АЛМАУЫТ

Алтын да, алмас та емес жалтылдаған,
Бір сый бар, Аға, саған тартылмаған.
Ұрпақтар аңыз етіп айтып жүрер,
Сыйдан да он есе артық даңқың маған…
Мұқағали Мақатаев

АЖАЛ ОҚПАНЫ

Тіл, діл, дін бірігіп тізе қосқанда
оларды оқ қана жеңе алады.
Асқар Сүлейменов

Мәскеуге қарай өршелене ұмтылып, Батыс майданына қара шымалдай қаптаған неміс дивизиялары мен авиа-әскердің шабуылына қалай тойтарыс беруді әскербасылармен кеңесіп отырғанда, «Бас қолбасшы шақырады» деген шұғыл хабар жетті.
Ми қоржынындағы «не боп қалды?» деген қырғи ойдың құрсауынан арылмаған күйі, көңілі әркі-тәркі халде емен есіктің алдына келгені сол:
– Маршал Жуков келді ме? – деген Сталиннің құмығып шыққан қарлығыңқы даусы қиялай ашық тұрған есіктен ап-анық естілді. Қатқыл дауыс әлгі ойын шашылған тарыдай одан бетер пышыратып жіберген қалпы ішке енген.
– Шақыртуыңызбен келіп тұрмын, жолдас Бас қолбасшы!
Мүштігінен түтіні будақтаған Бас қолбасшы терезенің қоңырқай патсайы торынан сыртқа қарап тұр екен. Қашанғы әдетінше бәсін арттыра, қабағын зіл басқан күйі кеудесін маңғаз бұра ортадағы көлденең үстелге жақындап, жаюлы жатқан етектей картаға үңілді. Мәселе айтпай-ақ түсінікті болатын – беті қызыл қарындашпен айқыш-ұйқыш шимайланған майдан қартасына Жуков та төнді.
– Маған түскен мәліметтер бойынша, фашистердің негізгі ой-мақсаты да, арман-тілегі де – Мәскеу.
– Дәл солай, жолдас Сталин!
– Олай болса күллі неміс әскерінің елу пайызы Мәскеуге бағытталғанын барлық дивизия басшылары білетін болар?
– Иә, жолдас Сталин! Гитлер бүкіл әскерінің 45 пайызын, танкілерінің 75 пайызын, артиллерияның 45 пайызын, ұшақтарының 31 пайызын осы бағдарға шоғырландырып жатыр.
– Ал, біздің дайындығымыз қалай, жолдас Жуков?
– Үш майдан бойынша бар күшті сарқа пайдаланып, Мәскеуге кіретін күре жолдарға жинақтадық. Әсіресе Батыс майданындағы дивизияларды қосымша әскер, қару-жарақпен толықтырып жатырмыз.
– Майдан басшылары жөніндегі ақпарды неге әр жарты сағатта хабарлап отырмайсыздар?! Маған сол жөніндегі нақты, әрі соңғы мәліметті баяндаңызшы…
– Батыс майданға – маршал Буденный, Брянскіге – генерал лейтенант Еременко, Волоколам бағытына – генерал Черченов тағайындалды.
Осы мезет Сталиннің мұрты әнтек едірейіп, ашу мен ыза буғаны соншалық, қанын ішіне тарта терісіне сыймай көгереңдеп кетті де сығырайған көзінің шоқты селебесімен Жуковты тесіп жіберердей:
– Немене?! Черченов дегенді қайдан тауып алдың тағы? Рокоссовский ше? – деді.
– Рокоссовский осы бағыттағы қосымша жасақталған күшке, сонан соң Қазақстандық 316 атқыштар дивизиясын басқаруға бекітілді.
Мына жауаптан соң құтырына соққан ақ түтек боран бөлменің ішін көмді де кетті. Енді болмаса сүйегін ұнтап, етін шеңгелдей бүріп тастардай долырған көсем:
– Жолдас Жуков, не шатып тұрсыз? Мен Рокоссовскийді алғы шепке неге салып отырмын? Абақтыдан шығарғанда оның соғыс тәжірибесін пайдалануды мақсат еткен жоқпын ба? Ол аз десең партия алдында берген уәдесі бар! – деді ашудан долдана булығып. Қорасан дағы бар бұжыр беті бөртіне жыбырлап, сықсиған көзімен Жуковты шатынай түтіп жеп қоюға бар.
– Түсіндім, Бас қолбасшы.
– Жоқ, сіз әлі түсінбепсіз, жолдас маршал! Дәл қазір 16-Армияның Бас қолбасшысы етіп Рокоссовскийді тағайындаңыз да Панфиловтың дивизиясы мен резервтегі дивизияны сол құрамға қосыңыз!
– Құп болады, Бас қолбасшы!
– Әскербасы алғыр болса жаудың басы аспаннан салбырар… Маған хабарды кешіктірмей, дер кезінде беретін болыңдар!
– Құп болады!..
Мұнан соң түтіккен десін біршама басайын деді ме, мүштігін сол қолына қысып, оң қолын артына ұстаған күйі айналсоқтап жүріп алды. Тек әлден соң ғана терезеден сыртқа қарап тұрған бойы:
– Рокоссовскийдің арғы атасы Наполеонның армиясына қолбасшылық жасап, Ресейге қарсы соғысқанын білесіз бе?
– Жоқ, жолдас Сталин…
Жуков бұл туралы білетін, алайда неге екенін кім білген, аузынан жөпелдемеде шығып кеткен сөзді қайтып ала алмай қалды.
– Білмесеңіз біле жүріңіз: Франчешик Рокоссовскийдің шөбересі Константин Рокоссовский Кеңес Армиясына басшы боп, енді неміске қарсы соғысады…
– Есте сақтайтын дерек екен, жолдас Сталин…
Жуков әскербасылардың ішінде Рокоссовскийден іш тартатын. Ставкадағы пікірталас кезінде өз ұйғарымы мен ойын ірікпей ашық айтатын, мінезді генералдың қадір-құрметі күн санап артып бара жатқанына қызыға да, қызғана қарайтын. Оның майдан даласының қартасын терең талдауы, нешеме қылкөпірден жанкештілікпен өтуі, соның нәтижесінде шабуыл тактикаларын білімділікпен өзгерте отырып ұйымдастыра білуі, әскери маневрдегі шалт шешімдері, солдатты аялай білетін қасиеті сарбаздар мен командирлердің арасында абыройын асырып, беделін арттыра түскен. Қалай дегенде де әр іске жете мән беріп, оған жауапкершілікпен қарайтыны сөзінен де, жүріс-тұрысынан да менмұндалап тұратын. Тіптен Сталиннің өзі оның ұтқыр айтылған ой-тұжырымдарын жеме-жемге келгенде қуаттай кететінін қайтерсің! Ал, екі әскербасының арасындағы көрінбейтін текетіресті жақсы білетін «ұлттар әкесі» әредік араларына ши жүгірте қоз тастап, шоғына рахаттана жылынуды ұмытпайтын.
– Панфиловтың дивизиясы қандай ұлттардан жасақталған?
– 316 атқыштар дивизиясында барлық ұлттан бар, Бас қолбасшы.
– Атап айтқанда…
– Басым бөлігі орыс, украиндар…
– Есіңізде ме, жолдас Жуков, немістердің бар болғаны 11 танк дивизиясының қаһарынан дүрліге қалтыраған бүкіл Еуропа етпеттей жығылды. Сол сесінің екпінімен Францияны ықтырып, әп-сәтте табанына салды. Ал, Мәскеуге қанша күш төгіп отырғанына мән бересіз бе өзі?
– Әрине, жолдас Сталин.
– Қане, санамалап шығыңызшы.
– Соңғы мәліметке жүгінсем…
– Жүгінсем, жаңылмасам деген дүдәмал жаңылтпашты доғарыңыз! Маған нақты мәліметті айтыңыз!
– Гитлердің 13 танк дивизиясы, 7 моторлы дивизиясы, 31 әскери дивизиясы дәл қазір Мәскеу бағытына шашырай топталуда.
«Міне бұл дерегіңе құлақ асуға болады» дегендей мұртының астына қорқорын қайта салып, Жуковқа назар да салмай қортық денесімен шайқатыла басып, абажадай үстелді айнала кезіп кетті. Әлдебір құпия ақпардан хабар берерде осылай дамылсыз тыпыршып, тыңдаушысын мысымен баса, дайындап алатынын білетін Жуков тағы не айтар екен дегендей көзін аудармай, тағатын тізгіндеп тұрған шақта:
– Бұл ақпарат маған да осы орайда түсіп отыр. Солай екен Батыс майданы мен Волоколам бағытына бекем бол. Бұл тікелей өзіңе жүктелетін шаруа. Тек өзіңе, жолдас маршал! – деді шегірен көзі шеңбірек ата, «әлі де айтарым бар» дегенді білдіріп.
– Батыс майданы мен Волоколам бағытындағы ұрыс даласынан әр полктың, әр дивизияның қарсы қимылын сол сәтте хабарлап отыруды тікелей өз мойныма аламын, жолдас Сталин.
– Мәскеу Гитлердің басты арманы болып тұр. Сізді шақырғандағы негізгі мақсатым былай…
Сталин қорқорынан түтінді түйдек-түйдек будақтатып, есіне әлденені түсіре алмай тұрғандай мазасыздана мұртын тарамдады да, ойда жоқта әжуа аралас мысқылмен:
– Георгий Константинович, осы сіздің әкеңіз кім болып істеген еді? – деген.
«Мына «шотырдың» есі ауысқан ба, біліп тұрып сұрағаны несі?»
– Етікші болған, жолдас Сталин.
– Ә… ә… етікші болған деңіз… Менің де әкем етікші болған. Етікшінің балалары әлемдегі ең қуатты державаны – Кеңес Одағын басқарып отыр: біреуі – партияны, екіншісі – армияны… Сонда таза тәбетті, ауқатты ақсүйектердің жан күйттеген перзенттері қайда? Дайын ас, тігулі киім, зырғыған көлік пен сұлу қыздарды құшқан мещандар мемлекет басқару былай тұрсын, соғысып та жарытпайды. Керек десең, астатөк дүние үшін Отанын да сатып кетеді… Қантөгіс боп жатқан майдан даласы – жазмыштың диірмен тасына қидаланып, өмірдің ащы-тұщысын көрген, битін сығып, қанын жалаған жалаңаяқтардың алаңы.
«Мұнымен не айтпақ?.. Сандырақтап қай қиянға тартып барады?..»
– Иә, өмірдің сынақ-тезінен өтіп, пешенесіндегі ауыр тағдырдың улы запыранынан дәм татқан қара халық қана соғыстың маздаған от жалынына күйіп, өтінде қақталуға бар…
Жуков қашанғы әдетінше әліптің артын бағып, бұлдыр «сандырақтың» ар жағында қандай да бір ой жатқанын сезгенімен, іштей болжай алмай әлек.
– Шындығына келсек, сіз екеуміздің сауатымыз да шамалас – сіз екі кластық патша мектебін, мен – діни семинарияны тәмамдағам…
«Шынымен алжиын деген екен… Сауатты сарапқа салатын уақытты тапқан екен, оның қатысы қанша бұл жерде?..»
Сталиннің даусы алғашқы қарқынынан әлдеқайда бәсең тартқан. Сөзге аралассам бірдеңені бүлдіріп алам ба деген именшек күдікпен Жуков демін ішіне тарта, қимылсыз қатқан да қалған. Сөзін доғарған Сталин айтпақ ойын неден бастап, қалай аяқтауды ой мизанына салып, бөлмені адақтап кетті… Кенет кілт тоқтады да:
– Георгий, ер етігімен қан кешкен ойранда достығымыздың одан ары беки түскеніне қуанбасам өкінбеймін, – деді өмірбақи жөндей алмай-ақ қойған таза грузин акцентімен Жуковты өзімсіне атымен атап.
– Мен бұған өте қуаныштымын, жолдас Сталин!
– Сен туралы Абакумов, Бериялардың айтқан өсек-аяңдарына сенбеймін, сенгім де келмейді.
– Сеніміңізге рахмет, жолдас Сталин!
– Сондықтан да көп жағдайда өзіңмен ғана пікір алысқанды жөн көремін.
«Енді айтатын болды не болса да…»
– Отанымыз алапат зобалаңды басынан өткеріп жатқан шақта саған ерекше тапсырма жүктемекпін… Тек өзіңе!.. – деді грузиннің доғал мақамымен соңғы екі сөзіне салмақ сала.
– Тыңдап тұрмын, жолдас Бас қолбасшы!
Бар зейінін сала, мұқият құлағын түрген Жуков аса бір жасырын құпияның беті ашылатынын сезді де, жаңа әзірдегі қуқыл тартқан реңіне қан жүріп, барынша байсал қалпын сақтауға тырысты.
– 1812 жылғы Отан соғысында тактикасы тас-талқан болған Кутузов француздардан жеңілгенін мойындап кері шегінді де, Наполеонның әскері Мәскеуді басып алды…
Сталин кунсткамераның ындыны жұтқан ақиқатты айтсам ба екен, әлде айтпай-ақ қойсам ба екен деп бір ауық қор-қорын сораптап жүріп алды да, Мәскеудің қолтық астына кеп қалған жаудың дүбірі жанына маза бермей, Жуковқа шегір көзін қадап сөзін жалғастырды:
– Иә, сонымен француздар Мәскеуді қыс айында басып алды… Хабарың бар болар?
– Әрине, жолдас Бас Қолбасшы…
– Иә-ә-ә… Мәскеуді кімдер жаулап алмады?.. Соноу бір замандарда қазақтың Тоқтамыс деген ханы бір түгілі үш рет Мәскеуді ат тұяғымен таптап, отқа орады… Салық салып жұртын құл етті, қаланы күл етті…
«Кобаны сайтан азғырайын деген екен, қай жаққа лағып барады? Өткендегі Батыс майданды талқылау барысында ілінісіп қалғаннан кейін, «Мұртты сайтан» деп сыртта айтқан сөзі Берия арқылы Сталинге жетіп, «Бұл теңеуді Гитлерге қарата айтқанмын» деп әрең басын арашалап қалған. Енді абай болу керек».
– Отты отпен өшірмегенде не боларын кім білген?
– Отты отпен өшіру дегеніңізге түсініңкіремей тұрғаным?..
– Азиат пен азиаттың арасына от жағып, Ақсақ Темірге Тоқтамысты өлтіртпегенде, орыстың құлдықтан құтылуы неғайбіл еді… Енді түсіндің бе?..
– Тарихты терең білетіндігіңізге тәнтімін, Бас Қолбасшы!..
– Ал енді мұқият тыңдап ал, Георгий Константинович!..
Өзіне жақын тартарда ғана аты-жөнімен ныспылайтынын жақсы білетін Жуков:
– Тыңдап тұрмын, жолдас Иосиф Виссарионович, – деді.
– Наполеонның мысын басып, Мәскеуді жаудан тазартқан да осы қазақтар…
«Мұнысы енді шектен шыққандық… Есі ауысайын деген екен, не тантып тұр?»
– Орыс патшасы әскербасылармен ақылдаса келе қазақ хандарына өтініш айтып, үш тайпасынан аттың құлағында ойнайтын жүз мыңға жуық сарбаз алдырады. Сөйтіп ажалды ауыздықтаған қазақтың атты жасақтары француздарды быт-шыт қылады да Мәскеуді жаудан азат етеді. 10-15 мың башқұрт тағы басқа азияттар болған деседі, негізінде атты жасақтардың дені қазақтар болған. Бұл жөніндегі құпия құжаттар, қазақ хандарымен жасасқан келісім қағаздары сол кезде-ақ жойылыпты, ал соңғы нұсқасын өзім жойдырдым. Бұл мәлімет тарихта болмағандай қазақтардың жадынан өшірілген… Мүмкін там-тұмдаған көзі ашықтары білер, алайда халқы бұл жәйттен хабарсыз. Сол күйі хабарсыз кеткені ләзім…
Жуков өзіне беймәлім, тіпті күдік толы мына хабардан ес жия алмай қалды. Көз алдына майдан даласындағы жанарынан от шашқан, қаршығадай қағылез қара қазақ – Бауыржан Момышұлы көлбеңдей кетті. «Ойпыр-ай, жарқ-жұрқ еткен көзінен шоқ бүріккен капитан майдан қолбасшысы мені де, Баграмянды да шиіріп айтқан орнықты жауаптарымен сазға отырғызып, «Қақпан» операциясын быт-шыт қылды-ау сонда…»
– Бүгіннен бастап елдің жүрегі саналған қаланы қорғайтын Батыс майдандағы барлық дивизияны, Рокоссовский басқаратын 16-Армияны қазақтармен толықтырып, қайта жасақтауға пәрмен беріңіз! Тек қазақтармен! Майданның өзге бұрышынан алдырасың ба, жоқ әлде Қазақстаннан қайта жасақтайсың ба, бұл енді сенің жеке шаруаң. Менің ойымды ұқтыңыз ба?
– Ұқтым, жолдас Сталин!
Көптен ақыл таразысына сап, қоламта шоқтай арам пиғылын мизан келісіне түйген «шотырдың» бұл ойына қарсы келу түгілі, пікір қосақтаудың өзі артық еді.
– Ұқсаңыз бұйрықты кешіктірмей, бүгіннен бастап орындауға кірісіңіз!
– Құп болады, жолдас Бас қолбасшы!
Әзелден әсіресақ Сталин маршалға жақындап келді де, ешкім естіп қоймасын дегендей даусын әнтек бәсеңдеткенімен нықтап:
– Менің ең сенімді серігім ретінде, бұл әңгіме тек екеуміздің арамыздағы мемлекеттік құпия боп қалсын! – деді.
Айтуын айтса да күні кеше ғана Лаврентийге: «Барлық священниктер мен мұсылмандарға, ламалар мен шамандарға өз Құдайларына жалбарынуға жасырын тапсырма бер. Пұтқа табынатындар, староверлер мен кержактар да ұмыт қалмасын. Әрқайсысы сиынатын шіркеулері мен мешіттеріне барып құран оқи ма, балауыз тұтата ма, отты айналып зікір сала ма, қысқасы жаудың бетін қайтару үшін дұға оқып, өздері табынатын Құдайларына құлшылық жасасын. Бұл сырды екеуміз көрге ала кетеміз! Түсіндің бе?» дегені есіне түсіп, мына пәле соны сезіп қалмады ма дегендей Жуковқа барлай қарады. Қарады да маршалдың қара басының қамын күйттеген дегбірсіз түрін көріп, көңілі жайланды да:
– Совершенно секретно, жолдас маршал! Түсінген боларсыз? – деді.
– Түсіндім, жолдас Сталин!
– Ал, қазақтармен араласа жасақталған дивизиялар ең алдыңғы шепте болатын болсын! Ең алдыңғы рубежде!
– Бұйрығыңыз бұлжытпай орындалады, Иосиф Виссарионович!
Сталиннің құпиясына серік болсаң – табыттың жанынан қоныс тепкенің. Сөйтсе де «шотырдың» бүгінгі құпиясы бұрынғылардан өзгешерек. Жуков кәнігі қақсал Бас қолбасшының апшыны қуырған адуыны жұмсара, ақыруы жұқара қалған құйымыр мінезін матқапыда терең сарапқа сала алмаған, енді топшылады: бұл – ескі қыжыл, түу әрідегі «Алашордаға» деген ыза кекті қайтару емес, тағдырдың талай сынағын басынан өткізген құныкерсіз ұлтты сынау да емес – жаугерлігі жаһанды тітіретіп, атының тұяғынан шоқ шашырап, қылышымен өрт ойнатқан көкжал қазақты тығырыққа тірелген жойқын қысталаңнан алып шығар соңғы үмітіне балағаны екен.
Шектен тыс билік пен «ләббай тақсырлаған» қошеметшілердің «ұлттар әкесі» деген мадақ тұзағына тұсауланған Сталиннің бұл тоқтамы – риясыз, бала көңіл қазақты нағыз қақпан-құрдым – ажал оқпанына айдап салу еді.
…Жуков шығып кетісімен өз-өзімен күбірлеген Сталин, әлгіндегі әңгіменің ырқынан шыға алмай, бөлмені айналшықтап жүріп алды. Қазақ даласын қан сасытқан тиран Ұлы даланың апайтөс баһадүрлері ойда жоқта қиқулай кіріп келіп, бұзаутіс қамшымен қорасан бетін осып-осып кеткендей жүзі көгереңдеп кетті. Жаны қысылғанда жаужанды қазақтың алдында амалсыз тізерлеп, бүгежектей бүгілген құпиясы жер жаһанға жария болып масқара хал кешкендей өзін-өзі күстаналап, едәуір уақ дамыл таппады. Тек сүт пісірім мезгілде ғана ішіне түскен қылғұрт ойдан адаланып өз-өзіне келді де, диванға шалқалай қисайып көзін жұмды…
Есіне қазан төңкерісі кезіндегі ұлты үшін өлуге бар жанпида қазақтар түсті… Ойдан да, көңілден де тасаланып, сағымдай болған сол бір кез еріксіз есіне оралып, көңіл көзінде бұлыңдай берді.
…Иә, төңкеріс жылдары Бөкейхан бастаған қазақтар қиғылықты салудай салды. 1918 жылы РКП(б) Орталық Комитетінің Саяси бюросының шешімімен Шоқаев құрған «Қоқан» автономиясын күшпен таратып, «Татар-Башқұрт автономиясын» орыс ұлтшылдары өткізбей тастағаннан кейін, Қазақ мемлекетін құру үшін Әлихан сақ қимылдап, сауатты дайындалды. Түп қазығына марксизм идеяларын негіз етіп, Лениннің «Ұлттар теңдігі» мақаласындағы ұлт теңдігі мен жер меншігі туралы ойларын бетберде қылды да, «Алашорда» партиясын құрды; оны місе тұтпай жеке мемлекет болуды көздеп, автономия құруға жұлқына ұмтылып бақты. Ресей Думасындағы додада пісіп жетілген, Петерборда орыс газеттеріне редакторлық жасап, Думадағы мұсылмандар фракциясының мүшесі болған Әлихан Бөкейхан ұлтына қызмет етуде нендей жанкештілікке де бара алатын, біліміне шешендігі сай нағыз күрескер екенін марксист революционерлердің бәріне мойындатты.
Ойпыр-ай, 17 жылғы желтоқсандағы бюрода Ленин, Троцкий, Плеханов бастаған сен тұр мен айтайын деген марксистердің өздерін тұйыққа тіреп, тарихты соноу қойқаптан қозғап, сілікпесін шығарғаны қалай естен шығар.
«Сендер коммунистік жүйені бет перде қылып, өзге ұлттардың еркіндікке ұмтылуын «тағы басмашылыққа» балап, бас көтертпей билеп төстеуді жалғастыра бермексіңдер. Керек десең аз ұлттардың теңдік сұрауын «буржуазиялық сарқыншақ» деп олардың жолын кесіп, езгіден азат етпей отыруларыңды қалай түсінеміз? Дәл осының өзі империялық қара ниет пиғылдың көрінісі. Бұлай жалғаса берсе Коммунистік манифестегі қағидаттар қайда қалмақ? Тіпті күні кешегі Ульяновтың «Ұлттар теңдігі» мақаласындағы аз ұлттардың құқығы жөніндегі мәселе қағаз жүзінде қалып, азаттық алдық деген Қапқаз, Сібір, Орта Азия елдерінің арманы құр далбаса болып қалмақ па? «Ұлттар саясаты мен жер реформасын» қайта қарамаса, жерінен айырылған кішкентай халықтарды империялық өктем пиғылдағы Ресей ертең-ақ жұтып қояды. Ал, біздің мақсатымыз Николайдың көшірмесі болатын, басқыншы мемлекет құру емес!» деп сайрағанда, бәріне жауабы дайын Лениннің өзі не айтарын білмей, кекеші ұстап тұтығып қалған. Әншейінде ауыз жаппас ұлтшыл орыстар мен әсіре демократтардың мойнына су кетіп, мыңқ ете алмай қалған тұста, «әзірше айтқанына көнген сыңай танытып, уақыттан ұтудан басқа жол жоқ» деп Ленинге сыбырлап үлгерген.
Әлиханның ашық сынынан аяусыз соққы алған большевиктер сол жиында лажсыз бір қадам артқа шегінген. Сөйтіп, 1920 жылы тамыздағы алқа мәжілісінде қазақ жерінің шекарасы мен «Алашорда» партиясын мойындап, Халық Комиссарлар Кеңесінің ұйғарымымен Орталық Комитеттің шешімін шарасыз шығарып беріп еді. Сенгіш қазақты алдарқатып, кешеуілдету арқылы ғана жеңе алатынын бар болмысымен ұғынған Ленин бастаған большевиктер осындай аяр саясат ұстамағанда, алаштықтар бас бермей кететін еді.
«Ойпыр-ай, Шыңғысханның зәузаты сәл болмағанда ойға алған ісіміздің ойран ботқасын шығара жаздады-ау сонда! Бүгінде сол бөрімінез «түземдіктерден» ешкім де қалмады. Әлихан, Мұстафа, Халел, Жақып, Тұрар, Нәзір… Горькийдің «сүйкімтай» ақыны Мағжан… Иә, бәрін де аттық, астық, қалған бас көтерерін итжеккенге айдап ит-құсқа жем қылдық… Ал, қазіргі ситуация мүлдем басқа… Мәскеуді қорғауға айтқанынан қайтпайтын, сеніміне кірсең кеудесін оққа тосып, маздаған шоқты тілімен жалайтын қайсар қазақты ғазауат майданның өрт жалынына салмасақ, хал мүшкіл… Әлде де осылар құтқарады, осылар алып шығады бұлағай тығырықтан…»
Жуковқа тапсырған бітінә пиғылының іске асып, өр қазақтың тірі қамал боп Мәскеуді қорғаған ғажайып ерлік дастаны да, Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші боп қадаған қазақ ұланы да тарих беттерінен жәдігөй жалдаптықпен өшіріліп, – даңқ та, атақ та, абырой да «ұлы орыс» халқының еншісінде қап қоятынын ішмерез Сталин де ол кезде болжай алмап еді…

«СЕРІППЕ» ӘДІСІ
…Біз – Скифтерміз!
Азиаттармыз біз!
Қайнаған іште жай тасы!
Александр Блок

