АТАНЫҢ АПАСЫ

 

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

Марқұм күйеуі қасына келіп, қолын сермеп әлденені айтады… Бұл дәнеме түсіне алмай қиналады. Есін жиғанда, жоқ оянғанда түс көрді ме, сандырақтады ма айырсашы…
Данагүл әбден қартайған шағында туып-өскен Қамыстыкөлге қайта жолы түсті. Жалындаған албырт он сегізінде аттанған. Тоқсанға толып тоқырағанда, қолтығында қос таяғы, төрт аяқтап оралды. Жетпістегі тұңғыш ұлы Қайырлы да ауылды аңсап болмады. «Шеткері оңашалау көшедегі, бөлмелері кеп-кең, жайлы үйді сатып алайық, мүмкін бірлі-жарым мал ұстармыз», – деген соң келіскен. Күйеуінің бейіті де сонадайдан қарауытып менмұндалаған қабірстанда. Өзі де атамекенін – ауасын, суын сағынған.
Аудан орталығындағы, «хрущевка» аталып кеткен тұрғын үйдің бірінші қабатындағы баспаналарын сатып алушы да табыла кетті, ию-қиюы келіп. Сөйтіп жаңа қоныстарына көшіп-қонып жатқанда, сол маңда ойнап, бейтаныс адамдарға тосырқай қарап жүрген балалардың бірі, Қайырлының шешесін «мама» дегенін естіп, таңырқап, үйіне барып: «Бір ата бір апаны мама деді, неге?» – деп сұраса керек әке-шешесінен. Содан бұл сөз қамыстыкөлдіктердің реті келгенде әңгімесіне қоса кететін тұздығына, кейіннен көпшіліктің езу тартар, астары басқаша мәтеліне айналды. Алайда сәби бала айтыпты деген сөзге қарт кісілер ренжіген жоқ, күлді де қойды.
Таныса келе көршілері бұлар туралы айтылса, «атаның апасы», «атаның апасының үйі» деп атап кетті. Қоңсыларының дені – жастар. Олардың көбісінің ата-әжелерін білетін болып шықты Қайырлы мен анасы.
Қамыстыкөлді қоныстанғандарына үш айдан асқанда кенже ұлы Саят келді. Қашанғыдай от алып асығыс жүр. Кәсіпкер. Қалада тұрады. Ойында түк жоқ, «хрущевкадағы» үйренген пәтердің есігін қақса, бөтен адамдар. Ағайын-тума, таныс-білістер: «Үш айдан бері шешең мен ағаңа хабарласпағансың ба, көшіп кеткендерін естімегенсің бе?» – деп, біреулері шынымен таңырқаса, біреулері мысқылдай қағытыпты. «Бетімнен отым шықты, – деген інісі, ағасына қолтелефон сыйлады. Қорабынан шығарып, қалай пайдаланатынын көрсетті. – Осыдан былай күнде хабарласып тұрамын», – деді. Кетерінде:
– Аудан орталығы қалаға қайта жақындау еді. Енді мына ауылдың жолын Құдай көрсетпесін. Бір келген адам екінші қайта бұл жаққа аттап баспастай. Келесі айда көлік әкеліп, қалаға көшіріп әкетемін. Жас боп тұрғамыз жоқ, бас ауырып, балтыр сыздаса, бір жерде болайық, – деді.
– Дұрыс қой. Бірақ тоқсандағы төрінен көрі жақын шешең екеумізді, анау көкке шапшыған шарқая қатыныңның қолына апарасың ба? – деді Қайырлы бұрқ еткен ашуын ірке алмай.
– Жоқ-а. Бір үйімде квартиранттар тұрып жатыр. Соларды шығарып, жөндетіп, дайындап қоямын. (Ағасының ашуын жөн көргендіктен елемегенсіді).
– Сүйегімді сүйретіп қаладан не іздеймін, қарағым? Туып-өскен жер, осы үйге де үйреніп қалдық.
Әңгіме осымен тәмамдалғандай болған. Інісі «Ланкрузерін» оталдырып, әкесінің басына барып бет сипап, аттанып кеткен.
Қалаға жеткен бойда хабарласты. «Ертең барамыз», – деген күні де сөйлесті. «Әуре болма, көшпейміз», – дегендеріне көнбеді. Ертесінде кештетіп жетті. Інісінің жеңіл көлігінің соңынан гүрілдеген үйдей «Камаз» келіп тоқтады. Қасына ержетіп, түбіт мұрттана бастаған ұлы мен кішкентай қызын ерте келіпті. Әжелеген екі немересін көріп кемпір де, өмірінде өз кіндігінен еміреніп бала сүймеген Қайырлы да еріп сала берді. Балалар да әкесін жөптеп: «Бір қалада боламыз, күнде келіп тұрамыз әжеге», – деп мәз…
Енді олар, міне, күндіз-түні у-шуы үзілмейтін үлкен қаладағы, зәулім он екі қабат үйдің, тоғызыншы қабатындағы бір бөлмелі пәтердің тұрғындары. Жоғарыда да, төменде де, оңда да, солда да, кейде қайдан шыққанын айыру қиын дүңгір-дүңгір дауыстар, тарс-тұрс қозғалыстар, әредік ашулы, көбіне көңілді айқай, күлкі, айналаны жаңғырықтырған музыка… Балкон жақтан таңға дейін тоқтамайтын көліктердің гүрілі. Ауылдың тып-тыныш, бейқам өміріне әбден үйренген қарттарға басында тым қиын тиді. Еңселерін әлдене басып тұрғандай ұйықтай алмай жүрді. Екеуі Саяттың бетіне де, сыртынан да кейіп, кінәлайтынды шығарған. Дегенмен біртіндеп шешесі айтқандай «аспандағы үйге де» бой үйрете бастады.
Бұлар қалаға қоныс аударғанда қоңыр күз болатын. Шөлейттегі жан-жағынан аңырап жел соғып тұратын шағын ауылдан, адамның көптігінен мазасыздығы болмаса, орман көмкерген қаланың май тоңғысыз күзі Қайырлыға жайлы көрінді. Ерекшелігі – сап түзеп, кейде тұтаса көкке ұмтылған қайың, терек, үйеңкі, емен, самырсын, шырша – бәрі-бәрі өзімен-өзі. Самал желмен сыбдырай ырғалып сусып жерге құлаған жапырақ екеш жапырақтары да қара басымен әуредей, басқамен ісі жоқтай. Құдды қазағы, орысы, кәрісі, немісі аралас, кіріп-шығып жүргенде ұшыраса қалса, мыңқ етіп сәлемдесу ырымын жасаудан аспайтын, арыға бармайтын, сөйлесейін десең де сырғақтап, тұсаулы аттай кібіртіктей беретін көршілерінен аумайды. Ауылдағыдай көсіліп отырып, саясатты да, тарихты да, өткен-кеткенін де санамалай саралайтын жан тапсашы. Қайғы-мұңы, қуаныш-жұбанышы әркімнің тек өз ішінде, хүкімет өлшеп-пішіп берген шағын шаршы аумақтан аспайтындай, аспауға тиістей. Дүркіреген думанды мейрамханаларда да қарақшыдай қақиып отыратын қалалықтардың іштегілерін ақтарып, жандүниелерімен ашыларына күмәні бар. Мұншама томағатұйықтыққа мойынсұнғандарын елемейтіндей. Тіпті ләззат алатындай.
Қайырлы ауылдастары қалжыңдайтындай – «астынан су шыққандай» ала таңнан тұрып алады. Қалада от жағып уақытын кетірмегенмен, ас үйде оны-мұны пісіреді. Анасы екеуі шай ішуге отырғанда, ас үйдің есігін жауып, балконды ашып, ұйықтайтын бөлмені желдетеді. Таңғы астан кейін анасын қаласа, жатып демалуға ыңғайлы жерге отырғызып, қасына таяғынан бастап оны-мұны керек-жарақ заттарын қойып, тап бір күнделікті жұмыстағы адамдай шырт киініп, көшеге шығатын ғадет тапты. Жақын маңдағы саябақта серуендейді. Дүкендерге бас сұғады. Кей көшелерді бойлап ұзағырақ жортады. Түс ауа, кешке де бой жазып, жүріп қайтады. Қалаға келген алғашқы апталарда іші пысып, әбден зеріккеннен шығарған өнері.
Ауылдағыдай мұнда сені жұрт қасыңнан өтіп бара жатса да, сәкіде жақын отырса да, өзің бірдеңе демесең, мазалай бермейді. Сонша адамның ортасында жүрсең де, ой-қиялыңмен оңашасың. Анда-санда жолы түскенде келіп қайтқаны болмаса, қалада ұзақ уақыт тұрып көрмеген Қайырлыға мұның барлығы – жаңалық.
«Көрмейін десем, көзім бар» дегендей, жеңіл-желпі киінетін қаланың сылқым қыздарына қарайды. Өткен-кеткені есіне түседі. Ойлап қараса, осы күнге шейін тікелей тағдырына айналған бірнеше оқиғаны ғана ерекшелеп айта алады екен.
