Асқар АЛТАЙ. МАРҚА СҰЛУ

(Былғары табыт балладасы)
Роман

Соңы. Басы өткен сандарда)

IV

Сұңғаттар Былғары табытыға таң алдында ғана жеткен еді.
Үй іші бос екен. Студент-археолог жастар түгел көрші үйге қонуға кетіпті… Жол бойы жаңбырда рөлмен алысып, келе мұрттай ұшып түсті. Бір шоң кесе қымызды жұта салып, жатып қалды.
Ал анасы Ақжамбы мен жалғыз қарындасы Раушан жеңгесі Уатайдың қаймақты сүт қатқан шәйін ішіп отырды.
Раушан айпара анасына ескі жара аузын қозғап, ренжулі еді.
– Жады Толғанбайдың сөзіне сеніп, керексіз қылдыңыз!.. Төрт балалы болсам да жолатпадыңыз! Қуат екеуміз керексіз болдық. «Бірің орысқа тидің, бірің айттырған қызды алмадың…» деп. Бәріне кінәлі өзіңіз!
Жас келіншек Уатай төмен қарап, енесіне үнсіз кесесін ұсынады. Адуынды Ақжамбы енесі келінін таң қалдырып отыр. Сұңғатқа түскелі үш жыл болған Уатай Боран ауылында тұратын қайынсіңілі Раушанды естігені болмаса, көріп отырғаны осы…
Сабыр сақтаулы енесі көзін қайта-қайта сығып, өміріне налулы қызының ақырын сөйлеген нәзік дауысына құлақ қойып отырған-отырмағанын білдірер емес. Ыстық шәйді өші кеткендей жұтады.
Анда-санда ғана:
– Иә, кінәлай бер! – деп қояды.
Сұңғаттай үлкен ағасына естірткісі келмейтін Раушан да тұрмыс басып тастаған дауысын көтере де алмайды. Заты әкесі сияқты жуас жаратылған көрікті жан жүнжіп кеткен сияқты. Үстіндегі киімі де жұпыны. Орыс байы «Иван да ішіп қояды…» деуші еді енесі Уатайға ауыл арасы сыпсың сөзден естіп.
Уатай қолындағы шытымен мұңлы жанарынан тоқтамай аққан жасын сүрткіштей береді. Шыты шылқылдап кетіпті. Сұңғаттың жас жары орнынан тұрып, қайғылы қайынсіңілісіне таза орамал әкеп берді.
– …Иванның атасы Константин болғанмен, біздің тұқымға қан құйып қойған жоқ қой, мама?! Иван екеуміздің жазығымыз қайсы? Қазақты қудаласа, атасы Константин қудалады емес пе! Шөбересі Иванның не жазығы бар?! Ол шекара күзетіп, қазақты атқан жоқ қой… Алқабек шекарасында қайын атамның ескерткішін не үшін қойды, ол герой болмаса?! Кезбе Толуға сенесіздер ме? Ол – миы айналып кеткен жады. Әлі күнге сол үшін мен сорлап келем, мама! Ваняның қолы да тиді… Төрт бірдей ұл-қызымды аяймын! Олардың күні не болады? Олар «қазақпыз» дейді өздерін. Кержақ та, орыс та болғысы келмейді!
Уатай басын кекжите ұстап, қызына қиыс қарап отырған Ақжамбы енесіне кезекті кесесін ұсынды. Таң да ағарып, кең қойылған пластик терезеден жарық түсті. Жаңбыр қоятын түрі жоқ.
– Иә! Мен кінәлі екем ғой… Жөн-жөн, – деп Ақжамбы кемпір сабырын суғарды.
Келіні сызыла шәйін құйды.
– Әй, келін! – деп қалды Ақжамбы түйеден түскендей. – «Сызылып шәй құйып, қайнақ суды киіздің астымен жіберіп, қайнының енін күйдірген» деген, сызылмай отырып құй!
Енесі қызына кетіп бара жатқан есесін бұдан қайтарып отырғанын Уатай тез түсінді. Дөңгелек жер үстел басында дұрысталып отырған болды. Үндей алмады.
Жылай отырып өкпе-назын шағынған Раушан да сап аузын жиып алды. Тығылып келген ол бірақ тоқтай алмады.
– Мама, кешірші мені! Қуатты да кешірші! Біз осылай боларын білдік пе? «Әке қарғысы – оқ, ана қарғысы – боқ» деуші деп жүріппіз. Қателесіппіз, мама! Шоқ екен… Батаңызды алмай кетіп ек… Шыжғырылып жатырмыз енді, міне!
– Тек! Қарғаған емеспін… Қуатты атама! Ол – аруақ. Жазықсыз!
– Кешір, мама! Иван Өскеменге көшем дейді. Онда қалай күн көреміз? Мамандығым тағы жоқ. Ваня алқаш болып кетеді ғой… орыс Наташаларға ілесіп?!
– Солай де!..
– Әйел адамсыз ғой… Түсінесіз!
– Жоқ. Түсінбеймін! Мен баяғыда еркек болып кеткем… Қызғанба байыңды! Өлмейсің!
– О, мама! Мама!
– Ана ағаңа айт! Көмектесер!
– Айта алмаймын! Мама, ол сізді ғана тыңдайды ғой…
– Болды. Зарлама! Сұңғат көмектеседі.
Осы бір сәт дір етіп жер сілкінді…
Бәрі отырған орындарынан қозғалып, қапелімде не істерлерін білмей қалды. Кенет қара суға малшынған қара жер аса қатты сілкінді. Сілкініс ұзаққа созылды.
Ақжамбы шәйін үстелге қояр-қоймаста шалқасынан құлап қалды…
Үшеуі де орындарынан тұра алмады. «Бісмілла!..» деген үрейленген дауыстары ғана шықты.
Оқыс сықырлаған ағаш үй қабырғалары қисая берді…
Сол сәтте ғана үйдің сақыр-сұқыр дауысы мен сілкіне дірілдеп, толқын жүгірген жер қозғалысынан Сұңғат оянып кетті. Жалма-жан тұрам дегенінде шатқаяқтап, бір жанына қисая еңкейген қабырғаға сүйене берді. Басы қабырғалар бір жағына жантайғаннан аласарып кеткен төбеге тиіп, шығар есікке еңкейе ұмтылды.
Марқаның ақ самырсынынан көтерілген бөрене үй құйылған бетон іргетасынан ажырап, бір жанына қарай қисая құласа да, біржолата шашылып қалмады. Белағаш мәтшасына шейін жымдаса қиюласқан дөңбектер жібермей қалды. Үш қабат пластик терезелер ғана шатынай сынып, босаға жақтаулары үшбұрыштана ауып, ашық қалған есіктер қоқайып, топсаларынан шығып кетті.
Үй ішіндегі жиһаздар сырғанай жылжып, шкафтардың қайсы бірі қисая құлап, қайсы бірі қабырғаларға шалқая сүйеніп қалды. Ыдыс-аяқ атаулы сыңғырлай сынып, даңғырлай соғылып жатты.
Сұңғат тәлтіректей жүріп ес жиды. Жердің соншама қатты сілкінгенін бірінші рет көріп, бірінші рет шошына сезінді. Жүрегі атқалақтап кетіпті… Анасы мен қарындасы, жас жары отырған ас бөлмесіне ұмтыла жетті.
Жер сілкінісі әлі де басыла алмай, жыланбауыр толқын жүгіріп, адамдардан әл кетіп тұр еді…
Ақжамбы анасына жеткен Сұңғат еденде – сырмақ үстінде екпеттеп жатқан күйінде қолтығынан демей берді. Шешесінің бетін сынған шыны кесіп кетіпті.
Уатай мен Раушан да орындарынан жер тізерлеп тұра берді. Бәрі де «Алла! Алла!» десіп, қисая жапырайған үйдің табалдырығынан тысқа аттай берді. Толғанбай жата кететін сейнектен еңкеңдей өтіп, есік көзін ала жасалған сатылы, төбесі шатырлы ашық сәкіге шықты. Сәкі қисайса да аман екен.
Құйып тұрған жаңбыр астында сәкі пана болды…
Сұңғат алдымен қандай әрекет жасауға ойланам дегенше, есіне Былғары сайдағы тоқтау бөгет сарт етті. Жер сілкінісінен қозғалып кетіп, әлі де басылмай тұрған оның жүрегі су-у ете түсті… «Бөгет бұзылды-ау!..» деген қауіп жер қозғалғаннан қозғалып кеткен жүрегіне бірден салмақ салды. «Ауылды көшіру керек! Адамдарды құтқару керек! Тасқын келеді қазір…» деген суық ой денесін түршіктіріп жіберді.
Жалма-жан Былғары сайдың аузы шығар тау жаққа қарады. Сайдың жаңбырсыз күнде де байқала бермейтін бұрма біткен ұры аузы мынадай қалың жаңбырда қайдан көзге шалынсын… Қарауытқан кит жонды жоталы тау сұлбасы зорға шалынады.
Сұңғат шошып тұрғанын білдіргісі келмеді. «Шлюз шыдаса екен!.. Дамба бір сағатқа болса да жарылып кетпесе екен!» деген ой сапырылысып өтті. Санасында аласапыран су тасқыны басып келе жатқандай болып кетті. «Әкімдер ғой кінәлі!.. Ақшаны игеру керек деп қоймады ғой…» деген ой найзағайдай соқты.
– Уатай! Раушан! Апамды қолтықтап түсіре беріңдер сәкіден, – деді де, өзі бір-ақ қарғып, дөнен өгіздей дөңкиген «Лексус» машинасына қарай жүгірді.
Осы кезде Ғазиз бастаған Толғанбай мен Отан бала да көрінді. Олар да жүгіріп келеді екен.
– Ауыл!.. Ауылды оятыңдар! Қырға… тауға шығыңдар! Тауға! – деп жанұшыра айғайлады.
Олар да қауіпті түсініп келе жатса керек, тайғанақтап жан-жаққа безіп барады. Көшіп кеткеннен қалған әр жердегі он шақты үй күшті жер сілкінісінен ес жия алмай жатыр еді.
Студенттер қонған ағаш үй Сұңғаттың үйімен бірге жаңадан салынған болатын. Ол үй де қисайса да, құламай аман қалыпты. Сол үйдегі қыз-қырқынды жастар да үрпиісіп, есік алдындағы сәкіге шығып алыпты.
Студент жас жігіттердің бірі «ағалап» Сұңғатқа қарай ұшып келді. Оған да «Ғазиз ағаларыңа еріңдер! Үйлерді аршыңдар! Адамдарды құтқарыңдар!» деп қысқа бұйрық берді.
Саманнан тұрғызылған ескі үйлер түгелге жуық құлаған. Өзен боп аққан жаңбыр суы да жерге кіріп кеткен іргетасын шайып, саман қабырғалары дым тартып, әрең тұрған баспаналар болатын.
Бала Отан бөгеттің бұзылғанын сезіп қана қойған жоқ, шошына оянып, жер сілкінісінен қоқаңдай қозғалақтаған трактор ішінде әкесін құшақтап, жылап жіберген.
Жер қозғалуы тоқтаған бойда көз алдына Толғанбаймен барып жүретін Былғары сайдағы суға толы бөгетті сөгіп, жарыла бастағаны көрінді…
Ғазизге:
– Су! Су! Әке, бөгет… бөгет жарылды! Су келе жатыр, – деп сыбырлаған.
Сонда ғана санасына сәуле жеткен Ғазиз тұра ұмтылып еді…
Ал сүрініп-қабынып келе жатқан әкесімен бірге жүгірген бала ойына аңыздағы Көкөгіз оралып еді… Маңқиған Көкөгіздің қозғалып қалған алып бейнесі жарқ етіп оралып өтті. Сауырынан су төгілмес жойдасыз жоянның арқасы қышып сілкінгені баланың жас жүрегін ғана шайлықтырмай, Алтай-Сауыр өңіріндегі бар тіршіліктің иманын қасым етті.
Жанталас қорқыныш билеген тіршілік басталып берді…
Сұңғат анасы Ақжамбы мен қарындасын, жарын көлікке отырғыза салып, тау бауырындағы биік тепсеңге қарай тартты. Ғазиз бен Отан қисайып, құлап жатқан үйлердің үйіндісі астынан жаңбыр астында адамдарды сүйреп шығаруға тырысты.
Бала Отан да шамасы жеткенше қолғабыс беріп жүр. Зар еңіреп жылап жүр…
Кейбір үйден аман-есен шыққан еркектер мен ересектер де жүрек тоқтатысып, үйінді аршуға кіріскен. Қолға күрек табылмай әуре қылған. Құлаған қора-қопса астында қалып, лом атаулы жерге сіңген. Жалаңаш қолмен ағаш-шұғашты, сырғауылдарды жабыла көтерісіп жатты.
Сұңғат та батпақтатып жетті. Келе жылап жүрген ұсақ бала-шағаны ұстап, жылы көлікке тығып, ескілеу джипті толтырып, тепсеңге ала жөнелді. Толассыз құйған топан жаңбыр астында аман қалған бірен-саран кәрі-құртаң мен бел-омыртқа, қол-аяқ сындырған сырқат жандарды да отырғызып, тасумен болды.
Өлген-жіткендерді үйінді шетіне сүйрей салып, тірілер топырақ астында қалғандарды шығарып жатты. Құдай сақтағанда үйлер опырылса да, төбеге салған Марқаның қызыл қарағай мәтшалары сынбай, құламай қалған қабырғаларға сүйеніп, көп жұртты аман алып қалыпты.
Сұңғат сайдың ұры аузына әлсін-әлсін қарап қояды. Әзірге Былғарының ұры ауызы – құр ауыз қалпы құрғап тұр. Бәлкім, бөгет жер қозғалуға шыдаған шығар… Тасқын келе қоймас! Ауыл аранды ауызда болса да, көп үйлер қиыс қой. Аман қалармыз!
Суға кетсе – Былғары табыт обасы кетер…
Көрден шыққан сол мәйіттер кетсін!..
Жер астына қайта көмілсін!..
Үзік-үзік ой-сезім Сұңғатты іреп-іреп өтті. Ол өз ойынан өзі шошынса да, солай болса екен деп шын тілегені ақиқат. Қатер басқа төніп келіп, қорқынышты құтқару сезімі жеңген сәтте қабағат күш біткен адам тауды қопарып, тасты бұзар қуатқа ие болады… екен.
Қазір де құба түс басқан қорымдай жайрап жатқан аядай ауылда көз-жасқа орын жоқ, тек тәңіріден күш-қуат толассыз жауған жаңбырдай құйылып, жұпыны ғана тіршілік кешкен, ешкімге елеусіз ауыл адамдарына көмектесіп еді.
Студент жастар да жасқанбас қарулылық танытты…
Ауыл түгелдей аршылып та қалған. Көбісі жараланған болып шықты Екі адам мен бір сәби көз жұмыпты. Жұрт жаңбыр астында мәйіттер басына жиналысып тұрған.
Оқыс үн шықты. Үрейлі үн.
– Алла-а!.. Алла-а!..
Бұл жастар арасында үрейлене айғайлаған Аян атты жігіттің дауысы еді. Анасы Қазығұрттың қойнауындағы Аршалы бастауына қонып, сол таза бастау басында періштеден аян түсіп, ішке біткен бала болатын – Аян. Әкесі есімін «Тазажан» қоям дегенде анасы қарсы келіп, «Аянбұлақ» қойғызған жігіттің жанары қырандай өткір-ді… Былғары сайдың ұры ауызына көзі оқыс түсіп кеткен-ді.
Жұрт жапатармағай жалт қарасқан… Бала Отан да үрейлене қарады.
Алғашында төпелеп тұрған тамшыдан ешкім ештеңе аңғара алмады. Кит жонданып жатқан жоталы тау сілемі ғана қарауытып шалынған.
Ұры ауыздан қап-қара тартып, үйме-жүйме қаңбақтай болып шыға келген дүр-дүлейді адамдар арасынан Отан мен Аян екеуі ғана байқап еді.
– Тасқын! Тасқын!
– Көшкін! Көшкін!
Отан менен Аян дауысы қосанжарласа шыққанда ғана көпшілік шу ете қалысты.
Сұңғат та:
– Машинаға… Машинаға!.. – деп айғайлап, көлігіне отыруға жүгірді.
– Әйелдер мен қыздарды… Қыздарды! – деп Аян тағы ара сөз тастап үлгерді.
Бос көлікке әйел заты сығылыса мініп алысты. Еркектер жағы ауладағы көліктерге ұмтылды. Тағы бірер шетелдік ескі көліктер мен мотоциклдерге сиысып жатты. Бұл кезде Сұңғаттың джипі тепсеңге де жақындап қалған.
Адамдар да төніп келген тілсіз жаудан құтылмаққа жанталаса жарысып, үрейден зәресі ұшып, көліктерге өзара мінгесіп-ұшқасып жатқанда, Толғанбай сытылып қала берген еді. Оған көңіл бөлген бала Отан ғана… Оны бірақ лөлкелі мотоциклге жармаса мінген жұрт та, әкесі Ғазиз да тыңдаған жоқ. Қорқыныштан баланың дауысын да ести алмай, құлақтары тас біткен-ді.
Баланың зарлай жылап, «Толи-и-ик!..Толғанба-а-ай!..» деп бұлқына салған байбаламын да елеген ешкім жоқ. Тек аңтарылып тұрып қалған Толғанбай құлағына ғана еміс-еміс шалынды. Торғайдай үріккен топ жерде жатқан үш мәйітке де қарай алмады.
Мәйіттер басында қарақшыдай қалқия күзетіп Толғанбай ғана қала берді…
Ал бұл кезде Былғары сайдан қара айғырдай арқырап шыққан топан су тасқыны Былғары табыт басына кедергісіз жетіп, ойранды салып жатты…
Былғары сайдың ішін көлтауысар мешкейдің құрсағын кергендей лықылдаған су жер сілкінген кезде бөгетті жыра айырып жіберген еді. Сайдың сал-сала тармақтарына дейін толып тұрған, кісі қолынан жасалған кішігірім теңіз ақтарылып сала берген..
Сыздықтап қана жіберіп тұрған тосқауыл шлюздің шомбал бетонын жарып жіберген жер сілкінісі лықылдай толқыған су қуатына шыдас бере алмады. Биік бөгеттің үстінен ақтарылған тасқын жарылған жерден шлюзді жыра қопарып, жаңқа құрлы көрмей бетон-метонымен жұлып алып, төңкеріп тастап, лақтырып жіберген. Сол бетінде жолдағы жүз жылдық шілік-талды, қайың-бұталы қапталды түп-тамырымен қопарып, алып көмейіне жұмарлай жұтты. Жартас-жаламаның жуан жарықшақ тастарын жырмалай аударып-төңкеріп әкетті. Жұмыр тастарды допша қағып, сайдың ұры аузындағы бұрма қапталға келіп бір-ақ соғылған.
Тура таутоспа болып жатқан қара жартас құзды тік бұрма алапат тасқынның бар қуатты күшін бір өзіне қабылдады. Арындап келген сай толы ұлы су үйіріле айналып, енді мүлде адам айтқысыз атқы болып серпілді де, ұры сайдың Былғары табыт жазаңына құлайтын тар аузынан қап-қара жалды дүлей топан күйде атқақтай атылып еді.
Алғаш Аян мен бала Отанның шошына көрген қорқынышты көрінісі осы болатын. Қап-қара болып, тар ауызды толтыра атылған зор-зоман атқы кез келген пенденің зәре-құтын ұшырушы еді.
Атқы алып атанның аузынан атқақтаған жыны секілді еді…
Бұл бір «Су иесі Сүлейменнің» адамдар жолын кес-кестеп, қолдан бөгет байлап, жуасытпақ болған жынының ақырған ашуы сияқты. Оны бірақ төбе үстінен алапатқа қайран қалысқан жұрт қайдан білсін?!
Су иесі Сүлеймен қаһарына мініп, көк аспаннан алдымен алапат нөсер бүріккен жаңбыр жаудырды. Жаңбыр суы өзі де толып тұрған жалған көл бетін теңіздей лықсыта көтеріп жіберді. Су иесі Сүлеймен аспаннан ауыр салмақ – жаңбырды бас көтертпей төктіріп, мызғымас қара жердің белін қайыстырды.
Қайқайған қара жер атан өгіздей қозғалып кетіп, сона шағып алғандай сілкініп салғаны…
Алтайдың ақиық қыраны таң алдында оқыс оянғандай ұлы тау дүр сілкінді.
Мұнарлы өңірдің мойылдай көрінетін мөлдір жанарлы Марқа сұлу да шарасынан аса толқып, Табалдырық мәрмәрінен айдындана лықси жөңкіліп, Қалжыр өзенін толтырып, аңға шүйілген қыран қанатының суылындай судырай ақтарылды.
Сілкіністің ақыры Былғары сайдың шайтандай шошынып, Былғары табыттың бақсыдай кесапатқа бой алдыруына ұласты…
Жолындағы кедергі атаулыны қара дүлей құшағына басқан лайлы тоспа су ұры ауыздағы жылғаны жауып, арнаны апыра-жапыра қопарып, арса-арса алып жыра жасай лықсыды. Жан-жағын көртышқанша кеміре жеп, жыра түбін тереңдете қопара берді. Тау бауырлаған жұмсақ топырақ жыралана жырылып кеп, тап Былғары табыт басынан бір-ақ түсті.
Жынын шашып лықсыған жойқын су мың-мыңдаған жылдық обаны жалмауыздай обып қойды…
Жеті метрлік тереңдікте жапыра тиген тасқын қабірхана басындағы швед тракторы мен телешкесін допша домалатып, қабірдің өзін тас-топалаңымен қопара ағызып, жер дүниені ора-мора опырып жөнелді. Сайдың ұры аузынан үсті-үстіне лақылдай құйылып, қопарылған арнаны бұрынғысынан да бойлата қазып, бойына жиып алған бар дүниені тас пен құмдауыт топырақ арасына тоғыта ағызып әкетті.
Темір қорабын телешка үстінен жұлып алып, алтын-күміс жамылған қос мәйітті бар байлығымен жұмырына илеп тығып, тас топаны мен құм шегеніне шіл қауырсынындай шашып жіберді. Дәу трактордың өзі қағаздай бүктетіліп кетті.
Қабір түбін қопара бетіне шығарып, орнын ұлы жыраның бір қуысы қылып иірім жасады. Алтын сәйгүліктер мүрдесі мен алтын арбаны ағызған лайлы дүние тас-талқанын шығарып, төменгі жазыққа қарай жөңкілді. Таудан қопарыла ұшып, сумен домалай жеткен тау-тау тастар легі ауыл жатқан жазаңды басып, төмендегі тасжолға дейін ақтарыла берді.
Жолында жұртта қалған атағаштай сопайып тұрған Толғанбайды да жұтып қойды… Онымен бірге жер сілкінісінен ауылда құрбан болған үш мәйіт те жыл-жылас жоғалып кетті.
Ұры ауыздан ақтарылған ащы запырандай тоспа су тоқтар түрі жоқ. Былғарының қысаң сайы арасынан теңіздей толқындап келіп, жартастарды қопарып, салып алған жырасын тереңдете ұлғайтып, қанатын құстай керіп, толып ағып жатты. Тасқынның алды тасжолды мүйізтұмсықтай сүзіп өтіп, опырайта жырып, Қара Ертіс аққан еңіске қарай құлдилап кете барды.
Сол бетінде барып Боран ауылына соқтықпаса не қылсын?..
Тасжолға жеткенше төбе-төбе қойтас үйіп, ауыл орнына терең ұра-жыра тастап, таудан тамырымен жұлып әкелген арша-шырша, тал-терек әр жерде әртүрлі нәрселерге тіреліп қалып жатты. Жаңбыр астында жансыз дүниеге жан бітіп, жан-жағын барлай, жан-жағын аңдай қарап тұрғандай еді.
Табиғаттың адам қолымен жасалған алапат күші төбешік басында суық жаңбырдан қорған таппай, қалтырап тұрған адамдарды сынап жатқандай да еді…
Лек-легімен атқалақтай шығып жатқан тасқын таусылар еместей көрінді. Бәрінің де ішінде Сұңғатқа деген қыстыққан ашу шыға алмай, көкіректерінде көлдей лықсып тұрды.
Былғары табыт моласы да тып-типыл жоғалып, орнында опырая ойылып, тасжолға үңірейе тартылған ұлы жыра ғана өзен болып толқиды. Мыңдаған жылдардан жеткен бабалар мұрасы бір-ақ сәтте қорыс-қопасы шығып, жым-жылас жоғалып, Былғары табыт ауылы адам танымастай өзгеріп сала берді.
Уақыт біршама болып қалып еді. Сағат енді тоғыз болған. Қу жанды құтқарумен жүріп, уақыттың да қалай өте шыққанын да жұрт білмей қалыпты.
Зайсан көлінің батыс бетінен бері баттаса басып жатқан бұлт көбесі сөгілді. Жаңбыр да селдете жауғанынан тартынып, толастай бастады. Дүние тасқынның баяулағанын күткендей сыңай танытып келе жатты.
Су аяғы жете алмас төбешік тепсең үстінде еркектер дірдек қаққан еді…
Ақжамбы әже мен әйел затын, ұсақ бала-шағаны үш-төрт жеңіл көліктің ішіне тығып, өздері көлік ішінде жүрген оны-мұны көрпе мен киім-кешекті пана тұтып, айдын көл болып жайылған жаңбыр аралас бөгет суына іштері өртеніп қарап тұрды.
Сұңғат қалтасындағы телефон оқыс шыр ете түсті. Кешеден бері құлаққа ұрған танадай болған бас біткен елең етісті. Әркім дірдек қағып тұрса да, өз қолтелефондарын алысып, жан-жаққа шала бастады.
– Дулат, дамба жарылды…
– Апат… апат болды!.. Шығын бар.
– Қаржау, ауыл жоқ… ағып кетті.
– Қорадағы мал түгел кетті… Тұяқ құтқару мүмкін болмады…
– Екі адам мерт болды… Судан емес, жер сілкінуден… Иә-иә!
– Толғанбай суға кетті… Өлі-тірісі белгісіз…
– Тасжолды су алып кетті…
– Әкімдерге хабар беріңдер! Біз енді береміз. Телефон жаңа қосылды.
– Біз төбе үстіндеміз!
Сырттағы үстері жаңбырдан сүңгі-сүңгі ер-заматтардың қолтелефонмен қысқа хабарласулары жалғасып кетті.
– Профессор комада?.. Астана жаққа хабарластыңдар ма? Апам аман. Қуаттың сүйегін бермеді… Кейін алатын болдым.
Сұңғат інісі Дулатпен сөйлесіп тұр еді.
– Ғазиз осында… Иә! Аршын келген жоқ. Политсай Парыз да жоғалған ба? Мүмкін емес. «Тәж жоғалған?..» Қалайша? Жер сілкінісінен шошыған шығар. Содан бір жерді паналап қалмап па? Ауылды қараңдар! «Елдің есі шығып жатыр»… Иә, сабыр сақтаңдар! Декабрист тінтіп шықсын! Ауыл адамдарынан сұраңдар!
Сұңғат аңырып қалып, асыға сөйлесе жөнелді.
– Тәжді қалай да табу керек… Күршімге хабар жібердіңдер ме? Полицияға деймін. Мүмкін оларды біреулер тонамақ болып, ұрлап кеткен шығар… Иә, бәрі мүмкін! Ол да шығады Қалжырдан… Баяғыдағы Петербордан келген әйел мен археолог еркекті тонағандары сияқты… Декабрист Қаржау ай қарап жатып па? Жарайды. Әкімдермен сөйлесем, өздері де естіген болар ендігі… Тасқын тоқтаса, елді біржақты қылармыз. Жолға сосын шығармын.
Сұңғат пен Ғазиз сөйлесіп жатқанда құлағы қалқайып тұрған Отан бәрін де зерек ойлы затымен тез бағамдап үлгерді. Ол үсті малмандай болса да тістене шыдап бағып, оңашалау барып, Қалжыр жаққа тау бөктерлете көз салды.
Байдалының басына қарады. Бұлт биіктеп, шошақ төбесі көрініп қалыпты.
Жаңбыр да сіркірегенін тиып, сіркелеп тамып, маңай ашыла бастады. Қалың бұлт етегі жылдам көтеріліп, Зайсан қаласы орын тепкен Сауыр сілемдері ақшаңқан түске боялып үлгеріпті.
Тасыған бөгет суы қарқыны да қайта бастапты. Өкірген өзен аңыздағы алып пілдей өзі жыртқан терең арна табанына түсіп, таң бозынан бері ауыл-аймақты баса көктеп өткенін ұмытыпты. Жуаси ағып жатыр.
Жол-жөнекей шошайта үйіп тастаған жуан ағаштар мен шырқата шашқан қойтастар боз бетеге біткен жер бедерін өзгертіп-ақ жіберіпті. Десе де, Былғарының ұры ауызынан кішігірім бір өзеннің суы әлі де келіп жатыр. Бөгетті бұзған тасқын тау қойнауынан сарқыла алмай жатқаны анық аңдалады.
Отан өз көзімен көрген көк гауһарлы алтын тәж жоғалды дегенге сене алмай тұр. Көз алдынан жалт-жұлт жарқыраған бас бармақтай гауһар тас келе берді.
Әлгі асыл тас көгілдір сәулесін төкті…
Бала сана қуатымен көгілдір түске бойлай ене бергенін өзі де білмей қалды…
Ғайыптан берілген қуат күші Отанды көк тастың соңынан ерте жөнелді. Гауһар сәуле Қалжыр ауылынан шашырай шықты. Сәуле сағымдай ағып, таспадай созылған Күршім тасжолына түсті. Лезде көкжасыл жарық Бөкенбай тауы тұмсығын айналып, Сырымбет бидің сүйегі жатқан көп бейітті Доғалбайға қарай тартты. Доғалбай иінімен Терісайрық шығып, Егіндібұлақ ауылына қарай сынаптай сырғыды.
Әйгілі құлама жартасты қия құз – Түйеқұлағанға жетіп бір-ақ тоқтады. Көгілдір сәулеге бөккен көкніл нұр ұйыған уыздай діріл қақты.
Гауһар тас маңайын көгілдір түсті жұмбақ сәулеге бөктіріп, Түйеқұлаған құз-қия жартасының жиегінде біржолата тұрып қалды. Жап-жазық далада келе жатсаң тап аяғыңның астынан пайда бола кетіп, өзің де құлап кетуге шақ қалатын ғажайып құлама құз жары – табиғаттың қолмен қашап жасаған тылсым бір құбылысы еді… Жазық ернеуінен қап-қара жартас тіп-тік біткен құз кемерінің ұзына бойы үш жүз құлаштай бар-ды. Жазықта жатқан тылсым жаратылыс – Түйеқұлаған құзы да көгілдір түске шомылып, ерекше көз тарта қалыпты.
Бала жер бетімен Түйеқұлағанға жүзіп жетіп, бармақтан тамызған бір тамшы адам қанына ұйый тоқтайтын көшпелі алтынның сағымындай дірілдеген көгілдір нұрға толы Гауһар тасты алтын тәжді сана көзімен айнытпай сезінді…
Дереу Ғазиз әкесіне қарай жүгірді.
– Әке! – деді жеңінен жұлқи тартып. – Бір нәрсе айтам… Былай жүріңізші!
Сұңғат пен Ақжамбыны ортаға алып тұрған топтан әкесін жұлқылап жүріп, жырып шығарды.
– Не айтпақсың сонша?!
Әке дауысынан реніш білінді.
– Тәжді таптым!
– Нені?
– Тәжді!
– Қойшы!?
Ұлы үндемей тұрды да, салмақпен сөйледі.
– Көрдім. Көк жарық…
– Қайда?
– Түйеқұлағанда.
Ғазиз сонда ғана ұлының сөзіне мән берді. Ұлының кейде көріпкел сияқты шындықты сөйлей салатынына қайран қалушы еді.
Отанға еңкейіп, жасырынған адамдай ұлына сыбырлап айтты.
– Ешкім естімей-ақ қойсын!.. Екеуміз ғана білейік!
Ғазиз баласының жасырына сөйлегенді ұнататынын жақсы білетін. Оның үстіне ертең өтірік болып жүрсе, елден ұят болар деп күдіктеніп те қалып еді.
– Анық көрдім, әке! Сенбейсіз бе?
– Снем ғой, бірақ…
Отан сөзін бөліп жіберді.
– Тұйеқұлағанда олар.
– Оны білуші ме едің?
– Толғанбаймен талай барғам.
– Ойпырмай, алыс қой!..
Бала жолай Жады Толикпен Ақбұлақ ауылына қонып барғандарын айтпай қалды…
– Жарайды онда. Қазір жолға шығамыз. Ары қарай мамаңа барамыз. Олар не болып жатыр екен? Жер қатты сілкінді ғой…
Сұңғатқа қарай асыға жөнелген оған ере беріп, Отан әкесі мініп жүретін мотоциклге бұрылды. Ғазиз төбе төсінен түсуге жасқанып тұрған көпшілік арасына енді.
– Апа! Сұңғат! Күршімдегі үйім құлапты… Әйтеуір Қырмызы аман екен. Телефон соқты. Мен жолға шықсам ба деймін.
– Бар, балам! Сұмдық болып кетті ғой мына дүние!
– Бізге де көмек келетін болды. Марқа өңірі қатты сілкініпті, бірақ ел-жұрт аман көрінеді. Негізгі шығын осы ауылдан екен. Жаңа аудан әкімімен сөйлестім. Тасқын су аяғы Боранды айналып өтіпті. Оған да шүкір деп тұрмын!.. Ертіске барып құйыпты.
