап, тентіретіп кетті ғой.

– Бәріңізді де жақсы көрді деген дұрыс шығар?

– Оның ғашықтығы ұзаққа созылмайтын. Бірақ, обалы не керек, сүйе білетін еді. Асланның жанында әйел жаны жадырап, бақытқа кенелетіні рас. Әттең… ұзаққа созылмайды.

– Сіздердің балаларыңыз бар ма?

– Мен дүниеге сәби әкелуді қалағам, бірақ, Аслан қарсылық танытты. Әлі әке болуға дайын еместігін айтты. Мүмкін, дұрыс жасаған шығар. Баламыз болған күнде де, жанымызда қалатын еді деп айта алмаймын. Сондықтан, ортақ баламыздың болмағаны дұрыс та шығар?!

Ұялы телефоны шыр-шыр ете түсті.

– Ержанчик, сәлем! Иә, мен дайынмын. Жоқ, жаным, уайымдама! 15 минуттан соң шығамын. Тосынсый? Қандай тосынсый? Жарайды, тағатсыздана күтемін. Сүйдім, Ержанчик! Сау бол! — Ол тұтқаны қойды.

– Сіз кетіп барасыз ба? – деп сұрадым мен.

– Иә, кездесуім бар еді. Кешіріңіз, менің дайындалуым керек.

– Жарайды, уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет, Гүлнар!

– Оқасы жоқ.

Мен кетіп қалдым. Қас қарайып қалыпты. Үйдің кіреберісіне жақындай бере, бір топ жігіт жиналып, сыра ішіп отырғанын байқадым. Арасынан біреуі орнынан ұшып тұра келді:

– Ата, темекі бар ма?

Мен темекімді шығарып, оған ұсындым.

– Тағы бесеуі керек? Бәрімізге керек боп тұр…

– Жоқ! Болмайды!

– Неге соншама дөрекі сөйлейсің, ата? Мен жай ғана сұрадым ғой. Не дікеңдейсің? Жігіттер, қараңдар, мынау дөрекілік танытып тұр. Мен оған мұңымды айтып жатсам, ол талағы тарс айрылып…

Жігіттер орындарынан тұрып, маңайыма жинала бастады. Істің насырға шабары белгілі. Қайтпек керек? Ештеңе ойлап үлгерместен, әлгінің тұмсығынан қойып қалдым да, ішінен бір тептім. Желкелеп, ұра бастадым. Мұрнынан қан атқақтап, сұлап түсті.

– Тағы темекі шеккісі келетіндерің бар ма?

Жігіттер жерде жатқан достарына қарап, сасқалақтап қалды. Сірә, мұндайды күтпесе керек. Сәл аялдай тұрдым да, дәлізге кіріп кеттім. Үйге келіп, қансыраған қолымды жуып, күнделіктің тағы бір бетін оқи бастадым.

«Жаз мезгілі болатын. Он жаста едім. Алаңда жалғыз серуендеп жүрмін. Балалардың барлығы лагерьге кеткен. Мен допты бос тұрған қақпаға тепкілей-тепкілей жалықтым. Терезеден: «Аслан, тамақ іш!» деген әжемнің дауысы естілді. Түстен кейін тағы да далаға шықтым. Суға түскім келді. Жағада ешкім көрінбеді. Суға қойып кеттім. Көлді жиектеп сүңгідім. Бір кезде мені тереңге қарай тарта бастады. Құлаштап, қолымды бұлғактай бердім, бірақ, судың күші бой берер емес. Айғайлап, көмекке шақырғым келген, бірақ, одан сайын тұншығып барамын. Зәрем ұшып кетті. Суға бата бастадым. Өлім дегеннің сұп суық құшағына түскендеймін. Сол сәтте, әлі еш қызық көрмеген балапан ғұмырымдағы өткен-кеткен көз алдыма лек-легімен елестей бастады. Міне, ең алғашқы туған күніме алған сыйлығым – садақ… Міне, балабақшада қыздармен дәрігер боп ойнап, бір-біріміздің денеміздегі әрі құпия, әрі қызық бөлшектерді түрткілеп қарап жатырмыз. Міне, бұл менің ең алғаш салған голым. Міне, мынау ең алғашқы екілігім. Міне, әкем соғыстан оралып, мені құшағына қысты. Оның тізесінде жылап отырмын, ал, төсіндегі медальдардың сыңғыры бала аңсарымды ерекше аударады. Міне, әкем бізді тастап кетіп барады. «Әке, сен қайтып келесің бе?», деймін. «Жоқ». Кейін анам өлді. Кетерінде… Жылай-жылай ісіп кеткен көзімен маған қарап, басымды сипады. «Бар, балам, – деді ол. – Бар, біз әлі жолығамыз». Әжем қолымнан сүйреп, аурухана палатасынан алып шықты. Ал, мен: «Анам, өлмеші!», – деп айқайлап барамын… Жағада бір-ақ ояндым. Жұтып қойған судан шашалып жатырмын. Жақын маңда кетіп бара жатқан бір балықшы көріп қалып, құтқарып алыпты. Мен үндеместен орнымнан тұрып, киімдерімді киіп, көлден жырақ кеттім. «Ал, рахметті кім айтады?» – деп, соңымнан айқайлады балықшы, ал мен болсам, зытып барам. Үйге жетіп, кереуетіме құлап, ұзақ жыладым. Әжем не болғанын түсінбей, жаныма отырып, жұбатумен болды: «Жылама, айналайын, жылама. Бәрі жақсы болады». Бұл менің айдай әлемде жалғыз, қорғансыз екенімді алғаш сезінген сәтім еді».

