Мұса Жәлел туралы бір үзік сыр
Мұса Мұстафаұлы ЖӘЛЕЛ (15.02.1906, Ресейдің Орынбор облысы Мұстафа ауылы, – 25.08.1944, Берлин) — аса көрнекті татар ақыны. Кеңес Одағының Батыры (марқұм, 1956), халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты (1957), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948). МГУ-ді бітірген (1931). Москвада татар тілінде шығатын «Жас достар», «Октябръ перзенті» журналдарының редакторы, Мәскеу консерваториясы жанындагы татар студиясының әдебиет бөлімінің меңгерушісі (1931-1939), Татарстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы (1939-1941).
Шығармалары: «Біз келеміз» (1925), «Таразы», «Өлім туралы» (1927), «Өткен жолдар» (1928), «Орденді миллиондар» (1934), «Орлес заводында» (1926), «Екпінді партизан» (1930), «Көктем сапары» (1933), «Джим» (1935), «Маобит дәптері» (1942-1944), «Алтыншаш», «Ильдар» операларының либреттолары және басқалары. Ақынның біраз кітаптары «Жырларым», «Маобит түрмесінде жазылган өлеңдер» (1955), «Соғады жүрек» (1966), «Жыр ерлігі» (1976) деген атпен қазақ тілінде шыққан.
Өгей ұлың болдым ғой мен, өз елім,
Өлім күтіп шетте өртенді-ау өзегім.
Өлсем қызыл гүлдер өссін қаныма,
Көз жасымды қабылдасын өзенің.
(Мұса Жәлел)
Берлинде. Осыдан біраз жыл бұрын Алматыда, Ғалымдар үйінде, атақты ақын Мұса Жәлелдің туған күніне арналған кеш болып өтті. Соғыс ардагері Хамза Абдуллин осы алқалы жиынға «мен зор қуанышпен бардым. Қуанышым босқа кеткен жоқ. Бұл кештен мен жақсы әсер алдым. Кешті ұйымдастырушы татар туыстарға өте риза болдым», – деп жазды «Қазақ әдебиеті» (5.03.1996) газетінде.
Осылай болар жөні де бар еді. Өйткені неміс тұтқынында жүріп:
– Ашшы мынау қараңғылық сарайын,
Бой жазайын, бостандыққа барайын!
Қайда сонда еркін өскен кең далам?
Көз жіберіп биік шыңнан қарайын! – деп армандаған Хамзекең жалын атқан жастық шағында, жат жерде өткізген тар заманда бір үзім нанды бөліп жеген жора-жолдастарын, соның ішінде өзін көріп жүздескен, танысып-біліскен Мұса Жәлелдің жарқын бейнесін, сол бір қиын-қыстау күндер еске түскен болар.
Өткен соғыста тұтқынға түскен боздақтар жөнінде, өкінішке қарай, олардың бәрі сатқындар, елінен, жерінен қашқандар, ұлтынан безгендер деген сияқты біржақты пікір қалыптасқан. Алайда, тағдыр тәлкегімен жау торына түскен абзал жандардың ішінде «елім, жерім, ұлтым» деп көз жасы көлдей ағып, жүрегі қан жылаған еөз зергерлері болды. Мәселен, сол уақытта Берлиндегі қазақтар арасындағы «Қобызшы Қорқыт» (Мәжит Айтбаев), «Асан қайғы» (Мәулікеш Қайболдин), «Асқар Әли» (Әли Асқар), «Сайран» (Хамза Абдуллин) және «Мәжит Дара» (Мәжит Аяпбеков) сияқты ақын-жазушылар осындай асыл жандар еді. Мұндай зиялы қауым, өнерлі адамдар вермахт қарамағындағы басқа мұсылман легиондарында да қызмет атқарды. Айталық, Еділ татарлары легионындағы Мұса Жәлел тұтқындарды отаншылдық, патриоттық тұрғыдағы жалынды жырларымен рухтандырып қана қоймай, сонымен бірге неміс фашизміне қарсы астыртын жұмыс жүргізіп, жаппай көтеріліске шақыра білді. Міне, осы тарихи тұлға туралы Хамза Абдуллин өзінің «Мұстафа мен Мағжан — Тұран елінің даналары» (Алматы, 1993) деген кітабында былай деп жазады: «1943 жылдың май айында бізге Берлиннен Расулов дейтін өзбек келді. Ол кісі маған Берлинде газет шығаратын болдық. Бірақ тұтқынға түскендердің ішінде түркістандықтардан журналист жоқ болып шықты. Ал Берлиндегі татар комитетінде Мұса Гумеров (Мұса Жәлел) дейтін бір журналист бар екен. Олар қазір «Идел-Орал» деген газет шығарып жатыр. Сол Мұсаның жолдасы Ғайнан Құрмашев сені жақсы біледі екен, сол арқылы өзіңді тауып отырмын, қайтарда – Берлинге алып кетемін» деді. Расул менімен қоса Абдулқақ Оразов (түрікмен) және Жұмабай Мәмедов (қырғыз) дейтін жігіттерді бірге әкетті»
Түркістан комитеті Ноенбургштрассенің он төртінші үйінде, екінші қабатта, ал татар комитеті үшінші қабатына орналасқан екен.