Сұңғат әнші Ғазизді бар жайға жылдам қанықтырды. Ол да асығыс аттануға бел буды.
– Қырмен кетесің ғой, – деді Сұңғат.
– Байдалымен шығам. Қароймен бір-ақ асам. Төте, – деді Ғазиз де.
– Ақырын жүр. Бала Қалжыр бойы балшық… тайғақ.
– Оны білем, Сұңғат. Апа, Отанды ала кетейін. Мына аламан-тасыр басылған соң, өзім әкеп тастаймын.
– Қарағым, бүйірімді жылытып жатушы еді… Қайтейін! Барсын! Аман жетіңдер!
Ақжамбы кемпір қасында немере-шөбересінің жоқтығын байқатпай ғана білдіріп алды…
Сұңғат әйелінен ажырасқан соң, немерелері шешесімен Зайсандағы қайын жұртына кетіп қалған. Жас Уатай бала көтерер түрі жоқ, құдай әзірге берер емес. Отанның бүйір жылытып жүргені де содан.
– Сау болыңыздар!
Ғазиз жалпылама қоштасып, үш дөңгелекті көлігіне жүрді.
– Аман болыңдар, ұлым!
Ақжамбы кемпір көзіне жас алды…
Күн де ала бұлттана ашылып, батыстан желдетіп келе жатты. Бір жақсылық нышаны білінердей жылы жел соқты. Жұрт та күн райын болжауға қауқары жетпей, өзді-өзі тұтқиылдан кеп тиген апаттан ес жия алмай, қорадағы ұсақ мал мен іріқара сиыр, жылқыны үш мәйітпен қоса жұтқан алапатқа шағым да айта алмай тұр еді. Бір-біріне мәнсіз басу айтысып, ешкімге елеусіз күйде ғайып болған Толғанбайды да жоққа санамай, тіршілік бастауы қайдан басталарын аңдай алмай аңырулы болатын.
Күн айнасы сығараңдап жерді өпкелі топырақ та жылдам дегди бастады. Аңызғақ жел де мидай езілген Ертіс бойын кептіруге көшті.
Баланың жүрегі шым-шым шаншып қалды…
Бала Отан мотоцикл жанында кеше ғана бұйығып жатқан Былғары табыт ауылына қарап тұр еді. Ойран-ботқасы шығып, орнында үйме-жүйме тастар мен таудан ағып келген мол салынды ғана жатқан мекен жанарынан жас сорғалатты… Әр жерде тасқынға шыдап, тамырын жұлғызбаған тал-теректер ғана ауыл болғанынан белгі беріп қалыпты. Жер сілкінісінен жантайған бөрене үйлерге дейін тасқын сыпырып-сиырып алып кеткен.
Таңертең соңдарында атағаштай состиып қала берген Толғанбайды ойлап, жүрегі ауырды… Оны есіне де алмай, естері шыққан әбігер жұртқа баланың жасық реніші де бар.
Лөлкесіне ұлын отырғызған Ғазиз таутекеше арбиған көк мотоциклімен тайғанақтап, төбешік үстінен төменге түсті. Тау бауырлаған құмсақ бетті таптауырын жолға бұрылды да, төменде жатқан тасжолға қиялай қосылуды көздеді.
Теректіге қарай боз бетеге жүзімен бет алды.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

I
Декабрист Қаржау жоғалған тәж ізінен түсер бағдарды белгіледі.
Дулат та онымен Бүргендайдың басына баруға бел байлады. Тасжолды тасқын алып, Былғары табыт тұсында терең жыра пайда болыпты дегенді Сұңғаттан естіген соң, Байдалы салмасымен жоталап тартып, тау жолымен Теректі төбесінен түсуді шешкен. Басқа амал да жоқ еді.
Тәжді Политсай Парыз сол «Бүргендайға алып кеткен, ешкім де ұрлаған жоқ. Аршын сұлуды да жас жігіт жініктіріп көндірсе керек» деген уәжді де Декабрист Қаржау шығарды. Әрнеге әуес, қызыққұмар Аршын сұлу қызғаншақтығымен қоса қияли жан екенін екеулеп салмақтаған соң, бір барса – Бүргендайдағы Шыңғысханның биігіне шығып, Гауһар тәж көтеріп, арыс аруақ пен Көк Тәңіріге табынуға кеткен деп ұйғарды.
Бәрінен де Аршын сұлудың Бүргендай тауы туралы Декабрист Қаржаудан үш қайтара сұрағаны сенімдерін біржолата бекітті… Олар Бүргендайға «Политсай Парыз бастап кетті» деген кәміл оймен аттанып бара жатып, «Гауһар тәж ұрланды» деген жел сөз ел арасына тарап кетпеуін Сұңғатқа табыстады.
Полиция аға лейтенанты Парыз туралы әңгіме барысында, «Арғы атасы «шата» еді, тексіздігіне тартты ғой…» деген Қаржау мен Сұңғаттың арасындағы салмақты сөзді Дулатқа естіртпеген еді… Ол да жөн болды, Дулат бауырлары ауыл арасы ақсақалдар айтатын қайқы сөзге қалмағаны дұрыс.
Өткен түн жаңбырлатып жүріп дер уағында дәрігерге жеткен жетекшісінің жүрегі мықты болып шықты. Қалжырдың емханасында аспалы ине салғанмен, ес жия қоймаған Мағдан Жұрағатұлы бірқалыпты тыныс алып жатты да қойды. Доктаранты Дулаттың дәтке қуат еткені – Зайсан мен Күршімнің аудандық дәрігерлері жабыла онлайн консилиум жасап, «инсульт болуы ықтимал» деп жорамалдап, жатқан орнынан қозғамауға тапсырма бергені.
Жығылғанға жұдырық болып тиген алапат жер сілкінісінің кіндігі – Былғары табыт маңы болғандықтан, Қалжырда да үйлер қирап, Зайсан мен Күршімдегі байырғы ғимараттарға шейін зақымданып, ескі үйлер түгелге жуық жарамсыз болып қалыпты. Оның үстіне қол-аяғы сынып, бас-көзі жараланып, жеңіл-желпі жарақат алған халық көп көрінеді. Аудан орталығындағы маман дәрігер атаулы адам қабылдау мен ем-шарадан қолдары тимейтіні белгілі болды.
Дулат пен Сұңғат бір-біріне телефонмен хабарласа отырып, облыстық пен аудандық әкімшілік басшылары, денсаулық сақтау басқармасы басшыларымен, жетекші мамандармен жедел тілдесіп, профессор денсаулығы қашан қалыпты күйге келгенше елдің астанасынан санавияция алдыра алмайтындарын естіп, не де болса тәуекелге бас тігуге тура келетініне көздері жетті.
Тек, гауһар тасты алтын тәжді тезірек табу керек!..
Егер Былғары табыт обасынан титулды зат табылса, Шыңғысхан сүйегі жасырын көмілген жер атанған Бүргендай биігіне апарып, әйгілі қаған жатқан жерге аунатып алғанның артықтығы жоқ деп Политсай Парыздың айтқанын Аршын сұлу бұған айнытпай жеткізіп, сондай қасиетті жер болса, тәжді де апарсақ депті.
Бүргендайды да Дулат талай мәрте аралап, басына шығып, атырабына көз жіберген жері.
Бала кезінде Рахима әжесімен қосылып, әнге де қосушы еді.
Ай, Бүргенді-ай, Бүргенді-ай,
Түрілмесін іргеңді-ай!
Долдыменен дос болып,
Шатақ бабам сүргенді-ай!..
Бүргендай биігі – табиғаттың көкпеңбек қалы кілемі жабылған таққа ұқсас өзгеше жаратылыс. Сондықтан Хан тағы деуге де келеді. Тура ұшар басы терістікке шаншылып, Темірқазық жұлдызын нұсқайды. Тақ тақылеттес тау биігі тура қытай жаққа бет бұрып тұрғаны да тылсым бір құдіреттіліктен хабар беретіндей.
Бүргендай тауы Теректі ауылынан терістікке қарай бет берген үш айрық жолдың қойтасты биік жоталарын қырқалап баратын, Маңқан мен Алқабек биіктері көрініп тұратын ұрымтал тұстағы ерекше сауырлы биік екені белгілі. Алтайдың өр басынан төмен қарай сала-сала болып сарыққан үш өзен – Алқабек, Бүргендай, Теректі суларының арасын алып жатқан, көктен қарағанда үшбұрыштана көрінер зор алқаптың тең ортасын иемденген жер жотасы. Көкжиекке дейін қарауыл саларлық салқы біткен тау төсі.
Үш өзен ортасын ала жатқан табиғи қиық – тәңірілік «Күн символы» белгісін бейнелейді деседі… Оны да айтып жүрген әлгі өскемендік орыс суретшісі. Шыңғыс қаған таңдаған Бүргендай биігі – «Бүргендай тағы» тап ұшбұрышты ұлан алқаптың қақ ортасында орын тепкені де ғажайып жер. Бір тылсым жай бүркемелеп жатқаны да ақиқат.
Хан тағы тектеніп біткен Бүргендай биігі басынан Шыңғыс қаған күн салып, көсіліп жатқан Зайсан көлі мен ұшы-қиырсыз Сарыарқа атырабымен ұштасқан сары далаға, Алқабек құмын асып жатқан Жеменей жазығына сұңқар жанарын қадағаны анық. Марқа сұлу үшін бозбала шағында Таян ханның ордасына басын бәйгеге тігіп келіп, кеудесі кекке тұнып қайтқаны да ащы ақиқат…
Ақиқаттың арнасын тарихи сорап-соқпақпен бұлақтай ағызатын Буратай күйші сияқты көнекөз қариялардан естіген Ғазиз әнші аузының суы құриды. Бұл күнде тыңдар құлақ пен керең уақыт табылса, таңды таңға ұрып айтатыны тағы бар.
Бүргендайдың басына шыққанменен, тасын қопарып, топырағын қазған археолог пен тарихшы ғалым келген жоқ. Тау биігіне айнала қоршай, қолтықтаса жатқан Алқабек пен Маңқан кен орындары көрінісі андыздайды. Бағзы бұлғыр заманнан бастау алатын, кейінгі бұлыңғыр кезеңдерде қазылған, бүгінде көк шалғын, қалың бүрген, тікенек бұта басқан Алқабек алтын кен ізі әлі көзге шалынады. Күні кешегі айбыны асқан Абылай хан заманынан бергі уақытта қопарылған Маңқан шеріптері аузы аңырайып ол тұр.
Биік Бүргендайдың жұмбағы мол екенін доктарант Дулат жақсы біледі…
Болашақта Бүргендайдың басындағы Шыңғысханның тасбақа жартасы мен түркілік рулық тамыр жалғасы саналатын – қолдан қашалған Ана бейнелі алып тас маңын зерттесем деген құпия тілегі де бар… Балпаңдай басқан тасбақа жартас мүсінінің алған беті Бүргендай биігін айнала шеңберлеп, қаған мәйітін күзетіп жүрген мәңгілік мақұлыққа ұқсайды. Ал Ана бейнелі алып тас мүсін Сарыарқа даласынан Жошы ұлын күткендей сарыла ұзақ қарайды… Бәлкім, тұла бойы тұңғышы Жошыны Сарыарқа даласынан ұзақ күткен Бөрте ханымдай байсал бәйбіше бейнесі болар.
Бәлкім, Шыңғыс қағанның қоңырат текті Анасы кескіні болар…
Қайсы бір жылы Өскеменде тұратын сол орыс суретшісі Бүргендайдың жер бедерін сурет қылып салып, ғажайып ерекшелігін суретшілік интуициямен ұштастыра ұзақ зерттеп, қаһарлы қағанның асыл заты осында жатыр деп түйін түйгені белгілі. Мұны естіп қалған бір журналист әйел «Шыңғыс қаған Бүргендайға жерленген» деп жаһанға жар салғаны бар. Ұлы қағанның жұмбақ мәйіті осы Бүргендай биігінде сақтаулы жатуы да кәдік. Ол да мүмкін! Былғары табыт та сондай ғажайыптың бірі еді ғой.
Дулаттың да сана түкпіріндегі бұлғақ сәуле бой көтеріп, әлемге аңыз хан мәйіті Бүргендай басында болуы әбден ықтимал деген жорамалға бүгінде ден қойғызды…
Былғары табыт басынан шыққан баға жетпес мұраны суға ағызды бұлар. Иә-иә! Суға ағызды ұлттық мұраны!.. Жо-жоқ! Бұлардың кінәсі қанша?! Табиғи апат қой бәріне кінәлі!? Жер қозғалмаса, мәңгілік мәйіт те аман қалар еді… Енді Бүргендай басын қопармақ па? Жо-жоқ! Атама! Шатақ ата ренжір! Шыңғыс қаған аруағы ашуланып жүрер! Аруақ сыйлаймыз деп отыра беруге де болмас бірақ. Ғылым мен ұлт үшін қажет. Болашақ ұрпақ тәлім алу үшін, танымы қалыптасу үшін керек қой.
Күндердің күнінде мың жылда бір туар тумысы бөлек Шыңғысхан – Сайыпқыран Сайын хан – Сарыарқаның Сұңқар қағаны сүйегі ғайыптан тайып ару Марқа сұлудың маңынан табылуы да ғажап емес қой!..
Дулаттың оған бір дәлелі – қалмақтың ұраңқай тайпасы кешегі Шатақ батыр заманына дейін сұлу Марқадан кетпей отырғаны. Ең соңғы қалмақтар 1960-шы жылдар ортасына дейін Катонқарағайдың шипалы Рахман бұлағы басында отырып, Ресейге тиесілі Қалмақ республикасына – Елұста қаласы маңына түгел көшіп кетті… Марқакөлдің жағасында сонау Алтын Орда заманынан бері қазақ-қалмақ қатар мекендеп келгені ғана емес, «Ұраңқай» атты ауыл сол Шыңғыс қаған заманы көшінен көл жағасында әлі күнге бір белгі боп, атауын сақтап қалғанының өзінде тылсым қуат-күш бар. «Неге кетпейсіңдер?» десе, «Бізге Шыңғыс қағанның өзі мүрдемді жеті жүз жыл күзетіңдер!» деп табыстап кеткен деседі екен ұраңқайлар.
Бұл сөздің де түп-төркінінде жан бар…
Осы хикаяның тағы бір бұлтартпас дәлелі – Марқаны мекендеген қалың қазақ ішіндегі Шатақ батыр тағдыры…
Шатақ батыр – мына рөлде отырған Қанжа Қаржау ағаның арғы атасы. Шатақтар әлі күнге қыз алыспайды. Ол он тоғызыншы ғасыр басында Марқа сұлуда ғұмыр кешіп, қалмақтардан қалған сарқынды ұраңқайдың батыры Долдымен анда болысыпты.
Хан тағы атап кеткен Бүргендай басына бала кезінен Дулатты талай мәрте алып шыққан Қанжа Қаржау ғой… Шатақ шалдың тікелей ұрпағы.
Алматыдағы әйгілі университеттің филология факультетінде оқып жүргенінде 1986 жылғы Декабрь көтерілісіне қатысып, прокурар жеті жыл сұрап, сотталып бара жатқан жерінен – Марқа сұлу өңірінде «Дариға болыс» атымен аты мәшһүр ананың белгісіз бір сот ұрпағы кез болып, құдай айдап тура соның қолына сұмдық ісі түсіп, екі жылға «условный» ғана алып, ауылға аман оралған ол.
Содан бері «Қолыма қақ тұрса, арқама қоң бітсе, Дариға апама – болыс апама ескерткіш тұрғызар едім» дейді мұның Сұңғат ағасының тамырын басып… Сенің де апаларың ғой деп қоятыны бар. Алматы асып келгелі Қанжа Қаржау есімі ұмытылып, «Декабрист» аты жартасқа сырмен жазылған шимайдай жамалып қалды.
Қаржаудың бабасы Шатақ батырдың тағдыры да таң қаларлық… Ол туралы тіпті республиканың Әскери энциклопедиясында жазылған ғой.
Өрлі-ылдилы тау жолында үнсіз жүріп келе жатқан Декабрист Қаржау да археолг інісінің ойын дөп басқандай:
– Шатақ атам Бүргендайда отырған ұраңқай досы Долдыға барам деп, мерт болған ғой, – деді оқыстан, полицей Парыздың қаңқитып тастап кеткен ескі көлігін дырылдата айдап келе жатып.
Дулат:
– Аға, сіздің тазиеңіз айтты ма, жаңа ғана бабаңызды ойлап келе жатыр едім, – деп таңданысын жасыра алмады.
– «Тазие бар бізде» деп анам айтатын… Кім білсін?!
– «Қара ие және Таза ие» деген болады, аға!.. Ғылымда да дәлелденген. Орыстар «чистый», «не чистый сила» дейді. Оған шүбәсіз сенуіңізге болады.
– Жол қысқарсын дегенім ғой…
– Айтыңыз, аға! Шатақ бабамыз бертінгі кезеңде өмір сүрген ғой…
– Бүргендай қасиетті жер ғой, үш жағынан да өзен ағып жатқан. Қытай келіп ар жағынан тигенде қашып келіп, бөлініп қалған ұраңқай жұрты ұзақ уақыт мекендеген екен. Бұл өзі Абылай заманынан кейін болған… Алтайды паналап, «қытай қырғаннан» қорғалап, шүршіттерге шекараны күзетіп беруге жалданған жауынгер жұрт қой. Олармен де іргелескен аталарымыз сан рет тірескен… Қан да төгілген.
Дулат әңгіменің кеңінен қозғалатынын байқап, бөлмей тыңдауға көшті… Декабрист Қаржау да ұзақ жолда бірсыдырғы сөз саптасымен сөйлеудің майталманы. Жаңбырдан кейінгі қыр жолында ескі көлік те сонаша ызыңдап, жыбырлай жылжып келеді.
Тек Дулат:
– Аршындармен жолда жолығысып қалсақ, жақсы болар еді! – деп Политсай Парызды еріксіз еске түсіріп, олар басқа жаққа бұра тартып кетпес пе екен деген күдікке ден қойдырды.
Қаржау күдік тереңін бірден түсінді. Бүргендайға текке сабылып келе жатқан жоқпыз ба деген ойдың басымдығын бағамдады. Өзіне сенімсіздік білдірген ауылдас бауырына іштей шатақтық қырсығы ұстай қалды.
– Білмеймін. Жол көп қой!.. Бара берсін! Мен Бүргендайдан бірақ қайтам!
Декабрист Қаржау дауысынан қырсыға сөйлеу сезіліп қалды.
Мұны жылдам түсінген Дулат:
– Аршын сұлу Мағдан Жұрағатұлына айналып соғары хақ! – деп ақталғандай болды. – Ат байлар қазығы – Қалжыр ауылы. Өзі-ақ күшігім-күшігім болып келеді, аға! Мен де бір Бүргендайдың басына шығып қайтайын!
Шатақ Қаржау үнсіз қалды…
«Қап! Ренжітіп алдым-ау! Енді Декабрист жолжорға әңгімеге түспес!» деп, Дулат өзін жеңіл жазғырып қойды. Рөлге еңкейе жатып алған Қанжа Қаржаудың да Шатақ бабасынан текпен берілген қасарыспасы қасара ұстай қалды…
Енді ауылдас ағасының жіби қоймасын іші сезіп, Дулат та шалқая отырып, көзін жұмды. Көліктің бір сарынды ызың дауысы да кешегі түннен бері сарсыла шаршаған санасын тербеп, кірпігі лезде ілініп кетті. Ұйқыға басты. Арасында аз-аздап қорыл қосылып қояды.
Декабрист Қаржау отыздың жуан ортасына жаңа іліккен жігітті енді өзі аяды. Мола қазам деп «арбай еті арша, борбай еті борша» болып жүрген азаматтың осы өткен күндердегі қауырт жұмыстарын таразылап отырып, жолүсті ұйқысы бұзылмауын тіледі. Қайдағы бір азабы мол, бәлкім, болашақ тозағы да топалаң мамандықты пешенесіне жазғанына – соны ауырсынбай көтеріп жүрген қажыр-қайратына таң қалып отырды.
«Археология мамандығын өзім неге таңдамадым?» деген жіңішке өкініш сезімі де соғып өтті. Әй, бірақ бұған шыдамы жете алмас еді. Желтоқсандағы зобалаңнан соң, қайтіп Алматыға баруға жүрегі дауаламай қойды емес пе?! Шатақ бабасына тартпаған жігерсіз тұқым болды ғой… Ел қатарлы мамандық алатындай жағдайы да, білімі де бар-ды. Болмағанда, Бүргендай мен Шатақ бабасын жазар ма еді… Қайтер еді?! Көкірегінде бәрі сайрап тұр ғой, шіркін! Тек білім ала алмады. Қол байлау емес, сөз байлау емес, тек білім байлау болып тұр. Әйтпесе Алтайдың таңғажайып кенін қопарғандай етіп, талай-талай Бүргендайдай жұмбақ жайларын жазар еді… «Қаржау тарихшы, Қаржау жазушы» атанар ма еді?! Қайтер еді?! Қайтейін, енді кеш!
Көкірегін өкініш сезімі қарып өтті…
Дулат бауырының неше күнгі мыңдаған жылдық мола қазу жүйкесін құртша жеп, сезімін асау сүйреген арқандай ширықтырған ауыр күйден айықтырмай жүргенін жете аңдаған бұл. Қазір жол үстінде жүзін желпіген самалға өптіріп, алаңсыз ұйқыға берілгеніне раз-қош болып отыр.
Түнде де профессорды емханаға жайғастыра салып, жақын тұрған таныс жігіттің үйіне бір топ адаммен сау ете түсіп, бәрі дырдай болып құлағанда, Дулат науқас жетекшісінің қасында қонуға қалған. Ал жас жары Аршын сұлу көк гау­һарлы алтын тәжді құшақтаған күйі «Шаршадым осы шалдан» деп ашық айтып, үйге келіп жатқан еді.
Политсай Парыз да тәжді «Көз алдымнан қағыс қалдыруға қақым жоқ», күзетуге тиіспін деп, Аршын сұлумен бір бөлмеге түнеген болатын. Таң бозында жер сілкініп, бәрі естері шығып, жартылай құлаған үй астынан танысының жарақаттанған отбасын жанталаса шығарып жатқан шақта Парыз бен Аршынның ұшты-күйлі жоқ екенін бірақ білген.
Қашқындар қай уақытта кеткенін ешкім де білмеді… Сұңғаттың ақбозаттай джипіне отырып, түн жамылып тайып тұрыпты. Аузы аңқайып ұйықтап қалған бұл кінәлі бәріне!
Мағдан Жұрағатұлының жағдайы бір жайлы екеніне көздері жетісімен, Дулатпен екеуі Бүргендайға бір-ақ тартқан еді. Оған да Былғары табыт қабірі басында Аршын сұлудың «Шыңғысхан тағы мен хан сүйегі бар екен ғой» деп қайта-қайта сылтауратқан сөзі себеп болып, екеуінің де көкірегіне селкеусіз сенім ұялатқан. Политсай Парыздай жас жігіттің «Гауһар тәжді сол араға бір апару керек-ау, қасиет-киесі апарған адамға қонады екен…» деп, өлермендене айтқан әңгімесі Аршындай сұлу әйелдің басын айналдырып жіберген деген ой да Бүргендайға мойын бұрғызды.
Бүргендайды бетке алғалы Қаржаудың ойына Шатақ бабасы мен Долды ұраңқайдың сол биікте анда болғандығы туралы оқиға сілемдері ойынан шықпай қойды…
Шатақ батыр он сегізінші ғасыр соңы мен он тоғызыншы ғасыр басында ғұмыр кешсе керек. Қытай империясы ұраңқай мен сібе, солаң деген қалмақ-қытай шатыс кірме жұрттан шекараны бойлай қарауыл қойыпты. Жылжи қонып, байырғы атамекенін түгел жайлай бастаған қазақ жұртымен шекара бойы қақтығыстар жиі орын алып тұрыпты.
Марқа сұлудың Алқабек құмы алқымы мен Күршім ойындағы Құмашта, Катонқарағайдың Бұқтырма бойындағы Шәңгіштай мен Өрелде әскери бекініс бекеттері болған ғой қытайлардың… Онда қытайға кірме жұрттар – сібе-солаң мен ұраңқай-қалмақ қосындары күзетке қойылған екен. Сол заманда жылжи қоныс аударып, жырынды дұшпанымен жүзбе-жүз түс шайысып жүрген қожамбет пен қаратай, дөртуыл мен керей рулары талай рет қақтығысқа килігіпті.
Қан төгілген ұрыста сан мәрте Сырымбет би мен қаратай Есбол би жүректі билік айтыпты деседі ел… Ал Доғалбайлыдағы жота басында сырымбет руының самсап тұрған көп тас зираты ішінде сүйегі жатқан Сырымбет би сәби шағында Шатақ батырдың шілдеханасына қатысыпты дейтін шалдар.
Әйгілі Әбілпейіз сұлтанды жеткіншек кезінде Әбілмәмбет ханнан Тарбығатай жеріне алып келген найманның сөз ұстаған, билік тізгіндеген азулылары – Би Боранбай, Ботақара би, Қыстаубай билердің арасында Сырымбет би де болғанын Марқадағы қожамбеттің қариялары мақтан тұтатын. Олар тіпті Абылай хан сұлтан болып жортып жүргенінде қалмақ қонтайшысы Қалдан Серенннің қолына Сарыарқада қапияда түсіп қалып, тұтқын болып отырғанда, әкесі Әбілмәмбет хан «Ақ үйлі аманат» етіп, Әбілпейіз сұлтанды аманатқа қиғанын, арыстан Абылай сұлтанның құтқарылуына басын тіккен қасиетті Ертөре екенін жыр қылып айтушы еді…
Кейін Абылай хан да оны ғұмыр бойы Ертөре деп сыйлап өтіпті. Би-сұлтандар мен орыс империясы шенеуніктерінің екі төренің арасына сыналап сөз тасып, бір-біріне қарсы қоймақ болған әрекеттерінен де түк шықпапты. Хан Абылай мен сұлтан Әбілпейіздің арасынан қыл өтпепті. Екеуі де бір-бірінің бағасын біліп, дұшпандарына бой алдырмапты.
Алтай-Тарбығатай мен Жетісуды жайлаған найман мен керей, албан мен жалайыр руларының Алатау мен Қарқара, Іле мен Шарынға дейін жерұйық қонысын белгілеп, жаппай көшуіне басшылық жасаған – Әбілпейіз сұлтан екені бүгінде белгілі болып отыр. Бұл туралы Семей қаласында шыққан тарихшы ғалымдардың кітабынан оқыған.
Осы өңірден шыққан сыпайы жігіттер туралы актердің сырттаны Досхан Жолжақсы мен әкім Бақытқан Күлмес ағалары айтқандай, «қоңыр құлжадай қоңыр мінез» азаматтар – тарихшы ғалым Ғани, дантист Базарбек, бизнесмен Нәсимолда-Әлөш, судья Ербол, жазушы Талаптан мен суретші Қабдырахман достары Марқа сұлуды Алматы мен Астана жақтан сағынып келгенде, сол кітапты серке журналист Сайлау кластасының қолынан қалап-сұрап алып еді.
Туған жер тарихының тұнбасына Қаржаудың сусыны бірақ қанбай қалған… Қазақтың қарақорым тарихының беймағлұм тұңғиығына кім бірақ бойлай алыпты?
Арғы-бергіні ақтара зерделеген ғылыми еңбек көп жайларға көзін анық жеткізген-ді. Ғалымдар да ел-жер тарихын қолмен қойғандай етіп, кешегі алаш ұлдары үзеңгіде өткен жақын заман елесін арқауы бос қазақы шежіремен емес, сол кезде Алтайдан Алатауға дейін ұры иттей тіміскілеген орыс офицерлері мен тыңшы-саяхатшыларының жазбаларымен тиянақтап, толып жатқан қытай тарихи құжаттарымен де бекітіп, дәлелдеп-ақ бағыпты.
Семейден жеткен жетелі кітап көкірегі бала кезінен ояу Декабрист Қаржаудың сезімін сілкіп, қараңғыда мол жарық қақ маңдайынан оқыс түскендей күйде қалдырған еді… Көлеңке басқан ойына бұлттан шыққан сәуледей себездеп, ашымал санасына қысырдың саумалы құйылғандай сонарлата бергені тағы ақиқат.
Шатақ ішінде асау Буратай күйшінің Әбілпейіз төре мен Сырымбет биге арнап шығарған күйі де болған ғой… Ертөре Әбілпейіз сұлтан Марқа сұлу жеріндегі ел мен ердің, қалмақ пен қазақ жұртының шекарадағы жай-жапсарын білуге келгенде қара күз болса керек. Сырымбет би қазіргі Бөкенбай жалының Ақжал жазығына ұласар етегі – қазіргі «Әбілпейіс» атанып кеткен қыстау басында күтіпті… Сырымбет би қыстаған Доғалбай мен Әбілпейіс қыстауы – арасы тай шаптырым жер.
Аты мен заты күллі қазаққа ардақты төренің келуі Марқа сұлу елінде ән-жырға арқау болып кетіпті. «Ертөре қиссасы» да сол заманнан қалыпты.
Жарық дүниеде қалыңдығын Алатау қырғызының арасынан ұрлап келіп, сұлу қырғыз жарынан жалғыз ғана қыз сүйген, тазы шалдырып, серілік құрған Буратай Мусин де шығарған күйін «Ертөре» атаған еді. Симфонияға бергісіз «Ақсақ құлан» атты алапат ұзақ толғауы сияқты керімсал күйлері де бүгінде санадан тысқары қалды. Кіндігінен тараған жиен ұрпақтары күй өнерін ұстап қала алмады… Бұл күнде кешегі Буратай күйші де, баяғы Әбілпейіз сұлтан да, Сырымбет пен Есбол би де ұмыт болды.
Иә, не ұмытылмады?
Алаштың алдаспан ақыны Мағжан айтатын «Алтын күннен бағасыз бір белгі боп» не қалды? Қазақтың қара жері мен ала-құла қазақ жұрты қалды. Сүтпен сіңер сұйылған ана тілі ғана қалды… Ол да жетім-жесірдей төменшік.
Алаштың асқақ Алтайы да ұмытылды…
Ару Марқа сұлуы сыңси мұңға батты!.. Елі ұлардай шулап, ұмыт болды… Ері арқардай маталып, жадтан өшті.
Би алдына келіп бірлікке жүгініскен, сұлтан алдына барып билікке бүгіліскен уақыт та өтті… Кердең заман кетті. Зердең кезең жетті.
Тұман тұтқан, уақыт жұтқан дүние-ай!.. Ой, сырқат-зердең кезең-ай!
Зердең кезең қойнында Сарыарқаның сағымындай жүзген салмақсыз уақыт бағзы түгілі күні кешегі 1986 жылды – қар шайнап, мұз жастанған «Декабрь көтерілісін» ұмыттырып барады… «Декабрист» атанған мұның да санасынан тау басына оралған таңғы тұмандай сейіліп барады.
Біреулер оны көтеріліс емес дейді, ол – нағыз көтеріліс. Қазақ руһының көтерілісі! Қазақ руһының орыс орнатқан қандыбалақ қызыл империяға деген Семей полигонындағы атом бомбасы сияқты жарылысы… Бұғаудағы қазақтың күллі империя ішінде бұрқақ пен бұлғақ тудырған бұлқынысы. Болашақ тәуелсіздіккке ұмтылған ұлттардың үмітін жандырып, сенімін нығайтқан, қызыл биліктің қабырғасын сөккен сұрапылдың басы… Желтоқсанның сақылдаған сары аяз күндерінде он алты мен отыз бірдің арасындағы қазақтың жап-жас ұл-қыздары қолына қару алмаса да, жалаңаш қол болса да, сол кездегі қызыл империялық билеушілер оларға қарсы қолға ұстайтын қарудың жеті атасын қолданды.
Бұл өзі Желтоқсаннның сол зардабын әлі тартып келеді…
Алматының Медеу аудандық Ішкі Істер бөлімінің ішіндегі тар дәлізде қабырға бойлай, иық тірестіре қатар-қатар тұрып алып, қолға түскен бұларды жалғыз-жалғыздан орталарынан өткізіп, Ішкі Істер органдары «Саптан өткізу» деп атап алған жазалау әдістерін өз басынан кешкен Қаржау, Әлөш секілділер ғана біледі… Көтерілісті қалай «қарусыз» басып, қасапшы қолдар ағаш тоқпақпен ұрған сұрпы еттей жаныштап, қанға бөктіргенін, ұра-жыраға шалажансар күйде жасырын апарып тастағанын жалпы жұрт білмейтін. Ал қызыл билік білгісі де келмеді. Жасырып-жапты. Жабулы қазан әлі күнге жабық.
Ол күндер бірақ Қаржаудың өңі түгілі түсінен шықпайды…
Орысы бар, өзгесі бар; қасқасы бар, басқасы бар; қарсылыққа кектене қозғаны бар, бұйрықты орындай озғаны бар – «Народные дружинники» атты зілді қолдар резіңке таяқ, темір шыбыртқы, ағаш сойылмен басыңнан басқа – ту сыртың мен кеуде тұсыңнан, іш пен кіндік демей жебей сабап, сан мен балтырды сүйкей ұрып, көкала қойдай қылып «саптан» өткізгендері санасында мәңгілік таңбаланып қалды ғой… Соққыға шыдамай жығылған жігіттерді жастарға лық толы төмендегі жертөле залға сүйреп әкеп тастайтын.
