ЖҰМАҚТЫ ӨЗ ҮЙІҢНЕН ІЗДЕ

Әңгімемізді ел арасындағы бір тәмсілден бастайық. Ертеде бір патша аракідік өзін басқалар танымастай етіп бүркеніп, қарапайым киініп, ел-жұртының хал-ахуалын білуге шығып тұрады екен. Ел аралап жүрген осындай бір сапары кезінде патша бір қаршадай балаға кезігіп қалыпты. «Бұл бала әке-шешесінен қандай тәрбие алып жүр екен?» деп ойлаған патша әлгі баланы шақырып алып, біраз әңгіме-дүкен құрады. Сөйлесе келе патша баланың зейінді, зерек екенін аңғарады. Осыдан соң патша онымен түрлі тақырыптарға әңгімелесе бастайды. Бала да болса тереңнен қозғап сөйлейтін ол патшаға ұнап қалады. Патша асықпай онымен ұзақ сөйлеседі. Ақырында патша баладан мұсылманның қырық парызын сұрайды. Бала мүдірмейді. Разы болған бала «мұны саған кім үйретті, ә?» деп сұрайды. Сонда бала: өзінің медреседе оқып жүргеннін баян етеді. Патша қалтасынан бір уыс теңге шығарып, баланың қолына ұстатады. Сонымен бірге «осы білгенінді өзгелерге де үйрете жүр» деп кеңес береді.

Тағы бірде патша нөкерлерімен көшеде келе жатады. Олар бір диірменнің қасына келіп тоқтайды. Мұнда жасы егде тартқан бір кісі жұмыс істеп жүр екен. Патша әдеттегідей қарт кісімен сұхбаттаса бастайды. Ананы-мынаны сұрайды. Қарт өз ісінің шынайы маманы екенін көрсетеді. Диірменге келетін бидайдың түрлерін, олардан қандай ұн шығатынын, бір қап ұнды қанша уақытта тартып шығаруға болатынын, бір қап ұннан қанша кебек қалатынын дәл айтып береді. Патша диірменшінің жауабына расында да таңырқап қалады. Бір кезде ол әдетінше мұсылманның қырық парызын сұрайды. Диірменші мүдіре береді. Сол кезде патша ашуланып, «диірменнің қыр-сырын жақсы білесін. Ал әрбір мұсылманға міндетті нәрсені білмегенін қалай?» деп дүрсе қоя береді. Тіпті, оған дүре соқтыра бастайды. Осы кезде бір жас бала патшаның алдына келіп, араша сұрайды. Бұл өткенде ғана жауаптарына өзі разы болып кеткен медреседе оқитын бала еді. Ол:

–Уа, патша ием! Бұл кісі – менің әкем. Әкеме аяушылық таныта көріңіз, – дейді.

Патша тағы таң-тамаша қалып, баладан жөн сұрайды.

­– Мені медресеге жетектеп әкеліп, оқы деген осы әкем болатын. Ол өз міндетінен құтылды. Әкемді кезінде діни мектепке бермеген менің атам кінәлі. Атам қазір қабірде жатыр. Қабірден тұрғызып алып, сол кісіні дүрелеңіз, – дейді бала патшаның бетіне тура қарап. Патша ойланып қалады. Әлден соң сабасына түсіп, диірменшіні босатады.
Осы тәмсілден не ұқтыңыз? Әрине, мұнда отбасындағы жауапкершілік те, әкенің ұрпағы алдындағы парызы да айқын көрініп тұрған жоқ па? Егер әкесі баласын медресеге жетектеп апармаса, ұлына жол көрсетпесе ол үнемі адасып өтер еді. Жоғарыдағы диірменшідей патшадан әрі өткенде, бері өткенде таяқ жеп, дүренің астында қалар еді. Осы мысалдан үлкендер үнемі сабақ алып отырулары керек-ақ.

Жалпы, біз отбасы құндылықтары дегенді қалай түсінеміз? Ол құндылықтарды кім қалыптастырады? Бұл ретте ата-ана қашанда алғы шепке шығады. Кез келген қоғамның бет-пердесін айқындайтын – ата-ана! Бүгінгі ұрпақтың басындағы жағдай – кешегі аға ұрпақ, ата-аналар тәрбиесінің жемісі. Сондай-ақ бүгінгі ата-ананың тәрбиесі – келер ұрпақтың көрінісі. Бабаларымыздың «не ексең, соны орасың» деуінің мәні осында жатыр. Әр ата-ана жаңа ұрпақтың ұстазы да бағбаны. Кейде бір ауылдың жастары бұзықшылық жасап қойса, мұны көрген қарттар: «Бүгінде заман жаман. Жастар бұзылған. Бұл сұмдыққа қалай төзуге болады? Біздің кезімізде заман тыныш еді. Жастар үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп, тыныш жүретін. Қазіргілер қағынып кетті» деген сияқты реніш айтып, жастарды кінәлап жатады. Түптеп келгенде, жастардың бұзылуына кім кінәлі? Кінәні, кінаратты кімнен іздеуіміз керек? Бұл ретте жастарды бекерге кінәлаймыз. Неге? Өйткені, бағбан – ата-ана ұрпақты қалай өсірсе, олар солай жеміс береді. Ағашты жасыл желек кезінде иір бұталарын отап, дұрыс қарамасаң, қисық болып өседі. Қисық өсіп, буынын әбден қатайтып алған ағаш саған бой бере ме? Не өзі сынады, не сені сындырады. Сондықтан, қартайғанда қасірет тартпаймын десең, балапаныңды бесіктен белі шықпай жатып бапта, оны ізгіліктің суымен нәрлендір. Ұрпақ хақ жолын танып өссін. Имандылықтың зәмзәм суына қанып өскен бала адаспайды.