Одан әрі Хамзекең вермахт қарамағындағы Түркістан және Еділ татарлары ұйымдарында жұмыс істеп жүрген азаматтар жөнінде ақпар береді.
Бұдан кейін мен комитетте істейтіндермен түгелдей таныстым. Қазақтан Хакім Тыныбеков, Қарыс Қанатбаев сияқты жігіттерге жолықтым. Үшінші этаждағы татар жігіттерімен де жолдас болдық. Әсіресе, Мұса Жөлел «Қорқыттың» бөлмесіне жиі келетін. Екеуі сондағы бастықтарды мазақтап, анекдоттар айтып, бізді күлдіретін.
Мені бұлар туған інісіндей жақсы көрді. Мұса Жәлел қазақша жақсы сөйлейді, қазақтың әдемі әндерін шырқағанда біз оған қайран қалатынбыз. Ал енді Мәулікеш пен Қарыс бізге: «Елге енді бара алмайсыңдар. Жол ел жаққа жабық. Бұл жақта тұрып, елің үшін қанша жақсылық істесең де, оны Сталин кешірмейді. Барысымен ұстап алады, не атады, болмаса он жыл беріп, «барса келмеске» жібереді» – деп айтатын бізге.
Жазушы Хамза Абдуллиннің осы хабарда тілге тиек еткен кейбір қазақ азаматтарын оқушы қауымның есінде қалсын десек, оған арнайы түсінік берген артық емес сияқы.
Хакім Тыныбеков – 1914 жылы Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. Соғысқа дейін КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының ғылыми қызметкері. Түркістан ұлттық комитетінде (Т¥К) «Милли Түркістан» журналының редакторы, кейін барлық мұсылман комитеттерінің орталық органы – «Түрік бірлігі» газетін ұйымдастырушылардың бірі.
Қарыс Қанатбаев — 1911 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Тау-кен инженері. ТҰК-нің бас хатшысы. Вали Каюмнен бөлініп шыққан соң – Түркістан ұлттық кеңесінің президенті.
«Қобызшы Қорқыт» – ақын Мәжит Айтбаев, 1913 жылы Қызылорда облысында туған, «Милли әдебиет» журналының редакторы. «Абылай» поэмасының авторы, бірнеше кітабы жарық көрген.
Мәулікеш Қайболдиннің («Асан қайғы») руы – адай. Ленинград университетінің философия факультетін бітірген. Өлеңдері мен әңгімелері Қазақстан мен Мәскеу газет-журналдарында шыққан. Оның «Жұмақтан келген жәрдем» деген романы да бар. Немісше жазған кейбір өлеңдері Берлиндегі неміс тіліндегі журналдарда жарық көрген.
Берлиндегі Еділ татарлары комитетінде қызмет істей жүріп, Мұса Жәлел осылайша Түркістан ұлттық комитетіндегі қазақ зиялыларымен тығыз қарым-қатынас жасап, аралас-құралас жүрген.
