Ахат ЖАҚСЫБАЕВ. ИСА АҚЫН (Екінші кітап)

Жазушы Ахат Жақсыбаевтың «Иса ақын» романының бірінші кітабының журналдық нұсқасы «Жұлдыз» журналының 2010 жылғы 6-7 сандарында жарияланған болатын.
Төменде автордың «Иса ақын» романының екінші кітабының журналдық нұсқасын жариялап отырмыз.

Екінші бөлім

ӨРЛЕУ

Пароход түстен кейін Павлодарға тоқтап, жағатын көмірді толықтырып, едәуір бөгелді. Биік жардың жиегіндегі қала батар Күннің қызыл арайына малынып, жатаған үйлерінің бедері көмескі тартыпты. Көзге ілінер қызығарлық ештеңе таппай, Иса мен Қайыржан қайтадан екі кісілік каютаға кіріп, орындарына жайғасты. Енді уақыт өткізу үшін қоңыр әңгімеге кірісті. Ертіс селосына ертең түске таман жетеді. Пароходтан түскен соң одан арғы мәселенің шешуі Исаға тіреледі.
Әңгіме болсын деп Иса Ертіс селосы туралы естіген-білгенін, өз көзімен көргендерін Қайыржанға айтты. Ертіс селосы – Қызылағаш болысының басқару орталығы, мәдени кіндігі. Осыдан ондаған жылдар бұрын Орталық Ресейден қазақ жеріне қоныс аударған орыс шаруалары арық мәстегін сықырлауық арбаға жегіп, бала-шағасын сүйретіп, жүдеп-жадап осы жерге жетіп, орныққан болатын. Патша өкіметінің қолдауымен қазақтарды қырға қарай тықсырып, жерге иелік етіп, қИсайған тұрмысын түзеп, лезде байыды. Енді өздері билік жүргізіп, ойларына келгендерін жасады. Жергілікті қазақтарды жалшы етіп, өздерінің дегендеріне көндіріп, кезкелген жұмысқа жұмсап, ақысын жеп, қанап, мол пайдаға кенелді. Аз жылда Ертіс өзені жағасындағы селода тұрғындары көбейіп, аумағы кеңейе түсті. Қала тәртібімен еңсесі биік үйлер салған орыстың байлары, көпестері сауда-саттық дүкендерін ашты. Сол кезде кірпіш, май заводтары, темір-терсек сақтайтын қоймалар бой көтерді. Қыш өндірісі қолға алынып, өнімдері дүкендерге түсіп, сатылып жатты. Ауылдағы қазақтар өздеріне қажеттінің бәрін осы селодан тауып, сауда-саттығын айырбас түрінде жүргізді.
Екеуі Ертіс селосына жеткенше осындай әңгімемен жол қысқартып, бір-біріне сыр ашты. Исаның ауылда мектеп салмақшы болған талабы Қайыржанның көңілінен шығып, екеуін жақындастыра түсті. Оның сол ауылына барып бала оқытуға келіскені Исаны да қуантты. Екеуі де тез тіл табысып, түсініскен пейілмен жолға бірге шыққан еді.
Ертіс селосына жетіп, пароходтан түскен бойда екеуінің барар жолы екі айырылды.
– Иса, – деді Қайыржан айлақ басында оны жеңінен тартып тоқтатып, – Бұдан әрі мен саған серік бола алмаймын. Мен осы жерден Ақкөл – Жайылмадағы ауылыма, әке-шешеме барамын. Менің де өзімнің ойлаған ойларым бар. Ол жақта мен ұнатқан бойжеткен қыз тұрады. Сол қызды көріп, кездесуге асығып келемін. «Сен мені түсін, «бірге жүрейік» деп қолқалама. Мен баратын Шұға деген ауыл осы жерге едәуір жақын. Көлік те тез табылады. Көлдерді жағалап, кең жазықпен тегіс жолға түсеміз.
Иса терең күрсініп, Қайыржанның айтқанына амалсыздан келісіп, әрең қоштасты. Қайыржан барар жолын алдын-ала ойластырып қойыпты. Исаның көңілін тауып, алдағы істің оп-оңай ретін келтірді.
– Иса, мен уәдемде тұратын адаммын. Сенің ашатын мектебінде мұғалім болудан қашпаймын. Менің жобалауым бойынша мектеп құрылысы күзге таман бітуге тиіс. Сол кезде мен қайтып оралып, мектептің ашылу салтанатына қатысып, мұғалім боп сол ауылда қаламын.
– Қайыржан, қандай ақылдысың, – деп, оны құшақтай алғанда көзінен жасы ыршып түсті.
Екеуі қол алысып тұрғанда Күн ұясына таңқалып, батуға таянды. Екеуі енді көп бөгелмей, өз жолдарымен екі жаққа кетті. Бір-бірінен «қайда барып, қайда түнейсің» деп сұрамады.
Иса Ертіс селосында бір танысының үйінде түнеп шығып, ойға алған шаруасына ертеңнен бастап кіріспек.
Сондағы ойы – Ертіс селосында бөгеліп, ақыл қосар адамдарды іздеп тауып, «солар не айтар екен» деп, сөйлескісі келеді.
Осы селода Жандай Тіленшин тұратынын бұрыннан біледі. Бұл кісіні алғаш рет Күрлеуітов мектебінде оқып жүрген кезінде көрген еді. Сол жолы бұлар сабақта отырғанда жасы елулер шамалас, орысша киінген зор денелі, қасқа бас кісі бөлмеге кіріп, Құсайын мұғаліммен төс соғыстырып амандасып, едәуір бөгеліп тұрды. Жүзі жылы, мінезі ашық екен. Сабаққа бөгет болмайын деп, балалардың көзінше мұғаліммен кейінірек кездесетін боп уәделесіп, кетерінде есікке жақын отырған Исаны басынан сипап, «көзің жайнап тұр екен» деді. Оның осы сөзі Исаның есінде қалыпты.
Балалар ол кісі Құсайын мұғалімнің медресе «Ғалияда» бірге оқыған досы екенін білді. Петерборға кетіп, жақында ғана оралған беті екен. Сонда Құсайын мұғалім «Қызылағаш болысында бірден-бір оқымысты адам бар. Ол – осы өздерің көрген Жандай Тіленшин» деген болатын.
Бүгіндері Құсайын мұғалім жоқ. Дүние салғанына екі жыл болды. Тайсой­мастағы Құсайын мектебін ауылдағылар ұстап қала алмады. Кірпіші, есік-терезесі бұзылып, мектеп үйінің орны ғана қалғаны өкінішті-ақ. Құсайын мұғалім тірі болғанда алдымен сол кісіге барып ақылдасар еді. Енді ойына алған адамы – Құсайын мұғалімнің досы Жандай Тіленшин болғалы тұр.
Ауылдан Семейге аттанардан бұрын Иса қатарға қосылып, ел арасындағы істерге араласа бастағанда көзіне көбірек көрінген – осы Тіленшин болатын. Үлкен беделі бар, сөзі өтімді, елді соңынан ерте білетін қызметкер деп таныды. Осы аймақта елдің алдымен партия қатарына қабылданып, ұйымның алғашқы хатшысы боп сайланды. Ауылдық кеңестер мен болыстық атқару комитеттері жаңадан сайланатын болғанда сайлау комиссиясының төрағасы міндетін Жандай атқарды. Әйтеуір, әрбір жаңа істің басында Жандай жүрді. Бір кездескенде бұны әңгімеге тартып, «сен бүкіл Қызылағаштың Исасы екеніңді есіңнен шығарма» деп ескерткені бар. Ақын екенін мойындап, ел ағасының өзінен кейінгі жастың келешегінен үміттенген түрі шығар. Иса да оны жат көрмеді.
Ертіс селосындағы Жандайдың үйін сұрастырумен жаяулатып, жалғыз өзі біраз жүрді.
Кең көшені бойлап жан-жағына көз тастап, селоның тіршілігін сырттай қызықтап, орыстары көп екенін көріп келеді. «Бұл селоның қазақтары қайда? Ауыл-ауылға тарап кеткен бе?» – дейді. Қазақтар көп сияқты еді ғой.
Ертіс өзенінің батыс жағалауындағы биік жардың бойындағы селоны көргенде қызғаныштан іші күйді. Қала тәртібімен қатар түзеп салынған үйлерде қазақтар тұрмайтыны белгілі. Талдан тоқылған биік шарбақпен қоршалған ауладағының бәрі жинақы, ретімен орналасқан. Шарбақтың қадаларына төңкеріліп ілінген шөгенкелер, бүйірлі қыш құмыралар да қазақтар қолданатын ыдыстар емес. Үй маңындағы көк шөпті үзіп, мамырлай басып, балапандарын соңына ертіп топтанып жүрген қаз-үйректер де қазақ бағатын үй құстары емес. Кең ауладағы суармалы бақша да – қазаққа жат тірлік.» Ресейден арып-ашып әрең жеткен қара шекпенділер аз жылда бұл жаққа қалай тез сіңісіп, тұрмыстарын түзеп, қалай байып алған. Сонда біздің қазақ осыларға ұқсамай, «қайда жүр» десеңші. «Бұның бәрін бұрын да көрген. Көз тоқтатып ойланбапты.
Селоның шетіндегі ауласы қоршалмаған жатаған шағын үйдің иесі Жандай екенін білгенде көңілі қоңылтақсып, іштей жүдеп қалды.» Көрші орыстардың қандай үйлерде тұратынын көрмей ме екен?» деп намыстанды. Ауылдағы көз үйренген қазақы шым үйді қанағат тұтқаны ғой.
Мал қорадан өтіп, сипалап үйдің есігін әрең тапты. Жандай үйінде екен. Төргі бөлмеде шапанын жамылып қИсайып жатқан жерінен тез түрегеліп, Исаны бірден таныды. Амандық-саулық сұрасып, төрге шығарып, қызмет көрсетті.
Иса мұнда келгендегі мақсатын қысқаша түсіндіріп, Семей губкомының мектеп салуға рұқсат еткен қағазын Жандайға ұсынды. Қағазға тек көз жүгіртіп өтіп, Жандай зор денесімен Исаға бұрылып:
– Өзіңді көріп, қолыңдағы қағазыңды оқып, қуанып тұрмын. Жетілген екенсің. Жетілгеніңнің белгісі – еліңнің ертеңі – жастардың оқып, білім алуын ойға алған екенсің, – деді.
Бұл сөз Исаның көңілін өсірді. Жандай секілді көпті көрген ағаның мақтағаны неге тұрады. Бұл кісіге жолыққанын өзінше «жолым болады екен» деп, жақсыға жорып, «әрі қарай не айтады» деп сөзіне ынта қойды. Бірақ Жандай ұсынған қағазды қайтарып беріп:
– Бұл қағаздың ешбір құны жоқ, – деп, көңілін су сепкендей басты. – Мектеп салуға ешкімнің де қарсылығы жоқ. Мұндағы ел қуанбаса ренжімейді. Ал сонда шығынын кім көтереді? Қаржыны қайдан алу керек? Губкомның рұқсат қағазында осы жағы көрсетілмеген. Жергілікті басшылықты осыған міндеттесе, бұйрық түрінде болса әңгіме басқаша. Әйтпесе мына қағаздағы рұқсат шығарып салма, әншейін сөз.
Кеңес өкіметі орнағалы бері ел ішінің небір мәселесіне араласып, билік айтып, басқарып үйренген адам ғой. Жандай бұның білместігін бетіне басып отыр.
– Иса, сен қамықпа. Алған бетіңнен таймай, іс шығаратын бол. Бірақ, тағы да айтамын, он екіде бір нұсқаң жоқ, тіреп тұрған сенетін адамың жоқ, қалтаң да қалың емес, сонда «қалайша мектеп саламын» дейсің. Өзің ойлашы, бұған көп күш, жұмсалар қаржы керек. Небір дүрбелеңнен кейін ел енді ғана жыртығын жамап, есін жиып келеді. Әрине, балаларын оқытуды ешкім де жек көрмейді.
Иса тығырыққа тірелгендей, ақыл айтуын өтінгендей өзінен көп жас үлкен Жандайға қарап, көздері жаутаң қақты.
– Сенің өзіңнің оқуың қандай еді? – деп сұрағанда Иса бастапқыда не дерге білмей күмілжіп, артынша Семейдегі Құсекеңнің сөзі ойына түсіп:
– Биыл күзде Орынбордағы жаңадан ашылған халық ағарту институтына барып оқысам ба деймін, – деді.
– Оған дейін мұндағы мектебіңді салып бітіп, күзде балаларды оқуға қабылдауың керек, – деп, Жандай әлі басталмаған шаруаны біткендей етіп сеніммен айтты.
Әңгіме әлі де сол басталмаған мектеп үйі жайында өрбіп, Жандай Исаны жетелеп отырды.
– Мен өзім, – деді Жандай ойлы жүзбен Исаға көз тігіп, – Қызылағаштағы Жамантоғай деген жерде мектеп ашып, бала оқытқанмын. Бұл аймақтағы оқыған, көзі ашық, елге танымал азаматтар мектеп ашуды өздеріне міндет санайтын секілді. Олардың кейбірін сен білетін де боларсың. Солардың қатарына қосылып, мектеп салғызсаң, елдің есінде қаласың. Кейіндері «Исаның мектебі» дейді. Ендігі әңгіме былай болсын. Мені іздеп әдейілеп ақылдасуға келген екенсің, енді сол әңгімеге көшейік. Сондағы сенің жобаң қандай? Қай ауылды, қай жерді таңдадың?
Жандай Исаны әбден састырып, маңдайынан суық терін шығарды. Тергеуге алғандай жан-жағынан қыса түсіп, тезірек ойлауға, бір шешімге келуге еріксіз итермеледі. Бұның «мектеп салсам ба» дегені әлі шешімін таппаған ниет қана еді. Талас-тартыста, ортақ істе әбден ысылған Жандай тықақтап, сұрақтың астына алып, қоятын емес. Иса қатты састы. Ойы шартарапты шарлап, ақыры бір тоқтамға тірелгендей болды.
– Жандай аға, – деді бастырмалата, батылдана сөйлеп. – Он екіде бір нұсқам жоқ екенін дұрыс байқадыңыз. Бірақ сізге сеніп, «жол көрсетеді» деп келдім. Менің жобам бойынша мектеп үйі Салқынкөлдің жанында болуы керек. Себебі, жаз болса көп ауыл жайлауға шығып, Салқынкөлді жағалай қонады. Қысы-жазы сол маңда мықтап орныққан Тайсоймас, Төбелес, Бескепе сияқты іргелі үлкен ауылдар бар. Балалардың қатынап оқуына, барып-келуіне жақын жатыр. Мектепке бала жинауға, әр ауылдан жаза ат-арбамен қыста ат-шанамен әкелуге де қиындық туғызбайды.
Иса осыларды айтып тоқтағанда Жандай келіскен ыңғаймен мақұлдап, басын изеді.
– Мектептің орынын дұрыс таптың. Салқынкөл – қай тараптан қарасаң да қолайлы орын. Кезінде Семен, Шекен байлардың жайлауы болған, ел аяғы үзілмейтін өрісті мекен ғой бұл жер. Ал Ертіс өзеніне, тоғайға жақын қоныстарда шағын да болса медресе, мектептер баршылық. Олармен таласқа түскендей боп қайтесің, – деп, Жандай бұл мәселеде келісіп, қолдаған болды.
Бұдан кейін Исаны жаңа бір сергелдеңге түсіретін шаруаны алға тартып, тағы да қинады.
– Иса, шырағым, мектептің орыны белгілі болды делік. Сол мектепті салуға жұмсалатын қаржыны, құрылысқа қажетті тақтайды, есік-терезені, қабырғасын көтеруге кірпішті қайдан табасың? Салқынкөлге қалай жеткізесің? Ойландың ба? Шымнан ойып, қабырғасы қалың, есік-терезесі тар, жатаған үй салудың қажеті шамалы. Жаңа заманның мектебі бүгінгі талапқа сай кең әрі еңселі болуы керек екенін біліп қой. Бұлай ету қолыңнан келмейді екен, босқа әуре болма, елді де әлекке салма!
Осылардың бәрін түгендеп, тізіп айтқан сайын Жандайдың жаны кіріп, Исаны орнынан тұрмастай етіп, тұқыртып, тұйыққа тіреді. Бастапқы ойынан айнитындай дәрежеге жеткізіп, еңсесін көтертпей қойды. Мұншалықты қиын екенін әуелде ойлады ма екен?!
– Жандай, аға, сонда не істемек керек? – деді дәрмені таусылғандай боп, одан көмек күтіп.
– Міне, шешуші сәтке енді келдің. Ақылдасып, бірлесіп ойланып көрелік, – деп, Жандай алдағы атқарылар істің нобайын белгіледі.
Исада үн жоқ. Тыңдап, көңіліне қондырып отыр. Бас қатырар қиын істі ойға алғанын енді ғана түсінді.
– Мен сенің «мектеп салсам ба» деген талабыңды қолдаймын. Шешінген судан тайынбас деген. Ал мына алдыңда отырған Жандай ағаң не көрмеді. Келімсектер мен жергілікті қазақтардың жер дауы кезінде Петербургке – мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясына дейін бардым. Қазір заман басқа, кеңес өкіметі нығайып, оқу, білімге көңіл бөле бастады. Қазақтың күні туды. Өзіңдей жастар жетіліп, елінің ертеңін ойлап, қоғамдық пайдалы істерге араласа бастады. Солардың бірі – өзіңсің. Мен осыған қуанып, тәубе деп отырмын. Сондықтан білген ақылымды айтуға, қолдан келсе көмектесуге әзірмін. Мен ескінің арты болсам, сен жаңаның алдысың, – деп, көтермелеп қойды.
– Жандай аға, менің міндетімді ауырлатып жібердіңіз-ау деймін.
– Қарағым, оңай бітетін шаруа жоқ. Осы жердің тумасысың. Павлодар, Семей жүріп, ақындық жолға түсіп, еліңнен алыс кеткен тәріздісің. Осы Қызылағаш болысында Әмен, Бердалы, Арын деген бір мақсаттағы, бір пікірдегі азаматтар бар. Бірін біліп, бірін білмейтін шығарсың. Үшеуінің де білімі, парасаты біте қабысқан. Сөздері өтімді. Үшеуі де жан-жақты білімді. Ертіс селосындағы приходская школаны үздік бітірген. Көп мәселеде ел осы үшеуіне жүгінеді. Үшеуі де оқу-ағарту ісін алдыңғы орынға қояды. Жастарға сапалы, терең білім беру үшін қазақ мектептерін ашуға ынталы әрі ұстаздық еткен жандарға қамқорлығы ерекше адамдар. Қызметтеріне келсек, Әмен Асайынов – болыстық атқару комитетінің жауапты хатшысы. Арын Айсақов болыстық тұтынушылар қоғамының төрағасы. Бердалы Жылқыбаевты ауылда жүрген кезіңде жиналыста болыстық комитеттің мүшелігіне ұсынып, осы қызметке өткізгенің қайда?! Мен де – болаткомның мүшесімін. Оқу бөлімін басқарамын, – деді.
Бар мәселені бір өзі шешіп бергендей Жандай тоқмейілсіп, «енді не айтасың?» дегендей Исаның бет-жүзіне үңіліп, тесіле қарады. Осы үшеуінің басшы қызметтерге сайлануына Жандайдың өзі бар беделін, атағын, әдіс-тәсілін жұмсағанын осындағы ел білетін еді. Сол үшін үшеуі де Жандайды үнемі қоштап, дәріптеп, «осы кісіден көп үйрендік, тәрбиесін көрдік» деп айтатынын былайғы жұрт талай естіген.
Жандай зор денесін еріне қозғап, орнынан көтерілді де Исаның өзінен жауап күткенін сезіп, бағыт сілтеп, жол көрсетуді үлкендік парыз санап, тоқетер сөзді айтты.
– Иса, сен осы бойда Әменге барып жолық. Оның сенен жиырма жастай үлкендігі бар. Сәлем беріп, алдынан өт. Онсыз сенің шаруаң бітпейді. Әмен орысша таза сөйлеп, сауатты жазады. Осындағы орыс көпестерімен тез тіл табысып, айтқанын істетуге әбден машықтанып, төселіп алған. Орыстың осындағы көпестері кеңес өкіметінен қатты қаймығады. Қарсы келуге қауқары жоқ. Бұны Әмен білмейді емес. Жақсы біледі. Мектепке қажетті тақтай, есік, терезелерді тауып беріп, Салқынкөлге жеткізіп беруді соларға жүктесін. Қазақтың орысқа кеткен есесінің қайтарымы болсын. Әмен олармен қалай сөйлесу керегің ешкімнен сұрамайды. Қолында билігі бар адамға кім болсын жалынышты. Себебі бірде болмаса бірде ісі түседі. Жағдайын айтып, көмек сұрап алдына барады. Бұның бәрін сен білмейді деп айтып тұрған жоқпын. Тек есіңе салғаным ғой.
Мектеп салу қиын шаруа екенін Иса енді ғана сезінді. Жандайдың аузынан шыққан сөзді ақыл деп ұғып, өзінің қандай іске кіріскелі тұрғанын, қаншалықты қиынға түсетінін жобалап көрмепті. Жандай жөн білетін, көпті көрген адам екенін танытып, білмегенін есіне салып, ойлантып, күмәнін көбейтіп тастады.
– Мектеп қабырғасын көтеретін кірпішті қайдан алмақсың? – дегенде Иса күмілжіп, шешімі қиын сұрақтың жауабын таппай қиналып, әлі ойланбағанын аңғартты.
Жандайға салса, бәрі түсінікті, оп-оңай тәрізді. Сұрағымен ойлантып, жауап күтіп, қинап тұр. Исаның өресін байқап, істің жайын өзі түсіндіріп, тығырықтан шығарды.
– Қазақта көпшіліктің күшін пайдаланатын «асар» деген дәстүр бар. Үй салу сияқты жұмысқа ауылдастарын, ағайын-туыстарын шақырып, асар жасайтын болған. Салқынкөлдің жағасында жас жігіттердің басын қосып, асар жасап, саман кірпішті өздерің құйыңдар. Күйдірген қызыл кірпіш сендерге қымбатқа түседі, – деп, не істеу керегін айтып бергенде Иса түйілген қабағы жазылып, құрысқан арқасы кеңіп, аузын ашып, Жандайға телміре қарады.
Ризалығын көзбен жеткізді. Жандай бұнымен тоқтамады.
– Саған айтар тағы бір ақылым – үйдің төбесін жауып, еденін төсеуге қажет мәткелер бұл жақтан табыла қоймайды. Қызылағаш болысының жері тал-бұтасыз жазық екенін білесің. Ал Ертіс бойындағы тоғайдың терегі қарағайдай емес, мәткеге жарамсыз, тез шіриді. Салқынкөлдің батысындағы Сілеті өзеніне таяу жерден қарағайлы, орман басталып, Көкшетау шекарасына қарай өтеді. Төбеге, еденге қажет мәткелік қарағайды сол жақтан табасыңдар. Салқынкөлмен арасы оншалық қашық емес. Жолы тегіс. Ат-арбамен қиналмай жеткізуге болады, – деп, бәрін орын-орнына қойып, түсіндіріп бергенде Исаға мектеп салу дегенің оңай шаруа секілді көрінді. Басталмаған істің баянды боларына Жандай әбден көз жеткізді. Жандайдың сөзінде қате, дәлелінде мүлтік жоқ. Ақылы көкейіне қонып, енді бел шешіп іске кірісуге еріксіз құлшындырды.
Қоштасар кезде Исаны әлі де бөгеп, айтылған сөзді қаншалықты ұққанын білгісі келгендей бет-жүзіне тесіле қарады.
– Иса, шырағым, өмір дегенің адамдарды бір-біріне жетелейтін тарам-тарам, қым-қиғаш жолдардан құралады. Сол жолда әркімнің жүріп өткен іздері қалады. Сонда кім қандай із қалдырды. Елдің есінде сақталар қандай белгілер бар. Осы жайында әркім әр кезде ойланатын шығар, – деп, әріден толғап, Исаны ойлантып тастады.
Бұдан кейін серпіліп, тың әңгімеге көшті.
– Сен Әменге барып жолық. Қажетіңнің бәрін ашып айтып, не сұрайтыныңды алдын ала біліп қой. Бұл өзі – бәрімізге ортақ, бірақ бұрын қолға алынбағын үлкен шаруаға айналғалы тұр. Ешкімнің ойына кіріп-шықпаған шаруаны бастағалы отырсың. Аяғына дейін жеткізіп, нәтижесін көру үшін басы-қасында өзің болып, өзің жегілуің керек. Бұл аймақта бұрын болмаған жеке мектеп үйін салуға ұйтқы болсаң, жерлестеріңді жұмылдыра білсең, мына сен, – деп, Жандай Исаны саусағымен нұқып, – елдің есінде қарасың. «Исаның мектебі» деп, жанынан өткенде әркім айтып жүреді. Қалай шырақ, бұл сөздер жаныңа жаға ма?! – деді.
Иса айтарға сөз таппады. Жандайдың өткір, өтімді сөздері жан дүниесін қозғады. «Қандай сөзге шешен, қалайша тауып сөйлейді?» деп, Жандайды зор тұтты. «Елді соңына ерітетін осындай адамдардың бары қандай жақсы» деп, ақыл айтыр ағаның жақыннан табылғанына, өзінің жерлесі екеніне іштей қуанып, сөздерін арқаланып, білмейтінін білгізгенін әбден мойындап тұрды. «Дініне берік, еліне тірек, ұстанған бағытынан айнымайтын Жандай секілді алдыңғы ағаларға қарап бойыңды түзейді екенсің» деген ойға келді.

