БАЙ-БАЙ, СОЛ БІР ОТЫЗЫНШЫ ЖЫЛДАР-АЙ

Ғалым АХМЕДОВ

Адамзаттың қоғамдық формациясы ерте заманнан бері бірте-бірте өзгеріп дамып келе жатса большевиктер билiктi қолға алғаннан кейін оны революциялық жолмен тездетіп күрт өзгертеміз деген бағыт ұстанды. Қоғам дамуының рулық-патриархалдық сатысында отырған қазақ халқы енді феодализм (бұл дәуiр бiзде енді ғана көрініс алып келе жатыр едi), капитализм дәуірлерін аттап өтiп, социализм қоғамын орнату жолына түсуі керек болды және жайбарақат емес, өте шұғыл, қызу түрде қолға алынды. Ел ішінде ешқандай дайындық, түсіндіру жұмысы жүргiзiлмедi, дұрысында ондай жұмысты жүргізе алатын кiсiнiн өзi де бірен-саран болмаса жоқ еді. Қоғам жұмысына араласқан адамдардың көбінің білімі аз, білімі барларды өкімет байдың балалары деп ондай жұмысқа жолатпады. Ауылдық жердегі белсендiлердiң көбі-ақ ештеңенің мәнісін білмейтін ұрдажық біреулер болды, көбi тiптi сауатсыз. Сол жылдары ел iшiнде: колхоз болғанда мал-мүлiк, қатын-бала — бәрі ортақ болады екен, жұрт қырық құлақ қазаннан ас ішіп, қырық құлаш көрпенің астында бәрі бірге жатады екен деген кауесет сөздер тарап жүрді. Жоғарыдан колхоз ұйымдастыруды тездетiндер деген нұсқау үсті-үстіне келіп жатты, бұл жөнінен аудандар социалистік жарысқа түсіп бәсекелесуге дейін барды, артта қалғандар кара тақтаға жазылды. Оның үстіне бұл жұмыс астық науқанымен қабат жүргізілді, «астық үшін күрес – социализм үшін күрес» деген ұран болды. Қолындағы малын колхозға берген, жеке астық салмаған колхозшыларға да астық, жүн, ең аяғы мүйіз, тұяқ (осы жерде баяғы Остап Бендер есіне түседi) жоспары беріліп, қысымға алынды, орындамағандары сотталды. Өкiметтiң осы саясатын түсiне алмай ел дал болды, колхоздан ешқандай қайран көре алмайтын болған соң жұрт бет-бетiмен қаңғып кете бастады. Сол жылдары қанша адам Қытайға, басқа республикаларға босып кетті, қанша адам қырылды. Голощекин бұл трагедияны ел байлардың қаскүнемдікпен азғыруына еріп адасып жүр, сондықтан кетіп жатыр деп түсiндiрдi.
1930 жылы мемлекеттiк үлкен шаруашылықтар (совхоздар) ұйымдастыру жұмысы қолға алынды, бұл да үлкен науқан болып өте қызу жұргiзiлдi. Үкімет пен партия сiрә колхоздардан күткен үміттері ойлағандарындай шықпаған соң осы жұмысты бастады ғой деймiн. Мен сол жылы қазiргi Жамбыл облысында совхоз құруға араластым, 1931 жылы Әулиеатада совхоздар миссариатына қарайтын мал шаруашылығы (зоовет) техникумының деректiрi болып қызмет істедім. Сол жылдары ел басына түскен қайғы-қасiреттiң неше түрлiсiн көруге тура келдi.
1930 жылы мемлекеттік үлкен шаруашылықта совхозға кірген, бірақ хат танымайтын, жасы біразға келген бiр адам жұмыс істеді. Партия ол кезде еңбекшiлердiң саяси көзін ашуға қатты көңіл бөлетін. Сонда саяси сабақ өткiзгенiмiзде Қырықбай екі сөзiнiң бiрiнде: «Жарықтық партияның сара жолы» деп отырушы едi. Бiрақ бұл ешкiмге зияны жоқ момын адам болатын. Ал енді 1931 жылы ел iшiне шыққанымда «Бипылный Мамыт» деген нағыз белсендіні көргенім бар. Еңгезердей сары жiгiт, жасы отыздар шамасында, хат танымайды, бірақ активист-белсендi. Қолында дойыр қамшы, елден астық жинап жүр екен. Көрінген кісіге тек «Ой, әкеңнің ауызы… бипылный» дейдi, жоқ десе қолындағы қамшымен тартып-тартып жiбереді. Өздері аштан бұрлығып жүрген адамдардың қарсыласар әлі жоқ. Мұның «бипылныйы» не десем, орыстың «выполни» деген сөзі екен, одан артық бір ауыз орысша бiлмейдi. Мiне, ауылдағы белсендiлердiң түрi осындай болып келетін.