Тамұқта. Неміс фашистері шабуылды үдете берді.
1942 жыл.
9 ақпан. Қызыл әскер Демянск түбінде қоршауда қалды.
8 мамыр. Қырымдағы Керчьке екінші рет шабуыл жасалды.
17 мамыр. Харьковтың оңтүстік жағына орналасқан жау қарсы шабуылды күшейтіп жіберді.
20 мамыр. Қырым майданы күйреді: 44, 47, 51 армияның тас– талқаны шықты.
25 мамыр. Харьков үшін күрес аяқталды: 9, 57, 6 армия тұтқынға түсті…
Солтүстік батыс өңірдегі жағдай да оңып тұрмады. Волхов майданының қүрамындағы 2-ші екпінді армия неміс блокадасына түскен Ленинград қаласының қоршауын бұзып шығуы тиіс еді. Алайда, тапсырма орындалмақ түгілі, әскери құрама жау қақпанына қалай түсіп қалғанын да білмей қалды. Сөйтіп, 2-ші армия бүкіл маусым айы ішінде блокадаға түскен қалаға қол ұшын бере алмады. Бас сауғалап, қоршаудан өзері қалай да тез құтылуға жанталасты.
Фашист қүрсауынан босану мақсатындағы қызу әрекет кезінде майдандық «Отвага» газетінің тілшісі Мұса Жәлелдің иығына жау оғының жарқыншағы тиді. Теңіздің асау толқыны соққандай оны редакция машинасынан жұлып алып, біраз жерге лақтырып тастады. Сол жақ бұғанасы едөуір зақымданған оның сол қолы салбырап бос қалды. Кеудесінде оқ ізі — кішкене ісік томпиған тыртық – пайда болды. Осылай ауыр жарақаттанған Мұса қол созым жерде жарылған снарядтың жойқын күшінен құлағы тұнып, басы айналып, көзі қарауытып, есеңгіреген күйде жау қолына түсті. Бұл 1942 жылдың шілде айы болатын.
Мұса Жәлел тағдыр тәлкегімен әуелі Двинск түбіндегі, содан соң _ Рига, Каунас маңайындағы, кейін Хельм, Орш, Седльц, Вустрау елді мекендеріндегі лагерьлерді кезеді. Бірнеше ай осылай біраз жерді шарлатып, сандалтқан соң немістер оны Польша жеріндегі Демблин қорғанына әкеледі.
* * *
Легионда. Кезінде өлім фабрикасы атанған Демблин лагерінің жағдайы аса қиын еді. Күтімі жоқ, дұрыстап тамақтанбаған мұндағы 120-150 мыңнан астам әскери тұтқындар әбден қалжыраған, жүдеген, құр сүлдері қалған аш-жалаңаш бейшара жандар. Темір жол вокзалы мен лагерь арасындағы үш шақырым жердегі иесіз мәйіттерден аяқ алып жүре алмайтынсыз. Қажет емес деген тұтқындарды жендеттер күндіз-түні үздіксіз көзін жойып жатты. Еділ аймағынан шыққан ұлттарды, негізінен татарлар мен башқұрттарды, фашистер осы жерге жинай бастады.
Мұның өзі түсінікті де. Өйткені 1942 жылдың көктемінде Гитлер әртүрлі ұлттық бөлімдерді, ал тамыз айында Еділ-Орал халықтарының легионын құру жөніндегі бұйрыққа қол қойған болатын.
Фюрердің жоспарын жүзеге асыру мақсатымен екі арнаулы құрылым ұйымдастырылды. Олар – генерал-майор Хайкендорф басқарган «Вермахтың ерікті Шығыс құрамаларын басқарушы штаб» және қарамагында насихатшы, үгітшілері, газет-журналдары бар зондерфюрер К. Людерзон басқарған «Шығыс және Кавказ халықтарына арналған насихат бөлімі».