– 3 –

Жандайдың айтуымен болаткомның жауапты хатшысы Әменге жолығуды жөн көріп, әдейілеп кеңсесіне барды. Селоның орта тұсындағы кіреберісіне қызыл жалау тігілген болатком кеңсесін бірден тауып, Әменнің кабинетіне еш тоқтаусыз кірді.
Төрде отырған орта бойлы, ақсары өңді, елулер шамалас иманжүзді адамның Әмен екенін сұрамай-ақ білді. Бұның келуін күтіп отырғандай-ақ Әмен орнынан тез көтеріліп, құшақ жайып, көңілденіп, амандасты.
– Павлодар, Семей қалаларына барып қайтқандар «біздің жерлесіміз Исаның ақындық атағы елге тарап, сахнада айтысқанда бүкіл залды дүрліктіреді екен» деп мақтанып жүргенін біз де естиміз. Міне, енді өзіңді де көріп тұрмыз.
Жік-жапар боп, аңқылдап, бауырына тартты. Жөн сұрасып, шаруасы болса көмектесуге әзір екенін аңғартып, Исаны еркінсітіп, еркелеткендей болды. Өзін осылайша құрметтеп, шын көңілмен қабылдаған басшы адам­ның алдында Иса өзін еркін ұстап, келгендегі шаруасын бірден алға тартты.
Әмен Исаның айтқан сөзін бірден құптады. Жандаймен арадағы әңгімені естіп-білген соң Әмен көп созбай, бірден іске көшті.
– Кезінде қызыл белсенді болған Жандай әлі де көп нәрсені күшке салады. Оның біреулердің бермесін тартып алуға, қысым жасауға бейім тұратынын ел жақсы біледі. Ақ пен қызыл алмасқан аласапыран жылдарда осылай ету қажет болған шығар. Қазір кеңес өкіметі орнықты. Ел есін жиып, заман құбылысын білетіндей дәрежеге жетті. Бәріміз де заңға бағынамыз. Сондағы айтайын дегенім, біреудің мүлкін қорқытып тартып алу – заңға томпақ келеді. Осы селодағы қазақтарда тақтай дегенің болмайды. Жергітікті орыстың саудагерлері тақтайды Омбыдан алдырып, қажет еткен адамдарға қымбатқа сатады.
Әмен мәселені осылайша бүкпесіз ашып беріп Исаның келгендегі шаруасын қиындатып жіберді. Тар кабинетте екеуі де ойға түсіп, үндемей бір-біріне қарап, сөзден тосылды.
Сеніп келген Әменнің түрі мынау. Шығарып салма сөзбен алдын бөгеді. Жандай «Әмен бәрін біледі» деп сендіріп еді. Иса кетуге ыңғайланып, көңілсіздеу қозғала бергенде Әмен жерлес ақын інісінің келгендегі шаруасын тындыра алмағанын өзіне намыс көріп:
– Иса, сен бір күн, екі күн осында бөгеле тұр, – деді.
– Сенің қажетіңді қарастырып, осындағы орыс саудагерлерімен сөйлесіп көрейін. Тақтай табылып қалар.
– Бәсе, солай демейсіз бе?! – деп, Иса күліп жіберді.
– Сенен сұрайын дегенім, салатын мектептің нобайы қандай? Тақтайды, жасалатын есік-терезені соған қарап жобалау керек.
– Өзіңіз қалай ойлайсыз? – деп, Әменнің өзіне салмақ салып, ойлантып тастады.
– Бұл турасында екеуіміз ақылдасайық. «Оқимын» деген бала жылдан-жылға көбейеді. Сондықтан мектеп үйі тарлық етпеуі, балалардың санына сай болуға тиіс.
Екеуі ақыл қосып, мектеп үйі төрт бөлмеден кем болмауға тиіс. Әуелі бастауыш сыныптарға арналып, кейін жетіжылдыққа айналады деген қорытындыға келді. «Мектеп екі-үш айда салынып бітіп, күзде сабақ басталады» деген шешім ендігі уәде боп бекіді.
Әмен де, Иса да осы уәдені өзара бекіткендей қол алысып, бір-біріне күлімсірей қарап, қуанып, көңілдері өсті. Болашақ мектеп үйі қиял емес, қолдан келер іс екенін біліп, нобайын көз алдарына келтіріп, екеуі біртүрлі рахаттанып тұрды.
Иса кетерінде Әменге сондайлық үміт артып, сүйсінгендей боп қарады да:
– Осыдан қырық шақырым жерде Ертістің төменгі ағысындағы Қарасудың бойында қыстауда жетпістен асқан әкем, аға-жеңгем тұрады. Сол жер – біздің ата қонысымыз. Соларға жолығып, хал-жағдайларын біліп қайтайын. Менің тоғыз жасымда дүние салған анамның да бейіті сол жерде. Бейіт басына барып анама арнап құран оқиын. Бір күн, екі күнде қайтып оралатын шығармын, – деп, көңілі босап, көзіне жас тіреліп, басын бұрып, тездете басып шыға жөнелді.
Әмен не айтарын білмей сопайып тұрып қалды. «Қуаныш та, қайғы-мұң да қатар жүреді» дейтін сөз рас екен-ау» деп, терең күрсініп, Исаның қазіргі көңіл-күйін айнытпай таныды.
Сыртқа шықты да ауылына «қалай жетемін?» деп есік алдында дағдарып тұрған Исаға тақалып:
– Ауылыңа жаяу барасың ба? – деп, қағытып, қас-қабағын бақты.
– Жол көлік табылар, – деп, Иса селт етпеді.
– Сонау алыстан келдің. Жақын жердегі ауылыңа жету сөз болып па. Менің жирен қасқа атымды салт мініп, ауылыңа барып қайт. Оған дейін мен осы селода тақтайдың жағдайын біліп, орыс көпестерімен келісіп көрейін, – деп, Әмен есік алдында қаңтарулы тұрған, ертоқымы алынбаған жирен қасқа аттың шылбырын қолына ұстатып, ауылында көп бөгелмеуін өтінді.
Атқа қарғып мініп, желе жорта жөнелгенде Иса артына қайырылып қарап, орнынан қозғала қоймаған Әменге ризалықпен қол бұлғады.
Ауылына келгендегі көргені – әкесі еңкіш тартып, шөге бастапты. Ағасы Арын тіршілік қамымен Омбы қаласына кетіпті. Жеңгесі Қатира Исаның келгеніне қуанып, сөзден ауызы босамай, ауылдың бар жаңалығын жеткізіп үлгерді. Сол аңқылдаған ақ жарқын қалпынан өзгермепті.
Әкесі Байзақ сол баяғы сөзін қайталап, «ауылға кел, Арынға серік бол. Сырт жақта қашанғы қаңғып жүре бересің» дегенді бұл жолы да шегелеп айтты. «Мектеп салудың саған керегі қанша? Балалардың оқуы сенің жаныңа батты ма? Өз жайыңмен, жаныңды бағып тыныш жүрмейсің бе?!» Ұрысып айтқандағы сөзінің түйіні осы. Иса әдетінше әкесімен сөз таластырмай, төмен қарап тыңдап қана отырды. Әкесінің көңілі көншімегенін, риза болмай томырылып қалғанын сезіп:
– Әке, мектеп елге керек, – деді.
– Әй, шалағай балам-ай. Баяғы қалпыңнан өзгермепсің, – деді де Байзақ намазын оқуға қамданып, төрге жайнамазын жайды. Исаның әлі сөзін жақтырмады.
Ауылынан қайтып оралғанда Әменді кеңсе алдында жолықтырып, одан өзі үшін жақсы хабар естіді.
– Қажет еткен тақтай табылды, – дегенде сенер-сенбесін білмей:
– Қалайша? – деп, таңырқап қалды.
Әмен байыппен сөйлеп, істің жайын қысқаша айтып беріп, Исаның көңілін біржола орнықтырды.
– Қалайша? – дейтіні бар ма?! Осындағы белді орыс көпестерін аралап шығып, кімде қанша тақтай барына көзімді жеткізіп, «Салқынкөл жағасында мектеп салынады. Соған жәрдем етіңдер» дедім. Біреуі олай, біреуі былай дегеніне қараған жоқпын. Айтқаныма көндіріп, керегінше алатын болдым. Әрине, саудагер адам есебінен жаңылмайды.
– Сонда қай амалын таптыңыз? – деді Иса дегбірсізденіп.
– Орыс көпестерімен менің өз есебім бар. Озбырлық жасаған жоқпын. Олар екі арба сүргіленген, қырланған дайын тақтайды Салқынкөлге жеткізіп беретін етіп, уәделерін алдым. Мектептің қабырғасы көтерілген кезде хабарын айтсаң, бұл жақтан ешбір кідіріс болмайды.
– Ақысын кім төлейді? – деп, Иса әлі де тақақтап сұрап, қоятын емес.
– Бұл болаткомның саған көрсеткен жәрдемі болсын. Қазбалап қайтесің. Ұрлық та, зорлық та емес. Ретімен келген орынды шаруа. Бұдан орыстың майманасы тасыған көпестерінің қазынасы ортаймайды. Есесі кеткен елдің пайдасы деп біл!
Әмен сөздің түбін түсіріп, тепсініп сөйледі. Қолындағы билікті қалай пайдалану керегін білетін адамның сөзін естіп, Иса бұдан әрі оның іскерлігін мойындап, үндемеді.
Әмен әлі де алдағы шаруаның ретін ойлап, тағы бір әңгімені бастады.
– Тақтай табылды делік. Ал үйдің есік, терезесі керек емес пе? Қызылағаш болысының Кенжебай деген үшінші ауылында тұратын Мұхамбет софыны ел ерекше құрметтейді. Софылықпен қоса ол кісіге, оның әулетіне асқан зергерлік, керемет шеберлік қонғаны, ағаштан түйін түйетін балташы екені елді таңқалдырады. Оның балалары да он саусағынан өнер тамған ағаш шеберлері екенін білетіндер жыр қылып әңгімелейді. Олардың шебер қолымен көбі сыйлық – тарту ретінде жасалған үстел, май шелек, сырлы аяқ, ожау, ертоқым, қамыт-сайман сияқты дүние-бұйымдар Қызылағаш болысының игі жақсыларының, қадірлі ақсақалдарының, құда-құрдастарының үйінен көп кездестірдім. Есте қалған, ел айтып жүретін тағы бір жағдай Ертіс селосының бір бай көпесі үй салдыру үшін Мұхамбет софыны іздеп Кенжебай ауылына келеді. Софы орыс тілінен бейхабар, көпес қазақша білмейді. Сөйтсе де неге келгенін түсіндіріп селосына ертіп келеді. Көпес үйдің орнын, қолда бар материалын көрсетеді. Бәрін көріп, құрылыспен танысқан софы көпестің үйін салуға келіседі. Орыстардың бұрын салынған үйлерін зерделеп көріп, балташы орыстармен сөйлесіп, сұрап-біліп барып іске кіріседі. Осындағы орыс көпестері салдырған үйлердің кейбірін Мұхамбет софы туғызуы мүмкін, – дей келіп, – Есік терезе жасауды Мұхамбет софыға тапсыр. Содан соң мектеп үйін қалай салу керектігі жөнінде ақылдас. Мұны білгенің артық болмайды.
Әмен Исаны жіпсіз байлап, Жандай секілді бар білгенін алдына жайып салып, ақылдасар адамдарды жағалай атап шықты.
Исаға енді бұл іске белсене кірісу ғана қалды. Жандай да, Әмен де көп нәрсеге көзін ашып, алға қарай итермелеп, өрісін кеңейтті.
Бұдан кейін ешқайда бұрылмастан, ешнәрсеге алаңдамастан Салқынкөлдің бергі жағындағы Тайтоймас ауылында тұратын нағашысы Рахметке жетуге асықты. Қияқ мұрты, ашаң жүзді, алпыстың шамасындағы Рахмет нағашысы Исаны құшақ жайып қарсы алып, бір сәт те жанынан ұзатпай, қайда барса да өзімен ертіп жүрді. Сағынып-ақ қалыпты. Түрінен туған апасы марқұм Қазизамен ұқсастық іздегендей бетіне оқтын-оқтын қарап, күрсініп қояды.
– Кетпеші, – дейді жалынышты үнмен. – Елді аралап, баяғыдай қыдырайық.
Осы сөздерімен-ақ Исаның көңілін босатып, өткен күндерді көз алдына келтіріп, көңіл түкпіріндегі сағынышын оятты.
– Нағашы, – деді бұл жаққа келгендегі шаруасын айтып, ақылдаспақ болған ниетпен.
Исаның әңгімесін тыңдап алып Рахмет бұдан кейін көңілге қонымды етіп, өз ойын ортаға салды.
– Әңгіме былай болсын. Ең алдымен екеуіміз Салқынкөлге бірге барып салынатын мектептің орнын белгілейік, – деді. – Содан соң балшық басып кірпіш құятын жерді таңдайық. Бұдан кейінгі басты шаруа – маңдайдағы ауылдардың адамдарын осы игілікті іске жұмылдыру үшін бастарын қосып, қолдарына күрек ұстату керек. Жай жатқан елді ақысыз, тегін жұмыс істету оңайға түспейді. Үгіттеу, алға жетелеу, осы бастамаға ұйытқы болу – ендігі жерде сенің міндетің шығар. Мен де қарап қалмай, сол күндерде қасыңнан табылармын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демейтін бе еді. Шаруаны кешіктірмей, тез бастап жіберсең мұндағы ел де қозғалып, өз әлінше қол ұшын беріп, көмектескісі келер. Көппен бірге болып, мен ән айтамын, күй тартамын. Ал сен табан астында өлең шығарып, жұртты желпіндіріп, жігерін жанисың. Сөйтіп, жұмыстан кейін кешкісін сол Салқынкөлдің жағасын думандатып, ойын-сауықты қыздырып, елдің еңсесін көтеріп, естен кетпес күндерін көбейтеміз. Сонда жұмыс қызады, көрер қызық молаяды. Қазаққа керегінің өзі осындай көңілді күндер емес пе?!
Рахметтің осы сөздері Исаның көз алдына Салқынкөлдің жағасында болатын алдағы әдемі көріністерді әкеліп, басталар істің баянды боларына осылайша сенім ұялатты.
Иса нағашысының асқан әнші, шебер домбырашы екенін бала жасынан білетін еді. Енді, міне, алыстан іздеп келген жиені үшін «бойдағы бар өнерін жұмсаймын» деп құлшынып тұр. Бір жағынан, бірге туған Қазиза апасының аруағын риза еткісі келетін шығар.
Рахмет нағашысының осындай бауырмалдығы оның тұлабойын елжіретіп, көзіне жас келтірді. Осы Рахмет нағашысына еріп, қыдырып, ел аралап бірге жүрген күндері кешегідей-ақ көз алдынан көлбеңдеп өте шықты.
Екеуі жаяулатып, көп іс тындырғандай-ақ ауылға көтеріңкі көңілмен оралды.
Үйде шайын қойып, екеуінің келуін зарыға күткен аққұба өңді, қара шашы желкесінен түйілген Сәлима жеңгесі:
– Жарасып-ақ тұрсыңдар, – деп, жымиып, езу тартты.
Шынында, жүптары жазылмай, сағынышы басылмай бірге жүрген екеуін сырт көзбен бақылап, көңілі толды. Бұл жайды үйге кіргенде Рахмет те аңғарып, әйелінің байқампаздығын бағалап, күлімсіреп, сондағы айтқаны:
– Шай дайын ба? Жаяу едәуір жер жүріп, шаршадық, – деді.
– Мектепті нағашылы-жиенді екеуің саласыңдар ма?! Өзге жұрт қайда? – деп, Сәлима екеуінің шаршап, жаяулатып келгенін жақтырмады.
Шайдан кейін Рахмет есік алдында қаңтарулы тұрған ақ маңдай атына мінді де жақын ауылдарды аралап, Салқынкөлдің жанындағы жалпақ төбеге жиналуға шақырды. «Не үшін жиналуымыз керек? Жайшылық па?» дегендерге «Барған соң естисіңдер» деп, сыр ашпады.
Ел үздік-создық, шұбатылып жалпақ төбеге қарай аяңдады.
Иса күн ілгері біреулер арқылы Ертіс селосынан Жандай Тіленшинді осы жиналысқа шақыртқан еді. Жандай елдің алды боп жалпақ төбеге жетіп, Исамен әңгімелесіп, жиналыстың бағытын бірлесіп шешті. Исаның Жандайды арнайы шақыртқандағы ойы – ол кісінің елге сөзі өтімді, жетелейтін шешендігі бар.
Түс мезгілінде Салқынкөлге жақын жердегі жалпақ төбеге жиналған бірталай адам жиналыстың ашылуын күтті. Жандайды алға ұстап, төбеге Иса шыққанда жұрт тынышталып, екеуінен сөз күтті. Бірі – кәрі, бірі жас – бұл екеуі дегбірсізденіп, бір-біріне қарады.
Иса қолымен ишарат жасап, Жандайға:
– Жол сіздікі, бастаңыз, – деді.
Жандай бөгелместен сөйлеп берді.
– Осыншама елді жинағанда көптің талқысына салатын мәселе біреу ғана. Мына ортамызда тұрған Исаның сіздерге айтсам ба деген ұсынысы – «Салқынкөлдің жағасында мектеп салайық» дейді.
Осы сөзді естігенде жиналған жұрт гуілдесіп, әңгімені көбейтіп жіберді.
– Талқылайтын несі бар.Мұндай ұсынысқа кім қарсы болады. Қолдаймыз, бірақ…
Осы «бірақ» деген дүдәмалдан тұс-тұстан сұрақ көбейді.
– Мектеп салуға қаражатты қайдан аламыз. Кім береді?
– Мектеп үйінің қабырғалары шымнан қалана ма? Әлде саманнан ба? Қызыл кірпіш дегенің удай қымбат.
– Мектептің есік-терезесіне, едені мен төбесіне қажет тақтай қайдан табылады? Осыны ойлаған кім бар?
Дауласқан, алып-қашпа бейберекет сөздер басылатын емес. Мектеп салудың жөн-жосығын біліп тұрған ешкім жоқ. Даурығып, әркім өз білгенін айтып жатыр. Иса қасындағы Жандайдан үміт етіп:
– Сіз сөйлеңіз, – деп сыбырлады.
Сол-ақ екен, Жандай суырылып алға шығып, өзінің үйреншікті өктемдігіне басып:
– Бостан-босқа шуламаңдар, – деді. – Алдымен мәселені түсініп алыңдар. Иса «мектеп салайық» дегенді айтады. Несі бар – жақсы ұсыныс. Көп болып кіріссек – қолдан келетін іс. Ойланайық, талқылайық. Бізге мектеп керек-ақ.
Топ ішінен ұзынтұра, қара сұр біреу гүжілдеген даусымен:
– Әй, Жандай, сонда сен не айтпақсың? Мектеп үйін сен салып бересің бе? – деп қағытты.
Сөзден тосылатын Жандай ма, әлгі қара сұр танысына батыра сөйлеп:
– Мектеп үйін мен емес, мына тұрған бәріміз саламыз, – деп, сұқ саусағын шошайтты.
Жандай енді талқылайтын мәселеге көшті.
– Мен сіздерге мектеп салудың жолын айтайын. Қазақта «асар» деген жақсы дәстүр бар. Асар дегеннің не екенін мына тұрған бәрің де білесіңдер. Ара-тұра қажет болғанда асар жасап жүреміз. Көп болып қауымдасып, бір істі бірлесіп бітіріп тастайды. Сондықтан осы тұрған біздер де асар жасап, мектеп үйін салуға кірісейік, – деді.
Жиналған көпшілік екі ұдай боп, үндемей тұр. Артынша мәселенің мәнін енді ғана ұққандай күңкіл сөзді көбейтті.
Біреу айтты:
– Қайдағы асар. Өз шаруамнан қолым тиетін емес.
Оған екінші біреу қосылып:
– Өз үйімнің қорасын жөндей алмай жатқанда асарда шаруам қанша – деді.
Тағы біреуі:
– Ертең Омбы жаққа жүремін. Мені асарда жоқ деп есептеңдер, – деп тайқып шықты.
– Осыған бола шақырдыңдар ма? – деп, біреулері кейістік білдіріп, «қайтайын» деді.
Жиналған көптің беталысын бағып тұрған Жандай Исаны иығынан түртіп:
– Өлеңіңді төгілтіп, елді асарға шақыр. Әйтпесе бұлар тарқап кеткелі тұр. Бөгелмей, бастап жібер, – деді әмірлі үнмен.
Мұндайда бірден шырқай жөнелгенде қолында сүйемелдейтін домбырасы болмаса да Иса ұшатын қырандай қомданып, шабыттанып, ащы дауыспен, көтеріңкі леппен:
– Ағайын-туыстар, Қызылағаш болысының азаматтары, бұл – жан тыныштығын іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, – деді.
Тоқтап барып, елді өзіне қаратып алып:
– Бұл – халыққа қызмет ететін, елге еңбек сіңіретін уақыт. Қазіргі міндет – халықты ағарту, ертеңге жол ашу. Жасөспірім жастарды оқу-білімге тарту. Ойлаңыздаршы, бізге мектеп сол үшін керек емес пе деді.
Әлгі топ ішіндегі қара сұр кісі:
– Мынаның өзі оқуды тауысқан адамша сөйлейді ғой – деп кекетті. Оған жауап ретінде Иса:
– Менің де оқуым аз, – деп мойындады.
– Биыл күзде Орынбордағы халық-ағарту институтына түссем бе деймін, – дегенде әлгі қара сұр кісі:
– Бәрекелді. Талабың жақсы екен, – деп қолдады.
Қайтадан бастаған сөзін жалғастырып:
– Елдің сөзіне ие, көпті көрген, көп білетін Жандай, Әмен сияқты ағалармен ақылдасып-кеңесіп, осы өзіміз тұрған жалпақ төбеде мектеп үйін салуды ұйғардық, – деді де өлеңдетіп, ұйқасын келістіріп, асарға шақырды.
– Бір бірер күнде бітетін оңай шаруа емес. Жақын ауылдардан кезектесіп келіп, жұмысқа жегілу керек. Күзде оқу жылы басталар алдында бұрын бұл аймақта болмаған еңселі мектеп үйі дайын боп, оқушыларды қабылдауға тиіс, – дегенде жиналған жұрт тұс-тұстан дауыстап:
– Дұрыс айтасың, – деп, қызу қолдады.
Егде жастағы бір адам топқа қарата сөйлеп, сөзін Исаға арнап:
– Қарағым, сен де осы жердің баласысың. Бұрынғылар «туған жерге туыңды тік» деген ғой. Қашан мектеп үйі салынып біткенше осы шаруаны өзің басқарып, басы-қасында жүр, – деді.
Иса уәде еткендей топтың алдында батылданып:
– Халқым, қажетіңе жарасам, мен қызмет етуге қашанда дайынмын, – деді.
Топ ішіндегі әлгі қара сұр кісі дауысын жұмсартып, ойлы жүзбен өзінше ақыл қосып:
– Қарағым, Иса, Абай атамыз өзінің қара сөздерінің бірінде «Адамның адамшылығы істі бастағаннан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» демеп пе еді. Осы сөз есіңде болсын, – деді.
Сол күннен бастап Иса дамыл таппай, ойға да, қырға да шапқылап, мектеп салудың әлегімен жүрді. Жандай, Әмен сияқты ел ағалары неден бастап, қалай істеу керектігін айтып берген еді. Жалпақ төбенің етегіндегі көгалды шөбінен тақырлап тазартып, көлденені алты метрдей, тереңдігі ұзын бойлы кісінің тізесінен келетіндей етіп, дөңгелетіп, жайпақ ұра қазу керек болды. Тайсоймас ауылынан келген бес-алты жігіт білектерін сыбанып, ұра қазуға кірісті. Құм аралас сазды илеп, балшықты иін қандыра басып, содан соң қатарласа қойылған ағаш қалыптарға толтыра салып, шикі кірпіш – саман құю керек. Бұл – қол күшін қажет ететін ауыр жұмыс екен. Ұраның қақ ортасына биіктігі белуардан келетін ағаш баған орнатылып, жоғарғы басына айналмалы шығыршық бекітілді. Осы ұрада бас жібі шығыршыққа байланған өгізді айналдыра жүргізіп, иі қанғанша бастыру керек. Рахмет нағашысы өзінің сынық мүйіз көк өгізін үйінен айдап әкеліп, ұрадағы балшыққа салды. Өзі ұраны айналып, алты өрім қамшымен өгізді айдап отырды.
Жігіттер қарулы екен. Ендігі жерде ұрадағы балшықты қалыптарға толтырып, бетін тегістеп жатты. Күректерін қою балшыққа батырып, шірене көтергенде сабы солқылдап, ауыр салмақтан сынып кете жаздайды.
Рахмет маңдай терін сүртіп, тыныс алып тұрып:
– Күн ашық, кәдімгідей ыстық. Мұндай күнде саман тез кебеді, – деді. – Беті тобырсып, қатайған соң қалыптарды суырып, алып тастауға болады. Аударыстырып, әбден кепкеннен кейін текшелеп жинап қою керек. Бұдан кейін шетінен бір-бірлеп алып, мектеп үйінің қабырғасын қалай беруге болады. Жұмыстың ауыры да, керегі де осы кірпіш құю ғой, – деп, біткен істің ақырын күтті.
Рахмет жалпақ төбенің етегінде жер ошақ қаздырып, әйелі Сәлимаға қазан көтеруді тапсырды. Осы жерде өзі бір қойын сойып тастап, түскі асқа ет астырды.
Түске дейін балшықпен алысқан ауыл жігіттері Күн тас төбеден төнген кезде когалдың үстіне жайылған кең дастарқанға отырды. Орталарында Иса да бар. Рахмет қасындағы аласа бойлы, тақыр бас көршісіне:
– Шәкір, ертеңгі түскі тамақ сенен болсын. Қойыңды сойып, етін мүше­леп, қапқа салып осында алып кел. Әйеліңді де ертіп әкел. Бүгінгідей ет асып, мына жігіттерді тойдыратын бол. Көрдің бе, тәбеттері жаман емес, – деді.
Шәкір Рахметтің сөзін құп көріп басын изеді.
– Самауыр әкеліп, шайды осы жерде береміз, – деп, мықтымсып, Рахметтің бүгінгі ас беруінен асқысы келді.
Екеуінің де үйлері Тайсоймас ауылында. Бұл жерге жаяулатып-ақ жетеді. Отын-суды жеткізу де қиын емес. Шомылғысы келген адамға Салқынкөл тиіп тұр.
Жігіттер тамаққа тойып, аз-кем дем алып қайтадан жұмысқа кірісті. Ұра толы балшықты қалыптарға құйып тауысқаннан кейін Күн батқанша тағы бір-екі айналым балшық басуды ойлады. Ертең көрші Төбелес ауылының жігіттері келіп, асарды жалғастыруға тиіс делінген еді.
Жұмыстың бүгінгі қарқынына көңілі толып, төбенің басында жалғыз өзі шеттеу тұрған Иса ауылдан бері қарай бет алған ересектеу баланы көрді. Алды-артына жалтақтай қарап, санын шапалақтап, жүгіріп келеді. Төбеге тақала бере сүйінші сұрағандай боп:
– Ертіс селосынан тақтай келе жатыр, – деп айқайлады.
Дауысы Исаға да жетті. Күткені осы тақтай еді. Екі арба жалпақ төбеге қарай келе жатыр. Күтіп тұруға шыдамай, бұл да жүгіре басып, солардың қарсы алдынан шықты. Арбаларды тоқтатып, ат айдаушылармен сөйлесті.
– Тақтайларды бұл жерге түсіруге болмайды. Жан-жағы ашық. Үйі де, күзеті де жоқ. Тақтай қолды боп, ұрлануы мүмкін, – деп күдіктеніп, болмайтын іс екенін айтты.
Алдыңғы арбадағы орта жастағы сары қазақ:
– Енді не істейміз? – деп дағдарып, атының басын тежеді.
– Арбаларыңды бұрып, менің соңымнан жүріңдер. Анау көрінген Тайсоймас ауылында менің нағашым тұрады. Тақтайды нағашымның ауласына апарып түсіреміз, – деді.
Екі арбакеш тақтайдан тезірек құтылғылары келіп:
– Ендеше, солар қарай қозғалайық, – деп айтқан сөзге бірден келісті.
Тақтайлар кең аулаға, сенімді орынға түсіріліп, ұқыпты түрде бірінің үстіне бірі қаланды. Ойлаған ісі осылайша сәтті аяқталғаны Исаның көңілін өсіріп, қатты қуантты. Тақтайды жеткізіп берген Әменге сондайлық риза боп, түр-түсін көз алдына келтірді. «Уәдеде тұрып, қиын шаруаның ретін келтірдің. «Қазаққа болсын» дейтін намысшыл азамат екенсің» деп іштей сүйсінді. Алақанымен теп-тегіс, сүргіленген тақтайды сипап:
– Үйдің төбесіне де, еденіне де жетіп жатыр, – деп жобалады.
Ертеңгісін Төбелес ауылының оншақты жігіті бір арба боп келді. Көп кідірмей күректерін қолдарына алып бірден асарды жалғастырып әкетті. Іріктеліп, қара жұмысқа сайланып келген кең жауырынды, еңгезердей жігіттер құм аралас сазды ұраға тұс-тұстан күрекпен лақтырып, көк өгізді қайтадан балшыққа салды. Орталарындағы төртбақ денелі, жуан мойын, қазан бас жігіт басқаларды басқарып, жұмысқа жұмылдырып:
– Тайсоймас жігіттерінің істегенінен аспасақ кем түспейік, – деп, қарқынды қыздырып, намысты қоздырды.
Төбелес ауылының жігіттері жұмысты жапырып істеп, түске дейін дем алмастан балшықтың иін қандырып, бос қалыптарға жағалай құйып шықты.
Көк жүзінде шашыраңқы, жұқалтаң ақ бұлттар қалықтап, баяу жылжып барады. Күн ысыды. Жігіттер сырт киімдерін шешіп тастап, белуарға дейін жалаңаштанып алған. Бұлшық еттері білемдей, жоталары аққан терден малшыланып, жалт-жұлт етеді. Ауыл жігіттерің осы бір пішіні Исаны қызықтырып, сүйсінтіп-ақ тұр. Әзіл-қалжыңды араластырып, дабырласып, күліп-ойнап көңілді жүргендері ұнады. Қазақтың жігіттері осындай-ақ болар. Жырға қосса жарап-ақ жатыр.
Иса енді бұл жұмыстан шеттеп, алдыңғы күндердің шаруасын ойлады. Рахмет нағашысы ауыл жігіттерімен араласып, ұраны айналып, көк өгізге қамшы үйіріп, айдап жүр.
Әмен ағасы бір сөзінде «Есік, терезе жасауды Мұхамбет софыға тапсыр. Ол кісі – асқан ағаш шебері» деп еді. «Мұндағы жұмыс менсіз де істелініп жатыр. Мен енді Кенжебек ауылында тұратын Мұхамбет софыға барып, осы шаруаны реттеп қайтайын. Мектеп үйін қалай салу жөнінде ақылдасып көрейін» деген оймен нағашысының қаңтарулы тұрған жирен қасқа атына мініп, Кенжебек ауылына аттанды. Мұхамбет софы жайлы Әменнен естігені болмаса көрмеген адамы. Ертіс селосындағы орыс көпестерінің біразының үйлерін осы Мұхамбет софы салып беріпті. Софылықпен қоса ол кісіге зергерлік, он саусағынан өнер тамған шеберлік дарыпты.» Оның балтамен жонған ағашы сүргімен тегістегендей жалтырап тұрады» дейді. Қыс Кенжебек көлін, жаз Шілік жайлауын басып өтетін жолаушы қауым Мұхамбет софының ауылына арнайы бұрылып, сәлем беріп, жүздесіп өтеді екен. Ел сыйлаған, жұрттан өнері озған осындай адамды Исаның да көргісі, танысқысы келді. Естуінше Мұхамбет софы бес уақыт намазын қаза етпейді, үнемі маңдай терін төгіп жұмыс істейді. Өнерін елден аямайды. Өзінің қатал еңбек тәртібі бар.
Мұхамбет софының ауылына келіп, үйіне ат басын тірегенде қарсы алған ешкім болмады. Үйіне кіріп, босағаны аттағанда софы намаз оқып отыр екен. Исаны көргенде намазын оқып болып, жайнамазын жинап, орнынан тез тұрып, сәлемін алып төрден орын берді. Қимылы шапшаң, қағылез адам екені байқалып-ақ тұр. Исаның жанына отырып, кім екенін, қайдан келгенін, не шаруамен жүргенін тәптіштеп сұрап, бәрін білген соң барып сөйледі.
– Ақын екеніңді естігем. Өзің іздеп келген екенсің, не шаруа айтсаң да орындаймын, – деді. – Мектеп салғызсам ба дейсің. Алла тағала қолға алған ісіңді оңғарсын. Мектептің жобасы қандай?
– Екі үлкен бөлме, ұзындау дәлізі болады.
– Дұрыс екен. Есік, терезесі қандай болатынын біліп тұрмын. Мен өз балаларымды, інілерімді оқыту үшін кісі басына бір тайыншадан беріп Әбайділда деген жас молданы үйімде ұстадым. Сенің кемі отыз-қырық баланы бір мектепте оқыту ойыңда бар екен. Тек қаражат жағы қинайды-ау. Мен керек еткен есік-терезелеріңді тегін жасап беруге уәде етемін. Неге тегін дейсің ғой. Құдай жолында саудаласуға болмайды. Мектеп салу – бір сенің емес, көптің ісі. Ұрпақ өсіру, бала оқыту – үлкендердің парызы деп білемін. Мектебіңнің қабырғасы қалқайған кезде есіктерді, терезелерді өзім-ақ жеткізіп беремін. Қазір екеуіміз қанша есік, қанша терезе болатынын жобалайық. Соған лайықтап мектеп қабырғасын ойып, орын қалдырыңдар, – деп, уәдені бекітті.
Исаны шығарып салып тұрып:
– Тағы бір сөзім бар, – деп, жүрісін бөгеді. – Иса, қарағым, менің ұлдарым дәл өзімдей ағаш шеберлері, темір ұсталары. Қолдарынан бәрі келеді. Мектеп үйін қалай болса солай етпей, қабырғаларын оқтай түзу етіп қалап беру үшін Баязит, Уәлит деген шебер ұлдарымды көмекке жіберейін. Тегін істейді демеймін. Еңбек қой, ақысын төлейсіңдер.
Иса айтарға сөз таппай, қалай алғыс айтудың жөнін білмей, Мұхамбет софының алдында басын иіп, оң қолын кеудесіне қойды. Осылайша алғысын білдіріп, ақылына, қамқорлығына көңілі толды. Қуанғаны ма, қазақы дархан мінезді ұнатқаны ма, жирен қасқа атқа қарғып мініп, асыға қамшы басты.
Бұл келгенде Төбелес ауылының соқталдай, сом білек жігіттері жұмысты еңсеріп, балшық толы қалыптарды тізілтіп тастапты. «Бүгінге осы да жетеді» дегендей, Күн ұясына тақалғанда жуынып, киімдерін киіп, қайтуға жиналды.
Рахмет көк өгізін қазыққа байлап, алдына су қойды. Әбден шөлдесе керек, көк өгіз судан бас алмай, ұзақ ішті.
– Енді бір күн бүгінгідей қимылдасақ құйылған саман кірпіш мектеп үйіне жетіп-ақ қалар, – деп, Рахмет тоқмейілсіп, өзінен өзі әлденеге риза боп тұрды.
– Сен не тындырып келдің? – деп, Исаның әңгімесін тыңдап болып, Мұхамбет софыны сыртынан келістіре мақтады.
Ендігі қалған шаруа – Сілеті көлі жағындағы қарағайлы орманнан мәткелік қарағай әкелу болды. Қарағай кесуге де рұқсат қағаз, бері қарай тасымалдауға бірнеше ат-арба, ол жаққа баратын адамдар керек.
Ыстық күнде құйылған саман кірпіштер саңғырап, тез кебе бастады. Мұхамбет софы екі азамат ұлын өзімен берге ертіп келіп, Исамен таныстырды. Баязит, Уәлит деген екі ұлы мектеп үйінің орынын, жер жағдайын аралап көріп:
– Жақсы жерді таңдаған екенсіңдер. Қыста қар тоқтамайды. Жазда іргесін су шаймайды. Қаланған саман жаңбырдан, желден мүжілмейді, – деді.
Иса ендігі бір шаруа – Сілеті жақтан қарағай тасу керектігін айтқанда ағайынды екеуі.
– Біз де барайық. Мөткеге керек ағашты сол жерде таңдап, кесіп, бұтақтарынан тазартып, дайын етеміз, – деп тіленді.
Жиырма мен жиырма бестің арасындағы осы екі жігіт Исамен тез тіл табысып, жанашырлық танытып, жақтас боп шықты. Қарағайлы орман Сілеті мен Жалаулы көлдері аралығындағы алқапты алып жатыр. Оған қарай баратын жол, жер бедері Исаға таныс. Өзі бастап апара алады. Өзінің он екі жасында Бабашайық деген отыздар шамасындағы жақын ағайынымен Сілеті мен Жалаулы бойын жайлау еткен Жұмабек байдың ауылына қыдырыстап барып, қалың жиынның, байдың алдында жүрексінбей, өз жанынан қолма-қол өлең шығарып, алғаш рет «бала ақын» атанғаны бар. Жұмабек бай кезінде болыс боп, ел билеген. Кейін билікті, болыстықты баласы Теміршотқа беріп, өзі ел ішіндегі күйбеңнен алыстап, жанын бағып, тыныш жатқан көрінеді. Жұмабек бай әлі де тірі дейді. Егер қарағай кесуге рұқсат керек етілсе, осы Жұмабек байдың, болмаса оның баласы Теміршоттың көмегіне жүгінбек.
Рахмет нағашысы осындағы таныстарынан сұрап үш ат-арба тапты. Қарағайлы орманға баратын Исаға, Мұхамбет софының екі ұлына тағы екі қарулы жігітті қосып беріп, ара, балталарды қолдарына ұстатты. Бұлар Бескепе ауылының арғы жағындағы орманның шетіне тоқтап, мәткеге жарайтын қарағайларды дайындап, үш арбаға тиеп, жалпақ төбеге ертеңгі күннің кешкісіне таман оралды. Үш арбадағы ағаштарды бұл жолы да Рахметтің ауласына апарып түсірді.
Бас-аяғы үш-төрт күнде мектеп үйін салуға қажеттінің бәрі дайын боп, енді қабырғасын қалау ғана қалды. Рахмет ырым етіп, бір қойын сойып, бұл істі бастамас бұрын Мұхамбет софыны әдейілеп алдырып, бата беруін өтінді. Дастарқан басында отырған көпшілік қауым риясыз көңілмен, Алладан жәрдем тілеп, қол жайып беттерін сипады. Асардың арқасында осы отырған қауым қанша шаруаны бітіріп тастады. Ендігі кезек-кірпіш қалайтындар мен Баязит, Уәлит бастаған бірер балташыға келді. Рахмет бұларға қарап:
– «Шебердің қолы ортақ» деген. Сендер жұмсасаңдар біздер қолғабыс жасап, көмек етуге әзірміз, – деді.
Өзі ешқайда кетпей, Исаны жанына ертіп, ертелі-кеш жалпақ төбенің басында жүрді. Көмекшілері кезектесіп, саманды жеткізіп тұрды. Баязит пен Уәлит екі жақтан саман кірпіштерді жымдастырып, ара жігін қиюластырып, қабырғаларды қалап шығып, есік, терезелерін орын-орнына қойып берді. Ендігі жұмыс – үйдің төбесін жауып, еденін салу аз уақытта бітті. Бұдан кейін ауылдың жас келіншектерін жұмылдырып, бір-екі күнде мектеп үйінің іші-сыртын балшықпен сылап, кепкеннен кейін құм сылақ жүргізді.
Біреулер біткен іске көңілдері толып:
– Осымен болатын шығар, – деп еді, Иса үйдің көркін әлі де болса әрлендіргісі келіп:
– Сыртын әктеп жіберсек қайтеді, – деп, көпшіліктен қолдау күтті.
Қызды-қыздымен көпшілік бұған да келісті. Келіншектер де қарсы болмады. Жалпақ төбеден әк қайдан табылсын. Орамалын желкесінен түйіп, ұзын көйлектің етегін беліндегі белбеуіне қыстырған бота көз, алма иойын, аққұба келіншек жұтынып-ақ тұр екен.
– Известь дегенің Ертіс селосындағы орыстарда бар. Мен барсам Маруся деген таныс әйелім тауып береді, – деп, қызынып сөйлеп, өзінің баруға дайын екенін білдірді.
– Қадишаның білмейтіні жоқ. Айтқан екен, Ертіс селосына өзі барсын да известь алып қайтсын. Біз күтеміз, – деп өзге келіншектер бұл жұмыстан да қашпады.
Исаның көзі алдына Қатон-Қарағайдағы Ақ мектеп ауылы келді. Сұрастырып білсе – мектеп үйі ақ балшықпен сыланып, кейін ауыл да Ақ мектеп аталып кетіпті. «Несі бар, біздің елде де ақ мектеп болады» деп іштей мақтан етті.
Рахмет өзі тіленіп тұрған бота көз келіншекке Исаны серік етіп, ат-арбамен Ертіс селосына жөнелтті. Іздеп барғандағы известь тез табылып, әлгі екеуі Ертіс селосынан көп кешікпей, Күн батқанша оралды. Қабырғаның сылағы кепкенше әктеу жұмысы кейінге қалдырылды.
Қабырғалар кепті-ау дегенде келіншектер қайтадан жиналып, улап-шулап, әзілдесіп, әндетіп мектеп үйін бір күнде-ақ әктеп шықты. Бұл екі арада балташы жігіттер үйдің төбесін жауып, еденін салып, есік-терезелерін орнатып үлгерді.
Жалпақ төбенің басындағы аумағы үлкен ақ мектеп дараланып, алыстан көрінеді. Әріректе айдынында үйрек ұшып, қаз қонған, аспанында ақ шағала қалықтаған Салқынкөл шалқып жатыр. Ақ мектеп бұл аймақтың көрінісін өзгертіп, көрік берген тәрізді. Ертеңгі күні жақын маңдағы ауылдардың оқушы балалары осылай қарай ағылады. Соқпақ жолдар сонда жалпақ төбеге бастап, ақ мектепке барып тіреледі. Мектеп салуға түрткі боп, елді осы бір игілікті іске жұмылдырған, асар жасатқан бір өзі екенін іші сезеді, айнала көпшілік те біледі. Осыны ойлағанда Исаның көңілі толқып, кеудесін қуаныш кернейді.

