Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ. ҚАР СУЫМЕН КЕТКЕН ЖЫЛҚЫ

Талай дастархан басында айтылып, ауыздан-ауызға аңыздай таралған осы бір әңгімені қағазға түсірудің сәті түспей-ақ қойған. Сізге – өтірік, бізге – шын, «жазамын» деп оқталғалы үш-төрт жылдың жүзі болыпты.
Қаншама рет бапталып отырып бастамақ болғам, неге екенін қайдам, көкейдегі көркем әңгіме ақ қағаз көрсе аттай үркіп ала қашады. Одан кейін маңына жуытпайды. Құлағына қол апартпай осқырынып, одырайып. Ал енді қағаз-қаламыңды тастап құр қол, қара жаяу жақындасаң басын шұлғи аяңдап, оқыранып қолға тұра қалады. Сөйтіп, жалынан сипап, жайдақ мініп дегендей біраз жерде тыңдағанның құлақ құрышы қанып еді. Тіпті қазақы әңгімеге жаны құмар кей ағалар іздеп келіп арнайы тыңдағанын да айта кету артық болмас.

* * *

Біздің ауыл тура Қытай мен Моңғолияның шекарасында еді. Ол кезде шекара қазіргідей тышқан жорғаламастай торланбаған, кей жерінен үйірлі жылқы өтердей алан-ашық жататын. Жылқысы өз аяғымен өтіп кетсе де «моңғол айдап кеттіге» санап, түн қатып жортқан «жоқшылар» жоғының өзі табылмаса да, топанын толтырардай өзге қылқұйрықтарды шұрқыратып айдап келетін кез.
Үнемі сондай істердің басы-қасында жүретін Жұмақын дейтін құдамыз болды. Ақ алмастай жарқылдаған кісі еді. Қашан көрсең бала-шаға, келін-кепшік демей әзілін айтып жарқ-жұрқ етіп отыратын. Шаруасынан шашау шығармайтын бұйымтақ, шілденің шіліңгір ыстығында ту биені шыбынға білдірмей жейтін ылдым-жылдым, ыспардың нақ өзі. «Жұмақынға қараңғы түнде қалың жылқының ішінен «анау қара айғырды ұста» деші, қайырылып қарағаныңша, қайыс арқаны дәл сол қылқұйрықтың қыл мойнында тұрады» деп шалмашылығын мақтасатын ауылдағы ұрт тілді жігіттер. Сондықтан да ел күзеуліктен қыстаулыққа көшкенде айғыр үйірін Жұмақынға тапсырады. Жүкең жалғыз үй қалады да, екі-үш ауылдың жылқысын қосып қайырып жонтауға екінші қар жауғанда қыстаулыққа бірақ әкеледі.
Бірде Жүкеңнің атына арыз түсіп, екі айдан астам уақыт қамақта жатып шыққаны бар. Жауап алып, тергеп-тексеріп аман-есен босатып жіберіпті, әйтеуір. Сол босап келе жатқан бетте жол үстіндегі біздің үйге түсті. Әкем екеуі құшақ айқастыра амандасып, қуанғанда естері шықты. Екі ай түрмеде болғаннан бір белгі де жоқ, сол баяғы жарқ-жұрқ еткен Жұмақын. Сынбаған екен. Сынбақ түгілі сызат түспепті. «Құдекем мені тап бір қажыдан келе жатқандай қарсы алды ғой» деп әзілдеп жатыр.
Жұмақынның біздің үйге түскенінен хабардар болған айналадағы үлкен кісілер де бірлеп-екілеп жинала бастады. Дастархан жайылды, қазан көтерілді, әңгіме де бұрқ-сарқ қайнап ала жөнелді…
Әңгіме әредігінде Жұмақын қалтасынан шақша шығарып, ерінге насыбай салды. Бұрын мұндайын көрмеген әкем:
– Оу, құдеке, мұндайыңыз жоқ еді ғой, түрме үйретіп жіберген бе? – дейді.
– Жоқ, ә, түрмені қойшы, – дейді құдекесі. – Мен бұның қызығын айтайын. Құдай сақтасын, бұл құдаңыздың істемегені бар ма? Әй, мен бір адам секілді адам көрдім ғой, асықпаңыз, ұзақ әңгіме ол, – деп шақшасын жинап жөнделіп отырып, әңгіме тізгінін ағыта берді-ау.
– Мына адамда ұят деген болады ғой, сол қиын нәрсе екен. «Өлімнен ұят күшті» деген сөзің рас екен. Негізі ұяттан адам өліп те кетеді-ау. Мен өле жаздадым. Беттің қалыңдығынан тірі қалып отырмыз ғой, – деп кеңк-кеңк күледі өзі. Отырғандар дастархан шетін қайыра жақындап, «е, е, е…» деп ентелей түсті.
– Жазғытұрым үйірлі жылқыма бір жирен қасқа бие келіп қосылды. Басында айналадағы біреудікі болып ұят болып жүрмесін деп әрбіреуге айтқан болдым. Елең еткен адам болмады. Маңайда жылқы іздеген ешкім жоқ секілді. Төржайлауға барғанда да бөлінбей ілесіп барды. Содан, шыны керек, иемдене бастадым. Өзі де қыстан күйлі шыққан мал екен, жылтырап семіріп келе жатты. «Жә-ә-ә, биылғы күздігім сен боларсың» деп бір түйіп қойдым. Жылқымды жолдан аулақ бөлектеу сайға таман ысырып қайыра жүрдім. Сөйтіп жүріп жазың да орталады. Жып-жылтыр болып, сауырынан жарылардай семірді-ақ енді жарықтық. Жалпақ жатқан қос жаяның қоспасына жаңбырдың суы іркілді ғой!..
Күздік соғым көңілді күпті етіп, елдің етекке түскенін асыға күтіп жүрдім. Күн артынан күн өтіп, ол уақыт та жетіп, еңкейе көшіп ел де кетті. Енді әне-міне күн кішкене шытқылдай қалса деп пышағымды қайрап қойып мен жүрмін.
Бір күні түс ауа жылқыны көздеп келейін деп үйден шыққалы жатыр едім, бір бейтаныс ақсақал аттан түсіп жатыр екен. Күмістей сақалы кеудесін жапқан, сұңғақ бойлы келісті-ақ адам енді. Жасы егделеу тартқанмен еңкеймепті, тік жүреді екен. Сәлем беріп, есік ашып, төрге оздырдым. Шай ішілді, жөн сұралды. Әңгімесі осы жүрген жүрісінің жайына көшкенде ішім қылп ете қалды. Тура мендегі жылқыны іздеп жүр екен! Ен-таңбасы, қасқасы дейсің, басқасы дейсің – бәрі келіп тұр, бәрі…