Біздің қасиетті дінімізде де ата-ананың орны бәрінен жоғары. Биікте тұр. Дінімізде ата-ананы қадірлеп, құрметтеу керектігі баса айтылған, нық көрсетілген. Сондықтан ата-ананң разылығын алу – адамды жәннатқа кіргізеді, ал оларды ренжіту пендені әп-сәтте жаһаннам шыңырауына құлатады деп насихат етеді.
Құранды алып көрелік. Алла Тағала құлдарына қатаң әмір беріп: «Тек Аллаһ Тағалаға құлшылық, ата-аналарыңа да жақсылық жасайсыңдар! дейді Қасиетті Кітабымызда. Демек, Аллаһ Тағалаға құлшылық қандай қатаң бұйрық болса, ата-анаға жақсылық жасау сондай бұлжымас Заң. Сол себепті әрбір пенде Жаратушы Иемізге қалай адал болса, ата-аналарына да сондай адал болулары тиіс. Біздің қазақ астарлап сөйлеуге келгенде ешкімге дес бермейді ғой. Мына сөзді алып қарайық. Қазақ «Отпен ойнама!» дейді. Мұндағы От не мағына береді? Бұл От жанып тұрған жауапкершілік. Мәселен, сіз әке-шешеңізге еркелейсіз. «Оның баласымын ғой, не істесем де көтере береді» деп те ойлайсыз. Бірақ, тым еркінсіп кетпеу керек. Қай ата-ана да ұрпағының еркелігіне көнуі мүмкін.

Мына бір ертегі іспеттес әфсәна-әңгімені еске алып көрейікші. Бір басына еркелік өтіп кеткен бойжеткен жүретін жігітіне: «Анаңның жүрегін алып кел. Сонда ғана мен саған жар боламын» демеуші ме еді? Сонда әлгі нақұрыс бала анасын өлтіріп, жүрегін сүйген қызына апара жатпай ма? Жолда есер бала сүрініп кетеді. Сонда Жүрек тіл қатып: «Балам, бір жерің ауырып қалған жоқ па? Абайлап жүрсеңші» демеуші ме еді. Аңыз да болса осы тәмсілдің астарында шындық бар. Ол Аналардың баласының қай тентектігі болса да кешіре беретіні. Сонымен қатар, баласына деген сұмдық махаббатының маздағы бар. Жүрегі мейірімнен жаралған аналардың бейнесін осыдан артық қалай беруге болады?
Тағы бір тәмсіл. Пайғамбарымыздың сахабаларының бірі былай деген екен. «Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у): «Сендерге ең үлкен күнәнің не екенін айтайын ба?» деп үш рет қайталады.

Біз: «Иә, Аллаһтың елшісі! Айтыңыз» дедік. Сонда Пайғамбар: «Аллаһ тағаланың айтқандарына қарсы тұру және ата-анаға бас көтеріп, қарсы шығу» деді. Сосын сүйеніп тұрған жерінен бойын тіктеп, түзеліп отырды да: «Әсіресе, жалған сөз бен жалған куә болудан сақ болыңдар» деді де, осы сөзін қайталап тұрып алды. Тіпті біз «тоқтаса еді, тоқтаса еді» деп іштей тіледік».

Міне, көріп отырсыздар, хадисте ата-анаға қарсы шығуды Аллаһ Тағала да үлкен күнә санайды. Әке-шешесіне қарсы шыққандар діннен шықпайды. Бірақ Аллаһ алдында үлкен күнәһар болады. Пайғамбарымыздың «Әсіресе жалған сөз бен жалған куә болудан сақ болыңдар» деуінің астарында да үлкен мән бар. Өйткені, жалған сөз бен жалған куәні әдетке айналдырған адам күндердің күнінде ата-анасына да оңай қарсы шығады. Отанын сатады. Мұндай адамнан түбі жақсылық шықпайды. Міне, отбасылық құндылықтар дегенде біз осы өнегені ұдайы есімізде сақтауымыз керек. Әр ата-ана өсіріп отырған ұрпағының алдындағы жауапкершілікті қалай сезінсе, балалары да ата-аналарын соншалықты қадірлей, құрметтей алулары тиіс. Шаңырақ беріктігі – Отанның беріктігі. Егер де үйдің бір уығы сынса, екіншісі де қисаяды. Сосын үшіншісі босайды. Ақырында шаңырақ ортасына түседі. Сондықтан үйдің әр уығы бекем тұруы тиіс. Олардың әрқайсысы орнында берік тұр ма, жоқ па отағасы мен отанасы үнемі қадағалап отырулары керек.
Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде назар аударылып, бірқатар қамқорлықтар көрсетіліп, шешімдер қабылданды. Бұл қызметке Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның да алатын орны ерекше. Аталған комиссия көп жылдан бері отбасы мүдделерін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне белсенді араласуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында жемісті жұмыс істеп келеді.

Отбасы – жақын-туыс адамдардың басы қосылған шағын әлеуметтік орта. Қай шаңырақта болсын ұлттық дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптар, жөн-жоралғылар берік сақталғанда ғана бұл орта жемісті, берекелі болмақ. Өйткені, осы ортада дүниеге келген ұрпақ ата-аналарының бойға дарытқан қасиеттерімен одан әрі дамиды. Ата-ана әр баласының азамат болып өсуіне негіз қалайды. Отбасындағы жақсы қасиеттерді бойына дарытқан ұрпақ өскенде өз жолын адаспай табады. Қазақ сондықтан да «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп мақалдатқан.

Бала жеке тұлға болып қалыптасудың үлгілерін отбасынан алады. Бала ержетіп, өсе бастағаннан бойында адамгершілік қасиеттер, көпшіл, рахымшыл, сыпайылық, имандылық сияқты асыл мінездерді отбасы сыйластығы мен жарасымдылығынан алады. Осы отбасында бойына сіңген жылу оның санасында өмір бойы сақталады. Ұрпақтың бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста мәдениеттілік таныта алуы, қызмет еткен ортасында өзін жан-жақты жетілген маман ретінде көрсете білуі – мұның бәрі отбасындағы тәрбиеге байланысты. Ендеше, тәрбие тетігіндегі алғашқы баспалдақ бұл отбасың екен. Бұл баспалдақты ешкім де өзгерте алмайды.
Шаңырақтың шаруасы шаш етектен дегенімізбен, оның бірінші кезектегі міндеті балаларына тәрбие беру. Мұны қоғамдық жүйенің, қоғамдық тәрбиенің ешқайсысы алмастыра алмайды. Түзете да алмайды. Ата-ананың негізгі міндеті – баланы өмірге әкелу ғана емес, ұрпағына әлеуметтік-мәдени ортаның құндылықтарын қабылдата білу. Бабаларымыздың қалдырып кеткен аманаттарын ұрпақтарына үйрету. Сол бабаларымыздың салып кеткен жолдарымен түзу жүріп, ұлттық құндылықтарды ардақ тұтқанда ғана шаңырақ шайқалмайды әрі мемлекет іргесі берік болады.

