Нұрғали ОРАЗ. Шыбын жан көкке ұшқанда

Ұшақтан түскенде оңтүстіктің лапылдаған ып-ыстық лебі бетті шарпып, сап-сары боп қураған шөптің тозаңы танауды қытықтады. Аспан да, жер де аптапқа қақталып, бастапқы өңін жоғалтып, тозған шүберектей оңып кетіпті.
Әйтсе де мынаушақшиған күн, туған жердің таныс топырағы Назгүлдің көңілін елжіретіп, көптен бері жүрек түбінде тұнып жатқан сағыныш жасын көзіне үйірді.
Бес жасар қызы Айжанды жетектеп, ұшақтан түскен жұртпен бірге әуежайға қарай аяңдай бергені сол еді, бүгінде бойы сәл еңкіш тартып, артына қарай қайырған аппақ шашы сұйыла бастаған Сәкең оларды қолымен ымдап тоқтатып: «Біз былай қарай жүреміз,» дегендейтраптың қасына жаңа ғана келіп тоқтаған машинаны нұсқады.
Күнұзаққа кондиционер қосылып тұрған қоңыр салқын салонға кіріп, жұп-жұмсақ орындыққа жайғасқан кезде кішкентай Айжан әкесінің өзге жұрттан әлдеқайда қадірлі екенін сезінгендей сықылықтап күліп жіберді.
Машина орнынан лып етіп қозғалып, көзді ашып-жұмғанша әуежайдың бір бөлігіндегі вип-залдың алдына келіп тоқтады. Мұнда оларды, дәлірек айтқанда, Сәкеңді бір топ кісі күтіп тұр екен.
Есіктен кіре бере кең залдың ішін жаңғырықтырып: «Оу, келуіңізбен!», «Ұшақ жайлы қонды ма?», «Шаршаған жоқсыздар ма?» деп айқара ашылған құшақтар Сәкеңнен кейін бұларға да назар аударып: «Сәламатсыз ба, жеңгей!», «Жақсы жеттіңіздер ме?», «Мына сұлу қыз кімнің қызы, әй? Папасының ба, мамасының ба?» десіп, оңтүстіктің ыстық табиғатына тән жылы шырай танытып жатты.
Күтіп алушыларәуежайдың екінші қабатындағы ресторанға кішігірім дастархан жайғызып қойған екен. Алғашқы сөзді бойында бір қырым артық еті жоқ арық сары шал бастап: «Қадірлі Сәке, біздің елге келген қадамыңыз құтты болсын!» деп алды да, тап бір ғылым академиясы дайындаған буклетті оқып тұрғандай Сәкеңнің барлық атақ-дәрежесін тізіп өтіп, ең соңында: «Денсаулық үшін алып қояйық,» деп бір-ақ тоқтады.
Одан кейінгі тостардың да бірі ұзаңқырап, бірі қысқа қайырылып, бірыңғай осы сарынмен жалғасты. Тек ресторандағы даяшыларға біресе көзімен, біресе қолымен нұсқау беріп, маңдайы шып-шып тершіп отырған ақ көйлекті, қараторы, томпақ кісі ғана: «Әттең, бүгінгі тірлігіміздің бәрі асығыстау болып тұр. Сәкең тағыда жол жүріп, Қаратауға… Иә, иә, қайын жұртқа барып қайтпақ. Құдай қаласа, ертең конференцияда кездесеміз. Сол кезде кеңірек әңгімелесіп, сұхбаттасудың сәті түсетін шығар деп ойлаймын. Ал мына тосты, Назгүл жеңгей мен кішкентай бүлдіршін Айжанның құрметіне алып қойайық,» деп әуежайдағы дастарханның мән-жайын тағы да біреске салып өтті.
Бірақ, олар дастарханнан тұрған соң да Сәкеңді бірден жібере қоймады. Әсіресе алғашқы болып сөз сөйлеген арық сары шал оны оңашалап, жергілікті жердің біраз қырлары мен сырларын тәптіштеп, ертеңгі конференцияда қай жақты қолдау керек екендігін түсіндіріп бақты.
Осы сәттеАйжан мамасының қолынан тартып, анда барайықшы дегендей терезеге қарай жетелей жөнелді. Ол жерден алаңда тұрған ұшақтар ап-анық көрінеді екен. Әне, біреуі баяу қозғалып, ұшу алаңына қарай беттеп барады.
– Мама, біздің ұшақ қайда? –деп сұрады Айжан олардан көз алмай қарап тұрып.
– Ім-м… –Назгүл әуежай алаңындағы ұшақтарға зер сала қарап, жаңа ғана өздері ұшып келген ұшақты іздей бастағандай болды. –Білмеймін…
– Ол үлке-е-ен «Боинг» болатын! – деді Айжан.
Иә, расында да, солай еді. Бәлкім, оны басқа алаңға апарып қойған болар. Мынандай шағын әуежайда ондай алып ұшақтар бірді-екілі ғана болуы мүмкін.
«Кім білсін, біздің Сәкеңді күткендей оған да ерекше қызмет көрсетіп, механиктер мен бақылаушылар зыр жүгіріп жүрген болар.»
Назгүлдің өз ойы өзіне қызық болыпкөрініп: «Рас-ау, – деп күлді ішінен. – Біздің Сәкең де алып «Боинг» сияқты. Ал, Айжан екеуміз бизнес-кластағы жолаушыларға ұқсаймыз.»
Содан соң ол өз тағдырына дән риза, төрт құбыласы түгел жан екендігіне шүкіршілік еткендей жымиып, қызының басынан мейірлене сипап қойды.

* * *
Олар мінген «джип» әне-міне дегенше қаланы артқа тастап, терістікке қарай созылған ұзақ жолға түсті. Рульдегі жігіт бұл өңірдің ой-қырын жақсы білетін болса керек, алдыңғы жаққа бей-жай қараған күйі жылдамдықты бірқалыпты ұстайды. Иесі қандай сенімді болса, машинаның да сондай сенімді әрі жолаушыларға жайлы боларын Назгүл жақсы біледі. Өйткені, соңғы кезде өзі де рульге жиі отырып, техниканың қыр-сырын ептеп меңгере бастаған-ды.
Ал Сәкең «жас кезімде жүргізгенмін» деп сөз арасында бір-екі рет айтып қалғаны болмаса, ылғи да қызметтік көлікпен жүреді. Әрі мұндай ұсақ-түйекке ешқашан бас қатырып көрмеген жан секілді көрінеді.
Кенет сар даланың өңі бірден өзгеріп, қарсы алдарынан жап-жасыл жиек көрінді. Машина Арыс өзенінен өтетін үлкен көпірге таяп қалған екен. Қалың жыңғыл, қарағаш, ара-тұра көктерек, сәмбі тал өскен жағалау мынандай ми қайнатар ыстықта жер жәннаты секілді болып елестейді. Шақырайған күнге шағылысып, күмістей жалтырап жатқан суға күмп беріп сүңгіп, жүзіп бара жатқан балаларды көргенде Назгүлдің жүрегі лүпілдеп, лезде машинадан түсіп өзенге қарай жүгіре жөнелгісі келеді…
Оның терезеге маңдайын тіреп, сырттағы көрініске ынтыға қарағанын байқаған Сәкең де мойнын бұрып, төмендегі өзенге бір көз тастады да, қайтадан жүзін тіктеп, алдыңғы жаққа қарап отырды.
Жасыл жиектен алыстаған сайын дала тағы да сарғайып, күнге күйіп, өзінен өзі тұтанып кетуге шақ қалып тұрған сап-сары қауға айналды.
Аздан соң алыста-ан бұлдырап, көкжиекті жотасымен тіреп жатқан Қаратаудың қоңыр сілемдері көрінді. Назгүл өзінің ауылын, өскен өлкесін көптен сағынып жүретін-ді. Бірақ ол сағыныш үзіліп-үзіліп, әлі толғағы жетпеген күй секілді кеудесінде ұзақ қонақтай алмаушы еді. Себебі, Сәкеңнің жетегіне ергелі берібірыңғай құрмет пен қошаметке бөлеп, үлде мен бүлдеге орап келе жатқан сәнді де салтанатты тіршілік қоңырауы қайта-қайта сыңғырлап, ол сағынышты үркітіп жіберетін-ді.
Енді міне, Қаратау көрінген сәттен бастап-ақ жүрегі өрекпіп, өзін-өзі ұмытып, айналадағы көрініске ынтыға қарап, қанаты болса, құс болып ұша жөнелгісі келеді. Бала күнінен көзге таныс бел-белестер жылыұшырап, маң даланың мейірімі иіп, кең құшағын айқара аша түскен секілді.
Әне, анау алдағы биік шоқының үстіне көтерілсе болды, ар жақтан ақ түнике шатырлары күнге шағылысып туған ауылдың төбесі де көрініп қалады.

* * *
Бұлардың келетінін күні бұрын біліп, қой сойып, қазан асып, қаз-қатар тізілген ақ самаурындарға шай қойып, бүкіл ауыл абыр-сабыр болып жатқанға ұқсайды. Қарашоқының басынан сүліктей жылтыраған қара «джип» жылт етіп көрінгеннен-ақ бір-бірінен сүйінші сұрағандай шулап, бірінің сөзін бірі естімей гуілдесіп кетті.
Таң атқалы бері ауыл әкімінің алдында құрдай жорғалап жүрген мәдениет үйінің меңгерушісі Төрежан қолына домбырасын алып, тамағын кенеп, лауазымды тұлғалардың алдында төгіп-төгіп жіберетін үйреншікті арнау жырын айтуға әзірлене бастады. Қолдарына кәмпит-күлше, құрт-ірімшік салынған тәрелке ұстаған бір-екі келіншек шашу шашуға оқталды.
Осы кезде күннің оттай ыстығына қарамай үстіне қап-қара костюм, қып-қызыл көйлек киіп алған ауыл әкімі шып-шып тершіген маңдайын төрт бүктелген дәсорамалымен тез-тез сүртіп, әлгі екі келіншекке шекесін тырыстыра қарады да:
– Бұларың не тағы? – деді даусы гүжілдеп.
– Шашу ғой.
– Жо-жоқ, болмайды.
– Неге болмайды?
Кеше түнде ауданнан:«Ауылдарыңа баратын қонақты дұрыстап қарсы алыңдар» деген шұғыл тапсырма алған әкім:
–Өй, салт-малттарыңды! – деп өз сөзіне өзі есеп бермей зірк ете қалды. – Анау тастай боп қатқан құрттарыңның біреуі лауазымды кісінің басына тиіп кетсе… ертеңгі күніміз не болады?!
– Өлә!
Әлгі келіншектердің біреуі«ол жағын ойламаппыз ғой» дегендей өз бетін өзі шымшып алды. Әйтсе де,екіншісі тілін тартпай:
– Не болушы еді? Сені орныңнан алады да тастайды. Ал біздің немізге қызығады, немізді алады?! – деп айналадағыларды ду күлдірді.

* * *
Қаратаудың кешкі лебі бүгін жып-жылы.Жым-жырт. Есік алдындағы у-шу басылып, құрметті қонақты көруге келген жұрт енді өрістен қайтқан малдың алдынан шығуға кеткенде үй ішінде негізінен ауылдың үлкендері ғана қалды.
Олар әуелде Сәкеңе қысқа-қысқа сұрақтар қойып, қаладағы жаңалық­тарды сұрап, елдің бүгінгі ішкі-сыртқы саясаты жайлы сөз қозғамақ болып еді, бірақлауазымы биік кісі шешіліп, ағынан жарыла қоймады.
Көпшілік мұны жоғарықызметтегілердің белгілі бір шеңберден шыға алмайтын сақтығы, мемлекеттік құпияға беріктігі деп түсінсе,енді біразы бүгінде ел тіршілігінен алшақтап, өз айналасын ғана үлде мен бүлдеге ораудан аса алмай қалған билік өкілінің тәкапбарлығы деп ұқты.
Сонсоң төр жақта отырған ақсұр реңді, ашаң жүзді ақсақал су отын сияқты қайта-қайта өшіп қалып, тұтанбай жатқан әңгіменің бетін басқа арнаға қарай бұрып, дастарханның орта тұсына жайғасқан кең маңдайлы, бадырақ көз, шоң мұрын, балуан денелі жігітке қарап иек қағып:
– Әй, Мырзабай, кәне, Түкеңнің күйлерінен бір шертіп-шертіп жіберсеңдерші, – деді.
Ол домбырасын құндағынан шығарып, сіз айтсаңыз мен дайынмын ғой, бірақ мына жұрт не дер екен дегендей:
– Жүзекең отырған жерде бізге кезек соңынан тиюші еді, – деп өзінен жоғарылау отырған дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы кісігеқарап жалтақтады.
Енді дастархан басындағылардыңмойны солай қарай бұрылды. Бірақ, Жүзекең деөз кезегінқарсы беттегі рең-басы таза, иығы қушиған, көсе қартқа қарай бұрды. Ал көсе қарт күлімдеп, әзіл айтқысы келгендей жымиып,оң жағында отырған үлкен ақсақалдың құлағына аузын тақап:
– Атеке, мына жұрт сізден бір күй сұрап отыр ғой, – деді даусын қаттырақ шығарып.
Ал ақсақал оның сөзін еміс-еміс естіп, естімей қалғанын өзі болжалдап түсініп алғысы келгендей бір уақ үнсіз отырды да, кенет иығы селк ете түсіп:
– Е-е, – деді жұп-жұқа алқындысы ғана қалған ернін әзер қимылдатып. – Таздан тарақ, бізден күй қалғалы қашан. Бірақ… Ел сұрап отырса…
Кенет әлсіз саусақтарға жан бітіп, қос ішекті ақырын қағып-қағып жібергенде көптен бері көктен жаңбыр тілеп, таңдайы кеуіп жатқан шөлдің аспанына бұлт үйіріліп, жаңбыр тамшылай бастағандай болды. Кәрі кеуде алқынып-басылып, осындағы көпшілікке таныс шертпе күйдің бір қайырымын баяу шертіп өтті.
Осыдан соң қоңыр домбыра қолдан-қолға көшіп, күйге күй жалғасып, Қаратаудың қара мақпал кешін тербете жөнелді.

* * *
Күндізгі у-шудан кейін құлағы тыншып, бойы жеңілдеп қалған Назгүл есік алдындағы тапшанға келіп тізе бүккен-ді. Бұдан бірнеше жыл бұрынғы өрттің шоғы әлібасыла қоймағанын олбүгін тағы да сезді. «Үйбай-ау, әкесінен үлкен кісіге тиіпті деп еді. Дөкей күйеу осы екен ғой!», «Әй, бұл күнде қызмет, байлық кімде бар, бақ та сонда!», «Қара шешей-ау, баяғыдан солай емес пе!» деп жатқан күбір-сыбырдыңшет жағасы оның құлағына жетпеді емес, жетті.
– Қалайсыңдар, ботам?
Ол анасының тапшанға таяп келіп, бетіне үңіле қарап тұрғанын жаңа ғана байқады.
– Жақсымыз, апа. Өзің қалайсың?
– Е-е, біз… Құдайға шүкір, аман-есенбіз ғой. Айжан қызымды алыс жол әбден шаршатқан екен. Жаңа бірпәс қасыма алып жатып ем, тез-ақ ұйықтап қалды.
– Оның сізге бірден бауыр басып қалғанын айтам да… Күнде бірге жүргендей жатырқауды да білмейді.
– Баяғыда бір кемпір айтқан екен: «Әй, біз де бала баққанбыз…» деп. Со сияқты біз де сендерді бағып-қағып өсірдік емес пе.
Назгүл апасының көңілінде бір түйткіл тұрғанын сезді. «Қанша дегенмен, жасы үлкен кісі ғой. Екеуіңнің дәм-тұзың жарасып жүр ме, қалай?» дегісі келетін секілді.
Ол бір сәтке анасының кеудесіне басын қойып, ішкі сырын түгел ақтарып тастағысы келіп отырды да: «Бәрі жақсы, апа,» деді ақырын ғана үн қатып.

