Баянғали Әлімжанов. ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ТОЛҒАУ

қазақ-орыс-неміс соғысы мен достығы туралы роман-толғау

(Соңы. Басы өткен сандарда)

Темір игілік

Туған өлкеме келгенде мені ешкім таныған жоқ. Кім екенімді өзім де түсіне алмай далмын – майдангермін бе, қылмыскермін бе?
Степняк қаласынан майданға қылшылдаған қырықта аттанып едім, қойтастардың арасындағы ауылыма елу төрттегі егде адам болып оралдым. Мен танитын адамдардың көпшілігі дүние салған немесе әркім әр жаққа кетіп қалған. Бәрінің өз қасіреті бар, соғыстың қанды жарасы әлі жазыла қоймаған, өзгелерді ойлауға шама жоқ. Өкімет орындарының жұмысы менсіз-ақ жеткілікті, тың игеру науқаны басталды, сондықтан маған көңіл аударуға ешкімнің мұршасы болмады. Үй-ішіміз соғыс басталғанда қойтастардың арасындағы ауылда тұратын үлкен ұлым жылқышы Қабдөштің қолына көшіп барған. Бұл туралы майданда жүргенде жазған хаттарынан оқығанмын, қайда баруым керегін білемін.
Үйге кешқұрым келдім.
Ақырын кіріп келгенімде Халима қазанға бауырсақ пісіріп жатыр екен. Мені байқаған жоқ, ақырын ғана: «Халима! Халима!» – дедім.
Халима басын көтеріп қарады да, қалшиып қатып қалды. Сосын құшағыма құлай кетіп, еңіреп қоя берді. Солығын баса алмай ұзақ тұрды, менің де көзіме жас оралды. Біраздан соң жылауын қойып, есін жинады.
Балалар келді. Қуанышымызда шек жоқ. Бәріміз де бақытқа бөленгендейміз.
Уақыт өз дегенін істеп тыныпты. Анам осыдан төрт жыл бұрын дүние салған екен . Жетпіс екі жасында. Сыннан өткен жауынгер, шау тартқан адам болсам да анам барда өзімді жас сәбидей сезінуші едім. Бір-ақ сәтте қартайып шыға келдім. Халима қолынан келгенше жұбатып жатыр:
– Сенің келетініңе сенетін! Жеңістен кейін хабар болмағанына алаңдап жүрді. Бір бәлеге тап болғаныңды сезіп еді! Түс көрдім, тірі ол дейтін. Аллаға жалбарынып, Сәлім екеуіңнің амандығыңды тілеумен болды! Сендерді аман қалдырып, құрбандыққа мені ал деп Жаратқан Иемізге жалбарынатын!
Халимаға өзім көрген аян туралы айттым. Сосын тайганы кезіп жүріп аштан өліп қала жаздағанымды әңгімелеп бердім. Бәрін салыстыра келіп, анам Татьяна мені құтқарған кезде қайтқанын жобаладық. Мұның бәрі тегін емес деп түйдік те, дастархан жайып, Құран оқып, сауабын ата-анамның, туыстарымның, бабаларымның, Марал ишан мен Салық молда әулиелердің аруағына бағыштадым.
Біраз уақыт ауылда бой тасалап жүре тұруға мәжбүр болдым. Бір тәуірі, қойтастардағы ауыл даланың бір түкпірінде жатыр, аудан орталығы Степняк қаласына дейін екі жүз шақырым. Бұл біздің облыс шекарасының маңы, одан әрі Павлодар облысының жері басталады. Онда да бірнеше жүз шақырым төңіректе елді мекен жоқ, жартылай ұмытылған қойтастар болашағы жоқ аймақ саналатын. Іс жүзінде мұнда совет өкіметі жоқ сияқты, бұрынғы өмір салтын ұстанамыз. Тұрғындар, негізінен, мал бағумен айналысады.
Ауыл тыныш, жанға жайлы. Халық жауларын іздеп даланы шарлаған салпаңқұлақтар мен агенттер келмеске кеткен. Өмірге қай қырынан қарасаң да бұрынғыдай емес, әлдебір жұмсақтық, өкіметтің темір шеңгелі босаңсығаны байқалады. Әрине, Сталин өлген соң заман өзгере бастаған. Көсемнің дүние салуы, шын мәнісінде, миллиондаған адамды ажалдан құтқарды, солардың арасында өзім де бармын.
Әйелім бір керегі болар деп соғыс басталған кезде қайтыс болған немере інім Тақтауиханның құжаттарын берді. Соғыс басталғанда оның бар-жоғын қадағалауға өкіметтің шамасы болмапты, қайтыс болғаны еш жерде тіркелмеген. Құжат бойынша тірі болып есептеледі! Ешкім іздемепті де. Қолыма құжат тиген соң өзімді еркін сезіне бастадым, бірақ мені де ешкім іздей қойған жоқ. Білмекке құмар ауыл тұрғындарына тұтқында болғаным мен лагерьден қашқанымды айтқан жоқпын, елге кеш оралғанымды жапондармен соғысқа қатысып, жарақатымды емдеттім, сосын әскери қызметті жалғастырдым деп түсіндірдім. Немере інімнің құжатымен жүргенімді ешкім білген емес. Ауылда жылдап құжат тексермейді, біздікі тек алдын-ала сақтанғандық қой.
Қайтып оралғанымда әйелім Халиманың жасы қырық жетіде болатын. Бес баланы бір өзі өсіріп, қиындықтың бәрін қажымастан көтеріп шықты.
Балалар өсіпті, қыздар тұрмысқа шыққан, ұлдар үйленіпті. Немерелер үйдің қасында асыр салып ойнайды, дауыстарын естіп жүрегіміз шаттыққа кенеледі.
Біздің рудың көп жігіті соғыстан оралмады. Үйленіп үлгермеген бірқатары майданда қаза тапты, артында ұрпақ қалмады. Күйеулері майданнан қайтпаған жесірлер көз жасын көрсетпей, қасіретті тағдырына амалсыз мойын ұсынды.
Кәрімжанның келіні, үш баламен жесір қалған Рахия екінші рет тұрмысқа шығу туралы естігісі де келмеді. Күйеуінің тағдыры ауыр болды, туысымыз Кәрімжанның ұлы, біздің ініміз еді. Мемлекеттік органдарда адал қызмет етіп, соғыс басталғанда өзі сұранып әскер қатарына алынған, содан хабарсыз кетіпті. Жиырма үш жасар әйелі Рахия үш баламен үйде қалды. Бауырымыздың 1942 жылы ерлікпен қаза тапқанын кейін білдік.
Туыстарға соғыстың алғашқы айларында қаза тапқан күйеуін мәңгі сүйетінін, екі дүниеде соған ғана жар болып қала беретінін айтыпты. Оның үйіне ешкім қожайын болып кірмеуге тиіс. Перзенттері біреуге өгей бала болғанын қаламайды. Ағайындардан марқұмның аруағын құрметтейтін болса, енді қайтып бұл әңгімені қозғамауды өтініпті. Қиындыққа мойымай, құрыштай шыныққан нәзік те текті әйел балаларын мәпелеп өсіре берді.
Тағы бір немере бауырымның жесірі Нағима екі баласымен күйеуін майданнан оралады деп тоғыз жыл күткен. Келеді деп үміттеніп, күтіп жүрген күйеуінің қаза тапқаны туралы қырық бестің мамырында, Жеңіс қарсаңында келген қара қағазды Халима жасырып қойыпты. Бейшараның үміті үзілмесін деп ойлаған ғой. Мен келген соң, елу төртінші жылы ғана туыстарымызбен бірге барып Нағимаға күйеуінің ерлікпен қаза тапқанын естірттік.
Күйеуін жоқтап көп қайғырды, аман қайтады деп сеніп, ең соңғы сәтке дейін күтіп еді. Тоғыз жыл бойы хабарсыз кеткен менің де аман келгенім үмітін жандандыра түсіпті. Жесірдің қайғырғанын көріп, жоқтауын есту, соғыстың қасіретін қайтадан бастан кешу өте ауыр тиді.
Біраз уақыт өткен соң әртүрлі әңгімелер айтыла бастады. Ажарлы, тартымды әйел, жасы отыз төртте ғана. Әйелі өлген біреулер құда түспек болды. Көнбей қойды. Бұл орайда мына жәйтті ескеру керек: қазақтар жесір әйелді бөтен рудың адамына ешқашан бермеген, өйткені балалар жетімдік көрмеуге тиіс. Бізде балалар үйі болған емес, қандай ру да жетімдерін тағдырдың тәлкегіне тастамайды, бөтендерге бермейді. Дала заңы бойынша, күйеуі өлген әйел бір жылдан кейін аза тұтуын тоқтатып, марқұмның аға-інілерінің біріне тұрмысқа шығады. Таңдауды әйелдің өзі жасайды. Туған бауыры болмаса, жақын туыстарының бірін таңдайды. Қатал да болса әділ заң – әр ру ұрпағының қамын ойлайды. Бір күні Нағиманың туыстары келіп мәселені қабырғасынан қойды: не – былай, не – былай. Біздің рудың бір адамы оған үйленетін болсын, әйтпесе қыздарын алып кетеді. Өмірдің сондай да иірімі болады! Руымыздан шыққан еркек кіндіктінің ересектері түгел дерлік қанды жылдардың құрбаны болды. Лагерьден қашып келген елу төрт жастағы мен ғана қалыппын. Жастар жесір әйелден көп кіші. Әрі социализм рухында тәрбиеленген, олардың заңдары да, түсініктері де басқа. Ата-баба заңы бойынша оған үйленетін ешкім табылмай қойды! Екінші жағынан, екі баладан қалай айырылып қалмақпыз?! Бабалар аруағы қорланып, қозғалып, бізді ешқашан кешірмес еді.
Бұл мәселенің түйінін тағдыр тауқыметін әбден тартқан, көрген, түйгені мол менің Халимам шешті. Нағимаға сен үйленесің деді.
Руымыздың үлкендерінен өзім ғана қалғанымды жаным қинала отырып тағы да түйсіндім! Мен жасы келген адаммын, екінші жағынан, өз отбасым бар. Советтік қоғамда екі әйел алу ескіліктің қалдығы ретінде моральдық тұрғыдан айыпталады, заң бойынша қылмыс болып есептеледі.
– Ондай заңды алдап соғамыз! – деп кесіп айтты Халима.
Сөйтіп, мен совет заңын айналып өтіп, жасырын түрде Нағимаға үйлендім. Шариғат бойынша молда некемізді қиып, бұдан былай ерлі-зайыптысыңдар деп жариялады. ЗАГС-қа барған жоқпыз. Алда-жалда керек боп қалса, баяғыда қайтыс болған туысымның құжаттары бар! Яғни, ресми тұрғыдан мен – мен емеспін! Заң жүзінде мен Халиманың күйеуімін, ал Нағиманың күйеуі – марқұм Тақтауихан!
Міне, іс жүзінде біздің, қазақтардың, өз салтымыз бойынша өмір сүруге хақымыз жоқ екен. Бізге мүлде жат, бөтеннің заңын күштеп таңды, ал біз соған бағынуға тиіспіз.
Неге бір халық екінші халыққа өз заңын зорлықпен таңады? Амал жоқ, көнуге тура келді, солай өмір сүрдік.
Үлкен ұлым Қабдөш 1927 жылы туған, одан кейін тағы екі ұл мен екі қыз сүйдік. Халқымыздың басына түскен қасіретті – отыз екінің аштығын, отыз жетінің зобалаңын балаларым кішкентай кезінен көріп өсті. Сосын адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс басталды. Мен майданға аттанғанда Қабдөштің жасы он төртте, қалғандары одан кіші болатын. Кенже ұлым үш-ақ жаста – отыз сегізінші жылы мені тұтқындап әкеткенде туған. Қатал уақыт сәбилердің иініне сондай ауыртпалықты артып қойды! Бірақ олар оған да шыдады. Мен келген соң балаларым бастан кешкендерін жарыса айтып берді.
Соғыс кезінде Совет Одағының түкпір-түкпірінде тұратын әр түрлі ұлттардың өкілдерін қазақ даласына жер аударды, арасында Еділ бойын мекендеген немістер де бар. Бірнеше неміс әулеті біздің ауылға тап болыпты. Кейін ересектерін халық жауы ретінде Қарлагка жөнелткен. Әйелдер мен балалар ауылда қала беріпті, ақпейіл қазақтар қолдан келген көмегін аямаған.
Тағдырдың жазуына не амал! Мен немістермен соғысып жүргенде туыстарым немістерді паналатыпты. Арасында Полина деген қыз бар екен. Ұзын бойлы, сымбатты, сұлу болып өскен Полинаға ауылдың жылқысын бағатын, дала батырларындай ірі денелі үлкен ұлым Қабдөш ессіз ғашық болады. Бүкіл руымыз қарсы шығыпты – қазақ та, мұсылман да емес, ең бастысы – немістің қызы! Адамдардың жүрегіне, жадына фашистік Германияға деген өкпе-реніш пен жек көрушілік терең сіңіп қалған, жылқышы жігіттің таңдауын ешкім қостамайды. Қабдөш пен ауыл адамдарының арасында қайшылық туындайды, әрқайсысы өз дегенін істемек, алайда, сол кезде тағдырдың өзі араласыпты. Полина жүкті болып қалады да , енді ортақ келісім іздеуге тура келеді. Ақсақалдар егер Полина ислам дініне кірсе, келін қылып түсіреміз деп шешеді. Әбсәләм қажыны шақыртып, Полина ислам дінін қабылдайды, Мәриям деген жаңа есім береді. Қажы некелерін қиып, Қабдөш пен Мәриям ерлі-зайыпты болады.
Немістер мен орыстардан аулақ жүргім-ақ келіп еді! Бірақ, өмірде бәрі басқаша болып шықты.
Тағдырдың жазуымен неміс қызы Полина қазақтың Мәриям атты келініне айналды, кейін біраз қазақтың анасы болды. Он бала тапты – бес ұл, бес қыз. «Батыр ана» деген ардақты атағы бар. Қабдөш екеуі жазда далада, киіз үйде тұрады, қызығы мен қиындығы қатар жүретін жылқышының жұмысында сенімді көмекші. Ерлі-зайыпты екеуі балаларымен бірге Кеңащы жазығында жүздеген бас жылқы бағып, еңбектің ері атанды, бүкіл республикаға аты шықты. Мәриям бие сауады, оның ашытқан қымызы Көкшетау өңіріндегі ең дәмді әрі шипалы сусын болып саналады. Совхоз басшылары көмекке жіберген бір жас қазақ қызы бие сауа алмайды екен. Оның епсіздігін көрген Мәриям: «Мынаны қараңдар! Биені неміс пен орыс секілді түрегеліп тұрып сауады!» – депті. Естіген жұрт күлкіге қарық болыпты! Қазақтар оны өзіміздің адам деп есептейді. Қазақша бейнелеп, кестелеп сөйлейді, немісше акценті бар, соның өзі тартымды. Үлкен келініміз ғой, Халима екеумізді алғаусыз сыйлайды, ата-апалап құрақ ұшып тұрады. Әуелі ішім жылымай жүрді – жау-немістің бейнесі санама сіңіп қалған. Дегенмен уақыттан асқан емші жоқ, Мәриямның мейірімі мен адалдығын көре тұра оны құрметтемеу мүмкін емес екен, ал немерелерімді сүйгенде, жүрегім мүлде елжіреп кетті. Мәриям сөйтіп әулетімізде өзіне лайықты орынға ие болды.
Қыз кезіндегі фамилиясы Сауэр болатын, қазақтар «Сауэр – сәуір болды, бәрінен тәуір болды, неміс-қазақ бауыр болды!» деп қалжыңдайды.
…Бір мың тоғыз жүз елу бесінші жылы СССР Жоғарғы Советінің неміс тұтқынында болып, әртүрлі мерзімге сотталған әскери қызметкерлерге кешірім беру туралы жарлығы шықты. Осы жарлықтың арқасында мен де ақталдым, соғыс мүгедегі ретіндегі праволарым қайтадан қалпына келтірілді, әскери наградаларымды қайтарып алдым, мүгедек ретінде зейнетақы тағайындады. Еркін тыныс алып, жаңа кезеңге – өмірімнің жаймашуақ күзіне қадам бастым.
Көп ұзамай, алпысыншы жылы аудан орталығы Степняк қаласына көшіп келдік. Қазақстанда тың игеру науқаны қызу жүргізіліп жатқан. Бұл – біржақты түсіндіруге болмайтын күрделі құбылыс. Бір есептен, иен дала жанданып, жаңа совхоздар құрылды. Шынымен, жиырмасыншы ғасыр тарихындағы тұтас бір дәуір болды. Екінші жағынан, Қазақстанға миллиондаған келімсектер лап қойды. Темір айғыр – трактор сүйреткен ауыр соқа жер қыртысын қопарып, қазақи өмір салттың тамырын қиды; топырақты таптаған темір табан ұлттық ерекшеліктерімізді жойып жатты, бәрін араластырып, біртұтас советтік социалистік қоспаға айналдырып жіберді.
Қазақтар сөйтіп өздерінің туған жерінде азшылыққа айналды. Біздің облыста, ауданда тұратын халықтың үштен бірін ғана қазақтар құрайтын. Орыстар, украиндар, белорустар, Совет Одағының басқа да халықтары көпшілік болып шыға келді.
Қазақстанның Ақмола, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар тәрізді бес облысын біріктіретін Тың өлкесі құрылды. Әкімшілік орталығы болып бекітілген Ақмола қаласының атауы Целиноград болып өзгертілді.Тікелей Мәскеуге бағынатын Өлке ҚазССР үкіметін мойындағысы келмейтін. Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы, нағыз қазақ Жұмабек Тәшенов өзінің жігерлі де қуатты шешімі арқылы өлке басшысын тәртіпке шақырып, республика өкіметінің билігімен санасуға мәжбүр етті.
КПСС ОК-нің бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущев бірде тың игеру науқанының басты мақсаты мен мәні туралы айтыпты. Совет елінің басшысы «патшаның зеңбірекпен істей алмағанын біз соқамен істедік!» – деп масайрапты.
Халық арасында ержүрек патриот Жұмабек Тәшеновтің ерлігі аңыз болып айтылады. Хрущев бірде Тәшеновті Мәскеуге шақырыпты. Халықтар достығы туралы, Совет Одағының аумақтық тұтастығы жайында жылы лебіз білдіре келіп, Тың өлкесін РСФСР – Ресейдің юрисдикциясына өткізуге ұсыныс жасайды! Тәшенов оған Қазақстан – біртұтас республика, Конституция бойынша оның аумағын бөлуге болмайды деп сыпайылап жауап қайтарады. Хрущев қабағын шытып, бәріміз де біртұтас Совет Одағымыз, республикаларға тиесілі нәрселердің бәрі СССР-дың меншігі болып табылады деп ескертіпті. Конституция бойынша, Тың өлкесінің РСФСР-ға қосылатыны туралы республика Министрлер Советінің қаулысы ғана керек, жай ғана рәсім! Сосын әмірлі дауыспен Тәшеновтен елдің бірінші басшысының айтқанын бұлжытпай орындауды талап етеді. Әйтпесе қызметінен айырылады! Бірақ мызғымас қара жартастай қаһарман Тәшенов туған жерін қорғаудан тайынбай, мұндай мәселені күн тәртібіне қоюдың өзі СССР Конституциясы мен заңдарына қайшы деп табандап тұрып алады.
Хрущев шалт мінезді, қаһарлы адам болатын, ашу шақырып, адамды жеп жіберердей айғайлайтын. Одан бәрі қорқатын. Енді ол Тәшеновке қоқан-лоққы жасап: «Бізге республика Министрлер Советінің қаулысы қажет те емес, тура Мәскеудің өзінде, одақтық деңгейде шешім қабылдаймыз!» – дейді.
Бірақ, Тәшенов алған бетінен қайтпай, Хрущевқа: «Олай болса мен халықаралық Гаага сотына шағым түсіремін!» – деп жауап беріпті.
Хрущев түк істей алмады, қазақ жері құлқынынан өтпей қалды. Қаһарын төгіп, Тәшеновті орнынан түсірді, қуғындай бастады. Алайда Тәшенов бәріне төтеп беріп, көзінің тірісінде-ақ халық қаһарманы ретінде аңызға айналып кетті! Бұл аңыздарға компартия мен совет өкіметінің бүкіл насихат машинасы да қара күйе жаға алмады!
Хрущевтің кезінде жоғарыдан бұйрық түсті: әрбір қазақ әулеті бір жылқы немесе бір сиыр және үш қой ғана ұстай алады. Халқымыздың басына тағы да қара бұлт үйіріле бастады, даламызға қайтадан қауіп-қатер төніп тұрғандай көрінді. Біреулер қорыққаннан артық малын сойып тастады: «Ең болмаса етке тойып алайық, қалғанын көре жатармыз!» Көп адам малының артығын малы жоқ туыстарының атына жаздыртты. Бір оқиға әлі есімде. Бір сиырымызды көрші тұратын шөбере ағайынымыздың үйіне жасырғанбыз. Велосипед мінген өкіл келіп, мал басын тексере бастады. Орыс екен, аздап ішіп алыпты. Қорамызды көрсеттік, қарап шығып, былғарымен қапталған қалың дәптеріне қызыл қарындашпен мұқият жазып алды. Сыпайы қоштасып, шығып кетті. Туысымыздың ауласында немерелеріміз ойнап жүрген. Солардың қасына барып: «Сиыр бар ма?!» – деп сұрапты. Балалар сондай маңызды шаруа туралы үлкен бастықтың, өзі орыс, сұрағанына мәз болыпты. Бірімен-бірі жарысып, айғайлап қоя береді: «Сиыр ма?! Бар! Әрине, бар!» Өкілді жасырып қойған сиырымыз тұрған қораға ертіп барыпты. Бірақ оларды үйдің иесі – баяғы жесір әйел Рахия бөгейді. «Коброба нету, коброба нету!» – деп қораға кіргізбей қояды. Сөйтіп тұрғанда сиыр мөңіреп қоя береді! «Жоқ дейсің, сиырдың өзі мөңіреп тұр!» – деп күліпті өкіл. Рахия абыржымай: «Коброба нету! Мен жоқ дегесін, бітті– жоқ!» – деп тұрып алыпты. Соғысқа қатысып, талайды көрген әлгі орыс терең күрсініп, велосипедіне мінген де тайып тұрған. Не ойлағанын, не сезінгенін кім білсін, әйтеуір былғарымен қапталған дәптеріне сиыр бар деп қызыл қарындашпен жазбағаны анық! Сөйтіп бізді жайымызға қалдырды.
Хрущев билік құрған кез «Конный двордағы» нан дүкенінде кезекте тұрғандардың бірін-бірі тапап-жаншып, жанталасқанымен де есте қалды.
Таң атпай дүкеннің алдында нанға келгендер ұзыншұбақ кезекке тұрады. Дүкен сөресіне жақындауға ұмтылған адамдар әр метр үшін қырқысады. Денесі ірі, күші мол адамдар басқаларын ығыстырып, сөреге бірінші жетеді, сонда алатыны екі бөлке нан. Дүкендегі нан кезекте тұрғандардың жартысына ғана жетеді, қалғандары әлемдегі тақырбас атаулыны түгел сыбап, үйлеріне қайтады.
Бірде нанға барамын деп кеткен немере қызым ашыққан тобырдың ортасында қысылып қалыпты. Аяққа таптап тастамағанына шүкірлік еттік, үйге жылап келді, опыр-топырдың арасынан әрең шығыпты. Түріне қараудың өзі аянышты. Содан кейін біздің әулеттен ешкім нанға бармайтын болды, өзіміз үйде пісіреміз. Сондай да болған.
Ресми түрде қала деп аталғанымен Степняк үлкен ауылға көбірек ұқсайтын. Ол, атына сай, кең далада көсіліп, шашырап жатқан ауылдарды біріктіріп тұр. Біздің ауылымыз – Бұлақбасы, одан әрі – Абай, Ирмовка, Қазауыл, Жөке аяқ, Капай, Кірпіш сарайы, Шанхай, Орталық, Октябрь, Первомайка, Конный двор.
Алпысыншы жылдары алтын өндіру қарқыны бәсеңдеп кетті. Есесіне элеватордың жұмысы қызып жатты, егін орған кезде желдеткіштерінің гүрілі бүкіл аймақты жаңғырықтырады.
Степняктағы Мәдениет үйі айырықша көзге түсетін. Архитектурасы ерекше – негізінен, екі қабатты үй, бірақ сахна орналасқан шеткі жағының шатыры биік, үш қабатты тәрізді. Отызыншы жылдары таспен өріліп, кірпіштен қаланған ғимараттың сүйегі мықты. Алғашқы жылы өз салмағымен аздап шөккен ғимараттың бір қабырғасында жарықшақ пайда болып, құрылысты басқарған инженер жиырма жылға сотталып кетіпті деген сөз бар. Бірақ Мәдениет үйі әлі күнге сол күйі тұр! Концерт пен киноны халық сонда барып көреді.
Степняктың қақ ортасында қоғамдық монша орналасқан. Баяғыда салынған бір қабатты үй әлі де берік әрі жып-жылы. Ерлер мен әйелдерге арналған екі бөлімнен тұрады, жанында шаштараз бар, қысы-жазы үздіксіз жұмыс істейді. Ең ғажабы, онда газдалған сусын – морс сатады. Қырлы стақанның түбінен көпірши көтерілген алтын түсті көбікке балалар қызыға қарап, демін ішіне тартып, жан сергітер салқын да тәтті сусынды рахаттана сіміреді! Степняктың моншасынан шыққаннан кейін біз де шөл қандыратынбыз, дәл сондай дәмі тіл үйірген газды сусынды басқа еш жерден кездестірген емеспін!
Стадионда аудан кубогы үшін футбол жарысы өткізіледі. Аудан футболының көшбасшысы Бірінші автобазаның командасы жарысқа ылғи қатысады. Бәсекелестері – ДЮСШ-ның, Екінші автобазаның және кейбір совхоздардың командалары. Ойындар қызықты, тартысты өтеді. Көрермендер топ-топқа бөлініп, өз командаларын жақтап, тамақтары қарлыққанша айғайлап жатады.