Алланың лауқы мақпузда пешенеге жазғанынан пенде шіркін қашып құтылмақ емес. Ал, дәл мынадай сұрапыл соғыстың қара дауылындағы бораған оқтан аман қалам деу таза дәлдүріштік. Төбеңнен, жаныңнан, құлағыңның түбінен ысылдап өтіп жатқан мыңдаған оқтың біреуі өміріңді жалмауға жетеді. Сәт сайын жан алып, жан беріскен ғарасатта ақылы асқан небір бейкүнә азаматтар өлім құшып жатыр. Ақылың кемел, қабілетің кенен болса да, түйір қорғасынның алдында қауқарсыз!..
…Ажал құрығы Бауыржанның батальонын шыр айналдырып, қоршаудан шыға алмай сенделіп жүргендеріне мінеки бесінші сөтке. Оқ таусылуға жақын, ал азық-түліктің тақыр ада болғанына бүгін үшінші күнге айналып барады.
Қос тараптан оралған барлаушылардың мәліметі көңіл жұбантарлық емес. Медеу тұтатын жалғыз жаңалық – немістердің негізгі күші бүкіл артиллериялық жегіндерімен Пашково деревнясын тастап, шығыс тұстағы Матренино селосына қарай бет түзепті. Бұлар жасырынып отырған орманның іші немістердің орталық штабы орналасқан Горюно селосынан бар болғаны жеті-сегіз шақырым. Ал, штаб орын тепкен деревняның сол қапталында Матренино, шығысында Горюно, түстік жағында Шибаново селолары…
Доғалы қоршау – таза қыспақта қалды деген осы.
– Жолдас командир, Карпов пен Соловевтың роталарындағы солдаттар аштықтан өлуге айналды. Не істейміз?
Бауыржан саяси жетекшінің сұрағын естімегендей, безірейген күйі алдындағы картаға үңіліп отыр. Қарайып, түтіккен түріне көз салудың өзі қорқынышты.
Үшінші ротаның командирі Бозжанов келіп, өз солдаттарының мүшкіл халін екі ауыз сөзбен жеткізді де:
– Ақсақал, бір амалын таппасақ болмайды. Мүмкін Горюноға түнделетіп шабуылдап, сәтін салса жарып өтіп, өзімізге қосылып қалармыз…
– Жоқ! Оқ дәрі де таусылу алдында, оның үстіне үш күннен бері тамақ ішпей әлсіреген ашөзек солдаттарды аранға айдап салу бұл. Тез арада барлық командирлерді шақырыңдар!
Арада шай қайнатым уақытқа жетпей жиналған командирлерден әр ротаның шығынын сұрап, сарбаздарды түгендеді де, жігерлі дауыспен былай деді:
– Жолдас, сарбаздар! Басымызға қандай күн туса да біз неміспен ақырғы оғымыз таусылғанша айқасып өлеміз!
– Жолдас командир, айқасып өлеміз деп аштан қырылатын түріміз бар ғой…
– Соғыстағы бораған оқтан өлгеннен, аштан өлу азап екен…
Бауыржан көзі шатынап екінші ротаның командирін жеп жіберердей оқты көзімен атып, ашу буып қалшылдап кетті де:
– Аштан қатайын деп жатсаңдар, онда мені сойып жеңдер! – деп ақырып жіберді.
Бауыржан кабурын сарт еткізіп ашты да, пистолетін суырып алды. Командирінің мұндай ашуқойлы сәтін бұрын-соңды көрмеген командирлерді үрей буып, демдерін ішіне тарта тынши қалды.
– Естеріңде болсын Кеңес Одағы үлкен мұхит, ал біздің қоршауда қалған 350 шаршы метр жеріміз кішкентай ғана арал… Аралдағы Бас қолбасшы мен – Бауыржан Момышұлы! Қазірден бастап Совет Одағы Қарулы Күштерінің барлық түрлерінің Бас қолбасшысы да – «Мен» деп біліңдер! Сылбырлық танытқан екінші, төртінші рота командирлері Сергеев пен Трифоновқа қатаң сөгіс жариялаймын, қорқақтық танытқандары үшін алтыншы, сегізінші рота командирлері Асланов, Примаковтардың шендерін қатардағы жауынгерге төмендетемін. Орынбасарлары командирлік қызметке тағайындалсын! Опа­сыз­дыққа жол берген кез келгеніңді атақтарыңнан айырмақ түгілі, атып тастауға да құқылымын! Бұдан былай қорқақтық танытып, ротаңды басқара алмайды екенсің жақсылық күтпеңдер! Мен сендерді аштыққа да, немістерге де бермеймін! Егерде алда-жалда Қызыл Армияға қосыла алмасақ, барлығыңды мына пулеметпен жусатып салам да, соңынан өзімді атамын! Осындай қатаң талапты өзіме де қоя отырып, бәріңнен де соны талап етемін! Понятно!
Бауыржанның ашуға беріліп, қаһарланып кеткені сонша отыз алты командирдің барлығы аштығын да, шаршағанын да ұмытып енді болмаса атылып кететіндей демдерін әрең алып, қорыққандарынан қалш-қалш етіп дірілдеп кетті. Көп тәуекел етпей, жалғыз адам ештеңе істей алмайды, ал кей жағдайда көреген жалғыздың тәуекелі жүз қайықты тығырықтан алып шығады.
«Қажет кезінде қаталдық та басты қару…»
Алмағайып сәтте командирлерін осылай қайраттандырып алмаса, аштыққа шыдай алмаған сарбаздар арасында күңкіл көбейіп, рухсыздыққа бой алдырып бара жатыр еді. Офицерлерін әрі тәртіпке шақырып, әрі жігерлендіріп алды да алдағы жоспарын баяндады.
– Құрамадағы 800-дей солдаттың жүз шақтысынан айырылыппыз. Бізде бір ғана мақсат – ол жау қоршауынан сытылып, өзімізге қосылу. Пашкованың айналасындағы үш деревняда орналасқан немістердің ұзын саны үш мыңнан асады. Мұқият тыңдап алыңдар, фрицтер бізді шығыс жақтағы орман ішінде деп ойлап отыр, ал біз «алдамшы маневр» жасап, бос қалған неміс штабының іргесіндегі Пашковаға барамыз.
– Бұл деревняның жан-жағы анталаған фашистер…
– Қолға тірідей түсу ғой бұл!?
– Прекратить безобразие! Немістер біздің қайда тұрғанымыздан хабарсыз. Оның үстіне шаңқай түсте бес шақырым жердегі селоға келеді деп мүлде ойламайды. Ал, деревнядағы жерлестер аштан қалдырмас. Ауқаттанып, әл жиып аламыз да, түнделетіп батысқа тартамыз.
– Ойбай-ау, Батька, батысыңыз не?
– Кері жүреміз деп тұп-тура неміске жем болмаймыз ба?..
– Мольчать! Бас Қолбасшының бұйрығы талқылауға жатпайды! Батыста неміс әскері жоқ, барлығы дерлік алғы шепте. Арғы жағын карта бойынша сызып қойдым, оны алдағы уақытта айтамын. Әзірге барлығың взвод, роталарыңды ретке келтіріңдер, Пашкованы бетке аламыз. Тағы да ескертемін: бұйрықты орындамаған командирді, сужүрек солдатты сол жерде атып тастаймын! Пощады не будет! Понятно!
Алған бетінен қайтпайтын, тік мінез Батькаларының сұсты жүзінен сескенген командирлер, нажағайдай от шашқан қап-қара көзінен айтқанын орындатып, дегеніне жүргізетін бұйрықты оқып:
– Так точно! – деп саңқ ете қалды да, қайсар командирдің өзгертуге, талқылауға жатпайтын шешімімен бірауыздан келісті.
– Он бес минутта жолға дайындалыңдар! Құдай ісімізді оңғарсын! Іске сәт, қырандарым!
…Пашкова деревнясындағылар бұларды аң-таң күйде қарсы алды. Үрей буған жүздерінде жалғыз сауал: «Жан-жағы мұздай қаруланған фашистермен қоршалған аймақта қалай аман жүрсіңдер?»
– Кеше ғана немістер осында болған… Дәл қазір құлашсозым жерде… Арандап қаласыңдар ғой… – деген егде жастағы колхоз председателіне Бауыржан өз жағдайларын қысқаша түсіндіріп өтті де:
– Біз барлық ситуациядан хабардармыз. Солдаттарды тез арада тамақтандырып, үш-төрт сағаттың ішінде азықпен қамтамасыз етіп, шығарып салуға қам жасаңыз, – деді.
Жасы алпыстан әлдеқашан асып кетсе де, райыс ширақ адам екен. Әп-сәтте еркек кіндік қалмаған ауылдағы еті тірі қатындарды жиып, іске кірісіп кетті. Өздерінің халі мүшкіл бола тұрса да:
– Өз жауынгерімізге қалай жәрдем бермеске! – деп бейшаралар жан аямай жанталасып жүр. Тездетіп өрістен үш сиыр алдырып сойды, жерасты кепелеріндегі қысқа сақтаған азық түліктерін аштықтан әлсіреп, қуат-дірмәні қалмаған солдаттардың аузына тосты.
Арада ет пісірім уақыт өтер-өтпесте сарбаздардың ашыққан қарны тоғайып, қамыққан көңілдері марқайып, көкнәрдің тұнбасын ішкендей жүздеріне қан жүгіріп шыға келді.
Бауыржан жағдайдың әлдеқалай күрт өзгеріп кетуінен секем алып, деревня сыртына қойылған күзетшілерінен сәт сайын хабар алып тұр. Бұларды дәл түбіндегі селоға қоныс тебеді деп ойламаса керек, немістер жағы тым-тырыс. Көп ұзамай командирлердің басын қайта қосты.
– Жағдайымыз мәз емес, алайда беріле салатын езің де біз емес – шабуылдап та, шегініс жасап та, бетпе-бет те ұрысқа дайын тұрыңдар! Бүгін кешкісін батысқа қарай жүреміз де, жау тылына дендей отырып, оң қолтықтағы орман ішіндегі бұлаң жолға түсеміз. Менің бабам бұл соғыс тәсілін – «серіппе» әдісі деп атаған. Председатель мен шолғыншылардың айтуына қарағанда біз баратын жақтың жолы ауыр болғанымен, жаудан таза. Айла асыруға түн жақсы, ашық айқасқа күн жақсы – уақыттан ұтамыз да, түнгі мезгілде түстікті бетке алып, алты жүздей ғана дұшпан жайғасқан Шибаново деревнясына бет түзейміз. Сәтін салып Алла жақтасса, деревняны қиялай өтіп, соқпақ жол арқылы таяқ тастам жердегі Кеңес Армиясына қосыламыз… Ескертіп қоямын, егер фрицтер байқап қалған жағдайда барлық сарбаз жөппелдемеде болатын сайысқа сақадай сай тұратын болсын!
Зеңбірек сүйреген жегіндер мен жаралыларды артқан пәуескелер шиқыл­дап, қиқылдап намазшам кезінде неміс тылына қарай батысты бетке алып, қозғалып кетті.
…Не дегенде де Тәңір алғады – немістер күндізгі ұрыстан сілесі қатып шаршаған болса керек, Бауыржанның полкы сары таң сыз бере Шибанованы айналып өтіп, шығыс жағындағы сайрақ жолға түсті де, көп ұзамай бұларды әлдеқашан өлдіге санап, жаназасын шығарып қойған өз дивизиясына қосылды.
– Айлалы батыр алдырмас! Отызында орда бұзған, ақберенім менің! – деген генерал Панфилов Бауыржанды баласындай мейірін төге, еркелете құшағына алды. Мауқын басайын деді ме, кеудесіне құшырлана қысқан бойы қолын ажыратпай ұзақ тұрды…
…Алдағы болар ұрыстың маңыздылығы болса керек, көп ұзамай 16-Армия қолбасшысы генерал Рокоссовскийдің өзі майдан шебін аралауға шықты. Әсіресе, генерал Панфиловтың қарауындағы аңызға айналған батальонға баруға көңілі ауып, солай қарай бармаққа бекіді. Армия командашысы генерал Панфиловқа:
– Апта басындағы қоршаудан аман оралған батальонмен хабарластыңыз ба? – деді.
– Иә, жолдас Армия генералы! Кеше штаб бастығымен бірге аралап қайттым.
– Ержүрек сарбаздар батальонына бастаңыз онда!
– Құп болады, жолдас Армия генералы!
– Командирі капитан Момышұлы ғой?
– Дәл солай…
– Иван Васильевич, менің сүйенерім де, сенерім де осындай тапқыр командирлер. Жау құрсауынан сытыла отырып, неміс офицерлерінен қолға түсірген құпия құжаттары өте маңызды болып шықты. Жоғарғы Ставкадағылар құнды ақпараттар бар деп отыр.
– Момышұлы құпия құжаттармен бірге 18 танкінің көзін жойып, қару жарақтар мен әскери техникаларды да олжалады.
– Бәрекелде! Ерліктеріне сай Момышұлымен келісе отырып, офицерлері мен сарбаздарын марапаттауға ұсыныңыздар!
– Құп болады, жолдас Армия генералы! – деген Панфилов қолбасшынының алдына түсті.
…Ұзын бойлы, қыр мұрынды, түр-тұлғасы келіскен, келбетті Армия қолбасшысын Бауыржан блиндаждың алдында күтіп алды. Амандасу дағдысынан соң, жағдайды қысқаша баяндап өтті. Рокоссовский қашанғы әдетінше мұқият тыңдаумен болды.
Рокоссовский де соғысқа дейін талай өткелектен өткен әскербасы болатын.
…1937 жылы Ежовтың адамдары мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысы бар «саяси сенімсіз адам» ретінде түрмеге қамайды. Бесенеден белгілі, НКВД-нің құрдым-тамұғында тозақтың отынан әрмен азапты үш жылды басынан өткереді. Қандауырдай жалаңдаған жендеттер қолын сындырады, тістерін қағады, арын таптап, намысын қорлайды… Қанды қасапханадағы бопсаның неше атасын басынан өткізсе де, ерік-жігері мұқалмаған бұл ғажайып адам мына тұрысында тауқымет тартқан жанға мүлдем ұқсамады, керісінше өзіне өте сенімді көрінді. Мейірім шуағын шашып тұратын жанары мен жайдары да, ашық мінезі өте мәдениетті, текті адам екендігін паш етіп тұр.
– Жолдас капитан, қоршаудан аман шығу кез келген әскербасының қолынан келе бермейтін тапқырлық. Әйтседе, Қызыл Армияға қарай жүрудің орнына, Батысқа – фашистердің ішіне сыналап ену тактикаңыз мені таңқалдырып отырғаны…
– Айнала дұшпан әскерлерімен қоршалған аймақта, шолғыншылар ақпарын жіті пайдалана отырып, ежелгі скиф тайпаларының «серіппе» әдісін басшылыққа алдым, жолдас қолбасшы.
– Бабаларыңыздың шегіне отырып тұтқиылдан шабуылдау мен сытылып кету тәсілін тарихи кітаптардан менің де оқығаным бар.
Армия басшысының әскери саладағы қайраткерлігінен тыс, өзге ұлттардың да соғысу мәнері мен тарихын терең білетін зеректігі Бауыржанды таң қалдырды да:
– «Жауың күшті болса бетпе-бет келме» деген шығыс даналығы да бар, жолдас қолбасшы! – деді батылданып.
– Әр командирдің жадында жүретін түйінді фраза екен! Соғыстың алғашқы айларында миллиондап тұтқынға түскен кеңес сарбаздарының көз жасы тәжірибесі жоқ, «конторский» қолбасшылардың мойнында. Өзің секілді командирлердің машығы жетіспеді, оны мойындауымыз керек…
Жүрегіне күдік ұялатқан сұрақтарына тиянақты жауап алып, көңілі жайланған Рокоссовский алдағы шабуылға тойтарыс беруге дайындық жағдайымен қысқаша танысқан соң, солдаттардың тамақтанатын орындары мен жатақ жайын аралап көрді. Тіпті, асүйдегі Жанекенің қанттай ұсынықты тірлігін көріп, риза болғаны соншалықты басын шайқап, көңілі көтеріліп:
– Бәрекелді! Солдатқа барынша жақсы жағдай жасалынған екен. Қарны аш солдат қару көтере алушы ма еді?! Рахмет, жолдас Момышұлы! – деді мейлінше разы болып. Кенет шыны ыдыстарға шүпілдей толып тұрған аппақ қымызды көрді де:
– Мыналарыңыз сүт пе? – деді.
– Жоқ, жолдас Армия генералы, бұл – қымыз…
– Ол не? Ішімдік пе?
– Жылқы сүтінен дайындалатын қазақтың ұлттық сусыны, жолдас Армия генералы.
– Солай деңіз… Жылқы сүтінен жасалатын сусынды естіп тұрғаным осы…
Қазақы ауылдың қайнаған ортасында өскен Бауыржан майдан даласында да бие байлап, қымыз дайындайтын. Деревнялардағы жайын жүрген екі-үш биені ұстап, Талас өңірінің тумасы Жанекеге тапсырып қойған. Бүкіл полктың ас-суы, қымыз бен саумалы да осы Жанеке мен екі жәрдемшісінің мойнында.
Аң-таң боп тұрған қолбасшыға түсінікті болу үшін Бауыржанның оң қапталында тұрған Мәлік сөзге араласты:
– Жолдас Армия генералы, деревнядағы иесіз қалған құлынды жылқыларды командиріміз арнайы сауынға қойып, ашытып та, саумал күйінде де ішудеміз. Әйгілі Геродоттың өзі қымыздың қазақ даласына тән, екі мың жылдық тарихы бар ішімдік екенін өз жазбаларында айтқан. Шөл қандырып, азық болумен қатар адамға қуат беріп, түрлі ауруларға шипа да бола алады. Жаңа сауылған жылқы сүтін ішіп, туберкулезден құлан таза айығып кеткен адамдар өте көп, – деді қымыздың тарихынан қысқаша хабардар етіп.
– Бұл өзі біз күтпеген қызық жаңалық болды-ау…
Рокоссовскийді бұрын атын естімеген сусын қызықтырды ма, әлде майдан шебін күнұзақ аралап жүргендіктен шөл қысты ма:
– Сілекейімізді ағыза қаталатып жібердіңіз ғой тегі… Ұрыс даласындағы қазақтың қымызынан дәм татуға бола ма? – деді.
Бауыржан «қымыз ішіңіздер» деп айтуға іштерін айдап жіберер деп жүрексініп тұрған, генералдың өзі өтініш жасағасын:
– Әрине, жолдас қолбасшы! – деп қуанып кетті де, Жанекеге ым қақты.
Жанан кесеге құйылған ашымал дөненнен сіміріп алған Рокоссовский мен Панфилов қымыздың тіл үйірер кермек дәмін шамырқана тұшынып, бастарын шайқады.
– Шынымды айтайын, мынадай сусынды ішпегелі қай заман?! Ұнады ма, жолдас генерал? – деді Панфиловқа қарап.
– Жолдас Армия генералы, менің екінші Отанымдай болып кеткен Қазақстанда қымыздың дәмін талай татқанмын.
– Айраннан өзгешелеу қышқылтым дәмі керемет екен.
– Егерде бабына келтіріп ашытып ішсе, ептеп қызу да береді, – деді Панфилов көп нәрседен хабары барын білдіріп.
– Оһо, ондай да қасиеті бар ма? Немістің сырасы мен болгардың шарабына конкурент десеңші! – деген Рокоссовскийдің әзіл сөзіне айнала тұрғандар күлкіден қыран-топан болды.
– Дұрыс айтасыз, қолбасшы! Немістің сырасы қазақтың қымызының жанында жіп есе алмайды… – деді Панфилов та қолындағы босаған саптыаяқты ұсынып жатып.
– Иван Васильевич, ендігі жерде капитан Момышұлынан жиі-жиі хабар алып тұратын болдық қой, – деген генералдар ашық-жарқын мінездерімен блиндаждың ішін жылы шуаққа толтырып жіберді. Қазақтың қымызының әскербасыға ұнағанына жадырай қуанып Бауыржан мен Мәлік тұр.
Әдетте штабтан келгендердің көпшілігі мұндай майда-шүйдеге аса назар аудара бермейтін. Ал, Рокоссовскийдің «әр солдат менің бауырым» деген принципінің рас екендігіне Бауыржанның көзі осы жолы анық жетті. Қоштасар сәтте:
– Жолдас Момышұлы! Мен сіз секілді қиын сәтте жол тауып кететін алғыр командирге, батыл сарбаздарыңызға саулық тілеймін! Көзсіз ерліктеріңіз ескерусіз қалмайды. Армия командашысы ретінде, Момышұлы мен оның батальонына «Алғыс» жариялаймын! – деді.
– Совет Одағына қызмет етемін!
Генерал сөзін аяқтай бере, жалт бұрылып дивизия басшысына қарады.
– Түсіндім, жолдас Армия генералы! – деді Панфилов та командашының наградаға ұсыну туралы ойын қабағынан жазбай танып.
Көп ұзамай генералдар жылы қоштасып, жанына ерткен адьютанттарымен келесі шепті аралауға кетті. Бауыржан Рокоссовский туралы бұрын да жақсы пікірде болатын, ал бұл кездесу оған деген ыстық ықыласын одан бетер арттыра түсті.
…41 жылғы 18-қараша күні Жоғарғы Кеңес Президиумының қаулысымен Панфилов басшылық ететін 316-атқыштар дивизиясы – «8-гвардиялық атқыштар дивизиясы» деп аталсын деген Жоғарғы Ставканың бұйрығы шықты. «Гвардиялық дивизия» болуымен құттықтаған шифрограммалар мен хат-хабарлар Иван Васильевичке қарша борап кетті. Қуанышта шек жоқ! Алайда құш хабарды тойлап жатуға уақыт жоқ еді – немістер көптен ойға алған жаңа шабуылын бастаған.
Генерал Панфиловтың бір қасиеті – командирлерді жинап ұзақ сонар жиналыс өткізуді суқаны сүймейтін. Шұғыл тапсырмаларды тиесілі рубеждерді аралап жүріп, әр командирге жеке-жеке түсіндіріп шығатын. Және одан ерінбейтін. Тіпті саяси жетекшілер мен комиссарларға: «Сендер бос мылжың уағыздарыңмен командирлер мен сарбаздардың миын ашыта бермеңдер. Олар ұтымды позицияны сендерден жақсы біледі, сондықтан командирге кедергі келтірмеңдер!» – дейтін.
Фашистер Панфиловтың командалық пункті орналасқан Гусеново селосын үстін-үстін атқылап, өршелене алға ұмтылды. Аптыға жүгіріп келген штаб бастығы:
– Жолдас генерал, орманның қауіпсіз жеріне командалық пунктті көшіріп қойдық. Стереотруба мен телефонды да орнатып қойдық, ендігі ұрыс барысын сол жерден қадағалап, басқарып отырасыз, – деді.
Окоптан басын қылтитып, бинокльмен ұрыс барысын қалт жібермей қадағалап тұрған генерал:
– Жолдас штаб бастығы, гвардеецтік атағымызбен фрицтердің өзі ынты-шынтысымен құттықтап жатқанда, майдан даласын тастап кеткенім ұят болмай ма? – деп әзілмен жауап беріп, алдыңғы шептерді аралауға кетті.
Дүние ғапыл – ызғырығы бет қарыған қарашаның дәл сол 18-жұлдызында блиндаждың түбіне түскен зеңбірек оғының жарықшағынан генерал ауыр жарақат алып, қайғылы қазаға ұшырады.
Аяулы ұстаз, көреген қолбасшы генерал Панфилов осылай кенеттен майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Ащщы өкініш өзегін қарып, тәні жараланған Бауыржан өмірдегі пір тұтқан ең жақын адамынан қапыда айырылып, қан жұтып қала берді…
…Көп өтпей Батыс майданы советінің ұсынысымен 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына «Генерал-майор Панфиловтың есімі берілсін» деген арнайы шифрохат келді.
Ал, бір аптадан соң 25-қарашада майор Г.Елиннің орнына 1073-атқыштар полкінің командирі болып Бауыржан Момышұлының тағайындалғаны жөнінде Армия қолбасшысы Рокоссовскийдің бұйрығы шықты.