Отбасы мүшелерінің әрқайсысы бір-бір тұлға. Ата-ананың, отбасындағы үлкендердің өмір сүру тәжірибесі, ішкі мәдениеті, жүріс-тұрысы, бірін-бірі құрметтеп сыйлай білуі, өз міндеттерін мінсіз атқаруы – осының бәрі де үлкен мектеп, тәрбие ошағы. Қазақ қоғамы отбасылық құндылықтарды бағзыдан берік ұстанып келді. Басбұзарлық жасағандар қатаң айыпталды. Тіпті, олар ата-анасының алдына келе алмайтындай болып жазаланды. Кей ауылдарда шектен тыс бұзақылық жасағандарды ел-жұрттан аластады. Мұның барлығы басқалар солардың соңына ілеспесін, осыдан сабақ алсын дегендік еді.

Өкініштісі сол, қазақ халқының өзіне тән жарасымдылығы, тиянақты тәрбиесі соңғы жылдары құлдырап барады. Батыстың жат идеологиясы бар, басқалары қосылып, қоғамда бірқатар керітартпа әрекеттер бой көрсетіп келе жатқаны жасырын емес. Жат діндерге өтіп кету, ажырасулар, зорлық-зомбылық, үлкендерді сыйламау, есірткіге еліту, айтып отырсақ, көп-ақ.
Қазіргі қоғамда ең өткір мәселелердің бірі – жастардың үйленбей жатып ажырасуы. Бастапқыда «сүйдім-күйдім» деп алып, артынша бірінен-бірі безініп, екі айырылып кетулерінің себебі неде? Жалпы, біздің мемлекет жастарды барлық жағынан қолдап, соның ішінде отбасылық өмірлерінің шынайылығына да көңіл бөліп келеді. Қазір мектептердегі ашық сабақтарда отбасы құндылықтары жан-жақты сөз болады. Болашақ отау иелеріне отбасындағы жауапкершлік міндетін жастайынан үйретудің пайдасы орасан. Мұны жастайынан біліп өскен жас ертең алдына таңдау қойғанда барлық міндетті өз мойнына алады. Олар қиындықтардан қашпайды. Соңғы жылдары мемлекетіміз Ана институттарымен қатар Әке институттарына да ықылас танытып, қолдап келеді. Керек кезінде барлық отбасыларға психологиялық және консультациялық көмекті қолжетімді етудің шаралары қарастырылды. Жалпы, отбасыларындағы ажырасулар қоғамның да алаңдаушылықтарын тудырып отыр.

Бұл жөніндегі статистика көңіл көншітпейді. Мысалы, арыға бармай, соңғы үш-төрт жыл төңірегіне көз жүгіртсек, 2020 жылы елімізде 140840 неке тіркелсе, соның 51775-і бұзылған. 2021 жылы 141785 неке тіркеліп, 54948-і ажырасып кеткен. 2022 жылы 138876 неке тіркеліп, 54859 неке сәтсіздікке ұшырапты. Бұдан жыл өткен сайын отбасының берекесі кетуі айғақтарының көбейіп келе жатқанын аңғарамыз. Ал, осы ажырасып кеткендердің басым көпшілігінде екі ортада жаутаңдап қалған баланың барлығын көреміз. Сонда қаншама бала жартылай жетім қалды десеңізші! Әрине, жарты көңіл-жарты жүрек. Екі ортада өскен баланың жаутаң көз, жарым көңіл боп, ақыры, түрлі жағдайларға тап болуы да мүмкін. Айталық, бұзық балаларға қосылып кету, темекі, есірткіге әуес болу сияқты жат әрекеттерге бой алдырады. Содан барып, бала психикасы бұзылып, қоғамға пайда әкелмейтін масылдардың қатары көбейеді.

Шаңырақ – шаттық ордасы. Баланың қалыптасуының алғашқы негіздері отбасынан бастау алатыны бесенеден белгілі. Ал екі жарылған отбасыларда ортақ балалары психологиялық жағынан үлкен зардап шегеді. Ерлі-зайыптылардың арасындағы дау-дамай, кікілжің балаларды депрессияға ұшыратады. Ең сұмдығы, осындай отбасылардан шыққан балалардың дамуы тежеледі, олар көбіне бұйығы жүреді, болмашыға ашуланып шыға келеді. Айтқаныңызды жүре тыңдайды. Ақырында олар өз дегендерімен ғана жүріп-тұра бастайды. Ауыр психологиялық салмақтың салдарынан құқық бұзушылықтарға, суицидке, өз-өзіне деген сенімін жоғалтуға апарып ұрындырады. Ақырында жайқалып өсіп келе жатқан жауқазындай жас күйреуік сезімнің жетегінде кетеді, аяғын қия басады.

Сөз жоқ, қоғамдағы осы бір қолайсыздықтар отбасы институтына едәуір салмақ түсіреді. Егер отбасылық кікілжіңдер, ажырасулар, зорлық-зомбылық, тағы басқа да дәстүрімізге жат әрекеттер жалғасып кете беретін болса, мұның ауыр зардаптары бар. Біріншіден, ұлттық құндылықтардан ажырап қаламыз. Екіншіден, балаларымыз бетімен кетеді, жат әрекеттерге бой алдырады. Мұның соңы қолайсыз отбасылардың көбеюіне әкеліп соқтырады. Ал, әр отбасы бір-бір мемлекет десек, уығы қисайған, шаңырағы шайқалған бірліктерден құрылған олар мемлекеттік міндеттерді ойдағыдай атқара ала ма? Ендеше, ұлттық құндылықтарды қастерлеудің заңдылық жауапкершілік нормасын енгізу дәл қазір ең өзекті мәселе және оны сөзбұйдалыққа салып, кешеуілдете беруге болмайды.

