Айдарбек Байділдә. Ерте үзілген бәйшешек


Жұмыс бабымен қалада жүрген полиция аға лейтенанты Ерзат Жасынұлы өз бақылауындағы лицей-интернаттың бір оқушысы асылып өліпті деген суық хабарды ести сала, асығыс кері оралды. Келген бетте алдымен аудандық ішкі істер бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы, полковник Санжар Асылбекұлына кіріп, ақыл-кеңес, нұсқаулар алып, асығыс лицей-интернатқа қарай тартқан.
Ерзат асыға-алқына кіріп келгенде, мекеме директоры Зеркүл Әсено­ва лицей ұжымымен төтенше жиналыс өткізіп жатыр екен. Келгенін жақтырмады ма әлде жиналысқа кедергі келтіргеніне ренжіді ме, Ерзатқа зілдене тіл қатты:
– Кешіріңіз, егер шұғыл шаруаңыз болмаса, күте тұрыңыз. Мен лицей ұжымымен өте маңызды жиналыс өткізіп жатырмын..
– Сіз де кешіріңіз. Осы мекеменің тәртіп инспекторы ретінде бұл жиналысқа мен де қатысуға тиіспін деп ойлаймын. – Ерзаттың сөзі де салмақты әрі нық шықты.
– Әрине, әрине.. әйтсе де.. бұл мәселені алдымен өз арамызда талқылап, сосын.. сосын..
– Директор ханым, мен де осы мектептің бір қызметкері емеспін бе? Әлде, мен білмеуге тиіс те бірдеңелер бар ма?
Мекеме басшысы дызылдап кетті:
– Жоқ. Әрине, жоқ. Неге олай дейсіз?
– Олай болса, «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген ғой. Кәсіби маман ретінде менің де бір көмегім тиіп қалар. Қатысуға ұлықсат етіңіз.
– Ұлықсат, ұлықсат, әрине, ұлықсат. Отырыңыз. – Мекеме басшысы тершіген маңдайын сүртіп, жиналысты әрі қарай жалғастырды. – Сонымен бүгінгі төтенше өтіп жатқан жиналыстың себебін өздеріңіз де білесіздер деп ойлаймын. Мектебімізде кеше түнде орын алған қайғылы оқиға бәрімізді есеңгіретіп кетті. Әрине, суық хабарды ести сала жетіп, оқиға орын алған жерді әбден тексеріп кеткен жедел тергеу тобы өз ой-пікір, топшылауларын айта жатар алайда, біз де кез келген сұраққа жауап беруге дайын болуымыз керек. Сондықтан, осыған байланысты өз көрген-білгенімізді, ой-пікірлерімізді жасырмай ортаға салып, өз арамызда да бір талқылап алғанды жөн көріп отырмын. Лицей оқушысы Сезім Өсерқызының көз алдымызда, мекеме дәлізінде асылып қалуы.. өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар.. қысқасы енді бәріміз де тік тұрып жауап беруімізге тура келеді. Дегенмен, сәл де болса көңілге медеуі, Сезім өзінің өліміне ешкімді кінәламайтынын айтып хат жазып кетіпті. Хаттың Сезімнің қолымен жазылғанын сыныптас достары да бірауыздан растап отыр. Жедел тергеу тобы келмей тұрып, суретке түсіріп алып едім, сіздерге сол хатты оқып берейін. – Мекеме басшысы телефонына қарап Сезімнің хатын оқи жөнелді: «Мен осы уақытқа дейін жұпыны күй кешсем де, қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, білім-өнерде биіктерден көрініп, қатарымнан қалмауға бар күшімді салдым. Өйткені, алдыма қойған арман-мақсатым өте үлкен еді. Бүгін сол арман-мақсатым бір сәтте тас-талқан болды. Енді мен үшін бұл өмірдің ешбір мәні қалған жоқ. Бұл әрекетімнің мұсылмандыққа жат екенін де, бұдан әлдене өзгеріп, жақсарып кетпейтінін де білемін, бірақ, менде осыдан басқа жол қалған жоқ. Бұл әрекетке ешкімнің күштеуінсіз саналы түрде барып отырмын. Сондықтан өліміме ешкімді де, ешнәрсені де кінәламаймын. Сезім»
Жиналысқа қатысып отырғандар бір сәтке тым-тырыс бола қалды да, гуілдей жөнелді:
– Саналы түрде бардым депті.
– Өліміме ешкімді кінәламаймын депті..
– Жап– жақсы қыз еді.. Неге бұлай етті екен?
– Әй, қайдам.. Жақсы-жақсы дейсіңдер. Жақсы болса, таза болса, не себепті өз– өзіне қол жұмсады?
– Е-е, кейінгі кезде өз-өзіне қол салу модаға айналып кетті ғой..
– Тынышталыңыздар! Сіздер театрда емес, жиналыста отырсыздар. –Мекеме басшысы бастары түйісіп, еріндері сылпылдай жөнелген әйелдерді тыныштандырып, сөзін жалғады: – Иә, лицейіміздің ең белсенді, ең тәртіпті, оқу үздігі Сезім Өсерқызының жұмбақ өлімі бәрімізді сан түрлі ойға жетелейтіні анық. Әлде қалай біреу-міреу сұрап қалса, сөзіміз бір жерден шығу үшін Сезім Өсерқызы туралы ойымызды ортаға салып, екшеп алғанымыз дұрыс секілді. Ең алдымен, барлық оқушылардың мінез-құлқын, психологиясын жатқа білетін психолог маман Бекен Әскербекұлын тыңдап көрейік.
Залдың алдыңғы қатырында отырған, орта жасты еңсеріп қалған жігіт ағасы орнынан көтеріліп, байыпты үнмен сөйлеп кетті:
– Сезім Өсерқызы мінезі бойынша сангвиникке жататын еді. Мұндай мінезге жататын оқушы жайдары, іскер, көпшіл, елгезек болып келеді. Сыртқы әсерлерге тез бейімделіп, сәтсіздікті оңай жеңе алады. Сезімнің әлеуметтік жағдайына келсек, орташа деуге болады. Әке-шешесі мал бағады. Өзі бесінші сыныптан бері осы лицей-интернатта жатып, оқып келді. Сезім мектептегі кез келген қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын, сонымен қатар өте өнерлі де озат оқушы болатын. Оның бір рет те артық сөйлеп, теріс қылық жасағанын көрген де, естіген де емеспін. Өз ойымды айтар болсам, Сезім секілді мінезі ақ жарқын, өнерлі, белсенді оқушының себепсізден-себепсіз өз-өзіне қол жұмсауы тіптен мүмкін емес.
Әйелдер жағы тағы гуілдей жөнелді:
– Қарашы, шырылдап өз басын қорғап жатыр..
– Дұрыс қой енді.. Егер, бұл қыз шынымен де себепсізден-себепсіз өзіне қол салған болса, бірінші осының басы кетпей ме?
– Ту-у, осы сендердің тілдерің-ай.. Біреуге өлім тілегенше, өздеріңе өмір тілесеңдерші..
– Тынышталыңыздар! Тынышталыңыздар! Тыныштық сақтауларыңызды өтінемін. – Мекеме басшысы сөзін әрі қарай жалғады. – Бекен Әскербекұлы, сонда сіз Сезімнің өз-өзіне қол жұмсауына әлдекім себепкер болған дегенді айтқыңыз келіп тұр ма?
– Сенімді түрде дәл солай дей алмаймын. Алайда, Сезім секілді қыз..
– Жарайды. Бұл пікіріңізді ескеретін боламыз. Отырыңыз. Балкүл апай, сіз не дейсіз? Оқиға болған түні кезекшілік атқарған тәрбиеші ретінде Сезім Өсерқызының өлімі туралы не айтасыз? Сол түні онымен жолыққан немесе сөйлескен бөгде біреулерді байқамадыңыз ба?
Алдыңғы қатардан өте баяу көтерілген егде тәрбиешінің сөзі өте қысқа болды.
– Ия, сол түні кезекшілікте мен болдым. Әдеттегідей, түнгі сағат он жарымда барлық оқушыларды түгендеп, тексеріп шықтым. Бұл түні жатақханаға келген бірде-бір бөгде адамды байқамадым.
Әйелдер жағы тағы да күңкілдесе жөнелді:
– Е-е, бұл да зейнетке шығайын деп отырып, көрдім деп айтады дейсің бе?
– Сен оны айтасың, тағы да бір жыл жұмыс істейді дейді ғой.
– Әй, осы сендер сырттан тон пішкенді қашан қояр екенсіңдер?
– Отырыңыз, Балкүл апай. – Тәрбиеші орнына отырар-отырмаста мекеме басшысы орнынан көтерілді: – Құрметті мекеме ұжымы! Балкүл апай зейнеткерлікке шыққан соң да бір жылға дейін қызметін жалғастыратын болды. Жоғарғы жақ та бұған келісім беріп отыр.
Мекеме басшысының сөзін аяғына дейін әрең тыңдаған әйелдер жағы тағы да араша гуілдей жөнелді:
– Ал, керек болса. Кеше ғана осы кемпірден құтыла алмай жүр еді. Енді кеп..
– Айтпа. Мынадай директордың ойабын тапқан Балкүл апай да оңай болмады..
– Жетер! Сендер алдымен Балкүл апайдай болып алсаңдаршы.
Гуіл сәл басылған кезде Ерзат қол көтерді.
– Рұқсат па екен.
– Сіз.. сіз.. – Ерзат сөйлейді деп күтпеген мекеме басшысы біраз кібіртіктеп барып ұлықсат берді. – Рұқсат. Лицей-интернатымыздың тәртіп инспекторы Ерзат Жасынұлы.
Орнынан көтерілген Ерзат сұрақты тікесінен қойды:
– Зеркүл ханым, Балкүл апай жатақхана жақта жүріп, ешнәрсе байқамауы да мүмкін ғой. Бәлкім, сол түні кезекшілікте болған күзетші бірнәрсе байқаған шығар? Оқушылардың да бірі болмаса, бірі әлденені байқап қалуы мүмкін ғой..
Мекеме басшысы қабағын шыта, сөзді қысқа қайырды:
– Оқушылардың бәрінен сұрап шықтық. Олар күндегідей ол уақытта ұйықтап қалғанын, ештеңе байқамағандарын айтты. Сол түні кезекшілік атқарған күзетші де бөгде ешкімді көрмепті. Түнгі кезекшіліктен шыққандықтан, ол қазір демалып жатыр.
Ерзат тосылып барып үн қатты:
– Ал, бейнекамералар ше? Олар күні-түні жұмыс істейді ғой. Жазбаларын қарап шықсақ, көп нәрсеге көз жеткізер едік.. Сол кезде..
Мекеме басшысы Ерзаттың сөзін бөле тез жауап қатты:
– Иә, бізде талапқа сай бейнекамералар орнатылған. Бірақ, өкінішке орай орталық құрылғы істен шығып, осыдан бір күн бұрын ғана жөндетуге берген едік. Жалпы, сіз сұраған мәселелердің бәрін жедел тергеу тобы да назарға алғанын ескерте кеткім келеді..
Әйелдердің күбір-сыбыры тағы естіліп қалды:
– Мына директор бәрін тілімен жайпап, тіпті ұстататын емес қой..
– Дызылдауына қарағанда, осының өзі де таза емес-ау..
Жиналыс аяқталып, қаулы-қарар қабылданып жатқанда, мекеме басшысының телефоны шырылдай жөнелді. Қоңырау шалушының сөзін елпектей тыңдаған ол телефонын өшіріп, орнынан сөйлей тұрды:
– Мінеки, «тұр-тұрдан» да хабар келді. Мені осы мәселеге байланысты срочно шақырып жатыр.
Керекті құжаттарды алып енді жүре берген оны мекеменің медбикесі Айгүл тоқтатты.
– Апай, ертең жоғары сыныптың барлық қыздары скринингтік тексеруден өтетінін сізге айтып едім ғой. Енді.. Сезім.. Сезім жоқ. Оның атын тізімнен алып тастау үшін, нақты себебі көрсетілген анықтама керек. Әйтпесе, ол туралы түрлі қаңқу сөз шығып кетуі де мүмкін..
– Мұны еске салғаның дұрыс болды. Мен тиісті орындардан керекті анықтаманы алып беремін. – Мекеме басшысы жүре бере есіне әлдене түскендей кері бұрылды.
– Құрметті әріптестер, сіздерге тағы да ескертемін. Бүгінгі арамызда болған сөздердің бірде-бірі сыртқа шығып кетпесін. Әлі ешнәрсе анық емес. Нақты шешімді жоғары жақ қана шығарады. Оған дейін «отыз екі тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылып, Самарқанды су алып» кетіп жүрмесін.
Оның есіктен шыққаны сол, еркіндік алған әйелдер жағы сүйікті кәсіптеріне кірісіп, гуілдей жөнелді:
– Осы бастық қызық. Бізді ашық ауыз бала көре ме? Жақсы нәрсе болса, бір сәрі..
– Соны айтсайшы. Жақсы нәрсе болса, қәзір-ақ бүкіл мектепке жайып жіберер едім ғой..
– Әй, қойыңдаршы.. Сен екеуіңнің өздеріңе де, сөздеріңе де дауа жоқ қой..
Мұғалімдердің соңын ала шыққан Ерзат медбике Айгүлді кабинетіне кіре бергенде әрең қуып жетті.
– Медбике Айгүл, ұлықсат болса, сізбен сөйлесейін деп едім..
Медбике болып таяуда ғана орналасқан жас қызға Ерзаттың бүгінгі өзін– өзі ұстау, сөйлеу мәдениеті қатты ұнаған еді. Содан болар, жұмысы бастан асып жатса да, қалай келісім бергенін білмей қалды:
– Әрине, әрине, келіңіз. Отырыңыз.
– Рахмет! – Орындыққа жайғасқан Ерзат қойын дәптері мен қаламсабын қолына ала берді.
