Бақытбек Бәмішұлы. Британияда болған бір жыл

Мен қалай еврей болдым?

Қазақ айтады ғой: «Үш ұйықтасам ойымда жоқ еді» деп. Сол айтқандай менде де бала-шағаммен бірге Британияға барып, бір жыл тұрып, өмір сүремін деген ой да, арман да болмаған-ды. «Жау айдаса бармайсың, дәм айдаса қалмайсың». Бұл да қазақтың өз сөзі ғой. Дәм тартып 2021 жылдың қоңыр күзі қыркүйектен бастап, 2022 жылдың тамылжыған тамызына дейін қиыр шеттегі, Атлантика мұхиты мен Терістік теңізі қоршап жатқан Британия аралында бір жыл өмір сүрдім. Жырауларша айтқанда «күн түбіндегі елде». Алыс. Алматыдан жеті мың шақырымға жуық. Еуразия құрлығының күн батыс шегі.

Біз жұбайым Есенгүл Кәпқызы, балам Ақтанберді Бақытбекұлы үшеуіміз қыркүйектің 21 күні ЭйрАстана ұшағымен Алматыдан ұшып, Астанаға 5 сағат аялдап Лондонға жетіп, одан әрі пойызбен Британияның шығыс бүйіріндегі Ньюкасл қаласына келіп орналастық. Орталықтан тым алыс емес Саутгосфорт (South Gosforth) ауданынан шағын үш бөлмелі пәтерді алдын ала онлайн келісіп қойған. Тұрмысқа қажетті барлық асай-мүсейі, төсек орны әзір екінші қабаттағы пәтерге жайғастық. Есенгүл «Болашақ» бағдарласымен Ньюкасл университетіндегі оқуын дереу жалғастырды. Ал Ақтанберді екі аптадан соң 13 жылдық «Кентон» орта мектебінің он бірінші класына қабылданды.

Мен… Менің бар шаруам үй күзетіп, екі студентімді (ағылшындар оқушыны да студент дейді) таңертең оқуына шығарып салып, түс ауа бірінен соң бірін кезекпен күтіп алу. Тамақ істеп үйрену. Серуендеу. Ғаламторды шолу. Күніне бір сағат Есенгүлден ағылшын тілінен сабақ алған болу. Әрине бұл түйтіңдеген істер мені жалықтырды. Жалыққан сайын елге, жерге деген сағынышым ұлғайды. Оның үстіне дүниені жайлаған дерттің дендеп дегбіріңді кетіріп, жүйкеңді жұқартқан тұсы. Қол-аяғым, басым бос. Толық еркіндік. Бірақ радиусым шектеулі. Жіпсіз байлану. Құды мырза қамақта жүргендеймін. Бұлай жалғаса берсе мен мұнда бір күнде тұра алмаймын. Өзіңе жұмыс тауып, соған мойынсал болмай тірлік тұмандана бастады. Жоқ былай болмайды! Ел аралап, жер көріп, жергілікті жұртпен араласып-танысып, сөйлесіп (ым тілмен де қарым-қатынас жасауға болады), көрген білгенімді қағазға түсіріп күнделік жазып, әр жазбамды әлеуметтік желілер мен «Мінбер» ұлттық порталына жариялап отырайын деген шешімге келдім. Сөйтіп өзімді жұмыссыздықтан құтқардым.
Мен Британияда болған бір жыл уақытта айналамда болып жатқан тыныс-тіршілікке студенттік жастық шақтың албырт, сенгіш балғын көзімен емес, көпті көрген кексе адамның күдікшіл, сыншыл, секемшіл, салмақты көзімен қарап жүрдім. Мені кез келген жерде, көлікте де, көшеде де, дүкен-маркеттерде де, кинотеатр, музей, кітапханаларда да, шіркеу, мешіт, ресторан, кафе, барларда да, теңіз, көл жағасында, өзен сулар бойында, байтақ бақтарда, қатты желдің өтінде, қою тұманның ішінде, толассыз жауған жаңбырдың астында, көпір үстінде тұрғанда, ұшақта отырғанда да ағылшындар бізден несімен артық, несімен озық, несімен ерекшеленді деген сұрақ үнемі мазалап жүрді. Сондықтан да Англияда болған бір жылдық ғұмырымда көрген-білгенімді, естіген-сезгенімді, оқып, үйренгенімді, көкейіме қонып, ойға түйгенімді салыстырмалы, салғастырмалы түрде қорыта отырып, шама-шарқымның келгенінше толық, жеткілікті соны тәсілмен баяндап шықсам өзімді мазалаған осы сауалға жауап табармын деген ниетпен және де менің алуан ақпараттар арқылы сусындап отырған жан-жақты, көп білімді бүгінгі оқырмандарымның білетіндеріне үстеме, танымына жәрдем, барына қосымша пайдасы болар деген зор үмітпен осы күнделікті жазуға кіріскен едім.

Менің оқырманым Алтай мен Алатаудың ақ бас шыңдарының апай төсті омырауынан исінген ақ боз биенің сүтіндей атқақтап ағып шыққан ақ қайнарлы бұлақтың дәмін адам қолымен жасалған алып-алып әрқилы сүзгіден өткізіп, алуан түрлі қоспалы жылымшы сұйық судың дәмімен салғастырып көрсе деймін. Мен отанымнан оңаша ғұмыр кешкен бір жылға жуық уақыт жүлгесінде өзімнің тек Қазақстан үшін жаралғанымды, құйттай жүрегім Қазақ Елінің әлди бесігі екенін сезіндім. Отанына, ұлтына, туған жеріне шын ғашық, «сүйсініп, сүйетін» (Абай) адам оның тағдырына бейжай қарай алмайды екен. Менің алаңым да, арманым да Ел болды. Елде болған саяси-әлеуметтік һәм рухни әлемнің назарын өзіне бағыттаған жалпы азаматтық оқиғалар мен құбылыстарды қалай қабылдап, қалай араласқанымды сол сәтінде күнделігіме бүкпесіз түсіріп отырдым. Ашығын айтайын: бұл осы аралықта елде және әлемде болған саяси трагедиясы басым жүректі ауыртқан оқиғалар еді. Бұл келер ұрпақтың біздің бүгініміздің тарихи бағасын дұрыс беруіне септігін тигізетіне күмәнданбаймын.
Күнделік жазбаларымды оқырманмен бөлісіп, пікір алмасу мақсатында рет-ретімен үзбей апта сайын „Мінбер.кз“ порталында жариялап кейбіреуін „Фейсбук“ әлеуметтік желісінде сілтемесін беріп отырдым. Алғашқы жазбамды жариялаған жерден-ақ оқырмандардың ізгі тілектері мен сұрақтары қарша борады. Оқырманның бұл сапарымызға мән беріп, осындай қызығушылық танытып, әр жазбамды шын ықласымен оқып, келесі жазбамды асыға күтетіндігін жазып, назарларында ұстап, пікір білдіріп, ерекше көңіл аударуы менің ынта-жігеріме от беріп, көлеңкелі тұсыма күн түсіріп, кәдімгідей мойыныма үлкен жүк артқандай болды. Маған аса жоғары жауапкершілік жүктелгенін сезіндім.

Күнделік жазбаларымды оқып, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, бөлісіп, әр санатты, ой саларлық, қызықты жазба қалдырған оқырмандар қарасы да көп болды. Желіде олар өз ара еркін пікір де алмасты. Жариялаған дүниеңді оқырманың оқып, одан өз керегін алып, қажетіне жаратып, пайдаланып жатса бір ғанибет, зор мативация. Бұған мен ғана емес, әр кімнің де қызығушылығы болуы мүмкін. Өйткені оқырман пікірлерінің ішінде қоғамдағы күрделі мәселердің ойға оңай орала бермейтін шешімдері жататымен де құнды. Мені шет елге, ұзақ өмір сүруге, мүмкін тұрақтап қалуға, жақсы мекен, жайлы орын іздеп кеткендер санатына қосып қап, «Жүрген жерім Нүукәсіл, Мекен екен тұнған сыр. Туған жерім қымбат қой, Бәрінен де тым асыл» деп маған хат жолдап, елге оралуымды тілеген ақ жайық азаматтарымның ақ жарма асыл ниеттері үшін де олардың бір ауыз лебізін осы кітабымда қалдыруды өзіме парыз санадым. Жазушы үшін пікір білдірушінің шені мен шекпені, атағы мен даңқы емес, айтқан бір ауыз асыл сөзі маңызды.
Ал «Жұлдыз» журналының орны бәрінен өзге.

* * *

23.09.2021 жыл

Біритан (Англ) еліндегі алғашқы қадам. Бірден айтайын: Мен мұнда «жақсы» өмір сүрейін деп келмедім. Сеніңіз. Бар мақсатым: Балам мен жарымның білімін арттыру. Құдай бұйыртса бір жыл болмақпыз.

Тұманды Әлбиөн (Альбион қазақ тілінде осылай айтылады) ашық аспанымен қабылдады. Менде әуелде қою тұманның ішіне бірден қойып кетерміз деген ой болған ғой. Көкпеңбек ашық аспан. Көк мұндай таза, тұнық болар ма? Алматының қою түтінінің арасынан аспан көрмей шыққан біз үшін әрине таңғаларлық әрі миымызға «Тұманды Әлбиөн» деген тұрақты тіркес әлімсақтан сіңіп қалған ғой. Шын мәнінде мүлдем олай емес екен… Оның да себебін келесі жазбалардан білетін боласыздар.
Біз Ниукәсілдеміз (Newcastle). Мына суреттегі ақсақал жұбайымен және тайуандылық келіншек вокзалдан күтіп алды. Осы атаның үйін алдын ала жалға алғамыз. Көңіл күй қазіргі жағдаймен жаман емес. Орайына қарай. Қысқаша жазып тұрамын. Достар қызықтауы мүмкін ғой…

* * *
25.09.2021 жыл.