– 4 –

Мектеп құрылысы аяқталғанша басы-қасында жүрген Иса бұдан кейін Төретұмсық ауылына жақын жердегі әкесінің үйіне келді. Өзінің кіндік қаны тамған осы жер көзге ыстық, қашанда келгісі, көргісі келіп тұрады. Тез ашуланатын, мінезі кіді әкесі бұл келгенде қысқа шоқша сақалын сипап, қаршыға мұрнын пысылдата тартып, жөткірініп алды. Қысқа ғана сөйлеп:
– Шаруаң бітті ме? – деп, бетіне қарап жақтырмай тұрды. Иса әкесінің көңілін аулағысы келіп:
– Көп болып, қауымдасып, асар жасап, мектеп үйін салып бітірдік, – деп еді әкесі сәл қабақ шытып:
– Әй, балам-ай, алып-ұшпа мінезді қашан қоясың. Сонау Семейден келгенде мектептің үйін салуды біреулер саған тапсырып па еді. Сенікі не бейнет, – деп ұрсып тастады.
Иса басын төмен салып, тыңдап қана отырды. Бұны осы үйге келгенде алдынан шығып қарсы алған Қатира жеңгесі:
– Атам саған ашулы тәрізді. Сөз таластырмай, үндемей құтылсаңшы, – деген еді.
Қайын атасының күтімін келістіріп, қас-қабағын бағып жүрген жеңгесі Исамен әуел келін боп түскеннен бері сырлас, тонның ішкі бауындай бір-біріне жақын тартып, жанашыр еді. Аққұба, көзі көкшілдеу жеңгесі бұл үйде бәріне де жақты. Қынама бел қызыл қамзол үстінен түспейді. Исаның анасы қайтыс болғаннан бері барлық шаруаға ие боп, қайын атасы Байзақты қолдарында ұстады. Ағасы көзіне түспеген соң Иса жеңгесінен:
– Мұса қайда? – деп сұрады.
Қатира селқос үнмен бетін тыжыртып:
– Ол ағаң үйде отырмайды, – деді. – Осындағы орыс көпестеріне қызмет етіп, солардың «барып кел, алып кел» дегенімен салпақтап ойда-қырда жүреді. Сол жан бағып, мал табудың қамы ғой. Атам сенің Мұсаға серік боп жанында жүргеніңді қалайды. Әне, атамның өзі де келе жатыр.
Қатира қайын атасының Исаға қарай жүргенін көріп, басындағы орамалын маңдайына қарай тартып, шашын түзеді де бұрылып, алыс кетті.
Иса әкесінің үйінде екі күн жатты. Үй тірлігі біршама тоғайып, шаруаның беті түзеліп қалыпты. Әкесі оңаша қалғанда Исаны сұрақ қойып мазаламады. Қасынан шығармай бірге болғанын қалады. Сағынғаны көз қарасынан білініп-ақ тұр. Іштей «тағы да кетесің-ау» деп қиналатын тәрізді. Иса анасының бейітіне барып, құран оқып, қамығып қайтқанда барған жерінен Мұса ағасы да оралды. Исамен кездескен сәтте босаңсып, орамалымен көзін сүртті.
– Бері келші, – деп, інісін бауырына басып, маңдайынан иіскеді.
Өзінен бір мүшел үлкендігі бар осы Мұса ағасы бауырмал екенін бала жасынан біліп өсті. Бұны жұмсағысы келмейтін. «Үлкенмін» деп өктемсімеді. Үй шаруасының бәрінен босатып, әкесінен еркіндік алып беріп, ауыл арасындағы жүріс-тұрысын өзіне билетіп, ауыл арасындағы жүріс-тұрысын өзіне билетіп, бетінен қақпады. Сол үшін осы ағасына деген құрметі ерекше, баласынып, бауырына тартқаны, сағыныш сезіміне беріліп босаңсығаны бұның да жүрегін елжіретті. Деміне тұншығып, дауысы шықпады. Не айтпақ болғанын өзі де білмейді. Әйтеуір, ет жақын, тым бауырмал ағасына қарай береді. Бұл ағасы – көптің арасында көріне қоймайтын, артық сөзі жоқ, айтқанға көнетін, айдауға жүретін шаруа басты, кең қолтық момынның нағыз өзі. Осындай ағаның болғаны Иса үшін көңілге медеу, «бары жақсы» дегізеді.
Өз үйінде, әкесінің, аға, жеңгесінің ортасында болған аз күнде Иса ауық-ауық ойға батады. Бұларды тастап, алыс кетуге қимастық сезім жолын бөгейді де енді қайда барып, не істеуі керектігін ойлайды.
Әкесі баласының бұл ісіне көңілі толмай, үнемі кездескен кезде «жат жерде жалғыз жүріп, әуейі боп, ойын-сауық қуып кеттің» деп ренжиді. «Ақын» деген сөзді аузына алмайды. Баласын қайтсе де ауылда қалдырудың түрлі амалын ойлайды. Егер үйленсе, отау тігіп, өзінің жанында бола ма деген үміті де зор еді. Осы оймен «ел арасында құда болуға лайық кім бар?» деп құлаққағыс етіп, бой жеткен қыздарын сыртынан байқастап, өзінше қыз таңдап жүреді. Семейде Исаның жүрегін жаулап алған Бике деген сұлудың барын әкесі байғұс қайдан білсін.
Алайда Иса әкесінің уәжіне қарсы «оқу керек» дегенді айтады. «Білімім аз, оқуға кетуім керек» деп, әкесін осыған көндіріп, рұқсатын алғандай болды.
Оқу күздігүні басталады. Семейде рабфак жабылып қалған. Павлодарда нендей оқу барын білмейді. Семейдегі туысындай боп кеткен Құсекең де, Қызылағаш болысындағы көзі ашық, оқығандардың бірі – өзіне жақсы таныс боп кеткен Жандай Тіленшин де Орынборда қазақтың халық-ағарту институты ашылғанын, Исаның сонда барып оқуы керектігін айтып еді. Екеуінің осы сөздерін жадында сақтаған Иса жаздың ортасында Орынборға оқуға аттанды.
Ол жақта танитын ешкімі жоқ. Кімге барып, қайда тұратынын да білмейді. Әйтеуір, туа біткен тәуекелшіл, бір беткей мінезіне басып, жолға шықты.
Әуелі Ертіс селосында пароходқа отырып Омбыға барды. Одан әрі жүрісін жалғастырып, поезға отырды. Поездың жүрісі баяу. Бұл отырған вагонды кейде кісі таситын, кейде жүк таситын составқа тіркейді. Кейде состав жолдағы станцияларды сағаттап қана емес, күн ұзап тұрып алады. Сондай жүріспен жолда Қорған, Челябі, Уфа қалаларын басып өтіп, бірнеше күннен кейін Орынбор қаласына да жетті. Станцияға тоқтағанда әбден қалжырап, жол соқты боп, шайқалақтап, аяғын әрең басып поездан түсті.
Орынборда бұрын болып көрмеген еді. Қазақ автономиялық республикасының орталығы екенін естігені бар. Қазақтың небір зиялы, оқыған, атақты адамдары осы қалада тұратынын да біледі. Қазақстанның шығысында Семей қандай болса, батысында Орынбор да сондай қала. Зиялы қауымның жиналып, топтасқан жері. «Қазақтың «менмін» деген ел сөзіне ие, билік басында отырған небір ірі тұлғалары осы қалада тұрады» деген сөз бұның да құлағына жеткен еді. «Маған да орын табылар» деген қиқарлықпен қол жүгін арқалап, жаяулатып, Орынбордың тас төселген кең көшесін бойлап едәуір жер жүрді. Орынборға аттанатын күні Мұса ағасы «жолыңа, күнкөрісіңе» деп біраз ақшаны қолына ұстатқан еді.
Күн батқанша орнығып алайын деген оймен сұрастырып, ағаш үйлердің бірінен пәтер жалдап, бір бөлмесінде тұратын боп, үй иесіне күнілгері ақшасын төлеп қойды. «Ерте кел, кеш кел, ерік өзіңде. Ақшасын берсең тамақ бізден болады» деп, сарғылт өңді, көк көзді, беті қушықтау, тапал бойлы, егде жастағы татар туысы келгендей қалбалақтап, жылы қабақпен қарсы алып, сары шашты, жұқа өңді, дене бітімі талдырмаш әйелімен таныстырып, аты – София деді. Исаға көз қиығын тастап, көк көйлегінің етегін жинастырған боп, қасынан жанай өтіп, күлгенсіді. Иса жылы ортаға келгенін бірден сезді. Татардың әйелдерінің тілі майда, мінезі ойнақы, бір көргеннен сөйлесе кетуге бейім, көпшіл екенін біледі. София қасынан өте бергенде көз алдына Семейдегі Әлфияны елестетті. Әлдебір ұқсастық, татар әйеліне тән нәзіктік бар. Көп ұзамай София қайта келіп:
– Түскі тамақ дайын, – деп, күйеуіне ым қағып, қонағын дастарқанға шақыруға белгі берді.
Софияның ешкімге бағынышты болмай өз қалыбымен жүретіні байқалып-ақ тұр. Иса Орынборға оқуға келгенін айтқанда София елең етіп, өзінше қамқорсып:
– Институтқа түскенше біздің үйде тұратын шығарсың. Сен бізге ұнап қалдың, – деді.
Дастарқан басында үндемей столды қолындағы темір қасығымен тықылдатып отырған күйеуіне еріне мойнын бұрып:
– Илдар, күн батқанша қонағыңа Орынбордың көшелерін аралатып, қыдырып қайтыңдар. Ертең керек жерін өзі тауып баратын болсын, – деді.
Дауысы сыңғырлап, жұмсақ үнмен қиыла өтінгенде Илдар сөзге келместен орнынан көтеріліп:
– Мен атты жегіп есік алдында күтіп тұрамын, – деді.
Үйден шығарда Исаға көз тоқтатып қарады да дереу назарын әйеліне аударып, бет-жүзін тез шолып өтті. Өзінен көп жас кіші, ойнақшып тұрған, ерке қылықты, ақ жарқын, әдеміше келіншегін басқалардан қызғанатын секілді.
София болса сырттай күйеуін таныстырғысы келді.
– Илдар абзидің кәсібі – арбакеш, жалданып кісі тасиды. Тарантасқа жегілген жирен қасқа атымен Орынбордың көшелерін кезіп, тарантасқа отырғысы келетін адамдарды іздейді. Табысы кейде көп, кейде адам таппай, сандалып бос қайтады. Қорықпа, сенен ақша алмайды. Баратын жеріңді көрсетіп береді, – деді.
Жайраң қағып, Исаны қолтықтап үйден алып шықты. Тарантасқа жақындай бергенде көз астымен күйеуіне қарады да Исаны бүйірінен шымшып, жұдырығымен арқасынан ауырта бір түйді. Иса еріксіз Софияға күліп қарады.
Илдар өз үйінде үндемесе де көшеге шыққанда сөзден ауызы жабылмады. Арбакеш адамның дағдысы ма екен, Орынбордың көзге іліккен үйлерін сипаттап, түсіндіріп келеді.
– Мына үш қабатты үй революциядан бұрынғы жылдары Орынбор генерал-губернаторының кеңсесі болған, – деді де жете бергенде делбені тартып, аттың жүрісін баяулатты.
Жайық өзеніне жақын жердегі аумағы үлкен, құрылысы көз тартатын сәнді үйдің жанына аз-кем тоқтады. Қазір бұл ғимаратта Қазақстан Орталық Атқару Комитеті және Қазақстан Халық Комиссарларының Кеңесі орналасыпты.
Илдар Исаға көз салып:
– Сәкен Сейфуллинді білетін бе едің? – деп сұрады да жауабын күтпей:
– Ол кісі осы үйде қызмет етеді. Қазақстан үкіметін басқарады, – деді.
Иса да Сейфуллинді білетінін аңғартқысы келіп:
– Ол кісі – күшті ақын, – деді.
Илдар бас шұлғып:
– Естуім бар. Ол кісінің ақбоз арғымақ жегілген солқылдақ фаэтонмен жүретінін білемін. Көшірі – менің жақсы танысым Ниғматулла, татар жігіті, – деді де делбені қағып жүрісті жалғастырды.
Иса жан-жағына көз тастап, Павлодар, Семей қалаларымен салыстырады. Орынбор бұл екі қалаға қарағанда едәуір сәнді, аумақты көрінді. Илдар жол бойы бар білгенін айтып, сөйлеп келеді. «Бұл қалада он алты шіркеу, жеті мешіт бар» дейді. Екі-үш орамды түгел алып жатқан, айналасы биік кірпіш қорғанмен қоршалған «Керуен-сарайды» мақтады. Сарайдың ішінде мешіт, медресе, сауда дүкендері бар екен. Биік үйлердің біреуі – Орынбор-Ташкент темір жол басқармасының ғимараты екен. Бұлардан басқа да Павлодар, Семейде жоқ биік, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған үйлер жетерлік. Орталық көшелері тәртіппен салынған. Көбіне тас төселген. «Орынбор Қазақ автономиялық республикасының орталығы болуға лайық екен».
Енді өзі таңдау жасап, оқуға түскісі келетін қазақ халық-ағарту институтының үйін сыртынан болса да көрейін деп, Илдарға атты солай қарай бұрғызды. Илдардың мұнда білмейтін үйі, жүрмеген көшесі жоқ секілді. Айтты – болды, бірден тауып барады. Айтылған институт үйі Орынбордың Совет деп аталатын ең үлкен көшесінің бойында екен. Орта дәрежелі білім беретін рабфак та осы көшеде, арасы жақын. Қаланың күнгей беткейінде Жайық өзені ағып жатыр. Өзен бойы қалың тоғай.
Илдар ерінбей Орынбордың біраз көшелерін аралатты. Күн Жайық өзенінің арғы бетіндегі үйлерден асып, көкжиекке тақалып, қызыл шапақ шашты. Күндізгі аспанды тұмшалап, жауатындай боп түйілген сұр бұлт ыдырап, қатты соққан желдің екпінімен шығыс жаққа қарай жөңкілді. Аспан тазарып, көкшілденіп, жырым-жырым болған бұлттар кешке қарай қалықтап тұрып алды.
Иса Илдардың бүгінгі өзіне көрсеткен қызметіне ризашылығын білдіріп, арқасынан қақты.
– Үйге қайтайық. Орынбордың ой-қырымен жақсы таныстардың. Үлкен қала екеніне көзімді жеткіздің, – деді.
Илдар майда тілмен татардың сөздерін араластырып:
– Сендей мотор жігіттің әрнеге көзі түседі, қыз іздейді. Мен жақсы білемін, керегіңді тауып беремін, – деп қулана көзін қысты.
– Илдар, – деді Иса оны өзіне қаратып, – Мен баратын институт сенің үйіңнен алыс емес екен. Ертең сені әурелемей, жаяулатып өзім-ақ жетемін.
«Келістік» дегендей Илдар басын изеді. Делбені бос ұстап, жирен қасқа атты тарантасты шайқалтпайтындай жай жүріске түсірді. Илдар кенет бар денесімен Исаға қарай бұрылып:
– София саған ұнады ма? – деді.
Иса оған не десін, тек қана қызғанышын қоздырмайын деген ниетпен бас бармағын шошайтып, таңдайын қақты.
Келесі күні ертерек тұрып, үй иелерін тыныштығын бұзбай, аяғының ұшымен жүріп, сыртқа шықты. Жайық өзені жағынан салқын самал есіп, бойды сергітіп, көкірек сарайын ашты. Алабұртқан сезім бойды билеп, асықтырып, алға қарай жетеледі. Әйтеуір, бір білгені – оқығысы келеді. Алдағының бәрі ол үшін дүдәмал.
Кешегі сырттай көрген халық-ағарту институтына тез жетті. Өжеттігіне басып, бірден институттың директорының кабинетіне кірді. Аты-жөнін қабылдау бөлмесіндегі ұяңдау хатшы қыздан сұрап алған. Қыз «кімсің, неге келдің?» деп сұраған жоқ.
– Директор жалғыз өзі отыр, – деді де түрегеліп, кабинеттің есігін ашты. Қыздың бір көргеннен-ақ ілтипат жасап ілгері бастағанын Иса жақсы ырымға жорып, «жолым болады екен» деген сеніммен кеуде керіп, директордың алдына аяғын нық басып барды. Директор ұзын бойлы, көрікті жас жігіт екен. Көзінде пенсне, басында дөңгелек татар тақия.
– Мұхтар Мурзин, – деп, салалы, жіңішке саусақтарын сәл бүгіп қолын ұсынды.
Иса оқуға түсуге келгенін айтқанда Мурзин оны бірден тергеуге алып, қайда оқығанын сұрады. Өз еліндегі Құсайын Күрлеуітовтың мектебінде оқығанын, Семейде рабфакқа түскенмен қаржының жоқтығынан жабылып қалғанын қысқаша айтып шықты.
Мурзин оның сөзін тыңдап, институтқа түсу үшін бұның оқуы жеткіліксіз екенін бірден айтты.
– Осы біліммен институтқа қалай түсесің? – Емтиханға жіберер едім, алғашқы пәннен-ақ құлайсың, – деді.
Исаның көңілі басылып қалғанын бетіне сүзіле қарап, байқап отыр. Иса ауыр күрсінді. Шарасызданып:
– Тырысып көрсем қайтеді? деп еді, Мурзин басын шайқап:
– Институтқа түскен күннің өзінде оқуды алып жүру қиынға түседі. Осы жағын ойлан, – деді.
Беті қайтып, еңсесі түссе де Иса қасарысып:
– Енді не істеуім керек? – деп әлі де оқудан күдерін үзгісі келмеді.
Мурзин пікірін ашық айтатын, жұмсақ тілмен шүйіркелесе сөйлесетін жігіт екен.
– Оқу іздеп, сонау алыстан ат арытып келген екенсің. Мен саған бір ақыл айтайын. Институтқа түсу үшін саған біраз даярлық керек. Мұғалім жалдау саған қымбатқа түседі. «Оқимын, тырысамын» деген талабын жақсы. Институтқа қабылданбасаң да біздің оқытушылардың лекцияларын тыңдап, еркін қатынасып жүруге рұқсат етейін, – деп еді, Исаның көзі жайнап кетті. Келісіп-ақ тұр.
– Институтқа келесі жылы түсерсің. Осы Орынборқа қал да өлмес күніңді қалай көретініңді ойлан. Ауылға қайтып кету қиын емес. Бірақ ауыл Орынбор емес. Біздің институтта қазақтың небір оқымысты, атақты адамдары сабақ береді. Олардың сөздерін тыңдаудың өзі керемет білім ғой, – деп, Мурзин оқытушылардың аты-жөндерін тізбелеп айтып шықты да:
– Қалай, менің осы ақылым көңіліңе қона ма? – деп, Исаны қызықтыра түскенін түрінен-ақ байқады.
– Келістік, – деді де қол алысып, оқуға деген үмітін үзбей, келешегіне қолдау көрсетті.
Үйге қайтып келгенде Илдар қабақ ашпады. София көңілсіз жүр. Бұл жоқта ерлі-зайыптының арасында әлдебір кикілжін болғаны сезіліп-ақ тұр. Илдар немқұрайды түрмен:
– Институтқа түсетін болдың ба? – деп сұрағанда София елгезектеніп, көздерін ойнақшытып, жақсы жауап күтетінін қас-қабағымен аңғартты.
– Емтихан тапсыруға білімім жетпейтінін байқадым. Директор маған солай деп турасын айтты, – дегенде Софияның қабағы түсіп, теріс айналды.
Илдар бұл сөз көңіліне жаққанын жасырмай:
– Ауылыңа қайтатын шығарсың, – деп елпілдеп еді, Иса бұлтармай:
– Орынборда қаламын, – дегенде София бетін бері бұрып, қуанғанын жасырмай:
– Солай ма?! – деп елең етті.
Сол-ақ екен, Илдар табан астында бүлініп, өзгере қалды.
– Жігітім, бұдан былай сен бұл үйде тұра алмайсың. Бүгіннен бастап өзіңе пәтер ізде, – деді қатқыл үнмен өңін суытып.
Күні кеше жап-жақсы әңгімелесіп, қаланы қыдыртқан Илдардың неге бұлай дегенін Иса түсіне алмай, жапақтап бетіне қарай берді. Илдар жанынан жанай өтіп үйден шыға жөнелді.
Иса үшін бүгінгі күн сәтсіз болды. Аңсап келген институтына түсе алмайтынын білді. Илдар абзи үйінен қуып отыр. Сондағы жазығы не?! Осындай оймен еңсесі түсіп, бір түрлі кеміп, босаға жақтағы орындыққа барып, сылқ отыра кетті. Сонда бұған жаны ашыған София болды. Жайлап басын жанына тақалды да қолын оның иығына қойды. Доғаша иілген жіңішке қасын керіп, жымиып қойып, майда тілмен:
– Қайным, сен Илдарға ренжіме. Көз астымен маған сұқтана қарағаныңды байқап қалып, көңіліне күдік алса керек. Қабағы келіспегені содан. Қызғаныш қой, – деді.
Шынында да, күйеуі қызғанатындай екен. Жүзі сөйлеген сайын құбылып, жұтынып-ақ тұр. Илдарға қарағанда тым жас көрінеді.
Қоштасарда аппақ қолын ұсынып, ақ жарқын ашық ажарымен күлімсіреп:
– Бізден күдеріңді үзбе. Келіп тұр, – деп, қолын қаттырақ қысып, босатпай тұрды.
Үйден шыққанда Исаның көңілі толқып, өзін сондайлық жақсы сезінді. «Осы әйелдердің мен десе өліп-өшіп тұратыны несі?! – деп, тоқмейілсіп, іштей өзін өзі ұнатып-ақ қалды.