– Содан?..
– Содан, көкпек жеген түйедей дөңбекшідім. Кеудесін жапқан сақалына қарап жетелетіп жіберсем бе деген де ой келген. Оған ала жаздай семірткен малыңды күзде біреу келіп сілекейіңді шұбыртып жетелеп бара жатса қалай болады? Оның үстіне соя қоятын өзге малдың реті де жоқ. Күздікке осы деп ниеттеніп қойдым емес пе! Өзі де жардай болып, жарықтық, күнде көз алдыңда жайқалып жүрсе… Қимадым, құдеке, шынымды айтайыншы, қимадым. Ақыры айта алмадым. Не болса да шалды аттандырып жіберуге амал қылдым. «Сіз енді аудан жақтан келдіңіз, біраз бұрыс демесеңіз ортада Ағашоба ауылы жатыр, бірінші солардың жылқысына қосылады ғой. Жылқышылары мына Жіңішкесайдың басында отыр. Негізі солардан сұрағаныңыз жөн ғой» дедім. Шал елең ете қалды. «Оның да жөн екен, жақын болса күн батпай солай жетіп алайын» деп қозғала бас-тады. «Иә, көрсетіп жіберем, екі-ақ белдің асты ғой» деп мен де алдына түсіп арсалаңдай бердім. Желе жортып бір белді асырып, Жіңішкесайды қамшымен нұсқадым да, қарағайлы қапталдарда бөлек-бөлек жатқан жылқыларға қарай шаптым. «Е-е, іздеушің шыққан екен, аңдыған жау алмай қоймас. Жүке, енді қамдан, Жүке!» дейді ішім.
Үйірді тауып қораға қамағанша қас қарайып кетті. Жарылғалы жүрген жирен қасқаға шалманы жалғыз рет тастап, жықтым да, «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ, бұйырған несібесің, біссіміллә, Аллаһу әкпар!» деп орып жібердім. Қорқырап кетті жиренқасқаң. Қатын анадайда сиырын сауып, жылқылар науаның айналасында қасынысып, тай-құнандар тебісіп дегендей, кешкі мезгілдің абыр-дабырымен араласып жалғыз өзім жәукемдеп жатырмын. Бір кезде сырт жағымнан бір дүбір жақындап келгендей болды. Тай-құнандар шығар деп елемеген едім, тіпті тақау келгендей сезілді. Енді қарайын дегенімше болған жоқ, арқа тұсымнан «Ассалаумағалейкум» деген зор дауыс гүр ете қалды. Құрғыр-ау, құлағыма таныс үн сияқты. Ақыре-е-е-н бұрылып қарап едім, бағанағы ақсақал екен. Төбемнен төніп тұр! Өне бойым бір ысып, бір мұздап ала жөнелді. Маңдайымнан тер бұрқ етті. Алты айырығымнан жосыла ақты. Ондайда тер бетті бойлап ақпайды екен, бұршақтап, шашырап жерге тамады екен. «Ақсақал, түсіңіз» деп атағашты нұсқадым. Ере барып аттан түсірдім. «Бір жылқы тасқа түсіп мертігіп қалған екен, соны сойып жатыр едім, сіз отыра беріңіз» деп үйге кіргіздім де, кері бұрылдым. Жарықтықтың қасқасы қандай, қараңғыда айдай болып жарқырап жатыр екен. Сасқанымнан басын кесіп алып, түйенің жабуының астына тыға салдым. Сөйттім де, ана кісіні орнықтырып отырғызып кетейін деп үйге қайта келдім. Сөйтсем, шалыңның мүйіз сапты ұзын қара пышағы бар екен, алақандай жалпақ белбеуіне жанып тұр. «Көмектесіп жіберейін» деді. Иығынан басып отырғызатын емес, далаға шықтық. Шалекең жеңді түріп тастады. Не керек, басы жоқ жылқының мойынын қылжыңдатып екі жақтап сойып жатырмыз. Қатын ол түк білмегендей монтансып өз шаруасымен жүр. Құдай-ау, теріні іреп жатқанда буын-буыным босап кете береді. Қолымдағы пышақтан айырылып қала жаздаймын. Алақаным өзінен-өзі ашыла салады. Тіпті денемнің жартысы бірде бар, бірде жоқ секілді, мына жұмыс елес құсап сезіле береді…
Ес кетіп, жан шыққанда терісін түсіріп, бұза бастадық. Алдыңғы қолын кесіп алдым да, қазанға сала бер деп қатынға апарып келдім. Ақсақалым «Жылқының басы қайда?» деген де жоқ, «Тасқа түскен жері қайсы?» деген де жоқ, терлеп-тепшіп жамбасты ұршықтап отыр. Мен де келіп кірісіп жатырмын бір жағынан. Бір мезгілде «Мен намазымды оқып алайын» деп, үйге қарай беттеді. Мен етті жырымдап шала-пала бұзып, қарын-қартасын жуып, орнын жинастырып, өйтіп-бүйтіп далада жүрмін. Үйге кіре алсамшы. Сауып отырған жалғыз сиырды әрі айдаймын, бері айдаймын. Қатынға айқайлап, «Анау қайда, мынау не?» деп бірдеңелерді сұрап, шаруамен жүрген болам. Бірақ енді өз үйіңе кірмей қашанғы жүре бересің. Кірдім. Ақсақал шаршаған ба, құс жастықтың үстінде оң алақанын жастанып мызғып кетіпті. Қатында үн жоқ. Менде де. Бір қауым уақытқа созылған үнсіздік тынысымды тіпті де тарылтып жіберді. Далаға атып шықтым. Дала да тым-тырыс. Ақсақалдың арқандаулы атының тақыр шөпті жұлғандағы тырс-тырс дыбысынан өзге тіршілікті жер жұтып қойғандай. Алғашында өз жүрегімнің дүрсілі өзіме естіле бастап еді, атты жақын жерге арқандағаным жақсы болыпты, арқамды үйге сүйеп соны тыңдап біраз тұрдым. Алашабыр бұлт үстінде асығыс ай кілкіп барады…
«Кісі оянды» деген дыбыстан селт ете қалдым. Есік алдында сар еткізіп бірдеңесін төкті де қатын үйге қайта кіріп кетті. Ет те дайын болған екен. Қарияның қолына су құйып, сулығын ұсындым. Өзі семіз, өзі жас ту биені аздап жініктіріп әкеліп сойсаң еті таңдайыңда ерімей ме, буы бұрқырап алдыға келгенде, «Ал, кәне, әумин!» дедім. Енді не болса да осы батада бірдеңе айтатын шығар, бір сөз ұшығын шығарар дедім. Жоқ, кәдімгі бата жасап бет сипады. «Әй, осы шалың білмей қалған жоқ па екен?» деген үміт ұшқыны жылт ете қалды. «Қартайған адам, жолдан шаршап байқамаса байқамай қалған шығар. Басын кесіп тастағаның дұрыс болды ма, қалай?» деп қояды ішім.