Қазір бізде неке бұзғандар мемлекеттік баж салығын төлейді. Осы баж салығын жоғарылату арқылы ажырасуларды азайтамыз деген де пікір бар. Мұны көрші мемлекеттер тәжірибесіне қарап та қолданысқа енгізіп жатырмыз. Біздің көрші мемлекетте ажырасу көлемі бар-жоғы 10 пайыздан аспайды. Сондықтан болса керек, олар 2018 жылдан бастап баж салығын төрт есеге дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Енді қараңыз, бұрын ажырасқысы келетіндер ең төменгі жалақы мөлшерінің 50 пайызын төлеген болса, енді оларға 200 пайызға дейін салық төлеулеріне тура келеді. Мұнымен бірге некені қайта бұзу туралы арыздардан мемлекеттік бажға ең төменгі жалақы мөлшерінің 120 пайыздан 400 пайызға дейін артқан.

Ал, бізде қалай? Салық кодексінің 610- бабына сәйкес, некені бұзу туралы талап қою арыздарынан 0,3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни, 757,5 теңге ғана мемлекеттік баж алынады. Көріп отырсыз, мың теңгеге жетпейтін ғана ақша. Мұны әркім-ақ қиналмай төлеп кетеді. Және ажырсудың құны осы екен деп ойлайды. Бірақ, соңында шырылдап балалары қалатынын ойламайды.

Тағы бір назар аударарлық жағдай. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 19 бабы 3 тармағында ерлі-зайыптылардың некені бұзу туралы сотқа өтініш берген күннен бастап бір ай өткен соң неке сот тәртібімен бұзылады. Іс жүзінде соттар ерлі – зайыптыларға татуласуға уақыт береді. Осы екі аралықта кейбір ренжісіп қалғандар қайта табысып жүр. Бұл кешегі Кеңес үкіметі тұсында да бар болатын. Ол кезде ажырасамыз деп келгендерге алты ай мерзім беруші еді. Әрине, әрбір отбасының беріктігі ең маңызды мәселе. Бірақ, соңғы жылдары жастар арасында бүгін үйлене салып, ертеңіне ажырасып кететіндер азаймай тұр.
2018 жылдан бастап Жоғарғы соттың бастамасымен «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы жұмысын бастағаны белгілі. Осы соттың судьялары ажырасу, алимент өндіру сынды бір ғана неке-отбасылық істерді қарауға машықтандырылған. Осы істі қарайтын судьяның бірінші кезектегі міндеті – ажырасамыз деп келгендерді татуластыру. Олар алғашқында ерлі-зайыптыларға татуласу үшін психологқа жүгінуге кеңес береді. Сосын «мына мерзімде қайтып келіңіздер» деп қайтарып жібереді. Көп ретте осы тәсілдің ажырасулардың азаюына әсері болғанын судьялар айтып жүр.

Отбасы – рухани және мәдени дәстүрлеріміздің сақтаушысы. Сонымен бірге ұрпақ сабақтастығының жалғастырушысы. Ұлттық құндылық­тарымыздың беріктігі отбасылардың ынтымақ-бірлігіне де байланысты. Шындығында, қарап отырсаңыз, бір отбасының ыдырауы сол үйге ғана салмақ түсіріп қоймайды. Түптеп келгенде, мұның өзі ел демографиясына да салқынын тигізеді. Егер шаңырақ шайқалмаса, осы отбасында тағы қанша бала дүниеге келер еді. Отбасы да моральдық жағынан құлдиламас еді. Біз қоғамдағы осы бір өзекті мәселені ұлтымыздың басына төнген қауіп деп қарастыруымыз керек. Қарастырып қана қоймай, мемлекет тұрғысынан бағдарлама әзірлеп, қоғамдық жауапкершілікті арттыру және осы бағытта жұмыс істеп отырған мамандардың қызметін нақтылауымыз керек. Бұл ретте «Әкелер мектебі» және «Әжелер мектебі», Ақсақалдар кеңесі, Билер кеңесі сияқты қоғамдықтық ұйымдардың да қосар үлестері шаш етектен.

Бұрын қазақ қоғамында жетімі мен жесірін қаңғытпаған жақсы бір үрдіс бар еді. Ажырасушылар мен басқа да себептердің салдарынан ата-анасыз қалған жетім балалар көп екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал, олардың құқықтары мен заңды мүдделері қалай қорғалып жүр? Міне, бұл күрделі мәселе. Елімізде жетім балалардың құқықтарын қорғау бойынша қажетті нормативті құқықтық баса жасақталған. Соның нәтижесінде елімізде балалар үйлері азайып келеді. Жетім балалар бұрыңғыдай балалар үйлерінде емес, отбасылық, яғни патронаттық отбасыларда тәрбиеленеді. Бұл жағдайда олар жастайынан отбасылық құндылықтарды сезініп өседі.

Тағы бір өзекті мәселе. Балаларды шетелдіктердің тәрбиесіне беру. Бұл – баладан біржола айырылу деген сөз. Басқа жердің тілін меңгеріп, басқа салт-дәстүрге бейімделген бала өз үйіріне қайта қосыла алмайды. Жат болып кетеді. Сондықтан мемлекетіміз жетім балаларды шетелдіктердің тәрбиесіне беруді шектеуі үлкен қуаныш. Қазақ баласы қазақ шаңырағында тәрбиеленсін. Бүгінде отбасында балалары жеткілікті бола тұра әке-шешесіз қалған жеткіншекті асырап алуға ықылас танытатын жаны ізгі ата-аналар да табылып жатыр. Мәселен, Кентау қаласында өзінің үш баласына қоса он бала асырап алып, тәрбиелеп отырған отбасы бар. Мұндай отбасылар Созақ, Түлкібас аудандарынан да табылады. Ең бастысы, олар асырап алған балаларын өз балаларынан кем көрмейді.

Халық арасындағы «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Бұл сөз өз құндылығын ешқашан өзгерткен емес. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін нақты көрсетіп берді. Отбасы – кез келген адам өмірінің ең маңызды бөлігі. Оның туған ұясы. Қай бала да отбасы қажеттілігін ешқашан жоғалтпайды. Өйткені, ол – белгілі бір әлеуметтік институт. Тәрбиенің негізі отбасынан бастау алатындықтан, оған немқұрайлылық таныту мүмкін емес. 
   Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ата көрген – оқ жонар, Шеше көрген – тон пішер», «Кішіге ізет, үлкенге құрмет», «Атаңа не қылсаң, алдыңнан сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген көптеген өлшемдер бар. Осы өлшемдерге қарайтын болсақ, бар мәселе отбасынан басталатынын сезінесіз. Ұлт болашағында отбасы ең басты белес.