Сол сойыл сілтеген хайуандардың екінші дүниежүзілік соғыстағы фашистерден қандай айырмашылығы бар? Иә, фашистермен бірдей еді олар.
Мұны тергеген қазақ капитаны «…Саптан өту сардары, қалай халің? Сен секілді сардар қазақ аз… Алаңда Алтайдың барысынша асыр салыпсың. Нені ойладың? Кімді жақтадың? Жағың қарысып қалды ма? Мен де таулық қазақпын, Алатаудың бауырынан… Бірақ сен сияқты сатқын емеспін! Үкіметті сату – Отанды сату. Билікке бағынбау – анаңа қарсы шабу… әкеңе қол көтеру!» деп келіп, бес саусақты былғары қолғап киген жуан жұдырығымен кеуде мен қарақұстан есінен талғанша соққыға жығып еді. Шалажансар жатқанында қос бүйірден етікпен тепкілеп, «Бүйрегің неге түспейді? Еркек болмай қал, сен сорлы!» дегені естен кетер ме?! Құдай қайта сақтап, Шатақ бабасы аруағы қолдап, бүйрегі түскен жоқ; түспесе де белді айналдырған ауру қос бүйірден қабат қысып, сыздауықтай сыздап, қара күзде тұра алмай қалады бүгінде.
Жүйрік уақыт жер сипатып, Желтоқсанның қаһарлы күндерін елеске айналдырғалы қашан?!
Ал арғы заманда ғұмыр сүрген Шатақ бабасын бұл ұмытпай қайтсін, ұмытылып та барады…
Ұмытқан емей немене, мұның дала емес, қала көксеген ұл-қыздары Шатақ батыр ұрпағы екенінен хабары жоқ. Өскеменге оқуға кетіп, қала сағалап қалып қойды. Қалың орыстың арасында бабасын тұрмақ, баласын ойлай алмайтын халде жүр қазір. Немерелері де көккөзденіп барады… Тілін ұмытыпты. Ғайыптан батыр бабасы оралса, басын қаптаған орыс ішіне тірідей жоғалтқан, ана тілін жат тұтқан оларға не істейтін еді? Кім білсін? Мұның шамасы жетпеді, кешегі түскен келінге тілі өтпеді… Үйдегі қатыны қарсы шапты. Қалаға қазақтың тілінің қажеті қанша деп шәбеленді?!
Иә! Мұны көрмеген, естімеген Шатақ бабасы шын бақытты екен!..
Алтайына қалың қазақ Арқа мен Сыр бойынан қара бұлтша қанатын жайып келгенде ұраңқай мен торғауыт, кержақ пен сібе-солаң қазақша тілдесуге тырысыпты. Жер иесі – қазақ деп ұғысыпты… Ығысыпты. Ал қазір не сорым?!
Тәуелсіз ел болдық дегенде, ұрпаққа қарап жер болдық… Тандыры кепкен керіштей – Қызыл Керіш сор болдық. Тірескенмен тірескен, ырғасқанмен ырғасқан қабылан бабалар рухы жығылып, рухсыздану кезеңіне тап келгендейміз… О, тәңірім, рухсыздықтан сақтай гөр ұрпақтарды!.. Намыссыздықтан сақтай гөр, Шатақ баба!
Батыр бабасы Бөргендайдың ұшар басында Долдымен анда болысыпты…
Қытай қырмандай қырғаннан қалған кіріптар құба қалмақтың жұрнағы ғой Долды. Ол да бір мұңлы жан екен. Баяғы қазаққа есе бермеген қорғын қалмақ жұртының байрақты күнін есіне алып, Бүргендайдың басында талай мұңын шағыпты, талай сырын ақтарыпты.
– Қазақ-қалмақ киіз туырлықты бір жұрт еді… Араға алауыздық кірді. Жауларымызды тани алмаппыз… Ен далаға симаппыз. Ұялы бөрі құрлы болмаппыз. Бөрі де басына күн туса, бірігіп кетуші еді… Басымыз қосылмады. Байрақсыз қалдық. Дұшпанның бұлауына түсіп, құлқынына жұтылдық… Еңіреп жүріп, езіліп тындық. Қаған орнына Қонтайшы мен тайшы көтердік… Шыңғыс қаған өсиетіне опасыздық жасадық. Ақыры қалмақ атанып, ата жау – шүршіттерге жем болдық… Қағансыз ел қағынып, Қонтайшы деп қолдан бас ұрдық. Қонтайшымыз ынсапсыз болды. Ақыры тоз-тоз болып жоғалдық. Қонтайшылар бірінің басын бірі мүжіпті… Бассыз қалдық. Біздей бассыз қалған бейбақтан сорлы жоқ! – деп налыпты Долды ұраңқай.
Шатақ батыр қалмақ батырының қасіретін тыңдап, өз уайымын былай жеткізіпті.
– Қара қалмақ құба қалмаққа айналдың… Қолтығыңа су бүріккен дұшпаныңды сағаладың. Қытай менен орыстың қолшоқпары болдың… Киіз-туырлықты қазаққа шаптың. «Ата жауым – қазақ» дедің. Қарақұстың кебін кидің. Қансыраған қазақты бұладың – тонадың, қойша қырдың, қорладың! Қорлаудың ақыры қанды ұрыс болды. Жұрт болудан қалдың… Ымыраға келмедің. Егіз ұшқан қараша қаздай едік біздер, қатар қонуға көнбедің. Қазаққа көз алартып жүрдің. Қастығыңды сайладың, қаруыңды майладың. Кеш түсіндің! Қолтығыңа су бүріккен Шын-Машын тап сол тар қолтығыңнан найзасын қадады. Қарақорым норға қамалдың, қарақорым құйға баттың… Ноқтасыз асау едің, ноқтасыз күйде мерт болдың!.. Қазаққа көз алартып, шығыста тыныш жатқан ұлан-байтақ жеріңнен айырылдың. Жермен бірге еліңнен айырылдың! Еліңмен қоса елдігіңнен жеріндің… Елдік тізгінің жаттың қолында кетті. Осы күнге өзің келдің… Өз түбіңе өзің жеттің!
Долды ұраңқай Бүргендайдың басында тұрып, алысқа көзін сатып, жанарынан сорасы тамшылап, Шатақ батырға былай депті.
– Баба… баба… бабамыз анда болыпты… Атамыз бен әкеміз анда жолын бұзыпты… Баласы дұшпан болыпты! Дұшпан болам деп жүріп, басын біржолата жойыпты! Шатақ батыр, сен екеуміз анда болайық!
– Анда жолы – ауыр жол… ант жолы. Анда болсаң, басыңды құрбандыққа шаласың. Сен ұраңқай осыған шыдаймысың?!
Долды сонда кісесінен қанжарын суырып алып, Шатақ батырдың алдына тізерлей отырыпты.
Шатақ батыр да тізесін бүгіпті… Ол да қанжарын суырыпты. Долды қалмақ пен Шатақ қазақ бабалардан келе жатқан жоралғыны мүлтіксіз орындауға көшіпті. Қалмақ батыры қанжарын төбесіне көтеріп, күнге қарап:
– О, Көк Тәңірі! Сен куәсің маған, андамды бұзсам, найзағайыңмен өртеп жібер! – депті.
Шатақ батыр қанжарын алдына көлденең ұстап:
– О, Алла! Антымды бұзсам, Әзірейіл жанымды алсын! – депті қысқа ғана.
Екеуі де қанжармен бас бармақтарын тіліп жіберіпті. Бас бармақтарын бір-біріне ұсынып, көк бөріше жаласыпты… Бармақтан суша аққан, темір татыған қандарын жұтып, дәмін алысыпты.
Көкорай Бүргендайдың басында Марқа сұлудың марал самалына маңдайларын тосып тұрыпты. Адал қол, анда жүрекпен қапсыра құшақ айқастырыпты.
Бүрген, бүрген, Бүргенді-ай,
Шатақ батыр жүргенді-ай,
Қанжар ұстап, қан жалап,
Анда болған ұраңқай…
Бүрген, бүрген, Бүргенді-ай,
Серттен тайма, сен, Долды-ай!
Рахима әжесі әнге қосатын «Бүргенді-ай» жырын бертінге дейін Қалжыр-Марқа сұлу бойында жұрт айтып жүретін.
Шатақ батыр мен Долды қалмақтың достығымен қатар екеуіне бірдей келген анда ажалды да Тұрымдай шежіреші шал, әйгілі Болат имам ұлы Әбдіке, Буратай күйші, Қауқай имам, Нұрғали ақсақалдар әңгіме қылысатын… Ғұмар Жылқышытегі мен Жалел Құдыкентегі сияқты арғы-бергі бетте бөрідей жортып, бірі – Алтай аймағының Сақшы бастығы, бірі – Алтай аймағы Сот уәлиі болған, Шығыс Түркістан Республикасы үшін түн қатып жүріп, түс қашырған қос бірдей білікті азаматтар шекараның арғы бетінен туған жері Марқа сұлуға оралғанда ақсақалдар таңды таңға ұрып айтып беріпті. Бәрі де Былғары табыттағы Рахима әжесі үйінде « Алпыс-Апышымның жесіріне» құран оқытамыз десіп жата-жастана жатыпты.
Ол уақта жаңа туған сәби Қаржау тал бесікте тербетіліпті… Кеңсұлу анасы ақсақалдарды аяғының ұшымен жүріп күтіпті.
«Анда ажал» туралы сол көнекөз қариялардан естігенін Рахима әжесі жеті жасынан санасына жыр қылып құйып, бала Қаржаудың қиялына қанат бітіріп еді. Енді міне, алтын тәждің артынан індетіп, Бүргендайға тартқан таулы соқпақта елуді еркін еңсеріп кеткен оның ойына бабасы туралы әпсана оқ жыландай оралып келеді.
Шатақ батыр андасынан анда ажал құшыпты…
Ажалдың да андасы болады екен. Қазақ-қалмақ екеуі Бүргендайдың басында қан жаласып анда болысқан соң, Тәңірі-Алла да екеуінің өлімінің бірдей болуын құп көріпті.
Андасы Долды ауырып жатыр екен дегенді ұзын құлақтан естіген Шатақ батыр «досым сырқаттанып қалыпты» деп, атына мініп, ел шеті Алқабек өзеніне қарай сапарлапты. Долды Алқабектің күре көш жолы Мәрмәр асуға өрлер тұс – Алқабектің ақшағыл құмы тау-тау болып алдыңнан кес-кестер өзен жағасында қалмақ ауылымен отыр екен.
«Батыр – аңқау, ер – көдек» деген емес пе, иті де үріп қарсы алмаған көшпендінің ауылына Шатақ батыр болжаусыз кіріп келеді. Ғайыптан келгендей болжаусыз қонақты Алқабек шекарасында – қытай күзеті қызметінде отырған ұраңқай ауыл жым-жырт қарсы алады.
Түңіліктері ашылмаған киіз үйлерден секем алса да, жамандыққа қимапты…
Өлі тыныштық бүркеген көшпенділер ауылы үстінен түскен батыр оғаш әрекет күтпепті. Ауыл ішін көктей өтіп, өзен жағасына тігілген Долдының киіз үйінің сықырлауығын ашыпты. Алакөлеңке тартқан, түңілігі жабық үйден андасының:
– Кірме! Мен сырқатпын… Жұғады! – деген дауысын естиді.
Шатақ батыр қарқылдап күліп жібереді де:
– Түңілікті жауып, тұмшаланба! – деп тысқа шыға жөнеледі.
Түңілікті жартылай ашып, киіз үйге қайыра кіреді. Кірсе – төрде Долды жалғыз жатыр екен. Бет-аузынан ірің ағып тұрыпты.
– Әй, анда! Саған жұғатын болды-ау?! – деп өкініпті.
Мұндайды өмірінде естімесе көрмеген Шатақ батыр шатақ мінезіне басып:
– Әй, анда досым! – депті сонда. – Сендей суыр етін жеген арам ұраңқай емеспін, жылқы жеген асыл қазақпын… Бізді сырқат алмайды, алса Алла алады!.. Ауылың көшіп кеткен бе? Тым-тырыс қой.
– Көшіп кетті… Алқабек құмын асып. Сен дұрыс айттың, суырдан жұқты бұл сырқат. Тышқанның ауруы. Тышқан таратты, – дейді Долды.
– Сен неге қалдың?
– Мен шекара күзетіп қалдым.
– Халқың қырылып қалса, шекараңның керегі не?
– Қытайға керек. Мен соның күзетшісімін.
– Адалмын деп ант беріп пе ең? – дейді Шатақ батыр.
– Әй, анда! Мен саған да адалмын деп ант бергем… Сол сөзімде тұрдым. Мына шекараны сен үшін де күзетіп жатырмын.
– Сол екен ғой… мені күткенің!
– Осыдан үш күн бұрын Маншың жақтан шабарман келді… Індет екенімізді білген соң, дереу Алқабектің құмына көшіңдер деді. Шекара жалаңаш қалғанын қазақтар бірақ білмесін! Киіз үйді жықпаңдар деп бұйрық берді. Жұртта жалғыз қалған себебім, – деп, қалмақ ішіндегі андасы шындығын айтыпты. – Мен де енді ұзаққа бармаспын… Қош, анда қазақ! Анда батыр!
Шатақ батыр босағада тері торсыққа құюлы қазақтың аұтан жасалынар сүмесі сияқты қалмақтың салқын шімесі – әркі-сарқыдан* сіміріп салды. Қалмақтардың жаңа жылды қарсы алатын Шаған мейрамы кезінде ат бауырына кезек-кезек ауа түсіп, өэдерінще бір тойлайтын ұлттық мерекесінде мас болып ішетін ішімдігі нағыз бабында екен. Шатақ батырдың бойы балқып, көңілі шалқыпты…
Шекараны қақ бөліп жатқан Алқабек өзені бойынан аттанысымен, көп кешікпей-ақ жол үстінде ауырғанын сезіпті. Жолай отырған қазақ ауылдарына жоламай, ат суытпай аулақ жүріп отырыпты.
Байдалы биігі мен Шақпақтың кезеңін бөктерлеп, Былғары сайы ішінде отырған ауылдарды айналып өтіп, Қалжырды кесіп, Бөкенбай тауының бауырына ілігіпті. Далаға түнеп, қоржынға салған жылқының суық еті мен мал сүмесінен алынған малта құртты талғажу етіп, Бөкенбайдағы Жантайға да жетіпті.
Байшуақ пен Жайшуақ
Жәлмембеттің жері еді,
Ақтылы қой, алалы жылқы
Емін-еркін жайлайтын
Қар жұқпас күңгей елі еді…
Алаулап ауырып келе жатқан Шатақ батыр тілі ұшына елі мен жерінің сырлы сымбаты оралыпты. «Байшуаққа да аман-есен жеттім. Жантайымда жамбастап жатайын. Топырақ осы жерден бұйырса, амал жоқ!» деп, сай ішіндегі биік беткей төбеге шығып, атының ауыздығын алып, «Менен хабар жеткіз!» деп, сауырынан күректей алақанымен бір салып қап, қоя беріпті.
Кеш қарайып қалған мезгіл екен…
Үйге ертоқыммен бос келген атын көрген ұлдары Қанжа мен Шал іңірмен әкесін іздеуге шығыпты. Тірі болса өзі отырар, өлі болса сүйегін артар белді күлігі деп, жетекке батырдың атын алыпты.
Аспанда сүттей жарық ай туыпты.
Сайды құлдап келе жатқан ұлдарына биік беткейге біткен кертпе төбе басынан әкесінің қараңдаған сұлбасы көрініпті.
– Әке! – деп бәйбішеден туған тұңғышы Қанжа шақыра бергенде, Шатақ батыр да айғай салыпты.
– Қанжа, Шал тоқтаңдар! Сол жерден бері жүрмеңдер! Маған қалмақтан оба жұқты…
– Қалайша? Олар шекарада емес пе?
– Долды андама барғам. Олар ауылымен түгел Алқабектің ақ құмына көшіп кетіпті… Өлсе – құм арасында өліп жатқан шығар. Иенде көмусіз қалсақ, тәңіріге тез жетеміз… Ит-құс кеміріп, қарақұс пен құзғын сүйек-саяғына шейін қылғытып қойса, жанымыз жай табады деседі қалмақ біткен.
– Ал Долды андаңыз қайда екен?
– Шекараны күзетіп, бос киіз үйлер ішінде жалғыз қалыпты.
– Долдыдан жұқты ма? – деп сұрапты тоқалдан туған Шал.
– Обалы қайсы, «үйге кірме, маған жолама» деп андам зар қақты!.. Тыңдамаған өзім кінәлі! Ажалым андадан болса, оны да көріп алдым!
– Әке, сенен жанымыз артық емес, босағадан шық! – деді Қанжа.
– Әке, анам күтіп отыр! – деді Шал ұлы да не дерін білмей.
– Жоқ. «Бұтты бұлғаған – жұртты бұлғайды» деген. Мен дүйім елді ажал аузына матай алмаймын. Менімен кетсін бұл дауасыз індет!
– Шешеме не деймін? – деп қалды бозбала Шал.
– Өз көрін өзі қазып, ажалды күтіп жатыр де… Андалықпен еріп келген ажал болса, оны да көріп алдым! Ажал да андам болсын!.. Обадан тірі қалған адам жоқ. Хақ тағаланың нығметі мол ғой бірақ, назары түскен жас сәби ғана аман қалады деуші еді… Өздеріңнің тоқсанға келіп отырған әжең – қара обадан аман қалған сарқыт. Сегіз баланы санап тұрып әкеткенде, ауырып тұрса да сәби кезінде тұқымға тастап кетіпті. Сол қара кемпірден тарап отырмыз ғой, алдағы күнді бір Тәңірі біледі.
Қанжа мен інісі Шал ай сәулесі әке сөзіне жауап таппай тұрғандарын аңдаған Шатақ батыр ұлдарын жылап тұрғаннан сау ма деп ойлады.
– Ей, сендер босап тұрсыңдар ма?
Ұлының екеуі бірдей естерін жиып алғандай:
– Жоқ, әке, жоқ! – деді жалма-жан.
– Барыңдар! Маған ас-суды андағы жерге әкеп тастап кетіңдер… Күрек-қайла жеткізіп беріңдер. Аналарыңа айтыңдар, ал әжелерің біледі: қойдың құртын қайнатып, ыстықтай әкеліңдер. Обадан әжең солай жазылыпты. Қайнаған құрт мың да бір ем дейтін. Ал енді барыңдар!
Ұлдары ат басын бұра бергенде есіне әлдене түскен батыр төбешік басынан тағы айғай салыпты. Ұлдары қайырыла бұрылыпты.
Көктегі ай да күміс сәулесін төгіп, биік басында аруақтай қарауытқан батырға үңіліпті.
Батыр:
– Қалжыр бойынан қызыл қарағай жеткізіңдер. Сырғауылдар жуан болмасын! Балапан қарағайдан болсын! Қарағай басын мұрындықтап тесіп, аттың екі жағына салмалап, қосар атпен тасыңдар, – деген.
Әкесінің бұл сөзіне таң-тамаша болған қамкөңіл Қанжа амалсыз үн қатқан.
– Әке, оны қайтесіз?
– Көрімді тұрғызам. Қарағаймен қабір ішін өрем. Сауыт-сайманымды жеткізіңдер. Ол да өзіммен көмілсін! Ана дүниеге бес қаруым түгел барайын!
Батырдың тілегіне таңданған Қанжа мен Шал тіл қайтармай, әке аманатын тезірек орындауға түн жамылып кете барды.
Ай астында Шатақ батыр қала беріпті…
Қайнаған қой құртын батырға ауылы төрт уақыт жеткізіп тұрыпты. Алладан аманатқа жанын сұрап жалбараныпты. Ал қос ұлы ер-азаматтарды ұйымдастырып, сонау Қалжыр басынан күн құрғатпай салмалап сырғауыл тасыпты. Қызыл қарағайдың жуанынан да, жеңді білектей жіңішкесінен де сырғауылдап, әкесі жатқан төбешіктің желке тұсына жиғызыпты.
Шатақ батыр қойдың құртын ішіп, қазы-қарта мен жал-жаядан жеп, қуат күші кемімей тұрғанда қатты қимыл жасапты. Жалғыз да болса өз көрін өзі қазып, өз қабірін өзі қызыл қарағай бөренесімен қиюластыра қаптап, жымдастыра өріп шығыпты.
Ұзыны екі құлаш, ені бір құлаш болып қазылған көр қарағаймен қапталғанда, қарлығаштың ұясындай шақталып қалыпты. Жуан бөренелермен жабылған көрдің бұрышынан батыр қабірге түсерлік, адам сиярлық тесік қалдырыпты… Төбені көрден шыққан құм-топырақпен жауыпты. Қалқаны мен сауыт-берені, қару-жарағын қабір ішінде құбылаға қарата басына жастапты. Көр қазған балта-сүйменін бөрене жапқан қабір төбесіне тастапты.
Қазылған көр батырға тағы бірненше күн пана болыпты…
Батыр күннен күнге әлсірей беріпті. Енді күшті ас та, оба құртының қайқайған басын қайтарған қойдың ыстық құрты да көмектесе алмасын сезіпті. Соңғы күшін сарқып, қызыл қарағай бөренеден жапқан қабірі үстіне шошайтып қара тас үйіпті. Дүниеден қайтар уақыты жақындағанын бағамдапты.
Дәм-тұзы таусылар шақты анық аңдаған тұста ат арқандар жерден қара қос тігіп, әкесіне үміт етіп жатқан ұлдары Қанжа мен Шалға айғайлап:
– Ел-жұртты шақыр! – депті беткейдегі төбешік басында томпая қалған қабірі басында тұрып. – Ауыл жиналсын! Мен бүгінен қалмаспын!..
Мойындарына кісесін салып, әкесінің қара обадан аман қалауын құдайдан сұраған қос ұл үнсіз жылап тұрыпты. Сайдың ат арқан етегіндегі ұлдарының көз жасын батыр әкесі көрмепті.
Ауылы да жиналыпты…
Сонда Қаржаудың батыр бабасы былай депті.
– Анда қалмақтан ажалды болдым! Ол да ажал аузында жатыр еді… Көк тәңірісіне барған шығар! Анда ажал қасыма келіп, алқымымнан алып тұр. Долды екеуміз андалыққа адал едік. Сол адалдық түбімізге де жетті. Өкінбейміз! Екеуміз де құдайдың жіберген бір ғана індетінен кетіп барамыз. Андалығымыз да ажал алдында ақ екен… Қош болыңдар, ел-жұртым!
Бәйбішесі:
– Ұрпағыңа өсиет айт, батыр! – депті төбешікке жақындап келіп.
Тоқалы үндемей, жас нәрестесін құшақтап, көз жасына тұншығып тұрыпты.
– Қанжа мен Шал ат жалын тартқан азаматсыңдар. Ұрпақтарым жауырындары жер иіскемес балуан болсын, жүректері шайлықпас ер болсын! Әумин!
Әулеті мен ауылы «әумин!» десіпті…
– Ал енді ауылға барыңдар! Бәрің барыңдар! Мен ажалымды қарсы алайын! – депті батыр. – Ертең келіп, қабірімнің басына тас үйе салыңдар!
Жұрт батырды соңғы сапарына шығарып салып, ауылға қарай жылап-сықтап аяңдапты. Белінен қанжарын тастамайтын батырлықтың соңғы тұяғы араларынан алыстап, суық қабірге кіріп бара жатқандай күйде көрініпті ел-жұртына…
Ертесіне таң бозынан Қанжа мен Шал жетіпті. Әлі де жығылмай қалған қара қостары түбінде тұрып, тас үйінді көрінген төбешікке үмітпен қарапты. Әкелерін айқайлай шақырыпты. Бірақ төбешіктен әкесі күндегісіндей көрінбепті. Үміттерін үзіпті.
Артында ұрпақ жалғар боп қалған қос ұлы қабір басына оба тасын молайта үйіпті. Батырдың соңғы аманатын орындапты.
Жалған дүние Шатақ батыр басынан да осылай өтіпті…
Қаржау былтыр жазда ғана астана жақтан келіп, халық арасынан ескі әңгіме, қиса жазып алсам деп іздеп жүрген бір әдебиетші ғалым жігітті ертіп барып, аруақ басына құран оқытты. Ол бауыры да ақеділ мінезді шатақ болып шыққанда өзі де таңданып қалғаны бар… Фольклор жоқшысы батыр бабасы туралы әңгімелерге қанығып, Марқа сұлу жерін аяғы жеткенше аралап қайтты. Болашақта бабасы туралы тереңдеп зерттемек көрінеді.
Шекарада қалмақ ішінен шыққан аса қауіпті оба індетін қазақ арасына таратпаймын деп, өз көрін өзі қазып, өзін-өзі жерлеген Шатақ батыр әрекетін кейінгі ұрпақтарының бүгінде бірі білсе, бірі білмейді. Ал биылғы наурыз айынан бері «Коронавирус» індеті келді деп дүниежүзі дүрліге жініккен індетті ойласа, Шатақ батыр да сондай сұмдық сойқанның алдын алып, шекара бойында өзіне деген қатал іс-әрекетімен қимыл жасап, құрбан болған адам екен ғой… Қайран бабасы-ай!..
Бұл да батырдың бір бейбіт күнде басын байқамай қауіпке шалып, соны өзі тоқтатауға себепкер болған бұла әрекеті…
Декабрист Қаржау Бөргендайға келе жатып бабасы туралы алаңсыз еске алып отырғанда Дулат оянды. Археолог жігіт ұзақ ұйықтап қалғанын аңдап, жан-жағына жалтақтай қарап, қайда келе жатқанын аңғарғысы келген оймен үңіле сүзілді.
– Аға, қай тұсқа келіп қалдық? – деді абыржып.
Күн де түс ауып қалып еді…
– Жақсы ұйықтап алдың. Теректіге де жақындап қалдық. Жаңбырдан кейін дүниенің жарқырауын-ай!.. Алтай қара нөсермен неше күн жуынып еді, енді міне, сарқырама астынан шыққан арудай кіршіксіз… Көз ала-алмастай тамылжып, уыздай уылжып тұр ғой, шіркін!
– Сұлулығына жер жетпейді ғой, аға! Қадірін қасында жүрген соң қазақ білмей жүр. Әйтпесе ағылшынның Джон Кеннон деген саяхатшысы болған. Соның «Сибирь и ссылка» деген керемет кітабы бар. Ол өзі патша заманында Ресейге барлаушы болып келіп, Сібір сүргінін көзімен көруге жіберіліпті. Орыстар барлаушы екенін білсе де, путешественникпін деген соң, қасына әскери тыңшылар қосып, Орал тауынан ары қарай асырып жіберген ғой… Империяның Сібірдегі сұрапыл тіршілігін көріп шошысын, Европаға айтып барсын деп әдейі апарған ғой. Сол Сібірге келе жатып, арда Алтай туралы, ғұлама Абай ақын жайлы жолда естіген ғой…
– Қойшы?! Мен естімеген жағдай… Ондай кітапты да естімеппін. Тарихшы жігіттер де жазбаған. Осы жасқа келгенше, Алтай-Марқа туралы жазылған талай кітапты қызығып оқып ем… Бірде-біреуінен кездестірмеппін мұндай мәліметті.
– Оған көп ешкім тоқтала бермейді. Біздің тарихшылар оқымаған да шығар… Ол өзі көп тарамаған кітап. Тарихшыларды деректер болмаса, саяхатшының жол жазбасы қызықтырмайды. Сондықтан да мән берілмей келеді.
– Сонда әлгі ағылшын Алтайға келген бе? Қашан?
– Келген. Мұзтауға барған. Мың сегізжүзінші жылдардың аяқ кезі мен мың тоғызжүзінші жылдардың басы болса керек. Қазір нақты есімде жоқ. Студент кезімде оқығам… Кітабы Санк-Петербургтен шыққан. Мың тоғызжүзінші жылдардың басында.
– Сұмдық жан екен!
– Ғажайып кісі! Ағылшындар да немістер сияқты өте қазымыр, көзбен көргенін жазатын халық қой. Кеннон сол ағылшындық өлермен. Алтайды айнытпай жазыпты. Скурпулезно!
– Жапон мен неміс деші!..
– Иә!
– Абайды көріп пе?
– Жоқ.
– Қап! Әттеген-ай! Абай атам туралы керемет дүние жазып кетер ме ед!?
– Жазған.
– Онда ол нағыз азамат екен! Көрмей қалай жазды екен?
– Жол бойы орыс оқымыстылары мен қазақ біліктілері кездесіп отырған ғой… Солар айтқан.
– Абай деген көшпенділер ішінде адам бар екен. Ол Европа философтары мен оқымыстыларын, ақындарын оқыпты… Ғажап білімді адам екен деп жазыпты.
– Мына кітапты тауып бер, бауырым! Астанада жүрсің. Ғалымсың. Қолың ұзын.
– Ой, аға, қазір кітап шықпайтын заман болды ғой… Интернетте бар болу керек. Орысша бір-ақ рет шыққан кітап қой сол заманда. Орыстар өздері үшін сол патша заманында-ақ аударып, Петерборда тасқа басқан.
– Біздікілер неге аудармасқа?
– Біз той тойлаумен кеттік қой тәуелсіздік алғалы… Ой салатын кітаптар шаң басып жатыр. Қолымыз тиер емес.
– Абай атамның құрметіне кітаптар шығарып жатыр емес пе?! Соның ішіне неге қоспайды екен?
– Қосса, қосқан да шығар… Алматыдағы Ұлттық Ғылым академиясы кітапханасында тұр. Студент кезімде Мағдан Жұрағатұлы Алтайдан екенімді білгеннен кейін, осы кітапты оқы деп тапсырма беріп, түгел оқып ем. «Менің көзімді ашқан – Абай. Сенің көзіңді ашқан – Алтай» дейді ұстазым.
– Мұзтау туралы не депті?
– Аузының суы құрып айтқан. Мұзарттың қорымды етегіне шейін көтерілгенін жазыпты. Алтайдың Мұзтауға барар аңғарларын суреттейді. Мұзарттың алыптығын, әсемдігін айтады. Бұқтырма мен Қатын өзендері алқабына тамсанады. Қаратайлар баяғыдан Қаракөл деп айтатын, кержақтар «Язевое» деп жүрген көлге шейін көріп, таң-тамаша болады.
– Әй, бізді менсінбейтін кердең Европаға Алтай-Мұзтау сұлулығын таныстырған ғажап адам екен!
– Сондай сұңғыла жан. Алтайдың сұлулығы мен ұлылығын айту арқылы өзінің де атын мәңгіге қашап жазған… «Величава», «Величественный» деп айтады Мұзтау өңірін.
– Ой, Дулат бауырым-ай! Сен менің көкірегімді қуанышқа, мерейімді мақтанышқа толтырдың ғой!
Дулат Бүргендайға қарай басталған көңілсіз сапар Декабрист Қаржаудың көкірегін кернеген қуаныш бұлайша ұласақанына өзі де риза болып отырды. Джон Кеннонның саяхаттамасын әңгімелеп отырып, Алтай атырабы мен Мұзтау мұзарты туралы айтқанда өзінің де рухы асқақтап сала бергеніне таңданып қалды.
– Кеннон, алты мұхиттың ар жағында, жеті құрлықтың желкесінде мұндай ғажайып бар десе, қазір-ақ сонда аттанар ем… Ондай жер бірақ жоқ. Мен Америка мен Африка тауларында, Австралия мен Европа тауларында болғам, бірақ мынандай «Девичий, Величественный» жерді көрген емеспін дейді.
– Паһ! Айтқан-ақ екен сабазың!.. Айтатын да жөні бар… Алтай сондай ғой. Тек, біз сөйтіп айта алмай жүрміз!
– Айтатын да уақыт келер, аға!
– Әумин, бауырым!
– Алтай – адамзаттың алтын бесігі… Алтын бесік ешқашанда бос жатқан емес. Айтылмай қалған емес.
– Қазір бос қалып тұр ғой, Дулат! Күллі түркі жұртының ақ бесігі… алтын бесігі ғой біле білгенге!
– Иә, арқаға аяздай батады!.. Күршімнің тұсынан Ертіске көпір салынар… Көшкен ел де оралар!
– Қайдам!..
– Оралады, аға! Елді ойлаған азаматтар туар!
– Олар туғанша, біздің сүйегіміз қурап қалмаса…
– Марқа мен Катонға ел қоныстандырмай, Алтайдың осы иен жатқаны – жатқан… Билік те, азаматтар да осының шешу жолын ойластыру керек.
– Оны оп-оңай шешуге болады… Оған бірақ біздің билік қасарысып-ақ отыр ғой.
– Биліктің де бір ойлағаны бар да…
– Бар болып тұр ғой… Сондықтан мойындары жар бермей отыр.
Дулат декабрист ағасына үмітпен қарады.
– Ол қандай жол?
– Бір-ақ жол.
– Қызық екен!..
– Монғолияның Баянөлгейі мен Ресейдің Қосағашы тиіп тұр. Сондағы отырған әлі күнге көшпенді атанып отырған қазақтарды бірер жылдың ішінде тура осында бірақ көшіріп әкелу керек. Безвозмездно подьемный ақша беру керек бәріне…
– Иә! Ол оңай емес!
– Оңай емес, әрине! Алматыдан астананы Ақмолаға көшіргендей сильная воля – күшті рух керек… Волевой шешім қажет! Атан көтерер жауапкершілік керек. Әне Астана салынып қалды ғой… Ешкім сенбеген! Бұл да солай болар еді. Ел жаппай құйылар еді.