Қол жүгін көтеріп, көшеде сенделіп, біраз жер жүрді. Қайда барып, кімнен пана табатыны белгісіз. Орынбордай үлкен қалада бұған орын табылмағаны ма? «Әй, Иса-ай, тыныш қана ауылыңда жүре бермедің бе? Оқимын деп институтта нең бар еді?» деп іштей өзін-өзі сөкті.
Ақыры «институттың директоры ұнап қалып еді. Сол кісіге барайын» деп, бірден Мурзиннің кабинетіне кірді. «Оқуға алмайды екен, ендеше қалада тентіретпей орын тауып берсін» деген талаппен келген еді. Іштегі ашу-ызаны Мурзин түрінен таныды да күле қараған жайдары жүзімен сабасына тез түсірді.
Оның не шаруамен келгенін тыңдап алды да бірден жатақханадан орын тауып берді.
– Қандай өнерің бар? – деп қазбалап еді, Иса бөгелместен:
– Ақынмын. Суырып салма өлең шығаратыным бар, – деді.
Мурзин істің адамы екен. Әңгімені көп созбай:
– Ендеше, сен біздің институтта, әйтеуір, өз еркіңмен лекция тыңдап жүресің ғой. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыссаң қайтеді. Ел алдында концерт қойып, драмалық ойындар көрсету керек, – деп, осындай өтініш білдірді.
Иса үшін бұл қиын шаруа емес. Павлодар, Семейде талай рет сахнаға шығып, залды дүрліктіргені бар. Орынборда да тыртынбайды. Қуана келісті.

– 5 –

Жатақхана қаланың шығыс жақ шетіндегі үлкен қызыл кірпіш үйде екен. Танысып көрсе жатақханада қазақтар да, орыстар да толып жатыр. Иса сияқты оқуы аздар да, гимназияны, училищені бітірген оқуы зорлар да бар. Енді біреулері татарша ортаға жақын білім алыпты.
Бір бөлмеде жататын екі жігітпен де тез танысып, жөн сұрасып үлгерді. Орта бойлы, дембелше келген, көзінің құйрығы қысыңқылау қара сұр жігіт өзін Қожамқұлов Серкемін деп таныстырды. Сөзі анық, нақпа-нақ сөйлейді. Екіншісі өзін мен – Бадыров Қапанмын» деді. Бойы биік, денесі ірі, қасы қалың, жалпақ бет. Жымиып қана күледі. Көп сөзге жоқ екені білініп тұр. «Сен айт» дегендей Серкеге қарайды. Қозғалысы баяу. Асықпай-саспай, байпаңдай басып Серкенің жанына барып тұрды. Жас мөлшерін сұрастырғанда күлімдеген қысыңқы көзді, дөң мұрынды Серке Исадан төрт жас үлкен, ал көп сөзге жоқ, қабағы түсіңкі Қапан төрт жас кіші боп шықты. Осылайша, қазақтың жолымен біреуі аға, біреуі іні боп, Исамен тез тіл табысып, бауырмаласып, шүйіркелесе кетті. Екеуі де Қостанайдың Арықбалық ауданынан екен.
Иса екеуінің бітіміне сынай қарап, бір-біріне жақындығын сезіп, өткір сөйлейтін әдетімен:
– Орынборда неғып жүрсіңдер? – деп сұрағанда Серке татар халық– ағарту институтында оқиды екен, ал Қапан қазақ халық ағарту институтына – Исаның қолы жетпеген оқу орынына түскенін айтқанда Иса іштей қызғанып, тіксініп қалды.
Сонда да бойын билеп, іштегісін сездірмей Серкеге:
– Мына Қапан секілді қазақ институтына түспей, татар институтында оқитының қалай? – деп, кінә қойды. Бұл сөзге Серке дәйекті жауап беріп, Исаның кекесінмен айтқанын көңілінде алмады.
– Мен басында Әліби Жанкелдиннің отрядында қызыл әскерлер қатарында болдым. Мерзімді әскери қызметімді аяқтағаннан кейін оқуға барғым келді. Әскери комиссариаттың жолдамасымен Орынборға келіп, қазақ халық-ағарту институтына барсам орын толып қалыпты. Енді не істеуім керек? «Міндетті түрде оқуым керек» деп бекіндім. Содан татар халық-ағарту институтына оқуға түстім. Троицк қаласында татар мектебінде оқығандықтан татарша тәп-тәуір сөйлейтін едім. Біздің ауыл Троицкінің түбінде болатын, – деді.
Қоңқақтау үлкен мұрынын шүйіріп, қысық көзін сығырайта қарап:
– Ал сен өзің неғылған қазақсың? – деді.
Бұл екеуінің де ісі алға басып тұр екен. Өзі жөнінде бұларға не айтпақ керек?! Берекелі оқуы, тұрақты жұмысы жоқ. Елге қайтуға құлқы жоқ екенін жасырмай айтты.
– Мен мына Қапандай емеспін. Қазақ халық-ағарту институтына барып едім, «білімің аз, оқуға түсе алмайсың» деді. Институттың директоры құдайға қараған, алды кең адам екен. Берген ақылы, «лекцияларға қатысып жүр. Келесі жылы қайтсем де институтқа кіргіземін» деді.
Серке сәл қабақ шытып:
– Жолың болмаған екен, – деп, аяғансып, бауырмалси қалды.
Исаның қамыққанын байқап-ақ тұр.
– Не өнерің бар? – деп, ашыла сөйлеуге бейімдеді.
– Ақынмын, – деді Иса өзінің осал еместігін сездіріп.
Исаның көзге түсер ортаны, көпшіл қауымды қалайтынын бұл екеуі қайдан білсін. «Білмесе білдірейін» деп, сол отырған жерінде екеуін өлеңге қосып, шұбыртып ала жөнелді. Екеуі ауыздарын ашып, аңтарыла қарап, таң-тамаша болды. Иса тоқтайтын емес. Осы тұрған екеуінің қас-қабақ, көз қарас, бет-жүзін сипаттап берді. Тіпті екеуінің сөйлеу мәнерін, жүріс-тұрысын айнытпай салып, түрлі қимылдар жасады.
– Ақын екеніңе дау жоқ, дәлелдедің. Менің байқағаным, құбылып, түрленуің де тез. Бұл – артиске лайық қасиет. Сен енді Орынбордан кетпе. Бізбен бірге бол, – деп, Серке оны бауырына тартты.
Қапан ауызын аша қоймады. Серкенің ыңғайымен жүретін тәрізді.
– Кетейін деп тұрған мен жоқпын. Келер жазға дейін осында боп, шыдамым таусылғанша институт оқытушыларының лекциясын тыңдаймын. Осындағы белгілі адамдармен танысып, біліскім келеді, – деп Иса көңіл сырын екеуіне жайып салды.
– Олай болса, – деді Серке Исаны өзіне қаратып, – Қазақ халық-ағарту институтында драма үйірмесі бар екен, соған қатысайық, – деді.
– Мен – сахнаға шығып, суырып салма өлең айтуға үйренген адаммын. «Үйірмеге қатысайық» дегеніңе қарсы емеспін, – деп, Иса бұл екеуінің көңілін тауып, бірге жүріп-тұратын болды.
Орынбордағы Свердлов атындағы Қазақстан комсомол жастарының клубында аптасына бір рет «Шығыс кеші» өткізіліп, осында орыс, қазақ, татар жастары кезектесіп концерт қойып, спектакльдер көрсетеді екен. Серке мен Қапан Бейімбет Майлиннің «Бетім-ау, құдағи» деген күлдіргі пьесасын сахнаға шығаруға әзірленіп жүргенде Иса да бірге барады. Ойындарын көреді, рольдердің сөздерін солармен бірге тыңдап отырып жаттап алды. Пьесаның оқиғасы қызық-ақ. Күлмесіңе қоймайды. Қыздың айттырған күйеуі жарыместілеу адам еді. Қыз оның осындай екенін біліп оған барғысы келмейді. Өзінің ұантқан жігіті бар. Содан қалындығына ұры түсуге жарымес күйеуі келеді. Қызды алып қашуға сүйген жігіті де келеді. Есерсоқ күйеуден құтылудың жолын сүйген жігіт табады. Ол қалыңдықтың киімін қыздың әжесіне кигізеді. Ал кемпірдің киімін қызға ауыстырып кигізеді. Есер күйеу кіріп келіп, қызды құшақтап алып қашып кетеді. Келін келеді деп ауыл күтіп отыр. Беташар айтылады. Келіннің бетін ашқанда барып күйеудің жарыместігі білінеді. «Бетім-ау, құдағи ғой мынау» дейді жиналған жұрт. Жарымес күйеу қарап тұрмай, «Бәсе, емшегі өлген қойдың өкпесі сияқты еді» деп төбеден түскендей қойып қалады. Есерсоқ күйеу – Жарастың рөлін ойнаған Серке дауысын сан құбылтып, түрлі қимылдармен есерсоқтың мінезін дәл келтіреді.
Залда отырған жұрт оның ойынына риза боп, шек-сілесі қатқанша күлді. Пьесадағы Айқын деген келіншектің рөлінде Қапан ойнап, тал шыбықтай бұралып, сызыла түсті.
Осы спектакльден кейін концерт басталып, кезек Исаға келді. Жұрттың назарын жаулап алып, қыран-топан еткен алдыңғы екеуінен кем түспеуге бекініп, намысқа тырысып, сахнаға ойнақтап шыға келді. Тыңдаушы қауымға қайтсе де ұнауы керек. Басында жасыл пайымен тысталған, алдыңғы жағын түре киетін пұшпақ бөрік, үстінде жағасына қара барқыт салған түйе жүн шекпен, аяғында қазақы етік, костюмы – қалаша.
Залдағы жұрт оған көз тігіп, сынай қарады. Иса бірден желікті де домбыраның тақтайын қағып-қағып жіберді. Сүйір иегін көтеріп, жіңішке, ұзын мойнын созып, жұқа еріндерін жымқырып, залды түгелдей шолып өтті. Содан соң жиналған жұртқа «маған тақырып беріңдер» деп өтінді. Әр жерден көтеріліп, тақырып айтқандарды тыңдап алды да енді іркілмеді. Өлеңге бөтен, бөгде сөзді араластырмай, барлық сөзін алған тақырыбына байланысты қолма-қол құрастырып, суырып салып, тоқтамай айта жөнелді. Залды өзіне тартып, еліктіріп әкетті. Өлеңді аузымен ғана емес, бүкіл бет бейнесімен, басының, денесінің шапшаң құбылмалы қимылымен құтырына, екпіндете, жындана айтты. Денесінде дамыл жоқ. Қолындағы домбыраға да дамыл бермей, бет тақтайын тарсыл-тұрсыл шерте, ойнақшытып, тербете, аспанға сермеп, бұлғап, төбесінен айналдыра, белдемесіне басып, теріс жағынан тартып, шым-шытырық, алас-күлес түрде ойнады.
Бұндайды бұрын көрмеген жұрт оның әрбір қимылына беріліп, теңселіп, шайқала түсті. Иса бір тақырыпты аяқтап, екіншісін бастап, небір сөздерді қиюластырып, төгілтіп отыр. Берілген тақырыпты өлеңге айналдырып, көптің тілегін орындап, еркін бұлғақтады. Бәлсіну, менменсу жоқ. Сыпайы, сырбаз түрімен де жұртқа ұнады.
Маңдай терін сүртіп, орнынан көтерілгенде залдағылар дүркірете қол соғып, онымен бірге көтерілді. Оларға салса сахнадан жіберетін түрлері жоқ. Тұс-тұстан тақырыптарды жаудырып, әлі де тыңдай бермекші. Иса бұндайдың талайын көрген әрі осылай боларын біледі. Сондағы өзінің тапқан әдісі – қашан дүрлігу басылғанша домбырасын бауырына басып, сахнаның ортасында қозғалмай, залға көз тігіп тұрып алады. Залдағы гуыл толастады-ау дегенде домбырасын басынан асыра көтеріп, қол бұлғап кете барады. Жиналған жұрт та амалы таусылғандай боп, шығар есікке қарай жылжиды.
«Орынборда «Иса деген ақын сахнада өз жанынан шығарып өлең айтыпты» деген хабар бірден-бірге тарап, бірде өсіріп, бірде жандарынан қосып гуілдетіп, желдей есті. Сауықшыл халық бұндайда тыныш отырмай, ақынды іздейді, өз үйінің төрінде отырғанды мәртебе санайды. Иса енді Семейдегідей Орынборда да көптің қалаулысына айналып, қолдан қолға тұрмады. Институтта лекция тыңдаудың орнына қазақ зиялыларының үйінде қонақтап немесе жиындарға барып өлең айтумен жүрді. Наркомдардың өзі Исаның ақындығын мойындап, өздері барған отырыстарға Исаны ертіп апарып, қызықтап, әркімге күлдіргі өлең шығаратын еді. Иса үшін бұл да бір қызық. Атақты деген адамдарды жақыннан танып, ретті жерінде кейбірін жырға қосты. Соларға арнап өлең шығарды. «Бұным артық-ау» деп ойламады. Содан бара-бара өзімшілдігі қозып, кәдімгідей құмары қанатын болды.
Күндіз Серке, Қапан, Иса өз жағдайдарымен жан-жаққа өз беттерімен кетіп, түнге қарай жатақхананың тар бөлмесінде бастары қосылып, қызу әңгімеге кіріседі. «Кім қайда болды, кімдерді көрді, не істеді» дегендей жарыса сөйлеп, кей-кейде таласып жатады. Иса қызу қанды, Қапан көнбіс, Серке мысқылдап, күліп сөйлейді. Әрқайсы өз орнын біліп, артық сөзге бармай, көңіл жықпас жайдары пейілмен түннің бір уағына дейін дуылдасып отырады. Қапанның мақтанатыны – өзі оқитын қазақ халық-ағарту институтында бұларға қазақтың сол кездегі атынан ат үркетін білімді азаматтары сабақ береді. Оның сөзімен Иса да келіседі. Еркін тыңдаушы ретінде олардың сабақтарына бұл да қатысып, кім екендерін танып біліп жүр. Ахмет Байтұрсынов әдебиеттен, Міржақып Дулатов жағрафиядан, Елдес Омаров физикадан лекция оқиды. Серке мұндайда кіжініп, қызығып, «орын болса қайтсем де осы институтқа ауысамын» дейді. Исаның іштейгі уайымы – үлгеріп кетуі қиынға түсіп жүр. «Түбінде оқи алмайтын шығармын» деп қауіптенеді. «Бір қыс шыдайын. Біраз даярланып, келер жылы емтихан тапсырармын» деп өзіне тоқтау салады. Қанша «оқимын» деп тырысқанмен білімінің аздығы білініп-ақ тұр. Серке мен Қапанда ондай уайым жоқ тәрізді.
Осылайша Орынбордағы күндері өтіп жатты. Қысқа да жетті. Бұл қыста бар ынтаны оқуға салып, арасында жиын-концерттерге қатысып, сахнаға шығып, суырып салма өлеңімен көзге түсіп жүр.
Қыс ортасында «Ахаңның елу жасқа толған мерейтойы болады екен» деген сөз Орынборға тарады. «Ахаң» дегендері Ахмет Байтұрсынов екенін Иса кейін білді. Осы кештің өтуіне арналған жарнамалар көшелерге, оқу үйлерінің қабырғаларына іліне бастады.
Жатақханада бірге тұрып жатқан үш дос «бұл кешке барамыз» деп бекінді.
Иса Байтұрсыновты институтта сабақ беріп жүрген кезінен білетін еді. Ол кісінің лекциясынан қалмай, артқы орындардың бірінде тапжылмай отырып, зейін қойып тыңдайтын еді. Талайды көрген, араласқан Иса Ахаңның солардан ойы озық, дәрежесі әлдеқайда биік екенін сезеді. Сезеді де солармен салыстырып байқайды. Ақыл-парасаты көш ілгері екенін таниды да еріксіз табынады. Оның Ахаң жөніндегі пікірін ешкім жоққа шығармайды. Тереңірек ойлап, ол кісінің еңбегін, қасиетін саралауға өресі жетпей, беріден қайтады. Ол кісінің лекциясы кезінде түр-тұлғасын барлап, көз айырмай қарайды да отырады.
Ахаң ірі денелі, еңкіштеу, келбетті, салмақты адам екен. Асықпай жай, ақырын сөйлейді. Кішіпейіл, қайырымды болса керек. Аса білімді екенінде дау жоқ. Сөйлеген сөзі қандай. Тереңнен қозғайды. Басқалардан болмыс-бітімі бөлек, ерекшеленіп тұрады. Ұзақ қарап, ой елегінен өткізгенде Исаның сыншыл, сұңғыла ойы Ахаңды осылай бағалады. Ол кісінің мерейтой кешіне, әрине, барады. Серке де, Қапан да «барамыз» деп құлшынып отыр. Үшеуі жұптары жазылмай, кеште қатар отырып, осындай қадірлі адамның тойын тамашалайды.
1923 жылы қыстың ортасында Орынбордағы қазақ қауымы Ахаңның елу жасқа толғанын кеңінен мерекеледі. Салтанатты жиналыс Свердлов атындағы клубтың Орынбордағы ең үлкен залында ұйымдастырылды. Мыңнан аса кісі орналасатын осы залға адам лық толды. Сахна ашылғанда Ахаңды қолтықтап, Смағұл Сәдуақасов және сол кездегі жоғары басшылар шығып, безендіре құрған президиум столын айнала отырды. Жиналысты сол кездегі Қазақстан халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин кіріспе сөз сөйлеп ашты. Ахаңның өмірі мен әдеби-ғылыми еңбектері жайында баяндама жасау үшін сөз Сәдуақасовқа берілді.
Иса Сәкенді алғаш рет көріп отыр. Бойы тіп-тік. Басы көтеріңкі, кеудесі шалқақ. Аса қою, қияғы ұзын қара мұртты, сұрғылттау өңді сұлу кісі екен. Үстінде сұр костюм, галстук байлаған ақ жағалы көйлек. Мейлінше тәкаппар секілді. Ал Смағұл арықша келген, ұзын бойлы, жалпақ бет, кескінді жігіт екен. Смағұлды да Исаның алғаш көруі еді. Семейде жүргенінде Құсекең осы Смағұлды ерекше атап, «қазаққа болсын» дейтін қаншыл, батыл азамат» деп мақтады. 1921 жылы Семей облысын Сібір революциялық комитетінің қарамағынан Қазақ автономиясының құрамына алу ісіне басшылық етіпті. Қазақ өкілдері жоқ болғандықтан Семей губкомы мен губерниялық атқару комитетін таратып жібергені үшін партиялық жауапкершілікке тартылып, орнынан босатылыпты. Иса Семейге келгенде қызметі ауысып, Смағұл Түркістанға кетіпті. Сондықтан оны Семейде көре алмаған еді. Қазір Орынборда тұрып жатқан көрінеді. «Қазақ автономиялық республикасының жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып жүр» деген сөзді осы кеште біреулерден естіді. Сәкен де, Смағұл да қатар отырғанда кескін-келбетімен ерекшеленіп, еріксіз көз тартады. Құдайдың берген сұлулығы екеуіне де жарасып-ақ тұр.
Смағұл жібектей есіліп, жай ғана кербез сөйлейді екен. Ахаңды бірден мақтай жөнелмей, халқына сіңірген еңбегін, атқарған қызметін сатылап жеткізді. Баяндамасының аяғында «Ахаңды біз «замандасымыз ғой» деп өз қатарымызға қойып, өзімізбен теңестіріп қарауға болмайды» деді. Залдың назары өзіне ауғанын сезіп, Ахаңды дәріптеуін жалғастыра түсті. «Бұл кісі – қазақ халқының алғашқы алфавитін жасап берген, бұрын әркім қалай болса солай жазып жүрген емлемізді түзеп, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам. Сондықтан бұл кісіні ұстазымыз деп қарап, өзімізден әлдеқайда жоғары ұстап, қадірлей білуіміз керек» деп тоқтады. Жиналысқа келген қазақтардың бәрі Смағұлдың сөздерін мақұлдап, қатты қол шапалақтап, түрегеліп Ахаңа құрмет көрсетті. Затаевич деген композитор қазақ әндерін, оның ішінде – Ахаңның өз әні дейтін, жастар көп айтып жүретін. «Қаракөз» деген әнді фортепьянода ойнады.
Сәкеннің өзі басқарып, барлық үкімет басшылары, зиялы қауым түгел қатысып, Ахаңды сонша ардақтаған кеш өте жақсы, көңілді өтті. Иса желпініп, сахнаға шығып, Ахаңды өлеңмен құттықтағысы келіп, орнынан көтеріле бергенде жанындағы Серке оның бұл ойын түсіне қойып:
– Ұшқалақтамай, тыныш отыр. Залда кімдердің отырғанын көрмейсің бе? Саған сөз берген жоқ қой, – деп жеңінен тартып, басып тастады.
– Әттең, – деп, Иса осы бір сәтті жіберіп алғанына қынжылып, Серкенің бұның жолын бөгеген әлгі қылығын жақтырмады. Жатақханаға қайтқанда жол бойы томсарып, онымен сөйлеспеді.
Серке де оның өкпелі екенін сезіп, бүйірінен түртіп:
– Бірдеңеден құр қалғандай теріңе сыймай келесің ғой, – деп кекетті. Онымен қоймай:
– Қазаққа ұстаз болған Ахаңды көрдік. Сәкеннің сөзін тыңдадық. Смағұлдың баяндамасы көптің көңіліне қонды. Сондай адамдардың арасына қыстырылып, сахнаға шығып нең бар. Сен кімсің сонда! – деп тиісті.
Иса «Серкенің айтқаны жөн-ақ», деп, өзіне өзі тоқтау салды. Сахнаға шығуға итермелеген арыны басылып, Серкеге деген өкпесі де тарқады. Дегенмен:
– Әй, Серке-ай. Менің жолымды бөгедің ғой. Ахаңа өлең арнағым келіп еді, – деп өкінді.