Бүгін Әңгілияның (Англия) Ниукәсіл (Newcastle) қаласына келгенімізге үшінші күн. Төмендегі суреттегі үйге орналастық. Бір түсті, бір-бірінен айнымайтын, бір-біріне жалғасқан, бір-екі қабатты мұндай үйлер Англияның брендсі сияқты. Ниукасл қаласы, Сандрингам (Sandringham) көшесі, 55 пәтер. Қазір 10 күн карантиндеміз…
Мұнда келген мақсатымызды бірінші жазбамда бір ауыз сөзбен айтқан едім. Қайталамайын. Болысына жарай оқырманыма, арт жақта, елдегі біз үшін екі көзі төрт болып алаңдап отырған ағайын-туыс үшін көрген-білгенімді жазып тұруды уәде еткемін. Уәде құдайдың аманаты. Бірлі-жарым адамдар келу мақсатымды және қалай келгенімді, бұл сапарға қалай дайындалғандығым, қандай қаражат-шығындар қажет болғандығы жайында да жазуымды сұраған екен. Рахмет, оларға, назар аударып жатқандарына.
Менің үй-ішіммен Біритан (Британ) еліне қоныс аударғанымды елден түбегейлі кетіп қалғанымдай қабылдап жатқандарда бар екен. Онысы да жөн ғой. Соңғы жылдарда Қазақстаннан небір жақсы, білімді, ойлы азаматтар жыраққа, шетелге қоныс аударып жатқаны жөнінде ақпарат көп. Жайлы тұрмыс, жағымды жұмыс іздеп сырт елге шығып кеткендері де бар.
Сондай-ақ, Түркиядан барып үй-жай сатып алып, онысын жерден алтын тапқандай жарнамалап жүргендер де елдің көңілін әлеуметтік желілер арқылы бөліп, әбден алаңдатып бітті. Сондықтан бізді де жайлы қоныс, жақсы тұрмыс іздеп кетті ғой деп ойлаулары да дұрыс қой.
Ағайын, шет елдің дәм-тұзын бір кісідей татқан жанның бірі менмін. Зарығып жүріп көрген жұмағымды – Қазақстанымды қу құлқынның қамы үшін тастап кетсем, онда менің адамгершілігіме, азаматтығыма, арыма сын болмай ма? «Пәлен жерде бақыр бар, барсаң бақыр түгіл жауылша да жоқ» деп ата-бабам бекер айтты ма? Ата-жұртымнан ат-тонымды ала, бас сауғалап қашатындай ел дәулетінен ішіп-жеп қойғаным бар ма еді? Еліме, жеріме қылдай қиянат жасадым ба? Жоқ! Қара басының қамы үшін елден-жерден аууды ерліктің ісі демеймін. У ішсең руыңмен деп халқым бекер айтпаған. Туған елден, туған жерден жырақтайтындай не басымызға күн туыпты. Туған елдің қара наны мен қара суы жат жерде жеген бал мен шекеріңдей емес пе? Біз елден біржолата кеткеміз жоқ. Біз, қайталап айтайын, сеніңіздер, бір жылға жарым мен баламның оқуына байланысты мұнда келдік. Бізде басқа мақсат жоқ. Білімді, білікті ұрпақ өзімізге һәм елге керек….

* * *
26.09.2021 жыл

Ең үлкен байлық

Ниукәсіл (Newcastle). Бүгін төртінші күн. Аспан көк. Шайдай ашық, ауа тұнық. Құды Арқаның аспаны. Көкпеңбек. Біз келгелі жарқырап күн шығып тұр. Тұманды Әлбиөн тым жайдары.
Ниукәсіл индустралді қала дейді. Ыстың иісі де сезілмейді. Түтіні ширатылған мұржалар да көзге түспеді. Көше тыныш. Түн баласын қойып, күндіз де құлаққа ұрған танадай. Алматымның шуылынан шыққан маған мына меңіреу тыныштық бір түрлі екен. Алыс, адамы сирек пансионат-демалыс орынында жатқандаймыз. Сыртқа, шықарға көз салам. Күз белгісі бар. Қоңыр салқын. Шамамен күндіз он бес, он сегіз градус.
Уақыт айырмашылығын, яғни жергілікті уақытқа қарай бейімделіп келе жатқан сияқтымыз. Әлгі адам баласы «үш күнде көрге де үйренеді» деген сықылды. Бірақ Ақтанай, балам үш күн бойы тұрмады. Мамасы неше мәрте шақырып, әке-көкелеп, бірде, арасында ұрыса да жүріп тамаққа әрең келтіреді. Сөйлемейді, үн-түнсіз келіп, томсырайып, түсін салып отырып тамақ ішеді де бөлмесіне барып тас бүркеніп жатып алады. Түс ауа әлде кімдермен ұзақ сөйлеседі. Бір жолы кіріп барып:
– Тұршы балам, жамбасың тесілетін болды ғой, не болды саған?, – десем,
– Әке, шығып кетші, – дейді. Сонан соң жымидым да:
– Ағылшынша айт, – дедім. Ол іркілместен, – Гэт аут! – дегенде селк ете түсіппін ғой. Шыға жөнелдім. «Бүйте берсе мынау ауырып қалады» деп мамасы күңкілдеп жүр. «Жолда шаршаған шығар, үйден шығып көрмеген неме» деп, түсіністікпен қараған болып, ақырындап, аттың аяғына отырғандай жақындап сұрасақ, достарын сағынып жатқан көрінеді. Айтысына қарағанда кейбір жолдастары жылап, мұның жоқтығынан жалғызсырап қалғанын айтып мұңын шағынғандары да бар секілді. Кеше кешкісін Талдықорғандағы ағасы Рауан мен жеңгесі Райханмен сөйлесіп іштегі «шерін» тарқатқан секілді кешкі асқа көңілді келді. «Менің ашылып сөйлесетін адамдарым бар» деп қояды. Мамасының сүрі қазыны қосып жасаған балауын сүйсініп жеп алды.
Балаудың күрішін, тағы біраз көкөніс, тағамдарды біздің бір неше күн карантинде болатынымызды білген сияқты үй иесі ақсақал мен оның кемпірі бір құдайға қараған жандар екен алдын ала әкеліп әзірлеп қойыпты. «Біздің үйде пайдаланатын адам жоқ, босқа тұр. Сендерге қажет болады» деп принтерлерін және әкеп бергені. Алдыңғы күні әлгі бізді вокзалдан күтіп алатын тай келіншек таң атпай келіп бірлі жарым ыдыс аяқ және тамақ әкеліп беріп кетті. Кәдімгідей қысылып қалдық. Есенгүлге айтып жатырмын, «есесін қайтарасың ғой, қарыз боп қалмайық», – деп. Әкелген тағамдарының ақысын ұсынып едік зәрезеп болып алмады. Рахметті жаудырып, қашан үйтуші едік (қашан осылай жасаушы едік), алақанымызды кеудемізге басып, ілтипат жасап шығарып салдық…
Қазір ойлап отырмын. Осы қолғабыс, қомқорлық, қайырымдылықтың барлығының басында кісілік, адамгершілікті алғап барлық-жеткіліктілік, жетісіп жүргендік тұр-ау деп. Ал егер өзінікі өзіне жетпей, етектен алып жеңіне жалғап жүрсе байтал түгіл бас қайғы болмас па? Ал мен де біреуге осындай қол ұшын беріп, қамқорлық, қайырымдылық жасайтын қауқарым бар ма деп ойланып отырмын… Тым болмаса әлеуметтік желіде алушы іздеп күнде жазып жатқан Софы Сматаев ағамның жиырма бес томдығын да сатып ала алмай кеттім…
* * *
27.09.2021 жыл.

Біз Англияға не үшін келдік?