Інісі екеуінің арасы – он жас. Саят туған жылы әкесі қайтты. «Аяқ астынан қан қысымы көтеріліп кетіпті», – десті үлкендер. Әкесі марқұм орта бойлы, толық денелі, қара кісі болатын. Құрдастары «аппақ тракторшы» деп атайтын. Қонақ бөлмеде көздері алайып, құлағынан, мұрнынан қан кетіп сұлап жатқаны көз алдында. Есін білгеннен пана тұтып, айтқанын екі етпей, әр ісіне еліктеп, ізімен келе жатқан, жанына ең жақын адамның, бір сәтте мәңгілікке жоқ болғанына, жұрттың аянышпен қарап айтқан мейірсөздеріне үйрене алмай, нана алмай жүргені жадында…
Орта мектепте жүрді-барды оқығанмен, шаруаға икемді, ықтиятты, ұқыпты болып өсті. Жәй қара жұмыспен шектелмей, көлік жөндеуден үй салудың нағыз шеберлікті қажет ететін күрделі түрлеріне дейін игерді. Көрші-көлем, ауылдас таныс-біліс, ағайын-жекжаттың Қайырлыға ісі түспейтіні жоқ. Ешкімді алаламай, көмектесуге тырысады. Өзінің де еміс-еміс есінде, шешесі: «Әкең де шебер, көпшіл азамат болған», – дейді. Кейіннен анасы жүріп-тұра алмай қалғанда, «басқа түссе – баспақшыл», тамақ пісіруді де үйренді. Басында көбіне анасының айтуымен жасап жүрді. «Неге екенін, ер адамның істеген тамағы дәмді болады», – деп тамсанады шешесі үнемі. Әкесі құсап бұл да тракторшы, жүргізуші болды. Оқуда Саят озды. Оны анасы: «Маған тартқан», – дейтін.
«Інісі кішкентай, шешесі жесір», – деп әскер қатарына алмады. Дұрысында – аудан халқына білімді, тәлімді ұстаз ретінде танымал шешесінің сөзі өтімді. Өзіне серік бола бастаған ұлын, таныстарына өтініш айтып, қолынан шығарғысы келмеген. Ақыры ешқайда бармайтын болғасын, үйленуді құп көрді. Өзімен қатар оқыған Дүрия есімді қызды көптен ұнататын. Ақсары жүзді, талдырмаш қыз. Ол да «кетәрі» емес екен, оң қабақ танытты.
Пенде баласы күні ертең не боларын болжай алмайды. Анасы той қамымен қанат біткендей ұшып жүрді. Дүрияның ата-анасы сол жылы туғандары сонда болғасын ба, көрші ауылға қоныс аударған. Уағдаласқан күні, әке-шешесінің қолынан болмаса да жолынан, өз разылығымен ауылдың шетіндегі көшеге шығып келген қызды, іле жөнелген қызыл «Жигулидегі» жастар – көңілді. Асфальт жол. Күзгі қатқақ. Кенет көліктері шыркөбелек айналып, көзді ашып жұмғанша аунап кетті. Қасында отырған Дүрия ұшып келе жатқан көлік оқыс айналған сәтте-ақ ашылып қалған есіктен ұшып кете берген-і. Бұл ұстап үлгермеді. Бірнеше аунап түскен көліктен ілгерінді-кейінді, естерін әрең жиып шыққан жігіттер, анадайда қалып қойған Дүрияға тұра жүгірген. Құданың құдіреті, жеңіл-желпі жарақаттары болмаса, басқалары дін аман. Басын қан жауып кеткен сүйіктісі, Қайырлыға ақырғы мәрте үздіге қарап, тілге келе алмастан үзіліп кете берді. Марқұмның жантәсілім бейнесі көзінде, көңілінде мәңгілікке қалып қойды. Жарық дүниенің қызығы түгесілгендей көрінген.
Қосылуға жазбаса да жылдан астам Дүрияның мезгілсіз, тым өкінішті қазасының қамырық әсерінен айыға алмай жүрді. «Уақыт – емші» деген рас. Сосын жан-жағына көз салып іздене бастаған. Сөз салып көрген әркімдерге. Алғашқы қалың елді қаймықтырған тым сәтсіз қадамын білетін бойжеткендер, ырымдап жүректері дауаламады ма, ыңғай бермеді. Сөйтіп жүріп отызға ат оздыруға тақалғанда, басқа ауданда тұратын Қанипамен танысты. Мөлдіреп тұратын қара көздері ұнады. Қыздай тиген күйеуі үйленгендеріне жыл толмай қайтыс болыпты. Екеуі сегіз жыл отасты. Кемшілігі – араларында бала болмады. Бақсы-балгерді, дәрігерлерді жағалап кетті. Кінәрат күйеуінен емес, әйелінен секілді деген болжам бой көрсеткенде, Қанипаның өзі: «Ажырасайық, мүмкін басқа біреуден балалы боларсың», – дей бастады. Әсіресе енесінің: «Ұрпақ керек қой», – дей бергені қамшы болғандай. Бір күні мұның жұмыста, енесінің жолаушылап жүрген кезінде, киім-кешегін жинап алып, төркініне кетіп қалыпты. Еш ұрыс-талассыз. Қайтып оралмады. Бір жылдай Қайырлы өзі соңынан барып-келіп жүрді, ақыры одан нәтиже шықпады. Аралары суынып кеткен.
Шынтуайтында Қанипа енесіне жақты. Байқауынша, екі әйел бір-біріне ұқсайтын. Байыпты. Қажет болғанда шешімтал. Тілтабысқыш. Амал не, ерлі-зайыпты ретінде балжаласып отырса да, өмір бойы бірге тұруға жазбапты. Ал кіші келінін енесі ұнатпайды. Ол – қалада тұратын шенеуніктің қызы. «Тікбақай келін бар болсын» деп отырады. Қайын жұртын жағалаған кенже ұлының қолына бармағаны содан.

* * *

Марқұм күйеуі қасына келіп, қолын сермеп әлденені айтады… Бұл дәнеме түсіне алмай қиналады. Есін жиғанда, жоқ оянғанда түс көрді ме, сандырақтады ма айырсашы… Шілденің шыжыған ыстығында мұқым тоғызыншы қабат. Тауықкетектей төрт қабырға. Жарық жалған осыншама тар болар ма?.. Өкпесі қысылып бара ма?.. Мұнымен салыстырғанда екі бөлмелі «хрущевкасы» – айналайын, Қамыстыкөлдегі үш бөлмелі жер үйі – Сарыжайлау еді-ау. Ақыры дәм-тұзы осылай таусылайын деген ғой. Күйеуі марқұм мүмкін өзінің қасына шақырып жүрген шығар. Пенденің басы – Алланың добы. Топырақ бұйырған жерде қалады. Көшіп келген күні-ақ айтты ұлдарына: «Әй, қарақтарым, қайда шығып кеттік? Өліп қалсам, мына таудан менің сүйегімді қалай түсіресіңдер?» – деп. Кенжесі қалжыңдағандай күліп: «Қалада кран көп қой, шеше», – деген.
Келіндер қолымды жылы суға малар деп үміттенген. Олай болмай шықты. Көзін ашқанда көретіні – Қайырлы. Қай-қашанғыдай бәйек болып жүргені. «Шеше, шөлдедіңіз бе, су берейін бе, қандай тамақ ішкіңіз келеді? Кеудеңізді көтеріп отырасыз ба, жастық қойып берейін», – деп асты-үстіне түседі. Сырқаттанғалы тіпті мазасы қашты. Өстіп жатып өліп кетсем, ішімде кетер деп, сақал-шашы ағарған ұлын отырғызып қойып бақұлдасты.
«Қарағым, өзің білесің, мен қос таяққа сүйеніп, тобанаяқ болып қалғалы он бес жылдан асты. Содан бері баладай мәпелеп күтіп келесің. Анасын Меккеге арқалап апару деген осындай-ақ болатын шығар. Мен разы – Құдай разы. Ақ сүтімді ақтадың. Менің қарайып отырғаным – көңіліңе медеу, білем. Олай-былай болып кетсем, жалғыз қалатыныңды ойлағанда, кәрі көкірегім қарс айырылып кетердей боламын. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Ініңмен ақылдасып, қартайғанда қасыңа серік болар біреуді ізде. Бекер обалы не, Қанипа жақсы әйел еді. Көргенді. Салмақты. «Ұрпақ керек», – деп айта беріп, өзім ажырастырғандай болдым сендерді. Обалыңа қалдым ба деп қорқам. Кешір, балам…»
Ұлының жұбатқанына тоқтай алмай жылап жатып қызуы, қысымы көтерілді ме, жоқ ұйықтап кетті ме?.. Көзін бір ашқанда, аппақ киімді бейтаныс қыз отырды қасында. Таң атып, күн батты ма?.. Түсі дейін десе, түсіне оқшаңқырамайды. Ақжелеңді түрлі-түрлі қыздарды көрді. Ақ кебінді аруақтар ма деп те ойлайды…
* * *
Күзде, қыста, көктемде де анасының денсаулығы қалыпты еді. Шіліңгір шілде басталғалы ескілікті аурулары қозды. Қан қысымы көтерілді. Бүгін үшінші күн. Қайта-қайта шақырғандықтан жеделжәрдемдегілер Қайырлыны танып алды. «Апаның қызуы тағы көтерілді ме?» – деп бастайды қоңырауына жауапты.