– 6 –

Елдес Омаров деген оқытушы аудиторияға кірген бойда соңғы партада отырған Исаны көзімен іздеп тауып:
– Сені директор шақырып жатыр, – деді де бірден сабағын бастады.
Аудиториядан шыққан бойда Иса директордың кабинетіне тура тартты. Институт директоры Мұхтар Мурзиннің кабинетінде болғаны бар. «Бұл жолы маған не айтқысы келді екен» деп, аяғын санап басып, кабинетке кіре бергенде Мурзин көзіндегі пенснесін столға қойды да табалдырықтан ұзатпай тоқтатты. Сасқалақтап, дабдырап сөйлеп:
– Осы тұрған бойыңда алды-артыңа қарамай, бірден үкімет үйіне бар, – деді.
«Неге және кімге барамын» дегізбей турасын өзі айтты.
– Смағұл Сәдуақасовты танитын ба едің? – деді.
– Көрген адамым. Кешегі Ахаңның мерейтойында баяндама жасады емес пе?!
– Ендеше «сол кісі сені іздетіп, «маған келіп жолықсын» депті. Смағұл Сәдуақасовтың Қазақстан автономиясының жоспарлау комиссиясының төрағасы екенін білетін бе едің?
Мурзин осы сөздерді жеткізгенде өзінің толқып тұрғанын жасыра алмады. Үлкен бастықтың шақыртуын үлкен мәртебе санайтыны байқалып тұр. Иса болса селт етпестен «менде не шаруасы бар» деп ойланып, шақырудың себебін түсіне алмады.
– Шақырса барайын, – деді немкетті үнмен.
Қарадан-қарап өзін шақырғандай сасуылдап тұрған Мурзиннің түріне күле қарады да шегіншектеп сыртқа шықты.
– Жоспарлау комиссиясы үкімет үйінің үшінші қабатында, – деп дауыстағанын естіді.
Өткен жолы Илдар Орынбордың көшелерін ат-арбасымен аралатқан кезде үш қабатты үкімет үйінің тұрған жерін әдейілеп көрсеткен еді. Сондағысы Сәкен Сейфуллин осы үйде қызмет ететінін айтқысы келген.
Айтулы жерге асыға басып жетті де ентігіп үшінші қабатқа көтерілді.
Кең кабинетте қою қара шашы артына қайырылған, жазық маңдай, жалпақ бет, кескінді жігіт жалғыз өзі ғана отыр екен. Шақырған адамы кабинетіне имене басып кіргенде орнынан көтеріліп, қол беріп амандасты.
– Иса екеніңді бірден таныдым. Свердлов атындағы комсомол жастар клубында «Бетім-ау, құдағи» деген спектакльден кейін концерт басталып, сен сахнаға ойнақтап шыға келгенің қайда?! Мен сонда залда отырып сенің суырып салма өлеңдеріңді сүйсініп тыңдадым, – деп, қарсы алдындағы орындықты ұсынды.
Дауысыңдағы жұмсақтық пен сыпайылық Исаның құлағына жақты. Лезде бойы үйреніп, алдындағы үлкен бастықтан қымсынып, қысылудан арылайын деді. Смағұл күле сөйлеп:
– Екеуіміз құрдас екенбіз. «Құрдастың құдайы бір» деген сөзді білетін шығарсың. Ендеше мені жатсынба, жақында. Ашылып әңгімелесейік, – деді.
Иса орындықта шалқайып, өзін енді қысылмай еркін ұстады. Смағұлдың сөзі осыған мәжбүрлеп, арадағы алшақтықты ұмыттырып жіберді. «Иі жұмсақ, кішіпейіл екен» деп ойлады.
Смағұл одан Орынборда не істеп жүргенін сұрағанда бар шынын айтып, ағынан жарылды. Қазақ халық-ағарту институтына келіп еді, оқуға түсе алатын түрі жоқ. Білімі жетіспейді. Сондықтан үмітін үзбей дайындық курсына барып, лекция тыңдайды. Сабақ оқудың орнына Орынбордағы зиялылардың үйлерінде қонақтап, өлең айтумен жүргенін айтпады, жасырды. Сұрау, жауап арқылы Исаның кім екенін, қайдан келгенін Смағұл біртіндеп біліп алды. Содан Исаға ықыласы ауып, жылы шырайланып, енді оны неге шақырғанын айтты.
– Қар еріп, күн жылынып, көктем айы болғанда Көкшетау мен Қызылжар жаққа қызмет бабымен барғалы отырмын. Жолай Жарқын деген менің туып-өскен ауылыма соғып кетсем бе деймін. Осы сапарда менімен бірге болсаң қайтеді? – деді де Исаның түріне сұрана қарады.
Лып етпе шұғыл мінезді Иса сондайлық қуанып, бұл ұсынысты өзіне құрмет санап, орнынан тұрып кете жаздап әрең тоқтады.
Смағұл оның келіскенін аңғарып, салмақты, сабырлы үнмен:
– Олай болса Орынбордан ешқайда кетпейтін бол. Жүретін уақытта өзім хабарласамын, – деді.
Сонымен, Иса үкімет үйіне именіп кіріп, көңілі өсіп, шаттанып, шалқайып шықты.
Жатақханаға келіп оңаша бөлмеде Смағұлмен арадағы әңгімені есіне түсіріп, жақсы әсерге беріліп отырғанда біреу есік қақты. Орнынан қозғалмастан дауысын шығарып:
– Кіріңіз, – деді.
Бұрын көрмеген бір адам табалдырықтан аттады да: – Сіз Иса Байзақовтың өзі боларсыз?! – деп бір аттап, екі аттап дәл қасына келіп тұрды.
«Бұл неғылған адам. Мені қайдан біледі?!» деген оймен Иса оның бас-аяғына көз жүгіртіп үлгерді. Көзіне пенсне киген, ұзын бойлы, толық денелі, ұшын сүйірлеу қырыққан бурыл сақалды, қошқар тұмсық, жасы елулер шамасында болса керек. Үстінде жақсылап өтектелген сұрғылт бешпент. Шалбарын жып-жылтыр етіктің қонышына салыпты. Көгілдір көздерімен Исаға ықылас білдіре қарап өзін:
– Мен – Затаевич деген композитормын, – деп таныстырды.
Иса түрегеліп, онымен бой теңестіріп тұрды да:
– Иә, мен – Иса Байзақов деген ақынмын, – деді.
«Сен композитор болсаң, мен – ақынмын» дегенді алға тартып, осал адам емеспін» дегісі келген. Затаевич басындағы барқыт төбелі, дөңгелек құндыз бөркін қабырғаға іліп қойды да бөлменің ортасындағы столға жайғасты. Әлі де түрегеп тұрған Исаға:
– Сен де отыр, – деп, столдың бір шетіндегі орындықты иегімен нұсқады.
– Иса, әңгіме былай болсын. Мен сені Свердлов залындағы концертте көргенмін. Аты-жөніңді қасымдағы қазақтан сұрап алғанмын. Мен Орынборға келгеннен бері қазақтың ән-күйлерін жинап, нотаға түсірумен айналысып жүрмін. Қазақша білмесем де әуендерді тыңдаймын да нотаға түсіре бастаймын. Сенен де біраз әндер тыңдауға келдім – деді де қолындағы папкесінен нота қағаздарын, қарындашын шығарып столға қойды. Өзін ұстауы, сөйлеу мәнері, үстіндегі киім үлгісі, сырт сымбаты Исаның бұған дейін көрген адамдарына ұқсамайды.
– Иса, сен мені тосырқайтын тәріздісің. Сондықтан өзімнің кім екенімді, қайдан келгенімді саған таныстыра кетейін, – деп үлкен көгілдір көздерін Исаға аударып, жылы жүзбен еріксіз баурады.
Аты-жөні Александр Викторович екен. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Варшава генерал-губернаторы жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунігі, Варшава консерваториясының бақылаушылар кеңесінің мүшесі болған. Варшавадағы үкіметтік газеттің музыка және театр бөлімін басқарды. 1915 жылы Ресейге оралып, Мәскеуде, Петроградта тұрды. Қазан революциясынан кейін 1920 жылы Орынборда қоныстанды. Алғашқы кезде қаржы-есеп қызметін атқарды. Қосымша жалақы алу мақсатында Орынбордағы губерниялық халық-ағарту бөлімінде концерттік топтың музыкалық сүйемелдеушісі болды. Осы қызметте жүргенде қазақ халқының ән-күйлерін жинау жұмысы басталды. Затаевичтің осы еңбегінің құндылығын бағалап, барынша қолдап, көмегін аямаған адам – сол кездегі қазақ автономиялық республикасының халық-ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынов екен. Ахаңның өзі де Затаевичке бірнеше әнді айтып беріпті. Соның бірі – Ахаңның өз әні дейтін – «Қаракөз» әні. Бірін-бірі бірден ұғынысып, қадірлеп, кездесіп жүрген.
Ол жылдары Затаевичке «қазақ ән-күйлерін жина» деп тапсырма берген ешкім жоқ. Бұрын өзіне таныс емес қазақ әндері мен күйлері қызықтырғаны сонша, өз бетімен зейін қойып, осы жұмысқа белсене кіріседі. Осы жылдары қазақтың зиялы қауымымен де, жер-жердегі қарапайым адамдармен де танысып, тіл табысып, араласып үлгерген еді. Соларға өздері білетін әндерін айтқызып, жазып алған болатын. Қазақтың көп жерлерін аттылы-жаяулы аралап, әр аймаққа тән ән-күйлерді сол жерлердің тұрғылықты иелерінің аузынан жазып алып, нотаға түсіріп жүрді. Сол ән-күйлердің тууы, авторы, орындалу ерекшеліктері туралы қысқаша мағлұматтар береді. Әр әншінің орындау ерекшеліктерін дәлме-дәл суреттейді. Музыкалық мінездемелер жасайды.
Орынбордың жанында, Жайықтың Азия жақ бетінде «Қараша үй» деген қазақ ауылы болды. Ондағылар пәтер ұстайды, қасапшылық етеді. Елден келген адамдардың көбі еркін аунап, қунайтын осы «Қараша үйге» түседі. Сол ауылға келіп түскен базаршылардан ән-күй жазып алу үшін Ахаңның өзі де Затаевичті «Қараша үйге» талай рет алып барып жүрген екен. Ән айтатын жаңа әншілерді іздеп табуда Затаевия небір айла-тәсілге, тапқырлыққа баратын еді. «Ән біледі» деген адамның Орынборға келгенін естісе болды, күн-түн демей көше кезіп, әлгі адамды тауып, сөйлескенше дамыл таппайтын. Сол мақсатпен көшелерді, базарларды түнде түнейтін орындарды аралап жүреді. Ән әуендерін тез және дәлме-дәл жазып алумен қоса адамдармен бауырмал, айырықша достық қатынас жасап, құрметпен қарап, тіл табысып, еркін сөйлесетін. 1921 жылдың наурыз айында халық-ағарту комиссариатының көркемдік секторының алқа жиынында Затаевичтің жазып алған ән-күйлерінің маңызына баға беру үшін арнаулы комиссия құрылып, комиссияны халық-ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынов басқарды. Затаевичтен сол жолы арнайы түрде 40 ән қабылданып алынып, қалған жүздеген әндерге «жарамды» деп сенім көрсетілді. Затаевичке өз ауыздарымен ән айтып берген адамдардың қатарында Әліби Жанкелдин, Сәкен Сейфуллин, Ғани Мұратбаев, Смағұл Сәдуақасов сияқты қоғам қайраткерлері болды. Өзінің жинағына Затаевич жазушы Бейімбет Майлиннен 17 ән жазып алғанын айтады. Затаевич осы комиссияның отырысында ән жазбаларының санын мыңға жеткізуге міндеттенді. Өзінің уәдесінде тұрып, жазып алған қазақ әндерінің санын 1923 жылдың қаңтарында мың әнге жеткізді. Екі жүз сексен адамнан ән жазып алғанын мәлімдеп, олардың тізімін жасады. 1922 жылдың мамыр айында Орынбор жұртшылығы алдында – мұсылман мектебінің залында өзінің атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасады.
Иса Затаевичтің әңгімесін ұйып тыңдап, одан көзін айырмай, қадала қарап, жеке басына табынып отырды. Осы бір ұланғайыр қазақ даласының әндерін жинап, нотаға түсіруі ерлікке пара-пар деп бағалап, бұндай іске бел шешіп кірісуінің өзі неткен батылдық деп ойлады.
– Иса, мен саған қыдырып емес, ән жазып алуға келдім. «Мың әнге жеткіземін» деген міндеттемем орындалып та қалды. Дегенмен әлі де кеш емес. Толықтырып, екшеп қайта қарайтын шығармын, – деді.
Осыдан кейін стол үстіндегі қағазын жазып, қарындашты қолына алды.
– Ал енді жазуды бастайық. Қысылмай, өз дауысыңмен еркін отырып айтатын бол. Әннің аты қандай?
Иса ойланбастан:
– Бике, – деді.
Бұған дейін Бикеге ән арнап көрмеген еді. Осы ой басына табан астында келді де әннің әуені де кенеттен табыла кетті.
– Жазуға кірісейік, кәне, баста, асықпа, – деп, Затаевич қарындашын нота қағазының бетінде жорғалатты.
Иса Бикеге арнаған әнін толғана шырқап отыр. Затаевия нотадағы сызықтарға таяқшала, құйрықшала нүктелерді түсіріп жатыр. Әннің соңғы әуені үзілгенде барып басын көтерді.
– Ән маған ұнады. Маған әннің мәтінін жазып бер, – деді.
– Мен өмірімде алғаш рет өз жанымнан ән шығарып отырмын. Бике – мені өзіне ғашық еткен қыз. Ойламаған жерден Бикеге деген сағынышым әнге айналды, – деп, Затаевичке көңіл сырын жеткізіп, ерекше толқыды.
Затаевич Исаны тыңдап алды да:
– Мен бұл әнді жинағыма енгізіп, «толқымалы, тебіріністі әуенмен айту керек» деп түсініктеме беремін, – деді.
Бұдан кейін Иса Затаевичтің өтінішімен ел арасында көп айтыла қоймайтын «Кәкен», «Мәніш ханша», «Жар-жар», «Танысу» деген өзі білетін әндерді нотаға түсіртті.
Әнді екі-үш рет салғызғаннан кейін «Ал енді өзіңіз тыңдаңыз» деп, Затаевич нотаға қарап отырып, ыңылдап айтып, ән берген адамына тексертеді екен. Қаладағы қазақ қызметкерлерінен, ауылдан келген адамдардан ән-күйлерді жазып алып жүргенде осы әдетінен жаңылған емес. Танысқан адамына әңгімелесе келе алдымен қандай әндер білетінін сұрап, артынша «кәне, сол әндеріңді айтшы» деп өтініп, қағазын жайып, тізесіне қойып, ыңылдап нотаға түсіре бастайды.
Бөлмеге дабырлап сөйлеп Серке мен Қапан кіргенде Зачаевич орнынан көтеріліп:
– Серке, – деп, қуана қарсы алды.
«Оны қайдан білесіз?» дегендей сұрауға оқталғанда Затаевич:
– Екеуіміз ойда жоқта таныстық, – деді. – Серкенің өзі ән айтпайды. Бірақ менің қазақ әндерін жинайтынымды жұрттан естіп, өзінің қостанайлық жерлесі – алғашқы комсомолдардың бірі, журналшы, аудармашы Ерғали Алданғоровты маған ертіп, досына ән салдырды. «Дауысы сазды, аздап қарлығыңқы. Биікке шырқап кете алмағанмен, тамылжытып, баяулатып аяқтайды екен» деп бағалап, таңдаулы әншілердің қатарына қосты. «Ескі әндерді көп біледі» деп мақтап, заматта бірнеше әнді қағазға түсіріп, Ерғалиға қайталап айтқызып, жазуын тексерді.
– Осылайша Серке маған Қостанайдың тамаша әншісін ертіп келіп, әндерін жазып алуыма септігін тигізді, – деп, Затаевич Серкені ескі досындай көріп, қопсыра құщақтады.
Бұлар тар бөлмеде әңгімелесіп, әзілдесіп, арасында халық әндерін Иса мен Қапанға айтқызып, ұзақ отырды. Затаевич өзін жоғары ұстамайтын нағыз кішіпейілдің өзі екен. Бейтаныс адамның өзін лезде өзіне қаратып алады.
– Мен – қазақ ортасына сіңісіп кеткен адаммын. Қай ауылға барсам да өзіме дос табамын. Кекіреймей, жылы-жылы сөйлесіп, тез тіл табысамын. Қазақ әндері арқылы мен қазақ халқының жанын, арманы мен мұңын терең түсіндім. Қазақша білмеген соң әндердің мәтінін сауатты адамдарға міндетті түрде жаздыртып алатынмын. Қазақ әндері мен күйлері мені қатты қызықтырып, қазақтың музыка өнерінің байлығына көзімді ашып, «қазақ ән-күйлерін жинасам ба» деген батылдық мені қанаттандыра түсті, – деп, сырт адамға айтыла бермейтін ішкі сырын ашты.
Серке көзін сығырайта жымия күліп:
– Сіз осы еңбегіңізбен қазақтың есінде, елдің тарихында қалатыныңызды біліп қойыңыз, – деді.
Сөзге сараңдау Қапан да:
– Серке дұрыс айтады, – деп қостады.
– Мен енді қайтайын, – деп, стол үстіндегі қобыраған нота қағаздарын жинастырып, папкесіне салды. Күлімсіреп, жылы шырай танытып, Исаға кетерінде: – Сенің «Бике» әніңді міндетті түрде әндер жинағына қосамын. Әнде толқытатын, тебірентетін аңсау мен сағыныш бар. Жүрегіңді жарып шыққан әуен екені сезіліп тұр, – деді.
Иса табан астында туған әннің музыка білгірінен осындай баға алғанына шын қуанды. Жаны жадырап, «шіркін-ай, бұл әнімді Бикенің өзі естісе ғой» деп қиялданып, ойы алыстағы Семейге қарай ойысты.
Затаевич есікке қарай беттегенде үш дос орындарынан лезде көтеріліп, оны орталарына алып, сыртқа ілесе шықты. Түн қараңғылығында Орынбордың көшелерінде біраз жаяулатып, Затаевичті үйіне жеткізіп, қимай қоштасты. Үшеуі де Затаевичтің болмыс-бітіміне тәнті боп оралды. Кіммен болсын өзін ашық және тең ұстайды. Ілтипат, ізеттері де өтімді әрі жарасымды. Адамды еріксіз баурайтын, жақындастыра түсетін жылылық екінің бірінде кездесе бермейді. Ешкімге ұқсамайтын өзгешелік ақсүйекке тән тектіліктен болса керек.
Үшеуі қайтар жолда жарыса сөйлеп, Затаевичтің өздері байқаған, ұнатқан қасиеттерін жарыса айтып тауыса алатын емес.
– Ол – қазақ әнінің бар байлығын жанымен ұққан адам ғой. «Ән адамды тәрбиелейді» деуші еді. Әнді сүйген адам жаман болуы мүмкін емес.
Түптің түбінде үш дос осындай тұжырымға келіп, Затаевичтің кісілік келбетіне қайран қалып, оның қадіріне қайта-қайта орала берді. «Өзіне көрген адамды бірден тартатын қасиетін айтсаңшы.» «Әркімге бірдей құрметі қандай», «Жинақталмаған, кейбірі ұмытыла бастаған ән-күйлерді ел аралап, әншілерді тауып, ерекше құлшыныспен жинақтап, нотаға түсіру үлкен еңбек қой» дейді. «Сонда ғой, ән байлығын жинамай біздің қазақ не қарап жүрген» дейді. Үш дос осылайша Затаевичтің мақтауын асырып, беделін биіктетіп, біраз жерге апарды.
Тұтасқан қою бұлттың астынан беті жуылып шыққан толық Ай нұрын төккенде төңіректі жеңіл мұнар басты. Жайық жақтан баяу жел есті. Салқын ауада Иса кеудесін кере тыныстап.
– Дүние неткен кең еді, – деді.
– Соны жаңа білдің бе? – деп, Серке оны қағытып, әдетінше жымиып қана күлді.
Иса да есесін жібермей.
– Әй, Серке-ай, менің білмейтінім көп қой. Мына Затаевичті айтсаңшы. Қазақтың тілін білмейді, Сөйте тұра күн-түн демей ән-күйін жинайды. Неткен жанкешті, бейнетқор жан десеңші. Қазақ халқы оған ескерткіш қойса да артық емес, – деді.
– Алдымен, оның осы еңбегінің ақысын төлесек, шығынын өтесек жаман болмас еді, – деп, Серке солай боларына күмән келтіріп, мазасызданды.

