Бақтықожа ІЗМҰХАМЕТОВ. Торы ат (Поэма)

Ат қазаққа жан серік ең белгілі,
Болған ғой, талай ғасыр, өмірдегі.
Сондайдың аты қалған, бір кездері,
Торы ат, бәйгі торы болып еді.

Ас, атына Алаша Аталықтың,
Беріліп, жиналыпты көп халық тым.
Тігіліпті ерекше үлкен сыйлық,
Бәйгіге, қашықтығы жүз шақырым.

Айтылып алдын-ала болатыны,
Алты ай талай аттар жаратылды.
Алпыс аттың ішінде белгіленген,
Аттары төрт-бесінің дара тұрды.

Біріншісі, болғанды жиренқасқа,
Келген озып, берілген талай аста.
Көргендер ойлайтынды іштерінен,
Тумас деп, ат баласы, мұндай басқа.

Кем еместі, атағы қара аттың,
Тек алдынан бәйгінің табылатын.
Кетелер, бөлек бұған қол соғатын,
«Шайтан қара», бір кезде,
қойып атын.

Бірі еді, солардың ақбоз жүйрік,
Тұр екен, көзі жанып, күйі келіп.
Жүргеніне, шапқанда
бәйгі бермей,
Кеткен-ді адамдар да көз үйреніп.

Есейіп қалса-дағы құла айғыр,
Озғанды талай тойда ұлан-ғайыр.
Иесі өз кезегін күтсе керек,
Бәйгіге жиі қазір шығармай жүр.
Бір-екі белгілі-ді жабы жылқы,
Сезбейтін, қанша шапса,
қашықтықты.
Тым алыс шабыстарда мұнан бұрын,
Бас бәйгіні бұлар да алып шықты.

Аз-кем аты шыққандар көп болатын,
Болмаса да тарихы тоқталатын.
Кездері кездескенді, аратұрым,
Олардың да жеңімпаз боп қалатын.

Жиналыпты бұл жолы түгелімен,
Маңайдағы шабандоз, хабар келген.
Ат айдаушы белгілі балалармен,
Аламанның бәйгісін талай көрген.

Шайнаған темірлерін ауыздықтың,
Көзіне түсті бөлек тұрған жұрттың.
Қара қасқа айғыры, дөнен шыққан,
Қойыс, Шеркеш бас биі, Тұрманбеттің.

Тұқымы болатын бұл қазанаттың,
Баяғыда шығарған қазақ атын.
Жалт-жұлт еткен жібектей, түрі, түсі,
Бөлек-ті, қараған жан таң қалатын.

Жүретіндер бәйгіні қадағалап,
Алпыс атқа көздерін алмай қарап.
Осылардан басқасын байқамады,
Көрмеген соң қасынан, жақынырақ.

Тыпыршып, тұрды алда
талай жүйрік,
Қысқартылған, кейбірі
түйме құйрық,
Белгілі-ді біразы, көріп жүрген,
Кейбірі тұрды бірақ көзге ұрып.

Назарын біраз жанның алды тартып,
Бір торы, оң аяқпен жерді тарпып.
Үстінде, тыншымаған,
аттың, бір сәт,
Шірене отыр бала, жүген тартып.

Шеттеу тұрған, биікте, берді белгі,
Жүйріктердің бастары жіберілді.
Тұяғы алпыс аттың, дүбірлеген,
Қозғағандай болғанды түгел жерді.

Бәйгі төбе астында бара жатты,
Әр рудың үкілі аманаты.
Үш-төртеуден біразы қосса-дағы,
Кейбіреудің кеткен-ді жалғыз аты.

Көзді ашып-жұмғанша жоғалды да,
Қалды тек көлбеңдеген шаңы жолда.
Алпыс ат бара жатты шұбатылып,
Он-он бесі бөлініп топ алдында.

Алғашқы он шақырым топ ішінен,
Ұзамады ешбірі, озып бірден.
Кейіндеу келе жатты негізгі топ,
Ілгері шыққан жеті-сегізінен.

Осылай он шақырым өтіп тағы,
Сегіз ат үлкен топтың алдындағы.
Араны алшақтатып бара жатты,
Қуырып жер тапшысын, зулап әрі.

Шықпастан ат мойындай ілгеріден,
Қалыспай келе жатты бір-бірінен.
Бір сәтте таяқ тастам шықты алға,
Құла айғыр жетіге биыл келген.

Топ болып шабу бітті осыменен,
Басталды қашу, қуу осы жерден.
Қара қасқа ілесті екінші боп,
Құлаға, қалмай арттан, жосылумен.

Үшінші боп бұлардан артқы жақта,
Келеді кейінірек жирен қасқа.
Ілесіпті соңынан ақбоз жүйрік,
Басқа төртеу қалмапты көп алыста.

Қырық шақырым бекеттен
өткен кезде,
Өзгерді табылғандар ілгеріде.
Қара ат қуып жетіп,артқыларын,
Қалмай қойды ақбоздан бір елі де.

Асқанда алдыңғылар орта жолдан,
Қос жабы, қоңыр атпен артта болған.Шай қайнатым уақытта өтіп бәрін,
Үшеуі алды енді орын алдан.

Осыны күткендейін жирен қасқа,
Алдағы озғандармен тайталаса.Суырылып, шықты алға,үшеуімен,
Бастады, жақын келіп, қатарласа.

Осылай біраз уақыт артта қалды,
Төртеуіне ілеспей басқалары.Аралары біртіндеп ұзай берді,
Байқалды кейбірінің шаршағаны.

