Біз кешегі Жас ұлан едік
( Қайролла Кәженовқа және өзге де
үзеңгілес серіктеріме)
Он бес жаста ұлы іске бекіндік те,
Тепкі көрдік Кеңестен,
Өкіндік пе?
Қазір осы қоғамға наразы көп,
Өкпелі де аз емес әкімдікке.
Бекзат елім, тектіге құмар елім,
Тентек болсам тұрқымды
сына менің.
Желі арқылы ренжіткен азаматтан
Өлеңіммен кешірім сұрап едім.
Балалар бар тек кеше өмірге енген,
Төрге озуға әлден-ақ көңіл бөлген.
Соның бірі желіде шу шығарса,
Дабыл қағып даурықпа тобыр келген!
Бір өкпелі өңмеңдеп «қораға» кеп,
Желбуаз сөз үрлесе бола ма бек?
Беделділер деуші еді: «Жәбір көріп
Қорланғандар жүреді зонада тек»…
Біз жайында жас ұрпақ
сұрасын көп,
Тұрмыз әбден шыңдалған шын
асыл боп.
Бұл қоғамның алғысы болмаса егер,
Дәл біздерге артатын кінәсі жоқ!
Елтаңбамды торласа қасірет шын,
Тас төбемнен ажал боп жасын
жетсін!
Ақтық сәтте Көк туды желбіретіп,
Бірге өлуді біздерге нәсіп етсін!!!
Алаңдағы арандатушылар
Жалғастырған сан буын аралығын,
Көрмей тұрмын абыздар даналығын.
Колонканың шуынан үркіп ұшып,
Көк төсінде шырылдап барады үнім.
Шешілсе егер сан түйін алаңдарда,
Тұлғалы ерлер ел үшін алаңдар ма?
Образға енсе бір
«козел правокатор»,
Тобыр елтіп тыңдайды, шараң бар ма?..
Тықыршиды популист кезегі кеп,
Сол әңгүдік малтасын езеді тек.
Әлеуметтік желіге салды біреу,
«Әлгі ділмар «текенің»
сөзі еді» – деп…
Жатқандайын Ертіс пен Жайық тасып,
Ожар біреу омырауын қойыпты ашып.
Ерген бала интернет елесіне
Әспеттейді есерді лайк басып…
Жаңаөзенде қарулы жасаққа да,
Жем болып жұрт,
Оты өшкен ошақ қана…
Қой мінезді қазақ-ау, алдыңа үңіл,
Тұрған жоқ па тағы бір қасапхана?..
«Казкрай», қараша үй
Қазір қызыл қоғамнан жоқ па сұрау,
Қалды сонда бала күн от басып-ау!..
Қара шаңырақ, қараша үй, қара қазан,
Бұлбұл ұшты көзімнен шақта осынау!
«Егемен ел», «Еркіндік»,
«Азат бәрі!» –
Десем де енді түрлі ойлар азаптады!
Өлеңдерім ымыртта өртенерде,
Өксіп еді-ау «Казкрай» қазақтары!..
Ұрғанда ызғар, үскірік қарашадан,
Өр рухымды ықтады бала-шағам!..
Лебізі ыстық жылытып үмітімді,
Енуші еді үйіме Манаш ағам!
Амал қанша, іздері ағалардың
Ұзады алыс…
Ол жақтан оралар кім?..
Ақсақалдар, ғажайып ақ сапарлар…
Ақ сағымға айналды көбі олардың…
Әжелер де жөнелді кезегі кеп,
Тарлауыт жол…
Текті ұрпақ төзеді тек!
Түсіме еніп абыздар аян берді:
«Тоқыш қажы көненің
көзі еді!» – деп.
Бүгінгі ерлер сыйласын ежелгіні,
Ата-баба аруағы сезер мұны!
«Казкрайдың» киесін ұстап қалған
Тоқыш апам –
Көненің көзі ендігі!
Құран оқып бабалар қорымында
Жұбансам да,
Көкірек толы мұңға.