Ана – қашан да отбасылық құндылықтарының мәуелі бәйтерегі. Ана өз ұрпағына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, рухани бай болуымызға, халық үшін жанымызды пида етуге септігін тигізеді. Ана әр үйдің шамшырағы, жанған бағы, құндылықтардың негізін салушы. Анадан алынған тәлім-тәрбие өмір бойына сабақ. Сол сабақ сіздің өмірлік қажеттілігіңізді өтейді. Ақ сүтін берген ана сізге ақ тілегін де аямайды. Ананың жүрегі өмір бойы бала деп соғады. Сол баласының жолында ол барлық қиындықтарға да төзуге бар. Сондықтан біз ана жүрегі туралы көп айтамыз.

Біздің қазақта жас әке мен шешенің тұңғыштарын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беру үрдісі бар. Жалпы, ежелден отбасылық тәрбиеде ата мен әженің орны бөлек. Олардың дүниеге деген көзқарастары мен өзіндік талғамдары – жасы кіші балаға өнеге. Кішкентай кезінен атасының немесе әжесінің айтқандарына құлақ түретін ұрпақ көп нәрсені жастайынан біліп өседі. Айталық, Абайды ұлы әжесі жастайынан өз тәрбиесіне алған. Бұдан Абай жаман болды ма? Тәлім-тәрбиенің негізі ата-анадан кейін қастарындағы жақын адамдардан үлгі алу арқылы қалыптасады, өзіндік жеке ұстанымдарды дамытуға септігін тигізеді. Сол бір сәтте баланың жанына демеу бола тұрып, оған тәрбиенің дұрыс берілуін қадағалау маңызды. Ұлы Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері керек. Ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғасын таппақ.

Әр шаңырақ – адамзаттың алтын діңгегі, алтын бесігі. Отбасының ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны ерекше. Жастарды ұлттық құндылықтарымызды бағалауға жастайынан үйретуіміз керек. Әр ата-ана балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңірсе, бұл үйден қоғамның толыққанды азаматы шығады.. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар дегеніміз қарт адамдардың жас отбасына берген ақыл-кеңестері. Қазіргі таңдағы жас отбасылардың ажырасу статистикасы өскеніне байланысты, отау құрған жас отбасыларға олардың дәстүрлі отбасылық құндылықтары туралы теледидардан , ғаламтордан көруге болады. Әр отбасыда бұл құндылықтар әртүрлі. Бірақ олардың ұқсас жақтары да бар. Мысалы, кез-келген отбасында дінді сақтау, некені бұзбау, ұрпақ жалғастыру, балаларды тәрбиелеу деген дәстүрлі отбасылық құндылық деп есептейді. Бір қуанарлығы, бүгінде көптеген отбасылар ата-бабалар салт-дәстүрлерін берік ұстанады. Бірақ бұл күндері жаһандану деген жат ұғым пайда болды. Шетелдерде оқып келген жастарымыз сол жақтың бізге жат салт-дәстүрлерін қабылдағысы келеді. Содан барады да халқымыздың байырғы жөн-жоралғылары өзгеріске ұшырайды. Мұны кейбір тойлардан да көріп жүрміз. Қазақ халқына тіптен ерсі көрінетін дәстүрлерді осы тойлардан көріп жүрміз. Мысалы, жас келін тортты атасының ауызына салады. Осы дұрыс па? Ал, таяуда тағы бір тойда келінді ортаға отырғызып қойып, үстін орамалмен жауып, сол орамалдың үстіне от жағып жатыр. Сонда келінге жын-шайтан жоламайды-мыс. Осы да өнеге ме?

Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселе. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы керек. Яғни, ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі – отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болса, ұлттық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші. Ал ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Оларға меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылық, рухани байлық, махаббат сынды қасиеттер жатады. Кез-келген ұлттың сипаты бес қағидаға келіп тіреледі: Біріншісі – тілі, екіншісі – діні, үшіншісі – дәстүрі, төртіншісі – тарихы, бесінші – атамекені.
Құндылықтар – шынайы ғана болады, ол адамға тәуелді емес, дей тұрғанмен ол ең алдымен адам санасында орын алады. Құндылықтарды сезім арқылы қабылдап, ал сана арқылы түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді. Өз ұлтын қадірлеп, қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» – дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі – өзім, екіншісі – халқым» – дейді. Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне келешек ұрпақты ел-жұртқа ие болатын азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа?  Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратындай болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұстаған. Ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарау дегеніміз барымызды жоғалту деген сөз.

Отбасы институты ең ежелгі құрылымның бірі. Адамзат тас дәуірінен бастап осы отбасы институтынан өту арқылы қалыптасқан. Бірте-бірте қауымдасып, жауға бірге қарсы шығуды меңгерді. Сол қауымдастықта жүріп, жеке-жеке шаңырақ болып, отау тігуді үйренді. Мұны тарихтан білеміз.
Бір өкініштісі, тарих доңғалағы кері айналғандай да әсер қалдырады. Мәселен, әлемнің көптеген елдерінде отбасылық дағдарыс байқалады. Адамдар жат ұғымның жетегінде кеткендей. Жеке өмір. Тыныштық. Тек өзімнің қалауыммен жүруім керек деген түсінік адамдарды бірте-бірте азғындатып барады.  Мұны шетел киноларынан көріп жүрміз. Батыста, АҚШ-та отбасын қажетсінбейтін еркін қарым-қатынастар бұрыннан бар. Осыны көрген біздегілер де еркіндікті қалап, жеке-дара өмір сүргілері келеді.  Айталық, ажырасулар неге көбейіп кетті? Отбасын асырағысы келмейтін, оны ауыр жүк көретін, тапқан-таянғанын тек өзі ғана жаратып, қызық-думанның ортасында шалқып жүргісі келетін жастар бізде де бой көрсете бастады. Бұны енді жасыруға болмайды. Біз шетел емеспіз. Қазақтың өз жолы бар. Отбасы институтын сақтау үшін еліміздің, халқымызың құндылықтарын бойымызға барынша сіңіруіміз қажет. Әсіресе жастарға.