Халық өмір сүріп, еңбек етті, келешекке үмітпен қарады. Болашағымыз жарқын – көсемдер коммунизм орнатуға уәде еткен.
Ал біз отызыншы, қырқыншы жылдары салынған барактарда тұрып жаттық. Неге баракта тұрамыз деп ешкім ойлаған емес. Барак – халықтың игілігі, социализм құрылысының ең жоғарғы жетістігі. Барак – советтік лагерлік қоғамның, социалистік жатақхананың көрінісі. Белгілі бір дәрежеде үлгі. Тас пен кірпіштен қаланған қап-қалың қабырғалары мызғымастай көрінетін. Балаларымыз бен немерелеріміз сол барактарда дүниеге келді, олар үшін туған үйі сол. Біз де өле-өлгенше сонда тұрамыз деп ойлаушы едік!
Шағындау бір бөлме мен ас үй, тап-тар дәліз – бары сол ғана. Қазір бізге тым тар болып көрінеді, ол кезде ондай баспанаға қол жеткізу – арманның шыңы. Баракта, негізінен, алтын өндіретін кеншілер мен қызметкерлер тұрады, онда тұруға рұқсат беретін қызыл ордерді алу әркімнің несібесіне бұйыра бермейді. Барак дегеніміз – берік қылып салынған, бірнеше отбасы тұруға арналған жатаған үй, бір баракта бірнеше пәтер болады. Қабырғасы табиғи тастан қалың етіп қаланған, кейінірек, СССР ыдыраған соң барактарды қиратуға жұмсалған бульдозерлер көпке дейін бұза алмай әлек болды. Әр пәтердің қақ ортасында үлкен пеш бар, қысқы аязда тіршілік жылуы содан бөлінеді. Жалпы, адамдар тыныш, бейбіт, бақытты өмір сүріп жатты – жалпыхалықтық апаттар, ашаршылық пен қуғын-сүргін, соғыс пен нан кәртішкелерінен кейін , Брежнев басқарған тоқырау жылдары қарапайым адамдарға жұмақ болып көрінді. Аязды күндері көкпеңбек ашық аспанға тіп-тіке шаншыла көтерілген көк түтін адамды алыстан шақырып, жаныңды жылытады… Уақыт өте келе адамдарға, солардың арасында біз де бармыз, тұрғын-жайды кеңейтіп берді – екі пәтерді біреу қылып біріктіруге рұқсат етті, пәтеріміз тұтас елу шаршы метр болып шыға келді.
Менің өзге ұлт өкілдерінен дос-жолдасым көп болды, солардың арасынан орыс Николай мен неміс Лионды айырықша атар едім. Николай әуелі Сталин атында болып, кейін Лениннің атына ауыстырылған зауытта шығарылған ЗИС – кейінгі ЗИЛ маркалы жүк машинасының жүргізушісі, Лион – дәнекерлеуші, қолынан бәрі келетін қас шебер. Үшеуміз көршіміз – бір баракта тұрамыз. Ортаңғы пәтерде – біз, оң жақта – Николай, сол қапталда – Лион. Тағдыр менімен әлі де әзілдескендей – тағы да орыс пен немістің арасында қалдым!
Бір баракта, бір шатырдың астында үш әлемнің, үш ұлттың өкілдері!
Николай Борисович Нестеров Ресейде дүниеге келген. Қарапайым жұмысшылар әулетінен шыққан жігіт соғысқа бастан-аяқ қатысып, екі рет жараланған, орден-медальдары бар. Ірі денелі, бойы ұзын, алып күшті, байсалды, байыпты адам. Аялы көкшіл көзінен мейірбандық шуағы ұшқындап тұрады, сезімтал, қиындықта көмектесуге әрқашан дайын. Онымен әңгімелесу, тіптен дауласудың өзі бір ғанибет. Адамды тыңдай біледі, не айтсаң да әуелі мұқият тыңдап алады, барынша әділ болуға тырысады. Келіссе де, келіспесе де ештеңені жасырмай, бәрін шын көңілден айтады, ең жақсысы, дауласудың аяғын ешқашан жауласуға ұштастырмайды! Бір-біріміздің пікірімен келіспесек те, дауласқанда қатты кетіп қалсақ та өмірде сол баяғы достық көңілінен танған емес!
Ол менен көп кіші, жас айырмашылығымыз жиырма бір жыл, мені шын құрметтейді. Соған қарамастан көрші ретінде тату болдық, достасып кеттік. Жасым үлкен болғандықтан, Николай мен Лионды іні санайтынмын.
Николайды кейде әзілдеп Үшінші Николай деп атаймын. Әуелі ыңғайсызданып қалған, кейін бойы үйреніп кетті, тіптен ішіп алғанда соны айтып мақтанатын болды. Кейде біреулермен танысқанда:
– Николай… Екінші болмасам да Үшіншімін! – дейді.
Сосын нағыз еркектерше қарқылдап күледі.
Жасы кіші көршілер Николайды әдетте «Коля ағай» деп атайды.
Әйелі Люба пісіретін ашытқан капуста қосқан бүйрешкені сүйсініп жеуші едім. Ақжарқын әйел. Толық денелі, бойы биік, үй шаруасына мығым, өзін байсалды ұстайды және бет-жүзіне қарамастан кімге де болса турасын айтады. Қонақты пейілдене күтеді, бірақ біреулер мас болып шамадан асып бара жатса, орнына қоя да біледі. Күйеуі, ержүрек жауынгер Николайдың өзін де, асып-тасып бара жатса, бір ауыз сөзбен тоқтатып, аптығын басып тастайды.Мінезі ашық, жайдары әйелді көршілердің бәрі сыйлайды. Қысқасы, ертегілерде айтылатын нағыз орыс қатыны еді.
Олардың үш баласы бар – бір ұл, екі қыз.
Неміс келінім Мәриямның алыс ағайыны, халық Лейке деп атап кеткен Лион Вильверт қызық адам. Мен оны құда деймін. Менен отыз жастай кіші, қазақша ағып тұр. Бір қызығы, басқалармен салыстырғанда немістер тілімізді тез үйренеді, бірақ акценті бар, сөйлегені қызық. Шамасы, екі халықтың логикасы мен тілдік ерекшеліктері араласып кетуінен болса керек.
Бірде оған қонақ келіпті. Көрші қазақтар кім деп сұрамай ма. Лейке ойлап-ойлап, барынша дәлірек түсіндіргісі келіп: «Ой, әлгі… қатындікі қатын!» – депті.
Сөйтсе, Белоруссиядан келген әйелінің бөлесі екен.
Ақкөңіл қазақтар Лейкенің сол сөзін көпке дейін еске алып, күліп жүрді. Бірақ ондайды құлағына қыстырмайды, қазақ-неміс тілі қоспасының ауызша озық үлгілерін бұрқырата береді.
Оның Вильверт деген фамилиясы барқыттың бір атауы вельветке ұқсайтын, қазақтар оны тура солай: Лейке Белбет деп атап кетті.
Немістің бір мақалын аузынан тастамайды: «Реден ист зилбер, швайген ист голд! – Сөйлеу – күміс, үндемеу – алтын!» Әуелі немісше айтып, сосын бізге мағынасын түсіндіргенде Николай екеуміз таң қалғанбыз. Әлем халықтарының мақалдары ұқсас болады екен ғой! Николай өз нұсқасын айтты: «Үндемеген – алтын», ал мен қазақтың: «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір!» деген мақалын келтірдім. Осы мақал өмірде, әсіресе көпшіліктің арасында жүргенде қай-қайсымызға да пайдасын тигізді. Бірақ біз, үш көрші, өз арамызда бұл ережені ұстана бермейміз, еркін сөйлесеміз, кейде орыс-неміс-қазақ тіліндегі сөздер араласып кетеді. Лейке ауылдағы қазақтардың арасында өскен, тілімізді жақсы біледі, Николай көптен бері Қазақстанда тұрады, Лейке секілді сөйлей алмаса да түгел дерлік түсінеді. Орыс-қазақ тіліне немістің тұзды сөздерін шеберлікпен жымдастырып жіберетін Лейкенің арқасында Николай екеуміз майданнан үйреніп қайтқан немісшемізді Гете мен Гейненің тіліндегі өткір сөздермен толықтыра бастадық.
Дәнекерлеуші Лейке де, жүк машинасының жүргізушісі Николай да халыққа сыйлы. Біреуі жұрттың керегін әкеліп береді, екіншісі шаруашылықта қажетті заттар сынып қалса дәнекерлей салады. Лейкенің айтуынша, бір әжей өте керекті, маңызды заттарымды жөндеп берші деп өтініпті. Лейке үш аяқты «Урал» мотоцикліне дәнекерлеуге қажетті құралдарын тиеп алып, әлгі кісінің үйіне барады. Әжей алюминийден жасалған, түбі шұрық-тесік ыдыс пен саптыаяқ алып шығыпты! Осындай ұсақ-түйекке бола аспаптарын тиеп әуре болғанына жыны келгенімен, үлкен кісінің жасын сыйлағандықтан ашуын тежеп, әбден ескірген заттардың дәнекерлеуге жарамайтынын әрең түсіндіріпті. Әжей осындай шебердің, өзі неміс бола тұрып, ыдыс пен саптыаяқ тәрізді қарапайым заттарды жөндей алмайтынына сенбей қойыпты! Лейке бұл ыдыс пен саптыаяқтың енді гүл суаруға ғана жарайтынына көзін жеткізуге тырысады. Сөйтіп, ыдыс пен саптыаяқтың түбін тағы бірер жерінен шегемен тесіп береді. Әжей қуанып қалыпты!
– Мынау Лейкенің лейкесі! – дейді екен көршілеріне.
Неміс көршіміз Лион – қазақша Лейке сондай адам!
Әйелі Зоя белорус қызы. Олардың төрт баласы бар – екі ұл, екі қыз.
Екі көршім де қымыз бен қазы-қартаға құмар. Балалары, кейіннен немерелері құртты сүйсініп жейді.
Кейде үш көрші бас қосамыз. Николай моншасын жағады, ішімдік алып, басытқы дайындап, жақсылап демаламыз.
Арақтың дәмін алғаш рет совет өкіметінің тұсында, сонау жиырмасыншы жылдары татқанмын. Соғыста жүргенде майдандағы жүз грамм солдат үшін норма. Қысқы аязда сызды окопта онсыз қиын. Жүз грамды тартып жіберсең жадырап сала бересің, өзіңді батыр сезінесің! Оққа қарсы жүгіру де оңай.
– Алып жібереміз бе? – деген ұсыныс қарым-қатынастың нормасы, ақ ниеттің белгісі тәрізді.
Сонымен қатар, шамаңды біліп, артық кетпеу керек, арақ еркелікті көтермейді. Бұл жерде кемеңгер Солоннан қалған: «ештеңе де шектен аспасын » деген ұранды ұстанған жөн. Қайтеміз енді, шындық осы – арақ біздің өмірдегі серігіміз болды, вакцина ма, есірткі ме – қалай атасаңыз да өзіңіз біліңіз. Жан қиналысын, тағдырдың күйігін арақпен басып, қарапайым қуанышты сәттерді арақпен әрлейтінбіз.
Моншаға рахаттанып түсеміз – жарты күн уақытымыз соған кетеді. Шешінетін жері кең, буға қыздырынып шыққан соң ұзақ отырамыз. Әңгіме көп, анекдот айтамыз, саяси тақырыптарды да қозғаймыз, есірудің кез-келген түрін күлкі қыламыз. Кейде күрделі әңгімелерге барып, тамағымыз қарлыққанша дауласамыз.
Әсіресе қысқы аязда моншаға түскенді ұнатушы едік. Тоңып келіп буға қыздырыну – жанның рахаты! Әбден бусанып, сыртқы аулаға жүгіріп шығасың да, қарға аунай кетесің. Орыс моншасын басқа ештеңемен салыстыруға болмайды! Қар құшағынан кейін қайтадан ыстық буға оранасың – пай-пай-пай!
Монша біз үшін жай ғана жуынатын жер емес. Тіршіліктің күйбеңінен, билік басындағылардың кеудемсоқтығынан, басқа да толып жатқан жайсыздықтардан жасырынатын құпия орын. Ішімізге сыймай, көкірегімізді жарып бара жатқан жалаңаш шындықты сол жерде айтамыз. Ағаштан тұрғызылған ескі моншада отырып, батыл-батыл сөздермен Кремльдің тас қабырғасын, диктаторлық қоғамның жуан ұстындарын дірілдетуші едік. Өйткені, алпысыншы жылдары Хрущевтің жылымығы деп аталатын уақытша кезең басталды, ойыңды бүкпесіз айтуға мүмкіндік туды.
Жылымықтан қуат алып, Сталиннің жеке басына табыну әшкереленген соң өздерін еркін сезінген халық еңсесін түзей бастады. Алпысыншы жылдардың орта тұсында біздің Бұлақбасы ауылында мұсылман дәстүріне сәйкес Жаратқаннан жаңбыр жауғызуды, астық пен шөптің мол шығуын тілеп тасаттық беру рәсімі өткізілді, ондайда құрбандыққа қой немесе сиыр шалады. Халық көп жиналды, қазанда ет асылып жатыр, қырат басында алқақотан жайғасқан ақсақалдардың арасында жан-жағынан молдалар қаумалаған Әбсәләм қажы шариғаттан уағыз айтып отыр. Ол менен мүшел жас үлкен, сол кезде сексенге келіп қалған. Шын аты Ғабдісәләм, халық оның арабша қойылған атын қазақшаға икемдеп Әбсәләм атап кеткен. Көзінің тірісінде аңызға айналған, Мекеге екі рет жаяу барған адам.
Бірде ол адам сенгісіз оқиғаға тап болады. Отызыншы жылдары үйіне бір танысы келіп, уақытша жасыра тұршы деп бір түйіншегін қалдырып кетеді. Әбсәләм қажы нағыз мұсылман ретінде не екенін сұрамастан әлгі түйіншекті сақтап қояды. Сөйтсе, оның ішінде кеніштен ұрланған алтын бар екен. Қырағы органдар көп ұзамай ұрыны тұтқындайды, тергеу барысында алтынның қажының үйінде екені анықталады. Үйді тінтіп, шүберекке оралған алтынды табады. Әбсәләм қажыны қылмысқа қатысушы ретінде жауапқа тартып, соттап жібереді. Совет қызметкерлері қажыдан құтылдық деп мәз болады, халық наразы. Сөйтіп оны ажалдан алып қалғандары жауапты қызметкерлердің ойына келмепті! Өйткені, көп ұзамай елімізде қуғын-сүргін басталып, көптеген діни қайраткерлер атылып кетті немесе ұзақ мерзімге сотталды. Ал қарапайым қылмыскер ретінде сотталған Әбсәләм қажы мерзімін өтеп, үйіне қайтып келді.
Кейін оны діннен бас тарт деп тағы қуғындай бастады. Бірақ Әбсәләм қажы сол сынақтардың бәріне шыдап, өлкеміздің шынайы рухани көсеміне айналды. Оны қазақтар ғана емес, ұлтына қарамастан барша мұсылман халықтары – татарлар, ингуштар, балқарлар шын көңілмен құрметтейтін. Күрсары керей руынан шыққан аталары осы өңірге белгілі қажы болған, өзі де дін таратушы ұстаз атына әбден лайық. Қуғын-сүргін кезеңі аяқталғанын пайдаланған қажы сусаған топыраққа шапағатын тигізіп, тасаттық рәсімін жерлестерінің есіне салуға ұйғарыпты. Алла-Тағаланың құдіреті мен мейірімі туралы айтқанда дауысы саңқылдай шығады. Бір кезде қызмет киімін киіп, мотоцикл мінген үш милиционер келді. Кешегі заманның зардабын әлі ұмыта қоймаған адамдар абыржып қалды. Милиционерлер қазақ екен, осыншама ақсақалдың жиналғанын, арасында Әбсәләм қажы бар екенін көріп, екпіндері басылып қалды. Жақындап келіп, ізетпен амандасты.
Милиционерлер не үшін келгендерін туралап айта алмай, даладағы түтіннің иісінен секем алған аудан басшылары анығын біліп қайтуға жұмсады деп түсіндірді. Ақсақалдар өртке жол бермейтіндерін айтып, милиционер жолдастарды құрбандықтың етінен дәм татуға шақырды. Әлгілер рахметін жаудырып, тайып тұрды.
Жиналғандар тасаттық рәсімін толық өтеп, Жаратқанға жалбарынып, етті жеп тарасты. Бұл оқиға ауданнан асып, бүкіл республиканы дүр сілкіндірді. Коммунистік партия басқарып отырған Совет елінде ашық түрде Аллаға құрбандық шалып, жаппай мінәжат ету – шектен шыққан бассыздық! Көп ұзамай республикалық саяси сатиралық «Ара» журналында фельетон жарияланып, тексеру басталды. Әрине, халықтың арасында беделді Әбсәләм қажыны ашық жазалай алмады. Есесіне осындай бассыздыққа жол берген көптеген адамдар сазайын тартты. Олар қолдан келгенше ақталуға тырысып, тасаттық бергеннен кейін шынымен мол жауын жауғанын айтыпты! Жұрттың айтуынша, табиғаттың бұл құбылысына аудандық комитеттегілер де іштей риза екен, сондықтан кінәлілерге аса қатал шара қолдана қоймапты.
Әбсәләм қажының автобазада жүргізуші болып істейтін екі ұлы әкелерінің ықпалымен намаз оқуға ниет етеді. Мұны аудандық партия комитеті біліп қойыпты. Екеуін аудандық комитеттің идеологиялық мәселелер жөніндегі хатшысы кабинетіне шақырып, аяусыз сынап, идеологиялық өңдеуден өткізбек болады. Маркстің сөзін еске алып, «дін – апиын» екенін айтады, біржола милары ашып кетпей тұрғанда ондай уыттан тезірек айығуға кеңес береді.
– Ленин құдай жоқ деді ме – бітті, жоқ ол! Компартия көсеміміздің ісін әрі қарай жалғастырып келеді. Біз, коммунистер – атеистпіз, құдай мен басқа да тылсым күштерге сенбейміз! – деп түйіндейді аудандағы бас идеолог.
Мәселенің маңыздылығын адал еңбеккерлер дұрыс түсінуі үшін былай деп аяқтапты: – Діншілдікке бой алдырып, халықтың арасында үгіт жүргізуді дереу тоқтатпасаңдар, жиырма төрт сағаттың ішінде бұл өлкеден қуылып кетесіңдер!
Аптығы басылған екі жігіт әкесіне келіп, не болғанын түгел айтып береді. Қуғын-сүргін мен сотталуды басынан өткерген данагөй қажы ұлдарына әзірше діни көзқарастарын жасыра тұруға ақыл қосыпты.
Ол кезде қарапайым еңбеккерлер тыныш өмір сүрді, көсемдер мен олардың жандайшаптарының ақылға сыймас озбырлықтарына төзіп, балаларын өсіріп жүріп жатты. Балалардың санасына туған тілі мен халқының мәдениетін, ұстанған діні мен салт-дәстүрін табандылықпен сіңіре берді. Бұл біздің өзімізді сақтап қалу жолындағы халықтық күресіміз болатын.
Мысалы, мектепте балалар: «Пионерлік шын сөзім! Комсомолдық уәдем! Ленин-сталиннің атымен ант етемін!» – деп серттеседі. Ант берудің ең жоғарғы түрі осы секілді еді және оны ешкім бұзбайтындай көрінетін. Совет мектебі солай оқытты. Дегенмен, баланың аты бала емес пе, советтік көсемдердің атымен берген анттарын бұзып қояды. Ал егер шын жүректен ант етсе Жаратқан Иеміздің атымен: «Оллаһи, билләһи!» – дейді. Бұл уәденің бұзылмайтынын бәрі біледі. Оны бұзуға ешкімнің дәті бармайды!
Ағаштан жасалып, темір жолақтармен қапталған ескі сандық – әбдіренің түбінде ата-бабалардың көзіндей болып ежелгі бұйымдар сақталады. Даламыздың шеберлері мен шығыс зергерлері күмістен соққан, ішінара алтыннан жасаған сирек кездесетін заттар. Патша заманынан қалған сөлкебайлар, әйелдердің әшекейлері – сақиналар мен білезіктер де кездеседі. Бір шеті тесілген тиындар да бар. Әйелдер оларды киіміне тігіп қоятын болған немесе тесігінен жіп өткізіп, алқа тәрізді тағып жүреді екен. Кейде әжеміздің сандығынан әсем өрнекті араб әрпімен жазылған әлдебір қолжазба немесе патша заманында Қазан қаласында басылған шағын кітаптар шығады. Алда-жалда бұрыннан қалған үлкен кітап табылса олжаға кенелгенің. Бірде жолым оңғарылып, он тоғызыншы ғасырдың аяғында Қазанда басылған Рабғузидың «Қисса-сул Әнбия» деп аталатын кітабын тауып алдым.
Ежелгі мұраның сарғайған парақтары ғасырлар қойнауына, пайғамбар заманына жетелейді, өзімді боранды түнде жалғыз қыстауда Алтын-апаның ертегілері мен аңыздарын тыңдап отырған кішкентай бала сияқты сезінемін.
Құдайсыздар мектебінде оқитын немере-шөберелерім мәңгілік ақиқатты ұғы­нып, көне дәуірдің тынысын сезінуі үшін сол тарихи дастандарды оқып беремін.
Жұрттың бәрі білетін бір жалақор кім көрінгеннің үстінен арыз жазып, жоғарыға жөнелтуден жалықпайтын. Отызыншы жылдары шолақ белсенді болып, кейіннен НКВД-ның салпаңқұлағына айналған сүмелек қой. Жалақор екенін бәрі біледі, сөйте тұра өтірік құрметтейді. Біреулер одан әлі де қорқады, басқалар ілініскісі келмейді. Сол жазғыш бір күні ауданымызда басшы қызметте отырған қазақтар ұлдарын діни рәсім бойынша сүндетке отырғызады деп жазып жіберіпті. Соны дәлелдеу үшін – НКВД-ға қызмет еткені бекер болып па! – балаларды аңдып қоғамдық моншаға барған. Анық көз жеткізген соң «мынадай қазақ басшылардың ұлдары піштірілген!» – деп шетінен тізіп беріпті. Моншада кездестіре алмаған балаларды мектептен қайтып келе жатқанда тосып алады. Балаларды алдарқатып: «Кәне, шүметейіңді аша қойшы, кәмпит беремін!» – деп уыстап кәмпит көрсетіп, аң-таң болған балаларға тәтті ұсынады. «Неткен ақымақ ағай! Мә, көргің келсе көріп ал, тек кәмпитті тезірек берші!» – деп ойлаған балалар тегін тәттіге қарық болған. Жалақор сөйтіп жинаған деректерін қағазға түсіріп, облысқа айдап жіберіпті. Айғай-шу, тергеу-тексеру басталды да кетті! Облыстық партия комитетінен, облыс орталығы Көкшетаудан комиссия келген. Аудан активін түгел жинап, талқылауға кірісіпті. Беделді партия қызметкері, обком нұсқаушысы аудан басшыларын қыспаққа алады: «Жолдастар, бұларың қалай?! Партия мен үкімет сендерге сеніп, жауапты басшылық қызметке қояды, ал сендер не істеп жүрсіңдер? Компартия ескіліктің қалдығымен, ұлтшылдық пен діни соқыр сенімнің көріністеріне қарсы күреседі, марксизм-ленинизмге қайшы келетін кез-келген құбылысты түбірімен жоюға шақырады! Сендер аудандағы ұлдарды сүндеттеуге жол бересіңдер! Ол аздай, осы бір жабайы, күні өткен мұсылмандық рәсімді өз әулеттеріңде жасап, халыққа үлгі көрсетесіңдер! Бұл біздің советтік моральға жат қылық, коммунистік идеологияға қайшы келетін әрекет! Бұған төзуге болмайды, сүндетке отырғызуды тоқтатып, ондайды түбірімен отау керек!» Сонда осы сәтке дейін үндемей түнеріп отырған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы шыдамапты: «Не деп тұрсыз, жолдас нұсқаушы?! Піштіруге болады, бірақ түбірімен отауға болмайды!» Жұрт қыран-топан күлкіге кенелген, нұсқаушы сасып қалыпты, стақандағы судан бір ұрттап, қолдау күткендей жалақорға қарайды. Қайдағы қолдау! Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, бұрынғы майдангер, әскери наградалары бар, соғыс өртінен шынығып-шыңдалып шыққан, дала батырларындай алып денелі Алпысбай Жақыпов орнынан тұрып, шалбарының түймесін ағытады. Аудан белсенділері мен обком комиссиясы түгел мелшиіп қалған. «Бері кел, шындық іздегіш жалақор, шеш шалбарыңды, әйтпесе өзім сыпырып аламын! Сіз де, жолдас нұсқаушы, сіздер де, құрметті комиссия мүшелері, шалбарларыңызды шешіп, мына отырған халыққа көрсетіңіздер, өздеріңіз де дұрыстап қараңыздар! Кәне, бәріңіз бір мезгілде көрсетіңіздер!» Сонда ғана нұсқаушы өзін-өзі билеп, дауысы жұмсарып, қарт бурадай күркіреп тұрған соғыс ардагеріне басу айтыпты, жалақор қорыққаннан үстелдің астына кіріп кете жаздапты. Сабасына түскен бірінші хатшы шалбарын шеше қоймаған, бірақ қолымен ышқырын ұстаған күйі сөзін жалғастырыпты: «Қазақтардың піштірілгенін бәрі біледі, бірақ соның отан игілігі үшін жұмыс істеуге еш кедергісі жоқ! Облыс пен республика басшыларына сәлем айтыңыздар, әуелі өздеріне қарасын! Әлде коммунистік партия мен совет үкіметінің қазақ балаларының сүндетіне қарсы күресуден басқа жұмысы қалмап па?! Халқымыз Совет Одағының басқа да халықтарымен бірге екпінді еңбек етіп жатыр, мол астық алып, ел байлығын еселей түсуде! Ешкімнің ышқырына үңіліп жүрген жоқ! Қазақтар ұлдарын піштірсе, онда кімнің шаруасы бар?!»
