БҰЛАҒАЙ КЕЗЕҢДЕ ҚАНАТ ҚАҚҚАН «БАЛАПАН»
Бұған дейін әдеби, ғылыми ортада бірде бір саны белгісіз болып келген «Балапан» журналының 1918 жылғы №9 санын Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану музейінен тапқанымызды ілгеріде айтқанбыз («Егемен Қазақстан» газеті, №190, 2 қазан, 2025 жыл). Қолжазба журналды тарихшы, зерттеуші Абай Мырзаға қазіргі қаріпке аудартып, журналда қандай материалдар жарияланғанын, нөмірді шығаруға кімдер атсалысып, шығарушы ретінде кімдер қол қойғанын, басқа да бәймәлім жайттарға арнаулы тоқталғанды жөн көріп, толық нұсқасын «Жұлдызда» жариялап отырмыз.
«Бірлік» пен «Балапан»
1914 жылғы 18 сәуірде Омбы қаласындағы қазақ жастары «Бірлік» ұйымын құрған. Жастар ұйымы қазақ халқының мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтеру арқылы оның ұлттық сана-сезімін оятуды мақсат еткен. Осы мақсатта «Бірлік» ұйымы 1916 жылы «Балапан» журналын жарыққа шығарған. Бұл жайында «Қазақ» газеті: «Омбыда оқып жүрген қазақ жастары 1914 жылдың басында жасырынып жүріп, «Бірлік» атты қауым ашқан еді. Бостандық болмастан бұрын бұлар кітап бастырып, «Балапан» атты журнал шығарып, жастардың көзін ашып, көңілін оятып, ұлт қызметіне кірісті. Бостандықтан бұрын бұл «Бірліктен» басқа еш жерде жастар ұйымы жоқ еді», – деп жазды («Омбыдағы «Бірлік» қауымы, «Қазақ» газеті, №259, 12 қаңтар 1918 жыл). Бұдан «Бірлік» ұйымының қазақ арасындағы алғашқы жастар ұйымы болғанын байқаймыз. «Алаш қозғалысы» анықтамалығында жазылғандай, «Бірліктің» мүшелері қатарында Мағжан Жұмабаев, Дінмұхамед (Дінше) Әділов, Қошмұхaмед (Қошке) Кемеңгерұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Асылбек Сейітов, Асқат Сайдалыұлы, Ахмет Баржақсин, Есім Байғасқаұлы, Ғаббас Тоғжанов, Жанайдар Сәдуақасұлы, Омар Темірбеков, Әбдірахман Байділдин, т.б. болған.
«Балапан» қолжазба журналы алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы «Руханият» кітабында (Алматы, «Білім», 1997 жыл): «Ұлт тарихындағы қолжазба журналдарының ішінен «Медіресе Ғалия» (Өфе) шәкірттері шығарған «Садақ» пен Омбыдағы жастардың «Бірлік» ұйымы жұртқа таратқан «Балапан» басылымдарын ерекше атауға болады», – дей келіп, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Садуақасұлы, Мағжан Жұмабайұлының журнал жұмысына атсалысқанын атап өтеді. Қошке Кемеңгерұлы «Балапанның» 1916 жылы қанат қаққанын айтса, Смағұл Сәдуақасұлы журналдың Омбыда шығып тұрғанын, бірыңғай көркем шығарма (беллетиристика) жариялайтын бірден-бір басылым болғанын алға тартқан. Ал Мағжан Жұмабайұлы: «Балапан қанат қақты… Жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты. Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті…», – деп жазған болатын.
1917 жылғы 1-4 қазан аралығында Омбы қаласында «Бірлік» ұйымының жалпы жиылысы өткен. Жиылысты Мағжан Жұмабаев басқарса, Дінмұхамет (Дінше) Әділов пен Мәжікен Сүлейманов хатшы болған. Осы жиында «Бірліктің» үш жылдық есебі беріліп, 8 тармақтан тұратын қаулы қабылданған. Қаулының «Балапан» журналын зорайту» деп аталатын 7-тармағында: «Балапан» журналын бастырып шығару үшін әріптер алдыруға «Бірлік» атынан халықтан жәрдем жиылмақ. Әзірге әр нөмірі 30 беттен 20 күнде бір рет шапирографта басылып тұрмақ һәм бірнеше нөмірінен таңдап алынып, сборник қылып тасқа басылып шығып тұрмақ. Журнал басқармасына үш кісі сайланды. Оларға тағы екі қолғабысшы белгіленді», – деп жазылған («Омбыдaғы «Бірлік» қaуымы», «Қaзaқ» газеті, 12 қаңтар, 1918 жыл). Осы қысқа ғана хабардан «Балапанға» қатысты бірнеше қызықты деректі байқауға болады.
Біріншісі, қолжазба журналдың шапирографта басылатыны. Бұл жоспар ойдағыдай орындалған. Бұлай сенімді айтатын себебіміз Омбыдан табылған «Балапанның» 1918 жылғы 13 ақпанда жарық көрген саны тура осы шапирограф (гектограф) арқылы басылған. Яғни бұл қолжазба журналдың өзі емес, гектограф арқылы көшірілген көшірмесі. Ол кезде баспа станоктары қолжетімсіз еді, бүгінгідей сапалы сканерлер де болған жоқ. Сол себепті журнал шығарушылары қолжазбаны гектограф көшірме құрылғысын қолдану арқылы көбейтуге тырысқан. Сондай-ақ «әріптер алдыруға «Бірлік» атынан халықтан жәрдем жиылмақ» дегеніне қарағанда журналды типографияда басуға талаптанғаны байқалады.
Екіншісі, бірнеше нөмірінен таңдап жинақ шығару. Бұл жоспар да жүзеге асқан секілді. Себебі жоғарыдағы жиында «Бірлік» ұйымының «Өткен күндер» деп аталатын өлеңдер жинағын шығарғаны айтылған. Соған қарағанда «Өткен күндер» жинағына «Балапанда» жарияланған өлеңдер енсе керек. 1914 жылы Сәкен Сейфуллинің «Өткен күндер» өлеңдер кітабы да шыққаны белгілі. Бұл сол кітап па, әлде басқа ма? Бұл да тыңғылықты зерттеуді қажет ететін мәселе екен.