СОҒЫС ӨТІНДЕ

Ақын болмасаң болма – жауынгер бол!
Мағжан.
1941-жылғы қыста 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына генерал Чистяков қолбасшы боп тағайындалды. Бұл генералмен Бауыржан бұрыннан етене таныс болатын: 30-жылдардың соңында генерал Чистяков Қиыр Шығыстағы дивизияға жетекшілік еткен тұста, қол астында командир болып қызмет атқарған. Өмір жолы сан тарау болса да, тағдырға тәбділ жоқ екен – араға төрт жыл салып, әкесіндей қамқор болған жаужүрек командирімен майдан өтінде қайта жүздесті.
Батыс майдан штабының бастығы Серебряков барлық дивизия, полк, батальон командирлерімен таныстыру рәсімін өткізді. Танысу белгіленген тәртіп бойынша өтіп жатқан. Кенет штаб бастығы:
– 1073-атқыштар полк командирі капитан Бауыржан Момышұлы! – деген тұста Чистяков полковникті кілт тоқтатып:
– Тұра тұрыңыз, сіз Тайгадағы Момышұлы емессіз бе? – деді.
– Ия, генерал жолдас! Қиыр Шығыстағы 105-ші дивизиядағы батарея командирі, – деп Бауыржан да қырандай саңқ ете қалған.
– Ақбоз атты Момышұлы?..
– Дәл солай, жолдас генерал!
Таныстыру ғұрпы колхоздың от жағылмаған суық клубында өтіп жатқандықтан дивизия, полк басшыларының барлығы сырт киімшең тұрған болатын. Өзге командирлерден бойы да ұзын, сымбаты да ерекше Бауыржанның қынында қылышы, иығында бурка, басында елтірі папаха.
– Мына тұрысыңызда Чапаевтан аумай қалыпсыз.
– Жоқ, жолдас генерал, мен Момышұлына ғана ұқсаймын.
Генералдың есіне Бауыржанның маршал Блюхерге берген жауабы есіне түсіп кетті де, күліп жіберді.
– Иә, бейбіт өмірдегі Момышұлын соғыс та өзгерте алмапты, сіз расында да Қиыр Шығыстағы Момышұлынан аумайсыз.
– Сүтпен кірген мінез, сүйекпен кетеді, жолдас генерал!
Мұнан әрі ескі таныстар басқаларға түсініксіз сөзбен қағысуды сап тоқтатып, құшақтасып көріскен. Ішіне қыл айналмайтын пендешіл командирлердің «осының-ақ жолы болғыш» деген сумақай ойларын айтқызбай ұққан Бауыржанның ми-санасы қас қағым сәтте дос-дұшпанның еселей артқанын да, кейінгі тағдырының оңай болмайтынын да таразылап үлгерді. Кім не ойласа да әкесіндей болып кеткен Чистяковты тағдыр ұрыс даласында қайта қауыштырғанына ол бек разы еді.
Дағдылы танысу рәсімінен соң алдағы жоспар, ертеңгі майдан талқыға түсті.
– Жолдас дивизия, полк командирлері! Жақсы білесіздер жаудың басым күші Отанымыздың жүрегі Мәскеуді басып алу мақсатында сәт сайын Батыс майданға ағылуда. Әр батальон, әр полк, әр дивизия өздеріне белгіленген картадағы жеке-жеке рубежде шабуылды тойтарып, қажет кезінде қарсы шабуылға да шығады. Ал, жолдас Момышұлы, сіздің полкқа аса жауапты міндет жүктелейін деп тұр. Соколово селосының батыс жағындағы Трошково деревнясын ертеңге қалдырмай, бүгін түнде дұшпаннан тазартып, басып алуымыз керек. Жоғарғы Ставканың өзі аса мән беріп отырған тапсырманы, жолдас Момышұлы, сіздің полк қосалқы күшсіз орындай алады ғой деп сенемін, – деді Чистяков Бауыржанға қарап.
Қарапайым, ақкөңіл генерал әзіл-қалжыңға да бір адамдай жақын болатын.
– Жолдас Момышұлы! Егер осы тапсырманы ойдағыдай орындап шықсаңыз, бұдан былай Қызыл Армияның Суворовы деген атқа ие боласыз!
Бауыржан сымдай тартылған аяғын сартылдата екі адым алға шығып:
– Даңқты генералиссимустың рухы жар болар деп сенемін, жолдас генерал! – деді.
– Сіз басқарған полктың қайсар сарбаздары сенімді ақтайды деген ойдамын!
– Еділ ердің тобығынан келмейді, қорқақ қаққа шөгіп өледі! Тапсырманы орындауға бар күшімізді саламыз, жолдас генерал!
– Бұйрықты орында деп айту оңай, ал оны жүзеге асыру, әсіресе, мына тапсырма нар тәуекел мен батыл шешімді талап ететін шетін іс. Сізге, сіздің полкқа сәттілік тілеймін! – деді Чистяков қаншама таныс болсаң да, қысылтаяң күн туғанда қай-қайсың да осындай сыннан өтесіңдер дегенді барша дивизия командирлеріне тұспалдай ұқтырып. Генералдың түпкі ойын жазбай таныған Бауыржан:
– Жолдас генерал, жағдайды білсең жаңылмайсың – жаудың саны қанша, қандай қарумен жабдықталған, деревняларға орналасуы төңірегінде зерттеу жұмысын жүргізуге рұқсат етіңіз! – деді.
– Зерделеу жұмысына қазірден бастап кірісуіңізге болады. Момышұлы, сізге рұқсат, бара беріңіз!
Бауыржан блиндажына келе сала картаны жайып тастап, немістер орналасқан деревняларды мұқият қарап шықты. Жете зерттелмеген, инженерлік тыңғылықты бақылау болмаған соң, жау орналасқан ең негізгі деревняға жауынгерлерді өзі бастап бармаса, арандап қалуы мүмкін. Қас қылғанда ауадай қажет мина іздегіш саперлар да бос емес – барлығы кезекті тапсырмамен кеткен. Кенет Бауыржанның жанына аптыға жетіп келген Мәлік:
– Жолдас командир, деревняның айналасындағы көлшіктердің бетіне мұз қатып, миналардың жарылмай қалғанын анықтадық. Қырсыққа шатылып қалмасақ жарады, – деген қабағы түсіп.
– Өзім де сол ойдың үстіндемін, ең қиын бөгет те осы болар шамасы, – деді Бауыржан алдындағы Бородино мен шағын селолардың картасынан көзін тайдырмаған күйі.
– Рекогносцировка дегенді білесің бе?
– Жоқ, жолдас командир…
– Дұшпанның орналасқан жері мен шабуыл жасайтын жердің картасын қайта зерттеуді осылай атайды. Жау осал емес – әккі шымшық кебекке алданбайды… Фашистердің негізгі күші мен штабы орналасқан нүктелердің орналасу жағдайына қарай, соққы жасайтын жерлерді белгілеп, маневрді өзгертпесек болмайды.
– Ақсақал, алмағайып емес пе?
– Терең талдасаң, жау ойына ортақ боласың. Одан басқа жолды көрмей тұрмын…
«Бұл қалай болар екен?» – деп командирін үнсіз тыңдап тұрған Мәліктің түк ұқпай тұрғанын көзқарасынан аңғарған Бауыржан:
– Түсінбедің-ау, шамасы… Қазір түсінесің. Тез арада барлық бөлімше командирлерін штабқа жина, – деді де, өзі жеркепенің «асхана» аталып кеткен бөлігіне беттеді.
– Жанеке, қайдасың?
– Ақсақал, мен мұндамын…
– Асың дайын ба?
– Дайын… Дайын, ақсақал…
– Қазір барлық командирлер жиналады. Жетеді ме палауың?
– Жеткіземін… Жеткіземін, ақсақал…
– Ал, қымызың ше?
– Саспаңыз, ақсақал, кешегі қымыз бен бүгінгі саумалды араластырып, бабына келтіріп қойдым…
– Әй, жарадың, Жанеке! Ұятқа қалдырмайтыныңды білген соң сені жанымнан бір елі тастамаймын ғой…
Командирлер жиналғанша шабуыл жоспарын тағы бір рет пысықтап алмақ болған Бауыржан, блиндаждың кіре берісіндегі стол үстіндегі картаға қайта үңілді.
«Трошковоны жаудан тазарттық дейік, мұнымен жауынгерлердің жағдайын жақсарта аламыз ба? Ал, қалған деревнялардың тағдыры не болмақ? Бородино, Барклавица, Вашково, Трохово, Конюшино, Трошково деревняларымен қоса кіре беріс жолды да жау басып алған, оның үстіне маңызды деген күре жолдың бәрін немістің «Мертвая голова» эСэС-тері қорғап тұр. Тірек пункті саналатын Бородинода жаудың әскери күшінің басым бөлігі мен офицерлері жайғасқан. Қосымша күш пен артиллериядан қайран жоқ, қолда бар винтовка мен автоматқа қана арқа сүйеген соғысымыз оң нәтиже берсе жақсы… Тұйықтан шығар басқа қандай жол болуы мүмкін? Қандай тәсіл бұл қыспақтан алып шығады? Жауды қандай әдіспен ала аламыз?»
Бауыржан сарабдал ойлау жүйесіне салып, жағдайды қазақтың киіз үй құрылысымен салыстырып көрген. Киіз үйдің тіреуі, уық, кереге, бақаны болады. Әскери тілде «ключ», «стержень» деген терминдер бар. Бұдан шығар қорытынды – тіреу мен бақанды алып тастасақ, киіз үй құлайды. Бұл ситуацияда бақанның рөлін ойнап тұрған Трошково емес – Бородино. Мұндайда не істеу керек? Жаудың жанды жерін білмесең, жағасын жырта алмайсың, полктың негізгі күшін жаудың бас штабы орналасқан Бородиноға төгу керек. Бауыржан ішкі түйсігімен бұл тұйықтан шығар бір-ақ жол барын сезді, сезді де жеңістің буына мәз жауды түн ортасында «басмашылық» тәсілмен басып алуға бекіді. Виски мен қыз-қырқынның қызығына бөгіп, бейғам жатқан немістерді талма тұстан ес жиғызбай тарпа бас салмасақ, күші әлдеқайда басым фашистер күндізгі айқаста дес бермесі анық… Ең дұрысы – бір мезетте барлық деревняны азат ету. Сонда ғана Бородиномен қоса, қалған селоларды да жаудан аршып аламыз.
Бұл тұжырым өзіне ұнағаны сондай алты деревняны дәл қазір азат еткендей, көңілі сергіп сала берді.
…Жанеке дайындаған палауды аса бір құмарлықпен жеп, тәтті бауырсақтан асап, соңынан бір-бір кесе қымыз ішіп, қызара бөрткен бөлімше командирлері әзіл-қалжыңмен қағытысып, едәуір бой жазып, арқа-жарқа боп отырған тұста:
– Ал, енді бәріңіз бері жақындаңыздар, – деп ортадағы жайылған сызба-картадағы деревнялардың орналасу жағдайымен таныстырды.
– Штаб басшылары бізге Трошково селосын ғана басып алуды міндеттеп отыр. Трошковоны басып алуын аламыз, бірақ ертесімен-ақ қалған бес селодағы мұздай қаруланған фрицтер қайта тартып алмасына кім кепілдік береді? Менің жеке жоспарым бойынша алты деревняға бір мезетте ұрыс ашып, түп-түгел басып алу операциясын іске асыру… Бұл ойыма қалай қарайсыздар? – деді де, «сендер не айтасыңдар?» дегендей батальон, взвод командирлеріне қарады. Кепенің іші құлаққа ұрған танадай тына қалды.
Едәуір уақытқа созылған екі ұдай күйдегі мимырт тыныштықты Бауыржанның өзі бұзды:
– Батырлық білекте емес – жүректе… Жеңіске деген жүректеріңдегі рухта. Мен осы жігерлі рухтарыңызға сенген соң осы шешімге келіп отырмын.
Пікір айтушының алды болып Мәлік сөз алды:
– Терезесі тең емес жаумен соғысу тәсілін сізден артық ешкім де болжай алмайды. Оның үстіне, ұсынысыңыз терең талдау арқылы түзілген, миға да қонымды пікір боп тұр.
– Штабтың бұйрығын орындамау Уставқа қарсы емес пе? – деді саяси бөлім бастығы Гусев.
– Жолдас командирлер, менің жеке ойым – полк командирінің алты деревняны бір мезгілде басып алу жоспарын құптаймын. Батпаққа батқан пілді, піл ғана шығара алады, ал, бізді мына тұйықтан ақсақалдың осы жоспары шығарып алады, – деді Мәлік әр сөзіне салмақ сала, ойын тұжырымдап.
Бауыржанның небір қиын сәттерде жол тауып кететін зеректігі мен сайыпқырандығын алғау тұтты ма, әлде дәлелді пікірге расымен ұйыды ма, дүдәмал ұрыстың қалай аяқталарын болжай алмаса да, командирлердің барлығы түзілген жоспарды бірауыздан мақұлдады.
– Ал, онда болашақ, Суворовшылар, іске сәт! Өлтірсең – өлімнен құтыласың, өлтірмесең – өлімге тұтыласың! Бүгін түнде шабуылға шығамыз.
Бауыржан осыны айтты да, өзі дайындап қойған сызбадағы алты деревняның тұсына жеке-жеке жауапты командирлерді белгіледі.
– Естеріңде болсын, біріккен жүз, бытыраңқы мыңды алады, біздің күшіміз аз болғанымен майдан маневрі біз жағында. Мұндайда сан емес, сапа басты рөл ойнайды. Тағы да ескертемін – сақ қимылдаймыз, даурығу, қатты сөйлеуге қатаң тыйым салынады. Біз осы айламен тарпа бас салмасақ, ғапыл қаламыз – күші басым жау ертеңгі ашық айқаста әл бермей кетеді. Түнгі ұйқыға бас қойды деген мезгілде дабыл ретінде екі дүркін атылған оқтан соң, шабуылды жаппай бастаймыз. Қол қашса, қолбасшы боққа жарамайды, мен өздеріңе ғана сенмін! Ал іске сәт, қырандарым!
Бауыржанның әруақтана саңқ ете қалған ашық та, ащы үні блиндажды жарып жібере жаздады. Бәрі де осы байламға тоқтап, осы сертке берік уағда жасап тарасты.
Түнгі екілер шамасында Бауыржан бастаған топ Бородино селосының дәл іргесіндегі неміс штабы орналасқан үйдің қапталына тоқтады. Солдаттар шашыла жайылып, фашистер жатқан әр үйдің тұсына кетті. Бір кезде барлық бөлінген топ өзіне бекітілген рубежге жақындағанын жан-ділімен сезген Бауыржан, кабурынан пистолетін суырып алды да, аспанға қарата үстін-үстін екі рет атып белгі берді. Бұдан әрі кідіру жеңіліске пара-пар еді.
– Жігіттер алға! – деген Бауыржан неміс штабының есігін бір теуіп ашып, ішке кіріп барғанда көргені – шашылып жатқан бөлменің ортасында серейіп мас офицер жатыр екен. Төр жақтағы кереуетте іш киімшең, көзі бақырайған әйел аң-таң қалыпта состиып тұр. Өмірінде Еуропалықтан басқа нәсілді көрмеген бейбақ екі қара қазақты көріп, «бұлары кім болды тағы» деп таң қалғаны үрей буған жүзінен анық байқалады. Бауыржанның кеудесін бір сәт қызғаныш өрті шарпып өтті де:
– Қорықпа, өзіміз… – деген бойда офицерді тыпыр еткізбей байлап тастаған серігін ертіп, сыртқа атып шықты.
Соғыс бұл кезде барлық деревняда да қызу жүріп жатыр еді. Бауыржан бастаған солдаттар жеңістің қызуы мен вискидің буына мас немістерді ұйқыдан көз аштырмай, бір сағаттың ішінде Бородиноны басып алды. Бауыржан басқа деревнялардағы үздіксіз сартылдаған қарулардың дыбысынан «Калашниковтың» тарсылын қалт жібермей танып тұр. Ара-арасында немістердің де пулеметі мен автоматы сартылдап береді де, ілезде үні өше қалады.
Әруақ қолдап, Жаратқан жақтасты, қайратына әдісін серік еткен «басмашылық» тәсіл өз нәтижесін беріп, алты деревня да таң атқанша немістерден азат етілді. Немістердің шығыны 800 фриц, бұлардан 57 адам екен.
…Генерал Чистяков, штаб бастығы Гундилович пен батальон комиссары Трофимов келгенде Бауыржан да біршама бой басын түзеп, жинақыланып үлгерген. Ә, дегенде бойын сенімсіздік билеген Чистяков бірбеткей капитанның «өзім білемге» салып алты деревняны бір мезгілде басып алғанына күмәнмен қараса да аралап шығу барысында шындық екенінекөзі жетті.
– Құттықтаймын, жолдас Момышұлы!
– Рахмет, жолдас генерал!
– Сізді генералиссимус шын қолдаған екен!
– Рахмет! Мен істедім дегенше – мың істеді десеңші, ер істеді дегенше – ел істеді десеңші… Жігіттердің ерлігін біздің қазақта осылай бағалайды.
– Жігіттеріңізбен қалай мақтансаңыз да жарасады. Жоғарғы Ставка мені құттықтап жатыр, ал бұл жеңіс сіздің ұтқыр шешіміңіздің арқасында келді, жолдас капитан.
– Алға да бас, кейін де шегін, айламен үз жаудың белін. Ендігі біздің мақсат, осы жеңісті ұстап қалу.
– Дұрыс айтасыз, капитан. Алты деревнядағы мыңға тарта солдатынан айырылған немістер сіздің бұл «басқыншылығыңызды» сірә да кешпейді. Шабуыл жақын уақытта қайта басталатынын шамалап тұрған боларсыз? – деді бағанадан бері алты селоның азаттық алғанына сенер сенбесін білмей, дағдара таңданып тұрған Гундилович.
– Дәл солай, жолдас штаб бастығы!
– Олай болса, қосымша күш келгенше ұстап тұруларыңыз қажет, – деді Чистяков.
– Қара бет болып қашқаннан, қайрат көрсетіп өлген артық!
– Іске сәт, Қызыл Армияның Суворовы!
– Ат – шанада, батыр – додада, жолдас генерал!..
– Қашандағыдай мақалдарыңыз таусылмайды… Ал, жақсы!
Генерал мен штаб бастықтары кете салысымен екі тізгін, бір шылбырды қолына алған Бауыржан бөлімше командирлерін қайта жинап алды да:
– Сіле қатып шаршағандарыңды білем, бірақ солай екен деп немістер есіркемейді. Шабуыл басталды дегенше, өз топтарыңа басшылық жасап, көрші батальондармен тығыз байланыста болыңдар! Қорыққан күнде өледі, батыр бір ақ рет – фашистердің шабуылы қай тұстан келмесін, дайын болуымыз керек! – деді.
– Ақсақал дұрыс айтады, қырағылық амандық кепілі, аңғырттық ажалдың серігі! – деді Мәлік те командирін қуаттай мақалдатып.
Тиісті тапсырмаларын алған топ командирлері өздерінің шебіне кетті. Батальон комиссары Мәлік Ғабдуллин командирлерге «Знамя» газетін таратты. Газеттің бұл номерінде Бауыржанның қырық мақалы жарияланған еді. Әсіресе, мына мақалдар солдаттың жанына медет, күшіне қайрат беретіні анық еді:
«Ұшқынсыз от тұтанбас;
Азаматқа өмірден – ар қымбат, өлімнен – ұят күшті;
Түн соғыста дем алатын мезгіл емес, жаудан кек алатын мезгіл;
Батырдың көзі өмірге түседі, қорқақтың көзі өлімге түседі;
Өтіріктің қанатын қомдағанша, ауыртпалықтың жүгінен бүгілген артық;
Тірескеннің тізесін бүктірген – ер, белдескеннің белін сындырған – ер, жағаласқанның жанын жаһаннамға жіберген – ер».
…Фрицтердің бас көтертпейтін от-боран шабуылы кіші бесін мезгілінде басталды. Соғыс өрті бүкіл әлемді шарпығандай – тарсыл-гүрсіл, жарқыл-жұрқылдан құлақ тұнады.
Аңысын аңдап, қолайлы сәтті күткен Бауыржан саяси бөлім бастығы Гусевпен ескі сарайдың қабырғасын паналап тұрған.
– Жолдас, Момышұлы, – деді кенет Гусев. Даусында діріл бар. Шабуыл туралы пікір айтар деген оймен:
– Айта бер, – деген.
– Сіз мені кешіріңіз…
– Не үшін?..
– Өткен жаттығуда солдатқа ара түскен қылығым үшін…
– Өй, сен де… Тапқан екенсің кешірім сұрайтын жерді.
– Жоқ, дәл қазір айтпасам, ертең кеш боп қалуы… Сіздің жаттығу кезіндегі қаталдығыңыз өзіңіз үшін емес, әскер үшін екенін енді ұққандаймын. Әсіресе, Середа деревнясындағы жаттығу кезінде әл-дәрмені құрып, батпаққа батқан сарбазға жәрдем бермей, «өз күшімен жетеді» деп он шақырым жерге жападан жалғыз тастап кеткеніңізде, сізді жауыз санап, «адам емес – қатыгезсің» дегеніме кешірім сұраймын.
– Көртұяқ боп қосқа жегілгенше, құлын кезінде мүрдем кетсін…
– Не дедіңіз? Түсінбей қалдым…
– Жаттығуда қамау тері алынған сарбаз, ұрыста қиналмайды…
– Ақымақ басым соны кеш түсінсем амал не? Түндегі деревняларды басып алуымыз, Волоколам бағытындағы оң жақ рубежде немістің қоршауына түсіп, шығынсыз аман оралғанымыз сол толассыз жаттығудың арқасы. «Бір кісі мың кісіге олжа салады» дегеніңіздей, сіздің басқаруыңызда мына шабуылды да тойтарамыз, жолдас командир.
– Айтқаның келсін! Ал, сөзді доғар да, ұрысқа дайындал, фрицтер тақап қалды…
Бауыржан серігіне қарап селк ете қалды – оның үрей билеген нәркес көзінен ажалды көргендей болды.
«Тіфу, шайтан,.. не боса сол көзге елестеп…»
Бұл кезде жау тіптен таяқ тастам жерге жақындап қалған. Қарсы шабуылды қашан бастаған дұрыс? Кенет қаңғыған оқ ажалдыға тиеді, қаусаған сарайдың қабырғасын қақырата сөккен қорғасын оқ Гусевті мұрттай ұшырмасы бар ма?
«Бейшара, ішіндегіні айтып үлгерген екен. Аузымның дуасы бар ма, жаңағы түйсіктің расқа айналғанын қара… Ажал келмейді, сен оған барасың деген зады рас-ау…» – деп ойлағаны сол, ендігі кезек кімдікі дегендей, сатырлаған қорғасын қарша борап, төпеді де кетті. Жау қолының қатары тізбегін бұзбағын қалпы жүз метрдей қалғанда:
– Аруақ! – деген қазақша ұранға жалт қараған.
Ротаның қимылсыз қалған марғау әрекетіне шыдай алмаған томашадай жас қазақтың даусын жазбай таныды – Төлеген екен. Бетпе-бет келсе әзірейілдің өзіне ауыт салып, ауыздықтаудан тайынбайтын наркескен, абаданым-ай!
Іле және бір таныс дауыс екінші жақтан «Ура!» деп өз тобын бастап жауға лап қойды. Взводты бастаған келесі қыран кім деп қарағанда, пистолетін жауға кезеп алға ұмтылған жас сардар – Мәлік інісі екен.
«Алланың өзі мөрлеп, анасының құрсағында жатқанда батырлық дарыған, қос қыраным-ай! Сендер болмағанда, мына тұйықтан қалай шығар ек?!.»
Жол ашылып сең бұзылды, түңдік түріліп найза сүрілді – бүкіл рота андағайлап тұтаса көтерілді де, аспанды алақандай, жерді тебінгідей еткен жау оғының арасымен «уралап» алға ұмтылды. Бұдан арғысы белгілі – бүкіл полк тұтас дүр етіп сілкіне көтерілді де, неміс командасының бүйірден соқпақ болған жоспарын тас-талқан қып, күлін көкке ұшырды.
Иә, омырауын оққа тосқан алаштың ақтұйғын ұлдары Төлеген мен Мәлікке бүкіл полк қарыздар еді. Болат бүгілмейді – шарт сынады, осы шайқаста Төлеген мерт болды. Шыбын шырағданы махшарда шат болғыр оғланға «Жас қазақ» әні құлпытас боп, алты алашының мәңгі есінде қалды. Өлім айға ұқсас, жонын көрсетпейді екен, осы қырғыннан соң Бауыржан қойын дәптеріне:
«Нар тәуекел – ер ісі;
Қорлық өмірден, ерлік өлім артық;
Батырдың қимыл – әрекетін тәуекелмен ұштастыру;
Көзсіз ерлік пен батылдықты ептілікпен жүгенде!» дегенді түртіп қойды.
Батырдың атын жау шығарады, шешеннің атын дау шығарады – даңқ батырды өзі іздемей-ақ тапты. Бородиноны алудағы кәміл шешімі, Крюковадағы жеті күндік табан тірескен ұрыс, Холм үшін болған ерлік пен өжеттік үлгісі Бауыржанның даңқын шарықтатып жіберді. Әсіресе, соңғы шайқаста иығына тиген оқты жалаң пышақпен санитар қызға алдырып, шабуылға қайта шығып кеткені сарбаздар арасында аңызға бергісіз әңгіменің арқауы болды. Оның үстіне «Правда», «Знамя» газеттері арқылы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» романынан үзінділер жарияланып, жап-жас полк командирі халық арасында аңыз-батырға айналса, жауынгерлер ішінде беделі артып, айбыны асқақтап шыға келді. Майдан газеттеріндегі соғыс жағдайына бейімдеп жазған ойлы мақалалары сарбаздардың рухын көтерсе, батылдық пен қорқақтық, ерлік пен ездік жайындағы мақалдары әруақ-киедей бүкіл ұрыс даласын шарлап кетті.
Көзі тірі кезінде «Батырлар жырындағыдай» қаһарманға айналу шынында да адам сенгісіз жағдай еді. Мұны Бауыржанның өзі де іштей сезіп, досың қанша болса, дұшпаның сонша, тасадан тас атуға дайын топтың да жоқ емесін іштей пайымдайтын. Қулық пен сұмдықты атасынан қалған мұрадай меңгерген күншіл генералдар Жоғарғы Ставкаға өтіріктен өрілген жалған ақпарат жеткізумен бірге, Бауыржанды – «ұлтшыл, эгоист, өзім білермен» етіп көрсетуге тырысатын. Бүгініне мәз, ертеңіне бас ауыртпайтын «кабинеттегі көртышқандардың» жәркештене шабалаңдаған арпылын елемейін десе де жүрегін жаралап, ойын мазалайды.
…Жойқын майдан аздап толастаған наурыз айының басында Бас штабтан орта бойлы, тығыншықтай келген Кутузов деген полковник тексеріп келді. Шашын тақырлап алдырып тастаған, күлген кезде ақ сары беті әнтек қызарып, бүйрек бетінде өзіне жарасымды кішкене ойық пайда болатын, елуді еңсерген қағылез жігіт ағасы екен.
Іштерін қызғаныштың қызыл иті тырнап жүрген «достары» ұйымдастырған арыз бойынша келген тексеру анау айтқандай ұзаққа созылған жоқ. Бауыржан картаны жайып Пашководағы қоршаудан «серіппе» айласымен сытылу барысын, Бородино, Трошково деревняларын азат етудегі соғыс тәсілін, Холм үшін болған ұрыс даласындағы шайқасты қысқа да, нұсқа етіп түсіндіріп берді. Өзі жүргізген күнделік дәптерді де қажет жерінде пайдаланды.
– Генерал Чистяковтың «Трошковоны ғана басып алыңдар» деген бұйрығын не үшін өзгерттіңіз? Бұйрыққа бағынбау Уставқа қайшы екенін білетін шығарсыз?
– Әрине, жолдас полковник! Трошково ең сыртта орналасқан деревня. Жалғыз өзін басып алғанмен күші басым жау ертесіне-ақ тартып алар еді. Ал, алты селоны қатар азат ету шешімі – бұл менің жеке әскери творчестоволақ білігім – тұтаса ұрыс салу тактикасын негізге алған мақсаттан туған болатын.
– Бір ұрыста жаралансаңыз да шепті тастамапсыз…
– Бұл мақтанатын нәрсе емес, жолдас полковник. Егер санчастқа барсам, госпиталға жіберетіні анық болатын. Командир ретінде полкқа дәл сол кезде ауадай қажет едім.
– Шыныңызды айтыңызшы, жауырыныңызға тиген оқты санитар қызға скальпелмен алдырып, ұрысқа қайта қосылып кеткеніңіз рас па?
– Рас. Орныма тағайындалатын командирдің ұрыс маневрін меңгеріп кете алатынына сенімім болмағандықтан осылай етуге мәжбүр болдым… – деді Бауыржан орынбасары – біліксіз капитанның тактикалық қабілетінің төмен екенін, бастаған операцияның үдесінен шыға алмайтынын жұмсарта түсіндіріп.
Соғыс жағдайы, майдан даласы болғандықтан ары кеткенде үш-төрт сағатта аяқталған тексеруден соң Бауыржан блиндаждың ішкі жағындағы асханаға бастады.
Қазы-қарта, бауырсақ, қымыз қойылған асханаға кіргенде кірпияз тексерушінің көзі атыздай болды. Жанекенің ас бөлмесі шынында да басқаша күйге еніп, стол үсті асқа сықия толып тұр еді. Ал, түрлі ас-көктер мен буы бұрқыраған палау дастарханға келгенде:
– Жолдас Момышұлы, блиндажыңызға көшпелі ресторан шақыртқаннан саумысыз? – деді таңданысын шын жасыра алмай.
– Жолдас полковник, солдат майдан даласында аш өзек болып жүрмеуі тиіс. Аш адам ойланып та, соғысып та жарытпайды, – деді Бауыржан дастарханға сұқтана қарап, тесіле көз тіккен полковникке.
Бауыржанның ұтқыр жауаптарына, әскери тактика мен соғыс маневрін жетік меңгерген зерек білігіне мейлінше құшуақ болған Кутузов алғаш келгендегі тәкаппар қаталдығы мен мұздай сірескен қалпынан жібіп, мұқым басқа адамға айналып шыға келді. Тексеру қорытындысына қанағаттанған болуы керек, мінезі де өзгеріп, разы-қош болғаны соншалықты қоштасып тұрып:
– Жолдас Момышұлы! Александр Бектің кейіпкерімен жүзбе-жүз кездескеніме өте қуаныштымын! Ержүрек командирдің бейнесі дәлме-дәл суреттелгеніне бүгін көзім анық жетті! – деді.
– Рахмет, жолдас полковник!
– Ел басына күн туған шақта батылдық пен ептілікті, тәртіп пен қаталдықты, шындық пен өтірікті мен мүлде басқа қырынан танығандай болдым. Сіздің үстіңізден жазылған арыздың күншіл топтың ұйымдастырған арамза жаласы екеніне көзім жетті.
– Құрастырып айтса – құлдыкі жөн, біріктіріп айтса – бидікі жөн деген бар қазақта, олардың сандырағына жауаптасып, уақыт кетірер кез емес дәл қазір.
– Маған айтар өтінішіңіз болса айтыңыз, шамам келгенше орындауға тырысайын.
– Майдан даласында тек солдат туралы ғана өтініш болуы мүмкін. Егер мүмкіндігіңіз болса, мына іс қағаздары дайын саяси жетекшім мен батальон комиссарына және бір сарбазыма жоғары награда әперуге жәрдем етсеңіз? – деп ақ пәпкіні ұсынды.
– Қолқаңыз ауырлау екен… Орындаймын деп уәде бере алмаймын, әйтсе де өзіңіз айтқандай – қарекет түбі берекет…
Бұл тексеру Бауыржанның полкі үшін игі болды. Арадан көп өтпей саяси жетекші Василий Клочков, 2-батальон комиссары Мәлік Ғабдуллин, 8-гвардияның сарбазы Төлеген Тоқтаров «Совет Одағының Батыры» деген атаққа ие болды.
– Ақсақал, менің кішкентай ерлігімді бағалап, «Батыр» дәрежесін алып бергеніңіз үшін рахметімді айтамын! – деді Мәлік «Алтын жұлдызын» жарқырата марқайып.
– Ерлік еленіп отырса ғана солдатқа рух береді. Төлеген екеуіңнің ерлігіңді бағаламау көрсоқырлық болар еді.
– Шынымды айтсам, сіздің көзіңізше жұлдыз тағып жүруге ұялып тұрмын. Көкке бір кісі ұшады, етегіне мың кісі сыяды – сіздің шебер тактикаңыздың арқасында ғана жеңіске жеттік емес пе?! Бұл награданы Жоғарғы Ставка ең бірінші сізге беруі керек! Неге сізді ұмыт қалдырады?
– Төсайылдың батқанын иесі емес – ат білер, жасауылдың батыр, жасығын –Жаратушы Хақ білер! Оған уақыт қана төреші. Оның үстіне мен атақ үшін соғысып жүргенім жоқ…
– Ақсақал, бір нәрсе айтсам ашуланбайсыз ба?
– Ол не ашу шақыратындай?
– Ертеде қазақтар ер жүрек, қайратты адамды «алмауыт» деген екен…
– Мүмкін «алпауыт» шығар?
– Жоқ – алмауыт. Бұл қаһарман, жүрек жұтқан деген сөздермен мағыналас, өте көне сөздер қатарына жатады, – деді әрі ғалым, әрі әдебиетші Мәлік қазақ тілінің ұңғыл-шұңғылын жетік білетінін аңғартып.
– Мен сізді «алмауыт әскербасы» деп атадым! – деді бұл теңеуіме қалай қарар екен деген сұрақ толы жанарын командирінен алмай.
– Рахмет, Мәлік! Жығылғанда таяныш, сүрінгенде сүйеніш болар өзіңдей інім барына мен де қуаныштымын! – деген Бауыржан шын ағалық пейілмен інісін бауырына басты.
…Бауыржан көп кейін білді, тексеріп келген орыс жігіті әйгілі Наполеонмен соғысқан дарабоз қолбасшы Кутузовтың шөпшегі екен. Жігіттеріне, әсіресе, Мәлікке «Батыр» атағын әперуде атақты әскербасының тегінен жаралған офицердің жаһаттас болып, сәуесі тигеніне шүбәсі жоқ еді.
Немістердің Мәскеуде парад өткіземін деген есек дәмесі жүзеге аспай, жаужанды сарбаздардың табанды қарсылығына ұшырады да, стратегиялық инициативадан толық айырылған олар қыстың қақаған шілдесінде төрт жүз шақырымдай кері шегінуге мәжбүр болды.