Розенбергтің министрлігінде тюрколог профессор фон Менде басқаратын «Шыгыс ұлттары саясатын жоспарлау бөлімі» ашылады. Ал Гиммлердің бұйрығымен Азия және Шыгыс елдері жөніндегі маман СС-тің гаупштурмфюрері Райнер Ольцша барлау басқармасында өмірге келген «реферат 1-2» бөліміне жетекшілік жасайды.
Сөйтіп, 1942 жылдың күзінде Хайкендорф легиондарды құра бастайды, ал министрліктер мен ведомстводағылар әрқайсысы өз саласындағы жұмысты тындыруға кіріседі. Ең алдымен басшылық құрамы іріктеледі. Түркістан ұлттық комитетін Вали Каюм-хан басқарса, Еділ татарлары комитетінің тізгінін Шафи Алмазов ұстайды.
Үлттық, аймақтық комитеттер, баспаханалардың нақтылы ісін үйлестіртін аралық ұйымдар құрылып, ұлттық батальондарда радиостанциялар ашылып, газеттер шығады, мәдени-ағарту, үгіт-насихат шаралары кеңінен өрістетіледі.
Мәселен, Түркістан ұлттық комитетіндегі он екі бөлімнің бесеуі түрлі жолдармен насихат жұмысымен айналысады, бұлар: әскери насихат, саяси насихат, баспасөз, радио, музыка және театр бөлімдері. Айталық, Түркістан легионының жауынгерлері үшін «Ени Түркістан» газеті мен «Милли Түркістан», «Милли әдебиет» («Милли» – ұлт, ұлттық деген магнада — А. К.) журналдары шығарылды. Еділ татарлары легионында «Еділ-Орал» және «Татар әдебиеті» газеттері, Солтүстік Кавказ легионында «Газзават» және «Солтүстік Кавказ» газеттері таратылды.
Солай болса тұрса да отанын сүйген, туған жерін, өскен жұртын аялаған тұтқындардың көбі немістерге қызмет етуге ықылас білдіре қоймайды. Керісінше, қарсылық көрсетіп, астыртын ұйым құрады. Наразылық білдіргендердің біразы «Еділ-Орал» газетінің маңайына шоғырланады. Мұның жуан ортасында Мұса Жәлел жүретін, оның оң қанаты – белгілі татар ақыны Абдолла Әліш, ал сол қанаты манағы өзіміздің Хамза Абдуллин айтқан Ғайнан Құрмаш еді. Астыртын ұйымның белсенді мүшелері – Ф. Омаров, А. Симаев, Г. Шабаев, 3. Хасанов, А. Атнашев, С. Бұхаров…
Олар листовкалар дайындап, оны Радом, Круншно, Познань, Дрезден т. б. лагерьлерге таратты, аса құпия жағдайда жасырын «бестік» топтар құрды. Соның нәтижесі болса керек, 1943 жыддың ақпан айында Шығыс майданға жіберілген Еділ татарлары легионының алгашқы батальоны неміс офицерлерінің көзін жойып, барлық қару-жарағымен Белоруссиядағы қызыләскерлерге қосылып кетті. Бұдан шошынған немістер енді легиондарды майданға жібермейтін болып шешеді.
Осыған орай іс-әрекет қимылының тәсілін өзгерту қажеттілігі туындайды. Шілде айының бас кезінде Мұса Жәлел Радомға келіп, ұйым мүшелерімен орман ішінде кездесті. Бұдан сәл бұрынырақ Мұса Жәлел, Фуат Булатов, Ахмет Симаев қатысқан осындай жасырын бас қосуда лагерьлердегі жағдай, көтеріліске шығу туралы сөз болған. Сонда поляк патриоттары арқылы қару-жарақ табуға келісілген еді. Бұл жолы Жәлел 3-ші, 4-ші батальондардың майданға бармайтындығын, оның жауынгерлерін немістер Белоруссиядагы халық байлығын Украина мен Германияға жөнелтетін товар поездарына күзетші ретінде пайдаланатындығын ескертті. Енді осы поездардан қызылдарға өткісі келетіндерді тауып, солар арқылы кеңес әскерімен, партизандармен байланыс орнату керек деген пікір айтылды.
