Бақыт БЕДЕЛХАН. НЕГЕ МАҒАН ЖҰРТ БІЛМЕС ЖОҚТЫ ІЗДЕТТІҢ?

Шаһарнаме

Бұл – менің Шаһарым!
Бұл – сенің Шаһарың!
Олардың Шаһары емес –
…Жерім – Жаһаным!

Жаннәт қақпасы жабылмай
тұрған кезі ме?..
Жоқ, Адам-Ата пайғамбардан
бері ме?.,
…Қабырғам Һақ нұрымен
бүрлеген кезде де,
Кіндігімнен Ібіліс-сайтан
үрлеген кезде де,
…Бұл Шаһар – Біздікі болатын.

Қабыл Абылды өлтіргенде де,
Ібіліс,
алғашқы жеңісін тойлап
желпінгенде де,
Жүз жиырма төрт мың
пайғамбарды
Жаратқан жерге келтіргенде де,
…Бұл Шаһар – Біздікі болатын!

Жүрегіміз мұз боп тұрса да,
Жігеріміз құм боп тұрса да,
Заманалардың Жезтырнақ-желі
Кеудемізді тырнап тұрса да;
Әйтеуір, бұл Шаһар –
Біздікі болатын!

Қан қасап замандарда да,
Ақжем боп жаман қарғаға,
Қар-рқ етіп ұшып, жоғалып
Жолықтық зауал-зарға да;
Бәрібір, Бұл Шаһар –
Біздікі болатын!

2
Біздікі болатын Бұл – Шаһар,
Ұшы-қиыр, шет, шектеуі
мүлдем жоқ.
Бірте-бірте боп кетерін мұнша тар,
Біле алмадым, білгем жоқ!

Бір-бірінің Шаһарларын тонарда
«Жарты құдай» боп кететін патшалар.
Құдай жалғыз екендігін оларға,
Айтпаған ба, сонда, басқалар?

Арланымның көкке ұлыған азуын,
Тұлымды ұлға тұмар қылып таққанда,
Болар ма еді, болмас па еді жазығым
Сол – тұлымды ұл соңғы
үмітті жаққанда!

Сіңірімнен суырылған сірі жіп
Күдерімнен бұрын солай үзілді.
Ібіліске иілмеген ірілік,
Шаһарында шарт сынды ма бүгінгі?

Опық та жедім, (ой Алла-ай…)
Ақыл – түлен,Ес –түлей;
Құранымның құзырында бола алмай,
Құлағымның сыбырын да естімей!

Бұл Шаһарды бұлдайтындай кімің бар?!
Жүрегінде Құдайы жоқ пенделер.
…Айдан – сәуле, Күннен – шуақ –
Нұрымды ал,
Жүрегімде иманым бар, ел көрер!

Ләй-и-лә-һә ил-Алла – деп басталған
Иман-нұрға толып тұрса Шаһарлар,
Жолаушылар жолға
шығып аспаннан…
Бұл Шаһардан басталмас па
сапарлар!

Күллі адамның күмілжіген ындынын
Періштелер махаббатқа дүй қылып,
Алла ауылына ап кетсе ғой
күн бұрын,
Мешіттегі азан-жырға сыйдырып.

3
Біздің Шаһардың
Күні шығыстан шығатын,
Айы батса да батысқа
барып тынатын.
Жұлдыздары бар – жүмле-ғалам
шырағы
Жарқырап тұрар
Алланың айтып мың атын.

Біздің Шаһардың жұмақтай еді –
бұл елі.
Мөп-мөлдір, таза бұлақтай еді –
жүрегі.
Қызының сөзі –
Қызырдың сөзі болардай
Періште-көңіл, шырақтай еді –
нұр-өңі.

Біздің Шаһардың патшасы
тіпті болмаған,
«Патшамын!» деген,
талай пендесі сорлаған.
Жүректің ғана әмірін тыңдар оғланы
Шаһарда мынау жүрегін
ғана қорғаған.