Шешесі кенет о дүниелік болып кетсе, не істейді, білмейді. Інісінің қалтафоны неше күннен бері «байланыс аясынан тыс жерде». Келіннің не балалардың нөмірлерін жазып алмағанына, алдын-ала ескермеген бейқамдығына өкінді. Өзін-өзі кінәлағаннан не пайда, анасына төнген ажал атты ақиқаттың алдында шарасыз, қарекетсіз. Жасынан қалада жүрген інісі болса бір қайла қылар ма еді, кім білген?
Төртінші күн. Анасының халі төмендеп барады. Таңдайына сәт сайын тамызған суды да талмап әрең жұтады. Өзге тағамды татып алудан қалды. Тікесінен тік күзетіп отыр. «Түске дейін де талай уақыт екен-ау, жайшылықта білінбейді». Неткен ұз-аа-қ күн еді…» – деген сөздер келді көмейіне. Шешесі сәл мызғығандай болса, бұл да қалғып кетеді. Шілденің қапырық сағаттары жылжымайтындай… Қайта-қайта дене қызуын өлшейді. Маңдайына салқын суға малынған орамал қояды. Қолы қалт етсе, Саяттың нөмірін басады қалтафондағы. Жалғыз жауап: «Байланыс аясынан тыс жерде».
Бесінші күн.
– Қайырлы? – деді анасы. Дауысы ап-анық. Төсегінде қалғып-мүлгіп отырған, селк етіп ұшып түрегелді. Ештеңе болмағандай, жеп-жеңіл қозғалып, таяғын алдырып, дәрет сындырды. Асықпай жуынып-шайынды. Тура сау кезіндегідей. Мұндайды күтпеген ұлы, сауығып кеткеніне таң-тамаша. Қуанып қалды.
– Жазылып қалыпсыз ғой. Жақсы болды, – деген сөзінің жауабына, немерелерін иіскегісі келгенін айтты. Неше күннен бері Саяттың телефонын көтермегенін естіп, оның амандығын тіледі Алладан. Шай-суаннан кейін тіпті теледидарды қостырып тамашалады. Қайырлының көңілі орнығып қалған. Түсте әжептәуір сорпа ішті. Қол-аяғы сидиып, еттен арыла түскені көрініп тұрғанымен, ақзудай қуарыңқы жүзіне ептеп қан тепкендей.
Кешке таман сандық түбіндегі ақтық матаны есіне салды. Шешесі талай жылдан бері бәлен метрлік маталарды, араларына қалампыр салып сақтап жүретінін біледі. «Қарға адым жерде қаза бар». Бұл – сол төтесінен кез-келген пендеге келер өлімге дайындық. Ақыреттік кездеме, іздегенге, дүкендерде көп емес пе, демеңдер, қандай заманға тап боларымызды кім білген, арнайы әзірлеп қойған жөн», – деп түсіндірген. «Оны несін айтып жатырсыз, жазылып қалған жоқсыз ба?» – деген сауалын жауапсыз қалдырды.
Қараңғы түсе шешесі қайтадан ауырды. Сол кезде, «өлер алдында адам бой жасайды, яғни кенет сергіп орнынан тұрып кетеді, атаукересін ішеді» – деген ұлы-кәрілердің талай заманнан келе жатқан сөзі есіне сап ете түсті. Жүрегі су еткен. Мұнысын шешесінің өзіне, өлімге қиғандай қалай айтсын, айтпады.
Ал анасы бақиға аттанарын сезсе де, ұлының бейтаныс қалада жалғыз өзі қатты абыржып отырғанын көріп, «Қорқытпайын. Ел-жұрт бар. Көмусіз қалмаспын» – деп түйіп, «Лә-иллаһа-лил Аллаһ-ты» күбірлеп қайталай түскен. Шешесінің күбірін естіген ұлы, сәбет мектебінің түлегі болғанымен, құран сөздерін айтып жатқанын білді. Бойында өзі қаламаған біртүрлі салқын сабыр пайда болды. «Маңдайға жазылғанын көрерміз» деген мойынсұну.
Шешесінің қолын ұстап отырып ұйықтап кеткен екен, кенет жұдырығын қысып барып қолы сылқ ете қалғанда ояна келді. Бірден түсінген. «Ауру адам түн мен таңның таласқан сәтінде жантәсілім етеді» деуші еді. Таң сыз беріпті. Қазақтың «майдан қылшық суырғандай кетті» дейтіні осы екен. Өкіріп жылап жіберді де кілт тоқтады. Ауылда отырған жоқ. Көршілерін аяғынан тік тұрғызғанды қойып, мезгілсіз оятуға құқы жоқ. Өзінің отбасылық қайғысы. Тек арнайы қызметтерді шақыртуы мүмкін.
Бісмілләсін айтып, батылданып, шешесінің алайып қалған көздерін жапты. Жалпақтау матамен басынан орап әкеліп, түсіп кеткен иегін көтеріп байлады. Мұны өксіп жылап жүріп, қолы дірілдеп зорға жасады. Өліммен бұрын-соңды жалғыз өзі бетпе-бет келіп көрмеген басы, ажалдың ызғарынан қаңтардағыдай діріл биледі бойын.
Анасының жанына ып-ыстық жүзі, сұп-суық мәйітке айналды. Жүрегіне түскен салмақ жеңілдейтіндей көрінгесін жатын бөлменің есігін тарс жауып, шағын ас үйінде отырды, тұрды, ары-бері аттап-аттап жүрді. Алқымына тығылған өксікті шығарып, әшейінде жақамайтын жамағайын біреу кіріп келсе де құшақтап өкіріп жылар еді. Қыстығып аққан көзінің жасы тоқтар емес.
Сағат таңғы жетіден кеткенде, бірінші қабатқа түсті. Қалада көптен тұратын қазақ әйел, кіріп-шығып жүргенде, әңгімелескенде, жөн білетін кісі құсап көрінген. Есік қоңырауына қолын апара берді де, өзін-өзі тежеп, шегініп кетті. Алдынан жәй жүзтаныс басқа біреу шыға қалса да бассалып ойбайға басатындай аяқ-қолы дірілдеп кеткен. Сатының жақтауына сүйеніп, тағы біраз байыздап сабырға келгендей болды…

СКАФАНДР

Алыс шетелге тұңғыш шығуы. Алматыдан Сеулге ұшатын «Бойнг» ауыздығымен алысқан арғымақтай тізгін сүзе, күркірей көкке көтерілді. Ұшақ салонында отырғандардың дені – қазақ, кәріс. Ішінара сұңғақ бойлы ақсарылар ұшырасады. Әгәрәки тектеу қажет болса, бір кемеде теңселіп келе жатқан дүйім монголойдтардың тіліне құлақ түрмесең, жүзіне қарап қазақ дегенің кәріс, кәріс дегенің қазақ болып шығуы ғажап емес.
Қатар үш орынның терезе жағына жайғасқан мұның өзінен де қарынсау, нән қара, қазақ болар деп жорамалдады. Кәрістердің бұлай семіргенін көрмепті. Ортадағы құлын мүше, әйелдердің тілімен айтқанда «беті тап-таза», әппақ қыз – кәріс. Қалтафонымен біреумен корей тілінде сөйлесті. Шамасы, спортпен шұғылданады. Жіптіктей. Сол халыққа тән ізеттілікпен, екі жағындағы қарын жарыстырған еркектерді қиық көздерінің ұшымен ғана шолып, қалтафонына, газеттерге үңіліп, өзімен-өзі отыр.
Іргедегі іркілдеген көршісінің әжетханаға шыққан сәтін пайдаланып, тілге келіп, Кореяға не жұмыспен бара жатқанын сұраған. «Туриспін», – деді миығынан күліп. «Ә дұрыс екен», – деп қоя салған. Қазбаламады.
Біркелкі киімдері әдеміше өң берген стюардесса қыздардың қолынан «турист көршісі» сыңсытып коньяк ішіп, қызара бөртті. Еш алаңсыз нағыз қазекеңнің кейпі. Кәріс қыз тәтті сусындарды таңдады. Тоқтаған «алда не күтіп тұр?» деп қобалжулы. Ащысын да, тәттісін де қаламай, газсыз құр сумен шектелді. Ұйқы – олжа. Ұшақтың жер жарғандай гүрілін сәл де болса азайту үшін құлағын бітеп, көзін қараңғылап алды. Түн қойнынан Күнге қарай немесе таң шапағына қарама-қарсы бағытта заулап келеді.