Сөйтіп, сырттай дөрекілеу көрінетін алпамсадай ел ағасы жоғарғы басшылардың қаһарына ұшыраудан именбестен жөнсіз кінәлауға осылай тойтарыс берді. Комиссия түк бітірмей кері қайтты, өздері де ұялған шығар, жоғары жақтан да парасатты адамдар табылса керек, әйтеуір қазақ балаларының сүндеттелуіне қатысты мәселе сол күйі қозғалмастан қалды. Халық партия-совет идеологтарының осы есіріктігін күлкі қылып, өмір сүріп, жұмысын істеп жүре берді, балаларын өсіріп, сүндетке отырғызуды тоқтатқан жоқ.
Ал ауданды жиырма жылдай басқарған бірінші хатшы Алпысбай Жақыповтың аты аңызға айналды!
…Сол кезде домбыра қуғындауға ұшырады! Сан ғасырлар бойы қазағымның қуанышы мен қайғысын тең бөліскен жан серігі, ежелден келе жатқан екі ішекті саз аспабы совет өкіметіне кенеттен жақпай қалыпты. Ресми түрде ескіліктің қалдығы деп атап, халық музыкасын насихаттауға болмайтынын емеуірінмен ұғындырды. Сөйтіп, қара домбыра шеттетіліп, ығыстырыла берді, біртіндеп мүлдем жоғалып кетті. Ойлап қараңыз, халқымыздың ұлы әншісі, композитор Біржан салдың отанында, сүйегі жатқан қалада алпысыншы жылдардың орта тұсында мектеп оқушылары нағыз домбыраны күндіз қолына шам алып іздесе таппайтын болды! Мектептерде домбырамен дала симфониясы – күй тартып, халық әндерін орындаудың керегі шамалы деген көзқарас қалыптасты.
Мен жұқа тақтайлардан домбыра жасап алдым, ешкінің ішегін тағып, немерелеріме білгенімді үйрете бастадым. Совет өкіметінің топастарына сөйтіп қарсыласпақ болдым!
Тек бірер жылдан кейін ғана қазақтың парасатты патриоттарының күш салуымен домбыра өзінің жоғары мәртебесіне қайтадан қол жеткізді.
Бір ғасырлық ұзақ өмірімді екшей келе бір нәрсеге көзім жетті – қандай қанды тирания билік құрып тұрса да өмірдің аты өмір, жақсылық пен жамандық әрдайым қатар жүреді екен. Солардың қайсысы көбірек болды – зұлымдық па, ізгілік пе деген сұрақ тікесінен қойылса жауап беруге қиналар едім. Кімдер көбірек жолықты – жақсы адамдар ма, пасықтар ма? Бұл сұраққа бір жақты жауап беру мүмкін емес. Мәселе мынада, бір адам белгілі бір жағдайда өзін лайықты ұстаса, екінші жағдайда сол биігінде тұра алмауы мүмкін. Өмір сондай, адам баласы солай жаратылған, бұған ештеңе істей алмайсың. Өзгелерді сол күйі қабылдап, өзің де адам болып қалуға тырыссаң болды.
Мүмкін қателесетін шығармын, кім білген. Тек бір нәрсе анық – тұтас халықтың немесе Совет Одағы тәрізді көптеген ұлт өкілдерінің басын құраған күрделі елдің басынан өткен дәуірге біржақты өкім шығаруға болмайды! Бұл объективті тұрғыдан мүмкін емес, ал алуан қырлы тарихты субъективті тұрғыдан бағамдап, тар шеңберге тыға салу ақымақтық болар еді. Өткенді сараптаушылардың берген бағасы бір адамның өмір жолын да қамти алмайды. Ол кезде бәрі болды: жақсылық та, сұлулық пен асқақтық та, жамандық та, жиіркенішті, жек көрінішті жәйттер де жетіп артылатын. Қайтеміз енді, өмірдің ұлылығы сонда, «егер» дегенді білмейтін тарихтың өзі сондай…
…Жетпісінші жылдары тұрмысымыз жақсаруға айналды – сәл де болса адамша өмір сүре бастадық. Кейде сол он бес жылдай уақыт бұл өмірде тартпаған азабы қалмаған совет халқына барлық қиналысы мен қиындығының өтеуі үшін тағдырдың өзі тартқан сыйлықтай көрінеді. Халық өмір сүріп жатты, рахаттанып демалатын болды. Бейбіт еңбек, тұрақты еңбекақы бар , тұрмыс деңгейі салыстырмалы түрде жақсарған, осының бәрі жұртшылықты қуанышқа кенелтті. Кешкісін сағымды сиқырымен баурап, кедір-бұдырлы болмыстан аулақтатып, үміт-арманның асқарына еліктіріп әкететін ақ-қара түсті теледидарға үңіледі.
Брежнев басқарған уақыт пен қайта құруға және СССР-дың ыдырауына дейінгі аралықты не үшін тоқырау кезеңі деп атайтынын түсінбеймін. Халық оны «тоқырау кезеңі – тойлау кезеңі» дейді. Ох, сол жылдары Совет Одағының азаматтары қанша сағат дастархан басында отырып, қаншалықты ішіп-жегенін компьютерде есептеп шығарар ма еді! Ол кезде бәрі де отырды! Енді не істейді?! Біреулер таусылып бітпейтін жиналыстарды басқарып үлкен үстелдің басында отырды, басқалары көк жүзінде қалқыған ақша бұлттарды көзімен аңдып, темір тордың саңылауынан сығалап отырды. Көпшілігі ішіп-жеуден қолдары босамай, ауқымды дастарханның басында отырды. Әлемдегі бар мен жоқты әңгіме қылып, ауыз жаппай сөйлеумен болды. Советтік-коммунистік диктатураның темір құрсауында тұншыққан жан-дүниеміз сөйтіп серпілетін.
Халық тойлаудан бас алмай, біртіндеп ішкілікке салынып бара жатты.
Жалпы, тоқырау дәуірі – тойлау дәуірін айырықша зерттеп, зерделеу қажет. Қызық уақыт еді! Қазір әр саққа жүгіртіп, сыбап жатады. Бірақ, ол кезде өміріміз көңілді болатын!
Басшы қызметкерлердің суыт та суық жүрістері аңыз болып айтылатын. Бастықтардың саяси ұрандармен бүркемеленген былықтарының өзі жатқан бір тарих!
Анау шешен екен, өте білімді дейді. Ал оның шешендігі халықты басқаларға қарағанда шеберлікпен алдай білуінде жатыр, қанатты сөздерді орнымен қолдана білуі айтқанына салмақ бітіріп, турашыл партия қызметкерлері мен аңқау бұқараның алдында беделін көтеріп тастайды.
Халық еркін өмір сүрді. Жұртшылықтың жаны шалқып, көңілі тасыды. Бәрі бір-біріне риясыз көмектесуге дайын. Көмектескені үшін ақы сұрауды білмейді. Біреуден, әсіресе жерлестерінен ақша алу масқара болып саналады. Ондайды ешкім ойламайды да. Оның есесіне біткен істі жуып беру әдетке айналған. Тойлау дәуірінің жазылмаған заңы, ар-намыс кодексі сол. Машинасы бар адам көршісіне сабан әкеліп берсе, велосипедін жөндесе немесе кез-келген бірдеңе істесе міндетті түрде үстелге шөлмек қойылады, сосын басталады! Шер тарқатар әңгіме кейде дауға ұласып, тұмсық бұзуға жалғасады, төбелесіп қалған көршілер ертесіне қайтадан татуласады, бас жазуға таптырмайтын себеп. Ең қызығы, басқаға жетпейтін ақша арақ ішуге қашан да табылады.
Талай-талай қызық оқиға болып еді.
Николай, Лион үшеуміз тату көрші ғана емес, бір-бірімізге моральдық қазы болатынбыз. Егер бір қазақ бірдеңе бүлдіріп қойса, екеуі екі жақтан түртпектей бастайды: «Әй, Асеке! Мынау не, ә? Сендер әлгі, сөйтіпсіңдер ғой… хе-хе-хе!» Мен де қарыздар болып қалмаймын, орыс пен неміс немесе украин мен белорус әлденеден ұятты болса көршілерімді мазақ қыламын. Теріс қылығы үшін өз-өзімізге де ұрсамыз: «Ұялмайсың ба! Біліп қойса орыстар не дейді?» «Қой ондайды! Немістердің күлкісіне қаламыз!» Орыстар мен немістердің бір-біріне: «Елдің алдында масқара боласың! Қазақтар мазақ қылады!» – деп тоқтау айтқанын талай естігенбіз.
Бір қызығы, соның әсері мықты болатын. Өз арасында ұяла бермейтін, қалай болса солай жүруден арланбайтын әумесерлер басқа халықтың алдында өздерін жаман қырынан көрсетуден тартынады. Өзге халықтың өкілдерінің көзінше ұятты қылыққа барғысы келмейді, соның өзі моральдық шектеу тәрізді. Ақжарқын едік, жариялылық пен сөз бостандығы шектеусіз болатын, әзіл-шыны аралас бір-бірімізге шындықты тура айтамыз, тіпті, артық кетіп қалатын кездер де болады. Бірақ, бізде өшпенділік, жек көрушілік болмайтын! Бір-бірімізді аяусыз шенеп, кемшіліктерімізді бетімізге басып, тамағымыз қарлыққанша даулассақ та ешкімді жау санаған емеспіз. Бірге тұрып, бірге өмір сүрдік, қуаныш-қайғымызды бөлістік, нан-тұзымыз ортақ болды және… өзара әзілдесіп, қалжыңдаса беруші едік!
Қызып қалып, көңілі шалқыған кезде Николай мен Лион менің екі әйел алғанымды келеке қылатын.
Бәйбішем Халима екеуміз кіші ұлым Айғали мен келінім Баянның қолында баракта тұрамыз, немерелеріміз жанымызда. Екінші әйелім Нағима қасымыздағы саманнан салынған ескі бәкене үйде тұрып жатыр. Соғыста қаза тапқан күйеуінен қалған ұлы мен қызы есейіп, тұрмыс құрған, облыс орталығы Көкшетауда тұрады. Біз үйленген соң екі жылдан кейін Нағима менен бір ұл туды, қазір соның қолында. Іс жүзінде, әрқашан бірге болатынбыз.
– Асекеңнің өмірі рахат! Екі әйелі қасында! Қалай бұрылса да баршылық! Анда да, мұнда да! Қашып құтыла алмайсың! – деп тиіседі Николай.
– Қашудың керегі не оған? – деп іліп әкетеді Лейке. – Сен екеуміз қатын іздеп тентіреп кетуіміз мүмкін! Ал оған керегі үнемі қасында!
– Асеке, қайсы тәтті – бәйбіше ме, тоқал ма?
– Әр кезде әрқилы! – деп жауап беремін. – Адамға тәтті де керек, ащы да керек! Кейде үлкені ащылатып жіберсе, кішісі тәттілеп жібереді! Кейде керісінше, көңіл-күйге байланысты!
Екеуі қарқылдап күлгенде ағаштан салған монша дірілдеп кетеді.
– Жалпы, қазақтар дұрыс істейді! Төрт әйел алады, баланы топырлатып туғызады, төрт ауыл болып өсіп шыға келеді! Ар-ұятына да нұқсан келмейді! – деп соғады Николай әзіл-шыны аралас. – Ойнас жасаудың қажеті жоқ! Ал біз не істеп жүрміз?
– Бір әйелге үйленіп, адал боламыз деп ант етеміз де, ойнас іздеп қаңғырамыз, күнәға батамыз! – деп өкінгенсиді Лион.
– Кім сендерге қой деп отыр? – деп түк білмегенсимін. – Екіншісін алыңдар!
– Ойбай, кім рұқсат етеді бізге? – деп күрсінеді достарым.
– Не, қартайып қалдыңдар ма? – деп әжуалаймын. – Сен, Колька, елуден енді астың. Ал, сен, Лейке, қырықтың қырқасындасың!
– Жоқ, мәселе бізде емес! Бар пәле заңда! – деп ақталады Николай.
– Қалыптасқан түсінік сондай! – деп қостайды оны Лейке. – Біріншіден, екінші әйел алуға ешкім рұқсат етпейді! Заң да, салт-дәстүр де, әйеліміз де, қоғамның өзі де – ешкім!
– Сосын бұл жабайылық болып саналады! – деп қызбаланады Николай.
– Мәселе қандай көзқараспен қарауда! Сендер дұрыс емес дейсіңдер, бізге салса бәрі дұрыс! Бәленің бәрі бір халық екінші халыққа өз заңын таңған кезде басталады. Ал егер әр халық өз білгенімен өмір сүрсе несі жаман?! Шариғат бойынша қазақтың заңды түрде төрт әйел алып, ұрпағын өсіргені сендерге жаман болып па?! Өзара келісіп, бәрі риза болса, онда кімнің шаруасы бар?!
– Жоқ, біз қарсы емеспіз!
– Бізге де сөйту керек еді! – деп жауап қайтарады көршілерім.
– Заңды түрде төрт әйел алуға не үшін тыйым салғанын білесіңдер ме? Қазақтың ұлт ретінде саны көбейіп кетуіне кедергі келтіру үшін! Қанша адамды қырып жібергені аздай, халқымыздың өсіп, көбеюіне де тосқауыл қойған!
– Қойыңыз, Асеке, артық кетіп қалдыңыз! – деп қарсылық білдірді Николай. – Керісінше, совет өкіметі шығыс әйелдеріне бостандық берді!
– Қандай бостандық? Кімнен?
– Әйелдерге бостандық, теңдік бергені рас қой! – деп Лион да Николайды қостай кетеді.
– Әйел мемлекеттің заңы бойынша еркекпен тең праволы бола алады, бұл рас. Бірақ табиғаттың заңы бойынша ешқашан теңесе алмайды!
Тату көршілерім осындай ауыр тақырыпты да әзілге айналдырып жіберетін.
Қалжың бізге қуат беретін, әзілдесу арқылы психологиялық қысымнан арыламыз. Өмірде әжуаға айналдыратын жәйттер толып жатыр! Бірде аудан басшыларының орта деңгейдегі өкілдері жақсылап тойлағаннан кейін «Москвич» күймелі автомобилімен заулап келе жатып, бұрылыста өсіп тұрған ағаштың үстіне бір-ақ шыққан! Қаланың қақ ортасындағы Ленин атындағы орталық көшеде! Аудандық партия комитеті ғимаратының маңы, аудандық милиция бөлімінің алды, аудандық атқару комитетіне қарама-қарсы, емхананың дәл қасы! Өрт сөндірушілердің көтергіш кранымен түсіріп алып жатса, әлгілер ғарышкерлер туралы ән салып отыр дейді! Қалт жібермей қадағалап отыратын қатал цензураның кезінде де ұзынқұлақ мінсіз жұмыс істейтін. Құрылыс саласының бас маманы жаңа қызмет көлігін алып, достарымен бірге соны жуыпты. Өзі қазақ екен, Николай мен Лион мені түртпектей бастады. Кешкісін күннің батуын қызықтап үйдің алдында отырғанбыз, екеуі ғарышқа алғашқы қазақтың ұшуымен салтанатты түрде құттықтады.
– Қазақтар ерледі! – деді Николай байыпты дауыспен. – Американы қуып жетіп, басып озды! Мұндайды істеуге олардың да басы жетпес еді!
– Қаланың ортасындағы асфальттан ұшып кетіп, ағаштың басына қону – тек қаз бен қазақтың ғана қолынан келеді! – деп жалғастырды Лейке Бельбет.
Өздерің істей алмайсыңдар да, қызғанасыңдар деп, сытыла жауап бердім.
– Қазаққа өз жеріндегі Байқоңыр айлағынан ғарышқа ұшуға мүмкіндік бермейсіңдер, енді қайтсін ?
Бірақ, жағдай ертесіне анықталды. «Ғарышкерлер» үшеу екен! Қазақтың қасында неміс пен орыс болыпты, «ғарышқа» да бірге ұшыпты! Рульді орыс ұстаған! Енді көршілерімді мен мазақ қылдым.
– Әй, бері қараңдар! Көрдіңдер ме, бәрі де баяғыдай орыс пен немістің кесірі! Ақкөңіл қазақ сендер тағы бірдеңе бүлдіріп қоймасын деп, араларыңа қыстырылған! Орыстың бастауымен, немістің қостауымен қайда ұшып, қайда қонбайсың!
Көршілерім бір күліп алып, бөтелкесін ашты!
Пасха мейрамында көршілерім бізді боялған жұмыртқамен сыйлайды, айт мерекесінде бізге келіп, қаймаққа малып шелпек жейді. Бірде қызық болды. Бір шаруамен Көкшетауға барып, базарға соққанмын. Қарасам, бір орыс әйел дөңгелек нан сатып тұр. Аппақ крем жаққан, көзің қызығады. «Жаңа піскен бе? Тәтті ме?» – деп сұрадым. Әйел басын изеді, таңдана қарап қойды. Көп қылып сатып алдым. Үйге келіп, әкелген базарлығымды келінім Баянға ұстаттым. Дастархан жасап, шай дайын болған соң әлгі дөңгелек нанды жемекші болдық. Сол кезде Айғали балам мен Баян келінім әкелген базарлығыма дұрыстап қарап алып, күле бастағаны. Сөйтсем, орыстардың Пасхаға пісіретін арнайы наны – кулич екен. Не істейміз, далаға тастамаймыз ғой! Крем жағып салған крештің суреттерін қасықпен қырып тастадым да, «бисмиллә!» дедім. Міне, сөйтіп әлгі нан енді мұсылманның тағамы болды, ақсақалдың яғни өзімнің аңқаулығыма күле отырып, жеп алдық. Өзгенің дәстүріне төзімділікпен қарау деген осы!
Халықтар достығын жалаң ұранға айналдырмау керек. Қайшылықтар мен қақтығыстарды да жасырмаған дұрыс. Жеке адамды жақтырмауың мүмкін, бірақ соны бүкіл халыққа аударуға болмайды. Халқын сыйламасаң, сол халықтың өкілімен шын көңілден достасып кете алмайсың. Басқа халықтың саяси үстемдігіне қарсы күресе бер, бірақ бүкіл халықты жек көруге болмайды. Саяси биліктің зұлымдықтары үшін халық кінәлі емес және ол үшін жауап бермейді!
Бірақ, өмір өте күрделі екенін, өмір жолын алдын-ала белгілеу мүмкін еместігін тарихтың өзі сан мәрте дәлелдеп берді. Халықтың тып-тыныш өтіп жатқан бейбіт өмірін мазасыз қауесеттер бұза бастады. Совет Одағы Ауғанстанға әскер кіргізіпті, сөйтіп американдар мен ауғандарға қарсы соғысып жатыр екен деген әңгіме шығып, біртіндеп үдей түсті! Есеңгіреп қалдық, үрейлене бастадық. Бұл қалай, қайдағы соғыс, не үшін, кім үшін? Барлық жерде ақырын ғана осындай сұрақтар қойылады, ешкім жауап бермейді. Түркіменстанда әскерде болған жігіттерді алыста жатқан осынау ыстық климатты елге соғысқа аттандырмақ дегенді естігенде мазасыздығымыз күшейе түсті. Бұл кезде екі немерем Кушкада әскерде жүрген, Ауғанстан деп аталатын әлгі жұмбақ елге солар тап болуы мүмкін. Көңіліме қобалжу кіріп, мінәжат етумен болдым. Ауғандар, пуштун тайпалары батыр халық, оларды ешкім ешқашан жеңе алмапты деген әңгімелер айтылады. Жұрттың бәрі, әсіресе балалары әскерде жүргендердің мазасы қашып, уайымдай бастады. Анық дерек жоқ, сондықтан қауесеттердің өзі қорқынышты болып кетті. Біраз уақыттан кейін алғашқы жайсыз хабарлар келе бастады, біздің ауданнан әскерге алынып, қаза тапқандардың мәйіттерін мырыш табытқа салып әкеліп , ашуға рұқсат бермей, солай жерлепті. Ара-тұра жараланған немесе контузия алған жігіттер келеді. Аллаға шүкір, немерелерім қызмет ету мерзімі аяқталған соң елге қайтты. Степняк қаласындағы Бұлақбасы ауылының тұрғыны, жерлесіміз Мадай сол соғыста жараланып, бір аяғы жоқ мүгедек болып оралды. Отряд тосқауылға тап болып, шайқас қызып жатқанда пуштундардың минасы дәл жанынан жарылыпты. Көмек дер кезінде келіп, ауғандар кері шегінген. Жараланған Мадайды санитарлар алып шыққан. Ес-түсінен айырылып, қаны сорғалап бронетранспортердің үстінде жатыр екен. Тірі екенін білген дәрігерлер госпитальға жеткізіп, операция жасаған, жарылыстан жұлынып кетіп, сіңіріне ілініп қалған сол аяғын кесіп тастапты. Мадай сөйтіп ғажайыптың күшімен ажалдан аман қалды. Ағаш аяқ жасатты, жүруді жаңадан үйренді, сосын ауыл мектебіне мұғалім болып орналасты. Кейінірек балалы-шағалы болды. Соғыс өртіне шарпылған Мадай жеке басының қайғысын жеңе біліп, нағыз адам екенін көрсетті. Сонау сұрапыл соғыстан, жалпы адамзатқа ортақ қасірет – Екінші дүниежүзілік қырғыннан кейін адамдар бір-біріне қалай оқ ататынын түсінбей, жаным күйіп мен жүрмін! Халықтардың тағдырымен ойнап, адамдарды қолына қару алып, бөтен елге басып кіруге кім мәжбүр етеді?!
Мен осыны әлі күнге түсінбеймін және түсінбей өтетін шығармын…

Асқынған абсурд

Тың игеру науқанынан кейін, он-он бес жыл өткен соң қазақ тілі жаппай қысымға ұшырай бастады. Алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың бас кезінде оқушылар жетіспейді деген сылтаумен барлық жерде қазақ мектептері жабылуға айналды. Жергілікті халықтың балалары орыс мектептеріне ауыстырылды. Биліктің барлық деңгейінде, ел арасында қазақ тілінің болашағы жоқ, көп ұзамай өмірде орыс тілі ғана қолданылады деп ашық айтылатын болды. Ата-аналарға балаларының болашағы орыс тіліне байланысты, перзенттері орыс тілін білмесе қызметте жоғарылау тұрмақ өмірде қадам аттай алмайды деп ұғындыратын. Жоғары оқу орындарында, мекемелерде, тіптен өмірдің барлық салаларында орыс тілінде сөйлеп, жазып жүрді. Таза қазақтар тұратын ауылдарда да мектептегі сабақ орыс тілінде өткізілетін. Аудан орталығы Степняк қаласындағы алты қазақ мектебінен бір ғана Абай атындағы орта мектеп қалды. Мұндай диктаторлық, шовинистік саясаттың ең қорқынышты салдары – жеті жасқа дейін таза қазақ әулетінде өсіп, тәрбиеленген балалар орыс тілін бірден игеріп кете алмады, соның салдарынан дүбәра ұрпақ қалыптасты.
Бұл істің саяси астарын түсінген көзі қарақты адамдар ондай бастаманы қабылдамай, кейбіреулері наразылық танытты, бірақ ашық қарсыласа алмады, әлемдік деңгейдегі алпауыт державаның қуатты билік машинасы арнайы бағыттап отырған қысымына қарсы тұруға шама қайда!
Қазақтардың дінін, тілін, мәдениетін ашық және жасырын түрде қудалау күн санап күшейе түсті. Ораза мен намаз ескіліктің қалдығы деп танылып, газеттерде дінге қарсы мақалалар жарияланды. Ономастика мен топонимика туралы әңгіме айта алмайсың – барлық жерде елді мекендер мен көшелерге мақсатты түрде қазаққа жат, орыс тілінен алынған атаулар беріліп жатты. Қалалар, кенттер мен даңғылдар Қазақстанға еш қатысы жоқ адамдардың атымен аталды. Осының бәрі халықты орыстандыру және ассимиляциялау саясатының көрінісі екенін түсіндік, қанымыз қайнап, ашық та айттық, бірақ билік бізді тыңдағысы келмеді.
Алғаш рет өз тілін білмейтін қазақты көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Әзілдеп тұрған шығар деп ойладым. Шынымен қазақ екеніне, бірақ қазақша бір ауыз сөз білмейтініне анық көзім жеткенде дүние төңкеріліп түскендей көрінді. Ақылым жетпеді, санама сыймады, айтуға сөз таппадым. Жылқы кісінейді, сиыр мөңірейді, ит үреді, сол сияқты қазақ – қазақша, орыс – орысша, неміс – немісше сөйлейді деп ойлайтынмын. Адамның ана тілі дүниеге өзімен бірге туады деп пайымдаушы едім, нағыз ашық ауыз екенмін!
Тістеніп, іштей ерегісуден басқа амалымыз қалмады. Бұл туралы кейде Үшінші Николаймен дауласатынмын. Ал Лион көбінесе мені жақтайды. Соғыста қазақтар мен орыстар бірігіп неміске қарсы соғысса, енді қазақ пен неміс бірігіп орысқа қарсы шықты деп әзілдейді. Дау-таластың басты тақырыбы ұлттық мәселе болатын.
Біздің заманның ең бір ушығып тұрған мәселесі сол еді, бейне бір Гордий түйіні дерсің, бірақ оны жұрттың бәрі айналып өтуге тырысты, кесірлі түйінді шауып тастауға ешкімнің батылы бармады.
Николайдың айтуынша, біздің еліміз – СССР – әділетті қоғамның, халықтар достығы мен туысқандығының үлгісі.
– Олай емес! – деп жауап беремін оған. – Достық пен туысқандық бар! Бірақ теңдік жоқ! Теңдік болмаса әділет те жоқ!
Ол томсырайып, өзінікі дұрыс екенін дәлелдеуге тырысып, Совет елінің соғыстан кейін гүлденуін, компартия мен совет өкіметінің ұлттық саясат саласындағы жетістіктерін алға тартты.
– Міне, қараңыз, иен далада қаншама қалалар мен совхоздар тұрғызылды! Соның бәрін көрмеу үшін соқыр болу керек! Қанша қазақ жоғары білім алып, басшы қызметте жүр! СССР халықтарының, соның ішінде қазақтардың тарихындағы Ресейдің прогресшілдік ролін жоққа шығармассыз?!