Фашистер де қарап жатпады. Нәтижесінде бүлікшілердің жоспары, оған тікелей кім-кімдердің қатысы бар екендігі күні бұрын анықталып, батальондардың қарулы көтерілісі жүзеге аспай қалды. Оқиға былай өрістеді. Шілде айының соңында Ғ. Құрмаш, Ғ. Баттал және М. Ямалутдинов үшеуі Берлиннен көтеріліс басталатын күні, 14 тамызда, лагерьде таратылуға тиісті листовкаларды әкелген. Мұны сатқын Махмұт Ямалутдинов немістерге хабарлап қояды, сөйтіп топ мүшелерін қамауға алу басталады.
Мұса Жәлел 1943 жылдың 10 тамызында Радомда абақтыға жабылады. Келесі күні Радом, Едлин, кейін басқа лагерьлерде — Берлинде, Познаньда, Свинемюнде, Вустрауда, Гамбургте, Германия мен Польшаның басқа аудандарында — күдікті дегендерді жаппай тұтқындау қолға алынады. Мұсаның майдандас, пікірлес жолдастарының бәрі ұсталып, темір торға қамалады.
Польша лагерьлерінде ұсталган легионерлер түгелдей ең алдымен Варшавага әкелінді. Түрмелер татарларга лық толды, тоқтаусыз жауап алу, ұрып-соғу, азаптау, қорлау күндіз-түні жүргізілді.
Тергеушілер осындай қиямет-қайымды басынан кешірген Мұса Жәлелдің қолын сындырып салбыратып тастайды, бүйрегін зақымдайды, денесін резеңке таяқпен ұрып, тілім-тілім қылады. Шашын ағартып, қан түкіртеді. Ал бөлшектеніп уақталған саусақтары тіпті бүгуге келмей қалады.
Варшавадағы және басқа жерлерде абақтыға жабылғандар кейін Берлинге жеткізіледі. Үйымның басқа мүшелерінің аты-жөнін анықтау үшін олардан тәулік бойы үздіксіз жауап алады. Дей тұрсақ та, аштыққа, қорлық-зорлыққа қарамастан бүлік жасаушылар ешкімді ұстап бермейді.
Дрезденде өткен сотта бәрі өлім жазасына кесіледі. Мұса Жәлелмен Маобит, Тегель, Шпандау, Дрезден түрмелерінде отырған татарлардың бірде-біреуі тірі қалмайды – 1944 жылдың 25 тамызында ақынмен бірге фашист жендеттерінің қолынан қаза табады.
* * *
Жүрек жырлайды. Ат басына күн туып, ауыздығымен су ішер, ер басына күн туып, етігімен су кешер заман туғанда да Мұса Жөлел сияқты ержүрек азамат ата жауымен күресін тоқтатпады. Абақтыда, темір тор ішінде жүріп-ақ отты жырларын жазып жатты. Ақын жүрегінің терең түпкірінен шыққан әрбір жыр жолы, әрбір сөзі фашист жендеттеріне оқ болып атылды. Ақынның «Маобит дәптері» бұган куә. Мәселен, «Жырларым» деген өлеңіндегі:
– Жырымнан от тұтандырдым гүрлетіп,
Айттым жүрек, әділеттік қосқанды.
Жырымменен жеңдім жауды күйретіп,
Жырымменен аяладым достарды, – деген жолдар бұл ойымызды қуаттай түспей ме?
Осыған орай «Маобит дәптерінің» елге қалай келгенін қысқаша сөз еткеннің артықшылығы жоқ сияқты. Бізге ақынның түрмеде жазған екі дәптері жетіпті. Оның біреуін бұрын Маобит түрмесінде отырған Шарипов Францияның Ле-Пьюи лагерінде жүрген кезінде әскери тұтқын Нығымет Төреқұловқа береді. 1946 жылдың науырыз айында Қазанға келген Н. Төреқұлов Мұса Жәлел мен Абдолла Әліштің (Мұсамен бірге қаза болған) жазбаларын Әліштің жесірі Р. Түлпәноваға, ол Татарстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы А. Еріковке тапсырады.