Елге шыққан уәкiлдердiң де Мамыттан артықшылығы шамалы болатын. Сол 1931 жылдың күзiнде астық науқаны қызу жүрiп жатқан кезде Әулиеатадан елу шакырымдай жердегі Новоивановка деген орыс селосына бардым, қазақтар оны Жетібай дейдi, сонда машина-трактор станциясы (MTC) болатын. Селоның орыс тұрғындары түгел дерлiк колхоздастырудан қашып кеткен, МТС-та істейтін үш-төрт үй орыс бар, аздаған қазақтар да тұрады екен. Сонда ауданнан келген бiр жауапты қызметкер сол маңдағы колхоз басшыларын жинап мәжiлiс өткізіп жатыр екен. Ол кезде колхоздар ұсақ – отыз-қырық үйден болатын. Ауданда сыпайы жүретін әлгi жiгiт колхоз бастықтарын біресе орысшалап, бiресе қазақшалап боқтайды. Мен шыдай алмай: «Ау, мұның қалай, жұртты беталды бұлай сөгуге болмайды ғой» десем, ол: «Осылай сөйлеспесең бұлар жоспарды орындамайды» дейді. Дегенмен менiң сөзiмнен кейiн ұялды ғой деймiн, боқтауын қойды. Байқаймын, шаруашылықтары әбден күйзелген колхоз басшылары бұл дүниядан түңілген түрмен төмен қарап, осы жиналыстың тезірек бітуін асыға күтетін сияқты. Колхоз басшылары: «Жоспарды орындаймыз, астықты табамыз» дегендерiмен мына уәкiлдiң қысымынан тезірек құтылу үшін айтылған бос уәде екені белгілі еді.
Жиналыс соңынан жұрт тарқамады, сөйтсем, қаржының кімдікі екенін кім білсін, уәкіл тамақ астырыпты, бірнеше шыны қызыл арақ та бар екен. Бірер тастап алғаннан кейін уәкіл отырғандарға өлең айтыңдар деді, бірақ жұрт оған ықылассыз еді. Уәкіл қоймаған соң орта жастағы бір адам өте зарлы бір ән салды. Өлеңінің сөзі жадымда жоқ, бірақ қайырмасында: «…Ой, Алла-ай, замана болды-ау қандай-ай!» дейді, әнінің өзі де адамның сай-сүйегін сырқыратқандай еді. Уәкіл оған: «Қайдағы бір контр өлеңді айтасың» деп ұрысқан соң ол да бітті. Сонда бір қартаңдау, өте жүдеу колхоз бастығының, аш қарынға ішкенге қызып қалып, теріс қарап өзіне өзі күйіне күңкілдеп: «Я, қатын-бала қырыла берсін, планды орындау керек…» деп ызамен күбірлей қайталап отырғаны осы күнге дейін көз алдыма келеді…

* * *

1931/32 жылғы қыста ашыққан адам қалаға сыймай кетті. Бұлардың көбі Сарысу, Талас аудандарынан келген аштар. Әулиеата маңындағы ауылдардың да көпшілігі аш, олар да тамақ іздеп қалаға шұбырады. Қала Талас өзенінің сол жақ қапталында, оң жағында қаладан төрт-бес шақырым жерде Свердлов атында қазақ колхозы бар, сол колхозды аудандық партия комитеті біздің техникумға шефке берген және мені сол маңдағы он бір колхозға уәкіл етіп жіберді.
Бұл бір үлкен колхоз екен, халықта азық жоқ, алды аштан өле бастаған, ісінген адамдар тіпті көп. Қасында бірге тұтасып жатқан «Красная заря» деген орыс колхозының адамдары түгел дерлік үй-жайларын тастап кетіп қалған. Малға шөп жоқ, олар да көтеремнен өле бастаған. Аудан басшыларына жай-жағдайды айтқаннан кейін бір совхоздан шөп алып беріп еді, бірақ колхозда оны тасуға жарайтын адам жоқ. Сондықтан техникумның мал дәрігерлік және зоотехниктер бөлімдерінің соңғы курстарының студенттерін «тәжірибеден өту үшін» деген сылтаумен колхозға әкеліп мал қарауға, шөп тасуға пайдалануға тура келді. Сол кезде ашыққан адамдар қораның төбесінен түсіп малдың ішін жарып жіберіп, сан етін кесіп әкетіп те жүрді, сондықтан күзетке де студенттерді қойдық.
Сол қыста көзіммен көрген жан түршігерлік бірнеше уақиғаларды айтып берейін.
Бір күні Свердлов колхозына қаладан үш адам келді. Екеуі ГПУ-дың қызметкері, үшіншісі мыжырайған бір орыс шалы, ол фельдшер екен. Әскери киімді етжеңді қара торы жігіт, жағасындағы петлицасында үш ромбасы бар, ондай адамдар ол кездерде қазіргі генерал дәрежесінде болса керек. Мені оңаша шығарып алып өзінің Алматыдан келгенін, фамилиясы Петров екенін айтып танысты. Атын ұмытып қалдым, ұлты якут екен. Ол маған: «Осы ауылда біреу кісі сойып жепті ғой, білесің бе?» деп сұрады. Мен шошып кетіп, білмейтінімді айттым, шынында да ондай болды дегенді естімеп едім. Сонсоң ол: «Қазір бір жерді тінтіп көреміз, сойылған адамның қалған еті сол жерде болуы керек. Комиссияның бір мүшесі өзіңсің, ауатком қосып берген. Кәне, солай қарай барайық» деді. Ол кезге дейін өлген кісіні көрген жоқ едім, соны айтып бармасам қайтеді деп едім, Петров күліп: «Қашанғы көрмей жүре бересің, енді көр» деп мені қолтықтап жұрт тұрған жерге қарай алып кетті.