Үшіншісі, журналдың шығарушысы ретінде үш кісінің сайланғаны. Журналдың 1918 жылғы ақпандағы №9 санында шығарушылар ретінде үш адамның аты жазылған. Олар – Бекмұхамед Серкебаев, Смағұл Сәдуақасұлы және Әбдірахман Байділдин. Демек 1917 жылғы қазандағы жиында «Балапанның» шығарушылары ретінде осы үшеуі сайланған секілді. «Балапан» журналына Қошке Кемеңгерұлы мен Мағжан Жұмабаевтың да атсалысқаны айтылып жүр. «Балапанның» 1917 жылғы №5 санында Қошкенің «Қазақ тарихынан» атты зерттеуі жарияланған. Соған қарағанда журналдың алғашқы сандарының шығарушылары солар болса керек. Бұл жайында Қошкенің де, Мағжанның да жазбалары бар.
1918 жылғы 5-13 мамыр аралығында Омбыда Жалпықазақ жастар сиезі өткен. Сиезді «Бірлік» ұйымы ұйымдастырып, 15 ұйымнан делегат шақырылған. Сиезде большевиктер билігіне қарсылық ретінде қазақ даласындағы ұйымдарды бір ұйымға (орталыққа) біріктіріп, бір (ортақ) бағдарламаны ұстану көзделген. Сиезде «Жас азамат» ұйымы құрылып, барлық ұйымдар (қауымдар) бір мекеме аясына біріктірілген. «Бірлік» ұйымы да «Жас азаматтың» құрамына қосылған. Жаңа ұйымның басшысы Ғазиз Мурзин, орынбасары Гүлшаһра Досымбекова, мүшелері Әбдірахман Байділдин мен Мұратбек Сейітов, хатшысы Смағұл Сәдуақасұлы болған.
1918 жылғы 30 шілдеде аталған ұйымның жанынан «Жас азамат» газеті шыққан. Газетінің алғашқы шығарушысы Қошке Кемеңгерұлы болған. Соған қарағанда Қошке «Балапанның» шығарушысы қызметін 1917 жылғы қазанға дейін атқарып, кейін «Жас азамат» газетінің тізгінін ұстаған болса керек.
Журналдың №9 саны туралы
«Балапан» журналының Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану музейінен табылған 1918 жылғы №9 санына тоқталайық. Журналдың көлемі – 22,4х18,3 см. Бас-аяғы 32 беттен тұрады. Музей қорында OMK-15394 нөмірімен сақталған. Мұқабасында балапанына жем беріп тұрған қыранның суреті салынған. Қыран қазіргі Қазақстанның туында да белгіленген, еркіндікті бейнелейтін киелі құс. Шығарушылардың журнал атауын «Балапан» деп атап, қыран мен оның балапанының суретін мұқабаға бейнелеуі Омбыдағы қазақ шәкірттерінің еркіндікке ұмтылысын білдіретіндей. Сондай-ақ мұқабада «Балапан» деген журнал атауы жазылған. Оның астына журналдың жиырма күнде бір шығатыны көрсетілген.
Осы уақытқа дейін «Балапан» журналының 4-5 саны ғана жарық көргені айтылып келді. Ал біздің қолымызға түскені – 1918 жылғы №9 нөмірі. Демек жоғарыдағы ақпарат қате секілді. Егер «Балапан» 1916-1918 жылдар аралығында 20 күн сайын және үзіліссіз шыққан болса, осы уақыт ішінде журнал 36 саны жарық көруі керек. Алайда ол уақытта қолжазба журналдың үзіліссіз шығуы қиын нәрсе. Соған қарағанда 36 саны болмаса да, үш жылда кемінде 15-20 нөмірі шыққан секілді.
1918 жылғы №9 саны 13 ақпанда жарық көрген. Әсілінде ай сайын шығатын журналдардың №1 саны қаңтарда, №2 саны ақпанда деген ретпен жарық көреді. «Балапанның» №9 саны 1918 жылғы ақпанда шыққанына қарағанда, журналдың реті күнтізбелік есеппен емес, оқу жылы бойынша шыққан секілді. Егер 20 күн сайын үзіліссіз жарық көрген болса, журналдың 1917-1918 оқу жылындағы №1 саны 6 қыркүйекте шыққан болады. Осы есеппен «Балапанның» 1916-1918 жыл оқу жылындағы сандарын, соның ішінде ең алғашқы шыққан күнін де шығаруға болар еді. Алайда журнал оқу жылында ғана шықса, демек жазғы демалыс кезінде уақытша тоқтаған болуы да мүмкін. Сондықтан ол кездегі жағдай туралы нақты ештеңе білмегесін, болжам айтуыдың өзі қиын. Себебі бұл әлі де тиянақты зерттеуді қажет етеді.
Журналдың алғашқы бетінде «Басқарушы» ретінде «Шығарушы ұйымы» көрсетілген. Ал «Шығарушы» ретінде Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» ұйымының аты жазылған. 1-беттегі «Сөз бастарында» нөмірдегі материалдарға аңдатпа берілген. Жалпы №9 санда 3 өлең, 2 әңгіме, 1 мақала, 1 фельетон және 2 хабар жарияланған. А.С.-ның «Газет-журнал оқудан пайда», Серкенің «Қонған жерімнен», Полетиканттың «Мен де полетик болайыншы» мақалалары, Серкенің «Көк төбетке», Бабасанның «Ақылсыз сұлу», Дерттінің «Қалқама» өлеңдері, Серкенің «Абылай» туралы әңгімесі жарияланған. Сондай-ақ журнал соңында «Шығарушы ұйымынан» деп шығарушылардың хабары мен олар туралы мәлімет берілген. Уфадан шыққан «Садақ» қолжазба журналындағы секілді «Балапанның» да авторлары шығармаларын бүркеншік есіммен (псевдоним) жазған. Шамасы шығармашылық тәуекел, сақтық үшін осындай тәсілге жүгінген болса керек.