* * *
Сәкең әуелде бас изеп, езу тартып, көпшіліктің көңілі үшін ғана қолпаштап отырмақ еді. Алайда қоңыр домбыра күмбірлеп сыр шерте жөнелгенде еріксіз ұйып, ақ сұр жүзіне қан жүгіріп, көзінде бір ұшқын пайда бола бастады.
Ол көптен бері тап осылай әңгіме-дүкен құрып отырып күй тыңдамаған екен. Үнемі мерекелік концерттерді ғана тамашалап, салтанатты залдардың акустикасына үйреніп қалған лауазымды кісі музыка деген құдіреттің осыншалықты қарапайымдылығына, тереңдігіне іштей таңғалғандай болды.
Қоңыр домбыра Сәкеңнің қиялын тау басындағы төр жайлауға қарай ала қашты. Мың сан түрлі шөптің иісін аңқытқан ерке самал тынысын ашып, жан дүниесін тазартып, қақ төбесіндегі зеңгір аспан, ақша бұлттар балалық шағын есіне салып жатқандай…
Кенет дастарханның төменгі жағында отырған бір жігіт өз кезегіналғанда домбыраның құлағын қаттырақ бұрап, темірдей қатты саусақтарымен аямай қағып-қағып жіберді.
Үй ішіндегілер түгел басын көтеріп, әлгіге түйіле қарағанымен, ләм-мим деп үн қатқан жоқ. Бұл бір ащы, жүйкеге тиетін, кей тұстарда тіпті шыңғырып, айғайлап бүлік салатынкүй болып шықты…
Жұрт амалсыз құлақ түріп, кіжініп отырып тыңдағандай күй кешті. Әйтсе де бүгінгі шындық осы екенін мойындағандай біраз бас салбырап, біраз иық қушиып қалды. Осыдан кейін ешкімнің домбыраға қол созғысы келмеді.
Сәкең үшін бұл бір жұмбақ жәйт еді. Соны аңғарғандай көсе шал басын шұлғып, кірпігін қағып:
– Қаратау – қазына ғой. Қойнауында түрлі-түрлі кен бар. Сол кендердің ішіндегі ең улысы да, ұлысы да мына бізге жақын жерден табылып жатқан жоқ па, – деді. –Бұкүй соны айтады…
Көсе шалдың сөзінекөңілі тола қоймаған және бір кісі:
– Ел ішінде ауру көбейіп кетті, Сәке, – дедіжаңа тұтанған отқа май құйғандай болып. – Улы кен ашықтан-ашық қазылып жатыр. Бүгінде даладағы аң да, ауылдағы адам да есінен тануда… Осыны жоғарғы жаққа айтып, тоқтатуға болмас па екен?..
Сәкең жауап қатқан жоқ. Мына жұрт тағы да:
– Әй, ол тоқтаса, мына біздің тіршілігіміз де тоқтап қалмай ма?!
– Ол рас. Күніміз кендегі табысқа қарап тұр.
– Бірақ әлгі… жас жігіттердің қатардан шығып қалып жатқаны қиын да… Оны қайтесіңдер?
– Кәйтуші ек, қатынына барып көңіл айтамыз да! О-ха-ха-ха!
– Ой, арсыз неме, жап аузыңды!– деп өзара шуласып кетті.
Кенет жаңағы ащы күйді тартқан темір саусақты жігіттің:
– Жо, не жабатыны бар?! – деген ащы даусы шаңқ ете қалды. – Шындықты айтқан ауызды қашанғы жаба бересіңдер! Улы кеніште істеген жігіттердің белсіз боп қалып жатқаны өтірік пе?!Келіндеріңіз зар жылап жүр ғой!..
Отырған жұрт сілтідей тынды. Қаралы минуттай созылған үнсіздіктен соң төменгі жақтан біреу даусын созып:
– Е-ей, мыналар ішіп алған ба, немене? – деп қалды.
Сол сол-ақ екен, үй ішіндегілер ақтау үкімі оқылған сот залындай гуілдеп, біреу ұрсып, біреу күліп, қайтадан у-шу болды да кетті.
Сәкең улы кеннің ашық әдіспен қазылып жатқанына байланысты туындаған күрделімәселелерді бір кісідей-ақ білетін-ді. Бірақ онымен дәл осылай бетпе-бет келермін деп ешқашан да ойламаған екен.
Тәп-тәуір басталып, түн ортасына жете бере аяқ астынан берекесі кете жаздаған отырысты енді тез аяқтауға тырысқан кісілер тоқсандағы ақсақалдан бата сұрап, есік алдына қалдырған кебістерін тауып киіп, тарай бастады. Ұзақ отырып қалғандықтан аяғы ұйып, теңселіп келе жатқан біреу әдейі ме, әлде байқаусыз ба, әйтеуір, жастар отырған жақтағы жүк аяқтың астынан мойны қылтиып шығып жатқан бос бөтелкені сыңғыр еткізіп теуіп өтті.
Бірінің артынан бірі тізіліп, есікке қарай беттеген жұрттың арасынан: «О, пәдәріңе нәлеті! Бағанадан бері қымызға қосып ұрып отыр екен ғой!», «Бұлар жүрген жер осы!..» деп күңкілдеген дауыстар естіліп қалды.

* * *
Тараған жұрттың соңында қалып,Сәкеңнің қолын қайта-қайта қысып, ертең Қаратаудың бөктеріндегі тұма бұлақтың басына дастархан жайғызатынын айтып, табиғат аясында демалуға шақырған ауыл әкімі: «Рақмет, айналайын. Таңертең Түркістанға жол жүремін. Халықаралық конференцияға қатысуым керек,» деген қысқа ғана жауап алды.
Сонсоң үлкен кеменің жанында тұрған қайықтай қалт-құлт етіп, басын қайта-қайта иіп, қашан шарбақ қорадан шығып кеткенше: «Біз қашанда қызметіңізге әзірміз,» деумен болды.
Түпкі үйдегі кең ағаш керуетке жеке төсек салынғанын айтуға келген Назгүлді көргенде ғана Сәкеңнің қабағы жадырап, көзінде бір ұшқын пайда болып: «Қалай ұйықтар екенмін, а?!. – деп қалжыңдады. – Жалғызсыраймын ғой…»
Назгүл де күлімсіреп, көзін төңкеріп: «Мені ойлап жатып ұйықтайсыз,» деді еркелеп. «Ім… м… иә… жәр-рай-ды…» Сәкең ернін жымқырып, ойланып қалды.
Кенет есіне ертеңгі күннің бір маңызды шаруасы түскендей: «Таңертеңгі тоғыздан қалмай жолға шығамыз. Конференцияның алдында біраз дайындық жұмыстарын жүргізуімқажет болып тұр. Шетелден келетін меймандарды қабылдайтын жақсы қонақ үйге орналасамыз,» деді.
Назгүлдің жүрегі дір ете қалды. Туған жердің ауасы тарылып, сағынып көріскен анасы мен бауырларына тағы да қол бұлғап, алыстап бара жатқандай сезінді өзін.
Алайда Сәкеңмен отасқан жеті жыл ішінде оның мінезін, әдетін жақсы біліп алған ол бірден жауап қата қоймай, бір уақ үнсіз тұрды да:
– Айжан нағашы апасына бірден бауыр басып қалды, – деп күлді.
– А-а, солай ма. Өй, алтыным менің!
– Қызыңыздың кішкентай ғана жүрегінде күн шуағындай мейірім бар екен.
– Иә-ә, өзі сондай бауырмал.
– Жарайды, Сәке… – деді Назгүл ақырын ғана оның арқасынан сипап. – Сіз енді, жатып, демалыңыз. Біз де ұйықтайық. Айтпақшы… сізге бір өтініш айтсам бола ма?
– Әрине, жаным-ау.
– Айжан екеуміз конференция аяқталғанша осында, апамның жанында қала тұрсақ па деп едік.
Сәкең ойланып қалды. Содан соң:
– Мына ауылда… қалай өзі… әбіржіп қалмайсыңдар ма? – деді алаңдап.
– Жо-оқ, Сәке. Таза ауа, құнарлы тамақ Айжанға жақсы әсер ете ме деймін.
– Олай болса… жарайды. Конференция аяқталған күні машина жіберем.
– Рақмет, Сәке.
Назгүл өзінің жеңіске жеткеніне іштей қуанып, нәркес қара көзінтөңкере күлімсірейқарады.
Ал Сәкең өзіне арналып салынған кең төсекке келіп жатқан соң, ертең әйелі мен қызын ауылға қалдырып, конференцияға жалғыз баратынына іштей өкінді. Себебі, жас әйелінің сұлулығысоңғы жылдары оның атақ-дәрежесі мен абырой-беделіне сән беріп тұратын тұрақты атрибутқа айналған-ды. «Жарайды… – дедікірпігі айқасып, ұйқы жеңе бастаған кезде тәтті бір есінеп алып. – Ертең қонақ үйге ертерек барып, конференцияға дайындалу қажет.»
Ол енді, ауылдағы кісілердің бүгінгі әңгімесін есіне алды. Ұйқылы-ояу күйде: «Ауру көбейіп барады… улы кеніште жұмыс істейтін жігіттеріміз белсіздік деген бәлеге душар боп жатыр» дейді. Қиын… Иә, қиын-ақ… Бірақ ол кеннің ел экономикасына қосып жатқан үлесін есептесеңіз, мұндай мәселелертүкке тұрмайтын ұсақ-түйексияқты болып қалады… Барлық кілт – қаржыда. Қаржы болмаса, ештеңе де, тіпті, мемлекет те болмайды. Ал белсіздік дегеніңіз, әрине…» деп ойлады кірпігі ілініп бара жатып.
Кенет Сәкеңнің есінеертең Назгүлдің ауылда қалатыны түскенде, неге екені, ерлі-зайыптылар уақытша болса да бір-бірінен алыстаған кездекөңіл түкпіріненқылт етіп бой көрсетіпқалатын бір күмән өз-өзінен сейіліп, буға айналып ұша жөнелгендей жан дүниесі жеңілдеп сала берді.

* * *
Таңертеңгілік Сәкеңді шығарып салған соң,кешегіқонақ күтуге атсалысқан жұрт осы үйге қайта жиналып, «құдайға шүкір» өткізді. Көпшілігі қатын-қалаш, бала-шаға және әкесі дүниеден озғалы бері қара шаңыраққа ие болып қалған Адырбайдың жолдас-жоралары екен.
Араларында кешегідей үлкен кісілер болмаған соң, өз бастарына еркіндік тиіп, емін-еркін қалжыңдасып, қарқ-қарқ күліп, мәз-мейрам болып қалысты. Түр-түсі таныс сияқты көрінген орта бойлы, жалпақ бет, ақсары келіншек Назгүлге қадала қарап:
– Әй, Құдай біледі, сен осы, мені танымай отырсың-ау, Нәзкеш! – деп сылқ-сылқ күлді. – Бір-бірімізді көрмегелі не заман?!
Назгүл осы сәттеғана өзіне жақынбір бейнені шырамытқандай болып:
– Ой, Сайрашпысың! – деп қуана дауыстап жіберді.
Екі құрбының құшағы айқаса кетті. Бір-бірінің бетінен шөпілдетіп сүйіп жатып:
– Сол баяғы мектептегі кезіңнен түк өзгермегенсің! – дейді көңіл үшін.
– Қойшы әрі, – деп сықылықтайдыСайраш. – Қалаға барып, сен де өтірік айтуды үйреніпсің ғой!
– Жо, шын айтам. Сенің әзілің де, күлкің де баяғыдай!..
– Әй, қайдам, қайдам?! Жүрші, Нәзкеш, екеуміз оңаша отырып әңгімелесейікші.
Екеуі есік алдындағы тапшанға келіп жайғасқан соң Сайраш:
– Сен бар ғой, Нәзкеш, тура суретсің ғой, суретсің! – деді Назгүлге таңдана қарап. -Ал біз болсақ…
– Жо-жо-оқ, – деп жатыр Назгүл құрбысының сөзін бөліп. – Өзің туралы тағы да бір шағым айтатын болсаң өкпелеймін. Мен үшін сен баяғы сүп-сүйкімді Қуыршақсың!
– Иә, айтпақшы, сендер мені мектепте сөйтіп мазақтаушы едіңдер ғой, ә! Ол күндер қайда-а енді?..
– Жарайды, Сайраш, өзің туралы айтшы, бір-біріміздікөрмегелі көп болды.
– Не айтам?.. – Ол Назгүлдің бетіне қарап, тосылып қалды. – Біздің өмірімізде сен қызығатындай не бар. Ім-м… иә.Тұрмысқа шыққам. Естіген шығарсың.
– Назгүл күліп, басын шайқады.
– Есіңде ме, бізден екі класс жоғары оқыған ұзын бойлы, шекесі торсықтай қара бала бар еді ғой. Соған тиіп алғам. Күйеуім, жалпы, жаман жігіт емес. Өз ісіне пысық. Осыдан екі жыл бұрын ауылдан қоныс аударып, кеншілер қалашығына көшкенбіз. Бірақ, соңғы кездері… – Сайраш енді сөзімді біреу естіп қоймасын дегендей жан-жағына сақтана қарап, сыбырлай сөйледі: – Денсаулығы сыр беріп жүр…
Назгүлдің есіне кешелі бері еміс-еміс құлағы шалған әңгіме түсіп, іштей тіксініп қалды.
– Жарайды, Сайраш, бәрі жақсы болады, – деді құрбысын жұбатқандай болып.
– Иә, – деп Сайраштың көзі күлімдеп, оған үміттене қарады. –Құдайға шүкір, бір ұлымыз бар. Бірақ, сонда да… мені қойшы, еркек адамға қиын болады екен. Кейінгі кездері үйде жападан жалғыз отырып ішетінді шығарды. Мұның арты жақсылыққа апармайды-ау… Реті келсе, Алматыдағы дәрігерлерге апарып көрсетсек пе деймін…
Назгүл түсіндім дегендей басын изеді. Осы сәтте ошақ басында жүрген әйелдердің бірі:
– Әй, қатындар, тамақ пісті. Кәне, қолдарыңды жуып, үйге кіріңдер! – деп айқайлады.
Сайраш орнынан тез көтеріліп:
– Құдай қаласа, бүгін кешке сенің келу құрметіңе деп осындағы кластасс қыздар біздің үйде бас қосамыз. Соған өзіңді арнайы шақырамын, – деді. – Кешке балам келіп, машинамен алып кетеді.
Оның жүзінен де, даусынан да жаңа ғана өзі айтқан қиынжағдайдың жұрнағы да қалмағанынаңдап, Назгүл еріксіз күліп жіберді.

* * *
«Құдайға шүкірдің» шайына жиналған әйелдер әзілдесіп, улап-шулап отырып тамақ жеп кеткен соң Назгүлдің іші пыса бастады.
Қорада Адырбайдың біраздан бері баптап жүрген Қызылкүрең аты бар екен.
– Осы үйдің балалары қайда құрып кетеді өзі? Мына атты суарып кел дейін десең, бірі жоқ, – деп күңкілдеп жүрген інісіне:
– Рұқсат болса, мен суарып келейін, – деп жабыса кетті.
– Үйбай-ау, сізге… ыңғайсыз болмай ма?.. – деп күмілжіді інісі басын қасып.
– Ха-ха! – Назгүл көңілденіп, күліп жіберді. – Өзіңе атқа мінуді кім үйреткенін ұмытқан екенсің.
– Жоқ, ойбай, оны қалай ұмытайын! Сіз едіңіз ғой…атқа көтеріп мінгізіп, жетектеп кететін.
Адырбай даудырап сөйлеп жүріп Қызылкүреңнің тізгінін ұстата берді.
Алқызыл түсті спорттық костюм киген сымбатты келіншек ерге қонғанда Қызылкүрең омырауын керіп, ойнақтап шыға келді. Әйтсе де тізгінді алған кісінің салмағы жеңіл көрінгенімен, қолы да, тақымы да мықты екенінбірден сезді.

* * *
Жағасына сирек те болса тал, жыңғыл, жиде ағаштары өсетін кішкентай ғана Қарасу өзенінің сағасын бұл ауыл ежелден Тоғай деп атайтын-ды.
Міне, сол тоғайға келгенде Қызылкүрең басын сілкіп, су ішетін жерді өзім білем дегендей текіректей жөнелді. Қарасуды тізерлікке дейін кешіп барып, ағысқа қарсы қарап тұрды да,сыздықтатып ұзақ сімірді. Сосын басын көтеріп, күндегі әдетінше ауылға қарай бұрыла беріп еді, ер үстіндегі жұмсақ бөксе бір-екі ырғатылып,тізгінді арғы бетке қарай бұрды.
Назгүл өзі көптен аңсап жүрген сар далаға шығып, біраз қыдырып қайтуды ойлап, Үлкен белге қарай бет түзеді.
Биылғы жаз жұтаң көрінеді. Қызыл жусанды шаң басып, сыбызғы қурайлар сидиып, адыраспан жарықтық жау тигендей айра-жайра боп шашылып қалыпты.
Алыстан қарағанда зымырап бара жатқан пойызға ұқсайтын ұзын-шұбақ Үлкен белдің үстіне шыққанда айналадағының бәрі алақандағыдай анық көрінуші еді.
Оның назары алдымен ауылға түсті. Сыпырадай теп-тегіс жазыққа қашан келіп қонғаны, қай уақыттан бері тіршілік етіп жатқаны белгісіз елді мекеннің тең жартысы бұл күнде ескі қонысты тастап, осыдан жеті-сегіз шақырым жердегі кеншілер қалашығына көшкен. Содан бері кө-ө-өп үйдің түтіні сөніп, даладағы ошақтары құлап, қора-қопсылары қаңырап бос қалыпты.
Назгүленді күн батыс жаққа мойнын бұрып, таяу жылдарда пайда болған кеншілер қалашығына қарады. Ондағы шетелдік үлгімен салынған үйлердің қызыл-қоңыр шатырлары алыстан көз тартып,қол бұлғапшақырып тұрғандай көрінеді екен. Одан арыда тау бөктерлеп, кен шығатын қойнауға қарай бара жатқан машиналар тізбегі көзге шалынды.
Көңілге түйткіл салған кешегі әңгіме есіне түскендеНазгүл әлдекімге ренжігендей ат басын кілт бұрып, Үлкен белдің үстіндегі ескі сүрлеумен күншығыс жаққа тартты. Қарсы алдынан, қозыкөш жерден көрінген Айкүмбездің мұнарасы күнге шағылысып, күміс сағымдай бұлдырайды.
Ол баяғыкөне-е заманаларда шығыс пен батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының бойындағы елеусіз қалған ескерткіштердің бірі еді. Талай-талай керуендер ағылып, талай-талай ат тұяғының, ырдуан арбаның, жаяу кісінің ізі қалған тарихи жолдың бойындағы үнсіз, тілсіз куәгері болатын. Бүгінде ел Айкүмбезді кие тұтып, елге сыйлы кісілерді осындағы ескі қорымға әкеліп жерлеуді әдетке айналдырған.
Назгүлдің әкесі де осында жатыр. Ол ат басын неге бұлай бұрғанын, іштей кімді іздеп келе жатқаныненді түсінгендей жүрегі лүпілдеп,ат басын күмбезге қарай түзеді.
Көз алды бұлдырап, сағымға оранған өткен күндердің елесі қалқып шыға бастағандай болды.

* * *
…Әне, олар – әкесі екеуі шағын теміржолбекетінің алдында пойыз күтіп тұр. Мектепті кеше ғана бітірген жап-жас қыз әдеп сақтап, өзін барынша салмақты ұстауға тырысқанымен, қарақаттай мөлдір қара көзіндегі қуаныш ұшқыны мынау дүниенің бақытқа, шаттыққа толы екенін жасыра алмайды. Оның кеудесіндегі қиялы қазір кіп-кішкентай құсқа айналып, алысқа самғап ұша жөнелгісі келеді.
Өйткені, бұл жол оған қиырдан қол бұлғап, тезірек жет деп шақырып тұрған армансапары секілді көрінеді. Сондықтан да, бүгін өзіне ақ жол тілеп шығарып салған анасынан естіген сөздерін іштей қайталап, оңашада күбірлеп: «О, Жаратқан ием жолымды оңғара көр! Өзім қалаған оқуға түсуге жәрдем ет,» деп жалбарынады.
Киімдері мен кітаптары салынған үлкен сары шабаданға оның осы арманы ғана сыймайды. Әйтпесе, оны да мұқият орап, Алматыға жеткенше ешкім көрмесін деп, аузын құлыптап қояреді.
Ол өз ойын өзі қызық көріп, сықылықтап күліп жіберді…

* * *
Айкүмбезге таяп келіп, тізгін тартты. Көне қорымның ішіне кіруге,әрине, жүрегі дауламады. Аттан түсіп, зираттың сыртқы қоршауының түбінде тізе бүгіп отырып, күбірлеп құран оқыды.
Бет сипап, орнынан тұрып, Айкүмбезге қарағанда: «Шіркін-ай, жүздеген жылдардың куәсі болып келесің-ау, – деген ой толқыттыкөңілін. – Саған қарағанда адам баласының өмірі қандай қысқа… Міне, осында жерленген ару қыз неше жаста еді?.. Көп болса… он бес-он алтыда болар.»
Ал мынау Айкүмбез әлі мыңдаған жылдар бойы тұрады. Назгүл күмбезді айналып өтіп, ескі қорымдағы әке қабірін көзімен іздеді. Ақ көңіл, аңқылдақ Адырбай: «Әкеміздің басына Самарқанның көк тасын әкеліп қоймасақ та, өзіміздің Қаратаудың қызыл тасын жарқыратып қойып қайттық,» деп мақтанып жүруші еді.
Ол да жөн шығар. Туған жердің топырағы мен тау-тасынан артық не бар дейсізбұл жалғанда. Әйткенмен, олар әкелген тасты да, әкесінің қабіріне қойылған белгіні де Назгүл таба алмады. Адырбайлар қойған қызыл тас белгі қайсы екен деген сұрақ қана қалды көңілінде.
Мойнын созып қанша қараса да әке қабірі осы-ау дегендей бір тылсым түйсік үн қатпады. Мұндағылардың мүлде басқа дүниеде жатқанын және оларды енді танып-білуге тірі пенденің санасы қауқарсыз екенінғана еске салғандай болды.