Ауылкеңес, колхоз бастығы, бригадирлер және басқа да адамдар бір үйдің алдына бардық. ГПУ-дың адамдары қолдарында күрегі бар екі жігітке үй алдындағы күресінді көрсетіп: «Осы жерді қазыңдар» деді. Күресін астынан жаман тонға ораған адамның еті шыға келді. Денесі мүшеленген, басы еттің үстіне салынған, аузы ырсиып, тісі ақсиып тұр. Ернінің үстінде селдірлеу мұрты, иегінде шоқша сақалы бар, жасы қырықтың үстінде-ау деймін. Фельдшер мүшеленген етті түгелдеп қарап, жүрегі, тағы бірдемелерінен басқасы бар екенін анықтап акті жасады.
Уақиға былай болған екен. Меркі жағында ертеректе, жаңылмасам, Баянды деген болыс болған екен. Соның жалғыз баласы ашыққан соң ілгеріде осы ауылға ұзатылған апасын іздеп келсе ол апасы үй-ішімен аштықтан қаңғып кеткен болып шығады. Сонсоң апасының көршісі бір әйелдің үйіне қонады… Келесі күні бір көрші әйел тауығын іздеп жүріп бұл әйелдің қорасының тесігінен қарағанда, үй иесі әйелдің адам сойып жатқанын көріп ойбайлап қаша жөнеледі. Ауыл адамдары бұл істі ешкім білмесін деп жасырса керек, бірақ сондай ауыр кезде де ауылда ГПУ-дың жансыздары болғаны ғой. Қаладан келген адамдар кісі сойған әйелді алып кеткен, сонсоң не болғанынан хабарым жоқ…
Егіс жұмысы басталған көктем кезі. Көлік жоқтың қасы. МТС-тан екі трактор келген, тракторшылар техниканы жөндеп үйреніп те үлгірмеген бір-екі орыс жігіттері, тракторларды жөндеп жүргізе де алмайды, істегенінен тұрғаны көп. Жоғарыдан жерді кетпенмен жыртыңдар деген нұсқау келген. Жұмыс қауырт, көктемнің бір күні жылды асырайды, колхозда кетпенге жарайтын адам жоқ. Сондықтан техникумның тағы екі курсының студенттерін әкеліп жұмысқа салуға тура келді.
Аупартком уәкілдерге қалаға келуге рұхсат бермей қойған. Үсті-басым кірлеп кеткен соң бір күні қатардағы колхозда жүрген уәкіл орыс жігітті орныма тастап, жуынып келейін деп қалаға кеттім. Әлгі жігіт жұмысшыдан жоғарылатылған, оқуы аз болғанымен пысық адам болатын. Тап сол мен кеткен күні колхозға обком хатшысы Восканов деген кісі, жер батпақ болғандықтан машинамен емес, фаэтон арбамен келіпті. Мені қайда деп сұрағанда орнымда қалған жігіт: «Ахмедов алысырақтағы колхоздарға кетті» дейді. Өзің кімсің дегенде орынбасарымын дей салады. Сонсоң Восканов блокнотына қарап басқа колхоздардың жайын сұраса мүдірмей, шамамен айта беріпті. Біраздан кейін Восканов оған қарап тұрып: «Әй, өзің бір ескі очковтиратель екенсің» депті. Уәкіл: «Өзіңіз кім боласыз?» деп сұрапты. Кейін әлгі жігіт: «Восканов өзінің кім екенін айтқанда, ой, қорыққаным-ай! Бұрын көрген жоқ едім, кавказдық тентек адам деп еститінмін. Көп уәкілдердің біреуі шығар деп ауызыма түскенді соғып тұр едім, атын естігенде тұла-бойым мұздап кетті» деді. Сонда Восканов арық тазалап жатқан адамдарға қарап, қалтасынан алма алып жеп тұрып: «Өздері аш па, қалай?» дейтін көрінеді.
Бір күні егіс басынан ауылға қарай келе жатыр едім, алдымнан ауылкеңес төрағасы кездесті. Аман-саулық сұрасқаннан кейін: «Анау шеткі ауылда тағы біреу адам етін жеді деген хабар естіп соған бара жатыр едім, жақсы кездестің, жүр, екеуіміз барып біліп қайталық» деді.
Шетіректегі үйлердің көбі қараң қалған, бір жан не бір мал жоқ, тіпті иттер де қаңғып кеткен. Қоралардың төбелері ашық, қабырғалары құлаған, баяғы Шыңғыс жорығының іздері сияқты. Шеткерірек бір үйге бардық. Үйге кіріп келгенімізде үй іші моладай ызғарлы екен. Аласа ғана қазақ үйінің оң жақ іргесіне таман кір көрпе сияқтанған бірдеңеге оранып жасы отыздар шамасындағы бір жігіт жалғыз жатыр. Сақалы өскен, екі жағы суалған, көздері үңірейген. Үйде іліп алар зат жоқ, бәрін қалаға сатып ішіп болған. Аман, саулық сұрасқанда жігіт әлсіреп әрең жауап берді. Ауылкеңес төрағасы егде тартқан, оқымағанымен тоқығаны бар, ақыл иесі адам болатын. Әлгі жігіттен: «Біз бір хабар есітіп келіп отырмыз, сендерді адам сойды дейді ғой, рас па?» дегенде, ана жігіт азар да безер болып: «Құдай сақтасын, ондайды естіген де, көрген де жоқпыз» деп танды. Төраға жігіттің атын атап: «Әй, пәленше, өзіңнің жатқан түрің мынау, Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып қайтесің, шыныңды айт. Ашыққан жалғыз сен емес, елге келген ауыртпалық қой. Біз сені айыптағалы отырғанымыз жоқ, анығын білейік деп едік. «Тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді», кімді сойдыңдар? – дегенде ана жігіт біраз күмілжіп үзіле сөйлеп: «Сондай бір іс болды, отағасы, қайтейін, басқа амалым қалмады» деді жыламсырай кемсеңдеп.