Әуежайда «Ақылбек» деп өз ныспысын жазып алып көтеріп тұрған, жылпылдаған сары қазақтың қасына жиырма шақты сапарластары жиналып қалды. Топтың ішінен «турист көршісін» көріп: «Сен де бізбен біргесің бе?» – деді таңырқап. Ол жайбарақат басын изеді. Жалған айтқанына ыңғайсызданбайтын секілді. Аты – Қалдыбай екен. Тараздан. Жігіттердің Қазақстанның әр өңірінен келгендігі айтылып жатты, танысу барысында.
Жыпылдақ сары бұларды бастап бір автобустың қасына ертіп әкелді. Сонда Өзбекстаннан келген Хамза есімді жүн білек, божбан қара күтіп тұр екен. Кейін білді ғой, Ақылбекпін деген қуаяқтың осынау қоралы жанды Хамза акаға сол сәтте-ақ «сатып» кеткенін. Ол Хамзамен кәрісше әлденелерді айтып қол алысты да, бөтен елге көктен түсе қалып аңырайысып тұрған топпен қоштасып, зуылдап сөйлеген қалпы ағылып жатқан адамдардың ортасына еніп кетті.
Олар мінген көлік шамасы Сеулдің келесі бір шетіне жеткенше, әредік кептелісте тұрып, әжептәуір уақыт жүрді. Автобустың алдыңғы жағында отырған Хамза орнынан тұрып, барлығына естіртіп, өзбек әуенді орысшасымен сөз бастады.
«Тек ақша табу үшін келетін гастарбайтерлерге Оңтүстік Корея заңдары қатал. Қылдан тайсаң, полицияның қолына түссең, бірден еліңе қайтарып жібереді, – деген сынды Тоқтаған онсыз да білетін жәйларды тәптіштеді. – Жалақы келісім бойынша төленеді. Бастысы – жасырмаймын, жұмыс өте ауыр. Жарақат алып қалмауға тырысыңдар. Мемлекет жылы қабақ танытпайтын, еш кепілдіксіз адамдарды емдету тым қымбат. Ондай қамқорлық күтпеңдер!» Бұған келгенде абырлап-дабырлап отырған жігіттер үнсіз қалды. Әрқайсысының ойында «бекер келдік пе?..» деген күдік пайда болғандай.
Хамза жұмыскерлерді әр жерге екіден-үштен, төрттен-бестен бөліп орналастырды. Орналастырған сайын біреулерге телефон шалды. Шамасы, қожайындармен тілдесті. Тамыздың бас кезі. Алматының ылғалы жәй әңгіме екен. Мұхиттың демі сезіледі. Құрлықты жайлаған орасан дымқыл ауа шаң-тозаң атаулыны қылғытып жұтып жатқандай. Қалдыбай екеуіне қуықтай бір бөлме бұйырды. Сол жерде ұйықтайды. Қажет болса, тамақтанады. Екі дәу қатар жата қалып, қаттырақ көсілсе, есік, терезесінен сирақтары сопаң етіп шығып қалардай. Әжетхана, жуынатын бөлме, асхана ортақ. Жағалай жатаған бөлмелер. Біздіңше, жатақхана. Көршілері – филиппиндік, вьетнамдық, лаостық өзге де азиялық елдердің өкілдері. Дауыстары бір түрлі шаң-шұң. Абыр-сабыр. Асханада тарақан – бәйге. Мұның барлығына кіржие қарап, қабағы түскен Қалдыбай күрсініп отыра кетті орындыққа. Мұндай жайсыздықты күтпесе керек.
«Иә, не болды таусылып? Екеуміз секілді гастарбайтерлерді бес жұлдызды қонақ үйге жатқызады деп ойладың ба?» – деді Тоқтаған қалжыңдап. Құдалыққа шақырылғандай жағасы жайлауда келе салғандықтан ба, бұл көргендегі бейқамдықтан із жоқ жүзінде, зорланып әрең жымиды.
«Аш тауықтың түсіне тары кіреді». Сұрпы ет жеп үйренген басы, түсінде қазы-қарта, жал-жая көреді. Нан деген ұғым жоқ бұл елде. Оның орнына аппақ күрішті қаужаңдап отырғаны. Тауықтың тыртиған бұты, тау көтергендей қалжыратқан ауыр жұмыстан кейін жұмырына жұқ болмайды. Бір ай бұрынғы жердегі қарбызды көтеруге әрең иліккен қос қарынның, бүгінде құлақтарынан күн көрініп отыр. Майы жылтыраған бауырсақ беттердің орнында етін қырып алғандай әжімдене қалған жұп-жұқа жақтар. Құнарлы тамақ жесе, бұлшық еттері бұлтиып шынығар еді, керісінше сықыр-сықыр сүйектерін сүйреткен кеп.
Дегенмен кеше алғашқы жалақыларын алып, кәдімгідей қомпиысып қалған. Қазақстанда алты айда табу-таппауың екіталай қаражат. Ай бойы жандарын жалдаған бейнеттің зейнеті. Қалталары қомпиғасын «Бұрынғы кеңестер одағынан келгендердің көшесін» іздеуге шықты. Сонда мал етінен небір дәмді тамақтар жасалады деп естіген. Құс еті мен балыққа, тәбеті тас еріткендей асқазандары алдана алмай-ақ қойды. Әсіресе күні бойы тырбаңдап, мұрындарынан шаншылып жатар орынға жеткенде, құлап түсіп қорылға басайын десе, іштері ұлиды. Елдегі жаюлы дастархан, салулы төсектің қадірі сонда білінеді.
Таксистер аталған көшеге лезде жеткізді. Тап бір баяғы КСРО-ға келгендей орысы, грузині, армяны, өзбегі, қырғызы, қазағы бәрі-бәрі дабырласып, құшақтасып, рөмке соғыстырып мәре-сәре. Сеулдегі орыстілділердің отаны дерсің. Түтіндетіп кәуап пісіріп, құлаштап лағман созбағанмен, еттің қуырылғаны, бұқтырылғаны, сорпасымен пісірілгені дейсің бе, не түрі баршылық екен. Әрине, бағасы қымбаттау. Қарындарын тойғызып, орыс арағына бас қойғанда, кәріс полицейлердің пайда бола кеткенін көріп, бүгіндікке осы да жетер, деп кері қайтты.
Жолайы, Қалдыбай енді бір ай шыдаса, елге қайтатынын айтқан. Мінезін біліп қалған Тоқтаған: «Өзің білесің ғой», – дей салды. Қатты шаршап, қарны шұрылдаған сайын ол осылай дейтін. Бүгін бірінші мәрте етке тойғанда қайталады.
Қалдыбай екеуі танаптан қарбыз тиеуден бастап, цемент, мрамор, қап-қап көкөніс, картоп, не арқаламады? Ауыр, лас шаруаның неше атасын түгендеді. Сүрініп сан мәрте құлады да. Әйтеуір жеңіл-желпі жарақат болмаса, еш жері майып болмай аман келеді. Туғалы қолының ұшын тигізіп көрмеген қатты қайырымнан, қырықтың қырқасында белі бүгіліп, тірсегі дірілдеді.
Бір мәрте ажалмен бетпе-бет келді. Салынып жатқан ғимараттың сыртын әрлеп жүрген. Кенет аяғы тайып кетіп, абырой болғанда бір темірден ұстап үлгерді. Әлгі темірге жабысқан сәтінде төмен сырғып кеткен. Содан не жоғарыға тырмысуға мүмкіндік жоқ, не төменде аяқ тірер бұдыр таппай, салақтады да қалды. «Өлген деген осы шығар» деп ойлаған. Құрылысшылардың айқайын естіген кран жүргізіп отырған жігіт, адам көтеретін шарбағын дереу солай бұрды. Шарбақ жақын маңда тұрған, тез-ақ сырғып келе қалғаны, сәл болмағанда қолы талып, құлауға айналған.
Ауасы, суы мүлдем басқа болғасын ба, жеңіл-желпі сырқаттың өзі жанына қатты батты. Бірде жұмыстан келген бойда оранып жатып қалған. Екі шекесі солқылдап барады. Елден әкелген азын-аулақ дәрі-дәрмегі біткен. «Терлесем, оңалармын» деп ойлаған. Неге екенін, іші бүрді. Кіндігіне алақанын қойып жатса, ұйықтап кетіпті. Қап-қара таудан құлап бара жатыр екен дейді… Шошып оянды. Енді белі қосылып қақсады. Қырына аунайын десе, бел-омыртқасы сіресіп, үзіліп кетердей ауырсынды. Қасында таңдайына су тамызатын да жан жоқ. Қалдыбай кеткелі жалғыз. (Ол елге қайтам деп айта бергесін періштелер «әумин» деп жіберді ме, белінен шойырылып жұмысқа жарамай қалғанында әуежайға барса, Алматыға билет табыла кетіпті.) Дәрігерден, жедел жәрдемнен үмітсіз. Тұйыққа тірелген, шарасыз жатыс. Мұндайда терге малшынған көрпелерін, іш киімдерін ауыстырып, дәрі, су әкеліп беріп, зыр жүгіретін жары Жамалдың айы өтті. Арсы-гүрсі ентігіп жатыр. Ыстығын өлшеп еді, қырық градус. Түн ортасы. Көршілер әлдеқашан ұйқыда. Уақыт жылжыр емес. Біресе быршып терлейді, біресе қалтырайды. Аяғының басы тастай. Он екі мүшесінде қақсамайтын жері жоқ секілді.