Ал бұл үшін не істеуіміз керек?  Ең әуелі аталар мен әжелер бұрыңғының жөн-жоралғыларын ұрпаққа үйретіп отырулары керек. Сол арқылы тәрбие деген бақшаға су құйылады. Суы қанық егін жайқалып өседі. Ата мен әжеден тағлымды тәрбие алған бала жолдан сүрінбейді. Бозбала ержетіп, өзі де шаңырақ көтерген соң әкесі мен анасының көрсеткен жолымен жүреді. Әр әке ұлына есейгенде жеке шаңырақ болатынын кішкентайынан айтып отыруы тиіс. Қазақ: «он үште отау иесі» деп текке айтпаған. Ал, әжелер қыз бойжете бастағанда-ақ ертең жат босағаға кететінін түсіндіріп, «көргенсіз жерден шыққан екен» деген жаман атқа қалдырмас үшін қызды ибалылыққа тәрбиелейді.
 ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демогра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның  14 облыста және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында өкілдіктері бар. Ұлттық комиссияның отбасылық саясатты дамыту, ұрпаққа үлгілі тәрбие беру жөніндегі жоспары бекітіліп, өңірлерге таратылған. Соны негізге алып, облыстар өзінің өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, іс-шаралар жоспарын жасады.

«Ұлттық комиссияның ұлттық отбасыны насихаттау жөніндегі үлкен іс-шарасы – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Байқауға қатысуға тілек білдірген отбасылардың саны қазір екі есе өсті. Осының өзі республикада отбасыға деген көзқарастың қандай екенін көрсетіп отыр. Мұның барлығы елімізде отбасы құндылығының жойылмағанын көрсетеді.
 Үлгілі отбасын құрып, адал ұрпақ өсіру – кімнің де болса, ең бірінші алға қойған үлкен мақсаты әрі асыл арманы болса керек. Жастайынан кері идеологияның ықпалына ұшыраған не психологиялық өзгешелігі бар адам болмаса, дені осы пікірді жақтайтыны анық. Әлемдік тарихта ойып тұрып орын алып, саясат әлеміндегі талай мықтыны еріксіз мойындатқан әрі өзін «темір ханым» атандырған 1979-1990 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі болған Маргарет Хильда Тэтчерден бір журналист «Өмірдегі ең үлкен жетістігіңіз не?» деп сұрағанда, ол ойланбастан «Отбасын құрып, ана болғаным» деген екен. Демек, отбасы – барлық адамзат қоғамы үшін теңдесі жоқ құндылық. Алайда, осы бір отбасы болудың өзіндік тарихы мен даму ерекшелігі бар. Сондықтан отбасы мәселесі ежелгі заман ойшылдарынан бастап бүгінгі ғалымдарды да бейжай қалдырған емес.
Отбасы мәселесін жан-жақты қарастырып, оның түпкі мәнін шешу үшін көптеген ойшылдар мен ғалымдар барынша ізденіп, тұңғиық ойдың тереңіне сүңгіді. Мәселен, әлемнің бірінші ұстазы атанған Аристотель «Отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол –  мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған. Ал классикалық неміс философиясының өкілі Э.Кант отбасы мәселесін қарастыра отырып, ондағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген. И.Фихте «Отбасының негізі – махаббат» десе, Г.Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасына деген тарихи көзқарастарға байланысты ғылыми ізденістер көптеп жасалып, оның қалыптасу жолы туралы теориялар толықтырыла түсті. Оның қатарында 1877 жылы шыққан Л.Морганның «Ежелгі қоғам» атты кітабы бар. Онда отбасының тарихы, некелік қарым-қатынастар мен экономикалық, әлеуметтік дамуы және қызметін қарастырды.  Одан кейінгі уақыттарда отбасы туралы марксистік философтар да көптеген еңбектер жазды. Соның бірі – Ф.Энгельстің 1884 жылы шыққан «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегі. Мұнда Ф.Энгельс отбасын тарихи категория ретінде қарап, ондағы формалардың байланысын, даму жолдарын көрсетті.

Сонымен бірге, француз ағартушысы Ж.Ж.Руссо, швейцарлық ойшыл И.Г. Песталоцци, орыс педагогтары К.Д.Ушинский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, т.б. тұлғалар өз еңбектерінде отбасы тәрбиесін жан-жақты талдады. Тіптен отбасын қалай құру туралы ежелгі грек ойшылы Платон да «Адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет» деген өрелі ой айтқан екен.

Ф.Энгельс жоғарыда аталған еңбегінің кіріспесінде қоғамның материалистік ұғымына сәйкес тарихтағы шешуші күш, сайып келгенде, өмірді тікелей өндіру және ұдайы өндіру екенін айта келіп, отбасылық өндірістің екі түрлі болатынын көрсетеді. Отбасы ретінде адамдар бірінші жағынан тіршілік қажеттіліктерін, яғни, азық-түлік, киім-кешек, баспана және оларды жасау үшін қажетті құралдар өндірсе, екінші жағынан адамның өзін өндіреді. Түсінікті тілмен айтқанда ұрпақ өсіріп, артына із қалдырады.
Л.Морганның зерттеулеріне негізделген жорамал бойынша, адамзат қоғамы тарихының бастапқы кезеңінде адамдар арасындағы некелік қатынастарға ешқандай шек қойылмаған. Ол кезде үлкендер мен жастар, балалары мен ата-аналар өзара некелене берген. Бұл адамзаттың жабайы не жартылай жабайы кезі болатын. Десе де, промискуитет (аралас) деп аталатын бұл кезеңнен кейін бір қандастар отбасы, синдиасмикалық отбасы және моногамиялық отбасы деген кезеңдер де болды.