– 7 –

– Институт директоры шақырып жатыр, – деген соң Мурзиннің кабинетіне барды. Иса кабинетке кіргенде директор көзіндегі пенснесін столға қойып:
– Жақынырақ келіп орындыққа отырсаңшы, – деп, жайдары жүзбен өзімсініп сөйледі.
Осы институтта қазақтың небір оқымыстылары, зиялылары сабақ береді. Мурзин солардың үлгісін өзіне өнеге тұтып, қарым-қатынастың әдебін тәп-тәуір меңгеріпті. Соларға ұқсағысы келе ме, қалай, жас та болса салмақты, сабырлы көрінуге тырысатыны байқалып-ақ тұр.
– Иса, – деді Мурзин, – сені осы ел ақын дейді. Айтысқа қалайсың? Бізге көршілес рабфакта Нұрлыбек Баймұратов деген ақын оқиды екен. Оны, менің естуімше, өлең сөздің жүйрігі деседі.
Нұрлыбектің атын естігенде Исаның көз алдына оның түр-тұлғасы келді. Исадан бір мүшел үлкен Нұрлыбек – сарғыщ өңді, басы қазандай, бойы еңгезер­дей, бурыл сақал, үлкен мұрынды азамат. – Мен Нұрлыбекпен айтысу­дан қашпаймын. Бірақ ол менімен айтысқа шығар ма екен? – дегенде Мурзин орнынан көтеріліп, ойлаған ойы жүзеге асатынын сезіп, қуанып қалды.
– Нұрлыбекті айтысуға көндіретін боламыз. Бұған дейін Орынборда клуб сахнасында екі ақынның айтысы өтіп көрген емес. Халық көп жиналуға тиіс. Осындағы зиялыларды түгел шақырамыз, – деп, Мурзин қызына сөйлеп, айтысты сондайлық елеулі оқиға боларын күн ілгері біліп-ақ тұр.
Иса Нұрлыбекті жақсы білетінін, бұған дейін онымен Семейде үш рет айтысып, үшеуінде де Нұрлыбектен басым түсіп, жеңгенін Мурзинге айтпады. Жасырып қалудың мәнісі – «Нұрлыбек жақтан қандай хабар боларын күтейін» деп ойлады. Ал Мурзин Исаға сөзі өткеніне өзінен өзі риза боп, енді рабфактың басшыларымен сөйлесіп, Нұрлыбекті Исамен айтысуға көндірмекші. Сонда ол алдағы айтыстың боларынан үміттеніп, өзінің үлкен іс тындырғалы тұрғанын сезіп, көңілі алып-ұшып, жай таппады.
Сол күннен бастап Мурзин бұл іске жанын салып, қызу кірісті. Айтыс Свердлов атындағы клубтың үлкен залында өтеді деп келісілді. Көшелерге жарнамалар ілініп, сол күнгі кештің бағдарламасы белгіленді. Бірінші бөлімде Нұрлыбек ақын мен Иса ақынның айтысы, екінші бөлімде татарлардың ән кеші болады делінді. Келем деушілерге билеттер сатылады.
Айтыс болатын күні залға адамдар көп жиналды. Татарлар да баршылық. Араларын қашық ұстап, сахнаның төріне алдымен Нұрлыбек, оған ілесе орташа бойлы, қараторы, маңдайы жазық, көзі өткір, қағылез мінезді Иса шықты. Екеуі де бірінің сырын бірі біледі. Алдымен жасы үлкен Нұрлыбек сөйледі. Бірден айғайға басты. Домбыраны үсті-үстіне төпелеп, бет тақтайын соғып, безілдетіп, біраз арындап алды.
Ашылса шын ақындық қайнар көзі,
Тосыннан тоят тілер келсе кезі.
Жарқылдап жай отындай нөсер төккен
Жаңбырдай құйылады дарын сөзі, –
деп, жырды шабыттана төкті-ай келіп.
Иса өз кезегінде шарықтап, суырып салма өлеңінің көрігін қыздырды. Сөйтсе де Нұрлыбектің шама-шарқын білетіндіктен соған көбірек ерік беріп, «ашылсын, өзін танытсын» деп, айтысты соза түсті. Өзін тежеп, Нұрлыбекті көтермелеп, осал ақын еместігін алға тартып, ағалап, мақтап, бағасын асырды. Исаның не оймен айтқанын Нұрлыбек те сезеді. Сондықтан Исаның жынына тиюден қорқып, алыстан қозғап, қисынын тауып, бұл да оны дәріптеді. Суырып салма ақындығын мойындап, жол беріп, жетелеп отырды.
Залдағы жұрт «екеуінің қайсысы жеңеді» деп, ынта қойып, қолпаштап, дуылдасып, екіге жарылды. Екі жақты айтыста терең мағыналы талай сөздер айтылды. Исаның ақындығы, суырып салмалығы әлдеқайда озық екені жұртқа білініп-ақ қалды. Көбінің ниеті енді Исаға қарай ойысты. Тапқыр да төкпе ақын Нұрлыбек те өзіне беттететін емес. Заман жайлы толғады. Келеңсіз кемшіліктерді сынап, көпшіліктің көкейіндегі сөздерді дәл тауып айтты. Жиналған жұрт оны желіктіріп, намысы жанып, тапқыр да шымыр өлең шумақтарын қазу қуаттап отырды.
«Айтыс бітпесе екен» деп тілеп, сахнадағы екі ақынның аңысын аңдап, айтыстың қызуымен желпініп, желіге түсті. Иса да айтысты қызық көріп, ынтыға тыңдаған көпшілік «құмарынан шықсын» дегендей айтысты әдейі соза түсті. Нұрлыбек те берілетін емес. Домбырасын қағып-қағып жіберіп, гүжілдеген жуан дауысымен өлең шумақтарын үдете жөнелді. Бұл екеуінің арқаларын қоздырып, желіктіріп, әріде бір алапат күш жатқаны сезіледі. Шалқыған шабыт деген осы екенін көпшілік қайдан білсін. Бірін-бірі жақсы білетін, бір-бірін сыйлайтын екі ақынның бұл айтыстағы адуынды, екпінді сөз саптауы, тапқыр да шымыр өлең шумақтары, табан астында сөз тауып, жауап беруі, өлеңнің ырғақ-ұйқасынан бір жаңылмай төгілтуі көпшілікті тамсантып, таң қалдыртып, «Бұндай сөз таласын, қақтығысын бұрын кім көрген?» дегізді. Айтысқа келгеніңе, ақындарды көргеніне мәз боп, масайрап отыр. Иса өлеңді аузымен ғана емес, бүкіл бет бейнесімен, басының, денесінің шапшаң, құбылмалы қимылымен еліктіре, құтырына, жындана айтады екен. Өлең айтқанда, айтысқанда денесінде дамыл жоқ. Домбыраға да дамыл бермей, ойнақшытып, бет тақтайын тарсылдатып, шерте, тербете, бұлғай сермеп, нәр түрде ойнайды екен.
Нұрлыбек «Исаны тұқыртып, басым түсем» деп ойламайды. Оның екпініне шыдап, біраз жерге барысып, көптің алдында айтысты қыздырып, төкпе ақын екенін танытты. Көптеген айтыстарға қатысқан, өлең сөздің жүйрігі атанған Нұрлыбекті жеңу Исаға мақтан емес. Бірақ айтыста екеудің біреуі жеңуі керек. Көпшілік осыны күтіп, делебесі қозып, бәйгедегідей ереуіңдеп, қызынып-ақ отыр. «Енді осы созғаным жетер, айтысты аяқтайын» деген оймен Иса Нұрлыбектің қытығына тиетін сөздерді айтып, састырып, бастырмалатып жіберіп, енді беттей алмастай етіп тоқтатты. Нұрлыбек ештеңе айта алмай, сөзден тосылып, бөгеліп қалды. Залда отырған көпшілік кімнің жеңгенін біліп, дуылдасып, «Иса, Иса» деп, көтермелеп, қол соқты. Нұрлыбек домбырасын тастай салып, орнынан тұрып Исаны қапсыра құшақтады. Көпшілік екі ақынға бірдей құрмет көрсетіп, орындарынан көтеріліп, тарқамай, қол шапалақтап тұрып алды.
Алдынғы орындарда түрегелдердің арасында Ахаң, Сәкен, Смағұлдар барып көргенде Исаның тұлабойын қуаныш кернеп, бетіне қан жүгірді.Қазақтың үш ардағы алдында Нұрлыбектей арқалы, шалқып кететін төкпе ақынмен айтысып, мерейі үстем болғанына көңілі толып, жайраңдап, басын изеді. Қолын кеудесіне қойып, Нұрлыбекке алғысын білдірді.
Сахнаның сыртына шыққанда институт директоры Мурзин қарсы жолығып, құшағын жайды.
– Иса, жұрттың бәрінің айызын қандырдың. Бұл кеште өзіңді асқақтаттың, – деп құшақтаған бойда қатты-қатты қысып, босатпады.
Иса сәл шегіншектеп құшағынан шығып, жан-жағына алақтап:
– Нұрлыбек көрінбейді ғой. Кетіп қалған ба? – деді.
– Айтысты тамашалауға келген рабфактың жігіттері Нұрлыбекті жан-жағынан қаумалап, өздерімен бірге алып кетті, – дегенде ғана Исаның көңілі орнықты.
Нұрлыбекті аға тұтып, қатты қадірлейтінін осы алаңдауымен-ақ аңғартты.
Мурзин елпілдеп, Исаның асты-үстіне түсіп елгезектеніп, жатақханаға бірге еріп келді. Айтысты ұйымдастырған өзіне де, айтыста сүрінбей жеңіп шыққан Исаға да сондайлық риза секілді. Сондағы әсерден арыла алатын емес. Жатақханада қайтуға асықпай әңгімемен бірталай отырды. Исаның бұған дейін кімдермен айтысқанын білгісі келіп, қызығып қазбалап сұрады.
Иса оның сұрағына орай:
– Сан ақынмен айтыстым, – дегенде ол шыдамсызданып:
– Өзіңді жеңген кім бар? – деді.
Исаның суырып салма ақындығының екпінін, адамды үйіріп әкететін тасқынды күшін Мурзин бүгінгі кеште көзімен көріп, құлағымен естіді. Оның дарын құдыретіне сүйсініп, көппен бірге «Исадай ақынды бұрын естімеген едік» деп, таңданды.
Мурзиннің сұрағына күле жауап беріп:
– Мені біреу айтыста жеңген болса, білер едім ғой. Сол жоқ-ау деймін. Мен айтыскер ақын емеспін Тек кезі келгенде ғана көптің сұрауымен айтысқа түсемін,– деді.
Иса айтыс туралы әңгімені жалғастырып, институт директоры Мурзинді жіпсіз байлап, аузына қаратып, мүлде бөгеді. Өзінің туып-өскен Қызылағаш болысында тұратын Құдайберген ақынды өзіне аға санап, пір тұтатынын айта бастап еді. Мурзин сұрақты төтесінен қойып:
– Құдайбергенмен айтыстың ба? – деді.
– Осыдан үш жыл бұрын өзіміздің елде Жылқыбайдың Бердалысының үйінде Құдайбергенмен кездесіп, дастарқан басында сөз қағыстырып, өлеңмен жауаптасқан едік, – деп, Иса сондағы айтысты еске түсірде.
Отырған үйдің иесі – Бердалының әкесі Жылқыбайдың өліміне кезінде келіп, көңіл айтпағанын Құдайбергеннің бетіне салық қалады.
– Сол айтыста Құдайберген сөз сайысынан емес, жолынан жығылғанын мойындап, айтысты тоқтатты. Отырған көпшілік сонда мені «Құдайбергенді жеңді» деп, елге таратып жіберді. Әйтпесе, Құдайберген айтыста жеңілетін ақын ба еді, – деп, атағы Арқаға кең жайылғанын айтып, «теңдесі жоқ ақын» деп бағалады.
Құдайберген Омбының ақыны Сүйінбаймен, Көкшетауда атақты Үкілі Ыбыраймен айтысқан, жеңген. Ыбыраймен айтысқанда ақындық шабытының ерекше екенін бірден аңғартып, табан астында жауап беріп, сақа ақын Ыбырайдың адымын аштырмайды. Құдайберген айтыстың соңын:
Жасымнан сөйлер сөзге болдым құмар,
Сөйлесем жүйріктермен көңілім тынар.
Үш ауыз сөзбенен ұтам деген,
Ыбыкеңді, тақсыр төре, үйден шығар, –
деп аяқтайды. Осыдан кейін Үкілі Ыбырай ештеңе айта алмай бөгеліп қалады.
Тыңдаушысы табылғанына Исаның риза болғаны сонша Мурзинге сыр ашып, Құдайберген жөнінде ел біле бермейтін, өзіне жастайынан таныс бірталай әңгіменің басын қайырды. – Құдайберген асқан ақын, асқақ әнші әрі белгілі сазгер, – деп, оны ынтықтыра түсті.
Ақынға бар пейілін аудартып, тандандырғанын түрінен таныды.
– Мен саған Құдайбергеннің ерекше бір сазгерлік өнерін айтайын. Сен «желдірме» дегенді білесің бе? – дегенде Мурзин «білмеймін» деп, басын шайқады.
Иса, бейне бір өзі ашқан жаңалықтай «Желдірменін» табиғатын түсіндіріп, қазір-ақ әнге басатындай қозғалақтап, желпіне бастады.
– Желдірме арқылы Құдайберген әннің жаңа түрін тудырды – деді.
– Желдірмені мен де айтамын. Халық арасына ауыздан-ауызға тараған желдірменің қайсысы кімдікі екені кейде белгісіз боп араласып кеткен. Мен желдірмелердің бес-алты түрін айтамын және әр желдірмені айтқан сайын сөзін де, сазын да құбылтып, өзгерте беремін. Менің үшінші желдірмемнің сарыны Құдайбергеннен алынған. Мен алғашқыда желдірмені Құдайберген ақынның сарынымен шығардым. Соның сарынын алдым да өзім құбылтып әкеттім. Желдірме ешкімнің әніне ұқсамайды. Айтқан кезде желдірменің кейбір нақыштары өзінен-өзі түрленіп, әдеміленіп кетеді, – деді де айтқысы келгендей тамағын кенеді. «Бірақ жалғыз адамның алдында желдірмені төгілтіп қайтемін» деп, бойын тежеді.
– Құдайберген ақын:
Өлеңді жатып та айтам, тұрып та айтам,
Жігіттік салтанатты құрып та айтам.
Пар жеккен пряжканың атындай-ақ
Мойнымда бір жағына бұрып та айтам, –
Деген жерде біресе жата қалып, домбыраны төсінін үстіне салып, бір жағына бұрып, пряжканың атындай басын бұрып, ілгері қарай жүгіре басып, әбден айызды қандырады. Домбырамен ән салғанда малдас құрып отырған қалпында жортақтап, жылжып отырып, әр адамға екі-үш рет өлең арнап шығатын. Тіпті танымайтын адамдар болса да өзінің зеректігімен сол адамның қандай қасиеттері бар екенін қолма-қол сипаттап беруші еді. Құдайбергеннің желдірмені айтқан кездегі әннің ырғағымен бүкіл денесін билетіп, қызу үстінде көтеріліп, аруақтанып, екпіндетіп, домбыраны құбылта шертуі – менде де бар әдет. Өзімнің пір тұтқан ұстазым Құдайбергеннен үйреніп, соған еліктеген түрім ғой, – деп, өзін әрең тоқтатты.
Мурзин әлі де «біліп қалайын» деген ниетпен қазымырланып, сұрауын қоятын емес.
– Бұдан кейін Құдайбергенмен айтыстың ба? – деді.
– Осы жолы Орынборға аттанар алдында бір үйде Құдайберген ақынмен тағы да кездестім. Мен есіктен кіре бергенде төрде домбыра тартып отырған ақын: «Е-е, жас пері келгенде кәрі сайтан жолдан таяр» деп домбырасын сүйей салып мені құшақ жая қарсы алды. Үй иесі мені жібермей екеуімізге түнімен өлең айтқызды. Жасы үлкен ақын ағаны айтысқа шақыруға дәтім бармады. Құдайбергенді өзіме ұстаз тұттым, – деп, Иса бұл әңгіменің бетін осымен қайырды.
Мурзин өзінің директор деген лауазымы барын ұмытып, шәкірт бала секілді именшектеп, Исаның әңгімесін қыбыр етпей, бар ынтасымен құмартып тыңдады. Иса оның соншалықты көңілі ауғанын байқап:
– Әйтеуір, айтысты ұнатқан екенсің, мен саған Үкілі Ыбыраймен қалай кездескенімді айтайын, – деді.
Мурзин Құдайбергеннің Үкілі Ыбыраймен айтысып, оны жеңгенін әлгінде ғана естіген еді. Енді Иса Үкілі Ыбырайды аузына алғанда «екеуі айтысқан шығар» деп, қалай болғанын естуге дәмеленіп:
– Бәсе, соны айтшы, – деді дегбірсізленіп.
Иса ойланып сол көріністі көз алдына келтірді де Мурзинге сол болған қалпында, айна қатесіз жеткізді.
– Биылғы жылы жол түсіп, алғаш рет Қызылжар қаласына бардым. Атақты ақын, «Гәккуді» шығарған әнші Үкілі Ыбырай да Қызылжарда екен, – деп, байыппен сөйлеп, сондағы болған жайды баяндады.
Хасен Яруллин деген татардың екі қабат үйінің жоғарғы жағында бір топ қазақ оқығандары пәтерде тұрады екен. Солар ақылдасады да бірін біріне айтпастан Үкілі Ыбырай мен Исаны қонаққа шақырып, екеуін қапыда кездестіріп айтыстырмақ болады.
Исаның сыншылдық мінезі бар. Көрген адамына «Сенің кескін-кейпіңе қарағанда мінезің, қылығың мынадай ғой» деп, бірден баға беретін және онысы көбінесе дәл болатын.
Иса Үкілі Ыбырайды бұрын естіген. Құдайбергенмен айтысын жатқа білетін. Бірақ оны көрмеген еді.
Өзінен шамамен қырық жас үлкендігі бар Үкілі Ыбыраймен Яруллиннің үйінде кездесіп, сәлемдескенде Иса оның тұрпатына қарап тұрып:
– Апырай, иегі мен ауызы сүйір біткен, қай шешен еді мына шал? Арыстандай жуан біткен мойыны кең тыныстың белгісі ғой. Әлде ұзаққа шабатын ақын болар ма? – деп сипаттады.
Үкілі Ыбырай да Исаны көрмегенмен «Павлодардан Қызылжарға сондай жас ақын келіпті» дегенді естіген екен. Сөзден ұтылғысы келмей әлгі сөзге жауап ретінде:
– Қолға алып үйірсең зырылдауықтай зымырайтын киіктің асығы сияқты немесе бәйгеге жаратқан дөнен сияқты бұл жас жігіт кім еді? Әлде Иса ақын деген осы болар ма? – дейді.
Жұрт «осы арадан айтыс басталып кетер» деп дәмеленгенмен мәжіліс айтыссыз тарады. Сонда таныса келе «айтысыңдар» деп өтінгендерге Исаның айтқаны:
– Айтысу деген – не жеңу не жеңілу сөз. Айтысқан соң адам жеңуге тырысады. Сондықтан қолдан келген қаруын аямайды. Оның аты – аяспау яғни сыйласпау деген сөз. Ал Ыбыкең – жас жағынан әкемдей кісі. Оның ақындық, әншілік, ән шығарғыштық талантына мен сырттан-ақ бас иіп келген адаммын. Жүзін бірінші рет көріп отырмын. Сондай ксіімен айтысу – әдепсіздік болар, – деді.
Исаның бұл сөзіне риза боп, Үкілі Ыбырай «Өркенің өссін. Талабың мен өнерің ілгерілей берсін» деп, құшақтап, бауырына басты. Содан кейін кезек-кезек өнер көрсетіп отырды.
– Мен білетін әңгіме осы, – деп, Иса әңгімесін осымен тоқтатып, назарын Мурзинге аударды.
Мурзин пенснесін бір шешіп, бір киді. Исадан естігендерін ой елегінен өткізіп, үндей алмай қипақтап тұр. Әлден соң өзінше ой қорытты.
– Айтыс дегенің керемет өнер екен. Бұған дейін айтысты тыңдап көрмеппін. Иса, бір күнде Орынборға атың шықты. Құттықтаймын, – деп, екі қолын бірдей ұсынды. Қолды қатты-қатты қысты.
Сөзін аяқтағанда Исаға көзін тіктеп қадап:
– Келесі жылы біздің институтқа оқуға кел. Емтихансыз қабылдаймын, – деді.
– Мен уәдеге берікпін, – деп, сөзіне сендірді.
– Осы кезде сырттан Серке мен Қапан оралды. Кірген бойда бөлмеде институт директорының отырғанын көріп, таңырқап «бұл қалай?» дегендей жалтақтап, бүгежектей берді. Екеуінің қысылған түрін танып, Мурзин:
– Исамен айтыс туралы әңгімелестік. Исадан білмейтінімді сұрап білдім, – деп, осында келгендегі себебін айтты.
Серке мен Қапан енді ғана қозғалып, еркінси бастады. Серке әдетінше жымиып күліп, сөзін нақпа-нақ, апық етіп, Мурзинге мойнын бұрып:
– Мен білетін Исаның айтыстан басқа тағы бір өнері бар, – деді.
Мурзиннің қызық көріп:
– Қандай өнер? – деген сұрағына Серке бөгелместен:
– Татарша әйбәт жырлайды, – деді.
Иса жақтырмады ма:
– Серке, сен оны қайдан білесің? – деп қабақ шытты.
– Иса-ау, «Семейде жүргенімде клуб сахнасында татарша жырлағаным бар» дегенің қайда. Сонда залда отырған татарлар дүрліге көтеріліп, қол соғып, «тағы, тағы» деп тарқамай тұрып алыпты.
Бұл сөзді естігенде Мурзин қолма-қол алдағы болатын кештің жобасын жасады.
– Орынборда татарлар көп тұрады. Серке, сен өзің татар халық-ағарту институтында оқып жүрсің. Татарша судайсың. Ендеше таяу күндерде Свердлов атындағы клубтың үлкен залында татар әндерінің кешін ұйымдас­тырайық. Татарларға жақын жүретін Серкені соған жауапты етейік. Татарлар­дың, қазақтардың сол кешке келуін ұйымдастырсаң, қалай ойлайсың, Иса, татарша сайрайсың ба? – деп әңгіменің ұшығын Исаға тіреді.
Иса бірден:
– Мен дайынмын. Иса қашанда бәлсінуді білмейді. Қажет десеңіздер, татарша жырлап та беремін. Сырнаймен ән айтып, сахнада билеп те беремін, – деп желікті.
– Бір тамаша кеш болғалы тұр, – деп, Мурзин көздері жайнап, алақанын уқалады.
Артынша «айнып кетпесін» дегендей сөзді шегелеп:
– Жігіттер, осыған келісеміз ғой, – дегенде бөлмедегі үш дос:
– Келісеміз, – деп қол алысты.
Мурзин кетерінде қайта-қайта басын шайқап:
– Бұл бір күтпеген оқиға болды, – деп, таңдайын қақты.
Наурыз айының аяғына таман Орынборда күн жылынып, қар ери бастады. Тағы да сол Мурзин Исаны кабинетіне шақырып, шұғыл шаруа түрінде:
– Смағұл Сәдуақасов саған «келсін» деп, іздеу салып жатыр. Үлкен бастықты күттірмей, тезірек жет, – деп асықтырды.
Иса үкімет үйіне бұрын да бір рет барғаны бар. Сол жолы Сәдуақасов қызмет бабымен Көкшетау, Қызылжар жаққа баратынын айтқан болатын. Жолай өзінің туып-өскен ауылы – Жарқынға соғып кетпекші екен. Сондағы Исаға айтқаны – «осы сапарда менімен бірге болсаң қайтеді. Жүретін уақытта өзім хабарласамын» деген.
Содан бері онымен бірге жүруге көңілі ауып, хабар күтумен, алаңдаумен болды. «Мені шақырғаны бекер емес шығар» деп Смағұл Сәдуақасовтың кабинетіне аяғын еркін басып, батылданып кірді.
– Иса, келдің бе! – деп, Сәдуақасов оны жылы шыраймен күлімсірей қарсы алды.
– Өткендегі әңгімені ұмытқан жоқсың ба? – деді.
– Неге ұмытайын, – деп, Иса сондағы келіскен пейілін көз қарасымен аңғартты.
– Ендеше, бүгін-ертең жүргелі отырмын. Сен де дайындал. Домбыраңды тастама, – деді.
Поезбен баратын боп, Исамен вокзалда кездесуге «келісіп, «жүретін уақытты өзім хабарлаймын» деді.
Бөлмесіне келгенде Серке мен Қапан сапарына сәттілік тілеп, Смағұлдай ел азаматына серік болуымен құттықтады.
– Үлкен бастықтың көзіне түсіп, назарына іліктің. Бірге жолға шығатын болдың. Байқа, бұл сапар – саған үлкен сын. Ауа жайылып, бетіңмен кетпе, – деп, ескертіп, екеуі екі жақтап ақылдарын айтып жатты.
Жол ұзақ, баратын Жарқын ауылы алыста. Смағұлмен жақын жүріп, араласып көрмеген еді. Бұл сапардың ауыртпалығын енді ғана сезініп, «Серкемен, Қапанмен бірге жүріп, бір бөлмеде тұрған күндері еш қысылып-қымтырылмайтын дүниенің рахаты екен ғой» деп ойлады. «Қалай боларын жүре көрерміз» деп, ертеңгі күнді ойына алмады. Сөйтті де Серкенің үйреншікті әзіліне құлақ түріп, көңілдене бастады.
Смағұлдың туған жері – Жарқын 150-ге тарта үйі бар үлкен ауыл екен. Ол Орынбордан Қызылжар барып, одан Көкшетауға соғып, қайтар жолда Жарқын ауылында бір-екі күн бөгелді. Бұлар келгенде Қадиша деген қыз осы ауылға келін боп түсіп, той жасалып, ойын-сауық өтіп жатты. Тойға соң маңдағы жеті ауылдың үлкен-кішісі жиналыпты. Тойдың асын жасайын деп жатқанда бір жігіт үйге ентігіп кіріп, «Смағұл келді, осы жаңа ғана келді» деді. «Үкімет жұмысымен жүрген көрінеді. Әке-шешесінің амандығын білуге әдейілеп осы ауылға келіпті» деді. Сол «Смағұл келді» деген хабар жетісімен көпшілік, әсіресе, үлкендер жағы «Астарыңды бөгей тұрыңдар. Алыста үлкен қызметте жүрген ел баласын осында шақырып әкеліңдер» деп бір жігітті жегулі атпен тездете жіберді.
Көп кешікпей Смағұл да келіп қалды. Келген бойда жағалай үлкен-кішіге сәлем берді. Жанында бір өзі құралыптас бір жас жігіт бар. Смағұлдың киіміне еріксіз көз тоқтайды. Үстіндегі – су жаңа қала үлгісіндегі орысша киім. Жанындағы серігінің киімі – көнетоз, қазақы екен. Үстінде өңі кетіңкіреген қысқы пальто, басында ескілеу түлкі тымақ, аяғында қазақы саптама етік. Пальтоның ішінде – костюм.
Смағұлды «алыстан өз ауылына келді ғой» деп, ақсақалдар өз арасына алғанда ол серігін жанынан қалдырмай бірге алып отырды. Смағұлдың бірге өскен замандас достары қалжыңдап, қолға алып күлісті.
– «Қазақстанның астанасында тәуір қызметте» деп естуші едік. Сол жалпақ Қазақстаннан өзіңе теңдес бір жолдас табылмады ма?» – деп, жанындағы серігін қомсынып, сөз тигізді.
Смағұл ауызы ауыр жігіт қой. Құр жымиып күлді де қойды.
Ет жеп, шай ішіп болған соң Смағұл есік жақтан елдің бір жігітінің атын атап шақырды да құлағына сыбырлады. Ол жігіт шығып кетті де көп бөгелмей кенеп қапқа ораған домбыраны алып келді. Смағұл домбыраны шеше бастағанда замандас достары оны тағы да қолға ала бастады.
– Сен бұрын елде жүргенде бір ауыз өлең білмеуші едің, домбыраны қолыңа алмаушы едің. Шетте жүріп домбыра тартып, ән айтуды үйренгенсің-ау тегі, – деп тағы да қағытты.
Смағұл ештеңе айтпастан жымиып күліп, домбыраны жанындағы серігіне ұсынды. Аузына ие бола алмаған кейбір достары:
– Өй, отырған түрі мынау. Ол қайбір жарытып өлең айтар дейсің. Әзер болса бір-екі өлең білетін шығар, – деп, кекесінмен күңкілдесті.
Осы сөзге ерегісті ме екен, әлгі жігіт домбыраны қолға алып, екілене тартты да саңқылдап айғайға басты. Манағы орта денелі, ойнақы көзді, қараторы жігіт енді ұшайын деп қанатын қомдаған қыран бүркітше аруақтанып, өсіп кетті де өлеңді құйындатты-ай келіп. Құдай сақтасын, аузынан шыққан өлең таудан сарқыраған судай құйылып жатты. Өлеңді бастап, ең әуелі осындағы үлкен-кішіге сәлем берді. Өлеңмен ауылдағы тойға қайырлы болсын айтты. Жаңағы әзірде өзін менсінбей қалжыңдаған жігіттер енді ұялып, қызарып, қысылайын деді. Бір уақытта осындағы жиналған топқа Смағұлмен қайда кездескенін, оның қолқалап болмай, өз еліне жаңа үкімет жөнінде айтатын үгітші есебінде алып келгенін түгел баяндап берді. Өзіне сөз тигізіп, кемсіткен жігіттердің сыбағасын ойсыратып беріп, жер-жебіріне жетті.
– «Қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақадай тұт. Жасы кіші болса да ақылы асса атаңдай тұт» деп алды да «түрім нашар, киімім жұпыны болса да өнерімді бағалап, Смағұл мені өзіне серік қылып алған жоқ па» деп, уа, шіркін өлеңді түйдектетті-ай келіп. Ара-арасында ұшып түрегеліп, секіріп, қарғып, билеп кетіп, домбыраны желкесіне салып та, екі аяғының арасынан өткізіп те, арқасына алып та безілдеткенде домбыраның үні бір өзгеріліп, бұзылмады. Өзінің дауысымен жарасымды үйлесіп тұрды.
– Уай дегенің. Сені тапқан анаңнан айналайын. Көп рахмет, – деп, алғыстарын жаудырып, шуласып көпшілік бір жасап қалды. Бұнымен қоймай:
– «Біздің Смағұл оны тегін жолдас қылып жүр» дейсіңдер ме. Осындай асқан өнері болған соң ғой. Бұл жігітті қай топқа апарса да мақтауға тұрады екен, – десті.
Сонымен, бір-екі сағаттай өлең айтқаннан кейін жастар қолқалап, ауылдың еркек-әйелдері жиналған, той болып жатқан үйге Смағұл екеуін алып кетті. Онда барған соң да Иса едәуір сайрады. Қыз-жігіттердің аузының суын ағызды.
Содан кейін манағы үйдегі үлкендер әдейі кісі жіберіп әлгі екеуін шақыртты.
– Біз қазір тараймыз. Жастар түнімен той тойлап, дуылдасар, көңілдерін көтерер. Ақын жігіт бізге тағы да біраз қызмет етсін. Батамызды берейік, – десті.
Шақырған соң Смағұл Исаны, тағы біраз жастарды ертіп үлкендер отырған үйге келді. Үлкендер:
– Уай, қарағым, атың кім? Қай елденсің? – деп сұрап алып, тілек қылды.
– Кәне, бізге бірер қисса айтшы, – деді.
– Уай, көпшілік. Мен қисса жаттаған жоқпын. Бірақ бір ақсақалдан естіген ертегілерім бар еді, – деп, Иса бір ертегіні түрлендіріп, қисса етіп айтып берді. Көпшілік өте риза болып, тұс-тұстан шуласып, жарыса алғыстарын айтып, баталарын берді.
Манағы әзірде бұларды той боп жатқан үйге шақырып әкеткенде мұнда қалған үлкендер өзара ақылдасыпты.
– Мына жігіт шынымен ақын екен. Елден былай шыққан соң «Смағұлға серік болып, еріп, еліне барып едім, ағайындары құр сылдыр сөз, құрғақ алғыспен бос қайтарды» дейді ғой. Киімі көнетоз көрінеді. «Көп түкірсе – көл» деп, біраз қаражат беріп жіберейік. Бұл Смағұлға да мерей емес пе. Бір сыдырғы тәуір киім сатып алсын, – деп, біраз ақша жинап қойған екен.
Смағұл мен Иса үлкендер отырған үйге қайтадан келгенде бір ақсақалды адам сөз алды.
– Қарағым, өнеріңе, өзіңе де риза болдық. Бақытың әрдайым үстем болсын. «Орамал тонға жарамаса да жолға жарайды» деген. Келген жолыңа істеген сыйымыз болсын» деп жиналған қомақты ақшаны Исаға ұсынды.
Сонда Иса азарда-безер боп, қызарақтап:
– Ақсақал, мен сіздерге айтқан өлеңімді, істеген қызметімді бұлдап, ақшаға сатпаймын. Сөз сатып күнімді көрейін деп жүргенім жоқ. Тек мына келген жаңа үкіметті жариялап, бұл – кедей мен қара шаруаның үкіметі екенін жұртқа айтып жеткізу үшін Смағұлға еріп жүрген үгітшімін, – деп, берген ақшаны алмады.
Содан кейін көпшілік жинап берген ақшаны Смағұл өз қолына алды.
– Орынборға барған соң керек-жарағын, киімін өзім әперемін, – деді.