Азаматтары сатылмайтын да
сатпайтын.
Қазанаттары далақтап
босқа шаппайтын.
Таулары биік, даласы асқақ,
бұл – Шаһар
Күн менен Түнге есігін
мәңгі жаппайтын.
Біздің Шаһардың шетсіз де
шексіз көлемі,
Абыз боп туған ақсақалдары көп еді.
Зынданның ауызын
Ар-намыспенен бекітер,
Е, біздің Шаһардың
Абақтысы да жоқ еді.

Қоңыр далаға қорасыз
қойын өрбіткен,
Мылтықсыз аңын
бөктеретұғын өрлікпен.
Түленсіз және түрмесіз
біздің Шаһарда
Жұмаққа ғана апарар деп ем
жол біткен?!
(Сол Шаһарымның алдынан неге сор күткен?)

4
Заманның зарпы зарлы,
Алды – құз, арты –жарлы.
Менің мұңсыз Шаһарымды,
Сенің мінсіз Шаһарыңды
Олар неге тартып алды?!

Олардың Шаһарында
Орын жоқ атан-ұлға.
Ән қылып айтарың жоқ
Мәңгілік сапарыңда.

Ұйыстық, ұйпаландық,
Жіберді бұрқаған бұлт:
Қыздарын – шеге-тұяқ,
Ұлдарын – құл-табан ғып.

5
Ал содан соң,
Жеті түннің аспанынан,
Жеті қат жер тастарынан,
Жеткен бізге жеті иесіз
Жер үстінде бастады ылаң;
Екі көздің түймесін бырт-бырт үзіп,
Мөп-мөлдір суы кетіп, сұғы қалды.
Алқымымның түймесін
бырт-бырт үзіп,
Құлқынымның құл қылып
құнын алды.
Кіндігімнің түймесін
бырт-бырт үзіп,
Сықпытымның уызын сығып алды.
Қос қанатым – бар еді, дін мен ділім
Жарқанат жарғағындай түрі қалды.
Ар-намысым бар еді Алдаспандай
Қолымда қой үркітер қыны қалды.
Өр рухым да бар еді бөрі тектес
Е, оның да Айдан басқа кімі қалды?..

Сұмдығы –
сөз-патшасы тақтан тайып,
Тілдің де қуаты жоқ дымы қалды.
Жеті ағайын жұт келіп,
жұрдай қылып,
Жұртта мені қалдырып, қыбы қанды.
Барынан айырылған сірі жаным
Сіресіп қалай ғана тірі қалды?!
Сонда да сүйрелеп кеп сүлдерімді,
Көремін көні кепкен сүрлеуімді.
Сосын, осы Шаһарда
шаршап жүрем,
Айта алмай, қалай өмір сүргенімді.

Темірен

Сұр жебенің ұшындағы темірен.
Сол, теміреннің тегі – Мен!
Сұр жыландай ысылдады темірен,
Кек тұтанды кегінен…

Мен айтпағым;
кек те емес-ау, Аспанның
Ашуланса, сұсындағы темірен!
Дос-дұшпаннан басқа анау,
қас жаудың
Жүрегінің тұсындағы темірен!..

Тұтқиылдан, жон-арқаңнан,
тұсыңнан
Тіс сынғандай қадалмайтын темірен!
Жебені де желді жыртып ұшырған
Кім ойнап жүр, теміреннің тегімен?!

…Зар қақсатып,
зәузатыңды шарпиды
Саған тисе, темірен!
Қанымда еріп, қорғасындай балқиды
Маған тисе, темірен!
Өйткені бұл – теміреннің тегі –
Мен!

Уақыт пен Бақыт

Сен не деген сұмдықсың,
сұрапылсың?!
Мен сүйген ақыннан да
ұлы ақынсың!
Сенімен сырласайын,..
Қабырғада
тықылдаған өсекші тұра тұрсын….

Тына тұрсын,
Жалғанның «бір шырылы»
Естіліктің естілсін шыншыл үні!
Көтермейді олардың әңгімесін,
Жабырқаған жанымның күрсінуі.