Асылбек Сейітов пе?
Асқат Сайдалыұлы ма?
Алғашқы мақаланы А.С. деген бүркеншік есімді қолданған автор жазған. Мақаласы журналдың 2-бетінен басталып 8-беттің бел ортасына дейін жалғасқан. Мақала «Газет-журнал оқудан пайда» деп аталады. Газет-журнал оқудың пайдасы жайында бұрын «Қазақ», «Қазақстан» газеттері де жазған. Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», – деп жазса, Ғұмар Қараш: «Газет – біздің басшымыз, газет – біздің достар алдында көркіміз. Дұспандарға қарсы құралымыз, газет – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, газет – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам шырағымыз», – деген еді. А.С. да Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш секілді газеттің қоғамдағы маңыздылығына тоқталған. Ол газет-журналдың пайдасын есептеуге сан жетпейтінін айта келіп: «Газет-журнал – жұрттың күзетшісі, жоғын жоқтайтын жоқтаушысы», – дейді. Одан ары: «Газет-журнал – жұрттың тілшісі. Олай деген сөз: дүниенің ол шетінде болған уақиға мына шетіне тез келіп жетсе еді. Онысы былай тұрсын өзінің ішіндегі із болады. Не тіпті бергі қулардың ойынан шығарып алған өтірігі болады. Газет-журнал болса, ол хабарлар тез келеді, анық болады», – деп жазады.
Сондай-ақ ол газет-журналдың жұрттың ақылшысы, басшысы екенін айта келіп: «Бір кісінің ішіне бір-ақ аяқ ас сияды деген сөз ақылға да келеді. Ақылды кісі біреу болса, газет-журнал бетінде сол кісілердің әлденешеуінің пікірі жазылады. Оларды оқып, адамның ойы түзеледі», – деп ой қорытады. Журналдың да маңызына жеке тоқталып: «Газет саяси жағында қалай қараса, журнал әдеби жағын сондай қарайды. Бұнда көбінесе халық ішіне мәдениет зораюына тырысады. Журналдың ең зор мақсұды сол. Сондықтан оның халыққа керегі егін салу үшін қара топырақ қажеттігі сықылды. Егін шығу үшін ердің еңбегі қажет болса, журналға халықтың бірлігі, ниеті, күш-көмегі қажет. Сөздің турасы егін салғандағы мақсұд тұқым алу, азамат асырау, газет-журнал шығарғандағы мақсұд – халықты көгерту», – дейді.
А.С. деген кім болуы мүмкін? Аббревиатура түріндегі, яғни аты-жөндерін қысқартып алған бүркеншік есім қазақ қаламгерлерінде көп кездеседі. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы А.Б, Біржақып Дулатұлының М.Д. бүркеншік есімін қолданғаны белгілі. Бұл да сондай тәсілмен жасалған бүркеншік есім болуы мүмкін. Омбыда А.С. есімді екі адам болған. Олар – Асылбек Сейітов пен Асқат Сайдалыұлы (Асхат Сейдалин). «Қазақ» газетіне мақала жазып тұрған – Асылбек Сейітов.
Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» романында Омбыда Алашорданың Ақмола облыстық комитеті сайланғанын айта келіп: «Ақмоланың облыстық «Алашордасына» сайланғандар: Айдархан Тұрлыбайұлы – адвокат, юрист; Миғаш Абылайханұлы – хан тұқымы, офицер; Асылбек Сейітұлы – доктор; Мұсылманбек Сейітұлы – переводчик; Ережеп Итбайұлы – бұрынғы окружной сот переводчигі; Мағжан Жұмабайұлы – оқыған жігіт, болыстың баласы; Мұхтар Саматұлы оқыған жігіт, Бөкейханұлдарының ертегісіне нанып жүрген кедей баласы; Смағұл Сәдуақасұлы – оқып жүрген жігіт, Асқат Сайдалыұлы – оқып жүрген жігіт; Қошке Кемеңгерұлы – оқып жүрген жігіт; Мұратбек Сейітұлы – оқып жүрген жігіт. Соңғы бесеуі – Омбыдағы белгілі «Бірлік» деген жастар ұйымының сол уақыттағы бастықтары», – деп жазған. Осы тізімде біз іздеген А.С.-ның екеуі де бар.
Асылбек, Мұсылманбек және Мұратбек Сейітовтер – бір атаның балалары. Асылбек Сейітов Омбыда туған, осы қаладағы гимназияда оқыған. Кейін Том университетінің медицина факультетін бітіріп, 1916-1922 жылдары Баянауылда дәрігер болып қызмет еткен. Алашорда құрылғанда, белсенді мүшесі атанған. Орынборда Бірінші Жалпы қазақ съезіне қатысып, съез хатшысы болғаны, кейін «Алаш» партиясының Ақмола облыстық комитетінің мүшесі атануы, Ақмола облысынан Құрылтай жиылысына кандидат болып ұсынылуы оның саяси салмағы жоғары болғанын айғақтайды. Асылбектің «Бірлік» ұйымы құрылған кезде де басы-қасында болғаны айтылып жүр. Бауыры Мұратбек Сейітов те – «Бірліктің» туын көтеріскендердің бірі. Соған қарағанда А.С. деген Асылбек Сейітов болуы мүмкін.
А.С.-ның Асқат Сайдалыұлы болуы да ғажап емес. Себебі ол да Омбыда оқыған. «Бірлік» ұйымын құрушылaрының бірі, Алашорданың Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болған. Демек «Балапан» журналында жарияланған «Газет-журнал оқудан пайда» мақаласы осы екеуінің бірі болар деп ойлаймыз.
«Балапанда» басылған өлеңдер
Журналдың №9 санында үш өлең жарияланғанын айттық. 8-беттен 9-беттің ортасына дейін Серкенің «Көк төбетке», 15-беттен 17-беттің ортасына дейін Бабасанның «Ақылсыз сұлу» және 22-бетте Дерттінің «Қалқама» деген өлеңдері жарық көрген. Енді осы үш өлеңге кезек берсек.