– Бізде как раз осы жауапкершілік жетіспейді ғой… Қит етсе, тайқып шығады!.. Бұрыннан Москваға қарап қалған бас пен бастар ғой, аға! Қазір өзімізде де сондай Бас болу керек… Ол әзірге пісіп үлгерер емес!
– Басты білмеймін піскен-піспегенін… Бірақ ел пісіп тұр. Уақыт та келді. Келген қандастарды мына тарап кеткен ауылдарға жаппай қоныстандырып, алдына мал салса, тұрақтап қалар еді… Он жылға дейін көшпейтіндей пәрменге қол қойдырса да болады. Тегін ақша мен тегін жер берсе, тегін мал алдына салса, ауылдан қашпас еді… Бала-шағасы қаладағы университеттерде білім алуына тегін мандат берілсе, бәрі де құп дер еді. Тап осыған біздің мемлекеттің қазір жағдайы жетеді… Есесіне ұлтымыз Алтайының ақ төсін емер еді, өр рухты болып өсер еді!
– Рух дегеніңіз көңілге қонады. Елге ел қосылса, рухқа рух демеу береді…
Ол сөзсіз, аға! Мемлекет аралық келісім керек. Зор келісім! Қиын-ау!?
– Қиын түгі де жоқ. Жауапкершілікті ала білу керек. Ана бір жылы біздің бір Премьер-Министр Монғолияға барды. Сонда ғой Баянөлгей қазақтарының мәселесін Ресейдің жас Президентінің алдында көтергені… Ресейге жалтақтамай-ақ! Содан бері билікте де батыл жігіттердің барлығына илана бастадым!.. Катонқарағайдың Өрел ауылы арқылы Баянөлгейге асар алпыс-жетпіс шақырымдық асуын Ресейден ашық сұрады ғой… Баянөлгей қазақтары «менің қандастарым» деп анықтап тұрып айтты Россия Президентіне! Бұл саясатта жүрген жоғары лауазымды тұлғалар арасынан алғаш рет айтылған үлкен сөз… Тіпті Елбасы да айта алмаған. Ұлт үшін дер шағында айтқан сүбелі сөзді аяқ асты етпеуіміз керек еді.
– Иә! Үкіметте де басшы азаматтар бар елін ойлайтын… Олар туралы айтыла да бермейді. Иә, айтылмай жүрген жоқ, айтылды, бірақ ақыры аяқсыз қалды.
– Соңы сұйылып кетті… Рас. Керемет бастама еді. Осыны еске қайта салу керек. Алтайдағы мына жер үшін, сыртта қалған анау ел үшін Бас боларлық басшы болса, бас тігу керек!.. Астанада Ресей мен Монғолия мемлекеттерімен Президент пен Үкімет дәрежесінде келісу керек. Ал оларға келісетіндей қарсы аргумент ұсыну қажет. Тырп ете алмайтындай пайдалы болса, олар отказ беретін ақымақ емес. Керек болса халықаралық дәрежедегі АҚШ, Европа секілді елдерді арағайынға салу керек. Сонда ғана оң шешімін табады.
– Мынауыңыздың жаны бар, бірақ алпауыт Россия келісе қоймас. Монғолия қазақтан айрылғысы жоқ. Қытай да солай… Олар тіпті жібергісі жоқ.
– Қытай мәселесі мүлде күрделі екені бұрыннан белгілі, бауырым! Қытайға қарап кіжіне алмайсың… Шығыс Түркістан қолдан кетті ғой!.. Шынжаң аталғалы Оспан батырдай атқа қонар қазақ бүгінде жоқ. Қазақтың лап қойып көшуіне жол бермейді. Тышқаншылап қана келе алады.
– Квотамен шешілуде қазір. Қашып өткендер мен қонақ болып қалып қойып жатқандарды дипломатиямен реттеп келеміз.
– Қазақтар арасында күшті үгіт жүргізу керек. Сөздің алмайтын жауы жоқ. «Қалауын тапса, қар жанар» демей ме қазақ. Дипломат жігіттер мен саясаттың майын ішкендер бар ғой… Елміз. Билік ішінде баяғының биінше ақ жол шешер азаматтар жүруге тиіс!
– Қысылтаяң жерде жол ашар жігіттер болуға тиіс! – деп Дулат археолог та қалай Декабрист Қаржауды қостағанын аңғармай қалды.
Әңгімемен отырып, Теректі ауылына да келіп қалыпты.
Ауыл көкорай тау бауырын жастанып жатқан қалпы. Парыздың сарыжолақ сызулы, полиция белгісі айқара басылған көлігімен ауыл шетінен ызыңдай кірді. Бұлар Бүргендайға барар бұрылысқа тез түсіп, жер сілкінісінен әбігер болып жатқан ауыл іргесінен аулақтай берді.
«Апырай! Былғары табытқа қиын тиді-ау!» деп ойлады Дулат.
Декабрист Қаржаудың бірақ сыр беретін түрі жоқ. Ауыл суға кеткенмен жалғыз үйде қалған әйелінің амандығын Сұңғат пен Ғазизден құла таңнан телефонмен естіп, «Сұңғат аманат еткен еді» деп, алтын тәждің жоқтығына өзін тікелей кінәлі санап келеді.
Аршын сұлу желіктіріп әкеткен Политсай Парызды биік жонынан жолықтыруға тиіс. Алтынмен апталған Гауһар тәж неше күн жаңбыр жуған Бүргендай басынан жарқырап көрінеріне кәміл сенімді.
Шығанға қарай жас сұлуды жеке жетектеп, алтын тәжді қойынына тығып әкеткенде тұқымы шата Парыз бас пайдасын ойламап па екен?! Шатаның аты – шата… Шатадан бәрін күтуге болады. Жұрттың Политсай Парыз деуден гөрі «Шата Парыз» деп күңкілдейтіні тегін болмады.
Полиция бөлімшесінің ескі көлігі Бүргендайға қарай ызыңдай көтеріліп келеді.
II
Тәні топыраққа, жаны тәңіріге тапсырулы еді…
Құйрықты жұлдыздай аққан жалқы бас лайсаң құйға шым батты.
Тасқын тоқтасымен сорға айналар құй батпаққа батып кеткен қу толағай – Толғанбайдың сорлы басы еді. Денеден бөлініп қалған жалқы бас бірақ ешкімге жалынулы емес-тін.
Тау жынысын бойына жинап, ой қара топырағын өңешіне құйған қарақорым толқынды тасқын Былғарының сайы бұрылысынан ышқына атылып, сауыр-сауыр көтеріліп келіп, жал-жал сырғыған бойы Толғанбайды келіп ұрып еді. Көзінің қарашығында ойнақ салған ажалдың қара толқыны қарақшыдай қалқиған пендені бір-ақ уыс қылып, бауырына бүктей басқан.
Толғанбай жаны бірақ бірден үзіліп үлгермеді. Тәңірі қорғаған пенде ғой, лайлы суды қомағайлана жұтып, тұншығып-ақ кетті…
Лайлы толқын бетіне қаракөбік көтеріп, аждаһа жыланша аласұра жылжып, лезде көлденең жатқан тасжолды көпірімен қоса опырып әкетті. Опырылған жыра жұмсақ топырақты өңешіне жұтып, бетон көпірді лықсыта шетке шығарып тастады.
Былғарының сайы алқымынан қара жерді құлаш-құлаш тереңдікте қопарып, ұлы жыра жасап аққан жалды су құдіреттің күшімен жазыққа жайылмады. Ойпаң жердің жігімен жерді қайыстыра жыртып, жөнеп отырды. Дүркін-дүркін дүрілдей құйылған топан жөңкіліп, алыста жатқан Боран ауылына сағат жарымда жетіп-ақ барды.
Боран ауылына жеткенше неше өліп-тірілген Толғанбайдың басы денесінен бөлініп қоймады… Қайыстай тәнін қаракөбік жал толқын тербете көтеріп, демін үздірмей келе жатқан бейшараның бұлғаң басын әлдене тап көкжелкесінен қиып түсті… Сонда ғана санасы сау пенденің көзі жарқ етіп, оқыстан от лап етіп, шыбын жаны үзіліп кетті.
Оның басын шабындықта қалған шөп шабатын ескі атмашинаның жүзі қиып түсіп еді… Санасы салдуарын күйде зеңіп кеткен-ді.
Тәні төртке бөлініп, ұлы арнаның иірімді бұрылыстарында қалды. Бөлшектенген денесін суық тас пен мұздай құм жапты. Ал басы домалап отырып, Боран маңындағы ми батпаққа батып кетті. Үстінен сырғи жапқан топан шөгінді астында қалған бас қырық қабат күймен тереңге тартты.
Бас та құй тереңіне малтыққан сайын мыңғы-тыңғы миы мұнардан айыға бастады…
Осы топалаң күнге жадыланып жеткен Толғанбайдың жады санасы саралана түсті. Оған өзі де таң-тамаша қалып, жарқыраған өзге дүниеге – бейтаныс әлемге өзеурей назар аударды.
Құйрықты жұлдыздай ұшқан шыбын жан мен сәби ойындай сараланған тұнық сана басқа әлемге қалай өтіп кеткенін, қалай келіп қалғанын да түсінбеді… Бұл бір құдіретті тәңірінің ұйғаруымен іске асатын мұғжиза құбылыс еді. Өткен заманалар көшінің бел-белесіне білінбей енгізіп жіберетін – миллиондардың біріне ғана бұйыратын ұлы тәңірінің хикметі тұғын.
Толғанбайдың сараланған санасы тұңғыш Сақ Қағанатын құрған Білге Сақа қаған дәуіріне тап болып еді.
Бүгін бір қаралы күн екен…
Дүрілдеген бағзы дүниеде дүбірлетіп ғұмыр кешкен Білге Сақа қағанның өмірден өтіп жатқанының үстінен түсіпті…
Ібір-Сібір түкпірінде ақ аю аулап, қара аю жеген жансебіл ұлыстар мен шығыс теңізден балық аулап күнелткен жұрттарынан, қолына айдаһар ұстап, жылан жеген Шын-Машын мен сүйегін құзғын кемірген Тибет елдерінен, батыстағы қызылбас пен күңгейдегі парсы жұрттарынан арнаулы адамдар келіпті. Олар Білге Сақа қаған жоқтауын төрткүл дүниеге жаймаққа жиналыпты.
Ат тұяғы жетер, жақ жебесі шалар дүниеде әмір құрған көшпенділердің Ұлы Білге Сақа қағаны қапияда қазаға ұшырапты. Жалғыз емес. Қазан-ана көлге көлеңкесі түсетін Азутау шыңындай шынар мүсін Азубике бегіммен мерт болыпты.
Екеуі де есікте жүрген жалшының берген уынан көз жұмыпты. Жалшы болып кірген жалмауыз мүсәтір деп, алмас іштіріп жіберіпті… Сақтардың байлығы мен бірлігіне деген қызғаныштан іші күйген дұшпандары дегеніне жетіпті.
Ұлан-ғайыр сақара төрі қара жамылыпты. Алтынмен апталған Бөрі басты күрең Байрақтың қыл шашақты түбінен қара байланып, қара жерге қаратылыпты. Он сегіз қанат Боз Орданың түңілігі жабылыпты. Қазан-ана көлден соққан марал самалға іргесі ғана көтеріліпті.
Сақараның сұңқар текті Білге Сақа қағаны сүйегі қойылатын жер Қазан-ана көлдің маңына жақын болсын деп шешіліпті. Мәйіттерді былғары табытқа салып, Қалжыр өзенімен іргелес тау бауырына әкеліпті. Мұнда қабірхана көшпенді сақтардың салтымен алдын ала дайындалыпты.
Бір ғажабы – қыран ұя салған қыран қарағайлардан тұрғызбай, Қазан-ана көлге асар Мәрмәр асу биіктерінен мәрмәр тас тағандарды қашап әкеп, көр бетін жабар жабындыға шейін мәрмәр тақта дайындап, мыңдаған жылда да бұзылмас қара тастан мәңгілік қабірхана орнатыпты. Алып жабынды тақтаны өгіз арбамен салып әкелсе, Қазан-ана көлдің қалың мұзын түйеге артып тасыпты.
Таудың қайрақты келген қара тасынан жиналған төрт қабырғасының ішінен жұқа мәрмәр тақташалармен қаптапты.
Мезгіл мұздай сіреуке желтоқсанның іші екен…
Мәйіттермен бірге сәйгүліктер де қан шығармай өлтіріліп, аяқ жақтарына қойылыпты. Қос мәйітті барлық алтын-күміс зерлі киімдерімен бастарын күнге қаратып жатқызыпты. Қағанға гауһар көзді алтын тәж, Азутаудың құрметіне қойылған есімді Азубике бегімге алтыннан үшкіл баскиім кигізіпті. Қастарына Азубике бегімнің алтын жақтаулы жабық арбасын қойыпты.
Ерекше сәнді әбзелімен таудың тарғыл барысындай теңбіл шұбар атты төрт сәйгүліктен бөлек, қаған қасына жерлепті. Жауға жолбарысша шабар шұбар ат Білге Сақа қағанға арғы дүниеде адал болуға бақсы антымен адақталыпты… Жын-шайтан қаған маңын баспастай қылып бақсы жырымен ұшықталып, даңғыра дауысымен аласталыпты. Бар алтынмен апталған шарайналы берен сауыт киіндіріліп, алтын балдақ алдаспан, күміс сағақ сүңгімен жабдықталыпты. Күміс қанжары қолына ұстатылыпты.
Қабірхана ішіндегі мәйіттер мен сәйгүлік мүрделерді мәңгілік бұзылмасын деп, жандары мәңгілік тыныштық тапсын деп, Қазан-ана көлден кесіп-кесіп әкелген мұз қалқандарымен қапсыра жауып тастапты. Бұл ара мұзарттардан мұз тоңы жер асты сілемдерімен жалғасып жататын, мәңгі жібімейтін жер екен.
Қабірхана басына таудай қылып тас-құмды оба үйіліпті…
Сақарада сақ ұлыстарының басын қосып, құлжаның сақасындай сом Қағанат құрған құдіретті кісі ұғлы – Ұлы Білге Сақа қаған мен тәңірі қосқан ақ-адал жары Азубике бегім қара жердің қойнына сақ жырауы әуезімен жерленіпті. Қоштасу даңғырасының дауысы доғарылысымен қағанның қасында тізе қосып жүретін ұлы жырауы жүгіне отырып, қара қобыз шалыпты.
Қара қобыз оба басын зарлы жырға кенелтіпті.
Жақ-жақ болып айтысып,
Шақ-шақ болып шарпысып,
Жырт-жырт болып жыртысып,
Шек-шек болып шекісіп,
Бырт-бырт болып үзісіп,
Борт-борт болып бөлісіп,
Кет-керт болып керісіп,
Түйенің құмалағындай шашылып жүрген жұртты,
Сақ-сақ күле қырысып,
Қырық сапы болып қырқысып жүрген жұртты,
бір уысқа біріктірдім!..
Қойдың құмалағындай шашылып,
телім-телім елді, терім-терім жерді, өрім-өрім ерді…
Өр қылдым!..
Қорғасын құйылған құлжа сақасындай ауыр күйге
келтірдім!..
Ұрымтал тұстан ұрсаң, ұлы дүбір қосынға айналдым!..
Қайырылмадан қайырылар ұлы дүбір Елге айналдым!..
Сақадай шымыр, сауысқандай сақ Сақа қаған едім,
Сақылдаған сақ жұртын Сақ Еліне айналдырдым,
Нар Алтайда айнала қоныс тептірдім!..
Елдің қолын алтынына малдырдым,
Алтын сауыт кигіздім, алтын ат мінгіздім,
Алтыннан тәж кигіздім!..
Бар жұртты баянды қылдым,
Арқамды елге таянды қылдым!..
Жанымды салдым,
Қанымды төктім,
Терімді ағыздым!..
Күндіз жамбастамадым,
Түндіз кірпік шыламадым!..
Бар дүние баянды болғанша,
Байғыздай баян таппадым!..
Ұлы жырау бір сәт қобызын шалуын тоқтатыпты. Қара жартас бітік бетіне қарағандай сырбаз сақ жұртына жағалай жүз бұрыпты.
Дұшпаным менің көп еді,
Андасым менің аз еді…
Өз басым жас еді,
Жұртым жасық еді,
Жан-жағым пасық еді…
Жүрегім бірақ жолбарыс еді!..
Тырнағым шар болат еді,
Қанатым талмас қыран еді,
Шеңгелім жазылмас алмас еді!..
Жас бөрі едім, жемтікке қарамайтын,
Жас қыран едім, шүйілсем алмай тынбайтын!..
Жас жолбарыс едім, ажалдан жасқанбайтын!..
Мен, Ерлік үшін туған едім,
Мен, Елдік үшін туған едім,
Мен, Сендік үшін туған едім,
Сандалгер сақтарым менің,
Саңылақ ұрпақтарым менің!..
Толғанбайдың жанруһы ұлы жыраудың жырымен жылады дейсің!..
Зеңгір замана көшімен келген кейінгі сақ ұрпақтары мен сақтың саңлақ қағандары Қағбадай қасиет тұтқан қабірхананы Былғары табыт обасы атап кетіпті. Болаттан берік келер бес қабат былғары берен киген, опасыз жауына жан кештірер былғары табыт тіккен сақтар салқар дала төскейі мен заңғар таулар баурайында еркін тағдыр кешіпті. Оларға бостан ғұмыр жандарынан қымбат болыпты.
«Былғары табыт» десе, ет жүректі дір еткізер жанкешті салттың тұңғиыққа тартқан себеп-салдары да жетерлік…
Тау-төбе болып жатқан биік обаны алтайлық сақтар ұрпақтан ұрпаққа көзінің қарашығындай сақтапты. Бөрідей ұлыған, ұлардай шулаған заманалар керуені құс қайтқандай тізбектеліп өтіпті. Қазан-ана көл аты уақытты қуып, ой-сана алмасуы арқылы Марқа сұлу есімімен ұрпақтарға жетіпті. Мыңжылдықтар сауырында самалдап, салқар көктің жарық жұлдыздары аясында, Марқа сұлу ойында, асау Қалжыр бойында – Былғары табыт қазіргі күннің қазынасына айналып үлгермей, тасқын топаны ішінде шаң-тозаңдай жұтылып жоғалды.
Бүгінгі бұла таңда – Жады Толиктың көз алдында құрдымға кетті… құрыды…
Жер сілкінген таң бозы, топан су қазған жер қыртысы Толғанбай жадынан ендігі уақытта мәңгі өшер ме?! Мәңгі өшпес. Өшіре алмас ешкім де… Ол – аруақ. Аруаққа тірі пенде әлі жетпес, бір тәңіріден басқа… Толғанбай жанруһына бір тәңірі жар болсын!..
Бағзы мен ескіде, өткен мен бүгінде болғанның бәріне куәге тартылған Толғанбай ұзын аққан Қара Ертіске емініп келсе де, қарсы жағалауға өтпеді. Заңғар Алтай тауының Марқа сұлудай жан туған Қазан-ана көлі бойынан тарғыл жолбарыс жонындай қарт Тарбығатай тауларына қарай сапарын жалғастырмады… Жалғастыра алмады. Жүрегі дауаламағандай тұрып қалды. Әлде қандай жұмбақ күш нұрлы күн шұғыласының аясында Нұр Жайсаң болып шалқып жатқан теңіз Зайсан көліне қарай бұрып әкетті.
Теңіз көлдің жағасындағы Аманат ауылына қарай тартты…
Күн шұғыласына Ұлы Білге Сақа қағанның кеудесін жапқан алтын шарайнадай жарқыраған Нұр Жайсаң жайылып жатқан жағасымен бет түзеді…
Аққан жұлдыздай зымыраған кеңістік иірімінде Ақсуат жерінен шығыпты. Көл шайқаған жұмыртқадай ақшаңқан Ақсуаттың жағасындағы Боз Орда ішінде Дің қаған отыр екен. Бұл баяғы құдіретті Сақ Қағанатын алғаш құрған – құлжаның асығындай Ұлы Білге Сақа қағанның қырық жетінші ұрпағы… Қолында жауының бас терісінен иленген жұмсақ, шикі құйқа – қолжаулық.
Құйқа қолжаулықпен тершіген кең маңдайын сүртіп қояды…
Шүршіттің қой құртына ашыған шикі бас құйқасы терісінен иленген шаршы қолжаулық әйгілі қаған бабаларының бірінен жеткен баға жетпес мүлік сияқты. Май сіңгеннен қара-қошқыл тартқан қолжаулық қағанның қолынан тастамайтын, есіне үнемі шүршіт жауын салып отыратын жауынгерлік зат. Қағандардан жаңылмай жеткен былғары мұра.
Шүршіт Бас қолбасшысының қара шашын тықырлап тастап, майлы келген жуан басынан тірідей іреп алынған тері қолжаулық – қайнап жатқан ащы құртқа иленген былғары құйқа Дің қаған әулетіне де, қағанат жұртына да рух беретін айғақ адам құйқасы. Бағзыдан жеткен жәдігер.
Кәрі Дің қаған ой үстінде отыр.
Ойға қалғанда жәдігерді уысында жұмарлай беретін ежелден әдеті… Құйқа да ескі шүберектей жұмсақ, қайыс қанжығадай көнбіс. Қолжаулық екенін танытардай илектеле береді.
Жауларынан жеңіліс тауып, қараорман Қағанаты ыдырап, жұрты тозған, бектері азған кез еді. Тоғыз бірдей тарлан ұлдарынан жорықта айырылып, шүршіт жұртына жас әйелінен туған бес жасар ұлын аманатқа амалсыздан қиған қияңқы уақытты.
Тура осыдан он төрт жыл бұрын «Аманат» деп қайыра ат қойып, жауының Ордасына аманатқа аттандырған ұлы оралыпты. Сол аманат ұл Дің қағанның қуаты қайтқан шағында, бірақ Боз Ордасы нығайған тұста оралып отыр. Шын-Машын Елі жеті жылға әкеткен Аманат кешігіп жетіпті… Он төрт жыл бойы Аманат ұлға не үйретіп, не қойды? Жауының не ойлағаны бар? Бұл білмейтін қандай айласын жасырып келді?
Шын-Машын Елінің мүләйім мінезінен, мүттәйім ісінен бәрін күтуге болады…
Бір мүшелден астам мезгіл жалғыз тұяғы ата жауының қанжығасында жүріпті, қолтығында жатып сұлу қатынын сүйіпті… Жат болып та үлгеріпті… Тілі тұрмақ, салт-дәстүрін де ұмытыпты!
Салт атқа отыруды ғана ұмытпапты…
Дің қаған да жадырған жаз басы Нұр Жайсаң көлдің жағасында Шын-Машынға кеткен ұлын әдейі жұпыны ғана күтіп алған еді. Айбынды Боз Орданы ғана Бөрі бас Байрағымен жауын жасқар көз қылып тіккен… Осыдан мүшел астам жылдар бұрын шүршіттерге кіріптар күй кешкен қалпындағы қоңырқай тіршілікпен қарсы алып, Сақ жұртының еңсесі көтеріліп қалғанын сыр қылып жасырған.
Боз Орданы көл жағалаған көгалға тіксе де, Қарабүйрек тауына қарай созылған сары дала шегі шаңдақ еді. Шаңдақ жүзі шыжып тұрды.
Аманаттың басына жеке бір шаңырақ көтеріп, қасына Қалжат деп ат қойған шүршіт бегімін ертіп, елу күтуші малшы-жалшысымен, қорғаушы жасағымен Орда қылып әкеліпті. Қызыл түсті жібек күймемен Шын-Машын патшасының көзіндей болып, патша інісі Бас қолбасы мен қайқы шатырлы сарайдың Бас сарай билеушісі белсене келіпті.
Шүршіт қызы Қалжат бегімді де көк жібекті күймемен ырғалта жеткізіпті. Жеті жасар баланың аяғындай сәби шағынан бүрістіріп өсіріп, «шиаяқ» қылып тастаған Қалжат үріп ауызға салардай сұлу, сымбатты мүсіні нәзік екен. Көкмайса көгалда шиаяқ келін жүре алмай, жығылып қала берген соң, төбесіне күн түсірмес жібек шаршы керілген зембілмен төрт күтуші көтеріп алып жүрді.
Көл түскен күн сәулесі даланың сағымымен ұштасып, ыстық желімен аспанға әуірлей көтерілді.
Жиыны жүз қаралы шүршіт қонақтарды күткен қараша үйлер қапырық болып кетті. Шүршіттер жапырақ қаудырлатқан кемер жағалауда қарасорпа терге малшынды. Тезірек қаған қабылдауын күтті. Ақыры аңылжыған аптапқа шыдамай кісі салды.
Дің қаған діңкелетіп барып, Бас сарай билеушісін қарсы алды.
Сарай билеушісі қолын қусырып келіп, қағанға ізет жасады. Қаған қолындағы майлы қолжаулықты желпіп отырып, иегін қақты. Шын-Машын патшасының тарту-таралғысын нөкерлеріне көтере кірген Бас сарай билешісінің көзі қаған қолындағы көне қолжаулыққа оқыс түсіп кетті.
Жұдырықтай ет жүрегі дір етті…
Мұны Дің қаған мен оң тізесін баса отырған бәйбіше құтыны, онжеті жасар сүйікті қызы Сылан бегім мен күйеу баласы Құлан да байқап үлгерді. Оң қатарда малдас құрып отырған сақ ұлыстарының билеушілері де мырс-мырс етті.
Тартулар мен сыйлықтарды қаған менсінбеген күйі нөкерлерге сыртқа алып шығып, сарбаздарға үлестіріп беруге бұйрық етті… Түрлі-түсті салпыншақ шашақты басқұры салбыраған онсегіз қанат Боз Орда іші бір сәт сілтідей тынды.
Шын-Машынның көпті көрген әккі сарай билеушісі құйқа қолжаулықты көргеннен бері бәрін де түсінді… Сақ қағаны Діңнің бір замандарда шүршіт елінің патшасы бас терісінен иленген былғары қолжаулықты қасақана қолына ұстауы бұған жауына сес көрсетуі ғана емес, «мен сенімен бүгін тең елмін» дегенді тілсіз-ақ ұқтырғаны еді.
Бас сарай билеушісі нөкерлері шығып кетісімен, шүршітшілеп мырзаларын шақырды. Боз Орданың еңкіш маңдайшасынан қос мырза мен ұлы Аманат бек, шиаяқ келіні Қалжат бегім еңкейе енді. Келіні қағанға басын иіп, сәлем берді. Аманат бек те кеудесіне оң қолын жүрек тұсынан басып, бәріне басын изей мезірет жасады.
Қос мырзасымен Бас сарай билеушісі сол қанат кереге түбіне тізерлей отырды. Оң жаққа қарай отырмаққа бұрылған ұлы мен келінін Дің қаған дауысы тоқтатты. Олар да амалсыз шүршіт сарайының қызметшілері етегін ала жайғасты.
Қағанның бұл бұйрығын оң жақтағы сақтардың бектері де, сол жақтағы шүршіт қызметшілері де, бәйбіше құтыны мен қыз, күйеуі де күтпеген еді. Бәрі ошарыла қағанға қарап, үнсіз күйі таңданыса қалысты.
Қаған босағада тұрған алдаспанды сақ сардарына иек қақты. Ол тысқа шыға жөнелді.
Түрулі ірге бойлай Нұр Жайсаң теңізі бетінен салқын самал соқты. Ордада отырғандар кеңінен тыныс тартты.
Күншығысқа қаратылып тігілген Боз Орданың босағасынан сардар да көрінді. Қолында қызғылт сары түсті алтын астау. Алтайдың сом алтынынан құйылған астау ішінде үш түрлі нәрсе жатыр екен.
Бірі – басын ішіне тыққан дала тасбақасы, екіншісі – иіріліп жатқан шұбар жылан мары, үшіншісі – шөлдің сары шаяны. Ал күміс қынды қанжар сабы астаудың ернеуінен аса сүйеніп, ұшы түбіне тіреліп тұрды.
Сардар ауыр тартқан алтын астауды Дің қаған қабағы астымен шүршіт Бас сарай билеушісінің алдына апарып қойды. Мұны күтпеген Шын-Машын қызметшілері тіксініп-тіксініп қалысты.
Алдаспанды алып бойлы сардар босаға түбіне барып тұрды…
Орда ішін тыныштық биледі. Іргеден ескен самал ғана тынысты аша берді. Бұл бір қаған алдындағы отырғандар үшін ауыр сәт еді.
Сақ ұлыстарының билеуші бектері шүршіт қызметшілеріне тесілген де қалған. Сұқтарын қадағаны сондай, олар тегіс жерге қараған. Тек қағанның ұлы Аманат бек пен Бас сарай билеушісі ғана көзі жалын атып, кірпігін төмен түсірмеді.
Сақтардың үнсіздікпен тесілген суық көқарасына шыдай алмаған Бас сарай билеушісі алтын астауда жатқан тарғыл тасбақа мен шұбар мары жыланның сырын аша алмай, астауға көздерін сатып, әрі-сәрі күйде отырды. Мінсіз мақұлықтар – тарбиған тарғыл тасбақа мен бишіктей ұзын марының, улы инесі біздей құйрығы қайырылған сары шаян мен күміс қынды қанжардың жұмбағын шеше алмай дал болды.
Бір кезде Дің қағанға тіл қатты.
– Мәртебелі Қаған! – деп, Бас сарай билеушісі орнынан тұрып, жан-жағына барлай қарады.
Дің қаған қабылан сұғын қадаған қалпы басын кекжите көтеріп, қолындағы тері қолжаулықпен желпініп қойды. Бас сарай билеушісінің қысық жанары шүберектей жұқарған былғары қолжаулыққа түскенде әлде нені есіне алғандай тітіреп, тілі күрмеліп, дауысы түсініксіз шықты.
Әккі сарай билеушісі ғой, қорқынышын тез басып, бойын жинап алды. Жылдам сөзін жалғады.
– …Қаған, біз аманатқа берген ұлыңызды азамат қылдық. Жалғыз басын екеу қылдық! Отбасылы болды… Аманат бек пен Қалжат бегім Сақ қағанаты мен Шын-Машын Елінің арасын қосты. Алдағы уақытта да алтын көпір болады деп сенеміз! Менің Императорым, Сізге зор құрметпен ілтипат танытып, болашақ тақ иесі Аманат бек болатынына шексіз сенеді! Сол сенім үдесінен шығамыз деп сенеміз!
Дің қаған міз бақпаған қалпы сөз соңын күтті.
Бас сарай билеушісі де қол қусыра иіліп, бұдан әрі артық-ауыс айтпас кеп танытты.
Дің қаған сардарға қаратып саңқ етті.
– Басын ал!..
Жым-жырт жұрт тым-тырыс қалпынан танбады. Ешкім селт етпеді. Тек Бас сарай билеушісінің көзі шарасынан шығып бара жатты. Боз Орда ішіндегі моладай өлі тыныштықты тағы да қағанның салқын шыққан үні бұзды.
– Сатқынның басын кес!
Сонда ғана сылқ ете түскен Бас сарай билеушісі есінен танып кетті… Орнына омырыла отырып қалды. Жанындағы қос қызметші қосшылары жүзінен шапалақтап, қаған қаһарына ұшырап қалмайық дегендей жанталасты. Есін жылдам жидырды.
Қаған дауысы ызғарлы естілді.
– Татулық – мыңжылдық тасбақа… Сатқындық – жүзжылдық мары… Сары шаян – қызыл тіл… Опасыздық жасаған залымның басы алынсын! Сөз тасыған арамзаның тілі кесілсін!
Талайды көрген Шын-Машын Елінің Бас сарай билеушісі алтын астаудағы құпияның шешуін қағанның өз аузынан естігенде, қалай ғана «Уһ!..» дегенін сезбей де қалды.
Шүршіт қызметшілері алдына алшаңдай келген босағадаға дәу сардар алтын астауда жатқан күміс қанжарды қынынан суырып алды. Монтаны күйде иіріліп жатқан шұбарды басынан ұстап көтере берді. Онекі өрім қамшыдай жіңішке шұбар марыны салақтатып тұрып, басын қанжармен бір-ақ толғап тартты. Атқақтаған қою қан шүршіт қызметшілерінің үстіне шашырады.
Шұбар марының қаны шашыраған Бас сарай билеушісінің шошынғаннан басы қалтақтап қалды… Отырған сақ бектері сыздана жымиысты. Алпамсадай сардар сары шаянды алтын астаудан шығармай, қанжар сабы дүмімен езіп тастады.
Аманат бек қана сақ сардары – бауырлас қандасына суық қарады!..
Көз айырмай отырған Дің қаған ұлы Аманат бекпен жанарлары түйісіп қалды. Жалын атқан жас жанар жасқанбады… Дің қаған да ұлының жебедей қадалған көзінен ызғар ескен салқындықты көрді. Әлде бір кекшілдік пен өшпенділік ұшқынын сезді.
Әке мен ұлдың дәуіт пен жыландай арбасып қалған жанарларын отырған сақ бектері мен шүршіт қызметшілері де тегіс байқады. Өздеріне назар аударғанына көңілі марқайған Аманат бек қарашығын тайдырып, отырғандарды масаттана шолып өтті.