Болған уақиғаны жігіт деміге сөйлеп айтып берді. Бұл жігіттің ертеде басқа жаққа ұзатылған апасы аштықтан қаңғып төркініне келеді. Төркін дегенде, басқалары аштан өліп жалғыз осы інісі қалған екен. Үйде бар азық қанша үнемдегендерімен таусылады, енді талғау қыларлық ештеңе қалмайды. Сөйтіп отырғандарында қаладан бір баукеспе ұры ағайындары келіп қонады. Жейтін дәнеңе жоқ, бәрі аш жатады. Ертеңгісін апасы ауыл жанындағы «Красная заря» колхозының картоп еккен орнында қалған-құтқан түйнек болса теріп келейін деп жиналып жатқанында інісі: «Апа, не де болса жейтін бірдеңе тауып қайт, әйтпесе өзіңді сойып жейміз» дейді.
Апасы түске таман бос қайтады. «Қарағым-ай, жұрт түк қоймаған екен, ештеңе таба алмадым» дейді. Інісі: «Ендеше өзіңді соямыз» дейді. «Қарағым, сенің жаның қалса болғаны, сенің жолыңа мен құрбан» деп кеңірдегін оттың басына қарай соза бергенде, сол жерде пышақ қайрап отырған ұры әйелді пышақпен тамағынан тартып жібереді. Сонсоң ұры әйелдің екі жақ сан етін кесіп алып, үй иесі екеуі асып жейді. «Қалған еті қайда?» дегенімізде жігіт: «Ұры қорада құлаған жабындының астына тастадым деген» деді. Қораға шығып жабындының астын ашып қарағанымызда, екі сан еті кесілген орта жастардағы әйелдің денесі жатқанын көрдік. Сонсоң ауылкеңес ағасы адам жинап өлікті көмдірді…
Бір күні кешкісін егіс басынан ауылға келсем колхоз басқармасының жанында жеті-сегіз адам жиналып тұр екен, орталарында колхоз бастығы да бар. Ол шаруа жайын білетін, жасы қырықтар шамасындағы бір дұрыс, есті адам болатын. «Түнде колхоздың бір тайыншасы жоғалып кетті, – деді колхоз бастығы. – Соны сұрастырып жүргенде біреу ауылдың ана шетіндегі бір жалғыз шал үйінде ет асып жатыр деді. Қасыма бір адамды алып барсам, шынында да әлгі адамның сөзі рас болып шықты. Шалды әрі-бері қысқаннан кейін ол қазандағы адамның еті деді. Содан нанарымды да, нанбасымды да білмей, етті табаққа салып қамбаға әкеліп қойдым» деді. «Кәне, әкеліңдерші, көрейік» дедім. Сүйектері ірі жасық ет екен. Бір шал еттен жұлып алып аузына салып шайнап көріп: «Ой, малдың еті ғой» деп тұр. Сол жерде техникумның ветеринария бөлімінің соңғы курсында оқып жүрген студент бала келе қалды. Әкесі Ф. Ф. Томан дейтін, Әулие-атада отыз жылдай мал дәрігері болып істеген, бізде сабақ беретін жақсы адам болатын. Сол студентке: «Мынау малдың еті ме, адамның еті ме, қарашы» деп едім, ол қынынан пышағын суырып алып жіліктің етін сиырып жалаңаштап алай-бұлай қарады да, маған ақырын орысшалап: «Адамның еті. Малдың жілік сүйегі жұмыр келеді, адамдікі қырлы болады» деді. Сонсоң: «Жарайды, етті қамбаға қоя салыңдар, ертең тағы тексеріп көреміз» деп жұртты тараттым.