Әйкен екеуіміз қала шетімен кетіп барамыз.

– Осы жерге тоқтаңыз, – деді ол.

Біз көліктен түстік. Бос көше, қатар-қатар қоршаулар ғана тұр. Кісі қарасы көрінбейді.

– Осы жер еді ғой…

– Бұл жерде не болды?

– Осы жерде танысып ек. Күн еңкейіп, дала қараңғылана бастаған. Мен би мектебінен қайтып келе жаттым. Соңымнан үш жігіт ізіме түсті. Қашып кеткім келген, бірақ, олар оңай қала қоймады. Осы тұйық көшеге келе бергенде, қоршап алды. Жексұрындардың жүздері әлі көз алдымда. Біреуі шалбарының ышқырын босата бастады. Кездейсоқ, ол келіп қалды. Аслан! Бірер секундтың ішінде әлгілерді жан-жаққа тыраңдатып, шашып тастады. Құлаған жерлерінен тұра алмай қалды, бәрі. Мені үйіме дейін шығарып салды. Таныстығымыз осылай басталған. Күн сайын мені би мектебінен шыққаннан соң, күтіп алып, үйіме жеткізіп салып тұрды. Құрбыларым көріп, аузын ашып, көзін жұмды. Ол құрбыларыма ертегідегі ақ боз атқа мінген сері сияқты еді. Ал, мен үшін – жай ғана сүйкімді жігіт. Бірақ, бұл бас кезінде ғана еді. Уақыт өте келе, қалай бауыр басып қалғанымды да байқамай қалдым. Тіпті Аслансыз өткен әр күн еш мағынасыз көрінді. Мен сүйіп қалдым. Солай.

– Мұндай сері жігітке ғашық болмау мүмкін емес, – дедім  мен, кеудемді кенеттен мақтаныш сезімі кернеп.

– Солай шығар, – деп, Әйкен жымиды. – Айтыңызшы, сіз неліктен отбасыңызды тастап кеттіңіз? Неге оны жалғыз қалдырдыңыз?

– Неліктен дейсіз бе?

– Ол бір сөзінде, сіз оның анасымен ажырасып кеткендегі күйреген қалін, қиналған жанын әңгімелеп беріп еді.

Мен ойға шомдым. Қоршау қазығына сүйеніп, темекі тарттым.

– Махаббат. Бір қызға ғашық болдым, кейін ол екінші әйелім атанды. Сол өткінші сезім үшін алғашқы отбасымды тастап кеттім. Сезім ұшқынына қарсы тұра алмадым.

– Ал, перзентке деген, етбауыр жақындарға деген махаббат ше? Ең кем дегенде, әкелік жауапкершілік, ар алдындағы адалдық та, сізді тоқтатпады ма? Бұл сатқындық емес пе?

– Мен отбасымнан кетсем де, ұлымды ешқашан ұмытқан емеспін. Мүмкіндік болған сайын, онымен кездесіп тұратынмын.

– Бұл жәй, бос сөз. Сіз өз қылығыңызды ақтарлық еш уәж айта алмадыңыз.

– Сенбесеңіз де, сенсеңіз де, солай болды! Көп адамды жазықсыз азапқа салғанымды білемін, бірақ, басқаша істей алмадым.

– Сіз… басқаша жасай алар едіңіз! – Әйкеннің дауысы қатты шықты. – Тым құрығында, алысқа, басқа қалаға кетпей-ақ, оның жанында қалуға болатын еді – ғой! Бірақ, сіз басқа тірлікті қаладыңыз!

– Астана жақтан тәуір жұмыс ұсынды, сол себепті кеттім. Сіз неге ашуланып тұрсыз?