– Жоққа шығармаймын. Бірақ соны малданып басқаларды жұтып қоюға орыстардың еш хақысы жоқ! Прогрессия туралы айтқанда агрессия мен репрессияны да ұмытпау керек!
– Қойыңыз, артық кетпеңіз… Ешкім ешкімді жұтып қойған жоқ, жұтқысы да келмейді…
– Қарашы өзің, Николай… Конституция бойынша, әр ұлттың өз жолын таңдауға правосы бар. Ал, қане, қайда сол еркіндік?
– Демек… бұл… ешкім өз жолын дербес анықтағысы келмейтінін білдіреді! Ұлттардың бәрі өз болашағын СССР-дың құрамында, бірге көргісі келеді!
– Олай емес, сол правосын жүзеге асыруға ешкім мүмкіндік бермейді! Бәрі қағаз жүзінде ғана! Советтік идеология алашордашыларды, өз халқының басқа да патриоттарын ұлтшыл деп айыптап, көзін құртты. Бұл жерде қандай ұлтшылдық бар, соны ойладың ба, түсінуге тырыстың ба? Олардың не жазығы бар еді? Олар тек халқына бостандық пен теңдік әпермек болды! Біз, қазақтар, бейбіт халықпыз, ұлт ретінде сақталып, жер бетіндегі барша халықтармен достық қарым-қатынаста өмір сүргіміз келеді! Әлемдегі ең ақпейіл халықпыз! Басқаларды бағындырып, қорлық көрсетіп, жұтып қойғымыз келмейді! Біз бар болғаны өз қалпымызда халық болып қалсақ дейміз! Егер соны да ұлтшылдық деп санасаңдар, жасасын ондай ұлтшылдық!
Николайға бұл ұнаған жоқ, қабағын қарс түйіп, үндемей қалды. Мен ішімдегі шерімді ақтара бердім.
– Енді мынаны қара… Ұлттардың бәріне балаларын ана тілінде оқыту правосы берілген! Бірақ жоғары оқу орындарында сабақ орыс тілінде ғана оқытылады! Қазақ ССР-ындағы барлық жерде, бүкіл жұмыс орыс тілінде жүргізіледі! Сонда не істеуіміз керек? Партияның идеологтары: міне, қазақтардың өздері балаларын қазақ мектебіне бергісі келмейді деп жалпақ әлемге жар салады! Неткен саяси зымияндық! Бір халық екінші халықты жұтып қоймауға тиіс! Бір халық екінші халықты сіңіріп алатын болса теңдік пен әділдік туралы айтудың өзі бекер! Сен осыны түсінесің бе ?!
Бір қызығы, Николай мұны түсінбей қойды! Ондай ойды миы қабыл алмады! Өйткені, жетпісінші жылдары партияның идеологтары ұлттардың бірігуі туралы теорияны санаға сіңіруді қолға алған – елдің саяси бағдарламасы осы.
Жоғары оқу орындарындағы диалектикалық және тарихи материализм, ғылыми коммунизм тәрізді ғылымға еш қатысы жоқ жалған ілімдерден не үйренуге болатынын ешкім ұқпайтын. Біз, отарланған халықтар, бір нәрсені анық түсіндік, бірақ соның барлық плюс-минусын ескере келіп, әр халық әртүрлі қорытынды шығарды. Бауырлас совет халықтарының одан әрі жақындасып, бір ұлтқа бірігуі туралы қағида барлық мінберлерден айтылып жатты, бір қарағанда адамзат үшін бірден-бір дұрыс жол осы болып көрінетін.
– Керемет қой бұл! – деп таңдайларын тақылдатты өресі төмен ура-патриоттар. – Бүкіл адам баласы біртұтас болып бірігеді! Ұлт та болмайды, демек, ұлт­шылдар да жоқ! Бар мәселе бір-ақ шешіледі!
Олар өздеріне біртұтас совет халқы қай тілде сөйлейтін болады деген сұрақты да қойған жоқ . Әрине, көпшіліктің тілі – орыс тілінде сөйлейді! Ал осы әділдік пе? Бұл жайында ешкім ойлаған жоқ, әлгіндей жандайшаптар КПСС Орталық Комитетінің шовинистік сандырақ идеяларын сол күйі қабылдап, жаппай қолдап, дереу іске асыруға кірісіп кетті. Ана тілін, туған халқының ата салты мен ғұрып-дәстүрін ұмытып, балаларын орыс тілінде оқытып, советтік интернационалдық рухта тәрбиелеп жаты, яғни компартияның айдағанымен жүрді. Ондайлардың ұраны мынау:
– Орталық Комитет солай шешсе – солай болады! Басқаша болуы мүмкін емес! Түсіндің бе, мүмкін емес! Орталық Комитет барлық ұлттарды біріктіреміз деді ме – бірігеміз!
Не істерсің, ассимиляция қарқынды жүріп жатты. Көкірегінің көзі ашық адамдар, арасында біз де бармыз, оның астарында СССР құрамындағы барлық ұлттарды орыстандыруға бағытталған зымиян саясат жатқанын түсіндік. Наразылық білдіріп, қарсыласып бақтық. Әрине, ашықтан-ашық айғай салған жоқпыз, ол кезде баспасөз құралдарының бірде-бірінде орталықтың саясатына қарсы пікір айту мүмкін емес болатын. Темір перденің артына жасырынған елдің цензурасы да темірдей берік. Ал біз балаларымыз бен немерелерімізді үйде халқымыздың салт-дәстүрі рухында тәрбиеледік. Қазақ екенімізді және қазақ болып қалуға тиістігімізді балалардың санасына жас кезінен сіңіре беруге бар күшімізді салып бақтық.
– Ал оның несі жаман? – деп сұрады Николай осы жайында айтқанымда. – Туысқан совет халқын ұлтқа бөлмеу керек. Біз – біртұтас совет халқымыз. Қай тілде сөйлесек те бәрібір емес пе? Бір-бірімізді түсініп, бірге болсақ жетеді ғой!
Бұл сөзі жыныма тиді, бірақ, осыны шын көңілімен айтып тұрғанына таң қалдым! Өзінікі дұрыс екеніне алғаусыз сенеді. Күйіп кеттім:
– Ғасырдың басында мен орыстарға – патшаның жазалаушыларына, ақтарға, қызылдарға, қысқасы, орыс атаулының бәріне қарсы соғыстым! Содан кейін орыстармен бірге фашизмге қарсы соғысып, орыстың жерін қорғадым, өзімнің де, өзгенің де қанын төктім. Міне, қазір сіздермен көрші болып, тып-тыныш жүріп жатырмын. Бірақ, сендер неге өз бетімізбен жайбарақат өмір сүруге мүмкіндік бермейсіңдер? Қолдағы барларың аз ба сендерге? Ана тілімізге неге қысым жасайсыңдар? Неге біздің мәдениетімізді жойып жіберіп, өздеріңдікін енгізбек боласыңдар? Неге бізді жұтып қойғыларың келеді? Совет халқы қай тілде сөйлесе де бәрібір дейсің. Өйткені, барлық халықтар орыс тілінде сөйлейтініне сенімдісің. Өзіңді орыс тілін ұмытуға мәжбүр етсе не айтар едің? Ойлашы осыны, ә? Сонда көрер едім сені! Барлық халық өз тілін сүйеді. Бәрі де өз мәдениетін жасап, сақтап, дамыта бергісі келеді! Біз де өзімізді ұлт ретінде, халық ретінде сақтап қалғымыз келеді! Шыққан тегі мен негізін танымайтын тобырға айналып, бұл әлемде жойылып, жоғалып кеткіміз келмейді! Коммунистік идеялармен уланған жастарымыздың бөтен халыққа, бөтен өмірге сіңіп бара жатқанын көру жанымызға батады, соған қиналамыз!
Николай тұнжыраған күйі ойланып қалды.
– Кешір, Асеке! – деді бір кезде. – Шынымды айтсам, мен сізді бүйтіп қиналады деп ойламап едім.
– Достық терезесі тең адамдардың арасында ғана болады. Егер осының бәрін жасырып, бір-бірімізге шынымызды айтпасақ, арамызда шынайы достық та, өзара түсіністік те болмайды. Ал мен көршімді алдағым келмейді!
Сөзімді сабақтай түстім:
– Совет өкіметі, компартия Совет Одағының халықтарына, солардың арасында қазақтарға көп жақсылық жасады дейсің. Ия, оның рас, бұл тарихи шындық! Тек Құдай үшін шыныңды айтшы! Ертең тілімнен айырылатын болсам, маған оның керегі не? Мәдениетім болмаса? Халқым орыстанып кетсе? Ондай өмір не үшін керек?!
Николай мұңдана басын шайқап, кенеттен былай деді:
– Түсінемін сізді. Енді түсіндім, енді ғана… Бұрын ойламаппын… Сіз үшін бұл сондай маңызды екен ғой! Енді қазақ тілін үйренетін боламын!
– Ал біз бұрыннан қазақша сөйлейміз… шпрехен! – деп қосты манадан үндемей отырған Лейке, сосын толтырып құйып қойды.
– Түсінгеніңе рахмет. Бірақ, қазақтардың өздері ана тілін ұмытып жатқанда, бірер орыстың қазақша сөйлегенінен не пайда! – дедім мұңайып.
– Қолымнан басқа ештеңе келмейді. Соған қиналып тұрмын!
Николай терең күрсініп, қағып салды. Мен де сөйттім. Жаңағы әңгімеден кейін сәл-пәл ыңғайсыздық орнады, екеуміз де тақырыпты өзгертуге тырыстық. Николай тауып кетті.
– Бәрібір арақ ішуден бізді жеңе алмайсыңдар! – деп күңк етті.
Әңгіме жанданып жүре берді. Қызбаланып, бәстесіп іше бастадық – кім көп ішеді: қазақ па, неміс пе, орыс па? Пайдалы ма, зиянды ма – ол жағын ойлап жатпастан арақты соңғы тамшысына дейін тауысып іштік те тып-тыныш үйді-үйімізге тарастық. Жалғастыру үшін дүкенге барғымыз келмеді, бұл жағынан батыр орысқа жете алмайтынымызды Лион екеуміз жақсы білеміз.
Ал, ұлттарды біріктіру саясаты жалғаса берді, сексенінші жылдары Степнякта қалған Абай атындағы жалғыз қазақ мектебінің басына бұлт үйірілді. Сексен бесінші жылы нақты қауіп төнді – өкімет орындары шәкірт жетіспейді дегенді сылтауратып мектепті жабуға ұйғарыпты. Барлық кластарда бала саны аз болды. Патриот қазақтар үрейленіп қалды. Мектеп директоры Оспанов пен мұғалімдер маған аудандық партия комитетіне барып, басшылармен сөйлесіңіз деп өтініш білдірді.
Сөйтіп, ашуға булығып, аудандық комитетке келдім.
Аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі жаңа хатшысы Зигмунд Збигневич Качановскийдің ұлты поляк болатын. Ауылдың қазақтары оның аты-жөнін қиынсынып, екі бірдей қарапайым да керемет ат қойып алды – Зигзаг және Кочан. Жағдайға қарап кейде Зигзаг, кейде Кочан дейді. Қарапайым екені көрініп тұр, ал кереметі неде? Өйткені, ол өте бейімделгіш. Ешқашан ешкіммен дауласпайды. Ешкімге «жоқ» деп көрген емес, ондай сөздің бар екенін де білмейтін сияқты.
Качановский ешкімге зиянын тигізбеуге тырысатын. Ешкімге қысым жасамайды, қуғындамайды, адал да әділ қызметкер, совет өкіметі мен компартия рұқсат еткен шеңберде ғана, әрине.
Кіргенімде ақсия жымиып, сексен беске келген қарияға құрмет көрсеткені болар, креслосынан көтеріле беріп, таңдана тіл қатты:
– О, кім келіп тұр, ә! Сәлеметсіз бе! Отырыңыз!
«Амансың ба» деп күңк еттім де кабинеттің ортасына келіп тоқтадым.
Ол маған аңтарыла қарады. Шамасы, мұндай қатулы түрімді алғаш рет көрсе керек. Қолымдағы қайыңнан жонған таяқпен еденді дүңк еткізіп, әлі де ашуымды тежеуге тырысып, ызалы дауыспен дүрсе қоя бердім.
– Зигмунд Збигневич Качановский! Қазақтарды не үшін жек көресің? Біз саған не жамандық жасадық ?
Тура қойылған сұрақ – өткір қанжар сияқты. Зигзаг абыржып қалды, оң жақ көзі бақырайып кетті, сол жақ көзі, керісінше, жымсия қалды, үйреніп кеткен әдетімен сұқ саусағын шошайтып, самбырлай сөйледі.
– Не айтып тұрсыз, Асанбай ата! Білесіз ғой мені! Қайдағы жек көру? Керісінше, қазақтарды сондай құрмет тұтамын! Қазақтар біздің халқымыздың, поляктардың басына күн туғанда көп көмектесті! Өзім осында дүниеге келдім, өмір бойы қазақтармен бірге тұрамын. Туысқан болып кеттік!
– Онда неге мектебімізді жабасың?!
– Мен емеспін ғой! Өзіңіз де білесіз! – Качановский саусағымен жоғары жақты нұсқады.
– Ал кім сонда?! Иванов, Петров, Сидоров па?! Олардың да айтатыны бір сөз: «Мектепті біз жауып жатқан жоқпыз. Қазақ халқын құрмет тұтамыз!» Партияша адал сөйлеп, советтерше турасын айтшы: егер бәрің де қазақ халқын шынымен құрмет тұтсаңдар неге сол халықтың өз жерінде, өз отанында өз балаларын өз тілінде оқытуына мүмкіндік бермейсіңдер?!
Зигмунд Збигневич қызарып кетті, қысылғаннан алақанын уқалай бастады.
– Асанбай ата, түсінсеңізші бізді, – деді жалынышты үнмен, менің ашуым аздап басылғандай болды. – Бұл – уақыт талабы! Жоғарыдан түскен нұсқау! Партия мен үкіметтің шешімі!
Коммунистік партия мен совет өкіметін айтқанда, қаталдық пен қатыгездікке толы қуғын-сүргін кезінде тап күресі мен әлеуметтік әділдікті желеу етіп, ұлтымыздың қаймағын түгел сыпырып алған темір комиссарлар көзіме елестеді. Бұл да сол саясаттың жалғасы. Қазақ мектептерін жабудың артында алысты көздеген саяси мақсат – қазақ даласын отарлау мен орыстандыруды одан әрі жалғастыру мақсаты жатыр.
– Уақыт талабы дейсің бе? Сол талапты кім қойып отыр, осындай жағдайды кім жасады?!
– Қазақтардың өздері балаларын орыс мектебінде оқытқанды қалайды! Қазір ұшы-қиырсыз совет елінде ұлы да қуатты орыс тілінсіз қадам аттай алмаймыз! Жанымызға батса да шындық осы – сіз бен біздің тілдерімізде болашақ жоқ!
– Олай емес, қазақтар ешқашан өз тілін ұмытып, басқа халықтарға сіңіп кетуді қалаған емес, қаламайды да. Халқымызды алдымен бөтен тілді үйренуге мәжбүр ететін жағдайды әдейілеп қолдан жасап отыр!
– Қойыңыз, қара аспанды төндіре бермеңіз. СССР халықтарының бәрі дерлік қазір өз тілінен бас тартып, орыстанып жатыр. Менің балаларым поляк тілінде бір сөз білмейді! Өкінішті, бірақ қайтеміз енді!
– Тыңда, Зигмунд Збигневич, сенің тұтас Польшаң бар! Барша поляктардың отаны, поляк ұлтының тілі мен мәдениетін сақтаушы! Ал менде Қазақстаннан басқа ештеңе жоқ! Түсінесің бе осыны?!
Аудандық партия комитетінде, идеология жөніндегі хатшының кабинетінде осындай саяси мәлімдеме жасаймын деп ойламап едім. Өздері осыған жеткізген! Мәселе ана тіліңнің, ұлтыңның өмірі мен өліміне тіреліп тұрғанда, әр қазақ та мен секілді ойлап, мендей қиналатын шығар.
Дегенмен, бекер келмеппін. Зигзаг құлағыма сыбырлап, әлі де жағдайды түзеуге болатынын айтты. Оқу жылы басталғанша екі апта уақыт бар, бірінші класқа жеті бала, басқа кластарға тағы бірер бала табылса, заң бойынша мектепті ешкім жаба алмайды.
– Сондықтан, іске кірісіңіз, Асеке! Тек шу шығармаңыз, ал мен қолдау көрсетуге уәде беремін!
Сөйтіп, бала жинауға кірістік.
Қазақ мектептері бар совхоздарда тұратын туыстарымызға, таныстарымызға хабарластық, бос орындарды толтыру үшін балаларын Степняктағы интернатқа жіберуін өтіндік. Ұлт болашағын ойлайтын қазақтар әлі де бар екен, балаларын ауданымыздағы жалғыз-ақ Абай атындағы қазақ орта мектебінде оқытуға келісім берді.
Бар пәле мынада еді – көптеген қазақ ауылдары мен совхоздарда қазақ мектебі жоқ болып шықты! Менің ұлым, еңбек ері, жылқышы Қабдөш тұратын Кеңащы ауылындағы тұрғындардың тоқсан пайызы қазақ, бірақ мектептері орысша. Қабдөш пен Мәриямның он баласы орысша оқиды. «Восточный» совхозының орталығы Бірсуат ауылында Мәйке деген қызым тұрады, ондағы мектеп те орысша. Сегіз баласы орысша оқиды. Ойлап қараңыз, балалар жеті жасқа дейін қазақ әулетінде өседі, қазақша сөйлейді, сосын мүлдем басқа өмірге тап болады. Айта кету керек, олар туған тілін ұмытқан жоқ, бірақ көпшілігі ауызекі деңгейде ғана біледі. Бұл келеңсіздік бірте –бірте жалпыұлттық қасіретке ұласып бара жатты. Балаларым қазақша оқыды, бірақ немере-шөберелерім екіге жарылды – көпшілігі орыс мектебіне барады, өйткені тұратын жерлерінде қазақ мектебі жоқ. Ал мен, олардың атасы, бабасы, рубасы бұл тажалға тосқауыл қоя алмадым. Бар қолымнан келгені – ұрпақтарыммен өз тілімізде сөйлесіп, мәдениетіміз, тарихымыз бен салт-дәстүріміз туралы үнемі айтып отырамын. Ұрпақтарым ана тілін біледі, рас, біразы тек ауызекі сөйлесу деңгейінде ғана.
Өзіміз қолында тұратын кіші ұлым Айғалидың бес баласының бәрі ештеңеге қарамастан Степняктағы қазақ мектебінде оқыды.
Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып істейтін екінші ұлым Темірбек тұратын Сәуле ауылы қазақы тұрмыс-салтты шынайы қадірлейтін. Халық Сәулені әнші ауыл деп атайды. Мектеп қазақша, ауыл тұрғындары түгелімен домбыра тартады, менің де төрт немерем ән салады. Бұл жағынан Петропавл қаласында тұратын кіші қызымның жолы болмады. Күйеуі орыс мектебінде оқыған, орыстардың арасында өскен, өз тілін, қазақтың дәстүр-салтын мүлдем дерлік білмейді. Үш баласы бар, бәрі орысша сөйлейді. Бірер мәрте өкпе-ренішімді айттым, қызыммен де, күйеу баламмен де сөйлестім, ұрсып та, айғайлап та көрдім, түк шығара алмадым. Күйеу балам мен қызым алақанын жайып, күдерін үзе мойындады: «Заманның талабы ғой! Орыс тілді ортада өмір сүріп, жұмыс істейміз, қазақ тілі мұнда ешкімге керек емес! Әрине, ана тілімізді біліп, төл мәдениетімізді сақтау қажет, бірақ біздің қолымыздан не келеді?! Түк те істей алмаймыз!» Одан әрі не айтарсың? Сөйтіп бөтендердің қолымен жасалып жатқан тарих бізді ойыншығына айналдырды.
Уақыт өз дегенін істейді, ұлттарды біріктіру саясаты жұрттың бәрін иірімдей тартып әкетті. Аудан орталығында тұратын қазақтарды балаларын қазақ мектебіне беруге үгіттеп көндіру қиынға түсті, тіптен, мүлдем сөзіміз өтпей қойды.
Мектеп директоры Оспановпен және қазақ тілін оқытатын екі мұғалимамен бірге балалары бірінші класқа баратын үйлерді араладық. Үй иелері қонақжайлық салтымен қуана қарсы алады. Бірақ келген мақсатымызды түсіндіре бастасақ көз алдымызда өзгеріп, түнеріп сала береді. Жас ата-аналармен риясыз әңгімелестік, айтыстық та, кейде ұрсысып та қалдық. Совет мектебінде тәрбиеленіп, орыс тілінде оқып, орыстанып кеткен әке-шеше бізді тыңдағысы келмейді. Адал коммунист, халқының шынайы патриоты директор Оспанов қызу қанды болатын , туған тілінің тағдырына алаңдаушылығын партия-совет жиналыстарында да жасырмайтын. Ата-аналармен ашық сөйлесіп, ұлттық сезімдерін оятуға барын салып бақты, балаларын қазақ мектебіне беруді өтінді, тіптен талап етті. «Тіліміздің болашағы қыл үстінде тұр! Адамсыңдар ғой, халқымыздың болашағы үшін бір балаларыңды құрбан етіңдер!» Ия, сондай сөз де айтылды. Бәрі бекер! Бір жас келіншек шімірікпестен: «Қазақ тілінің болашағы жоқ. Көп ұзамай бәрі орыс тілінде сөйлейтін болады. Баламның миын түкке керексіз нәрселермен ашытып, мүгедек қылғым келмейді. Баламды қайда оқытсам да өзім білемін, өйтуге хақым бар!» – деп бетімізге былш еткізді. Мұндай арсыздық тұтқында жүрген кезімде фашистердің қорлауынан да, Сусумандағы зектердің зәрлі көзқарасынан да ауыр тиеді екен. Оспанов ашуланып, қызарып кетті, бірақ одан әрі тәжікелесе берсе жағдайдың ушығып кететінін түсініп, өзін-өзі ұстап қалды. Екі мұғалима үн-түнсіз көздерінен моншақтаған жасын сүртті. Үндемей шығып кеттік, орыстанып кеткен жастарымыз -– империяның отаршыл саясатының құрбаны әрі жемісі енді бойларына сіңірілген бағдарламаны орындауды – өз халқының тамырына балта шабуды қолға алғанын ұқтық. Шарасыздықтан қара жерге кірердей болдық.
Бірақ, ақырына дейін баруға ұйғардық, екі үйде жолымыз болды. Байсалды әңгімелер айтылып, Оспанов қызулана үгіттеген соң өздері де Абай атындағы мектепті бітірген жас ата-аналар балаларын біздің мектепте оқытуға келісті.
Сөйтіп, қиналып-қысылып жүріп алты бала жинадық, жетінші бала табылмай қойды. Қиналып жүргенімде, тағы да кездейсоқ жағдай көмектесті. Осы мәселені қалай реттеуге болады деп ойланып, барактың алдында отырғанмын. Біреу қазақша сәлем берді. Қарасам, көршіміз Лейкенің жеті жасар кіші ұлы Герольд. Шөбереммен ойнауға келіпті. Басыма бір ой сап ете қалды – өз тілімізде еркін сөйлейтін осы баланы, Герольдті неге біздің мектепке бермеске?! Сөйлесіп көріп едім, қазақша судай , тыңдағанның өзі бір ғанибет. Қазақ мектебінде оқығың келе ме деп сұрадым. Ол бұған қуанып қалды, бірден келісе кетті. Сөйтсем, доп ойнап жүріп орыс тілді балалармен, болашақ кластастарымен төбелесіп қалыпты, енді олармен бірге оқығысы келмейді екен. Менің бір немерем біріншіге барғалы жүрген, сол жақтасыпты бұған. Өмірге келгелі бірге тұрып, бірге өскен балалар ғой. Қазақ пен немістің бұл одағы маған жақсы болды, енді Лейке мен Зояны көндіру қалды.
Мен олармен оңдап сөйлестім. Немістерді осы жаққа жер аударғанда қазақтардың қандай мейірбандық көрсеткенін ұмыта қоймаған құдам – Лейке терең ойға қалды. Жауабын ертесіне берді. Немістің еңбекқор азаматы Лион Вильверт ерледі! Ұлы ақынымыз Абай атындағы жалғыз-ақ қазақ мектебі біржола жабылғалы тұрғанын түсінгенде ызасы қайнап, соған дейін жеткізген совет өкіметін де, ана тілінен жерінген қазақтарды да сыбап салды. Сын сағаты соққанда Лион мен оның әйелі, қазақ тілінде аздаған акцентпен еркін сөйлейтін белорус қызы Зоя өздерінің кіші ұлы, орта жастан асқанда көрген Герольдті қазақ мектебінің бірінші класына ертіп келді! Сөйтіп қазақтар қиналған кезде артық сөз айтпастан қолдау көрсетті.
– Гете Абайды қолдады! – дедім сонау отыз жетінші жылды еске алып.
Герольд қазақтардың арасында нағыз батыр атанды. Сабақты жақсы оқыды, қазақ тілінде бейнелі тілмен еркін сөйлейді, көптеген өлеңді жатқа біледі әрі мәнерлеп оқиды. Қазақ тілі мен әдебиетін өте жақсы білетін Герольдты бәрі де бірауыздан Білгір деп атап кетті. Оны шашы ағарған мұғалімдер де еркелетіп әрі құрметпен Гереке деп атайды. Герольд Білгір мектепті жаңа заманда тәмамдап, тәуелсіз Қазақстанда танымал тележүргізушіге айналды.
…Сексенінші жылдардың ортасында Қайта құру жарияланды, содан кейін КПСС Орталық Комитетінің маскүнемдікке қарсы күрес туралы қаулысы шықты. Көзімізге таныс шөлмектер біртіндеп дүкен сөрелерінен жоғала бастады. Есесіне астыртын арақ жасау, жасырып сату етек алды, халық ондай арақты самопал деп атап кетті. Қонақтарға қоятын, өзіміз ішетін жібі түзу арақ табу қиынға айналды. Тығырыққа тірелгендей болдық. Оның амалын Үшінші Николай тапты.