Сонда ғана онжеті жасар Сылан бегімдей соңынан ерген қарындасының аясы үлкен жанарына еріксіз тоқталып қалды. Қаған әкесіне тік қарап отырған ағасының қылығын жақтырмағаны Сыланның жас жуған жүзінен білініп тұрды… Аманат бек те жалғыз қарындасын ата қарады. Онда қарындасқа деген туыстық сезім баяғы бала кезінде жат жерге ауғаннан сөніп қалған еді. Жатбауыр сезім жат жерде бауырын баурап алған-ды. Оны сезімтал қыз жүрегі сезсе де, сене алмады.
Дің қаған да ұлының көзқарасын байқап үлгерді…
Ұлының аманатта жүргенде біржолата жат болып кеткенін түсінді. Ата жауы шүршіттер Аманат бекті өзіне қарсы алмас қылыштай қайрап әкелгенін шүбәсіз түйсінді. Жатбауыр ғана емес, жаулары санасын жадылаған нағыз жат ойлы жәдігөй сақ – жатжады ұл қылып алдына жетелеп келгеніне көзі жетті.
Жеткіншек шағында жетесін жаттыққа суғарған, сәби кезінен жат ой-санамен жадыланған жан иесі – жатжады болып оралыпты…
Жатжады ұлға туған қарындасы мен туған әкесі, туған анасының қажеті жоқ та еді. Тап қазір Бас сарай билеушісі қызмет қылатын елдегі шексіз билікке ие патшадай билік пен тақ керек тұғын. Тақ үшін әкесінің де орнына ерте күннен сөз салып отырғаны ақиқат. Арқа сүйері – әкесінің Бөрі бас Байрақ көтерген Сақ жұрты емес, шүршіттің жер қайысқан жаяу жасағы мен Шын-Машын патшасының қаһарлы бұйрығы.
Аманат атты бек ұлының көкейін тескен жайды жазбай таныған, көкірегін кернеген улы жан сырын жазбай баққан Дің қаған бәріне Боз Ордадан шығуға қолжаулықпен ым қақты. Бәйбіше құтын орнын басқан бұла құтынға шейін табалдырықтан ары асты. Қаған әкесі қасында тек қана ерке өскен Сылан бегім қызы ғана қалды.
– Әке! – деді Сылан бегім. – Бек ағам Аманаттың түсі суық!.. Жанына жан жуытпайды.
– Қызым, оның ойы тереңде… Сүзекі ала алмас сазан болғысы келеді.
– Не ойлағаны бар?
– Жатжады болып келіпті. Одан қауіп қана күтемін!
– Басына не күн туғызды екен, әке?!
– Одан да басына сорақы күн туғызып, сүлдерін ғана әкелгені артық еді…
– Түз тарпаңы ноқта кимейді емес пе, әке?
– Тарпаң да, тағы да бола алмапты…
– Енді не істейміз?
– Құлан екеуің қарауыл салыңдар!.. Байқайық!
– Ізі білінбес барыстай боламын, әке!
– Бас сардарды шақыр!
Сылан бегім қызын Аманат бек ұлының соңынан салған Дің қаған Боз Ордада былғары құйқа қолжаулықпен желпініп, жалғыз қала берді…
Аманат бекті алып келген Шын-Машын қызметшілерін қаған тағы да жеті күн доғарды. Сый-сияпатқа аталған сүліктей отыз сәйгүлікпен сегізінші күні аттандырды… Қара Ертістің көлге сарқып құяр сағасы атырауының салма-салмасына байланған бірнеше қарабура – көпірінен қалай өтіп келсе, іргесін толқын кемірген қарабура үстімен солай шығарып салды.
Ұзын жолға салуды қаған күйеу баласы Құлан бекке табыстады…
Құлан бек те Аманат бек келгелі шүршіт қызметшілері мен жас қайнағасы қасынан ұзамады. Олармен қаған тапсырмасы деп, ымы-жымы бір болды. Бас сарай билеушісі жібек шатырына жиі кіріп-шығып жүрді.
Ал бұл кезде Сақ Қағанатының Бас сардары жалпы ұлыстардың ұлық бектеріне жаушы аттандырып жатты… Жаушылар құпия аттанды.
Жеті жыл аманат уақыты біткен соң, Сақ қағанының Аманат бек ұлын тағы жеті жыл қайтармай, сөзбұйдаға салған Шын-Машын Елі қызметшілері Сауыр-Сайқан тауы етегіне іліне шығарып салушы сақтарды кері қайтарды. Тек қана қағанның күйеу баласы Құлан мен Аманат бектер ғана Сылан бегіммен ары қарай тағы да күншілік жер үзеңгілес болуды қолай көрді.
Сауырды қызыл іңірге дейін бөктерлеген Сылан бегім құйысқанын ізерлеп, төс айылын тартып, тізгінін уыстап келе жатты. Бұдан бойын аулақ салуға тырысып, Аманат бек пен Бас сарай билеушісі күймесіне жалтаңдап келе жатқан Құлан күйеуінен секем алып еді… Астындағы таңдап мінген Топайкөк жануар да Қара Ертіс бойынан ұзаған сайын құлағын елеңдетіп қоятынды шығарған-ды.
Табаны қызып шабатын жануар іңір түскелі иесі Сылан бегіммен сылаң қағып, ішіне бір сыр түйген сезімталдықпен қарнын қуыстай тартып, шап айылды босатып, өзін-өзі жаратып келе жатыр еді. Мұны сыралғы иесі де сезіп келеді. Топайкөкті оқыс тоқтатып, шағын көштен бүйірлей шығып, жануарға зәр сындыртты.
Сылан менен Топайкөктен көз айырмай, аңдумен келе жатқан Құлан күйеуі де бегімнің ағасы мен шүршіт жасағына бас изеп қалды… Апақ-сапақта шағын көштен жанамалап, қиыстау жырылып қалып, қалт қимылды бағып келе жатқан Сылан бегім қатердің қайдан екенін аңдап үлгерді.
– Шүу, жануар! – деп, ытырылып тұрған Топайкөкке қамшы басты.
Топайкөк те бетегеден биік, жусаннан аласа болып, ымырт құшағында жұлдызша аға жөнелді. Соңынан күйеуі Құлан мен Аманат ағасы бастаған шүршіт тобы да шырқай шапты.
Ара қашықтық сәт санап алыстай берді.
– Ат! Атыңдар жебемен! – деп өзеурей айқайлады Құлан бек.
– Атын атыңдар! Атын!.. – деген Аманат бек дауысы да естіліп қалды.
– Өзін атыңдар! Өзін!.. – деп өзеуреді күйеуі.
Сол-ақ екен шүршіт жасағы қорамсақтарына қол салып, жебе суырысты. Сәби кезінен қыз ғұмыры ат үстінде өтетін сақтың өжет сарбаз сұлуы Сылан жебе жетер жерде екенін аңдаған… Ымырт қоюланып үлгермеген соң, Топайкөкті жазым етер деп, амалсыз сәйгүлігін сыңар езулей бұрып, зырқырай ұшқан жау жебесін жаңылдырып кетті.
Шүршіттер қаған қызы соңынан ұзақ қууға дәттері жетпей, Шын-Машын қызметшілерін жалғыз тастай алмай, тоқтап қалды да, Аманат бек пен Құлан бек ымыртпен ізінен түсті. Бұл екеуі қайтсе де жас келіншекке жетіп, өлтіруге тиіс еді… Тірі кетсе барлық құпиялары ашылып, не шүршіттердің қолынан, не сақтардың қолынан сазайларын тартатыны ақиқат-ты.
Топайкөк жүйріктің соңынан қуып жете алмасын сезген Құлан күйеуі қулыққа көшкісі келген. Алыс та болса айқайлап, көмекке шақырып көрді. Онысынан бірақ түк шықпады. Енді ұзақ-сонар шабысты қуғыннан басқа жол қалмағанын екі жағы да түсінді.
Ымырт қараңғылығын түріп, аспанда толық ай туды. Жұлдыздар сақтар ошағының шоғындай самсады…
Сүргінге салған екеу сақ бегімінің сағын сындыра алмасын сезсе де, алдынан орай шапты. Топайкөкке сенген Сылан бегім кеш қалғанын түсінді… Ұлы шабысқа салса – жол ұзақ. Топайкөк таңға шабар жануар болса да, қосарға алған күлік жоқ, болдырары хақ. Орай шапқандар мұны Қара Ертістің басына тіреп, көлге құяр салалы саға атырауына жібергісі жоғын білді. Қарабура байланған көпірге жете алмасы анық-ты.
Амал жоқ, Сылан бегім бір тәңіріге жүйрік жануар мен өзін тапсырып, Қара Ертістің басынан кесіп өтуге бел буды… Қуғыншылардың ығына жығылып, жұлдыздар мен айдың сағым сәулесі астында қиялай шапты.
Бұлардың алыстан орағытқан нобайын аңдаған тағы да бір үш салт атты көлденеңнен қосылды. Олардың да шүршіт жасағынан қаған қызын қуып жетуге жіберілген жасақ мергендері екенін Сылан бегім анық ұқты.
Қуғыншылардың аянбасқа бекінгенін алғашқыда жебе жұмсағаннан-ақ сезген Сылан бегім сыңар қудай тағдырын ғана емес, Топайкөкке Сақ Қағанатының да тағдырын тапсырып еді. Сауырдың сала-саласына жасырған шүршіттің қалың қолы барын жол үстіне шыққанда күйеуі мен ағасының құпиялап айтысқан сөздерінен аңдап қалған… Қуғыншылар жебесін жеткізбес жерді шалып отыруды көздеді.
Айдың дірілдеген сүт сәулесі боз даланы бозамық реңге батырыпты. Алқаракөк аспан кеңістігі ғана жұлдыз біткенді баданадай күйде жерге жақындатыпты.
Қуғыншылар да қашқынды ойлаған бағыттарына түсіріп алған соң, шоқырақ желіспен қос қапталдай қуып отырды. Уақыт сақ сақпаны тасындай зырқырай ұшты… Бөрі бүлкек пен бөкен желіс кезек-кезек алмасып, қашқын да қара үзіп кетуге тырыспай, қуғыншылар да аттары барлығып қалмасын бағамадап, таң қараңғысына шейін жолды өндіртіп-ақ тастады.
Дүние бозамық тарта бастағанда Қара Ертісті жағалай біткен орман да көрінді. Жеменейдің жонынан ұлы өзеннің ойына еңкейіп, арғы жағасында Алқабектің ақ құмы есілген тұстан бір-ақ шығыпты Топайкөк… Сылан бегім көкірегін қорқыныштан гөрі қуаныш кернеді.
Қуғыншылар да аттарына қамшы басты…
Топайкөктің мойнынан алақанымен қаққан Сылан бегім де ұшырта жөнелді…
Қос бірдей бек пен үш шүршіт шынашақтай келіншектің қыбын таппаққа құлшына шапты. Құйындатқан күйлері кең аңғарлы Қара Ертістің ойына құлады. Бәрі де көлеңке бүркенген орманды жағалау ішіне еніп кетті.
Топайкөк қайың-теректің арасымен ұйысқан шілікті шилеуді орағыта өтіп, жар жағасына жақын келіп қалды. Қуғыншылар да қамшымен борбайға қамшылап, бастырмалатып тықсырған. Қолға тірідей түсіруді көздеді.
Қаған қызы өзі ойлаған нартәуекелге бас тігіп келе жатыр еді… Қайың арасынан шыға келген қалпы Топайкөктің мойнынан құшақтап:
– Топайкөк, жануарым! Жан серігім, жануарым! – деп сыбырлап, қамшыны сауырдан тартып жіберді. – Ұш, Топайкөк!.. Ұш!
Топайкөк жүйірік те құлағын жымып, кісі бойы тік жарға тура тартты. Сол бетінде ағындаған күйі тынши ағып жатқан Қара Ертіске қарғып-ақ кеткені… Қаракөк тартып жатқан ерен өзеннің толқынына екеуі де бір-ақ батып кетті.
Ердің үстінен толқын көтеріп, ат жалына жармасқан бойы қайта су бетіне шыққан сақ қызы:
– Жарадың, жануарым!.. Қарыздармын, Топайкөк! – деп сәйгүлік ығын ала малти жүзіп, ертоқымның айылдары мен өмілдірік-құйысқанды қонышындағы сапымен кесіп-кесіп жіберді.
Ерен толқын айдаған екеуді қуғыншылар қапелімде аңдамай да қалды. Олар жағалауға жетіп, жебелерін ыңғайлағанша қашқындар ұзап та үлгерген-ді.
Ағынды бойлай, толқынды қиялай жалдап жүзген Топайкөк пен жалынан уыстай ұстап, қабырғалай малтыған Сылан бегім жағалаудан тез ұзап кетті. Ұшқан жебелер тәңірі сақтап дарымады. Салындыдай жүзген жануардың алдынан өзен екі айрыққа бөлініп, ағаш орманды бүйректей арал көрінді.
Жағаны жағалай шапқан бес бірдей қуғыншы асау Қара Ертіске қойып кетуге жүректері шыдамай, құр далақтаумен жүрді. Топайкөк бірақ ағысты жыра қарыса жүзіп, туған жері Қазан-ана көл жеріне деген түйсігі тартып, аралға тұяқ іліктірді. Құлын күнінен құлағын қасып, тай кезінде арда емізген жануар жанкешті иесін қысылтаяңда қапысыз құтқарды.
Жағада қалған жендет жігіттер аңырып қала берді. Сақ қызының арал орманына кіріп кеткеніне көздері жеткен шүршіт мергендері сақтың бектері – Аманат пен Құланды алдарына салып, кері бұрылды.
Тайтұяқ тектес шағын аралға шыққан соң, Топайкөк сілкініп-сілкініп алды. Сылан бегім де су киімдерін сығып, жеңілдеп қалды. Жануар иесін қара тұтса да, танауын шұрылдатып, әлде қандай елеңдеп, құлағын қайшылай берді.
– Құр-құр, жануарым! Қорықпа! Қанатыңды жай! Енді қорқыныш жоқ. Сен үркетін ештеңе жоқ, жануарым! – деп, сақ қызы сәйгүлігінің сағалдырығынан тартып, мойнынан құшақтап, құлағына үрлеп-үрлеп жіберді.
Топайкөк те сүйсіне тұрып, оқыранып-оқыранып қойды…
Сүт пісірім уақыт тынығып алуды ойлап, сақ қызы сәйгүлігін қайың бұтағына тізгіндей байлап, от шалдырмай суытып тастады. Өзі таңғы шұғылаға жүзін тосып, Топайкөк байланған қайыңға арқасын тіреп, көз шырымын алуға көшті.
Суытуға қойылған жануар да қызыл іңірден ала шапқын шабыс пен жазғы өзеннің салқын суында тітіркене бой жиып, ағысты толқынды тіле шабынып, шамырқанып жүзуден шаршап-ақ қалып еді… Ол да жіңішке келген сом сирақтарына кезек-кезек салмақ ауыстырып, жусауға көшті.
Таңғы самал соғып, құстар оянып, шағын арал сан түрлі құлаққа жағымды үнге толды. Ұйқыға кеткен адам мен жануарды толқын ұрған жағаның шылпылы, табиғаттың сыбызғыдай сырбаз сылқылы мен сылдыры әлдилеп, табиғат бесігінде қамсыз күйге ендіріп, нәзік тербеді.
Күн құрық бойы көтерілгенше екеуі де ессіз тынығып еді. Сылан бегім тап құлағы түбінен оқыранып қалған Топайкөктің оқыс дауысынан оянып кетті. Дереу атып тұрып, Топайкөкті жетелеп өзенге әкелді. Тізгінді тарта бірер мәрте ғана жүздіріп суғарды да, қарсы бетпен араны шамалады.
Алқабек жақ жарлауыт жатаған көрінді. Ағаш бірақ мол екен. Жағаға жүзіп жетер аралық та жақын. Тоғайдың ту сыртынан Алқабек құмы тау-тау жал болып, алыстан көкмұнар сұлбасы көрінген Қазан-ана көлдің Мәрмәр асуы биігіне қарай толқын-толқын созылып жатты.
Сылан бегім Құлан жарының опасыздығы мен Аманат бек ағасының сатқындығын бір сәт ойлап, жанарына қыстыққан жас келіп, кекті ыза кеудесін шаншып өтті… Топайкөкті жетектеген күйі салқын өзенге жылдамдата аяқ басты.
Тынығып алған жүйірік Қара Ертісті жартылай жарған аралдан Алқабек бетіне еркін жүзіп өтті. Күн де шыжи бастап еді.
Бегім жайдақ мінген Топайкөк жеңіл жүріп келеді…
Қара Ертісті ұзына белінен алқына құйып жатқан Қалжырға дейін жағалап келді де, асау тау өзенін өрлей көтерілді. Әлдебір жайылып аққан тұсынан ат бауырлай өтіп, Шын-Машынның шүршіт елші қызметшілері келіп-кеткенше арнайы Боз Орданы тіккен көл жағасындағы Аманатқа қарай құйындата жөнелді.
Ақ жусан мен боз бетеге Топайкөктің тұяғына ілініп, бүрлері бозаң түзде ақ көбелектей ұшып жатты…
Сылан бегім жеткізген хабар сақа тартқан Дің қағанды таң қалдырмады…
Жан-жаққа жаушы аттандырып, сақ ұлыстарынан көмек сұрап, шүршіттермен ұлы ұрысқа дайындалып жатыр еді. Қаған жеті құлаштық қызыл қарағайдан сырғауыл сапты, алтыннан Бөрі басты күрең Байрағы алдында желбіреген Боз Орданы жықтырып тастапты. Алтын басты бабалары ана дүниеде мамырлап жатқан қорым маңы – табиғи тау қойнауы жаудан қорған боларлық Ақтау-Мұзтау етегін ала сызашықтап аққан Ақбұлқақ пен Бұқтырма өзенінің алып аңғары басына – Сақ Қағанатының бас ордасын қияға көшіруді қолға алыпты.
Қаған әкесі жанына жанындай жақын қызы – Сылан бегімге бірде былай деп еді.
– Сақтың сақтан басқа андасы жоқ… Жалғыз андасы – Тәңірі. Оларға жапан далада жел мен күн, от пен су, қар мен мұз серік. Қиналғанда жалғыз мұңдасы – сәйгүлігі. Сәйгүлігі мен тау-тасты түзі – серігі. Солар ғана көмектеседі. Қысылғанда саққа сақ қана қолын созады… Басқа ешкімге де сенбе! Осыны жадыңа тұт, қызым!..
Сақ әкесінің сол сөзі алдынан шықты…
– Сақтың бас жауы – шүршіт… Олардың ойы – кең даланы тағы-тарпаңмен, құлан-бұланмен мекендеген осы бір сақ жұртын Сақа қаған заманынан бері жойып жіберу. Бос жатқан жеріне солай ие бола қалғысы келу. Сақ жұртының қалған сарқыты болса, өз ішіне басыбайлы құл қылып, мүлде сіңіріп жіберу… Мәңгілік арманына харап қылып қана жету – көздеген мұраты, көксеген мақсаты. Абай бол, ұранды ұл-қызым! Сақ бол, сара жұртым!..
Сақа тартқан Дің қағанның осы сөзі бүгінгі таңда сертке айналыпты…
Дің қаған өзінің бір басы мен бағы қайтқан Алтайдағы селдір сақ жұртына ғана сеніпті. Оларды суғарылған семсердей суынтып, сәйгүлікке суыт қондырыпты.
Тарлан Тарбағатай мен Ерен Қабырғаны жайлап жатқан сақ ұлыстарының сапы ұстар ұлына шейін атқа қонуға сауын айтылыпты. Олар ақиық Алтайда жатқан бұларға жиналып жеткенше де қанша уақыт өтер… Неше күншілік жер. Ал қаған Құбы құмын қуалап, Тағылы Мекен тандырын таңдайлап, Сауыр-Сайқанның суырлы жықпылын жымысқылап, жасырын келген шүршіттің қалың қолымен жалғыз да болса сұрапыл айқасқа түсуге дайындалыпты.
Дүние ми айналдырар ыстық түскен кез еді…
Дің қаған Қара Ертістің ағындап келіп, Нұр Жайсаң көліне құяр жерде атырау болып жайылып, салма-салма салпыншақ өзеншелер мойынына байланған қарабура көпірлерді бұзбай қалдырыпты. Жауының Тақырдың аптапты жазығына алаңсыз өтуіне жол ашып, көл жағасындағы Қарабүйрек пен ақтаңдақ Аманатта жалған Орда көтертіп, жалған күрең Байрақ байлатып, алыстан көрінетіндей етіп қойыпты.
Қарабүйрек тауы төбесіне көкбөрінің кепкен боғын қап-қап үюге қаған бұйрық беріпті… Бөрі тезегінің де сақтардың бағзыдан жеткен терең сыры бар еді.
Шолпан жұлдызының жүзіндей сары жалқын, қызыл арай Қызыл Керіштің уыс-қуыс керіш жерінен көктемде апан қазған, жеке-дара біткен Қарабүйректің жартас-жақпарлы шұңғыма сай-саласының қарған-бұта арасынан ін қазған бөрінің жүндес боғын теріпті. Көл жағасындағы құмдауытты қамыс арасындағы бөрінің апандары маңын да түгел арылтыпты. Қап-қап жиналған бөрінің қу тезегі үгітіле жиналыпты.
Қарабүйрек – сақтар үшін тәңірінің өзі Алтай мен Тарбығатай, Сауыр мен Сайқанның тауларының түйісер үшбұрышты алып кеңістіктің арасына неше күншілік жерден менмұндалап көрініп тұратын етіп жеке-дара қоя салған, бір жағында Нұр Жайсаң айдыны мен екінші жағында Ақсуат жазығы жазылған алақандай сағым ойнап жататын құла түз әлемдегі таңқаларлық қасиетті тау еді.
Осы бір еңселі біткен Қарабүйрек төбесінен бөрінің боғын тұтатыпты…
Бөрі боғы ұзақ бықсып жанатын тезек еді. Тезек түтіні күндіз қарамайлана көтеріліп, ұзақтан белгі беретін. «Жау шапты!..» дейтін ұранды айқай-шусыз-ақ алыстағы Тарбағатай жондары мен Сауыр сілемдері бөрі тезегі түтіні арқылы білетін. Ертерек қамданатын.
Ал қағанның өзі Алтай бойы тау сақтарының аз ғана қолын төртке бөліп, Тарбағатай төсінен, Ерен Қабырға жағынан келетін түз сақтары мен Сарыарқадан саулайтын дала сақтарын асыға күтті. Күтуінде күмән көп еді бірақ… Дің қағанның діңі шіріп тұрғанын дұшпаны дөп басып келіп отыр.
Сақ Қағанаты ыдырап, сақтардың ұлыс бектері шегірткенің айғыры кебін жамылып, жеке-дара жалқы қағандықтар құрғысы келіп, іштей араздасып тұрған тұсы еді… Бастары қосылмай әлі жүр. Шын-Машынға аманатқа берген сақтардың ұлы салтына да қарамастан бөлініп кеткен оңтүстік батыстағы Сақ Қағанаты ұлан-байтақ халқымен бұған қайтіп қосылғысы келмеді. Терістіктегі Сарыарқа сақтарының да басы бірігер түрі жоқ.
Мұның ақыры сақтардың біржолата харап болып кетпесіне кім кепілдік берер…
Білге Дің қаған Бөкенбай жалының Байдалы биіктеріне қарауыл қойып, Мәрмәр асуы мен Бүргендайдың басынан бектер мен Бөрі сардарлар бас қосып, Бек Алқа жиын құрар Майдан қосын тіктіріп, шүршіттей шыңдауыл жауын нартәуекелмен күтті.
Қазан-ана көлдің жағасына қызы Сылан бегім бастаған сақ қыздары сарбаздарын жасырыпты…
Сылан бегімге жау жасағы Иірдің соқпағымен Сарытау асып, Боз Орда жасырулы ақиық Ақтау-Мұзтауға өтіп кетпеуіне тосқауылға тастапты. Жасы­рынған шолғыншы шүршіт жасағын байқаса, алдаусыратып Ақмоншақ аңғарына түсіріп, қос қапталдан құс қанатты жебемен қырып салуды тапсырыпты.
Сақ сардарлары мен сарбаздарына Тақыр жазығына қарай шүршіттің жаяу жүретін қолы түгел шығысымен төрт бағыттан шабуылдауды тапсырыпты. Өзі де қан майданға Қалжыр өзені жағынан кіретінін ескертіпті.
Шүршіттер қарабура көпірлерімен Қара Ертістен өтісімен, көл бойы балықшы сақтарға қарабураларды бұзып, суға ағызып жіберу керегін табыстапты. Қайтып шегінерге мүмкіндік қалдырмауды ойлапты.
Сақ Қағанатының Боз Ордасын қапияда басып алып, Шын-Машын жылдар бойы «жатжады» етіп жадылаған Аманат бек ұлын қаған қойып, көздеп келген мақсаттарын қапысыз жүзеге асыратынына Бас сарай билеушісі сенімді еді. Ол «Сылан бегімге жебе тиіп, Топайкөкпен суға ағып кетті» деген өтірікке иланып, шүршіт шеріктері мен сақтың сатқын қос бегіне де сеніп қалған-ды… Опасыздардың бірақ шыбын жандары үшін бастары кететінін біліп, жалған айтқандарын сарай қызметшісі аңғармаған да.
Қапырық қысқан уақыт та тығыз болатын.
Шүршіт қолын сақ сақарасына Шын-Машын патшасының інісі Бас қолбасы бастап келгені де Бас сарай билеушісінің сеніміне селекеулік түсіртпеді… Тек күндіз Қарабүйректен көтерілген бөрі тезегінің қара түтіні мен түнде лапылдата жағылған қарабұта мен қарағанның оты ғана қолбасы екеуін алаң қыла берді. Сақтарға «Жау келді, жиналыңдар!..» деген соғысқа шақыру белгісі екенін Бас қолбасы екеуі де жақсы түсінді. Тезірек қимылдамаса, көмекке сақтар жиналып қала ма деп те күдіктене түсті. Тұтқиылдан келіп, қапияда қан қақсатамыз деген ойлары жүзеге аспай қалмасын десіп, асыға қимыл жасауды ойлады.
Шүршіттің жер қайысқан қалың қолына бұл да бірақ оңайға соқпасы анық-ты.
Сылан бегім Топайкөкпен әкесі Дің қағанға жеткен күннің ертесінде қарақұрым шүршіт қолы сақтардың қарабура байлаған көлге құяр салалы саусақтай сағаға келіп іркілді. Түнделетіп толық айдың жарығымен өтуге жүректері дауаламай, таң бозынан шарық табандарын топ-тобымен жөңкіле басты.
Ат тұяғына шыдас беретін қарағайдан қиып салынған қарабура көпірлер қайқайса да, шүршіт шеріктеріне шыдап бақты. Мыңдаған дұшпан қолы қара құмырсқаша тізіліп, сап-сабымен өтіп жатты. Қап-қабымен көтерген азық-түліктері мен арбаға кіре-кіре артқан майдандық дүние-мүлкі тағы бар.
Шегіртке шырылдаған шіліңгір төбені тесіп, кеңсірікті кептіріп барады…
Түске қарай қалың қолдың басы шаңдақты боз дала Тақырға ілікті. Ақыры қарабура көпірлерден үрейленсе де аман-есен өтіп, қамысты татыр бойымен жайындай жылжып шығып еді. Тоқтамастан жүріп отырып, таз басындай Тақыр жазығын кеш батқанша төте тартып өтуге ұмтылған. Жанкешті жаяу шеріктің аз ғана ғана атты жасағы бары білініп қалды.
Осы бір аптап алқымнан алған мезгілде сақтардың Бөкенбай басында даңғарасы оқыстан ойнады. Шанағына тері керілген даңғара бір-біріне дауысы жетер жерден жалғаса күңгірледі.
Сақ даласы азан-қазан болып кетті…
Жаңа ғана аңылжыған аптап жел ғана үрлеген тыныш түз күңгірлеп, күмбірлеп қоя берді. Сол-ақ екен Қарабүйрек тауы қалқасы мен Қалжыр өзені бойындағы қалың тоғайдан сақтардың атты жасақтары «Ұр!Ұр! Ұра!..» десіп, жер жаңғырықтыра қарама-қарсы шапқанда, тұз төсі «Ура-а-алап!» қоя берген еді. Сақтардың дауысынан таулар тітіреп, дұшпан миы зеңіп, көк тәңірісіне дейін күркіреп кетті.
Жаудың үрейін алдын ала ұшырып, зәре-құтын алу үшін жасалатын сақтардың бұл бір ұларшу атты ежелгі ұран шақырған айласы еді… Арыстандай ақырып, бөрідей ұлып, ұлардай шулайтын ұлы ұран-тын.
Бөкенбайдың сегіз сала сайынан шыққан атты сақтар қарсы беттен шапқанда, қарабураны суға жіберіп үлгерген қамыс арасындағы сақ сарбаздары қиқулап соңдарынан тиді. Жан беріп, жан алысқан сақ пен шүршіт соғысы басталып кетіп еді.
Жанған оттай лапылдап, жауар бұлттай дүркіреп келіп, құрсанып алған қалың шүршітке тиген сақ аттылары тасбақаша тарбиып үлгерген дұшпанның шетінен турай тиді. Кескілескен айбалта жарқылдап, сұғынған сүңгі сусылдап, шырқай ұшқан жебе желдей есіп өтті.
Ат үстінен сілтенген шоқпар мен алдаспан біреудің басын допша қағып, біреудің кеудесін қақ айырды. Кезек-кезек кеудесі ат пен кісі болып көрінген алапат қарулы толқын шегірткеше шіренген шүршітті ойсырата түсті. Желмаяға мінген сақ сардарлары да түйе табандарымен таптап, ұзын сүңгі, шынжырлы шоқпар, ұшқыр жебемен жусатып жүрді.
Күтпеген жерден дүлей шабуылдың өтінде қалған дұшпандар өліспе- беріспеуге көшті… Көптің аты – көп. Тарбиған тасбақа болып жатып алған шүршіттер бөлшектуге көнбеді. Аз сақтар жау жағын ыдыратып әкетуге әлі жетпеді. Ет пісірім мезгіл қанды ұрыстан кейін сақтар дабылы қағылды. Дабылмен бірге сақ сарбаздары да келген жақтарына тайқып шығып, қан сасыған Тақыр даласын шүршітке тастады.
Күн де еңкейіп қалып еді…
Сақ сарбаздарынан шығын аз болғанмен, күш тең емес еді. Соғыс әдісін өзгерту керек екенін Дің қаған түсінді. Жаудың жұдырықтай жұмулы тұтастығын басқалай бұзуды ойлады. Оларды бірақ тау арасына жіберіп алса, онда қалың шүршіт қара шегірткеше тарап, жау жасақтарына мүлде ие бола алмай қалатындары белгілі.
Тақырдың жазық даласында олар топтасқан күш екенін танытты. Тарыдай шашылып жатқан сақ ұлыстарының басты қосындары келіп жеткенше осы аптап даладан шүршіттерді тауға қарай қалай да қия бастырмау керек екені Дің қағанды мазалауда еді.
Сақтар қысқы қоныстарынан жазғы салқын жайлаулары – Ерен Қабырға мен Тарбағатай, Сарыарқа мен Алтай-Саян төскейлеріне түгел көшіп кеткенде иен қалған Құбының құмының көктемгі сулы өзектерімен кесіп өтіп, құпиялап жеткен Шын-Машын шүршіттері Боз Орда басындағы қағанды шығынсыз басып алып, орнына бежіндік қытай сұлулары тігетін қуыршақтай Аманат бекті қоя саламыз деп келген үміттерін үзу оңай емесі тағы шындық. Жауымен табандап соғыс қылса, қол астындағы аз сарбазын сиретіп, күйреп қалары хақ.
Бүргендай басындағы қағанның ұлыс бектері мен сарбаз сардарларының Бөрі сардарларымен Бек Алқа құрар Майдан қосына келе жатып, Дің қаған қайтсе де ұрыс айласын өзгертуді ойлады… Бас сарай билеушісі мен шүршіт патшасының інісі – Бас қолбасшының да ертең-ақ ақтаңдақ Тақыр даласын тастап шығатынын болжады.
Оның үстіне сатқын күйеу баласы Құланның арқасында қаған сарбазының мардымсыз екенін, сақтардың қияндағы қолы оңайшылықпен жинала қоймасын, келе қалған жағдайда Қалжырға қалжырап жетеріне шейін шүршіт әскери басшыларының қанығып отырғаны тағы бар. Сақ ұлыс бектерінің ішіндегі алты ата алауыздық жойылмай, Дің қағанның діңкелеп тұрған тұсы ғой… Тарбағатай жағындағы сақтар ғана белдеуде ұстап отыратын білеулі жасақтары келіп қалар деген үміт зор.
Іңір іргелей жетіп, түн түнегі түсті. Түнгі аспан шырақтары мен Тақыр жүзіндегі дұшпан ошақтары жер мен көкті жалғаған тозақ оттарындай жымыңдайды…
Сақ сардарлары айлы түнде шүршіт қолына Бөкенбай тауы үсті мен Қалжыр өзені бойынан қарауыл қойып, Қарабүйрек тауы мен көл жақты жалаңаш қалдырды. Шүршіттер шегінсе, көл жиегі мен Аманатқа қарай жылжуына жол ашқан.
Сатқын бек Құлан түн жамылып өз жоспарын жеткізді. Шүршіттің Бас сарай билеушісі мен Бас қолбасшысына Қарабүйрекке жылжымай, таң ата Қалжырға қарай жүруді ұсынды. Қалжыр тасып жатқанмен таудан жазыққа шығар алқым жайла жазылып, су сала-сала бөліне қашып, өтуге қолайлы екенін жеткізді.