– Мен ашулы емеспін. Ренжіп тұрмын. Жаным егіліп тұр! Жақсы, мен кеттім.

Ол жолдың бойымен жалғыз кетіп барады.

– Сіз қайда барасыз? Мен жеткізіп саламын.

– Рахмет, өзім жетемін.

Ол кетіп қалды. Мен, расымен де бар шынымды айттым. Бірақ, қазір сол шындық санамды қақырата жаншып, жанымды күлпарша етіп, езіп барады.

Көлікке отырып, радионы қостым. Көңілді әуен ойнайды. Ол суға батып бара жатқанда жанында болмадым. Қасында болуға тиіс едім ғой! Мен оның өміріндегі ең маңызды кезеңдердің барлығын жіберіп алыппын!

«Бітті. Іс соңына таяды. Сәл ғана қалды».

Тағы да «Фабрика» түнгі клубына келдім. Түтінге тұншыққан би алаңы, құлақты жарған әуен.

– Екі есе «Чивас» па? – деп сұрады менен, бармен.

– Әдеттегідей.

Аузымда вискимен араласқан мұз кесектері шықыр-шықыр етеді. Алғаш мұнда келген сәтімде жолыққан жігіт жақындады.

– А, Асланның әкесі! – деп иығымнан қақты. – Көңіл сергітуге келдіңіз бе?

– Не үшін келгенімді өзім білмеймін.

– Бекер уайымдамаңыз, қайғыра бермей, сергітіңіз көңілді! Демалыңыз! Билеңіз! Мүмкіндік барда, көңіл көтеру керек! – деп, ол билеп жатқандардың ортасына сіңіп кетті. Мен бокалымның бос екендігін байқап, барменге тағы да құюын сұрадым. Бармен мұз кесектерін салып, бурбонды аямай құйды. Шімірікпей қотардым. Бет-аузымды сүрттім. Көзалдым бұлдырай бастады. Бұлдыр-бұлдыр елестер. Жарықтан қашып, би алаңына, көпшілік арасына кіріп кеттім. Тердің, түрлі әтірдің иісі мұрын жарады. Соңғы кездері ұлымның мұнда не үшін көп уақыт өлтіргенін түсіне бастағандаймын. Әне, оны көрдім. Ол да би алаңында, маған тесірейіп қарап тұр. Ұлымның соңғы әйелі – Әйкен. Мұнда неғып жүр? Маған жақындап, құлағыма айқайлады:

– Енді түсіндіңіз бе? Ол мұнда бәрінен, барша дүниеден жасырынушы еді, солардан үнемі қашушы еді. Өзінен де, сізден де! Иә, ол бүкіл өмірін қашумен өткізді. Сізден қашты… Қашты…

– Кімнен?

– Сізден!

– Менің қандай қатысым бар?

Ол тағы құлағыма айқайлады:

– Сіз әлі күнге дейін ештеңе түсінбедіңіз бе? Сондай ақылыңыз кем бе? Ол өмір бойы сізден қашып жүрді. Өз бойындағы Сіздің мінездеріңізден, Сіздің қылықтарыңыздан, істеріңізден қашушы еді. Бәрібір жаны жай таппады, тыныштық бермеді. Ол сіздің өміріңізді қайталағысы келмеді. Сіздің істеріңізді жасағысы келмеді. Қаламаса да, қайталады. Ақыр соңында, сіз оның түбіне жетіп, жарға тіредіңіз. Ол бейшара өз пайдасына таңдау жасай алмады. Оның алдында екі жол қалды. Өлу немесе, сіз сүрген өмірді жалғастыру! Басқа жол қалмады. Тығырыққа тіредіңіз! Бәріне кінәлі – сізсіз. Тек қана Сіз!

Мен оның көзіне тіке қарап, қолынан ұстай алдым.

– Жіберіңіз мені,  – деп, ол қолын жұлып алды да, кетіп қалды. Мен оны қуып жетпекші болдым, бірақ, алдымнан әлгі жігіт шығып:

