О, Бурабай, Арқаның ардақ жері,
Арда емген осындағы саңлақ ері.
Абылай хан тағына отырған тұс,
Өңірде жер жастанған қалмақ еді.
Көшетау қоршап тұрған айналасы,
Қарағай қалың біткен сай-саласы.
Аюдың терісіндей тау етегі,
Қарасай көз тоймайды ай, қарашы.
Жап-жасыл ну қарағай қайыңымен,
Етекте жылқы өрген тайыменен.
Күрең күз алтындайын көз тартады,
Жайлы кез жанға дауа райыменен.
Оқжетпес оқшау тұрған жеке дара,
Көкшемен бөліскендей екеуара.
Көкшебел көз сүйсінтер келбетімен,
Тамсана жол бойын сен өте қара.
О, Көкшем, Бурабайым,
көркем сандық,
Шөліркеп саған қарап еркін қандық.
Қазақтың маңдайында
сен бір жұлдыз,
Саяңда сан дамылдар
өркен барлық…
* * *
Оқжетпес,
Оқшау биік, орның бөлек,
Жерімнің абыройы, болдың ерек.
Төбеңе мініп алған піл ме дерсің,
Өсіп тұр тасты жарып сол бір желек.
Арқада сендей сұлу тау болар ма,
Көкорай шалғын етек бау қонар ма.
Сұсыңнан сескеніп жау, шегіншектеп
бата алмай соғысуға қалған орда.
Оқжетпес, баға жетпес аңыздарың,
Өзіңе дамыл таппай тамыз бардым.
Арудың орамалын биігіңнен
іздедім елемей-ақ таң ызғарын.
Оқжетпес, көзім жетпес өзіңе,
сөзім жетпес,
Шыңыңа шығуыма төзім жетпес.
Алаштың арасынан шыққан ерлер
Өр мінез, өр биікті өзің зеттес!
* * *
Достым-ау, қарашы жан-жағыңа,
Кең байтақ жайлаған біз аумағыңа.
Бабалар қанмен, термен алып берген
Көз салшы солар жеткен арманына.
Ұланғайыр жеріміз, ұлықталық,
Шекараны бекітіп құлыпталық.
Ата-бабына антына берік болып
Өркен жайып өсейік сұрапталып.
Барлап өтсең шежіре аңысымен,
Әр метрге бабаның қаны сіңген.
Шүршітпенен, жоңғармен,
сары орыспен
шайқасты олар аздаған арысымен.
Шайқасты олар, жауына дес бермеді,
Қорықпай-ақ ажалды ескермеді.
Төрт аймақты төрт жақтан
шегендетіп
Ұлы Алаш ұлысын дестерледі.
Енді осы жеріміз аманаттай,
Бар ма екен қазақтай қағанаттай.
Қорғайық біз қалдырған қарыс жерді,
Берген баба еншілеп салауаттай!
* * *
Күз келді ғой, күреңді күз келді ғой,
Жазғы күнгі іздерді іздедім ғой.
Қайда сол бір жаздағы саялы бақ,
Үмітімді әлі де үзбедім ғой.
Күз келді ғой, сары ала жапырақ таң
күзгі бақты сенімен аралатқан.
Таудан бұлақ сыңғырлап күлкісімен
Сай-саланы қуалап тарап аққан.
Күз келді ғой қараша қаздарменен,
Сағынышпен, айтатын саздарменен.
Күндер баяу жылжиды баяғыдай,
Іңкәрлік, ынтызарлық аздау менен.
Күз келді ғой,
Күндерді тізбедім ғой,
Сондадағы күдерді үзбедім ғой.
Кездессек сол баяғы қалпым менің,
Жүректі ұстап өзіңе сіз дедім ғой.
Күз келді ғой,
Қайда сол арайлы шақ,
Жүруші едік Тоғжан мен Абай құсап…
Жастық шақ жалауымен тербелдік біз,
Жазылмай екеуара талай құшақ.
Күз келді ғой…
* * *
Көлдің бетін иректеген
Бурабайда үйрек көрдім.
Содана бетер арқам қозып
Жыр нөсерін түйдектедім.
Бұл жаққа мен сирек келем,
Бурабайда үйрек көрем.
Оқжетпес тұр қарт сақшыдай,
Әмір айтса билеп берем.
Тым төменде тұрғасын ба,
Туу биікте, шың басында
Ару қыздың мөлдіреген
орамалын желбіреген
көрдім мен де шын, расында.
Тура тартсаң беткейден кең
Садақ оғы жетпейді екен.
Сонда аңыз ақиқат па,
Еске түсіп септейді дем.