– Сізге маман ретінде бір-екі сұрақ қойсам ба деп едім..
Ерзаттың отырғанын күтіп барып орнына жайғасқан Айгүл тағы да елп ете қалды.
– Әрине, әрине, сұраңыз..
– Скринингтік тексеруден өтуге шақырғанда, Сезім Өсерқызы қарсылық танытқан жоқ па?
– Қарсылық танытқаныңыз не, қайта қорқып, қашқақтаған қыздарды тексеруден өтуге үгіттеді. Тексеруден өткісі келмей қашқақтаған қыздарға өзгелер жаман оймен, күмәнмен қарауы да мүмкін екенін айтып, оларға дем берген болатын.
– Ол неге бұлай айтты? Скринингтіг тексерудің жаман ой мен күмәнға қандай қатысы бар?
– Әрине, қатысы жоқ. Алайда, Сезім скринингтіг тексеру туралы осындай ойда болған секілді..
– Сіз екеуміз маман ретінде пікірлесіп тұрғандықтан, маған жасырмай мынаны айтыңызшы. Сезім Өсерқызының скринингтік тексерудің алдында ғана өз– өзіне қол жұмсауы оның қандай да бір қиын жағдайға ұшырап қалғанын білдірмей ме?
– Сіздің не айтпақ болғаныңызды жақсы түсіндім. Бірақ, екі-үш күн бұрын ғана жарқылдап, қыздарды скринингтік тексеруден өтуге үгіттеп жүрген Сезім секілді ақылды қыз бір жағдайға ұшырап қалғандықтан өз-өзіне қол салды деуге аузым бармайды. Солай болмағанын да тілеймін.
– Мен де соны тілер едім. Сізге үлкен рахмет, Айгүл. Сау болыңыз.
– Қойын дәптеріне біраз нәрселерді түртіп алған Ерзат Айгүлдің қолын ризашылықпен қысып, асыға есіке қарай беттеді.
Ерзатты көзімен шығарып салған Айгүл оң қолының алға созылған күйі қалғанын енді ғана байқап, бірден қызарып сала берді.
Лицей-интернаттағы оқушы қыздың өлімі туралы жаманат хабар көрші орналасқан №7 мектеп– гимназиясына да жетіп үлгерді. Бұл кезде соңғы сабақ аяқталып, таңғы кезектегі оқушылар үйлеріне қайтып, түскі кезектегі оқушылар мектепке келіп, үш қабатты үлкен ғимараттың алды сапырылысып жатқан. Есікке кептелген оқушылардың арасынан әрең шыққан Самал мен Назерке шеткерек барып, іште қалып кеткен Жасминнің келуін күтті. Көп ұзамай асыға басып жеткен Жасмин Самал мен Назеркені құшақтай алып жылап жіберді:
– Қыздар, Сезім.. Сезім қайтыс болыпты.
Мұндай сөзді күтпеген Самал мен Назеркенің үні шықпай қалды. Алдымен ес жиып, тіл қатқан Самал болды:
– Жасмин, сен не айтып тұрсың? Қайтыс болған Сезім Өсерқызы ма?
Жүзін жас жуып, иегі дірілдеген Жасмин әрең тілге келді:
– Ия, сол. Сенің досың – Сезім. Барлығы ұйықтаған кезде дәліздің түпкіріне барып асылып қалыпты.
– Жамин, сен мұны біреудің өз аузынан естідің бе, әлде… – Самал Жасминге күмәндана қарады. – Мүмкін, жаңсақ айтылған әңгіме шығар?..
– Жоқ, жаңсақ емес. Сол жерде істейтін бір таныс апай телефон соқты.
– Апай дейсің бе? Оқушы болса, мақұл, ал, мұғалім мұндай өте маңызды құпияны қалай айтады?
– Ия, Самал, мен де солай ойлап тұрмын. Есі дұрыс мұғалім мұндай жаманат хабарды айтып сүйінші сұрамайтын шығар. – Сөзге Назерке де араласа кетті.
Жасмин сәл үнсіз қалды да, мырс етіп күліп жіберді:
– Сендер не, мұғалімдердің бәрі шетінен, сыр шашпайтын салиқалы, байсалды жандар деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, олардың ішінде де мына біз секілді сөзіне беріктері бар, аузында сөз тұрмайтындары бар.
– Жарайды, сенің айтқаның дұрыс. – Жеңілген сыңай танытқан Самал өзін мазалаған жайды білгенше асықты. – Сонымен, Сезім өз– өзіне не себепті қол жұмсапты?
– Енді.. түнде жатақханаға, бөлмесіне бөтен біреу кірген дей ме.. Бейнекамераларды да бір күн бұрын жөндеуге берген екен..
– А-а, сонда.. шынымен де.. Сезімді біреу..
– Ту, Назерке, сен де қайдағы бірдеңені айтады екенсің. Бірден жаман ойлауға болмайды ғой. – Самал Назеркенің бетін бұруға тырысты: – Мүмкін, әлгі апай қате айтқан шығар. Мүмкін, Жасмин қағыс естіп..
– Самал, мен не естісем, соны айттым. – Жасмин сәл ойланып қалды. – Қыздар, мүмкін Сезім өзінің жұпыны өміріне көңілі толмай, қорланып..
– Жасмин, сен мұнымен не айтпақсың? Жұпыны өмір сүретіндер осылай асылып өле береді деп ойлайсың ба? Сонда мына мен де жұпыны өміріме..
– Қыздар, сендер не айтып кеттіңдер? – Самал Назеркенің сөзін аяқтатпай киіп кетті. – Ешбір мұқтаждық көрмей, күліп-ойнап жүріп те асылып қалып жатқандар көп қой. Атам мұның бәрі адамның иманына байланысты дейді. Кімнің иманы өте әлсіз болса, шайтанның азғыруына еріп, түрлі– түрлі бәлелерге жолығады дейді. Егер..
Енді Самалдың сөзін аяқтатпай Назерке киіп кетті:
– Шайтан-пайтаныңды білмеймін, бірақ осы өз-өзіне қол салып жатқандарды өздеріне ғана көрінетін елес біреулер жетелеп жүреді дейді ғой. Біздің көршіміздің үйінде де осындай кеселге ұшыраған бір аға бар еді. Бір-екі рет асылмақ болғанда, соңынан аңдып жүрген ағайын-бауырлары аман алып қалған. Одан неге бүйтесің деп сұрағанда, ол өзін бір кісі жетелеп кететінін, мойныңа салып ал деп галстук, шарф секілді бірдеңелерді беріп жүретінін айтыпты. Сол аға жақында ақыры асылып өлді.
Соған дейін түрі қашып, ауыр ойда тұрған Жасмин сөзге араласты:
– Қыздар, сендерге айтсам ба, айтпасам ба деп жүр едім.. Мен де түсімде бір атаны жиі көрем. Ол маған Құран оқы, намаз оқы деп ылғи да қамқор болып жүреді. Папам мен мамама айтсам, қорықпа, ол сені желеп-жебеп жүрген ата-бабаңның әруағы ғой дейді.
– Жасмин, сенің көңіліңе келмесін. Бірақ атам айтып отырады. Адам өлген соң, жүрмек түгіл, кірпігін де қимылдата алмайды екен. Сол сияқты шайтан тек Мұхаммед пайғамбардың кейпіне ғана ене алмайды, қалған кез келген адамыңның кейпіне еніп түсіңе кіреді екен. Айлакер шайтан сені өзіне қарату үшін, таныс адамың болып келіп, алғашқы сөзін Құран оқы, намаз оқы деп бастайды дейді. Ал, намаз оқиын десең, саған әлі ерте..
Осы кезде Самалды құлықсыз тыңдап, телефонын шұқылап тұрған Жасмин таңдана дауыстап жіберді:
– Ал, керек болса! Біз бұл жақта кім айтты деп қызыл кеңірдек болып жатсақ, Сезімнің өлімі туралы интернетке де шығып қойыпты.
– Интернетке?! Қалайша? – Самал Жасминнен бетер таң қалды.
– Кәні, кәні, телефоныңды маған бере тұршы. – Назерке Жасминнің қолынан телефонын жұлып алып, желідегі жазбаны оқи жөнелді: – «Тағы да суйцид. Шалғайдағы ауданның бірінде лицей-интернаттың 11 сыныбында оқитын оқушы қыз түн ортасында өз-өзіне қол салып, асылып өлген. Дәл сол түні қыздың бөлмесіне бөгде ер адам кірген деген жорамалдар да айтылып қалуда. Өйткені, сол түні жазылған бейнежазбалардың бәрі өшіріліп тасталған. Бір қызығы, мекеме басшылары өз бастарын қорғап қалу үшін барлық кінәні өлген қызға жауып, өз-өзіне қол салып өлген қылып көрсетуге жанталасып жатқан көрінеді».
– Оңбаған! Өз көзімен көргендей, бөлмесіне бөгде ер адам кірген деп тұрып жазыпты. Не боп не қойғаны әлі толық анықталған да жоқ қой. –Ашуын баса алмаған Самал Назеркеге сұраулы жүзбен қарады. – Мұны жазған қай оңбаған өзі?
– «Шыншыл» деген біреу жазыпты. Мә-ә, пікір білдіргендер де сұмдық көп екен. Бір-екеуін оқиын иә? – Назерке қыздардың жауабын күтпестен әрі қарай оқи жөнелді: – Бірінші пікір. «Шыншыл! Атыңа сай етіп жазыпсың. Егер бұл шындық болса, сұмдық екен. Ал, мекеме басшылары әрине, өз бастарын қорғауға тырысады. Тағы да бір байғұс бейкүнә қыз жұмбақ сырын ішіне бүккен күйі өмірден өтті десеңші». Екінші пікір. «Шыншыл, Алты Алашқа жар салып не көрінді? Сен жазды деп өз-өзіне қол салушылар азайып жатыр ма? Мүмкін жас өспірімдердің осындай әрекетке баруына өзіміз себепші болып жатқан шығармыз? Суицид, суицид деп жабыла жазып, оны әлі есі кіре қоймаған бастауыш сынып оқушыларына дейін түсіндіре бастадық. Ақырында, суицидтің не екенін біліп алған оқушылар мұғалім сәл қатты сөйлесе, өз-өзіме қол салам деп қорқытатын болды. Әке-шешесін де қорқытып, қалағанын алатын болды. Келе-келе олар әке-шешесін қорқытып, түнгі клубқа да баратын шығар».Үшінші пікір. «Бұл суицид деген кесел бұрын да болған. Бірақ ата-бабаларымыз бәлесі тез жұғады деп, атын да атамай оны жас ұрпақтан жасырып келген. Өзін-өзі асып өлтірген ондай адамдардың жаназасын шығармастан, мәйітін де бөлек жерлеген. Ал, қазір ше? Суйцид- суйцид деп жарыса жазып, суйцидтің не екенін білмейтін жас ұрпаққа өзіміз түсіндіріп беріп, оқушылардан диктант алып жатырмыз. Ол ол ма, жемқорлық туралы түсіндіру жұмысын да түйені түгімен жұтатын жемқорлардан емес, оң-солын әлі танып та үлгермеген жүректері де, өздері де кіршіксіз таза оқушылардан бастадық… Шынымен де күлкілі емес пе?»..
Ерзат ұлықсат алып, Санжар Асылбекұлының кабинетіне кіргенде, ол да мұны күтіп отыр екен. Кірген бойда лицейде өткен жиналыс барысы туралы қысқаша баяндап, оқушы қыздың жұмбақ өліміне байланысты өз ой-пікір, болжамдары жазылған қағазды Санжар Асылбекұлына ұсына берді. Санжар Асылбекұлы қағазды қолына алып, тез көз жүгіртіп шыққанмен, біраз үнсіздіктен соң барып тіл қатты:
– А-а?.. Сонда, мектеп басшысының өзі біз білмейтін әлденені жасырып отырғаны ма? Сол түні кезекшілікте болған тәрбиеші туралы да, күзетші туралы да, тіпті бейнекамера құрылғысының жөндеуге берілуі туралы да болжамдарың көкейге қонады. Дәл сол түні бейнекамералардың жұмыс істемеуі, сондай-ақ қыздың ертең скринингтік тексеру өтеді деген түні өз-өзіне қол салуы да күдікті ойға жетелейді. Мәйітке медициналық сараптама жүргізу кезінде осы жағына терең мән берілу керек депсің. Бұл да ойланарлық мәселе. Сенің «бұл менің менің шаруам емес» деп қолыңды бір сілтемей, бұрынғы кәсібіңді жалғастырып, бізге көмектесіп жатқаның мені қатты қуантып отыр. Сен секілді кәсіби мықты маманның осылай жүргені менің кінәм. Кезінде саған қорған бола алмадым..
– Санжар Асылбекұлы, олай демеңіз. Сол кезде тек мен ғана емес, сіз де негізсіз жаланың құрбаны болдыңыз ғой. Менің сізге еш реніш, өкпем жоқ. Сіз қолыңыздан келгенше маған араша түстіңіз. Тек.. сол қылмыстық істі аяғына дейін жеткізе алмағанымыз, бейкүнә қызды ақтап қала алмағанымыз өкінішті..
– Дұрыс айтасың, бұлтартпас айғақпен ұстасақ та, қылмыскерді жазаға тартқыза алмадық.
– Меніңше, Сезім Өсерқызының жұмбақ өлімі де соған қатты ұқсайтын секілді. Бұл жерде де ісімізге кедергі келтіргісі келетін ықпалды адамдар бар сияқты.
Санжар Асылбекұлы жүзі қатулана басын көтеріп алды:
– Жоқ, бұл жолы кейін шегінбейміз. Қандай ықпалды адам шықса да, істі аяғына дейін жеткізетін боламыз. Сен еш уйымдамастан, қыздың өліміне байланысты жұмысыңды жалғастыра бер. Ал, мен сот медициналық сараптамасының қорытындысы не болғанын білейін. – Санжар Асылбекұлы орнынан тұрып, Ерзаттың қолын мейірлене қысты. – Көр де тұр. Біз осы жолы қалай да мақсатымызға жететін боламыз!