– Әкей, мен сенің жаныңды жай таптыратын не нәрсе екенін білемін, – деп алақаныма бір нәрсені ұстатты да, әрі қарай билей жөнелді. Алақанымды ашсам, кішкентай ғана дөңгелек дәрі. Аузыма салдым, бір түрлі кермек дәмі бар екен. Не боларын күтіп тұрмын. Сәлден кейін жын ұра билеп жатқандар көз алдымда ақырындап баяу қозғала бастады… Жарық азайып, қараңғылық қоюлана берді. Қолыма қарасам, жарық сызықтары алақаныма өрмекшінің ұясын салып жатқандай. Беталды айқайлай бердім. Әжетханадан бір шығып, бетімді суық сумен жуып жатырмын. Су киіміме шашылады, бірақ мән бергенім жоқ. Оның соққысы, менің соққым, менің боксым, оның жұдырықтасқан ережесіз жекпе-жектері, оның түнгі клубтағы биі, менің жарнама агенттігіндегі соңғы кештегі биім, оның қыздары, менің әйелдерім… Бәрі, бәрі көз алдымнан сырғып өтіп жатыр. Айнаға қарадым. Өзімнің жүзімді емес, маған қарап тұрған ет жақын адамның жүзін көрдім. Ол – менің ұлым. Айнада. Аслан айнадан маған қарап тұр. Кенет ғайып болды. Шар айнаны ұрып жатырмын…

Түн. Мен көше бойымен жүгіріп келем. Шын мәнісінде, жүгіруге тырысамын. Шатқаяқтап сүріне қабына келемін. Миымда бір ғана ой – «Мен кінәлімін, мен кінәлімін! Мен ұлымды құрбан еттім! Өз жолыма құрбандық етіп шалдым». Кей сәтте бұл ойымды айқайлай айтып келе жатқанымды түсіндім.

Міне, іздеген ғимаратым. Ұлым бассауғалаған жер. Мен шеті көрінбейтін баспалдақтармен  көтеріліп   келемін. Зорға  жетіп,  кереуетіне бардым. Қалтамда үнемі жүретін пышақты суырып алып, матрасты кескілей бастадым. Кесілген маталардан бау құрап, мойынға салатын құрық жасадым. Одан аяғыма әзер тұрып, қабырғадағы ілмекке жақындадым. Қалтыраған қолыммен бауды ілмекке байладым. Жәшікті қойып, үстіне шықтым. Құрық бауды мойныма кигізіп, жәшікті итеріп кеп жібердім. Сәл қиналған секілдімін. Ары қарай көзім қарауытып, қараңғылық басты… Қанша уақыт өткенін білмеймін… Жүзімді әлдеқайдан түскен жарық шарпыды. Көзімді ашсам, балконсымақ жақтан күн сәулесі түсіп тұр екен. Тағы бірдеңе көрінеді, бірақ, не екенін ажыратуға көзім жетпейді. Ұзын, қара көлеңке. Көздерім жыпылықтап қозғала бастады. Назарым ашылды. Өз-өзіме қарадым. Мойнымда үзіліп кеткен қарғы бау. Шыдамаған екен. Сөйтсем, бірер уақыт асылып тұрып, есімнен танған кезде бау үзіліп, құлап түсіппін. Үсті басым шаң-шаң. Мен бұлдыраған сағым ішіндегі қарауытқан бір бейнені байқап, қорқып кеттім. Бақсам, адам бейнесі екен. Аяғыма тұрып, қалтырап-дірілдеп, манағы бейнеге жақындай бердім. Жақындай түскен сайын, жүзі анық көріне бастады. «Бұл — әйел!». Тағы да жақындадым. Іші шыққан, жүкті әйелдің сұлбасы. «Мынау ұлымның әйелі ғой. Әйкен!». Көзіме жас үйірілді. Кеудем сыздай түсті. Дүние шыр көбелек айналып жатқандай, тұңғиыққа батып барам…