«Ал, алыңыз!» деймін ақсақалға. О, Құдірет! Сөйтіп айтқан сайын «Өз малыңыз ғой» деген бір ауыз сөз қайта-қайта ілесе шығып кеңірдегіме кеп кептеледі. Етті шайнап, жұтайын десем түйірленіп жұтылмайды. Ой, Алла! Тамағымнан өтпейді. Бірнеше түйірін бүркітше қылғынып әрең жұттым. «Өзің де ал, келін, сен де» деп қояды қария. Келінін қайдам, менің жағдайым ет жеуге келмей қалды, тағы да ағыл-тегіл тер басты… Бір кезде табаққа қолын созып жатып ақсақал: «Мынау қар суымен кеткен жылқы ғой, тойынған-ақ екен, ә» деп қалды. «Иә, иә, жесеңізші» дедім тұқырайып отырған қалпы етті араластыра алдына ысырып. «Е-е-е, білген екен ғой. Өзі де жылға-жылғадан қардың суы жылап ағып жатқан кезде келді емес пе…» дейді ішім. «Бірақ менің де жылқым қар суымен кетуіне болады ғой, бұл сөзде тұрған не бар? Міністен ерте босатып, тойынысқа жіберілген жылқы екен деп айтып отырғаны шығар» дейді тағы бір ойым. «Бұл ат емес, бие ғой» деп бүлк ете қалды бүйрегім. Қойшы, енді басыңды қатырғанмен пайда жоқ, не болса да болып кетті. Ендігісін алда көреміз…
Ақсақалың асықпай отырып етті жақсы-ақ жеді. Табақ түбіндегі майлы тұздыққа матырып бұлғап-бұлғап алған уыс толы етті бұта шайнаған бурадай екі жағына кезек алып, нілін сорғандай қылып әбден езіп барып талмап жұтады, салалы саусақтарының арасынан сығылып шыққан қазының мөлдір майын қаракесек етке сіңіріп алып азуға басады, жұқаланып туралған жалпақ жалды екі қара кесектің ортасына салып жіберіп қасқа тіспен кертіп жейді… Өз кеңірдегіңнен ас өтпеген соң сүйек мүжіген болып, жеген адамға қарап отырады екенсің. Ақсақал майлыққа қол созғанда өзімше асату жасағым келіп, күштеген болып едім, «Ол кәріден жасқа ғой» деді де күректей алақанын толтырып менің алақаныма салғаны. Ал, жеп көр! Ақсақалға асатпақ болғанымнан ұялғаным бар, «қылтамақ» болып қылғынып отырғаным бар, көзім жасаурап өлдім-талдым дегенде әрең жұтып тауыстым. Не де болса етті жеп болғаннан кейін айтпақ па деген күдікпен тағы қол жайып ас қайыруын сұрадым. Жақсылап тұрып бата қайырды. Күмән тудыратындай басы артық сөз болған жоқ. Түні бойы ұйықтай алмай дөңбекшідім. «Білді ме, білмеді ме?». Екі жамбасқа кезек түсемін. Соңғы асатуда жеген етім бітеу жұтылғандай асқазанымды түйнеп ол да бір жағынан қинады кеп. «Білсе неге үндемейді?». «Білмесе неге қар суы?..». Түннің соншама ұзақ екенін бұрын білмеген екенмін… Таңға жақын көзім ілініп кеткен екен, ақсақалдың азанынан оянып кеттім.
Төрдің алдын күңірентіп намазын оқыды. Дастархан жайылды. Елдің жайы, ауа райы, жылқы күйі дегендей азды-кем әңгіме айтылды. Жіңішкесайдағы үйді таппай, көз байланбай тұрғанда осы үйді қайта тауып алайын деп кеше біраз қатты жүргенін, белі ауырып шаршаңқырап қалғанын, жақсы демалғанын айтты. «Иә, оныңыз қандай жақсы болған, әйтпесе… атыңыз жорға екен ғой» деп айдалаға лақтым. Жиренқасқа енді айтылып қала ма дегенде жүрегім алқымыма келіп қайтады. Есалаң кісіше ебіл-дебілім шығып отырмын. Шайдан соң бет сипап, «Ал мен енді қозғалайын» деді. «Иә, қозғалыңыз, атыңызды ерттеп қойдым» деп елпек қағам. Атының мінер жағын дөңестеу жерге ыңғайлап, сулығынан ұстап, қолтығынан көтеріп ерге салдым ақсақалды. Басымды көтеріп жүзіне енді қараймын дей бергенім сол еді, қария тізгінін іркіп тұра қалды. Тұра қалды да: «Жә, Жұмақын!» деп ауыр күрсінді. «Сен де бір алаштың азаматы екенсің…» деді де үнсіз қалды. Басым еріксіз салбырап сала берді. Буыным босап, сүйенерге бірдеңе іздегендей сенделіп тұрып қолымның қалай ақсақалдың етігінің қонышына барғанын сезбей де қалыппын. «Менің шаңырағым ауданның шет жағында. Кеше де айттым ғой, Сарзалың деген жер. Ауылдың шетіне іліне бере «Хасен ақсақалдың үйі қайсы екен?» деп сұрасаң елдің бәрі біледі… көріскенше аман болайық!» деп сәл еңкейіп атының мойынын қолымен қағып, «Ал, қаражорға, сенің де арам терің жоқ екен. Енді Жіңішкесайға да сандалмайтын болдық, шаруамыз бітті, енді үйге қайтамыз» деп тізгін қақты да, тебініп қалды.
Тұрған жерімде қазықтай қалшидым да қалдым… Бәрі түсінікті болды. Ақыр-е-е-н мойнымды бұрып қарасам қариям қаражорғасын тайпалтып кезеңге жақындап қалыпты.
– Содан?.. – деді отырғандар, ауыздарынан ақ жалын атылып шыққандай болып.
– Содан сүмірейіп ер жасайтын Дүйсенге бардым. Бір жұманың ішінде өмілдірік-құйысқанымен күміс ер жасап бер деп мүйізінен жетелеп қылжақтатып бір өгізше апарып бердім. Ісмер неме ғой, айтқан уақытымда бітірді. Сөйтіп оны Торжорғаға салдым да, жетекке алып Сарзалыңға тарттым.
