Тағдыр
Тағдыр қатал, дегеніңе көнбейді,
Әрқашанда өз үкімін жөн дейді.
Қапылыста жараланған жаныңды,
Уақыт деген ұлы емші емдейді.
Тағдыр талай, таптағанда иықтан,
Жол іздедім шығатұғын тұйықтан
Сүрініп қап… жыласам, я күрсінсем,
Қатал тағдыр күле қарар миықтан.
Өмір өткелі
Өмірдің өтіп өткелін,
Кезіппіз талай қиырды.
Қош айтқан жаз бен көктемім,
Сыйлыққа тартып күзімді.
Егделік ашты есігін,
Қарттықты үйге түнетем. Жастығым – өмір көшінің,
Жайқалып тұрған гүлі екен.
Күндердің қазір бұлты көп,
Салады күздің әніне.
Тағдырым талай сілкілеп,
Басымнан өтті бәрі де.
Кім ұғар айтсам, мұңымды,
Зулатты жылдар бұлғап қол.
Ұрпағым менің бүгінгі,
Түсіне алмас, жұмбақ сол.
Сандаған жылдар легі кеп,
Адамды уақыт тонады.
Қартайсаң, мұң да көбірек,
Бәрінен көңіл қалады.
Үмітімді үзгем жоқ
Әлі маған төгеді күн шуағын,
Шыңға шығып, таудан түсіп келемін.
Ақ бұлаққа ақ жүзімді жуамын,
Көкіректе күмбірлейді өлеңім.
Тілегім көп еді менің тағдырға,
Көбі соның қабыл болып, қуандым.
Жетпіске де таяп жақын қалдым да,
Қандай сыйын тарту етер мынау күн.
Қолда барға қанағат қып күн кештім,
Маңдай термен есейтіпті бізді еңбек.
Қарттығыңа аяқ бастым деп, тіпті,
Келер күннен үмітімді үзгем жоқ.
Муза әлдиі
Пырақ мініп,
Муза әлдилеп,
Жыр ұрттап,
Жеткізбейді
Ұщы жоқ ой-суыртпақ.
Қандай рахат!
Таңды қарсы ап ұйқысыз,
Өлең жазсаң.
Қиялыңа құрық сап.
Өрімдерін
Қиыстырып өлеңнің.
Күтпеген бір
Қуанышқа кенелдім.
Жан сырымды
Ақ қағазға түсіріп,
Балаға ұқсап,
Алақайлай жөнелдім.
Жадымда әлі
Жылы сөзің, лебезің.Сыңарым сен,
Дегем сені егізім.
Қайда кеткен
Көңіл сазың көктемгі,
Бір жалт етіп,
Сөнді ме әлде сезімің?
Арғы бетте,
Тұрғандайсың өткелде,
Қош айтыпты
Сол бір жасыл көктем де.
Үнсіз ғана
Өзіңді ойлап отырам,
Сағыныштың
Самал желі ескенде.
Еһ, қалқатай,
Тауыспашы төзімді,
Сөндірмеші
Сағынышыма айналдың,
Аңсауменен,
Өтер ме екем өзіңді?
Құс қайтып барады
Көп болды өзімді көрмедім,
Сағындым, сарғайдым.
Арманым едің ғой сен менің,
Аяулы ардағым.
Сен едің көктемім шуақты,
Мөп-мөлдір ақ нөсер сияқты.
Нұрлымсың, нұр күнсің мен үшін,
Өзі де, сөзі де тұрақты.
Белгісіз қалды артта өткен күн,
Өзіңсіз сәні жоқ көктемнің.
Есіңе алдың ба іздеумен,
Қызығын бірге өткен кештердің.
Жалғызбын –
Құс қайтып барады,
Ақ қайың сені еске салады.
Сүйемін деп айтып, нұрлым-ау,
Ұмытып кетпесең жарады.
Ардакүрең
Ғалым Жайлыбайға
Ардакүрең,
Алда кілең келесің.
Елемедің
Дауыл менен жел өтін.
Сарыарқаны
Дүбірлетіп жүйткідің
Қол соғады
Халық деген төрешің.
Ойға баттың
Болашақтың қамы үшін,
Қамшыладың қазағымның намысын
Күй естимін,
Жырларыңды оқысам,
Еске аламын,
Домбыраның қағысын.
Тілге ұстасың.
Әрбір жолың нақылдай,
Тек шындықты
Өлең еттің жасырмай.
Күндіз-түні қаза бердің ой кенін,
Сөз асылын
Қалай таптың, апырмай!
Әспеттедің
Дәстүрімді, салтымды,
Жыр отына
Жылындырып әр күнді.
Інім едің,
Жырдың отын жаға бер,
Өлеңіңмен
Сүйіндіріп халқыңды.
Өнерсіз өмір жоқ
Өнері жоқ адамның,
Ән мен жырда несі бар?
Өлең – кілті ғаламның,
Екендігін есіңе ал.
Өнері жоқ адамның
Мүсінді де, сүреті де несі бар!
Түсінбейтін адамның
Надандығын есіңе ал.
Өлең айтпа наданға,
Қайдан ұқсын сезімді.
Кінә тағып табанда,
Айыптайды өзіңді.
Жыр оқысаң жақсыға,
Жақындайды қасыңа.
Көңілдері – ақ тұма,
Бақ сыйлайды басыңа.
Жүрегімді тербеген,
Жатыр жырдың шаңы ұшып.
Өлең ұқпас пендемен,
Өтер ме екем алысып?!
Заманың да,
Қоғамың да өтпелі,
Өмірің де
Кейде өзіңе өкпелі.
Дүние жоқ
Таусылмайтын шет-шегі,
Ішкендерміз
Социализм сарқытын,
Кінәлама
Ескішіл ғой деп мені.
Қоғам бізге төңкерісті дәріптеп,
Ленин атын
Үйрендік біз әліп деп.
Іріп-шіріп
Жатыр деді шет елді,
Осы сөзге
Жүрдік іштей қарық боп.
«Капиталист –
алып-толған» деді олар.
Екі жүйе
Жүрді тартыс, додалар.
«Адалмыз, – деп, –
Біз ісіне Лениннің!» –
Тақ-тақ етіп айтушы еді балалар.
Қалды артта
Қасіреті мол ғасыр,
Лениннің де
Керек болмай қалды ақыр.
Тәуелсіздік
келгеніне қуандық.
Ұрпақ үшін
Еркін, даңғыл жол жатыр.