* * *
…Назгүлдің әкесі Сәкеңмен баяғыда-а Сарыағаш санаториіне барғанда танысқан екен. Сол жылдары ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді жазып алып, халық ауыз әдебиетінің бір саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғамақ болып жүрген өзі құралпы жас ғалымның әңгімесін ұйып тыңдап, риза болғаны сондай, демалыс мерзімі аяқталған шақта біздің ауылға жүріп, Қаратаудың да әңгімелерін жазып қайтыңыз деп шақырады. Сөйтіп, үш-төрт күн құрметті қонақ етіп күтіп, иығына шапан жауып, қай кезде де есігіміз ашық деп шығарып салады. Содан бастап екеуі тек замандас, құрдас қана емес, алыстан сыйласа білетін ниеттесдосқа айналады.
Енді міне, тұңғыш қызы мектепті алтын медальға бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге талпынғанда Әлекең сол досының көмегі тиетініне имандай сеніп келеді. Ол кісі де телефонмен сөйлескенде: «Басқа ешкімге айтып әуре болмай-ақ, бірден өзіме келіңіз,» деп төтесінен бір-ақ тартыпты.
Сондықтан, бүкіл дүниенің тірлігі осы Қарашілік ауылдық округіне қарап қалғандайтаңның атысы, күннің батысы демей сүрлігіп жүретін Әлекеңнің ауыл әкімінен біраз күнге рұқсат алып, алыс жолға шыққан беті. Купеге кіріп, қол жүктерін жайғастырған соң, бір жастықты қолтығына басып, терезеден сыртқа қарап, жамбастап жатты да қойды.
Шіркін, күнде көріп жүрген сар даланың өзі мұндайда көңілге ерекше әсер етеді екен. Шойын жолдыңбірқалыпты ырғағымен баяу тербетіліп, жолсерік жігіт әкеліп берген ыстық шайдан оқта-текте бір ұрттап қойып жатқан Әлекеңе: «Жалғанды жалпағынан басып өткен Ескендір Зұлқарнайын да, Шыңғыс хан да мұндай рахатты көрмеді-ау, ә, – деген ой келеді. – Көзі тірісінде қандай құдыретке ие болса да жұмыр басты, екі аяқты пенде мәңгілік уақыт көшіне ілесіп жүре алмайды. Мынау жарық дүниедегі татар дәм-тұзы таусылған күні қара жерді томпайтып, бір төмпешік болады да қалады. Иә-ә… Ол заманда бүгінгідей пойыз да, ұшақ та, мәшине де болған жоқ…»
Сөйтіп жатып көзі ілініп, қорылдап ұйықтап кетіпті.

* * *
Өмір жолы Назгүл үшін оп-оңай басталған секілді көрінді. Емтихандардың ешқайсысынан сүрінген де, қиналған да жоқ. Бәріде белгілі пәндер, таныс тақырыптар. Тіпті өзі күткеннен әлдеқайда жеңіл болды.
Әйтсе де, ол мектепте үздік оқып, қатар-құрбыларының алды болғандықтан да өз тағдырының мейірленіп, қанатының астына алып тұрғанын, иә болмаса, жоғарыдан жол ашып отырған кісінің ерекше ықпалы мен қамқорлығыныңарқасында ғана тап осындай кең даңғылға түскенін анық ажыратып, біле алған жоқ. Бұл жағыбіржола жұмбақ күйінде қалды.
Назгүл Сәкеңді оқуға түскеннен кейін арада үш ай өткенде ғана көрді.
Әдеттегідей сабақ басталарда у-шу болып жататын аудиторияға деканаттағы хатшы қыз жүгіріп келіп: «Айтжанова, сені проректор шақырып жатыр!» дегенде, табалдырықтан енді аттай берген қарт профессор да, студентер де тосын жаңалық естігендей таңырқап қалған еді.
Назгүл болса, өзінің аудиториядан қалай шыққанын, үшінші қабатқа қалай көтерілгенін тіпті білген де жоқ. Қабылдау бөлмесіндегі егделеу жастағы апай проректордың кімді қай уақытқа шақырғанын бес саусағындай жатқа білетінін аңғартып, есікке қарай жақындай берген ұзынтұра, арық аспирантты тоқтатты да,бірден «сіз кіріңіз» деп бұған қарап иек қақты.
Қызғыш түсті қымбат жиһаз қойылған тай шаптырымдай үлкен кабинетті Назгүл сол жолы алғаш рет көріп еді. Төр жақтағы жалпақ столға шынтағын тіреп, биік креслода ойланып отырған орта жастар шамасындағы ер кісі оған бірер минут қана уақыт бөліп, омырау қалтасынан визиткасын алып ұсынды да: «Мұнда біздің үйдің адресі жазылған. Сабақтан кейін барып, Ажар апайыңа көмектес. Кешке қонақтар келеді,» деді.
Назгүл үн-түнсіз кері шегініп, дыбысын білдірмей шығып кетті. Ол мынандай үлкен кабинетте бір ауыз артық сөз айтудың өзі қорқынышты екенін іштей түсінді.

* * *
Күреңқызыл ат басын кегжитіп, оқыранып қалды. Назгүлдің ойы бөлініп, өзінің ат үстінде келе жатқаны есіне түскендей тізгінді тарта қойды.
Сөйтті де, Күреңқызыл қараған жаққа көз тікті. Үлкен белдің үстінде ақ боз атқа мінген біреу қараятын секілді. Алыстан бақылап, бұлардың жолын тосып тұрғандай.
– Кім болды екен? Мал іздеп жүрген кісі ме, әлде бейсауыт жүрген жолаушы ма. Не де болса, Назгүлдің мына далада жалғыз емес екенін ескертіп қояйын дегендей ме, қалай өзі.
Ол енді ер үстінде түзеліңкіреп отырып, көптен бері қаладан шықпай, у-шуға үйреніп қалған адамды мынау маң даланыңмамыражай тыныштығы масайтып, өзге дүниені ұмыттырып жіберетінін мойындағандай езу тартты.
Сырт көзге ашық-жарқын, ақ көңіл көрінгенімен, ауылдағылардың да көп нәрсені ішіне бүгіп қалатын әдеті. Назгүл Қызылкүреңдітебініп, енді ешқайда бұрылмай, үйге қарай тіке тартуды ұйғарды. Ат та осы сәтте үстіндегі кісінің көңіл-күйін тап басқандай желе жөнелді.

* * *
…Қоңырау басылғанда: «Қазір, қазір» деп ентіге дауыстап, балпаң-балпаң басып келіп есік ашқан етжеңді, дөңгелек жүзді әйелге ол еріксіз таңдана қарап:
– Мені… Ажар апайға көмектес деп… ағай жіберіп еді, – деді сөзін бөліп-бөліп әзер айтып.
– Иә, келе ғой, – деді ол кісі. Сөйтті де, Назгүлді асүйге қарай бастай жөнелді.
Алғашқыда өзінің түр-тұлғасына таңырқай қарайтын кісінің көңілінде қандай сұрақ туатынын жақсы білетіндігін байқатып:
– Ажар апайың – мен боламын, айналайын, – деп қойды.
Назгүлдің екі бетінің ұшы ду етіп қызарып кетті. Әйтсе де, манағы тай шаптырымдай кабинеттегі сұсты да сымбатты кісінің жұбайы, расында да, баяу қозғалып, ентігіп сөйлейтін осы бірсеміз әйел ме деген сайтан ой санасының бір түкпіріндежасырынып қала берді.
– Қайран, Ажар апай! Жас күніңізде қандай ерке бойжеткен болдыңыз екен? Кім болсам деп армандап, қандай биік мақсаттарға ұмтылдыңыз екен?..
Бұл күнде соның бәріне неге қолыңызды бір сілтеп, қала орталығындағы төрт бөлмелі кең пәтердің ішіне қамалып қалғансыз?..
Сәкең мен Ажар апайдың шүйіркелесіп отырып әңгімелескенін ол ешқашан көрген емес. Қонақтар кеткен соң отағасы өз кабинетіне кіріп алатын да, түннің бір уағына дейін қағаз жазатын. Ал Ажар апай болса, ентігіп жүріп ыдыс-аяқтарды жинап, «бәрі дұрыс және осылай болуы тиіс» дегендей бей-жай күйде үй тұтқыны боп қала беретін-ді.
Қайбір жылы Назгүл университетте жасақталған ғылыми экспедициямен бірге Жамбыл облысындағы Жұмбақ қалаға барып қайтқан. Әне, сонда Ажар апайы есіне түсіп, көзіне жас алып еді.
Себебі, ол жаққа бастап апарған қарт профессор Меркі тауларының етегіндегі жазық даладан, шамамен, VIII-IX ғасырларда бой көтере бастаған бұл қаланың құрылысы бір-ақ күнде, бүгінде дейін сыры ашылмаған жұмбақ жағдайда тоқтап қалғанын айтқанда, Назгүлдің көңілі толқып, Ажар апайдың тағдырында осындай Жұмбақ қалаға ұқсасқан-ды.
Рас-ау!.. Тау бөктеріндегі жазықтан салына бастаған сұлу қаланың құрылысына кімдер бөгет болды екен? Неге бір-ақ күнде тоқтап қалды екен?..
Көне дәуірден бері құпиясы ашылмай келе жатқантас ғимараттар мен төрт бөлмелі пәтерге қамалып, өзімен өзі бұйығы тіршілік кешіп жатқан Айша апайдың арасында қандай байланыс болуы мүмкін?..
«Себебі, ол да жас күнінде арман қуды, алдына биік мақсат қойды, – деп ойлады сонда Назгүл Айша апайдың бейнесін көз алдына елестетіп. – Кенет бәрінен бас тартып, Сәкеңе қосылды да, тас қамал секілді төрт бөлмелі пәтердің тұтқынына айналды. Неге?.. Оның сырын Айша апайдың өзінен басқа ешкім де білмейді…»
Бірде Назгүл сол пәтерге келіп қоңырауды басқанда, іштен «қазір, қазір» деген таныс дауыс естіле қоймады. Сонсоң есік тұтқасын ақырын ғана тартқанда өз-өзінен ашыла кеткені. Ол көзіне үрей толып, табалдырықтан имене аттағанда үлкен бөлмеденмузыка естіліп жатқанын аңдады.
Ажар апай жападан жалғыз пианинода ойнап отыр екен. Ол аяғының ұшынан басып, сыбысын білдірмей ішке кірді де, үлкен бөлмедегі ең шеткі орындықтардың біріне жайғаса кетті.
Көзін жұмып, музыка ырғағымен теңселіп отырған апай кенет:
– Бұл – Шопеннің «Жәннат бағы» деп аталатын пьесасы, – деді Назгүлдің үн-түнсіз келіп, ұйып тыңдап отырғанын аңғарып.
– Ой, қандай тамаша! – деді Назгүл қуанып,қолшапалақтап. – Апай, сіз… музыкантсыз ба?
– Жоқ, айналайын, – деді Ажар апай басын шайқап. – Мені консерваторияның үшінші курсынан шығарып жіберген…
– А-а… – деп таңырқады Назгүл. – Оның да бір себебі болған шығар?
– Әрине, болды, – деді Ажар апай жеңіл күрсініп.
Сол күні кешкілік Сәкең Астанаға ұшып кетті де, Ажар апай екеуі үйде оңаша қалды.
– Адам өзінің ортасына қарап өседі, – деді Ажар апай сол кеште алғаш рет Назгүлге сыр ашып. – Мен сияқты қалада туған ерке қыз өзі сияқты ерке, сымбатты, әдемі жігітті жақсы көреді емес пе. Ол екеуміз тал түске дейін ұйықтап, таң атқанша қыдыратын бір шулы компанияның гүлі болдық. Бұл қалада біз бармаған ресторан, түнгі клуб, біз қыдырмаған саябақ жоқ. Әне, сөйтіп шалқып-тасып жүргенімізде аспаннан бір-ақ күнде жай түсіп, бүкіл өмірімізді тас-талқан етті…
Кенет қараңғы бөлмеде Назгүлдің бойын үрей билеп, Ажар апай айтып отырған жай оғы тап қазір екеуінің арасына түсетіндей қалтырап кетті.
– С… с… со-одан соң не болды?
– Ажар апай үйдің төбесіне қарап, біраз үнсіз қалды.
Бір күні біздің компаниядағы екі жігіт бәстесіп, таңға жуық бүкіл қала ұйқы құшағында жатқанда әке-шешелері жақында ғана алып берген су жаңа машиналарымен жарысқа түсетін болды. Ал компаниядағы басқа жігіттер мен қыздар Райымбек даңғылындағы аспалы көпірдің үстіне шығып, улап-шулап, ысқырып, қол бұлғап тамашалап тұрдық.
Мұндай жарыстар бұрын да бола беретін. Бірақ, бұл жолғысы тіпті ерекше еді. Машиналар үлкен даңғылдың бойымен күнбатысқа қарап «старт» күтіп тұрды.
Біздің ортамыздағыбір бала қолындағы ақ жалауды сілтеп қалғаны сол екен, жарыс басталды да кетті. Моторлар ышқынып, екі машинаызғи жөнелгенде түнгі қаланың тыныштығы динамитпенжарған мұздай быт-шыт болды. Маңайдағы үйлердің тұрғындары ұйқысынан шошып оянып, іш киімшең балконға атып шығып, бізге қарап жұдырықтарын түйіп, кіжініп айғайлап жатты…
Кенет солардың ашу-ызасынан туған қарғыстардың бірі дөп тигендей көз ілеспес жылдамдықпен келе жатқан машина жолдан тайып кетіп, Райымбек пен Сайын даңғылдарының қиылысындағы үлкен көпірдің жақтауына соғылып, көз алдымызда күл-талқан болды…
Сол күні мен үшін мына өмірдің барлық қызығы аяқталды. Өйткені, әлгі қираған машинаның руліндегіменің жігітім еді…
Келер жылы әкемүйге жиі келіп тұратын карьерист, ішкі есебі мықты аспирантынамені қосты да, мына пәтердіекеумізге қалдырып, жаңа астанаға көшіп кетті.
Міне, Ажар апаңның мынау төрт бөлмелі тас қамалға тұтқын болуының бар сыры осы…

* * *
Бесінші курсқа көшкен жылы күзде бұлар бір ай бойы Солтүстік Кавказда болып, өндірістік тәжірибеден өтіп келді. Студенттер мінген пойыз ән салып, Алматыны сағынып жеткенде естіді, Ажар апайы осыдан бір апта бұрын демікпе ауруынан қайтыс болыпты…
Келер жылы көктемде деканаттағы хатшы қыз Назгүлді тағы да проректордың шақырып жатқанын айтты. Сол баяғы қызғыш түсті қымбат жиһаз қойылған кабинеттегі креслосынан Сәкең үн-түнсіз тұрып, оған үйдің кілтін ұсынды да: «Бүгін алыстан қонақ келуші еді. Ажар апайыңды жоқтатпай, екі кісіге арнап дастархан дайында,» деді қысқа ғана.
Бірақ, ол күні ешқандай қонақ келген жоқ. Алдын ала дайындалған дастарханның төріне Сәкеңнің өзі келіп отырып: «Ұшақ кешігіп жатыр екен. Оған дейін екеуміз жүрек жалғай тұрайық,» деп, екі рюмкаға армян коньягін құйды. Назгүл:«Мен ішпеймін ғой» деп үрейленіп, орнынан атып тұрмақ болып еді, Сәкеңнің қадала қараған сұсты жанары оны отырған жеріне мықтап шегелеп тастады.
Екі-үш рюмкадан соң жадырап, көңілдене бастаған Сәкең: «Назгүлжан, айналайын, бүгіннен бастап осы шаңырақтың билігін өз қолыңа ал,» деп үй ішін көзімен бір шолып өтті.
Назгүлдің басы айнала бастады. Сәкеңнің нені меңзеп отырғаны санасына сыздықтапәрең жеткенде «бұл проректордың балдызы» деп өзіне қызыға да қызғана қарайтын студент қыздар секілді тілі байланды да қалды. Тіпті Сәкеңнің не деп тост айтқанын, онымен қалай рюмка соғыстырып, брудершафт алып қойғанын білген де, сезген де жоқ…