ТАЙТАЛАС

Асыл адам айнымас, бір бетінен қайрылмас…
Абай
…Сұрапыл соғыстың от жалыны қызған шақта Жуков, Василевский, Баграмян үшеуі Батыс майданы армиясының қолбасшысы генерал Чистяковтың штабында жау соққысына қалай тойтарыс беруді талқылап жатқан. Майдандағы ұрыс жоспарына әркім өз ойын қосып, бір тоқтамға келдік дегенде Чистяков:
– Сіздердің бұл пікірлеріңізге дивизия командирінің міндетін атқарушы полковник Момышұлы қалай қарар екен? – деді.
– Немене, командирің біздің ұйғарымға қарсы ма?, – деді генерал Баграмян тызаңдап.
– Жарайды, шақырсын… Тыңдасақ, тыңдап көрейік полковнигі не дер екен, – деп сөзге араласты осы сәт маршал Жуков.
Ілезде ұзын бойлы, кең иықты, көзі бақырайып, шашы тікірейген, бет-пішімі кесек қазақ бөлмеге енді де:
– Полковник Момышұлы шақыртуыңыз бойынша келіп тұр! – деп баяндады.
– Жолдас полковник, ертеңгі шабуыл жоспарымен танысып, өз көзқарасыңызды білдіріңіз…
Жуков жанына тақаған Момышұлына картадағы деревнялардың орналасуына қарай, шабуыл жасайтын тұстарды және қосымша күш тұрған жерді көрсетіп, ертеңгі ұрыс барысымен қысқаша таныстырды. Жан алып, жан берісе соғысып жатқан жердің қыр-сырын қос қолдың саласындай жетік білетін Бауыржан:
– Баяндауға рұқсат етіңіз, жолдас маршал! – деді іле-шала.
– Айта беріңіз.
– Жаудың негізгі күші орналасқан Крюкова селосын артиллериямен атқылып, алдамшы соққы жасау арқылы, қосымша күшсіз-ақ жау шебін талқандауға болады. Ол үшін қосымша корпусты қоя тұрып, Солтүстік майданның көршілес дивизияларын пайдаланса жеткілікті. Ал, қосымша күш тұрған жер ұрыс даласынан шалғай, көмекке келемін дегенше немістер өз мақсатына жетіп тынады. Сондықтан мынадай омбы қарда қосымша күшке иек арту жеңіліске себеп болады.
– Бұл жоспарыңызды неге сүйеніп айтып отырсыз, полковник?
– Ұрыс даласын жете зерттемей, топоснимкаларға назар аудармағандықтан, әрі қосымша күштің жете алмай қалғанынан Батыс майдан әскерлері Вяземскіде жеңіліс тапқанын естеріңізге салғым келеді.
– Сен өзі не оттап тұрсың? Вяземскіде нең бар?
– Майданның кез келген бұрышындағы жеңіс пен жеңіліс әрбір солдат пен командирге сабақ болуы тиіс деп білемін, жолдас маршал!
Түтігіп кеткен Жуков Баграмянға қарап:
– Мынау бізді оқытпақшы ма? Не деп далбасалап тұр, жолдас Баграмян?.. – деді.
– Батыс майдан командашысы Коневтің «Вяземск катастрофасын» еске салған түрі ғой… – деді Баграмян.
Осының алдында ғана Конев басқаратын Батыс майданы Вяземск түбінде масқара боп жеңіліп, 700 мың солдаттан айрылған болатын. Коневті атылу жазасынан Жуков ара түсіп аман алып қалған.
Дегбірін әрең басқан Жуков:
– Ал, ары қарай жалғастыр… – деді.
– Бұл бағыттағы ұрыс майданы маған қос қолдың саласындай таныс. Брянск бағытындағы соғыста да қосымша күшке арқа сүйеген Қызыл Армия тұзаққа түспес үшін, Ставканың бұйрығын өзгерткенін еске саламын. Сондықтан… – деп келе жатыр еді, бағаналы бері салмақты қалпынан танбай, үнсіз тыңдап отырған Баграмян ожар жүзі күреңіте орнынан атып тұрып:
– Ей, Момышев! Бұл жерге Брянскіні неге тықпалап тұрсың? Әлде ескі жараны тырнап, менің Брянскідегі Ставка шешіміне қайшы келгенімді мысал қып тұрсың ба?.. – деді.
Бауыржан да маздаған жанарын тайдырмаған күйі Баграмянға қарап:
– Дәл солай, жолдас Армия генералы! – деді.
Жүйкесі сыр беріп, ақтүтек долылық қысқан шақта тершіген маңдайын бет орамалымен сүртіп, қоңқақ мұрнын сол қолымен уқалайтын әдетімен Баграмян жарылған минадай шарт кетті:
– Сен немене, менің өмірімнен мемуар жазбақ па едің? Брянск майданының бұл жерге қатысы қанша?!
– Жолдас, Армия генералы…
– Сөзімді бөлме! Шаңқылдай бермей тыныш тұра аласың ба өзің? Біздің жоспарымыз керек десең Бас қолбасшы Сталин жолдастың алдында жатыр… Қайтер екен десек, үдеп барасың ғой тегі…
Бет жүзі түтігіп, қарлы борандай бұрқанған Баграмянды Жуков көзқа­расымен сабырға шақырса да, қапқаздық қызба мінезін тоқтата алмаған бойы құтырған бурадай жынын шашып жатыр. Буыршындай бұлқан-талқан болған генерал ашуын есіктен кіргізіп, ақылын тесіктен шығарып алды да Жуков пен Василевскийге қарап:
– Жолдас маршалдар, бұл қандай данышпан бізге ақыл беретіндей? Қайдағы бір көшпенді түземдіктен кеңес сұрап… – деген генерал етқызумен әскербасыға лайық емес сөзді айтып, ұсақ адам екенін білдіріп алды. Осыны сезген Жуков:
– Жолдас генерал, ұрыс даласындағы командирлердің де пікірлерін тыңдауымыз керек, бұл біз үшін өте-мөте қажет, – деп аптығын әрең басты. Ызадан жарылардай боп шыртиып тұрған Баграмян енді қандай кінарат табарын білмей дағдарып қалды да:
– Неге сіздің инициалыңыз Момышев емес, Момыш Ұлы? – деді армян мақамымен «енді қайтер екенсің?» дегендей даусына мысқыл араластыра.
Бауыржан матқапыда мынадай аранға жығар қитұрқы сұрақты күтпеген, желқақты жүзі түтіге, шыдамның шылбыры үзіліп шарт кетті:
– Жолдас Армия генералы, сіздің фамилияңыз неге Баграмов емес? – деп шоқ боп жанған жанарымен қаймықпай қарап, сұраққа сұрақпен жауап берді. Үнемі айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізіп үйренген генерал оқыс сауалға жауап таба алмай тұтығып қалды. Көпті көрген маршал ғана қатаң дауыспен:
– Тоқтатыңыздар қажасуды! – деп араласпағанда егес бұлты нөсер боп төгіп, жасын боп тіліп түсуі кәдік еді. Талқылаудың бұлай ұшынып кететінін ешкім де қаперіне алмаған, тіптен ойламаған да. Қалай дегенде де ешкім болжай алмай тұрған текетірес маршалдың қатқыл сөзінен кейін ғана біршама саябыр тапқандай болды.
«Тайталастағы кесірлі жауаптасу ұшқыны Момышұлына қапысыз тиетін болды. Дивизия командирлігіне тағайындаудың ауылы алыстады. Құрдымға кетті деген осы…» – деген қарғын ой Чистяковтың санасында жылт ете қалды да, реңі аппақ қудай боп қан сөлсіз бозарып кетті.
Сөзден ұтылып, өзін-өзі әрең тежеп отырған Баграмянға назар аудармаған Жуков біраз ойға берілгендей болды да, Бауыржанға жалғастыра бер дегендей ишара жасады.
– Бізге белгілісі, жау күші бізден басым.
– Бізде артықша бір корпус барын естен шығармаңыз, Момышев, – деді тышқан аңдыған мысықтай кінәрат іздеп отырған Баграмян да отқа май құя бұра тартып.
– Меніңше запастағы күшке сену алдамшы. Себебі қиян-кескі ұрыста корпустың дер кезінде жетуі мүмкін емес. Иекартпадағы қалың қар мен ауыр жолда майдандағы әскерлер де, корпус та шығын болады, сондықтан 316 дивизияға жақын орналасқан үш дивизияның маневрі арқылы және Солтүстік майданның көрші орналасқан әскерлерін көмекке әкеліп жағдайдан шығуға болады.
Нақ осы мезет өзіне қарсы келгенді жау санап шыға келетін «мясник» – Жуков лап етіп тұтанып кетті де, жарқылдаған отты көзінің сұғы жай оғындай атқылаған бойда:
– Не оттап тұрсың? Немене, біз мұнда бағанадан бері шошқа тағалап отыр деп пе ең?– деп ақыра зірк ете қалды.
– Жолдас командашы, мен бар болғаны маршалға полковниктің ойын ғана жеткіздім.
– Солай де…
Найзағайдың күркірі енді басылды ма дегенде, сақтық шарасын мүлде ұмытқан Бауыржан жолда келе жатып: «Қызбаланба, тек қойылған сұраққа ғана жауап бер», – деген Чистяковтың ескертпесін есінен шығарып алғанын енді түсінді, бірақ бәрі кеш еді.
Картаға үңіліп тұрған үш қолбасшының да жүздері өрт сөндіргендей. Қаншама тар жол тайғақ кешуден өткен жампоз әскербасылар ертеңгі шабуылдың ретін қиюластырып-ақ қойып еді, мына бір тастүйнек полковник шаңқ-шаңқ етіп жоспардың күл паршасын шығарды.
– Жолдас генерал, сіздің ойыңыз қандай? – деді Жуков Чистяковқа қарап.
– Менің… – деп келе жатқан Чистяковты:
– Түсінікті, сенің де мына ділмар полковникпен «обороның» бір… – деп әңгімені кілт үзді де, Бауыржанға түксие қарап:
– Сөйтіп біздің жоспарымыз қате болғаны ма сонда? – деді көзі шатынап, мінезі шытынай бастаған маршал.
– Полковник қателесуі мүмкін…
– Маршал ше?
– Маршалдың қатесін полковник түзете алмайды.
– Ох… на… Сен мені бірінші рет бұрышқа тықтың, бірмойын қазақ, –деген Жуковтың бағанадан бері түнеріп тұрған жүзі, күтпеген жерден жайма-шуақтанып сала берді де, шомбал денесімен шалт қимылдап, оң қолымен аңдаусыз тұрған Бауыржанның иығынан сылқ еткізіп нұқып жіберді. Соққының шұғыл, әрі жойқын болғаны соншалықты Бауыржан теңселіп барып әрең түзелді.
– Соғысқа дейін қай жерде азаматтық борышыңызды өтедіңіз?
– Қиыр Шығыстың Уссурий маңындағы 105-дивизияда қызмет атқардым.
– Оһо! Қиыр Шығыста мен де болғанмын… Халхин Голдағы жапондармен болған ұрыстан хабарыңыз бар ма?
Осы кезде генерал Чистяков сөзге араласып:
– Жолдас маршал, дәл сол уақытта біздің дивизия жапон соғысына араласуға бұйрық күтіп сақадай сай тұрған.
– Сіздің бұған қандай қатысыңыз бар?
– Момышұлы менің дивизиямда батарея командирі болатын.
– Е…е… таныстықтарыңыз соғысың алдында басталған екен ғой…
– Дәл солай, жолдас маршал!
Маршал бүкіл денесімен Бауыржанға қарады да:
– Айтқандай, Батыс майданның оң жақ рубежіндегі табан тірескен ұрыста шегіне маневр жасап, 600 жауынгер мен зеңбірек, пәуескелерді қоршаудан аман алып шыққан аға лейтенант сіз емессіз бе?
– 690 сарбаз, 18 артиллерия жегіні, 30 пәуеске, жолдас маршал…
– Қара мұны… Санынан да жаңылыспапты…
– Менің негізгі ұстанымым – басыңды дауға салсаң да, сарбазыңды жауға берме!
– Қарай гөр, тақылдауын!.. Шегіне отырып тұтқиылдан шабуыл жасап, құрсаудан шығуды – «пружина» әдісі деп атаған сіз бе?
– Дәл солай, жолдас маршал!..
«Соғыстың бас кезінде қаруы жоқ солдаттар қу таяқпен жауға шауып жүз мыңдап ажал құшты, миллиондап тұтқынға түсті. (соғыс тактикасын жете меңгермеген Жуковқа тәжірибесіздігі үшін «мясник-қасапшы» деген лақап ат берілген кез.) Америкадан шұғыл түрде қару алмағанымызда құрдымға кетер екенбіз. Сталин жапон тыңшысы, америка агенті деген жаламен талай әскербасыны жаһаннамға аттандырды да, мына қазақ секілді талантты командирлерге зар боп қалдық. «Кобаның» мұнысы шектен шыққан зұлымдық болса да, Мәскеуді қорғайтын дивизияларды дер кезінде қазақтармен толықтыр дегені ақыл-ақ болған екен. Алайда осы жерде бір ойланатын нәрсе – Мәскеу түбінде соғысқан қазақтарды наградадан шектемесек, Мәскеуді қорғаған қазақтар боп шығатын түрі бар… Иә, мұны тез арада Сталинге айтады екенмін…»
Сұрқия ой маршалдың көңілін құлазытса да, өрекпіген қарқыны бір сәтке басылғандай болды.
– Жолдас генерал, сол жолы наградаға ұсынып па едіңіздер? – деп сыр алдырмаған күйі Чистяковқа қарап.
– «Ленин» орденіне ұсынғанбыз… Неге екенін марапат әлі күнге кешігуде.
– Мұнысы дұрыс болмаған екен…
«Енді бұл орден бұйырмайтын шығар… Әскери шені лайық болмаса да, дивизия командирі қып тағайындаудың өзі үлкен награда» деген ой иектеген Жуков бөлмені шарлап ары-бері жүрді де:
– Жолдас Чистяков, Момышұлын дивизия командирлігіне ұсынамын дедіңіз бе? – деп генералға қарады да, артынша ызасы басылып, пәті қайта бастаған отты жанарын Бауыржанға қадап:
– Момышұлы, мен сізді қандай жағдайда да ақиқатты айта алатын, ерік-жігері күшті солдат есебінде қабылдадым, – деді.
«Бұлардың жауынгерлік рухын осылай көтеріп қойған да дұрыс.»
– Ықыласыңызға ризамын, жолдас маршал!
– Бірақ шындық әрдайым өз мәресіне жете бермейді. Оның алдында қаншама кедергілер бар. Алайда бүгінгі сұхбаттан ұққаным, әр совет командирі сіз секілді өз принципін берік ұстанып, шындығын табандылықпен қорғай білсе, фашистердің күлін көкке ұшыратынымыз анық. Ал, сіздің айтқан ұсынысыңызды ұрыс барысында ескеретін боламыз.
Оқиғаның мынадай финалда аяқталуы Бауыржаннан бұрын Чистяковтың көңілін жайландырды. Маршалдың алғысқа бергісіз сөзіне неге жауап бермей тұр деп Бауыржанға жалт қарағанда, әскери ұстазының қабағын жазбай танып:
– Сеніміңізге рахмет, жолдас маршал! Совет Одағына қызмет етемін! – деп қолын маңдай тұсына апара бере, ұлтаны сөгілмеген хром етігінің темір нәлін зыңылдата сарт еткізді.
Бұдан кейінгі әңгіме ауаны біржолата жаңа арнаға ауысып жүре берді.
– Бізге ренжіп қалған жоқсың ба?
– Маршалға полковниктің қапа болуы әрі ағаттық, әрі күлкілі.
– Ох… на… Енеңді ұрайын… Сен мені және бір қатырдың… – деген маршал қарқылдай күлді де Чистяковқа қарап:
– Жолдас генерал, бет алдарыңнан жарылқасын! Момышұлын дивизия командирлігіне тағайындау туралы бұйрығын әкеліңіз! – деді.
Чистяков шиеленісіп барып басылған кездесудің межесі дәл осылай көңілді рәуіште аяқталар деп ойламаған, мына ұсынысқа дүрк сасып қалды да, әп-сәтте есін жиып:
– Мінеки, жолдас маршал, – деп штабтан дайындап келген қағаздарын портупейінен алып ұсына берді. Жуковтың ішкі есебінен мүлде хабарсыз, жүзі шала сөнген күлдей сұрлана қабарып кеткен Баграмян ғана үнсіз түнерген күйі ләм деп аузын ашпаған бойда, «әлі талай кездесеміз» дегенді қабағымен аңғартып қала берді.
* * *
– Ойпыр-ай, қаным басыма теуіп, жаным мұрнымның ұшына келді ғой, – деді генерал Чистяков кабинеттен шыға бере.
– Кешіріңіз, жолдас генерал, қандай түлен түрткенін, қызынып кетіппін….
– Өй, антұрған, бүйтіп түрткен түленің бар болсын! Оттың үстінде, шоқтың астында қалдырдың ғой тегі. Жоспарымыздың үстін астына түсіріп, түп қопара жаздадың… Әйткенмен, өз ойыңды ашық айтқаныңды маршал түсіністікпен қабылдады.
Бауыржан кінәсін мойындаған баладай, орта бойлы, талпақ генералдың жанында сымға тартылғандай денесін тіп-тік ұстаған қалпы, бойы серейіп үнсіз келе жатыр.
– Қиыр Шығыстағы кавалеристер жарысы есіңде ме?
– Ол қалай естен шықсын, Иван Михайлович…
– Маған сол кездегі қап-қара көзінен от шашып, папахасы шошайып, буркасы желмен желпілдеп, ақбоз аттың үстінде тас мүсіндей қадалып отырған Момышұлы елестеп кетті.
– Рахмет, Иван Михайлович… Алмас қанжарды жұмсақ қайрақпен қайрайды…
– Жұмсақ қайрағың не тағы?
– Сіздің қатал тәртібіңіздің төркінінде – әкелік мейірім жататын…
– Солай де… Байқампазсың, Момышұлы, әй, байқампазсың…
Генерал өткен күндерді зердесінен өткізіп келе жатты да, әлгіндегі ой-елестен арыла алмай:
– Әй, қара бала, қалай дегенде де сол сынақта сен ерледің… – деді.
Көңілі түскен адамға шығарда жаны бөлек генералды Бауыржан үнсіз тыңдап келеді.
– Әсіресе, аттың құлағында ойнайтын бес сарбазыңмен он екі барьер-кедергіден сүрінбей өтіп, соңғы үш метрлік жардан құстай қалықтап арғымағыңмен жерге дік ете қалғандарыңда, ойпырм-ай, жан тәніммен бүйрегім бұрғаны соншалықты жүйе-жүйем езіле босап, ішімдегі нәзік қылдар бырт-бырт үзіліп кеткендей болды. Бүгін де дәл сол сәттегідей ішкі дүнием қопарыла аунап түскендей күйге ендім. Мүмкін «әкелік» деп отырғаның сол болар?
– Дәл солай, жолдас генерал! Әйткемен, тым асыра мақтап жібердіңіз-ау деймін…
– Жоқ! Бұл ақиқи рас сөзім. Күні кеше сені 316-дивизиядан көрем деген ой үш ұйықтасам түсіме еніп пе? Өз баламды көргендей болдым! Бұл әлі ешкімге айтпаған бүкпесіз сырым. Маған қарағанда сен әлдеқайда тас мейір екенсің – міз бақпайсың ғой тегі… – деген генерал рахаттана күліп алды.
– Субординация ғой, жолдас генерал…
– Субординацияң бар болсын… «Әкесін» көргенде сағыну, аңсау, елжіреу деген сезім болмайтын ба еді? Қаққан қазықтай сірестің де қалдың, ал мен дәрежемді сыйлап қана өзімді әрең тежедім.
– Бұл енді өзіңіз үйреткен әскери машықтың нәтижесі.
– Әрине, үздіксіз дайындық сөреге жеткізеді, десе де талант пен өзіңе қойған талапшылдық үндеспесе, мақсатыңа жете қою неғайбіл…
– Сізді толық қуаттаймын, жолдас генерал!
– Әй, қуаттағыш дивизия командирі, – деді генерал Бауыржанды өзімсіне жаңа шенімен атап: – Жаңа ғана басыңнан сөз асырмай маршалдармен текетіресіп, өз пікіріңнен қайтпай қасарысып жатыр ең, ендігі «мақұлбай» мінез Момышұлына сай келмей жатқан жоқ па?
– Жоқ, жолдас генерал! Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады деген бар қазақта. Сіздің орынды ескертпелеріңізге алып қосарым жоқ, оның үстіне сіз менің әкемсіз ғой!
– Өй, пәлекет!.. Жаңа әлде ғана маршалға да тауып кетіп ең, бұ жолы да сытылып кеттің, сайтан!..
Бауыржанның майдан газеттерінде жарияланған мақалдары мен ойлы мақалаларын үнемі қадағалап, оқып тұратын Чистяков бір сәт терең ойға беріліп кетті.
«Апыр-ай, жаратылыс бір адамның басына осыншама асыл қасиеттерді үйіп-төгіп бере салады екен-ау! Ақпа шешендігі мен төкпе сөзшеңдігі мың жасаған қартпен тең… Ұрыс даласындағы тактиканы жер бағдарына қарай қас-қағымда өзгертіп теория мен практиканы ұштастыра отырып, кез-келген ситуациядан шығып кетудің жолын да табады, ретін де келтіреді… Сарбаздарына қаншалықты қатал болса, соншалықты әділ. Бірбеткей, өжет, адуын бола тұра, ақылын сабырға жеңдіре біледі. Майдан картасы мен соғыс маневрін жетік білетіндігінің нәтижесі – білім мен білікті тоқайластырып маршалдардың өзін сазға отырғызып кетті. Талант пен дарынды, бой мен ойды, ақыл мен парасатты Табиғат анадан жомарттықпен сыйға алған бекзат болмысты мына қазақ болайын-ақ деп тұр. Тек, буыршындай бұлқынған қызба мінезі мен әділдіктен танбайтын шектен тыс шыншылдығы шығар биігіне кедергі келтірмесе… Оның үстіне, өз ұлтына деген шексіз махаббаты да болашақ карьерасына тосқауыл болуы…»
Ойға алған жоспары орындалып, көңілі тоғайып келе жатқан Чистяковтың есіне Қиыр Шығыстағы атжарыс қайта түсіп, әлгінде бастаған сөзін ары қарай сабақтады:
– Сонда ең соңғы он үшінші бөгет – үш метрлік жардан аттарыңның аяғы от шашқан бес серігіңмен ырғи секіріп, бәріміз тұрған ағаш сахнаның алдына кеп, ақбозыңды аспанға атылған сүттей тіп-тік «свеча» жасатып, ақжалыңның тағалы тұяғымен бір мезетте «тақ» етіп табан тірегендерің, тілмен жеткізе алмайтын ғаламат көрініс еді! Ал тұлпарыңды: «Еңкей!» деп қос тізерлетіп, өзің қылышыңды қыннан суыра маршалға салют беріп сәлемдескенің, бұл енді қайталанбас ғажайып ритуал, алапат сезімдердің шырқау шыңы еді.
– Тағы да асыра мақтанның құрбаны болған жоқпын ба, әке?
– Жоқ! Асыра мақтау маған жат – шындығы солай. Ал, маршал Блюхер: «Жолдас Момышұлы, мына қалпыңызда Багратионнан айнымайсыз!» – дегенде: «Жоқ, жолдас маршал, мен Момышұлына ғана ұқсаймын!» – деп жасындай көзің шоқ шашып, қыранша саңқ ете қалғаныңда, бүкіл ротаң қорқыныштан қалтырап кетті. Со сәт ипподром толы халық та енді не болар екен деген екіұдай халде, демдерін ішіне тарта тым-тырыс боп тынши қалды. Маршал да нағыз ер азаматқа лайық мінез көрсетіп: «Дұрыс! Сіз тек Момышұлына ғана ұқсайсыз!» – деп алтын сағат сыйлағанда, бүкіл атшабар құлақ тұндыра қол шапалақтап, қолбасшы мен өзіңе айызы қана қошамет көрсетіп еді. Есіңде ме?
– Жадымда, жолдас генерал. Адам өмірінде сирек кездесетін ондай ғажайып сәт қалай естен шықсын!..

СЫНАҚ

Бәріміз – Аллаға сапар жолындағы сынақтағылармыз…

…1946 жыл.
Ворошилов атындағы Жоғары Әскери Академияның бастығы Армия генералы Захаровтың маршал Жуковпен оқу барысын кеңесіп отырғанына екі сағаттан астам уақыт өткен. Академия жұмысы мен жалпы оқытушылардың жай-күйі, оқу корпусы мен тыңдаушылардың жатақ жайы, оларға жасалатын жағдай жөнінде әңгімені түйіндей келе:
– Жолдас генерал, Кеңес Одағындағы әскери қызметкерлердің қаймақтарын іріктеп алып оқытып жатқан Академияға қандай жауапкершілік жүктеліп отырғанын сезіп отырған боларсыз?
– Әрине, жолдас маршал! – Олай болса, өмір көріп ысылған, кескілескен қан майданның сан қилы теперішін басынан өткізген сардарларды дұрыс сараптай білгеніміз жөн.
Осыны айтты да Академияға қабылданғандардың тізіміне қайта шұқшиды. Жуков тізімді қарап отырып «Момышұлы» деген фамилияға көзі түскенде:
– Дұрыс, осы полковник секілді шыншыл, әрі қайсар адамдар оқуы керек бұл Академияда, – деп ойланып қалды. Аласапыран сұрапыл соғыстың бел ортасында жаудың шабуылына қарсы құрылған «Қақпан» операциясын бүтіндей өзгертуге себепкер болған тасқайрақ қазақпен кездескені есіне түсіп, еріксіз жымиды да:
– Момышұлы қай округтан келді? – деп Захаровқа қарады.
– Балтық әскери округындағы 9-шы дивизия командирі болып қызмет атқаратын, жолдас маршал.
– Тыңдаушыларды толық шақыртып қойдыңыздар ма?
– Иә, жолдас маршал. Қосалқы құраммен толықтырылған ең соңғы тізімді сізге алып келіп тұрмын. Жалпы Академияға шақырылғандар саны 125 адам.
– Жақсы, жолдас генерал, айтылған ескертпелерді тез арада жолға қойып, бүгіннен бастап келген тыңдаушыларды жайғастырыңыздар. Алдағы уақытта олармен арнайы жүбе-жүз кездесу өткіземін, лекцияны бастай беріңіздер.
– Құп болады, жолдас маршал!
Жоғары Әскери Академиядағы сабақ осылай басталды да кетті.
…Екінші дүниежүзілік соғыстан қажыған елдің ес жиюына ел басшыларының көреген басшылығы мен жұдырық боп түйілген іскерлігі қажет болатын. Алайда соғыста жеңдік деген алақайлаған тоқмейілсу мен Сталиннің көрсоқыр менмендігі, елдің жайын ойлаудан гөрі орынтағы мен атағын дәріптеуден аса алмай жатты. Ішкі дүниесін шаң басқан, қарау адамның билік басында ұзақ отыруы – елдің соры еді.

Тозған елге азбанқұлдар би болып,
Аярлықпен ар тапталса сол жаман…
Жауыз патша қанын сорып халқының,
Тапжылмастан тақта отырса сол жаман…
Мұхиттың арғы бетіндегі Авраам Линкольн: «Барша халықты біраз уақыт алдауға болады, біраз халықты барша уақытта алдауға болады, ал барша халықты барлық уақытта алдау мүмкін емес» – депті. Бұл қағида «адам оратын» Кеңестік жүйеге жүрмейтінін көзі ашық, көкірегі ояудың бәрі жақсы түсінді. Қолынан келер қайраны жоқ үрей билеген «барша халық, барлық уақытта алдана» ғұмыр кешіп, опасыз қу тірліктің қамытын мойнына ілген бойы ілби сүйретіліп, жазмыштың арбасына келер күннің үмітін артып, тасқаяқ тіршілікті жалғастырып жатты…
…Академияның алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша теория мен практиканы терең ұштастырған Бауыржан тыңдаушылар арасында үздік бестікке енді. Әсіресе, сабағы озат, сөзі мен ісінде алшақтық жоқ Бауыржанға Академия бастығы генерал Захаровтың ілтипаты мен құрметі ерекше еді.
– Осы бағытыңнан тайма, алда үлкен армандар күтіп тұр! – дейді жолыға қалса.
Бір күні генерал шақырады дегесін Захаровтың кабинетіне кірсе, төрде төбедей болып төртбақ денелі маршал Жуков отыр екен. Жанында еңсегей бойлы маршал Говоров.
– Сәлеметсіз бе, жолдас маршал! Шақыртуыңыз бойынша полковник Момышұлы келіп тұр! – деп шекесіне қолын қойып кавалер етігі сартылдай амандасқан.
Көзінің қиығымен байқағаны маршалдың көңіл күйі төмен екен. Стол үстінде Академия тыңдаушыларының оқу-үлгерім ведомосты жатыр.
– Жолдас Момышұлы, сабаққа деген алғашқы қарқының соңғы кезде бәсеңдей бастапты…
– Дәл солай, жолдас маршал!
– Дәл солайыңа жол болсын? Міне, мына соңғы жазған шығармаңда «екі» алыпсың. Мұны немен түсіндіресің?
– Жолдас маршал, үлгере алмай қалдым…
Жаңадан келген оқытушы соңғы кезде «аңыз полковникті» көре қалайын дегендей қырына алып, болмашы нәрседен кінә тауып, жоқтан өзгені сылтаурата, негізсіз кемсітуге жол беріп жүрген. Ал, өзі жоқ мұғалімді сыртынан ғайбаттауды мін санап, әліптің артын бақты да, кінәні уақытқа жаба салды.
– Мен түсіне алмай тұрмын, үлгере алмадым деген не сөз? Тыңдаушыларды алаламай, бәріне бірдей мерзім берілді емес пе?
– Жолдас маршал, бұл тез шешім қабылдайтын ұрыс даласы емес – бұл творчестволық жұмыс…
– Сонда саған Захаров ерекше жағдай жасауы керек пе?
– Маған елден ерек жағдай туғызудың еш қажеті жоқ. Ойлану мен тәржімалауға зейін саламын деп уақыттан ұтылғанымды мойындаймын.
– Ойлану дегенің құлаққа қонады, ал тәржімалау дегеніңді қалай түсінуге болады, жолдас Момышұлы?
– Жолдас маршал, менің ұлтым – қазақ, сондықтан мен миыма үш түрлі салмақ саламын.
– Ол қандай салмақ біз білмейтін? Айтыңыз, тыңдап көрейік…
– Жолдас маршал, мен жазатын тақырыпты ана тілінде миымда қорытып аламын да сонан соң орыс тіліне аударамын, ал ең соңында қағазға түсіремін. Оның үстіне шығармада көп кезедсетін «өлім», «өмір», «қорқыныш», «ерлік» сөздерінің орыс тіліндегі синонимдерін еске түсіріп, бір сөзді қайталамауды қатты қадағалаймын.
Жуков осы кезде орнынан тұрды да, екі қолын артына айқастыра ұстап, бөлменің төр жағын шиырлай кезіп кетті. Майдан даласында солдаттар арасында қатігез «қасапшы» (мясник) аталып кеткен маршалдың жүзінен аса бір қапалықтан гөрі әлде ризалықтың, әлде таңданыстың кейпі байқалады. Кенеттен кілт тоқтай қалып:
– Жақсы. Айта қойыңызшы – «ерлік», «қорқыныш» сөздерінің қанша синонимі бар? – деді.
– Ерлік сөзінің «подвигтен» басқа сегіз, қорқыныш сөзінің «страхтан» басқа жеті синонимі бар, жолдас маршал.
Мынадай шапшаң жауапқа таңданысын жасыра алмаған Жуков іле:
– «Әскер» сөзінің қанша синонимі бар? – деді сынамақты жалғастыра.
– Бұл сөздің баламасы аз – «воинство», «войска», «рать».
– Автоматша сартылдап тұр-ғой мынауың, – деген маршал кіділігін кісілікке жеңдіріп Академия бастығына қарады да:
– Жолдас Захаров, тыңдаушылардың жазба жұмыстарын алдырыңызшы, – деді.
– Құп болады, жолдас маршал!
Бөлмеде шыбынның ызыңы білінердей тыныштық орнаған. Тек Жуковтың ара-тұра қаламсапты қолында ойнатып, үстелді тықылдатқан дыбысы ғана естіледі. Көп өтпей бір бума қағазды көтеріп Захаров та оралды.
Бауыржан іс бұлай шиеленісіп, қағына өршіп кетер деп ойламаған. Әділдік жолындағы осы оқиға өз ақиқатын дәлелдеумен қатар, алдағы өміріне де кедергі келтіретінін, досымен қатар қасының да молая түсетінін ақыл-санасы дәл сол сәтте безбендей алған жоқ еді.
– Қанеки, жолдастар, Момышұлының жазғанын үздіктермен салыстырып көрейікші, – деген Жуковқа ілесе маршал Говоров та балаша қомпаңдай қозғалақтап:
– Үздік жазылған шығарманың біреуін беріңізші, – деді.
Жуков Момышұлының шығармасын бар зейінін сала ынты-шынтысымен қарап, Говоров пен Захаров үздіктердің жұмысын тексеруге кірісті.
Қаққан қазықтай қақиған Бауыржанға осы бір он бес минут он бес жылға созылып кеткендей.
– Қалай екен, жолдас Говоров?
– Мен тексерген Герасимовтың шығармасында «өлім», «ерлік» сөздері синонимсіз он, он екі рет қайталаныпты.
– Гречконың шығармасында «батырлық» деген сөз баламасыз бірнеше рет пайдаланыпты. «Ажал» да солай.
Жуков екі әріптесін мұқиат тыңдап алды да:
– Ал, Момышұлында «ерлік», «өлім» сөздері қайталанбай, тек баламамен беріліпті. Оның үстіне шығарма өмірде болғандай реалистік тұрғыда, көркем тілмен жазылған. Шығарманың соңғы сипаттамасы ғана бітпей қалған, – деді Захаровқа қарап.
Захаров Бауыржанның шығармасын қолына алып, жылдам көз жүгіртіп шықты да, маршалдың айтқан сөзіне арқаланды ма, дәптердің соңына қойылған «2» деген бағаны қызыл қаламмен айқыш-ұйқыш сызды да, баттитып «4» деген баға қойып, астына «Жоғары Әскери Академияның бастығы, Армия генералы – Захаров» деп қолын қойды.
Барлығын мұқият қадағалап тұрған Жуков Говоровқа:
– Енді әділет салтанат құрды деп айтуға болатын шығар, жолдас маршал?! – деді де кеңқолтық әкенің мейірбан кейпіне еніп:
– Майданда ақиқаттан қарыс қадам шегінбеген Момышұлын оқу барысында да сол қасиетімен көргеніме қуаныштымын! Сізге табыс тілеймін! Оқуыңызды жалғастыра беріңіз! – деді. Ал, санасына: «Біздің ісік өкпе генералдар мен маршалдарда мына қазақтың қайсарлығы мен зеректігі, Уставқа да бағынбай кететін тапқыр тактикасы жетіспейді… Әттең…» – деген ой маза бермей жатыр еді.
Өмір жәрмеңкесіндегі кенеттен болған осы уақиға Бауыржанға үлкен мектеп болды. Жоғары эшалондағы шенділердің барлығы қылдан таймайтын, әділдік жағындағы таза адамдар емес екеніне «опасыз жалған» тағы да көзін жеткізді.
Қалай дегенмен де генерал Захаровтың ыстық ықыласына ие Бауыржанға тісін қайраған дос-жаулары да, ұстаздары да Академияда жетіп артылатын. «Өмір – күрес, тек шындығың ғана алып шығар қыспақтан» деген қасаң да, жаттанды пәлсапа қызыл өкіметтің елең-алаңында жүзеге аса қоюы мүмкін емес еді. Тасадан тас атқандар шоғырының көзге көрінбейтін қыл арқаны аяғын тұсаулап, әлі талай шалып құлататынын жетесі әлдеқашан ықырарсыз мойындаған. Аумалы-төкпелі, зауалы күмәнді заманда ақиқатынан ауытқымай, ауытын аудырмай тең ұстап жүру – кәтепті қара нарға ғана мінәсіп. Ер азаматтың бағасын дұшпанының санымен өлшесе, «баһадүрмін» деген талайлар Бауыржанның шаңына да ілесе алмас еді.
…Оқу тасбақаның тыпылындай мимырт тырбаңдап өтіп жатқан күндердің бірінде Захаров кабинетіне және шақырды. Стат формадағы майор күтіп отыр екен. Қысқа амандықтан соң, өзімен бірге жүретінін ескертті.
Қайда? Кімге? Сұрауға мұршасын да келтірмей, талай кенен әскербасыларды жаһаннамға аттандырған «қара құзғын» аталып кеткен сүліктей машинаға мінгізген бойда, Кремльдің төрінен бір-ақ шығарды.
Атшаптырым ұзын дәлізбен жүріп отырып, жалпақ емен есіктің алдындағы күту бөлмесіне келген кезде, Сталиннің қабылдауына кіретінін сезіп, жүрегі тарсылдай соғып кетті.
– Осы жерде күтіңіз, қажет кезінде шақырады.
Кім шақырады, қашан шақырады, ол жағы дәркүмән.
Едәуір уақыт өтсе де, кіре беріс бөлмеге Бауыржаннан бөгде ешкім бас сұға қойған жоқ. Көңілді күпті еткен шай қайнатым уақыт ішінде Бауыржанның басына нелер келіп, нелер кетпеді.
«Бұрқақ тағдыр тағы қандай бұралаңға бастамақ? Қай жерден мүлт кетті?»
Ерлігі мен өрлігін, ақылы мен парасат білігін кез келген қолбасшыдан артық санайтын Блюхердің тағдырынан кейін кеңестік жүйенің ешкімді аямайтынына Бауыржанның көзі анық жеткен. Елін сатпақ түгілі, шекараға торғай қонса жанын салып қорғайтын адамды «агент» деп тауып, елге жария қылмай, едел-жедел соттады да, бір түнде атып жіберді… Сатпайтын, сатылмайтын дара қасиетке ие әскербасының пешенесіне «қара пәлені» тағдыр жазды ма, әлде мына «ұлттар әкесінен» келген пәрмен бе?.. Ойлаудың өзі қорқынышты… Әскери саладағы ұстазы санайтын маршалды әсте ондай опасыздыққа қимайды.
Кез келген марксист-орысыңды ақылымен де, білімімен де он орап алатын ерен тұлға Әлихан Бөкейхан: «Тірі тұрсам қазаққа қызмет етпей тынбаймын» деп, ұлтының шырағын жағуға жанынан да, барынан да баз кешті… Асылдың сынығымен бірге Байтұрсынов, Дулатовтай серкелердің «халық жауы» деп табылып, өлімге кесілуі мүлдем ақылға сыймайды… Әне-міне соғыс өрті тұтанады деп тұрған алмағайып уақытта майданға ауадай қажет білікті әскери басшылар – Тухачевский, Уборевич, Якир, Алкснис, Блюхер секілді әлемдік дәрежедегі қолбасшылар ажал құрығына ілініп, атылып кетті. Отанға шын берілген әскербасылардың тағдыр-талайы қақпақылға түскен заманда қазақтың қара борбай баласы кімге шікірә?
«Сонда, осы сойқанның бәрінен Сталин хабарсыз болуы мүмкін бе?.. Толық ақылмен сана мизанына салып, кемел парасатпен зерделеп көрсең тіптен қисынға келмейді: Рас, соноу шалғайдағы Қалыбайдың жазықсыз айдалып кетуін, қияндағы Толыбайдың себепсіз атылып кетуін «ұлттар әкесі» білмей қалды делік, бірақ саясатта салмағы бар, Алаштың марқасқа арыстары мен әскери қайраткерлердің бейбіт күнде оба-көрге тығылғанын Сталин білмей қалды дегенге көзі қарақты адам сене қояр ма екен?.. Бұл ойранның басында Берия, Абакумов, Ягода, Ежов, Вышинский секілді «ләббай-құл баскесерлер» тұрды десек, әй…й…й қателесеміз-ау! Ерте ме, кеш пе тарих қойнауына кетіп, жабылып кеткен парақтар ашылар… Оқылар…. Таразыланар… Сол кезде жазықсыз құрбан болған бейбақтардың қаны дәл осы пір тұтып жүрген «мұртты көсемнің» мойнына жүктелмесе неғылсын?!.»
Айту түгілі, безбенге салудың өзі қорқынышты құбыжық ойдың жал толқыны жағадағы жартасқа соғып, шыңырау тереңіне тартып бара жатыр еді, емен есік сарт етіп ашылды да, Сталиннің көмекшісінің лақаттан шыққан мүрдедей қан-сөлсіз сұлбасы көрінді…