№ 7 мектеп-гимназиясының ғимаратын жаңғыртып, сыртқа дейін естіліп жатқан музыка әуені түстен өте тоқталып, іштен топырлап оқушылар да шыға бастады. Топырдың ортасын ала Самал мен Назерке де шығып, сыртқы қақпаға қарай беттеді. Іштен көңілсіз шыққан Назерке өз қалауын айтып қалды:
– Шіркін, телефоным болғанда ғой..
– Телефоның бар емес пе?
– Анандай, смарт телефонды айтамын.
– Болғанда не істейтін едің?
– Жаңағы «Жігіт сұлтаны» сайысын бастан-аяқ видеоға түсіретін едім.
– Сайысты ма, әлде жігіт сұлтаны болған Саматыңды ма?
– Ту-у, сен де бір.. – Қызарақтап қалған Назерке әңгімені басқа жаққа бұрды. – Жасмин неге келмей қалды? Ол келгенде, бәрін телефонына түсіріп алатын еді. Өлмесем жетем, қуанышты хабарым бар деп еді..
Назерке сөзін аяқтап үлгермей жатып алқына жүгіріп Жасмин де жетті.
– Ту-у, қыздар, жүгірем деп өкпем өшті ғой. Неғып тұрсыңдар? Сайыс аяқталып қойды ма?
– Жоқ, Жасмин қашан келеді деп, сені күтіп бастамай отыр. Тез барсайшы. – Әлі өкпесі басылмай тұрған Назерке күңк ете қалды да, шеткері шыға берді.
– Жасмин, Наз ойнап айтады. Қазір ғана аяқталып, шыққанымыз осы. Білесің бе, жігіт сұлтаны кім болғанын? – Самал сұқ саусағымен Назерке жақты нұсқады. – Назеркенің Саматы!
– О-о, Наз, жеңісіңмен, қуанышыңмен құттықтаймын. – Жасмин бұртиған Назеркені құттықтап бетінен сүйді. – Айтпақшы, бүгін менің де қуанышты жаңалығым бар. Қараңдар менің не алғанымды.– Қол сөмкесінен ең соңғы үлгідегі қымбат телефонды жарқыратып ала берді.
– Уау! Мынау.. мынау айфон ғой. Кәні-кәні, көрейінші. – Жаңа ғана тоң теріс болып теріс қарап тұрған Назерке көзі жайнап, телефонға шап беріп, әрі-бері айналдырып көре бастады. – Керемет! Қап! Жаңа болғанда ғой… Баллардың алдында авторитетіміз көтеріліп қалатын еді.
Оның бұл сөзін ұнатпаған Самал кейістік танытты.
– Наз, бірнәрсені айтпашы. Не, айфон ұстамасақ, авторитетіміз түсіп қала ма?
Назерке ештеңені де елер емес. Жасминге қарай емініп барады. – Жасмин, жаңа айфон алыпсың… Ескі… ескі смартфоныңды не қылдың? Лақтырып тастаған жоқсың ба?
– Наз, саған не болды? Күніміз телефонға қарап тұрған жоқ қой.
– Т-у-у, Самал, қоя тұршы. – Қолын бір сілтеген Назерке Жасминге үмітті көзбен қарады.
– Айтшы, Жасмин, оны.. бұрынғы телефоныңды не қылдың?
– Жарайды. Сендер телефон мәселесін шешіп біткенше, мен апайға жолығып келейін. Егер кешіксем, жүре беріңдер.
Самалға бара бер дегендей ишара жасаған Назерке Жасминге тағы қадалды. – Айтшы, Жасмин, оны не қылдың?
– Оны кішкентай ініме бердім. Таласып қоймаушы еді, жаным тыныш тапты.
– Ініме бердім?! Сондай қымбат телефонды есін білмейтін ініңе бере салдың ба? – Сенер-сенбесін білмей сілейіп қалған Назерке әлден соң барып өз– өзіне келіп, бойын жиып алды. Үні де нық шықты. – Жетер, мен де смарт телефон аламын.
– Аламын дейсің бе? Қалай, қашан алмақсың?
– Қалай алам, оны өзім білем. Ал, қашан десең, дәл бүгін аламын. – Назерке бір шешімге келгендей кілт бұрылып, сыртқы қақпаға қарай жүре берді.
– Бүгін аламын дейді?.. – Таңданып тұрып қалған Жасмин сәлден кейін Назеркенің соңынан жүгіре жөнелді. – Наз, тоқта! Мен де сенімен бірге қайтам.
Іштен асыға басып шыққан Самал құрбыларының кетіп қалғанын көріп күліп жіберді.
– Екеуінің тез кетіп қалғанына қарағанда, телефон мәселесі де шешілген-ау деймін. – Сыртқы қақпадан шыға бергені сол, Ерзат жолыға кетті. – Ерзат ағай, асығыс жүрсіз ғой..
– Самал, уақытың болса, сенімен сөйлессем деп едім.
– Менімен? Не жайында? – Самал аң-таң болып тұрып қалды.
– Самал, мен осы жерге жұмысқа келгенде, қарындасымнан бетер қамқорлық танытып, жәрдем беріп едің. Сенің арқаңда жоғары сынып оқушыларымен де тез тіл табысып, достасып кеттім. Енді, тағы да бір көмегің керек болып тұр.
– Айтыңыз, Ерзат ағай. Атам: «Жақсылық жолында жаныңды да аяма» деуші еді.
– Рахмет, Самал, келіскеніңе рахмет. Мына көрші лицей-интернаттағы өз-өзіне қол салған қыз жайында сенімен сөйлесейін деп едім. Әрине, келісер болсаң..
– Сезімді айтасыз ба? – Самал сәл кідіріп қалды. – Иә, Сезімнің жақын досым екені рас бірақ екеуміз екі жақта оқығандықтан көп кездесе бермейтінбіз. Дегенмен, пайдаға асар болса, білгенімді айтуға әзірмін.
– Рахмет, Самал. Олай болса саған біраз сұрақтар қояйын. Сезіммен ең соңғы рет қашан жолықтың?
– Жолыққан жоқпын. Кеше, түстен кейін телефонмен сөйлескем. Демалыс күнін пайдаланып, туу туралы куәлігін алып келу үшін малшы ауылдағы әке-шешесіне кетіп бара жатқанын, сол жақта қонып, таңертең бірден сабаққа келетінін айтқан еді..
Қойын дәптеріне әлденелерді түртіп алған Ерзат сұрағын одан әрі жалғастырды:
– Самал, сен оны досым дедің ғой.. Сезіммен жақын араласқан жігіттер туралы да айтып бере аласың ба?
Мұндай сауал қойылар деп ойламаған Самал ренішін жасыра алмады.
– Ағай, мұны сол лицей-интернатың оқушыларынан, Сезімнің сыныптас қыздарынан неге сұрамадыңыз?
– Самал, оның себебі.. себебі.. – Ерзат сәл кібіртіктеп барып сөзін жалғады: – Білесің бе, ол мектептің басшылары еш себепсіз өз-өзіне қол жұмсады деп Сезімді кінәлі етіп көрсетуге күш салып жатқан секілді. Ал, мен Сезімнің өліміне басқа біреулердің де қатысы бар ма деген ойдамын. Жинаған айғақтарым да бұл ойымды растап отыр.
– Не дейсіз? Сіз де осындай ойдасыз ба? Ол жер жабық мекеме ғой. Бөтен адам қалай кіреді?
– Міне, әңгіме де осында. Басшылары да дәл осыны жасырып қалғысы келетін секілді.
– Түсіндім, ағай. Менің білетінім, қыздардың тілімен айтқанда Сезімнің басқа ауданда тұратын сүйген жігіті бар. Ал, Сезімді өзімен бір мектепте бір сынып жоғары оқыған Аслан деген жігіт те жақсы көретін еді. Ал, Сезім болса, қалай десем екен.. оны тіптен жақтырмайтынын айтқан. Міне, сол Аслан биыл да білдей студент бола тұра, оқушы Сезімді тағы да айналшықтап жүргенін байқадым.
– Студент болса да дейсің бе?
– Иә, ол биыл Астанадағы Халықаралық қатынастар университетіне оқуға түскен. Ал, оның қарындасы Жасмин біздің сыныпта оқиды. Оны өзіңіз де танисыз. – «Мұны айтсам ба екен әлде,айтпасам ба екен» дегендей Самал сәл кідіріп барып сөзін жалғады. – Мүмкін бір пайдаңызға жарап қалар. Жақында ғана Сезімнің мамасы кредитін уақтылы төлей алмай, кепілдікке қойған үйлерінен айрылып қала жаздады. Сезім амал жоқ өтініш жасап, қарыздарын Аслан төлеп, үйлері аман қалды.
– Аслан төледі дейсің бе? Рахмет саған, Самал! – Ерзат жүре бере кілт тоқтады: – Бірақ… Аслан студент бола тұра, сонша ақшаның бәрін қайдан алған?
– Ой, ағай, республикаға танымал алпауыт кәсіпкер нағашысы мен әкесінің ортасында тел өскен ерке ұлға ақша деген де сөз болып па?
– Алпауыт кәсіпкер?! Бұл… бұл сонда белгілі кәсіпкер Әлібек Әмірқұловтың ұлы ма? Сол, екен ғой… Міні, әңгіме қайда жатыр…
– Ағай, бірнәрсе дедіңіз бе? Сөзіңіздің соңын ести алмай қалдым.
– Жоқ-жоқ. Саған көп рахмет, Самал. Сен маған тағы да ауызбен айтып жеткізгісіз үлкен көмек бердің. Мен тез арада біреуге жолығуым керек. – Ерзат Самалға тағы да рахмет айтып, асыға ішкі істер бөліміне қарай тартты.
Ерзаттың айтқанын аяғына дейі асықпай тыңдаған Санжар Асылбекұлы түрі бұзылып, үнсіз отырып қалды да, әлден соң барып тіл қатты: – Егер, сен айтқан Аслан Әлібекұлының қыздың өліміне қатысы бар болып шықса, ісіміз тағы да қиындағалы тұр. Шынымды айтсам, екеумізді есеңгіретіп кеткен бұрынғы оқиға айна-қатесіз тағы қайталана ма деп қорқамын.
– Санжар Асылбекұлы, бәлкім Асланның бұған ешбір қатысы да жоқ шығар?
– Дұрыс айтасың, мүмкін. Бірақ, біз мұны да бір болжам ретінде қарастыруымыз керек. Жолға шыққан Сезім Өсерқызы кездейсоқ Асланға жолығуы да, көлігіне мінуі де әбден мүмкін ғой?
– Дұрыс айтасыз, Санжар Асылбекұлы, оны білуге болады деп ойлаймын. Сезім малшы ауылға баратын болса, орталық көшенің қиылысында көлік күтеді немесе таксилердің тұрағына баратыны анық. Сол секілді оған жолығар болса, Аслан да дәл осы жолмен ғана жүрер еді..
– Сені жақсы түсіндім, Ерзат. Ойда-қырда ары өткен, бері өткен адамдар болсын, көліктер болсын, барлығын орталық көшедегі бейнебақылау камерасы арқылы анықтауға болады дейсің ғой? Керемет ақыл! Олай болса, жүр, екеулеп кешегі күнгі бейне жазбаны қарап шығайық.
Өткен күннің бейне жазбаларын қалт жібермей қарап отырған Санжар Асылбекұлы мен Ерзат өздеріне керекті ақпаратқа осынша тез қол жеткізерміз деп ойламап еді. Көп өтпей экран бетінде Сезімнің бейнесі пайда болды. Біраз уақыт жол бойында тұрып көлік күткен ол таксилер тұрағына қарай жүре бергенде, Асланның көлігі өтіп барып тоқтай қалды. Жанына келіп елпек қаққан Асланға әдепкіде «жүре бер» дегендей ишара танытқан Сезім сәлден соң бір байламға келгендей, нық басып барып қымбат қара көліктің оң жақ артқы есігін аша берді. Бұл көрініс Санжар Асылбекұлын қуанта қоймаған секілді. Қабағы түйіле, сәл ойланып барып тіл қатты:
– Иә, Сезім Өсерқызының Асланның көлігіне мінгені анық болды. Бірақ, әке– шешесі қыздарының үйіне келмегенін айтып отыр. Сонда, олар қайда баруы мүмкін? Соны білсек, жіптің бір ұшы қолға ілігер еді… Тіпті, ол… ол қылмыскер Аслан Әлібекұлы болмауы да мүмкін ғой?..
– Дұрыс айтасыз, нақты анығын білмей жатып Аслан Әлібекұлын қылмыскер деп айта алмаймыз. Әзірге оны тек күдікті ретінде ғана.. – Кенет, Ерзат сөзін кілт үзіп, Санжар Асылбекұлына күмәндана сұрақ қойды. – Санжар Асылбекұлы, әлде сіз Асылан туралы әлденені менен жасырып отырсыз ба? Сіздіңше, оның қылмыскер болуы да мүмкін бе? Қатты мазасыздануыңыздың себебі де осы ма?
– Ойпыр-ай, қандай сақ, қырағы едің, Ерзат! – Басын шайқап, кеңкілдей күліп алған Санжар Асылбекұлы сөзін әрі қарай жалғады. – Сен мені өз сөзімнен ұстадың. Шын кәсіби мамандар мұндай қателік жібермеу керек еді. Соңына таман айтсам ба деп отыр едім, енді шегінер жер қалмады. Қысқасы, сенің алғашқы жорамалың дұрыс болып шықты. Сот– медициналық сараптамасының қорытындысы – Сезім Өсерқызы өлмей тұрып оған әлдекімнің тарапынан зорлық жасалғанын көрсетіп берді. Қыз үлкен қарсылық танытқанмен, зұлым күш өз мақсатына жетіп тынған.
