БЕУ, ДҮНИЕ, ЕКЕНСІҢ ҒОЙ ОСЫНДАЙ…

Жұмабай ҚҰЛИЕВ
* * *
Алыстасың жат ғаламдай,
Түс көремін бақ қонардай.
Боз кіреуке аржағынан.
Жарқ етеді ақша маңдай.
Мөлдір мұздың астын сызып,
Келе атасың ақ сазандай…
Жұмақтағы жасыл бақтай,
Қолың тимес асыл заттай. 
Тежейді ылғи бір шымылдық,
Түсімде де жақындатпай.
Шыққандай-ақ Мәді көрден,
Шайтандардай бәрі безген. 
Оянамын егіл-тегіл,
Жас шұбырып кәрі көзден.
Таянғанда әне-міне…
Тартар түпсіз тереңіне.
О несі екен, сағыныштан,
Шіріп өлсін дегені ме?
* * *
Бір құдайдың өзі ғана біледі,
Жайқын судың өзгермейді реңі.
Айтпайсың ғой құпияңды тіріңде.
Қанша кеме қаңқасы,
Қаншама адам сүйегі
Жатыр екен Каспий сенің түбіңде?
Сәуле шашып қиырдан,
О, шыбын жан, шыбын жан
Тұңғиықтан көтеріліп бір демде.
Кез келгенде көз ілер,
Маған ғана көрінер
Медуза боп жанады олар түндерде…
* * *
Ескі қоныс… кетпейсің
бір жадымнан…
Қалғандайсың әлмисақтан, қадымнан…
Екі-үш сандық, жүкаяқ пен кебеже,
Анау айтқан мүлік те жоқ малынған.
Қыста жылы, жазда салқын, 
тудық біз,
Тапал үйде боз кесектен салынған.
Бұл да өзінше көне заман мүйісі,
Асу да асу оқиғалар түйісі…
Белгісіндей ескіліктің, мұңдардың,
Бұрқ етеді нафталиннің иісі.
Шөбі аузында, қайтарылмай күйісі,
Баудай түскен, қалмаған бір тірісі.
Күллісінің көзін жойды, дұзқара-ай.
Уақыт деген дүниенің ұрысы.
Қайда қалды жәреукеден ада күн?
Мен де ақырын кірледім ғой, қарағым
Саулайтұғын жүздерінен иманы,
Іздеймін кеп бұрынғының адамын…
Шарасыздық… жайлап 
барлық шалғайды,
Талай-талай шиқыманды қозғайды.
Еске түсіп тоқтышақтай ғұмырың,
Шыбын жаның шығып 
кете жаздайды.
Жоқтау айтып меніменен қосылып
Бағандардың қоңыр үні боздайды…
* * *
Жаңа жырлар мөлдір қандай,
Иісі керім тандыр нандай.
Не жазсам да өліп-өштім,
Айызыңды қандырғандай.
Мазасыздау өткерсем де,
Жоқ, балғын шақ, өкпем сенде.
Берсін Алла ризығын,
Шақтап қана төккен терге.
Керегі жоқ атағыңның,
Бақыт кірді, тоса білдім.
Төрт көзінен шаңырағымның,
Үш бұтынан ошағымның.
Түсірсе де неше кірбің,
Ішмерезді кеше білдім.
Мен оларға қосылмастан,
Құлжадай боп жеке жүрдім.
Мендік әлем пышырама,
Тәубе демеу – күпір о да.
Құбатөбел тірлік кештім,
Ризамын, шүкірана!
Жан-жүрегім зерге тұнып,
Жыр қашадым тербетіліп.
Әділ бағам бір берілер,
Кеткен кезде жерге сіңіп…
* * *
Қой бағып, көп жыл жүрдім 
қырда жүдеп,
Аштырмай адымымды бір нағылет.
Сол кезде бүкіл Адай төрге оздырды,
Кешегі Ер Қосайдың жұрнағы деп…
Небір жау айналасын, торласа да,
Бақ-дәулет үйіріліпті арғы атама.
Мен болдым сол шалдардың 
ең жаманы,
Құданың құдіретінде бар ма шара?
Дүниенің қопарардай жасау, жүгін,
Мінездің әзер басам асаулығын.
«Текті жігіт тек жүрер» 
деген сөз бар,
«Қой, қой» деп тежейді ылғи «Қосайлығым!»