Ниукәсіл (Newcastle). Британ елі – Англияға барамыз, сонда бір жыл болса да тұрамыз, елден жырақта, жат жұртта, бөтен өлкеде өз бетімізбен өмір сүреміз деп шешім шығарып, осы мақсатқа бел байлағаннан бері көңілім әлде неге алаң болып, іштей бір белгісіз тылсым ой мүжігені рас. Иттің ұлы байғотан келіп-кетіп, барып-келіп жатқанда менің осығұрша мазалануымның сырын өзімде білмеймін. Әлде мынау елдің еңсесін езіп, мысын басып, жүйкесін жеп, жүйесін жұқартып, аузы-басыңды тұмшалап, үрейге үйір қылып, қорқынышпен қамап қойған атың өшкір мың құбылған құрғыр ковит дерттің кесірі ме? Табалдырықты аттап шықсаң алдыңнан ажал тосып тұрғандай төбе шашың тік тұрып, жаны мұрнының ұшына келген жұрт әбден запы болып бітті. Жалықты. Әлемді жайлаған, қайда барсаң да қашып құтыла алмайтын – Қорқыттың көрі. Көппен бірге көретін жалпыадамзаттық ахуалдан сырт, шетін қала алмаймыз деген тоқтамға келіп тоқтаған сияқтымыз. Әлем болып бұ пәлеге қарсы күресіп-ақ жатыр. Үсті-үстіне вакцинасын еселеп салып жатыр. Етіміз де үйренді. Бетіміз де бүлк етпейтін болды. Болмайды деген сайын қасарысып, тиым салған сайын тайраңдаймыз. Ендеше құдайдың жазғанын көреміз.
Ал, әңгімелесе қалсаң әлеуметтік жағдайының мүшкілдігін зар қылып, сенгенінен меселдесі қайтқан, ертеңіне деген сенімі селдіреген, болашағын жарқын елесете алмайтын күйге жетіп күйіне күңіренген, келешегіне деген үміт оты күңгірт, е десе етегі жасқа толып, еңірей жөнелетін, тағдыры тығырыққа тіреліп, талайы тұйыққа тығылған жұртымның тұрмыс-тіршілігіне алаңдайтындай менің қолымда не тұр екен, тәйірі. Көп болса сатылып жатқан жерің, атылып жатқан кенің, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп жатқан байлығың, сирағы шыққан кедейің туралы ғаламтордағы әлеуметтік желілерде, мүмкін газет-журналдарда жүрегімнің қанын ағызып отырып зарлап, ашына да азынай мақала жазармын. Жылап отырып жырлармын. Солай да болған. Солай да еткеміз. Ал сол біз айтқанды базардағы байшыкештер де, көшедегі пақыр да, диуана-дәлдүріш, алақанын жайған тіленші-қайыршы да айтып жатыр емес пе. Дуалы ауыздан шықпаған сөзде дуа болама, кім естіп жатыр? «Айта берсін, айта берсін» деп телебағдарлама да жасап қойды емес пе. Тіпті дуалы ауыздан шықты деген күннің өзінде соны еститін құлақ, ескеретін естің бар ма? «Бір елді түзеу үшін бір адам жеткілікті» депті ғой бір ғұлама. Қазақтың бақытына сондай жеткілікті бір адамды бермесе мен не істей аламын? Бірақ, түйсігім алдамайды. Үмітсіз шайтан деген. Бәрін айт та бірін айт, айналып келгенде бейбіт өмір бәрін де жеңіп шығады. Бейбітшіліктің тірегі – бейбітшіл, берекешіл, ынтымақшыл ел. Арқаңа ер батып жүргенін білемін, қазағым. Ақ айылда болып біттің. Сөйтседе жаның сірі, төзімің мықты. Төңірегің тыныш болса, аман жүрген адам алтын аяқтан су ішеді дейді ғой. Ойдағы орыс, қырдағы қытай, қасыңдағы қоқаныңа құдай ынсап, қанағат берсін.
Қазір екі адамның басы қосылса «пәленпай елден кетіпті. Түгенпай пәлен жерге барып бақуатты өмір сүріп жатыр екен» дейтін сөз көп. «Қолыма қарға тышса, жөні келсе мен де кетсем» дейтін ел көп. «Жақсы жер, жайлы қоныс тауып, бай, бақ-қуатты өмір сүрсем» дейтін жұрттың қарасы да молайды. Ұшарға қанаты жоқ отырғандай. Туған елінен, туған жерінен, мың жылдық мекенінен, ата-баба қонысынан жеритіндей, ала көңіл болатындай не басына күн туды мына жұрттың? «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» демекші байлық деген тек қарынның қамы болса, онда адамның малдан айырмашылыңы бар ма? Байлық деген материалдық дүние болса бабаларымыз «бай бір жұттық» деп неге айтты. Отан десең отанды қойшы дейтіндер шықты. Халық десең халықты қойшы дейтіндер бар. Жер десең өзіңді жеп қоя жаздайтындарды қайтерсің. Ашуын ішке бүккен, запыраны ішінде қайнаған ел. Бәрінің ойлағаны баю. Әлгі «кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді». Құдай-ау, елдік сана қайда? «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» дейтін заман туды ма? Елге, жерге деген, туған ұлтқа деген ыстық махаббатымыз суалып бара жатқандай. Елге, жерге неге сонша суындық. Көңіліміз кімнен қалды? Көзімізді материалдық шел басып жаһандану атты айдаһарға жұтылып бара жатқанымыз жоқ па? Шексіз байып кеткендерге наразылық шетке кетумен шешілмейді ғой. Кімге өкпелейміз? Итке ме, битке ме? Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді деуші еді. Осы біз тойып секіріп жүреніміз жоқ па?
Осы тұрғыдан келгенде тап менің ешкімге өкпелейтін жөнім жоқ. Кеше ғана, Алматыдан аттанарда осыдан отыз жылдың алдында ғана, өкпемді қолыма ұстап, жүрегімді жалау етіп, бар дәулетімді тастап, бар сәулетімді тәрк етіп, елім деп еңіреп, жерім деп желкілдеп, атажұртым деп аңырап келіп, оралман болып, отаным деп ойланып, мекенім деп мекіреніп, байтақ далам бай өлкем, махаббатым – Қазақстаным деп ақ жүрегімнен ақтарыла өлең-жыр жазған мен қарынымның қамы, жайлы қоныс іздеп қалықтап бара жатсам ел мен жер деп келгенім де өтірік, жазғанымның бәрі зая, жалған, нағыз екіжүзді, сатқын ақымақтың өзі болғаным емес пе! Міне, ағайын, мен ешкімге тетік, біреуге тірек болмасамда мені білетін бірлі жарым адам болса да осылай ойлап қалмаса екен деген Ар мазаласа керек.
«Мен қара жер емеспін сатылып кететін, Мағжан да емеспін атылып кететін… Қара жер құнарлығы үшін сатылды, Мағжан сатылмаған үшін атылды» деген Жәркен Бөдешұлы недеген ержүрек, екі сөзсіз Ер еді… Біз «Қош бол сәулем, көргенше…» деп ақ лайнермен Атлантиканы бетке алып аспандап бара жатырмыз. Терезеден тесіле төменге қараймын. Шашылған жұлдыздай жарқырап, жамырай жайылған Ару Алматым. Иә, Ару Алматым!

Хитроудан Кингс кроссқа

Жүгіміз аман-сау алдымызда тұр екен. Бүлініп-қираған түгі де жоқ. Босқа күдіктенген екенмін деп қоямын. Бірақ ұшақтан-ұшақ ауыстырып жүрген кездерде жүктердің бүлініп, кейбірі адасып кетіп артынан іздеу салып жататын жағдайлар сирек болса да кездесіп жатады.
Жүк алып жатқан кезде бағана астанада ұшақ күтіп отырғанда Есенгүлге келіп ақ сұр сүртік киген көз әйнекті ақ сұр жігіт келіп амандасып, екеуі ұзақ әңгімелескенді. «Осындағы бір үлкен шенеуіктің бе, әлде депутаттың ба баласы, – деді ме, былтыр бір университетте оқығанбыз, биыл ол да оқуын жалғастыру үшін келе жатыр екен, олдағы Кингс кросс вокзалына барады екен, бірге такси алайық деді», – деп сырттай таныстырған. Жат жерде жол көрсететін жақсы адамның жолықанының өзі жұмаққа жол сілтегендей болады емес пе, ішім жылып қалған. Өйткені біз де ұшақтан вокзалға қандай жолмен бару керек екенін әлі шешпегенміз. Дұрыс жолды таңдау да бақытқа бір табан жақындатып апарады ғой, мына жігіт жол мәселесін тас түйін шешіп тастағандай болды. Сол жігіт кеденнен бізден кейін өтіп жетіп келді. Тағы да бір екі бойжеткенмен сол жерде амандасып жатты. Бойжеткен дегенмен де жастары біршама ілгерілеп қалған жастар. Олар Лондонда қалады екен де, Әнуар Кингс кросс вокзалынан басқа қалаға барады екен.
Мен олардың сөзіне килікпей үйірін баққан тәу ешкінің текесіндей оқшауырақ состиып тұра бердім. Жастардың ешқайсысымен де амандасып, жөн сұраспадым. «Үлкенге ізет көрсетіп өздері сәлем бермесе, мен неге жалпаңдап білімі озық, алдарақ балалардың алдарын орап сәлем беруім керек» деп кегжиемін. Мынау жаһанды жайлаған жан біткенді запы қылған жаман індет үрейі үркітіп тұрған да болар. Алайда ата дәстүр бойынша оң қолын жүрек тұсына апарып басын иіп ишарат білдірсе де мәз болып қаламыз ғой. Осы сәтте Сәбең туралы бір естелік есіме түсті. Баяғыда Сәбең – Сәбит Мұқанов жарықтық Жазушылар Одағының үйіне келген жастарға алдын ала барып амандасып жататынын көрген бір жазушы: «Сәбе-ау, осы сіз қызықсыз, неге жас көрсеңіз жалбырақтап, балаша жүгіріп, үлкен басыңызбен амандасып жатасыз, ұят емес пе?» десе, Сәбең айтады дейді, «Қарағым-ау, ұяттың көкесі жастар байқамай қап маған сәлем бермей өтіп кетсе, жұрт жастар Сәбит Мұқановқа сәлем бермейді екен дегенде болмас па?!», – деп. «Сәбеңдей болмасақ та әкелеріндей адамбыз ғой» деп ойланып тұра бердім.
Біз таксиге отыратын болып төртінші қабаттағы авто тұраққа бару үшін лифтге қарай бет алдық. Сонда барып мен Әнуарға:
– Балам, мына қалың жүгімізбен бір таксиге сиямыз ба? – деп күңк еттім. Менің бұл қылығымды Есенгүл де, Ақтанай да жақтырмады. Ол қандай такси екенін білмейтінін, тапсырыс беріп қойғанын айтты. Бізді төртінші қабаттың екінші жолында қызыл түсті жұдырықтай форт маркалы машина күтіп тұр екен. Кабинадан ирелеңдей қозғалып, ұзын етек қоңыр түсті көйлекті ұзынша келген қара сұр кісі шықты. Апыл-ғұпыл жүк те тиелді. Бір чемодан мен сопиып мен қалдым. Сөйтсем бұл машинаға бір адам мен бір чемодан симай қалыпты. Есенгүл:
– Сендер бара беріңдер, мен аттарыңнан барайын, – дейді. «Сонда бұлар бағанадан бері не ақылдасып, не сөйлескен?!». Әнуар машинаға әлде қашан отырып алыпты. Байқұс бала, мына тіс қақан кәрі боз мен қалады деп ойлады ма екен жалма-жан машинадан шығып келіп, біздің келіспей қалғанымызды ұқты-ау деймін,
– Сіздер кете беріңіздер, – деді. Жөні де солай болғанмен бұ баланы жол ортада «жау қолына» жалғыз тастап кетіп бара жатқандай күй кешіп бара жатырмыз. Есенгүл Әнуардың Каспий голд картасына 30000 теңге аударды.
– «Мұның не?», – десем,– мұнда жол ақысын алдын ала төлейді,– дейді.
– Тиіп тұрған жерге 30000 теңге төледік пе?! – Бірақ, сұрақ жауапсыз қалды.
– Осы қашан, астанада бір таксист әуе жай мен қала арасына бір шетелдіктен 40000 теңге алып қойыпты деп қырылып қала жаздағандарың қайда?! – Бұл сауалға да жауап болмады.
– Біз жол ақысын бөлісіп төлейтін болғамыз, енді Әнуарға обал болды ғой? 50 фунт. Қарыс жер. 30000 теңге. С ума сайтти! – Орысшам да шығып кетті.
– Тыныш отыршы бір жөнін табар. – Тыныш қайдан отыра аламын. Алдыңғы орын бос кетіп барады. Бұлар да бөтен жұрттан сескенетін сияқты алдыңғы орынға отырғызбай қойса керек. Жан-жағымды тінте қарап, әр нені сонырқалап келемін. Ағылып жатқан жүз мыңдаған машина арасынан арбиған, алпамсадай жиптер (Jeep) көзге түспеді. Есесіне электр қуатты қоңыздай домалаған өңкей ұсақ көліктер көп екен. 1 литер бензинің бағасы шамамен 2 доллор дейді. Яғни 900 теңгеге жуық. Басымды шайқаймын.
– Әнуар таксиге тапсырыс берді ме екен?»,– деймін.
– Бере алмайды.
– Неге?
– Бір телефоннан екі рет тапсырыс қабылдамайды. Бірінші тапсырыс орындалуы керек. Біз жеткеннен кейін ғана тапсырыс беруге болады. – «Әр елдің салты әр басқа». Біздің өз ара сөзіміз аяқталып жым-жырт бола қалған кезімізде таксист қайдан келе жатқанымызды сұрады. Есенгүл оның сұрағына ұзақ жауап беріп екеу ара біраз шүңкілдесті. Білгеніміз шопырымыздың тегі Сомалидан, 27 жаста екен. Өзі осында туып-өсіпті. Мен ойлап отырдым, «осында туып-өскен болғанда не деген өзгермейтін түс, қатаң салт» деп.
Біз екі сағаттай жүріп Кингс кросс вокзалына жеттік. Әнуар вокзалға метромен келгенін жазыпты. Бізден әлде қашан бұрын жеткен екен. Көңіл орынына түсті…