Неге жанды жазықсыз жазғырасың?!
Алдайсың да өтірік мәз қыласың.
Қуанғанда,
қасымды көп қыласың,
Жұбанғанда,
досымды аз қыласың!…

Неге маған жұрт білмес жоқты іздеттің?

Жоқты іздеттің,
мен соған, жоқпыз – деппін.
…Бар дүние базары ортасында
Өзімнің бірдеңемді өткізбекпін.

Айтпақшы,
сен – қадірі жоқ суым едің.
Мен қашан сусыз өмір сүріп едім?
Бір кезде жүрегімдей жылып едің,
Бұл күнде көңілімде суық едің!

Ауадай алғаш жұтқан, уһілеттің…
Мен содан –
Күннен соңғы бүкіл отпын!
Сол оттың жалынына
жанды салып,
Жан-айқайым шықса да шүкір еттім.

Арғы күнді қайтейін,
бергі мұңмын.
Тек өзіңде еншісі, ендігімнің…
Уақыт, сенің соңыңнан
қуамын – деп,
Озып кеткендігімді, енді білдім!..

Жан шырылы

«Қайнайды қаның
Ашиды жаның…»
Абай

Дүниенің дүр-дүр еткен дүрмегін,
бір жығылып, бір сүрініп сүргенім,
кімге керек,
пайдасы жоқ, білгенім?..
Не үшін керек, күмілжулі күндерім?
Жылағаным – күлгенім.
Қуанғаным – мұң, менің…
Өтіріктен көремін,
Замананың нұрлы өңін.
Иттен басқа білмейтін,
Биттеп жатса, бір жерің…
Шырылдаған шындықтың
Кім сүртеді кір-көңін?!
Ібіліске ашылды
Ізетпенен иілген – сол, ілгегің.
Қор сияқты көрінеді кейде, осы,
Ақын болып,
менің бүйтіп жүргенім!..

Бүйтіп жүрген ақындығым құрысын.
Уға толы, ырыс құяр ыдысым.
Қуанғаным – не үшін?
Жылағаным – кім үшін?
Өрісі кең болса – деп,
Жұртты ойладым – қыз үшін.
Ырысы мол болса – деп,
Ұлтты ойладым – ұл үшін.
Көре берем, сезе берем неліктен,
Тәж-тажалдың умаждаған уысын,
Ақ ажалдың сыр-сыр еткен тынысын?!.

…Ай, Ханым! – деп,
айта алмадық өткір түк;
Қара нарды шөктіртіп,
Қабырғасын сөктіртіп.
Айтқаныңмен тыңдамас,
Көтіне басқан байлығы
Делебесін қоптыртып.
Тыңдаса, боғын шашар ма,
Мынау қара халықтың
Қанды жасын төктіртіп?
Жан шырылдап, тән тұншығып жатқанда,
Көкке карап от бүркіп,
Тәңірім де әне, кетті үркіп!
Үркіте-үркіте – үрпидім.
Қорқыта-қорқыта – тымпимын.
Алдай-алдай – араммын.
Жылай-жылай – кіртидім.
Енді еңсемді тіктермін,
Қамшымды екі бүктермін.
Қынымнан қылыш жарқ етер,
Қырсықтың күні біткен күн!!!

Алас-жыр

Есігіңде сұр жылан.
Босағаңда боз жылан.
Керегеңде кер жылан.
Маңдайшада сор-жылан.
Миды шағып ысқырған,
Отауыңда оқ-жылан.
Кімнен медет сұрайын,
Қандай амал қылайын,
Мен бұған?!

Күннің құтын құяйын.
Айдың сүтін сұрайын…
Аймалаған ақ шыңды
Таң нұры боп құлайын.
Қайырылмаса,қарысып,
Қара көзден жас емес,
Қан шыққанша жылайын.
Алтын-ұям – Ақ ордам,
Бұғауыңнан босашы,
Босата гөр, Құдайым!

Көзі бардың – көзіне,
Тілі бардың – тіліне,
Сөзі бардың – сөзіне,
Алас, алас, алас!

Сумаңдаған пәленің
Су құйылсын ініне,
Құм құйылсын көзіне!
Алас, алас, алас!