Жұмақын Торжорғаны айтқанда отырғандардың біразы гу ете қалды. Ол жорға жарысында алдына қара салмаған қылқұйрық қой. Әдетте қандай жорға жазық жерде ғана жақсы жорғалайды да, ойлы-қырлы ойпаң жерлерге салып жіберсең жорғасынан жаңылып, шауып кетіп, желіп кетіп жорғасы жортаққа айналады. Ал Торжорға алдының бәрін аяқ алысымен өлшеп ойлы-қырлы жеріңді тұяғымен тегістеп тайпалғанда қолыңдағы шараның суы шайқалмайтын еді ғой. Және маңдайы жарылып жалғыз келетін. Отырғандардың іштері удай ашып бара жатқаны сол.
– Содан?..
– Содан таңда шығып екінті уақытында ауылдың шетіне ілініп, «Хасен деген қарияның үйі қайсы екен?» деп сұрап едім, бір аяғын сылтып басатын жас жігіт алдыма түсіп жүгіріп отырып, жақындағанда «Әне!» деді. Атағашқа екі атты байлап, кіріп барып едім, ақсақал төрде жатыр екен. «Уағалейкумассалам! О, Жұмақын, келдің бе?» деп орнынан тұрды. Балаларына бірден «Мына кісінің аттарын шөпке қойыңдар, маяға кіргізіңдер» деп бұйырды.
– Аттарын, – дейді, ә? Біліп отыр ғой жетек әкелгеніңді, – деп қояды әдетте өзгенің әңгімесінің арасына сынық әріп қыстырмай үнсіз отырып тыңдап, үнсіз кете баратын Көксеген.
– Мая әлі басталмаған уақыт қой, сонда да кіргізіңдер деп құрметтеп, разы болғаны да енді, – деп жүптеп қояды Асқаби.
– Тұра тұрыңыздар, әңгімені бұзбаңдаршы, – деп Жақай көрші айналасына қабағын бір шытып алды да Жұмақынға күлімсірей, тесіле қарады.
– Е-е-е, содан, қарсы алып жатыр әшейін?
– Қарсы алып жатыр. Содан шай ішілді, әңгіме айтылды. Қазан асылды. Шежіреші адам екен өзі. Соғыс кезді айтты, Оспанның әскерінің, Шың Шысайдың әңгімесінен жіберді. Бір кезде менің арғы аталарыма жақындап келді. Менің аталарым бұрын аудан жақтан көшіп келді емес пе, жақсы біледі екен. «Жақсы адамдар еді» дегендей бір әңгімелерін айтты. Онысы «Сенің істеп жүргенің мынау!» деп, арқамды осып-осып жібергендей болды. Көзімді дастархан шетіндегі қошқар мүйіз өрнектен алмаған күйі тапжылмай отырдым, енді не істеймін? Кемпірі менің ыңғайсызданып, жайсызданып отырғанымды сезіп отырған секілді, «Қонақ шаршап келді ғой, демалсын» деп, төсек салғызды.
Бұл да бір құс ұйқылы түн болды. Таңертең тұрсам, кемпірі қоржын дайындатып қойыпты. «Келіннің қолынан дәм таттық қой, мынаны ала бар» дейді ақсақал. «Дәм татқанда…» деп күмілжідім. «Өзіңіздің мал ғой» деген әлгі бір сөз кеңірдегіме тағы келіп кептелді. Баласы қоржынды атқа салып, өзімді қолтықтан көтеріп мінгізді. «Ал енді аман бол!» деп Хасен қария кеудесіне қолын апарды. «Ал» деп мен де ыңқиып тойған шардақ шабдарымды тебіне беріп едім, «Жүргісі келмеген қойдың сигісі келеді» дегендей белін қайқитып тұра қалғаны. Тура атағаштың түбінде. Сарылдатып төгіп жатыр, төгіп жатыр, Сарзалыңның суын жалғыз өзі сарқып ішкендей таусылып бермейді тіпті. Қоштасып алып бір-бірімізге қарап тұрмыз. Әй, сол кезде бетімнің қызарғаны-ай. Тезірек жүріп кетсем деп тұрмын. Анау жау айдағыр майысқан екі тілерсегін әрең жинап ілгері басты, әйтеуір, бір кезде. Кетіп бара жатып «Ана кісі артымнан қарап тұр ғой» деген ой сап ете қалып, арқам кәдімгідей құрысып барады. Көзі де сұмдық өткір еді. Сәлден кейін арқамнан жебе қадалатындай қуырылып келем. Басым зеңіп айналғандай болды. Содан баяғыда біреуден «Басың қатты ауырған кезде насыбай атсаң, қояды екен» дегенді естіп едім, сол есіме түсе кеткені. Бір бұрышта дүкен тұр екен. Жанаса барып қамшының ұшымен терезесін қағып едім, күнге қарап сығырайып, қабырғасын тырмалап біреу шықты. Насыбай бар екен, әйтеуір. Тиынын ұстатып едім, үш қалтасын әкеліп берді. Содан соны ауылға жеткенше аздап-аздап ерніме салып отырдым. Сөйтіп осы құрғырға үйір болып жаман үйреніп алыппын, құдеке, – дейді ғой әлгі жерде санды ұрып жіберіп қарқылдай күлген Жұмекең.
Отырғандар ду ете қалды. Ойпырмайлап, аһілеп-үһілеп тізе жазысты. «Е-е, Торжорға кетті десеңші…», «О-о-о, бұл насыбайдың тарихы тым терең де…», «Әй, Жұмақын-ай» деп әр ім тұс-тұсынан кергілеп ала жөнелді.
– Әй, сенің Торжорғаңды жақында қораңнан көрдім ғой? – деп Ниғымет көрші саңқ ете қалды осы кезде.
– Тұра тұр, әңгіме әлі біткен жоқ, – деді Жұмақын тағы да езуіне күлкі үйіріп. Содан екі жұмадан кейін Торжорғаны жетелеп баяғы баласы келіп тұр. Айналасындағы біреулер таныған ба, Торжорғаның атағы шыққан ат екенін біліпті ақсақал. «Абыройын көтеріп жүрген аты екен, өзі мінсін! Аттың басын биеге қор қылмайық, орнына басқа бірдеңесін берсін» деп сәлем айтып жіберіпті. Сөйтіп төбел биені жетелетіп жібердім, – деп жымың-жымың күліп жанындағы құс жастыққа шынтақтай жантая берді Жұмақын.
– Шынында, адам секілді адам көріпсіз, құдеке, – деп жүзі бал-бұл жанған әкем еріксіз басын шайқап еді.

