Гүлзат НАРЫТБЕК. САЯ

Мен оның көңіліне сая болғым келетін. Сол үшін уәде бергенмін. Қашан екені есімде жоқ. Мүмкін бес жыл, мүмкін алты жыл бұрын… әйтеуір бірталай уақыт өткен. Сол сәт оның қиын тағдырын ерекше сезіндім бе екен, әлде алдыма жылап келгенде жұбату үшін айттым ба:
– Кейі-і-ін, оқу бітіріп, жазушы болғанымда сен туралы жазам, – дегем. Жазушы болу үшін оқу бітіру міндет деп ойласам керек. Алайда жазушылықтың қандай арнайы оқуы бар деп есептегем-ау. Жарайды, сонымен… Енді ойлаймын ғой, сол кезде осы уәдені беріп жатпай-ақ, үйге кеп қолыма қағаз-қалам алғанымда жақсы туынды шығар ма еді деп. Не десем де бірге жүрген кезеріміз көп еді ғой, сырымыз да, шынымыз да кеңінен шертілетін. Оны өте жақсы танушы ем. Ал қазір айтатыным өткен шақтың еншісіндегілер ғой. Естен шыққаны бар, сананың түкпірінде жасырулы жатқаны бар… Десе де араға осынша уақыт салып, еске түсе толқытқаны тегін емес шығар деймін…
Әке-шешесіз өсті. Кәрі апа, ащы суға үйірсектігінен өзге не білімі, не сауаты, не жұмысы, не құрған отбасы жоқ, қарындастарының мемлекеттен бөлінетін көмек қаржысына телмірген нағашы екі ағасы бар. Қайдан оңа қойсын, ауыр тағдыр иелерінің бірі-тін. Пікіріміз, ойларымыз, сөздеріміз үнемі бір жерден шығатын. Тым ұқсастығымызға өзіміз таң қалушы ек. Үй шаруасынан қолымыз қалт етсе, мен оған, ол маған құстай ұшатынбыз. Әңгімеміз таусылмайтын. Туған бауырыңмен келісе алмай қалатын сәттер болады ғой. Ал онымен шәлкем-шалыс келіп қалғаным тіпті есімде жоқ. Болашағымыз бұлыңғыр болса да, «арамыз ешқашан алыстамайды, қай кезде де осы жақындығымыз сақталады» дегенге қапысыз сенетінмін. Екеуміз де достығымыздың тек шынайылықтан тұратынын білетінбіз. Сонымен мақтанатынбыз да. Осыншалық жақын болған адамыңмен бет көріспей кету мүмкін деп ойлайсыздар ма? Жоқ дейсіз бе? Мен де…
Осы біздің ЖАРАТУШЫ емес, жаратылыс екендігімізді естен көп шығарып алатынымыз-ай…
Кешке тірлігімді бітіріп, бес үй жоғары оған тарттым. Шарбағынан ішке енгенімде алдымнан апасы шықты. Амандасып үлгермедім, дауысы дірілдеп өзі сөйлей жөнелді:
– Аналар бүгін де ішіп кепті. Қолы сыңғырдың біреуі тағы ұрған ғой дейм… Гүлдарханның үйінен келсем, жылап шығып барады екен. Тоқтата алмадым. Саған барды екен десем… Тапшы айналайын. Екі кештің ортасында қайда кетуі мүмкін? Мына жел де үдеп кетті ғой. Бірдеңеге ұшырап қалмаса болғаны…
«Уайымдамаңыз» деп, қалың киімін алдым да жүре бердім. Қайда баратынымды жақсы білем. Жалғыз болғысы кеп тыныштықты қалағанда сонда барады. Қазір де сол жерден табылатынына сенімдімін. Аяғымды жылдам басып, бәрі, әсіресе балалар қорқатын, көшенің ең шетіндегі иесіз үйге беттедім. Барлық балалар секілді мен де ол үйден айналып өтетінмін.