Бір қандастар отбасы аты айтып тұрғандай, топтық некеге негізделеді. Мұнда некелесу тек бір ұрпаққа жататындар арасында ғана болатын. Бір ұрпаққа жататындардың бәрі туысқандығына қарамастан өзара некелесіп, отбасын құрған. Бұл кезеңді эндогамиялық деп те атайды. Қазіргі кезде мұндай отбасылар жоқ, бірақ кейбір халықтарда ағайынды екі адамның балаларының үйлену фактілері кездесіп тұрады. Мәселен, өзбек, араб секілді халықтарда бұл дәстүр әлі де бар.
Біртіндеп эндогамиялық принцип экзогамиялық принциппен, яғни өзара туысқандармен некелесу дағдысы руаралық некелесу формасымен алмасты. Бұл кезде бір рудың бір топ қыздары басқа рудың бір топ туысқан жігіттеріне тұрмысқа шығатын болған.

Ал моногамиялық отбасына өтудің тарихи типі синдиасмикалық отбасында көрініс тапты. Бұл тип жабайылықтан варварлыққа өту кезеңінде пайда болып, полигамиялық отбасылар кең таралды. Отбасында еркектердің құқы жоғары болды. Отбасының бұл формасының басты ерекшелігі баланың шын биологиялық әкесі белгілі болып, соның әсерімен рулық қоғамның ыдырап, жеке меншіктің дамуына, қосымша өнімнің шығуына, сөйтіп бір еркек пен бір әйелден тұратын моногамиялық отбасының тууына алғышарт жасалды. Моногамиялық отбасы да патриархалды қатынастарға негізделгендіктен отбасы басшысы ретінде еркектің рөлі зор еді. Қазіргі заманда да бір типті отбасы жоқ. Отбасылық қатынастардың формалары түрліше болуының себебі, белгілі бір қоғамның даму дәрежесімен және ондағы қоғамдық қатынастардың сипатымен анықталады. Сондықтан діни көзқарас пен ұлттық салт-дәстүрге, адамдардың таным мен түйсігіне орай отбасылардың өзгеше болуы – табиғи заңдылық.

Отбасы қандай тарихи типке жатпасын, оның негізгі қызметі бір деуге болады. Ол ең кіші бірлестік ретінде көптеген әлеуметтік функцияларды іске асырады. Ең алдымен отбасының репродуктивтік, яғни ұрпақ өсіру арқылы қоғамды қалпына келтіру қызметі бар. Одан соң өндіру мен тұтынуға негізделген экономикалық және отбасы мүшелерінің денсаулығын, материалдық игіліктермен қамтамасыз етілуін, қауіп-қатерден аман болуын, тиісті қамқорлық жасалуын қамтамасыз ететін қорғаныс функциясы бар. Одан өзге балаларды оқыту мен тәрбиелеуді жүзеге асырып, қоғамдық тәртіпке, жақсы мінез-құлыққа баулитын әлеуметтендіру функциясының орны тіптен бөлек. Тағы бір маңызды шар, ерлі-зайыптылардың бірін-бірі сүюі мен құрметтеуіне негізделген эмоциялық қызметінің де рөлі зор. Осы секілді функцияларды жүзеге асырғанда ғана нағыз толыққанды отбасының іргесі қаланбақ. Ал оның біреуі кемісе ондай отбасының қоғам үшін де, мемлекет үшін де, тіптен болашақ үшін де зардабы мол.

Отбасы және оның ішкі мәні мен маңызы туралы ғұламалардың жазған еңбектері өте көп. Ол еңбектер ғылым мен білімде, өнер мен мәдениетте, руханият пен әдебиетте өз орнын тауып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар сілтеп келеді. Алдағы болашақта да мұндай еңбектер жазыла бермек. Алайда сол данышпан ғұламалардың өзін жүз ойландырып, мың толғандырған, сосын жалпы қоғамның толғақты мәселесіне айналған отбасы ұғымын біздер қаншалықты қадірлеп жүрміз?!

Сіз де отбасыңыз үшін түн ұйқыңызды төрт бөліп, жан жарыңыз бен бала-шағаңыздың қамы деп басыңызды тауға да, тасқа да ұрып жүрсіз. Олардың жақсы өмір сүріп, ішкені алдында, ішпегені артында болатын бақуатты тұрмысқа жетуіне барыңызды салдыңыз. Ол үшін ақылыңыз бен сабырыңызды, күшіңіз бен жігеріңізді ешқашан аяған жоқсыз. Десе де, осының өзі жеткілікті деп айта алмасыңыз анық.

Жалпы, отбасы әке мен ана және бала арасындағы өзара қатынасқа құрылады. Әрине, туысқандықты жоғары бағалайтын қазақ халқында отбасылардың өте үлкен болатыны түсінікті. Алайда біз отбасылық қатынасты осы үш тараптың арасында талдағанды жөн көрдік. Біздің отбасымызда патриархалды қатынастарға негізделгендіктен үйде әкенің рөлі қашанда жоғары. Ол – отбасының асыраушысы, қорғаны әрі иесі. Дегенмен бүгінде көптеген отбасыларда «отағасы» деген атқа лайық ер азаматтар азайған, үйдегі әкенің рөлі төмендеген. Оған себептер көп.

Ең әуелі бұрынғы қазақ қоғамында қалыптасқан әкелер институтының сабақтастығы үзілген. Кезінде ес білген ер баланы атқа мінгізіп, ел аралатып, жер көрсететін. Ол аузы дуалы ақсақалдардан бата алып, ер болудың, отан қорғаудың қасиетті парыз екенін түсінетін. Сондықтан жауына қаһарлы, досына адал, жақындарына мейірімді нағыз еркек болуды меңгеретін. Ал бүгінгі күні барлығы тіршіліктің қамытын киген соң, жан бағудың қамымен жүріп, алыстағы ақсақалдан бата алу түгілі, жақындағы туысымен араласпайтын отбасылар көп. Ал жер көріп, ел танымаған өрісі тар ұлдың болашағы қандай боларын болжау қиын. Мұндайда қазақтың «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады» деген аталы сөзі ойыңа еріксіз оралады.