Белгілі болды енді үміткерлер,
Алпыстан бас бәйгіге үздік келер.
Кетті озып бәрінен көш ілгері,
Қалмады басқа біреу күдіктенер.

Басталды енді, бірақ, нағыз бәйгі,
Үшеуі белгілілер талайдағы.
Торы ат келе жатыр қалмай әлі,
Соншама, жүйрік сонда,
бұл қайдағы?

Қаз мойын, қамыс құлақ, ұзын тірсек,
Торы ат келе жатқан, аса жүрдек.
Байбақты Баймырзаның торысы-ды,
Бәйгіге алғаш қосқан, көп әзірлеп.

Өткізген талай тойды, асты көріп,
Бастарын жабылардың бос жіберіп.
Екі бала қысылмай, еркін отыр,
Шаршамайтын аттарға тастай сеніп.

Жіберіп, тартып басын келе жатты,
Айдаушы, қасқа маңдай жирен атты.
Осынау жерге дейін, көрмеген ат,

Артынан ілесумен қалмай шапты.

Торының басын мықтап ұстап әлі,
Тықпыртып, атты алға шыққызбады.
Мінген бала мұқият білетін-ді,

Алдағы биік өскен жыңғылдарды.

Торы ат болсадағы алымдырақ,
Жирен қасқа, жібермей, алдын орап.
Келе жатып, көрінді жыңғыл тоғай,

Үстінде тұрды жазғы сағым ойнап.

Жыңғыл өскен балаға меже еді,
Аттың басын жіберді, тежемеді.
Торы алға ағызып, шыға келді,
Қалдырып, артта бірден өзгелерді.

Жиренді де шыдамай қосып енді,
Ат айдаушы жүгенін бос жіберді.
Бауырын ашып әбден әккі жүйрік,
Құйындап, бұрынғыдай көсілгенді.

Апырай, бұл не сұмдық, алда торы,
Шапқан сайын жиреннен әрі озды.
Кешікпей бара жатты көз ұшында,
Біртіндеп, ұзап әбден, қара үзді.

Жирен қасқа бәйгіде шапса қанша,
Ешқашан қалмап еді осыншама.
Қашан да жүретін-ді алда әр кез,
Бүгінгі торы келіп қосылғанша.

Екпіні торы аттың үдей түсті,
Болмаған мұндай шабыс
бұрын күшті.
Өтпегендей соншама ұзақ жолды,
Жапанда, жалғыз өзі құстай ұшты.

Әркім жасап жорамал өз тұсынан,
Тұрғанда, көрінді ат, көз ұшынан.
Мәрені ә дегенше қиды жетіп,
Шулаған қалың жұрттың ортасынан.

Жорамал жасаушылар гуілдеді,
Мұндай атты ешбірі білмеп еді.
Біраз уақыт өткенде, жирен қасқа,
Мәреге жабылармен бірге келді.

Осылай торы озып жеке келді,
Мұндайды ешбір адам күтпеген-ді.
Үш үйір жылқы, он бес інген сыйлық,
Баймырза бұл бәйгіден иеленді.

Шаңыраққа, бір кезде келін жақтан,
Туыпты, торы, келген
бір байталдан.
Бәйгіні естіп, олар әлектепті,
Торыны аламыз деп біз қайтадан.

Баймырза, түсіп әбден қиын күйге,
Жүгініпті, шыдамай, Сырым биге.
Би депті, торы атты алам десе,
Алсын бірге келінді кері үйге.

Қарсы жақ білсе-дағы қиын күйін,
Қоймапты Баймырзаға ұрынуын.
Торыны ол, сыйлапты Сырым биге,
Ішінде қалсын деумен бір рудың.

Нұралы ханға халық наразылық,
Көрсетіп, Орынборға арыз қылып.
Шешім болды, билерін рулардың,
Тыңдауға, ақылдарын абыздылық.

Сырым би ел арасын алып бетке,
Жеткенді, Шеркеш биі Тұрманбетке.
Айтылып, көп әңгіме біткеннен соң,

Қоштасқалы тұрған-ды шығып шетке.

Тұрманбет Сырым бидің атын көріп,
Сөйледі інісіне батыл келіп.
Шешенсің, бисің әрі, батыр Сырым,
Жүресің сөйлегенде ақыл беріп.

Лайық емес екен атың саған,
Сырым би атағыңа ел сыйлаған.
Қара қасқа бестіні мін астыңа,
Жүйрік тұлпар сый болсын
менен алған.

Үндемей қалды дағы бір мезетте,
Сөйледі Сырым батыр сөз кезекте.
Қара қасқа бестіге ризамын,

Торы ат, маған бірақ, бөлек әсте.

Бір кезде, сақтап еді оқтан аман,
Бәйгіде жұрттан озып, тоқтамаған.
Бұл торы, алыс сапар шегер кезде,
Сезініп, оң аяғын тарпып алған.

«Апырай» – деді сонда би Тұрманбет,
Бұл сонда, мен таң қалған торы ма ед.
Құрықтай мойнын торы доғалады,

Сезгендей, сөз барысын, бұл да бөлек.

Осылай торы жұртқа естіліпті,
Жетекте, қара қасқа бесті кетті.
Әйгілі Сырым биге бәйгі торы,
Көрсетіп, жылқыдағы тектілікті.

«Жақсы ат жеті қазына бірі», – деген,
Шыққан шығар осындай
бір кездерден.
Аңыз емес, бұл шындық, оқырманым,
Хикаясы торының түгелденген.

Пікір қалдыру