Серкенің «Көк төбетке» өлеңі кәдімгі итке арналған өлең секілді болғанымен, сол уақыттағы опасыздық, қиянат, сатқындық секілді дүниелерді астарлап жеткізген. Өлең былай басталады:
Көк төбет құтырдың ғой қойға шауып,
Алып ем жас күніңде жолдан тауып.
Сүт ішіп, қанға тойып семірген соң,
Үйге жан кіргізбейсің кісі қауып.
Жоқ жерде адам тимей пәле сайлап,
Болған-ақ десе біреу айттым айтақ!
Арсылдап қарсы өзіме тап бергенде,
Кетеді екі көзің оттай жайнап.
Одан ары күшік кезінде құйрығын ғана бұлғаңдатып ешкімге зиянын тигізбейтін көк төбеттің «мінезі күжірейген төреге ұқсап» бұзылғанын алға тартады. Осылайша Серке жақсылықты білмейтін, кейін өзіне жау болатын жандарға сын садағын бағыттайды.
Бабасанның өлеңіне кіріспес бұрын алдымен өзін анықтасақ. Бүркеншік есімдер арасында ру, ата тек атымен аталатын есімдер кездеседі. Мәселен, Міржақып Дулатұлының «Мадияр» бүркеншік есімін қолданғаны секілді Бабасан да ру атымен байланысты есім болуы керек. «Бірлік» ұйымының мүшесі Әбдірахман Байділдин арғынның Бабасан руынан шыққан. Оның үстіне ол – осы №9 санға шығарушы ретінде қой қолған үш адамның бірі.
Әбдірахман Омбыдағы мұғалімдер семинариясында Смағұл Сәдуақасұлымен бірге оқыған. «Бірлік» ұйымының мүшесі әрі оның хатшысы болған. Алашорданың Ақмола облыстық комитетін құруға атсалысқан. Тұрсын Жұртбай ол жайында: «Тіпті «Алашорда» үкіметін құру жолында Ә.Бөкейхановқа көмекші де болған», – дей келіп, оны кеңес қызметіне тартқан Омбыда бірге оқыған сабақтасы Смағұл Сәдуақасұлы екенін жазған.
1922 жылы аз уақыт қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы болған. 1923-1929 жылдары үгіт-насихат, баспа-баспасөз, оқу-ағарту салаларында жауапты қызметтер атқарған. 1929 жылдан бастап тұтқындалып, 1931 жылы Мәскеуде дүние салған.
Енді Бабасанның «Балапанда» жарияланған өлеңіне кезек берейік. Көңілінен бір елі кетпей, сыртқы сұлу көркімен өзіне баурап алған арудың кейін шынайы бейнесін көріп, әдеп-ұяттан жұрдай жеңілтек кейпін байқағанда Бабасан оған арнап «Ақылсыз сұлу» өлеңін жазған. Алдымен ғашықтық дертіне шалынып, кейін алданып сан соғып қалған ақын махаббаттан түңіліп, әбден көңілі қалғанын мына өлең жолдарымен түйіндейді:
Бірге жүріп біраз күн,
Білдім мінез сырыңды;
Сүгіреттей көрік беріп,
Аяған тәңірім білімді.
Күлкі болса, көңілің тоқ,
Болмағанда қайғың көп.
Жақсыменен жаманды,
Бағалайтын санаң жоқ.
Осылайша ақын адамды сырт келбетіне емес, мінезіне қарап бағалау қажеттігін меңзейді. Өлеңін мұндай жанға ермеу керек деген өлең жолдарымен түйіндейді.
Ал Дерттінің «Қалқама» өлеңінде керісінше, ғашығына жете алмаған сағыныш бар. «Қалқама» өлеңіндегі:
«Қолың созып жақындайсың жаныма,
Тәтті сөзің қуат берер халыма»
немесе:
«Ғашық оты аз да болса сөнер ед,
Сүйсем егер дәл тіліңнен бір қабат!», – деген жолдар Мағжан Жұмабаевтың «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да! Жылы, тәтті у тарады қаныма», «Құшақтатып нәзік талдай беліңнен, Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен» деп келетін шумақтарымен үндесіп жатқандай көрінді. Бәлкім Дертті дәл Мағжанның өзі шығар деген де ой туындады. Себебі Мағжанда «Күңіреніп күрсін де, Алаш, тыңдай бер, Ертегі айтад дертті балаң Жәжекең» деген жолдар бар-тын. Оның үстіне Мағжан да Омбыдағы семинарияда оқыған, «Бірлік» ұйымының жұмысына белсене араласқан, «Балапан» журналын шығарушылардың бірі болған. Алайда «Қалқама» өлеңі Мағжанның деңгейінен сәл төмендеу, солғындау жазылғандай көрінді. Бәлкім жастау кезінде жазған өлеңдерінің бірі ме екен?! Мағжанға еліктеп жазған жас ақындардың бірінің еңбегі болуы да мүмкін. Ол жағын анықтауды Мағжан өлеңдерін жақсы білетін әдебиеттанушы ғалымдарға қалдырдық.
Нөмірдің нары – Серке
Жоғарыда Серкенің «Көк төбетке» өлеңі туралы айттық. Енді өзіне тоқталсақ. Қолымыздағы №9 нөмірдің нары Серке деуге болады. Бір нөмірде үш материалы жарық көрген. Біреуі өлең болса, журналдың 9-беті мен 15-бетінің аралығында «Қонған жерімнен», 23-беттен 28-бетке дейін «Абылай хан» деген шығармалары жарияланған.
Бүркеншік есімдер арасында аты-жөнінің ішінен бір сөз шығару, яғни анаграмма арқылы жаңа есім жасағандар да болды. Осы тәсілмен Қошмұхамед Кемеңгерұлы «Қошке», Жүсіпбек Аймауытұлы «Жік» деген бүркеншік есім жасаған. Сол секілді «Серке» де Бекмұхамед Серкебаевтың бүркеншік есімі шығар деп ойлаймыз. Оның үстіне осы №9 нөмірді шығарушылардың бірі – Бекмұхамед Серкебаев. Қолжазба журнал шығарушылары әдетте өзі дайындаған нөмірге мейілінше мол үлес қосады. Сол себепті Серкенің үш материалының шығуы, бұл бүркеншік есімнің иесі Бекмұхамед екеніне иландыра түседі.