Түбінде мен думанды ғұмыр кешем,
Тойхана тұр қараша үй орынында!..
«Марсель» мейрамханасы
Абыздардың соңынан ерсем де мен,
Бала күнге оралып көрсем деп ем!
«Казкрайдан» іздедім қараша үйді,
Мейрамхана қарсы алды
«Марсель» деген!
Жауап бермей тойшыл жұрт сұрағыма
Төрге оздырды
(Кім білсін, сынады ма?).
Шақта осынау анамның үніне іңкар
Бесік жыры келгені құлағыма!..
Саумалына шөлімді қандырып ем,
Құлын күндер сол жерде қалды кілең!
Қақ төрінде ақыны «Казкрайдың»
Отырсын! – деп «Марсельді» салды, білем…
Сыйқырлы әуен, сылқым би, ғажап бәрі,
Тоймаймыз-ау тойдағы ләззатқа әлі!
«Марсельде» осы
Cыпайы француздардай
Әдепті екен Кереку қазақтары!…
Көз жұмылып бір сәтке тіл байланып,
Жұрт тыңдаса әлгі ақын жырлайды анық!
Т үнгі аспанға әуелеп бара жатыр,
Әміренің әні де нұрға айналып!
Бірақ тоймен өткізіп жаздың айын,
Жүрегімді мен қайтып мәз қылайын?!
Жүдемейді менсіз де Қараша үйдің
Орнындағы «Марсель» мен «Казкрайым»!..
Үйдегі өмір
Күн еңкейіп жайылып өріске іңір,
Шырайланды келбеті келісті өңір.
Терезеден сәбидің жанарымен
Телміріп тұр Ертіске періште өмір.
Ай астынан бұлт шашын бұйралап түн,
Сығаласа сақтайды инабат кім?..
Бір ынтық ой жұлмалап жүрегімді,
Дөңбекшимін төрінде үй қамақтың…
Балконда да отырып көрген едік,
Көше тыныш, кеткен-ау елден ерік.
Айналдырып басымды жұпарымен,
Бара жатыр дүние дөңгеленіп!
Сәуірге еріп керімсал көктем келді,
Көз саламын ауладан өткенге енді.
Сұңғыла ару, ай қабақ, тостаған көз,
Бері қара түсіріп бет пердеңді!..
Көрген ғажап түс сынды таң алдында
Жоғаларсың,
Бір сөз айт жоралғыға.
Артемея құрты үшін кетем ертең,
СОБР да жоқ, шу да жоқ Маралдыға!..
Бірақ күміс күлкісін шашып бүгін,
Қаз дауысты аспанға асықты үнім.
Әй, бәрібір, осы үйде түбі мені
Өлтіреді-ау өмірге ғашықтығым!
Толғаныс
Қатерді әлгі кәрі де, жас та білер,
Әйтсе де олар болмайды босқа әбігер.
Тәжвирустың тарихын санасына
Шегелеп-ақ тастапты бас дәрігер!
Құртып кеше Аралдай көк теңізді,
Сүйреп еді Семейде өртке бізді.
Сынайды енді Кереку зауытының
Түтінімен ысталған өкпемізді!
Сын сағатта жігіттер именген бе,
Жан тәтті ғой сұлуды сүйгеннен де!
Кебін киген мәйітке көзі түсіп,
Күрсінеді кебенек киген пенде.
Кей шақтарда базарға барып қалып,
Көрген едім имансыз нарықты анық.
Қаралы үйден Мойылды зиратына
Бір топ адам кетті, әне, табытты алып.
Дертті пенде тигенше тәні жерге,
Сенер еді Шашкиндей дәрігерге.
Керек енді бір Зейін Зиялысын
Ит жеккенге айдатқан ғарып елге…
Түсінбеймін байыған жандарды әлі,
Олар бақ пен тақты да армандады.
Өркениетке өлсем де оралмас ем,
Кісікиік боп кетсем ормандағы!
Әйтсе де енді пайғамбар Тәңір досы
Ойға түссе келеді-ау көңіл хошы.