– 8 –

Смағұл Сәдуақасовқа серік боп Қызылжар, Көкшетаудың біраз жерін аралап, кейін Орынборға оралғанда Иса біраз нәрсені көңіліне тоқып, іштей марқайып қайтты. Алдымен, Смағұлдай ел таныған ірі қайраткердің бұны көп ішінен таңдап, өзіне серік еткені, қолбала етіп жұмсамай, өзімен тең ұстап, топтың ортасында көтермелеп отырғаны өзіне деген құрметі екенін білді. Смағұл осы сапарда өзін жоғары санап, бұны кемсіткен жоқ. Қайда барса да жанынан қалдырмай, тең ұстады. Сонда Иса «ел билігіне өресі биік, мінезі кең, кемел азаматтар келген екен» деп ойлады да «осылар барда ел бүліне қоймас» деп іштей шүкіршілік етеді. Смағұлдың тұрған бойы ақыл, сыпайы, сарбаз. Қарадай сүйсінесің. Ойлайтыны – елдің қамы. Осы жолда ештеңеден тартынбай, ешнәрседен аянбай, бойындағы бар қабілет-күшін жұмсауға әзір. Смағұлдай басшылар билікте көп болса қазақ елі тез дамып, адамдары тез жетіліп кетер еді.
Орынборда институт директоры Мурзинмен жолығып, сөйлескенде Иса Смағұл жайында іштегі сырымен бөлісті.
Осындай ой оның басына келмегені ме әлде бұлай ойлауға өресі жетпегені ме, Мурзин Исаның әңгімесін ақылға салып, саралап тұрды да көп бас қатырмай:
– «Жақсыға ерсең көп нәрсеге көзің ашылады» деуші еді баяғыда әкей марқұм, – деді.
– Үлкендер біліп айтқан ғой. Бірақ біз солардың айтқандарын есте сақтай білмейміз. Сондықтан бір ақылымыз кем боп жүреді, – деп, өз кемшілігін мойнына алғандай болды.
Жақында ғана Смағұлмен кездесіп, Қызылжар мен Көкшетауға қалай барып қайтқанын сұрапты.
– Сонда Смағұл сен жөнінде жақсы сөздер айтып, «жол серікке таптырмайтын жігіт екен» деп мақтады. Мақтағанды кім жек көрсін. «Смағұл сонда не айтты екен» деп, Иса білуге ынтығып, Мурзинге жақындай түсіп, әңгіменің жалғасын күтті. Мурзин қабағын жазып, Исаның не тілейтінін түрінен аңғарып ойланып тұрды. Өзінің институт директоры екенін ұмытпай, өзінің студенті алдында бойын тарта сөйледі.
– Смағұл адам таниды екен, бағалай да біледі. Сен жөнінде «Иса суырып салма шын ақын екен» деді. Содан кейін Смағұлдың не дегенін сен, Иса, есіңде сақта. Бұл сөзді сен бұрын естімеген боларсың. Смағұлдың сондағы айтқаны сен үшін үлкен баға!
Мурзин енді өз сөзін бұлдағандай бөгеліп барып, зарықтырып, әрең дегенде Смағұлдың сөзін естіген қалпында бұрмаламай жеткізді.
– Смағұл айтады, «Исаның едәуір артистігі де бар» – дейді. – Өлең айтқанда құр құрастыруға тырыспайды. Айту тәртібінің өзін бір түрлі өлеңнің мазмұнына қарай өзгертіп отырады. Бірде ақырын, бірде айқайлап кетуі, біресе күліп, біресе ашуланып, көтеріліп кетуінің бәрі Исаның артистігіне жатады, – дейді.
Ауа жетпегендей демін жиілете алып, Иса кәдімгідей қысылды. Артистігі бар деген сөзді бұрын ешкімнен естімеген еді. Расында, солай ма?! Оны кім біліпті. Осы сапарда жұрттан естігені – «Смағұл ерекше жаратылған жан ғой. Ақылы да толық. Кескіні де келісті. «Ендеше, сондай адам біліп айтса керек.
Иса осындай тоқтамға тіреліп, ақындығымен қоса өнерінің жаңа бір қыры – артистігі барын мойындамасқа болмайды деп ойлады. Жасанды қылық емес, бойына дарыған қабілет шығар, кім білсін!
Ұзын бойлы, аққұба өңді, кескіні адам қарап тұрарлықтай көркем сипатты Мурзин ешкімнің бет жүзіне қарамай өз ойын еркін айтады. Көзіндегі пенснені көбіне сәнге киетін секілді. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Елдес Омаров, Телжан Шонанов сияқты қазақтың сол кездегі білімді, көрнекті, ұлтжанды азаматтарын топтастырып, өзі басқаратын қазақтың халық-ағарту институтында солар сабақ берді, лекция оқыды. Солардың кейбірі пәндер бойынша оқулықтар жазды. 1922 жылы Орынборда Мағжанның «Педагогика» оқулығы басылып шықты. Қазақ зиялыларының басын қосқан, ерекше орта қалыптастырған осындай институтта оқудың өзі мақтаныш дегенді Мурзин оқушыларының санасына сіңіріп-ақ келеді. Жақсы көрген адамын көтермелей айтады. Смағұл Сәдуақасовты көп адамнан жоғары қойып, елге шыққанда Исаны өзіне серік еткенін «білгендігі» деп бағалады. Жастайынан билікке араласып, бар ғұмырын Қазақ автономиялық республикасының қалыптасуы мен нығаюына жұмсаған Смағұл жөнінде Мурзиннің айтары көп екен. Қайраткерлік тұсауы ерте кесіліп, қым-қиғаш, аласапыран шақта тығырықтан өзін ғана емес, топты алып шығудың жолдарын іздестірді. Ол көздеген мақсатын, арман-мұратын кеңес қызметінде жүріп-ақ орындауға болатынын ерте бағамдады. Қоғамдық істің бәріне белсене араласты. Жауапты қызметтер атқара жүріп қаламгерлік, шығармашылық мектептен де өтті. Сәкеннің, Мағжанның белсене қатысуымен 1914 жылы Омбыда мәдени-ағартушылық сипатта «Бірлік» ұйымы құпылғанда екі жылдан кейін Смағұл осы ұйымға кірді. «Бірліктің» «Балапан» атты қолжазба журналы шығып тұрды. Журналдың редакторы Мағжан болатын. Ұйымдастырған да – Мағжан еді. Осы «Балапан» қолжазба журналында Смағұл қаламын ұштады. Кейін «Сәрсенбек» деген аяқталмаған роман, «Салмақбай», «Сағындық», «Күміс қоңырау», «Күлпәш» атты хикаяттар, көркем әңгімелер жазды. Сын жанрының қалыптасуына өзіндік үлес қосып, әдеби айтыстарға қатысты. Сондай-ақ Смағұл – қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі. Ұлттық театр танудағы алғашқы еңбектердің авторы болып саналады.
Егер Мурзинге салса Смағұлға тек келер адам жоқ тәрізді.
– Сен біліп қой, – деді Мурзин бір сырдың шетін шығарып, – Смағұл деген азамат – Алаш қозғалысының және Алаш партиясының басшысы, Алаш орда үкіметінің төрағасы болған, ұлттың көсемі саналған Әлихан Бөкейхановтың күйеу баласы. Қызының қазақша аты Зейнеп екен. Әлекең осы қызын еркелетіп, Лизажан дейді. Содан өсе келе кеңестік төлқұжат алғанда Зейнеп Елизавета боп жазылыпты. Осы биылғы 1923 жылы Елизавета Смағұлмен некелесіп, отбасын құрады. Екеуінің үйлену тойында ақын Мағжан Жұмабаев екі жасқа арнап өлең оқыпты.
«Осының бәрін қайдан білесің?» дегендей Иса Мурзинге телміре қарап, әлі де сөйлеткісі, қызғылықты әңгімесін тыңдағысы келеді. Бірақ тығыз шаруасы қысып, бұдан әрі әңгімеге бармай, «сұрасаң да ештеңе айтпаймын» дегенге бекіп, тез көтеріліп, содан қайырылмады.
Осы институтта оқитын семейлік жігіт жақында Семейге барып қайтып, өзіне таныс Исаға бір жайсыз хабар жеткізді. Әуелі Исаны оңаша алып шығып:
– Сен Семейдегі Бике деген қызды танушы ма едің? – деп сұрады.
Дауысы қатқыл естілді. Бірдеңе айтқысы келетіні, қиналып тұрғаны қипақтаған түрінен байқалды. Осыны сезсе де Иса сабырын жоғалтпай:
– Танығанда қандай! – деді желпіне сөйлеп.
Әрі қарай ашылмады. Семейлік жігіт не айтар екен деп, көз айырмай, шыдамсызданып, жапақтап, жаутаң қақты. Бикеге ықыласы барын айтпай-ақ білдіріп тұр. Әлгі арық денелі, қалың қабақты, толықтау денелі жігіт Исаның төзімін тауыспайын деп, бірден төбеден қойғандай етіп:
– Бике жақын күндердің бірінде қайтыс болыпты, – деді.
Бұл хабарды естігенде Иса басы айналып, шайқалақтап барып бойын түзеді. Тынысы тарылып, көзінің алды қарауытып, сенер-сенбесін білмей, дағдарып, есінен айырылып қалды.
Бойын жиып, жігітке жалынышты үнмен тіл қатып:
– Оны саған кім айтты? Рас па әлде өсек пе? – деді.
– Семейдегі Құсекең менің жездем. Үйіне барғанымда Нұржамал апам екеуі сені білетін боп шықты. Жаманшылық хабар тез тарайды емес пе. Нұржамал апам «Бикенің өлімін кездескенде Исаға айт» деп тапсырды. «Өкпесі қабынып, содан төсектен тұра алмай қалыпты» деді.
Осы хабарды жеткізді де жігіт өз жайымен кетті. Жай кетпеді, Исаны азапқа салып, жан дүниесін күйзелтіп кетті. Аспандаған көңілінің қанаты бірден қырқылғандай болды. Алыстағы арманға айналып, оған деген сағынышы жыл өткен сайын еселей түскен, әлі де күдерін үзбей, бір көруге үміттеніп жүрген Бике бұдан енді жоқ, көрген түстей, қуаласаң жеткізбейтін сағымдай боп кете барды. Бикеге ажал жеткенін түсінсе де қимас көңілмен қайғылы күйге түсіп, оңаша отырып қатты күңіренді. Сол бір бейне көз алдынан кетпей қойды. Осы бір жанға құлай берілгенмен оның тартына беретіні қатты қинаушы еді. Кейінгі кезде әрнені сылтауратып, кездесуден, сыр ашудан қашқақтайтыны, Семейде оны жолықтырудың өзі қиынға түсіп, «Бике анда кетті, мұнда кетті» дегенді еститіні бұның жанына батып, қызғанышын қыздыратын болды. Себебін ғана түсінді. Іркілгені, ғашық болса да тартынғаны – сырқаттығы екен ғой. Батылданып, «сені сүйдім» деп айта алмауы – денсаулығының әлсіздігі екен. «Мендеп алған өкпе ауруын сездірмейін» деп өзін Исадан алыс ұстады. Иса да оған өлердей ғашық болды. Көңіл сырын білдірмей дүниеден өтті.
Иса қапаланып, қайғырып, елес қуып, ақырында «Махаббат, не бар екен, сенен күшті» деп, тебіреніп, терең ойға батты. Көңілі жүдеп, кәдімгідей кеміп қалды. Көңіл қосқан ғашығының кездесуден қашқақтауы – бойындағы сырқатын жасырғысы келгені ме екен?! Соны енді ғана біліп жақындаса алмағанына опық жегендей қатты өкінді. Өзіне қаратудың орайлы сәтін келтіре алмағанына өзін кінәлады. Сол бір бейне көңіл түкпірінде мықтап орнығып алған тәрізді. Тұңғиық қара көздерін төңкере қарағанда бұның тұла бойы қалтырап, үздіге бастайтын еді. Екеуінің бірлесіп өмір сүруіне бойдағы сырқат көлденеңдеп, жолдарын кесіп тастапты. Өмірдегі үлкен бір өкінішке айналып, ауық-ауық еске түсіп, жанды қинайды. Бике сағынышқа айналып, зарықтырып өмірден өтті. Енді қайтерсің, жалындаған ыстық сезімді тұншықтырып, өзіне тоқтау салып, тағдырдың жазғанына амалсыз көнеді. Басқа не шара!
Осындай ойларға беріліп, іштей қамығып Иса жападан-жалғыз Жайықтың бойын жағалап, сенделіп ұзақ жүреді.
Көңілдегі мұңды тарқатқан боп, өзіне-өзі күбірлеп, жаңа өлең жолдарын Бикеге арнады.

Ауызын ашса іштегі булыққан шер өлеңге оралатын түрі бар.
Жыр толқыны кеудесін керіп, төгілгелі тұр. Ауыр күрсінді де аузын жапты. Шабытын еріксіз тежеді.
Кешкісін жатақханаға келгенде Серке көзін сығырайтып, бұның бетіне ұзағырақ үңіліп:
– Өңің келіспей тұр ғой. Ауырып жүрсің бе? – деді.
Қапан қалың қабағын ашып әзілге бұрып:
– Иса, сенің ауруың ғашықтық дертің боп жүрмесін. Түріңнен танып тұрмын, – деді.
Иса қиналғансып, қабағын түйіп:
– Болса болар. Ғашықтық деген бір дерт қой, – деп, екеуінің естігілері келетін сөзді айтып, әлгі сұрақтан оңай құтылды.
Екеуіне Бикенің өлімін естіртпей, өзіндік сыр етіп, іште сақтады.
Бөлмедегі үшеудің біреуі – қалжыңсыз сөйлей алмайтын, біреуді күлдірмей отыра алмайтын Серке оқуды тастап, еліне қайтатын болды. Оған себеп – денсаулығы сыр беріп, жақсы күтімді қажет етті. Қапан екеуі – Қостанайдағы бір болыстың адамдары. Орынборда жұптарын жазбай бірге жүретін болған соң Иса өзінше егер Серке еліне қайтса, Қапан да одан қалмай, бірге қайтатын шығар деп ойлаған. Қапан өйтпеді.
– Осы институтты бітірмей елге қайтпаймын. Серке елге «ауырдым» деп барады. Ал мен елге не деп барамын, – деді.
Сонда Серкенің айтқаны:
– Қапан ойға алғанын орындамай қоймайды, – деді.
Исаның да көңілі еліне ауып:
– Мен де көп ұзамай қайтатын шығармын, – дегенде Қапан бұл шешімді жақтырмай, Исаға кейіп сөйледі.
– Саған не жоқ. Еліңе барғанда қарық боламын, кенелемін деп отырмысың. Институтта жүрсең білімің толығады. Оқытушылары қандай білімді. Қазақтың елге танылған оқымысты, зиялылары. Мурзинмен жақсы таныссың. Өзіңді қолдап, көтермелеп жүреді. Смағұл сияқты үкімет адамына серік боп, елді бірге араладың. Осының бәрі тақияңа тар келіп тұр ма?! – деп, Исаны сөгіп, біраз жерге апарып тастады. Серке де Қапанды қостап, Исаның «қайтатын шығармын» дегенін құптамады.
– Жөн сөзге құлақ асқаның өзіңе пайда. Айтқанға көну керек. «Елден Орынборға жетудің өзі оңай емес. «Оқимын» деп жер түбінен құдай айдап келген екенсің, осында қалуың керек. «Оқуды тауыстым» деп ойлайсың ба?! Денсаулығым болса мен оқуды тастайтын ба едім, – деп қамықты.
Екі жақтап қолға алғанмен сөздері өтпеді.
Иса өз дегенінен қайтпай, сөздің шындығын айтты.
– Маған жандарың ашып тұрғанын білемін. Бірақ маған оқу қонбайтын тәрізді. Жұрттың бәрі «Орынборға бар, оқы» деген соң келген едім. Шамамды байқасам, менде білім жетіспейді екен. Өз тобымнан бұл жағынан көп кейін қалыппын. Өкінішті-ақ. Сарылып сабақ оқуға шыдамым жетпейді, – деп мойындады.
Екеуінен бірер жас үлкендігі бар Серке қолды бір-ақ сілтеп, қынжылып:
– Өз пайдаңды білмейтін саған енді не дейін, – деп орнынан тұрып кетті.
Әңгіме осымен тоқтады. Бір бөлмеде біраз уақыт бірге күн кешкен үшеуінің достық одағы осымен ажырап, енді әркім әр жаққа жол тартқалы тұр.
Елге қайтар алдында қоштасуға Мурзиннің кабинетіне барғанда ол Исаның бет алысын байқап, қамқор көңілмен:
– Дайындық курсінен өттің деп есептейік. Ендігі әңгіме, еліңде жатып алмай, күздің басында институтқа қайтадан оқуға кел. Бізден күдеріңді үзбе. Бірінші курсқа қабылдауға күш салып көрермін, – деп үміттендірді.
Мурзиннің бұл сөзін құп алып, келіскендей бас изегенмен ертеңгі күні қалай боларын өзі де белмейді. Оқуға құлшынып тұрмаған соң «пәлен» деудің өзі қиын екен.