БЕТПЕ БЕТ

Қиянаттың ең үлкені – халықтың
өз тарихын өзінен жасыру.
Ермұхан Бекмаханов.

…Қызыл еменнен жасалған жалғанның жартысындай үстелді айналшықтап жүрген Сталиннің ойына қабылдауына шақырған қазақтың соғыс маневрі мен ұрыс тактикасы оралды. Мыңды бастап шыққан осындай ержүрек, әрі табанды офицерлердің арқасында жаудың бетін қайтарғанын іштей мойындаса да, талай әскери қолбасшылардың түбіне жеткен қарау «менінің» қақпанынан бұл қазақ та құтылмаған.
Иә, ешкім… ешнәрсені,.. ешқашан білмейді… Өзі ұйымдастырып, өзгенің қолымен көсеген айла-шарғылы аққаптал құпиялар өзімен бірге көрге кетеді… Уақыт өте келе тобыр-халықтың біреуі «тиран» десе, екіншісі «гений» деп қырқысып әлек болады… Жүрсін сүйтіп далбасалап…
Қазір келетін полковниктің де, Рейхстаг пен Берлиннің маңдайшаларына ту тіккіш қазақтың да жолын өзі кескен, тек біреулердің қолымен…
Генерал Панфилов пен Чистяковтың соғыстың алғашқы айларында жазған мінездемелері мен Батырлық атаққа ұсынған хаттарын, Серебряковтың жоғары атаққа тізбелеп жазған хаттарын қайта парақтап шыққан. Алғашында селқос қана назар аударған хаттың мәтіні бара-бара өзінің тереңіне тартып, ақыры құнттай қарап, түп-түгел оқып шығуға мәжбүр етті. Ұсыныс хатты толық оқып шығып түйгені мынау болды:
«Кезінде Жуковқа «Батыс майдандағы дивизияларды қазақтармен толықтыр» деген тапсырмам, Мәскеу түбіндегі айқаста, тіпті бүкіл соғыс даласында шешуші рөл атқарыпты. Бұл өзі дер кезінде ойға алған шешім бопты. Кім білген, осы табанды қазақтардан «цитодель» тұрғызбағанда, Гитлер Қызыл алаңда жеңіс парадын өткізіп қалар ма еді?.. Ал, қазақтардың ерлігін бағалау маңызды емес… тіпті қажет те емес… Бір-екеуін орденмен алдамсыратып, шендерін көтерсек жетіп жатыр…»
Сталин бөлмені осы шиырлағаным жетер деді ме, әйдік үстелдің оң қапталындағы диванға тізе бүкті. Мұрағаттан арнайы алдырған «Алашорда» мүшелерінің іс қағаздарын қолына алып, тағы бір сүзіп шықты.
«Ескі дос» Әлихан Бөкейханның «делосын» ұзақ парақтады…
…Сонау 1917 жылғы ақпан көтерілісіндегі сәтсіздік кезінде «Алаш» партиясы ақ гвардияшылармен ымыраласып, біраз әлек салған. Ал, қазандағы жеңістен соң азамат соғысы мен ақтардың сұмдық қарсылығы большевиктерді сансыратқан кезді ұтымды пайдаланған Бөкейхан, Кеңес үкіметінің төрағасы Ленинді Жалпы Халықтық сьездің шешімін алға тарта отырып, «Алашорда» үкіметімен бітімге келуге мәжбүр етті. Осы кезде Халық Комиссары ретінде Ленинді әрең көндіріп, Алашты алдаусыратқан мәтінде жеделхат жолдатқызды.
«Әр ұлттың өз билігі өзінде болады. Қазақтардың Семейде өткен сиезінің шешімдерін толық мақұлдап, автономиялы мемлекет болуға шешім шығарылды» деген болатын телеграммада.
«…Ойпырым-ай, мұншама сауатты қазақтарды қайдан жинап алған. Бұратана халықтың екі-ақ пайызы сауатты дегені әдірам қалып – Досмұхамедов, Ермеков дегендері 1920-жылғы Халық Комиссарларының тамыз кеңесінде кеудесіне нан піскен шовинист орыстардың өзін бұрышқа тығып, сөйлетпей тастады. Шекараны белгілеудегі жанкештілігіне қайран қаласың. Астрахань, Каспий жағалауы, Алтай өлкелерінің сызба-картасын түзгенде, Лениннің қитұрқы сауалдарына «Ұлт саясаты мен жер туралы» «Правдада» жарияланған өз мақаласын көзіне шұқып көрсетіп, дәлелдеп тұрып алды да, Кеңес мүшелері мен Саяси бюро мүшелеріне бұлжымас факт, бұлтартпас дәлел-айғақтарын тосып, Каспий бойындағы Синемор болысын, Бөкей ордасы мен Приморск округіне қарап кеткен ежелгі қоныстарын, Алтайдағы қазақтар тығыз орналасқан ауылдарды өз еншісінде қалдырды. Тізеге салмағанда Орынбор, Саратов, Алтай аймақтары да қазақтың еншісінде қалып қоюы кәміл еді. Сонау патшалық Дума кезінде депутат болған Бөкейхан бастаған топ оңай шағыла салатын жаңғақ емес еді…
Ақпандағы көтеріліс пен қазан төңкерісіне белсене қатысқан сауатты қазақтар жетіп артылатын. Заң мен құқық саласының жілігін шағып, майын ішкен ілімдар Ақбаев бастаған Шоқаев, Қожанов, Рысқұлов, Төреқұлов секілді мемлекетшіл тұлғалармен иық тіресу, сұмдық білімдарлықты талап ететін. Аңғал қазақты алдамшы уәдемен бөгей тұрмағанда, бұ халық ноқтасын сыпырып ала жөнелетін еді. Кеңестік жүйе ес жиған отызыншы жылға таяу екіесті Голощекин арқылы қанын судай шашып, малын тәркілеп, жұртына аштықты қолдан ұйымдастырып, әй,.. кеткен кектің, алынбаған өштің ызасын армансыз ап едім-ау!..»
Сөнген қорқорын қайта тұтатты да, әйдік үстелдің оң жақ бұрышындағы өзіне ғана белгілі қызыл түймешікті басып, күзет бастығын шақырды.
– Полковник Момышевті шақырыңыз…
Дем арасында қайта оралған күзет бастығы: «Жолдас…» – дей бергені сол, қолын сілтеп үзіп тастады да, шақырылған адамын сұрады.
– Жоқ, жолдас, Сталин. Ондай адам күту залында жоқ.
– Фамилиясын қалай атадыңыз?
– «Полковник Момышев» деп.
– Енді барып қайтадан, «полковник Момыш Ұлы» деп хабарлап көріңізші.
Арада бірер минут өтер-өтпес жасы отыздан енді асқан сұңғақ бойлы, кең маңдайлы, қап қара баданадай көздері от шашқан сымбатты әскери адам кіріп келді.
– Жоғарғы Әскери Академияның тыңдаушысы, полковник Момышұлы шақыртуыңыз бойынша келіп тұр!
Қорқорын сораптап, көк түтінді бұрқырата, жонын берген күйі сәлемін де алмастан, еденге төселген кәшмірдің қалы кілемін ата қаздай балпаңдай басып, едәуір уақ жүріп алды. Алдына келген талай «менмін» деген марқасқалар Сталиннің осы сынынан-ақ дәлдірей есін жоғалтып, рухы сынғаны сонша атын да ұмытып қалатын. Түріктің тұқымы қайтер екен деп, қырындай бере байқады: бойы да, түрі де, әскери киімі де өзіне жарасымды келісті полковниктің мына қоқан лоққыдан ығар түрі көрінбейді.
«Әскери форма сырықтай бойына құйып қойғандай қона қалыпты» – деп ұртына ұялаған кәуір мысқылды мүттаһәм жүзі жасырып үлгерді де:
– Академиядағы оқу барысы қалай, жолдас Момышұлы? – деді.
– Өте жақсы, жолдас Сталин.
– Дұрыс екен… Айтқандай, сіз қазақ екенсіз ғой?..
– Иә, жолдас Сталин, қазақпын.
– Мен қазақтарды жақсы білмеймін…
Сталиннің мына сөзі Бауыржанды қайран қалдырды. Бүкіл Кеңестер Одағын басқарып отырған адамның он бес республиканың ішіндегі ең көлемдісін, жаужүрек халықты білмеймін деуі көңіл түкпірінде қашаннан бұғып жатқан мың сан күмәнді ойды тірілтіп, бипазданған «көсемге» деген жеккөрінішті сезім ішкі дүниесін қопара атойлап шыға келді.
– Иә, революция кезінде Бөкейханов, Төреқұлов, Рысқұловтармен қызметтес болдым. Алайда қазақ халқы жөнінде терең білемін деп айта алмаймын.
Сталин өз өтірігіне өзі шашалып қала жаздады. Басқа-басқа оның «қазақ» деген қайсар ұлтты білмеуі мүмкін емес еді. Осыдан 27 жыл бұрын бүкіл бюро мүшелерінің алдында Бөкейхановпен ұлт туралы айтысып, сол додада жаһіл сауатсыздығы әшкере боп, масқара халде жеңілгенін тіріде ұмытар ма? Ажалға бас имеген бөрітек қазақтар кез-келген ұлттан, тіпті ел басқарып тұрған гүржіден де өрлігі мен мәрттігі оқ бойы озық екенін дәлелдеген сонда. Енді міне, бойы там тіреген полковниктің алдында түк білмегенси қалғаны.
«Мұның да жүрәті солардың тегінен – от шашқан шоқты жанарын тайдырмай, тесіп жіберердей қарауы төңкеріс кезіндегі көкжал қазақтарды еске салады…»
…1939-жылы күзде Гитлер мен Сталиннің Львовта болған өте құпия кездесуінен Кеңестік партия басшылары түгілі, «менмін» деген әскербасылар – Ворошилов пен Жуков та хабарсыз еді. Керек десе, бұл жасырын жүздесудің жай-жапсарынан барша Еуропа елдері де қағыс қалған болатын.
Неміс фюрері майдан ашатын барлық елдерді жасырмай ашық айтып, айналасы бірер жылдың ішінде Еуропаны толық басып алатынын бүкпесіз жайып салды. Сөзінің соңында Ресеймен дос күйінде қалып, тиіспейтіні жөнінде ант су ішті. Қолын дамылсыз ербеңдетіп, бір орында отыра алмай шыбжыңдаған Гитлердің шайтан мінезінен секем алған Сталин ішіне күдік түйіп кетсе де, соғыс аша қоймас деген дүдәмал үміттің жетегіне ергені рас. Айналасындағы ақылгөйлері мен «жансыздары» жеткізген ақпараттар ағымына нанбай келгені де сол кездесудегі «келісім» арқалатқан үміт болатын. Ақыры үкілеген үмітінің быт-шытын шығарған Гитлер жайма шуақ жазда, бейғам жатқан Кеңес Одағына бақайшығына дейін мұздай қаруланған әскерімен баса көктеп кіріп келді. Сөйтіп, жер жаратылғалы адам баласы естіп білмеген ғарасат майданды бастады да жіберді.
…1941 жылы күзде гитлершіл-немістер Мәскеуге қол созымдай жер қалып, «енді үш күннен соң кеңестік астананың төрінде парад өткіземін» деп жер жаһанға жар салды. Расында шабуыл қарқыны дәл осылай жалғаса берсе, Гитлердің бұл мақсатқа жетуі еш қиындықсыз-ақ іске асатын еді. Алайда «тағы дивизиялардың» кескілескен қарсылығына тап болып, Волоколамскі мен Дубосеково разьезі түбінде беті қайтты. Сонда Гитлерге мынадай шифрограмма жеткен: «Менің Фюрерім! Сұмдық тас қамалға (цитодельге) тап болдық. Орыстардан емес, өліммен бетпе-бет келсе де қаймықпайтын қазақтардан құрылған арьергард-шепті бұзып өту, біз үшін алынбайтын қамал боп тұр!» Ал, мұндай мәліметтен Жоғарғы Ставка да, Сталин де құлағдар болатын. Тіпті Илья Эренбург атақты «Соғыс» деген романында өлген-тірілгеніне қарамайтын бірбеткей қазақтардың қаһармандығы жөнінде арнайы тоқталып: «Ленинград блокадасы мен Мәскеу түбіндегі ұрыста жанкешті қазақ сарбаздары болмағанда, неміс басқыншыларына төтеп беру мүмкін емес еді», – деп алаш батырларының сом бейнесін сөзбен бедерлеп берді.
Сталин білмегенге салып тұрғанын сездіріп алмас үшін, сабырлы кейпінен айнымаған қалпы ерсілі-қарсылы мүштігін қыса ұстап, тағы да біраз жүріп алды.
…1941-дің теке сүмбілесінде: «Сталинград, Батыс, Солтүстік майдандарын тек қазақтармен толықтыр» деп Жуковты алқымнан алғаны есіне түскен. Өте жылдам жасақталу нәтижесінде – тамыздың соңында тек Мәскеуді қорғайтын дивизиялар он сегіз мыңнан астам қазақпен толығып, солдаттардың пайыздық көрсеткіші бойынша орыстар 39%, қазақтар 31%, украиндар 18% болды… Иә, бәрі күні бүгінгідей есінде…
Момышұлын шақырар алдында дивизия штабының бастығы гвардия полковнигі Серебряковтың 1944-жылдың 17-шілдесінде жазған хатын қайта оқып шыққан. Ұрыстың қайнаған шағында атүсті қарап, оның үстіне қазақ екенін білген соң қарауға да құлық танытпады. Асықпай отырып оқығанда көзінің жеткені, мына алдыңда тұрған полковник – адам емес, ертегілер әлеміндегі оқ өтпейтін, қылыш дарымайтын дию ма, пері ме… бір дүлей…
Кезінде елдің бәрі аузынан тастамайтын бұл қандай «шедевр» деп, Александр Бектің «Волоколам тас жолы» романын арнайы алдырып оқыған. Булгаковтың «Шеберінен» кейінгі тұшынып оқыған кітабы осы болды.
Кейіпкер мен автордың ә дегеннен «мен тек ақиқатты айтамын, сіз тек шындықты жазыңыз» деген келісімі оқырманды өзіне тартудың бір тәсілі болар, ал оқиғаның өрбуі, командирдің тапқырлығы, соғыс ситуацияларының аңызға бергісіз шарықтауы мен шығарманың жалпы композициялық құрылымы ойдан құрастырылған көркем дүние болар деп жобалаған. Қырсық болғанда, басты кейіпкеріне орыс құрып қалғандай қазақты таңдапты. Онысы да мақұл-ау, бұл қазағың қан кешкен ұрыстың бел ортасында жүріп немісті қынадай жапырған қайтпас қаһарман, өлмейтін Кащей. Қоршауға түссе айласын асырып сытылып кетеді, бетпе бет келсе «спираль» әдісімен қаша ұрыс салып дұшпанын сан соқтырып құтылып кетеді, ол аз десең қанында бар «жабайы басмашылықпен» фрицтерді түнделетіп быт-шыт қылады. Басты кейіпкердің соғысу мәнері де, амал-айласы да басқа дивизия командирлерінен өзгеше. Соғыс тактикасындағы алғыр білімпаздығы мен жағдайға байланысты төтеннен қабылдаған ұйғарымының оң шешіліп жатуын совет жауынгерін рухтандыру мақсатындағы жазушы қиялынан туған әсірелеу деп бағалаған.
Алайда, Мәскеуді қорғаған Батыс майданның Штаб бастығы полковник Серебряковтың хаты бұл ойының күлпаршасын шығарды. Кітаптағы оқиғалар ойдан шығарылмапты – тастүлек қазақ шынында да ажалдың өзін ерттеп мінген перғауынның нағыз өзі екен. Міне, қарсы алдыңда сол ғазауат-алапаттан аман қалған көкжал қазақ бедірейе қасқиып тұр.
Сталин стол бетінде жатқан Серебряковтың ұсыныс хатына тағы да көз жүгіртті.
«Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы 1910 жылы туған. Қазақ. 1936 жылдан Қызыл Армия қатарында. 1942 жылдан ВКП мүшесі…
…1941 жылы 690 адамды қоршаудан аман алып шыққан;
Сол жылы Волоколам бағытында күші басым жауды батальонымен екі тәулік бөгеген;
Қарашадағы қиян кескі ұрыста 600 немісті жер жастандырып, 6 танкіні өртеп, 18 пулемет, 8 радио станция, 2 штаб машинасын өте құпия құжатымен қолға түсірген;
Осы айда 350 адаммен қоршауда қалып қояды да командирдің тапқырлығының арқасында аман-сау дивизияға қосылады;
Сол айдың соңында дұшпан тұрған тұраққа шабуыл жасап 200 немістің көзін құртады;
Желтоқсан айында Крюкова үшін болған ұрыста жараланса да жеті күн полкті басқарып, жаудың бір полк әскерін жойып, 18 танкісін өртеп жібереді;
1942 жылдың басында өз батальонымен эСэС-тің «Мертвая голова» атанған дивизиясына тұтқұйылдан түнде шабуылдап, 1200 немістің көзін жойып, Бородино селосының маңындағы бес деревняны азат етеді;
Сол жылы ақпанда Шелудькова ауданында жау колоннасына төтеннен жабуыл жасап 200-дей фрицті жер жастандырады;
Мамыр айында Момышұлының полкы күші әлдеқайда басым жаудың авия-жаяу әскерімен теке тіресіп, жаудың 100-ден астам шабуылын тойтарады.»
Бұл – отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын қазақтың бір жыл ішінде жасаған ерліктері. Мына хаттың ішіндегі ерліктердің қай-қайсысы да жоғары марапатқа лайық. Тіпті екі «Батырлық» берсең де артық емес… Днепрді кешіп өткен жауынгерлердің бәріне – батылына да, жасығына да, еріне де, езіне де «Совет Одағының Батыры» атағы берілді. Олардың ерлігін дәл бұлай кім сараптады дейсің?
Сталин күнделікті түскен жеделхаттар арқылы соғыс барысынан сәт сайын хабардар болып, әсіресе, Жуковқа берген тапсырмасының нәтижесін бақылау ниетімен қазақтардың майдан шебіндегі ұрысы туралы мәліметті жіті қадағалайтын. Ерекше есінде қалғаны Рейхстагқа бірінші боп ту тіккендер қазақ пен татар боп шыққанда, шотыр бетінің қорасан дағы көгереңдей дүрдиіп, қаны басына шапқан. Артынша Жуковтың жер жебіріне жете: «Мұсылмандарға жеңіс туын тіккізіп, естеріңді есек тепкен бе?!. Жоқ әлде, соншама әскердің ішінен бір орыс таба алмай қалдыңдар ма?..» деп боқ-құсық аралас былапытын шашып, кабинетінен қуып шыққан.
Сөйтіп, 30-сәуірде жеңіс байрағын қадаған қазақ Қошқарбаев пен татар Болатовтың есімдері «Знамя» газетінің 2-мамырдағы санында «Рейхстагқа алғаш ту тіккендер» деп күллі әлемге тайға таңба басқандай жария болса да, тарихи факт қиянатпен бұрмаланып, орыс пен грузинге ту тіккізіп шыға келді…
«Көзінен нажағай от шашқандай екен, ойымды оқып қоймады ма?»
Сталин сақаға құйған қорғасындай, қаздиып тұрған Бауыржанға барлай қарады да, бейне ой үстінде жүрген қалыпта:
– Қошқарбаев, Мәденов деген қызыл әскерлерді естуіңіз бар ма? – деп көзін жымсита, сұраулы жүзін бұрды.
– Жоқ, естімеген есімдерім, жолдас Сталин…
Бұл екі қазақ туралы бүкіл майдан даласы хабардар болатын. Рахымжан Қошқарбаев Рейхстагтың төбесінде жеңіс туын желбіреткен қазақ, ал Кенжебай Мәденов Берлиннің ратушасына (әскери басқару мекемесі) алғаш байрақ қадаған қазақ. Майдан газеттері екі қазақ туралы бірінен кейін бірі жамырай жазысқан. Бұл екеуін білмейтін қызыл әскер ұрыс даласында кемде кем болатын. Шектен тыс адалдықтың да орға жығатын кездері болатынын Бауыржан ішкі түйсігімен алғап үлгерді де, танитынын бүгіп қалды.
– Бигелдинов деген ұшқышты ше?
Бұл жолы өтірік айтуға болмады:
– Иә, білемін…
– Мен бұл ұшқышты татар деп жүрсем, қазақ екен ғой?..
– Иә, қазақ ұлтының ержүрек ұланы. Бұл ұшқышпен жүзбе-жүз кездескен емеспін, тек майдан газеттері арқылы ғана таныспын.
– Майдан газеттері демекші, сіздің қысқа қайырған жазбаларыңызды оқығаным бар. Отан туралы жазғандарыңыз маған қатты ұнады. Әсіресе, «Отан үшін…»
– «Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Опасызда Отан жоқ».
– Ақиқат пен жалғандық туралы да жазғандарыңыз бар екен…
– «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше шындықтың уын ішіп өлген артық.»
Сталин мына афоризмді естігенде бейне ұрлық үстінде ұсталып қалған ұрыдай орнынан қозғалақтап кетті.
– Керемет демеске амалым жоқ… Мықтап есте ұстайтын цитата екен. Әсіресе менің жанымда көлеңкедей қалбақтап жүрген «біреулерге» айтып береді екенмін… – деді де крослосының арқалығынан ұстап тұрған күйі бұйрық күткен солдатша қақиып тұрған Бауыржанның жүзіне тіктеп:
– Дұры…ы…с екен… Ал, қазақ халқының мақалдарынан ше? – деді.
– «Отан – оттан да ыстық», – деген Бауыржан Сталиннің бүкіл майдандағы қазақ сарбаздарының соғысу барысын қатаң қадағалап отыратынын мысқыл аралас сөзі мен сығыр көзінен оқып үлгерді.
– Бұл мақал сіз жазған нұсқамен туысқандай мағыналас екен…
– Жоқ, жолдас Сталин, менің жазғаным бабам шығарған мәтелден әлдеқайда әлсіз.
Сталин темекісін будақтата түтіндетті де, қоңырқай шторлы терезе алдына барды.
– Соғыс жылдары алған наградаларыңызға разымысыз?..
– Марапат үшін жасаған ерлік, сатқындықпен пара-пар, жолдас Сталин.
– Ия…я…я! Әсірелеп айтпаған боларсыз?.. – деді әлде сынау, әлде тұқырту мақсатында шегірен көзімен шаншыла қарап. Алғашқы аптыға абдырауы біршама басылып, өзін еркін сезіне бастаған Бауыржан көзін көсемнен айырмай сарт ете қалды:
– Тізерлеп жүріп күнелткеннен, тік тұрып өлген артық!
Қарабет болып қашқаннан, қарсыласып көрген артық!
«Кіммен болса да терезесін тең ұстайтын мына тақылдақ қазақтың бақырайған көзі ғана емес, сөзі де мірдің оғындай ғой тегі…»
– Оһо! Батыл фразаңызды әрбір солдат, әрбір офицер есте ұстаса артық етпейді екен… Десе де, батырлықты басқаға үлгі ете отырып – мадақтау деген бар емес пе?
– Отан – екінші әке, ал әкенің алғысы қандайда марапаттан жоғары. Мен лауазымы жоғары әкемдей болған адамдар мен халқымның, сарбаздарымның алғысына молынан ие болған офицермін.
«Қарай гөр… мына пәлекетің осал «азиат» болмады…»
– Фашистердің қоршауын бес рет бұзып, шығынсыз өз дивизиясына қосылды деген аңыз ба, әлде?..
– Ақиқаты солай, жолдас Сталин…
…1944-жылы Момышұлына «Совет Одағының Батыры» атағын беру жөнінде шағын талқылау болды. Маршал Баграмянның сіреу боп қатқан ескіден келе жатқан кегі бар екен: «Ұлтшыл Момышұлына бұл атақты беруге түбегейлі қарсымын!» деп қасарысып тұрып алды. Шамасы, алдын ала келісіп алған болуы керек, маршал Конев та Баграмянның сөзін қуаттап, жата-жастана қарсы болды. Жиын соңынан Жуков жеке қалып: «Жолдас Сталин, Мәскеу мен Сталинград түбіндегі шайқаста, Ленинград блокадасында азияттардың нағыз «цитодель» болғаны рас. Алайда соғыс басталғанда Батыс майданын қазақтармен жасақта деген құпия тапсырмаңыз жария боп кетпес үшін, майданда ерлік көрсеткен қазақтарды марапаттауды шектеуіміз керек. Әсіресе, Момышұлы, Қошқарбаев секілділерге «Батыр» атағын шүлен қып таратуды доғару керек» деген ескертпе жасады.
«Шынында мына етікшінің баласы қисынды ой айтып тұр… Сөзінде жан бар…»
Мұндайда шектен тыс сақ қимылдайтын Сталин маршалды шығарып салысымен «сексеуілді сексеуілмен» – Қазақстан Орталық Комитетіндегі Скворцов пен Оңдасыновқа Момышұлын қаралайтын арнайы хат дайындауды тапсырды. Артынша Қазақстан үкіметінен Орталық Комитетке «Момышұлы әсіре ұлтшыл» деген мазмұнда хат та келіп жетті. Сөйтіп қаһарман қазақтарға тиесілі «Батырлық» атақтың жолы біржола кесіліп тынды…
…Сталин бастаған коммунистер кезінде Бөкейхановтың жанына топтасқан Алаш серкелерінің де жолын осылай қиған. Қиғанда да ашадды кәззап Голощекин деген мизантроп арқылы бүкіл қазақты жойқын аштыққа ұшыратып, сүт бетіне шыққан қаймақтарын сыпыра сылды да, бас көтерер ер азаматтың бірін де қалдырмады. Ауынан басқаны ақылы жіліктей алмайтындарға тізгінді ұстатып, алаштың берекесін кетірді. Ен жайлаған еркін қазақты малынан айырып, миға қонбайтын салықпен тоз-тозын шығарып, кең байтақ қазақ даласын қанға бөктірді. Тіпті балық ұстау, аң аулау мен құс атуға да тыйым салатын арнайы қаулы шығартты. Мүддәсі орындалған соң, соғыс басталар алдында ашаршылық туралы құпия құжаттардың денін жоқ қылды.
…Орыс орыс болғалы Түркілерде кеткен кектің есесін қайтару мақсатында, әсіресе, Шыңғысханды қазақтан алшақтату мүддатында не істемеді. Бірінші Петр тұсында шарықтау шегіне жеткен бұл қитұрқы саясат кейінгі патшалар тұсында да жалғасын тауып, қазаққа, оның ішінде найман, керей, қоңырат, қият руларына тікелей қатысы бар Шыңғысханды үш қайнаса сорпасы қосылмайтын халхаға (1920 жылы моңғол деп өзгертілген) теліген көне орыстық сайқал саясат одан әрмен дамытыла түсті. Ал, күллі әлем мойындаған скифтерді ирандық парсылардың қанжығасына байлай салды.
Әрине, Түркі әлеміне қашаннан қырын қарайтын Еуропа мен Қытайға бұл «ойынның» оңтайлы бола кеткені соншалық, олар да Скифтер мен Сақтар, Ғұндар мен Оғыздар, Түркілер мен Қыпшақтар, тіпті Шыңғысхан мен Әмір Темір жөніндегі жәдігерлерді өртегенін өртеп, көмгенін көміп, қалған жұқанасын кунсткамераларға салып зым-зия етті.
Ресей билігін қолына толық алған Сталин де барлық мұрағаттардағы қазақ-қыпшаққа қатысты көне жазбалар мен скифтердің атақазаққа тиесілі деректерін мүттаһи архивтен алып, жақтырып жіберді. Әсіресе, Әз-Жәнібектің бесінші, Шыңғысханның он сегізінші ұрпағы Әбілхайыр хан туралы мұраларды түп-тұқиянымен құртып тынды. Бұған басты себеп – қазақтың Ресейге бодан болуына Әбілхайыр хан қол қойып, келісім берді деген Бірінші Петр ойлап тапқан аяр ертегіні одан әрмен бекітіп, өтірікті айта-айта шындыққа айналдыру керек болатын. Сөйтіп ұлт пен тілді жоюды місе тұтпаған тиран, ықылым заманда әлемді жаулап, соноу Скиф дәуіріндегі Тарғытай мен Ішпақайдан бастау алып, Ғұн, Түрік, Оғыз-қыпшақ болып жалғасын тапқан, ұлы далада ұланғайыр мемлекет құрған Алаш жұртының ақиқи тарихын біржола көрге тықты. Рубрук, Карпини, Геродот жазбаларындағы қазаққа қатысты деректердің барлығы орысқа ыңғайланып оңтайлы тәржімаланып, қайта сұрыпталды да, көк езу тарихшылардың жалған «ертегі» тарихнамалары өмірге келді. Артынша Янковский, Калашников секілді жазушылардың ойдан құрастырған халтура романдары бұрқырады дейсің!
Көне қолжазбаларды «оңтайлы» аударған тәржімандарды іле-шала көзін құртып, со мезетте жойып отыру басқыншыл пиғылдағы мемлекет басшыларының жазылмаған дағдысы. Сталиннің қанында ежелеметтен бар кекшіл, өктемшіл гүржілік қасиет революцияның от-жалынында үзеңгілес, идеялас қандыкөйлек достарын Лениннен бастап шетінен көзін жойғанда анық көрінген.
Сталиннің жеке тапсырмасымен 1925 жылы Қазақстанға бірінші хатшы боп тағайындалған Голощекин сегіз жыл ел басқарды. Осы жылдары адам баласы естіп-білмеген «ұлы жұт» – голодоморда төрт миллионнан астам қазақ аштықтан қырылды. Ал, 1933 жылы хатшы боп келген Мирзоян да қазақтың маңдайынан сипай қойған жоқ: көзі ашық, сауатты, сүт бетіндегі қаймақтарын сыпыра сылды да, қалғандарын бір-біріне айдап салып, сорпа бетіндегі көбіктерге ел тұтқасын ұстатты. Алаштың шандоз серкелерінің түбіне жеткен Мирзоянды мүддәсі орындалған Сталин 38 жылы «жапон тыңшысы» деп едел-жедел атқызып жіберді. Ал, өзінің кәззаптық сырына қанық, қазақты қыруға тікелей сенімді өкіл болған зымиян Голощекинді соғыс басталған жылы қараша айында жаһаннамға аттандырды. Бұлардың жанында мұрағатты жоюшылар мен аудармашы тарихшыларды «жапон тыңшысы» ретінде атып тастап, куәгерден тақыр құтылу жай ғана шыбын өлтіргендей – қалыпты жағдай еді.
Даңқы түркі әлеміне белгілі ғалымдар мен тарихтың майын ішкен ғұламалар түрмелерге тоғытылды. Ал, жанын саудаға салған сатқын тарихшылар мен жазушысымақтар бір түйір қорғасыннан қорқып «Алаш тарихын» мансұқтап шыға келді де, дүниені тітіреткен бабасы Шыңғысханнан ат тонын ала қашты. Сөйтті де Құдайсыз заманға құлай сенген «қызыл партократтар» мен ғалымсымақтар өз еркімізбен Ресейге қосылғанбыз деп марқая шаттанып, 1917 жылдан бастау алатын жалған «Қазақ совет тарихын» жазып шықты. Со сол екен қызыл өкіметті жырлаушылардың тасқыны қарғын судай тоқтамай селдетті дейсің – құлаш-құлаш монографиялар, диссертациялар, мақалалар мен сілтемелер кеңес тарихын уағыздай жөнелді. Ең биік мінберлерден лауазымды адамдардың аузымен үздіксіз насихатталған қазақтың қаңсыққа таңсық – «жалған тарихы» қалың бұқара санасына осылай сіңіріле берді, сіңіріле берді…
Генеалогия, телегония ғылымының дамуына тыйым салып, дін мен салт дәстүрді оба-көрге тыққан соң-ақ қазақтың жоны тая берді. Айналасы жиырма жылдың ішінде жазу-сызуы үш рет өзгерген қазақ атакіндік түп санасынан ажырап, ата-тек, шежіре туралы көне жәдігерлерден мақұрым, дәннен топанды ажыратпайтын мәңгүрт ұрпаққа айналды. (Атаңа нәлеті тиранның талқысын қара: үш тайпалық рулық құрылым құланның қасуына дөп келіп, үш жүзді өзара қырқыстырды да тастады!)
Иә, сөйтіп ата-тұқияннан түп тамыры кесілген сауатсыз қазақ социализм мен коммунизмнің бұлдыр елесіне алданып, көзі ашық дегендердің өзі үш жүзге бөлініп өз-өзімен ырду-дырду ақ көбік айтыстың додасын қыздырып шыға келді.
«…Мына қара қазақ олардың сұрыпынан емес секілді… Әйтсе де, салқар табиғаттан тағы қалыпты сыйға алған жабай асықтай, тасқайрақ «соңғы могикандары» бар қазақтан әлі де қауіп бар секілді…»
– Жоғарғы Академиядан соң қай округке бару ойыңызда бар?
– Партия қайда жұмсаса, сол жерде қызмет атқаруға дайынмын.
– Орта Азия округі мен Түркістан Әскери округына қолбасшы қып жіберсек ше?
– Кеңес Одағының қай нүктесі де маған жат емес, жолдас Сталин.
«Қарай гөр, скифтің тұқымы ұстатар емес… Бұ қазаққа шынында да Серебряковтың хатынан кейін «Батыр» атағын бере салғанда болар екен. Енді кеш… Солай бола тұрса да Орта Азия Әскери округіне мұндай жүрекжұтқан, сауатты адамды қолбасшы етіп тағайындауға болмайды. Мұны Жуковқа да, Захаровқа ескертіп қоюым керек…»
– Менімен бірге шәй ішуге қалайсыз, жолдас полковник?
– Рахмет, жолдас Сталин!
Сталин әлдеқашан сөніп қалған мүштігін сол қолына алып, алға қарай екі-үш адымдады да быртық қолын Бауыржанға созып:
– Сіздің Отан алдындағы әскери қызметіңізге табыс тілеймін! Академиядағы дәрісіңізді жалғастыра беріңіз, жолдас Момышұлы, – деді.
Сталиннің алақыны әрі салқын, әрі тершіңкі екен.
Неге шақырғанын, қандай оймен кездесу ұйымдастырғанын түсіне алмаған Бауыржан әрі-сәрі ойдың қыспағынан арылмаған бойы оқу корпусына оралды.
Шығарып салған майор:
– Жолдас, Момышұлы, қайда болғаныңыз, кіммен кездескеніңіз әскери құпия күйінде қалатын болсын! – деді қатқыл үнмен «бұл бұйрық» дегенді ұқтыра.
Отставкаға кеткенше, одан кейін де кездесу жөнінде жан баласына айтқан емес. Тіпті өзімсіне қызығып сұраған Академия бастығы генерал Захаровқа да:
– Маған бұл туралы айтпау жөнінде бұйрық берілген, – дегеннен басқа ләм деп тіс жармады.