Мұның бірақ ұсынысына олар сене қоймап еді, Аманат бек ара түсіп, болашақ қағанаттың Бас сардары осы болатынын айтып, сенімдерін ақтайтынын дәлелдеп бақты. Екеуіне сынай қараған Бас сарай билеушісі таң атқанша ойланатынын айтып, шатырынан шығарып жіберді.
– Бұл бектер басы қосылса, қауіпті жау! – деді ол.
– Мойнын үзе саламыз!
Патша інісі Бас қолбасшының бұл уәжінен тіксініп қалған Бас сарай билеу­шісі жымиып күлді.
– Ол оңай ғой, әрине! Бізге бірақ екеуі де өте керек. Сатқындар сақ ішінде сирек кездеседі… «Опасыз адам – Шын-Машынның шын досы» дейді күн сәулелі патшамыз. Оны да естен шығармауымыз керек. Оларды ең соңғы сәтке дейін сақтауымыз керек! Қарғыс атқан сақтарды солардың қолымен жоямыз!
– Шашына қылау жұқтырмаймын!
– Оған «Аманат бек орнына сен қаған болуың да ықтимал… Бәрін патшамыз шешеді! Кімнің еңбегі сіңсе, сол лайық» деп үміттендіріп те қойдым. «Менің тегім қаған болуға келмейді» дегеніне «Соғыста Аманаттың мерт болуы да мүмкін!..» деп әбден сенім ұялаттым. Құлан бек болашақ қағанды бірақ мерт қылып жүрмесін! Сауысқандай сақ болыңдар!
– Қам жемеңіз! Кеудем – сауыт, қолым – қалқан болсын олар үшін!
– Құланның айтқаны ақиқат. Біз екеуміздің ойымыз үстінен дөп түсті… Сақ сардары ғой. Қанына тартқан неме! Сақ қосындары Алтайға жеткенше Діңнің түбіне жетуге тиіспіз! Таң қараңғысымен қозғалайық!
– Шеріктер демалыссыз аттанатын болды…
– Қалжыр жағасында жамбастайды.
Екеуі де Тарбығатай жағынан сақтар жеткенше Дің қаған жұрты жонынан таспа тіліп алуды көздеді. Сақтардың алдынан Аманат бекті қаған көтеріп, қаранор болып қарсы жолығуды ойлады. Аманат қаған көтерген алтыннан киілген Бөрі басты Күрең байраққа тоқтайтынына сенімдері бекем еді.
Шүршіттердің таң қараңғысымен Қалжырға қарай қозғалғанын қарауылдар арқылы білген Дің қағанның Алтай сақтары да қапы қалмаудың қамына кірісті. Қалжырдың жазыққа шығар мол сулы алқымында күтпеген ойран салуды ойластырды. Ежелден сақталып келе жатқан сақ соғысының сұрапылын өзен алқымында қалай алқымдарынан алу керектігіне дайындалды.
Беске бөліп, бес бірдей Бөрі сардар етіп бекіткен таулық сақтар шүршіттерді таутекедей тауға бөліп-бөліп талқандауды Бек Алқа құрып, бас қосқан қағанның Майдан қосында шешті. Қаған өзі алқымнан кеуделей өтер шүршіттің басты шерігін жағадан күтіп алатын бесінші үлкен қосынды бастайтын болды. Қалған төрт қосынды Бөрі сардарлар жауды бөрі тартқан жылқыдай, тамағынан қан-қасап қылған қойдай қыруға семсер ұстап, серт берді.
Төрт қосынның бірін Дің қаған Бөрі сардарлармен ойласа келе қосалқы қосын етіп қалдырды… Қандай күн туарын тәңірі біледі!.. Тарбығатайлық сақтар кешігіп жетсе, Боз Ордаға асар асуды Сылан бегімнің сыпай мергендерімен қорғауға да күш керек.
Сақтармен соғыс күн көтеріле жеткен алқым аузында басталды…
Қалжыр өзені ағып шығар ауыздағы қия тау бетіне бекіген бірінші қосын бүйірден соққанда, жыландай созылған шүршіт қолының соңынан Бөкенбайды бауырлап келген екінші қосын түре тиді. Ал алқымдағы орман ішінен ұрандай аттанған жау қолының ең күшті басымен бетпе-бет ұшырасты.
Үстіне алтын айналы берен киген Дің қаған дүркіреген сақ сарбаздарымен жан аямас ұрысқа араласты.
Қалжыр алқымы қанға шыланып, адамның күрең сұйығы өзеннің түсін бояды. Үсті-үстіне өзен толқынындай ұйлыққан шүршіт қолын кесіп тастау үшін Дің қағанның басты қосыны артқа шегінуге тура келді. Осы сәтті дер кезінде пайдалануды көздеген қия беткейдегі барыс текті сақ қосыны алқымнан өтіп жатқан шүршіт қолының бел ортасынан бөліп жіберуге ұмтылды.
Ішектей шұбатылған шүршіттер естері шығып, абдырап қалды. Сақтың сәйгүлікке мінген сарбаздары қысаң жерде қимылдатпады. Етектен түре тиген үшінші қосын да жау соңындағы ұрысты тастай беріп, үздік-создық созылып, жіңішкере түскен жау шерігін бел ортасындағы буыннан бөле-жара ойран салды.
Сегіз өрім қамшы осып-осып өткен шұбар жыландай үш бірдей бөлікке шиыршық ата бөлшектеліп қалған шүршіттер қолы жандалбаса халге ұшырады… Ал қос бөлікке бөлініп қалған шүршіттің шеріктері құттары қашып, аптапта Қалжыр суына жете алмай түтігіп, тілдері бұзаубас кесірткедей салақтады. Сақ сарбаздары болса, алдыңғы қанжығаға байлаған жанторсық ішіндегі іркіттен атүсті жұтып, тамақтарын жібітіп, шөлдеген шүршіт шеріктеріне ойынды салған еді.
Сақтар сарбаздары үйірлі бөрідей тиді…
Жаяу шеріктердің басым бөлігі қарсыласып жатса да, кейбіреуі ажалға мойынұсынып, кейбіреуі қару көтеруге шамасы жетпей жер құшып, сақтардың дүркін-дүркін қайырыла соққан шабуылынан бас көтере алмай, ұйлыққан қойдай қорғанысқа көшкен еді. Тіпті қайсы бірі қанына қарайып алған сақтардан мейірім мен қайырым күтпесе де, саптарынан сытылып шығып, қаруларын жерге тастап, құрқол қалып, тізерлей отыра кеткен-ді.
Жасанып келген дұшпан бірақ мол еді…
Ойда жоқта еркін сақтардың даласына аярлықпен құпия келіп, қарумен кірген шүршіттерге аяушылық жоқ еді. Адал андасына қоң етін үзіп беретін мейірімді көшпенділер арамдық танытқан дұшпанына ақырзаман орнататын қатал да қатігез мінез танытады. Табиғаты қатал сақараның салқыны сақтардың да қанына сіңіп, сүйегіне өтіп кеткен-ді.
Тек қана шүршіттің Бас қолбасы мен Бас сарай билеушісі, оларға ерген Құлан мен Аманат бектер ішіндегі жанкешті басқы бөлік қана бой бермей, әйгілі Сақа қаған жатқан Былғары табытқа қарай табандап жылжи берді. Бұлардың жартысынан астамы салт атқа мінген еді, сондықтан да сақ сарбаздарына тойтарыс беріп келе жатқан. Сақтар да олардың ес жиюына мұрсат бермесе де, ілгері жылжи түсуіне үнемі мүмкіндік қалдырып отырды.
Соңындағы шүршіт шеріктерінен хабарсыз қалған, бірақ көкіректерінде соңдарынан шылаушындай шұбалып жетер деген үмітпен бірге жеңіске деген сенімді серік еткен күш-қуат дұшпанның басты қолы алға сүйреді. Дің қаған бастаған сақтарға дес бермеді… Қаған да амалсыздан шегінген болып, оларды артқы күштен тау бойлата алыстата түсті. Шегіне отырып сақ сарбаздарын да сақтап қалуды ойлады.
Құлжаның сақасындай сом ұлыстардың басын біріктіріп, сағым көшкен сақарада әйгілі Сақ Қағанатын тұңғыш құрған Сақа қағанның асыл сүйегі дамыл тапқан Былғары табыт обасы қолатына қарай жылжып келе жатты. Көздерін қыранның жанарындай қан қаптаған сақ сарбаздары да жауды соңынан ілестіре ұрыс салып, қызыл күн іңірге құлағанда қолат қойнауына кіріп еді.
Дің қаған да арттарынан түре келер шүршіт шеріктерінің жоқтығына әбден көзі жетіп еді…
Дұшпанды аптапта қойша ұйлықтыра үйездетіп, Қалжырға қарай қадам бастырмас деген үмітінің ақталғанына үш бірдей Бөрі сардар қосынынан үшбу хабар жетпесе де, сарбаздар түгел жер жастанбағанын болмағанда бір шолғыншы хабаршының келмегенінен анық білді. Сақтар соғыс майданында қотарыла қырылуға бейіл болса да, міндетті түрде елге, қағанға хабар жеткізуші шолғыншыны тың ұстайтыны – көшпенділердің бағзы салты-тын.
Былғары сайы атанып кеткен сайдың ұры ауызында жетім төбедей дөңкиген Былғары табыт қорымды қолатына ене Дің қаған сарбаздары майдан даласынан сынаптай сусып шыға берді. Шүршіттің сирей қоймаған мығым қолы Былғары табыт обасы маңына жеткен бойда сайдан шыққан тау өзеніне жапатармағай бас қойысты.
Ымырт жабылып, сам жамырады…
Ай алтын табақтай көтеріліп, Нұр Жайсаң суына айнадай шағылды…
Жеке батырдай биік көтерілген Былғары табыт обасы ғана жер бетінде бусанып, жер астында асыл мәйіттер бәрін сезіп, булығып жатты… Оны бірақ Толғанбайдан басқа ешбір аруақ сезбеді. Бәрі де соғыс сұрапылымен, майдан машақатымен әуіре еді.
Осыған куә жалқы ай ғана көкніл ғарыштан сәулесін үнсіз төгіп, қиналмастан жалпақ бетін жер бетіне тосты…
Дің қаған қолы Былғары табыт қолатын қоршай жатқан қайрақтай қара тау-ды бауырлай ұзап, шүршіттерге тау басынан қарауыл тастап, Шақпақ жоталары үстіне көтеріліп кетті. Алдыда қандай тозақ күн туар деп, Бүргендай биігіне тастаған қосымша тосқауыл қосын мен Қалжырға жетпеген жау қолын жарым-жартылап жарғылай жарып, шүршітпен соғысып қалған үш сақ қосынына шап-қыншы жіберді.
Ай дөңгелене ауып, Алтай шыңдарын ақзудай жарқыратып, шатқалдарын қаракүйедей көлеңкеге батырды. Кең дүние дамылдап, Қазан-ана көлдің мақпал самалымен салқындады.
Күндіз қан қызартқан Қалжырды шолғыншы кесіп өтті. Өзеннен қозы көш жердегі шүршіттердің ортан белдегі беломыртқа күшінің үстінен түсті. Мұнда күн кешкірмей жетіп үлгерген қалың Тарбағатай сақтарының самсаған ұшқыр сарбаздарымен жүзбе-жүз жолығысты. Ай жарығында алдаспандары жарқылдаған сақтар шүршіт біткенді қан-жоса қылып жатыр екен.
Көкірегін айрықша қуаныш кернеген шолғыншы сақ бауырларына араласа кетпей, айдаһардай созылған шүршіт қолының құйрық тістескен соңына қарай ат басын бұрды. Бұл жақты бірақ біріккен бауырлас сақтар жайпап тастап, ортаңғы бөлініп қалған жуан жау қолына сосын ғана ауыз салса керек. Ай сәулесі астында шолғыншы сақ алдынан адам мен малдың үйіліп қалған өлігі, арба мен жүктің өртеніп жатқан қалдығы ғана қарсы алды.
Жау атаулы жымысқылап келіп, жамсап қалыпты… Ажалын сақтардың ұшқыр жебесі мен жарқылдаған алдаспанынан тауыпты. Аптапта қорқыраған жылқы мен адам қанының қолқаны атқан күлімсі иісі шолғыншының танауын жарып, жүрегін айнытты. Ол ай жарығымен жауын бөріше бөріктіріп жатқан Тарбағатай сақтарына қарай қайырыла шапты.
Қалжыр өзені сарқырап, Тақыр даласы арқырап, түн тыныштығын бұзды…
Майдан қосын Шақпаққа тосқауылдағы қосын өздерімен ала келуін Дің қаған жіберген шолғыншысына тапсырып еді. Неше күн қосар аттың күшімен күн құрғатпай желдіртіп, қатерлі сәт туғанда қанды шайқастың төбесінен түскен Тарбағатай сақтарының суыт қосыны түн ортасына дейін жауды жер жастандырған соң, ұлыс бектерімен Шақпақта тізе түйістірді.
Дің қаған мен бектер, Бөрі сардарлар таң қараңғысына кеңес құрысты. Бүргендайдан түскен қосалқы қосын Бөрі сардары бастап, таң атқанша Былғары табыттан шүршіт жасырын жылыстап кетпеуін қарауылдаумен болды. Жау ішіндегі ең қауіпті дұшпан – Құлан мен Аманат бектер барысша баспалап, қара үзіп кетпеуіне қосалқы қосынның Бөрі сардары бас болып, басын тікті.
«Сақтықта – қорлық жоқ» десті сақ қосынының басшысы – Бөрі сардары…
Таң қараңғысына дейін жиналған сақтың ұлыс бектері мен Бөрі сардарлары қалған шүршітті осы Былғары табыт қолатында біржолата жоюды қамшы емес, қанжар білей отырып шешті… Қазан-ана көлдің Ақмоншақ асуынан келген қаған қызы Сылан бегім да сақтарға құт қыз-құтұн мергендерімен ұрыс басында биіктен оқ жаудыруға билік алды.
Ал таң құланиектеніп ата бастағанда түн жамылып келген Тарбағатай сақтары да Былғары табыт қолатын жазық жағынан жарты айдай қоршап алып еді. Саудыраған сауыт пен ауыздық шайнаған сақ сарбаздары бір түннің ішінде жер астынан шыға келгендей үзеңгі қағысып тұра қалғанда, шүршіт біткеннің салы суға кетті.
Айналасы бір түнде осыншама сақ қосындарының пайда бола кеткеніне Бас сарай билеушісі де, Бас қолбасы да сенер-сенбесін білмеді… Бұлар айлап жүріп келген Нұр Жайсаң мен Қазан-ана көл маңына мына аптап ыстықта сақтардың желмен жарысып жеткендеріне аң-таң еді.
Сарқырай ағып жатқан Былғары сайының өзені бойы ғана тыныш сияқты. Ол жақ та тыныш болмай шықты. Сақтың мергендігімен әйгілі садақ сауар құтты құтұны мен қызы сай аузының жалама қабырғасы мен айнала қоршаған қара жоталардың төбесін алыпты. Өздері мерекеге келгендей әлем-жәлем киініп, шаштарын білектей қып түйіп, қас сұлулықтарын паш еткендей биік-биік басынан мен мұндалайды.
Дің қаған ұрысты күн көтерілмей бастамауға пәрмен берді…
Шүршіттерді үрей мен уайым кеулесін деген оймен қаған шыдап бағуға тырысты. Ыстық күн де есін алсын деген. Күн көтеріле даңғыра соғылды. Басында даңғыраның соқ-соқ деп шыққан дауыс ырғағы жаңғырыға келе сақ-сақ ете естіліп, сақтардың делебесін қоздырды. Келе-келе дүңк-дүңк естілген ерен дауыс тауларды жаңғырықтырып, даланы дүбірлетті. Мың сан ат тұяғының дүрсіліндей Қара Ертіске дейін созылып жатқан боз дала дүбініп қоя берді.
Даңғыра оқыс басталып, кенет тым-тырыс тына қалды. Осы бір Қазан-ана көлдің марал самалы ғана сипаған тыныштықты су-су еткен үн бұзды. Желден жүйрік жебенің қауырсын қанаты сусылдап, қуыс ұштары ысқырып қоя берді.
Сақтың құт құяр жаратылысты құтұн-қызы жамбасына асқан қос-қос қорамсақ ішінен жебелерді суырып жатты. Аспаннан күн шұғыласына шағылып, алтын инеше жауған сақ құрсақтыларының құтты жебелері күн сәулесін тұтты. Күн тұтылғандай болды.
Құт құрсақ, сүт емшек сақ сұлулары сыңар омырау еді… Сәби кезінен оң емшектің үстінен жалпақ телпек таңып, өсіртпей тастайтын. Жеңіл жақты шірене тартқанда сақ құтұн-қызының жебесі берен көбесін қақырата тесетін қуатты еді. Аңырай ұшқан садақ жебесі сақ етіп дөп тигенде, шүршіттердің көзі шығып, жағы жыртылып, мойны үзіліп, көкірегін тесіп, қалаймақан күйге түсіретін.
Бұл жолы да солай болды…
Қос қорамсақ жебе таусылса, белдегі сақ етер қаруға қол салды. Сақ құтұн-қыздары жұмырланған жұмырды атып, бұршақша жаудырды. Сақ етердің жұмыры басынан біздей істіктер шыққан білеуіт доптар саннан тисе – сақсырды қанға толтырып, қолдан тисе – қарды уата салбыратып, ет-теріңді қанға шылатып кететін еді… Сақ құтұн-қызының қуатты қолы мен мерген көзі сұлу машықтан жаңылған жоқ, жау ішіне дөп түсіп, шүршіттің жанды жеріне дәл тиіп жатты.
Құмырсқадай қалың шүршіт сақ жебесі мен сақ етердің істік-істік добына сағы сынбады… Келсең кел дегендей шулап-шұрқырап тұрды. Ажалға шүршіт атаулы бас тікті.
Көшпенді елдің мерген құтұн-қыздарының жаудырған жебесі мен білеуіт добынан соң сақадай сақ тұрған сақ қосындары шүршіттерге жан-жағынан лап қойды. Кең қолатқа қамап алған дұшпанына арлан бөріше ұмтылды. Азуларын сақ-сұқ қайраған он-он сарбаздан тұратын бөрі тектес жасақты қосындар қалың шүршіттің шетінен кертіп-кертіп кіріп, қарулары сақұр-сұқыр етіп шайнасып қалысты.
Былғары сайы ішімен келген Білге Дің қағанның қосыны да тап Білге Сақа қаған бабасы жатқан Былғары табыт обасы басында ұрысқа кірді…
Шүршіт пенен сақтардың сарбаз күші тең еді. Бір жағы ұлан жазық болып біткен тау қолаты әп-сәтте ызы-шуыт, қым-қуыт дауыс пен шаңды шұрқанға толды. Көк сүңгілер ірей еніп, айбалталар сұлата соғылып, шоқпарлар мен білеуіттер бастан асырыла сілтеніп, алдаспандар айқаса түсіп жатты.
Қанды қасап түс ауа ғана сақылдаған сақ қосындарының басымдығына жол ашты. Сақтар жасағы бөліп-бөліп алып, шүршіттер сабы бүйректей бөлініп-бөлініп қалып, кең майданға ұласты. Құла түзге қарай сыналай бөлшектелген шүршіттер атты сақтардың тегеуірініне шыдай алмады. Шыл-шыпыра шыға ыдырап, бас сауғалауға көшті.
Сақа тартқан Дің қаған сүбе қабырғадан жараланды…
Ұлы Аманат бек лақтырған сүңгі торғай көзді беренді толғай тесіп, сүбе қабырғадан енді. Жанаса жеткен қорғаушысы найзаны суырып алып, сатқын бекке ұмтыла берді.
Дің қаған дауысы ақыра шықты.
– А-аһ! Атпа! – деген қаған дауысы тоқтатты. – Өлтірмеңдер! Ұстаңдар!
Қаған алдыңғы ерден ұстап, бүгіле қиналса да, айтып үлгерді. Сақтардың бірі бұлан терісінен өрілген шалма арқанды лақтырып, бұғалдырықты бек мойнына салып жіберді.
Ат үстінен қарулы қол тартқан бұғалық опасыз бекті жұлып түсірді. Көзіне қан толып кеткен қаған ұлы қапылыста қолға алынды. Оны тастай қашқан, әкесіне қарсы жұмсаушы – Құлан бек қасындағы шүршіттердің бірінің қолынан сілтенген айбалтадан ат-матымен омақаса құлады.
Темір дулығасы ұшып кетті…
Шүршіттер тебініп келген сақтарға енді қарсыласудың қайырымсыз боларын бағамдап, Құлан бекті өздері ұстап берді. Қаруларын боз бетегесі жапырыла жусаған жерге тастап жатты. Бет-аузы шаңнан көрінбей, көзі ғана жылтыраған Құлан бек пен Аманат бек оңаша әкетілді.
Сиреп қалған шүршіт топтары әр жерде жер құшып, топ-тобымен тұтқынға берілуге бейіл болды. Дұшпанына деген дүлей ашу мен қасым кектен қаны сұйылып кеткен сақ сарбаздары бірақ қару сілтегендерін тоқтата алмады. Майдан даласын шүршіттің өлігіне толтыруда еді.
Шүршіттердің кей топтары да сақ семсерлерінен ажал құшқандарына разы-қош жүрекпен жанкештілік танытып жатты. Сол жақ қабырғасына қарай ауытқыған Дің қаған ат үстінен түспей, майдан жеңісінің дабыл жорығын қағуды бұйырды.
Жеңіс дабылы – майдан даласында соғыстың тоқтатылу дабылы дүркін-дүркін жота төскейінен қағылды…
Сақтар қосындарын ұрысқа бастап кіретін тірі қалған Бөрі сардарлар майдан даласынан сарбаздарын шығарып, тірі қалған дұшпандарын тағадай қоршап тұрысты. Бас сарай билеушісі мен Бас қолбасы да шүршіт біткеннің аман қалғанына бұйрық берісті.
Қалың шүршіттің шоқ-шоқ болып бөлініп, қырғын тапқан топтарынан сүйретіліп көрінген адамдар бес-оннан бір жерге жинала бастады. Жиыны екі жүзден астам жауынгер басшы-қосшысымен Бас қолбасы жанына келіп, қару-жарақтарын үйіп тастады.
Үнсіз тұтқынға берілісті.
Төбедегі мұнартқан күн де кіші бесінге құлаған еді…
Қаған қабырғасынан енген ұлының көк сүңгісі жеңіл жарақаттапты. Дің қағанды майдан қосында емдеген емшілер сүңгі ұшы қос қабырғасы аражігін ашқанмен, ішкі дүниесіне зақым келтірмепті. Жанына қауіп төндірмепті.
Таң ата тұтқын шүршіттерге майдан даласында жатқан өліктерін жинатты… Сақтар да өз сарбаздары мәйітін жинады.
Құзғын-қарға да көз оюға жалпылдай ұшып, топтала ұшып жүрді…
Шүршіттер Былғары өзені өзегіне өскен тоғай арасына шеріктерді тасыса, сақтар қара жотаның күнгейдегі қия бауырына шейіт кеткен сардар мен сарбаздарды тасыды. Шүршіттер үйілген шерік үстіне өзен бойындағы шілік пен талдан таудай-таудай қылып отын үйді. Сақтар ойпаң қияның терең ойығынан бастап, өлі бауырларының арқаларын бір-біріне қарата, айналдыра дөңгеленте отырғызып, бірінің үстіне бірін бұрыштай жинап, көтере қойып, қия беткей бауырын мәйітпен толтырды.
Шүршіттер өліктерге от қойып, өртеуге көшті. Ал сақтар көздерін топырақпен жауып, үстінен шағыл тас үйіп, қия бетпен жапсарластыра біткен табиғи шағыл етіп, жотамен жымдаса кеткен қорым жасады.
Мұның өзі неше күндік қияметтік жұмыс болды…
Шейіт кеткендер шағылы бетін уақыт өте келе көктемгі сумен биіктен құм-топырақпен жауып, табиғат-ана көк-жасыл көрпесін жауып, мүлде жүзін жасырып қалатынына сақтар шексіз сенетін. Бұл өзі табиғатпен біте қайнасқан сақтар салтында солай болатыны да ақиқат еді.
Сақа қаған жатқан Былғары табыттың кең қолаты ішін айналасы бірнеше күнде айнадай тазалаған сақтар бұл арада аласапыран майдан болмағандай табиғатты қаз қалпына келтірді. Таудан төмен аққан мөлдір өзен сылдырап жатты.
Дің қаған сақтардың Бөрі сардарлары мен ұлыс бектері бастарын Бек Алқа жиынына тағы жиып, Майдан қосында кеңес құрды. Қаған кеңесі саналатын Бек Алқа бәрін келелі бір тоқтамға келтірді.
Жазалау түрі мен орны белгілене бекіді…
Жазалауды сақтар мен тұтқын шүршіттер алдында Ұлы Білге Сақа қаған жатқан Былғары табыт қолатында бастап, әйгілі Шүршітұшқан құз-қиясында аяқтайтын болды. Жаңа туған қырық күн шілденің аптап түсіне белгіленген жазалау уақыты да жетіп еді.
Былғары табыт басына жиналған жұрт алдында Бөрі сардарлар мен сақтардың ұлыс бектері Білге Дің қағанмен қосылып, ежелгі обаны төрт қайтара айналып, Ұлы Аруаққа сыйынды.
Тұра қалысып, құрық бойы көтерілген алаулаған Күнге қарап сыйынды…
Ең соңында күркіреген Көк аспан мен Көк Тәңірісіне дабыл қағып, бастарын көтеріп, көздерін қадап, қолдарын көтеріп, көкке созып сыйынды.
Шейіт кеткен сақ аруақтары жатқан шағыл шетіне әкеліп, төрт жасар дөнен өгізді бауыздады. Шейіт кеткендерге шулап тағы сыйынысты… Тағы да дүбірлетіп дабыл ұрысты.
Сақтардың ежелгі әскери салтына құтұн-қызы қатыстырылмады…
Ұрысқа қатысып мерт болғандарынан басқасы жота басынан қаз-қатар қарап тұрды. Жотаның үстін бойлай тұрған сақтың құтұн-қыздары төменге түспеді. Былғары табыт обасы басында болып жатқан барша жайды қарабауыр жонындай жоталана жатқан жал биігінен бақылады.
Барлық жазалау шартын арнайы бөлінген қарулы азаматтар мүлтіксіз атқара бастады. Дөнен өгіз төрт сирағынан іреліп, бітеу сойылды. Өгіздің еті қарға-құзғын қарқ болсын десіп, қиыр шетке тастауға сәйгүлікті сақтар алып кетті.
Былғары табыт қорғаны басында жүрелетіп қойған шүршіт шеріктері мен жүгінтіп қойған қос бектің, Бас сарай билеушісі мен Бас қолбасының алдарына өгіздің арбайған мүйізді дәу басын көтерген екі сақ дүрс еткізіп тастай салды. Олар бірақ қаны сорғалаған бастан сескенген жоқ. Немқұрайды қарасты.
Жазалауды опасыздық жасаған сақтың Құлан бегінен бастады…
Жүрелеп отырған оны сақ сарбазы шалқасынан жатқызды да, қолын шешіп бос қойды. Аяғынан бұғалықты шалып алып, дайын тұрған сәйгүлікті сақ сарбазына бере салды. Астындағы ауыздықпен алысқан атымен тақымға тартып, сарбаз бекті дырылдатып сүйрей жөнелді. Тау бауырын бауырлай шауып, бұрылыстан көрінбей кетті.
Кезек қаған ұлы – Аманат бекке келді…
Қонышындағы сапысын ұстарадай қылпылдатып жанып тұрған тағы бір сақ жігіті қол-аяғы байлаулы бек қасына келді. Әлгіндегі бұғалық ілген саққа өткір жанарын қадап, иегімен ым қақты… Ол адымдай басып, анандайға қойылған сақардан жасалған сабын мен керсенде күн қыздырған Былғары өзенінің суын әкелді де, бек мойны мен басын былқылдатпай ұстай берді.
Сақ сарбазы шүршіттерше ұзын қойған бек шашын тақырлай сыпырды. Жұмыртқадай аршылған бек басын бірер мәрте сипап алған шаш алғыш тізіле қарасқан қаған мен ұлыс бектері, Бөрі сардарларға назарын аударып өтті. Олар да киіз сырмақ үстінде тым-тырыс күтіп отыр еді.
Шаш алғыш сақ сапы ұстаған қолын жоғары көтерді. Сол-ақ екен жақын келіп тұрған дабылшы дабыл ұра жөнелді. Осы бір дүңкілдеген күшті дауыс маңайды басына көтерген үнге ұласқан сәтте шаш алғыш та опасыз ұлдың маңдайынан бастап, бас терісін сыпыруға көшкен еді.
Дүңкілдеген дабыл дауысы бектің бақырған ащы үнін басып кетті…
Бас құйқасы тірідей тұтас сыпырылып алғанда, Аманат бек те есінен танып қалды. Қолжаулық болар бас терісі қолма-қол әлдебір сарбаз әкелген ащы айран толы қанжыға торсыққа тоғытылды.
Мұны көргенде Бас сарай билеушісі де шалқалақтап, жүгініп отырған жерінде еңкейе құлап, есінен ауып қалды. Тек Шын-Машын патшасының туған інісі – Бас қолбасы ғана жанары сықсиып, төбесінен шақырайған күн астында күп-күрең боп отырды да қойды.
Сақ жазасы жосынынан Бас қолбасының ұнжырғасы түсіп кетіп еді…
Кенет Аманат бек қозғалып, есін жинап, шыңғыра айғайлады. Сарбаздың бірі жүгіріп келіп, қиналып жатқан сақ бегінің аузына жұмарлап әлдене тықты. Үні өшкен бекті сүйреп әкетті.
Талып қалған Бас сарай билеушісі де есін жиып алды. Ол жан-жағына барлай қарап, қасында төмен тұқырып, түтігіп отырған патша інісіне көңіл қойды. «Қайсымызды қалдырып, қайсымыздың жанымызды қияр екен? Патша алдына біреумізді жіберетіні анық қой… Сақ соғысында талай болған жосын. Әй, мені жіберер! Аман қалармын! Мәртебеліме залым-мұндар сақтардың алдап соққанын айтып, шыбын жанымды сақтармын!» деген сайтани ойлар соғып өтті.
Жазалау жосыны бұларға бұрылып еді…
Тұтқындардың алдына төрт бірдей атпал азамат жаңа ғана бітеу сойылған дөнен өгіздің терісін көтеріп әкелді. Ат тұяғы ақшаңдаққа айналдырған жерге төрт пұшпағын төрт құбылаға қаратып жайып тастады.
Жабайы сақтар бұларға тағы қандай жазалаудың түрін қолданбақ деген ой екеуінің де жүректерін жаншып өтті. Жіпсиген көздерінен қорқыныш аралас таңырқау да білінді. «Теріге тұншықтырып өлтірмек пе?!» деген күдікті ой Бас сарай билеушісіне оралды. «Жауыздар!» деді жағы жыбырлап.
Бас қолбасы сақтар әрекетіне таңданысын жасырмаса да, намысына қарысып, нағыз соғыс сарбазына тән салқын санамен жазалауды күтті… «Жеңілді. Жазаны қасқая қарсы алу керек» деген оймен отырды. Талай дұшпанының тірідей өтін алып, аузына құйған, қаны сорғалаған ыстық бауыры мен лүпілдеген жүрегін суырып жеген шүршіттің Бас қолбасы сақтардан аяушылық күтпеді.
Жазалау өздеріне төнген сайын Бас қолбасының зығырданы қайнап, кеудесін кек кернеді… Тек Бас сарай билеушісінің ғана залымдық пен зымияндыққа толы сана-сезімі сақтар патша інісі – Бас қолбасыны жазалар деген үмітті үрлеп, ажал құрығы өзін амалын тауып айналып өтуін қалады.
Таң сәріден мұнартқан күн де сәскеге шайдай ашылды…
Көл бақаның да аузын аштырар ащы аптап Былғары табытты жайлады. Сақтар да шыдамдылықпен жазалау жосынын күтті.
Терінің төрт пұшпағын керген төртеу Бас қолбасыға келе жетқандай көрінді. Бас сарай билеушісі суық жымиды. Бас қолбасы сұр жыландай сұрланып, сыр алдырмауға тырысты.
Әлгі төртеу бірақ қолбасыдан асып кетіп, сарайдың Бас билеушісіне келді.
Ол:
– Мен кінәлі емеспін! Дің қа-а-ға-ан! – деп сақтарша айғайлады. – Мынау кінәлі! Мынау! Патша мен осы інісі… Осылар мені жұмсады. Мен қызметкермін. Мені жазалама, қа-а-ға-ан! Мен саған әлі керекпін!
Дің қаған бірақ сазарған қалпы үн қатпады…
Қаған жақтан дауыс естілмеген соң, сақ сарбазының бірі қолтоқпақтай ғана Бас сарай билеушісін орнынан көтеріп әкетті. Ол сонда да Дің қағанға айғайлап, жалынғанын қоймады. Сақ тілін түсінбейтін Бас қолбасыға жала-қала жап-қанын тоқтатпады.
Сақ сарбаздары жүзі жып-жылмағай жылтыр, салалы келген ақ саусақты сарай қызметшісінің қайыспен байланған қолдары мен аяғын босатты. Қарулы жігіттер оның бақырған-шақырғанына қарамастан тік көтеріп әкеліп, бітеу сойылған өгіз терісінің үстіне жатқызды.