Лондоннан Ньюкаслге

Түскі 14-30-да балық тұмсықты, сүңгуір қайықтай пішінді қызыл ала түсті электричкаға отырдық. Вагондар ретін әліпби бойынша белгілейді екен. Билетті Адлматыда отырып алып алғамыз. Вагон іші де сырдай, орындықтарын қызыл пүліспен жаңа ғана қаптап қойғандай. Жолаушылар сирек. Әр жерде бір-екі адам. Сүйреткен чемодандарымызды кіре берістегі оңаша бұрышқа қоя салдық. Екі жігіт жол бойы пиво ішіп әңгімелесіп отырды. Арт жағымыздан бір егде ер адам жөтеліп еді анау жерде бізге қарсы қарап отырған жас жігіт маскасын жайлап киіп алды.
Екі қапталы ине шаншар жерсіз интірескен ағаш болғасан сондай ма пойыздың жылдамдығына көз ілеспейді. Су бетінде сырғанаған кемедей суылдайды. Тақ-тақ, тақ-тақ, арсыл-гүрсіл дыбыс жоқ. Қоспасыз рельс деген болушы еді, жалғаусыз, біртұтас. Табан темірлері сол ғой деймін.
Ара тұра жарқ етіп, ашылған шымылдықтай сәтте сыртқа көз саламын. Мұнтаздай, тап-таза, тақта-тақта, таптұйнақтай өңделген егіс алаңдары аялы алақанның жылуы мен тамған тердің куәсіндей. Қараусыз қобырап, ұйпа-тұйпасы шығып жатқан жер көзге түспеді. Жер қадірін білгенге жер неге жемісін бермеске. Осыншама ұқыпты иерілген жер де иесіне иімеуі мүмкін емес сияқты. Бірен-саран тапал тұрпатты жылқы, ақ шаңқан, аршыған жұмыртқадай қора-қора қой, табын-табын қара ала, қара сиыр жиі ұшырасып отырды. Ұшықұйрығы көрінбей көкжиекке сіңіп жатқан орманмен орай көмкерілген көкала алқаптарда қада-қадау жел энергиясының қадалары мен мұндалайды.
Жел стансалары табиғи желді тегін пайдаланатын, экология тұрғыдан ең таза шығынсыз қуат көзерінің біріне саналады. Жерінің жазығы да, бел-белес, кейкет, мойнағы да мол желі көп біздің елде дәстүрлі энергия қайнарларымен бәсекеге түсетін бірден бір қуат көзі. Ағылшындардың жел энергиясын ауыл шарушылығында жеткілікті пайдаланып отырғанын жол бойындағы жел стансаларының көптігінен толық байқалады.
400 км қашықтық жолды үш сағатта жүріп өтіппіз. Міне көне Ньюкасл. Британияның, Юкейдің белді қалаларыны бірі. Ар ма, Нтюкасл – Жаңақорған!
* * *
19.10.2021 ж.

«Мырза қамақтан» шыққан алғашқы күн

Біз мырза қамақтан шыққан бірінші күнімізді теңіз жағалауында өткізейік деп шештік. Ньюкасл қаласының шығыс жағына орналасқан Саут Госфорт ауданындағы Саут Госфорт метро бекетінен теңіз жағалауына дейін бес-алты-ақ аялдама жер екен. Платформаға түсер ауызда бірнеше автомат кассалар қойылған. Билеттің құны барар жеріңіздің жақын-ұзақтығына орай әр түрлі, орташа есеппен 1-50 фунт стерлинг деп мөлшерлесе тым қате болмайды, демек жүру бағасы біздің қазіргі бағаға шаққанда 900 теңге. Яғни Алматыдағы метромен жүру құнынан он есе қымбат. Халқының қолында карттары («Оңайлары») бар. Жолаушылар метроға мінерде не метродан шыққанда пероннан шығар ауыздағы тексеру аппаратына карттарын басып өтіп жатыр. Оларды қай жерден кім тексеріп жатқаны белгісіз. Айтуларына қарағанда анда-санда, кездей соқ тексерістер болып қалады дейді. Билетсіз жүріп ұсталып қалса штраф құны өте жоғары деседі. Ал жер асты метро бекеттеріне түсер ауызда турникеттер қойылыпты. Оларды бақылап тұрған бірлі жарым формалы қызметкерлер көзге түсті. Біздегі құсап, метро аузында екі-екіден тұрған полицей, қос-қостан тұрған қауіпсіздік қызметкерлері, кассирлер, контролер атымен жоқ. Қолыңдағы жүгіңді, сөмкеңді аппараттан өткізіп «қауіпсіздік сақтап» жатқан да ешкімді көрмедік. Лондон метросында да жағдай сондай болды. Сонда ойлайды екенсің біздің Алматы метросының әр бекетінің аузында бір қора жан не үшін иріліп тұрады екен деп. Әлде біз сондай қауіпті елміз бе?
Соқталдай-соқталдай, тепсе темір үзетін, білектері балғадай алпауыт жігіттердің метроға кіріп-шыққан жүргіншілердің сумкасын, қол жүгін, қолында ұстаған бір дорбасын тіміскілеп, тексеріп, ақтарып, төгіп тұрғаныны бір қарасаң, сырт көзге тым ерсі-ақ. Амал не, бізде сондай.
Автобуспен жүру құнының да мөлшері осы деңгейлес. Автобустар бір есікті. Екі қабат, англиялық автобустарға да түсіп-шығу бір есіктен. Алдыңғы есіктен кіріп, сол есіктен шығасың. Жүргізушінің бәрі әйнек кабинамен бөлінген. Картың жоқ болса алақандай тесіктен жүргізуші билет береді. Картың, «оңайың» болса сол тесіктің аузында тұрған аппаратқа басып өте бересің. Іштегі ел шығып, сырттағы жұрт кіріп болғанша автобус асықпайды. Ал аялдамада тұрған адам қол көтермесе не іштегі адам түсемін деп алдын ала түймені баспаса автобус тоқтамай жүре береді екен. Бұл біз үшін бір таңсық дүние болды
Аялдамалары да әр түрлі жасақталған. Кейбіреулері біздің аялдамаларға ұқсайды. Әйнекті, отыратын орын жайы бар. Ал кейбіреуі жалғыз діңгек. Ұшында тақайшаға «Bas» деген бір ауыз сөз ғана жазылған.

Метро пойызындағы ой

Бөтен елдің, басқаның бір нәрсесін көргенде оны өзіңдікімен салыстырып, салғастырып жатамыз. Жақсы, озығы болса бізде де сондай болса деп қызықтап, ал жаманы, тозығы болса өзімен кетсін, аулақ деп жиіркенеміз. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен».
Ньюкасл метро пойыздарында келе жатырмын. Біздің пойыздардың келе жатқаны да, келіп тоқтағаны да айғай-шу, арсыл-гүрсіл болып жатады. Мына пойыздардың жүрісі жұмсақ, дыбысы пәс. Кеше айттым ғой су бетінде жүзген қайықтай деп. Оның мәнін мамандар білмейді емес, біледі. Ал жолаушылар солай болуға тиісті екен деп ойлайды немесе ышқынған, қиқылдаған, шиқылдаған дыбыстан қажығанда қос құлағын басып алады. Неге бұлай деген сұрақ қойылғанын білмейді екенмін. Оның қойылмайтын себебі де бар. Бастамашылдардың меселдесі қайтып қалған. Қоғамды жаппай сен тимесең мен тимен бадырақ көз деген аксиома қалыптасып алған. Қоғамның инициативасымен санаспайтын елде өркендеу де, алға басу қайдан болсын. Пайдаға берілгеніне он-ақ жылдың жүзі болған ең соңғы техника-тетіктермен жабдықталуға тиісті Алматы метросының пойыздарының өзі тоқтарда шыңғырғанда құлында даусы шығады. Тым болмаса пойыздың құлақ етіңді жейтін шыңылдарын тыйсам деген бастамашы да болды ма деген оймен отырып Таунаут бекетіне де келіп қойыппыз.
Ал Лондон метросы әлемдеге ең ескі метролардың бірі. 1863 жылы алғашқы жолы пайдаға берілген метроның пойыздары да ескілі-жаңалы. 270 станциясы бар, 12 бағытқа жүретін, жалпы ұзындығы 420 км Лондон метросы күніне шамамен 3 миллионға жуық жолаушыны тасиды екен.
Алайда мен Лондон және Ньюкасл қалаларының метроларын Алматы метросымен салыстыра алмаймын. Британия метролары тек өзінің көне, өте ескілігімен ерекшеленеді. Бекеттері де жұпыны, вагондары да тар, ыңғайсыз. Оның қасында Алматы метросы жайнап тұр. Бәрі де заманауи, соңғы технологиялық үлгімен салынған. Жолаушыларға ыңғайлы, жайлы әрі қауіпсіз, сапалы, әлемдік стандарттарына сайма сай қызмет көрсетеді. Тек метро бекеттерінің кіреберіс һәм шығаберіс ауызындағы топ-тобымен тұрған жігіттер көзге оғаш көрінетіні болмаса.