ТОЙТАРЫС

Халқым үшін шайтанмен де одақ
құруға бармын…
Оспан батыр.

Алматы әуежайынан көтерілген алып лайнер кең байтақ қазақ даласының солтүстігіндегі Ақмола қаласын бетке ала, әуе төсіндегі ақша бұлттарды тілгілей осып, самғай ұшып келеді.
Мәскеу тарапынан пәрмен беріп ұйымдастырылған тың көтерушілердің жиынына келе жатқан екі адам – Қонаевтың да, Тәшеневтің де көңіл күйлері мәз емес. Арнайы оқшауланған «люкс» кабинаның иллюминаторынан сыртқа көз тастаған Қонаев:
– Жұмабек, қарашы, қазақтың даласының кеңдігін… Осынау ұлан байтақ жерді бабаларымыз бізге аманаттап кетті-ау…
– Несін айтасыз, Димаш Ахметұлы, ақ найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғап қалған жердің ұшы-қиырсыз екенінде дау жоқ.
– Ұшқанда құстың қанаты талатын жазира даламыз бен жыныш орманымыз, балығы тулаған салқар теңізіміз бен көлдерімізді айтсаңшы!..
– Шіркін, өз байлығымыз өз аузымызға тиер күнге қашан жетер екенбіз?
– Сабыр етуден басқа амал жоқ, Жұмабек…
– Шайтандаған Хрущевтің бет алысынан сескенем…
– Менің де қаупім сол екіестіден…
– Шығыс Түркістанды оп-оңай Қытай деген алпауыт меншіктеп алды, Сталин деген жауыз араша түсуге де жарамады.
– Жұмабек мен саған бір құпияның бетін ашайын: мұсылман елінің, әсіресе қазақтың көбеюіне мұқым қарсы Сталин қазақтың жан-жарасы болған Шығыс Түркістанның әлем картасынан жойылуын жоспарлы түрде іске асырған бірден-бір адам. Антанта елдері басшыларының Ялтадағы кездесуінде қазақтың келісімін сұрамай-ақ, Қытайға бере салуында ағылшын премьері Черчилль мен Америка президенті Рузвельттің де тікелей қатысы бар. Олар Совет Одағының жер отарлау саясаты Еуропаны шарпып кетер деген қауіптен секем алып, немістің ширек жерін, Чехословакия, Югославия, Венгрия, Польша секілді елдерді кеңестік жүйеде қалдырып, қазақтың төл жері – Шығыс Түркістанның тағдырына бас та қатырған жоқ. Қазақтың талай құпия тарихы ашылмай жатыр, ол жақтағы қазақтың бас көтерер батырлары көзінің қарашығындай қорыған жұртымыз қысық көз қытайлардың қол астында қалғаны жанға батады. Соноу сақ пен ғұн замандарынан бері Іле Алатауының шығысын, жер жәннәты Барқытбел, Ерен қабырға тауларын мекен еткен қазақтардың тағдыры еуропалықтардың қытайға жығып берген саясатымен аяқталса не шара?! Әттең деп өкінуден басқа амал жоқ.
Жұмабек Димаш ағасының саясаткерлігіне қоса, тарихты терең білетін сұңғылалығына таң қалды. Әсіресе, Хрущевпен Қытай сапарына барып, ол жақтағы қазақтардың көшпелі өмірін өз көзімен көріп қайтқалы бері бір бүйрегі сол жақтағы қазақтарға бұрып тұратын. Енді міне Димаш ағасының Шығыс Түркістан қазақтарының тағдырын болжап, атажұрттың бір бөлшегінің Қытай жерінде қалып қойғандығына алаңдағаны көңілін босатып, жүрегін жылытты. «Алысты болжайтын ақберен асыл ағам-ай, шынында да сіздің ұлтқа деген қамқорлығыңызда шек жоқ екен-ау! Әй, не деген сорлымыз, пенделікпен сыртыңыздан әр түрлі ғайбат айтудан да тайынбайтын дұшпандарыңыз іште де, сыртта да жетіп артылады. Сол өсекшілердің дені өз қазағымыз, тіпті өзіңіз өсірген кадрлар екенін біле тұра, ұлтыңыз үшін кек сақтамай бірге істесіп келе жатқан сізге мың да бір тағзым!»
– Әр нәрсеге уақыт төреші, Жұмабек! Уақыт сәті келгенде өз ата-жұртындағы қазағымыз бостандық алар деген де үміттің қоламтасына сенгің келеді. Алладан пәрмен келсе менмін деген патшалар да тақтан тайған, дүниенің тұтқасын ұстаған хандар да мемлекетін ыдыратып тынған…
– Сенесіз бе, менің ішкі жан дүнием мың құбылған кеңестік саясатты қабылдай алар емес… Өзіңіз білесіз Сталин Қырым татарларын украиндарға қосақтай салды… Османқожаев деген сарттың қожасы Мәскеудің тілін тапты да Бостандық пен Шыршықтан айрылдық! Бұлардың не ойлағаны бар? «Уақытша жалға беріледі» деген сөзге жүрек құрғыр сірә да илана алар емес… Бар мақсаты қазақты жерінен айырып, бөлшектеп тыну ма?
– Жұмабек, бүгінгі жиында да осы жер мәселесі көтерілуі ғажап емес…
– Дарқан даламыз аюдай ақырған Ресей мен аузынан от шашқан айдаһар Қытайдың көз құртына айналды-ау!.. Арқалы ақын Сұлтанмахмұттың: «Түбінде құруыңа елден ерек, Мен айтайын болады жерің себеп», – дегені күн тәртібінен түспей тұр.
– Ақын жүрегі қияндағыны шалады… Хрущевтің бүгінгі жиналысты Алматыда өткізбей, атүсті Ақмолада өткізуінде қитұрқы кілтипан бар…
– Димеке, жерді бөлшектеу мәселесі көтерілсе, мені ешкім де тоқтата алмайды!.. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ – еркек тоқты құрбандық! Тек сіз қалыс қала беріңіз…
– Әй, арыстаным, абайла! Сенің қаның қызба, ушықтырып алма…
– Димеке, құрбақа екеш құрбақа да басып кетсең «бақ» етеді емес пе?!
– Иә… Қалай дегенде де сөзіңде жан бар… Тек өзімізден шығатын сатқын жәдігөйлер көбейіп кетпесе болды…
– Күні кеше Алаш сардары Ермековтің еңбектерімен танысып шықтым. Біраз жеріміз онсыз да Ресейдің меншігінде заңсыз қалып кеткен екен. Хрущевтің «бөліп ал да билей бер, жығып сал да илей бер» дейтін көтензорлығына қарсы тұрмасақ, тағы талай жерден айрылатын түріміз бар…
– Абай бол… Таңдайы жарық көп шешенді, маңдайы жырық бір тентек жеңіп кетпесін, Жаратқан жақ болсын ісімізге, Жұмабек…
Ұшақта болған әңгімеден соң Жұмабекті көптен бері санасын сансыратып, қабырғасын қайыстырып жүрген ойлар мазалай берді:
«Қазақ басшыларының тайғанақ мінезін пайдаланған тілі балдай тәтті, бауыры тастай қатты көршіміз Мәскеудің көңілін тауып 1954-жылы жері шұрайлы, жаннәт мекен Бостандық ауданын, Қаржан мен Қосмола тауының күнгей бетіндегі Бақшелпек, Теке жаңғақ, Біршыммола, Құмсан, Шыршығымен қоса Өзбекстанға 49 жылға жалға қаратып алды. Ендігі жарты ғасырда ол жерді қайтарып алуымыз неғайбіл нәрсе. Қолдан бір шығарып алдың дегенше, айрылдым дей бер. Солтүстік облыстарды «Тың өлкесі» деп атап, Соколов деген біреуді шәуілдетіп қойды. Ал, бес облысты Ресейге қосуды жалтырбас шартықтың айтып жүргеніне біраз болды. Отызыншы жылғы аштық пен соғыстан үргедек болған халықты алдау оңай: «халықтар достығы» деген қитұрқы саясатты алға тосады; он бес республика ажырамас бір мемлекетпіз дейді; орталық газеттерді «қазақ басшылығымен және қалың бұқарамен келісілді» деген көлдей мақалалармен толтырады. Жалған ақпараттар ағыны қаптады дегенше, жерден айырылдым дей бер. Әзірге бұл құр долбар ғана, бірақ шындыққа айналып кетпеуіне ешкім де кепілдік бере алмайды…»
…Тың өлкесінің жұртшылығымен кездесу өз уақытынан едәуір кешігіп басталды. Мәскеулік жандайшаптар мен Қазақстан басшылығының қоршауында кең дүниеге сыймай талтаңдап келе жатқан Хрущев қалың көпшіліктің дуылдаған қошаметімен президиумға жайғасты.
Жиынның кіріспесінде мәскеулік идеолог арнайы дайындап келген баяндамасын оқыды. Баяндаманың көздеген мақсаты біреу-ақ, ол тыңды игеру барысындағы кемшіліктер мен бос жатқан жерлерді тез арада егістік алқабына айналдыру. Діттеген мақсатына жетіп, басты нысана айтылған баяндамадан кейін сөз Бас хатшы Хрущевке берілді. Ойы мен сөзінің орашолақ, санасының таяздығы бүкіл әлемге мәлім болған масқарасын намыс көру түгілі, пәруайына да алмайтын тақырбас жақында ғана оралған Америка сапарынан алған әсерін айтып, мыжып тұрып алды.
«Жүгері егуді қолға алуымыз керек екен; қосымша тың жерлерді көбейте отырып, егістік көлемін ұлғайтуымыз керек екен; қазақ жерлерінің игерілмеген жерлері көп, оған республиканың шамасы келмейді екен…»
Осылай да осылай деп келді де, сөзбұйдаға салмай бірден харам пиғылды ойын лақ еткізді:
– Жолдастар! Кеңестер Одағы халықтар достығын берік ұстанған мемлекет. Дұшпандарымыз біздің осы достығымызға сына қағуға барын салуда. Коммунистік партия қас жауларымыздың мұндай қиямпұрыс сасық пиғылына жол бермейді. Сондықтан Қазақстанның игерілмей жатқан тың жерлері мол бес облысын «Тың өлкесі» деп атап, Ресей Федерациясының құрамына қосуды ұсынамын. Бұл жөнінде Қазақстан басшылығымен келісіп те қойдық! – дегенде мұндай шешімді күтпеген залдағылар қуаттау орнына, тілін жұтқандай тым-тырыс боп бір сәтке тынши отырып қалды.
Осы кезде президиумда Хрущевтің сол жақ тұсында отырған Жұмабек ауыздығымен алысқан тарпаң асаудай, орнында отыра алмай қозғалақтап кетті. Реңі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен ол жиынды жүргізушіге қарап, сөз сұрағандай қолын көтеріп белгі берді. Басы кегжеңдеп алақ-жұлақ етіп тұрған Хрущев жанында отырған Жұмабектің тыпыршып кеткенінен сөзін қуаттайды деп дәмеленді ме:
– Жолдастар, енді Коммунистік партияның шешімі жөнінде Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Ташенев жолдастың пікірін тыңдап көрейік, – деді сөзіне де, өзіне де сенімді түрде.
Енді не болар екен деген зал құлаққа ұрған танадай тыныштала қалды.
– Жолдастар! Бас Хатшы Никита Сергеевич Хрущев жолдастың айтқан ойларына мен түбегейлі қарсымын!
Алып державаның басшысына бірден бұлай қарсы келер деп ойламаған залдағылар «у-у-у» деп араның ұясындай дуылдап кетті.
– Жолдастар! Бұндай шешім Ата заңның ешқандай бабына сәйкес келмейді. Қазақстанның жерін бөлшектеп Ресей Федерациясына қосу үшін ең алдымен Кеңес Одағының, одан кейін Қазақстанның Конституциясын өзгерту керек. Дербес мемлекеттік құқығы бар ел бес облысынан айрылса, онда Қазақстанға не қалады? Мен өзім Солтүстік Қазақстанда туылғанмын, ата-бабамның сүйегі осы жерде жатыр. Бұл мәселені керек десеңіздер күн тәртібінен алып тастауды ұсынамын. Егерде қазақ жерін Ресейге қосамын деген жалаң ұраншылдық тоқтатылмаса, Еуропадағы Халықаралық Гаага сотына, қажет болса Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымдануға мәжбүр боламын!
Жұмабектің сөзін ұйып тыңдаған көпшілік бір сәт аңтарыла отырып қалды да, көп ұзамай гуілдей қоштаған дабырға ұласып кетті. Айтқаныммен жүргіземін деген астамшыл пиғылдағы карлик хатшының быртық алақаны жалтыр басында ойнап:
– Жолдас Ташенев, біз бұл мәселе жөнінде келісіп қойғанбыз, сіздің пікіріңіз еш нәрсені шешпейді! – деді түкірігіне шашалып.
– Жолдас, Бас хатшы, жағдайды бұлай ұшықтыра берсеңіз, мен дәл қазір әлемдік Халықаралық сотқа шағым хат жазып, Біріккен Ұлттар Ұйымын да бұл жағдайдан хабардар етемін! – деді Жұмабек те алған бетінен қайтпай. Енді болмаса алыса кетуден де тайынбайтындай иығын қомдап, Хрущевтің сығырайған көзінен отты жанарын тайдырмай. Осы кезде өткір пікірлерімен көзге түсіп, қазағым дегенде шырылдап ара түсіп жүретін Орталық Комитеттің секретары Тажиев:
– Жолдас Ташенев дұрыс айтады! Бейбіт күнде Ата заңда нақтыланған Қазақ Республикасына тиесілі жерді көрші республикаға беруге қазақ халқы да, біздер де қарсымыз! – деп орнынан атып тұрды.
Америка сапарында бәтеңкесімен мінберді тоқпақтап, күллі жаһанға әпербақан дүмше-топастығын әйгілеп алған Хрущев Халықаралық сот пен Біріккен Ұлттар Ұйымы аталған кезде шет жұртқа тағы да масқара болам ба деп нарттай реңі әп-сәтте қуқылданып, боп-боз боп күлгін тартқан түрінің түтіні шығып кетті де:
– Бі… бі… біз әлі мұнымен тоқтамаймыз!.. То…то…тоқтамаймыз!.. – дегеннен басқаға тілі келмей, құтырған бурадай аласұрып, айналасына ақ көбік жынын шашып, бар ашуын столдан ала тоқпақтай жөнелді.
Жиналыс өте көңілсіз аяқталды. Ханның айтқанын қара да айтады, тек аузының дуасы жоқ, ал Үкімет басшысы Ташеневтің көптің көкейіндегі ойды қаймықпай айтқан батылдығы Мәскеуге берілген алғашқы соққы еді. Дуалы ауыздан дер кезінде шыққан, киелі сөз маңыздылығына қоса, елдің ұйықтап жатқан санасын сілкіді, көкірек көзін ашып, рухын оятты.
– Жұмабек, рахмет бауырым! Өзің секілді арыстан жүректі ұлдары барда қазақ жерін бөлшектеуге енді ешкімнің де жүрегі дауалай алмас! – деді Қонаев жиналыстан шыға сала.
– Димеке, бұлар мұнымен тынбайды… Орыспен жолдас болсаң беліңде қанжарың болсын, қытаймен серік болсаң жаныңда айбалтаң жүрсін дегенді атам қазақ тегін айтпаған. Өзіміз деп еміркенген көршілердің де бір ішегі ішінде – Орталықтың көңілін тапқыш түрікпендер Маңғыстау түбегіне, қызылқұлақ өзбектер түстік аудандарға көзінің сұғын қадап жүргелі қашан! Мен бұл жолы өзім ғана құрбандық болайын, ертеңгі күні сақ болғайсыздар!.. – деді Жұмабек алдағы аласапыран күнді алдын ала болжап.
Өз дегенімен жүргізуге машықтанған Мәскеудің қалайда сынықтан сылтау іздейтін арам пиғылын сезген Жұмабек Алматыға келген соң, ештеңе болмағандай жұмысына қызу кіріскен. Жаманат хабарды айтатын қара вертушканы да ұмытқан қауырт күндердің бірінде:
– Бауыржан Момышұлы қабылдау бөлмеңізге келді! – деді хатшысы қарулы жанкештілер мекемені басып алғандай үрейленіп.
– Ойбай-ау, батырды күткізіп қойғандарың не? Тез арада кіргізіңдер! – деп өзі де шыдамай алдынан шыққан.
– Ассалаумағалейкум, Бауке!
– Уағалейкумассалам…
– Бауке-ау, телефон арқылы бір ауыз хабар берсеңіз машина жіберетін едім ғой, – деп мұрты ширатылған, сырықтай батырдың алдына түсіп бәйек болды.
– Оқасы жоқ, әзірге жүріп-тұруымда еш кінарат жоқ.
– Сәлем беру жасы кіші ініден, айып етпеңіз арнайы кіріп шығу ойымда бар болатын, жұмысы құрғыр мұрша келтірер емес.
Бауыржан жайғасқан соң Жұмабек те төрдегі өз орнына емес, шақырып алдыра алмайтын сыйлы қонағының қарсысындағы орындыққа отырды.
– Жұмыс барысы дұрыс па?
– Рахмет, аға! Бәрі дұрыс…
Бауыржан отты көзінен жылы шуақ төгіп, бір мезгіл қалың мұртын сипап отырды да:
– Мәскеу жағың қалай? Тыныш па пока? – деді.
– Рахмет аға! Әзірге тым-тырыс… – деді Жұмабек те тілеулес ағасының әріден ойлағанына разы болып.
– Да…а…а… Ал, бура мен нармаядан туған балқоспағым, келудегі мақсатым үшеу – біріншісі: жерді бұтарлаудан аман алып қалған Ташеннің баласына алғыс айту!
– Менің кішкентай еңбегімді дабырайта бағалап, әдейілеп келгеніңіз үшін рахмет, Бауке!
– Жоқ! Бұл сен айтқандай «никакой» кішкентай нәрсе емес. Алып орманның өзі кеуірттің бір талынан күлге айналады, алапат соғыстың өрті кеудемсоқ бастықтың аңдамай айтқан бір ауыз сөзінен тұтанып кетеді. Ал, осы жолы сен қарсы тұрмағанда… Құдай бетін әрмен қылсын, ойлаудың өзі қорқынышты!
– Рахмет! Бұл сөзіңізге алып қосарым жоқ, Бауке!
– Еріксіз түскен ылдидан, еркіңмен шығар өр артық, қорлықпен өткен өмірден көсіліп жатар көр артық! Ұлтарақтай жер үшін ұланғайыр даланың төсінде майдан ашып, ата жұртты сақтап қалған баба-қазақтың қасиетті рухы жебеген батырымның жеңісі баянды болсын! Тікен гүлін қорғайды, ара балын қорғайды, жаман малын қорғайды, жақсы арын қорғайды, батыр жерін қорғайды. Сенің бұл ерлігің қазақтың тарихында қалатын ерлік!
– Рахмет аға! Өз көшесінде жаман ит те жолбарыс, өз үйімізде басынғаны жаныма батып кетті.
– Тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кірер, ал Мәскеудің гүрзі балғасына төтеп берген саған күллі қазағың, барша Алаш арыстарының рухы разы деп білем! Бейбіт заманда отарлау саясатын ұстанған Мәскеудің «конторский крысалары» әлі талай пәлені ойлап табады, ендігі кезекте соған абай болу керек!
– Айтқаныңыз өте орынды, Бауке! Майданда батырлық көрсете алғамыз жоқ, алайда айдың, күннің аманында соғыссыз-ақ жерімізден айырылып, ауа қармап қалсақ елдігімізге сын емес пе?
– Көп сыйлансаң борышың көбейеді, шерлі өлмейді борышты өледі деген бар. Солай екен, ермін деп жүргендер орындай алмайтын істі азамат ретінде атқара білдің! Ал, елдік намысты құлқыны мен креслосына айырбастап жіберген ездер жоғары эшалонда да, сенің жаныңда да жетіп артылады.
– Білем, білем, Бауке! Хрущевтің де солақай саясатына сондай құлмінез, тобыр саналы бастықтар оңтайлы боп тұр ғой қазір.
– Ханнан бағы таярда – дұшпаны сырттан көбейіп, жанашыр досы аз қалар, биден бағы таярда – әділ сөзі азайып, әркімнің мінін қазбалар дегендей, әулекі жалтыр бас Америкада Кеңестер Одағының абыройын айрандай төгіп, енді одақтас республикалардың арасына сызат түсірмек…
– Дәл үстінен түстіңіз!.. Әріден ойлап тұрсыз, Бауке! Жалға берілген жерді қайтарып алу кезіндегі ежелден тату көршілердің қырқысқанын көріп, қызығына батпақ.
– Мұндай пиғыл соноу дегенерат Бірінші Петрден, тіпті одан да әріден жалғасып келе жатқан Ресейдің ағайын арасына «от салу» әдісі. Жазықсыз кеткен Алаш арыстарының да ойы осы орайда болатын. Кезінде Мағжан ақынмен де «ши жіберу» төңірегінде тарихты қопара қаузап әңгіме жасағанмын.
– Түйені көпір астына жасыра алмайтын секілді, даңғайыр жерді етекпен қалай жабарсың?! Көздеріне шіре болған жерімізге көз сұғын қадағандар жетерлік. Айтқаныңыз шындық сөз.
– Шындық дегеннен гөрі ақиқат деген жөн шығар.
– Иә, ақиқат… ақиқат…
– Ал, Міржақыптың «Оян қазағын», Мағжанның күллі қазақ жастарына қарата айтылған «жастарға сенемін» деген дабылын өзің секілді бөрітек қазақ қақпаса, қалғандары мүкамал… Екінші айтайын дегенім өнер адамдары мен ақын-жазушыларға қаланың ортасынан үй алып беріпсің.
– Ә…ә… 121 пәтер ме айтып отырғаныңыз? Ой, Бауке-ау, пәтермен қамтамасыз ету біздің міндетіміз емес пе?
– Осы уақытқа дейін берсе есек тағалап жүрді ме сенен бұрынғылар? Немесе тентіреп жүрген қазақ интеллигенциясын көрмей қалды ма?
– Маған дейін де беріліп жатты ғой, – деп сыпайылаған Жұмабектің даусын:
– Жоқ! – деген Бауыржанның от алған ұшақтай гүр ете қалған зор үні көміп кетті де, бөлмені жарып жібере жаздады. Батырдың бетің бар, жүзің бар демей кесіп айтатын турашылдығы мен шыншылдығына тәнті Жұмабек те сөзін бөлмей тыңдауын жалғастырды.
– Бұл «ұлтшылдық» ұранының қаһарына ұшырап кетем бе деген қазағына жаны ашымас жағымпаздардың әсіре сақтығы ғана. Қазақтың Шәкен Аймановтай, Құрманбек, Қалибек, Қапан, Манарбек, Бибігүл, Шарадай өнер коррифейлерінің үйсіз жүргені не деген сұмдық! Жағдайы жоқ таланттан қандай өнер, қандай шедевр талап етесің бұдан соң?!
– Менің де көкейімде жүрген ой осы еді ғой, Бауке! Несін айтасыз пәтер әперу оңайға түспеді, орыстың законшыл шовинистерімен тартысымыз сұмдық болды. Әйтеуір тіресіп жүріп, кей жерінде белден басыңқырап, түбі қайырлы болып жеңіп шықтық.
– Рахмет, Жұмабек! Еңбегіңді дәл қазір атамаса да, карьераң біткен уақытта кейінгі ұрпағың айта жүрер, аңызға бергісіз тірліктер істедің. Медеуді алып кешенге айналдыруың, қазақ кадрларына қамқорлығың есі бар қазақ есінен шығармайтын толағай еңбек… ал Ленин атына берілейін деп тұрған даңғылды ұлы Абайға әперіп, ақынның алып мүсінін орнатуың нағыз баһадүрдің ісі!
– Ой, аға, арнайы келіп мерейімді бір өсіріп тастадыңыз-ау!..
– А, как же! Дәл мынадай ақжарылқап хабарды ести тұрып келмеуге бола ма? Қазағыңа жаның ашып, басыңды бәйгеге тіккен азаматтығың үшін алғыстан басқа айтарым жоқ!
– Рахмет, Бауке, рахмет!..
– Ал, осылардың ішінде, арнайы үшінші айтпағым Мағжан ақынның жары Зылиха Құрманбайқызына пәтер кілтін табыстағаның нағыз азаматтық! Бұл үшін мың рахмет, бауырым! Санасында сәуесі бардың қауашағы қағар, қақпас «не имеет значение», менің адами тұрғыдан таразыға салуым бойынша «это без преувеличений» – ақын рухына жасаған тағзымың, шығармасына деген құрметің деп білемін! Молодец!
– Бауке, Мағжан ақынның ақталуы уақыт сәтін күтіп жатыр ма білмедім, бақайдан қаққан қарау жандармен алысып шаршадым… Бірақ ақын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген әзиз жанның не жазығы бар? Осы үшін де Жазушылар одағындағы біраз белгілі жазармандармен сөзге келіп те қалдым…
– Сәбит бастаған топ па? Қалғандарын айтпай-ақ қой, кім екенін ішім сезіп отыр…
Әңгіме барысында бірнеше рет Мағжанды тілге тиек еткен Баукеңнен реті келгенде жауабын алармын деп жүрген сұрақтың орайты келді-ау деген Жұмабек:
– Бауке, көптен бері Мағжан ақын туралы бір нәрсе сұрасам ба деп жүр едім, көкейде жүрген сұрақты қойсам ренжімейсіз бе? – деді.
– Мені ренжітетіндей қандай сұрақ ол?.. Сұрай ғой…
– Мағжан ақынмен Сібірде кездескеніңіз рас па, әлде қауесет пе өзі? – деді бір нәрсені бүлдіріп алған баладай тайсақтап.
Бауыржан қимас затынан абайсызда айырылып қалғандай түрі ілезде өзгеріп, қабағы қатуланып едәуір үнсіз отырып қалды. Әлден соң ғана:
– Иә… Зұлмат заманды қолдан жасаған қанішерлер зерек ұлдарымызға не көрсетпеді? Әйтсе де, саған сенуге болады… – деді зейінін жинақтап. – Иә, алағай да, бұлағай заманда ақынды ойда жоқта құладын Тайгада кездестіріп, сыр бөлісіп, әңгімелескенім рас… Ол өзі көрдегі жан қайта тіріліп келгендей – өң мен түстің арасындағыдай халдегі жүздесу болатын… Өкініштісі, ақынды құтқара алмай қалдым. Келесі айналып барғанымда колония бастығы ақынның сал ағызып жүріп, суға кетіп ажал құшқанын айтты.
– Атына әлі келмеген ия батырын төбелейді, ия ақынын төбелейді. Есіл дағы аяулы ақынның түбіне де өзіміздің сұржекейлер жетіп тынды-ау…
– Не айтары бар?.. Қайғыдан қан жұтып, іштен тынған күндер еді ғой ол кез… Тұрымтайды сұңқар, жабыны тұлпар дегендер тақта қашанғы отырарын…
Батыр есіне өткен күндері түсіп кетті ме, қабағы ашылмай біраз уақыт үнсіз қалды да, Жұмабекке жанарын тіктеп:
– Арыстарымызды ақтау жағы қалай болып жатыр өзі? – деді.
– Тоқтаңқырап тұр әзірге…
– Орыстар әлдеқашан ақтайтындарын ақтап болды, ал біздің алаштықтардың оралуына Мәскеу қарсы емес шығар?
– Мәскеуден бұрын өзіміздің көзі тірі классиктеріміз Мұқанов пен Тәжібаев бастаған жазушылардың тіресе тістесіп жатқаны жанға батады.
– Солай де… Бұнысы енді көзі ашық деп жүргендердің азғындауы демеске амалың жоқ… Сталиннің өзінен қаймықпай Кеңестік жүйеге ашық қарсы шыққан Мандельштамның өзін орыстар ақтап жатқанда, мұнымыз сорақылық болған екен…
– Іс қағаздары әлдеқашан реттеліп, барлығы жөнге келтірілсе де, Мәскеуге арызданғыш, біріншіге шағымданғыш зиялы қауымның дені толастамай тұр.
– Зиялы деп әспеттемей, зиянды қауым десейші…
– Солай атаса да болады, Бауке…
– Жұт жетеу, содырмен сегіз, салақпен тоғыз, олақпен он, мыналармен он бір болды десейші… Әй, етектен тартқыш көрбілте мақаулығымыз қалмады-ау!..
– Соны айтсаңызшы!.. Болмаса Шәкәрім, Әлихан, Мұстафа, Ахмет, Міржақып, Мағжан бастаған ақын-жазушылар мен мемлекет қайраткерлерін ақтауды қолға алғанымызға төрт жылдан асып барады. Ал, Бауке, өзіңіздің жағдайыңыз жақсы ма? Қандай бұйымтайыңыз бар, айта отырыңыз?..
– Мендегі жағдай біршама жақсы деуге де болады, барлығы жеткілікті… Қаруды қаламға алмастырып жүріп жатқан жайым бар. Айтар ой, жазатын материал ұланғайыр, тек уақыт деген жетпей жатады кейде. Қазағымның күйі келіспей жатқанда, қара басымды күйттеп қайтейін? Айтарым да, іште тұнған шерлерім де мол, оны кейінгі бір кездесудің олжасына қалдырайын. Ал, әзірге қош! Честь имею!
Көңілді басталып, жабырқау аяқталған кездесуден соң Жұмабектің есіне Мәскеуде Кеңестер Одағы Министрлер Кеңесінің төрағалығын бір ай атқарған кездегі оқиға түсті.
Уақытша болса да Министрлер Кеңесінің төрағасы екенін пайдаланып қазақтың аңызға айналған батыры Бауыржан Момышұлы мен неміс ұлтының символы болған Рейхстагтың мұнарасына алғаш жеңіс туын қадаған Рахымжан Қошқарбаевқа Батыр атағын алып беруге талпыныс жасаған.
Бауыржанның «Батыр» атағына үш рет ұсынылған құжаттары мен генералдар Панфилов, Чистяков, Серебряковтардың ұсыныс хаттары мен мінездемелерін, жаумен бетпе-бет ұрыстары, қоршаудан сытылған ерліктері жарияланған «Правда», «Знамя» газеттеріндегі мақалалар мен өзге де қажетті материалдарды жинақтады.
Рахымжанның 150-атқыштар дивизиясында взвод командирі кезінде жасаған ерліктері мен Рейхстагқа ең бірінші боп Болатов деген татармен жеңіс туын тіккені жайындағы майдан тілшілерінің жазбаларын, «Знамя» газетіндегі бірінші мамыр күні жарияланған «Ту тіккендер» мақаласы мен майдангер жазушы Борис Горбатовтың 1948-жылы желтоқсанның 12-жұлдызында «Литературная газетада» жарық көрген Рахымжан туралы «Шындық айтылуы керек» деген мақаласын және тірі қалған жауынгерлердің айтқан куәлік жазбаларын топтады.
Дәлел мен дәйектер жеткілікті бола тұрса да Баграмян, Конев, Гречко секілді маршалдар «ұлтшыл» адамға батырлық атақ берілмейді деп Бауыржанның жолын кесті. Ал, маршал Антонов «сол жолы ерлігі аталып орденмен марапатталған, екінші рет ұсыну заңға томпақ, әрі халық жауының баласы екен» деген сылтаумен Рахымжанның жолына тосқауыл қойды.
Иә… Ақтың ақ екенін дәлелдей алмай, сүлдері құрып, сілесі қатты. Батырлықты қимағаннан емес Бауыржанға деген іштеріндегі сіреу боп қатқан кектерін осылай қайтарғандарына күйіп, маршал деген аттан садаға кеткір пендешіл қарау мінездерінен түңіліп кетті. Қалай болғанда да тасы өрге домалап тұрған арам пиғылды әскербасылар қисынын келтірмеді…
…Бауыржанмен болған әңгімеден кейін көп ұзамай Хрущевтің жандайшаптары Жұмабекті Шымкентке жер аудартқызды да құжаттарын дайындап, ретін келтіріп-ақ қойған Әлихан бастаған Алаш арыстарын ақтау отыз жылға кейін шегеріліп қала берді…