* * *
Күн бата шарбақтың сыртына бір «жигули» келіп тоқтады да, машинаның терезесінен басын қылтитқан қара домалақ бала:
– Назгүл әпше үйде ме? – деп дауыстады.
– Иә, үйде, – деді есік алдына су сеуіп, сыпырып жүрген Күләш.
– Мен со кісіні алып кетуге келдім.
– Қойшы-ей! – Күләш күліп жіберді. – Сен кімсің өзі? Ә-ә… Сайраш әпкенің баласысың ба?
– Иә.
– Е-е, сөйтіп жөніңді айтпайсың ба. Әй-шәй жоқ, алып кетуге келдім деп… Нешінші класта оқисың?
– Алтыншыға көштім.
– А-а… Немене, мәшинені өзің жүргізіп жүрсің бе?
– Аһа!
– Үйбай-ау, саған қалай сеніп тапсырып қойған?
– Ауыл арасы жақын ғой. Трассаға шықпай-ақ, төте жолмен апара салам.
– Өй, пысығын қарай гөр өзінің!
Осы кезде үйден Назгүл де шықты. Әуелде қонаққа Айжанды бірге ала барам ба деген ойы болған еді, бірақ мына «шопыр баланың» түрін көрген соң, ол ойынан айнып қалды.
Жол бойы қара домалақ балаға қайта-қайта қарап, жымиып отырды. Баланың басы терезеге әрең-әрең жетеді екен. Алдағы жолдан көз алмай, газды арқырата басып келе жатып:
– Әпше, кәзір байқаңыз, екінші скоростан төртке бірден көшеміз, – деп қояды.
– О неге?
– Себебі, үшінші скорость істемейді.
Бала, расында да, біраз екпін алып барып, төртіншіге бір-ақ салды. Әп-сәтте тынысы ашылғандай машина зымырай жөнелді. «Ой, азамат!» деді Назгүл іштей риза болып.
– Машина жүргізуді кім үйретті?
– Сәруар ағам.
– О-о, сенің ағаң…
– Назгүл ойланып қалды. «Сайраш осы, қай жылы тұрмысқа шығып еді?»
Бала да соны сезгендей:
– Әкемнің інісі ғой, – деді мұрнын бір тартып қойып. – Менің мамамның қайнысы болады.
– Ә-ә, – деп күлді Назгүл. – Әкеңнің інісі – мамаңның қайнысы болатынын жақсы білем.
– Қайдам, қалада тұрған соң ұмытып қалды ма деп жатқаным ғой.
Осы кезде қара жолмен зымырап келе жатқан машина оң жақ бүйіріне сылқ ете түсті де, қара баланың аяғы газдан шығып кетіп, тормозды баса қойды. Назгүл алдыңғы терезеге басын соғып ала жаздады.
– Ой, кешіріңіз, – дедіқара бала пысылдап. – Мына жастықтың тайып кеткенін қараңызшы…
Назгүл енді ғана байқады. Рульге бойы әрең жетіп боп отырған қара домалақ бала құйрығының астына бір жастық қойып алған екен. Жаңа машина солқ ете түскенде солтайып кетіпті. Енді оны орнына жөндеп қойып, қайтадан бірге, екіге, сонсоң төртінші жылдамдыққа көшіп, зымырап ала жөнелді.
– Жайырақ жүргіз, – деді Назгүл оған ескерту жасап. – Жол тегіс емес қой.
– Қара бала жылдамдықты сәл бәсейтіп, Назгүлдің жүзіне бір көз тастап алды да:
– Әттең, трассамен жүрсек теболатын еді, – деді. – Бірақ ГАИ-дегі көкелеріміз жүргізбейді ғой. Өткенде соларға бір ұсталып қап… мәшинемді алып қойған. Кейін Сәруар ағам әрең деп келісіп, үйге әкеп берді. Содан бері аздап тайсақтап жүрмін.
– Бәрекелді, өзің нағыз азамат екенсің! Мәшинең де мықты!..
Бала Назгүлдің жорта мақтап келе жатқанын сезіп, аздап қысылыңқырап:
– Негізі, бұл Сәруар ағамның арқасында жүріп тұрған мәшине, – деді. – Әйтпесе, көкем баяғыда-а ескі ауылға тастап кетпек болған. Десе де, Сәруар ағам өйтіп-бүйтіпжөндеді ғой, әйтеуір. Енді мынау, жылдамдық ауыстырғышын жаңартсақ болды.Әне, сонда, әпше, өзіңіз сияқты сұлу келіншектерді ары-бері зырылдатып тез-ақ алып жүреміз!
– Аха-ха-ха!
Назгүлдің күлкісі тіпті қатты шығып кетті. Бала рульден айырылып қала жаздап, тез түзелді. Көптен бері бүйтіп ынты-шынтысымен күлген жоқ еді. Біразға шейін өзін-өзі тоқтата алмай, сықылықтады да отырды.
Сонсоң баладан ептеп ыңғайсызданып:
– Сәруар ағаңды жақсы көреді екенсің, – деп қойды.
– Иә-ә! – Қара баланың көзі күлімдеп сала берді. – Сәруар ағам күшті. Үш жыл теңіз флотында служить етіп келді. Аттың бабын, техниканың тілін бұл жақта одан жақсы білетін адам жоқ. Кітапты да көп оқиды. Бірақ… Мәскеуге екі жыл қатарынан барып, оқуға түсе алмай келгені болмаса…
– А-а… Неге Мәскеуге барған?
Өйткені, Сәруар ағам таңдаған институт тек Мәскеуде ғана бар екен.
– С-солай де… Ол қандай институт болды?
– Әдебиет институты дейді.
Назгүл ойланып қалды. Сәкеңнің сол институтты бітірген бір шалақазақ досы бар еді. Орыс тілінде өлең жазатын. Кейінгі жылдары көп ішіп кетті. Бір-екі рет ресторанда басы кеудесіне құлап, мас боп отырып: «Меня никто не понимает!» деп айғайлағаны бар-ды.
– Ағамды түсінбейтін кейбір кісілер оны «қияли» деп жүр, – деді осы кезде қара домалақ бала.
– Неге?
– Өйткені, ол Үлкен бел жаққа барып кітап жазады. Көп ойланады. Кейде тіпті, сол жақта қонып та қалады.
Аздан соң алдарынан жарқырап кеншілер қалашығының шамдары көрінді. Мұндағы үйлердің көпшілігі қос қабатты коттедждер екен. Араларында бес-алты қабатты әкімшілік ғимараттарыда бар. Асфальт төселген кең көшелердің ортасына ағаш, гүл егетін жолақ қалдырып, аз уақыттың ішінде гүлзар баққа айналдырып жіберіпті.
Мұндай үйлерді Назгүл шетелдік сапарларда жүргенде машинаның терезесінен талай рет көрген-ді. Бірақ, арнайы тоқтап, тамашалаудың сәті түспепті. Негізінен оларды жап-жасыл бау-бақшалар көмкеріп, көзден тасалап тұрушы еді. Тек алыстан көрінетін қызыл-қоңыр керемет шатырлары ғанажылыұшырап, қонаққа шақырғандай болатын. «Енді міне, сондай қалашықтардың бірі біздің далаға да орнапты, – деп қуанды Назгүл. – Кім біледі, әр түрлі кенге бай Қаратаудың қазынасына мұндай мың-миллион қалашық салуға болатын шығар.»
Сайраштардың үйі екі отбасына арналып салынған екі қабатты коттедждің бір жартысы болып шықты. Есік алдындағы шағын шарбақ қоршаудың ішіне егілген гүлдердің хош иісі кешкі ауада айрықша сезіледі екен.
Ол машинадан түсе бергенде екі-үш келіншек шу етіп, қуана қарсы алып:
– Ойбай, Назгүл-ау, сені көрмегелі қай заман! Келші, қане, келші, бетіңнен бір сүйейін.
– Қалаға кеттің де, ауылды мүлде ұмыттың ғой, жаным-ау!
– Тү-у, сол баяғы жап-жас қалпың! – деп кезек-кезек құшақтап, айналаны бастарына көтеріп жатты.
Маң даланың мақпал кеші олар күлген сайын мейірленіп, кең құшағын жая түсті.
* * *
Бір ауылда өсіп, бір мектепте оқыған үш-төрт келіншек Сайраштың үйінде бала кездегі бастарынан кешкен қызықтарды естеріне алып, емін-еркін әзілдесіп отырды. Әйткенмен, улы кеннің қасіретіара-тұра бұлардың да әңгімесінің арасынан қылаң беріп қалады екен.
Сөз реті келгенде Назгүл ақ сары реңді, жіп-жіңішке, сүйкімді келіншек Сәулешке бұрылып:
– Біздің Сәулеш те сол баяғы сәмбі талдай майысқан қалпы, – деп қалып еді.
– Басқаларда оны:
– Иә-ә, солай, мына дүние күйіп жатса да бұл өзгермейді.
– Сол баяғысынша иіліп тұра береді!
Сәмбі тал десең,сәмбі тал! – депду етіп қоштай жөнелген.
Ұяң мінезді Сәулеш ақырын ғана басын изеп, жымиып отырған күйі:
– Айтыңдар, айтыңдар… бірақ сендер ол талдың баяғыда-а қурап қалғанын білген жоқсыңдар, – деп бәрін бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатып тастады.
Келіншектер де «енді… сенің басыңдағы жағдайды түсінеміз ғой» дегендей үнсіз қалды. Бұдан екі-үш жыл бұрын Сәулештің күйеуі асылып өліпті деген тосын әңгімені Назгүл де естіген-ді. Жаңаонымен құшақтасып көріскенде бірден көңіл айтуға именіп, мына қуаныштың шырқын бұзбай-ақ қояйын деп еді, енді соған іштей өкініп қалды.
Кенет өр мінезді, өжет келіншек Алтын:
– Әй, біз де жетісіп жүрген жоқпыз! – деді даусын көтеріп. – Сен байыңнан өлідей айырылсаң, біз тірідей айырылып отырмыз!
Бұл сөз Назгүлдің құрбыларына Сәулештің қайғысынан да ауыр тигендей болды. Бірі шай ұрттаған болып, бірі дастарханның шетіндегі нан қоқымын жинағансып көзін төмен салды.
Сөйтсе де Сайраштың үйіндегі отырыс түн ортасына дейін созылды. Келіншектер аз-аздап коньяк ұрттап, ән салып, көңіл көтерді. Назгүл: «Ал енді, мен қайтайын,» деп рұқсат сұрағанда ғана олар уақыттың сол баяғы жүрісінен жаңылмай ұзап бара жатқанын бір-ақ білді. Есік алдына шыққанда ескі ауылға баратын жалғыз Назгүл ғана болып шықты. Алтын да, Сәулеш те, үндемес Мағира да осы қалашықта тұрады екен.
– Әй, сен де қона сал, үй жетеді!
– Бәріміз төсекті қатар салып, сырласып жатайық!.. Бәрібір түнде істейтін ештеңе қалған жоқ. Аха-ха-ха!
– Біздің үй де бос. Жігіттердің бәрі вахталық әдіспен жұмыс істейді. Он бес күнге бір-ақ кеткен! –деген құрбыларына алғыс айтып, кішкентай Айжанның таңертең өзін іздейтінін сылтауратып жолға жиналғанда Назгүлді бағана осында алып келген «шопыр бала» мұрны пысылдап қалың ұйқыға кіріскен екен. Сайраш бетін шымшып: «Ойбуй, енді қайттім!» дей бергенде екінші қабатқа көтерілетін ағаш баспалдақ жақтан:
– Мен үйдемін ғой, жеңеше, -деген біржігіттің даусы естілді. –Уайымдамаңыз, қонақты өзім жеткізіп саламын.
– А-а, Сәруар… сен қашан келіп қалғансың? Бағана өзіңдіәбден іздеп, таба алмап едік.
– Далағашығып, біраз серуендеп қайтқам. Алдын-ала ескерте салмаған екенсіз де…
– Жарайды енді, «Ештен кеш жақсы» деген. Ескі ауылдан келген жаңа қонағымызды жеткізіп сал.
Кеншілер қаласынан ұзап шыққанда кеудесіне баданадай-баданадай жұлдыздар таққан түнгі аспан керіліп, құс жолы сайрап жатқан-ды. Маң даланың таза ауасы Назгүлдің көзіне тығылған ұйқыны қуып, бойын сергітіп, белгісіз бір ұзақ сапарға шақырғандай болады.
Рульде отырған жігіт Назгүлдің көңіл-күйіндегі осыбір өзгерісті сезіп келе жатқандай:
– Туған жерді сағынған шығарсыз, -деп үн қатты.
Жүзі жылы, сыпайы жігіттің қоңыр даусы оны құдды бір сырласуға шақырғандай құлағына өте жағымды естілді.
– Әрине, – деді Назгүл маң даланың жұпар иісі аңқыған мақпал түндеәңгімелесетін жанның табылғанына қуанып. – Өзің өскен өлкеден артық пейіш жоқ қой.
– Қызық, – деді жігіт. – Туған жердің қадірін білу үшін алыста жүріп, сағынып оралу керек сияқты.
Манағыдай ойқы-шойқы қара жолмен емес, трассамен келе жатқандықтан ба әлде мына жігіттің ептілігі ме, машина өздігінен жеп-жеңіл сырғитындай. Салон да тап-таза. Машина да жап-жаңа.
– Иә, солай болар, – деді Назгүл оны қоштап.-Үш жыл теңіз флотында қызмет етіпсіз. Сіз де сағыныштың дәмін татқан боларсыз.
– Иә, – деді жігіт басын изеп.
– Екі жыл қатарынан Мәскеуге барып, әдебиет институтына құжат тапсырыпсыз, – деді Назгүл енді онымен әзілдескісі келгендей даусын құбылтып.
– А-а… Иә-ә!..
Кенет жігіт өзі туралы жәйттерді Назгүлдің қайдан біліп алғанын түсіне қойып, қарқылдап күліп жіберді.
– Қара бала сізге ауылдың біраз жаңалығын айтқан екен ғой.
– Иә. Өзі сондай ақкөңіл екен.
– Аһа, онымен бірге жүрсеңіз ішіңіз пыспайды!
Енді екеуі де қосыла күліп, қара баланың құлағын шулатып біраз мақтап алды. Назгүл мына жігітті бұрыннан танитындайашық-жарқын әңгімелесіп, оп-оңай әзілдесе жөнелгеніне іштей таңырқап та келеді.
– Неге Мәскеуді қаладыңыз? – деді оны тағы да сөзге тартып.
– Өйткені, әдебиет институты тек сонда ғана бар.
– Демек,жазушы болғыңыз келеді екен ғой?
Сәруар бірден жауап қатуға ыңғайсызданғандай аз-кем мүдіріп қалды.
– Білесіз бе…
– Жоқ! – Назгүл күліп жіберді. – Сіз айтпасаңыз, білмеймін.
– А-а, солай екен-ау, – деді жігіт езу тартып. – Мен айтпасам, расында да, білмеуіңіз мүмкін. Біздің Тәкен ағамыз он сегіз жылМәскеуде тұрды емес пе. Әдебиет институтында сабақ берді ғой.
– Ә-ә, иә, ол кісі туралы аздап білемін. Өнер адамдары жайында жазған новеллаларын оқығам.
– Керемет қой. Шынымды айтсам, менің де Тәкен аға секілді жазушы болғым келеді.
– Ім-м… Сізбен әңгімелескен қызық екен. Атыңызды неге Сәруар деп қойған?
– Нағашы атам: «Көшбасшы болсын!» деп ырымдапты.
– Жақсы екен.
Сәруар жауап қатқан жоқ. Сәл ойланып отырды да, кенет:
– Мен бүгін сізді Айкүмбез жақтан көрдім, – деді.
Назгүлдің көңілі секем алып қалды. Сонан соң әлдебір жәйт есіне түскендей:
– Күндіз Үлкен белдің үстінде тұрған сіз бе едіңіз? – деді.
– Иә.
– Күнде сөйтіп серуендейсіз бе?
– Реті келгенде. Ал сіз…ертең серуенге шығасыз ба?
– Жоқ.
Назгүл қатқылдау жауап қатты. Сонсоң өзіне алыстан, Үлкен белдің үстінен қараған жігіттің еш кінәсі жоқ екені есіне түскендей:
– Білмеймін… – деді ақырын ғана.
Олар трассадан бұрылып, ауыл ішіндегі жолмен үйдің жанына келіп тоқтады. Сәруар машинаның жарығын сөндірген жоқ. Өзі Назгүлдің алдына түсіп, шарбақ қораның есігін ашып, қызмет көрсетумен болды. Сөзі де, қимылы да ширақ жігіттің ықыласына Назгүл іштей сүйсініп қалды.
– Рақмет, – деді қоштасарда қолын созып.
– Сау болыңыз!
Есік алдында темекісінің шоғы қызарып әпкесін күтіп тұрған Адырбайдың көзі машина жарығына шағылысып:
– Ассалаумағаликөм, Адеке, – деген Сәруарды танымай:
– Бұ қайсың, ей? – деп жатты.
– Сәруармын ғой.
– А-а, Назкенді әкелген екенсің ғой. Бәрекелді… Үйге кір, шай ішейік.
– Келесі жолы, Адеке. Қазір түн ортасы боп қалды.
– Әй, оны өзім де біліп тұрмын! Несі бар, Күләш тез-ақ шай қоя салады.
Адырбайдың даусы қараңғы түнде дабырлап алысқа кетіп жатты.

* * *
Ол таңертеңгілік мойнынан құшақтаған кіп-кішкентай қолдың жылуынан оянды. Бетін бетіне тақап, мұрны пысылдап еркелеп жатқан Айжан екен. Назгүл оны құшақтай алып, мойнынан құшырлана иіскеді де:
– Сен қашан ояндың? – деді жымиып.
– Ба-ға-на, – деді Айжан әр сөзін буын-буынға бөліп, аузын томпайтып. – Ал сен ә-лі ұйық-тап жат-сың.
– Иә-ә, мен ұйықтап жатырмын!
Назгүл көзін қайта жұмды. Айжан оның мойнынан қытықтап:
– Тұр, – деді сықылықтап. – Сені бәрі күтіп отыр.
– Кім? – деп Назгүл көзін ашып алды. – Тағы да қонақтар келді ме, немене.
– Жо-о-оқ. Апам күтіп отыр. «Шешең тұрған соң, шай ішеміз» дейді.
– А-а, – деді Назгүл таңғалып. Оған Айжан ауылға келгелі бері әлдеқайда есейіп кеткендей көрінді.
Сонсоң көзін бақырайтып:
– Мен тұрмасам, шай ішпейсіңдер ме? – деді даусын гүжілдетіп.
– Жо-о-оқ, – деп Айжан күліп жіберді. – Әрқайсыңа жеке-жеке дастархан жайып отыратын шама жоқ.
– Мәссаған!
«Апасының айтқан сөздерін айнытпай қайталайтын болыпты,» деп ойлады Назгүл орнынан тұрып жатып.
Шайдан кейін Назгүл кешегідей Қызылкүреңмен тағы да біраз серуендеп қайтпақ болып, атты ерттей бастады. Қазан-ошақ жақта қолындағы білезігі сылдырлап ыдыс-аяқ жуып жатқан Күләш:
– Әпке, ат суарып қайтпақшысыз ба, – деді.
– Иә, біраз жүріп қайтам. Адырбайға бүгін ат керек бола қоймас, сірә.
– Жо-о-оқ, – деді ауыл арасында болатын той-томалақта әу деп жіберетін әдеті бар ақкөңіл Күләш даусын әндете созып. – Бұл атқа қарайтын, негізі, өзіміз ғой. Оның қолы тие бермейді.
– Онда мен суарып әрі серуендеп келейін.
– Жарайды, әпке. Сіз келгелі өзеннен су ішіп, атқа да жақсы боп қалды.
Күреңқызыл ауылдан ұзай бере «ә-ә, білдім, кешегі сапарды бүгін де жалғастырмақпыз ғой» дегендей басын шұлғып-шұлғып алып, таныс жолмен тасырлап желе жөнелді. Алайда Қарасуды кешіп өтіп, Үлкен белге бет алғанда тізгін иесі кешегідей емес, ат басын жазық далаға қарай бұрды.
Ол кешегі Сәруар тұрған тұстан алыстау жүргенді қалады. Түнде өзінің жеңілтек қыз сияқты сықылықтап күліп, жас жігітпен әзілдескені есіне түскенде әйелдік намысы оянып, өз-өзінен қысылып Қызылкүреңді қаттырақ тебініп қалды.
Назгүл бүгін Айкүмбезді алыстан айналып өтіп, көне зираттың ар жағындағы Кіші белге көтерілді. Қалың қау басқан қабірлердің үстіндегі құлпытастар, үлкенді-кішілі күмбездер бұл жақтан тіпті анық көрінеді екен.
Оның көңілі тағы да алаңдап, әке қабірін іздеді. Соңғы рет әкесінің қалаға қашан келгені, екінші Алматы вокзалында екеуінің қалай қоштасқаны есіне түсті.