* * *

Расымды айтсам, осы оқиғаны ұмытып та кетіппін. Мүлде жадымнан өшіп кетпесе де, айтылмаған соң ауылдағы шаң басқан көп әңгіменің бірі секілді болып мидың қалтарыс бір қатпарларында қатталып қала берген екен.
Қайбір жылы Астана көшелерінің әлдебір қиылысында үйдей-үйдей өңкиген екі «Джип» машинасы бір-бірін сүйкеп кеткендей болды. Қара жолдың қағын көшіре ышқынып барып екеуі де кілт тоқтады. Екеуінен де еңгезердей екі жігіт түсті. Орысшатыс боқтасып, кеуделесе кетті. Түрлері өрт сөндіргендей қарақошқылданып түтігіп, шеке тамырлары білеудей болып адырайып кеткен. Бір кезде біреуінің әйелі түсті. Қолында мойынына кигізілген қарғыбауды төсінен өткізіп апарып арқасынан түймелеп, артынан жетелеген иті бар айтпақшы. Құдай-ау, құдды бір атты өмілдіріктеген секілді екен. Түсе сала қарсы тарапқа шабаланып берді әйел. Қолындағысы да қосыла шәу-шәу етіп қояды. Бір жағынан телефондап жатыр. Содан не керек, ұзын көшенің ұзына бойын азан-қазан қылып қиқулатып жол полициясы жетті. Сеңдей сіресіп тұрып қалған көліктердің терезесінен мойындарын соза қарап, бажылдата сигнал басып тағатсызданған жұрт. Жер-дүниені шулатып ентіге жеткен қызметкерлер айналасынан көліктер өтетін жол шығарғаннан кейін қағаз-қалам, түрлі құралдарын алып шығып қоршап, өлшеп екі машинаның қалай соғылып, не зардап болғанын тексеруге кірісті. Жол шетінде біреуді күтіп тұрған адам ақыры алдында болып жатқан оқиғаға назарын салмай тұра ма? Әдейі үңіліп қарадым. Сөйтсем, Құдай-ау, сіріңке тартқандай болар-болмас із түсіпті жаңағы ит түскен аппақ «Джипке». Болар-болмас, көрінер-көрінбес із… Оны біреуі саусағымен сипап қалып еді, арғы жағы айнадай жарқырап шыға келді, әлгі сызат дегенімнің өзі ақ темірдің «жанына» емес, шаңына ғана түскен із секілді…
Анау екеуі әлі ерегесіп тұр…
Ауыр күрсінгенім есімде. Сонда миымның терең бір қалтарыс қатпарларында қалып қойған Жұмақын құданың әңгімесі ғайыптан жеткен хабардай ойыма орала кетіп еді. Қаражорғасын тайпалтып кезең асып бара жатқан Хасен қария енді бірде менің де арқа тұсымнан қадала қарап тұрғандай тұла бойым шымырлап кеткен…
Сонда тас қаланың тар көшесінде тұрып сона-а-а-у басы мұз, бауыры балқаш қарт Алтайдың алып шың, айғыржал жоталарын аңсап едім…