Келесі күні ауылкеңес төрағасы, колхоз бастығы, тағы бір-екі адам шалдың үйіне бардық. Көктем күшіне кіріп, күн жылынып қалған кез. Шал далада үйінің күншуақ жағында көйлегінің тігісіндегі биттің сіркесін пышақпен қырып отыр екен. Сәлем беріп амандасқаннан кейін ол іркілместен бар шынын айтып берді. Өзі де келісті, ірі денелі адам екен. Бір айдан бері адам етін қорек қылып келе жатқанын, мына асқан еті осы ауылда жақында сүзектен (тиф) қайтқан колхоз есепшісі, 23-25 жастардағы бір жас жігіттің еті екенін, түнде барып қазып алғанып айтты. Қорасын аралап қарасақ, бір түкпірінде адам сүйектері жатыр екен. Бұл уақиғаны да ауданға білдірген жоқпыз, білдіргенде не шығады?…
Осыдан біраз бұрын Алматыда Голощекин кетіп, орнына Мирзоян деген кісі келіпті деген хабарды естігенбіз. Бір күні тығыз ауданға шақыртты. Барсам Мирзоян келген екен, аупарткомда кеңейтілген мәжіліс болды. Бет бақтырмайтын Голощекиннен қорқып қалған жұрт алғашында ауыздарын байқап ашқандарымен сөйлей келе шындықты айта бастады. Аупартком хатшысы Жаңбыршин деген жас жігітті Голощекин елді аш деп айтасың деп соның алдында соттатып жіберген, оның орнына Жұмағали Сәрсеков деген кісі келген, ол маған сөйле деді. Өзім де сөз сұрағалы отыр едім, ашыққан елдің қақ ортасында бәрін көзіммен көріп жүргендіктен, халықтың аштан өліп жатқанын, егіс жұмысының мардымсыз екенін айта келе әлгі кісі етін жеген уақиғаларға тоқталдым. Мирзоян, байқаймын, қарап қалыпты, бір жағынан сонысынан әлде не ойлап отыр деп қорыққаныммен бір бастаған соң жасырмай түгел айтып бердім. Жиналыстан кейін Мирзоянмен бірге келген бір таныс жігіт: «Голощекин болғанда әлгі сөзің үшін сені қаматып жіберген болар еді» деді. Мен де оған: Голощекинің одан әрмен құрысын» дедім.
Сол жиналыстан кейін үкімет елге азық (продпомощь) беретін болды. Ол тұтынушылар қоғамы (потребсоюз) арқылы ақшаға беріледі. Бағасы арзан болғанымен колхозда бір тиін ақша жоқ. Сонсоң өзіміздің техникумның бухгалтеріне (ол бір жуас, бірақ ісіне мықты украин жігіті еді): «Екеуіміз бір кішкентай қылмыс істейік, мына бізге шефке берілген колхозға аздап қарызға ақша берейік» дедім. Ол әуелі: «Ойбай, ертең ревизия келсе бізді айыптайды» дегенімен ел жайының соншалықты ауыр екенін өзі де біліп тұрғандықтан, көнді. Ол азықты кооперация адамдары ұрлап құртпауына кім кепіл? Сондықтан азықты әкеліп ауыл кеңесі тізімі бойынша үлестіруге кеңес мүшелері мен студенттердің комсомол комитеті мүшелерін қоюға тура келді. Ашыққан адамдардың көбі әлсіз, нашарлап қалған. Ондайларды ауыл кеңесі, колхоз бастығымен келісіп мектеп үйіне (оқу екі бастан жоқ) жинатқызып, оларға тамақ істеп беретін бір ерлі-зайыпты адамды қойдық.
Сол 1932 жылдың көктемінде егіс жұмысы қатты қолға алынғанымен елде көлік жағы тапшы, қыстан ашығып шыққан ер азаматтың да күйі нашар, сондықтан жұмыс мардымсыз жүрді. Дегенмен біз тырысып, бір жағынан студенттердің көмегімен егіс жұмысын мерзімінде аяқтап шықтық.
Бір күні аупартком мені бұл колхоздан шақырып алып, қаланың түбіндегі «Қызыл жұлдыз» (ел оны «Қоштөбе» дейді) колхозында жұмыс жүрмей жатқанын, басқа ауылдардан адам, көлік жіберілгенін айтып, маған сонда барып егіс жоспарын тез орындап қайтуды тапсырды. Барсам егістік жері құрғап кеткен, шаңдағы бұрқырап аспанға шығып жатыр. Жер суармалы да емес, тәлімі. Сонсоң аупартком хатшысына хат жазып, құрғақ топыраққа тұқымды босқа ысырап қылудың жөні жоғын айтып бір адамды жібердім. Аупартком хатшысы бұрын Ақтөбеде бірге істеген, жөн білетін Жұмағали Сәрсеков деген адам еді, менің хатыма: «Колхоздың егіс жоспарының орындалуына басыңмен жауап бересің» деп бір жапырақ қағаз жазып жіберіпті. Колхоз бастығы Ғұмар деген жасы біразға келген татар болатын, ол қинала басын шайқап: «Ай, қарағым-ай, миымыз атала болып (быламық дегені) кетті ғой» дей береді.
Жоспарды орындап қайтқан соң Жұмағалиға барып: «Ау, көріне көзге өнбейтін жұмысқа жұртты босқа жанықтырғаның не?» десем, ол: «Қайтейін, мына жақта обком жанымды шығарып бара жатқан соң» деді. Бұл енді Голощекиннің жұмыс әдісінің сарқыны еді.