* * *
…Түні бойы себелеп жауған қар таң ата басылып еді. Содан ба, қаланың ауасы тазарып, көшеге шыққан жұрт тереңірек тыныс алғысы келіп, шыңылтыр аязға мұрнын шымшытып барады.
Назгүл ерте оянып, қысы-жазы осындағы үйлердің ауласына келіп сүт сататын ақ машинаға алғашқылардың бірі болып барды да, бір бидон сүт алып келді. Сонсоң таңғы шайдың дастарқанын жасап, әкесін шақырмақ болып қонақ бөлмеге кіргенде, оның терезеден сыртқа қарап, ауыр ойға шомып тұрғанын көрді.
Екеуі ас үйде шай ішіп отырғанда да әкесі ашылып ештеңе айта қоймады. «Мен қазір машинамды жіберем, папаңа қаланы аралатып, қалаған затын алып бер,» деп Назгүлге телефон соққан Сәкеңнің ниетіне ақырын ғана бас изеп, алғыс айтқаны болмаса, ықылас таныта қойған жоқ. Сәлден соң:
– Мен өзім көшеге шығып, біраз жаяу жүріп қайтайын, – деді қызына қарап өтініш білдіргендей болып.
– Пап, сізге бір жақсы костюм алсақ па деп ек…
– Рақмет, айналайын. Дүкен аралағанды онша жақтыра бермейтінімді білесің.
– Жарайды.
– Мүмкін, мамаңа бірдеңе аларсың, – деді әкесі кенет қызының көңілін қалдырғысы келмегендей. – Өз басым Алматыны жаяу аралағанды жақсы көрем. Шіркін, Алатау, қарасаң көз тоймайтын жер ғой!
Ол кісі киініп, сыртқа шығып кеткен соң, Назгүл тез-тез ыдыс-аяқтарды жинап, Сәкеңнің машинасымен дүкен аралап қайтуды ұйғарды.
Биыл күзде Ажар апайдың жылын өткізген соң олар некеге тұрып, Сәкеңнің бір топ жолдастарыменбірге ресторанда атап өткен болатын. Назгүлдің аяғы ауырлап, іші білініп қалған кез еді. Көп өтпей-ақ Сәкең университетке ректор болып тағайындалды. Осының бәрін де олар жақсылыққа жорыды. Енді тек, Назгүлдің ауылдағы ата-анасының алдынан өтіп, ризашылығын алу ғана қалған-ды…
Ол жайында әуелі әңгіме қозғаудың өзі де қиын болды. Әкесімен жасты кісіге тұрмысқа шыққан жап-жас қыз туралы ауылдағы жұрт не дейді, әке-шеше қалай қабылдайды? Бауырлары ше? Намыстанбай ма? Мұның бәрі Назгүл үшін жұмбақ та қорқынышты жәйттер еді. Ал Сәкең болса, оны: «Жарайды, уақыты жеткенде өзім-ақ айтамын,» деп жұбататын.
Енді міне, екі арадағы жел сөз әкесінің құлағына жетіп, мұндағы жайды өз көзімен көріп-білуге келіпті. Кеше олар, Сәкең екеуі бұрынғыдай құшақ жая көрісіп, арқа-жарқа болып әңгімелесе алған жоқ. Әкесі ауыл-елдің жаңалығын қысқаша ғана айтып, барынша сабыр сақтап, көзінің қиығымен қызының, расында да, жүкті екенін байқап, іштен тынып отырды. Сосын жолдан шаршап, басым ауырып келді деп, қонақүйге барып тынықпақ болғанында Назгүл шыр-пыр болып, осында қона кетуге әрең көндірді. Бұрынғы құрдасының, ендігі қайынатасының көңілін табуға Сәкең барынша тырысып-ақ бақты.Назгүлекеуі оңаша қалғанда: «О кісіні өстіп біздің үйдің атмосферасына бірте-бірте үйрете беру керек,» деп кеңес беріп те үлгерді.
Назгүл Сәкеңнің қызмет машинасымен орталықтағы әмбебап дүкенге жетіп алған соң, кері қайтарып жіберді. Бүгін өзі де әкесі секілді оңаша, емін-еркін қыдырғысы келді. Күн төбеге көтерілген сайын аспан мөлдіреп, айнала төңірек жадырап ашыла бастады. Шыңылтыр аяздың сағы сынып, ақ ұлпаға оранған қаланың жүзі жылып, айналадағыжұрттың бетіне қан жүгіріп, көше-көшедегі тіршілікке жан біткендей болды.
Орталық әмбебап дүкеннің алдынан басталатын арбаттағы сәкілердің бірінде бурыл сақалды қарт музыкант саксафонмен батыс классикасынан үзіп-жұлып ойнап отыр екен. Ол әуендердің әсері тыңдаушылардың көз алдына бір сәтке Венаны, Римді, Парижді елестетіп өткендей болады.
Ол дүкенге кіріп сауда жасап, қайта шыққанда әлгі қарт құйқылжытып «Қазақ вальсін» бастады.
Май туса, гүлдер шешек атса жазда…
Арбатта кетіп бара жатқан жұрттың жүзі жадырап, желтоқсан айында кенеттен күн жылынып, айналадағы ағаштар бүршік атып, жапырақ жая бастағандай таң-тамаша күйге бөленді. Ақ, қара, қызыл, сары, жасылетік киген аяқтар кідіріп, әуен төгілген жаққа қарай бұрылды. Қарт музыканттың алдындағы аузы ашық жатқан ескі қобдишаға сыңғырлаған тиын-тебендермен бірге шытырлаған жаңа банкноттар түсе бастады.
Күн көзіне шағылысқан саксофонның кернейінен қалықтап шыққанқазақ музыкасының классикасы зеңгір аспанға қанат қағып, зау биікке самғап бара жатқандай. Назгүл сәл бөгеліп, тыңдап қалды. «Шіркін-ай, адам қиялын шарықтатып, аспанға алып ұшатын осындай сиқырлы күштер де бар-ау…» деп ойлады мұңайып.
Сол күні кешкілік ол әкесін екінші Алматы теміржол вокзалынан шығарып салды. Күн ұясына қонақтап, кешкі ызғар қатайып келе жатқан шақ болатын. Күндіз аздап еріп, бұғат-бұғаттардан сытырлап тамып тұрған тамшылармұз боп қатып, сүңгілердің мұрны ұзара түсіпті.
Пойыз жүретін уақыттан ертерек келген олар перронда біраз серуендеді. Анда-санда бір тіл қатысып қойғандары болмаса, көбіне үнсіз. Бір-бірінонсыз да жақсы түсінеді.Бар сырды іштеріне бүгіп, оқыстан бір ауыз сөз айтыла қалса,жаңбырлы күнгі тоғандайақтарыла жөнелетінін сезеді.
Тек пойызға мінер алдында ғана әкесі бүгіндікке алғаш рет қызының бетіне тіке қарап, маңдайынан иіскеп:
– Қарағым-ай, осы қалағасені өзім жетектеп әкеліп едім, енді қалай әкетерімді білмей тұрғанымды қарашы, – деді даусы дірілдеп, көңілі бұзылып. –Бақытты бол, айналайын!..
Назгүл оның кеудесіне басын қойып, солқылдап жылап жіберуге шақ қалды.
Әйтсе де, әке жүрегіндегі қайғының қаншалықты қалың екенін ол кейін түсінді. Өз перзентін кәрі айдаһардың қолына өзі әкеліп тапсырғандай пұшайман болған ақ көңіл, аңғал жанның жүрегі көпке шыдаған жоқ…

* * *
Кіші белді қиялап, ту сыртынан шыға келген ақ боз атты жігітті ол ой құшағында тұрып аңдамай да қалыпты.
– Сәламатсыз ба!Оқыстан шыққан дауыстан шошып қап, жалт қараған сұлу келіншектің көзіндегі жасты көріп, Сәруар абдырап қалды. – Кешіріңіз… Ойыңызды бөліп жібердім білем.
– Жо-жоқ, – деді Назгүл басын шайқап, көзін сүртіп.
Неге екені, Сәруарды көргенде бұлт арасынан күн шыққандай жадырап, көңіліндегі мұң сейіліп сала берді.
– Туған жердің әсері ғой, -деді езу тартып.
– Иә, Айкүмбез – көне заманалардың куәсі! – деп Сәруар оның көңіліндегі мұңды өзінше жорыды. Бұл сөз Назгүлдің жан дүниесін жаңбырдан кейінгі қоңыр самалдай желпіп өтті.
– Сіз оның тарихын жақсы білетін шығарсыз?
Жігіт ойланып қалды.
– Жоқ! – деді содан соң. – Менің де білетінім сол, ел ішіндегі айтылып жүрген аңыз ғана. Бірақ…
Ол өз ойымды айтсам, сіз қалай қабылдар екенсіз дегендей Назгүлдің бетіне қарады.
– Иә?..
– Меніңше, аңыздың қашан, қалай пайда болғаны емес, кейінгі ұрпаққа қандай ой,өсиет қалдыратындығы маңызды.
Айкүмбез аңызын бала күнінде Назгүл де естіген-ді. Ұшы-қиырына көз жетпейтін ұлан-байтақ қазақ даласының күнгейі Қоқан хандығының уысына түсіп, жан сауғалап, жауға кіріптар болып отырған кез екен дейді. Бейшара халықтың бергенін қолынан, бермегенін жолынан алып келе жатқан салық жинаушы жасақ күндердің бір күнінде осы өңірдегі Жомарт байдың он төрт-он бес жастар шамасындағы сұлу қызын көріп қалып, ханға апарып сыйламақ болады.
Бірақ, қыз ебін тауып, әкесінің жүйрік атына мініп қаша жөнеледі. Сөй­тіп,олардан алыстап, аққан жұлдыздай зымырап бара жатқан шағында, енді жете алмасын сезген жау қорамсаққа қол салады. Қол салғанда да мол салады. Қарша бораған улы жебенің бірі ысқырып келіп қыздың дәл жүрегіне қадалады…
Кейін ел ес жиып, туған жерді жаудан азат еткен кезде әлгі сұлудың қабірінің басына күмбез орнатыпты. Және ол күмбез түнде ай сәулесіне шағылысып, сырласып тұратындай көрінгендіктен Айкүмбез деп атап кетіпті…
Сол аңызды есіне алып:
– Ал мына күмбезелге қандай ой салады деп ойлайсыз? – деді ол.
Жігіт Қызылкүреңнің алқымына қарай мойнын соза берген ақ боздың тізгінін тартып:
– Айкүмбез – кіршіксіз тазалықтың белгісі болар, – деп жауап қатты. – Қыз өлімі – шынайы дерек, ал қалғаны – елдің қиялы мен құрметі.
Күмбездіңдәл жанында тұрғандықтан ба, маң даладағы қыз өлімі күні кеше ғана болғандай Назгүлдің денесі түршігіп кетті.
«Япыр-ай, әлі балиғатқа да толмаған жап-жас қыз айқай-сүрең салып қуып келе жатқан содырлардың жебесі жүрегіне қадалғанда: «Мына дүние неткен қатал еді?!.» деп аһ ұрып кеткен болар-ау…» деп ойлады.
Тап осы сәтте Сәруар оның көңілін демегісі келгендей:
– Егер қарсы болмасаңыз, аттарды желдіртіп Үлкен белге көтерілсек қайтеді? – деді.

* * *
Әуелде ақ боз мына жүріске қанағаттанбағандай екпіндеп, басын алып қашып, беталды шаба жөнелуге құмбыл болып келе жатқан-ды. Тізгінді тарта-тарта Сәруардың да қолы тала бастағандай. Соны сезген Назгүл кенет Қызылкүреңді тебініп қап, қамшыны басып-басып кеп жібергені. Бейғам келе жатқан жануар «оу, мұныңыз не» дегендей бір сілкініп алды да, ескі сүрлеумен Үлкен белге қарай құйғыта жөнелді. Шапқан сайын еті қызып, тынысы ашыла түсті. Ә дегенде өкшелеп келе жатқандай көрінген ақ боз ат бірте-бірте кейіндеп қала берді.
Белге ойнақтап шыққан соң да Қызылкүрең бірден тежеле қоймай, үлкен бір шеңбер жасап қайтты. Ақ боз аздап ентігіп қапты. Сәруар күліп, Назгүлге де, Қызылкүреңге де сүйсініп:
– Сіз атқа жақсы отырады екенсіз, – деді дауыстап.
– Ауылда өстік емес пе!
Назгүл Қызылкүреңнің жалынан сипап, еркелетіп қойды.
– Пай-пай, жануар, бабы келсе, бәйгеге де түсер еді-ау!
Сәруар Назгүлді қолтығынан демеп түсіріп, Қызылкүреңнің тартпасын босатты да, ұзын шылбырдың ұшымен аяғын тұсап қоя берді. Сонсоң ақ боздың үстіндегі қоржынды алып, басын босатып жібере салды.
– Қашып кетпей ме? – деді Назгүл қауіптеніп.
– Жо-оқ. Ақ боз екеуміз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Мен ысқырсам, өзі-ақ жетіп келеді.
– О-о! Дәл кинодағыдай десеңші!
Сәруар басын изеп, қызыл-ала қоржынның аузын ашты. Сонсоң жергешағын дастарқан жайып, үстіне бір таба нан, құрт, ірімшік, бал алып қоя бастады. Аппақ кесеге термостанбуы бұрқыраған ыстық шай құйып ұсынды.Мұның бәрін де көз қиығымен үнсіз бақылап отырған Назгүл:
– Сіз немене, бүгін әдейі «маевкаға» дайындалып шыққансыз ба? – деп күлді.
– Иә-ә. Шай алыңыз. Шынымды айтсам, бұл менің күндегі әдетім ғой.
– Қалайша?
– Мен мұнда… өзіммен өзім оңаша отырып, кітап оқып, кең даламен сырласу үшін келемін.
– Қызық екен.
Кенет Назгүлдің көңіліне бір күдік ұрланып кіргендей болды. «Осы жігіт өзі… шыныда да, қияли емес пе?..»
Қолы қалтырап, шайды төгіп ала жаздады.
– Байқаңыз, – деді Сәруар жік-жапар болып.
«Уһ!»» Хош иісті ыстық шайдан бір ұрттаған соң ғанаНазгүлдің көңілі орнына түсті. Сонсоң өз ойына өзінің күлкісі келіп:
– Қандай кітаптар оқисыз? – деп сұрады жымиып.
– Көп қой… – деді Сәруар ойланып. – Чехов пен Тәкен ағамды қайталап оқығанды ұнатамын. Одан соң мынау кең даланың өзі де таусылмайтын Ұлы кітап емес пе.
– Келержылы тағы да сол институтқа бармақсыз ба?
– Иә.
Назгүл теңіз толқындары секілді бірін бірі қуа жарысып, көз ұшындағы көкжиекке барып тірелетін асу-асу белдерді алғаш көргендей таңырқай қарап отырды да, кенет:
– Мен сіздің жақсы жазушы болатыныңызға сенемін, – деді.
– Рас айтасыз ба?..
– Әрине…
* * *
Ол Күреңқызылдың тұсауын шешіп, тартпасын қайта тартып, Назгүлдің алдына алып келді.
– Рақмет, – деді Назгүл жігіттің ықыласына риза болып. – Әңгімеңіз де, шайыңыз да өте дәмді болды.
– Егер ертең тағы да серуенге шықсаңыз, мен сізге Үлкен белдің бір құпиясын көретемін, – деп жымиды Сәруар.
Назгүл үн қатқан жоқ. Өйткені, жігіттің жанарынан «келіңіз, күтемін» деген қуаныш пен үміттің ұшқынын көріп, жүрегі лүпілдеп кетті. Ат басын ауылға қарай бұрып:
– Сау болыңыз, – деді.
Ол бүгін күннің қалай батып, түннің қашан қанат жайғанын аңдағаған да жоқ. Кешкі шай үстінде кірпігі қайта-қайта айқасып, ұйқысы келіп отырды. Күнұзаққа нағашы апасының қасында жүріп, өзіне таңсық біраз дүниені көріп келген Айжанның балдырлап айтқан әңгімелері де құлағына кіріп-шықпады.
Осыны сезген Күләш:
– Бүгін ұзағырақ қыдырып қайттыңыз ғой, шаршаған боларсыз, – деді жаны ашыған үнмен. –Күні бойы ат үстінде жүру де оңай емес. Аяқ-қолың салдырап, бүкіл денең дел-сал болып қалады.
– Иә, – деп Назгүл басын изеді. – Ұйқым келіп отыр…
Бірақ төсекке келіп қисайған соңда өзін-өзі ұмытып, бірден ұйықтап кете алмай, өң мен түстей халде жатты. Қараңғы үйдің қабырғаларымен бұғаттары сықырлап, құлақ тігіп тыңдаған кісіге біреулердің күбір-сыбыры естілгендей болады.
… – Ойпыр-ай, кеше ғана Ошантайдың үйіндегі құдайы тамақта, міне, осылай, тізе түйістіріп қатар отырып ек. Арада бір күн өткен жоқ… Қарашы, өмір деген осы-ау!.. – дейді бір дауыс.
«Апыр-ай, бұны қашан, қайдан естіп едім?» – деп Назгүлдің басы мең-зең болады. Сонсоң әкесін Айкүмбез зиратына жерлеп қайтқан кісілердің осы үйде отырып құран оқығаны, өмір дегеніңіздің өткінші екенін айтып бастарын шайқағаны есіне түседі. «Иә, иә… бұл сол күнгі дауыс… Мына қабырғаға сіңіп қалған сияқты…»
Назгүл әке өліміне өзін тікелей кінәлі сезінеді.
Оның екінші Алматытеміржол вокзалында: «Қарағым-ай, осы қалаға сені өзім жетелеп әкеліпедім, енді қалай әкетерімдібілмей тұрғанымды қарашы,» деп өкінгенін ойлағанда, көкірегі қарс айырылады…