Қараманнан шыққан қайыршы

Бидәулет тумысынан кедей адам еді. Бала күнімнен көз алдымда. Шошаңдаған бес ешкісін айқайлап ары қуып, бері қуып кіжінетін де жүретін. Кейін үлкендердің әңгімесінен естуімше, арғы аталары да иіні жарып тон кимеген, тақымы толып ат мінбеген адамдар болған секілді. Оны бір жылы жазғытұрым жалданып Масғұттың үш жүз қойын төлдеткенде Бидәулеттің өзі де айтыпты. Жеріген қой, жағызған қозы дегендей егіздете топырлап туып жатқан қалың төлді игере алмай кеткен Бидәкең, «Осы жүнді жауды жүзге жеткізе алмай жеті атам күйіп кетіп еді, осылар қалай мың қырылтып айдап жүреді осы? Құдай-ау, мынаның малының қысыр қалған бірі жоқ па? Енді текесі лақтап, қошқары қозылайтын шығар!» деп күйінген екен дейді. Сол Бидәкең туралы әңгіме ғой бұл.
Қорасының алдында өзінен өзі зіркілдептұрған Бидәулетке бір күні көршісіәрі құрдасы Құнаш жақындап келіп әдеттегіден өзгеше бәсең үнмен сырласқысы келген адамдай жақын тарта сөйлепті:
– Бидәк, осы саған көптен бері бірдеңе айтайын деп жүр едім, – дейді ғой.
– Айта бер, жер алыс болып қолың жетпей жүр ме еді? – депті Бидәк.
– Бұрын да жібектей есіліп тұрғаны шамалы ғой, деседе соңғы бір-екі жылда сенің мінезің қатты өзгеріп кеткен секілді. Болар-болмас нәрсеге сонша ашуланып, елуге жетпей әшейін бір шарқая шалға айналып барасың. «Әкәу бұл бұрын тым мұндай емес секілді еді» деп қоям. Не болып жүр осы саған? – деп мұңданыпты.
– Кедейліктен қажып кеттім, Құнаш.Балалар жас, бұл кедейлік адамды титықтатып тамтығына жетеді екен ғой, жалығып кеттім тіпті, – деп оның да тізесі дереубүгіле кетіпті сонда.
– Демалып ал онда, – депті Құнаш құрдасы қыжыртып.
– Мынаның астына барып бірақ демалатын шығармын, – деп қолындағы ағашпен жерді шұқылапты Бидәк.
– Қайтесің енді, кедейлік жалықсаң шешіп тастар киім емес, шыдайсың да, туыстарың бар әйтеу.
– Е, е, туысыңнан бір серкеш алып көр, сонысын бұлдап бір жаз жұмықа салады. Онан да жатың жақсы.
– Жат жарылқай ма, Бидәк-ау.
– Оның да жолы бар шығар, ойлану керек, – депті Бидәулет.
Бидәкеңе туыстары көмектеспейді емес, көмектеседі екен. Бірақ дәл бергенін бұлдамаса да, анау-мынау тірлігіне жәрдемге шақырады ғой, соған өзі қияңқы, қырыс адам кейде шамырқанып, істесе де күңкілдеп, бұрқылдап жүріп істейді екен.
Оның Құнашқа «жақыныңнан жатың жақсы» деуінің ар жағынан бір бәлелі ой бас көтеріп келе жатыпты. Оны ол кезде құрдас көршісі де, туыс жақындары да білмеген.
Ол уақытта, Бидәулет екеуіміз туып-өскен Алтайда «қазақ қайыр сұрайды», «қазақтан қайыршы шығады» деген ой жан баласының түсіне кірмеген. Алайда анда-санда өзге бір ұлттың өкілдері мойнына дорба салып, ел аралап қайыр сұрап жүретін-ді. Сақалдары кеудесін жапқан қария кісінің қайыр сұрап жүргенін көргенде таңырқап әрі қорқып «қайыршы келе жатыр» деп қашушы едік. Ал, олар ешбір қазақтың үйінен құр шықпайтын. Бірі асқа тойдырып, бірі ақшасын салып беріп қонақтай аттандырып жатушы еді.
Осы жағдайды көріп, біліп жүрген Бидәулет албастының ойына бір күні жамандық түсіпті. «Тым болмаса қазақ та емес, қайдағы бір ұйғырдың да қалтасын толтырып жіберіп жатыр ғой, мен сұрасам неге бермеске» деген үмітті қиял миына кіріп алыпты да күні-түні маза бермепті. Осы ойына іштей бекім жасаған сайын шақырғанның жұмысына бармай, өзінен өзі шалқақтапты. «Мойныма оюлы тоқыма қоржынымды салып алып тартып кетсем қайтеді?» деген ой не қоя алмай, не іске асыра алмай өзі қажып біткен жанын ай емес, жыл бойы қажапты. Өз жоспарынан өзі зәрәзап болыпты.
Содан, не керек, тағы бір туысы қайта-қайта жәрдемге шақыра берген бір күні «бұл да сол былтыр күзде берген ақсақ тоқтысын бұлдап отыр» деп шамданған Бидәкең ойындағы әлгі шаруасына шарт бекініпті. Талай-талай оқталып тартынып қала берген, тартынып қалған соң тағы мазасыз күй кешкен ол, бұл жолы бастамасам, Бидәулет атым өшсін деп, өз-өзіне серт етіп, орнынан секіріп тұрыпты.
«Шешінген судан тайынбайды». Бірақ, судың да кез келген жеріне қойып кетпей, ыңғайлы жерінен түсу керек қой. Оны енді жыл бұрын ойлап қойған екен. Қайыр сұрауды өз ауылынан бастаса елдің бәрі күледі ғой, «Ойбай Бидәулет жынданып кетіпті» деп қашатын шығар, кім біледі. Сондықтан қоңыр күздің бір күнінде оюының тамтығы ғана қалған ескі қара қоржынын сол иықтан қиғаштай оң мықынның тұсына салып алып, өз ауылынан кейін тағы үш ауылды артқа тастап, тоз-тоз боп төртінші ауылдың шетіне ілініп, «биссіміллә» деп бастайды ғой.