Мен ризамын, сендер де тәубе деңдер,
Үйдегі мен түздегі өмірге осы!..
Меценат
Өзі болған жігітті «Бұл қандай?» – деп
Сұрамаңыз,
Ел үшін туғандай тек!
Басталған іс бітеді басына оның
Тұрғаннан соң Асылбек Туғанбай кеп!
Әр сөзіне ұялап имандылық,
Жұрт жүрегін жылытар иландырып.
Көркем екен ақадал көңіліндей
Түздегі мал, үйдегі жиған мүлік.
Орманды ұрса шілденің отты лебі,
Селге айналсын ақынның ақ тілегі!
Әйтсе де Ұлы Даланы көркейтетін
Асылбектей жандардың мәрттігі еді!
Сан бәйгеде мен, сірә, дара келдім,
Мұң-мұқтажын ойлайды ол бар әлемнің.
Тек өзінің төрт жағы түгел екен,
Төрт тармағы секілді қара өлеңнің!
Тас төбемнен бұлт көшкен бұл қандай күн,
Көк Тәңірмен тілдесіп тұрғандаймын.
Тілейтінім,
Алланың нұры жаусын
Атасына Асылбек Туғанбайдың!
Онкодиспансерде
Терезеден телміріп тілектесің,
Мөлдіресе жанарың – жүрекке сын.
Кетті біреу ауасы таза ауылға,
Диспансерде қалдырып бір өкпесін.
Айтқанында бір науқас досқа зарын,
Шыдап бақтым,
Бар ма еді басқа амалым?
Сары қымыз, сүр етті сағыныпты,
Оталған соң
Жартысы асқазанның.
Дөңгеленіп дүние жанарымда
Жаудырап тұр,
Ақ едім Ар алдында!
Тәубе деймін, он екі мүшем түгел,
Өкпе, бауыр, асқазан – бәрі орнында!
Зілді мұң да түк емес иықты ерге,
Айналған ол эпостық кейіпкерге…
«Жатыр едің өлгелі, тірі екенсің!» – деп күйінген,
Не дейін фейктерге?..
Алпауытқа құлдардың ырза бәрі,
Күреңітті қыздардың нұр жамалы.
Қара түтін атып тұр қара бұлтқа,
Алюминий зауыты мұржалары.
Тыныштық боп боп әлемнің аяулы әні,
Жарылыстар дүрсілі баяулады.
Қозы баққан күнімді еске салар,
Улы сәуле сіңірген Май ауданы…
Сонда да ыршып көңілден күдік деген,
Ұлы өмірден жүз жылдық үміттенем.
Мен әйтеуір, бұл жерден
Түтіні жоқ
Ақ алаумен лапылдап шығып келем!..
Бортсерік қыз
Ал енді Жаратқанға сыйыналық,
Біздерге түнгі рейс бұйырды анық.
Өзіңе, бортсерік қыз, жаутаңдаймын,
Жанымды шүберекке түйіп алып!..
Біз қазір ессіз пенде мысалымыз,
Көкке ұшсақ, Жерге ынтығып құсалымыз.
Қып-қызыл үрей ойнап қанатында,
Самғайды бұлт ішінде ұшағымыз!
Өрлейді ол 10 мың метр биікке әлі,
Жайланып кей жолаушы ұйықтады!
Көктегі сұлу, саған сыр ашар ем,
Қалғыса қос періште иықтағы…
Тағдырды шығармаймыз теріске біз,
Тар жолда талай жанмен көріскенбіз.
Жүректі жайландырар сөзіңді айтшы,
Ұшақтың ішіндегі періште қыз…
Соғысын тамырымның сұрамаңыз,
Сұрапыл үрейден де туады аңыз!
Дәл қазір хор қызына о дүниелік
Ынтығып отырған жоқ бұл ағаңыз…
Аспанда бортсерік қыз болар көсем,
Жарасар енді өзіңді дана десем.
Жанымды жан-тәңіңе орап алшы,
Қонғанша ұшағымыз аман-есен!..