– 9 –

Орынбордан туған елі – Қызылағаш болысына жеткенше бірнеше күн поезбен талай станцияны басып өтті. Қазақтың кең даласы, байтақ жері қараған сайын көңілді өсіріп, осынша аймақты иеленіп, сақтап қалған ата-баба құдыретіне еріксіз табындырады. «Біз – солардың ұрпағымыз» деген мақтаныш сезім ерлікті, елдікті жырлауға еріксіз итермелейді. Бұдан былай осындай тақырып менің жырымның арқауы болуға тиіс. Биыл сонау Алтайдан басталған сапар Ертістің бойымен жүріп өткенде Өскемен, Семей, Павлодар өңірінде жалғасып, одан соң Ақ Жайыққа тіреліп, Орынборда тұйықталды. Қанша елмен араласып, талай берекелі дастарқанның дәмін татты. Соның бәрінде туған елі, қазағы мұны «ақын» деп ардақтап, төріне шығарды, төбесіне көтерді.
Ұзақ жолда Иса көп ойланды. «Оның суырып салма ақындығын қуаттап, қабілетін танып, шабытын шалқытуға ерік берген осы ортаға аянбай қызмет етуім керек» деп түйіндеді. «Өйтпесем, менің сонда кім болғаным?! Бекерге аспандамай, көптің бірі екенімді ұмытпағаным жөн» деп, өзіне тоқтау салғандай болды. Кісілік пен кішілікті адамшылық бейнесінің айнымас белгісі етіп, берік ұстанымға айналдыруға бекінді. Ұзақ жолда Иса осылайша көп нәрсені есіне алып, көңіл сарайына тереңірек үңіліп, өзінің болмысына барлау жасады.
Қызылағаш болысындағы өз ауылына келгенде Иса жетпістен асқан әкесі Байзақпен, туған ағасы Мұсамен сырлас, сыйлас жеңгесі Қатирамен қауышып, ағайындарын аралап, үлкендеріне сәлем беріп, сағынышы тарқап, аз күнде-ақ мауқын басты.
Бірде түскі астан кейін Байзақ қысқа шоқша сақалын сипап қойып, тұруға асықпады. Әкесінің қас-қабағын бағып, ашушаң кіді мінезін білгендіктен жақпай қалудан, сөз естуден сақтанып, Иса да орнынан қозғалмады. Әкесінің бұған айтар сөзі бар сияқты. Әке мен бала іштей аңдысып, бірін-бірі бағып, біраз үнсіз отырды.
Қолындағы тәспиғын тартуды қойып, күбірлеп, бір дұғаны қайтарып, басын көтерді де Исаға бұрылып, көзін қадады.
– Балам, – деді қызбаланып сөйлеп, – үйленуің керек. Қатарластарыңның бәрі аяқтанды. Жалғыздық құдайға ғана жарасады. Сыртта жүресің, ұнатқаның бар ма еді? Бар болса кім екенін, қайда екенін айт.
Бірден Бике есіне түсіп, Иса томырылып, үндемеді. Үміті үзілгенін әкесіне қалай айтады. Әлем-тапырық күйге түсіп, қаны басына шапты. Әкесі әлі жазылмаған жараны басып, жанын қинады. Тұрып кеткісі келіп еді, әке көңілін қимады. Әкесі бұны қыспаққа алып, міндеттеп, «үйленуің керек» дейді. Баласының бет құбылысын көз астымен бағып отырған Байзақ ештеңе сезбегенсіп, іштен тынып, қалтасынан мүйіз шақшасын шығарып насыбайын атты. Енді қызбалықты қойып, жай әңгімеге көшіп, асықпай сөйледі.
– Менің пайымдауым бойынша, ғашықтық деген қисса-жырларда болады. Махаббат дертіне шалдыққан жан егер тоқтамаса, ессізденіп, бірдеңеге ұрынады. Сондықтан асау жүректі ауыздықтай білу керек.
Иса шыдамсызданып:
– Әке, сіз маған не айтқалы отырсыз? Тұспалдамай, тура сөзге көшпейсіз бе? – деді.
Байзақ асықпай сөйлеп, өз тұжырымын тарқатты.
– Менің балама лайық біздің маңайда қандай қыз бар деп жан-жағыма көз тоқтатып, қарап жүремін. Қыз көру, құда түсу – ата-баба салты. Өз басым осы салтты дұрыс санаймын. Осы салт сізге не білдірді?! Сондағы таңдауыңызды айтпайсыз ба? – деді Иса дегбірсізденіп.
– Балам, икемге енді ғана келдің. Әке қашанда баласына жамандық ойламайды. «Бағы ашылса екен» дейді.
Осыдан кейін әкелі-балалы екеуі әңгіменің тоқ етеріне көшті. Иса әкесіне ырық беріп, сөзін бөлмей, ақырына дейін тыңдады.
Байзақ бәрін күн ілгері жобалап қойған екен, сөзінен жаңылмай, тиянақты жеткізді.
– Салқынкөлден бері қарай 6 шақырым жердегі Тайсоймас ауылын білетін боларсың. Сол ауылда менің Ақым деген танысым тұрады. Менен екі мүшел жас кіші болса керек, – деп, қазақы дәстүрмен ағайын-туыстарын тарқатып, Ақымның өзіне тоқталды. – Ақым – айтарлықтай байлығы жоқ, орта күнкөрісті шаруа. Мінезі момын, бос сөзге зауқы жоқ, ағайын-жұртына сыйлы көрінеді Сөз кезегі келгенде орынды, нақтылы жауап беретін салмақты адам дейді. Модадан оқыған, аздап сауаты бар. Жұрттың айтуына қарағанда Ақымның ұл-қыздарының бірі – Шәрбану сол Тайсоймас ауылында дүниеге келіпті. Қазір он алтыға толған сол бойжеткен қыздың түріне, жүріс-тұрысына көз салып, «маған келін болуға дайық екен» деп ойладым. Анасы Орындықтан алты жасында қалып, әкесі Ақым бетінен қақпай, еркелетіп өсіріпті. «Осы қыз қандай өзі» деп сұрастырсам, бәрі де мақтайды. Ашық мінезді, өткір тілді, ұғымтал қыз дегенді айтады.
– Егер осы қызбен көңілің жарасып, қосылатын болсаң, мен саған ризамын, – деп, Байзақ көп қыздың ішінен таңдағаны – Шәрбану екенін Исаға мәлім етті.
– Ауылымыздың арасы жақын, отыз-ақ шақырым. Ендігісін өзің білесің, – деп, Байзақ Исаға осылайша жол ашып берді. Қызбен танысып, табысуды бір өзіне тапсырды.
Әкесі «Тайсоймас» ауылын білетін боларсың» дейді. «Тайсоймасты» білгенде қандай» деп айтуға оқталды да мінезі шапшаң әкесімен ілінісіп қалудан сақтанып, үндемеді. Әкесінің ойлайтыны – баласының аяғын тұсап, үйлендіріп, ауылдан, өз жанынан ұзатпау еді.
Әкесінің осы бір әңгімесі Исаның сол қызға деген құмарын оятты. Қызбен танысуға ниет етіп, енді оны көргісі келді. Тайсоймас ауылы – бұған бала жастан таныс, барғысы келіп тұратын, көзге ыстық мекен. Себебі мұнда өзінің анасының бауыры Рахмет тұрады. Рахмет нағашысы әр барған сайын бұған естен кетпес жақсылық жасап, өнерге баулыды. Бір барғанында қарағайдан ойып, домбыра жасап берді. Енді бірде ән салуды үйретіп, екеуі қосылып шырқады. «Жиенім» деп, қасқа құлын сыйлады. Сол құлынды өзі өсіріп, көк қасқа құнан болғанда өзі баптап, үлкен ат жарыста Исаны отырғызып, көк қасқа құнанды бәйгеге қосып, бас жүлдені иеленді. Осы Тайсоймастың тумасы, медресе «Ғалияны» бітіріп, осы ауылда тұңғыш мектеп ашқан Құсайын Күрлеуітов сол мектепте бұған да сабақ берген ұстазы еді. Кейін осы Құсайын мұғалімге тұрмысқа шыққан Батиха деген қыз ауыл шетінде алтыбақан құрғызып, он бір жасар Иса алғаш рет сол алтыбақанды төңіректеп, таң атқанша жүргені бар. Айлы түн, алтыбақан қызығы, қыз-келіншектер мен бозбалалардың топтанып, қосыла шырқаған әндері, сыңғыр күлкі, шолпының сыңғыры, әткеншекте әуелете ән салып, ғашық жүректің ынтық зарын жеткізгенде көңіл шіркін мейлінше толқитыны әлі де ұмытылған жоқ. Бәрі-бәрі күні кешегідей елестеп, ынтықтыра түседі.
Сондай қызықты Айлы түндерде Шәрбануды көрген де болар. Бірақ өзінен сегіз жас кіші Шәрбану деген қызды көрсе де «ойын баласы» деп, көз тоқтатып, қарамаған шығар.
Енді, міне, әкесі сол қызбен танысуға итермелеп, мойнына міндет артты.
Бала жасынан күні бүгінге дейін Рахмет нағашысының үйіне келіп-кетіп жүргенде «Тайсоймас ауылында Шәрбану деген қыз тұрады» деп ойланды ма екен. Енді, міне, «ол өзі қандай қыз?» деп ойланбасқа болмады.
Бұл жолы Шәрбануды көрмекке Тайсоймасқа әдейілеп барды. Рахмет нағашысы мен Сәлима жеңгесіне дастарқан басында Шәрбану жайында айта бастап еді, екеуі де жарыса сөйлеп:
– Жездесміз дұрыс айтқан. Үйленуің керек. Шәрбанудай қызға әркім де қызығады. Бой жетіп қалыпты, – деді.
Екеуі біраз сырдың шетін шығарды. Сәлима белсеніп:
– Өзім-ақ жеңгетай болып, екеуіңнің араларыңда сөз тасып, кездесуге шақырып, бастарыңды қосайын, – деді.
Рахмет нағашысы:
– Шәрбану – ауылдан ұзап шықпаған қыз. Осында Құсайын мұғалімнің мектебінде оқып бітірген. Мінезі ашық, ойын-сауықтың гүлі деседі. Ақым ағай осы қызын еркелетіп, ер бала секілді киіндіріп, ойын-тойға ертіп апарып, аңға шыққанда, ат жарысқа барғанда қасынан бір елі қалдырмайтын, – деп, кейбір қызықты оқиғаларды есіне түсірді.
– Иса, – деді жалынғандай боп, – Шәрбану саған серік болуға лайық. Одан көз жазып қалма. Бұл жалғанда екеу боп, қол ұстасып бірге жүргенге, қуаныш-қиындықты бірге кешкенге не жетсін.
Осылай деді де Рахмет нағашысы Сәлимаға көз қиығын тастап, күлімсіреп, тоқмейілсіп отырды. Өзі әнші, өзі күйші, серілікке бейім нағашысы қандай жар таңдау керектігіне өзін үлгі еткендей емеуірін білдірді. Күйеуінің көз қарасының астарын бірден танып, Сәлима қасы-көзін ойнақшытып, жүзіне қызғылт рең жүгіртіп, құлпыра бастады. Иса жеңгесінің осы бір қалпына сырттай бақылап көрікті екенін білді. Аққұба өңді, қою қара шашты, жіңішке қара қасы иілген, қыр мұрынды. Осы бір шырайлы әйел нағашысына қалайша бұйырды екен? Сәлима Исаның көңіліндегі осы бір сұрақты сұңғыла оймен таныды да ризалықпен езі тартты. Исаның бұған деген ризалығын ақтағысы келгендей Сәлима ендігі жерде Шәрбанумен таныстырудың амалын айтты.
– Сен әзірге бұл ауылдан кетпе. Шәрбану екеуіңнің араларыңа жеңгетай боламын дедім ғой. Шәрбанудың да жақын жеңгесі бар емес пе. Сол екеуіміз оңашада тіл табысып, екеуіңді жақындастырып, танысуға жағдай жасайық. Ақым ағаның кенже інісі Орынбайдың үйінде жақын күндері үлкен той болғалы тұр. Ұлы үйленетін боп, сол тойға ауыл-аймақтың бәрін шақырды. Сен де бізбен бірге барасың, «кетпе» дегенде айтпағым осы еді, – деді.
– Қай заманда да қыз бен жігіттің арасында жеңге жүреді. Сәлима бұл міндетті атқарып шығуға дайын екенін көріп отырсың. Ендеше Иса, осы жеңгеңнің айтқанымен жүрсең Шәрбанудай бойжеткен «кет әрі» демейтін шығар, – деп, Рахмет нағашысы сәттілік тілеп, екеуіне сенім артты.
Орынбайдың тойына, ағасы Ақым бастап, ағайын-туыс, көрші-қолаң көп жиналды. Сәлима жайраңдап, сұңғақ бойлы, талдырмаш, бойжеткен қызды қолтықтап, жастар отырған бөлмеге әкетті. «Шәрбану – осы қыз» дегендей ым қақты да «соңымнан еретін бол» дегендей, қасынан өте бере Исаға көз қысты. Қыздың кескін-келбетін танып алсын дегендей жүрісін баяулатып, Иса жаққа бетін бұрғызды. Шәрбану – бота көз, қыпша бел, екі жарып өрген бұрымы мықына түскен, аққұба өңді, бойшаң екен. Үстінде көкшіл қос етек көйлек, оқалы қызыл манат жеңсіз қамзол, аяғында биік өкшелі былғары қызыл етік.
Көптің көзін өзіне тартатын қаз мойын әдемі қыз еркін қозғалып, бұлаң басып барады. Бота көздерін төңкере қарағанда, Иса жүрегіне шоқ түскендей өзін жайсыз сезінді. Қас-қағым сәтте әлдебір лүпіл бойына тарап, толғантып тастады. Қанша уақыт қол жетпес арман болған Бике бір көргенде-ақ тұла бойын діріл қақтырып, қанын тасытып еді, Бике деген гимназия бітірген, кітапханада қызмет еткен, талай қалың кітаптарды оқып тауысқан, билігі бір өзінде, қаланың еркін жүрген кербез қызы емес пе еді. Бұған ерік бермей, көңілін құпия ұстап, дәмелендірумен дүниеден өтті. Ал, ауылынан ұзап шықпаған, бар болғаны осындағы Құсайын мұғалімнің мектебінде оқыған мына бойжеткен сылаң қыз жалт еткен жанарымен бұны қалайша өзіне қаратты?! Жүрген жерлерінде, талай ойын-тойларда небір қыздарды көріп, жақындасып, сырласқанда қызыққанмен ешбір құмарланбады. Күйіп-жандырған – Бике еді. Қанша тіленсе де, құлай берілсе де Бике бой алдырмады.
Енді, міне, Тайсоймастағы осы бір қызға көңілі ауып, көз тоқтатып, анықтап қарады. Қиылған, қиғаш қасы, мөлдіреген бота көзі, үлбіреген жұқа еріні кескініне жарасымды сән беріп тұр. Еріксіз өзіне баурап, жүректі бұлқынтты.
Иса Сәлиманың соңынан ілесіп жастар жиналған ортаға барды. Сәлима келген бойда біреулерді ығыстырып, төрге таман орын босаттырып Шәрбануды отырғызды. Босаға жақта сілейіп тұрып қалған Исаны қолынан жетектеп, Шәрбанудың жанына жайғастырды да ойына алған шаруасын осылайша тындырып, шегіншектеп, бөлмеден шығып кетті. Иса Шәрбануға тақала түсті.
Қыз-келіншектер, жас жігіттер Исаны жатсынғандай, Шәрбануды қызғанғандай көз астымен бағып, жанындағы көршісімен күбірлесіп, ашыла қоймады. Тартыншақтап, аңдысып, тымырайып, бұлар тойдың қызығын кемітіп алды. Қайтадан дабырлап кірген Сәлима қыз-жігіттерді қыздырайын деген оймен қалжың араластырып қағыта сөйледі.
– Қарақтарым-ау, ойнап-күлмей, той-тойламай кімді күтіп отырсыңдар?! Кәне, жыбыр-сыбырды қойып, серпіліп, көңіл көтерейік. Тойдың сәнін келтірейік, – деп, ортаны теңселтіп, желпінтіп тастады.
Өзі сары атлас көйлегінің етегін жинап, тізесін бүгіп, Шәрбанудың қарсы алдында жалпайып отырып алды да сампылдап сөйлеп жатыр.
– Осы кең бөлмеде кілең жастар бас қосқан екенсіздер. Той ойын-сауығымен, әзіл-қалжыңымен қызық. Бір-бірімізді бақпай, ашылып, таныса, білісе отырайық. Біздің жақтың және құдалар жақтың адамдары деп бөлінбейік. Той – ортақ. Ойын-күлкі бәрімізге бірдей, – деді де таныстыруды өзі бастады.
– Шәрбанудың жанындағы қара тақиялы қара торы жігітті бірің біліп, бірің білмейтін шығарсыңдар. Аты – Иса, менің күйеуімнің жиені, Осы елдің қазағы. Әкесінің ауылы Ертіс өзенінің бойындағы Төретұмсық деген жерде. Иса қайным жақында ғана Орынбордан келді. Сонда институтта оқып жүр. Әр келген сайын біздің ауылымызға соқпай кетпейді, – деді де көзін Шәрбануға қадап, сөзінің әсерін сезгісі келді.
Шәрбанудың қымсына күліп, қызара түскенін байқап, Сәлима дауысына екпін беріп:
– Менің Иса қайынымның тәп-тәуір ақындығы бар. Айтысқа да қатысқан, – деді.
Құдалар жақтан келген күлегештеу, ойнақы мінезді, бұжыр кескінді, тапалтақ біреу:
– Иса ақын болса осындайда сайрамай ма, – деп, мысқылдап шамына тиді.
Сәлима есік жақтағы тақыр бас, жирен кескінді жігіттің атын атап:
– Бар да домбыраны әкел, – деп бұйырды.
Қайындарының бірі болса керек, әлгі жігіт лып етіп шығып кетіп, лезде домбырамен оралып, Сәлиманың қолына ұстатты.
Домбыраны көргенде Иса жұлқына қозғалып, орнынан тұрып Сәлимаға қолын созды.
Сәлима да заматта сөз тауып:
– Ауылдың алты ауызы бізден болсын, – деп, домбыраны Исаға ұстатты да, – өнеріңді көрсет, қандай ақын екеніңді құдалар да білсін, – деп, күлегештеу, ұсқынсыз жігітке көз тігіп, жымиып, езу тартты.
Қолына домбыра тиісімен Иса арқасы қозып, өлеңді төгіп-төгіп тастады. Домбыраны үсті-үстіне төпелей шертіп, өлеңінің екпінімен ырғалып, теңселіп, бірде шалқақтап, бір орында отыра алмай алға жылжып кетіп, қайта оралып, бүкіл денесін селкілдете қозғады. Бет-ауызын, қасы-көзін қимылдатып, домбыраны бебеулетті.
Қараша домбыраның еркесіне,
Исаның шығып алды желкесіне.
Домбыра – екі шекті, тоғыз перне
Арқаның кез болдың ғой серкесіне –
деп өлеңді шарықтатып, түйдек-түйдегімен төгілтіп, екпінін үдетті.
Отырғандар Исадан мұұндай өнерді күтпесе керек, үн шығармай тым-тырыс тына қалды. Шәрбанудың құлағындағы артын сырғасы діріл қақты. Таң-тамаша боп, көздері мөлдіреп, Исаға қарап қалыпты. Қыбыр ете алмай, қызыға тыңдап отыр. Иса оқыстан басын бұрып, жаңа көргендей бұған сүзіле ұзағырақ қарағанда қыздың беті ду ете түсті. Жүрегі лүпілдеп, өзгеше тыныс алып, деміккендей болды. Өзінен өзі құйылып тұрған өлең шумақтары бір өзіне арналғандай көңілі толқып, соншалық қуанышты сезімге бой алдырып, балқығандай, рахаттанып, қызуы көтерілгендей болды. Көз алдында Иса ешкімге ұқсамайтын ерекше жанға айналып, ынтықтырып, сүйсінтіп отыр. Бәрінің делебесін қоздырып, ырғалтып-шайқалтып, жанына жай таптырмай, қыздырма күйге түсіріп, дүр сілкінтіп, желдірменің әуенімен желпінтіп отыр. Бәрінің сондағы ойлағаны – бала жастан осы Тайсоймас ауылындағы нағашысының үйіне келіп-кетіп жүретін Исаның осындай өнері барын кім біліпті. Бүгін алдарында бұрын көрмеген, естімеген секілді суырып салма, төкпе ақын отыр. Иса қалай өзгеріп, қалайша танымастай боп, түрленіп кеткен. Кешегі өздері осы ауылда талай көрген елеусіз бала бүгіндері елді аузына қаратып, шабыттанып, шарықтап, еселеп соққан желдей бір тынбай, ағындатып, жұртты жыр тасқынының қамауында қалдырып, ұйытып, қозғалтпай қойды. Той қызығын сипаттап, сондағы көргендерін айтып-айтып келіп, өзін әрең тоқтатты. Домбыраны қайтадан Шәрбануға тақау отырған Сәлима жеңгесіне берді. Сәлима жіңіщке қара қасын керіп, қою қара шашын сілкіп тастап, Исаға таңдана қарап қалыпты. Домбыра қолына тигенде кімге берерін білмей, жан-жағына алақтады да кенет алға ұмтылып Шәрбануға ұстатты. Шәрбану сасқан да, тартынған да жоқ, домбыраны тыңқылдата шертіп, ән бастады. Дауысы нәзік, қоңыраудай сылдыраған, созылмалы, әуезді екен. Көзін Исаға ұзағырақ қадап, кең тыныспен әуелетіп ән шырқады. Аққұба өңі қызара түсіп, балбұл жанады.
Бастапқыда бұйығылау көрінген Шәрбану ән айтқанда ажарланып, жүзінен нұр төгіліп, еріксіз өзіне қаратты. Жүрек толқынын жырға бөлеп, әнмен жеткізген Шәрбанудың кескініне қараған сайын Исаның көңіл түпкірінде оған деген іңкәр сезім ояна бастады. Қимылын, бет-жүзін бағып, баяу ырғақпен шырқаған әніне беріліп, төмен қарап, мүлгіп тыңдады. Тағы да көз алдына Бике елестеп, көңілін қобалжытты. Қайта айналып келмесін білсе де Бикені әлі де ұмытқан жоқ. Ұмыттыратын да, сағындыратын да осы Шәрбану болса ше?! Көңілінде жаңадан туған осы бір тілек денесін дір еткізіп, басын көтеріп жаңа көргендей тағы да Шәрбануға қарады. Бұның қазіргі көңіл құбылысынан Шәрбанудың ойы алыс жатқан секілді.
Бұған Шәрбанудың ашықтығы, әдемі күлкісі ұнады. Осы ауылдың ерке қызы өзін еркін ұстайды екен. Жарасымды қылығымен, орынды әзіл-қалжыңымен өзіне тарта түседі. Ойын-қызықтың сәні есепті, отырыста ешкімнен именбейді. Жалындаған көз жанары жүрекке шоқ тастағандай күйдіріп-жандырып, сөз айтуға келгенде тілді күрмейді. Иса ауылдағы қыздың мұншалықты әсері боларын түсіне алмай, іштен таңырқап, оған жіпсіз байланғанын сезді. Ауыл жігіттері сезікшіл, ізді аңдығыш, қызғаншақ келетінін білгендіктен Шәрбануға деген көңіл сырын жасыруға тырысты.
Бұл айлы түнде сауық құрған қыз-жігіттер ұзақ отырды. Кезектесіп, ән салып, қалжың сөздің түбін түсіріп, айтысып-тартысып, әзілдерін жарастырды. Арасында «орамал тастау», мыршым» секілді ойындар ойналды. Кімнің кімге көз салып, ұнатып жүргені байқалмай қалмады.
Исаның Шәрбануға көңілі ауғанын, әлгінде ғана оған жыр арнағанын, сезімтал қыз оған көңіл сырын әнмен жеткізгенін осындағы қыз-жігіттер көріп те, біліп те отыр. Біреулер Шәрбануды қызғанып, Исаны көзімен атып, тиісудің ретін таппай, қопаңдап, есерсоқтанып, желіккен болады. Исаның ақындығы ондайлардың мысын басып, төмендетіп тастады. Сәлима болса, қайнысының Шәрбанумен бетпе-бет танысқанына қуанды.
Сұңғыла жеңге екеуінің арасы жақындай түсіп, қас-қабақтың қимылымен іштей ұғынысқанын байқаған еді. Бұл отырыста Исаға тең келетін ешкім жоқ тәрізді. Шәрбануға «мен – сендікпін» деген емеуірінді өлеңге қосып, толқытып, буынды босатып, денені шымырлататындай әсем теңеулермен әспеттеді. Ажарын сипаттап, «көріктісің» дегенде Шәрбану қызарақтап, демін жиілете алып, ұялғаннан көзін тайдырып, тершіген маңдайын қол орамалымен сүртіп, енді Исаға бір қырындап отырды. Сәлима Исаның Шәрбануды өзіне қарата бастағанын жеңгеліктің жоралғысына балап, «тілегімді берді» деп, іштей сүйінді. «Екеуінің таныстығы қалай болар екен» деп қыпылдап, жігіттердің біреуі ілгішектеп, «жұғымсыз қылық көрсетіп жүрмесін» деп сезіктеніп еді. Бәрі сәтімен, тойдағы жарасыммен боп, бұның да көңілін өсіріп, көппен бірге қызықтауға бейімдеді. Қыздың ауылында Исаның қазықты айнымастай берік қаққанына көзі жетті.

(Жалғасы келесі санда)

Пікір қалдыру