БҮГІН ЖОҚ КЕШЕ КӨРГЕНІҢ…
Любовь Константиновна Шашкова 1951 жылы Белоруссияда туған. 1971 жылдан бері Қазақстанда тұрады. ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. Әр жылдары Теміртау газетінде, Қазақ радиосының әдеби редакциясында, «Жазушы» баспасында редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Казахстанская правда» газетінде мәдениет бөлімінің шолушысы қызметтерін атқарды. 2003 жылдан бері «Простор» журналында қызмет етеді, қазір бас редактордың орынбасары. 1990 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Поэзия, аударма, деректі проза, публицистика саласында жазылған ондаған кітаптың авторы. Өлеңдері, мақалалары, очерк, эсселері «Простор», «Нива», «Томские Афины», «Полымя», «Неман» (Минск), «Юность» (Мәскеу) журналдарында жарияланған. Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы.
ҰЛЫ ДАЛА ӘНІ
«Көзіме бір көрінші, Ерейментау»
Иманжүсіп.
Ерейментау, ұлы далам, өр атың,
Кезің қандай көк мұнарға шоматын.
Шалғайыңды қаусыра алмай қыран да
Шаршап келіп тұғырына қонатын.
Жебедей боп зырлағанмен арғымақ,
Шет-шегіңе жете алмайды қалжырап.
Кезе-кезе шаршағандай байтақты
Күн де батты бір жотаңа салбырап.
Ерейментау, сенде атты таң кілкіп,
Талай-талай түндер өтті қан бүркіп.
Төсіңде өтті небір ұлы айқастар
Ұлы дала көкірегін жаңғыртып.
Жарықтығым, жатырсың ба паң күліп,
Сан ұрпақтың жан сусынын қандырып,
Ғасырлардың, замандардың сазды әні
Заңғар көкке сіңеді екен мәңгілік.
Бір құштарлық билесе де санаңды,
Құлаш жетпес, көп шайқама сабаңды.
Жүрегіне ақын ғана сыйғызар
Осынау кең, көз жетпейтін ғаламды!
ДАЛА
Әкім Таразиға
Ғажап қой түпсіз көкжиек,
Тұратын дүние мөлдіреп.
Қыстағы Қарағандыны
Сүйетін аспан елжіреп.
Салтатты, сен де есірме,
Құс көрмес жапан шетін де.
Тап боларсыңдар ажалға
Қарлы дала төсінде.
Осы жерде жаным жусаған,
Жетер ме арман қуса адам?
Сағымды судай сіміріп
Сіңірген сайын сусағам.
Қарайды Нұра торығып,
Қар басқан жолдар сарылып.
Ғайып боп заман көштері
Өткеннің бүгін бәрі ұмыт.
Пойыздар зырлап самғайды-ау,
Қалады бекет, кең жайлау.
Шойын жол жатыр созылып
Өткен шақ енді келмейді-ау!
Жаза алмас тағдыр сені емдеп,
Жаралғасын біз адам боп.
Бүгін жоқ кеше көргенің
Жылайсың сосын амал жоқ…
АЛМАЛАРДЫ ҚҰТҚАРАЙЫҚ, КЕЛ ДОСЫМ…
В. Михайловқа
Тамыз айы туғанда, тұрғанда әлі тал бекем,
Құтқарудан алманы артық бақыт бар ма екен.
Балалар жүр қуанып, тап болғандай алтынға,
Алма теру қандай бақ, мынау күзгі салқында.
Алмаларды ағызды Березина өзені,
Толқындарды тоқтату мүмкін емес, себебі.
Алысқа ағар бұл өзен, бұталардың түбінен,
Алма ұстап алардай, орғып-орғып жүгірем.
Сонау кезде алманың дәмін таттым мен алғаш,
Ұқтым сонда — еш нәрсе дәл алмадай бола алмас.
Күмбірлейді кейде бір соғылғандай қоңырау,
Ағып жатқан өзен де өтіп жатқан өмір-ау!
Кездім нұры шалқыған Фавор таулы аймағын,
Бірақ оның құпиясы әлі күнге беймәлім.
Адасып жүр адамдар, түнек қашан тарқамақ?
Өз жерінде мұң шегіп, бар қайғысын арқалап.
Су бетінде алмалар нұрдай болып жанады,
Бізге де егер сол жарық нәсіп болса жарады…
АНАУ БІР АҒАШ ҮЙДЕ
1
Тұнып тұр жұпар, көрікке,
Шөп белден таулы өрісте.
Георгий менен Никита —
Қасымда екі періште.
Тамаша әлем, жан тұнық,
Қалмасын мейір сарқылып.
Қолдарын созар сәбилер
Тастүлек құстай талпынып.
Бұл өмір тұман, түнектей,
Қос сәби – таза жүректей.
Тәңірім өзің жебеші,
Нұрлы жүздерін жүдетпей.
2
Қоршаған таулар арқырап,
Сол ағаш үй ғой – бар тұрақ.
Аялар күннің сәулесі,
Ағады өзен сарқырап.
Күн шықты шыңға шағылып,
Сәулелер жетті ағылып.
Никита, Гоша, тұрыңдар,
Жаңа күнде ғой – бар үміт!
Ұйықтама, бәрін көріп ал,
Сәулеге көзің қарығар.
Екеуің оят жер жүзін,
Несібеңді қане, теріп ал!
БАРБАРИС-ЖЕМІС ПІСКЕНДЕ
Өзен жатыр кең даланы қақ жарып,
Қойны жалын, қойғандай бір шам жағып.
Кеше ғана жасыл дүние бүгінде,
Барбаристің түсіне енді арбалып.
Енді мұнда күзгі шуақ жоқ, мынау,
Бар алқапты басады ертең ақ қырау.
Жомарт күздің қышқыл дәмін татасың,
Өмір шіркін жайлап ағып өттің-ау!
2
Бұталардың арасынан көрінген,
Тұла бойы тікенекпен көмілген.
Қызыл дәні көз тартады анардай,
Итмұрын мен доланаға өрілген.
Тікенегі жырды біраз қолымды,
Жібермейді қадалып ап тонымды.
Дәл осының міндеті ме, ысқырып,
Әне, біреу кесіп өтті жолымды.
- Үсік жүрер жапырақты бір сауып,
Тікенекті жел жұлқылап құртар, ұқ!
Сол кезде оңай жайрап қалар дәндері,
Құрбым, неге, асығасың мұншалық?
- Дұрыс, дұрыс, көп екен ғой әлегі,
Күрделі ғой өсімдіктер әлемі.
Білесің бе, кеш беретін құнарын,
Жаздан гөрі күздің дәмі әдемі!
3
Түрген-сайда сарғыш сәуле молайды,
Балалардың шат күлкісі арайлы.
Өзендердің сылдырына қосылып,
Бәрі бірге көк жүзіне тарайды.
Жүре берсек қызғалдақты қыр кешіп,
Мұңсыз, еркін бал дауыстар тұрды есіп.
О, дариға-ай, ойнап-күліп жалғанда,
Немереңмен ғұмыр сүрсең бірлесіп!
Аударған Жұмабай Құлиев