Ол кезде, иә қазір де Бидәулет екеуміз туып-өскен сол ауылда ешкім үй сыртынан айқайламайды. Тура келіп есіктің тұтқасынан тартып ішке енеді. Әсіресе, ауыл ішінің адамдары сондай емін-еркін араласады. Шаруасы болса айтып, шаруасы болмаса отырып шай ішіп, өзге де кісісі көп мол дастархан болса ары-беріден әңгіме қозғасып дегендей сағаттап отырып қайтады. Енді бізден кейінгі төртінші ауылдың салты өзгеше емес қой, Бидәулетіміз шеттеу тұрған бір үйдің ашық жатқан қақпасын ақыре-е-ен ғана аттап кіріпті. Аттап кірсе, бес-алты адам ауладағы тәпшан тақтайда малдас құрып шай сораптап отыр екен, бұ кісі ассалауды соза қоя беріпті, отырғандар шетінен әлик салыпты. Сонымен не керек, «келіңіз, келіңізбен» кеукеулеп төрге бірақ шығарыпты. Күзді күнгі қою сүттен қатқан күрең шайды екі қауып ұрттағанда қаншама жерден жаяулап қақтығып келе жатқан Бидәкеңнің жұқа шекесі шып-шып терлепті. Енді қазақ жөн сұраспай отыра ала ма?
– Қайдан келе жатырсыз? – дейді өзіне жақын отырған біреуі.
– Тараты деген ауылдан, – дейді Бидәкең өз ауылынан тағы бір-екі ауыл ары апарып.
– Ойпырмай, сонша алыс жақтан жүр екенсіз ғой, шай алыңыз, – дейді кесе алып беріп отырған үй иесі.
– Таратыға барып тас лақтырсаң Тасбидің басына тиеді деп естиміз, өзіңіз қай ел болдыңыз? – дейді бір еңгезердей жуан қара.
– Иә, Тасби Сүйіннен тарайды ғой, біз Текейде Шәліден тараймыз.
– Ойпыр-ау жақындап келесің ғой, Шәлінің ішінде қайсы? – деп еңгезердей қара ентелей жақындайды.
– Шәлінің ішінде Ботабаймын.
– Мә, міне сенің туысың екен ғой, – дейді жуан қараға үй иесі.
– Иә, қызық болып жатыр, тұра тұр, жә содан Ботабайдан қайсы? – дейді жуан қара тіпті ентелеп.
Бидәулет саса бастайды. «Турасын айтсам ба, айтпасам ба?» деп сәл ойланып барып, рудың әу баста дұрысын айтқан соң аяғын жалтарудың мүмкін емес екені есіне түсіп барып:
– Ботабайдан Қараман, – дейді.
Сонда әлгі еңгезердей дәу орынан іркіле қозғалып кеп Бидәулетті құшақтап қайта амандасады. Отырғандардың барлығы табысқан туыстарға кеукеу айтып мәре-сәре, еңгезердей қара мәз-мәйрам. Бидәулет жан-жағына қарап жапақ-жапақ етіп ерекше қуанған болып ол отырады.
Бұлар сөйтіп қауқылдасып жатқанда иығына сүлгі салған ұл бала келіп, өзінің оң қол жағынан жағалатып қолға су құя бастайды. Әне-міне дегенше ет те келеді. Буы бұрқырап алға келген үлкен табақтың Бидәулетке қараған жағында төңкеріліп жуан қойдың жамбасы жатыр. «Әумин» деп қол жайған үй иесі «батаны кім береді?» дегендей бәріне қарайды. Бәрі Бидәулетке қарайды. «Құдайы қонақсыз ғой, сіз беріңіз, сіз беріңіз». «Қонақ емес, қайыршы едім» дейтін емес, қатты сасқан Бидәкең «әһ» депті де демін ішіне тартып не дерін білмей бір қауым уақыт үнсіз қалыпты. Отырғандар үдірейе бәрі қарап қалған. Мойынтамырлары адырайып қызарып кеткен Бидәкең бір кезде барып «Құдай жарылқасын, Аллаһуакпар» деп демін үзе ауыр күрсініп бетін сипайды. Құдайы қонақтың мына күйіне қарап «Аллаһуакпардың» аман-есен шыққанына шүкір дегендей отырғандар да бір-бір терең тыныстапты. Енді қайтсін, ауылында да қайбір алдына табақ тартылып күнде бата беріп жүрген адам дейсің, жат жерде, қапелімде, жаңағыдай жағдаймен жүргенде, батаға осы да жарайды да.
Сонымен, еркек қойдың жамбас майын ортан жіліктің ойынды етімен қабаттастыра тау жуасы туралған тұздыққа малып-малып қарбыта асап отырып Бидәкең неше түрлі ойға беріліпті. Шындығында құдадай күтіліп отырған мына қалпын қайыршылыққа қиғысы да келмей қалыпты. Жәй ғана тамағын ішіп, басқа жаққа кетіп бара жатқан адам ретінде аттанып кеткісі келіпті. Оған неше жылғы теперіш, былтырдан бергі ой қайтадан қайырып әкеп қайыршылықтың даңғыл жолына сала беріпті. «Дәл мына дастархан басында «қайыршы едім» демей-ақ қояйыншы» дейді іштейшарадай үлкен кесенің жалпақ бетін жылт-жылт еткізген қарсақжон сорпаны сораптай бір тартып жіберіп. «Айт, мына семіз туысың бай секілді ғой, бай болмаса не жеп семірді дейсің, жалғыз өзі-ақ жарылқай салар мүмкін, айт» дейді қайыршы даңғылына қайта түсе қалған сәті. «Ал, туысым ал», «жеңіз, құдайы қонақ, жеңіз» деп мыналар жік-жапар, бірінен бірі өтіп бәйек болады.