– Бұрын қалай ішсек, солай ішеміз! – деп тұжырды ол. – Тек соны ақылмен істеу керек!
Сөйтіп үш көрші жасырып самогон қайнатуға ұйғардық. Николай машинасының астауында қалған бидайдың қалдығын үйге тасиды, біртіндеп кәдімгідей қор жасап алды, керегінше боза ашытады. Мен өз үлесімді қантпен өтедім, Лионның қолы шебер, самогон қайнататын аспап жасап әкелді. Алғаш рет самогон қайнатқанымыз әлі есімде. Оны қалай істейтінін өмірімде бірінші рет көрдім. Николай мен Лейке кірісіп кетті, мен сыртта күзетіп тұрдым. Қандай милиционер болса да жасы сексен беске келген соғыс мүгедегін итеріп тастап, баракқа кіріп баруға батылы жетпес еді. Жоспарымызды асқан сақтықпен жүзеге асырдық, түн ортасында аспаптың түтігінен алғашқы тамшылар аға бастағанын көргенде бойымды түсініксіз толқу биледі.
– Первач ! – деп тамсана тіл қатты Николай. – Ең нәрлі, ең күштісі!
Үш көрші – орыс, неміс, қазақ құпия шаруамыздың аяқталуын күтпестен первачтан жарты стақаннан тартып жіберіп, тұздалған қиярды қашырлата шайнадық. Өңешімді күйдіріп өткен отты судың дәмін ешқашан ұмытпаспын! Бір ғасырлық өмірімде виски ішіп көрген жоқпын – реті келмеді. Кейін естуімше, дәмі осыған ұқсас дейді. Бірақ, таза бидайдан өндірілген, әрі уландырып, әрі жұбататын первачымыз маған кез-келген спирттік ішімдіктен артық болып көрінеді.
Партия мен өкіметтің ойына келгенін істеуіне қарсы өзіндік бір наразылығымыз осы болды. Жұрттың бәрі біз секілді тәуекелге бара алмады. Самогон қайнатқаны үшін қатаң жазалайды, соттап жіберуі кәдік. Сондықтан бұл шаруаны сирек істейтінбіз, бірер айға жететін қор жасап алуға тырысамыз. Көп адам қиналып қалды, әркім өзінше жол табуға тырысты. Қайта құру кезінде ішімдік іздегендердің басынан кешкендері – жалпыхалықтық трагикомедия!
Арақ табу ең басты қиындыққа айналды. Кімнің арағы болса, содан беделді адам жоқ. Көмірді, отынды, пішенді, сабанды ең алдымен соған жеткізіп береді. Кереғарлықты қараңыз – арақтың ролін төмендетеміз деп бұрынғыдан да биіктетіп жіберді.
Орыстар қайтыс болған адамды жерлегенде марқұмды еске алып, арақ ішеді. Сондай жағдайда керегі болады деп, кім үйінде жәшіктеп арақ сақтар дейсің! Кемпірлер сақтап қойса да, шалдары немесе басқа ересек туыстары тауып алып, сол кемпірлердің денсаулығы мен ұзақ өмір сүруі үшін ішіп қояды.
Жерлеу, әрине, маңызды шаруа, ондай дәстүрді ескермеуге өкімет орындарының да әддісі жоқ. Аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің бейресми шешімі бойынша дүние салған адамды жерлеуге бір жәшік арақ бөлінеді, марқұмның туыстары оны аудандық тұтынушылар одағынан қолма-қол ақша төлеп алады, онда да арнайы тізімге қарап, жақын туысының өлгені туралы анықтама бойынша береді. Бірақ, мұсылмандарға да сондай артықшылық беруді ойластырмапты. Өйткені, мұсылманды жерлегенде арақтың керегі жоқ. Бірақ , кейбіреулер басқаша ойлайды екен. Советтік интернационализм рухында тәрбиеленген ондай озық ойлылар бұдан ұлттық және діни белгілер бойынша жіктеу мен кемсітуді байқаған. Сөйтіп, аудандық тұтынушылар одағынан жерлеу рәсіміне қажетті заттарға қоса бір жәшік арақ беруді талап етіпті. Адам санасының ассимиляциясы қайда ғана апармайды! Тұтынушылар одағының басшылары арақ беруден үзілді-кесілді бас тартып, әлгілер тікелей Зигмунд Збигневич Качановскийге барыпты. Бір қазақ әйелі шын ниетімен талап қояды:
– Ұлым үйленгелі жатыр. Күйеуім екеуміз жас кезімізден совхозда еңбек етеміз, үкіметтің бізге де көңіл бөліп, көмек көрсетуіне әбден лайықпыз. Сондықтан, аудандық тұтынушылар қоғамынан тойға арнап бір жәшік арақ алуға жәрдемдесіңіз және қайын атамды жерлегенде берілуге тиіс бір жәшік арақты тағы қосыңыз. Ол кезде алған жоқпыз!
– Қалай берілуге тиіс?! – деп қарсылық білдіріпті Зигзаг шыдай алмай.
– Заң бойынша! Баршаға ортақ тәртіппен! – деп қоймапты әлгі әйел.
– Ондай тәртіп жоқ! Біз адамдарға қиын сәтте көмектесу үшін жасап отырмыз! – деп түсіндіруге тырысыпты сол көзі жұмылып, оң көзі бақырайып кеткен Кочан.
– Бәріне бірдей көмектесуге тиіссіз! – деп табандап тұрып алыпты әйел. – Ал сіз адамдарды жікке бөліп жүрсіз!
– Сендер, қазақтар, мұсылмансыңдар! Марқұмдарды жерлегенде арақ ішпейсіңдер ғой! – депті ашуға булыққан Кочан.
– Ол жағын өзіміз білеміз! Берілуге тиіс нәрсені беріңіз! Қайын атамның өлгені рас, сол үшін бір жәшік арақ бересіз!
Бейшара Зигмунд Збигневич! Речь Посполита дәуірінен бері бірде-бір поляк мұндай дауға тап болып, балталасаң бұзылмас темір логикамен бетпе-бет келмеген шығар! Качановский олай да, былай да түсіндіреді, әйел өз дегенінен қайтпайды.
– Жақында көршіміз Наташаның қайнағасы өліп еді, бір жәшік арақты сөзге келместен бере салдыңыздар!
– Олар орыс қой! – деп ышқынады Зигмунд Збигневич.
– Ә, солай ма! Орыс өлсе жәшіктеп арақ бересіңдер! Қазақ өлсе түк жоқ па?! Орыстан басқалар марқұмдарын жоқтай алмай ма?! Сіздіңше, солай ма?! – деп айғайға басады ашуланған әйел.
Сөйтіп, Лениннің идеялары мен өсиетіне шын берілген коммунист Качановскийді совет адамдарын ұлты мен дініне қарап алалайсың, жікке бөлесің деп айыптай жөнеледі.
– Үстіңізден обкомға шағым беремін! Компартия бізге совет халқы – біртұтас деп үйретеді. Демек салтымыз да бірдей болуға тиіс! Сіз соған кедергі келтіріп жүрсіз!
Осы сөздерден кейін Зигзагтың түрі қандай болғанын көз алдыма елестеттім. Жоғарыға шағымдану дегеннен өлердей қорқатын. Мына сөзден кейін жаны шығып кетпегеніне шүкір. Тұтынушылар одағының төрағасына телефон соғып, әлгі әйелге екі жәшік арақ беруді өтініпті, біреуі – баласының тойына, екіншісі – қайын атасының қазасына. Жеңіп шыққанына масаттанған әйел тұтынушылар одағына тартқанда, Качановский басы салбырап, суық су құйылған графинге қолын соза беріпті.
Жалпы, Зигзаг жағдайға байланысты асқан икемділік танытушы еді, біреулердің өтінішін орындамау үшін ата-баба дәстүрін сақтамайсың деп ұялтады. Табандап тұрып алатын сұрамсақтардың, әсіресе әйелдердің сұрағанын беріп құтылады, оны да ақылмен істейді. Сөйтіп, арақ мәселесі кейде ұлттық реңкі бар саяси мәселеге ұласып кете жаздайтын.
Қайта құру мен маскүнемдікке қарсы күрес туралы қаулыны халық жете түсіне алмады. Үкіметтің бұл қадамының мән-мағынасын ұқпай, осының астарында не жатыр деп дағдарумен болды.
Көптеген жергілікті басшылар болашағын ойлап, жұмыс кабинетінің қабырғасын, терезесін, еденін, төбесін қайтадан сырлатты. Өз арамызда күлуші едік – жиналыс залындағы бұрын Т әрпі тәрізді қойылған үстелдер енді П әрпі сияқты етіп қойылды! Қайта құру деген осы!
Алайда, уақыт өз дегенін істемей қоймайды, бізге де үлкен өзгерістер жақындап қалыпты. Бір мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылы желтоқсан айында Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында атышулы Желтоқсан оқиғасы болды. Мәскеудің шешімімен республика басшысы Қонаевты қызметінен түсіріп, орнына Колбин деген орысты қойды. Наразылық бұрқ ете түсті. Қазақ жастары, негізінен, студенттер мен жұмысшылар мәселенің осылай шешілуіне келіспейтіндерін білдіру үшін орталық алаңға шықты. Компартия Орталық Комитетінің шешіміне қарсы Совет Одағында болып көрмеген жаппай ашық қарсылық көрсету алпауыт елді билеп тұрған тоталитарлық жүйені дірілдетіп жіберді.
Қазақ жастары Орталық Комитет пен Совет өкіметіне әр халықты өз өкілі басқарсын деген талап қойды. Қазақстанның бірінші басшысы қазақ болуға тиіс!
Өкімет орындары халықтың дауысына құлақ асқысы келмеді. Алаңға шығып, Кремльде отырған диктаторлардың ойына келгенін істеуіне қарсы азаматтық наразылық білдіруге жиналған қарусыз жастарды ішкі әскерлер мен милиция бірігіп қуып таратты. Сосын қудалау басталды. Студенттерді жазалап, оқудан шығарды, түрмеге қамады.
Оқиғаның анық-қанығы республиканың шалғай аймақтарына жете қойған жоқ. Неше түрлі қауесет айтылып жатты. Ұзынқұлақ тынымсыз жұмыс істеп тұрды, өйткені ресми дерек көздері үндемейді. Оның үстіне, өкімет орындары бұл тақырыпта сөйлегендер мен сұрағандардың аузын жаптырып тастайды. Ата-аналар қалада оқып жүрген студент балаларының тағдырын біле алмай пұшайман болды. Телефон мен пошта байланысы біраз уақытқа үзіліп қалды, өкіметтің үрейі ұшып кетсе керек, жағдайдың өзгеріп кетуіне алдын-ала қамданғанға ұқсайды.
Қорқынышты қауесеттер бірінен бірі өтеді. Қалаға әскер кіргізіпті, солдаттар ереуілшілерді сапер күрегімен ұрыпты, суатқышпен су шашыпты, өлтірілген және өлімші болып жараланған студенттерді жүк таситын көліктер мен «қара құзғынға» тиеп, қаланың сыртына апарып қоқыс төгетін күресінге тастап кетіпті, аязды түнде үсіп өлсін деп ойлаған ғой. Өлген, кемтар болып қалғандар көп екен, қазақтың жап-жас қыз-жігіттерін ұстап алып, қараңғы жертөлеге, түрменің тас қапасына тыққан, өлімші қылып сабаған, қорлап-зорлаған. Алматы қалалық және аудандық партия комитеттері барлық еңбек ұжымдарына ұлты қазақ емес жұмысшыларды темір арматурамен қаруландырыңдар, қазақ жастарына тойтарыс беруге дайын тұрсын деп құпия нұсқау түсіріпті. Темір шыбықтарды тікелей жұмыс орындарында дайындағанын көргендер бар. Сол шыбықтардың қаншасы қарусыз студенттердің қанына боялғанын ешкім де айта алмайды. Кейін анықталғандай, осы қорқынышты қауесеттердің әсірелей айтылғаны да аз емес , бірақ шындығы да жетерлік.
Кейінірек, орталық және республикалық ресми газеттерде бұл оқиғаны тәртіпсіздік деп атап, қазақ жастарын ұлтшыл, бұзақы, ішкіш, есірткіге уланған деп айыптаған мақалалар жарияланды. Бостандық пен демократияның алғашқы қарлығаштарын билік басындағылар осылай қараламақ болды.
Бұл оқиға жаныма қатты батты, он алтыншы жыл есіме түсті – онда да қазақ жастары патшалық Ресейдің зорлығына наразылық білдіріп, зеңбірек пен пулеметке, винтовкаға қарсы қолына кәдуілгі қайың сойыл ұстап шапты, сөйтіп опат болды. Жүрегім қан жылап, жастарымыз үшін мінәжат еттім.
Бірақ, қарсылық білдіру мүмкін емес, бізді ешкім тыңдағысы келмейді. Партияға, Ильичтің өсиетіне адалдығы жілік майына дейін сіңіп кеткен Совет Одағының патриоттары, арасында қазақтар да бар, ресми мәлімдемеге ықыласпен сеніп, адасқан жастарды ашық айыптады. Олардың пікірі бойынша, совет қоғамына жат элементтердің арандатуына еліккен студенттер Ұлы Ресей мәңгі біріктірген ұлан-байтақ еліміздің қасиетті құндылықтарына – бірлігіміз бен халықтар достығына нұқсан келтіріпті, бейбітшілік пен тыныштығымызды бұзыпты, ұлтаралық қақтығыс туғызбақ болыпты.
Біз, үш көрші, бұл оқиғаны ас үйде талқыладық, сосын қызып кетіп, Николайдың моншасында жалғастырдық. Николай мен Лейке «қазақ ұлшылдығының» кенеттен көрініс беруінен үрейленіп қалыпты.
– Қазақтар әрқашан интернационалист болатын. Не көрінді оларға? – деп сұрады Николай.
– Сондай шыдамды халық, күтпеген жерден бұрқ етіп жарылды! – деп иығын қушитты Лейке.
– Демек ондаған жылдар бойы көрген, әбден жиналып, көкірегіне шемен боп қатқан теперіші ішіне сыймаған! – деп жауап бердім барынша ұстамды болуға тырысып. – Халқымыздың басынан не өтпеді! Міне, ақыры жарылып кетті!
Көршілеріме көп нәрсені айтып салдым. Желтоқсаншыларды қостайтынымды, советтік саясатшылар мен қарулы күштердің жастарды жуасыту тәсілдері қандықол диктаторлардың қатыгездігімен ұштасып жатқанын жасырмадым.
– Сол керек оларға! Бізге қарсы шыққандардың бәріне солай істеу керек! – деп қарсылық білдірді Николай. – Бұл – саясат, мұздағы балет емес!
– Онда бұл халыққа қарсы саясат! Деспотизмнің элементтері анық байқалатын шовинизм! – деп дүрсе қоя бердім. – Өз елінің жастарын ұрып-соғуға, қуып таратуға, табанға таптауға бола ма!
– Жайларына жүруі керек еді! – деп қоймады көршім. – Айтыңызшы, бүлік шығарып, бүкіл елді дүрліктірудің не керегі бар, не үшін?!
– Сен одан да осыған дейін жеткізудің не керегі барын ойламайсың ба! – деп қайтарып тастадым. –Бұның бәрі тегін емес! Демек ұлт саясатында қордаланып қалған мәселе жеткілікті! Соның бәрін түзететін, жауап беретін уақыт келеді әлі!
– Кімнің алдында? – деп шамданды Николай.
– Тарихтың алдында… Құдайдың алдында… Жадымыздың алдында… Түптеп келгенде, адамзаттың ар-ұятының алдында!
Қызуланып, көршілеріме даламызда жасалған тарихи қылмыстар туралы айта бастадым. Үнсіз тыңдап отырған Николай әңгіме ашаршылыққа ойысқанда шыдай алмай, бөліп жіберді.
– Қойыңыз!.. Ондай ғаламат апат болса біз де естір едік. Бірақ естіген жоқпыз, соған қарағанда ондай сұрапыл деңгейге жетпеген шығар!
Мұндай логика кімнің де болса қанын қайнатады, бірақ мен сабыр қылып, сол жылдары көргенім мен басымнан кешкенімді әрі қарай айта бердім. Николай басын шайқады.
– Онда неге бұл туралы ештеңе білмегенбіз? Білмейді екенбіз, демек ондай ештеңе болмаған!
– Қатырасың, әй! – деп бұрқ ете түстім, мен де шыдай алмай. – Бүйткен логикаң бар болсын! Сонда, сен білмейтін нәрсе жоққа есеп пе ? Егер сен әлдебір жағдай туралы ештеңе естімесең, ондай оқиға болмаған сияқты санайсың ғой, солай ма?
– Ия! Бұрын ондай ештеңе жоқ болатын. Ал, енді міне пайда бола қалыпты! Жоқ, мен бұған сенбеймін! – деді ол нығарлап.
– Өйткені бұл жабық тақырып болды , өкімет тыйым салған! Шындығында болған оқиға! Тарихи факт! Тіпті, қағазға жазылып, хаттап-шотталған документтер де жетерлік! Бүкіл халық білген, бірақ сыбырлап қана айтуға мәжбүр болған!
– Ал мен сенбеймін! Бітті! – деді Николай шімірікпестен. Мұздай суды сарылдата құйынды.
Осындай тоңмойын сенімді қалай сетінетерсің, қалай өзгертерсің! Сабырым мен төзімім мұндай да сынақтан да өтті.
Бақсам, ол отыз екінші жылғы аштықтан мүлдем бейхабар. Тіпті, естіп көрмеген! Патша мен совет өкіметінің қазақтарға істеген толып жатқан зұлымдықтарын да Николай білмейді екен . Лейке де хабарсыз!
Ұлан-байтақ даламызды мекен еткен қазақтардың басына түскен ұлттық қасіреттер туралы тамағым қарлыққанша айттым. Олар тыңдауын тыңдады, бірақ иланыңқырай қоймады. Қазақтың басынан өткен қиындықтар туралы орыс пен неміске әңгімелеп отырып, олар үшін соның маңызы онша емес екенін түсіндім. Біз үшін ап-анық, жанымызды ауыртатын жәйттер оларға тарихтан тыс, күмәнді аңыз болып көрінеді. Санамды қамшымен осып жібергендей болды, қарапайым да қатыгез шындықты ұқтым: бір халықтың қасіреті басқа халықтар үшін әрі кеткенде жай ғана тарихи факт екен! Бір елдің қасіреті – өзгелер үшін қарапайым статистика!
– Соның бәрін несіне қопарасыз? Қайда апарып тіремексіз? Ондай әңгіме ұнамайды маған! – деп үзіп тастады Николай шыдай алмай.
– Ал мен айтқым келеді! Шындықты бәрі білсін және оған тіке қарауға ерлігі жететін болсын! – деп жауап бердім байыпты да нық дауыспен. – Ішке жасырған реніш ашу– ызаға айналады, өтірік айту – сенімсіздікке бастайды. Тарихта болған оқиғалар туралы бар шындықты айтып, қорытынды шығару керек, сөйтіп, алға басып, әрі қарай өмір сүру керек! Жауласу тарихы бізді достыққа үйретуге тиіс! Соғыс тарихы бетбітшілікке үйретуі керек! Қазақ-орыс-неміс соғысына қатысты жәйттерді әр саққа жүгірту мен саудаға салуды тоқтататын уақыт келді!
– Ал, жарайды… Оның бәрі өткеннің үлесінде қалды… Ал қазір тып-тыныш, тату-тәтті тұрып жатырмыз! – деді Николай.
– Қайдағы тыныштық, қандай татулық?! – деп ышқындым жаным күйіп. – Сен не, Семей полигонындағы ядролық сынақтар туралы естімеп пе едің?!
– Онда тұрған не бар? Әскери қажеттілік! Қорғаныс үшін бомба керек!
– Қорғаныс дейсің… Қай мемлекет, қандай өкімет өз халқын ядролық сынақтан өткізіп, азапты өлімге, аянышты ауруға душар етеді?! Киелі жерде ондаған жылдар бойы жарылыс жасап келген , енді міне, тартпаған азабы қалмай, әбден күйзелген халық бұрқ етіп жарылды!
Лейке үнсіз тұнжырап қалыпты. Ол кезде бұл жабық тақырып болатын. Николай желкесін қасып, басын шайқады, жабырқай тіл қатты.
– Мен де солай ойлаймын… Нағыз сұмдық! Атом бомбасы… ядролық жарылыс… ұлтқа қарамайды. Бұл – баршаға ортақ қасірет!
– Одан ешкім жасырынып қала алмайды! – деп қостады Лейке. – Далада ядролық сынақ өткізудің өзі қылмыс!
Бәрімізді үрей билеп, еңсеміз түсіп кетті, бұл жолы да қиын сәтте көмектесетін сенімді дос – арақ құтқарды. Сосын буға қыздырынып, бір-бірімізді сыпырғышпен өшіміз кеткендей аяусыз шықпырттық.
Кенет моншаға қатысты бір оқиға есіме түсті де, көршілеріме әңгімелеп бердім.
– Бір жолы, барлауда, сыбдырымызды білдірместен бейтаныс хуторға жақындадық. Біраз бақылап, немістер жоғына көзіміз жеткен соң шеткі үйдің есігін қақтық. Бізді көрген қожайын қуанып қалды әрі қорқып кетті. Кешкісін фашистер келіп, моншаға түсетінін айтты. Хутордың сыртында, орманға жасырынып, күтуге ұйғардық. Кешкісін үш мотоциклге мінген офицерлер мен солдаттар келді. Дауыстап сөйлеп, қарқылдап күледі. Біреуі күзетте қалып, басқалары дайындап қойған моншаға кіріп кетті. Сәл күтіп, баспалап жақындай түстік. Жігіттер дыбысын білдірместен күзетшінің көзін жойды да, сайланып тұра қалды, Иван екеуміз моншаға кірдік. Кіре берісте фашистердің киімі мен қару-жарағы ілулі тұр. Командиріміз Иван ірі жігіт болатын, буланатын бөлменің есігін бір жұлқып ашып тастады. Бізді көрген жалаңаш немістер состиып тұрып қалды. Иван бір фашисті шап беріп ұстап алып, бір-ақ жұлқып маған қарай лақтырып жіберді. Қолын қайырып, үстіне немістердің шинелін жаптым. Шыға бере буланатын бөлмедегі немістерге тағы бір көз тастадым. Абыржып қалыпты, көздері бақырайып, бізге тесірейе қарайды. Не болғанын әлі түсініп үлгермеген сияқты. Кәдуілгі адамдардың бет-жүзі, ыстық бу, қайың бұтағынан жасалған сыпырғыштың иісі қарапайым тіршілікті еске салады. Сол мезет Иван буланатын бөлмеге бір бума гранатты тастай салып, есікті сарт жапты, іштен атып шықтық. Жарылыс күшті болды, монша жалынға оранып, қара түтін будақтап қоя берді. «Қандай жаман өлім! Соғыс қой, қайтесің енді!» – деп жұбаттым өзімді. Сол көрініс жадымда жатталып қалды, ұмыта алмай қойдым…
Кенет жабырқай қалған Николай Борисович Нестеров та бір әңгімені бастады.
– Бір күні майдан шебін кесіп өттік…
Сөзін жұтып, ұзақ уақыт үндемей отырды, екі көзі ағаштан қиып жасалған қабырғада. Бұл әңгіме ауыр соғатыны көрініп тұр.
– Жоқ, бәрібір айтуым керек. Ешкімге айтпап едім… Осы уақытқа дейін үндемей келгенім жетер!
Николай баяу дауыспен әңгімесін жалғастырды:
– Майдан шебін кесіп өтіп, фашистердің тылына шықпақ болғанбыз, кенет ату нүктесіне тап болдық. Пулеметті бұта мен шөптің арасына жымын білдірмей жасырып қойыпты. Дыбыс шығармастан жата қалдық. Біраз күттік – тым-тырыс. Қарасақ, пулеметтің қасында бір фашист ұйықтап жатыр. Командир маған көзін құртуды бұйырды. Еңбектеп қасына бардым, жап-жас неміс жігіті, бозбала дерлік, пысылдап ұйықтап жатыр. Пышағымды суырып, өндіршектен қадауға оқталғанмын, қолым бармады. Не болғанын білмеймін, қолым көтерілетін емес. Ал ол тып-тыныш тәтті ұйқыны соғып жатыр. Ішімнен: «Ах, қарғыс атқыр фашист! Сен біздің жерімізге басып кірдің! Қанша бейбіт адамды өлтірдің! Қанішер, жауыз!» – деп кіжінбек боламын. Жоқ, тәтті ұйқыда жатқан бозбалаға ашулана алар емеспін. Не істеймін? Бұйрықтың аты бұйрық, орындау керек. Сен жауды өлтірмесең, ол сені өлтіреді! Соғыстың заңы қатал. Пышақтың ұшын немістің жүрегіне тақадым да, бар күшіммен басып қалдым. Өткір пышақ балғын денеге майға салғандай кіріп кетті. Сол сәтте жасөспірім көзін ашып, жүзіме тура қарады. Қалшиып қатып қалдым, бейкүнә жанарынан көзімді ала алмадым. Үндемеген күйі жан тапсырды! Сол мезет біздікілер де жетті, әрі қарай әскери тапсырманы орындауға кеттік. Бірақ, жас немістің көзі мәңгі есімде қалды. Кейде ұмытқан секілді боламын, кенет жас жанар жарқ ете қалады, түнімен ұйықтай алмай қиналып шығамын…
Бәріміз мұңға баттық, Лейке де жабырқау. Жан қиналысын тағы да арақпен бастық. Қайтесің енді, өткен іс өтті. Тағдырымыз сондай шығар!
– Түсініксіз бәрі! – деді бір кезде Лейке. – Сонда қалай… Үшеуміз көршіміз, тып-тыныш, тату-тәтті, достық көңілмен бейбіт өмір сүріп жатырмыз… Ал егер ана жақта кездессек… алғы шепте… окопта жатсақ, соғысып жүрсек не болар еді?! Бір-бірімізді атар ма едік, ә?!