Таун өзенінің құйғаны

Таун өзенінің құйғанындағы метро бекеті. Перрон толы ине шаншар жер жоқ деуге болатындай қайшалысқан адам қара нор. Жайылған жайма базар. Жерде емес, стол үстінде. Қол өнер әшекей бұйымдарынан бастап алуан түрлі ылғи сувенирлік заттар, жеңіл-желпі тауарлар. Демалыс күндері теңіз жағасына алыс-жақыннан келушілер қарасы көп болғандықтан сембі, жексембіде тұрақты істейтін бұл базар да баяғы пандемия кесірінен ұзақ уақыт үзілістен кейін жуырда ғана ашылса керек. Әр жерде буын бұрқыратып жылжымалы кафелер жұмыс істеп тұр. Біреу нан-бауырсағын, кофе-шайын, біреу бургер, магдоналдс, кепсиін, ал біреу арақ-шарабын сатып жатыр. Бір босағада аспаптарын құрып тастап, әнін айтып билеп жатқандары да бар. Қысқасы той. Айтпақшы маска біреуінде бар, ал біреуінде жоқ. Бар болса неге кидің деп, ал жоқ болса неге кимедің деп сұрап жатқан жан көрмедік. Осылай болып қалса екен деп тіледім. Біз жағалауға шықтық.
Таун өзенінің құйғаны. Алдымызда ұлы теңіз – Солтүстік теңізі, Британ аралдары мен Еуропаны бөліп жатқан Атлантида мұқитының жалғасы. Осы теңіз арқылы Еуропаның және Англияның жойқын кемелері бүкіл әлемді шарлап шығады. Орыстың І Петрінің де Петербордан ашқан есігі осы теңізбен ұштасады.

Айбынды да алып адмирал

Біз жағалауда тұрмыз, ұшықұйрығы жоқ көк теңіз көк аспанмен көмкеріліп жиегі доғаланып, ара жігі білінбей жымдасып жатыр. Аздаған теңізден ескен желемік бар. Күн салқын. Бірақ тоңдырмайды. Қара сұр қорым таспен етегін бүрмелеген үлкен жар қабақты кенерелей жаяулар үшін жасалынған асфальт жолдар ирелеңдеп барып көк жасаң жамылған төбелерге беттейді. Жалпы Британияның жері жасыл орман жапқан бір-бірімен бүйірлесіп, жабысып жатқан төбелерден құралатын сыңайлы. Бір төбеге шықсаң, төменде терең сай, әудем жерде екінші төбе тиіп тұрады.
Міне, мына бір зор төбенің үсінде төбесін көкке тіреп, теңізге жүзін беріп, зәулім ескерткіш тұр. Табантасының өзі кішігірім құрылысқа бергісіз. Ежелгі Рим, еуропалық мәдениетке тән постаментінің екі бұрышына салмағы бір неше тонна болатын шойыннан құйылған, үңірейген ұңғысы апандай, арбалы бұқамылтық – артиллериялық пушка орнатылған. Постаменттің қақ ортасыннан көтерілген басына оқ жетпес ескерткішке қарасаң шляпаң жерге түседі. Айбынды да алып адмирал, Ньюкасл тумасы Катберт Коллингвуд: «Келсең, кел! Бүкіл Еуропа менің уысымда» деп тұрғандай алысқа, ажарлы, көз тігеді. Қандай сұсты, қандай рухты десеңізші! Сол бір ерте заманның ғана емес, бүгінгі Англияның ғаламдық сесін аңдатып тұр.
Қай қырынан қарасаң да бүріскен, құнысқан, басы кеудесіне құлаған, жылағаны белгісіз, сұрағаны белгісіз қабағы салбырап, қарығы ашылмаған, әлсіз, әрсіз жасалынған бірде бір аты шулы, атақты адамдарының және де басқа да ескерткіш, тас мүсіндерін көрмедім. Қойылған тасына дейін жанды. Құтырып тұр. Еңсеңді тіктейді. Көзінен от, көкірегінен күш лапылдап, қараған жанның тамырындағы қанды ойнатады. Мәселе, монумент-мүсін, скульптура, сурет, бейнелеу өнерінің дәу, үлкен, алыптығы ескі және заманауилығында емес, олардың қуаты сөзсіз, дыбыссыз, әуенсіз-ақ жаныңа от беріп, жігеріңді жанып тұрғанында болса керек.

Қоңыр сары қыз бала

Айбынды да алып адмирал ескерткішінің терістік жағындағы дөңеске шықтық. Сол биіктен көз салсаң бүкіл теңіз айдыны көз жетер жерге дейін алақаныңа салғандай көрінеді. Ана дөңнің үстінде қай заманғы алып қорғанның аңсиған қаңқасы тұр. Оны да барып тамашаладық. Бақылау бекеті. Анау көз ұшындағы кенереден кім бері жағалау құрлыққа қарай беттеді әсілі соны бақылайды. Білеудей тор көзді темір қақпа. Арканың астыңғы жағындағы төр көзді тар бөлмелерге теңіз қарақшылары мен бейсауат тентектерді қамаған, сірә. Таласы мен тартысы көп, қан көп төгілген қырқысы мол қадым заманалардан қалған тарихи куәгерлер. Қорғанның екі бүйірі құлама жар.
Дөң үстіне бірінен соң бірін тізілтіп орнатылған бірнеше орындықтың біріне жайғасып отырмақ болып ыңғайлана бергеніміз сол еді:
– Казахсыздар ма? – деген дауысқа жалт бұрылдық. Қайшалысып жүрген қытай тектілердің арасынан қазақты кездестіре қоямыз деген ойда да жоқ еді. Қара шашты, су қара көзәйнекті, аласалау бойлы бір келіншек біге таман жақындап қалған екен. Біз де:
– Иә, біз қазақпыз,– деп жамырай қалдық.
– Я тоже казах. Из Казахстана. – Сонан соң әлгінде біз қастарынан өтіп бара жатып өз ара сөйлескенімді естігенін айтты.
– Бәрекелді!! Біз Алматыдан…
– Я из Урала, – деді де Есенгүлдің жауаптарының бәрі қазақша болғаннан кейін, – орыс мектебінде оқығанын қосып айтып, қысылғандай болған соң мен құлақ еститін жерге дейін іркіліп шегіншектей бердім. Есенгүл екеуі сәл әңгімелескен соң, – күйеуіммен таныстырайын, – деп үш-төрт жасар қоңыр сары қыз баланы алдына алып төбешік үстіндегі орындықта отырған қатпалау, саргідір шикіл сары кісіге ертіп келді. Амандастық. Ағылшын, осы Ньюкаслдің тумасы екен. Он жыл Қазақстанда, Теңізде жұмыс істегенін, сонда жүргенде мына ағылшынмен танысқанын Әлия өзі тізіп айтып берді. Ол ағылшын қазақша білмесе, ал мен қазақ ағылшынша ләм мим, арада әңгіме бола ма? Есенгүл мен Әлия телефон нөмірлерін жазып, алмасты.
* * *
26.10.2021 ж.

BEAMISH MUZEUM
«Әкемнің атындағы музей»

Бөтен жер, басқа елге барған басы бос адам әр нәрсені қызықтағыш болады. Негізі турист-жолаушылардың да мақсаты бәсекеге түсу емес, ел көру, жер көру, дем алу болса керек. Алайда өзінің айналасында, өзінің туып өскен өлкесінде, өз елінде өзгеден пәленбай есе артық көз қызығарлық, көңіл толқытарлық, ортаңды толықтырарлық, таңданып, тамсандырып тамашаларлық құдай жаратқан табиғи, өзінің туған халқының істеген, жасаған қаншама сандаған мәдени құндылықтарға көз салуға мұршамыз келмей жүріп, өзімізде не бар, не жоғын танып, білмей тұрып біреудікі десе қызыға, құмарта қалатынымыз қызық. «Біреудікі біреуге қыздай көрінеді».
Абайдың бізден бір сұрайтыны бар еді ғой, қырықыншы қара сөзінде: Бір жолаушы алыс жерге барса, барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң сол барған, көрген елін, жерін мақтап, өтірікті сыбайтұғыны қалай? – деп. Осы күйді біз қазір бастан кешіріп жатырмыз. Біз Британияның Ньюкасл қаласына келгеннен бері Алла тағаланың және ағылшындардың қолымен жасалған біраз көрікті орындарын тамашалап жүргенде данышпанның осы сөзі бір сәтте есімнен кетпеді. «Атың барда ел таны желіп жүріп» демекші, бір мүмкіндік туған екен, бос қайтқанша бір нәрсе көріп қайтайын, көргенімді елге айтайын, өтірік асырып «сыбамайын» деп бір бекімге келдім.
Сиыр жылы, оныншы айдың тоғызы күні сенбіде Ньюкасл қаласынан оңтүстік батыс бағытта он бір миль жерде орналасқан Бейміш (Beamish), ауыз екі айтқанда «Бәміш» атындағы аспан асты ашық музейін көруге бардық. Бұл музейді көруді елде жүргенде ниеттенгенбіз. Былтыр Есенгүлдің «Ньюкаслде Атаның атында музей бар екен» деп шын ниетімен таңғала айтқан әңгімесі кезінде Ақтанайдың «Атам сонда Англияда да болған ба?» деген балалық, балғын, бейкүнә сұрағына да жауап беру өте қызықты болған еді. «Өзің барасың, барғанда көзіңмен көресің» дегенбіз. Міне бүгін сол сөзіміз шындыққа айналып «Бәміш» музейін көруге кетіп бара жатырмыз.