Әбден азанға тақау талықсып ұйықтап кетіпті. Оянса, сыртта дабыр-дұбыр көбейіпті. Сүйретіліп есіктен әрең аттады сыртқа. Екі-үш вьетнамдық жүр екен. Бір қыз жақын келген. Кешеден ауырып жатқанын, көмек керектігін қалтырап-дірілдеп тұрып кәрісше әзер жеткізді. Қыз басын изеп түсінген кейіп танытты.
Біршама уақыттан кейін аққұба, талдырмаш вьетнамдық қыз кірді бөлмеге. Өзін дәрігермін деп таныстырды. Ханой қаласынан екен. Қолында – тыңдауышы. Арқасын, кеудесін тыңдады. Тілін ашқызып қарады. Жұп-жұмсақ саусақтары, әтірі жанына жағып барады. Жамбасына екпе салды да, бір дәріні үш күн бойы, үш уақ ішуге берді. «Ертең-ақ жазылып кетесіз», – деп жымиғанда онсыз да жып-жылы, сүйкімді әлпеті нұрланып тіптен әдемі болып кеткен…
Аспанның түбі тесіліп қалғандай ақ жауынның айығар түрі көрінбейді. Үйдің ішіндегі зат болмаса, сырттағының бәрі ылғал, әлде бу. Бұрқанып жатқан алып мұхит, корейлердің титімдей жеріне бұлт болып шөгіп, суға біржола малтықтырардай. Екеуі күздің қара жаңбырынан дірдектеп келе жатып, көлденең кездесе кеткен дәмханаға кіре салды. Ким өз қандастарымен салыстырғанда үлкен дерлік алалы көздерін аударып-төңкеріп қойып, Тоқтағанның әңгімесіне ден қойды. Әредік сөздерін түзетіп, мағынасын анықтай түседі. Орталарында – сарқылдап қайнап тұрған сорпалы тамақ. Қайнап тұрған асты ішуді де үйренді. Тек қос таяқшамен күріш жейтін ептілікке жете алар емес. Тоқтағанша пайымдағанда, сыралық қана қауқары бар кәріс арағы, Кимнің екі шекесін қызартып барады.
Көз алдына домаланған қарсақ көз қожайын елестеді. Сол бір доп секілді мыртық немені, Қазақстанда болса, ағаш бұтағына арқасынан қылқынтып іліп қойып жазалағысы бар. Амал не, бөтен ел, бөгде жер. «Сендердің ақыларыңды төлеуге ақшам жоқ! Енді келесі көктемге дейін жұмыс тоқтайды. Жаңбырға қарамай осылай кеңсеге күнде келе берсеңдер, полиция шақырып, келген елдеріңе қайтартып жіберемін!» – деп саусағын шошайта айқайлағанда, қарсақ көздері тіптен бітиіп кеткен…
Әр халықтың ішінде түрліше адамдар кезігеді. Ким – оған ұқсамайтын, ер көңіл азамат. Бұлардың тілін білмесе, түсініспес еді. Тоқтаған корей тілін үйренуді Алматыда жүргенде-ақ бастаған. Сеулге келгесін кез келген кәріспен ретін тауып тіл қатысуға тырысты. Сөйтіп жүріп осы Кимге жолыққан. Оған мұның тарихшы екендігі, корейлер тарихын да білетіндігі – қызық. Жасы құралыптас болса да, өз халқының тарихын өзіне түсіндіретін Тоқтағанға ілтипатпен қарайды. «Сендер Алтайдан ауып келгесіңдер. Тілдерің Алтай тілдері тобына жатады», – деген сөзінен кейін, ол Тоқтағанды тіптен жақын тартқандай көрінген. Өзімен қандас қожайынның оспадарлығын естіген Ким, бозарып қайта қызарды. Еңкейіп отырды да: «Жақын маңдағы бір фабриканың басшысын танимын. Сол қамқорлығына алады сені», – деді.
Араға бірнеше күн салып аталған фабрикаға барған. Есім-сойын айтқаны сол, бастығы да, басқасы да: «Тарихшы-ұстаз», – деп иіліп, құрметпен қарсы алды. Таңданып, не дерін білмей тұрып қалған. Ким сыртынан мадақтап, керемет мінездеме бергені анық. Сосын көзі ашылды. Жылы жерде, жеңіл жұмыс. Уақтылы жоғары жалақы. Азат күндері қолы бос. Сеулдің сәулетті жерлерін аралады. Патша сарайларындағы ертедегі корей сарбаздарының киім үлгісімен тұрған жігіттермен суретке түсті. Ол суреттерді сол бойда әйелінің қалтафонына жіберді. Аяғын апыл-тапыл басып, былдырлап сөйлеп жүрген немересімен сөйлесті. Сөйтіп өзін жұрт қатарлы адам сезініп қалды.
Кей күндері жападан-жалғыз теңіз жағасында сенделіп жүретінді шығарды. Өткен-кеткені есіне түседі. Теңіз жарықтық тымық күндері сәбидей уілдеп жатқанымен, кейде жел көтеріп барынша ышқынатындай. Теңіз екеш теңізде де бір бейдауа шарасыздық бар секілді. Ол шарасыздық Тоқтағанның да басында. Ғылыми дәрежесі бар, білдей университеттің оқытушысы, дүниенің бір қиырындағы елге, таза да емес, лас қара жұмысқа жетіскеннен сұранып келген жоқ. Ұлы екеуі кәсіп ашсақ та бір қайла қылармыз деп жүрген. Кенет ол жол апатынан қайтыс болғанда есеңгіреп қалған. Қу тірлік орнынан бәрібір қайта тұрғызды. Келіні мен немересі қолына қарап қалды. Енді екі отбасын асырауы керек. Бұдан былай оқытушының үпі-тәпі табысымен пәтерде қақтығып отыра алмасы анық. Таныс-біліс, өз демдеріне өздері піскен боскеуде пысықтарға бұрын күлуші еді, тұрмыс тауқыметі батқалы керісінше олардың ас та төк өмірлеріне қызыға да, қызғана да қарайтынды шығарды. Сөйтіп не істерін білмей, кіжінумен күн өткізіп жүргенінде, жұрт мол ақша табу үшін жаппай Кореяға аттанып жатқанын естіген. Жары Жамал кетер кеткенше: «Бекер бара жатырсың», – деумен болды. Ел бірдеңе дейді деп намыстанғаны ғой. «Есектің артын жусаң да ақша тап», – деген. Бақытты сәттерін көрсететін суреттерінің барлығы сол Жамалдың: «Бекер бара жатырсыңына» жауап…
Әрең тыныстап жатыр. Неге екенін, әйелі емес, ханойлық бикеш елестеді. Ол да ауырып қалды ма екен?.. Басына скафандр кигізді. Бұл – нағыз скафандр. Ал үлкен көзілдірікпен қоса басы-көзді, денені түгел орап алғанда да солай көрінеді. Ондай скафандрды алғаш корей телеарналарынан көрген. Қытайдан шыққан коронавирус жайлы хабарлардан. Сосын Сеул көшелерінен. Вирус таралды дегеннен елге оралған. Алматыда да байқағаны – көзге көрінбейтін тажалдың бар-жоғына күмәнді, қуықтай пәтерлеріне қамалып зығырданы қайнаған халық. Сеулде мыңдаған сапырылысқан адамдардың ортасында жүргенде ме, кімнен, қалай жұқтырғанын білмейді. Бұған да сездірмей жабысты алқымнан алған бұл бәле.
Ол сау күнінде де іштей осылай толғанатын. Университеттегі лекцияларында да қанша болжам дегенмен студенттерді ойланту үшін тосын мәселелерді қозғайтын. Ал қазір сандырақтап сөйлеп жатыр: «Әлемнің әр түкпіріндегі үңгірлер мен тастардағы таңбаларда, скафандр киген адамдардың бейнеленуі нені білдіреді? Расында, кей ғалымдар болжағандай, адамзат жерде емес, ғарышта, өзге планетада пайда болып келген бе? Ғарышкерлер салмақсыздыққа бір-екі-ақ күнде бейімделсе, қайта өзі жаратылған Жерге түскесін бұрынғы қалпына келу үшін неге екі-үш ай қажет? Жанды жәндік атаулы туа салып суда жүзіп, қара жерде жүгіріп кете береді. Ал адам баласына жүріп-тұрып жаттығу үшін көп уақыт керек. Расымен, адамзат Жердің өгей баласы ма? Ұшақтар, ракеталар, өзге де ғылыми жетістіктер адамзат жадының жаңғыруы ма? Айтпақшы, петроглифтерде ұшатын табаққа ұқсас бейнелер де кезігетіні бар. Демек, біз жаңадан ештеңе ойлап тауып жатқан жоқпыз, миымыздағы миллиондаған жылдың алдындағы ұмыт болған ақпараттарды тірілтіп алып жатырмыз ба? Оның аты – ғылыми жаңалықтар ма? Ежелгі гректер неліктен суда жүзетіндерді, сүңгитіндерді скафандр атады екен? Ғарышта қалықтау да суға жүзу секілді ме? Скафандр киіп бұл да белгісіз бір планетаға ұшып бара жатыр ма?..