* * *
Алматының тау жақ бетіндегі қаптаған коттедждердің бірінде үлде мен бүлдеге оранып отырған жас келіншек күн артынан күн, ай артынан ай өткен сайын әкесі айтуға батпаған ащы ақиқаттың ар жағында түпсіз, терең шыңырау жатқанын анық сезе бастады.
… Сәкең бірде министр келеді, тағы бірде комиссия келеді деп, жұмысқа ерте кетіп, кеш келіп жүрді.
Күндердің бір күнінде бұлардың почтасына бір үлкен конверт келіп түсті. Алғашында Сәкеңе келіп жататын көп бандерольдардың бірі болар деген оймен былай қоя салмақ болып еді, кенет оның сыртындағы: «Талап орындалмаса, таудай проблемаға тап боласыздар!!!» дегенсұмдық жазуды көріп, кідіріп қалды. «Мұнысы несі?..» Қолы қалтырап тез-тез конвертті ашты.
Оның ішінде бірнеше сурет бар екен. Ал онда… Масқара-а!.. Саунада тыржалаңаш отырған жалтыр бас, месқарын министрдің тізесіне бір жезөкше қыз қонып алыпты. Оның бер жағындағы бұйра шаш, жалпақ танау кісінің тізесінде және біреуі. Одан кейін отырған Сәкеңнің тізесінде де…
Әуелде Назгүл жиіркеніп, әлгі суреттерді лақтырып жіберген-ді. Бірақ, тез есін жиып, қолына қайта алып, үңіліп қарап өзінен-өзі жын қаққандай ішек-сілесі қата күлді.
«Құдай-ау, осылар да жастарға ақыл айтып, білім беріп жүр-ау! Аха-ха-ха-ха!..»
Апыр-ау, неге күлді сонда?.. Кімге күлді? Өзіне ме?.. Өзгеге ме?.. Бір жақсысы, күлген сайын бойы жеңілдеп, көңілі тазарып қалды. Содан кейін суреттерді конвертке қайта салып, аузын желімдеп, почтамен келген газет-журналдардың арасына тастай салды.
Кешкілік әлгі конвертті көрген Сәкең әлдекімдерге телефон соғып, зіркілдеп ұрсып жатты. Кешкі тамақты ішуге зауқы соқпады. Жүзі күреңітіп, ашуға булығып, қалшылдап-дірілдеп аулаға шығып кетті.
Сол күні Назгүл өз жүрегінде оған деген ірістей десезімнің жоқ екенін, тіршілік салты бойынша екеуі ерлі-зайыпты боп бір үйде тұрып жатқаныменбір-біріне мүлде бөтен жандар екенін және өзінің әлгі саунадағы қыздардан ешқандай да артықшылығы жоқекенін жақсы түсінді.

* * *
Олар бүгін Үлкен белдің үстінде кездесті. Кешегідей Қызылкүреңді тұсап, ақ бозды бос қоя берді де, айналадағы тіршілікке көз салып, бір уақ үнсіз тұрып қалды.
Назгүлдің басына: «Сәруар қайда жұмыс істейді екен?» деген ой келді. Іштей оның да осындағы жұртпен бірге улы кеннің бір шетінде жүргенін топшылап, мұндағы елдің зәресін ұшырған әлгі белгісіздік деген бәледен аман ба екен деп үрейленді. Сонсоң өз ойынан өзі ұялып,тау қойнауындағы кеншілер қалашығынан көзін алып қашып, алыстағы көкжиекке үңілді.
– Жүріңіз, мен сізге кешегі айтқан құпиямды көрсетейін, – деді Сәруар осы сәтте оған қарай қолын созып.
Сөйтті де, Үлкен белді жиектеп жатқан жартастарға қарай жетелей жөнелді.
Олар жартастың бір қуысындағы үңгірдің алдына жетіп тоқтады. Үңгірдің аузына біреу есік орнатып, құлыптап қойыпты. Сәруар қалтасынанкілт алып, салдырлатып ашып қалып еді, ар жақтағы аюдың апанындай үлкен қуысқа жарық түсті. Оның ішін бір ұқыпты қолсыпырып, тазалап жүретін сияқты.
– Ішке кіріңіз, – деді Сәруар. – Мұнда отырыңыз.
Назгүл оның айтқанын үн-түнсіз орындап, тізе бүкті. Отырған жері жай ғана орындық емес, жұп-жұмсақ кресло секілді.
– Қазір мен терезені ашайын, – деп Сәруар қаракөлеңке қуыстың түкпір жағыдағы бір тасты сыр еткізіп жылжытып қалып еді, ішке сау етіп жарық құйылды. Назгүл көзін жұмып-ашып, айналадағы заттарды енді ғана анық көре бастады. Мәссаған! Мына қызықты қараңыз, үңгірдің ішінде жазу столы, орындық, темір шкаф және өзі отырған кресло…
Мынау апан оған ортағасырлық бір данышпанның үйі секілді болып көрінді.
– Жо-жоқ, бұл – менің жазу кабинетім, – деді Сәруар оның ойын оқып қойғандай күліп.
– Та-ма-ша-а!..
Ол өзі өмірінде көрмеген бір қызық та құпия дүниеге тап болғанын сезіп, жан-жағына таңдана қарады. Жазу кабинетінің «терезесінен» алыстағы бел-белестердің бір пұшпағы көрінеді екен.
– Сонда… сіз осында отырып жазасыз ба? – деді Назгүл таңданып.
– Иә.
– Ал негізгі…
Назгүл «жұмысыңыз» деп айтуға ыңғайсызданғандай кідіріп қалды.
– А-а, иә, иә, – деді Сәруар түсіндім дегендей басын шұлғып. – Негізгі жұмысым бұл емес, әрине. Мен… мен кеншілер қалашығындағы қоймада күзетшісімін. Бүгін түнгі кезектен шықтым. Ал мынау… менің… өз қолыммен жасап алған «жазу кабинетім». Былайша айтқанда, өзіммен өзім оңаша отырып, қиялға бататын жер…
– О-о, сіз нағыз романтик екенсіз, – деді Назгүл басын шайқап. – Бірақ, мұның бәрі тек өзіңіз үшін ғана… Ал біз… Оқырмандарыңызды айтам, сіздің шығармашылық еңбегіңізді қашан көреміз? Қашан оқимыз?
– Оны енді… – Сәруардың бетіне қызыл бояу жүгірді. – Нақты айта алмаймын. Себебі, шығармашылық дегеніңіз,анау аспан секілді түпсіз, терең, тұңғиық әлем емес пе.
– Иә-ә… – деді Назгүл ақырын күбірлеп.
Сәруардың көзі күлімдеп, қуанышын жасыа алмай:
– Мен өзімді бұрын жалғыз сезінуші едім, – деді. – Сізбен танысқалы бері сол жалғыздықты ұмытып, жаныма жақын дос тапқандай, бақыттан басым айналып жүр. Сенесіз бе… Бүгін таңның атуын асыға күттім. Сізбен тезірек кездессем деп армандадым…
Сәруар бір басып, екі басып жақындап келді де, Назгүлдің қолынан ұстады. Ол жігіттің қатты толқып тұрғанын сезді. Көңіл түкпірінде бір қор­қыныш оянса да, орнынан қозғала алмады.
Сәруар иіліп, оның ернінен сүйді. Жігіттің оттай ыстық демінен Назгүлдің басы айналды. Тап қазір екеуінің арасындағы осы бір ыстық сезім от боп тұтанса, ол өзінің күл болып кетуге дайын екенін сезді. Қарсы алдынан бұрын-соңды көрмеген, білмеген сиқырлы әлемнің есігі ашылғандай аңтарылып, ақыл-есінен айырылып бара жатты…
– Жо-жоқ, – деді ол кенет жігіттің иығынан итеріп. – Мұныңыз не?..
Сөйтті де орнынан атып тұрып, сыртқа қарай жүгіре жөнелді.

* * *
Кешкілік Сәкең телефон соқты. Ол кісінің: «Қалайсыңдар? Айжан папасын сағынып қалған жоқ па? Біз конференцияны ертең түске дейін аяқтамақпыз. Кешкісін Алматыға ұшуымыз керек. Таңертең сендерге машина жіберемін,» деген таныс даусы Назгүлдің құлағына бүгін біртүрлі жат болып естілді. Алыста жүрсе де ол бұның бүгінгі «қылмысын» біліп қойып, ішіне кек сақтап тұрғандай көрінді.
Біраз күннен бері нағашы әжесінің мейіріміне бөленіп, еркелеп жүрген Айжанның қыңқылдағанына қарамай жылы суға шомылдырып, ертеңгіжолға жинала бастады. Сәкең Алматыға қайтатын кезде ауылға тағы бір келіп кететін шығар деп жүрген мұндағы кісілер мына хабарды естіген соң бастарын шайқап, «қап, әттеген-ай» десіп өкініп қалды.
Түнгі сағат онға таяу кеншілер қалашығы жақтан Сайраш, Алтын, Мағира келді. Қолдарында бір-бір пакет. «Ойбай-ау, ертең жолға шығады деп естідік, – дейді Назгүлді кезек-кезек құшақтап. – Сәкең мұнда келе алмаймын деген бе?..»
– «Бәсе, ондай үлкен кісі мынандай кішкентай ауылға сыюшы ма еді?! »
– «Иә, олардың жұмысы ылғи да осылай, үнемі асығып жүреді. Амал қанша… Ауылда тағы біраз күн боламыз ба деп ек…» деп жатыр Назгүл де.
– «Әй, бәрінен бұрын Сәкеңнің келмегеніне осы ауылдың әкімі қатты өкініп жатыр-ай! – дейді Алтын самбырлап. – Қой сойып, шәшлік жасап, Үлкен бел жаққа апарып күтпек болған екен.»
Бірақ ол қазір Сәкеңнің де, Үлкен белдің де Назгүлдің жүрегіне найзадай қадаларын білмейді. «Құдай-ау, не боп барады бұл дүние?..»
Назгүл іштей ауылдан да, қатар құрбыларынан да тезірек алыстап кеткенді қалайды. Үлкен белдің үстінде бүгін үлкен күнәға батқандай сезінеді өзін.
«Тезірек, тезірек жолға шығуымыз керек. Сонда бәрі де ұмытылады,» – деп асығады.
«Мынау пакетте сендерге арнаған сый-сияпатымыз бар, – дейді ойында ештеңе жоқ Сайраш аңқылдап. –Осыны азырқанбай, шын көңілденқабыл ал. Сосын Сәкеңе айтамыз ба деп жүрген өтінішіміз де бар еді, соны енді, апақ-сапақта саған түсіндіре алмаспыз деп, жаңа үшеуміз асығыс-үсігіс қағазға түсірдік. Сәкеңе өзің берерсің…»
Қу келіншектер сықылықтап күліп, Назгүлдің қолына бір хат ұстатып жатыр.
Ол құрбыларын шығарып салған соң Айжан екеуінің киімдерін реттеп, ертең жолға алып шығатын сөмкелерінің аузын жауып, күндегі жатар орнына келді. Бірақ сонда да жаны байыз табар емес.
Көз алдына Сәруар елестейді. Үлкен белдің үстінде жабырқап, жартасқа арқасын сүйеп, мұңайып қалған секілді. «Демі қандай өрт еді… » Онымен жаңа ғана сүйіскендей Назгүлдің екі бетінің ұшы ысып сала береді.
Бірте-бірте өзінің де көңілін мұң торлап, бүгінгі басынан кешкен оқиға сағынышқа айнала бастайды. Ертең онымен тағы да кездесіп, бірге серуендегісі келе ме, қалай өзі?.. Көңіл шіркін, еркіне қоя берсе, басқа дүниенің бәрін де ұмытып, сол бір сүйкімді, сымбатты жігіттің қасында қала берсем-ау дейді…
Он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас қыздай Сәруардың құшағынан сытылып шығып, тұра қашқаны есіне түссе,қазір күлкісі келеді. «Ақымақ қыз!» Өз-өзіне ұрыспақ болады…

* * *
Әдетте алыс-жақын сапарлардан алып қайтқан әсерлеріңді әуежайға табаның тиер-тиместе-ақ естен шығарып жіберетін үлкен қаланың қарбалас тіршілігі бұл жолы дәрменсіздік танытты. Ол Сәруарды ұмыта алмады.Тау бөктеріндегі тып-тыныш коттедждеотырыпөткен жылы бастаған кандидаттық диссертациясын жалғастырудың орнына күні бойы Сәруарды ойлаумен болды. Назгүлдің өзі қалаға оралғанымен, көңілі ауылда, Үлкен белдің үстінде қалып қойған секілді.
Әдеттегідей таңғы сағат сегіз жарымда жекеменшік балабақшаның машинасы келіп Айжанды алып кетеді. Тоғызға таман Сәкең жұмысқа жинала бастайды. Оның да қызметтік көлігі қақпаның алдында күтіп тұрады. Күндегісіндей машинаға отыратын сәтте олүй жаққа бұрылып, қолын бұлғайды.
Олар кеткеннен кейін Назгүл таңертеңгі шайдың дастарханын бірде жинайды, бірде жинамайды. Екінші қабатқа көтеріліп, жатын бөлмедегі айнаның алдына келіп ұзақ үңіледі. Көңілінде «мен осы, күннен күнге қартайып бара жатқан жоқпын ба» деген күдік оянады.
Үй ішінде тынысы тарылғандай болып, балконға шығады. Ақ бас Алатаудың қарлы шыңдарына қарайды. Алма-Арасан шатқалы жақтанескен қоңыр салқын лепке бетін тосып,қалың ойдан сейілгісі келеді.
Мұнда көшіп келгендеріне биыл, міне, екінші жылға аяқ басып барады. Бір-бірінен салтанаты асқан айналадағы екі, үш, тіпті төрт қабатты коттедждер тұтқиылдан жау шапса оңайлықпен алына қоймайтын берік қамалдарға ұқсайды. Бір өкініштісі, бірі-бірімен байланысы баяғыда үзілген жеке-жеке хандықтарға секілді…
Назгүлдің көңілін жалғыздық торлайды. Сыбызғы сазындай бір күй ызыңдап сапарға шақырады. Көз алдына Үлкен белдің үстіндетұрған ақ боз атты жігіт елестейді.
– «Сәруар… Сәруар… Сен менің ақыл-есімдінеге жаулап алдың?» – деп күбірлейді.
Кей-кейде өзінен өзі қорқады. Сәкең екеуі шай ішіп отырғанда аңдамай Сәруардың атын атап қалатындай болады да тұрады.
Түнде ол түсіне енеді. Екеуі Үлкен белдің биігіне көтеріліп келе жатады. Сәруар бұны құшағына қысып, қайта-қайта сүйеді.Оттай ыстық ерні…
Ол қазір де көзін жұмып, Сәруардың құшағын аңсайды. Өзіне өзі кейіп, ұрсып: «Ол менен кіші ғой» деп, оның бейнесінөзінен алыстата түскісі келеді. «Ер жігіт өзінен үш жас үлкен, күйеуі бар әйелге ғашық болуы мүмкін бе?.. Жо-жоқ!.. Мүмкін емес…»
Назгүлдің ойы шатасып, басы мең-зең бола бастайды. Тез-тез киініп, тау жаққа шығып, серуендепқайтқысы келеді. Сонда ғана сан-сапалақ ойлардың құрсауынан құтылып, көңілі сергіп қалатындай көрінеді.