ҚОНАҚ

Ақ шабдар бұлттар Алматы аспанында еркін қыдырыстап, бірде түнере топтасса, бірде шуда-шуда боп бұйралана ыдырайды. «Көктемгі күн жас баланың …өтіндей» деп отыратын ілгерілердің сөзі құп-ақ екен – әп сәтте ұйлыға топтасып, өкпелеген балаша нөсерлі жаңбырын төгіп-төгіп жібереді де, артынша сырылған пердедей ыдырай маңып, күннің көз қарыған жалқын шуағына жол ашады. Бұлттан шыққан күн жаман – төбеңді тесе шақырайып, көз қарықтырады.
Жаңбыр саябыр тапқан сәтті аңдып тұрып, діттеген мекенжайға таксилетіп бір демде жетіп алды. Өзгелерден ерекшелігі жоқ, кәдуілгі көз үйренген кеңестік жобада салынған үйді блокнотында жазылған әдіріске қарап, ілезде тауып алды. Үйдің алдына тақау келіп аз ғана аял жасады да, баспалдақпен жоғары көтеріліп, есіктің оң жағындағы ақшыл түймешені басты.
Көп өткен жоқ «Кім екен?» деген сұрақ қойылмай-ақ есік сарт етіп ашылды да, иманы бетіне үйірілген келіншек бейне мұның келетінін күтіп тұрғандай:
Сәлеметсіз бе! Келіңіз, ішке кіріңіз, – деді жылыұшырай ізет білдіріп.
Саламатсың ба, қалқам! Мен Нұртас Оңдасынов деген атаң боламын.
Бауыржан Момышұлының үйі осы ма?
Иә… иә… Ата үйде. Сіз ішке кіре беріңіз, мен Атаға хабар берейін…
Келіншек Нұртастың аты жөнін естігенде әнтек қуқыл тартып, жүзінен таңданыстың белгісін байқатып алғанына ұяла, жылдам бұрылып ішке еніп кетті.
«Таныды… Бұрын көрмесе де, батырдан атымды естігені анық…»
Іле алжапқышы желпілдеп, жүзі жадырай қуанышты хабарды жеткізді:
Кіріңіз… кіріңіз… Ата бөлмесінде сізді күтіп отыр!
– Өзінің қарсы алуға шықпағанынан өткен күннен қалған өкпе-реніштің жазыла қоймағанын бағамдады да, «ол кез кімдерді сынаққа салмады» деген оймен батыл адымдап, Бауыржанның бөлмесіне енді.
– Ассалаумалейкум!..
– Уалейкумассалам!..
Намыс пен арды пенделік ұсақ бейшаралықтан жоғары ұстаған қазақтың маңдайына біткен қос арысы ширек ғасырдан кейін, алғаш рет осылай жолықты. Жас кездеріндегі бейненің өзгеріп, шау тартқан кезін екеуінің де көз таразысы қабыл ала алмай, бір сәтке іркіле тұрып қалды да, іле құшақтары айқара айқаласа кетті. Осы кездесуді ұзақ күткендей, қолдарын жазбай недәуір тұрып алды. Арадағы пендешіл өкпе мен разылық та, адами реніш пен қуаныш та, бастарынан өткен қайғы мен шаттық та бәрі, бәрі Алаштың арда ұлдарының ырақайласа айқасқан құшағында тұншыққандай еді.
– Келгеніңізге қуаныштымын! – деген Бауыржан риясыз көңілмен қонағын төрге оздырды да, торқамен қапталған креслоға жайғастырды.
– Иә, жолдас министр, Арыстанды-Қарабастың желі ұшырып келді ме, әлде Мәскеудің тымырси соғатын самалы айдап келді ме?..
– Киелі Түркістанның қасиетті желін айтып, туған жерді еске түсірдің-ау! Елге бармағалы біраз болды, Мәскеуден келе жатырмын…
Үй иесі сыналай ашық тұрған есікке қарап:
– Бізге шайды осында әкеліңдер! – деді әскери бұйрыққа тән екпіні болса да, соңғы сөздерін жұмсарта.
– Қашаннан ойымда жүрген жағдай ғой… Өткен өтті десек те, ана дүниедежүзімнің жарық болып жатқанын қалап, әрі өзіңмен сұхбат құрғанды аңсап, әдейілеп келгенімді айып көрмессің…
– О, не дегеніңіз, Нұреке! Келгеніңізге жүддә құрсанмын! Арсалаңдаған жастық шақтағы алып ұшқан көңілдің жетегінде, талай қателік басымыздан өтті емес пе? Мына жалғанда кім періштемін деп айта алар?!
Осы кезде күміс табақша ұстаған келіні сыпайы рұқсат сұрап, ішке енді де, шай жабдығын үстелдің шетіне қойды. Іле ызыңы басылмаған кішкене жез самауырды кіргізіп, әр кесеге мипаздап құйған шайды ұзатты да, атасына қарады:
– Жақсы, айналайын, бізді енді тамаққа дейін мазаламаңдар. Ендігісін өзіміз… – деп келініне рұқсат берген Бауыржан, сөзін әрі қарай жалғады: – Құдай сездіреді… Жалғаны жоқ… Осыдан біраз күн бұрын түсіме енген болатынсыз. Жүзіңізді анық көрмесем де қара плаш, қара шляпа киген ұзын адамды көргенім анық. Сіз ғой деп ойлағам…
– Жолығып, өзіңмен жүздесу менің де көптен бері ойымда жүрген. Уақыт сәті бүгінгі күнге бұйырып тұрған екен.
– Нұреке, басшылықтың жоғары иерархиясында жүрген кезіңізде қазаққа, қазақ еліне жасаған жанқияр еңбектеріңізді біршама білетін қазақпын. Алматыдағы қаншама жоғарғы оқу орындарын ашуға ықпал еттіңіз. Теміртаудағы өндіріс орны, Түркістандағы канал мен оңтүстік пен орталықтың арасындағы шойын жолды салудағы жансебіл жұмысыңызды ешкім жоққа шығара алмайды. Айтыс өнері мен ауыз әдебиетінің қайта түлеуіне қосқан үлесіңіздің өзі бір адамның өмірі кететін жұмыс.
– Теміржол туралы айтып қалдың ғой, сол жолдың іске қосылуына 1946-50 жылдары КСРО Ұлттар Кеңесінде Төрағаның орынбасары боп, қосымша атқарған жұмысым көп жәрдемін берді. Ұлттар Кеңесінде істеп жүріп Сталиннің қабылдауында да болдым. Ал, Берия, Молотов, Свердловтармен қоян қолтық болмаса да араласып тұрғаным, Ковалев, Комаров секілді министрлермен сыйлас болғаным көп жағдайда өтініш-сұраныстарымның оң шешілуіне көмегі тигені рас.
– Мәскеумен текетіреске түсіп, орайтын тауып іске асырған еңбектеріңіз қазағыңызға жасаған баға жетпес қамқорлық. Креслосын ойлаған кейбір міскіндер басын бәйгеге тігіп, мұндай нар тәуекел істерге бара алмайды, бармайды да.
– Дұрыс айтасың! Елден гөрі қара басының қамын, орынтағы мен қу құлқынын ойлайтын қарынқұлдар елдің аманатын арқалап қайтсін?!. Ру-руға бөлінген, ата-ата боп билікке таласқан қазақ Мәскеу үшін қашан да қолайлы. Қолымды жүрегіме қойып айтайын, кадр іріктегенде қай ауданнан, қай облыстан екеніне мән бермейтінмін. Тіпті «Қай жерден келдің?», «Руың қандай?», «Қай жүзге жатасың?» деп те сұраған адам емеспін, бұл тұрғыдан алғанда – жүзім таза!
– Бұл сөзіңізге сенемін. Менің «боқтасып» табысқан Зейнолла деген жазушы інім бар. Сол бір күні Әбіш деген қара баланы үйге ертіп келді. Шашы бұйра-бұйра, ерні дүрдиген қара бала, жай қара бала емес – дана бала боп шықты. Білім жасқа қарамайды екен, әлгінің оқымаған кітабы жоқ, қай қиырға салсаң да желмаядай желіп тұр. Білмейтін пәлесі жоқ! Тас жазуларындағы әзелгі тауарихымызды жаңғақша шағып, бабалар жүрген сүрлеуден сыр шерткенде, кино көргендей елтіп кетесің. «Апыр-ау, мынадай тауарихымыз тұрып, біреудің қаңсығына таңсық боп жүргеніміз қалай?» деп таң қалдым. Сақ, Ғұн дәуірлерінен бастау алатын арғы қазақ тауарихын түгендеп кешке дейін отырдық. Тауарихқа қатысты кітаптарды мен де көп оқыған адамның бірімін, алайда мына қара баланың жосыны бөлек екен. Әлгі баланың оқуға түсуіне себепкер болған өзің екеніңді, сол күні өз аузынан естідім.
– Бұл соноу 1957 жылғы оқиға ғой. Хрущевпен тіл табыса алмай, Гуревке шеттетіліп, облысты басқарып тұрған кезімде, Кремльдегі ақылман «көсемдер» мектеп оқушыларын комсомолдық жолдамамен қой бағуға үгіттеген «Үндеу» жариялады. Мәскеу «әпшу» десе, «жәрәкімалла» дегіш біздің шенеуніктер бұл бастаманы жалаулатып іліп ала жөнелді. Бұған қарсы тұрып, сөгіс алғаныма да өкінбеймін. Қаншама жастар малдың соңында кетіп, білгенін ұмытып, ауылда қалып қояр еді. Жолы ашылған баланың бірі – Әбіш Кекілбаев болатын. Бүгінде екі-үш кітабы шығып, ауызға іліне бастаған қара баланы білімнің даңғыл жолына салғанымды мақтаныш тұтамын.
– Өте дұрыс та, әділ байламға барған екенсіз. Басқа облыстың басшылары Сіз секілді тектілік танытып, тосқауыл қоя алмағаны өкінішті. «Малға достың – мұңы жоқ малдан басқа» дегенді Абай бекер айтты дейсіз бе?..
– Бауке, маған 38-дегі репрессия кезінде Алаш азаматтарына неге ара түсе алмаған деп кінә тағушылар бар.
– Ерді басына іс түскенде көр, нарды арқасына күш түскенде көр, өзі сенің орныңда болса қайтер екен сол аузы батырлар? Нәубеттің бас архитекторы төбеде отырғанда, төмендегі не қыла алсын?
– Шүбәсіз шындық – Голощекин мен Мирзоянның тұсында Орталық Комитетте, аудан, облыс, қала басшылығында істегендердің ешқайсысының да қолы таза емес. Қан! Солай екен деп олардың барлығын кінәлаудан аулақпын. Мен де ет пен сүйектен жаралған көп пенденің бірімін. Отбасым – қатыным, бала-шағам бар. Мүмкін, Мирзоянның тұсында Қазақ Үкіметін басқарған болсам, мен де жоғары жақтың тапсырмасын орындаған болар ма едім? Бұған жауап бере алмаймын. Иә… иә… қалай кіналасаңыздар да, бұл сұрақтың жауабы мен үшін аса ауыр.
– Өте қиын сұрақ… Жауабы да қиын… Күншіл, қарау, езбені – екі қатынның бірі табады, ақылы асқан зеректі – мың қатынның бірі табады! Көлгірсу сізге жат екенін осы сөзіңіз-ақ дәлелдеп тұр. Өзінде жоқ қасиетті көрсетуге тыраштанған екіжүзділер аңқау қазағына жақсы көрінем деп, басқаша сайрар еді!
– Түсінгеніңе рахмет, Бауке!..
– Қателік кімге серік болмады дейсіз?.. Асылық айтқаным емес, көңіл құлазыған сәтте сатпайтын, сатылмайтын адамның қадіріне жете алмайтын көр, соқыр мемлекетте туғаныма өкінем… Тек бәрін қайтадан бастауға, өзгертуге құқық берілмеген…
– Менің ең үлкен қателігім – партия дұрыс жолда деп ойладым; Сталин қателеспейді деп ойладым; пионер, комсомол, партия қатарында болып, тәрбиесін көрген ұйымның қателесуге қақысы жоқ деп ойладым. Сөйтсем, қателеседі екен! Мен – қателесіппін! Қателескенде де – оңбай қателескен екенмін! Бұл қателігімді өзім де кешпейтін шығармын…
Мына әңгіме екеуіне де ауыр тиді. Ауыр тигені соншалық екеуі де көпке дейін өз ойларының тұтқыны болып, қып-қызыл шоқ қойнына түсіп кеткендей едәуір уақ әлгі ойдың шарпуынан шыға алмай, үнсіз отырып қалды. Бауыржан орнынан баяу көтеріліп, терезе жақтауында тұрған «Қазақстанның» қорабынан бір талын алып, шет елдік оталғышпен бипаздай тұтатты да, қою мұртының арасынан көкшулан түтінді будақтатты. Желдеткішті қиялай ашты да, сөреден қалың кітапты алып орнына жайғасты. Тұнжыр отырысты Нұртастың өзі бұзды:
– Солай бола тұра, тағдырыма рахмет айтамын – Үкімет басына Мирзоян ұсталып кеткен, 38-жылдың соңында келдім. Бұл кезде репрессия толқыны саябыр тауып, Сталин Еуропада басталып кеткен соғысқа алаңдаулы еді.
Нұртас шай құйылған кесені абайлай ұстап, бейне түсіріп алам ба деген адамша қос қолымен сығымдаған күйі, өткенін безбендеп тағы да шыңырау ойға беріліп кетті. Қызыл күрең шай құйылған кесенің ішінен сұрағына жауап табатындай үңіліп отыр. «Айтсам ба екен, әлде айтпасам ба» деген екіұдай ойдың шырмауынан шыға алмай отырғандай. Кенет жауабын кеседегі шайдың сәмесінен тапқандай, басын әнтек көтеріп, сөзін жалғады:
– Астамшылық та, күпірлік те емес, кейде соғыстың басталғаны дұрыс болды ма деп те ойлаймын. Қазақтың қаймақтарын қынадай қырып, сыпыра жұлып бара жатқан адам ору науқаны ары қарай жалғаса бергенде, көкірегі ояу талай қазақтың ұлын жер қойнына берер ек, тіпті біздің де бұл жерде отыруымыз неғайбіл еді… Кім білген? Тағдыр талайымның осылай өрілгеніне тәубе дей отырып, репрессия тұсында Үкімет төрағасы болмағаныма шүкірлік қыламын! Көңілге медеуі – Алаш арыстарына араша түсе алмасам да, олардың қанын мойныма жүктемедім, жалалы арыздарға қол қоймадым, әруақтар алдында – арым таза!
Бауыржан шайын сораптай отырып, ағасының сөзін бөлмей мұқият тыңдады. Өзінің де тәлкекке түскен мың қатпарлы өмір жолы есіне түскендей, жеңіл күрсініп салды. Ақысы темекіде кеткендей үстін-үстін сорады. Мылтықтың қос ұңғысынан шыққан көк тұман қысқы мұржадан шыққан түтіндей, будақ-будақ тізбектеліп, Алматының ақбурыл бұлттарына асыққандай, ашық тұрған желдеткіштің саңылауына қарай лекіте жөңкіледі.
– Әскери салада талай мәрте ажалмен бетпе-бет келдім, бірнеше рет қоршауды бұзып шықтым, тура келген қазадан құтылып кеткен сәттерім де жоқ емес. Батылдығым мен айлам асып өлімнен құтылдым десем дандайсу болар, ал ата-бабамның әруағы жебеді десем ақиқатқа қиянат емес.
– Бауке, бұл айтқаныңмен әбден келісемін. Жаратқан жебеушілік жасайтын, оққағары қорғаштап жүретін батыр оғландарымыз ілгеріде де болған екен.
– Иә, айтқаныңыз қазақы нанымнан бастау алады, алайда әруақтың бар екенін жоққа шығармаймын. Әруақ – қазақтың ежелден тотем санап келген ең үлкен сенім күші! Атам қазақ жауға аттанғанда «Әруақ!» деп ұрандатып атой салған. Мемлекеттік басқару номенклатурасында қызметте болсам, мен де 38-дің шарпуына ілігіп кетуім айдан анық еді. Себебі менің қанымдағы шындықпен өмір сүру, менің бойымдағы ақиқатпен ғұмыр кешу – кез келген дұшпанымның қолындағы ажал паспорты болатын.
Иә…ә…ә… Бір жапырақ жалалы қағаз талай адал азаматтың түбіне жетті.
Бауыржан да, қонағы да соноу бір жылдарды ой мизанында қайта жаңғыртқандай, тұңғиық ойға беріліп үнсіз отырып қалды. Батыр сөзін ары қарай сабақтады:
– Әскери салада жүріп те талай өткелектен өтуіме тура келді. 46-жылы Академияда оқып жүргем. Академияға қабылданған 125 тыңдаушының анкеталық өмірбаяны майшаммен тексеріліп барып түзілетіні бесенеден белгілі. Халық жауы боп атылып кеткен Блюхердің дивизиясында батальон басқарғаным жоғарғы жаққа жеткен болуы керек, Сталин жеке қабылдауына шақыртты. Кездесу Сталиннің Кремльдегі өз бөлмесінде, өте деликатный жағдайда өтті. Нақтылы сұрақтар мен жауаптасудан, «көсемнің» қитұрқы сөз саптауларынан «азиат» полковникті сынамақ ниетте болғанын байқасам да, білмеген шырай таныттым. Мұндай кездесуде әсте мүлт кетуге болмайды. Тіптен жүрісің мен тұрысыңда да, көзқарасың мен бет құбылысыңда да жалғандық болмауы шарт! Сұрақ қою мен жауаптасу барысында сүрінген, сүрінбегенімді Сталиннің арына қалдырайын, ал өзімнің ойым – қазақ ұлтының бір перзенті ретінде намысымды таптатпай, төменшек тартпай жауап бергенім ақиқат! Мақтангерлік пен жасандылық менің ғадетіме жат нәрсе! Мұны мақтан үшін емес, кейінгі ұрпаққа сабақ болсын, тәлім алсын деп айтып отырмын. Сенесіз бе осыған?!
– О, не дегеніңіз, Бауке! Сталиннің қабылдауында болғаныңызды естімесем де, Сізден қауіп қылғанын Қазақстан Орталық Комитеті мен Үкіметіне жазған хатынан-ақ байқағанмын. Сауатты әскербасыны Орта Азия Әскери округіне басшылыққа жібермеу туралы шешімді, осы кездесуден кейін қабылдағанын енді ұққандаймын.
– Точный анализ! Характеристика в высшем уровне, о прошедшем ситуаций.
– Өресі барға бәрі белгілі боп тұр ғой…
– Иә… Дұрыс айтасыз… Өресі барға… Қазақтың даласын иеленіп, жұртының тоз-тозын шығару – Бірінші Петр, Екатерина, Иоанна, Николай, Александр секілді сұмырайлардан келе жатқан – зымиян мұра. Қазақты жер бетінен жоюды мақсат тұтқан бұл имперлік жоба, өңін айналдырып қазір де жалғасын тауып жатыр. Төңкеріс кезінде екі миллион қазақты жер жастандырып, 31-38-жылғы аштық пен репрессияда бес миллион қазақты жусатып салды. Бұл әлем халықтары әлі хабардар болмаған – нағыз геноцид. Тауарихтың өшпес шежіресіне «қаралы жылдар» деп қашап жазылатын, күллі қазақ аза тұтатын нағыз «Ақтабан шұбырынды, қызылкөл сұлама!» Кәрі тауарих бейбіт замандағы бір ұлттың басына төнген мұндай зұлматты басынан өткермеген де, көрмеген!
– Қазақтың жан жарасы болған, бола беретін де қасіретті жылдардың сұлбасын жаңғырттыңыз-ау, Бауке!
– Өткеніңді білмей, болашағыңды бағдарлай алмайсың. Қазақтың пешенесіне зұлмат заманды душар еткен тағдырға не шара!
Ханды құдай атарда – қарашамен қас болар,
Байды құдай атарда – дәулетіне мас болар,
Биді құдай атарда – ұрлықшымен дос болар,
Шалды құдай атарда –аңдығаны ас болар… – дегендей, өз
халқынан дұшпан тапқан патшаға душар қылған тағдырға тәбділ жоқ екен.
– Тағдырдың қазақты сынамаған тұсы жоқ-ау, сірә? Жұмыс істеп қалған адамға төрт дуалға қамалу, түрмеге түскенмен бірдей екен. Қылыш елді күзейді, қалам елді түзейді деген бар емес пе, зейнетке шыққасын архив ақтарып, өзің секілді кітап жазумен айналысып жүрмін.
– Қару – елді шауып қазына құрайды, қалам – қазына тауып қайыр сұрайды деген де бар!
– Мына мәтеліңіз ақиқаттың алдаспанындай екен.
– Расында солай емес пе? Жазушылықпен жан бағам деу бос әурешілік! Артыңда із қалу үшін, ұрпағымды қалай дұрыс жолға салам деп қана үстелге отырасың, қолыңа қалам аласың…
– Сонымен кітап жазып жүрмін дедім ғой… Кітапханадан шықпаймын. Мәскеудің кітапханалары біздікіне қарағанда байырақ, әйтсе де, түркі дүниесіне қатысты деректерді алуға тыйым салынған. Тек орыс тарихшыларына ғана рұқсат етілетін жазылмаған қағидасы бар. Таныс адамдарды араға салып, көне тарихтың біраз мағлұматына қанықтым. Көзім жеткені оқып жүрген тарихымыз мүлдем өтірік тарих екен. Көне тарихи құжаттармен танысқанда, біз қандай тарихты оқып келгенбіз деп, мең-зең қалпы ес жия алмай мәңгіріп қалдым.
– Иә, қазақтың тауарихы соноу Сақ, Ғұн дәуірінен басталатын көне тауарих.
– Жолын тауып архивке де кірдім. Кездейсоқ Рашид ад диннің жазбасы қолыма түсіп, содан кейін көзім ашылды. Әріден сабақтасақ, қазақ даласы жеті рет зар сауған басқыншылықты басынан өткеріпті. Зар шықпаса – ел дертті, зәр шықпаса тән дертті – санамалап берейін: біріншісі – біздің дәуірге дейінгі 650-750 жылдары арабтар жасаған жүз жылдық соғыс; екіншісі – қытай шапқыншылығы; үшіншісі – парсылық Кир, Дарий патшалармен болған шайқас; одан кейін грек Македонский, моңғол сүргіні, жоңғар-қалмақ, орыс патшалығының езгісі боп жалғасып кете барады. Қабырғамызды қақыратқан, омыртқамызды опырып, жұлынымызды үзуге шақ қалған жаулармен айқасып жүріп бәріне көніппіз, бәріне төзіппіз. Тәңір жақ болған болар, осы күнге жетіп жығылыппыз.
– Иә, әзелгі тауарихқа мен де көз сала жүрем. Қазақтың байтақ жері Ұлы Тұран елінің жартысынан астам аумағын алып жатыр. Жаңа өзіңіз айтқан арабтар мен парсылар шабуыл жасаған кезде Дешті Қыпшақ даласы – Тұран деп аталған! Қазақтың әу бастағы астанасы моңғолдың еншісінде қалып кеткен – Қарақұрым. Улан Батырдың іргесіндегі Қарақұрым жазығында ата-бабамыз тасқа қашап жазып кеткен – Күлтегін ескерткіші тұр. Ал, Ресей патшалығы өзінің басқару жүйесін қазақ даласына енгізгеннен кейін Орта Азия деп аталдық.