Екі-үш күн болды, беті бері қарап, тәуірлене бастады. Өткендегі үш ай бойғы қиямет қара шаруа қалай болғанда да шынықтырып, ағзасы күресіп жеңе бастады ма, дертті, деп ойлады. Терезеден келген таза ауаны сезініп, сергіп сарайы ашылғандай жеңілдеді. Скафандр киген дәрігерлердің біреуі кірді:
– Тоқтаған, мен Гаухармын ғой (Баяғыдан таныс дәрігерлердің бірі. Қолындағы қалтафонды ұсынып жатып), – Әйеліңіз сөйлеспек, – деді. Солай дей беріп теріс айналған Гауһар, иығы селкілдеп жылап жібергенін Тоқтаған аңдаған жоқ.
– Аллоу
– Тоқтаған, бәріміз ауруханаға түстік. Жанғазы…
– Немереме не болды?
– Жансақтау бөлімінде…
– Е, Құдай, жалғыз немеремді емес, мені ал, мені! Құлыным-ай, өзім жұқтырдым-ау. Қайдан білейін вирус әкелгенімді. Кореяда оныншы қабаттан аяғым тайғанда, сол бойда құлап неге өле қалмадым?!. Сонда мүмкін отбасымда ешкім ауырмас па еді? Е, Жаратқан, қандай заманға тап болдық? Не жаздық? Неден жаңылдық? Ашық тұрған терезеден секіргісі келді… Ақжелеңді скафандр кигендер ұшып жүр айқасып… Бір демде дүние төңкеріліп кеткен… Әлде ғарыш болғасын солай ма?..

МАЙЛЫ ЕТ

Қошақаным… Ботам… Құлыным…
Қызылды-жасылды шыт, атлас, жылы да жұмсақ помази маталарға ықтияттап ораған сәбиінің үстіне төне еңкейді. Сұлқ қалған тұлабойы тұңғышы сұп-сұры. Буындары былқ-сылқ. Әне-міне іңгәлап, балапандай аузын ашып, тамақ іздейтіндей үміттене үңілді. Ғадетімен, арықтағаннан жасы келген әйелдей құр шандырға айналған емшегіне тие бере қолының сіңірі тартылғандай қарыса қалды.
«Аштан өліп, көштен қалған қазақ жоқ», «Аштан өлген адамның бейіті жоқ» – дегендерді қай заманда қандай әңгүдік айтты екен? Тоқ кекірген бір тұстағы ерігіп отырғандағы кеп шығар-ау. Әлде айдалада аштан өлгенді ит-құс жеп кетеді дегені ме екен? Оның бәрін саралауға, қиялына ерік беруге күш-қуат қайда?..» Астында қалың-қалың текемет, неше қабат сырмақ, көрпе, үстіне де үйіп-төгіп жамылып алған.
Жылы орнынан сырғып шығып, құндақтаулы мұзға әлде тасқа айналған, сонда да көңілі суымаған бөпесін көрпелермен қымтап жапты. «Тоңып қалма», – деп күбірледі. Ілбіп бай қайнағасының қасқыр ішігін иініне іліп, сыртқа беттеді. Тұлан тұтқан ақ боран. Ақшулан бұлттардың арасында дөңгеленіп Күн жүргені байқалады. Бассалып қойны-қонышын тінткілей жөнелген сумаңдаған жылан – жел. Қар қалыңдай түскені болмаса, күндегі көрініс. Алда он қадамдай жерде, қарайып қар астынан туырлық әлде үзік дүңкиеді. Дүңкиетіні – астында шаңырағы әлдеқашан ортасына түскен сол отбасынан қалған оны-мұны. Оңда да, солда да, анау кейінде де ошағы мәңгілікке сөнген киіз үйлердің керегесі, уығы, көрпе-көншік, киім-кешегі қылтияды. Айналада қаншама айрандай ұйыған отбастары болғанынан қалған белгі. Шеткеріректе өз үйінің орнында да әлденелер қараяды.
Шамалауынша, қараша, желтоқсан, қаңтардан өтіп, ақпанның ақ түтек боранына төтеп беріп, сықырлап тұрған жалғыз бай қайнағасының ақ ордасы. Сүрі қардың үстіндегі ұшпа ұлпаны ышқына гулеген жел бұрқыратып ала қашты. Ұлы таудың қойнау-қойнауы ықтасын. Сол ықтасын екеш ықтасында да орай да орай борап тұр.
Бәлшебек өкіметінің салған ылаңынан жалпақ жалған астаң-кестең. Мұнша тақаршылыққа жолығарларын білмеді. Білсе, қам-қарекет қылар еді. Ағайынды он бес шақты үй, Қаракемер адырына тамыздың соңын ала көшіп келген. Бала-шағасымен жүз қаралы жан.
Қасқыр ішікті қымтанып еді, ит-құстың иісі келді мұрнына. Арланы болар. Қанша жұмсартып иін қандырса да кетпейтін тағының ащы күлімсісі. Мұндай киімдерді ауыл иттері топтаса қалғанда, ортасына апарып тастай салсаң, қыңсылап жан-жаққа қашатын. Қыз күніндегі тұрғылас балалардың ермегі көз алдына көлбеңдеді. Жымиып күлдім деп ойлады, жылап тұрған…
Ошақта қар суы тигендіктен де бырт-бырт етіп киіз үйдің керегесі ме, уығы ма, шаңырағы ма жанып жатыр…
Жаңа өкіметтің бай атаулыны «жау» деп жариялағанын түсінбеді. Өмірінде ауқаттылардың қалың бұқараға қаны қас қысастығын көрмепті. Пенде болғасын ұсақ-түйек дау-дамай болып жатады. Мыңғырған малды қазақ ағайын-тума, құда-жекжатымен қандай ауыртпалық болсын бірге көретін. Торқалы тойда, топырақты өлімде бөлектенген емес. Бай қайнағасының малын бұлдап, жасы үлкендерді баса-көктегені есінде жоқ. Бай, кедей деп бөлінгенді көргені осы. Әр үйдің өзіне жететін ірі қарасы, қой-ешкісі, соғымға, күздікке жетіспей жатса, бары-нары болысатын.
Бұлардың Қаракемерге көшкенін күткендей, екі-үш күн өтер-өтпесте жұрт айтатын қызыл әскерлер сау ете қалды ауылға. Ішінде бірлі-жарым басшы-қосшы русьтары бар, дені – қазақ. Өз айтыстарында «күні кешегі кедейлер», мылтық кезеп қоқаң-қоқаң етеді.
Бай қайнағасы тістеніп ширықты. Қолындағы дырау қамшыны білей ұстап, тізерлей кетті де қайта ұшып түрегеліп, қара жерді осқылап-осқылап жіберді. Қап-қара мұрт астындағы қалың еріндері дір-дір еткен. Албырт жігіттер айқай көтеріп, тұра ұмтылысқан. Қатарласа қалған онқанша мылтық, бастарынан асыра тарс-тұрс еткізгенде барып шарасыз кейін серпілді.
Қаттап-шоттап үш мыңнан астам қой, бәлен жүздеген жылқы, сиырды айдап тайып тұрды. Тап бір ата-бабаларынан еншіге тиген малдай емін-еркін. Қатын-бала өлік шыққандай улап-шулаған. Әр ошаққа бес-алты жантық, сауын сиыр, мініс ат қалдырғандарын «үлкен қамқорлық» атап кеткен.
Ертесінде ауылдың үлкен-кішісі жиналып мәслихат құрды. Ақылдаса келе ақсақалдар:«Сәбет өкіметінің беті қатты. Ешкімді аяйтын түрі жоқ. Жер-жерде малды қазаққа шүйлігуі жаман. Малын тартып алуымен қоймай, алдын апарып қамап жатқан көрінеді. Бай қайнағасына үш отауымен бір жаққа тез із суытқаны жөн», – дескен. Өзгелер ауқаттылар санатында емес. Бай қайнағасы қабырғасымен ақылдаса келе, жылдам шешім қабылдады. Үш отауын Ташкент жаққа аттандырды. «Нағашыларыңды сағалаңдар», – деген. Өзі кенжесімен Сібір ормандарына сіңіп кетпек, бұйыртса. Сән-салтанатпен артынып-тартынып жүретін заман қайда, өгіз арбаға ордасын емес, ет сақтайтын күркесін тиеп, шұғыл жолға шыққан. Тірідей айырылысқан ағайынмен қоштасарда жыламаған пенде болмады. «Қайта айналып жолығамыз ба, қандай заманға тап болдық?» – деп еңірегенде етектері толған.