Екіншіден, отбасына уақытын аз бөлу. Шыныңызды айтыңызшы, сіз отбасыңызбен күнделікті қанша уақыт бірге боласыз? Соңғы рет отбасыңызбен демалыс орындарына, саябаққа, киноға қашан бардыңыз? Балаңызбен соңғы рет қашан сөйлестіңіз? Уақытыңыздың тапшы екені де рас. Отбасыңызды материалдық қамтамасыз ету үшін тынбай жұмыс істеуіңіз керек. Бірақ отбасы үшін материалдық игіліктен де бөлек құндылықтар бар ғой. Отбасыңыз сіздің әрқашан олардың жанында болатыныңызды және өздерін қатты жақсы көретініңізді сезінуі сіз үшін ақшаға сатып ала алмас теңдессіз қымбат қазына емес пе?! Әрі олардың алдындағы абыройыңыздың күннен күнге биіктей берері хақ.

Үшіншіден, қиын да болса мойындауға тиіс себеп – әкенің отбасындағы орнын оның табысы анықтайтындығы. «Әйелінің тапқанын жеген еркектің басы күнде маңдайшаға тиеді» деген сөз бар. Мұндайда еркектің отбасын асырау қызметі әйеліне ауысқан соң, оған да еркекке тән мінез пайда болатыны ақиқат. Яғни әйелге тән нәзіктік келмеске кетті деген сөз. Енді ер мен әйелдің орны ауысқан соң баланың санасындағы әкенің абыройы да аяқасты болады. Осылайша отбасында бір-біріне кері пропорцияналды жағдай пайда болады. Ең жаманы отбасындағы мұндай олқылық тек өздерімен кетпейді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішердің» ауылы алыстап, керісінше үйдегі көріп өскен тәрбиесіне қарай дөрекі қыз, ынжық ұлдардың пайда болуына жол ашады. Ал оларды көрген келесі ұрпақ тағы сол жүлгені қуалайды. Осылайша мәңгі бақи жалғаса бермек.
 Еркек үйдің егесі болғанда, әйел үйдің шегесі. Отбасын жылу мен мейірге бөлейтін, оның тыныштығы мен берекесін сақтайтын да – осылар. Діни түсінік бойынша, қисық қабырғадан жаратылғанын ескеріп, еркекке жол берсе де, Құдайтағала еркектің маңдайына жазбаған ниғметтерді аямай берген. Солардың ішіндегі ең ұлы ниғметі – бала туып, ана болу бақытының бұйырғаны. Күйеуінің сырттан тауып әкелген дүниесін шашау шығармай, бірін екі қылатын берекелі алақан да әйелдердің еншісінде. Баланы туып қана қоймай, ақ сүтімен асырау, олардың үйдегі жағдайын жасап, тәрбиесімен айналысу да – әйел затының қасиетті борышы. Тіптен баланың санасындағы әке бейнесін аспанмен теңестіріп биіктету де, керісінше жерге көміп қор ету де әйелдің саналығымен байланысты.

Шыны керек, дәстүрлі отбасында еркек әйелден бір саты жоғары тұратыны рас. Бірақ солай екен деп қазақ қоғамындағы әйелдердің орны төмен болған екен ғой деген түсінік қалыптаспауы керек. Егер қазақ қоғамында әйелдердің рөлі тым төмен болғанда атақты батыр Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабында айтатын бүкіл ауылды бір шыбықпен айдайтын Қызтумас әжесі, Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы талайды көрген офицер Қасымбекті генаралдың алдында тұрғандай жүрегін дүрсілдеткен Қамқа кемпір секілді образдар қайдан келді?! Ал әдеби образдың өзі өмірден алынатынын жақсы білеміз. Дегенмен сол әжелеріміз де қаншалықты сұсты болғанымен, әйелге тән әдептен аттап көрген емес.

Десе де, бүгінгі демократиялық қоғамның әсерімен еркек пен әйелдің теңесуі арқасында кейбір отбасылық құндылықтарға нұқсан келіп жатқаны өтірік емес. Әрине, қандай ірі жетістікке жетсе де, өзінің нәзікжанды екенін ұмытпай, отбасы құндылығын бәрінен жоғары қоятын әйелдер өте көп. Дегенмен сол «бостандықты» бұрыс түсініп жатқандардың да қатары аз емес екені анық.

Ютуб желісінен АҚШ-тың атақты режиссері Аррон Руссомен болған соңғы сұхбатты көргеніңіз бар ма? Сол сұхбатында өзінің Девид Рокфеллермен танысып, бір-екі рет дастархандас болғаны айтылады. Сондай бір дастархан үстіндегі әңгімеде Д.Рокфеллер А.Руссодан: «Біз Рокфеллерлер феминизмді қаржыландырдық. Соның себебі не екенін білесің бе?» – деп сұрайды. Бұған А.Руссо кең таралған үйреншікті жауап айтады. Сонда А.Руссоға мысқылдай қараған Д.Рокфеллер: «Оның түпкі екі-ақ мақсаты бар. Біріншіден, үйде отырған әйелдерге желік бітіріп, еркектермен бірге жұмыс істеуге мәжбүрледік. Осы арқылы қазынаға бұрын тек қана еркектер ғана салық төлесе, енді әйелдер де салық төлей бастады. Соның арқасында біздің табысымыз да екі есеге артты (АҚШ экономикасының шын билеушісі – осы Рокфеллер). Екіншіден, әйелдер де еркектермен жарысып бәсекеге түскендіктен, дәстүрлі отбасының тұғыры шайқалып, балаларды тәрбиелеу балабақша мен мектепке тапсырылды. Яғни оларды тәрбиелеу құқын бізге берді. Ал олар болашақта біздің сойылымызды соғатын қуыршаққа айналады», – дейді. Рас-өтірігін кім білсін, бірақ әдемі ұрандармен бүркемеленген мұндай сұрқия жоспардың болмағанын теріске шығара алмаймыз.
Мейлі, қандай мектеп не университет болсын, ата-ана тәрбиесінің орнын алмастыра алмайтыны шындық. Әсіресе, ана тәрбиесінің орны бөлек. Әкесінің қамқорлығын, анасының мейірімін толық сезінген бала ғана айналасына тек жақсылық бағыштай алмақ. Бастысы, отбасында әрбірі өз орнын біліп, өзіне тән функциясын іске асырса ғана болғаны.
Сөз соңында айтарымыз, біз жастарға жұмақты алыстан іздеме деу ғана. Жұмақ сіздің өз отбасыңызда. Мұны әрбір азамат біліп жүруі тиіс.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Пікір қалдыру