Әкем аты Бәміш
(Beamish)

Бәміш – менің әкемнің аты ғой. Негізінде әкемнің азан шақырып қойылған шын аты Баймолда. Нұртазаұлы Баймолда. Бала күнінде ата-апасы (Шудабай ата мен Әтібай апа) отауына келгенде немересін өте-мөте еркелетіп «Балшекер» деп атайды екен. Содан «балшекерлеп» жүріп, қазақтың Қаныш, Қабыш, Әбіш, Мәміш, Жәміші сияқты Бәміш аталып кетіпті де, хатталып-шоталған есімі де Бәміш болып қалады.
Біз Моңғолиядан атамекенге, Қазақстанға көшіп келгеннен кейін жаппай фамилия алу қажеттігі туындағанда тарихи мұрагерлікке әкемнің жолы болды да одан тараған бүкіл ұрпақ Бәміш атты фамилияны иеленіп, отыз жылда бір әулет болды. Мысалы: Бәмішұлы Жанарбек; Бәміш Жанарбекұлы Манас; Бәміш Манасұлы Кемелбек…. Мінеки, бұл күнде әкем Бәміш төрт атаның басын қосып отыр. Ары қарай бұл есімді нешенші ұрпақ, бұтаққа дейін жалғастырады ол болашақ үрімдердің үлесінде…
Көрме кіре берістен басталды
Сағат он шамасында қалың орман арасындағы қалашыққа маршруттық автобуспен келдік. Көрме кіре берістен басталды. Алдымыздан өзінің айтуы бойынша ХХ ғасырдың басқы кезеңіндегі киім үлгісіндегі қара костюм, қара бәтеңке, қара шляпасын киіп, қара көзәйнек тағынып, қара қол шатырын таянған егде кісі қарсы алып музейдің бас ғимаратына қарай жол сілтеді. Ағылшындардың дәстүрлі құрылыс архитектура жобасымен салынған музейдің кіреберіс маңдайшасынан жоғарырақ екі жақ босағасына CELEBRATIG 50 YEARS BEAMISH MUZEUM (Бейміш музейіне елу жыл) деген жазулы түсті плакат ілініпті. Кезектегі адамдардың қарасы мол екен. Біз бір топ қытай студенттері мен жергілікті бір неше адамның қатарында топ болып, музейге кіру билетімізді әр адамға 8 фаунт стрлинг төлеп алдын ала алып алған едік. Жолшы-гейт жөнін айтқан болу керек, кезек күтпей деру ішке өттік. Фойеде көне нышанда жасақталған кассалар. Музей қызметкерлері жаппай бұрынғы жылдардың үлгісімен киінген екен. Залды толтырып көрнекі субинерлік әшекей заттар, шөптен жасалған дәрі-дәрмек, түрлі тәтті тағамдар көрмесі қойылыпты. Көріңіз, сатып алыңыз. Бір шетінде кафе жұмыс істеп тұр. Шай, кофе ішіп, жеңіл-желпі ауқаттанып алуыңызға болады.
Қалаңның қақ ортасына орналасқан біздің Орталық музейден адамның қарасын аз көретін басым «айдаладағы» мына музейді көруге бала-шағасымен келген жұрттың көптігіне амалсыз таң қалдым. Бұрындары Кәрім деген атамыз айтады екен бір жаққа барып келген кісіден жөн сұрап отырып, «аттап-бұттамай, осы үйден шыққан ізіңмен қуалап сөйле» деп. Ал мен жүрген ізімді тәтпіштеп, созбақтамай-ақ қояйын, музей туралы аз-кем баяндап берейін.

Шахтер балалар

Музей Англияның солтүстік шығыс өлкесінің ескі-жаңа өркениеті өткен дәуір, бертіңгі ХІХ, ХХ ғасырда қандай болды, сондай жағдайда көрсетуге құлшыныс жасаған. BEAMISH атты кеншілер қалашығының орнына орналасқан, 120 гектар алқапты алып жатқан ашық аспан астындағы мәдениет ошағы болса керек. Бұл жерде бұрын жер асты шахтасы және шахтерлар мекен жайлары болыпты. Көптеген ғимараттары жаңартылып, қайта өңдеуден өткенімен Хоум Фарм, Покерли Олд-Холл и Дрифт Mайн қатарлы экспонаттары көне қалпын сақтағаны ерекше көз тартады.
Мұндағы темір жол вокзалы 1867 жылы салыныпты. Ал қазір Нькаслде жасалынған, әлемдік тұңғыш бумен жүретін паробозын және түрлі бу құрылғыларын тамашалауға арналыпты. Біздің көзімізге түскені вокзалдағы ескі заманның автобустары мен трамбайлары және көне күй сандықты қолымен айналдырып ойнатып тұрған көне кісі болды.
Онан әрі біздің тамашалағанымыз осыдан 200,100 жыл бұрынғы қаз-қалпында сақталған химик, фотограф, тіс дәргерінің тұрған үйлері, олардың ішіндегі үй мүліктері, заттары, пайдаланған құрал-жабдықтары, кітаптары, қазан-ошақ, екі қабатты үйлердің ванна, туалет тағысын тағы, өндіріс құралдары, түрлі көліктер, масондар залы, банк үйі, типография, канцелярия тауарлары, газет филиалы еді. Қол өнерді қалай өндірістік деңгейге дейін жеткізгендігін, технологияны қалай дамытқандығын осы көрмелерге қойылған экспонанттар айғақтап тұр.
Англия – заманында көмірмен байыған, көмір өндірісі арқылы индустриясын көтерген болса, бұл күнде көмір кен орындарын түгелдей жапқан, көмір отынын пайдаланбайтын, экологиясы таза бірден бір ел. Мына бір үсті қарағаймен тұтасқан доңғылдың асты қалың қыртысты, жер бетіне жақын жатқан көмір кені болса керек. Қазіргі таңда көрмекке сақталған, біз кірген шахтаның жер асты жолының биіктігі тым аласа екен. Бүкшеңдеп жүз қадамдай жүріп көмір шахтасына жеттік. Сөйтсек бұл кезінде балалардың жер астында, тас қараңғы үңгірде қолына май шам ұстап көмір қазған шахтасы екен. Ал осындағы шахтерлардың май шам, балға, тесе, дулыға т.б. тұтынған заттары, шахтаның іші, көмірді қалай алғаны, қалай тасымалдағаны, жас жеткіншектердің, әсіресе балғын балалардың еңбегін қалай пайдаланғаны дейін баяғыдай сайрап тұр…
BEAMISH музейіне барардан бір неше күн бұрын бізге үйін майлап отырған Роверт телефон шалып, музейге баратынымызды білгеннен кейін сонда кездесетін болып келіскенбіз. Олармен музей аралап жүріп BEAMISH мектебінің алдында жолықтық. «Осыдан 20 жыл бұрын келіп едік,– дейді Роверт, – көп нәрсе жаңаланып, көп нәрсенің орны үңірейіп тұр. Ауыл шаруашылығына қатысты жақтары тозыпты. Жылқы бар еді,– дейді. Роверт арғы атасынан шахтер екен. Шахтер болғанда тап осы BEAMISH шахтасында істепті. Атасы жарықтық шахтада болған апаттан қайтыс болады да, Роверттің әкесі күн көру үшін 12 жасынан шахтер болыпты. Ал өзі осында колледж бітірген соң электрик болып қызмет атқарыпты. Роверт және оның әйелі Роймен BEAMISH мектебінің алдында суретке түстік.

BEAMISH мектебі

BEAMISH мектебі бастауыш класс балаларына арналған, шағын мектеп екен. Ескі ғимарттың маңдайшасында 1891 жылы Beamish school board (Бәміш мектеп үйі) деп ойып жазылыпты. Бұл тақтадағы жазуды әріптеп, қарыптап оқысаң ештеңеде шықпайды. Қажеттілік туған соң біліп жатырмыз. Жалпы ағылшын тілі әріптері дыбысты таңбалау үшін емес сөздерді ажырату үшін жасалынған екеніне көзім жетті. Мектепке кіргенде, көзге жылы ұшыраған таныс заттар өзімнің балалық шағымды еске түсірді. «Ақтанай мен мамасының сен ХІХ ғасырдың адамысың» дейтіні ойға оралып ішімнен жымип қоямын. Біздің класс бір есікті, бір терезелі, бұрышта төрт бұрыш қара пеші бар, шатырсыз, сары батпақпен сыланған тоқал там болатын. Қазір тамтығы да жоқ, қалу мүмкін де емес қой. Ал мынау мен мектеп табалдырығын аттағаннан жүз жыл бұрынғы мектеп – хан сарайы.
Осынау орындығы үстеліне тіркелген Эрисман партасына біз де отырғамыз. Біздің ағаш шебері ағаларымыз жасаған парталары да осындай еді. Үстіне ойнақтап жатсаң да мыңқ етпейтін. Шегесіне дейін ағаштан. Қайың ердің қапталындай қиюласқан, берік. Әдейілеп опырып, отқа жақпасаң бүлінбейтін тасбақа ғұмырлы дүние еді. Отыруға, қалам, дәптер, сия сауытыңды қоюға, жазуға өте ыңғайлы болатын. Бізге дейін де, бізден кейін де талай оқушы отырып, осы ұядан қанаттанып ұшқан шығар…