Екінші дәптерді М. Жәлел өзімен камерада бірге отырған бельгиялық азамат Андре Тиммермансқа берген көрінеді. Ал Андре болса оны жеке мүліктеріне қосып, еліне жіберіп, сонда сақтайды.
1947 жылы соғыс аяқталған соң ақын аманаты Брюссельдегі совет консулдығына тапсырылады. Ақиқатына келсек, біз үшін «Маобит дәптері» қиын-қыстау кезеңде неміс басқыншыларына қарсы өлеңмен оқ жаудырған кеңес патриотының қимыл-әрекетінен сыр шерткен тарихи құжат іспетті. Біле білсек, оның бүгінгі жастарға отаншылдық, патриотшылдық сезімді насихаттауда, ерлікке, батырлыққа баулуда атқаратын рөлі зор деп есептейміз. Өйткені аты аңызга айналған Мұса Жәлелдің түрмеде жүріп жазған бұл туындыларынан оның қара түнек жойқын күш – фашизммен бітіспес күресін, өмірге құштарлығын, еліне, жеріне, туған халқына деген ыстық ықыласын, шексіз махаббатын сезесіз. Ақынның жыр жолдарынан оның қиыншылыққа, ауыртпалыққа, сәтсіздікке бас имейтіндігін, бұл шайқаста өз отанының жеңіп шығатындығына кәміл сенетін есіл ердің өр тұлғасын, асқақ бейнесін көргендей боласыз. Оны айтасыз, автор біз жауды қайтсек те қиратамыз, құртамыз деп ән де салады:
Дұшпанды қумай елімнен,
Қиратпай өз жерінде
Біз қайтпаймыз үйге де.
Ей, қыздар,
Қарындастар,
Біз қайтпаймыз үйге де.
Фашист түрмесінде қорлық-зорлық көріп жүрсе де ақын жүнжімейді, еркіндікті, бостандықты аңсайды, жауға қарсы күрес ісін, жеңіс қамын бірінші кезекке қояды. Ақын әуелі қарлығаш, сосын алтын балық немесе арғымақ болып желдей жүйткіп ұшып, жүзіп, үйіне, туған еліне, жарына, жалғыз қызы Шолпанға жетсем деп армандайды да, соңында сол сағынышты өзі жеңіп:
Жоқ, әуелі бір тілек —
Басымда ерік болса тек,
Қылышым болса қынымда,
Карабиным қолымда,
Қорғап сені, туған жерім,
Мен ерлерше өлер едім
Атақты айқас қырында, – дейді «Басымда тек ерік болса» атты өлеңінде.
Ақын «Ашынғанда жазылған жолдар» өлеңінде отанға деген жүрек сезімін:
Жасаймын, елім, мақтаның болам,
Арнаймын соңғы соғуын жүрек.
Өлдім деп туған ел үшін балаң,
Жұмса да көзін, айта алса керек, – деп білдіреді.
Түрмеде жазылған жырларды Мұса Жәлелдің отанына жеткізген ақынның бельгиялық адал досы Андре Тиммермансқа арнаған жыр жолдары назар аударарлық. Менің қайғылы ойлар мен кір шалмаған таза жүрегім болмаса үйім, бақшам, еркім де өзімде емес, қазір мұнда саған сыйларлық еш нөрсем жоқ дейді Мұса. Сондықтан саған жүректің жаз гүліндей жырын сыйға тартамын. Әрмән қарай ақын:
– Өзім өлсем, атым мен жырым өлмес,
Жаңғыртып ел төріне барып жетер.
Тұтқын болған көңілден достығымды
Гүл атқан жүрегімнен әңгіме етер! – деп ағынан жарылады.
Қалай десек те, Мұса Жәлел өлімі жыр болып та, өмір болып та жаңғырып, адамзат баласының рухани өміріндегі мәңгілік қүндылықтар қатарына қосылғанын мойындауымыз қажет. Жыр өлмейді деген осы емес пе?