«Қарғыс атқан үй» дейтінбіз. Неше түрлі аңыз-әңгіме құрастырудан жарысатынбыз. Асыра сілтеушілер ол үйден көздеріне әлдене елестегендерін айтатын. Кішкене шақалақ көтерген жас келіншек тұрады-мыс. Баласын қызғанған елес-әйел ол үйге жақын барғандардың бәрін өлтіреді екен дейтінбіз. Үлкендердің айтуынша, ертеректе ол үйде жас отбасы тұрған екен. Ертерек дейтінім – көшенің қариялары да онымен аңыз күйінде танысқан. Қалыңдықты айттырып қойған өзге жігіт болса да сүйгенімен бірге қашып осы ауылды паналапты. Алғаш келген уақыттарда елеңдеп күн кешкен олар арада жыл өткенше ешкім мазаларын алмаған соң, арқаларын кеңге салған екен. Сонша ай тыныш қалдырғандар енді іздеп келмес деп ойласа керек. Бұл уақытта өмірге тұңғыштары келеді. Жігіт ауылдағы бір байдың жылқысын бағып күндерін көрген. Бақытты өмірлері жалғасып жатқанда аяқ астынан жігіт қаза болады. Біреулер «сабап өлтірген» дейді. Біреулер «пышақ салған» дейді. Көзбен көрген ешкім жоқ, аңыз бойынша оның қасақана өлтірілгені ғана мәлім. Және қылмыстылар қалыңдығын айттырған ру екені анық. Ал олардың неге кештетіп әрекеттенгені жұмбақ. Көз жасын көлдетіп күйеуін жер қойнына тапсырған келіншек оның ұрпағын жеткізуді ғана ойлап, белін бекем буған. Жарының қазасының қайдан келгенін білетін келіншек қатты мазасызданса да, қазақ әйеліне тән қайсарлықпен алға ұмтылады. Күйеуін өлтіріп, енді өз аяғымен табалдырығымызға келеді деп күткендер ойлағандары орындалмаған соң баласын тартып алмаққа әрекеттенеді. Перзентін қорғап, сол жолда Ана да ажал құшады. Ал кішкене шақалақтың тағдыры белгісіз. Сан-саққа жүгірген болжамдар бар.
Көзімді байлап, «күшті жерге» апармақшы болған оған еріп, дәл сол үйдің жанынан шыққанымда қалтырап, буын-буынымнан әл кетіп, жылауға шамам келмей қалған. Кіп-кішкентай болып ол үйге өзі ғана қалай кірген? Таңданысымда шек жоқ. Ал кейін ол үй менің де жабырқаңқы көңіл-күйім мен көз жастарымның куәсіне айналды.
Егіліп отырған оның үстіне әкелген сырт киімді жаптым да, қасына отырдым. Бәріміз жыласақ екіншіміз жанында үндеместен отыра беруге келісіп алғандай үнемі солай етеміз. Жылаған адамның алдымен тілге келуін күтеміз. Ол қатты жылады. Өте қатты жылады. Шашынан тартқылаған ба, самай шаштарының түртері қанталап тұр. Құлар халге жеткен ескі үйдің терезесінен, тесік-тесігінен уілдеген жел демде-ақ қалтыратып жіберді. Менен бұрын келген оның тісі сақылдап барады.
– Оранып отыратын қалың көрпе, киім әкелемін, – деп күбірлей орнымнан тұра бердім де, «Келме!» дегенінен жалт қарадым. Бір нүктеге қадалып отыр екен. Қазіргі күйінде айтқан сөзі тұрмақ, істеген ісіне де жауап бере алмауы мүмкін екенін білгендіктен ештеңе естімегендей есікке бара бердім.
– Келме дедім ғой саған! Келме! Естімейсің бе?! Келме! Сен-ақ бәле болдың ғой!.. Кет? Келме! Көргім келмейді сені! Қатысың жоқ жерге араласасың да жүресің үнемі…
Ашумен айтқан десем де, көңіліме уға малып атылған жебедей қадалды. Басында өзімді ыңғайсыз сезінгеніммен, артынан ашу қысты. «Сипағанды білмейтін сиыр» дедім іштей. Ашулансам да бір мазасыздық билеп, жылағым келді. «Расымен жек көре ме, әлде… Онда сонша сөз айтпайтын еді. «Сен-ақ бәле болдың!» деді ғой. Сонда осыған дейін қалайша өтірік күліп жүрген бетіме?!» Мың түрлі ойлар миымды шарлап жүріп алды. Мәңгірген күйімде атамның қалың шапанын апарып иығына жауып қайта шығып кеттім.
Өмірде біреуді толық танып білдім деу бекер екен ғой. Өтірік. Бәрі өтірік. Бәрі жасандылық. Осы уақытқа дейінгі шынайы көңілі қайда? Бүгінгісі не? Қалайша жек көріп тұрып жақсы көргендей рай таныта алуға болады? Иә-білем, ондай сәлемі түзу жандар арасында көп кездеседі. Бірақ, біз ше… жан құрбы санамаушы ма едік өзімізді? Мұндай қатынаста да көлгірсу болушы ма еді?! Бұлай ету неге керек болды саған?