Баянауылдың қос батыры
Толқымай тұр бұл күні Жасыбай да,
Жатады екен үн-түнсіз осылайда.
Тәні қайда Сейтен мен Тайжан ердің,
Кене ханның, Құдай-ау, басы қайда?!
Мазар соғар жұрт әлі назалы еді,
Қайыстырды кешегі қаза мені!
Ертең көрін іздермін қос батырдың,
Басыңды өзің іздерсің, Қазақ елі!..
Әжімденіп ажары тозған айдың,
Сапарға алыс ұзатты қаздарды айдын.
Жат елге олар кеткенмен,
Қайта оралар
Он жеті мың жылқысы Азнабайдың!..
Көгала үйрек шүйкілдеп айдындарға
Қонған сәтте
Мұрша жоқ қайғырарға.
Бір Баянда қырық елдің ырысы бар,
Тек дұшпанын ықтырар айбын бар ма?..
Ақбет, саған тіл қатпай тұрмас өнер,
Сейтен, Тайжан рухымен сырласа бер…
Қыздарына Баянның ренжіп кетем,
Ізбасарын солардың тумаса егер!..
Баянтауда
Нұх пайғамбар қауымы кемесі де
Айналды енді аңыздар елесіне.
Толқын ойлар толқытты-ау көңілімді,.
Қазыбек би бабамның сөресінде!
Жаугершілік заманын баяндауға,
Жаңбырлы бұлт аспанда аялдауда.
Сүрлеуінде Ақ табан шұбырынды
Жаңғырған жол заулады Баянтауға!
Шыққанда алдан киіктер үйірлесіп,
Жүргендеймін жалғыздың күйін кешіп…
Өзхан ағам төріне жайғастым кеп,
«Мынау үй де бір қауым үйі» – десіп…
Төзімсізге тілеймін сабыр әлі,
Аштықта анау қыр елі аңырады.
Қыран қонған құзға ұқсап тұрды сонда,
Өзағамның киелі шаңырағы!
Ойға оралтқан тас қорған үйіндісін,
Ауыр тиді дерт болып биылғы сын.
Алдым емге сөренің топырағы мен
Бабам киген шапанның қиындысын.
Мынау төрден шарықтап дос пейілі,
Мәди әні әуелеп, өшпейді үні.
Тағдырымды айтқанда ақ сөйледі-ау,
Темірбике апамның тасбиығы!
Тар кезеңде өзегің талған кезде,
Нан мен тұздан болмайды арман өзге.
Дәмін татып осы үйдің,
Қанып шықтым
Қазыбек би бабамнан қалған сөзге!
Тілектестік
(Күлжан Нұрлан Мұқатайұлына)
Сын сағаттар өте ме бастан бүгін,
Шаңырағымнан шапшыды аспанға үнім!
Сауырынан жай оты шашыраған,
Бұлт ішінде тулады бостандығым!
Көкірегімде түрлі ойлар дүбірлеген,
Кезде де бұл «тәубе» деп күбірлеп ем.
Еніп келем еңселі керегесі
Ай нұрынан өрілген іңірге мен!..
Үрейлі ойлар тұс-тұстан мазалап кеп,
Тұрса өзіңе зер салам азамат! – деп.
Үнімді естіп сен жақтан шұрқырайды,
Тұғыр емес, жабы емес, қазанат тек!
Жатқа айналып кей кезде жақын біткен,
Кетті алысып мендегі ақындықпен!
Сонда аспанға лақтырып шабытымды,
Жырымды өзің жебеп ең әкімдіктен!
Өзгеше үміт толғантсын жұртты мейлі,
Мұратымды ұлықтар ұқты дейді.
Жұрағаты болсам да жақсылардың,
Кейде солар кеудемнен түрткілейді!
Жарқылдап тұр сезімің тау шыңдаған,
Ұран сынды естілер даусың маған!
Енді өзіңмен бақ шығар бірге жүру,
Шақта осынау дәм-тұзым таусылмаған!