Қар бұрқаған күздің қатқағында қызыл әзірейілдер тағы да басып қалды ауыл үстін. «Кеңес өкіметіне мойынсұнбадыңдар, ортаққа бірікпедіңдер», – деп кінәлай келген. Шылбырларына жабыса жалынған кейуаналар мен ақсақалдарды адамқұрлы елемеді. Көздеріне көрінген мал атаулыны үйіріп айдап ала жөнелген. Өкіметтің тапсырмасы солай екен.
Сөзге тоқтамағасын ойланып тұруға уақыт қайда?.. Айқас бірден басталып кетті. Сауын сиырын бұзауымен, белдеудегі атын шешіп әкете берген белсендіні Құдайберген есімді жігіт аттан аударып түсірді. Тәуекел деп қарсылықты сол бастаған. Кенет әлекедей жаланған келесі белсенді, Құдайбергенді маңдайдан атып салды. Дүрліккен жұрт тайсап, аңтарылып қала алмады. Жандәрмен әркім өзінің малы үшін, қарулы топқа тайсалмай қарсы ұмтылды. Ауыл азан-қазан, қан жауып кетті жалғыз сәтте. Қара жер тітіркенді мұншама қатыгездіктен. Кілең ер азаматтар, тіпті қыздар мен әйелдер де оққа ұшты. Бес қаруы сай тонаушылар жағынан тышқан мұрны қанаған жоқ. Зорлығын істеп, тігерге тұяқ қалдырмай әкетіп қалды. Ұлар-шу қатын-қалаш, бала-шаға өлгендердің бетін әрең жасырды қар аралас топырақпен. Бас көтерер азамат түгел опат болғасын, қауқарсыз кәрі-құртаң, қайласыз әйелдер мен бозөкпе балаларға қаратүнек ажал аспаны төніп келе жатты…
Кешеден бері нәр татпаған бөбегі шырылдағанда жанын қоярға жер таппады. Қысылғаннан ештеңе шықпасын білсе де, жүгіріп жағалай бірнеше үйге кірген. Ешкім жоқ, «Аштан бұралып өлгенше, «өлмегенге – өлі балық» десіп қар кешіп, беттері ауған жаққа босып кеткен болар. Келесі бір үйдің есігін ашқан мезет, қолында пышағы бар қайынсіңлісі, мүлдем танымайтын бөтен адамдай тап берді бұған. Тұра қашып үйіне келді де, есігін тас қылып байлап, бекітіп алды. Баласы жылай-жылай әбден сілесі қатқан. Өкпесінің сырылы естіледі әредік. Үзіліп кетуге шақ қалғаны анық. «Сенің орныңа мені неге алмайды Құдай тағала?» – деп егілді. Сырттан дүрс-дүрс дыбыс естілді. Жабықтан сығалаған. Бір-біріне сүйенген үшеу. «Бер балаңды бізге, жейміз», – дейді арсы-гүрсі ентігісіп.
Ашаршылық бірге туысқан пенделерді де мұнша жат қылып жіберерін кім білген. Тасбауырлық – қыс ортасына жетпей азықтары біржола түгесіліп қалғанда-ақ басталған. Кеңес өкіметі ашатұяқ қалдырмай тартып аларын болжай алмаған аңқаулықтарын, бейқамдықтарын бірінен-бірі көрген басында. Кінәласқан. Түк таппағанда торғай, қарға біткенді тұзақ құрып ұстап жеген. Біртіндеп қанаттылар да таптырмайтын болды. Бұл маңайдағылар азайды, әлде ауып кетті. Ауыл иттері оған дейін-ақ қазанға түскен. Қара суға қатқан тері, тулақ атаулыны қайнатып талғажау қылды. Шарипа есімді етжеңді кемпір, ашынғаннан: «Менің етімді жеңдер», – деп асылып өлді. Расында, адам жеу содан басталып кеткен. Тек аналар ғана өз балаларының етін жеуден бас тартты. Айдар, Айбар атты ағайынды бозбалалар бірін-бірі «жеймін» деп пышақтасып, екеуі де мерт болған. Олар өлгенін анасы басқа үйде отырып білмей қалыпты. Қазанға түсіп кеткеннен кейін сезген. Жанталасып қарсыласқанда аш-арықтар қаптап байлап тастаған. Піскен етті қыл үстінде бөліп жегендерге анасы: «Болмағанда, сүйегін беріңдер», – деп жалыныпты. Себебі «Сүйекті қайта қайнатайық», – депті біреулер. Екі баласының сүйегін жинап алған бойда қарға апарып көмген де, төмпешіктің үстін құшақтап жатқан қалпы өзі де үсіп өліпті бейшара ана.
Әр үйде бірін-бірі аңдыған, шүңірейіп ішіп-жеген көздер…
Күнікей оларға араласпай өзінше күн көрді. Рас, өзгелерден ширақтау. Күйеуін қызылдар атып кеткесін, атасы: «Мен – жасарымды жасап, асарымды асаған адаммын», – деп тамақ атаулыдан тыйыла бастаған. Жұрт бауырластарының етін жеуге көшкен бір таңда, теріс қарап жатқан қалпы бақилық болды. Атасының мәйітін іргеге сүйеп, киім-кешек, анау-мынаумен жасырып қойды. Адамжегіштердің көзінен таса қылғаны. Ақ қар, көк мұзда көмуге шама қайда?!
Марқұм көпті көрген, сұңғыла адам ғой. Өлерінен бірнеше күн бұрын, үй астын қазып жасырып қойған бір қарын сары майды және күйеуі көзі тірісінде таудан қазып әкелген бір қанар жабайы сарымсақты көрсеткен. Оны не істейтінін сұрағанда: «Ыстық күлге көміп жейсің. Сонда аш өзегіңе түспейді. Бірақ басқаларға білдірме. Түнде ешқайда шықпайтын кезде же», – деп ұқтырды. Шоққа көмілген сарымсақ күш-қуат беретінін көріп таңқалды. Сары майды сәбиіне жалатты. Емшек сүті алапат аштық басталғанда-ақ тартылып қалған. Май таусылып қалғанда оның қабын, яғни қойдың қарнын да тіліп-тіліп неше күн сорғызды баласына.
Бөпесінің демалысы сезілмейді, денесі салқындап барады. Ботадай боздап бауырына басты. Сөйтіп жатып қалғып кетті бір сәтке.
Жер бетінде қол жайған, ақтыққа оранған аруақтар қаптап кетіпті. Әлденені сұрайды үздігіп…
Ояна келсе, сәбиі сұп-суық. Еңіреді… Пенденің көз жасы түгесілмейді екен-ау. Өзі де өлгісі келді баласының соңынан. Бірақ бөпесін өзгелер алып кетіп жеп қоятыны есіне түскенде, ойынан айныды. Ұзақ өксіді. Бір замат тірі бөпесінің жаялығын ауыстырып жатқандай бұрынғысын шешіп, өзге маталармен қайта орады. Бөпесінің тап-тастай созылыңқы денесіне ып-ыстық жасы тамды.
Тыста не екені белгісіз дүрс-дүрс… Сұлқ қалған сәбиін құшақтай алып ұзақ жатты ұйқылы-ояу. Періштесін құшағында жылытқысы келеді. Сонда тірілетіндей…
Көзі қарауытып, өзегі талуға жақын. Сарымсағы түскір де бітіп қалған. Азынаған киіз үй қалтыратып әкетіп барады. От жақты. Қар суы сарқылдап қайнай бастаған. Ойланбастан қолына балта алды. Атасы оны өзі саптаған қайыңмен. Үстіне үйілген киім-кешекті ысырды. Мәйіт серейіп қатып қалыпты. «Кешіріңіз, ата, кешіріңіз!»…
Арада қанша күн мен түн өтті, білмейді. Боран басылғанын сезіп сыртқа шықты. Күн айығыпты. Біраз бақылады. Адам болуы мүмкін үйлерден кірген-шыққан із жоқ. Қарға омбылап жүріп, құламаған киіз үйлерді түгел адақтап шықты. Кейбіреулері құшақтасып, көбі оранып жатқан қалпында жантәсілім етіпті.
Үйіне келіп бөпесіне сөйлеп отырды: «Ботам, білесің бе, сонша адамнан қалған тек екеуміз. Жарық дүниеде тек екеуміз қалыппыз… Бай қайнағаның үйіне көшпесек, біздің үйіміз де енді бір жел соқса, құлағалы тұр…
Әдірә қалған дүние-мүлік. Бай қайнағасының үйіндегі кезінде өздері қызығып жүретін небір қалы кілемдер, алтын сандықтар мен жүкаяқтар. Күміс піспекті торсықтар мен сары сабалар. Қызылды-жасылды желбаулар, бәрі-бәрі сонша жанның басына күн туғанда, біреуіне араша бола алған жоқ. Әлі тұр самсап. Мал, байлық жинап бекер-ау.