Екеумізге қарап қалған ештеңе жоқ қой, ауылдың күні әдеттегіше күйбең тірлігімен мимырттап өте берді. Күніне әйтеуір бір көрісіп сөйлесетін онымен екі айдай бұрынғы әлгі оқиғадан соң арамыз сап тиылған. Өзін сағындым да…
Қыстың қақ ортасы. Қақаған аяз. Уілдеген жел. Оның кенет ауырып, аудандық ауруханаға жөнелтілгенін естідім. Уайымдадым – жағдайын көзбен көріп, өзінен сұрауға бармадым. Қатысым жоқ нәрсеге араласпаймын, ең болмағанда ауруханада менен «құтылсын» дедім де, «Жағдайы ауыр екен» деп естіген соң, шыдай алмай жол тарттым. Осы жолы «кет» десе бәрі бітеді деп буынғам. (Онсыз да бітпеген не қалды?) Жылады. Мені көріп. Ал менің қырсықтығым ұстады. Еркімнен тыс.
– Кешір. Бірақ олай айтпағанда сен кетпейтін ең. Кетпеген соң қазір менің қасымда жатар едің…
– Сонда мені ойлағаннан сонша сөз айттым дегің келе ме?
– Сенбейтініңді білем…
– Бәрінің беті ашылған соң енді ақталудың керегі жоқ…
– Сол жерде үсіп өлсем деп ем, қайда екенімді апама айтып қойыпсың…
– Мені кінәлап тұрсың ба?
– Иә. Ақыры ренжіген екенсің, жаның ашымауы керек еді…
Үндемедім. Жылағым, құшақтап сағынғанымды айтқым келеді. Оның да мендей күй кешкенін білем. Ол да білді менің хәлімді. Алайда екеуміз де иілмедік, сыртқы суық қалпымызды сақтай қоштасқанбыз…
Әупірімдеп жазылды. Ауруханадан шықты. Алайда әбден дендеп алған суық ағзасын әлсіретіп-ақ тастаған екен. Қит етсе ауырып қалатын болған. Түрлі дәрілердің көмегімен ғана кеудесін тік көтеріп жүре алды. Бәрінен хабардар едім. Сырттай. Онымен арамыздың бұрынғыша болғанын қаласам да, бұлай ауруына әлгі суық кештің қатысы көбірек екенін білсем де, «мені қумағанында осы күйімде сау болмас едім-ау» десем де, (мені неге қуғанынан өзге) бәрін-бәрін біле тұра басымды үйіне бір сұққам жоқ…
Қушиған сүреңсіз ағаштар желегін жамылып, көктемгі желмен маңғаздана баяу тербеледі. Ары-бері қозғалған бұталарда шықылықтаған құстар әні құлақ тұндырады. Осы құстарға қосылып мектеппен қоштасу әнін шырқады. Арамызда сол күздегі салқындық сақталып қалған. Екі тараптан да жақындауға қадам басылған жоқ. Сыныққа сылтау таппай жүргендей сол күйі ара суыттық… Оқуға кетті… Үйінде үздігіп күтіп жүрген ешкім болмаған соң ауылға тым сирек келетін. Келгенінде арнайы көріспесек те күтетінмін, ауылға жиі келгенін қалайтынмын. Оның ауылда екенінің өзі маған жететіндей. Іштей үйіне барғым келетін немесе оның маған келгенін қалайтынымды неге жасырайын?..
Араға жыл салып оқу жайымен мен кеттім ауылдан. Екеуміз екі қалада. Бір уақытта ауылда болуымыз жоққа тән. Олай шыққанның өзінде өзгерер ештеңе жоқ. Енді оның да, менің де жаңа ортамыз бар. Сол ортадан жанына жақын құрбы табылмайды дейсіз бе? Маған да жолықты. Бірақ бәрібір… Орның бөлек еді…
P.S. Мен тек сенің жаныңа сая болғым келген…
Сенің ше, Сая?..

ҚЫЗ СЫРЫ
(монолог)
Қыз сыры – ішінде
Естілмес сөзінен.
Қыз сыры – ішінде
Көре біл көзінен.
Сазынан,
Назынан… Ж. Молдағалиев

…Сабыр, жүрегім, сабыр! Теңіздің асау толқынындай тулай бермей тынышталшы! Неге өзгердің? Қалай өзгердің? Баяғы моп-момақан, түк сезбес қалпың қайда қашып кеткен? Өзіңді қалап, сен дес бермеген соң алдында еңіреп жылаған ер жігітті көргеніңде де селт етпеп едің ғой. Енді… мынау қайткенің? Оның жылауы былай тұрсын, бетіме қарап сөйлемесе де, кездесіп қалған кездерде мойын бұрмастан паңданып өте шықса да, тіпті өзі көрмей-ақ есіме алсам, аузымнан атып шығардай болып алқынасың, кеудемді керіп, жарып шығардай тулайсың. Неге?..