* * *
28.10.2021ж

Екі жағаның арасын көпір қосады

Англияның Тайн өзенінің бойындағы Ньюкасл қаласының негізін өткен мың жылдықтың басында римдіктер қалапты. Оның ізі, жұрнағы көрнеу тарих болып көмбесіз, дау-дамайсыз көрініп жатыр. Кетіліп-мүжіліп күйреп, арсиып қаңқасы қалған, мүк басып, қына шыққан ескі жәдігерлер. Қала теңіз жиегінен әудем жер, 10 миль шамасында орналасқан екен. Алғашқы көпірді де римдіктер салған дейді. Мың жылдықтар арасын жалғап, өз ара байланыстырып тұрған ұлы арқау іспетті. Көпір дегеніміз тек қана бір өзеннің арғы бергі жағасын қосқан қолдан жасалынған мәдениет туындысы ғана емес екен, екі дүниенің арасын жалғастырған өмір дерсіз. Өнеркәсібі өркендеген Ньюкасл қаласының көруге тұрарлық көрікті жерінің бірі де осы көпірлер болса керек. Көпірлерді салудай-ақ салыпты. 2017 жылғы мәлімет бойынша бар-жоғы 300 мыңдай халық тұратын қалаға осыншама көпір салар ма? Бірі-біріне мүлдем ұқсамайтын, сәні де, сәулеті де бөлек 7 алып көпір бар екен. Бір төбенің басын мен екінші төбенің басын қосқандай үш-төрт қабат үйдің биіктігіндей темір көпірлер ғылым мен техникасы дамыған, адамы айға ұшқан заманның туындысы емес, тарихы арыда жатқан көне дәуірдің адамдарының ақыл-ойының күш-қуатын әйгілейді.
Бұл тек қана ақыл-ойдың өресінің биіктігін ғана емес, материалдық байлықтың ұшан-теңіз мол, жеткілікті болғандығын да паш етіп тұр. Алып құрылыстарды салуға қара қорым жұмысшы-пролетариаттардың табан-ет, маңдай тері көл-көсір, қыруар қажы-қаражат аз жұмсалмағаны айтпаса да түсінікті. Оның сыртында осындай орасан зор мәдениетті жасаған жандардың Отанға, елге, жерге қала берді туған қаласына, туып-өскен мекеніне деген ерекше махаббаты, өз жұртын өз жүрегі, өз жанындай жақсы көретіндігін осы көпірлерден-ақ, олардың сапасы мен сәнінен, санасы мен мәнінен-ақ сезінуге болады. Сондай-ақ Ньюкаслдің болашағы үшін қаланған әрбір түйір кірпішінен адамдарының, ел мен жер иесінің отанға деген сүйіспеншілігінің иісі аңқып тұр десем асыра мақтағаным болмас.
Ньюкасл көпірлерін қаланың көркі десе дегендей. Төменгі қабаты автомобильдер мен жаяуларға арналған, деңгейі су бетінен 26 метр, ал жоғарғы пойыз жүретін қабаты су бетінен 40 метр биіктіктегі екі қабатты темірден жасалынған көк көпір ерекше көз тартады.
Қоғам мен өндірістің дамуына орай көпірлер де жаңарып, жаңадан салынып отырған. Мәселен, ХІХ ғасырда бұрынғы тастан қаланған көпірлер үлкен кемелердің өтуін қамтамасыз ете алмаған. Сондықтан 1876 жылы алғашқы ашылмалы-жабылмалы көпірді салған екен. Міне қараңыз, жұрт осыдан 145 жыл бұрын екі жиекті қосқан қарабайыр көпір емес, ашылмалы-жабылмалы көпірді ойлап тапқан.
Әлемдегі алғашқы бір аралықты ең ұзын көпір де Ньюкасл еншісінде екен. Ол 1928 жылы пайдаға беріліпті. Ал 2001 жылы іске қосылған жаяу жүргіншілер мен велосипед мінгендерге арналған «Мың жылдық көпірінің» ерекшелігі де таңғаларлық. Ол қажет кезінде 40 градусқа айналып, көтеріліп түсетін өз ара темір арқандармен қосақталған екі доғамен екі жағаны жалғап тұр. Әзірге жер бетінде мұндай көпір біреу-ақ болса керек. Әлемнің бұл соңғы жаңалығын, көпірдің қос доғасының айналып көтеріліп, тұрқы биік кемелерді өткізу тамашасын алыс-жақынан келіп, көріп кетушілер топаны да аз емес көрінеді.
Осы көпірден таяқ тастам жерде бір неше алып көпірлер тұр. Біріне бірі ұқсамайды. Бірінің сәулетін бірі қайталамайды. Әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері, көркемдігімен айшықталады. Ал мына 2001 жылы пайдаға берілген айналмалы көпірдің бір қарасаң пайдасы, қажеттілігі де шамалы, босқа шашылған шығын ақша сияқты көрінеді. Бірақ, олай ойлау ағылшындардың ойына да кіріп шықпаса керек. Әрқашанда жаңашылдыққа, жасампаздыққа, бір нәрсені ойлап табуға, үнемі жаңаланып отыруға ұмтылатын, консерватизмге, тұрақтылыққа, өте-мөте қанағатшылыққа қас, үнемі үдеріс үстінде болатын ұлттық, ағылшындық менталитетті өмірлік көрінісі екен.
Ньюкасл көпірінің үстінде тұрып салынып бітпей жатып құлап қалатын, судың бір тасқынына шыдамай орылып, ойылып жататын, эстетикалық дизайнерлік жағынан жұрдай көпірлер мен соңында Алматыдағы «сақалы ағарған», көркемдіктің нышаны да сезілмейтін «Алтын орда» көпір кешенін есіме алдым.
* * *
08.11.2021ж

Қазақтың өкпесін кім теспеген

Қарашаның 6 күні, сенбі (06.11.2021ж). Демалыс күні болғаннан кейін, қаладан шығып, ағылшын даласын көруге бел будық. Орталық темір жол стансасынан пойызға билет алып, батыс бағыттағы Ньюкаслден 40 шақырым Нексхам қалашығына жетпей аралық бекеттен түсіп, Тайнның бір саласымен өзен бойлай өрлей жағалап біраз жаяу жүрдік. Оң қапталымызда жиегі көк шалғынмен көмкеріліп кілкіп аққан өзен, ал сол жағымызда ат шаптырым егіс алаңы. Егіні орылған, көктемгі егіске әлде қашан әзірленіп қойған тап-таза жалпақ жазық. Жалғыз аяқ сүрлеу жолмен жылжып келеміз. Аратұра ит жетектеген немесе қоржынын арқасына асынған бейсауат жандар ұшырасады. Ал біздің қарамыз оншақты адам бір топ болып бірікенбіз.
Біз қиғаштай жүріп, егіс алқабы мен өзен аралығында тұрмыз. Мұнда көне қорғанның тас табаны бар екен. Анықтамалық тақтадағы мәліметтен білгеніміз V-V ғасырға тән. Шамасы Күлтегінмен жасты. Төрт қырлап жонылып, өңделген тас кірпіштердің қиюластыра құрастырған жұрнағы.
Алдымызда құдды Сары арқаның сары даласы. Кеңістік. Егіндік кеңістік. Жапырақты жап-жасыл көк өскен ұланғайыр дала. Енді ғана көктеп келе жатқан сыңайлы. Күзгі шабындық па екен? Анау шеті қара орман. Жұмсақ желемік еседі. Жарты шақырымдай жүргеннен кейін нөсер шөпті шалғынға кіріп кеттік.
Осы жерде тобымыздағы жасы отыздар шамасында орта бойлы, қара бұйра шашты, төрт бұрыштау денелі қарасұр жігіт келіп маған амандасты. Колумбиядан екен. «Магистратурада оқимын, программиспін», – деді. Қазақстанды біледі. Смартфонын қосып картадан көрсетті.
– Габриэль Гарсиа Маркес сенің атаң ғой?, – деп едім,
– Жоқ-жоқ, – деп зәрезеп болды. Әйтеуір испан ғой деп Кубаның атақты революционері Хосе Мартиді (Ұланбатыр қаласының мен бітірген орта мектебі Хосе Марти атында еді) айтып едім, жақсы түсінбеді ме, әлде мен түсіндіре алмадым ба, төңкерісшіл адамды ұнатпай ма оған жауап қата алмады.
– Алтын көп пе? – дедім, қуланып, Колумбияның алтынға әлемдегі ең бай ел деп оқығанымды алға тартып. Ол тағы да,
– Жоқ-жоқ, – деп жолатпады.
– Президенттерің Иван Дуке Маркес (исп. Iván Duque Márquez). (Габриэль Маркестің аттасы болғандықтан ба есімде қалыпты).
– Иә, – деді.
– Ол жазушы ғой.
– Білмеймін.
– Оны орнынан алып тастады ма? – дедім арамызға тілмаш салып. Ол:
– Жазда шеруге шыққандар болды. Бірақ президент орнында қалды, – деді…
Осыдан 5-6 ғасыр бұрын Латын Американы жаулаған испандықтардың тұқымымен Габриэль Гарсиа Маркесше айтсам Креолмен тап бүгін бес құрлықта тырнағы тимеген жер қалмаған ағылшындардың аралы Британияның бір түкпірінде айдалада әңгімелескен болып тұрамын деп кім ойлаған? Есенгүл бізді суретке түсірді. Ол Есенгүлге телефон нөмірін жаздырды.
«Бес құрлықта тырнағы тимеген жер қалмаған ағылшындарың» деуім менің ойыма жайдан-жай келе қалған жоқ екен. Мен бұрын ағылшындар әлемді жауласа да Еуразияның түп кіндігіндегі, мұхит, теңізден алыс қиырдағы, оңын орыс, күншығысын қытай қоршап алған біздің елге, Қазақстанға жеткеніне көп мән бере қоймаған едім. Оным бекер екен. Әлжаппар Әбішұлының Сәкен Сейфуллин туралы естелігінен мына жолдарды оқығанымда қайран қалғанмын. Әлжекең Сәкенге Арқадағы ағылшындар қазып жатқан «Қарағанды», «Спасск», «Берікқара», «Сәмембет» кен орындары туралы айтқанда Сәкен: – Жұлын құрттар жеріміздің өкпесін тәуір-ақ тескілеген екен-ау, деді, – дейді. ХІХ ғасырдағы оқиға ғой. Капитализмді иттің етінен жек көретін кезде айтылып қалуы да мүмкін сөз. Расында, Қазақтың өкпесін кім теспеген деңізші?! Көмір түгілі көріне дейін қазып алтын-күмісін алып кеткен жоқ па?! Осыған сұрау бола ма? Қазақстанды ағылшындардың отарлауы деген маңызды тарихи тақырыпқа мен әлі кездескен жоқпын. Зертеушісін күтіп жатқан бір үлкен көмбе сияқты.
Көміп тастаған темір жолдар
Тобымыз темір жолды кесіп өтетін жаяуларға арналған жол үстінде үйіріліп күтіп тұр екен.
Қарасаң жүзің көрінердей үстіңгі беті ай жарығы астындағы ақ жыландай жарқырап, алыс-алыс қиырларға созылып жатқан өмір сызығы, бір емес-ау, өмірдің қос сызығы әрине ыстық көрінеді. Өйткені мен ХХ ғасырлық Советтер Одағының Ленинград қаласындағы Темір жолдар институтын бітірдім; Еңбек жолымды Моңғолияның қиыр шығысындағы Шыңғысханның қайын жұрты көне Қоңыраттың күл төккен мекені Бұйра көлдің (Буйр нуур) бүйіріндегі Баянтүмен (Баянтүмэн) темір жолынан бастадым. Сондықтан да темір жол туғанымдай жақын, ғұмыр жолымның үлкен бір парасы.
Ендеше, қырық жыл темір жол саласында қызмет істеп, қырық жыл темір жолдың иісі мен майын бойына сіңірген, қырық жыл «темір кеміріп» содан нәпақасын тауып жеп қоректенген адам үшін бауыр басқан қызмет орының ең жақын қимасың, отбасыңдай болып кететіні сөзсіз емес пе. Темір жол десе елең етіп, құлақ түріп тұрамын. Міне қызық, Юкей даласында керіліп жатқан темір жол рельстерін табаныммен басып тұрып Алматы көшелерін бойлаған темір жолды есіме түсірдім. Алматының Орбитасынан шығып, Шальяпин, Мақатаев бойымен жүріп Жетісу көшесіне жететін, ұзын даңғылы Төлебимен сырғанап, Қалқаман шағын ауданына апаратын экологиялық өте таза трамвай жолы бар еді. Соның не жазығы барын білмедік, аяқ астынан жоқ жерден сылтау, себеп тауып жұлғанын жұлып, қалғанын 2021 жылы тамыз айында пәлембай километр, пәленбай тонна рельстерді сол жатқан жерінде көміп, үстін асфальтпен бастырып тастағанда ішім удай ашыған еді. Таңғаларлығы соны істетіп жатқандар да, істеп жатқандар да мәз. «Кісінің кісісі жегенше өзімнің итім жесін» деуші еді, болмағанда өзінің итіне де тастамады ғой… Теміртау қаласында табан ет, маңдай терді төгіп, қыруар қаржымен тас ерітіп, темір балқытып жатырмыз. Ал мұнда дайын өнімді әлде кімнің құны бардай көзден таса қылып, көміп тастадық…