– Шекарамыздан екі мың шақырым қашықта тұрған Қытай қорғаны қазақтың үйсін жұртынан сақтанамын деп тұрғызған қамалы емес пе?! Осыдан-ақ қытайдың жер отарлау саясатының түу…у…у әріден бастау алатынын аңғару қиын емес.
– Иә. Ауызбіршілігімізге іріткі сала отырып, Ілеге дейін иеленіп алды. Орыс патшалығы түрік текті қырықтан астам ұлтты өз қарамағына қаратып алған соң геноцидтік реформа жүргізу арқылы оларды жоюдың аяр саясатын іске асырды. Құдайы көршіміз саналып келген орыстың да, қытайдың да қазаққа іші жылымағаны өзіңіз айтқан тауарих сахнасындағы қырғын соғыстардан көрініп тұр. Олардың тек қазақ емес, Түркі текті ұлттарды жер әлемнен жойып жіберуді жоспарлы түрде іске асырып келгені анық. Бүгінгі компартияның тілімізді ұмыттырып бара жатқан саясатының да астарында жаулаушылық сарын жатыр.
– Бауке, бұл ойыңды толықтырсам былай: Кеңес Үкіметі орнағаннан соң – қазақтардың ғасырлар бойы қолданып келе жатқан жазуын өзгертіп, салты мен дініне қол салу мәселесі Лениннің көзі тірісінде жоспарланып, Сталиннің тұсында жүзеге асыпты. Қойды шартық бүлдіреді, елді қортық бүлдіреді – Сталин қазақты аштан қырумен тоқтамай, 1930 жылы уақытша латын жазуын қабылдатты. Латын жазуын үйреніп, енді сауатымызды ашамыз деп тұрғанда Байтұрсынов, Дулатов, Бөкейханов, Аймауытов секілді сүт бетіндегі қаймақтарды сыпырып алды. Бас көтерер саңлақтарынан айрылған соң 1940 жылы «халықтың қалауы бойынша» деген жалған ұранды бет перде қып, латыннан – кириллицаға ауыстырып, қазақты таза сауатсыз ұлтқа айналдырды. Орыстандыру саясатын қайта тірілтуге барын салған ақылы кемшін, әпербақан Хрущевтің: «Орыс тілінде сөйлесек, коммунизмді тезірек орнатамыз» деген даурықпасынан кейін, орыстана бастадық. Мансапқорлық санасын улаған сатқын қазақтар со сәтте-ақ, тілін садақалап шыға келді.
– Жолдас министр, бұл ойыңызға толық қосыламын. Әлихан Бөкейханның саяси да, пәлсапалық та біліміне Ленин де, Плеханов пен Троцкий де пар келе алмайтын. Саясаттың жілігін шаққан Әлиханның шәкірттері – Ақбаев, Ермековтер көкірегі текірек қаққан кез келген орысты бұрышқа тығып тастайтын білімге ие болған. Осындай зиялы қауымынан айрылған сауатсыз қазақ не істей алсын? Қу тамақтың қамымен құс тұзаққа түседі, аштық алқымынан алып тұрған ел қарақан басының қамын күйттеп кетті. Бүгінгі жер басып жүрген қазақтардың өмірбаяны – азаттық үшін күрес пен отаршылдықтың құлдық қамытын киген қорлықтан тұрады. Бұл ретте, репрессия мен отаршылдық зардабы туралы тоқтаусыз айта беруіміз керек. Сонда ғана қазақ ұлтын қасіретті қателіктен сақтандыра аламыз.
– Архивте отырамын деп, тарихи деректерге мол қаныққанымды айттым. Көзімнің жеткені – түркі тектес халықтардың қара шаңырағы – қазақ даласы. Скифтер, Ғұндар, Түркі Қағанаты, Шыңғыс хан, Алтын Орда барлығы да қазақ даласының төл тумасы. Мәскеу қолдан жасаған тарих мұндай пікірді әлі айтқызбай келеді. Соңғы үш ғасырда қоғамдық құрылым алмасса да, идеялық-саяси көзқарастар өзгерсе де, Ресей мен Қытайда бір ғана нәрсе өзгеріссіз қалып келе жатыр. Ол – сыналап кіріп жер отарлау!
– Иә, имперлік пиғылдағы билік халқын да солай тәрбиелеуде. Соғыстың бет бейнесін көзбен көрген адам ретінде көпшілік түсіне бермейтін ұрыс психологиясы маған жете таныс. Ізденіп, көріп, естіп, оқып жүріп, кеңестік жүйенің бет-бейнесін терең таныдым. Полководец ретінде Ставканы басқарған Сталинге деген құрметім болса да, соғыс алдындағы әскербасылардың өліміне кінәлі адам ретінде – жауыз, аштықты ұйымдастырушы ретінде – тиран. Әскери адам болғандықтан соғыс тауарихы жайындағы құпия материалдарға біршама қанықпын. Фашистерді Кеңес Армиясы ғана жеңді деу – жалған! Біліксіз маршалдардың аранға жығатын тактикасының нәтижесі – бір фашиске бес кеңес жауынгерінің басын тігіп, шахид қылдық. Сөйтіп қырық миллион кеңес әскерін құрбандыққа шалдық. Ал Америка жалпы құны 40 миллиард доллар тұратын он мыңдаған ұшақ пен танк, қару-жарақ пен оқ-дәрі бермегенде жеңістің аулы алыс еді. Бұл қарыздан Кеңес Үкіметі әлі құтылған жоқ.
– Мен де соғыс барысында жиырма миллион адам шейіт болды дегенге илана алмай жүргенмін. Ал, АҚШ-тан қарыз алғанын өзіңізден естіп отырмын…
– Кеңестік жүйе бұл шындықты өмірі айтпайды да, мойындамайды да…
– Мұның рас енді… Ал, өзің айтқан «полководец» Сталиннің қырық миллион адамның құныкері болумен қатар, кешірілмес қатесі – украин мен қазақ халқына қолдан ұйымдастырған ашаршылығы, репрессия мен переселение. Қонысынан ауған ұлттар босып кетті. Тофа, нингх, юкагир, эвенк, шор, долган жұрты тоз-тозы шығып, жер бетінен жойылып кетті. Бізге белгісізі қаншама!
– Мұндай саясатты кезінде Американы жаулаушы испан, француз, ағылшын, неміс отаршылары да ұстанған. Миллиондаған үндістерді айналасы жүз жылдың ішінде быт-шытын шығарып, жойып жіберді. Арақпен улады, бағынбағандарын атты, асты. Сатқындарын көсем қып сайлап, қатындарына алтын әшекей сыйлады. Тайпа-тайпа, ру-руға бөлініп ғұмыр кешетін бейбақтарды өзара қырқыстырды. Байқайсыз ба, үндістердің жойылуы мен қазақтың бүгінгі тағдырында ұқсастық – қазақтың да жүзге, руға, атаға бөлінгені Ресей үшін оңтайлы боп тұр. Ақиық ақын-жазушымыз деп қаңылтыр кеудесімен киіп жарып жүрген зиялысымақтар, бейбіт заманда ісініп, кебініп жүрген билік басындағы батырсымақтар жау шапқанда кірерге тесік таппай кететінін жақсы білемін. Түбі етегімізді жаппасақ үш нәрсе түбімізге жетеді, ол – тайпашылдық, рушылдық, һәм жершілдік!
– Бауке, мына сақтандыру – «Оян, қазақ!» ұранымен мағыналас екен. Негізі білгір тарихшылар үндістер мен қазақтардың арасындағы ұрқылық (гендік) ұқсастық жөнінде де көп айтып жүр. Кім айтса да, жаны бар сөз. Тек тағдырымыз ұқсас болмағай… Қазіргі таңда орыс пен қытайдың соғыспен де, соғыссыз да жер отарлау саясатынан мемлекет басындағылар сақтануы керек.
– Иә, басшы оңбай, қосшыны қалай түзерсің? Солай десек те, өзіңіз секілді көзі ашық, көкірегі ояу, көңілі сара, адал басшылар жоқ емес – бар.
– Бар екеніне менің де сенгім келеді. Сол көреген басшы жол айрықта тұрған ұрпағымызды адалдыққа тәрбиелейтін, әділетті қоғам құрсын деп тілейік. Елді бір басшының түзей алатынына – мен кәмілмін! Бір адамның қолынан не келеді деген пиғылдан арылуымыз керек.
– Біз екеуміз де базардан қайтқан адамдармыз. Оның үстіне қанымызда кеңестік жүйеден қалған түйіршік бар, сол түйіршік еркін қоғамды басқаруға кедергі келтіреді.
– Толық келісемін! Қазаққа жанашыр болатын харизмасы берік, адуынды, арлы басшы қажет-ақ.
– Адал басшының жолы біреу, ол – қиянатқа бармау, – деген Бауыржан бағана сөреден алған кітапты қолына алды да:
– Бұл – Үнді елінің көсемі Мохандес Карамшанд Ганди туралы мемуар.
Үнді елін ағылшын отаршыларының езгісінен құтқарған тұлға ғой…
– Иә, сол Гандидің: «Отарлаушы елдің тәрбиесін алған элита – өз халқының
жауы» деген сөзі барша қазаққа сабақ болуы керек.
Әсіресе, өздерін «элитаға» балап жүрген билік басындағыларға…
– Халқының тағдырын күйкі тірліктен биік ұстаған бейшарада жөндем үй де болмапты, қайтыс болғанда жаман лашығынан шығарыпты. Тазалық деп осыны айт! Миллиондаған халық Дели көшелерінде апталап аза тұтқан. Мұндай қазаны шығарып салу рәсімін жер жаратылғалы адам баласы көрген емес! Міне, халықтың нағыз сүйіспеншілігіне бөленген басшы деп Гандиді айтуға болады.
Адам баласында арман таусылған ба, қарақан басынан ұлтының тағдыр-талайына алаң екеуінің де ойында: «Елді басқаратын осындай ұрпақ келсе қане?!» деген сұрақ-тілектің тұрғаны анық еді. Бауыржан темекіні орнынан тұрып тартып тұрған. Кенет: «Жүйе дұрыс емес! Жүйе!» деп күңірене гүр етті де, қазақтың кегі мен бодауы темекінің тұқылында тұрғандай армансыз мыжғылап өшірді де, күлсалғышты терезе жақтауына қойып, орнына жайғасты. Пікірін жинақтап алып, сөзін әрмен қарай жалғады:
– Үміт, ниет деген жақсы әрине… Тек сағым құсап ұстатпайтыны, жеткізбей алдаусырататыны жаман… Адам баласы өзінің ұзына тауарихында екі түрлі түсінік жетегінде келеді. Біріншісі – адамзат өзін мына әлемнен бөліп қарамаған, табиғатта артық ештеңе жоқ – бәрі де үндестікте. Екіншісі – табиғаттың бермесін тартып алып, «пайдасызын» жойып жіберіп отыру түсінігі. Осы екі түсінік күні бүгінге дейін айқасып келеді. Мұның ішіндегі ең сорақысы – екіншісі! Адамзаттың сорына бұл танымның «бағы жанып» – дамыған үстіне дамып, әлдісі әлсізін жұтып, дүние жаратылғалы пайда болған мәдени мұралардың күмбезін қиратып жатқаны көңіл құлазытады.
– Иә, әлдісі әлсізін жұтып қоюды қазақ та басынан кешіріп келе жатыр. Негізі қазаққа «әлділер» жұқтырған ауру – құлдық психология. Көзі ашық, зиялы деген қазақтардың өзі құлдық сезім «вирусының» ноқтасына көгенделген.
– Дұрыс пікір. Бұл жолда қазақ халқы өз жүрегімен өзі күресуі қажет. Сөйтіп жараланған жанын «қазақы вирус» – ұлттық сананы бесігінде тірілту арқылы емдеуі керек. Тұманданған, бұзылған сана сонда ғана сіз айтқан «құлдық вирустан» тазара алады!
– Бұл сөзіңіз ақиқат. Көзі ашық менің өзім де жіберген қателіктерімнің ішіндегі ең соқталысы – басқа ұлттан үйленуім деп білемін. Балаларым менің жазғандарымды аударма арқылы оқиды. Бұдан өткен сорақылық болмас бұ пәниде!
– Бұл өрескел кемшілік менің де басымда бар дүние. Жазушылықпен айналысатын балам шығармаларын өз тілінде жаза алмайды. Бұл – қасірет! Рас, орыс тіліндегі шығармаларды қазақшаға аударып жүр, алайда, ол жұбаныш емес.
– Біздер, Мәскеуде тұратын қазақтар күніне болмаса да, аптасына бір рет жүздесіп тұрамыз. Санамалап көрсем, түгелге жуығы орыстан үйленген. Балаларының барлығы дерлік орыстанып кеткен. Кейде өткен жолдарымызды еске алып: «Біз неге бұндай жолды таңдадық? Сауатсыз болса да, бір қазақтың қызын бақытты ете аларлық өремізді, неге ақылға жеңдіре алмадық? Атой салған жастықтың желігімен, өмір осылай тұра береді деп ойлағанымыз қалай? Енді бұл қателікті қалай түзете аламыз? Ұлт алдындағы азаматтық парызымызды адал орындасақ та, бабалар салып кеткен қазақы сүрлеуден жаңылып, дәстүрімізге жасаған қиянатымызды қалай өтемекпіз?» деп қан жұта сыр ақтарамыз. Басқаға айтатын да нәрсе емес. Қалай айтарсың? Кім сенің дертіңді түсіне қояды?
Нұртас осы арада айтып отырған ойына берілгені соншалық, қайда отырғаны, кіммен әңгіме құрып отырғаны есінен шығып кеткендей шыңырау ойдың құрсауына түсіп кетті. Көзіне толған жасты сүртпеген күйі иығы салбырап, түнерген қалпы отыр. Өкініштің ащы уыты көкірегін қарып, істеген ісіне емес, қайтара алмайтын жастық дәуреніне өкінетіндей. Әлде көп, әлде аз уақыт өткенде барып сөзін жалғады:
– Хрущевтің қоқан-лоққысымен 58 жасымда зейнетке шықтым. 25 жыл партияның жоғарғы органдарында істеген еңбегімді жоққа шығарып, күресінге лақтыра салды. Күш қуатым да, жұмысқа қабілеттілігім де дер шағында болатын. Тіпті, алпыс төртінші жылы Қонаев қайта секретарь болып сайланған соң да, жұмысқа шақырар деген үміттің жетегінде болдым. Шақырмады. Ешкімге өкпем де, ренішім де жоқ, кінә да арта алмаймын. Ескіше аздаған сауатым барына да шүкір, ақ қағазды шимайлап, кітап жазуға отырдым. Мақтанғаным емес, бір институт атқаратын жұмысты – бір өзім істедім. Тәжік, парсы, ауған, өзбек халқының мақал-мәтелдерін қазақ тілінде сөйлеттім. Айтуға оңай болғанымен, азабы мол, тауқыметі тас уатар, жауапкершілігі одан да ауыр азапты жұмыспен жиырма жылға жуық айналысып келемін. Кітаптарым шығып, қазағыма пайдасын тигізер мақала, зерттеулер жаздым. Бірақ солардың барлығы да менің жан жарама септігін тигізе алмады.
Бауыржан ағасының таусыла сөйлеп, ішіндегі запыран боп қатқан өксігін жыр қып айтып, жан сыздатар сырын сыртқа шығарып, көңіл кірін тазалап алмақ ниетін сезді де, әңгімесін бөлмеді. Өзінің де басындағы сан қатпарлы тағдыры көз алдынан киноның лентасындай сырғи өтіп жатты.
«Е… е… Шідер үзген асау мінезді ауыздықтай алмай, пенделікпен мен де талай қателікті бастан өткердім-ау!..»
– Адам өмірі теңгермішіліктен тұратынын күнделікті күйбеңмен жүріп байқамай да қаласың. Өмір таразысының қос табағы – алдамайды да, алданбайды да екен. Қата кетпейді – қаншалықты бейпара қызық өмір сүрсең, соншалықты қиын тағдырыңмен жауап бересің. Жастықтың албырт мінезі бұл пәлсапаны ойлатпайды екен… – деп сөзін қорытты қонақ.
– «Өзінің кемшілігін сезіне білген адам – ең күшті адам» деп жатады. Қанша күшті болсаң да – уақытты кері шегіндіре алмайсың. Қанша мықты болсаң да – өткенді қайтара алмайсың. Қолыңда шексіз билік болса да – бәрін басынан бастай алмайсың. Қайратым бойымнан қайтпай тұрғанда, мен де біраз жыл Мәскеуде тұрдым. Жастықтың желігімен орыс қыздармен де думандаттық. Орысқа күйеуге тиген талай қазақ қыздарын көрдім. Бақытты сияқты көрінетін.
– Сенің өткен шақта көргендеріңді мен күнде көріп жүрмін. Саған өтірік, маған шын, әлгі қазақ әйелдерінің барлығының күйеулері қу арақтың кесірінен бақилық боп кетті. Орысша тәрбиеде өскен балалары қатындарының қолына кіріп алды. «Адамның бір қызығы бала деген…» демей ме Абай хәкім, немере бағып, ұрпағының қызығын көрер шағында, сопиып соқа бастары қалды. Рухы сынған бейшаралар тағдырына нәлет айтып, етектері жасқа тола, құса боп жылағанда – өмірің өксіп кетеді. Мың қайнатып, жүз араластырсаң да орыстың салты қазақы қанымызға сай келмейді!
Нұртастың айтқандары Бауыржанға да таныс болатын, бірақ дәл бұлай деп ойламаған.
– Ал, Бауке, менің ең басты айтпағым басқа нәрсе… – деген қонақ негізгі әңгімеге көшердің алдында креслоның жақтауына қос қолын қойып, ұшатын құстай қомданып алып: – Соғыстың қайнаған тұсында, дәлірек айтқанда 43-жылдың желтоқсан айында Алматыға демалысқа келгенің есіңде болар? – деді.
– Әрине да! Ол кез қалай естен шықсын!?.
– Батырын төбесіне көтерген еліңнің қошеметіне бөленіп, кездесулер өткізіп, келесі жылдың қаңтарында майданға қайта аттанып кеттің. Бәріміз де тірі батырды көріп марқайып қалдық. Сен кете салысымен, 1944 жылдың ақпанында Мәскеуден Скворцов пен менің атыма архивке сақтауға жатпайтын «өте құпия» деген белгі соғылған хат келді. Мәтіні: «Бауыржан Момышұлының ұлтшылдығы мен түрікшілдігі баса көрсетіліп жазылған партиялық мінездеме тапсыруды міндеттеймін.» Соңына Сталин қол қойыпты. Бұл тапсырма емес – бұйрық еді! Хатты оқып төбемнен жай түскендей болды. Күні кеше халқының құрметіне бөленген батырды, бүгін қаралап хат жазу маған да, Скворцовқа да ауыр тиді. Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жауап беру мүмкін емес, – тек теріс мінездеме жіберу керек. Не істеу керек? Басы ашық нәрсе: «Мен бұған жауап жаза алмаймын!»-деп турасын айттым. Ақыры Скворцов Қазақстан Орталық Комитетінің атынан жауап хат жіберді. Бірақ мінездемені маған оқытқан жоқ. Қалай болғанда да, сол мінездеме Бауыржан Момышұлының «Батыр» атағын алуына кедергі келтіргені анық.
Бауыржан Қазақстан тарапынан жіберілген жалалы хаттың авторын анық білмесе де, негізсіз қаралаған арыздың түскенінен хабардар болатын. Бұл туралы өзінің ішкі байламы болатын.
– Нұреке, мен батыр атағына үш рет ұсынылдым. Соңғысын генерал Серебряков ұсынған болатын. Себебі бес рет қоршаудан әскерін аман алып шығу – соғыс тауарихында бұрын-соңды болмаған уақиға. Менің бұл ұрыс тактикам генералдар түгілі, маршалдардың іштарлығын қоздырып, қызғаныштың қызыл шоғына күйдіріп жіберді. Александр Бектің романына бас кейіпкер боп, күллі әлемге танылуым, ең бірінші Сталинге ұнамады. Менің карьерамда күншілдік ең үлкен тосқауыл болғаны өзіме аян. Жазылған хатқа келер болсақ, Сізді де, Скворцовты да кінәламаймын, бұл – Сталиннің әсіресақтығы.
– Бүйрегіме тастай батып, ойымнан бір сәт кетпей жүрген сыздаған жараның емін өзің айттың-ау, Батырым!.. Үстімнен батпан жүк түскендей жеңілдеп қалдым ғой, тегі!-деген Нұртас орнынан дүрк көтеріліп, інісін қапсыра құшақтады.
Көңіл түкпіріне жасырынған кілтипан кінәраттың кілтін кенеттен тауып алғандай болған Нұртас қуана жымиып, орнына қайта жайғасты. Жан қалтасынан блокнотын алып, аша бергенде арасынан сусып түскен қағазды алып, қайта арасына салды да:
– Лотерея ғой… «Қазақстанды басқарғаныңды қайтейін, астыңда машинаң да жоқ», дейді кіші балам. Машина ұтып қалам ба деген есек дәме…-деді де, інісінен сымтетік номерін сұрап, блокнотына мұқияттап жазып алды.
Қонағының «лотерея», «машина» туралы айтқанын Бауыржан матқапыда санасына сіңіре алмады. Қабағы түйіліп, жаңа әлдегі жаймашуақ отырған жүзінен жұқана да қалмай, ұнжырғасы түсе мүжіліп кетті.
«Қазақ Үкіметін 13 жыл басқарып, 12 жыл партия саласында басшы болған адам бір көлікке зар… Үндінің көсемін басымызға көтеріп тәу етеміз, ал ортамызда жүрген өзіміздің асылымызды тануға құлқымыз жоқ. Ә… ә.., сорлы қазағым! Қасыңда тірі жүрген періште жанның қадірін білмей, аяғынан шалып, сыртынан шықылықтап, кембағал мінезіңмен сыртқа тептің! Алаштың дана ұлдары да осы жебірей сұрқыңнан жапа шекті! Оятамын деп алашапқын болған тұлғаларды аранға жығып, өз қолдарыңмен ажал құштырдыңдар! Ал, өзің әлі ұйқыдасың!»
Онша-мұншаға жүрегі елжіреп, анау-мынауға қыңбайтын Батырдың көңілі құлазып, көзіне әнтек жас үйірілді де, «Өй, әттегене…» деген даусы еріксіз шығып кетті. Жүзін жасырмалап, орнынан тұрды да, Ганди туралы кітапты сөреге қойды. Осы кезде көрші бөлмеден:
Ата, ас дайын болды, келіңіздер, – деген жұмсақ дауыс естілді.
Екеуі де сыртқа қараған.
Уақыт қандай ұшқыр – ымырт үйіріліп, күн кешкіріп қалыпты.

(Журналдық нұсқасы)

Нұрғали РАХАЙ

Пікір қалдыру