Ең аяғы қайнағасының алдынан кесіп өтпек түгіл сыртынан атын атамай тергейтін келіні, қасқыр ішігін жылылығына қызығып киіп алуы – заманның шынымен өзгергендігі шығар. Осылай ойлаған Күнікей: «Кешіріңіз қайнаға!» – деп күбірледі.

* * *

Күнгі жарық жалғанды күңгірттеткен тұман ашылған сияқты. Әлдеқайдан торғай шиқылдады. Иә, торғай… Кенет бөпесіне көзі түскен Күнікей: «А-а», – деп шегініп кетті. Бөпесі жалғыз түнде қап-қара болып кетіпті. Үйдің іші жарық болсын деп есікті үлкенірек ашқан, көктемнің лебі енгендей. Есіктен басын шығарып қараған, жел үйген қардың ара-арасы еріп, қарайып қалыпты.
Бөпесіне қайта қарауға жүрексініп, төрдегі алтын сандыққа сүйеніп, бүрісіп отырды. Аруақтар келді айналасына қаптап… Атасын анық таныды… Ол да қолын жайып тұрды алдында. Нені сұрайтынын ұқсашы… Қорқып бетін басып алды.
Кенет есік ашылып, мойнында галстук, домаланған бейтаныс еркек кіріп келе жатты. Күнікейдің көзіне ол майлы ет болып көрінген. Шыңғырып тұра ұмтылды. («Езуінен қан аққан, шашы қобыраған албасты ма, не?» – деп ойлаған, зәресі ұшқан тоқ адам)
Күнікей төрден есікке дейін, неге екенін ұзақ жүгірді… Әлден уақ мылтық тарс етті… Алғаш бұл дыбысты жалғыз ағасын ақтар атып кеткенде естіген. Одан қызылдар… Солай ойлап үлгерді. Қара жерді құша, жоқ а-а сәбиін құша құлаған.

ҚҰЛ

Сапар шеккен адамға жан-жағы бәлен айлық жол ұланғайыр дала, сыңсыған орман, шалқар айдын, бас айналдырар шың-құз атаулы, қылдай, қысқасы, қайда қарасаң да көз ұшында мұнартқан мұқым Жаһан мұнікі. Иелігі. Содан да жарық жалғанда еш билікті шендесе алмас азулы Әмірші. Тұқымынан көзі ашық, көңілі ояу ақыл-парасат егесі. Құлаш-құлаш жырларды, шежіре-тарихты жатқа соғатын әскере зерек, танымпаз. Арғы-бергі ата-бабасының арман-тілегіне дейін тасқа шекіп жазатын аса бейнетқор білімпаз. Түп аталары – Көктен жаратылған, Көкке табынатын, КөкБөрінің тұқымы.
Жылқының «жер-су баспайтын» небір сетерін таңдап мінетін сері. Оның көгілдір көктей шексіз қабілеті – әлемдегі барша ғылым-білімнің бастау-бұлағы. Көңілі – көктем, ақылы – азат, арманы – жүген құрық тимеген шу асаудай күн кешкен…
Кенет сумақай жел бұған сыбырлады. Төрт тараптағы өзіне бағынышты бауырларының ниеті тарылып, көздерін шел басыпты. Абайсызда көгілдір күмбез – киіз үйінің ішін өрт қаулады алапат. Жан-жағын жалмаған қып-қызыл жалыннан жанұшырып әйел, бала-шағасын құтқарып жүргенінде, осыны күткен жалаң қылыш, басы-көзін оранған бөтен біреу тұтқиылдан басып кірді өртенген үйіне.
«Басыңды и», – деді бұйырып. Жер-әлемнің әміршісінің басы иілуші ме еді? Кеудесінен жерге домалады қайран Күнтекті Басы…
«Оқуларың қате», – деді әлгі жатжерлік жаңа қожайын. Сөйтті де мұның ата-бабасының шежіресі, арман-тілегі жазылған мәрмәр тастарды, бабаларының тұнжырларын жаппай қиратуға жарлық шашты. Ұлан-байтақ ұлыстағы қиратылған тастардың дүрсілінен жетпіс жеті атасының аруағы жаңғырығып назаланды…
«Жазуларың ескірген, менің жазуымды үйрен…» – деп тебітті. Басы жоқ мойын оқи ма?.. Жаза ала ма?.. Тілін түсінсе бұйырмасын, құр жаттауға көшті. Сөйткенше де талай заман өтті-ау…
Ол көрген зорлығы аз, жылқы жылы ілгері екен. Енді баяғы өзінің құлдары бас көтерді. Ормандағы дүлей қоңыр аю тап берді. Басы жоқ денесіне үшкір тырнақтарын, балтырына, сан етіне қанды азуын салды. Құлындағы дауысы шырқырады… Ол бұрыла бере ысқырынған алып айдаһар пайда бола кетті. Бассыз мойнынан бастап тұла бойына оралып шыңғырта қысты уын таратып… Тынысы тарылып, сөніп бара жатқандай шырылдады…
Қорбаңдаған маймақ жерде жатқан басын тасқа бір қойып, қарбыздай жарды да, тырнағын салып миын жей бастады… Айдаһар сала құлаш тілін сүңгітті миына…
«…Отбасын бірінші ойрандаған манағы жалаң қылышты әміршіл әулие, төсін тіліп жібергенде үңгірінен шықпайтын батырақ аю, қанды, етті көріп батылданып, мұның жүрегін суырып алып, асап жіберіпті. Содан батыр болып кетіпті…» – деседі. Ақиқат шығар. Өйтпегенде иесіне шабу қайда?..» Осылай десіп біреулер сөйлеп жатыр…
Оянып кетті, түсі екен. Қара терге түсіп, екі шекесі солқылдап барады. Басы зеңулі. Зәре-құты қашып қорқып оянды. Бауыры шымырлап, екі бүйрегі домалап түсіп бара ма?.. Ойланып-толғануға шамасы жоқ. Көңілінде тек таңданыс. Өмірі ата-бабасының аруағын есіне алып көрмеген. «Неге?», «не үшін?» деген құр сұрақтар. Қазақтардың құран аяттарын оқытып, жеті шелпек таратқанына күлетін. (Аян-түс – жантәсілім етер сәттегі «рухының бой жасағаны» екендігін ол білмейтін.)
Ғұмырындағы жып-жылы естелік болып қалған сүйікті Қалимасын ойлады. Соңғы рет: «Босандым. Ұлыңның аты – Ерік», – деп хат жазғаны бар. Оны іздеп баруға батылы жетпеді, әлде мұршасы болмады, әйтеуір жолы түспеген. Сенген Анна Сергеевнасы ортақ ұлдары Андрей он алтыға толғанда: «Сендей әкем бар болғанына намыстанам», – деп айтқызып, бұдан теріс айналып кеткен біржола. Содан бері жападан-жалғыз.
Күлімдеген аққұба Қалимасы, папалаған кішкентай Андрейі елестеді. Ерігін мүлде көрмегесін елестете де алмады. Түсіндегі айдаһар өңінде де қылқындырды ма, аюдың азуына түсті ме?.. Қиналып қара терге түсіп жатып, ылп етіп жаны жәһаннамға кете барды…
Ылпың-жылпың мейірбике қыз қимылсыз жатқан Қара Иванның күре тамырын басып көріп, айқайлай жаздап өз аузын өзі басып қалды. Сөйтті де Қара Иванның қасындағы төсекте көзін ашып-жұмып жатқан орыс шалға бұрылып: «Он умер…» – деді дауысы сәл дірілдеңкіреп. Басы қалтаң етіп кеудесін көтерген шал, шоқынып күбірлеумен шектелді.
Қара Иванның соңғы жылдардағы жалғыз серігі – сары мысығы ұйқысы қанғанын түйсініп, төсектің аяқ жағынан секіріп түсіп, рахаттана керілді. Кіріп-шығып жатқан адамдардың арасымен бөлме есігінен зып беріп дәлізге өтті де, сыртқы есікке беттеді әдетімен. Осылай сейілдеп қайтуды үйреткен иесі әлде досы бүгін де соңынан ермегеніне қарайлап іздемеді.
Кілең қарт адамдар тұратын бес қабат үйді, бұл жердің көптен бергі тұрғыны Қара Иванның қайтыс болғаны жөніндегі суық хабар кезіп жүрді. «Жаны жәннатта болсын» деген сөз түрліше тілдерде қайталанды. Алайда «Қара Иванның кезегі келіпті. Келесі кім?..» – деген сөздер жағалай жасы келген, қамқоршысы жоқ жандардың тілінің ұшында тұрды. Бірақ ешқайсысының айтуға батылы бармады. Олай деп ақтарылудың да қажеті шамалы. Іштей өзді-өзімен мүжіліп, күрсінісіп алысты.
Бұдан кейін Қара Иванды бұл дүниедегі тірі жан есіне алмады. Ондай пенде мүлдем болмағандай. Ә, айтпақшы, құжаттарын толтыру үшін Қара Иванның паспортын қолына алған манағы пысықай мейірбике ғана: «Оның аты – Жылқышыбай екен-ау…» – деп таңырқады да қойды.

Пікір қалдыру