Бекмұхамед Құсайынұлы алдымен Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. Сол кезде «Садақ» қолжазба журналының белсенді авторының бірі болған. «Ғалияның» қабырғасында «Шытымыр» деген қолжазба журнал шығарғаны да айтылып жүр. Бекмұхамедтің жазбалары сонымен қатар «Айқап», «Қазақ» басылымдарында да жарияланған. Сол себепті оның газет-журнал ісінде өте жақсы тәжірибесі бар.
Бекмұхамед 1916-1918 жылдары Омбыда оқыған. Осы кезде «Балапан» журналы шығарушыларының бірі болған. Алашорда қозғалысының жұмыстарына да қатысып, Мағжан Жұмабаевпен бірге Алашорданың Омбы облыстық комитетінің мүшесі атанған. 1918 жылдан бастап Омбы, Қызылжар, Көкшетау, Ақмола, Алматы, Шымкент, Жаркент қалаларындағы білім мекемелерінде қызмет еткен. Өмірінің кейінгі жылдарында ҚазПИ-де студенттерге сабақ берген. 1976 жылы 80 жасында дүниеден өткен.
Бекмұхамед Серкебаев – опера әншісі Ермек пен дирижер Мұрат Серкебаевтардың әкесі, скрипкашы Жәмила мен музыкант Байғали Серкебаевтардың атасы.
Серкенің «Қонған жерімнен» әңгімесіне кезек берейік. Әңгімеде қаракер атқа мініп жалғыз өзі жолаушылап келе жатқан жігіттің бастан кешкен оқиғасы баяндалады. Біраздан кейін астындағы аты да босаңсып, өзі де шөлдеп қалжырайды. Оның үстіне түн болып, тірі жан көрінбейді. Жігіт атының ер-тоқымын алып оттауға жібереді де, атасының үйреткені бойынша сойылшаммен айналасын сызып, бар білген дұғасын оқып, ұйқыға кетеді.
«Ат соғып қалжырап келген кісі, қатты ұйықтап кеткен екенмін. Бір уақытта оянып, басымды көтерсем күн найза бойы көтеріліп қалған екен. Енді елге жетейін деп жүгенімді қайыра іліп, атыма жөнелдім. Жақын арада атым көрінбеді. Мынау төбенің астына түскен шығар деп ойға түсем жоқ. Көрінер ме екен деп төбенің басына шығамын, көрінбейді. Қараған сайын ер-тоқымнан ұзай беремін. Манағыдай емес күн де қайнап ысып келеді. Ілгері басқан аяғым кейін кетіп. Атқа ұрсып аламын. Біресе өзіме-өзім япырай бұл қолды болар ма, мұнша ұзамаса керек еді ғой деймін. Бір екі бел асқан соң алдымда бір шоқ ағаш көрінді. Күн шыққаннан бері дымым құрып шаршаған кісі, енді осы шоқ та болмаса кеткен ғой деп, аттан күдер үзген сияқты шоқ ағашқа қарай аяңдадым. Келсем атым құйрығын сипақтатып жапырақтың астында саялап тұр екен. Қуанып шаршағанымды да ұмытып атым жайылып жүре берді. Атты жүгендеп мініп ап сайдан шығып келе жатсам, ағашқа қарай қалтаңдап біреу келе жатыр. Бұл не қылған анығына білейінші деп жанына жақындап келіп, салам бердім. Жас шамасы 60-тың толық ішінде. Сөйлесіп амандыққа келдік. Ақсақал майда тілді, жылы өңді сөйлеген сайын адамды өзіне тартып ішіңе кірсе сөйлейтін бір адам. «Балам, қай жердікісің?» деп, менің жөнімді сұрады. Мен аты-жөнімді айттым. «Өзіңіз қай жердікі боласыз, ақсақал?» – дедім. «Ойбұй шырағым! Менің жер дейтін жерім, ел дейтін елім жоқ. Көлігім – таяқ, азығым – мына торсық», – деп, беліне байлаған торсығын көрсетті. «Шырағым, атыңнан түсіп, мына ағаштың саясында отырып біраз әңгімелесейік, жақсы ауылдың баласы екенсің» деді. Мен қарттың сөзін қимай аттан түсіп, ағаштың көлеңкесіне олмен бірге отырдым. Әңгіме ұзаққа тартылды. Мен қайтайын десем де, шал жібергісі келмейді. Біз күннің бірсыпырасын кеңеспен өткіздік. Күн бесіннен төмен түсті. Қарт қалжыраса керек, сөйлеп отырып қалғып кетеді. Маған біраз ұйықтап алайық дейді. Мен «ол ықтияр сізде болсын» дедім. Қарт топырақты төсек қып, томарды жастана қанатын жайғандай, екі қолын екі жаққа тастап, аузын аңқитып ашып қор ете түсті. Мен де атымды ағашқа байлап, қарттың жанына қисайдым» деп жалғасады әңгіме.
Сол жатқаннан жігіт түнде бір-ақ оянады. Қарт та жоқ, ат та жоқ, алданғанын бір-ақ біледі. Бір кезде шаңдатып келе жатқан аттылы кісіні көреді. Сөйтсе оның астына мінген ат өзінікі болып шығады. Жігіт атын сұрайды, ол болса бергісі келмейді. Осы кезде әлгі қарт келе қалады. Ол жігітке атын алып береді. «Мен атқа ие болып қала бердім. Мен қартқа бастапқы атымды алдап мініп кеткені үшін қарғыс айтарымды да білем. Екі жылдан бері жоғалып, күдер үзіп қойған атымды әпергеніне алғыс айтарымды да білем. Ол маған астындағы атты беретін түрі көрінбеді. Ерегестірсем ана кетіп бара жатқан ұрыны шақырып, екеулеп мына атты да тартып әкетер деген ойда болды да, ешнәрсе демедім. Ол маған: «Мына астымдағы аттан үміт етпе! Кешегі күнім күйіндірсе, бүгінгі күнім сені шаттандырады. Кеше мені қағынған кәрі ит деп боқтасаң, бүгін мақтауға лайық болдым. Хош енді, мақтама да, боқтама» деп, қаракерді сипай қамшылап, секіртіп, ойнақтатып барып… барып… көзден жоғалды. Мен анадай жатқан ер тоқымыма келіп, қаракөкті ерттеп мініп ап, қонған жерімнен пайда да қылмай, зиян да қылмай аттандым» деп аяқталады әңгіме.