Ол арада үстіндегі киімін тыржалаңаш сыпырып алды. Шүршіт қол-аяғы шидиіп, сойған арық суырдай тыртиып шыға келді… Бір сәт өзі де мына кейпінен шошығандай тыныштала қалып, айғайын тоқтата қойды. Осы сәтте Аманат бектің бас терісін сыпырған сарбаз келді де, тоқпақтай қылып түйілген шашынын тарқатып жіберді. Көмірдей қара шаш иығын жауып қалды.
Шаш пен бас терісін сыпырғыш сақ сарбазы тарқатылған сарай қызметшісінің көмірдей қара шашын сабында-сабындап жіберді де, шебер қолымен жуан басты күн шағылысардай жылтыратып, толағайын жарғақтап-ақ тастады… Тұтқын да шыбын жаны қиналарын күтіп, дірілдеп кетті. Енді қолжаулыққа бас терісін іреп алар деп, көзін тастай жұмып, тыныштала қалды. Сақ сарбаздары бірақ олай қинамайтынын білдіргендей, қол-аяғын бүрістіруге көшті.
Жарғақ бас жайына қалды…
Бір сарбаз патша қызметшісінің екі аяғын айқастыра ұстады. Енді бірі қос қолын кеудесіне қапсыра қысып, бітеу терінің жуан мойны мен сәл ашылған кеуде тұсындағы жалбыраңқы жапсардан тұтқын тәнін күштеп тыға бастады.
Тура түскен күн қызуынан жып-жылы тері ішіне қарулы қолдар Бас сарай билеушісінің басын ғана қылтита қалдырып, тәнін сүңгітіп жіберді. Қаһарлы қағаннан аяушылық күтпесе де, сарай билеушісі қолға түскен дала зорманындай қайта зарлай жөнелді.
Қиық көзінен жас сорғалап жатты…
Төрт сақ сарбазы шалқасынан жатқан тұтқының қол-аяғын терінің төрт пұшпағына кере кіргізіп ұстады. Бағанадан оңаша тұрған қос сарбаз жетіп келіп, қолдарындағы біз бен тарамыстарын ыңғайлай берді. Бөрі сирағының сіңірінен таралып алынып, шиырыла созылып, таспалана өрілген сақтардың тарамысы шірімесе үзілмейтін ғажап жіп еді… Қолы ыспор қос азамат жылдам іске кірісті.
Бітеу терінің төменгі қос пұшпақ бұрышынан алған бізбен тігушілер теріні тыржалаңаш тұтқын тәніне жабыстыра тартып, қайып тіге бастады. Бас сарай билеушісінің де тамағы қарлығып, үні кеуектегі тиіндей шиқылдап қалды. Ол да айғайынан түк шықпасын сезіп, сәлден соң біржолата аузын жапты.
Бас жағында қолын пұшпаққа соза салып отырған қос сақтың бірінен су сұрады… Ол аулақ тұрған сақ сарбазына айтып, торсықпен су алдырды. Езуінен аққан салқын өзен суы шүршіттің сарайын ашты. Шақырайған күннен жасқанып, жанарын жұма берді.
Аң терісінен тон тіккендей ептілікпен сыпылдатқан қос аңшы сақ жігіті Бас сарай билеушісінің кеуде тұсына да келіп қалды. Қара сан мен қос бүйірден қыса келіп, шүршіт тәніне шаптай тартқан ісмерлер кеуде тұсты да қалың өгіз терісімен қапсыра тігіп тастады.
Бөрі тірсек тарамыс буып қалды…
Тұтқын іннен басын шығарған сарышұнақтай мойны қылқиып, жұмыр басы ғана жұдырықтай жұтынды. Сақ ісмері өгіздің жалпақ желке терісі айналасын сапымен кішірейте қиып, тұтқынның басы мен мойнына дәлдестіріп, сырмаққа ою ойғандай ойып шықты.
Қыран құстар тұмсығына құсбегілер кигізетін аңшылық әбзелдері – томаға, шыжым, балақ бау мен былғары сақина сияқты нәзік дүниелерді тігетін шебер сақ жігіті шүршіттің басын әккі шеберлікпен айландырды. Былбыраған жас теріні тарамыспен тартып, жалтыраған жарғақ басына желіммен жапсырғандай жапсыра тігіп тастады.
Бас сарай билеушісі тағы да су сұрады. Оған бірақ су орнына жанторсықтан қышқыл іркіт ішкізіп, аш болмасын дегендей айран жұтқызды.
Күннің ақ күміс табағы шаңқая түсті…
Былғары табыт қолаты өртенуге шақ қалып тұрды. Сәйгүліктер пысқырынып, су ішкісі келіп оқырана берді. Сақ сарбаздары ғана торсықтарынан сұйық сусын ішіп, қаған мен сардар, бектер ғана жазалау жосыны біткенше шөлге шыдап бақты.
Қос шебер құсбегі сақ жуан өгіз терісінің адам денесімен шақтап, бітеу тігіп тастағаннан артық шыққан шет-шетіндегі мол қалдығын салбырата бос тастады. Атан өгіздей көрінетін Алтай аюының мол терісіндей етіп, алты сақ азаматы былғары табытқа тірідей тігілген шынашақтай шүршітті көтерісіп алды. Қаған мен сардар, бектер алдынан алшаңдай басып, жойқын төбе болып жатқан Былғары табыт обасына қарай жүрді.
Білге Дің қағанға аңыз ғып айтатын, қаған бабаларынан бұған ұзақ сақ жырындай ұлы сарын боп жеткен Ұлы Білге Сақа қаған бабасы обасының басына сұмдық жазаны жасауды өзі ұйғарған еді… Ұлыс бектер мен сақ қосындарының Бөрі сардарларынан да қолдау тапқан. Олар да Ұлы Аруақ сезсін, кейінгі сақ ұрпақтарының қандай екеніне сенсін дескен.
Өгіздің ауыр тартқан жас терісінен ата дұшпаны үшін тігілген былғары табытты көтерген алты сақ сарбазы алып обаның басына шықты…
Шыжғырған күн астында қорған төбесі өрттей лаулап тұрды. Сағым толқыны толқи жүгірген жоталар мен таулардың төсі, бүк қысқан сайлар мен боз жусан даланың жүзі де жалынға оранып жатты.
Алдын-ала тіз қатар тізілген қап-қара жалпақ тастардың бетіне Бас сарай билеушісінің былғары табыты қойылды. Сарбаздар шүршіт тұтқынын шалқасынан жатқызылып, торсықтан ағызып-тамызып су ішкізді. Тұтқын әлі де сақтардың тәнді жас теріге салып жазалау салтына таңырқап жатыр еді.
Жүзін ыстық леп сыйпап өтсе де, жас терінің ішінде тұтқырланған тілін жұтып, бойы балқып жатқан шүршіт жаны жай тапқандай күйге енді… Төрт бұрышын ала тұра қалған тың сақ сарбаздары салт атпен соғысқа ыңғайлы шолақ найзаларын қолдарына ұстапты.
Кенет Даңғыра соғылып, дүние дүр сілкінгендей болды…
Кеудеден тіккен түймеліктен іле тартқан тарамыс жақтың астымен жалғаса келіп, құлағына жабыстыра тіккен тұтас мойын мен басты қаптаған тері даңғыра үнін естіртпеді. Тұтқын қиық көзін қарауылдай қатып тұрған сақ сарбаздарына салды.
Даңғыра қағылуы тоқтасымен ат тұяғымен дүсірлеткен сақтар Былғары табыт обасы басынан қозғалып кетті. Ендігі бағыт – күншілік жердегі Шүршітұшқан құз жартасты қиясы.
Олармен бірге Толғанбай да қозғалды…
Былғары табыт қорғаны төбесінен сайдың тасындай іріктелген төрт сақ сарбазы да төменге түсті. Олар аптап алаулап жанған алып төбе маңында қарға-құзғын мен ит-құстан былғары табытқа тігілген тұтқынды көздің қарашығындай қорғауға, бөгде жанды бұл маңға жақын жолатпауға қарауыл етіп қалдырылды. Күзетші сақтар әлсін-әлсін сусын мен сұйық сүме ас беруге де тиісті.
Былғары табытқа салынған тұтқын шөлден кенезесі кеуіп, аштан үзіліп кетпеуі керек еді.

III
Толғанбай рухы Шүршітұшқанға қарай сақ сарбаздарымен сағымдай бірге жылжыды.
Ал бұл уақта Түйеқұлаған атанып кеткен бағзы құз-қия Шүршітұшқанда Аршын сұлу мен Политсай Парыз алтын тәжді жасырудың қамымен әуре болып жатты. Олар Декабрист Қаржау мен доктарант Дулатты алдаусыратып, Бөргендайға бастарын бұрып жіберіп, өздері жер сілкінер таң қараңғысында Сұңғаттың ақ джипімен мүлде басқа бағытқа тайып отырған болатын.
Иен жататын Түйеқұлаған құзды қиясынан адам баласы алтын тәжді іздемес деп, пысықай полиция жігіт жасыруға алып келіп еді…
Бұл – қызыл өкімет құрылып жатқан заманда Егіндібұлақ ауылының бір соқыр түйесі осы құз-қия жартастан боранда ұшып өліп, содан бері халық Түйеқұлаған атап кеткен бағзы Шүршітұшқан ғой. Қиялы құздың бағзы атауын қызыл өкіметтен үдере ауған жұрт алмағайып уақта санасынан өшіріпті, жадынан жойыпты.
Тұңғиық тартқан Түйеқұлағанның атауы да Толғанбаймен қалыптасып еді…
Көш құлаш жазық далада табан астыңнан оқыс пайда бола кететін тіп-тік жартасты құз – табиғаттың айрықша жаратылған құбылысы. Ұзына бойы үш жүз қадамдай буылтықсыз созылған, биіктігі он қабат үйдей зор бітісті, үңірейе тік құлаған құз-қия жартастың екі жақ шеті еңістей жоталанып, жайдақтанып сала береді. Жасырын жатқан терең сайды төбесінен төне келгеніңде ғана байқап қалып, тіксіне тоқтарың хақ.
Егіндібұлаққа елді орнықтырамыз деп, қызыл өкімет қоқаңдап тұрған тұста түйенің құздан ұшып кетуі Толғанбайға керемет сылтау болған. Аудан орталығында милиционер тергеуші болып жүрген ол дереу Ұзан атанған жүйірік қара атқа мініп, қара револьверін аспанға атып, жұрттың үрейін ұшыра жеткен. Колхоздың малын әдейі өлтірдіңдер деп, ауылда қарадай әңгіртаяқ ойнатқан.
«Түйеқұлаған ісі» деп, «Дело» ашып, «Мұнда ұйымдасқан целый банды тобы бар. Басшылары – қос ағайынды» деп, Байтайлақ пен Білеушінді тұтқынға алып еді… Оларды ауылдан Қалжыр ауылына қарай жаяу айдаған. Бала Қалжырдың ішімен қақаған қаңтарда қос азаматтың қолдары байлаулы күйде дірдек қағып, кете барған.
Қарулы қос жігіт Бала Қалжырдың бойында, үлкен Қалжырға құяр қиылысында ебін тауып, Толғанбайды аттан аударып алып еді… Ағайынды екеу Толғанбайдың құйрығына ауыл жақтан қалтасына сала шыққан тайлақтың кепкен құмалағын тығып, «Өлмесең – жетерсің!..» деп, өлтіріп кетуге қимай, жүйірік Ұзан мен қара тапаншасын қолды қылып, құзар шаттың бұрмасына өзін тастап кеткен.
Байтайлақ пен Білеушін бұрын да қол көтергісі келген талай сотқар кержақтың құйрығына құмалақ тығып, тәубесіне келтірген жырынды жігіттер еді…
Түйе аптасына бір-ақ рет су ішетін жануар ғой, тайлақтың құмалағы құрғақ әрі шегедей шеген қатты болады. Ол төрт-бес күн бойы тығын болып, көтен ішекте ерімей тұрып алады. Адамның ең жанды жерінің бірі – ішің жүрмей бебеулеткенде, қу тәніңді қарағайға асардай күйге түсесің… Аспаққа асылмақ түгілі қос бүктеліп, жыландай шиыршық атып, басыңды көтере алмай жатасың.
Байтайлақ пен Білеушін ауылға Ұзанмен құйындатып келген де, аз ғана үйді түп көтерген. Қыстың көзі қырауға қарамастан шекара асуға бел буыпты. Шонжырбайдың шымқай көкшулан жылқысын баққан жылқышы жігіттер жер жадысын бес саусағындай білетін. Биыл қар да жұқа түскен. Қаңтардың басы. Жел ұшырып кеткен Қалжырдың қырқа-жотасымен жүріп отырып, Алқабектің ақ құмына іліксе болды. Қақаған қаңтарда қашқын ауыл ел ауады деп шекарашылар да күтпейді.
Су ішерлігі бар Толғанбайды келесі күні кешке қарай тау арасынан әлде біреу жолықтырып, Қалжырға жеткізіпті. Ол бірақ құмалақпен әлекке түсіп, Байтайлақ пен Білеушіннің соңынан түсуге шамасы да келмей, жанымен қайғы болып жатыпты. Аты мен қаруынан айырылып келген соң өзім жауапқа тартыламын ғой деп, бірер күнде қайта барып, оларды тұтқындармын деген оймен жұмған аузын ашпапты.
Ал бұл кезде ел ауған жұрт Марқа сұлудың күңгей қырқаларымен жасырын жылжып, түнделетіп Мәрмәр асуы биігі етегін жанамалап, Алқабек құмыны шағыл асып кетіпті. Сол бойы ауған он шақты ғана шаңырақ қызыл өкіметпін деп қоқиланған Толғанбайдың лаңынан Алтайдың Қаба жақ бетіне барып бір-ақ тоқтапты.
Байтайлақ пен Білеушін ұрпақтары қазақ елі мен жері тәуелсіздік алғалы Марқа сұлу өңіріне қытай жағынан қайта ауып келіп жатыр…
Толғанбай қос ағайындының ұрпақтарымен ойда-жоқта бала Отанды Түйеқұлағанға ертіп келем деп, құз жартастың тап жиегінде кездестірген еді. Мотоциклге мінген екі жасөспірім құз-қия етегіндегі ордалы жыланның ордасына түсіп, жылан аулап жүр екен.
Ордалы жыланды мойнынан ұстап алып, кенеп қапқа тірідей тоғытып, мол етіп алыпты. Қаршығаға алтын қазуға келіп жатқан қытайларға сатады екен. Уын емшілікке, етін жеуге қолданатын көрінеді… Өздері бар-жоғы онтөрт-онбес жастағы балалар.
Мұның жанындағы бала Отан мақау болса да ымдаса күлісіп, олардың қабы аузынан шыпырлаған жыландарын көріп, қытайдан әкелген кішірек мотоциклдерін қызықтап қалған-ды. Әлгі балалар үсті өрім-өрім киімді, қайыстай қатқан түйесирақ Толғанбайға қарап, бүртүрлі жатсына қабылдап, жанарларынан таңданыстары да білінген. Арық түйенің шодырая шығып кеткен тізесіндей бейтаныс жанға таңдана қарасқан.
Түйеқұлаған ернеуінен екі-үш қадам ғана тұрып, құзды бақылаған балаларға Отан:
– «Мынау Толғанбай!» – дегендей мақаулана ымдап, саусағымен нұсқаған.
Олар мақау бала не айтып тұрғанын бірден түсініп еді…
– Ата! – деген балалар Толғанбай да мақау ма деп, өздерін де нұқып көрсетіп. – Мен Байтайлақ… Інім Білеушін.
Толғанбай селк ете түскен…
Дұшпандарының атын естігенде есіне өткен «түйе құмалақты» күндер қамшымен осып жібергендей оралған. Бала Отанды бас салып, қолынан сүйрей жөнелген. Мақау қанша тартынса да жібермей, жүгіре басқан. Соңынан кішкене балалар қуып жететіндей көрініп, зәре-иманы ұшып, артына да қарамастан зытып жоғалып еді.
Енді тағы да Түйеқұлағанға қауырсыннан да жеңіл руһқа айнала ұшып келіп, сақтардан бұрын жетіп, жартас басында өзге жандардың ісіне куә болып тұр.
Төменде Аршын сұлу мен Политсай Парыз жүр екен.
Парыз жартас қуыстарына өрмелеп, тәжді жасыратын ыңғайлы орын қарастыруда… Аршын сұлу басына аппақ қолшатыр ұстап, оған төменнен ұрса-зекіп айғайлайды. Политсай Парыз да жас келіншекке қарсы келмей, ыржалақтай күліп, жылы-сөзбен емексиді.
– Жаным! Қарлығашым! Түйеқұлағанға жеткен түйежапырағым! Ашуланшы тағы… Дауысың қандай сыңғырлаған!
Аршын сұлу енді еркелей қалған болып, наздана дауыстады. Үнін үздіктіре шығаратын әдетіне басты.
– Қалжыңды қойшы, Парызжан! Біреу-міреу келіп қап жүрер… Сен бар ғой, тәжді тездете тықсаң, тәтті барым сенікі… Жаным! Жас арманым!
– Болды, жаным! Түндегідей түлетерсің… Мен сендей сұлуды көрмеппін!
– Гауһар тәж маған ғана жарасады ғой… ә-ә! Өзің айтшы Политсайым менің! Қорғаушым менің!
– Жаным, сен гауһардан да артықсың!
– Гауһардан да сұлумын ба?!
– Сұлусың. Ләзатты сұлусың… Бір көргеннен саған итше байланып қалдым ғой… Ой, дүние-ай!
– Қапаланбашы арыстаным! Әлі шөліңді басам…
– Сенің балдай сөзің балқытып барады…
– Тездетші енді, Парызжан! Тездетші, сұңқарым! Мен де сені сағынып кеттім… Джипке жетейік, жас сұңқарым!
– Аяулым менің! Тіліңнен айналайын! Қазір түсем. Жетем жаныңа, жаным! Қазынамызды тауқұдірет те таба алмайтын жерге тықтым…
– Солай ма? Нағыз азаматсың, ардағым!
Палитсай Парыз гауһар тасты алтын тәжді жарғанатша өрмелеп жүріп, жақпар-жақпар жікті жарттастың ортан беліне дейін көтеріліп, жаңбыр суы тимес жабық қуысқа жасырды.
Қуыстың қасындағы кеңірек үңгір аузына қаршыға ма, кырғи ма ұя салыпты… Балапандарын ұшырып әкетсе керек, бос жатыр екен.
Төменге түскен бойда Парыз жас та сұлу әйелді аймалай жөнелді.
– Саңқарым! Парыз тоқташы! Есіңді жи!
Қарулы жас жігіттің лапылдай ұмтылған қуатты ықыласына әрең тойтарыс беріп, тамағы мен омырауы үстін аймалатып, аптығын басты.
– Сен бойдақ емессің ғой, өзіңді ұстасаңшы! Сезімге берілу – қауіпті… басыңды жоғалтасың, жігітім!
– Жоғалса – жоғалсыншы! Сен үшін жоғалмаған бастың керегі қанша?! Арманым сенсің, Аршыным!
– Онда маған үйлен!
– Үйленемін, аруым! Астанаға да асам… Ойбай, ана кісіні қайтеміз?
– Ол енді өлік…
– Қойшы! Тірі ғой.
– Ұзаққа бармас. Қанның қысымы мен жүрегі жеп тынар!
– Мен бірақ ажырасуым керек.
– Әрине! Сен әйеліңнен ажырасқанша, ол да бір ыңғайлы болады…
– Тәжді қайттік?
– Астанаға кел. Сосын ойланамыз. Уақыт жетеді ғой… Стомотолог жігіттер бар. Зубтехниктер арқылы қорыттырып аламыз… Сату оңай. Зергерлер жалаңдап жүр емес пе!? Пышақ үстінен бөліп әкетеді.
– Осының бәрін қайдан білесің?
– Оқығанбыз. Көз ашық, сұңқарым! Тек сен дайын бол, ақ сұңқарым!
– Я, всегда готов!
Екеуі бірін-бірі сүйемелдей жартастың шетін ала жатқан қия жотамен жоғары өрледі.
Тәңірінің қолымен қашалған жалтаң жазық бетіндегі алып құз-қия түбі – шұңғыма сулы сай. Батпақты бұлақтардан бас алған жылауық өзен ағып жатыр. Қаракөлеңке. Ну орман жындай жындай басқан. Жартаспен жарысып өскен көк терек пен ақ қайың, іші толған ырғай, тобылғы мен тікенек бұта. Жартас жақпары толы тошала.
Терек басы толған сауысқан мен қарға-құзғын ұясы. Тамыр-тамыр айналасын жайлаған ойдым-ойдым қазан шұңқыр. Шұңқыр толы бірі кіріп, бірі шығып жатқан ордалы жылан. Кейбір жыландар жартасқа өрмелеп, жазыққа да шығып, тышқан мен торғай аулап жылжиды.
Ұсақ шегіртке мен құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей мен бұзаубас кесіртке сияқты жәндіктер, түлкі мен көртышқан, борсық пен шиебөрі секілді жан-жануарлар да жын атады.
Бұл бір жұмақ мекен…
Таныс емес пендеге қорқынышты қоныс…
Терең сайдың іші бүк. Құстар шықылықтап, шегірткелер шырылдап, түнде құны мен жапалақ шуылдап жатқаны. Жұрт содан да бұл араға жоламайды. Айналып өтіседі. Жын-жыбыр мен албасты-сайтанның ұясы деседі.
Ал құз шетінен өрлеген сырғыма соқпақ адам шығуға қолайсыз көрінсе де, алтын тәжді аулаққа алып қашқан екеу үшін кедергі болмады. Құмарпаз талай адам Түйеқұлағанның тап үстіндегі ернеуіне еміне төніп, сай ішіне түсіп шығатын-ды.
Бүгін де Аршын сұлу мен Политсай Парыз көне сүрлеумен түсіп, қайтып көтеріліп келе жатты…
Өзінен бірер жас кіші жігітті жер сілкінер түнгі ләззат сезіміне тұншықтырып, тегеурінді тақымынан шығармай, ұжмақ қойнына тоғытқан Аршын сұлу оны ақыл-есінен айырып-ақ тастаған болатын. Сұлу әйелдің сиқырлы қылығына арбалып, бар бұйрығын орындаушы тұтқынына айналған жас жігіт дәл қазір жанын қиюға әзір күйге түсіп еді.
Олар Түйеқұлағанның табиғи тастақты тегершік ернеуіне көтерілгенде, Егіндібұлақ ауылының арғы жағындағы қасқа биіктен түйдек-түйдек шыққан шаң көрінді. Екеуі де бел-белегір болып жатқан жуан жонның үстінен көрінген ақшыл дүние шаңға да келіңкіремейтініне таңданысып тұрды.
Бұл сағымдай сусылдаған, құйындай ұйтқыған түйдек шаңыт – Білге Дің қаған бастаған сақтар еді… Толғанбай аруағы ғана түйдектелген ақ шаңыт тұтқын шүршіттер мен салт атты сақтар екенін айырған-ды.
Ақ шаңыт дүние Аршын сұлу мен Политсай Парызға тез-ақ жақындап келе жатты. Тілсіз аруақ Толғанбай не істерін білмей шырылдады да қалды. Шаңыт болса, әне-міне құйындай соғып, елестей кезіп, үстерінен өте шықпақ.
Толғанбай аруағы жас әйелді жеңінен тартқандай болып, желемік болып жүзінен желпи тиді. Сезімтал сұлу сілкініп қалды… Жанындағы Парызды тастай жүгіре жөнелді. Өзін қандай күш жетектеп келе жатқанына мән бере алған жоқ. Әйтеуір, жар басындай опырайған құлама құз бойынан аулақ кету керек деген бір суық түйсік түртіп, қуатты күш ала жөнелгенін ғана біледі.
Ол екі өкпесін қолына алып, аруақпен аулаққа кетіп үлгерді…
Шаңыт боп келген саңылаусыз дүние Түйеқұлағанның үстінде ақ тұман болып шалқып тұрды. Политсай Парыз ақ джиппен сол ақ шаңыт тұман ішінде көрінбей қалды.
Аршын сұлудың санасын қорқынышты түс көргендей белгісіз бір сенімсіздік жаулап алды. Қасында Толғанбай аруағын да сезбестен қозғала алмай тұрды. Шаңыт жақтан шыңғырған адам үні шыға бастағанда иманын үйірді.
«Шынымен де жап-жас жігіт шыңғырып жатыр ма?» деп, шаңыт тұманынан көзін ала алмай, шарасынан шыққан жанарын шошығаннан қалай жұма қойғанын да сезбей қалды. Аруақ Толғанбай рухы ғана шаңыт емес, кәдімгі болып жатқан нақты әрекеттерге үнсіз үңілді.
Ат үстінде тұрған Білге Дің қаған жиыны екі жүздей тұтқын шүршіттерді жаяу айдатып алып келіпті. Қалған жүзден астам шүршіт Бүргендай маңындағы Майдан қосы қасында қалса керек.
Оларды да бірақ мүлде қияс тағдыр күтулі еді…
Шын-Машынның Бас қолбасы атқа жайдақ мінгізілген екен. Ол шүршіт сарбаздарының өлімге мойынсұнып, байлаулы қолдарымен құз-қиядан төмен қарай өз еркімен қарғып жатқандарына Дің қағанмен бірге қарап тұрды.
Бұл бір аз ғана уақытқа созылған ауыр көрініс еді. Біреулері шыңғыра қышқырып қарғыса, біреулері үн-түнсіз секірді. Әлде қандай тартыншақтағандарын сақ сарбаздары сүңгімен шанши жасқап, құлатып жіберді.
Апыр-топыр адам шуы әп-сәтте Толғанбай мен Аршынның көз алдында басылды… Шошынған Аршын үрейлі дауыстан басқа ештеңе естіген жоқ. Ештеңені көре алған да жоқ.
Сақтардың Дің қағаны мен шүршіттердің Бас қолбасы бір топ сақ жасақтары алдында Шүршітұшқанға соңғы рет көз салып, Бүргендайға желе-шоқытып тарта жөнелді. Шаңыт дүниенің келген жағына қайта дөң асқанына Аршын аузы ашылып қала берді.
Толғанбай бағзы сақ аруақтары соңынан ерерін немесе Аршын сұлу қасында қаларын білмей дағдарып тұрды. Шошынған жас әйелді жалғыз тастап кете алмайтынын да түсінді.
Аруақ та болса – Шүршітқұлағанда қалды…
Сақтар Егіндібұлақтың жуан дөңінен сағымдай жортып асқанда мотоциклмен қатты келе жатқан бала Отан мен Ғазизге жолықты. Олар бірақ бірін-бірі көрген жоқ. Тек бала ғана байқап үлгерді… Салт атты сақтар жанай өте берді.
Бала әкесінің қолына жармасып, шар ете қалды.
– Тоқта, әке! Тоқта!
Әкесі мотоциклін ақырындатып, баласының жұлқылай бергенінен тоқтауына тура келді.
– Не болды?
– Дің қаған, әке!.. Әскерімен…
Түкке түсінбеген Ғазиз сағым сауған жан-жағына қарап, ұлының абыржыған жүзіне тесілді. Ұлы тау бауырлаған сыңар соқпаққа телміріп қалыпты.
– Әке, Дің қаған жер бетіне шығыпты… Енді бәрі өзгереді.
Баласының кейде осылайша бір түсініксіз әлемді айтатынын білетін әкесі оның сөзін бөлгісі келмеді.
– Өзгереді дейсің бе?
– Иә! Ол оралыпты, әке!
– Кім?
– Ол… Дің қаған… Әскерімен келіпті. Марқа сұлуға кетіп барады… Былғары табытқа да барады… Әке, ол мені Былғары табытқа түнеткен. Керемет адам! Жер бетіне шығыпты…
Ғазиз «Балам ауырып қалмады ма?» деп шошыды. Шешесі сырқат қой…
– Отан, қой енді! Ешкім де жоқ. Кетейік!
Бала:
– Олар бар, әке! Сендер көре алмайсыңдар… Сендерге көрінбейді. Таза адамдарға көрінеді… Сағыммен бірге Сарыжотаны асып кетті… Кетсек – кеттік, әке! Түйеқұлағанға тез жетейік!
Әкелі-балалы екеуі ту жылқының сауырындай жалпақ біткен жуан дөңнен мотоциклмен асып түскенде, Толғанбай мен Аршын сұлу да Түйеқұлаған басында тұр еді.
Аршын сұлу аруаққа ергендей құз кемеріне келіп, төменге үңіле берді…
Құз астында төңкеріліп түсіп, Сұңғаттың ақ джипі жатыр. Төрт дөңгелегі көкке қарап қалыпты. Бос қалған ескі қалбырдай мыж-мыж шелпек болыпты. Құзды бойлай, джиптен жиырма-отыз қадамдай жерде Политсай Парыздың денесі жатқаны көрінеді.
Ғазиз бен Отан да жетіп үлгерді. Олар өңі қуарып кеткен Аршын сұлуды көргенде әрі тіксініп, әрі таңырқап қалды. Аршын да Ғазизге үрейлене қарап тұрды.
Бала ғана Аршын сұлуға қимастықпен жақын келіп, бірінші болып бас салды.
– Аршын, тәте!
Олар құз кемерінен ұшып кете ме деп сасқан Ғазиз тұра ұмтылып, екеуін де кемерден алыстатуға тырысты.
– Аулақ кетіңдер! Аршын аман-есенсің бе?
Ол бірақ бұған көкніл ғарыштай ұясы көлеңкелі көздерімен бақырайған күйі жақ аша алмады. Сонда ғана оның қатты шошынып тұрғанын байқаған Ғазиз шапалақпен бетінен тартып-тартып жіберді.
Аршын сұлу:
– Аһ-һ! – деп ауырсынып кетіп, есін жиып алды.
Осы бір сәт Ғазиздің ұялы телефоны шырылдады.
– «Ало! Иә… Дулат, олар табылды. Түйеқұлағанда екен… Отан тапты. Иә, мен бала ғой деп сенбесем де, келіп ем. Рас болды! Аршын аман. Джип те, Парыз да көрінбейді… Қазір бәрін білейін. Сосын телефон соғам.»
Ғазиз гаджетін өшіре салды. Бұл кезде Аршын сұлу да баланы беті-көзінен шөпілдетіп сүйіп, өз-өзіне келіп еді. Қуқыл өңіне де қан жүгіріпті.
– Мұнда қайдан жүрсің? Парыз қайда?
– Сол ғой осында алып келген… Өзі әне… өліп жатыр. Машинасы да етекте…
– Сендер жиекке жоламаңдар! Мен көрейін!
Түйеқұлаған кемеріне барып, бар жайды байқап қайтқан Ғазиз жас келіншек пен жас баланың жанына келді де, телефонын қосты.
– «Дулат, Парыз құздан ұшып өліпті… Иә-иә!.. Құтыла алмасын білген ғой. Джипті де құлатып жіберіпті… Тәж бе? Қолында жоқ. Ол шошынып қапты. Қазір сұрайын!»
Ғазиз ұлы мен сұлуға бұрылды. Олар бұған бадырая қалыпты.
– Аршын, алтын тәж қайда? Дулат сұрайды…
Аршын сұлудың жауабы оған дайын болып шықты. Ол дереу көзіне жас алып, сықсыңдап жылай бастады. Жылап тұрып ойындағысын жайып салды.
– Полицей емес, пері екен.. Мені зорлағаны аздай, тәжді Қалжырдың суына лақтырып жіберді… Көкте құдай бар ғой, бір шаң сияқты бірдеңе жіберді… тура Түйеқұлағанның басына келгенде. Әлгі шаң құйындай соқты!.. Оны да, көлікті де құздан бірақ лақтырды ғой. Мен аулақ кеткем… Әйтеуір, аман қалыппын!
– Қалжырдың қай тұсына лақтырды? Білемісің?
– Мен қайдан білейін?! Күн қараңғы еді…
Әнші әкесі баласына қарады…
Ол жол бойы Гауһар тасты алтын тәж Түйеқұлаған басынан жолығысар деген үмітпен келіп еді. Бала бірақ алтын тәж туралы жақ ашпады. Әкесіне иығын қиқаң еткізді де қойды.
Ғазиз еріксіз телефонын көтерді.
– «Алло, Дулат! Тәжді Қалжырға ағызып кетіпті ол… Аршын емес, әрине! Сол… Алтын ғой, сом дүние емес пе, Қалжырды сүзсек те табамыз!.. Иә! Полиция шақырт Күршімнен! Сендер келгенше қас қарайып кетеді… Сүйекті қайтеміз? А-а, дұрыс айтады! Тисуге тағы болмайды екен ғой… Бір түнге ештеңе жолай қоймас! Шиебөрі бар бірақ… Иә! Өзі кінәлі! Шиебөрі жеп кетсе, күнәсі көп… тәңірі солай жазалағаны! Қалғұтыға барамыз. Сонда күтеміз сендерді. Кластастар бар. Жақсы.»
– Ғазизжан! – деді Аршын сұлу. – Ол мені қорлады ғой… Сен қай да жүрдің?
Аршын сұлу өңі алабұртып барып басылды. Жүзін жұмсақ алақанымен жауып, солқылдап жылап жіберді де, Отанды құшақтап алды. Ғазиздің жүрегі жібіп кетті.
– Аршын, жыламашы!..
– Қор қылдың-ау, Магда!.. Не жазығым бар еді?! Бүйткен алтын қазынасы құрысын! Алтын тәжін жер жұтсын!