Шаруашылыққа сондай ұқыпсыздық, барлық жұмыс тек жоғарыдан келген жоспарды орындап рапорт беру деп білетін тәртіп күні кешеге дейін орын алып келді. 1970 жылы өз еліме барғанымда совхоз директорымен егістерін аралап көрдік. Ақтөбе маңы жері қуаң болғандықтан ел бұрын бидай нашар шығады деп оны аз салып, көбіне тез пісетін тары егуші еді. Совхоз жұрт бұрын тары да екпейтін жерге бидай еккен екен, онысының бойы бір қарыс, әр жерде бір қылтанақ болып қана шығыпты. Деректірге: «Біздің ел мына жерге тары да екпейтін, неге бидай ектіңдер?» дегенімде, ол: «Бұл жерге ештеңе шықпайтынын өзіміз де білеміз, бірақ жоспар берген соң оны орындамасақ басымыз кетеді. Басқа қолайлы жеріміз болмаған соң амалсыздан жыртамыз» деді…
«Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дегендей, сол бір жұмыстың бәрі «науқан» болып, қит етсе елге уәкіл қаптап шығатын жылдары, мақтанғаным емес, мен барып егіс жұмысын өткізген колхоздардың астығы жақсы шығып жүрді. Бұған бәлкім менің агротехникадан аздап хабарым бары, жұмыс сапасын қадағалай жүргенімнің де себебі тиген шығар. Сол 1932 жылы күзде жолым түсіп әлгі Свердлов атындағы колхоз арқылы жүруге тура келді. Колхоздың астығы шынында да жақсы шыққан екен. Баяғы ауылкеңесі төрағасы мен колхоз бастығы тап бола кетіп аман-саулық сұрасқаннан кейін олар мені жібермей ауылдарына қондырды. Күн де кешкірген еді. Ел тойынып, үкімет мал беріп біраз күйленіп қалған екен. Кешкісін әңгімелесіп отырғанда: «Көктемде кісі етін жеген шалдарың бар ма?» деп сұрадым. Колхоз бастығы ол шалды қырманға күзетші етіп қойғандарын айтты. «Ойыны ма, шыны ма, сол шал: кісі етіне енді бір тойсам әбден көтеріліп кетер едім, дейді, сондықтан түнде қырман басына баруға өзіміз де қорқамыз» деді. Мен: «Онда қырманға күзетшіні тауып қойған екенсіңдер» деп күлдім.

 

* * *

Сол колхозда уәкіл болып жүргенімде, қасымда бір студент бала бар, ауыл жанынан өтетін темір жол бойымен келе жатыр едік. Қалаға жақын Ақбұлым деген жерде, темір жол қапталындағы қара жолдың езуінде бір жас қазақ жігіті өліп жатыр екен. Қасымдағы балаға: «Қалтасын қара, документтері бар ма екен» дедім. Жігіттің қалтасынан комсомол билеті шықты…
Енді бір жолы түнделетіп екі атты кісі қалаға келе жатыр едік. Қала шетінде Әкім бауы деген бақ бар. Соның ішімен жортып келе жатқанымызда астымдағы атым бірдеңеден үркіп жалт бергенде құлап қала жаздадым. Қарасам, қасында екі жас баласы бар бір қазақ әйелі теректің түбінде тығылып отыр екен. Сөйлей алмайды, екі жас бала тек ыңырсиды. Қоржынымызда азыққа алып жүрген менде бүтін, қасымдағы жігітте жарты таба нан бар екен, соны бергенімізде әйел еңіреп жылап қоя берді…
Сол жылғы қыс естен кетпестей әсер қалдырды. Әулиеатаның мен тұрған Бурыл көшесінде жетімхана бар еді. Аудандық оқу бөлімі босқан елдің балаларын сыйғанынша алған. Бірақ кенеуі кеткен балалар оңалмай көп өліп жатты. Әлі көз алдымда, таң азанда жетімхананың арбакеші (ол кезде машина жоқ) түнде өліп қалған балаларды жайдақ арбаға тиеп, үстін брезентпен жауып молаға қарай алып өтеді, сонда жалаңаш балалардың қол-аяқтары арбаның жан-жағынан салақтап бара жатады. Менің көршім, техникум мұғалімі И. С. Горнев деген жігіт: «Әттең, фотоаппарат жоқ, әйтпесе мынау тарих үшін керек қой» деп мұңая қарап тұрушы еді.
Әулиеатаның «Көкбазар» деген базары бар. Бір күні соның жанымен өтіп бара жатыр едім. Базардың шет жағында жұрт топырақ қазып алған терең шұңқыр болатын. Сол шұңқырдың ішінде жасы жиырмалардағы бір қазақ жігіт жүресінен жарға сүйеніп отырып қатып қалған. Жалаң бас. Байқап қарасам, біреу төбесін таспен ұрып ойып жіберген екен…
Бір күні техникум мұғалімі И. С. Горнев екеуіміз сол көк базарға барғанымызда бір қазақ жігіті орыс әйелінің сатып тұрған нанының біреуін алып қаша женелді. Аш кісі құтыла ала ма, әйел қуып жетіп түйіп жібергенде жігіт құлап қалды, құлап жатып та нанды ауызына бұралап тығып жатыр. Әйел сол жігітті басқа тепкілгенде қасымдағы Горнев шыдай алмай жүгіріп барып әйелді итеріп жіберді. «Оңбаған, адамды неге басқа тебесің? Аш адамға бір үзім нанды өзің біліп беруің керек қой, мә, саған ақша керек болса» деп ұрысып қалтасынан ақша суырғанда әйел қашып кетті…
Жаз шыққан соң тәжірибе шаруашылығының малын жайлауға шығару керек болды. Қасыма бір ересек қазақ студентті алып Алмалы деген тау жаққа жер көру үшін бардым. Салт жүріп келеміз. Тау етегіндегі жазықта дәу-дәу қарақұстар бір жерде ұшып-қонып жүр. Бұрылып барсақ, бір қазақ әйелінің өлігін паршалап қызыл-ала қан қылып соған үймелеп жатыр екен. Одан әрі бір таудың қойнауына кіріп суын, шөбін байқап келе жатыр едік, қалың өскен долана (рябина), итмұрын, жабайы жеміс ағаштарының арасына кіре бергенімізде атым бірдеңеден үркіп осқырынған соң байқап қарасам, бұтаның ішінде бір қазақ әйелі отыр. Есі дұрыс емес қой деймін, бет ауызы қисайып ыржақтай береді, түрінен адам шошығандай. Азыққа алып шыққан нан, майымыз бар еді, соны студент бала қасына апарып қойды, бірақ біз кеткенше әйел тамаққа тіпті қараған да жоқ. Аз тұрған соң біз жүріп кеттік.