Әңгімедегі қарт қайдан шықты? Жігіттің аты ұрының қолына қалай түсті? Қарт неге ол атты ұрыдан қайтарды? Қайтарған соң, неге жігітке бермеді? Жігіт оянса, қарагер аты қасында екен, сонда екінші ат қайдан шықты? «Екі жылдан бері жоғалып, күдер үзіп қойған атым» дегені несі? Сонда жігіт бір ұйықтап тұрғанда екі жыл өтіп кеткен бе? Серкенің «Қонған жерімнен» әңгімесі тура бір Миғраж оқиғасы, Кәһф үңгіріндегі жігіттердің бастан кешкені секілді философиялық-психологиялық шығарма екен.
Мұндағы қарттың бейнесі де қызық. Біресе жамандық жасайды, біресе жақсылық жасайды. Қарт бейнесі арқылы Серке «Кейде адамға жаман болып көрінген нәрсе, кейін үлкен жақсылықтың бастамасы болуы мүмкін» деген ойды жеткізуге тырысқан. Сол секілді қаракер ат та – жігіттің несібесі. Бірде жоғалады, бірде табылады. Жоғалып қайта табылған бақ секілді. Жолаушы жігіттің де атын жоғалтып, қайта табуы бұйырған несібенің кетпейтінін айшықтап тұрғандай. Жолаушының соңында: «Пайда да қылмай, зиян да қылмай аттандым», – деуінен өмір сабағын түсінгенін байқаймыз. Серке осы әңгімесі арқылы оқырманға «адамды сыртқы бейнесіне қарап бағалама», «асығыс үкім шығарма», «жақсылықты да, жамандықты да қабыл ал», яки «өмірді біржақты бағалама», «тағдырға сабыр ет» деген ой салады.
Серкенің екінші әңгімесі Абылай ханға арналған. Тақырыбын «Абылай (төртінші әңгіме)» деп қойғанына қарағанда, алғашқы үш бөлімі «Балапанның» алдағы сандарында жарияланған секілді. Мұның да соңына «аяғы бар» деп жазыпты. Соған қарағанда «Абылай» журналдың бірнеше санына бөлініп басылған шығарма секілді. Енді әңгіменің өзіне кезек берсек.
Әңгімеде Абылай хан дәуіріндегі қазақ-қалмақ соғысы, Абылайдың Жазы мен Малайсары батырларының ерлігі баяндалады. Серке Жазының мергендігі туралы айта келіп: «Жазы садақ тартқанда оның оғы нендейдің тас, темірлерден өте шығады екен. Бір күні Абылай батырларының күшін сынау үшін жеті балтаны қатар қойып, осыдан өткізіңдер деген. Сонда Абылайдың басқа батырларының оғы бір екі-ақ балтадан өткенде, Жазының оғы жеті балтадан тоқтаусыз өте шығыпты», – дейді. Сондай-ақ әңгімеде қалмақтың зор денелі Шаршы деген батырын қалай жеңгенін де суреттеген. «Бір соғыста қалмақтың Шаршы батырына қарсы қазақтан Жазы шығады. Бұрыннан менің бетіме кім шыдайды деп, бойына сеніп жүрген Шаршы, Жазыны тобасыз бір салғанда жығам деп, бір салып өтеді. Жазы аттан жығылмай аман-сау қалады. Екінші кезек Жазыға келген. Жазы Шаршыты көк желкеден бір салып өткенде, Шаршы аттан өкіре құлапты. Шаршының аты ойнап шыға береді. Қалмақтар оны көріп, бет-бетімен жан-жаққа быт-шыт боп қашады. Қазақтар қашқан қалмақтардың соңына түсіп-ап, қалмақтарды қойдай қырған. Сол жолда Абылай қалмақты шауып, олжаланып қайтыпты», – дейді.
Бірде Абылай хан Жазы, Малайсары батырларымен қалмақтың тұтқынына түседі. Бір күні қалмақтың Ежен ханын Абылайдың батырларынан: «Менің Шаршы батырымды өлтірген қайсың?» – деп сұрайды. Сол кезде Жазы батыр: «Батырыңыздың бір салғанда аттан ауып, жанын тұзаққа жіберуші менмін», – депті. Бір қызығы осы оқиға тарихшы Мақсат Алпысбестің «Шежіредегі қазақ батырлары туралы ғұмырнамалық деректер» деген мақаласында да келтіріліпті. Тарихшы мақаласында: «Жазы батыр – қыпшақтан шыққан Абылайдың атақты батырларының бірі. Ол туралы дерек ауызекі тарихи дәстүрде заманында мол болғанымен, қағаз бетіне түсіп сақталғаны аз», – дей келіп Мағзұм Ахметұлы арабша жазылған шежіре дәптерінде жазған осы оқиғаны баяндайды. Алайда Мағзұм Ахметұлының шежіре дәптері туралы дерек таба алмадық.
Серкенің жазуынша, Ежен хан Абылайды да сынамақ болып, бір тегешке толтыра су құйып, ішіне жұдырықтай май салдырыпты. Серке бұл оқиғаны былайша баяндайды: «Май тамақтың бетінде қалқып, аяқтың ол жағына бір, бұл жағына бір бұлт-бұлт етіп аузына түспегенде, Абылай айтыпты: «Үрсем кетпейтін май-ай, тартсам келмедің-ау!» деп, тегешті лақтырып тастай беріпті. Қалмақтың ас басшысы Абылайдың аяқтағы майды қолына алып жемегенін Еженге айта келіпті. Сонда Ежен айтыпты: «Па, шіркін, шын ақсүйек екен», – деп».