…Жүзе берші үйректерім,
Көңілімді күйлет дедім.
Оқжетпесім, қорғанышым,
Үйректерді сүй деп келдім.
* * *
Көрдің бе шағаланың
көлге қонғанын,
Көрдің бе көлге көп
үйректің толғанын.
Бурабай сені тебірентпей
қоймас сірә да,
Кеудеме келіп сазды күй,
Жүрекке жылы толды әнім.
Оқжетпес тұр шүйлігіп,
Көлге тартар сыйды нық.
Етекте толқын тулаған,
Мендегі жаным күйді ұқ.
Айналдым айнала төңіректен,
Көкшетау сұлу қандай елжіреткен.
Аққулар сыңарларын тауып мұнда
Көздерін ғашықтардың
мөлдіреткен.
Мөлдіреткен, толқыннан көл
дір еткен,
Ару қыз орамалын байлап тасқа
Қол бұлғап туу биіктен желбіреткен,
Осыған тәнті болып мен жыр еткем…
* * *
Көл жағасы.
Көз салдым үйрек салған ұяға,
Көңілдегі көк дөнен
көкірекке сыя ма.
Тамылжыған табиғатты таңғажайып
көргенде
Қиял шіркін қонар ма Оқжетпеске,
қияға.
Қасқалдақтар ұшып жатыр
Бурабайдан пыр-пырлап,
Тау өзені көлге құяр сылдыр-сылдыр
сыңғырлап.
Қиқулаған дауыстары үйрек
біткен әлемі,
Кереметке кенелесің тұрып
қалсаң тың тыңдап.
О, Бурабай, Бурабай,
Аңыз көлім ежелден,
Сен дегенде асып түсті мына
көңіл кемерден.
Бар әлемнің асылын жинап
саған берер ме ем,
Өзіңменен өмірімді бірге
кешсем егер мен.
О, Бурабай,
Саған мәңгі ғашықпын,
Сені көріп күй сандығын ашыппын.
Оқжетпестің етегінде тұрып мен
Тасқын селдей өлең-жырды тасыттым…
* * *
Оқжетпесім,
Оқжетпесім, биік шың,
Бірде ашық бірде тұнжыр тұйықсың.
Өнер биік Парнас тауындай,
Өлең сені тербесін де ұйытсын.
Оқжетпесім,
Сұлулықтың символы,
Мың, миллион жетпес
саған үй құны.
Шың басында бүркіттердің шәулісі,
Қалықтап жүр құс біткеннің
тұйғыны.
Оқжетпесім,
Тек зеттесім, тегеурін,
Мені байқап, білдірсеңші емеурін.
Сені ешбір алпауытқа теңгермей,
Алпамыстай хас сүлейге теңермін.
Оқжетпес-ай,
Бекзаттас-ай, бетпердем,
Мен де шыққам асыл болған тектерден.
Айналайын,
Аймалайын өзіңді,
Сөйтіп мен де сенімен дәурен өткергем…
* * *
Бурабайда алтын күз жалтылдаған,
Ызғарымен төңірек салқындаған.
Жапырақтар бауырсақша сауылдап,
Қызыл-сары түсімен жарқылдаған.
Айнала асқан сұлу салқындайын,
Мен қалай бұл күндері шалқымайын.
Егінін жинап алып тойламаққа
Қазақтың алтын күзде салты дайын.
Ақ қайың ақ жұмыр балтырымен,
Жапырағы жайқалған салтыменен.
Көкірек асау аттай алқынады,
Төңірек қандай көркем, балқыдым мен.
Алтын күз кезең емес аптығатын,
Асықпай тосады екен шаттық ақын.
Еріксіз мойынсұнып егделікке
Кез келді кездейсоқтан сақтығатын…
* * *
Өлеңім өзек жарар жалғасын тап,
Абылай алаңы ғой жап-жасыл бақ.
Үш биік Көкшетауды қоршап тұрған
Апалы-сіңілідей жанған шырақ.
Хошемет көрсін деген жастанбағы,
Төрінде ел орнатқан тастан тағы.
Айналып Абылайдың тасын ел-жұрт
Еш жаудан ерлерім бір жасқанбады.
Ықпаған талай жойқын тайталаста,
Абылай әмір берген алты алашқа.
Үш жүзден жиналғанда хас батырлар
Дауыстарын жеткізген шартарапқа.
Ежелден бабаларды кепиеттеп
келеді мұнда өрен өсиеттеп.
Рухымен Абылай ханның тілдеседі,
Қадірлеп, баба әруағын қасиеттеп…