Не боларын әрқайсымыз да көзімізге елестеттік, біраз уақыт үн-түнсіз отырып қалдық.
– Бұйрық берсе не істейсің! – деді Николай дауысы қырылдап.
– Достығымыз қайда қалады сонда ? Тату көршілігіміз? Бір есірік бұйрық берді екен деп бір-бірімізді оққа байлаймыз ба?! – деп айғайға басты Лейке. – Кейін ұрпақтарымыз: неткен оңбаған халық едіңдер, нацистер, шовинистер, ұлтшылдар деп кінәламай ма!
– Қойыңдар, тынышталыңдар! – деп ақылға шақырдым үлкендігімді пайдаланып. – Халықты, тұтас ұлтты айыптауға болмайды! Бұл өмірде жаман халық жоқ екеніне, әр халықтың арасында жақсы да, жаман да адамдар болатынына талай рет көз жеткіздім. Жаман халық болмайды, жаман саясат болады! Жаман адам жоқ, жаман әрекет бар. Адамдардың жаман әрекетке баруы – тәрбиенің нашарлығынан.
– Түсініп тұрмын, Асеке, толық қосыламын! – деп қостады Лейке. – Қырық төрттің күзінде ауыл қазақтары мені де өлтіріп тастай жаздаған!
Николай екеуміздің аузымыз ашылып қалды.
– Иә, бәрімізді бауырына басып, пейілімен жылытқан сол мейірбан қазақтар. Бір жолы үйге қара қағаз келді. Туыстары марқұм солдатты жоқтап, бүкіл ауыл қайғыларына ортақтасты, арасында жер аударылып келгендер де бар. Бірер күннен соң ауыл сыртында сиыр іздеп жүріп әлгі қаза тапқан солдаттың менен бір-екі жас үлкен, он төрт-он бестердегі екі інісіне жолығып қалдым. Олар маған жауыға қарап, балағаттай бастады: фашистсің, қанішерсің, жаналғышсың дейді! Мен оларға фашист емеспін, қарапайым неміспін деп жауап бердім. Олар немістердің бәрінің қаны бұзық, кісі өлтіруші, бәрің бірдейсіңдер деді.
– Міне, мен де соны айтып отырмын ғой ! – деп дауыстап жібердім, Лейкенің сөзін бөліп. – Бір адам екінші кісіні жек көрсе, бұл – драма. Ал бір халық екінші халықты жек көрсе – трагедия. Жек көру – адам баласына жат қылық, ешқашан жақсылыққа бастамайды ол.
Лейке басын изеп, әңгімесін жалғастыра берді.
– Бірер ауыз сөз қағыстырған соң ағаларының қазасына жүректері қарайып жүрген бозбалалар маған тарпа бас салды. Жастары үлкен, өздері ірі, әлдері жетеді, жығып салып тепкілей жөнелді. Өлмесем де кемтар болып қаларым анық. Сол кезде біреу жекіріп қалды, екеуі шегініп кетті. Орнымнан көтеріліп, аулағырақ барып тұрдым. Әлгілер тағы да ұрмақ болып ұмтылып еді, Бәтима апа, сіздің анаңыз, арамызға тұра қалды. Екеуінің жер-жебіріне жетті, олар қарсы сөз айта алмады, ақыры тынышталды. Бәтима апа бұл бейшара немістер біздің жаққа жетіскенінен келген жоқ деді.
– Соғысқа бұлардың еш қатысы жоқ. Немістердің бәрі фашист емес. Ағаларыңның өлгеніне Лейке кінәлі емес! Естеріңді жиып, татуласыңдар! Дос болып өмір сүріңдер! – деді әмірлі дауыспен. Ағайындылар ештеңе айтпастан кетіп қалды, содан кейін тиіскен жоқ. Сөйтіп, сіздің анаңыз мені құтқарып қалған.
Лейкенің әңгімесіне тебіреніп кеттім. Николай да басын шайқап қойды.
– Білесің бе, Лейке, – дедім оған. – Сол оқиғадан сәл кейінірек, қырық төрттің қараша айында тұтқынға түстім. Неміс офицері мені атып тастамақ болды. Бірер қадам жерде парабеллумын бір қолынан екіншісіне лақтыра ауыстырып ойнап тұр. Ішімнен Жаратқанға сыйындым. Кенет бір легионер қазақ офицерден мені тірі қалдыруын өтінді. Офицер сәл ойланып, парабеллумын лақтырып-қағып алып тұрды да, кобурасына салып, қолын бір сілтеді, сөйтіп аман қалдым. Анық түсіндіре алмаймын, бірақ осы екі оқиғаның арасында бізге беймәлім тылсым байланыс бар сияқты. Анам сені құтқарып қалғанда, мені де құтқарған болуы мүмкін. Оның саған, неміс баласына жасаған жақсылығы неміс офицері арқылы маған оралып, ажалдан алып қалған шығар!
– Кім біледі! – деп күбірледі таң-тамаша қалған Николай.
Біз алыста қалған сол күндердің қасіретін тағы да басымыздан өткергендей үнсіз отырдық та, ішкі күйікті ащы арақпен жуып-шайдық.
Өткенді осылай ара-тұра еске алып , ұмытыла бастаған оқиғаларды жадымызда қайта жаңғыртып тұрсақ та , тоқтаусыз өмір өз жолымен алға қарай жүре берді.
…Бір күні көршіміз Лионның әйелі Зоя маған таң қаларлық өтініш айтты. Өзі толқып тұр. Сәлден соң аптығын басып, өзін-өзі қолға алып, дүкенге түрлі-түсті теледидар түскенін айтты. Балалары соны алғысы келіп қызығып жүр екен. Түрлі-түсті теледидар – сирек кездесетін қат тауар, еркін сатылмайды. Біріншіден, сиқырлы экранды әркімнің қалтасы көтермейді. Екіншіден, ондай заттар қатаң түрде тізім бойынша беріледі. Тізімнің басында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері тұрады. Осы құрметті тізімге ең бірінші қылып кімді тіркегенін білесіздер ме? Асанбай Бектеміровті, соғысқа бастан-аяқ қатысып, үш рет жараланған, көптеген әскери марапатқа ие болған, ордендер мен медальдардың иегерін – яғни мені. Көрші әйелдің логикасы тастай: ардагер аудандық тұтынушылар одағының төрағасына барып, тиісті қағазға қол қойдырып алады, дүкен меңгерушісі көп адам қызығып жүрген түрлі-түсті теледидарды мейірбан қарияға ұстата салады. Үйге келгенде Лион алдынан шығып қарсы алады, сол күні кешкісін бүкіл барак – үш көршінің үйелмені түгелімен Мәскеуден берілетін түрлі-түсті хабарларды көреді, өздері стақан қағыстырып, қиярды қыршылдата тістеп мәз болады.
Ондай өтінішті орындау ыңғайсыз, бірақ тату көршіміздің, Герольд батырымыздың анасының көңілін қалдыра алмадым.
Аудандық тұтынушылар одағының төрағасы мені жылы қарсы алды. Айтарымды тыңдап болған соң жауабын берді:
– Ондай түрлі-түсті ғажайыпты сіз алмағанда кім алады!
Артық сөз айтпастан дүкен меңгерушісіне телефон соғып, түрлі-түсті үлкен теледидарды маған сатуға тапсырма берді.
Дүкенге келсем біраз адам жиналып қалыпты, ылғи әйелдер. Олар мені жақтырмай қарсы алды, сәлем берудің ырымын жасап, әрі қарай не боларын бақылап тұра берді. Өзімді жайсыз сезіне бастадым. Меңгеруші әдемі қорапты нұсқап, тісінің арасынан зорлана тіл қатты:
– Міне… сізге бұйырыпты. Жеті жүз елу бес сом! Таңертең төлейсіз де алып кетесіз! Қазір жаңа тауар қабылдап жатырмыз, таксировка жасауымыз керек!
Ол кезде совет ақшасы құнсыздана бастаған, екі есе арзандап кетті, бірақ әлі де күші жүріп тұр. «Жарайды» деп кетуге ыңғайландым. Сол кезде біреудің әлсіздеу дауысы шықты:
– Дефициттің бәрін ардагерлерге ғана беретіні қалай?
Бұрылып үлгерген жоқпын, бәрі жарыса шулап қоя берді:
– Осы ардагерлер-ақ шаршатты! Бәрін сыпырып әкетеді!
– Бізге түк қалмайды!
– Жастар адам емес пе?!
Мұндай шабуылды күтпеп едім, сасқалақтап қалдым. Әйелдер қояр емес.
– Сонда қалай, түрлі-түсті теледидарды біз көрсек болмай ма?
– Атасы, өткен жолы да қызыңызға қабырға жиһазын алғансыз!
– Енді теледидар алмақ!
– Өзіңізге алсаңыз бір жөн! Өзгелерде не жұмысыңыз бар?
– Дефицит алатын талон болып кеткенсіз бе?!
– Көршілеріңізге әперетін болсаңыз, қарсымыз! Аппақ шашыңыздан ұялсаңызшы!
Мен бірдеңе деп күбірлеп, тездетіп тайып тұрдым. Қызып алған тобыр артымнан айғайлап жатыр.
– Ұят дегенді ұмытқан әбден!
– Алжыған неме!
Фашистердің атқан оғынан бүйтіп қашпаған шығармын. Әлгілерден тезірек аулақ кетіп, бұрышқа жасырынып, қой терісінен тіккен қара тоныма оранып құтылғым келді. Бірақ оқтан құтылсаң да сөзден құтылмайсың. Енді ар-ұятым қинай бастады. Ақсақал басыммен ақымақ балық құсап, ұсақ-түйек дау-дамайдың қармағын қапқаным қалай ?
Сол мезет басыма қызық ой келді. Жалпы, кім бірінші ақылынан адасады екен? Ақылы көп адам ба, әлде ақылдан жұрдайлар ма? Ақылы жоқ болса неден адасады? Олай болса, ақылдылар бірінші болып алжи ма? Солай-солай, деп өз-өзімді іштей келеке еттім, халық қашан да дұрыс айтады, өзің де байқамастан біртіндеп алжи бастаған шығарсың! Жоқ, өйтуге болмайды!
Сөйтіп, бұл әрекеттен бас тартуға ұйғардым, көршілеріме солай деп ашық айттым. Көңілдері пәсейіп қалды, бас тартқаныма өкпелемейтіндерін айтты, басқа не істейді! Сонымен бұл іске нүкте қойылғандай болды.
Сол кезде майданға жақсы көретін келінім Баян шыға келді. Логикасы дұрыс, ештеңе айта алмайсың. Аудандық тұтынушылар одағының төрағасынан бәрібір рұқсат алыныпты, оны неге пайдаланбасқа? Теледидарды көршімізге әпермейтін болған соң, келініне алып берсе несі айып? Балаларым еркелеп-алдаусыратып отырып, түрлі-түсті теледидар алудан бас тартпай, барлық жөн-жосығымен өз үйімізге әкелуге көндірді. Бұрынғы ақ-қара түсті теледидарды біреуге сатамыз да, түрлі-түстіні өзіміз көреміз. Іші-бауырым елжіреп кетті, келісім бердім.
Бірақ олай болмай шықты. Көкжиекте тағы бір соғыс ардагері ақсақ шал пайда болды. Степнякқа осыдан бірер жыл бұрын қаңырап, қирап бітіп, аты өшуге айналған Тассу ауылынан көшіп келіпті. Аудандық тұтынушылар одағының төрағасы көмектесуден бас тартқан соң салып ұрып Зигмунд Збигневич Качановскийдің өзіне барыпты. Зигзаг әдеті бойынша қулана отырып тыңдаған, сосын байқап көрерміз деп уәде етіпті. Халықтың арасында беделі бар екі ардагер ерегесіп қалмасын деп қорқып кеткен Кочанның ойынша бұл шатақ облыс көлемінен асып, республикалық деңгейге жетуі мүмкін. Зигзагтың онсыз да ширығып жүрген жүйке тамырлары жарылып кете жаздағанға ұқсайды. Бұл үшін басыңнан сипамайды. Ардагерлерді тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ете алмау, тауар дефицитін қолдан жасау! Ондайдың не екенін түсінесіз бе!
Дүкенде Зигмунд Збигневич Качановскийдің өзі күтіп алды. Толқып тұрғаны бірден байқалады.
– Бұл қиын болды-ау! Бізді түсінбейді олар!
Оң көзін бақырайтып, сол көзін сығырайтып, көп нәрсені ишаралап тұрғанын білдіріп, сұқ саусағымен жоғарыны нұсқады.
Сөйтіп осындай тұрмыстық кикілжіңге тап болдым, ондайды ұнатпаушы едім, өмір бойы дау-дамайдан аулақ жүруге тырысатынмын. Пайдакүнемдік мақсатпен түкке тұрғысыз ұсақ-түйекке таласуды адамгершілікке жат қылық деп есептеймін. Ондай күйкі мақсаттағы қақтығыстан саналы түрде бас тартып, әлгіндей таласқа себеп болған материалдық затты әрдайым басқаларға қалдырып кете беретінмін. Бұл жолы жағдай басқа – екі әулеттің әйелдерінің мүдделері қақтығысып қалды, біз, бейшара ардагерлер тура майдандағыдай екі оттың арасында тұрмыз.
Адамдардың қайдағы бір зат үшін, тауар үшін бір-бірімен қырқысудан тайынбауын ешқашан түсінген емеспін. Импорттық киім аламын деп аудандық тұтынушылар одағының бетоннан соғылған қоймасына басып кіретін немесе әлдебір дефицит жиһаз немесе әдемі киім алу үшін ұзын-шұбақ кезекте тұрып, аузынан қанды көбігі бұрқырап, тамағын жырта айғайлайтын пысықтарды үнемі әжуа ететінмін. Не істерсің, тіршілік шындығы осы және бұл біздің өміріміз.
«Майданда жүргенде бір үзім нанды, бір кесек қорғасынды, жау снарядының жарықшағын бөлісуші едік. Ал енді боқ дүние үшін қырқыспақпыз ба? Әлде дефицитке бола жаға жыртысу үшін тірі қалып па едік?!» – деп ойладым. Жиіркеніп кеттім.
Ыңғайсыз жағдайдан абыроймен шығудың бірден-бір жолын таптым – түрлі-түсті теледидардан өз еркіммен бас тарттым. Качановский бұл шешіміме өлердей қуанды, менен жиырма жас кіші ақсақ ардагер масаттанып тұр. Ұлым мен келінім бір-екі күн қабағын түйіп жүрді. Бірақ жұрттың алдындағы қадірім бұрынғыдан да арта түсті.
«Ардагерлер де әртүрлі болады. Атамыз ерледі, ұятты біледі – дүниеге қызықпайды!» Осындай мақтау естігенде жаным рахаттанып қалады.
Кейде мған өмірдің өзі менімен лотерея ойнап жүргендей көрінетін. Ірі ұтысқа да қол жеткіздім, оңбай ұтылған кездерім де бар. Барлық жақсы-жаман қырларын қоса алғанда бұл менің өмірім, мен оны шын сүйемін.
Қай жылдары екені есімде жоқ, соғыстан кейін өкімет орындары соғыс мүгедектеріне «Запорожец» маркалы жеңіл машина берді. Бәріне бірдей емес, әрине. Арнайы заң бар, оның баптарының толып жатқан бұлтарыс-қалтарыстары ежелгі Крит аралындағы лабиринтке бергісіз, ондай заңның жұмбаққа толы жолымен жүріп өту әркімнің қолынан келе бермейді, кез-келген сәтте бір бұрыштан қорқынышты Минотавр шыға келіп, мүйізімен шаншып өлтіруі кәдік. Дегенмен жарқыраған бояуы күн сәулесіне шағылысқан жап-жаңа «Запорожец» мініп келген бақыттылар да аздап кездеседі.
Сөйтіп, бір Жеңіс күні қарсаңында Айғали мен Баян автокөлік алғылары келіп, мүгедек әкелерін яғни мені айналымға салмақшы болды. Ол кезде дербес машинасы бар адам некен-саяқ, ондай бақыт көп адамның түсіне де кірмейді. Бірақ, заң бойынша маған жеке көлік тиесілі емес, оны да жақсы білемін.
Ол уақытта кез-келген құжаттың заң күші бар, совет өкіметінің өкілі қол қойған, гербілі мөр басылған қағаздағы бір әріпті де өзгертуге болмайды. Төлқұжатындағы өрескел қателікті түзету үшін аяулы келінім Баянның көрмегені қалмап еді. Алыс қыстауда дүниеге келген қызының құжатын алуға шопан әкесі бірер аптадан кейін барыпты. Кеңседегілерге қызы қыстың екінші айының соңғы күні өмірге келгенін айтқан. Ауыл советтің хатшысы метрикаға адамның ойына келмейтін күнді жазып беріпті – отызыншы ақпан! Бітті! Баян орта мектеп бітірді, төлқұжат алды, медучилищеге түсті, дипломмен бірге медициналық қызметкер ретінде әскери билет алды, ауруханада, емханада жұмыс істеді – отызыншы ақпан болмайды деп ешкім еш жерде айтып көрмепті! Айғали ұлым екеуі үйленгенде ЗАГС қызметкерлері құжатты өзгерткісі келмеді. Жас жұбайлардың келтірген дәлелдеріне қарамастан неке туралы куәлікке туған күні отызыншы ақпан деп жазып берді. Советтік құжатты өзгертуге болмайды! Отызыншы ақпан жоқ екенін бәрі біледі, бірақ құжаттың аты құжат!
Тек қайта құрудан кейін ғана, талай есікті қағып жүріп, шындыққа қол жеткіздік – ақыры құжатын өзгертіп, жиырма сегізінші ақпан деп түзетіп берді.
Жиырма тоғызыншы ақпан деп жазу керек еді, сонда төрт жылда бір рет сыйлық әперетін едім деп ұлым әркез әзілдеп қояды.
Әзілдің жөні бөлек, бірақ ол кезде заңның «болмайды!» деген қаһарлы тармағына шағым жүрмейтін. «Болмайды!» – бітті. Сондай анық та қанық жауаптан кейін сұрақ қоюға ешкімнің дәті бармайды.
Алайда, ұлым мен келінім райынан қайтпады. Айғалидың өкпесі басылар емес, Баян ренішін үнсіз ғана көзімен білдіреді. Оларды да түсінуге болады.
– Әке! – деді бір күні ұлым. – Балаларың мен немерелерің жаяу жүргені бәрібір ме саған? Соғысқа қатыстың, қанша жерді шарладың, Отанды, бізді қорғап қаныңды төктің. Бір емес, он машина алуға лайықсың!
– Мен онда машина алу үшін соғысқан жоқпын!
– Оған сөз бар ма! Бірақ мемлекеттің өзі ардагерлерге жеңіл машина беріп тұрса несіне бас тартасың?!
Ұлым менің тоңмойындығыма налып, жарылардай болды, келінім үнсіз тыңдап отыр, анда-санда басын изеп, күрсініп қояды, соның өзі күйеуін одан әрі күшейте түседі.
– Ойбай-ау, өзің де білесің ғой, маған болмайды, – дедім соңғы дәлелімді келтірмек болып, босаңсып бара жатқанымды сезіп тұрмын.
– Бола ма, болмай ма – ол қай жағынан, қалай қарауға байланысты! – деп әңгімеге араласты Баян. Мен оны туған қызымдай жақсы көремін, қазақы тәрбиемен өскен, бізді құрмет тұтуында, қамқорлығында мін жоқ. Еңбекқорлығы елден ерек. Жұмысқа кірісіп кетсе тоқтата алмаймыз – тыным алуды білмейді, бір істі қолға алса ұшығына шықпай тынбайды. Бес немеремнің анасы, біздің әулеттен лайықты орнын тапқан аяулы келін. Осы келінімнің көңілі үшін ғана медкомиссиядан өтіп, маған тиесілі болмаса да әлгі «Запорожецті» сұрауға болады-ау!
– Дұрыс айтып тұр! – деп ұлым да серпіліп қалды.
– Әлгі кісі… Тассудан келген ақсақ майдангер… алды ғой машина! – деп жалғастырды келінім. – Ал сіз «болмайды-болмайды» дейсіз! Ол кісі… аяғын майданда қалдырған жоқ қой!
– Ол жағын бәрі біледі! Соғыстан кейін… мас болып мотоцикл айдап жол апатына түскен! – деп іліп әкетті ұлым. – Содан бері жиырма жыл өтті, куәгерлер қалмаған, сосын ықпалды туыстары табылып, қолдан құжат жасап беріпті! «Запорожец» мініп шауып жүр, жағасы жайлауда! Сенің қай жерің кем одан? Отан-анамыздың алдындағы сіңірген еңбегің одан әлдеқайда артық! Совет Одағының Батыры атануға шақ қалдың! Қартайғанда не үшін жаяу жүрмексің?
– Бір жағынан, сендердікі дұрыс! – деп келістім. – Бірақ не істейсің, болмайды!
– Сіз тек комиссияға баруға келіссеңіз болды. Қалғанын өзіміз реттейміз! – деп қызуланды ұлым. – Қазіргі кезде «болмайды» дегенді «болады» деп өзгерте салудың түк қиындығы жоқ.
– Сен нені айтып тұрсың?
– Көмектесетін адам таптық! Сіз тек медкомиссияға барыңыз, қалғанын өздері тындырады!
– Доғар, кәне! Енді қайтып ондайды ойыңа да алма! – деп кесіп тастадым. – Мен майданда қанымды блатпен төккен жоқпын! Блатпен машина да мінбей-ақ қойдым!
Айғали тістеніп, әрең үндемей қалды, не айтқысы келгені түрінен көрініп тұр: «Ақымақсың-ау, әке! Ақымақ болып өмір сүрдің, ақымақ күйіңде өлесің!»
Баян көзінің жасы моншақтап, үстелді жинастыра бастады. Айғали үндемей шығып кетті.
Жалғыз өзім қалдым, құс жастықты жастанып, ауыр ойға берілдім. «Ең болмағанда қарулас жолдастарымның аруағы алдында адал болып қалайын!»
Кенет ішімнен Сәлімнің даусын естідім.
– Адалдық дейсің бе? Кімнің алдында? Даламызды қанға бөктіріп, миллиондаған жазықсыз жанды қырып-жойған мына қатыгез совет өкіметінің алдында ма?
– Мүмкін көсемдердің ары таза емес шығар, бірақ қарапайым солдаттардың сол соғыста төгілген қаны қасиетті! – деп жауап қаттым.
Сол әңгімеден кейін бәріміз де ыңғайсызданып жүрдік. Қаншама жуып-шаймақ болсақ та, әлдебір салқындық сезіліп тұрады. Әсіресе Айғалидың жанына батқанға ұқсайды, бір жаққа жиналсақ тілін безеп қалады.
– Не істейміз, ақсақал? Ауылға жеткізіп таста деп кімге жалынамыз? Мүмкін Тассудан келген ақсаққа айтармыз? Өзіміздің «Запорожеціміз» болғанда желмен ойнап, жетіп барар едік!
Ондайда қолайсызданып қаламын. Әсіресе туған қызымдай жақсы көретін келінімнің алдында. Ол ештеңе демейді, бірақ сапарға шығатын болсақ ол да кінәлап тұрғандай көрінеді.
Ақыры жеңілдім. Ұлым мен келінім қуанып кетті, Көкшетауға алып барды, комиссиядан өттім. Шынымды айтсам, толқып тұрдым, бекер көндім деп өз-өзіме іштей ұрсып та алдым, бірақ комиссия жылы қабылдады. Құжаттарымды қарап, денсаулығымды тексеріп, желкелерін қасыды да кесімін айтты.
– Ата, еңбегіңіз – он адамға татырлық, сырқатыңыз – бес адамға жетеді. Машинаны сіздей адамға беру керек. Бірақ заң бойынша, болмайды. Алған жарақаттарыңыз бұл ережеде қамтылмаған. Аяғыңыздан жараланып, ақсақ болып қалғаныңызда әңгіме басқа болар еді. Ал енді… ғұмыр-жасыңыз ұзақ болсын!
Жауабын алдық, ұлым өз құлағымен естіді. Ұяттан жерге кірердей болып, жол бойы үнсіз келдім.
– Сондай да ереже бола ма! – деп бұрқ ете қалды Баян. – Ойлап қараңызшы. Аяғынан жараланса – машина береді! Басынан жараланса – бермейді. Бас деген аяқтан маңызды емес пе!
– Мәселе аяқта жатыр. Бар гәп аяқта! – деп басын шайқады Айғали. – Әй, әкем-ай, соғыста жүргенде соны ойлау керек еді! Оққа басыңды тосқаның не? Аяғыңды тосуың керек еді!
Қарқылдап күліп алдық. Соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің тарихи өкпесін білдіріп тұр бұл сөз! Күлкіге бір кенелдік.
Тағы да бәрі кездейсоқ шешілді.
Лотереядан «Москвич» автомобилін ұтып алдым!
Поштадан зейнетақымызды алғанда бізге, зейнеткерлерге бағасы отыз тиын тұратын республикалық ақшалай-заттай лотерея билетін күштегендей етіп алғызатын. Солай қалыптасып кеткен. Ай сайын бірер тиынымызды сондай нәрселерге төлейміз. Үгіт-насихат ұрандары жазылған түрлі-түсті жолдаухаттар, маркалар, тағы бірдеңелер алдыртады. Мен ылғи бір ғана лотерея аламын – қызық қой, мүмкін ұтып кетермін! Қатырма қағаздан жасалған әдемі билетті былғарыдан жасалған әмияныма мұқият салып қоямын, кезекті ұтыс тиражы шыққанша сонда сақтаулы тұрады. Бәйбішем Халима ұтыс шықпаған жолы әрдайым әжуалайды, кіші әйелім Нағима да соны қолдап үнсіз жымиып қояды. Әдемі билет қолдарына тигенде немерелерім қуанады, ақша қылып ойнайды. Ішімнен күндердің күні ұтамын, сол кезде әйелдерімді мен күлкі қыламын деп үміттенемін. Әр жолы құпия үміт арта түседі, өйткені соншама рет ұтылғаннан кейін әйтеуір бір күні ұтуға тиіспін ғой. Бірақ осындай ұтыс туралы армандап көрмеппін!
