Айгүл ЕРМЕКОВА. Туған жер толғауы

Жыр бесігім – Тайсойған

Тайсойған – әнің бөлек, жырың бөлек,
Арайлап, атқан таңың күнің бөлек,
Әлдилеп, құндағыңда мені өсірдің,–
Бәйгеден әрқашанда бұрын кел деп.

Судырың, ажырығың, қылаңқұйрық,
Ұшады, тас төбеңде қыран биік.
Желкегің, желкілдеген солқылдағың, –
Бауырыңда жатқан аунап, құлан, киік.

Сарымия, топ-топ еркек, гүл жапырақ,
Табады, жыңғыл, дүзгін –
құмнан тұрақ.
Өзіңді жердің нәрі – Тайсойғаным,
Аруағы ата-баба – жүр бақылап.

Ой, шіркін, зәмзам суың, қайнар бұлақ,
Бір жұтсаң, өнбойыңды арбап алат,
Құмаршық, балдырғанмен, шие бөрі, –
Жатады, пісте өрік – жерде сұлап…

Қарақат, тарғақ теңбіл, қой жуасы,
Сарымсақ, түйе жапырақ-ай қынасы.
Жыр төкті қақ төріңде –
Айтмағамбет,
Сазына құлақ түрген –
Алты Алашы…

Ойылдың көз жасы

Мен, мен едім, мен едім,
Арнам толып аққанда,
Қай өзеннен кем едім,
Салыстырып қарасам,
Ертіс, Есіл, Ақ жайық,
Бәріменен тең едім.
Мұғалжардан бастауым,
Ақ көбік боп ағып-ем,
Өткенше уақыт қас-қағым,
Межелі жерге барып-ем,
Қандыағашты оралып,
Шұбар соғып жолшыбай,
Көкжар құлап таралып,
Шұбар ши шықты қарсылай,
Күміске суым баланып.
Тайсойғанды жайнатып,
Ортасынан өтіп-ем,
Ат шаптырып тойлатып,
Саркөлге өтіп кетіп-ем.
Ақ балығым, аппағым,
Ақ сазаным, мақтаным,
Алабұға, сарытабан,
Шоршымай тыныш жатпадың,
Құлаш-құлаш сары сазан,
Мәртебемді сақтадың,
Көксауыр шортан секіріп,
Су түбіне бекініп,
Алып жайын ойнақтап,
Жүзуші еді лепіріп.
Енді, міне, нем қалды,
Қасіретпен тең болды,
Арна жатыр, суы жоқ,
Қоға жатыр, нуы жоқ,
Кепиетсіз адамдар,
Беттерінің нұры жоқ,
Мұғалжардың бар суын,
Бөліп-бөліп алыпты,
Шалқар көлдің балшығын,
Беттеріне жағыпты,
Байлар мәз боп алшаңдап,
Қара халық тарықты.
Заңсыз, сірә, елміз бе,
Басқалардан кембіз бе?
Өзен құрғап, су қашып,
Ауыз салдық теңізге…
Кешегіміз анадай,
Бүгінгіміз мынадай,
Тандырым кеуіп қалған соң,
Қайтейін, енді, жыламай,
Ой-хой, дүние жалған-ай,
Өзегімнің талған-ай,
Балық та жоқ, су да жоқ,
Қайтейін, енді, зарламай…

Жалғыз бөкен

Бөкен жортақ, ескі әдіс, жортып келем,
Жалтақ-жалтақ, қараймын, қорқып келем.
Қыр астынан зу етіп шыға ма, – деп,
Қорқыныш пен үрейді ертіп келем.

Жалғыз қалдым, жапанда қайтем енді,
Баяғыны әндетіп айтам енді.
Ей, адамдар, мен жалғыз, сендер көпсің,
Атып алып жүрмеңдер, байқа мені.

Жортып келем, шеті жоқ, маңғаз дала,
Маңғаз дала, мен қалдым, жалғыз ғана.
Кеуіп қалды, таңдайым жұтым су жоқ,
Қылтияды көгеріп жалбыз ғана.

“Ой, шіркін-ай, баяғы дәуренім-ай,
Қаптап, қаптап, жүретін төлдерім-ай.
Сол күндерді көре алмай, ой, дүние,
Оң қолтықтан оқ тиіп, өлгенім-ай”

деп анашым, тұяғын серпіп кетті,
Күллі денем, дірілдеп қорқып кетті.
Өрнегінен өмірдің жәрдем күтіп,
Ақсақ бөкен келді де, ертіп кетті.

Арман еді, сол күндер, арман еді,
Ақсақ бөкен арманды жалғап еді.
Жан тапсырып, бір күні ақсақ бөкен,
Айдалада сүйегі қалған еді.
Жылап, жылап, мен байғұс жалғыз қалып,
Кірпік қақпай өткізген таңдар еді.

Жортып келем, көрсем деп Тайсойғанды,
Тайсойған деп талайлар ән салған-ды.
Өзге жерден жортқан ақ бөкендер,
Тайсойғанға бас сұғып тамсанған-ды.

Ауып кетіп, қуғынмен туған жерден,
Кіндік кесіп, белімді буған жерден.

Аман-есен бір жетсем, Тайсойғанға,
Бір өзі, бір дүние, тұнған әлем.

Қанша жорттым, бір бөкен жоқ жолықпады,
Содан болар жанымның торыққаны.
Иісін сездім, туған жер Тайсойғанның,
Қақ төбемде қыран құс қалықтады.
Әне, әне Ойтаңның ойпаңы,-деп,
Көкірек-көзім, апырай танып қалды.

Ай нұрына қыздырынып

Көңілімді аспандатып,
Сезімімді астарлатып,
Өлең жазсам, ой, ой, шіркін,
Бұл мен үшін асқан бақыт.

Санам менің сарқылмаса,
Отпен ойнап, жарқылдаса,
Арманыма ой жүгіртсем,
Көкірегім алқынбаса.

Терең-терең күрсінбесем,
Елім тыныш болсын десем,
Өрісімді өлең торлап,
Өзге өлкелер көрсін десем.

Ақша бұлтқа төркіндесем,
Мен жырлайын, сен тұр десем,
Ай нұрына қыздырынып,
Самал желмен желпінбесем,
Несіне әуре боламын!

Пікір қалдыру