– Не дейсіз? – Ерзат шошына дауыстап жіберді. – Сонда… сонда Сезімнің өз-өзіне қол жұмсауының себебі… Егер… егер, ол шынымен де Аслан болып шықса…
– Мен де осыны ойлап отырмын. Мүмкін ол емес шығар деп те өзімді алдап қоямын. Бізге белгілісі Сезім Өсерқызының Асланның көлігіне мінгені. Ары қарата олардың қайда кеткенін біле алмай отырмыз..
– Бейнерегистратор! – Ерзат тағы да дауыстап жіберді. – Бейнерегистратор. Асланның көлігінде бейнерегистратор болмауы мүмкін емес. Сол арқылы көліктің қайда барғанын анықтауға болады деп ойлаймын.
– Бейнерегистратор?! Иә, иә, дұрыс айтасың. Тек, ондағы жазбаларды өшіріп тастамаса…
– Егер, қызға қиянат жасаған шынымен де сол болса, кешелі бері ар азабына түсіп, өз-өзіне әлі келе алмай жатуы әбден мүмкін.. Өшіре қоймас… Бірақ, бейнерегистратордағы жазбаны қалай қолға түсіреміз?
– Солай дейсің бе? Ол да мүмкін. Ал, бейнерегистратордағы жазбаны қолға түсіру жағын мен өз мойныма аламын. Қорытындысын да өзіңе хабарлайтын боламын. Ал, қәзір барып жұмысыңды жалғастыра бер.
Алайда, бір-екі сағат өтпей жатып, Санжар Асылбекұлы Ерзатты қайта шақыртып алды. Асланның көлігіндегі камераны қарап шығу идеясы тез және сәтті жүзеге асқанын айтып, Ерзаттың қолын қысса да, шаршаңқы жүзінен әлдебір алаңдаушылық байқалып тұрды.
– Сенің идеяңның арқасында ең басты айғаққа қол жеткіздік. Әйтсе де бұл айғақ бізге қуаныш сыйлай алмайтын секілді. Не себепті бұлай айтып отырғанымды бейнежазбаны көріп шыққан соң түсінесің. – Әрі қарата түске таман Асланның көлігі орталықтағы ең ірі автомобильдерді жуатын жерге келгенін естіп, сонда барғанын, камерасындағы барлық бейнежазбаны көшіріп алып келгенін баяндай келіп, алдындағы ноутбукты қосты. Экранда Асланның көлігінің сол күні қай жолмен жүргені, қайда барғаны, қайда бұрылғаны, қай кезде кері қайтқаны уақытына дейін анық көрініп тұрды. Көлік жолдың оң жақ қапталында тұрған Сезімнің жанынан біраз жер өтіп барып тоқтап, әлден соң барып ілгері жүріп кетті. Жарты сағаттай жүрген соң жылдамдығын кілт баяулатып, күре жолдан бұрылып, тастақ жолға түсіп, есік-терезе, төбесін жұрт әлдеқашан сыпырып алып, қаңқайып төрт қабырғасы ғана қалған ескі жем қойманың ішіне еніп бара жатты. Бір жарым сағаттан соң барып кейін қайтып, лицей интернаттың алдында келіп, онда 15 минөттей бөгеліп, тағы да ілгері жүріп кетті. Сол жүргеннен тұмсығын ерекше әшекейленген биік үлкен қақпаға тіреп бір-ақ тоқтады. Санжар Асылбекұлы ноутбукты жауып, шаршаңқы үнмен тіл қатты:
– Санамды Аслан туралы небір жаман ойлар тұмшаласа да, ол дәл мұндай жамандыққа бара қоймас деп өзімді алдап келіп едім. Енді міне, өзің де көзіңмен көріп отырсың..
– Бірақ.. – Ерзат Санжар Асылбекұлының сөзін бөліп жіберді. – Бірақ, сот-медициналық сараптамасының қорытындысы қызға зорлық жасалғанын, ал, бейнежазбалардағы айғақтар оның Асланның көлігіне мінгенін айқын дәлелдегенмен, қылмыскердің кім екені әлі белгісіз ғой. Қызға аюандық жасаған азғын, нағыз қылмыскер Асланнан басқа біреу болуы да әбден мүмкін емес пе?
– Солай болып шықса, қанеки. Әй, бірақ… қайдам…
– Санжар Асылбекұлы, мен сіздің қиын жағдайда қалып отырғаныңызды жақсы біліп отырмын. Егер, Асланнан қажетті биологиялық сараптамалар алынса, жұмбақтың шешімі де бірден табылар еді, бірақ, бұлтартпас айғақтар таппай, ондай әрекетке бара алмайтынымыз анық.
– Иә, Аслан жай ғана біреу болса, күдікті ретінде жауап алып, тіпті биологиялық сараптамалар жасатуға да көндірер ме едік.. Өкінішке орай, олай болмай тұр ғой. Арнайы құрылған топ Асланның көлігі тоқтаған ескі қоймаға да барып тексеру жүргізіп қайтты. Тексерудің нәтижесі ол жерде Аслан мен бөгде біреудің біраз уақыт алысқанын растап отыр. Ең соңында бөгде адам Асланды басынан таспен ұрып, есінен тандырып, қашып кеткен. Бұлай кесіп айтуымның себебі, ескі қоймадағы топыраққа сіңген қан мен сол жерде жатқан тасқа жұққан қан да, көліктегі жүргізуші орындығының жастықшасына жұққан қан мен есігінің қуысынан табылған шүберектегі қан да Асланның қан тобымен сәйкес келіп отыр. Бұл Асланның басынан ауыр жарақат алғанын көрсетеді. Алайда, оның екі күннен бері бірде-бір медицина қызметкерінің көмегіне жүгінбегенін ескерсек, бізге әлі де ойлана түсуімізге тура келеді.
– Санжар Асылбекұлы, олай болса, мен Асланның өзімен сөйлесіп көрсем қайтеді? Жарақат алған-алмағанын да байқауға тырысармын.
– Асланмен сөйлесем дейсің бе? Бұл қалай болар екен? Дәл қазір сөйлессек, ол бізден күдіктеніп, нағашысы мен әкесіне шағымданып жүрмей ме?
– Шағымдана берсін.. Шынымен де осы қылмысты жасаған болса, дәл қазір оның жан күйзелісін бастан кешіп жатқаны анық. Осындай сәтін пайдаланып, әңгімеге тартар болсақ, байқамай бірдеңе айтып қалуы да әбден мүмкін ғой.
– А-а, солай дейсің бе? Бұл ақылың да көкейге қонатын секілді. Олай болса, іске кіріс. Айтпақшы, бұрынғы кәсіби мамандығың бойынша, қылмыстық іздестіру жұмысын жүргізуді тікелей өзіңе тапсырған бұйрық шығарып, рұқсат қағазын да дайындап қойдым. Тек, айтарым, сөзіңе де, ісіңе де өте абай бол. Арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін жол табарыңа сенімдімін.
– Рахмет сізге, Санжар Асылбекұлы. Сіздің сеніміңізді ақтауға барынша тырысамын.
Тиісті құжаттарды қабылдап алған Ерзат тысқа шыға салысымен күдікті саналған Асланмен кездесудің жоспарын ойластырды. Самал арқылы Жасминнен Асланның телефон нөмірін алып, оған қоңырау шалды. Шалуын шалса да, ол келісе қояр деп ойламап еді, өзі айтқан жерге Аслан келгенде барып, оның қалай тез көне кеткенін түсінгендей болды. Ол аздап қызулау екен. Күн ыстық болса да басына бастыра қалпақ киіп алыпты.
– Аслан Әлібекұлы, менің шақыруымды қабыл алып, келгеніңіз үшін рахмет! Алдымен сізге өзімді таныстырып қояйын. Қылмыстық іздестіру бөлімінің тергеушісі – Ерзат Жасынұлы.. Қызметтік куәлігім.. – Ерзат төс қалтасына қол сала берді.
– Сізді танимын және сыйлаймын. Сондықтан, қызу болсам да, келіп отырмын. Беймарал жауап ала беруіңізге болады. – Аслан арқалы орындыққа шалқая жайғасты.
– Аслан, шынымды айтсам, мен мұнда сенен жауап алу үшін емес, емін-еркін отырып, сөйлесуге келдім. Әрине, егер сен оған келісім берсең..
– Сөйлесуге? – Асланның жүзінен таңданыспен бірге қуаныш та сезіліп қалды. – Олай болса, тіптен жақсы. Сөйлесуге мен дайынмын. Бірақ, бір шартым бар.
– Ол қандай шарт?
– Сіз де, мен де телефонымызды өшіріп қоямыз. Міне, былай… – Аслан қалтасынан телефонын алып, толық өшіріп жанына қойды. –Сіз де дәл осылай етіңіз. Сонда, өзіңіз айтқандай бір-бірімізбен емін-еркін сөйлесетін боламыз.
– Жарайды. – Асланның ойын түсінген Ерзат телефонын толық өшіріп, оған ұсынды. – Тексеріп шығуыңа болады.
Аслант елефонды қарап шығып, «дұрыс» дегендей басын изеп, өз телефонының жанына қойды да, орындықтың арқалығына шалқая тіл қатты. – Енді, беймарал сұрақ қоя беруіңізге болады.
Ерзат Самалдың: «Ал, Сезім болса, қалай десем екен.. оны тіптен жақтырмайтынын айтқан» деген сөзі есіне алды. Алайда, сөзі тіптен басқаша шықты.
– Аслан, сенің қандай күйде отырғаныңды түсінемін. Өзің сүйген, өзіңді шын сүйген қызыңнан айрылу өте қиын тигенін де байқап отырмын..
Ерзаттың әддейі бұра айтқан бұл сөзі Асланды ыршытып түсірді.
– Не дейсіз? Шын сүйген?! Мені ме? – Ызалана мырс етіп, іштегі запыранын ақтарып салды. – Шын сүйген.. Әттең, сіз айтқандай болғанда ғой… Сезім мені шын сүйгенде ғой.. Мен өзін қалай сүйсем, ол да мені солай сүйгенде ғой..
– Бірақ, ол саған өтініш айтып, сен оған үлкен көмек берген жоқсың ба?
– Көмек… көмек… Сол құрып кеткір көмекті бермегенімде ғой… Сонда, ол өзін-өзі бұлай өлтірмес еді. Ал, мен оны бұрынғыша сыртай көргеніме мәз болып жүре берер едім. Ия, сұрағасын оған көп ақша бердім. Содан бастап ол да маған жылы шырай танытқандай болды. Өзімше, Сезім мені жақсы көре бастады деп ойладым. Бірақ, бір күні оның өзі айтып жүретін сүйген жігітімен қол ұстасып тұрғанын көрдім. Қатты қапаландым, қорландым. Тіпті, оны әлгі жігіттен қызғандым.. оған бергім келмеді..
– Сол себепті, «маған жоқ болса, оған да жоқ болсын» деп өз сүйген қызыңа қиянат жасауға дейін бардың ба? – Ерзат бірден шабуылға көшті.
Аслан да әккі екен, демде түк білмейтін адамның кейпіне ене қалды.
– А-а? Сіз.. сіз қандай қиянат туралы айтып отырсыз?
– Қызға жасалатын ең үлкен қиянатты айтамын. Қызғанышқа беріліп, өз сүйген қызыңның арын таптағаныңды айтамын.
Мұндай сөз айтылады деп күтпеген Аслан орнынан ұшып тұрды.
– Сіз.. сіз не деп шатып тұрсыз? Әлде, менің сондай әрекетке барғанымды бұлтартпай дәлелдейтін оған айғақ-дәлелдеріңіз бар ма?
– Құқық қорғау орнының қызметкерлері айғақ-дәлелсіз сөйлемейтінін білмеуші ме едің? Бұлтартпас айғақтарым болған соң ғана саған батыл сөйлеп отырған жоқпын ба.
– Бұлтартпас айғақтарым.. – Аслан жүні жығылып, отыра кеткенін өзі де байқамай қалды.
Ерзатқа да керегі осы еді, бұрынғыдан да батылдана сөйледі.
– Иә, бұлтартпас айғақ. Сенің малшы ауылға бармақ болған Сезімді көлігіңе мінгізіп алып, орта жолға жетпей ескі жем қоймасына бұрылғаныңды дәлелдейтін айғақ.
Аслан да оңай беріле салтын жау емес екен. Тағы да аңқаусып, түк білмегендей бола қалды.
– Жем қоймасы? Оның бұл жерге қандай қатысы бар?
– Солай ма? Жарайды. Айуаннан бетер жасаған лас әрекетіңді ұмытып қалсаң, ертең тергеу кезінде Сезімнің өзі есіңе түсіретін болады.
– Сезім? Тағы да түсінбедім. Өліп қалған адам… қалайша сөйлейді. Әлде, мені ақымақ көріп отырсыз ба?
– Жоқ, керісінше. Сенің өте ақылды әрі әккі, қу екеніңді анық байқадым.
– Ерзат Асланның жүзіне сынай қарап тұрып, өзі ойдан құрастырған қарсы айғақ туралы да айтып жіберді. – Бірақ, сол күні екеуіңнің араңдағы болған оқиғаны Сезімнің түк қалдырмай телефонына жазып кеткенінен хабарсыз секілдісің.
– Телефонына жазып кеткен дейсіз бе? – Әдепкіде бірден түрі қашып кеткен Аслан сәлден соң өзін қинап, қарқылдап күлген болды. – Сіз шынымен де шытырманды жақсы көретін детектив екенсіз. Бірақ, мен дәл қазір сол телефондағы жазбаны көрсет десем, көрсете алмас едіңіз. Өйткені, мұны мені тұзаққа түсіру үшін ғана ойдан құрастырып айтып отырсыз. Дегенмен, сізге бір мүмкіндік берейін. Егер, сіз Сезім жазып кеткен сол жазбаның бір жерін ғана айтып, мені сендіре алсаңыз, мен де сізге сол күні не болып, не қойғанын бастан– аяқ айтып беруге сөз беремін.