* * *
Сақтанып талай аңшы, құсбегіден,
Самғады материктер үстерінен.
Жетті олар түндерде де мігір көрмей,
Алланың салып берген 
құс жолымен.
Туған жерді құстардай сүйші, құлай,
Ақшамдағы сәруар қиқуын-ай.
Күн батарда барқыттай көз арбайды,
Көк жалқаяқ көлкіген шикі мұнай.
Оралғанда алыстан қара тер боп,
Атыластай айдынға келе төрлеп.
Қона қалып, үйелеп, мүрдем қатты,
Талай үйрек қасқа боп көл екен деп…
Жас күнімде көп еді армандасым,
Үйірсектеу болыппын арзанға тым.
Баттым талай борсыған ұймаларға,
Мен де әлгі құстардай
жазған басым…
НЕ КӨРМЕДІҢ ӘКЕ, СЕН…
(Баллада)
Отыз мың жылқы құбарлан,
Айшылық жерге шұбалған.
Сен де бір қалған нәсіл ең,
Қалнияз бенен Жұбаннан.
Алланың нұры себелеп,
Бақ дарып біздің әулетке.
Шолпып та өстің, не керек,
Атадан қалған дәулетке.
Айтайын бәрін аптықпа,
Аласапыран өрт келді.
Бесқала жақта, аштықта,
Әкең мен шешең мерт болды.
Үмітті үзу ауыр хал,
Жерде ме, әлде көкте ме?
Таптырмай кетті бауырлар,
Уәли менен Ақтөре.
Шайнаумен кетті бармағын,
Жан дүние түгел қаңырап.
Жүргендей әлі тарланым,
Қос мұңлықты іздеп аңырап.
Жан беріп, жанды алысқан,
Қырғын да өтті шіркін-ай!
Тірі де қалдың соғыстан,
Жалғыздың жары – бір Құдай.
Быт-шыты шығып арманның,
Ебелек те жоқ, ел түгіл.
Итжеккенге де айдалдың,
Тескен тау асып, жер-сібір…
Сібірден келдің сенделіп,
Ағайын іші кең екен.
Сұпекең саған дем беріп,
Кіріп те қалды берекең.
Үй болсын енді, мұң жұтпай,
Деп бәрі қолдап ересен.
Бауырың бар ед, Шыңғыстай,
Қоңғышекемдей ағаекең.
Керегі барша адамға,
Бостандық екен шіркін тек.
Мінеки, солай қоғамға,
Кірікті әкем біртіндеп.
Төбемізде ойнап сан сағыр,
Көп шолтаңбайлар болды би…
Қошқар да бақтың қанша жыл,
Қу медиенде жалғыз үй.
Біреу келсе деп жол қарап,
Ай-күні жетіп анамның…
Өзің кестің-ау Алла-лап,
Кіндігін алты балаңның.
Бар ғұмыр түсті көкпарға,
Көршеңгел заман үптеп кіл.
О дүниеге еніп, мақшарда,
Дем алдың ба екен «уһ» деп бір?!
Паналап өстім қалқаңды,
Сеземін әке, бәрін мен…
Қасыдың талай арқамды,
Егеудей алақаныңмен.
Біраз жыл жүріп тербедім,
Көргендей дозақ, дар жібін.
Ұмытпа, балғын төлдерім,
Атаңның ойран тағдырын!
ӨЛЕҢ ДЕГЕН…
Сөз ойнатып, төккеніңмен теріңді,
Рас, кейде қаптың түбі көрінді.
Алда талай «ұзын-сары» бар ғой деп,
Үзіп алмай, үнемдеймін қорымды…
Алтын кенде сарыүйектей1 жылынып,
Жата берсін түкпірімде құмығып.
Ой деген ол – тары емес қой 
бір күні,
Ылғал тисе кететұғын жынығып.
Айырлып қап көркемдіктің         құсынан,
Сорлы жүрек талай мұздап, ысыған.
Сырлап-үрлеп жылдар
бойы жырымды,
Достарыма дұшпан көз қып ұсынам.
Жиғаныңмен ең бір әсем термені,
Бытысады-ау қиялыңның өрмегі.
Күңіреніп, ыңыранып жүргенде,
Бітер ме екен шолақ ғұмыр жердегі…
1Орта Азияда кездесетін қасиетті жылан

Пікір қалдыру