Біздің техникум тікелей Москваға бағынатын. Қазақтан бес-алты ғана бала бар, өйткені, техникумға жеті жылдық бітірген бала алынады, бірақ ол жылдары қазақ ауылдарында ондай мектептер жоқтың қасы. Техникумның арнаулы үйі, тәжірибе шаруашылығы да жоқ. 1931 жылы жазда Москваға барып, қазақ балалары үшін екі жылдық дайындық бөлім ашуға рұқсат сұрадым. Оқу орындарын басқаратын бөлім бастығы: «Жеті жылдық мектеп халық ағарту комиссариатының тікелей міндеті, біздің жұмысымыз емес» деп бет бақтырмай қойды. Сонсоң екі-үш күн тосып жүріп халкомның өзіне барып, қазіргі жағдайымызды, құрылып жатқан совхоздарға қазақтан кадр даярлай алмайтынымызды айтып түсіндірдім. «Енді не істеу керек?» деді ол. Мен екі жылдық дайындық бөлімін ашу жайын айтқанымда ол бірден: «Өте дұрыс!» деп қаржы-жоспарлау бөлімінің бастығын шақырып алып, «мына кісімен қанша қаржы керек екенін есептеп әкеліңдер», деп тапсырды. Мен техникумның тәжірибе шаруашылығы жоғын айтып, сол маңдағы екі совхоздан жүз бұзаулы сиыр алуға бұйрық беруін және сол шаруашылыққа екі трактор, бір жүк машинасын беруді өтіндім.
Бастықтың бір оң аяғынан тұрған күніне тап келдім бе, әйтеуір сұрағанымның бәрін берді. Әулиеатаға қайтқан соң 1931 жылдың күзінде ашыққан қазақ балаларының хат танығандарын алып оқытуға кірістік, бұл дайындық бөлімді басқаруға Қалмұрат Сартбаев деген бір тәжірибелі мұғалімді қойдық, сөйтіп әлгі балалардың бәрі де екі жылда орысша оқуға жетіліп қалды.
Тәжірибе шаруашылығын Әулиеатаның күнгей жағындағы Үлкен Бурыл тауының астындағы Қыршынды деген жерден ұйымдастырдық. Бұрынғы үлкен ауылдың орнында адам аз қалған, көп үйлер қаңырап бос тұр. Ауылда қалған адамдарды жұмысқа алып, азық, сүт беріп тұрдық, жалақысы өз алдына. Горнев екеуіміз бізге берілген жерді қалай пайдалану керек екенін көруге жаяу аралап келе жатқанбыз. Шетіректегі үйлерде бір жан жоқ. Бір дуал түбінде киізге ораған адам өлігі жатыр екен. Қыста көмуге шамалары келмеген соң солай тастаған болса керек. Соны көргенде қасымдағы Иван Сергеевичтің: «Последний представитель аула» дегені әлі есімнен кетпейді.
Техникумның оқу жұмысын басқаратын Хайролла Шонтықов деген жігітпен бір үйде тұрамыз, есігіміз бір. Оның Мағыпа деген келіншегі бар, менің әйелім де жас. Ауыз үйде Мағыпа примуске тамақ пісіріп жатыр екен, соны бір аш қазақ кастрюлімен алып қашыпты. Екі келіншек қуады, бірақ жеткендерімен де ұстауға қорқады. Соны байқаған аш адам ішіндегі етін алып, кастрюлді лақтырып тастап кетеді. Екі келіншек өте тату тұратын, екеуі ыдыстарын алып күліп қайтып келеді.
Бұған дейін өз көзіммен көргендерімді айттым, енді бір инабатты адамнан естігенімді айтайын.
Әулиеата қаласының жанымен өтетін Талас өзенінің оң жағында, Таластан өтетін көпірден жоғары Тектұрмас деген әулиенің мазары болатын. Тектұрмас Қараханның баласы, өмірін үйде тұрмай ылғи жорықта өткізген, сондықтан Тектұрмас атанған дейді халың аңызы. Мазар Ботамойнақ тауының өзенге құлаған жотасының биік жарының жағасында болатын, кейін оның кірпішін сол маңда құрылған совхоз жұмысшылары үй салуға бұзып алып кетіпті. Соңғы жылдары қаланың шалдары қайтадан басын қарайтып қойыпты деп естідім.