…Қабырғаңнан сөктірген,
Иығыңнан шөктірген,
Қанатыңнан қайырып,
Қайғылы азап шектірген,
Жылан кетіп барады,
Алас, алас, алас!
…Жылан кетіп барады,
Құйрығы бар, басы жоқ.
Енді қайтіп шағады,
…Дұшпаны боп, қасы боп?!
Тұр, тұр, енді!
Тұр, енді!
Қолдап тұр ғой, Тәңірім.
Мені саған жіберді,
Жарығым!!!
Алас, алас, алас!

Несін қорқам?

Егер, мен – періште болсам, ажалмен арпалысып нем бар?..

Қыз-қыз қайнап,
мен талай қызып жүрдім.
Шарапқа емес,
Шаттыққа… жүзіп жүрдім.
Арманым да көп еді, айдан аппақ
Несіне ергем, соңынан
қызыл нұрдың?!

Қып-қызыл нұр – Қызыр ма?
…қызыл көз бе?
Бір сиқыр бар, әйтеуір жүзінде өзге;
Қыңыр-қисық кезімде қиғылық сап,
Отырады түнеріп түзу кезде…

Түзу кезім, әрине,
жуас түрім,
Жігін тауып жүндемес жуасты кім?
Жүрегім де сондайда солқылдайды,
Сұрапылы сияқты су астының…

Жеңіл емес, арқалап артқаным да.
Аз да емес қой, тағдырдан
тартқаным да.
Жанған оттың шатырлап
шайтан-тілі
Қамшы үйіріп келеді арт жағымда.

Қара жердей қайғым бар – тербетеді.
Қара судай мұңым бар – шөлдетеді.
Көңілім бар,
атқан таң, шыққан күндей
Өлуіме өкінбей – сол жетеді!..

* * *
Кімге?
Неге?
Не үшін?
Қайда барам?
Адасып келгендеймін айдаладан.
Күмілжіп күрсінгенде, Күнге барам,
Аңырып адасқанда, Айға барам,
Адам іздеп таппасам, айналадан,
Сонда,
мен қайда барам?

Қайда барам?
Қаңбақпын, жел айдаған.
Жел айдаған сол сәтте сені ойлағам.
Жалғыз боп жапа шегіп жүргеніммен,
Екеу боп көрінемін неге айнадан?
Неге айнадан екеу боп көрінемін,
Ессіз емес едім ғой, ел ойлаған…

Ел ойлаған ессізің мен емеспін.
Періштемен бірақ та тең емеспін.
Адамдықтың ақ жолын ар тұттым да
Тағдырыммен таластым, ерегестім!
«Пәруәрдігер, бейшара» – дерсің, бәлкім,
Бірақ та ол – мен емеспін!

6 комментариев

  1. Reply
    Анонимговорит

    жыла, ақын, жыла. Сенің күнің туды, деймін..

    Не деген өткір ойлар!.
    Пайдасы тиер амал-жолын ойла.
    Адамға ақыл сал..

  2. Reply
    Назгүл Алиасқароваговорит

    Рахмет. Көптен бері жыр оқымап едім. Жүрегім бір уақытқа поэзияға малынды….

  3. Reply
    Мұхтархан Қалиұлыговорит

    Тамаша өлең. Нағыз ақындық шабыт. Жүректі қолқасымен суырып аларлықтай пәрменді жыр. Тұла бойы тыпырлап тұрған шындық, ешқандай жасандылық, көз бояушылық, көпірме эмоция жоқ. Жүректен өтіп, мидың өзін тыным таптырмайтын адуынды қуатқа ие. Өте жақсы жазылған. Жарайсың, Бақыт!

  4. Reply
    Қарагөз Мұқтарговорит

    Керемет!!!

  5. Reply
    Есенбаева Роза, мұғалімговорит

    Бақыт, қаламыңнан рухы мықты жырларың төгіле берсін, айналайын!
    Әр жырың бір «төбе», жалықтырмайды!

  6. Reply
    Биғайша Медеуговорит

    Планетарлық ойлау жүйесіндегі ақын.

Пікір қалдыру