Зейнетақымды алуға поштаға барғанмын. Ылғи зейнеткерлер кезекте тұрмыз, адам аз. Менің алдымда түрлі-түсті теледидар алған Тассулық ардагер зейнетақысын алды. Ақшасын санап болып, қалтасына салып жатқан. Кассир әйел қулана тіл қатты:
– Лотерея ше?.. Лотерея алмайсыз ба!
Бұл ұсыныс ақсақ ардагерге ұнамай қалды, жақтырмағаны байқалып тұр.
– Жарайды. Тиынына бере сал.
– Тиыныңыз жетпейді, – деді көңілденген кассир әйел. – Бір сомыңызды майдалаймыз!
Әлі есімде, кассир әйел бес тиындық бақыр ақшаның бесеуін сыңғыр еткізіп сөреге қойды. Ардагер қолындағы ақшасына күмәндана қарады – шытырлаған жап-жаңа қызыл ондықтар. Бес тиынға бола ақшасын майдалатқысы келмейтіні байқалып тұр.
Енді ол кассир әйелге дүрсе қоя берді:
– Сенің латариің не үшін керек?! Тойдым әбден! Ай сайын сендерден лотерея аламын, ал менен кім алады? Не ұтыс жоқ, не ақша жоқ!
Сөйтіп лотерея билетін ысырып тастады.
Кассир әйел талайды көрген егде адам болатын, нығарлай жауап қатты:
– Сіз де түсініңіз, өзім үшін істеп тұрмын ба осыны? Жоғарыдан жоспар түсіреді, біз соны орындауға тиіспіз! Сіздерден басқа кім көмектеседі бізге, ә? Зейнетақы бергенде бізден жақсы адам жоқ, сәл үстеме қоссақ жамандап шыға келесіздер! Дұрыс емес бұл!
Ренжіген түрмен билетті бір шетке тастай салды. Сөреден тиынын алған ардагер мұрнының астынан әлдене деп міңгірлеп, ақсаңдап кете барды. Қанша жылдан бері зейнетақымызды беріп жүрген кассир әйелдің алдында өзімді ыңғайсыз сезіндім. Ақшамды алып жатып, татулыққа шақырғандай тіл қаттым:
– Маған екі латари берші!
Кассир әйел көңілденіп сала берді, екі лотерея билетін ұстатты, біреуі жаңағы жанжалқұмар ардагер алмай кеткен билет.
– Табыс тілеймін! – деді кассир. – Әлгі сараңға ерегескенде машина ұтыңыз!
Шынымен ұттым! Ақсақ ардагер алмай кеткен билет ұтысқа шықты!
«Москвич» біз үшін қарапайым көлік қана емес, әлеуметтік орнымыздың өлшемі болды. Шаңы бұрқыраған дала жолының қанша мың шақырымын темір тұлпарымызбен жүріп өткенімізді есептеу мүмкін емес!
…Тоқсаныншы жылдары совет ақшасы құнсыздана бастады. Әуелі мызғымастай көрінген сомның бағасы түскеніне ешкім сенген жоқ. Бірақ өзгеріс басталып кетті, сомның құны түсіп, салмағын жоғалта берді. Ақшасын жинақ кассаларында сақтаған көптеген адам бірер аптаның ішінде бар жиғанынан түгел айырылды. Ондаған жылдар бойы «Жигули» автомобилін алу үшін ақша жинаған бір малшы көмек сұрап Зигзагқа барыпты. Жиырма екі мың сомы бар, армандаған машинаны алуға кезегін күтіп жүр екен. Енді кезегі жеткенде инфляция басталып, жиған ақшасының бағасы арзандап кеткен. Зигзаг мейірімі түсіп, тұтынушылар одағының қоймасында тұрған үлкен тоңазытқышты жиырма мыңға алуды ұсыныпты. Малшы ашуланып қалған: «Мазақ қылып тұрсыз ба! Мен ақшаны тоңазытқыш емес, машина алу үшін жинадым! Машина беріңіз маған!» Зигзаг бұл қолымнан келмейді, машинаның бағасы шарықтап кетті деп жауап береді. Еңбекші жігіт компартия мен совет өкіметі бағаны ұстап тұра алмайды, ақшада құн жоқ дегенге сенбей қояды. Сөйтіп тоңазытқышты алмай кетіпті, бірдеңесі болар деп үміттенген ғой, жарты айдан кейін әлгі тоңазытқыштың бағасы бір жүз алпыс мыңнан бір-ақ шықты! Әлгі байғұстың адал еңбекпен жиған ақшасы күйіп кетті. Жалғыз ол емес, бүкіл еліміз зардап шекті. Неткен төзімді халықпыз, ондайды да көрдік.
Ақшаның құнсыздануы үлкен өзгерістердің хабаршысы болды.
Сол шамада алғашқы қазақ ғарышқа ұшты. Шаттығымызда шек жоқ. Қазақтар мұны отыз жыл күтіп еді. Гагариннан бастап қаншама совет және шетел ғарышкерлері қазақ даласында орналасқан Байқоңыр айлағынан ғарышқа ұшты! Арасында бірде-бір қазақ жігіті жоқ! Ақырын ғана күңкілдесіп, күндердің күнінде әділдік салтанат құрады деп армандайтынбыз. Сол сәт те жетті, Тоқтар Әубәкіров ғарышқа самғағанда қазақ халқының рухы да асқақтап, аспандап кетті! Бір қызығы, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер СССР-дың соңғы ғарышкері болды! Одан да қызығы, қазақ батыры ғарышқа орыс Александр Волковпен және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге ұшты. Тағы да қазақ, орыс, неміс үшеуі бірге – бұл жолы ғарышта ұшып жүр! Үш көрші көңіліміз тасып, солардың денсаулығы үшін бірер стақанды артық төңкеріп, моншаға түстік, өзімізді ғарышта ұшып жүргендей сезіндік!
Бірер күннен кейін ауданда өз ғарышкеріміз ұшырылғанына арналған салтанатты жиналыс өткізілді. Ардагерлердің атынан мен шабыттана сөйледім.
– Бұл оқиғаны аудан архивіне жазып қалдырамыз. Сізді айырықша атап өтпекпін!
Качановский оң қолының сұқ саусағын көкке көтеріп, оң көзін бақырайтып, сол көзін сығырайтып қадап тұрып айтты. Бұрын архив туралы естімеппін, сұрақ қойдым:
– Демек ауданда болып жатқан оқиғалардың бәрі жазылып, сақтала ма?
Зигзаг жұмбақ жымиып, сұқ саусағын жоғары көтерді де таңдайын тақылдатты.
– Бәрі емес, қымбаттым, бәрі емес… Архивке, аудан тарихына керекті де маңызды жәйттер ғана жазылады!
– Ал қандай оқиғалар керекті де маңызды болып саналады?
Зигзаг бұлғаңдап кетті.
– Санайтын мен емес… Аудандық партия комитеті мен жергілікті совет санайды. Ең алдымен орталықтың, облыстың және ауданның басшылары қатысқан оқиғалар маңызды болып саналады.
– Басшылар қатыспаған оқиғаларға назар аудармайсыңдар ма? – дедім, шыдай алмай.
– Қалай деуге болады… Не десем екен… – Зигзаг түлкібұлаңға салып, шатастырмақ болды. – Әрине, әртүрлі себептерге байланысты басшылар кейбір шараларға қатыспайды, бірақ оларды да архивте қалдырамыз.Алайда, басшылар қатысқан шаралардың жөні бөлек! – Зигзаг жан-жағына сақтана қарап, саусағымен төбені нұсқады, өзі де сол жаққа жасқана көз жүгіртті, сосын сыбырлауға көшті: – Жоғары деңгей деп соны айтады!
Осы деңгейде қоштастық, кейінірек Зигмунд Збигневич Качановскийдің айтқаны туралы ұзақ ойландым. Бұл мен үшін жаңалық болатын. Міне, архив қалай жасалады, тарих қалай жазылады! Ал партиялық-советтік кеңсе – патша кеңсесінің тікелей мұрагері! Сол баяғы тәсіл – патшалық, сосын коммунистік жазғыштар нені маңызды да керекті деп тапса, соны ғана тарихқа жазып қалдырады, архивте сақтайды! Сондықтан патша заманындағы қазақтың талантты тұлғалары, совет кезеңіндегі халық қалаулылары туралы архивтерде іліп алар ештеңе жоқ. Біздің архивтер қатаң нұсқаулар бойынша құрылған, қазақ халқының тарихын империя өкіметінің кеңсе қызметкерлері өз білгенімен жазған! Әрине, архив құжаттарының маңыздылығы мен объективтілігін жоққа шығармаймын, бірақ бұл біржақты, ағымшыл объективтілік. Мәселе сонда, қазақ халқының шынайы өмірі ешкімді қызықтырмаған. Буырқанған өмірдің сан мыңдаған қатпар-қабаты ешқандай архивке сыймайды! Сондықтан халқымыз өз тарихын өзі сақтап, алдыңғы буынның өмірін келер ұрпаққа ауызша жеткізіп отырды. Қағазға жазылған сөзді ғана тарих деп, жазылмаған әңгімені аңыз деп есептейтін тарихшылардың ұстанымына таң қаламын. Егер жай ғана ойланып, талдап қараса қағазға жазылған сөздің де бір кезде ауызша айтылғанын пайымдар еді. Кім жазды, қашан жазды, жазылғанның бәрі шындық па? Ал егер жалған болса ше? Одан да сорақысы, осы сөздерді айтқан адам алдауы, қателесуі, немесе деректерді әдейі бұрмалауы мүмкін ғой?! Сондықтан архив құжаттарына алғаусыз сеніп, тарихты соларға ғана сүйеніп жазуға болмайды – бұл объективті шындық емес.
…Ал уақыт адамдар архивтеріне жаңа да қызықты материалдар тастап, өз жолымен тоқтаусыз жүре берді. Бірінен-бірі өткен сұрапыл саяси оқиғалар болды. СССР ыдырады, бұрынғы одақтас республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздік жариялады. Біз әр күнді алаңдаушылықпен күтіп жүрдік.
Тәуелсіздік

1991 жылғы желтоқсан айының аязды күні кешкісін Отанымыз – Қазақстанның тәуелсіздік алғаны туралы хабар жетті.
Бұл жаңалықты алғаш рет теледидардан естігенде әуелі өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Келесі сәтте киіздің үстіне отыра кеттім. Құлап қалмайын деп ойласам керек. Сол мезет қатты шаршағанымды аңғардым, жаным жай тауып, ұлы да маңызды тарихи оқиға болғанын – соңғы үш ғасыр бойы бүкіл саналы қазақ армандап келген жаңа тәуелсіз мемлекет құрылғанын айқын сезіндім.
Тұңғиық та тып-тыныш қуаныш сезімі талай азап шеккен жаныма баяу таралып, қорқыныш меңдеген санамның түкпір-түкпіріне сіңіп жатты.
Ертесіне Николай мен Любаны және Лион мен Зояны қонаққа шақырдым. Халима мен Нағима қасымда отыр, немерелерім қонақ келгеніне қуанып, еркелеп жүр. Айғалиға алдын-ала тапсырма беріп, үлкен бір шөлмек орыс арағын алдыртқанмын, Баян бір табақ жылқының етін асып қойған.
Ол кезде мен – тоқсан бірдемін, Николай – жетпісте, Лион – алпыста. Қай-қайсымыз да жас емеспіз. Бірақ маған екеуі де әрдайым жас болып көрінеді. Николай семіріп, жалпайып кеткен, шашы ағарған, дәрігерлер бірнеше созылмалы ауру тауыпты, өзін-өзі ылғи келеке қылады:
– Асеке, менде – гастрит, панкреатит, эзофагит, бронхит, артрит – ылғи ит! Қазақтардың иттері жабылып, Ресейдің бір түкпірінен қаңғып келген бейшараны талап өлтіргісі келіп жүр-ау, сірә!
– Баяғы фашистердің снарядынан қалған жарықшақтар мен ылғал окопта жеген солдаттың құрғақ тамағының зардабы ғой! Қазақтардың иттерін кінәлама, олар қонағын таламайды! – деп жауап беремін ежелгі даукесіме.
Өзіміздің кәрілігіміз бен аурушаңдығымызға да күле білетінбіз.
Бірақ бүгін Үшінші Николайдың күлкісі келмей тұрған сияқты. Қабағы қатыңқы, тәуелсіздікпен де құттықтаған жоқ.
– Не болды, Үшінші Николай, мазаң болмай тұр ғой? Басың ауырды ма әлде әйеліңмен келіспей қалдың ба, ә? – деп әдейі жарқылдай сөйледім шөлмекті ашып жатып.
– Жәй, әшейін… Анау-мынау… Ештеңе… – деп міңгірледі ол шашы сиреп қалған басынан аққан терін сүрткенсіп, жүзін түкті орамалмен жасырып.
– Сен не, жаңалықты естіген жоқсың ба? – деп қоймадым, құламайтын рюмкаларға арақ құйып жатып.
– Не болып қалды, біреуді қамап қойды ма? – деп сұрады ол түк білмегендей орамалмен бетін көлегейлеген күйі.
– Ой, жоқ! Ойлап қара, керісінше, қамаудан босатты! – дедім қуанышпен.
– Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды! – деп саңқ ете қалды Лейке. – Мен Асекеңді бірінші болып құттықтадым! Бұдан былай, сен – қадірлі көршім, өмірлік досым – Қазақстан Республикасының азаматысың!
– Мен Совет Одағының азаматымын! – деп қайтарып тастады ол.
– Николай, шыныңды айтшы, орталықтан бөлініп, тәуелсіз ел болғанымызға қуанбайтын сияқтысың ғой? – деп ескі досыма сұрақты тікесінен қойдым. Алғашқы тың игеруші, еңбекқор, жілік майына дейін коммунист Николай ұзақ үнсіздіктен кейін тіл қатты:
– Шынымды айтсам, өзімді жайсыз сезініп жүрмін… Осындай үлкен, қуатты елді ыдыратып тынды… Кеменің сынығына мініп ұзақ жүзе алмайсың!
– Бірақ әр адамның өз үйі болып, оған өзі иелік етуге тиіс қой, солай ма?!
– Ия! – деп күрсінді ол.
– Әр ұлттың, әр халықтың өз елі, өз мемлекеті болып, тәуелсіз өмір сүруі керек! Оның несі жаман?! Табиғаттың заңы осы емес пе, ә, Николай?
Николай жауап қатпады, темекі тұтатып, ащы түтінді көкірегін толтыра жұтты. Өзін де темекінің түтініндей ауыр ойлар тұмшалап алған.
– Сен не, досым, тақтан бас тартардағы Екінші Николай патшадай қиналып отырсың? Жаңа тәуелсіз қазақ елінің тең праволы азаматтары ретінде бұрынғыдай тату-тәтті өмір сүре береміз! Келіңдер, орыстың арағымен және билігімен қоштасарда толтырып құйып жіберейін! – деп күлдім.
Николайдың күлуге шамасы жоқ сияқты.
– Өткен іс өтті! – деді ол мұңайып. – Бірақ, біз үш ғасыр бойы сендерді былай ұстап келдік! – Сөйтіп тоқпақтай жұдырығын білеп қойды. – Темір құрсауда! Енді міне – бәрі құрдымға кетті! Державаға жаным ашиды!
– Олай болса… Үш жүз жыл бойы қазақтар да Ұлы Ресейді езгіде ұстады! Әлде оны да білмейсің бе? Мүмкін ешқашан ондай болған емес дерсің?
Николай жақтырмай күңк етті:
– Мейлі, құрып кетсін!
– Бір заманда біздің бабаларымыз Московияны, бүкіл Ұлы Ресейді билеп тұрды. Бату ханның Алтын Ордасы біздің ата-бабамыз – қазақ тайпаларынан құралған. Сенікі де дұрыс, содан кейін қазақтар үш жүз жыл бойы Ресей империясының боданы болды! – деп жалғастырдым байыппен. – Тарих қайталанып тұрады! Есеп тең – 300 де 300! Бір-бірімізге есеміз кеткен жоқ!
Лейке қол шапалақтады.
Үшінші Николай әуелі қызарып кетті, сосын қарқылдап күліп жіберді.
– Бір-бірімізді осы билегеніміз де жететін шығар? Достықпен өмір сүрейік! Тереземіз тең, тату көрші болайық! Қалай ойлайсың? Бәрібір орыстар қазақсыз, қазақтар орыссыз өмір сүре алмайды! Пәлен мың жылдан бері тығыз байланыстамыз, мыңдаған километр ортақ шекарамыз бар, қанша адамның тағдыры бізді біріктіріп тұр!
– Біз әрқашан достықты жақтаймыз! – деп жауап қатты енді тыныштала бастаған алып денелі көршім, сосын жүзіме тура қарады. Бір-бірімізге тарихи өкпе-ренішімізді айтып тынған екі көрші сөйтіп үшінші көршіміз Лейкенің қолдауымен халықтар достығы үшін тартып жібердік. Сол арқылы қазақ-орыс-неміс достығы туралы халықтық келісім-шартқа қол қойғандай болдық!
– Білесіңдер ме, көршілер, мен мынаумен қоштасуға ұйғардым! – деп жартылай босаған шөлмекті көрсеттім. – Совет билігі бізді ішуге үйретіп еді, сол әдет Советпен бірге кетсін!
– Ішу жағынан бізден, орыстардан асып түсе алмайсыңдар деп баяғыда айт­қанмын! – деп масаттанды Николай.
– Дұрыс айтыпсың! Соған қуанып тұрмын! – деп жауап бердім қалған арақты стақандарға құйып жатып. – Дауым жоқ, ішу жағынан асып түсесің менен!
Николай қарқылдап күлді. Мен әрі қарай жалғастырдым:
– Сен дұрыс түсін. Мен орыс совет өкіметі мен компартиясын ақырғы сапарына орыстың арағымен шығарып салмақпын!
Көршілерім түсінгендерін білдіріп, үндеместен бастарын изеді.
Ертесіне Құран оқып, намазға жығылдым. Мешіт салу мәселесін көтеріп, жүзеге асыруға тікелей атсалыстым.
Жаңа заман келді. Біздің тәуелсіздік заманымыз. Тәуелсіз ел, азат халық болған қандай бақыт! Бірақ бізді, тартпаған азабы қалмаған қарттарды жас ұрпақ түсіне ме? Бөтенге кіріптар болмаған халықтар бұл қуанышымызға таңданатын шығар, бірақ басқа халықтың езгісінде болғандар түсінуге тиіс. Ешкімге алаңдамастан өзіміздің Алла-Тағалаға сыйыну қандай бақыт! Ана тіліміз бен төл мәдениетімізді сақтап, дамыту қандай бақыт !
Адам айтқысыз қиындықтарға қарамастан ата-әжелеріміз бен әке-шешелеріміз қазақ халқының бойындағы ізгі қасиеттерді келер ұрпаққа түгел беріп кетті. Ал барша халықтарды табиғатқа жат бір ортаға тоғытып, тұтастырып жібермек болған партия мен өкімет тарих сахнасынан кетіп тынды.
Бұл біздің халықтық жеңісіміз!
Қазір осы жөнінде жиі ойланамын, ата-әжелердің тәрбиелеу дәстүрі бала тәрбиесінің бірегей де ғажайып мектебі екен! Ойлап тұрсам, аталар мен әжелер өмірден алған жақсылығының бәрін, өз ұлтының рухани өміріндегі халықтық ізгі қасиеттерді немерелерінің бойына сіңіріп кетуге тиіс, тіптен міндетті екен. Сондықтан зейнеткерлікке шыққан соң бізді, аталар мен әжелерді есептен шығарып тастауға болмайды. Менің ойымша, енді біз үшін немере-шөбере тәрбиелейтін бақытты да жауапты, қайталанбас кезең басталады!
Бәрімізге, барша халықтарға ешкімнің мүддесіне тәуелсіз объективті тарих керек. СССР құрамында өмір сүрген жетпіс үш жыл қорқынышты қара түнек болғанымен, ол да тарих! Ештеңеге қарамастан өмір өз жолымен жүріп жатты, халық қиналса да тіршілік етті, қуанды, сүйіспеншілікке бөленді, бірнеше ұрпақ өсіп шықты. Көрнекті тұлғалар сол жылдары жасампаздықпен еңбек етті. Сондықтан әлемдік тарихтың хронологиялық тізбегінен бұл кезеңді сызып тастау немесе кесіп алып лақтыра салу ешкімнің қолынан келмейді, алайда ғылыми саладағы объективтілікке пысқырмайтын пысықтар неше түрлі бұрмалауға жол беруі ықтимал. Тарих «егер» дегенді білмейді, біздің «ұнайды – ұнамайды» деп берген бағамызды да мойындамайды. Тарихты сол күйінде қабыл алып, талдап, түсіну және түсіндіру керек, жамандауға, сызып тастауға болмайды.
Бірде Николай Борисович Нестеров жан тебірентер әңгіме айтты.
– Шайқас кезінде жау снаряды дәл қасыма түсіп жарылды. Ауыр жараландым, үстімдегі киімім өртене бастады. Біткен жерім осы деп ойладым. Есімді жисам, біреу сүйрелеп келе жатыр. Қарасам, Сатур Рахимов, қарулас жолдасым. Ұлты тәжік, орысша нашар сөйлейді. Немістердің пулемет пен автоматтан атқан оғы борап тұрса да тастамай сүйреп келеді. Ақыры біздің траншеяға іліктік. Қайтадан талып қалдым. Госпитальда есім кірді. Содан қайтып әлгі қарулас досым әрі құтқарушымды көрген жоқпын. Соғыстан кейін ол туралы жиі ойлайтынмын, кездескім келеді, бірақ қайдан табамын? Мекен-жайын білмеймін, еш дерегі жоқ. Бірде түсіме кірді, дауысын естідім. Әлдебір мекен-жайды атады. Оянып кетіп, түсімде естігенімді қағазға жазып қойдым. Сол мекен-жайға хат жазып жібердім. Кереметті қараңыз! Жауап келді! Қарулас досымды, қазіргі бауырымды солай таптым. Барып қайттым. Жақсы қарсы алды! Сосын ол маған келді! Сондай оқиға болған!
Біз оның әңгімесіне, нағыз солдаттардың достығына толқып кеттік.
– Ал қазір әртүрлі елде тұрамыз! – деп мұңая тіл қатты Николай.
– Бірақ бұл дос болып қалуға кедергі келтірмейді! – деп жігерлендірдім.
– Селяви, солай! – деді Лейке. – Зо ист дас леибен!
– Ия, өмір сондай! – деп келісті Үшінші Николай.

Оралман

Бір мың тоғыз жүз тоқсан екінші жылдың жазында Алматы қаласында Қазақтардың дүниежүзілік бірінші құрылтайы өткізілді. Жер шарының түкпір-түкпірінде жүрген қазақ бауырларымыз туған отанына қайтып оралды! Оларды оралман деп атап кетті!
Маған облыстық делегацияның құрамында осы оқиғаға қатысу бақыты бұйырды. Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің аумағында аппақ киіз үйлер тігілген. Әлем қазақтарының алдында тәуелсіз еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабыттана, сенімді сөз сөйледі. Түркиядан келген, Құранды алғаш рет қазақ тіліне аударған Халифа Алтай ақсақалдың бір кезде Алтайдан ауған қазақтардың Анадолыға жеткенше көрген қиындықтары мен теперіштерін еске алуы жан тебірентерлік.
Иә, әлем қазақтарының алғашқы құрылтайы ешқашан ұмытылмайды! Жан толқытар күндер, кездесулер, жүректен шыққан сөздер мен қуаныштан төгілген көз жасы!
Түркиядан келген бауырлас қазақтардың арасынан бүкірейіп, таяққа сүйеніп әрең қозғалатын ақ сақалды қарияны байқадым.
Қасымнан өтіп бара жатып әлгі бүкір ақсақал оқыс тіл қатты.
– Асанбай! Асанбай аға!
Өз құлағыма өзім сенбедім – мынау Сәлімнің даусы! Бірақ шалдың өзі баяғы ержүрек жауынгер – дала көкжалына мүлдем ұқсамайды! Құшақтасқан күйімізде ұзақ тұрдық. Қасына бір ұлын ертіп келіпті.
Талай әңгіме айтылды, бір-бірімізді тыңдап қана қоймай, арасында сөзді бөліп жіберіп, өз басымыздан өткенімізді бастырмалата айтып жатырмыз.
– Мен бөтен есіммен келдім. Екінші атыммен дегенім ғой. Бұл жақта әлі де әскери қылмыскерлердің тізімінде тұрған шығармын!
Осыны айтқанда жан-жағына шапшаң көз жүгіртіп жіберді. Еріксіз жымидым – жауынгерлік әдеті қалмаған екен!
Соғыс кезінде Түркістан легионының құрамында болғанымен, Францияның бір жерінде, бізден аулақ жүріпті. Түркістандықтар қолдарындағы қаруымен бірге совет әскеріне қосылып кете ме деп қауіптенген немістер оларды шығыс майданнан қашық ұстаған. Сәлім соғыс аяқталған соң Түркияға барып, сонда тұрып қалған екен. Қазақ қызына үйленіпті, екі ұл, екі қызы бар. Немере-шөберелер өсіп жатыр дейді. Бір жаманы, соғыстың алдында түрікпеннің Қарақұмында дүниеге келген балаларын таба алмапты.
Құрылтай өткен соң Сәлімді ұлымен бірге елге әкелдім, ұрпақтарыммен таныстырдым. Арамызда бір күн болды, түнімен әңгімелесіп шықтық. Сәлімнің айтқан сөздерінің көпшілігі әлі де құлағымда.
– Туған үйіміз, әке-шешеміз бен аға-іні, әпке-қарындастарым түсіме кіретін, – деді ол. – Ауылдастарымды, құрдастарымды көремін. Баяғы бала кезім, көктемгі гүл атқан далада жүгіріп жүремін. Жабағыға мініп шабамын, алдымнан жел есіп тұр, киімдерім, ұзақ ғұмырымда киген әскери мундирлерім бірінен соң бірі ұшып түсіп жатады. Ол киімдерім қан-қан , астымдағы жабағым мені сол лас-қоқыстан алыстатып әкете береді!
