КЕК
КЕК
(Жетісудың Жаркент өңірінен шыққан бір батыры –
Мұқай Байсымақов туралы шағын поэма)
Жетісуым, жайнаған бүгінде нұр
Өткіздің кезеңдерді қиын небір.
«Халық жауы» атанып, нақақ күйіп,
Жазықсыздан қаншама қиылды өмір?!
Тағдырдың сонша төнді неге сыны?
Көрудей-ақ, көрдің ғой көресіні.
Құрбаны боп солақай саясаттың
Қаншама ұмытылды ер есімі.
Үңілсем, жолың тайғақ басып өткен
Алысқан арыстарың қасіретпен.
Бүгінің біле бермес, соның бірі –
Суанда Мұқай деген батыр өткен.
Оқушым! Өткенге айып тақты деме,
Тағы бір батырды ойлап тапты деме.
Жазықсызды жендеттер атты неге?!
Жат елге жұрт үдере қашты неге?!
Аштық пен соғыс салып, нала-қайғы,
Ойлан, неге халқыңның саны азайды?!
Неге бітпес жер менен тілдің дауы
Тәуелсіздік атса да таңы арайлы?!
Жас ұрпақ жауап іздер бұл сұрақтар
Әлі талай біздерді мазалайды.
Зымияндар жасырған шын дерегін
Менің де өткеннен көп білмегенім
Жырласам, айып етпе өз елімнің
Қиын шақта, қилы өмір сүрген ерін.
Дей көрме уақыт бәрін ұмыттырған
Өткенің шежіре ғой тұнып тұрған.
Кез еді қиырдағы Жаркентте
Келімсектер билігі жүріп тұрған.
Жымысқы ішкі есебі болғасын да
Мүддесін қазағымның қорғасын ба?
Билікке қырылысып ақ пен қызыл
Төтенше жағдай тұрды ел басында.
Менсінбей «жабайы» деп қарап өктем
Талтаңдады қаптаған «қара шекпен»
Әр жерде казак-орыс ойран салып
Құтырып асты кейде шама-шектен.
Жәй жатқан бейбіт елдің шырқын бұзып
Тынбайтын шығармаса бір күн бүлік.
Бар еді аты шыққан Семен деген
Жүретін әр ауылда шу тудырып.
Табиғат тамылжытса мамыр әнін
Жайнаған Жаркенттің жазы мәлім
Еркектер малын айдап, жайлау асып,
Етекте қалған еді шағын ауыл.
Өкініш тістететін бармағыңды
Қауіпті оқыс келген жау қарулы.
Сол Семен үш казак бар қасына ерген
Талтүсте шапты келіп әлгі ауылды.
Секілді кегі бардай ала-алмаған
Ақырды қарулы топ жалаңдаған.
Жұрт шулап, иттер үріп шабаланып,
Бейқам ел болды әп сәтте азан-қазан.
Жауыздар тудырды үрей, мылтық атып,
Жайратты бір-екі итті қыңсылатып.
Тонады қолдарына ілінгенді
Шулады қатын-қалаш сұрқы қашып.
Ешкімнен жоқ қаймығу, сескену де
Алғанын қанжығаға бөктеруде.
Осы сәт бір бойжеткен бассауғалап
Жүгіріп бара жатты шеткері үйге.
Бейне бір аш жыртқыштан қашқан елік
Аулаға кетпек болды шапшаң еніп.
Жас қызға зұлым Семен ұшып жетті
Атымен жіберердей таптап, езіп.
Сүрініп, бейшара қыз сасқан кезде
Шап берді қарғып түсіп аттан лезде.
Бойжеткен қорқыныштан зәресі ұшты
Айналып құлағандай аспан жерге.
Бұлқынды ол таптатпауға ар-намысын
Шығарды көмек сұрап бар дауысын.
Сүйреп кеп шөмелеге жауыз Семен
Тез тындырды ойына алған «ісін».
Етегі көз жасына толды да қыз
Талтүсте бұл масқара болды нағыз.
Аузынан сұм Семеннің арақ аңқып
Алдарқатып жұбатпақ болды жауыз
Егілді қыз шыт көйлек жұлымдалып
Қолаң шашы дудырап, жүзін жауып.
Тонаушы топ асығыс кете барды
Тояттаған Семен да жымың қағып.
Қорғансызды мақтан ғып талағанын
Мәз болды олар, ойламай, дала заңын.
Сорлы Семен білмеді қылмысына
Қыр аспай-ақ, тартылар жаза барын.
Суанның Мұқай атты есіл ері
Елі үшін бәріне де бекіп еді.
Қасында жүйрік атты серіктері
Асығып осы ауылға жетіп еді.
Деген соң «момын елге күн бермеді!»
Мұқайдың Семенды аңдып жүрген кезі.
Өкінді кешіккенге, әттеген-ай!
Амал не сәл ғана сәт үлгермеді.
Естіп ол болған жәйді, күйінді аса
Бұл сойқан жалғасады тиылмаса.
Бетке алып тонаушылар кеткен жақты
Бұлар шаба жөнелді құйындата.
Серпілді ауыл жұрты «Е, Құдайлап!»
Ішінде жауыздарға кегі қайнап.
Деп жатты: «Бар екен ғой бөріктілер
Намыспен жауға аттанар шегіп айбат».
Мұқай да белді бекем байлаған-ды.
Оңтайлап, бесатарын сайлап алды
Алдынан шықты олардың орағытып
Дұшпанның көрінгенде сайдан алды.
Сорлы Семен, төбеңнен төнді ажалың
Мықты болсаң, ал кәні, қорғана біл!
Жүйрік атпен бұл қазақ атой салса,
Сорлағаның, әй, бейбақ, сорлағаның!
Ер Мұқай жүйткіп жетіп, құйын желдей
Аударды Семенды аттан бұйым көрмей.
Үстінен сұсты жүзбен төнді келіп,
Қарғаға қыран бүркіт шүйілгендей
«Күштінің тап келдім, – деп, – қандайына?»
Аһ ұрды Семен мүшкіл жағдайына.
Ер Мұқай: «Қолға түстің, собака!» деп
Тіреді бесатарды маңдайына.
«Бұл қазақтың сұсты еді сұры қандай?
Қайдан ердік Семенға біліп алмай!».
Деп казактар тастай сап қоржындарын
Әп сәтте ғайып болды бірі қалмай.
Сорлы Семен жаны үшін жалбарынды:
– Орындайын қалаған арманыңды.
Тек өлтіре көрмеші, жаным үшін
Алтынымды ал, атымды ал, ал барымды!
– Ей, шибөрі, жүрмек пе ең тасып мәңгі
Әлек салдың сен талай шашып қанды!
Деп Мұқай оған қадап зілді көзін
Шүріппені маңдайдан басып салды.
Өлгенін бұл Семеннің көрді бәрі
Құтылды ел бұл пәледен ендігәрі.
– Тастаңдар жалаңаштап, – деді Мұқай,
– Қорқаулар бүгін түнде-ақ жем қылады!
«Әркімнің таразылар Тәңір ісін»
Дегеннің тереңде екен парығы шын
Талайды қан-қақсатқан зұлым еді
Осылай шығарылды Әділ Үкім!
Елін жатқа таптатпай кегін алған
(Бұл туралы көргендер сөзі қалған)
Сол күннен «Мұқай батыр» атанды ол
Күтіп тұрды сыны ауыр өмір алдан.
Шаяхмет АЛЖАМБАЕВ