Тұтқында болған кезінде Ежен ханның әйелі күйеуіне: «Абылайдың аруағы сенің аруағыңнан артық», – дей беріпті. Серке бұл оқиғаны баяндайды: «Ежен: «Қазақтың аруағы менен қайдан артық болады, білмейсің», – дейді. Сонда қатыны айтыпты: «Нанбасаң Абылайды шақырып үйге енгіз, сонда сен Абылайдың аруағы өз аруағыңнан артық екендігіне ден қоярсың», – дейді. Ежен Абылайды үйіне шақыртты. Қатын Еженге білдірмей, Еженнің қалпағының маңдайына ине шаншып қояды. Есіктен Абылай кіріп келгенде, Еженнің маңдайындағы ине ұшып түседі. Ежен: «Шығар үйден, шығар!» – деп, жан дауысы шығып айбаттанған болады». Әңгіме осы жерден аяқталып, соңына «аяғы бар» деп жазылған. Жалғасы жарияланды ма, әңгімені басында не жазылған, ол жағы белгісіз. Жалпы түсінгеніміз, «Балапанның» шығарушылары Абылай хан мен оның батырлары туралы әңгімелерді журналға жариялау арқылы елдің намысын мен рухын оятуға тырысқаны байқалады. Автор осы әңгімесі арқылы оқырманға «қазақты жеңу қиын, себебі оның аруағы биік, намысы берік, батырлары мен ханы бір мақсатта» деген ойды салады.
Полетиканттың фельетоны
«Балапанның» №9 санында жарияланған тағы бір шығарма – Полетиканттың «Мен де полетик болайыншы» фельетоны. Қазақ жеріндегі алғашқы фельетон «Айқап» журналында жариялана бастағаны белгілі. Алайда фельетонды әдеби жанр ретінде жүйелі түрде қолданған алғашқы қаламгер ретінде Бейімбет Майлинді атауға болады. Бейімбет 100-ден астам фельетон жазған. Алғашқы фельетондарын Бейімбет бүркеншік есімдермен жазғаны белгілі. Алайда Полетикант бүркеншік есімімен жазылған фельетонның авторы, Бейімбет пе, әлде басқа адам ба, тап басып табу қиын. Фельетонның атауы «Мен де полетик болайыншы» болған соң авторын соған сәйкес Полетикант деп қоя салған секілді. Себебі бұрын-соңды дәл осындай бүркеншік есімді қолданған ешкімді байқамадық.
Фельетон былай басталады: «Байқап тұрсаң осы жұрттың бәрі полетик болып кетіпті, мен де полетик болайыншы. Ойлап тұрсам полетик болып, өңешін созып жүргендердің ешбіреуі менен артықшылық бірі көрінбейді. Таң ұйқыңнан тұрып, көшеге шығып жүрсең әрбіреуді көресің. Біреуі болшевикті, біреуі меншевикті қуаттап сөйлегенде қай-қайдағы полетиканы қопарып, сөзбен ерітіп жүйеңді босатады. Бір күні болшевиктің біріне жолыға қалсаң неше түрлі дәлелді тұрғызып, алды-артыңды орап еркіңе қоймайды. Болшевик боласың да қаласың, екінші күні меншевикке жолықсаң меншевик боласың», – дей келіп, Омбыда оқып жүрген шәкірттердің де шетінен саясаткер екенін алға тартады. «Қайсысына жолығып сөйлессең де, полетик жайынан соққанда, аузыңды ашып, көзіңді жұмасың» деп әжуалайды. Осы арқылы Полетикант 1917 жылдардан кейінгі қоғамда саясатты түсінбей жатып, бәрінің саясаткер болып кеткенін, тіпті білімсіз, үстірт адамдардың да «политик» атануға әуес болғанын алға тартады. Полетикант одан ары: «Қай жерге барсаң да полетикада аяқ алып жүре алмайсың. Осы күнгі оқыған қазақ болсын, оқымағаны болсын бәрі шетінен полетик», – дей келіп, мұғалім, дәрігер, тіпті болыснай-ауылнайдың писері мен кеңселердегі аудармашыларға дейін саясат соғып кеткенін сынайды. Сөзінің соңын Полетикант: «…Осылардың бәрі полетик болғанда, өзімнің полетик жайынан түк білмей жүргендігіме қатты намыстанам. Полетик болуға көп білімнің керегі жоқ көрінеді. Қазір де осыларды көрген соң мен де полетик бола бастадым. Енді полетика үйренемін деген кісі болса маған келе берсін», – деп түйіндейді. Осылайша автор қоғамдағы бір келеңсіз құбылысты әжуалап, кекесінмен суреттейді. Ол саясаттың ойыншық еместігін, оны білмей тұрып сөйлеу қауіпті екенін, сондай-ақ білімсіздік пен даңғойлық қоғамды адастыратынын фельетон арқылы жеткізген.
Шығарушылардан бір сөз
Журналдың 29-беті мен 31-беті аралығында «Шығарушы ұйымынан» деген тақырыппен журнал шығарушылары Бекмұхамед Серкебаев, Смағұл Сәдуақасұлы және Әбдірахман Байдалиннің сөзі берілген. Жазбаны толық жариялайық.