– Айтып берем дейсің бе? – Ерзат Санжар Асылбекұлының: «Бұл Асланның басынан, басынанан болғанда да қарақұсынан ауыр жарақат алғанын көрсетеді» деген сөзін есіне алды. Сәл ойланып айтар сөзін екшеп алды да, Асланға шүйліге кетті. – Олай болса, күннің ыстығына қарамастан басыңа киіп алған мына кепешіңді шеш. Сонда нәзік жанды қыздың өзіңе не істегенін де, телефонына не жазып кеткенін де бірден есіңе түсіретін боласың.
Соған дейін жымысқылана күліп, Ерзатты қалай да сөзінен ұстамақ болып өрекпіп отырған Асланның жүні жығылып, демде бір уыс болды да қалды.
– Бәсе, сол екен ғой… Өзім де сол шығар деп ойлап едім. Басымды жарған сол екен ғой… Ах, Сезім, Сезім… Сен… сен бұлай істемеуің керек еді ғой…
Ерзат өз таңданысын жасыра алмады.
– Сен басыңды жарғаны үшін Сезімді кінәлап отырсың ба? Ол басқаша не істеу керек еді?
– Басымды жармақ түгіл, бауыздап өлтірсін, бірақ ол өлмеу керек еді…
– Неге олай дейсің? Неліктен ол өлмеу керек еді?
– Себебі, мен оған өзін шын сүйетінімді, келісім берсе, үйленгім келетінін айтқам, ол келісімін берген болатын. Енді міне, маған берген уәдесін бұзып, өз– өзіне қол жұмсады..
– Ол қандай келісім? Сезім мен екеуіңнің араңда үйлену туралы келісім болған ба еді?
– А– а? Сезім телефонына бәрін жазғанда, бұл туралы жазбап па? – Аслан Ерзатқа сынай көз тастап, артынша өз сұрағына өзі жауап берді: – Әрине, жазбайды. Жазып қайтсін.. Бірақ, оның маған келісім бергені рас еді ғой..
– Жарайды, Аслан. Сезімнің жазбасы рас екеніне көзім әбден жетті. Мен енді тұрайын..
– Жоқ, Сезімнің барлық болған жайды телефонына жазып кеткеніне де, сіздің бәрін бастан– аяқ білетініңізге де көзім әбден жетті. Енді, мен де сөзімде тұрып, болған оқиғаны өз аузыммен айтып беруім керек қой. Бәлкім, іштегі құсамды сыртқа шығарып, бір жеңілдеп қалармын. Иә, мен қызғаныш пен ашудың кесірінен орны толмас үлкен қателік, кешірілмес күнә жасадым. Жап-жас, бейкүна қыздың өліміне себепші болдым. Бірақ, мен оны, Сезімді жанымнан артық жақсы көрдім ғой. – Аслан көкірек жара күрсініп алып, жанарын бір нүктеге қадап сөйлеп кетті: – Бәрі оның сол жігітімен қол ұстасып тұрған сәтін көрген күннен басталды. Соған дейін Сезімнің маған деген сүйіспеншілігі әйтеуір бір оянар деп өзімді-өзім алдап келіп едім, үмітімнің тас-талқаны шықты. Кеудемді кернеген қызғаныш пен ашу-ызаны ұмытайын деп темекі мен ішкілікке үйір бола бастадым. Ішетін адамның достары да көп болады екен. Бір күні сондай достарыммен бірге ішіп-жеп үйге қайтып келе жатқанымда, жолдың шетінде тұрған Сезімді көріп қалдым. Көлігімді кілт тоқтатып, ішкенімді білдірмеу үшін, үсті-басыма аямай иіс су сеуіп, жанына барып амандастым. Малшы ауылдағы әке-шешесіне бару үшін көлік күтіп тұр екен. Менің апарып тастайын дегеніме бірден көне қоймады. Уақыт түстен асып, кеш боп қалғанын, демалыс күні машиналар ол жаққа көп жүре бермейтінін, түнге қалып кетуі мүмкін екенін айтып, көңіліне қорқыныш енгізген соң ғана ол көлікке мінуге мәжбүр болды. Бірден әке-шешесіне қарай тартып кеттік. Жол бойы көз алдымнан Сезімнің қолын ұстап тұрған жігітінің бейнесі кетпей қойды. Ішкілік әсер ете бастады ма әлде іште бұғып жатқан ашу-ызам бас көтерді ме, біраз жер жүрген соң көлігімді жолдың шетіндегі қаңқайған ескі жем қоймаға қарай бұра бердім. Одан әрі қарай ақылымнан да, адамгершілігімнен де айрылып, азғындықтың ең лас ұйығына батып бара жатқанымды өзім де білмей қалдым. Қанша уақыт өткенін білмеймін, ұйқымнан оянып, орнымнан тұрайын десем, басым зілдей болып көтертер емес. Қолыммен сипап көрсем, қарақұсым шодырайып ісіп, жылымшы қан ағып тұр екен. Жан-жағыма қарасам, Сезім көрінбейді. Бұл кезде күн ұясына батып бара жатқан. Тезірек Сезімді іздеп таппасам, жағдайым тіптен қиындай түсерін білдім. Көлігімде жүре беретін шүберектің бірімен басымды таңып, қобдишасында жататын жұқа қалпақты бастыра киіп, жан ұшыра лицейге жеттім. Тәрбиешіден Сезімнің жатақханада демалып жатқанын естігенде, қатты қуандым.
– Тәрбиеші Балкүл Оразбекованы айтып отырсың ғой?
– Иә, сол, Балкүл апайды.. Сол Балкүл апайды әрең көндіріп, Сезімге жолықтым. Оның алдында тізерлеп отырып кешірім сұрап, өзін шын сүйетінімді, келісім берсе, үйленгім келетінін айттым. Қатты ашуланып, айғайға басар деп ойлап едім, ол басын да көтермеген күйі келісімін бере салды. Үйге келген бетте әке-шешеме болған жайды жасырмай жайып салып, Сезімге үйленгім келетінін айттым. Анам тез көнгенмен, әкем тас-талқан ашуланып, әзер дегенде келісім берді. Бірінші курстың алғашқы сынақтары басталған болатын. Соларды уақтысынан бұрын тапсырып, тезірек үйлену қамына кірісу үшін ертесіне ертемен Астанаға қарай тартып кеттім. Сезімнің өз-өзіне қол салғанын сол жақта жүргенде естідім..
– Олай болса.. Сезім екеуіңнің араңдағы болған жайды әкең де жақсы біледі екен ғой?
– Біледі ме, білмейді ме, енді оның ешбір маңызы жоқ. – Аслан бұл сөзді немқұрайлы айта салды.
– Қалайша маңызы жоқ? Сонда, ол кісіні.. әкеңді Сезімнің тағдыры.. тіпті өлімі мүлдем алаңдатпағаны ма? Ол саған кінәңді мойында демеді ме?
– Жоқ. Деген жоқ. Өйткені, қылмысымды өз еркіммен мойындамақ болғанымда, мені тоқтатқан сол әкемнің өзі болатын.
– Әкемнің өзі дейсің бе? Сонда қалай?
– Солай. Сен оған үйленетініңді айтсаң да, ол өз-өзіне қол салды ғой. Олай болса, ол қыздың өліміне сен қалай кінәлі болмақсың? – деді. Ойлап көрсем, әкем дұрыс айтатын секілді. Рас, еркімді тежей алмай, Сезімге айуандық жасадым. Бірақ, мен оған үйленгім келетінін де айттым ғой. Ал, ол не істеді? Маған берген уәдесін бұзып, өз-өзіне қол жұмсады. – Аслан жанарына келіп қалған жасты жасырып, басын төмен сала берді.
Ерзат Асланның сезімге берілгенін пайдаланып, сұрақты төтесінен қойды:
– Ал, өзің ше? Енді не істемек ойың бар? Сен де әкеңнің айтқанына көніп, қылмысыңды мойындаудан бас тартпақсың ба?
– Ия, дәл солай етемін. Әкем айтқандай, жас өмірімді қор еткім келмейді..
Асланның жауабы жанын мұздатып, ашуын келтірсе де, Ерзат байыпты сөйлеуге тырысты:
– Ал, Сезім.. Сезім ше? Сен бейкүна қыздың жас өмірін қор етіп қана қоймай, оның қыршын өліміне себепші де болған жоқсың ба? Үндемей, бұғып қалуға азаматтық арың қалай шыдайды?
Ерзаттың бетіне бағжия қараған Аслан бұдан әрі сөйлегісі келмейтінін білдіріп, жанында жатқан телефонын алып, орнынан тұра берді.
– Жоқ, сен үнсіз қалғанмен, мен енді үнсіз қала алмаймын. – Ерзат та өз ойынан хабар беріп, онымен қабаттаса орнынан көтерілді.
Аслан Ерзатқа қарап күліп жіберді:
– Үнсіз қалмаймын дейсіз бе? Сонда маған не істемексіз? Қолыңыздан не келеді? Бірде-бір, айғақ дәлеліңіз жоқ, сізге кім сенеді?
– Бәлкім, басқа сенбесе де, туған қарындасың Жасмин сенер. Үй ішінде болып жатқан жайдан оның да хабардар болмауы мүмкін емес қой.
Жүре берген Аслан кілт тоқтады.
– Қарындасымды ауызға алушы болмаңыз. Менің жанымның бір бөлшегі, жан дегенде жалғыз қарындасым бұл жайлы ешнәрсе білмейді және білуге тиіс те емес. Егер, оған бірнәрсе айтар болсаңыз..
Ерзат өзі тұтана бастаған отты одан әрі үрлей түсті:
– Жанымның бір бөлшегі дейсің. Сезім де сол Жасмин секілді біреудің әлпештеген қызы, жанының бір бөлшегі емес пе еді? Ал, сен сол бейкүнә қыздың өліміне себепші болып..
– Жетер! Жетер! Тоқтатыңыз. – Аслан ашуын тежей алмай, қалшылдап кетті. – Сізге мынаны ескертіп қояйын. Бұдан былай қарындасыммен кездесуші де, сөйлесуші де болмаңыз. Менімен де.. Егер, тағы да осылай тіміскілейтін болсаңыз, екпініңізді басып қою да қолымнан келеді. Сау болыңыз.
Ерзат бұрылып жүре берген Асланның жолын кес-кестеді.
– Тоқта, Аслан. «Күштінің құйрығы диірмен тартатынын» жақсы білем. Бір кездері де дәл осындай жасөспірім қыздың өліміне кінәлі шын қылмыскерді тауып, тұтқындағаным үшін қызметтен төмендетілген едім. Енді міне, сондай оқиғаға тағы кезігіп отырмын. Бірақ, мен бұл жолы соңына дейін күресемін. Шындық үшін күресемін. Ал, сен ше? Алдағы кезде арың жаныңды мазаламай, тыныш өмір сүре аласың ба? Өзің өмірін ойрандаған бейкүнә қыздың наласын тартып, әр күнің өкінішпен өтпесіне кім кепіл. Халықта: «Біреуге істеген жамандығың ерте ме, кеш пе, өз алдыңнан шығады» деген нақыл бар. Сонымен бірге «Қыздың көз жасы жібермейді» деген сөз де бар. Осы сөздерді ешқашан есіңнен шығарушы болма.
– Алдыңнан шығады дейсіз бе? Қыздың көз жасы дейсіз бе? Өліп қалған қыздың көз жасын айтасыз ба? Әй, қойыңызшы. Сіз де қайдағы жоқты сандырақтай береді екенсіз. – Мырс етіп күлген Аслан қолын бір сілтеп, кері бұрылып жүре берді.
Ерзат Асланның соңынан біраз қарап тұрды да, ішкі төс қалтасынан диктафон құралын алып, көз алмай қарап біраз ойланып тұрды да, аяғын нық басып орталыққа қарай жүріп кетті.

* * *

Назеркені күтіп алаңдап отырған анасы оның сыртқы қақпадан кіріп келе жатқанын көріп, алдынан жүгіріп шықты.
– Қызым-ау, мұнша неге кешіктің? Қатты алаңдадым ғой. Мен жұмысқа кеттім. Тамағыңды ысытып ішерсің. – Жүре бере кілт тоқтап кері бұрылды.
– Қызым, бірдеңе болды ма? Түрің қашып кетіпті ғой.
– Ешнәрсе де болған жоқ. Жай, әшейін..
Жүре берген қызын қос қарынан ұстап тоқтатқан анасы оның жүзіне үңілді.
– Қызым, бірнәрсе болғанын түріңнен көріп тұрмын. Не болғанын жалғыз анаңа айтпағанда, кімге айтпақсың?
Төмен қарап тұрған Назерке басын көтеріп алып, ширыға үн қатты:
– Апа, менің нешінші сыныпта оқитынымды білесіз бе?
– Неге білмейін, жарығым. 11-ыншы сыныпта оқисың.
– Олай болса, маған, менің түріме жақсылап қараңызшы. Мен 11-ыншы сыныпта оқитын қызға ұқсаймын ба? 11-ыншы сыныпта оқитын қыз мынадай шоқпыт кие ме?
Мұндай сөз айтылар деп ойламаған анасы біраз тосылып барып жауап қатты: – Қызым-ау, неге олай дейсің? Мен саған әпергім келмейді дейсің бе? Санаулы ғана жалақымды жеткізе алмай жүрген жоқпын ба? Жетіп жатса, ең алдымен анау жоғары оқу орнында оқып жатқан ағаңа киім әперер едім ғой..
– Бірақ, маған дәл қазір киім емес, телефон, телефон болғанда да қымбат телефон керек.
– Телефон?! Қызым, сен.. сен не деп тұрсың? Соңғы қоңырауға арналған көйлегіңді де қарызға тіктірген жоқпыз ба? Ақшаны қант-шайға жеткізе алмай отырып.. қымбат телефонды қалай аламыз? Бұл не дегенің?
– Апа, ешнәрсе де естігім келмейді. Маған телефон керек. Кешке дейін қымбат телефон әпермесеңіз, өз-өзіме қол салып өлемін.