Осыны айтқанда қатар-құрдастарыммен бірге жабағыға мініп шапқылаған бала күніміз елестеп кетті.
– Соңғы жылдары бірнеше рет Халила қарындасымыз түсіме кірді… Есіңде ме? Жекпе-жек атысып, менің қолымнан өлген патша офицері екеуін көремін! Халила көз жасын көлдетіп, өлтірмеші оны деп жалынады, бірақ мен бәрібір атып тастаймын! Суық терге малшынып оянамын! Мүмкін оларды өз еркіне қоя беру керек пе еді? Қалай ойлайсың, Асанбай?
Жауап бере алмадым. Өткен өміріміздің осы бір ащы естелігі мені де талай қинап еді. Сүйкімді Халиланың әсем жүзі мен ақтың офицерінің бекзат келбеті көз алдымда тұрып алатын.
– Адам өлтіруге мәжбүр болғаным үшін өкінемін, қатты өкінемін! – деп жалғастырды Сәлім ақырын ғана. – Жас кезімде менікі дұрыс, олар адам емес, қанқұмар дұшпан деп өз-өзімді жұбатушы едім. Жасым ұлғая келе бәріміздің де адам екеніміз, бір-бірімізді атпай-ақ тату-тәтті өмір сүруге болатыны санама жетті! Қайтерсің енді, өткенді өзгерте алмайсың. Ия, аға, тағдырымыз тым қатал болды! Тек мынаны түсінбеймін, тарих бізді не үшін осындай сұмдық ойынның кейіпкеріне айналдырды екен? Енді міне, ғұмырымның соңында бір кезде өзім өлтірген жандардан кешірім сұрап жүрмін… Кім кінәлі бұған, уақыт па, тағдыр ма – қалай атасаң да өзің біл! Одан бізге жеңіл бола ма!?
Ертесіне Айғали аймаққа аты мәлім «Москвичпен» туған өлкемізді аралатты – баяғы сайлар мен қыраттар, Кеңащы өңірі көзге ыстық көрінеді, ең соңынан Степняктағы, Бұлақбасы ауылындағы көне зиратқа бардық.
Аталарымыз осында жерленген. Біржан салдың күмбезі де осында. Шөптің үстіне отыра кетіп, дұға оқыдық.
– Неғып бүкірейіп қалғанымды білгің келетін шығар, – деді Сәлім. – Жасым жетпістен асқан кезде, кешкісін саябақта қыдырып жүргем. Мамыр айы, күн жып-жылы. Кенет атыс басталып кетті. У-шу, топырлаған аяқ дыбысы, полиция машинасының дабылы. Жан-жағыма қарап үлгергенім жоқ, арқамнан біреу ұрып жібергендей болды. Қалай құлап түскенімді білмеймін, ауырсынып бүктетіліп жатқаным есімде. Көп ұзамай біреулер көріп қалып, ауруханаға апарыпты, операция жасады, сөйтіп бүкір болып қалдым. Сөйтсем, бір радикалды ұйымның жүгенсіздері өкіметке наразылық білдіруге жиналыпты. Жиынның соңы тәртіпсіздікке ұласып, қаланың қақ ортасында атыс шыққан. Қаңғыған оқ омыртқама қадалыпты. Көрдің бе, сол соғыстың оғы мені ақыры қуып жетті! Бәлкім, бір кездері өзімнің біреулерге атқан оғым өзіме қайтып оралған шығар!
Сәлім терең күрсініп, әңгімесін жалғастырды:
– Өлер алдында соңғы рет бір ауыз сөз айтуға рұқсат етсе, не дерімді білесің бе?! Бар әлемге:– Адамдар, бір-біріңді атпаңдар! – деп айғайлар едім!
Уақыт мүжіген көне жәдігердей бүкірейген Сәлімнің сөзін бөлместен тыңдадым, бәрі бір ол маған әке-шешеміздің қанатының астында қамсыз-мұңсыз күн кешкен баяғы ерке бала секілді көрінді. Осы сөзді жаужүрек жауынгер, мүлт жібермес қолмерген айтып тұрғанына сену қиын! Бірақ бұл шын жүректен шыққан, әбден ойланып-толғанудан туған сөз еді.
Оның айтқаны маған да жақын, түсінікті. Кейде мен де барша әлемге жар салып: «О, адамдар! Ешқашан бір-біріңді өлтірмеңдер!» – дегім келетін.
Сәлім бар сырымызды ақтарып, бүкпесіз айтылған әңгімеден шаршағандай бір сәт үнсіз қалды, жұпары аңқыған даламыздың ауасын рахаттана сіміріп, әрі қарай жалғастырды:
– Білесің бе, аға, туған өлкемді бір көруге, даланы шарлап, туыстарым мен жақындарыма жолығып, бабаларымның аруағына құран бағыштауға мүмкіндік бере көр деп Жаратқанға қанша рет жалбарындым! Сосын өлсем де болады! Тура солай тіледім – туған жерімді бір көріп, бақытты күйімде өлсем дедім! Түсінетін шығарсың, соншама жыл жат жерде қаңғып жүргенде туған өлкеге деген сағыныш жанымды жегідей жейтін! Осы жерге жетіп, топырағын сүйіп, осында мәңгі қалуға мүмкіндік бергені үшін Алла-Тағалаға шексіз ризамын! Мәңгі ризамын! Лә иләха иллә Алла!
Мұқият тыңдап отырғанмын, не болып кеткенін аңғарған жоқпын. Сәлім ақырын күбірдеп дұға оқыды, сосын басы жерге жеткенше еңкейіп, етпетінен жатты, екі қолын жайып жіберіп қара жерді құшақтай алды да… сол күйі қатып қалды!
Сәлден кейін түсіндім – жаны шығып кетіпті!
Ержүрек бауырым Сәлімнің қиындыққа толы ұзақ ғұмыры тоқсан бір жасында осылай аяқталды. Ата-бабаларымызың көне зиратына, Біржан салдың қасына құрметпен жерледік.
Бірер жылдан кейін балалары да отанына, Қазақстанға қайтып оралды.

Мәңгілік пен қас-қағым

Жаңа заманда жаңа қиындықтар туындады. Бірақ бұл басқа тарих, жаңа ұрпақтың тағдыры.
– Тыныш өмір сүргізбеп едіңдер, ең болмаса тыныш өлуге мұрша беріңдерші! – деп ұрыстым сайлау кезінде өз жағына шығарып алмақ болып тартысқан кандидаттарға. Өзіммен-өзім оңаша қалып, немере-шөберелерімнің арасында жайбарақат тірлік кешкім келген.
Тәуелсіздіктің бас кезінде Қазақстан көптеген қиындыққа тап болды. Бұрынғылар қирауға айналған, жаңаның бәрі енді басталып жатыр. Экономика да, саясат та тығырыққа тірелді, адамдардың пейілі тарыла бастады. Іс жүзінде, коммунизмнің орнына капитализм келді. Халықтың мінез-құлқы өзгеріп кетті, қарым-қатынас басқаша сипат алды. Заманның қиындығына төзіп бақтық, өзгерістерді байыппен қабылдап, болашаққа үмітпен, сеніммен қарадық. Өйткені, барша халықтардың арманы – азаттық пен тәуелсіздік екенін түсінетінбіз. Ондай арманды қанша қиындыққа тап болсаң да ештеңеге айырбастамайсың! Колбаса мен құлдыққа айырбасталмайды!
Дегенмен бұрынғы одақтас, іс жүзінде отарлық республиканың азат мемлекет болғанын жақтырмайтын үндер де естіліп жатты. Неше түрлі сұрқиялар, шовинистер мен ұлыдержавашылдардың саяси құйыршықтары халқымызды арсыздықпен қаралай бастады. Кереғарлықты қараңыз, қазақтар бодан кезінде жақсы екен де, тәуелсіздік алысымен бір-ақ сәтте жаман болып шыға келіпті. Біз де намысқа шауып, қолымыздан келгенше тойтарыс беруге тырыстық. Сондай сәтте қазақтарға ризашылығын айтып, жақсылық пен игілік тілеген өзге ұлт өкілдерінің пікір білдіруі дер кезінде көрсетілген көмек болды.
Бірде неміс Лион-Лейкенің қазақтарды жақтап радиодан сөйлегенін естідім.
Лейке-Лион тебіреніп, кесіп айтты:
– Сонау қырқыншы жылдары қазақтар болмағанда бәріміз иен далада аштықтан, суықтан қырылып қалар едік. Осындай қайырымды жандарды, өздері қиналып жүрсе де ұлтына да, дініне де қарамастан қаншама адамды бауырына басып, ішіндіріп, киіндіріп, тура келген ажалдан алып қалған ізгі, меніңше, әлемдегі ең мейірімді халықты қаралауға қалай ұялмайсыңдар! Мен әрқашан қазақтарды қолдаймын!
Осы сөзі үшін біз оған өте ризамыз .
Көп ұзамай барактарды тастап шықтық. Естуімізше, бір кезде оларды тұтқынға түскен жапондар мен немістер немесе сталиндік режимнің кезіндегі зэктер совет солдаттарының бақылауымен тұрғызыпты. Сапалы салынған үйлер. Тастан өрілген, қалыңдығы бір метрге жуық қабырғалар мызғымастай болатын. Соларды құлату қолға алынды. Бірақ, біржола қирата алмады. Шатырын жұлып тастады, трактордың темір балғасымен ұзақ уақыт ұрғылап, қабырғаның жоғарғы бөлігін құлатты, төменгі жағы мен іргетасын бұза алмай қойды. Сол күйі тастап кетті. Қирандының үңірейген тесіктері әсіресе ымыртта және түнде үрейлі көрінеді. Осы жерде бір сұрақ туындайды, дайын тұрған берік үйлерді қиратудың не керегі бар еді? Әрлеп-жөндеп, ақтап-сырлап, баспанасыз жүрген жас жұбайларға берсе ғой! Міндетті түрде бұрынғының бәрін «түбірімен қиратып, жаңа әлем орнату» керек пе? Алдыңғы ұрпақтар тұрғызған ескі нәрселерді қиратпай-ақ, жаңа құрылысты жалғастыра бермей ме! Селяви – солай дегендей…
Барактармен қоштасып, биік те кең жеке үйлер салдық. Баяғы үш көрші тағы да қаз-қатар орналасыппыз – ортада қазақ Асанбай Бектеміров, оң жақта орыс Николай Нестеров, сол жағымызда неміс Лион Вильверт, тек енді бір ғимаратта – баракта емес, жеке үйлерде тұрамыз.
Жағада тұрып өзеннің ағысына қарағанды ұнатамын. Уақыт та үздіксіз ағып жататын өмір-өзен секілді, ғұмырымыздың әр сәтін алыс жаққа әкете береді.
Өмір деген не?
Ап-анық қас-қағым сәт пе, жұмбақ сырлы мәңгілік пе?
Ғұмыр жолымның басында, ол кезде күнәдан пәк жас бала болатынбыз, байларды құрмет тұттық. Оларға лайықты бағасын беру керек – қазақ байлары туыстарын ешқашан аштықтың темір қыспағында қалдырған емес! Біреулер тамағын аямайтын, басқалары аздап тарықтырды, біреу жақсы, біреу жаман адам болды, бірақ анығы сол: байлардың кезінде ешкім аштан өлген жоқ! Өлуі де мүмкін емес болатын! Бай сараң болып, туыстарын ішіп-жемнен қаққысы келсе де, соны бәрібір істей алмас еді. Өйткені, байдың малы далада жайылып жүреді, табынды немесе отарды қойныңа жасыра алмайсың. Аштыққа шыдамай атқа қонған көшпендінің көздеген олжасына қол жеткізуіне ештеңе бөгет бола алмайды. Сондықтан, халықты ашынуға дейін жеткізгеннен гөрі, барын бөлісіп, тату-тәтті өмір сүрген дұрыс шығар? Қиын кезде, аштық жылдары өзгелерді ажалдан алып қалған дала феодалдары әрі дана, әрі текті болатын. Дегенмен сұрапыл жылдар да болды – жұт кезінде қысқы аязға шыдамай мал түгел қырылатын. Соның өзінде халық аштан өлген емес, ішіп-жемге жеткілікті мал бәрібір аман қалады.
Сосын революция болып, үйреншікті өмір салтын да, ұғым-түсінік атаулыны да астын-үстіне шығарып төңкеріп тастады – байлар жаңа құрылымның жауы деп танылды. «Уралап» айғайлай жүріп байлардың мал-мүлкін тәркіледі, көздерін жойды. Жетпіс жыл бойы, менің есейген кездегі өмірімді түгел қамтитын уақыт, байдың бәрі қанаушы, қансорғыш, адамзаттың жауы деп миымызға құйып келді! Ең жақсы, ақылды, мейірімді адамдар – кедейлер! Ең дұрыс көзқарас осы деп есептейтін совет адамдарының бірнеше ұрпағы өсіп шықты.
Енді міне, тағы да бәрі төңкеріліп түсті, өмір бойы күресіп келген капитализмде өмір сүріп жатырмыз. Қоғам тағы да бай, орташа, кедей болып жіктеліп кетті. Адамдар ештеңеге қарамастан баюға ұмтыла бастады. Байлық басты құндылық деп саналатын болды, байлар қайтадан құрметті адамдарға айналды.
Міне, осылайша ұлы мәртебелі өмір адамзатқа әр жолы, тарихтың әрбір құлдырауы мен самғауында, тағдырдың әрбір бұрылысында өзінің адамдардың ұғымы мен тәртібінің аясына сыймайтынын, ешкім білмейтін бұралаң-қалтарысты жолдармен жүре беретінін көрсетумен келеді! Болашақты ешкім болжай алмайды, оны белгілеп беру мүмкін емес! Бәлкім өмірдің қызығы да осында шығар?
Әдетте адамдар әлемді өзіміз және өзгелер деп бөледі. Жасыратын несі бар, біз де сөйттік. Әуелі дүниені бай мен кедейге бөлдік. Кедейлер әрқашан жақсы, байлар әрдайым жаман. Ертегінің бәрі «бай болып ұзақ та бақытты өмір сүріпті» – деп аяқталатынына қарамастан! Жұрттың бәрі іштей бір-ақ нәрсені армандайды – ештеңеден таршылық көрмей, бақуатты ғұмыр кешу. Барша халық сан ғасырлар бойы осыны армандап келеді! Большевиктер партиясы жетекшілік еткен жас совет романтиктері бұл арманның тас-талқанын шығарып, табанға таптап, былғап бақты. Сосын дүниені халық жаулары мен соларға қарсы күрескерлерге жіктеді. Барған сайын жаңа халық жауларын тауып, өзіміз бен өзгелер болып жіктеле берді. Бейтарап адамдар да бар екенін, жұрттың бәрімен бейбіт қатар өмір сүруге болатынын білген де жоқпыз, түсінген де емеспіз. «Кім бізбен бірге болмаса, сол бізге жау!» – міне, революциялық уақыттың әскери ұраны. Содан кейін дүние капиталистік және социалистік болып өзара тістескен екі лагерьге бөлінді. Сосын фашистер мен антифашистер пайда болды. Қарсыластардың арасындағы жарықшақ ұлғайып кетті, өзара қарым-қатынас орнатып, екі араға көпір салуға тырысқандар түгел сол құрдымға жұтылатын.
Қамаудағы кемеңгер Жәкежан би топқа қосылған адамның өмірі оңай болады деп сонау қаны сорғалаған отыз жетінші жылы айтып еді. Бәрі ап-анық, өзіңдікін де, өзгенікін де танисың. Өзіңдікімен бірге бол, өзгенікін қыра бер! Өзіңдікімен бірге окопта жатасың, жауың кім екені белгілі, аспай-саспай көздеп ата бересің . Қарабайыр болғанмен тиімді философия. Өзіңдікі де, өзгенікі де болмайтынын, тек адамзат қана бар екенін білетін, сондықтан екі жаққа да қосылмайтын көзі ашық адамдардың жағдайы қиын. Олардың өмірі түгелімен қиындықтан тұрады. Өйткені, аналардан да, мыналардан да таяқ жейді!
Жер-анамыздың бетінде өмір сүріп жатқан пенделердің бәрі бір-біріне туысқан , оларды өзіміз-өзгелер деп бөлмеу керек және соны сылтауратып өзара соғысуға болмайды деген адами даналықты араға ұзақ жылдар түсіп, көптеген қиындықтар мен сынақтардан өткен соң ғана түсіне бастадым. Бірақ бұл өте күрделі ұғым, ондай пәлсапамен өмір сүру көп адамның қолынан келе қоймас, сірә. Мүмкін бұл пәлсапаны жасы жүзге келгендер ғана түсінетін шығар?!
Бұл өмірден қанша рет кеткім келгені есімде жоқ. Жер бетіндегі адам төзгісіз тіршілікті тастап, тып-тыныш ұшып кетсем, сөйтіп мәңгі тыным тапсам деп ойлаушы едім. Ең бір қатты қиналып, ашынған шақта осы ой әлдеқайдан сап ете түседі де, басымнан шықпай тұрып алады. Бірақ оны барынша қуалап, бар күшімді салып, қиындық пен бейнетке толы өмірге жабысып айырылмай қойдым. Сөйтіп аман қалдым. Бізді, жүз жасаған қарттарды түсіну сендерге, жастарға қиын.
Кереғарлық мынада. Жау снарядтары дәл қасымызда жарылған кезде жерге жабыса қалып, тереңірек тығылуға тырысып, Жаратқанға жалбарынатынбыз. Ол кезде тірі қалғымыз келді. Содан кейін қанды шайқастардың арасындағы үзілістерде ерекше бөлімнің қызметкерлері жүйке тамырыңды жұлқылап, теріңді тірілей сыпырған сәтте реніштен жүрегің қанға толып кетеді. Бәрін қырып салып, өзің де атылып өлгің келеді. Бірақ біз шыдадық, басқа амалымыз болмады.
Кейде ойлаймын, соғыста қанша адам өлтірдім? Анығын білмеймін, арнайы есептемеппін, жиіркенішті ғой, сосын мүмкін де емес. Олар мені атты, мен де оларды аттым. Егер жаудың окобына қарай күніне небәрі он оқ атсам мың күнде қазақтың Шымкент қаласында құйылған он мың оқ болады екен, тоқсан килограмм ажалды қорғасын. Есептеп көріңіз, мен атқан оқтың тоқсан тоғыз проценті далаға кеткеннің өзінде қалған бір проценті жүз адамның өмірін қиған!
Ал егер нысанаға яғни адамға тигізу проценті жоғарырақ болса ше, онда қалай, ә? Ойлаудың өзі қорқынышты, бірақ солай болуға тиіс, өйткені біз дұшпанды өлтіру үшін көздеп ататынбыз. Кез-келген соғыстың «жауыңды өлтір, сен оны өлтірмесең, ол сені өлтіреді!» деген қатал заңы бұл соғыста тіпті айырықша көрінді. Совет және неміс солдаттары бірін-бірі аяусыздықпен қырып салатын. Қанды қырғынның арасында жүргенде жалпыға ортақ осы өшпенділік сезімі мені де шарпыды, ол кезде басымызда бір-ақ ой болды: өзің тірі қалу үшін дұшпанды көбірек өлтіруің керек. Ондай жағдайда, менің жаман атқыш болмағанымды ескерсек, мен атқан әрбір жүз оқтың бірталайы нысанаға дәл тиген болуы әбден ықтимал! Ғұмырымның соңында, қартайған шағымда осындай қарапайым арифметика жанымды қинайды, бірақ бұл қасиетті соғыс – біз отанымызды қорғадық, неміс-фашист басқыншылары жерімізге басып кіріп, дүниежүзілік соғысты бастады деп өз-өзімді жұбатқан боламын. Ия, сол ғана ақтай алады бізді. Сонда да көз алдымнан сұмдық суреттер кетпей тұрып алады. Ашудан адам кейпімізден айырылып, бір-біріміздің кеңірдегімізді жұлып, қарнымызды жарып жатқанда жан-дүниеміз не күйде болды, ізгі сенім, гуманизм деген ұғымдар қайда кетті?!
Өмір мен өлім әрдайым қатар жүреді. Жас кезіңде бұл туралы мүлдем дерлік ойламайсың, ғұмырдың қысқалығы туралы тентек ой басыңа келсе де жер бетінде буырқанған оқиғалар басталған сәтте өз-өзінен ұшып кетеді. Жылдар өтіп, есейген кезде ғана шынығып, ақылы толысқан адам өмір мен өлімнің құнын асықпай өлшей бастайды – бар пәлсапа осы.
Белгісіздік пен хаостан көңіліңе қорқыныш кіргенде иман ғана жаныңды тыныштандырып, аман алып қалады. Адам ештеңеге қарамастан Жаратқан Жалғызға ұмтылады! Ақырзаман түнегінен де именбестен нұр-сәулеге қол созады! Ол қан мен көз жасын белшеден кешіп өтер , қиналып, жығылып, табанға тапталып, былғанышқа батуы да мүмкін, бірақ жан-дүниесіндегі ізгі сенім сақтала береді және тап-таза нұрлы әлемге бастайды!
Нәтижесінде адам ештеңеге қарамастан адам болып қалады, бұл оның жеңісі. Немесе тағдырдың сынағына шыдай алмай, құрдымға құлайды. Бұл оның қасіреті.
Міне, айтқым келгені де осы . Енді тынышталсам да болады. Уақытында келген өлім қорқынышты емес. Кемеңгерлердің айтуынша, адам өлмейді, басқа жағдайға, өзге өлшемге ауысады. Өлім – өмірдің жалғасы, адамның беймәлім әлемде қайтадан дүниеге келуі деп үміттенеміз.
Шамасы, адам әбден қартайғанда өлім үшін, яғни, өзінің қайта тууы үшін пісіп-жетілетін болса керек. Жаңа, жұмбақ әлемде қайта тумаққа! Бірақ бұл туралы ешкім де білмейді. Адамдар бұл жұмбақты шеше алмайды. Адамның табиғи жолмен қартайып, өзге әлемге өтуге дайын болуы – жанның рахаты. Бірақ жас адамның өмірі қиылса – трагедия. Адамдардың бірін-бірі жүздеп, мыңдап, миллиондап қырып салуы – адамзатқа ортақ қасірет… Ондайды санам қабыл алмайды, жаным қарсы шығады!
Кейде бір ғасырлық өмірім зу етіп өте шыққан бір ғана мезеттей көрінеді!
Кеше ғана кішкентай едім, әлемдегі ең бақытты бала болатынмын, ал қазір сақал-шашы тау шыңындағы қардай аппақ, келмес сапарға аттанғалы жүрген бір ғасырлық қариямын. Бірақ, ғасырға созылған ғұмырым кей сәттерде белгісіздікке бастар ұзақ та қиналысқа толы бұралаң жол секілді. Қайткен күнде де бұл менің өмірім, мен оны сол күйі қабылдаймын. Осындай ұзақ жолдан өткеннен кейін өмір деген бір ғана мезет екен деп біз, жүзге келген қарттар ғана айта алатын шығармыз. Өткен өмір шынымен зыр ете қалғандай болады екен. Ал бар өмірің алдыңда тұрғанда – әңгіме басқа!
Кейде бір күн, бір сағаттың өзі мәңгіліктей ұзақ болып көрінеді. Өмірдің тез өтетіні туралы жастар айтқанда таң қаламын. Жастық шақта қайдағы жоқты ойлап бас қатырудың, жаныңды күпірлік күдік-күмәнмен былғаудың керегі не? Ештеңеге алаңдамай өмір сүр! Өмірдің қуанышына бөлен, тоқтаусыз өтіп жатқан өмір-өзеннің ағымындағы өзіңе өлшеп берілген кезеңді ізгі сеніммен, үмітпен, махаббатпен және мейіріммен жүріп өт. Содан кейін не боларын көре жатармыз.
Осының бәрінің астарында бізге беймәлім әлдебір биік мағына жатыр-ау деп те ойлаймын. Өмірдің бар қызығы сол жұмбаққа байланысты сияқты.
Менің мамандығым филолог қой, жас кезімде көп оқитынмын, қазір де оқимын. Философтар мен жазушылар, идеалистер мен реалистер, атеистер мен абстракционистер, материалистер мен моралистер: «Құдай бар ма, жоқ па?», «Адам жаны мәңгілік пе, жоқ па?», «Мәңгі өмір бар ма, жоқ па?» деген сияқты алуан түрлі сұрақтар қойып жатады.
Жоқ болса бұл өмірде, осының бәрінде қандай мән-мағына қалады? Соның бәрінің нәтижесі ақыр соңында біржола құрып, жоғалып кету болса адамзат тарихы мен өркениет, өрлеу жолындағы күрес, жақсы өмірге ұмтылу дегеннің бәрі мәнінен айырылып, тұл қалмай ма?!
Бала күнімде анамның айтқан сөзі есімде қалыпты. Баланың шыр етіп жерге түскенде жылағаны: «өмірге келдім, енді өлемін-ау!» – деп қапалануы екен. Бұл тақырыпты дамыта берсек, таусылмастай созылып кетеді. Осы тұрғыда ойланар болсақ, біз өлу үшін өмір сүреді екенбіз, күн санап өлімге жақындай түсеміз. Бүгін тұрғызып жатқанымыздың бәрі – болашақ қиранды. Ал егер ақырзаман басталса адамзаттың сан ғасырлық әрекеті бір-ақ сәтте бар мәнінен айырылып шыға келеді.
Иә, бұның бәрі адамзат үшін ең ауыр, ең басты, сан ұрпақтың өкілдері жауап таппай қиналған, жауабы бұл өмірде табыла да қоймайтын сұрақтар. Оған ешкім жауап берген емес, бере де алмайды! Мәңгілікті көрген ешкім жоқ, адам жанын қолыңа ұстап көре алмайсың. Сондықтан бас қатырып, естен танудың қажеті не, Жаратқан Иемізге сеніп, адам атына лайықты өмір сүрсек жетіп жатыр.
Адамды ешқашан қорлауға да, өлтіруге де болмайды!
Өмірімнің қорытындысы да, айтатын өсиетім де осы.
Орыс тілінен аударған Нұрлан Қами

Пікір қалдыру