* * *
Бір шөкім қара бұлт тау бөктеріне жеткенде іркіліп, жаңбыр сіркірей бастаған-ды. Қолшатырын алу үшін Назгүл кері бұрылғандапочта жәшігінде тұрған бір бума газетке көзі түсті. Су болып қалмасын деген оймен оларды ішке ала кірді де, бөгеліп қалды. Әлгі буманың ішіндегі «Қазақ әдебиеті» газеті көзіне ерекше жылыұшырады. Себебі, ол Сәруармен танысқалы бері «әдебиет» деген ұғымға өзгешебір құрметпен қарайтын болған-ды.
Қызық, кейде Жаратушы иеміздің өзі керегіңді алдыңа тоса ма, әлде адам баласы өзіне қажет болған кезде ғана назар аудара ма, кім білсін, Назгүл «Қазақ әдебиеті» газетін ашқан бетте Мәскеудегі Әдебиет институтына оқуға шақырған жарнамаға тап бола кетті. Онда институтқа түскісі келетін талапкерлердің Жазушылар одағына келіп, құжат тапсырып, жолдама алуына болатындығы жазылыпты.
Қуанғаннан жүрегі дүрсілдеп кетті. Қанаты болса, құстай самғап ауылға қарай ұша жөнелгісі келетін секілді. Әрине, Сәруарды қуанту үшін, Сәруарға мынау жаңалықты сүйіншімен жеткізу үшін!
Назгүл өрекпіген көңілін әзер басып, хабарландырудың соңғы жағында көрсетілген мекен-жай мен телефон номерлеріне назар аударды. Жазушылар одағына барып немесе телефон арқылы хабарласып,алдымен мән-жайды анықтап алу керек болар деп ойлады.
– «Жарайды, оның түк те қиындығы жоқ. Жазушылар одағы дегеніңіз, орталық сквердің жанындағы үш қабатты тарихи ғимарат емес пе! Тіпті болмаса Сәкең арқылы… Жо-о-оқ! –Назгүл өз ойынан өзі шошып кетті. –Сәкең ештеңе білмеуі керек!»
Ол тездетіп машинасына отырды да, төмендегіқалаға қарай тарта жөнелді.
– «Мынау, біздің бас қосқанымыздың бесжылдық тойына арнаған сыйлығым!»
Осыдан дәл екі жыл бұрын «Алатау» ресторанында, дүйім жұрттың көз алдында Сәкең кілтін ұсынған қымбат сыйлық еді ғой бұл машина. Енді міне, отағасы білмейтін құпия тапсырманы орындамақ болып зымырап келеді. Назгүл өз ойына өзі езу тартып, жылдамдықты үдете түсті. Алдағы күндердің бір қойнауынан жылтыраған үміт шырағын көргендей аяқ астынан батылданып, бұрын-соңды бойында бар-жоғы белгісіз болып келген күш-қуаттың қалай, қашан оянғанынөзі де білмейді…

* * *
Ол орталық сквердің жанындағы сәулетті ғимараттың алдына жетіп тоқтағанда ғана өрекпіген көңілін басып, ұлылардың ізі қалған киелі шаңыраққакеліп тұрғанын сезді. Жалма-жан сумкасынан косметикасын алып, машинадағы айнаға үңілді.
Неге екені, алғашқыда оған мынау тарихи ғимараттың ішінде тірі жан қалмағандай көрінді. Том-том кітап жазған ұлылардың барлығы ұлан-асыр тойға аттанып кеткен секілді…
Кіреберістегі қоңырсалқын леп те сырттан келген кісіге өзгеше әсер етеді екен. Тіпті даладағы күннің сәулесі мен жаздың ыстығы да ішке кіруге бата алмай, терезеденсығалап тұр. Бәлкім, классикалық сәулет үлгісімен салынған ғимарат әу баста осындай тыныштыққа, сабырға, ойға шақырып тұратындай мақсатта жобаланды ма екен. Себебі, мұндағы мәрмәр баспалдақтардың өзі әрбір дыбысты жаңғыртып, жай жүр, ойды бөлме, тыныштық сақта деп ескертіп тұрғандай.
Вахтадағы ақ шашты, дөңгелек жүзді апай: «Барлығы жоғарыда отырады,» деп жөн сілтеді Назгүлге. Содан соң ол екінші қабатқа көтеріліп, маңдайшасына «Әдеби кеңесші» деп жазылған кабинеттің есігін ашты. Онда бір жас жігіт телефонмен сөйлесіп отыр екен. Назгүл есікті қайта жауып, шегініп кетпек болғандаәлгі жігіт қолымен ымдап, «кіре беріңіз» дегендей белгі беріп, қарсы алдындағы орындықты нұсқады. Соған қарағанда телефондағы әңгіме аса құпия болмаса керек.
Жас жігіт сөйлесіп болған соң Назгүлге қарап жымиып:
– Иә?– деді сұраулы жүзбен.
Назгүл газеттегі хабарландыру бойынша келгенін айтты.
– Сіз… өзіңіз бармақшысыз ба? – дептаңданды әдеби кеңесші.
– Жоқ. – Назгүл қалай айтсам екен дегендей қысылып: – Бауырым еді. Ауылда тұрады, – деді ақырын ғана.
– А-а!.. – Әдеби кеңесші басын шұлғыды. – Ауылдағы жігіттер сондай арманшыл болады ғо-о-ой…
– Жо-жоқ!.. – Назгүл оның сөзіне шамданып қалғандай болды. – Ол… ондай емес. Жазушы боламын деп, алдына нақты мақсат қойған жігіт. Екі жыл қатарынан сол институтқа барған…
– Кешіріңіз, – Кеңесші жігіттің ақсары өңі қызарып, өз-өзінен ыңғайсызданып қалды. – Олай болса, әңгіме жоқ. Бірақ,бізқазір ол институттың аударма бөліміне ғана жолдама бере аламыз. Баяғы одақ тарағалы бері проза, поэзия бөлімдерімен байланысымыз мүлде үзілген. Жалпы, әдебиетке деген жұрттың көзқарасы да өзгерген… Әйткенмен, ол институттың табалдырығынан бір аттап өткен қаламгер өзінің қалаған жанры бойынша лекция тыңдай алады.
– Жарайды. Түсіндім. Оған айтайын…
– Жақсы. Егер бауырыңыздың шынымен-ақ сол институтқа барғысы келсе, – кеңесші жігіт ойланып қалды, – құжаттарын тезірекбізге жіберсін. Ол бөлімге баруға ықылас білдірушілер аз болғанымен, уақыттаяп қалды. Қазіргі жастар, өзіңіз білесіз ғой, Еуропадағы дамыған елдерге әуес.
– Иә. Ойланып көрейік…
– Сіз ренжімеңіз, – деді кеңесші. –Шындығында, Лев Толстой, Достоевский, Чехов секілді алыптары бар әдебиеттің әлемдік мәдениетте әрдайым көшбасшы болып қала беретіні анық. Меніңше, бауырыңыздың таңдауы өте дұрыс.

* * *
Үйге қайтып оралған соң ол екіұдай күйде Сәруардың телефон номеріне қысқаша ғана смс-хат жолдады. «Соншалықты көңілімнің алып-ұшқандағысы… аударма бөлімі екен,» деп мұңайып отырғанда тез-ақ жауап келді.
– «Мені ұмытпағаныңызға рахмет! Өте қуаныштымын! Құжаттарымды алып, құстай ұшып жетемін!» деп жазыпты Сәруар.
Назгүлдің телефон ұстаған қолы дірілдеп кетті. Кеудесінде қуаныш пен үрей тайталасқандай тұла бойы бір ысып, бір суыды.
– «Ол келетін болды!» деп шаттанды жүрегі.
Алсанасындағы ақыл мен сабыр: – «Иә-ә, келсін-ақ делік! Сонда не болмақ?» деп күдіктенді.
– «Біздің тағы да кездесіп, бірге жүргіміз келеді.»
– «Мұныңыз енді, балалық қой…»
– «Жо-жоқ. Тым болмаса, жүзін көріп, даусын естісем…»
«Ал-л… Көрдіңіз. Естідіңіз. Бұл өзі, шындығында,түпсіз, терең шыңырауға апаратын жолдың басы екенін білмейсізбе?!»
Олосылайша бір қуанып, бір мұңайып, өзімен өзі іштей арпалысумен болды. Сөйте жүріп Сәруармен қалай кездесетінін, қайда шақыратынын да ойлады. Тау бөктеріндегі жаздық кафелердің бірінде жарасым тауып отырып, ұза-а-ақ әңгімелесетін сәттерінкөз алдына елестетті. «Мен оған қаланың қандай әдемі жерлерін көрсетсем екен?» деп қиялдады.
Кенет қақпаның алдына Сәкеңнің қызмет машинасы келіп тоқтай қалды. «Бүгін неге ерте оралды екен?!» Үркек көңілге бұл да қорқыныш ұялатып, терезеден үрейлене қарады.
Сәкең әдеттегісінше машинадан асықпай түсіп, үйге қарайаяңдады. Жүріс-тұрысын ешқандай өзгеріс жоқ сияқты.
Керісінше кешкі шай үстінде бұл күтпеген бір қуанышты жаңалықты айтты.Ертең астанаға ұшатын болыпты. Министрдің өзі шақырған көрінеді. Және мұндай жедел шақыртулардың негізінен екі-ақ себебі болады дейді. Біріншісі – өсу, екіншісі – өшу. Сәкеңнің топшылауынша қазір министрдің өзіне деген көзқарасы өте жақсы. Әйтсе де… Кім біледі, саясат дегеніңіз сағат сайын құбылатын нәрсе емес пе.
– «Не де болса, бара көрерсіз», – деп Назгүл оның көңілін демеген болды. Ал өзі іштей қуаныпқалғанынсездірмеуге тырысты.
– «Япыр-ай, бұл кісінің астанаға жол тартатыны қандай жақсы болды!»
Оның көзіне Сәкең қазір мүлде бөтен, бейтаныс жан болып көрінді.

* * *
Жаз өтіп, күз жақындағанын алдымен ағаш басындағы сарғайған жапырақтар сездіруші еді. Таңертеңгілік Сәкеңді әуежайға апаратын машинаға шығарып салғандаол күннің едәуір салқындап қалғанын аңғарды.
Айжанды оятып, киіндіріп жатқанда қақпа алдынан балабақшаның көлігі сигнал берді. Одан соң жалғыз өзі отырып таңғы шайын ішіп, ыдыс-аяқтарды жуып, біраздан бері қараусыз қалған гардеробын ашып қарай бастағанда Сәруар телефон шалды.
– Алло!
Іштей қатты қуанып тұрса да Назгүл өзін барынша салмақты ұстауға тырысып бақты.
– Сәламатсыз ба, – деген таныс дауыс естілді ар жақтан.
– Сәламатпыз.
– Мен Алматыға келдім!
– А-а, солай ма?.. Келуіңізбен.
– Рақмет. Қазір ғана «Қазақстан» қонақүйіне орналасып, әдеби кеңесшіге хабарластым.
– Иә… иә?..
– Ол электронды почтамен жіберген құжаттарымның көшірмесін Әдебиет институтына жолдап, бүгін-ертең жауап келеді деп күтіп отырғандарын айтты. Сізге деген алғысым шексіз, Назгүл. Сіз болмасаңыз… – Ол аздап кідіріп қалды. – Назгүл… егер уақытыңыз болса, түскі тамақты бірге ішсек қайтеді?
– Жақсы.
– Олай болса, мен сізді асыға күтемін.
– Жарайды, қонақүйге жақындағанда өзім қоңырау соғамын.
Ол телефонды сөндірген сәтте қуанғанынан секіріп-секіріп кете жаздады. Құдай-ау, мұндай балаң сезім мен балалық шаттық Назгүлдің басында қашан болып еді өзі? Бәлкім, баяғыда-а, Алматыға алғаш келіп, оқуға түскенде болған шығар-ау. Одан беріде… Жо-жоқ, ол қазір ештеңені де есіне түсіре алмайды.
Үй ішінде жападан-жалғыз әндетіп жүріп гардеробтан киім таңдай бастады. Бүгін оған не кисе де жарасатын секілді. Ол қуанып, міне, осылайша күліп, көңілді жүргенде өзінің ерекше сұлу болып кететінін білетін-ді. «Бұдан былай ылғи да… – деген ой келді оған. – Неге көңілді жүрмеске?..»
– Жо-жоқ, ол өз ойынан өзі айнып қалғандай ентігіп тоқтады. «Кім үшін, не үшін қуанып, күлуім керек?..» Бүгін жалт етіп көрініп, ертең ғайып болатын бақыт үшін бе?…
Әп-сәтте мұңайып қалды. Таяу күндерде Сәруардың Мәскеуге ұшып кетуі мүмкін екені, ал Сәкеңнің астанадан міндетті түрде қайтып оралатыны есіне түсті. Мұндай сәттерде Назгүлдің ойы адырдағы бел-белестер секілді бірін-бірі қуа жарысып алыстап кете барады.
Өстіп жүріп ол уақыттың қалай зымырап өтіп жатқанын байқмай да қалған екен. Тез-тез киініп, рульге отырған шақта:«Бақ дегеніміз, расында да,адамның басына келіп қонатын құс болса, оның ерте ме, кеш пе, бәрібір ұшып кететіні белгілі емес пе. Сондықтан да,әрбір сағатынан, тіпті әрбір минутынан ләззат алу керек,» депқамшылады өзін-өзі.

* * *
Қырық күн шілдеде Алатаудың қала жаққа қараған шыңдары ақ ішігін шешіп, арқасын күнге қыздырады. Содан соң жеңіл ғана көкторғын шапанын желбегей жамылып, қонақжай отағасы секілді жадырайды.
Назгүлдің қалауы бойынша олар Алма-арасан шатқалына бара жатқан жолдың бойындағы жаздық кафелердің біріне келіп отырды. Бұл жердің жақсысы: ауатаза, тамылжыған табиғат аясы. Әрі сенбі, жексенбіден басқа күндері мұнда адам да көп бола бермейді.
– Түу, шіркін, Алатаудың бөктері ғажап екен ғой! – дейді Сәруар тамсанып. –«Жер жәннаты – Жетісу» деп бабаларымыз бекер айтпаған-ау!
– Иә, оған күмәніңіз болмасын, -депкүледіНазгүл.
– Кешіріңіз, кей-кейде осылай уақыт тезінен өткен сөздерді қайталауға тура келеді.
Ақ бас Алатауға тамсана қарап, кеудесін керіп, еркін тыныстап тұрған сымбатты жігіт осы сәтте ерекше сүйкімді еді. Назгүл іштей таңырқап, қасын керді.
Даяшы қыз тамақ әкелді. Тау бөктеріндегісұлу табиғатты тұңғыш рет көргендей Назгүл де қуанды. Жан дүниесінде жаңа бір әлемнің есігі ашылып: «Япыр-ау, бақ та, қуаныш та өзіміздің көңілімізде, жүрегімізде екен ғой. Біз оны неге басқа жақтан іздей береміз?..» дейтін секілді.
Түскі астан кейін олар қаладан екі жүз шақырымдай қашықтағы Шарын шатқалына қарай тартып кетті. Бұл оның Сәруарға қандай кереметтерді көрсетсем екен деп ойланғандаалғаш есіне түскентамаша жерлердің бірі еді.
Осыдан екі жыл бұрын университетке Кипрден қонақтар келгенде арнайы тікұшақ жалдап, жер жәннаты – Жетісу өңірін биіктен көрсетудің сәті түскен-ді. Сол кезде мұндағы табиғат тамашаларына олардан бұрын бұлардың өзі таңғалған болатын-ды.
Тікұшақ алдымен Алтынемел қорығындағы Айғайқұмның жанына келіп қонып еді сол жолы. Жан-жағын көгілдіртаулар қоршаған өлкедекесіртке жортатын құмды өңір болады-ау деген үш ұйықтаса кімнің түсіне кіріпті дейсіз.
Ал, арабтарды, әрине, жел соқса уілдеп, қобыз секілді күй тарта жөнелетін құмды жотамен таңғалдыра алмайсыз. Өйткені олар құмның көкесін көріп өскен жұрт. Әйткенмен, бұл сапарды ойластырғандар әу бастан-ақ бір қулықты іштеріне жасырып, әдейі осылай жоспарлаған секілді.
Тікұшақ аспанға қайта көтеріліп, Шарын өзенінің үстімен ұшқанда, олар терезеден көз алмай, төменге қарап үңіліп, қайта-қайта бастарын шайқаумен болды. Жер астындағы қала секілді терең шатқалдағы биік жартастарды бір-біріне қолымен нұсқап көрсетіп, араның ұясындай гуілдеп кетті.
Алдыңғы қатарда отырған ақ сәлдедегі қарт күбірлеп бетін сипап, аудармашы жігіттен:
– Бұл қандай қала? –деп сұрады.
Талай-талай құрметті қонақтарды қарсы алып, шығарып салып жүрген, жас та болса тәжірибелі жігіт күлімсіреп:
– Бұл – табиғаттың өзі салған қала,– деді шаттанып.
Тап осы сәтте көкке шаншылған алып найза секілді сүйір жартастың ұшында жұмыртқа басып отырған қыран құс иллюминаторға қол созым жерден мойнын созып, қанатын қомдап, айбат шекті. Қарт араб селк етіп, кейін шегініп:
– Астапыралла, – деп шошынды.
Енді міне, табиғаттың өзі салған сол бір сиқырлы қаланы Сәруарға да көрсетуге асығып, Назгүл зымырап келеді.

* * *
Олар Шарыннан қайтқанда күн қызарып, ұясына батуға бет алған-ды. Батысқа қарай созылған ұзақ жол көкжиектің үстінен көрінген қызыл жалқын арайға жеткізбей тынбайтындай жолаушылардың көңілін қызық әсерге бөлейді.
Назгүл: «Шіркі-і-ін, мына даланың тып-тыныш қара мақпал кешіндегі осы бір сапарымыз мәңгілікке жалғаса берер ме еді,» деп тәтті қиялға шомып, Сәруарға көзінің қиығымен ұрлана қарайды.
Қайтар жолда ол Назгүлден машинаның кілтін алып: «Сіз шаршаған боларсыз, енді мен жүргізейін,» деп рульге отырған-ды. Енді міне, осы бағытпен ары-бері күнде жүріп жүрген кісі секілді алдағы жолғажайбарақат көз салып, тұңғиық ойға шомып келеді.
Назгүлдің есіне қаладағы бір шаруасы түсіп, қалтателефонын қолына алды.
– Алло, қалайсыңдар? – деді бүгінгі кештің тыныштығын бұзбайын дегендей ақырын сөйлеп.
Телефоннан Сәрсенкүлдің:
– Жақсымыз, – деген ашық-жарқын даусы естілді.
– Айжан қалай? Не істеп жатырсыңдар?
– Ол екеуміз «сотка» ойнап отырмыз.
– Кешкі тамақтарыңды іштіңдер ме?
– Иә-ә. Сіз дайындап кеткен котлетті жеп, тыңқиып тойып алдық.
– Жарайсыңдар, – деп жымиды Назгүлдің көңілі орнына түсіп. – М… мен жолда келе жатырмын.
Телефонды сөндірген соңол әлгі ақ көңіл, ашық мінезді Сәрсенкүлдің бір әңгімесін есіне алып, өзінен өзі күліп жіберді.
Рульде отырған Сәруар мойнын бұрып, себебін сұрағандай жымиып қойды.
– Кей-кейде маған үй жинауға көмектесетін Сәрсенкүл деген қыз бар, – деді Назгүл. – Баяғыда екеуміз көшеде кездейсоқ танысып қалғанбыз. Өзібір әңгімешіл, ақ көңіл жан. Соның айтқаны есіме түсіп…
– А-а, – деп Сәруар басын изеді. – Егер құпия болмаса… Айта отырыңыз, жол қысқарсын.
– Жо-жоқ. Ешқандай да құпиясы жоқ, – деді Назгүл оған қарап. Әйтсе де, көңілінде: «Жаным-ау,мен бұл сапардың қысқарғанын емес, ұзара түскенінқалап келе жатқан жоқпын ба!» дегендей бір қарсылық оянды.
Осы сәтте Сәруар:
– Сәрсенкүл, Бейсенкүл дейтін есімдер біздің жақта көп кездеседі емес пе, – депқалды оны әңгімеге тартпақ болып.
– Иә-ә, – деп күліп жіберді Назгүл. – Ол да осыған ұқсас әңгіме. Сәрсенкүлдің айтуынша, әкесі жыл аралатып бірінен соң бірі дүниеге келген қыздарына көп ойланбай-ақ,Дүйсенкүл, Сейсенкүл, Сәрсенкүл, Бейсенкүл, Жұмакүл, Сенкүл, Жексенкүл деп аптаның әр күнінің атын тізіп қоя беріпті. Сонда апасы күліп: «Көкесі-ау, сегізінші қызымды тусам, кім деп қоясыз?» деген екен.Әкесі ойланып, тақиясын қолына алып, басын сипап отырып: «Кім біледі, Аптагүл болатын шығар…» дейтін көрінеді.
– Қызық екен!
– Меніңше, бұл да бір әңгімеге арқау болатын оқиға емес пе, а?
Сәруар ойланып қалды. Осы кезде алдыңғы жақтан жарқырап қала оттары көріне бастады.
Сәруардың қалтателефоны шырылдады. Қоңырау шалған әдеби кеңесші жігіт екен.
– Алло!.. Иә, иә… Өте жақсы. Жо-жоқ. Үлгеремін. Рақмет.
Телефонды сөндірген соң ол Назгүлге қарап:
– Маған ертең Мәскеуде болу керек екен, – деді.
– Қалайша?..
Манадан бері Назгүлдің көңілін тербетіп келе жатқан тәтті күй шорт үзілді.