Соған дейін үнсіз тыңдап тұрған анасы шарт кетті. – Тоқтат! Ондай сұмдықты айтушы болма. Сен тіпті шектен шығып барасың ғой. Басқа десең, мақұл. Ал, қымбат телефон..
– Апа, мен айтатынымды айттым. Бұл менің сізге айтқан ең соңғы өтінішім..
Демде еңсесі басылып, төменшіктеп қалған анасының дауысы да
жарықшақтана шықты.
– Қызым, бұл сенің шын сөзің бе?
– Шын сөзім, апа. – Әбден қатайып алған Назерке қайтып бұрылмастан үйге кіріп кетті.
Маңдайынан таспен ұрғандай сілейіп қалған ана көз жасына ерік беріп, күбірлей берді. – Бұл қалай болғаны? Ана жүрегі қай кезде де бала деп соғып, бала деп қарс айрылмайды ма? Бүгін кешке дейін дейді. Айтқанын орындамасам, ешнәрседен тайынар түрі жоқ. Бірақ, ондай ақшаны қайдан табамын? Айтпақшы, банкіден кредит алуыма болады екен ғой. Харам деген соң, құрысын деп жоламай жүр едім. Алла өзі кешірсін. Назеркемнің қуанышы, күлкісі үшін.. – Орамалының шетімен көз жасын сүрткен ана бір шешімге келгендей, асыға басып қақпадан шыға берді.
Орталық сая баққа кіріп, шеткері тұрған арқалы орындыққа жайғасқан Назерке қол сөмкесінен жаңа ұялы телефонын алып, әлдекімге қоңырау шалды.
– Жасмин, қалай, дауысым анық естіліп тұр ма? Анық дейсің бе? Әрине, анық, өйткені, мен саған смартфоннан қоңырау соғып тұрмын ғой. Рахмет. Өзім де қашан сендерге көрсеткенше асығып тұрмын. Жоқ, паркке кел. Иә, Самалды да шақырып қойдым. Жарайды, күтем. – Телефонының қызығына тоймай әрі-бері ұзақ шұқылаған Назерке сәлден соң бірден мұңға батып, жанары жасқа тола берді.
Асыға басып жеткен Жасмин келген бетте бірден телефонға ұмтылды.
– Уау! Мынау соңғы үлгідегі телефон ғой. Ал, қалай алдың?
– Қалай алдың дейсің бе? Бүгін кешке дейін әпермесең, өз-өзіме қол саламын деп анамды қорқытып алдым.
Жасмин таңдана Назгүлге жалт қарады. – Наз! Сен сонда.. телефонға бола өз анаңа солай істедің бе?
– Иә, Жасмин, дәл солай істедім. Енді ғана өз істеген ісіме қатты өкініп отырмын. Бұған кеткен ақшаға бастан-аяқ киінуіме немесе үйге керекті нәрселерді алуыма да болар еді. Ал, мен.. мен болсам.. өзімді жарық дүниеге әкеліп, әкемнің жоғын білдірмей әлпештеп өсірген анамды қорқытып..
– Назерке сөзін аяқтамастан жылап жіберді.
– Наз, болары болыпты ғой. Енді мұңая бергеннен пайда жоқ. – Жасмин Назеркені құшақтап жұбатуға көшті. – Әлі-ақ көресің. Телефоныңнан сүйікті Саматыңның бейнесін көрген сәтте-ақ, бәрін ұмытып кетесің.
Назерке басын көтеріп алды. – Қойшы, Жасмин, мұны соған бола алды
дейсің бе? Сен бар, Самал бар.. Айтпақшы Самал неге кешігіп жатыр?
– Самал мұндай бықы-тықыға қызыға бермейтін қыз ғой. Қалай алғаныңды естісе, сенің де маңдайыңнан сипай қоймас. Тіпті теріс айналып жүре беруі де мүмкін.
– Иә, Жасмин, бұл масқара ісімді білсе, Самал сөз жоқ менен бірден теріс айналады.
– Енді, өкінгеннен пайда жоқ. Айтпақшы, Самал: «Жаман нәрсе істеп қойып, қатты өкініп, Алладан кешірім сұрасаң, Алла күнәңді кешіреді екен» дейтін еді ғой. – Жасмин сәл кідіріп барып сөзін жалғады. – Мен де бір жаман іс істеп қойсам, атам түсіме кіріп қатты ұрсады. Қорқып кетемін.
– Атам дейсің бе? Ол атаң түсіңе әлі кіре ме? Әлі Құран оқы, намаз оқы дей ме?
– Ия, әлі де түсіме кіреді. Кейінгі кезде өңімде де көретін секілдімін. Сол, Құран оқы, намаз оқы, Аллаға құлшылық жаса дейді де жүреді.
– Ал, сен ше? Ондай.. намаз оқу деген.. әзір ойыңда жоқ па?
– Неге, Наз? Оқығым келеді. Бірақ, біреу желкемнен тартып, жібермей тұрғандай болады. Кейде, Самал айтқандай, оқытпай жүрген де сол атамның өзі емес пе екен деп қорқам.
– Жасмин, бірақ, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір намаз оқуымыз керек қой. Өзімізбен бірге жүрген Самал 7-8-інші сыныптан бері намаз оқиды. Сені білмеймін, маған оның жүзі нұр шашып тұрғандай болып көрінеді. Ал, біз болсақ, жүрісіміз мынау. Ата-анамызды өлеміз деп қорқытып, телефон алып. Жоқ, Жасмин, мен қазір үйге барған бетте анама барлық шындықты жайып салып, кешірім сұраймын. – Орнынан асыға тұрған Назерке телефонындағы сағатқа қарап, өкіне дауыстап жіберді. – Қап! Сағат 9-дан асып кетіпті. Тағы да көре алмай қалатын болдым-ау.
– Наз, ол не? Кімді, нені айтасың?
– Нұрболат Абдулинді айтамын. Менің сүйікті әншім. 9-да концерті бар еді?
– Е-е, сол ма. Оның түк те қиындығы жоқ. Әкел бері телефоныңды.
– Телефонды алған Жасмин әрі-бері шұқылағаны сол, Н.Абдуллиннің әні шырқап қоя берді.
Сен қорқақсың, келе алмайсың.
Келе алмасаң, неге алдайсың..
Назерке өз құлағына өзі сенбеді. – Ал, ендеше! Бұл қалай? Сонда бұл.. сол.. мен айтқан передача ма?
– Иә, Наз, сен қазір өзің айтқан передачаны көріп, сүйікті әншіңнің әнін рақаттана тыңдап отырсың. Сенің қолыңда енді тек телефон ғана емес, телевизор да, компьютер де бар. Қысқасы, бұл телефоннан жаның не қаласа, соның бәрін табасың. Айтпақшы, алдағы соңғы қоңырау мерекесінің де ең керемет сәттерін осы телефонмен «чық» еткізіп түсіріп аласың.
– Рахмет саған, жаным. – Қуанышын баса алмаған Назерке Жасминнің бетінен сүйіп алды.
Екеуі бастарын түйістіріп, беріле ән тыңдауға кірісті. Соған дейін осы сәтті күтіп, сырттарынан бақылап жүрген әккі ұры арқа жақтарынан бұқпантайлап келіп, телефонды ала қашты.
Бірінші болып есін жиған Жасмин ұрыны соңынан қуа жөнелді. – Оңбаған! Тоқта!
– Жоқ, жоқ! – Қас пен көздің арасында қымбат телефонынан айырылып қалған Назерке орнынан тұра бере, естен танғандай бір шетіне қисайып құлай берді.
Асыға басып жеткен Самал орындықта сұлап жатқан Назеркені көріп, шошып кетті. Тез қимылдап, оны орындыққа шалқалай отырғызған соң барып тіл қатты:
– Назерке, саған не болды? Мына жатысың не?
– Телефон… телефоным… Ұрлап кетті.
– Телефон? Қандай телефон? Кім ұрлап кетті?
Назерке тез бойын жиып ала қойды. – Ағамның сыйға тартқан телефоны..
Осы кезде алқына жүгіріп Жасмин де жетті.
– Қуып жете алмадым. Оңбаған қашып кетті. Керемет телефон еді..
– Екеуің бірдей отырып Наздың ағасы сыйлаған қымбат телефоннан айырылып қалыпсыңдар. – Самал да өкінішін білдіріп қалды.
– Наздың ағасы? – Жасмин таңдана дауыстап жіберді.
– Иә, Жасмин, мен саған ол телефонды ағам сыйлағанын айтып едім ғой… –Назерке Жасминнің аузына сөз салды.
– Иә-иә, мен… мен ұрыға жете алмағаныма қапа болып… Керемет телефон еді.
– Керемет болса, неғып отырсыңдар? Тезірек Ерзат ағайға барып жолығайық.
Орнынан сөйлей тұрған Самал Назеркені де қолтығынан демеп тұрғыза берді.
Арада 3-4 күн өткенде Ерзат Санжар Асылбекұлының қабылдауында отырды. Санжар Асылбекұлы Сезім Өсерқызының өліміне байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстың барысына қысқаша тоқталып, Ерзатқа біраз парақтар ұсынды.
– Хаттамасын өзің де қарап шығуыңа болады.
Парақтарға жылдам көз жүгіртіп шыққан Ерзат таңдана басын көтеріп алды:
– Сонда, лицей-интернаттың тәрбиешісі Оразбаева Балкүлді шындықты жасыруға мекеме директоры Зеркүл Әсенова мәжбүрлеген бе? Ал, басшының өзі мұндай әрекетке жоғары жақ қысым жасаған соң барғанын айтыпты. Тіпті, сол түні камералардың бәрі мүлтіксіз жұмыс істеп тұрғанын да мойындапты. Бәрі ойдағыдай болып келе жатыр екен ғой. Енді, қылмыскерге жасаған қылмысын мойындатып, жазаға тарту ғана қалыпты ғой..
– Иә, әдепкіде мен де осылай ойлаған едім, бірақ.. бірақ оны жазаға тартпақ түгіл, қылмысын мойындатудың өзі қиынға соғып тұр. Ақылшылары да мықты болу керек, ол қыздың өліміне өзінің еш қатысы жоқ екенін, сол күні онымен жолығуға ғана барғанын айтып, ұстататын емес. Ол ол ма, нағашысына айтып, қызметтен қудыратынын ескертіп, жігіттерді де қорқытқан секілді. Ал, кешелі бері менің де жан-жағымнан қысым күшейіп жатыр. Өлген қыздың өз-өзіне қол салғанын растап, күдікті ретінде ұстап отырған Аслан Әлібекұлын тез арада босатып, істі тез арада жауып таста дейді..
– Сонда қалай? – Ерзат орнынан ыршына тұрып, қайта сылқ етті. –Сонда қалай, Санжар Асылбекұлы? Сот медициналық сараптамасының қорытындысы, куәгерлердің жауабы, диктофонға жазылып алынған қылмыскердің өз сөзі… бәрі, бәрі түкке жарамағаны ма? Басқасы басқа, диктафондағы жазба Аслан Әлібекұлының қылмыскер екенін тайға таңба басқандай анық көрсетіп тұрған жоқ па?
Санжар Асылбекұлы сәл тосылып барып сөйледі:
– Ойлана келе, диктофондағы жазбаны қарсы айғақ ретінде пайдаланудың қажеті жоқ деп шештім және қылмыстық құрамның болмауына байланысты Аслан Әлібекұлын босатып, Сезім Өсерқызының өліміне қатысты бұл істі бүгіннен қалдырмай жаппақпын.. Бұл шешімім нақты әрі…
– Неге? Неге олай етесіз? – Ерзат дызылдап, сөзді бөліп жіберді.
– Өйткені, қылмыскер айтқан сөздерін диктафонға жазып алғаныңды білмейді. Егер, білер болса, сені аямайды. Тіпті, қызметіңнен қудыруы да мүмкін…
– Жоқ! Мен бұған келіспеймін. – Ерзат орнынан ұшып тұрды. – Мен бұл жолы қызметім түгіл жанымды алса да, алған бетімнен қайтпаймын.
Санжар Асылбекұлы Ерзатқа жақындап, оның білегінен ұстап қысып- қысып қойды.
– Сабыр, Ерзат, сабыр. Тек өзіңді ғана ойламай, мені де түсін. Бұдан бұрын да сені осылай от пен судың ортасына түсіріп, ақырында қорғай да, құтқара да алмай, бейшара күй кешкенмін. Енді, соны тағы да қайталап, сенің болашағыңа балта шаба алмаймын. Сен әлі өсетін, елге басшылық жасайтын жігітсің. Елге де сен секілді жігерлі, жалынды, шыншыл батыл азамат керек. Ел жауапкешілігін сендей азаматтар мойнына алғанда ғана шындық жеңіп, әділдік салтанат құрады. Осыны түсін. Уәдесін беріп-беріп, соңында тайқып кетті деп мені жазғырып тұрған да шығарсың. Жазғыр! Табала! Мен оған әбден лайықпын. Асланның нағашысы, әкесі секілді алпауыттар мен сөзінде тұра алмайтын ез, жалтақ мен секілділер тұрғанда, қоғам жақсы жағына өзгермейді.
– Санжар Асылбекұлы, олай өзіңізді жазғырмаңыз. Сіз мен үшін биік тұлғасыз. Солай болып қаласыз да. Әйткенмен, маған бола бітуге жақын тұрған істі жауып тастауыңызға қарсымын.
– Солай етуден басқа амалым жоқ. Өйткені, мұның зардабы бүгін-ертең зейнетке шыққалы отырған маған емес, саған қатты тигелі тұр. – Санжар Асылбекұлы ілби басып барып орнына отырды. Дауысы да тым бәсең шықты.
– Бәлкім, күндердің күні қылмыскер өз аяғымен келіп, қылмысын мойындауға мәжбүр де болар, бәлкім, сен секілді бір батыл азамат бұл іс қайта қолға алып, шындықтың беті ашылар. Ал, дәл қазір бұл істі жапқаннан басқа амалым жоқ.