Аштық жылы көктемде сол Тектұрмас тамының жанында бір баласын көтеріп, екіншісін қолынан жетектеген қазақ әйелі әрі-бері дауыс айтып жүреді де бір кезде қолындағы баласын биік жардың басынан тасып жатқан суға лақтырады. Екінші баласы шырқырап жылап қашқан екен, әйел ол баланы да қуып ұстап алып оны да лақтырады. Сонсоң өзі де суға құлап ағып кетеді. Мұны маған Қазақ университетінде көп жыл физикадан дәріс оқыған Фархад Полатбеков деген жолдасым айтқан еді.
Сол бір ауыр жылдар, сондағы көргендерім есіме түскенде халқымыздың түгел қырылып бітпей аман қалғанына шүкірана қыламын. Голощекин тағы бір жыл тұрғанда қалып та жарымаған болар еді, өйткені ел сол жылдары шыбындай қырылды. «Жұт жеті ағайынды» деген, аштықпен қатар аш адамдарды бір жағынан ауру да (сүзек) жалмап жатты. Соның бәрі көрген түстей өтіп кетті, бірақ ұрпақтар оны ұмытпауға тиіс. Қазір сол кездегі мен айтқан Хайролла да, оның келіншегі Мағыпа да, көп жыл тату-тәтті тұрған менің әйелім Қанапия да жоқ. «Откочевка» уақиғасын көрген адамдар да қалып жарыған жоқ. Кейінгі жастар айтсаң нанбауы мүмкін, бірақ мұның бәрі ойдан шығарылған жоқ, көзбен көрген қайғылы уақиғалар, халық басына келген зор зұлмат, зұлмат болғанда табиғаттың апаты емес, қолдан жасалған нәубет.
Бұл тек Қазақстанда ғана емес, Украина, Кубань, Еділ бойында да орын алды, бірақ ол жақтарда тап біздегідей шектен асқан жоқ. Халық осындай күйзеліп аштан қырылып жатқанда Сталин мұның бәрін беті бүлк етпей «соцализм құрудың шығындары» деді-ау бір сөзінде.
Өкіметтің қысымына, шаруашылықтың соншалықты кенеуі кеткеніне, қатын, бала-шағалардың аштан қырыла бастағанына шыдай алмаған ел әр жерде өкіметке қарсы ашықтан-ашық көтеріліске шықты. Бірақ қолдарында қаруы жоқ, өздері де күйсіз жандар не қайрат қылсын, әйтеуір ашынғаннан туған әрекет қой. Сонда Торғайда, Созақта, Қарақұмда және басқа жерлерде болған халық көтерілісіне өкімет Русияның ішкі жағынан тап баяғы патша заманындағы он алтыншы жылдағыдай көп әскер жіберді. Қазақстанның өз үкіметі ГПУ қызметкерлерінің басшылығымен жергілікті коммунист, комсомолдардан отряд құрып шығарды, солардың бәрі қолдарында сойылдан, қолдан жасаған қылыш, найзадан басқа қарулары жоқ шаруаларды пулеметпен атып қырды. Жан ұшырған қазақтардың ішінде сондай жағдайда да қасарысып қайрат көрсеткендері болған, солардың біреуін айта кетейін.
Қызылордада комсомол қызметінде болған Серікбай Ахметов деген жігіт Қарақұмдағы көтерілісті басуға шыққан алғашқы отрядтың ішінде болған екен. Сірә ол Ақмырза көтерілісі болса керек. Қырық-елу адамы бар отряд келе жатқанда жапан-дүзде отырған екі үй кездеседі. Қыс, жер қар. Командир жауынгерлеріне аттан түсіп жаяу тасаланып үйге жақындаңдар деп бұйырады. Әлгі екі үйден екі жігіт шыға келіп, қазып дайындап қойған окоптарына түсе қалып отрядпен атыса бастайды. Серікбайдың айтуынша, әлгі қазақтар атқан сайын жауынгерлердің біреуі ыңқ ете қалады, сөйтіп бұлар ілгері жылжыған сайын адамдары сирей бастайды. Серікбай командирімен бірге жылжыған екен, командирі ешнәрсеге қарамай тек: «Вперед!» деп айқайлай береді. Бір кезде командирдің өзіне де оқ тиіп өліп қалады. Сонсоң Серікбай кейін бұрылып қашады. «Аттар тұрған жерге барсам, отрядтың жарым-жартысы ғана қалған екен. Әлгі кейін бұрылған жерде наганымды қорабына салдым ғой деп едім, сөйтсем, сасып жүргенімде далада түсіп қалыпты» деп отырушы еді марқұм.
Халықтың мұндай ауыр жағдайын қазақтың кейбір азаматтары сол кездің өзінде ойбай салып Сталинге білдіргені белгілі. Бірақ оған құлақ асқан «көсем» болмады.
Голощекин деген алдына жан шығармайтын, бет бақтырмайтын адам еді. Тіс салушы техник қана болғандықтан білімі аз, экономикадан хабары жоқ, әсіресе Қазақстан сияқты ол кезде аграрлы елдің ауыл шаруашылығын басқаруға қабілеті жоқ, сондықтан да болар, қызмет істеп жүрген жылдарында Голощекиннің ел ішіне шыққанын көрген де, естіген де емеспін.

Пікір қалдыру