– Аршын, жаным! Таусылмашы! Тәж табылады әлі… Шілдеде Қалжыр тасығанын қояды. Сол кезде өзі-ақ көрініп қалады… Табылады.
– Табылмаса және қойсын! Магданың басын жұтатын болды. Онсыз мен қалай өмір сүрем? Сен балаңмен қаласың… Мен жалғызбын ғой. Қубаспын!
– Олай деме, Аршын! Мен бармын… Отан екеуміз барамыз. Көшіп кетем. Солай емес пе, ұлым! – Отан үндемеді. – Ауру шешесін де Астанада қаратам… Қалайда жетем, жаным!
Ол құшағын ашып, ұлы мен Аршын сұлуды қабат құшақтап алды. Сұлудың мойнына төгілген қара шашына тұмсығын бұғыдай тығып тұрып, көзінен аққан жасын, дірілдеп шыққан үнін жасырды.
Бала әкесінің қасірет шеккен сезім күйін терең бір түйсікпен сезінді… Аршын сұлудың жалған қылық танытып тұрғанын жазбай бақса да, әкесіне қарсы келе алмады. Үнсіз қалды.
Кеш қарая бастап еді…
Мотоциклге мінгесіп-ұшқасып үшеуі жолға да шықты. Алыстан Қалғұты ауылы етегінде шашылып жатқан құланжал Қарасеңгір тауы қарауыта түсіп, өзіне шақырып тұрды. Түйеқұлаған ішінен шиебөрінің үрген дауысы естіліп жатты.
Ымырт түспей Толғанбайдың аруағы да Бүргендай мен Былғары табытқа қарай қозғалды…
Шығыстан жел көтерілді.

IV
Аруақ Толғанбайдың өлмес сана саңлауынан ымырт аунады…
Сынаптай сусыған ғарыштық уақыт бүгінгі күннің ымырт көрпесін жабар-жаппастан бағзы заман болмысын бедерлеген ашық күнге тап қылды. Қырық күн шілде түсіп, Алтайда тірі жаны бар тіршілік атаулының қамау тері алынар шақ туған екен.
Аспан айналып жерге түсіп тұр.
Сақтардың қара қазанындай аунаған бағзы уақытпен сынаптай сырғыған Толғанбай Бүргендай басынан бір демде шықты. Білге Дің қаған жұрты да Майдан қосы қасында қалған шүршіт тұтқындарды алыс сапарға дайындап жатыр.
Жүз қаралы шүршіт әскерін жуындырып-шайындырып, ішіндіріп-тойындырып үлгеріпті. Оларды да жаяу айдап, Былғары табытқа қарай жөнелді. Былғары табытқа жетісімен бағзы Ұлы Білге Сақа қаған – Бас қаған мәңгілік дамылдаған алып қорған айналасына шүршіт тұтқындарды дөңгеленте отырғызды.
Шын-Машынның Бас сарай билеушісі үш күн бойы бебеу қағып, төртінші сөткеде ақыл-есінен айырылып, жан тапсыра алмай жанталасып жатқан шағы еді…
Үш күн бойы сақтың қарауылға қойылған төрт сарбазы су мен ақ беріп, шөлден үздіктірмеді. Асқазанын құнарлы ақпен майлады.
Тері табытқа қапталған тәні ғана құрысқан былғары ішінде тарының қауызына сиярдай сығымдалып, шыбын жаны үзілмеді. Қос өкпесі мен қу басын жас былғары құрсаулай қысқан сәтте ми қатпарлары бунақталып, қу жанының қайда барарын білмей шырылдағанын тірі пенде басына бермесін!..
Сақтарға соғыс алып келген тірі аруақтың соңғы демі үзілер сәтті көздерімен көрсін, естеріне мәңгі тұтсын деп, шүршіт тұтқындарды Дің қаған әдейі әкелген еді…
Шүршіттер мен сақтар жиналысымен қорған төбесінде жатқан жансебіл тұтқынға су беріп, жан шақыртты. Сопиған жылан басынан ақ құйып, күн кептірген көн теріні жібітті. Жаны кіріп, есін жинаған соң езуінен саумал ішкізіп, әл-қуат берді.
Әлі кірген Бас сарай билеушісі оқыс шыңғырып жіберді…
Қол-аяғы төрт жаққа бақаша керулі жатқан бейшара қолымен тері қапқан басы мен кеудесін ұстағысы келіп ышқынды. Қысқа сирақтарын сермегісі келіп селкілдеді. Былғары табыт шақырайған күн жалынының астында жиырыла қысып, қалыбына тартты.
Жаны мұрнының ұшына келді…
Шыңғыра ышқынған, қинала ауырсынған дауысы тәңіріге жетіп жатты…
Қорғанды айнала тұрған атты сақтар мен айнала жүрелеп отырған шүршіттердің төбе құйқасы шымырлады… Адам баласы төзбес ащы дауыс Бас қолбасының қолымен құлағын бітетті.
Ащы да үрейлі дауыстан сезімтал жылқы жануарлар да шыңғыра кісінеп кетісті…
Сүт пісірімге жетпейтін уақытта Бас сарай билеушісінің де демі үзіліп кетті… Былғары табытпен тұтаса біткен былғары тері басын қысқаштай қысып, құрсаулы миын аузына түсіріп, миқұрт қылып еді. Жарық күннің астында тозақ кешкен жаны мен азап арқалаған тәні жаһаннамға адам төзгісіз жайда аттанды.
Шын-Машын Елінің басқыншы залымы – Бас сарай билеушісі сақтың былғарыдан тігілген азап табытын тұлабойы тәніне баса киіп, санасыз миқұрт болып аттанып еді… Кешегі қан жаласқан андастардай болған аманат арқалаған екі елдің адамдары осындай кепке душар болды. Алтайдың Қазан-ана көлі мен мәңгілік мұзарты Ақтауы қойнауында алтын астаумен ұсынған сақ салтына қан кешісер қарымта ұсынған залым ойлы зұлым жауы тозақ отына күн астында тірідей қақталған-ды.
Бұған бүгінгі күні жер сілкінумен суға кетіп, сынаптай сырғымалы бағзы уақытты аруаққа айнала еңсерген Толғанбайдың тозбас руһы мен жарық жады куә болды…
Дің қаған қас жауының жаны үзеңгі қайыстай үзілгесін, шүршіттің Бас қолбасының қылыш ұстар оң қолын білезіктен шаптырып тастады. Ол шошына талықсып жатқанда құрым киізді өртеп, шолақ қолының суша аққан қанын сарбаздар тоқтатып, байлап тастады.
Ұзақ жолға шыдамды келетін, алдын-ала дайындап қойған сақ сәйгүліктерін Білге қаған тұтқын шүршіттердің алдына кесе көлденең тарттырды. Жолазықтарын – сүрленген ет пен ақ шағала құрт-ірімшігін бөктергіге байлап, жолторсыққа сақтың айран мен шалап, іркіт пен езбесі сияқты ақ сусынын толтырып салды.
Шүршіттерді Бас қолбасыны бас қылып, Шын-Машын Еліне – туған жеріне қарай ұзын жолға салды…
Саналарын сақтар салған зұлмат қорқыныш қармаған, үміттерін сұрқай үрей билеген, адам жасар тозақты шыққыр көздерімен көрген шүршіттер сақ бақсысы жындарын қағып алған бейшарадай сүлесоқ еді…
Бас сарай билеушісінің қойнына қағанның сатқын ұлы Аманат бектің бас терісінен тігілген қолжаулықты Шын-Машын патшасына – жаугершілікке жіберген інісі Бас қолбасыдан сыйға беріп жіберді… Жұп-жұмсақ етіп илеуі қанған, жұп-жұқа таспамен шет-шеті қайыра тігілген қолжаулық шүршіт қолбасының ыстық қойнына жасырылды.
Аманатқа берілген Дің қаған ұлын Сақ Қағанатына қаған қып қойып, «қолжаулық» қылып жұмсаймыз деген ойлары мүлде өзгеше тұрпатта жүзеге асырылып, сатқындыққа қаталдықпен ғана жауап қайтаратын сақ жолымен бектің бас терісі дұшпан қолына нағыз сыйлы сыйақы – қолжаулық болып табысталды. Адам құйқасынан иленген сыйақы қолжаулықты көрген сайын шүршіт билеушісінің санасын сақтың сұмдық ескерту салты мен үрей билесін деп, дұшпанына арналып жасалынған көшпендінің былғары тұмарындай қасиетті бұйымының бірі Шын-машынға жіберілді.
Сақтың бір топ салт атты жасағы шүршіттерді Құбының құмынан асырып, шүршіт елінің шекарасындағы шаһарға дейін шығарып салуға бірге аттанды.
Толғанбайдың мазасыз рухы бұдан ары қала алмады…
Қимасы – бала Отанға жан рухы тарта берді…
Ол да Былғары табыт басындағы сақтардың қалған шаруасына қарамастан Қалғұты ауылына қарай жылдам жылыстап кетті. Мезгіл мұнары тез ауысты.
Көктегі құс жолындай кең дүние мен жердегі құстай ұшқан зымыран уақыт шыркөбелек айналып, Жады Толик аруағы Қарасеңгір етегіндегі Қалғұты ауылынан бір-ақ шықты. Тау етегі төскейіне қызыл кірпіштен салынған шатырлы үйлер жер сілкінуден қирап қалмапты. Терезелері сынса да, қабырғалары жарылса да аман екен.
Кейбір қора-қопсы мен қыр жапсарлаған ескі үйлер ғана құлапты. Ауыл ортасында айбар болып, сырты темірмен болат берендей құрсауланған екі қабатты ескі мектеп пен баяғы кезде балабақша болған үй де орнында тұр.
Түн ортасында келген Толғанбай аруағы бала Отан мен әкесі Ғазиздің үстінен түсті. Олар осы ауылдың бизнесмен фермері Бақытжан Аймұханбеттің үйінен үн-түнсіз шықты.
Есік алдынан үй иесі күтіп алды. Қолындағы асауға бұғалық тастар қайыс арқанды Ғазизге ұстатты.
– Көлікпен барарсың! – деді Бақытжан сыныптасы Ғазизге. – Бала тоңып жүрер. Қырға шыға түн салқын.
– Сенім білдірсең…
– Е-е, қойшы! Міне кілт. Қозыбаймен тура.
– Аршын далаға шықса – қарарсың… Иттен қорқады.
– Оған алаң болма! Сендер келгенше – күтем!
Бәрі үйден аулағырақ тұрған тау мен тасқа жол таңдамас, бұқа тұмсықтанған қаракөк джип көлігіне келді. Кілттің жарты бұрауынан-ақ дүр ете түскен мотор үні ақырын естіліп тұрды.
Қараңғылықты жамылған әке мен бала жөнеле берді. Олармен ілескен Толғанбай аруағы да шүршіттер ұшқан Шүршітұшқанға бет қойды.
Айлы түнде Түйеқұлаған түнере қарсы алды…
Басынан не түрлі ықылым-хикмет пен зұлым-зұлматты өткерген көне құз-құя айлы түнде шиебөрісі шулап, түлкісі итше үріп, үкісі уілдей шақырып, бұларды мазасыз күймен күтіп алды. Қарауыта үңірейген үңгір сай іші үрей шақырып тұрды.
Бала Отан бірақ қорыққан жоқ. Оның бойында алтын тәжге деген аңсарлық сезім күш алып, төменге жасқанусыз түсті. Қасында қарайып әкесі барында қорқыныш та жуымайтына белгісіз батыл сенім қуат берді. Ол аса бір сезімталдықпен алтын тәж тығулы маңды жазбай таныды.
Отан арқанды асынып алып, жалама жартастың жақпарымен өрлей бастады. Қолына өзі кигізген шүберек бессаусақ ай жарығымен төменде бақылаған әкеге ағараңдап, анық көрінеді. Бала биіктеген сайын батыл қимылдап бара жатқандай… Ғазиз әке жүрегі алаң.
Ол қасында жалпая жаншылып жатқан Сұңғаттың ақ джипіне бір қарап, отыз қадамдай жердегі қалың қау шөптің арасында жатыр-ау деген Политсай Парыздың мәйіті жаққа бір қарап, құзға кесірткеше жабыса жылжыған жұдырықтай ұлына бір қарап, жүрегі дүрсілдеп тұр. Бала бірақ арқанды асынған қалпы жартастың жақпар-жақпар жарығымен ұлуша жанасып, жоғары қарай жылжып барады. Төменге көз салар емес.
Ғазиз оқыс үндеуге де жасқанып тұр… Тәңіріден ұлының тілеуін ішінен тілеп, амандығын жаратушыға тапсырды.
Толғанбай аруағы ғана айдың алакөлеңкесінде баланың жанына жарғанатша жанай жетіп, қолтығынан демеу болуда… Оны әлде бір суық түйсікпен Отан да сезінеді.
Толғанбай аруағы да баланың сезім ауанына құлай қуанды… Оның ептілігіне аруақ та болса қайран қалды!
Кешікпей арқанды бала алтын тәж тығылған қуысқа да жетті. Қатарындағы қосымша қуыс кенере үстіндегі бос қалған ескі ұяны сипап та үлгерді балалық қызығушылықпен… Бос ұяның бетіндегі қу шырпылары сытырлады.
Алтын тәжге қондырылған бас бармақтай көкніл гауһар қиялай түскен ай сәулесіне жарқ-жұрқ шағылды. Бала гауһар тастың қасиетіне қанық болмаса да, көк аспанмен ұштасқан ай нұрымен астасқан жарқылына таңырқап қалды.
Ол құз жақпарына жартылай денесімен ене тұрып, алтын тәжді беліне байлаған қайыстың ұшына іліп, күрмей тартты. Иығына айқара асынып алған, қайыстан өрілген шалма арқанды да жартас басынан темір шығыршықты ұшынан ноқталай ілді. Төменге түскенде шірене тартылған өрме арқанды босатып тұрып толқындата ырғаса, жартастың доғал басынан шығып кететіндей етіп ілмелеп қана қойды.
Құздан төмен түсу әлде қайда қауіпті екен. Отан қырқаяқша жабысып, жақпар қуыстары арасымен саумалай түсе бастады. Тәңірі сақтап, төменге аман-есен жетті.
Ғазиз әкесі жалғыз ұлы жартас табанына бәтіңке ұлтаны тигенше жаны шығып кете жаздап, әрең шыдап тұрды. Жерге түскен бойда «Азаматым!» деп қалай құшақтай алғанын өзі де аңғармай қалды. Бала қарадай ұялып, әкесі құшағынан шығардай жеңіл бұлқынды.
Әке құшағынан босанған Отан:
– Парыз ағаға барайық! – деді ақырын ғана.
– Қорықпайсың ба!? – деп қалды Ғазиз.
– Кімнен?
– Аруақтан.
– … – Бала әкесі сынап тұр ма деген оймен үндеген жоқ.
Отан әкесіне қарамастан жартастың орта тұсынан төмен қарай салбыраған өрме-қайыс арқанды толқындата толқып-толқып жіберді. Үш қайтара толқи тартқанда шығыршық темірмен шалмаланған бұғалық ұшы доғал жартас басынан шығып кетті.
Іле жоғарыдан төмен қарай шығыршық темірі жалама жартас жүзіне соғылып, шыңыл қаға үн шығарып, баланың табан астына суылдай құлап түсті. Отан жерден іліп алып, шынтағы мен алақаны арасына ыспалай орай бастады. Ұзын арқанды орай жүріп, бойындай ұзара өскен балғын шөп арасындағы мәйітке қарай қозғалды.
Баланың соңынан әкесі де ере жүрді.
Толғанбай аруағы да ере берді…
Палитсай Парыз мәйітінің аруағы баяғыда-ақ бұл дүниеден жырақтап кетіпті. Жарық жалғаннан кете алмай қаңғалақтап жүрген Толғанбай рухы ғана… Қу сүйек екпетінен түсіп жатыр екен.
Ту сыртынан – қақпақтай жауырын ортасынан сақтардың бағзы замандағы шолақ найзасы қадалыпты…
Өлі тәнге ештеңе де тиіспепті. Қазір Алтайдың аң-құсы тоқ кезі. Қарға-құзғын шоқымаса, шиебөрі азу баспаса, таң атқанша тыныш жатары хақ. Салқын сай ішінде тәні де бұзыла қоймас.
Ай нұры сай табанына да сәулелене құйылып тұрған. Мәйіттің басына ай жарығымен жақын келген бала мен әке жауырын ортасынан қадаулы тұрған сүңгі сабын көргенде сілейді де қалды…
Толғанбай да таңырқаулы!
Алдымен бала үн қатты.
– Дің қағанның найзасы!..
Сонда ғана найзалы мәйіттен шошынып тұрған Ғазиз есін әрең жиды.
– Кімнің?
– Дің қағанның… Қаған ата-бабасының алтын тәжін ұрлағанына ренжіген ғой.
Бала ойын жасыра алмады…
– Ол кім, балам? – деп үрейлене сұрады Ғазиз.
Ұлының осындай адам шошырлық сөзін естіп қалып жүрсе де, сенер-сенбесін білмесе де, пендешілікпен сұрай салғанына өзі де таңырқады.
– …Марқа сұлудың иесі!
– Сұмдық-ай! Не дейт, мұндай да сұмдық болады екен?
Ғазиз денесі мұздап кетті… Жүрегін қорқыныш жайлап, санасын ызғар қарыды.
Ұлынан да үрейленіп, оған үрке қарады.
– Жүр. Жүр, Отан!..
– Қазір, әке.
Бала шынтағына орап алып, балғын құрақ бетін сыпыра сүйреткен арқанды жазды. Әкесі не істегелі жүр деген оймен дегбірсізденіп тұрды.
Отан жас мәйітті айналдырып, қайыс арқанмен қоршап шықты…
– Оны неге қоршадың?
– Әке, Кезбе Толу айтқан, иенде жалғыз түнесең, аттың шылбырымен өзіңді қоршап жат, пәле-қала жуымайды… Аман боласың деген. Бұл да аман болсын!
– Иә, балам! Жады Толик көп нәрсе білетін… Ішіне жасырып кетті ғой, бейшара!
– Ол бейшара емес, әке! Ол – жады… Жаулары жадылып тастапты ғой. Содан ауру болып кетіпті. Дулат аға сүй деді.
– Жарайды. Болдың ғой… Қозғалайық. Аруақтың қасында ұзақ жүруге болмайды.
Екеуі Түйеқұлаған құзынан шығуға бет алды. Бала жоғары өрлеп келе жатып әкесінен тағы сұрады.
– Әке, өлгендер орала ма?
– Жоқ.
– Оралады. Мен Қуат ағаны көрдім…
– Тек! Жоқты айтпа!
Бала үнсіз қалды…
Ол Дің қаған сақтарынан бүгінге ажал белгісі болып жеткен таңқаларлық найзаны «Политсай Парыз арқасынан суырып алу керек еді…» деп ойлап келе жатты. Әкесі болса, баласына күдікпен көз тіктеді.
Ғазиз өз-өзіне күбірлей берді.
– Дің қаған… Марқаның иесі… Сұмдық-ай! Қаған найзасы қайдан жүр? Ой, тәңірім-ай! Отанымды сақтай гөр! Ұлыма жар бола гөр! Сен медет бола гөр! Біздің басқа кіміміз бар? О, құдіретті тәңірім! Әумин!
Ғазиз жал-құйрықсыз жалғыздығын жаңа сезінді… Әлсіздігін анық ұқты. Шараптың буымен жүріп, өзін ерек жан иесі – әнші екендігіне малданушы еді… Дарынына пендешілікпен тәнті тұғын. Бір-ақ сәтте Оған – Тәңіріге жалынғанына жол ашылғандай күйге түсті. Оған себепкер – ұлы – Отаны. Ертең бірақ ұмытып кетпесіне кім кепіл? Ұмытшақ пенде ғой бұл.
Бақытжан кәсіпкердің көлігіне отырған алтын тәжді екеуі Қалғұтыға қарай жылдам қозғалып кетті. Дыбыссыз ілескен Замани Толы аруағы да көлеңкелі көк аспан астында жылдам жүзеді… Сақтар сойған дөнен өгіздей көлік те ұшыртып келеді.
Аруақ аспан астында, адамдар жер бетінде жылжып бара жатты.
Ай да көкжиекке қарай қиялай ауып үлгерді. Таң қараңғысы күргейлеп келе жатты. Алтын жиекті Марқа сұлу таңы атуға таяу еді.
Таң рауаны Сарытаудың қасқа тұмсықтанған қарлы биігінен сызат бергенде Отандар да ауылға кірді. Бақытжан кластасы үй іргесінде күтіп отыр екен. Ауыл әлі ояна қоймапты. Сәбидей тыныш тыныстайды.
Ғазиз бен Бақытжан шылым шекті. Ұйқы әлдеқайда қашып кетті…
Бала да ап-ауыр алтын тәжді құшақтап қастарында отыр. Оның қолынан қайыра алған Бақытжан таң жарығымен алтын тәжді айналдыра қарады.
– Ой, жарықтық! Қандай сұлу жасалынған…
– Ол заманда да ғаламат шеберлер болған ғой.
– Иә-ә, өз заманының современниктері… Мынадай үлкен гауһарды қайдан алды екен?
– Қазіргі Сібірдің сақа-жақұтттар тұратын Оймякан ойпаты толған гауһар ғой… Сол Оймекеннен алдырған шығар. Бәрі де сақтар болған. Түбі бір түркілер емес пе!? Ортақ мекен. Ортақ тіл. Ортақ дәстүр. Сақ Қағанаты салтанат құрып, салт-санасымен сақылдады… сарқырады ғой мұхиттай… Кейін Түркі Қағанаттары болып дүрілдеді ғой, шіркін!.. Дүркіреді. Алтын Орда мен Гауһар Орда құрды олар.
– Мына сом гауһарды аукционға қойса, әй жүз мииллион доллардан кем болмас!
– Сатуға болмайды! – деп бала Отан бизнесмен Бақытжан ағасы қолындағы тәжге қолын соза берді.
Өзара әңгімелесіп тұрған азаматтар бала ләміне аңтарыла қарасты.
Ғазиз:
– Балам, – деп алтын тәжді қолына алған ұлына күлімсіреді. – Бақытжан ағаң жай айтып тұр ғой, баламысың деген.
– Әй, осыным ұят болды! Жас ұрпақ құрлы миымыз жоқ… Бізден Толғанбай артық… Соның Былғары табыт обасын күзеткенінің арқасы!
– Бар, ұлым! Шайға дейін ұйықтап ал… Тәжді де құшақтап жат!
Отан үйге кіргенде жерге жарық молынан түсіп, Қалғұтының шығыстан соғар желі басылып қалып еді. Ауыл оянып, мал сауып, өріске шыға бастады. Жазғы жел басылысымен, оның орнына азан-қазан ауыл шуы көтерілді.
Қабырғасы қара-бұжыр құлама жартасты Қарасеңгірдің астынан мал бордақылап, шұжық пен басқа да ет аралас өнімдер жасайтын, сүт сауып, ірімшік пен май алатын кешенді шаруашылықты көптен бері ұстайтын Бақытжан Аймұханбеттің да адамдары таң бозынан қимылдай бастады. Жер сілкінуден есін енді жия бастаған ауыл күнделікті қалыпты тіршілігіне көшіп еді.
Күн бақан бойы көтеріліп, тез ыси бастады. Аспанда шөкімдей де бұлт жоқ.
Есік алдына самауыр қойылып, түн асқан салқын тай еті дастарқанға келді. Үйдегілер тегіс дастарқанға отырғанда даладан дүрілдеген көлік дауысы естілді. Іле-шала Бүргендай шығып, Қалжыр айналып келген жолаушылар – археолог Дулат пен Декабрист Қаржау да үйге асыға енді.
Бәрі өре түрегелісті.
Асығыс аман-саулықтан соң алтын тәждің аман-есен табылғанына қуанысып қалды. Ғазиз алтын тәж туралы Аршын сұлу айтқан ыңғайсыз әңгімені қозғамады… Бала да үндемеді. Дулат та телефоннан Ғазиз айтқан «Қалжырға ағып кетті…» деген сұлу әйелдің сыпсың сөзіне соқпады.
Ол осы таңда Ғазизбен екеуара сөйлесіп, таң бозында алтын тәжді жасырған орнынан алғанын телефонмен естіп алған еді. Сонда да жаңа ғана алтын тәжден хабар алған кейіп танытты Декабрист Қаржау ағасы екеуі… екеуінің көңілі қуаныштан жайлана сала Зайсан қаласына кеткен Сұңғат ағасын да хабардар қылған.
Аршын сұлу да түк көрмегенсіп, түк білмегенсіп, көгілдір тартқан ұялы мұңлы жанарын мүләйім төңкеріп, сыздықтата шай ішіп отырды…
Доктарант Дулат мүлде күтпеген сөз айтты…
– Мағдан Жұрағатұлы көзін ашып, тілге келді… Өзін тезірек алтын тәжбен Сарыарқаға жеткізуді тапсырды.
– Дәрігерлер рұқсат ете ме? – деді Ғазиз.
– Сұңғат Зайсанға кетті. Күршімнен Зайсан жақын ғой…
– Сол жақтан дәрігер әкелмек пе? – деп қалды Аршын сұлу.
– Иә.
– Қозғауға рұқсат берсе екен!..
Сұлу әйел дауысы жалынышты шықты…
– Жүректі жан ғой, рұқсат берер, – деді Декабрист Қаржау жайбарақат қана.
– Біз Магдаға жетейік! – Аршын сұлу бәріне өтініш білдіре үн қатты.
– Жоқ, жеңгей! Транспортировкаға рұқсат етсе, Сұңғат осында ұшып келетін болды, – деді Декабрист Қаржау.
– Магдамен бе?
– Профеесор ағамыз Сұңғаттың самолетін өзі қалап жатыр. Ұшақ та жаңа,-деді Декабрист Қаржау. – Толы жанармаймен осы Қалғұтыдан Өскеменге еркін жетеді.
– Ары қарай санавияция да бар емес пе?
– Оны қалаға жете шешер, – деді Декабрист Қаржау.
– Бақытжан аға, – деді Дулат, – ұшақ қонатын жер дайын ба?
Сөзден гөрі істің адамы Бақытжан:
– Сұңғат кеше телефон соққан соң, тас төсенішті өзім тағы бір тексеріп шықтым. Былтырғы қалпы… Шөп те Қарасеңгір етегінде селдір өседі ғой, тас төсеніш беті таза екен, – деді.
– Көктемде ғана қонып ек, – деп Ғазиз да қостап қойды. – Болашақта асфальт паласа саласыздар ғой, Бәке!
– Иә. Өзім де соны ойлап жүрмін.
Аршын сұлу өңін Бақытжанға сұқтана салып:
– Сіз де самолет сатып аларсыз! – деді биік қабағын керіп, ұялы көзін аударып.
Бақытжан да сұлу әйелдің сыңғыр үні мен ұялы жанарынан, сұлу өңінен көзін аудара алмай:
– Иә! Аламыз!.. – деп қалай айтып қалғанын өзі де аңдамай қалды.
– Мен сізге сенем!
Шай құйып отырған Бақытжанның жары күйеуінің оқыстан айта салған сөзіне таңырқап, бұрыла қарады. Күйеуі де Аршын сұлуға айтарын айтып қалып, өз-өзінен қысылып отыр екен.
– Мужщина!.. – деп қалды Аршын сұлу да.
Ғазиз да Аршын сұлудың қабақ керісін аңдап үлгерді…
Бетіне қызғаныш оты лап ете түсті. Оқыс оянған қызғаныш сезімінен енді өзі қысылды. Іштей «Ақымақ!» деп жазғырып та қойды. «Сайқал!» деп жақ жүні жыбырлады.
– Декабрист аға! – деді оқыстан бала Отан. – Политсай Парыз ағаның арқасына найза шаншылыпты!..
Әкесі Ғазиздің де ту сыртынан сүңгі қадалғандай күйге түсті…
– Астапыралла! – деп қалды Бақытжанның жары.
– Рас па? – десіп әркім-әркім Ғазизге қарасты.
Ғазиз үндемей-ақ қойсам деп еді, балалықпен мәйіт жайлы бар сырды Отан жайып салған соң, Түйеқұлаған басындағы Парыз сүйегі туралы айтуына тура келді. Көргенін тәптіштеп жеткізді. Отырғандар неге жорырын білмей дал болды.
Тек әкесі мен ұлы екеуара айтылған Дің қаған туралы әңгімені ғана бүгіп қалды…
Дастархан жағалаған Толғанбай аруағы ғана Шүршітұшқанда Политсай Парыздың шүршіттермен бірге қалай ажал құшқанын куәгер санамен саралады… Көзге көріне бермес қырық қабат тылсым әлемді аруақтық санамен анық саралаған жалғыз Толғанбайдың жан рухы жарық дүниеде жылап жүргенін мына меңіреу пенделер қайдан білсін?!
Күн ыстық болады, жол жүреміз десіп, ешқайсысы бір-бір стақан ақ арақтан да татып алмады. Бәрі қотарыла тұрып, далаға шығып бара жатқанда Ғазиз соңдарын ала беріп, толып тұрған қос стақанды көмейіне тастап-тастап жіберді.
Әнші жігіт ашырқанбады. Жанары шырадай жанды…
Жер сілкінгенде құлаған үйлерді көтеруге «Асар жасайық!» дескен ауыл азаматтары мектеп маңына жиналысып жатыр екен. Бақытжан соларға барып-келуге кеткенде, қалғандары оның «Сарыбай өндірістік кешенін» аралап қайтуды жөн көрді.
Түс әлетінде Бақытжанның дастарханына оралысты. Ас ішіп болысып қалғанда Сұңғаттан да хабар келді. Дулат інісіне телефон соққан ол қазір Қалжырдан француз ұшағымен көтерілетінін жеткізді. Қалғұтыға аялдамастан ұшатындарын ескертіп, дайын болуларын тапсырды.
Былғары табыт ауылындағы су тасқынына кеткен киім-кешектері мен оны-мұны дүниелерінен басқа ештеңелері жоқ Дулат археолог пен Аршын сұлу жолға дайын еді. Бала Отанмен үшеуі Гауһар тәжді ғана қағаз қорап ішіне салып, сыртынан желімдеп тастады.
Олар жолға жиналам дегенше шағын ұшақ та қыр жақтан қашаған аттай қылаңыта көрінді…
Ұшақ қонысымен Сұңғат жерге түсті де, Дулат алтынмен аптаулы Гауһар тәжді көтеріп, шалқасынан жатқызылған профессордың бас жағына келіп отырды. Аршын сұлу тұрғандармен бас изей қоштасты.
Әнші Ғазиз шыдамай кетті…
Тәуір-ақ қызып алған ол өзгелердің бұған қарап тұрғанын да елемей, Аршын сұлуға тұра ұмтылып келіп, белінен құшақтай қысты. Әй-шәйға қарамастан жас әйелді ернінен жабыса сүйіп алды.
Аршын сұлу өп-өтірік қысылғансып, кеудесінен әлсіз итеріп:
– Демеп жібер! – деді.
Дүрүлдеп тұрған ұшақ дауысынан олардың бір-біріне не айтқанын ешкім де естімеді.
– Жаным! Ғұмыр бойы демеп өтейінші!..
Ғазиздің үздіккен үні мен арақ сасыған аузынан жиіркенсе де, сұлу әйел сыр білдірмеді. Ұшақтың өздігінен жиналмалы сатысымен көтеріле берді.
Инсульт болған профессор күйеуінің бас жағына келіп жайғасты.
– Жаным, Магда! Қорқытпашы мені!.. Қалайсың?
Тілі күрмеліңкі болса да, сақа профессор Мағдан Жұрағатұлы:
– Жа-а-ақ-с-с-сы-ы-мын!.. – деді дыбыстарды үзіп-үзіп.
– Аман болшы, де-е-ед! Барған соң жазып алам! Қорықпа! Сен маған… – деп қалып, тілін тістей қойды, – бізге керексің әлі!
Дулаттың оқты көзіне жалт қарады да, шімірікпестен емірене қалды.
– Жаным, Магда! Дед мой, любимый!..
Бұл кезде Сұңғат та ұшаққа отырып, жеңіл әуе кемесі орнынан қозғалып кетіп еді. Жиналып қалған ауыл адамдары өзара сыбыр-күбір етісіп, ал балалар ұшақты қуа жөнелісті.
Санасы сараланған Толғанбай аруағы ғажайып гауһарлы алтын тәжді қимаса да, соңынан ілесе қоймады. «Былғары табытқа барайын. Былғары табытқа жатайын. Мына көзі тірілер де үлкен былғары табыт ішіндегі мүскіндер ғой… Бұлар табытта екенінен де хабарсыз. Бағзы заманда дұшпанын былғары табытқа салса, бүгін өздері сол табытты құшқандар» деген ойрухы бишікпен осып өткендей болды. Сол-ақ екен марқаланған жан рухы Марқа сұлуда қалғанына қуана берді. Бассүйекпен сырласар Ақсөңке сайына – қаңқ етпес Қыранжартасқа қарай жылыстай жөнелді.
Күзгі қурайдай бөлінген жалғыз Отан ғана француз ұшағы соңынан ұзақ қарап тұрды… Жұрт жылдам тарқап кетті.
Француздық миниұшақ көк күмбезінің құбыласына бет түзеді. Инеліктей алыстап, ноқатқа айнала берді. Бала басына киген жұқа кепкісінің күнқағары астынан жанары жасаураса да, қара ноқаттан қарашығын аудыра алмады.
Құбыла жүзі күрең қабақ тартты.

Пікір қалдыру