«Ақ адамға» жолықтық

Біз үлкен егістік алқабын жиектеп жүрдік. Қыбыр еткен тірі жан көзге түспеді. Өзінің тума халқын жер бетіне, бес құрлыққа шашып жіберіп, мына арал бос қалғандай құлазып жатыр. Менің осы ойым әлде кімнің құлағына жетті ме, ә дегенше алдымыздан аяғында су етігі бар (резинка), үстінде жұқалау сұры күртеше киген, жұқа шалбарынан арық адам екені білінетін, жүзі мосқал, ақ адамға жолықтық. Ақ адам деппін-ау. Шындығында бұл жирен шашты, сары түсті кісі еді. Адамзат баласын түр-түсіне, нәсіліне қарай ажыратқанда ақты сары деп, сарыны ақ деп, қоңырды қызыл деп үйреткен тарих мұғалімімен дауласқанымда «ғылымды сен түзетпейсің» деп аузымды жапқаны тағы да есіме түсті.
Сонда ақты сары деп, сарыны ақ деп ғылымға мызғымастай, бұзылмастай етіп енгізіп, шегелеп тастаған ғалым өң-түсті ажырата алмайтын дальтоник болған ба? Әлде бұл ғылымға зорлап, әдейі енгізген, қолынан келіп тұрған заманда қоншынан басқан астамшылық ба екен? «Мен ақпын, мұндаздаймын, тазамын. Ал сен ….» деген менмендік, өркөкіректік те бар ма екен? Бұл әділетсіздік қой. Ақ сөзінің өзі адалдық, пәктік, күнәсіздік, әділдік символы емес пе? Оны тек өзіне бұрып апарып еншілеп алуға бола ма? Әйтпегенде мұндай көзге ұрып тұрған дүниеден жаңылысу мүмкін бе? Басқасы басқа біздің түсімізге, өңімізге дейін өзінікі етіп алыпты ғой? Осыны санамызға суырылмастай етіп сіңіріп тастапты. Ал біз болсақ сол мүлдем қате ұғымды түзетуге құлшыныс қылмай, солай қалыптасып қалды деген енжарлықпен әлі күнге дейін малданып, өзімізді де алдап, келешек ұрпақты да алдап жүрміз. Шынтуайтында Еуропа халқының сары түсті, ал Азия халқының ақ нәсілді екені жасырын дүние емес қой. Осыны түзетіп, ақты ақ деп атауға неге болмасқа?
Бұрындары бір жазғаным бар еді, Азияда отырып Таяу шығыс елдері деп Арабия түбегін көрсетеміз деп. Тап сондай түсінікке міне тағы да тап болып отырмын. Біз еуропалықтардың жасаған жалған «ғылыми» атау, түсініктерін көшіріп, қотарып күн көрген сереотиптен шығып, рухымыз жаңғырып, өзіндік санамен ой қортып, өздік санамен өмір сүретін заманға қашан жетерімізді кім білсін? Мен үйге келген соң он бес жасар ұлымды шақырып алып, кеудемді ашып тұрып:
– Балам, менің мына етімнің, терімнің түсі қандай?- дедім. Ол маған өте бір таңданған кейіппен қарап, әлде мына әкемнің есі дұрыс па деп тұрма екен, сонан соң сәл жымиды да,
– Әрине ақ, – деді.
– Ал мамаңныңше?
– Оны сен білесің ғой,– деді де сырт айналып кете беріп кілт тоқтап, – жоқ, сарысың, сары нәсілдіге жатамыз, негізі ол дұрыс емес, бірақ солай дейді ғылым…
Мен үндемей отырып қалдым… Ертең Ұлттық бірыңғай тестіде осындай сұрақ келетініне күмәнданбаймын. Ал оған талапкердің дұрыс ойлап тұрып, теріс берген жауабы дұрыс болатынына да күмәнданбаймын.
Батыста жасалғанның бәрі бақыр емес-ау? Батыстыкі десе бас салып, ол мейлі өмірдің қай саласында да болсын, екшемей, елек, сүзгіден өткізбей, тым болмаса бір шайнамай су қараңғылықпен қылғытып жұта беретін болсақ жаһанданудың жойғыш есігін өзіміз ашып кіреміз-ау…

Әлемге картаның көзімен қарауға болмайды екен

Жауайын деп, тұтаса қоюланып, төмендеп келе жатқан қара сұр бұлтты аспан астындағы жылмағай жазыққа жанарың шағылысады. Әлемдік картадан немесе глобустың бетінен қарағанда аядай аумақтағы Британияның 65 миллион халқы әр бір шаршы шақырымда тікесінен тік тұрып симай, құжынап жатқан шығар деп ойлауға болатын балаң ойыңның жалғандығына сенесің. Мына ұлан байтақ иесіз жатқан даланы көріп, әлгі ойыңнан өзің шошисың.
Әлемге картаның көзімен қарауға болмайды екен. Осыншама жеткілікті жері, мекені бола тұрып, басқаның жаратқаннан бұйырған тәнменшігіне көз алартып, иесін қынадай қырып, күшпен басып, тартып алып, қаныпезерлікпен келген біреудің қожайындық жасауы қандай әділеттілікпен бағалануға болады. Бұлардың бұл қатыгездігі жер бетінде адамзат баласы барында ұмытылмас. Америкаға барсаң да, Африкаға барсаң да, Абстралияға барсаң да ағылшындар. Ал мұнда Үлкен Британияда ағылшындардың ата қонысында, қара шаңырағында қалғандар кімдер? Ол басқа әңгіменің арқауы болмақ дүр…
Жаңбыр жауа бастады. Жер беті лезімде жұмсарып, табанымыз тиген жер сиырдың жас жапасын басқандай езіліп, той батпақ етіктің жұлығына жабысып, балағымызды былғап, тайғанақтап жүрісіміз мандымай қалды. Жапырақ жапқан сары ізге түсіп, тағасыз атпен мұз кешкендей тәлтіректеп, бітік өскен кісі бойы шөп арасымен жүрдік. Кірсең шыққысыз жыныстың ішіне кіріп дәрет сындырып алдым. Ары қарай, қапталдай жүріп трассаға шыға келдік. Біз дардай биікке көтеріліп кеткен екеміз. Дардай – үлкен, нардай, дыңдай деген мағынада ғой. Үлкен бір қалашықтың тап төбесінен шығыппыз. Бірыңғай сұрғылт шатырлы, көше-көше, қаз-қатар тізілген қызыл ала қоңыздай тұрғын үйлер бір бөктерді жаппай алып жатыр. Анау орталық тұстан бірнеше шіркеудің мұнаралары мен мұндалайды. Недхам деген кент осы екен.

Пікір қалдыру