Сегіз жыл бойына бүлк етпеген сені «бүлдірген» бұл дерт екеумізге де оңай соғып жатқан жоқ. Маған да қиын. Толқымашы! Сен бұлай бұлқынғаныңда жаным қатты, өте қатты ауырып кетеді. Сосын сен денемнен шығып бәрін-бәрін «айтып» қоятын секілденесің… Сол үшін де сол жақ кеуде тұсыма қолымды жиі апарып, сыртыңнан еріксіз басамын… Оған сезім сергелдеңімді сездіргенше, осылай сенімен «арпалысқаным» мың есе артық емес пе? Жауап берші, жүрегім? Білемін, өте ауыр. Сызданғаныңда бар әлемнен баз кешіп кетемін. Кең дүние иненің жасуындай ғана болып, жанарымнан мөлдір тамшылар мөлт-мөлт сырғанайды. Тамған әр жасыммен бақыт, наз, сығыныш, шер, астасып жатады… Бірақ мені де түсінші! Мен нәзік қызбын ғой. Өз болмысымнан қалайша асып кетемін? Ақ жаулықты ақ әжемнің тәрбиесінен қалайша аттап кетемін? Сабыр етші?! «Сабыр – сан жараны жазатын ем» деген ғой, мүмкін жазыларсың, мүмкін оңала алмассың… Сонда да сабыр сақташы… жанымды ауыртпашы…
Аға! Менің жүрегіме не істедіңіз, айтыңызшы? Бұл құрғыр ешқашан біреуге түгілі бұрылуға талпынбаған да еді. Мынау қайткені? Қайткеніңіз? Өзгелермен «жұмысы» болмай тымпиып қана тып-тыныш ұйықтап жатқан жүрегім, тіпті өз иесі – маған да байқатпастан, сізге «кетіп» қалғаны қалай? Қалай ғана байқамағанмын? Тынысым тарылып, маза кетті ғой менен. Осылай да болады екен-ау?! Таң қаламын, аға! Қандай «құдіретіңізбен» «қырсықтырдыңыз?» Әлдилеп, бұрынғы бесігіне бөлеп, мамыражай тіршілігіме оралайын десем, «маубасыма» «ұйқыдан» да сіз «тәтті» болып тұрсыз ғой!.. Жүрегімнің тыныш өмірді талақ етіп, «аласапыранға» қойып кеткен себебін ұға алмадым… Қуанышынан гөрі мұңы басымырақ болса да, өзіне осы күйі ұнайтын секілді… Ал, сіз… сіз тек жүрегімде ғана емес екенсіз, аға! Сіз сенің миыма да «орналасып» алыпсыз! Ойпырмай, бір сәтке болсын есімнен шықпастай не істегенсіз?! Ойлап қанша жабықсам да, сіз есіме түскенде езуіме күлкі үйіріліп еріксіз жымиямын: қинап тұрып қуантасыз, мұң сыйлап тұрып шаттыққа бөлейсіз! Не құдірет бұл?! Жаным қанша ауырса да сізді жек көре алмаймын, аға! Неге? Неге «Ей!» деп қолымды бір сілтей салмаймын? Неге?!
Мейлі ғой… мейлі… Мойындадым… Көндім… Басқалай жасар амалым, қолымнан келер іс жоқ… Ерікті бола тұра еріксіз болуды енді ұққандаймын. Сіз мені жалғыз ауыз сөзіңізбен, секундтық көзқарасыңызбен «өлтіріп-тірілтетініңізді» білесіз бе? Білмейсіз, онда айтайын, менің «өмірім» сізге, сіздің сөзіңіз бен қарасыңызға байлаулы екен. Өзім де сенбедім. Сенгім келмеген. Ал қазір… «өлдім» де, «тірілдім» де…
Қанша жасырғым келгенімен, сіз менің сезімімнен хабардарсыз, аға. Солай ма? Әбден мүмкін! Өзіңізді көргенде сабырсыз қалыпқа түсетінімді, айтқан сөзіме, істеген ісіме жауап бере алмай тұрған кейпімді талай көргенсіз. Бұл айтылғандардан бұрын бал-бұл жайнаған көздерім-ақ бар құпиямды жайып салады ғой алдыңызға… Сезесіз. Білмесеңіз де сезесіз. Сезбеуіңіз мүмкін емес!.. Мүмкін емес…
Ал, мен сіздің көзіңізден не көретінімді білгіңіз келе ме?..
Айтпай-ақ қояйын!..

Пікір қалдыру