«Ардақты «Бірлік» мүшелері! Кешегі залым Николайдың заманында журнал шығармақ түгіл, сөздің жөнін айтсаң да басыңа қараңғы күнді туғызушы еді. Біз «Бірлік» жастары сол күнде-ақ белімізді бекем буып «Балапан» журналын шығара бастап едік. Енді міне таң атты, еркіндік күні туды! Алтұн алашымызға шын көңіл, адал ниет енді жігермен қызмет ететін заман келді. Осындай жасаған тілекті берген соң, біз ерініп керекті жұмысымызды тиісті уақытта атқармай жалқаулануымыз халық көзінде ұят. Бұрынғы жазушы азаматтардан осы нөмерге мақала келмеді. Журналға қалам һәм басқа жәрдәммен көмек көрсетпей, бір өз басымыздың қамын ойлап, ұлт жұмысына келгенде шегінуіміз жөнсіз. Журнал бір екі-үш адам үшін болмаса солардың ғана пайдасы үшін емес, көптің пайдасына көз болмақ; солай болған соң бұрынғы жазушылар болсын, жаңалар болсын бой тежеп қарап жатпай, жазып тұрулары қажет. Және де әркімнің уақыты қандай қымбат болса, журнал басқармасына белгіленген адамдардың да уақыты сондай деп білу керек. Басқармадағы адамдар басқа жұмысқа қатынаспай, үнемі журналдың бетін толтырам деп отыра бергенде, оларға қандай зиян келетіндігін де ойлау керек. Көңілінде ұлтқа қызмет етемін, қазақ әдебиетінің алға басып, зорайуына себепші боламын деген адам қаламмен қызмет етулері тиіс.
Ал азаматтар! Басталған іске салақтық көрсетпей, жұмыла қолқабысын қылып, аз уақыттарыңызды бөліп, журналға сөз жазып тұруларыңызды шығарушылар қатты өтінеді.
Шығарушылар: Бекмұхамед Серкебай, Ысмағұл Садуақас, Ғабдрахман Байдалі».
Біз бұл жазбадан шығарушылардың «Бірлік» ұйымының мүшелеріне және қазақ оқыған жастарына сөз арнап, ұлттың игілігі үшін шығарылып отырған «Балапан» журналына белсенді түрде атсалысуға, қаламмен қызмет етуге шақырғанын байқаймыз. Сондай-ақ 32-беттегі «Басқармадан» айдарында Дерттіге қарата «Ұлтшылдар» деген мақалаңызды басуға лайық таппадық» десе, Талапкерге «Белгілі дыбыс» деген өлеңіңіз басылмайды. Тағы да жазыңыз, талабыңыз далада қалмас» деген. Демек жоғарыда өлеңі жарияланған Дертті «Балапанға» тұрақты түрде жазып тұрған, сондай-ақ Талапкер деген де автор болған.
№9 сан музейге қалай жетті?
«Балапанның» №9 санында жарияланған материалдарға шама-шарқымыз жеткенше тоқталдық. Енді осы нөмірді сақтап қалған адамға да аз-кем алғысымызды жеткізсек. Ол – өлкетанушы, географ, педагог, бір сөзбен айтқанда үлкен зерттеуші Александр Седельников. Мұның дәлелі – қолжазба журнал мұқабасының төменгі жағындағы «Батыс Сібір географиялық қоғамының кітапханасына А.Н.Седельниковтан» деген жазу бар. Демек Седельников «Балапанның» жалғыз санын алдымен географиялық қоғамның кітапханасына өткізген, кейін Омбыдағы өлкетану музейіне түскен.
Александр Седельников 1893-1896 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқып, өмірінің соңғы он жылында өзі оқыған семинарияда қызмет еткен. Семинарияда алдымен физика, жаратылыстану пәндерінің мұғалімі, кейін тәлімгер (наставник), соңында осы оқу орнының басшысы болған. Седельников 1917-1919 жылдары мұғалімдер семинариясының директоры қызметін атқарған. Седельников сондай-ақ Омбыдағы Батыс Сібір географиялық қоғамының мүшесі де болған. Семенов-Тян-Шанскийдің жетекшілігімен 1903 жылы Орыс географиялық қоғамы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» көптомдығын шыққаны белгілі. Осы көптомдықтың қазақ даласына арналған «Россия. Киргизский край» деп аталатын 18-томына Александр Седельников, Әлихан Бөкейхан бастаған зерттеушілер атсалысқан.
Седельников өмірден өткен соң, 1929 жылы Батыс Сібір географиялық қоғамы «Памяти Александра Никитича Седельникова» деген кітапша шығарған. Осы жинаққа жазған алғысөзінде Семенов-Тян-Шанский: «Особенно теплые воспоминания оставил он у своих многочисленных учеников по учительской семинарии, где осенью 1917 г. он был избран первым выборным директором и оставался в этой должности до конца своей жизни. Но и школьная его деятельность была пропитана краеведческими стремлениями. Будучи преподавателем естествознания и родинсведения, он сопровождал свои уроки экскурсиями в окрестности города, в музей, мечтал о составлении руководства для местных педагогов по вопросам экскурсионного дела, задумал серию школьных учебников по родиновелению и успел издать один из них «Акмолинская область», – деген. Семенов-Тян-Шанский жазғандай, Седельников ғылыми-зерттеу экспедицияларымен қазақ даласында да болған. Щербина экспедициясымен Көкшетау, Ақмола уездерінде, кейін Қарқаралы уезінде болып, өсімдіктер мен жануарлар әлемін зерттеген. Оның негізгі зерттеулері Зайсан көлінің тіршілігіне арналған. Осы зерттеуі үшін оған Орыс география қоғамының кіші алтын медалі берілген.
Александр Седельниковтің тәлімгер болғандықтан шәкірттердің білімі ғана емес, тәрбиесіне де көп көңіл бөліп, шәкірттердің түрлі үйірмелерге қатысуына, шығармашылығын шыңдауға атсалысқаны анық. Ендеше Уфадағы «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттері шығарған «Садақ» қолжазба журналының шығуына осы оқу орнының мұғалімі әрі директорының орынбасары Ғалымжан Ибрагимов қалай ықпал етсе, Омбыдағы «Балапан» қолжазба журналын шығарған қазақ шәкірттеріне Александр Седельников солай қамқорлық танытқан болуы мүмкін. Қазақ шәкірттері шығарған қолбазба журналдың бір санын сақтап, географиялық қоғамның кітапханасына өткізгенін оның қазақ шәкірттері шығарған басылымға қолдау білдіргені деп қабылдадық.
Серікбол
ХАСАН