– Санжар Асылбекұлы, мен қарсылық білдіремін. Сіз айтқан жақсы азамат келгенге дейін бұл қылмыскер тағы да бір бейкүнә қызды..
– Тоқтат! Бұл жерде басшы мен. Сөз осымен бітті. Сен боссың. Бара беруіңе болады.
Бір сәт сілейіп қалған Ерзат сол тұрған бойында алдындағы қаламсапты ала сала параққа әлдене жазып, Санжар Асылбекұлына ұсынды:
– Санжар Асылбекұлы, мені өз өтінішім бойынша жұмыстан босатуыңызды сұранамын.
– Жұмыстан босат? Не үшін босатуым керек? Бұл сенің негізгі кәсіби қызметің емес пе?
– Кәсіби дейсіз бе? Сонда, сіз құқықтық өкілеттігің болса да, заң мен тәртіп-ережеге сай жұмыс істесең де, түпкі мақсатыңа жетіп, еңбегіңнің нәтижесін көре алмайтын осындай қызметті атқара бергенімді жөн көресіз бе? Сезім Өсерқызы секілді өз-өзіне қол салған бейкүнә қыздардың өлімінің себебі анықталмаса анықталмай кетсін, иығыңа таққан жұлдыздарың көбейіп, қызметің өсе берсін дейсіз бе? Жоқ, Санжар аға, өзіңіз көп айтатын едіңіз ғой: «Қолыңнан келмесе, қолынан келетіндерге жол бер» деп. Мен тағы да әлдебір кінәсіз жандардың обалына қалып, қара бет болғым келмейді.
Санжар Асылбекұлы түйіліп отырып әлден соң барып тіл қатты:
– Сенің не айтпақ болғаныңды өте жақсы түсіндім. Сонда, маған қояр қандай ұсыныс-талабың бар?
– Санжар Асылбекұлы, «Шешінген судан тайынбас» деген. Өтінішім, өзіңіз уәде бергендей, істі аяғына дейін жеткізейік.
– Бұлай болғанын мен де қаламайды дейсің бе? Бірақ, істі аяғына дейін жеткізе алар-алмасымыз да анық емес қой. Тектен-текке сенің зардап шеккеніңді қаламаймын.
– Иә, Санжар аға, мұны мен де білемін. Әрі кетсе, қызметтен қуылармын, бірақ, қолымнан келгенше қимылдадым, арымның алдында тазамын деп, еңсемді биік ұстап кетемін ғой.
– Жарайды, Ерзат. Сендей нағыз қайтпас қайсар полиция қызметкерінің мұндай кесімді сөзіне уәж тауып айту кім-кімге де қиын шығар. Ақыры, осындай батыл шешімге келген екенсің, онда отыр. Алдағы атқарылар істің жоспарын жасап, қадамымызды нақтылап, ойымызды әбден пысықтап алайық. – Санжар Асылбекұлы жүзінен мейірім төге күлімдеп, алдындағы қаламсапқа қол соза берді. – Сонымен, қандай ұсыныс-пікірің бар?
– Мен… менде бір ой бар бірақ ол сізден қолдау табарына сенімсізбін.
– Ол қандай ой? Алдымен айт. Сосын көрерміз..
– Ол.. ол диктафонға жазып алынған Асланның сөзін қарындасы Жасминге тыңдатсақ..
– Жоқ-жоқ, олай болмайды. Бұл біздің кәсіби іс-әрекетімізге мүлдем жат тәсіл. – Санжар Асылбекұлы ыршып түсіп басылды. – Олай етсек, ағасының лас әрекетін білген қарындасы да ауыр азапқа түсуі мүмкін. Бұл ойыңа мен түбегейлі қарсымын.
– Сізді түсіндім, Санжар Асылбекұлы. Әйтсе де, мен мен білетін Жасмин ағасындай емес, жаны таза, шындықты бетке айтатын қайсар мінезді қыз. Бұл істі маған тапсырып көріңіз..
– Менің түсінуімше, сен ағасына қарындасын қарсы қоймақсың ғой. Ал, қарындасы білді дейік. Жаман ісін бетіне басып, ағасын ұялтты дейік. Сонда, ағасы қарындасым бетіме қатты айтты ғой деп жасаған қылмысын мойындай салар ма екен? Тіпті, қарындасымды пайдаланып бопсалады деп шағымдануы да әбден мүмкін ғой.
– Иә, ол да мүмкін. – Ерзат сәл кідіріп барып сөзін жалғады. – Алайда, солай етеді деп қорқып үн-түнсіз отыра берсек, қылмыскер жақ күш алып, біздің мүмкіндігіміз кеми береді. Сондықтан, қалай да бір әрекет жасауымыз керек. Егер ұлықсат етсеңіз, мен ертеңге дейін ойланып, таңертең сізге өз жоспарымды айтайын.
– Жарайды, ол жоспарыңды да талқылап көрейік. Бірақ, жаңағы айтқан лас айла-тәсіліңді мүлдем есіңнен шығарып тастайтын бол.
– Жарайды, Санжар Асылбекұлы. Кетуге ұлықсат етіңіз.
– Ұлықсат!
Сезімнің қырық күндік рәсімін өткізуге сыныптастары мен достары да атсалысып, шама-шарқыларына қарай қаржылай көмек беретін болып келісті. Әке-шешесі үйде болмаған соң Жасмин де керекті ақшаны ағасы Асланнан алған болатын.
Түстен өте көшеден қызулау болып оралған Аслан үйге кіре салысымен бірден Жасминді іздеді. Өйткені әке-шешесі Астанаға тойға кетіп бара жатып, оған жалғыз қарындасын мықтап тапсырған еді.
– Жасмин! Жасмин! Қайдасың, менің алтын қарындасым? – Бұл кезде столды жасап, тамақ-шайын дайындап, ағасын күтіп отыратын қарындасының орны бос тұрғанын көріп, көңіліне қорқыныш ұялады. Дереу Жасминнің телефонына қоңырау шалды. Қанша рет қоңырау шалса да, «шақырылған абоненттің аппараты өшірулі немесе…» деп басталатын шұбалаңқы сөзден басқа жауап ала алмады. Көңіліне күдік пен үрей ұялаған Асланның мастығы бірден тарқап сала берді. Қарындасын мектеп жақтан іздемек болып, есікке қарай бұрала бергені сол, ватсап желісіне әлде бір жазба түскенін білдіріп, телефоны сыңғыр ете қалды. Жасминнен келген жазба болар деп асыға желіні ашқанда, шынымен де сүйікті қарындасының жүзі жарқ ете қалды. Бейнежазбаның қарындасының телефонынан жіберілгенін көріп, көңілі орныққан Аслан суреттің астындағы бас әріптермен баттиып жазылған жазбаны оқи жөнелді: «Біз сен айуандық әрекет жасап, өліміне себепші болған, ертең қырық күндік рәсімі өткелі жатқан Сезімнің жақын достарымыз. Сен Сезімге қандай жамандық жасасаң, біз де сенің сүйікті қарындасың Жасминге дәл сондай жамандық жасауға бел будық. Сенің алпауыт бай әкеңнің арқасында әділ жазадан құтылып, сайран салып жүргеніңді білеміз. Бірақ осы жолы байдың баласы түгіл Құдайдың баласы болсаң да, бізді тоқтатуға күшің жетпейді. Өйткені, дәл қәзір сенің сүйікті қарындасың біздің қолымызда. Бірақ, біз сен секілді аюан емеспіз. Егер, шартымызды орындасаң, қарындасыңды аман-есен үйіңе қайтарамыз. Ол үшін сен бүгін сағат 3.00-де ішкі істер бөліміне барып, қылмысыңды толық мойындайсың. Есіңде болсын! Үйден шыққаннан бастап, қылмысыңды қалай мойындағаныңа дейін бейне-аудио жазбаларды қарындасыңның телефонына үзбей жіберіп отырасың. Бұл жайлы өзіңнен басқа біреу білер болса, сүйікті қарындасыңды қайтып көруін көргенмен, бұрынғыдай жарқыраған қуанышты жүзін көре алмайсың. Сағатыңа қара. Сағат дәл 3.00-де ішкі істер бөлімінде болып, 30 минуттың ішінде қылмысыңды өз еркіңмен мойындап, тиісті құжаттарға қол қоясың. Тағы да есіңе саламыз. Мұны өзіңнен басқа ешкім білмеуі керек және барлық бейне-аудио жазбалар қарындасыңның телефонына үзбей түсіп отыру керек. Айтқанымызды бұлжытпай орындап, темір тордың ішіне кірген кезіңде ғана сүйікті қарындасыңды аман-есен көре аласың. Телефоны ғана емес, қарындасың да біздің қолымызда екенін есіңнен шығарушы болма. Сен сенбеймін, қарындасымды көрсетіп, тілдестір дерсің. Оның дұрыс. Ендеше қарындасыңа бейне қоңырау шалып, өз көзіңмен көріп, құлағыңмен естуіңе болады. Сен қоңырау шалған сәттен бастап, кері санау басталады. Олай болса, сүйікті қарындасыңды тезірек көргің келсе, темір торлы қапасқа тезірек кіруге асық».
Жазбаны аяғына дейін әрең оқып шыққан Аслан қолы дірілдей қарындасының телефонына бейне қоңырау шалды. Телефонның экранынан қолы артына байланған, жанарынан жас парлаған Жасминнің күңгірт бейнесі көрініп, артынша жарқшақтана шыққан дауысы да естілді:
– Аға, ағатай, неге бұлай еттің? Сезім де мен секілді біреудің еркелеген қызы емес пе еді? Оның ар-намасын таптауға қалай дәтің барды? Мыналар қанша айтса да сенбеп ем, Сезімнің өз қолымен жазып кеткен жазбасын телефонынан оқып, сенбеске амалым қалмады. Аға, ағатай, мені мыналардан құтқара гөр. Ішкі істер бөліміне барып, қылмысыңды өз еркіңмен мойындамасаң, мыналар сенің сезімге жасаған қиянатыңды маған да жасаудан тайынбаймыз деп отыр. Аға, мені шынымен де жақсы көрсеңіз, мені мына сұмдықтан… Жасминнің дауысы кілт үзіліп, экран бетіндегі бейнесі де бірден ғайып болды. Жын ұрған адамша үйден жүгіріп шыққан Аслан көлігін оталдырып, орталыққа қарай ұшырта жөнелді. Аудандық ішкі істер бөлімінің алдына жеткенде көлігін кілт тоқтатып, жанұшыра ішке қарай ұмтылды. Көп өтпей Аслан Әлбекұлы Санжар Асылбекұлы мен Ерзаттың алдында қылмысын толық мойындады. Қағаз жүзінде де, бейнежазба түрінде де Сезімге жасаған қылмысы туралы түсінік беріп, керекті хаттамаларға қолын қойып, сағат үштен жиырма жеті минут өткенде темір тордың ішінде отырды. Осының бәрі Сезімнің достары берген нұсқауға сай бұлжытпай орындалып, Асланның өз өтініші мен Санжар Асылбекұлының келісімі бойынша бейне камераға түсіріліп, Жасминнің телефонына жіберіліп жатты.
Темір торлы қара күңгірт бетон бөлмеге асыға кірген Аслан жаны шыға алаңдап, Жаминнің келуін күтті. Темір торды қос қолымен қыса ұстап, үміт пен күдікке беріліп, іштен тынып тұрғанда, сүйікті қарындасы Жасмин де жарқ ете қалды.
– Жасмин, қарындасым, аман– есен келдің бе? Бәрі дұрыс па? – Темір тордың арасынан Жасминге қарай қос қолын соза берді.
– Аман– есенмін. Бәрі дұрыс, аға. Уайымдамаңыз. – Жасмин де Асланның қос қолынан ұстай алып, жылап жіберді. – Аға, неге мұндай жаман әрекетке бардыңыз? Неге?
– Жасмин, қарындасым, кешір мені. Бәрі арақтың, мастықтың кесірі. Қалай болғанын өзім де білмей қалдым. Сенің алдыңда мына жерде, бүйтіп тұрғанымша, өлгенім жақсы еді..
– Жоқ, аға, олай демеңіз. Сіз мені жамандықтан құтқарып қалу үшін осында өз аяғыңызбен келіп, кінәңізді өз еркіңізбен мойындадыңыз. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді деп ойлаймын.
– Иә, қарындасым, шынымды айтсам, бұған дейін түрме деген қорқынышты шығар деп ойлаушы едім. Бірақ, қылмысымды мойындап, осында кіргелі бері керісінше еңсемді басып, кеудемді тұншықтырған зіл-батпан салмақтан құтылып, жеңілдеп қалғандай болдым.
– Ерзат ағаймен сөйлестім. Өз аяғыңмен келіп, қылмысыңды өз еркіңмен мойындағандықтан, жазаң да барынша жеңілдетілуі мүмкін дейді.
– Ерзат ағай дейсің бе… – Аслан төмен қарап қамығып қалды. – Иә, Ерзат ағай өте жақсы адам. Өз ісін жетік білетін өте мықты қызметкер де.. Әттең, сол кісінің айтқанын істеп, қылмысымды сол кезде мойындағанымда, сен мынадай сұмдық жағдайды бастан кешпес едің..
Осы кезде күзетші келіп, кездесу уақытының аяқталғанын, Жасминнің сыртқа шығуын өтінді.
– Ал, аға, енді мен кетейін. Өзіңізді-өзіңіз мықтап ұстап, жігеріңізді жасытпаңыз. Әкем мен анама барлық жайды өзім түсіндіріп айтам. Сізге де жиі-жиі келіп тұрам. Сау болыңыз. – Жасмин темір тордың сыртынан Асланды құшақтап, бетінен сүйіп, асығыс шыға жөнелді.