…Алдымда – шағын ғана жатаған үйлердің ортасынан жұмыр тастардан ұзыннан ұзақ төселген бұралаң жол. Мен біреуді күтіп тұрмын. Ақ дастархан жайып, шағын үстел әзірлеппін. Оған түрлі тағамдар қойыппын. Алыстан ат дүбірі естілді. Тасқа соғылған тұяқ дүрсілі жақындай берді. Қара ат мінген айбынды, сауыт-сайманы сірескен суыт шабарман… Ұйтқытып, шауып келеді. Дүрсілі үдеді. Мені қорқыныш сезімі керней бастады. Құдды, аттылы кісі үстімнен таптап өтердей қорқамын. Сасқалақтап, оң қолымның ортаңғы саусағын жоғары шошайттым. «Менің бар күнәм – әйелқұмарлықтан» деген ой келді. Біреу менің құлағыма сыбырлайды: «Бұл – Архангел Михаил! Архангел Михаил!» Ол екілене шабады. Кенет артыма бұрылдым… Көк жүзінде, аспанда, ауада ғажайып бір ханша – тәж киген әйелдің бейне-жүзі, сұлбасы қалықтап тұр. Кенет, әлгі қалтыратқан қорқыныштан шошайтқан ортаңғы саусағым – ауадағы періште әйелдің ханша тәжінің жоғарғы жағындағы әсем, лағыл тастармен көмкерілген, үшкір найзаға ұқсас шашақтарының қақ ортасына орналасты… Сол-ақ екен, саусақты айнала шеңбер боп орналасқан найза-шашақтардан сәулелер шығып, нұр боп ойнап, ортадағы саусаққа тоғысып, одан әрі бір сәуле боп ұласып, жоғарыға, аспанға қарай самғап, зеңгір көкке оқ сәуле болып бағыт түзеді. Архангел жаққа бұрылып қарадым. Ол аттың шабысын осы тұста сәл бәсеңдетіп, жаныма келіп тоқтап, амандасты. Ол аттан түсіп, менің дастарханыма қарама қарсы жайғасты. Дұға қылды. Сосын «Аллаһу ақпар!» деп бетін сипады. Дастарханнан бір-екі нәрсе алып, орнынан тұрды да, атына мініп, шаба жөнелді. Оның нені, неге алып кеткенін түсінбей, ойланып отырғам. Кенет, менің ақ дастархан жайған шағын ғана үстелім — бүкіл ас-дәмімен бірге ұзара бастады, алыс көкжиекке қарай созыла түсіп, шексіздікке ұзара берді. Созылып барады. Шегі жоқ секілді… Мен ес пен түстің арасында жатсам да, жақын тұстан бір жылылықты сезе бастадым. Біреу жаныма таяп келді. Мені сүйемелдеп тұрғызбақ болды. «Бәрі жақсы болады», – деп сыбырлай үн қатады.

– Иә, сол! – Есімді жия бастадым. Менің ата тегімді буынынан балта шауып үздірмей, үрім бұтағымды болашаққа жалғастыратын соңғы үмітім — ұлымның соңғы жары.

– «Бәрі жақсы болады!», – дейді, Әйкен.

– Солай боларын мен де сеземін! «Бәрі жақсы болады! Алла шексіз мейірімді!» – деп, айқайлаймын.

– «О, Жаратқан, жаратушы ием, күнәларымды кешіре көр! Пенделікпен, білместікпен жасаған алдыңдағы барша күнәларымды кешіре гөр!» –  деймін, жылап тұрып.

Бүлдіршіндей жас болса да, тіршіліктің тауқыметінен ерте есейген ұлымның соңғы әйелі – келінім де тізерлей отырып, қолын көкке жая еңірейді.

– «Бәрі жақсы болады. Тек соған сену керек!..  Әрбір адамның жүрегінің түкпірінде бір бос орын – кішкентай қуыс бар. Сол қуысты жаратқанға деген шын сеніммен, иманмен толтырғанша сарылып-сабыламыз, адасамыз, жанымыз байыз таппай, сергелдеңге түсеміз!.. Ол орын — Құдайдың орны! Жаратқанға деген сенімнің жайлауы!  Иманның мекені!  Иманмен, сеніммен толтыру керек, сол орынды! Шын, риясыз сенсек қана, Жаратқанға жол табамыз. Мейірімі шексіз, Алла!.. Ол бізді жақсы көреді. Өзі жаратқан пенде баласын сүйеді, тығырықтардан құтқарады.. Әрдайым кешіреді, қолдайды! Қиыншылықтан қорғайды, жаманшылықтардан аман алып шығады.

Мен  келініме сенемін. Ол аз ғұмырында өз басынан кешіргенін айтып тұр.

– О, Аллах тағала! Кешіре гөр, адасқан ұлымды! Мен секілді шерменде болған пендеңді де кешіре гөр! Құрбан болған ұлымды, алдыңда тізерлеп отырған мынау пақыр пендеңді… Кешіре гөр! Сен ғана – жаратушысың, сен ғана барша ғаламның, барша тағдырлардың иесісің! Кешіре гөр! Кешіре гөр, Жаратқан! Кеше гөр! Мынау зәулім қаланың ортасында, қарауылсыз қаңырап қалған мұнараның биігіне тығылып, құдіретіңнің алдыңда бас иіп, тізерлеп отырған пендеңді кешіре гөр! Кешіре гөр! Адасқан ұлыңды кешіре гөр!… Қолдай гөр, қорғай гөр! О, Жаратушым! Кешіре гөр! Сен ғана жарылқаушысың! Қорғаушысың, қолдаушысың! Қорғай гөр, қолдай гөр, жүрегімізге иман сәулесін ұялата гөр! Сенім шапағатын бере гөр!

Алқынған жүрек соғысын естимін… Жиілеп барады… Дүние шыр көбелек айналғандай…

Жүрегім дүрс-дүрс соғады…

Пікір қалдыру