Арпалыспен отырып ас желінеді. Оң қолының бес саусағын бес-алты рет салғанда алажаздай қусырылып жүрген қу тырнағын былқылдатып жіберген еркек қойдың қолға жұққан жамбас майын сүрткісі келмей біраз отырған Бидәулет сәл ғана сәтке естанды бір рахат күй кешіп барып майлыққа қолын созады. Дастархан басындағылар енді таудың қызыл бұйра аршасымен ықылық ата отырып тіс шұқып, құдайы қонақтың әңгімесін ары қарай сұрайды ғой.
– Сонымен, бұ жақта қандай шаруамен жүрсіз?
– Бұ жақта ма?..
– Иә, құда-жегжат дегендей жақындарыңыз бар ма?
Бидәулет тағы біраз үнсіз қалады. Ол үнсіз қалған сайын бәрі «не дер екен, не ғып жүр екен» дегенге онан сайын аңсарлары ауып қадала түседі. Әлі сол баяғы арпалыстың біріне жеңдіре алмай отырған Бидәулет төменге тартып, ішіне түсіп кеткен үнін зорлана шығарып:
– Мен жөнімді айтайын… мен қайыршымын, қайыр сұрап жолға шығып едім, – дейді. Отырған жұрт ортасына жай түскендей бір-біріне ошарыла қарайды. Сөйтіп барып қайыршыға бір, қара дәуге бір қарайды. Өзі қара түсі онан сайын қарақошқылданып түрі түсініксіз бір қорқынышты көрініске айналып кеткен дәу орнынан атып түрегеліп Бидәулеттің кеңірдегінен бірақ алыпты. Кеңірдегін бір сығып, екі жағасынан қымқыра ұстап тік көтеріп: «Қайыршысы несі, иттің баласы! Бүкіл қазақтан шықпаған қайыршы енді Қараманнан шығайын деді ме? Тап бүгін сені мылжалап өлтірмесем әкемнен тумай кетейін, Қараман түгілі қазақ болмай кетейін!» деп сілкілегенде Бидәулеттің аяқ-қолы өлі адамдыкіндей ебедейсіз ербеңдепті. Жұрт арашаламақ болса да, жараған бурадай жапырған қара дәу ешкімге бой бермей Бидәулетті қақпадан сүйреп алып шығып, көкала қойдай қылып сабап, желкелеп отырып үйіне алып кетіпті. Құрақ ұшып «құдайы қонақ» күткен үй үрпиісіп қала беріпті.
Ертеңінде бұл ауылдан екі атқа екі қой өңгерген екеу Бидәулеттің ауылына тартыпты. Кешегі қара дәу ашуы бір арындап кетсе айнала ауылын алақанында бүріп жіберетін айтулы азамат екен. Бидәулеттің бүкіл туыс ер адамдарын шақырып алып көздеріне шұқыпты. «Неге жібересіңдер? Мына арам сідік күллі Қараманның сүйегіне «қайыршы» деген мөр басып бере жаздады ғой! Енді бұлай істесе мұның ғана емес, айтпады демеңдер екі-үшеуіңнің бастарыңды кесіп суға лақтырам!» деп ақырыпты. «Бермей отырғамыз жоқ, беріп жүрміз, өзі де бір мал басын құрай алмайды» деп міңгірлепті біреуі. Содан не керек, қара дәу екі күн жатып туыстардан жиырма шақты ұсақ малды Бидәкеңнің қорасына қамап беріп ауылына аттанған екен.
Ел ішінде әңгіме жата ма. Бұл ауылдан қара дәу кеткенше ол ауылдағы оқиға да жетіп үлгеріпті. Малға толып қалған қорасының есігін бекітіп жатқан Бидәулетті көрген Құнаш құрдасы анадай жерден айқайлап:
– Ау, Бидөк, амансың ба? Сен бір сапарға шығып келді дей ме? – деп күледі екен.
– Әй, сапары құрсын, бері кел, сапар болғанда мені Меккеге барып келді деймісің. Не дұрыстап өздерің бермей, не елден алғызбай діңкені құрттыңдар ғой. Бұл қазақтың ішінде қайыршы болып та жан баға алмайды екенсің, – деп қарқ-қарқ күледі дейді Бидәкең.
– Әй, құрдас-ай, Қожанасырсың ғой, Қожанасырсың! Бүйтіп сапарлап кететініңді кім білген. «Қараманнан шыққан қайыршының көршісі кім екен?» десе қияметте менің де атым аталып жүрмесін, андағы қораңа мен де бір тұяқ кіргізіп жіберейінші, – деп Құнаш та өз қорасына беттепті.
Ел ішіне жеткен сөз енді жата ма? Бидәкеңнің әлгі ісі «Бермесең Бидәулет құсап қайыр сұрап кетем», «Бидәкеңше қайыр сұрап қалмайын» деген секілді тәмсіл болып жұрт аузына ілінеді де кетеді. Енді оған тоқтау бар ма?
Төрт-бес жылдан кейін баяғыда «құдайы қонақ» болған ауылдағы оқиғаны Құнаш құрдасына басынан аяғына дейін тәптіштеп айтып берген Бидәулет дәу қара туысына сыртынан рахмет айтып, «мыналар мені малдың басын құрай алмайды» дейді, малдың басы топтанса құралады, екі ешкі, бір тоқтыдан мал құрала ма екен?» деп күледі екен.
– Сол туысыңның ауылына барып қалсаң бір түрлі болатын шығарсың ә, десем, Бидөгім: «Түйе пішкен жеріне жоламайды дегендей, содан бері ол ауылға кірмек түгіл маңына жолмай кеттім» деп ыржың-ыржың етеді, – деп әңгімелейді Құнаш құрдасы.
Осыдан үш жыл бұрын ауылға барғанымда көрдім, сөйткен Бидәкең қойының санын «жеті атам жеткізе алмады» дейтін жүзге де жақындатып қалыпты. Ендігі жеткізген де шығар…

4 комментария

  1. Reply
    Сулеймен Жасуланговорит

    Керемет

  2. Reply
    Бейбарысговорит

    Қалай жағдай

  3. Reply
    Бейбарысговорит

    Қалай

    • Reply
      .говорит

      .

Пікір қалдыру