Жанары жасқа толған Аслан қос қолымен темір торды қыса ұстап, қарындасы кеткен жақтан көз алмай, күбірлей берді: – Қарындасым.. Алтын қарындасым менің..
Асланның туған қарындасы – Жасмин Әлібекқызының келісімін алып, өзін қатыстыра отырып өткізілген «Кепілдікке алу» атты құпия операциялары осылайша өте сәтті аяқталған, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Санжар Асылбекұлы мен қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы Ерзат Жасынұлы түсіп кеткен еңселерін қайта тіктеп, Аслан Әлібекұлының ісін аяғына дейін жеткізуге бар күшін салды. Оның Өсерқызы Сезімнің өліміне кінәлі екенін көрсететін бұлтартпас айғақ-дәлелдерді жинақтап, ісін сотқа өткізіп, әділ жазаға тартылуын күтіп жүрді. Алайда, Ерзат айтқандай заң мен тәртіп-ережеге сай жұмыс істесе де, түпкі мақсаттарына жетіп, еңбектерінің нәтижесін тағы көре алмады. «Күштінің құйрығы диірмен тартады» дегендей, күштілер күштілігін тағы көрсетті. Ердің жасы-елуді еңсерген Санжар Асылбекұлы мен орда бұзар-отызды орталаған Ерзатқка «өз қызметтерін асыра пайдаланды» деген айып тағылып, екеуі де қызметтерінен қуылды. Қамауға алынған Аслан Әлібекұлы қылмыстық құрамның болмауына байланысты қамаудан босатылып, себепсізден-себепсіз өз-өзіне қол жұмсаған Сезім Өсерқызының өліміне байланысты іс толық жабылды. Соған дейін оқушы қыздың өлімін сан-сақка жүгіртіп келген жұрт енді «себепсізден-себепсіз өзіне қол жұмсаған» оны жабыла айыптап жатты.

* * *

№ 7 мектеп-гимназиясының 11 сыныбында оқитын үш құрбы Назерке, Самал, Жасмин соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында бір үйде бас қосуды көптен ойластырып жүр еді. «Іздегенге сұраған», соңғы қоңырау мерекесіне бір күн қалғанда, Назеркенің анасы бір жұмыстармен қалаға кетіп, орталарынан ақша жинап, бас қосу сол үйде өтетін болып келісілді.
Соңғы қоңырау мерекесіне дайындалып, мектептен үйге кештетіп оралған Назерке келген бетте қонақтарды күтіп алудың қамына кірісіп кетті. Дайындық жұмысын қас қарая әрең бітірген ол, соңғы қоңырау мерекесіне арнап тігілген көйлегін киіп, айнаның алдына бара бергені сол, есік қоңырауы қағылды. Келген Самал екен. Ол да бас қосудың негізгі шартын орындап, соңғы қоңырау мерекесіне арнап тіктірген, ерекше көйлегін киіп келіпті.
Назерке өз қызығушылығын жасыра алмады:
– Уау! Құлпырып кетіпсің ғой. Талғамың керемет! Тек.. тек етегі сәл-сәл ұзындау емес пе?
– Ұзын болса, бола берсін. Аяғым сенің аяғыңдай түп-түзу емес қой. Өзің де керемет қып тіктіріпсің. Тек.. тек етегі сәл-сәл қысқалау емес пе?
– Қысқа болса, бола берсін. Аяғым оқтай түзу емес пе? – Тез қарымта жауап қайтарған Назерке ішкі ойын да жасырмады: – Сен де айтады екенсің, Самал, сыныптағы тіпті мектептегі ең аяғы түзу қыз сен емес пе?
– Бірақ, ұлдардың бәрі менің емес, сенің аяғыңа қарайды ғой. Әңгіме етіп жатқанын да естігем.
– Қарамаса, өзің кінәлісің. Әп-әдемі аяғыңды шүберекпен жасырып өзіңе де, ұлдарға да үлкен қиянат жасап жүрсің. Егер, менің аяғым, фигурам сенікіндей зың болса, мини юбка ғана киіп жайқаңдап жүрер едім..
Осы кезде есік қоңырауы қағылып, шығып кеткен Назерке ерекше көйлек киген Жасминді ертіп, сөйлей кірді:
– Самал, сен бері қарасайшы. Мынау елде жоқ көйлекті киіп келген біздің Жасмин ба, әлде түріктің Жасмин бикеші ме?
– Шынымен де керемет екен! Кім тіксе де, қолы дерт көрмесін.
–Жасминнің көйлегін Самал да қызыға ұстап көрді. – Белдігі сәл ұзындау секілді… бірақ, өте жарасымды. Өзіңнің фантазияң ба, әлде тағы да әлгі атаң ақыл берді ме? Айтпақшы, ол атаңды әлі көріп тұрасың ба?
– Көріп тұрам… Кейінгі кезде атам маған тіпті қамқор болып кетті. Жаурап қалмай мойныңа орап ал деп бірде орамал, бірде шарф секілді бірдемелерді береді де жүреді. Иә… мына көйлек те сол атамның айтуымен осылай тігілді.
–Жасмин кілт тоқтап, басын көтеріп алды. – Бас сап менің көйлегімді мақтап жатырсыңдар. Сендердің көйлектерің де бір-бірінен асып тұр ғой.
Көп өтпей қыздар диванға жайғасып, қызу әңгімеге кірісіп кетті. Айтыла-айтыла келе, әңгіме ауаны мектептегі ұл балаларға ауды. Назерке біраз жігіттердің атын атап, біреуінің түсін түстей бергені сол, соған дейін әлденеге мазасызданып, алаңдап отырған Жасмин сөзді бөліп жіберді:
– Қыздар, сендерді қайдам, өз басым шәкірттік шағымыз осылай демде өтіп кетеді деп ойламаппын.Табалдырығын аттағанымыз кеше ғана секілді еді, енді міне, есейіп, алтын ұя-мектебімізден ұшқалы отырмыз. Ертең соңғы қоңырау…
– Жасмин, ең актуальный темаға келгенде, саған не болды аяқ астынан? Түн ұзақ. Ол темаға да тоқталамыз…
Жасмин Назеркенің айтқанын естімеген жандай, сөзін жалғай берді:
– Иә, ертең соңғы қоңырау… Құлын-тайдай тебіскен, уайым-қайғысыз шәкірттік шағымыздың ең соңғы күні. Білесіңдер ме, қыздар, мен… мен мектепті, әсіресе сендерді қимаймын.
Әңгімеге Самал да араласты.
– Жасмин, саған не болды? Дәл бүгін кетейік деп жатқан жоқпыз ғой. Алда емтихан бар, ҰБТ бар. Әлі талай күн бірге болып, мектептің шаңын шығарамыз ғой.
– Сезім.. Сезім есіме түсе береді. Жап-жас еді ғой. Көрікті еді ғой. Білімді, өнерлі еді ғой. Тірі болғанда ол да бүгін біз секілді соңғы қоңырауға дайындалып жатар еді ғой..
– Жасмин, саған не болды? Аяқ астынан Сезім туралы айтқаның не?
– Білмеймін, Самал, кейінгі кезде Сезім түсіме жиі еніп жүр. Неге екенін білмеймін, ол өзінің өліміне мені кінәлайтын секілді. Рас қой. Оған жәбір көрсетіп, өліміне себепші болған менің туған ағам екені өтірік емес қой. Кейде өзімді кінәлі сезінетінім сондай, оның алдына барып ағам үшін кешірім сұрағым келіп кетеді.
– Жасмин, сен не деп сандырақтап отырсың? Оның өліміне сенің қандай кінәң бар? Сосын… сосын, Сезім о дүниеде, сен біздің қасымызда отырсың. Қалай, қайтіп кешірім сұрамақсың одан? Болды, жетер! Өмірде бір-ақ рет келер мерекеміз алдында дұрыс әңгіме айтайық.
Назерке де Самалды қоштай кетті:
– Иә, біз бүгін әңгімелесейік, сырласайық деп бас қосқан жоқпыз ба?
– Қыздар, мен сендердің екеуіңді де өте жақсы көремін. Осы уақытқа дейін өздеріңдей достарымның жанында жүргеніме шын бақыттымын. – Жасмин қос құрбысын мейірлене құшақтай алды.
– Құдай-ау, Жасмин-ау, бүгін саған не болған, бізді бүгін ғана көргендей елжіреп?..
– Наз, қоя тұршы. Жасминнің мұнша толқуының бір себебі бар секілді.
– Самал Жасминнің қолынан ұстады. – Жасмин, жаным, сені толған­дырған не нәрсе? Жасырмай айтшы.
– Жоқ, ешнәрсе емес. Жай, әшейін.. Көп өтпей қоштасатынымызды, бір– бірімізді көрмейтінімізді ойлап.. – Кенет Жасмин есіне әлдене түскендей атып тұрып, пакетінен жаңа үлгідегі қол сөмке алып, Самалға ұсынды. – Самал, жаным менің, туған күнің құтты болсын!
– Жасмин, мен сені шынымен де түсіне алмай тұрмын. Менің туған күнім ертең екенін де, оған өзіңнен бастап барлық сыныптастарымды шақырып қойғанымды да жақсы білесің ғой..
– Білем, жаным, білем. – Жасмин Самалдың сөзін бөліп жіберді: – Біз өлім ғана ажырататын жан достар емеспіз бе? Жұрттың алдында айғайлатып беріп жатқанша, бір күн бұрын болса да, сені қуанта берейін деп едім. Алшы, жаным. Қолымды қайтармашы.
– Жасмин, жаным, сені енді түсіндім. Рахмет саған. Тойда қайтсын.
– Сөмкені алған Самал көңілі босай Жасминді құшақтап, бетінен сүйді.
– Самал, мынау… мынау сенің арманыңдағы сөмке ғой. Қандай керемет! Құтты болсын! – Назерке Самалдың қолын қысып, бетінен сүйді.
– Наз, жаным, саған да сыйлығым бар.
– Маған? Жасмин, жаным-ау, менің туған күнім өтіп кеткелі қашан..
– Наз, жаным, кешірші мені. «Ештен кеш жақсы» деген емес пе? – Жасмин пакетінен қорапша алып, Назеркегеұсынды. – Сыйлығымды қабыл алшы, жаным.
– Жасмин, мынау… мынау ең соңғы үлгідегі телефон ғой. Мен.. мен осы уақытқа дейін армандап келген айфон ғой.. Рахмет саған, жаным! – Назерке көңілі босап, Жасминді құшақтай алды.
– Бүгін басымызды қосып, жүздестіріп отырған саған рахмет, жаным. Екеуіңе де рахмет, жандарым менің. – Жасмин екі қолымен екі досын тағы құшақтай алды. – Достарым, мен бүгін қатты қуанып тұрмын. Билесек қайтеді? Билейікші бір. Наз, жаным, музыкаң қайда? – Музыканың қосылғанын күтпестен ортаға шығып, екі қолын екі жаққа жайып баяу қалқи бастады.
– Ал, керек болса! Жасмин өзіне– өзі енді келе бастады. – Назерке күліп ойнақы музыканы қосқаны сол, Жасмин жұлқына билеп кетті. Самал аң-таң болып, аузы ашылып, Назерке жұлқына билеп жүрген Жасминді суретке түсіре бастады. Бәрін ұмытып, жұлқына билеген Жасмин музыка тоқтағанда ғана демін басып, Самал мен Назеркенің жанына келді.
– Қыздар, сендер биледіңдер ме, әлде, жалғыз мен бе? Тағы билейікші, а!..
– Бізді қойшы, сен бидің нағыз көкесін көрсеттің. Өзің сыйлаған айфонмен түсіріп алдым. Қазір бұл видеоны Талғатыңа жіберемін. Мұны көрсе, ол ертең соңғы қоңырауда сенмен абайлап-абайлап билейтін шығар. – Назерке күліп, телефонын тере бастады.
– Жоқ! Олай етпе, Наз. Қажеті жоқ. – Аяқ астынан асау аттай тулап шыға келген Жасмин бажылдай Назеркенің қолындағы телефонды қағып жіберді де, сол бетпен жүгіріп далаға шығып кетті.
– Ту-у, Наз, осы сен де.. Онсыз да толқып, не істеп, не қойғанын білмей жүрген бойжеткенді одан сайын ұялтып..
– Оның мұнша ұялатынын қайдан білейін. Көңілді болсын деген ем… Былай етейік. Ол жүрегінің лүпілін басып келем дегенше, тамақты түсіріп, дастарханды реттей берейік.
Самал дастарханды реттеп, Назерке тамақты әкеп қойғалы да біраз уақыт өтті. Самал алаңдай бастады:
– Наз, Жасминнің осы уақытқа дейін келмей жатқаны несі?
– Несіне алаңдайсың, Самал. Ғашықтықтың отына өртенген бойжеткен емес пе? Ғашықтың тілі-тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл…
– Қайдам, өртеніп күл болып кетпесе, ендігі келетін уағы болды ғой. Сонда да барып көріп келейін. – Самал асыға шығып кеткені сол, көп өтпей үрейлі жан дауысы шықты. Оның дауысын естіп, жанына жүгіріп келген Назеркеде де үрейден үні шықпай, құлап кетпеу үшін Самалды тас қып құшақтай берді. Жан достары – Жасмин есіктің алдындағы талда аяғы жерге тиер-тимес болып асылып тұр еді…
Мұндай оқиғаны жиі естіп, еті өліп кеткен жұртты селт еткізген нәрсе – Жасминнің соңғы қоңырау мерекесіне арнап тіктірген әдемі көйлегінің ерекше белдігіне асылып қалғаны еді.

* * *

Қарындасы өз-өзіне қол жұмсаған күннің ертеңіне Аслан Әлібекұлы екінші рет өз аяғымен аудандық ішкі істер бөліміне барып, Сезім Өсерқызының өліміне қатысты жасаған қылмысын толық мойындады. Бұл жолы оны тоқтатуға жарты әлемді уысында ұстаған нағашысының да, әкесінің шамасы келмеген еді.

Пікір қалдыру