* * *
Ұшы-қиырына көз жетпейтін кең далаға қанат жайған қара мақпал түн мына қаланың мың-миллион шамдарынан сескеніп, жұлдызды аспанға қайта көтеріліп кеткендей.
Олар қонақүйдің алдына келіп тоқтағанда, манадан бері қалың ойға шомып отырған Сәруар бір серпіліп:
– Ал қане, ішке кіріп, ауылдан келген дәмнен ауыз тиіңіз, – деді. – Шын айтам… Сізге арнап әкелгем,бас тартпаңыз…
– Жо-жоқ, – деді Назгүл қысылып. – Кеш болып кетті.
Содан соң екеуінің арасында қолайсыздаубір үнсіздік орнады. Және де бұл – ұзақ жолдың, тағдыр жолының алдындағы үнсіздік секілді екеуіне де ауыр тиді.
Назгүл оның ертең тағы да алыстап кете баратынын ойлады әріодан біржола айырылып қалатындай қорқыныш биледі көңілін.
– Жарайды, – деді сонсоң ақырын үн қатып. – Тек бірер минутқа ғана…
Екеуі ішке кірген соң, Сәруар тоңазытқыштан ауылдың дәмін алып, столға қоя бастады. Әлдекімнің ұқыпты қолы мұқият орап салған бір таба нан, құрт, ірімшік, жент секілді тағамдар Назгүлдің елге деген сағынышын оятып, екі арадағы әлгі бір үнсіздіктенкейінтобарсып қалған көңілін қайта жылытып, жан дүниесін жұп-жұмсақ жібек самал желпіп өткендей болды.
– Түу, қандай мырза жігітсіз, – деп күлді.
Сәруар тоңазытқыштан коньяк алып, екі рюмкаға құйды.
– Жо-жоқ, бұл біздің ауылдың дәмі емес!
– Иә. Солай. Бірақ…біз Алматыда отырғанымызды да ұмытпауымыз керекқой.
– Жарайды. Аз-аздап қана…
– Бүгінгі сапарымыз мен үшін… мәңгі есте қалатындай ерекше сапар болды. Сізге рақмет!
Хрусталь рюмкалар олардың көңілін көтергісі келгендей сыңғыр ете түсті. «Нартәуекел, – деді Назгүл іштей. – Тіпті болмаса, машинаны осында қалдырып, таксимен-ақ кетермін…»
– Әңгіме айтыңыз, – дедіол бірінші рюмкадан соң Сәруарға қарап.
Жігіт ойланып қалды.
– Не айтсам екен… Негізі мен сол әңгімелерді қалай жазудың қыр-сырын үйрену үшінертең сапарға шығайын деп тұрғаным жоқ па.
– Айтпақшы, билетке тапсырыс бердіңіз бе?
– Иә. Ертең сағат он бірдегі рейспен ұшатын болдым. Тіпті, тіркеуден де өтіп қойдым.
– Оның бәріне қашан үлгеріп жүрсіз?
– Жаңа… – деді Сәруар стол үстінде жатқан қалтателфонына қарап иек қағып. – Сіз қол жуып жатқан кезде.
«Қандай епті жігіт,» деп ойлады Назгүл оған қызыға қарап.
Қызуын бойына жасырған жұмсақ коньяк екінші рюмкадан соң-ақ Назгүлдің қанын қыздыра бастады.
– Неге Мәскеуге?.. – деді ол Сәруардың жүзіне тесіле қарап. – Қарашы, мынаАлматы қандай сұлу қала!
– Иә, расында да, ғажап. Бірақ… меніңӘдебиет институтына, Чеховтың ізі қалған қалаға барғым келеді.
– Дегенмен, оның шығармаларында сіз таңғалатындай ештеңе де жоқ. «Хамелеон», «Шенеуніктің өлімі», «Құндақтаулы адам» – кеше болған, бүгінбар, ертең де өмір сүре беретін жандар.
– Әрине. Өте жақсы айттыңыз. Шындап келгенде, адамзат баласы бір мысқал да өзгермейді. Өзгеретін тек материалдық құндылықтар ғана.
– Ендеше, әдебиеттің қажеті қанша?..
– Шынымды айтсам… Білмеймін. Бірақ ол өмір үшін күресе беретін өнер. Бәлкім, мынау дүниенің біржола құрып кетпей, әлі күнге дейін сақталып келе жатқаны да соның арқасы шығар.
Назгүлдің енді бұл тақырыпты қозғағысы келмеді. Іштей: «Ал біз ше?.. Біз… Өзіміз жайлы неге айтпаймыз? – деп ойлады. – Сен… мені… Үлкен белдегі «жазу кабинетінде» неге сүйдің…»
Кенет оның көңіліне үрей кірді. «Мүмкін, Сәруар да әлгі улы кеннің кесірінен… – Абайсызда шоқ басып алғандай шыңғырып жібере жаздады. – Жо-жоқ. Мүмкін емес!.. –депқарсыласты ішкі ойы. -Мүмкін емес!..»
Сәруарға тіксіне қарап:
– Рұқсат болса, мен қайтайын, – деді асығып.
Сәруар да оның ойын сезіп, жігері жасып қалғандай үн қатқан жоқ. Иығына сумкасын іліп, орнынан тез көтерілген Назгүлдің алдында біртүрлі дәрменсіздік танытты. Сосын екеуі есікке қарай беттегенде қуықтай ғана тар дәлізде қысылып, бір біріне бетпе-бет келгені сол екен, демі жиілеп, үздіге қараған жігіттің қолы Назгүлдің беліне оратыла кетті.
– Жаным!.. Мен сізді… Жо-жоқ… – Сәруар ентіге сөйледі. – Мен сені… сүйем…
– Ім-м… – деді Назгүл оның ып-ыстық деміне тұншығып. – Тағы да… тағы да айтшы… Не дедің-ң?.. Мен де… Мен де сені…
Ол өзінің кеудесінен қандай жалынды сөздер шығып жатқанын білген де, түсінген де жоқ. Бірақ ақылымен емес, жүрекпен тіл қатып тұрғанын сезді. Кенет Сәруардың қарулы қолы оны көтеріп, ұша жөнелгендей болды. Екеуі жерденжеп-жеңіл көтеріліп, қалықтап барады… қалықтап барады… Жігіт ертегілерде айтылатын алып самұрық құсқа айналып, Назгүлді керегедей үп-үлкен қанатына отырғызып алған секілді.
Олар сөйтіп, ұшып-ұшып келіп, аққудың мамығындай жұп-жұмсақ ақша бұлттың үстіне қона кетті…
* * *

Қара күздің жаңбырлы салқын күндерінде зымыран уақыт жүрісінен жаңылып қалғандай. Қысқы каникулда Алматыға келемін деп уәде берген Сәруарды оның осы бір мимырт, көңілсіз қадамы кешіктіріп жатқан секілді.
Күндегі әдеті бойынша қызын балабақшаға, Сәкеңді қызметіне шығарып салған соң Назгүл үйде жападан-жалғыз қалып, ешқашанда, ешкімге бас имейтін тәкапбар уақытқа ренжиді.
Шыдамы таусылып, Сәруарға телефон соғады. Келер жылы қорғауға тиісті диссертациясының жұмысы мүлде тоқтап қалған. Бірақ оны ойлап, бас қатырып жатқанжоқ. Еркіне салса, мынау шабан уақыттың тілін шыр айналдырып, Сәруардың қысқы каникулына апарып бір-ақ тоқтар еді.
Ол Мәскеуден қоңырау күтіп отырғанда қас қылғандай мына жақтан Сәкеңнің телефон шала қалатын әдеті. «Аллоу, -дейдіыңыранып.Қазір Назгүлге оның түрі де, даусы да жиіркенішті. –Ал-лоу… »
– «Иә, Сәке. Тыңдап тұрмын.»
– «Жаңа маған Әнет Исаевич келіп кетті. Сенің диссертациялық баяндамаңды жыл басындағы халықаралық форумның бағдарламасына енгізіпті. Оның ар жағында қорғайтын күн де алыс емес. Так что, поздравляю…»
– «Рахмет, – Назгүл өзінің емес, бөтен біреудің баяндамасы туралы сөз болып тұрғандай қинала жауап қатады. –Оған әлі ерте емес пе. »
– «Жо-оқ! Жақсылықтың ерте-кеші болмайды.»
Сәкеңнің даусынан тоқмейілсіген сарын еседі.
– «Шынымды айтсам… тақырыбымды әлі толық зерттеп біткен жоқпын,» – дейді Назгүл.
– «А-а… Түсінем, түсінем.Ғылымда бір тақырыпқа бір адамның ғұмыры жетпейтін кездер болады. Бірақ… Жә, жарайды. Ол жөнінде кешкілік үйде кеңірек отырып кеңесерміз.»
Назгүл телефонды сөндірген соң енді не істесем екен дегендей ернін жымқырып, ойланып қалды да, кенет бір күтпеген жаңалық ашқандай алақанын шапалақтап секіріп кетті. «Маған неге осы… – деді ол қуанып. –Иә… иә, маған неге осы диссертацияны сылтауратып Мәскеуге барып қайтпасқа?..»
* * *
Күнтізбеге қарап, өз мезгілін күтіп тұрғандай-ақ тұп-тура бірінші желтоқсан күні түнде қар жауды. Таңертеңгілік ауа тазарып, алыстағы дауыстар әдеттегіден гөрі анығырақ естіліп жатты. Назгүл бүгін балабақша көлігінің даусын да, Сәкеңнің қызметтік машинасының даусын да үлкен жолдан бері қарай бұрылғаннан бастап естіді.
Бірінші қабаттағы холлда Сәкеңе құндыз жағалы жылы пальтосын ұсынып жатып:
– Мен бірер күнге Лизаға барып келсем бе деймін, -деді.
– Қай Лизаға?..
– Мәскеудегі. Быстрицкаяға…
– А-а, анау шашы көзіне түскен ұзын келіншек пе?
– Иә.
– Оның не қажеті бола қалды?
– Сіз білесіз, Лиза екеуміздің тақырыбымыз ұқсас. Біраз нәрсені кеңесіп, ақылдасып алуым керек болып тұр.
– Ә-ә… О шіркін, не білуші еді? Өзіміздің Әнет Исаевич бар емес пе?!
– Иә, бірақ Лиза еврейка ғой.
Есік тұтқасына қол соза берген Сәкең кенет іркіліп қалды. Бұл оның ең осал жері еді. Себебі, Сәкеңнің топшылауынша «еврейлер қауымы мына дүниенің барлық құпиясынан хабардар». Сондықтан, аз-кем ойланып тұрып:
– Барсаң… барып қайт,– деді еріксіз келіскендей салқындау шырай танытып. –Олардан бір жаңа идея табылып қалар. Бәлкім, кейін диссертацияның ең ұтымды тұсы да сол болып шығуы мүмкін.
«Ур-ра!» деді Назгүл іштей шаттанып. Тіпті, Сәкеңнің көзінше қол шапалақтап, секіріп-секіріп кетуге сәл ғана қалды.
Ол үйден шығысымен Сәруарға қоңырау шалды.
– Алло… сәлем!
– Сәлем!
– Қалайсың, жаным?
– Жақсы.
– Саған айтар бір қуанышты жаңалығым бар.
– Иә?..
– Мен Мәскеуге ұшатын болдым.
– Рас па?
– Әрине.
– Ур-ра!.. Қашан келесің?
– Ертең.
– Қай рейспен?
– Жо-жоқ! Оны айтпаймын. Барған соң өзім хабарласамын. Күтіп аламын деп әуре болма. Сабағыңнан қалып қоярсың. Сәру… сен мені сағындың ба?..
– Әрине, жаным! Сені де, елді де сағындым.
– Ендеше, күт мені!..
* * *
Назгүл ұшақта отырып:
«Қайран қазақ атам: «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп қалай дәл тауып айтқан!» деп таңғалды.
Қара жердің үстінде айтылған осы бір қарапайым сөздің мағынасын түсіну үшін оғанмынау жеті қат аспанға көтерілу қажет болған сияқты. Өзін-өзі мұқатқандай көңілсіз ғана езу тартты. Иллюминатордан үңіліп, ақ мақта сияқты қалқыған бұлттарға қарады.
Мәскеуде өткізген үш күн, үш түн ол үшін, расында да, қуанышқа, шаттыққа толы болды. Өмірінде алғаш рет өз-өзін еркін, бақытты сезінді. Сәруар екеуінің арасындағы құпия махаббат ауылдан, Алматыдан мыңдаған шақырым алыста қауызын жарып, күнге қарап ашылған гүлдей құлпырды.
Өзен жағасында, үлкен саябақта, қала шетіндегі қалың орманның ішінде қыдырған күндер мен қонақүйде бірге өткізген түндердің ләззаты бұған дейінгікөрген өмірінен мүлде өзгеше, таңғажайып ертегі сияқты еді.
Осы сапарда Назгүл алғаш рет Чеховтың Мәскеудегі музей-үйін, Лев Толстойдың усадьбасын көрді. Әлемге белгілі «Анна Каренина» романының адам баласы түсінбейтін шимай-шатпақ қолжазбасының алғашқы беттерімен танысты. Суреткер еңбегінің қаншалықты азапты екенін ойлап, Сәруардың алдағы тағдырына алаңдады.
Ал ол болса, осынау қуанышты күндердің бәрінде десол баяғы сиқырлы,құдіретті көркем сөз – әдебиет туралы айтумен болды. Алғашында Назгүл ол әңгімелердің бірін тыңдаса, бірін тыңдаған жоқ. Тек Толстойдың қолжазбасын көргенде ғана ойға батып, бір әйелдің тағдыры арқылы бүкіл әлемнің бақыты мен қайғысын қағазға түсірген суреткер шеберлігіне бас иді…
Кеше «ауыз бастырық» ретінде Лизаны ресторанға шақырып еді. Оған Сәруарды ауылдасым, бауырым деп таныстырды. Қазақ ұлтында туыс та, ағайын да көп болатынын жақсы білетін Лиза сұңғақ бойлы, шымыр денелі әдемі жігіттің Әдебиет институтында оқитынын білгенде ерекше қызығушылық танытты.
Сонсоң онымен бүгінгі әлем әдебиетіндегі әртүрлі бағыттар туралы қызу әңгімеге кірісіп, пікір таластырып отырды.
Лиза әдеби кеңістіктегі жаңа бағыттардың бірін әлі игерілмеген тың кеңістік ретінде сипаттай бастап еді, Сәруар оған үзілді-кесілді қарсы болып, өткінші жаңбыр секілді уақытша ғана құбылысқа теңеді. Сонсоң Лиза «өткінші болғанымен, рухани дүниемізге нәр беретін құбылыс» деп, дипломатиялық тәсілге көшкенде Сәруар «өткінші жаңбырдан соң тек саңырауқұлақтар ғана қаптап шығатынын» айтып қалды.
– Ол да болса пайдалы, –деп күлді Назгүлдің құрбысы. –Өз басым саңырауқұлақты сүйсініп жеймін.
Лизаның бір жақсы әдеті – әп-сәтте өзгеріп,сол баяғы көңілді қалпына қайта оралатыны. Себебі, оған талғам, таным, көзқарас қайшылықтары дегеніңіз, жай әншейін, күнделікті табақ-аяқтың сылдыры ғана сияқты әсер етеді.
Ал Сәруар болса, біразға дейін ойланып, үнсіз отырды. Қоштасарда Лиза бұны оңашалап алып: «Сенің бауырың өте талантты жігіт. Болашақта біраз салмақты дүниелер жазуы мүмкін, – деді. –Бірақ табысқа жетуі екіталай…» «Неге?» Назгүл тап бір көріпкел әйелдің алдында тұрғандай қалтырап кетті.
Лиза тағы да оп-оңай құбылып:
– Меніңше, ол сенің бауырың емес, жүрегің секілді, – деп күлді. –Сөз жоқ, та-ма-ша жігіт!.. Шынымды айтсам, мен сендерге қатты қызығамын. Шіркі-і-ін, маған да осындай бір жүректіңқандай қажет екенін білсең ғой!..
– Қойшы, Лиза! Не айтып кеттің?! – деп Назгүл бұртиып, шамданған болды.
– Жасырма, жасырма! Жарайсың, Назикеша! Шалдың аты – шал. Бірақ… оның кілті кішкентай болғанымен, сейфі үлкен. Аха-ха-ха-ха!
…«Қызық, – деп ойлады Назгүл иллюминатордан сыртқа үңілген күйі мұңға батып. – Бар шындығын сыпыра сияқты жайып салып, жеке мүддесін емін-еркін илей беретін осындай жандарда бар…»
Бір жақсысы, мынандай зау биікте ұшып келе жатқанда жер бетіндегі қиын сұрақтардың барлығы да төменде қалып, өзіңді құс сияқты самғап кеткендейжеңіл сезінесің.
Кім біледі… мынау жарық жалғандағы өлшеулі мерзімі біткен күні көкке ұшажөнелетін қуыс кеудедегі шыбын жан да тап осындай еркіндікті сезінетін болар-ау!..

Пікір қалдыру